Адам қарады: 1017 | Жарияланды: 2018-07-16 02:36:30

Кәйіп

Арбайған комбайнын арагідік теңселтіп алып, асфальт жолмен белсене қойқалаңдатып келе жатқан Байжарастың ойында ештеңе жоқ еді. Бір уақытта қарсы жолыққан машинадан жоғары-төмен ербеңдеп, белгі бергіштеген қол көрінді. Қолдың  «сөзі», әлбетте, бірден түсінікті: «Тоқта, тоқта!» Әш-пүш дегенше, қара джип «бепілдетіп» тақай бере, тоқтай қалды. Тісі ақсия күліп, кабинасынан дембелше Дәуренбай даусымен бірге шықты:

  • Оу, Байжарас, бергесеңші. Әңгіме бар.

Байжарас «мұның менде не шаруасы болуы мүмкін?» - деп таңданыңқыраса да, сыр білдірмей, комбайнның дарылын азайтыңқырап, жақындап келді.

  • Ассалаумағалаейкүм!
  • Әликүмассалам, Байеке. Қолың тисе, үш күннен кейін менің қожалығымдағы егінімді шауып бересің бе?
  • Жәрәйді.
  • Келістік. Үш күннен кейін саған келем. Үйіңе. Айтпақшы...

Джиптің жүксалғышын ашты да, әлдебір жәшіктің ішінен бір бөтелке сыраны алып ұсынды. – Мә, мынау тастай суық. Шөлдеп келе жатқан шығарсың.

  • Машинаның ішінде кәйтіп қайнап кетпейді? - Сұп-суық сыраны қолына алған Байжарас еріксіз таңырқады.
  • Е, кәзір сөмке-тоңазытқыштар бар ғой. Проблема жоқ. Егінімді орып бер. Сосын сыраға сылқитайын.
  • Жарайды. - Таңдайы кеуіп, ерні кеберсіген Байжарас қолма-қол бөтелкенің тығынын ашып, ұялмайтын ұртына құйып жіберді. – Оһ, мұздай екен. Тамаша! Ал, жақсы, сау бол!
  • Сау бол, Байеке! Кездесеміз ғой.

Ызғып ала жөнелген қара машинаға жымиып бір қарап қойған  Байжарас комбайнға жайғасты. Шыдамай тастай сырадан үнемдеп қана тағы екі  ұрттады. – Оһ, шіркін, үйге барып, мына ыстықта жан шақырып, бір кәйіп алам ғой енді. Кәйіптің аты – кәйіп! Шаршап келгенде, алма ағаштың көлеңкесіндегі тапшанда сыраны сыздықтате-еп, демалып жатсаң, одан артық кәйіпті кім береді?! Ел естімеген, немесе біздің ауыл көре қоймаған ит арқасы қияндағы теңізге барып, өз денеңді өзің қақтап, азабым не десеңші.    О-оой, күннің оты жидітіп жібереді-ау, жидітіп. Теңіздің сасық ауасынан гөрі тапшанға исі бұрқыраған бір уыс жусанды тастап қойып, тыныстаған қандай рахат! Жусанның дәмін алмаған бизнесмен байғұстарға содан кейін кәйтіп жаның ашымасын?!? Шетел деген не өзі?  Азан-қазан музыка, сапырылысқан адам, бас айналатын жын-ойнақ. Біреуді біреу біліп болмайды.

Одан гөрі салқын сырадан ұрттап қойып, өткен-кеткенді еске алып, шүйіркелесіп отырғаным кәйіп емес пе. Ара-арасында кеу-кеудің қолпашымен домбыраны дыңғырлатып жіберіп, «әу» деп әуелетіп алсаң, кімнің мешәйті бар?! Тіршілігі түсініксіз шетелде не жоғалттым десейші. Не тілін білмейсің, не жолын білмейсің. Қараптан қарап, мүсәпір сияқты... О-ой, қойшы соны. Ашылып сөйлесетін ауылдасың жоғын ойласаң, қайда барарыңды білмей, кіржиесің. Таң атар-атпастан қораз қанатын қағып-қағып жіберіп, «көке-а-ау, көке-ау»  деп, шақырғанға дейін есің кеткендей бір қорылдай  алмаған соң, қайдағы демалыс?! Кинодан көріп жүр ғой о жақтың өмірін. Өйтіп күмпиткен курорты бар болсын.

Е, олар біздің кәйіпті, нағыз кәйіпті деймін-ау, қайдан білсін?! Көк пен жердің арасын кептіріп, кептеген қою қапырыққа қыңбай, таңсәріден көз байланғанша, штурвалда отырасың. Үйге келгесін,  салқын сумен түшіркеніп, әйда  бір жуынып алған соң, есің жиылғаны да бір рахат! Екі-үш тәрелке кеспеге бипаздап уақтаған сарымсақты сап жіберіп, қасқырдай ұлыған қарынды ризалап, тыңқиып алғаннан кейін тойғаның сонша, орныңнан тұрғың келмей қалады. Бұл да бір кәйіп. Көженің кәйпі. Оны бизнесмендер қайдан білсін, әрине.  Обал-ай, демегенде, не дейсің мұндайда.

Ескі текеметті жайып тастаған тапшанда шалқаңнан түсіп, шалқып жатасың.  Алқаракөк аспанда сағынғандай самсаған жұлдыз-қыздарға әзілдеп, қысып-қысып қойған көзіңнің қалай жұмылғанын да білмей қаласың. Әне, ол да бір кәйіп!

Анау көрініп тұрған темір жолдан кейін ауыл басталады. Құрғақ моншадай құрсаған осы ыстықта күнде қалған сары майдай еріп отырғаныңда, мынадай салқын сыраға не жетсін?! Осыны кім ойлап шығарды екен, ә? Кім болса да, миы бар біреу. Осы күні елдің бәрі бірдеңе ойлап шығарғыш. Сондай бірдеңе ойдың тым құрыса біреуі маған неғып келмейді? Әй, құдай біледі, ойлағыштардың барлығы - байлардың балалары. Оқымайтын бәлесі жоқ. Сосын еріге-еп отырып, бірдеңе ойламағанда, не істейді? Мен сияқты не комбайнда, не тракторда үп еткен леп жоқта пора-пора болып терлеп жүрсе, көрер едім.

Осы жексенбіде қолы бос. Кешке дейін жатып алып, ойланып көру керек екен. Бизнесмендер сөйтіп бірдеңені ойлайды да жатады дейді. Олардың менен несі артық?! Жоғары класта оқитын баласы айтпаса, қаперінде ештеңе жоқ еді. Оның компьютер біліп алғаны мұндай жақсы болар ма, бизнестің түрлері көп деп көрсетті. Әрі қарап, бері қарап, «әй, мынауың біздің ауылға қол емес  екен» деп, бір қайырды. Бірақ ұлы тоқтай қоймады. Жұмыр жердің үстіндегі жаңалықтарды былай қойып, астындағысын ақтарды, оны місе тұтпай, өзімен өзі, тып-тыныш аңырайған аспандағы бірдеңелерді айтып басын қатырды. Үйренбейін деді ме, қылқылдап қоймаған соң,  қасына қонжиып еді:

  • Әке, ақырын, - деген ұлының даусынан шоршып кетті. – Бұл сізге трактор емес қой. Мына түймелерді саусақтың ұшымен ақырын бассаңызшы. Сіздің бір саусағыңыз екі түймені бір-ақ соғады. Мә-ә, саусақтарыңыз қандай жуан! Мұндай добал саусақтардың ұштарын  жіппен орап, жіңішкертіп барып баспасаңыз, клавиштерді екіден төмпештеп, құртып қоясыз.
  • Е, өзің ғой үйретем деген. Сенен сұрадым ба? Әй, осы сен ертеден қара кешке  дейін еңкейіп, тесіліп отырғанда, мойның қарысып қалмай ма? Қой айналайын, өзің-ақ ойнай бер содан мүйізің шықса.

Сосын есіне бірдеңе түскендей ұсынысын айтты:

  • Әй, енді алсаң, кір жуатын машинадай үлкенін алшы, айналайын. Мынауың не өзі, итиіп қалған бірдеңе. Ең болмаса, дыбысы шықпайды екен. Жұмыс істеп тұр ма, жоқ па, білмей де қаласың.
  • Комбайн мен трактордың дарылына әбден үйреніп қалғасыз ғой, - деп ұлы тырқылдап кеп күлді.

Бір жақсысы, ұлы өзі сияқты жуас. Ыржың етіп, тағы  бір күлді де:

  • Мынадай саусақтармен, - деп, басын шайқады, - компьютерге жолап керегі жоқ. Сындырып қоясыз. Басқа компьютер әперуге бәрібір ақшаңыз   жетпейді.

Мәссаға-ан, теміржолдың тура алдында МАИ қызметкері тұр. Енді қайтті?! Жаңағы сырадан бекер-ақ ұрттаған екен. Қа-ап! Қазір тоқтатып тексерсе, бітті. Құртады. Куәлігін алып қояды, ішіп алыпсың деп ауданға апарып қамап қоймаса де.

«Біттің, Байжарас».

Жүрегі дүрсілдеді. Қарашы. Тарта алмай жатқан мотор сияқты. «Айналайын бауырым, ұрттағаным сыра ғой. Әшейін сусын емес пе? Егін біткен соң, ақшамызды аламыз. Ыштырапыңды со гезде төлейін.Куәлігімді кәзір алып қойсаң, қалай жұмыс істейім? Бала-шағам бар, кәйтіп бағам?», - десем, әй, көнбейді-ау, көнбейді бұ көксоққандар. «Пара бергің кеп тұр ма?» деп одан сайын  әкіреңдемесіне кім кепіл? Қап, компьютерді ойлаймын деп байқамай қалғанын-ай.

Енді... басқа амал қалмады. Қош, комбайным, айыптұраққа баратын болдың.  Кілең сүп-сүйкімді, жеп- жеңіл машиналардың қасында жексұрын құсап, өңкиіп тұр енді. Обалың маған, әрине...

Бәрінен бұрын кәйіп бұзылды-ау. Қайран, кәйіп!

Емпеңдеп келе жатқан комбайн теміржолға елу метрдей қалғанда, есі шыққандай кілт тоқтады. Жейдесінің етегін түсіріп жіберіп, ышқырына бөтелкені кептеп тыққан  Байжарас қарғып түсіп, жолдың жиегіне жақын жүгеріге қарай дию қуғандай тұра қашты. Лезде қалың жүгеріні патырлата қойып кетті. «Бұған не болды?» дегендей таңдана әрі тосырқап қарап қалған полицияны байқамағансып, жүгерінің ішімен далақтап жүгірді. Сабақтары сояуланып пісіп тұрған жүгерінің шашақтарынан төгілген тозаң терлеген мойнын, бетін қышытып, қасыған сайын ашытып жіберген соң, еріксіз тоқтады.

«Әй, қазір қуып жетеді. Жас жігіт екен. Жалақтап, демде жетіп  келетіні сөзсіз. Не амал бар? Қой, сөйтейін...»

Бөтелкенің ішіндегі сыраны жерге шұрылдатып, дөңгелете төкті. О, ғажап, құдды... несін жасырады, қатты ұқсайды, көбігі быжылдап, төңкеріле көпіршіп жатыр. Дәл өзінікі сияқты. Құдай берді деген осы. МАИ келсе, «ей, бауырым, міне, не істеп тұрғанымды көрмейсің бе! Жасың кіші болғасын, сенен ұялып, мына жүгерінің ішіне қойып кеттім ғой. «Үлкеннен үлгі, ініден ізет» деген, әдеп сақтамасақ бола ма?» демей ме?

Осы күні МАИдың бәрі оқыған, әдепті жігіттер ғой. Ұялып қалар, бәлкім.

Айтпақшы, тоқта, тоқта. «Шалбарыңыздың ауы түймелеулі. Қалай неттіңіз деуі мүмкін-ау. Қой, шешіп көрсетіп тұрайын».

Бөтелкені құлаштап тұрып лақтырып жіберді әлдеқайда. Шалбарының сыдырмасын зыр еткізіп, төмен түсірді. «Өзінікін» шығарып тұрып, іштей сүйсінді: «Құдай біледі, біздің бизнесмендердің осындай қысылшаңда аяқ астынан осындай амал таба қоюы, әй, қайдам. Біздікі түгіл жапон, немісің де бүйтіп ойлай алмас. Қап, әттегене-ай, Байжарас Америкада оқығанда, Гейтстің өзі келіп ақылдасып тұрар ма еді, қайтер еді? Ойласам, менің кәллама  да бірдеңе келеді екен, ә! Қалай өзі... аяқ астынан...қызық-ей.

Ойын МАИ-дың даусы бөліп жіберді. Айғайлап сөйлеген жігіттің сөзі анық естілді:

  • Аға-а, комбайныңызды жолдан былай алып кетіңізші. Машиналар өте алмай, кептеліп жатыр. Қорықпаңыз, правоңызды алмаймын. Тезірек өтіп кетіңіз.

«Әп, бәлем, солай ма екен! Дегенмен, кім біледі, алдаусыратып шақырып тұрған шығар.»

  • Шын айтасың ба? Куәлігімді алмайсың ба?
  • Ойбай, алмаймын! Сіздің праваңыз кімге керек?! Тезірек өтсеңізші енді. Кәзір ойда жоқта бастықтар кеп қалса, әкемді танытады. Менің де бала-шағам бар ғой. Аясаңызшы адамды, - деп, шыр-пыр болып тұрған МАИ қызметкерінің өзіне де, бала-шағасына да қатты жаны ашыған Байжарас «өзінікін» орнына ұқыптап салған соң, өз тапқырлығына қуанғаны соншалық, жүгері тоғайының ішінен күндей күлімдеп, шығып келе жатты.

Асфальт жолға шығып, МАИ қызметкеріне көз қиығымен ұрлана қарағанда, «Тексеріп қалмас па екен?» деген күдігі селт етіп, оянып кетті.  Бері беттесе, жүгерінің ішіне қайта қашуға дайын еді. Бірақ бойшаң, жас жігіт бұған мойын бұрған да жоқ. Бірдеңе іздегендей ерсілі-қарсылы ағылған машиналарды бақылап, өз шаруасымен тұрған тәрізді.

Көңілі жайланған Байжарас тағы да жымиып, іштей күбірледі: «Ойпырай, ә! Ішкен сырадан төккен сыраның кәйпі анағұрлым артық болдады деп кім ойлаған? Осыны келіншегіне айтса, әй, сенбейді-ау. Құдай біледі, сенбейді. І-іии, оған айтып та керегі жоқ. Сенгісі келіп, немесе шынымен сеніп қалғансып, үйге әлдеғандай ғып әкелген мақпал сыраны «кәйпің күшті болсын!»  деп, қасақана төгіп тастап жүрсе, несі жақсы?! Одан ондай-ондай шыға-ады...

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                                                                                                                                                                                                                                                                      

Қазақ тілінде жазылған