Адам қарады: 11615 | Жарияланды: 2019-03-26 02:11:08

Сыңар сықбыт

 

Астана күні мен Елбасының туған күнін тоқайластырғанымыз тәуір болыпты. Әйтпесе жылда екі күн апыр-топыр болып арып-аршығандай екенбіз.

Басқасын қайдам, бұл күнге бұлданғанына қарамай, сұрағанын беріп, сонау Парижден аты әлемге мәжбүр әйгілі опера әншісін алдыртқаныыз «ғажап» болды.

Құнын сұрама, әлем әншісінің ән салуы – «құбылыс»... Әлем назарының өзі неге тұрады... Белгілі болудың, бедел асырудың мұнан асқан амалы бар ма?

Бар болғаны – зәулім сарайға ел лықа толып отырып, оған Елбасы қатысып тыңдасақ болды...

Ол күнде болып, үш мың орындық сарай лықа толып, алдыңғы қатарда Елбасы бастаған ығай мен сыңай тыпыр етпей тыңдап отыр.

Басқа тілдегі әнді, оның ішінде операны тыңдауға құлдық ұрғанымыз «ғажап-ақ»...

Лықа толы ел-жұртымызда шаруамыз жоқ, біз Елбасымен ілесіп келген үш-төрт дөйдің сықбытына мән берсек дейміз. Еліміздегі Елбасынан кейінгі екінші адам – Парламент сенаторының басшысының құлақ-көзі өзге тілде өзеуреген әнде болғанмен, ойы басқада, тура осы мезгіл өтіп жатқан туған інісінің үйлену тойында... Әттеген-ай, ағайын-туыс, жекжат-жұрағат бас қосқан басалқы басқосуда бола алмай отырғанына өкінеді. Мұнсыз туған інісінің тойы өтіп жатыр, көптен күткен келіні мұнсыз-ақ бұған сырттай сәлем жасап иілді-ау... Қайтеді, онысын айтып бұнда келмей қалуға қауқары жетпеді... Мемлекеттік маңызды іс-шара өтіп жатқанда бұл отбасын күйттеп тойда отырмақ па...

Одан кейін отырған Премьер-Министрдің де ойы опақ, көңіл-күйі сопақ... Кеше ғана тірлігі оңбай Елбасынан ескерту алмағанда, батылы жетіп қайын атасының қайтыс болғанын, сонда бару керек екендігін айтар еді... Бүгінгіні түсініп, қалып кеткеніне ләм-мим демеген әйеліне риза болғанмен, шығарып салып тұрғандағы алара қараған көз-жанары көз алдында. «Күйеу – дұшпан» десе де, «Атам өлсе қойылар, мұндай қызық думан қашан кез келер» деген де тіркес барын ойлап тып-тыныш қалпы «тылсым» әуенге беріле мұңайып-ақ отыр.

Бұныкінің жанында бұған жанай отырған мемлекеттік хатшы мен қала әкімінің ойын он саққа жүгірткен ойран-топырлар жәй әшейінгі тірлік болып тілерсегі қиылып жатыр... Сонда да екеуінің де көз-құлағы әлемдік әнде болғанмен, болмыс-бітім сыртта... қайсыбірін айтсын.

Ал қақ ортада қақырап отырған «Елбасының» есебі жеңіл... Өйткені ол нағыз өзі емес, бұл Елбасының «сыңары»... Е, иә, «двойник».

Сыңардың жүгі жеңіл дейтініміз келді, отырар алдында түрегеп тұрып қошемет көрсеткен үш мың жұртқа қос қолын біріктіре бар-бар кезде бірге екенін білдірді. Енді, міне, тапжылмай екі-үш сағат омалып отырса болды өз міндетін орындағаны.

Ал әнші әдірең... өйткені ол да әлем әншісінің «двойнигі»... Бұның жүгі тіптен жеңіл, әлем әншісімен қатар отырып шай ішкен қайсысы бар екен. Айналайын фонограмма аман болса екі-үш сағат дегенің не тәйірі...

...Е, бұл уақытта нағыз әнші нағыз Елбасының отбасында әуелете ән шырқап, Елбасы жылына бір болатын туған күнін оңашада емен-жарқын тойлап отырған болатын...

 

Қазақ тілінде жазылған