Адам қарады: 98 | Жарияланды: 2019-06-12 06:18:42

Жұмбақ құс

   Көктем мезгілі еді. Жаңбыр құйып тұр. Далаға шыға алмағандықтан, ағайынды балалар сурет өнерімен айналысуда.

    – Көкектің құйрығын бояп жатырмын. Айдары өте әдемі болды,-деді Асхат. – Кө-кек, көкек. Сөйлейді тағы.

     – Мен қарлығашты жақсы көремін. Бірде әжем ертегі айтты. Бесікте жатқан сәбиге бір жылан жақындайды. Сол мезетте ап-ап деп бөпені жегелі жатқан жыланның көзін қарлығаш ойып ағызып жіберіпті. Сөйтіп ажал аузынан баланы құс құтқарып қалады. Балжанның киелі құс туралы әңгімесі әр уақытта өзгеріп отырады. Естігенін бірнеше рет түрлендіріп айтып беруден жалығар емес.

    – Мәссаған, Бекеттің құсы тышқан тәрізді. Асхат шиқылдап күлді. -Бұл неткен құс. Титімдей немені гүлдердің үстіне қондырыпсың.

    – Білмейсіңдер, бұл – колибри. Оңтүстік және солтүстік Американы мекендейді. Бізде жоқ.

    – Оны қайдан білесің?-деді Балжан таңырқап. Ағам деректі кино жазылған дискі әкелді. Кеше содан көріп алдым. Ызың-ызың етіп ұшатын колибри дейтін құс өте кішкентай екен. Басқалардан ерекшелігі сол, колибри артқа да ұшады.

   Бекеттің колибри құсы балаларға қатты ұнады. –Мұрны біздей, көздері қара түймедей жылтырайды. Әрі сүп-сүйкімді-ақ.

    – Кіп-кішкентай болып алып гүлдердің шырынын ішеді. Мен де жемістердің шырынын жақсы көремін. Бекеттің даусынан мақтаныш сезілді. 

    – Бұршақтай-бұршақтай етіп домалақтап тағы не салып жатырсың? Асхат Бекеттің сурет дәптеріндегі толып кеткен ноқаттарды нұсқады.

    – Колибри құстың жұмыртқалары. Колибриге гүлдің бал шырыны үнемі табыла бере ме? Кей кейде шыбын-шіркей аулап жейді. Бекет құсының қасына ирелектетіп әлденелерді сызды.

    – Атасы құс емес пе? Кішкентай құстың жейтін құрттары да кіп-кішкентай екен ғой. Балжанның жанары мейірімділікке толды.

    – Иә, иә. Қайтейін енді. Мен осындаймын ғой дегендей жұмбақ құс қағаз бетінде қатып қалды.

      

Қазақ тілінде жазылған