Адам қарады: 132 | Жарияланды: 2018-09-06 03:17:24

Қатираш

Мекембай қызметтен келсе әйелі суық үйде от жақпаған күйде көрпе жамылып теріс қарап жатыр екен. Көрпе астында дөңкиіп жатысына қарағанда үйге киетін бір қабат киімін де шешпеген тәрізді. Өрнектеліп қырау қатқан терезеден таңертеңгі жарық бозамық тартып үйдің ішін анық көрсете алмай әлсіз түсіп тұр. Ұйықтайтын бөлмені жарық қылуға терезенің сәулесі жетпегендей айнала күңгірт болып көңілсіз көрінеді. Мекембай есік алдында сәл тұрды да сыртқы тонын, бас киімін шешіп киім ілгішке іле салды. Қалың боп өсіп кеткен, қайшы тимеген шашы дудырап көзіне түсіп еді саусақтарымен салалап қайырып, алдына отын үйілген пешке таяп келді. Кеңседегі оны-мұны шаруаны бітіріп, кассирден жалынғандай болып біраз ақша алып еді. Әйелді оятып, соны берем деп ойлады да екі қолын қалтасына салып біраз тұрды.

– Әй Қатираш, мен келдім ғой тұрсаңшы,– деп жұмсақ жылы дауыспен сөйлеп қайтадан әлгі есікке таяды. Жауап орнына әйелдің төсекте аунап түсіп жөтелгені, ояу екенін білдірген қозғалысы білінді.

–Үй суып кетті ғой неге от жақпайсыңдар. Қайда әлгі жүгермек келгірлер,– деп әйелі сілкініп сөйлеп тұра бастады. Қатты, кіналаған дауысы шыққанға көрші бөлмедегі адырақ көз, талпақ танау, қара баланың басы қылтиып:

– Әке келдің бе? Қарным ашты, – деген дауысы шығып, қайта жоқ болды.

– Әй балам, қарның ашса тұр. Ана мал не боп не жатыр, күн суып тұр ғой өзі. Қойларды күн шуаққа шығарып су берейік. Бұлардың төлдейтін мезгілі де таяды ғой. Өздері шөптің нәрі болмай, қара суық па, жүдеп барады,– деді Мекембай.

Әлгінде жабылған есік қайта ашылды да бөлмедегі қалың кеудеше киген он бір, он екідегі арықша келген, бойшаң ұл шықты. Оның қимылы мен сөзінен ерте ересек болып осы үйдің көп шаруасы бала болса да осыған қарайтыны байқалады. Бала салқын суға беті-қолын жуа салып, от жағуға керекті жабдықтарды кіргізіп, еңкейіп отырып, пеш жағуға кірісті. Мекембай баласының осы қимылына қарап отырып, зілді дауысы – Әй тұрсаңшы енді ырғалмай – деп қалай шыққанын білмей қалды.

–Тұрдық қой немене соншама дігерленіп,– деп денелі келген адырақ көзді семіз әйел ұйықтайтын бөлмеден күңкілдеп сөйлей шықты. Үстінде көптен жуылмай кірлеп кеткен гүлді қызыл халат, халаттың ашық ақ-сары жерлері қарайып, күйеленіштеніп, өзінің үйге де, тысқа да тоқтаусыз көп киіліп, күтім көрмей жүргеніне куә боп көрсетіп тұрғандай. Халат сыртынан киілген ер адамның тоқыма кеудешесі әйелдің денесіне жабыса түсіп, ұзын жеңі салбырап, саусағының ұшына дейін түсіп кеткен, оны сәл жоғары көтеріп қойып, пештің күлін бұрқылдатып, алып отырған балаға:

–Қане, маған бер,– деді қасына тізе бүге беріп.

–Таңертең ертерек тұратын адамсың ғой, – деді Мекембай әлі ызасы тарқамаған күйі.

–Сөйлемей барып малды жайғаңдар,– деді, әйел қолын сермеп. Бет- әлпетінен осы сөздерім мен істеген істерімде бір олқылық, немесе жетпей тұрған бірдеңе бар-ау деген жылт еткен сезім білінбейді. Қайта осы доғал, өз-өзіне сенімді күйінде күйеуіне берген жауабы мен баласы екеуін далаға шығарып жіберуімен өзінің осы үйдегі билікке ие екеніне ризалық бар. Байы бұған біресе жылы сөйлей қалып, біресе түрлі мінез көрсетіп, кемшілігін айтып әкіреңдей қалса бұл да соған сай болып, оның сөзі мен істеген ісіне қарай жауап беруі керек сияқтанады. Әйтпесе жеңіліп, есе жіберетіндей ене, бай, қайынды да басып, бұны езгіге түсіріп, табанының астына салып, жамандап, әбден қор қылып тастайтындай сезінеді.

Соның бәрін ойлай келіп бойына жиған ашуы ішіне сыймай қарап тұрып, көзінің алдындағы нәрселер кенет жан біткендей секіріп қарауыта бастады. Әшейінде жас баланың бетіндей томпиып тұратын екі беті көгеріп, буын-буынын, өне бойын өзіне бейтаныс шайтан сияқты бірдеңе билеп қақайтып арқасына, желкесіне мініп-түсіп, сабалап ұрып, үрі ит соқ деп қабаған итті айтақтап тұрған ақылсыз тентек балаша екі санын шапалақтап, жын қаққан кісідей сақылдап келіп күледі. Осы сәтте өзі де ет қызуымен не дегенін білмей аузына келгенін сөйлеп, жылап, тақтай сабалап Мекембайдың ата-баба, тұқым-жұрағатын түк қоймай балағаттай береді. Айта алмай жүрген, естіген, көрген-білген жинап тергенін түк қалдырмай қарша боратады.

Бұрынғы уақытта ешкімге кеудесін бастырмайды дейтін Мекембай әйелінің алдында бұл шақта әл-қуаты кеткен шалдай болып, сүмірейіп осының бәріне өзі кінәлі адамша көзімен жер шұқып үнсіз отырады. Кейде отырған орнынан атып тұрып, осы қорлыққа көнгенше не болса да төмпештеп сазайын берейін десе Қатираш өршелене түсіп, жағасынан ала кетеді. Шашына қолын салып, киімін, өңірін, бетін жыртып, ол аз болғандай тырнап қанатып, басын маңдайын еденге ұра жөнеледі, шаңқылдаған үнін бүкіл ауылға естіртеді. Байының басына әңгіртаяқты сала жүріп, бұны бірдеңге көндірем деп жүрген қүйеуінен гөрі көбіне жазықты өзі болса да таяқ жеп сорлаған бейбақтың ролін есі шыға ойнап шығады.

Бұл әңгіменің аяғы осы кеште-ақ көрші-қолаң, туған-туыстан асып, қайын-жұртқа оны-мұнысында шатағы жоқ сыйлы адамдарына, тіпті басшыларына дейін жетіп, одан өсек аңдыған қолы бос қатындардың сыбағасына айналатынына Мекембайдың іші ашиды. Көзіне ап-ащы жас толып, бәріне жазықты өзім, менің удай ащы тілім қоя салатын жерде екілене қалатын өркөкіректігім,– деп кінәнің көбін өзіне алады. – Осының аяғы дұрыс бітсінші одан кейін бұл әйелдің тілін тауып алдап-сулап-ақ бәрін орнына келтірермін. Немесе бір жаққа кетіп қалу керек. Тіпті болмаса үндемей мысын құрту керек...

 

х х х

 

Мекембай Қатираштың мысын неше күннен бері үндемей құртам деп жүріп, ақыры әйелінің айтқанын істеп келіп отырған беті еді. Күздің аяқ кезінде Қатираның кенже інісі үйленді де, қайын жұртқа күйеу бала, жас жігіт пен жаңа түскен келінге жезде болған бұған бірталай салмақ түсті. Сол төңіректе біраз міндетті арқалап, жиған-терген ақшасы шықты. Той жасалған, тойға дайындалған күндерді санап отырса Мекембай өз қалтасынан аз шығын қылмапты. Тіпті өзінің бауырлары үйленгенде де бұлай шығынданбапты. Мұны естіп бір туысы кекесін аралас:

–Жақсы күйеу атанып, атаңның шығынын көтеріп-ақ кетіпсің,– деп кекеткен. Әшейінде сөзге сөз қайтарып жүре беретін немеге, қапелімде түк тауып айта алмай айдаладағы біреуде есесі кеткен адамдай әлденеге іштей кіжініп жүр еді.

Осының бәрі аз болғандай бұдан соң Қатира кешкілік әкесінің үйінен түннің бір жерінде оралып, туыстарына барғанын, алда құда келетінін, өздерінің оған пәленбай нәрсе қосуы керектігін міндеттеп мойнына алып, Мекембаймен ақылдаспай-ақ өзі шешкен адамша сөйлеген. Бұрын қанша той, жиын, туған күн деп жүргенде мұнша ақша қосып, жоғын табуға тиіс адамша ізденіп көрмеген Мекембай сол күйі тарс ете қалды.

–Бұрын барымызды бергенде разы болушы еді. Осы күні анау – аз, мұнша беру керек деп үндемеген сайын сөзді көбейтіп жүрген сен емеспісің, – деген. Өзінің әлгі айла-әрекеті әшкере болатын болған соң Қатираш айтқаным іске аспады деп, біраз сөйлеп барып тоқтаған. Неше күн нәр сызбай, күйеуіне тіл қатпай, теріс қарап жатып алды. Тамақ асса дәмсіз, шай құйса жылымшы болып келетін, дастарқаны енді уағында жайылмайтын болды. Үйге от жағып, төсек жинап, балаларға қарауды да қойды. Сол ақшаны апарып құдалыққа қоспаса көштен қалып кететіндей, кірсе де, шықса да күңкілдеп айтып, емеурін қылып, «аналар жиналып жатыр, сен қалдың, біз кімге керекпіз, түгіміз жоқ сорлы» деп сөйлеп жүрді. Үйден береке кетіп, әйелінің райы теріс бұрылып бара жатқанын, енді оның жақын арада түзелмесін сезген соң, Мекембай кассирден әйелі сұраған ақшаны таңертең барып алып келді. Күйеуі мен ұлы күн көтеріле мал суарып қора жақтан келгенде Қатира отты дүрілдете жағып, көмірді салып ет асып үйдің ішін әбден жылытып, бір қабат кілем-жаймаларды есік алдына шығарып, қар үстіне аунатып, шаңын қағып жатыр еді.

–Ақшаны әкелдім дегенді естігенде денесін құрыстап жүрген неше күнгі қырсығы жазылып, өң бойы арқасынан жүк түскендей жеңілдеп қалды.

 

х х х

 

Күйеуі мен ұлы үйге түс ауа келді. Қазанда мол тамақ асулы тұр. Үйдің іші бір қабат тазарып жуылған. Төсектер жиналып, шкафтың қуыс-қуысында, стол үстінде, пеш маңында тұратын бос ыдыстар жиылып, салдырлап жуылып, бірқабат кірінен арылып, жартылай болса да тазарып қалғандай. Үй жинағанда Қатира да әр нәрсенің бетін жылтыратын, шала істеп әлі кір, көзге қораш нәрселерді буып-түйіп байы, баласы көрмейтін қиындау жерге тыға салады. Аядай үйде көрмейтін жер бола ма онысы басқа бірдеңе іздеген кезде дудырап екінші жерден шашылып шыға келеді де Қатираның ұрлығы ойламаған жерден ашылып қалады. Мекембай бұған шыдай-шыдай келіп осындай кезде жарыла кететін ашудан. Соны білгенде, кейде абысыны, кейде шешесі келіп үйді сылап, далаға шығарып қағып-сілкуге көмектесейін деп Қатираның неше айғы кір-қоңын, киім-кешек, төсек орнын жөнге келтіріп, Мекембайдың көңілі, балалардың қабағы үшін деп сөзге келмей көп жұмысын бітіріп беріп кетеді. Сол күні өзінің олақтығын көрсетпеу үшін Қатира не тыста, немесе үй ақтағансып тазалау бөлмеде жұмыстың көбін қонақтарға беріп, өзі елеусіз шеттеп жүреді.

