Кешір мені
Жүрегім таппаса да жұбанышын,
Тоқтатпайтын алапат сыр ағысын.
Өйткені сен мәңгі өшпейтін айрықша пәк,
Менің махаббатымның шырағысың!
Салынып жүргенмен мұңға бөтен,
Бізге ортақ беймәлім сыр бар ма екен!
Айырбасқа Айды алып берсең-дағы
Сенің бір тал шашыңа құрбан етем!
- Өзіңді аңсап, өтеді көктем, өтер күз...
Мен сізге өлең шумақтарымен хат жазып отырмын, ал сіз үнсіздік қақпасына кіріп алып, шығар емессіз.
- Тілім сайрағанымен, қолым тимей жатыр, сәулем. Сен дегенде жан берер едім, әттең, босай алмай отырғаным.
- Өзіңді сағынғанымдай сіз мені мүлде сағынбапсыз...
- Неге бірден ашуға ерік бересің. Саған қабақ түйген емес, күлімдеп жүрген жарасады, сәулем... Жұмысымның өте жауапты екенін білесің ғой.
- Жарайды....
- Ренжіп қалдың ба? Кешірші....
- Ренжігенім жоқ. Мен де сіздің үйдегі жаралы жолбарысыңыз сияқтымын ғой.
- Ақылыңнан айналдым... Сәулем, міне, мен босадым. Өлеңдетіп жауап жазшы. Тағатсыздана күтіп отырмын! Кем дегенде үш өлеңмен жауап жазшы.
- Шабытым жоқ...
- Жарайды... Нұр-Сұлтанға қашан келетін болдың?
- Сізге тосынсый жасағым келген еді, бірақ шыдай алмаймын, айта берейінші, мен дәл ертең сіз тыныстап жүрген қаланың ауасына ортақтасатын боламын.
- Жарайсың, жан сәулем! Ендеше, біз қаланың шаңға бөккен лас ауасымен емес, табиғаты көркем жеріне барып тыныстап келсек, қалай қарайсың?
- Жүрегім, бұл жолы сіздің айтқаныңызды орындай алмаймын. Менің әр сағатым, тіпті, минутым санаулы. Мен мұнда тордағы бұлбұлмын ғой...
- Түсінікті, ендеше, мен сені Қарағандының жолынан тосып аламын. Көріскенше, күнім!
- Жүрегім, мен сізді жақсы көремін...
Күйеуінің жұмыс үстелін жинауға кіріскен Айнаштың жүрегі тоқтап қала жаздады. Жоғарыда өлеңмен өріліп, көркем тілмен кестеленіп жазылған хаттарды оқып, өз көзіне өзі сене алмады. Сірә, жолдасы асығып кетсе керек, ұялы телефонын үйде қалдырыпты. Отағасының қалтасын тіміскілеу, болмаса, телефонын тексеру мұның әдетінде жоқ еді. Анасы үнемі: «Ер азаматыңның жағасын ғана емес, көңілін де кірлетпе!» деп құлағына құйып отыратын. Азаматым ренжімесін деп айтқанын екі етпей, қас-қабағын бағатын. Сөйткен тірегі, өзіне беймәлім басқаға жүрегінің төрінен орын беріпті. Шарасыз күйде қалған ол, әрине, өшін екі көзінен алды. Жанардан аққан жас омырауын жуды. «Сатқын!» деді кіжініп, «Ажырасамын!» деді айқайлап, жалғыз өзі даңғарадай төрт бөлмелі үйдің апыр-топырын шығарды.
Ашуға ерік берді. Жылай жүріп, жол сөмкесін реттеді. Ебін тауып, ол әйелмен сөйлесуге бел буды. Үйін тауып алып, шашын талдап жұлмаса ма бәлемнің! Махаббат дастанын ол әйелдің серігі де оқуы керек деп шешті. «Мен де одан өшімді алуым керек. Жолдасы сазайын берсін!». Сосын... Сосын өз ойынан шошынып, диванға барып отырды. «Жо-жоқ, не деп кеттім өзі. Хат жазысты екен деп, тым қаттыға барып қайтем?! Бәлкім, айрандай ұйып отырған шаңырақ шығар, біреудің обалына қалармын». Ойлана-ойлана басы қатты. Ойдың түбі – уайымға, уайым түбі – ауруға әкелетінін ол жақсы біледі. Бала кезінде әжесі келіндеріне: «Еркекке сенбе, екі босағаңа сен» деп сыбырлап отыратын. Жоғары білімі жоқ демесең, ол кездің үлкендері данышпан екен ғой. Бір ауыз сөзбен ел басқарып, тентекті сабасына түсіретін...
Айнаш жас кезін есіне алды. Кезінде бұл да біреуге муза, біреуге арман ару еді... Ол ашу-ыза жайлаған денесін суық сумен шайып, өңін түзеді. Айна алдына келіп, бетін әрледі, әдемі көйлегін киіп сыртқа шықты.
***
Бойын көңілсіздік, қорқыныш жайласа, Айнаш Есіл жағасын паналайды. Ерке Есіл баяу жылжи ағып, оны сабасына түсіреді. Айнаш мұнын шағады, Есіл жұбатады. Айнаш еңсе тіктейді, Есіл тербетілген күйі қол бұлғап қала береді...
- Кешір, Есіл, етегім жасқа толып жағаңа келдім.
Ол жағаға жеткен бойы іштегі шерін ақтарып, көз жасына ерік берді.
- Жүрегімнің жарасын сен ғана жаза аласың, Есіл. Жазған басым, сырымды да, шынымды да елге айтсам, ертең бетіме таба боп түседі. Опасыздық жасаған пендені қалай жазалайын, айтшы?
Есіл ағысы бірсарынды. Төңірегі толған кісі. Бірі қызықтап, бірі тыныстап, енді біреулері қол ұстасып, серуендеп жүр.
- Есіл, жағаңа келіп, көз жасыммен мөлдір суыңды ластасам, айдыныңда асыр салған адамдардың назарын өзіме бұрсам, кеш мені!
Айнаш осы сөздердің барлығын буынға бөліп әзер айтты. Өксік тығылып, жылаудың аз-маз алдында тұр. Осы кезде қалтасында тұрған жолдасының ұялы телефоны безек қақты. Қоңырау шалып отырған қарағандылық бұлбұл екен. Ол үнсіз тұтқаны көтерді.
- Сіздің шабытыңыз қалаға келді, қайдасыз? Фейсбукке жазсам, жауап бермейсіз.
Жап-жас қыздың еркелей сөйлеген үні оның бойындағы қызғанышын, ашуын оятты.
- Аллоо, алло, Сіз мені сағынбапсыз ғой, тіпті сөйлегеңіз де келмей тұр. Жарайды, сау болыңыз!
Ерні ерніне жабысып, жағы қарысып қалғандай ауыр күйде тұрған ол әзер тіл қатты.
- Алло, сіз бұл азаматтың отбасылы екенінен хабардарсыз ба?
Қыз көпке дейін тіл қатпады. Ол осы сәтті пайдаланып, ашуын еркіне жібермекші болғанда, сымсыз байланыстың арғы жағынан әлсіз күрсінген дауыс естілді.
- Иә...
- Ол - менің азаматым!... Мен бақытымды өзгемен бөлісе алмаймын. Әрине, сіздің де бақытты болуға хақыңыз бар. Тек басқамен. Түсінесіз бе?
- Қорқасыз ба?
- Мен сізге ескертемін, «Тыныш жатқан жыланның құйрығын баспа!»
- Кешіріңіз!
- Кешірім мен үшін аздық етеді. Сіз мені білмейсіз!
- Ол сізді жанындай жақсы көреді...
Айнаш не дерін білмей қалды. Бірақ ашуы тарқамай тұрып, өз ойын айтып алуды ұйғарды.
