Жүректегі жазбаларға жүгінем..
Аманат
Толғау
Адамзат тегін қозғасаң
Табасың бастау Алладан.
Адам Ата, Хауа Ана
Жұмақта жұпты бастаған.
Ұйғарым солай мәңгілік
Біріне-бірін сән қылып
Жаратушы құп көрген
Махаббатты пір тұтып!
Тіземіз әлі мұздайды
Бір қабырға сыздайды.
Ақиқат нұры аңыздан
Хақ бұйрығын бұзбайды.
Ай-күні тоят тоғыздан
Алғашқы ұрпақ жар салған.
Қайта оралу жұмаққа
Содан бергі ізгі арман!
ххх
Хош иіс, уіл, іңгәсі
Сәбидің бөлек бағасы.
Ана мейірі аялап
Бесіктен шашу шашады.
Балалық шақ шыңдайды
Ойынға әсте тоймайды.
Өнер, білім ұштасып,
Бәйгеден ұпай жинайды.
Қадірлеп өскен ортаны
Ауылдас, бауыр, достарды
Қолғабыс жасап баршаға
Алғыстан рахат табады.
Он сегізге емінген
Қыз-бозбала сезінген
Бейкүнәлік осы ғой
Ай-жұлдызға телмірген!
Жиырма бесте желпінген
Нақсүйерге еліткен
Таразы басын теңселтпей
Татулық үшін келіскен!
Отызында ойқастар!
Қатарында көш бастар
Заманға сай талабы
Ертеңіне ой тастар.
Қырқында тізгін тежеген
Төрден орын көздеген
Арқа тосып ауырға
Құлашты кеңге сермеген!
Елуде есе жібермес
Арына атақ тең келмес
Талқыға салар тарпаңды
Беделді жалған елемес!
Алпыста бәрін түгендер
Айбаты асау жүгендер
Ұлт ұятын қорғаштап
Дәстүр мен тілді бүтіндер!
Жетпісте артқа қарайлап
Көш бағытын абайлап
Ел мен жерге алаңдар
Намысты жаныр атойлап!
Сексенде салтаң серідей
Тау-тас кезген бөрідей
Қазақи дархан жүрегі
Бабадан қалған көрмедей!
Тоқсанда төсек көмекші
Ары қарай көмескі
Шапанның өзі ауырлар
Жүздің соңғы белесі!
ххх
Толғау тәлім түйіні
Әр шаңырақ кепілі
Бақыт дейтін бақшада
Адамзаттың жемісі.
Немере, шөпшек, жұрағат
Нағашы, жиен ұрандат
Құда-жекжат, ағайын
Ынтымақ түбі қанағат!
Жанұя деген тамаша
Несібе күтер таласа.
Бір әулет болып бір ауыл
Жүз жылда бәрі жаңаша!
Осылай өмір өтеді
Керуен ұзап кетеді.
Атадан қалған өсиет
Аманат болып жетеді!
Жетер енді!
Сырын білмей әркіммен жанасамыз,
Болмашыға өзеуреп таласамыз.
Мойындамау мықтыны мүмкін емес,
Бәріміз де халықтан аласамыз.
Табиғатқа тізені батырамыз,
Жұмыр жердің асты да, үсті де аңыз.
Аспанға да тыныштық бермей жүріп,
Тәубасына тәңірдің бағынармыз.
Қиналғанда жақынды сағынамыз,
Бас пайда үшін күштіге жағынамыз.
Адалдықты арамдық арбап жатыр,
Қысқа өмірде несіне құбыламыз?!
Кейде асау, көбіне марғаулаумыз,
Желпінуде алдыға жан салмаймыз.
Қарсы алуға қимасты құрақ ұшпай,
Қоштасарда жанарға жас алмаймыз.
Масаттанып орынсыз талтаңдаймыз,
Хас талантқа табынып таңданбаймыз.
Ұғысуды ұмытып, суық тартып,
Бірімізден-біріміз алыстаймыз.
Аптығамыз, оң-солға алаңдаймыз,
Жүйріктерді жазғырып табалаймыз.
Бармақ тістеп соңынан опынғанша.
Біз қашан өзімізді бауырлаймыз?!
Қанағаттан қашықтап адасамыз,
Астамшылық дертіне шалдығамыз.
Дұғаны да тыңдаймыз пенделікпен,
Батаға да сын көзбен қол жаямыз.
Кәсіп іздеп қашанғы сабыламыз,
Бақырына сараңның жалданамыз.
Маңдай тердің өтеуі бағаланбай,
Бұйырғанға амалсыз малданамыз.
Күрессіз торығуды құп алмаймыз,
Кешірім, келісімсіз жұбаулаумыз.
Жеңісі аз, итжығысы көп тағдырда,
Іштарлықты иманмен тұсаулаймыз.
Баба тарих төрінен табылмаймыз,
Шежіреден шатасып бұлтақтаймыз.
Өсек-аяң, даңғаза жетегінде,
Көкжиектен ұялған сағымдаймыз.
Жұбату
Жұбатқан сайын мұңайдым,
Жыртығын көңіл жамаймын.
Пәниде мынау қас-қағым,
Өзімді олқы санаймын.
Өмірде бәрі өткінші,
Ұзаттық ұзақ көп күнді.
Тіктелген дұрыс егілмей,
Жеміс те күтер үзгенді.
Жүрейік жиі жымиып,
Бүркенбей іштей тымпиып.
Сыбызғы үнді сыр қымбат,
Кешіруден гөрі наз биік!
Ысырған көңіл пердесін,
Арайлы таңдай еркесін.
Тағдырға айла жүрмейді.
Қоштасты бақыт ерте тым.
Көргем жоқ іздеп ықтасын,
Жаратқан ғана жақтасын.
Қиянат қылмай ешкімге,
Ғайбаттан арым сақтасын.
Таусылмас сезім жыр-әні,
Сусиды желмен гүл дәні.
Мүсіркейтін жан болса,
Әйтеуір біреу кінәлы!
Бойдан қуат кеткенше,
Көктен бұйрық жеткенше.
Түгенде обал-сауапты,
Болдым-толдым дегенше!
Жолы болған күндемес,
Жауабы жоқ үндемес,
Талаптан да қанат қақ,
Күтеді алдан бақ белес!
Қызғаныш емес қызығу,
Жарасым сәні ұғысу,
Қателік аяқ астында,
Құбылудың өзі тұтылу!
Сөз бастаған сыр түйіп,
Шешеннің тілі тұңғиық.
Төрелік күтіп тұрғандай,
Тыңдасыншы ел ұйып!
Сынақтармен сырласу
Қиялға ғана көнемін,
Шабытқа кәміл сенемін.
Қаламды ұштап қиқулап,
Ақ параққа төнемін.
Ой азабы дегенім,
Санаға сүзгі екенін.
Сезім сұлу ұқтырды,
Сейілді жұмбақ секемім.
Елеске қалай жетемін?!
Сахара кезіп желемін.
Құс көңіл ұшпай тұрмайды,
Қанатым талса қайтемін?!
Түн тосады төсегін,
Тауысып күндіз өсегін.
Сағыныш шөлі қысқанда,
Естелік теңізін кешемін.
Шынарды дауыл сұлатар,
Сатқындық досты жылатар.
Жаураса жаның сол қиын,
Тоңғанды ошақ жылытар.
Сәтсіздік жолды байлайды,
Күрессіз жеңіс болмайды.
Бақ пен сордың арасын,
Жалмауыз өткел жалғайды.
Жігерсіз жүрер мұнартып,
Қол жетпеске құмартып.
Дәуренге әурең жүрмейді,
Қайтеміз босқа кінә артып?!
Табысу қандай ғажап-ты,
Таласты кім қалапты?!
Үнсіздік атты наладан,
Аялау ғана жұбатты.
Шеше алмай өмір есебін,
Жалығып кейде кетемін.
Торығу түбі таусылу,
Үміттен күтем есесін.
Кеудемді мұң-шер қысады,
Еліктей үркіп жосады,
Жазғыратын жөнім жоқ,
Сынақтар жауап тосады.
Ақ жауын сынды төкпелеп,
Қалмайды өлең өкшелеп.
Кейде осылай сыр ашам,
Өзіме ғана өкпелеп!
Тазалыққа табын!
Ашып қара көзіңді, асықпағын,
Абайлашы қарағым, қасыңда кім!
Алдамшы сөз, аяр жүз қақпайлайды.
Адалдықты арамдық басынбасын!
Ұсақталып кеткендей үлкендік жол,
Жас буынның ниеті ақ, ақылы мол.
Көлгірсіген көсемсу адастырар,
Саудаласса ағалық-ең сұмдық сол!
Жылпостардың әдеті төр жағалау,
Жағымпаздың мақтауы құрау-жамау.
Міншілдер мен күншілден аулақ жүргін,
Иман заңы-жүректі жараламау!
Сығалама есіктен, жалтақ болма,
Өз үніңді жоғалтпа талас барда.
Талаптыдан тасырлар озған емес,
Табандылық жарасар жас адамға!
Пенденің іші жұмбақ, сырты құлып,
Сырласу, мұңдасуға жоқ қой құлық.
Өсекті қара судай сапырамыз,
Тазартады сананы қаңдай уыт?!
Шырмауық жауқазынмен таласады,
Пасықтар пысықаймен жанасады.
Тарпаңдар жанталасып ұрынса да,
Тұлпарлар бәйге алдында таң асады.
Бойымызды күтпейміз алаңдамай,
Өмірдің ерте-кешін бағаламай.
Сүрінеміз, ақыры жығыламыз.
Дер кезінде дауа іздеп жағаламай.
Бабаларды ұмытқан кейбір бейбақ,
Батагөйді төрден де ығыстырмақ.
Періштеге күпірлік жасағандар,
Зауалына күнәнің ұшырамақ.
Сүрме жаққан сылқымдай сылаңдама,
Оңайды іздеп әркімге жылтыңдама.
Нәсілге де, нәпсіге тежеу керек,
Түзу бол мұсылмандық құбылаңа!
Өткен шаққа қарағын сын көзімен,
Бүгініңді бағала бал сезіммен.
Келер ұрпақ бәрін де ескереді,
Ізделгейсің болашақ бейнесінен!
Бас иемін
Түсімде туған жерде аунақтаймын,
Кепкен теңіз табанын шаңдатпаймын.
Құт бесік кепиеті кешірер ме?!
Себеп іздеп тұрамыз аттаңдайтын.
Ой қауғам ауырлайды тартқан сайын,
Тіретпейді табанды сара уайым.
Жел айдаған қаңбақтай қорғалақтап
Үміт қорған ығында паналаймын.
Тас бүркеніп алған-ау «Терістүбек»,
«Үшшоқы» баяғыдан жүр өкпелеп.
Қарлығашқа қонақ үй болған «Ақжар»
Бақалшақ төбешіктің күйін кешпек.
Ау салғыш шолақ айдын қуалайды,
Сүңгіттей қу қайықтар қылтыңдайды.
Шонтайын сары сазан кергілейтін
Жылым қайық жағадан жылжымайды.
Табиғат жаратушы мүсіншісі,
«Қыземшек» кейуанадай мүжіліпті.
Құдық біткен көміліп жермен-жексен
Терең сай ылғал күтіп күрсініпті.
Біреу қаза болмаса жоламайды,
«Наушабай» зиратына дұға қайғы.
«Табияның» белгісі күзетіп тұр
«Тастүбекке» именіп сығалайды.
«Жылыбұлақ», «Қарабұлақ» нәрі балдай,
Мал-жанның таңдайына май жаққандай.
«Сарықұм»-« Дәкі» арасын шиырлаған
Жылқы, түйе табыны аңсатқандай.
Жалаңаш, Сарышығанақ, Мергенсайым,
Қарашыңым мен үшін Қаратауым.
Шұғыласын шашатын шарайнадай
Сағынышпен сыңсиды жағалауым.
Өзгермейді тек аспан, ғажап әлем,
Тастөбеден жолдайды Үркер сәлем.
Адастырмас сақшыдай Темірқазық
Таңнан бұрын назданар Шолпан сәулем.
Парыз атты кітапты парақтаймыз,
Желеп-жебер бабаға жалтақтаймыз.
Меккеге бару үшін ең алдымен
Атамекен ауылға бұрылғайсыз!
Махаббат музасы
Тамшылар төніп кеудені жуып жатқанда,
Қозы-лақ, сәби ықпана іздеп қашқанда.
Аспанға налу күпірлік және қателік,
Құдырет нұрын қалайды әркез Жер-ана!
Жаурамас ешкім ақ жауын шашу шашқанда
Ұялшақ сезім пердесін еппен ашқанда.
Шымылдық шатыр қалқалап тұрса керемет
Бұлқынған жастың денесі діріл қаққанда.
Жамалы жәудір ай мен күндей астасқан
Үлбіреп ерні жауқазындай бүр ашқан.
Еліктей ару бұрғанда жүзін арайлап,
Сүйріктей сері үздіге балқып тіл қатқан.
Үкілі арман-бойжеткен мен бозбала
Бірін-бірі қорғаштайды наздана.
Жас дәуреннің жарасымын паш еткен
Бағың жансын ханшайым мен ханзада!
Қыз сымбаты сұлулықпен бейнелес
Сұғанақтан аулақ жүрсе сүрінбес.
Ашылмаған аралдардай күтеді ол,
Табынарын тапқанша еш өкінбес.
Іштей жаулап, сырттай әбден аңсайды
Күтуден де, күрестен де танбайды.
Шыда жігіт, жауап әлі беймәлім
Перизатың қандай таңдау жасайды?!
Күлімдесе сәруар самал ескендей,
Лағыл жүзін айна ғана өпкендей.
Паңдығына, пәктігіне қызығып,
Хордың қызы бақталасып кеткендей.
Жақсы көру мазалайды осылай
Алақанды қысу қандай оп-оңай.
Қас-қағым сәт тым ұзақтау көрінер
Ұнатқандар ұғысса екен қоштаспай.
Үкілейсің үмітіңді үзбейсің
Үкім жетсе түңіліп те кетпейсің.
Махаббаттың ләззатына не жетсін
Өміріңді гүлстанға теңейтін!
Сүйген жүрек бақ құсындай қалықтар
Мұңайғанда түн күрсініп дамылдар.
Періште арман сыбырлайды ғарыштан,
Жұлдыздардай оңаша ғой ғашықтар!