Адам қарады: 108392 | Жарияланды: 2019-05-16 02:27:28

Имамның қателігі

Ауданның бас имамы Əбдірəліге облыстың бас діндары  шақырғанын сондағы найб-имам қоңыраулатып айтты.

Əлі бұған ренжулі екенін, сондықтан , не айтса да бас шұлғудың тиімділігін жеткізді.

  Естіген бойы  ол облыс орталығына қарай жол көлікке отырып келе жатты. Бастығының ренішін түсінер емес. "Неге көңілі қалды екен. Облыстағы   екі қаридың бірімін.Республикалық құранды жатқа айтудан жүлдегер болғандықтан, ауданға бас имам қып бекіткен өздері. Қия басқан жерім жоқ сияқты. Бес уақыт парыз намазымды мешіттен шықпай жамағатпен оқып жүрмін. Жастарға дінді үйретуден жалыққан емеспін. Аудан жастары дінге құштарлығы бұның уағыздарынан соң көбейіп жатқан тəрізді.

Əлде садақа салатын жəшікке байланысты ма екен? Бұл оны облыстан келетін имамдардың өзі қадағалауын сұрады ғой. Олар көнбеген соң, кілт пен жауапкершілікті көмекшісіне тапсырған. Ол да адал жігіт. Пітірден түскен ақшаға ылғи мешітте ауызашар  ұйымдастырып жүрді. Басқа айларда мүжəлсіз отбасыларға азық-түлік тасып жүргені. Онда неге ренжулі?" Осы ойлармен облыстың орталық мешітіне де келіп жетті. Бірден  бастығының бөлмесіне кірді.

-  Ассалаумағалейкум, Рахматулахи уа баракату!

-Уағалейкумассалам, -деп қолын алды да, отыруын ишара жасап:

-Тез жеткенің жақсы болды. Сенің үстіңнен наразылық түсіп жатыр.

-Ештеңе бүлдірген жоқ сияқты едім.

- Өткенде ауданыңның əкімін ораза айт намазына шақыруын айтқанымда , сен бəлсініп , "ол рождество кезінде шіркеуде тұрған суреті жергілікті газетке шықты. ондай адамды мешітке шақырып керегі не?"-деп бəлсінгеніңде , "Бастыққа бағыну уəжіп"-екенін еске салдым емес пе?

-Айттыңыз ғой. Сіздің сөзіңізді қабыл ап, құрбан айтқа бір күн қалғанда, өзім таңертеңгі айт намазға шақырмақ боп барған ем. Ішіп алыпты, біраз қызу екен. Асыл дінімізде "арақ ішкен адам қырық күнге дейін мешітімізге жоламасын"-деген хадисті еске ап, хабарламай , бұрылып кетуіме тура келді.

- Оның үстіне жұма намаз аяқталған бойы дұға қылғанда, "Елбасының, дінбасының амандығынан соң,  ел қамында жүрген облыс, аудан басшылығын айтудан жалықпаңдар "-деп тапсырма бергенім қайда?

-Енді мен еліміздегі бүкіл мұсылманның амандығын, сырқаттардың жазылуын, исламға қиғаш емес дұға-тілектерінің қабыл болуын жалпылай айтамын. Оның ішінде бүкіл халықпен бірге сіз атағандар да жүр емес пе?

-Сен дінге жетік болғанмен, қара басыңның пайдасын білмейсің. Əлі мешіт жанындағы бір бөлмелі қуықтай үйде тұрасың. Көрші ауданның өзіңдей имамына қара. Сенімен бір күні басқа ауданға имам боп бекіді. Құранның екі парасын ғана əзер оқитын оған қиын болар деп ойлағам. Қателесіппін. Ол іскер боп шықты. "Ел қамында жүрген əкімдерді" аузынан тастамай,  ауданнан да, облыс орталығынан да тегін жер ап алды. Бизнесмен жамағатқа өтініш айтып екі жерден де коттедж тұрғызып үлгерді. Міне, жігіт! Əй, сен болсаң...

-Кешіріңіз. Менде аудан əкіміне жалғыз басты аналар, көп балалы отбасылардың тізімін ап  соларға жер сұрап кіргем. "Ойланамыз"-деген. Екі жыл болды . Қозғалыс жоқ.

-Əуелі өзіңді ойла. Жұртты қайтесің?

-Жер сұрап барғандарға əкімшілік қызметкерлері тегін беруге тиіс жерді сатады екен. Онысымен қоймай "босқа алдым"-деп өтініш жаздырып алады. Ол парақорлық қой. Исламда ауыр күнəнің бірі.

-Сен өйтіп ғайбат айтпа!

-Ғафу етіңіз. Сіз басқа қырынан айтып қоймаған соң аузымнан шығып кетті.

Пара жүрген жерден аулақ жүргенім жақсы екен. Одан да мені қызметтен босата салыңыз.

-Жақсы. Солай етуге тура келеді. Боссың. Бізге заманауи имамдар керек.

 

Əбдүрəлі  шығып, жүре берді.  Қызметінен айрылғанына қынжылыс емес, бойынан ауыр жүк түскендей жеңілдік бар еді. Дұғасын қайталап барады. "Елімді параның қамытынан ада ет, əділетті басшыларды нəсіп ет Раббым!".

Қазақ тілінде жазылған