Адам қарады: 204622 | Жарияланды: 2018-05-03 06:57:07

Қайран Торықасқам мен Сырттаным-ай

Облыстың орталығындағы дарынды балаларға арналған арнайы мектеп - интернаттың оныншы сыныбын бітірген Дидар жазғы демалысқа шығысымен тау қойнауындағы ауылына жетуге асықты. Үлкен қаладан тым шалғайдағы Алатаудың бауырындағы ауылына  сағына жетіп,  көше жақтағы ағаш шарбақтан секіріп  түсіп, түрлі жеміс ағаштары самсап өскен бауды аралап,  туған шаңырағына жақындай бергенде басына орамал тартып, кең ауланы сыпырып, тазалап жүрген жаңа түскен жеңгесін көрді. Жапырағын кеңге жайған үлкен өріктің түбіндегі ақырда қара қасқа айғыр тұяғымен жер тарпып кісінеп тұр.  Менің торы қасқам көрінбейді ғой, деген ой келді Дидарға.

Мамырдың ортасында ауылдағы мектепте мұғалім болып істейтін ағасының үйленгенін кенже інісі Дәулеттің хабарламасынан есітіп, қуанып қалған. «Ендігі кезек сенікі, сосын менікі.Тезірек үйлен. Мектепті бітірмей-ақ маған жеңге әкелмесең,  өзім үйлене саламын» деген інісі жағымды жаңалығының соңын і әзілмен аяқтағанын рахаттанып күліп алған. Сосын «әкелгішін!» деген сөз аузынан еріксіз шығып кеткен.

Сан алуан гүлдер құлпырып өскен кең аулаға жақындай  бергенде өзі бұрын-соңды бір рет те көрмеген жеңгесін шошытып алмайын деген оймен дауыс білдіріп, жөтелген болды. Жас келіншек жалт бұрылып қарады да Дидарға күлімсәрей қарап, иіліп сәлем салды. Жеңгесінің  мұндай сәлемін күтпеген Дидар не айтарын білмей ыңғайсызданып, ұялғанынан  жүзіне қан ойнап қызарып шыға келді:

- Сәлеметсіз бе?  Қателспесем, сіз менің жаңадан түскен жеңгем боларсыз. Үйде кім бар?- деп сұрады.

- Ағаңнан басқасының бәрі бар.  Сіз дарында оқитын дарынды қайным, мыржажігітсіз ғой! Бүгін келеді деп күтіп отырмыз. Біздің үйдегілер жүзімнің көлеңкесіндегі тапшанда,- деді жеңгесі  өз қайнысын алғаш көргеннен танығанын білдірген болып.

Қайран қыздар-ай! Туған шаңырағынан бөтен босағаны аттай салысымен «біздің үйдегілер» дейді. Қандай жылы сөз,   алайда, енді өз шаңырағы екен рас қой, деген ой санасын билеген ол  есік алдындағы тапшанға жақындай бергенде Дидарды бірінші болып көрген, биыл төртінші сыныптың табалдырығын аттаған  інісі, келіншек әкелуге «кезек күтіп жүрген» Дәулет көрді де өзіне қарай «О, алақай  оқуынан ағам келді!» деп  жүгіріп, келіп мойнына асыла кетті де:

- Маған не әкелдің?- деді құлағына сыбырлап.

- Саған сөмкеге салып келіншек әкелдім,- деді Дидар.

- Иә, саған! Әкел сөмкеңді, ашып көрейін, -деп ағасының мойнына асылған қолын жібере салып сөмкесіне жармасты.

- Әй, әй, мына бала қайтеді ей,-деді әкесі.

Дидар әкесімен, анасымен сәлемдесіп, дастарқанға отырып енді жайғаса бергенде, жаңа түскен жеңгесі сары самаурынды  буын бұрқыратып, екі иығынан дем алдырып дастарқан басына алып келді.

- Асқар қайда кеткен?- деп Дидар ағасын сұрады.

- Демалысын әлі берген жоқ, жұмысында,  бүгін өтпіскіге шығады, бірер сағатта келіп қалар -деді анасы.

- Кешікпей келгенің жақсы болды, келесі аптада ағаң мен жеңгеңе той жасап, құда күтеміз,-деді әкесі.

- Білемін. Дәулет ауылдағы соңғы жаңалықтардың бәрін  хабарлаған. Жәке, ат (Дидар әкесін  жәке дейтін) сатып алғансыз ба? Менің торы қасқам қайда?- деді Дидар.

- Торы қасқаң биыл да таудағы жайылымда, үйірде. Байлауда тұрған  айғыр  қара қасқа биенің құлыны ғой,   енесімен таудағы жылқышылардың қолында болатын.  Құнан шыққанда бас білдіріп үйреттік, нағыз асаудың өзі екен. Құлынынан кейін көрмеген соң танымай қалдың ба? Бабы келіссе, нағыз додабұзардың өзі болады. Қабағы күліп тұр.  Торы қасқаңнан озбаса да кейін қалмайды. Ата дәстүріміз ғой,  қара қасқаны тойдан кейін ырымалды құдама мінгізгізгелі отырмын, -- деді әкесі.

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей  ағасының үйлену тойы  ауылдағы  зәулім тойханада дүрілдеп өтті, қона жатқан жаңа құдаларды бар ағайын үйлеріне шақырып, екі күн бойы аяқтарынан тік тұрып, жайылып көрпе болып  күтті. Тоғыз үй  мал сойып, ас та төк дастарқан жайды. Құда күтеміз деп кезек күтіп  күпінген үлкен әулеттегі өзге ағайынға әрең дегенде тоқтам жасалды. Қона жатқан жаңа құдалар мен бар ағайын  тойдан кейін екі күн  бойы құдалардың табанын жерге тигізбей,  той жасап, үшінші күн құда шақырған Үсеннің үйінде төрт көзі түгел бас қосып, қазақы дәстүрмен  құда табақ, киіт кигізу дегендей қазақы ырым-жырымдарын түгендеп,  ауыл мен қаладағы бар ағайын  сыйы мен сияпатын жасады. Соңғы сөзді Дидардың әкесі Үсен алды.

- Мырзеке,  сіз бен біз мың жылдық құдай қосқан құда болдық, төрімізге шыққаныңыз құтты болсын! Ауылымыз  таудың арғы-бергі бөктерінде болса да біз бір бірімізді бұрыннан жақсы білеміз. Той-томалақта ауылдарыңызда болып, көкпар тартып дегендей,  кезінде шаңырағыңыздан дәм де татқанбыз. Міне, енді Алла тағала нәсіп етіп, балаларымыз бір бірін қалап, үй болып дегендей сыйластығымыз бұрынғыдан да арта түсті. Сізге құдалықтың жолын жасап,  құрмет көрсетіп, ақырда байлаулы тұрған, әлгінде өзіңіз көріп сүйсінген қара қасқа айғырды мінгізбекпін. Өз биемнің құлыны. Мініп кеткіңіз келсе, қазір ерттеп беремін, қалауыңыз білсін! Ал құдағиға мінгізеріміз бұзаулы сиыр, сауып ішсін!-- деді.

Мырзабай  Үсеннің сөзінен соң жан-жағына жалтақтап қарап алып  бірден жауап бермей, құдакәдеге ризалығын білдірер бір ауыз сөзін айтпай  жер шұқығандай үнсіз отыр. Оның көптен бергі арманы торы қасқа болатын. Жастар бірін бірі ұнатып, Үсенмен құда болғанда құдалықтың жолымен торы қасқаға тақымы тиетіндей қуанған.

Мырзабай  Үсенге айтар бір ауыз сөзін жұтып қойғандай әлі жақ ашар емес. Шулап, жарыса әңгімелісіп, бір-біріне сөз бермей дуылдасып отырған екі жақтағы құдалардың назары жүз пайыз Мырзабайға ауып,  аулада жүгіріп асыр салып ойнап жүрген  балалардың көңілі дауыстары болмаса,бөлме ішінде аз уақыт құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады. Құдалыққа бірге келіп, Мырзабайдың жанында отырған туған бауыры Тұрсынның шыдамы шегіне жетіп, жұртқа білдірмеген болып алақанымен жайлап ағасының тізесін салмақ сала басты. Мырзабай  өзін қалың ұйқыдан біреу түртіп  оятқандай  қайта ес жыйып, отырған орнында әрі-бері қозғалақтап алды да  басын көтеріп,  даусын созып:

- Ү- се - ке, өзіңіз айтқандай енді бізді құдай қосып, мың жылдық құда болдық.  Құрмет пен ізетке найза бойламайды деген мен емес, бұрынғы ата-бабаларымыз. Жаңа маған  сөз арасында «қалауыңыз білсін», деп айттыңыз. Менің өз қалауым бар,  бірақ сол қалауым ішімде кетпесін. Сіз  құдалыққа құрметтеп шақырғанда соны айтпаққа бекініп келген едім,-- деді.

- Айтыңыз, құдеке, айтыңыз! Қалауыңыз сол бұрынғы аталарымыз айтқандай қасқалдақтың қаны емес шығар, қолымздан келсе,  ол қалауыңыз да орындалар,-- деді Үсен.

-  Орындалса, қанеки! Айт десеңіз, ендеше айтайын! Менің қалауым, байлауда тұрған қара қасқа емес, өзіңіз көкпарға салып, қызығын көріп, атыңызды алысқа шығарып жүрген торы қасқа айғырыңыз. Сыйлас болар құдам еді, деп ат мінгізсеңіз келсе, маған торы  қасқаны тарту етіңіз, ауылға құдам мінгізді деп қанат біткендей қуанып барайын,- деді.

Әңгіме ауаны, құданың қалауы бұлай күрт бұрылар деп күтпеген Үсен  де, үй толы бар ағайын да бір сәт үнсіз қалып, кең қонақ бөлмеде тағы да сары масаның ызыңы есітілердей тыныштық орнады. Бәрі де енді не болар екен?- деген сауалды жүзбен екі құдаға  жалтақтап қарады. Тыныштықты Үсеннің жақын туысы, дәу қара қошқарын сойып құда күткен,  шабандоздығымен аты шыққан Әлденбай бұзды.

- Құдеке, а құдеке! Сіз не де танып тұрсыз. Қара қасқа сіздің тақымыңызға тарлық ете ме? Үсен көкем Дидардың торы қасқасқасын қанша адам сат деп, алдына келіп, тізерлеп отырып жалынса да сатпай қойған.  Оның нағыз иесі Үсен көкем де емес, құда балаларың Дидар. Торы тұлпарға көкпарда менен басқа ешкімнің тақымы тиіп көрген емес. Атқұмарлар бір қыздың емес, он қыздың қалың малына жететін ақша ұсынса да көнбегенбіз.Менің Асқар інім бұл торы қасқаны сатқан пұлына бір емес, он қатын алар еді. Сіз не,  шыбыштың асығындай  қап-қара қызыңызды пұлдағалы келдіңіз бе, әлде қара қасқа тақияңызға тарлық ете ме! О несі-ей! Құда – құда деп  көкке көтеріп қолпаштап, қошаметтеген сайын қайтеді –ей, бұлар! -- деп Әлденбай ашуға булығып орнынан атып тұрды.

- Әй, Әлденбай,! Сендер торы қасқаларыңды менің алтындай қарындасымнан артық көрдіңдер ме, құда жолымен сыйлап бермесеңдер бермей-ақ қойыңдар, бірақ  намысымызға тимеңдер, қызымызға тіл тигізбеңдер, біз сендерге мал емес, өссін, өнсін, ұрпақ жайсын деп  үкілеп өсірген қызымызды беріп отырмыз?- деп Мырзабайдың інісі Тұрсын  Әлденбайға қатқыл дауыспен сес көрсетіп.

- Әй, саған не жоқ,-- тынышыңа отыр, әлде сенің тақымыңа да құда жолымен бір ат керек пе, алдын ала жоспарлап келген қалауларың болса шетінен тізіп айта беріңдер, --деді Әлденбай баданадай көздерімен  оған алара қарап.

- Саған не жоқ, тынышыңа отыр дейсің бе! Қалай тыныш отырам. Құда болдық , құдалықтың жолы деп төрлеріңе шақырып алып  дауыс көтересіңдер? Білсеңдер, біз құдайы қонақ емеспіз, құдамыз. Әлде күшің тасып, жекпе  жекке шықың келіп бара жатса, оныңды айт? –  шырт ете қалды Тұрсын.

- Жекпе жекке шықса несі бар, көкпардағы серекдей тақымымда кеткің келіп тұрса, оныңды айт. Дидардың торы қасқасы үшін жан  пида! Баяғы заманда өткен Қобыландының тайбурылы, Алпамыстың байшұбары, Ақан серінің құлагері болмаса, бүгіндері оған жететін тұяқ жоқ, - деген Әлденбайдың  өңі  жауға шабардай өзгеріп кіжініп шыға келді.

Екі күн бой бір-біріне құда-құда деп құрметтеп, сый көрсетіп,  ақ тілегін, жақсы сөзін айтып, құшақтасып жүрген Әлденбай мен Тұрсын Мырзабай құда қалауын айтқаннан кейін бір-бірінің жағасынан алып, бет жыртысуға дайын тұрды.  Екі жақтағылар орындарынан атып тұрып,  екі дүлейді бір біріне жібермей ұстап қалмағанда шар та шұрт төбелестің басталып кетері анық еді.

- Қой енді, Әлденбай, қой деймін! Сенің осы шырт етпе мінезің - ай!  Торы қасқаны тай кезінен Дидардың баққаны да, оны  нағашысынан құлын кезінде  қалап алған өз бәсіресі екені де, сенен өзге шабандозға жалын сипатпағаны да  рас. Мырзабай құда буынсыз жерге пышақ ұрғандай болып отыр. Алайда, әңгіме екі құдадада. Сен бұл шаруға араласпа, Үсеннің өзі бір байламға келсін, сыйластығымызға, балардың бақытына сызат түспесін,-- деді  дауысын көтеріп, әулеттің қариясы, тоқсанның төріне шыққан Исламхан.

- Ата, мен неге араласпаймын! Торы қасқа Дидардың, Үсен көкемнің ғана емес, бүкіл әулеттің, ағайынның, қала берді бүкіл ауылдың, тіпті ауданның  мақтанышы. Сондай тұлпарды бұлардың шынашақтай қызына айырбастай саламыз ба?- деп орнына енді ғана жайғасқан Әлденбай қайтадан қопаңдан  тұруға әрекет жасап.

- Мына,  Әлденбайларың, бір жаман тұяғына бола менің қарындасымды қорлай беруін қарашы. Кәне, жіберіңдер, шықсын бері!- деп Тұрсын орнынан қозғала бергенде ағасы Мырзабай інісіне қысыңқы көзімен алара қарап  иығынан басты.

- Біздің торы қасқа жаман тұяқ болса, қолқа салар ма едіңдер! Аузыңа келгенді сен де оттай берме!- деді Әлденбай өрекпіп.

- Әлденбай, мен саған қызбаланбай сабыр сақта деймін. Құдалар табалдырығымызды алғаш рет аттады. Бүгін бізге не айтса да, қандай қолқа салса да жарасады, олардікі жөн,-- деді Үсен.

- Жөн сөз болса, алдарына жығылып, басымды иер едім, аға! – деді Әлденбай аптығын баса алмай.

Үсен сөзін жалғастырғанша тағы да  бөлмені үнсіздік жайлады.

Дидардың көзі есікке сүйеніп тұрған, жақында ғана оң босағасын аттаған жеңгесі Ақботаға түсті. Мөлдіреген жанарына жас үйіріліп тұр екен. Жас келін бұл даудың соңы не болар екен?-- деген сұраулы көзқараспен  әкесіне, қайын атасына, сосын Дидарға қарады. Жас келін мен қайын атасының көздері түйісіп қалды.  Келіннің жанарынан «Ат сіздікі, өзіңізіз білесіз, алайда әкемді ренжіте көрмеңіз?» деген ойын айтпаса да ұқты. Дидар жанындай жақсы көретін атын қимаса да  екі жақтың татулығын, аз күнде көргенділігімен, ізеттілігімен, жайдары мінезімен шаңырақтарын шаттыққа бөлеген жеңгесінің ақ ұлпа көңіліне қаяу түсірмеуді, жас отбасының бүгіні мен болашағын ойлап торы қасқасын  Мырзабай құдаға тарту етуге келісетінін білдіріп, ешкімге байқатпай  әкесіне қарап басын жай ғана иіп келісімін білдірген болды. Қайын атасы мен қайнысына көз алмаған жас Ақботаның да  күткені де осы болса керек жүзі  бірден балбұл жанып нұрланып сала берді.

Дидардың да, ағайынның да, құдалар мен жаңа түскен келіннің де  көңілін қалдырамын ба, --  деген ойдың шырмауына түсіп, бір шешім қабылдауға бекіне алмай отырған Үсен Дидар ыңғай білдіргенінен кейін ғана даусын көтеріп:

- Құрметті құдалар, қадірлі ағайын, игі жақсылар,  енді мені тыңдаңдарсыздар әрі түсінерсіздер деп ойлаймын! Мырзакең менің тұңғыш, әрі ырымалды құдам. Бұл қазақтың көңілі бір атым насыбайдан да қала береді. Қалған көңілдің орнын толтыру қиын. Мен арамызда дорба емес, жорға жүретін адаммен құда болдым деп ойлаймын. Құдам бір қалауын айтқан екен, оны сөзсіз орындаймын. Қалауыңыз біздің торы қасқа  болса, енді ол бүгіннен бастап сіздікі,  игілігіңізге мініңіз, Мырзеке!- деді Үсен.

Қалауын айтып алып, құдасы көңілін қалдырса құдалықтан жер болып, қалың елге күлкі болып қайтамын ба?- деген күмәнді ойдың шырмауына шатылып кеткен Мырзабай бұл жылы жауапты есіткенде анасы базардан тәтті алма мен балмұздақ әкеліп берген бөбектей қуанышқа бөленіп, жүзі бірден нұрланып сала берді.

- Рахмет, құдеке, рахмет! Бір ауыз сөзімді жерге тастамадыңыз, жігерімді құм етпедіңіз, ризамын! Елге белгілі, жаны жайсаң, пейілі жомарт, керемет адаммен құда болғанымды өзім де білгенмін,-- деп Мырзабай орнынан қалбалаңдап тұра берді. Екі құда дастарқанды жағалап барып құшақтасып, төс қағыстырып мәре-сәре болды да қалды. Жақсы сөз, жарасымды әзіл одан әрі жалғасып жүре берді. Алайда  Үсеннің ет жақын ағайын-туыстары іштей бір беймаза күй кешкенін білдірмегенімен,  жалғыз Әлденбайдың аптығы басылмай, күйінішін ешкімнен жасыра алмады.

 - Үсен көкемді  бәрімізден ақылды ма деп жүрсем, қартайайын деген бе, сәбсем шайнам ми қалмаған екен ғой, бүгін ғана білдім. Көкеме бәрібір болса, болар бірақ маған бәрібір дей алмаймын,-- деп Әлденбай торы қасқаны қиғысы келмегенін айтып ашуға булығып отыр.

Әлдененбай тақымына көкпар тисе тірі пенде жұлып ала алмайтын аты шыққан шабандоздың нағыз өзі еді. Торы қасқа сауырына қамшы сипатып көрмепті. Тізгінді босатып, тұлпарын еркіне жіберетін. Ол дода жарып суырылып шығып мәре қарай  тартқанда, өзге аттар соңында шаң қауып қалатын. Торы қасқаға  осы уақытқа дейін Дидар мен  әкесі Үсеннен  және Әлденбайдан басқа ешкімнің тақымы тиіп көрмеген.

Өткен жылы көрші ауданда бір атақты қалталы адам үлкен көкпар беріп Үсен, Дидар, Әлденбай  торы қасқа мен  Әлденбайдың жиренін жүк көлікке салып барғанда аттарды  машина қорабынан түсіріп алысымен:

-- Көке, мен соңғы салымда ғана торы қасқамен шығамын, оған дейін Дидар екеуіңіз кезек мініп, көкпардың қызығын тамашалап жүре беріңіздер,-- деп жиренінің тартпасын мықтап тартып, серке тартқан топтың ортасына  атын тебініп кіріп кеткен. Бабы келіскен жирен де мықты еді. Мәреге бірнеше рет көкпар алып барды. Соңғы салымға жеңіл автокөлік тігілгенін хабарлағанда Әлденбай  жиренін  Дидар мінген торы қасқамен алмастырды. Серке ортаға тасталысымен шабандоздар аттарын қамшылап, кимелей алға ұмтылды. Әлденбай серкеге жақындағанымен өзге шабандоздар қапайлап оған иліп, серкені жерден көтеріп алуға мұрша бермей-ақ қойды. Осы сәтте өзге аттарды ығыстырып серкеге жақындаған торы қасқа жерге жата кетті де Әлденбайдың қолы серкенің сыйрағына тигенде көз ілеспес жылдамдықпен орнына қайта атып  тұрып топты жарып мәреге қарай оқтай зулады.  Жолын кескестеген шабандоздардан түлкібұлғаңға салып жалт беріп, жолда қалдырды.Торының сырын білетін Әлденбай тұлпардың тізгінін  еркін, бос жіберді. Торы қасқа енді ойқастамай алыстағы мәреге тікке тартты. «Ұсеннің мына торы қасқасы қайтеді—ей! Енді соңынан қуып әуре болмай-ақ қойыңдар, бәрібір құйрық сипатпайды, атышулы торы қасқаның өзі емес пе, – деп көкпарға келгендердің көпшілігі шулап қала берді.  Ал соңғы салымнан әлі де болса үміткер шабандоздар аттарын қамшылап соңынан қуып барады. Көрмеген жердің ой-шұңқыры көп дегендей  төрт тұяғы жер тарпып, бауыры жер сызып  атқан оқтай зулаған торы қасқаның қарсы алдынан ұзыннан ұзын созылған үй орнындай ор кездескенде аспанға қарғи атылып арғы бетке төрт аяғымен тік етіп түсті де мәреге қарай тарта берді. Әлденбай мәреге серкені тастап кері оралғанда торы қасқаның мына үлкен ордан қалай қарғып өткеніне өзі  де сенбеді. Бұл кезде оның соңынан қуған шабандоздарды бірінің аты орға жеткенде  бірден жалт беріп, екпінін баса алмай  терең орға  атымен омақаса құлап, ес жия алмай жатса, өзгелері   аттарымен әлгі орды  әрі - бері жағалап «Қалай қарғып кетті-ей, тура қос қанаты бар сияқты...»,-- деп таңданыстарын жасыра алмай жүрген болатын... Әлденбай мен торы қасқа бірін-бірі тілсіз ұғып, түсінісетін. Енді сол торы қасқадан қалайша айрылғысы келсін.

Құдалықтың соңы  бөтен арнаға бұрылып кетердей болып барып қайта қалпына келіп, тіпті бұрынғыдан да көңілденгендей болған құдалар бата жасасып, сыртқа шықты.

- Мырзаке, торы қасқаны биыл да тауға үйірге жібергенмін. Осыдан бір жеті бұрын етекке, бұрын аталарымыз қоныс еткен ескі қыстауға түскенін, жылқышылар желіге құлын байлағанын есіттім. Қашықтау жер. Қазір торыны алып келуге ұлым Дидарды жіберейін. Бірер сағат күтсеңіз, еліңізге мініп қайтасыз,-деді Үсен.

- Күтемін Үсеке, күтемін! Қанша уақыт болса да күтемін! Ауылға құдам торы қасқа тұлпарын мінгізді деп мақтанып қайтпаймын ба?- деп қуанышын жасыра алмаған Мырзабай желпініп, тершіген маңдай көлдей ақ ормалымен қайта-қайта сүрте берді.

- Қадірілі құдалар, құрметті ағайын!  Дидар торы қасқаны  қыстаудағы үйірінен алып келгенше көп уақытымыз бар. Оған дейін думанды қызығымыз одан әрі жалғаса береді, кәне әндетіңдер жігіттер!-- деді  тойдың, құдалықтың басы-қасында жүрген  таулы ауылдың жалғыз бетке ұстар тамадасы Қазыбек  бәрін ортаға шақырып.

Дидар торы қасқаға  арнап  соққан қора есігін ашып, ертұрманның жанында ілулі тұрған, арнайы тапсырыспен  таспамен өріліп, күміспен шегеленген жүгенін қолына алғанда  көңілі алабұртып, жанарына жас үйрілді. «Амал жоқ, енді торы қасқамен қоштасуыма тура келеді. Бүгін саған соңғы рет мінетін болармын!»-- деді өзімен өзі күбірлеп сөйлесіп.

Жылқышылардың  ескі қыстаудағы қорасы ауылдан  қашықта, таудың қуысындағы Тасбастауда болатын. Ол жүгенін алып, ауыздығын сылдыратып  есік алдына келгенде әкесі:

- Балам, қашықтау  жер ғой, шаршап қаларсың. Онсыз де екі-үш күн бойы тыным таппадың, қара қасқаны ерттеп мін, торыңды жетекке алып келерсің,-- деді.

- Қара қасқаны  ауыздығын шайнатып кісінетіп қайтемін,  жаяу барып, торыны жайдақ мініп келемін, жәке,--деді Дидар.

- Өзің біл балам, саған не дейін. Енді ұйғарым солай болды, екі жақтағы сыйластыққа сызат, көңілге кірбің түспесін деп құданың көңілін қалдыра алмадым. Балам, әкеңнің қиын жағдайда қалғанын түсініп, келісім бергеніңе  ризамын! Әлі сені бала ма деп жүрсем, есің кіріп, азамат болып қалған екенсің ғой құлыным!  Жеңгеңе айт, жылқышыларға дастарқан жасап тойдың тобықтайын беріп жіберсін, -- деді әкесі Дидарға.

- Бұл шешіміңіз дұрыс болды, қанша дегенмен туған құдаңыз емес пе, көңілін қалдырсаңыз, ертең екі жақтағы ел-жұрт не дейді!--деді Дидар.

- Айналайын, баласынан, бәрінен бұрын сенің түсінгенің дұрыс болды. Торы қасқаң құлын-тайынан саған үйірсек еді, енді амал жоқ!- деді Үсен  оңы мен солын танып қалған  ұлына ризалықпен.

Дидар  торы қасқаның жүгенін алып үйден шыққанда көлеңкеде жатқан Сырттан орнынан атып тұрып соңынан ілесті.

- Сен де қартайыңқырап қалыпсың Сырттаным! Торы қасқа досыңды әкелуге бара жатқанымды бірден білдің ғой ә?  Жүр,  кеттік, соңымнан ер,  ең өкініштісі, торы қасқа енді саған да жоқ, маған да жоқ, екеуміз де сағынатын болдық! – деді.

Дидар мен Сырттан таудың биігіне қарай жетелейтін талай белес пен сайды артқа қалдырып жоғары өрлеп жылқышылардың қосына да жетті. Жолай таудың тасты жарып шығып жатқан бірнеше мөлдір бұлағынан шөлін қандырды. Туған жердің әрбір тасына дейін бұған таныс әрі тым ыстық.  Көне қыстаудағы жылқышылар қосына жақындағанда бірнеше  ит арпылдап қарсы алғанымен, Сырттанға таяп келгенде  құйрықтары екі артқы аяғының ортасына қысып, қыңсылап кері шегінді. Иттерінің үргенін есітіп сыртқа  шыққан жылқышы Сапар  екі-үш жыл бойы көрмеген Дидарды бірден таныды.

 - Ау, Үсекеңнің қалаға лкен молда боламын деп оқуға кеткен баласы, демалысқа келіп қалғансың ба? Айдалада иттерді арпылдатып жүргеніңе жол болсын?  Жаңа ғана әупілдеп үрген біздің  үйдің иттері қайда кеткен? Әлде торы қасқаңды сағынған соң келдің бе? Біз бара алмадық, той қалай өтті. Қазыбек тамада болды ма?--деді.

- Иә,  әбден сағыныдым көке! Торы қасқаны біржола алып кетуге келдім. Той тамаша өтті, сіздерге тойдың тобықтайын ала келдім, ауыз тиіңіздер, --деп Дидар арқалған жол дорбасын алып Сапарға ұсынды.

- Торы қасқаңды алсаң, алып кетерсің,  алдымен үйге кір, шөлдеген боларсың, таңдайыңды жібітіа ал. Дастарқанымыздан дәм тат. Шөптің буыны қатта бастады ғой, қымыз нағыз бабында. Бізді ұмытпай тойдан сарқыт әкелгенің үшін рахмет!--деді.

Дидар Сапарға «жоқ» деп айта алмады. Бұйырған дәмнен аттап кетуге болмайды. Онсыз да алыста жүргенде киік оты иісі аңқыған таудың  сары қымызын  әбден аңсап жүрген. Ішке кіргенде дастарқан басында  бірнеше кісі әңгімені қыздырып отыр екен.

- Біздің ауылда бұрын уақ малға завферма болған Үсен көкемнің қалада оқитын баласы  Дидар ғой, торы қасқа айғырын алып кетуге келіпті. Өзі тай кезінен бас білдіріп үйреткен,  көкпарға баптаған аты ғой,--деді Сапар.

- Шынымен сен талай шабандоздың арманына айналған торы қасқаның  иесісің бе? Біз көрші ауданның жылқышылары боламыз. Сапекеңдермен жылда таудағы жайлауда бас қосамыз. Сәл көрмесек сағынысып көрісетін дос-бауыр болып кеттік. Бәріміздің үйірімізден биыл да, былтыр да екі-үш құлын-тай  итқұсқа жем болды. Сенің торы қасқаң үйіріне бірде-бір итқұсты жолатпады. Жылқыны шындығында Сапар емес, сенің торы қасқаң бақты. Сапекең қашан көрсең де шәниіп шәйласында ұйықтап жатты, -деді өзін Шынтаспын деп таныстырған жылқышы.

- Жайлауымыз бір болғандықтан мен сенің торыңа бір рет болса да мініп  желігімді басып көргім келді. Бірақ, жылқышымын, аттың сырын  жақсы білемін деп қанша әрекеттенгеніммен жанына жақындатпады жануар! Таяп барсам, құйрығын беріп жолатпай қояды.  Өзі жылқының төресі ғой, шіркін! – деді Шынтас.

-  Маған да сөйтті. Тіпті жалын да бөтен адамға ұстатпайды - ау! Артқы қос аяғымен теуіп жібере ме деп қорқып  мен де жанына бара алмадым,--деді екінші жылқышы.

- Иә, біздің торының мінезі бар екені рас,-- деп жылқышылардың сөзіне Дидар күлді де қойды.

-Аттың да, иттің де сыры иесіне ғана мәлім. Торының мінезін бір білсе, осы Дидар інім ғана біледі. Тай кезінден тәтті беріп өзі баққан,--деді Сапар.

-Солай де, енді білдік,--деді Шынтас.

Дидар жылқышылармен  аз ғана уақыт дастарқандас болып,  бірнеше кесе қымыз ішіп, асығыс екенін білдіріп, жылқышылармен бірге сыртқа шықты.

- Жылқының бәрі қора алдындағы алаңқайда, қоршау ішінде. Құрық алып, жабылып қаумаламасақ, сенің торың ешкімге ұстатпйды, -деді Сапар.

- Жоқ,  сіздер әуре болмаңыздар, мені торы қасқам да сағынып қалған болар, жалғыз өзім барайын,-- деді Дидар.

- Әуре болғаны несі, жабылмасақ ұстатпайды, мен торының мінезін білемін ғой,--деді Шынтас.

- Сіздер осында күте тұрыңыздар, мен өзім барайын, -деді Дидар қора алдындағы  бөренемен бекітілген қоршаудың  сым темірмен орап бекіткен есігін ашып. Ол жылқыларға жақындап барып ысқырғанда торы қасқаның құлағы елең етіп  Дидарға жалт бұрылып қарады.

 Өз иесін көрген торы қасқа оқыранып, сосын кісінеп қоя берді. Осы сәтте Дидарға бір ой келді. Ол Торы қасқаның жанынан бармай  тура құйрық тұсынан жақындай берді. Торы қасқаға бірер адым қалғанда шыдай алмаған Шынтас айқайлап жіберді.

- Әй, мына бала қайтеді! Аттың тура жамбас жағынан барғаны несі ей! Абайла, теуіп алып жүрмесін!

Дидар сол барған бетте торысының  жамбасынан, сосын жон арқасынан сыйпалады. Аты иесін танып  оқыранып қойып қиммылсыз тұр. Торысы осы сәтте кілт бұрылды да тағы да оқыранып  Дидардың омырауын құмарлана иіскеледі. Ол атының маңдайынан, екі құлағының түбінен қасылап, жалынан сипап басынан жүгенін салды. Сосын атынан қарғып мініп:

- Жүр енді, үйге қайтайық,  сені Сырттан да күтіп тұр. Ол да сағынып қалыпты,--деді атымен адамша сөйлесіп.

Қорадан шыққанда торы қасқаны Сырттан құйрығын бұлғаңдатып қарсы алды. Тіпті қатты қуанған болуы керек жерге бір-екі рет аунап алып, торы қасқаны тұмсығынан иіскеледі. Торы қасқа да  оқыранып, бір-бірімен табысқандай болды.

Осының бәрін сырттай көріп, Дидардың, торы қасқа мен Сырттанның әр қимылын бақылап тұрған жылқышылардың  бұл көрініске таңданғанынан ауыздары ашылды да қалды.

- Талай жылдан бері жылқы соңында жүрмін ғой, өз иесін, тіпті итіне дейін танып, соншалықты жақсы көретін жылқыны көрсем, көзім шықсын. -деді Шынтас.

- Көзің шықпай-ақ қойсын, бұл біздің Үсен ағамыздың атын көкпарда шығарған, адамнан да ақылды, әйгілі  торы қасқа емес пе,--деді Сапар.

Дидар ауылға торы қасқаны жайдақ мініп келгенше Мырзабай құда тыпыршып  әрі бері жүріп, бір орнында отыра алмады. Торыны ертеп, қолтығынан демеп мінгізгенде тіпті қатты қуанғаннан болса керек екі езуі екі құлағында ілініп тұрғандай болды.

- Ат сіздікі, ертұрман біздікі, қайтарып беріп жіберерсіз,  Мырзаке,-деді Үсен.

- Әрине, әрине, құдеке, құрметтеріңізге, сізге алғысым шексіз,--деді  қуанышын жасыра алмай қалбалақтаған Мырзабай.

- Мырзабай ат тізгінін бұрып, ауладан шыға бергенде торы қасқа ұзақ кісінеді. Тіпті ауылдан алыстаған сайын қайта-қайта тынбай кісінеумен болды, Сырттан торы қасқаның соңына еріңкіреп барды да кері бұрылып кәрі өріктің түбіне барып аспанға қарап ұзақ ұлыды. Сосын басын бауырына басып үнсіз жатып алды.

- Қап, қайран торы қасқам -ай, қор болдың ғой, қор болдың! Үсен көке, дұрыстап қарасаңызшы, бойы бір қарыс құдаңыздың жапырайып отырысының өзі торы қасқаның тұрқын бұзып жіберді ғой. Одан да тақымына тар келген қара қасқаны да емес, біздің үйдегі қара байталды бере салғанымызда дұрыс болар еді. Торы қасқаны құдаңызға мен ғана емес, анау өріктің түбінде жатқан итіңіз Сырттанның өзі де қимады ғой, қимады. Торы қасқаның мінезін білемін, құдаңыздың тақымы бостау болса, жарты жолда  тізгін бермей мертіктірмесе болғаны, --деді Әлденбай өкінішін баса алмай әрі күдігін де асыра алмай.

- Әлденбай, қой енді, сен де мазамызды ала бердің ғой,  торыны менен де жақсы көретініңді, ешкімге қимайтыныңды білемін, жан аман болса мал бітер, бауырым! – деді Үсен.

-  Бәрібір, сіздікі сәбсем дұрыс бомады. Дидар деймін, Дидар қайдасың!  Қара қасқаны ертте. Мен жирен айғырмен шығамын. Екеуміз таудағы жылқышыларға барып, қымыз ішіп, бірнеше күн қона жатып, шер тарқатып қайтайық! Қайран торы қасқа-ай!- деп Әлденбай өзінің тақымындағы атын біреу орта жолда тартып алып кетіп бара жатқандай ызаға булығып.

Дидар да, Үсеннің өзі  де осы сәтте торы қасқаны қимай іші оттай жанып, қиналғанымен ешкімге сыр білдіргісі келмеді.

- Әлденбай көке, мен жаң ғана жылқышыларға барып қайттым ғой,--деді Дидар.

- Жүр, кеттік, тағы да барасың, тойда қызмет көрсетіп әбден шаршадың, енді жақсылап демалуыңыз керек,--деді Әлденбай.

- Жылқышыларға барсаңдар барып қайтыңдар,-- деді Үсен.

Торы қасқаға мінген Мырзабай құда  ауыл шетіндегі белден асып, қарасын көрсетпей кеткенше құда күткен бар ағайын есік алдында әрі-бері жүргендей сыңай танытқанымен қайта-қайта жалтақтап  қыр жаққа қарап, торы қасқаны жанарларымен тым алысқа ұзатып салды.

Тұлпардың кісінеген даусы тым алыстан талып жеткенде өрік түбінде жатқан Сырттан орнынан атып тұрып, есік алдына  келіп шоқиып отырып, торы қасқаны мінген Мырзабай  көгілдір сағымға араласып, бұлдырап барып  бота өркеш сарғыш тарта бастаған белге сіңіп кеткенше қаққан қазықтай  қимылсыз ұзақ қарады. Сосын  кәрі өріктің түбіне қайта барып, басын екі алдыңғы аяғына қойып қимылсыз  жатты да қойды. Той мен құдалықтан қалған сүйек-саяқты алдына үйіп тастаса да бас бұрып та қарамады. Түн ортадан ауғанда торы қасқа сіңіп жоқ болған сары белге қарап тағы ұзақ ұлып үйдегілерді шырт ұйқыдан оятты. Келесі күні де нәр тартпай жатып алды. Бұдан соң ізім ғайым біржола қарасын көрсетпеді. Бүкіл ауыл өлдіге санағанымен, оның өлексесін көрген тірі пенде болмады. Торы қасқа сіңіп кеткен сары белден асып, оның соңынан кете барғанын ешкім де білген жоқ.  Ауылдас ағайындар арасында Сырттанның енді қайта оралмасын біліп, күдер үзгенде ғана «Жақсы ит өлгін көрсетпейді» деген рас екен, дегендей әңгімелер айтыла бастады.

Торы қасқамен қоштасқан күні  Әлденбаймен жылқышылар қосына қонып, тұнық түнгі аспанда тарыдай шашылып жымыңдаған жұлдыздардан көз алмай жатқан Дидар да  төсегінде дөңбекшіп ұйықтай алмай шықты. Осыдан бірнеше жыл бұрын көшеде асық атқан бала еді. Торы қасқаның тұяқ дүбірі, Төлегенінен айрылған Қыз Жібек апамыздың ақбоз атындай кісінеген азалы үні құлағына тым алыстан талып жеткендей. Кірпіктері айқаса қалса айдалада ма, әлде тау қойнауында ма,  санаса сан жетпейтін  аш қасқырлар қоршап алып айбат көрсетеді. Сырттанын, торы қасқасын көмекке шақырып қанша айқайласа да үні шықпайды. Осылайша өң мен түстің арасында бір беймаза, бұрын ешқашан сезініп көрмеген түсініксіз хал кешіп, қара терге шомылып жатып,  ұйқысынан  шошып оянып кетті.  Таң бозарып атып келеді екен. Тағы да келмеске кетіп, бұлдыраған сағым елеске  айналған өткен күндер көз алдынан тізбектеліп өте берді, өте берді...

 

                                                      * * *

...Балғын шақтарының бәрі де күні кешегідей көз алдында. Желтоқсанның алғашқы күндері еді. Тау басына  қар түссе де етектегі елге әлі жетпеген. Дидар үйдегі күндегі шаруасын тындырып болып, көшедегі балаларға қосылып ойын қызығына енді ғана бата бергенде:

«-Ди-дар, а Ди-дар, қайдасың!»- деген анасының дауысы көшеде асық аттқан балалармен ойын қызығына берілген Дидарға да жетті.

- Бар, мамаң шақырып жатыр. Қазір жетіп бармасаң айқайы жер жарып жүрер, - деді Мұрат өздерінің тобына енді ғана қосылған сыныптасын мазақтаған болып.

- Мен мұндамын,- деп жауап қатқан Дидар жерде жатқан сақасын алып қаз қатар тігілген асықтарды нысанаға алып атуға оңтайлана берді. Осы кезде мамасының даусы тағы есітілді.

- Ди-дар, а Ди-дар!

- Ау, қазір барамын,--деп  бұл жолы Дидар емес, оның анасына бір шетте тұрған Қанат дауыстап жауап қайтарды.

- Тез кел үйге, әкең іздеп жатыр,- деді анасы.

- Осы біздің мамамды –ай! Аз уақыт та асық та ойнатпайды, - деп Дидар сақасын тағы бір атып  алды да балаларға қарап:

- Жақсы, мен кеттім, өздерің ойнай беріңдер,  қазір келемін,-- деді.

- Бар, бар енді мамаңның сені қайта-қайта шақырып, даусы қарлығып жүрер,  тағы айқайлайды қара да тұр - деп Қуат сөзін аяқтағанша:

-Ди -дар! Бұ бала қайда жүр өзі, - деген анасының дауысы бұрынғыдан қаттырақ шықты.

Жақын маңда ойнап жүрген Дидар үйіне лезде жетіп барды. Анасы тапшанда кір жуып отыр. Ұлын шақырып, айқайлап қояды.

- Мама, неге шақырдыңыз? Міне келдім, не дейсіз? Сабағымды оқып, малдың астын тазалап, үйдегі шаруаның бәрін бітіріп қойғанмын. Аз уақыт ойнап келейін деп үйден шыққаным осы едім, - деді.

- Мен емес сені іздеген. Бар әкеңе, қора жақтан табасың. Торы қасқаңды ерттеп жатыр,-деді анасы.

Ерттегені несі? Сірә мені бір жаққа жұмсайтын болды ғой шамасы, әлде көрші ауылда көкпар бар ма?»,- деп ойлады Дидар. Ол қораға кіргенде әкесі торы қасқаның тартпасын тартып жатыр еді.

- Келдің бе? Жаңа ғана есік алдында жүр едің, таба алмай қалдық. Айтып кетсең болмай ма?- деді әкесі.

- Енді балалармен аз уақыт ойнауға да бомай ма? Үйден сыртқа шықсам болды шақырып аласыңдар!- деді Дидар.

- Ойын қайда қашар дейсің. Міне, торы қасқаңды ерттеп қойдым. Мін де нағашыңның ауылына барып қайт. Бір бұйымтайы бар еді,  сәлем айтып жіберіпті. Бүгін шұғыл жеткізуің керек. Соны бересің де қайта ораласың, ертеңгі сабағыңнан да қалмайсың. Күн қысқа, ауа райына сенім жоқ,  атыңды желдіртіп жылдам барып қайт,-- деді.

Дидар ойынды қимаса да  «рағашыңның ауылына барасың» деген  әкесінің сөзіне қуанып қалды. Неге екенін өзі де білмейді,  табиғаты керемет тау бауырындағы нағашысының ауылына үнемі барғысы келеді де тұрады. Жазғы демалысында көп күндерін үнемі сол ауылда өткізеді.

Дидар торы қасқаның шылбырын өзі шешіп, атты жетектеп, сыртқа шықты. Әкесі ілулі тұрған атдорбаны алып оның ішіне шүберекке ораулы бір зат салды да ердің басына ілді.

- Мынаны нағашыңа бересің. Мен атыңды ұстай тұрайын, сен үйге барып қалыңдау киін. Аяғыңа шұлғау орап етігіңді, басыңа құлақшыныңды киіп ал. Қыстың басы ғой, ауа райы күрт құбыла салуы да мүмкін. Тауға қар түсті, ендігі жауғаны бізге де жетеді,-- деді әкесі.

Дидар лезде қалың киімін киіп сыртқа шықты. Онсыз да соңғы күндері қыс ызғары көбірек сезіле бастаған.

- Міне, мұның енді жөн болды балам. Ал жолың болсын, жылдамырақ жүрерсің, тіпті торы қасқаның тізгінін бос жіберіп желменен жарысып та аларсың. Нағашыңа сәлем айт!--деді әкесі.

- Иә,   айтамын, --деп торының тізгінін ұстаған Дидар үзеңгіге аяқ салды да, атына лып етіп қарғып мінді.

Торы қасқаға тақымы тиісімен Дидардың көңіліне жел бітіп,  көңілі көтеріліп сала беретіні бар. 

Ол кезде мектептің бастауышында оқитын. Қыр беткейлердің бәрі жасыл желек жамылып, сан алуан гүлге оранған мамыр айында нағашысының ауылына барған. Нағашысының есік пен төрдей дәу көк биесі бар еді. Сол мама бие торы қасқа құлын туыпты. Өзі сүп-сүйкімді. Мойнына күміс қоңырау тағып қойыпты. Құйрығын шаншып алып бау ішінде әр-бері ойнақтап шапқылап жүр. Дидар әлгі құлынға қатты қызықты. Оның жанында көк биенің былтырғы  құлыны торы тай көк шөпті бырт-бырт үзіп жайылып  жүр. Екеуі де торы болғанымен торы тайдың маңдайындағы қасқасы алақанындай  үлкен екен. Ал биылғы құлының маңдайында тиындай ғана қасқасы бар. Әлгі құлыннан көз алмай қызыға қарап тұрғанда жанына нағашысының Дидардан бір жас үлкендігі бар ұлы Шыңғыс келді.

- Менің тайымды көрдің бе, өсіп қалды. Атын кинодағыдай Буян қойдым. Қыста мініп, бас білдірдім. Сен өзің Буян деген атты киноны көрдің бе? Ол шапқанда тіпті пойызға да жетіп алады. Менің Буяным да нағыз тұлпар болады,-деді Шыңғыс.

Дидар Шыңғыстың бұл сөзін есітіп Буяннан,  қоңырауын сыңғырлап шапқылап жүрген торы құлыннан көзін ала алмады. Сосын есік алдында күрек, кетпен саптап отырған нағашысына келді де:

- Нағашы, Буян Шыңғыстікі болса, онда  көк биенің биылғы торы құлыны менікі. Торы құлын тай болғанда маған бересіз!- деді.

Нағашысы өзі жанындай жақсы көретін, еркелететін жиенінен мұндай өтінішті күтпеген еді. Жиеннің көңілін қалдыруға әсте болмайды, қалағанын беру  керек. Бұл қазақтың бұрыннан, атам заманнан қалыптасқан ата салты.

- Дидаржан, торы құлынды ұнатып қалдың ба. Айтқаның болсын, айналайын, құлын сенікі. Бірақ қазір емес, сенің құлының енесін  жаз бойы еміп, үлкейіп анау Шыңғыстың Буянындай тай болғанда саған өзім алып барып беремін.  Бірақ бұл  екеуміздің арамыздағы құпияны ешкімге, тіпті жездем мен әпкеме де айтпайсың, келістік пе?--деді.

- Келістік, нағашы, жәкем мен апама да айтпаймын!--деп Дидар қуанғанынан нағашысының мойнына асыла кетті.

- Менің жиенімнің бір қуанғаныңның өзі маған неге тұрады, айналайын! Басқа ешкімге емес, өзіме ғана тартқан, бәрінен ақылды,-- деп нағашысы Дидардың шашынан құшарлана иіскеп, маңдайынан сүйді.

Осы  нағашы мен жиен арасындағы келісімнен соң арада бір жылдан астам уақыт өтсе де Дидар торы құлынды бір сәт те естен шығармаған. Қыс ызғары сезіле бастаған қараша айының соңы болатын. Ымырт үйіріліп, малын жайғап, ел орынға отыра бастағанда  үйіне Көк биесін мініп, соңына торы қасқа тайын ерткен  нағашысы келді. Торы қаса тайдың мойнындағы құлын кезінде таққан күміс қоңырауын да алмапты. Дидар қуанып  нағашысының алдынан жүгіріп шықты.

- Міне, торы құлының тай болып қалды. Осы қыста бас білдіріп, үйретіп, міне беруіңе де болады. Өзі тәттіні, қантты жақсы көреді.Уәдемде тұрып саған алып келдім. Енді өзің күтіп, бабына келтіріп бағасын. Егер жылқы танысам, сенің торы тайың нағыз тұлпардың өзі болады. Әкеңнің жүйрік торысының тұқымы ғой, --деді нағашысы көк биенің шылбырын Дидардың қолына ұстатып:

Нағашысы сол күні қона жатып кетті. Кешілік дастарқан басында отырғанда әңгіме үстінде:

- Биыл  тауда итқұс көбейіп мазамызды алып бітті. Ұлы жұртта жайылымда жүрген бірнеше  құлын-тай қасқырға жем болды. Дидарымның алдында  ұятты болып қалмайын, қалауын орындайын, торы тайын аманында өз иесіне тапсырайын деп келдім, - деді нағашысы.

- Жиенің екеуің бізге айтпай бар мәселені шешіп жүр екенсіңдер де, торы тайың жүйрік болсын балам,-- деді Үсен.

- Мен білсем, нағыз тұлпардың өзі болады,--деді Дидар қуанышын жасыра алмай.

Сол түні әкесі мен нағашысы өткен – кеткенді айтып, ұзақ әңгімелесті. Олардың әңгімесін елтіп тыңдап отырып қалғып кеткен Дидар таңертең  торы қасқа тайдың кісінеген даусынан оянғанда нағашысы жолға шығып кеткен еді.

Сол торы тайы  Дидардың соңынан бір елі қалмай еріп жүретін болды. Өзі бас білдірді.Торы тай құнан шыққанда әкесі  таудағы шопандардан көзін енді ған ашқан сап-сары күшік әкеліп берді. Дидар оның атын Сырттан деп қойды. Әкесінің айтуынша Сырттаның енесі тайыншадай сары төбет екен. Сырттан Дидар мен торы қасқаның жанынан шықпай үнемі еріп жүретін. Түнде торы қасқаны  күзеткендей жанына жақын барып жататын. Сырттан көзінен таса болса торы қасқа қайта-айта кісінеп, шылбырын үзердей жұлқынатын. Оның кісінеген даусын естіген Сырттан құйрығын бұлғаңдатып жанына жетіп келетін.

Нағашысы айтқандай  Дидардың торы қасқасы дөненінде-ақ көкпарда дода бұзып, аты алысқа тарады. Күзде жоңышқаның соңғы орымы көрпеге байлап, жемдеп өзін әбден семіртті. Сосын терісін алып, жіптіктей болып әбден бабына келгенше өзі баптады.

Бір таңқаларлығы, торы тай құнан шыққанда-ақ неше түрлі қылық шығарған. Егер мықтылап байламаса шылбырын тістелеп шешіп, арқандағанда қазығын тісімен тартып  суырып алып, босанған соң сыртқа қашпай  арқанын сүйретіп есік алдына егіліп, сарғайып пісе бастаған қауынды құмарлана жейтін. Сондықтан Дидар атын арқандағанда екі қазық пайдаланатын. Бірін көрсетіп, екіншісін жерге сіңіре қағып, жасырып қоятын. Торы қасқа арқандалғанда көрініп тұрған темір қазықты тісімен тартып жұлғанымен неліктен босанып кете алмағанын  түсінбей,  екінші қазықтың барын білмей, «мұнысы қалай?» дегендей  қайта айналып келіп жерде жатқан қазығына таңдана қарап тұратын...

...Дидар ауылдан ұзасымен торысын өрге қарай салды.  Нағашысының ауылына барар бірнеше жол бар. Жалғыз аяқ төте сүрлеумен асар асудың жолы қысқа болғанмен өте қауіпті еді. Ауылдан бірнеше шақырым ұзаған соң ғана соңынан еріп келе жатқан итін көрді. Дидар торының тізгінін тартып: «Сырттан, қайт үйге, қайт!» - деп дауыс көтеріп ауылға қарай қуалап көрген еді,  иті  кері қайтқандай болғанымен, алысырақта шоқиып отырып алып соңынан қайта қуып жетіп алды.

- Мейлі, қалмасаң, қалма, торы қасқадан бір елі ажырағың келмейтінін білемін. Жолда қойшылардың қыстауында қора күзеткен  көп иттерге талансаң, менен көрме,--деді Дидар Сыртаны  бұл ескертпесін түсінердей.

Дидардың күшігі өскенде өзі күткеніндей аса ірі болмады. Жүні тазы тұқымдас иттер сияқты тып-тықыр болып өсті. Бір таңқаларлығы, Сырттанын асырағалы көше кезіп, аула аралап тіміскеленіп жүретін ауыл иттерінің бірі де Дидардың үйінің маңына жолауды қойған. Үнемі есік алдында бос жүретін Сырттан үйіге келген ауыл адамдарына да арпылдап үре бермейтін. Бірде өзімен бірге оқитын Қуат ауыл баларымен бірге салбыраған екі ұртын, арандай ашылатын аузын көргендне  адамның зәресі ұшатын дәу қара төбетін жетектеп  келіп:

- Дидар, біздің Алабай ауылдың барлық итін жеңді. Таластырмаған сенің Сырттаның ғана қалды. Сыртқа алып шық, таластырайық,-деді.

- Менің итім ұясына енді ғана жетті, әлі жас  сенің дәп дәу Алабайыңмен қалай таластырамын,- деді оған.

- Ой, қорқақ! Мұның өзі де қорқақ, иті де қорқақ!- деп Ахмет бірден намысына тиді.

- Не, сонша, итіңді  Алабай жеп қояды дейсің бе, алып шықсашы. Таластырмаған жалғыз сенің итің ғана қалды. Оны жеңсе, Қуаттың иті ауылдың чемпионы болады,- деді Мұрат.

- Менің итіммен таласпай-ақ  Алабай төбетің чемпион болса бола берсін,- деді Дидар.

- Айтым ғой сендерге Дидарға барып әуре болмай-ақ қойыңдар, оның  жүні тазы сияқты  тап-тақыр, түлкі де ала алмайтын иті таласып жетістірмейді,- деп Ахмет Дидардың намысын қайрай түсті.

- Жүріңдер кеттік! Тіпті үйіне келген адамға үруді де білмейтін жаман итіне жаны ашып жатқаны да, - деп Қуат тайыншадай төбетін жетектеп бұрыла берді.

 Балалардың көгендегі қозыдай жамырап айтқан сөздеріне әрең шыдап тұрған Дидар Сырттанын балалар менсінбегенсіп, тіпті жаман итке теңей салғанына  қатты ызаланды. «Итің ұры» десе  намыстана салатын, анау-мынауға  қитығына тигенше бірден қыза қоймайтын қазақтың қаны оның  тұла бойынан да ойнап шыға келді:

- Тоқтаңдар!- деп айқайлады ызаға булығып.. Балалардың бәрі жалт бұрылып, Дидарға таңдана қарады.

- Тоқтаңдар, осылай тұрыңдар! Мен Сырттанымды қазір шақырамын,-деді де бар дауысымен «Сырттан, Сырттан!» - деп айқайлады. Өріктің көлеңкесінде, торы қасқаның жанында басын алдыңғы екі аяғына қойып алаңсыз жатқан Сырттан Дидардың даусын есітісімен  «не болып қалды сонша, тыныштық па?» дегендей  ақырдағы көкпеңбек жоңышқаны бырт-бырт шайнаған торы қасқаға бір қарап қойып, жылы орнынан еріне тұрды.  Қысқа құйрығын бұлғаңдатып дауыс шыққан жаққа таңданыспен қарады. Осы сәтте өзін шақырған иесінің даусы тағы есітіп есікке қарай  еріне басып қақпа алдына жақындады.

Қуаттың жетегінде тұрған Алабайы  Сырттанның өзіне жақындағанын сезген болуы керек айбатанып, зор даусымен үре бастады. Алабайдың өз есігі алдында арпылдағанын есіткен Сырттан басын қайқаң еткізіп көтеріп алды.  Бар назары қақпа жақта. Тышқан аулаған мысықтай жайлап басып қақпаға қарай жақындай түсті. Сосын «Есікті  кеңірек аш, неге қарап тұрсың!» дегендей Дидарға қарады. Бұл көрініске Дидар қайран қалды. Итінің екі көзі бейне бір от шашып тұрғандай.

Дидар қақпаның есігін адамның басы сиярлықтай етіп ашты да Қуатқа:

- Итіңді шынжырынан босат, мен қазір Сырттанды  сыртқа шығарамын,-деді. Қуаттың күткені де осы еді қара төбеттің  қарғы бауын сыпырып алып қоя берді. Дидар да қақпаны айқара ашты. Сырттан сыртқа атып шықты да бір орнында қозғалмай қалшыйып тұра қалды. Қарсы алдынан өзінен анағұрлым үлкен қара төбет шыға келгенін көргенде желкесі күжірейіп айбат таныта ырылдады. Осы сәтте тіпті адам таңқаларлықтай ешкім күтпеген көрініс болды. Сырттанды көрісімен қара төбет қорықанынан құйрығын екі бұтына қысып алып тұра қашты. «Алабай! Алабай!»- деп айқайлаған иесі Қуатқа да қарамай зытып бара жатты. Сырттан болса оның соңынан бір-екі рет үрді де бұрылып ішке кіріп кетті де өріктің түбіндегі өз орнына барып қайта жатты.

- Қуат, а Қуат! Мақтаған чемпион итің осы ма? Біздің Сырттанды көргеннен зәресі зәр түбіне кетіп тұра қашқаны қалай,- деді Дидар.

- Иә, саған! Сенің итіңді  аяды ғой, әйтпесе бір асап  жеп қоятын еді,- деді Қуат.

- Қойшы-ей, шынымен бе, чемпионсымақ итің өзің сияқты сужүрек екен ғой?- деп күлді Дидар. Балардың бәрі ештеңеге түсінбей бір біріне таңдана қарады.

Итінің Сыртанны айбатынан-ақ қаймығып тұра қашқанына намыстанған Қуаттың жүзі қымызға тойған қариялардай нарттай қызарып, қолындағы шынжырын  сыңғырлатып топырақ жолмен сүйретіп, бар баланы соңынан балапандай ертіп, Алабайдың өзінен бойы тіпті аласа Сырттаннан неліктен қорқып аша жөнелгенін түсінбей  үйіне қарай бара ашуға булығып бара жатты. Бұдан кейін балалар арасында бұл оқиға бірер күн айтылып жүрді де кейіннен ұмытылып кетті.

Астымда торы қасқа, соңымнан ерген Сырттан. Бір кемісі, асынған мылтығым мен қолымда бүркітім жоқ . Осы екеуі болса, нағыз саятшының өзі болар едім, деп ойлады Дидар. Тііп-тік беткейді қиялай өрлеп Дегерездің биігіне шыққанда Торы қасқаның табаны жұқалап жауған ақ қарға тиді.Дидар қыс ызғарын кәдімгідей сезінді. Бірнеше шақырым жалғыз аяқ сүрлеуді артқа тастап  Көк белдің асуынан асып, торысын ылдилата төмен салды. Ескі жұрттағы моланың жанынан өткенде тұла бойын мұз қарып өткендей аздап үрей биледі. Енді алдынан ұзынан ұзын созылған терең сай ұшырасты. Сол терең сай жигін қуалай жағалап жүріп отырды. Көп ұзамай алдынан шопан қыстауы да көрінді.  Жамыраған қойға  бір малшы айырмен  шөп шашып жүр. Екіншісі  бөлектенген оншақты саулықты қайтарумен әлек.  Төңіректің бәрін алыстан шолып келе жатқан Дидар сай жағалаған сүрлеумен қыстау тұсына жақындай бергенде қора маңында жүрген бес-алты төбет арпылдай үріп алдынан шыға келді. Сол сәтте ғана Дидардың есіне соңынан еріп келе жатқан Сырттаны түсті. Сырттан арпылдай үрген көп итке тоқтаңқырап бір қарады да қашқақтап аттың панасына тығылмай жүрісін жылдамдатып Торы қасқаның алдына түсті.

Салт ат мініп, соңына  ит ерткен қарашадай бала аспаннан  топ етіп түсе қалғандай екі шопан да бар шаруасын доғарып «Бұлар қайдан шыға келді?»  дегендей таңдана қарады.

Шопаның бар иті  салт атты балаға жарыса үріп жақындап қалды.  Дидарға: «Қап, үйге бекер тастап кетпеген екенмін. Көп төбет жабылып итімді талап тастайтын болды. Қалай көмектессем екен», - деген ой ғана келді. Ол осы мазалаған қорқынышты ойдан арылып үлгіргенше бір-бірімен жарыса алға ұмтылған тайыншадай ірі төбеттер жақындап қалды. Ең алдында Қуаттың қара төбетінен де ірірек  сары ала ит бар  жылдамдығымен зулап келеді. Дидар Торы қасқаның тізгінін амал жоқ  тартты. Сырттан желкесін күжірейтіп  айбаттанып, төрт тағандап тұра қалды. Енді не болар екен? Сары ала төбет құйындай ұшқан күйі  келіп Сырттанға ауыз сала бергенде көз ілеспес жылдамдықпен кілт бұрылып әлгінің желкесінен ауыз салды да кілемдегі белдесіп, қарсыласын шыбын құрлы көрмеген мықты палуандай шыбын әлгі төбетті сай табанына қарай лақтырды. Етектен дәу сары ала төбеттің қаңқылдаған жан даусы шықты. Онымен ілесе келген тағы  дәу қара төбетке оқтай атылып алқымынан алды да бір –екі жұлқылап алып оны де жерге алып ұрды. Қаңқ еткен жан даусы шыққан әлгі ит орнына сүйретіле көтерілді. Екі итің соңына ере шапқылаған үшінші итке Сырттан қарсы ұмтылды. Ол байғұс еңістен ойға қарай жүгіргендіктен бе, екпінімен өзін - өзі тоқта алмай қалды. Алдыңғы екі итпен салыстырғанда кішілеу болғанымен Сырттаннан  ірірек еді. Үшінші иттің де алқымынан алып,  шалт қимылмен оны да сай табанына қарай лақтырды. Бұл кезде дәу сары ала төбет қыңсылап сай табанынан шығып келе жатқан. Алдымен жүгірген үш иттің мынадай жағдайға ұшырағанын көрген қалған иттер  арпылдай үріп орнынан қозғалмай кілт тоқтап тұрды да қалды. Талауға келіп таланып қалған үш ит  Сырттанға қыңсылап қарап қойып, ілби басып қора жақты бетке алды. Осылайша бұл шайқас бірнеше минутқа ғана созылып, Сырттанның үстемдігімен бітті.

Дидар  Сыртанының батылдығына сүйсініп торысымен желіп отырып отарына шөп шашқан шопанға жақындай берді. Сырттаны тіпті ештеңе болмағандай басын тік көтеріп торы қасқамен қатарласа жүріп келеді.  Таланған иттер  Сырттанға қайта жақындауға жүрексініп алыстан әупілдеп үріп тұр.Дидар тап қазір көз алдында болған оқыс оқиға елесінен арыла алар емес.

- Әй балам, жол болсын!- деген дауысты естігенде ғана  селк етіп ұйқысынан оянғандай  жалт бұрылып қарады.. Айырын иығына салған шопанның сирек біткен шоқша сақалына ақ кіре бастапты. Бұрындары  бір көрген жүзі танысы жан сияқты.

- Ассалауағалейкім -деді Дидар.

- Әліксалам!

- Жол болсын бала!-деді.

- Нағашымның аулына бара жатыр едім,-деді Дидар.

- Нағашымның аулына дейсің бе? Нағашымның де! Е, е, мені қара басып танымай қалыппын. Тақымыңдағы беларжағындағы Үсекеңнің торысы ғой. Сен қателеспесем, Үсен жездемнің баласы боларсың?-деді.

- Иә, қателеспедіңіз,--деді Дидар.

- Олай болса қарағым, маған да бөтен емес,  жиен екенсің. Тұрдықұл деген нағашың боламын. Үйлеріңде болып, әпкемнің талай рет шәйін ішіп, қазысы мен қартасын жегенмін. Ал жиен, мына сенің иттің  нағыз иттің сырттаны екен. Біздің төбеттерді қарабасып өз сырттанын танымай таланып  қалды. Өздеріне де сол керек, – деді әлгі шопан.

- Иттің сырттаны дедіңіз бе, менің итімнің аты да Сырттан,- деді Дидар.

Дидар Сырттанын ес білгеннен қой соңында жүрген ауданның айтулы шопаны Тұрдықұлдың «иттің  нағыз иттің сыртаны екен» дегенін онша түсініңкіремегенімен, итінің атына мақтау естігенінен соң көңілі әжептеуір көтеріліп қалды. Бұдан соң да бірнеше шопан қыстауын артқа тастады. Бір таңқаларлығы, әлгі қыстаулардан қарсы алдынан үріп шыққан иттердің бәрі де жақындап келгенімен Сырттанға бата алмай. Үріп-үріп қойып кері қайтып кетті.

Дидар ойлы-қырлы жолмен бірнеше шақырымды артқа тастап нағашысының ауылына да жетті. Торы қасқасын қаңтарып, тамақтанып болған соң өзіне таныс ауыл баларымен асық ойнады. Ойының қызығына беріліп кеткені соншалықты жанына келген нағашысын да аңғармай қалды.

- Дидар, бүгін қайтасың ба, әлде қонып кетесің бе?- деді нағашысы.

- Қайтамын, ертең сабақ қой. Әкем де аялдамай үйге қайт деген,-деді.

- «Жолаушыны жолдан қалдырма» деген бұрынғылар.Қайтатын болсаң  жинал да, жолға шық. Ауа райы  бұзылайын деп тұр. Күн ұясына қонбай ауылыңа жетіп ал,-- деді қарауыта бастаған тау жаққа қарап қойып.

Дидар  бір ауыз сөзге келмей ойынын қойып, есік алдындағы жуан талда қаңтарулы тұрған Торы қасқаның өзі босатыңқырап қойған тартпасын қайта тартып, шылбырын шеше бастады. Үйге кіріп кеткен нағашысы су жаңа кілем қоржынын алып шығып, торы қасқға ертұрманына салғанда жараса қалды.

- Мынаны  әпкеме ала бар,- деп жеңгесі қоржынның екі жағына матаға оралған бірер заттар салды.

 Дидар үзеңгіге аяқ салып, атына қарғып мінгенде тірсегі қоржынға тиді. Ішіндегі не зат екенін білмеді, бірақ қатылау  сияқты. Бұл не? - деп те сұрамады. Дидар атының тізгінін бұрып:

- Сау болыңыз, нағашы, мені үйдегілер күтіп қалар,-деді.

- Жолың болсын. Атыңды желдіріп тезірек жүр. Кеш батпай асудан асып ал,-деді нағашысы.

Дидар нағашысымен қоштасқанда  торының жанында жатқан Сырттаны да орнынынан тұрып соңынан ілесті.

Бейне бір Дидардың нағашысының ауылынан ұзағанын күткендей  екі  қыр асқаннан кейін екілене жел соғып, сіркіреп жаңбыр жауа бастады. Бірер минуттан соң жаңбыр соңы қарға ұласты. Аз ғана уақыт ішінде дүние алай-дүлей  аласапыран болды да кетті. Төңіректің бәрін ақ ұлпаға орап алды. Аспан мен Жер бір-біріне қосылып,бар әлем бейне бір аппақ дүнигеге айналып кеткендей. Дидарға тіпті жүрер жолын көруді айтасыз, тіпті қайда бара жатқанын болжаудан да қалды. Кері, нағашысының ауылына оралсм ба екен деген ой келгенімен, біраз жолды артқа тастап қойған сияқты. Сондықтан орта жолдан қайтуды жөн көрмеді. Ендігі бар үміті  торы қасқада ғана қалды. Атының тізгінін еркіне, бос жіберді.  Соңына ерген Сырттаны тіпті кейде торының алдына түсіп озыңқырап кетеді.

Торы қасқа терең сайға түсіп, жоғары қарай өрлегенде бір қырдың астындағы құрағы қалың өсетін  сазды ойпаңда күндіз жайылымға бос жібергенде, ауылдан алысырақ ұзап кетіп,  қалыңның арасында жатып қалып, мал соңында қалып қойған семіз ала тайыншаны Көкжалдың үйірі ортаға алып жәукемдеп, тұмсықтарын қызыл қанға малып жатты.

Көкжалдың үйірінің Көк белдің терең сайындағы ит тұмсығы батпайтын қалың қамыстың арасында бірнеше апаны бар. Көктемде мал таудағы өріске шыққанда соңынан еріп  үйірімен қоныс аударады. Таудан мал қайтып, ашыға бастағанда желтоқсанға  жетпей-ақ  өзектері талып осы қалың қамыс арасындағы апандарына қайта оралады.

Жақын маңдағы шопандардың отарын торауылдай бермейтін Көкжалдың үйірін Тұрдықұл да жақсы біледі. Біренеше жылдан бері апандары оның қыстауына жақын болса да өрісте жүрген бір малын шығын етпеген. Кәнігі көкжал өзек қамынан бұрын, өз үйірінің тыныштығын ойласа керек. Күн ұясына қонысымен қырдың арғы қапталындағы шопандар қыстауы мен ауыл маңын торауылдайды. Көкжалды жыл сайын қыстауға қайта көшіп келгенде  алыстан, алыстан, болғанда оқ жетпейтін жерден жиі көреді.Ол  үнемі жалғыз жүретін. Ұяластарын соңынан  шұбыртып ерте бермейтін Көкжалға мына бұйрат қырлар мен бота өркеш белдердің, сай мен жыралардың бәрі де, тіпті әр шеттігі мен бұтасы, доланасына дейін көзін ашқаннан  бері жақсы таныс. Көк белдің терең сайындағы қалың қамыс арасындағы адамның аяғы баспас жар қуысындағы апанда дүниеге келгенде мұрнына ең алдымен қидың исі келген. Жақын маңдағы шопан қыстауларын апанынан ұзаңқырап шығып  ауыздана бастағаннан бастап көрген. Ұялас бөрілерге  желтоқсанның  алғашқы боранды күні олжа әкелді. Ала тайынша Көкжал бастаған бір үйір ұялас бөрінің жұмырына жұқ болмағандай. Жаз бойы қалыңды паналап, түнде жортқан таудың адам аяғы баспас жықпылы көп қуысынан оралып, етектектегі апандарына жеткелі бері қызылға тұмсығы тимей әбден ашыққан тау тағыларының өзектеріне әпсәтте әл кіріп, әжептеуір әлденіп алды. Ашыққан қарын тойынып, еріне басып апандарын бетке алған. Мына ұйытқи соққан азынаған боранда ешқандай  қауіп-қатер төнбесін білгендіктен бір бірін қүйрық тістесе қуалап, ақ қарға аунап, асыр салып  терең сайды жағалап ойнап келеді.

Торы қасқа сайдан өрлеп қырға шықты. Енді Дидардың алдынан ой да қыр да кездеспеді. Ұйтқи соққан бораннан қай маңда келе жатқанын тіпті байқай алар емес. Ауылына барар жолда ұшырасатын терең сайдың екі қапталында да сүрлеу бар еді. Жолаушылар сайды жағалай қоныстанған, арасы бір-екі шақырымдай қашықтықта қатарласа салынған шопан қыстауларына соқпай кете алмайтын. Нағашысының үйіне өзі талай мәрте келгенде сол жолмен жүретін. Шамалауынша  шопан қыстауларының маңынан әлі ұзамаған сияқты. Бірақ, қыстауды күзеткен бір иттің үріп дыбыс бермегені қалай? Бәрі мына қасқырдай шулап ұлыған боранда пана іздеп, қуыс- қуысқа тығылып  алып жатыр ма екен?- деген ой келді Дидарға.

Ұйтқи екілене соққан боран басылар емес. Мына ақтүтек дүниеде қайта кетіп барады. Ол жағы балаға тіпті белгісіз. Бары үміті торы қасқасы мен жанынан қалмай қатарласа еріп, бір адым артта қалмаған Сырттанында ғана. Санасын неше түрлі қорқынышты ойлар торлап, ертегі кейіперлері мыстаннан бастап тіпті жын, сайтан перілерге дейін  көз алдына елестеген  Дидардың тұла бойын қорқыныш билегенде өзінің тоңа бастағанын да аңғара қойған жоқ. Ат тізгінін бос жіберіп, қалың пальтосының қалтасына салған қолын шығармай,  ер үстінде қаққан қазықтай тіп-тік отыр. Мына аласапыран аппақ дүние шегі бітпейтін қиырға жетелеп бара жатқандай көрінді. Күн ұясына қонар мезгіл жақындап қалған да болар. Қолына сағатын тағып шықпағандықтан, мезгілдің қай уақыт болғанынан да мүлдем бейхабар.

Тау табиғатының мінезі де қызық. Бөрідей ұлып, ұйтқи соққан боранды бұрқасыны әбден сілесі қатқанша жылап жатып, қалжырап барып анасының ақ мамасына ерні тиген соң  солқылдата  еміп, маңдайынан шып-шып тер шыққан соң ғана балбырап ұйқыға кеткен бөбектей бірден тынши қалып, төңіректе мүлгіген тыныштық орнады. Дидар жан-жағына байыптап назар аударды. Аспан әлемінде түтілген қойдың жүнін шашып жібергендей қара қошқыл бұлттар дүрмегі үздік-создық үдере көшіп барады. Батыс жақты шоқтай қызыл нұрға бояп алып күміс Күн де ұясына қонуға жақындап қалыпты. Атшаптырымдай алыстан Көк белдің асуы да менмұндалап көрінгенде көкте көшіп ыдыраған бұлттай баланың бойындағы бар қорқыныш бірден сейіліп сала берді. Кенет торы қасқа қос құлағын бірден  қайшылап елең етті де оң жамбасына қарай жалт бұрылып қарады да, кілт тоқтай қалды. Ат үстінде тізгінді бос жіберіп алаңсыз отырған Дидар ер үстінен ауып құлап түсуге шақ қалып,  торының жалына етпеттей жармасып, тізгінге қол созды. Сырттаны желкесі күжірейіп сай жақтан көз алмай қарап тұр. Торы қасқа да қос құлағын елеңдете үркіп мойнын тағы да үзеңгілік жаққа бұрды. Дидар жалт бұрылып қарады да, денесін ток соққандай арқабасы шымырлап қоя берді. Тіпті санап, санына жетіп үлгіре алмады. Өзінен оншақты метр ғана  қашық жерде бір үйір қасқыр бір-бірін қуалай  құйрық тістесіп,  ақ көбік қарға аунап асыр салып жүр. Бұл Көкжалдың үйірі еді. Ол әлгінде ғана ала тайыншаны жәукемдеп алып ақ мамықта ойнақ салған үйіріне қыр үстінде салқын қандылықпен шоқиып қарап отыр. Жанында өзімен бойы шамалас құртқасы бар. Үйірімен сай табанындағы қалың қамысты қуалай өрлеп өз апандарына жақындағанда, батыстан ескен самал лебінен тағы бір жемтіктің иісін сезіп қияны өрлей шыға келгенде ит ерткен салт атты балаға жолықты. Әбден ашыққанда өзегі талып қан иісін сезгенде көздері қарауытып тіпті ештеңеден қаймықпайтын дала тағылары тоқ болса да тағы бір олжаға жолыққанда бөріге ғана тән тойымсыз құлқынның айтағына еріп, көздері жел үрлеген шоқтай жайнады. Асыр салған ойындарын бірден доғарып жайлап басып ит ерткен аттылы балаға жақындай түсті. Енді не істесеңдер де өз еріктеріңде, дегендей  биікте шоқиып, бәрін сырттай бақылаған Көкжалдың отты көзі желкесі күжірейген Сырттанға түскенде тұла бойы шымырлап орнынан  еріксіз тұрып, алға қарай жүргенін өзі де сезбей қалды. Шопандардың сыртынан абалап үрген көп итінен тіпті қаймығуды білмейтін Көкжал  ат құйрығына тығылмай айбат таныттқан Сырттанды көргенде жүрегі аласұрып, бойын бұрын соңды өзі сезбеген бір ыза ма, әлде кек пе, қорқыныш па, бір белгісіз сыйқырлы сезім билеген. Сонда да Көкжал көкжалдығына басып, сабыр сақтап, әліптің артын бақты. Құртқа да бір нәрседен секем алғандай қыңсылап  тынып таппай Көкжалды бірнеше рет шыр айналды да  алға қарай жүріңкіреп барып, жанына қайта келіп шоқиып отырып ұяластарына, сосын ит ерткен салт атты балаға ашкөздікпен тесіле қарады.

Ұяластарының әрбір қимылын қалт жібермей  бақылап, қаққан қазықтай қимылсыз тұрған Көкжал  бұдан әрі шыдамдылық таныта алмады. Орнынан жайымен қозғалып ұяластарынан қаймықпаған  Сырттан мен атты балаға таяп келгенде торы қасқаны бірден таныды. Өткен жазда Ұлы жұрт жайлауында торы қасқаның үйірін бірнеше рет торауылдаған. Әдетте  Көкжал  жалғыз жарым жүрген жылқыға немесе жылқы үйіріне шабарда өзі бастайтын, кейде әккі қасқырлардың бірін алдына салады. Құйрығын бұлғаңдатып, жерге әрі-бері аунап ит сияқты ойнаған болып жылқыға жақындайды. Жылқы  бөріні иттен айыра алмай иіскелеп білгісі келіп жақындай бергенде арандай аузын ашып шапшаң жылдамдықпен бас салып, тұмсығына кенедей жабысады. Жылқының тұмсығына бөрінің өткір пышақтай тісі батып, тынысы тарылып  шегіншектеген сәтте азуын босатып қоя берді. Төрт аяғын бірдей тіктей алмаған жануар тартынған екпінімен шалқалай құлап түскенде ұяластары жан жақтан жабыла баса салып, қимылдауға шамасын келтірмей  қызылға тұмсықтарын батырады. Көкжал  ұяластарымен торы қасқаның үйіріне жақындағанда ол жанұшыра кісінеп жылқының бәрін иіріп алды. Шетке шыққан құлын-тайларға тісін батырып тырқырата қуып, үйірдің ортасына тықты. Мама биелер торы қасқаны бірден түсініп, құйрықтарын сыртқа беріп үйірді қоршап тұрды. Торы қасқа желкесін күжірейтіп, дамылсыз кісінеп, ұршықтай үйірілген үйірін шыр айналып қорғаумен болды. Торы қасқаның үйірін бірнеше рет торауылдағанымен  оңайлықпен тісі батпасын білген Көкжал ұяластарымен амалсыз апандарына аш қайтқан. Бұл сол торы қасқаның тап өзі екенін Көкжал бірден таныды. Ала жаз бойы Ұлы жұртта қалған есесін енді еселеп  қайтарғысы келді.

Үйірлі қасқыр жақындағанда торы қасқа кісінеп,  Дидар кере тартқан ауыздығын қарш-қарш шайнап бір орында шыркөбелек айналды. Бала торы қасқаның бар жылдамдығына салып қашуды да ойлады. Бірақ, қасқырларға қарсы төрт тағандап, желкесі күжірейіп өлім  мен өмір арбасқан айқасты күтіп тұрған, құйттай күшік кезінен  өзі сүт беріп асыраған  Сырттанын  бөрілерден келер ажал тырнағына қиғысы келмеді.

Тіпті таяқ тастам жерге келіп қалған бөрілердің батылдау бір ұясына жеткен бөлтірігі тайсалмастан Сыртанға бірден тап берді. Сырттан көз ілеспес жылдамдықпен кілт бұрылды да әлгінде иттермен таласқан тәсілін қайталап, шалт қимылмен қасқырдың желкесінен ауыз салып, әрі-бері жұлқылап ақ қарға алып ұрды. Оның соңынан ілесе ұмтылған екіншісін тура тамақтан алып, оны да бір - екі жұлқыды да  ақ қарға топ еткізді. Бөрінің бірі торы қасқаның құйрық тұсына жақындай бергенде қақ маңдайдан қос аяқтап тепті. Қатты соққыдан қаңбақтай ұшып, қаңқ етіп даусы шыққан қасқырдың үні шықпай қалды.  Дидар аттан ауып түсіп қалмау үшін торының жалына кенедей жабысып алды. Жан-жақтан қоршай ұмтылған қасқырлар тобы мұндай қарсылықты күтпегендіктен  мұнан соң кілт тоқтай қалды. Үш бірдей қасқырдың аяқтары діріл қағып көбік қарда қимылсыз қалды. Өлім мен өмір арбасқан осы алғашқы айқастың өзіне  көзді ашып-жұмғандай уақыт өткен сияқты. Дидар Сырттан мен торы қасқадан мұндай батылдық күтпеген еді. Енді қорыққанын да ұмытып, бар даусымен айқай салып, тобылғы сапты қамшысымен ауыны ысқырта тілгілеп, атын екпіндете итіне көмекке ұмтылды. Мұндай қарсылық күтпей жақындап қалған бөрілер жалт беріп кері шегінді. Тұла бойын билеген үрейден бңрден арылып бар даусымен:

- Сырттан, Сырттан бас! Сырттан, Сырттан бас! – деп  қамшысын әрі-бері сілтеп, торысын ойқастатып итіне көмекке ұмтылды. Бөрілер үйірі қарсы алдынан кезіккен оңай олжа ит ерткен аттылы баланы қоршап алып, қанды ауыздарын батыра салуды ғана ойлап, енді айла әрекетке көше бастады. Алайда қанша дегенмен бала да болса өздері өлердей қорқатын адамзат ұрпағынының айбарынан, айқайынан аздап болса сескенгендей сауысқандай сақ қимылға көшті.

Бұл кезде  Күн ұясына қонып,  қою қараңғлық құшағына ала бастаған. Кешкі тынық ауадағы баланың тынымсыз қайталаған ащы дауысы сай қуалап тіпті бірнеше шақырымдай алысқа жетті. Қораның ық жағында жатқан сары ала төбет орнынан атып тұрып,  тың тыңдағандай үнсіз қалшиып тұрды да дауыс шыққан жаққа қарап үре бастады.

- Сырттан, Сырттан бас! Сырттан, Сырттан бас! --  деп  үсті-үстіне тынымсыз айқайлаған  бала даусы біртіндеп қарлығып шыға бастады.

Малын жайғап болып, қорадан үйіне қарай аяңдаған  Тұрдықұлдың құлағына да Дидардың  итін айтақтаған даусы талып  жеткенде орнында қалт тұра қалды. «Бұл әлгінде ауыл жаққа кеткен жиен баланың дауысы емес пе?  Нағашысының үйіне қонбаған екен де. Көкжалдың үйіріне жолығып жазым болмаса нетті!» деген суық ой бірден санасын өткір қанжардай тілгілеп өтті. Баланың тынымсыз айқайға басып итін айтақтаған  қорқыныш аралас даусын анық естіген ол:

- Арлан! Арлан, Маңғасқа, айтақ, айтақ!- деп үйдегі қос ауызды мылтығына қарай сүріне-қабына ұмтылды.

- Сырттан, Сырттан бас! – деп тынымсыз қайталанған баланың жан даусын бұрынғыдан анық естіген Арлан  сай жаққа қарап  қайта-қайта үріп қойып орнынан қозғалмай әлі тұр. Тұрдықұл мылтығын алып үйден шығып ойға қара ентіге жүгіргенде ғана  Арлан еңіске қарай  арпылдап үріп алға қарай ұмтылды. Оның соңынан өзге иттер де шабалана үріп түлкі қуған тазыдай еңіске қарай бар жылдамдығымен бір бірімен жарыса жарыса жүгіре жөнелді.

Ала тайыншаның тоқтығынан болса керек ұялас бөрілер жемтіктерін жан-жақтан қоршағанымен  алғашқы айқастан соң асығыстық жасамай қулыққа көшендей. Кәнігі тау тағылары тышқанмен ойнаған мысықтай  жолдарынан жолыққан бұл олжаларын мына жапан түзде қалауларынша жәукемдегісі келді.  Алатаудың шыңдарынан толған Ай толықсып шыға келгенде, оның алтын нұры аппақ қарға  сіңіп,  төңірек түгел күндізгідей анық көрінді. Айлы түнде, тау бөктерінде өздерін еркін сезінген бөрілер аттылы бала мен Сырттанды қоршап, артқы аяқтарымен әлсін-әлсін қар шашып қояды. Батылдық танытып оңбай жарақат алып, қимлсыз қалған екі қасқыр кирелеңдеп орнынан тәлтіректеп әрең тұрып барып үйіріне қайта  қосылды. Бәрі жабылып. Сырттанның түте-түтесін шығарар ма еді, кім білсін  аттылы баланың айқайынан, ойнақ салған торыдан аз да болса секем алып, әр адымдарын аңдып басты. Көкжалдың үйірі аттылы бала мен Сырттанды қоршап, артқы аяқтарымен  тағы да қар боратып  қарға адымдап болса а біртіндеп жақындай түсті.

Ақ қардағы бұл шайқастың өз үйіріне оңай соқпасын сезген Көкжал жайлап басып ұяластарына жақындай берді. Құртқасы  қылымси қыңсылап соңынан қалмай ізімен еріп келеді. Үйірбасы  Көкжал қатарларын толықтырғаннан кейін ұялас бөрілер қар шашқанын қойып, қалт тұра қалды. Көкжал әуселеңді енді мен көрейін дегендей асықпай, әр адымын санап басқандай Сырттанға  тым жақын келді. Ал Сырттан болса Көкжалдың шабуылын күтіп, желкесі күжірейе төрт тағандап  ырылдап айбаттана қимлсыз тұр. Көкжал өздерінің көптігін білгендіктен бе, тым еркін, өзіне сенімді. Тағы да бір-екі аттап жақындай түсті де Сырттанға қарай аспанға қарғи оқтай атылды. Сырттан бұл жолы әлгіндегі тәсіліне көшпей Көкжалға қарсы ол да қарғып алқымына ала түсті. Көкжалдың екпіні тым қатты әрі  ірі болғандықтан ба Сырттанды баса жамбастай құлады да ақ қардың үсті қып - қызыл майданға айналды да кетті. Бірінің үстіне бірі қайта шығып қар үсті ұмыр-жұмыр болды да қалды. Дидар бар даусымен тағы да айқайға басты. Ұялы қасқырдың бәрі енді арандай аузын ашып, қанжардай өткір тістерін сақылдатып, Көкжалға болысып Сырттанға қарай тап бермекке ұмтылды. Бәрі жабылып жалғыз итті қара қойдың жүніндей түте-түтесін шығарып, қылғыта салуға бекінген сыңайлы. Сырттанның мүшкіл халін көрген Дидар Торы қасқаның сауырына қамшы сыйпатып, көмекке ұмтылды. Торы қасқа аспанға шапши қарғып,  ентелеген бөрілердің алдын кескестеді.  Жалт бұрылған бөрілер өршелене өткір тістерін сқылдатып ырылдап айбаттана тағы алға ұмтылады. Дидар көкпар ілген шабандоздай  торы қасқаның жалына  тас кенедей жабысып, бөрілерге жетпесін білсе де қамшысын оңды солды сілтеп, Сырттан, Сырттан бас ! – деп жан даусымен  шырқырай айқайлайды.

 Бұл кезде Тұрдықұлдың Арлан бастаған бірнеше иті арпылдап үріп жүгіріп келген бойы  әлгінде ғана өздері таласып абырой таппаған Көкжалмен айқасып жатқан Сырттанды да, аттылы баланы да бірден танып,  әрі соңдарынан мылтық алып көмектесуге жүгіріп келе жатқан иесі барын  арқа тұтып ұялас бөрілерге тап  берді. Өздерін тым еркін сезініп,  оқиғаның басқаша өрбитінін  күтпеген бөрілер  арпылдаған иттерге қарай кілт бұрылды. Осылайша қас-ағым сәтте атам заманда бір тұқымдас болса да ата жауға айналған ит пен бөрінің жан беріп, жан алысқан айқсы басталды да кетті.  Өздерінің енді жалғыз емес екенін білген Дидар енді қорқыныш дегенді мүлдем ұмытты. Дидардың қаңқылдап, шәңкілдеп оған ырыл қосылған дауыстан құлағы тұнып қалды. Ымырт үйіріліп, төңірек  Ай нұрына шомылғанымен дала тағысы мен иттердің қайсысы басым түсіп жатқанын тіпті аңғара алар емес. Тұла бойын мұздатқан қорқынышын мүлдем ұмытып иттерге болысып, торысын әрі-бері екпіндете ойнақтатып қамшысын оңды –солды сілтеп жүр.

 Бұл кезде ақ қарды омбылап, сүріне құлап, қайта тұрып  көмекке асыққан Тұрдықұл айқас алаңына әлі жете қоймаған. Құлағына иттер мен қасқырлардың ырылдап таласқан үні, бөрінің өткір тісі жанды жерін орып кетіп, жарақатын ауырсына шаңқылдап шыққан иттің ащы дауысы  тіпті жақын маңнан шықса да дер кезінде көмекке жете алмасын білген Тұрдықұл қос ауызды мылтығының шүріппесін бірінен соң бірін басып,  аспанға қарата гүрс еткізіп, жүгіре басып келе жатып қайта оқтап, әуеге қаратып тағы да оқ атты.

Қатарласа  төрт рет гүрс етіп тау мен даланы жаңғыртқан мылтық даусын есіткен бөрілер өздеріне отты тажал жақындағын сезініп, иттермен таласын сап тиіп, бірден жалт беріп сай табанындағы қалың шиге қарай  тобымен үрейі ұша қаша жөнелді де, қалың қамыстың арасына сіңіп жоқ болды.

Арлан бастаған шопан иттері бөрілердің соңынан жүгірмей, Көкжалдың алқымына жабысып жібермей жатып алған Сырттанді төңіректеп жарыса үріп жүр. Сырттан да, Көкжал да қозғалып,  тіршілік белгісін білдірер емес. Аз уақыт өткенде Көкжалдың төрт аяғы бірдей бірнеше рет керіле созылып, қайта жиырылып барып мүлдем қимылсыз қалды.

 Дидар Көкжалдың жан тапсырғанына әбден көз жеткізген соң барып аттан түсіп, торысын шылбырымен жетектеп итіне жақын барды да  еркелете:

- Сырттан, Сырттан! Сырттаным  менің, қоя бер қасқырды!  Сен жеңдің! Кеттік ауылға! –  деп бірнеше рет қайталағаннан кейін  ғана Сырттан тіршілік белгісін білдірді. Дидар итінің басынан сыйпалаған соң барып Көкжалдың алқымына өткір тістері батып, қарысып қалған жағы икемге біртіндеп келе бастады. Иесінің көмегімен, аузын әрең дегенде  Көкжалдың алқымынан босатты.Сырттан орнынан сүйретіле тұрғанда ғана тынысы тарылып, жан берген Көкжалдың жанында Арлан бастаған Тұрдықұл шопанның иттері жақындады. Осыдан бірнеше сағат бұрын өзімен таласқан Арлан Сырттанға көмекке келгенін білдіргендей қыңсылап қойып жанында тыным таппай айналшықтап жүр.

Тұрдықұл қос ауызын тағы бірнеше дүркін гүрсілдетіп айқас алаңына жеткенде Дидар атқа отырып, соңына бұрылып қарап қойып, қыр асып кеткен еді. Тұрдықұл тынымсыз үрген иттерінің жанына келгенде  есік пен төрдей болып ақ қарда созылып  өліп жатқан Көкжалды бірден таныды. Ажалы Сырттаннан келгенін де білді.

-  Сезген едім, нағыз иттің сырттаны екен ғой,- деп күбірледі де Жиен, а жиен! Жеті түнде қайда барасың! –деп бар даусымен айқайлады. Тағы бірнеше дүркін аспанға оқ атты. Бұл кезде Дидар  алысқа ұзап, Көк белдің асуынан асып бара жатқан.

Алатаудың ақ қарлы шыңдарынан толықсып шыққан Ай арқан бойы көтерілгенде Тамшылы бұлақтағы жалғыз кәрі тал да алыстан  қарауытып көрінді. Енді ауыл да алыс емес, шамамен  алты –жеті шақырымдай бар. Осы сәтте байқамай үрінді қарға түскен торы сүріне құлады. Ат үстінде алаңсыз отырған Дидар үзеңгіде аяғын шығара алмай ақ қарға жамбастай топ етіп құлағанда, қоржындағы ауыр зат жамбасына оңбай тиді. Орнына атып тұрған Торы қасқа алға қарай бірнеше аттап барып кілт тоқтай қалды. Дидар орнынан тұруға әрекет жасаған еді, онысынан ештеңе шықпады. Жамбасы қозғалтар емес.Жанында жатқан қоржынын сүйретіп бір-екі қадамдай жерге ғана еңбектеуге ғана шамасы келді. Торы ат мені тастап қашып кетсе қайтем, деген ой келгенде шекесінен мұздай тер бұрқ ете қалды. Иесінің қимылдай алмасын сезген болуы керек Сырттан торы қасқа мен Дидардың арасында әрі-бері шапқылап тынымсыз үріп жүр. Соңына бірнеше рет бұрылып қараған Торы қасқа Дидардың мүшкіл халін ұққан болуы керек бұрылып жанына келіп тұрды. Атының алдыңғы аяғынан ұстап тұруға әрекет жасаған еді, онысынан да ештеңе шықпады. Торы қасқа Дидарға қарап қойып қимылсыз тұр. Исінің ауыр халін енді әбден сезген болуы керек Торы қасқа екі аяғымен тізерлеп, тура қарсы алдына жата кетті. Дидар жанында жатқан қоржының әуреленіп жүріп ер үстіне әрең салды да, ер басынан мықтап ұстап бар күшін жиып  сүйретіле ерге отырып «Шу жануар!» дегенде барып торы қасқа орнынан  атып тұрды.

Жалғыз талдың жанына жеткенде Дидар әбден тонғанын сезінді. Енді бар ойы абайсызда ат үстінен ауып қалмау ғана болды. Бұдан әрі өң мен түстей хал кешті. Бір есін жиғанда  Тамшылдың қиясын артқа тастап, Қызылдың қырын жағалап келе жатқанын білді. Одан әрі көзін тарс жұмып алды. Ат үстінен ауып түспесе, торысының ауылға жеткізетінін күмәнсіз сезді. Бұдан кейін қанша уақыт өткені есінде жоқ. Аты кілт тоқтағанда ғана көзін ашты. Торы қасқа қора жаққа бармай тура үй алдына, кірер есікке келіп тоқтаған екен. Дидарды алаңдап күтіп отырған үйдегілер торы қасқаның тұяқ дүбірін естісімен сыртқа шығып, әбден тоңып қалған Дидарды аттан түсіріп алды...

                                   

                                                    * * *

...Мырзабай  құдасынан жалынғандай болып қалап алған торы қасқаның қызығын көре алмады. Ауылына  дамылсыз кісінеп, ойнақтаған тұлпардың тізгінімен алысып  жеткенімен  көндіктіре алмады.  Есік алдындағы бастырмада қыл шылбырын үзердей кісінеп, жұлқынып,  жем-суын берейін десе маңына жолатпай, өзінің де, ауылдастарының да әбден мазасын алды. Әйелі Ибакүл де еріне ренжіп:

-- Құдаң қара қасқасын сыйлағанына қомсындың. құйттай баланың тай кезінен бақққан атын қалап нең бар еді. Ал енді  азынатып қызығын көре бер,--деді.

-- Бір-екі күн кісінер де қояр,  әбден ашықсын, сосын шөп жемегенін көрейін. Енді торы қасқа Үсеннің емес, менің атымды шығарады әлі,--деді Мырзабай.

-- Оны да аман болсақ көрерміз,--деді кемпірі.

Бір жетідей нәр татпай қойған торы  соңғы күндері кісінеуді де қойды. Торы қасқаны ң  иісін сезіп, ізімен жүріп отырған Сырттан Мырзабайдың ауылынан бір-ақ шыққан. Түн ортасында ешкімнің көзіне түспей тұлпардың жанына жетіп келгенде оқыранып қарсы алды. Торы қасқа Сырттанмен қауышқан соң бұрынғыдай бір орнында дамыл таппай кісінеуді азайтқанымен, бірер аптада арықтап, бұрынғы бабынан кете бастағанда тау қойнауындағ Үшбұлақта  жақын туыс ағайындарымен төрт-бес үй болып отыратын Әуезбай шабандоз Мырзабайдың үйіне ат басын тіреп, есен-саулықтан соң бірден келгендегі шаруасына көшті.

-- Мырзаке, торы қасқаңызды  маған қанша ақшаға болса да сатыңыз! Былтыр құдаңыз Үсенді бір үйір жылқыға айырбастаңыз деп те көндіре алмағанмын. Сізге  торыны құдаңыз  қалайша қиып бере салғанына қайранмын. Торы қасқаны маған қаншаға сатасыз, соны айтыңыз. Қолма қол ақшаны бірден бере алмаспын, алайда құдаңыз  келіспеген бір үйір жылқы сіздікі, оған не дейсіз?--деді.

Мырзабай Әузбайдың бұл ұсынысына ойланып қалды. Оның да себебі бар еді. Соңғы күндері торы қасқаның бабын таба алмай әбден шаршап,  күйі кете бастаған атты өлтіріп алып құдамның, елдің алдында ұятты боламын ба деп әбден мазасы қашып жүрген. Ағайындары да құдаңыз мінген аттың бабын табуға шамағыз келмей жатыр ма, біз көмектесейік,-- деп әзілдеген болып жүйкесіне тиіп жүрген. Осының бәрін ой елегінен өткізген Мырзабай торы қасқаны қимаған сыңай танытып.

-- Әуезбай, сен менің құрметтейтін әрі жақсы көретін інілерімнің бірісің. Ата жағынан да алыс емес, бауырмыз. Көңіліңді қалай қалдырам. Бір үйір жылқыға келістім, торы қасқаны  саған қидым, қазір-ақ алып кет,-- деді.

-- Бауырыныңыздың көңілін жықпадыңыз, көке, сізге көп рахмет! Жылқылар жайлауда, айтқан күні санап өз қолыңызға тапсырамын,—деп  қуанышында шек болмаған палуан денелі Әуезбай  қарны шыға бастаған Мырзабайды құшаққа алып, жас баладай  тік көтеріп алып, қатты қысып-қысып жібергені соншалықты  ол артынан  тырс еткізіп жел шығарып жіберді.

-- Мынау қайтедеді ей, қой енді, қой деймін, ішкен-жегенімнің бәрін аузымнан шығарарсың,-- деп Мырзабай ыржалақтап күле берді.

Әуезбай сол күні торы қасқаны  жетегіне алып, көптен күткен арманы орындалғандай көл-көсір қуанышқа кенеліп, таудағы ауылына жеткенше асықты.. Торы қасқа  қыл шылбырдан босанған соң Әуезбайға онша қарсылық көрсетпеді.  Тау шатқалына қарай  жетелеп, ирелеңдеген ішіктей созылып алға сүйрейтін  сүрлеуге түсіп, торыны жетекке алған Мырзабайдың соңын ала Сырттан да олардың ізін алып еріп отырды. Тұлпар да өзі жалғыз емес екенін, соңында Сырттан барыг сезіп келеді.

Әуезбай бірер аптада арықтаңқырап қалған торы қасқаның аяғына кісен салып, көк шалғынға арқандап, жемдеп бір сәт те назарынан тыс қалдырмады. Торы қасқа да Әуездің дегеніне көнгендей болып, шалыс мінез танытпады. Бір айға жетпей қайта бабына келгенде Әуезбайдың алыс-жақында тұратын, өзі сияқты жүйрік ат көрсе ішкен асын жерге қоятын шабандоз дастары байғазыға бір-бір тай тұяғын жетектеп құтты болсын айта келді. Олар торы қасқаға сырттай сүйсіне қарап, аулада жайылған кең дастарқан басында мәре-сәре болып отырғанда сол күні аяғындағы кісені алынған торы қасқа күтпеген мінез танытты. Ол жібек арқанның қазығын тісімен тістеп суырып алды да ауыл шетіне қарап  бүлкілге басып, ойқастай берді. Торы қасқаның босанып кеткенін байқап қалған шабандоздардың бәрі орындарынан өре түргеліп атқа қонды.

-- Торы қасқа тікке ауылына қарай қашатын  жалғыаяқ жол ғана бар. Алдын  орап кес-кестеп тауға қарай бұрыңдар, қаумалап ұстап аламасақ, бізге жеткізбеі сытылып кетеді,-- деп айқайлады Әуезбай.

Көп атты қуғыншылар көптігін жасап торы қасқаны жан жағынан қаумалап, тықсыра қуып соңынан бір елі қалмай, биікке қарай қуалап, таудың құзар шыңына тіреді.

-- Енді қораға қамалғандай еш жаққа қаша алмайды, жайлап жақындап барып сүйреткен арқанынан ұстап алайық,-- деді Әуезбай серіктеріне.

Қуғыншылардың бірі таяп келіп арқанға қол соза бергенде торы қасқа  тау шыңын жағалап әрі бері ойқастап жүрді де қуғыншылардан енді құтылмасына әбден көзі жеткен соң жанұшыра шұрқырай кісінеп  тіп-тік құзар шыңнан  аспанға атыла қарғыды. Оқжетпес биіктен  төмен қарай лақтырға дәу  тастай шыркөбелек айналып, зулап келіп  қой тастарға құлап  бірден жан тапсырды. Құзар шыңның басынан Әуезбай мен серіктері бас айналар төменге қарағанда етекте бі нүктедей болып қимылсыз жатқан торы қасқаны көрді. Салы суға кеткен  Әуезбай  дәу қой тастардың біріне отыра кетті де:

-- Қайран торы қасқа-ай! Нағыз тұлпар екеніңді өз жаныңды қиып білдіріп кеттің ғой.Саған тақымым бір рет тимей-ақ кетті-ау!—деп ауыр күрсініп, жанарынан жас парлап тасқа тамып жатқанын  өзі де аңғармады...

Бүкіл жаз айын таудағы шұрайлы жайылымда өткізетін жылқышылар қорық күзетшілерімен жолыққанда әңгіме арасында торы қасқаның кейінгі иесінің қолынан босанып,  қашып келіп құзар шыңынан құлап, өзін - өзі мерт еткенін, оның  жансыз денгесінің жанында жатып, құсадан көз жұмған Сыртанның өлігін көргенін есітті.Бұл оқиға ұзынқұлақтан Дидарға да жеткенімен торы қасқасын да, Сырттанын да мұндай жамандыққа қиғысы келмеді...

...Осы оқиғадан кейін көп жыл өтсе де  торы қасқасы мен Сырттаны Дидардың түсіне жиі еніп жүрді. Тұлпарымен желдей жүйткіп, Сырттанымен жарыса ен далада шапқылап  бара жатқанда, кейде ақ түтек боранда  торы қасқа және Сырттан үшеуі қаптаған қасқырлармен жан берісіп, жан алысып айқасып жатқанда ұйқысынан  шошып оянып кетеді. Содан кейін Көкжалдың үйіріне кез болған сол бір  желтоқсанның  кеші  көз алдына  қайта елестеп, таң атқанша кірпік ілмей шығады. Қайран, торы қасқам мен Сырттаным-ай! – деп ауыр күрсініп алып, тағы да түпсіз терең ой жетегіне ере береді, ере береді...

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған