Адам қарады: 69 | Жарияланды: 2018-06-27 06:06:22

Академия

төрт көріністі драма

Кейіпкерлер:

  1. Оразбай, ауыл ақсақалы
  2. Кәрім, ауыл ақсақалы
  3. Жұмабай, ауыл ақсақалы
  4. Зиба, ауыл әжесі қолөнер шебері
  5. Злиха, ауыл әжесі, ұлттық тағам әзірлеу шебері
  6. Арман, магистрант, жас ғалым, ұлттық әдет-ғұрыпты зерттеуші
  7. Мәлік, дипломмен ауылға келген жас мұғалім
  8. Жұлдыз, Мәліктің жұбайы, медбике
  9. Ауыл балалары

 

 

Бірінші көрініс

 

( «Бірлік» ауылы. Мұнда негізінен қазақ, жергілікті халық қоныстанған. Егін, мал өсіретін шаруа қожалықтары да бар. Әр отбасы жылқы, сиыр, қой, ешкі, құс өсіріп күн көреді. Кешкі мезгіл. Мал өрістен оралатын уақыт. Ауылдың дәл іргесіндегі төбе басында қауқылдасып қариялар отыр.)

 

Оразбай: Кәрім, Жұмабай қалайсыздар?

Кәрім, Жұмабай:(екеуі бір мезгілде қосыла, қабаттаса сөйледі) Тура кешегіндейміз.

Оразбай:(жымиып күліп) Не дейді?

Кәрім: Саңыраусың ба? Сауалыңа жауап беріп тұрмыз ғой! Күні кеше қандай болсақ, бүгін де дәл сондай көңіл күйдеміз.

Жұмабай: Дұп-дұрыс айтады. Солай-солай

Оразбай: Бәрекелді, бәрекелді! Құдіретті құдай күшті, қуат, мықты жігер берді деген осы ғой. Әжім де арам шөптей әр жерден қылтияды. Қашан көрсем де бет жүздерін қызыл шырайлынып тұрады әйтеуір.

Кәрім: Ореке, суырылып сұңқылдай бермеші, көзің тиіп кетіп, мұрттай ұшып жүрмейік. Тпа, тпа де бізге.

         (Оразбай беттеріне түкіріп, пәле-жаладан аулақ болыңдар деген сыңайда ырым жасайды.)

Жұмабай: Сөз сөзден туады, сөйлемесе неден туады демекші, қызыл шырайдың да өз құпиясы бар.

Кәрім: Бәсе, бәсе. Жүкең келістіріп, кестелеп кемпірін мақтайды енді.

Оразбай: Мақтасын, мақтасын. Біз сияқты егде тартқан, былайша айтқанда өмір базарынан қайтып келе жатқан қарияларға қасында қарайған кемпірден артық кім бар дейсің?

Жұмабай: Тоқта, тоқта. Тұратұрыңдар. Біріншіден біреудің әп-әдемі бәйбішесін, келісті келіншегін кемпір, кемпір деп кемсітпендерші.

         (Сөз тыңдап отырған екі қария бір-біріне көздерінің астымен қарап, жымияды)

Көрнекті ақын, марқұм, топырағы торқа болғыр, Қадыр Мырза Әли ақ жаулықты әжелерді кемпір деп кемсіту мүлде қате. Оларды ұзақ жасаған қыздар деп атаған жөн деген жоқ па?

                                      (Бәрі қосыла рахаттана күледі.)

Кәрім: Онда құлағымыз өзіңде?

Оразбай: Ұзақ жасаған қызыңды ұзақ мақтайтын шығарсың?

Жұмабай: Жақсы атын мақтар, жаман қатынын мақтар деп ойлап қалмаңдар. Бүкпесіз сырым. Өтіріктен өрмек тоқымаймын. Шындықты айтамын шарықтатып.

Кәрім: Бөгелме, мүдірме.

Оразбай: Сайра, сайра бұлбұлым.

Жұмабай: менің бәйбішем Бәтима бар ғой, нағыз мәрт жан. Елгезек. Елпілдеп тұрады. Тағам дайындаудың танымал шебері! Қымызы балдай, қыстағы құрт көжесін, шілденің аптап ыстығындағы ашыған көжесін айтсай. Тіл үйіреді. Мамыр айындағы майы ше? Бауырсағы былқылдап піседі. Осылар тұрақты қорегіме айналған соң қомпиып, томпиып жүремін, әрине. Қызыл шырайланып, нұрланып көрінуіміздің басты сыры осында болса керек.

Кәрім: Біздің Күнсұлу таңғы қою шай дастарханынан бастап-ақ тәттілердің бәрін алдыма тосады. Әсіресе піскен сүттің бетіне жиналған қаймақты тау кесемен ұсынған сәтте біртүрлі таудай өсіп кетемін. Ең сүйсініп жейтін тағамым бұл.

         Бәйбішем жасаған құрттың дәмі мүлде бөлек. Топырлатып үй төбесіне жайып тастайды.Алдымен у-шу болып, топтала ұшқан қара қарғалар ауыз тиіп, сәл саябыр тапқан соң қариялар, қалған бала, шағалар ащылайды.

Оразбай: Ал, менің алтын әйелім Алтынның қаймаққа тары былғап бергенің көрсең ғой.

Жұмабай: Не деп отырсың? Қайдағы тары?

Кәрім: Рас-ау. Өтіріктің құйрығы көрініп қалған жоқ па өзі.

Оразбай: Жо, жоқ. Бәрі шындық. Әйгілі Ақтөбе ежелден ақ тарының атасы емес пе? Айтып едім ғой, ұмытып қапсыңдар. Қайын жұртым Ырғыз жақтан. Жуан қапшықтар қаптап келмесе де, дорбалар домаланып жетіп жатады. Былайша айтқанда «Бірлік» ауылының тәтті қаймағы мен Ақтөбенің дәмді тарысы дастарханға берекенің сәнін, мәнін келтіреді.

                                                        (жымиып күліп)

Жұмабай: Бәйбішелер жайлы баяндама жасаудан аудандық, облыстық байқау өте қалса, үшеуіміз де дау-дамайсыз жүлде иеленетін түріміз бар сияқты.

                                                        (бәрі қосыла күледі)

Кәрім: Сіздерге бір өтініш. Осы мақтау сөздерді бәйбішелердің өздері естіп қалып жүрмесінші.

Оразбай: Ести берсін. Онда тұрған не бар?

Жұмабай: үлкен мән, үлкен гәп бар.

Кәрім: естіп қалса, есіріп кетіп, есімізді жия алмай жүрмейік.

Оразбай: Несін айтасыңдар. Шыбықтарымыздың көктеп, көгеруі үшін су болып төгіліп, нұр болып құйылып, біздерді бәйтерекке айналдырып отырған бәйбішелерге қандай салиқалы сөздерді сапырсақ та жарасымды. Бірақ «ақылды қария, ағынды дария» деген даналық лебіз бар. Ақсақалдарға тән әңгімені өрбіте отырайық та.

Жұмабай: Ореке, өте дұрыс ұсыныс, пайымды пікір айттыңыз.

Кәрім: қазақта, арғы ата-бабалар оқымай-ақ ақымысты болғандай көрінеді де тұрады маған. Ақын, шешен, билердің дені табанда тауып айтқыш. Шетінен философ ойшыл деуге әбден болады. Біртүрлі көріпкелдік қасиеттен де құралақан емес. Көкіректері көреген. Болашақты болжағыш. Баяғыда жазған жырлары осы заманға тура сәйкес келеді. Таңдай қағудан басқа амал жоқ.

Оразбай: Кәке көркем ойқозғадыңыз. Мен кітаптарды көп парақтаймын. Ұлттың рухани қазынасына айналған «Бес ғасыр жырлайды» кітабы құраннан кейінгі құнды дүнием. Он бесінші, жиырмасыншы ғасыр аралығындағы қазақ ақын жырауларының шынайы шығармалары шөліңді қаңдырар қайнар, кәусар бұлақтай.

Жұмабай: Орайы келгенде оқыған, тоқығаныңызды айта отырыңыз Ореке. Құлақ құрышы қансын да.

Кәрім: Иә, сөйтіңіз, сөйтіңіз.

Оразбай: Кәрім сен дұрыс айттың. Баяғы бабаларымыз шынында сөзге үйір, бейім, шебер болған ғой. Мәселен, өлең, сөздің өзінде де қылағай боп қылтимай, шортан боп тулайтын Шортанбай ақын:

Мейір кетті пендеден,

Сөйтіп ердің алдынан.

Ақыл сұрасаң азбассың,

Көпті көрген көнеден.

Қасиет кетті төреден,

Ғаділдік кетті билерден.

Абырой кетті әкімнен,

Қайын енесі ас ішпес.

Қабағын түйген келіннен

Жалғыз құдай болмаса.

Енді үміт жоқ өзгеден, - деп төгіледі.

Жұмабай: Әйгілі Мұхтар Әуезовтың өзі Жетісу ақындарының алтын діңгегі деп атаған Сүйінбай Аронұлының асау арынына, дабылды дарынына, жырдан өрнектелген жауынына сүйсінбеу мүмкін емес. Ол пенде бойындағы жақсы және жаман қасиеттерді былайшы бейнелейді.

Жақсы жігіт ел-жұртының қаласындай,

Жақсы әйел әмме жұрттың анасындай.

Жақсыға ешкімнің де жаттығы жоқ,

Көреді бәрінде өз баласындай.

Жақсы жігіт сөзіне сақ тұрады,

Қыранның қырдан байқар баласындай.

