Адам қарады: 521 | Жарияланды: 2018-04-22 01:57:40

Сұмдықтың сұмдығы...

    Оқырманға түсініктірек болу үшін әңгімені әріректен бастағанды жөн көрдім.  Таныстарым мен ауыл адамдары мені жақсы біледі. Өзімді өзім де тәп-тәуір білетін тәріздімін. Тек қана бір нәрсеге менің күні бүгінге дейін миым жетпейді. Соғыстан кейінгі туылған балалардың бәрі де томаға тұйық, көп сөзге жоқ болып өсті емес пе? Оларға соғыстан кейінгі жоқтық, аштық, жалаңаштық қатты әсер етті ғой деймін. Өз басым сегіз-тоғыз жасымда бір шалыққа ұшырадым. Ол рас. Бұл туралы ауылдағы Мырзан ағамыз /бұл кісі әлі бар/: «ауылға сол бір кісі  /бұл әлемге мәшһүр кісінің кім екендігі әзірге жұмбақ/ келмегенде, бұл /мені айтады/ мұндай болмас еді. Ол келген бір  заңғар адам ғой. Содан бірдеме жұқты бұған...» деп күні бүгінге дейін айтады. Ал, Тұрысбек /топырағы торқа болсын/ нағашым болса аң-таң... «сенің айтқаныңның бәрі дұрыс, бірақ, көшеде жүріп сөйлегеніңді, ертек айтқаныңды, түнде айдың жарығымен кітап оқығаныңды доғар, көзіңді құртып аласың, ол көз маған емес сенің өзіңе керек» деп күнде айтатын. Мен ол кісіні тыңдадым ба, тыңдағам жоқ. Ол кездегі үрдіс, мен секілді балалар үлкендерге түнімен кітап оқып береміз. Бұл дегеніңіз – атан жарыс! Кітап болғанда қандай?! Ылғи «Батырлар жыры», «Қырық қыз», «Айман-Шолпан», «Ер Тарғын», «Мың бір түн» т. с. с... Бұл кітаптарды мақамын келтіріп, ең жылдам оқитын мен едім. Себебі, мен кітап оқығанда, қолыма ұстап отырғаным болмаса, ол жырлардың бәрін жаттап алғам. Судыратамын келіп... Кімнің қолында не бар: құлақ, шеке, құрт, ірімшік, ми дегендердің бәрі менің ұртымда бұлтыңдайды, бәрі менікі болады... бірақ менің бұл қуанышым көпке созылған жоқ, екі көзім көрмей қалды. Көзім көрмесе де оқыдым. Ұмытып қалған жерімді ойдан қосып жіберемін, кідірмеймін... Кейін үлкен кісілер менің бұл кемістігімді сезіп қойды. Үйдегілер дәрігерге үш жыл бойы сүйреді. Үш жыл бойы екі көзіме добалдай етіп май /иісі жаман/ таңып жүрдім. Үш жылдан соң әлгі сасық майды добалдай көзілдірікке ауыстырдым. Мал соңында жүріп қанша рет аш қорқаулардың жұтқыншағына түсіп кете жаздадым. Ол жағы бір құдайға аян. Бірақ, бір нәрсені айта кетуім керек. Ол – қасқырлардың балаға тиіспейтіндігі. Мен қанша айтсам да үлкендер жағы менің бұл сөзіме сенбеді. Мен қасқыр көрдім десем болды, нағашыларым қолдарына қос-қос мылтық алып, маңайдағы ит-құсты қырып салатын, терісімен мені аластайтын. Олар аластаған сайын, менің денеме қасқырдың иісі сіңе береді, сіңе береді... Бәлкім содан болар, үш керегелі киіз жаппамыздің маңынан түнімен ит-құс ұлитыны... Шынын айтқанда мен ол ит-құстардан қорыққан емеспін. Менің жайып жүрген малыма олар тиіскен емес. Тек төбелерін көріп қалған малдардың дүр-р етіп иіріле қалатыны болмаса... Кейін, есейген шағымда ғой, не болса содан үркектеп /әсіресе, екі аяқтылар қауіпті/, қорқып жүретінім.

     Енді негізгі әңгімеме көшейін:

                  *     *     *

     Мен өзім уәдеге берікпін және ештеңені ұмытпаймын. Шолпанатадағы қырғыз досымның үйіне араға үш жыл салып барып оралдым. Менің келгеніме ол кісі қатты қуанды. Бірсыпыра әңгіменің басын қайырған соң, мен, Сүбебайға, өткен жолғы таудағы тесіктасқа баратынымды айттым. Досым маған жалт қарады да басын шайқап:

    -Ай, Ореке, мен талай батыр қазақты білуші едім. Бірақ, дәл сендей әумесер – батыр қазақты бірінші рет көруім. Бұл райыңнан тез қайт! Бала-шағаң бар ма өзі?!. Өткен жолғың анау – түріңді көрген адам тіл тартпай кететіндей,.. – деп шыр-пыр болды. – Өзің де бір айтқаныңнан қайтпайды екенсің. Енді не істеймін. Ойбай – ойбай... Басқа жаққа көшіп те кетпеген екенмін. Бұл қазағың сұмдықтың сұмдығымен көңілдес секілді...

    -Сүбебей, дос! Сен көшіп кетсең де барамын мен ол жерге!

    -Әне, айттым ғой. Бұл ақымақ қазақ барам десе барады. – Сүбебай шыр-пыр болды:

    -Әй, қатын, етігімді тап, термосқа шай құй...

     Сонымен, Сүбебай дос екеуміз кештетіп жолға шықтық.

     Көзге таныс табиғат, аяққа таныс соқпақ. Біраз жерге дейін Сүбебай үндемеді. Маған өкпелеген түрі ғой. Әлденуақыттан кейін барып:

    -Сен бұл жолы тесіктастың ортасынан өтпеші, - деді, жалынғандай болып.

     Мен досыма уәде бердім. Өзімнің де ойым ол еместігін айттым. Сүбебай қуанып қалды.

     Межелі жерге жеттік. Сүбебай екеуміз өзімізге таныс таудағы үңгірдің алдында отырып біраз әңгімелестік, көлге суға түстік. Шай үстінде досым салиқалы көп әңгіме айтты. Құдды мені соңғы сапарға шығарып салып отырғандай...   

     Мен бұл жолы екі қолыма екі сағат тағып, екі қолшам алып келгенмін.  Сүбебайға соларды көрсеттім.

 -Сендей алаңғасарды көрсем көзім шықсын, - деді ол тағы да. – Сол қол шам мен сағат сені ажалдан алып қалатын құрал ма?!. Қару емес қой олар, ақымақ! Бар-бар, уақытың болып қалды. Бірақ кешікпе, мен күтпеймін...                                    -Мен бір қол шам мен бір сағатты параға беремін оларға, - дедім.

     Сүбебай тауды жаңғыртып қарқылдап күлді. Миллион жылдық үңгірдегі жарқанаттар дүркіреп кетті. Алыстан әупілдек әупілдеді...

     Мен жолға шықтым.

     Үйреншікті болып қалған соқпақ, сағынып қалған тау самалы. Мен омырауымды ашып тастағанмын. Рахат! Тіпті ән салғым да келді. Таудың мазасын алмайын деп бұл райымнан қайтым. Көп адам түсіне бермейді. Түнде тау да тыныштықты, тыным алғанды тәуір көреді. Мен өзім тауды -  жаны жоқ өлі тас дегендермен өліп кеткенше шайқасуға бармын. Тау да құдды адамдар секілді: қартаяды, жасарады, күрсінеді, жөтеледі, тіпті күледі – жылайды... өліп қайта тіріледі. Мұны білу үшін адамдарға аса бір сезімтал, асқан білімді болудың қажеті жоқ. Тек қана таудың «шашын» жұлып, «сақалын» күземесе, таудың тынышын алмаса болды.

     Осындай ойлармен келе жатып өткен жолы өзім қасынан өкіре қашатын тесіктасқа келіп қалғанымды байқамай қалыппын. Астапыралла! Сәл болмағанда тастың тесігінен байқамай өтіп кеткендей екенмін... «Бисмилламды» айтып кері шегіндім.

     Мен бұл жолғы келісімде, кездейсоқ жағдайлардан енді қайтып қорықпау үшін әбден дайындалғам. Соның бәрі бір-ақ сәттік болды-ау деп өкіндім. Сонда да болса жүрек тоқтатып, екі қолшамыммен тесіктастың жан жағын барлап көрдім. Бөтен-бөгде ештеңе жоқ. Қолшамдарым жанып тұр, сағаттарым жарқырап тұр – түнгі 12-ден 34 минут өткен екен. Кенет, менен үлкен бір қателік кеткенін сезіндім. Ол қателік мынау еді: мен Сүбебайдан тесіктастың оң жағынан өтем бе, жоқ, сол жағынан өтем бе деп сұрамаппын. Өкінген жерім осы болды. Уақыт болса тар. Не істеу керек?

      Менің ең бір осал жерім тағы бар. Ол – тәуекелшілдігім! Осы қасиетімнің арқасында оқиға мені емес, мен оқиғаны іздеп табамын ғой. Содан барып небір шытырман жағдайларға ұрынамын да жүремін. Бұл сапарға үш жыл бойы дайындалдым. Оны жұрттың бәрі біледі. Менің «ұсқынымды» көргендер тағы да бірдеме шығарайын деп жүргенімді сезеді. Мұндай «қияли – қуып кеткен» кездерімде әйелімнің де маған мұңды көзімен қарайтыны сондықтан. Менде тоқтау деген атымен жоқ. Қайтемін енді. Мен тумысымнан сондаймын. Мені алған бетімнен қайтару мүмкін емес!.. Тәуекел!

      Мен қарсы алдымда гүжірейіп тұрған тесіктастың оң жағынан батыл аттап өттім. Аттап өттім де кілт тұра қалдым. Екі қолымда екі қолшам, екі білегімде зор екі сағат – жарқырап тұр! Жеңдерімді түріп тастағам. Дәл осы сәтте мені сыртымнан біреу көріп тұрса ғой, шіркін!.. Дұшпансыз адам болмайды. Әсіресе, солар..

      Тесіктастан өтуін өттім-ау. Алға да екі-үш қадам бастым. Өзгерген ештеңе жоқ. Өткен жолғыдай мені ешкім сілкіп қалған жоқ. Шындығымды айтайын, мені тесіктастың бұлай қарсы алғанына тіпті қанағаттанған жоқпын. Кері қайтып кеткім де келді. Арт жағыма жарық түсіріп көріп едім, тесіктастың өзім келген жағы анық көрініп тұр. Өзгерген ештеңе жоқ. Алдыңғы жағымда өткен жолғы жартас қараңдайды. Оның ар жағы тағы жартас. Менің білуімше ол жартастың үсті тегіс... сағаттарыма қарап едім 12-ден 52 минут өткен екен. Сегіз-ақ минут уақытым қалды... Бәрі тым-тырыс болғаны да жаман. Осы  тыныштықты қоңылтақсып тұрмын. Сонда да болса байқап көрейін деп бірінші жартастан өттім, өзгеріс жоқ. Т-фу!..

     Менің дауысым қаттырақ шықты білем, алдымдағы екінші жартастың түбінен бірдеме қараң ете қалды. Мен оны ұйықтап жатқан арқар немесе қабан болар деп ойладым. Бұл екі жануар да таудың ең қолайсыз түкпірлерінде жүре береді. Бірақ олай емес екен. Мен жартастың түбіндегі сол қараңдағанға жақындай бергенімде: 

    -Балам, бұл сен бе едің, - деген әрі әлсіз, әрі таныстау дауыс құлағыма естілді. Бұл кім болды екен?

     Мен қолымдағы шамдарымның жарығын солай қарай бағыттадым. Ол кісі қолдарымен көзін көлегейледі. Байқасам, ақсақал беліне дейін жерге /батпақ болу керек деп топшыладым/ кіріп тұр екен. Өсіп кеткен әппақ қудай сақалы мен шашы беліне оратылып қалыпты. Бұл бір сұмдық көрініс еді. Ал, ол жақтан шыққан иіс – құдай сақтасын... Мен ол кісімен амандаспақ болып, қол созуға сәл-ақ қалдым. Алайда  бір түйсік мені кері шегіндірді.

