Махаббатым - мехнатым
Мен оған ес біліп, ақыл тоқтатқалы ғашықпын. Тағдырдың жазуымен мен мөлдір махаббаттың ащы азабын сол арқылы таттым. Ол - менің жанымның қуанышы, жүрегімнің лүпілі, ешкіммен бөліскім келмейтін, елдің бәрінен қызғыштай қорып шаң жуытқым келмейтін ең асыл қазынам. Жүрегімнің бір түкпіріне тығып қойып балдай қылығына ғұмырымның соңына дейін тәнті болып отыра берер ме едім шіркін?! Әттең тағдырдың маған тартқан сыйы мүлдем басқа болып шықты ғой.. Шіркін біреу келіп «Ей пәленше тұра ғой ең қорқынышты түсіңнен оян. Мына түріңе қарашы өте күлкілі. Әй сен шыныменде өңім деп ойлап қалдың ба? Қане аптығыңды басып жан-жағыңа қара, бәрі бәз-баяғы қалпында. Есіңді жия ғой!»- десе мен ол адамға өмір бойы алғысымды айтып өтер едім. Бірақ бұл өмірде барлығы біз қалағандай бола бермейді екен. Бұл менің ең бақытты кезеңім, бұл бақытымнан мені ешкім айыра алмайды деген шағыңда тағдыр желі сені өзің елестетіп көрмеген бір тұңғиыққа батырып жіберіп миығынан күледі де кете беретін секілді. Менің бұл шығарманы жазудағы себебім сол бір жанға деген кіршіксіз махаббатым болар бәлкім. Өзімнің ғашықтық хикаямды өздеріңізге баяндап берейін. « Бұл - біздің, Бейбарыс пен Маралдың махаббат хикаясы. Ғашық адамның болмысы бөлек қой шіркін! Жақсы көретін адамының бойынан өзімен ұқсас белгілерін іздейді де отырады ғой. Әлде мен ғана ма екенмін?! Мен екеуміздің есіміміздің ұқсас, басқаларға ұқсамайтынын жиі айтатынмын. Оны естігенде сіздер бір күліп аларсыздар, я болмаса жақсы көретін адамыңыздың атын ішіңізден қайталап бір ұқсастық іздерсіздер, бәлкім... Мен Маралға: - Менің атым ең бір жүрек жұтқан, айбарлы жануармен байланысты болса, сенікі сұлулықтың ең көркем үлгісі ғой, - деймін. Ол күліп: - Мен қиялимын ба деп жүрсем сен менен асып түстің ғой. Мұның қызық теңеу екен расында. Тағы да біздің аттарымызда ‘’а’’ сосын ‘’р‘’ әріптері бар ғой! Жалпы ұқсастық көп қой. Бірақ мен мұны сенен бұрын білген болатынмын,- деп маған еркелей сөйлеп басын иығыма сүйеп үнсіз отырды. Сәл күрсінді де менің көзіме ұзақ қарап: - Маған деген сезімің қашан оянды?- деді. Мен көп ойланбай-ақ: - Өзің де білесің ғой, саған ғашық болғанымда енді ғана үлкен өмірге Қадам басқан бозбала емес па едім?! 17-нің жазы ғой мені өзіңе ынтықтырған. - Ал мен саған қашан ғашық болдым білесің бе? - Саған бүгін не болған ? Біртүрлісің ғой... Сенің маған қарамай жүргеніңде менің әр күнім жылмен тең болды ғой. Сені тұп-тура жарты жыл жүріп әрең қаратқан едім ғой. Әлде сезімің ерте оянып, маған өтірік назданып жүрдің бе, а? - Иа тура солай. - Не мені жүгірсін дегенсің ғой. Бірақ өзім де білгенмін мендей серіге ғашық болмау мүмкін емес қой, айтшы иә?- деп өзімше кеудемді тіктеп, оған менікі дұрыс қой дегендей күле қарадым. Ол менің бұл қылығыма мән бермеді де. - Мен сені ұната бастағанымда махаббаттың не екенін де білмейтін, әлде, махаббаттың мәнін қазіргіден әлдеқайда терең түсінетін шағымда болар, әйтеуір тоғыз жаста болатынмын. Сені көргенде қобалжығаным сонша тіпті өз-өзімді басқара алмай дірілдеп кететінмін. Жылдар өткен сайын махаббатым артпаса кеміген емес. Сенің қалай ер жеткеніңді, қыздарға барып, ғашық болған шағыңды, өзіңнің дегенің болмаса теріңе сыймай ашуланатыныңды, достарыңды қалай жақсы көретініңді, басқаларды қалай құрметтейтініңді, өзімшілдігің мен қарапайымдылығыңның бойыңда қалай таласқа түсетінін бәрін-бәрін көріп өстім емес пе?! Осы уақытқа дейін сенің бойыңнан бір түйір де кемшілік таба алмаппын. Қыздардың арасында мен сенің қорғаушың атанып кеткелі қашан... - Мен, мен осынша уақыт бойы қалай... Менен қашқақтайтының содан екен ғой. Онда неге мен саған сөз салғанымда бірден келіспедің? - Сені жақсы көремін деп жүріп өзіме деген құрметімді жоғалтыппын, саған лайық емеспін деген ой күн сайын тыныштығымды алды. Сондықтан да созбақтап жүрген болармын. Мұны саған айтпаушы едім тек – ол кенет менен бір нәрсені бүгіп қалғысы келіп кілт тоқтады. Мен де оны қинағым келмей әрі қарай қазбаламадым. - Кешірші мені, - дедім дағы оны қапсыра құшағыма қыстым. Ішімнен мұны неге арада бес жыл өткен соң қозғады екен деген ой маза бермеді. Әлде бір қиындыққа душар болды ма? Маралымның болмысын жақсы білемін ғой қанша қиналып тұрса да сыртқа еш сыр білдірмейді. - Сен неге кешірім сұрайсың? Ол жай ғана өткен шақ қой. Менің естеліктерім ғана. Мұны неге қозғап отыр деп ойланғаныңды білемін. Жазу жазғанды ұнататынымды білесің ғой. Екеуміздің махаббатымыз жайлы кітап жазсам ба деймін. Кітаптан емес өз аузымнан естісін дегенім ғой бар болғаны. - Солай ма еді атау ойлап таптың ба? - Иа тек сен оны басылып шыққан соң ғана білесің. Айт деп қолқалау жоқ,- деді маған жанары жасаурай күлімдеп. - Мейлі аты маған тосын сый болсын. Сен кітап жазамын деп өз-өзіңе қараудан қалыпсың. Мына түріңе қарашы үп еткен желге құлап қалайын деп тұрсың. Сен менің өмірімнің мәнісің ғой. Сен үшін қатты алаңдаймын. Тамағыңды уақытылы ішіп жүр жарай ма? - Міндетті түрде үшіп жүремін. «Тек сен мені өмірімнің мәні» деуіңді қой. Сенде менен басқа да тілекші адамдарың көп. Соларды ойла. Сенің өмірің менімен ғана өлшенбейді ғой, дұрыс па? Мен өлсем сен де өлуің керек деген сөз емес. Өмір жалғаса бермей ме? - Білемін менің жақсы көретін жандарым көп екенін. Бірақ, сіздің орныңыз бөлек қой. Өлімді аузыңа алушы болма. Сенсіз Бейбарыс ешқашан толыққанды бақытты бола алмайды. Сені үш айға қалай қиып жібере аламын айтшы. Әлде бәрін тастап сенімен еріп кетейін бе? - Менен жырақ төрт жыл жүрдің ғой. Оның үстіне екеуміз де армандарымызмыз үшін жан таласып еңбектеніп жүргеніміз жоқ па? Маған да саған да бұл мүмкіндікті жіберіп алмау керек. Есіңде ме мен бүкіл елге танымал журналист, сен ең танымал әкім боламыз дегеніміз. Сол арманымызға бір қадам жақындадық. Сен менімен кетсең мүмкіндігіңнен айырылып қаласың. Еуропа деген мына тұрған жер емес пе? Мен тез ораламын. Танымал жас әрі әлдеқайда ақылды, сұлу болып. Сен сол кезде мені бүгінгідей жақсы көріп, сүйе аласың ба? - Сен қандай болсаң да мен сені тастамаймын. Әкімнің журналист жары. Түсіндің бе? Сен келген бойда тойымызды дүркіретіп өткіземіз. Үйдегілер бізден бұрын дайындалып жүр. Екеуміздің ең керемет күніміз ел үшін сағыныш пен мұңды еске салатын, біз үшін бақыттың бал дәмін сездіретін кұздің керемет кешінде болады. Сенің менің жарым атанатын күніңді асыға күтіп жүрмін, сенсең. - Сені жақсы көремін. Екеуміз өткен шақтарды еске алдық. Бірге осылай сыр шертпегелі де біраз болған-ау шамасы. Аздаған уақыт екеуміз бір-бірімізге қарап үнсіз отырдық. - Екеуің бұл жерге топ болып келгенімізді ұмытып кеттіңдер ме? Мыналар бізге назар да аудармайды ғой. Сендер үшін жиналмадық па осында. Тауға шығу жақсы идея болды. Бірақ мына екеуін неге алып шыққанбыз? Бізді елемейді де ғой Ләйлі-Мәжнүн,- деп Саят әзіл-шыны аралас бізді тілімен сыбап алып жатыр. Шіркін Қаратаудың жазғы табиғатын айтсаңызшы. Біз осы Қаратаудың етегін жайлай орналасқан қазақтың Созағында туып өстік. Туған жердің тамылжыған табиғатын суретші болып ақ қағазға түрлі-түсті бояумен өрнектеп, ақын қаламнан жыр төгілтсем, Шәмшідей сарынды әуенге арқау етсем одан артық бақ бар ма?! Таудың ұшар биігіне қарап бой түзеп, асқақ арманмен биіктерге қол создық емес пе? Осынау қойнауы қазынаға, тарихы сырға толы қарт Қаратаудың теріскейін мекен еткен біздерге күйшілердің домбырасының күмбірі шыр етіп дүниеге келгеннен бастап-ақ құлағымызда қалып қойып, бойымызға қазақылықтың , қайсарлықтың ұшқынын сіңдірді емес пе? Осыншалықты қасиетке ие Қаратаудың етегіне бұрын неше рет келсем де алғаш келіп тұрғандай күй кешемін. Маралымды шығарып салу кешін осында өткізейік деп қолқалаған еді достарымыз. Жаңағы Саяттың айтып жүргені де осы ғой. - Бізге келсеңдерші от жағып жатырмыз. Қазір Саят ән айтады. Соған ғой елдің бәрінің назарын аударып жүргені ,- деп Гүлім бізді шақырды. Саят менің бала кезімнен бірге келе жатқан жансерігім, адал досым. Екеуміз егіз қозыдай қатар өсіп, іргеміз ажырамаушы еді. Екеуміз бірге арман қуып Астанаға оқуға түстік. Бір-бірімізді көзқарасымыздан-ақ ұға аламыз. Бірақ мойындау керек ол менен әлдеқайда келбетті, ақылды және әзілқой. Гүлім де сол Маралдың сыңары. Бірақ олардікі біздің достыққа жетпейді. Төртеуміз ылғи осыған пікірталастырып, арты дебатқа ұласады ғой шіркін. Бастысы оның ойын екенін бәріміз де білеміз. Тауға төртеумізден бөлек барлық сыныптастарымыз бен ортақ достарымыз келген болатын. - Келсеңдерші. Гитараң қайда Саят,- деп Азамат от жағып жүр. Барлығым оттың жанына жиналдық. Өткен –кеткен қызықтарды айтып бір-бірімізді келеке де қылып жатырмыз. - Гүлназымның Ержанның қолын шығарып жібергені естеріңде ме? Қандай мықты қызсың ей, кіп-кішкентай болып алып. Сен ережесіз жекпе-жекке қатысуың керек еді. Бір проблемаға тап болсақ осыны шақырамыз, - деп Асылбек Гүлназды түртіп қояды. - Қолын шығарып қана қоймай жүрегіне қанжар тыққаны ше? Жігітіміз содан кейін Қозы-Көрпеш болып қалып еді ғой,-дейді күліп Ғалым. Ержан мектеп кезінен ойын көтере алмайтын. Мектеп бітіріп, универді аяқтағанымызға қарамастан ол сол күйі өзгермеген. - Қойшы е , досым, - деп ашуланып отыр. - Төлеген мен Жібекті айтсаңдаршы ,- дейді менің Маралым. Оның меңзеп отырғаны Азамат пен Қазына. Азамат Қазынадан бір жас кіші болатын. Махаббат жасқа қарасын ба? Оның үстіне бір жас деген соншалықты айырмашылық та емес қой. Бірақ Қазына үшін олай емес еді. Дегенмен Азекеңді табандылығы мен қырсықтығы ақыры Қазынаға жеткізді. Екеуі арамыздан алғашқы болып отау құрғандар болды. Қазір Аллаға шүкір торсықтай ұлдары бар. Біреуі сәулетшілікті, екіншісі дизайнерлікті тәмәмдап қазір жұмыс жасап жатыр. Маралдың той көйлегіне қам жемей жүргені де осы Қазынаның арқасы ғой. - Бізге тиісе бергенше өздерің тезірек үйленіңдер жүре бермей. Таспақадан да баяусыңдар ғой өздерің, - деп Азамат бізге қарап күлді. - Алла қаласа, біздің тойымызға міндетті түрде келіңдер жарай ма? Келмесеңдер ренжитін боламын. Қандай жағдай болмасын Бейбарыстың қуанышына шын көңілден қуанып келетін болыңдар,- деп Маралым біртүрлі көңілсіз айтты. - Мына қыз немене тұрмысқа шығатынына мұңайып отыр ма деймін, - деп Назерке барлығына күлкі сыйлады. Кешті солай батырып, ескі күндерді еске алыстық. Ертеңіне барлығымыз үйді-үйімізге тарастық. Маралды үйіне шығарып салдым. Бір апта бойы үйіндегілермен уақыт өткізді. Оның да менің де отбасым айтарлықтай үлкен емес. Менің екі қарындасым, ағам , анам бар. Әкем мен мектеп оқып жүргенде көлік апатынан қаза болған. Мен ол кезде кішкентай едім бірақ әкемнің мені еркелеткені, мойнына салып көтеретіні күні бүгінгідей есімде. Егіз қарындастарым ол кезде әлі бесікте болатын. Ағам менен екі жас қана үлкен. Төрт баланың бар ауырпашылығын анам жалғыз өзі көтерді. Әкемнен айырылғанында өте жас еді, бізді асыраймын деп өзінің жастығын құрбан етті. Бар өмірін бізге арнады. Әкемнің әулетімен қарым-қатынасын үзбей сақтап келді. Сол үшін де мен анамды бәрінен артық жақсы көремін. Маралға бір бүйірімнің бұруы да оның болмысын анама ұқсатқанымнан болар. Марал үйінің үлкені. Екі інісі бар. Анасы мен әкесі қарапайым адамдар. Ертең той жайын ақылдасуға бізге келеді. Қарындастарым жеңешем келеді деп қуанып жүр. - Айдар әйеліңді шақырсаңшы, құдай-ау. Ертеңге әлі еш нәрсе дайын емес. Айман , Шолпан босқа сыланып-тарана бермей көиектесіңдер , үлгермей қаламыз, - деп мамам қара аспанды төндіріп жүр. - Ақжігіт достарың келіп тұр, шығып кетсін дейді. Кіріңдер десем асығыспыз деп жатыр , - деп Мадина жеңгем есіктен кіре сала маған қарап. Мені Ақжігіт деп атағанын қатты жақсы көремін. Жеңешем көңілі даладай кең, мінезі баладай жұмсақ. Қандай жағдай болса да қабағын бір шытқан емес. Туған інісіндей қамқорлық танытады маған. - Иа, қазір шығамын жеңге. - Ағамдікі ылғи да осы. Үйде бірнәрсе бола қалса достарымен көшеге кетіп қалады. - Оның үйде жүргенде не тындырады, одан да барып келсін. Біраз көңілі бөлінер , - деп мамам менің маңдайымды иіскеді. - Анашым менің. Сені ерекше жақсы көремін, - деп бетін шөлп еткізіп бір сүйдім де сыртқа шықтым. Тысқа шықсам жігіттер : - Болсаңшы айналайын-ау, сен түгіл қыздарды бұлай ұзақ күтпеген шығармыз. - Бұл кісі айнаның алдында асықпай шаш қайырып тұрған шығар. Осы әдетіңді қойдыра алмадық қой сенің. Маралдың жынына тимесем ба кербез жігіттің қызы деп, - деп Асылбек күліп тұр. Бұл Асылбек пен Маралдың жұлдыздары мектеп кезінен қарсы. Екеуі том мен джерриден де асып кетеді. Бірақ бір-бірін шексіз құрметтейді. Екеуінің басы қосылса болды кішкентай бала секілді болып кетеді. Сондай қылықты болып кететіндері бар. - Қайда барамыз соны айтсаңдаршы қылжақтай бермей, - дедім мен күліп. - Бильяртқа. Қалғанын сосын көрерміз. Бол отыр. Ертеңіне үйге Маралдың үй-іші келді. Тойға неше адам келетінін, тағы сол сияқты іш пыстырарлық әңгімеден шаршап кеткенімізді көрген мамам сырқа шығыңдар деп ымдады. Өзіміз де соны күтіп отыр едік. Марал жеңешеммен әңгімелесіп отыр. Олар тез тіл табысып кетті. Қарындастарым да жаңа жеңгелерін жақсы көретін секілді.Тойдың барлық дайындығы жасалып біткен секілді. Енді қалғаны менің Астанаға барып жұмыс жайында сөйлесуім, Маралдың осы жазды Еуропада журналистік қызметінің өсуі үшін оқып келгенін күту ғана. Аялымды ертең Алматыға жеткізіп, одан әрі ұшаққа салған соң, өзім Астанаға қайтамын. Қимастық деген ішімді алай-дүлей етіп барады. Онсыз күн ашық тұрса тұманда жүргендей адасам, қанша шаршасам да оны көргенде бір демалып қаламын. Оны көрсем еріксіз жүзіме күлкі үйіріледі. Ол – менің тыныштығым, барым, бағым. Екеуміз қыз-жігіт болып жүре бастағанда екі жақта едік. Мен арман қуып Астанаға келсем, ол КАЗГУграттың журналистика факультетіне түсті. Мен танымал әкім, ол атақты журналист боламыз деп уәде берген едік. Студенттік шақтар әр адамның өмірінде ерекше орын алатыны сөзсіз. Бір күн аш, бір күн тоқ. Туған үйден жыраққа жалғыз өзің кету де оңай емес. Сондай қатты қиналған шақтарымызда Марал екеуміз бір-бірімізде жанға медет таптық. Ақша қажеттілігі