Ата өнегесі
АТА ӨНЕГЕСІ
Мақсаттың атасы жылқы бағады. Оны әрдайым күтіп баптайды. Көктем, жаз, күз және қыс мезгілдерінде атасы Мақсатты өзімен бірге ертіп, жылқыларды көріп қайтады. Атасының аттары онша көп емес.
– Қазірше осы бес-алтауы жетеді, – дейді атасы. – Жасыма сай. Бұларды бағу, күту, қарау оңай емес, – дейді.
– Ата, мен жасым үлкейгенде сізге көмекші боламын, – дейді Мақсат. – Аттардың санын көбейтемін.
– Менің немерем өскенде кәсіпкер болады. Ата-бабасының кәсібі – жылқышы болады, – дейді атасы да Мақсаттың басынан сипап.
Мақсат балалық балғын мінезбен басын изей күлімсірейді.
– Рас, ата, мен өз сөзіме берікпін. Аттарға қарағанды, күтіп баптағанды жақсы көремін.
– Қайсы бір іс болса да, жаның сүйіп беріле жасасаң, соның рахатын көресің, балам, – деді атасы ат үстінде келе жатып.
Атасы мен немересі қырқаның үстінде жайылып жатқан аттарға келді. Айғыр мен биелері және тайлары мен кұлындары қарындары тойып, бір үйір болып, бір-біріне жақын тұр екен. Атасы мен Мақсатты көрген биелер кісіней жөнелді.
– Ата, аттарымыз бізді таныды. Қараңызшы, жатырқамай бізге қарай келе жатқан құлындарды, –деді Мақсат.
– Жануарлар сезімтал ғой. Бәрін де біледі. Сезеді. Таниды, – деді атасы.
– Атты сен айдай бер, балам. Мен жаяу жүрейін. Аттарды үйге қарай қайыр. Қайыруға оп-оңай көнеді. Күн ыстыққа қалмасын. Тойыныпты. Көлеңкеге апаралық, – деді атасы аттан түсіп.
Мақсат аттарды үйге қарай бағыттады. Жануарлар Мақсаттың дегеніне лезде-ақ көнді. Бәрі де бірінен соң бірі жәй жүріспен Мақсаттың алдына түсті.
– Ата, – деді Мақсат. – Менің досымның атасы кей-кейде кейіген сәттерде: – Қайыруға көнбеген жылқы іспеттес, – деген сөзді көбірек айтады. Ол не деген сөз, ата?
– Е-е, балам, айтқан сөзді құлаққа аспаған соң ренжиді. Өз бетіне лаққан жылқы да солай. Тізгін тимеген, құрық ілінбеген ат тарпаң, асау болады. Айтқаныңа көнбейді. Өзінің иесін шаршатады. Босқа арам тер етеді. Содан соң қайыруға көнбеген жануар дейді. Адам баласы да солай. Сөзге түсінбеген, оны ұғынбаған адам қайыруға көнбеген жанмен бірдей.
Мақсат ойлы жүзбен атасына қарады.
– Сонда адам мен жылқының әрекеті, іс-қимылдары өзара ұқсас екен-ау, ата, – деді ол.
– Әрине, – деді атасы, – ата-бабамыз жылқы асырауды өзіне етене жақын еткен. Әдемі, көрікті жандарды құлын мүшелді, ал алысыңды жақын ететіндіктен, «Ат – ердің қанаты», мінезі шатақ болса, мінезі шабдар екен деп, аттың түсіне сай да айтқан.
Сөйтті де, атасы немересінің ендігіде сөздің мәнісіне назар аударғанына разы болып, немересінің әлі де жас болса да, қолқанат бола бастаған алғашқы қадамына шынайы түрде шаттанды. Кеудесіндегі саябыр тапқан көңілі сол мезетте-ақ кемерінен асып-тасып жатқан-ды.
***
АСЫҚ ОЙЫНЫ
Жаздың күні. Аспан шайдай ашық. Жапырақтары жайқалған жасыл ағаштың қою көлеңкесінің астында бір топ бала асық ойнауда. Бәрі де ойынның қызығына батқан. Қолдарындағы қорғасын сақаларын шиіріп, қаз-қатар тізілген асықтарды дәлдеп соғуда.
– Менің сақам керемет. Бүгін оңқай асықтарымның арасынан осы біреуін таңдап, өткір де үшкір пышақпен ойып, ішіне қорғасынды балқытып құйдым, – деді Сапар.
– Оңқай асық деген не? – деп сұрады қаладан ауылдағы атасына жазғы демалысқа келген немересі Әли.
– Оңқай асық алшы тұрғанда, қайырылған басы оң жаққа қарай бағытталады. Сол жаққа бағытталса, ондай асықты соңқай, кейде солаңқай асық деп те атайды.
– Тәйкесінің тұсын да әдемілеп егеулепсің ә? – деді Сәбит байқампаздық таныта оның қолындағы сақаны меңзеп.
– Ия, тәйке тұсы теп-тегіс болғандықтан, сонда ғана асық алшысынан мықтап тұрады, – деді Сапар.
Сапар осы сөзді Әлиге әдейі арнап сөйлегендей, көз жанарын оған қарата үн қатты.
– Дұрыс айтады Сапар, – деді Әлидің атасы немересінің асық жайлы түсінігі мен танымын нықтай түскісі келіп.
– Асықтың алшысы дегеніміз не, ата? – деді Әли.
Сапар Әлидің асық жайлы түсінігі мүлдем жоқ екенін байқағанымен, оны кемсіткісі келмеді.
– Не соны да білмейсің бе? – деген ішкі ойы жылт ете қалғанымен, оны сыртқа шығармай, ойынның қызығына лезде берілді.
Асық ойыны қызғылықты болды. Бүгін, шыны керек, Сапар жақсы ойнады. Асық тігіп ойнау барысында ол он шақты асықты ұтып алды. Солардың арасынан және бір асықты таңдап алды да:
– Мына бір асық маған өте ұнап тұр. Қолға ұстайтын мықты сақа болатындай екен. Бұны мен қызыл бояуға бояп, ішіне қорғасын құямын, – деді ол.
Сөйтті де, қалған асықтарының бәрін де екі уысына толтырып алды. Содан соң бәрі де үйді-үйлеріне қарай бет алды.
Әли мен атасы да өз үйлеріне қарай жүрді. Атасы осы жолы Әлиге көлемі алақандай бір қапшықтың ішіндегі асықтарды ұсынды. Бұларды өзі немересіне арнап, біраз уақыттан бері жинап жүрген еді.
Әли тосын сыйға қатты қуанды. Асықтарды қолына алып, әрбірін жеке-жеке ұстап, оларға едәуір уақыт бойы таңырқай қарады.
Атасы содан соң Әлиге асықтар жөнінде өзі білетін кейбір мән-жайларды тәптіштеп түсіндіре бастады.
– Балам, – деді ол немересіне, – әлгінде асық жайлы Сапар мен Сәбит айтқан біраз мәліметтерге қанық болдың.
– Ия, ата. Бірақ асықты көп ойнамағандықтан, балалар айтқан бүк, шік, тәйке, алшы деген сөздерді де онша ұғына алмадым, – деді Әли шын ниетпен.
– Асықтар тұрысына қарай алшы, тәйке деп аталады. Жатысына қарай бүк, шік дейді. Томпайып жатса – бүк, ал шалқайып жатса – шік болады, балам, – деді атасы. Сөйтті де, асықтарды өз қолымен алшысынан, тәйкесінен тұрғызды. Содан соң бүгінен және шігінен жатқызып көрсетті.
–Түсіндім, ата. Енді ешқашанда ұмытпаймын, – деді Әли.
Ертесіне Әли балалармен бірге асық ойнауға кірісіп кетті. Бірте-бірте асық ойынының тәсілдеріне бойы да үйренді. Тіпті, Сапар және Сәбиттермен бірге асықтардың арасынан сақа сайлауды да тап басып табатын болды. Олармен асыққа қорғасынды балқытып құюды да тез арада меңгеріп алды.
Ал бір қатарға тізілген асықтарды дәлдеп, өз сақасымен дөп тигізуі де, күн өткен сайын өзгелерден кем түскен жоқ.
***
КӨРШІ ӘЖЕЙ
Еркінбек ауылға барды. Ол былтыр үй-ішімен қалаға көшіп кеткен еді. Ауылға келген соң, ата-анасымен бірге өздерінің бұрынғы үйін де көрді. Өз үйі көзіне оттай басылды. Өзі талай рет ашқан өз үйінің сыртқы есігі күнге жылтырап, қол созымдай жерде мізбақпай тұр.
Қарсы алдында – өрік пен шиені, алма мен алмұртты өз қолымен үзіп жеген жасыл бағы. Оның ішіне Еркінбек қаншама мәрте кірген болатын. Қазірде бақтың гүлдей жайнағанын көрудің өзі бұның көңілін көкке тым-тым жоғары көтеріп жіберді.
Еркінбек содан соң көрші үйге қарай бетін бұрды. Оның ауласы ортасында Берік ойнап жүр екен. Екеуі бірін-бірі көріп, біріне-бірі күлімдеп, бір-біріне аяқтарын жылдамдата басты.
Еркінбек Берікке қарағанда үш сынып жоғары оқитын. Бұдан сегіз ай бұрын оның әжесі қайтыс болыпты. Берікке Еркінбек осы жағдайды қалайша айтуды өз сөзімен жеткізе алмады. Беріктің әжесін бұл да жақсы көретін. Оның әжесі ертегілерді, аңыз әңгімелерді екеуіне жиі-жиі айтатын. Айтудан жалықпайтын. «Сендер де келешекте сол бабаларыңдай батыр әрі сөзге шешен және өз елін жанындай сүйетін перзенттері боласыңдар!» деп бұларды көтермелей сөйлейтін.
– Әжем көк аспанға ұшып кетті. Мен үлкейген кезде келеді, – деді Берік Еркінбекке өз әжесі жайлы лезде хабар беріп. Айтқаны – шын сөзі еді.
Еркінбек оған қарағанда, алғаш рет өз бойынан есейген көңіл-күйді аңғартты. Үлкендер оған алдаусырата сөйлегенін ол бірден-ақ ұқты. Оның әжесінің о дүниелік болғанын олар басқа сөзбен меңзей көрсеткенін де түсінді. Беріктің сол сөзді балаң мінезіне сай жеткізгеніне де Еркінбек ештеңе деген жоқ.
Еркінбек те бала бақшада тәрбиеленіп жүрген шағында әжесі дүниеден өткен болатын. Оған да дәл осылайша «Әжең ту-у заңғар көкке ұшып кетті» деген. «Оны сол жаққа көп адам болып шығарып салдық, Еркінбекжан» деген сонда атасы. Еркінбек атасының сол кезде алдаусырата айтқан сөзіне сенген. Өйткені бұны айтқан өз атасы ғой. Ал атасы ешқашанда өтірік сөзді айтқан емес.
Еркінбек мектепке барғанша атасының айтқанына сеніп ғұмыр кешті. Қараңғылық түсісімен, көкке қарайтын. Самсаған жұлдыздар арасынан өз әжесін іздейтін. Әжесін елестете көз алдына келтіретін. Ақ әжесінің аппақ орамалы сол жақта үнемі желбіреп тұрғандай сезілетін.
Көктемдегі қаз бауыр бұлттар арасынан да әжесін жиі-жиі ұшырататын. Ақ бура, ақ ұлпа бұлттар да кей-кейде өз әжесі секілденетін.
Бұның бәрін Еркінбек атасына айтқан жоқ. Атасы да: «Балам, әжеңді көрдің бе, көктегі ақ бұлттар арасынан?», «Еркінбекжан, заңғар көктегі жұлдыздар ортасынан әжең көрінеді ме?» деп жұмбақтай сөйлесе де, шынайы пейілін байқататын. Еркінбектің балаң да балғын қиялын сезгендей қалыпта солай дейтұғын.
Еркінбек көбінесе үндемейтін. Өзімен-өзі болғанды жақсы көретін. Көрер көзге тұйықтау мінезі де бірден-ақ аңғарылатын.
Енді, мінеки, Берік те: «Әжем көкке ұшып кетті» дейді.
Еркінбек Берікпен көшенің басына дейін бірге келді. Содан соң екеуі бір-бірімен қол алыса қоштасты. Бір-бірінің арқасынан үлкендерше ашық та шағын алақандарымен аялай қақты.
Көше бойымен ұзай бере, Еркінбек Берікке тағы да қолын бұлғады. Берік те қол бұлғап тұр екен. Сол заматта оның арғы тұсындағы үйі жағынан ақ орамалын желбірете басына тартқан оның әжесі көз алдында жалт еткендей болды.
Елестің шынайы көрінгені соншама, Еркінбек және бір рет сол тұсқа қарата қос жанарын қадады.
Көрші әжейдің өз жадынан жоғалмай, елес қалпында санасында жаңғырғанын байқады.
Содан кейін өзі ендігіде есейгендей қалыпты танытты да, ілгері қарай адымдай басып жүре берді.
***
ТҰСАУКЕСЕР
Айдар бірте-бірте жүре бастады. Бастапқыда екі-үш қадам басты.
– Тәй-тәй, – деп ілгері жүргізуге әрекет жасаған атасының қуанышында шек жоқ.
– Тұсауын кеселік, – деді әжесі. – Содан соң кібіртіктемей жүретін болады.
Айдар сәуірде дүниеге келген. Арада бір жыл өтті. Күні кеше ғана отырып, одан соң еңбектеген ол бүгінде жүруге қатты ынта танытып жүр.
Тұсаукесер рәсіміне орай атасы қошқар сойды.
– Айдардың жігіт болғанын тойлаймыз, – деді ол көтермелей сөйлеп. –Жүргені – азаматтықтың белгісі.
– Ия, ел-жұрт қуанышымызға ортақ болсын, – деді етті қазанға салған әжесі де.
Тұсаукесер тойы қызықты өтті. Ағайын-туыстар бір жасап қалды.
– Үлкен азамат болсын! – деді ел ағаларының бірі.
– Елдің маңдайалды азаматы болсын! – деді және бір қария.
– Өсіп-өнген әулеттің мерейін тасытсын! – деді туыстарының бірі.
– Ақ сақалды қария болсын, айналайыным, шейін! – деді атасы.
– Айтқандарыңыз келсін! Әумин! – деді әжесі.
Жерге ақ киіз төселді. Текемет үстіне Айдарды атасы қолына көтеріп әкелді. Үсті-басына шақтап, мақпал пүліш матадан тігілген костюмі мен шалбары өзіне құйып қойғандай екен.
Атасы қошқардың өрілген ішегін, орылған бір бума көк шөп пен бірі ақ, бірі қара жіпті қатар ширатқан ала жіпті көпшілікке көрсетті.
– Қойдың ішегімен тұсауын кескеніміз – Айдардың өмірі тоқ болсын дегеніміз. Бір бума көк шөппен тұсауын кескеніміз – баламыздың өмірі көк шөптей жайнап, жайқалып өссін дегеніміз. Ала жіппен тұсауын кескеніміз – перзентіміз біреудің ала жібін аттамай, адал ғұмыр кешсін дегеніміз, – деді.
Содан соң атасы қошқардың ішегін, бір бума көк шөп пен ала арқанды бір-бірлеп кесіп, Айдарға тілек тіледі. Бата жасады.
Тәй-тәй басқан қадамың,
Арманыңа нұр шашсын!
Тәй-тәй басқан адымың,
Бақытыңа жол ашсын! –
деді мерейі тасып.
Жиналған көпшілік жайылған алақандарымен беттерін сыйпап, «Әумин!» десті.
Ақ текемет үстінде Айдар аяқтарын тәй-тәй басып, ілгері жүріп бара жатты.
***
САРЫ САМАУРЫННЫҢ ШАЙЫ
Ерлан атасымен шөп жинауға жиналды.
– Сары самаурынды ұмытпа, балам, – деді атасы.
– Шәйнекті, пиалаларды да алдым, ата, – деді Ерлан.
Ерлан қоңыр тайдың үстіне мінген. Атасы ат үстінде. Оның қолында айыр. Тайдың екі қапталының бірінде – сары мыс самаурын. Екіншісінде аузы бекітілген бактың ішінде Жиделі өзенінің мөлдір суы.
Жиде қалың өскендіктен, өзен аты – Жиделі атанған. Бұл өзеннің ауыл бойын қуалай аққанына талай жылдар еткен. Өзен жағасының арғы шетінде қалың шөп өседі. Атасы екеуі мал азығы үшін өткен аптада ат шаптырымдай жердің шөбін орды. Атасы шалғымен, ал Ерлан кол орақпен- ақ едәуір іс тындырыпты.
Енді, мінеки, кепкен шөпті Ерлан мен атасы шөмелеуге кірісті. Күн түске таянды. Ауа ыси бастады.
– Ерлан, самаурынды қайната ғой, – деп дауыстады атасы тер жуған бетін сүртіп.
– Мақұл, ата, – десе де, Ерлан кепкен шөпті үйе түсті. Өзі үйген шөмелені қатты нығыздап болған соң, самаурынға су құя бастады. Сіріңкені жағып, құрғақ отынды тұтатты. Сәлден соң, сары самаурын ішіндегі су ысылдай бастады. Үсті-үстіне жағылған оттың қызуынан лсзде-ақ су қайнады.
– Ата, шайды әзірлей берейін бе? – деп Ерлан дауыстай сөйледі.
– Қазір барамын. Шәйнекке демдей бер, – деген атасының дауысын ести сала, Ерлан гүлді дастарханды жая бастады.
Айдала. Кепкен шөп иісі. Төңіректе ешкім жоқ. Жиделі өзенінің суы шымырлап ағып жатыр. Аспай-саспай ілгері қарай жылжып барады.
Өзен жағасында атасы мен Ерлан таза ауада шай ішуге кірісті. Жұмсақ нан меп сары майдан, піскен еттен, қияр мен қызанақтан екеуі дәм татты. Тәтті құмшекерге көбірек құмарткан Ерлан ғана. Атасы болса, ыстық шайды ұрттаған сайын терісі кеңіп, жаны жай тапты. Екеуі рахаттана шай ішті.
Сәлден соң, орылған шөпті жинауға Ерлан мен атасы құлшына кірісіп кетті.
***
ӘЛІППЕМЕН ҚОШТАСҚАН КҮН
Жансая әліппемен қоштасатын күнге ерекше даярланды. Өлең жаттады. Әліппенің әріптерді үйреткеніне мәз болды. Сөздерді оқи алатынына қуанды. Жүгіртіп оқығанына төбесі көкке жетті.
Әліппемен қоштасу мерекесіне ата-аналардың бәрі жиналды. Апайы Айсұлу өз шәкірттерінің қабілеттеріне көңілі толғандай.
Сәбира домбырамен өлең айтты. Бейбіт тақпағын орындады. Жансая үш қызбен біргелікте дөңгелеп би биледі. Бәрі де тап-таза, әдемі киінген. Көйлектері бүрмелі. Оюлы нымшалары өздеріне арнап тігілгендей. Қолдары, саусақтары майысып, өнерлерін көпке көрсетті.
Ата-аналар жас бүлдіршіндерге риза боп, әлсін-әлсін қошемет танытты. Қол шапалақтады. "Ой, жарайсыңдар!", "Керемет!" деп әр ән орындалғанда, би биленгенде, өлең айтылғанда өз ой-пікірлерін сүйсіне білдірді.
Жансая үшін бүгінгі күн есінде жатталып қалды. Әліппені жақсы оқығаны үшін мектеп директоры мен апайының қолы қойылған, мөр басылған мақтау грамотасын иеленді.
– Жансая, алған марапатың құтты болсын! Қуаныштысың ба? – деді Айсұлу апай.
– Ия, апай! – деді Жансая қатты қуанып.
Өзінің өте мәз болғанын апайы қалай біледі, деп Жансая таңдана қалды.
Үйге келген соң, Жансая әліппемен қоштасқан сәттерді атасы мен әжесіне жеткізгенше әңгімеледі.
– Қуанышың қуанышқа жалғассын, – деді атасы.
– Сауатты болды деген осы, – деп әжесі Жансаяны аймалап, бауырына қыса түсті.
Жансаяның көңіл-күйі әбден көтеріңкі. Бақытты балалықтың сәулелі де нұрлы сәті дүниені түгел құлпыртқандай. Бұның барлығы оқуға үйреткен, білімге талпындырған әліппенің қүдіреті болатын.
***
ҚЫСҚЫ КЕШ
Алғашқы қар жауды. Кеш түсісімен, айнала аппақ мамыққа оранды. Әп-сәтте қара жер ақ түске малынды. Әншейінде көзге көріксіз көрінген ағаштар да ақ үлпа қарға оранды.
Әлігінде ауа райы суытқан соң, Жәмила мен Керімбек үйге тығылған. Қар жауған сәттен бастап, екеуі терезе алдында сыртқа көз салумен болды.
– Жәмила, қарашы! Аспан тола аппақ қар. Бірінен соң бірі жерге асығып түсіп жатыр, – деді Керімбек.
– Анау бір қар үп-үлкен екен. Қаздың мамығындай-ау. Есіктің алды да аппақ. Қандай керемет, – деді Жәмила терезеге үңіле түсіп.
Екеуі үй ішінде жарты сағаттай отырды. Далаға шығудың ретін таппады. Папасы мен мамасын жұмыстан келгенше күтті. Жылы киім киініп, үлпілдек қарды қолмен ұстағанша асықты.
Қыстың қысқа күні демде-ақ қап-қараңғы түнге ұласты. Көше бойындағы бағаналар басындағы электр жарықтары жанды. Жарық түскен жол үстінде аппақ қардың жерге түскен ұлпалары көзге анық көрінеді.
Осы сәтте үйге Жәмила мен Керімбектің әке-шешесі кірді.
– Папа, алғашқы қар. Аппақ қар. Қандай тамаша! – деді бірінші болып қарсы алған Жәмила.
– Мама, қарды басып келдіңіздер ме? Үстіңіздегі мына бір қардың ерімей тұрғанын қараңызшы? А-ай? Еріп кетті, – деді Керімбек анасының пальтосындағы ұлпа қарды қол ұшымен ұстап алғысы келіп.
Көңілді қыс кешінде кешкі асты бәрі бірге ішті. Бірақ Жәмила мен Керімбектің бүкіл ойы мен көңілі далаға бір рет ойнап келу болатын. Рахаттанып қарды қытырлата басып, достарымен түнгі көшені у-шуға батыру еді.
Бұлардың ойын біліп қойғандай, көрші үйлерден ұл-қыздардың сыңғырлаған күлкілері мен былдырлаған дауыстары шалынды.
– Далаға барып ойнап келе қойыңдар, – деді папасы.
– Жылы киініп алыңдар. Омырауларыңды ашпаңдар. Кеуделеріңе суық тимесін, – деп мамасы Жәмила мен Керімбекті ұқыппен киіндіре бастады.
Сәлден соң-ақ, ары-бері шапқылап, аппақ қардың үстінде аунап-қунаған балаларға көше бойы лық толды. Асыр салған жас бүлдіршіндер қысқы кештің көркіне көрік қосқандай, көшені нағыз хан базарына айналдырды.
***
ҚОЙ БАҚҚАН БІР КҮН
Сұлтан жазда ауылдағы атасы мен әжесінің үйіне барғанша асықты. Ауылдың көшесі кең. Аулалары да мол. Емін-еркін жүресің. Қажетіңше жүгіресің. Мейлінше асыр саласың. Айтып-айтпай не керек, бір жасап қаласың.
Сұлтанның папасы мен мамасының айтқанынан ұққаны – ата мен әжеге көмектесу.
Атасы мен әжесі қазірше Сұлтанды жұмсауға әрекет еткен жоқ. Атасы үй қорасындағы он шақты қойды бағып келеді. Сұлтан да бірге барады. Қойды қайтарады, өзендегі ағын суға қойларды үйіріп суарады. Кешкі салқын түсе үйге бет алады. Қораға қойларды қамайды. Қойларды жаюға бірге барған Арлан атты итіне жуынды құяды. Арлан да Сұлтанның жанынан бір елі қалмайды. Сұлтан қиыла сұранған кейіп танытатын итінен еш нәрсе аямайды. Қолындағы нанымен, күлшемен, бауырсақпен бөліседі.
Апта өтті. Сұлтан қой бағуды және оған күтім жасауды әжептеуір үйренді.
– Ата, сіз демалыңыз. Қойды өзім бағамын. Шамам келеді, –
деді атасына.
– Қой бағу оңай дермісің. Сәл көзден таса болса, айырылып
қаласың, – деді атасы Сұлтанға.
– Балалармен бірге бағамын. Ешнәрсе болмайды, – деген соң,
атасы Сұлтанның сөзін қимағандай рай танытты.
– Мақұл, балам.
Сұлтан таң ата қойларды жайылымға алып шықты. Таңғы салқын ауамен қойлар жақсы жайылды. Жанындағы Арлан да Сұлтанмен бірге қойлардың соңынан еріп жүрді.
Түске қарай, балалар өзендегі суға күмп беріп, шомыла бастады. Сұлтан да қызыға түсті.
– Кел, Сұлтан. Шомыламыз.
– Тезірек, Сұлтан.
– Қуаласпақ ойнаймыз суда.
Балалардың сөзіне еліккені сонша, Сұлтан қойларына бір, судағыларға бір қарады. Қойлары емін-еркін, жайбарақат жайылып жүр.
Сөйтті де, бірер рет суға түсіп алмақ болып, шешіне бастады. Суға секіріп түсті. Арлан да қайтқан жоқ. Суға омыраулай кіріп, ол да жүзе бастады. Басын жоғары көтеріп, өзеннің арғы-бергі бетіне өтті.
Ә дегенше, біраз уақыт өтіпті. Сұлтан жағаға шықты. Киінді. Қойларына көз салды. Көзге көрінбеді. Дегбірінен адасып, аяғына киімін кимей, қолындағы жыңғыл шыбықты ұстап, қырдың арғы бетіне қарай шаба жөнелді.
Жүрісі өнбеді. Табанының астындағы тікенек шөптер ұзаққа жүргізбеді. Қойлары жоқ. Сұлтан жыларман халге жетті.
– Қойларды көрдіңдер ме? – дейді кездескен балалардан. – Жоқ, – дейді олар.
– Он шақты қой көрдіңдер ме? – дейді және біреулерден
жыламсырай және жалына.
– Көрмедік, Сұлтан, – дейді олар да.
Қас қарая Сұлтан қалың жыңғыл ішінен қойларын тауып алды. Қатты қуанды. Тікенек кірген аяқтарының ауырғанын да ұмытып кетті.
Үйге келген соң, аяғының табандары солқылдап ауыра бастады. Содан соң, Сұлтан терезенің жарығына келіп, тікендерді бір-бірлеп ала бастады. Атасы мен әжесі сыртта еді. Олар келгенше, тікендерден аяғын толық тазалап алуға асыға кірісті. Атасы мен әжесі білмей-ақ қойсын, әбігерге салмайын деген Сұлтанда жалғыз ой болды.
– Ендігәрі қойларды жеке-дара қалдырмаспын, – деп Сұлтан өзіне-өзі сөйлеп жатты.
***
ТҮСІНІСУ
Жомарт күні бойы ашуланып жүрді. Көңілі көншімеді. Қабағы ашылмады. Әпкесі Сәуле есік алдын сыпырып жүрген.
– Жомарт, азырақ су әкеліп берші. Есік алдына су шашайын, –дегеніне:
– Өзің әкел, – деді зілденіп.
Сәлден соң:
– Күрек әкелші, – десе де:
– Е-е, керек болса, өзің ал, – деді Жомарт мүлдем ашуланып.
Атасы Жомарттың көңілі соқпай отырғанын әлгінде-ақ байқаған.
Оған әпкесі Сәуле де кінәлі секілді.
– Сәуле, кітабымды әперші, – дегенде:
– Қолым тимейді. Көрмеймісің, есік алдын сыпырып жүрмін, – деген.
– Сәуле, онда менің аяқ киімімді әкелші, – дегенде:
– Сен-ақ жұмсай береді екенсің, – деп сөзіне құлақ аспаған.
Атасы асықпай орнынан тұрды. Көрші бөлмедегі Жомарттың кітаптарын әкелді. Асхана алдындағы аяққа киетін тәпішкесін де жеткізді.
Жомарт атасының қамқорлығына қуанды. Риза болғаны соншалықты, жүзінде күлкі пайда болды.
– Жомарт, мінеки, аз ғана еңбегімнің өзіне қатты қуандың. Сен де Сәулені қуант. Ешнәрсең кетпейді, – деді атасы.
Жомарт атасына тіл қатқан жоқ. Кітаптарын сөмкесіне салды. Жеңіл тәпішкені аяғына киді. Сөйтті де, асханаға кіре берістегі шағын шелекке су құйып, Сәулеге жеткізді.
Сәуле шелектегі суды есік алдына шашты. Осы кезде Жомарт қол күректі әкелген-ді. Сәуле қол күрекпен жиналған шөп-шаламдар мен қоқысты бөз мата үстіне салды.
Жомарт қоқыстарды көтеріп, пеш алдына төкті.
Айнадай жарқыраған аула ішінде Сәуле мен Жомарттың күлкісі, жарқын дауыстары естіліп жатты. Жомарттың көңілі де, қабағы да ашылды.
– Әнеки, бір-біріңе көмектессеңдер, қол ұшын берсеңдер бәрі де жақсы болады. Түсінісіп, ұғысып жасалған тірлік рахат қой, – деп атасы екеуіне жадырай қарады.
***
КҮНДЕЛІК БЕТТЕРІ
Айдана дәптер бетіне әдемі әріптердің басын құрап, жазумен әуес. Бұл дәптері өзгеше. Апайының айтуынша күнделік жазып жүр. Өзінің күні бойы не істегенін, қандай кітапты оқығанын, көргенін бір екі сөйлеммен баян етеді.
Қарап отырса, бұның өзі қызық екен. Бір жыл ішінде Айдана көп нәрсеге куә болыпты. Үйренгені, білгені көп-ақ. Қалыңдау дәптерін Айдана әжесіне көрсетті.
– Бұл не? – деді әжесі.
– Күнделік дәптерім. Оқыңызшы, – деді Айдана ашық-жарқын
қалпымен.
Әжесі күнделікті қолына алды. Көзіне көзілдірік киді. Дәптерді парақтап, көз жүгіртті. Сауатты жазылған. Көргені мен білгенін балаң тілмен қағазға түсіріпті.
– Айналайын! Не жазғансың? – деп алғашқыда әжесі таңданысын
жасырмаса да, риза пейілін байқатты.
Айдананың күнделігін оқып шықты. Бес-алты дәптер беті толыпты. – Айдана не жазыпты, – деді атасы әңгімеге араласып.
– Не жазды дерің бар ма? Қызық-ақ екен, – деді әжесі.
Сөйтті де, күнделіктің мазмұнын атасына естірте айтты.
– Осы көктемде ауыл сыртында сары, қызыл гүлдерді қыр басынан тергенін, оларды маған әкеліп бергенін қуана жазыпты. Ауылда жаз кезінде масаның көптігін күнделік бетіне түсіріпті. Масахана ішінің рахат екендігіне сүйсініпті. Балалармен емін-еркін ойнағанын, олармен таныс болғанын түп-түгел қағаз бетіне көшіріпті. Өзің-ақ оқып көрсеңші, – деп әжесі күнделікті атасына үсынды.
«Атам мен әжемнің бар болғанына қуанамын. Олар мені жандарынан еш тастамайды. Тойға да апарады. Ертегіні де жалықтырмай, жалықпай айтады. Содан балбырап ұйқыға кетем. Сүт қайнатамыз қара қазанға. Айран сүзбесінен құрт жасаймыз. Көрші баланың 8 көгершіні бар. Топ-топ болып ұшқаны ғажап-ақ.»
Атасы күнделікті оқып, Айдананың өміріне тағы да ортақтасты. Көргенін, көңіліне жақын сәттерін жазған Айдананың болашағынан үлкен үміт күтті.
***
АЛҒАШҚЫ ҰСТАЗ
Ерлан мектепке барғалы біраз уақыт өтті. Әліппедегі әріптерді толық үйренді. Сөздерді буынға бөліп, олардың басын қосып оқуға дағдыланды. Соның бәрін үйретіп жүрген – ұстазы.
Апайына рахмет. Әрбір әріпті қырық бес минөт бойы жалықпай, қайта-қайта әрбір баланың құлағына құйғаны үшін, – деді атасы шын пейілмен.
– Шынында да, апайы жас болса да, ынта-ықыласымен оқытады екен. Атасына мың алғыс, – деді әжесі де ұстаз еңбегіне риза болып.
– Алғашқы ұстаздың орны бөлек. Зейнетке шықсақ та, бірінші мұғалімім әлі есімде. Көктемде өзеннің суы тасығанда, қайыққа мінгізіп, арғы беттегі мектепке өткізетін. Түстен кейін үйге қайтарда қайыққа және отырғызатын. Ерінбей бәрімізді үйді-үйімізге тарататын, – деді атасы балалық балғын жас кезін есіне алып.
– Біздің ауылдағы мектепке барар жол қыс айларында қиын болатын.
Сонда үлкен көше бойы мен мектеп аралығындағы соқпақ жолды
ағайымыз күрекпен тазалап, жалғыз аяқ жол ашатын. Кейде екі аяғымен
қарды жаншып, балалар жүретін із салатын, – деді әжесі де алғашқы ұстазы
жөнінде.
– Біздің апай жақсы. "Үнемі таза жүріңдер. Таңертең жуыныңдар.
Үлкенге сәлем беріңдер. Кішкентайларға ұрыспаңдар. Сабақтан
қалмаңдар" дейді, – деп Ерлан да өз апайы жөнінде мақтана айтты.
Күн сайын ұқыпты болып, сабақтарын ойдағыдай оқып жүру қажеттігін атасы мен әжесі де сан рет еске салып жүрсе де, апайының аузынан шыққан сөзге ерекше мән беріп жүрген Ерланға екеуі таңдана қарады.
Алғаш рет әріппен таныстырып, жөн-жосықты үйретіп жүрген ұстазына деген Ерланның сүйіспеншілігі мен құрметі тым жоғары еді. Алғашқы ұстаздың кеңесіне құлақ асқандықтан да, Ерлан стол жанына жайғасып, үй тапсырмаларын әдеттегідей дер кезінде орындай бастады.
***
САҒЫНЫШ
Мұрат жазды асыға күтеді. Өзі қалалық. Қаланың тіршілігі әрине, жақсы. Оқиды, қолы боста демалыс парктеріне барады. Бассейнде жүзеді. Түрлі әткеншектерді теуіп, бой сергітеді.
Әйтсе де, ауылдағы атасы мен әжесін сағынады. Сағыныштан сарғайғандай болады. Бәрінен бұрын ауылда қазақша сөйлегендерін айтсаңшы! Майын тамызады-ау, шіркіндер! Рахаттанып қаласың. Жатырқап қарайтын ешкім жоқ. Өгейсімейсің. Бәрі іші-бауырыңа кіріп кетеді. Жағдай сұрайды. Үйіне шақырады.
Мұрат ауылға келді.
– Ата, әже, – деп Мұрат екеуін кезек-кезек құшақтап, жіберер емес.
– Айналайын, балам, – деп атасы басынан, арқасынан сыйпалап
едәуір уақыт босатпады.
– Құлыным, шейін, – деп әжесінің оны кеудесіне басып, ұзақ-ұзақ
иіскегенін қарасаңшы.
Содан соң, үйге көрші-қолаңдар келді.
– Келіп қалдың ба, жаным, – деп жасы ұлғайған әжей тіл қатты.
– Ата-әжесіне берілген немере бұл, – деп ақ сақалды қария
жай ғана сөйледі.
Олардың жанында отырған бір топ бала Мұратқа күлімсіреп қарап қояды.
– Қалай жағдай?
– Өсіп қалыпсың ғой?
– Мына қызды танисың ба? Әлия ғой. Былтыр еңбектеп
жүрген ше? Биыл өзі жүреді.
– Сәкен, Жалғас көшіп кетті.
– Мына балалар Өзбекстаннан көшіп келді. Бірге ойнаймыз.
Әрбірі Мұратқа қарап, кезекпе-кезек сөйледі.
Осылайша, біраз уақыт өтті. Бірін-бірі сағынған сағыныштың арқасы болар, атасы мен әжесінің, Мұраттың, ауылдастарының жүздері мейірлене түсіп, бал-бұл жайнады.
***
БАЗАР ЛЫҚ
Бейбіт пен Әлима ерте тұрды. Айналасына қараса, әжесі жоқ.
– Әжем қайда? – деді Бейбіт мамасынан.
Әлима осы сауалға жауап күткендей біраз уақыт үнсіз тұрды.
– Базарға кетті, – деді мамасы дастархан жаюға кірісіп.
– Мені неге әкетпеді? – деді Бейбіт.
– Мен де баратын ем, – деді Әлима жыламсырай.
– Базарға баратын болсаңдар, ерте тұрмайсыңдар ма?
– Біздер кеш тұрдық па? Ерте тұрдық, – деді бұртиып Бейбіт.
– Сәл күте тұрыңдар. Әжелерің келіп қалады. Өзіне мәсі алам деген.
Бейбіт пен Әлима таңғы тағамдарын ішіп-жеп болған соң, ауылдағы
көше бойына кетті. Әжелерін күтуге асықты.
Шынында да, үш-төрт жеңіл көліктен соң, келесі көліктен әжесі
түсті.
– Оу, айналайындар, бұл жерде неге отырсыңдар?
– Сізді күттік.
– Бізге неге айтпай кеттіңіз?
Бейбіт пен Әлима әжесінің қолындағы сөмкеге қарады. Оның аузын ашқысы келіп, ұмтыла түсті.
– Не әкелдіңіз, әже? – деді Бейбіт.
– Мәсі алдыңыз ба? – деді Әлима.
– Алдым. Аяғымдағы жарамай қалыпты. Тігісі қайта-қайта сөгіле
беріп, берекемді алды, – деді әжесі.
– Жақсы болыпты, әже, – деді Әлима.
– Бейбітке қысқа жылы аяқ киім, саған жылы іш киім алдым.
Сендерге базарлық сол. Зейнетақым осымен таусылды. Бәрі де
керек. Алмасаң болмайды. Өзіме ғана алып, сендерге қалай
алмаймын, жандарым, шейін! – деп әжей Әлимаға қарады.
– Көрейікші, әже! Әдемі ме?
– Ия.
Үйге келгенше, өз базарлықтарын көргенше, Бейбіт пен Әлимада дегбір қалмады. Бірінің қолында бәтіңке, екіншісінің қолында мамық іш киім.
– Баланың қуанғаны – әлемнің қуанғаны да, шіркін! – деп әжей
немерелерінің бойлары көкке жеткендей болған көңілдеріне ортақтасып.
Әп-сәтте әжесі алдында Бейбіт пен Әлима су жаңа базарлықтарын
киіп алып, әрі-бері масайрап, шаттанып жүрді. Әжесі де сүліктей
қап-қара жылтырақ мәсісін құнттап киіп алыпты.
***
КЕШКІ АС
Кешкі мезгіл. Болат пен Айна атасымен бірге тамақтануда. Атасы екі немересінің тамақтанғанына сүйсіне қарайды. Екеуінің де табақтағы туралған еттен емін-еркін алып, рахаттана асағандарын қарасаңшы!
– Кішкентай кезім, деді Асан ата. – Тамақ аз. Күн сайын ішетініміз сұйық сорпа. Еті, картобы әр кеседе бірлі-жарым қалқып жүреді. Анда-санда қой сояды. Қара қазанда ет қайнап жатады. Бір кезде біздерді шақырады.Томпиған бүйректерді бір-бірлеп ұсынады. Ыстық әрі піскен бүйректің тәтті дәмі әлі күнге дейін ауыздан кетер емес. Піскен бауырды әспеттеп кесіп және береді. Ол да бір жегенге рахат. Осының бәрі күні кешегідей-ау, – деп тамсана сөйледі.
Болат пен Айна Асан атаның сөзіне құлақ асқан. – Ата, біз де бауыр мен бүйректі жегенді ұнатамыз, – деді Болат.
– Шынында да, рас айтады Болат, – деді Айна.
– Е-е, ол заманда бәрі де тапшы енді. Бүгінде қалаған нәрсе дастархан үстінде тұрады. Тоқшылықтың белгісі де бұл, – деді Асан ата.
Асан ата өзінің жас кезінде жасқаншақ болып, тамақ жегенде де тартынып жеген кезін еске алды. Немерелері Болат пен Айнаның ешбір қысылмай, емін-еркін тамақтанғанына куә болып, жаны жадырады.
***
ТЕЛЕФОНДАҒЫ ӘҢГІМЕ
Байбота қарындасына қуана тіл қатты.
– Айгүл, жаңа ғана атаммен сөйлестім. Ауылда жаңалықтар көп
екен. Бірге ойнаған көрші балаларды сұрадым. Есен, Айна, Жеңіс,
Қаршыға, Толқын – бәрі де мектепке барыпты. Сені сұрады. Әжем
сәлем айтып жатыр.
Айгүл үй ішіндегі телефонға қарады. Бейнебір атасын, оның дауысын есіткендей сезімде болды.
– Атаң қуанып қалды, – деді Байботаның папасы.
– Немере тәтті де, шіркін, – деді мамасы қостап.
– Рас айтасың, мамасы. Атасымен сөйлескенде бізден гөрі
Байбота мен Айгүлді көбірек сұрайды „Әжептеуір сөйлесетін болыпты.
Есі бар өздерінің. «Ата, әже, сіздер бізге керексіздер. Ауырмаңыздар,
дегендеріне ризамын» деп атасының шат-шадыман болғанын айтсаңшы, – деді папасы шынайы көңілмен.
– Айналайын, Байбота, Айгүл, телефон мінеки. Атамен, әжемен
қалайша сөйлесуді білесіңдер. Ауылдың кодын тере аласыңдар.
Біздер болмасақ, өздерің сөйлесе беріңдер. Ата мен әжеге біздерден
гөрі сендер керексіңдер. Жазғы демалыс болғанша, хабар алып
тұрыңдар. Жасы үлкен кісілер де бала секілді. Сағынады. Көргенше
асығады. Еш болмаса, осындайда телефонмен әңгімелесудің өзі
ғанибет. Көңіл орнығады, – деді мамасы.
Ауылды, ондағы атасы мен әжесі жөнінде хабар алып, сөйлескен соң Байбота мен Айгүлдің, әкесі мен анасының жандары жадырады. Үй іші кеңігендей күйге енді. Төңірек шат күлкі мен жарқын сөздерге толды.
***
БАЛДЫРҒАНДАР БАСЫЛЫМЫ
(Аллитерациялық әңгіме)
– Балалар, балдырғандар басылымын білемісіңдер?
– Білеміз. Бұл – «Балдырған» басылымы.
Басылым белді, беделді. Басылым беттері балдырғандарға, балғын балапандарға берілген. Басылым – балдырғандардың бел баласы. Балалардың бойтұмары – «Балдырған» басылымы. Бұл басылым бұрын, бүгін, болашақта бал болмысты балапандарға басты бағдаршам болады.
Буырқанған бала бейнелері «Балдырған» беттерінде боямасыз бейнеленеді. Бағзыдан бері балдырғандарды бай, бақуат болуға бейімдеп, бағыттаған балалар басылымдарының бірегейі.
Бабалар бойындағы байлықты бүгінгі болашақтың болмысына бойлатқан басылым. Басылымның беташар беттері балдырғандарды бейәдептіктен биік болуға бағыштайды.
Балдырғандар басылымы бойынша барлық балалардың берік байламы – басылым бақытты болашаққа бастау болатындығында.
«Балдырған» басылымының бағасы биік. Бір-бірімізді білуге баспалдақ болған басылым бұл.
Балалар бөлмеде. Боран бәсеңдеген. Бұта-бұталардың бұтақтарындағы бес бозторғай бет-беттеріне бытыраған. Бағана басындағы басын бұққан бозторғай біреу-ақ. Балалар балдырғандар басылымын байыптап болып, баспаналарына беттеді.
«Б»-дан басталған «Балдырған» басылымы бойынша болған бүкпесіз басқосу балалардың басын біріктірді. Бейжай болған бірде-біреуі байқалмады.
***
ҚЫЗЫҚҚА ТОЛА КҮН
Көптен бері жаумаған қар түн ішінде-ақ жердің бетін ақ көрпесімен жауыпты. Ағаштар, электр бағаналары, сым желілері ақ ұлпаға оранған.
Үйге көмір, ағаш отындарын кіргізген Болаттың атасы: – Қыс болмай ма десем, бекер екен. Қардың басып қалғанын қарасаңшы, – деді.
Әжесі: – Қыстың аты – қыс. Биыл қыс болмайды деп кім айтты? Қыстың бір күні-ақ екі аяқты бір етікке тығады. Қыс болмайды деп жүрген Серік көршіні қарашы, таң атпай ағаш жарып жүр.
– Өзіне де сол керек. Жаз бойы пешке тамызық даярлап қоюды білмей-ақ қойды, – деді атасы сыртқа беттей.
Болат пен Ақлима бұл кезде аппақ қарға қызығып, есік алдында ойнап жүрген-ді. Тобық көмген қарды арлы-берлі басып Болат жүр жүгіріп. Ақ ұлпа, мамықтай қарды алақанына домалатып Ақлима тұр алақайлап.
Атасы мен әжесі Болат пен Ақлиманы үйге шақырмады.
– Ойнасыншы, – деді атасы.
– Алғаш жауған қарға соншама мәз болғанын айтам-ау. Қайран, балалық-ай!
Әжесі тым-тым ұзақта қалған жастық шағын сағынып, есіне түсіргендей. Ал атасы екі немересінің емін-еркін өскенін қалап, ойнай беруін тіледі.
Пештегі шай қайнағанша Болат пен Ақлима үйге кірген жоқ. Аппақ қарды қолдарына алды. Қар үстіне ата, әже деп жазды. Өздерінің есімдерін де естен шығарған жоқ. Бақша ішіндегі алма ағашының түбіне барып, екеуі діңін қолдарымен сілкіледі. Аппақ қар сауылдап төбелеріне құйылды. Екеуі мәз-мейрам. Дауыстап күледі. Дүние шаттыққа толған.
Осы кезде атасы мен әжесінің дауыстары шықты.
– Болат, Ақлима, келсеңдерші. Шайларыңды ішіңдер. Мектепке баратын уақыттарың болды.
– Кешігесіңдер. Келіңдер. Шайларың суып қалады.
Болат пен Ақлима күлкілері тыйылмаған күйі асханаға кірді.
– Ата, қардың жауғаны жақсы болды, ә?!
– Ия, қызым.
– Әже, жүріңізші, қар атысайық.
– Қой, балам. Қайдағыны айтпай.
– Шынымды айтам, әже. Атам екеуіңіз де бірге жүріңіздер.
– Шайларыңды ішіңдер.
– Әлде сіздер қардың жауғанына қуанбайсыздар ма? Неге күлмейсіздер? Біз сияқты қуаныңыздар, ата! Мақұл ма, әже?
– Жарайды, жандарым.
Болат пен Ақлима мектепке кетті. Жол бойында олар өз сыныптастарымен жолықты. Әңгімелері – түнде жауған ақ қар жайлы. Төңіректі бәрі де алғаш рет көргендей, тамсана, таңдана, көздері тоймай қарап, жанарлары жалт-жұлт ете, жайраң қағады.
Ауылдың орта тұсында тұратын Берік пен Ербол қар лақтырып, бірін- бірі қуалап жүр. Шәймерден мен Айбар алысып, қар үстінде жұмарласып жатыр. Үнемі тыныш жүрмейтін Қайрат сыныптасы Жаңагүлдің бетін қармен жуғанына мәз.
Қайрат бір топ болып келе жатқан бұларды көріп:
– Бәріңнің беттеріңді қармен үйкейін бе? Желкелеріңе қар салайын ба? – деп шошыта түсті.
– Қойсаңшы, Қайрат, – деді Ақлима.
– Үстімізді су етесің. Болды енді, – деді Жаңагүл.
– Кімнің бетіне кімнің қарды жағатынын көрерміз әлі, – деді Болат әлсіз еместігін аңғартқандай.
Қайрат сөзден тосылғандай, үндемей қалды. Дабырлай, күлімдей бәрі де мектепке бара жатты.
Үзіліс сәттерінде, үйге қайтар жолда Болат, Ақлима, Берік, Шәймерден, Айбар және Жаңагүл аппақ қарды домалатып, Ақшақардың тұлғасын жерге тұрғызды. Үлкендеу домалақ қар үстіне шағын ғана дөп-дөңгелек қарды көтеріп қойса болғаны, Ақшақардан еш аумайды екен-ау, шіркін!
Жол бойына балалатып, бір-біріне ұқсас Ақшақарларды қарауыл секілді тұрғызған балалар зеріккен жоқ. Жалықпады да. Қолдары суыққа домбықса да, жылы киімдерінің қалтасына аз уақыт тығып алады. Жылынған соң, қайтадан Ақшақарды тұрғызуға кіріседі. Кейде бір-біріне қар лақтырады. Бірін-бірі қар үстіне аунатады. Әсіресе, ер балалар қар лақтырудан мүлдем жаңылған жоқ.
Ауыл шетіндегі өз үйлеріне жеткенше Болат пен Ақлимадан өзге балалар мен қыздар көзден таса болды. Олардың әрбірі өз үйлерінің ауласына еніп жатты.
Болат пен Ақлима үшін бүгінгі қар жауған күн қызыққа тола болды. Қардың суығына алмадай қызарған беттері ыстық үй ішіне кіргенде қуаныштан бал-бұл жайнап тұрды.
***
ЖЕР – АНА
Мақсат өз тілін жақсы көреді. Ана тілі сабағына мұқият әзірленеді. Өйткені, бұл пәнді анамның тілі деп санайды. Ал өз анасын жан-тәнімен аялайтыны әбден анық.
Мінеки, бүгін де мектепте ана тілі сабағы өтті.
– Балалар, – деді ұстазы Сәбира апай, – төл тілімізді анамыздың тілі дейміз. Өскен топырақты да Жер – ана деп ұлы тұтамыз. Қадірлейміз. Жер – ана бүкіл адамзатты асырайды. Мейірін төгеді. Шапағатқа бөлейді.
Содан соң ұстазы ата-бабаларымыздың ұлан-байтақ жерді жан аямай қорғағанын әсерлі баяндады.
Талай-талай батырлардың ел шегінде жауға айбар болып, бақилыққа аттанғанын тілге тиек етті. Ат үстінде ұйқы көрмей, ақ найзаның ұшымен дұшпандарын түйреген айтулы ерлерді түйдек-түйдегімен толғана айтты.
Бүгінде елге елеулі, даңқы дүркіреген Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Қанжығалы Бөгенбай, Жалаңтөс Баһадүр сынды қалың қол бастаған батырларымыздың рухы шәкірттерінің бойында қайта оянғандай сезімге бөледі.
– Апай, біздің Жер – анамыз мықты әрі нағыз батырларды дүниеге әкелген қасиетті топырақ, – деді Мақсат.
– Жер – анамызды ешкімге бермеу керек, – деді Сағатбек.
– Бүгінгі батырларымыз туған топырақты гүлдендіруде. Сәулетіне сәулет қосуда, – деді Бейбіт.
– Ата-бабаларымыздың ерлігі бізге өнеге, үлгі, – деді Мейрамгүл көзі жалт-жұлт жайнап.
Жер – ана жайында ұстаз өткізген сабақ көзді ашып-жұмғанша лезде аяқталды. Бірақ Жер – ана туралы еңсені көтерген ғаламат ұғым мен түсінік Мақсаттың, Сағатбектің, Бейбіттің және Мейрамгүлдің есінде ұзаққа сақталып қалды.
***
ЭКСПО – 2017-ге БАРАМЫЗ
Арманның ауылы қалаға таяу маңда. Қалаға қатынайтын көлік қат емес. Асфальт жол айнадай жарқырап екі ортаны әлдеқашан жалғаған.
Арманның ағасы – студент. Есімі – Мұрат. Алматыдағы техникалық университетте оқиды. Келешекте қол еңбегін автоматтандыру бағытында жұмыс жасайтын білікті маман болмақ.
Жазғы демалыста Мұрат ауылға келді. Үй ішіне мейлінше өз қолғабысын тигізді. Ұсақ-түйек малдарға қарады. Оларды күтіп, бақты. Құнарлы шөппен, сапалы жеммен азықтандырды. Тіпті, кішкентай қарындасы Ақлиманың күбісін пісуге де жәрдем берді.
Мұрат күбіні қолмен пісіп, айраннан май айырудың оңай еместігіне ендігіде көзі жетті. Сөйтті де, алдағы күндердің бірінде қалаға жол тартты. Дүкендердің бірінен кір жуғыш машинаның шағын моторын сатып алды.
Үйге келіп, мотордың айналдырғыш механизмін күбі ішіндегі айранды айналдыратын тетікке бейімдеп қайтадан құрастырды.
Одан соң оны күбі бетіне орнатты. Моторды электр тогына қосқан сәтте баяу естілген гүріл күбі ішінен құлаққа жетіп жатты.
Мұрат күбі ішіне үңілді. Айналдыру тетігінің айранды аса үлкен жылдамдықпен араластырғанын демде-ақ байқады.
Жарты сағаттан астам уақыт өткенде күбі бетінде сары майдың білеу-білеу қатпарлары пайда болды.
Ақлима күбі ішіндегі май түйіршіктерін сәлден соң бір-бірлеп жинастыра бастады. Әжептеуір сары майды қос алақанына толтырып алды. Өзі қуанышты. Ағасына, сары майға кезек-кезек қарайды.
Арман да қол еңбегіне арналған күбіні ағасының өзінше автоматтандырғанына қуанышты.
– Аға, – деді ол Мұратқа, – күбі автоматтандырылды. Ақлиманың жұмысы жеңілдеді.
Ол бұл сөзін аса үлкен мақтанышпен жеткізді.
– Аға, – деді Ақлима. – Бұл жетістікті ЭКСПО –17-де көрсетсек қалай болады?
Қарындасының үнінен балаң түсінік пен таңданыс аңғарылғанын Мұрат ұғынды.
– ЭКСПО – 2017 дейсің бе? Оған, әрине, барамыз. Көрмеден бүгінгі табиғи қуат көздерін тиімді пайдалану жолдары мен әдіс-тәсілдерін көзбен көреміз. Сөйтіп, білген, көрген жетістіктерді орынды қолдануға тырысамыз. ЭКСПО-ның пайдасы мол. Елге де, жеке біздерге де, – деді ол үлкендерше пайымдап.
Содан соң:
–Ал қазірше күбінің қызметін жетілдіргеніміз үйіміздегі ЭКСПО-нің шағын көрінісі, – деді ол екі бетіне күлкі үйіріле.
Арман ағасының табысына риза болып, оның жанына жақындай түсті. Ақлима да күбінің жанынан едәуір уақыт бойы ұзамай, екі қолымен оны аялап, сыйпалай берді.
***
МӘҢГІЛІК ЕЛ БЕЛГІСІ
Тәрбие сағаты Мәңгілік Ел жайында өтті. Оған бастауыш сынып оқушылары, ұстаздар, ата-аналар, ардагер ағалар мен апалар қатысты.
– Тәрбие сағаты қызықты әрі мазмұнды болуымен есте қалды, – деді Ерлан.
– Жүніс пен Әсем қосылып ән айтты. Жақсы орындады екеуі. Өнерлі екен, – деді тамсана Байбек.
– Сара мен Назеркенің билері де нағыз бишілердікіндей болды, – деді Аягүл әңгімеге қосылып.
– Мәңгілік Елдің ұрпақтары ақылды әрі өнерлі болады. Соны ұмытпағайсыңдар, – деді ұл-қыздардың ортасында келе жатқан қарт ұстаз Берік ата.
– Тәрбие сағатына бір апта бойы даярланды немерем. Шыдамы таусыла тақпақ жаттады. Ұмытып қалмайын деп маған қайта-қайта тыңдатты, – деді ақ жаулықты Ұрқия әже.
– Биге арналған ұлттық киімін әсемдете тіккізіп, қос етектерін айналдыра желбезектеп, айна алдында сағат сайын дөңгелене билеген менің немерем де әбден дегбірімнен адастырды. «Әпке, былай билесем қолымның қимылы қалай болады? Былай билесем саусақтарым қалайша иілуге тиіс?» деп жанымнан бір елі қалмады, – деді жас кәсіпкер өз сіңлісінің ерекше қасиетін тілге тиек етті.
Әлгінде ғана бір сағатқа жуық уақытты қамтыған «Мәңгілік Ел – мұратымыз» атты тәрбие сағаты ата-аналардың, ұстаздардың, сыныптастар мен әзіз аналардың ой-пікірін одан әрі өрістете түсті.
– Мәңгілік Ел, рас, мұратымыз. Ата-бабаларымыздың діттегені де осы. Тіліміз, дініміз, тарихымыз, Отанымыз, өз болмысымыз, салт-дәстүріміз, қонақжайлық, кеңпейілдік, адалдық, ішкі тазалығымыз біздер үшін үлкен қасиет. Мәңгілік Елдің басты белгісі, сипаттары, мінеки, осылар, – деп тағылымды сөз айтқан тәлімгер Талғаттың да сөзі көптің санасында сол ретте жарқ етті.
– Мәңгілік Ел атану үшін, соған лайық болу үшін бірлік керек. Күшіміз, әлеуетіміз – бірлікте, – деп көпті көріп, көңілге мол ұлағат орнықтырған ауыл ағасы Сәбит қарияның сөзі де тәрбие сағатында тыңнан естілгендей әсер етті.
Сол уақытта: «Ақылды сөзді алпыс рет қайталап айтқанның еш артықтығы жоқ» деп қолдап, қоштап өз ойын ашық айтқан Бейбіт құрдасының үні де орынды естілді.
Бір мақсат пен ортақ бағытты бетке алған аға ұрпақ пен орта және кейінгі буын өкілдері ауыл көшесімен береке мен бірлікті айқын аңғартқандай топтың сәнін келтіре бірге келе жатты.
***
ТӨБЕТ
Сырымның иті бар.Үлкен. Басы қазандай. Сүп-сүйкімді. Қаппайды. Адамдарға ұмтылмайды. Ғажап-ақ.
– Итіңді әрірек ұсташы. Түрінен адам қорқады, – деді Балабек.
– Иттің аты – ит. Аузын тұмшалап байлап қойсаңшы, – деді Әріпбек.
– Бұл әлі нағыз ит емес. Алты айлық күшік қана, – деді Сырым.
– Қойшы, ей, Сырым. Алты айда мұншалықты үп-үлкен болса, бір жылда сенімен бойы бірдей болады екен ә! – деп Балабек итке қарап таңданысын жасырмады.
– Рас айтамын. Бұл – болашақ төбет. Екі жасқа дейін өседі. Аяғы бұдан да жуандай түседі. Көресің әлі, – деді Сырым атасынан естігенін өз достарына айтқан халде.
Осы сәтте қырдан төменге қарай Сырымның атасы түсіп келе жатты. Соңынан ерген жиырма шақты қой. Атасының қолында ұзындығы бір құлаштай таяқ. Иығында шапаны. Басында күннен қорғар киіз қалпақ. Оюланған. Өрнектелген.
Атасы топталып тұрған Сырым, Балабек, Әріпбектің жанына келді.
Төбет күшік атайға қарай ұмтылды. Жанына барып, басын атайдың қолтығына тықты. Сырымның атасы төбет күшіктің басын алақанымен сыйпады.
– Бүгін түнде төбеттерді қой күзетуге қоямыз, – деді атасы Сырымға. –Қойлар қора ішінде жатқаннан гөрі сыртта, қыр үстіне шықсын. Түнде жайылып, тойынған соң сол тұста үйіріп қоямыз. Әрі қора таза болады.
Атасы үйге беттеді. Сәлден соң:
– Балалар, – деді соңына қарайлап, – төбет иттер үйіміздің құты. Қойларға қарайлайды. Оларды екі елі шетке шығармайды. Қасқырлар төбет иттер барда ауылға мүлдем жақындамайды. Көрдіңдер ме, анау жуан балтырларын. Кеудесінің кең пішілгенін айтпайсыңдар ма?! Аяқтарының тепкісінің екпінімен бірге кеудесімен қаққанда қасқырлардың бел омыртқасы лезде жұлынып кетеді.
– Ата, – деді Әріпбек, – неге бұл итті төбет деп атайды? Мағынасы нені білдіреді?
– Дұрыс, балам. Сауалыңа жауап берейін, – деп атасы ендігіде оларға қарай ықыластана бұрылды. – Төбет деген сөз төбе ит деген сөзден пайда болған. Төбеттің қасиеті сол, ешуақытта ол үйдің алдында жатпайды. Үйді, оның айналасын төбеде жатып қориды. Содан төбет аталып кеткен.Төбе ит қой бұл. Сол сөзді біз қысқартып, айтуға оңтайлы түрде бейімдеп, күнделікті тірлікте төбет атап кеткенбіз.
Атасы үшеуіне зер сала қарады. Содан соң ләм-мим деместен үйге қайтадан бет түзеді.
Сырымның қолындағы жіпке байланған төбет күшік те атаймен бірге ере кеткісі келгендей бірді-екілі жіпті тартқылады. Бұлқынды. Сырым бірақ оған ерік бермеді.
Үй сыртындағы қырдың төбесінде жайылған қойлар да бір орында үйіріліп тұрған-ды.Төңірегіндегі қойларды жан-жаққа шашау шығарғысы келмеген осы үйдің екі үлкен төбеті қыр үстінен төмен түскен жоқ. Өз орындары осы төбе екендігін ұққандай төменге анда-санда бастарын бұра қараса да, сол маңайдан еш қозғалмады.
– Төбе ит десе, төбе ит екен, – деді Балабек әлгінде ғана Сырымның атасы айтқан сөздерді пысықтай қайталап.
– Төбет асыраймын мен де, – деді Әріпбек Сырымның қолындағы жіпке байланған төбеттің етжеңді жалпақ беті мен дәу тостақтай домалақ басын аялай сыйпап. – Қандай рахат жанында тұрғанның өзі. Қорқыныш дегеннің өзін мүлдем ұмытып кетеді екенсің осындайда.
– Анау-мынауға бостан-босқа үрмейді де. Балпаң-балпаң басқан жұп-жуан аяқтарын қарашы. Және де жон арқасының өзі қамырдай қалың. Қолың батпайды, – деді Сырым да төбет күшігіне ынты-шынтымен риза болып.
Үшеуінің әңгімесі осы жолы қазақы ит – төбет хақында өрбіп, одан әрі жалғаса түсті.
***
КӨКПАРҒА БАРҒАНДА
Үлкен тасжолдың оң жағында ашық алаңқай жер бар. Осы жерде жыл сайын көкпар өтеді. Қызығы көпті дүрліктірген көкпарды ауыл адамдары біраз уақытқа дейін ауыздан-ауызға жеткізіп, айтып жүреді. Атамның көкпар десе, көңілі әрқашанда көтеріліп-ақ қалады. Міндетті түрде көкпарға барады. Мені де өзімен бірге ертіп барады. Жанынан бір елі тастамайды.
Көкпар болатын күні ертелеп үйден шықтық. Көкпарсай біздің ауылдан едәуір ұзақ. Оған жеткенше жол бойын тамашаладық. Жан-жақтың бәрі жасыл желек. Көз тойдырады.
Көкпарсайда көкпар. Атамның көкпарға қосатын атын өзінің шәкірті Дүйсенбек мінді. Алғашқы салымға шыққанымен, мәреге көкпарды тастай алмады. Тіпті, салым салуды ойға алмағандай. Менің түсінігімше, атының етін қыздырып жүргендей. Өзінің де, атының да бойын үйреткісі келгендей.
Түске жақын ғана Дүйсенбек екі салым салды. Астындағы көкпар аты – Торыкөк өз бабына әбден келіпті. Ойнақшып, тыпыршып, сылаң қағып, жер тарпиды.
– Әлібек, – деді атам маған. – Қазір ең үлкен салым салынады. Жеңіл машина тігілмек.
– Ата, біздің ат салымды салса, жақсы болар еді.
– Бұйырғаны болар, балам, – деді атам тіп-тіке, жантаймай отырған күйде.
– Ата, сіз неге үнемі тіп-тіке отырасыз? – дедім атамды жаңа ғана көріп, білгендей. Атамның дастархан басында да жантайып, жанбастап жатқанын көрмеппін.
– Ол көкпардың арқасы. Жас кезімде көкпарды жақсы көрдім. Көкпарға көп қатыстым. Талай рет салым салдым. Төңірекке атым мәлім Қуатбек палуан атандым. Қашанда қараптан-қарап отырсам да, тұлпардың үстіндегідей сезіндім. Содан болар, бойымды тік ұстап, еңсемді көтеріп отыруды жаным да, тәнім де қалайды. Молда соқынып, тіп-тіке дастархан басында отыру қаныма сіңген әдет, – деді атам көкпардағы додадан көзін бір алмай.
Торыкөк көкпардан ең үлкен бәйгені сол жолы ала алмады. Шәкірті Дүйсенбек те ренішті көңілін жасырмады.
– Өз қолыммен салымды басқа біреуге өңгеріп жібергенімді қарасаңшы! – деді намыстана.
– Еш оқасы жоқ. «Бап шаба ма, бақ шаба ма?» деген. Бұл көкпар да, шіркін! Бірде олай, бірде бұлай. Бұйырмаған да.
– Қуатбек аға, қателік менен болды. Көкпарды тақымға сала бергенімде епшілдік таныта алмадым, – деді Дүйсенбек ынты-шынтымен күйіне.
Торыкөк те бастапқыдай ойнақши қойған жоқ. Қос жанарынан от шашқан нұры да жарқ-жұрқ етпеді. Әлденеге жайсызданып, қатты-қатты шыңғыра, кісіней жөнелді.
– Жануар-ай, тілің жоқ-ау. Әйтпесе, бұл да сезінеді. Қарасаңшы, үлкен салымды сала алмағанын түйсінгендей кісінеуін. Жануардың есті болып жаратылғанын айтамын да.
Көкпар аяқталды. Ел-жұрт жан-жаққа тарай бастады. Таңертеңнен бері қарақұрым болып жиналған адамдардан селдіреген бірер тобы ғана қалды.
Көкпардан біздер де үйге қайтпақшы болдық. Торыкөкті әкелген «Камаз» жүк көлігі қорабының артқы жағын аштық. Сол сәтте-ақ, үйге тезірек қайтуды күткен Торыкөк Дүйсенбектің шу-шулеуіне қарамай-ақ, жүк машинасының қорабына өзі-ақ секіріп мінді.
– Е-е, жануар, ақылы болмаса, осылай етер ме еді, – деді атам Торыкөкке разы болған қалпымен.
Мен де осы жолы атамның тіп-тіке жүріс-тұрысы мен Торыкөктің естияр қасиетінің бір қырын жаңадан ашқандай болдым.
***
КӨКПАР
Күн жексенбі болатын.Таңертең атасы Еркінді ерте оятты.
– Жүр, балам, кеш қаламыз.
Еркін еш қиналмастан орнынан тұрды. Өйткені бүгін атасы екеуі көкпарға бармақшы.
Атасымен бірге таңғы шайды ішті. Сөйтті де, жолға шықты.
Күн түске таянып қалған-ды. Қоңыр төбел аттың жүрісі тың. Кібіртіктемейді. Еркін атасының атының артына мінгескен.
– Ата, неге көкпар деп атаған? – деді Еркін.
– Ертеде, – деп әңгімесін әріден бастады атасы, – ата-бабаларымыз мал баққан. Малын қасқырдан қорғаған. Қасқырды көк бөрі деп атаған. Көк бөрілерді аулау, ату үшін аңға шыққан. Қайтан кездеөздері соғып алған, атып алған көк бөріні кім бірінші ауылға жеткізеді деп, бірінен-бірі тартып алып, сайысқа түскен. Содан көк бөрі тартысы көкпар ойыны деп аталып кеткен.
– Ата, сіз жас шағыңызда көкпар тарттыңыз ба? – деді Еркін сәлден соң.
– Ия, балам. Ауылда көкпар тартпайтын бала болмаушы еді. Ауылда бір қора бала едік. Он бес шақты болатынбыз. Екіге бөлініп, тай мініп, көкпар ойнайтынбыз. Көбінесе салымға тауық, әтеш тігетінбіз. Соны жеңіп алып, әжептәуір қуанатынбыз. Әке-шешелеріміз біздің табыстарымызға көңілдері марқая түсетін. «Азамат болды. Ер жігіт болды» деп.
Атасының әңгімесі Еркінді зеріктірген жоқ. Лезде-ақ көкпар ойыны басталатын егістік алқабының басына жетіп қалыпты.
Көкпардың нағыз қызған дер шағы екен. Қос тарап командаларының арасынан қара ат мінген бір балуаны көкпарды ортадағы шеңбердің ішінен алып, дайын тұрған межеге қарай шауып келеді. Қазандыққа жете бергенде, қарсылас жақтың жігіттері аттарын омыраулай, оның жолына кедергі жасады.
Сүліктей қара тұлпар үстіндегі көкпаршы жігіт те осал емес екен. Қос қолымен мықтап ұстаған көкпарды атының екінші жағына әп-сәтте өткізіп, кедергіден сытылып шықты.
Қазандықты бетке алып, көкпарды кеуде тұсына дейін көтеріп, қақ ортасына қарай лақтырды. Өзі де тұлпарының жалының үстінен алға қарай көтеріле, алға ұмтылды. Көкпар қазандықтың ортасына топ етіп түсті.
Екі сағатқа жуық көкпар ойынының қалайша тез аяқталғанын Еркін сезбей қалды. Ауаның бойды жауратар тоңазытқан самалын да байқамады. Тұла бойын жылытқан ыстық ағын баурап алған сияқты.
– Ата, мен жаураған жоқпын.
– Ол көкпардың қасиеті, Еркінжан.
– Көкпаршылардың тұлпарлары мықты екен.
– Тұлпар мінгендердің өздері де нағыз батырлар. Көрдің ғой өзің, қара жерге аттан құласа да, ауырсынып жүрген бірі жоқ. Олар бүгінгі күннің батырлары, балуандары.
Атасының сөзі Еркінің бойына жаңадан күш, қуат құйғандай болды. Еркін кеудесін аттың үстінде тіктей түсті. Өзін батырлардай сезінді. Қос қолымен кеудесін кере, ауаны мейлінше жұтты.
Үйге келіп, атасы аттан түсті. Еркін де атасының қолындағы тізгінді ұстап, ат қораға қарай бет алды.
– Мінеки, Еркін, сен де азамат болып қалыпсың. Жарадың, балам. Маған сенімді көмекші болуың, сенің қолғанат болғаның, – деп қолындағы қамшыны сығымдай түсті.
***
КАНАЛ ЖАҒАСЫНДА
– Шомылу дегенің – қандай рахат!
– Шомылғанға не жетсін?
Осындай жүрекжарды сөздерді айтқан Айдос пен Нарбай бүкіл көктем айы ішінде жазды аңсаумен болды. Жазға жетсе, маусым айы туса, суға емін-еркін шомылар еді.
Каналдың ауылға қарай тартылған әр арнасының өзі кішігірім өзен секілді. Суы үнемі ағып жатады. Сырбаз, сабырлы қалыптан ешқашанда аумайды. Бірсыдырғы, моп-момақан күйде жағасын сыйпап, аялай ағып жатқан Сырдың салқын да, жанға жайлы ағын суы.
Айдос пен Нарбай жыл сайын осынау каналдың суын шолпылдатып, балалармен бірге шомылып жүреді. Бастапқыда, бұдан екі-үш жыл бұын әкелерімен келетін. Әкелеріне жалынатын.
– Шомылуға апарыңызшы, – дейді Айдос өтіне сұрап.
– Күніге шомылайықшы, – дейді Нарбай ынты-шынымен.
– Тағы да шомыламыз. Аз-ақ шомылдық, – дейді Айдос суда едәуір
уақыт бойы шомылса да азырқанып.
– Жүзуді үйретіңізші, – дейді Нарбай өзінен үлкенірек өзгелердің суда
жүзе білетін қабілеттеріне қызыға қарап.
Енді, мінеки, арада үш жыл өтті. Айдос та, Нартай да бесінші сыныпта. Биыл сәтін салса, өздері суға шомылмақ. Өздері жүзе алатындай сезінеді. Тек жаз мезгілі тезірек болсыншы. Көрсетер еді өздерінің суда балықтай жүзе алатындығын.
Айдос пен Нарбай жазға бір апта қалғанда мүлдем сабырсыздана бастады. Өйткені, оқу жылы аяқталды. Соңғы қоңырау соғылды. Мектеппен қоштасты. Әрине, уақытша. Бірінші қыркүйекке дейін. Айтпақшы, екеуі де есітті. Балалар шомыла бастапты. Өйткені күн жылынған. Көктемнің соңғы күндері болса да, ауада ыстық леп анық байқалады. Шілденің шіліңгір ыстығындай болған аптаптың қалай тез келе қалғаны көптің өзін таңқалдыруда.
Сөйтіп, Айдос пен Нарбай түс ауа үйдегі үлкендерден рұқсат сұрады.
– Шомылып келейікші, – деді Айдос.
– Әлі ерте ғой. Су салқын, балам, – деді атасы.
– Ата, балалардың бәрі шомылып жүр, – деді немересі ауыл
балаларының бәрі де су ішінде шомылып жүргенін өз көзімен көргендей сөйлеп.
– Ата, Нарбаймен бірге барамын.
– Жарайды. Абай болыңдар. Суға бастарыңмен шаншыла атылмай, ең
алдымен аяқтарыңмен түсіңдер. Түсіндің бе? – деді атасы.
– Білеміз, ата, – деді Айдос.
Нарбай да өз үйінің жасы үлкендерінен рұқсатын алды.
– Көп шомыла бермеңдер. Су сорып тастайды, – деді әжесі.
– Тез келеміз, әже.
– Судан шықпай жүре берсең, екінші рет жібермеймін, – деді анасы
Нарбайға әбден пысықтай сөйлеп.
Нарбай үн қатқан жоқ. Енді біраз тұрса, тағы да бір нәрсе деп тіл қатса, үйдегілердің бірі шомылуға мүлдем жібермейтіндей көрінді. Сөйтті де, үйден оқтай атылып, көшеге бір-ақ шықты. Зымыраған күйі Айдостың үйіне қарай бет алды. Ал Айдос көшенің басында бұны күтіп тұр екен.
– Неге кешіктің? – деді Айдос.
– Кешікен жоқпын. Сұрандым.
– Онда мына тіке тұспен жүрелік.
– Бұл жол қиын. Тікенектер аяғымызға кіреді.
– Олай болса, көшемен барамыз ба?
– Ия. Көшемен жүрейік те.
Екеуі жолдың бойымен қатарласа жүрді. Каналдың ауыл сыртындағы арнасына да келіп жетті. Су ішінде бес-алты бала шомылып жүр екен.
– Су жылы ма? – деп сұрады Айдос.
– Бастапқыда салқындау. Кейін денең үйреніп кетеді. Қорықпа, – деді
суда жүзіп жүрген біреуі.
– Жаурасаң жағада май топырақ бар. Соған жатып жылына бер, – деді
екіншісі.
Айдос пен Нарбай суға бірте-бірте түсті. Алғашқыда салқын тартқан су әп-сәтте денелері суға үйренгендіктен жып-жылы секілденді.
– Айдос, атаң келді, – деді су ішінде шомылып жүрген Нарбай естірте сөйлеп.
Айдос ең алдымен Нарбайға қарады. Содан соң, жағада арқасына екі қолын мықтап ұстап тұрған атасына көзі түсті.
– Ата, неге келдіңіз?
Атасы үндемеді. Сұрағына жауап қатпаса да:
– Суда жүзе алатын болыпсың ә?! – деп жайдары қалыпта үн қатты.
Жымиып та тұр.
– Ата, шалқалап та жүзе алам. Мінеки, қараңызшы, – деп Айдос суға
шалқалай жатты. Екі қолын кезек-кезек құлаштап, жүзе бастады.
Одан соң: – Құлаштап жүзейін бе? – деді. Бауырын суға төсей, басын тура ұстап, екі қолымен бірінен соң бірін сермей, жүзе жөнелді.
Сөйтті де: – Бақаша жүзейін бе? – деп, су астында екі қолын ербеңдете, екі аяғымен суды шалпылдата жүзе бастады.
– Е-е, жарайсың. Дұрыс, – деді атасы разы болған үнімен. – Жігітсің де енді сен.
Айдостың атасы үнемі қолдап, қуаттап сөйлейді. Айдос соған қанаттанып қалады. Одан да жақсырақ, жылдамырақ, әдемірек жүзуге әрекет етеді.
– Сіз, Айдостың атасы боласыз ба? – деп сұрады бір кішкентай бала
сол кезде:
– Ия, балам.
– Мен сізді бірінші рет көріп тұрмын.
– Нешінші сыныпта оқисың?
– Үшінші.
– Мен де сен оқитын мектепте бұдан үш жыл бұрын мұғалім
болғанмын. Қазір зейнеткермін. Үйдемін. Малға қараймын.
Кішкентай бала әңгімешіл екен.
– Сіз ата болсаңыз да бетіңіз умуж-умаж емес екен.
– Ия. Оның рас. Мақтанып қояйын. Жас көрінуім – спорттың арқасы.
Темекі, ішімдікке үйір болмадым. Бар құпия, мінеки, осында.
Кішкентай бала әңгімесін кілт тоқтатты. Сөйтті де, жағалаудағы әрірек жердегі таяз суға қарай жүгіре жөнелді. Шомылуды ұмытып кеткені есіне енді түскендей, суға барып күмп берді.
Айдос пен Нарбай судан шықты. Бастапқыда денелері құс еттеніп тітіркенгенімен, бірте-бірте жылынды. Үстерін сүртті. Киінді. Жол бойында екеуіне Айдостың атасы канал жайлы сыр шертті.
– Бұл каналдың арнасы қосылған жерде үлкен канал бар. Әлі-ақ көрсетем. Көресіңдер. Сол каналды біздің ата-бабаларымыз қолмен қазған. Ол кезде қазіргідей техника жоқ. Эксковатор атымен жоқ. Канал әлі де терең. Өте терең. Қазылған топырақты зембілмен, қаппен сыртқа шығарып төккен. Кетпенмен, күрекпен қазған. Біздің ата-бабаларымыз бүкіл күш-қайратын, жастық жалынын канал қазуға арнаған. Қазір, мінеки, осы каналдың арқасында шөліркеген жер суланды. Төңірек гүлденді. Бау-бақша егілді. Сендер де рахаттанып, шомылып жүрсіңдер. Біліп, естіп жүргендерің зиян емес, – деді атасы мектептегі кәсібін еске түсіріп, дәріс оқығандай кейіпте.
Айдос пен Нарбай бір-біріне қарады. Екеуі де атайдың әңгімесін ұғынғандай сыңайда. Бәрінен бұрын асыға күткен армандары орындалды. Шомылды мейірлері қанғанша. Әрі каналдың тарихына қанықты. Сол кезде уақыттың қалайша тез өткені байқалмай да қалыпты. Мінеки, ендігіде өз үйлерінің қасына да жетіпті. Бір-біріне қош айтысқан Айдос пен Нарбай биылғы жазғы маусымның қарсаңында суға алғаш рет жандары жай таба шомылғанына, шынында да, дән риза еді.
***
НЕМЕРЕ
– Ата, ауыл қандай жақсы! – деді немересі Ғазиз.
– Несі жақсы? Күн ұзаққа мал бағасың, – деді атасы.
– Ата, ауылда масахана бар. Қалада жоқ. Ата, ауылда жұлдыз бар. Қалада жоқ.
Немересінің айтқанының бәрі де рас. Кеш түссе болғаны, Ғазиз көп қабатты үйлердің біріне кіріп кетеді. Көк жүзіндегі жымың қаққан жұлдыздарға үздіге, таңдана қарай алмайды. Үйлерінің алдына ауылдағыдай кең пішілген масахана құрып, ішінде рахаттанып жатпайды. Ғазиздің айтқандарында осындай мән бар.
Ғазиз жазда ауылға келді. Атасының жанында жүргенді жаны қалайды. Атасымен сөйлеседі. Атасы көпті көрген. Сабырлы. Намересінің барша сауалдарына дерлік жауап береді. Ұрыспай, дауыс көтермей түсіндіретінін айтсаңшы.
– Атамды жақсы көремін. Оның жанында жүрген рахат-ей! – дейді Ғазиз кей-кейде өзіне-өзі сөйлеп.
Жаз бойы атасы екеуі үй іргесіндегі бау-бақшаның ішінде жүрді. Ерте пісетін алма, өрік, алмұрт, шабдалы жемістерін Ғазиз сүйсіне жеді.
– Ата, жемістер қандай тәтті! – дейді Ғазиз.
– Өз қолыңмен үзіп жегенге, әрине, жетпейді. Әрі нәрлі, әрі әбден піскен кезінде жұлынады, – дейді атасы.
– Ата, ендігіде мен ауылда қалып оқимын, – деді Ғазиз сәлден соң.
Жарайды, – деді атасы. – Оқысаң оқы ауылда. Бәрің де қалалық болып кеттіңдер-ау.
Тамыз айы түгесіле, Ғазиз қалаға, өз үйіне кетпек болды.
– Ата, оқу жылы басталуға таяу. Қалаға барайын. Кітаптарымды, киімдерімді, сөмкемді реттейін.
– «Ауылда қалып оқимын» демеп пе едің?
– Ата, бір мектепте оқи берейін де. Әр мектепте оқып, білімім әртүрлі болып кетер. Қалада да достарым көп. Әрі үйреніп қалдым. Оларды сағындым да.
– Мақұл, балам. Қайда жүрсең де аман бол. Жақсы оқы, – деді атасы немересіне қарай. Сөйтті де, арқасынан қақты. Бұнысы – немересіне разы болғанының белгісі.
Тамыз айының соңғы аптасында Ғазиз қалаға кетті. Атасы үлкен жолға дейін шығарып салды. Үлкен қалада әкесі күтіп алатын болып шешілді. Ғазиз мектептегі оқуына байланысты атасымен қоштасты.
Ғазиз автокөлікке мініп, жүріп кеткен соң, атасы едәуір уақыт бойы соңынан қарап, бір орында тапжылмай тұрды. Енді ғана байқады, немересіне әбден бауыр басыпты. Айдай әлемде жападан-жалғыз қалғандай күй кешті.
***
ТАҒЫЛЫМ
Атасы мен Бекболат өзбек еліне сапар шекті. Мақсат – көрші елдегі көрнекі жайларды тамашалау.
– Мен кеңестік дәуірде өмір сүрдім. Онда шекара деген болмаушы еді. Енді Қазақ елі де, Өзбек елі де тәуелсіз мемлекет. Шекара бар, кеден бар. Құжаттарды реттеп алайық, – деп екеуінің тиісті қағаздарын атасы жөнге келтірді.
Сөйтіп, атасы мен немересі жолға шықты. Қазірде не көп, көлік көп. Жол азабын тартпады. Лезде екеуі шекараға келіп жетті де.
Қазақстан жағындағы шекарашылар атасы мен Бекболаттың құжаттарын қарап шықты.
– Жолдарың болсын, ата, – деді жас шекарашы жігіт.
– Сапарларыңыз оң болсын, – деді кеденші жігіт те.
Атасы мен немересі Өзбекстан шекарасы жағында орналасқан кеден бекетіне қарай бет алды. Бір елдің шекарасынан өтіп, екінші мемлекеттің шекарасы сызығын басып өтті.
– Ата, қалайсыз? Немере екеуіңізге жол болсын? –деп сұрады өзбек тілінде сол елдің кеденші жігіті.
– Балам, Өзбекстан жерінде бір емес, еліміздің екі бірдей биі жатыр. Олар – Ташкенттегі Төле би, Науаи жері Нұрата топырағындағы Әйтеке би. Солардың басына барып, тағзым етіп қайтсақ деп ек.
– Жақсы. Ниеттеріңіз қабыл болсын,ата. Сіздерге шекара ашық. Екі би екі елдің достығы мен бірлігіне қызмет еткен, –деді шекарашы жігіт.
– Дұрыс, балам, – деді ата. – Бабалар разы болса, біз риза. Ел риза. Олардың тыныш жатқаны – екі елдің несібесі.
Атасы мен Бекболат ең алдымен Ташкенттегі Төле би кесенесіне барды. Келіп-кетіп, Төле бидің басына құран бағыштап, дұға оқып жатқандар көп екен. Атасы құран оқыды. Екеуі соңынан қос алақандарымен беттерін сыйпады.
– Төле би дана болған. Елді бірлікке шақырған. Ел бір болса, береке де, бейбіт заман да болады. Ел тыныш болса, әрбір адам емін-еркін еңбек етеді, –деді атасы. – Жаугершілік заманда өмір сүргендіктен, бейбіт өмірге ешнәрсе жетпейтіндігін Төле би барша ұрпаққа айтып кеткен.
– Ата, – деді Бекболат. – Адамдар не үшін мұнда келеді?
– Балам, адамдар Төле би бабамыздың бірлікке үндеген рухынан күш алып қайтады. Төле би секілді болуға ұмтылады. «Береке басы – бірлік» деген сөзінің мәнісі сол.
Төле бидің басына зиярат еткен соң, атасы екеуі ертесіне Самарқант бағытындағы Нұрата жерінде мәңгілік тыным тапқан Әйтеке бидің басына тәу етті. Мұнда да зиярат етушілер қарасы мол екен. Көппен біргелікте құран оқылды. Бекболат өзі секілді жас балалардың бар екендігін байқады.
