Жол үстінде
...Жарты өмірім жолда өтті. Бәлкім, тіпті одан да көп... Тегінде тіршілік дегеннің өзі қозғалыс емес пе? Жол-сапар. Қашан, қайда үзілетіні бір Аллаға ғана аян!..
Ойлап отырсам, өлеңдерімнің көбі жол үстінде туыпты. Әрине, толық болмаса да – ой, шумақ, өлеңге негіз болған бір-екі жол. Қалғаны қиын шаруа емес... Күрмеуге келмейтін қу тірліктің әсері ме, қалыптасқан дағды ма, әлде өлең соған бейім бе – айта алмаймын. Бірақ, шындық – осы.
Қара сөз жайы – басқа мәселе. Ол күй таңдайды. Және үлкен дайындық. Сондықтан ба, қабілет-қарымым жетерін ішім сезсе де, бұл салаға бел шешіп араласа алмай жүрмін. Қанша дүние іште өлді, қанша нәрсе аяқсыз қалды. Тағдыр шығар, амал қанша?!
Есейген сайын адамдар жалғыздыққа жақын болады. Той-думан, айқай-шу, қарбалас тірліктен қашып, тыныштықты жаны қалайды. Тек одан қалай құтыласың, көнуге, төзуге тура келеді. Ғұмыр солай өте бермекші!..
Жол үстінде адамға әртүрлі ой келеді. Бірде жүйрік қиял жетелеп жер-көкті кезсең, кейде көптен бері шешімін таба алмай жүрген сауалдың сабағы көрінеді.
Бүгін бір жақсы көретін журналист-ақын қарындасыма айтқан кеңесім еске түсті. Негізі, тілек десе де болады... ФБ-да. Қарындасым өзінің өмір бойы журналист болуды армандап, ақындық өнері мен қабілетін тұсаулап, жасырып келгенін жазыпты. Енді екеуін қатар алып жүрсем дейді. «Түбі біреуін жоғары қоюға тура келеді. Мәселен, мен үшін журналистік қызмет – табыс көзі, нан табу. Ал ақындық – басқа әңгіме. Уақыты келгенде өзің де түсінесің» дедім.
Қазір еске алсам, кезінде мен де журналист болуды армандаппын. Ұзақ жылдар бойы осы салада еңбек еткен әкемнің әсері ме, тағдырдың жазуы ма – ақыры болдым. Алайда, өлең жазуды ерте бастадым... Мектеп қабырғасында. 15 жасымда орта мектепті бітіріп, оқуға бару үшін бір жас қосып жаздырып, паспорт алдым. Осыдан тура 40 жыл бұрынғы әңгіме, енді оның несін жасырамын: КазГУ-дың журфагына түсу шешіліп қойған мәселе екен, аттестат кеш тиіп, шығармашылық сынаққа қатыса алмадым. Әуеле қайтып кеткім келген, бірақ сол кезде Алматыдағы ЖОО-ның бірінде жұмыс істейтін үлкен ағам «Шын талант болса, филфак пен журфактың айырмашылығы шамалы. Ақын-жазушы ағаларыңның көбі тіл-әдебиет факультетін бітірген. Қаласаң ҚазПИ-дің филфагына тапсырайық» деді.
Бірге келген кластастарымнан да қалғым жоқ... Қысқасы, не керек – келістім. Қазір өкінбеймін. Мұхтар Мағауин, Нығмет Ғабдуллин, Серік Қирабаев, Серік Мақпыров секілді ағаларымыздың алдын көріп, қанша дос таптым. Сол кездегі талап өзгеше болды ма, әлде біздің буын соншалық қабілетті келді ме, қазір әдебиет сүйер қауым жақсы білетін Тұрсынжан Шапай, Лесбай Оспанов, Таласбек Әсемқұлов, Ғалым Доскен, Құдияр Біләл, Асқар Алтай, Қадірбек Құныпияев, Төреғали Тәшенов – бәріміз қатар оқыдық. Курстарымыз әртүрлі болғанмен тілегіміз бір – сырлас, силас болдық.
Бұрын да айтқам, тағы қайталаймын, араға жиырма жылдан аса үзіліс салып әдеби ортаға қайта келуім – әуелі Құдай, сосын солардың арқасы. Тұрмыс-тіршілік тезге салса да, ақындық дерт ақыры қайта оралтты.
Жоғарыда журналист болуды мен де армандадым деп ем ғой, тек ол басқа кезең еді. Заман – кең, арман – ақ. Қалам ұстаған қауымның қоғамдық орны мен қадір-қасиеті де басқаша болатын. Бүгінгі жағдай – өзгеше, бірақ реті солай болды.
Қазір мен журналистік қызметке соншалық құмартпаймын. Қадірінің қашқаны сонша, кейде тіпті көңілге «Бұл өзі мамандық па?» деген күмәнді сұрақ келеді. Жарайды, бұл жайында жазатындар менсіз де жетіп-артылады. Одан да келеме көшейін!..
Журналистік қызметтің қадірі қалай кетті? Ең басты екі себеп бар. Бірі – биліктің тізеге салуы; екіншісі – өздерінің табансыздығы. Өзге біз сияқты демократиялық елдерде түрлі кәсіп иелері бейбіт шерулер өткізіп, талаптарын қойып жатады. Бізде ондай ниет жоқ. Неге? Өйткені, бірлік жоқ. Бір жағынан бұны түсінуге де болады. Өзіңіз елестетіп көріңізші, егер еліміздегі барлық бұқаралық ақпарат құралдары бір күн жұмысын тоқтатса не болар еді?..
Тек бұл ешқашан болмайды. Себебі, сөз ұстағандардың басы ешқашан бірікпейді. Неге дейсіз ғой, айтайын... Бірінші – басым көпшілігі билік астауынан ас ішетіндер. Екінші – әрқайсысы өзін жер кіндігіндей сезініп, бір-бірін өлсе де мойындамайды. Өйтпесе олар журналист болар ма еді? Үшінші – билік саясаты. Оты барды отап, жалыны барды жайратып, бас көтерер ешкім қалмады. Қазір оларды тұлғалар емес, «мырзалар» басқарады. Сосын қәйтсін, жат десе жатып, ат десе атады. Қу тамақ бар. Алла артқан аманат бар. Бүгін қызметтен қуып шықса, ертең бала-шағаны кім асырайды? Оның үстіне, жақсылы-жаманды ел алдында жүр. Бір адамға жетерлік танымалдық та жоқ емес... Қажеті не? Сосын сан қилы сылтау тауып, өздерін-өздері ақтауға тырысады. Ертең дүние өзгеріп, билік басқаша сайра десе, сол сәт бәрі жалт бұрылып, басқаша сайрар еді. Оған ешқандай күмән жоқ. Біз сенген «төртінші биліктің» сиқы осы!.. Ар қайда, намыс қайда?!
Қазақ «Су ішкен құдығыңа түкірме» дейді. Жоқ, мен мүлде кінәлап отырған жоқпын. Қанша уақыт нанын жедік. Бұйырса әлі де үмітіміз бар... Бірақ шындық – бәрінен биік.
Өткенде өзіме серт бердім. Жолдың жартысынан астық. Рас, қиналдық, қысылдық... Бірақ ешкімнен кем болған жоқпыз. Ұл өсірдік, қыз өсірдік. Ел қатарлы тіршілік қылдық. Байлық та, мансап та қуған жоқпын. Ардан аттағым келмеді. Әйтпесе талай мүмкіндік те болып еді. Бір күндік қызмет пен бес-он тиын үшін кімге жағынып-жалпақтаймын? Ешкімнің жолын кеспей, қолдан келсе көмектесуге тырыстым. Есесіне қазір әріптестерімнің алдында жүзім жарқын. Кейде, мүмкін, білместік те болған шығар. Бірақ, Құдай куә, көңілім ақ, ниетім түзу болды!.. Азаматқа бұдан артық не керек?!
Көбі кетіп, азы қалды. Бұдан қиын кезеңде де аштан өліп, көштен қалған жоқпыз. Жаратқан ием жар болса, енді ешкімге бас иіп, көлгірсімеймін. Ешқашан. Жан аман, ден сау болсын. Жұрт тыныш, ел орнында. Он екі мүшесі сау, ақыл-есі бүтін адам біреуге алақан жаймай-ақ, тырбанып тіршілік қылатын заман.
Дегенмен, көлденең кесапат пен күтпеген жағдайға ешкім кепілдік бере алмайды. Әсіресе арды ақша, жақсылықты жауыздық жеңген қазіргі қоғамда. Сондықтан мәселе өмір мен өлімге тірелсе – жөн басқа. «Қылыш үстінде серт жүрмейді».
Құдайға шүкір, көшеде қалған жоқпын, даңғарадай баспанам бар. 32 шаршы метр. Бір бөлмелі. Ұл-қызым қасымда. Кемпірім қойнымда. Келін тәрбиелі. Немерелер өсіп жатыр. Бас – аман, бауыр – бүтін. Тәуба!..
Енді ешкімге жалынып, жалбақтар жайым жоқ. Көп болса көшке берген тайлағын алар. Сөзім – сөз, сертім – серт!..
* * *
...Жол үстінде адамға әрқилы ой келеді. Жұмысқа барып-келу үшін күн сайын 4-5 сағат жол жүремін. Қосшыдан ҚазАТУ-ға жеткенше ең кемі екі-екі жарым сағат кетеді. Жол – ұзақ, уақыт – жеткілікті. Орын тисе отыр да, қиялдай бер. Рахат!..
Бүгіннен бастап «Жол үстінде» атты топтама жазуды қолға алсам деймін. Жол үстінде туған ой-толғамдар, қызықты жайттар, көңілге қозғау салған оқиғалар хақында. Егер сәтін салып, ойдағыдай шығып жатса алдымен оған өздеріңіз куә боласыздар. Бәрі Сіздер үшін!.. Себебі бәріміз – жол үстіндеміз. Тірілер.
Тіршілік дегеннің өзі қозғалыс емес пе? Жол – сапар. Жолымыз ашық, сапарымыз сәтті болсын!..