Адам қарады: 122972 | Жарияланды: 2018-05-03 06:53:06

Қызыл шатырлы үйдің балалары

                                               ӨРІК ПІСКЕНДЕ

Ауыл шетіндегі бұрындары шаруашылықтың жоңышқа, жүгері егетін егіс алқбы болған,  ойлы-қырлы, кедір-бұдыр қиыршық тасы көп болғандықтан Қотыртөбе аталып кеткен бұл маң кезекте тұрған жергілікті тұрғындарға жеке тұрғын үйлер салуға бөлініп беріліп, жаңа көшелер пайда болды. Тұрғындарының дені жастар. Қотыртөбеге «Шұғыла» деген әдемі атау берілгенімен, үйреніп қалған ауыз бұл жаңа атаумен атай алмай-ақ қойды. Сол Қотыртөбеде, айтпақшы Шұғылада ауласында неше түрлі жемістер, сәндік ағаштар, сан алуан гүлдер жайқалып өскен, қызыл шатырлы еңселі үй бар. Бұл шаңырақтан  балғын сәбилердің шаттық күлкісі үзілген емес.

Ауыл балалары да осы жасыл желекке малынған шаңырақтың балаларымен, аптапты жаз айларында жапырағын кеңге жайған мәуелі бақтың көлеңкесінде  ойнауға көңілдері ауып тұрады. Әсіресе, жеміс ағаштары піскен кезде көздің жауын алады. Ең алдымен тұт, сосын барып шие, одан соң қара өрік пен сары өрік піседі. Әсеттің атасы шие мен сары өрікті шарбақ жағалай қатарластырып еккен. Оңтүстікке көктем ерте келеді.Биыл қара өрік наурыздағы суыққа ұрынбай қалың салып, мамыр айының орта шенінде пісіп жетілді.Уылжып тұр. Аузыңа салсаң бал татиды. Шарбақ жағалай егілген әлгі өріктердің бұтақтарындағы жемістерді көшеден әрі-бері өткендер қол созып үзіп ала берулеріне  болады.

Мектептің бастауыш сыныбына барып жүрген Әсет есік алдында інілерімен ойнап жүргенде екінші аусымда оқып, сабақтан қайтқан ауыл балаларының шарбаққа асылып қара өрікті үзіп алып жеп жатқанын көрді. Рұхсат сұрамай, ұрлықы әрекет жасағандарына қымсынады-ау деймін үй жаққа, жан-жақтарына алақтап қарай береді.

- Ата, ата, деймін, мектептен қайтқан балалар қара өрікті ұрлап жеп жатыр, Рексті айтақтап жіберейін бе, зәрелерін алсын,- деді Әсет есік алдында газет оқып отырған атасына.

- Балам, балалар қара өрікті тойғанынша жей берсін. Бәріне де жетеді. Мен жеміс ағаштарын немерелерім де, ауыл балары да, үлкендері де дәм татсын деп еккенмін. Бірақ, сен балаларға ескертіп қой, жемістерін үзген кезде бұтақтарын сындырып алмасын,-деді.

- Ата, Ержігіттің атасы бауына ешкімді де, тіпті немерелерін де жолатпайды ғой. Олар піскен жемістерін сатады екен,-деді.

- Әй, балам ай! Мен Ержігіттің атасы емеспін, сенің атаңмын. Піскен жемістен балаларым, немерелерім, ауылдастарым дәм татсын деп еккенмін. Артылып бара жатса, рәсуа етпей ауылдас пен ағайынға таратып береміз.

- Біз неге Ержігіттер сияқты сатып пұлдамаймыз, әлде сіздің ақшаңыз көп па?-деді Әсет.

- Ақша ешкімге де көптік етпейді. Біз есігіміздің алдындағы бауға жемістің түр-түрін еккендіктен, өзімізден, ағайын мен ауылдастардан, келген қонақтардан артылмайды. Қыста сақтауға келетіндері, жазда, күзде пісетіндері бар. Алманы мамыр айына дейін жеп жүрген жоқсыңдар ма. Біз басқалар сияқты базардан алма да, алмұрт та, анар, жүзім де сатып алмаймыз. Бәрі өзімізде бар. Ал жемісті пұлдау үшін кең алқапқа тіпті көп етіп егіп өсіру керек. Сонда сатып, пұлдауға болады,-деді атасы.

- Ендеше неге кең алқапқа неше түрлі жеміс ағаштарын өсіріп жемісін сатпай жүрсіз,-деді Әсет.

- Әсет, сен енді қартайған атаңды қара жұмысқа жегіп қойып, көп ақша таппақың келіп тұр- ау, деймін? –деді атасы.

Әсет бала көңілмен артықтау кеткенін бірден сезді де:

- Ата, сізді жұмысқа жеккім келмейді, кешіріңіз!  Мен өскен соң, сізді шаршатпай барлық жұмысты  өзім істейтін боламын. Ал маған інілерім көмектеседі. Анау өрік ұрлағыш балалармен сөйлесіп, ескерту жасап келейін,- деп жеміс ағашының бұтақтарына жармасып жатқан балаларға қарай жүгіре жөнелді. Әсеттің өздеріне жақындап қалғанын көрген өзі қатарлас, күнде бірге ойнап жүрген балалар ыңғайсызданып қалды.

Осы кезде есік алдында  ойнап жүрген Азат  балаларға қарай жүгіріп бара жатқан Әсетті көрді де:

- Бас Рекс, бас! Шпион - жансыздар Қазақстанның шекарасынан өтіп, біздің өріктерге  шабуыл жасап жатыр. Бас. Рекс, бас! –деп тұра жүгірді.

Иесінің бұйрығын екі етпейтін Рекс екі құлағын тікірейтіп жеміс ағашытарының бұтағына жармасқан балаларды көрді де арпылдап үріп шарбаққа қарай тұра жүгірді. Соңынан Азат итін айтақтап шапқылап барады.

- Қап, мына Азат бәрін бүлдіретін болды-ау. Балалар иттен қорқып қалар ма екен!-деп ойлады Асан қария.

Тайыншадай қара төбеттің  арпылдаған зор даусынан қорыққан балалар сөмкелерін де қарамай жолға қарай бытырай қашты. Ержігіттің шалбарының артқы белдемшесі темір тор шарбаққа ілініп қалып, иттен қашып кете алмай ойбайлап бар даусымен айқайға басты. Өзге балалар шарбақтан жиырма-отыз метрдей алысқа ұзап барып  соңдарына бұрылды. Рекс арпылдап үріп келіп темір шарбаққа жақындағанда Ержігіттің қорыққанынан тіпті даусы да шықпай естен танып қала жаздады. Әсетт баларға, сосын Рекске жалтақтап қарап не істерін білмей тұр. Итінің соңынан шарбаққа жүгіріп жеткен Азат:

- Рекс, қайт үйге! Не, танымай қалдың ба, бұл шпион емес, менің ойыншықтарымды ұрлап алып біліп қойған соң қайтып әкеп берген Ержігіт деге бала ғой. Қаппай-ақ қой, енді ұрлық жасамайды,-деді даусын көтеріңкіреп. Иесінің әмірін екі етпейтін Рекс  «онда несіне арпылдап жүгіріп келдім» дегендей  ілінген шалбарын шабақтан ажырата алмай бұлқынған Ержігіттке таңдана  қызықтағандай қарап тұр.

- Ержігіт, сәл бомағанда Рекс құйрығыңды тістеп жұлып алатын еді. Егер құйрығыңнани айрылғаныңда мектепке де бармай, балалармен де ойнай алмай үйіңде рахаттанеп жататын едің. Көрдің бе, мен сен Рекстен арашалап алдым. Біздің үйдің қара өрігі сендердікінен тәтті ме екен?-деді Азат Ержігіттің жанына барып.

Ержігітте Азатқа жауап қайтарар шама жоқ. Әбден үрейі ұшып кеткен сияқты. Екеуінің жанына жүгіріп жетіп келген Әсет:

-  Азат,  Рексті ерт те бар үйге! Мамам сені іздеп қалған болар. Балалармен өзім сөйлесем,-деді.

- Балалармен деме, ұрлықшы достарыммен десе одан да. Ұрламай-ақ өрік жегіміз келіп кетті десе, өзім де теріп алып беретін едім ғой. Ержігіттің шалбарын шарбақтан босатып жібер, қорыққанынан бұтына жіберіп қоюы да мүмкін,-деді де Азат  бұрылып жүре берді.

Әсет Ержігіттің шалбарын темір шарбақтың қошқар мұйізді өрнегінен әрең босатып алғанда тастай қашқан сөмкелерін алуға басқа балалар да шарбаққа қарай жақындай берді.

- Ойбай, қабаған итің енді болмағанда Ержігітті жеп қоя жаздады ғой,- деді Ердәулет ентігін баса алмай.

-  Рекстің бос жүргенін қайдан білейік. Азат келіп қалмағанда бас салатын еді. Қара өрігіңді ұрлағанымызды атаңа айтасың ба, біз жерге түскенін ғана алып жеп жатыр едік? – деді шарбақтан босанған Ержігіт ақталғандай болып.

- Атам   бәріңді де көрді. Бұдан былай, біздің қара өрікті алып жеулеріңе рұхсат етті. Тек жемісін үземін деп ағаштың бұтақтарын сындырып алмасын деп ескертті.

- Жақсы болды ғой, күнде қара өрікке әбден тоятын болдық,  бірақ итіңді байлап қой-деді Ержігіт.

- Ержігіт, сенің үйіңдегі қара өріктер де бұтағын көтере алмай иіліп салып тұр ғой, неге өзіңдікін жемейсің,- деді Асқар.

- Біздікі Әсеттердің өрігіндей тәтті емес, біртүрлі қышқыл дәмі бар, жегім келмейді,-деді Ержігіт.

- Қойшы –ей, өтірігіңді соқпай! Одан да қара өрікті жесем, атам сирағымды сындырады. Көршілерге, базарға апарып сатып пұлдап жүр, десеші. Бәрін күнде көріп жүрміз ғой. Менің мамам да базарға барып әуре болмайын деп екі шелегін сатып алды,-деді Жомарт.

- Сатса сатқан шығар, аттам менімен ақылдасады дейсің бе. Біздікі  Әсеттің өрігінен тәтті емес екені рас қой,-деді қызарақтап Ержігіт.

- Тәтті ме, әлде қышқыл ма оны бәріміз бірге көрейік. Қазір есігіңнің алдына барамыз, бізге бес-алтауын үзіп алып кел,  екі өріктің де дәмін татып салыстырайық,-деді Асқар.

- Қойшы-ей, сендер менің атамнан таяқ жегенімді қалап тұрсыңдар ма! Кеше екі-үшеуін үзіп алып жеген едім, қолына шыбық алып: «Иттің баласы, мен саған рұхсатсыз өрік алып жегенді көрсетейін» деп құйрығымнан салып қалды. Әрең қашып құтылдым. Кейін үйге барсам, ашуы басылып қалыпты..- деді Ержігіт.

- Одан да солай деп шындығын айтпайсың ба. Өзің де жей алмай жүр екенсің ғой, - деді Жомарт.

- Осы сенің  дүниеқор атаң қазақ па әлде өзбек пе? Түрі таза қазаққа келіңкіремейді ғой,- деді Асқар.

- Өзбегі несі, таза қазақ, бірақ есітуімше үлкен әжеміз өзбек болған екен,-деді Ержігіт.

- Бәсе, сені кеше  атаң қолына шыбық алып қууының түбінде бір шикілік бар екен де,- деп балалар шулап күліп қоя берді.

Мектептен қайтқан балаларға қарсы дау айта алмаған Ержігіт олардан бөлектеніп үйіне қарай бұрылды.

 

                                        ЕЛНҰР БӨПЕСІН ҚАЛАЙ ЖҰБАТТЫ?

 

Әсет балармен жылы қоштасып, есік алдына келгенде жеңгесі ошаққа от жағып, құрт қайнатып жатқанын көрді. Үлкен ағасының әйелі бұл қызыл шатырлы шаңыраққа келін болып түскенде жеңеше деп айтқысы келмей жақын тартып «әпше» деген. Оның әпше дегеніне атасы мен әжесі  қарсы болған жоқ. Себебі, бұл шаңырақта  жалғыз қыз, өзгелері кілең ер балалалар болатын.

- Әпше, Азат, Бабыр, Елнұр қайда?-деді Әсет.

- Азатты пен Бабырды көрген жоқпын.  Ал Елнұрды іздесең, бөпеңді бесікке бөлеп, ұйықтатқанында жанында ойыншықтарымен ойнап отырған. Егер әлдиің оянып жыласа,  бақшада үйренген әніңді айтып жұбатарсың деп ескертіп кеткенмін. Ішкі кіріп, сыртынан байқап қайтшы, інілерің не істеп жатыр екен,- деді жеңгесі.

Елнұр екі жастан асып, енді ғана тәтті тілі шығып, бала бақшаға барып жүргеніне бірнеше ай ғана болған. Кейде еркелікпен жыласа оның өзін жұбататын адам керек. Атасы мен әжесінің алдында отырғанда еркелігі де, қиқарлығы да бір өзіне жетіп артылады.

Әсет ішкі бөлмеге кіргенде сәбидің бар даусымен жылап жатқанын, оның жанында  бесікті тербетіп бөпесін жұбатудың орнына тікесінен тік тұрып, оң қолын жүрегінің тұсына қойып  Елнұр бар даусымен:

Алтын күн аспаны,

Алтын дән даласы,

Ерліктің дастаны,

Еліме қарашы..,  деп еліміздің әнұранын бар даусымен шырқап тұрғанын көрді. Сәби қаттырақ жылаған сайын ол да даусын көтере түседі.

Әсетен кейін сыртта жүрген атасы да, ошаққа  кесілген томарлардың бірін салған жеңгесі де үйге кірген. Олар да Елнұрдың әнұранмен әлдиін жұбатып жатқанына куә болып, рахаттанып күліп алды.

 

                                   КӨКТЕМ ҚАЙТА КЕЛГЕНДЕ

 

Уақыт деген неткен жүйрік. Қыс өтіп, тағы да көктем де келіп баудағы бар ағаштар бүр ашып, өріктер гүлдей бастады. Әсеттің атасы қолына қол ара мен өткір бәкісін және басқа да қажетті құралдарын алып баудың ішін аралап, әр ағашқа, оның бұтақтарына зер салып қарап жүр.

- Ата, не істейсіз, мен сізге көмектесейін,-деді Әсет.

- Балам, бар ағаштар оянып, бойына сөл жүре бастады. Тау жақтағы ауылдан жеміс ағаштарының жақсы сорттарының бұтағын кесіп алып келдім. Қазір екеуміз біздің баудағы жас көшеттерге, кейбірінің бұтақтарына будандастырамыз. Мен саған қалай будандастыру керектігін көрсетемін, қалғанын өзің істейсің. Бірақ өте мұқият болуың керек,-деді атасы.

- Жарайды, келістік ата,-деді Әсет.

Әсет сол күні атасының әрбір қимылын қалт жібермей қарап, оны қайталады. Бірер күннен кейін баудағы жеміс ағаштарының бәрі де бүршік атты. Әсет будандастырған жас шыбықтар да олармен қатар бүр ашқанда атасы да, Әсет те қатты қуанды.

- Әсет, сен будандастырған шыбықтардың бәрі бүр ашыпты, ризамын. Осы еңбегіңе балмұздақ алып берейін бе? – деді атасы.

- Рахмет ата, сізге балмұздақ  алып бер дейтін мені әлі кішкентай бала дейсіз бе,- деді Әсет.

Балмұздақ демекші,  Әсеттің есіне балғын шағы түсті. Бала бақшаға барып жүргенде бірде тамақ үстінде алдына қойған астан қасықпен бір-екі рет дәм татты да:

- Бүгін тамақ дәмсіз болған ба, ішкім келмей отыр,- деді.  Оның бұл сөзін естіген атасы:

- Мен көп балмұздақ алып келіп тоңазытқышқа салып қойдым. Кім тамағын тауысса сол балмұздақ жейді. Тамағын тауыспағандарға балмұздақ жоқ,-деген. Атасына жалт бұрылып қараған Әсет тамағын бәріне бұрын тауысып.

- Ата, тамағымды жеп қойдым, кәне балмұздағыңызды беріңіз,- дегені бар.

Бұл қызыл шатырлы үйдің жеміс бауын аралап көргендердің көпшілігі бір түп ағашта неше түрлі жемістер иіліп салып тұрғанын көріп қайран қалады. Бір түп ағаштан алма да, алмұрт та үзіп алып жей беруіңізге болады. Тіпті жылы жақта өсетін анар, құрма сияқты неше түрлі жеміс ағаштарын да осы қызыл шатырлы үйдің ауласынан ұшыратасыз.

 

                                    ОЙЛАНЫП ЖЫЛАП ОТЫРМЫН

 

Қызыл шатырлы үйдегілер кейде бүгіндері інілеріне ақыл айтып жүрген Әсеттің бала кезіндегі қылықтарын еске алып, күліп отыратыны бар. Бірде Жақұтбек бірінші сыныпқа барып жүрген інісі Әсеттің бөлмесіне кіргенде алдына кітап, дәптерлерін жайын тастап жылап отырғанын көрді де:

- Әсет, саған кім тиді? Неге жылап отырсың?- деп сұрады.

- Ешкім де тиген жоқ,- деді Әсет мұрнын тартып қойып.

- Ендеше неге жылап отырсың?- деді таңданып.

- Апай үйге берген есептерді шығара алмаймын ба, деп соны ойлап, соған жылап отырмын,- деген Әсет.

 

                                     КІШКЕНТАЙ КЕЗІНДЕ ТӘРБИЕ КӨРМЕГЕН

 

Әсеттің ауыл балаларымен ойын қызығына беріліп, үйге кештеу келгенін көрген ағасы Жақұтбек:

-  Әсет, сабағыңа дайындлдың ба?- деп сұрады.

-  Дайындалған жоқпын, үй тапсырмаларын кешке орындаймын,- деді.

- Мен саған кешке дайындалғанды көрсетемін. Бар беті-қолыңды тазалап жу да сабағыңды оқы. Осыдан оқымай екі алсаң бар ғой, менен мықтап таяқ жейсің,- деді қатқылдау дауыспен.

- Аға, кейін оқимын, інілеріммен ойнай тұрайыншы, --деді Әсет.

- Мен саған кейін оқығанды, ойынға тоймағанды көрсетемін,- деді де ағасы оны қолынан сүйреп  бөлмесіне кіргізіп, сөмкесін қолына ұстатып, есігін жауып кетті.

Бірнеше сағат бойы немересін үйден көрмеген әжесі Жақұтбектен:

- Әсетті көрдің бе, әлде далада әлі ойнап жүр ме?-деп сұрады.

- Балаңыз ойнап-ойнап үйге жаңа ғана кірді. Сабағына дайындалатын ойы жоқ.  Есіл дерті ойын ғана. Қолынан жетектеп бөлмесіне кіргізіп, есігін жауып қойдым,- деді.

Әжесі Әсеттің бөлмесінің есігін ашқанда немересінің жылап отырғанын көрді.

- Балам –ау, саған кім тиді, әлде Жақұтбек ағаң ұрды ма? –  деп сұрады.

- Ұрған жоқ, қолымнан сүйреп, маған дауыс көтерді.

- Неге дауыс көтерді?- деді әжесі.

- Сабағыңа неге дайындалмайсың деп айқайлады.

- Е е, солай де, балам,- деді әжесі.

- Әже, әже деймін мен сізден бірнәрсе сұрйын ба?- деді Әсет.

- Сұрай ғой балам,- деді әжесі Әсетке таңдана қарап.

- Сұрасам, осы  сіз Жақұтбек ағама кішкентай кезінде дұрыс тәрбие бермегенсіз-ау, деймін,- деді Әсет.

- Оны қайдан білдің,- деді әжесі.

- Дұрыс тәрбие берсеңіз маған сабағыңды оқы, көп ойнай берме деп дауыс көтеріп жеки бермейтін еді ,ғой,-деді Әсет.

 

 

                                  

                            

                                    БАЛАЛЫ ҮЙ – БАЗАР...

 

Кешкілік үйдегілердің бәрі бас қосқанда  айналдыратындары тілі тәтті Елнұр. Оның айтқан әрбір сөзіне үйдегілер мәз-мйрам болып, күлкіге қарық болады да қалады. Міне, бәрі тағы Елнұрды сөйлеткісі келіп сұрақтар қоя бастады.

- Елнұр, сен келіншек аласың ба, той жасаймыз ба?-дейді Әсет.

- Келіншек алам, атам той жасайды,-деді Елнұр.

- Келіншек саған не үшін керек,-деді Азат.

- Не үшін керек, соны де білмейсің бе, кешке ұйықтар алдында мәмесін еміп жатамын да,-деді  Бабыр. Мұндай жауап күтпеген үйдегілер күлкілерін тия алмай қалды.

- Несіне күлесіңдер,  Елнұрға келіншек алып берсек, бала бақшаға да көтеріп барып, кешке алып келер еді?- деді Азат.

- Ал, ендеше жауаптарыңды алдыңдар,-деді атасы  жанында отырған Елнұрдың маңдайынан иіскеп қойды.

- Елнұр, сені кім туған?-деді Әсет.

- Атам туған,-деді Елнұр.

- Қайтіп туған?-деді Азат.

- А-а дегенде аузынан секкіріп түскенмін,-деді Елнұр.

- Елнұр, а Елнұр. сенің папаңды кім туған,-деді Әсет.

- Папамды мамам туған,-деді Елнұр.

- Мамаңды ше?-деді Азат.

- Мамады папам туған,-деді.

- Атаң кімнің баласы?

- Атам әжемнің баласы.

- Өзің кімнің баласысың?

- Атамның, әжемнің баласымын.

- Сен атамның да, әжемнің де баласы емессің, иттің баласысың,-деді Бабыр.

- Иттің баласы Рекс, мен атамның баласымын. Соны да білмейсің бе?-деді Елнұр.

Үйдегілер тағы да күлкіге қарық болды.

- Сендер менің балама қайта-қайта сұрақ қойып мазалай бермеңдер. Ол бәрін де біледі,-деді Асан қарт.

Атасының қол бос емес екенін, таспа тіліп, қамшы өріп отырғанын көрген Елнұр.

- Әже, маған ертек айтып беріңізші,-деп  әжесі Айымның мойнына асылып, қиғылық сала бастады.

- Балам-ау, саған ертекті атаң айтады. Менің білетінім «далбаса» ертек қой күнім,-деді әжесі.

- Әже, әже деймін «далбаса» ертек болса да айта берші,-деп Бабыр үйдегілерді тағы күлдірді.

- Елнұр бүгін бақшадағы тәрбиеші апайын да састырыпты,- деді  бақшадағы ата-аналар жиналысына барып қайтқан әжесі.

- Састырғаны несі,- деді атасы.

- Апайы төрт түлікті түсіндіріп, қойдың төлін қошақан, сиырдың төлін бұзау, жылқының төлін құлын, түйенің төлін бота дейді,- деп түсіндіре бастаса Елнұр.

- Апай, оны білеміз, тышқанның баласын не дейді?-десе апайы жауап бере алмай, кейін айтып беремін деп құтылыпты.

- Әже, осыған дейін ойыма келмепті, тышқанның баласын не дейді,-деді Азат.

- Ит біліп пе, атам қазақ тышқан асырап көрді дейсің бе. Кәне, бөлмелеріңе барып ұйықтаңдар, жататын уақыт болды, -деді әжесі.

Келесі күні түске салым ауылдағы атасы мен әжесінің жақын араласатын Жаңаберген қария соғым сойып, бас-сираққа бүкіл отбасын қонаққа шақырды. Үй арасы онша қашық емес. Әжесі Елнұрды жетектеп екеуі әңгімелесіп келеді.

- Балам, сен дастарқан басында отырғанда әже ананы алып бер, мынаны алып бер деп мені мазалай берме, ұят болады. Бала деген үйде деғ көшеде де. Қонаққа барғанда да тәрбиелі, өнегелі, мәдениетті болуы керек, ұқтың ба?-деді.

- Ұқтым, әже,- деді Елнұр.

- Ой, айналайын! Менің баламның басы толған мый ғой, мый, -деді әжесі.

Жаңаберген қарияның үйіндегі үлкен залға молынан дастарқан жайылыпты. Дастарқан басына жиі араласатын сыйлас отбасылардың үлкен-кішісі түгел жайғасып, бата жасалып дәмнен алып, үкендер шаруа, отбасы жайын айтып өзара әңгімені қыздыра түсті. Осы сәтте Елнұр бар даусымен көптің назарын өзіне аударып:

- Әже деймін, әже!- деді.

- Ау, не дейсің, құлыным!- деді әжесі.

- Әже, мен сіздің айтқаныңызды екі етпей орындап,  дастарқаннан ананы алып бер, мынаны алып бер, деп сұрамай-ақ бәрін де өзім алып жеп отырмын,- деді. Оның бұл сөзіне тіпті балаларға дейін сықылықтап күліп, дастарқан басындағылардың көңілі көтеріліп қалды...

                                             * * *

... Қыс көрпесі сөгіліп, көктем де келіп жетті. Асан қарияның бау-бақшасы гүле оранып, жасыл желек жамылды. Соңы жылдары бұл шаңыраққа Тұмар деген қыз бала мен Бекнұр деген сәбилер өмірге келіп, қызыл шатырлы үйдің шаттығы молая түскен. Кілең ер балалардың арасында өсіп келе жатқандықтан болар, Тұмар ағаларына еліктеп, солардың сөзін де, қимылын да қайталайды.

Мамыр айының бас кезінде  ауладағы құлпынай қызарып пісе бастады. Батыл қарт немерелеріне:

- Мына құлпынайдың ең алдымен піскенін Тұмар мен Бекнұр өздері үзіп алып жейтін болады. Екеуі өз бақшамыздан алғаш рет дәм татады. Тұмар мен Бекнұрдан соң, қанша жесеңдер де жей беріңдер,-  деп естеріне салды.

- Ата, мына Бабыр болмаса, біз Әсет екеуміз сіздің айтқаныңызды екі етпейміз. Кеше ол қаншасы қызара бастағанын санап жүрген,-деді.

- Қойшы ей, өзің де құлпынайға тоятын болдық деп меніміен қосылып бірге санадың ғой,- деді Бабыр.

- Даурықпаңдар,  бірер күннен кейін  жаппай пісіп, бәріңе де жетеді,-деді қария.

Атасы айтқандай бір күн өтпей-ақ құлпынай шетінен қызарып пісе бастады. Асан қараия жасынан асып. өзі жүре бастаған Тұмарды бақшасына көтеріп барды да, жерге түсіріп жасыл жапырақтардың арасын ашып, баданадай-баданадай болып әбден піскен қып-қызыл құлпынайды көрсетті.

- Ата, нәнә,- деді Тұмар.

- Нәнә қызым, нәнә, өзің үзіп ала ғой,-деді атасы.

Тұмар атасына, сосын уылжып піскен құлпынайға қайта-қайта қарап кіп-кішкентай нәзік қолдарымен үзіп алды.

- Тұмар, нәнәні  әп де. Тұмар нәнә тәтті,- деді Бабыр.

Тұмар құлпынайды аузына апарып дәмін алып көрді. Ұнаған болуы керек бүтіндей аузына тоғыта салды. Сөйтті де атасына қарап.

- Ата, ата, нәнә тәтті,- деп жасыл жапырақтардың арасын саусағымен ашып, қызарған құлпынай іздей бастады.

- Ата, енді осыдан қарап тұрыңыз, қызыңыз енді күнде құлпынайдың арасынан шықпайтын болады,-деді Әсет.

Әсет айтқандай Тұмар күнде есік алдына шығысымен «нәнәні ап деймін» деп бақша жақты бетке алатын болып алды.

Биыл да құлпынайдан соң тұт, қара өрік, шие, одан соң жаздық алмалар пісіп жетілді. Кішкентай  Тұмар бау-бақшадан шықпайтын болып алған. Жеміске тойып алып, көлеңкесінде  құмары қанғанша ағаларымен ойнайды.

Батыл қария үлкен ұлы мен келінін қара шаңыраққа қалдырған. Кейінгі балалары жоғарғы оқу орнын бітіріп, Астана мен Алматыда қызмет етеді.  Астанада бүкіләәлемдік ЭКСПО көрмесі өткенде  кемпірі екеуі барлық немерелерімен барып, бірнеше күн тамашалап, жас әрі бас қаланың көркіне көздері тоймай қайтты.

Тек кішкентай Тұмардың бой көтерген жасыл желектің бұтақтарына ұмтылып:

- Ата, нәнә жеймін,-деп қиғылық сала бергені қызық болды.

- Қызым, нәнә үйде, бұл ағаштар нәнә салмайды,- деп қанша айтса да балғын сәби түсінбей-ақ қойды.

 

                                    ҚОТЫРТӨБЕНІҢ СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

 

Астана мен Алматыда  бірнеше күн дем алып, жақсы әсермен оралған шаңырақтың шатығы одан әрі жалғаса берді. Бұл үйдің баларының арасында жасы кішілеу Бабыр  Тұмар қарындасымды серуендетемін деген сылтаумен өзі қатарлас ауыл баларымен көбірек ойнайды.

Кешкілік дастарқан басында аузы аузына жұқпай сөйлей беретін де осы Бабыр.  Сөйлей береді демекші ол кіп-кішкентай енді ғана тілі  шыққан кезінде гаршокта үлкен дәретте отырып тынымсыз сөйлей берген соң әжесі:

- Әй, сен бала  тынымсыз сөйлей бергеніңді қоясың ба , қоймайсың ба? Миымды ашытып, атала етіп жібердің  ғой,- деген әжесі. Сонда Бабыр әжесіне:

- Әже, әже деймін, мен тоқтамай сөйлей беремін, жасасын демоклатия! – деп үйдегілердің бәрін кұлдіргені бар.

- Бүгін де сөзін үйдегілер тыңдап жатыр ма, әлде жоқ па көрген-білгенін жіпке тізгендей етіп тәпіштеп айтып отыр.

- Мұхтардың әйелінің алтын сырғасының біреуі жоғалып қалып, іздеп таба алмай қойыпты,- деп жан - жағына қарап қойды. Бұл сөзіне ешкім жауап бермеген соң Қошқарбай мас болып келіп, әйелін үйінен қуып жіберіпті, балалары есігінің алдында жылап жүр,-деді. Оның бұл сөзіне тіпті Азат жауап берген жоқ. Бабыр бұларға не болған-ей, дегендей үйдегілердің бәрінің жүзіне таңдана қарап қойды. Қуаттың екі қойын ұрылар түнде қорасынан ұрлап кетіпті... Мақанның қызын біреулер алып қашып кетіп, қуып барып қайтыпты,--деді. Осы кезде Әсет:

- Ал Бабырдан Қотыртөбенің соңғы жаңалықтарын тыңдай беріңдер,- деді Әсет. Осы кезге дейін әрең шыдап отырған үйдегілердің бәрі күліп қоя берді. Ауыл баларымен бірге ойнап  көргендерін айтқан Бабыр артық сөйлеп нені бүлдіріп қойдым дегендей үйдегілердің бетіне жалтақтап қарай берді.

 

                                     БІР АЛДЫНДА ТҰР МА, ӘЛДЕ...

 

Бабыр бастауыш сыныптың дайындық тобына баратын болды.  Жасы жетіңкіремесе де әжесі мектепке барып, ұстаздармен жолығып немересін оқытуға келісіп келді. Сабаққа дайындалған ағаларының жанында жүріп әріптердің бәрін танып қалса да  үлкендер оған есеп шығартуды әлі үйрете қоймаған.

- Балам, енді сен үлкен жігіт болдың, мектепке барасың,- деді әжесі.

- Алақай, Әсетпен, Азатпен бірге мектепке баратын болдым,-деді Бабыр қуанышын жасыра алмай.

- Мектепке барсаң апай сабақ сұрайды. Айта қойшы балам, бірді үшке қосса қанша болады,-деді әжесі.

- Әже, бір үштің алдында тұр ма, әле артында тұр ма?- деді Бабыр.

- Ал бір үштің алдында тұр дейік,  қанша болады?- деді әжесі.

- Бір үштің алдында тұрса, онда 13 болады да әже,-деп Бабыр үйдегілерді тағы күлдірді.

- Ой, біздің Бабыр қатырады, бірақ әлі санай алмайды,- деді Азат.

- Санай аламын, - деді Бабыр.

- Ал, кәне санашы,-деді Азат.

Бабыр екі қолының саусақтарын бүгіп онға дейін санады да кідіріп қалды.

- Әрі қарай санашасы,- деді Азат.

- Әрі қарай қалай санаймын, саусақтарым бітіп қалды ғой,- деді Бабыр.

 

                                      АТА, СІЗДІ КІМ ТАНИДЫ?

 

Облыс орталығына жақын бұл ауылда көп халық ұрады, бірнеше ұлттың өкілдері мекендейді. Ауылдағы жалпы білім беретін орта мектептің өзінде  екі мыңға жуық бала оқиды. Бастауышта оқып жүрген Елнұрдың әжесі осы мектепте ұзақ жылдар бойы ұстаздық етіп, зейнеткерлікке шыққандықтан бүкіл ауылдың үлкен-кішісі жақсы біледі. Ал атасы облыс орталығында жұмыс істеді. Қызмет бабына байланысты жиі іссапарға шығатын. Сондықтан атасын көршілерден өзгелер онша жақсы біле бермейтін.

Елнұр бір үлкен іс тындырғандай  танауы делдиіп мектептен оралғанда атасы есік алдында күнделіеті бітпейтін шаруасымен айналысып жүрген атасының жанына келді.

- Балам,  сабағыңды тындырып келдің бе?-деді атасы.

- Келдім! – деді Елнұр.

- Бүгін қай сабақтан, қанша алдың?- деді.

- Бәрінен бес,-деді Елнұр.

- Ой, менің балам, тек бестік баға ғана алады да. Елнұр осы сен сабақтан қайтып келе жатқанда жолда кездескендер кімнің баласысын деп сұраса не деп жауап бересің,-деді атасы.

- Айым әженің баласымын деймін.

- Неге? Атамның баласымын деп айтпайсың ба?

- Ата, атамның баласымен деп айтқанда сізді ауылда кім таниды дейсіз. Ал әжемді Айым апай деп бәрі біледі,- деді Елнұр.

- А солай ма? – деді атасы немересінің жауабына қайран қалып.

- Балам, кешкі салым екеуіміз  қонаққа барамыз, сен маған серік боласың, - деді атасы.

- Ата. Қайда, кімнің үйіне қонаққа барамыз,- деді қуанып кеткен Елнұр.

- Қалаға, бірге қызмет етіп зейнеткерлікке шыққан досым үйіне қонаққа шақырып жатыр,-деді атасы.

- Жарайды ата, барсақ барайық,-деді қуанып кеткен Елнұр.

 

                                             ЖЕТІ АТА

 

Атасының досының үйі қала шетінде екен. Атасы мен Елнұрды құшақ жая қарсы алды. Дастарқан басына тағы да бірнеше қария жиналды. Әңгіме арасында төрде отырған қарттардың бірі Елнұрдың атасына:

- Батеке, немереңіз бе? – деді.

- Иә немерем,- деді атасы.

- Балам, оқисың ба?- деп әлгі қария Елнұрды әңгімеге тарта бастады.

- Екінші сыныпта оқимын,-деді.

- Ой, екінші сыныпта оқысаң дәу жігіт болып қалыпсың ғой. Не ел боласыңдар?

- Ұлы Жүздің Дулатынан, Жаныспыз.

- Ой, айналайын, жеті атаңды білесің бе?- деді.

- Білемін,- деді.

- Кәне, ендеше айта ғой,-деді әлгі қарт.

Елнұрдың сасқан жері осы болды. Атасы мен бабасы кім екенін біледі де одан арғы аталарын атасынан сұрап алматы. Енді не істеу керек? Әлгі қартқа білемін деп айтып қойды.

- Мен  атым Елнұр, Елнұрдың әкесі Нұрқанат, оның әкесі Орынбасар, оның әкесі Үсіпбай,- деп өзі ата деп ауылдағы жақын туыс қариялардың  аттарын қосты да соңынан Қосжетер, Тыныбек,  Әлібек...деп  тегін  тіпті жеті атасынан да әрі асырып жіберд.

- Ой, жарайсың, балам, нағыз қазақтың жігіті екенсің, - деді әлгі қарт шын көңілмен риза болып.

Елнұрдың көзі өзінің өтірігіне жалғыз куәгері атасына түсіп кетті. Езу тартып жымиып отыр екен.

- Батеке, сізге ризамын! Бесіктен белі енді ғана шыққан немереңізге жеті атасын ғана емес арғы аталарын да үйретіп қойыпсыз. Бүгіндері ата сақалы аузына түссе де жете атасын білмейтін жетесіздер көп,-деді ренішін жасыра алмай.

Қонақтан қайтып келе жатқанда Елнұр атасына:

- Ата, сіз мені кешіріңіз! Өзімді де, сізді де ұятқа қалдырмайын деп жеті атамның кім екенін жаттап алмаған соң, ұш-төрт атамнан кейін арасына ауылдағы аталардың аттарын қосып жібердім,-деді.

- Әрине, мұның енді ұяттау болды. Оны өзің де мойындадың. Бұрынғы аталарымыз «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер.» деп тегін айтпаған. Мен саған үйдегі шежіреден жеті атаңды ғана емес, одан бұрынғы аталарыңның аттарын жазып беремін, жаттап ал,-еді.

- Иә, бәрін жаттап аламын,- деді Елнұр.

 

                                          ТОРЫ БИЕ ЖУАС ҚОЙ

 

Елнұрды үйі жыл сайын мамыр ойының орта шенінен бастап бие байлайды. Торы биенің құлынын желіге байламас бұрын әжесі арша ағашынан жасалған күбісіне жылы су құйып, іші – сыртын мұнтаздай етіп тазалайды. Қымыз ашыту үшін ауылдағы бие байлаған, қымызын баппен дайындайтын үйлердің бірінен бірер литр қымыз алдыртады. Сосын Әсетті таудың баурайынан киік оты деген иісі жұпар шақан, гүлі сия түстес шөпті теріп әкелуге жұмсайды. Киік отын тұтатып, күбі ішін  оның түтінімен ыстайды. Сосын арша күбіге  сауған бие саумалын құйып, салқын бөлмеге қояды да немерелеріне:

- Бөлмеге қайсы бірің кірсең де күбіні кемінде екі-үш рет пісіп қойыңдар,-деп тапсырма береді. Немерелері әжесінің айтқанын екі етпейді. Бір апта бойы дайындалған қымыға көршілерді, ағайын мен туыстардың бәрін шақырып қымызмұрындық береді. Қариялармен қатар балаларға дейін қымыз ішуден жарысқа түседі.

Соңғы жылдары қымыздың саудасы қызып, бірнеше бие байлайтын отбасылар көрші мен ағайынға қымызмұрындық беруде мүлдем ұмыта бастаса да Елнұрдың әжесі ата дәстүрден ешқашан жаңылған жоқ. Биыл да қымызмұрындық жасады.

Биыл да маусым айында Елнұрдың үйіне қалада кенже ұлының қолында тұратын жасы тоқсанға жақындап қалған үлкен әжесі келді. Бір айдай жатып саумал ішіп кетеді.

Бүгін де  әжесі  дәу әжесін ертіп бие сауға шыққанда Елнұр үйден  кесе алып  құлын байлаған желі жаққа бірге барды. Әжесі торы биені сауып болысымен жылы саумалды шелектен кесеге құйып дәу әжесіне:

- Мама, бәрін таусып ішіп қойыңыз, ем болсын! – деп дәу әжесіне ұзатты. Осы кезде Елнұр:

- Дәу әже деймін, біздің торы бие жуас екенін білесіз бе?- деді.

- Білемін балам, оның несін сұрдың, - деді.

- Жуас екенін білсеңіз әжемді торы биені сауғызып әуре етпей-ақ өзіңіз бірден емшегінен еме салмайсыз ба?- деді.

- Әй, мына балаң маған не дейді,- деп қарт ана рахаттанып күліп алды.

 

                                   АУЛАДАҒЫ ҚАЗЫНА

 

Әсет  сырттан бөлмеге кіргенде Азат, Бабыр және Елнұр үшеуі теледидардан Американ жазушысы Марк Твеннің «Қазына аралы» кітабы желісімен түсірілген көркем фильмді қызыға тамашалап отыр екен. Осы сәтте Әсетке мен бұл кинокөргіш үшеуіне қазына іздетіп көрсем қайтеді, деген ой сап ете қалды. Ол Бекнұрды ойнатып отырған әжесінің жанына барды да:

- Әже, маған  қобдишаңызға сақтап қойған ескі білезік пен сырғаларыңызды, басқа да зергерлік заттарыңызды бере тұрыңызшы,- деді.

- Оны не істемексің, музейге өткізесің бе?- деді әжесі.

- Қайдағы музей, ана үш балаңыз «Қазына аралы» деген қазына іздеушілер туралы киноны теледидардың ішіне кіріп кетердей қызыға көріп отыр. Әлгі заттарыңызды  маған берсеңіз, мен оны аулаға  білдірмей көмемін де, анау үш ақымақ балаңызға  сол жерді қаздырамын. Одан кейін қандай қызық болатынын көресіздер,-деді.

- Олар сенің алдағаныңа сенер ме екен?

- Сенеді, осыдан кейін қызықтың көкесін көресіздер.

- Алсаң ала ғой. Ішкі бөлмедегі сөреде тұр. Қазына көмемін деп жоғалтып алма. Арасында ескіден қалған күміс сақиналар мен білезіктер бар,- деді.

- Жоғалтпаймын әже, қазынаны жоғалтушы ма еді,- деді де ішкі бөлмеге кіріп кетті.

Әсет ескі ағаш қобдишадан  сақина мен білезіктерді және басқа зергерлік бұйымдарды,  Ресейдің патшалық заманынан, кеңес дәуірінен қалған бір уыс тиынды алып екі қалтасына салды. Аулаға шыққан соң қолына күрек алып жерді  ойып қазды да зергерлік бұйымдар салып қайта көмді. Әлгі қазған жеріне шым ойып салып, бұрын күрек тимегендей етіп әбден таптады. Әлгі «қазына» көмген жеріне бес-алты қадам әрірек барып оғаг ескі тиын ақшаларды көміп, әлгі қазған жеріне шым ойып салып әбден таптады. Күрегін алған орнына алып барып қойып үйге кіргенде көркем фильм бітіп, інілері ойынға көшкен екен.

- «Қазына аралы» қызық па екен?- деп сұрады інілерінен Әсет.

- Өте қызық, Әсет сен неге  «Қазына аралын» көрмедің?- деп сұрады Азат.

- Бұрын көріп қойғанмын, маған түк те қызық емес,-деді Әсет.

- Азат, кинодағыдай бәріміз қазына іздесек қызық болар еді ә! Біздің тауда бұрынғы байлар, патшалар тығып кеткен қазына тіпті көп шығар, іздеп тауып алсақ қандай тамаша болар еді,-деді Бабыр.

-  Сен де айтады екенсің, қазына табу деген оңай деймісің. Қазына табамын деп бүкіл таудың тасын қопарып шығасың ба,-деді Азат.

- Қопарса несі бар, қопарамын,-деді Бабыр.

- Әже, қараңыз, біздің үйден тау мен тасты қопаратын Бабыр деген экскватор шықты,-деді Азат.

- Мазақтама!- деді  Бабыр.

- Сендер тау тастан қазына іздеп әуре болмай-ақ қойыңдар, біздің бұрынғы аталарымыз біздің аулаға қазыналарын көміп кетуі әбден мүмкін, солай мә әже?- деді Әсет.

- Иә, менің атам кезінде өте бай адам болып Совет өкіметі орнағанда қуғындалғанын, туған жеріне соғыстан кейін оралғанын айтқанмын. Бірақ  тығып кеткен қазынасы бар-жоғын білмеймін,- деді әжесі.

- Әне, сендерге айтым ғой, біздің бұрынғы аталарымыз бай болса, онда қазынасын алысқа емес үйдің маңына  көміп кетуі әбден мүмкін ғой,- деді Бабыр.

- Қазына тапқың келіп кетті ме, ендеше күректі ал да есітің алдын қопара бер, мүмкін алтын мен кұміс табылып қаоар,-деді Азат.

- Қазсам қазамын,- деп Бабыр сыртқа қарай жүгіре жөнелді. Ол есік алдында қабырғаға сүйеулі тұрған күректі алып ауланың ортасына барып жерді үңгіп қаза бастады. Қызық болғанда әлгінде ғана Әсет «қазына» көміп кеткен жердің тап  үстіне күрек салған еді. Соңынан еріп келген ағалары  мен інілері оның бұл тірлігіне мазақтағандай күліп қарап тұр. Бабыр күрегі бос топыраққа жеткенде қаттырақ батырып, топырағы бір шетке лақтырғанда сапа-саоы,  әппақ білезік пен сақиалар тапырақпен араласып сыңғыр қағып жерге түсті.

- Міне, қазына!- деді Бабыр топырақ расынан тапқан білезік пен сақиналарды  тере  бастады.

-  Бабыр, шынымен қазына тапты,- деді  әлгінде ғана сенімсіздік танытқан Азаттың көзі шарасына шығып.

Әсет жерге ккөмген сақина мен білезіктердің бәрін теріп алған інілері әлгі қазына тапқан ерді тереңдетіп қазуға әрекет жасай бастады.

- Қазынаның бәрін бір жерге көмуі мүмкін емес. Азат кұрегіңді берші, мен басқа жерді қазып көрейін,- деді Әсет інілерінің осы аңқаулығын пайдаланып қалғысы келіп.

- Мә, ала ғой, сенің қазына тапқаныңды көрейік,-деді Азат қолындағы күрегін Азатқа ұзатты.

- Тапса несі  бар,- деп Әсет өзі тиын ақшалар көмген жерін қаза бастады. Сосын інілеріне қарап:

- О, мен де қазына таптым, сендерге бермеймін, бәрі меніңкі,- деді айқайлап. Әсеттің жанына жүгіріп барған інілері топырақ арасынан таласып-тармасып ескі тиын-тебендерді жинап қалталарына сүңгіте бастады.

Балала бұдан соң  аула ішін тағы да шұқылап қазып көрген еді ештеңе табылмады.

- Болды, бүгінгі осы мықшыңдағандарың да жетер, тапқан қазыналарыңның бәрін әжеме алып барып беріңдер, сақтап қойсын,- деді Әсет.

Алақай, жүріңдер, тапқан қазынамызды әжеме алып барып береміз,- деп бәрі үйге қарай жүгіре жөнелді. Немерелерінің бәрі ауызғы бөлмеде тігін машинасымен құрақ құрап отырған әжесін қаумалап алды. Қуаныштарында шек жоқ. Тапқан қазыналарының бірін қалдырмай әжелерінің қолына ұстатты.

- Өркендерің өссін, мына қазыналардың бәрін бұрын бір жерден көрген сияқтымын, - деді әжесі Әсетке жымия қарап қойып.

- Бұрындары, бізден де кішкентай кезіңізде көргенсіз әже, есіңізге енді түскен болар. Бұл біздің ата-бабаларымыздың тығып кеткен қазынасы ғой, іздеп жүріп әрең дегенде таптық,- деді Бабыр.

- Солай ма, онда бәрін сақтап қоямын,- деді әжесі.

Бұл күні Әсеттің інілерінің бәрі  түнгі ұйқыға жатқанда да  қазына туралы өзара әңгімелесіп,  тәтті қиял жетегіне еріп, тіпті тәтті түстер көріп, мұхит ортасындағы ғажайып аралдағы ну орман мен тулардан қазына іздеп шықты.

Таңертең оянып, таңғы тамақтарын ішіп сыртқа шыққан соң қолдарын күрек пен кетпен алып ауланың әр жерін мықшыңдап қаза бастағанда қаладағы немерелерін көріп қайтуға келген атасы келіп қалды. Ол аулада тырбаңдап күрекпен жер қазып жүрген немерелерін көріп қайран қалып:

- Әй, не істеп жүрсіңдер?- деп сұрады.

- Қазына іздеп жүрміз,- деді Азат.

- Қайдағы қазына,- деді атасы.

- Кәдімгі кинодағыдай, кітаптағыдай асыл қазыналар,- деді Азат.

- Біздің есіктің алдына біреу қазына көміп кетіпті ме?- деді атасы қайран қалып.

- Иә, бұрын біздің ата-бабаларымыз мол көп қазына көміп кеткен.  Сен оны білмейсіз, біз білеміз. Кеше біразаын тапқанбыз, ал бүгін қалған қазыналарды іздеп жатырмыз,- деп Бабыр  Азаттың жерге тастаған күрегін алып, танауы пысылдап, үлкен  күрекпен мықшыңдап жер қазуға әрекетене бастады.

- Иә, қазыңдар, қаза беріңдер, көп қазына табасыңдар,- деді Әсет інілеріне күле қарап Атасы  мұның бәрі  Әсеттің тірлігі екенін бірден білді де.

- Әй, балам сен екенсің ғой інілеріңді ит әуреге салып қазына іздетіп қойған,- деді күліп.

 

 

Қазақ тілінде жазылған