Адам қарады: 56 | Жарияланды: 2020-07-13 04:33:09

Қасіретті Желтоқсан-Тәуелсіздік бастауы!

Желтоқсанның  ызғары,

Жер-көкті түгел мұздатты.

Желтоқсанның ызғары,

Жүректерді сыздатты.

 

Талай қазақ ұлдарын,

Өлтіргенше құлатты.

Қарагөз қазақ қыздарын,

Шаштан сүйреп жылатты.

 

Алаңға шыққан жастардың,

Намыстарын күйретті.

Қарамай кәрі – жасына,

Қан қақсатып сүйретті.

 

Төрткүл дүние дір етті,

Тепкіге салып бүйректі.

Нашақор деп,ұлтшыл деп,

Қазақ атын кірлетті.

 

Нағыз сорын азаптың,

Көрген қайран қазағым.

Ту етіп алтын қазығын,

Бар еді қандай жазығың?!

 

Еріксіз көңіл жаншиды,

Қандасқа жаның ашиды.

Не істесем екен дегендей,

Қанішер басын қасиды.

 

Сабира, Ляззат, Қайраттар,

Түгелбай, Ертай, Ербол бар.

Намысы үшін елінің,

Көтерілген құрбандар.

 

Қаһармандар қайсарлы,

Беті қайтпас қайратты.

Елі үшін күйетін,

Ер жігіттер байсалды.

 

Қасіретті Желтоқсан-

Тәуелсіздік бастауы!

Ызғары суық Желтоқсан-

Азаттықтың бастауы!

 

Міне жетті қолымыз,

Армандаған жолымыз.

Тәуелсіздіктің туы,

Мәңгілікке қоныңыз!

 

Сол бір қарғыс атқан күн,

Қайта оралып келмесін.

Бесігіңді мың дүркін,

Бүкіл әлем тербесін!

 

Орнады міне тыныш шақ,

Жарқын болсын болашақ!

Самғаған көкте қыраным,

Бейбітшілік шамын жақ!

 

Алтын көпір өткелің,

Келешек пен өткенің.

Бас қаламыз – Нұр - Сұлтан,

Өсе берсін өркенің!

 

Құтты болсын мерейің,

Болмасын бір кедейің.

Беделіңді ғұмырлық,

Жырға қоса берейін.

 

Қазағым енді тоңбасын,

Тәңірім өзі қолдасын.

Желтоқсанның ызғары

Енді басқа қонбасын!

 

Іргеміз еш тозбасын,

Көп ұлтты ел болғасын.

Қорғасын әр азамат,

Үлгі етер отбасын.

 

Бейбіт өмір шағында,

Жайқала берсін бағың да.

Тату болсын халқың да,

Бес күндік қас-қағымда!

 

Бақыттымыз Тәуелсіздік алғалы,

Нұрлы көшті Елбасымыз жалғады.

Бейбіт өмір, татулық қой бастысы,

Мәні осы, маңызды емес қалғаны.

 

Осы күнгі Тәуелсіздік таңы үшін,

Талай боздақ жету үшін жан қиды.

Тәуелсіздік басқа қонған бақ құсың,

Ортақ Отан тағдырларға сан қилы.

 

Талай зұлмат бастан кешті қазағым,

Соған арнап мен жырымды жазамын.

Еркін елдің даласына тілерім

Ешқашанда ортаймасын қазаның.

 

Тәуелсіздік – терең ұғым білсеңіз,

Бар жағынан тәуелсіз боп жүрсеңіз.

Ана тілің – Тәуелсіздік тірегі,

Мәңгілік еліміздің жүрегі.

 

Тұрмысыңмен түзеледі бірлігің,

Болса егер ұйымшылдық, бірлігің.

Танытатын жер жаhанға елімді

Қазағымның қуаты мен бірлігі.

 

Тәуелсіздік, тұғырың биік баршадан,

Арманы едің бозбалалар аңсаған.

Көк байрақты биік ұста мәңгілік,

Келер ұрпақ, өсиетім бар саған.

 

Тыңда күйді бабалардың үніндей,

Сара жол ғой, өтерсің сен сүрінбей.

Дәстүрлі ән айт, бұзбай дағы қаймағын,

Дұрыс жолдан бұрыс кетіп таймағын.

 

P.S  Қаhарлы қыстай қарыған беттен,

       Отарлық бұғау заманы өткен.

       Шуақты күндей жылуын сепкен,

       Тәуелсіз елім, бақытты ең неткен!

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған