Адам қарады: 11 | Жарияланды: 2018-07-09 09:52:52

Құралайдың көзі

Арада жиырма бес жыл өтсе де, сол оқиға әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді.1980-ші жылдардың басы болатын. Оныншы класты бітіріп, алғашқы талпыныста жоғары оқу орнына түсе алмағаныма көңіл-күйім құлазып жүрген кезім еді. Бірде үйге жайлаудан қойшы нағашы ағайым келе қалды. Жағдайымды білген соң қойлы ауылға қонаққа шақырды:

--Екі-үш күн біздің үйге қонақ болып қайт. Марқа қозы соямыз, сірне жасаймыз, қымыз ішесің... Қалаған малыңды алп кет. «Нағашыға жиендік жасау» деген болмаушы еді. Қаласаң аңға барамыз, елік атамыз. Саған арнап өзім асырап жүрген байлаулы еліктерім бар еді, -- деп қалжыңдап қойды.

«Елік» дегенде құлағым елең ете қалды. Аңшылыққа аса құмар болмасам да бұл ұсыныс көңіліме қона кетті.

Ауылымыз Алатаудың баурайында, жайлау алыс емес еді. Түс кезінде совхоздың жүк машинасымен шығып, кеш бата жайлаудағы малды ауылға жетіп келдік. Үйдегі жеңгеміз балаларды мектепке дайындауға ауылға кетіпті де, үйде көмекшісі ғана бар екен. Қымыз ішіп шөлімізді басқаннан кейін ағам көмекшісі екеуі мал жайғауға кетті де, мен үйде жалғыз қалдым.

Таза ауада қанып ішкен қымыздан кейін ұйықтап кетіппін. Қанша уақыт өткенін білмеймін, оянсам қараңғы түсіп кетіпті. Босқа уақыт өтпесін деп үйдің алдындағы ашық алаңға тобылғы жинап от жақтым. Тобылғы сексеуіл секілді баяу жанғанымен, жылуы көп болады екен. Сондықтан аз-аздан тастап отырдым. Қолтығымның астына ер-тоқымды төсей жантайып, түнгі таудың табиғатын тамашалап жатырмын. Ауылдағы аптап ыстықтан кейін, жайлаудың салқын, таза ауасына кеудеңді кере қанша жұтсаң тоймассың.

Ағам үйді биіктеу жотаға тігіпті. Төмен жақтағы шамдары жарқыраған бірнеше ауыл алақаныңда тұрғандай көрінеді. Ауылдағыдай емес жайлауда кешкісін салқын екен. Оның үстіне салқын самал жел соғып тұр. Жұлдыздардың бәрі менің төбеме жиналғандай, жап-жарық. Аспан бетінде ине шаншар жері жоқ. Төменгі сайда тау өзенінің сарқыраған даусы алыс та болса маған қатты естіліп тұр. Өстіп тау табиғатын тамашалап отырғанымда біреудің «Кеш жарық» деген сәлемінен селк ете қалдым. Қарасам қасымда қолында таяғы, көзіне көзілдірік таққан ер адам тұр. Сасқанымнан «Әлікім салам» деп атып тұрдым.

--Сәлемет пе қалқам! - деп қолын берді. Амандасып болғаннан соң қасымнан орын ұсындым. Жайғасып отырғаннан кейін таныса бастадық. Есімі Данияр екен. Қымыз ұсынып едім, тартынбады. Жеңгемді дәмді қымызы үшін біраз мақтап алды. Менің кім екенімді, және неге келгенімді білгенде қабағы түсіп кетті. Елік атуға келдім деп айтқаныма өзім де өкініп қалдым.

--Елікті атуға қалай дәтің барады, обал емес пе? Онсыз да санаулы тұяқ қалды ғой - деді.

--Ой аға! Алла тағала адамды жаратқанда атсын деп аңды да жаратқан жоқ па? –дедім. Ол кісі көзілдірігін шешіп, маған таңырқай қарады. Сосын қалтасынан орамалын алып көзілдірігін сүрте бастады. Келбетінен «Әй баласың ғой әлі» дегенін ұқтым. Бір кезде :

Ей адамзат баласы!

Жан жағыңа  қарашы

Жер анаға сен салған

Жазылмайды-ау жарасы.

Ей адамзат баласы

Қайда кетіп барасың

Табиғатты түсінбесең

Бірде аларсың жазасын. – деді.

Біраз үндемей отырып :

--Адам құдайдың ерке баласы деп кім айты саған!.. Біле білсең адамзат аспаннан салбырап түскен жоқ...Ол табиғаттың ажырамас бір бөлшегі. Миллиондаған жылдар бойы сақталып келген табиғи тепе-теңдікте, эвалюциялық сұрыпталудың небір қатаң кезеңдерінен өтіп, адам адам болып қалыптасты. Казіргі деңгейге жетті. Енді адам ойына келгенді істесе айналдырған жүз жылдың ішінде дүниенің астаң-кестеңін шығармай ма? —деді.

-Бірақ мәңгілік еш нәрсе жоқ қой аға. Судың да сарқылатын күні болады емес пе? –дедім мен.

-- Әрине, оған таласым жоқ. Сен ертең бір елікті өлтірсең тіршілік тоқтап қалады деуден аулақпын. Бірақ туған жердің табиғатын сенімен мен сияқты ер азаматтар қорғамаса кім қорғайды. Бұрын ата бабаларымыз аң аулап күн көрген. Бірақ аштан өлмес үшін табиғаттан керегін ғана алып отырған. Өйтпесе бүгінде аң атаулы қалар ма еді? Шеттен келгендерге бәрі бір, «менен кейін шөп шықпаса мейлі» дегендей. Ал біз үшін -- жергілікті қаракөздерге, үлкен сын болады. Келер ұрпаққа не бетімізбен қараймыз.—деді сұраулы, ойлы жүзбен.

---Дұрыс қой! Бірақ осыны бәрі түсінсе жақсы. Мен атпасам да басқалар атады ғой. --дедім. Ол үндемей отырып қалды. Біраз үнсіздіктен кейін мен: -- Шеттен келгендер деп кімдерді айтасыз? Басқа ұлттың өкілдерін бе? Бәріміз бір мемілекеттің азаматы емеспіз бе? Олар да бұл жердің табиғатына жан ашырлықпен қараулары керек қой! -- дедім мен.

-- Мен де солай ойлаймын. Бірақ олардың көбі өздерін уақытша қонақта жүргендей сезінеді. Ертең құдай қаласа Егемендік алатын кез келеді. Қазақстан тәуелсіз мемілекет болатын күн алыс емес. Сонда жіберілген кателіктердің бәріне ұрпақ алдында шеттен келгендер емес, біз жауапты боламыз - деді.

Мен оған таңырқай қарадым да:

--Сонда сіз не?.. Дүние жүзіндегі ең мықты мемлекеттің бірі саналатын Кеңес үкіметі құлайды демексіз бе?.. Бүкіл әлемді аузына қаратқан коммунистік партия, үкіметті оңай бере салады дегенге өз басым сенбеймін. Оныңыз қызық екен.- дедім мен кеудемде патриоттық сезім ойнап.

- Менің «көріпкелдігім» жоқ. Бірақ ақылға салып сараптап көрші өзің, - деді де маған қарай жақындай түсіп --Кеңес өкіметі он бес мемлекеттен тұрады рас па? Сол он бес мемлекетті орталық күшпен бағындырып отыр емес пе? Нағыз диктатураның өзі!.. -- «Сен диктатураның не екенін білесің бе? » деп сұрап алды да жауап күтпестен сөзін жалғастырды: -- Қоғамда өзінің жазылмаған заңдары бар. Диктатураның кез-келген түрі не төңкеріспен, не революциямен, не болмаса реформамен бітеді!.. Құдай революция мен төңкерістің бетін аулақ қылсын! Бір революцияны басымыздан өткіздік қой. Жазықсыз қаншама адам қырылып кетті!.. Баласы мен әкесі, ағасы мен інісі, бірі қызыл бірі ақтарға бөлініп, бірін-бірі саясатқа деген көз қарасы басқа болғаны үшін ғана өлтірді емес пе?.. Отыз екінші жылдағы ашаршылықтың өзінде қазақтардың жартысы қырылып, жартысы шет елге тарап кетті... Қаншама қоғам, өнер қайраткерлері жазықсыз жазаға тартылды. Халықтың бетке ұстар «қаймағын» қалқып алып ата берген ғой! – деді Данияр қызбаланып. (Осы кезде есіме әкем түсті. Ол да жиырма бес жылға жазықсыз жазаға тартылған еді. Бар жазығы Брест қамалы үшін соғыста жараланып жау қолында қалып, төрт жыл концлагерде болғаны. «Халық жауысың» деп бір түнде келіп алып кеткен. Тіпті сот та болмаған ғой. Содан тоғыз жарым жыл өткенде, Сталин өлгеннен кейін, «жазығың жоқ» деп босатып жіберген.) Мен ойланып кетіппін, ал Данияр әлі сөйлеп отыр:

--Ал реформа болса, онда он бес мемілекет өз беттерінше өркениетті жолменен, тәту-тәтті бөлініп кетер еді. Тек сол реформа тезірек, қан төгіссіз өтсе екен!.. Кеңес өкіметінің болашағы жоқ. Эканомикасы тығырыққа тіреліп тұр. Базарға барсаң бәрі бар, ал дүкендердің сөресі бос тұр. Қоғамдық құрлысы да дағдарыста. Базарда керегіңді сапасына, бағасына қарап таңдап аласың ғой. Қоғамда да сол сияқты. Халық өз басшысын өзі, ақылына, біліміне, басқару қабілетіне қарап сайлауы керек. Сол таңдап сайланған басшы, Секретарь болама, Президент болама кім білсін, өкімет басында төрт жыл отырып, жақсы басшы болып, халық қалап жатса тағы да төрт жыл ғана отыруы тиіс. Бұның атын Демократия дейді. Демократия деген «халықтың өзін-өзі сайлау арқылы басқаруы» деген сөз. Прогресс сонда ғана алға жылжиды... Ал біздің басшылар ше?.. Қартайып алжып өлгенше үкіметті ешкімге бермейді, бергісі де келмейді. Үкімет басынан өзі кетсе мемлекет қараң қалатындай. Сайлау деген аты ғана. Бас хатшыны политбюро, политбюроны бас хатшы сайлайды. Қазақта мақал бар. «Ауруды жасырсаң өлім әшкере етеді»- деген. Қоғамда болып жатқан кемшіліктерді жасырсаң, ортаға салып талқыламасаң, ақылға салып шешпесең, мемлекеттің болашағы қараң. Орыстар « В споре рождается истина»- дейді. Қазақша айтқанда «пікір таластыра отырып шындыққа жетуге болады» деген сөз. Сол сияқты кателікті сынайтын жариялылық, немесе сөз бостандығы да керек. Осының бәрі болашақта болатынына мен сенімдімін -- деді.

-- Сонда сіз Кеңес өкіметінің негізін құраған Ұлы революцияны бекерге шығармақсыз ба? !. Бүгінгі жарқын болашақ үшін сол революция кезінде ата-бабалардың қаны төгілді. Сіз соның бәрін бекер демексіз бе? - дедім мен қызбаланып.

-- Өзің айтып отырсың ғой, қаншама боздақ қыршын кетті. Қаншама адамның тағдыры сынды. Жазықсыз атылды, сотталды, жер аударылды, аштан қырылды. Сөйтіп құрған қоғамымыз қане?.. Европа елдерінен бәленбай жылға артта қалдық. Темір мен мұнайды, қару-жарақты көп өндіргенімізге мәзбіз... Бір оқиғаны айтайын; отызыншы жылдардағы қолдан жасалған ашаршылық кезінде бір жан ұяда екі бала болыпты. Бірі ұл, бірі қыз. Аштан өлер болғанда әкесі «ұрпағымды жалғастырады» деп ұл баласын алып, қызын тірідей жұртқа тастап кетіпті!.. Адамды сондай халге жеткізген революция болса, лағынет атсын да ондай революцияңды!.. Негізінде кез-келген революция қан төгіссіз өтпейді. Саясатқа деген көзқарасы басқа болғаны үшін, ағайындардың бірін бірі өлтіруіне дейін барудың қажеті жоқ еді. Казіргі дамыған елдердегідей дауысқа салып кез-келген мәселені шешуге болатын еді ғой!.. Өз қамын ойлаған кішігірім топ революция немесе төңкеріс жасайды. Ал қасіретін шегетін қарапайым халық... Сондықтан қоғам эвалюциялық жолмен -- яғни біртіндеп реформа арқылы дамуы керек. Ол үшін қоғамда саяси тұрақтылық керек. Негізі бір мемлекеттің тағдыры бір адамның, тіпті бір партияның қолында болмағаны жөн. Мысал ретінде: Кәзіргі Америка мемлекеті құрылғалы 200 жылдан асыпты. Бүкіл халық болып, Президентті төрт жылға сайлайды, басқруы жақсы болса тағы төрт жылға ұзартады. Мерзмі біткен соң басы алтын болсада орнын босатады.Өйткені Конституцияда солай жазлған. Бір сөзбен айтқанда мемлекетте Конституция бәрінен жоғары тұруы керек те,  мемілекеттің азаматтары сол Конституцияға бағынуға міндетті. Америка сол бір конституциямен ешпір ревалюциясыз, төңкеріссіз өмір сүріп жатыр. Ал бізде айналдырған жүз жылдың ішінде канша өзгерістер жасадық, болашақта қанша өзгеріс болатынын кім білсін.

Әрине өткен заманның жақсы кезеңі де, жаман кезеңі де болды. Ол біздің басымыздан өткен тарихымыз. Ал біз өз тарихымызды бағалап, сол тарихтан дұрыс шешім шығара білуіміз керек. Тарих кателікті кешірмейді – деді...

Біраз үндемей отырып қалдық. Сосын:

--Әйтседе сен ертең атар кезде... сол еліктің көзіне жақсылап тұрып қарашы, – деді де орнынан тұрып қош айтыса -- ұмытпа көзіне қарауды — деді.

Сол кезде Даниярдың әңгімесі құлағыма оғаш естіліп еді. Бұрын бұндай әңгімені естімек тұрмақ айтуға қорқушы едік қой. Кейін осы кездесу көпке дейін ойымнан кетпей жүрді. Ойым астаң-кестең болып, ішкі дүнием сан құбылды. Бірте-бірте ұлттық сана-сезімім оянып, саясатқа, табиғатқа деген түсінігімді мүлде өзгерді.

Кейін, 1992 жылы Еліміз егемендік алғанда мен Красноярск қаласында ағаш дайындап жүрген кезім болатын. Жаңалықты естігенде қуанғанымнан көзіме жас алып едім. Алып ұшып ауылға келсем, көпшілік түк болмағандай жайбарақат жүр. Қуанып жүрген бірен саран ғана. Көбісі тіпті түсінбеген де. Кейбіреулері «Сол бостандықтың керегі не? » дегенді де айтты. Даниярдың әңгімесін сол кезде есіме тағы бір рет алғамын. Тоқырау жылдарының дәл ортасында болашақты дәл меңзегеніне әлі күнге таңым бар...

Ағамдар малын айдап түн ауа бірақ келді. Ертесіне ағам екеуміз тамағымызды, қару жарағымызды асынып алып таң атпай шығып кеттік. Түндегі қонақпен болған әңгімені бастап едім, ағам кейінге қалдырды. Аңға шыққанда сөйлеуге болмайтын. Таңғы ауа ылғалды болғандықтан дыбыс алысқа жететін еді. Біраз жүргеннен кейін алыстан еліктің текесінің бақырған даусын естідім. Бұл дауыс маған таныс еді. Бұрын да талай естігенім болмаса елікті жақыннан көрген емеспін. Жайлы бір орынға жайғасып қарсы бетті дүрбімен шала бастадық. Піскен шөптің иісі мұрынды жарады. Шіркін туған жердің табиғаты-ай , қарасаң көзің тоймайды. «Шынымен де қадірін білмейміз-ау» деген ой келді маған. Бір кезде ағам жаймен иығымнан тарты да, қарсы бетті меңзеп:

-- Ана бір биік қурайды көрдің бе? Сол тұста үш елік жайылып жүр – деп дүрбіні қолыма ұстатты.—Екеуі ересек, біреуі лағы.—деді. Қарасам, қарсы бетте шынымен үш елік жайылып жүр екен. Біреуі екеуіне қарағанда кішірек көрінді.

--Лағын атуға болмайды ғой. –дедім мен ағама қарап.

-- Әрине, тек текесін ату керек. Біраз уақыттан кейін олар көлеңкелеп жатады. Қай жерге жатқанын жақсылап байқап ал. Сосын сен қапталдап оң жағынан барасың, ал мен төмен түсемін де астынан келем, ұқтың ба?.. Тек есіңде болсын -- жел төменнен жоғары қарай соғады. Елік сенің иісіңді сезбесін. Мылтықты мен жаққа қарай атпа! Жар дегенде жалғыз нағашыңнан айрылып қалып жүрерсің.—деп күлді. Сайға түсіп жоғары шығу қиын, ал қапталмен жүру оңай болғандықтан еліктерге мен бұрын жеттім. Ағамның да ойы сол екен. Мен атсын деп ойлапты. Оптикалық бесатар да менде. Жаймен басып жақын келдім де, оптикамен еліктерді іздей бастадым. Бір кезде таптымау әйтеуір. Бірақ қайсысы текесі, қайсысы енесі екенін ажырата алмай дал болдым. Екеуі де жатыр екен. Еліктің лағын «құралай» демеуші ме еді. Сол құралайы түрегеп тұр. Анда санда секіріп қояды. «Ойнағаны болар.»деп ойладым. Сондай сүйкімді болар ма, қызығып қарап тұрып ату керек екені есіме түсті. «Текесі болар» деп үлкендеуін нысанаға алдым да, шүріппені ақырын артқа қарай қозғадым. Мылтық атып көргендер біледі -- шүріппеде "бос жүріс " деген болады. Соны өтіп тоқтадым. Енді сәл қозғасам, еліктің саудасы бітейін деп тұр. Дәл осы сәтте бүкіл табиғаттың тағдыры менің сұқ саусағымның ұшында тұрғандай болып көрінді!.. «Шынында да табиғаттың тағдыры адамзаттың қолында екен-ау» деп ойладым. Ішкі дүнием екіге бөлініп кеткендей. Бірінші дауыс «Ат! Қорықпа. Сен атпасаң басқа атады» десе, екінші дауыс «Обал емес пе! Бұлар да тірі жан ғой! » дейді... Кенет түндегі қонақтың сөзі есіме түсе кетті. «Ұмытпа көзіне қарауды» деген үні құлағыма келді. Нысананы көзіне әкелдім. Көзі жұмулы екен. Шүріппені сәл қозғасам көзін ағызып түсірмек. Құралайының көзі ашық, соны көрмек болып нысананы соған бұрдым.

–«Құдай-ау неткен әдемі еді, мөлдіреп тұр ғой көзі»-- деген сөз аузымнан қалай шыққанын байқамай қалдым. Құлағын қайшылап мен жаққа қарап тұр. Сәл қозғасам атылатыны есіме түсіп, шүріппені орнына қайтардым. «Егер казір танымай енесін өлтірсем құралайы жетім қалады-ау» деген ой келді маған. Сол сәтте тас тысыр ете қалды да еліктер үркіп, қаша жөнелді.

Төмен қарасам, ағам екен.

--Өй, атпай не қарап отырсың! Екеуін бірақ атып алатын жайің бар еді ғой –деді ренжіп.

–Дәтім бармады аға -- дедім мен. --Құралайдың көзін көрдім де, аяп кеттім.

--Ой бар бол!.. Адамды босқа сандалтып, қарашы-ей бұны. Көзіне қарап нең бар еді!.. Өткен түнде Данияр келіп пе еді, әлгі көзіне көзілдірік таққан?

-- Иә, -- дедім мен, -- кеше түнде келген сол болатын.

-- Ә бәсе, «неге құралайдың көзіне қарағыш бола қалды» десем, ана діннен безгенмен тілдескен екенсің ғой. – деді ағам.

-- Діннен безгені несі? --- дедім таңырқап.

-- Әй, қойшы соны... Ол Аллаға сенбейді. Ол табиғаттың күшіне ғана сенеді!.. Е..е бірақ алпыс жыл болыпты біз де Алланы ұмытайын дедік қой, кеңес үкіметінің арқасында... Намаз оқитын да ешкім қалмапты ғой өзі. Өткенде, бір ағайын қайтыс болғанда, жаназасын шығаратын молда таппай, сонау қаладан алдырдық , масқара болғанда.—деді. Біраз үнсіздіктен кейін: -- Саяси көзқарастары үшін кешегі Данияр Партиядан содан соң жұмыстан қуылды. Әйтпесе оның жоғары биология білімі бар, білімді азамат. Ғылыми лабараторияда қызымет істеген. Көптеген пайдалы еңбектері бар көрінеді – деді ағам. Басқа әңгімесін естімедім. Мен өз ойыммен әлек болып кеттім. Бағанағы еліктің құралайы көз алдыма келді. Атпағаныма қуанбасам- өкінбедім.

Кейін Даниярды іздеп сұрастырып едім таба алмадым. Біреулердің айтыуынша, сонау 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінің алдында соңғы рет көріпті. Одан кейін «көрдім» деген ешкім болмапты...

Алматы қаласы. 2001 ж. Желтоқсан айы.

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған