Мейірімді бала
Ерте, ерте, ертеде... теңіз жағасында жүрегіне мейірім ұялаған бір бала өмір сүріпті. Сол елдің адамдары өте қатігез, қатал жүректі, мейірімсіз жандар болған екен. Қашан соңғы рет жақсылық жасағандары естерінде жоқ адамдар жан біткенге әрқашан көмектесуге әзір тұратын мейірімді балаға түсінбей қарайды екен.
Ал бүкіл күнін теңіз жағасында өткізетін мейірімді бала шұңқырға түсіп кеткен құмырсқаны шығарып, толқынмен теңіз жағасына шығып қалған балықтарды қайта теңізге жіберіп, аударылып қалған тасбақаны орнына келтіріп көмектесуден жалықпайтын еді.
Кейде теңіз жағасындағы таста отырып, бала Құдайдан адамдардың жүрегіне мейірімділік ұялатуды сұрайды. Баланың Құдайға не деп жалбарынғанын естіген адамдар балаға күле қарап: «Ей, ақымақ, одан да сен жоқ Құдайыңнан өзіңе байлық сұрамайсың ба?»- дейтін. Осылайша олар баланы мазақ етіп, келеке етеді екен.
«Ақымақ бала» туралы алып қашты әңгімелер сол елдің билеушісінің құлағына жетіпті. Хан баланы жендеттеріне тез арада сарайына әкелуді бұйырыпты.
– Ей, бала, бұл жерде жалғыз Құдайың менмін! Менен нан сұрасаң берем, ал жоқ Құдайыңнан не сұрайсың? – депті хан.
– Құдай бар, мен одан адамдарға мейірімділік бер деп тілеймін,- деп жауап берді бала қорықпай.
- Неге, кім үшін?! – деп сұрады ойланбаған хан.
– Егер адамдардың жүрегінде мейірімділік болса, олар бір-біріне көмектесуге тырысады және жер бетінде жақсылық көбейіп, бейбітшілік орнайды, - деді бала.
- Жетер енді! – деп хан айқай салды, - мынаның аяқ-қолын байлап, теңізге тастаңдар. Көреміз сенің Құдайыңның саған қандай мейірімділік көрсететінін. Ха-ха-ха!
Бала сонда да ашуланбай, сабырлы түрде ханға қарап:
- Мен Құдайдан сіздің де жүрегіңізге мейірімділік беруін сұраймын, - дейді.
Хан бұйрығы тез арада орындалады. Жендеттер баланың аяқ-қолын байлап теңізге лақтырады. Тұншығып бара жатқан балаға Құдайдың мейірімі түсіп ғажайып дельфинге айналдырады. Құдай баланың сыртқы келбетін өзгерткенімен оның мейірімді жүрегі мен ақылын сол қалпында сақтап қалған екен. Дельфин балыққа айналған мейірімді баланың жүрегіндегі жақсылық жасауға деген құштарлығы жойылмапты.
Сол күні хан кемемен теңізге саяхатқа шығады. Бір кезде жел көтеріліп, үлкен толқын кемені теңізге батырады. Батып бара жатқан ханды дельфин-бала құтқарып жағаға шығарады. Хан өзін құтқарған дельфиннің көзінен баланың жанарындағы мейірімділікті көріп, өзінің ісіне қатты өкінеді. Ажалына себепкер болған бала-дельфиннің өзін өлімнен құтқарып қалған жақсылығы ханның қатал жүрегіне мейірімділік оятады.
Осы оқиғадан кейін хан Құдайдың бар екеніне сеніп, өз елін мейірімділікпен, әділеттілікпен басқаратын болыпты.
Сол кезден бастап дельфиндер қиындыққа кезіккен адамдарға көмектесуден шаршамайды екен.