- Біреудің бақытына көз тікпей, өз жөніңді біл! Сендей қыздар қауіпті!..
Қыздың намысына тиіп кетті ме, ары қарай тыңдағысы келмеді ме, мұның ойын бөліп жіберді.
- Қорықпаңыз, менің қолымнан жамандық жасау келмейді. Қиянаттың қандай ауыр екенін жақсы білем, сондықтан ала жіпті аттауға хақым жоқ! Мен бар болғаны жолдасыңызға шабыт сыйлаған едім, біз – қиялдың адамдарымыз.
- Тіңк-тіңк...
Телефон үзіліп кетті.
- Алло, Алло!
Ол ұялы телефонды құлағына тосқан күйі аңтарылып тұрып қалды. «Мен бар болғаны жолдасыңызға шабыт сыйлаған едім»... Шабыт?!..
Ол өзінен-өзі қысылып, өзен бойын бойлай ұзақ жүрді. Әлгі қызға қайта звондап, мән-жайды толық білгісі келді. Бірақ, не сұрамақ, не демек? «Мені кешір, жолдасыма шабыт сыйлауды ұмытып кетіппін» дей ме? Жиырма жыл отасқан жан жарының жан дүниесіне бір сәт бойлап көріп пе еді? Осының барлығына өзін кінәлай бастады. Үй шаруасы, бала қамы, жұмыс бабы, ата-ана жағдайы деп жүріп, жолдасына көңіл бөлмепті.
Қалың ойдың құрсауында келе жатқан оны оң жақ бүйірден «Айн-а-а-аш!» деп саңқ еткен күйеуінің дауысы селт еткізді. Ол жалт бұрылғанда бір қолында құшақ гүлі бар жолдасын көрді. Жалғыз емес, жанында бір қыз бар. Еліктің лағындай ол әдемі қыз арбаға таңылған екен, қос аяғы тізеден кесілген.
- Сіз ренжімеңіз, мен сіздің қандай адам екеніңізді білмей тұрып, көңіліңізді қалдырдым. Біз бар болғаны доспыз. Ағам менің өмірге құштарлығымды оятты, мен бұл кісінің шығармашылығына арқау болдым, - деді күлімсіреген бойжеткен.
- Мен саған ешқашан қастық қылған емеспін. Кешірші! - деді күйеуі бұны құшағына қарай тартып. – Сен менің Құдай қосқан қосағымсың! Жаратқан ием жар қылған, менің мәңгілік махаббатымсың! Мен бар болғаны екі аяғынан айырылған Дариғаға телефон арқылы сүйеу болдым. Қайырымдылық қорымнан ақша бөлгізіп, қаржылай да демеушілік жасадым. Мені мына қарындасымның өмірге деген құштарлығы толғантты, шабытыма шабыт қосты. Соңғы уақыттардағы әлемдік бәйгелерде жүлделерге қол жеткізген, халықтың зор ықыласына бөленген туындыларымның дүниеге келуі осы қалқатайдың тағдырына деген жанашыр көңілден еді. Бүгін өзіңмен таныстырып, отбасымызбен қала сыртына барып, серуендейік дегім келген еді. Үлгермей қалдым. Маған деген кіршіксіз сезіміңе қылау түсірсем, жүрегіңді ауыртсам, кешір, жаным!
Ол жылап жіберді... Тау қозғалса да, қозғалмайтын сабырлы мінезінен ауытқып, ашу-ыза, қызғаныш пен өкініш сезімдеріне ақылын айырбастай жаздап, бір бәледен, ұятты істен аман қалғанын түсінгендей. Ал, күйеуі одан әрі биіктей түскендей.
Арбаға таңылған қызды күйеуі екеуі екі жағынан демеп, әрнәрсені әңгіме етісіп, өзен жағалап жүріп келеді. Бұл өзеннен көз алмай: «Есіл, сенің кінәң жоқ» деді іштей сыбырлап...
***