Адам қарады: 15 | Жарияланды: 2018-07-09 09:55:30

Кездесу

Бір кездесу күтіп бізді тұр алда...

Алматы-Шымкент поездына мінгенімде, бір купеде төрт адам екенбіз. Біреуі жас бала - студент-ау деп шамаладым - купеге кіргеннен үстіңгі орынға төсек сала, жатып ұйқыға кетті. Екіншісі ұлты басқа, сөзге сараң біреу екен, ол да көп сөзге келмей біраз отырды да үстіңгі орынына шығып кетті. Осы әңгімені бастап отырған көршім екеуміз ғана әмпәй-жәмпай жарасып кеттік. Қазақшылыққа салып, барымызды дастарқанға қойып, бірімізге біріміз «сен ал, мен ал» деп жатырмыз. Бір кезде ол сөмкесінен бір жарты «Қазақстан» коньягін шығарды да:

-Мынау Алматының дәмі еді, таныстық үшін алып отырайық.- деп ортаға қойды. Мен қарсы болмадым. Аса құмар болмасам да, анда-санда той-томалақтарда ұрттайтыным бар еді. Таныса келе құрдас болып шықтық. Арамызда бес-алты ай ғана айырмашылық бар. Есімі Сапар екен. Жаңа поезға мініп жатқанда байқағаным, екі жас жігіт купеге дейін шығарып салды. «Ұлдары болар» деп шамаладым. Өйткені өңдері өзі сияқты әдеміше келген, ұзын бойлы екен.

Содан не керек, жөн сұрасып, сөзден сөз шыға келе осы әңгіме басталып кеткен еді.

-- Институтты бітірген соң, ауылға келіп, мұғалім болғаныма аттай он алты жыл болыпты - деді Сапар көршім --Соңғы жылдары қарапайым мұғалімдіктен мектеп директорына дейін өскенім болмаса, өмірім бір қалыпты өтіпті. Баратыным мектеп, кейде аудан орталығы. Одан қалса мейрам, туған күн. Не болмаса ауылдағы ағайын-туған, дос жаранның тойлары. Басында дастарқанның ортасында отырушы едік, кейінгі кезде төрді бермейтін кезге жеттік. Ауыл белсендісі болған соң ба, әлде шын сыйлағандары ма, білмеймін; әйтеуір шалдардан кейінгі орын біздікі болып жүр. Шаңырақ көтеріп үй болғалы да он сегіз жылдай болып қалыпты. Келіншегім көршіміздің қызы. Мен әскерге кеткенде мектепте оқушы еді, оқу бітіріп ауылға келгенімде сүйріктей сұлу бой жеткен болыпты. Үйленгеннен кейін торсықтай екі ұл мен бір сүйкімді қыз тауып берді.

Сөйтіп жайбарақат тіршілік кешіп, жүріп жатқанмын. Бірде кешкісін, әдеттегіше үйге жете бергенімде, бес жастағы қызым Алма:

-- Көке! саған Алматыдан хат келді! -- деп алдымнан жүгіріп шықты. Қолында бір парақ қағаз. Қарасам телеграмма екен. «Жиырма сегізінші мамырда. сағ.10.00-да. Институт алдына кездесуге кел! Күтеміз! !! » деген сөзді оқыдым да, есік алдындағы орындыққа отыра кеттім. Төбемнен жай түскендей болды! Басыма келген ойларды реттеп үлгере алмай әлекпін. «Күтеміз» деген кімдер?.. Жиырма сегізінші мамыр менің туған күнім еді, неге дәл сол күнге? Егер курстастарым болса, он жылдыққа неге шақырмады?..Ең бастысы кім жолдағаны да белгісіз. Әрине сіз «Онда тұрған не бар? » дерсіз. Бір қарағанда алып бара жатқан ешнәрсе жоқ сияқты көрінер. Бірақ сол кезде бұл телеграмманың сыры мен үшін ашылмаған жұмбақ еді. Егер көңілің қалап тыңдаймын десең әңгімемді басынан бастап айтып берейін – деді Сапар көршім.

–Әрине тыңдаймын! Жол болса ұзақ. Шымкентке жеткенше бір шама уақыт бар! Оның үстіне әңгіменің шетін бастап қызықтырып қойдың да, енді келіп сұрайсың, «айтайын ба жоқ па» деп! —дедім мен күліп. Көршім алдымызда тұрған ыдыстарға коньякты орталай құйып, айтарын ойша тұйықтап алып:

- Бала кезден арманым, қандай оқу болса да, Алматыда оқу еді. - деп әңгімесін жалғастырды: -- Өйткені Алматы мен үшін жерұйықтың ортасы сияқты көрінетін. Қызықтың бәрі сол Алматыда болып жатқандай еді. Балалық арманның жемісі ме, білмеймін, Алматыға оқуға түсуді үлкен мәртебе тұтатынмын. Сол арманым орындалып, әскерден келген соң, КАЗ.ПИ -дің биология факультетіне конкурссыз түстім. Себебі әскери міндетімнің бір жылын Ауғанстанда атқарып едім. Ол кездерде Ауған ардагерлеріне сондай жеңілдік берілетін. Оның үстіне әкем Ұлы Отан соғысының мүгедегі еді. Бірнеше медальдары, ордендері бар болатын. Сол да бір жағынан себеп болды. Әкем ауылымыздағы мектепте биология пәнінен сабақ беретін. Сол кісі секілді мұғалім болам деп шешкен едім. Бұл шешімге әкем балаша қуанғанымен, Алматыда оқитынымды білгенде, көңілі су сепкендей басылды. Жан ұямызда менен басқа бір әпшем бар еді. Мен ұлдан жалғызбын.Әкем соғыс мүгедегі болған соң; «Сенбі сайын келіп, үй шаруасына қол ұшын беріп тұру үшін, Шымкентте оқитын боласың» дегені еді. Әке-шешенің сөзі біз үшін әскердегі устав сияқты, жерге тастамай өскенбіз ғой. Бұл шешімге келу маған оңайға түскен жоқ. Алайда Алматыға деген ынтарлығым бәрін жеңді. Бірақ арқа сүйерім, ауылда тұратын әпкем мен жездем еді. Жағдайды айтып едім, ол кісілер сөзге келген жоқ. Жездем әкеме: «Көке! Біз барда қам жемеңіз. Сапарды жоқтатпаймыз. Жас қой. Оқысын. Айналдырған төрт жыл өте шығады. Айына бір-екі рет өзі де келіп тұрар» деген. Әкем үндемеді. Онысы келіскені еді.

Содан не керек, арманым орындалып Алматыдан бірақ шықтым. Жатахана алып орналасып болғанша, сабақ та басталып кетті. Курстастарыммен жақын танысып араласа бастадық. Байқасам біздің курста қыздар саны басым екен. Ұлдардан бар болғаны үшеуміз. Ал курсты топқа бөліп, үшеумізді үш топқа жібергенде, төртінші топта өңкей қыздар қалды. Менен басқа екі жігіттің біреуі - ұзын бойлы арықша келген Алмас -- Жезқазған жақтың жігіті. Ал қысқа бойлы толық келгені Төребек - Талды- қорған жақтан. Алмас еті тірі, қалжыңбас, тілге шебер екен. «Жігіттер осы біз қателесіп Жен.ПИ-ге түсіп кеткен жоқпыз ба? Неужели мына қыздардың барі біздікі? »--деп қояды. Әнді кәсіби әншілерден жақы айтпаса, кем айтпайды екен. Ал Төребектің мінезі оған қарама-қайшы. Аузынан артық сөз шығара алмайсың. Өзінен-өзі қысылып, терлеп-тепшіп жүргені. Кейде сөйлегенде «осы жігіт өз сөзін өзі ести ме екен» деп ойлаймын. Екеуі мектеп бітіре салып институтқа келгендіктен - құрдас. Ал мен олардан бақандай екі жас үлкен екенмін. Үшеуміздің басымыз лекция кезінде, немесе жатаханада ғана қосылады. Қалған сабақтарда «арпа ішінде бір бидай» дегендей он екі қыздың арасында отырғаным, беттеріне қарап. Мектеп қабырғасында жүргенде кластас қыздарға қалжыңдап, қырғидай тиуші едім. Содан өзімді қыздарға келгенде «пысық жігітпін» деп санайтынмын. Сөйтсем оным бекер екен. Кластас қыздармен бала кезден бірге өскендіктен еркінсиді екенмін ғой. Ал енді танымайтын қыздардың арасында жалғыз қалғанда, қысылғаннан терлеп тепшіп, сабақтың бітуін күтуге асығатын халге жеттім. Алмастың еті тірі дейтінім; ол бір-екі күннен кейін группалас қыздарымен бірге өскендей-ақ араласып кетті. Үзіліс кезінде бір топ қыздарды шырқ-үйіріп жүргенін көргенде аузымыз ашылып қалатын. Кейде үшеуміздің басымыз қосылса қыздарымызды сынай бастаймыз. Айтатынымыз ана қыздың мінезі анандай, мына қыздың жүрісі мынандай. Бірақ үшеуміздің де көңілімізден шыққан Гүлсара деген қыз. Әдемілігінде мін жоқ. Дене бітімі, киген киімі, сөйлеген сөзі, тіпті даусы да ерекше. Көздері ботаның көзіндей, доп-домалақ. Біз жақтың қыздары көбінесе қара торы болып келеді. Ал Гүлсараның денесі жаңа жауған қардай - аппақ! Керісінше, қасы мен беліне дейін түскен қалың шашы мөлдір қара. Күлген күлкісін естісең! Сыңғырлаған бұлақтай. Киім киісінің өзі бір ерекше. Өте ұқыпты киген көйлегі, әдемі дене-бітімін жасыра алмай тұрады. Мінезі де биязы, артық сөйлеп, немесе жөнсіз күліп жатқанын көрмедім. Кейде мен; «осы қыз өзінің ерекше сұлу екенін білеме екен? » деп ойлаймын. Білсе де «сұлумын» деп бәлсінбей, өзін сондай қарапайым ұстағаны өзіне керемет жарасып тұрады. Кейбір қыздар бар; сырты сұлу болғанмен жөні жоқ маңғаз, ақылы таяздау болып келеді. Ал Гүлсараның тән сұлулығы - жан дүниесінің сұлулығымен ұштасып жатқанына кейін көзім жетті. Не айтса да ойланып, ақылға салып айтатын. Гүлсара менің тобымда оқиды. Кейде лабараториялық сабақ кезінде, столды айнала отырғанда қарама- қарсы отырып қаламыз. Сол кездерде маған әдемі көзін төңкеріп қарағанда жүрегім бірге төңкерілгендей болады. Басында қысылушы едім, біраз күнен кейін етім үйреніп, еркін сөйлесе бастадым. Маған қарап бір сөз айтса, кеудемді бір ерекше сезім билейтін болды. «Қарамайын» десем де көзім шіркін ерік бермей, ретін тауып ұрлана қарай беретін болдым. Омырауындағы үстіңгі екі түймесі ылғи ағытулы тұрады. Үшінші түймесін ойша ағытамын да «аржағында не бар екен, шіркін көрер ме еді» деп армандаймын. Кейде көздеріміз кездесіп қалады. Менің қарағанымнан қысылатынын байқағанымда, өзіме сенімділік пайда бола бастады. Түнде көпке дейін көз ілмей Гүлсараны ойлап, ертесінде сол қызды көруге асығатынды шығардым. Жүрегімді бұрын маған беймәлім сезімнің билеп бара жатқанын байқадым. Бұл сезімім туралы бірде кешкісін жігіттерге айтып едім, Алмас орнынан ыршып тұрды да:

–Мәссаған! Сен осы Гүлсараға ғашық болып қалғаннан саусың ба!.. Бәсе неге жөндеп тамақ ішпейді десем. Бұрын ғашық болып көріп пе едің өзің!..

-Жоқ! – дедім мен сасқанымнан.

– Онда алғашқы махаббатыңмен құттықтаймын! Торға түстің бала. Енді ол қыз сені есек қылып мінсе де көнесің! Негізі жігіт қызға емес, қыз жігітке ғашық болуы керек. Табиғаттың заңы солай. Ол қыз сені жақсы көре ме? —деді. Мен иығымды көтердім.

-- Міне көрдің бе, басты мәселе қайда. Бірақ ол сені қайтсін... Мына көкеңдей жігіт тұрғанда! Ха ха ха... – деп күле бастап еді, мен орнымнан атып тұрдым да қасына жетіп келдім. Алмас қолын көтеріп төсегіне құлай кетті де:

--Ойбай, Көке! Қалжыңдадым!... Төребек көрдің бе? Қызғаншағын!... Жаралы жолбарыстай атырылып тұр.– деді. Бұл қылығымды өзім де түсінбедім. Қалжыңдағаны рас шығар. Не ашуланатыны бар? Бірақ маған сөздерінің астары бар сияқты көрінді. Төребекке қарасам, ол да аң-таң. Менің түсім бұзылып кетсе керек.

Бірде Төребек екеуміз жеке қалғанда:

--Гүлсараны ұнататының рас болса, кәзірден қимылдамасаң қапыда қаласың. Ол қызға көз салып жүрген жоғарғы курстың жігіттері аз емес. Алмастың да көңілі бар.—деді.

--Сенің ше? – дедім мен.

--Ол қыз мені қайтсын! – деді де бұрылып жүре берді. «Жоғарғы курстың жігіттері» дегенді естігенде ішім күйіп кетті. Басыма «Бір әрекет жасау керек, әйтпесе кеш болады» деген ой келді. Байқасам, шынымен Алмастың да Гүлсарадан дәмесі бар екен. Кейінгі кезде айналып қасынан шықпайтын болыпты. Бірде, менің көзімше Алмас бірдеңе айтқансып Гүлсараның қолынан ұстап еді, Гүлсара жаймен қолын босатып алды да, «Осы ұстаған дегенді қойшы» деді. Мен ішімнен риза болып қалдым. Ал Алмас болса кәдімгідей шамданып қалды. Онысын білдіргісі келмесе де мен сездім.

Бірде бөлмеге келсем, Төребектің қолында дәптер. Оқып отырып, сықылықтап күле береді. «Неге күліп отырсың? » деп едім, «оқышы» деп дәптерді қолыма ұстата салды. Сөйтсем, Алмастың бізден жасырып жүрген тағы бір өнері бар екен. Гүлсараға арнап мынандай өлең шығарыпты:

Әдемі көз, ақ тамақ, қара қасты

Көргенде Гүлсарадай қарындасты

Аш кезінде елік көрген жолбарыстай

Көңілім асып-тасып, қарным ашты.

Көрді де ол мен секілді жолбарысты

Жүрегі үшып, дірілдеп, қатты састы

Алды-артына қарамай қашқан кезде

Ұстай алмай мен бейбақты қара басты!..- депті.

--«Бейбақ» дегені бейшара дегені ме? Онда жағдайы мәз емес екен. Сонысына қарамай өзін-өзі жолбарысқа теңейді.—деді Төребек.

-- Бұл кімдікі? - дедім мен дәптердің сыртын төңкеріп.

-- Алмастікі ғой... Төсегінің үстіне ұмытып кетіпті.

--Біреудің сырын рұқсатсыз оқуға болмайды.—дедім мен жағдайды артынан түсініп.

-- Ал біз көрген де, оқыған да жоқпыз! —деп Төребек күліп, дәптерді орнына апарып қойды.

Сабақтан шыққан соң үш жігіт бірге жүреміз. Кейде қыздарды ертіп киноға барамыз. Қолымыз босаса Алматыны аралаймыз. Көбіне «Анда барайық, мұнда барайық» деп ұйымдастыратын мен. Басында екеуі біраз ілескендей болып еді, артынан жалықты ғой деймін. Әр нәрсені сылтауратып қалып қоятын болды. Ал мен жалықпадым. Көк-төбеге аспалы трамвай арқылы көтеріліп, Алматыны төбесінен тамашалауды ұнататынмын. «Алматы жасыл қала» деп айдар таққаны бекер емес екен. Көше бойлап тігілген әр-түрлі ағаштары жазда жасыл, күзде сары, қыста аппақ қарға оранып, қаланы ерекше сәнге бөлеп тұрады. Көбінесе баратын жағым Медеу шатқалы. Мұз айдынынан жоғары тұрған платинаға баспалдақпен екі-үш рет жалықпай көтеріліп, сол жердің табиғатын тамашалаймын. Қалың өскен қарағайлардың көркі көздің жауын алады. Алатаудай биік тау көрмей өскен қазақпын ғой, тау табиғатын тамашалаудан жалықпайтынмын. Тоқтар Серіков айтатын бір өлең бар еді ғой. Мағынасы мынадай; «Тау етегінде өскен адам таудың биіктігін байқамайды» деуші ме еді. Сол айтқандай тау сағасында өскен сендер Алатаудың қадірін біле бермейсіздер ғой – деді Сапар маған қарап.

--Ол не дегенің!.. Алатауды көрмесек біз де тұра алмаймыз -- дедім мен шамданып, —Тоқсаныншы жылдардың басында бір подъезде тұрған орыс көршім бар еді. Сол орысым бір күні аяқ асты жиналып, Ресейге көшіп кетті де қалды. Содан бір-екі ай өткен соң қайтып көшіп келіп тұр. «Вася не болды! Астыңнан су шықты ма? Неге қайтып келдің? » деймін ғой баяғы. «Ой көрші ол жақта бәрі жақсы ғой! Бірақ бұрын осы үйде тұрғанда, таң ертең терезені ашып жіберіп, Алатауға қарап керіліп-созылып алып, жұмысқа көтеріңкі көңілмен кірісуші едім. Барған қалада бұрынғы әдетімше терезені ашып қалып...Алатауды көрмедім де, көңілім бұзылды. Содан бір-ақ күнде қайтадан көшіп келдім»-- дегені. Шын көңілімен айтты ма, білмеймін. Сол айтқандай Алатауға күніне бір қарап алмасақ көңіліміз көншімейді -- дедім де көршіме қарап: --Ал әңгімеңді бөлдім бе, айта бер – дедім.

-- Содан не керек, оқу басталғаннан бір айдан кейін, бәрімізді Түрген жақтағы бір колхозға алма теруге апарды. Бұндай көп алма-ағаштарын бұрын көрген емеспін. Сол бақтың күзетшісі Аман ақсақалдың айтуынша, сол жыл өте жемісті жыл болыпты. Атақты Алматының апортының өсіп тұрғанын алғаш сол жерде көрдім. Апорттың исі мен дәмі қандай керемет! Жарты килодан асатындай салмағы бар апортты өз қолыммен жұлып алып, көп қыздардың ішінде отырған Гүлсараға әкеліп бердім. Бұл менің Гүлсараға деген сезімімнің шет жағасын алғаш рет білдіргенім еді. Гүлсараның мәз-мейрам болып қуанғанын көрсең. Қасында отырған қыздар шу ете қалысты. «Неге сен тек Гүлсараға ғана бересің?.. Бұл қылығыңды қалай түсінуге болады?..» деген сұрақтар жан жақтан жауып жатыр. «Оны іштерің білсін» дегендей теріс бұрылып кеттім... Мен Алматыны қызықтап жүргенде, Алмас қыздарды қызықтап жүріпті. Аз уақыттың ішінде кәдімгідей бедел жинапты. Қайдан алғанын білмеймін, гитара мен домбыра тауып алыпты. Кешкісін қыздардың бәрі соның қасында. Бәрі жабылып ән айтады, би билейді. Ең бастысы тамақтың дәмдісін сол жейді. Соның арқасында Төребек екеуміз де аш емеспіз.

Мен де бұл жақтан бір ермек тапқандай болдым. Жұмыстан кейін жалғыз өзім жеңіл киініп алып, Тау-түрген жаққа тартып отырдым. Шіркін, табиғат ананың құдіреті күшті ғой. Күздің күнгі тау ішінің табиғаты ерекше. Піскен шөппен жапырағы сарғайған жабайы алма ағаштарды көзіңе елестетіп көрші. Соншама әр-түрлі түсті қалай шебер қолданады десеңші! Түргеннің сарқырама суын айтсаңшы! Сен Тау-түргенді талай тамашалаған боларсың? – деді Сапар маған қарап. Мен сасқанымнан не дерімді білмей қалдым. Алатаудың етегінде туып өссем де, Тау-түргенге бір рет те барып көрмеппін.

-- Соның реті келмей жүр. Биыл бала-шағаммен сол жаққа жиналып жүрміз – дедім мен ақталған болып. Көршім «Әлгінде айтқаным тура келді ме» дегендей маған қарап алды да, әңгімесен жалғастырды:

-- Бір күні, жұмыстан кейін, қараңғы түскенше тау ішін араладым да, жататын жерге қайттым. Келсем жатақана іші тып-тыныш. Әшейінде ән салып, би билеп жататын студенттер жоқ. Бәрі бөлмелеріне тығылып алған. Көңілдері жабырқау, қабақтары шытулы. Бөлмеге келсем, екі жігітім екі бұрышта, бұлар да көңілсіз.Төребектің беті сырылған ба, қалай.

-- Жайшылық па? —дедім Алмасқа қарап. Ол үндемей тұрып далаға шығып кетті. Бетіне қарап бір нәрсені бүлдіргенін ұқтым. «Сен не дейсің? » дегендей Төребекке қарадым. Ол терлеп тепшіп отырып, болған жайды айтып берді. Сөйтсем, мен кеткеннен кейін ұзамай сол маңайдағы ауылдың үш баласы келеді де, біздің қыздарға тиісе бастайды. Ұлты белгісіз, түрік пе шешен бе, ешкім білмейді. Әлгі үшеуі мазасын алған соң қыздар Алмастарға шағымданыпты. Сөйтсе Алмас бөлмесінен шықпай қойыпты. Сыртқа шығып, арашашы болған Төребекті, әлгі үшеуі тарпа бас салып сабап кетіпті. Ол аздай «ертең тағы келеміз» деп қорқытыпты. Жағдайды түсінгеннен кейін сыртқа шықтым. Біздің топтың бір топ қыздары есік алдына шығып отыр екен. Мені анадайдан көргеннен тиісе бастады:

- Екі кештің ортасында қайда жүрсің?...Айналдырған үш бұзық ойранымызды шығарды ғой... Бір жерде бұғып жаттың ғой деймін... Сендерді де жігіт деп жүрсек! – деп тілдерімен түйреп жатыр. Бұндайда бірдеңе деу бекер еді. Бір жағынан басы қасында болмағаныма өзімді кінәлі сезіндім де, теріс бұрылып бөлмеге кеттім. Алмас өзінің күнәсін түсінсе керек, теріс қарап жатып қалды. Шынында да абыройымыз айрандай төгіліпті. Ертесінде қыздарымыз тамақ бермек түгіл сөйлеспей қойды. Күні бойы қорегіміз алма болды. Кешке жұмыс аяқталып жатаханаға қайтып келдік. Жуынып шайынып тамаққа отырғанымыз сол еді, шаңдатып, екі мотоцикл мінген төрт жігіт қасымызға келіп тоқтады. Төребек келгендерді иегімен нұсқап, «кешегілер» деді маған қарап. Әлгі келгендердің сөйлескен сөздерінен ұқтым, шешендер екен. Әскерде бізбен бірге бес шешен болған. Мақтаншақ, өркөкіректеу келетін халық. Үндемесең мойныңа мініп алады. Басында олармен талай төбелескем. Қайтпайтын қайсарлығымды көрген соң, маған қайтып жоламатын болған. Содан бұлардың сырын мен жақсы білемін. Мыналар да өз тілдерінде бірдеңелерді айтып, күліп қояды. Бір кезде Төребекті бері кел деп шақыра бастады. Төребек енді тұра беріп еді, мен «отыр орныңда, кәзір мен көрейін» дедім. «Егер төбелес бола қалса менің арт жағымды қорғаңдар» деп нықтап айтып, орнымнан тұрдым да қастарына барып:

- Мүмкін менімен сөйлесерсіңдер, не керек еді? -- дедім. Олар өз тілдерінде бірдеңе айтып күлісіп алды да;

-- Сенің кезегің келгенде келесің, әзірге ана «домалақты» шақыр! — деді кеміте сөйлеп. Бұл сөзді естіген Төребек ;

-Өй сендерге не керек өзі! Анаңды..-- деп боқтаған қалпы жетіп келіп, мотоциклдың артында отырған біреуін жұлып алып, төмпештеп ала жөнелді. Апыр-топыр төбелес басталды да кетті. Екеуімен өзім алысып жүрмін. Бірін біріне соғып әбден ығысын шығардым. Мақтанғаным емес, әскерде десант полкінде қызымет еттім. Мына төртеуін жалғыз өзім-ақ жайратар едім, «біздің жігіттер де айызын қандырсын» деп ойладым. Көзімнің қиығымен байқап қалдым; Алмас та қол сілтесіп жүр. Содан не керек, үшеуміз әлгі төртеуін жайратып салдық...

Негізі қазақ, жаратылысынан «қой аузынан шөп алмас» момын халықпыз ғой. Сырттан келгендерге құшағымыз айқара ашық. Өзіміз аш отырсақ та, өзгеге ауызымыздағыны жырып беруге бармыз. Бірақ ел басына күн туса, көк байрағымызды көтеріп, «Уа! Аруақ! » деп бас қосатынымыз тағы бар. Әйтпесе осыншама жерге ата-бабамыз қалай ие болып қалған.

Әлгі төртеуі таяқ жеп, кетуін кеткенімен, тағы да келетінін ескертіп кетті. Қыздарымыз улап–шулап бізге қосылып кете жаздады. Алғашқы жеңісімізге бәріміз мәзбіз. Кешегі шашылған абыройымызды қайта жинап алғандай болдық. Қыздар, бізді дастарқанға отырғызып, алдымызға барын қойып, сыйлап жатыр. Мен көзімнің қиығымен Гүлсараға қарап қоям. Ол да маған ризашылықпен қарап отыр екен. Ішкі дауысым «Темірдің қызған кезі осы. Соғатын кезің келді» дегендей болды. Қалай ретін келтірсем екен?.. Бір керемет күштің әсерімен қасына барып, қолынан ұстап тұрып, бар сырымды айтып салғым келеді. Бірақ екінші бір күш, аяғымды матап ұстап жібермейді. Осы кезде алма бақты қарауылдайтын Аман ақсақал келе қалды. Біз төбелесе бастағанда бір қыз жүгіріп барып осы кісіні шақырыпты. Жағдайды білгеннен кейін біздің қасымызда қалмақшы болып шешті. Шешендер де көп күттірген жоқ. Бұл жолы төрт мотоцикл мінген жеті жігіт біздің алдымызға шаңдатып келіп тоқтады. Біразы тіпті ересектеу екен. Қолдарында таяқ. Аман ақсақалды көрді де үндемедей тұрып қалды.

– Иә, жігіттер жол болсын! – деді ақсақал жаймен. Кей біреулері «Ассалаумағалейкум! » деп сәлемдескенсіді. Дауыстары мұрындарының астынан шығады. Шалдың:

-- Байқаймын ашулысыңдар ғой – деген сұрағына жауап болмады. Біраз үнсіздіктен кейін:

– Бәрің, әлгі ағайынды Яндарбиевтердің балаларысыңдар ғой, рас па?..-- Тағы да жауап жоқ...

–Сендердің әке-шешелерің, сонау қырық төртінші жылдары жер аударылып осында келіп еді. Қыстың қақаған суығында жалаң аяқ, аш жалаңаш жүргендерінде мына біз, жылы қораға кіргізіп, аузымыздан жырып тамағымызды беріп, аман алып қалып едік. Сол қиын кезең туралы әкелерің сендерге айтпаған ғой деймін!.. Әлде ұмытты ма екен?..—Ақсақалдың даусы бірте-бірте күшейіп, нық шықты.-- Сондағы еңбегімізді бағалағандарың осы ма?... Басынбаңдар! --деп сұқ саусағын шошайта: -- Егер осыдан мына балалардың біреуінің бір тал шашы түсетін болса!.. Ісім сендермен болсын! Бар ана әкеңелеріңе айта бар менің сәлемімді!..- деді. Әлгілер бұрылды да, шаңды аспанға көтере тайып тұрды. Біраз үнсіздіктен кейін ақсақал біз жаққа қарап:

--Ал балаларым, қорықпаңдар! Олар енді қайтып бас сұқса маған келіңдер. – деді де үйіне қарай кетті. Біз қош айтысып қала бердік. Бәріміз жиналып, есік алдындағы алаңға отын жинап, алау жақтық. Алмас гитарамен ән айтып, біз би биледік. Сол жылдары жаңадан шыққан, Алтынбек Қоразбаев ағамыздың «Сағындым Алматымды» атты әнін, Алмасқа қайта-қайта айтқызып жатырмыз. Осы кезді пайдаланып мен Гүлсараны биге шақырдым. Алғаш рет жақын келіп белінен ұстадым. Жұқа көйлегінің астындағы денесі қолымды күйдіріп барады. От тисе өртеніп кетейін деп тұрмын. Сол сәтте тілімді жұтып қойғандай, үнім шықса ше?.. Жан дүнием ішімде «Жаным, күнім, мен саған ғашықпын» деп сайрап тұр. Ал ауызымнан бір сөз шығар емес! Тек бір-бірімізге жымиып қарай бердік. Үнсіздік ұзаққа созылып кетті ғой деймін. Бір кездеГүлсара:

-- Жақсы төбелеседі екенсің!. Қорққан жоқсың ба? – деді. Мен жымиып алдым да:

--Қорқпайтын адам болмайды... Бірақ намыс деген одан да күшті сезім бар ғой. Ауғанстандағы қолына қару ұстаған душпандардан кейін мыналар түк емес екен! – дедім мен батылданып. Әңгімеміз енді жарасып келе жатқан. Қымбат деген Гүлсараның құрбысы бар еді. Сол келді де екеумізді бөліп жіберіп:

--Жігіттердің дефицит екенін көріп тұрсың ғой, біз де билейік те бір! — деді қалжыңдап.

Гүлсараға көңілімді күнде «ертең айтам» деп жүргенде, науқан бітіп оқуға қайтатын кез де келді. «Ертең қайтамыз» деген күні, кешке би ұйымдастырдық. Сол кеште бәріміз алғашқы рет шарап алып келіп, жолымызды жудық. Әрқайсымызға бір–екі стаканнан тисе де, көңілімізді көтеріп тастады. Ән айтып, би билеп түннің бір уақытына дейін тойладық. Сол түні алғаш ретін келтіріп, Гүлсараны жеке алып шықтым. Алдына шығып, қолынан ұстап, толқып тұрып:

--Гүлсара!.. мен...сені – деп кекештеніп бастай беріп едім, ол қолын жаймен көтерді де, жұмсақ алақанымен ернімді баса қойды. Онысы «үндеме» дегені ғой деп ұқтым. «Ғашықтың тілі тілсіз тіл, көз бен көр де ішпен біл» дегені шығар. Алақанынан керемет бір жұпар иісі аңқып тұр. Бір сәт бір-бірімізге қарап тұрып қалдық. Жаймен қолынан, білегінен, сосын алғаш рет ернінен сүйдім. Ұзақ сүюге демім жетпеді. Жүрегім атша шауып, кеудеме сыймай барады. Айлы түн. Шөп арасында шырылдаған шегірткелерден басқа дыбыс жоқ. Бүкіл әлем «Гүлсара не деп жауап берер екен? » дегендей тып-тыныш болып, тұнып тұр. Анда-санда ағаш жапырақтары ғана желпіп өткен желдің лебімен қосылып «казір бір кереметке куә боламыз» дегендей сылдыр қағады. Айдың жарығымен Гүлсараның әппақ жүзі ерекше сұлуланып кетіпті. «Тағы бір қайталашы» дегендей ернін тосып, көзін тас жұмып алыпты. Құшақтап сүйгенде жүрегінің дүрсілін сезіп тұрдым. Кеудесіндегі қос «алма» көкірегімді «күйдіріп» бара жатқандай. Бір кезде Гүлсара басын кеудеме қойып:

-- Мен де сені сүйемін!... – деді... Бұл сөзін менен басқа ешкім естіген жоқ... Сол түні бұл жалған екеуміз үшін жаралып, екеумізден басқа тірі жан жоқ сияқты көрінген. Біресе, бар сырымызды бір түнде ақтарып тастағымыз келгендей, кезек-кезек жарыса сөйлейміз. Біресе үндемей ұзақ сүйісеміз де, тоймаймыз. Содан қол ұстасып жүріп таңды бірге атырдық... Сол кезде бұл жалғанда менен бақытты ешкім жоқ еді...

Сабақ басталып Алматыға келгенде де Гүлсара екеуміздің жұбымыз жазылмады. Кітапханаға бірге барамыз. Жатаханаға бірге қайтамыз. Түннің бір уақытына дейін Алматыны да бірге аралайтын болдық. Ол да мен сияқты қаланы аралағанды жақсы көретін. Театр, кино, жақсы концерт дегенді жібермейтінбіз. Гүлсараға біреу көзін салса, тіпті күліп сөйлесе, жатып қызғанатын болып алдым. Мінезімнің осы бір осалдау жері Гүлсараға да ұнамады. Алмастың Гүлсараны менен қызғанатынын айтпаса да байқап жүрмін. Бір сөзінде «менен бұрын сөз салып қойдың» дегендей де болды.

Бір күні, биология пәнінің мұғалімі Мұзафар ағай сабақтың соңында: «Кімде қандай сұрақ бар? » деді. Ойламаған жерде Алмас орнынан тұрып:

--Ағай!..Осы махаббат деген не?..Қыздарға қандай жігіттер ұнайды өзі?.. Осы сұрақты ғылыми, және философиялық тұрғыдан түсіндіріп бере аласыз ба? - деді. Мұзафар ағай жымиып алып, біраз ойланып тұрды да:

--Бұл сұрағыңа ғылыми тұрғыдан өте қысқаша тоқталcақ... Адамның жануарлардан өзгешелігі; ақыл-ойының жоғарғы деңгейде дамығанында. Басқа ешқандай айырмашылық жоқ. Дарвиннің «тіршілік үшін күрес» атты заңдары бәріне ортақ. Ол заң бойынша барлық түр -- адам болсын, аң болсын -- өздерінен кейін ұрпақ қалдыруға міндетті, және сол үшін күреседі. Өмірге келудің негізгі себебі де сол. Мысалы аң патшасы арыстанды алсақ; бір үйір бірнеше ұрғашы арыстаннан тұрады. Сол үйірге бір ғана еркек арыстан қожалық етеді. Ол үшін ол арыстан өзімен бәсекелестерін күресте жеңіп шығуы керек. Кім күшті – сол үйірге қожа. Яғни оның денесі ірі, денсаулығы мықты деген сөз. Жаңағы үйірдегі ұрғашы арыстандар да сол еркегімен шағылысуға тырысады. Бұны табиғи сұрыпталу дейді. Адам арасында әйелдер де еркегін сол критериіне қарап таңдайды. Өйткені ол болашақ баласының әкесі!.. Кез келген әйел болашақ ұрпағының денсаулығы мықты, әдемі, ақылды, «тіршілік үшін күресуге» қабілетті болуын қалайды. Еркекте сол сияқты. Осы арада тоқтала кететін бір мәселе бар. Ол еркек пен әйел жынысының физиологиялық айырмашылығында. Мысалы, әйел жүкті болып, ол баласын тоғыз ай көтеріп, оны дүниеге әкеліп, ол сәбиін аяғына тұрғызғанша, екі-үш жыл өтіп кетеді. Ал ер адам, сол аралықта жүздеген әйелді ұрықтандыруға шамасы жетеді!.. Еркек жынысының махаббатқа «атүстілеу» қарайтыны да сондықтан шығар!.. Ежелгі Адам-ата да, артына барынша көп ұрпақ қалдыруға тырысқан. Ол кезде жанұя деген болмаған. Оның орнына тайпа деген ұйым болған. Сол тайпадағы еркектің ішінен кім күшті, ержүрек, денсаулығы мықты, тапқыр болса, тайпадағы әйелдерге сол қожа болған. Кейін ғой, адамның санасы биік деңгейге көтерілген соң, қоғамның талабы бойынша, еркек бір ғана жанұя құруға тырысады. Соның өзінде де жыныс аралық таңдау, яғни табиғи сұрыпталу тоқталмайды. Ұрпаққа негізгі тәрбиені әйел адам – яғни Ана береді. От басының негізгі тірегі де - Ана. Мысалы, арасы алыс болса да Атыраудағы қазақ та, Алматыдағы қазақ та бір тілде, яғни қазақша сөйлеген. Салты да бір, діні де бір, мемілекеті де бір. Неге?.. Өйткені олар қыз алысып, қыз беріскеннен!.. Тілді де, салт-дәстүрді де, ұрпақтан ұрпаққа тасымалдайтын – Ана! Жаңа туған баланың шешесі қай тілде сөйлесе, баласының тілі де сол тілде шығады. Әр ұлт өз тілін «Ана тілі» дейтіні де содан шыққан!.. Ана балаға сүтімен бірге бар қасиетті қоса береді. Сондықтан болар, әйел заты еркек сияқты емес, махаббатқа терең мағынамен қарайды!..

Ал философия тұрғысынан қарасақ; махаббатың адам үшін атқарған ролі өте зор. «Еркектің қолынан шыққан не бір керемет өнер туындылары, әйелге деген махаббатан туған» деген екен бір кемеңгер. Бұл сөздің үлкен мағынасы бар... Сендер білулерің керек. Арфа деген көп ішекті, өте күрделі музыкалық аспап бар. Ол аспапта тек шеберлікпен ойнап қана қоймай, құлағының күйін келтіре білуің керек! Құлағының күйін дәл келтіріп, оған қоса шебер ойнай білсең, ол аспаптан не бір керемет әуен туындайды!.. Әйел де сол Арфа сияқты. Жан дүниесіне жол тауып, жадырата білсең ғой!..Әйелдер де сондай еркекті бағалайды. Міні махаббат деген осы.—деп Мұзафар ағай сабағын аяқтады. Алмас осы әңгімеден кейін көпке дейін үндемей жүрді. Сол кезде ішінде не болып жатқанын білсем ғой!..

Үшінші курс жаңадан басталған кез болатын. Бір күні оқу корпусы жаққа келе жатқанмын. Жақындап қалғанда байқадым, біздің топтың екі қызын, басқа курстың екі-үш жігіті қоршап, жібермей тұр. Екі қыздың біреуі Қымбат, екіншісі Гүлсара екенін бірден таныдым. Гүлсара өтіп кетейін десе, әлгілер жібермейді. Ал Қымбатқа жігіттердің бұл қылығы ұнап тұрған сияқты. Біреуі Гүлсараның жеңінен ұстап алып еді, Гүлсара жаймен, мәдениетті түрде қолын босатып алды. Мен жетуге асығып келе жатырмын. Ашу қысқаны сонша – көзім қарауытып келеді. Әлгі жігіт Гүлсараның қолынан қайта ұстаған кезде мен де жеттім. Келе жұдырықтың астына ала жөнелдім. Қасындағы достары қарап тұрсын ба, олар да маған жабыла кетті. Жалғыз өзім шамам келмей бара жатқанын сезе бастадым. Бірақ «шешінген судан тайынбас» демекші, қолымнан келгенше беріспей жүрмін. Бір кезде біреудің «кәне тоқтатыңдар төбелесті» деген сөзіне қарамай төбелесіп жатқанбыз. Сөйтсем, келіп қалған институттың тәртіп жөніндегі проректоры екен. Бар пәле осыдан басталды. Мені жиналыстан жиналысқа салып жүріп, бірінші рет тәртіп бұзғанымды ескеріп, қатаң ескерту берді. Ал менімен төбелескен жігіттің аты Мұрат екен. Оны қасындағы жолдасы екеуін институттан шығарып жіберді. Кейін білдім, өзі сотқар, қатыгез, іздегені шатақ жігіт екен. Бұрын бұзықтық жасап, бірнеше ескерту алыпты. Ешкімге жаманшылық істеп көрмеген басым, менің кесірімнен біреудің оқудан шығып қалғаны қабырғама қатты батып, ішім удай ашыды. Біраз ойландым да проректорға кіріп, әлгі жігіттерді кешіруін сұрадым. «Ер шекіспей бекіспейді дейді ғой ағай, төбелесті бастаған мен едім, бір жолға кешіріңіз. Екінші рет қайталанбайды» дедім. Ол кісі маған қарап ойланып тұрды да «Болмайды. Ол оқу үшін емес, диплом үшін жүрген, түсінігі тарлау адам. Оның үстіне үкім шығарылып, бекітіліп қойды» деп шығарып салды...Неге ғана төбелесе қалдым екен!.. Қызғаныш деген сезімге бой алдырдым да, соның кесірінен міне... Мұрат жолдасы екеуі маған қастасып алды. «Ісіміз осы Сапармен болсын» депті... Қымбат та маған ренжіп жүр. «Сенен көмекті кім сұрады? Килікпейтін жерге килігіп...» дейді. Бәрінен де Алмастың сөзі өтіп кетті. «Әдемі әйел еркектің соры. Көрдің бе, бақандай екі жігіттің обалына қалдың. Бұл қызға үйленсең, бар бәленің бастамасы осы. Әдемі қыз пісіп тұрған алма секілді. Сол алманың дәмін әркім татып көргісі келіп тұрады. Ақылы бар жігіт әдемі қызға ешқашан үйленбейді, құр дәмін татып көреді.» дегені. Осы сөзі үшін онымен де төбелесе жаздап әрең басылдым. Содан кейін Алмас екеуміздің арамыз суып кетті. Бұрынғыдай бірге жүріп-тұрудан қалдық.

Өстіп жүргенде, бір күні ауылдан суық хабар жетті. «Сапар. Ауылға тез жет. Әкең.» деген телеграмма алдым да дереу ауылға қайтым. Алғашында «Әкем ауырып қалды ма» деген ой келген. Бірақ, ондай жағдайда телеграмманы әпкем, немесе шешем жіберуі керек еді қой... «Әлде шешем ауырып қалды ма екен?..» деген жаман ой да көлденеңдеп қоймайды. Шешем де кейінгі кездері сырқаттанып жүретін.Қан қысымы жиі көтеріліп, жатып қалатын. Не керек, жағдайды ауылға жеткенде бірақ білдім ғой... Сөйтсем Әпкем мен жездем жол апатына ұрынып, екеуі бірдей қаза болыпты... Жездемнің жақында сатып алған көк «Москвичі» бар еді. Сол машинасы түскірмен түнде келе жатса, қарсы келе жатқан КАМАЗ жүк көлігінің жүргізушісі рульде ұйықтап кетіпті. Сөйтіп, жездемдерге келіп бетпе – бет соғылған ғой... Жолда келе жатып, басыма неше түрлі жаман ойлар келсе де, дәл әпкем мен жездем туралы ойламаппын!..Бүкіл ағайын–туыс болып аңырадық та қалдық. Ойламаған жерден келген қаза қабырғама қатты батты. Бәрінен де артында қалған екі жас балаларын айтсаңшы...Үлкені төрте, кішісі екі жасқа жаңа толған еді...

Әпкем мен жездемнің жетісін беріп болған күні кешкісін шәй үстінде әкем: «Балам, жағдайды көріп отырсың. Менің денсаулығым жоқ. Шешеңнің түрі мынау. Бұл да жиі ауырып жүр. Ақылға келіп сырттай оқуға ауыс» деді. Келіспеске амалым қалмады. Өзім де сондай тұжырымға дайын тұрғамын. Құжаттарымды сырттан оқу бөліміне ауыстыру үшін әкемнен үш күнге рұқсат алдым да, алып ұшып Алматыға жеттім. Менің келгенімді естіп, курстас қыздар жиналып келіп көңіл айтты. «Мен үшін» деп көңіл шай ұйымдастырды. Әңгімелесіп отырып түннің бір уағында бірақ тарады. Қымбат, Самал, Гүлсара үшеуі бір бөлмеде бірге тұратын. «Жағдайларыңды түсінеміз ғой»деп бөлмені Гүлсара екеумізге босатып берді. Екеуміз сағынысып қалыппыз. Бұрын қанша кездесіп жүрсекте, осылай бетпе-бет оңаша қалғанымыз осымен екінші рет еді. Бірінші рет оңаша қалғанымыз әлі есімде. Бірінші курстың ортасында бір туған күн кешін тойлап жатқанбыз. Ретін тауып, Гүлсараны жатахананың бір бос бөлмесіне алып шыққанмын. Оңаша қалып орайы келген соң, қолыма ерік бердім. Аймалап сүйіп жатып, кеудесінің түймесін ағытып, екі «анарын» қалай босатып алғанымды Гүлсара түсінбей-де қалды. Күн тимегендей аппақ кеудесі дәл менің алақаныма арналғандай шап-шағын екен. Оңаша бөлмеде, көптен бері армандап жүрген қос «анарына» қолым жеткені сол екен, аш қасқырдай бас салып аймалай бастадым. Гүсараның «аһ» деуге ғана шамасы келді. Сол қарқынымды тоқтата алмай, қолымды төмен түсіріп «ниеттеніп» көріп едім, Гүлсара есін жинап алды да, қолымнан ұстап;

-- «Жаным!.. Тоқташы... Мұндай қарым-қатынасқа уақыт әлі жеткен жоқ. Біз бұған әлі дайын емеспіз... Әр нәрсенің өз уақыты мен орны болады. Бұл асығыс істелетін іс емес. Мен үшін бұның маңызы өте зор. Аяқ асты шешпейікші!.. Білесің - мен сендікпін. Тек уақыты келсінші.» -- деп тиып тастаған. Даусы сондай жылышырайлы, бірақ нық шыққаны сонша орнымнан қалай тұрып кеткенімді байқамай қалғанмын...

Бұл жолы Гүлсара еш қарсылық білдірмеді. Керісінше, екеуміз де құштарлықтың ырқына беріліп, махаббат деген сезімнің ең жоғарғы деңгейіне жеткендей болдық. Таң атқанша көз ілмедік. Неге екенін білмедім, сол түні Гүлсара көзіне жас ала берді. Айтатыны; «Шын сүйгендер қосылмайды деуші еді. Енді қайтып басымыз қосыла ма, жоқ па? » дейді бір пәлені сезгендей. Мен «Қайдағы жамандықты бастамашы. Айына бір екі рет келіп тұрамын. Арасында хат жазысып тұрамыз ғой» деп жұбатқан болдым. Сол кезде сезгенім, Гүлсара менімен кеткісі келгендей еді. Тура айта алмаса да «Аршылған жұмыртқадай» артыңда қалдырып кетпексіңбе? » деген сөзінің астарын мен сол кезде түсінбеппін ғой!.. Бірақ өзімнің жоспарым бойынша, келесі жазда қолдан алып, той жасасау еді. Әкем «алып қашу» ырымын ұнатпайтын. «Жалғыз ұлыма келінді қолдан алып үлкен той жасаймын» деген бір сөзінде. Сол да бір себеп болды да, «келесі жазда үйленеміз» деген шешімге келгенбіз. Құжаттарымды реттеп болып, Гүлсараның қасында тағы бір түн түнеп, ауылға қайттым. Ойым, айына бір-екі рет келіп тұру еді... Сол кезде жақын арада Алматыға келе алмайтынымды, Гүлсараны соңғы рет көруім екенін білсемші...

Ауылға келсем, әкем қайғыны көтере алмай, төсек тартып жатып қалыпты. «Бәле бір айналдырса шыр айналдырады» дейді ғой қазақ. Сол айтқандай «енді есімізді жинадық па» дегенше, тағы бір кесапат ілесе келді. Әкем өз күшімен орнынан тұра алмай қалды. Соғыста алған жарақаттары сыр бере бастаса керек. Ол кісіні күтуге бір адам керек болды. Сырқаттанып жатқанда қасында болу, балалық борышым деп шештім. Тағдыр мені бұндай жамандыққа жығады деп ешқашан ойламаппын. Бірақ амал қанша, пенде болған соң басқа түскенге көнеді екенсің. Күндіз-түні әкемнің қасында болуға тура келді. Сырқат адам мазасыз болады екен. Түнгі уақыт көбіне әрі аударып, бері аударып, отырғызып жатқызумен өтеді. Бір- екі сағат көз іліп алуға мұршам әзер жетеді. Алғашқы күндері Гүлсараға сағынышты бірінеше хат жолдадым. Жауап күткен үмітім көңіліме жұбаныш болып жүрген.

Бірақ Гүлсарадан хат мүлдем келмеді. Тіпті жазған хатыма жауап та жоқ. Шыдай алмай Төребекке хат жолдадым. Одан жауап көп күттірген жоқ. Хатында хал жағдайды сұрай келе «Гүлсараның шешесі ауырып, ауылына кетті. Қашан келетіні белгісіз» депті. «Егер Гүлсараның басына әлгіндей іс түсіп, ауылына кетсе, менің адресімді біледі. Бір күні хат жазар» деп өзімді өзім жұбатқан болдым. Қанша бірге жүрсем де, үйінің адресін сұрамаппын ғой!.. Шешесінің сырқаттанып қалғанына, Гүлсараға қатты жаным ашыды. Сол бейнетті басымнан өткізіп жатқан мен, оны жақсы түсіндім... Сағынышқа толы күндер өтіп жатты. Бірақ тағдыр мені тағы бір сынап көрмек болыпты. Күткен хатым Гүлсарадан емес, Алмастан келді. Алмас хатында; «Сенің сұлуың әлгі Мұрат деген жігіт бар ғой, сенімен төбелесетін. Сол жігітке күйеуге өз еркімен шығыпты. Екеуі бірге тұрып жатқалы біраз болыпты. Жақында тойлары болады екен. Сен кеткеннен кейін сол жігіттің Гүлсараны жағалап жүргені жаман еді. Гүлсараның өзінен де бар. «Тана көзін сүзбесе бұқа жібін үзбес еді» депті де «мүмкіндік болса тойына келіп кет» депті сүйінші сұрағандай. Хатты оқып тұрып, көзімнің қарауытып кеткенін байқадым. Тізем бүгіліп, орындыққа отыра кеттім. Төбемнен жай түскендей болды. Өзіме-өзім келе алмай, есік алдында біраз отырдым... Бұл не сұмдық!.. Әлде Алмастың кезекті қалжыңы ма екен. Бірақ ол менің мінезімді, ондай қалжыңды көтере алмайтынымды жақсы біледі... «Не де болса Гүлсараны іздеп, барып қайтсам ба екен» деген оймен үйге кірдім. Бірақ әкемнің күйін көрдім де, ол ойымнан амалсыз қайттым. Мына күйінде кімге табыстап кетем?.. Мен сияқты кім қарайды? Гүлсара Қарағандыға жақын жерде тұрады. Барып қайтқанымша бір жетідей уақыт керек.

Кешкісін Төребек пен Қымбатқа хат жолдап едім, бір жетіден кейін жауап алдым. Төребек хатын өте қысқа жазыпты. «Алмастың айтқаны рас болып шықты. Гүлсара Мұратқа өз еркімен шығыпты деп естідік» депті. Сол кезде көңілімнің түкпірінде бір күдік жатты. Хатты жазған адамның қолтаңбасы Төребектің қол таңбасына онша ұқсамағандығы. Оның үстіне Қымбаттың атынан келген хаттың да мағанасы сондай және қысқа еді. Бірақ оған сол кезде жөнді мән бермедім. Салым суға кетіп отырдым да қалдым. Гүлсара шынымен мені тастап кеткені ме?.. Егер өз еркімен кетсе неге хат жазып, жағдайды айтпады. Айтылған ант, «сүйем» деген сөздерінің бәрі жалған болғаны ма сонда? Ал егер Мұрат алып қашып кеткен болса ше?.. Бұрынғы заман емес қой. Заң бар. Кетем десе күштеп қашанғы ұстасын. Мұраттың тұратын ауылы қайда?.. Оны тағы да білмейді екенмін. Сол кезде осының бәрі мен үшін жұмбақ болып қала берді... Әттең қол-аяғым бос болса ғой. Бәрін өз көзіммен көріп, өз аузынан естіп келер едім. Бірақ амал қанша, «жібермесім» жібермейді. Торға түскен жолбарыстай ары-бері теңселіп жүрдім де, қала бердім. Көңілім Гүлсараны жамандыққа қимайды.Бірақ келген хаттарды оқимын да көңілім қайта бұзылады. Жан дүнием астаң кестеңі шықты. Біресе Мұрат пен Гүлсараға деген ашу ыза қысса, біресе дәрменсіздігіме, тағдырыма ашуланамын. Алғашқы күндер мен үшін өте қиын болды. Өзімді өзім жұбатып, әрең шыдап жүрдім. Кейін ойлап қарасам, сол кезде мықты екенмін. Әке – шешеме сыр білдірмедім ғой. Уақыт деген емші бар да, жазылмайтын жара жоқ екен. Толық айығып кетпесе де, жүрегімдегі «жара» тыртықтанып бітті. Анда-санда Гүлсара есіме түскенде сыздап кететін. Сөйтіп жүріп жарты жыл өте шықты...

Көктем шыға Әке–шешем жаңа өнерді шығарды. Бір күні түскі асты ішіп отырғанбыз. Төсекте жатқан Әкем маған:

-Балам!.. Менің халім мынау. Шешең болса әне. Бірде ауру, бірде сау. Ақылымызды тыңдасаң, осы күзде, әпке-жездеңнің жылдығын өткізгеннен кейін үйлен. Тірі адам тіршілігін істейді. Біз де, көзіміздің тірісінде келін жұмсап, немере сүйіп дегендей... Байқаймын, көздеген қызың бар ғой деймін. Бар болса шақыр. Танысайық... Біз көрейік, бізді көрсін. Сен дүниеге келгелі «үйленеді» деп жиған қаражатымыз бар. Құдайға шүкір бір кісідей-ақ той жасап береміз.- деді де екеуі бетіме қарады. Әсіресе шешем. Көзі жәудіреп «не дер екен» деп отыр. Екеуінің бар үміті де, арқа сүйері де мен екенімді түсініп отырмын. Жастары болса келіп қалды. Ұлдан жалғыз мен. Екеуі жарытып немере де сүймепті. Әпкемнің балалары - жиен немерелері - жездемнің әке-шешесінің қолында. Анда-санда бір келеді. Олар келгенде үйдің ішінің сәні кіріп, мәз-мейрам болып қаламыз. Біраз үндемей отырып қалдым ғой деймін. Бір кезде шешем шыдамай кетті:

-Құлыным-ау! Бірдеңе десеңші! Екеуміз бірдей сенің аузыңа қарап отырмыз ғой! Біз де келін жұмсап, немере сүйейік те бір! Баласыз үй...--деп бастап келе жатыр еді, мен жәймен:

-- Жарайды.. жарайды!.. Үйленсем үйленейін!.. Тек, әзірге үйленетін қызым жоқ. Күзге дейін бірдемесі болар—дедім...

Кәзіргі келіншегім көршіміздің қызы Сәуле - сол кезде техникум бітіріп келіп, ауылда есепші болып істейтін. Ол да кезінде, мектепте әкемнен оқыған. Сол кезде ұстазын сыйлағаны болар, біздің үйдің шаруасына көп көмек көрсетті. Шешеме келіп нан пісірісіп, үй жинасып тұратын. Мінезі биязы. Көп сөйлемейтін. Бар өнерін кейін білдім - қалжыңбас, сөзге шешен екен. Өзі ұзын бойлы, қара-торының әдемісі. Мені «Аға» деп, қасымнан өткенде ұялып, төмен қарап өтетін. Казір ғой «А»десең «Б»деп қарап тұрады. Менімен әзілдескенді жақсы көреді өзі. Кездесуге шақырып, телеграмма келгенде де; «Алматыдағы ғашығың, сені көргісі келіп шақырған шығар. Барасың ба? » деп қойып қалды.Үйдегі альбомда Гүлсара екеуміздің бірге түскен суреттерімізді көріп «бұл кім? » деп қоймаған соң әңгіменің шетжағасын айтқанмын. «Алматыға бармағалы, курстастарымды көрмегелі қай заман. Оның үстіне ғашығым шақырып тұрса неге бармасқа» дедім мен де қалжыңдап. «Онда мені ала баршы. Мен де Алматыны көрмегелі біраз болыпты. Сенің ғашығыңды да көрейін.» деді мұңайып. Аққу жалғыз жүрмейді дейді ғой. Құдай қосқан қосағым, өзіммен ертіп ала кетейін–ақ деп едім. Бірақ науқан кезі, жұмыс бастан асады. Оның үстіне үйге, мал жанға баскөз бір адам қалмаса болмайды.

Содан не керек, телеграмма келген күннен бастап менен маза кетті. Алматыға кететін күн жақындаған сайын өзімнен-өзім әбіржіп, мазасыздана бастадым. Жылдар бойы жиналып қалған Алматыға деген сағынышым, жарылар мерзімін күтіп жатқан жанар таудай, телеграмма келуі мұң екен, ешбір күшке ерік бермей, қопарыла жарылғандай. Енді мені ешкім тоқтата алмас.

Алыстан«Алматым» деп аңсап келем.

Ақ самайлы, еңселі, ақсақалды

Алатауға бас иіп сәлем берем. - деген өлең шумағы, ақын болмасам да, тіліме орала берді. «Кездесуден кейін, бір күн уақытымды бөліп, Алматыны армансыз араламасам ба осыдан. Күнделікті қу-тіршіліктің күйбеңінен бір дем алайыншы» дедім ішімнен. Жүрегім бірдеңе сезгендей, түнімен дөңбекшіп шықтым. Кездесуге бір күн қалғанда жолға шықтым. Сәуле шығарып салып тұрып, Қыз-Жібектің даусына салып; «Алматыға қалай асықсаң, ауылға да солай асығарсың деп ойлаймын! » деді майысып. Мен мырс етіп күліп жібердім. Қалжыңдағаны ма шыны ма, білмедім. Өзінің даусы да кинодағы Қыз Жібектің даусына келетін.

Автобусқа мініп өз орныма отырғаным сол еді. Жүргізуші жігіт, арнайы сұрағандай, Алтынбек ағамыздың «Сағындым Алматымды» әнін «МузАрт» тобының орындауында қойып қалғаны:

«Еске алсам Көк-төбені

Жаныма от береді.

Алғашқы махаббатқа

Куәгер көктерегі»...– деген сөздерін естігенде орнымнан тұрып кеттім. Ойпырм-ай... Маған не болған өзі!.. Көңілім неге сонша қобалжыды!.. Бұндай күйді басымнан кешпегелі қай заман...

Ойлап отырсам Институтты бітіргенен кейін Алматыға бір-ақ рет барыппын. Осыдан алты жыл бұрын, 2001 жылы, ағайынымыздың баласы үйленіп, соның құдалығына барғанбыз. Онда да кешке келіп, ертесінде түсте қайтып кеткенбіз. Ол кезде Алматыны аралайтын уақыт та болған жоқ. Есімде қалғаны, көшедегі жолдардың нашарлығы. Масқара!..Шұңқырдың ішінде шұңқыр болып кетіпті. Құдалардың үйіне барып қайтқанша машинамызды да, өзімізді де ұрып тастаған...

«Мені кездесуге кімдер шақырды екен? » деген ой келді. Cырттан оқыған курстастарыммен жөндеп араласқан жоқпын. Кейінгі курста келген мені танып та үлгерген жоқ. Дипломды алған соң, көбісі «жуамыз» деп қалғанда, мен болған жоқпын. Үйдегі жағдай көтермей, кетіп қалғанмын. Кейін қалай келіскендерін білмеймін. Сондықтан олар мені кездесуге шақыруы екі талай. Өзім бауыр басып, бірінші курстан үш жыл бірге оқыған курстастарым шығар шақырған. «Гүлсара келер ме екен? » деген ой жылт ете қалды. Оны көрмегелі жиырма жылдан асып кетіпті. Казір қателеспесем қырыққа келіп қалды. «Қандай келіншек болды екен? » деген ой келді. Соңғы рет Төребектен хат келгеннен кейін курстастарымнан еш хабар болған жоқ қой. Оның үстіне сол кез, тоқсаныншы жылдардағы қиын кезеңмен дәл келді емес пе. Еліміз егемендік алды. Оған ілесе нарықтық реформа басталды. Өтпелі кезеңнің қиын шағында, ауылда жұмыс та, ақша да жоқ болды. Электр жарығын айлап көрмедік қой. Сол кезде бір қараңғы түнек заман басталып кетті емес пе. Ел барын сатып, қолынан келгені қаладан жұмыс іздеп, сауда жасап кетті. Мен мектепте мұғалім болып жаным қалды ғой. Жалақысы көп болмаса да әйтеуір айына тұрақты төлеп тұрды. Одан қалған керек-жарағымызды әке-шешемнен қалған малмен жаптық. Кәзір құдайға шүкір халықтың жағдайы көп жақсарды ғой. Тіршілік еткеннің қарны тоқ.

--Айтпақшы, сен қалай үйленгенің туралы айтпадың ғой. Әке—шешең тірі ме? —дедім мен Сапардың әңгімесін бөліп.

-- Әкем мен үйленгеннен кейін бір жарым жылдан кейін қайтыс болды. Ал шешем болса, одан төрт жылдан кейін қайтты.

-- Иманды болсын... Әйтеуір немере сүйіп үлгерген шығар?

-- Иә, үлгерді ғой... Мәке! Қалай үйленгенімді айтсам, тағы бір күн кетеді. Оның өзі бір бөлек әңгіме. Дәм бұйырса кейін бір айта жатармын.—деді Сапар. Мен келісе кеттім. Өйткені «Алматыдағы кездесу немен бітті екен» деген ой ішімті тесіп барады.

-- Содан не керек, ертесінде Алматыға сағат сегізде жеттік. Көптен көрмеген адамға қаланың өзгергені бірден көзге түседі екен. Автобустан түсе салып институт жаққа тарттым. Жолда біраз тұрып қалып кешіге жаздадым. Ешкім жаяу жүрмейтін болған ба, Алматыда адамнан машина көп болып кетіпті ғой. Шеттерінен су жаңа шетелдік автокөліктер, бой көтерген биік ғимараттар, халықтың әл-ауқатының жылдан жылға жақсарып келе жатқанының көрсеткіші сияқты еді. Институттың алдына келсем, мен танитын ешкім көрінбейді. Ары-бері қарап тұрмын. Институт бұрынғысынан мүлде өзгеріп кетіпті. Аты да басқаша болыпты. «Бұл не? Қалжың ба? Неге ешкім жоқ? Әлде кешігіп қалдым ба? » деп, қалтамдағы телеграмманы шығарып, көрсетілген күніне, сағатына қарап жатқанмын. «Бәрі дұрыс па екен? » деген сөзге жалт қарасам, қасымда Төребек тұр!..

-- Әй көке!.. Жаңа қасымнан өткенде тани ма десем, аяғымды басып кете жаздадың ғой өзі. Шал болғансыңба не! —деп қалжыңдай келіп құшақтай алды. Шынында да әзер таныдым. Бұрынғы Төребек емес.

-- Өй өзіңе қарасаңшы! Алдыңның бәрі қарын! Сиыр жалағандай шашыңның жартысы жоқ! Танымайтындай-ақ өзгеріпсің ғой өзің – дедім мен де есемді жібермей. Жөн сұрасып, көрісіп болған соң:

--Қалғандары қайда? —дедім шыдамай.

-- Кім керек еді саған?.. Сенен басқасының бәрі дерлік осы Алматыда. Екі күн бұрын бір кафемен келісіп қойғамыз. Барлығы кәзір сол жерде, бізді тосып отыр. Жүр ана жерде машина күтіп тұр.—деді де мені қақпаға қарай жетектей жөнелді. Көше бойында тұрған бір шетелдік жеңіл машинаға келіп отырдық. Төребек алдына отырды да мен артқы орындыққа жайғастым. Рульде отырған жас жігіт маған қарап; «Сәлеметсіз бе? » деді де, машинаны оталдырып, жүріп кеттік. Бұл баланы бір жерде көрдім бе, әлде біреуге ұқсаттым ба? Жалт қарағаны, даусы, күнде көріп жүрген бір танысыма келетіндей болып көрінді. Төребек екеуміз әңгімелесіп келеміз:

-- Мына бала сенің балаң ба? – дедім бір кезде. Төребек үндемеді. Естімей қалды ма дейтіндей емес, естіртіп-ақ айтқан сияқты едім. Бір кезде Төребек маған қарап жымиып:

-- Жөндеп қарашы, мына жігіт кімге ұқсайды? – деді.

-- Арт жағынан жөндеп ажырата алмай отырмын... Әйтеуір саған ұқсамайды. – дедім мен қалжыңдаған болып -- Біреуге ұқсаттым. Бірақ кімге екенін таба алмай отырмын... Төребек күлді де қойды. Осы кезде машина Аль- Фараби көшесіне түсті де, Орбита ықшам ауданына қарай бет алды. Бұрын талай жүрген жерім болмаса танымай қалатын едім. Алматы құлпырып кетіпті. Жан-жақтың бәрі салынып жатқан жаңа биік үйлер. Салынып біткені қаншама. Бұрын Алматыда «Қазақстан» қонақ үйінен басқа биік үй болмаушы еді. Мына биік ғимараттардың бәрі әдемі, бірінен бір өтіп тұр. Бұндай ғимараттарды бұрын шетелдің киноларынан көріп, қызығушы едік. Енді міне біздің Алматы да соларға ұқсап келеді. Жан – жағыма қарап келе жатқанымды байқаған Төребек:

-- Қалай?.. Алматы өзгеріп пе? – деді мойнын маған бұрып.

-- Айтпа... Айналдырған алты жылдың ішінде адам айтқысыз өзгеріпті.

-- Не?.. Алты жыл бұрын келіп пе едің?.. Бізге неге хабарласпадың?

-- Кімге хабарласам?.. Сонау тоқсаныншы жылдардың басында Қымбат екеуіңнің хатыңнан кейін ешқайсыңнан бір де бір хабар болмаса! Кімнің қайда екенін білмесем! —дедім мен. «Бұл рас айтып тұр ма» дегендей Төребек пен жас жігіт маған бір, сосын бір-біріне қарасты. «Бұлар неге таңданады?.. Мына жас жігіт кім? Төребек неге маған таныстырмады? Осы жігіт кімге ұқсайды өзі?..» деген ой тағыда келді.

-- Мен саған, ауылыңа хат жазбақ түгілі адресіңді білмейді екенмін, --дей беріп еді, Төребектің ұялы телефоны шырылдап сөзін бөліп жіберді. Бұл да Алтынбек ағамыздың «Сағындым Алматымды» әнін қоңырау орнына қойыпты.

--Алло!.. Міне келіп қалдық... Иә таптым, келе жатыр-- деп Төребек телефонын өшіріп, маған қарады да -- Қыздар ғой, сені сұрап жатқан – деді. Навои көшесіне жеткенде солға бұрылдық та, тау жаққа бет алдық. Оң жағымызда керемет салынған аркалы калоннаны көрдім. Сірә парктың кіре беріс қақпасы болар деп ойладым. Ойымды оқып қойғандай, Төребек:

-Бұл Президентіміздің Алматылықтарға тартқан сыйы ретінде жаңадан ашқан саябағы. Ағаштары әлі жас. Құдай қаласа біраз жылдан кейін құлпырып шыға келеді.—деді. «Біз қайда бара жатырмыз» деген сұрағыма Төребек «Казір көресің» деді. Біраз жүрген соң, оң жақ сол жағымызда өңкей жаздық кафелер басталды. Бір кезде үлкен екі қабатты, еңсесі биік «Батыр» атты кафеге келіп тоқтадық. Басқа кафелерге қарағанда еңселі, көзге ерекше көрінеді. Есік алдында он бес шақты адамдар жиналып тұр екен. Қыздарымызды бірден таныдым. Бәрі мәз-мәйрәм. Біздің келе жатқанымызды көрді де қатар тұра қалып;

Қосамын әнге атыңды

Тосамын әр хатыңды.

Сағындым алма бағын

Сағындым Алматымды—деп хормен, біз келіп араларына қосылғанша әндетіп тұрды. Құшақтасып көрісіп жатырмыз. Көңілшек басым көңілім босап, көзіме жас алдым.

-Масқара!.. Сапар-ау, жиырма бір жыл болды сені көрмегелі, қайда жоқ болып кеттің! !! -- деп Қымбат бас салып құшақтай алды. Әр қайсысымен көрісіп шыққанша бетімнен сүйілмеген орын қалмаған шығар. Байқағаным, бәрі шамалы жүздетіп алған. Бәріміз дабырлаған қалпымызбен кафеге қарай бет алдық. Сөйлесе жүріп қыздардың арасынан Гүлсараны іздеп едім, көрінбеді. «Келмегені ме?.. Не жағдай болды екен... Әлде күйеуі жібермеді ме? » деген ойлар бірінен соң бірі келе берді. Қымбат ойымды түсінгендей қолымнан ұстап тұрып:

--Гүлсараны көргің келе ме? – дегені. Не дерімді білмей сасып қалдым.

--Көрімдік!.. Жаңа сені машинасымен алып келген жас жігітті көрдің бе?..Сол Гүлсараның баласы!.. Есімі Нариман...—деді де кафеге жетектеп кіргізіп, -- Әне сенің сұлуың отыр... Бар да амандас – деді. Жарық жерден қараңғылау жерге кіргеннен бе, әлде көзім қарауытып тұрды ма, білмедім. Қарсы алдымда тұрған Гүлсараның бет әлпетін жөнді көре алмай тұрып қалдым. Байқағаным маған қарай келе жатқаны. Жақындағанда барып бірақ таныдым. Бір-бірімізге қарап тұрып қалыппыз. «Күйеуімен келдіме екен» деген ой келді де жан—жағыма қарадым. «Күйеуі Мұратты көп көрмесем де тануым керек» деп ойладым. Бірақ бұл жерде ол көрінбеді. Курстастарым «Екеуі қайтер екен» дегендей бізге қарап тұр екен.

- Саламатсың ба? Гүлсара – дедім даусым қысылып. Жақын келіп құшақтап, бетінен сүйдім.

-Амансың ба? Сапар...—деп оның да даусы тербеліп шықты. Басқа не айтарымызды білмедік. Бір-бірімізге қарап тұрып бір-аз үндемей қалдық қой деймін, тыныштықты тағы да Қымбат бұзды:

-- Кинодағыдай сүйісе ме деп дәм етіп тұрсыңдар ма? Размечтались! !! Ақшасын төлеңдер. Бесплатный кино жоқ!.. Жүріңдер дастарханға отырайық! -- деді қыздарға қарап қалжыңдап. Бәріміз дастарқан басына келіп жайғаса бастадық. Оң жағыма Гүлсара, сол жағыма Қымбат. Қарсы алдыма Төребек келіп отырды. Байқағаным біраз адам жоқ екен. Мен Төребектен «Алмас қайда? » деп сұрап ем, жауапты Қымбат берді:

-- Қайтесің соны?..Онымен араласпаймыз. Гүлсара екеуіңе істеген қиянаты бір басынан асады... Бірақ ертең кіріп шығайық..Үш айдан бері орнынан тұра алмай, ауырып жатыр деп естідік. Бір апта бұрын маған телефон соққан. Жыларман болып, Гүлсара екеуіңді ертіп келуімді сұрады. Сағынып тұрсаң ертең көресің.—деді де:

--Ал тойымызды арамыздағы екі еркектің бірі, Сапардың бүгінгі туған күнімен құттықтаудан бастайық. Қалғанын көре жатармыз. Қалай, қарсы емессіңдер ме? —деп Қымбат маған қарады. Бәрі орындарынан тұрып мені құттықтап тост көтерді де, аздаған сыйлықтарын берді. Ары қарай кешті Қымбат өзі жалғастырып кетті. «Алмастың ауруы несі?.. Гүлсара екеумізге жасаған қиянаты несі?.. Мыналар не деп кетті өзі! » деп түкке түсінбей мен отырмын. Көзімнің қыйығымен Гүлсараға қарап қоям. Жүзінде жабырқау бар сияқты көрінді. Маған мұңлы қөзбен қарайды. Бетіндегі бірен-саран әжімдері болмаса, аса өзгере қоймаған. Қайта бұрынғыдан бетер әдемі болып кеткен сияқты ма қалай?.. Қымбат әркімге тост беріп шықты. Бәріміз сөз сөйлеп, қысқаша өмірбаянымызды айтып жатырмыз. Сөздерінен байқадым, менен басқа төрт қыз мамандығымыз бойынша мұғалім екенбіз. Сол бесеуміз ауылдан келіппіз. Қалғандары осы Алматыда, шеттерінен коммерсантар екен. Сонау тоқсаныншы жылдардың қиын кезеңінде, көбісі мамандығын тастап саудаға кетіпті. Бірінші болып бастаған Қымбат, кейін қалғандарын қасына жинап алыпты. Төребек те қыздарға екі мыңыншы жылдары келіп қосылыпты. Сөздеріне қарасам --бәрі ұйымшыл. Сауданы жаңадан бастағандарына алғашқы капиталды бірігіп жинап беріп, аяғына тұрып кеткенше көмектесіпті. Бұрынғыша атамандары Қымбат—бәріне айтқанын істетеді. Әр қайсысы тост айтқанда, сөз арасында Қымбатқа арнап; «Осы отырысты ұйымдастырып, басымызды қосқаны үшін, бизнесіміз үшін рахымет.» дей келе, «сүйгеніңе қосылуыңа тілектеспіз» деп жүз граммды алып жатыр. Қымбат сол қалпы, күйеуге шықпапты. Бұрын да толықша келген ірі денелі, бойшаң еді, қазір де өзгергені шамалы.

-- Осы сендер жиырма жыл болды «сүйгеніңе қосыл» дегелі!.. Сүйгенім міне отыр ғой -Сапар!. Оқып жүргенде талайымыз ғашық болып едік қой осыған. Арамыздан таңдағаны Гүлсара еді, оған да бұйырмады! Бізге не өзі тиіспеді, не өзгеге тигізбеді!.. Жанымызға жігіттер жолап кетсе, көрші үйдің қоразы сияқты қоқиланып шыға келуші еді!.. Сонысынан дәмеленіп жүріп қалдық қой міне, жарылмаған жұмыртқадай.-- деді. Бәріміз күлкіден құлап жатырмыз. Бір кезде: -- Жарайды, айтқандарың келсін.. «Тесік моншақ жерде қалмас» демекші, жүрген шығар бір шүйкебас.. Бірақ жөндісі қалды дейсіңбе сол еркек атаулының. Тәуіріне кездесіп түбін қазсаң, бәрінің қатын-бала шағасы бар. Өздері айтпайды ғой, шіркіндер... Бәрі бойдақ бола қалады...Шынына келсек, өзім де еркек болып кеттім ғой, мына коммерцияның арқасында.—деді қалжыңдап. Бұрын да осылай қалжыңбас, бәрімізді ұйымдастырып жүруші еді. Сол қалпы. Гүлсара өз кезегінде, өмірбаянына қысқаша тоқталды. Сөзінің аяғында толқып тұрып; «Жалғыз ұлым бар... қуанышым да, тірегім де сол.. Содан кейін сендерсіңдер.. Сендерге көп рахмет... Әсіресе Қымбатқа айтар алғысым шексіз..» деді де көзіне жас алып, орнына отыра кетті. Күйеуге шыққан-шықпағаны туралы ештеңе демеді. «Көре салып сұраған ұят болар. Реті келсе өзі айтар» дедім де қойдым ішімнен. Біраздан кейін бәріміз қыза бастадық. Ән айтып би билеумен уақыттың қалай өткенін байқамай қалыппыз. Келесі бір биге Гүлсараны шақырдым да:

--Дәл бүгін, менің туған күнімде, кездесу ұйымдастыру сенің идейяң ба? - деп сұрадым. Ол күліп бетіме қарады да, басын изеді. Музыканың даусынан бір-бірімізді жөнді ести алмай тұрмыз.

--Бүгін бір оңаша отырып сөйлесе аламыз ба? - дедім. Ол иығын көтерді де:

--Қайдам... Қымбаттың бір жоспары бар еді, содан кейін болмаса – деді.

--Ол не жоспар?.

--Кезі келгенде көресің..

--Бәрің шеттеріңнен жұмбақ болып кетіпсіңдер ғой. Шет жағасын айтасыңдар да қоясыңдар. Келісіп алғансыңдар ма не? – дедім мен шамданып.Ол менің көзіме жымия қарады да:

-Сабыр түбі сары алтын.—деді. Қызулықтың күшімен, белін өзіме тартып ұстап алып едім, бетіме қарады да, басын ақырын шайқап:

-- Қой, бұзық болма, елдер қарап тұр – деді.

Кеш бітіп, далаға шықтық. Кафенің ішінде жүріп байқамапын, жаңа ғана өткінші жаңбыр жауып өтіпті. Есік алдында кішігірім автобус тұр екен. У-шу болып жүріп бәріміз соған отырдық. Төребек менің қасыма келіп жайғасты.

-- Ал, енді кімнің өлеңін айтамыз? – дедім мен Қымбатқа қарап.

-- Енді аттың басын Медеуге тарттық. Бүгін сенің туған күніңе тағы бір сыйлық: Алматыны бір аралатып шығамыз. Бұрын Алматыны аралауды жақсы көруші едің. Көп болды ғой көрмегелі. Сағынған шығарсың.—деді де: Қосамын әнге атыңды.

Тосамын әр хатыңды.

Сағындым алма бағын,

Сағындым Алматымды. – деп әндете жөнелді. Сөйтсем курстастарым Алтынбек ағамыздың осы әнін біздің курстың «гимні» етіп алыпты. Бәрінің телефондарына қоңырау түссе осы өлең ойнайды. Отырған жерде осы әнді бір екі қайталап тастайды..

Кешкі Алматы тіпті керемет болып көрінеді екен. Медеуге жеткенше жол бойы неше түрлі зәулім үйлер салынып тастапты. Бұрынғыдай емес жол теп-тегіс болып, кеңейіпті. Көше қыйылыстары жаңа тәсілмен салынған жол айырылыммен алмасыпты. Осы өзгерістер бар болғалы бес-алты жылдың ішінде болғанын айтсаңшы.

-- Осыдан алты жыл бұрын Алматы бұндай емес еді ғой. Жолдары шұрық тесік. Көшесі қараңғы еді. Кәзір тіптен басқаша болып кетіпті. – дедім мен қуанышымды жасырмай.

--«Елім» деген ер Азамат каланы өз қолына алғалы бері, Алматымыз құлпырып шыға келді. Байқасаң бәрі басқарушыға байланысты екен. Бұрынғы басшылар өз пайдасы мен, өз қалтасын толтыруды ойлапты ғой... Меніңше Чиновниктерді екі түрге бөлуге болады. Біріншісі өкіметке -- мансап үшін келеді де, қарапайым халыққа «тобыр» деп қарайды екен. Екіншісі Иманғали Тасмағанбетов көкеміз секілді «елім үшін», «халқыма қызымет етсем» деп келеді екен.-деді Төребек. Медеуде көп болмадық. Бір-бірден кәуәб жеп, жүз грамдатып қайттық. Өйткені уақыт тығыз еді. Қымбаттың програмасы бойынша, аспалы трамвайға мініп, Көк-төбеге көтерілгенде, күн көкжиекке отырған кезі еді. Жауып өткен жаңбырдан кейін, аспан шайдай ашылыпты. Алматының қаншалықты өзгергенін осында тұрып байқауға әбден болады екен. Шіркін көркіне көзің тоймайды-ау. Алматы—Алатау; бұл бір ажырамас компазиция ғой. Жылдың қай мезгілі болса да, Алматы мен Ала-тау бір-біріне ерекше бір көрік беріп тұрады. Қазір ағаштар көгеріп, гүлдеп қаланы жап-жасыл желекке орап тұр. Бәріміз үнсіз, күннің қызарып батқанын тамашалап тұрдық. Алдын ала, күннің қай уақытта бататынын есептеп қойғандай, дәл уақытында келіппіз. Бұрын мектеп бітіргенде, т.б мерекелерде күннің шығуын күтуші едік, енді міне «қырықтан асқаннан кейін керсінші болады» дегені ме Қымбаттың...

Бұл Көктөбе кезінде талай тамашалаған жерім ғой. Көзімді жұмып, тоқсаныншы жылдардағы Алматыны көзіме елестеттім де, қайта ашып қалдым... Айырмасы жермен көктей. Өстіп қаланы қызықтап тұрғанымда қасыма Төребек келіп:

-- Алматыға қарай көшпейсің бе?.. Ауылда не қалды дейсің?.. Қызықтың бәрі осында емес пе? —деді. Мен біраз ойланып тұрып:

-- Ауылда біріншіден, әке-шешемнің сүйегі жатыр. Әкеден жалғызбын. Мен кетсем шаңырағы қаусырап бос қалмай ма? Екіншіден жұмысым сонда, біраз болды мектепте директор болғалы. Үшіншіден қазақтың төл бесігі – ауыл емес пе. Бәріміз қалаға кетсек ауылды кім көтереді? Естіп жатырмыз, «Алматыға келгеннің бәрі орыс болып кетіпті» деп. Ана тіліміз, салт-дәстүріміздің бәрі ауылда емес пе? Ауыл жоқ дегенше қазақ деген ұлт та жоқ дей бер —дедім.

-- Оның рас. Ауылда өскен қазағым, қалаға келіп орысша қазақшасын араластырып сөйлеуді әдетке айналдырды. Автобустың ішінде 90% қаракөздер келе жатса да - кондуктор ауылдың жігіті - аялдаманы орысша айтады ғой. Екі қазақ көшеде ұрсысып қалса да, жол сұраса да орысша сөйлейтінін қайтерсің!..Сатылатын газет-журналдардың 70%-зы орысша, Теледидар мен радио эфирдің 80%-зы орысша жүрсе, қазақшамыз қайдан дамысын! Жақында депутаттар бұл олқылықты түземек болып «50%-де 50%» деп заңды шығарып еді. Бұл заң бойынша эфирдің 50%-зы қазақ тілінде жүруі тиіс болатын. Қателік жібергендері сол, ақпарат таратушылар орысша хабарларын күндіз беріп, қазақшасын түн ауғаннан таң атқанша беретінін қайтерсің. «Қазақтар түнде ұйықтамайды» дегені ме сонда. Теледидар мен радионың қай каналын қойсаң да орысша жүріп жатқаны. Үкімет басындағылардың көбісі теледидардан қазақшаға тілдері келмей, орысша сөйлейді. Осыдан кейін қазақ тілі мен мәдениеті қалай дамысын! Ұлты басқа отандастарымыз осыдан кейін қайтіп қазақша үйренсін!.. Қазақтардың өздері өз тілін сыйламаса, өз тілінде сөйлей алмаса, басқа ұлттар қайтсін біздің тілімізді! Қазақ өнер адамдары өздерінің шығармаларын қайда көрсетерін білмей дал болады ғой кейде... Дініміз араптардікі, тіліміз орыстардікі, салтымыз сан елдікі. Біріміз орысша, біріміз қазақша тәрбие көргендіктен екіге бөлініп бара жатқандаймыз. Арамызда шоқынған қазақтар да жоқ емес... Тек балаларыңның болашағы осында дегенім болмаса.

-- «Елу жылда ел жаңа» деген атам қазақ. Уақыт өте тіл де, дәстүр де өзгереді. Өйтпесе адам баласы әлі күнге үңгірде отырмас па еді. Ал баланың тәрбиесі дұрыс, ақылы бар болса, әке-шешеден алыс кетпейді. Ана тілін, дәстүрін сыйлайды. Бауыржан Момышұлы атамыз кезінде, бір бастыққа ыза болғанда; «Коммунизм құрсаң да Қазақпын деп құр! !! » депті ғой. Сол сияқты ұлттық идеялогия болмай ұлттық мемілекет те жоқ. АҚШ-тың өзі құрама ұлттардан тұрғанымен, ортақ бір тілдері, ұлттық идеялогиясы бар. Өйтпесе кәзірге дейін ағылшындардың колониясы болып жүре беретін еді ғой. Сондықтан басты мәселе тәрбиеден... Құдай қаласа, үлкен ұлым жақында осында оқуға келеді. «Оқу бітіріп, Алматыда тұрам» дейді. Ауылда бір үй, Алматыда бір үй болса, ортасында біз шапқылайтын жол да бар емес пе?. Оның үстіне бұрынғыдай проблема жоқ. Ауылдың жағдайы жақсарды. Әркім де бір-бірден ұялы телефон бар. Біздің ауылда отырып Алматымен сөйлесе бересің. Әр үйде бірден, екіден машина бар. Алматыға көзді ашып-жұмғанша жетіп келесің. Әр ауылдың өз қызығы бар. Сондықтан «Ауылға қайт балам, барып қайт.» деген өлеңді білесің бе? Сол өлеңде терең мағына жатыр. – дедім. Байқағаным; Төребек бұрынғы қысылшаң мінезін қойып, кәдімгідей ашылып алыпты.

-- Иә..Сен мамандығың бойынша жұмыс тауып, істеп кеттің. Ауылда мұғалімдерге аз да болса еңбекақы төлеп тұрды. Ал мен ше?.. Екі жыл жұмыс таппай, дипломымды күйдіріп алдым емес пе. Әр нәрсенің басын бір шалып жүріп, ақыры Алматыға келіп тірелдік...

Кешкі серуен бүгін осымен болды-ау деймін. Атаманның ендігі жоспары қандай екен?..

- Қымбат енді қайда барамыз? —деп Төребек Қымбатқа қарады.

-- Енді төмен түсейік. Сосын біздің үйге барамыз.—деді Қымбат. «Ау демалмаймыз ба? Түнімен жол жүріп келген мен байқұс, шаршап тұрмын» дегім келді. Шын мәніндегі ойым, Гүлсарамен жеке қалып сөйлесу болып тұр. Мыналарға қарасам, ондай мүмкіндік болатын түрі жоқ.

Қымбат қаланың қақ ортасында, жаңадан салған он алты қабат үйде тұрады екен. Пәтері жаңа типпен салынған, кең, үш бөлмелі. Әр бөлмесінде мини футбол ойнауға болатындай. «Біз келеді» деп сіңілісі дастарқан жайып, ет асып қойыпты. Бағанадан бері сөздеріне мән бермеп едім, енді шынымен ойланайын дедім. Бизнестері анау-мынау емес қой деймін. «Қаланың қақ ортасында, мынадай пәтер алу, әркімнің қолынан келе бермес» деген ойға келдім де:

-Пәтеріңе көрімдік. Аз да болса көптей көр- деп бір көк қағазды дастарқанына тастадым.

-- Сен бірінші, балаңа... жаңағы Гүлсараның баласына көрімдікті бермейсің бе? —деп кібіртіктеп қалды да, «қызулықпен бірдеңені бүлдірдім» дегендей, аузын басып Гүлсараға қарады. Бәрі тым-тырыс бола қалды. Мен қолымды қалтама салып тағы көрімдік алғалы жатыр едім.

-- Жарайды Сапар, қоя тұр... «Әкесі өлгенді де естіртеді» дейді ғой, – деп үндемей тұрып қалды. Терең тыныс алды да менің қасыма келіп жаймен: -- Бағана саған Гүлсараның баласын Нариман деп таныстырдым ғой... Сол сенің де балаң... Әкесі сенсің...-дегені.

Мен аң-таңмын. Төбемнен суық су құйып жібергендей болдым. Гүлсараға бір, Қымбатқа бір қарадым да:

-- Не дедің?.. Қалайша?.. Қалжыңың ба бұл?.. Бұрын неге айтпадыңдар? —деуге шамап келді. Гүлсараға қарасам жылап тұр екен. Менің де көңіліп босап кетті. Қасына келіп құшақтай алдым да :

- Жаным-ау! Бұл қалай болғаны... Баяғыда неге айтпадың? —дедім. Жан-жағыма қарасам қыздар да көздеріне жас алыпты. Төребек:

-- Жә, Гүлсара жылама... Тағдырдың салғаны ғой, қайтесің. Бүгін қайта, осындай кездесу болып жатқанға қуаныңдар! Қымбат! Аш шампаныңды! Құй жүз грамыңды. Келіңдер қыздар дастарханға отырайық! —деп жатыр. Мен өз-өзіме келе алмай тұрмын. Гүлсара болса менің құшағымда, өксігін баса алмай тұр. Қыздар бізді сүйеп әкеліп дастарханға отырғызды. Біреуі Гүлсараға су ішкізіп жатыр. Сол кезде Қымбат көзінің жасын сүртті де, қолына стақанды ұстап:

-- Түу! Мойынымнан бір ауыр жүк түскендей болды ғой!.. Сапарға қайтып айтарымды білмей, түк ыңғайын келтіре алмай жүр едім!.. Жүз грамның арқасында міне, ағымыздан жарылдық... Сапар мына берген көрімдігің, бағана балаңа берген көрімдік болсын! Саған естіртуді Гүлсара менің мойныма жүктеп қойып еді, ауыр екен. Мен міндетімнен құтылдым. Ал үйдің көрімдігін, пәтерімді жууға арнайы шақырғанда берерсің!. Көшіп кіргеніме көп болған жоқ. Әлі ешкімге жуған да жоқпын. –деді. Мен үнсіз келістім. Содан не керек, тілек соңынан тілек, әңгімеден әңгіме туып, таңның қалай атқанын байқамаппыз. Біраз тынығып алуды ұйғардық та, мен Төребектің үйіне кеттім. Келе төсек салып құладық. Бір күнде көрген хикаям бүкіл өміріме жетерлік болды. Ертең баламмен кездесетінімді ойлап жатып ұйықтап кетіппін... Қанша ұйықтағанымыз белгісіз, Төребек екеумізді телефоны ойатты. Телефон шалған қыздар екен. «Бір сағаттан кейін кездесеміз» депті. Сағатқа қарасам он бірден кетіпті. Келгелі Төребектің үйінен ешкімді көрмедім. «Бала-шағаң бір жаққа кеткен бе? » деп едім, қысылып, терлеп тұрып; «Мен бойдақпын» дегені. Ал керек болса!.. Сөйтсем әйелімен ажырасқалы сегіз жылдай болып қалыпты...

Жуынып-шайынып, далаға шықсақ, кешегі автобуспен қыздар күтіп тұр екен. Кешегіден кейін бас ауырып тұр еді. Төребек екі бөтелке сыра ала шығыпты. Екеуміз екеуін аша бергеніміз сол еді, Қымбат:

-Әзірге қоя тұрыңдар. Қазір Алмасқа кіріп шығайық.- деді де маған қарап, —Сәке, қазір барған соң, Алмасқа артық сөз айтпай-ақ қоғын. Бала-шағасы ештеңе білмей-ақ қойсын. Саған жағдайды артынан кейін түсіндіреміз. Жарай ма? Сосын көкке шығамыз, сірне пісіреміз. –деді.

– Ол не жағдай? Нариманды маған қашан таныстырасыңдар? —дедім шыдамсызданып.

-- Қазір ол сабақта. Кешке келген соң көресің. – деді Гүлсара.

Кымбаттың көңілі неткен кең еді. Бала кезімізде бір-бірімізді бағалай білмейді екенбіз ғой. Қазір ойлап отырсам, қаншама жанға жақсылық жасаған. Алмас қаланың төмен жағында –«Шаңырақ» деген жерде тұрады екен. Шаңырақ деген атына заты сай келмейді! Жер бөлгенде архитекторлардың сызғыштары болмаған сияқты. Көшелері қисық. Көп жерлерде жол жасалмаған. Орталықтан кейін мына жер көзге оғаш көрінеді екен. Төребек менің қабағыма қарап, не ойлап келе жатқанымды түсінсе керек:

--Бұрынғы басшылардың істегені ғой. Жерді қалай болса солай, заңсыз бөліп бере салған. Көп тұрғындардың тіпті құжаттары да жоқ. Үйлерді де қалай болса солай, теуіп ойылмаған жерге, саманнан сала берген.

--Мынау үй емес, кәдімгі қора ғой! Ауылдағы мал ұстайтын қорамыз мыналарға қарағанда көп-көрім тәуір! Бетін ары қылсын! Жер бір сілкінсе мынаның бәрі шашылып қалады ғой!

-- Ең бастысы ешқандай мәдениет, эстетика деген жоқ! Осының бәрін сол кездегі Әкімдер тиянақтап, қолға алып, техникалық талаптарға сай етіп салдырса ғой, бәрі жақсы болар еді. Қайта, қазіргі Әкім қолға алып , жол, мектеп салыпты ғой.—деді Төребек. Жерді дұрыс бөлмегендіктен Алмастың үйіне машина бара алмады. Бәріміз жаяу, батпақты кешіп жүріп үйіне әрең жеттік. Гүлсара бармаймын деп еді, Қымбат жанын қоймады. Алмас үйін басқаларға қарағанда тәуір салыпты. Бірақ бітпеген сыңайы бар. Келіншегі бізді есік алдында, жылы шыраймен қарсы алды. «Біз келеді» деп дастархан жасаулы тұр екен. Келіншегі бізді бастап, Алмас жатқан бөлмеге алып келді. Кішігірім қараңғылау бөлмеде, төсекте жатқан сырқатты бір көргенен тану мүмкін емес еді. Алдымызда бірінші кірген қыздар «Алмас, қалың қалай, денсаулығың жақсы ма? » деп амандасқан соң ғана таныдым. Төсекте жатқан бұрынғы Алмас емес. Құр сүйегі қалған. Төребек екеуміз қолымызды беріп амандаспақ болып едік, қолын көтере алмады. Сырқаттының қандай халде екенін сонда бірақ білдім. Төсектің қасында тұрған орындықтың біріне мен, екіншісіне Төребек отырды. Алмас бізді көріп, кәдімгідей қуанып қалды. Мен кеудесінде жатқан қолын алып, «Қалайсың? » деп едім, күшпен жұтынып «Несін сұрайсың? » деген сөзді әрең айтты. Қыздар кездесуге жиналғанымызды, қалай өткізіп жатқанымызды айта бастап еді, Алмас аса қызығушылық таныта қоймады. Сырқаты мазалап, тынысы жиілеп бара жатқаны байқалды. Бір кезде қасымызда тұрған бала-шағасына Алмас «шыға тұрыңдар» деген ыңғай танытты. Олар шығып кеткен соң, қыздарға қарап «есікті» деді. Қыздар есікті жапты. Біраз ентігін басқан кезде:

-- Сапар...Гүлсара... Қолдарыңнан келсе мені кешіріңдер!.. Мен сендерге иттік жасадым... Сол қылығым үшін өзімді-өзім ешқашан кешіре алмаймын... Сол жасаған қиянатым ішімде күйік болып бітіп еді... Енді міне құрт болып шықты... Енді тек сендердің тілеулеріңді тілеймін...—деген сөзді әрең дегенде айтты.

-- Ол не дегенің, Алмас. Ол не қиянат? – деп едім, артымда тұрған Қымбат арқамнан түртті. Мен сөзімді жалғастырдым. – Саған деген еш өкпеміз жоқ. Әлі-ақ жазылып, ортамызға қосыласың! —дедім, жұбатқан болып. Ол маған жылы көзбен қарады да, көзін Гүлсараға аударды. Көзінен «сен не дейсің» дегенді ұқтым. Гүлсара көзіне жас алып:

--Алмас!.. Өткенді еске алып қайтесің! Мен сені баяғыда-ақ кешіргенмін! Енді тек сенің жазылып, қатарымызға қосылуыңды тілеймін. Жігіт емессің бе?..Мойыма, тез жазылып кет! —деді. Қыздар да жазылып кетуін тілеп жатыр. Әр нәрсені айтып қасында біраз отырдық. Кішкенеден кейін Алмас:

-Дастарқанымнан дәм татыңдаршы... Келгендерің қандай жақсы болды... Енді өлсем де арманым жоқ.—деді үстінен бір ауыр жүк түскендей болып. Көңілі кәдімгідей көтеріліп қалғандай көрінді. Сол кезде келіншегі шақырды да, біз дастарқанға келіп дәм таттық.. Қош айтысып тұрып, қайтып көріспейтінімді сезсем де, көңілін көтеруге тырыстым. Сыртқа шыққанда келіншегінен « не ауру екенін» сұрап едім, «қылтамақ» деді көзіне жас алып. Көңіліміз құлазып автобусқа жеткенше ешқайсымыз ауыз ашпадық. Шынымен-ақ Алмастың жағдайы өте ауыр екен. Автобусқа отырған соң шыдай алмай:

--Алмастың жалынып кешірім сұрайтынындай жасаған қиянаты не? Біреуің айтасыңдар ма жоқ па?.. Не болса да айтып өлтірсеңдерші! —дедім қызбаланып.

-- Кәзір көкке шығып сірне жейік. Біраз көңіл көтерейік. Біздің бағдарлама сонымен бітеді. Сосын бар жағдайды Гүлсара өзі асықпай отырып, айтып береді. Келістік пе? —деді Қымбат. Бұл ұсыныс көңіліме қонбаса да, келісуге тура келді. Көпшіліктің пікірімен санаса білу керек. Оның үстіне бәрі көңіл көтеруге келді емес пе. Сөз жоқ қыздар кездесуді керемет ұйымдастырған. Ендігі жоспар бойынша Алма-арасан жаққа көтеріледі екенбіз. «Алматының қойнауын бір адамдай жақсы білем» деуші едім, оным бекер екен. Бұрын селден қорғайтын платинадан ары аспаппын. Арасан жақ, шынымен керемет екен. Екі таудың ортасымен аққан өзенді жағалап отырып, бір алаңға келіп тоқтадық. Қыздар алдын ала адам жалдап, сол жерге дастархан жасатыпты. Біз келсек қуырдағы дайын тұр екен. Қуырдақтан кейін кәуәп болады дегенде, «оның бәрін кім жейді» деп таң қалып едім, оным бекер екен. Мынадай таза ауада, көңілді ортада отырып ішілген шараптан кейін, қуырдақ асқазанға жұғын болмай қалды. Кәуәп дайын болғанша, мен шамам жеткен жерге дейін көтеріліп, тау ішін тамашалдым. Көк орай шалғын, көк майса алап, қырмызы гүлдің иісі керемет!.. Таза ауаның бәрі осы жерге жиналғандай. Тынысымды терең алсам да тоймай тұрмын. Қайтарда гүл тере түстіп, екіге бөліп, біреуін Гүлсараға, біреуін дастарқанға әкеліп қойдым. Содан не керек, тостан кейін тост, әңгіме қалжыңмен көңілді отырып, кешті батырдық. Бәрі қызықты да, жарасымды өтті. Мен өз сөзімде, осы кездесуді ұйымдастырған қыздарға көп рахметімді айттым. Жақында Қымбаттың пәтерін жууға келетін болып келістік. Кешке дейн ішіп жеп, көңіл көтеріп, тарқадық-ау әйтеуір. Гүлсара екеуміз бұрынғы Каз-ГУ градтың қасынан түсіп қалдық та, парктың ішіне кірдік.

-- Нариман мен туралы біле ме? —деп әңгімені бастап едім, Гүлсара басын шайқады.

-- Сен сонда не, әлгі Мұратқа күйеуге шыққан жоқсың ба?. -- Ол тағы да басын шайқады.

– Сонда не болғаны?.. Әлгі Алмастың хатта жазғаны бәрі өтірік болғаны ма?.. Ондай болса неге маған хат жазбадың? – дедім. Гүлсара біраз үндемей тұрды да, әңгімесін бастады.

--Мәке, Шымкентке таяп қалдық. Сол кездегі Гүлсараның айтқан әңгімесін қысқаша айтайын. Әйтпесе тағы бір күн кетеді.—деді Сапар маған қарап. Поезд шынымен Шымкентке келіп қалған еді. Мен амалсыз көндім.

– Содан не керек, мен сырттан оқитын бөлімге ауысып, ауылға кеткенімді естіп, әлгі Мұрат Гүлсараның соңына түсіпті. Алмас пен Мұрат екеуі қалай ауыз жаласқаны белгісіз. Алмастың ішінде жатқан қызғаныш па, әлде көре алмаушылық па, кім білсін. Бір күні Гүлсара сабақтан кеш шығып, жатаханаға келе жатса, алдынан Алмас шығып: «Ауылыңнан бір кісі келіп кетті. Мамаң қатты ауырып қалыпты. Саған тез жетсін депті. Баратын болсаң тез дайындал. Біздің ауылдан бір кісі машинасымен кәзір жүрейін деп тұр. Қарағандыға дейін ала кетеді.» депті. «Алмас алдайды» деген ой басына келмеген Гүлсара, жинала салып жолға шығады. Машина қаланың сыртына шыққанан соң, жолда тоқтап бір милиционер жігітті салып алады. Содан жаңағы машина түннің бір уақытында, үлкен жолдан айдалаға бұрылып кетеді. Гүлсара «Қайда бара жатырсыңдар? » десе, әлгілер «Мында бір ауылға бес минутқа кіріп шығамыз» депті. Ойында ештеңе жоқ Гүлсара отыра берген. Милиционер жігіт отырған соң жаман ойламаған. Үлкен жолдан біраз ұзап кеткенде, не ауыл, не қарсы жүрген машина көрінбеген соң күдіктене бастапты. Екі есікті «Нива» машинасының артында не істерін білмей отырған Гүлсараны, әлгі екеуі таңға жуық айдаладағы кіші-гірім бір қашарға алып келеді. Сөйтсе, сол жерде, әлгі менімен төбелескен Мұрат күтіп отыр екен. Торға түскенін Гүлсара сонда бір-ақ білген...Гүлсараны қолын артына байлап, қараңғы бөлменің ішіне қамап тастайды. «Сенің Сапарың ертең-ақ қақпанға түседі. Осында алдап шақырып алам. Сосын екеуіңді Қөзы мен Баян секілді бірге көмемін. Сен екеуіңнің қорлықтарың өтіп кетті.» депті Мұрат. Содан не керек, Гүлсара қараңғы бөлмеде қанша күн жатқанын білмейді. Бөлмені Мұрат өзі келгенде ғана ашып, тамақты өзі беріп жүріпті. Кейде күніге нәр татпаған кездері де болыпты. Бір күні Мұрат, өзі қызу, өзі біреуге ашуланып келіпті де, Гүлсараға; «Маған не өз еркіңмен көнесің, не сені мына қасымдағы жігіттердің қолына берем. Олар саған ойына кегенді ісейді» депті...

Ертесінде үйдің қасына бір машина келіп тоқтағаны сол екен, атыс, айқай-шу басталып кетіпті. Бір кезде есікті бұзып ОМОН-дар кіріп келіпті де, Гүлсараны босатып алыпты. Сөйтсе, Мұрат нағыз баскесер бұзықтың өзі екен. Көптен бері өзі құрған бандысымен милицияның киімін киіп алып, үлкен жолдағы жүк машиналарын тоқтатып, тонап, жүргізушілерін өлтіріп отырған екен. ОМОН-дар Гүлсараны Қарағандыға ауруғанаға әкеліп жатқызыпты. Содан не керек, Гүлсара аржағынан шешесі мен інісін шақыртып алады. Толық дәрігерлік тексеруден өткенде, аяғы ауыр екенін, мерзімі шамамен бір айлық екенін сол жердегі дәрігерлер айтыпты. Шешесі -- Мұраттан болса «алдырамыз»- депті. Бірақ Гүлсараның өз есебі мен ойы дұрыс шығыпты. Сот үкімі Мұратты қасындағы баскесерлерімен бірге, жиырма екі жылға түрмеге жабады. Сотта Гүлсараға жасаған қиянаты да ескеріледі. Содан не керек, Гүлсараны шешесі үйіне алып қайтыпты. Кейін босанып, Нариман үшке келгенде Институтты сырттай бітіріпті.

-- Міне бар болған уақиға осы, қалғанын шет-жағасын, өзің де кешелі бері естіп жатырсың...—деп Гүлсара әңгімесін жалғастырды, -- Кейін үйіне хат жазып Қымбатты тауып алдым да Алматыға кеттім. Мамандығым жайына қалды. Біраз жылдан соң, жағдай түзелгеннен кейін Нариманды қолыма алдым. Оған дейін, алты жасқа толғанша шешемнің қолында өсті. Бара келе саған деген сағынышымды Нариман басқандай болды. Өңі, жүрген жүрісі, сөйлеген сөзі саған тартқаны сондай, қасымда сен жүргендей сезінемін... Кәзір жұмысым Қымбатпен бірге. Осыдан бес жыл бұрын, семья құрып көріп едім, күйеуіммен жұбым жараспады. Жалған айтып, өтірік сүю қолымнан келмеді. Үш айға жетпей ажырасып кеттік. «Бұл жалғанда сенен артық маған жар жоқ, саған жар менен артық табылса да» деп Абай айтқандай, сенен басқаға көңілім жібімеді. Біреудің құшағында жатып сені ойлайтынмын. Сол қылығыма өзім қысылатынмын. Соны сезді ғой деймін, күйеуім «суықсың» деп кетіп қалды. Мен де оны тоқтатпадым...

Гүлсара біраз үнсіз отырды да:

-- Арада жылдар, өзіңсіз жылжып өтсе де.

Бақытты кезең оралмасқа кетсе де

Көңілім бар сен дегенде өзгермеген

Жүрегім сені аңсап көкке өрлеген...- деп өлеңдетіп жібергені!

-- Жақсы өлең екен. Авторы кім? —дедім мен біраз үнсіздіктен кейін.

-- Мен... Қалай ұнады ма?

-- Иә!.. Сенің бұндай да өнерің бар ма еді?

-- Әкем марқұмның кезінде ақындығы бар еді, содан қонған шығар.—деді де, әңгімені басқа жаққа бұрып: -- Мына жерде екі бөлмелі үйім бар. Қазір сонда барамыз... Нариманға не дейміз?.. «Әкем қайда» деп менен ылғи сұрайды. Бар шындықты айтсақ бәлкім түсінер? —деді Гүлсара маған қарады.

--Міндетті түрде айтамыз!.. Тек аяғың ауыр екенін кезінде маған неге айтып жазбадың?..

-- Жүрегім батпады... Оңбаған Мұрат денеме тигенге, көпке дейін өзімнен-өзім жиіркеніп жүрдім. Сен де менен қашатын шығар деп ойладым. Басында: «Мені сүйсе артымнан іздеп келер, түсінер. Іздемегені, сүймегені ғой.» дейтінмін. Ал сен болсаң, іздемедің. Не хат жазбадың. Ол кезде сенің әкеңнің жағдайын мен білген жоқпын ғой. Сол қылығым балалық екенін кейін түсіндім. Не болса да саған жағдайды айтып хат жазуым керек еді.

--Ол кездегі жағдайды мен Алмастың хатынан басқаша түсіндім емес пе? Төребек пен Қымбаттың хаттары жалған екенін қайдан білейін? —дедім мен қызбаланып.

-- Тағдырдың жазғаны шығар... Алмастың жасаған екінші қиянаты сол; сенің жазған хатыңды Төребек пен Қымбат үшеумізге жеткізбей жыртып тастап, өзі біздің атымыздан шындықты жасырып, бәрін керісінше айтып хат жазыпты. Неге өйтті екен? Соған әлі күнге миым жетпейді. Оның бәрін мен артынан білдім... Оның үстіне өзім де көп ауырдым. Жүктілік өте ауыр өтті. Нариман да ауыршаң болып туды. Басымнан өткен жүйке дағдарысы бәріне де әсер етіпті.

-- Қазір Нариманның денсаулығы қалай?

-- Жаман емес. Кейін өсе келе түзелді... Кімге тартқанын кеше байқадың ба?

-- Жоқ.

-- Қазір көресің. Жүр үйге кірейік –деді Гүлсара. Пәтеріне жақындаған сайын жүрегім дүрсілдеп, қобалжый бастадым. Гүлсара есікті өз кілтімен ашып, үйге кірдік. Нариман сабақ оқып отыр екен. Бізді көре сала орнынан атып тұрып:

- Охо! – деп қуанып кетті де, тек екеуміз келгенімізді көріп, – А где остальные? — деді маған қолын беріп жатып. Сонда ғана жүзіне дұрыстап қарадым. Менің бала кездегім!.. Аумайды! Ауылдағы үлкен ұлым—Сырымға да ұқсайды. Тек шешесіне тартқаны болар, өңі аққұба екен. Қолынан ұстаған бойы құшақтай алдым да, маңдайынан сүйдім. Нариман аң-таң. Маған бір, шешесіне бір қарайды. Сол кезде Гүлсара жақындап келді де:

-- Балам... бұл кісі сенің әкең...- деді.

--Қалайша? —деді Нариман таңдана, -- А, бұл кісі бұрын қайда болды?

-- Мен саған бәрін айтып түсіндірем. Ол сенің бар екеніңді білген жоқ.—деді Гүлсара

-- Вот это сюрприз!.. Ну, вы даёте... Мексиканский сериал, какой-то. - деді Нариман таңданғанын жасырмай. Өз құлағына өзі сенбей тұрғандай.

-- Балам, шешеңнің айтқаны рас. Мен шынымен, сенің бар екеніңді кешегі күнге дейін білген жоқпын. Білсем баяғы да жететін едім ғой.—дедім мен. Содан не керек, жиырма жыл өткен соң ұлыммен осылайша табыстым! !!

Үшеуміз шай ішіп, әңгімелесіп түннің ортасына дейін отырдық. Көз үйренбегендікі ме, қызық көрінеді екен. Мен ұлыма, ол маған қарай бердік. Мен туралы, жанұям туралы, неше балам бар, не жұмыс істейтініме дейін сұрады. Әрдайым қалтамда жүретін, жанұямның фотосуретін көрсетіп едім, қолына алып ұзақ қарап отырып:
-- Мыналар сонда менің інілерім мен қарындасым болады ғой! Иә? —деді. Даусынан қуаныштың лебі сезіліп тұрды.

-- Иә... Реті келгенде таныстырам. Сырым жақында осында оқуға келеді. Ортаншының аты Рүстем. Жасы он үште. Қарындасыңның аты Алма. Ол биыл бұйырса бірінші класқа барады. –дедім. Ішімнен; « Балаларым түсінер. Ал Сәуле ше? Оған қалай түсіндірем?..» деп ойладым. Ертесінде Гүлсара, екеуміз шай ішіп отырып:

-- Келіншегіңе не дейсің? —дегенде:

-- Білмеймін... Сен оның орнында болсаң не істер едің? -- деп қарсы сұрақ қойдым. Ол бір-аз ойланып отырды да:

-- Ең бастысы, сенің келіншегің алдында арың таза. Бар оқиға онымен кездескенге шейін болды ғой. Ал сенің ендігі міндетің, жасырмай Нариман туралы шындықты айту. Кейін біреуден естігенше, өз аузыңнан естігені дұрыс. «Қаптың ішінде ине жасыра алмайсың» дейді ғой. Бір күні бәрі-бір аян болатын жай. Ақылы болса түсінер. Мен солай ойлаймын.

-- Ол сен туралы біледі. Екеуміздің бірге түскен суреттеріміз бар емес пе? Сұрап болмаған соң, шет жағасын айтқамын.—дедім.

-- Онда тіпті жақсы. Түсіндіру оңай болады... Енді екеуміздің арамыз туралы...Өткен іске өкінбе дейді ғой. Болар іс болып, бояуы сіңді. Қосылуды жазбағаны, дәм-тұз бұйырмағаны шығар. Көңілім сен дегенде өзгермеді. Бірақ екеуміз «өмір» деген өзеннің екі жағасында тұрғандаймыз. Ортамызда өтетін өткел жоқ. Сенің бала-шағаң бар. Олардың мүддесі біздің мүддемізден жоғары тұр емес пе. Өз басым олардан аттап өте алмаймын... Көз көріскен дос болып қалайық. -- деді. Даусы біртүрлі толқып шықты. Мен жүзіне қарасам көзіне жас келіп тұр екен. Бұл сөзіне не дерімді білмей отырып қалдым. Шынымды айтсам Гүлсарадан бұндай сөзді күтпеп едім. Бетіне қарасам, шын көңілімен айтып тұр екен. Жүрегім екіге айырылып кететіндей болды. Гүлсараға деген алғашқы махабатым мен Нариман бір жақа тартса, жанұям бір жаққа тартатындай... Сонда Сәулеге деген сезімім не сезім?..Үйленерде жанып-күйіп ғашық болмасам да, жүрегім соны қалады ғой. Қазір де жалғандағы ең жақыным сол. Сөз жоқ, жүрегімде оның алатын орны ерекше, бөлек... Ал сүт кенже қызым -- Алма ше? Оны бір көрмесем мүлде тұра алмаймын. «Екі қайықтың басын ұстаған суға кетедінің» кері келді ғой деймін. «Екі жақтың ортасында жүре берсем қайтеді? » деген ой жылт ете қалды. Бірақ Гүлсараға қарасам, оған келісетін түрі жоқ. Сәуленің де «Алақай» деп қуана кетуі екі талай... Бір нәрсені анық түсінемін; таразының бір басын Сәуле жағы басып кететіні. Қанша дегенімен құдай қосқан қосағым ғой. «Бірінші жарың құдайдан» деп бекер айтпаған ғой... Біраз үнсіз отырдым да Гүлсараның айтқанымен келістім. Шынында да солай ғой. Адам тек өзі үшін өмір сүріп, өзінің ғана мүддесін ойлап қоймай, жанындағы жақындарын да ұмытпауы тиіс. Гүлсараға деген сезімнің ұшқыны, жүрегімнің түкпірінде мәңгілікке орын алғандай. Жігіт болып, ат жалын тартып мінген кезімдегі көрген алғашқы махаббатым ғой. Бірақ, балаларыма, жанұяма деген сезім бәрінен де күшті екеніне көзім баяғыда жеткен...

Содан не керек, сол күні кешкісін ауылға қайттым. Алматыда болған екі күнім, көрген түстей өте шықты. Ауылға келген соң көңілім біразға дейін алаңдап жүрді де, бұрынғы дағдылы күйіне қайта оралды. Сәулеге жағдайды айтып түсіндіріп едім, біразға дейін томпиып жүрді де, басылды. Бар айтқаны; «Жүрегім бірдеңе сезіп еді. Енді сені жалғыз жібермеймін» дегені. Мен «Жәйшылық па? » деп едім, «Жалғыз кетіп тағы да балалы болып қайтарсың. Тағыда бір жерде жүрген шығар біреулерің... » деді қалжың шынын араластыра. Сөзінен қызғаныштың нышаны сезіліп тұрды. Мен шын көңілмен «Жаным, маған сендерден артық ешкімнің керегі жоқ» деп едім, көзі күлімдеп, мәз мейрам болды да қалды...

--Бұл жолы Алматыға жайша бардың ба? – дедім мен пойыздан шығуға дайындалып жатқан Сапарға.

--Сол баяғы Қымбаттың пәтерін жууға және Сырымды оқуға түсіруге барғанмын.

-- Нариман мен Сырымды таныстырдың ба?

-- Иә,..Таныстырдым. Екеуі араласа ма, жоқ па, өздері шешсін. – деп көршім әңгімесін аяқтады. Әттең уақыт қысқа болды. Әйтпесе асықпай отырып тыңдауға тұратын әңгіме екен. Бұл кезде поезд Шымкентке келіп тоқтаған еді. Поездан түсіп, қоштасып жатып, дәм бұйырса тағы кездеспек болып келістік. Алматыға келгенде маған қонаққа келетін болып шештік. Ол ұзап кеткенше артынан қарап тұрып; «Енді Алматыға жиі келетін шығар. Достары, екі баласы сонда болса қайда барады келмей» деп ойладым мен...

2008 жыл 19наурыз.

 

Қазақ тілінде жазылған