Адам қарады: 183171 | Жарияланды: 2020-09-14 02:41:33

Сұлулық

Сұлулық барлық нәрседе бар.

 Бірақ оны барлық адам көре алмайды.

Конфуций

      Этюд

                        Жаны таза адамның жүзі - сұлу,

Түрі қораш бұлбұлдың - үні сұлу,

Ыстық жалын- аптабы кеште қайтқан,

Боз даланың  самалды - түні сұлу.

 

Ғұламаның ақылы, ойы - сұлу,

Бабындағы тұлпардың бойы - сұлу,

Томағасын сыпырған  ақ сұңқардың,

Қалықтаған қияда сойы - сұлу.

 

Жер басып жүргендерге фәни - сұлу,

Мұқтаж жанға мейрімді сахи - сұлу,

Жүректі елжіретіп шалықтаған,

Тәні зипа, жаны пәк сәби - сұлу.

 

Биік жанса ұштанып от да - сұлу,

Жылу беріп маздаған шоқ та - сұлу,

Құбылыстың тоғысы тамшы болып,

Мөлдірейтін таңдағы шық та - сұлу.

 

Ақ некеде киілген жүзік - сұлу,

Дөдегемен1 көмкерген үзік - сұлу,

Үйірінде алаңсыз ойнақтаған,

Желбір танау, ерке жан елік - сұлу.

 

Аймаласқан аққудың пары - сұлу,

Сүйіп алған жігіттің жары - сұлу,

Ант бұзбай, уәдесін орындаған,

Азаматтың әрқашан ары - сұлу.

 

Жұптасып ойнағанда жек2 те - сұлу,

Саф тамшыдан жаралған тек те - сұлу,

Тәрбиелі, қамқорлы, әділ болса,

Халқы сүйген қараша, бек те - сұлу.

 

Тізбектеліп ұшқанда тырна - сұлу,

Көк майса жамылғанда қыр да - сұлу,

Мақамына түскенде жыр да - сұлу,

Зерде, сана тұндырған сыр да - сұлу.

 

Ұлт киесі - шаңырақ арда - сұлу,

Төрт аяғын тең басқан жорға  - сұлу,

Биіктіктің бағасын ұғындырған,

Ұшар басты алып тау - ол да - сұлу.

 

                        Үйрек ұшып, қаз қонған көл де - сұлу,

                        Ғажайып  сағым-сурет - шөл де - сұлу,

                        Сарыарқаның төсінде мұнарлана,

Көз ұшынан көрінген жал да - сұлу.

 

Қылығы әсем болса қызда - сұлу,

Әйнекке өрнек салған мұзда - сұлу,

Жанға жайлы мезеті табиғаттың,

Уылжыған жемісті күз де - сұлу.

 

                        Мәрт жүріс, маңғазданған құлжа - сұлу,

                        Айдарынан жел ессе ұл да – сұлу,

                        Мың әуенге билейтін құла түзде,

Құба жонның оюы - құм да - сұлу.

 

Қызғалдақтар шығатын май да - сұлу,

Тобылғысы жайқалса сай да - сұлу,

Жер айналып, көк тәңір  көтергенде,

Ақ кемері3, толысқан ай да -  сұлу.

 

              Құстар қонған өңірдің жазы -  сұлу,

                        Тілімдей  шаң қобыздың сазы - сұлу,

                        Итала қаздан 4 туған төрт аяқты,

                        Құмай-пора 5, хас жүйрік тазы - сұлу.

 

  1. Дөдеге – киіз үй үзігінің туырлықпен қабысатын тұсына әсемдік үшін киізден ойып бірге жиектелген қалақша.
  2. Жек – дуадақ тұқымдас шөл даланың жорға құсы.
  3. Кемер – белбеу, тұйықталған белдеу.
  4. Италақаз – жұмыртқасынан бірнеше жылда бір рет  құмай тазы туатын  ерекше құс.
  5. Пора – шайырлар асылды осылай атаған.

 

Қазақ тілінде жазылған