Қу тілді, сөзшең абысыны: – Өзі өлгенше салақ болғанымен қоймай, қуын көрмеймісің. Өтірік бірдеңе істеген болып ана жақта жүр. Бізді қалың нуға салып қойып,– дейді. Бұл нәрселерді тазартуға, жөндеп ретке келтіруге қабілеті жетпейтінін білген соң, еріксіз өздері мойнына алып:

– Әйтеуір азамат боп қалған Әлжан мен Мекембайдың қамы үшін ғой. Құрғыр, әйтпесе осынша көп жұмысты тазалығы жоқ ретсіз дүниені жөндеп неміз бар, – деп шынына көшеді. Өздері жуып бітіре алмайтын болған соң, қасына көмектесетін ересек қыз-ұлдарын алып, әйтеуір неше уақыттан бергі көр-жерден, кір басқан дүниеден үйдің ішін тазалап, кір мен шаңнаң езіліп баттасып кеткен еденді неше қайтара жуып тазалайды. Бөлмені ағартып, иісін жаңартып, кешке қарай ендігі төсек орынды далаға шығарып қағып соғып, қалған шаруаның ұсақ-түйегін өздері істер деп осы қызметіне риза қылып шаршап үйлеріне қайтады. Әйелінің салақтығынан үйінің жұмысын біреу істегенін туыстарының бас қосуына себепші болғанына тоқ болған адамша өз шаруаларымен күні бойы сырттап жүрген Мекембай кетерде жақындарымен бас қосып ішкен аз ғана уақыттағы шайға көңілі өсіп, тоғайып қалады.

– Әй, қу бала-ай, – дейд шешесі үйге қайтып келе жатып. – Обал-ай, жарығым балама обал-ау, қарғам-ай...

 

х х х

 

Обал-ау дегенде шешесі Мекембайдың адал еңбегінің далаға кеткеніне, көйлегінің таза болмай жағасы кірлеп, шалбары өтектелмей қатпар-қатпар болып жүретініне ренжиді. Үйіндегі сатып алған жиһаздары мен жап-жаңа дүниелері көпке шыдамай күтімсізденіп, ескіріп керексіз бұйым ретінде есік алдына шығып қалатынына, құлықсыздығына налиды. Өстіп баласына жанашыр болып, кейде ұрсып, кейде үнсіз көмектесіп, жоғын жөндесіп, келінмен жағаласып келе жатқанына да көп жылдар. Мұндайда салақтық деген пәлені жеңіп, жақсы тазалық орнатып баласына көмектесіп келе жатқанына көңілі хош болушы еді. Енді бір жағы, «осы не қылған түзелмейтін неме» –деп әйелге шамасы келмеген ұлына зығырданы қайнап кететін кезі де көңіліне көлденең тұрғандай әр кез ойына жаңғырып келе беретін.

Осы тазалықтан кейін Мекембай «достарымды қонақ етемін» – деп бірталай күн әлек боп жүріп оған да жеңгесі мен шешесі қол ұшын берді. Осыдан соң бұларды демалдырып өз шаруасын өзі істейтін шығар деп жүргенде Қатираштың бауыры үйленетін сыбыс шықты. Оны естігенде Мекембайдың шешесі:

– Әй, Қатираш, сен онсыз да қонақ шақырам деп аз шығындалған жоқсың. Осымен аздап қол ұшыңды бер де ана айлығыңнан іркіп, келешекке қор жина. Ертең балаң есейеді. Оқуға барам, үйленем дегенде не істемек едің, – деген.

Мекембай бұған жауапты баяғы дайындап қойған адамша:

– Оған басымды кейін қатырам. Ұлым өскенде тойды қалай жасауды өзі ойласын, – деді. Тауып айттым дегендей. – Оған менің жасаған тойым, жиған ақшам қазына бола ма?! Өз қатарымен қолынан келгенін істеп еңбегімен алға басып кетеді ғой, елдің баласы сияқты,–деді.

– Қарағым өзің біл. Бірақ әке-шешенің көмегінсіз жас балалар қайдан жол тауып кете қойсын. Өзің, міне жүрсің ғой әлі күнге. Ананы не істеймін. Мынаны не етемін деп. Жолдас-жора, туыс дегенде жанашырдың жөні бір бөлек қой. Ақылын әркім айтқанмен бары мен шын ақылын жанашыр ғана салады, – деп ойланарлық сөз айтқан.

 

х х х

 

Бұдан кейінгі уақытта Мекембайдың үй ішімен онша шаруасы бола қоймады. Баяғы партияның кезіндегідей ауыл деңгейінде жиын өткізу керек болды да бастығынан соған тапсырмалар алып, сонымен әлек болып жүрді. Анда-санда үйге келгенде әйелі әке-шешесінің тойға қалай дайындалып жатқанын, оған қай туыстың не әкелгенін, құдаға деп жасап жатқан дайындықтарын сөйлеп қояды. Өткен жолғы ақшаны беріп, Қатираш соған риза болды, тіпті, «бәрінен көп қосқан біз екенбіз»– деп күйеуіне мақтанышын жасыра алмай, енесінің мақтауын да жеткізді.

–Біздің Мекембай мырза ғой. Мына Қатираш ұқсатуы оңды болса, ауылдың алды болатын-ақ азамат, – деп сені қолпаштағандарына жыным ұстап: –Оны берейін деп берген жоқ сендерге, мен бір жұма тамақ бермей сілесін қатырғам. Сосын, жан керек болған соң берді ол. Рахметтерің болса маған айтыңдар,– деп айтып салдым, – деді Қатираш біреуден қулығын асырғанда күлетін күлкісіне салып. Осы жерге келгенде:

–Басың істемейді сенің, – деді Мекембай кенет басын кегжите қалып. – Адамның абыройын өстіп түсіресің сен...

– Сенде неғылған абырой. Менің жетегіммен зорға адам боп есіңді жиып жүрсің. Әлі күнге оң-солыңды танымайсың. Кім не айтса соған жүгіріп, елгі түк қадірің жоқ, – деп басылу орнына Қатираш өршеленіп одан бетер тұтанып шыға келді.

– Бұған дауа жоқ шығар, – деп осы әңгіменің басталып, ұнамсыз жаққа бұрылып кеткеніне кейіген түрмен Мекембай үн-түнсіз ұзақ отырды.

 

х х х

 

Арада бірнеше күн өтіп, құда келетін мезгіл таяды. Ол туралы әңгімені Қатираш түрлендіріп айтқан сайын Мекембайдың қызығушылығы арта түсті. Ондай әңгіменің талайын естіп жатса да жүре тыңдайтын ол енді құдалық жайын кәдімгідей айтқызып тыңдайтын болды. Кейде қыза келіп:

– Пәленше не қосыпты. Қандай бұйым екен, – деп те қалады. – Қатираш тоғыз ағайынды еді. Соның ең кенжесі ұл болатын. Бұлардың арасындағы аға-жеңге, құда-жегжат болып туыстарымен араласып жатуы, алыс-берістерінің көптігі Мекембайға кейде қызық көрінеді. Сол ортада өзінің Мекембай болып, той-томалақта қонақ күтісіп, келген адамдарды қарсы алып, разы етіп шығарып салып жүргенін мәртебе, қызық көреді. Өз туыстары дүниеге қызықпайды, арасы да көбіне салқын, бір-бірімен тоң-торыс болып жүретіндіктен көңілі осы жаққа ауғандай болып, бұлардан естіген кішкене мақтауының өзі бойына көп күш-қуат, қанат бітіргендей болады. Сол көп қызықтың ортасында беделді қайнағалары мәртебелі қонақтарға:

– Мынау біздің Қатираштың жұбайы, Мекембай деген күйеу бала десе соған бойы өсіп, өзі марқайып, көтеріліп қалатындай. Сол сәтте жан-жағында өзін толық түсінетін, бар ойы мен ниетін білуші, қолынан келген жақсылығын бұдан аямайтын аяулы адамдар, жақын туыстар жүргендей көрінеді. Мекембайдың осы ақкөңілділігін демеп қояйықшы, осы көңіл-күйінен айнымасыншы дегендей балдыздары мен қайнағалары бұны алға ұстауға тырысып, барынша көтермелеп, мақтау-шарапат сөздерінің арасына кірістіріп бағады. Осы жасқа келгенше өмірі қаншалық жақсылықты басынан өткізіп жүріп, бұлардыкі – ерекше сыйлы құрмет, өздерінше салтанат екен-ау деп ұғады. Келесі жолы да осы айтқан, осы көрсеткен құрметтен тайып қалмауға, соған лайық болуды ойлап келесі кездесудің сәтін, не боларын тосып жүрер еді. Сөйткен қайын жұртын әбден разы қылып жүріп өзі туралы, өзінің туыстары турады Мекембай ойланды ма десеңші. Мұның туыстары дегенде Қатираштың өңі бұзылып, мұрны тыржиып шыға келетінін қайтерсің. Жүрісі де, ойы да ширақ кезде шыдамай кетіп:

–Сенің жаманыңды да, жақсыңды да көтеріп, үйіңе дейін жинап кемдігіңді білдірмей жүрген менің туыстарымның не жазығы бар, – деп Мекембай қанша туласа да Қатираш оның тойға қосамын деп жинаған ақшасының жартысын жымқырып қалып, немесе мүлде бермей кетіп, неше түрлі амалып қолданып-ақ бағады. Осы әулеттің қызық-қуанышы толық болсыншы соған ниет етіп, жетпегенін толтыра түсейік деген ой онда болмайды. Той біткен күні бәрі дұрыс болып тұрса да ілік іздеген адамдай бықсытып бір кемшілік шығарып тұрса, соған өзінің тапқырлығы жеткендей іштей масайрап қуанып қалады. Бұл Мекембайды басып ұстауға жиған мәлімет сияқты болып Қатираштың көңілінің көмескі түпкірінде жинаулы жиһаздай сақтаулы тұрады.

Тағы бір реніш туған күні «Сенің туыстарың сөйткен» – деп олардың бұл әулеттен қалыс, нашар затты адамдар емес екеніне толық дәлел болатын өзінің жиған мәліметтерін ұрыс үстінде Мекембайдың алдына жайып сала бастайды. Сол сәтте Мекембай өзінің туыстары қанша бейнетке жуық еңбеккер, біреудің ала жібін аттамайтын адал, көңілі қулық атаулыдан таза болса да, мына әйелдің оған несіне тісін қайрап өшігуін түсінбей дал болады. Ойлай келе пендешілікпен терең ойға беріліп кетіп, рас-ау менің туыстарым бұлардікіндей ел үстінен күн көрген өңшең мансапты, ақшасы көп, айтқан сөзі елге жүріп тұрса бұлай болмас еді-ау, әй өздерінде де бар, қасқа кедей болғанына мақтанған немеше осы Қатираштың салақтығы мен алкеуделігін бетін баса бермей, еркелетіп, алдандырып, ренжітпей-ақ ұстаса нетер еді, – деп өзінше бір жазықсыз қиялға беріліп кетеді.

 

х х х

 

Ауылдың үлкен-кішісіне қызық көрініп, туыс арасында болған тойларын Әукембайдың әулеті бұрынғыша көп сөз ың-шыңсыз тыныш өткізді. Той үстінде болатын түрлі қисынсыз әңгімелер мұнда да болып қалды. Көзге түскені, жұртқа жетіп жария болғаны Қатираштың сіңлісі:

–Маған әкелген нәрсеме орай дұрыс сый көрсетпедіңдер,– деп шешесіне қарсы сөйлегені, одан: «Сен шарапқа қызып қап, құда күтем деген желеумен құда баланы жағалап жүрсің» –деп басу айтқан жеңгесінің көңілін қалдырып, тәртіпке шақырған ағасына да «сен әйеліңе ие бол» деп бой бермей өзеуреген тентектігі әшейін еркелік болып көрінсе де күлкі болып жүрді.

Осы қызықтардың үстінде көңілге жағымды сәттердің бәрі қимас шақ болып көрінсе де одан кейінгі күндері де өздерін той мерекесінің үстінде көтеріңкі сезінген күй көп мезгіл Қатираш пен Мекембайды қолтығынан демеп көтермелегендей болып жүрді. Көп ұзамай өзінің де інісі үйленетін кез жеткенде, Мекембай бұрынғысынша Қатирашқа айтпақ болған ойлары, өткізбек боп құрған жоспары өзінен-өзі негізі жоқ сияқты сұйылып сала бергендей болды.

Осы жолда біреуін екеу қыла алмай жалғыз, сыңар иық болып жүрген туыстарын, шешесін көргенде көңіліндегі ыстық та аяулы, қымбат дүние кешкі күндей күңгірттеніп, көңілсіз тартып, бір ұзын-сонар дүниеге көмескі тартып батып бара жатқандай болды.

09.12.2010 жыл

 

 

Қазақ тілінде жазылған