туғанда аула да сыпырдым, кафелердің де табалдырығын тоздырдым. Қара жұмыстың жұмсақ орындықта отыратын әкімнің жұмысының жанында жанкештілік екенін ұқтым. Сондықтан да екеуміз қандай жағдай болмасын халық мүддесіне қызмет етеміз деп шешкен болатынбыз. Астананың ызғары тәнімді қарыса, алғаш келгенде бұл жақтың адамдары жанымды жаралағандай еді. Қазір бұрын жатсынған қалам, менің өмірімнің бір бөлігіне алналған. Марал Астанаға келгенде бұл қалада біз бармаған жер қалмайды. Екеуміз ең қызықты күндерді бастан өткізуші едік. Мен Алматыға бара қалсам екеуміз Көктөбеден бастап Алматыны түгел аралап шығамыз. Жаныммен өткізген әрбір сәт мені бақытқа бөлейді. Үйіндегілермен жылап қоштасты. Бұрын-соңды оның мұндайын көрмеппін. - Сіздерді қатты жақсы көремін. Сағынамын, - деді өксігін баса алмай. - Қой мұның не сонша жылап, үш ай деген өтеді де кетеді. Уақыттың қалай өткенін тіпті байқамай да қаласың, - деп анасы қызын бетінен сүйді. - Менің құлыныма жылаған жараспайды. Кел, келе ғой. Сағынамын ғой сені, - деп менің қайын атам құшақтап алды қызын. Ол кісінің де жанарында сығып аларлықтай жас отыр. Көрсеткісі келмегенімен байқалып-ақ тұр. - Әуежайдан шығарып салайық десең қой дейсің, - деп ренішін білдіріп жатыр мамасы. - Әй, осы Арман болмаса (Арман Маралдың інісі) Марал қызымның Кетіп бара жатқанын білмей де қалады екенбіз ғой, - деп бірнеше адам кіріп келді. Маралдың туыстары мен көршілері екен. - Бақытжан мен Сараға салсаң қыздары тұрмысқа шығып кетсе де бізге айтпайды. - Соны айтам. Ой, мына жігіт болашақ күйеу бала емес пе? – деп бір әйел маған амандасты. - Сәлеметсіздер ме?! Қалдарыңыз қалай? – дедім жымиып. - Амансың ба айналайы?! Көп жаса, өркенің өссін. - Әп-әдемі, қазақтың келбетті жігіті екен ғой! - Тіл көзің тасқа. - Абзалдың баласы емессің бе? Тегіне тартып текті боп туған екен ғой,- деп мені мақтап та жатыр. Солай үй ішімен, туған-туысымен қоштасып болып жолға шықтық. Алматыға аяғымызды тірей сала, әуежайға жол тарттық. Міне қоштасатын сәт те жетті. Әлден сағынып тұрмын. Қоштасқым келмейді. Құшағыма қысып ұзақ тұрдым. - Жаным жалғызым сені жақсы көремін. Кетпе өтінемін, тасташы керек емес. Осында жүріп те жақсы журналист болуға, танылуға болады. - Өзімнің де кеткім жоқ. Бірақ амал бар ма? Кетуім керек. Сені сүйемін. Мына өмірдегі ең қымбат, ең ардақты, ең асыл адамым өзің. Сағынышым , өмірімнің мәні, тағдырым, асау жүректі бала махаббатым, қимасым. МЕНІҢ ЖҮРЕГІМ ӘРҚАШАН ТЕК СЕН ДЕП СОҚТЫ, СЕН ДЕП СОҒА БЕРЕДІ ДЕ, - соңғы сөйлемді айтқанда жүрегім дір ете қалды. - Сені асыға күтемін. Сен менің сыңарымсың. Сен менің бұлағымсың. Бақытым менің. Оның жүзіне , мөлдір көзіне ұзақ қарадым. Кездесу мен қоштасу сәттерінде ғана жүрегімізде қаншама махаббат жасырынғанын білеміз деуші еді ғой. Мен бүгін соны шын сезіндім. Бірінші менің , сонан соң Маралдың ұшағы. Біз осылай қимай қоштастық. Соңғы рет.. Сонан соң мен оның мүрдесін ғана көрдім. Өкініш өзегімді өртеген еді. Дәл туған күнінде жер қойнына тапсырдым. Жансыз бейнесін көргенде есімнен адасардай болдым. - Жаным, бұл не қылғаның? Бүгін бірінші сәуір емес қой. Болған күннің өзінде ол күнді тойлауға болмайтынын білмеуші ма едің? Тұршы, көзіңді ашшы жалынамын. Тағдырым деші маған қарап. Жалынамын жалғызым. Жалған, өтірік деші Саят, бұл түсің оян деші, айтшы солай деп.Неге, неге мені неге тастап кетіп барасың? Мен қалай сенсіз... – деп жылауға да әлім келмегені есімде. Саяттың: - Бауырым,- деп құшақтағанын білем. Оны шығарып салуға дәтім жетпеді. Сене алмадым. Оның енді мені тағдырым деп шақырмайтынына, иығыма басын сүйеп нәзік дауысымен сырға толы махаббат өлеңдерін оқымайтынына, мына әлемде жоғына. Жоқ мүмкін емес. Бұлай болмауы тиіс еді... Маған арнап блакнот қалдырыпты. Біздің махаббатым жайлы кітапты қалай бастағанын, естеліктерімізді және, және мені неге мына қатігез, жалған өмірге жалғыз қалдырып бара жатқанын жазыпты. Қос жанарымнан жас еріксіз аға берді. Өзімді тоқтата алмадым . Бір сәтке ойланудан қалып, аялымның артынан да кетпек болдым. Тек оның «Сенің өміріңде мен ғана бар емеспін. Жақындарыңды ойла,» деген сөзі тоқтатты. Бұл оқиғадан кейін тағы бес жыл артта қалды. Уақыт, өмір ағыны дәл бұрынғыша жылжи берді. Жанымның жарасы жазылып кетпегенмен, өмір сүруім қажет екенін ұқтым. Алға жылжыдым. Армандарымызға жету үшін тынбай еңбектенуді жөн деп шештім.Одан әрі сіздерге Маралымның блакнотқа не жазғанын айна-қатесіз баяндайын. « Жаным. Тағдырым. Махаббатым. Бейбарысым. Сенің алдыңда айыптымын. Кешіре алсаң кешір мені... - Саған алғаш ғашық болғанымда небары тоғыз жаста едім. Мұғалім сені тақтаға шығарды. Сен құран оқыдың. Мен сенен көз алмай үнсіз отырмын. - Жаңа жылдық кеште сен ән айттың. «Әке» жайлы. Сол кезде ғана білдім сенің әкеңнің қайтыс болғанын. Жылап жібердім. Неге, ол неге әке махаббатынан ерте айрылды екен. Бұлай ойлағанымда өзімнің әлі бала екенім есімнен де шығып кеткен екен. Сен Маралды жасадың, қалыптастырдың. Оның бала жүрегіне махаббаттың дәнін септің. Мен бір жетістікке жеткен болсам ол сенің арқаң. Менің жүзіме күлкі үйірілсе де сенің себебіңнен. .... - Он жасқа толғанымызда мемлекеттік емтиханда мені сенің жаныңа отырғызды. Менің сол кездегі қобалжуымды саған сөзбен айттып жеткізе алмаспын. Қобалжып отырып парақшаны да құртып алдым. Сен мені ойлап ашуландың. Маған деген қамқорлығыңды сезіндім сол кезде алғаш. .... - Сегізінші сыныпта би кешінде ұнататын қызыңды биге шақырдың. Менің сені қызғанудан басқа қолымнан ешнәрсе келмеді. ... - Он бірінші сыныпқа да келдік. Әр күнімді сенің естеліктеріңе толтырғым келді. Алдағы күндерімді сенсіз елестетуге дайын болдым. Бірақ қанша уақыт шыдайтыным белгісіз... - Соңғы қоңырау. Бала дәуреннің соңғы сәттері. Алда жаңа өмір. Соңғы деген сөзді қалай жек көремін десеңші. Сен барлық қызға алқызыл раушан гүлін сыйладың. Ол гүл әлі күнге сақтаулы менде. - Мектеп жайлы еске алғанда менің ойыма тек сен келесің. Өз Естеліктерім қаншалықты аз болса, сен туралы естелігім соншалықты көп екен. Қимастық. Жылап тұрмын. Мектепті емес сені қимай. Бітіру кеші де келіп жетті. Сен мені бине шақырдың. Мен құдды бір аяғым жерге тимей ұшып жүрген едім. Бақыттан басым айналды. Жаһанға жар салып бақыттымын дегім келді. - Жаздың кеші. Достарымызбен жиналғанымыз есіңде ме? Сол күні менің мына әлемдегі ең бір аяулы, ең бір нәзік, шынайы өмірде орындалады-ау деп ойламаған ең тәтті қиялым шындыққа айналды. Дәл сол сәттегі сезімім... Сенің тілегіңді қабыл алуға қорықтым. Мен Бейбарысқа лайық бола аламын ба? Оның өмірінде маған орын бар ма деп көп ойландым. Өз-өзіммен , өз ойыммен арпалысып жүргенімде арада жарты жыл өтіпті. Ақыр соңында сезімім жеңіп сенің ұсынысыңды қабыл алдым. Содан бастап менің өмірімнің ең бақытты шағы басталды.» - деп өткен естеліктерімізді толықтай тізіп шығыпты. Одан әрі мені мына қайырымсыз өмірге жалғыз қалдырып кетіп бара жатқанын баян етіпті: «Тағдырым сені жалғыз қалдырып барамын. Менің туған күнімді қарсы алғанымыз есіңде ме? Екеуміз бірге қарсы алған едік қой. Сол күннің ертеңіне сені шығарып салған соң басым қатты қысып ауырды. Гүлім мені дереу ауруханаға алып барды. Дәрігерлер бірсікүні келіп толық тексеруден өтіңіз деп кеңес берді. Түрлі тексерулерден өткен соң дәрігер өз бөлмесіне шақырды. Гүлім екеуміз бір-бірімізге қарап күліп отырмыз. Дәрігер ұзақ үнсіз отырып, басын көтеріп, қабағын түйіп: - Сіздің анализ қорытындыңызды қарап шықтым. Өзіме толық сенімді болмаған соң өзге дәрігерлермен де кеңестім. Содан соң ғана сізге жеткізуді жөн көрдім. Жағдай былай, сіз әрине бекем болыңыз, сіздің басыңызда қатерлі ісік бар. Ісік қатты асқынған. Операциямен алып тастау мүмкіндігі аз. Алып тастау тым қиын. Дегенмен үмітсіз сайтан ғана. - Мүмкін емес. Мен... - Сіздің жағдайыңызды түсінемін. Есеңгіреп отырсыз. Бірақ шыны осы. - Техникасы бізден әлдеқайда дамыған елдер бар ғой. Шетелге барсақ, қанша болсада ақшасынан қысылмаймыз. Тек бұл аурудан айығатын бір жолын айтыңызшы, - деп жылап жіберді Гүлім. - Еш мүмкіндік қалмаған. Ерте келсеңіздер мүмкін айығып кетер ма едіңіз. - Қанша ғұмырым қалды№ - Бір әрі кетсе бір жарым жыл.Сыртқа шыққан соыртқа шыққан соң Гүлім де мен де біразесеңгіреп қалдық. - Бір амалын табамыз. Жазыласың,- деді маған қарап. Оның бұл сөздері маған аз да болса үміт сыйлады. Алматыда біз барып қаралмаған бірде-бір емхана қалмады. Барлығының айтатыны бір жауап. Мен ақыры өмір сүремін, жазыламын деген деген үмітімді біржолата өшірдім. Гүлімге ант-су ішкізіп, ешкімге айтпауға уәде алдым. Ол әрең дегенде қиналып көнді ақыры.Бұл кезде біздің тойымыздың бір жылдан кейін болатындығы екі отбасының арасында сөз болып жүрген еді. Мен не істерімді білмедім. Аурухана табалдырығын тоздырып жүргенімде тағдыр тәлкегіне ұшыраған мен секілді бір қызды кездестірдім. Тағдырына титімдей де назы жоқ. Екеуміз жақын танысып, құрбы болдық. Есімі Тұнық екен. Қандай әдімі еді аты да, өзі де! Мен оған жағдайымды айттып. Ол жай ғана жымиып: - Үмітсіз сайтан,- деді. – Маған қарасаңшы жүрегім ауыратын болып дүниеге келдім. Дүние есігін аша салып анамнан, жеті жасымда әкемнен айырылып жетім қалдым. Атам мен әжем мен он жетіге толғанда ауруханаға мені көруге келе жатып жол апатына түсті. Мектеп кезінде талай рет ауруханада жатып, сабағым нашарлады. Түрлі отадан соң күйзеліске түстім. Студенттік шағымда да көп қиналдым. Жиырма бір жасымда жүрегім тоқтап қалды. Үш жылдан бері апаратпен жүрмін. Бір жүрек табылса екен деп күні-түні Тәңірден тілеймін. Алла қалап аман-есен жазылып шықсам алға қойған мақсатым көп. Ең әуелі өзім бітірген мамандығым бойынша жұмысқа тұрып халық үшін, өзім сияқты жандардың игілігі үшін қызмет етсем деймін,- деді. Армандарын айтқанда ол маған ерекше әсер қалдырды. - Мамандығың қандай еді? - Болашақ журналистпін. Оқу бітірген соң сырқатыма байланысты Жұмыс жасай алмадым. Бейбарысым екеуміз бақыттың бал дәмін татып жүргенімізде бұл қыз тағдырдың ащы азабымен күресіп жүрген екен. Мен көп ойланбастан оған: - Екеуміздің кезігуіміздің өзі тағдырдың жазуы емес пе? Екеуміздің Біреуіміз міндетті түрде аман қалуымыз қажет және ол сен боласың, - дедім. - Бірақ... не айтып тұрсың. Мен қалай... - Ешқандай да бірақ емес. Келісші өтінемін. Екеуміз көп әңгімелестік. Мен оны ақыры көндірдім. Солай Гүлім үшеуіміз дәрігерлермен сөйлестік. Екеумізде барлығы да сәйкес келді. Ота жасауға болатынын айтты. Мен бір жағынан қуанып, бір жағынан қайғырып дел-сал күйде болдым. Аз ғана уақытымды жақындарыммен өткізу үшін отаны бір жылдан кейін өткізуді өтіндім. Барлығы келісті. Жұмыстан шығып ауылға жол тарттым. Күн сайын жүдеп бара жаттым. Бірақ өмірімнің соңғы сәттерін қайғырып өткізгім келмеді. Барынша жағымды естелік қалдырғым келді. Мамам мен папамды көргенде қатты құшақтап аламын. Алқымымды жас кернеді, бірақ сыртқа шығара алмаймын. Қатты қиналдым. Сен екеуміз жайлы кітап жазуды бастадым. Ол кітапты Тұныққа тапсырдым. Өзінен аларсың. Сенің жаныңда ұзақ болғым келді. Отбасымды көріп қастарында алты ай еркелеген соң саған қарай жол тарттым. Жағдайым күн сайын нашарлап жатты . Дәрігерлер жазып берген дәрілер басында тез қойдырушы еді, қазір мүлдем қуатын жоғалтқан сияқты. Сенің жаныңда жаным тыныштық табады. Сенімен өткізген соңғы үш айым ең бақытты кезеңім еді. Бірақ әр нәрсенің ақыры болады екен. Соңғы үш айда отаға дайындалу қажет болған соң барлығына Еуропаға кетемін деп өтірік айттым. Сөйтіп уақытым келген кезде әуежайдан сені Астанаға шығарып салып өзім ауруханаға бардым. Үш айдың түрлі тексерулермен өтетінін, есімді жоғалтуым мүмкін екенін дәрігерлер толық түсіндірді. - Тұнық менің соңғы өтінішімді орындай аласың ба? - Қандай өтініш. - Орындаймын деп уәде бер. Қандай болса да. - Сен маған екінші өмір силайсың. Кез-келген тілегіңді айт. - Сенің танымал журналист болғаныңды қалаймын. Сосын менің Бейбарысымның адал және мәңгілік жары бола аласың ба? Өтінемін. - Мен. Мен білмеймін. Мен келіскенмен әлгі... - Бейбарыс - Иә, сол кісі келісе қояр ма екен? - Келіседі. Қалай болғанда да. Менің соңғы тілегім екенін жеткіз,- дедім. Бұл блакнотқа тағы талай дүниені жазыпты. Сіздер білуге тиіс дүниелер осы. Екеуміздің тойымыз болатын күн Маралдың қазасы, менің қасіретіме айналды. Бұрын бұл мезгіл біздің ең сүйікті мезгіліміз болса, қазір қарғыс атқан қаралы мезгіл мен үшін. Бір жыл өткен соң қайғым біршама басылып,өз-өзіме келе бастадым. - Бейбарыс мырза тездетіңіз енді. Ұйқыңнан тұрдың ба?- деп Тұнық қоңырау шалды. Мен мүлде ұйықтамаған едім. Екеуміз Маралдың басына бардық. Көзімнен ыстық жас парлап жатыр. Ұзақ үнсіз тұрдым. Маралдың ата-анасы да келіпті. Тұнықты көріп құшақтап еңкілдеп жылап алды екеуі де. - Марал маған екінші өмір сыйлады, ата-ана махаббатын сезінуіме септігін тигізді. Сол үшін алдында қарыздармын ,- деді. Маралдың ата-анасы Тұнықты өз қыздарындай ұзатты. Тойымыз болатын күні Тұнық маған бір кітап сыйлады. Кітаптың мұқабасында Марал екеуміздің суретіміз. Кітаптың аты «Махаббатым-мехнатым» еді. Мен жылап жібердім. Көз жасыңды көрсетпе деуші еді әкем. Бұл жолы мен ол кісінің сөзіне құлақ аспадым. Егіліп жыладым. Бүгінде Аллаға шүкір ел қатарлы бақытты күн кешіп жатырмыз. Тұнық маған шекесі торсықтай ұл, ажарлы да көркем қыз сыйлады. Ұлымның атын – Нұрболат, қызымның есімін – Маралым деп қойдым. Қазірде мен Шымкент қаласының әкімі болдым, ал Тұнық елімізге танымал телеарнада журналист болып қызмет атқарады. Біздің Марал екеуміздің армандарымыз орындалды. Бір өкініштісі ол қазір менің жанымда емес.» Тағдырдың тоғыз түрлі торабы түлкібұлаңға салғанда өзіңді қоярға жер таппай жанұшырып айқайлағың келеді. Ең қатты айқай – үнсіздік мен үшін. Адасып-талып, өзіңді өзің таппай да қаласың. Дегенмен қиын-қыстау кезеңде жаныңнан табылатын жақын жандар өмір сүруге шабыттандырады. Сондай жандардың қадірін көп жағдайда оларды жоғалтып алған соң ғана біле бастаймыз.Жаныңызда жүрген жақындарыңыздың қадіріне жете біліңіздер. Тағдырдың сіздермен қалай ойнайтынын кім білсін?