Өлім гүлі немесе Қытай лагерінен қашқан қыздың қанды күнделігі
Хикаят
Тікенек сымдардағы көз жасындай жаңбыр тамшылары прожектордың жолақ жарығы осып өткен сайын жалт-жұлт етіп, мың құбылады. Әрине, қарашаның қара суығы мен ұры желі етек-жеңін кеулеп, сона-ау биіктегі темір үйшікте қалт-құлт етіп тұрған шекарашы байғұс ол сұлулықты қайтсін? «Қараша желтоқсанмен сол бір екі ай» демекші шекарашыларға осы шақ тым қолайсыз мезгіл. Қар аралас жаңбыр, сұп-суық жел. Оның үстіне биыл Қытай жақтан қашқындар көбейіп кетті. Олардың көбісі қазақтар. Арасында ұйғырлар да бар. Өздері ештеңеден қорықпайды. Аспанға атылған оқ түгілі туралап келсе де бір сескенбейді-ау, бір сескенбейді! Ана жақтан шыққанда «неде болса да атамекенге келіп құласақ болды» деген жанкешті байламмен бастарын оққа тігеді-ау шамасы. Қытайдағы болып жатқан сұмдық оқиғалардан мұндағылар да хабардар. Өз бауырыңа қалай жаның ашымасын?
Осы ой орамында үйшіктің тура бұрышында тұрған телефон шылдыр ете түсіп, шекарашы Бауыржанның ойын бөліп жіберді. Ар жақтан командирінің даусы жарықшықтана шықты:
− Қалай жағдайың, қатардағы жауынгер Исаев? Шаршап, қалғып кеткен жоқсың ба?
− Жоқ, аға лейтенант! Барлығы тыныш. Мына суықта қалай қалғисың?
− Сенен сүйінші сұрайын деп отырмын. Өткен аптадағы оқиғада көрсеткен ерлігің үшін саған он күнге елге демалыс беріліпті. Және саған сержант атағын тағайындапты. Құттықтаймын! – Әншейінде қатаң командирінің даусы жарқын-жарқын шығады.
− Қазақстанға қызмет етемін! – деп сапта тұрғандай сарбаз Бауыржан аяғын тық еткізе соғып, қолын шекесіне апарып саңқ етті. Иығында тұрған автоматы да белбеуінде ілулі тұрған қындағы пышағына сығылысып, сатыр-сұтыр етті. Командирдің құттықтауына Бауыржан алғашқыда бірден қуаныш нұрына бөленді. Қалай қуанбасын, елге демалысқа жіберіп отырса! Бір жағынан шені жоғарылады дегендей. Бірақ... бірақ... Сол бір қанды оқиға кәнігі сарбаз болса да оның жан дүниесін қопарып, жүрегін қатты сыздатты. Қалай, қалай болып еді сол оқиға?
Шырт ұйқыда жатқан сарбаздарды дабыл үні әп-сәтте аяқтарына тік тұрғызды. Асығыс-үсігіс киініп, қару-жарығын асынды.
− Шығыстағы шекарамызда Қытай жақтан оқ атылды. Біздің жаққа біреулер өткен сияқты. Дереу иттеріңді алып сол жаққа аттаныңдар! Тез! Тез! – деді командир асыға әрі бұйыра сөйлеп.
Бұлар екеу болып Көкжалмен бөлек кетті. Үйшігінде іші пысып тұрған Көкжал бірден алға аласұра ұмтылды. Мойнындағы қарғыбауына тағылған ұзын арқаннан мықтап ұстаған Бауыржанның аяқтары аннан, мыннан тиіп зымырап келеді. Артындағы жас сарбаз Ерден біразға дейін қалмады. Ентіккен дыбысы біршама ұзаған соң алыстай берді.
− Ерде-ен! Қалма! – деген мұның жанайқайына ол қақала жауап қатқандай болған. Сірә, шаршап қалды-ау. Ентіккені де, аяқ дыбысы да біртін бірге алыстай берді. Бұл да әзірге сыр берер емес. Қалай дегенмен де күнделікті шынығу, жүгіру осындайда қажет. Әйтпесе бір секіргенде бірнеше метрге секіретін итпен жағаласа жүгіріп көр!
Жанталаса жүгіріп келе жатқанда бақылау мұнарасында тұрған сарбаз айқайлады.
− Алдыңды байқа! Біреулер бар!
Шекарашының сақ құлағы зуылдап жүгіріп бара жатса да осы сөздерді қағыс жібермеді. Шынында да Көкжал оқыс тоқтай қалды. Ұйыған қараңғылықты тілгілеген прожектор жарығы жан-жақты тынымсыз тінткілейді. Ентіге демалған Бауыржан автоматын алға ұмсындыра ұстап, тың-тыңдады. Көкжал мазасыздана қыңсылап Бауыржанның тарта ұстағанына ренжігендей ұмтылып-ұмтылып қалды. Әлдебір нәзік жандының әлсіз үні естілгендей болды. Жалынышты үнмен көмекке шақырғандай бейне. Ит сол жаққа қарай аласұра ұмтылды. Бүгежектей жүгіріп ол амал жоқ ілесті. Көп ұзамай-ақ қатты тартылған тікенек сымдарға келіп тірелді. Шекара! Аржағы Қытай мен Қазақстан арасындағы бейтарап жер. Көкжал арс-арс үріп тартылған сымдарға адамша асылды.
− Ағатай, мен мындамын! Көмектесіңізші! – деген қыздың әлсіз даусы анық естілді. Осы сәт Бауыржан прожектордың жарығы жалт етіп түскенде аңдағаны шекарадан бір қадам жерде жатқан үсті-басы қан-қан жас қызды көрді. Қыңсылап тікенек сымдардан әрі өте алмай лажы құрыған Көкжал жерді тырмалап қаза бастады.
Бауыржан әрі-сәрі болып аз-маз тұрып қалды. Не істеу керек? Шекараның аржағына бір қадам да аттауға болмайды. Қыз қатты жараланған сияқты. Оған тез көмектеспесең өліп кетуі мүмкін. Қалай да көмектесу керек! Ал ол үшін бір қадам жерде жатқан қызға жеткені дұрыс. Қашқын қыз... алайда ол адам ғой. Ыңырсып қиналып жатыр байғұс! Оның басынан әп-сәтте неше қилы ой, әдістер қылаң берді. Ал жауабын Көкжал тапты. Ол лезде әлеуетті тырнақтарымен жерді кәдімгідей қазып кеңітіп тастапты. Бауыржан итін әзер әрі итеріп тастады да, қыз жатқан жерге қарап:
− Қарындас! Қарындас! Қолыңды соз маған қарай! Күшіңді жина! – деді бұл. Содан соң тың-тыңдады.
− Ағатай... қа-зір... – Неге екенін кім білсін осы сәтте жігіттің өн бойынан бауырмалдықтың қаны ма, бір ғажайып күш-қуат келді. Көкжал қазған жерден бұл басын сұғып қолымен қармалап қыздың қолын іздеді. Қыз соңғы күшін жинап алға ұмсынып қолын созғандай болды. Міне, нәзік қол! Уыстай қыса ұстап қызды өзіне тартар кезде:
− Қарындас! Мен қазір сенің қолыңнан тартамын. Сен алға еңбекте! Бар күшіңді жина! – деді бұл бұйыра әрі жылы сөйлеп. Жайлап тартып еді, қыз сәл-пәл алға жылжығандай болды. Қайта тартты бар күшін жинап.
− У-у-х! – деген қыздың қиналған даусы шықты.
− Шыда, шыда, қарындасым! Шамалы қалды. – Осы сәтте Көкжал да жағдайды түсінді-ау шамасы, көмекке келді! Сол қолына байланған арқанмен ол Бауыржанды өзінше тартқылады. Мұның өзі әжептәуір көмек. Көп ұзамай қызды тікенек сым астынан бері тартып алды-ау. Үсті-басы қан-қан. Қызды бүйірлете аунатып Бауыржан оны жүрелеп отырғызғысы келді. Қыз әлсіз дауыспен сөйлей бастады.
− Мені қозғамаңыз. Мен Аллама қайтатын сияқтымын. Мен қашқынмын! Ең болмаса атамекеніме жетіп жығылып, шындықты жеткізгім келді.
− Атың кім, қарындасым? Қайдан қашып келесің? – деді бұл сұрақты жаудырып.
− Менің атымды сұрама, ағатай! Мен Қытай тозағынан қашып келе жатқан бейбақ жанмын. Көрген білгенімді, азабымды, азап лагеріндегі зорлық-зомбылықтың бәрін-бәрін мына күнделік қойын дәптерге жаздым. Сіз оны бір жазушыға не журналистке жеткізіңіз. Ол әлемге дабыл қақсын! Мә, мә, ағатай! Бұл менің сізге деген аманатым, – деп осы сөзді айтқаннан кейін іле-шала қыз ықылық ата бастады. Ол алақандай ғана кітапшаны бұған ұстата берді. Аузынан қан ақты ма, кім білсін қақалып, шашалып ол енді анық сөйлей алмады.
− Қ-қош! Сә-сәлем ел-л-ге! Ағ-ға, қош-ш! Ләйлаһа илла-лах!
Қыз кәлимасын аяғына дейін айта алмады. Басы бір жағына қарай сылқ ете түсті. Бауыржан атасынан үйренген кәлиманы іштей күбірлей айта берді. Сол сәтте гүрілдеген машинаның үні естіліп, оның жақындап келе жатқаны білінді. Жаңбыр тамшылады. Тырс-тырс тамды. Күздің сап-салқын желі үдере соғып тұрды... Басы салбыраған шекарашы жігіт қызға деген аяныш па, кім білсін әйтеуір иығы бүлкілдеп өксіп-өксіп жіберді. Ішін тарта Көкжал да сол сәтте мұның аза бойын қаза еткізіп ұлып қоя берді.
***
Көп ұзамай Бауыржан демалысқа елге жиналды. Бірақ ол өзін біртүрлі ыңғайсыз сезініп жүрді. Себебі ол ешқандай ерлік жасаған жоқ қой. Ең болмаса қызды да ажалдан арашалай алмады. Командиріне демалыстан бас тартып, рапорт жазғысы келді. Бірақ оны жаза алмады. Себебі қолына қалам алғанда есіне қыздың аманаты түсті. Ол қыз берген кішкентай кітапша кейін жеке қалғанда байқады, күнделік-кітапша қыздың қанына малыныпты. Қан дақтары күнделік-кітапшаның беттеріне сіңіп, өмірі кетпестей болып қатып қалған.
Күнделік-кітапшада не жазылғанын білгісі келіп Бауыржан ақтарып қарап еді, ештеңе түсінбеді. Араб ғарпімен жазылыпты. Оны алдымен қағазға, содан шүберекке орап сөмкісінің ең түбіне салды. Ұрлық жасап жатқандай жан-жағына алақтай қарап, қара терге түсті.
***
«Бауыржан ерлік жасапты!» деп ауылдастары мұны қуана қарсы алды. «Мен ешқандай ерлік жасаған жоқпын» деп ол кәдімгідей ашуланатын. «О-һо, бұл батырың өте қарапайым жан ғой. Айтсаңшы, не ерлік жасадың?» дейді олар одан сайын ежіктеп. Не десін? Үндемей құтылуға тырысты.
Қалаға келіп жазушы іздеді. Марқұм қыздың аманатын орындау керек. Демалысының соңғы күнінде тапты-ау ақыры. Арабша оқи алады екен. Күнделік-дәптерді әрі-бері ақтарып, біршама отырды да содан соң:
− Лагер-түрмеде қиналып жүріп жазылған қанды күнделік екен. Қытайдан келген қашқын қыз өлімге басын тіккен сияқты. Аты-жөні жазылмапты. Таппай отырмын. Оқиғалары жан шошырлық тәрізді. Мен де естігенмін мұның шет жағасын. Ондағы бауырларымызды тірідей жұтайын деп отырған аждаһа бүкіл адамзатқа қауіпті. Мынау сол жөнінде дабыл қаққан хат десе де болады. – деді жазушы аға бұған ойлы жүзбен қарап.
− Иә, иә, аға. Мұны қайтыс болар алдында аманат етіп тапсырды. Көп қорлық, азап көргенін айтты да, менің қолымда қайтыс болды. Аға, сіз бұдан кітап жазасыз ба, әйтеуір осында жазылғандарды бүкіл әлемге жеткізуіңіз тиіс. Бұл менің сөзім емес, Қытайдағы бауырларымыздың сәлемін алып келген, арманда кеткен қарындасымыздың аманаты. Мен енді құтылдым. Ауыр жүк сізге ауды, − деді Бауыржан ерекше тебірене сөйлеп. Жазушы аға күнделік-кітапшаны ақтарып қарап отырды.
− Батыр інім, бұл дүниені ешкімге бермей, аманаттап жеткізгенің нағыз ерлік деп білемін. Менің атым Ермек. Мен бар жұмысымды ысырып тастап деректі әңгіме ме, әлде публицистикалық жанрда ма бір дүние әзірлеп газетке немесе баспаға ұсынып, жан-жаққа таратуға тырысамын. Қысқасы қолдан келгенді жасаймыз.
Екеуі қол алысты. Бауыржан жазушы ағасына тек күнделік-кітапшаны емес, көкірегін басқан зілмауыр ойды да тастап кеткендей жеп-жеңіл болып шықты. «Аманаттап жеткізгенің нағыз ерлік!» деген аға сөзі оның көңілін тіптен сергітіп жіберген еді.
***
Ермек екі-үш күндей отырып күнделік-хатты оқып шықты. Арасында көз жасына ерік берді. Жауыздық, зұлымдық, жымысқы саясаттың талайын естіп, оқып еді, ал мынау жасалған сұмдықтарды миына сыйдыра алсашы. Құдайым-ау, ешқандай кінәсі жоқ адамдарды, олардың ішінде әлсіз әйелдерді қорлау, зорлаудың неше түрлерін жасау нағыз хайуандық іс емес пе?! Бұл не деген жабайылық?! Осыншама жауыздықтарды, зұлымдықтарды қағаз бетіне түсірудің өзі азап емес пе? Қытай лагерлері сона-ау Маоның кезінде-ақ жауыздықтары жөнінен атақтары шыққанын жақсы білетін. Әдеби кітаптардан жаны түршіккен. Ал мынау, мынау деген!
Алақандай ғана кітапша не деген ауыр, не деген салмақты еді десеңші! Шекараның аржағындағы көздері жәудіреген, мұңға толы қалың қалың қазақтың, мұсылманның зарын жеткізген шынашақтай қыз не деген батыр, не деген сезімтал, не деген жанашыр еді. Өліп бара жатып халқының қасіретін, адамдардың тағдырын, өмірін ойыншыққа айналғанын жеткізе білген айналайын, үлкен жүректі арманшыл қарындасым-ау! Мен де ештеңеден тайынбан!» деп тебіренді жазушы көз жасын төгіп отырып...
Бисмилла-рахмани-рахим!
Хат-күнделікке беташар сөз
Қадірлі бауырлар, армысыңдар! Менің бүгін туған күнім. Он сегізге толдым. Өкінішке орай бұл туған күнімді тойлай алмаймын. Өлім мен өмірдің ортасында бір түйір қара нанға зар болып жүрген мендей бейбаққа ондай қуанышты шақтардың ауылы тым алыс болып тұр-ау. Бұл жерде, яғни ханзулардың қара түнек қапасында, лагерлерінде мен сияқты бейбақтар мың-мың сан. Мейірімсіздікке, зұлымдыққа, жауыздыққа толы мұндай дозақы түрмеден бостандыққа шығу да мүмкін емес. Қысық көздері шыны тәрізді ызғарға толы қара, қатпа қытайлар жаныңда. Тышқан аңдыған мысықтай аңдып отырғанда қыбыр ете алмайсың.
Ажалдан да қуатты, одан да күшті, қаһарлы нәрсе бар ма? Иә, ондай күш бар! Бүкіл жан дүниең, жүрегің, тамырларың, қаның, жаның, әрбір тал шашың толайым кекке суарылғанда сен өлімнен қорықпайсың. Қайта тезірек өліп, жаныңды тыныштық әлдилегенді жақсы көресің. Мен бұл хат-күнделікті еріккеннен жазғым келіп тұрған жоқ. Өз көзіммен көргенімді, ханзудың лагерлерінде адамдарды қалай азаптағанын, яғни нағыз шындық пен ақиқатты жеткізгім келді. Оқушым! Егер бұл хат-күнделік қолыңа тисе оны бүкіл адамзат назарына жеткіз! Бұл өтініш, бұл аманат!
Қаптап жүр. Сенің әрбір қимылыңды аңдып бағып, қияс кетсең қамшымен осып ұрып, басыңа әңгір таяқ ойнатады. Қысқасы саған күн көрсетпейді. Адамдарды азаптаудан олар рахаттанады. Олар өздерін құдай көреді. Өйткені олар құдайсыз, кәпірлер ғой. Иманы жоқ, діні жоқ халық. Мұсылмандарды ханзулар қатты жек көреді.
Рас, бұрын бізді еркімізге жіберді. Біз осы кезде «құтырып» кеттік. Өз тілімізде сөйледік. Еркін қазақ елінде жоқ қазақ телеарналары күні-түні бізде жұмыс істеп тұрды. Қазақ мектептері әр ауылда білім шырағын жағатын. «Қайдағы еркін елсің? Бірде-бір қазақ теледидарың жоқ. Бәрі орысша. Тіптен қазақтар өздерің орыс тілінде шүлдірлейсіңдер» деп атамекеннен қонаққа келгендерді мазақтап, әзілдеп күлетінбіз. Өз дініміздің нұрына бөлендік. Мешіттеріміз көп, азанымыз шалқып тұрды. Имамдар, молдалар маң-маң басып еркін жүретін. Бұлттардан орамал тағып, зеңгір көкті еметін әлемдегі ең биік Аспантаудың етегінде тұрғанымызды мақтаныш тұтатынбыз. Юанмен алатын мол зейнетақысына малданған қарияларымыз болашаққа шекесінен қарайтын. Мыңғырған төрт-түлік малымыз жайлауға сыймай кемерінен асып жататын. Салт-дәстүрлерімізді шырғасын шығармай күнделікті өмірімізде қолданып, балаларымызды уызынан айырмайтынбыз. Жота-жотаны, сай-саланы көгілдір көктемде көмкерген сан түрлі гүлдер сынды сұлу қыздарымыз қандай ерке де қылықты еді десеңші! Қырмызы далада тігілген ақбоз үйлер қолдың саласындай тізіліп алыстан көз тартатын. Ауыл-ауылдан келіп жатқан қонақтарды қарсы алып, әлекедей жалаңдаған жігіттер олардың аттарын байлап қазақтың қонақжайлылығын паш етіп тұратын. Өміріміздің сәні балаларымыз өз ана тілінде еркін сөйлеп, қазақша ән салатын. Олар алаңсыз бақытты өмір сүріп жатты. Қандай ғажап еді сол сән-салтанатқа толы күндер! Шіркін, ондай шалқыма шақтардың уақытша екенін сол кезде білсемші. Алыстағы қазақ жұрты және бізден көшіп кеткендер шақыруын шақырды-ау. Бірақ біз әлдеқандай болып осы әдемі күндеріміз мәңгілік болады деп елеңсіз ойлап жүрдік қой. Әттеген-ай, неге біз соншама ойсыз болдық екен! Біз жымысқы қытайды білмеуші ме едік, білетінбіз, жақсы білетінбіз! Өткен жылдардағы аталарымызға, әкелерімізге, аналарымызға көрсеткен олардың азаптарын қалай ғана тез ұмыттық?
Жо-жоқ, ол азап пен тозақтарды менің атам ұмытқан жоқ. Сол кісі марқұм жиі-жиі мына сөздерді айтатыны есімде: «Қытай өте қу, жымысқы халық. Ешқашан да олар есесін жібермейді. Бұл мамыражай шақ меніңше уақытша нәрсе. Күндердің күнінде олар аяқ астынан өзгеріп шыға келеді. Ол біздің басымыздан өткен. Онда бәрі кеш болады. Өкінесіңдер. Үлкен атажұртқа тезірек кетелік, мен ханзулардан қорқамын. Бұл боран алдындағы тыныштық, балаларым!» − деп айтқанына апталдай-апталдай ағаларым қарқ-қарқ күлетін.
«Әке-ау! Үлкен атажұрт деп қоймайсыз. Мұнда қытай болса, онда әлі де орыстар үстемдік етіп отыр. Қазақша білгендерді жұмысқа алмайды. Бәрі шетінен кедей. Бар байлық биліктің қолында. Сіздің қазіргі алып отырған зейнетақыңыз олардан әлдеқайда жоғары. Мұнда жаман тұрып жатқан жоқпыз ғой. Асықпаңыз. Жаңа патша келіп қазақ тілін күшейтсе барамыз», − деп ағаларым атамызға тоқтау салды. «Әй, әй, ханзуларға сенбеймін-ау, сенбеймін!» − деп атам басын қайта-қайта шайқайтын.
Атам қателеспепті. Айтпақшы атам бес уақыт намазын тастамайтын тақуа кісі еді. Имам да атамды жанынан тастамайтын. Мен атамды өте жақсы көрдім. Ол кісі мені қатты еркелететін. Бір жаққа қонаққа кетсе маған неше түрлі тәттілер әкелетін. Қойдың құлағын жегенді жақсы көруші едім. Барған жерінен құлақ әкелетін. Әрине, атамның намаз оқып, ораза ұстайтыны маған да «жұқты». Сүрелерді, аяттарды тез жаттап алатынмын. Атаммен бірге жиі мешітке де барамын.
Ойхой, сол көзден бал-бұл ұшқан заман-ай! Атам айтпақшы енді кеш. Ол шаттыққа толы күндер оралмайды. Иә-ә, ханзулар бізді құрбандыққа соятын мал сияқты алдымен бордақылап алғандай. Әбден семіртіп алып енді шетімізден «сойып» жатыр. Әрине, олар өрмекші тәрізді тордағы бізге бірден тарпа бас салған жоқ. Жайлап-жайлап қылғындыра бастады. Ол зобалаңдар мен қылғындыруды ханзулар ұсақ-түйектен бастады. Қыл шылбырдан қалай қылғынып, көздеріміз адырайып сыртқа шығатындай мүшкіл халге келгенімізді өзіміз іштей білсек те сыртқа шығара алмадық. Шағымыңды айтсаң жел жеткізе ме, әлде жын-шайтан жеткізе ме, әйтеуір билік бәрін біліп тұрады. Ол кездері «Байқа!» деп сұқ саусағын көрсетуден әрі бармайтын. Бірақ ішкі дүниемізге біз білмейтін әлдебір суық жылан кіріп кеткендей денеміз тітіркеніп, бір ауыр жамандық келе жатқандай әсерде болатынбыз.
Абақтыда айдан-күннен жаңылдым,
Сарғайдым ғой, сар даламды сағындым.
«Қарашығым, құлыным» деп зарлаған
Алыстағы сорлы анамды сағындым!
Атажұртымызға қызылдар билік құрғанда естуімізше мыңдаған асыл жандарымызды «халық жауы» деп атып, асып, соттап жіберіпті ғой. Сондағы қайран Мағжан бабамыздың шығарғаны ғой бұл өлең. Мен «Қайта тәрбиелеу лагерлерінде» жатқанда осы өлеңді іштей күбірлеп көп айтатынмын. Бұл өлең жолдары менің жаныммен, жүрегіммен, сезіміммен үндесетін. Сол қапаста жатып, атылып кеткен аға-апаларымнан менің жаным артық па?! Мен қарапайым ғана, ешкімге зияным да, пайдам да жоқ мүсәпір қаршадай қызбын. Қойған кінәсі болмашы бір нәрсе. Ал Алаш батырлары, бабаларымыз елінің мүддесі үшін қамалып, ұлты үшін атылды. Сол ауыр шақтарда шыққан өлең ғой бұл!
Алтын күнді, қара жерді сағындым,
Жан жолдасым – жүйрік желді сағындым.
Асау тайдай еркелетіп өсірген
Ағайынды, туған елді сағындым.
Не көрсем де – Алаш үшін көргенім,
Маған артық ұятым үшін өлгенім.
Мен өлсем де Алаш өлмес, көркейер,
Істей берсін қолдарынан келгенін.
Қазағымды, қалың елді сағындым,
Сарыарқамды – сайран жерді сағындым.
Балдай бұлақ, мөлдір күміс көрікті,
Арқадағы айдын көлді сағындым.
Көз жасым көл болып тұрған шақтарда осы жыр жолдары қазіргі менің көңілімдегі жайды айтып тұрғандай бейне. Өзіміздің елдегі ақын-жазушылардың үлкен атажұрттан келген кітаптардың бәрін оқыдым десем артық етпес. Шерхан атаның «Қызыл жебе» романындағы Тұрар бабамның түрмеден көрген азаптарының жанында біздің бастан кешкен азабым жеңіл ме деп қаламын. Алайда екі алпауыт ел, екі басқыншы зұлмат мемлекет боданындағы халыққа еш уақытта аяушылық көрсетпейтіні айдан анық нәрсе екенін өмір дәлелдеді. Екеуі де зұлым, жауыз әрі залым. Және олар ауыз жаласудың да шебері. Мысалға кіші Түркістан деп аталынатын біздің атамекенімізді орыс пен қытай келісті де Сталин бөліп алып шүршітке беріп жіберді. Жергілікті халықтан рұқсат та сұраған жоқ.
Әрине, бұл әңгімені атамнан естідім. Олардың ауыз жаласатыны туралы атамның тағы бір әңгімесі есіме түсіп отыр. Біздің елде өзінен мың сан есе қуатты ханзулардың озбырлығына қарсы күрескен, шайқасқан Оспан батыр деген кісі болыпты. Батыр бабамызды КСРО қолдап, қару-жарақпен қамтамасыз етіпті. Ал кейін өздерінің діттеген жоспары іске асқан соң сатып жіберген. Екі алпауыттың ортасында қалса да ұлтының болашағы үшін қасық қаны қалғанша батыр шайқасып өлді.
«Абақтыда айдан, күннен жаңылдым» дегендей енді сіздердің назарларыңызға ханзу озбырлығының бізге мысықтабандап қалай кіргендігі жайында күнделігіме кіргізгім келіп отыр...
22 мамыр. Қазақ мектебімен қоштасу
Атам марқұм мені күн сайын мектебіме шығарып салатын. Еш ерінбейтін. Мектепке кірерде атам менің маңдайымнан иіскеп: «Жолың болсын, ботам! Бес алып қайт!» дейтін. Ақ сақалы бетіме тиіп қытықтайтын. Қайран, атам-ай! Бүгін де сөйтті. Әйтпесе мен дап-дардай қызбын. Келесі оқу жылында мектепті бітіремін. Мінеки, мамыр айы. Енді оншақты күннен соң каникулға шығамыз.
Жалпы біздің ауыл Алтай тауларының іргесінде жатыр. Сіздерге жазған хатымда да, мына күнделігімде де ауыл түгілі өзімнің де, әке-шешемнің де, ата-әжемнің де, ешкімнің де аттарын атамаймын. Бұлай еткенімді сіздер жақсы түсініп отырсыз ғой деймін. Күндердің күнінде күнделік-хат ханзулардың қолына түссе олар ешкімді де аямайды ғой. Иә, біздің ауылымыз бай ауыл еді. Екі-үш мың қойлары барлар алдыңғы қатарда болса, біздің отбасыда да ешкімнен кем емес. Мыңнан аса қойы, екі-үш үйір жылқысы, жиырма шақты сиырымыз бар. Екі жеңіл машина, екі трактр, тұқым сепкіш, тырмалағыш, егін шөп орғыш агрегат, ағаларымның да машиналары, мотоциклдері, шайтан арбалары дейсің бе, самсап тұр. Үлкен әпкеміз күйеуімен бірге атажұртқа кетті. «Көшейік. Атам дұрыс айтады. Үйреніп кетесіздер», − деп зарын қылды-ақ. «Мынадай байлықты тастап, сенің кедей Қазақстаныңа қалай кетеміз?» − деп мұндағылар дес бермеді.
Ауылым туралы тағы да айтармын. Мектеп жайында басымызға жай түскендей суық хабарды сіздермен бөліскім келеді. Атаммен қоштасып, алтын ұя мектебіме бет алдым. Бүгін соңғы қоңырау. Алда жазғы каникул. Үш ай бойы демалып, бір-бірімізді сағынамыз. Балалар көңілді. Бірін-бірі жаңа көргендей шұрқырасып жатыр. Мектеп алып базарға айналғандай у-шу. Кенет сыңғырлап қоңырау шалынды. Мұғалімдеріміз алаңға балаларды класс-класс етіп сапқа тұрғызып әлек. Ақыры бәрі орын-орнына келді. Әлдекімдерді күтудеміз. Әнеки мектептен бірнеше кісі шықты. Мектеп директоры және үш ханзу саптағылардың алдына келді. Мектеп директоры ағай жаңа оқу жылының аяқталуымен және жазғы каникул басталуымен құттықтады. Содан соң іле-шала денесі тіп-тік қап-қара киінген әскери адамға ұқсас түсі суық ханзу ағай сөйлей бастады. Неге екенін білмеймін, басқаларды қайдам жүрегім өрекпіп бір жамандық келетіндей денеме суық жел соққандай дір ете түсті. Сезімім алдамапты. Басшы ханзудың сөзін аудармашы аудара бастады. Ұққанымыз қазақ мектебі жабылып, негізгі пәндер келер оқу жылында қытай тілінде жүреді екен. Осыны естігенде тереңнен тұншыға шыққан наразылық үні гу-у етіп естілді де, бірақ бірден су сепкен шаңдай тез басылып қалды. Бұл қазақтар үшін зор соққы еді. Мұғалімдеріміздің беттерінен қаны қашып, көңілсізденіп сала берді. У-шу етіп дабырласатын балалар сыңғырлап күліп тарасатын жиын осылай тым-тырыс, кісі өлгендей аяқталды. Мінеки ішкі Бейжіңнен қазақ мектептерін жабу туралы суық хабар тез елге таралды.
