Әкеден қалған мұра
Бұл дәстүрдің үздіксіз жалғасып келе жатқанынына біраз уақыттың көлемі болып қалыпты. Сыр көзге қарағанда қарапайым отбасы болып көрінгенімен, әулетіміздің құпиясы тереңде жатыр.
Әкем өмір бойы адал еңбекпен тиын тауып, әділдіктің ақ туын ұстаған жан. Жалғыз баласының елге абыройлы азамат болып өсуін қалап, білімге баулыған өзі болатын. Қартайған шағында жоқшылықпен қатар келген ауыр дерт отбасымызды қайғыға душар етті. Біздің қуарған жүзімізді көріп, дерті жанын жесе де, алдымызда еңсесін тік ұстайтын. Емшілерде жұпыны жағдайымызды көріп, қол ұшын созуға құлықсыз болатын. Әкемнің жағдайы күн санап нашарлай берді. Бұл көрініс мені ар – намыстан аттауға мәжбүрледі.
Кеш батып адам қарасы азайған уақыт. Базар басын көз қиығымен шолып жүрмін. Бар ойым – ең болмағанда қарт әкеме дәм әкелу. Жеміс сатып тұрған саудагерге байқатпай бір алманы жеңіме сүңгітіп жібердім. Бұрыла бергенім сол еді, көрші тұрған саудагердің ащы дауысы базар басын жаңғыртып жіберді:
-«Ұры, ұры, ұстаңдар! Қарай гөр, оңай олжалы болғысы келеді. Бұндайлардың жазасын беру керек. Не қарап тұрсыңдар? Дереу күзетшілерді шақырыңдар!».
Мен зытып келем. Кімнен қашып келем? Әлгі ащы дауыстан ба, күзетшілерден бе әлде ар – намыстан ба өзімде білмеймін. Бар ойым әкеме жүрек жалғар дәм апару.
Жүрегім кеудемді тесіп шығардай соғуда. Есікті ашып, ішке енгенім сол еді, анамгың булыға шыққан үні мен көз жасы мен естен айырды. Ар – намыстан аттап, саудагерді шыңғыртқан қызыл алма еденге тарс түсіп, домалап кете берді.
Үш айдан астам уақыт өтсе де жағдайымыз өзгеріссіз. Тек әкем ғана жоқ.
Қоймасы азық мен мүлікке толса да, көзі тоймайтын байлар. «Шықпа жаным, шықпа» - деп отырған қарапайым халық. Әкем бар кезде байлар қарапайым халыққа тісін батыра алмайтын. Енді қойға шапқан аш қасқырдай анталап барады. Онсызда қара су мен бір үзім нанға зәру халықты зар қақсатуда. Бұл көрініс мені қынжылтса да, жіпсіз байлаулы күйдемін. Көзім бар – көрмеймін. Құлағым бар – естімеймін. Тек жүрек қана айтқаныма көнер емес. –«Бұл бассыздыққа көнесің бе? Халықтың көз жасынан қорықсаңшы»- дейтіндей. Дәрменсіздік адамды тірі өлік күйге алып келеді екен.
Жүректің қалауына бағындым. Бірақ таңдауым әлдеқайда күрделі, құпияға толы болды. Кеш батып, түн тыныштыққа енгенде мен іске кірісемін. Бұл ісімді әкем құптар ма еді, сенімсізбін. Дегенмен әділдіктің жолы ауыр заманда бұдан басқа жол таппадым.
Таңертең көршінің қуанышты даусынан ояндым. Анама: -«Құдайдың бізге көзі түсті, бізді жарылқады. Түнде біреу ауру сәбиіме дәрі-дәрмекпен қатар бір дорба күріш әкеп беріпті. Көз жасымды көргені ғой. Зарымды естігені ғой» -деп бір қуанып, бір жылап есеңгіреп отыр. Анам сабырлы қалыппен: -«Байлар қананғы тайраңдар дейсің? Біздің де дәуреніміз келер. Шүкір етелік, тәубе етелік» – деп көршінің ентігін басып отыр. Мен үнсіз жымиып, есік алдындағы ескі сарайдың төбесін жамауға кірістім. Осы сәттен бастап елі іші өзгеріске ұшырай бастады. Қара халықтың мұңы азайып, байлардың бойын үрей биледі. Бұған себеп – «Қарабурыл» деген түн аңшысы байлардың қамбасын ортайтуы еді. Ауыл басшыларының ендігі тірлігі Қарабуырылды қолға түсіру болды.
Мені бұл дүрлігу аса алаңдата қойған жоқ. Бар тірлігім ескі сарайдың кемтігін түзеу болды.
Уақыт өтіп жатыр. Әдеттегідей ескі сарайдың ішінде өз тірлігіммен айналысып отырмын. Құлағыма: -«Қарабурылға тұзақ құрыпты. Оны ұстаудың әдісін ойлап тауыпты»-деген хабар жетті. Бұл хабар мені қызықтырмай қоймады. Қандай әдіс екенін білгім келіп, кеш бата көпшілік жиналған ортаға келдім. Домалан үйіліп ентелеген халық, көздерінде аяушылық сезімі жоқ билік иелері. Ортада зар жылаған ана, қызыл қанға боялып, соққыға жығылған жігіт.
-«Қарабурыл мен емеспін. Менің кінәм жоқ. Бұл қателік, сөзіме сеніңдер!» - деген жантүршігерлік дауысқа құлақ асар тергеуші емес.
-«Өз кінәсін мойындағанша соғыңдар! Аяушылық танытпаңдар!» - деп қадала айтқан сөздерін естігенде бейне бір адам емес, темірден соғылған бейне дерсің. Жоқ, бірақ бұл жағдайда темір де балқып қоя берер еді. Ал тергеушінің сөзінде сезім жоқ. Түн тыныштығын бұзған бұл көрініске менің одан әрі шыдауға төзімім жетпеді.
-«Қарабурыл деген мен! Сендердің қамбаларыңды ортайтқан да мен ол жігіттің кінәсі жоқ, босатыңдар!» - дедім. Түн жаңғыртқан дауыстар сап тыйылды. Жұрттың назары маған ауды. Тергеуші аялдай басып маған жақындап: -«Тұзаққа түстің бе? Сені қолға түсіру мұндау оңай болады деп ойламаппын» - деп қарқылдай күлді. Анам ғана: -«Жоқ, тоқтаңдар! Бұл мүмкін емес! Тоқтатыңдар!» - деп араша түсумен әлек.
Тергеуші бастаған топты ескі сарайға әкелдім. Бұл сарайда менің жоспарым жүзеге асатын еді. Күзетшілер қол-аяғымды байлап алып кетті. Артымда зар илеген анам қалды. Көздерінде аяушылық болса да, дәрменсіз күйде халық қалды.
Бір айға жуық уақыт өтті. Мен байлауда, денем ауыр соққы мен аштықтан икемге әрең келеді. Жанымнан өткен-кеткен күзетшілерден халық бағзы қалпына қайта түскенін естимін. Анамның халін сұрағым келеді. Құлақ асар біреу жоқ. Әйтеуір жүрегінде азда болса жылуы бар бір күзетші аузыма су мен қатқан нанды тосып отырады. Артық қимыл жасаса оның да басы дауға қалатынын біліп сақ қимылдайды. Сәл қозғалысқа келуіме де сол септігін тигізді.
Түн. Тыныштық. Бұл тыныштықты адам аяғының сыбдыры бұзды. Темір есік ашылды. Қосыма егде жастағы қарт келіп түйілген орамал ұстатып тұрып: -«Анаңды ертіп бұл ауылдан кет» - деді. Сырт бейнесі ауқатты адамға ұқсайды.
-«Мен сенің әкеңнің ескі танысымын. Кезінде әкең өз басын қатерге тігіп мені ажалдан құтқарып еді. Сол кісінің арқасында осы елдің билігінің бір ұшын ұстадым. Ауырған көмек көрсете алмадым. Сол үшін өзімді қоярға жер таппайтын едім. Ең болмаса ұлын арашалап қалайын. Білем, бұл ісіммен күнәм кешірілмес. Бірақ екінші рет мүмкіндікті жібергім келмейді» - деп құшағына басты.
Анам екеуміз тау етегінде, шағын ғана үйде тұрып жатырмыз. Көңіліміз жайланды, өзімізге келе бастадық. Мен егін егіп қыстың қамын жасап жүрмін. Анам аздаған қойларын бағып сүтін азық етеміз. Қамаудан қашып шыққалы да біраз уақыт болды. Ауылдан хабарсызбыз. Қарбурыл есімі де ұмытыла бастағандай.
Алғаш сауатымды ашқан әкем болатын. Ерте жастан қасына ертіп жүретін. Қисса – дастандарды көп айтатын. –«Бұл саған қалдырған азығым. Басқа берер дүнием жоқ. Бұл азық саған, сенің ұрпағыңа жетеді. Ерінбе, еңбектен. Жемісін молынан көресің» - дейтін. Бүгінде әкем қалдырған азықпен күн көрудемін. Өзім ғана емес, шәкірттерімді де білім нәрімен сусындатудамын. Бұл ақылын кеш түсінсем де, өкінішім жоқ.анамның көзі күнде жасқа толуда. Қуаныштың көз жасы. Бақыттың көз жасы, әрине. Қара халықтың да жүрегіне тыныштық енген. Себебі көзі ашық, саналы ұрпағы өсіп келеді.