Адам қарады: 239 | Жарияланды: 2019-09-15 12:10:29

Жанжара

Күздің ақ жауыны басталғалы екі-үш күн болды. Жер бетіндегі тіршілік иесінің бәрі маужырап, ұнжарғысы түсіп, адам үйден, мал қорадан шыққысы келмей әлі күннің суытқанына бой үйрете алмай бүрсеңдеп қалды. Терезеге тырсылдап ұрып тұрған тамшының даусына маужырап, жылы төсектен тұрғым келмей жатыр еді, көршіміз Айшаның кіргені естілді.

            - Қалың қалай, күннің аманында үйден шықпаушы едің, жаңбыр жауғалы сыртқа мұрныңды көрсетпейсің, саған жақсы болды ғой, қатын, - деп шешеме сөйлей кірді.

            Біздің Құдай қосқан көршіміз Айшаның кереметі біздің үйдің қазанының қайнайтын уақытын дәл білетіндігінде. Самаурынмен бірге үйге Айша да кіреді. Ең аз дегенде күніне үш рет келіп, баптап отырып шайын ішіп, анама ауылдың жаңалығын айтып кетеді. Бүкіл жаңалықты біздің ауыл осы Айшадан естиді. Үйінің шаруасы бар, одан қалса, біздің үйге кіріп сағаттап отыратыны тағы бар, сонда бұл ол жаңалықты қайдан естиді деген ой мені анда-санда мазалай бергесін анамнан сұрасам:

            - Айшаның бар тірлігі әр үйден шәй ішіп, әңгіме тыңдау ғой. Ауылдың қатындарына не керек, бос уақытты өткізу керек, содан осы Айша келсе бар дәмдімізді қойып, өзі айтпақшы баптап тұрып шай береміз де, өсек тыңдаймыз. Ал, анау-мынау әңгіме тарап, қатындар бір-бірімен у-шу бола қалса, бәріміз тағы осы Айшадан көреміз. Күнде әр үйге барғасын көзі бар көретін, құлағы бар еститін және қатындардың өздеріне обал жоқ, ішіне сыймай жарылайын деп отырған кезде Айша бара қалады, іздегенге сұраған, ішіне сыймай тұрған әңгімесін жайып салады. Айналып келіп, өзі айтқан әңгімеден өзі зардап шегеді. Бәленің бәрі тілден деп қазақ бекер айта ма? - деді.

            Бүгін де таң атпастан  анама  тиісе  келгеніне  қарағанда,    өзінің  сөзімен  айтқанда «сып-свежий» өсегі бар сияқты.

            - Қыз-ау, үйде кім бар? - деді көңілді кезінде «қыз» деп қалатын әдетімен  сыбырлай сөйлеп.

            - Айжаннан басқа ешкім жоқ, ол да ұйықтап жатқан сияқты, кел, төрлет, шайды жаңа ғана демдедім, - деді шешем.

            Күздің бір жақсы жері бала-шағаның бәрі мектепте, еркек атаулының бәрі жұмыста, рахаттанып отырып шай ішуге жақсы,- деді Айша көңілденіп.

            - Е-е-е, саған жақсы болса, бізге де жақсы, таң атпастан көңілдісің ғой, - деді анам әңгімеге тартып.

            - Көңілді емеспін, керісінше, «мал құлағы саңырау» демекші естімеген елде көп, өзімен кетсін,- деп Айша жеңгеміз өз-өзімен біраз отырды. Дастарқанға отыра сала «ойбай, қатын, сен ештеңені естімей отырған кезде бәленше-түгенше» деп әңгімесін бастайтын Айшаның бүгінгі өсегінің салмағы ауыр сияқты. Маужырап орнымнан тұрғым келмей жатқан менің өзім басымды жастықтан жұлып алып ас үйдегі екеуінің әңгімесіне құлақ түрдім.

            - Кеше ғана тып-тыныш ауылдан не ести қойдың? – деді анам да шыдамай.

            - Перизат қайтып келіпті. Жібек қызын біржола көшіріп алып келіпті.

            - Қой мүмкін емес, - деді анам Айшаның сөзінің соңын тыңдамай.

Перизат дегенге менің де құлағым елең ете қалды. Екеуміз он бір жыл мектепте бірге оқығанбыз. Перизаттың болашағынан біз ғана емес мұғалімдердің өзі үлкен үміт күтетін. Өйткені Перизат мектепті қызыл аттестатқа бітірген ең сұлу және осы ауылдағы ең бай адамның қызы. Бүкіл ауыл балалары жаздай мал мен бақшада жүрсе, Перизат үш ай жаз шетелде, одан қалса аға-әпкелерінің үйінде Алматыда болып келеді. Оған тең келетін қыз бұл ауылда болған емес. Мұғалімдердің өздері: Перизатта біздің ауылдың атын шығаруға толық мүмкіндігі бар. Қай оқуда оқимын десе білімі жетеді. Ал, әкесі қай қалада оқытамын десе жағдайы бар,- деп ашық айтатын. Біз де үлкендердің сөздеріне Құдайдай сенетінбіз. Перизатты президент болмаса да ең азы министр болатын шығар деп қыздар өзара әңгіме айтатынбыз. Құдай берем десе бәрін үйіп-төгіп бере салады ғой деп арасында күндеп те алатынбыз. Ал бүгін сол Перизатты ажырасып кетті деп отыр мына Айша.

            - Ой, қатын, мен қашан өтірік айтып едім, шын айтамын, Перизат қайтып келіпті, байы үстіне қатын алыпты, - деді Айша анамның өзіне сенбей отырғанына күйіп.

            - Қой, өтірік шығар, бәріміз білеміз ғой күйеубаланың Перизатты қалай алғанын. Екі жылда не болып қалды оған сонша басқа қатын алатындай? Қой, Жібектің басқа қызымен шатастырып отырған шығарсың Айша?

            - Сенбесең қой, адам сияқты саған әңгіме айтып отырған мен ақымақ екенмін, - деді Айша өзіне сенімді үнмен. Апам орнынан тұрып кеткен сияқты күбірлеп сыртқа шығып кетті. Айша:

           - Осы ел айтқанға сенбейтін болған ба, әлде мен Жібектің қыздарын ажырата алмайтын ақымақ болыппын ба? - деп өз-өзіне күбірлеп отырды. Апам ызылдатып самаурын көтеріп келді де:

           - Сене алар емеспін, таудай талап бергенше бармақтай бақ бер деп бекер айтпаған екен ғой. Перизат әлі жап-жас қой бар-жоғы он тоғызда. Онымен жасты Айжан әлі ұйықтап жатыр, оятпасаң тұрмайды. Күйеубаланың аты кім еді? - деді.

           Ішімнен «Ержан ағай» дедім. Апамның қазіргі түрін анық көріп тұрғандай болдым. Апама бірдеңе ұнамай қалса, таза кеселерді жуып, алды-артын тазалап бір орынға отыра алмай кетеді.

           - Ержан, - деді Айша.

           - Иә, Ержан, Ержан мектеп директоры ғой қазір... Сынып жетекшілері болған.

            - Қатын-ей, сен де жақсы біледі екенсің ғой ол жігітті.

           - Енді осы ауылдың баласы, Айжандарға он мен он бірінші сыныпта жетекші болды ғой. Неге білмеймін? Көшіп кеткендеріне бар-жоғы бір жыл болды ма, болмады ма, Перизатқа обал болған екен?!

           - Басында-ақ Перизатты алды дегенде сол баланың бас-терісі келіспеген, оңған күйеу болмайды деп өзіңе де айтып едім ғой, айтқаным келді. Негізі қазақ бекер айтпайды текті, тексіз деп. Тексіз жерге барған қыздың оңғанын көргенім жоқ. Біз негізі жастардан көреміз, бәленің бәрі үлкендерден. Сол Ержаннан менің алпысқа келген шалым сұлу, - деді Айша күліп.

           Апам естіген хабарына әлі сене алмай отырған сияқты.

           - Айша, қазіргі кезде махаббат деген тұрақсыз болып кеткен бе, сол бала деген Перизаттың жолында жанын құрбан ете жаздап еді ғой, не болды екен сонша?

           - Е-е-е, әзәзілдің етегінде кеткен ғой, әйтпесе, Перизаттан артық қатын алмағанына мен кепіл. Құрысын, бәріміз бала өсіріп отырмыз, күлетін жағдайымыз жоқ, - деп Перизат туралы әңгімені тоқтатып екеуі ауылдың басқа жаңалықтары туралы айтып кетті.

           Мен ендігі әңгімелерін тыңдағым келмей көрпемді басыма жауып алып, қалада қанбаған ұйқымды қандырайын деп шештім. Бірақ Айшаның әңгімесін ұмыта алмай Перизат пен Ержан ойымнан кетпей қойды.

 

*  *   *

 

Бұл оқиға қалай басталып еді... Тоғызыншы сыныптың соңында сынып жетекшіміз бала күтіміне байланысты демалысқа кетіп біз сынып жетекшісіз   қалғанбыз.   Үш   ай   жазғы   демалыстан   кейін   биыл   ғана институтты бітірген, өзіміздің ауылдың жігіті, бар-жоғы жиырма бір жастағы Ержанды бізге сынып жетекші етіп қойды. Өзімізден алты-жеті жас қана үлкендігі бар Ержанды ағай деп сыйлап жатқан біз жоқ. Өйткені, ағайымыздың бойы біздің сынып балаларынан қысқа болатын. Кейде ұлдардың ортасында тұрса, ұстаздары емес төменгі сыныптың баласы деп қалуға болатын. Екі жылда ағайдың күлгенін көрмеппін. Басын төмен салбыратып алып, жерден көзін алмаушы еді. Қыздар сыртынан «басын көтермейді, жолындағысын қалай көреді екен» деп таңқалатын. Бойы ортадан төмен, шағын денелі Ержан ағайымыз ешкіммен сөйлеспейтін тұйық адам болатын. Екі жыл сынып жетекшіміз болған кезде біреумізге жәйдан-жәй ұрысып көрген жоқ. Ұстаз ретінде өзін жақсы ұстайтын. Перизатқа да мектеп бітіргенше ерекше көңіл бөлді деп те айта алмаймын. Керісінше сабақта тыныш отырмағанымыз үшін екеумізге күнделігімізге талай екіні қойып берген. Әйтеуір, журналға қойылмағандықтан онша ренжи қоймайтынбыз.

Сол ағай айдай сұлу Перизатты алыпты дегенді естігенде таңқалмаған адам қалмаған шығар ауылда. Мен бұл жаңалықты оқуға түсіп, қуанышым қойныма сыймай ауылға келген кезде естідім. Мен жоқ болған екі айда бүкіл ауыл үнді киноларындағы махаббаттан кем соқпайтын уақиғаның куәсі болған көрінеді. Басында Ержан алып қашып кеткен шығар, содан Перизат қайтып келгенге ұялған шығар деп ойладым. Бірақ, қыздардың айтуына қарағанда Перизат өзі қашып кеткен. Артынан әкесі мен шешесі қуып барып, «қайыршыға қызымызды бермейміз» деп Перизатты күштеп алып  кеткен  көрінеді.  Ал,  арасына  түскен  Ержанды  Перизаттың  әкесі «кәмелет жасқа толмаған қызды алып қашқаның үшін сотқа беремін» деп қорқытып, Перизаттың «кетпеймін» дегеніне қарамай сүйреп әкетіпті. Содан Ержан Перизаттың үйінің алдына келіп, «қыздарыңызды беріңіздер, бермесеңіздер мен үшін бұл өмірдің керегі жоқ» деп өзін-өзі атыпты. Ержанның өзін атқанын көрген Перизат елдің бәрі Ержанмен алысып жатқанда қораға барып асылып қалады. Құдай сақтағанда ағасы көріп қалып асылып тұрған жерінен құтқарып алған. Екі ғашықты ауруханаға дер кезінде жеткізіп, жандарын тірі алып қалған көрінеді. Содан екі жақ ақылдаса келе екеуін қосуды жөн санапты.

Мен қаладан келген кезде ауылдың бәрі тойға дайындалып жатыр екен.

 

*  *   *

 

Мен келді дегенді естіп ертеңіне Перизат үйге келді. Шынымды айтсам, күйеуге тиген қыздың құлпырып кеткенін бірінші рет көруім. Перизаттың бұрынғы сұлулығы әшейін екен, қазір менің алдымда тұрған пенде емес,  хор қызы десем болады. Өз көзіме өзім сенбей:

           - Перизат, бұл шынымен сенсің бе? - дедім.

           - Айжан, қойшы, осы сенің қалжыңың бітпейді, мен болмағанда менің әруағым дейсің бе? - деп сылқылдап күліп алды да оқуға түскеніммен құттықтап, тойда қыз жолдас болсаң деген ниетін айтты. Өзіммен бірге мектепті жаңа ғана бітірген, тас лақтырып мак ойнаған, бес-алты метр резинканы қалтамызға тығып алып, бұрыш-бұрышта әлгімізді созып жіберіп, үстінен секектеп секіріп жүретін Перизатқа ол мүлде ұқсамайды, Ержан ағай сияқты ол да менен бес-алты жас  ересек тәрізді болып көрінді. Мен одан ыңғайсызданып, Перизат менен ыңғайсызданып, «жан құрбы болып өмірден өтеміз» деген екеуміз екі айдың ішінде бір-бірімізге жат болып қалыппыз.

           - Айжан, қыз жолдас боласың ғой, екеуміз бұрында келісіп едік қой, кім бірінші күйеуге шықса, екіншіміз қыз жолдас боламыз деп, - деді сегіз- тоғызыншы сыныптарда оқып жүрген кездегі уәдемізді еске алып.

           - Ой, ол кезде мен сенің Ержан ағайға тиетініңді білген жоқпын ғой, білгенімде ондай сөзді айтар алдында ойланар едім, - деп қалжыңына қалжыңмен жауап бердім. Екеуміз де күліп, ортамыздағы салқын ыңғайсыздық лезде сейілді. Перизат көңіліне алып қала ма деп: - Ағайдан рұқсат сұрадың ба, мына оңбаған Айжан мектепте қанымды ішіп еді, енді қыз жолдас болып келіп алыпты десе қиын болады ғой, бұрындағыдай екі қойып та қорқыта алмайды, - дедім.

           - Жоқ, айтпайды, - деді күліп Перизат, - Ержанды ағай демеші, мектепті бітірдік қой, ол енді саған ағай емес, - деді.

           - Ойбай, сонда көрген жерде «Ержанчик, сәлем» деймін бе, қой айта алмаймын, сіздің күйеуіңіз тілімді жұлып алар, - дедім көзімді бақырайтып. Перизат менің әр сөзіме күліп:

           - Айжан, саған рақмет, мектеп бітіргелі күлгенім осы шығар, - деді күрсініп.

           - Күлкіден езуі жиналмайтын Перизатқа не болыпты күлмейтіндей, - дедім.

           - Үйленген деген қиын екен, мен ойлаппын Ержан екеуміз ғана өмір сүреміз, бізге ешкімнің керегі жоқ, екеуміз ғана бір-бірімізге қарап отырамыз деп. Қайдан.... – деді тағы күрсініп.

           - Перизат, ренжімеші, сен ағайға екі айдың ішінде қалай тиіп кеттің? Әлде маған айтпай жасырын жүріп жүрмедіңдер? - дедім кешеден бері басым қатқан сұрақтың жауабын білу үшін.

           - Жоқ, жүрсем, сен білер едің ғой, Ержанның маған ғашық екенін мектеппен қоштасу кешінде ғана білдім. Ал, саған айтпағаным, сен ертеңінде-ақ кетіп қалдың ғой қалаға. Бәріміз вальс биледік қой, сол кезде Ержан мені биге шақырды. Сен қасымда болатынсың... Оны өзің көрдің. Бәрің сол кезде шиқылдап күліп, мені мазақтадыңдар ғой, есіңде ме?

           Ержан билеп жүрген кезде:

            - Перизат, сен бүгіннен бастап заңды түрде менің оқушым емессің, бүгін саған екі жыл бойы айта алмаған сезімімді қалай айтарымды білмей тұрмын. Сен әлі жассың ғой, маған сенесің бе, сенбейсің бе, бірақ, маған сенсіз өмір жоғына көзім анық жетеді. Сен ең болмаса мені сыйласаң, ертең кездесейік, - деді. Екі бетім өрттей қызарып, жәй ғана «иә» дегенім есімде... Басқасын білмеймін. Ертеңіне кездесіп ауылды бір айналып шыққанда мен оған ғашық екенімді мойындадым. Ол сондай ақылды, ұстамды жігіт қой... Біздің сыныптың ұлдары сияқты емес.

            - Мәс-саған, ағайға осылайша бір биде сынып қалдым десеңші...

            - Жо-о-қ, қойшы, олай айтпашы, ұяламын.

            - Мақұл, кейін бір оңашада бәрін айтып бересің. Мен одан да тойға не киетінімді ойластырайын, - дедім де ойыма жігіт жолдас деген түсіп кетіп: - Перизат, ойбай, қорқамын, жігіт жолдас мектептің бір ағайы болып жүрмесін, - дедім.

            - Қорықпа, қасыңда мен бармын ғой, қандай жігіт болса да, - деді күліп құрбым.

Перизаттың әкесі кенже қызының тойын толығымен өзі көтеріпті. Ол той барғанда арманда, бармағанда арманда дейтіндей дүркіреп өтті.

 

*  *   *

 

Қызығы мен шыжығы қатар жүретін қаладағы студенттік өмірге үйреніп өзімізше қалалық бола алмасақ та ұқсап бағып, бірінші курсты бітірдік. Қаланың тас асфальтына біз өкшемізді тықылдатып жүруге үйреніп қалғанбыз ба, әлде үлкен қаладан кейін ауыл тым көзге қораш көрініп қала ма, әйтеуір, бұрқыраған шаңына мұрнымызды тыжырайтып үйімізге келіп кетеміз. Шай үстінде апамнан ауыл жаңалықтарын сұрап отыр едім, «қызым, сен естімеген шығарсың, Перизаттар көрші ауылға көшіп кетті, Ержан ағайларыңды сол ауылға мектеп директоры етіп сайлапты» деді.

            - Апа, Ержан ағайдың жасы директор болуға жарай ма? Менің білуімше мектеп директоры деген жасы келген ағай немесе апай болатын сияқты еді...

            - Е-е-е, шырағым, қайын атаң ауданның әкімі болып тұрса, сенің жасыңа кім қарайды? Өзі де пысық жігіт қой,– деді. Жас отбасының өсіп-өнуін дұрыс деп санасам да Перизаттың ауылдан көшіп кеткені біртүрлі екен. Мен үшін ауыл мен Перизат бір ұғым болып қалған сияқты.  Былтыр  той  алдындағы  қыдыруда  жүрген  кезімізде  «оқуға барасың ба?» деген сұрағыма «Ержан жібермей отыр, бәрібір саған жұмыс істетпеймін, басыңды қатырып не қыласың деді» деген  бір түрлі дауыспен. Ішімнен қарсы болсам да «өздерің білесіңдер, енді сенің қой дейтін қожайының бар» деп қалжыңға айналдыра салғанмын. Жазғы демалыста жүрген кезде сол баяғы Айша келіп, Перизат ұл босанғанын айтып сүйінші сұрап кеткен. Перзентханадан келсін, сәбиі қырқынан шықсын дедік, одан сыныптастардың бәрі жиналып барайық дегенде көлік таппадық, сөйтіп, уақытты созып жүрген кезде оқу басталып кетті де Перизатты көре алмай қалаға кетіп қалдым. Енді естіп отырғаным мынау. Барып біліп келсем бе, әлде өзі менің демалыста екенімді білсе, келетін шығар, қалай істегенім дұрыс деп ары аунап, бері аунап жаңа ғана мамықтай төсегім тастай батып кеткесін сүйретіліп орнымнан тұрдым. Ас үйде шай ішіп отырған екеуімен басымды изей амандаса салып сыртқа шығып кеттім. Айша әйтеуір тоқтатып үлгермей қалды. Айша кеткенше үйдің артындағы бастырманың астында отырдым.

            Апам біраз уақыттан соң далаға шығып:

            - Айжан, шайыңды ішсеңші, жаңбырдың астында не істеп отырсың? - деді.

            - Айшаның кетуін күттім, Перизат туралы айтқанын естідім, соны сөз қылмасын деп күтіп отырдым.

            - Мен де әлі сене алар емеспін, рас болса, қайран қыз қор болды-ау.

Бірақ негізі Айша өтірік айтпайды, құрысын, шайыңды іш.

            - Апа, барып жағдайын білейін десем бір өсек тыңдағысы келген, қызық көргісі келген адамдай боламын ба деп тұрмын. Ал бармайын десем естіп тұрып келмеді дей ма, не істесем екен?

            - Білмеймін, шырағым, кішкене есін жинасын, содан кейін кірсең де болар, мұндайда уақыт емші дейді, - деп апам қайта кеселерін жуа бастады. Шай ішкім келмей мен де тұрып кеттім.

            Сол жолы ақыры Перизатқа жолықпай қалаға кетіп қалдым.

 

*  *   *

 

Екінші курстың бірінші семестрін бітіріп жаңа жылды әке-шешеммен қарсы алайын және Перизаттың жағдайын білейін деп ауылға ұшып жеттім. Келе сала апамнан Перизаттың жағдайын сұрап едім, күмілжіп:

            - Шырағым, оңашада айтармын, - деп үйдегілерді көзімен бір шолды. Бір нәрсені іні-сіңлілерімнен жасырып отырғанын сездім де сөзді ары қарай қозғамадым. Кенже сіңлім анам екеуміздің әңгімемізді естіп қойса керек:

            - Айжан әпке, сіздің құрбыңыз Перизат жынданып кеткен, - деді.

            Анам:

            - Қайдағы бәлені қайдан айтасың сен осы, кім айтты саған ондай өсекті, - деді ашуланып. Сіңлім апама таң қала қарап:

            - Апа, осы жақында ғана Айша тәте екеуіңіз Перизатты жынданып кетіпті деген жоқсыздар ма, енді келіп кімнен  естідің  деп ұрысқаныңыз қалай? - деді.

            Апам не айтарын білмей сасып қалды да:

            - Осы сен неге үлкендердің әңгімесін тыңдайсың? Бала болып жайыңа жүрмейсің бе?- деп ашулана бастағанын көріп, дереу қаладан әкелген базарлығымды сөмкемнен шығарып елдің назарын басқаға аудара бастадым. Бағанадан бері сыйлықтарын күтіп отырған бауырларым у-шу болып өздерінің тапсырған заттарын әкелгеніме қуанып сыйлықтарын ала салып бөлмелеріне кетті.

Апам мен іні-сіңлілерімнің көңілін тауып жатқан кезде шайын қайта қайнатып, демдеп мені күтіп отыр екен. Өзінің қылығына ұялып отырған сияқты, мен дастарқан басына отырысымен:

            - Мына Балжанды қарашы, сөз тыңдап жүргенін, Айша да бала-шаға отыр демейді, менің де оңар қылығым жоқ, соның сөзін тыңдап жүрген, - деп ақтала бастады.

            - Апа, Балжан не айтып отыр, Перизатқа не болды?

            - Е-е-е, шырағым, саған талай айтып жүрмін ғой, әйел заттың бағы байында деп. Енді қарашы, қаршадай қыздың қор болғанын?! Перизат адам баласын көргісі келмей, бөлмесінен шықпай жатып алған көрінеді. Міне, келгеніне екі-үш ай болып қалды ғой, бір адам Перизатты көрген емес. Жібек сорлы жиенін бағып, қызын аштан өліп қалмауын қадағалап, қасықтап тамақ беріп жүр екен. Керек десең, дәретханаға тек түнде шығады дейді, соны шай үстінде сөз еткенбіз, бәлекеттің естіп жүргені сол, - деді ақталған түрмен.

Мен не деймін, анама ішімнен «қайран, Перизат» дедім де анама ас-суына рақмет айтып, бөлмеме кеттім. Ойымнан Перизат шығар емес,  ауыл адамдары депрессия дегенді түсіне ме, қазір Перизат өмірінде көрмеген қорлықты көріп, басына түскен ауыртпашылықты көтере алмай жатыр ғой. Ертең барсам мені көргісі келер ме екен? Ит неме, Ержан-ай, сол үшін он жеті жыл мәпелеп өсірген ата-анасына қарсы шығып, өз өмірін қия жаздаған махаббатымен алысып жатқанын түсіне ме екен сол. Қайдам, жас қатынының қойнында жатқан шығар махаббатқа мас болып. Ержанға жыным келіп жатып, жол ұрып тастағаннан ба тез ұйықтап қалыппын. Шаршағандікі ме әлде, ойлағаннан ба, түсім де шым-шытырық болды. Перизат таудың басына шығып алып төменде қарап тұрған Ержанға сақ-сақ күледі. Перизаттың күлкісіне мүлдем ұқсамайды. Бірақ күліп тұр. Ал Ержан Перизатты танымайтын  адам  сияқты  басқа  жақтан  көз  алмай  қарап  тұр.    Бір  кезде Перизат таудың басынан құлап кетті де, жерге жете бере құсқа айналып аспанға бір-ақ көтерілді. Қара терге түсіп жатыр екенмін. Оянғаныма, жанағы сақылдаған күлкінің бәрі түс болғанына қуанып кеттім. Тағы ұйықтап қалсам жаңағы түсім жалғасып кете ме деп қорыққаннан жатқым келмей ас үйге барып су іштім. Менің жүргенімді естіп апам да бөлмесінен шығып:

            - Қызым, неге ұйықтамай жүрсің?

            - Жәй, шөлдеп ояндым, ал сіз неге жатпай жүрсіз?

            - Білмеймін, сен келгелі Перизат ойымнан шықпай қойды. Саған жана балалар болғасын айта алмадым, Ержан ағайларың екінші әйелі етіп кімді алғанын білесің бе?

            - Жоқ, Айша әпкеден естідік қой оны да, Перизаттың өзімен сөйлескен жоқпын, ертең не болса да барайын деп отырмын.

            - Айжан, «ел құлағы елу» деген, Ержан әйелді басқа жақтан емес өзінің жеңгесін алыпты. Анамның сөзін түсінбей қалдым:

            - Қай жеңгесін? - дедім анама қарап.

            - Ержанның жүз жеңгесі бардай айттың ғой, Нұржан марқұмның әйелі Анарды алыпты. Естігеніме сене алар емеспін.

            - Қойыңыз, апа, Анар туған жеңгесі емес пе, жасы да үлкен, өтірік болар, - дедім.

            - Қайдағы өтірік, некелерін қиып, бірге тұрып жатыр. Бұның қалай дегендерге екі отбасын да асырай аламын, бірақ, соған Перизат көнбей қойды, ағаларымның балаларын жетім ете алмаймын депті.

            - Ержан ағай жынданған ба, сонда өзінің баласын жетім етеді де, ағасының балаларын жетім ете алмай ма, онда неге Перизатты алыпты басын қатырып, бәленбай жыл жесір отырған сол жеңгесін-ақ алмады ма? - дедім ашуланып.

            - Қызым-ау, елдің бәрінде сол сұрақ қазір. Перизатқа да қиын тиіп жатқаны сол ғой, - деді де шешем «Е-е-е, Құдай шатастырамын десе оңай ғой, екі ортада балаға обал болды, біреуіне бай, біреуіне қатын табылар, түннің біруағы болды жат» деп сөйлеп бөлмесіне кіріп кетті.

            Ас үйде состиып тұра беремін бе, мен де келіп төсегіме жаттым. Анамның айтқан сөздерін ой елегінен өткізіп жатып, Перизат үшін көзіме жас келді. Ержан ағайды жек көремін. Айша апай айтпақшы, «бас терісі келіспеген оңбаған».

 

*  *   *

 

Ертеңіне Перизаттың үйіне бардым. Өмірі есіктері жабылмайтын үйдің қақпасы ішінен құлыпталып тұр. Балалық шақтың бәрі осы екі үйдің ортасында өткендіктен бұл үйдің бар тесігін менен жақсы білетін адам жоқ. Үйдің сыртынан айналсаң мал кіретін есік бар сол арқылы үйге кірдім. Ауылдық жерде есік қағу деген болмаса да мына тым-тырыс үйге кіріп баруға батпай есікті ашып «кім бар?» дедім даусымды көтеріп. Ас үйден Жібек апай жүгіріп шықты. Оның артынан бір-екі жастағы сүп-сүйкімді бүлдіршін шықты. Мені көріп Жібек апай қуанып кеткендей болды.

            - Айжан, амансың ба, шырағым, қалың қалай, оқуың жүріп жатыр ма?- деді бастырмалата мені ас үйге кір деген ишаратпен.

            - Жақсымын, әпке, өздеріңіз қалайсыздар, мына бүлдіршін кімнің баласы? - дедім танымағасын. Перизаттың әпкелері мен ағаларының балаларын жақсы танимын ғой.

            - Перизаттың баласы ғой, отыр-отыр, қазір шай дайындап жіберейін, сенің келгеніңді білсе Перизат та тұрып қалар, - деді жатын бөлме жақты иегімен нұсқап.

            - Әпке, мен Перизатқа кірейін, Сіз рұқсат берсеңіз, - дедім бәрін білемін дегенді көзіммен ұқтырып.

            - Кір, кір, мүмкін саған сөйлер, біз оған адам емеспіз, дәрігер де келіп кетті, тәнінде ауру жоқ, тек жанын емдеу керек деді. Біз оның жанын қалай емдейміз, Ержанның қол-аяғын байлап алып келмесек, - деп көз жасын бір сығып алды.

Перизаттың бөлмесінің есігін тықылдаттым да шақыруын күтпестен кіріп бардым. Төсекте басын көрпемен жауып алып жатыр.

            - Пері, сәлем, - дедім бала кездегідей.

            Керек десең, көрпесі қозғалмады. Ұйықтап жатқан сияқты, қасына жақындап барып көрпесінің сыртынан жайлап оята бастадым. Бірақ, бір тірі адамның белгісі жоқ, өз ойымнан өзім шошып кеттім де көрпесін жұлып алдым. Бір уыс, кіп-кішкентай кемпір жатыр төсекте, шошып кеттім, еріксіз даусым шығып кетті. Хор қызындай сұлу Перизаттан жұрнақ қалмаған. Адам ауырса әруақ деп бекер айтпайды екен. Артқа шегініп кеттім. Неге екенін білмеймін, көрпесін үстіне лақтыра салдым. Біреу келді-ау, менің үстімдегі көрпемді ашты-ау деген Перизат болмады. Сол бүк түскен қалпы қозғалмастан жата берді. Кішкене бойымдағы үрей кеткесін қасына жақындадым да жүрелеп қасына отырдым.

            - Перизат, көзіңді ашшы, мен Айжанмын, - дедім.

            Айжан деген дауысты естіді ме, әлде менің жуық арада кете қоймайтынымды білді ме көзін жайлап ашып бетіме қарады. Көзінде нұр қалмаған, бала кезімізден малдың арасында жүргендіктен көзінен нұр кетіп қалған қойды әкеміз мал болмайды деуші еді ғой, тура сол.

            - Айжан, қайдан жүрсің, - деді.

            Көптен сөйлемегеннен ба, әлде ауырып тұр ма, даусы қарлығып шықты.

            - Бұл не жатыс, сенен басқа адамда жүрек жоқ па, - дедім мына жатысы біртүрлі көрініп.

            Жауап жоқ, күрсінді де үндеген жоқ. Перизат бұлай жата берсең, орныңнан шынымен тұра алмай қаласың, жүрші, далаға шығайық,- дедім қолынан ұстап. Басын шайқап, көрпесін жауып алды.

           - Пері, сен тұрмайынша мен де кетпеймін, жыныма тисең қасыңа жатып аламын, тұршы ең болмаса беті-қолыңды жуып отыршы, - дедім.

           Кішкене үнсіз жатты да орнына тұра бастады. Аяқтарын төсектен түсіріп еді, қу таяқ, орнынан тұрған кезде бойшаң бойы ғана қалыпты, денесінде ет қалмаған сияқты.

           - Перизат, модельдердің ауруы бар ғой «анорексия» деген, сен сонымен ауырып қалғаннан саусың ба, басқасын қойшы, ана балаңды аясаң қайтеді, - дедім жыным келіп. Сүйретіліп тұрып бөлмеден шықты, мен артынан ілесіп келемін, тура кемпір, аяғын тырп-тырп басып жуынатын бөлмеге кірді. Біздің шыққанымызды көріп, Жібек әпке де ас үйден шығып маған:

           - Айжан, шай дайын, екеуің шай ішіңдер, сенің келе қалғаның мұндай жақсы болар ма еді, бұл бізбен дастарқанға отырмайды, мүмкін сенімен отырар, ал мен сендерге кедергі болмай баламмен дүкенге барып келейін,- деді де жиенін киіндіріп сыртқа шығып кетті.

           Перизат жиырма минуттан соң жуынып шықты да бөлмесіне қарай жүрді.

           - Қайда барасың, сенің үйіңе қонаққа келіп отырмын ғой, шай берсеңші, - дедім әдейі ас үйге кіргізу үшін.

           - Айка, шаршап қалдым, кішкене жата тұрайыншы, апам үйде жоқ па, не? - деді.

           - Пері, мен не, сенің апаңмен отырып әңгіме айтамын ба, сен үшін келдім ғой, жүр, сен ас үйде отыр, мен-ақ шай дайындайын, - дедім де қолынан ұстап ас үйге кіргіздім.

           Апасы дастарқанды жайнатып жасап кетіпті. Екеуміз дастарқанға отырып, мен шай құйып бердім. Өмірге еш қызығушылығы қалмаған құрбымның түріне қарап, тамағыма өксік тығылып қалды. Сөйлейін десем жылап жіберемін бе деп үнсіз отыра бердім.

           - Айжан, менің өмір сүргім келмейді, өле салайын десем баламды қимаймын, бірақ, мендей анадан оған не пайда? – деп біраз үнсіз отырды да: - Ержан негізі кінәлі емес, менің еркелігімнен шаршап кетті. Ал Анар керісінше оны өмір бойы еркелетіп, Ержігіт, Ержігіт деп отырады. Негізі еркектер еркелеткенді ұнатады екен.

           - Пері, қойшы соларды, ескі жараның аузын тырнағанда өзіңе батады.

Оларды айтпашы, ұмыт оларды, - дедім.

Ұмыту оңай болса баяғыда ұмыта салар едім, күнде түсіме кіреді. Әсіресе, екеуінің құшақтасып, сүйісіп тұрғаны көз алдымнан кетпейді. Ол екеуінің арасында бірдеңе барын енем де жақсы білген, мен ғана көрсоқыр болып жүре берген екенмін. Сол жаныма батады, - деді де жылап жіберді.

Не деп жұбатарымды білмедім, ішіндегісін шығарып алсын деп үнсіз отыра бердім.

           - Соңғы кездері аптасына бір рет үйіңе барып келсеңші деп мені қуғандай етіп шығарып салатын. Ойымда ештеңе жоқ баламды аламын да үйге кетемін, апам мен әкем мәз, күйеубала жақсы адам ғой деп, сөйтсем, олар өздеріне жағдай жасайды екен ғой. Соңғы кездері Ержанның жеңгесіне көзқарасы қатты өзгеріп кеткен. Бірақ,  қанша жыл бір үйде тұрып келеді, басыма арам ой кірген емес. Алғаш үйленгенде Ержан маған «ағам қайтыс болған соң «жеңгеңді жесір етпей үйлен, ағаңның балаларын сен бақпағанда кім бағады» деп анасы орынсыз талап қойғанын, сол кезде өзінің «апа, қайдағы бәлені қайдан шығарасыз, тірі тұрсам, інілерімді де бағамын, бірақ, жеңгемді өлсем де алмаймын» деп жауап бергенін айтқан. Бірақ, жеңгесінің сондай жақсы адам екенін, осы күнге дейін жаман атын шығармай келе жатқанын да жасырмаған. «Сені алғанда ол кісіден қатты қуанған адам болған жоқ. Өзің білесің, жүгіріп жүріп бәрін істеді, сондықтан, мені сыйласаң, жеңгемді ренжітпе» деген. Мен сол айтқанын   істеп «тәте, тәте» деп жүгіре беріппін. Ал, олар мені бір жыл бойы алдаумен келіпті, - деп кішкене отырды да, – бүкіл әлемге қарсы шығып азамат деп тигендегі істегені мынау болса, бұл өмірде кімге сенуге болады. Екі жылда маған деген сезімі қайда кетті?

          «Білмеймін» дедім ішімнен. Шынымен, өзінің өмірін қия жаздаған жігіттің махаббаты қайда кетті? Әлде махаббат деген тұрақсыз бола ма? Мен де үнсіз, Перизат та үнсіз отырып қалдық.

           - Айжан, келгеніңе рақмет, - деді де тағы үнсіз қалды.

           - Пері, бірдеңе жесеңші, мына түріңнен адам шошиды, бүйтіп жата берсең  аштан  өліп  қаласың  ғой,  Сүлеймен  патшаның  сақинасында «бұл да өтеді» деп жазылып тұрады екен. Сол сияқты бұл күн  де өтеді, - деп көңілін басқаға аударуға тырыстым. Ештеңе шықпады. Жаны жоқ,  құрбымның құр сүлдесі ғана қалған сияқты.

 

*  *   *

 

Ауылға келген сайын Перизатқа кіремін, бірақ, жылдан жылға айдай ару шөгіп, кішірейіп сол дертінен шыға алмады. Ержанның сатқындығын  кешіре  алмады.  Кейіннен  мені  мүлдем  танымайтын болды. Тек басын изеп амандасқаны болмаса, адам бетіне қарамайтын дертке шалдықты. Әкесінің апармаған дәрігері қалмады. Апамның айтуынша, адамның тәнін емдеуге болады ал жанын емдеу тек құдіретті Құдайдың ғана қолында...

 

 

Қазақ тілінде жазылған