    -Қолыңдағы жарығыңды өшіре салшы, бұл жерге жарық керек емес, - деді әлгі кісі.

     Бұл дауыс маған өте етене дауыс еді.

    -Ата, бұл сіз бе, мұнда не істеп жүрсіз? – дедім.

     Өзім жүрексініп те тұрмын.

       Жүрексінуімнің себебі, бұл кісі сон-ау жетпісінші жылдары қайтыс болып кеткен Ағабай молда еді. Мен бұл кісімен біраз жыл көрші тұрдым. Жақсы /адамдар бірін-бірі тек сыртынан біледі, ешкім ешкімнің ішіне үңіле алмайды ғой/  кісі еді. Ешкімге зиянсыз, кейде түсініксіздеу де мінездері болатын...  Менің бұл кісімен таныстығым былай басталған:

 

*     *     *

   Біздің ауылда 1915-1916 жылдары салынған «Лекраспромның» кеңсесі, кассасы болған ескі ғимарат бар еді. Ғимарат деген аты болмаса – кәдімгі тоқал-қоржын там. Уақыт өте келе сол тоқал тамды осы Ағабай молда иеленіп қалған екен. «Лекраспром» өте бай мекеме болған. Ағабай ол үйді бекер қорып отырған жоқ. Онда жерге көмілген алтын бар. Бірақ әлі ешкім таба алмай жүр» деген сөздерді ұзынқұлақтан есітіп жүретінбіз. Ағабай молда қанша сұраса да ешкімге ол үйді сатпапты. Пенде емеспіз бе, бір күні ол үйді Ағабай молдадан мен сұрадым. Ол кісі көне кетті. Мен үйді сатып алдым. Неше түрлі ойға батамын ғой енді... Түс көремін, байлыққа белшемнен батамын, қисапсыз алтын... Уақыт өтіп жатты.

     Сол жылы қыс қатты болды да, көктемде су алапат тасыды. Тасығанда қандай!.. Ауылдан иттер қашып, сиырлар мөңіреп, азан-қазан болды. Екі-үш күннен соң күндіз-түні гүрілдеп тасыған су да тартылды. Бір кезде қарасам, Ағабай молда мен менің үйімнің дәл ортасынан үлкен бір тартар ашылды да, тасыған судың қалдығы соған құрылдап құйылып кетті... Жер жұтқан судың артында үңірейіп аюдың апанындай  үңгір қалды. Бұл түс мезгілі еді. Маған нешетүрлі ой келді. Көкейімді тесіп бара жатқан «Лекраспромның» алтыны екендігін несіне жасырайын. Кешті зорға болдырдым. Ол байлықты күндіз тауып алсам біреу тартып алатындай...