– Ата, мұнда да балалар аз емес, – деді Бекболат жан-жағына көз салып.
– Е-е, айналайын. Қазірде заман жақсы. Жап-жас болып, өткен тарихына үңілетін уақыт келді. «Ата-бабаларымыз кім болған?», «Біздің арғы тегіміз кімдер?» деген сауалдарға, мінеки, көзбе-көз жауап алып жатырсыңдар. Біздерге ата-бабаларымыздың кім болғанын айттырмады. Айтса да, «Ата-бабаларың сауатсыз,көшпенді болды» деп құрғақ сөзбен ауыз сүртті. Өзіміз бейнебір аспаннан салбырап түскендей халді бастан кештік.
Әйтеке би кесенесі басында ақсақал жасындағы шырақшы кісі дана баба жөнінде біраз мәлімет берді:
– Әйтеке би қара қылды қақ жарған әділ би болған. Бүгінгі ұрпақтары әзіз бабаны пір тұтады. Әйтеке би халық құрметіне бөленген, – деді шырақшы ақсақал. – Ол жаугершілікті қолдамаған. Бейбіт ел болуды мақсат еткен. Соны өмір бойы бүкіл ұрпақтар бойына дарытқан.
Атасы мен Бекболат қайтадан жолға шықты. Автобус ішінде келе жатып:
– Ата,біздің ата-бабаларымыз қандай мықты болған. Бір-ақ ауыз сөзімен бүкіл елді өздеріне қаратыпты,ә?! – деп Бекболат әрі таңдана, әрі қызыға тіл қатты.
– Оның рас, балам. Біздер де ата-бабаларымызға тартып, әділ, адал болуға тиіспіз.
Бекболат үндемеді. Атасын іштей қостады. Үлкен болсам, азамат атансам, Төле би, Әйтеке бидей елге жаққан адам болам» деп, ойша қайталады.
Түс әлетінде атасы екеуі Өзбек елінің шекарасынан өтті.
– Қалай, ата, шаршамай қайттыңыздар ма?
– Жоқ, балам. Неге шаршайды екенбіз? Еңсеміз биіктеп, қанат біткендей ұшып келеміз.
– Жақсы болыпты, ата. Ешқашанда шаршамаңыз.
– Сен жақсы бала екенсің, – деді атай. – Өркенің, елің өссін!
Атасы мен Бекболат туған жер топырағына аяқтары тиген соң, тап өз үйлеріне келгендей сезінді.
– Ата, неге екі би өзге елдің топырағында қалды? – деп сұрады Бекболат өз бойындағы күдікті сұраққа жауап таба алмай.
– Балам екі ел бауырлас көрші ел. Жолы бір, ауыс-түйісі де бір болған. Ендігі заман екеуін екі бөлді. Бірақ барыс-келіс әлі де тоқтамаған. Тоқтамайды да. Өйткені екі жақты мүлдем ажырата алмайсың. Ол жақта да, бұл жақта да ата-бабалар рухы мықты. Ал рухты ренжітуге болмайды. Ата-баба рухы ренжісе, ұрпақ азады.
Бекболат атасымен бірге көршілес елге сапар шеккеніне дән риза болды. Ең бастысы, ел мен жерді көрді. Бабалар рухына тағзым етті. Көп нәрсені таныды. Тағылым алды.
***
ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОНДАҒЫ ӘҢГІМЕ
Досан мен Әсел таңертең оқиды. Жансая мектепке түстен кейін барады. Олардың әжесі ауылда. Мектепте ұзақ жыл ұстаздық еткен. Қазірде зейнеткер. Күн ұзақ үй жұмысымен болады. Содан соң қаладағы немерелерін сағына бастайды. Дереу ұялы телефонын қалтасынан суырып алады. Өзі әбден жаттап алған немерелерінің аттарын іздейді.
Есімдерін тауып алып, ұялы телефонның тиісті түймесін басып, құлағына тосады.
– Алло, – дейді арғы жақтан. – Әже, қалайсыз?
– Әсел, сенсің бе? Қалай жаным?
– Жансаямын, әже. Өзіңіз қалайсыз?
– Дауысың Әселге ұқсаған соң... Не істеп жатырсың?
– Үйдемін. Қазір Досан мен Әсел келеді. Папам мен мамам жұмыста.
– Жалғыз өзің қорықпайсың ба?
– Жоқ, әже.Үйреніп қалғанмын.
– Біреу есікті тықылдатса, ашпа.
– Білемін, әже.
– Отпен ойнама. Газға жақындама. Өздігіңше тиіспе.
– Ия, әже. Мен Әсел мен Досан келген соң, тамақтанам. Шайды бірге ішеміз. Бүгін кофе ішеміз. Тамақты мамам даярлайды. Әсел әлі тамақ істей алмайды. Әже, деймін, Әсел торт істей алады. Рас, әже. Анаукүні әдемі торт жасады. Мамам азырақ көмектесті. Көбінесе айтып тұрды. Мен де Әсел сияқты алтыншы сыныпта оқысам, тәтті торт жасайтын болам. Есіттіңіз бе, әже?
– Айналайын, шейін. Ниетіңе жет. Сау бол.
– Немересімен әжептәуір сөйлескеніне әжесі жадырап қалды. Бір өзі қорқып отыр ма десе, естияр баладай үн қатқанын қарасаңшы. Әжесінің күпті көңілі орнына түсті.
Түстен кейін әжесі ұялы телефонды және де тере бастады. Бұл жолы Досанмен, Әселмен сөйлеспек. Екеуі де әлі жас болғандықтан, мақсаты –қадағалау.
Ұялы телефонның үздік-сөздік созылған дыбысы бір кезде тиыла қалды.
– Алло, – деді немерелерінің бірі.
– Досан, сенсің бе?
– Ия, әже. Менмін. Қалай жағдайыңыз? Не істеп жатырсыз? Қайдасыз?
– Үйдемін. Сендермен хабарласып қояйын деп ем. Оқудан келдіңдер ме? Тамақ іштіңдер ме?
– Ия, әже. Жансая мектепке кетті. Папам да мамам да түске үйге келді. Бірге тамақтандық. Өзіңіз ше?
– Тамақ іштім.
– Қандай тамақ, әже ?
– Кеспе көже. Қамырын өзім қолмен кестім.
– Әже, қойларды бақпаңыз. Тауықтарға қарағаныңыз да жетеді.
– Қой, балам. Қойдың зияны жоқ. Шөбі әзір. Суы жанында. Жай әншейін, уақытым өтсін деп, ермек етем. Оған қиналып жүрген жоқпын.
– Абайлаңыз. Аяғыңызды былтырғыдай ауыртып алмаңыз. Қойларды қайтарам деп, ағаштың түбіріне сүрініп қалғаныңыз есіңізде ме?
– Жарайды, балам. Өзіме қараймын. Сақтанып жүремін. Ал енді телефонды Әселге берші.
– Әже, Әсел түстен кейін мектептегі спорт жарысына кетті. Ол таэквондоға қатысып жүр.
– Ә-ә, жақсы, балам. Аман болыңдар. Әке-шешелеріңнің тілін алыңдар. Сабақтарыңды жақсы оқындар.
Әжесі ұялы телефонын өшірді. Немерелерімен арадағы әңгімеге көңілі едәуір өсіп қалды. Тап олар өзінің жанында жүргендей сезінді-ау. Сөйтті де, немерелерінің хабарына әбден қаныққан соң, қорадағы қойларына бет алды. Ендігіде оларға шөп бермек, су ішкізбек. Тауықтарына жем шашып, күнделікті тірлігінің басын бір қайырмақ. Осы істерді сергек әрі рахат сезімде атқарып жүрген әжей бүгін де тың еді.
***
ТӨРТ ДОС
Таң атпай жатып жетіп келді. Іздегені, келгені – Шәріп. Оның үйінің қақпасы алдында біраз тұрды. Дауыстап үн қатты:
– Шәріп! А-ау, Шәріп!
Үйдің қақпасының арғы жағынан иттің ырылдағаны естілді. Содан соң ит үре жөнелді.
Бір кезде үйдің кіші қақпасы сықырлай ашылды.Саңылаудан басын шығарған Шәріп:
– Не болды ? – деді ұйқысұрай.
– Велосипедке мінбейміз бе? Жарысамыз деген ек қой. Ауылды бір айналып шығайық та.
– Қазір.
Қақпа есігі қайта жабылды. Есінеп, аузын қайта-қайта ашқан Шәріп сәлден соң, велосипедін жетегіне алып, Байдостың қасына келді.
– Мә, ұстай тұршы. Атама айтып кетейін.
– Атаң анау тұста. Қой жақта жүр ғой.
Үйге қайта кірмекші болған Шәріп жолдың арғы бетінде ертелеп қой бағып жүрген атасына қарай беттеді.
Байдос Шәріп пен оның атасына қарап тұр.Шәріп әлігінде Байдосқа айтқан сөздерін атасына жеткізіп, рұқсат сұрап тұр. «Көп кідірмейміз», «Ия, жолда абайлап жүреміз» деген сөздері құлағына шалынды.
Атасы рұқсат берді. Байдос байқап тұр. Өйткені Шәріп жайдары қалыпта. Екі қолын кеудесі тұсына қойып, жүгіріп келеді.
– Кеттік, Байдос.
– Сейітке айтайық та.
– Мақұл. Арқат ше?
- Ия. Оған да айтамыз.
Ең алдымен екеуі Сейіттің үйіне келді. Бәрі де ұйқы құшағында секілді. Үйінің айналасы жым-жырт. Бірер рет Байдос пен Шәріп Сейіттің атын атап, қайта-қайта шақырды. Ешбір үн жоқ. Екеуі есікті тықылдатты. Темір қақпаның дауысы сықырлай жөнелді.
– Ау, бұл кім? Таңатпай, тыныштық па өзі? – деп арғы жақтан сөйлеп келе жатқан үлкен адамның дауысы естілді.
– Не болды, балалар? Ия, айтыңдар. Сөйлеңдер.
Үн қатқан Сейіттің әкесі екендігін Байдос пен Шәріп бірден-ақ білді.
– Сейітке келіп ек. Велосипедпен жарысуға үйреніп жүр ек. Сол, – деп екеуі де қатарласа тұра қалды.
– Соншама ерте тұрмасаңдар болмай ма? Ұйықтамайсыңдар ма, түге? Тыныш жатқан адамның ұйқысын бұзып, – деді Сейіттің әкесі жақтырмаған жүзбен. Сөйтті де, екеуіне барлай қарап:
– Сөйтпесе бала бола ма? – деді.
Неге екені белгісіз, өзінің балалық шағы есіне түсті ме, әлде бұл екеуінің бала көңілдерін түсіргісі келмеді ме:
– Ол батыр әлі ұйықтап жатыр. Тұрғызайын тұра қойса, – деді жүріп бара жатып.
Байдос пен Шәріп велосипедтерін қолдарымен түрте өзара сөйлесіп жатыр.
– Желі аз екен. Салып алдым.
– Менікі жақсы. Алғалы бері жел салған жоқпын.
– Тежегішің қалай? Жақсы ма?
– Зор. Басып қалсаң болды. Дөңгелегі бір жайда қатып қалады.
Екеуінің әңгімесі одан әрі жалғаса берер ме еді, сол сәтте өз үйінен Сейіт шықты.
– Велосипедің қайда?
– Мен қазір.
– Біздің «Жарысамыз ертең» дегенімізді бұл ұмытып кеткен ғой, – деді Байдос.
– Жоқ. Ұмытқан жоқпын. Әлі ерте емес пе?
– Қайда ерте?! Күнді қарасаңшы. Түс болды ғой, – деді Шәріп үлкендерше күннің әлдеқашан атып кеткенін аңғарта сөйлеп.
Сейіт ұзақ күттірген жоқ.
– Велосипедімді кеше даярлап қойдым. Шынжырын майладым.Бір-екі темірі босап қалыпты. Соларды бекіттім.
– Ой, сен мықтысың ғой, Сейіт. Ендей болу қайда? – деді Шәріп Сейіттің пысықтық таныта сөйлеген сөздерін қостап.
– Жоқ. Шынымды айтам. Қарасаңшы, – деді Сейіт.
– Көріп тұрмыз. Жарайсың, – деді Байдос.
– Көреміз әлі жарысқан кезде. Қазірше мақтанбай-ақ қой, – деді Шәріп тағы да.
Үшеуі велосипедтеріне мініп, Арқаттың үйіне келді. Қазірше өзара жарысқан жоқ. Қатар түзеп, жай жүрісті ғана таңдап келген олар Арқаттың үйінің жанына тоқтады.
– Арқат, – деді Шәріп.
Үш қайтара шақырған Шәріптің дауысына Арқат не «Ау» демей, не басқаша үн қатпай, өз есігінің қақпасын жай ғана ашып:
– Мен бармаймын. «Қой бағасың» дейді үйдегілер, – деді.
Әңгіме осымен бітті дегендей, қақпа есігін лажсыз жаппақ болған Арқатқа:
– Тағы бір рет сұрансаңшы. Жіберетін шығар, – деді Шәріп.
– Жоқ. Жібермейді.
– Жалынып көрсеңші, – деді Байдос.
– Жақсылап сұрасаңшы, – деді Сейіт.
– Сұра. Жібереді. Бол. Күтеміз, – деді Шәріп.
Есік қақпасы жабылмай, ашық күйде қалды.
– Айттым ғой. Сұрамай жатып, жібермейді деп өзінің айтып тұрғанын қарашы.
– Сұраса сұраған шығар. Жала жаппасаңшы құр босқа, Байдос, – деді Сейіт.
Одан өзге сөзге барысқан жоқ үшеуі. Үндерін ішке жұта, тым-тырыс халде Арқаттан хабар күтіп тұрды.
Сәлден соң қақпа сыртына Арқат шықты:
– «Бара ғой» деді, – деп Арқат тіл қатты.
– Велосипедіңді алып шықпайсың ба енді?
– Алып шығам.
– Жібергеніне қуанып, велосипедіңді де ұмытып кеттің бе? – деді Шәріп.
– Жоқ әлде жаяу жарысасың ба? Екі аяғыңмен жарысып көрсеңші, – деп Сейіт қулана әрі әзілдей тіл қатты.
Төртеуі велосипедтеріне мінді. Ауыл сыртына қарай бірінен соң бірі жүйткіте жөнелді. Біраздан соң ауыл маңынан өткен асфальт жолға түсті. Жол жаман емес.Тіпті, жап-жақсы. Биыл ауылдың жолын жаңартты. Жап-жаңа. Қап-қара сүліктей. Айнадай теп-тегіс.
Төрт дос өзара жарысқа түсті. Қазірше жол жиегіне орнатылған бағанға қарап, бір шақырымдай жерге дейін баруды мөлшерге алды.
– Асықпайық, – деді Шәріп.
– Жарысқанда бірден қатты айдауға болмайды. Шаршап қаламыз, – деді Байдос.
– Бір шақырым деген не?! Түк те емес. Мен шаршамаймын, – деді Сейіт.
– Көрерміз кімнің озғанын. Қазір айта бересіңдер. Мәреге жеткенде бәрі де белгілі болады. Сәл-пәл шыдаңдаршы, – деді салмақпен сөз сөйлеген Арқат.
Төртеуі де кәдімгідей жарысқа дайындалды.
– Ал, тарт алға! – деген Шәріптің дауысы естілісімен, төртеуі де велосипедтерін өз орындарынан қозғап, алға қарай зымырай жөнелді. Төртеуінің велосипедтері де осал емес екен. Дегендеріне көніп, асфальт жолдың бойымен дөңгелектері зырылдап келеді. Лезде орнынан қатты айдаған Сейіт жолдың жарымын басып өткенде, демігіп қалды. Шаршағаны анық еді. Бірсыдырғы айдап келе жатқан Арқат үшеуінен артта болса да, ізбе- із қуып отырды. Байдос сыр білдірер емес. Жеңіске деген ұмтылысы көзге анық байқалады. Шәріп те осал емес. Мәреге бірінші болып жетемін деген ойы әлі де көкейінде. Төртеуі жол үстінде велосипедтерін ызғыта айдап келеді. Таңғы самал төртеуінің бетін де аймалай сыйпап, аялап қояды. Желдің өзі оларға ақ жол тілеп, жеңіске ыңғай танытып тұрғандай көрінді.
***
ТУҒАН КҮН
Айдана, Нұргүл, Жазира, Бәтима бір көшенің бойында тұрады. Балабақшаға бірге барады. Бастары қосылып, ынтымақтаса ойнайды. Топтана билейді. Төртеуі қосылып ән шырқайды.
Бірде балабақшада туған күнге орай кеш өтетін болды. Жылдың төрт мезгіліне орай әрбір тәрбиеленуші өзінің туған күніне тыңғылықты әзірленді.
Бір қызығы, Айдана қыста дүниеге келіпті. Нұргүл көк майсалы көктемде дүние есігін ашыпты. Жазира жадыраған жазда туылыпты. Бәтима болса, қоңыр күздің перзенті екен.
Тәрбиеші апай төртеуіне әр жыл мезгілдерінің өзіне тән тамаша қасиеті бар екенін түсіндірді. Енді сол ерекшеліктерді кеш кезінде мәнерлеп айтып, көрсете білуді сұрады. Әрі тапсырма ретінде ұсынды.
Айдана, Нұргүл, Жазира және Бәтима кешке әзірлікті лезде-ақ бастап кетті. Бұл шараға олардың аталары мен әжелері, әкелері мен аналары да білек сыбана кірісті.
Ең алдымен, олар өз балдырғандарының бойларына шақтап киім үлгілерін тікті. Тіпті, тігіншілерге арнайы тапсырыспен тіктірді де.
Сәнді киімдерінің жыл мезгіліне сай үлгіде болуын қадағалады. Киімдерінің түр-түстері де назардан тыс қалған жоқ.
Айданаға әке-анасы, атасы мен әжесі киімінің аппақ түсті болғанын қалады. Өйткені сүйікті немерелері – Айдана аппақ қарлы қаңтарда дүниеге келген. Көйлегінің аппақ болғаны – қарлы қыстың бейнесі. Қос етекті аппақ көйлегі мен аппақ бас киімінің Айдананың үстінде үлбіреп тұрғанының өзі-ақ мамықты қысты көз алдарына елестеткендей еді. Айдана ақ көйлекті киіп, көңілі де аппақ болып кеткендей сезінді. Өзі соншалықты әдемі әрі ақ матадай кіршіксіз тап-таза көңілмен рахаттана жадырады. Жарқырай күлді. Риясыз көңіл-күймен төбесі көкке жетіп, дөңгелене биледі.
Нұргүл жасыл түсті көйлек тіктірді. Көздің жауын алған көктем түстес көйлегі төңірекке көктем иісін шашып жібергендей болды. Нәзік те, көз тойдырарлық бүрмелі жасыл көйлегі мен басына келістіре тартқан жасыл орамалша Нұргүлді тым сұлуландыра түсті. «Адам көркі – шүберек» демекші, көктемнің тынысын әкелген жасыл көйлегі атасы мен әжесінің, әкесі мен анасының көңіл ауанын тым асқақтатып әкетті. Бөлме іші көктем мезгілі кіріп келгендей әсерге бөленді. Нұргүлдің бойынан жылы леп, жанға жайлы шуақ шашылды.
Ал Жазира ше? Жазираның киетін көйлегі жөнінде үй іші едәуір ақылдасты. Жаз мезгілі – жылдың төрт мезгілінің ішіндегі ең нұрлысы.
Сондықтан да бойға шақтап киетін көйлек неғұрлым жеңіл әрі түрлі-түсті дала гүліндей болуға тиіс деген ойға тоқталды.
Кең даланың төсі жаз кезінде қызылды, жасылды, сары, көк түсті гүлдермен көмкеріледі. Сол себепті де Жазира саналуан дала гүлдері көз тартатын жұмсақ та, жарасымды матадан әп-әдемі көйлек тіккізді. Көйлегі тым әдемі еді. Құйтақандай бойына гүлді көйлек жарасып-ақ тұрды. Дала гүлдері тұла бойына үйлесе қалыпты. Өзі де гүлдей жайнаған Жазира жаз дидарымен атасы мен әжесінің ортасында шаттана жарқырады.
Қоңыр күзде дүниеге шыр етіп келген Бәтима да Айдана, Нұргүл, Жазира секілді әдемі киінуге құмартты. Өзі ақ киімді киюді ұнатушы еді. Бірақ туған күні – қоңыр күзге байланысты киюі қажет болатын. Жасыл түске де аңсары ауатынын айтсаңшы. Түрлі-түсті гүлді көйлекті де өте сүйсіне киетіні де рас-ты. Талай рет гүл жайнаған көйлектерді киіп, балаша мәз болғаны жасырын емес-ті.
Енді, мінеки, күз мезгіліне сай киім үлгісін таңдаудың реті келді. Әкесі айтты:
– Бәтима, күзде төңірек күрең қызыл, қызғылт сары түстерге енеді. Бұндай түстердің реңі, әсіресе, күз кезінде өте әдемі көрінеді, – деді.
– Шынында да, қоңыр күзде ағаштардың жапырақтары көзге ерекше байқалады. Жерге судырап төгілетін жапырақтардың қызылды, сарғыш, күрең түстері көңілде сағынышты оятады, – деді анасы. – Әрине, балалық шағымда қалың жапырақ кешкен кездерім есіме жиі оралады, – деді сөзін жалғай.
– Ой, қандай жақсы болды, ата! Әже, мен ойлап отыр ем, ендігіде қоңыр күзде туған соң, қоңыр көйлек киетін шығармын деп. Өте керемет болды. Қызғылт, сары, күрең түсті көйлекті мен де жақсы көремін. Алақай! Рахмет сіздерге!
Айдана, Нұргүл, Жазира және Бәтима жылдың төрт мезгіліне байланысты өтетін кешке өздері таңдап тіктірген киім үлгілерімен келді. Төртеуі де балабақшадағы үлкен зал ішінде өз өнерлерін көрсетті. Бірі мәнерлеп тақпақ айтты. Екіншісі тамаша ән салды. Үшіншісі буыны жоқ бишідей бұрала биледі. Төртіншісі олардың әрбіріне өз өнерлерін емін-еркін көрсетуге мүмкіндік беріп, кешті қызғылықты жүргізді.
Айдана да, Нұргүл де, Жазира да, Бәтима да осы кеште ата-аналарының, көпшіліктің көзайымына айналды.
– Өркендерің өссін!
– Бәрекелді!
– Өнерлерің өрге жүзсін!
– Бақытты болыңдар! – деген дауыстар шынайы, шын жүректен шығып жатты.
Шынында да, Айдана, Нұргүл, Жазира және Бәтима жылдың төрт мезгілі секілді тұтас бір жылды көптің көз алдына елестетті. Өздерінің балаң өнерлерімен төңіректі құлпыртып жіберді.
***
ШОРТАН МЕН ШАБАҚ
(Ертегі)
Ерте, ерте, ертеде толқындары түйенің қос өркешіндей болып тасып аққан, суының тереңдігі адам бойламас алып мұхит әлемінде Шортан мен Шабақ өмір сүріпті.
Шортан айбарлы, азу тістері өткір, аузы апандай үңірейген, әрі өте үлкен болыпты. Шабақ сәбидің кішкентай саусағындай ғана екен.
Шабақтың ата-анасы шабаққа үнемі кеңес береді:
– Шортанға жақындама, – дейді әкесі.
– Шортан жұтып жібереді, – дейді анасы.
Бірақ Шабақ Шортанды көрсе, оның өте үлкендігіне қызығып, аузын ашып, бір орында моп-момақан күйде тұрып қалады екен.
Ал Шортан болса, өзге балықтардың бәрі де бұны көрсе тым-тырақай қашып, зымырай жөнелетініне талай рет көзі жетсе де, Шабақтың қорықпай, екі көзі жәудіреп тұра беретініне қайран қалыпты. Тіпті, арандай аузын ашып, пышақтай жып-жылтыр тістерін ақситып көрсетсе де, Шабақ Шортанның айналасынан ұзамай, айналсоқтап жүре беріпті.
Бір күні Шортан Шабақтың теңіз астында айқайлаған дауысын есітіп, жанұшыра жетіп келеді. Шабақты әрі-бері іздеп, зорға табады. Шабақ теңіз түбіне шөгіп, құм үстінде қозғалмай жатыр екен.
– Шабақ,саған не болды? – дейді Шортан.
Шабақ үн қатпайды. Шортан Шабаққа зер сала қарайды. Жаны бар секілді. Біраздан соң, Шабақ қозғала бастайды.
– А-а, Шортан, келдің бе?
– Саған не болды, Шабақ?
– Білмеймін. Сенен де үлкен бір балық келіп, балықтардың бәрін қуды. Шетте қарап тұрған мені де алып адамның алақаны секілді құйрығымен бір ұрып, өзінің жөніне кетті. Есімнен танып қалдым. Айқайлап, сені көмекке шақырғанымды ғана білемін.
Содан бері Шабақ Шортанның жанынан бір елі қалмайтын болыпты. Шортан да сол Шабаққа тимейді екен. Қарны кей-кейде қатты ашса да,аузын есіней ашып, лезде жаба қоятын болыпты. Содан соң:
– Шабақ, сен қорықпай-ақ қой. Мен қарным ашса, аузымды қалайша ашып қоятынымды білмей қаламын. Сені жемеймін, – депті.
– Басқа балықтарды да жемесеңші, – дейді Шабақ жаны ашығыш мінезімен.
– Олай болмайды. Мен – Шортанмын. Теңіз патшасымын. Теңіз өмірінің заңы солай. Мен бостан-босқа тиіспеймін. Теңізді таза ұстау үшін бірен-саран өзіме тиесілі балықтарды ғана жеймін. Бәрін қыра берсем, онда ақымақтық болады. Өзімді де түптің түбінде жоғалам. Сол себепті мен бұйырғанын ғана аузыма саламын.
Сөйтіп, Шортан теңіздің тұңғиығына қарай қайтадан бет алады. Шабақ та өз үйіне қарай бұрылды. Күні ертең Шортаның өзін іздеп және де келетініне Шабақ әбден сенгендіктен, кішкентай ғана құйрығын бұлғаңдата Шортанның бүйіріне тигізіп, қош айтысты.
***
ШӨМЕЛЕЛЕР
Жаздың әр таңы аппақ болып атады. Айнала көкпеңбек түске боялған. Ерте көктемдегі бәйшешек, сарғалдақ орнына жасыл желек шөптер жайқалып өскен.
Жәнібек терезеден сыртқа көз салды. Құлақ түрді. Атасы шалғыны қайрауда. Шарқ-шұрқ. Шарқ-Шұрқ. Өзге ешбір дыбыс естілмейді. Ауыл сыртындағы кішкентай жылға бойындағы түні бойы жарыса бақылдайтын бақалардың базарлы тіршілігі тарқаған.
Енді, мінеки, атасы қолына кетпенді алды. Қолында балға. Балғамен кетпенді тас үстіне қойып, шыңдай бастады. Тарс-тұрс. Тарс-тұрс деп шыңылдай шыққан дауыс үй ішіне анық естілуде.
Жәнібек орнынан тұрды. Киінді де, атасының жанына барды.
– Ата, бүгін шабылған шөпті жинауға барамыз демеп пе едіңіз? – деп сұрады.
– Ия, балам. Сол сөз – сөз. Мына шалғы мен кетпеннің бірін қайрап, екіншісін шыңдағаным, жүздері жарқырап, керек кезде даяр тұрсын дегенім.
– Бәсе, ата. Атам бүгін кешегі айтқан ойын өзгертті ме деп ойлаппын.
– Шөпті күн ысымай шөмелеп алған дұрыс. Жапырағы төгілмейді. Тұтас сақталады. Шаңқай түсте жиналған шөптің берекесі кетеді.
– Онда мен даярмын, ата.
Жәнібек атасымен біргелікте атты арбаға жегіп, ауыл сыртындағы қырдың етегінде шабылған шөптерді шөмелеуге аттанды. Сол кезде көршілері де жаңа күннің қамына кіріскен-ді.
«Дүйсен, тұр. А, Дүйсен, тұрсаңшы» деген көрші үй иесінің дауысы қаттырақ шықты.
Жәнібектің атасы аттың тізгінін тартып, арбаны тоқтатты.
– Берік, – деді дауысын шығара. – Не етесің, дауысыңды босқа шығындап. Үйде кетпен бар ма, шалғы бар ма?
– Оның не қажеті бар? – деді көршісі сауалдың мәнін түсінбей.
– Шалғыны қайра. Кетпенді шыңда. Ақылы бар бала ұйқысын қиып, тірлікке араласу керектігін ұғынады.
Сөйтті де, аттың тізгінін босатты да:
– Шу, жануар! – деп көше бойымен алға қарай желе жөнелді.
Жәнібек атасын енді байқағандай сезінді. Шынында да, атасы күн сайын:
– Жәнібек, тұр. Тұрсаңшы, – деп айтып көрмепті. Үнемі ертелеп, күн шықпай жатып, шалғысын қайрап, кетпенін шыңдап жатқаны. Біле білсе, осы тірлігі ұйқыдан оянуға белгі берген қоңыраулы сағат секілді екен.
Жәнібек атасына үңіле қарады. Алғаш рет көргендей тесіле көз салды. Арба үстінде өзінің атасы. Түрінен ешбір қобалжу, шаршау байқалмайды. Сабыр сақтаған күйде.
Ауыл сыртындағы шабылған шөптер сәлден соң шөмеле-шөмеле пішінде қатар түзеп үйілді. Атасы қарулы. Шөмелеген шөптері биік. Жәнібек те қалыспады. Шағын-шағын шөмелелер саны аз емес.
- Жарадың сен бүгін, Жәнібек, – деді атасы.
Қырдың етегінде атасы мен екеуінің жинаған шөмелелерінен жап-жаңа шабылған шөптің иісі кеудені керіп барады.
***
АУЫЛ МЕН ҚАЛА АРАСЫ
– Мен ауылды жақсы көремін.
– Не бар ауылда?
– Ауылдың балалары емін-еркін күліп жүреді. Сөйлеседі. Қас қарайып, қараңғы түссе де, көшеде ойнайды. Бізде, қалада кеш түспей жатып-ақ, үйге кіргізіп, шығармайды. Қамап қояды.
Бір аптадан сәл-ақ асатын күзгі демалыста Марат әжесімен еріп, ауылға келді.
– Мен қалаға келдім. Сендерді көрдім. Енді ауылға бармай-ақ қой, – деген-ді әжесі.
– Жоқ. Әже, мен барамын.
Марат айтқанға көнбесе де, әжесіне өтінгендей болып, ауылға келді.
– Ал енді маған жәрдем бер. Тауықтарға жем шаш. Қойларды бақ, – деді әжесі.
Марат әжесінің айтқанын екі еткен жоқ. Тауықтарға жем берді. Жүгері дәндерін шашты. Жалпақ темір тостағандарға су құйды. Қорадағы қойларды сыртқа шығарды. Көше бойлап, өргізе жайды.
Қойлардың саны он екен. Тауықтар үлкейіп қалыпты. Шөжелерінің өздері тұп-тура тауық, қораз болыпты. Жазғы демалыс пен күзгі демалыс арасында екі-үш ай өтсе де, қойлар семіріп, іріленіп, тауықтар зорайып қалыпты, әже, – деді Марат таңданысын жасырмай.
– Әже, ауыл жақсы, – деді Марат және де.
– Көрші балалардың үйіне күндіз-түн демей, қымтырылмай бара бересің. Бақшаларындағы алмаларды керегіңше жейсің. Қауын-қарбыздарын өздері әкеп сояды. «Же, дәмі тәтті. Жесеңші» деп аузыңа салады. Содан соң, «Тамақ іш бізбен бірге» деп төріне отырғызып қояды. Кеше беташар тойға бардық. Шашу шашты. Бідер тәтті кәмпиттерді теріп жедік. Тамақ берді. Қара қазанға палау пісіріпті. Еті де, күріші де тәтті. Сәбиттің әжесі «Жеңдер ыстықтай» деп, бір тарелка палау әкеліп берді. Әбден тойдық. Жеп алдық Сәбит екеуміз. Әже, ауыл неге олай? Ауыл жақсы дегенім ғой.
– Ия, балам. Ауылда мейір бар. Береке бар. Бірлік, татулық бар. Ешкімді шеттетпейді.
– Менен бір кемпір сұрады. «Кімнің баласысың?» деп.
– Қай кемпір?
– Білмеймін, әже. Айтып болайын да. «Сәрсеннің баласымын» дедім.
– «Әжемнің баласымын» демедің бе?
– Қойшы, әже.
– Неге қоямын. Қарашы, білдік сенің кімнің баласы екеніңді.
– Әже, шынымды айтсам да айып па?
– Әжеңнің көңілі үшін айта салмайсың ба?
– Жарайды, әже. Ендігіде «Әжемнің баласымын» деймін.
– Солай айт.
– Астапыралла, «Әже де туады ма?» деп айтса, не деймін.
– Туады менің әжем де. Сөйтіп, сұраған адамды маған жіберші. Көрейін өзін. Маған сұрақ беретіндей кім өзі? – деп Мараттың әжесі қайқая еңсесін көтерді.
– Әжем менің әлі де мықты, – деді Марат.
– Әрине, мықты.
Сөйтті де сәл-кем үнсіздіктен соң:
– Біздікі жай әншейін сөз ғой. «Әжемнің баласымын» десең, әлдеқандай болып, мәз-мейрам болып қаламыз да, шіркін!
Марат әжесінің көңілінен шықты. Он қойын он күндей бақты. Суарды. Жайды. Қораға қамады. Тауықтарға да қарады. Жем шашты. Суын берді. Ұядан тапқан жұмыртқаларды ыдысқа салып, әспеттеп жинады.
Он күн он сағаттай болған жоқ. Қалаға қайтар күн де жақындап қалды.
– Әже, ауылда жүре берер ем. Мектебім бар ғой. Өзіңіз айтпақшы, оқуым керек. Ертең қалаға жүрейін. Бір күн дем алған соң, оқу басталады.
– Оқы, балам. Адам бол.
– Қалаға барсам және біразға дейін үйрене алмай жүремін, әже.
– Неге?
– Қалада ауылдағыдай, әркіммен сәлемдесе бермейсің. Тік жүріп, тік қайтасың. Танысаң да, танымағандай болып, таныс адамдардың да жанынан өте шығасың. Жағдай сұраспайсың. Бәрі де асығыс.
– Танысаң, сәлеміңді бер. Неге тарыласың?
– Жо-жоқ, әже. Қалада солай. Өзіңіз де білесіз ғой. Сөйте тұра, сәлем бер дейсіз.
– Жарайды, балам. Мен жөн-жосықты айтып жатырмын. Қаланың тәртібін біліп қалыпсың ғой. Менікі жол, жөн сілтеу ғана. Өмір сендердікі. Сендер ата-бабалардың салтын сақтауға әдеттеніңдер. Оның зияны жоқ. Түсіндің бе?
– Түсінемін ғой. Сонда да қала дегеніңіз?..
– Қала болса да, онда тұратын өзің сияқты адамдар, сен қатарлы балалар. Қолдан келсе, сәлеміңді бер. Аянба. Қайтарымы болады. Қалаларың да тым үлкен шаһар емес қой. Қала, қала дей бермей.
– Мақұл, әже.
– Марат қалаға аттанды. Қалаға келді. Әкесі автобус бекетінде күтіп алды. Ығы-жығы халық. Ауылдағыдай емес. Бірінің де түсі таныс емес. Марат бір сәтке ары-бері жүріп жатқан жүргіншілердің бетіне зер сала қарады да, әкесі мініп келген автокөлікке жайғасты. «Ау, Марат, бүгін біздің үйден шай іш», «Марат, қой жаюға барасың ба?» деген көрші ауылдағы сап-сары Сәбиттің дауысы құлақ түбінде жаңғырып, бірте-бірте өшіп бара жатқандай. Қаланың у-шуы, жапатармағай ағылған жұртшылықтың ағыны Маратты өз иіріміне алып бара жатты. Марат өзін өткен он күн ішінде ауылда болған күндерін тап бір тәтті түсінде көргендей секілді. Әжесін де, көрші балаларды да, ауылды да, қойлары мен тауықтарын да ұзақта қалған елес ретінде көз алдынан бірте-бірте өткізе берді.
Қала өмірі, қала тынысы Мараттың ендігідегі басты тіршілігіне айналған еді.
***
ДАСТАРХАН
Серіктің үйінде дастархан басында әңгіме қыза түседі. Бәрі де ынты-шынтымен сөйлесіп отырады. Бірақ рет-ретімен. Кезек-кезегімен.
Әңгімені көбінесе атасы мен әжесі бастайды. Әкесі мен анасы үндемей отырады. Үндемеу – өздерінен жасы үлкен ата-анасына құлақ салуды аңғартады.
Ал немерелері – Сәлима, Серік, Алтынай ондай емес.
– Тамақ берші, – дейді Серік.
– Қарным ашты, – дейді Сәлима.
– Сөйлей бермеңдерші, – дейді Алтынай олардың сөзіне кейістік білдіре.
Бәрі де дастархан басында бірге тамақтанады. «Балалы үй – базар» деген. Серіктің үйі қашанда тіршіліктің хан базары. Берік солай деп түсінеді.
Серік пен Берік бір сыныпта оқиды. Екеуі көрші. Қазірше Берік үйдегі жалғыз ғана перзент. Болашақта өзіне серік болатын інісі яки қарындасы болады екен. Анасы араға ұзақтау уақыт салып, перзент көтеріпті. Берік осынау хабарға құлағдар болған. Содан бері қуанышында шек жоқ.
– Ә, Беріктің үйіне жақында бөпе келеді, – дейді Серіктің әжесі.
– Ұл болғанын қалайсың ба? Әлде қыз болғанын ба? – дейді Алтынай.
Берік ұялғандай рай танытады. Көздері жалт-жұлт етеді.
– Айтсаңшы енді? – дейді Алтынай да жарқылдап.
Берік сонда да тіл қатпайды.
– Сенен сөз сұрасақ та былқ етпейсің, – дейді Алтынай пысықтығын одан сайын байқатып.
– Ұл болса да, қыз болса да аман болсын, – деді Серіктің атасы.
Беріктің және бір байқағаны бар. Серіктің үйінде ең алдымен кесеге құйылған асты атаға ұсынады. Бұл – заң.
– «Сәлима қарным ашты» деді. Дастархан жаяйын. Түс болып қалыпты. Астың алдын атаңа құйып алайын да, сендерді тамақтандырайын, – деді Серіктің анасы.
– Мен кейін ішемін, – деді атасы.
Серіктің анасы сонда да алғашқы кесеге асты құйып, бөлек қойды.
– Бұл – атаның кесесі, – деді Серіктің анасы.
Содан соң жуылған тап-таза жеті-сегіз кесеге кезек-кезегімен асты құя бастады.
Дастархан басы да үлкен ғибрат, – деді Серіктің әжесі. – Дәмнен тату рәсімін бастапқыда жасы үлкендер бастайды. Бұл – ата-бабалар үрдісі. Содан бері бұл дағдыны көздің қарашығындай сақтап келеміз. Қазір аталарың «Тамақты кейін ішемін» деді. Солай болса да, астың бірінші кесесін анаң бірінші болып, атаңа құйып қойды. Бұл – көргенділік, – деп әжесі өз әңгімесін түйіндеді.
Берік дастархан басында өзіне осылайша тағылым алды. Серіктің үйі өз үйіндей болып кеткен. Жайдары мінез. Қалыпты қарым-қатынас. Әрбірі өз ойын, пікірін ашық айтады. Ешкім бір-біріне зекіп сөйлемейді. Сөйлесе де ешқайсысының көңілі қалып жатқанын Берік аңғарған жоқ.
– Атаның, әженің болғаны қандай жақсы ә? – деді Берік үй ішіндегі мамыражай көңіл-күйді сезініп.
– Ия, – деді Сәлима. – Сенің неге атаң мен әжең жоқ?
Берік жауапты ұзақ күттірген жоқ.
– Мен де солай ойлаймын. «Неге менің атам мен әжем ертерек бақилық болған?» деп. Мен де астың бірінші кесесін атама ұсынар едім, – деді бала көңілмен толқи сөйлеп.
Өмірді көп көрген Серіктің атасы дастархан басына келді. Намазын оқып болған екен.
– Ал балақайлар, тамақтан дәм татыңдар, – деді.
– Сіз алыңыз, – деді Алтынай. – Біз біраздан бері тамақ ішіп отырмыз, ата.
Серіктің әжесі қолын сүртіп:
– Берік қарағым, сенің де атаң бар. Серіктің атасы сенің атаң. Серіктің әжесі сенің әжең, – деді мейірлене.
Берік Серіктің әжесіне қарап басын изей күлімсіреді. Содан соң осы шаңырақтағылармен бірге одан әрі дастарханнан дәм тата бастады.
***
АҒАМ МЕН АТАМ
Менің ағам Барысбек тоғызыншы сыныпта оқиды. Оқу озаты. Атам зейнеткер. Мүмкіндігі шектеулі мүгедек. Екі-үш жылдан бері көзі көрмейді. Дәрігерлерге барғанымен, одан көмек болмады. Дертін едәуір уақыттай бұрын өткізіп алыпты.
Ағам атамды ардагерлердің арасында өтетін әртүрлі шараларға ертіп апарады. Дүкендерді аралатады. Дос-туыстарының үйлеріне бірге барады. Көзі көрмегендіктен, көбінесе жанында болады. Көшелерден өткізуге жәрдем береді.
– Балам, – деді бірде атамның бір замандасы ағама, – өмір жасың ұзақ болсын. Қашан көрсем, атаңды жетелеп жүресің. Жанынан бір елі қалмайсың. Ешбір кейіген, қиналған сәтіңді байқаған жоқпын. «Ата, ата» деп жанында үнемі шыркөбелек айналып жүргенің. Рахмет, шырағым, – деді шын мейірленіп.
Мен атамды да, ағамды да жақсы көремін. Өскенде мен атама ағам секілді көмектесемін. Қазірше үй ішінде ғана жәрдемдесе аламын. Үйдің алдына шығарамын. Атам көршілерімен әңгімелеседі. Мен өз достарыммен бірге ойнаймын. Жүгіремін. Атам:
– Маратжан, үйге кірелік, – деп шақырғанда қасына жетіп барамын. Достарым маған қапа болмайды. «Неге ойынды бірден тоқтатасың?» деп ренжімейді. Өйткені менің атамның көзі аяқ астындағысын көрмейтінін олар жақсы біледі.
– Асылбек аға, – дейді атамның көршілері, – сіздің немерелеріңіз жақсы. Қолғабысы мол. Қарап отырып, көңілің тояды. Жан дүниең разы болады, шіркін. Мың болғырлар, – деді өз сөзін жалғап.
– Ия, өссін, өнсін. Менің оларға берер батам тек осы ғана. Сізге де менің немерелерім жөнінде айтқан жылы сөздеріңізге мың алғыс, көрші, – деді атам да ол кісіге.
Бүгін атам ағаммен тағы да қалаға аттанды. Ендігіде атам саусағының ұшымен кітап оқу үшін кітапханаға бармақшы. Зағиптар үшін арналған арнайы кітаптар сол жерде бар екен. Қазірше атам кітапты оқып үйренуді қалап жүр. Менің атам өз сыныбымдағы ұстазым айтпақшы: «Көз соқырлығы ештеңе емес, көкірек көзі соқыр болмасын» дегендей ұстанымды өз өмірінде қолданатын секілді. Өйткені өзім байқап жүрмін, атам енді көзімен емес, қолындағы саусақтарының ұшымен өз айналасын, бүкіл әлемді түсінбекші. Ұғынбақшы. Сондықтан да мен атамды қалайша көзі көрмейді деп айта аламын.
Ағам атамды жетелеп үйден шығып барады.
– Ата, жолдарыңыз болсын! – дедім мен атам мен ағамның іздерін ала, соңдарынан көзімді үзбей қарап. – Менің атам мықты! – дедім тағы да үнімді сыртқа қаттырақ шығарып.
Бұл менің ішкі дауысым еді. Шынында да солай.
***
СИҚЫРЛЫ СӨЗДЕР
Сейіт сыныптан ерекше әсер алды. Бүгінгі сабақ кезінде ұстазы сиқырға ие болатын сөздердің бір тобын айтты. Қарап отырса, Сейіт бұны бұрынырақта байқамапты. Елеп, ескермепті. Күн сайын сөйлеген сөздерінде пайдаланбапты.
Мұғалім былай деді:
– Балалар, күнделікті өмірімізде біздер саналуан сөздерді қолданамыз. Олардың ішінде ғажайып та сиқырға ие сөздер бар. Олар: рахмет, мархабат, өтініш, Отан, туған жер, ата-ана, достар, сыныптастар, туған тіл.
– Сонда осынау сөздердің қандай сиқыры бар? – деді Самат шыдамсыздана.
– Кәдімгі күн сайын есітіп жүрген сөздеріміз емес пе? – деді Берік те Саматтың сөзін қолдай.
– Рас, айтасыңдар. Бұл сөздерді біздер жақсы білеміз. Үйреншікті сөздер екендігі де шындық. Бірақ оны қолдануға келгенде, көбінесе мән бермейміз. Асығыстық танытып, сыпайылық көрсетпейміз. Бірақ қажет-ақ. Өзгенің алдында кішірейіп, көрегендік жасағымыз келмейді. Тәкаппарсынамыз. Құрмет жасап, сыйластығымызды байқатпаймыз да. Әйтсе де, бұл өте қажетті әрекеттер дер едім, – деді мұғалім.
Сөйтті де, ұстаз оқушыларға өзі жаңа ғана ғажап та сиқырлы деген сөздерге түсініктеме беріп, әрбір айтқан ой-пікіріне мысалдар келтіре бастады.
– Мәселен, рахмет, мархабат, өтініш, – деген кезде әрбір адамның жаны жадырап, көңілі жібиді. Өзінің ісіне, тірлігіне, жасаған ірілі-ұсақты жақсылығына қайтарылған жүректен шыққан жылы сөздер деп қабылдайды.
Ал Отан, туған жер, ата-ана, сыныптастар, достар, туған тіл, – деген сөздер адамның бойына ыстық жалынды, мол қайратты, қажымас-қайтпас рухты құяды. Бұл сөздер әр жанға өте қымбат. Осы сөздер тірі жан баласының айбынын асқақ етеді. Мәселен, Отан, туған жер, – деген сөздер осыған дәлел емес пе?
Ата-ана, – деген сөздерді ауызға алғанда жаныңа жақын жандар көз алдыңа елестейді. Олар әрдайым сендердің қамқоршыларың. Жанашырларың. Рас қой ә?
Сыныптастар, достар, – деген сөздерді айтқан сәтте өздерің де жақсы сезінесіңдер. Олар жыл бойы бірге жүретін балалық та балғын шақтағы ең жақын дос, құрбыларың. Бірге ойнайсыңдар. Бірге білім аласыңдар. Бірге сырласасыңдар. Сондықтан да бұл сөздер аса қымбат.
Туған тіл жайлы талай-талай ақын-жазушылар, данагөй бабалар толғана сөз сөйлеп, оның киелі де қасиетті екендігін тілге тиек еткен. Ұлық тұтқан. Қадірлеген. Тілді ойыншық етпеген. Сөздерді арзандатпаған.
Сейіт жол бойы ұстаз айтқан сөздердің мәні мен мағынасын өз жүрегі мен балалық ой-толғамдарымен астастырды. Салыстырды. Саралады.
Олардың әрбіріне ой жүгіртті. Ойлап отырса, ұстазы айтқан сөздер оны біршама есейтіп жіберген де сияқты. Бойы да сергігендей. Бойына қанат біткендей. Денесіне күш-қуат құйылғандай. Өзінің үйіне де көзді ашып-жұмғанша қалайша жетіп қалғанына таңданды да.
Сөйтті де, ұстазы айтқан сөздердің қаншалықты сиқырлы екенін енді ғана түсінгендей жай ғана жымиды.
***
БАЛЫҚШЫЛАР
Сәрсен мен Жарас өзен жағасына келді. Өзен беті теп-тегіс. Моп-момақан. Толқын көрінбейді. Күн сайын толқи соғатын жел де саябыр тапқан.
Екеуі қолдарындағы қармақтарын су бетіне лақтырды. Әдеттегідей қармақтарына жаңбыр құртын салмады. Дүкеншінің айтуынша, балық аулау үшін қызыл, жасыл, сары түсті жылтырақ темір балықтың астыңғы, үстіңгі жағына жабыстырылған қармақтар – балық аулау үшін таптырмас құрал екен.
Рас, Сәрсен мен Жарас ұзақ уақыт бойы өзен бетіндегі қармақтарына телміре қарамады. Бір мезетте қармақтарының қалтқылары бірінен соң бірі су астына тартыла батты. Сәрсеннің қармағына орташа табан балық ілініпті. Жарастың қармағының қалтқысы су астына батқанмен, балық ілінбепті.
– Асығыстау көтердім-ау, – деді Жарас.
– Жәй ғана қармақтың айналасында алдаусырата ойнап жүрген шабақтар шығар, – деді Сәрсен.
– Жайын балық ілінсе жөн болар еді, – деді Жарас.
– Ол ешбір ойланбастан бір-ақ қылғытады, ә! – деді Сәрсен.
– Ия. Бір-ақ қылғытады. Құрулы қармаққа ілініп қаламын-ау деп қорықпайды да.
– Өйткені ол қомағай жайын да!
Екеуі балықтар жайлы өздері есітіп, білгендері жайлы сыбырласа әңгімелесті.
Сол күні ұзақты күн ауқымында өздері тілге алған табан балықты да, жайынды да, көк серкені де өз қармақтарына ілді. Ұстады. Санап шықса, барлығының саны он бес екен. Солардың арасынан кішігірім бір жайын мен бір көк серкені екеуі өзенге қайтадан жіберді. «Өссін, үлкейсін!» дегендері еді бұл.
Күн өз ұясына батпастан, екеуі үйге келді. Аулаған балықтарын екіге бөлмеді.
Сәрсен қоштасарда:
– Жарас, балықтың бәрін де өзің ала сал. Бөліп-жармай-ақ қоялық. Бөлгенде не болар дерсің. Келесіде менің кезегім келер. Әйтпесе, ендігіде әрбіріміз балыққа қарық болып қалармыз, – деді.
– Жарайды, – деп келісті Жарас.
Жарастың анасы баласы әкелген балықтардың іші-сыртын түгелдей тазартты. Жуды. Шайды. Тұздады. Қуырып пісірді.
– Жарас, Сәрсенді шақыр. Бірлесіп жеңдер, – деді әкесі де.
Жарастың ізін ала үйге Сәрсен де келді. Екеуі де балықтан дәм татты. Табан балық өте дәмді екен. Жайынның қылтықтарының болмағаны тәбетті аша түсті. Көк серке де керемет екен. Тіл үйіреді.
– Бұл сендердің алғашқы табыстарың, – деді Жарастың әкесі.
– Адал еңбектеріңнің жемісі, – деді анасы.
Сөйтті де:
– Жас балықшылардың балығынан біздер де дәм таталық, – деп Жарастың әке-шешесі де дастархан басына келіп жайғасты.
Жарас пен Сәрсен бір-біріне қарап, мәз-мейрам болып, жайдары қалыпта иық тірестіре отырды.
***