Адам қарады: 38 | Жарияланды: 2018-08-06 09:15:04

Ақылды Алина

Ертеде шал мен кемпір болыпты.Олардың ақылына көркі сай Алина атты жалғыз қыздары бар екен.Алина-өте адал,ақылды,ержүрек қыз болыпты.Отын әкеліп,шеге қаға алады,ал,қыста қар күрейді.Дәмді етіп тамақ пісіреді,кесте тігеді,қысқасы,кез келген жұмысты істей алады.Әке-шешесімен бірге бақытты өмір сүреді.Алайда,шаттық пен қуанышқа толы күндер де ,көп ұзамай қайғылы күндерге ұласады...

Алинаның әкесі айықпас ауруға душар болады және ешқандай да емші оны емдеп жаза алмайды.Күндер өтіп жатады.Атайдың халі нашарлап кетеді.Тамақ та іше алмай әбден жүдейді.Бір күнде түнде Алинаның түсіне аппақ сақалы бар,аппақ тоны бар ата кіреді де:

-Қызым,мен сенің әкеңнің ауруының шипасын білемін.Ол-ерекше емдік қасиеті бар сиқырлы қызылқат.Тездетіп жолға шық,әкеңнің дәм-тұзы бітер күн де алыс емес.Ажал аузын арандай ашып сендердің үйлеріңе де келе жатыр.Есіңде болсын ол қызылқат перілердің патшасында ғана болады,ал патша оны тек қызына ғана береді.Саған ақ батамды бердім!

Алина оянып кетеді.Дереу анасын оятып,түсін айтады.Анасы ойланып отырып:

-Еее,қызым,өмір бойы ешкімге де айтпаған құпиямды енді саған айтатын уақыт келіп жеткен екен.Шын мәнінде,мен-перілердің патшасы Шанһардың туған жиенімін.Ал,нағашымның қызы мені жақтыртпайды.Кезінде нағашыма мені талай жамандап,перілердің арасынан кетуге себеп болған да сол еді.Патшаның қызының есімі-Шаан.Егер де әкеңнің өмірін тек сол қызылқат қана сақтап қала алатын болса онда сені перілердің әлеміне жіберейін,тек барғанды ешкімге де шыныңды айтпа,тек,патшамен оңаша қалғанда ғана айт.Сосын патшаға мына хатты бер,ұмытпа,өз қолыңмен бер!

Анасының хатын алып,дайын болғанда анасы әлемдер мен шаһарлар арасындағы сыйқырлы есікті ашып қызын перілер әлеміне аттандырады.Танымайтын жерге келген соң Алина сескеніп,үркіп жүретін болды.Патша сарайының қақпасына келіп,күзетшілерге Ұлы Мәртебелі Шанһар билеушімен кездесуі керектігін айтады,алайда,күзетшілер оны патшаға жібермейді.Патшамен оңашада тілдесудің жолын Алина ойлап табады да бар даусымен ән сала жөнеледі.Даусының ерекше бояуы мұқым патша сарайындағы адамдарға барлық жұмысты ұмыттырып,еліктіріп әкетеді.Көп ұзамай-ақ қақпа ашылып,патша шығады.Алина оған ерекше ізетпен иіліп сәлемдеседі және патшаның өзіне ғана білдіртіп ,қалтасына хатты салып жібереді.Патша оны дереу оқып,Алинаны бөлек жерде қонақ қылады.

-Мен үшін жиенімнен артық ештеңе жоқ,жидекті берер едім.Алайда,ол жидек қазір менде емес,Шаанда.Ойланбай ерте берген екенмін оған.Қайта сұрасам ол күдіктеніп қалады.Айлаң болса айт,шырағым,-дейді патша.

-Айлам бар.Шааннан жидекті алу үшін сіз ауру адамның кейпін танытыңыз,және сарай емшісінің аурудың емі жоқ деп айтуын талап етіңіз.Сонда Шаан сізге келер,сіз одан жидекті сұраңыз.Ол аз да болса күдіктенер және жидекті оның көзінше жеуіңізді сұрар.Сіз жидекті жемес бұрын бір ұртыңызға кәдімгі қызылқат салып қойыңыз.Сиқырлы қызылқатты аузыңызға салған бойда кәдімгісімен ауыстырып алыңыз.

Патша қаршадай қыздың ақылына тамсанады.Келісімін беріп, сарай емшісін шақыртады.Келесі күні патшалыққа ханның ауырып қалғаны және ол аурудың емі жоқ екендігі жайлы әңгіме тарап кетеді.Патша да нәр татпай Шаанды күтеді.Ақыры Шаан нөкерлерімен патшаға келеді.Патша нөкерлерге кетулерін бұйырады..Патша бөлмесінде ешкім қалмайды.Патша Шааннан жидекті әкелуін өтінеді.Шаан расымен де күдіктенеді де патша аузына салғанша күтеді.Патша Алина айтқандай әрекет етеді.Бірден жағдайы жақсы,серпіліп қалған адамша төсегінен ширақ қимылмен тұрады.Сосын Алинаға жидекті беріп,ақ тілегімен үйіне жібереді.Үйіне аман-сау жетіп,хал үстінде жатқан әкесіне жидекті береді.Әкесі жидекті аузына сала салысымен жағдайы жақсарып,өзін ерекше сергек сезінеді.Сөйтіп, Алина мұратына жетіп,бақытты өмір сүреді.

 

Қазақ тілінде жазылған