КӨК ҚАҚПА
Соңғы кездері түсімде ылғи көк қақпа көремін. Емен ағаштан жасалып, жарма есігі әсем қиюластырылған, темір топсасы мен жез тұтқасы шебер өрнектелген, атты кісінің созған қолы жетпестей биік, екі күйме қатар өте алатындай кең есікті әйдік қақпа. Бір қызығы, қақпаның екі жағы ашық, айналасында не дуал, не шарбақ жоқ, ертедегі қамал-қорғандардың немесе ертегідегі сәнді сарайлардың қақпасы деуге келмейді, қазіргі қаптап кеткен байшікештер салдырған төрт-бес қабатты үйлердің қақпасына да ұқсамайды, аспаннан түскендей арбиып, айдалада тұрған жұмбақ қақпа.
Бірнеше рет түсіме кірді, қасына жақындап баруға батылым жетпей, алыстан қарап тұра беремін. Арғы жағы сағымданған сары дала, буалдыр тұман, шудаланған бұлттармен астасып жатқан биік-биік ағаштардың ұшар басы әредік бұлдырағандай болады. Тым-тырыс тыныштық. Сөйтіп жатып оянып кетемін.
Түс түлкінің тезегі дейді, бастапқыда мән берген жоқпын. Екінші рет түсіме кіргенде таңертең шай ішіп отырып әйеліме айтқанмын, ол да қайбір түс жорығыш адам, есігін ашып қарамадың ба, ішінде не бар екенін көретін едің деп өзімді келеке қылды. Ал, көк қақпа мені жайыма қалдыратын емес, араға бірер апта салып қайтадан түсіме кіреді. Енді ойлана бастадым. Атаулы күндері бас қосып, бір-бірімізді қонаққа шақырып көңілімізді аулап жүретін достарым бар еді, соларға айтып бердім.
- Бұл саған Алла тағаланың берген аяны, - деді арамыздағы жасы үлкеніміз мұртын сипап қойып. - Көк қақпа сенің болашағың, халқымызда көк түс жақсылықтың белгісі, алдыңда бір жақсылық күтіп тұр екен. Құдай қаласа үлкен той жасайсың.
Бәріміз қауқылдасып «Әумин!» - деп жатырмыз. Түсті жақсылыққа жоры деген ырым бар, кәдімгідей көңілім өсіп, марқайып қалдым.
Екі-үш күн өткен соң тағы да түсіме кіргенде тәуекел етіп әлгі қақпаның қасына бардым. Жақындаған сайын дегбірім қашып, әбіржіп, сасқалақтап жүрмін. Қорықпа, бұл түсің ғой деп өз-өзімді жігерлендіріп қоямын. Сөйтіп жүріп, ақыры жез тұтқаны да ұстадым-ау. Ұстағаным бар болсын, қолым қалтырап, буыным босап, есікті ашпақ түгіл өзім құлап қала жаздап әзер тұрмын. Бір кезде есімді жиып, бар күш-жігерімді жинап, тұтқаны әрі-бері тартып көргенмін, қозғалар емес. Жүрек тоқтатып, бұл есікті қалай да ашуым керек деп бекініп алдым да қаттырақ жұлқып жіберіп едім, оянып кеттім. Түсіңде де оқыс қимылға бармау керек екен.
Келесі жолы да солай болды, жез тұтқаны қанша жұлқыласам да ашылатын есік көрінбейді. Енді соны қайтсем де ашамын деп іштей ерегісе бастадым. Түсім емес, кәдімгі алдыма қойған мақсат сияқты. Түс те жиілей берді, мен де тылсым қақпаны ашпай қоймауға бекіндім. Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды, бұл жағдайдан біраз адам хабардар болыпты, біреулер қақпаны қашан ашасың деп телефон соғады. Кіші ұлымның тілінің уыты бар, ұйықтарда қолыңа балта ұстап жатпайсың ба деп мазақ қылады. Түнімен төсекті селкілдетіп ұйқы бермейсің деп әйелім залдағы диванға жататын болды. Содан не керек, бір күні қақпаны да аштым. Түсімде, әрине. Аштым да айран-асыр аңырып тұрып қалдым. Қарсы алдымда қалки тербетіліп домбыра тұр. Кәдімгі қазақтың қара домбырасы, он екі перне, екі ішек, ақырын ескен майда желге ілініп қалғандай, ауада қалықтай тербеледі. Түсім екенін білемін, не болса да ұстап көрейін деп бір аттап, екі аттап жақындамақ болдым – қара домбыра шегіне береді. Қол созым жерде, бірақ жете алар емеспін. Енді қайттім?.. Бұл – түсім, талайдан бері аша алмай жүрген қақпаны аштым. Қақпаның артында домбыра тұр, ұстайын десем қолым жетпейді. Қазір оянып кетемін, келесі жолы қақпа ашыла ма, жоқ па? Ашылса домбыраны тағы көремін бе, көрмеймін бе? Мүмкін басқа жолы сәті түсетін шығар?..
Оянып кеттім. Осындай да болады екен-ау! Пәлен айдан бері түсімнен шықпай мазамды алған жұмбақ қақпаны ақыры аштым. Ал, домбырасы несі? Әуен-саз дегеннен мүлдем мақұрыммын, басқаның емес, менің түсіме неге енеді? Бұл не жұмбақ? Ақын досыма телефон соғып едім, ол да таңданып жатыр. Менің азын-шұғын шимай-шатпағымды әжептәуір жоғары бағалайтын, бірдеңе жаза қалсам елден бұрын өзі оқиды, қақпаның артында қалам мен дәуіт тұрған болар деп топшылап жүр едім, домбырасы қызық екен, не болса да түсіңнің жалғасын күтейік деді. Күтпегенде қайтеміз? Басқа амал жоқ. Бала күнімізде түсіңде әулие-әнбиелер, ата-бабалардың аруақтары аян береді, ойламаған жерден керемет қасиет иесі болып шығасың деген әңгімелерді жиі еститінбіз, жер ортасы көктөбеге жеткенде күйші болып кетпесем жарар еді.
Одан кейін де бірнеше рет түсіме енді. Түк өзгеріс жоқ, бәрі сол күйі, маңғаздана маңқиып жатқан боз дала, сол даланың бергі жағында, қақ ортада қақырайып тұрған көк қақпа, қақпаның артында ауада қалқи тербелген қара домбыра, қолымды қанша созсам да жеткізе алмай пұшайман болып мен жүремін, сөйтіп жатып оянып кетемін, түні бойы тас шапқандай қара терге малшынып жатамын.
Содан бір күні, наурыз мейрамының қарсаңында ғой деймін, кезекті бір түсімде қара домбыра дыңылдағандай болды. Қашаннан бері соны күтіп жүрген басым қыбыр етсем әлгі дыбыстан айырылып қалардай қорқып, демімді ішіме тартып, бар ынты-шынтыммен тыңдамақ боп қалшиып қатып қалыппын. Көкжиектен аса созылып жатқан маң даланы мұнар басқан, аспан да шаңытып, бұлыңғырланып тұр, әредік түйдек-түйдек ақбауыр бұлттар қалықтайды. Бір ғажабы, осы түс қанша рет қайталанса да күннің көзін көрмеппін. Күндіз екені анық, бірақ өзімнің оң-солымды ажыратқаныммен, бет-бағдарым қай жақ – шығыс па, батыс па, оңтүстік пе, солтүстік пе – аңдап, аңғармаған екенмін. Осының өзін де қазір ғана ойлап отырмын, әйтпесе түсімде оған көңіл бөлуге мұршам болмапты.
Сонымен, қара домбыра ақырын дыңылдай бастады, пірге қол беруге келген мүриттей мен де бір дыбысты қалт жібермеуге тырысып, бар зейінімді салып тыңдап тұрмын. Дәл қасымда қалқыған домбыраның үні сонау алыстан, қара жердің қойнауынан ба, жеті қат аспаннан ба - талып жеткендей тым баяу, тым ауыр, тым қинала естіледі. Бастапқыда осының өзі домбыраның әуені ме, әлде желдің шуылы ма деп күмәнданып қалғанмын. Бажайлап тыңдасам домбыраның үні, бірақ өзім сүйсіне тыңдайтын, түсіне бермесем де көңіліме жағып, көкірекке шуақ құятын, жылт етпе, жалт етпе ұшқыр сезімдерді тежеп, толғанысқа, тебіреніске шақыратын кәдуілгі үйреншікті қоңыр күмбірге қоса қобыздың зарлы ызыңы мен сыбызғының сәнді шырылы да естілетін сияқты, замана мен уақыттың қатпар-қатпар қабаттарын көктей өтіп, талыға да құмыға жеткен, бірақ күш-қуатын жоғалтпай, керісінше, толықсып-толыға түскен күрделі саз. Өте салмақты, қорғасындай ауыр болса да еңсені езетін қасіретті зар емес, жаныңды байытып, сезіміңді ұштайтын, жүректі тербетіп, санаңды сергітетін аса бай, жас уыздай қою әуен. Және өзіме етене таныс, сонау бал дәурен балалық шақтан, анамның ақ сүтін мейірлене емген сәби кезден, тіптен анамның құрсағында жатқан кезден бері бойыма қапысыз сіңіп, жұлын-жүйкемді баураған, алпыс екі тамырда қаныммен бірге лыпып, жүрегіммен бірге соққан, әр жұтқан ауа, алған деммен бірге он екі мүше, бір рухқа тегіс тараған, ойласам ойыма нәр берген, сөйлесем сөзімнен есіп тұратын қасиетті қазақи нәт, қазақи діл, қазақи өміртаным, дүниеге көзқарас, адамдарға деген ықылас-пейіл – бәр-бәрі осы әуенде тұнып тұр. Көп нәрсені ұмытыппын, біразын елемеппін, көбіне мән бермеппін, талай жәйттің байыбына бармаппын, біраз дүниенің сырына қанықпаппын, енді бір нәрселерді ұғынуға өрем жетпепті, ойым тайыздық етіпті, санам қабыл алмапты. Соның бәрін өңімде емес, түсімде білдім, онда да осы қара домбыра, соның тұншыға күбірлеген жарықшақтау қоңыр үні, қоңыр үнмен бірге төгілген мың сан ұғым, шетсіз-шексіз сезімдер бізді ұмытып кеткенің бе деп қайталай ескертіп, еске түсіргесін ғана түсіндім. Түсіндім де ұялдым, ата-ананың ақ батасын қабыл алмай, ақ тілегін аяққа таптаған арсыздығыма өкіндім, бойымның қораштығына, ойымның шолақтығына, көкірегімнің бітеулігіне налыдым. Апырмай, осының бәрін қалай ұмытқанмын, қалай бағаламағанмын, бөтеннің жылтырағына қызығып, бөгденің арзанқол дүниесін асылға балап жүре бергенім не? Кім аздырды мені, кім адастырды, ойымды ойрандап, санамды сарсылтқан кім? Енді түзеле аламын ба, бағытымнан тайдырып, бағдарымды басқаға бұрған өктем күштің ғасырларға созылған сұрқия саясатының соққысына шыдамай, қарсы тұруға шамам жетпей, майыса қисайған мәуесіз қара ағаш қалпымнан қайта жасарып, бастауыма қайта оралып, сол баяғы солқылдаған жас шыбық күйімді таба алар ма екем?..
Домбыраның үні біртіндеп күшейіп барады, әлгіндегідей күбірлемейді, толғана күмбірлейді, томағасын сыпырған қырандай қалықтап, тұсауын шешкен тұлпардай самғап, дүбірлетіп, тереңнен толғай бастапты. Толғау емес, арыз! Өсиет! Хақ тағаланың назарынан жаралған қасиетті халқымның тарихын өз қолымен жазған нар тұлғалы бабаларымның келер ұрпаққа арнаған арзу арманы. Құдіретті күмбір жан дүниемді аялап, жүрегімді баурап, санам тазара түсті, буалдыр тартып, бұлыңғырланып тұрған аспан-жердің де ажары ашылып, айқындалып сала берді. Алғаш рет жарқырап күннің көзі көрінді. Күн шуағының төгілуін көптен бері аңсай күткен дүние-әлем жайнап шыға келді, айналам түгел жаңғырып, жасарып кеткен тәрізді. Өз топырағынан жаралған перзентін жатсынғандай маңқия мұнартып жататын дархан даланың да бойы бусанып, құлыншағын құшырлана иіскеген мама биедей емірене қалған. Жас босанған анадай бойы балқып, мейірлене иіген даламыздың қақ төрінде сол баяғы аруақты ерлер, айбынды аталарым отыр екен деймін... Әне, осыдан жиырма бес ғасыр бұрын өз байлығын, өз елін, өз жерін азсынып, қасиетті даламызға көз алартқан Кіші Азия билеушілерін табанына салып таптаған, сөйтіп тәубасына келтірген Мәди бабамыз алтын тақтан асқақтай көз тастайды. Бабамның жан сырын, арман-мүддесін, айтар ойын, қалдырған өсиетін – бәрі-бәрін айтпай-ақ біліп, түсініп, түйсініп тұрмын. Айбынды да айдынды Мәди патшаның ұрпағына арнаған сөзін Әбділда атамыз сұңқар Сәкеннің аузына салып кеткен:
«...Туған елдің бір кәрісін, бір жасын,
Зорлығына, қорлығына бермеңдер!..»
Даланың арда халқын бағындырамын деп ажалына ұмтылған қызылбастың билеушісі Кирдің басын қан толы меске салып қойып: «Аңсағаның қан болса тойғаныңша іш енді!..» - деген бір ауыз сөзінің өзі мәңгі өлмес өсиетке айналған Тұмар патшайым мейірлене жымияды.
Қас жауынан теперіш көріп тентіреп жүрген халқын ұшпаққа шығаруға бекініп, сол үшін туған әкесін құрбан етуден тайынбаған, киіз туырлықты барша ұлысты бір тудың астына жинап, алып империя құрған, өзінен он есе көп, он есе күшті, он есе қуатты дұшпанын жуасытқан, қақаған қыстың сақырлаған сары аязында аштықтан әлсіреп, суыққа үсіген бүкіл әскерімен бірге Қытай императорын қоршауға алып тұрып, бір шерігіне тиіспестен қоя берген мәрттігін бірде-бір жаугер қайталай алмаған Кемеңгер Хан Мөде не дейді? «Мейірімді болу үшін қатал болуыма тура келді. Түсіне аласың ба мені, ұрпағым? Кешіресің бе?..» Әрине, түсінемін! Ал, кешірімді сенен мен сұрауым керек, Хан баба. Атыңды ардақтап, аруағыңа тағзым етуге батылым бармай, көлеңкемнен қорқып, көрінгеннен ығып, әлі күнге дейін саптыаяққа ас құйсам сабынан қарауыл қарап жүргенім үшін өзің кешір мені!
Хан Мөде құрған көшпенділер империясын он төрт ғасырдан кейін қайта қалпына келтіріп, аумағын одан әрі кеңейте түскен Шыңғыс Қаған сазара қарайды. Ұрпағына емес, бос қуысқа көз жібергендей салқын көзқарас, дидарынан сыр алдырар емес. Ұлы қағанның үнсіз қойған сұрағын іштей ұғып тұрмын. «Жан-жағыңдағы жаудың бәрін ойрандап, іргеңді бекітіп бердім, адаспасын деп Жосық жазып қалдырдым, сол жолымнан неге тайдың, өсиетімді неге орындамадың, ұрпағым?..» Қаһарлы қағанға не деп жауап берейін, не айтайын, қандай уәж қайтарайын, сол тұрған жерімде жапалақша жалп етіп, етпетімнен құлай кеттім де еңіреп қоя бердім. Кешір, баба, кеше көр! Тұлпарыңа тақымым шыдамады, ақ семсеріңді көтеруге әлім жетпеді, Жосығыңды бұздым, әуелі ынтымағым қашты, сосын берекемнен айырылдым, бас-басымызға патшалық құрып, тоз-тозымыз шықты, көрінгенге жем болып, бір-бірімізбен жұлқысып кеттік... Кешіре көр, жан баба!..
Өкірген даусымнан өзім де оянып кеттім, екінші бөлмеде жатқан балаларым мен залдағы диванды меншіктеп алған әйелім де шошып ояныпты, бәрі үрпиісіп қалған. Оларға басу айтпақ түгіл өксігімді баса алмай, домаланып мен жатырмын.
Міне, саған көк қақпа! Міне, қара домбыраның сыры! Бар өмірін, күш-қайратын, ерік-жігерін, қызыл қаны мен мүбәрак жанын елінің, жерінің, халқының болашағы үшін сарп еткен қасиетті бабаларымыз ұрпағына арнаған арызын қара домбыраның көмейіне, қос ішектің діріліне, он екі перненің байлауына жазып кетіпті. Ұрпағым жаттан жасқанбасын, дұшпанға телмірмесін, ұлан-байтақ жерінің жайлауы мен қойнауындағы барша байлықты игілігіне пайдалансын деп еңіреп өткен қайран бабаларымның жүрген жолы, жасаған ерлігі, болашаққа қалдырған өсиеті түп-түгел қара домбыраның түпсіз терең, өлшеусіз кең, ұлан-ғайыр ұлағатты көкірегінде хаттаулы, шанағында сақтаулы тұр екен. Тек соны шертетін саусақ, тыңдайтын құлақ, сезінетін жүрек, көкейге құйып алар зерде керек. Солардың бірі де қалмапты менде, қалса да қадірі қашыпты, мұңлы-зарлы көне сарынды қайтемін, жаңа заманның жанды әуенін бер маған деп өзеуреппін, мұңның арты ой, ойдың түбі шешім, шешім соңы әрекет екенін аңдамаппын. Баба арманын ұға алмаппын, санама жетпепті, сол арманның тірі куәсі, сақтаушы абызы, кейінгіге жеткізуді аманат етіп арқалаған қасиетті домбыраның өзін де менсінбеппін, тарихымды термелей боздаған аруана-күйді өткен күннен өлімсіреп жеткен ескі әуен, музыкалық білімі жоқ қазақтың күйбең тірліктен жалыққанда уақыт өткізу үшін тапқан алданышы деп біліппін. Көзім енді ашылды, көкірегім оянды, санам серпіле бастады. Бірақ, соған да өз ақылыммен жете алмаппын, бұл үшін түс көруім, түсімде көк қақпаны ашуым, қара домбыраның күмбірін тыңдап, ата-баба аруағы берген аянға қанығуым керек бопты. Кеш те болса есім кіргеніне шүкір, иншалла!
Үш күн ойланып, төрт күн толғанып, ақыры осының бәрін әңгімелеп берейін, бәлкім шабыты оянып, шалқыған күй шығарар деген үмітпен күйші ағамыздың есігін қақтым. Алдын-ала телефон шалып, уақытын келісіп алғанбыз, күтіп отыр екен. Есен-саулық сұрасқаннан кейін әңгімемді айтып бердім, сөзімді бөлместен баптанып тыңдап алды, ыңыранып қойып, көзін сығырайта қарап біраз отырды. Сосын бұрын-соңды ойыма кіріп-шықпаған, бұл кісіден мүлдем күтпеген оқыс сұрақ қойды.
Осы сен төре тұқымынан ба едің?
Аузым аңқиып, не айтарымды білмей тілім күрмеліп қалды. Мұны неге сұрады екен? Төре тұқымынан болсам қайтеді? Төре қазақ емес пе? Әлде осының бәрі өтірік, аталарының атын қайта жаңғырту үшін ойынан шығарғаны деп отыр ма?
Жоқ, ағасы, кіші жүз боламын, руым адай.
Ағамыз сеніңкіремей отырған сияқты, көзін тайдырар емес.
- Адай болсаң түсіңе неге ылғи хандар кіріп жүр? Әлде аталарың төлеңгіт пе еді? Кейде ондай да болады, қожайынына шын берілген қызметшілердің адалдығы ұрпағына да жұғады, біреулер тұқым-тұғиянымен төлеңгіт болғанын мақтан ететіні бар, білетін шығарсың.
- Ия, білемін.
- Ал, төлеңгіт деген ханның жалшысы, барып кел-шауып келінде жүретін шабарманы, әрі кетсе атқосшысы ғана, оның мақтан тұтатын ештеңесі жоқ.
Менің түсінігімдегі төлеңгіт ханның жалшысы да, малшысы да емес, сенімді серігі, жеке жасағы, қазіргі тілмен айтқанда гвардиясы сияқты еді, бірақ үлкен кісімен сөз таластырып нем бар, үндеген жоқпын. Ағамыздың келесі сұрағы мәселенің мән-жайын анықтау үшін емес, мені нықырта түсу үшін қойылған сияқты.
- Анық адайсың ба өзің? Олай болса неге әлгі түсіңе адайдың батырлары немесе Бекет ата кірмеген?
- Ағасы, ол түсті мен өз қалауым бойынша көрген жоқпын, кімді көргің келсе сол кіретіндей, түсті де алдын-ала жоспарлауға болмайтын шығар? Әлде бола ма?
Ағамыз ыңырана күліп алды, ондай күлкіні бірінші рет естуім. Күні бойы жас жоңышқаға жайылып, әбден мелдектеп тойған, кешкісін қорада күйіс қайырып жатқан кәрі сиыр кекіре қалса осылай кекіретін шығар.
- Әй, қу бала! Қусың, ә?
- Шын айтамын, ағасы.
- Әй, қайдам. Алысты көздейін деген екенсің, бірақ ескертіп қояйын, бұл ойынды бекер бастадың, түк шықпайды бәрібір.
- Нені айтасыз?
- Сенің түпкі ойыңды айтамын. Төре тұқымы, әрине, белді тұқым, қазір де абырой-беделі бар, біраз жерге қолы жетеді, бірақ сені қайтсін, хан атаулының бәрі түгелімен түсіңе кірмек түгіл басыңа тәжін кигізіп кетсе де бәрібір оларға, тек өздеріне керек кісіге ғана қолдау көрсетеді, басқаларда шаруасы жоқ.
Апырмай, мына кісі ата-баба деген қастерлі ұғымның аясын тарылтқалы тұрғаннан сау ма? Хан деген тек төре тұқымына ғана емес, исі қазаққа тән, баршамызға ортақ, бәрімізге етене тұлға емес пе, олардың атын бәріміз ардақтап, бәріміз бірдей мақтан тұтпаушы ма едік. Оның үстіне, атаның емес, адамның баласы бол деген сөзді көкейге түйіп өскен қазақпыз. Мұнысы несі?.. Енді мен де қырсыға бастадым.
- Неге керек қылмайды? Өзімнің емес, солардың аталарын жоқтап, солардың бабаларының атын шығарғалы жүрген жоқпын ба! Өз еркімен төлеңгіт-жалшы болуға сұранып тұрған адамды көкіректен кері тебе ме? Ондай ақымақ емес шығар.
Ағамыз ыңыранғанын қойып, жүзіме барлай қарады. Әлгінде мұнартып тұрғандай көрінген көкшіл-шегір көзі тесірейе қалыпты. Дәу де болса осының шын ойы не, қайдағы түс, қайдағы домбыра, бұлталақтамай төтесінен бір-ақ тартпай ма деп отырған шығар.
- Бір ақыл айтайын саған, - деді көзіме көзін қадап. - Жайыңа жүр, жігітім. Тек жүрсең тоқ жүресің, домаланып көп жүресің деген, бекерге шалабыңды шайқама. Жазушымын, ақылдасатын әңгіме бар еді дегендегі айтқаның осы ма? Жерден жеті қоян тапқандай болып түс көрдім деп жетіп келіпсің. Сондай да түс бола ма екен? Хандарда нең бар? Мөде дейсің бе, Бөде дейсің бе, оны қайдан тауып алдың? Әлдеқашан сүйегі қурап қалған Шыңғысханды қайта тірілтетін сен бе едің? Көрпеңе қарай көсіл. Сен түс көрген екенсің деп мен күй шығаруым керек пе? Жібі түзу тақырып ұсынсаң бір сәрі...
- Сонда сізге қандай тақырып керек? - деп сұрадым мен де ерегісіп. Бір аптадан бері ойым онға, санам санға бөлініп, көкірегіме сыймай, бір түсінсе осы кісі түсінер деп алдына келіп, алғаусыз көңілмен сырымды жайып салғанда айтып отырғаны мынау, сенген қойым сен болсаң күйсегеніңді ұрайын! - Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бақытты заман, көреген көсеміміз бастаған сара жол партиясы, сол партияның соңына ерген халқымыздың жарқын болашағы туралы айтайын ба? Менсіз де айтып жүр ғой оны, бұрын да айтқан, ертең де айтады, сол үшін мазалап, алтын уақытыңызды алатындай топас та емеспін, елдің бәрі білетін ертегіні өзім ойлап тапқанмын дейтін жетесіз де емеспін, ағасы.
Ағамыз бір сәт ойланып қалды. Маңдайынан қайырып апарып, тас төбесіндегі қасқасын жасыра жапсырып қойған бір шоқ селдір шашы шошып кеткендей үрпиіп шыға келіпті, басын бір сілкісе маңдайына түсетін түрі бар.
- Былай, жігітім, - деді сосын әр сөзін нығарлап. - Мен ешқашан партияның да, басқаның да жыршысы болған емеспін, болмаймын да. Сарай ақыны деп ешкім айта алмайды мені. Сен кім едің соншама!
Бәсе, мен де кісі танитын сияқты едім, оның үстіне, ағамыз шынымен ешкімнің алдында басын иіп көрмеген, мардамсыған талай мықтының мінін бетіне басып, құтын қашырған азулы азамат болып саналатын.
- Мен де сізге сондықтан келіп отырмын, ағасы. Халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын, ел қамын жеген ардагер деп білемін сізді. Көкіректі тырнаған күдік-күмәнімді бөлісіп, ішкі ойымды ақтарайын, шерді шер қозғайды, бәлкім шабытыңыз оянып, дүниеге бір толғау әкелерсіз деген үмітпен басқаға емес, өзіңізге сыр айтқан себебім де сол. Топырағымыз азып, тамырымыз суалып, нәрімізден айырылып бара жатқанымызға ашынамын, алды-артын бірдей жалмап, гүрілдеп тұрған жаһандану деген өрттің түрі мынау, өткеніміз бен бүгінімізді, жасымыз бен кәрімізді қомағайлана қылғытып жатқаны аздай, жайын аузын бұрынғыдан бетер аша түседі, бір қарекет қылмасақ оған қоса ертеңімізді де, аңсаған арманымыз бен алға қойған мақсат-мұратымызды да бір-ақ жұтатын түрі бар, осындайда қанатымен су сепкен қарлығаштай қайрат көрсете алмасақ кім болғанымыз? Әлде қолымыздағы қаламды, домбыраны, қобызды тек қана еріккеннің ермегі, тойынғанның тоғын басар арзан әзіл, арсыз күлкі үшін ұстап жүрміз бе?
Ағамыз қабағы түксиіп, қойнына бақа кіріп кеткендей кілт жиырылып, көзін төмен салып, мойнын ішіне тарта қалды. Маңдайының әжімі қатпарланып, бұғағы салбырап шыға келді, төбесіндегі бір шоқ шашы ақыры маңдайдан төмен құлап, мұрнынан да асып, аузына түсердей болыпты, тыныс алып, дем шығарған сайын желп-желп етеді. Жаңа ғана нығызданып отыр еді, бұл кісіге не көрінді, күтпеген жерден ұнжырғасы түсе қалғаны несі?
- Ел қамын жеген ерлердің күні өткен, қарағым, - деді ол тұнжырап. - Қазір заман басқа. Әркім өз басын ойлайды, өз күнін өзі көреді, ешкімнің ешкімге ортақтығы жоқ, біреуге жол сілтеп, жөн көрсетсең бетіңнен ала кетеді, ісінің терістігін айтсаң сотқа сүйреп есіңді шығарады, сөз түсінетін адам қалды ма бұл күнде! Өзге түгіл өз бауырыңнан өрген балаларың да ақыл айтқанды жақтырмайды, кімге қандай өнеге көрсетпекпіз?
Ағамыздың таусыла сөйлегеніне абыржып қалдым, дегенмен көкірек көзі ашық, жүрегі нұрлы, сарайы сәулелі біреу болса нақ осы кісі болар деп арнайы келгенім дұрыс болыпты, қателеспегеніме қуандым, әлгінде күмәнданып қалғаныма өкіндім.
- Ағасы, бұл сөзіңізге мен де қосыламын, алайда қара аспанды суға алғызып отыра берсек біздің жағдайымызды біреу келіп түзеп бермейді ғой, аузымыз жеткенше айтып, қолымыз жеткенше істеп, бір қарекет қылу керек шығар?
- Болмайды, қарағым. Күлкі қылады, әуелі өзіңді жарылқап ал, халықтың сөзін сөйлейтін қайдан шыққан көсемсің, көзге түскің келіп жүр ме деп мысқылдайды. Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл, ақылың тасып бара ма, жұрттың табасына қаласың ғой деп жаны ашығансиды. Түсініп отырмын сені, әлі жассың, тауаның шағылмаған, халқыңа жақсылық жасауды армандайсың, «өрмелеп шығып күн болғың» келеді, бірақ бұл баяғы қазақ емес, қазақтың аспаны әлдеқашан ашылған, бұрынғыдай қараңғы емес, жарқырап тұр, тек сол жарықтың өзі қайдан келді, сәулесі қайдан түсті, қайда бастап, қандай бағыт нұсқайды, осы жағын пайымдап, парықтап жатқан ешкім жоқ, осының бәріне менің де жаным ауырады, қайтеміз енді, қолдан келер қайран жоқ, әліптің артын бағып отыра береміз де. Бәрібір біздің сөзімізді ешкім естімейді, естісе де мән бермейді, мән берсе теріс пиғыл, дұшпандық іздейді, заман ағымын түсінбейтін керітартпа, әсіре ұлтшыл әулекі қылып шығарады. Босқа арамтер боласың.
- Ағасы, бүйтіп торықпаңыз. Мен сізді көсемдікке шақырып, жұрттың алдына шығып сөз сөйлеуге, жиналыс ашуға, ереуіл ұйымдастыруға үгіттеп тұрған жоқпын. Бар ойым - сіз сияқты өнерпаздар, халқымыздың бетке ұстар тұлғалары, даусы да, дабысы да алысқа жететін, емеуірінінің өзі елді елең еткізетін азулы да арынды азаматтар осындай бетбұрыс кезеңде, алмағайып заманда өзіндік бет-бейнемізді, бояу-нақышымызды, ішкі мазмұнымызды жоғалтып алмай, болашаққа басқалардың жетегінде, шылауында жүріп емес, өз бетімізбен, өз жолымызбен, өз қалпымызбен баруымызға атсалысып, жас ұрпақтың бойына өз нәрімізді, өз құнарымызды сіңіре берсе деген тілек қана.
Ағамыз тағы да ауыр күрсінді. Мынау айтқанды ұқпайтын саппас екен дегендей шаршаңқы жүзбен мүсіркей қарап біраз отырды.
- Бұл сөзің де жаңалық емес, талай айтылған, талай жазылған, тыңдай-тыңдай құлақты жауыр қылып, жұрттың бәрі мезі болған үйреншікті сөз ғой, қарағым. Мен - күйшімін, ақын да, жазушы да, саясатшы да емеспін. Күйді кім түсінеді? Байқауымша, көзі ашық, әр нәрседен, соның ішінде өнерден де хабарың бар адам сияқтысың, жазушымын дедің, сөйте тұра күйдің сырын өзім де түсіне бермеймін деген жоқсың ба? Менің күйімді өзім сияқты музыканттар ғана түсіне алады, онда да тыңдағысы келсе ғана, көбісі күй дегенді тыңдамайды қазір, тіптен солар да түсінбей ме деп қорқамын.
- Ал, олардың неге түсінбейтінін білесіз бе? Білмесеңіз айтайын сізге, - деп ағамыздың сөзін бөліп жібердім. - Өйткені, қазіргі күйлер де жасанды, топырағынан ажырап қалған, тамыры жоқ, сондықтан жарқ етіп бір көрінгенімен шын мәнісінде өлі дүние, сырты жылтыр болғанымен ішкі қуаттан ада, бір күндік нәрселер. Ал, шынайы өнер туындысы деген...
Ағамыз оқыс зірк ете қалды. Жаңа ғана қабырғасы қайысып, таусыла сөйлеп отырған кезде бояуы оңып, сұрғылттанып шыға келген көз жанары шатынап кетіпті.
- Сонда қай шығармамды айтып тұрсың?!
Аңқау басым-ай, ағамыз осы сөзді өзінің атына қабылдайды, көңіліне ауыр алады деп ойламаппын, аңдамай сөйлеген ауырмай өледі, үйінен қуып шықпаса жарар еді. Әнтек айтқан сөзімді жуып-шаймақ болып дереу бастырмалата жөнелдім.
- Жоқ, ағасы, сізді айтып тұрған жоқпын, жалпы қазіргі шығармаларды айтқаным ғой, бұл тек музыкаға ғана емес, жалпы өнер атаулыға, соның ішінде әдебиетке де қатысты. Қазір не көп – жазғыш көп. Тіптен, өзі қолданып отырған сөздің мағынасын білмейтін жазушылар шықты. Кейбір сыншылар соларды жата кеп мақтайды, сондағы мақсаты не, жұртты адастырып, асыл мен жасықтың орнын алмастырып, оқырманға теріс бағыт сілтеу ме, одан кімге пайда, әлде бүкіл қазақ баласын шынайы өнерді танып-білуден айырмақ па? Сонда кімнің сойылын соғып жүр? Бәлкім өздерінің де өресі сол деңгейде шығар? Түсінбеймін.
Ағамыз қоңырайып қалған, томсырайып, басы салбырап кетіпті, қабағы шытулы.
- Әдебиеттің жөні бөлек, әр сөзі көрініп тұр, қатесін де, кемшілігін де анықтап, ажыратып алуға болады. Ал, күй деген мүлдем басқа нәрсе, оны тек құлақпен естисің, көкірекпен қабылдайсың, музыка санаға емес, сезімге әсер етеді.
- Өнер туындысының бәрі де сезімге әсер етеді. Әйтеуір, солай болуға тиіс.
Ағамыз аңтарыла бір қарады да сөзін жалғастырды.
- Ал, жұрттың бәрі сезімтал емес қой, біреу түсінгенді екіншісі түсінбейді, осы жасқа келгенде бір нәрсеге көзім жетті - жалпы, халықтың басым көпшілігі музыканы ұғына бермейді екен, өйткені олардың сезімі таяз, жетілмеген. Ал, сен маған күй шығар дейсің!
Екеуміздің әңгімеміз күй шертпек түгіл бұрауын келтіре алмайтын мақаудың қолындағы домбыраның ішегіндей екі жаққа бұра берді-ау. Дегенмен, әлі де ұғысқым келіп сөзді ширата түстім.
- Мәселе сонда ғой, ағасы, өнердің мақсаты да адамның сезімін тәрбиелеу, сол арқылы ой-өрісін кеңейту, ақылын байыту, санасын өсіру емес пе? Ал, меніңше, басқаны білмеймін, біздің қазақ халқының бүкіл өнері, ғасырлар бойы тірнектеп жинап, шыңдап, шырқау биікке көтерген асыл мұраларының бәрі сезімге құрылған, бір тектес, бір негізді, бір бұлақтан бастау алатын еншілес құндылық. Осыған келісесіз бе? Мәселен, қазақтың ауыз әдебиеті түгелдей домбырадан туған десем не айтасыз? «Алп-алп басқан, алп басқан» жыраулардың жүректі тербеп, көкіректі кернеп, қаныңды ойнатып, сезіміңді ұштап, санаңды жаңғыртар жырларының құдіретті ырғағы құлақпен тыңдамай-ақ көзбен оқығанда да сезіліп тұрмай ма! Шешендік сөздер де, аңыз-ертегілер де солай. Қой, қарағым, жырау қайда, домбыра қайда, бұл домбыраның күйі емес, жыр жолдары ғана дей аласыз ба?
Ағамыз шамырқана бастапты. Маңдайдағы шоқ шашын алақанымен көсіп алып, қайтадан төбесіне апарып жапсыра салды да тарынғандай ма, қорынғандай ма, мен үшін емес, өзі үшін жайсыздау, жат сезіммен жүзіме тесірейе қарады.
- Әй, жігіт! Сен мені сынау үшін келдің бе, әлде қартайғанда емтихан алып отырсың ба? Қандай жырау, қайдағы домбыра? Ақылың тасып бара жатса ана толып жүрген ғалымдарға бар, солармен айтыс, енді маған өнердің не екенін үйретейін дедің бе? Түс көрдім, соның ізімен күй шығарып бер деп басымды бір қатырып едің, енді әдебиет пен өнерді бір көгенге апарып тізбек боласың. Екеуі екі басқа нәрсе! Ондай жаңалық ашпақ болсаң газетке жаз. Журналға бастыр. Жұрт оқиды, пікірін айтады, менде нең бар? Жалпы, көп отырып қалыппыз, үйіңе қайтпайсың ба? Мен де аздап демалайын, түске жақын көз шырымын алатын әдетім бар еді, жас болса келіп қалды, түн баласы ұйықтай алмаймын, өстіп күндіз көз іліндіретін болдым қазір. Айыпқа бұйырма, қарағым, біз қартайған адамбыз, кейбір ойларыңды түсінбеген шығармын, хабарласып тұр, кім біледі, мүмкін бірлесе жұмыс істеп көрсек бірдеңе шығып қалар.
Сөйтіп ағамызбен қоштасып үйге қайтуға тура келді. Шал шаршайын деген екен, хабарласып тұр дегені әшейін сарт мезірет, енді өзім де жоламаймын оған. «Бір сынаған жаманды екінші қайтып сынама» - деп Махамбет батыр айтқандай, көңілім бір суыса енді қайтып оңайлықпен жылымайтыны бар. Менікі де қызық, біреудің көрген түсін екінші адам түсінуші ме еді! Қой, жұрттың мазасын алмай, не болса да өзім айналысып көрейін, күйге сұранып-ақ тұрған материал еді, қайтеміз енді, бәлкім тәуір әңгіме шығып қалар. Осы ойға бекініп, үйге келген соң жазуға отырдым. Қазір қағаз-қалам дегенді білмейміз, бірден компьютерге тереміз, жаратпаған тұстарын шимайлап жатпай, бірден өшіре саламыз, әрі жұмыс та тез жүреді. Әкеміз көрген түсін жазып жатыр деп балаларым мәз болады, содан басқа жазатын ештеңе таппадың ба, ұят емес пе деп әйелім қыжыртып еді, бізге сөз өте ме, бір қисайсақ түзелмейтін адамбыз, оның үстіне кәдімгідей жүйке-жүйемді баурап әкеткен тақырып, тәуекел деп кірісіп кеттім.
Сол түні көк қақпа тағы да түсіме енді. Қасына жақындай бергенімде-ақ ай бедерлі, айшықты жарма есігі айқара ашылып, сарғая мұнартқан сайын даланың жусаны мен изені жұпар аңқып, шыңылтырлана мөлдіреген саф таза ауада құдіретті Шыңғыс Қағанның «сағымға ілдірген садағының» сарқыншағындай болып қалықтап тұрған қасиетті қара домбыра күмбірлеп қоя берді. Қоп-қою қоңыр әуен жанымды тербеп, жүректі тебірентіп, сезімімді шиыршық атқызып, өн бойымды, жұлын-жүйкемді қуалап, тамырымды жарып жіберердей шапши аққан қаныма шым-шым сіңіп жатты. Керенау керілген ерке дала құлпырып сала берді, көкмайсасы бұрала майысып, қызыл-жасыл гүлдері от-жалындай алаулап, төбесі көк тіреген зәулім теректердің жапырағы шуылдап, жер жүзіне қуана шуақ сепкен Күннің көзі де осы күйді қосыла шертіп тұрғандай. Жайқалып өскен көк құрақтың арасынан айнадай жарқыраған айдын көлде аққу-қаздар сұңқылдасады, төбенің етегіне қатар-қатар ақ шаңқан үйлер тігіліпті, ылғи су төгілмес жорға мінген қыз-жігіттер ат үстінде орамал тастамақ ойнап жүр. Ауыл шетіндегі тақырда бір топ бала асықтың қызығына түсіп кетіпті. Үй көлеңкесінде әйелдер өрмек тоқып отыр, келіншектер ас қамдауға кірісіп кеткен. Айналасы ат шаптырым боз төбенің басында алқа-қотан отырған ақсақал-қарасақалдар жыраудың жырын тамсана тыңдап қалыпты.
«Тебінгіден ала балта суырысып,
Тепсінісіп келгенде,
Тең атаның ұлы едің,
Дәрежеңді артық етсе Тәңірі етті!»
Әр жолы нар түйеге татырлық осындай жырларға қалай тәнті болмайсың! Ақындық пен батырлықты қатар ұстаған бабамыздың хан баласына айтқан сөзі. Ар-намыс пен әділет жолында ханнан да қаймықпауды, ажалдан да тайсалмауды текті бабаларымыз ұрпағына осылай өсиет еткен.
«...Май жемесе барағым,
Он кісіге жараса
Бір кісіге тартқан табағым»...
Міне, сізге меймандостықтың үлгісі! Бір қонақты күту үшін он адамға жететін ықылас білдір дейді бабамыз. Бірақ, қонағың қожайынға айналып кетсін демейді. Ал, қазір ше? Барақ түгіл Қанат пен Жанаттардың шекесі шылқып жүргені шамалы. Неге? Атан жілік, жолбарыс жүрек бабалардан қалған байлықтың арқасында бір кісіге тартқан табағымыз он емес, мың кісіге жетіп жатқан жоқ па! Бұл қалай? Не істеп жүрміз біз? Сол бабалардың қай өсиетін орындап жатырмыз? Өз елімізде, туған топырағымызда жүріп өз тілімізде сөйлеуге арланамыз, аузымызды ашсақ тұтығып қаламыз, міңгірлеп, мыңқылдап, ақыр соңында өзге тілде шүлдірлей жөнелеміз, осыны жөнге келтіретін уақыт болды ғой, ас-суын ішіп, ауасын жұтып, жерін жайлап отырған киелі даланың назасына ұшырармыз, обал-сауап жанды-жансызға бірдей, ертең опынып қалмайық, алдымен бесігімізді түзейік деп білек сыбанып, белсене кірісер ел ағалары қалмаған ба бізде? Жалғандық пен жасандылықтан жерініп, өз тамырымыздан өзіміз нәр алып, құнарына қануға, сол құнардан келер ұрпақтың да кенде қалмауын қамдауға өреміз жетпей ме, әлде өзгені жарылқасақ та өзімізді өзектен тебетін безбүйрек болып кеттік пе?..
Ал, күй әуені тасқындап барады. Бойымды да, ойымды да, санамды да, сезімімді де түгел баурап, тегіс билеп алған құдіретті әуен кеуіп қалған кенезең жібісін, шөліркеген жаныңның сусағаны басылсын, көкірегің қазынаға толсын, түп-тамырың қайдан, неден бастау алады, халқыңның мұрат-мүддесі не, арғы-бергі тарихтан алатын орның кәне, Алла тағала әлмисақта бірдей етіп жаратқан барша ұлт пен ұлыстың арасында өз қадіріңді өзің қашырып жүрген жоқсың ба, олай болса адасқанның алды жөн, арты соқпақ, қатардан қалмай, қараға ілігу үшін не істеуің керек, қандай қарекет еткенің жөн, осының бәрін ұғынып ал дегендей бебеулеп, боздай түседі. Сүйек-сүйегім үгітіліп кетердей егіліп, қара табанымнан төбе құйқама дейін шымырлап, тұла денем балбырап босаңсыған сайын жан-жүрегім, жұлын-жүйкем ширығып, шиыршық атып, жараған тұлпардай жұлқына бастадым. Көкірегі кемел қара домбыра, ата-баба аманатын айта түсші, аруағыңнан айналайын бабаларым кіршік жұқтырмай ұстаған алмас қылыштың қара кездіктей жұрнағы қалған шығар, ерлігімнен ездігім үстем түсіп ол да тотығыпты, қынында жатып жұқарыпты, майырылып, мұқалыпты, қайрай түсші тағы да! Нәті алмас екені рас болса қараңғы қаптың түбінде қашанғы жатар дейсің, жарқ етіп шығар бір күні! Қайрашы, баба-домбыра, сайрашы, айта берші әлі де!..
Сол замат сағымға бөгіп жатқан салқар сахараның аспанмен астасқан көкжиегі кілт түріліп, қара бұлттай түйілген қалың қол лақ төгілді. Төбелері көк тіреп, қанатты тұлпар мінген, мұздай темір құрсанып, бес қаруын асынған қас батырлардың қаһарынан қара жер қақ айырылардай. Түнере төнген мың сан әскердің алдында басқалардан оқ бойы озық Кенесары бабамыз келеді. Дулығасы басында, ақ сауыты үстінде, ақ семсері қолында. Одан сәл кейін Наурызбай сұлтан, сауытының сыртынан желең жамылған шекпенінің оң жақ жеңін белдігіне қыстырып алған, ақсия жымияды. Ағындап келіп қалған жойқын әскер таптап кетердей тайғанақтап, көткеншектеп шегіне бердім де тәлтіректеп барып құлап түстім. Өңімдегі өлімім қандай боларын кім білген, түсімде қасиетті бабаларымның тұлпарының тұяғына тапталып жан тапсыратын болдым...
Қара домбыраның үні бір толастар емес, жаназамды күймен шығарып жатқандай-ақ күңіреніп, күмбірлеп, безек қағады. Кенет тұяқ дүбірі басыла қалды, әлде Кене бабам өз ұрпағын ат тұяғына тапап өлтіруге қимады ма екен? Ақырын басымды көтеріп қарасам, хан бабамыздың қалың әскері бұйраланған ала бұлтқа араласып аспанға сіңіп бара жатыр екен. Қап! Әттегене-ай! Кешегі туысымыз, кейін қас дұшпанға айналған жоңғармен жүз жылдан астам уақыт бойы үздіксіз соғысудан әлсіреп, аю мен айдаһардың арасында қалып апшысы қуырылған, екі жаққа бірдей жалтақтаймын деп өкпесі өшкен еліміз амалсыздан тал қармап, қарамағына өтуге мәжбүр болған алпауыт елдің әкімдерінің озбырлығын тоқтатып, халқына теңдік әперемін деп атқа қонған, он жыл бойы тұлпарынан түспей, ақтық демі қалғанша шайқасқан батыр бабаммен, қайсар бабаммен, ел намысын өз бағынан, тағдыр-талайынан, Алла тағаланың адамзатқа тарту еткен ең қадірлі сыйы – өмірінен де жоғары қойып, сол үшін шыбын жанын құрбан еткен халқымыздың соңғы ханымен ең болмаса түсімде жүздесіп, тілдесіп қалуға батылым жетпеген қорқақтығым, ездігім үшін күйіндім! Бұл түсім ғой, соңынан қуып көрейін, бәлкім жетермін деген есіріктеу үмітпен артынан тұра ұмтылмақ болып едім, тұрған жерімнен қозғала алмадым. Тапжылмаған күйімде сілейіп қатып қалыппын.
Не болды маған? Өзі келіп, өзі көрініп, түсіме кіріп, аян беріп тұрған әулиедей бабамызбен армансыз арыздасып қалуға дәтім бармағаны қалай? Соншама азып-тозып, азғындап, жүрегімде қуат, бойымда күш, қанымда тазалық қалмай, әбден езіліп, ез болып кеткенім бе? Батыр бабаларымның арда қанының бір тамшысы да бойыма сіңбей, асыл қасиеттерінің жұқанасы да жұқпаған ба шынымен? Енді қайттім, не істедім, көк қақпаның құпиясын ашуымды күтіп жүрген достарыма не деймін, не бетімді айтамын, өңім емес, түсім екенін біле тұрсам да Хан Кененің қаһарынан қаймығып бұғып қалдым деуге жалған намысым жіберер ме екен? Әшейінде бұтқа толып, көкірегімді кергенде менен мықты ешкім жоқ, шынтуайттап келгенде өңім түгіл түсімде де табанының бүрі жоқ тайғанақ боп шыққаным ба? Сыртым бүтін, ішім түтін болғаны ғой, айтқан ойым да, сөйлеген сөзім де, істеген ісім де, көрген қызық, күлген күлкім де жалған екен, менен туған ұрпағым не болады? Қандай үлгі бермекпін оған, нендей өнеге көрсетпекпін, қай сөзім мен қай ісімді мұраға қалдырмақпын? Қоянның өзін көр де қалжасынан түңіл дейді, менің сиқым мынау, оның түрі қандай болмақ?
Осының бәрін түсімде ойладым, түсімде тебірендім, өз-өзімнен көңілім қалып, назаланып, түңіліп, жанымнан безердей болып қиналғаным сонша, осы ұйқымнан оянбай-ақ қояйыншы деп Жаратқанға жалбарындым. Бірақ, пенде шіркінге дауа жоқ қой, құлағыма біреу: «Тап осың бекер болды, қаймана қазақтың қай тілегін беретін еді ол, бала кезіңде кейбір шайпау шешелерің шұнақ Құдай, керең Құдай деп тілін безеп жататыны тегін деймісің, небір асыл азаматтарымыздың егілген жасы мен төгілген қанын көрмей, қара басының емес, халықтың қамы үшін сұраған тілегін бермей қойған қатігез Құдай сенің жалынышыңды қайтсін» - деп сыбырлағандай болады. Әлде осы жолы артық кетіппін, қызулықпен асығыс айтыппын, Құдекең естімей-ақ қойса екен, бұл тілегімді бермесе де болады, ұйқымнан оянайын, үй-жай, бала-шаға, тіршілік қамы бар, әлі де біраз уақыт жер басып жүре тұрайын деген, жымын білдірмей, мысықтабандап оянған тағы бір астыртын тілегім болды ма? Ол да ғажап емес, бұл күндері өзге тұрмақ өзімізге сенуден қалдық қой. Алайда, өзі жаратқан пендесінің қай сұрағанын қашан берері, қай тілегін қашан орындары бір өзіне ғана аян Алла тағаланың құдіреті шексіз, нығметі өлшеусіз екеніне тағы да көзім жетті - сөйтіп есеңгіреп жатып, күллі қазақ болып әлі күнге дейін қадірін біліп, қасиетін ұғып, қасіретін сезінуге шамамыз жетпей жүрген Кенесары бабамыз қара домбыраның күмбіріне қосыла күңіреніп қоя берді. Өзі жоқ, тек даусы ғана естіліп тұр. Әр сөзі шеге қаққандай нық, ұрпағымның санасына сіңіп, бітім-болмысын түгел баурасын дегендей баптана айтқан арызы кәрі домбыраның көмейінен төгілген күймен бірге көкейіме құйылып жатты. Арманда кеткен ардақты бабамыздың алғаусыз ақтарған жан сырын, қайғы-мұңын, мүдде-мұратын мүлтіксіз есте сақтауға тырысып, бір сөзін де қалт жібермеуге тырысып мен жатырмын.
Міне, сол сөз, сол өсиет, елім-жұртым, ұрпағым деп еңіреп өткен, халқының келешегі үшін жанын қиған, тұлпарының дүбірі әлі күнге дейін құлақтан кетпейтін, бар өмірі атқа мінген әр азаматтың ерлігі мен намысына өлшем болғандай ардақты бабамыздың айтқан аманаты халқымыздың өткені мен кеткенін, шежіресі мен тарихын жырлап, болашағын болжаған қасиетті қара домбыраның күмбірімен бірге тал бойыма таралып, ой-санамды баурап барады...
«Атадан ер боп туған, әйтеуір солай жаралуға тиісті келер ұрпақ, сендерге арнадым бұл сөзді. Хатқа жазбадым, бәдізшіге қашатпадым, Күн мен Айға, аспандағы жұлдызға, алтын бесік Қара Жерге аманат қып қалдырдым. Көкірегінің көзі ашық ұрпағым, солардан сұрап білерсің, сұрамасаң да өздері айтар - Күннің көзін қара бұлт тұмшаласа ездігіңе қорланып, еңсесі езілген бабаңның қамыққаны; Ай тұтылса араларыңнан шыққан азғындардың арсыздығына бетім күйіп, рухым жаншылғаны; Жер тозса сан мың жылдар алысқанның алқымын езіп, жұлысқанның жұлынын үзген, намысын таптатпаған, ардан аттамаған есіл ерлердің отаны болған қайран елімнің әлмисақтан бері ардақ тұтқан асыл қасиеттерінен ада болып, арамзалықтың дендеуінен аруағымның әлсірегені деп білерсің. Тек мынаны ұмытпа - рухым қанша жаншылса да жасымас, аруағым қанша әлсіресе де алжымас, қара жердің қақ төрін мекен еткен қазақ деген халық жер бетінен өшпей тұрып рухым да жоғалмас, аруағым да әбілетке айналмас. Менің сертім осы!
Ал, сенің сертің не болар, сертке берік мәрттігіңнен айырылып, өз сөзіңе өзің иелік ете алмай, еркіңнен айырылып, өрісің тарылып, өзегіңді дерт шалып жүрмес пе екен? Атадан өте туасың ба, жете туасың ба, әлде кері кете туасың ба? Менің заманым тарыла бастап еді, сенің кезің не болар, күнің бір уыс болып, тағдырыңнан теперіш көріп тентіреп кетер ме екенсің? Біріңді-бірің түртпектеп, барыңда бере алмай, жоғыңда көре алмай, ағайынмен алауыз болып берекең қашар ма екен? Береке басы - бірлік, ұрпағым, осыны ұмытпа, сені ұшпаққа жеткізіп, менің аруағымды риза қылар тірлігің тек қана бірлік болмақ. Бай демей, кедей демей, руы мен шыққан тегіне қарамай барша қазақ тізе қоса тірлік етсең ғана мерейің үстем болады, әйтпесе ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетерің кәдік.
Ұлы мұрат жолында жанымды қидым, байлыққа да, билікке де ұмтылмадым, тегеуірінді дұшпанның тепкісіне шыдамай шілдің боғындай пышырап, тоз-тозы шыққан халқымның басын қосып, теңдікке жеткіземін деп атқа қондым, мүбәрак қанымды төктім, қойнымдағы халал жарым мен бауырымдағы бейкүнә баламды құрбан еттім. Қатал болсам да қатігез болмадым, айлакер болсам да арамза болмадым, батырмын деп тасырлық көрсеткен жерім жоқ, достарымды жазаласам опасыздығы үшін, жақыныммен жаулассам озбырлығы үшін, соның бәрін ел бірлігі үшін істедім. Төремін деп тепсінбедім, ханмын деп кергімедім, астамшылық көрсеткен жоқпын, жақынды да, жатты да теңгеріп ұстадым, ағайыным деп аямай, басқыншыларға сатылып, солармен бірге өз халқын қосыла талаған қырық төрт сұлтанды бір түнде қырып салдым.
Сонда нені көксеп едім? Не керек еді маған? Не жетпейтін? Атақ та, құрмет те, байлық та, билік те, дос та, туыс та - бәрі болды менде, ештеңеден кенде емес едім. Бірақ бір нәрседен айырыла бастағанбыз - елдігіміз кеміп, бірлігіміз сетінеп бара жатты. Кеше ғана дүниені тітіретіп, жарты әлемді жаулаған ұлы бабам Сайыпқыран Шыңғыс қағанның ер ұлы Жошыдан мұра боп қалып, оның өр ұлы Бату хан кейінгіге аманаттап табыстаған айбынды Алтын Ордадан енші бөліп шыққан қасиетті Қазақ хандығы кімнен кем еді? Шығысында құмырсқадай құжынаған қытайды, батысында ормандай өскелең орысты, оңтүстігінде басынан сәлдесі, қолынан қанжары түспейтін қызылбасты көк сүңгінің ұшымен жасқап, алдаспанның жүзімен тәубасына келтірген, айдарлыңды құл, тұлымдыңды күң етпек болған қара қалмақты қан құстырып, жарты жерін олжалаған қаһармандар елінің қадірі неден қашты? Себеп біреу - сол баяғы алтыбақан алауыздық, бірін-бірі көре алмау, басқаның бағы жанса, өзінің соры қалыңдай түсетіндей көріп, ағайынның аты озғанша ауылдастың тайы озсын деп көрдемшелікке салыну, осының ақыры ауылынан аттап шықпас мешелдікке, жақсы атың шығып, жалпақ жұртқа таныла бастасаң мынау қайдан келген әулие деп осқырына қарайтын мешеулікке, көзінің алдындағыны көрмейтін көрсоқырлыққа әкеп соқтырды. Қара қылды қақ жарған әділдіктің орнын қараулық басты, аңқылдаған ақжарқын халық тоң-торыс тоғышарға айналды, қызымыздан ұят, ұлымыздан мият кетті, болашағың бұлдыр, келешегің кемшін, ендігі күнің не болар? Ақырып теңдік сұрайтын аруақты ерлер шыға ма енді араңнан, босағадағыны төрге сүйреп, төрдегіні төбеге көтерер, өз талайынан халқының таланын жоғары қояр толағайлар келер ме екен өмірге? Келсе де көзін шұқып, басын жарып, әлің жетпесе үстінен арыз жазып, жер аударып, темір торға тоғытып, елден қуып тынар ма екенсің? Қарға екеш қарға құрлы қасиеті қалмаған қайран ұрпағым, тышқан тірлігіңнен түңіліп, дос сүйініп, дұшпан күйінетіндей іргелі істерді қолға алатын уақыт келді ғой, осыны неге түсінбейсің! Ешкімге тәуелді болмай, айдарыңнан жел есіп, алшаң басып жүрер заманды жақындата түссем деп мен де талпындым, амал не, ақыры қолым жетпей, айға шапқан арыстандай мерт болдым, сол азаттыққа Алланың әмірімен өзің жеттің, енді соның қадірін ұғып, қастерлей білсең кәнеки? Төбеңнен төніп тұрған темір тұман сейілді, аспаныңды тұмшалап, көгіңді бүркеген қара бұлт ыдырап, жарқырап күннің көзі ашылған жоқ па! Есіңді жи, еңсеңді тікте, бұқпантайлай бермей басыңды көтер, айналаңа көз жібер, басқаның бәрі биікте, сен ғана төменде жүретіндей не басыңа күн туыпты, ешкімге есеңді жібермей, өз нәсібіңді өзің теріп, өз жемісіңді өзің жеуге де жігерің жетпегені ме? Бәрі бар сенде, ешкімнен кем емессің, ештеңеден кенде қалған жоқсың, тек асылыңды ардақтап, барыңды бағалап, бағыт-бағдарыңды белгілеп алсаң болды. Тағы да қайталайын, ұрпағым - ырыс алды ынтымақ, тірлігіңнің темір қазығы бірлік болмақ, әйтпесе адасасың, осыны ұғып ал. Ұраның - бірлік, ұстанғаның - ынтымақ болып, әділеттен айнымасаң ғана ұшпаққа жетесің. Осы өсиетімнің үдесінен шыға білсең, кейінгіге аманат қып жеткізсең мен де ризамын, болашақ ұрпағың да риза. Тек аманатқа қиянат ете көрмеші...»
Қоңыр күйдің сарынымен бірге көкейіме құйылып, көкірегімді толтырған бабамыздың аманаты осы, құрметті оқырман. Әлде шежіре-домбыраның көмейінен төгілген ащы шерді ғазиз бабамыздың айтқаны деп ұғып, солай түсініп, солай қабылдадым ба екен? Күңіренген күйдің күмбірін, сол күмбірмен бірге санама сіңіп, бар ойымды, сезімімді, жан-жүрегімді тұтастай баурап алған бабалар сырын қағазға түсіріп, сөзбен жеткіземін деп өзім де біраз қиналдым, ниет түзу болса да шеберлігім кемшін соғып, кемел сөздің кенеуін кетіріп, әрін қашырып алсам айыпқа бұйырма, кемшілігі болса кешіріммен қара, қолдан келгені осы болды, азырқанбай, назырқанбай қабыл ал. Бір ойым айтады, егер осының бәрі менің емес, он саусағынан өнер тамған дәулескер күйшілердің бірінің түсіне кірсе не болар еді? Өнер әлемінің көгіне жұлдыз боп қадалар мәңгі өлмес жауһар шығармалар, небір сұрапыл күйлер дүниеге келер еді ғой! Жай ғана бұрынғыдан жеткен күй еді деп тартып берсе де талайлардың көкейіндегі ой-арманын дөп басары шәксіз. Кім біледі, бәлкім олардың да өзіндік көк қақпасы бар шығар.
Көк қақпа әлі де түсіме кіреді. Қара домбыраның күмбірін тыңдаған сайын сарайым ашылып, сусаған көңілімнің шөлі басылып, жаным жай тауып, ой-өрісім шексіз кеңейіп, талғамым биіктей түскендей сезінемін, мерейім өсіп, марқайып, рахаттанып қаламын. Ата-баба рухымен тілдесіп, өткенімізді шолып, келешекке көз жіберіп, барымыз бен жоғымызды бағамдаймын. Тек соның бәрі түсімде болып жатқаны ғана өкінішті.
Наурыз, 2010 жыл