Әкім келе жатыр
Пьеса
Қатысушылар:
Зәркүл – мектеп директоры, 40-тардағы дөңгелек, біз тұмсық, жіңішке келген арық әйел.
Халима – 1-завуч, 30 жастағы сары қарын, толықша келген келіншек.
Ләззат – 2-завуч, институт бітіріп келген жас мұғалім.
Қарт ұстаз – бір аяғы ақсақ, таяқ ұстаған, мұрты ширатылған парасатты кісі.
Өтеген – 6-сынып оқушысы, көзілдірік киген, арықша келген бала.
Әбдіразақ – 6-сынып оқушысы, тықыр басты толық бала.
Мектеп оқушылары мен мұғалімдер
1-КӨРІНІС
(Мұғалімдердің аядай тар бөлмесі: Директор ортада түрегеп тұр. Бес-алты мұғалім шеттегі ескі диванда тығылысып отыр. Кішкентай үстелді қоршап 2-3-еуі отыр. Жас мұғалімдер түрегеп тұр).
Директор: - Мұғалім мырзалар, бізге әкім келе жатыр.
1-завуч: (таңданып) – Әкім-м-м!
Қарт мұғалім: (кекеткен сыңаймен) – Ол мұнда неғып жүр?
1-завуч: - Шынымен бізге ме?
Директор: - Шынымен бізге (кідіріс жасайды). Бүгін аудандық білім бөлімінде болдым. Меңгеруші өзі айтты. Рухани жаңғыру бағдарламасы бойынша әкім мектептерді аралайтын болыпты. Ең үлгілі мектеп деп бізден бастайтын болыпты. Әрі құрылғанына 70 жыл болған кәрі мектеп. Так что, дайындалайық, жақсы атымызға сай болайық. Халима, (1-завучқа бұрылып) әкім мектеп есігін аттағанда табаны қып-қызыл кілемге тиетін болсын. Қызыл кілемді басу қазір дәстүрге енді ғой. Мектеп табалдырығынан менің кабинетіме дейін созылған қызыл кілем керек. Телевизордан да көріп жүрміз, барлық жердегі құрмет осылай емес пе?
1-завуч: - Осылай, осылай...
2-завуч: - Кілеміміз бар ғой.
Директор: - Ол атамзаманғы, тышқан түгін қалдырмаған шұрқ-тесік кілем емес пе. Түрінен адам шошиды, кәрі кемпірдің бетіндей. Онан менің бетім дұрыс шығар.
2-завуч: - Биыл тышқан жылы ғой.
Директор: (завучке ала көзімен қарайды) – Соны айтып тұрған жоқпын ба? Кәне, не істейміз?
(Бәрі үнсіз)
Директор: - Ақша жинаймыз. Амал жоқ, ақша жинау керек.
1-завуч: - Мұғалімдер көне қойса...
Директор: - Бұл менің жеке жұмысым емес, тұңғышымның тойы емес. Әкім келеді. Біздің мектепке бірінші рет аудан әкімі келейін деп тұр. Аудан бойынша келуді біздің мектептен бастағалы тұр. Бұрын, кеңес дәуірінде, келсе келген шығар, тәуелсіздік алғалы бірінші келуі. Әй, қайдам, ол кезде райкомның бірінші секретары мектепке келіпті дегенді естігенім жоқ. Колхозға әрең келіп жүргенде. Жағдай солай.
1-завуч: - Мұғалімдерге өзіңіз айтыңызшы.
Директор: - Мен айтпай, не деп тұрмын. Халима, сен оқу ісінің меңгерушісі емессің бе?
1-завуч: Жүрегім дауаламай тұр. ЭКСПО-ға деп жинаған ақшадан әрең-әрең құтылғанда... Айлықтарынан ұстағанда еңіреп жылағандар бар. Біреудің көз жасынан қорқам. Анау Сәнімкүл апай ше...
Директор: -Қайсысы? Бізде Сәнімкүл үшеу ғой.
1-завуч: - Анау бастауыштағы Сәнімкүл апай. «Төрт балам бар, өзім жесірмін, 60 мың теңгемен қай тесігімді тығындаймын» дегенде, шыдап тұра алмадым. «60 мыңнан пенсионный, подоходный ұсталады, онан 12 мыңға екі билет алғанда, не қалады. Қант дегенің удай боп бара жатыр. Үйдегі шала жетімдер қантты дәл бір әкесі бар балдардай опырып жейді ғой. Сол ЭКСПО-ға мен бармасам өтпей ме?» деп дауыс салғанда жаман қорқып кеттім. Даусы сондай ащы екен.
2-завуч: - Мен де кіріп келгенде жаман қорқып кеттім.
Директор: - Шеттеріңнен қорқақ екенсіңдер де...
1-завуч: - Сөйтіп, бір билетке әрең көндірдім. Енді...
2-завуч: - Сөйтіп, 6 мыңға бір билет алды. Оған да өзі барған жоқ, бұрынғы күйеуін жіберіпті.
Директор: - Жарыған екен (сәл үнсіз қалады). Қайтсек те жинаймыз. Қазір құрметті қонақты қызыл кілеммен жүргізу үрдіске айналды. Әкім сол кілеммен жүреді, оқушылар қол шапалақтап қарап тұрады, сөйтіп, менің кабинетіме кіреді. Онда екі завуч үшеуміз ғана боламыз. Шәй жағын әзірлеу, тәрбие завучы, Ләззат, сіздің мойныңызда.
2-завуч: - Айтсаңыз болды ғой.
Директор: Ал, енді ақша жиналды дейік. Қанша теңгенің кілемін аламыз?
2-завуч: - Арзанын аламыз-дағы.
1-завуч: - Ең кемі 100 мың ғой. Анадай, жыланша ирелеңдеген кілем дегеніңіз...
Директор: - Бізде 70 мұғалім бар. 10 мыңнан жинасақ 70 мың...
2-завуч: (аңқауланып) – Сонда 30 мыңы жетпейді ғой.
1-завуч: - Екеуміз де қосамыз ғой.
Директор: - Екеуің қосасыңдар ғой, мен давлением көтеріліп, бір қымбат дәрі алғалы жүр едім.
2-завуч: - Зәркүл апай, сіздің қосқаныңыз ұят қой.
Директор: - Не, мен мұғалімге жатпаймын ба? Мен осы жердегі бас мұғаліммін.
1-завуч: (ұрысқан сыңаймен) – Ләззат, сен де бір... Жарайды, ол жағын өзіміз бірдеңе қылармыз.
Директор: Ал, ақша жиналды дейік. Оны қайдан аламыз? Кім барып алады?
1-завуч: - Кілем дегенің базарда толып тұр ғой.
Директор: - Онда кім барады? Кім таңдайды?
1-завуч: - Біз, Ләззат екеуміз таңдаймыз. Жас болса да Ләззаттың вкусы күшті ғой. Өзі бойдақ.
(Ләззат әуелі қызарақтап, сосын мақтанып, қозғалақтап қалады)
1-завуч: - Зәркүл апай, еңбектен беретін Қыжымкүл апайдың үшінші күйеу баласы кілем базарда сауда жасайды. Қыжымкүл апайды алып бармаймыз ба?
Директор: - Қыжымкүлің бара қойса? Қырсықтың өзі емес пе?
2-завуч: - Сіз айтқасын барады ғой.
(Диванда таяқ ұстап отырған қарт мұғалім таяғын иегіне тақап, шыр айналдырып отырып сөйлейді).
Қарт мұғалім: - Күйеу баласы Шымкент жақтікі дейді. Байқасаңдаршы.
Директор: - Ол бізді алдай алмайды ғой.
Қарт мұғалім: - Қымбатына ұрынып қалып жүрмеңдер дегенім ғой.
Директор: - Қазір арзан дүние бар ма? Ағай, сіз де әйелдердің жұмысына араласып...
Қарт мұғалім: - Педсовет емес пе?
Директор: - Ағай, бұл педсовет емес, әкімді қарсы алу мәселесін талқылау. Әкім келгенде «жақсы» деп кетсе, біз жыл бойына жақсымыз, «жаман» десе, жыл бойына басымнан әңгір таяқ кетпейді. Аудандық білім бөлімінің қармағына жаман жағынан ілінбеуіміз керек. Ол кісі де ере келетін шығар.
Қарт мұғалім: (таяғын иегіне тақайды) – Сөзсіз ғой.
(Директор сәл жеңілдегендей боп «уһ!» деп демін алады).
Директор: - Ал, енді ақша жиналды дейік. Оны айлықтан емес, қолдап беретіндер өз еркімен бере берсін. Ләззат, сен өз еркімен беретіндерден жинайсың. Халима, сен қарсыласқандардың айлығынан ұстайсың. Ал, кілемді базардан кім көтеріп әкеледі? Жоғары сыныптан екі-үш қарулы баланы ертіп алыңдар. Ал, енді, Ләззат, оқушылардың сол күнгі тәртібіне өзің жауап бересің. Шыбынның ызыңы естілмейтін болсын. Артық қадам жасалмасын. Айтпақшы, біздегі әжетханалардың сыртын әппақ ғып әктеп қою керек. «Театр – киімілгіштен басталады» демекші, мектеп тазалығы да сол жерден басталады. Оны не істейміз?
1-завуч: -Әуелі гавновозға заказ беру керек.
Директор: - Ол да удай шығар.
1-завуч: -Кілеммен салыстырғанда онша қымбат емес. Әнеукүні Жаманқұлдың үйі құда күтерде шақырған екен, 10 мыңға түсіпті ғой.
Директор: - Олардікі жалғыз әжетхана. Бізде үшеу. Өзіміздікінің сыртына ірі әріптермен «Ұ» деп, ұлдардікіне «Е» деп, қыздардікіне «Қ» деп жазып қою керек. Қазір бәленің бәрі әжетханадан басталып жатыр ғой. Ана сурет салатын балдарға тез тапсырма беріңдер.
2-завуч: - «Ұ» дегеніміз не?
Директор: (ашуланып) – «Ұ» дегеніміз сені мен мен. Мұғалім дегеннен гөрі ұстаз дегеніміз дұрыс емес пе? Сосын әлгі гавновоз шақыратын жерде таныстарың бар ма? Әйтеуір арзанға түссін дегенім ғой. Тісіміздің суын сорып отырғанда...
1-завуч: (қуанышты үнмен) – Мейірхановтардың болашақ жездесі гавновоз айдайды деп естіп едік. Соған сөз салармыз. Сонымен әкім қашан келеді?
Директор: - Дүйсенбіден бастап аралайды дейді.
1-завуч: - Әлі бір апта бар. Айтып үлгереміз.
Директор: Осы... Ал, іске кірісіңдер. Сәт сайын мені хабардар етіп тұрыңдар. Мен ертең болмаймын. Нағашы апамның туған жиенінің үйлену тойына кетем. Бәйгеқұм да бір күншілік жер. Ал, іске сәт!
(Директор бөлмеден шығып кетеді. Бәрі аядай бөлмеден бірінен кейін бірі шыға бастайды).
2-КӨРІНІС
(Мектептен әудем жерде сырты әктелген үш әжетхана. Әрқайсысының есігіне арбиған ірі әріптермен Ұ,Е,Қ деп жазылған. Мектеп табалдырығынан бастап төселген қызыл кілем солға қарай кілт бұрылған. Мектеп іші тым-тырыс. Директор аулада дегбірі кетіп, арлы-берлі жүр. Қасында екі завуч).
Директор: - Жаңа ғана аудандық білім бөлімінің инспекторы звандады. Әкім бізге қарай бет алды, дейді. Екі жарым шақырым жолда неге кешігіп жатыр екен? Балоны тесіліп қалды ма екен?
1-завуч: (мырс етіп күліп жіберді): - Талоны тесіліп қалмаса...
Директор (жаман көзімен қарайды): - Сен де бір... Бұл ауданда оның талонын ешкім де тесе алмас (аузын ашып, күлімсірей қарайды). Шынында сондай бірдеңе болып жүрмесе...
1-завуч: - Қой құрысын. Ешкім естімесін.
Директор: - Ләззаттан басқа кім естіді. Үшеуміз-ақ тұрмыз ғой. (сағатына қарайды). Сағат бір болды. Түскі үзіліс. Енді келмейді. Оның үстіне – обед. Әкім түскі асты минутына минут уақтылы ішеді деп естігем. Асқазаны гастрит дейді. Енді түс ауа келмесе...
(Директор мектепке кіріп, қып-қызыл кілемнің жанымен сыры көнерген еденді басып, кабинетіне кіреді. Соңында екі завуч. Сол сәт қалта телефоны шыр ете қалғанда селк етеді. Қорқақтап телефонды құлағына тосады).
Директор: - Тыңдап тұрмын.
(Қалта телефоннан дауыс естіледі)
Дауыс: - Бұл аудандық әкімшілік ішкі саясат бөлімінің нұсқаушысы Талқанбаев мырза. Әкім мырза сіздерге бүгін бара алмайтын болды. Бұл іс-шара сәрсенбіге қалдырылды. (Телефонның зыңылдаған дауысы шықты).
Директор: - Сәрсенбі сәтті күн... (Даусы баяу естіліп, терезеге қарай адымдайды. Екі завуч үн-түнсіз тұр). – Иә, сәрсенбі сәтті күн.
3-КӨРІНІС
(Мектеп дәлізінде қып-қызыл кілем төсеулі жатыр. Директор кабинетінде екі завуч үн-түнсіз отыр. Қабырғадағы календар-күнтізбеде «7-қараша – сәрсенбі» деген ірі әріптермен жазылған жазу көзге көрініп тұр).
Директор: - Сағат 10-ға таман келіп қалар. Әкімдердің ел аралайтын уақыты осы қой. Кілемді ешкім баспасын, қып-қызыл боп жарқырап жатсын. Бір мұғалімнің, бір оқушының табаны тимесін. Мұғалімдер де шетімен жүрсін. Жүз мыңға түсті ғой. Әйтеуір әкелуі тегін болды. Әбудің «ИЖ» матасеклі болғаны қандай жақсы болды. Сол өзі еңбектен берсе де, мектепке құт боп келді ғой. Анау-мынауға жұмсаймыз. Анау кілем сатқанның қайын енесі Ажаркүлдің үш жиені де бізде оқиды деді ме?
1-завуч: - Екеуі сабақтан нөл, біреуі тоқсан тоғыз.
Директор: - Үш қойыңдар. Көтермелеңдер. Біз де қарыз боп қалмайық. Біреуі биыл бітіреді деді, аттестатын да бақылаңдар ( Екі завучқа кезек қарап). Тағы да айтам, бір баланың табаны кілемге тимейтін болсын.
2-завуч: - Солар тыңдай қойса...
Директор: - Онда түске дейін сыныптан шықпай отырсын. Тысқа шығармаңдар.
2-завуч: - Әжетханаға ше?
Директор: - Ештеңе қылмас. Қазы-қарта жеп келмеген шығар (1-завучке қарап). Осы айлықтан клемнің ақшасының кем-кетігін толтырыңдар. Сылтау айтқандарға: «бұл директордың баласының тойы емес, мемлекеттік маңызы бар жұмыс» деп қатты айтыңдар. Екеуіңнің де айтуға қақың бар, тізімнің ең басына менің аты-жөнімді қойып, көзге шұқып көрсетіңдер.
2-завуч: - Сіз әлі берген жоқсыз ғой.
Директор: - Менен де ақша алайын деп пе едің?
(Директор қол сөмкесін ақтарыстырып, 1-завуч Ләззатқа қабағын шыта қарайды).
1-завуч: - Зәркүл апай, Ләззаттікі әзіл ғой. Байқамай айтып қалды. Сізден ақша алып бізді жын ұрып па.
Директор: - Менімен әзілдесетін болдыңдар ғой. Жарайды, барыңдар. Балдар түске шейін шыдасын. Кірісіңдер. Айтпақшы, жоғары сынып оқушыларын қарына қызыл байлап, кезекші ғып, кілемді жағалай тұрғызып қойыңдар...
4-КӨРІНІС
(Түс әлеті. Мектептің ұзын дәлізіне төселген қып-қызыл кілем бойында қарына қызыл байлаған ересек оқушылар тік тұр. Бұрылыста 6-а сыныбы деген есіктегі жазу көзге көрінеді. Партада отырған арықша келген көзілдірікті сидам бала Өтеген қолын көтерді. Әйел мұғалім теріс қарап, тақтаға есеп шығарып тұр).
Өтеген: - Апай, далаға шығып келуге бола ма?
- Болмайды (Мұғалім теріс қараған күйі сөйлейді).
Өтеген: (қолын дір-дір еткізіп көтерді): - Неге болмайды? Өлетін болдық қой.
Мұғалім (Сәл кері бұрылып): - Директор айтты, болмайды.
Өтеген: - Апай, ішім ауырып бара жатыр. (Ішін басып сәл отырды да, рұқсатсыз есіктен ытқып шыға берді. Дәліздегі кезекші оқушылардың даусы естілді).
- Әй, қайда барасың? Кілемді баспа!
- Әжетханаға.
- Әжетханаға шығуға болмайды. Бұйрық солай. Қайт кейін!
(Өтеген ішін басып бұрылған күйі «Спортзал» деген жазуы бар есікке шалт басып кіріп кетеді).
(Директор өз кабинетінде арлы-берлі толқып жүр. Қасында екі завуч).
Директор: - Сендер көшеге шығып тұрыңдаршы. Мәшине шаң бере қалса, біреуің жүгіріп келіп, хабар бере қойыңдар. Мен телефонды күзетейін.
(Екі завуч шығып кетісімен қара телефон шырылдайды).
Дауыс: - Сәлематсыз ба? Бұл аудандық әкімшілік ішкі саясат бөлімінің нұсқаушысы... Әкім мырза сіздерге бармайтын болды. Бұл іс-шара келесі тоқсанға қалдырылды. (Телефонның зың-зың еткен даусы естілді.
Директор шұғыл дәлізге шығып, кілемнің қасымен жүрді. Мұрнын үсті-үстіне тартады. Кезекші баланың біріне зекіп сөйлейді).
Директор: - Көшедегі екі завучты шақырып кел.
(Директор мұрнын қайта-қайта тартып, беторамалын танауына тақайды, сосын көзін сүртеді. Ентігіп екі завуч келеді).
Директор: - Келмейтін болды. Бұл іс-шара келесі тоқсанға қалыпты.
2-завуч (ентігіп): - Гогольдің «Ревизорын» күткендей болдық қой.
Директор: - Не дедің?
2-завуч: - Анау, орыс әдебиетіндегі ше?..
Директор: - Әдебиетіңді қоя тұр. Кілемді жинаңдар. Орап, мұғалімдер бөлмесіне қойыңдар.
2-завуч: - Апай, ол жер тар ғой. Мұғалімдердің өзі әрең сиысып отырғанда... Жалғыз диван әрең сиып тұрғанда... Михаил Булгаковтың «Собачье сердцесінде» «Жүрер баспалдақтан кілемді неге жинадыңдар? Карл Маркс баспалдақта кілем ұстауға тиым салды ма?» деп, шығар баспалдаққа солдат қойып қоймай ма? Біздің де оқушыларымыз солдатша күзетіп тұр ғой.
Директор (ұрысып): - Сенің бір орыс әдебиетінен сабақ бергенің бәле болды ғой. Үш айсыз әкім келмейді, өлсең де келмейді.
2-завуч: - Әйтеуір, білгесін айтамыз да.
Директор: - Иә, ол жерден қолды боп кетуі де мүмкін. Ұры дегеніміз арамызда толып жүр. Нәпақасына жете алмай жүрген сорлылар... Қазірдің өзінде кілемге көзін тігіп жүргендер аз емес. Өзі де қып-қызыл ғой. (Мұрнын бет орамалмен басып, спортзал жаққа мойнын бұрады). Осы спортзал жақтан өлі тышқанның иісі ме, бір жаман иіс мүңкиді де тұрады.
2-завуч: - Биыл тышқан жылы ғой. Спортзалдың қай жерінен иіс шығып тұр екен?
1-завуч: - Бәлкім, сіздің кабинетіңізге қоярмыз.
Директор: - Жоқ... (шаптығып) болмайды.
1-завуч: - Мүмкін, сіздің үйге қоярмыз.
Директор: (Ойналып қалады) – Қойсаңдар қойыңдар. Мектепке де жақын. Жинаңдар! (бұйрық раймен кезекші балдарға қарады. Олар кілемді дөңгелетіп апыл-ғұпыл жинай бастады. Директор кабинетіне беттеді, екі завуч соңынан ілесіп келеді).
1-завуч: - Үйіңіз жақын. Кейін керек боп жатса, жақын жерден әкеле саламыз.
2-завуч: - Түбі, сол кісінің үйінде тұрады ғой.
1-завуч: -Жап аузыңды. Осы сен, тәрбие завучы болғанмен тәрбиең нащарлап барады. Мына сөзіңді ешкім естімесін.
(Дөңгелек жүзді аңқау Ләззат өзінен үлкен әйелге томсарып қарап қалады).
5-КӨРІНІС
(Мұғалімдер бөлмесі. Ескі сары диванға бес-алты мұғалім жайқасқан. Орталарында таяғын иегіне тақап, сәл еңкейіп, қарт мұғалім отыр).
Директор: - Сонымен, кілемді алдық, жайдық, бірақ әкім келмеді. Бізден кінә жоқ. Барлық қағаз-құжаттарымыз талапқа сай. Әсіресе, тазалық жағы дұрыс. Әжетхананың іші-сыртын әктеп, қыздың баласындай ғып қойдық. Әйтпесе қазіргі бар бәле сол жерден басталып тұр ғой. Жасөспірімді әжетханада зорлапты дегенді естідіңдер. Беті аулақ, ондай бәледен аманбыз. (Терезеден әжетхана жаққа қарайды. Есікке жазылған Ұ, Е, Қ деген арбиған әріптер көрінеді). Ал, енді кілем сатып алуға бәрің де өз үлестеріңізді қостыңыздар. Екі завуч та аянып қалған жоқ. Әйтеуір осы жердің жыртығын жамап жүресіздер... Қоспаған неше адам?
1-завуч: (қағазына қарайды) – Үш адам.
Директор: - Олардың ақшасын осы айлықтан қалдырмай ұстап қалыңдар. Ал, енді, сол әкім күткен күні біреу спортзалға барып дүзге отырып кетіпті. Оны иіс сезетін адамның бәрі біледі. Иіс әлі күнге мүңкіп, мектептің ауасын бүлдіріп тұр. Мен мектепке кіргенде мынау біз тұмсығымды (мұрнын көрсетеді) басып кіремін. Ал, жалпақ танаулардың қай жаны шыдайды? Әй, сол әкім сол күні келе қалса не болар еді? Олар өте иісшіл ғой. Аузы-басын ұшық қаптап кетер ме еді. Аудандағы атаулы мектеп боқтың иісімен қарсы алды деп кетсе... Бұны айтуға сөз жетпейді. Өліммен тең нәрсе емес пе? Әлде маған деген іштей қарсылықтарың бар ма?
(Мұғалімдер жайбарақат, бір-екеуі жымыңдап қойды. Қарт ұстаз таяғын иегіне тақап, ойналып отыр).
Директор: - Сол балаға қай мұғалім тысқа шығуға рұхсат берді екен? Біз соны білуіміз керек.
2-завуч: - Ол бала сыртқа шықпаса, бәрібір спортзалда істегенін істейді ғой.
Директор: (дірілдеп) – Сен соған тілектессің бе?
(Ләззат қабағын түйе қарайды. Диванда отырған кекселеу әйел мұғалім қозғалақтап қалады).
Әйел мұғалім: - Бұл қалайда ер баланың тірлігі. Қыз баладан мұндай шықпайды.
1-завуч: - Адамзаттың бәрі бірдей емес пе?
Директор: -Не де болса осы оқушыны табу керек. Әлде, мұғалім мырзалар, өздерің айтасыңдар ма, кімді тысқа шығарғандарыңызды?
(Түрегеп тұрған жас мұғалім жігіт үн қатады).
Жас мұғалім: -Тысқа сұранғандар көп қой.
Директор: - Бәрін жібердіңдер ме?
Жас мұғалім: - Енді... табиғи қажеттілікке дауа бар ма?
Директор: - Сонымен, сұранғандардың бәрін жібергенсіңдер ғой. Бірақ, әжетханаға ешкім бармаған, кілемді ешкім баспаған. Бізді әбігерге салып отырған тек бір-ақ жердегі келеңсіз жағдай. Ал, сол оқиға барлық бөлмеде осылай қайталанса не болар еді? Дегенмен, осында бір бәле бар. Мұғалім мырзалар, спортзал, еңбек сабағы өтетін сынып, әскери зал – бәрі-бәрін тағы бір мұқият тексеріңдер. Мынаның залалы күннен күнге өрши түсуде. Хиросима-Нагасакиде қалған иіс те бұндай емес шығар.
1-завуч: - Зәркүл апай, өзіңіз химиксіз. Сонан кейін шығар, иісті қатты сезініп жүргеніңіз? Бізге бәрібір.
Директор: - Химия менен қалғалы қай заман. Ана еден жуушыға айтыңдар, химиялық тазартқыш пайдалансын. Қайдан болса да тапсын.
Жас мұғалім: - Сол күні әр сыныптың бұрышына бір-бір гаршоктан қою керек еді.
2-завуч: - Сонда ешкім тысқа сұранбайтын еді (аңқау мұғалім қыз артына қарайды).
Директор: - Сонымен, сол оқушыны тауып, жұртшылықтың алдында жазалауымыз керек. Басқаларға сабақ болсын. Үш айдан кейін әкім мырза келгенде осы оқиға қайталанбас үшін... Кілем тұр, қып-қызыл боп.
Қарт мұғалім: (таяғын шыр айналдырып) – Кілем тұр дейсіз. Сол қайда тұр. Қолды боп кетіп жүрмесін. «Жау жоқ деме, жар астында». Ұрылар ән салатын заман боп тұр. Соған мұқият болыңдар.
Директор: - Кілем біздің үйде. Біздің үйден ешкім де ұрлай алмайды. Бір балам полицай, бір балам у-шудан спорт шебері.
Қарт мұғалім: - Қарағым, ұрыға бәрібір. «Ұры сертіне берік», «ұры мен ұры іңірде кездеседі». Олар «у-шуыңды» шулатып кете береді, қазір ұрыны қуып жете алмайсың. КТК мен 31-ші арнаны көрмейсіз бе?
Директор: - Қызыл кілем оған көне қоймас.
Қарт мұғалім: - Сіз сол кілемге өзіңіз бастап, 10 мың теңге қостыңыз ба? Біз соғысты көрмегенмен тылды көрдік. Кешегі соғыста бірінші басшы Сталин жолдас туған баласын алдыңғы шепке жіберді. Тұтқынға түсіп қап, Гитлер жауыз фельдмаршал Паулюспен ауыстырайық дегенде, «мен қатардағы солдатты фельдмаршалға ауыстырмаймын» деп қасқайып қарап тұрып алды.
Директор: - Ағай, ол – Адам, бұл – кілем ғой, не айтып кеттіңіз.
Қарт мұғалім: - Сіз сол кілемді сатып алу үшін ұжымды бастап, 10 мың теңге қостыңыз ба?
Директор: - Сізге біреу бірдеңе деді ме?
(Қарт мұғалім таяғын иегіне тақап шыр айналдырып, директордан көзін алмай қарап отыр).
Директор: (жүрек тұсын ұстап) – Мені қабинетіме жеткізіңдерші.
1-завуч:- Осымен жиналыс аяқталды. Берілген тапсырманы орындауға кірісіңіздер.
(Екі завуч екі жағынан сүйемелдеп, директорды «Директор» деген жазуы бар бөлмеге кіргізеді. Ұзамай қабырғасында 103 деген жазуы бар жедел жәрдем машинасы гуілдеп, мектеп ауласына кіріп келе жатады).
6-КӨРІНІС
(Сынып есігінде 6-а деген жазу тұр. Екі ұл бала партада отыр. Қолдарында пирәшке, малжаңдап жеп отыр. Тағы бір ұл бала – сыныптас Әбдіразақ артынан келіп, көзілдірікті, сидам арық Өтегенге тиісе кетеді).
Әбдіразақ: - Өтеген, Өтеген, өлген қойды көтерген, бір жапырақ нан берсе, өтіріктен жөтелген. Уһ-уһ-уһ! (жөтеліп қояды).
Өтеген: - Әбдіразақ, иобни, сен осындайынды қойшы.
Әбдіразақ: - Қоймаймын. Спортзалға сен ғой саңғытып кеткен. Мойындайсың ба?!
Өтеген: - Егер жолдастыққа жарасаң, мойындаймын.
Әбдіразақ: - Жараймын. Сонда не істеуім керек?
Өтеген: - Осы, «Өтеген, Өтеген» деп басталған өлеңіңді қойшы.
Әбдіразақ: - Қойдым (қолын береді). Жолдастыққа сөзсіз жараймын.
Өтеген: - Иә, мен. Спортзалды бүлдірген менмін. Өлемін бе енді. Мен ересек адаммын, мен де әрекет жасауым керек. Әкім келсе келер. Мен де бұ дүниеге әрекет жасау үшін келгенмін. Әжем жыны келгенде «Райком тышпай ма?» дейтін. Бәрібір әкім келген жоқ. Кілем жиналды. Тап-таза күйінде.
Әбдіразақ: - Бірақ, сол иіс әлі кеткен жоқ. Сол күні қазы жегенсің-ау деймін.
Өтеген: - Ненің қазысы. Біздің сыныпта қазы жеп өскен бала бар ма? Біздің үйде жылқы түгілі қой да жоқ. Малдың бәрін құрттық қой. Сабаққа шығарда сұйық айраннан кейін шәй ішкем. Бір күн бұрын көкем қорада қалған жалғыз тоқтыны сойып еді, соның сорпасына айран қосып ішкем. Сол ғой бәрін бүлдіріп жүрген. Енді қорамызда соятын қой да қалған жоқ.
Әбдіразақ: - Біздің үй де жетісіп тұр дейсің бе? Колхоздағы қойдың бәрі қазір қайда кетті. Бұрынғыдай қой бағуға шығыңдар десе, сегізді бітірісімен жас шопандар бригадасына шығар едім. Қазақ қойсыз өмір сүре алмайды.
Өтеген: -Қойды өзің өсірмесең, саған ешкім де «қой бақ» демейді. Қазір жекеменшік заман.
Әбдіразақ: - Өздері ғой, «ұрлап-жырлайық, бай- қуатты болайық» деп ұрандатып жүрген. Телебезерді ашып қалсаң, еститінің осы. Сен, көзілдірік киген профессор, бәрін білесің ғой, біз де осы бай боламыз ба?
Өтеген: - Сөзді дұрыс қолдана біл. Қазақ «Бақуатты» болайық дейді. Ұрлықтан аулақ жүр. Екеуміз жазғы каникулда 5 саулық қой сатып алып асыраймыз, басын көбейтеміз, базарда ет сатамыз. Сосын мына жерден (сұқ саусағымен алқымын көрсетеді) келіп байыймыз. Дайындала бер. Енді, иобный, менің істеген әрекетімді қыздарға айтып қойып жүрме. Мен саған жолдастыққа жарайды деп шынымды айттым.
Әбдіразақ: - Қыздар онсыз да біледі. Балдар түгел біледі. Біздің сыныпта асқазаны ауыратын жалғыз сен ғана...
(Мұғалім кіріп келеді. Өтеген ішін басып партаға отыра кетеді).
7-КӨРІНІС
(Мұғалімдер бөлмесі. Сол баяғы сары диванда 4-5 мұғалім отыр, қалғандары түрегеп тұр. Директор кіріп келіп, сөз бастайды).
Директор: - Анау қаңсық иіс кетер емес. Бізді осындай әбігерге салып қойған кім екен, а? Әлі анықтай алмай жатырмыз. Үш айға дейін сол иіс кетер ме екен, кетпес пе екен?
(Тым-тырыс)
2-завуч: - Зәркүл апай, үш айдан кейін, шынында, әр сыныпқа бір-бір гаршоктан қойсақ қайтеді. Әйтпесе дәл сол күні, түске дейін әжетханаға шықпау мүмкін емес қой.
1-завуч: - Өзі арзан.
Директор: (ойланып қалады) – Сыныптарды араласа қайтеміз. Гаршок көрінбей тұрмайды ғой. Оның иісі ше? Спортзалдағыдан да асып кетпей ме? Өзімізді-өзіміз масқара қылмаймыз ба? Онан да дәлізге бір арзандау желдеткіш сатып ап, орнатып қояйық. Иіс-пиісті айдап тұрсын.
1-завуч: - Арзандауы болса...
Директор: - Әлгі базарда істейтін Ажаркүлдің күйеу баласы тауып береді де.
(Диванда отырған қарт мұғалім көзін бағжитып, мұрты едірейе қарайды)
Қарт мұғалім: - Тағы да ақша жинамақсыңдар ма?
Директор: - Жинағанда... Арзандауы болса... Бұл кілем емес қой.
Қарт мұғалім: - Бұл кілемнен де қымбат. Бұл – техника. Жапондар жасаған техника.
Директор: - Қытайскиі бар шығар.
Қарт мұғалім: (орнынан ұшып тұрып, таяғына сүйеніп, шамырқана сөйлейді) – Сен, директор қалқам, ақша жинаудан тайынбай тұрсын ғой. Қарағым-ау, сонда мынау мұғалім сорлы болмашы нәпақамен үй-ішін қалай асырайды. Әкімге айтарыңды айт, мектептің жоқ-жітігін айт, мен онымен ауызба-ауыз сөйлесейін. Жиырма бірінші ғасырдың ревизорын күткендей болдық қой. Әкесімен үзенгі жолдас боп едім, менің бетімді қайтара қоймас. Ол келмесе, мен барам. Біз де директор болғанбыз. «Егер Магомед тауға келмесе, тау Магомедке барады» дегенді естіп пе ең?
Директор: - Жо-о-қ.
Қарт мұғалім:- Естімесең естідің. Ал, кәне, ойланыңдар. Шешілмей жүрген қандай мәселелерің бар. Проблемалар бар.
1-завуч: - Проблема көп қой.
2-завуч: - Спортзал өте тар. Оның үстіне... мынадай жағдай...
1-завуч: - Спортзалдың жағдайы бесенеден белгілі боп тұр ғой. Мектебіміз тар. Жаңа мектеп салып берсе екен.
Қарт мұғалім: - Тағы, тағы не дейсіңдер?
(Түрегеп тұрған бір жіңішке әйел шіңкілдек даусымен саңқ ете қалды).
Мұғалім әйел: -Айлығымыз төмен. Күн өткен сайын бәрі қымбаттап барады. Шәй-пұлымызға да жетпейді.
(Кеуделі, сұңғақ әйел диваннан тұрып сөйлейді. Көне диван сықыр ете қалады).
Мұғалім әйел: - Жапонияда мұғалім мен дәрігердің алдын ешкім кесіп өтпейді екен. Бізге де сондай құрмет керек.
Қарт мұғалім: - Ол әкімнің қолындағы нәрсе емес. Ол қоғами нәрсе. Тағы, тағы не айтасыңдар?
Мұғалім әйел: - Әкім қоғамды басқарып отырған жоқ па?
Директор: (күмілжіп) - Құрмет маған да керек. Ағай, сіз шынымен барасыз ба?
Қарт мұғалім: - Мен өтірік айтып па едім.
(Қарт мұғалім орнынан тұрып, пәпкесін қолтықтап, таяғына сүйеніп, ақсаңдай басып, мұғалімдер бөлмесінен шығып бара жатады. Ол мектеп ауласынан шығып, тас жолға түскенде артынан қарап тұрған директор жүрегін ұстап, талықсып кетеді. Екі завуч сүйемелдеп кабинетіне кіргізеді. Ұзамай жандаусы шыққан 103 жедел жәрдем машинасы мектеп ауласына кіріп келе жатады.
Қолтығында пәпке, қолында таяқ – қарт мұғалім ойдым-ойдым тас жолда әрең жүріп келеді. Алыста «Аялдама» деген көнерген жазу тұр. Онда шүпірлеген адам. Қарт мұғалім ақсаңдай басып, аялдамаға жеткенше асығулы).
ШЫМЫЛДЫҚ