     Менің күткен қараңғылығым да түсті. Шыдамсызданып жүріп қолшамымды таптым. Арқан тауып, әр жерінен түйін жасадым /осы түйіндер мені ажалдан алып қалды/, сосын бір ұшын даладағы қазыққа ілдім де,  екінші ұшын беліме байлап, «бисмилламды» қайта-қайта айтып жүріп, әлгі тасқын соңында қалған үңгірге түсейін... Үңгірдің тереңдігі көлбеуінен үш метрдей бар. Осы көлбеу батпаққа табаным тиісімен-ақ көкірегім лүпілдеп қоя берді. Дүниедегі бар байлық осы үңгірде жатыр-ау деген ой ғой баяғы. Сол  ен байлықты лезде қойныма тықпақпын... Мен, тіземе, одан беліме дейін кірдім батпаққа. Ұйық  су емес екен, мені тартып барады. Мұны жұтпаға түсіп көрген адам ғана сезінетін болар. Жұтпаның да жаны болатынын мен енді білдім. Жаны болғанда қандай!.. Қимылсыз қалсаң – рахаттанып жайлап жұтады. Қарсылық көрсетсең, аяғыңмен тепкілесең – қылғып-қылғып жұтады екен бұл бәтшағарың. Ғазауат майданына да ұрандап кіресің ғой. Осы ұраннан күш аласың. Өйткені қарсыласың да өзің секілді саналы адам. Ал, мынау мылқау да меңіреу жұтпаға не деп ұрандамақсың! Ол сені түсіне ме? Мен қазір дәл осы күйдемін. Ары-бері ізденейін десем – бір қолымда қолшам, бір қолым арқанда, аяқтарым болса да қимылдамайды, біртүрлі ыңғайсыз жағдайға душар болдым. Бір кезде батпақ мойныма дейін келді. Табан тіреп жоғары қарай денемді көтерейін десем, аяқтарым етігімнің ішінде құр былғаңдағаннан басқа түк те бітіре алмады. Батпақтың асты – құрдым. Алтын сандық көзден бұлбұл ұшқан шақ. Өзім құдды бір көзі алайып ұйық тартып бара жатқан мал секілді болдым да қалдым. Айналамның бәрі қап-қараңғы көр. Әбден шаршадым. Ендігі жерде алтын сандық емес, бұл көрден қалай шығу мәселесі мұң болды. Жәрдемге адам шақырып айқайлайын десем, мына жеті түнде жердің астынан шыққан дауысқа кім келмек. Екіншіден алтыныма ортақ болса қайтпекпін... Мен өзім бала кезімнен осындай сақтыққа үйренгем. Осы ойлардан кейін қолымдағы қолшамымды батпаққа құйрығымен қадап қойып, екінші қолымды да арқанға создым. Арқанды тапқан соң екі қолдап тартып едім ептеп жоғары қарай лықси бастадым. Қуанғанымнан көзіме жас үйірілді. Арқанды тағы да тартып едім – беліме дейін көтерілдім. Өзі түгіл көлеңкесі де жоқ алтын сандықты қанша қимағаныммен жан тәтті білем. Қой, бұл жерден кетейін деп батпақта қадаулы тұрған қолшамымды алдым. Сұмдықтың көкесі осы жерде басталды... Қолымды арқанның келесі түйініне соза беріп едім өзім тұрған ұйықтың шыңырауынан: «б-а-л-а-мм» деген дауысты есітсем бола ма. Қорыққанымнан  өзім қалтырап, батып тұрған ұйығымның беті селкілдеп кетті. Қара жерде болса тұра қашасың ғой. Ал, мына жерде тіпті қиын екен. Апырақтап-тапырақтап арқанның келесі түйінін таба алмай да қалдым. Амал жоқ батпақпен батпақ болған бетімді кейін қарай бұрып, үңгірдің түбіне қарай қолшамымның жарығын бағыттайын... Үңгірдің түбі де ми батпақ. Түнек. Осы түнектегі батпақтың үстінде құдды менің қазіргі кейпім секілді қап-қара бірдеме томпаяды. «Б-а-л-а-мм» деген келесі дауыстан соң әлгі томпақ дененің бүйірінен болар болмас екі көз ашылса бола ма... Екі нүкте қолшамның жарығымен жап-жасыл болып тесірейіп тұр... Жер астындағы батпақтың әлгі селкілдегені селкілдеген бе, ендігі жерде балдыр басқан көл бетінің дауыл күнгі толқығанындай шайқатылды. Қорыққанымнан сақылдап сынған бір-екі тісімді түкіріп тастадым. Адам көрге де үйренеді деген сөзді мен бұрын да айтқам. Маған табан астында бір ой келді: «б-а-л-а-мм» деп шақырған дауыс әзірейілдің дауысы  болса неге осы уақытқа дейін маған жақындамайды» деген. Бұл ой маған азырақ батылдық берді. Ендігі жерде көрдегі батпақ үстінен жылтыраған екі көзге анықтап қарамаймын ба... Сөйтсем, бұл өзімнің көршім Ағабай молда екен. Алтын сандықты жеке иелену үшін үңгірге менен бұрын түсіп кеткен түрі ғой ол кісінің. Бірақ, ешқандай қауіпсіздік ережелерін сақтамаған да... Бұдан кейін үрей жайына қалды да, мен өзімді де, молданы да сыртқа алып шықтым.

    Ол кісі маған осы жолы өте риза болды.

    -Сені маған құдай жіберді ғой, - деді ағынан жарылып. – Жүр, үйге барайық. Мына түрімізді ешкім көрмесін, өзіміз де көрген жоқпыз...

     Ешкіммен шешіліп сөйлесе бермейтін Ағабай молда маған /бұл кісінің өзінде бала жоқ еді/ осы жолы өте көп  әңгіме айтты. Сөзінің соңында:

     -Балам, мен саған бір аманат тапсырайын, көзіңнің қарашығындай сақта. Бұл бір киелі дүние, киені ешкім ешкімнен сұрап ала алмайды, кие адамын өзі іздеп табады, бұл саған бұйырып тұрған шығар, көптен бері өзім де іштей толғанып жүргем, таңдауым өзің едің, ішімдіке жолағаныңды мен көрген емеспін, енді осыған ие бол, - деп, қолыма қайыстай қатып қалған имек иық қара қобызды қияғымен қоса ұстатты.

    – Реті келіп ойната алмасаң – күнсіп қалмасын. Оқтын-оқтын жас қозының құйрық майымен майлап тұр. Бұл қобызда Қорқыт бабаңның сүйекті әруағы бар... Абайла!.. Әлдеқалай жабырқап, «шөлдеп» қалса өзі де белгі береді... – деді молда.

     «Жарайдымды» айтып, мен ол кісіден қара қобызды алдым. Бұл қобызда қандай құпия бар екенін қайдан білейін...

     Үйге қобыз әкелгенімді көрген әкем де, нағашыларым да таң қалды. Бастарын шайқап, күрсінгендері болмаса, артық-ауыс ештеңе айтқан жоқ.

     Менің бір кісідей сезімталдығым да бар. Әкем мен нағашыларымның күрсінгені жаныма батты. Қара қобызда қандай сыр болатынын білмесем де, жақсы қарадым. Ешқандай белгі бермесе де майлап тұрдым. Бірде, ұзақтау жолсапардан оралғанмын. Төсегімнің бас жағында ілулі тұратын қобыз есімнен шығып кетіпті. Түннің бір мезгілінде «аһылап-үһілеген» бір дауыс мені шырт ұйқымнан сілкіп оятты. «Аһ-үһ... аһ-үһ...». зәрем зәр түбіне кетті. Бөлмеде менен басқа ешкім жоқ. Мен ілулі тұрған қобыз дыбыс шығарады деп өмірімде ойлаппын ба?!. Қарасам, бас жағымда ілулі тұрған қобыз кәдімгідей-ақ ісіп-кеуіп тұр... күрсінеді... Мен үйден тұра қаштым.

    Әкем мен нағашыларым үре-дүре болды. Не болса да бұл жолы сол кісілер қобыздың ентігін басты.

     Не керек, бұл қобызды он жылдай үйде бақтым.

     Бір күні үйге әрі ақын, әрі әртіс Арын досым келіп қалды. Қобызымды қояр да қоймай сұрап алып кетті.

     Бұл кезде Ағабай молда дүниеден өткен. Мен ол кісінің аманатын Арынға айттым. Бұл қобыз тұрған үйде ішкілік деген атымен болмауы тиіс деп ескерттім. Менің бұл сөзім Арынға әсер етпеді-ау деймін. Бір жылға жетпей досымның миына қан құйылып, көп ұзамай дүниеден өткен. Қара қобыздың қайда кеткенін ешкім де білмейді. Тек қана біреулер Арын қайтыс болған күні таңға жуық үйге бір ақ сақалды, ақ кебінді бір кісі кіріп шыққандығын айтады...

     Міне, менің алдымда сақал-шашы жайылып, тұтас денесінің жартысы жер астында тұрған  қарт сол Ағабай молда еді. 

*     *     *

     Мен осы ойлармен тұрғанымда тағы да  алты минут уақытым өтіп кетіпті. Ендігі қалғаны небәрі ек-ақ минут... Ғарыш кемелерінде уақыттан ауытқу деген болмайды. Мен оны жақсы білемін. Ойым қалай болғанда осы жолы оларды көру!  Тіпті сол кемеге мініп кетуге де бармын мен...

     Ойым: «б-а-л-а-мм» деп маған қарай жалынышты қолын созып тұрған Ағабай молданы  батпағынан сыртқа қарай лақтырайын да, жөніме кетейін дедім. Солай еттім де... Ағабай молданың қолына қолым тие бергені сол еді, не болғанын өзім де түсінбей қалдым. Молданың көлемді жерді жауып жатқан сақалы қармақша тап беріп, мені лезде матап тастады... Байқап үлгергенім бұл кісінің отырған жері жұтпа екен. Әлгі сақал жұтпаның бетін жауып білдірмей жатқан жасанды жабу-қақпақ  болып шықты. Сонымен, ештеңені де ойлауға мұршам болмастан  Ағабай молданың артынан жер астына қарай зымырадым-ай келіп... Жер жұтпасы таудағы тамұқ жұтпасының ширегіне де келмейді. Мұнда бақырып-шақыруды былай қойғанда ойлануға шама жоқ. Әйтеуір, жұлым-жұлымың шығып сырғи береді екенсің. Ой, сұмдық-ай...

     Жер астына қарай қанша уақыт зымырағаным есімде жоқ. Жұтпаға бас жағыммен жұтылдым ба, аяқ жағыммен жұтылдым ба, оны да білмеймін. Бір кезде, топан секілді бірдеменің үстіне гүрс ете қалдым. Мен түскен жерден жан-жағыма, құдды бір көлге гүмп ете қалғанда аспанға шашылатын су секілді бірдемелер шашырап кетті. Бірақ, бұл су емес еді. Мен оны сау тамтығы қалмаған жалаңаш денеме әлгі шашыраған топан қайта келіп қонғанда байқадым. Бұлардың бәрі құрт-құмырсқа, бақа-шаян, жылан, кесірткелер екен... жер астын мекен ететін мақұлық-жәндіктердің бәрі бар мұнда. Ендігі жерде олар жабылып менің жарақаттарымнан аққан қанымды жалай бастады... істік тырнақтарымен аузымды, көзімді ашпаққа әрекеттеніп жатқандары да бар. Бұл жерде олардан құтылам деп жанталасудың да қажеті жоқтығын ұқтым. Қалай болғанда мен оларға азық боламын ғой деген ойдан көкірегіме өксік толып кетті. Мен секілді оқиғашыл-қумаңдайға ендігі жетпегені осы еді. Бір кезде:

    -Аш, көзіңді! – деген бұйрық райлы сөзді құлағым шалып қалды. Молданың дауысы... - Аш, көзіңді!

      Менде көз бар ма?.. Ия, айтпақшы, бар екен-ау... мен көзімді ашуға тырыстым. Көзімді құрт-құмырсқаға жегізбеу әрекетімнің күшті болғандығы сондай – кірпіктерім айқасып көздерімнің жиегіндегі еттеріне шегеленіп қалыпты. Қабақтарымды қолмен тартқылағанымнан да түк шықпады.

       Мені аяп кетті ме, кім білсін /ол жақтағыларда бұл сезім болса/ Ағабай молда құран оқи бастады. Мына құдіретті қараңыз... Құран аяттарында мұншалықты қуат болатындығын, мен осы уақытқа дейін сезбеген екенмін. Әлгі үсті-басымда жалмаңдап жатқан жәндіктер денемді тастап кете бастады... көзім де ашылды. Менің алдымда өсіп кеткен сақалы мен шашы әудем жерді жауып молда отыр. Қолында баяғы қара қобыз...

    -Айт, - деді, Ағабай молда. – Бұл киелі қобызды неге біреуге қолды еттің. Мен саған ескертіп едім ғой! Сен салтты бұздың. Оған кінәлі мен болдым, дұрыс таңдау жасамадым. Сені қырық мың жылдан бері осында күтіп отырмын. Мені сол айыбым үшін жұмақ түгілі тозаққа да қабылдайтын емес. Мына қобызды қайтып берсем, аласың ба, соған ант бересің бе, сен әлі өлген жоқсың!..

     Түмен ойдың торына енді түскенімнің несін жасырайын. Мына адам көргісіз түріммен қобыз қолтықтап тағы да үйге барамын ба? Мен қаңғыбас қобыз түгілі өзіме де қарамаймын ғой, неде болса шындығымды айтайын. Онсыз да көрген сұмдығым аз емес. Осы жерде-ақ қалайын, маған ол қобыз керек емес, күтіп ұстай алмаймын  деп ой жұптай бастағам... Кенет:

    -Мен аламын ол қобызды, маған аманаттаңыз. Бұл оқиғаның бәріне тек қана мен кінәлімін. Мен өзім ол қобызды бермесіне қоймай сұрап алғанмын одан. Маған беріңіз ол қобызды, маған беріңіз... Отыз мың жылдан бері осы қобызды іздеп жүрмін. Күнәмнен пәк болайын, енді арақ ішпеймін... /әруақтардың қай мекенінде болсын - ішкілік жоқ/. Кінә менде, оның түк те кінәсі жоқ... түк те кінәсі жоқ... – деген дауыс естілді.

     Мен абдырап қалдым. Өйткені, жердің астын жаңғыртып, бізге қарай салып-ұрып  келе жатқан менің Арын досым еді...

     Ағыбай молданың көзі қанталап кеткенін байқап қалдым.

    -Былай тұр! – деп, молда мені қолымен қағып жіберді...

    *     *     *

     Ыңқ ете қалдым. Құлаған жерімді барлап қарасам тастақ әрі үңгір секілді. Зәктің, күл-қоқыстың иісі шығады. Әруақтар емес, кәдімгі тірі адамдар тұратын жер... «Қайран адамдарым-ай, күлдеріңнің иісінен айналайын...» деп кемсеңдеп те кеттім. Бірақ, айналам тас қараңғы. Сасқанымнан қолшамдарым мен сағаттарымды іздемеймін бе... Бойымды сипалағанда барып білдім – менде лыпа атаулыдан түк қалмағандай екен. Үсті-басым жұлым – жұлым... Құдды бір жүнін шала жұлған күркетауық секілді. Дегенмен, бұл өмірде бар екендігімді ұқтым. Қуанғанымнан айқай салдым... үңгірдің жарқабағына жабысып тұрған жарқанаттар тамұқтың түткенінен қалған тұла бойымды, бет-ауызымды тілгілеп, қиқы-жиқы сыртқа қарай ұшты. Соңдарынан мен де ұмтылдым... «Тірімін, мен тірімін!..» деп айқайлап, дауылдап келемін. Үңгірден де шықтым-ау!.. Таң атып қалыпты. Жан жағыма қарасам, бұл үңгір - Сүбебай екеуміз түнде келіп тоқтаған үңгір екен. О, тоба! Басымды шайқамасқа шарам қалмады. Айқайлаған дауыстың қай жақтан шыққанын аңғармаған болу керек, Сүбебай үңгірдің дәл алдында түнде мен кеткен жаққа көз тіктеп тұр екен. Мен досымның артынан барып, жайлап иығынан түртпеймін бе... «Ой, алла-ай!..». Бұл – Сүбебайдың, сидиған сексеуілдей /бұл түні мен жиырма келі салмақ жоғалтқам – жәндіктер сорып тастаған болу керек/ менің ұсқынымды көрген кездегі, көздері алайып, шалқалап құлап бара жатып айтқан сөзі еді. Мен досымды көлден су әкеліп, бетіне шашып жүріп зорға тірілтіп алдым...

     Шолпанатаның ауруханасы бұл жолы мені бір ай емдеді, сау – тамтығы қалмаған денемді дәрігерлер шиырлап тігіп тастады.

     Кетерімде Сүбебай досыма: «Маған тау басындағы тесіктастың оң жағы ма, сол жағы ма, қай жағынан өтуім керектігін неге айтпадың» деген өкпе-назымды, ғарыш кемелерін жақыннан көре алмай қалғанымды айттым.

     Сүбебай маған күдікті тұманға толып кеткен көздерімен бір қарады да теріс айналып кетті.

     Оның өзі де өткен жолғы әсерден әлі айыға алмай тұрған еді.

     Сау бол, Сүбебай дос, біз әлі кездесеміз!..

 

Қазақ тілінде жазылған