Жаман парқы жақсымен бірдей емес,

Жақсы жігіт елінің ағасындай.

Жақсының сөзін әркім пайдаланар,

Миуалы алма, өріктің ағашындай.

Кәрім: Па, шіркін. Мынау сүбелі сөздің құйылып тұрған қаймақ, майы ғой.

Оразбай: тек қана мұқият, зер сала тыңдап қоймай, зердесіне тоқитындар көп болсын деп тілейікші.

Жұмабай: Дұрыс, дұрыс пікір. Осы ғұмырымда менің айқын аңғарғаным бір нәрсе. Қазақ ықылым заманнан бергі аралықта киелі сөз өнерін пір тұтып қадірлеген. Жан дүние тазалығы үшін жанталасқан.

Кәрім: Иә, иә солай. Бір қарағанда арғы бабалар бәрін түгел, айшықты айтып кеткен тәрізді. Бізге баба бағдарламасын орындау жұмысы қалғандай-ау өзі.

Оразбай: менің тіл ұшыма тағы өміршең өлең оралып тұр.

Жұмабай: Кеш боп барады. Сен-ақ шаршамайды екенсің?

Кәрім:Ойбай-ау білмейсің бе. Бұл Орекең Асан қайғыны асқақтатады, Қазтуғанды қалықтатады, Доспамбетті дүрілдетеді, Шалкиізді шалқытады, Ақтамбердіні аңыратады, Тәттіқараны тамылжытады. Осы жерден сәл аялдайын. Қалғанын өзі айтар.

Оразбай: Айтайын, айтайын. Бұқар жырауға бұрылмай қалай қозғалайын бұл жерден. Оның өмір жайлы толғаныстары бүгінге де, ертеңге де, одан кейін де рухани айрықша азық қой.

Жұмабай, Кәрім:(қосыла сөйлеп) Анықтамаңды азайтып, жарнамаңа жабыспай, шөл қандыратындай айтсаңшы енді.

Оразбай:   Сұрағанда бермеген,

Сараң емей немене.

Кісі ақысын көп жеген,

Арам емей немене.

Іштегі сыр Аллаға мәлім,

Сыртыңдағы қулығың.

Амал емей немене,

Сусағанда берген су.

Шекер емей немене.

 (сырттан ауыл балалары жүгіріп келіп, асығыс, ентеле сөйлейді)

Бірінші бала: Оразбай ата, малдың бәрі келді. Қораға қамап жатырмыз. Ақсақ қара қой жоқ. Біреулер ақсақ Ақлима әжей үйіне қарай кетті дейді. Жүріңізші, бірге іздеп табайықшы.

Екінші бала: Жұмабай ата, астаудағы суға өзіңіз айтып жүрген орысша көршінің малдары таласып, пәле боп жатыр. Сіз бармасаңыз болмайды. Кеттік ата.

Үшінші бала: Кәрім ата, Кәрім ата. Естімейсіз бе. Манадан бері айқайлап тұрмын ғой. Әжем бүгін самаурынға шәй қойды. Шалдың әңгімесі бітсе де, бітпесе де үйге оралсын деп жатыр.

         (Үш ақсақал Оразбай, Жұмабай, Кәрім үн түнсіз орындарынан тұрып, үсті бастарын қағып немерелерімен бірге үйлеріне қарай беттейді)

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Екінші көрініс

        

(Ауыл іші қазақы үй. Қолөнер шебері Зиба ұлттық тағам әзірлеу шебері. Злиха әжейлер шүйіркелесіп отырған. )

Зиба әже: Амансың ба?

Злиха әже: Тәуба, тәуба.

Зиба әже: Бір құдайға сыйынып, бала-шаға саулығын тілеп, біреуден ілгері, біреуден кейін жүріп жатырмыз ғой әйтеуір.

Злиха әже: Үй толған кір. Көбі шалдың көйлектері. Қонаққа барса акуратно тамақ ішуді білмейді әсте. Салаттың бәрін үстіне жағып әкеледі. Тапия тал түсте аузын таба алмай ма, соны түсінбедім. Енді кір жууға кірісейін деп жатқанда әлгі ауыл әкімі жетіп келген жоқ па? Тойған қозыдай томпиып жүріп, тіл тапқыш өзі. Үлкенмен де, кішімен де сөйлесуге бейім. Нансаң, осы жерге ұялғанымнан келдім

Зиба әже: Қарасан келгір қара сиырдан хабар жоқ. Ала сиыр екі күн бұрын бұзаулаған. Ескінің көзімін ғой. Жастар біліп,сезіп, дәмін татсын деп уыз көже дайындауға бекінгем. Күрішімді де тазалап, жуып қойғанмын.сол сәтте әлгі бала, ауыл әкімі жетіп келмесі бар ма? «Тастаңыз бәрін, тастаңыз. Сіздер керек болып тұрсыздар. Түсіне білсеңіздер, бұл бүкіл ауыл абыройы» деп қылқылдап тұрып алды. Жетекке ерген момын бұзаудай жетіп келдім. Енді қайтейін. Бірақ ештеңе түсініп отырған жоқпын.

Злиха әже: Мен де сенің ар жақ бер жағыңмын ғой. Сонымен кім келмекші екен.

Зиба әже: Кәмісса шығар?

Злиха әже: Қайдағы кәмісса қаңғырып жүрген. Ақымақ дейсің бе? Есіңде болсын, кәмісса өте ақылдылар тобынан құралады. Естуімше олар айласын асырып алып, жеп, құртып кететін жерлерге баратын көрінеді! Бізде не бар дейсің?

Зиба әже: Сонда кімді күтіп отырмыз? Түк түсінбедім.

Злиха әже: Енді ауылдың аруларын, сұлуларын көрсету емес шығар.

                   (Екі әже рахаттанып күліп алады)

Зиба әже: Несі бар, біз де ару болғанбыз. Түсірсеңші есіңе бойжеткен балғын кезіңді.

Злиха әже: Махаббатты ма?

Зиба әже: Қайдағы махаббат. Ол кездегі жігіт те, қыз да бөлек қой. Мәдениет мәуелі болып тұрды. Айтайын ба бір көріністі.

Злиха әже: (күлімсіреп) Айтшы, айтшы? Бір жасарып, жайнап қалайық.

Зиба әже: Түлкібайды білетін шығарсың. Жүрек сырын шертіп хатты талай топырлатты маған. Ішінде қара сөзі де бар, өлеңі де бар. Айға да, күнге де, жұлдызға да теңейді. Пошташы міндетін ауыл балалары зыр қағып жүріп атқарады. Сонда деймін-ау, көне қалу, келісе қалу, аймаласа қалу жоқ қой бізде. Қораның бұрышында, албардың артында кездессек, жігіттер соған мәз болатын. Қаланың орталық паркінде серуен құрғандай сезінетінбіз.

Злиха әже: Сонымен әлгі Түлкібайың не болды. ортақ тіл таптыңдар ма?

Зиба әже: Қайдағы. Хатының бәрін жыртып, жыртып тастадым ғой. Бірақ ішінде күшті, күшті көркем сөздер бар еді. Бір жағы жалко.

Злиха әже: Сосын...

Зиба әже: Сосын Түлкібай өз орманында қалды. Қасқырбай қағып кетті ғой. Сонымен конец фильм.

Злиха әже: Менің де өмірім бір фильм. Неге екенін білмеймін, өзге жігіт жоқтай осы Тоқтардың торына топ еттім. Хатты бұл да бұрқыратты. Анда барсам да, мында барсам да соңымнан қалмады. Тіпті әке шешемнің де сеніміне ие болды. Ауылдағы отындық ағашты жарып, күзде шөп тасуға жәрдем беретін. Шешем «Осы бала қайырымды, кішіпейіл. Тұрмыс құрсаң өкінбейсің шырағым» деген сөзді әннің қайырмасына айналдырды. Ақыры сол кезеңінің тәртібіне сәйкес жігітіме кестелеп,моншақтап  бет орамал сыйладым. Біреуін әлі жоғалтпапты жақында ескі сандықтың түбінен алып шыққанында қолөнердегі қолтаңбамды көріп, қуанғаным-ай.

Зиба әже: Осы қазіргі жастардың махаббаттары қалай. Не сыйлайды екен өздері бір-біріне?

Злиха әже: Не сыйлаушы еді.  Түк те. Баяғы жігіттердің қыздарға сөз маржандарынан тізіп хат жазуы, ал арулардың жақсы көрген азаматына орамал сыйлау дәстүрлері көзден біржола ғайып болған. Махаббат мәдениетсіз. Бәрі демей-ақ қояйын, көбінде ар аяқ астында, ұят ұмытылған. Ізгілік іріп, шіріген.

Зиба әже: Халық «қыз қуыршақ, бала құлыншақ» демей ме? Тағылым тал бесіктен, сана ұядан жетілуі керек. Жақында Қазақстан теледидарынан мынадай дір еткізер деректі естідім. Налыдым. Былтыр 2016 жылы республикада 144 мың отбасы құрылса, соның 43 мыңы ажырасып тынған. Не масқара.

Злиха әже: Сұмдықтар солтүстіктің қарағайындай сорайып, зорайып тұр. Азаматтық неке деген бар екен. Жігіт, қыз бір-екі жыл бірге тұрып, көңілдері жараспаса екіге айырылып кете беруге болатын көрінеді. Ал, түсін. Үйленіп, тіпті келін жүкті болған соң беташар жасап, той өткізіп жатқандар қаншама.

Зиба әже: Ауыр жүкті арқалаған ата-аналар ғой. Қабырғалары қайысса да, көңілдері майысса да шыдамды, төзімді. Алыстағы ауыл ақынының

Білем емеспін бөтенің,

Несібе сенің не тенің.

Жаба алмай қарызды,

Жарқылдайды көтенің, - деген өлеңі дүрілдетіп думан жасауға, той өткізуге әуес қазақтарға арналса керек.

Злиха әже:(Зиба әжеге бұрылып) Жә, доғарайықшы осы жерден. Ұят болар. Ана қара. Біз азамат келе жатыр. Біздің «Бірлік» ауылының баласына мүлде ұқсамайды.

Зиба әже:(көзін көлегейлеп, тесіле қарап.) Әлгі біз күтіп отырған кәмісса осы шығар?

Злиха әже: Болса, болар. Киген киімдеріне қарағанда қаланың өкілі-ау сірә. «Галстук таққандар бастық, көзілдірік кигендер көп оқығандар» дейтін бір танысым. Сол жобадағы жан сияқты.

Зиба әже: Әже көрмеген бала емес шығар. Анадан туған ғой бәрі де.

Злиха әже: Келсін, келсін.

         (Кастюм, шалбар киген, галстук таққан, көзілдірікті жас ғалым, магистрант үйге еніп, әжелерге ізетті амандасады.)

Арман: Сәламатсыздар ма, асыл аналар, ардақты әжелер. Алыстан келген соң қолдарыңызды қысып амандасуға лұқсат етіңіздер. Тақылдап кетті деп айыпқа бұйыра көрмеңіздер. Ойыма жерлес ақынның өлеңі оралып тұр.

Ана саған ақ тілекті үйейін,

Ақ шашыңнан иіскейін, сүйейін.

Көргенсіз деп сөз естімей ешкімнен,

Көрегенді боп көз алдыңда жүрейін.

Зиба әже: Иә, ақынсың ба?

Арман: Жо, жоқ. Ақын емеспін. Бірақ өлеңді өте ұнатамын. Лирикаға құмарлығым күшті. Абай, Қасым, Мағжан, Сырбай, Ғафу, Тұманбай, Мұқағалидың жырларын жақсы көремін.

Зиба әже: Тамаша, тамаша. Егер жасырын болмаса өзің қай жердің азаматысың?

Злиха әже: Туған аймағың, өскен ортаң дегендей.

Арман: Арман қала Астаналықпын. Сонда туғанмын, сонда оқығанмын.

Зиба әже: Әлгі сарылып күтіп отырған, ауыл әкімі айтқан жоғарыдан келген кәмісса сен бе сонда.

Арман:(жымиып күліп) ешқандай комиссия емеспін. Еуразия университетінің магистрантымын. Жас ғалыммын. Ұлттық әдет, ғұрыпты зерттеп жүрмін. Ауыл әкіміне алдын-ала хабарласқаным рас. Сіздер сияқты ауыл әжелерін көргім келіп кетті.

Злиха әже:Бізді де іздейтіндер бар екен ғой. Шүкір, шүкір дейікші Зиба.

Арман: Әжелер, мәселе былай. Тақырыбыма орай біраз ғалымдар еңбектерін парақтадым. Әсіресе жазушы, этнограф Сейіт Кенжахметұлының «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» деп аталатын үш тілде жарық көрген көлемді кітабынан біраз мағлұмат алдым. Әйтсе де тек теориямен шектелуді жөн көрмедім.әрекетімді жетекшім де мақұлдады. Сөйтіп,  ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің ұлағатты ұясы ауылды басты нынанаға ұстадым. Сөйтіп сіздерге тап болдым.

Зиба әже: Қазақшаң да тәп-тәуір екен.

Арман: Енді қазақ боп тудық қой.

Злиха әже: Қазақ боп туғанның бәрі тілді құрметтеп, қадірлеп жүрген жоқ. Орыс болайын десе түрі келмейтін, қазақ болайын десе тілі келмейтін дүбәралар, орысқұлдар ордаңдап жүр әлі. Неге екенін білмеймін, осы пенделердің дені қазақ табақ тартса қазы, қарта, шұжықты қомағайлана жейді де, туған тілге теріс қарайды. Егеменді елге қазақы ұрпақ керек.

Зиба әже:  Сен шын мәніндегі ұлттың ұлы екенсің. Талабын тауға қарай жетелей берсін шырағым.

Арман: Айтқандарыңыз келсін. Енді негізгі шаруамды айтып, сауалдар қойсам бола ма сіздерге?

Злиха әже: Болғанда қандай.

Зиба әже:(жаулығын түріп.) Екі құлақ өзің жақта айналайын.

Арман: Сіздерге дейін, ауыл әкімінің айтуы, кеңесі бойынша осы жердегі бір ақсақалға жолықтым. Көптен бері қолы шебер зергер екен.

Злиха әже: Дүкеннің іргесінде тұратын қара шал ма?

Арман: Дәл өзі, дәл өзі.

Зиба әже: Е... әлгі Қажымұратты айтып отыр ғой. Оның қолы епті, икемді, алтын ғой. (қолын көрсетіп.) Бәріміздің игілігімізге тұтынып жүргеніміз сол шалдың соққан сақиналары емес пе? Әкесінен жұққан қасиет дейді ғой көне көз қариялар.

Злиха әже: Ойбай-ау, ол қазір бизнесмен білдей. Бұйымдарына өтініш жасап, алушылар көп. Әсіресе қаладағылар қағып алып кетеді.

Арман: Пәтерінің бір бөлмесі жап-жақсы шеберхана екен. Қажетті құрал сайманның бәрі бар. Самсап тұр. Әңгімелесе, көре жүріп Қажымұрат қарттың алтын уақытын ұтымды пайдаланатынына, ешкімге ұқсамайтын қабылетіне риза болдым. Білезік, сақина, сырғалардың сан түрін көрдім. Күміс бұйымдары, бірден назар аударады. Көзді қызықтыра жалтырайды. Шашақ, шолпы, шаштеңгелері де көне заман көрінісін, ұлттық белгілерді паш етеді.

         Қария зергерлік бұйымдардың материалын қайдан алатынын, сондай-ақ жасалу тәсілін, процесін түбірінен түсіндіреді. Бүкпесіз сырым, бұл өзі моншақтаған маңдай тердің, қыруар қарқынды жұмыстың нақтылы нәтижесі. Хош айтысарда «қайран қарттарым-ай» деген сөз тіл ұшына орала берді.

Зиба әже: Біз де осал емеспіз. Шалдардың шаңдарын жұтқан шала кемпірлер жоқ қалқам.

Злиха әже: Жатырқама, тосырқама, бері қарай жақында шырағым. «Біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп Сұлтанмахмұт ақын сұңқылдап айтқандай өзіңе көрсететін заттар баршылық.

(Жас ғалым Арман екеуіне жақындай түседі.)

Зиба әже: Ертеректе ауылдың бәрі кілем, алаша, текемет шығаратын фабрика сияқты болды емес пе? Сойылған қой жүні ысырапталмады. Қыздар түгелдей қолөнерге құштарланды. Бойжеткендер топталып, үйді үйге бөлініп қолдан кілем тоқитын. Саусақтары нәзік арулардың боялған жіптерден салған ұлттық нақышты өрнектері таңғалдырмай қоймайтын.

Арман: Сонда олар бұл кәсіпті кімнен үйренген. Курстарда оқыған ба, әлде...

Злиха әже: Қайдағы курс. Ауыл қыздары ғой. Біреуіне әжелері, екіншілеріне апалары, ал үшіншілеріне жеңгелері үйреткен де.

Зиба әже: Сосын бар ғой, ол уақыттағы қыздар қолөнерге икемді болды. бір ауыз сөзіңнен, қараған көзіңнен түсінетін. Қазіргідей ине ұстай білмейтіндер мүлде кездеспейтін. Шетінен шебер. (бәрін көрсете бастайды.) Міне мынау менің өзім, шәкірттеріммен бірге тоқыған кілемім. Қалай, Ә?

Арман:(қағазына бірдеңелер жазады.) Тамаша, көрікті, көркем. Осы жерде бір сұрағым болып тұрғаны?

Зиба әже: Қысылма. Қоя бер. Мен кеңес одағының баяғы қызыл галстукті пионерімін. Әрқашан да дайынмын.

Арман: Сонда бір кілемді шамамен қанша күн тоқыдыңыздар?

Зиба әже: Оның несі құпия. Айтайын (сәл ойланып.) Жиырма,жиырма бес күнде толық бітіреміз.

Арман: Мына қоржыныңыз қандай әдемі. Бейне фабриканың цехынан шыққан өнімдей әсер қалдырып тұрғанын қарашы.

Зиба әже:(күлімдеп, Арманға қарай бұрылады.) Шырағым-ау мен жай кемпір емеспін. Өзім бір фабрикамын. Мынау жүк жапқыш. Он, онбестен дайындап ем, ауылдағылар жапа тармағай алып кетті. Төсек көрпе де сұранысқа ие. Дүкеннен арзан әрі сапалы деп жер, көкке сыйғызбайды. Бас жастық, құс жастық та кәдеге жарап жатыр. Шымылдырықты баяғы үлгі, баяғы дәстүр, тәртіп негізінде тігемін. Тапсырыс таусылмайды. Ел сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда отау отын жағып жатқандар да, отау отын сөндіріп жатқандар да жеткілікті.

Арман: Әне біреу не нәрсе екенін түсіндіре кетсеңіз?

Зиба әже: Әне біреуді айтасың ба? Ол кәдімгі қазақы шабадан. Ішіне мол дүние сияды. Қандастарымыз оны күнделікті тұрмыста көп қолданған. Ал мынау текемет. Мұны пайдаланған адамның аяғына салқын, суық тиіп ауырыпты дегенді естімейміз. Әсіресе бала, бөбектердің жүгіріп жүруіне ыңғайлы, қолайлы.

Арман: Зиба әже сізге мың мәрте рахмет. Ұлттық қолөнер құпиясының құлпын ашқандай әсерге бөлендім. Қараңызшы блокнотымның парақтары да бітіп барады. Мұның бәрі зерттеу жұмысыма нақты дерек болып қосылмақшы. Лұқсат болса енді екінші әжеге қарай бұрылайын (Зиба әже өз шаруасымен айналысып отырады.)

Злиха әже: Кел, кел қарағым. Жалғыз Зиба емес, мен де жеке фабрикамын. Мемлекеттік емес. (қолын жағары көтеріп.) Частный. (екеуі де күледі)

Арман: Өзіңіз орысша да орғисыз ба?

Злиха әже: Ор қоян емеспін, әрине. Үйреніп жүрмін ептеп. Бұл жағынан немерелерім ұстаз болатын түрі бар. Ұлттық тағамдарды тек қазақтар емес, өзге ұлт өкілдері де қызыға алып тұрады. Сол себепті маған туған тілге қоса орысша да қажет.

Арман: Сонымен өзіңіз жасаған ұлттық тағамдармен рет-ретімен таныстырсаңыз. Міне, куәгерсіз ғой. Екінші блокнотыма бәрін тізіп, жазғалы жатырмын.

Злиха әже: Онда бері кел. (ыдыстағы тағамды ұсынады.) Татып, дәмін көр. Жаңа бұзаулаған сиырдың уызы.

Арман:(ішіп көріп, сүйсінеді.) Неткен тәтті. Бұрын соңды ішіп көрмеппін. Балдай екен.

Злиха әже: Бұрынғылар болмаса, қазіргі ауыл келіндерінің өздері уыз жасаудан бейхабар. Түсіне білгенге, бұл тамақтың көкесі шырағым.

Арман: Шынымды айтайын сіз әзірлеген ұлттық тағамдардың кейбірін біліп, кейбірін білмей тұрмын. Зерттеу жұмысым көп нәрсеге қанықтыра бастады. Рухани кемелденіп келемін біртүрлі. Тағы неніз бар?

Злиха әже: Бар, қалқам бар. Сен қаймақты білесің, бірақ балқаймақты білмейсің. Қысылма, ұялма, татып көрші.

Арман:(дәмін көріп.)Мынадан кейін балға бұрылмай өтіп кетуге болады екен. Тіпті, жеп болғасын да өз тілімді өзім жалай бергім келеді.

Злиха әже: Есіме бір әңгіме түсіп кетті ғой. Ауыл баласы қалаға барады. Қаладағы апасы шайға дүкеннің қаймағын қояды кесеге толтырып. Бала ауылға оралған соң айтыпты. Қаладағы апам қызық. Маған қаймақ же, қаймақ же деп, айран береді деп. Расында үйдің қаймағынан, балқаймағынан артық ештеңе жоқ-ау.

Арман:Құртыңызды көріп тұрмын. Қасындағы құйттай ше?

Злиха әже: Қауынның кішкентайын әңгелек демей ме? Тәттілігі тіл үйіреді. Сол сияқты құрттың кішкентайы ежігей. Өте дәмді. Мә, бір-екеуін қалтаңа салып ал:

         Міне, көріп тұрсың сүзбе, ірімшік, айран, қатық та дайындаймыз. Сүт тағамдарын сүйсіне ішіп, жейтіндей әзірлеу оңай емес. Өзінше бөлек процесс. Ең бастысы ерінбеуді, еңбексүйгіштікті, жауапкершілікті, іскерлікті, тәжірбиені қажетсінеді. Денсаулыққа пайдасы орасан зор.

Арман: Сіздер жылда Наурыз мейрамын да берекелі дастархан жаятын шығарсыздар?

Злиха әже: Жайғанда қандай. Жеті түрлі дәмнен наурыз көже әзірлеп, көрші, көлемге ұсынамыз. Мұның сыртында тары көже, бидай көже дегені және бар. Общым қазақ баба ұлттық тағам әзірлеуден ешкімнен кейін қалмаған. Қайта оқ бойы озып отырған «Аққу айдын көлде жүзеді, ару айдын көңілде жүзеді» демей ме дана халық. Өрім қыздар өседі бойжетеді. Жат жұртқа жаратылған соң ұясынан ұлағатты тәрбие алуы керек. Қол өнерінен құралақан болмай, ұлттық тағамды әзірлеу әдісін меңгергені жөн. Солар көрсін, үйренсін, ұмытпасын деп тірлік жасап жатырмыз қарағым.

Арман: Қазір жаңа заман. Бәрі дайын. Дүкенде сығылып тұр. Басқасын былай қойғанда ысылған қамыр, етке салатын нан (жайма) да сатылады.

Злиха әже: Ол амалсыздың әрекеті. Негізі еріншек егіншіден ерінбеген масақшы озатынын ұмытауға болмайды.

                            (шыдамай ортақ әңгімеге Зиба әже де араласады.)

Зиба әже: Әжелердің сөзі ып-ырас. Өзің пісірген дәмге ештеңе жетпейді. Ортамызда қолдан әзірленген сүт лапшаны іздейтін ересектер жағы әлі бар. Медицинаның өзі осы тағамның адам асқазанына пайдалы екенін сан мәрте дәлелдеген.

Злиха әже: Ертеде бір аталарың мәнәй себеппен Алматыға барыпты. Қалада қызмет істеп жүрген баласы мейрамханаға апарып, сый-сияпат көрсетіпті. Мейрамхананың тарелкаға салған тамағы балаға бергендей әсер қалдырады. Қарны толық тоймаған қария «қап, өзімнің дұрыстап, аузымды толтырып бір асаған етіме жетпеді-ау» деп қынжылыпты. Сол айтқандай дәм, сапа, тәттіліктің бәрі әрине қазақы үйдің асханасында.

Арман:(сағатына қарап.) Тағы соғатын жерім бар еді. Айыпқа бұйырмасаңыздар, мен енді қозғалайын. Екеуіңіз екі мектеп екенсіздер. Көп нәрсені құлағыма құйдым, зердеме тоқыдым, блокнотыма түртіп, түртіп алдым. Ғылыми тақырыпты қорғап, ұлттық әдет-ғұрыпты сөз еткенде, сіздердің аты-жөндеріңізді атап, елеулі еңбектеріңізге біраз тоқталамын.

Зиба әже: Ойбай көтек. Не қыл дейдімына бала. Бізді аспанға көтеріп, мақтаймын дей ме, қалай?

Злиха әже: Қайдан білейін. Әйтеуір сөге жамандамайтын шығар?

Арман: Қайдағы. Сіздер көненің көзі ретінде тек қана мақтауға лайық жансыздар. Ғылыми жұмысқа нағыз обьекті өздеріңіз ғой.

Зиба әже:(жаулығын көтеріп, құлағын түріп.) Не дейді. Анық естімедім.обед дей ме? Асықпа. Отыр. Төрлет. Тамақтан балам. Мүмкін тағы сөйлесерміз.

Злиха әже: Сөйт, сөйт. «Тура ағаш үйге тіреу, тура жігіт елге тіреу» демекші, өзің бір мүддесі зор, мақсаты үлкен азамат болып келе жатыр екенсің. Уақытың болса мейман бол.

Арман:(сағатына қарап, мазасызданады.) Ілтипаттарыңызға рахмет. Сіздер қол өнер, ұлттық тағам майталман, шеберлері болумен қатар, сөзді де жүйелеп, құлпыртып айта білетіңдеріңізге тәнтімін. Мақалдың майын тамыздыңыздар. Мен де біреуін орайын тауып айтып жіберейін бе?

Зиба әже: Айт, айт.

Злиха әже: Міне ата көрген, әже көрген тәрбие көрген бала.

Арман: Қазақта « ауылыңнан алғыр шықса атың озады, ауылыңнан жаман шықса елің тозады» деген сөз бар екен. Мағыналы мақал дәл сіздерге арналып айтылғандай. Екеуіңіз де кәсіби шеберсіздер. Сауалға нақ-нақ жауап бересіздер. Сабақ айтқанда мүдіруді, кідіруді білмейтін озат оқушыларға ұқсайсыздар.

Зиба әже: Ол жағына бармай-ақ қояйық. Өзім оқуды жарытқан жоқпын. Төрттен төмен бағаны қанағат тұттым.

Злиха әже: Мен де солай. Өте арық емес, семіз үшке оқыдым.

Арман: Оның есесіне сіз екеуіңіз өмір мектебін, дәстүр мектебін, ар, ұят мектебін бітірген жандарсыздар. Әйтпесе өздеріңізді Астана қаласынан іздеп келем бе? Түлеп, қанаттанып, қазынаға қауышып, биіктеп, байып бара жатырмын.

(Екі әже қоштасар сәтте Арманға қол жайып, тілек айтып бата береді)

Зиба әже: Ұлтыңның ұлы бол, Ұлағатыңмен ірі бол.

Злиха әже: Дәстүріңді ұрандай жүр, Мақсатыңды қырандай іл.

Зиба әже: Білім жолында дарын бол, Ғибраты күшті ғалым бол

Злиха әже: Көкіректегіні көре біл, Көргенділерге ере біл

Зиба әже: Жанған оттай лапылда, Жақсыға ғана жақында

Злиха әже: Ата-анаға сүйеу бол, Ақылды аруға күйеу бол

Арман: Рахмет әжелер, рахмет. Баталарыңыздың түйіні қатып кетті. Міне, көрдіңіздер ме, ұялы телефоныма да жазып алдым тыңдаңыздар. (естіртеді.)

Зиба әже: Ойбай. Енді телевизордан да көрсете ме бізді.

Злиха әже: Сөйтетін шығар.

Арман: Көрсетеді. Көрсетеді. Дос, туыс, әріптестердің бәрі куәгер боларына кәміл сеніңіздер. Уақыт қос қанатты құс. Ұшып барады. Ұстау қиын. Тағы күтіп отырған азаматтар бар, айыпқа бұйыра көрмеңіздер. Ал, кеттім ауыл әжелері, ауыл ардақтылары.

(Арман әжелермен хош айтысып,шығып кетеді.)

Арман:(Ауыл көшесінде келе жатады. Қанатты қиялға, ұшқыр ойға беріледі. Гулстугын сәл түзеп, сөйлейді. Көрерменге қарап) Мен қалада тудым. Қалада өстім. Қаладағы қазақ мектептерінде оқыдым. Жоғары оқу орнын бітіріп, ғылыми іздеңіс жолында жүрмін. Қала тұрғынымын. Қазақпын.  Қажымұрат қарт, Зиба, Злиха әжелермен кездескеннен кейін кәдімгідей кемелденіп кеттім. Қала, ауыл адамдарының арасында айырмашылық көп екеніне көзім жеткендей. Ұлттық тәрбиеден нәрленіп, әлденгендей болдым. Әжелер әңгімесі... Бұл сөз қайдан тіл ұшына оралды. Егер жазушы болсам осы тақырыпта, әжеледі басты кейіпкер етіп, күшті прозалық шығарма жазар едім. Әттең қабілет жоқ. Құр қиялға ере беремін, ере беремін. Қиял да құс сияқты. Қауырсын қанаттарына құлшына, құмарта қол созу түгіл, сирақтарынан да сипап қала алмайсың. Өкінішті.

         Жалпы ауыл әжелері ұлттық ұя ма деп қалдым. Айтатындары да, көрсететіндері де көп екен. Әрбіреуі өзінше шеберхана, фабрика. (сәл ойға батып.) Тұра тұр. Сонда қалада тұратын әжелер хақында не айтуға болады. Мм...мм..... Ұяттылаумыз. Неге дейсіздер ме, айтайын. Ұлт бесігінде толық тербетілмеген. Әрине, бәрі емес, біразы. Олар әлгі Зиба, Злиха әжелер тірлігінен тым алшақ. Кейбірі бет әлпетін бояп, әлі шалбар киіп шауып жүр. Жүз грамыңды жұтып жіберіп, жұртқа жымия қарайтындар да жеткілікті. Қой осы жерден полиция көріп, зәресі ұшқан жүргізушідей кілт тоқтайын. Өйткені таяқтың бір ұшы өзімнің таныс, туыс, көрші әжелеріме де тиіп, пәлеге қалармын.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Үшінші көрініс

 

                   (Алдынан үш бала шыға келеді. Амандасады.)

 

Бірінші бала: (қолын ұсынып, Салаумалейкум.)

Екінші бала: (қолын ұсынып, Салаумалейкум.)

Үшінші бала: (қолын ұсынып, Салаумалейкум.)

Арман:(бастарынан сипап тұрып) Жақсы балалар екенсіңдер. Дүниенің бәрі қысқартуға ұшыраса да, сәлемдесуге сақ болыңдар. Қиянат жасамаңдар. Қазақ «Ассалаумағалейкум» деп сәлемдеседі өзінен үлкен адамдарға.

                   (балалар келіскендей сыңай білдіріп, ұялып, бастарын изейді. Араларыңдағы өжеттеу бала сұрақ қоя бастайды бірден.)

Бірінші бала: Ағай сіз жаңадан келген мұғалімсіз бе?

Екінші бала: Кәсіпкерсіз бе?

Үшінші бала: Әлде басқа жақтан келген қонақсыз ба?

Арман: Жапырламай тұра тұрыңдар. Мен Астана қаласынаңмын. Жас ғалыммын. Қазақтың ұлттық дәстүрін зерттеймін.

(үш бала қосыла «О,о күшті, күшті» деп айқайлайды.)

Арман: Балалар, енді сендер маған мұғалім Мәлік ағайларыңның үйін көрсетіп жіберіңдерші.

Біріші бала: Мен білемін. Әйелі медбике. (көрсетіп) Құйрықтан бырқ еткізіп ине салады. (күледі.)

Екенші бала: Ағай, анау көк қақпаны көрдіңіз ғой. Содан солға, одан оңға бұрыласыз. Төртінші сары қақпаға тура тартыңыз. Сол Мәлік аға үйі. Жаңадан салынған.

         (Жас ғалым жоспарланған бағытта, балалар көрсеткен үйге қарай жүреді.)

         (Балалар нұсқаған сары қақпалы үйге барады. Кірпіштен жаңа үлгіде салынған пәтер. Ерлі-зайыпты жас мамандар мейманды жылы шырайда қарсы алады.)

Арман:Сәламатсыздар ма?

Мәлік: Хош келдіңіз. Төргі бөлмеге қарай өте беріңіз.

Жұлдыз:(күлімдеп.) Біз әр мейманды, оның ішінде білім, ілім қуған, ғибрат жолындағы жас ғалымды қарсы алуға әмәнда әзірміз.

Арман: Рахмет, рахмет. Жалпы жер бетінде, әлемде қазақ халқының жүрегінен, көңілінен, пейілінен артық не бар екен?

Мәлік: Сіздердің сөйлеу, ойлау қабілеттеріңіздің өзінен жай адам емес, ғалым екендеріңіз бірден байқалып тұрады. Ешуақытта таязда жүзбейсіздер. Ұдайы тереңге ұмтыласыздар. Қандастардың жаратылысына байланысты әлгі лебізіңіз шынайы сөз. Жатырқай көрмеңіз. Жайлы жайғасыңыз.

(Бәрі әзірленген дастарханға тақайды. Шай-пұй іше отырып, әңгіме өрбітеді.)

Арман: (жан-жағына қарап.) Пәтерлеріңіз тамаша екен. Жаңа үлгіде Қаладағыдан еш кемшілігі жоқ. Бөлмесі де біраз-ау шамасы.

Мәлік: Үшеу ғой. Өзімізге толық жетеді. Жас отбасымыз. Үміт алда. Түбі өзгелер сияқты перзент сүйерміз. Мұғалім ретінде басқалардың балаларын оқытып, тәрбиелей бермей, өз балғынымызды бағып, қағатын күн де туар. Солай ма Жұлдыз?

Жұлдыз: Аналарымыз Алла жазса деп отыратын. Үлкендерден асып қайда барайық.

Арман:(сәл ойналып.) Айтпақшы иә, иә. Кеше ауыл адамдарының біреуінен естіп қалдым ғой. Сіздердің дипломмен ауылға ұранымен осы жерге келгендеріңізге екі жыл болып қапты. Рас па?

Мәлік: Рас болғанда қандай. Мен өзі елге екі ұранды көк байрақтай көтеріп келген жанмын. Университетті тәмәмдап отбасын құрып, «дипломмен ауылға, келіншекпен ауылға» деп тоқтамастан тура тарттым.

Жұлдыз: Мәлік өз қызметіне мығым. Қазақ тілі әдебиеті пәні маманы бола жүріп, өткен жылдар ішінде көп тәжірибе жинады. Жақында еңбегі еленіп, директордың орынбасары қызметіне жоғарлады. Тәрбие жағын басқарады. Беделсіз, абыройсыз емес. Қабылеті, маңдай терінің арқасы ғой.

Арман:(екеуіне кезек қолын ұсынып.) Артта қалған екі жылдарыңмен, қолжеткен  жемісті жетістіктеріңмен құттықтаймын. (сәл ыңғайсызданып.) Аз уақытта солып қалатын базар гүліне онша құмартпаймын. Ең бастысы жүрегімнің гүлін әкеліп отырмын.

Мәлік: Бірақ ол көрінбейді ғой.

Арман: Неге? Ол пікіріңе мүлде келіспеймін. Сөзімнен, көзімнен, ниетімнен, пейілімнен, көңілімнен, түйіндеп айтсам, жан дүниемнен жүрек гүлі жұпар шашып ап-анық көрініп тұрған жоқ па?

Жұлдыз: Қалай, қалай құйғытады. Ақын – жазушылардан кейін жүйелі ой айтатын ғалымдар екеніне ешкім дау айтпас. Пайымың өте парасатты. Өзіңді аз уақыттан бері танысақ та көптен білетіндейміз.

Арман: Баяғы, қазіргі балалар деп екіге бөле қаруға дағдыланып қалдық. Мұғалім пікірінше оқушылар қалай өзі.

Мәлік: Шынында баяғы, қазіргі қала, ауыл балалары деп бөле қарауға болады. Оның ешқандай сөкеттігі жоқ. Қалалықтардың көбіне айналайын өтіп кеткен. Мұғалімнен артық киініп, қымбат ұялы телефондар пайдаланады. Тіпті күнделікті сабаққа шетелдік машиналар тасиды. Ең өкініштісі қалада қазақ мектебінде оқитын оқушылардың дені орысша сайрайды. Солардың қазақша қалай сабақ айтатынын түсінсем бұйырмасын.

Арман: Енді өзің дәріс беретін қазақ мектептеріндегі балаларды айтсаңызщы?

Жұлдыз: Шәкірттерін мақтағанда Мәлік сөздің майын тамызады.

Мәлік: Лайықты болса мақтау керек. Оның несі айып. Лайықсыздарды көтермелеп, көтеріп сөйлеуден сақтасын. «Бірлік» ауылындағы ересектер жағы мақалдап, мәнерлеп лебіз білдіруге ықыласты. Мен де осы ауылға келген екі жыл ішінде ұлкендерге ұқсап сөйлеуге машықтандым. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» демекші, өзім дәріс беретін балалардың сабақта, қоғамдық жұмыста озық жүргенін қалаймын. Тұрмыстағы жүріс, тұрыстарын да бақылаймын.

         Ауыл балалары барынша қазақы. Ізет, инабат, әдеп дегенді түсінеді. Мұғалімнің алдын кесіп өтпейді. Сыныптастардың өзара  сыйластықтары да ылғи үлгілі.

Жұлдыз: Арман, ғалымға қарттарға қамқоршы екі шәкіртің туралы айтпайсың ба?

Мәлік:(жымиып, күліп.) Әйел кілең озып отырғанды тәуір көреді. Ұмытпаймын оларды. Бізде сыныпта екі бала бар. Біреуінің аты Жақсыбай, екіншісінің аты Ғалым. Ешкімнің нұсқауынсыз-ақ екеуі ауылдағы жетім, жесір, мүгедек, жалғыз ілікті екі қартты қамқорлыққа алған. Сабақ біте сала сол екі үйге қарай тартады. Суларын, көмірлерін тасып, ағаштарын жарады. Үй-ішін, ауласын тазалайды. Қыста қарларын күрейді. Дүкеннен азық-түліктерін де әкеліп береді. Қарттар балалардың бұл әрекеттеріне аса разы. Ана жолы әлгі екі қарт мектеп диреторының атына алғыс хат жолдап, Жақсыбай, Ғалымдарға шексіз алғысын жаудырыпты. Мұғалім үшін бұдан артық зор мәртебе жоқ, әрине.

         Айтпақшы қыздар да өнегелі. Ана мейірімін, ана алақанын, ана тәрбиесін көргендер. Апайларының айтқандарын екі етпейді, бұлжытпай орындайды. Қызылгүл, Арай есімді қыздар Зиба, Злиха әжелеріне барып тұрады. Біреуі қолөнерін, екіншісі ұлттық тағамдарды әзірлеу әдісін үйреніп жүр. Қыз бала іске икемді болған жөн ғой.

Арман:(әңгімеге араласып.) Тарихтан белгілі бір дерек бар. Ұлы ағартушы, ұлы педагог, ұлы дарын Ыбырай ата ертеде Ақтөбеде, Ырғызда қолөнерге баулитын оқу орнын ашқан жоқ па? Қайран көкірегі көрген, болашақты болжағыш бабалар-ай.

Жұлдыз: шынында қолөнері қыз балаға жарасып тұрады. Ұзатылған ару икемді болса, жат жұртқа екі есе ұпай жинайды ғой.

Арман:(Жұлдызға бұрылып.) Өзің қалайсың бұл жағынан?

Жұлдыз: Өте олақпын деп ойламаймын. Тігін машинам бар. Ептеп іспен айналысамын. Биыл қыс қатты болады деген қауесет тарап жүр. Мәлікке қолғап, шұлық тоқып жатырмын.

Арман: Керемет, керемет. Негізі мұғалім жылы жүрсе, шәкірттер де тоңбайды. Тоқыма өнімдерін топырлатып жатқаныңа қарағанда (Жұлдызға бұрылып.) сенің өзің Мәлікке жылу беретін батарея сияқты екенсіңғой.

                                                                  (үшеуі қосыла күледі)

Жұлдыз: Тап басып, тура айттың. Дәл солай. Бейнелі түрде жеткізсем, әйелдердің бәрі ерлеріне жылу шашу үшін жаратылған.

Арман: Мына сөзің тіпті мағыналы. Мені де, Мәлікті де тебірентіп жіберді. Қыз, келіншектердің барлығының ауыздарынан осы сөз бұлқынып шығып жатса арман бар ма шіркін.

Мәлік: Басқасында шаруамыз қанша. Менің келіншегімнің келісті сөзін естідің. Әзірге содан нәрленіп отырайық та.

Арман: Дұрыс, дұрыс. Енді бір сауал көкейімді мазалап тұрғаны.

Мәлік: Айта бер, айта бер.

Арман: Ең басты мәселе сабақ үлгірімі қалай?

Жұлдыз:(әңгімеге тосыннан қосылады) Мектептің маңдай алдысы осы Мәліктің сыныбы емес пе?

Арман: Ә, солай ма.

Мәлік: Біздің Жұлдыз да аспандағы сияқты. Бәрін жоғарыдан, анық көріп тұрады. Дұрыс айтып отыр. Жалпы мен қазақ тілі әдебиетінен дәріс беремін. Сонымен қатар алтыншы сыныптың жетекшісімін. Балаларыма дән ырзамын. Тәртіптері тәуір. Үлгірімдері үлгілі. Бес бала бірыңғай беске оқиды. Ал, қалған он бес бала күнделіктеріне кейде бес, кейде төрт деген бағаларды қондырады. Үш, үштің өзі күш деп жүргендер мүлде жоқ. Шәкірттер мектепішілік, аудандық, облыстық пән байқауларына да қатынасып, жүлде иеленіп келеді.

         Арман, мақсатқа батыл ұмтылып жүргендер де бар. Мәселен Малбағар өте пысық бала. Сабақты жақсы оқиды. Мектептегі қоғадық жұмыстарға белсенді түрде араласады. Талапты өзі. Шығарманы шебер жазады. Қабілетті ойларын қағаз бетіне жүйелі түсіре біледі.

Арман: Болашақ журналист, әйтпесе ақын, жазушы шығар?

Мәлік: Әбден мүмкін. Жуырда балалар «ауылым алтын бесігім» деген тақырыпта шығарма жазды. Бәрінің де талаптары қуантты. Бірақ Малбағардың жазған шығармасы мазмұнды, мағыналы. Өзі туып өскен, ғұмыр кешіп жүрген ауылын өз бояуымен қаз-қалпында суреттепті. Халықтың ертеден кешке дейінгі мазасыз күйбеңін қалай келтірген десеңізші. Адамдардың ішкі жан дүниесіне дейін үңілген. Малбағар шынайы шығармасын  балауса жыр жолдарымен тәмәмдапты. Әлгі бала кішкене ұялшақтау. Мен сынып жетекшісі ретінде қайталап айта берген соң ауыл туралы өлеңін аудандық газет редакциясына жіберді. Өзі де аң-таң, біз де аң-таң. Өлеңі аз мерзімде баспасөзде жарық көрді. Айтпақшы сол газет сақтаулы болса керек.

Жұлдыз:(жүгіріп кетіп, тауып әкеледі.) Міне, сары майдай сақтап қойғанбыз. «Бірлік»ауылына деген құрметімізді көрсету үшін шәкірт өлеңін жиі оқимыз.

Мәлік: Ақындардың өздері оқыса өлең құлпырып, жайнап кететінін білемін. Қаламгер болмасам да қазақы қоңыр үнмен дауыстап оқып көрейін. Сонымен шәкіртіміз ауыл жайлы былайша тебіренген.

        

Келісті келешегін кім күтпеген,

         Көркейген керемет-ау кіл жұртпенен.

         Берекенің тауларын биіктеткен,

         Берекелі ауыл бар Бірлік деген.

        

 

Жылдардың жетегінде жылжып келем,

         Жүректегі ойымды сыр ғып бөлем.

         Ырысын күрекпенен күреп жатқан,

Ынтымақты ауыл бар Бірлік деген.

 

Шымырлатып шығарар шындықты өлең,

Сезімімді сіздерге жыр ғып берем.

Ғұрыптарын қазақтың қалықтатқан,

Ғибратты ауыл бар Бірлік деген.

 

Мазасыз тірліктері бір бітпеген,

Мен оған байланғанмын кіндікпенен.

Титтейімнен тербеткен алтын бесік,

Тағылымды ауыл бар Бірлік деген.

 

Арман: (риза боп.) Мынау өзі арындап, жыландап тұрған жеткіншек екен. Ақын ғой.

Мәлік: Дәл солай. Өзіндік стилі болса керек, әр шумақты «ауыл бар Бірлік деген» деп түйіп отырады.

Арман: Қазірдің өзінде стилді сақтай білетін баланы түбі журналистика, тіл әдебиетіне бейімдеген дұрыс, сірә. Менің де ойымда жүрсін. Бала да құс балапаны сияқты. Қауырсын қамқор болайық.

Мәлік: Жөнді сөз.

Жұлдыз:  Шәкірт Малбағарлар қанатын қатайтуға оқу бітіріп, талабын қуаттап қамқор болып жатсаңдар абыройлы іс, азаматтық шаруа ғой бұл.

Арман: Уәде!

Мәлік: Уәде!                (екеуі қол алысады.)

Арман: Естуімізше Жұлдыз да өз қызметінде жұлдыз болып жүрген көрінеді.

Жұлдыз: Ғалымдардың білмейтіні, зерттемейтін обьектісі жоқ сірә. Қайдан біліп, сезіп қалдың?

Арман: Баяғыда қазақ «ел құлағы елу» деген. Қазір ол еселенген. Жүз болған. Интернетке иілеміз. Бірақ ауыл, қала адамдарының біразы ақпараттық орталықтың білек сыбана жұмыс істейтін белді қызметкерлеріндей. Оспанхан ақын айтқандай «адам болғасын жүреді, итболғасын үреді» дегендей, қалқиған екі құлақ болғасын енді естімей қайтеміз.

Мәлік: Жамандық атаулы желпілдеп жетпесінші. Жақсылық жалаулатып көрінсе қуанудан қашпайық.

         Жұлдыз жайлы әңгімені былай өрбітейін. Ол медициналық колледжде оқыды. Мен институтта. Студенттік жалын жылдарды бірге өткізіп, диплом иеленіп, көңіл қосып, қол ұстасып жолдамамен осы ауылға келдік. Жұлдыз медициналық пункте басшылық жасайды. Өзім жұбайымның медицина қызметкері болғанын жасымнан армандаған ем. Ақыры қолжеткіздім.

Арман: Басқа мамандық иесі болса ше?

Мәлік: Жоқ, жоқ. Келіншегімнің ақ халат киіп жүргені ғажап көрініс. Дүние түгелдей аппақ, арайлы болып тұрады. Бұлтқа бұрылмайсың. Тұманға тұңшықпайсың.

Жұлдыз: Туу. Қойшы. Қиялдай бермей.

Арман: Әр пенденің, өмірі өткенімен өнегелі. Қиял құр елестеп қоймай, шындыққа ұласса ғажап қой. Мен соған куәгер боп отырмын.

Мәлік: Енді ақ келіншегім бақ келіншегіме айналды. Халыққа қалтқысыз қызмет көрсетудің озық үлгісін көрсетіп жүр. Кейде жоғары жақтан қажетті дәрі, дәрмектің кештеу келетіні қиын. Өзге жай жоқ. Аурудың алдын алу үшін егу жұмыстарын ұқыпты жүргізеді. Жүрек, қан қысымына байланысты жедел жәрдем көрсетуге әрқашан әзір. Алғыс хаттар, мақтау қағаздары  үйде үйіліп жатыр. Көрсетейінші.

(әкеліп бірнешеуін көрсетеді.)

Жұлдыз:(ыңғайсызданып.) Өтініш сенен. Мәлік мақтанудан әлі жалыққан жоқсың ба?

Мәлік: Жоқ, әрине. Менің махаббатым, менің әйелім үшін неге мақтанбасқа. Оны мендей кім айта алады.

Арман: Өте орынды. Бір сәт бөгелме, тоқтама.

Мәлік: Ендеше кеттім әрі қарай. Оқушылар Жұлдызды инені әдемі салады деп, әжелер өте әдепті бала деп, қариялар қолы шипалы деп, аудандағы бастықтары мақтаулы маман деп мақтайды. Рас қой, рас. Сосын, сосын... Ұмытып бара жатыр екенмін. Мәліктің мейірімді келіншегі деп мақтайтындары және бар.

Жұлдыз: Туу,тіпті аяғымды қара жерге тигізбей аспандатып жібердің ғой.

Мәлік: Ертеде біреу өзін-өзі мақтай береді екен. Осы әрекетін ерсі көргендер «мұныңыз қалай десе керек. Сонда анау беті бүлк етпестен «мені өзімдей ешкім мақтай алмайды» депті. Сол сабазың айтқандай Жұлдызды ерінен асырып мақтау кімнің қолынан келеді.

Арман: Тауып кеттің, Мәлік. Екеуіңе де мәртебе, абырой маңдай тер арқылы келіп жатқанын жақсы білемін. «Құдайға сиынған құстай ұшады, адамға сиынған мұрттай ұшады» деген мақал тура өздеріңе арналғандай-ау.

Мәлік:(кітап жиналған сөрелерді көрсетіп) Кітапханамыз бай емес, шағын. Қазақ тілі, әдебиеті және медицинаға тікелей қатысты дүниелер. Қол боста екеуіміз үн, түнсіз кітаптарды парақтаймыз. Теориялық жағынан жан-жақты қаруланамыз.

Жұлдыз: Өйтпесе болмайды. Уақыт алға озған сайын барлық мамандыққа жауапкершілік, талап күшейіп барады. Заман ырғағы шаңына көміліп қалмауымыз керек. Мәлік екеуіміздің жұмысымызда сабақтастық, ұқсастық та бар. Ерлі, зайыптылар боп осы «Бірлік» ауылы халқына қызмет көрсетеміз. Былайша айтқанда салиқалы саясат шеңберінде дипломмен ауылға ұранына нақтылы іспен жауап беру үшін еңбектеніп жатырмыз.

Арман: Сіздер бала оқытып, медициналық қызмет көрсетсеңіздер, мен ауылға жолым түсіп, ұлттық әдет-ғұрыпты зерттеп жүрмін. Негізі мақсат ортақ, мүдде ортақ.

(үйге асығып бала кіреді)

 

Бала: Апай, апай, Жұлдыз апай. Жәрдеміңіз қажет. Біздің үйге қаладан келген мейман баланы көршінің шынжырын үзіп кеткен арлан иті оң аяғынан қауып алды. Қан тоқтамай жатыр. Жүріңізші.

Жұлдыз:(киініп, құрал жабдықтарын жинастырады.) Қазір, қазір барамын.

Мәлік: Біздің тірлік осы. Ал, Арман дастарханға бата беріп жібер. Жас ғалым сөзі санамызға сіңсін.

Арман: Жарайды онда. Жұлдыз сен де сәл кідір. Қолдарыңды жайындар:

                  

Ауыл деген бас қақпа,

                   Ар, ұятты ластап па.

Мұғалім болып беделді,

Мәлік жетсін мақсатқа.

 

Қуаныш сыйлап ұл-қызға,

Қайғыға басын бұрғызба.

Жемісті болып жұмысы,

Жұлдызай жетсін жұлдызға.

 

Тәуба деші бүгінге,

Тәңір қолдаса күлімде.

Дипломмен ауылға келгендер,

Депутат болсын түбінде.

 

Кезікпе боран, дауылға,

Кезікпе бұршақ, жауынға.

Азаматы өсіп өркенді,

Алла жар болсын ауылға.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Төттінші көрініс

 

(Жас отбасы үйі. Ерлі-зайыпты екеуі.)

 

Мәлік: Ана жолғы ит қапқан бала қалай?

Жұлдыз: Шүкір. Тәуір. Сауығып келеді. Өзім күнде бақылауда ұстап отырамын ғой.

Мәлік: Дұрыс болған. Жалпы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай иттен гөрі адамдардың қапқаны әлдеқайда қатерлі көрінеді екен.

Жұлдыз: Олай демеші құдай үшін.

Мәлік: Жәй, сөз орайында айтып жатқаным ғой. Шынында екі жылда ешкім бізді жатырқап, бөтенсінбеді. Көреалмаушылық, қызғаныш көрсетпеді. Бауырларына бауыр қосылғандай құлшына құшақтарына тартты.

         Несін жасырайын, жұмыс істей жүріп, осы мектептегі байырғы ұстаз ағай, апайлардан да көп нәре үйрендім. Әр баланы зерттедім десем артықшылығы жоқ. Психолог бола бастадым. Жеткіншектердің жан дүниесін аралап көрдім. Балалар әр үйдің еркесі, серкесі болса да нәтижеге жеттім. Сен де солайсың ғой.

Жұлдыз: Қазақы ауылда медециналық қызмет көрсетудің онды тәжірбиесін үйреніп үлгірдім. Бәріміз ортақ тіл табысып кеттік. Бір-бірімізге бауырдаймыз.Ылғи Жұлдыз, Жұлдыз деп жүргендері.

Мәлік: Осы сен қалай ойлайсың? Ауыл адамдары адамды сыйлау жөнінен, қонақасы беру жағынан арнайы курстардан өткен тәрізді.

Жұлдыз: Қайдағы курс. Негізгі нәр арғы ата-бабаларда. Түп тамырымызда жатыр. Ауыл соны ұмытпаған.

Мәлік: Қала қазақтары ше?

Жұлдыз: Оларды өзің де білесің ғой.

Мәлік: Білемін, білемін. Ауылмен салыстыру әбестік. Қазақтың тойларында, тіпті жаназа, аста көбі орысша шүлдірлейді. Оларда ауылдағыдай еркін араласу, телефонсыз, шақыру билетінсіз жүздесу жоқ қой. Үйлеріне бара қалсаң темір есіктерінің тесіктерінен қарап, тергеушідей тексерерді. Ауыл бөлек, ауыл бөлек...

Жұлдыз: Сен бүгін түрлі ой қозғап, философ мұғалімге ұқсап кеттің ғой. Жайшылық па?

Мәлік: Жайшылық емес, әрі мұңды, әрі қуанышты хабар бар.

Жұлдыз: Не дедің. Түк түсінсем бұйырмасын. Сен бірдеңе бүлдірдің бе, әлде маған байланысты бірдеңе ме?

Мәлік:(басын шайқап.) Мүлде олай емес.

Жұлдыз:(Екі көзіне жас үйіріледі. Айтсаңшы енді. Жамандық па, жақсылық па?)

Мәлік: Екеуі де.          (Әйеліне тақап, жасын сүртеді.)

         Қайдағы қасірет қайғыны бері шақырып, тектен-текке көзіңді сулама. Сені шаршатпай, айтайын. Мана ұялы телефоныма аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі хабарласты. Жаңа қызметке шақырып жатыр. Аудан орталығындағы мектепке директорлыққа. Бармай-ақ қойсам қайтеді деп едім, кәдімгідей ренжіді. Әкіммен келісілген шаруа екенін ерекше ескертті. Ертең бұйрық берілетінін және айтты. Осы ауылға бауыр бастық. Екеуіміз де жұмысты игердік, беделге бөлендік. Қимайтынымыз айдан анық. Манадан бері өзіңе бір мұң, бір қуаныш, бір жамандық, бір жақсылық деп тұрғаным бекер емес. Жағдай солай.

Жұлдыз: Енді не істейміз?

Мәлік: Өзім де толық түсініп тұрған жоқпын. Бірақ оқу бөлімі басшысы «сенім артқан кезде келіспеу үлкен қате. Болашақ баспалдақпен көтерілгенді ұнатады. Ештеріңде болсын, жас мамандар» деп қалды.

Жұлдыз: Мен ауылдағы жарық әрі кең медециналық пункт ғимаратын, оған келіп ем қабылдайтын адамдарды қимаймын.

Мәлік:Ал, мен болсам өзім дәріс беріп жүрген сүйкімді, сүйікті тәрбиелі, қазақы шәкірттермен хош айтысатыныма қатты өкінемін.

Жұлдыз: Мен бұл ауылдың медбикесі, қызы болдым.

Мәлік: Мен бұл ауылдың мұғалімі, ұлы болдым. Анығы екеуіміз де екі жыл ішінде ұлттың ұлағаты ешқашан таусылмас, сарқылмас бұлағынан нәрлендік. Қазақы қазынаға қауыштық. Рухани байыдық. Қарттарды қадірледік. Әжелерді әспеттедік. Замандастарды мақтаныш тұттық.

Жұлдыз: Біртүрлі жылағым келетін сияқты.

Мәлік: Өзім де мазасызбын. Толқып тұрмын. Бір ақылдасатын шаруа бар Жұлдыз: Сенің, менің ұжымымызбен ұлағатты түрде қоштасайық. Ауыл қарияларына қонақасы берейік. Бірлік ауылы бір елімізге айналды ғой.

Жұлдыз: Әрине, мен де солай ойлаймын. Қимастық сезім құшағынан бөлініп, бөлектеніп шығу да оңай емес. Дегенмен сөйтейік. Әзірлікті қазірден бастайық.

Мәлік: Және бар ғой, және дастархан жасау мәзірінде осы ауылдан көріп, үйренгенімізді байқатайық. Сенің артақты ана, әдептіәжелерден алған тағылымын таяз емес. Көрсет күш-жігерді, көрсет білгеніңді, көрсет көргеніңді.

Жұлдыз: Түсіндім, түсіндім отағасы.

Мәлік: Не дейді, не дейді. Не дедің еріңді. Бұл сөзді қайдан үйреніп жүрсің?

                            (таңданып)

Жұлдыз: Ана жолы Зиба әжемен сәл сырласып, әңгімелесіп қалғанмын. Ерлер мен әйелдер сыйластығын да сөз еттік. Қазіргі келіншектердің жолдастарын не деп атау жөнінен ортақ шешімдері, келісімдері жоққа тән. Е... Өмір-ай. Ғибраты мол ғұрпым-ай. Біз баяғыда отаудың негізгі тірегі күйеулерімізді отағасы деп айтатынбыз. Қалай, ә ұнай ма, әлде... деп әжей маған сұраулы жүзбен жымия қарады. Сол сөзді жадымда сақтап, ұмыта алмай жүрмін. Яғни сені бұдан былай қарай әмәнда отағасы деп атауға біржола бекіндім.

Мәлік: Бұл мен үшін оңды олжа. Ауылдан, қазақы тәрбиеден сусындады, мейірі қанды деген осы емес пе? (Жұлдызды бауырына басып.) Өте ризамын жарым.

Жұлдыз:(наздана) Сен мені қалай еркелетіп, қалай атар едің? Кәне отағасы?

Мәлік:(орамалмен бетін сүртеді) Тосын сауал, тосын эмтихан. Мына қарашы. Маңдайдан моншақ тер бұрқ ете қалды. Мм.. Не десем кен?

Жұлдыз: Иә, айте бер. Құлағым өзіңде.

Мәлік:(шабыттана, көңілді сөйлейді.) Таптым, таптым. Бұдан былай қарай мен сені Аққуым деп атайтын боламын. Себебін де түсіндірейінші. Әулетіміздің айдынына аққу боп қондың. Ақ махаббатымыздың теңізінде аққу боп жүздің, тербелдің. Ақ халат киген медбикелердің бәрі аққуларға қатты ұқсайды. Ауыл көлінің көрікті аққуына да айналдың. Әлі де айта берейін бе?

Жұлдыз: Жетеді, жетеді. Жеткізіп айттың бәрін. Рахмет, рахмет.

Мәлік: Мен айдын шалқар, ал сен қос қанатты құстың ең сымбаттысы, сұлуы, аққуысың.

Жұлдыз: Па шіркін. Ақындарша шалқып, тасып тұрсың ғой отағасы.

Мәлік: Алла жар болса, үміт, сенім жоғалмаса біз екеуміз әлі талай жұптасып,жарасып ілгері жүзетін боламыз.

Жұлдыз: Менің ән шырқағым келіп тұр.

Мәлік: менің де.

Жұлдыз: Қандай ән.

Мәлік: Әрине ауыл туралы.

Жұлдыз: Маған композитор Теміржан Базарбаевтың «Ауылым»әні қатты ұнайды.

Мәлік: Маған да. Әуезді әуеніне мағыналы мәтіні қалай үндесіп, үйлескен десеңші. Айтайықшы осы әнді.

(Екеуі: Кіндігімнің жас қаны,

  Тамған жерім ауылым.

  Шабытымның асқары,

  Самғаушы еді ауылым  деп басталатын әнді айта бастайды )

 

(есіктен бір топ ауыл адамдары енеді)

 

Оразбай ақсақал: Бұған дейін қалай білмегенбіз мұғалім Мәлік, медбике Жұлдыз әп-әдемі ән де айтады екен ғой.

Кәрім ақсақал: Үндері құлаққа жағымды екен.

Жұмабай ақсақал: Өздері осы ауылдың екі перзенті сияқты боп кетті емес пе?

(Мәлік пен Жұлдыз ауыл адамдарының топталып келуіне таңдана қарайды)

Зиба әже: Таңданбаңдар. Біз жылы хабар естіп, әдейі келдік.

Злиха әже: Мәлік қызметке жоғарылайтын болды дейдіжұрт. Аузына май, астына тай. Өскендеріңді, өрлегендеріңді қалаймыз әрқашан.

Оразбай ақсақал: Екеуің де мықты мамансыңдар. Үйреніп, бауыр басып қалып едік өздеріңе. Қимаймыз, әрине.

Кәрім ақсақал: Бірақ ауылға дипломмен келіп, сенімді ақтадыңдар. Басшылықтың көзіне түсіп жатсаңдар ол да зор абырой шырағым.

Жұмабай ақсақал: «Жақсы туса елдің ырысы, жаңбыр жауса жердің ырысы» дегендей өздерің еңбек еткен жылдары елді мекен ерекше дамыды, ажарланды. Топыраққа маңдай терлерің тамды.

Мәлік: Қарттары бар ауылдың, үйлердің қазынасы, құты бар екен.

Жұлдыз: Ойлап отырсақ киелі сөз де, қол өнер де, ұлттық әдет-ғұрып та, қазақы қасиеттің барлығы да осы ауылда екеніне көзіміз жетті.

Мәлік: Сіздердің әрбіреуіңіз ұлағат мектебісіздер.

Жұлдыз: Тәрбие, тағылымның тал бесігісіздер.

Кәрім ақсақал: Ореке, жайшылықта ауызың жабылмайды. Сәтті сапар алдында балаларға бата бермейсің бе?

Жұлдыз: Үн-түнсіз хош айтыспаймыз. Сіздерді мейман етіп шақырамыз.

Жұмабай ақсақал: Ештеңе етпейді. Жылы сөздің еш артықшылығы жоқ.

Оразбай ақсақал: Жарайды онда                  (қолдарын жаяды бәрі)

 

Батаның айтсам анығын,

Талапты жасты таныдым.

Мұғалім, шәкіртке мақтаныш,

Мәртебелі бол Мәлігім.

 

Ардақтамас кім қызын,

Арайланды нұр жүзің.

Алғыстан самға аспанға,

Ақ халатты Жұлдызым.

 

Ұқсамаңдар басқаға,

Гүл өсіріңдер тасқа да.

Алланың түсіп оң көзі,

Қасірет көрме қос бала.

 

Не жете сенім артқанға,

Ұқсаңдар мәрт жанға.

Қолдарың созылып қияға,

Жолдарың болсын жортқанда.

 

Бүгіліп сыр жатар ма,

Қосылыңдар қадірлі қатарға.

Өнегелі ғұмыр кешіңдер,

Өмір атты сапарда.

 

(Бәрі қосылып: Әмин. Айтқаныңыз келсін.)

 

 

Мәлік: Біз сіздерді ешқашан ұмытпаймыз.

Жұлдыз: Ұлттық тәрибенің профессорлары өздеріңіз. Одан артық не айтайық.

Мәлік: Қайда жүрсек тесіздер жайлы жылы сөз айтудан жалықпаймыз. Ауыл-оңды орта, ауыл-еңбек майданы, ауыл-айшықты адамгершілік сарайы.

Жұлдыз: Ауыл-абырой аспаны, ауыл-бақытты белеске баспалдақ, ауыл-ұлттың ұлағатты ұясы.

Мәлік:(ойланып) Ауыл... Ауыл түсіне білген тірі пендеге үлкен Академия. Дәріс алатын шынайы шәкірттері көп болса деп армандайықшы.

 

(Бәрі қосылып «Ауылым» әнін айтады.)

 

(шымылдырық жабылады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған