Адам қарады: 29 | Жарияланды: 2018-09-07 02:29:16

Сүршең

хикаят

  Қарға, кәдуілгі қара қарға адамша өксік атып жылайды-дүр. Мүмкін, адам  қарғаша жылауды ұмытқан болар.

  Ауылды кемерлей еккен қалың терек қарғалар қағандығы. Күні ұзақ у-шу, дыр-ду. Зерезеп құлаққа түрпідей тиеді, зейін қойғанға өз әлеметі бар. Шыр-пыр болған аянышты әуез мар терктің жақтауына жеткізді бұйдалап. Құйтымдай қарғаны үш тентек таяқтарымен түртпектеп жатыр екен. Тырнақтарын бүрістіре қысқан сирағымен басын қорғаштап, ағаш діңіне тығыла түседі байқұс. Қанаты салбырап топшсынан үзілген. Кембал. Ұядан таяуда қанаттанған болуы керек, тым әлжуаз. Мәз болған балаларға жапақтап қарап, жасқанған бала секілді жүзін көлегейлейді. Ағып түсердей жәудіреген көзіне тесіле қарап тұруға дәтім жетпей, тусыртыма айлана бергенім сол еді, бір адам қасымнан өте шықты да, шеткерек тұрған баланың иығынан жұлқи тартып, жағынан сол қолымен жанып жіберді. Үрпіиіскен балалар бейтаныс жанның бетіне бағжиа қарап, безе жөнелгенде, ол қарғадан көз алмаған беті:

- Бұл елдің басқасы түгіл баласы да қатігез болып барады, - деді. Дауысы

сәл.

Екпетін бері бұрғанда бірақ тандым. Бағдар. Балқұндақ бала күнде мектеп табалдырығын бірге аттаған кластас досым. Кішкене күнінде шикіл сарылау еді, кеңірдегіне бидайлығы жүгіріп, бидай өңді азамат болыпты.

- Армысың Бағдар?

  Қолымды сөзғаным сол еді жанарындағы кейіс күлкі шоқ басқанымды сездірді. Оның оң алақаны білезігінен сыртқа бұрала айналып, бүрісіп біткен тума кемтар еді. Жетілмей сәби қалпында қалған. Есімнен көтеріліп кетіпті. Жаңа балаларды жалғыз қолымен жасқағанда неге ойыма келмеген. Қынжылысымды сездіргім келмей, алдына адымдап жетіп, құшағыма қыстым.

- Сені көрмегелі он жылдан ассада көп өзгермепсің, - дедім үнсіз тұрғанды

жөн көрмей.  

- Дүниеде сәби қалпында қалған менің қолым ғана шығар. Күллі ғалам

өзгергенде менің қалпымда қалуым таңданарлық екен, - деп суық жымиған.

  Бұндай жауап күтпеген мен аңтарылып жүзіне үңілдім. Баяғыда бұқыл, бұйығы жан еді. Көп ешкімнен араласпай саяқ жүретін. Кейбір сотанақтар кемсітсе екі иіні салбырап, жүнжіп қалатын. Тпті бала күнгі даусыда жадымда жоқ.

- Қашан келдің ауылға?

- Келгенім кеше ғана.

- Ауылың өз орнында, көшпедік, қозғалмадық, - деп күрсінгендей болды. Әр

сөзінің астында зіл бар.

- Алыс кеткенің жөн болған!

- Әй, қайдам, сарғайып жүргеннің несі марқадам!

- Сол туған жердің құшағында жүрсек қадырын білмей, құтын қашырады

екенбіз. Шалғай кетіп сағынған ғанибет қой. Тым болмағанда сағыныш сезімің өлмейді, сағына аласың, - деп бір ауық үнсіз қалды. Түкке түсінбген мен елін-пелінмін.

- Бірақ, мен, - деді сөзін қайта сабақтап, - табаным тиіп тұрсада сағына

берем. Атамның тері, әжемның исі сіңген топырағын құшақтап еңіреп жыласам қаймана жұрт жынды дер. Ал, нені сағынам, өзімеде беймәлім. Көкірегімді сыздата сарғайған санадан жанымды қоярға жер таппай қиналам, бір құдырет әлде қайда жүр-жүрлейді де тұрады...

  Бағдардан дәл мұндай сөздер естимын деу үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Бірдеменің салқыны тигенбе деп ойлаймын аңтарылған қалпымда. Осы ойымды оқып қойғанай мырс ете түсті де сынған бұтаның үстіне отыра кетті төмен тұқырп.

- Айтпадым ба, қаймана жұрт жынды дер...

  Дауысы мүлдем жарқышақтанып шықты. Шын сасайын дедім. Сөз таппай қиналған тығырық. Мүшкіл халден безектеген телефон шырылы құтқарды.

- Ал, Бағдар, аман бол, мен жүре берейін, жұмысым шығып тұр.

Ол ләм демеді. Басын көтеріп қарапта қойған жоқ. Әудем жер ұзап барып қайта қайрылып көз салғанымда отырған орнынан тапжылмаған. Қыбыр-қимылсыз. Талма жеріне тиіп кеттім-ау деп әттеген-айлаймын өзімді мұжып. Бірақ, мен мүлдем бейтаныс жанды кезіктірген шығармын! Ол баяғы Бағдар емес, болсада өзі айтпақтай көп дүние өзгерген. Иландым...

 

***

 

  Қабағы кекжиген көкжиек кешкі самды көгенінен жамыратпай тез жұтқан. Апақ-сапақ. Тәңіртаудің ұшпа биігіндегі жалқын нұр қыз ерніне жағылған қарақаттай қызарып ұзақ тұрды.

  Жуандығы кернейдей қашасының белін қайыстырып Таңболды күткен адам екеу едік. Қасымда Ерден. Силасқанда – ағам, сырласқанда – дос. Бірге тумасақта кіндігіміз матасқан егіздер секілдіміз. Әдебиет деген ұлы, бір малтықсаң жүрегіңнің басын қарыған сарсу сынды көлкілдеп жан қинайтын азапты да арлы дүние екенін алғаш ұқтырған тәугі ұстазым.

  Шалқасынан ашылған ағаш есіктен біздің батыр шықты ырғай басып. Қолында құлақшын. Арсалаңдап жеткен ала төбеті аяғына оралып, құйрығын бұлаңдатты да, итаяғының қасына жылдам жетіп шоңқиып отырды. Тәкең құлақшындағы жуындыны әдемілеп шабылған астауға әне-міне құйып бола бергенде иті іліп алып қаша жөнелді сүйрей-мүйрей.

- Әй, андағының жуындысына таласып зәтте қылғансың-ау, - деп көз жазбай

қарап тұрған біз қарқылдай күлдік.

  Қапелімде сасып қалған Тәкең:

- Қайта әкелмегенін көрем ғой, бәлем, - деді марғау ғана алақанын бір-біріне

қағыстырып.

  Сол мезет алпамсадай қара жігіт мотоциклымен құйғытып келіп, өкшемізді бастыра лекітіп-лекітіп тоқтатты. Соғып кетермін деп ығар емес. Асықша үйіреді темір тұлпарын. Көзімізге тік түскен тұман шырағын сөндіргенде барып бырақ таныдық. Өзіміздің Ернұр. Арқасына асынған домбырасы бар. Бүгін Ернұрдың әніне мас болатын ғажап кеш күтіп тұрғаны марқайтып тастады. Көптен көріспеген көзтамыр достар шұрқырасып қалдық. Тапалдау, жұмыр Таңболдың иығынан қолымды асыра айқарып, Ернұрдыың көріктей кеудесіне бір сүңгіп шықтым. Желқабаз жігіттер баяғысындай емен-жарқын. Езуімізде күлкі. Бұл шын сағынысып табысқан жандарда болатын ыриясыздық. Тежеуің мүмкін болса жалғандығы.

- Ал, жігіттер, аттың басын қайда тірейміз, мейханағама?!, - деді Тәкең

алдағы кештің қамына кірісіп.

- Біз сол қуықтай төрт қабырғаға сиамызба?!, - деді Ернұр. Көп сөзге

көстеңдеп арласпайтын бір тоғалау жігіт, сөйлесе әрбір сөзінде қорғасындай ауыр салмақ жататын. Бүгінде басқалардың даңғазасымен сапырылыспай еркін көсліп, аспан астын әуеніне көмгісі келіп тұрғанын айттырмай сездік.

- Баяғыда, - деді сәл мұңайып қалған Ерден ағам, - ол кезде бәріміз

үйленбеген сұрбойдақ. Ерте көктем. Қардың көбесі сөгілмеген. Ауылды аралап басқосып отыратын қуыс күрке таппадық. Содан ауыл шетінде жартылай желінген үймек бар екен, шөбін жазып, түбіне келіп жайғастық. Кілең жігіттер. Қарасуық қарып, сүйекті кеміріп барады. Қалшылдап отырып өлең оқимыз, ән айтамыз. Жаурағанымызды сездірмеуге тырысамыз. Бір шиша арағымыздың түбі көрініп, таусылыуға таяғанда Таңбол екеуміз: «кейін біз үйлі-баранды болып отау көтергенде есігімізге ілгек салмаймыз, қалаған уақыттарыңда қақпай кіріп, шалқисыңдар, думандатасыңдар,» дейміз өзімізді-өзіміз жұбатып. Сонда Сейсенәлі жүлдызды аспанға тесіліп отырып, «мен үйіме ол кезде есік салмаймын,» деп қолындағы арағын тартып жіберген еді...

  Күлген болдым. Күлді деген аты ғана жүрегім шым ете түсті. Сол көктемнің аязы буып, қалтырап тұрғандаймын. Демім сығылып, тнысым тарылды. Қайран, панасз ақындар, шерменде шерілер-ай...

- Айтпақшы бүгін Сейсен мен Нұрдын жоқ қой! Тағы...

Іліп әкеткен Таңбол:

- Сейсенәлі жайлауға көшудің қамын жасап, мұрныма су жетпей жүр деп

еді. Нұрдын ауылда полиция болып кетті. Бірде көрсек, бірде көрмейміз. Көбінде алашақпын. Бірақ, бүгін екеуі де келеміз деген, келер. Ал, қалған, жігттер, бауырларың оқуда, - деп мән-жәйді түсіндірді.

- Онда сол күндерді еске алып және бір мәрте ашық аспан астында

отырайық, - дедім.

- Қайда барамыз?

- Текес өзенінің жағасына баралық.

  Бас шұлғысып келістік.

  Екі мотоциклмен ортамызға жашк-жашк сырамызды өңгеріп күн шығысқа арқырай аққан Текес өзенін бетке алдық. Маусым айы орталасада төрт тағанын тау қоршаған бұл өңірдің қарасуығы әлі қаймаңдап тұр. Кешке-тәңертең жалаң жүрген адамды бүрсеңдетеді. Қас қарайған. Жол шетіндегі жаңа жетілген егіндіктен балауса жұпарлы, каусар самал аңқылдады. Бадал-бадал, ұйысып өскен қалың тоғайдың шетіне келіп көлігімізді қаңтардық. Ары қарай өзен жағасына дейін жаяу бару керек. Жолкөзер Таңбол иыр-шиыр қоянжымға салды. Кірмембес тоғай іші тіпті көзге түртсе көргісіз. Беті-қолымызды бұта-бүргенге сыздырып, бауқараған мен бозқарағанға үсті-басымызды ілдіріп, аяғымызды сазға малып жүріп бір алаңқаға әрең шықтық. Шөп шылқылдаған шық, дым. Жағасна тырбық мойыл, бақа тал өскен, су шайған жаламыр бар екен. Үшбұттап салған тас ошақта үйілген күл, шашылған шала. Айналдыра адам отырардай етіп малта тастан орындық қалаған. Осы жер бізге бап келді, әрі ықтасын. Қол сөзымда қара бурыл тартып өркештене аққан өзен.

- Ойпырай-ә, от жақпасақ үсіп өлерміз-ау, оның үстіне мұздай сыра, - деп

қолымдағы жашкті тастауыт жерге еппен қойдым.

- Қайта сен күн жылынғанда келдің ғой, екі-үш күн ілгері кәттегіндей

сілбілеп қар жауып, боран болды. Күннің көзін көргеніміз бүгін.

- Бәсе, кеше Әулиешоқыдан аса алмай, қарын күреп жол ашқанша көп

иірілдік.

- Сонда бұл бесқонақ ба?, - деді Таңбол сұраулы үнмен.

- Жоқ, бесқонақ жаз бен күздің өләрасында кірмей ме, - деді Ерден аға, -

бұл, маусымның 8-10 жаңасы аралығында қарға балапанын ұшырады. Сол кезде күн суытып, қар жауады деп отырушы еді үлкендер. Сонда, қарғаның балапан ұшыруы ғой.

- Еліктің ауызшайқары сияқты екен де!

- Онда отын әкеліп, от жағалық.

- От жақпас бұрын келіңдер, бір-бір тартып жіберелік, - деп Таңбол төрт

құмыраның қақпағын бір-біріне тістестіре ашып, қолымызға ұстатты. Өзекті жарған сұп-суық сыра қалшылдатып бара жатқанымен бал татиды.

  Жақын маңнан қу шырпы, құрғақ отын табыла қоймады. Қарағаш пен қайыңның бүріде қурамаған көкөрім бұтақтарын сүйреп келдік. Діңін алып, бұтақтарын сылып кеткен екен. Ер шапқанға ма, ыдыс-аяқ жасауғама біреу ағаш алған ғой деп ойладым. Бірақ, оны ағаштың өзегіндегі су басына теппей, аяғына түскен күзде алушы еді. Мынау отын болыпта жырғатпайтын көкмата. Былшылдаған су отындар қапелімде жана қоймады. Әнжер-мінжерды сипалап жүріп шөмшек-шалаң, бірең-сараң саңғыраған ақ бұтақтар таптық. Шынжауларын сындырып, қабаттастырмай, ортасынан от өтетіндей етіп тамызғанда, қарағаштың жіңшке жапырақтары құрысып, қызу өткен сайын наудалардың суы тамшылап, ұзақ бықысыды. Түтіні мұндай ашты болар ма, көзімізді уқалап, теріс айналамыз. Алдыңғы салған ағаштар шоқтана бастады, болымсыз болсада жылу шашып. Ептеп ес жиған бізде құмырамыздың аққу мойнынан ұстап төбеге төңкердік. Қарағаштың белін басып сындыруға бой бермейтін далантопшыларын ендей салып, отты үстемелей түсеміз. Өңменімізден қызу өтіп, өңімізге қан тепті. Суық сорып қалған секілді, мұрнымнан су жүгірді пысылдатып.

- Туған жерге, достарға деген өлмес сағыныш үшін көтерейікші, - дедім

көңілім тоғайып.

- Сағына алатын сен бақыттысың ғой, - деді Таңбол мұңая.

- Мүмкін, сағынта алатын сіздер бақытты шығарсыздар, бұл сөзді бүгін

осымен екі рет естідім, - дедім Бағдар есіме түсіп.

- Кімнен тағы?

- Бағдардан.

- Қайсы әлгі Бағдарма, қолы мынандай, - деп Таңбол білезігін бұрап,

құрыстырып көрсетті.

  Бас изедім.

- Әй, ол күлкі қыларлық дүние емес, қойыңдар түге!

  Ерден ағаның үні қатқылдау шықты.

- Жоқ а, Ереке, қылжақ қылғаным емес жөн сұрағаным да. Айтпақшы сол

баланың қолына не болған екен, тума кемтар ма?, - деді Таңбол Ерден ағаның жүзіне бүрылып.

- «Едігеден бастасам, ертегіге кетемін» дегендей оның өзі бір дастан.

- Айтыңыз, айтыңызшы!...

  Біз қолқалап қоймағансоң Ерекең қомданып отырып, сырасын алға ұмсынта көтерді. Бәріміз соғыстырдық. Еппен бірер жұтты да төмен қарап ойланып отырып қалды. Бұл Ерекеңнің бір керемет әңгіме бастар алдындағы сыралғы жағдайы. Соңыра қабағын көтеріп, қасын қаққан. Қоңыр үні күмбірлеп, бізды басқа бір әлемге жетелеп бара жатты.

  «Ол біздің бәйге атына шабуға әліміз жаңа-жаңа жеткен шақ.

  Ел жайлаудан түскен сары күз. Бидәулет деген кісінің үйшігі Көлбұлақтың ауызында отырады екен. Сол үйге пері түскен дейді. Қазіргі Ермұрат отырған жерде ескі жұрты бар. Ол уақытта ел шағын, жер кең. Ен-тегін. Кермаңғаз даланың ықтасын етегін, бұлақты бөктерлерын қуалай андыздап қонған ауыл. Еркек кіндікті күземде жүн-жұрқамен алысып алажәукім. Үзігінің тесігін бүтіндеп, арқан-жібін есіп, алдағы қысқа жылы киім, ыстық ұя әзірлеу. Бидәулеттің екі бойжеткен қызы бар. Қалған балалары борбайын сабалаған, еңбегі былқылдаған сарезу. Қыздары шешесімен бірге есік алдында бау тоқып отырады. Арқадан өткен күн адамды маужыратып, сүйекті балқытып, есінеп-құсынап, адарғысын жылжытып, мосысын тіктеп жатқанда көзінің қиығына аспаннан жарқ еткен сәуле ілінген. Жалт бұрылғаны сол: «Шеше, шеше, тонардың бетіне бір нәрсе жұлдыздай ағып келіп, түсіп кетті. Шұбатылған ұзын,» дейді таңырқап. «Айдың-күннің аманында онысы несі ей,» деп ернін бір сылып етгізп шешесі нанбай, өз шаруасымен отыра берген.

  Сол күні кештен бастап үйлерінде бір сыртылдақ нәрсе пайда болыпты. Не кіріп алды деп үйдің ішін, уыс-қуысын төңкере адақтап шығады. Сынықбайдың сирағы да жоқ. Күні-түні тыныштық бермейді жоғалмайтын тырсыл. Бірер күн өткенде қазыр қойған нәрсе қас-қаққанша ізім-қайым болатынды шығарған. Әлтамәннан кейін үйдің терезесінен саулап түседі, тұп-тура қыздардың алдына. Басқа адамға түспейді. Ол кезде ел жерүйде отырады. Терезесі төбесінде, қойдың қарны, қозының терісі үсталған. Сырттағы көмір-кешек, шөмшек-шалаңның бәрі терезеден түсетінді шығарған. Қыздар баж ете қалады, кәзекейінің омырауына қадаған сөлкебайлары, күміс құйма, алқа-моншақтары жоқ, жұлынған. Іле-шала кернейдің тесігінен саудырап төгіледі, немесе, жанқалтасына салып кетеді. Бірақ, көзге көрінбейтін, не екені белгісіз әреке. Қора-қопсыны, отын-суды қанша көздеседе шошайған үшеуінен басқа нінсән жоқ. Тірі жан, тісті бақасыз сағымға бүккен сары белдер. Терезеге тулақ тастап, кернейдің тесігін сылап саңлаусыздандырсада, бәрі бір, толастаудың орнына ұлғайған. Түнбаласы тоқылдауықтың қарағайды тескеніндей, тышқанның жөргелегеніндей тұрлаусыз тырсыл көз шырымын алдырмайды. Күні бойы ми жетпейтін әлемет адамның үрейін ұшырып, құтын қашырған.

  Арада апта өткенде қырқымдағыларға сәлем айтылып, ұзын елдің үйіры, қысқа елдің қиыры бұл жәйіттен түгел құлақтанады. Ұйысып келіп, кезектесіп күзеткен ел бұл жұмбақтың шешуын таппай әңкі-тәңкісі шығып, үрпійіседі. «Аруақ атқан», «киесі шошынған» деп әр түрлі болжам айтып дуылдасқанымен бәрібір шындықтың беті бұлыңғыр қалпы. Дәнеңеде өзгермеген.

  Құлақтан құлаққа өткен бұл жәй біреуге қорқыныш, біреуге мазақ. Ел ішінен бұндай хикіметке иланбайтындарда табылады. «Көлеңкесінен қорыққан су жүректер» деп келемеж қылған Тұрсынқұл деген жігіт барыпты. Танисыңдар ғой, ана әумесірлеу. «Көмірмен адамды ұрып кетеді дейді, қане, мені ұрмайма!» деп бір даңғыра көмірдің үстіне тоқымын төсеп, енді жайланып отыра бергенде қақ тұмсықтан кеседей таскөмір тиіп, қалпақтай ұшырған. Бос қалған даңғыра салдыр-гүлдір. Мұрнынан дірдектеген қанында жумастан алды-артына қарамай безіп жоғалыпті, әлгі бейшара.»

  Тұрсынқұл көз алдымызға келіп, күліскен болдық. Әңгіменің қызған жері, көлденең ыржаққа құлық жоқ, көңіл жалғасын тіленіп тұр.

  «Ағып-бұғып, әрі-сәрі болып жүргенде бір ай өте шығады орталықта. Отыз күн ойнын жасап, дығыр салып, бір уыс қылған пәлеге елдің қылар амалы құрып, діңкесі қатқанда Дүйсеәділді алдырады. Дүйсекеңнің ауазасы аудай жайылған, қарасуды қара қылмен бөгейтін бақсы, жанға шипа дәрімші. Келген бойы мән-жәйға қанады, болған істі байыптап. Дүғасын оқып отырып: «Ей, өңкей боқ жеген қутабандар, бір айдан бері таяқ тастам жерге табандарыңнан тартылып қалдыңдарма?» деп кейійді. Ақырын, баяу сөйлейтін, ілмиген арық қара кісі екен қатпа. Көзінің болаты өткір, от шашып тұратын. Ешкім сөз қыстырмайды. Отырғандарды жағалай бір шолып өтіп: «Мынау енді бір таза перінің жігіті екен, өзі ақсақ. Осы үйде екі қыз бала бар, соның біреуін иектеген. Перілер көшкенде ілесе алмай түсіп қалыпты да, қыздарға ашық болыпты.» Естіген жұрт айран-асыр. Сенер-сенбесін білмей таң-тамаша. Бірақ, Дүйсеәділдің айтқан әрбір сөзі мұлт кетпеген, оның кереметіне осы өңірдегі әрбір жан куә. Енді не істеу керек екенін сұрайды қол қусырып. Алажаздай қыстау маңындағы ескі тиірменді мекендеген екен перілер. Көк кептер болып көгіне көшерде біреуінің аяғы ма, иә, қанаты ма сынып, мертіккен соң серіктеріне ілесе алмай қалып қойған. Жалғыз қалған пері ел жайлаудан түскенде тиірменнен шығып, қыздарға ғашық болатыны сол. «Бұны мен оқимын, көшірем» дейді тегеурінді бақсы тепсініп.

  Үй алдындағы тепсеңге қарнауы қатты, қаламдығы жез, қатқан қайыңнан алған кереге көзы тар, көгін күдерімен көктеген, сүйегі берік алты қанат ақ орда тіктіреді. Әр қанатты тұқайластырған жапсар қаданы терең қақтырып, шырмап байлатады. Содан елге жарлық шашыпты: «Періні ақбоз аттың қу басына көшірем, тауып келіңдер» деп. Өрлі-қырлы сабылған жігіттер қарт ағаштардың бұтағымен қайнаса бітіп кеткен, тістері сарғайып үгітіліп, тұмсығы үңірейіп опырыған, көз қуысына шақшақай ұя салып, құмырсқа жұмыртқа басқан, атамзаманғы ырсиған қаңқа сүйектерді бірінен соң бірі алдына өңгеріп алып келеді. Әкелген бастар ақбоз аттыкі болмай кейін қайтарылып жатады. Жылқының басын далаға тастап, итке ылақтырмай, сойыл қақсада, соғым  болсада адақтап биікке қойып, ағашқа ілетін қазекем, он бірінші шекесі кере қарыс, тұмсығы сүйірлеу жарты құлаш қу басты алып келгенде Дүйсеәділ маңдайынан шертып көріп: «Мынау ақбоз аттың басы, нағыз көкжұлынның өзі болған екен, жануар,» дейді таңырқап. Үйден шалма тастам жердегі мама ағашқа ілдіртеді қу басты. Киіз үйдің төріне зіңгіттей жуан қос қазық қағады екі жігіт тоқпақтап. Бақсы үйге үйірге түспеген айғырдың тоқпақ жал, құшақ құйрығынан ескен балуан білектей жуан, сом, шымыр қыл арқанын иығына асып кірді де, үйдың қақ ортасына отырып, арқанның бір ұшын беліне байлап, бір ұшын қазықтан шалып келіп белдегі күрмеуден іліп екі қайталайды. Ортадағы төрт қабатталған арқанды теңестіріп, қазыққа мықтап қазықбаулап, қалған ұшын керегеге шандырлап байлайды.

  Барлық шаруа тындырылған. Дайындық тәмәм.

  Адам мен перінің айқасы айнабесінде басталады. Көзін жұмып, үнсіз мүлгіген, тісінің арасынан естілер-естілес сыздықтатып шығарған сарынға бұйыған бақсы, үй айнала ұйыған халық. Бұл текетірес ұзаққа созлады. Бірте-бірте бақсның бет-ауызы тыржыңдап, қабағы қатуланады. Бөгде жәйіттен ада, қақшиған қалпында. Кей мезетте жымиып күліп, арбиған саусақтары атжағын сауа құлдайды. Ақ саңдақ жамырағанда бір торсық қымыз алдырып ішеді де үй ішіндегілерді сыртқа шығарады түгел. Түні бойы бақсы мен пері қалай айтысты жұмбақ. Таң рауандап атқанда, түңлік ашқалы келген келіндер бақсының біреуге жегіріп, ұрсысып жатқанын айтып, үрпиісіп кіреді. Сәскеге жуық киіз үйге қайтадан шалдар бастаған топ кіргенде бақсының көзі қызара бастаған. Ерні бозарып кеберсіген. Шұғыл қымыз алдыртты. Бір көзесіне бір айдынның суы сиатындай іші шұңғыл, үлкен саптаяқпен жітірмелетіп бес саптаяқ қымыз сіміреді де бақсы ойыны қыза түседі. Қаны басына шапшып, сұрланған өңі өрт сөндіргендей күреңіте бастаған. Қаңтардағы жараған бурадай езуі көпіршік атып, басын екі жаққа кезек шайқайды долданып. Арланның азуындай тістерін ақсита қайрайды екі иығын жұлып жей секектеп. Безгек буғандай қалыш-қалыш етіп, күнбойы суық, сұсты қалпынан танбаған. Қан сөлсіз қарақошқыл жүзіне жан баласы тік қарай алмастан, ымырт үйіріле үйден шыға бастаған жылыстап. Түнге салым бұл үйде қалып қойса қайта айналып жарық күнді көре алмайтындай асығыс.

  Бұл түні ел кірпік қақпады. Киіз үйдің маңы ұларшу. Шекені жарған қатты дауыс емес, қоспа, әртекті ың-жың. Өкірген өгіз, ысқырған торғай, шаңқ еткен бүркіт, ұлыған қасқырма, ажыратып болмас мың түрлі дауыс бір қазанда қайнап, астаң-кестең. Бұндайды өмірінде көрмеген шикіөкпелер түгіл тісқақты үлкендердің өзіне қан сидіре жаздаған азан-қазан күн қыза тыншыды. Сонда барып елдің киіз үйге кіруге жүректері даулаған. Есіктен енгендері сол еді жағаларын ұстап қалшиып қалыпты. Дүйсеәділ бақсы адам танығысыз болып өзгерген. Кезерген ерні тілім-тілім. Жанары құтырған иттің көзіней қып-қызыл. Қанталған тамырлары адырайып тұр. Беліне байлаған төрт қабат қыл арқан дыңылдап тартылып, үзілуге шақ. Бақсы арқанды сағыздай созып сүйреліп табалдырыққа барады, жете-мете табанын шірене тіреп, тісін қышырлата күшеніп, кейін серпіліп арқанның бұрауын босатады. Белі қылдырықтай болып кеткен, аз болмаса арқан қиып жіберерлік. Бұл жан алып, жан беріскен арпалыстың әр минуты қара тастай ауыр, қара жердей зіл. Қарап тұруға дәтің жетпей, құйқа терің жиди спырылып қала жаздайды. Не құдірет буып, қай алапат сүйреп әкетіп бара жатқаны бақсыға ғана аян. Күн қиымнан қисайып, бесінге маңайлаған сайын, арпалыс басталған мезгіл таяған сайын бақсының жағдайы қиындай түсті. Балуан білектей қыларқан сымдай тартылып, жіңішкере берді. Енді азын-аулақ күш, бір жұлқудан кейін бырт етіп үзілер. Осы кезде бақсыда табалдырыққа әне-міне емініп келіп, мінуге айналған. Екпетімен асып кете жаздап, асып кете жаздап, қайтадан кеудесін тіктеп тырмысқан, тыртысқан, жұлқысқан шақ шай қайнатым болды-ау дегенде бақсы есінен күрт танып, шалқасынан сұлаған. Қос езуінен аққан көпіршік құлағына құрқырай құйылды. Шираған арқан құр салбырап, адамзат пен перінің арасындағы өлермен күрес кіші бесіннің екінтіге тармасқан шағында соңына жеткен.

  Кепкен ерні, кезерген таңдайына тамызылған қымызды жұта алмай ұзақ талмап, жұтқыншағынан жылбысқыланып өткенде шекесінен тер бұрық ете түсті. Қызарған көзінің қаны тарай бастаған. Бақсы қызыл іңірде ес жиіп, қалпына келді. Алдына астаудың белін қайыстырып келген ақсарбас марқаның балғын етін құмайша қылғып, күздің күшалә қосқан қою сары қымызын сораптай ішіп отырып, өзіне сұраулы жүзбен қарап отырған, бұл тілсімнің сырына қаныққысы келген ел-жұртына баяу ғана мекіреніп тіл қатты. Үні елжір. «Мамағашқа барыңдар, бас барма?» дейді. Мамағашқа ілінген аттың басы енді естеріне түскен ел қопалақтап орнына көтеріле бергенше, босаға жақта отырғандар дабырласа шығып, даурығып қайта кірді.

  «Аттың басы жоқ».

  Елдің әптен әңкі-тәңкісі шықты. Ұрымтал жауапты өзінен күткенін көзімен айтып, көкейін ашып жым-жылас. Бақсы мұртынан күліп: «Бұл пері перілердің оқымсты, сойлысы екен. Білімінің қуаты сондай қыларқанғада шыдас бермей, мені табалдырықтан асырып жібере жаздады. Егер ассам ақбоз аттың басына мініп өзім көшер едім. Ақыры пері жеңілді. Ақбоз аттың басына мінгізіп, көшіріп жібердім», дейді екен...

  Содан тартып әлгі тырсыл, маза таптырмас жұмбақ жоғалған. Тірлік арнасын тапқан.

  Сонда әлгі ақбоз аттың басына белгі салған екен бақсы «түбінде осыны бір адамдар көреді» деп. Десе дегендей, Көлбұлақтың ауызынан ұшырған бас кейін Мойынтайдың Құйғанынан табылыпты. Екі орталық түстік жер.

  Кейін ішінара етжақын адамдарға оңашалап, дабыранды қылмай: «Қызды иектеген пері кемтар, қыздың ұрпағында, не тұп-тұқиянында бір тума кемістік болады, әйтпесе, басқа еш залалы жоқ», деген екен бақсы.

  Сол қыз қазыр Асылбектің қолында. Қырықты қырқалаған. Бағанағы біз айтқан Бағдар осы Бидәулеттің қызының үлкен ұлы. Бақсы айтқандай ұрпағы кемтар болып туылады. Оған ешкімнің жазығы жоқ. Жазымыш болса Тәңір етті. Солайда-солай геп болған. Күлуге болмайды дейтінім сондықтан...»

  Ешімде үн жоқ, тым-тырыс. Бір-бірімізге иық тіреп мүлгіп қалғанбыз. Әңгіменің иірімі тамыр-тамырымызға дейін иітіп, тереңіне шым батырған. Көкіректің ен бір түкпірінен азынап жел тұрғандай болды. Сөйлеугеде, қозғалуғада құлықсыз. Пері жігітпен бірге шандуылды әлемге көшіп кеткендейміз. Өз-өзімізге келіп, ес жиғанда отымызды өлеусірей бастапты соқыр жылтылдап. Талпынып жана алмай талмаусыраған қарақошқыл жалын құлазыта түседі. Қарақаптан шақ орнаған. Қазандай тастарды қақпақыл ойнатқан өзеннің де гүрілі зорайып кеткен ерапайсыз. Желемік шығып, ағаш басын сызғырған.

  Тіл қатып, тіс жармастан жұтқан құмыра толы сыраның бір демсіз түбі көрінді. Отты қағыстырып, қайтадан отын салдық. Қарағаш бір қызғансоң сұмдық жанады шатырлап. Жүзімізды қыздырып, шекемізге қан тебе бастады. Енді-енді сіңе бастаған сыра тамырларыңды қуалай бүлкіл қағады.

- Ақбоз аттың түбін қазса көп нәрсе шығады, - деді бағанадан үнсіз отырған

Ернұр. - Біздің әкеміздің де айтып отыратын әңгімесі тура осыған саяды. Бірақ, онда пері адамды көшіреді...

  Ернұрдың жүзіне аңтарыла қарадық.

- Айтсаңшы енді сол әңгімеңді тамшылатпай, - деді Таңбол тағатсызданып.

- Бұл өлкеден қаншама ұлылар, дүрлер өткен. Дүйсеәділмен үзеңгілес өмір

сүрген Түменбай деген бақсы Кең Текстің Қарадаласына ұзатқан қызына жолы түсіпті. Маусым айының басы. Ел жайлауға шықпаған. Қаражонның көсілген керімсал даласы. Төбеден шақырайып тік түскен күн шыжыған ыстық. Бір бұлақ басына ат шалдырып, қырат сымаққа шыққанда аршыған жұмыртқадай жалқы бөз үй тігіулі тұр дейді. Желіге байлаулы кілең көзы мөлдіреген ала құлын. Әкәу, бұл кім болы елден жырыла көшіп, саяқ қонған деп ойласада қаталап шөлдеп келе жатқан адам үй аттап кете алмай, не болсада шөл басыып шығайын деп аттан түсіпті. Үйге кірсе сәулетті, алтынмен апталып, күміспен күптеліп малынып тұр. Әлем-жәлем. Қайсы шой кеуде, шұбар төстің үйі екен деп таңырқаған. Сол қанатында ай мен күндей бір қыз бен келіншек кесте тігіп отырған. Сәлемдесіп, жолаушы едім деседе әлгі екуі Түменбайға қарапта қоймаған. Тәкәппарлығы деп түйген. Төрге озып, жайлана жайғасып байырқаласада бұлар қыбырламағансоң қымыз сұрапты. Бәз-баяғысындай екеуде үн жоқ. Қаным кеуып тұр, бір жұтым болсада татып кетейік қуыс үйден құры шықпай деседе өз әбігерлігімен. Тәубе деп таңдана түскен, жарықтық. Ақырын сырғып келіп «шырағым» деп қызды иығынан қаққанда шалқасынан түсіпті серең асып. Айран-асыр болып отырғанда қапсағай бойлы бір жігіт есіктен енген. Ой, бұған не болды, адамзат соқты ма дегендей сөйлеген бөтен тілде. Түйсікпен ғана түсінген. Сонда барып білген, оһо, мен перінің үйіне кірген екенмін... Лып етіп қайта шыққан жігіт лезде бір шалды ертіп кірген, сақалы белуарынан. Маған сұқсиып қарады дейді, көргенін білдім. Көлдей кітабын жарып ашып, шұқшиып бірдемесін оқыған. Сырғанап есікке барам, ал, оқып шығарып жіберсінші, осыдан келгенді көрейін деп қайта төрге барып отырғанда кербез келіншек орнынан қарғып тұрып, төрге ұмтылып,Түменбайға тізесі соғылғанда олда шалқасынан сұлаған. Пері соққан ба дейіз ғой біз, адамды да соғалатындары соғады-ау, мына жәй перілерде адамға соғылса дереу жығылады екен. Адам соққан пері пері болыып қатарға қосылмақ түгіл беті бері қарамай кететін сынды. Көп қарысқан. Недәуір уақыт озғанда Түмекең оқыс сып етіп есіктен шыға жөнелген. Не болғанын білмейді өзіде. Күміс ер-тұрманмен төгілдіріп ерттеген, жер тарпыған ақбоз ат белдеуде байлаулы тұрған. Міне салып шіу деген құйын-перен. Алып қашқан ат басберместен бір тоғайға лағып келіп, шоккен түйедей томардан секіргенде тоңқалаң асып жығылған. Жер сүзіп құлаған Түмекең басын көтергенде ақбоз ат түгіл сайтанда жоқ, қасында қураған қу бас қалған. Артаманда өз аты тұсауымен жайылып, қамнен қаперсіз. Атына мініп, қозы көш жер алыстап кеткендей болған әлгі үйді қайта көрейін деп бағыттап барса үй жоқ. Орнында қалың сиырдың тезегі ғана жатқан ту-талақай шашылып...

  Алажаулы бұлт ыдыраған. Жұлдыздарда самсап туған. Айық аспан астында біз отырмыз ертегідей ғұмыр кешіп. Қайран, тарлан далам-ай... Жусаныңа қобыздың күйы сіңіп, теңдесіз тауларыңнан бағзының сарыны гөй-гөйлейтін, сарқыты сақталған. Сенің құнарлы топырағың, құтты қойныңа жеті жұрт келіп-кеткен екен-ау! Сеңдей тулап, бұлтша көшкен, сағымдай сусыған дүние. Енді ол ұстатпас, жете алмаспыз. Жете алмасақта жерімесе игі еді! Шошытпасақ, үркітпесек ұлпілдеп оралар бір күн. Кім, кімдер олар?... Менде сенің аңсарлы құшағыңа сусап келгенде кешегі түлкі жортпас түлейден тіске басар қылтан таппай, жердің жүзін құлпырта жапқан масатыдан үзіп алып, емірене искейтін бір шоқ гүл көрмей, тауым шағылып, меселім қайтама?! Сол кезде түтіні теріс ұшқан ескі жұртта абалаған иттың үні ғана құлағымды қажалар... Кенет Бағдар есіме оралды. О, соры қалың бейбағым-ай, кешір бізді, адамзатты, он екі мүшесі сау тірілерді. Іздегеніңді таппассың, текке тентіреме! Еміс-еміс елітіп, сені шақырған әлем енді ертек. Оларды біз тіксіндіргенбіз, ақбезерде көкбезер болған. Пәтуәсыздығымызбен, парықсыздығымызбен ғана оп-оңай ойсыратып, жан қинаусыз бездіргенбіз. Олар біздің тойымсыздықтан ойылған көрдей үңірейіп қан аққан көзімізді, ақпанның ақырған аязындай көкайылданған жүзімізді көрместей болған. Көшкен. Көшкен. Көшкен...

  Есіңде ме, Бағдар?! Ең алғаш мектеп қабырғасына келіп, бірінші сыныпқа түскенде бізге клас жетпей, күз бойы сырттағы теректердің түбінде оқыдық. Сонда сен көшекөш көшіріп ойнайықшы дей беруші едің. Алақанымызға салып алған көшекөштеріміз «көш, көш, көшекөш, сен қайда көшесің, мен қайда көшемін» деп әндеткен сайын саусақтарымыздың ең биігін іздеп жанталасатын. Ортаңғы саусағымның ұшына келіп көшекөшім ұшып кеткенде сенікі білезігіңе қарай заулап бара жататын. Мұқыраған сен оң қол, кешір, кемтар саусақтарыңмен ақырын кері қарай түртетінсің. Сонда балғын саусақтарыңа жабыса кеткен көшекөш нәзік, меңды қанатын жайып жіберып, әлде қайда көшіп, ұша жөнелетын. Біз көзіміз талғанша соңынан телміретінбіз. О, Бағдар, көшекөшің қайда көшті, өзің қайда көшесің! Көшекөшің сенің сырлы саусақтарыңды тұғыр етіп көшті. Ал, саған ұшатын жер, қонатын тұғыр табыла ма, айтшы?! Көңілің көксеген жерұйығың, арқаңды жазғың келген алтын ұяң жеті қат көкте, немесе, көсілген теңіздер мен алып таулардың ұшы-қиырында болып, жете алмай шөлдедің бе, қамықтың ба! Кел, сімірейік, мынау біздің көз жас!...

  Қолымдағы сыраны түбіне дейін қотарып, құмырасын тасқа ұрдым. Күл-парша. Көшекөш сынды көшетын, қалықтап ұшатын сындымын. Жоқ әлде, бізды басқа бір әлемнен көшіріп әкеліп тастағандай. Ой құндағын откір жарығы түн түндігін тілгілеген мотоциклдың дырылы бұзды. Біз көлік қаңтарған маңайға келгенде үні сап тиылған. Шала жанған ағаштарды ошаққа үстеп қалап, үстіне бір құшақ қайың тастадық. От көкшулан тартып, көгалжырланып жанды.

  Дабырласып келген екеу айтқандай Нұрдын мен Сейсенәлі болды. Қолдарында қос жашк сыра. Алыстан ұшқындап көрінген түнгі отты көріп, біз екенімізді айтпай білген. Қауқылдасқан аман-саулықтан соң Секең отқа алақанын қақтап, азкем отырып қалды қабарған шоққа тесіліп.

- Ой, Секе, күй жоқ қой, жұмыс не болды? – деді Тәкең иығынан қағып.

- Жұмыс бітті...

  Күрсіне айтсада үнінде келемеж бар, кейіс арлас. Бұрынғыға қарағанда жағы суалып, жүнжіп кеткен. Одан артық ештеме демеді. Осы бір ауыз сөзге бәрін сидырды. «Жұмыс біткені» үшін көтердік. Таңбол орталаған сырасын Сейсенәліге ұстата қойды. Мүдірместен қылқылдатып өзіне қайырды бос құмыраны.

- Менің сарқытымды ішпегеніңе көп болып еді, қаңырығың әптен

түтепті-ау, бейшара, - деп Таңбол лекіте күлді.

- Сенің сарқытыңды сарқып ішпесек атаң Шілікбайдың аруағы атар, - деді

Секең жымың қағып.

- Ой, ит-ай, сенен сөз қашып құтылған ба! Ұттың сабазым! – деп Таңбол

шалқалай қарқылдап.

  Ернұр мен Ерден ағаның да ішек-сілесі қатқан. Секең нағыз жатып атар. Аңдамай сөйлесең ауыртпай өлтіреді. Талай қансоқтада шешенсігендердің тілін күрмеп, аталы сөзге жығып, атынан аударған. Бірақ, Нұрдын екеуміз түккеде түсінбедік. Көздерінің жасын сүртіп, күлкілері тиылғанда:

- Шілікбай кім, неге күлдіңдер сонда? – деді Нұрдын Сейсенәлінің бетіне

аңтарылып.

- Ол былай болған, - деді Секең таптештей, - Құлақ түріңдерші, ненің

дауысы келеді?

  Тына қалдық. Судың сылдыры. Желдің уілі. Және бір құстың үні, самүйрек, мүмкін, торала қаз.

  Құррррх... Құррррх... Құррррх....

- Иә, бұл құрқылдаған қоңырала қаз, - деп сөзін сабақтады Секең, -

Таңболдың атасы болып келеді, Шілікбай деген мыңды айдаған бай өткен. Малы қарақұрттай қаптап келіп осы Текестен су ішкенде қаншалық дария болып жатсада сызашықтай сарқылып қалатын дейді. Сол байдың кенже ұлына аттай қалап, дүмді жердің қызы деп айттырып алған келіні қолы сараң, қойны тараң, қөңілі арам адам болыпты. Күндердің бір күнінде сақалы өңірін жапқан, асатаяқты ақсақал құдайы қонақпын деп түседі. Сусап келді ғой деп Шілікбай жолаушыға қымыз құй десе сабаны келіп аяғымен теуіп піседі келіні. «Әкау, бұның не балам?!» деп шошына зекіген Шілікбайға келіні: «Сүйегіңді итке бермесем, сорпаңды жерге төкпесем, күліңді желге шашпасам, жылқышы ата, мыңғырған малыңды менің алдыма салмағанда кімге бересің?!» дейді. Сол кезде сабадан қоңырала қаз пыр етіп ұшып кеткен деседі. Байқасаңыз, жатарда саба піскенде, көпіре тасып, «құррррх, құррррх» деп ашиды. Бұл тегін емес. Бұның бәрін көріп, біліп отырған әлгі қонақ кетерінде: « Әй, Шілікбай-ай, Шілікбай-ай, өзіңде бір тамырың қатпарлы, бұтағың салалы, шалқып өскен шілік едің, шірікте қалмайды-ау. Кежегесі кейін тартқан кеселді келін, кесел ұл бітіпті, киеңді үркітіп, рысыңды шайқайды-ау. Жер ошағың қоңырсымай, ер жастанып өлерсің!» деп аттанып кетеді. Ақыры, айтқаны айнымай келген. Қораға симас қойына ішжарғыш араласып, бір түнде қынадай қырып кетеді. Өзі безілдеп: «Биылғы қыс сұмдық жұт болады, қам қылыңдар, шөп жинап, жылқыны отарлатыңдар,» дейді. Бірақ, балалары оны құлағынада қыстырмай, талтүске дейін ұйықтап, талтиып жата беріпті. Ақыры, мысы құрыған бай: «Тұқымымнан түк қалмай қалса мейлі, айтқаным келсе болды,» деп кейіп, қолын теріс жәйған. Сол жылы ақсүйек жұт болып, жер қайысқан ірі-қарадан тігерге тұяқ қалмай қырылған. Солайда-солай Шілікбай өмірінің соңында көк байталды көттіктеп мініп жүріп, бұл фәниден көшкен екен. Сиына сойатын тышқақ ылағы жоқ, ел жақсы ғой, елдігімен жөнелткен деседі...

  Құлағым бітіп қалған секілді таскереңденіп. Түн құстарының үні, шекіртке мен айрауықтың күйі сап тиылған. Шілікбайдың көгәлалы көп жылқысы жауып, сарқып ішіп кеткендей іргедегі Текесте құмыққан. Басым мең-зең. Ығы-дығы. Көз алдымдағы жылтылдай самсыған сызықты от шеңберлене бірде үлкейіп, бірде сөнеді. Жаным ашиды удай. Кімге, және жұмбақ. Құррррх, құррррх. Қоңырала қаздың үні ішімнен шығып жатқандай. Аялай, елжірей тыңдап, мүлгіп отырмын. Жыламық жанарымды мұң қабыздаған. Біз шошындырған, қолымыздаған ұшырған дүние недеген көп еді, тәйірі. Аржағын ойлауға батылым жетпей, тіземе қол тіреп орнымнан көтерілдім. Ұйыған аяғымды меңгере алмай тәлтіреңдеп, таскесек өзен суына келіп қол шайдім. Қанша суық болсада ессіз жұттым шеңгелдеп. Жаныма жағып барады. Тіпті, өзімді тастап жібергім келді тереңіне...

  Қарамұлғын тұман сейіле бастаған. Мүлгіген маужыр кеш. Өзеннің ортасы көпіршіктеніп, көкжиектен көкшілденіп құйылған сәулемен дір-дір қағады. Ай тууға жақын.

  Қайта орныма оралғанымда Нұрдын сөзге кіріскен:

- Әрең бір ауылға оралғаныңда алдыңнан шыға алмай, кеш келгенімді айып

етпе, досым. Зауымен келу керек еді ертерек. Сендерге өтірік, маған шын, бүгін бір сұмдық жағдайға куә болдық...

  Осы әңгімені тыңдағым келмді. Бұлардың бәріне не жеткенін айтқан әңгімелерінің бәрі жүрекке соққы. Бұрын қанша тыңдасамда дәл мұндай қиналмаушы ем. Айтпа деуге келтірмеді Нұрдын, ұзіліссіз сөзін ары қарай жалғаған...

  Түс ауа осы тоғайға төрт еркек, төрт әйел келген. Жігіттерді жөнді де танымайды. Бәрлығы үйлі-баранды қу мүйіздердің, ненің айы өткенін. Тоғай ішінде әмпей-жәмпей болып ылыққан, былыққан. Құмарлары қанғанда төрт еркек құмаларының киімдерін, телефондарын түгел өзенге тастап, ағызып жіберіп, өздері машиналарымен кетіп қалған. Анадан жаңа туғандай болып қала берген арамсирақтар. Бесінде бізге бақташы шал хабарласады: «Тоғай ішінде жын ба, сайтан ба, білмеймін, тыржалаңаш адам сияқты бірдемелер жүр, шаштары бар. Алыстан көріп, таяп баруға батпадым,» деп. Полиция жылдам жеттік. Өзіміздің ауылдың төрт келіншегі жүр лыпасыз. Аттарын атап, түстерін түстемей-ақ қояйын. Барлығың танисыңдар. Бізді көрген беті шоқ-шоқ тоғай ішіне қашты төртеуі төрт жаққа бытырап. Қуып жүріп үшеуін ұстадық. Қынжылар емес, еттерінен кесіп алса қан шықпайды-ау. Тіпті, бізге шапшып, беттен алып, төске шабады. Ұялу деген атымен жоқ. Бетінің ұшы қызарса мақұл екен ғой. Біреуі қай қуысқа кіріп кеткенін жоқ ұшты-күйлі. Тоғайды ары ақтарып, бері ақтарып, теңізден тебен іздегендей қылдық. Ертең тағы сол сайқалды іздейміз, тірі болса өзін, өлсе сүйегін. Ақыры, қолға түскен үшеуін машинаға басып, кеңсеге апарып тергедік. Үлкен бар-ау, кіші бар-ау, қылығым масқара болды деу қайда, ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығады. Қаспен көздің арасында ауылға ақтан болыпты. Бетімен жер басып, ерлігі енді оянған байлары келді ақырып. Сормаңдай немерелерін жетелеп ата-енесі келді ұяттан өртеніп. Қойшы, сонымен, не сұрайсың, аржағы қызылкеңірдек, айғай-аттан. Бәрліғы ажырасқалы жатқан. Құлақ миым сасып кеткенсоң сұранып келіп үлгергенім осы...

  «Сағына алған бақыттысың ғой» деп қан құсып, қасырет түкірген достарым-ай. Сүйектеріңді кеуектеп кемірген жегі, жүректеріңнің басын зарлата буған запыран аяқ алғысыз болып бара жатыр екен-ау. Көзбен көріп, көңілмен түйсінгенде сел болып қаптай құлап келе жатқан сұмдықтың алдына тосқауыл бола алмас, соныың лебімен-ақ құлдырай ұшатын, сағағынан үзілген жапырақ сынды дәрменсіз екенімізді сезініп күйінген, ашынған, шыр-пыр болған жанды қайда қоярға жер таппай, шарх ұрғанда сәткелік болсада бәрлығын ұмыттырар алданыш қой бұл. Келіңдер, көтерелік бізбен мұңдас пенделер...

  Бетіме бедірейып-бедірейіп қарап тұр жалаңаш әйелдер. Тістері ақсиып күле бастады ыржалаңдап. Ит басындай емшектері ірік-ірік етеді... Тітіркене есімді жидым. Мұздай су құйып жібергендей төбемнен. Желемік шыққанба жаурай бастаған секілдімін. Көкейімде бір мұңлы сарын азынап қоя берді. Таныс. Жан-жүйемді шымырлатып, алпыс екі тамырымды балбырата иітіп барады. Бұл күйді қайдан естуші едім! Бұлдыр-бұлдыр. Есіме оралатындай. Жаз жайлауда қой бағып жүргенде, жыныс орманның ішіндегі төңірек көрінер түйетайлы тастарға шығып, қияқ шөпті екі басбармақтың ортасына қысып, ерінмен баяу үрлеп, егілте күй шығарушы едік. Сонда, еңгілігінен адасқан, сойаушасынан көз жазған, немесе, аңшының ажалды оғы жас төлін қағып кеткен бөрте елік көзі боталап, желіні сыздап қарсы алдымыза жетіп келуші еді. Сол сарын ба бұл?! Жоқ әлде, кішкене күнімізде атамның қоңыр сырнайы болушы еді. Бір шай үстінде інім екеміз таласып қалып, ортасынан қақ бөлінген. Атам содан тартып сырнай атаулыны қолына алмаған. Сол, атамның сынған сырнайының тартылмай қалған күйі ме?! Жоқ, Ерден ағам екеуміз көне мазарлықтарды көп кезетінбіз. Жаңбыр шайған, жел мұжыған, күн қақтаған ескі қабырлерден де дәл осындай үн шығатын боздап. Және, және... Таптым. Қиақтардан шығатын. Біз тамырымен жұлып алып ат қылып ойнайтын, бүршігін қойларымыз деп иіретін жыланқияқ. Ол кезде ат тұяғы батпастай қалың, бітік өсетін киіз болып. Қазір ол қияқ өскен жерлердің барлығына үй түскен, одан қалса егістік. Мектептен кешке тарай салып, күнде шомылатын Қарасуға қарай бет түзейміз. Қазіргіндей далиып кетпеген, бір уыс қана, мыжырайған там үй, некен-саяқ ағаш үйлі ертегі қыстақ еді. Жол бойы шоғыр-шоғыр қияқтар аяқты қағып, басымыз ғана қылтиып, айғай салым жерге әрең жететінбіз. Биік жардың түбі көк иірім, асты майда құм, рахат.

  Бізден бұрын кей күндері суға шомылуға қыздар келіп алатын. Кім бұрын келсе соған тиселі. Біз таяп қалғанда сонадайдан қыздардың қарауылы көрінетін. Аржағынада хабарлаған болуы мүмкін, қыздар улап-шулап суға тығылады. «Ей, ұялмайсыңдар ма, қыздар шомылып жатқан жерге келіп, бет жоқтар,» деп дүрсе қоя беретін өжеттене. Қипақтап қалған біз қияқтардың арасында көк аспанға тесіліп жатып, езуімізге бір тал шөп қыстырып қойып, қыздардың Көкиірімді босатуын күтеміз. Сол кезде қияқтардың бетін қуалай, шарпи соққан еспе желден дәл осындай тәтті күй, мұңлы сарын шығушы еді...

  Ұялып тығылған қыздар мен тәнін жарқыратып тайраңдаған келіншектер көз алдыма қатар шарпысты. Масайып барам, білем. Мүмкін, ол бүлдіршіндер сол қысылған беті Көкиірімнен шықпай, мәңгілікке түбінде қалып қойған шығар. Көейімде тіріліп, көгірегімде азынаған солардың сыңси салған әні... Одан өзге ештеме болмасыншы...

- Ернұр, домбыраңды қолға алшы...

- Құрсын бәрі, түкірдім, шырқашы...

- Өз әлемімізге кетейік, келместей болып...

  Ернұр домбыраны қабынан шығара бастаған. Жалаңдаған әлеңкі аспанға шапшиды. Қозданған қайың шатырлап жанғанда, қызуға шыдамаған бүрлері бытырлап ұшады. Біз отырған қос орнындай жер самаладай жарық.

  Домбыраның ішегі құмыға үн қатты. «Шанағын кішкене суық буып қалыпты,» деп Ернұр ары қарай құлақ күйін баптады. Тастан түсіп, жерге малдас құрып отырды да қос ішекті безектете күрей тартып, бір сазды, етене әуеннің жады құшағына шырмап, қолқа-жүректі суырып аларлық сиқырмен баурады. Елітіп, егіліп барамыз. Көзде қаймыжық жас. Буын босаған. Тән балбыраған. Бағанағы, жыланқияқтан шығатын үн енді дәл қасымнан, қоңыр домбырадан төгілген сынды. Сәлден кейін, адам тыңдап төзе алмас гөй-гөйлі дарқан дауыс аспан астын шарлай кезіп, лықа толтырып бара жатқан. Ештемеде бұл үнге тік келе алмайтын еді, тіпті, аңдығанын алмай қоймайтын ажалда бетпе-бет келсе тас кеудесі еріп, райынан қайтар!.  

             Сарыарқа Сарыөзеннің етегінде-ай, оооу...

             Біз жүрміз бұлдыр ұмыт жетегінде-ай.

             Бірге өскен кішкентайдан сәулем едің, оооу...

             Сағынып сарғаюмен өтемін бе?!

             Сәулем-оооу, өтемін бе, ааай?!...

  «Ооооу...» деп талқысытып сөзып алар қайырмасы аспанға шығандап, шырлап шығып, қос қанаты дірілдеп қатып қалған бозторғай сынды. Жоқ, аққудың қанатынан күн астына көлбей ұшсада сусып түспей бара жатқан жалғыз мөлдір тамшығада оқсатуға болар. Мүмкін, оданда ұлы, бәрінен асқақ бегзада қасыреттің, кіршіксіз мөлтек мұңның, сарғайған сананың өзегін жарып өнген мұғжиза дауыыс шығар.

             Сарыарқа біздің ауыл басында екен, оооу...

             Қалқажан, сағындырған қасымда екен, аай.

             Бірге өскен кішкентайдан сәулем едің, оооу...

             Жәй маған құшағыңды асыл еркем, ааай...

  Ботасынан айырыған кейуана тағдыр, бір жұтым суға зар болып, табаны тілініп құм кезген тентірек тірлік саған қай бір базынамды айтайын!. Бебеулеген бейкүна сағыныш сенің қабырың қазылса менде мүрдем кетермін. «Жәй маған құшағыңды асыл еркем, сәулем-ааай, асыл еркем-ааай,» деп сай сүйекті сырқыратқанда, иіп барамыз, иіліп барамыз. Қаншама қайғы-нала жұмырына жұқ болмайтын сұм жалғанға айтылған жоқтау сынды. Өзімізді-өзіміз еркін тежеуден әлде қайда кетіп, ән салғанбыз бірге. Қамырығы қақ суындай мөлдір, ала-құла дауыс бірге тоғытылып, түнгі даланың такаппар құшағын бусантып, мейірсіз шарасының сора-сорасын шығарған.

             Сарыарқа етегінен ел көрінсе-ааай,

             Деп тұрам ел ішінен сен көрінсе.

             Сәулем-оооу, сен көрінсе-ааай.

             Бірге өске кішкентайдан сәулем едің-оооу,

             Өзіңды арман етем өлгенімше, сәулем едің-оооу...

  Не айтам, не айта алам енді?! Біздің жан жүрегімізді балалық шаққа ма, бақилық баққа ма, белгісіз, қаңқамызды қалдырып, жер бетінен әлде қашан көтеріліп, өзімізден, қылмысы мол, күнәсі ауыр тәнімізден алыстағамыз.

             Бірге өскен кішкентайдан сәулем едің-оооу,

             Өзіңды ұмытпаспын өлгенімше, сәуле-ооу, өлгенімше...

             Өзіңді ұмытпаспын өлгенімше...

  Әлсін-әлсін жан азабына малтығып, шырылдаған құйтымдай бейшараны қылбұрауға салып, сығымдап-сығымдап төқтағанда жер әлем сілтідей тынған. Барлығымыз ебіл-дебіл жылап отырмыз. Кімді жоқтап, қай тағдырға топырақ салып жатырмыз, бір тәңірге ғана аян. Ыстық жасымыз отқа тамады. Бар дүние ағысынан жаңылып, адымынан күрмелген. Ұлы уақыт біздің дертті жағып, аңсарымызды аптаған ошағымыздың басына келіп, клт тоқтап, мызғап кеткен. Жаһанның биілгі, Ақанның зары уысымызда.

  Лаулаған отқа сырамызды матырып тұрып тост қылдық. Сумаңдаған жалын қолымыздан суси қашты. Себебі, от қызуы қаншалық күшті болғанмен біздегі қуаттан әлде-қайда пәс еді. Жігіттердің жүздері албұртқан, бал-бұл жанған. Өңдерінде құлпырған балғын нұр ойнайды. Ағып түскен жұлдызда болатын, өлім күйі меңдеген жанардан шашырайтын соңғы нұр, ақырғы бақұл. Өмір сүріп жүріп-ақ өліп тіріліуге болады екен-ау. Қалған тірлік ит жемі.

  Біздің налаға ешкішек бе, құмырқұс ба, белгісіз, бір мұңлық сызылта үнін қосты.

  Ерден аға еңсесін тіктеп, аса бір шаттықты, асқақ үнмен:

- Шерлібұлбұл деген құс болады екен. Жарық дүниенің есігін аттағаннан

өлімді аңсайды. Өмірі бойында бір ағашты іздейді басы үшілдеу, найза тәріздес. Сол ағашты тапқан күні өзінен өзі құлдырап құйылып келіп, кеудесін ұрып шаншылып өледі. Бар ынтасы соғылғанда тәнінен таңғажайып бір үн шығады екен, соны тыңдау. Өлер алдындағы сол күйін тыңдап аттану оған даңық. О, менің шерлібұлбұлдарым, келіңдер, - деді. Сорғалаған жылымық жасымызбен қосып жұттық. Бірақ, еңсе езілмеген, рух тапталмаған, сергек. Біздіңде кеудемізден өзіміз ғана ести алатын, суреттей алмай мүкіс тіл мүсәпір тартатын жусанды жұпар бұрқыраған...

  Сыңсый жылаған қыз баланың нәзік үні естілді. Кішкентайдан бірге өскен қалқатай ән аяқталсада жетім пернеде буылға өксіп, уанбай жатыр-ау деп ойладым. Тіпті құлақтың түбінен шықты, ап-анық. Алғашқы әсерінен айнып, тарғылданып жетты. Адамша жылайтын құстар бар деушы деді, көңіл әлі басқаға жорып, нанар емес. Жеті қараңқы түнде айдалада қайдағы қыз!.

- Су перісі...

- Сүлейменнің қызы...

- Жер иесі...

- Бекторы...

  Не арбасада, кім шақырсада біздік қалау соңынан ере кетуге пейіл. Бір өмірді екі рет сүрген ақындарға ұсқыны қашқан бес күн жалған қай бір опасын таптырар!. Беу, өлгісі келмейтін адамзат, мен жарық күнді күстаналап отырғам жоқ, ұлы күнге деген махаббатым шексіз менің! Жағасы тозып, жеңі қырқылған жалғыз шапанды жақыбай қауым едік, күле көрмеңіздерші жер бетінің аса білімді, өңірін алтын жапқан өркениетті елі!. Тірлік қамыты мойнын қиған тірілердің теңсіз тентірегі қай жолды ұмыттырып, қандай жолға апармады?! Менің арқама аяздай батар дүние шашымнан көп шығар. Мен кімді кіналай алайын, керек болса өзімнен бастар ем. Біреудің кемшілігін айтып айыптағаннан түк шықпайды, олай өзгерте алмайсың, тіпті, әулекіленіп кетеді. Оның беріш болып қатқан жүрегіндегі өлі сезімді, ізгілік гүлін жандандыру керек, оған тек қоспасыз шын сөздің құдыреті ғана жетеді. Мен оны жазбадым деп еш өкінбеймін, мен оны мына мазарлы далама, мазалы түнге жаздым. Ол ақ қағазданда берік сақтайды. Түбі бір тұқымымның жадысына құйылып, мендегі арман шындыққа айналып көктеп шығатынына күмәнім жоқ. Сол үшін, өтірік ойлап шын жазғаннан, шын ойлап жазбай қалған бақыттырақ...

  Бір бүйірден нәзік бұталардың бытырлап сынғаны, шөптің сыбырлай жапырлғаны естілді. Адам болсада, аюан болсада бір нәрсе таяп келеді. Кенет, шошына тартылдай ұшқан тартардың үрейлі үні, далбалақтаған қанатының қағысы, оған қоса, баж етіп шыңғырған әйелдің әжепдарқы дауысы қоса жетті. Үрпійісе қарадық.

- Не болып кетті?!

- Біреу келе жатыр!

- Тартардың ұясының үстінен түсті-ау шамасы.

- Мына жарым түн, иен тоғайда қаңғыған не қылған адам?!

  Ағаштардың түбі ала көлеңке. Алаңғыт бүйірден бозарып, ағараңдаған бірдеменің нобайы шалынады. Адам сынды, алаңқайға шығудан қорынып тұрған.

- Кім болсаңда кел бері, жылдам, қазыр Таңбол барса дырылдатып сүйреп

келеді, - деді Сейсенәлі әзіл-шыны арлас көріп отырған кісіше.

  Сыбдыр қоюлады. Жұқалтаң сұлбаның алыстан қарасыны көрінді. Жақындап келеді. Екі қолын айқастыра құнжиып кеудесін басып алған жалаңаш әйел. Абылыңқы-сабылыңқы болып, үдірейе қараймыз. Жанымызға жанайлаған сайын жағамызды ұстап, тіл-ауыздан қалып барамыз. Шашы ебей-себей болып ұйпаланған. Ошағанның қау жапырақтарын тоқып, күнтимесін далдалаған. Беліне сұлы тектес ұзын шөптерды өріп байлап, соған жапырақтарды тіркестіре таққан. Жалаң аяғына тас батып, шөгір кірген секілді, табаны жерге тисе қисаиып барып, ауырсына әрең көтереді. Тіктеп қарай алмайды жәутілдеген көзі бағжаңдап. Тісі-тісіне тиып сақылдап, дір-дір етеді. Өңі қуқыл тартып бозарып кеткен.

  Осы кез айда туған. Толған, толықсыған ай жібек көйлегін уыз денесі керіп піскен. Тоғайдың арғы шетінен, тіпті үзіп алуға боларлық қол созымда, қас сұлудың бадана көзіндей жаудырайды. Айық аспан асты сүт сәулесіне шомылған. Тынысы естілер-естілмес пысылдап, тәтті ұйқы құшағына шомған сәби сынды риясыз, тымық, байқыт түн.

  Ақ үлдір ай сәулесі әйелдің жалаңаш мүсінін жайып салған. Тығылар көлеңке, кірер тесік жоқ. Өз көлеңкесіне өзі симаған. Ағаш тіліп, тікен сызған ба денесі жара-жұра. Сыздықтап шығып, қатып қалған қан. Иығынан аса қобыраған шашының ұштарына ошаған жабысқан.

- Ой, әкеңді, мынау бағанағы қашып кеткен қатын ғой, - деп Нұрдын

орнынан қарғып тұрып, - сазайын берейін шөпжелкенің, - деп тұра ұмтылды.

- Теуіп тезек, турап тулағымды шығарсаңда ризамын, - деді әйел, дауысы

қападар, - онсызда тірі өлікпін, қане, мені өлтіріңдер, суға тастаңдар, - деп жүрелеп отыра кетті.

- Қой, бұл пақырды тепкілегенде не табамыз, адам баласы ғой, - деп

орнымнан тұрып, шапанымды шешіп келіп иығына жаптым. Екі өңірін кеудесіне қарай қымтай тартып, иегін көтеріп, жасаураған жанары мөлие қарады. Қолтығынан дмеп, орнынан тұрғыздым. Таңболдың мотоцикліне салып жүретін елтірісі бар екен, тас бетіне төсеп отырғыздық. Қызуы қайтпаған қоламтаға еміне төнеді. Суық әптен сорған екен.

- Бұндай қарабет болып қалмас едім, - деп сөзін бастады, ептеп өз-өзіне

келген, - енді бәрі кеш, қайтейін. Мені ана қасымдағы мекерлер алдап-арбап алып келіп, ұстап берді. Ойбай, қатындар ғана, басқа ешкім жоқ деп. Өлімнен басқа жол жоқ, Текеске келіп түсіп кеткенімді білем. Бір уақытта есіме келдім, айнала қап-қара түн. Сонадайдан жанған оттың жалыны көрінді ұшқындап. Өлім деген осы екен ғой, тозақ оты анау шығар, қазір мені апарып, істеген күнәларым үшін шыжғырады деп ойладым. Сәлден кейін құлағым ашылып, ес-ақылым кіре бастады. Мұрныма топырақтың сыз иісі келді. Өзен шетіндегі шалшқта жатыр екем. Суға сегірген жерімнен ағынды өзен көп ұзатпай қайраңдатып тастаған сынды. Баспалап осылай қарай жүрдім. Сендердің әндеріңді естігенде құлағыма анамның әлдиі құйылды. Әкемнің аялы үні жетті. Олар тым ерте мені тастап, о дүнилік болып кетіп еді. Аталас жамағайынның үйінде есейдім. Көрмеген қорылығым жоқ. Мен жер басып тұрғаныма әлі нанбадым сол кезде. Мүмін, сендерді аруағы азаптанған ата-анам күнәсін білдіру үшін жіберген періштеме, әйтеуір, бір керемет деп ойладым. Бар кешкен өмірім көз алдымнан тізбектеліп өтіп жатты. Ән жүрегімді езді, жылатты. Мен ата-анам кеткелі жыламаппын. Тепірешпен тепкі көріп, жетімдік зарын тартып, беріш болып қатқан жүрегім иіді...

  Ары қарай сөйлей алмай үні құмығып, егіліп жлап жіберді.

- Нұрдын, бұны ұстап бергенде не қыласың?! – деді Ерден аға, - Оданда,

үйіне апарып таста. Жабулы қазан жабулы күйінде қалсын. Сөз ләміне қарағанда бар күнәсін білген секілді. Тағы бір шаңырақ ойрандалмасын. Ертең бастығыңа оңашалап айтарсың...

  Басқамызға қарағанда сауырақ, сыра миына шаппаған Нұрдын әйелді алып кетті. Апармауға ұяттан ұялды.

  Өң мен түстің арасындағы ләиліген ғұмыр. Мағанасыздық миылқтады. Қайтадан көтердік. Бос құмыра жусап жатыр. Таңбол қатты масайып кеткен екен, қолына ұстатқан сыраны алмады. Оң иығына қарай бұрылып, анау ішсін, анау ішсін дейді. Бірақ, ол жақта тірі жан жоқ. Ол ішіп алды ғой десекте бойбермейді, көріп отырмын деп. Өзі көріп отырған адаммен әңгіме айтып кетті. Бізге қарағанда жоқ. Тәкең тегін адам емес, бұндай тосын мінезі баста бізді таңдандырғанмен, келе-келе бойымыз үйреніп кеткен. Иесі шығар...

  Орнымнан көтерілдім. Тым-тым алысқа кеткім келді. Құлазыған өмірден құтыла алмай, манар тауға симаған көңілім шарх ұрды. Бұлғыр таулар алыстан шұбатыла мұнартыып, көгілдірленіп көрінді. Осы жерден бәрлығы аяқталатын сынды. Ары қарай тұйық жол, бұғаулы өмір...

  Тусыртымнан жігіттердің әні естілді. Асқақтата шырқағанмен астарындағы зарды айта алмайтын шығармын. Жанымды үгіп, үгітіп барады...

             Дүние ойлап тұрсаң-оооу, шолақ екен-ооу,

             Жастықта жігер-қайрат мол-ақ екен...

             Гүл-гүл жамал-аааай,

             Таңғы бір соққан самал-аааай....

                                                     04. 08 – 21. 07, 2018,   

Қазақ тілінде жазылған