Тайга күнделігінен
Тағдыр жолын -
жетектеген бір-бірін,
Баллада еттім:
үш өрімді - бір бұрым.
Ұлылардың ұлты жоқ,
Текті деген- бір ұғым.
Автор.
Баллада
- Ну-Ку1
Бессарабиядан айдаған,
Азабын үміт жалғаған,
Колонияда бар еді,
Шешесі қыпшақ, молдаван.
«Элемент» деп қауіпті,
Әкесін «Үштік» қамаған.
Әйел,бала еріксіз,
Қазақстанға жер ауған.
Бауыр,туыс атылып,
Жалғыз қалған анадан.
Көтерген қара нардай-тын,
Ауыр жүкті шамадан.
Халқына қамқор, «жау» емес,
Жаралғандай жасыннан.
Тағдырлас достар сүйеуін,
Медет тұтты асыл жан.
Сол күні оны құлатты,
Дүлей Тайга, қара орман.
Әл-дәрмен кетіп денеден,
Нұр тайды отты жанардан.
Оралмасын білді енді,
Саяси сүргін-сонардан.
Бұйыртса жазмыш, не шара?..
Бедеу үміт, тұл арман.
- Мырза қайың
Жол шетінде тұратын жалба қайың,
Атандырған тұтқындар мырза қайың.
Жонын тіліп, діңіне түтік қойсаң,
Сөлін сығып беретін арда қайың.
Ну-Ку оған мұң шағып, сырласатын,
Қабығына сүйентіп ер-маңдайын.
Жапырақтар жалбырап сездіретін -
Қуат беріп, қайғысын сорғандайын.
Арқа тіреп, көзімен іздеуші еді,
Атажұрттың қылқанды қарағайын.
Ана жұртын еске алса, қиял кезіп,
Елестейтін жазира, дала-сайын.
Шығыстың ертегісін көп айтатын,
Анасы хаса сұлу – Хорлығайым.
Енді міне, үш сағат құлағалы,
Ойлайтын мұрсасы жоқ өмір жайын.
Бойын сомдап, тербеліп көз алдына,
Елестеді, жарықтық, жалба қайың.
Есін жиып сұрады үш өтініш:
Тұрған соң, ак сапарға көші дайын.
- «Балди2, Саиб3, Ахали4, тағдырластар,
Жалбырым енді маған ана қайың.
Бәрімізге нәр беріп, сая болған,
Түбіне жерлеңдерші мырза қайың.
Тірлікте ұмытпаңдар жомарттығын,
Ана мейрім, құрсақты сауын қайын.
Бұл өтініш, бірінші тілге келген,
Асығады, демігіп минут сайын.
Екіншісі - Балдиім қойныңдағы,
Иткөйлекті бір иіскеп дамылдайын.
Үшіншісі - басыма белгі етіп,
Қойыңдар көк түріктің ойып айын».
Жылап аспан қоштасты жалт еткізіп-
Тіршіліктің соңғы ұшқын найзағайын.
Қылбұраумен қазанат өтті өмірден,
Тайғаның он жыл илеп қара лайын.
Алты жігіт арқалап, батпақ кешіп,
Жалбырына жеткізді бұйымтайын.
Тапсырды түбіндегі топыраққа,
Дегдарлы азаматтың тұрымтайын.
Тұғыр етіп орнатты бас жағына,
Тәкаппар, қарсы бұтақ қарағайын.
Ұш жағына қондырды өзі айтқан-
Ақ қайыңның безінен ойып айын.
... «Хош, Ну-Ку, қасыңда - Ана қайың,
Жоғалмадың, сен енді, ізім-қайым.
Осы орманда көктеген барлық ағаш,
Топырақтас сенімен, бәрі ағайын.
Хош, хош, Ну-Ку, аяулы мырза қайың».
- Бостандық
Қырандардың қанатын қырықтырып,
Отыратын тасада шымшық күліп,
Жылдар өтіп, саяси тоң жібіді,
Кек қуаты ГУЛАГ-ты 5 тұншықтырып.
Бостандыққа ұмтылған жанкештілер,
Көтеріліс жасады күшті жиып.
Қан төгіп, азапталған сол ерлердің,
Жасымады жігері, сағы сынып.
Қан-қасап, неше жылғы жүйе шіріп.
Азаттықтың таңы атты, күні туып.
Сол күнге жете алмаған небір жайсаң,
Моласы, сұрауы жоқ, кетті атылып.
Ахали , Балди еліне сапар тартты,
Жазасынан ертерек босатылып.
Тұлдыры жоқ Серыйы6 қалып қойды,
Сібірдегі Шор7 қызын жары қылып.
Саиб пен Сережадан кеш шешілді,
Жазмышына пішілген азап-тұлып.
Ну-Ку елес береді Тайгасынан,
Қайың шайқап, рухын жел оятып.
Соловкиде 8 талайдың мүрделері,
Көмілмей суда ықты, мұзда қатып.
Кесілген бас сүйектер домалайды,
Бутугычаг 9 дірілдеп, қарғыс атып.
Колыманы 10 үрейлі елес кезіп,
Қақалады аруақтар алтын жұтып.
АЛЖИРдегі 11 сәбидің жан-даусына,
Періштелер жылаған аза тұтып.
Магаданда 12 соғылса зар-қоңырау,
Рухтар жол кезеді, сүйек тасып.
Адамдар, Бостандықтың қадірін біл,
Тарихыңды зерделе, окы-танып.
Азаттық деп еңіреп өткен ерлер,
Ұрпақтардың шырағы тұрған жанып.
1,2,3,4,6 - тұтқындардың лақап аттары.
7. Шор - Кемеров облысында тұратын түркі тілдес халық.
8,9,10,11,12 - азап лагерлері орналасқан жер атаулары.
5. ГУЛАГ - қуғын-сүргін кезеңіндегі қамау орындарының,
еңбекпен түзеу лагерьлерінің, жер аударылғандар қоныстарының Бас басқармасы.
Эпилог
1969 жылғы «халық жауы» атамның әңгімесінен кейін санамның санатында мұзбалаққа айналған ақүрпек сырдың көңіл түкпіріне қонақтағанына да 50 жыл толыпты. Атамның дүниеден өткеніне 10 жыл, ал, жадымның желісіне байланған бейнелер сойынан 11 жыл кейін кездескен бұл оқиға – жандүниемдегі орныққан дәнектің бөрткенін аңғартты. Оған да 40 жыл. Ол 1979 жыл еді ... Ал, бүгін, мұзбалақтың зердеден ұшқаны, жетілген дәннің дәмі – тарихтың тағлымы, ақиқаттың ақуызы, жылдардың жемісі, парыздың парқы екенін ұқтым. Сонымен, үш өрімді, бір бұрымнан тұратын «Тайга күнделігінен» атты балладаға арқау болған бұл оқиғаның өрмегі Гурьев облысының Қызылқоға ауданында мемлекеттік нотариус қызметін атқарған кезімде өрілген болатын. Сағыз станциясында өте ұқыпты, көп балалы бір молдаван семъясы тұратын. Балалары Кеңес одағының әр жерлеріне коныстанып кетіп қалған ер-зайыптыларды қайтыс болғанда қаделерін өткізіп, жер қойнына жергілікті қазақтар тапсырды. Біршама уақыт өткеннен кейін арттарында қалған мұраларын бөліп алуға барлық балаларының атынан Воркутада тұратын ұлы мен Ақтөбенің Алғасында тұратын Анна Мокану деген қызы келді. Заттай да, жинақ кассасындағы ақшалай да мол мұрасын рәсімдеп, мұрагер ретінде танып, куәлік бердім. Олардың молдавандар екенін білгенде атамның дос болған тағдырласы, шешесі қыпшақ, әкесі молдаван, 1958 жылы бостандығына 7-8 ай жетпей қайтыс болып, өздері ормандағы қайыңның түбіне жерлеп кеткен, лақап аты - Ну-Ку есіме түсті. Атам репрессия, соғыс жөніндегі әңгімелерді сирек айтатын, бірақ алыстан әдейі іздеп келгендерге, сенетіндеріне айтатын, сырласатын. Солардың қатарындағы түйежүн шекпенімен қымтай қойнына алып: «назаркердім, Сарғасқамның көшірмесі (зайыбы, репрессия құрбаны Зейфун ханымды руымен «Сарғасқа» дейтін) », -деп маңдайымнан иіскеп отыратын ең кішкентай тыңдаушы болғаным жадымнан ешқашан өшпейтін көрініс. Жазбалары мен күнделігі құпияның құпиясы еді. 68 жыл өмірінің 22 жылын елден жырақ өткізді. Соңғы 18 жылға сотталған мерзімнің 7 жылы қысқарып Тайга колониясынан 1959 жылдың мамырында елге мерзімінен бұрын оралған ол, МҚК бақылауындағы «қауіпті элемент» болды. Соның нәтижесінде, колониядан өзімен бірге алып келген ағаш чемоданы, ел асып Тайгаға жеткізілген, тұтқындар сәбидің исін иіскеп сағынышын басқан тұңғыш немересі менің иткөйлегім, оны кеуде тұсына тігіп қойған қара-сұр көйлегі (екеуі де сақталған) өзіне қалдырылып, номерленген түрменің жолақ көйлегі, күнделігі , тағдырластарының көзі болған естеліктері тәркіленді. Ақталғанын көрмей, білмей дүниеден өтті. Өзімде сақтаулы, атам қалдырған қыранның тұяғы мен арабша Нұрнамасы - оның жүрген жерлерін шарлатып қайтатын ғажайып құралым, сезім-қанатым екенін айтсам артық болмас. Олар маған – сырғайып, нұрғайып, жырғайып дүниелер сыйлады. Уақыт жаңғырығы. Иә, жаңғырық ...
Тағдырластарының есімде қалған лақап аттары: Ахали - ұлты түркімен, Мәріден; Саиб - Санаев Ибрагим, қазақ , руы қожа, Қызылордадан; Балди - Акжанов Балапан, қазақ, руы Айнық-Сарбас, Қазалыдан; Ну-Ку - молдаван, ұлтының екі фамилиясының бір-бір буынынан құралған, бірі Мокану, екіншісі Чалиеску, әлде Илиеску, Кишиневтен; Серый - ұлты неміс, Сталинградтан.
Атамның «қайың сауып, чаганы бірге ішкен» тағдырлас достарының түйсігім түйген бейнелерін ой теңізі толқындай тоғытып санама тірегенде, сөз деген құдірет тізбектеліп түсіп жатты... Ол, менің кымбат сәтім, перзенттік парызымның өтеуі... Бәлкім, қоңыр күздің таңғы шығы болар, мезгілі жеткенде ғана мөлдірейтін?.. Бәлкім, бала сезім суарған дәннің ғұмырымның жомарт күзінде берген жемісі болар?.. Бәлкім, атамның түрмеден туған еліне жетіп, вокзалда оны күткендер арасындағы үш жасар тұңғыш немересіне алғаш ерні тиген сәтте, кірпігіне кептелген тамшымен бірге тілінен түскен бір ауыз «дано» сөзінің құдіреті болар?... Дегенмен де, сол Сағыздағы оқиғадан кейін Ну-Ку бейнесі көкірек қазынамда 40 жыл жатты. 1989 жылдың маусым айында Румынияны, Молдованы аралаған 24 күндік сапарымда оның «қайың жанын, қарағай пішінін» жадымның желкені туған топырағына төркіндеткен-ді. Молдаван ұлтының ер адамдарынан Ну-Ку болмысын іздеп тұрғаным да есімде... Бірақ, ол - кеңестік бюрократтық жүйенің көбесі сөгілмеген, кемелденген социализм дәуірі еді. Көзбен іздеп, көңілге тоқығаннан артық әрекет мүмкін емес кезең. Атама, оның тағдырластарына деген құрметім, гид донна Аглаямен сырласып кетуіме септігін тигізді, оның құпиялап айтқан әңгімелерінен кейін Ну-Ку тұлғасы одан сайын сомдана түсті. Бірге демалып, сапарлас болған Румыниядағы «TOMIS» аяқ киім фабрикасының тігіншісі Аурелиядан да сыр тартып, мағлұмат алдым. Винницада күтіп, Тыргу-Муреште бір айға жуық ой-қиялыма серік болған Ну-Ку елесі мені Бакэуден ұзатып, Жмеринкада қоштасты. Сондағы, тылсым тұтқындап тұғырға қондырған бейне де қанатын 30 жыл қомдапты ... Ол ғалым, дегдарлы, кесірлі қоғамның асыл өкілі. Оның образы - тектілер образы. Тарих ұрпаққа ақиқаттан сыбаға тартты. Тәуелсіз ел болдық. Тектіден тілініп, жартыдан жарылып жалғастық. Тәубе дейміз. В.Г. Белинскийдің «Ақын образбен ойлайды, ол шындықты дәлелдемейді, оны көзге елестетіп көрсетеді» деген қағидасы ұстанымым. Мен журналист те, жазушы да, ақын да емес, заңгермін, екі «халық жауының» немересімін. Ақын, жазушы болуды мақсат тұтпасам да, аталарымның, әкемнің, Зылиха апамның, зиялы жақындарымның егіп кеткен рухани нәрі ой-жүйеммен астасып бұлардың ауылына да ат басын бұрғызғаны хақ.