Әрине, көп ұзамай қытай мұғалімдерімен бірге қытай тілін жетік білетін қазақтар келе бастағанын естідік. Осы оқиғаны алғаш естігенде атамның ашуланғанын көрсең! «Қызым-ай! Қызым-ай! Бұл сұмдық қой, сұмдық! Осылай боларын ішім сезіп еді. Ақыры келді сол кесапат. Қытайландыру басталды! Бұлар енді жан-жақтан қылғындыра бастамаса болғаны. Бәсе-бәсе! Бұл не деген батпан құйрық деп ойлаушы едім. Зымиян, зұлым ханзулар соншама жақсылықты неге үйіп-төгіп бере салды деп қанша ойлансам да түбіне жете алмайтынмын. Адам жегіш, аждаһа қытай! Бұлар қысымшылықты тілден, мектептен бастамақшы. Менің ұрпағымды тілінен айырмақшы бұл қытай. Қызым-ау, тілімізден айрылсақ бәрінен айрыламыз ғой. Енді не істейміз? «Көшейік, көшейік» деп құдайдың зарын қылдым. Күлдіңдер, ал енді күл, күл! Ана азын-аулақ малыңа сендіңдер. Оларыңды бір күнде жоқ етеді! Көре қал, мені әулие дерсіңдер, демессіңдер, олар бәрін-бәрін тартып алады. Тауыңды да, бауыңды да, жеріңді де тіптен жаныңды да алады олар. Қорқамын, қорқамын мына заман әлпетінен! Ханзулардың әрекетінен қорқамын!» деп атам зарлы үнмен сөйлеп сұлқ отырып қалды. Атам асқар таудай еді, мүжіліп әп-сәтте төбеге айналғандай болды. Өмірі көзіне жас алмаған атам баладай өксіп жылады. Менің әкелерім, ағаларым, апаларым жаңағы ащы сөздердің бәрін естіді. Әкемнің көз жасы оларды да жасытып тастағандай. Бәрі жерге қарады. Күн күркіреп, аспанымызды қара бұлт жауып келе жатқандай күй кештік...
29 мамыр. Шақырылмаған «Бөтен туыстар»
Мектептегі жаңа жағдайға да үйреніп кетерміз. Енді атам айтпақшы амал жоқ көнесің. «Біз мектептің қытайша болғанын қаламаймыз» деп мектеп бітірушілер үн көтеріп, мектептен бас тартқанда оларға не істеді десеңші! Оның әке-шешелерін «Қытай саясатына қарсы келді» деп бірден жауапқа тартты. Бір-екеуін соттады, түрмеге тықты. Жәй жиналыс жасап ескертеді деп ойлағанбыз. Бұл қатігездік елді қатты шошытты. Балабақшада да қытай тілін үйрету «зор табыспен» жүре бастады. Кішкентай сәбилердің өздерін қытайша сөйлеуге мәжбүр етуге тырысты. Бірде өз баласын кешке алуға барған ана есінен тана жаздайды. Сәбиінің аузын скоштап тастаған. Тәрбиешінің айтуынша сәби қытай тілінде сөйлемей қойған...
Қазақты бұл мәселелер алаңдатқанмен, ол содан соң үлкен атажұртқа көшуді ойланған жоқ. Бірде көрші ауылдан біздің үйге қонақтар келді. Үрейлі әрі қатты алаңдаулы. Атам, ағаларым олар шай ішіп болған соң мән-жайды сұрады. «Жағдай қиын, бауырлар! Жалпы біз сіздерге жақындарымыз болған соң ғана айтып отырмыз. Біздің бұл сөзімізді ешкімге тіс жарып айтпаңыздар. Алдымен біздің ауылға қытайлар қызыл кірпішпен біраз үйді тегін салып берді. Қуандық. Сөйтсек ол тегін шелпектің кейін сұрауы бар екен. Бірде үй салып берген бұлардың көршілеріне бір ханзу келіпті де, үйлеріне баса-көктеп кіріпті. Олар алғашқыда таң қалған. «Сен кімсің?» десе, «Мен сендердің туысыңмын. Енді бірге тұрамыз» депті әй-шәй жоқ. Одан сайын таң қалған бұларға қосымша мына сөздерді жеткізіпті. «Қытай мемлекетінің ұраны біреу: «Біз бір ұлтпыз, бір этникалық отбасымыз! Сондықтан бұл саясатқа қарсы келгендерің мемлекетке қарсы шыққандарың!» депті бет-аузы шімірікпестен. Мұндай зорлық-зомбылыққа, баса-көктеуге қалай шыдасын? «Бұл менің үйім, шық!» деп үй иесі қарсылық білдіріпті. Ертеңіне оны бірден қайта тәрбиелеу лагеріне жіберген. Қазір мұндайлар көбейіп жатыр» деді олар иықтарын қусырып.
− Иә, айналайындар, бұл әшейін ғана нәрсе. Алда бұдан да өткен зор құқайды көресіңдер. Қытай бір жақсылық жасап, оны жүз есе етіп қайтарып алады. Мысалға Алтай қаласында бұрын он-он бес қытай бар еді. Қазір онда құжынаған құмырсқадай қытай қаптап жүр. Олардың саясаты сондай, қулыққа, сұрқиялыққа толы, − деді атам бұған аса таңданбай.
− Ол, ол ма, − деді келген қонақтың бірі сыбырлай сөйлеп. – Таудағы жайлаудың бәрін бүлдіріп, өндіріс орындарын салып жатыр. Өзендерді бөгеп, суын әлдебір жаққа ағызып жоқ қылды. Бізде енді жайлау да, өзен де жоқ. Біз барып сұрап едік, олар жауап берместен таяқтап қуып шықты. Енді малымызды қайда бағамыз? Айтыңдаршы, ағайындар-ау?!
Үлкен кісілердің бұл шарасыздығын көріп бізде тұнжырап, үрейге бөлендік. «Тығырыққа тірелетін жеріміз осы ма?» деп ойласты олар. «Енді не істейміз?» деп бір-бірінің беттеріне, сосын менің данышпан атама қарасты. Атам да қайбір жетісіп отыр дейсің, басын шайқап біраз ойланды.
− Балаларым, бауырларым! Қазақта «Ештен кеш жақсы» деген мақал бар. Ханзулар қандай әрекет жасаса да, біз ештеңе жасай алмаймыз. Олар қожайын. Қолдарында күш-қуат, әскер бар. Жаңағы мақалды босқа айтқан жоқпын. Үлкен атажұртқа кетуге талап етейік. Бара-бара ол жаққа да қақпаны жаба ма деп қорқамын. Онда Алладан тілек тілеу ғана қалады. Ханзулардың қысастықтарына көнесің. Көнбесең, әне, абақтысы дайын тұр!..
Қонақтар кеткен соң көп ұзамай қытайлар келіп, кірпіштен үйлер сала бастады. Бір айдың ішінде олар көп үй салды. Біз өткенде келген қонақтардың сөздерін ұмытып мәз болып қуандық. Әрине, қуанышымыз ұзаққа созылмады. Шақырылмаған «бөтен туыстар» келіп орналаса бастағанда, үндей алмадық. Тауларымызға да (жайлауға) техникаларымен келіп, оларды тас-талқан етті. Өзендердің суы бұрынғыдай мөп-мөлдір емес, қап-қара, кір-лас болып жылап ағып жатты. Шығыстан ызғарлы жел соғып, қара бұлт осылай қоюлана түсті...
4 маусым. Бейжіңдегі қожайын неге ашуланды?
Жаздың ыстығы биыл кеш келді. Себебі көктем кешеуілдеп, әзер жеткен. Күн қызуын шашпаған соң шөп қаулап өспеді. Түс ауа ғана көк мұздың беті аздап жіпсіп терлегендей болады да, түнгі аяз қайта қатырады. Өстіп қыс пен көктем айқасып, бірін-бірі жеңе алмай ұзақ шарпысты. Көктемнің аты көктем ғой. Бір түнде оңтүстіктен алтынкүрек желі есіп, тоң-тоң болып қатқан мұздың шат-шәлекейін шығарды. Күн-ана да сол кезде шуағын молынан шашты. Мамыр айы салқын болды бірақ. Кешелі-бүгін ғана маусым айымен бірге шуақ келді. Адамдардың көңілі күпті болса да, үмітке толы.
Бірақ Бейжіңнен келген көңілсіз хабар елді тағы да үрейлендірді. Жастар, студенттер өкіметке қарсы көтеріліске шығыпты. «Ойбу, байғұстар-ай! Қырып салатын болды-ау!» десті көпшілік. Желтоқсан көтерілісінде қазақ жастарын қырғынға ұшыратқан Горбачев келіпті Бейжіңге. Жастарды Бейжіңдегі полицейлер де аяған жоқ.
Көтерілісшілерді жазалап үлгермей жатып Үрімшіде де көтеріліс бұрқ ете түсті. Бейжіңдегі жазалау әншейін ойыншық болып қалды дейді білгендер. Ханзулар әділетсіздікке ашынған ұйғырларды қызыл қанға бөктіріп, қатты жазалапты. Басы бір қазанға сыймаған көктем мен қыс тәрізді ханзулар мен ұйғырлар да кезекпе-кезек жұлқысып шайқасыпты. Күштінің аты күшті, қожайынның аты қожайын. Иә, Бейжіңдегі қожайын қатты ашуланып темірдей тәртіп орнатып, өзіне қарсы бас көтергендерді жаңаша бағындырудың тың жолын ойлап тауыпты. Жаңаша бағындыру! Ол не? Қалай бағындырады? Біздің даламызға, ауылымызға шығыстан қап-қара бұлт біртін-бірге төніп келе жатқандай.
7 маусым. Атамның кегі
Рамазан айы келгенде ерекше бір нұр-сәуле жаныңды жадыратып, қуанышқа, шаттыққа бөлейді. Айтпақшы ұмытып барады екенмін біздің үйге де шақырылмаған бөтен «туыстарымыз» келіп әй-шәй жоқ орналасып алды. Атам шыдамады.
− Шық! Шығыңдар! Біз сендерді шақырған жоқпыз. Сендер біздің туыс емессіңдер! – Атамның айқайына «туысқандарымыз» пысқырғанда жоқ. Атам олардың тонмойындықтарына одан сайын ашуланып, шалжиып жатқан ер адамды жағасынан ұстап жұлқып тұрғызып алды. Үлкен ағам жүгіріп келіп араша түсті.
− Әке! Әкешім! Тимеші бұларға! Ертең қамап тастайды ғой бізді, − деді жанұшыра сөйлеп.
− Ә-ә-әй-й! – деп атам ашына айқайлап жіберді де, ханзуды босата салды. Есесіне өзі жайлап бір жағына құлап кетіп бара жатты.
− Әке-е! Атам құлап бара жатыр! – деп мен шыр ете түстім. Әкем атамды құлатпай ұстап қалды. Жүрегін ұстаған күйі атам әзер түзелгенмен онша мазасы болмады. Қайран атам-ай, ханзулардың зорлық-зомбылығына шыдамай кетті ғой. Мұндай қорлыққа шыдау мүмкін де емес еді. Қанша айтқанмен атам сабырлы ғой. Алапат ашуын пышақпен кескендей тыю екінің бірінің қолынан келмейтін нәрсе ғой. Бірақ дәрісін ішіп, бүк түсіп жатып қалды. Биыл ораза ұстай алмай қала ма деп қорқып едік, жоқ, жоқ, біздің қарсылығымызға қарамай ұстады. Әрине, бұл біздің екі «туысымызға» ұнамады. Олар қарсылық ретінде көрші үйлердегі «туыстармен» бәрі қосылып арақ ішіп, дарылдап, айқайлап, қарқылдап күліп әбден мазамызды кетірді.
Тіптен зұлым «туыстар» ауылда ораза ұстап жүрген екі кісіні ұстап алып бір жаққа апарыпты. Сол жерде зорлап, қорқытып, үркітіп арақ ішкізіп, шошқаның майын жегізіпті. Енді біреулер көнбеген екен апарып қамап, істерін сотқа беріпті. Сұмдық-ай! Басқа ауылдарда да осындай жантүршігерлік оқиғалар болғаны дүңк-дүңк естіліп, елді үрейге бөледі. Қазақтар таңертең сәресіне тұрғанда да тамағын тығылып отырып ішеді екен.
Ханзулар осындай жабайы, хайуандық істермен шектелмеді. Яғни бұдан да гөрі батыл, кесімді әрекеттер жасап, біздің дінімізге деген шабуылын күшейте түсті. Олар енді терроризмді сылтауратып, намаз оқуға, ораза ұстауға тыйым сала бастады. Мәселен біздің ауылдың мешітін жапты. Имам мен атам бастаған адамдар қарсылық көрсетіп еді, имам байғұсты ұстап қамап, бір түнде жоқ қылды. Атамды да алып кетер еді, ол кісі тағы да жүрегі ауырып құлап қалыпты. Қазір төсек тартып жатыр. Есі кіресілі-шығасылы.
− Қарғыс атсын сендерді. Лағынет, лағынет сендерге! – деп қырылдай сөйлеп әлдекімдерді қарғап-сілеп көпке дейін басыла қоймады.
− Ата, ата, есіңізді жиыңызшы, − деп мен ол кісіге басу айттым. Иә, «бөтен туыстар» естіп қалмасыншы деп сыбырлап айтатынмын. Осындайда әжем марқұм болса ғой деп ойлап қоямын. Атам осы ойымды сезіп қойғандай:
− Әй, кемпір! Неге, неге келдің сен? Мені тастап кетіп едің ғой. Саған не керек? Ана зұлымдар мешітті құлатпақшы. Имамды қамап тастады. Енді мінеки, мен өлейін деп жатырмын. Бүйтіп өмір сүргенше өлгенім жақсы, өлгенім! – деп атам сандырақтай бастады. Сәл үнсіз жатты да тағы да сөйледі.
− Мені алып кетем дейсің бе? Қайда-а? Жо-жоқ, мен бармаймын. Мына лағынет жауғырлардан кек алуым керек! Кек! Бармаймын! Бармаймын! – Ол кісі осылай айқайлап алды да, өзінен-өзі ұшып тұрды.
− Қызым-ау, жаңа ғана әжең келіп еді. Қайда, қайда ол? – Атам жан-жағына алақтай қарап, сосын түсінгендей басын қос қолдап уыстай ұстап отырып қалды.
− Айналайын, қызым! Уақыт келген сияқты. Аллама қайтамын-ау, сірә. Әжең келді жаңа. Олар да біздің, тірілердің жағдайын бақылап отыратын сияқты. Сендерге айтар аманатым тағы да өтінемін: атажұртқа оралыңдар! Боқ дүние мына жалған дүниенің алданышы. «Отанды сүю – иманнан» демекші біздің нағыз отанымыз сол жақта. Ата-бабамның мекеніне бару менің арманым еді. Арманда кетіп барамын. Сендердің мына жағдайларыңды көріп іштей құса болдым. Ана ханзуларға кетіп бара жатқан кегім бар. Ең болмаса өткенде намысым тапталғанда жастығымды алып өлуім қажет еді. Әттең... әттең-ай, сендерді ойлап салымды суға кетірдім-ау. Қызым! Боташым! Басқалар атажұртқа жетпесе де сен жет! Менің сәлемімді, кеткен кегімізді, тартып алынған есемізді, көрген зорлық-зомбылығымызды атажұртқа сен жеткіз! Саған аманат! Аманат, көкем! – Мен төмен қарап отырғанмын. Шынымды айтсам атамның жылағанын көргім келмеген. Атамның тұншыға жылағанын естіп отырмын. Кенет үнсіз қалды. Жалт қарадым. Атам көздері алара құлап бара жатты.
− Ата-а! Ататай, не болды сізге? – деп айқайлап жіберіп, атамды сүйеуге ұмтылдым. Үлгермедім. Қатты құлады. Сол құлағаннан қайран атам қайта тұрған жоқ.
2 тамыз. Мешіттің қирауы және ханзудың қорлығы
Қытайларды мен бұрыннан да жеккөретінмін. Атам қайтыс болған соң ол жеккөрушілік сезімім одан сайын ұлғайды. Ханзулар біздің зықымызға тиіп, ашуландырудың, араңдатудың, құртудың небір айла-шарғыларын жасады. Олар қазақтарға қараптан-қарап отырып тиісетін. Қарсы сөз айтсаң бітті, желкелеп «түзету лагерлеріне» жібереді. Ондай оқиғалар соңғы кездері тым жиілеп кетті. Үрей үстіне үрей. Жау мен дау қайдан келеді деп зәре-құты қашқан жұрт. Түздегіні қойып, үйдегі айтқан өзара әңгімелер де ханзу құлағына жетіп, айдалып жатқандар да баршылық. Адамдар, ауылдастар бір-біріне сенбей күмәнмен қарайтын болды.
Айтпақшы кеше бұлардан да сорақы екі оқиға бүкіл елді елең еткізді. Ішкі Қытайдан арнаулы адамдар көше-көшеге, клубқа, мектепке келіп бақылау көздерін орната бастады. Енді ішкі тыншыларды қойып, күні-түні сені бақылайтын көздер, құлақтар орнатылды. Артық әңгіме айтуға қақың жоқ. Мұны «цифрландыру» деп атайды екен. Адамдарға енді аты-жөніңді қойып арнаулы сан береді. Сол сан арқылы сенің миың да, өзің де компьютермен бақыланасың. Яғни роботқа айналасың. Жүр десе жүресің, тұр десе тұрасың. Сенде еркіндік, ерік деген болмайды.
Екінші оқиға бұдан былай намаз, ораза ұстағандар «халық жауы» болып есептелінеді. Мешіт жойылады, имамдар қамалып, қайта тәрбие тезінен өтеді. Осы мәселе айтылғаннан кейін бірнеше күннен соң біздің мешітімізді әлдекімдер түнде бұзып, қиратып кетіпті. Мен де достарыммен бірге мешітке бардым. Халық жиналып қалыпты. Бірақ үнсіз тұр байғұстар. Сөйлесем артық бірдеңе айтып қоям ба деп қорқады.
− Масқара, кім бұзған мұны? – деп мен айқайлап жіберіп едім, адамдар маған жалт-жұлт қарасты. Олардың көздерінен мен жантүршігерлік үрейді көрдім.
− Немене қарайсыздар? Бұл Алланың үйі ғой. Кім қасиетті мешітімізді бұзуға дәті барды? Кім? Кім?! Оларды лағынет атсын! – Ештеңеден тайынбай айқайлап жіберген мені артымнан біреу қатты, ауырта түртті. Жалт қарасам ортаншы ағам екен.
− Өле алмай жүрсің бе, үндеме! – деді ол сыбырлай үн қатып. Мен ызадан ба, әлде қорлаудан ба, тұншыға өксіп-өксіп жылап жібердім. Менімен қосылып достарым да, адамдар да жылады. Дала күңіреніп кетті десем де болады.
Үнсіз үйді-үйімізге тарадық. Аулаға кіргенімде менің қарсы алдымнан шашын жып-жылмағай етіп тарап жүретін, мұрны таңқиған, біздің үйде жатқан ханзу жігітсымақ қарсы шықты.
− Сен өкіметімізге қарсы жаман сөз айттың. Енді біз сені тергеуге аламыз, − деді ол кекештене әрең қазақша сөйлеп. Көздері ежірейген ол мұны қатқыл айтты. Жүрегім дүрсілдеп қоя берді. Үндемей жанынан өте беріп едім:
− Түнде жаныңа барамын. Кешірім сұрап, менің айтқанымды орындасаң саған ештеңе болмайды, − деді ол маған бетін тақай сыбырлай сөйлеп. Аузы сасық екен. Құсқым келді. Қалт тұра қалып, оған ызалана тіл қаттым.
− Сіз мені кім деп отырсыз? Сіз үлкен ересек адамсыз. Ал мен бар болғаны он жетіге келдім. Екіншіден мен ешкімнің айтқанымен жүрмеймін. Әсіресе сіздей сасық ауызды адамдармен. – Осы жерде тілімді тістедім. Артық сөйледім-ау, сірә. Қап! Іле-шала өзіме ризашылық сезімі оянды. Осылай ашып айтпасам ол сасық неме дәмеленіп жүреді ғой...
Қатты ұйықтап кетіппін. Атамды, әжемді көрдім. Маған біртүрлі аяй қарайды. Бірақ үндемейді. Көздерінен моншақ-моншақ жас домалап түсіп жатыр, түсіп жатыр. Тырс-тырс тамған моншақ жастан алдымен қырау, одан көк мұз пайда болды. Ол мұз сұмдық-ай, біртін-бірге қалыңдай береді. Мұзға кірген аяғымды шығара алмай қатты қиналдым. «Ата, әже! Құтқаршы!» деймін жыламсырап. Кенет мұздан не көрдім десеңші! Әлгі аузы сасық қытай маған қарап тұр! Шошып кеттім... Оянып кеттім. Жанымда біреу тұр.
− Әрі жат, сұлу қыз! Уәде бойынша келдім. – Зорға сөйлеп тұрған манағы ханзу! Маған төне түскен! Аузынан арақ исі мүңкиді. Айқайлайын деп едім, оның жалпақ алақаны аузымды жапты. Бар күшімді жинап ырши көтерілдім де, тура кеңірдегінен ала түстім. Ыза, кек, қорлану ма, әйтеуір бойымда бір алапат күш пайда болып оны құлата, пұлата тұрып, кеңірдегін езгілей бастадым. Оның қырылдаған үні шыққан кезде ғана есімді жинап, кеңірдегінен қолымды алдым да, енді оңды-солды бетінен, басынан шапалақтап ұра бастадым.
− Жексұрын! Зұлым! Сасық! Шошқа! Ит! – Әр ұрған сайын бір мақұлықтың атын атаймын кеп! Менің ащы даусымнан бүкіл отбасымыз өре түрегелісіп, менің бөлмеме жапырлай кірісті.
− Не болды? Өлтірдің, өлтірдің ғой оны. Тоқтат! – деп әкелерім, ағаларым жалма-жан менің қолдарымды ұстап тоқтатты.
− Мына шошқа ханзу мені зорлағысы келді... – деп айтуға шамам келді де, жылап жібердім солқылдап.
− Не дейт?! Әй, бұлар бізді әбден басынды-ау! Өлтірем, өлтірем оны! – Қызба мінезді кіші әкем ызалана сөйлеп жұдырығын ала сұлқ жатқан ханзуға ұмтылып еді, қалғандары:
− Қой, қой! Онсыз да оны өлтіріп тастаған сияқты ғой. Бұл бәлені не істейміз енді? – деп олар оны ұстап, маған басу айтты. Олар саса бастаған сияқты көрінді.
− Өлсе өлірем қалсын! Етін иттерге тастайық, − деді кіші әкем ысылдай сөйлеп. Жеңгелерім, анам мені жан-жағымнан құшақтап, олар да қыстыға жылады. Сәлден соң мені жетектеп өзге бөлмеге алып кетті.
13 маусым. Тығырыққа тірелу
Ол зұлым өлмепті. Әкелерім бетіне су бүркіп тірілтіп алған. Тұра сала ол жан-жағына алақтай қарап бірден мені іздепті.
− Ана бүлікші қыз қайда? – депті бірден. Әкелерім ол есін жимастан бұрын менің бөлмемнен көтеріп оны өз төсегіне әспеттеп жатқызыпты. Әйелі Құлжа жаққа қыдырып кеткен екен. Содан соң өзара келісіп алғандай мені «Кеше көрші үйге кетіп қалған» депті аң-таң қалғансып.
− Қалай? Түнде ол бүлікші қыз мені теуіп құлатып, буындырып өлтіргісі келді. Міне, тамағым ауырып тұр, − деп ханзу дес бермепті.
− Сіз далада құлап жатыр екенсіз. Ит үріп болмаған соң далаға жүгіріп шықтық. Сірә, сізді ит тістеп алған болу керек. Бірнеше ит жүр екен жаныңызда, − деп әкем оның сөзін жоққа шығарғысы келіпті.
− Мен жынды емеспін! Арақ ішсем де есімді жақсы білемін. Қазір біз мұның шындығын білетін боламыз. – Ол жалма-жан киіп-жарып менің бөлмеме келеді. Залым ханзу менің төсегімнің астына әлдебір аппаратты жабыстырып қойыпты. Сол аппаратты апарып, компьютерге қосқанда түндегі біздің екеуара сөздеріміз ап-анық естіліпті.
− Біз мұны білмедік. Сізді далада жатқан жеріңізден таптық, − деп әкем міңгірлеп сасып қалған.
− Табыңдар оны! Мен ол бүлікші қызды қаматамын! Білдіңдер ме, мені алдағандарың үшін сендерді де құртамын! Менімен ойнаған екенсіңдер! – Ханзу өктемсіп, зіркілдеп айқайлап әкемдердің зәресін ұшырады. Олар оған жалынып-жалпайып, қолынан сүйіп, аяғын алақандарымен сыйпалап өздерін жазаламауын өтінеді. Ең соңында өзінше көнгенсіп ханзу өз талабын қояды.
− Сен қызыңды маған бересің. Әйелдікке аламын. Осылай жасасаңдар мен бәрін ұмытамын. – Әкем абдырап:
− Сенің әйелің бар ғой. Менің қызым әлі кәмелетке толған жоқ бір жағынан. Екі-үш жыл күте тұрайық. – дейді мені құтқаратын сылтаулар іздеп.
− Ол менің әйелім емес. Әншейін жүрген біреу. Сенің қызың маған ұнайды. Менің зерттеуімше оның жігіті бар. Сондықтан кәмелет, пәмелетке қарамаймын. Өзің шеш! Қызың я түрмеге кетеді немесе маған тиіп бақытты өмір сүреді. Әңгіме бітті! Саған екі сағат уақыт беремін! – Бұйыра сөйлеген ханзу бөлмесіне кетіпті.
Әке-шешем мені шақырып алып, жылап отырып барлық мән-жайды баян етті.
− Сені де, бізді де ханзу аямайды. Байғұс қызым-ай, тағдырың енді не болар екен сенің? Былай жасасаң арба сынады, олай жасасаң өгіз өледі. Я Аллам, өзің құтқара гөр! Біз құрыдық. Атам айтқанда неге көшпедік екен? Сіз, сіз кінәлісіз! Дүниебоқ сіздің басыңызды айналдырып, енді мінеки алтындай қызымызды қор қылайын деп отырмыз. Ойбай-ай, ойбай! – Анамның даусы жоқтау айтқандай өте зарлы еді. Айнала отырғандардың барлығының сай-сүйегін сырқыратты. Жылаған, өксіген үн үйді кернеп, біразға дейін басылмады.
Менің де ішім алай-дүлей. Анамның айтқаны дұрыс. Өзімді ойласам онда өлсем де ханзуға тимес едім. Жиіркенемін! Жиіркенемін іші де, сырты да сасық хайуаннан! Не істеймін, қандай амал жасаймын?! Тәңірім! Секундтар баяу өтіп жатты. Ал мен бір шешім қабылдауым керек. Қандай шешім? Бәрі, бәрі менің әкелерім, аналарым барлығы маған қарап тұр. Бүкіл әлем алдында жалғызбын. Ешкім, ешкім көмектесе алмайды. Ол хайуан мені сыртымнан бағып, сілекейі шұбырып аңдысын аңдып жүр екен-ау. Қалай ғана байқамағанмын. Қалай құтыламын бұл сұржыланнан?! Кенет ойыма бір ой сап ете қалды да, соның жетегінде кетуге іштей байлам жасап үлгердім.
− Шақырыңыздар, ана зұлымды! – деп шаңқ ете түстім. Бұл зәрлі даусым балалар түгілі ересектерді де селк еткізді.
Әне, ол хайуан өтірік ыржиып келеді. Бір қолын қалтасына салып, екінші қолында темекісі, талтайып тұра қалды. Ішім ызаға толып, жүрегім кектен, ашудан тілкем-тілкем болса да сабыр сақтадым.
− Әй, ханзу! Мен сенің айтқаныңа көндім. Дегенмен ойлануға бір күн бер. Ертең дәп осы уақытта нақты шешімімді айтамын. – Сөзім нық-нық шықты. Сірә, сенбеді-ау, залым неме. Маған көзін сықситып қадала қарады. Қанша білдірмесем де оның көз сұғы ішімдегі ойымды біліп қойғандай күйде болдым. Темекісін ерніне қыстырып, түтінін ішіне тартты да, содан соң «уф-ф!» деп аузынан, танауынан бұрқ-бұрқ еткізіп сыртқа шығарды. Не деген надандық! Не деген басынушылық! Іштей қанша ширықсам да өзімді-өзім зорлықпен бастым.
− Жәр-рәйді! Бердім бір күн! Есіңде болсын, сұлуым, одан әрі бір секунд та қоспаймын. Егер айла жасасаң, ескертіп қоямын, аямаймын! Аяушылық болмайды сонан соң. Ха-ха-ха! – Өтірік күлкісі қандай жаман еді, залымның!
15 маусым. Қашқындар
Мен бәрібір іштей ойымнан қайтпадым. Сонда ол не еді дейсіз ғой. Ханзу дұрыс айтты. Менің сүйген жігітім бар болатын. Неде болса да сол жігітіммен бірге шекарадан өтуге немесе бірге өлуге серттескім келді. «Денемді шал сипаған құрт жесін» деп ақын жырлағандай сасық ханзуға денемді сипатқанша өзімше әрекет жасап, зор іске бекініп, тәуекелге бел будым. Сонда ғана менің әулетім, отбасым зиян шекпейді деп ойладым.
Жігітім (қауіпсіздікке байланысты ешкімнің атын атап, түсін түстемеуге күнделік-хаттың басында келіскенбіз. Оны ұмытпаған боларсыздар) менің бұл ойыма, ұсынысыма бірден келісті. Жолға жедел жинала бастадық. Арқаға асып алатын қоржынға киімді де, тамақты да, тіптен білте шамды да, әйтеуір керек-жарақтың бәрін салып алуға тырыстық. Түнде жұрт ұйықтады-ау дегенде екеуміз қол ұстасып, тауды бет ала жүгіре жөнелдік. Үлкен атажұртымыз сол таудың аржағында еді. Я өлім, я өмір! Мені бірден қолдаған жігітіме мың да бір рахмет. Біз таң ата үңгірге келіп паналадық. Балалық шақта бұл үңгірге экскурсияға келгенбіз. Ойымыз күндіз осы үңгірде болып, түнде шекараға қарай жол тарту. Жігітім айтты:
− Бұрын біздің аталарымыз арғы бетке барып келетін жол бар екен. Соны атам бір рет аңға барғанда көрсеткен. Мен сен үшін жаным, өлуге бармын. Нартәуекел етеміз. Бәлкім жолымыз болар.
− Мен де сені сүйемін. Саған рахмет. Сен көнбесең де жолға далбасалап шыға берем деп ойлағанмын. Бұл біз үшін, халқымыз үшін Аллатағаланың зор сынағы. Мен сендікпін, баһадүрім! Менің бойымдағы асылымды зұлым, сасық ханзу көргенше сен көр. Бұл менің бар шындығым. Аллам бізді кешірсін! Некеге тұрмай жақындасуға болмайтынын жақсы білемін. Сен де кешір, менің бұл айтқанымды. Енді біз кездесеміз бе, кездеспейміз бе, оны бір Алла ғана біледі, − деп жылап жібердім. Ол маған басу айтып бетімнен, ернімнен сүйді. Үңгір іші қорқынышты болғанмен құрғақ екен. Даладан шөп әкеліп қалың етіп төседік. Тамағымызды іштік. Қос қоржын жастығымыз болды. Құшақтасып жаттық. Алғашқыда пәк те таза денелеріміз дір-дір етіп тоқ соққандай күйге ұшырады. Ернімізге ерніміз, денемізге денеміз тиген соң ыстық сезімге берілдік. Бірақ ыстық қанымыз тасып, талықсып кеткен кезімізде жан шошырлық бір дауыс шықты. Мен кейін ол мақұлықтың не екенін қанша ойласам да анықтай алмадым. Сірә, Аллам ондай күнәға батқанымызды қаламады-ау деймін.
Енді осы кездері ауылда не болды дейсіз ғой. Әкем, шешем таңертең менің орнымды сипап қалғаны түсінікті. Ханзу бірдеңе жасады ма деп соның бөлмесіне жүгіріп барады. Оның қалың ұйқыда жатқанын көріп одан сайын шошиды. Көршілерге барады. Зым-зия жоқпын. Ханзу залым дәл уақытында келіп, қалындығын сұрайды. Менің жоқ екенімді білгенде тас-талқан болып ашуланады.
− Білгенмін мен бүлікші қыздың солай істейтінін. Сендер жасырып отырсыңдар. Табыңдар! Таппасаңдар бала-шағаңмен түгел қаматамын! Бәріңді өлтіремін! – Ханзу аузына не келсе соны оттайды. Содан соң өз тілінде әлдебір жаққа қоңырау шалды. Көп ұзамай бір машина әскери адамдар жетіп келеді. Олар дереу үй-үйді аралап, ауылдың астан-кестенін шығарады. Жоқ! Еш жерде жоқ! Бір тыңшы түнде қыз бен жігіттің тауға кетіп бара жатқанын көріп қалғанын айтады.
− Олар шекарадан асып кетпекші. Сатқындар! Дереу сол жаққа аттаныңдар! – деп әскерге, жандармдарға айқайлайды ханзу. Қосымша күш шақырады. Қолындағы ұзын таяғымен әкемді сабай бастайды.
− Сен, сен жібердің. Нағыз сатқын сенсің! Мен сені бала-шағаңмен жоқ етемін! – деп барқылдай айқайлап, әке-шешемді сабап қана қоймай зәре-құтын қашырып қорқытады. Ханзудың бұл зорлық-зомбылығына ешкім араша түсе алмайды...
***
Үңгір ішінде екеуден екеу отырғанда жан дүниеңді небір қорқынышты ойлар мазалап, дегбірім қашты. Мен үшін жанын пида еткен жігітім үшін мен де өлуге бармын.
− Қорықпа, жаным, біз әлі бәрін де жеңіп шығамыз, − дейді ол маған күш-қуат бере сөйлеп.
− Өзім үшін ештеңеден қорықпаймын. Сен үшін, әке-шешем үшін қорқамын. Оларды қазір ана зұлым ханзу не істеп жатыр екен? – Көзіме жас тығылды. Асау өзеннің ағын суымен еріксіз әлдебір жаққа ағып кетіп бара жатқандаймыз бейне. Жағаға шыға алмаймыз. Онда адамжегіш төбеттер тұр аңдып. Мына жағаға да шығуға мүмкіндігіміз бар ма, жоқ па, білмейміз. Таң атсын. Бәлкім тау асып атажұртқа жетерміз. Мына ағын су бізді қайда әкетіп барады?
− Сұлуым! Ойланып кетіпсің ғой. Жыламашы. Сен жыласаң менің ішім қан жылайды. Шіркін, мен сені қорғай алсам ғой. Не деген дәрменсіздік! Олар да зор қара күш бар. Бірақ мен олардан қорықпаймын. Есіңде ме, Еңлік-Кебектің тағдыры? Зар заманның зорлық-зомбылығынан қосыла алмай арманда кетіп еді ғой олар. Мен де сенімен бірге бір молада жатсам арманым жоқ. Бұл жалған дүние. Алла жазса о дүниеде жолығамыз ғой деген сенімім бар. Көңіліме дәт сол ғана.
Жігітім бәріне бекініп алыпты. Оның сенімді үні маған да күш берді.
− Түндегі аймаласқан сәттерімнен ұялып отырмын. Есімде, есімде қос ғашық үңгірден пана таппап еді. Біз де пана табуымыз неғайбыл-ау. Ендігі қорғанымыз бір Алла. Панамыз өзіңіз айтқандай Жер-Ана құшағы болмаса не қылсын! – Бұл жолы әрбір сөзімді нық-нық айттым. Біз осылай бекіндік. Таң ата жолға қайтадан шығуға тас-түйін дайын едік.
− Мынаң қара, сұлуым! Садақ, кәдімгі садақ. Тіптен жебелері де бар. Әнеу қуыстан таптым. Енді қорқатын ештеңе жоқ. Қаруымыз бар, − деген жігітімнің жарқын даусы шықты. Мен де садақты көріп, жымиып күлдім. Осы сәтте адамдардың сөйлегені естілгендей болды.
− Келді аналар! – деп даусым дірілдеп елең еттім.
− Иә, иә, бізді тапқан сияқты. Әй, әттеген-ай, үлгермедік-ау. – Жігітім өкіне тіл қатты. Содан соң ол менің жаныма келіп маған үздіге қарады.
− Кел, сұлуым, бұл бәлкім соңғы қауышқанымыз шығар. Мен сені қорғай алмадым. Кешір! – деп мені құшағына тартты.
− Сен де мені кешір. Өлімге сені әкелгенім үшін. Кешір!
− Тағдыр, тағдыр ғой. Ұмытпа сен мені! Егер тірі қалсам мен де ұмытпаймын, ақ махаббатым! Қош-ш...
− Қош... – Адамдардың аяқ дыбысы жақындап келіп қалды. Жігітім садағын алды. Көп ұзамай ханзудың жиіркенішті тарғыл даусы шықты.
− Шығыңдар, сатқындар! Қарсыласпаңдар, әйтпесе өлесіңдер! – деп тауды басына көтерді.
− Кел! Жақындап көр! Өздерің өлесіңдер! – деп жігітім батырларша үн қатып, адырнасын құлаштай тартып алғашқы жебесін жіберді. Біреудің «ах!» деген даусы шықты.
− Дәл тиді. − Жігітім мәз болды. – Мә, тағы да!
Сырттан мылтықтың, автоматтың тарсылдаған үндері естіліп, үңгірдің аузындағы тас жарықшақтары ұша бастады.
− Абайла, жаным! – деп мен шырылдадым. Менің қолымда да таяқ. Келесі жебесін салып көздеп атам дегенше жігітіме оқ тиді білем, «а-һ-а!» деп айқайлап бүгіле берді. Жауған оққа қарамай жүгіріп оның жанына бардым. Оқ тура кеудесіне тиіпті.
− Зұлымдар! Оңбағандар! – деп айқайлап жібердім. Жігітім маған қарай сылқ етіп құлады. Соңғы рет маған қарап:
− Қош... Қош... – деді күбірлеп. Еңіреп жылап жібердім. Осы кезде қытайдың әскерлері де баса-көктеп үңгірге кірді. Бірден екі тегеурінді әскер мені қапсыра ұстады, енді біреуі қолыма кісен салды. Тағы біреулері менің жігітімді ақысы кеткендей онсыз да қансырап жатса да, пистолетпен атып-атып жіберді.
− Атпа, оңбағандар! – деп мен шыңғырып оған тап беріп едім, бетіме, басыма тиген ауыр соққылардан есеңгіреп кеттім...
16 маусым. Ит-құсқа жем болған өлік
Есімді жиған соң қауіпті қылмыскер тәрізді мені оншақты әскер, полиция жан-жағымнан қоршап, жабық машинаға әкеп отырғызды. Есімді жиған соң қауіпті қылмыскер тәрізді мені оншақты әскер, полиция жан-жағымнан қоршап, жабық машинаға әкеп отырғызды. Неге екені белгісіз манағы қорқынышым сап басылыпты. Бірақ ішім қазандай қайнап, жанымды қоярға жер таппай үңгірде қан-қан болып қалған, мен үшін жанын пида еткен аяулымды аядым.
− Ақымақ қыз екенсің. Менің айтқаныммен жүргеніңде үлде мен бүлдеге бөленер едің. Енді түрмеде шірисің. Кім көрінген сені қорлайды, зорлайды. Әне, қарап жүрмей ана жігіттің обалына қалдың, жынды қыз! – деп ханзу жақ жаппай сөйлеп жүйкеме тиді.
− Ағатай, − дедім мен. – Ол жігіттің мүрдесін алып шығайықшы. Айдалада қалдырмаңызшы! Өтінемін! Ит-құсқа жем болады ғой.
Менің өтінішімді ол құлағына да ілген жоқ.
− Ол оңбағанды мен ертерек өлтіріп, ит-құс жемек түгілі оны өртеп, күлін шашып жібергенім дұрыс болар еді. Сен қыз тыныш отыр! Енді сенде болашақ жоқ. Сені құтқаруға енді менің де шамам жоқ. Бітті! Бәрі бітті!
Ханзу жынданып осылай айқайлап жібергенде міз бақпас әскери адамдардың өздері де селт-селт етісіп, оған үдеріле қарады. Мен ғана оның бұл дүлей мінезіне мән бермедім. Бірақ оның неге осыншама күйгелектенгеніне таң қалдым.
***
Қолым, аяғым кісендеулі мен машинадан түскенімде көргенім алқа-қотан тұрған халық. Ауылдастарымды клуб алдында жинапты. Жүрегім қан жылап келген мен мына көріністі көріп, одан сайын өмірден түңіліп кеттім. Көп ішінен мұғалімдерімді де, кластастарымды да, ата-анамды да көрдім. Қас қағым сәтте менің бағамдағаным ханзулар мені көпшілік алдында масқара етпек екенін бірден түсіндім. Түсіндім де аяулымды ойлап мүжіліп бара жатқан көңілімді жинап алдым да, дереу басымды тік көтеріп алдым. Үлкен мінбер, тапшан жасап қойыпты. Мені сол тапшанға шығарды. Айнала тып-тыныш. Адамдардың, ауылдастарымның көздері маған қадалған. Ол көздерде маған деген аяушылық та, мұң да, тілектестік те бар. Анамның жылағанын естідім.
− Қызым-ай, қызым-ай, не істедің сен, жаным-ау?! – деп маған қос қолын созып зарлағанда бүкіл ауыл күңіреніп кетті.
− Тоқтат! Малғұндар! Кім сендерге рұқсат берді жолауға?! Кім, кім? Енді үндеріңді шығарсаңдар шеттеріңнен соттатам! – деп ханзу шәңк-шәңк ете сөйлеп. Содан кейін жөткірініп қайтадан сөзін сабақтады.
− Мына қыз, − деп ол маған оқты көзімен бір қарап алып. – Бұл сатқын! Отанын сатып, шекарадан өтуге әрекет жасады. Қытай коммунистік партиясының қаһарман әскерлері ондайға жол бермейді. Қытай коммунистік партиясы сендерге барлық жағдайды жасады. Ал сендер сол тойғандарыңды көтере алмай жүрсіңдер. Мына қызбен бірге тағы бір сатқын жігітті ұстап, сол жерде жазаладық. Ондай сатқындардың мүрдесін біз қасиетті топырағымызға көмбейміз. Көп шыбын үймелеп, ит-құс жесін! Оны көмуге рұқсат бермеймін. Егер кімде-кім барып көмсе қатаң жазаланады. Мына сатқын қызға көмектескендер ретінде оның әке-шешесін де қамаймыз. Дереу оларды осында әкеліңдер!
− Тимеңдер, тимеңдер, әке-шешеме! – деп мен қалай айқайлап жібергенімді байқамай қалыппын. – Олар кінәлі емес! Мен өзім кінәлімін. Мені соттаңдар, мен кінәлімін! Өзім қаштым. Өз арымды, намысымды сендей зұлымдардан қорғағым келді. Мені өлтір! Мені ат! Тиіспе, тиіспе оларға!
Әскерилер де, ханзу да бұл сөзімді шыбын шаққандай көрмеді. Әп-сәтте байғұс әке-шешемді дедектете айдап менің жаныма жеткізді.
− Айналайын, қызым! – деп ата-анам мені бас салып құшақтайын деп еді, қаскөйлер оларды кеуделерінен итеріп, итеріп жіберді.
− Біздің партия әлемдегі ең әділ партия. Біздің заңымыз ең әділ заң, − деп ханзу саңқылдай сөйледі. Содан соң сөзін қайта жалғады.
− Иә, осы заңда айтылғандай отбасыда бір адам қылмыскер ме, олардың бәрі де сол үшін жауап береді, сол үшін жазаланады. Мұны сендер менен де жақсы білесіңдер. Заңның аты заң. Оған бағынсаң да бағынасың, бағынбасаң да бағынасың. Ал бағынбаған мына сияқты сатқын қыз тек өзіне ғана емес, отбасына да зиян тигізіп отыр. Анау өлігі далада қалған сатқын азаматтың әке-шешесін де қамаймыз. Оларды да мұнда әкеліңдер!
Мынадай масқараны көргенше өлгенім артық еді. Құлағым шыңылдап, жүрегім тарсылдай соғып кеткен мен мына дүйім жұрттың алдында ұяттан қай жерге тығыларымды білмей қатты назаландым. Бәріне мен, мен кінәлімін! Енді қалай ғана оларды арашалаймын? Қаншама адам менің кесірімнен қамалмақшы.
− Біздің сот өте әділ сот. Бұлардың бәрі кінәларына қарай жазасын алады. Мемлекетіміз де ең әділ мемлекет. Енді олардың балаларын да далаға тастамаймыз. Еліміздің астанасы Бейжіңнің өзіне әкетіп, ол жерде оқытамыз, тәрбиелейміз. Олар ең бақытты балаларға айналады. – Ханзудың мына сөздерінің әрқайсысы менің жүрегіме инедей қадалып жатты. Ата-аналарым бұл сөздерді естіп жылап жіберісті.
− Бізді отқа жағасың ба, жақ, атасың ба, ат, өзің біл, балаларымызға тиіспеші. Мұнда олар жетімдік көрмейді. Ешжаққа алып кетпеші, құлдығың болайын, аяғыңа жалынайын! – деп менің әкем жалма-жан тізерлеп ханзудың алдына барып басын иді. Менің анам да, қалғандары да әкемнің істегенін істеп, ұлардай шулап ханзуға жалынып жатты.
− Әке! – дедім аяқ астынан қатты айқайлап. – Оған жалынбаңдар! Оның жүрегі тастан жасалған. Оларда адамгершілік те, иман да жоқ. Олардың құдайлары коммунистік партия!
Менің сөзім ханзуға жақпаған болу керек, әскерилерге қытайшалап бірдеңе деп еді, менің жанымдағы бір полицей көзімнің отын жарқ еткізе дүлей соққы жасады. Одан арғысы менің есімде жоқ...
18 маусым. Түрмеде
Есімді жиғанда жабық машинада келе жатыр екенмін. Ұшып тұрғым келіп еді, басым қатты ауырып кетті. Әрине, алғашқыда қайда келе жатқанымды аңғарған жоқпын. Қолымды, аяғымды қозғағым келіп еді, кісендеулі екен. Жанымда екі полицей отыр. Менің есімді жиғанымды көріп, бойларын тіктеп, маған сақтана қарағанын қаракөлеңке болса да аңғардым. Мендей ештеңеге шамасы келмейтін қолы, аяғы кісендеулі әлсіз, әлжуаз қыздан ханзулар неге қорықты екен соншама?
− Әкем, шешем қайда? – деп қазақша сұрап едім, олар маған одырая қарады да үндемеді. Мектепте оқыған, үйренген қытай тілінде жаңағы сұрауымды қайталадым. Тілдерін жұтып қойғандай. Бәрібір үндемеді. Ханзу оңбаған қайда жүр екен? Мені қайда апарады? Соттайтын шығар. Соттаса соттасын! Мен осы сәтте өз-өзіме таңдандым. Ішкі дүниемде бұғып жатқан ба, әйтеуір, соңғы күндері менде бір қайсар мінез пайда болды. Бұл жақсы ма, жаман ба білмеймін. Қайбір жақсы дейсің. Қытайлар қарсы келген адамды жек көретінін естігенмін.
«Аллам, Аллам, маған көмектесе гөрші, өзіңнен басқа қамқоршым жоқ. Маған қайрат, жігер бер! Мені далаға тастамашы. Құтқаршы мына құдайсыз шошқалардан! Жанымды алсаң тезірек алшы...» деп күбірледім. Иә, мен қатты жалғызсырадым. Үңгірдегі жігітіммен болған тәтті шақтарым есіме түсті. Оның тау-тастың арасында қалғаны тағы да жанымды күйзелтті. Жылағым келді, жылай алмадым. Кімге жылаймын, кімге мұңымды шағамын? Мына отырған тасжүректер ме, тыңдайтын? Бәрінен күдер үзіп, іштей бәріне шыдауға бекіндім...
Қалың бұлт тәрізді ойдан қажыдым ба, әлде бүгінгі оқиғалар әбден сілікпемді шығарды ма, әйтеуір қалғып кетіппін. Қытайша әлдекім сырттан айқайлап, сыртқы есікті аша бастағанда селт ете оянып кеттім. Үйде, жайлы төсекте ұйықтап жатқан сияқты едім. Мәңгіріп қайда отырғанымды білмей, сезбей қалыппын. Қолымдағы кісен қайда келе жатқанымды еске түсірді.
Есік сарт-сұрт етіп ашылғанда аржағынан сүреңсіз үйді, әйел полицейлерді көрдім. Ол жақтан команда берілді-ау шамасы, мені екі сақшы әйел екі жағымнан жұлқи ұстап еріксіз түргелтті. Аяқ-қолым кісендеулі-тұсаулы аттай зорға жүрдім. Еңгезердей екі сақшы менің қолтығымнан ұстап жерге дік еткізе түсірді. Жүрегімде қобалжу пайда болды. Қорқыныш та, үрей де жоқ емес. Бар болғаны он жеті жастағы әлсіз, әлжуаз қызбын ғой мен байғұс. Жүрегім атқақтай соғып кеудеме симай бара жатты. Ішімнен Аллама сыйындым. Енді қайтейін? Мені іздейтін әке-шешемді де түрмеге алып кеткен шығар.
Кібіртіктеп әрең жүріп келе жатқан мені артымнан біреу түйіп жіберді.
− Жүр, тез! – деді ол дөрекі түрде қытайшылап. Соққысынан дем ала алмай қалдым. Тез жүруге тырыссам да кісен жібермеді. Алдымда бір сақшы, артымда екіншісі тор-тор есікке кіріп бара жаттым. Түрме дегенді көрмек түгілі ол туралы сирек еститінмін. Ол сөзді естігенде денем дір ете қалатын. Қандай суық сөз! Енді мінеки қылмыскер атанып түрмеге кіріп келе жатырмын. Өмірімде «Түрмеге түсем» деп ойлаппын ба, құдайым-ау! Әке-шешемнің қамқорлығының арқасында бұлаңдап өстім ғой. Көмескі жарықты ұзын, тар дәлізге келгенде шыңғырған, жылаған дауыстарды естідім. Қиналғанда шығатын ащы дауыс. Жүрегім дір етті. Қатты шошыдым. Қол-аяғым дірілдеді. Түрме ішіндегі иіс те сасық екен. Қолқамды атты. Тұншыққандай күй кештім. Қабырғаларда есік көп. Темір есіктердің бәрінде кішкентай тесіктер бар. Олар сыныптарға бөлінген. Сақшы қыздар әрі-бері сенделіп жүр. Біздерді дембелше денелі әйел қарсы алды. Маған сынай қарап сәл тұрды да қытайша:
− 14 сыныпқа апарыңдар! – деді дөрекі сөйлеп. Сәл алға жүрген соң қолында бір топ кілті бар сақшы кездесті де, бір есікті ашты. Аржағы да көмескі жарық. Сақшылар мені итеріп кіргізді. Көзім үйрене алмай сәл тұрдым. Мұнда да өте сасық иіс бұрқ ете түсті. Тағы да тұншықтым. Тор-торға бөлінген аядай бөлмеде екі қатарлы төсек. Әрқайсысында бір-бір әйел жатыр. Құдды аңдар секілді. Олар мені келді-ау деп мән бермегендей бейне. Көздерінде от жоқ. Шаштары алынған бастар тұқырайып өте қорқынышты көрінеді. Киімдері де біркелкі. Қатар-қатар орналасқан жоғары төсекке әкеліп, мені итеріп жіберді.
− Мен бұл жерге қалай жатамын? Сасық қой, − дедім шыдамай. Түсінді ме, әлде түсінбеді ме білмеймін, сақшы әйел үндемеді.
− Тек оң жамбасыңмен жатасың. Ешкіммен сөйлеспейсің. Сөйлессең жазаланасың! – деді сақшы әйел әзер қазақша сөйлеп.
Бөлме салқын екен. Темір төсекте бір тәтей жатты. Маған қадала қарады, сұқ саусағымен ернін басты, басын шайқады. Кірпік қақпайды. Қара көздерінде маған деген аяныш және мұң бар. Тура жүрегімді тесіп жібергендей болды. Өзі үндемесе де тәтейдің көздері бейне сөйлеп жатқандай көрінді. «Жас-жас өрімдей қыз екенсің. Сені не үшін әкелді? Не кінәң бар? Бұл жер тар қапас қой. Міне, көрдің бе, біздің орнымызды. Тек сіңілім, артық сөз сөйлеме!» деп тұрғандай еді. «Құдайым-ау», − дедім іштей. «Мүлдем жат жерде, өңім түгілі түсімде көрмейтің мынау тар қапаста, тас түрмеде не үшін жатырмын? Бұл қарғыс атқан жерден енді шыға алам ба? Әлде осы жерден өлігім шыға ма?» Мына ой менің ішкі жан дүниемді мұз қарығандай етті. Бірақ бұл ойға өзімше мойынсұнғандаймын. Я өлім, я өмір! Өмір сүру үшін күресу керек қой. Қалай күресемін? Мынау қара дүлейде қарау күшпен күресудің мүмкіндігі бар ма өзі? Мен олар үшін құмырсқамен парапар емеспін бе? Анау сасық етіктерімен мыжып тастай салатыны сөзсіз. Иә, иә, солай. Енді не істей аламын? Жамбасымнан сыз өтсе де, қаншама сауалдар қаумаласа да неше күнгі шаршау, шалдығу мені қалың ұйқыға алып ұрды...
28 маусым. Көз жасыңды көрсетпе!
Күн шуағын молынан шашып тұр. Алтай таулары алыстан мен мұндалайды. Біздің ауылдың сыртындағы жотаның биігінде айналадағы сұлулыққа, көріністерге қызыға қараймын. Үстімде әппақ көйлегім. Самал жел соғып көйлегімнің етегімен ойнайды. Жап-жасыл әлем. Көздің жауын алған әсем гүлдер маған қызыға қарайтындай. Әне-еу етекте үйлері тарыдай шашырап менің ауылым жатыр манаурап. Жыланша ирелеңдеген өзен де көзді арбап мың құбылады. Кенет менің атымды атаған таныс дауыс жүрегімді лүп еткізді. Артыма жалт қарадым. Қос атты жетектеген жігітімді көрдім. Маған асығып келеді. Бір қолында шоқ гүлдер. Ол аттарын тастай сала маған қарай жүгірді. Мен де жүгірдім. Жете алмай аяқтарым әлденеге шалынысып омақаса құладым...
− Әй, қыз, тұр! – деген өктем дауыс бәрін де быт-шыт етті. Көзімді ашсам... Көңілім құлазып сала берді. Түсім екен ғой, түсім. Таяғымен аяғымды түртіп темір тордың аржағынан сақшы әйел маған безірейе қарайды. Басымды көтердім.
− Шық бері! – Шашылған ұзын шашымды жинай алмай, бір жағынан ұйқы басып бір сәт кідіріп едім:
− Шық дедім ғой мен саған! – деген зәрлі дауыс қайта шықты. Дел-сал денемді аяқтарым әзер көтеріп, ашылған есікке қарай жүрдім. Осы сәтте жон арқамнан тиген соққы ұйқымды шайдай ашты. Арқам удай ашыды. Іштей қатты ызаланып, налыдым. Көзімнен жас бұрқ ете түсті. Ауырған арқамнан оқыс итеріп:
− Жүр манаурамай! – деді сақшы. Құлап қала жаздап әзер түзелдім. Аядай бөлмеде оншақты адам жатқанын аңғардым. Сасық ауаға тұншыға жаздап әзер келемін. Қайда апарады мені? Кісендеулі аяқтарымды әзер көтеріп, ілби басамын. Ал сақшы әйел: «Тез жүр!» деп дігерлейді. Әзер дегенде тоқтап, бір есіктен ішке ендік. Іші шаштараз сияқты. Дәу, толық әйел қарсы алды.
− Мынаның шашын ал! – деп сақшы әйел тағы да зірк еткенде, жанымда аяныш сезімі пайда болды. Ұзын бұрымыма, мойылдай қара шашыма жұрт қызығатын. Енді мінеки... қолқама өксік тірелді.
− Мынадай сұлу қыздың шашын алудың өзі обал ғой, − деді дәу әйел маған таңырқай, аянышпен қарап.
− Апа, сіз қазақсыз ба? – дедім мен түрмеге келгелі бері алғаш рет тіл қатып. Тас түрмедегі қатал тәртіп кешеден бері есімді алған мен байғұс апаның мейірімді даусына үгітіліп кеттім білем. Шашымның алынатынына, осынша қорлық көрсетілгеніне шыдамай кеттім-ау, жылап жібердім.
− Жылама, жылама, қызым! Бұл жер ондай босаңдықты көтермейді. Көз жасыңды қанша төксең де, төкпесең де ешкім жаны ашымайды. Күшті бол! – Апа осылай деп еді, сақшы әйел барқ ете қалды.
− Сөйлеспе! – деп таяғымен апаның жон арқасынан бір соқты.
− Кешірім өтінемін, − деп дәу апаның өзі қолын кеудесіне салып, қайшысын қолына алды.
− Отыра ғой мына жерге, − деп орындықты нұсқады. Менің қап-қара шаштарымды ол әп-сәтте кескілеп тастады. Содан соң мәшінкемен жұқартты. Айнаға қарап едім өзімді танымай қалдым. Басы тоқырайған мүсәпір қыз маған қарап тұр! Қандай аянышты!
Тағы да орныма әкелді. Жолай тез жүрмегенім үшін таяқ та жедім. Сәлден соң салдыр-салдұр еткізіп екі әйел үлкен ыдыс әкелді. Тамақ екен. Сұйық тамақты табақтарға сарылдатып құя бастады.
− Көсеміміз Шия Жипинді мадақтаңдар. Жаңа келгендер тыңдасын. Мына сөзді хормен айтасыңдар. «Шиа Жипин мың жасасын! Шиа Жипинге мықты денсаулық тілейміз!» Кәнеки, бастаңдар! – Сақшы әйелдің бұйрығынан кейін камерадағы әйелдер осы сөздерді айта бастады.
− Шиа Жипин мың жасасын! Шиа Жипинге мықты денсаулық тілейміз!
− Тоқта! Әй, қыз, сен дұрыс айтпадың. Қайтадан қайталаңдар!
Бұл жолы бір дауыста хормен шықты.
− Қайтадан! Қайтадан! Бар дауыстарыңмен!
Осындай әмірлі дауыстан соң қайта-қайта айттық. Бір тілім қара нан мен сұйық күріш көже маған да бұйырды. Тұзы жоқ. Әзер іштім. Тамақ ішіп болған соң мені арнайы киіммен киіндірді. Қызыл киім кидім. Кейін білгенім бұл түсті киім жазасы ең ауыр қылмыскерге кигізеді екен. Олар намаз оқитындар. Сары киім орташа, көк киім «жеңіл» қылмыскерлер. Сотта мен ауыр жазаға іліктім. Содан соң үлкен залға жинап, Қытай коммунистік партиясын мадақтап ән айтқызды, әнұранды қайта-қайта шырқадық. Алғашқыда айта алмаған мен соққы жедім. Іле-шала қытай тілін үйрете бастады. Мектепте оқыған соң ба, маған қиынға соқпады. Түскі тамақтың алдында Шиа Жипинді мадақтап, зор денсаулық тіледік. Түс ауа саяси оқу басталды. Қайтадан әнұран айтып, Қытай коммунистік партиясын мадақтадық. Кешкі тамақтан соң түн ортасында мені сақшы әйел шырт ұйқыда жатқанымда оятып алды.
30 маусым. «Қара бөлмедегі» аждаһа әйел
− Тұр-р! – Осы бір жағымсыз бұйрық сөзді еміс-еміс естігендей болдым. Иығымнан тиген қатты соққыдан шошып әрі ыршып түстім.
− Мен саған тұр дедім ғой, оңбаған! Тұр, тез! – Жалма-жан ұшып тұрдым.
− Алдыма түс! – Момақан күйде кісенім сылдырлап томпаңдап қаһарлы сақшының алдына түстім. Мұнда сәл қарсылық жасасаң таяқ жейді екенсің. Бір күннің ішінде мен соны ұқтым.
Бұл жолы мені төменге қарай айдады. Түсіп келеміз, түсіп келеміз. Қараңғылау коридорға әкелді. Көп есіктер. Әлдекімдердің шыңғырған, қиналған дауыстары естілгенде кеудемді қорқыныш, үрей кеуледі, жүрегім атқақтай соқты. Бір бөлмеге кіргізді. Үстелде көздері сығырайған арық әйел отыр екен.
− Отыр, − деді ол сызды сөйлеп, маған шегірейе қарап. Атымды сұрады.
− Сен намаз оқыпсың ғой. Тауға террористерді іздеп бардың ба? – Екінші сауалы осы болды.
− Иә, оқыдым. Бірақ тауға ешкімді іздеп барған жоқпын. – дедім мен жай ғана.
− Енді намаз оқымайсың! Кім саған рұқсат берді? Сен нағыз террористсің! Кім үйретті намазды? Қару-жарақ, бомбаларды қай жерде сақтайсыңдар? Жауап бер-р! – Даусы сондай зәрлі, қорқынышты екен. Селк ете түстім. Не деп жауап берерімді білмей дағдарып қалдым.
− Жауап бер! – Ауаны кескілеген шыңылтыр бұйрық-дауыстан қабырғалар дір-дір қаққандай болды.
− Атам үйретті. Ал ешқандай қару-жарақ, бомбаларды мен білмеймін.
− Жетер! Сенің тауға неге барғаныңды білмейді дейсің бе? Сол үңгірден қару-жарақ, бомба, миналар табылды. Ауылда сендердің террористік ұйымдарың бар екен. Қазақстанға сол ұйымның тапсырмасымен шығыпсыңдар. Біздің әскерлердің, полицейлердің ерліктерінің арқасында сендер, террористер мақсаттарыңа жетпедіңдер. Қазақстанда кімдермен жұмыс істедіңдер? Қытай коммунистік партиясына, біздің мемлекетімізге зор қауіп төндірмек болдыңдар. Ұйымның басшысы кім? Бомба, жарылғыш заттарды кімдер әкеліп тұрды? Айт, жауап бер! – Ол таяғымен үстелді бір қойып, орнынан тұрып кетті.
− Мен, мен ондаймен ешқашан да айналысқан емеспін, − дей беріп едім, тергеуші әйел ақырып жіберді.
− Қысқарт! Шыныңды айт. Тек шыныңды! Намаз оқыдың ба, оқыдың. Мешітке бардың ба, бардың. Қаштың ба, қаштың. Онда террористермен кездестің бе, кездестің. Енді тек мойындауың ғана қалды. Біз сені мойындағың келмесе де мойындатамыз! Жан-жағыңа қара! Мына қара бөлмеден ешкім мойындамай кетпеген. Мойындайсың! Кәне, мойында!
Шынында да мынадай нәрселерді өмірімде көрмесем қалай мойындаймын.
− Ондаймен айналыспадым. Мен бұрын үйден шықпайтынмын. Рас, мешітке бардым. Онда да атаммен баратынмын. Біздің ислам діні ең таза, ең бейбіт дін. Біз бәріміз Алланың үмбеттеріміз. Алла бәрін көріп тұр. Ол қаһарланса бүкіл әлемдерді жойып жібере алады. Біздің құдайымыз өте мейірімді әрі кешірімді...
− Тоқта! Тоқта-а-т! – Жаңа ғана сөздерін нық-нық айтып тұрған әйел барынша шыңғырып, аян астынан долданып шыға келді. Қолындағы таяқпен мені сатырлата сабай бастады. Шаштары дода-дода болып, аждаһаға айналып шыға келді. Мен кісендеулі қолдарымды көтеріп қорғануға тырыстым. Оның таяғы бірде маған, бірде орындыққа тиіп жатты. Өмірімде мені бұлай ешкім сабамаған еді. Қолдарым дыз-дыз ете ауырып, басым мәңгірді.
− Құдай, Алла дейсің ғой. Кәне, сол Аллаң? Ол неге сені келіп құтқармайды? Ха-ха-ха! Кәне, келе ғой, мынаның құдайы. Мә, мә, мә!
Жынданып, айқайлап, сақылдап күліп осылай аузына келгенін сөйлеп, боқтап, боралап, ең соңында ханзуша бірдеңелерді айтып кетті. Ал мен байғұс алғашқы таяқтар тигенін сезіп жаттым, қалғанын білмеймін. Есімді жисам еденде шалқамнан жатырмын. Үсті-басым қан-қан. Бүкіл денемнің бәрі быт-шыт сынғандай бейне. Барлық жерім ауырады. Бірнеше сақшы әйелдерімен бірге жылы жүзді өзім сияқты тәтені көрдім.
− Байғұсым-ай, осыншама сабағаны несі? Обал емес пе? – деді сыбырлай сөйлеп.
− Сөйлеме! Емде! Өле ме соны айт! – деп бір сақшы әйел өктем сөйледі. Денемнің бәрі жанымды көзіме көрсетіп ауырып жатыр.
− Өліп кетуі әбден мүмкін. Ауруханаға тез апару керек. Менде емдейтін ешқандай мүмкіндік жоқ. – деді тәтейіміз маған жаны ашып.
− Өлсе өлсін! Мұны біз не істейміз? Бізге мұндай әлсіз жандар керек емес.
− Сіздер әрбір адамға жауап бересіздер. Ертең бұл қыздың әке-шешесі халықаралық ұйымдарға хабарласса не істейсіздер? Не деп жауап бересіздер? Сондықтан дереу ауруханаға апарыңыздар! – Дәрігер тәтей өзіне қауіп төніп тұрса да мені қорғап, осылай деді.
− Жап ауызыңды! Бұл сен шешетін мәселе емес! – деп сақшының біреуі тәтейдің арқасынан таяғымен періп жібергенін білемін. Тағы да есімнен танып қалыппын...
...Айнала гүл дала. Қызылды-жасылды даламен келеміз. Мен өзімнің сүйікті тұлпарым Ақжебемен, ал менің жанымда жігітім көк дөненнің үстінде. Ол менің атымды атап, «қуып жетші!» деп алға қарай шаба жөнелді. Мен де «Шүу, Ақжебем!» деп дыбыстай сөйлеп тізгінді қағып-қағып жібердім. Көк дөненді жігітім бірден ытырына алға ұзап кетті. Мен де қалыспадым. Қолымда қамшы. Жетіп алсам қыз қуудың заңы бойынша оны сабауым керек. Алдымнан тентек жел есіп, Ақжебенің жалы бетіме сырт-сырт тиеді. Мен біртін-бірге оған жақындай бердім. Кенет көк дөненге қанат бітіп, аспанға қарай ұшып бара жатты.
− Қалма, сен де ұш! Енді бірге ұшатын боламыз, − деген жігітімнің даусы ызыңдаған желмен бірге құлағыма жетті. Иә, иә, менің де Ақжебемнің екі жағынан әппақ қос қанат пайда болды. Енді міне, ұшып барамыз. Жігітім тістері ақсия күліп маған мейірлене қарайды. Аспанның биігінде қалқып ұшып, екеуден-екеу қатарластық. Жерге қараймын. Тура біздің ауылдың үстінде екенбіз деймін. Тура алақандағыдай жамырай көрініп, дала, ауыл, өзен, гүлдер мамыражай жатыр.
− Біз енді әппағым, мәңгілік біргеміз. Бізді ешкім айыра алмайды. Ешкім! Ей, ақша бұлттар, келіңдер мұнда! Бізге сусын әкеліңдер! Біз бақыттымыз! Біз тойымызды аспанда жасаймыз! – деді менің ақберен жігітім саңқылдай қуана сөйлеп.
− Біз бақыттымыз! Иә, біз бақыттымыз! Әу, Күн-ана! Шуағыңды бізге молынан шаш! – деп мен де айқайладым. Кенеттен менің Ақжебем жерге қарай құлдилай бастады. Ал жігітім болса ақша бұлттардың арасына еніп әп-сәтте көзден ғайып болды...
13 шілде. Ханзулардың залымдығы
...Көзімді ашқанда әппақ нұрға бөленген бөлмеде жатыр екенмін. Жаңа ғана көрген түсім... Түрме азаптары... Аждаһа әйел... енді мінеки ақ жамылғы жамылып төсекте жатырмын. Жан-жағыма аң-таң күйде қарап жатқанда есік ашылды. Ақ халатты, әшкейлі, дөңгелек жүзді, мейірімді әйел менің жаныма келіп басын шайқап:
– Көрер жарығың бар екен. О дүниеден оралдың, сіңлім. Не деген зұлымдар десеңші! Осындай сұлу, әлсіз, талшыбықтай бұралған қызды соншама неге соққыға жыққан? Не күнә жасап едің, қарағым? – деді дәрігер мені мүсіркей сөйлеп.
– Өзімді, намысымды қорғадым. Аллам, дінімді мадақтадым. Сол үшін ұрды, – дедім де тәтейден су сұрадым.
– Сүйектерің аман. Бірақ таяқтап етіңді сойғылап тастаған. Әрине, қолың, басың зақымданған. Жассың, жазылып кетесің. Бұлар, ханзулар құдайсыз ел. Олар өздерін әлемнің құдайы боламыз деп армандайды. «Қытай арманы» деген олардың жасырын жоспары бар. Яғни бұлар ібілістің ұрпақтары шайтандар елі деп те айтуға болады. Аждаһа деген мақұлық әлемде жоқ, аңыздарда ғана бар. Сол аждаһа шайтанның аты. Алланы айтсаң олар жынданып кете жаздайды. Мен ұйғырмын, мұсылманмын. Олар ұйғырларды, қазақтарды, жалпы мұсылмандарды өте жек көреді. Сен осыны ұғып ал! Қазір өте жаман заман болып тұр. Ханзулар мұсылмандарға, түркі елдеріне зұлымдықпен, залымдықпен іштей соғыс ашты. Мешіттерді жауып, қиратып, имамдардың бәрін қамап, өлтіріп, азаптап жатыр. Намаз оқығандарды, ораза ұстағандарды террорист деп, оларды да түрмеге, қайта тәрбиелеу лагерлеріне жіберіп, көрсетпегенді көрсетіп, азаптап, тіптен өлтіріп те жібергенін мен талай көрдім. Сен де соның құрбандығыңның бірісің. Сен Алла, құдай, намаз дегендерді аузыңа алма! Бәріне бұл жерде көнесің. Бұл деген басы, сіңлім. Бұдан да сорақысын көресің. Сол қиындықтарға дайын бол! Сен байғұс өте сұлу қыз екенсің. Осы сұлулығың басыңа сор бола ма деп қорқамын. Бұлар да қыз, әйел зорлау қатардағы жай ғана іс. Мұсылмандар сияқты зина, күнә деп қарамайды.
– Сонда мені де зорлауы мүмкін бе, тәте? – деп оның сөзін үрейлене бөліп жібердім.
– Иә, иә, қорқытқаным емес, талай жап-жас қыздарды зорлағанын білемін. Айттым ғой бұларда ұят, ар, иман деген болмайды. Әрине, бұлардың да мұсылмандары, жақсы адамдары бар. Бірақ олар өте аз. Тәтті өтіріктермен ащы шындық қымбат. Біз сіңлім, көп құрбандықтардың бірі бола тұрып, күресуіміз, мұсылмандар үшін кек алуымыз керек. Мен қазақтардың ортасында өстім. Қазақтар батыр, қонақжай халық. Сол қонақжайлылығынан олар көп таяқ жесе де, Алла оларды жақсы көреді. Сондықтан біз қорлық, зорлық көріп өлуіміз де мүмкін. Біз осы зорлық-зомбылықтарды, қаныпезерлікті өзіміз өлсек те бүкіл әлемге жеткізу парыз деп ұққанымыз жөн. Сенің сауатың бар. Қазір менің естуімше миллиондаған мұсылман түрмелерде, концлагерлерде ешбір қылмыс жасамаса да азап шегіп жатыр. Мұны сен басыңнан кештің, әлі де құтыла алмайсың, бауырым. Мына қарақат көздеріңнен айналдым! Сол көрген азаптарыңды мына қара шайтандардың зұлымдықтарын қалай да Қазақстанға жеткізуің қажет! Қазақстанда қазір көптеген азаматтар мен азаматшалар бізді қорғап, қолдарынан келгенше біздерге көмектескісі, қол ұшын бергісі келіп, ұмтылып жатқанын естіп қуанып жатырмыз. Бұлар көп. Бірақ қорқақ халық. Бүкіл әлем ханзулардың зұлымдықтарына қарсы шықса сендерді босатады. Тек Аллам қолдасын де.
– Аллам қолдасын! Сізге рахмет, тәте. Менің көзімді аштыңыз. Қараңғыда адасып келе жатыр едім, жол көрсетіп, сәуле шаштыңыз. Мен енді олардан қорықпаймын. Атам марқұм да осылай дегенде онша мән бермей, түсінбеп едім. Енді түсіндім. Бұлардың мақсаты жерімізді тартып алып, бізді құртып, жойып немесе қытай ету ғой. Қандай залымдық десеңші! – Өзім әлсіреп тұрсам да жаңа танысқан тәтей рух беріп, осындай әңгіме айттым. Ол кісі маған таңдана қарап тұрды да бұлай деді:
– Сен маған ұнадың. Сөздеріңде әдемілік, зор мән-мағына бар. Мені сен жақсы түсіндің. Дұрыс айтасың, олардың мақсаты, мүддесі сол. Енді былай етейік. Бүгін ертең осында жатасың. Бұл жан сақтау бөлмесі. Мұнда бақылау, видео жоқ. Ал палатада ол бар. Артық сөз айтуға болмайды. Сені қылмыскер ретінде мұнда әкелді. Есіктің сыртында сақшылар тұр. Мен сені біраз уақыт ұстай тұрамын. Аржағын сіңлім бір Алла біледі. Менің аты-жөнімді ешкімге, еш жерде айтушы болма!
20 шілде. Екінші рет о дүниедемін!
Дәрігер тәтей уәдесінде тұрды. Біз бір-бірімізге қатты бауыр бастық. Түзету лагеріндегілер қиқу салып тез қайтаруды сұраса да, бұл кісі неше түрлі сылтау айтып мені жібермеуге тырысты. Мен құлан-таза жазылып шықтым. Шашым да кәдімгідей өсіп, одан сайын ажарлана түстім. Бұрын ауылда жүргенде сұлу, ажарлы болғым келетін. Енді «осы сұлулығың сор бола ма деп қорқамын» деп айтқанындай мен де одан қорқатынды шығардым. Не істеймін? Сор бола ма, зор бола ма оны алдағы уақыт, тағдырым көрсете жатар. Айтпақшы бір жас дәрігер (ханзу) маған ғашық болып қалып әбден дегбірі кетті. Күнде конфет, шоколадтар әкелетін.
– Мен сені түрмеден құтқарамын. Ол үшін ақша жинауым керек, – дейді маған уәде беріп. Шынымды айтсам оған деген көңілім болған жоқ. Екіншіден түрмеден құтқаратынына сенген де емеспін. Себебі ол өте кедей еді.
Қол-аяғыма кісен салып, баяғы жатқан жеріме әкелді. Бұрынғыдай емес етім үйреніп қалған ба жүрегім дүрсілдемей түрмеге аяғымды нық басып кірдім. Бірақ анау Аждаһа әйелден қорқып қалыппын. Зұлым тергеуші әйел мені өлтіре жаздады ғой. Қалай қорықпайын... Қайта тәрбиелеу орталығына адамдарды үш себеппен әкеледі екен. Біріншісі дін мәселесі, екіншісі Қазақстанмен байланысы, соңғысы саяси жағынан. Менікі алдыңғы екеуі. Өйткені мен намаз оқыдым және Қазақстанға қашып кетуге әрекеттендім. Әрине тамақ алдында Шиа Жипинге жасасын деп айту, оған денсаулық тілеу, қытай коммунистік партиясын мадақтау, әнұран айту, қытайша үйрену мен үшін қиынға соқпады. Қиынға соққаны тергегені. Екінші күні кешке таман баяғы атышулы «қараңғы бөлмеге» апарды. Әнеу Аждаһа әйел тағы кездесе ме деп қорқып барғанмын. Басқа бөлмеге, басқа тергеушіге апарды. Бойы тыриған ұзын, шашын сарыға бояған өткір көзді тергеуші әйел қарсы алды. Негізі қытай әйелдері қысқа бойлы болушы еді, ал мынау... Ол менің ойымды бөліп жіберді.
– Бүкіл орталықты шулатқан сен екенсің ғой. Кел, отыр! – деді зілді үнмен. Содан соң Аждаһа әйел қойған сауалдарды қойды. Сірә, бұлардың әдісі осы болу керек. Бұрынғыдан емес кәдімгідей тәжірибе жинақтаған мен мүлдем қарама-қарсы жауап бердім.
– Намазды алғашқыда оқығанмен кейін тастап кеттім. Мешітке баруды мүлдем қойдым. Өйткені маған ұнамады. Мен қытай коммунистік партиясын жақсы көремін.
– Тоқтат! Сен бұрын басқаша жауап бергенсің. Өтірікті соқпа! Сен коммунистік партияны жақсы көрсең шыныңды айт! – Тергеуші сұқ саусағын көрсетіп маған сес көрсетті.
– Ол кезде қателесіппін. Сізден, коммунистік партияның алдында кешірім сұраймын. – Мен де айтқанымнан қайтпадым. Ол сәл ойланды да:
– Кешірімді мен шешпеймін. Сен бәрібір террористің құйыршығысың. Ол қара бояуды жуып кетіре алмайсың. Біз оны сенің маңдайыңа жазып қоямыз. Қазақстанға неге бармақшы болдың? Сендердің ұйымдарыңның басшысы кім? Үңгірге бомба, жарылғыш заттарды алуға бардыңдар ма? Сен бұл ұйымда қанша жасыңнан бері жұмыс істейсің? – деді сұрақтарды төкпелеп. Мен мұндай сауалдардың болатынын білдім.
– Мен кішкентай ғана қызбын. Кәмелет жасына енді ғана толдым. Біз қыдырып жүріп адасып кеттік. Жаңбыр жауып, үңгірді паналадық. Ешқандай ұйымда болған жоқпын. Ондай ұйымда болмаған соң басшысын да білмеймін. Қытай коммунистік партиясының атынан ант етемін. Бұл нағыз шыным. – Нық-нық жауап бердім. Бірақ тергеуші жаңағы және де осыған ұқсас сұрақтарын қайталып сұрай берді. Түннің бір уағы өтті. Ол жалықпай сұрай берді, мен сол сарында айтқанымнан жаңылмай жауап қатып отырдым. Әбден мезі болдым. Іштей ызаландым. Жұдырығым түйіліп кеткен болуы керек, тергеуші оны байқап қойды.
– Сен неге жұдырығыңды түйесің? Маған жұдырық түйгенің коммунистік партиямызға наразылығың деп білемін.
– Жоқ! – деп айқайлап жібердім ақыры шыдамай. – Мен партияға адалмын! Сіз маған сұрақтарды неге қайталай бересіз?
Тергеушінің шаштары тікірейіп, көздері ұясынан шыға ежірейіп кетті.
– Оңбаған! Мен қайталаймын ба, қайталамаймын ба, өзім білемін. Тұр, орныңнан! – деді шәңкілдей сөйлеп. Содан соң ол бір нүктені басты. Есік сарт-сұрт ашылып екі сақшы жедел кіріп келді.
– Мына оңбағанды сауытқа салып, байлап тастаңдар! Екі сағаттан соң мені шақырасыңдар!-деді де ол кетіп қалды. Сауыт киім кигізіп, екі қолымды екі жаққа керіп тастады. Он-он бес минуттан соң қолдарым салдырап, арқам қатты ауырды. Біртін бірге денем жансызданып, көздерімнен ұшқын шашырағандай болды. Әлсіреп, көзім жұмыла беріп еді, мені қадағалып отырған сақшылар арқанды одан сайын керіп, дубинкамен жон арқамнан керіп жіберді.
– Көзіңді жұмба! Тік тұр!
Арқан керілгенде одан сайын қолдарым денемнен бөлініп кетердей тартылды. Сауыт дегені зілбатпан екен. Жаным көзіме көрінді. «Бұндай қорлықты көргенше өткенде неге өліп қалмадым екен?» деп іштей құсаландым. Бірнеше соққыдан кейін есімнен танып қалыппын. Сақшылар мұздай су шашқанда қайта тірілдім. Қайта орындыққа таңылдым. Тағы да үйреншікті сауалдар. Ежірейген көздер. Зірк-зірк еткен дауыс... Жүйкем сыр бере бастады. Асылып өлгім келді. Таң ата орныма сүйреп әкеліп тастады. Көзім ілініп кеткен екен. Тұруға команда берілді. Тұра алмай қиналдым. Қолдарым, аяқтарым, денем өзіме бағынбайды. Мыңдаған инелер денеме қадалып тұрғандай әсерде болдым. Миым дұрыс істемейтін тәрізді. Сұрақтар зың-зың ете қайталанып олардан қалай құтыларымды білмей іштей жанталастым. Тамақтың алдында көсемді мадақтап, денсаулықты тілеу марпатын әзер айттым. Сабақтарда әзер отырдым. Ұйқы бір жағынан, екінші жағынан денем ауыр тартып төмен тартады. Бірнеше мәрте ескерту алдым. Кешкі тамақты ішер-ішпестен екі сақшы келіп мені төменге қарай дедектете жөнелді.
Басқа тергеуші келді. Оның бет-жүзі қазір есімде қалмапты. Бойы қортық болса керек, үстелден тек басы ғана глобус тәрізді домаланып көрініп тұрды. Қазақшасы онша емес екен. Баяғы әдіс, баяғы бір сарындас сауалдар. Бұл жолы көпке шыдамадым. Сауалдар емес, бір-бір ине сынды миыма қадала бастағанда аяқ астынан қатты айқайлап, содан соң шыңғырып жібердім. Бұл жолы сауыт кигізген жоқ. Қол-аяғымды темір шынжырға байлап керіп тастады. Керілген жіпті мойнымның астына салып, өзімді өзім тұншықтырғым келді. Оған шамам жетпеді. Дәрігер тәтейдің «бұл шайтандар елі» деген сөзі есіме түсті. Содан ба бүкір тергеуші әйелді шайтанға ұқсаттым. Кәдімгі мүйізі бар қап-қара шайтан маған сауалдар бере бастады. Миымның шатаса бастағанын аңғардым да, шошып кеттім. Тағы да есімнен тандым. Тағы да әзер тұрып мақтау мадақ айтып, тұзы жоқ көже мен бір тілім қара нанды талғажау еттім.
Бүгін үшінші күн. Тағы бір тергеуші мен байғұсты бір сарынды сұрақтармен төпелеу арқылы «көмекке» келді. Екеуі алма-кезек демалып келіп менің шақшадай басымды шарадай етті. Әбден әлсіредім, шаршадым. Тезірек өлсем екен деп ойладым. Бірақ өлудің жолын таппай сансырадым. Жатқанда да, тұрғанда да, жүргенде де мені көздері сығырайыа өлім шашқан ханзу сақшылары аңдып, бағып тұрды. Шыңғырған жантүршіктірер жанайқайымды ешкім естімейді. Соқыр, мылқау, қаніпезерлер өңшең! Әрине мен жалғыз емеспін. Мен сияқтылар мұнда бір емес мыңдап жүр, талайлар өліп те жатыр. Сүйреп апарып тастай салады. Жер астындағы зынданда олар еш кінәсіз адамдарға білгенін істеп жатыр. Оны сөзбен жеткізе алмаймын. Мінеки сол құрбандардың бірі менмін. Бүгін үшінші күн. Көзім қарауытып, бүкіл денем, қолым, аяғым салдырап, соққы тиген арқам удай ашып, тәлтіректеп тергеушінің қара бөлмесіне әзер жеттім. Аяқтарым алға емес артқа тартады. Жүргім келмейді емес, жүре алмаймын. Егер алға жүрмесең сені сақшының кезекті соққысы күтіп тұрады. Қорыққаныңнан еркіңнен тыс алға ұмтыласың. Дүниеде ең жаманы ұйқы екен. Олар ұйықтатпайды. Көзің еріксіз жұмылып, кірпігіңді көтере алмайтын халге жеттім. Тергеушінің дауысы алыстан гүңгірлеп бірде естіледі, бірде естілмейді. Ми демалмаған соң тілің шатасады.
– Жауап бер, малғұн! – деген тергеушінің шәңкілдеген дауысы құлағыңды жарып жібере жаздайды. Бірдеңе-сірдеңе деп жауап берген боласың. Тілің өзіңе бағынбайды. Тергеуші әйелдің зәһәр шашқан көзі өңменіңнен өте қарап маған төне түседі. Үстел үстіндегі домалақ басы тура қарбыз тәрізді үлкейіп көрінеді. Мұрындары таңқиып кеткен. Тістері ақсиған. Жаңа ғана бар денем ауырып отырған мен кенет күле бастадым. Дәрігер тәтей ханзу елін шайтандар елі деп тамаша айтқан. Міне, алдымда бір шайтан отыр. Мен өзімнің кім екенімді білмеймін. Әйтпесе неге күліп отырмын? Қайта жаным қиналып жылауым керек емес пе? Күліп отырмын. Бірақ көзімнен жас парлайды. Тергеуші аң-таң. Ал мен күлген күйім еденге құлап бара жаттым. Сірә, жынданған шығармын. Соның алдында ғана асылып өлгім келген. Мына дозақтан біржола құтылғым келді ме, кім білсін?
Су ішінде есімді жинадым. Үлкен әуізде тұрмын. Сап-салқын су. Шылп-шылп еткен су аузыма жетер-жетпес болып тұр. Сәл болмаса суды жұтып, қақалып өле жаздайсың. Аяғымның ұшымен тұруға мәжбүр болдым. Аяғымның ұшымен серпіп жіберіп, әзер оңалдым.
Өшпенділік оты кеудемді шарпып сыймай қатты ышқындым. Шынында да ханзулар не деген зұлым, не деген залым! Адам баласын қинаудың небір әдістерін ойлап тапқан. Адамды осылай саяси жағынан қайта тәрбиелеп, оны өз ұлтынан, дінінен, тілінен бездіріп, қалай да Қытайға айналдыру. Мен бұдан әрі шыдай алар ма екенмін? Неше жұма екен? Ол күнді ұмытып, шатастырыппын. Олар маған зорлап шошқаның етін жегізді. Құстым. Жаным қиналды. Зұлымдар мәз болды..
Су күшіңді сорып алады екен. Қанша тұрғаным белгісіз әлсірей бердім, иегімдегі су аузыма қайта-қайта құйылды. Шашалдым. Аяғымды серпе-серпе күшім таусылды. Енді бір суға қақалғанда қайта күшімді жинауға шамам келмеді. Су астына бір кетіп қайта шықтым. Бәрібір болмады. Жүрегім балықтай тулап сыймай бара жатқанын білдім. Менен басқа да шағын бассейінде екі әйел тұр көздері бақырайып. Аяғымның ұшымен тұрмын қалқып. Шаршағаным, денемнің ауырған жерлері бірден басылды. Су-ана басымның ауырған жерлерін емдегендей шөпілдете сүйіп жатқандай. Бұл алғашқы рахаттану сезімі екен. Аяғым шаршай бастады. Жерге тиген ұшын айтамын. Аздап тоңғандаймын. Денені қас қағым сәтке де босатуға болмайды. Осыны ойлай бергенде менен бір метрдей жерде тұрған әйел әбден шаршаған болу керек, су жұтып, шашалды да қиналғаннан шыңғырып айқайлап жіберді. Суға бірден шым батып кетті де, қайта жанталасып сыртқа шықты. «У-у-ф!» деп аузындағы суды шашты. «Көмектесіңдер! Өліп барамын!» деді әзер сөйлеп. Тұрған сақшылар оған көмектеспеді. Мен ұмтылған болып едім, байланған шынжырым орнымнан қозғалтпады. Жан беру оңай ма, әйел қатты жанталасты. Өмір үшін күресті. Әбден әлсіреген болу керек қайта батты. Жаным түршікті. «Қатігездер! Көмектесіңдер!» деп айтайын деп аузымды аша беріп, иегімде тұрған су кіріп мен де шашалып қалдым. Су ішінде қайта есімді жиғандай болғанмен денем әлсіреп, маған бағынбай бара жатқанын байқадым. Су мені әлгі шашалғаннан соң тұншықтырғандай болды. Аяғымды серпіп жібергім келді. Бағынбады. Сірә, тартылып қалған болу керек. Соңғы күшімді жинап ышқындым. Көзім қарауытып құзға қарай құлап бара жаттым...
Тұрба сияқты ұзын-сонар созылған үңгірдің ішімен әлдебір жаққа ұшып келемін. Бүкіл денемді ауырта сұққылаған инелер адыра қалып, енді жаным рахатқа бөленіп, судағы балықтай қалықтай ұшып, қараңғылықты қақ жарып жүзіп келемін. Денем жеп-жеңіл. Әлдебір күш мені көз ілеспес жылдамдықпен зуылдатып беймағлұм жаққа әкетіп барады. Бір кезде тұрба-үңгірден шықтым. Жап-жасыл әлем. Неше түрлі гүлдер. Сылдыраған бұлақтар. Хош иіс. Мұндай жан дүниемді жадыратар, күш-қуат берер ғажап ауаны өмірімде сімірмеппін. Мен бір топ адамның алдына келіп құсша қондым. Топ адамның ішінен бірден атамды, әжемді таныдым.
– Ата-а! Әже-е! – деп жүгіріп барып құшақтай алдым. – Бұл қай жер? Мына адамдар кім?!
– Қызым-ау! Жағдайың қалай? Қайдан жүрсің? – деп атам даудырай сөйлеп, мейірлене сөйледі. Бетімнен сүйді. – Мына тұрғандар біздің ауылдастар, туған-туыстар.
Атам сөзін аяқтамай жатып менің атымды қуана атап жүгіріп келе жатқан жас жігітті көрдім. «Менің жігітім ғой! Ол қайдан жүр?» деп ойлағанымша ол мені құшақтай алды.
– Сені сағынып кеттім. Мұнда, мәңгілік мекенге келеді деп ойлаған жоқ едім, – дейді ол мені құшырлана қысып.
– Біз о дүниеде жүрген адамдармыз, қызым! Саған қайтадан қайтуың керек. Әлі уақыт болған жоқ, шыда, шыда, қызым! Әлі талай қиындықта басыңнан өткересің. – Атам менің ойымды оқығандай жауап берді.
– Әй, қызым-ай! – деген апаның өкінішке толы дауысын естіп елең ете қалдым. Жалт қарасам жігітімнің анасы!
– Иә, иә, менмін, менмін! Таң қалмай-ақ қой. Баламның қайғысынан қан құстым, жүрегім шыдамады. Содан соң Аллам мені осында әкелді. Ұлыммен қайта қауыштым. Сені кінәламайын-ақ деймін. Бірақ ұлым сен үшін жанын қиды. Алланың бұйрығынан асып қайда барамыз? Қайт, қайта ғой енді, қызым!
– Апатай, кешір мені! Кінәлімін. Қайбір жетіскеннен ондайға бардым? Қанаты қырқылған аққу сынды болдым. Қорқаудан қорқып паналадым емес пе?
Жылап жібердім. Жігітім де, атам да, әжем де бәрі құрақ ұшты. Жұбатып жатыр.
– Апа, – дедім мен. – Менің әке-шешемнің тағдыры не болды?
– Сұрама, айналайын! Әкеңді қайта тәрбиелейміз деп алып кетті. Содан жоқ, анаңды үш күн қамап, әрі қарай денсаулығы жарамаған соң ауылға қайтарды. Сені ойлап әбден жүдеп кетті.
– Бауырларым ше?
– Оларға тимеді. Бірақ ауылдың берекесі кетті. Әр үйде бір-бір ханзу. Баяғы сені алам деген зұлым бір жерге бастық болып кетіпті. Намаз, ораза ұстайтындардың барлығын қайта тәрбиелейміз деп ұстап алып, лагерге аттандырыпты! Тіптен Қазақстаннан келген қонақтарды да қамап, қайта тәрбиелеп жатқандары бар. Қазір ешкім-ешкіммен сөйлеспейді. Сөйлессең де ойыңды қытайша жеткізу керек.
– Болды, болды! Ал қызым қайт! – деді әжем.
– Ата! Әже! Мені жібермеңдер. Қорқамын ол жерден. Олар мені тағы да қинайды. Жібермеші, ататай! – Жылап жібердім. Атам да жылады. Бәрі де жылады.
– Жо-жоқ, сенің кетуің, кетпеуің біздің еркімізде емес. Оны тек Жаратқан иеміз шешеді. Маңдайыңа не жазылды, соны көресің, қызым! Обалың зұлым Қытайға. Қош, қош, қызым!
Кеткім келмейді. Кетсем, ана қым-қуыт, зұлым әлемге барсам, мына рахат сезімнен айрылатынымды білдім. Алайда мені алып шаңсорғышпен сорғандай тартып, дедектетіп тұрба-үңгірге кіргізе берді...
26 шілде. Мұсылман Ханзудың махаббаты
Бір таныс дауысты естіп жатырмын. Бірақ көзімді аша алмаймын. Манағы рахат сезім жойылып, оның орнына денеме әлдекімдер ине тығып жатыр. Ал дауыс кмідікі? Кім, кім бұл? Япырмай-я, дәрігер тәтей емес пе? Иә, иә, сол, сол!
– Әй, сорлы қыз-ай, тағы да келдің бе? Денеңнің бәрін мылжа-мылжасын шығарыпты ғой. Суға тұншығып өле жаздапсың ғой. Жан сақтау бөліміне апарайық, қанеки, қимылдаңдар!
Жаның жабыққанда қасыңда мейірбан жанның болғанына не жетсін! Бәрібір көзімді аша алмадым. Әлсіреп, қаусап жатырмын. О дүниеден қайта оралғаным ғой сонда. Неге, неге оралдым екен? Өкініш уыты көкірегімді сыздатты. Осы сәт тағы да тұңғиыққа батып бара жатқанымды сездім.
Қанша жатқанымды білмеймін, оянып кетіппін. Ешқандай түс те көргенім жоқ. Сірә, оған шамам жетпеген де болу керек. Бұл жолы көзімді әзер аштым. Баяғы жансақтау бөлмесі. Біреудің ыңырсығанын, ауырсынғанын естідім. Сол жаққа басымды бұрайын деп едім көк желкем шаншыды. Бұл бөлмеде менен басқа да науқастар жатыр-ау деп топшыладым.
– Су! Су берші! Өліп барамын, – деп қинала сөйледі жанымдағы әйел.
Көмектесейінші деп денемді қозғап едім, тып-тыныш болып жатқан мың ине өре түрегелді. Орнымнан тырп ете алмай қалдым. Ең болмаса сөзбен көмектескім келді. Аузымды қимылдатып аша беріп едім, мен де шөлдеп жатыр екенмін. Тілім аузыма сыймай қинала бастадым.
-Су! Су! Өліп барамын! – деген жалынышты сөздерді енді мен айтып жатырмын ба,әлде осында жатқандар айтып жатыр ма түсінбей қалдым. Үш сөз, жалынышты дауыстар бүкіл бөлмені кернеп кетті. Бірақ ешкім келіп бізге көмектеспеді. Осылай арпалысып жатып көзім ілініп кетіпті. Былдыр-былдыр етіп көз алдымда бұлақ ағып жатты. Шөл қысқаннан жүгіріп келіп алақандарыма мұздай, мөлтілдеген суды толтырып жұтып жатырмын. Тоймаймын, шөлдей беремін. Тура артымнан ысылдаған үн шықты. Жалт қарадым. Дәу әпжылан тура желкеме төніп келіп қалыпты.
– Апа-а! – деп шыңғырып жібердім...
– Немене, түс көрдің бе, сіңлім? Шыда, шыда! – деп менің атымды атаған әйел дауысын бірден таныдым. Дәрігер тәте! Қатты қуандым. Өткенде өлім халінде келгенде арашалап, қамқор болған ұйғыр тәтем.
– Тәте! Тәте, сізбісіз? – деп әрең сөйледім.
– Мен, менмін, айналайын! Қорықпа, бәрі де дұрыс болады. Әлі-ақ сауығып кетесің, күнім! – деді ол жып-жылы мейірімін төге сөйлеп.
Тез сауыға бастадым. Қайтадан өмірге келгендей болдым. Орнымнан тұрып жүре бастадым. Естеріңізде ме, осы ауруханаға алғашқы келген кезде қытайдың жас дәрігері менің жанымнан үйірсектеп шықпап еді ғой. Сол жігіт тағы да кездесті. Мені көргенде қатты қуанғанын бірден аңғардым. Оны қатігез ханзуға қанша тырыссам да ұқсата алмадым. Өте ілтипатты, мейірімді, елгезек. Маған жасырып шоколадтар әкеліп жүрді, сылтауратып біздің дағарадай кең палатадан шықпайтын. Маған тіптен әйбәт кремдер, исі бұрқыраған сабын да, қымбат әтір де әкеліп сыйлады. Өзі қызық мінезді. Күле береді. Көп сөйлемейді. Бірдеңе айтсам қызарып, ұялып кетеді. Жанымда ұзақ отырады. Дәрігер тәтем мұның бәрін байқап жүріпті.
– Ханзулардың ішіндегі тәуірі. Арамдығы жоқ. Таза, адал жігіт. Шешесі қазақ деп естідім. Саған ғашық болып қалыпты. Сенің жағдайың өте қиын. Сондықтан оны кеудесінен итерме! Мінеки, екі рет ажалдан қалдың. Ал үшіншісі қалай болар екен? Сенің болашағыңнан қатты қорқамын. Әнеу оңбаған ханзулар сені көрмей жүр. Сұлулығыңды көрсе олар дереу пайдалануға тырысады. Сол зұлымдықтың құрбандығына айналып кетпесең болғаны, кішкентай періштем!
Тәтем кемсеңдеп, жыламсырады. Мен ол кісіден мұндай әлсіздікті күтпедім бе, өзімнің де көңілім босады. Айтпақшы бір кексе әйелмен таныстым. Жо-жоқ, ол біздің ауылдың тұрғыны екен. Тіптен өзгеріп кеткен. Ауылдағы әдемі келіншектердің бірі еді. Енді мінеки басынан кешкен азаптардан соң осындай кексе әйелге айналған. Жүрегім ауырды. Бізді далаға шығармайды. Біз бақылаудамыз. Артық сөз айтсаң бітті, басың бәлеге қалдым дей бер. Бірақ адамнан амал артылған ба, аздап сөйлестік. О дүниеде (осылай деп айтуға мәжбүрмін) жігітімнің анасының айтқанын бұл тәте де айна-қатесіз айтып берді. Қосымша айтқаны менің ересек бауырыммен қосып біраз жасөспірімдерді оқытамыз деп сылтауратып ішкі қытайға алып кеткен. Олардан қайта тәрбиелеу лагеріне алып кеткенге дейін хабар-ошар жоқ. Сірә, аждаһа кезекті құрбандарын біржола жұтқан сыңайлы. Кейін мен ханзулардың осы сұмдық әрекеттері қарамағындағы елдердің бәрін қытайландыру үшін жасаған зұлымдықтары екенін ұқтым. Ол Қытай мемлекетінің бұрыннан жасап келе жатқан неше түрлі әдістері екенін білдім. Соның бірнешеуін мысалмен келтірейін:
Жаңағы ауылымыздың әйелінен басқа да менен бір сынып жоғары оқитын қызды таныдым. Қасына барсам ол маған меңірейіп бейтаныс адамдай қарады. Әдеміше келген қыз болатын. «Мені танымадың ба? Пәленшемін ғой десем ол маған мұңға толы көзбен қарап басын шайқады. «Дәрі айдап тастапты. Полицейлер зорлапты» деп естідім. З»ұлымдар мені де өз бөлмелеріне апарып білгенін істеді. Талай жас қыздарды, жас келіншектерді сол құпия бөлмелеріне апарып шыңғыртып зорлағанын көрдім. Арсыз шошқалар олар! Егер күшім жетсе бәрін өлтірер едім» деп ауылдас тәтем кіжіне сыбырлай сөйлеп. Көздерінен жас парлап, бетін жуып тұр. Біздің сөзімізге тағы бір жас келіншек араласты. «Мені де солай етті. Мен олардың бетінен тырнап көпке дейін көнбедім. Содан соң екі қолымды жоғары көтеріп кісендеп, аштан аш бір күндей ұстады. Ертеңіне темір үстелге бір күн отырғызды. Тастай бетонға талтайып отырғызған талай қыз-келіншектерді көріп жүрегім ауырды. Зұлымдар! Жауыздар!» деп сөзінің соңында шыдамай, жын ұрғандай айқайлап жіберді. Сақшылар келіп, әйелді бір ұрып, үнін өшірді.
Әрине, дәрігер ханзу жігіт туралы тәтемнің айтқанын мен ой таразысына салып ойландым. Ол маған өлердей ғашық болды. Бұл жігіт мен не айтсамда орындайтын еді. Бір күні ол ғажайып бір сыр ашты. Мені сүйетінін айтты. Және де қосымша қытайлардың мына әрекеттерін, тіптен өз бауырларын жек көретінін жеткізді.
– Менің халқым құдайсыз кәпір халық. Құрт-шаян дей ме, бәрін жей береді. Олар өздерінің кәпір болғандарына қарамай өзгелердің де құдайын тартып алып, оларды кәпір қылмақшы. Бұл зорлық-зомбылықтың ең жаманы. Мен оны жан-тәніммен құптамаймын. Оларды сол үшін жек көремін. Мен мұсылмандарды жақсы көріп, осы имани жолға түстім. Әрине, бұнымды ешкім білмейді. Тек сізге ғана алғаш рет сыр ашып тұрмын. Мен жәй ғана дәрігермін. Сізді қалай арашалап қаламын? Соған күшім жетпегеніне қатты қынжыламын. Өйткені мен сізге ғашықпын! – Мен оның бұл жүрекжарды сөзіне риза болдым. Оның жақсы адам екенін ұқтым. Бірақ біздің арамызда көзге көрінбейтін тасқамалдар бар еді. Одан өту мүмкін емес екенін ол да, мен де білдім. Мен тағы да құлан-таза жазылып, кететін уақыт болғанда дәрігер тәтем де, ол да, мен де жылап қоштастық...
4 қыркүйек. Сүйрелген өліктер және жылан саусақтар
Жаңбыр селдете жауып, түрменің сұрықсыз, қорқынышты сұлбасын көзден көлегейлегісі келгендей көрінді маған. Алғашқы келген кезде қатты қорқып, үрейленгенім есіме түсті. Енді мен ештеңеден, ешкімнен қорықпаймын. Бірақ оңбаған зұлымдар мен үшін тағы да нендей қатігездіктерді дайындап отыр екен? Қанша қорықпасам да осындай зорлық-зұлымдық жасайтынын есіме алғанда жаным түршігеді. Иә, мен қайта тәрбиеленуге конц-лагерге тағы келдім. Баяғы «жұп-жұмсақ» төсегім. Жамбасымнан өтетін сыз жаздағыдай емес күшейе түскен. Менімен бірге жатқан әйелдердің көбісі жөтеліп жүр. Байғұстарды оң жамбасқа қана жатқызып, қинағаны жанға батады. Оның үстіне қинап, тартымсыз тамақ беріп аш құрсақ етіп ұстайды. Бар болғаны қара көже ішіп, бір тілім қара нан жеген адамда қайдан күш болсын. Екі-үш күндей маған тергеу жүргізбеді. Бәлкім олар менен шаршаған болар деп тоқмейілсіп жүргенде бір күні кешқұрым сақшылар әй-шәй жоқ мені алдарына салып айдай жөнелді. Тек бұрынғы жолмен жүргізбеді. Басқа жол. Тағы да жер астына қарай кетіп барамыз. Ақыры жеттім-ау бір жерге. Шағын бөлмеге кіргізді. Тағы да түсі суық тергеуші қарсы алды. Тек қана сұрақтар өзгермеген. Мені қосымша қойылған үш-төрт сауал үрейге бөледі. Алла разы болсын, мені екі рет қатарынан ажал тырнағынан алып қалған ұйғыр тәтейдің есімі аталып, онымен қандай байланысым бары сұралды. Мен бірден оны танымайтынымды айттым. Бұл мен күтпеген ауыр сауал еді. Тергеуші сол кездері болған екеуара әңгімемізді мысалға келтірді. Одан сайын жаным қатты ауырды, мен үшін аяулы жанның ұсталғаны жүрегімді ауыртты. Тағы бір сұмдық сауал дәрігер ханзу жөнінде болды. Ол да ұсталған сыңайлы. «Не деген жолым болмайтын сорлы жан едім. Тағы да қанша адамдардың обалына қалдым-ау!» деп жан дүнием жүдеп, қопарылып, қатты қынжылдым. Мен оларды «білмеймін, танымаймын» деп бет бақтырмадым, мойындамадым. Тергеуші нақты мысалдармен мені бұрышқа тақап қойды. Бәрібір мойныма алмадым. Менің аман қалуым үшін өмірлерін тәуекелге тіккен осы екі аяулы жандар үшін мен өлуге бар едім. Әрине, мұның соңы мені қинауменен аяқталатынын білдім. Кейбір мәселелерде жаным әбден қиналғанда мойындай салғанмын. Ал бұл жолы мен оларды сатуға ешқандай хақым жоқ еді. Тергеуші әйел алдымен электр тоғы бар дубинкамен ұрғанда жаным көзіме көрінді. Одан кейін электр тоғы бар орындыққа отырғызды. Одан сайын қиналғаннан есімнен тандым. Бірақ мойындамадым. Таңға жақын әбден сілікпемді шығарып жатын бөлмемізге әкеліп тастады. Менімен бірге үлкен кексе әйелді үсті-басы қан-қан етіп сүйретіп әкелді. Марлымен таңылған саусақтарынан қан тамшылап тұрғанын көргенде көзім атыздай болып, өзімнің бар ауруымды ұмытып кеттім. Есі кіресілі-шығасылы апа менің анама ұқсайды екен. Одан сайын жаным ширықты.
– Апа, апа, қолдарыңызға не болған? – деп мұнда сөйлеуге болмайтынын ұмытып.
– Тырнақтарымды түбімен суырды бұл зұлымдар! – деді ол тістене әзер сөйлеп.
– Қайран, апам-ай! – дедім мен ызбарлы сөйлеп. Жалп етіп құладым. Апаға деген аяушылық па, әлде ащы таяқ етімнен өтті ме, электр тоқты таяқтан соққыдан қайсарлығым сынып, қыстыға жылап жібердім.
Таңғы тамақтың алдында әдеттегідей хормен шулап көсемімізге мақтау, денсаулық тіледік. Айтпақшы таңғы мезгілде әкелген апа мен әбден таяқтап, тепкіленген, зорланған келіншек орындарынан тұра алмай қалыпты. Сақшылар олардың жансыз денелерін сүйретіп әлдебір жаққа әкетіп бара жатты. Мұндай жүректі ауыртар көріністер күнделікті үйреншікті оқиғалар болғанменен анама ұқсағандықтан ба апаны қимай, көз жанарым боталай шығарып салдым. Иә, бүгін тамақтан соң ерекше оқиға болды. Бізді бұл кезде әнұран айтқызып, цин империясын мадақтататын саяси сабақ болушы еді. Оның орнына біздің ішімізден кілең жастарды іріктеп жинап алып, арнайы әдемі бөлмелерге кіргізіп, алдымен жуындырды. Көптен көрмеген шампун, хош иісті сабынмен жуынып, қатып қалған сасық кірімізден тазардық. «Неге бүйтіп жатыр екен?» деп таңданып, менен ересектеу қыздан сыбырлап сұрадым. Оның денесі де ұрылған, соғылған жарақаттарға толы екен. Біреу инемен шыбақтағандай әппақ денесінен шып-шып қан тамып тұр. Не деген жаны сірі еді десеңші! Менің өзінің денесіне аяй, мүсіркей қарағанымды сезді де ол бұлай деп жауап берді:
– Е-е-сіңлім-ай! Несіне қарайсың? Кеше ұрып, соққанымен қоймай қағылған шегелердің үстіне отырғызып, әбден қинады. Есімнен танып қалыппын. Әсіресе одан кейін ащы спирт пе, әйтеуір бір сасық сұйықпен сүрткенде тіптен жаным шырқырап, қатты шыңғырдым. Аузымды олар әлдебір затпен шандып тастады. Білесің бе, қаншама адамдар күн сайын о дүниеге аттанып жатыр. Көп болса солардың бірі болармызда. Сен қарашы, осында жүргендердің азапқа түспегені жоқ. Бәрінің үсті-басы көкала қойдай. Сен «неге бүйтіп жатыр» деп сұрадың ғой, – деді ол маған көздерінен жас тамшылай қарап. Мен басымды изедім.
– Біздің ішімізден ең сұлуларды таңдап я бастықтарға апарады, я бір жерге апарып зорлық-зомбылық көрсету үшін таңдайды. Сол үшін бізді жуындырып, үлде мен бүлдеге бөлейді. Уақытша болса да адам сияқты жуынып, киініп қаламыз.
– Бастықтарға неге апарады?-дедім мен жұлып алғандай. Ол маған сынай әрі аяп қарады.
– Сіңлім-ау, бізді бастықтарға не үшін апаруы керек? Олардың нәпсісін қандыру үшін барамыз. Әбден қажетінше пайдаланады да, содан соң қайтадан осында әкеліп тастайды. Сен сіңлім тым сұлу екенсің, осы жолы сені үлкен бастыққа апара ма деп қорқып тұрмын.
Мен шошып, шоршып түстім.
– Оныңыз не? Айтпаңыз ондайды! Мен жап-жас қызбын ғой. Оған мен көнбеймін! – Ол маған тағы да мүсіркей бір қарады да басын шайқады.
– Оларға сендей жап-жас сұлу қыздар керек. Сен бұйдалы тайлақтай бейшарасың, қарағым. Көнесің, көнбей қайда барасың!
Бүкіл денем дірілдеп сала берді. Жүрегім ине қадағандай бұлқынып, жұлқынып қалды. Бұлай өмірімде үрейге бөленбеспін.
– Әңгімені тоқтатыңдар! Тез, киініп, сыртқа шығыңдар! – деп жандарм әйел шәңкілдеп, бұйрық берді.
Отыздай кіл жас қыздар сапта тұрмыз. Бәріміздің басымызда әдемі орамал, әсем көйлек. «Бас сынса бөрік ішінде» демекші жаңа ғана қасқырға таланғандай үсті-бастары жара-жара, жүректері тілім-тілім қыздар енді тоты құстай құлпырып, өте әдемі көрінді. Тіптен екі әйел әрбіріміздің бет-аузамызды, мойнымызды тексеріп, дақ, соққы тиген жерлерді опа-далаппен әдіптеп, білдірмей жіберді. Екі қыздың беттеріне соққы тигендіктен, жарақаттары андағайлап жөндеуге көнбегені көрініп тұрған соң ба, оларды саптан шығарып сыныптарына жіберді.
– Бүгін комиссия келіп сендерді тексереді. Артық-ауыс әңгіме айтпай тып-тыныш тұрасыңдар. Сұрақ қойса «Бәрі жақсы, қарнымыз тоқ. Жағдайымыз тамаша!» деп жауап беріңдер. Егер де комиссия кезінде бір ши шықса олар кеткен соң сендерді аямаймыз. Сол үшін ауылдағы отбастарыңды қамаймыз. Түсіндіңдер ме? – деді лагер басшысы қатаң сөйлеп.
– Түсінікті, – деп үздік-создық жауап беріп едік, бастық одан сайын дауысын қатайтты.
– Естімей тұрмын, түсінікті ме?
– Түсінікті! – Бұл жолы хормен бір кісідей жауап бердік.
Көп ұзамай сырттағы бастыққа телефон соғылғанын көріп тұрмыз. Шамасы комиссия келе жатқан сияқты. Лагер қызметкерлері сымдай тартылып, тастай қатып қалды. Менің көзіме түскені бес-алты әскери еркек адамдар бізге қарай асығып келе жатты. Арасында жай киім кигендер де бар. Лагер бастығы қаздай басып алдыңғы қатарда келе жатқан шенді әскери адамның алдына барып, рапорт берді. Мен іштей толқып та, қорқып та тұрмын. Әлгі кісілер бізге аш қасқырдай ішіп-жеп қарап, бәріміздің алдымыздан жәйлап өте бастады. Мен саптың соңғы жағында тұрғанмын. Дәу бастық тура менің алдыма келіп тоқтады да, беті-жүзіме, аяғымнан бастап басыма дейін бажайлап қарады. Ұялып жүзімді төмен салып едім, біздің бастық ескерту жасады.
– Тура қара! Көзіңді жұмба!
Дәу еркек бастық быртық саусақтарымнан менің бетімді, иығымды, денемді сыйпалай бастады. Денем дір-дір етіп, қалшылдап, сәл шегіншектеп едім:
– Тыныш тұр! – деді бастығым зірк ете айқайлап. Дәу бастық қытайша «Аузыңды аш!» деді. Аузымды ашып едім, быртық саусақ тісімді ұстап көрді. Іштен назаланып, қорланып тұрмын. Мені тура хайуан сияқты сынақтан өткізіп жатыр. Манағы әпкемнің айтқаны келді. Быртық саусақ маған теріс қара дегендей болды.
– Теріс қара! – Тағы да зірк еткен дауыс маған команда берді. Саусақтар арқамды, құйрығымды сыйпап өтті. Оны мен тура жылан сияқты көріп, жиырылып қалдым. Әзер шыдадым. Ата-анамның, бауырларымның жағдайын ойлап, өзіме-өзім тоқтау салдым.
Еркек бастық біздің бастыққа қарап қытайша сөйледі. Мен шала-пала болса да түсініп тұрмын.
– Мына қызды енді қинамаңдар! Жақсы камераға ауыстырыңдар. Тамағы тоқ болсын. Күн сайын жуындырыңдар. Әскери киім кигізіп, мұғалімдікке дайындаңдар! – деді ол маған тағы да ішіп-жеп бұрыла қарап.
12 қыркүйек. Маймыл-адамдардың зорлығы
Иә, кенеттен осылай менің тағдырым аяқ астынан өзгеріп шыға келді. Анау-мынау емес, олардың киімдерін киіп мұғалім болып шыға келдім. Неге өйтті? Сұлу болғаным үшін бе? Әлде анау еркек бастыққа ұнағаным үшін бе? Ештеңе түсінбесем де олардың бұйрығын орындауым тиіс. Мұғалім болған соң маған әдемі блокнот, қаламсап берілді. Сондай-ақ қандай сабақ беретінім жайлы үйрене бастадым. Анау-мынау емес елу-алпыс адамға сабақ береді екенмін. Сабағымның түр-сыйпаты мынадай:
– Қытай туралы, оның әнұраны, коммунистік партияға деген берілгендік туралы әндер айтқызу. Содан соң қылмысыңды мойындауың керек. Бұл жұмысқа кіріссең де кірісесің, кіріспесең де кірісесің. Жағдайым бұрынғыдан жақсы. Бұрынғыдай сызды жерде жатпаймын. Пластикалық қалың көрпеде жатырмын. Тек қорқатыным әлгі келген бастықтар күндердің күнінде алып кете ме деп ылғи қорқып жүрдім. Әзірге тыныштық. Ұйғыр дәрігер тәтем: «осында көрген-білгеніңді, ханзулардың зорлық-зомбылығын бүкіл әлемге жеткізуіміз керек» деп айтқаны есіме түсіп, кішкентай блокнот жасап алып күнделік жаза бастадым. Мұндай жағдайға қалай тап болдым, бәрін-бәрін жазуды алдыма мақсат етіп қойдым. Әрине, бұл құпия күнделігімді мына зұлымдар тауып алса мені аямайтыны жоқ. Бұл тозақ үйінен қалай, қашан шығатыным белгісіз. Бәлкім мәңгілікке шықпай сүйегім осында қалуы да мүмкін. Егер мүрдемді өртеп жібермесе мына жазғандарымды біреу тауып алар. Ал негізгі арманым, тілегім қайткен күнде мұны үлкен елге жеткізіп, шындықты төрткүл әлемге жария ету.
Мұғалім болып жүргенде тағы бір сұмдық оқиғаларды естідім. Еркек қарауылдардың нағыз жабайы иттер сияқты жүгенсіз жасаған әрекеттеріне бастықтар көз жұма қарайды. Қыз-келіншектерге олар білгенін істеп, жабылып зорлық жасайды екен. Бірде осы және өзге лагерлерден екі жүздей адамды жинады. Мен де солардың бірі болдым. Сапта тұрмыз. Ойымда ештеңе жоқ. Лагер басшаларының бірі алдымызға шығып сөз сөйледі.
– Сендердің бәрін қылмыскерсіңдер. Барлығың да қылмыстарыңды мойындадыңдар. Егерде кімде кім өз қылмыстарын мойындамаса онда түрлі жазалар күтіп тұр. Оны сендер жақсы білесіңдер. Бүгін біз сендерге біздің тәртібімізді мойындамаған жас қызды қалай жазалайтынымызды көрсетеміз!
Бірнеше еркек шашы алынған, түрме киіміндегі, әдеміше келген қызды алып шықты. Мен оны жазбай таныдым. Офицер оның қасына келіп кідіргенін білетінмін. Жаңағы бастық әйел қайта сөз алды.
– Біз бұл қызды жазалаған сәтте сендердің назарларың осы көріністе болу керек. Еш жаққа қарамауларың тиіс, оған рұхсат етілмейді. Егерде сендердің іштеріңде назарларыңды басқа жаққа салғандар болса олар да қатаң жазаға тартылады. Түсіндіңдер ме?
– Түсіндік! – Біз жас қызға қандай жаза қолданылатынын білмедік. Сондықтан да болар қызды жазалаған кезде оған назарымызды салмау аса қиын соқпайтын шығар деп ойладық. Басқаларды қайдам мен солай ойлап, бұл сөзді зор сеніммен айттым. Ал жап-жас менімен құрдас қызға ешбір мемлекетте, осыбір елде қолданылмаған «айрықша жаза» қолданылғанда есімнен тана жаздадым. Маған бұл оқиғаны, аса жабайы жазаны жазу өте қиынға соқты. Бұл қан тамшылаған сөздерді жанарымнан жас тамшылап, жүрегім жылап, миым шыңылдап, құлағым бітеліп, көңілімнің нәзік жіптері үзілердей болып барынша тартылып тұрып әзер қағазға түсірдім. Мұндай имансыздықты, қатігездікті, зұлымдықты ақ қағаз да көтере алмай күлге айналып кете ме деп қорықтым. Ол сұмдық оқиға бұлай болған еді.
Бірнеше адам жап-жас қызды тура алдымызға әкеліп, офицердің командасын күтіп тұрды. Біздің жан-жағымызда әрқайсысымыздың көздерімізді, назарымызды аңдып жүздеген сақшылар қолдарындағы дубинкаларын қыса ұстап дайын тұрды. Команда берілді! Біздің көз алдымызда қаныпезер еркектер жас қызға жабайы аңдар сияқты тап берді де, оның киімдерін жалма-жан паршалап шеше бастады. «Мыналар не істейін деп жатыр?» деп шошына ойладым. Әп-сәтте қызды тұттай жалаңаштады. Қыз байғұсты шалқасынан жатқызып... мына шыққыр көзім не көріп тұр десеңші! Бірінші еңгезердей еркек....зорлай бастады. Тып-тыныш әлем! Екі жүздей адам-тұтқындар мұз болып қатып қалғандай бейне. Менде денем мұздап, дем ала алмай тұншығып кеттім. «Тоқтатыңдар, зұлымдар!» деп айқайлайын деп аузымды ашайын десем аша алмадым. Көзім қарауытып дүние төңкеріліп бара жатқандай бейне. Менің есімді басыма тарс етіп тиген таяқ жиғызды. Өз көзіме сенбей тағы алдыма қарадым. Мен, мен осы қыздың орнында болуым мүмкін еді ғой. Енді қарасам екінші еркек қызды езгілеп жатыр екен! Басымнан тиген соққы есеңгіретсе де көзім осы сұмдықты, жабайылықты көріп тұр еді. Аяғымнан әзер тұрған мен аянышты түрде қызға қарадым. Қыз көзін тарс жұмып алған! Үнсіз тістеніп жатыр. Үшінші, төртінші, бесінші жабайы еркектер оған жақындап келе жатты. Олардың көздерінен аюандықты көрдім. Көзім еріксіз жұмылды. Екінші соққы тура көк желкемнен тиді. А-х-х! Одан соң ештеңе білмеймін. Есімді лагердің емханасында жиғанымды білдім. Жанымда дәрігерлерден басқа лагердің бірнеше басшысының барын байқадым. Олардың жүздерінен қорқынышты, үрейді аңғарғандаймын. Олардың өзара қытайша әңгімелерін естіп жатырмын.
– Бұл қызға үлкен бастықтың көзі түскен. Егер өліп қалса жауап береміз. Сақшыларға тимеңдер деп айтуды ұмытып кетіппіз. Егер бұл қызға бірдеңе бола қалса бастарың кетеді, дәрігерлер. Қалай болғанда да емдеп шығасыңдар! Бұл бұйрық! – деді лагер басшысы ашулана шаптыға сөйлеп шығып кетті.
Дәрігерлер әлдебір аппараттарына қарап маған үміттене көз салып тұр.
– Қан қысымы қалыпқа келе бастады. Басынан қан көп кеткен. Дереу қан құю керек,-деді олардың біреуі. Басым түгілі бүкіл денем сыздап, ауырып барады. Көз алдыма жабайы жалаңаш еркектер келді. Әне, әне олар маған төніп келеді! «Кетіңдер! Кетіңдер, зұлымдар!» Қатты шыңғырып, айқайлап жібердім. Одан кейін тағы да есімді жоғалтқан болуым керек...
Орман. Биік-биік алып тарбиған ағаштар. Жап-жасыл әлем. Күннің сәулелері қалың ағаштың арасынан мөлдіреп шашырай түседі. Жалғыз аяқ жолмен жүріп келемін. Жалпы мен орманды жақсы көретінмін. Жайбарақат аяңдап, қолымдағы бір шоқ гүлді құшырлана иіскеймін келіп. Бұл гүлді маған жігітім сыйлаған. Ал өзі қайда? Оны іздеп алдыма, артыма қарадым. Жаңа ғана бірге келе жатқан сияқты еді ғой. Аспанға қарадым. Көк аспанмен астасқан ағаштар көлегейлеп ештеңе көрсетпеді. Жерге қарадым. Әдемі-әдемі гүлдерді көрдім. Кенет аспаннан әлдебір мақұлықтар секіріп-секіріп түсе бастады. Дәу-дәу маймылдар. Мұрындары жап-жалпақ. Таңқиған көздері ежірейген, санасыз көздер. Маған бәрі құмартып қарайды. Ойпырмай, мына құтырған қызыл көздерді қайдан көрдім? Иә, иә-ә, есіме түсе бастады.
– Сендер, сендер соларсыңдар ма? – деп сөйлеп мен шегіншектей бастадым.
– Иә, біз солармыз! Бізге енді сен керексің! – Олар гүр-гүр етіп осылай деді де, аяқ астарындағы әдемі гүлдерді таптай басып, жаншып маған төніп келе жатты. Оларға енді бір қарасам әп-сәтте адамдарға айналып кетіпті. Үсті-бастары жүн-жүн. Жалаңаш, көздері қып-қызыл.
– Маған тимеңдерші, ағатайлар! Тимеңдерші! Аяңдаршы мені!
Арқамнан біреу ұстағандай болды. Жалт қарасам жігітім екен.
– Қорықпа, аяулым! Бұл хайуандар саған ештеңе жасай алмайды. Мен сені қорғауға келдім. – Жігітімді көріп қатты қуандым. Қуанғаннан жылап жіберіппін. Төніп келіп қалған маймыл-адамдар шегініп, ағаш-ағаштың арасымен қашып, жылыстап кете барды.
– Рахмет, саған! Енді мені мұнда тастамашы, жаным! Сен кетсең бұлар бәрібір мені қоймайды, – дедім мен шырылдап оның кең құшағына тығыла түсіп.
– Жоқ, аяулым! Мен кетемін. Сені әлі талай шайқастар күтіп тұр. Мен сені сол жақта күтемін. – Ол әп-сәтте көзден таса болды. Жападан-жалғыз қалған мен оған қатты ренжідім. Оның артынан жүгіріп барғым келді. Бірақ намыстандым. Енді мені жан-жағыма жәутеңдеп қарадым. Тұрысым мынау.
Маймыл-адамдар қайта келе ме деп қатты қорқып тұрмын...
18 қыркүйек. Аждаһаның сұрқия жоспары
– Көзін ашты! Қайта тірілді! – Көзімді ашқанда осындай қуанышты дауыстарды естідім. Менің қайта өмірге келгеніме кімдер қуанып жатыр екен? Әдетте мұндай сәтте ең жақын адамдар ғана қуанушы еді ғой. Кім, кім екен бұлар? Тірілгеніме қуандым ба, қуанбадым ба білмеймін. Ал орманда жападан-жалғыз қалған қорқынышты шағым түсім екендігіне қуанғаным рас. Зұлым жабайы-адамдар қайта келе ме деп тұрғанда мынадай шат-шадыман дауыстар көңілімді көтеріп тастады. Сәт өтпей олардың қытайша сөйлегендерінен қуанған себептерін де білдім.
– Біз де тірі қалатын болдық. Қазақтың қылмыскер, жезөкше қызының амандығын тілеп, соншама абыржып, қиналып едік, – деді олардың біреуі. Мына сөзді естігенде жаңа ғана қуанғанымның ізі де қалмай, оның орнына дүлей, ыза, долылық келді әп-сәтте. Білегімдегі тамырға сұғылған системаның инесін жұлып тастап, таза ауа жұтқызатын аппаратын лақтырып тастап, басымды жастықтан жұлып алдым.
– Мен жезөкше емеспін! Ана байғұс қызға зорлық-зомбылық жасаған сендер, оңбаған, зұлымсыңдар. Мұндай сөзді, ондай қорлықты көргенше өлгеніміз артық. Өлтір, өлтіріңдер мені! – Менің дауысым қатты шыққаны соншама қабырғалар дірілдеп кеткендей болды. Дәрігерлер де абыр-cабыр болып қалды. Менің қытайша білетіндігімді олар білмеген сыңайлы. Біреулері аппаратты жалма-жан көтеріп, енді біреулері маған жабысып жатқызуға тырысты. Менің ызаланғаным соншалық оларға күш бермей орнымнан да тұрып кеттім.
– Кінәсіз, бейкүнә әйелдерді қорлап, зорлаған сендер нағыз жабайысыңдар. Қаншама әйелдер, жас қыздар өмірмен қоштасып жатыр. Маған енді бәрібір, – деп мен көз ілеспес жылдамдықпен «жезөкше» деп қорлаған әйелдің жағасынан алып, буындыра бастадым.
– Қарауыл! Қарауыл! – деп бір дәрігер айқайлап жіберді. Әлекедей жаланған сақшылар лезде сау етіп кіріп келіп, қолымды күшпен ажыратуға тырысты. Біреуі таяқпен басымнан ұрды. Дәрігер әйел қылғынып, қырылдап енді болмаса өліп кететін еді. Менің білегімнен қан саулап, бүкіл омырауымды дәрігердің ақ халатын, тіптен сақшы әйелдің үстін бүлдірді. Ал мен басыма тиген соққыға қарамастан дәрігердің жағасынан айрылмадым. Қолым қарысып қалыпты. Сақшылар күшпен ажыратты. Денем қалш-қалш етеді.
– Кешіріңізші, мен байқаусызда айтып қойдым. Бастыққа мұны айтпаңызшы, – деп қытай дәрігері даусы қыр-қыр етіп жік-жаппар болды маған. Мен оған таң қалдым. Осы сөз менің ашуымды басып, төсекке сылқ ете түстім. Қытайдың кішірейіп, кешірім сұрағаны мерейімді тасытты. Қайтадан әлсіреп, басым шыр айналып, төсекке жантая құлап бара жаттым...
Тағы да мені Аллам тірі қалдырды. Өлгім келді, өле алмадым. Ажал келмейінше қаншама азап көрсе де адам баласы оңайлықпен өлмейді екен. Атам «бас қатты ма, тас қатты ма?» дейтін Мао-ның кезінде концлагерлерде болғанда көрген азабымды ешкім көрмесінші деп жалбарынатын. Атамның тілегі қабыл болмады. «Мен түрмеге түсіп, осыншама азап көреді» деп біреу бұрын айтса ешкім сенбес еді. Енді мінеки менің де басымнан не өтпеді десеңші! Бірақ қалай болғанда да басқа түссе баспақшыл дегендей бастан кешкен азаптарым жан шошырлық. Ал он екіде гүлі ашылмаған қыздың зорланғаны ол азаптарымның қасында әшейін-ақ болып қалды. Жүрегіме ол оқиға жазылмас жара салды. Ұйықтай алмайтын халге ұшырадым. Көзімді жұмсам әлгі жабайыларды, олардың хайуандық көздерін көріп шошып оянатын болдым. Қытай дәрігерлері неге екенін білмеймін барлық жағдайды жасады. Лагер басшылары күн сайын келіп жағдайымды біліп тұрды. Бұған мен қалайша таңғалмаймын? Не үшін? Бұлар аяқ астынан неге өзгеріп шыға келді? Есіме лагер бастығының «Бұл қызға үлкен бастықтың көзі түскен. Егер өліп қалса жауап береміз» деген сөзі ойыма оралды. «Көзі түсті» деген не сөз? Осы бір сөздерде ерекше сыр бар екенін ұқтым. Сәл есім жиналғанда ақылдасатын ешкім жоқ па деп жан-жағыма қарадым. Менің жанымда сексенге жақындаған әже болды. Қатты соққы тигендіктен басын марлімен шандып тастапты. Өзі қазақ. Жалпы одан басқа да соққылар жасалған болу керек. Бірнеше күн есін жинай алмай, сандырақтап жатты.
– Қызым-ау, қиналдың-ау әбден. Оңбағандар, зұлымдар, кетіңдер, тимеңдер! – деп айқайлап менің есімді шығарды. Дәрігерлер оның қиналғанына пысқырып та қарамады. «Осыншама жасқа келген әжені не үшін түрмеге қамады екен? Қызы кім? Әлде әнеукүнгі қыз осы кісінің жақыны ма?» деп ойладым. Күн өткен сайын ол күдігім күшейе түсті. Себебі ол кісі әлдебір қыздың атын айта беретін болды. Оның: «Тимеңдерші! Тимеңдерші! Жап-жас қыздың жазығы не?» деген жалынышты сөздерін де естідім. Бір күні төсегімде ойланып жатқанда кейуананың өтінішті дауысын естідім.
– Қызым! Қызым! Су, су берші, айналайын! Шөлдеп өліп барамын, –деді қарлығыңқы үнмен. Орнымнан әзер тұрдым. Басым зеңіп ауырып, көздерімнен от ұшқындады. Бұл шапшаң тұрғандықтан болар деп ойладым. Жанымдағы стақанға су құйып, әженің аузына тостым. Қылқылдатып құныға ішті. Жан-жағына су төгілгеніне қараған жоқ. Ішіп болған соң маған алғыс мезіретін білдіріп басын изеді. Аздап ауырсына ыңқылдап қояды.
– Бір жеріңіз ауырып тұр ма?-дедім мен сыбырлай сөйлеп. Біреу естіп қоя ма деген үрей ғой баяғы.
– Бүкіл денемді біреу инемен шаншып жатқандай, ауырып тұр, – деген сөзді ол кісі әзер айтты да, көзін қайта жұмды. Бірнеше сағаттан соң қайта оянды. Сергіп қалғаны көрініп тұрды. Таныстық. Сыбырласып сөйлесеміз. Мен дәрігерлердің ерекше күтімінде, назарында болғандықтан ба сақшылар келіп қоқан-лоқы жасап, дігірлемейді. Апамыз мұғалім болып біраз жыл жұмыс істепті. Қазақстанға кетуге көптен бері әрекет еткен. Күйеуі, балалары, немерелері ол жаққа кетіп қалған. Азаматтық та алыпты. Ал апайдың паспортын алып, өзін осында қалдырған. Міне, содан бері осы азап лагерінде. Талай азапты көрген мұнда. Ал әнеукүнгі сұмдық оқиға бұл кісіге де қатты әсер еткен. Зорланған қызды бұл кісі жақсы таниды. Ауылдасы, көршісінің қызы. Әлі мектеп бітірмеген. Бір себеппен осында жіберіпті. Сірә, ханзулар қыздың сұлулығына қызыққан. Алдында бірнеше рет көргенмен сөйлесе алмаған. Сұмдық оқиғаға басында біраз шыдаған. Содан кейін шыдамай айқайға басады. «Әй, антұрғандар! Тоқтатыңдар мына зұлымдықтарыңды. Тоқтат!» деп айқайлай бергенде басына соққы тиген. Қыздың тағдыры менің тағдырыма ұқсас екен. Қарсылық көрсеткен соң лагерге жіберген сияқты. Мен де басымнан кешкен азаптарымды айтып, қос мұңлық мұңымызды шертістік. Көптен бері ешкіммен бұлай сөйлеспеппін. Ішімдегіні ақтарып, рахаттанып қалдым. Апаны тамақтандырып, әл жиғыздым. Ол кісі көп біледі екен. Әңгімесін айтты.
– Бұлар ешкімді аямайды. Үш миллиондай мұсылман осындай лагерлерде, түрмелерде азап шегуде. Қытай неге аяқ астынан шала бүлініп қаһарына мінді? Қытайландыру майданы алдымен мектептерден басталды. Оның алдында мұсылмандарға барлық жағдай жасалды. Жаймашуақ жылдар сыйлап, халықты жайбарақат тірлікпен алдандырды. Ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқаларға малын көбейтуге, баюға барлық жағдай жасалды. Синьцян аймағында ұлттық телеарналар, радио, газет-журнал дейсің бе бәрі де болды. Әр ауылда мешіт, ұйғыр, қазақ мектептері жұмыс істеп тұрды. Цин империясының ежелгі бұлжымас заңы осылай орындалатынын мен, тарихшы жақсы білдім. Қу, залым ханзулар да қарамағындағы құрбандыққа шалынар аз этностарды да әбден тойындырып, байытып алатын. Содан кейін ғана барып аждаһа оларды жұта бастайды.
– Мұның бәрі уақытша көз алдау, дайындық жұмыстары ма сонда? –дедім мен таң қалып.
– Иә, дәл солай. Адам жегіш ұлтшылдарды, қанішерлерді, зұлымдарды пайдаланатын, жалпы бақылау жасап, қыздарына еріксіз үйлену, құпия медициналық дәрілерді пайдалану, тазарту және зорлық-зомбылықтар арқылы этностарды сындырып алады. Олардың тілін, салт-дәстүрлерін, дінін біржолата жояды. Сөйтіп алып Қытайға ол этностар қалай сіңіп кеткенін өздері де білмей қалады.
– Сонда апа, енді біздің елдің болашағы жоқ па? Кішкентай болса да үміт оты жанбай ма? – Менің ішім удай ашып, жылағым келді. Апа да кемсеңдеді. Біраз үнсіз қалдық. – Әлсіз ғана үміт шоғы бар, – деп апа сәлден соң әңгімесін жалғастырды. – Біздің үнімізді, жағдайымызды бүкіл әлем естуі тиіс. Сырттағы қазақтардың, ұйғырлардың белсенділігі артып, үні күшейіп келеді. Қаншама көп болғанмен, қанша қуатты болғанмен қытай батыстан қорқады. Егер бүкіл әлем талап етсе қазіргі зорлық, зомбылықты тоқтатуы мүмкін. Бірақ бұл залымдар жымысқы саясат ұстап, басқа әдіс-айла қолданып, іштей ірітіп, қанымызды білдірмей ішіп, бізді жойып-құртып жіберуден тайынбайды.
– Апай, енді не істеуіміз керек? Өстіп құрып, жойылып кете береміз бе? Бауыздағанда қой екеш қой да бір мәрте аяқ серпімеуші ме еді? – Апам аздап су ұрттап, маған бажайлап біраз қарады.
– Қызым, сұлулығыңды пайдалан! Сені бордақылап, әнеу үлкен бастығына дайындап жатыр. Әйтпесе мыналар өтірік жымиып, сені жақсы көргеннен барлық жағдайды жасап жатыр дейсің бе?
– Сонда менің қолымнан не келеді, апа-ау? Әнеукүнгі қыз сияқты жабайы еркектердің талауына берсе мен не істей аламын? Сіз байқадыңыз ба, қанша еркектер жабылып жатқанда қыз бір қыңқ етіп дауыс шығармады ғой. Не деген шыдамдылық! – Мен аянышты түрде басымды шайқадым.
– Ол байғұсты алдын ала дайындады. Мәселен қылмыскер екеніңді мойындайсың деп оны мәжбүрлейді. Егер айқайлап, шыңғырсаң сонау ауылыңдағы әке-шешеңді, бауырларыңды қамаймыз, құртамыз деп қорқытады. Ханзулардың қулық, сұмдығын мен жақсы білемін. Бұлар ешқашан асықпайды. Көрші мемлекеттер қанша ақша сұраса да, бұлар аямай беріп, оларды әбден қарызға батырады. Осы арқылы жеріңді тартып алады. Ендігі Аждаһа елдің құрбандығы қазақтар, яғни Қазақстан. Біздің еліміз мұнайын, жерін беріп дұрыс істемеді. Бұларды жолатпау керек еді. Айтпақшы сен күнделік жазып жүрмін дедің бе? – деп апай әңгімесін басқа арнаға бұра маған қарап.
– Иә, жазып жүрмін. Менің мақсатым осындағы зұлымдықтарды қағазға түсіріп, елге жеткізу. Аллам қолдаса осы күнделігімді елге жеткізсем арманым болмас еді. Осы жолда өліп кетсем де өкінбеймін. – Мен жігерлене сөйледім.
– Сен өлуге асықпа, қызым! Мақсатың орынды. «Жаман айтпай жақсы жоқ» дегендей осы жерден ауруыңнан айыққан соң сені бастыққа алып кетуі мүмкін. Сен оны небір әйелдік қулықпен жолатпауға тырыс. Қашатын шағың осы сәттерде болуы әбден мүмкін. Мен саған бірнәрсе беремін. Соны берсең ол сеспей қатады. Оны ішетін сусынына салып жібер. Осы кезді пайдалан! Мә, ала ғой, тығып таста. Енді сәл ұйықтап алайық. Таң да атып қалды. – Апа маған кішкентай целофандағы нәрсені ұсына берді. Мен мұның у екенін бірден білдім.
2 қазан. Өлім тұтқындары
Ғұлама апамның айтқаны айдай келді. Айтпақшы ол кісіні жазылар, жазылмастан шығарып, бір жаққа алып кеткенін естідім. «Реті келсе мен де қашамын. Өлсем де, тірілсем де қазақ еліндегі бала-шағама жетуім керек. Бәлкім Қазақстанда, ата жұртымызда кездесіп қалармыз. Аллам соған жазсын!» дегені есіме кейін жиі-жиі түсетін. Мені де шығарып, бөлмеме әкелді. Бұрынғыдай мұғалім болғызбады. Бірақ сабақтарына қатысып жүрдім. Тергеуге де апармады.
Бір күні кешке жасырын түрде күнделігімді жазып отырғанмын. Әй-шәй жоқ төрт әскери адам кіріп келді. Күнделігімді әзер тығып үлгердім. «Киін!» деді олар бұйырып. Қайбір киім бар дейсің тез киіндім. «Қайда апарасыңдар?» дедім мен олардың жауап бермесін білсем де. Қаракиімділер үндемеді. Кенет менің басыма қара қап жапты. «Үніңді шығарма, әйтпесе басыңды жарамыз!» деді біреуі. Мұндайға үйренген басым үндемедім. Бірақ іштей ойладым, «біткен жерім осы шығар» деп. Екеуі екі жағымнан ұстап машинаға отырғызды. Көп жүрдік. Бәлкім үш, бәлкім төрт сағат. Әйтеуір бір жерге әкелді. Баспалдақпен жоғары көтерілдік. Бір бөлмеге кіргізген соң басымдағы қара қапты алды.
Кішкентай шағын бөлме. Тура бұрынғы өзім жатқан бөлмеден айнымайды. Пластикалық матрац. Дегенмен менің бұл жерде жаңа өмірім басталды. Аңғаруымша таудың ішіндемін. Сол лагердің көшірмесі. Сол сұрқай өмір. Мұғаліммін. Адамдарға қытай тілін үйретемін. Коммунистік партияны мадақтатамын. Түнде аз ұйықтаймын. Күнделік қойын дәптерімді толтырып, ұзақ отырамын. Қалайда тез бітіруім керек. Жүрегім сезеді, қашатын күнім жақын. Сақшылар аса көп мазаламайды. Сол күнді тездетуін Алладан қайта-қайта жалбарынып сұраймын. Әрине, бұл қайта тәрбиелеу лагерінде де адамдарды азаптаулар жүріп жатқанын біліп отырмын. Кейбіреулер сабағыма келгенде аурудан әзер отырады. Шыдайды. Шыдамай мінез көрсетсе одан да үлкен жаза күтіп тұр оларды. Басымнан өтті ғой. Көбісі қалғып, шұлғып отырады. Сақшылар ондайларды аямайды. Тағы да жаза. Қайта тәрбиелеу мұнда өте қатаң түрде жүретінін мен жақсы білемін. Олар үшін жүрегім ауырады. Бірақ өзімді де аңдиды. Оларға көмектесейін десем қолымда қайран жоқ. Бірақ бір күні шыдамның шегіне жетті. Бомба тәрізді жарылдым! Шулап, хормен коммунистік партияны мадақтап жаттық. Кенет бақылап тұрған сақшылардың біреуі сарт еткізіп бір адамды ұрып жіберді. Жалт қарадым. Он үш-он төрт жастағы бозбала еденде сұлап жатыр. Бет-аузы көкпеңбек жара-жара балаға мен мана келгенде-ақ көңіл аударғанмын. Ілби басып келіп үстеліне әзер жетті. Мұңға, жасқа толы көзінен, қабағынан қиналып тұрғанын көріп жаным қатты ашыды. Жаным ашығанмен оның жағдайын да сұрай алмаймын. Себебі түсінікті. «Бар болғаны он үш жастағы баланың не кінәсі, не жазығы бар еді, зұлымдар-ай!» деп іштей ызаланып, оған жаным аши қарадым да қойдым. Енді міне сақшының таяғы тиіп, байғұс бала еденде тыпырлап жатыр. Тұрайын деп қос қолын жерге тіреп әрекеттенген. Әзер тұрды. Бірақ тәлтіректеп сәл тұрды да, басы айналып кетті-ау шамасы, қайта жүрелеп отырып қалды. Сақшы дөрекі түрде қатты айқайлап:
– Тұр, оңбаған! – деді. Бозбала тұрғысы келді, тұра алмады.
– Тұр-р, деймін саған!
Дубинкамен оны сақшы ұрып-ұрып жіберді. Арық та әлсіз қолдарымен қорғана берген сорлы баланы сақшы тағы да дубинкасымен ұрайын деп сілтей бергенде мен шыдамай кеттім. Өте тез жылдамдықпен алдына кесе-көлденеңдеп тұрып үлгердім. Мұндай әрекетті күтпеген сақшы маған тесірейе қарап, дубинкасын көтерген күйі тұрып қалды. Содан соң ол маған бұйыра сөйледі.
– Кет, бұлай! – деді ол сес көрсете.
– Тиме! – дедім мен қытайша. – Енді ұрсаң ол өледі.
– Өлсе өлсін! Сатқындарға өлім! – деп сақшы зекіріп жіберді. Бұл сөз менің ызама қатты тиді.
– Жоқ! Ол сатқын емес! Ол әлі бала ғой. Сенің де балаң бар шығар. Осылай қинаса, ұрса жақсы ма? Тоқтат, әйтпесе сені бастыққа айтамын!
Сақшының қатты ызаланып, долданып тұрғанын көріп тұрмын. Тағы да екі сақшы біздің қасымызға ентелеп жетіп келді. Солардың біреуі мені қатты ұрып жібергенін білемін. Көзімнің оты жарқ етті. Тағы да соққылар тигенін еміс-еміс білемін. Ар жағы есімде жоқ...
Жайлаудамыз ба, әйтеуір көп қыздар тау баурайында қызғалдақ теріп жүрміз. Менің сыныптасым атымды атап өзіне шақырды. Қолын бұлғап тез келуімді өтініп тұр. Жүгіріп жетіп бардым.
– Әнең қарашы! Анау жотада әдемі киіктер, құралайлар кетіп барады. Тағы да орманнан бір құбыжықтар шығып келеді. Түрлері өте қорқынышты! Бізге қарай келе ме деп қатты қорқып тұрмын, – деп құрбым маған және ана құбыжықтарға үрейлене қарап. Осы сөздерді айтып бола бергенде әлгі құбыжықтар киік байғұстарды қоршап оларға тарпа бас салды. Олар қызғалдақты далада ойран-топыр етіп, әп-сәтте қанқасап етті. Бұл сұмдық оқиғаны бақылаймын деп, бір жағынан киіктерге жаным ашып өзімді біржола ұмытып кетіппін. «Дереу қашу керек!» деп ойлап жан-жағыма қарасам жанымдағы құрбым да, қыздар да зым-зия жоқ. Жалғыз өзім қалыппын. Қашайын десем аяғым жерге желімделіп қалғандай қозғала алмаймын. Кенет басы құбыжық адамның түріне ұқсас, құйрығы аждаһаның құйрығынан айнымайтын жабайы аңның біреуі маған көздері шоқ болып жанып, ауызы қан-қан болып маған төніп келеді екен.
– Апа-а! – деп айқайлап жібердім...
Біреу маған төне қарап тұр. Дәрігер-ау шамасы, үстінде ақ халаты бар. «Қайда, қайда жатырмын?» Кезекті мәрте ауруханада жатқанымды білсем де осы сауалды қойдым. Есіме он үш жасар бозбала түсті. Одан соңғы оқиғалар көмескі түрде ойыма орала бастады.
– Қызым, қайта тірілдің. Қатты қорқыттың ғой бізді. – Бет-аузы әжім-әжім шал сөйледі. Басым қатты ауырып жатыр. Денем дел-сал. Сірә, сақшылар мені кәдімгідей соғып тастаған сияқты. Ол зұлымдар сол әрекеттерінен рахаттанады ғой.
– Басың, денең ауырып тұр ма? – деді қарт дәрігер менің ауруларымды тап басып.
– Иә, – дедім мен әзер үн қатып. Жаңа көрген қорқынышты түсім есіме түсті. Түсің де, өмірің де қорқынышқа, үрейге толы. Олардан қалай құтылуға болады. «Аллам, өзің қолдай көр!» деп мен іштей жалбарындым.
Ауруханада біраз жатып қалдым. Обалы не керек, қарт дәрігерден бастап бәрі маған жақсы қарады. Осындайда өзімді кейде өлімнің тұтқыны ретінде, кейде ертегідегі кейіпкердей сезінемін. Себебі дәл қазір сап-сау жүрсең енді бірнеше минуттан соң лагерь жендеттері ешбір себепсізден-себепсіз ұрып-соғып о дүниеге аттандырып жіберуі әбден мүмкін. Яғни мен де, осы жердегілердің бәрі өлім тұтқындарымыз. Ал неге өзімді ертегі кейіпкері деп атағанымды құдай қаласа келесі әңгімемде айтамын.
12 қазан. Қорқынышты ертегі
Есім кіргеннен бастап ертегі тыңдағанды жақсы көретінмін. Ертегілердегі оқиғалар мені магниттей тартып, жанымды рахатқа бөлейтін. Әрине, мен әріп білмеген кезде ертегілерді атамнан тыңдайтынмын. Ол кісі менің ертекке деген махаббатымды оятты. Атам күніне бір ертегі айтатын. Онда да кешкі мезгілде. Сол бір шақты мен асыға күтетінмін. Марқұм атам ертегіні өте ғажайып түрде шертуші еді. Ол ондағы кейіпкерлер туралы айтқанда тура сол кейіпке кіретін. Қимыл-қозғалыс, бет-пішінін болып жатқан оқиғаға үндестіру, дауысында адамның, жан-жануарлардың көңіл-күйіне байланысты өзгертіп отыру атам үшін түн қиын емес. Нағыз тума актер дерсің. Ал мен сол кездері ертегі әлемінің тұтқыны едім. Ертегі кейіпкерлерімен күнделікті бірге өмір сүретінмін.
Енді мен «ертегі кейіпкерімін» деген сөзді неге айтқанымды сіздер де білесіздер ол ертегіні. Батыр жігіт жолға шығады. Ол бір қалаға кіреді. Оған тұрғындар үрейлі көрінді. Қаланың шетіндегі бір үйде кемпір отыр екен. Батырға шәй береді. Өзінің баласы жоқ болып шығады. «Тұрғындар неге үрейлі?» деген сауалға кемпір: «Бұл өзі бейбіт, тыныш қала еді. Соңғы екі жылда біздің мына тауда бір аждаһа пайда болды. Сонымен бірге бізге үрей келді. Бұл өзі тоймайтын ашкөз, қомағай, зұлым хайуан екен. Күн сайын оған бірнеше ірі қара мал, тамақ және бір қыз керек. Аждаһа әлгі малдарды, тамақтарды көзді ашып-жұмғанша бұтарлап жеп қояды да, қызға құмарта қарап, біраз ермек қылады. Ең соңында оны да қылғытып жұта салады екен. Қазір қаламыз әбден кедейленді, беретін қыз да қалмады. Енді ертең патшаның жалғыз сұлу қызы бар. Соны аждаһаға бермекші!»
Ертегінің арғы мазмұны белгілі. Менің айтайын дегенім сол ертегідегі аждаһа құрбанының бірі өзім сияқтымын. Бүгін бе, ертең бе әйтеуір мені бір аждаһа-адам ермек етпекші. Ол кім? Жанымда жегідей жеген сауал осы. Ұрғанға да, соққанға да, қорлағанға да көніп, төзіп келемін. Ал аждаһаның ермегіне айналғым келмейді. Одан да өлгенім жақсы. Ауруханада мені емдеген дәрігер тағы бір сұмдықтардың шетін қылтитты. Мен ойлаушы едім қытай деген бәрі жаман, зұлым, залым, кәпір деп. Жоқ, жақсы адамдар сирек те болса бар екен. Оның бірі маған ғашық болған, сол үшін ол қазір лагерлердің бірінде қайта тәрбиеленіп жатыр. Ал мына қарт дәрігер де қасиетті ислам дінін қабылдапты. Мені әкемдей қарап, жылуын, шуағын төкті. Ол кісі видео бақылаудан қалай қорғанудың жолын біледі екен. Маған ол кісі қалай сенді, қалайша бар сырын айтты? Есімнен танып, талмаусырап жатқанда «Алланы» қайта-қайта айтыппын. Қарт дәрігер осы сәттегі сезімін бұлай жеткізді.
– Осы қасиетті сөз менің жан дүниемді қозғап, жүрегімді елжіретті. Сен жас қыз болсаң да иман жолына біржола түскеніңді байқап, риза болдым. Сонымен бірге сенің жас өміріңнің ауыр да қиын, қауіпке толы екенін білдім де, саған көмектесуге ұйғардым. – Мен ол кісіге алғашқыда сенбедім. Сенбеуімнің себебі ханзулардың талай қитұрқы әдістерін жақсы білемін. Ішкі сырыңды білу үшін жансыздарды саған жібереді. Ол саған жанашырлық жасағансып, көмектескісі келгендей сені әңгімеге тартады. Тәжірибесі жоқ лагерге немесе түрмеге алғашқы келгендер оған сеніп қалады да, жан сырын төгіп салады. Мәселен кейбіреулер өлгісі келетінін немесе қытайларды жек көретінін немесе елге қашуға әрекет еткенін айтады. Оның артында қандай жаза тұрғанын ойлап көріңіз. Осы жерде олардың тағы бір сасық қулықтарын айта кетейін. Бірде мен ауыр тергеуден кейін қатты ұйықтап кетіппін. Оянғанда азан шақырып жатыр екен. Азанның сазына бұрын да қатты елтитінмін. Бұл жолы да жаным рахаттанып көзімнен жасым сорғалап жаттым. «Бұлар неге азанды қойып отыр?» деген сұрақ басымда жылт етіп өте шықты. Сөйткенше болған жоқ қара сайтандай менің жанымнан тергеуші пайда бола кетті. Жылағанымның себебін қазбалап сұрап әбден зықымды шығарды. Мына арандататын жағдайды айтпасам тағы болмас. Сол кезде де жағдайым да, денсаулығым да мәз емес. Бірақ ханзудың тергеушілерін де, сақшыларын да сұмдық жек көретінмін. Әлім жетсе шеттерінен қырып салғым келіп тұратын. Оған шама қайда-а? Міне, сондай шақтардың бірінде «жып-жылы» төсегімде есім кіресілі, шығасылы болып жатқанмын. Кенет біреулер айқайлады. Шошып кеттім. «Қытайларды өлтірейік! Олар әділетсіз!» деген сияқты менің жаныма жағатын сөздер айтылып жатты. Мен де ұшып тұрдым. Халық көтеріліп, ол зұлымдарды шетінен өлтіріп жатқан шығар деп ойладым. Оларға мен де қосылайын, кегімді алайын деп ұшып тұрсам бәрі тым-тырыс. Тек әнеу шеттегі жаңадан келген әйел ғана тұрыпты. Бұл тергеушінің кезекті арандатуы екен. Менің әрекетімді көріп, тергеуші тағы да жазалады. Әрине, осындай арандатусыз-ақ тергеушінің де, сақшылардың да жағасынан алған қайсар жандарды да көрдім. Жазалаудың әбден шегіне жеткені соншама әйелдер жаппай көтеріліп, оларды қан қасап етіп өлімші етіп сабағандарын да көрдім. Жә, мен бүгін көбірек мылжыңдап кеткен сияқтымын. Сығырайған шамның жарығында күнделік-хатты жазу оңай емес. Оны тезірек бітіріп тастағым келеді. Бірақ бітіре алмай жатырмын. Сақшылар байқап, көріп қалса соншама күндер, түндер жазған кітапшаңды тартып алып, бірден жойып жіберетіні сөзсіз. Сондықтан сауысқандай сақ болу керектігін басты қағидат етіп алғанмын. Сонымен қарт дәрігер маған жау ма, дос па? Осы ой мені қатты мазалап, қалайда оған көзімді жеткізуім керек. Бірақ қалай?
– Қызым, сен маған сенбей жатқаныңды жақсы біліп тұрмын. Сену, сенбеу сенің өз еркіңдегі нәрсе. Бірақ Аллаһтың атымен ант етемін! Мен саған жау емеспін. Сенімен дос болғым келеді. Оны менің кәрі жүрегім қалап тұр. Содан соң мен сенің бір құпияңды біліп қойдым. Кішкентай құпия кітапшаңды көрдім. Күнделік-хат жазып жатыр жатыр екенсің. Мен оны көрейін деп көрген жоқпын. Жараңды емдейін деп жатқанда байқадым. –Дәрігердің мына сөзі мені қатты шошытты. Себебі одан айрылу мен үшін өліммен тең еді.
– Ағатайым, оған тимеңізші! Жәй еріккеннен жазып жүрген шатпақтарым ғой, – деп шыр ете түстім.
– Қорықпа, қызым! Қайта мен оны қауіпсіздендіріп, қытай көсемінің суретін сыртына жабыстырып, мойныңа ілетін ілгегін жасадым. Егер ханзулардың біреу-міреуі оны көріп қалса сыртындағы суреттен қорқып кетеді, тимейді. Мә, тағып ал! – Қарт дәрігер балаша мәз болып күліп, кітапшамды өзіме тапсырды. Енді қалайша оған сенбейін!
– Рахмет, ағатай! Сіз ханзуларды жек көретін секілдісіз ғой, – деп мен де қарап тұрмай ол кісіден сыр тарттым. Ол сәл ойланды да бұлай деп жауап қатты.
– Жалпы мен де ханзумын. Алайда өзімнің зерттеуімше бұл құжат жүзінде ғана деп топшылаймын. Мен осы мәселеде көп ойландым, іздендім. Жалпы қытай шынында да аждаһа іспеттес. Ол жанына жақындаған елді біртіндеп жұтады. Солай жасайды да. Ол оның кәнігі әдісі. Бұлар неге көп білесің бе?
Ол маған сұраулы жүзбен қарады да, сәт өтпей жауабын өзі берді.
– Аждаһа жұтудың әдісін біледі. Әрине, бірден жұтпайды. Мысықтың тышқанмен ойнағаны сияқты алдымен аңысын байқайды. Көрші мемлекет болса мол қарыз береді, инвестиция салады, тыңшыларын жібереді, ол елді әбден зерттейді, ол жақта өндіріс орындарын салады, жұмысшыларын апарады, жігіттерін қыздарына үйлендіреді, тауарларын өткізеді. Олардан ақша аямайды, адамдарын сол елде көбейтіп береді. Қысқасы мысықтабандап еніп, ешқандай соғыссыз ол елді жаулап алуға тырысады. Бұл өте залым әрі зұлым халық. Күліп тұрып қаныңды ішеді. Әр елді қосып-қосып алған соң бұл Цин империясы қырық құрау халыққа айналған. Осы соңғы үш-төрт жылдың көлемінде ұйғыр, қазақ елдеріне ауыз салды. Жылдар бойына бұл елдерге тиіспей, жағдайларын жасап әбден сенімдеріне кірді. Енді күйретіп жатыр. Тілін, дінін, салт-дәстүрінен айырып, себепсізден-себепсіз жас демей, кәрі демей абақтыға тоғытып, аяусыз жазалап жатқанын көріп отырсың. Әрбір лагерде 3 мыңдай адам болса, бәрін қосқанда миллиондаған жандарды азаптау олардың күнделікті, үйреншікті кәсіптеріне айналған. Оларда адамға деген мейірім, жан ашу деген болмайды! – Қарт дәрігердің ызаланғаны соншама қолдары дір-дір қағып, бет-аузы көгеріңкі тартып көпке дейін өз-өзіне келе алмады. Содан соң кемсеңдеп жылады.
– Ағатай, жыламаңызшы, – деп ол кісіні жұбаттым. Қарт дәрігерге деген көңіліндегі көлеңдеген күдік те біржола сейілді.
– Кей-кейде мына, мына қолдарыммен ол фашистерді, жендеттерді шетінен буындырып өлтіргім келеді. Кей-кейде осылай өзіме-өзім ие болмай кетемін. Кешір, қызым! Көңіліме медеу тұтатын нәрсем сендей ғаріп, әлсіз адамдарға өз еміммен көмектесетінім. Осындай бейбіт мамандық бергеніне Аллама шексіз, шексіз шүкірлік етемін!
– О-о, ағатай, сіз мұсылмансыз ба? – Мен ол кісінің сөзін бөліп, таңданғаннан айқайлап жібердім.
– Т-с-с, қызым! Мен де түріктің ұрпағымын!
– Не дейсіз? Шын ба?
– Шын-шын, қызым! Құжатта ханзумын. Ал, қаным, тегім түрік. Оны мен көп зерттедім. Жаңа айттым, бұл Аждаһа халық қырық құрау деп. Біздің бабаларымыз кезінде Цин империясын тас-талқан етіп жеңіп, оларды басып алған. Бұларды табанына салып, билік еткен. Сонда жүз мыңдаған түрік тектес бауырларымыз осында өмір сүрген. Өкінішке қарай кейін ауызбіршіліктің жоқтығынан бірімен бірі шайқасып, ақыр соңында өлгені өліп, өлмегендері, яғни біздің бабаларымыз ханзуға сіңіп кеткен. Қанымды тексерттім. Қаным түрік екен. Ал мұсылман дінін менің әкем де ұстаған. Мен жалғастырдым. Бірақ жасырын. Бұл дінді ұстағанымды өте құпия ұстаймын. Сен қызым, жазып жүрген күнделігіңді Қазақстанға қалай жеткізбексің? Біз осыны ақылдасуымыз керек, – деді ол кісі маған ойлана қарап.
– Менің арманым да, алға қойған мақсатым да осы. Сол үшін өмір сүріп жүрмін. Әйтпесе баяғыда-ақ өліп кетер едім,-деп мен кесімді жауап бердім.
– Өлуге, асықпа! – деді дәрігер жымиып. – Өлуің, өлмеуің бір Алланың қолында. Мен тағы да ойланамын. Қолымнан келгенше көмектесемін. Сенің тағдырың естуімше бір үлкен лауазымды ханзуға тіреліп тұр. Сұлулығыңа оның көзі түскен. Сен соның құрбандығысың. Қайта-қайта соққыға жығылып ауруханаға түсіп, әзірге оның тырнағына түспей тұрсың. Ол қазір өте ашулы. Маған қоңырау шалып «Тезірек емде!» деп бұйрық берді. Ал мен емімді созып жүрмін. Бірақ қашанғы созамын? Қазір оның тыңшылары жанымызда өріп жүр. Сен күн сайын олардың бақылауындасың. Бір жол бар. Лауазымды адамның сеніміне әбден кіріп алсаң, саған аздап еркіндік беруі мүмкін. Міне, осы кезде қашуыңа болады. Алайда ол қауіпті. Енді оны көре жатармыз. Сенің күнделігіңе жазатын мына мәселелерді тыңдап ал. Реті келгенде оларды кіргізесің.
– Ол қандай маңызды мәселелер? Сіз айта беріңіз. Менің есте сақтау қасиетім күшті, ағатай, – деп мақтанғандай болдым.
Ол кісінің әңгімесінен көп сұмдықтарды естідім. Оның біршамасын мен күнделік-хатымның өнбойында айтып кеткенмін. Оларды қайталап айтпай-ақ қояйын. Менің ең басты ұмытпағаным ханзулардың қасиетті Құран-Карим кітаптарын өртеп, күл-қоқысқа тастауы. Мұны білетінмін. Бірақ тек біздің ауылда ғана ма деп ойлағанмын. Сөйтсем ол зұлымдар, құдайсыз кәпірлер барлық жерлерде де осылай сұмдықтарға барған. Оларды қалай ғана жер көтеріп жүр екен? Қатты, қатты ызаландым. Естігенде жылап та алғанмын. Қазір де жан дүнием қопарылып, жүрегім ауырып, қатты ызаландым. Ешкімді қорғамайық деп едім, қасиетті Құранымды қорлаған соң шыдай алмай «Алланың қаһарына ұшыраңдар!» деп қалай айтқанымды білмей қалдым. Артық айтсам Аллам кешірсін!
Түрік ғалым ағам тағы бір қытай құпияларының шет жағасын айтқанда қатты қорқып кеттім. Олардың Орта Азия мен Қазақстанды жаулап алу мақсатының бар екендігін баса айтты. Әсіресе ханзулардың көз сұғын қадап отырғаны қазақтың жері. Қытайларға ол жердің тұрғындары мүлдем қажет емес. Сондықтан ол елді химиялық, биологиялық дәрілерді, заттарды, жәндіктерді, вирустарды пайдалану арқылы адамдарды жою әдістерін қолданып жатқаны жасырын емес. Ондай препараттар киімдер арқылы да жіберіліп жатыр. Қытайдың тыңшылары мен небір зиянкес жәндіктерді, құрт-құмырсқаларды арнаулы лабороториялар арқылы жарықтандырып, жұқтырып жібереді. Олар жеміс-жидек, азық-түлік дәмдеуіштермен де елге жеткізіледі. Мәселен Қытайдан әкелінген бананның құрамынан осындай жұқпалы ауруларды тарататын вирустар табылған. Балалардың ойыншықтарында да улы заттардың болғандығы дәлелденді. Мына лагерлерде денсаулықты құртатын дәрілер берілетінін ол кісі жақсы біледі екен. Оны ішкен әйелдер ешқашан бала тумайды, еркектер белсіздікке ұшырайды.
– Қызым, бәрін, бәрін жаз! Қорықпа! – деді ғалым ағам ашулана сөйлеп. – Қазақтарды сақтаңдар! Оларды тұқымымен жойып жіберіп, бұл жерге қытайларды толтыру үшін ханзулар ештеңеден тайынбайды. Ондай жоспар және картада дайын. Олардың азық-түлігінен, киімінен біржола, үзілді-кесілді бас тартсын. Дабыл қақ, қызым! Шекарадан өтерде қытайларды бақайшағына дейін тексеріп өткізсін. Қатаң режимдегі виза беру шараларын қарастырсын! Әйтпесе ол мемлекет түгелімен жойылып кетеді. Содан кейін көп заттар арқылы тыңдағыштар жібереді. Одан да сақ болсын!
Ол кісі біраз үнсіз отырды да, біреу естіп қоятындай тағы да сыбырлай сөйлей бастады.
– Қызым! Менің тыңшыларым тағы бір сұмдықты айтып жатыр. Тыңшы болғанда менің үлкен ғалым досым бар. Ол аждаһаның құпия зертханасында жұмыс істейді. Бактерологиялық-химиялық зертхана. Сонда адам баласын құртатын, жоятын вирустарды жасайды да, оны елге таратады. Мына жасап жатқан бірнеше вирусы бүкіл адамзат қоғамына өте қауіпті вирустар. Өте жұқпалы. Оның мақсаты әлемді қыру. Менің қаупім ол вирустарды осы лагерлерде тәжірибе қолдана ма деймін. Ол аурудың белгісі тұмауға ұқсайды. Бірақ ол жай өте қоймайды, адамға өлім себеді. Ауырған адам ентігеді. Яғни ол вирус өкпеден алады. Науқастың аузы-мұрнынан қан кетеді. Қарт адамдар алдымен қырылады. Осы алапат ауру толқыны жер шарын шайып өткен соң қалған әр адамдарға малға салған чип сияқты бір пәлені салып, сол арқылы қожайын болып бүкіл әлемді билеп отырады. Түріктерді мәңгүрт ететін әдіс бар. Тура сол сияқты адамдар мәңгүртке айналады. Осыны да жаз, қызым! Бұл құдайсыздар енді әлемге құдай болмақшы. Оларды Аллам жазаласын!
Қарт досым қатты ызаланды. Жылап жіберді. Көпке дейін есін жинай алмады.
Мен ауруханадан кетсем де ол кісі маған келіп тұрды. Көп ақыл-кеңес айтты. Шіркін, әрбір түрік осы кісідей патриот болса ғой!
23 қазан. Пәктігімді жауға бергенше өлгенім жақсы!
Иә, иә, ақыры мен үрейлене күткен аждаһа-адаммен де кездесудің уақыты жетті. Кештіғұрым сұйық көжемді ішіп, бір тілім қара нанымды жеп, бөлмеме келсем екі еңгезердей сақшы мені күтіп тұр екен. Дереу жиналуымды бұйырды. Баяғы қап-қара қапты басыма кигізіп, машинаға отырғызды. Содан кейін ұзақ жолға түстік митыңдап.
Осындайда маған серік нәрсе-ой. Таусылмайды-ау, таусылмайды. Бірінен соң бірі сабақтасып, осы ұзақ жол тәрізді жалғасып жатады. Әсіресе өксікті соңғы үш-төрт айдағы азабым мен дозағым жүз жылға татитын сияқты. Мен өлім гүлі сияқты сезінемін өзімді. Себебі мен ажалмен күн сайын кездесемін. Немесе зұлым, залым ханзулар маған және мен тәрізді миллиондаған бейбақтардың әрқайсысына бір-бір өлім гүлін сыйлап, әдейі, қасақана олардың тағдырларымен мазақтап, ойнағандай көрінеді. Әлсіз, нәзік гүл өлімменен тайталасты. Ол жеңуге тырысты, мен жеңілмеу үшін жанталасып келемін.
Жо-жоқ, мен өлім гүлі емеспін. Сен, сенсің өлім гүлі, ей, фашист ханзу! Өлім жан-жағына ажалдың уын шашады. Жарты әлемді уысында ұстаған Ақсақ Темірді кім білмейді?! Оны сен де білесің, әй фашист ханзу! Арша еті арша, борбай еті борша болып баласын іздеп бір Ана азуын айға білеген, қаһарына жан баласы шыдамайтын патша Ақсақ Темірге қаймықпай келгенін білетін боларсың? Бірақ сен фашист ханзу оны қайдан білесің? Сендер надансыңдар! Жендетсіңдер! Сен тек әлсіз адамдарды азаптауды, қорлағанды, зорлағанды, өлтіруді ғана білесіңдер. Сен ажал шашқан тікенекті өлім гүлісің! Бірақ саған сабақ болсын деп осы аңызды айтуды парыз санадым. Тыңда, бәлкім осы аңызды естіген соң тәубеңе келерсің. Қайдам, сендей жәндіктерді тірідей жейтін тасжүректерге бұл ғажайып аңыз-хикая әсер етпес. Бәрібір тыңда!
Жалпы мен бұл аңызды жазушы Ғабит Мүсіреповтің кітабынан оқыдым. Мектептер арасында жарыс болып, мен бұл «Өлімді жеңген Ана» туралы әңгімені түгел жаттадым. Сөйтіп облыс бойынша мәнерлеп оқудан бірінші орын алғанмын. Сол жаттағандарым үзік-үзік болып есіме түсе бастады. «Мақтасақ, әйелді мақтайық та, құрметтейік те әйелді! Әйел-ана, барлық қиындықты жеңетін, сарқылмайтын күш, тірліктің қайнар бұлағы емес пе?
Дүниеде әйелді құрметтеп, әйелді нұрға бөлейік те! Әйел-ана, дүниеде ажалды жеңген жалғыз күш қой. Оның алдында Азияның айбарлы арыстаны Темір де, Темірді жеңген өлім де басын иген...
Қара шаштары тарқатыла жалбырап, жалаңаш көкірегін жапқан, беті шойындай қап-қара. Бірақ жасымаған көзі от шашып, әмір етіп тұрғандай. Қап-қара қолдары Темірге созғанда бір қалтырамады.
– Тыңда! – деді әйел. – Сен өлімге қызмет етесің, мен өмірге қызмет етемін. Сен өлім шашасың, мен өмір шашамын. Дүниеге адам әкелем, білдің бе? Сондықтан мен сені адамға санамаймын да.
– Аю, қабылан, арыстан, бастарын жерге салбыратқан тағы бұқалар көп ұшырасты. Өзі сенің көзіңе ұқсап, оттай жайнап, өлім шашып тұрған жолбарыс та маған ұзақ қарап тұрды. Бірақ әрбір ананың жүрегі бар емес пе? Олармен осы сенімен сөйлескендей сөйлесіп жүрдім. Қанішер аңдарды қан ішкіш патша сенімен салыстырғаныма ашуланба! Олар да менің ана екенімді біліп иланды, ауыр күрсініп, мені аяп жөндеріне жүре берді. Аңның да баласын сүйетінін сен білмейтін бе едің? – дейді әйел Темірге төніп...
– Солай, әйел! – деді Темір. – Мен білем, аңдар, көбінесе адамдардан күштірек сүйіп, жауларымен адамдардан гөрі табандырақ алысады. Ең қатты жауыздық адам баласынан шығады деген қорытындыға мен де келдім...
– Адам деген бала ғой. Өйткені ананың жанына көз салсаң, жүз есе бала, адам қашан да адам анасының баласы. Әркімнің анасы бар. Сен шал білесің бе, сені де әйел тапты. Сен құдайдан бас тарта аларсың, ал енді анаңнан бас тарта алмайсың, шал! – деді әйел.
– Солай, әйел! – деді көтеріліп өр ақын Керман. – Солай, өңкей бұқадан бұзау тумайды. Күндіз гүл гүлдемейді. Махаббатсыз бақыт болмайды, ел де болмайды.
Әйелге құлдық ұралық! Мұсаны, Мұхаммедті, Исаны тапқан әйел ғой. Жауыздардың Исаны өлтірмекші болғаны рас. Бірақ Шарафатдин айтқандай ол тірі. Бізге қажымас қыран тауып беретін әйел. Анаға құлдық ұралық! Аристотель сол әйелдердің ұлы, ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби, Фирдауси, балдай тәтті Сағди, у қосылған шараптай Омар Хайям, Ескендір мен соқыр Ғұмар, ұлы Абай, сендердің бас ұратын Конфуциялар, көсемдерің – осылардың бәрі сол ананың балалары, бәрі ананың сүтін емген...»
Мен осылай Ана туралы аңызды әлі де жатқа айта алады екенмін. Тағы да осы жерде айтпауға болмайтын бір оқиға есіме түсіп отыр.
Саяси сабақтан тарап келе жатқан бетіміз еді. Менің артымнан бір кісінің қиналғаны, ауыр тыныс алғаны естілді. Жалт қарадым. Үлкен кісі, салиқалы ана екен. Мен қараған кезде ол кісі тәлтіректеп бір орнында тұрып қалды. Мен жүгіріп барып қолтығынан демедім.
– Мен, менің күнім жақындаған сияқты. Өзінің есімін, ауылын атады. Тірі қалсаң менің балаларыма сәлем айт. Өлмеді, тірі жүр де. Келеді де. Әйтпесе ботақандарым жасып, қиналып, жылап қалады ғой, – деді ол маған қинала әзер сөйлеп. Сол сәтте жап-жас сақшы қыз зіркілдеп жетіп келді.
– Кім сендерді сөйлесуге рұхсат берді. Мә, оңбағандар! – Қолындағы дубинкасымен үлкен кісіні ұрып жіберіп еді, мен дереу кісендеулі қолдарымды, өзімнің денемді тоса қойдым. Бір соққысы қолдарыма, екіншісі жон арқама тиді.
– Қызым, сен бұлай кет! Мен өлген адаммын. Сен тірі қал! Әй, сақшы! – деді ана қаһарлана күшін қайта жинап, – Сенің де мен сияқты әжең, анаң бар шығар. Соншама неге зұлымсыңдар! Есіл-дерттерің өлтіру, азаптау, қорлау. Қанеки, ұр, ұр мені!
Сақшы «ана» деген сөзді естіп сіл кідіріп қалды да, содан соң қайта долданып ананы, үлкен кісіні басынан аямай бір періп жіберді.
– Хайуан! Хайуансың!
Бетін қан жуған ана енсеріле құлап бара жатты. Мен оны демеуге күшім жетпей қалды. Себебі басқа зұлым сақшылар келіп менің өзімді де соққының астына алған еді...
Ей, ханзудың жендеттері! Жарты әлемді билеген Темірдің өзі де, небір аңдардың алыптарының өздері анаға қарсы келмей, бас игенде сендер аналарды аяған жоқсыңдар. Сендер де титтей де аяушылық сезім жоқ. Сендер адам емес, ібіліс, шайттанның ұрпағысыңдар. Адам деген аттан садаға кетіңдер!
Машина ішінде кетіп бара жатқанымды ұмытып жаңағы қатты сөздерді дауыстап айтып жібердім-ау, сірә. Екі жағымдағы сақшылар маған, менің иығыма жармаса кетті. Мен шынында да қатты ызаланып тұр едім. Оның үстіне қарулы қолдар иығымды мытып жіберді.
– Неден қорқасыңдар? Мына кіп-кішкентай қыз сендердей алыптардың тырнағынан қашып кетеді деп ойлайсыңдар ма? Өңкей, малғұндар! Хайуандар! – Қатты айқайлап машинаны басыма көтердім. Олар үндемеді. Маған қол да көтермеді. Менің де сәлден соң ашуым басылды. Көп ұзамай үлкен қалаға кіргендей болдық. Машиналардың гүрілі, адамдардың шуылынан осыны аңғардым. Менің ендігі тағдырым осы қалада жалғасатын болар. Шынында да машина тоқтап, мені түсірді де бір үйге кіргізді.Есік сыр етіп ашылды. Оның кейін лифті екенін білдім. Зырылдап онымен жоғары көтеріліп бара жаттық. Тағы бір есікке кіргенде менің басымдағы қапты сыпырды. Үлкен әдемі үй екен. Қытай әйелі жымиып қарсы алды.
– Сәлем! Қытайша білесің бе? – болды оның алғашқы тіл қатысы.
– Білем, – дедім әзер тіл қатып.
– Жақсы екен. Сендер есіктің алдында тұрасыңдар. Әскери киімдеріңді шешіп, қарапайым киініңдер. Қожайыннан басқа ешкім кірмеуі тиіс. Жүр, қызым. Мен сені шомылдырам. Мына үстіңдегі сасық киімдеріңді тастайсың, – деді ол маған тағы да жымия қарап. Мені осы әйел қожайын үшін дайындайтынын іштей білдім. Білдім де қатты қорқып кеттім. Мен өзімді далада өскен әлсіз қызғалдақтай сезіндім. Қожайын сол қызғалдақты аяғымен таптайтыны сөзсіз. Қалай ғана қорықпайын? Мен осы сәтте де, бұрын да соншама сұлулық бергеніне қатты өкіндім. Ол сұлулықтың қызығын қайдағы бір ханзу көрмек. Ал менің арманым қандай биік еді десеңші!
– Саған қожайын алғаш көргенде-ақ ғашық болыпты, – деп әйел менің ойымды бөліп жіберді. – Егер оған ұнасаң ол сенің жағдайыңның бәрін жасайды. Ол осы өңірдегі түрмелердің бәрінің бастығы. Бәлкім сені бостандыққа шығарып, әйел етіп алуы да мүмкін. Оған барынша ұнауға тырыс. Әрине, сен әлі жассың. Еркекпен төсектес болып па едің бұрын?
Мен бір жағынан бұл сөзге қатты ұялдым, екінші жағынан іштей ызаландым. Ызаланғаным, неге мен пәктігімді жат біреуге, қазағымды жылатқан дұшпаныма сыйлауым керек? Иә, ол күшті, қарулы. Мен оны бермегенмен ол тартып алады. Ал тартып алмауы үшін не айла істеуім керек? Әрине, мен ол сұрақтың жауабын таппай қиналдым. Аллам жар болсын!
– Иә, түріңнен көріп тұрмын. Бетіңе қызыл реңк жүгірді. Әлі де пәк екенсің!
Әйел мені кішкентай бала сияқты шомылдырды.
– Денеңнің көп жері көгеріп кетіпті. Аямай ұрыпты ғой, сау-тамтығың жоқ. Қалай өліп қалмағансың? Нәзік те әдемі қызға қалай ғана зорлық жасаған, қалай ғана қол көтерген? – деп ол шомылдырып жатқанда қатты ашуланды. Мен үндемедім.
Асханасы үлкен екен. Неше түрлі тамақтар, тағамдар самсап тұр. Қарным аш еді. Мұндай тамақты көптен бері жемеген мен ұятты қойып қомағайлана жеп, тойып алдым. Әйел маған аяп, мүсіркеп қарап.
– Же, же, тойып ал! Әбден қарның ашып қалыпты ғой, – деді зор мейіріммен. – Кешке қожайын келем деп еді, бір жұмыстары шығып қалыпты. Әзірге келмейді-ау, сірә. Сен демал, ұйықта, күшіңді жина!
Мен бұл сөзге іштей қуанып қалдым. Бір күн, екі күн болса да «ажалым» әрі қарай жылжыды. Бұл қорқынышты сөзді әдейі жазып отырмын. Егер мені қожайын пайдаланса, онда ол өлгенмен тең. Мен одан кейін денем тірі болғанмен, өзімді өліге санаймын. Ал одан қалай құтыламын? Осы сауал менің көкірек сарайымда сан рет қайталанды. Жауап таба алмай аласұрдым.
Иә, иә, менің қолымда зор қуатты күш бар. Ол – у. Осыны беріп сеспей қатырамын. Сөйтіп бүкіл мұсылмандардың кегін қайтарамын. Нәзік жаным рахаттанды. Мен де солай өлім гүліне айналамын. Ол зұлымды хош иісім бұрқырап отырып, мына нәзік қолдарыммен өлтіремін! Бірақ ол оңай емес. Ендеше басқа қандай айла істеймін. Я, Аллам, қолдай гөр!
29 қазан. «Мен қытайдан қорықпаймын!»
Жанымды жай таптырмай мазалаған сауалдың жауабы аяқ астынан шешілді. Менің ойымды сіздер жақсы білесіздер. Бар арманым қолымдағы күнделік хатты елге жеткізу. Екінші арманым әрине сол елге жетсем деймін. Ең болмаса тәнім ата-жұртымда қалса деп ойлаймын. Ал тірі жетсем онда қашқандығым үшін сондағы түрмеге түссем де қуаныштымын. Қарапайым жұртқа бұл армандар мен қуаныштарым өте қорқынышты болып көрінетіні сөзсіз.
Сіз мені жанкешті, есі дұрыс емес делқұлы жан екен деп ойлап қалмаңыз. Олай ойлау үшін менің орныма өзіңізді қойыңыз. Осыдан бес-алты ай бұрын мұндай ойларды айтқан адамдарға мен де таң қала, сенбей қарауым мүмкін еді. Осы соңғы уақыттағы көрген жантүршігерлік азаптар, қытай машинасы мені мүлдем өзгертіп жіберді. Көкірегіме өмірбақи кетпейтін кек тұнды. Өмірге басқаша көзқарас қалыптасты. Енді бірнеше күннен соң он сегізге толамын. Ойларым, толғаныстарым балаңдықтан арылып, кексе адамның салиқалы ой көкжиегіндей болып толысқандай бейне. Әр нәрсеге, әр оқиғаға, тіптен адамдарға да сақтықпен қараймын. Мен өмірдің қатал, қатігез сүзгісінен өттім. Бүкіл әлем қорқатын қытайдан мен енді қорықпаймын. Шынын айту керек, қытай алып халық. Олар өте көп. Өте өте ақылды, өте еңбекқор, өте залым, өте қу халық. Оған зұлымдықтарын қосыңыз. Миллиардтан асқан халықты бір мақсатқа жұмылдырып көріңіз. Мен соған таң қаламын. Олар біздің де сондай отаншыл, жанкешті қытайға айналғанымызды қалайды. Сондықтан ештеңеден тайынбайды да, қорықпайды. Өздерінің ойлап тапқан темір қалыбына салып, бір тұрғыда ойлайтын, робот адамдарды жасап шығарады. Ол жан дүниеңді, рухыңды, намысыңды сындыру арқылы жасалады. Мынадай азаптардан кейін оған айналмай көр! Мен содан қорқамын. Қазақтығымды, пәктігімді сақтаған күнімде қауіпсіз атажұртыма жетсем деген ойымды сіздерге жеткізе алдым ба, алмадым ба білмеймін. Менің бойымдағы намысым, рухым, қайсарлығым алғашқы азаптардан кейін-ақ мүжіліп, таусылып, сынып өмірге немкетті қарайтын бейшара жанға айналар ма едім кім білсін? Олардың орнын толықтырып, соққан, ұрған сайын шыңдалып, құрышқа айналатын темірдей қайсарлық берген менің Аллама деген сенімім. Ішіме кіріп алған, ібілістер, жын-шайтандарға, сырттағы қара қытай атты ібілістерге қарсы қайсарлық беретін дұғаларымды, сүрелерімді оқып өзімше қарсылық танытамын. Әлсіздік әлеміне кетіп бара жатқан мені олар жұлып алып адами ерік-жігерімді толықтырып, қайта орныма қояды. Жолай мейірімді адамдарды жолықтырып, рухани күш-қуат, ем сыйлатты. Оған менің басымнан өткен оқиғалар арқылы жақсы таныссыздар. Менің марқұм атам айтты қайтыс боларда мына сөзді айт деп: «Бүкіл он сегіз мың ғаламды, бүкіл әлемдерді жаратқан Алладан күшті, қуатты ешкім, ештеңе жоқ. Адам-ата жаратылғаннан бері өзіне бойсұнбаған небір ірі, алып елдердің өздерін жер бетінен жойып жіберген. Қытай қанша мықтымын деп әспенсігенмен егер Алланың қаһарына ұшыраса бір сәтте-ақ жер бетінен жоқ болады. Мына ханзулардың әлпеттері жаман. Күндердің күнінде сенің басыңа да күн туғанда үмітіңді жоғалтпа, сеніміңнен айрылма, қызым!» деуі ол менің алғы өмірімді болжағандай. Қиналған кезімде атамның осы сөздері есіме түсетін, жігер-қайрат беретін. Жоғарыда «Мен қытайдан қорықпаймын!» деп батыл айтуымның бір себебі осында жатыр.
Сонымен шешім қалай табылды? Күтуші әйел күні бойы менің жанымда болады. Түнде жалғыз қаламын. Үш бөлмелі үйдің ішінде жаныма қажеттің бәрі бар. Тоңазтқыш неше түрлі тамаққа толы. Бірақ бірнәрсе жетіспейді. Ол – бостандық. Шіркін, құс болсам ұшып қалаған жағыма кетер едім. Қайдағы? Терезелердің бәрінде темір тор. Сыртта қос күзетші. Қалай қашамын? Бірде күтуші әйелдің топ кілті мен телефоны салынған сөмкісі қалып қойды. Есіңізде ме, мені емдеген қарт дәрігер? Сол кісінің телефонын жаттап алғанмын. Дереу қоңырау шалдым. Бірден алды. Ол кісі қатты қуанды. Мен жағдайымды айттым. Қазір қожайынның жоқтығын, бірақ келіп қалу қаупі жоқ еместігін жеткіздім. Қалайда қашудың қажеттігін, соған көмектесуін өтіндім. Ол маған бір жолды айтты: «Өтіріктен қатты ауыр. Мәселен өтірік талып қал. Ал қожайының мені шақырады. Себебі мен оның жеке дәрігерімін. Әр жағын тағы да ақылдасармыз» деді ол. Дереу телефондағы сөйлескен нөмірімді жойдым.
Бұл сценарийды тезірек жүзеге асыруым қажет болды. Әйел оралғанда мен «ес-түссіз» құлап жаттым. Ол кісі менің бетімнен шапаттады, су бүрікті, мен тұрмадым. Содан соң қожайынға телефон соқты. Көп ұзамай жедел көмекпен бірге дәрігер ағам келіп жетті.
Тағы да аурухана. Бірақ осы жолы бұл жерге өз еркіммен бардым. Мені жалғыз жеткізді. Дәрігер ағамның жоспарынша бүгінгі таңда қашып шығуым тиіс. Бірінші қабат. Терезеден шығуым тиіс. Машина күтіп тұрады, ол шекараға жеткізеді. Әрі қарайғы тағдырымды өзім шешпекшімін. Бір Аллам жар болсын! Кішкентай болса да көз шырымымды алмақшы болып, төсекке қисайдым. Мызғып кетіппін.
1 қараша. Ханзудың көзінен аққан жас
...Үйімде жүрмін. Апам, әкем, бауырларым, туысқандарым бәрімен арқа-жарқа қауышып жатырмын. Әбден сағыныппын. Кенет қай жақтан пайда болғанын білмеймін баяғы маған ғашық болатын ханзу жанымда тұр! Қолында қарлығаш. Мыжып ұстайды.
– Мынаны мен жеймін қазір. Қарным ашты, – дейді ол дауысы қыр-қыр етіп. Бұрын да бірдеңе жеген бе аузы қан-қан. Біздің үйге жыл сайын қарлығаштар ұялайды. Қос қарлығаш балапандарын шығарады. Оларды ұшырады. Бізден қорықпайды. Күзде бізбен қатарласа отырып қоштасқандай болады да, алысқа ұшып кетіседі. Міне, тағы да сол ұяда қарлығаштың балапандары шыр-шыр етеді. «Жібер! Жібер анамызды!» дегендей болады. Мен де қатты ашуланып кеттім.
– Жібер, оңбаған ханзу. Оданша мә, нан же! – дедім қаһарланып.
– Жоқ! Біз мақұлықтарды да, адамдарды да тірідей қанын сорғалатып тұрып жегенді жақсы көреміз. Кедергі жасама! Сені де жеймін, – дейді ханзу қырылдай сөйлеп. Көздері қып-қызыл. Саусақтары адамдікі емес, аждаһаның қолы сияқты сойдиған тырнақтары бар. Мен қорқып тұрсам да қарлығашты қорғауым керек екенін ұғып тұрмын. Үстелдің үстінде жатқан пышақты жылдам қақшып алдым да, көз ілеспес жылдамдықпен ханзудың жүрегіне салып келіп жібердім. Қарлығаш пыр етіп ұшып кетті. «Өледі. Ханзу құлайды» деп оған өшіге қарап тұрмын. Селт етпедім. Бұдан бұрын да талай өлгендерді көргенмін. Өліктердің жанында жатқанмын. Ал мына зұлым ханзу өлсе рахатқа батар едім.
Жо-жоқ, ханзу оңбаған өлер емес. Пышақты суырып алды. Әп-сәтте оның орны бітеліп қалды.
– Ха-ха-ха! – Ханзудың күлгені не деген қорқынышты еді, не деген жағымсыз еді!
Ханзулар өлмейді. Олардың мың жаны бар. Енді әлі менің тоғыз жүз тоқсан тоғыз жаным бар, сұлу қыз! Жер жүзі болып жабылсаңдар да қытайды құрта алмайсыңдар, ақымақтар. Жер жүзін біз, аждаһа елді жаулап аламыз. Ақшаға сатылмайтын халық жоқ. Бәрін де сатып алып ұлдарын құл, қыздарын күң етеміз. Мен сені күң еткім келді. Сен көнбедің, ақмақ, жынды қыз. Енді қарашы, сен кімсің? Міскінге, бейшараға айналдың. Сен Аллам қорғайды деп едің ғой. Кәне, айтшы, неге қорғамайды? Ха-ха-ха, ақымақ қыз!
Мен бұған қатты ашуландым. Бірақ өзімді өзім тежеп, сабырға шақырдым.
– Мен ақымақ емеспін, ей, ібілістің құлдары! Біз мықтымыз, күштіміз дейсіңдер, қабырғамды сындырып, жүрегіме ине тықсаңдар да мінеки, аман-сау мен сенің алдыңда тұрмын. Әскерің де, жандармың да, көсемің де маған ештеңе жасай алмады. Рас, олар мені аяған жоқ. Бірақ сендердің алдарыңда сынған жоқпын. Оның үстіне тап-таза, пәкпін! Адам қалпымды сақтадым. Ал сен кімсің білесің бе? Сен талай адамды жылатқан зұлымсың, фашиссің! Сен мынаны ұқ! Адамның көз жасы ешқашан жібермейді. Әлі-ақ Алланың қаһарына ұшырайсыңдар. Қазірдің өзінде сендер Алланың мейірімінен адасыңдар. Жын-шайтанның құлысыңдар. Өлмейтін пенде жоқ. Ахирет, қиямет күні немесе ақырзаман деген болады. Сол кезде әлемдегі бұрын-соңды өткен пенделердің бәрі Алланың алдында жиналып жауапкершіліке тартылады. Сонда сен не деп ақталасың? Мен сенің қол-аяғың дірілдеп, қалшылдағаныңды, дозақтың отында шыжғырылып күйген сәтіңді көргім келеді. Мен ақымақ емеспін, сен ақымақсың! Қазіргі күндеріне мәзсіңдер. Сендер перғауыннан мықты емессіңдер. «Мен құдаймын!» деп кеудесін пергілеген перғауынның мүрдесі қазір Англияның музейінде жатыр. Сенбесең бар, көр! Бәлкім сонда ғана тәубеңе келерсіңдер, ақмақсыңдар! Мен Алладан ғана қорқамын! Өлім гүлінің иісі денелерінен сасыған, жүректерің тасқа айналған міскінсіңдер, бейшаралар, кетіңдер біздің ауылдан! – Менің сөзімнен бүкіл таулар теңселіп, өзендер күрсініп, көк аспан жаңғырғандай болды. Ханзудың қорқып кеткенін байқадым. Алайда ол онысын байқатпағансыз маған аждаһа тырнақты қолдарын арбита ызалана ұмтылды. Сол сәтте қарлығаштың балапандары шиқылдап сала берді. Әп-сәтте олардың ата-анасы да пайда бола кетті. Олар ханзуға тап-тап беріп, оның айналасында зырылдай ұшып мені қорғауға тырысты.
– А-а-а! Мен сені өлтіремін! – деп ханзу одан сайын жынданды.
– Қаш, қаш, әпке!-деп балапандар шырылдады. Осы сәтте мен күтпеген ғажап оқиға болды. Қос қарлығаш көз ілеспес жылдамдықпен қас қағым уақытта ханзудың қос көзін шұқып-шұқып алды. Екі көзінен қан аққан ханзу бақырып жылап бетін уқалап, қалт тұрып қалды. Содан соң жан далбасалап айқайлады.
– Өлтірем, өлтірем бәріңді! – деп бырқырап тауға қарай теңселіп кетіп бара жатты...
Өңіме бергісіз түсім екен. Шошып кеттім. Бөлмедегі сағатқа қарадым. Әлі де машина келуіне екі сағаттай уақыт бар. Дәретімді алдым. Сапар намазымды оқыдым. Содан соң бірден жазуға отырдым. Күнделігімнің соңғы беттері болар бұл. Осы сапарымда шекарадан өте алам ба, әйтпесе оқ тиіп жолда қалам ба, оны бір Алла біледі. Мен ештеңеге өкінбейін. Әрине, мен де өмір сүргім келеді. Өлімнен бәріміз де қорқамыз. Айтпақшы менің бүгін туған күнім. Он сегізге толдым. Армандарым қандай көп еді, десеңші! Жазушы, журналист болғым келетін. Алғашқы бәйшешек жырлар жазғанмын. Ол үйде қалды. Үйді, әке-шешем, бауырларым, туғандарымды сағындым. Бәлкім олар менің шатпақтарымды алып көрер. Жариялар, жарияламас. Бірақ олар да менен қалған ескерткіштер. Мына алмағайып аласапыран заманда жақындарымның не күйде, қандай жағдайда, қай жерде жүргендерін білмеймін. Қытайда жақсы да жаман да, зұлым адамдар да бар. Бәрін жамандай алмаймын. Оны мен жүз жылға татырлық соңғы өмірімде бағамдадым. Міне, сондай жақсы бір аяулы ағамның көмегмен құдай қаласа шекараға, атажұртқа аттанбақпын. Менің ендігі бір Алладан тілейтінім мына жазғандарым тағы да бір жақсы, жанашыр адамдардың қолдарына тисе деймін. Кететін уақыт жақындап қалды. Қош болыңыздар. Еліміз, қазағымыз аман болсын. Атажұртыма айтар өтінішім мына қытайдан сақтаныңыздар. Оларды жолатпаңыздар. Келер ұрпағыңның қамын ойласаңдар ханзудың тамағын аштан қалсаңыздар да жемеңіздер, киімін кимеңіздер. Оларды бұлар жақсы ниетпен бермейді. Қырылсын деген оймен береді. Ханзуларға сіздер көк тиынға қажет емессіздер. Оларға біздің жеріміз қажет. Сіздерге атажұрт қожайындары, бауырларым тағы бір отінішім бар. Осы Қытайды жайлаған, қазір етектері жасқа толып отырған бауырларыңызды жолын тауып дереу көшіріп алыңыздар. Енді Қытай бұларды аямайды. Аяп та жатқан жоқ. Алланың атымен сұраймын. Кішкентай ғана қыздарыңыздың, қандастарыңыздың, қарындастарыңыздың бұл соңғы өтініші болар. Өтінемін! Құтқарыңыздаршы, оларды аждаһаның қанды тырнағынан! Халқымды сіздерге аманат етемін, бауырлар! Ал қош, сау болыңыздар. Бәлкім кездесіп те қалармыз. Бәлкім бұл фәниде емес, Мақшарда кездесерміз. Сіздерді, бір Аллам қолдасын! Қош-ш!!!
1 наурыз. Қызға ғашық бір жан бар
Аты да, заты да белгісіз қайсар, қазақ қызының, қарындасымыздың күнделігіндегі осы сөздерімен бәрін аяқтауға болар еді. Аяулы қызымыыздың атын қанша анықтауға тырыссам да оған қолым жетпеді. Жазушы ретінде талай көркем шығармаларды, дүниелерді өмірге әкелдім. Олардың барлығында кейіпкерімнің аты-жөні болатын. Байқап отырған шығарсыздар бұл қарындасымыз екеуміз жазған шығарма кейіпкерінің аты жоқ. Тіптен ешқандай кейіпкердің аттарын күнделік иесі атамаған. Себеп-салдарын сіз де, біз де жақсы біліп отырмыз. Аманат жүгі ауыр, серттің жүзі өткір. Күнделік араб ғарпімен жазылған. Қыздың жазуы өте майда және асығыс қағазға түсірілген. Қызымыздың ерлігі, қайсарлығы орасан. Анадай ауыр жағдайда жазу меніңше ерліктің ерлігі. Егер ол күнделікті біліп қойса өзін тек өлім жазасы күтіп тұрғанын ол біле тұра осындай әрекетке барғанына, уақыт тауып жазғанына мен таң қалдым. Әйтпесе жан-жағының бәрі қаптаған сақшы, полицей, самсаған бейне түсіргіш құралдар. Қайта-қайта ауыр да, жан түршігерлік соққылардан, жазалаулардан ауруханаға түсуі, қайта-қайта өліп-тірілу. Не деген жансебілділік, не деген шыдамдылық. Небір аптал, қайратты жігіттердің өздерін сындырып, қайта тұрмастай етіп есеңгіретіп, есін шығарып немесе жынды етіп жібермей ме? Жібергенде қандай!
Осы күнделікті қайта жазу барысында қытайдағы түрмелерде, лагерлерде болған жігіттермен сөйлестім, көптеген азаматтардың бейне-таспаларын арнайы тыңдадым, ой сүзгісінен өткіздім. Тіптен сонда жұмыс істеген полицеймен пікірлестім. Өйткені мұны көркем дүниеге айналдырсам да қыздың жазған оқиғаларынан, шындықтан ауытқымауды алдыма мақсат етіп қойдым. Оның үдесінен шыға алдым ба, көңіл көзі қарақты оқырман айтады ғой деп ойлаймын. Жазушы қай шығармасын жазғанда да оның тұшымды болғанын, халыққа үлгі-өнеге беруге тырысатыны бесенеден белгілі. Мен бұл шығарманы «нартәуекел!» деп қолға алғанда сонау Қытай елінде қиналып жатқан, жойылып кетуге бет алған қазақ бауырларыма кішкентай болса да, көмегі тисе деген шынайы ниетті, мақсатты алдыма нық қойдым. Біле, көре тура өз бауырыңа жаның ашымаса, көмек қолыңды созбасаң, онда сенің бауыр екендігіңнен не пайда?! Ең болмаса сөз қаруыңмен көмектес! Менде сол ой, сол мақсат болды. Әрине, мұның бәрі бір Алланың қалауы. Әйтпесе айдаладағы шекарашы жігіт мені қалай тапты? Ол күнделік басқа біреудің қолына да түсуі мүмкін еді ғой. Шекарашы демекші жақында күнделікті әкелген жігіт маған қоңырау шалды. Ол өзінің басынан кешкен қызық жағдайды баяндады. Түсінде күнделік иесі қызды көріпті. Оның әңгімесінен аңғарғаным қызды бұрыннан білетін қарындасындай жақын тұта сөйледі.
– Аға, мен оны түсімде көрдім. Тура сол қыз. Себебі оның бет-жүзін жақсы білемін ғой. Мен ондай сұлу жанды бұрын-соңды көрмеппін. Әлде о дүниедегі адамдар сұлуланып, кете ме? – Шекарашы жігіттің сөзінде ерекше жылылық, нәзік бір сезім ұшқыны бар.
– Ау, бала, сен ол қызға ғашық болып қалыпсың ғой, жүдә. Бір-ақ рет көрдің емес пе оны?
– Иә, иә, аға. Ғашық болып қалғанымды қайдан білдіңіз, аға? – Ол аптыға сөйледі. Мен күлдім.
– Ұшқын шашылған сөздеріңнен байқап қалдым. Оның ыңғайсыздана күлгені сезілді.
– Ұшқын шашылған дейсіз бе? – Ол сәл ойланды да қайтадан сөзін жалғады. – Ондай сұлу қызға ғашық болмау мүмкін емес. Түсімде көргенде жүзбе-жүз кездестік.
– Сонда ол бірдеңе айтты ма?
– Айтқанда қандай! Өте шешен сөйлейді екен. Оның мәңгілік мекені біздің шекара бекетінен алыс емес. Демалыс күні ойыма сол қыз есіме түсті де моласына бардым. Білген сүрелерімді оқыдым. Бірақ Құранды бағыштағанда атын атау керек қой. Не айтарымды білмей «осында жатқан қызға бағыштадым» дей салдым. Сол түні түсімде көрдім оны. Біздің казарманың жанында әдемі бақ бар. Сол жерге барыппын. Кенет ту сыртымнан келіп бір нәзік жан көзімді басты. «Кім?» дедім жүрегім әлденеге өрекпіп. Үндемеді. «Кім?» дедім тағы да. «Өзің тап, ойлан! Мен кіммін?» деді ол сыңғырлай сөйлеп. Мен біраз ойландым. Алайда таппадым, танымадым. Ол сыңғырлай күліп жіберді де, қолдарын жібере салды. Жалт қарадым. Бір ғажайып сұлу қыз тұр! Қарақат көздері, пісте мұрны, үлбіреген қызғалдақ ерні. Жүзі таныс. «Ойпырмай, бұл сұлуды қай жерде көрдім?» деп ойландым. Таптым, таптым! «Ой, ол, ол..» деп іштей күбірлей бердім.
– Таптың, таптың, бәрекелді! Нағыз шекарашы екенсің, жігітім. Бірақ ол өліп қалған ғой, деп ойладың ғой. Солай ма?
Тілім байланды. Қалай, ғашық болып қалғанмын ба? – Қыз әппақ тістерін көрсете маған нұрлана қарады. Одан сайын жүрегім аузыма тығылды.
– Қасқайып жаудан қорықпайтын баһадүр жігітім мен сенің жағдайыңды жақсы түсініп тұрмын. Саған рахметімді айтайын деп келдім. Маған ғашық болма! Сен өзіңе жақсы жар тап. Мен өлілер дүниесіндемін. Иә, саған алғысым шексіз. Біз, өлілер Құран дәметеміз. Өзгелерге Құран бағышталатын. Маған ешкім, ештеңе келмейтін. Сен келдің. Алла разы болсын! Ең басты қуанышым менің тәнім атажұртымның топырағына келіп орныққаны. Жазғаным жүрегі жайсаң өзің сияқты жандардың қолына түскені тағы да көңіліме жұбаныш. Оған, саған тағы да алғысым шексіз. Мен жүрегім қалаған аманатымнан құтылды. Оны жүзеге асыртуға көмектескен, желеп-жебеген Аллама сан мәрте шүкір! – Ол менің бетімнен сүйді. Ып-ыстық ерінінің табы бүкіл денемді тебірентіп, толқытып жіберді, аға. Мен шынында да оған ғашық болып қалдым. Сезім нәзік қой. Оған істер шарам жоқ. Сурет салатыным бар еді. Суретін салып сөмкіме салып қойдым. Сағынғанда қарап қоямын.
– Есімін атамады ма?-деппін мен асыға сұрап.
– Айтпады, аға. «Кейін тағы да келермін. Ел тынышталғанда ғана айтамын» деді.
– Жәрәйді, бауырым! Қоңырау шалғаныңа рахмет. Қолым бір тигенде немесе кітап шыққанда мен де қарындасымның қабіріне барып қайтармын...
***
Бұл мен үшін ауыр жазылған шығарма болды. Себебі маған артылған аманат жүгі де, шығармадағы кейіпкерінің тағдыры да ауыр еді. Алғашқыда қалай бастарымды білмедім. Хикаяттың атын «Қанды күнделік» деп бірден қойдым. Әрине, әр шығарманың алға қойған мақсаты болуы тиіс. Бар болғаны он сегіз жас қана өмір сүрген, бір-ақ тауқыметі, азабы таудай бойжеткеннің қайсарлыққа толы өксікті ғұмырын әр сөзі арқылы баяндау арқылы оның ерлігін көрсеткім келді.
Адам ерлікті жасайын деп алдына мақсат қойып ұмтылмайды. Үлкен жүректі адамдар негізінен адамды немесе туған елін қорғау жолында әрекетке барады. Басқа ер адамдарды айтпағанда біздің батыр қыздарымыздың даңққа бөленуі елін, жерін қорғаудағы қайсарлығында жатыр. Әлия, Мәншүк, одан әрідегі тарихымыздағы батыр қыздар ерлермен бірге қолдарына қару алып жаумен шайқасты. Ал мына аты белгісіз қыз қолына қару алмаса да елін төнген апаттан құтқару үшін қаламын қару еткен. Ештеңеден, ешкімнен қорықпай тек алға ұмтылған. Мақсатына жетті ме, жетті. Аманат жүгі шекарашы жігітке, ұзамай маған ауды. Әрине, мен де аянған жоқпын. Тек менікі ерлік емес, жанашырлық. Бірақ үшеуіміздің мақсатымыз ортақ еді. Енді аманат жүгі басқаларға, билікке әсіресе оқырманға жүктелмек. «Көп қорқытады, терең батырады». Шығарманы оқыған соң билікке талап қою керек. «Әнеу, алыста көзі жәудіреп көмек күтіп отырған, қытайдың қанды тырнағынан құтыла алмай отырған қалың қазақ отыр қиналып. Біз оларды мемлекетіміз болып қорғай алмасақ, әруақтар риза болмайды. Өмірін бәйге тігіп, оқ тисе де қаны сорғалап еліне, жеріне еңбектеп жеткен жап-жас уылжыған батыр қыздың жанынан жанымыз артық па? Ендеше намыс туын көтеріп, жат жердегі оларды, бауырларымызды құтқаруға қам жасайық. Қалың Қытай жеріне сыймай жатыр. Артық адамдар оларға қажет емес. Бәлкім, ел болып халықаралық ұйымдарды пайдаланып талап етсек, оларды елге әкелуге септігі тиіп қалар. Дұға тілейік. Әрекет етейік, ізденейік. Алладан жалына сұрайық. Қарындасымыздың аманатын солай етіп орындасақ, үйіміз Аллаға, әлемге жетсе кәнеки. Шүкірміз, тәубеміз, сабырымыз жетіп артылатын халқпыз. Қыс артынан көктем, ауырлықтың, қасіреттің артынан жақсылық келетіні анық. Ол өмір заңы. Сол өмір заңы орындалғай! Әмин!