Адам қарады: 97 | Жарияланды: 2020-08-03 14:01:29

Бейтаныс таныстар

Драма

 Бір актрисаға арналған монопьеса

Қатысушылар:

                            Бейтаныс қыз:  Бейтаныс әйел-1

                                                      Бейтаныс әйел-2

                                                     Бейтаныс әйел-3

                                                    Бейтаныс қыз-4

                            Бейтаныс жан

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сахнаның оң және сол жақ қапталы қаз-қатар қойылған суреттермен (немесе бильбордтармен, қоюшы-суретшінің еркінде) безендірілген. Әрбір картинада әртүрлі стильде көздің жауын алатындай сәнмен киінген қыздар бейнеленген. Картиналардағы қыздардың киім стильдері олардың пьесада баяндалатын тағдырларына байланысты характерде берілуі керек. Ескеретін жайт: картиналардың екінші жақ бетіне де суреттер салынған. Ол суреттерде жоғарыда бейнеленген қыздардың тағдырлары суретшінің көзқарасында шартты түрде бейнеленеді. Және барлық картинаға тән ортақ фон – ер адамның көлеңкелі бейнесі мен кішкене шарананың бейнесі. Картиналардың сюжеттік құрылымы әр картинада әр басқа берілуі керек.

Сахнаның ортасында екі жақ қапталдағы картиналардан өзге үстінде жалғыз ғана қуыршағы бар орындық тұр. Сахнаның артқы фоны – қап-қара.

 

Бірінші көрініс

 

Сахнаны қап-қараңғы өлі тыныштық басқан. Кенет сахнаның сол жақ бөлігіне кішкентай ғана сәуле түсіп, әдемі лирикалық әуеннің ырғағымен тербетіле вальс билеп БЕЙТАНЫС ҚЫЗ бен БЕЙТАНЫС ЖАН шығады. Жоғарыдан түсірілген жарық екеуіне ғана ортақ. Бейтаныс қыздың қолында жүрек бейнесіндегі қызыл шарлары бар. Екеуі де бақытты ғашық жандардың бейнесінде көрінуі тиіс. Әуен ырғағы жәйлап күшейе бастайды. Олар әр картинаның тұсынан би ырғағымен өте бергенде картиналарға да жарық түседі. Алғашқы картинаны көрген тұстан бастап БЕЙТАНЫС ЖАННЫҢ бейнесі өзгереді. Ол кенет арудың қолын жібере сап, картиналардағы қыздардың бейнелеріне елігіп, оларды кезек-кезек құшақтай бастайды. Ал БЕЙТАНЫС ҚЫЗ жігіт әр картинаға ауысқан сайын қолындағы шарларын бір-бірлеп бейсаналы түрде ұшыра түседі. БЕЙТАНЫС ЖАН әуен аяқталғанша картиналардың әрбірін құшып, қызды мүлдем ұмытып, картиналарды қуалаған күйі сахнаның қараңғы түкпіріне сіңіп, жоқ болып кетеді.

 БЕЙТАНЫС ҚЫЗ жігіт аймалап кеткен картиналардағы қыздардың бейнесіне есі ауысқан адамша кезек-кезек қарап, ары-бері жүгіреді. Кенет сахнадан көрерменге сұраулы жүзбен қарап, көзімен адамдардың арасынан БЕЙТАНЫС ЖАНДЫ іздейді.

 

БЕЙТАНЫС ҚЫЗ (көрерменнің арасындағы қыздарға сұрау сап):

- Мен адасып қалдым. Қапелімде... Қашан? Қалай? Бәлкім сіздер білерсіздер, а? Сіз? Әлде сіз? Ал сіз, білсеңіз де айтқыңыз келмейді. Көрсеңіз де көрмегендей боласыз. Мүмкін, сіздікі де дұрыс шығар... (Ол кенет картиналарға бұрылып, солай қарай жақындайды) Ал мен, сендерді жек көрем. Естисіңдер ме, жек көрем! Құдайым Хау ананы жаратқанда да ойланып жаратса етті. Дүниедегі зұлымдық пен күнәлердің бәрін де тудырушы сендерсіңдер! Өйткені, сендер – сұлусыңдар. «Сұлулық – әлемді құтқарса» да, қызғаныш пен күнәлердің бастауы да сол сұлулық. Мені де сүйіктімнен айырған сен сияқты арулар.

Бәрін де енді ғана бастап едік, бірақ, өзің тас-талқан еттің! Соқыр сезім, соқыр сенім, соқыр көзім... мені адастырған.

Сендер неге үнсізсіңдер? Сен! Сен! Сен! Мен сияқтылардың сүйіктілерін тартып алып, өз бақыттарыңды қолдан жасап алған боларсыңдар. Мейлі, мен-ақ ақымақ болайын. Мен-ақ бақытсыз болайын, бақытсыздықтың шегі осыменен бітсе егер. Бірақ, бірақ бұл дегенің әділетсіздік емес пе? Сенің сонда тапқан бақытың әділетті ме? Сенікі, айтшы! Бақытсыз жанды көріп тұрып өзгелер қалай бақытты өмір сүре алады екен. Түсінбеймін! Бәрі де жалған! Сенікі де жалған! Сенікі де! Бәріңдікі жалған! – деп шарқ ұрған БЕЙТАНЫС ҚЫЗ суреттерге барып тиісе бастайды. Ол алғашқы картинаның бірін айналдырғанда картина екінші бетіне ауысады. Картинаның артқы фонында бейтаныс жігіттің көлеңкелі бейнесі мен суреттегі қыздың және аяқ-қолы бөлшектенген сәбидің аянышты бейнесі көрінеді. Бұл жердегі суреттер қоюшы-суретшінің еркіне беріледі. Бірақ, кейіпкердің аянышты тағдырынан хабардар беретіндей және көрермен жанын тітіркендіретіндей суретпен бейлененуі керек.

 

Екінші көрініс

 

Картинаның екінші жағы ауысқан сәтте жарық сөніп, қайта қосылады. Осы аралықта БЕЙТАНЫС ҚЫЗ-дың ролін сомдаушы актриса БЕЙТАНЫС ӘЙЕЛ-1 бейнесіне ауысып шыға келуі керек. Актриса спектакльдің соңына шейін бір киім үлгісімен жүре беруіне болады. Тек шартты түрде әрбір кейіпкерге ауысқан сайын суреттегі қыздардың киім кию стиліне сәйкес киіміне бір детальді ауыстырып не қосып  шығуына мүмкіндік бар.

 

БЕЙТАНЫС ӘЙЕЛ-1 (картинаны құшақтаған күйі): Бұл – менің тағдырым. Боямасыз тағдырым... (көрерменге қарап) Мен де сендердей арманшыл болдым. Есеюге асықтым. Менің де жанарым күнәсіз пәк еді. Бірақ, пәктігімнің ғұмыры қысқа болды. Адам баласы анадан туылған сәттегі пәктігін ерте ме, кеш пе жоғалтары сөзсіз. Сол пәктік жоғалған сәттен бастап-ақ бәріміз де күнәһар боп шыға келеді екенбіз. Ол күнәларымызды қанша жуып–шайсақ та анадан туылғандай бола алмайтынымыз өкінішті...

 Мен төсектің дәмін ерте таттым. Небәрі 14 жасымда. Ия, небәрі он төрт жаста. Бір емес төрт еркек көрді қызығымды!.. (ызалы күлкімен көрерменге қарап) Сыныптасыммен бірге бөтен үш еркектің құшағынан бір-ақ шықтым. Зорландым, қиналдым, бірақ, ешкімге де айта алмадым. Өйткені, өзгеге айтудан намыстандым, ата-анам үшін ұялдым. «Қырсық бір айналдырса шыр айналдырады» деген сөз сірә да мен сияқтыларға арнап айтылса керек. Бұдан кейін мен сіңілімді құтқарамын деп машинаға соғылдым. Екі ай ес-түссіз жатып, ақырында ауруханадан арбаға таңылып бір-ақ шықтым. Ол аздай мені уайымдап бірі инсульт алып, бірінің бұрынғы ауруы одан сайын асқынған ата-анамды арбада жүріп асырадым. Өлермендігімнің арқасында арбадан екі жыл дегенде тұрып кеттім. Мектеп бітіргесін ештеңеге қарамастан Алматыға аттандым...

Ал, мұнда мені мүлдем жаңа өмір күтіп тұр екен. Жұмысқа да тұрдым, өмірлік жарым болады-ау деген бір азаматқа да жолықтым. Бұрынғы алған жан жарамды ұмытып, бәрін де жаңаша бастағым келді. Ол өмірім басталды да...

Көңіл қосқан әлгі жігітімнен көп ұзамай жүкті болдым. Қатты қуандым. Ал ол «әне үйленеміз, міне үйленеміз» деуменен бес айды өткізді. Өзі оңтүстік өңірінің жігіті болатын. Ақырында ол менен кетіп тынды.

Ешкімге керексіз, қорғансыз халіммен қайда барарымды білмей, бес айлық баламды алдыртуға тура келді. (столдың үстінде жатқан жалаңаш қуыршақты алып) Ия, мен солай күнәға баттым. Дәрігерлер құрсағымдағы тіршілік иесін бөлшектеп тұрып кесіп алып жатқанда... (қуыршақтың аяқ-қолын, басын жұлып жатып жылайды, сөйтеді де ызалана күледі) Мені керек етпеген пенделер менің сәбиімді қайтсін... төрт жігіт мені зорлап жатқанда, маған тағдырдың соққысы соғылып жатқанда да көмек бермеген Құдай балама қалай араша түссін... (қуыршақтың мүшелерін жан-жағына лақтырып тастайды) Мен үшін Құдайдың өзі бар да көзі жоқ.

...Арада жылдар өтіп жатты. Ешкімге де, ештеңеге де селт етпейтін тас мүсінге айналдым. Сұлулығыма, жігерлілігіме қызыққан талай жігіттер болды. Бәрін де күле қарсы алдым, бірақ, мен үшін олардың көк тиындық қадірі қалмады. Олармен бірге әдейі қосылып іштім де. Бірақ, кезінде көрген зорлығымды еркек атаулының өзіне қайтаруды ұйғардым. Ия, ия, еркек деген зорлықшыл халық. Ал әйел кектенсе – оны ешкім тоқтата алмайды.

Сөйте жүріп тағы бір жанға жолықтым...

Осы арада жарық сөніп, бірінші көріністегі БЕЙТАНЫС ЖАН шығып, екеуі би билейді. Бұлардың биінің мазмұнынан: жігіт пен қыздың арасындағы сезім тартыстарын, қыздың оны өзіне жақындатпай ұзақ алысатын көрінісін және еркек атаулыны жек көре тұра оның құшағына енген сәтте еріксіз еріп, БЕЙТАНЫС ЖАН-ға көнген кейпін көреміз.

Би біткен тұста жарық сөніп, қайта қосылады. Сахнада қыздың жалғыз өзі.

 

БЕЙТАНЫС ӘЙЕЛ-1: ...Менің оған деген сезімім алабөтен болды. Ол менің еркек атаулыға тарс жабылған есігімді ашты. Жасының үлкендігі бар, өзім секілді өмірден көргені бар, түйгені бар. Бес жылдай жақын араласқандықтан ба өзіне әбден бауыр басып та қалдым. Бірақ, ол да балалы болуымызға асықпады. Онымен жолыққалы бері жұмысым өрге домалап, табысым да ұлғайды. Ақырында ол анасымен таныстырып, екеуіміз азаматтық некеге тұрдық. Махаббат дегеннің, шынайы сезім дегеннің не екенін осы кездері түсіне бастадым. Оған өткен өмірімнің бәрін де бастан-аяқ айтып бердім. Жаныңды шын ұғатын жанды кездестіру – Құдайдың берген сыйы дер ем. Құдаймен араздасып алған мен осы күніме шүкіршілік етіп, мешітке де бардым. Бар ықыласыммен имандылыққа бет бұра бастадым. Бірақ, ол Құдайымның маған деген сынағы әлі бітпеген екен...

Мен бала көтергеннен күннен бастап күйеуімнің маған деген қарым-қатынасы өзгеріп кетті. Баламызды алдырт деумен болды. Жалғыз ұлын менен қызғанатын анасына бәрібір еді. Бір күні күйеуіме «алдырттым» деп өтірік айттым да, ішім шыққанша оған білдіртпей жүрдім. Ақырында іштегі бала адам болды-ау деген жеті айлық кезінде шындықты жайып салдым. Менің декреттік уақытым жақындап қалған бір күні күйеуім: - Сені мен балаңды асырап, бағып-қағатын жағдайым жоқ. Өзің біл, туасың ба, алдыртасың ба. Менің басымды қатырма. Мен бала дегенді жек көрем. Ата-анаңның үйіне барып туасың ба, өзің біл, бірақ менің көзіме көрінбе, - деді.

Бір күннің ішінде киімдерімді жинадым да әке-шешемнің үйіне кетіп тындым. Бірақ мұнда да ел-жұрттың сөзі мен көзінен тыныш жата алмадым. (Ол әр жерде жатқан қуыршақтың аяқ-қолын жиып қайта құрастыра бастайды) Ай-күнім жетіп, қызды болдым. Қызымды қырқынан шығарар шығармас Алматыға қайта кеттім.

Мұнда келіп тағы да жұмысқа тұрдым. Қызымды алып күйеуімнің үйіне бардым. Күйеуім де, оның шешесі де ләм-мим демеді. Анасының зейнетақысын ішіп-жеп, қыдырғаннан басқа түк бітірмейтін оған «ең болмаса күндіз қызыңа қара» деп қызымызды тастадым да кеттім.

Міне, қызым екі жасқа жеткенше көкек әкені «нянка» етсем де, оның балаға деген махаббатын оята алмадым.

Ол бүтінделген қуыршақты қолына алып, оны құшағына қысқан күйі әдемі әуенге тербетіле би билейді. Оның жүзінен ананың балаға деген мейірімі төгіліп тұрғандай. Ыңылдап ән айтады. Ән тоқтап, ол кукланы орындық үстіне қайта қойып, әңгімесін жалғайды.

  • (Ойлы жүзбен, жасқа толы жанарымен жұртқа қарап) Ал қазір жағдайым жаман емес. Басты байлығым балам бар. Тек, маған қожайындық ететін күйеу ғана жоқ. Ал оның керегі қанша? Қазіргі бақыттың формуласы мен күйеудің ролі өзгерген (Көрерменнің әрқайсының алдына барып) Айтыңдаршы, мен күткен бақыт осы ма еді? Мені тосқан бақыт осы ма? Менің тағдырымның осылай болғанына кім кінәлі? Құдай ма? Әлде құдайдың жаратқан пендесі ме? Ия, мені сөгіңдер, сөге түсіңдер! Менің бар жазығым – ұрғашы боп жаратылғаным. «Әйел жолы – жіңішке»! Бұл – біздің қоғамның санаға сіңірген қасаң қағидасы. Көнсең де сол, көнбесең де сол! (кекесінмен) Жіңішке жолда қырық жаныңмен Ердің жүгін көтере бересің, көтере бересің!.. ...Қайда барасың?

 

Үшінші көрініс

 

БЕЙТАНЫС ӘЙЕЛ-1 өзінің тағдыры бейнеленген картинаға қарай жақындайды. Осы сәтте жарық сөніп, қайта жанғанда актриса БЕЙТАНЫС ӘЙЕЛ-2-нің картинасын екінші бетіне ауыстырып басқа кейіпке енеді.

Оның қолы қан-қан. Есі кіресілі-шығасылы күйі көрерменге жақындайды.

 

БЕЙТАНЫС ӘЙЕЛ-2 (қолын шүберекпен сүртумен әлек): - Айтыңдаршы, менің қолым тап-таза ғой, я? Қарашы, тап-таза ғой! (Әркімге қолын көрсетіп) Өзі кетпейтін бояу екен! (Ол көрерменнің арасынан қызыл түсті сөмке немесе киімді көрсетіп) Сенің мына сумкаң... менің қолым... Ал сенің көйлегің, ал сенің телпегің... Демек, демек, менің қолым таза! Айтыңдаршы?! Неге, неге бәрің үндемейсіңдер? Неге маған тесірейе қарайсыңдар? Мен... мен... қазір бәрін дұрыстаймын... үй де шашылып кетіпті (Ол қалыпты күйге еніп үстін реттеп, үй ішін жинастыра бастайды. Бұл жерде бәрі де шартты түрде орындалады. Ол заттарды жинастырып жүріп қолына алған қағазға қарап күледі) Ой, мынау Жандосымның салған суреті ғой. «Менің отбасым. Мама, папа, мен және Саян» деп жазып қойыпты (ол суретті шкафтың сөресіне ақырын апарып қояды).

Әйел есіне бірдеңе түскендей жалт бұрылып, екінші картинаға жақындайды. Картинада қызыл түс басым. Ол картинаға қадалған күйі тесірейе қарап, оған үңіле түседі.

  • Тағы да қызыл түс... Айналамның бәрі қызыл. (Басы-көзін умаждап, уқалайды) Айттым ғой, мен сені жібердім! Неге мені қинай бересің? Кет! Кете бер! Енді бәрібір де сен менікі емессің! Басың босады! Босаттым. Енді сені ешкім де іздемейді. Балалар да... (Қатты айқайлай күліп) Ал мен енді ешқашан алақанымды жумаймын. Жусам да олар менен кетпейді. Өйткені ол менің қаным. Ия, менің қаным. Бұдан былай мен сенің құрбаның емеспін. Сен ылғи да ұрып үйренген жансың.

Ол картинаға жақынырақ барып ұзақ үңіледі, сосын ойлана жан-жағына барлай қарайды.

  • Адамдар... Айналамның бәрі де қаптаған адамдар... Бірақ та мен... мен жалғыз... Өмірде жалғыздықтан қорқушы едім. Саған жолыққан күннен бастап ол жалғыздықтан құтылғандай болдым. Тұрмысымыздың төмендігіне қарамастан өзімді бақытты әйелдердің біріндей санаушы едім. Бірақ, екінші ұлымыздың дүниеге келуімен мен сені қайта жоғалттым. Саянның мүгедек боп туылуы, сенің жұмыссыздығың, аш-жалаңаш күйіміз – сені арақкеш (ішкіш) етті. Тіпті кей күндері ішіп кеп «Мына ауру бала менің балам емес. Көңілдесіңнен туып алғансың. Менен мұндай аурудың туылуы мүмкін емес» деп мені естен таңдыра ұрып тастайтынсың. Менің тұруға шамам келмей қалған кезде кішкентайымызға да қол көтеріп, онсыз да ауру баланы шырқыратушы едің. Ал Жандос болса араша түсіп аяғыңа жығыла жылап... (егіле жылайды)
  • Әке, әкетай! Саянға тимеңізші! Онан да мені ұрыңызшы! Қойыңызшы, қойыңызшы деймін! Кетіңізші үйден, әке, кетіңізші! – деп жалбарына жылаған Жандостың даусы ғана сені тоқтатушы еді...

Сен күн де таңертең кетіп, кешке әйтеуір талғажу ететін бірдеңені тауып келіп жүрдің. Жұмыс тұрағың – көшеде тұрып жұмыс іздеу, одан байларға жалданып, солардың оны-мұнысын істейтінсің. Арасында мен де Саян мен Жандосты көршімізге бірер сағатқа тастап, біреулердің үйін тазалап беріп жүдім. Кейде сен «жұмыстың бабымен» деп үш-төрт күндеп, кейінірек апталатып үйге келмей қоюды бастадың. Ал біз сенің тауып келген табысыңа мәз боп, күн де кешкісін алып келген тамағыңды ас-ауқаттап күнелттік. Оның өзі бізге үлкен қуаныш еді.

Бір күні, кенеттен, бәрі де өзгеріп сала берді... Мен әдеттегідей тапсырыс алып, Саян мен Жандосты көршіме тастап, үйден шығып кеттім. Барған үйімнің иесі – бай әйел екен. Ол үйін дұрыстап жинауымды және де жатын бөлмеден басқасын тазалап шығуымды айтып, өзі сол жаққа кіріп кетті. Мен үйдегі балаларымды ойлап, даңғарадай үйді тез-тез жинай бастадым. Кенет, кіре берісті тазалауға кірісе бергенімде ілгіштегі киімің мен жердегі аяқ киім көзіме оттай басылды. Жалма-жан иіскеп көріп едім, таныс иіс. Төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей қаттым да қалдым. Не ойларымды, не істерімді біле алмадым. Жатын бөлмеге қарай жақындап едім, арғы жақтан құлаққа таныс еркек дауысы мен әйелдің сықылықтаған күлкісі естілді.

Күйеуімді екі-үш күн аңдыдым. Ол әлгі әйелдің баласын күн де бала-бақшасына апарып, әкеледі екен. Ал өзі үйге сол байшыкеш әйелдің қалған-құтқан тамағын тасып, біздің ит өмірімізге күле қарап, ішіп алған кезінде «Сендер маған масыл болдыңдар!» деп неге ұратынын сонда түсіндім.

Бір күні әлгі әйел мен баласын көшеде қыдыртып жүргеніңді көріп қалдым. Ал сен мені көрмегендей күй танытып кете бардың. Ішім алай-дүлей өрт болған күйі үйіме қалай келгенімді де білмеймін. Мен үшін бүкіл дүние төңкеріліп бара жатты. Көз алдым тұманданып есікті аштым. Құлағым да бітіп қалғандай, балалардың үні естілмейді. Бар ойым екі баланы көшеге алып шығып, дәл күйеуім қыдырып жүрген жерге бару. Балаларды бөлмелерден таба алмадым. Бәлкім, көршімнің үйінде болар. Бірақ, ол жаққа да апармаған екем. Кенет ванна жақтан машинканың айналып жатқан дауысы естілді. Бір кезде Жандостың күлкісі естілді. Дереу сол жаққа қарай жүгірдім. Есікті ашып қалсам... (бетін баса дірілдей жылап) Жандос машинкаға қарап мәз. Ол мені көре сап «Мама! Саянды қарашы! Мен оны жуындырып жатырмын!» дейді. Ал Саяным... Саяным машинканың ішінде шыр көбелек айналып жатыр!..

Не істеп, не қойғанымды білмеймін. Машинканың есігі тарс жабық. Ашылар емес. Кірі жуылып бітпей ашылмайтын есікті жұлқылай бердім.

Кенет... көзімнің алдын қан жуып кетті. Біресе Жандосқа қарайм, біресе Саянға қарайм. Құлағымнан машинканың дауысы кетер емес. (Ол екі құлағын жауып ап айқайлайды) Жұлқылап жатырмын, ұрып жатырмын... ашылар емес, тоқтар емес… Қолыма түскен нәрсемен бас-көз демей ұрғылай бердім, ұрғылай бердім. Құлағыма баланың шыңғырған даусы мен машинканың үні естіле берді, естіле берді.

Кенет… машинка тоқтады, дауыс та өшті. Сол сәтте көзімнің алды шайдай ашылып, тыныштық орнай қалды. Үстімнен бар жүк түскендей жеңілдеп сала бердім… Машинканың ішінде аппақ боп күле қарап жатқан Саяшымды шығарып алдым. (Қолына қуыршақты алып еркелете қарайды) Өзі періштедей тап-таза Саяшым бар кірінен арылып, сүп-сүйкімді боп апты (қолындағы қуыршақты тербете ыңылдап ән айтады).

- Көрдің бе балақай, сені Жандос ағаң жуындырып, тап-таза етіп қойыпты. Енді сен кір болмайсың. Ешқашан да кірлемейсің! Сен… сен ертең-ақ сауығып кетесің! Әкең сонда бізге ұрыспайтын болады. Өзің сұп-суық боп жаурап қапсың ғой. Қазір, қазір мен сені ораймын. Жандос! А, Жандос! Ініңнің сүлгісін әкеле қойшы. Жандос! Сен неге үндемейсің? (Ол жерге отырып, Жандосты жұлқылай бастайды) Сенің... сенің қолың, денең неге қан? Қан! Тұршы, жатпашы мына жерде. Мен де сені жуындырып алайын ба машинкаға сап, а?! (Ол Саянды жерге қойып, Жандосты қолына алғандай қимыл жасайды) Тұршы деймін, айналаңның бәрі қып-қызыл ғой. Өзің әбден былғаныпсың. Бояуды неге сонша шашып ойнайсың а? Тұр деймін саған! Саяш! Жандос! Тұрыңдаршы деймін! Неге үндемейсіңдер? Сендер мені де бояп тастадыңдар. (Ол екі алақанына қарап, қып-қызыл алақандарының қанын кетіргісі келеді. Екі баласын жұлқылап көріп, болмағасын өзі де солардың жанына жата кетеді. Ыңылдап ән айтады) Ұйықтаңдар балапандарым. Ал біз әкелеріңе есік ашпаймыз. Енді оның басқа семьясы бар. Енді бізге олардың жуындыларының да керегі жоқ.

Екі баласын құшақтап жатқан күйі БЕЙТАНЫС ӘЙЕЛ-2 ұйқыға кетеді. Жарық та сөнеді.

 

Төртінші көрініс

 

Жарық сөніп, қайта жанғанда актриса БЕЙТАНЫС ӘЙЕЛ-3-тің картинасының жанында тұрады. Осы кезде оның жанына бетіне маска киген Бейтаныс жан келіп, қыздың өзіне де маска ұсынады. Екеуі де маска киіп алып вальс билейді. Би біткен сәтте Бейтаныс жан маскасын шешпестен қараңғыға сіңіп жоқ болады. БЕЙТАНЫС ӘЙЕЛ-3 жігіттің соңынан телміре қарап, көзімен шығарып салады. Ол сұраулы, ойлы жүзбен көрерменге тесірейе қарап шығады.

БЕЙТАНЫС ӘЙЕЛ-3 өзінің картинасының жанына жақындап, оны екінші бетіне ауыстырып, көрерменге қайта жақындайды.

 

БЕЙТАНЫС ӘЙЕЛ-3: - Біздің әрбіріміз маскарадта жүрген қонақтармыз. Сен де, мен де, ол да... Біз ешқашан сол маскамыз шешілмесе екен деп тілейміз. Маска біздің бет пердеміз. Ал беті ашылған адамның қадірі кете бермек...

Мен актриса болуды армандадым. Бірақ, бола алмадым. Есесіне театрдың түнгі күзетшісіне айналдым.

«Драма актрисасы» мамандығын бітірген мені сүйген жігітім алып қашты. Сонымен бәрі де өзгеріп сала берді. Ол өте қызғаншақ жан болатын. Қызғаныштың шегі болсашы... Актриса болсам деген арманым өңім түгіл түсіме кіруден қалды. Ата-анам мен бауырларымды жылдап көрмейтін болдым. Ол аздай күйеуім сериалдардағы кейіпкерлерден, туған бауырларымнан қызғанатын. Сұлулығым өзіме сор боп бітеді деп кім ойлапты? Қызғаныштың отына өртеніп жүріп екі қызымды да дүниеге әкелдім. Әр қызымыз дүниеге келген сайын енем екеуі «Неге ұл тумайсың?» деп ұрсып, жылатып та алатын. Үшіншімізге аяғым ауыр боп, бес айға толған кезде күйеуім мен енем мені узиге апарып түсірді. Іштей «ұл болса екен» деп тіледім. Өкінішке орай, үшіншім де қыз екен. Узиді көрген күйеуім «Бүгін балаңды алдыртпай, осы жерден кетпейсің. Қашан ұл туғанша көрген күнің осы болады» дегенді айтып тұрып алды. Енем мен дәрігерден бір көмек бола ма деп едім, олар да көнбесіме жол қалдырмады. Өйтпеген жағдайда күйеуім менімен ажырасып, екі қызымды да бермей қуып жіберетіндігін айтты. Іштегі шаранамды қимасам да екі қызым үшін келісімімді беріп тындым.

Сөйтіп, үш қылмыскердің қолынан қызым дүниеге келмей жатып қастаңдық көрді.

...Көп ұзамай қайта ауруханаға түстім. Жатырда баланың қан қалдықтары қалып қойыпты. Дәрігерлер жатырымды біржола алып тастады. (Ызадан дауысын шығара айқайлай күледі) Сөйтіп, күйеуімнің екінші әйел алам деген арманы орындалатын болды.

Ал мен болсам жүйкем сыр беріп, талма ауруына ұшырадым. Бұдан кейінгі біздің жұбайылық өміріміздің еш қызығы да қалмады. Бұрын күйеуімнен қорқып, театр, өнер дегеннен мүлдем алыстап кетіп едім. Енді күн де театрға барып, еркін қыдыра бастадым. Күйеуім мен енемнің ұрысқанына «Менен енді не сұрайсыңдар? Енді мені зорласаңдар да мен сендерге ұл туып бере алмаймын. Бұдан былай менде шаруаларың болмасын. Мен сендер сияқты қаніпезерлермен бірге өмір сүре алмаймын» деп өздеріне қарсы шықтым. Кейде мені үйге байлап та қойып жүрді. Болмағасын күйеуім менімен ажырасып, өзімді үйінен бір күнде қуып шықты. Күйеуім дәрігерлерден мен жайлы «Жүйке ауруына шалдыққан» деген анықтаманы алып ап, қыздарымды өздері жағына шығарып алды. Содан бері мен ешкімге керексіз жанға айналдым.

Дәл қазіргі мекен-жайым тұрақсыз. Ешкімге белгісіз бір мекен-жайым бар, оның аты – театр.

Мен ол театрдың репертуарын, тіпті, кейіпкерлердің әрқайсысының сөздерін жатқа білем. Кейде спектакль біткен соң әжетханаға барып тығылып қап, театрда қонып қалам. Таң атқанша сахна – менің меншігімде.

Ол құшағын жая сахнада айналады. Кенет образға еніп, ойнап сала береді.

А.П.Чеховтың «Шағала» пьесасындағы Нинаның монологынан үзінді оқиды.

 

«Нина. Мен жалғызбын. Сөйлеу үшін жағымды жүз жылда бірақ ашамын. Мынау майда далада менің даусым үзіліп сарын болып шығады, естімейді оны ешкім... Әлсіреген, сорлы оттар, естімейсіңдер сендер де... Таңға жақын қалғанда сендер сасық шалшықтан шығасыңдар да, күн шыққанша қалбаңдап кезесіңдер даланы, бірақ сендерде ой да, ерік те, өмір де жоқ... Мәңгілік материяның атасы – албасты, сендерге жан бітіп қалмасын деп қорқып, әлсін-әлсін таспен судай сапырып, атомдарыңды айырбастап отырады, сендер үздіксіз өзгере бересіңдер. Жалпы әлемде өзгерілмей қалпында қалатын жалғыз рух қана. (Үзіліс.) Жапандағы ессіз шыңырау зынданға тасталған, тұтқындағы, қай жерде екенімді, не боларымды білмей мен отырмын. Табиғи күштің атасы – албастымен алысып ақырында жеңерімді білемін, содан кейін материя мен рух бір қосылып еркін әлем жұмағы болатынын білемін. Бірақ, ол бірте-бірте, мыңдаған жылдар өткен соң мынау ай да, анау жарық шолпан да, мына қара жер де күл-талқан болып кеткен соң барып болады...

Оған дейінгі өмір сұмдық... Сұмдық...» - деп сахнаның ханшайымына айналушы едім. Кей-кейде театр күзетшілері мені байқап қап, менен әруақ көргендей тұра қашқан кездері де болды. Кейінірек мен олармен жақынырақ танысып, театрда емін-еркін жүретін де болдым. Мен сияқты жағаға лақтырылып тасталған шағалаға бұдан артық бақыттың да қажеті жоқ. Өйткені мен еркінмін! «Кім жалғыздықты жақсы көрмесе, сол еркіндікті сүймейді. Өйткені, тек жалғыздықта еркін болуға болады.»[1] Қайран Шопенгауэр, сен де жалғыздық пен еркіндікті серік еткен екенсің...  Жанымның рахаты мен бақытын осы театр сахнасынан тапқандаймын. Мен енді ешкімнің де алдында есеп бермеймін. (Дауыстай айқайлап) Мен еркінмін!..

Осы сәтте жарық сөніп, келесі сахнаға ауысады.

 

Бесінші көрініс

 

Жарық сөніп, қайта жанғанда актриса БЕЙТАНЫС ҚЫЗ-4-тің картинасының жанында тұрады. Ол картинасын ауыстырғанда оның екінші бетіндегі сурет өзінің бірінші нұсқасынан алыстай қоймаған бейнеде көрінуі керек.

БЕЙТАНЫС ҚЫЗ-4 айналасындағы картиналарға барлай қарап шығады да көрерменге жақындайды.

 

БЕЙТАНЫС ҚЫЗ-4: - Мен сіздер күткендей тағдырға ие қыз емеспін. Өз қалауымша өмір сүріп келе жатқан жанмын.

Тұрмыс құрмағам. Күйеуге шығу жоспарыма да енбеген. Өзгеге тағдырымды билетіп, өмір бойы бодан болу – менің ұстанымыма қарсы. Тұрмыс құру, я болмаса үйлену – өмір бойы сүйіп өтем деген сөз емес. Сезімді некемен басқару немесе өзіңе тәуелді етем деу – бос әурешілік.

Тұрмыс құрмасам да балам бар. Өзім үшін туғам. Балам әкесімен араласып тұрады. Жағдайым да ешкімнен кем емес. (Мырс етіп күліп) Кейде құрбы қыздарымның менен күйеулерін қызғанатын кездерін айтпағанда. Қызық, соңымнан жүгіріп қоймай жүрген бір жігітті құрбы қызыммен таныстырғам. Әлгі «Сенсіз өмір сүре алмаймын. Сені алмай қоймаймын» дейтін махаббаттан басы айналғыш жігітсымағыма құрбы қызым да ұнап қапты. Екеуінің жараса кеткеніне қуанбасам, ренжіген жоқпын. Сөйтіп, өзіме жолатпай, қалай құтылсам екен деп жүрген жігіт бір күннің ішінде құрбымның күйеуі боп шыға келді. Сол құрбым осы күні әлгі жаман күйеуін менен қызғанатын болған. Байғұс күйеуінің маған деген махаббаты қайта оянып кете ме деп қорқатын да болу керек өзі. Қайтсің енді, мен сияқты оң жақтағы қыздар үйленген еркегіңе де, әйеліңе де оңай боп тұрған жоқ.

Іштей шіріп, берекесі кетіп жатқан бүтін отбасылар қаншама. Балалары үшін ғана бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатқан жандар да бар. Сондағы тапқан жұбайылық бақыттары қайсы? Жандары туыспаған жұбайлар сырттай ғана жұптасқанымен, іштей жалғыздықтан жапа шегіп жүр емес пе? Ал менің көптің жүрген ізімен жүргім келмейді. Неге мен өзгенің өмірін қайталауым керек? Неге мен жанымды қинап, өмір бойы тәуелді боп өтуім керек? Айтыңдаршы. «Құл өзінің құл екенін білген сәттен бастап құл емес». Әйел де өзінің іштегі «Менін» оятқан сәттен бастап тәуелсіз өмір сүру керек.

Рухани туыс серігім бар, ұлым бар, баспанам бар, жаныма не керектің бәрі бар. Білемін, ешқайсысыңыз да менің таңдаған бұл жолымды дұрыс көрмессіздер. Бірақ та мен еш өкінбейм. Өйткені мен шын бақыттың не екенін сезіне алдым. XXI ғасыр – әйелдердің өзіндік «Менімен» өмір сүретін ғасыры. Әйелге ешкімнің де қол көтеруге, ауыр сөз айтуға, оны кемсітіп, шеттетуге хақы жоқ. Мейлі, мені жұрт сөге берсін. Еркек атаулы жек көрсін. Мен бірақ әрқашан да өз биігімде қалам! Ал сіздер ойланып көрдіңіздер ме?..

Ол сахнаның арт жағына қарай барып, қараңғылыққа сіңіп кетеді. Осы сәтте жарық та сөнеді.

 

Алтыншы көрініс

 

Жарық сөніп, қайта жанғанда актриса бастапқыдағы БЕЙТАНЫС ҚЫЗ-дың кейпіне еніп, сахнаға шығады. Бұл жолы ол ешбір картинаға жақындамай, өз ойымен өзі арпалысқа түскен.

 

БЕЙТАНЫС ҚЫЗ: - Кім жазықты? Кім ұтты? Кінә қайдан? Кінә кімнен? Сұрақ, сұрақ... Таусылмайтын сұрақтар. Сұрағы көп, бірақ та жауабы жоқ тағдырлар... бейтаныс, бірақ таныс тағдырлар... Қайда барсаң да жылаған әйел, шырылдаған сәби даусы, үзіліп түсіп жатқан тағдырлар...

Мен бақытымнан адасып қалдым деп шарқ ұрсам, ал мұнда... (ол картиналардағы суреттерге қарап) мұнда өздерін жоғалтқан тағдырлар галлереясынан көз тұнады. Ұрпақ жалғастырар, шаңырақты ұстар Ұл керек деп өзеурейсіңдер. Ал сол аңсап күткен Ұлдарың, ер азаматтарың өз ұрпағынан жерініп, әйелін жылатып тастап кетіп жатқанда неге үндемейсіңдер? Қайда сол ер азаматтарың? (Ол дауысын шығара айқайлай күледі) Қайран біздің келмеске кеткен, көңілінің кірбінің қас-қабақпен ғана ұқтыратын ата-бабамыз! Бүгінгі ұрпағыңды не деп сөгер екенсің? Бізде қазір бәрі де басқаша. Бәрі өзгерген. Қазіргі еркектердің   көпшілігінің бар қаруы – борбайы мен жұдырығында! Ия, ия, дәл солай. Олар барлық жерге осы екі қаруын жұмсап әлек. Ал жүрек пен саналары – сол екі қаруларынан аса алмай қалған.

Сонда мен жүрек-шарларымен мені алдап, өзі басқа қыздардың соңынан кеткен әлгі Бейтаныс жанды таңдауым керек пе? Қалай ойлайсыздар?

«Жақсылық көрсем өзімнен,

  Жамандық көрсем өзімнен.

  Тағдыр қылды дегенді,

  Шығарамын сөзімнен». (С.Торайғыров)

Осы кезде Бейтаныс жан бір құшақ раушан гүлімен сахнаның түкпірінен шығады. Ол ой үстіндегі Бейтаныс қызды ортаға биге шақырады. Қыз оның ұсынған гүлін алып, екеуі вальс билей жөнеледі. Қыз бірінші көріністегідей емес, жігітті әр картинаның жанына жақындатып, соларды аралатып жүріп билейді. Бидің ортасына жетпей қыз раушан гүлдерін жігіттің қолында қалдырып, сахнадан жылыстай жөнеледі. Жолай көрерменге жақын келіп, (осы кезде музыка дауысы да бәсеңдейді) ақырын дауыспен:

  • Мен... Мен ояндым. Естисіңдер ме, Мен ояндым. Ендігі таңдау «Менде»...

Сахнада вальс әлі ойнап тұр. Жігіт қыздың соңында аң-таң күйі қалып қояды. Ол қолындағы раушан гүлдерін ұстаған күйі картиналарға жақындайды. Әр картинаға үңіле қарап, көріп өткен картиналардың әрбірінің төбесіне бір-бір тал раушан гүлін қойып шығады. Гүлдің соңғы бір талы қалғанда барып ол қолындағы раушан гүлін алға соза ұстап, қызды көзімен іздей көрерменнің алдына жақындайды. Көзінде сұрақ.

 

Соңы

 

 

 

 

 

[1] Шопенгауэр. Ауд. Ш.Әбілдә. (Авт.)

Қазақ тілінде жазылған