Адам қарады: 89 | Жарияланды: 2020-07-31 08:40:01

Қызыл кітапқа енген жігіт

— Шіркін, шын махаббат мына жалған, пендеге арман дүниеде бар ма екен?! Бар болса, неге көзіме көрінбейді?

—Қателестің, қияли құрбым! Махаббат көзбен көріп, қолмен ұстайтын, сенің кештерге киіп баратын азбас-тозбас қызыл көйлегің емес!

— Сол көйлекті өзің кимегендей сөйлемеші, Айгүл! Жақында ғана дәмханаға киіп барып: «Бір жігіттің көзіне түсіп қалдым. Ол маған «Қызыл көйлек киген қыз» деген ән айтты», — деп, екі езуің теріс айнала жаздап келген сен емес пе едің?!

— Иә, ән айтқаны рас. Артынан толғау айтып, мені бездіріп алған өзі. Сол пақыр менен гөрі саған жақындау ма деп ойладым.

— Айгүл, дос қызымның жігітімен танысып, тамыр болу менің қағидама қайшы келетінін біле тұра неге олай дейсің? Шіркін, көшеде мені біреу тонамақ болып жатқанда, екі иығына екі кісі мінгендей, бойы көкпен таласқан, мысықтың балапанындай сүп-сүйкімді жігіттің төресі құтқарып алса! Сосын маған ғашық болса..

— Түу, Жаннұр, сен тіпті елес қуып кеттің. Қаймана қазақ сені құтқарып қайтсін? Өз жөнімен жосылып кете берсін!

— Онда былай сынақ жүргізейік. Мен алдыға түсіп, озып кетейін. Сен қатарласқан бойда менің сөмкемді алып қаш. Сол кезде маған көмекке сымбатты жігіт келе ме екен?

— Қолқалап қоймадың ғой, жарайды.

Жоспар жүзеге асты, бірақ Жаннұрдың арманы орындалмады. Жан ұшыра айғайлап, көшені басына көтерсе де, сымбатты жігіт түгіл жетпіске келіп, желкені қисайған шал да қайырылмады. Қос құрбы ауыр күрсінді: «Шынымен-ақ «қарындасым, қалайсың?» деп қайырылатын абзал ағалар, жайсаң жігіттер азайып кеткен бе?»

— Жоқ, олар азаймаған. Соңғы тұқымдары болса да арамызда жүр. Біз жай ғана олармен тоқайласа алмадық.

— Жаннұр, сенің үмітіңде шек жоқ қой! Қыздың келте көйлегіне емес, жылауық жүрегіне үңілетін жігіттер қазіргі заманда сиреп барады. Оларды тіпті Қызыл кітаптан да таба алмайсың!

— Айгүл, сен сары уайымға салына берме. Көйлекке емес, жүрекке

сезім құлағын түретін жігіттер бар.

— Жә, бекерге дауласып қайтеміз! Онсыз да қаншама жерді өкпеміз өшіп жаяу жүрдік. Әне, бізге қажет автобус келді қара түтінге булығып. Шопыры да шамасы келгенше автобустан қалыспай, көк түтінін шиырып отырған шығар.

— Айгүл, маған бір ой келді. Мен автобуста сақау қыздың кейпіне енемін. Сен маған қолдау танытып тұрасың. Сондағы жігіттердің әрекетін көрейік!

Екеуі қол алысты. Автобуста ине шаншар орын жоқ. Қос қыз иненің көзінен өтердей жіңішке болғандықтан ғана сыйып кетті.Түйенің жарты етіндей төңкерілген семіз болса, үйлеріне жету мұңға айналар еді-ау.

Жаннұр тілі мүкіс қыздың қалпына кіріп, өзінің иығын креслоның жақтауындай көріп сүйеніп алған бір жігітті сөге бастады:

— Әй, зігіт, әлмен тұлшы! Мен де Құдайдың залатқан пендесімін ғой. Елкін тыныстауға мұлша беліңіз.

— Ызыңдамай жайыңа тұр. Мен сендей міскінге жабысып тұруға құмар емеспін! Келбетті жігіт дүрсе қоя берді. Уәдесінде тұрып, сөзге Айгүл араласты:

— Өзіңіз сері емес, пері, жігіт емес, түбіт екенсіз. Кембағал жанға жәрдем етіп, ығысып тұрудың орнына ауыр сөздер айтып, жүрегін жараладыңыз! Осы жігіттер мүкіс қыздарды кемсітуін қоятын күні бола ма?

— Оның тілін жұлып алып, сонадай ызылдатып қойған мен емеспін. Былай тұршы. Мен түсем!

Аюдай ақырған жігіт қыздарды жанши жаздап, өтіп кетті.

— Сен зігіт емессің. Сендейлелді зүн дейді, — деп Жаннұр қалды. Осы сәт біреу Жаннұрдың иығынан түртті. Орнын бермек еді. Жаннұр ат-тонын алып қашты.

— Отылмаймын. Сізге лахмет. Дегенмен мені мүсілкемеңіз. Жігіт жанына келіп тұрды. Жіг-жапар болып ақталды:

— Сізге аяушылық білдіру ойымда болған жоқ. Көздеріңіз аса нұрлы, тым мөлдір екен.

— Лахмет. Сақауға Құдай әдемі көз белмейді деп пе едің?

— Жоқ, қарындас. Сіз әр сөзімнен ши шығарып, мені әбден састырдыңыз ғой. Есіміңіз кім болады?

— Атым — Заннұл.

— Атыңыз да мағыналы екен. Мына алдамшы өмірге нәр беретін — қыздар. Сондықтан қыздарды тіліне де, түріне де қарамай сый тұтамын. Сосын «нағыз ғашықтарды мұң табыстырады».

— Мен зігітпен дос болғанды ұнатамын. Білақ біл зігіт ақыл соңында «зүлейік» деп занымды ауылтқан.

— Жаннұр, жақынырақ танысайық. Телефон нөміріңді берші.

— Белейін. Сегіз зеті зүз біл...

Жаннұрдың шалдыр-шатпақ тілін түсінбей қалған, Қызыл кітаптың сары парағына жазылған, аса сирек кездесетін жігіт қызбен бірге автобустан түсе берді...

 

 

 

                        

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған