Адам қарады: 52 | Жарияланды: 2017-09-02 01:05:27

Төрт түрлі тағдыр

әңгімелер циклі

  1.                         ... МАҒРИПА

         Селк ете қалды. Өзі телефон қоңырауын сарсыла күтіп отырып, ойда-жоқта жүрегінің дір ете түскеніне іштей таңданыс білдірді де қойды. Сірә, қуанған мен қорыққан бірдей-ау! Ой-хой, қызмет бабымен сыртқа кеткеннің жөні осы екен деп, барар жерлеріне аман-есен жетіп алған соң, ың-шыңсыз жатып алғандарына жол болсын! Ақылға сия ма бұлары? Оның үстіне Мағрипаның толып жатқан ұл-қызы болса, дәп солар үшін өстіп уәйім жеп несі бар?! Италиясына ма, одан әрі кете ме, о жағын өздері шешсін де аман-есен жүре берсін деп, үйреншікті тіршілігімен алаңсыз айналыса бермес пе. Бар-жоғы екі түйір, сол кездегі солақай саясат ­– бір ұл, бір қыз. Әр баланың несібесі өзімен, әрбірі дүниеге келген сайын бір түп жусан артық өседі деп туа бермегеніне енді өкінеді. Бұл өкініштің кейінгі кездері тіпті ұлттық трагедияға айналғанын жан дүниесімен толықтай сезінсе де, бұл тақырыпты тереңірек қозғағысы келмейді. Себебі, оған айыпкерді алыстан іздеудің қажеті жоқ-ты... Жә-жә, о дәурен өтті-кетті. Көзге көрінгенінің берекесін берсін.

         Шетелге көшкен қызы үйлі-баранды, күйеуі әжептәуір беделді кісі. Оған несіне ренжиді, жұмыс ыңғайымен шапқылап, не оған, не бұған уақыт жеткізе алмай, діңкелеп жүрген адамды кінәлағаннан не өнеді. Оу, мұнда жүргенде қызының ақыл-есі бүтін еді ғой, екеуі ыңғайын тауып құрдастарша сырласатын еді ғой. Ара-тұра, әрине, сөз орайы келгенде шешесінің үстіне шық жұқтырмай бағып-қағып, үкілеп, бар жақсыны үйіп-төгіп осының аузына тосқанымен жалғыз ағасының әйелін де бір түйреп өтуші еді ғой. Құдай ұрып, қызының ыңғайына жығылғандықтың әсері ме, әлде қапелімде уәж таба алмаған шалағайлығынан ба, қалай дегенде де сол сәтте: «әй, қалқам, мұның қиянат, бір келін – менің келінімдей-ақ болсын», деп бетін бірден қайырып тастамағандығына кәдімгідей іші ашиды. Жүрегі шаншып, үсті-үстіне сұққылайды. Жүрегі әлсіз, қан айналысы нашар, екі-үш тамырға жасанды түтікше қойғызған. Дәрігерлер ананы-мынаны ойлап, жүйкеге жүк түсірмеңіз деп, екі күннің бірінде зар илейді. Үйге келіп қан қысымын өлшейді, дәрі егеді. Бірақ жанға батып бара жатқан ауру болмаған соң, дымнан-дымсыз қайтіп қарап отырады. Арғы жақтан хабар келсе, бұл кімнің шікарасы, ал туралап айтқанда Ақеділден әулие ме, ажалға қарсы тұратын амалы болса, Ақеділді алып қалмай ма. Бала-шағаның алдында осы бүгін алып кетсе де зәредей қиналмайды. Шалының жанынан топырақ бұйырса, соның өзі әжептәуір олжа. Бірақ бұл ойын тісінен шығармайды. Әлгідей айтыла-айтыла әбден ақжем болған қазақы гөй-гөйдің ұштығын сездірсе, ержетіп қалған немерелері әжелерінен ертең айырылып қалатындай-ақ, тұс-тұстан қаумалап ортаға алады. Ортаға алғанда да Мағрипаны қайтадан партаға отырғызғандай өмір жайлы, тіршілік жайлы өздерінің осы заманға лайықталған түсініктерін тықпалап, соның негізінде әжесінен де қатаң түрде  «емтихан» қабылдайды. Мәселен, Мағрипа жиырма бірінші ғасырдың таңдай қақтырарлық кереметтеріне куәгер – ақылды әйел. Тісі түсіп, таяққа сүйеніп, аяқ-жолын әзер тауып жүрген кәрі кемпірге  ұқсамайды. Ойлау қабілеті, дүниетанымы, жақсы-жаманды ажырата білуі кісі жаңылдырады. Жұмыстан да шетқақпай қалған емес, елмен араласады, жұрттың пікірін тыңдауға және өз пікірін де жып-жинақы етіп жеткізуге аса қабілетті. Міне, өстіп сап-сау жүрген адамның  қайдағы  бір өлім туралы қайғылануы ақылға сия ма. Әгәрәкім, бір тоға, бір ырғақты тірлік жалықтырса, таза ауа жұтып, орман-тоғай арасына барып серуендегісі келсе, шипажайдың кез келгеніне жолдама дайын. Бәрі дайын, тек өлім жайлы ескі түсінікті кішкентайлардың есіне  түсірмесін.

         Дұрыс, дұрыс-ақ, бірақ ұры ойдың қай жағынан жылтың етіп, шыға келетіндігіне таңы бар. Шетел асқан қызының жай-жапсарын өз аузынан естімейінше қайтіп алаңсыз жүре алады. Оның бер жағында Италияның бір қаласында жер сілкінді деген суыт хабарды да мына саңырау болғыр құлағы  естіген. Ал керек болса!.. Теледидар экраны үйінді астында қалғандарын да, кеуделерінде жаны барларын да, итпен іздеп тауып, жер бетіне шығарып жатқанын көрсетпесе екен, көрсетті ғой. Содан бері шетел хабарларын қалт жібермейді. Ана жолы бір сөйлескенде әлгі бар болғыр қызы жеңіл мәшиненің рөліне өзі отыра салып, балаларын жанына алып, күллі Еуропаңызды армансыз аралап шығуға бел будық дегенді де бір нәрсені қиратып тастағандай, ұртын томпайтып айтып салған. Араласын, аралай берсін, оған кімнің қарсылығы бар, тек соның арасында шешеміздің жүрегін ауыртпайық, аманшылығымызды білдіріп қоялық деп, қалта телефонның бес-алты нүктесін басып жіберуге болады ғой!

         Үзіліп қалған  қоңырау біраздан соң қайта жалғанды: – Ал-ло, Италия, Италия ма?!.. Әй, қызым сендер осы... заказ бергеніме тура бір сағат... Мұндай қызметтеріңмен елдің көңілін қайтіп таппақсыңдар?! Бір үзіп, бір жалғап...

         –Апай, Мағрипа апай?! – Мынадай жағымды дауысты естігенде «мені о жақта да танитындар болғаны ма?» деп кәдімгідей таңданыс білдірді. – Бұл Италия емес...

         –Енді қай жақ?

         –Өзіміз ғой, өзіміз...

         –Өзіміз болғанда, мен Италиядағы қызыммен біраздан бері сөйлесе алмай жүргем...

         –Сіз шынымен Мағрипа апайсыз ба? Дауысыңыз бір түрлі...

         –Қобалжығандық шығар.

         –Бұл – театрдан...

         –Қайдан?!

         –Республикалық драма театрдан

         –Ал?

         –Театрдың кадр бөлімінен.

         –Немене, театрдың едені дұрыс жуылмады, сахнаның қоқысы шығарылмады деп біреулер арыз түсіргеннен сау ма?

         –Жо-ға!..

         –Жо-ға болса, таң азаннан қоңыраулататындай не бүлініп қалды?! Өлмесем түстен кейін барам ғой.

         –Келіңіз. Біз болған жайды алдын ала ескертейік деп.

         –Ол не жағдай?

         –Жағдай болғанда... сіз жасыңыз келген көзі ашық адамсыз... бәрін түсінесіз, қазір бюджеттің әрбір тиынын үнемдеу мәселесі біз түгілі үкімет алдына да қатаң қойылып жатыр...

         –Иә, содан?

         –Содан сол, жаңа талапқа сай, театрдың біраз қызметкерлері қысқарады.

         –Соның ішінде сізде кеттіңіз десеңші!

         –Әне, бәрін түсініп тұрсыз... Өзгелермен салыстырғанда сіздің  жағдайыңыз ханға сәлем бере ме?! Ұлыңыз – бизнесмен, келініңіз...

         –Олардың қатысы қанша бұл араға?!

         –Жо-жоқ, жәй, әншейін әңгіме ғой біздікі. Амалымыз қанша, бір-екі жас актерді де қысқартуға іліктірдік. Олардың екі-үштен кішкентайлары бар, әрі өздері жатақханада тұрады. Олармен салыстырғанда...

         –Сонда немене театрға еден жуушы керек болмай қалды ма? Әлде едендеріңді робот жуып бере ме? Бұл жайдан директор хабардар ма?

         –Әрине, әрине, Мейірхан Жолшараевичтің тапсырмасы ғой сізге хабарлап тұрғанымыз...

         Мағрипа телефон тұтқасын тастай салды.

                                                     ХХХ

         Үйреніскен дағды: театрға түс ауа барады. Оған дейін асықпай-аптықпай шай-суын баптап ішеді. Сабақтан келген немерелерін тамақтандырады. Сосын, сосын сол, өзінің де құдай сүйер қылығы жоқ, басқа біреу болғанда кетсінші әрі деп қолын бір сілтер еді. Ал Мағрипаның анадағы бір білместігі үшін келіні Меңсұлудың алдында кінәлі кісідей бүгежектеп жүрген жүрісі мынау. Сондағысы бас жарылып, көз шығатындай төтенше жағдай болса жөн ғой. Сөз деген жарықтық айтылады, айтылған жерінде елеусіз қала бермей ме. Мағрипаның әлсіздігінің өзі сонда, көңілі қаламаған сөзді көпке дейін ұмыта алмайды. Бәлкім, жүрегінің жиі ауыратындығы да содан шығар. Туған қызының ығына жығылып, келіні туралы бұрқ ете қалған ғайбат сөздің бетін қайтарып тастай алмады ана жолы. Мұнан қалай ақталудың жолын және түсінбейді.

         –Меңсұлумысың? – Қалта телефон деген бір рақат.

         –Иә, аманшылық па?

         –Аманшылық, балалардың тамағын бердім...

         –Рақмет!

         –Тоқтай тұр, есеп бергелі жатқаным жоқ. Осы сендерді театрға желкелеп апаруым керек пе?! Жұрт кейде аяқтарынан сарсылып, билет таппай сүрнігеді. Өзім ішінде жүрген соң алдыңғы орыннан алам ғой қалауымша. Қалай дайынбысыңдар, алдағы сенбіде қолдарың босай ма?! Жақсы спектакль.

         –Баязимен ақылдасайын алдымен. Алаңдамай жұмысыңызға бара беріңіз.

         Мағрипа мырс етіп миығынан күлді. Аздап өтірік айтты. Театрға билет таппай сарсылып жүргендер сирек. Бір жағынан келініне қызметін бұлдаған түрі. Ал театрға шақырғаны үшін алған жауабы әлгі. «Баязимен ақылдасайыны» оның орындалмайтын шаруа екендігін аңғартқаны. Мейлі, өздеріне ыңғайлы екен, сөйтіп жүре берсін секектеп. Қонаққа барудан жалықпайтын, ырду-дырдудан мезі болмайтын бұ неткен жүйкелері мықты халық?! Өздерін аяса нетті бір жолға. Театрдың адам жанына рухани байлық сыйлайтындығын дап-дардай кісілерге ежіктеп жатуы қалай және бір-бір мекеменің дыңдай басшыларына.

         Үйден шыққан соң кәдімгідей көңілі көтерілді. Театрға шақыруын шақырды, ендігісін өздері білсін. Енді Меңсұлудың алдында да жүзі жарқын. Аялдамадан театрға тура апаратын автобусқа отырды. Салондағы бейтаныс жолаушылармен бас изесіп амандасты. Үнемі осылай, жұрттың бәрі келіні мен ұлы секілді сенбі сайын алаөкпе боп, той-томалаққа шапқылай бермейтін шығар. Сондықтан театрдың болашақ көрермендерімен бірге келе жатырмын деп сезінеді. Жан-жағына жалтақ-жалтақ қарайды, үлкен театрда табан аудармай жарты ғасырға жуық қызмет атқарған Мағрипаны да танитындар аз болмас. Мейлі, еден жусын, сахна тазаласын – бәрібір театрмен тағдыр байласқан пендеңізді осал дей көрмеңіз! Мына кісілердің ішінен Мағрипамен сұқбаттасатын біреулер табылса, мұның да айызы қанып, театр төңірегінен біраз-біраз шежіре шертер еді-ау! Ой, несін айтасыз, түсінген адамға Мағрипа театрдың еден жуушысы ғана ма екен?.. Ал еден жуса несі айып, театрдың тақтай сахнасын шаң-тозаңнан тазартса несі айып?!  Туған театрдың күллі тарихын жатқа соғатындар сирексіген бүгінде. Табылса ілеуде біреу. Әзекеңді көрді, Әзербайжан Мәмбетовтың театрдағы жүріс-тұрысын сірә, кісі ұмыта алар ма! Ыдырыс Ноғайбаевтың  күндей күркірегін дауысын естігендер де, естімегендер де арманда. Жантөриннің түксиген жау қабағының өзі бір театрыңа татитын жарықтық! Молдабеков, Шәріпова, Жайсаңбаев... кеше ғана күліп-ойнап, өзіне жарасатын әзіл-қалжыңымен  күллі жұртты төңірегіне топырлатып жинап жүретін Әшекең, Әшірбек Сығай туралы тірі естелікті Мағрипадан басқа айтып беретін кімің бар?! Неге үндемейсіңдер, а?! Мағрипаның көкірегіндегі сыр-сандықты ақы-пұлсыз неге ақтарып алмайсыңдар өз пайдаларыңа?! Оны Мағрипаның да ана дүниеге  әкеткісі жоқ. Тастап кеткісі-ақ келеді осы орталарыңа! Ал оған қызығушылық танытатын, әбжілдік танытатын мына түрлеріңнен қарадай-қарап адам шошиды. Ылғи осы, қара жердің қыртысын аударып, діңкелеп келе жатқандай қалғып-мүлгуден басқа білетіндерің бар ма? Осы қалғып-мүлгумен қайтіп мұратқа жетпексіңдер?! Мағрипа да өстіп үй мен театрдың арасын жол қылып жүре береді деймісіңдер?! Әй, қайдам, өлшеулі ғұмырдың көбі кетіп азы қалды. Әне, естідіңдер ме, театрда қысқарту...

         –Бастық өзінде ме?– деді театр табалдырығынан аттаған бойда сәлем-сауқатсыз вахтер шалдың сүреңсіз өңіне тіксіне қарап.

         –Жоқ, әзірге келе қойған жоқ, жұмыс аяғына таман бір шаң беріп қалар.

         Мағрипа қысқартудың мән-жайын директордың өз аузынан естімекші-тін.

                                                         ХХХ

         Театрға түс ауа келуінде де бір гәп бар. Еден жуу деген қолға жұғатын жұмыс па, тәйірі?! Фойенің алды, үш-төрт бөлме, екінші-үшінші қабатқа көтерілетін баспалтақ. Алдымен сахнаның шаңын сүртеді, сулы шүберекпен қайта жуады. Бар-жоғы бірер сағаттық шаруа-дағы түбің түскір. Есті кісі міндетінен құтылған соң, күн батпай үйіме жетіп алайын деп асығар еді. Еден жуушыға қарап қалған не шаруа. Көркемдік кеңеске мүше емес, есеп-қисаптың иісі мұрынға бармайды. Кәсіподақтың іш пыстыратын жиналысына қатысуға құлқы шамалы. Оның бер жағында Мағрипаны қажетсініп, жер-көктен іздеп жататындар сирек. Жазатайым басының сақинасы ұстап сырқаттанып қалса да, бары мен жоғы білінбейді.

         Мағрипаның күн сайынғы тіршілігі осы. Сахнаны мұқият тазалаған соң бөлмелердің есік-терезелерін жууға кіріседі. Қайта-қайта сағатына үңіледі. Сахнаның мәуіті шымылдығы оқыс дір ете түссе, жүрегі алқынып, қуаныштан айқайлап жіберуге шақ қалады. Яғни, қазір кезекті спектакльге дайындық басталады. Бұл – бір таңғажайып құбылыс! Рөліне шын ниетімен кірісе алмаған жас актриса режиссерден сөгіс естиді. Кейде ол сөгістің соңы «қалқам, өзіңді де, өзгені де қинама. Базарға барып сауда жасайсың ба, түнгі бардың көрігін қыздырасың ба, жолың ашық, әйтеуір, сахнадан аулақ жүрші» дейтін өктем райдағы жаңғырықтарға жалғасады. Жаңадан оқу бітіріп келген тәжірибесіз пақыр әлгідей қатқыл дауыстан кейін көз жасына ерік бермегенде қайтеді. Сахна сыртына шығып, солқылдап жылайды. Ал сахна жарықтық атамзаманғы дәстүрлі жолынан адаспайды: ақ пен қараның, зұлымдық пен жақсылықтың, махаббат пен ғадауаттың, кісілік пен кісәпірліктің мәңгілік шайқасы тоқтаусыз жүріп жатады. Кенет сахнаның жарығы сығырайып өшеді де, бас кейіпкердің жүрегіңді суырып алардай күңіренген  мұңлы монологі басталады. Аяқ астынан не күйге түскендігін Мағрипаның өзі де аңғармайды. Еріксізден-еріксіз «құдірет, құдірет!» деген сөздерді сан мәрте ішінен күбірлейді. Театр актерлерінің шама-шарқы бес саусақтай белгілі. Көпшілігі ысылған, қамшы салдырмайды. Өзіне бекітілген рөлді өлсе де, тірілсе де ойдағыдай ойнап шығады. Тіпті кейбір эпизодтарды түпнұсқаға бағынбай, өздерінше төтеннен сомдайды, тыңнан жол тауып кетеді. Режиссер үнсіз, шеберлікті мойындаудың өзі ерлік. Енді бірде  о батырың арқасын жарға тірегендей, а-ха-ха-лап күледі, жоғы түгелденгендей мерейленеді: «Оу, жолың болғыр, әлгі жас актриса қайда жоғалып кеткен, есі дұрыс па өзінің?!»

«А...а, енді есіңе түсті ме?» – Мағрипа жеңілтек мінезге ұрынбай, өз-өзін тежеп ұстайды. Көз алдынан сан түрлі көріністер тізбектеліп өтеді. Әйтпесе, әлгі бар болғырды жылы сөзбен жұбату неге тұрады. Бұған дейін де талайлардың маңдайынан сипаған, талайларды қисық жолдан театр сахнасына қайта оралтқан. Ұрыспайды, жекірмейді, өмір бойғы театр табалдырығымен біте қайнасқан тәжірибе, әлде сахнадағы қойылымның күллі болмыс-бітімін анық аңғаратын көреген көкірек жастарды қақпайлауға молынан жететін.  Осы күнгі әртістердің біразы Мағрипаны сол үшін сыйлайды, еден жуушының алдында тікелерінен тік тұрады. Жағдайы жоқтарына үйінен қарызға ақша әкеп береді. Таныс-білістеріне сауын айтып, біреулерді солардың үйлеріне орналастырады. Махаббат сезіміне бөленіп үйленеміз, шаңырақ құрамыз дейтіндер табылса  екі араға  тағы да Мағрипаның шапқылап жүргені. Себебі, директорға тікелей кіріп жағдай айта алады, жас отау иелеріне материалдық көмек көрсетуге де қол ұшын бере алады.

Ал әлгі жас актрисаның жанына жетіп бармағаны, режиссердің қатаң талабына қазірден бой үйретсін дегені. Бұл – бұл ма, ұрыс-керістің көкесі әлі алда. Бар болғаны еден жуушы екендігіне қарамай, Мағрипа сахнаны таудан құлаған арналы өзенге теңейді. Өзен бір ырғақпен ағып жатқан секілді болғанымен, оның тау-тасыңды шыдатпайтын айқай-сүрен сарыны күн сайын өзгереді. Күн сайын өзгешелеу бір қаңғыр-гүңгір естіледі. Яғни, сахнада қатып қалған  заңдылық жоқ, соған орай актерлер де күн сайын шеберліктерін өзгертіп тұруға міндетті. Сахнаға шыққан пенде күн сайын шәкірт, күн сайын жаңа сабақ үйренетін балаң шәкірт. Сондықтан оның алғашқы сынақтан сүрінуі де, режиссердің жер-жебіріне жетіп, әбден сілкілеуі де орынды. Еш оғаштығы жоқ. Әйтсе де...

–Сәл аялдашы,– деді дайындықтан соң сахнадан талтаңдап түсіп бара жатқан сақалды режиссерді жолай тоқтатып, – Сен, қалқам, сен немене, а, Асқар Тоқпановтан әулиемісің?!

–Не, не дейсіз апатай, – режиссердің от ойнаған көздері үсті-үстіне жыпылықтайды,– аруағыңнан айналайын Асекеңнің не қатысы бар бұл араға?!  Асекеңе шәкірт болғанбыз бір кезде...

–Болсаң болған шығарсың, бірақ ұлық тәжірибені бойға молынан сіңіре алмапсың.

–Қалай, қалайша?

–Арғы жағын өзің түсін, мен айтарымды айттым, – Мағрипа залдағы орындықтардың бірінен-біріне көшеді. Спектакльге дайындық түннің бір уағына дейін жалғасады.

                                                       ХХХ

«Сірә, біз отыратын орын тұс осы болар» деп шеткері біреуіне келеді де жүрегі алып-ұшып, жайлап келіп жайғасқандығын біледі. Одан кейінгі сыртқы дүние кілт үзіледі. Түн. Бәлкім, далада ақ жауын төпелеп тұрған болар...  Сол қимас суреттердің міне, осындайда ... зәулім залда жападан-жалғыз отырғанда ғайыптан тіріліп кететіндігіне қайран, жалған дүниенің кір-қоқысын ұмытып, ақ мамықтай үлбіреген кіршіксіз әлемнің ып-ыстық қойнына қойып кететіндігіне қайран. Мұнан кейін Мағрипаның қандай күйге түсетіндігін айтпаңыз!

  Дәл сол орындықта кешегі сұлу-бикеш – Мағрипа,  сосын кербез келіншек – Мағрипа, міне, бүгіндері құрметті демалысқа шыққан кемпір – Мағрипа отыр міз бақпай. Сүйікті жары, құдай қосқан қосағы Ақеділ осы театрдың ортаң қолдай актері болатын. Талай-талай тылсым рөлдерді дүниеге әкелді. Мемлекеттік наградаларға, ордендерге кеуде толтырмаса да, театр сахнасындағы қажырлы еңбегінің арқасында осы қаланың кәрі-жасы құрмет тұтатын қадірменді ақсақалына айналды. Дүкенге бара қалса, жұрт бір бұрышқа ысырылып, Ақеділ мен Мағрипаға жол ұсынатын, кезектің алдымен жіберетін. Жә, мұның бәрі түсінікті ғой, шынтуайтына келгенде Мағрипа үшін театрдағы тірлікке тең келетін ешнәрсе жоқ. Оны театрмен табыстырған да иманды болғыр Ақеділ еді. Екеуінің қыз-жігіт боп қол ұстасып, гүлзар бақта серуендегендері сирек. Одан гөрі театрдың аурасы жұмақтан артық-тын. Кеш батысымен Ақеділ  сахнадағы кезекті дайындығына кіріседі. Кейде көңілді, кейде ренішті сәттер... Көрермен залындағы жалғыз сыншы да, әділқазы да Мағрипа. Жанын шүберекке түйіп, әсіресе, сүйіктісінің алдында бар өнерін паш етуге тырысқан Ақеділ шүмектеп аққан самай терін сүртіп, сахнадан бері жылжиды бір кезде.

–Қалай?

–Керемет!

–Өтірік.

–Шыным.

–Әлден жалған сөйлеуге үйренбе.

–Енді маған не дейсің, мен сахнаның майын ішкен маман сыншысы емеспін ғой?!

–Болмасаң да ұқсап бақ. Маған мақтау сөздің көк тиынға қажеті жоқ.

–Егер сен ойнаған рөл маған керемет ұнаса...

–Әне, тағы да өтірікке көштің.

–Егер сенбесең, келмей-ақ қояйын театрға.

–Бұл – жауапкершіліктен жалтару, өмірдегі менің пірім сен ғана.

–Артық... әне,  сен де өтірікке көштің.

–Бойымдағы бар кемшілікті бетке айтатын жалғыз тілекшім  де – сен ғана...

Сөйтіп, Жалғасбаевтардың отбасылық «көркемдік кеңесі» үйге барған соң да, түннің бір уағына дейін аяқтала қоймайтын. Солай жалғасқан өмір ғой бұл! Үйлі-баранды болғанымен, екеуі де күндіз-түні театрда. Мағрипа орта мектептің әдебиет пәнінің мұғалімі еді. Ақеділдің қалауымен театрға біржола ауысты. Еден жуушының айлығы да өлтірмес, ер-азаматының амандығын айтыңыз. Ақеділ мұнан бес-алты жыл бұрын денсаулығы сыр беріп, кенеттен қайтыс болған. Әрине, содан кейін Мағрипа театрмен түпкілікті қоштасса да болар еді. Театрға кіндігі байланып қалатындай не бар. Қызметін қимай жүр-ау деуге және аузың бармайды. Қисынсыз.

Келіні мен ұлының да соңғы кездері күбір-күбірі көбейген. Шешелерінің жасындағыларға қарасаң көңіл тояттайды, қашан көрсең де немерелерінің ортасында. Жаздай шипажайға барады, ағайын-туғанды аралайды. Жаулығы қақырайып той-томалақтың төрінде отырады. Одан қалды бес уақыт намазын қаза жібермейді. Оу...у, оның беті аулақ. Десе де... Кім біледі, жасы келген  кісінің ақыл-есі сәл ауытқығаннан аман ба?..

                                                      ХХХ

Театр директоры қызмет орнына кештетіп келген бойда қабылдау бөлмесіндегі жас қызды дауыстап шақырды.

–Иә, не жаңалық, мені іздеп жатқандар бар ма?

–Мағрипа, Мағрипа апайдан басқа...

–Ол кісі осында ма, жұмыс уақыты әлдеқашан аяқталған жоқ па?

–Білмедім...

–Біл. Сосын мынаны есіңе сақта, мен жоқпын. Ол кісі қайта айналып соғар болса, министрлікке ме, әкімдікке ме, әйтеуір, шұғыл жиналысқа шақырып кетті дегейсің. Түсіндің бе?... Түсінсең бопты.

Емен есік тарс етіп қайта жабылды. Жабылғаны бар болсын, ешнәрсеге қолы бармады. Тұла бойын әлдебір әлсіздік биледі. Актер Ақеділ мен қарапайым ғана еден жуушы Мағрипаның жарқын бейнелерін жарты минут естен шығара алсашы! Креслоның арқалығына шалқайып, бар жоғы он-он бес минут көз шырымын алса оңды болар еді-ау, түкке татымайтын тосын ойлардан құтылып миы да тынығар еді-ау! Бұл не деген сүргін, бұл не деген алаөкпе жүгіріс?! Таусылатын, саябырситын түрі байқалмайды. Бірін бітірсең, ертең екіншісінің құлағы қылтияды, одан арғы күні үшіншісі... Жә, бұл кімдерден қалмаған ит тірлік?!  Бір амалы табылар! Ең сорақысы, осы театрдың отымен кіріп, күлімен шыққан; талай басшымен де «ищі-ай» деспей істес болған, театрға ол кісіні не құдіреттің байлап қойғаны белгісіз және оның құпиясын ашуға да асықпайтын, ал күллі шығармашылық ұжым «театр Терезасы» деп алдын кесіп өтпейтін қадірменді кісіге көріне алмай, бір шұқым боп бүрісіп отырған түрі мынау. Театр төңірегі арыз-шағымнан қашан арылған. Ана жылы нақақтан күйіп бара жатқан тұста Ақеділ мен осы Мағрипа апайы жан-жаққа шапқылап жүріп, әділдікті қалқан тұтқан адамдардың көмегі арқасында мұны да кір-қоқыстан аман-есен суырып алған. О жақсылықты өлгенде ұмытар! Оның үстіне осы театрдың жас-кәрісі Мағрипа апайсыз өздерінің болашағын да, театр келешегін де көз алдарына елестете алмайды. Ол кісі жүрген жерде береке, мейлі еден жуса да ол кісі барда барлық түйіндер өз-өзінен шешім тауып, істен шыққан мотор қайта от алғандай, есіктен төрге дейінгі театрдағы ахуал жайнап, жасарып сала береді.

Міне, сол кісінің алдында белшеден күнәға батты, өтірік айтты, алдады. Ұялмай-қызармай жалғандыққа барды. Мағрипа апайының айтқаны жүріп тұрған ұлының алдында бұл сорлының да өз дауысы анық естіле қоймады. Басын төмен тұқыртты. Екі оттың ортасында шыбын жаны шырқырады. Оның дегені орындалмаса театрмен ат құйрығын үзіседі, демеушілік, бар билетті түп орнымен сатып әкету... түске кіреді содан соң. Ал былай қарасаң, қойған талабы да адам өлетіндей аса ауыр емес-ті және бәрі дөңгеленіп, жүйе-жүйесін тауып тұр. Пенсия жасындағы кісіні қысқартуға іліктірсе несі айып?! Оның үстіне келер айдың басында ұлы анасын Италиядағы қызына аттандырмақшы. Билеті, визасы дайын. Әлемді таңғалдырған театр өнерінің Мекке-Мединасы Италияда. Шешесінің театрсыз күні жоқ екен, ендеше шетел театрларын да армансыз тамашаласын. Түсінікті. Титімдей оғаштығы жоқ. Ол кісі Италиядан келгенше мұндағы театр да басқа жаққа көшіп кетпес...

«Аман-есен барып келіңіз,  Мағрипа апа! Сіз ешқашан театрдағы қызметкерлер тізімінен қысқармайсыз. Әрдайым бізбен біргесіз. Өмір әлі алда ғой. Келген бойда жұмысыма кірісемін десеңіз, орыныңыз дайын!..» Осы сөздерді жүдемелетіп айтқан бойда, үлкен қызметке орналастырғалы жатқандай  өзі де еріксіз күліп жіберді.

                                                    ХХХ

Екі ел арасындағы ұзақ ұшу сапары шаршатты ма, ауа райының құбылмалы өзгерісіне шыдай алмады ма, әлде дімкәс жүрегі сыр берді ме, Мағрипа апай Италия әуежайына табан тіреген бойда жергілікті дәрігерлердің шұғыл көмегін де қажетсінбестен қызымен, жиен немерелерімен жылы-жылы амандасып, бәріне ризашылық пейіл танытқандай кірпігін ақырғы рет бір қағып, ана дүниеге аттанып кете барыпты.

Медициналық сараптамадан соң мәйіт туған жерге қайта оралды. Мағрипа апайды соңғы сапарға аттандыру рәсімі өзі ұзақ жыл жұмыс істеген театрдың кіші залында өтті. Қарақұрым халық жиналды.

 Ертеңінде еден жуушыны сонша әспеттеп, театр қабырғасынан шығарғаны үшін театр директорын қызметінен алу жөніндегі төтенше бұйрық министрдің алдында жатты.

 

2....ҰЛБОСЫН

 

       Үлкен үстөлдің төменгі тартпасындағы жылтыраған қымбат темекі қорабына қол соза беріп, құдды жылан шағып алғандай екі көзі алақтап орнынан ұшып түрегелді. Жо-жоқ, бала емес, шаға емес, дап-дардай басымен кеше өлердегі уәдесін беріп алып, бүгін түк көрмегендей қайтадан көк түтін астында көміліп отырса. Бұдан былай аузына шылым алмауға ант еткен. Танауы қышыса, көңіл аулайтын түймедей  дәрілердің бірін салқын сумен ашқарақтанбай жұтып кеп жіберсін. Алданыш қой, әйтеуір, жан дүниесін жайлаған ессіз құштарлықтың бетін қайтаруға қуаты жетеді әзірге. Бір, екі, үш... одан әрі адам ағзасының өзі де ішкі күресін жалғастырып, тазалыққа икемделіп, ақыр соңында Ұлбосынды осы бір жаман әдеттің темір құрсауынан аман-есен құтқарып қалар. Оның үстіне Ұлбосын да анау-мынауға босаңсып, бойдағы арам қан секілді ойда-жоқта жабысқан кеселдің дегеніне көніп, орта жолда сынып кететін болбыр, босбелбеу пенденің сойынан емес-ті. Түптеп келгенде қала орталығындағы «Шапағат» мейрамханасының меңгерушісі Ұлбосын Сағынтаевна нағыз қатал тәртіптің адамы. Төңірегіндегілер ол біреулерге ақырып-жекіріп, сұс көрсетіп жатпаса да биік өкше туфлиімен тас еденді тесіп жіберетіндей жұлқынған жүріс-тұрысынан-ақ кәдімгідей қаймығады. Төтенше шаруасы болса да ат шаптырым кабинетке  бірден кіріп барудан жасқанады.

       Ондайда хатшы қыздың құдайы береді. Жылтыңдап есіктен сығалап қарайтындардың қарасы көбейеді: «Ұлбосын Сағынтаевнаның бүгін ұйқысы қанбаған ба қалай, қабағы қатулы ғой» деп қалта телефонына хабарласатындар қаншама. Әрине, олардікі жеке бастың шаруасы болса бір жөн ғой, ортақ қазанның ортаймағаны маңызды бәріне. Қос өкпені қысқан дағдарыстың  дүңкілдеген дабырасы-ақ қарадай-қарап шаршатады кісіні. Бірде анау, бірде мынау жетпейді. Ал «Шапағаттың» үстіңгі қабатындағы он-он бес адамдық шағын залдар күні бойы қаңырап бос тұрса… несібелерін осыдан айырып отырған мұндағы бір қауым ел – аспазы мен қызметшісін қосқанда отыздан астам адам ауамен ауқаттана ма. Азық-түліктің бағасы – у. Оңтүстік өңірден келетін саудагерлер де құдайын ұмытып, әлде ортадағы делдалдардың тілін ала ма қайдам, әйтеуір ұртын толтырып, шірене сөйлейтін әдет тауып алды: «Ит өлген жерден азып-тозып, сіңіріміз созылып әрең жетеміз астанаға» деп әжік-гүжік тауарларының табанда пәсін үстемелейді; қолма-қол есеп айырысқанды жақсы көреді. Тиын есептейтін заман. Ақша жүрген жерде адамгершілік әдіре қалады ақыр соңында. Сондықтан мейрамхана меңгерушісінің келісімінсіз ешнәрсе шешілмейді.

       Ұлбосын Сағынтаевнаның алдына сан түрлі себептермен еркін кіретін хатшы қыздың мерейі үстем болмағанда қайтеді мұндайда: «Тыс...с! Мазасын алмаңыз. Сәлден соң сүт қатқан кофе қайнатып апарамын. Болар-болмас сең жібісе, өзім айтам. Алаңдамай жұмысыңды істей бер...»

       Ұлбосын бұ секілді ұсақ-түйекке мән бермейді. Қаржының науалап құйылатын арнасын іздейді, биліктегі таныс-білістеріне назын жеткізеді. Қалаға келіп-кететін қаптаған делегацияның бірін «Шапағаттың» мойнына жүктесе, қауіптің қара бұлты өз-өзінен сейіледі. Айналымдағы қаржының көлемі ұлғаяды. Ондайда алдымен Ұлбосынның мәртебесі биіктейді; қарауындағылар «жалғыз жарылқаушысының» амандығын тілеп, ұзын дәліз бойында кездейсоқ ұшыраса қалса да қолдарын көкіректеріне қойып, иіліп-бүгіледі. Мынадай қысылтаяң заманда «Шапағаттың» шуағынан алыстап қайда барады. Адал ниетімен жұмыс істегендер жоқшылық көрмейді, балға бармағын батырса да аштан өлмейді.

       Бүйірдегі ақ кнопканы ұзағырақ басты: – Сендер осы... маған әдейі жаулық жасағыларың келе ме?!–деді есіктен жартылай көрінген хатшы қыздың еш кінәсі болмаса да әдейі қабағын шытып.  Ол түкке түсінбей қалыңдатып бояу жағылған кірпігін әрең қимылдатты.

       –Мыналарды мұнан былай менің көзіме көрсетпе! Құрт!–Темекі қораптарын оттығымен қоса хатшыға қарай сүлесоқтана ысырды.

       –Шай ішесіз бе, әлде сүт қатып кофе қайнатайын.

       –Шай, шайың дұрыс болар. Ендігі жерде кофе ішудің кестесі келіспес.–Тірі жанға тісінен шығармайтын құпиясын ашып қойғандай, ішінен түйіліп, өзіне өзі ренжіді. Ашық ауыз. Төрткүл дүниені аяғынан тік тұрғызып, аударып-төңкеріп жүреді де, кейде ойламаған тұстан оңбай сүрінеді. Кейіннен бармақ тістегеннен не пайда, көш жүріп кеткен.

       Демалыс бөлмесіндегі айна алдына барып, бет-жүзіне қарауға енді мүмкіндік туғандай, көздің төңірегіне түскен ұсақ-ұсақ әжім іздерін сұқ саусағымен құдды темекі тұқылын күлсалғышқа салып езгілегендей қаттырақ сипалайды. Тіл-көзден сақтасын, сұлу ғой, сұлу! Үзіліп тұр! Уылжыған иегіне, жарқыраған маңдайына үздіге қарайды. Осы бір әдемі суретті ертең, не одан арғы күні қапыда жоғалтып алатындай қимастық сезіммен тесіле қарайды. Бетке секпіл түседі дегенге соншалық сеніңкіремейді. Құрсақ көтерген әйелдерге тән өзгерісті қаншалықты жатсынбай қабылдауға тиістімін ғой дегенмен, осы тұсқа келгенде сәл өзімшілдік танытып, жақтырмағандай ішінен кекесінді түрде мырс етті. Тіп-тік денесін барынша асқақ ұстап, олай бір, былай бір айналды. Қарынын сығымдайды, бөксесінің дөңгелене қалған сыңайын байқамайды. Ұлбосын қорқасоқтайтындай қауіп жоқ әзірге. Бірақ шынымен талай түн дөңбекшіп ұйқы бермеген асау арманы мен үздіге күткен үміті шындыққа айналар болса... бетке түскен секпілден құтыла алмайды бәрібір. Құрсақтағы шарана «шартақ сыртында пайда болған бала секілді» тез жетіледі, тез өседі. Ұлбосынның қаншардай қатқан дене бітімі аяқ астынан өзгеріп, бұғағы бұлтиып, бөксесі жұмарланып шыға келеді күндердің күнінде. Сосын мың-миллион көздердің тұтқынына айналады: біреулері – жасы қырыққа таяған әйелдің өткінші өсек-аяңның бәрін жиып қойып, артына ұрпақ қалдыру үшін батыл шешімге бекінген ерлігін құптап, айы-күні толғанда аман-есен босансын деп тілек білдірсе; екіншілері – еріндерін шүйіріп, бұл «сыйлықты» кімнен алғанын түсінбей, Ұлбосынның кабинетіне кіріп-шығып жүретін еркек кіндіктерді қатарға тізіп қойып, өздерінше тергеп шығады. Кімнен? Некелі байы  жоқ, соқа басты сыбай-салтаң әйелдің, әсіресе, дүрілдеп тұрған бір мейрамхана меңгерушісі Ұлбосын секілді сұлудың етегін көтеруге батылы жететін ол қайдан тап болған жүрек жұтқан еркек?! Еркек болғанда... еркек жетерлік қой. Бірақ осы күнгі еркектердің қысқа күнде қырық құбылатын «күнбағыс мінездерін»  кісі түсініп бола ма. Көпшілігі жылпос, аяғының бүрі жоқ, тайғанақ. Беті жылтыраған ұрғашы көрсе сүмеңдеп, үйіндегі бала-шағасын да басы бүтін ұмытып, бір түнгі ләззат үшін ар-намысын аяққа таптаудан да тартынбайтын бөріктінің барынан жоғы. Дені май жеген мысықтай әйел байғұстың сонау жер түбінен ындыны құрып, ыңырсып естілетін үніне серіктесіп, септесіп бойындағы бар қайратын жиып, ұзақ уақыт есте қалатындай бір құмардан шығарудың орнына әлгінің жылы-жұмсағына танауын тығып, түн жарымында тыриып ұйқыға кететіндерін қайтерсің. Сондайлардан сақтасын. Қалай дегенде де Ұлбосындікі–ерлік. Жаманды да жақсыны да көріп, өмірдің бір қыдыру белесінен асқан Ұлбосын да өлетін жерін біледі. Еркек көрмегендей көшедегі көп кезбенің бірін әке-көкелеп үйіне кіргізіп алмаған  шығар. Ұрпағының жалғыз болса да ақыл-есі бүтін, жарамды еркектен пайда болғандығын тілер. Қала, қалама, енді екі-үш айдан соң Ұлбосынның артынан еретін өсек те қамысқа тиген өрттей қаулап ала жөнеледі.

       Хатшы қызды қайта шақырды.

       –Мені іздеп жатқандар жоқ па?

       –Әзірге тыныш... Мана ертеңгілік салық комитетінен біреулер звандаған.

       –Иә?

       –Көңіл-қошыңыз болмаған соң сізді қосқаным жоқ. Осы маңда, сәлден соң хабарласарсыз, осы маңда деп шығарып салдым.

       –Дұрыс, сөйт. Тоқ-та, шай... шайды әкелерсің, әзір асықпа. Мен осы... Оқжетпестен қашан келіп едім, а?!

       –Бір ай шамасында...

       –Бәсе, өзім де солай ойлағам. Ал әлгі кофе деген пәлені енді маған жолатпа. Шай, шайың дұрыс. Бір ай, кеше ғана секілді еді ғой, бір айдың зымырап өте шыққаны ма көзі ашып-жұмғанша. Жә-жә, жұмысыңды істей бер, бос, боссың!...

       Бір ай, отыз күн. Ертең, жоқ бүгін... гинеколог-дәрігерге көрінуге тиісті-тін. Өзіне әзірге беймәлімдеу болғанымен, бір өзгерістің пайда болғаны рас-ты. Етеккірі кілт тоқтады... Жүрегі тас төбесінен шықты.  Сол күні жасау-жабдығы келіскен қала орталығындағы үш бөлмелі пәтерінің ойран-ботқасын шығарып, жынданған кісіше шашын жайып, көктемгі ми батпаққа айналған өзен бойын жағалап, басының ауған жағына қарай лағып кеткісі келді; ниеттестерімен де, үнемі жылтырақ сөмкесі тойған баладай томпиып жүретін әрі өзгелерге қарағанда қолы ашық, өзімсінгендерге бет-жүзіне қарамай жүз, екі жүз долларды қолдарына қыстырып, түк білмегендей тымпиып жүре беретін Ұлбосыннан бір нәрсе дәмететіндермен де хабарласпастан тым-тырыс жатып алғысы келді. Мұнан кейінгі өмірдің не мән-мағынасы бар.  Мұнан кейін әлдекімдермен сұхбат құрудың, әлдекімдермен шүйіркелесе әңгімелесудің қажеті бола қояр ма?! Олар Ұлбосынның көңіл-күйіне қарап, айтар сөздерін сыздықтатып, тістерінің арасынан әзер шығарғанымен бәрібір, орайы келгенде қанша бір жылтырақ сөмкесі тырсиып, тізесін қағып жүретін жалғыз басты әйелден қара су мен қара нан жеп отырса да әлдеқайда бақытты екендіктерін сездіріп қояды. Одан кейінгі жағдай түсінікті. Бірі баласының, бірі немересінің қызықтарын тіл ұшына қыстырады.

       Жаны алқымға тірелгендей, тез-тез жиналды да жеңіл мәшинесін шақыртты. «Қайда?» «Орталық емханаға». Әйелдер бөлмесіндегі дәрігерлер аң-таң: «Сізге не болған Ұлбосын Сағынтаевна?!» Не болған? Сұрайды ғой және де.  Сол «не болғанды» анықтау үшін келіп тұрған жоқ па осы жерге?! Ай сайынғы «жүгіріп» тұратын қан тоқтаса сөз жоқ, тіршіліктің шынымен тұйықталғаны. Әлі де сәби сүюден үміт үзген жоқ-ты. Егер жасы ұлғайып, енді құрсақ көтеру қабілетінен айырылса...

       Кімнен естігендігін қайдам, есі шығып, алау-далау боп бас дәрігердің өзі жетіп келді. Дереу анализ алынды, консилиум шақырылды. Гинеколог-дәрігер Ұлбосынның жүзіне қарап, жымың-жымың күледі: «Мұнан кейін көңілді жүріңіз. Жүктіліктің бесінші және он екінші аптасы аралығында шарананың күллі дене бітімі жетіліп бітеді. Соған сақ болыңыз. Жұмасына бір мәрте бізге келіп тексеріліп тұрасыз. Түсінбейтін сұрақтарыңыз болса сұраңыз, сұрап алыңыз. Әлгі айтқаным есіңізде болсын».

       «Он екінші апта, он екінші аптаға дейін мықты болыңыз!» Сол... сол күні, мұнан бір ай бұрын: үйіне қалай жетіп, қалай шешінгені, қалай тамақтанғаны, кімдермен сөйлескені және кімдерге не айтқаны... санасынан мүлдем сызылып қалған-ды. Жылады күлді, жылады күлді.

       Хатшы қыз мәшине шақыртты: «Қайда?» «Орталық емханаға!»

       Жүргізуші аң-таң: Ұлбосын Сағынтаевнаның бұрын-соңды мұндай мінезі жоқ-ты. Бір жерге баратын болса да жол бойы екі бірдей қалта телефоны құлағынан түспейтін. Біреулерге ұрысатын, біреулермен татуласатын, біреулермен келісетін.

       –Осы сенің... үлкенің биыл қай сыныпқа барып жүр?

       Жүргізуші селк ете қалды.

       –Неге үндемейсің. Балаңның қаншасыншы сыныпқа барғанын да білмейсің бе? Ай, қазақтар, қазақтар!..

       Ұлбосын миығынан күліп, мәшиненің артқы орындығына жаурынын тіреп, жайласып отырды.

                                               ХХХ

       «Он екінші апта өткенше өз-өзіңе сақ бол. Жүйкеге жүк түсірме. Шарананың дене мүшелері сол аралықта толықтай жетіледі». Осы бір сөздерді Ұлбосын дәп бір жаттап алған дұғадай қайталайды, қайталайды келіп. Шамасы жеткенше тірі жанмен жүз шайыспайды. Баяғы көз көрген сыбай-салтаң қатындар Ұлбосынның кісі киіктеніп, адам қарасы көбірек жиналған жерден әрнені сылтауратып, әлгілер тіпті тұқыртып бара жатса: «немене, менің сендер секілді селтеңдеп жүретіндей мүмкіндігім бар ма. Мейрамханадағы отыз ауызға тамақ тауып беруді оңай деймісіңдер» деп үстемелеп, аздап ащу шақырғандай кейіп танытады да сытылып жүре береді. Олардың миларына сонда барып, там-тұмдап бірдемелер кіре бастайды: «Дағдарыс кезінде Ұлбосынды текке шаршатпайық». Бұған да шүкір, түсінгендері ғой, әйтеуір. Бір жақсысы, әсіресе демалыс күндерінің бірінде әлгі бар болғырлар бірімен-бірі хабарласып «кішкене көңіл көтерейік, сен бізге бір залыңды босатып бер» дегенді сирексіткен. Ой, таңды таңға ұратын «көңілді кештердің» ұштығына шыға аларсың ба?! Болды ғой ондай-ондай уақыт өлтіруге таптырмайтын арзан, ішінде іліп алары жоқ жыртыкеш отырыстар. Не деген жындылық, а?! Әлде жастықтың бойға сыймай дедектетіп ала жөнелетін ала құйын мінезі ме. Бәлкім, соның бәрі көзсіз есуастықтан болар.

       Қазір Ұлбосынды ондай кештерге сүйрелеп апара алмайсың. Жоламайды. Ескі таныстарының өздері іздеп жатпаса, өз тарапынан ұшқалақтық танытпайды. Сабырлы, салмақты. Сірә, әңгіменің ауа-жайынан бір салқындықты олар да сезетін болар, баяғыша болмашы нәрсеге жыртың-жыртың күліп, әсіресе, ауылдан келген можантопай жігіттердің әлдебір оғаш қылықтарын сырттай келемеждеп, сырттай ішін кептіріп, ендігі кездесуді кім ұйымдастырады деп біріне-бірі міндет артып жатпайды. Тілдесу тез аяқталады. Ал мейрамхананың кіші залдарына ескі таныстарының арасынан құда түсушілер табылып жатса, мәселе жылдам шешіледі; қарлығаштың қанатындай қасын керіп, Ұлбосын бұрыңғыдай: «келсеңдерші» деп ауыз ұшымен болса да мезірет жасамайды. Жауабы нық, төске соғылған балғадай шаңқ ете түседі: «Дағдарыс, бір тиынды екі тиын ете алмай, діңкелеген жүгіріс біздікі».  Осымен әңгіме  тәмәм.

       Күнделікті және ең басты шаруасы сол; жұмысқа келген бетте бір тәуліктің ішінде қарны дөңгеленіп, іші өсіп кеткендей айна алдына барып, алыстан-жақыннан, сол жамбасынан, оң жамбасынан қайта-қайта қарағыштап тұрып алады. Әлі белгі бермеген қарынын сипайды, қос қолымен қос анарын сығымдайды. Ертең, не одан арғы күні құрсақ көтергені шын болса, мына жан-жағындағы дүниеге ұрпақ әкеліп, өздерінің әйелдік парызын мінсіз орындаған мың-миллион аналар секілді Ұлбосын да жатырынан жаңа шыққан шарананы айналып-толғанып, емірене иіскеп, алпыс екі қан тамыры тұтастай иіп, емізіп жата ма?! Сол... әлгі әзірге аты-жөні, жынысы беймәлім шарана торғайдың балапанындай бүрісіп, кішкене қолдарын ербеңдетіп, көзін ашарын да ашпасын да білмей, оймақтай аузымен Ұлбосынның төсін түрткілей бастай ма. Қытығы келмей ме. Бір түрлі... тұла бойы  оқыс дір ете қалғаннан сау ма. Ұлбосынның да ана атанатындығы шын ба?! Оу, бұл не қылған бітпейтін сұрақтар. Жауап беретін кісінің самсоз күйде айна алдында селтиіп тұрысы мынау.

       Атшаптырым жұмыс кабинеті жинақы. Бейберекет шашылып жатқан басы артық зат жоқтың қасы. Соған қарағанда хатшы қыз пысық. Жүріс-тұрысынан икемділіктің иісі аңқиды. Ұлбосынның да қас-қабағын аңдиды. Кішкене мәнісі жоқтығын сезсе, ішке қарай тірі адамды аттатпайды. Бірақ соңғы кездері бастығының бойынан бір күрделі өзгеріс барын байқай ма қайдам, баяғыдай емес, емен есіктен емін-еркін кіріп шығады. Кіріп шығатыны былай тұрсын, кейбір мәселелерді қолма-қол шешіп те жібереді. Мейрамханада оның да бүйрек бұратын таныс-білістері жетерлік. Яғни, Ұлбосын Сағынтаевна аяқ астынан аруақтар аян бергендей, бұрын-соңды ұшыраспаған мейірімділік шуағына шомыла қалған екен, мұндай оңтайлы сәтті неге пайдаланып қалмасқа. Тым жайдары, тым көңілшек.  Үлбіреген ақ мақта. Тірі жанның өтінішін кері қайтармайды. Барынша оң шешім шығаруға құштар. Өткенде бір аспаз келіншектің баласы сырқаттанып қалып еді: – Сіз бала әбден тәуір болғанша демалыңыз деді, – еңбекақыңыз түгел төленеді деп және үстемеледі. Бір күзетшінің арызы бойынша бір айлық материалдық көмек бергізді. Тағы біреуге қалтасынан он мың тенгелікті суырып берді.

       Сірә, дағдарыс, дағдарыс деген даңғыра «Шапағат» мейрамханасын маңайламайтын болар. Әлде кісінің ниетіне бере ме. Әсіресе, соңғы айлардың бедерінде Ұлбосын Сағынтаевна осы принципке мықтап табан тіреген тәрізді. Алдына барғандардың шаруа тындырмай кері қайтқандары сирек. Кабинетке кіріп шыққандардың көңілдері көтеріңкі. Ал кабинетке кіріп-шығу хатшы қызға тікелей байланысты. Сондықтан қазір оның абройы да аспан тірейді.

       Ұлбосын әлдебір қағаздарға қол қойған соң орнынан тұрып, терезе алдына жақындайды. Мейрамхананың екінші қабатынан аула ішіндегі қайнаған тіршілік алақандағыдай анық көрінеді. Оңды-солды асығыс жүгірген қызметшілер бір-бірімен соқтығысып қала жаздайды. Құйрық тістескен жүк мәшинелерінен азық-түлік түсірген жұмысшылардың қимылына көз ілеспейді. Індеріне жем тасыған құмырсқалар дерсің бейне бір. Құмырсқа теңеуінің тілге оңай оралғандығына кәдімгідей мерейленді. Яғни, «Шапағаттың» тірлігі бір қалыпты. Қоқыс тиейтін арнаулы қорабы бар жүк мәшинесі ыңырана қозғалып, қақпадан әзер шықты. Ішінен күбірледі: «Шапағаттың» тоқшылық түтіні түзу ұшқай әмәнда!»

       Кенет онсыз да адам айнала алмайтын тап-тар ауланың асхана жақ бұрышынан бері жақындаған кейуананың көзге соншалық қораш көрінгені. Жүрісі сылбыр. Аяғындағы дәу етікті әзер сүйретеді. Үстіндегі көнетоз пальтосының екі иығы түсіп кеткен. Қолындағы кішкене түйіншегінің өзін ауырсынғандай аракідік дем алып, ілгері қарай әзер жылжиды. Қайдағы жылжыған, қап көтеріп, тоң топырақ бетіндегі кілегей мұзды өкшелерімен ойып түсіп, әлдебір межелеген уақыт үддесінен шығу үшін жан алып, жан беріскен апайтөс жігіттер әлгі кейуананы қапылыста қағып кетсе қайтеді. Ол кісі қайбір қауқарлы. Әйтеуір, кеудесінде жаны бар мүскін. Жаман айтпай жақсы жоқ, жазатайым ойламаған жерден жантәсілім етсе, ұрынарға қара таппай жүрген газет сымақтар мен телеарналар жерден жеті қоян тапқандай «Шапағат» мейрамханасында адам өлімі оқиғасы тіркелді» деп жалаулатып ала жөнелер. Аманы жақсы.

       Хатшы қызды жанына шақырып алды.

       –Мына кісі кім, кімнің жақыны?–Терезеден төменгі жақты нұсқады. Хатшы қыз бірден түсіне қойды: – Кім екендігін өзім де білмеймін. Бірақ біздегілермен ешқандай таныстығы жоқ.

       –Оны қайдан білдің?

       –Білеміз, білеміз, әрине...

       –Бәли, ол кісінің ішіне кіріп-шыққандай сөйлейсің ғой, жүдә?

       –Біздің аспазшылар да тура өзіңіз секілді.

       –Ал...

       –Жетім-жесірлерге жүректері үзіліп тұрады, әйтеуір.

       –Менде сондаймын ба?

       –Сондайсыз, әсіресе, соңғы кездері...

       –Сен менің мақтауымды жетістірдің. Жә, осы жерден доғарайық. Дегенмен ол кісі де текке жүрмеген шығар.

       –Сірә, қарайласар ешкімі жоқ-ау деймін. Күнде дәл осы уақыт аралығында асхана есігін қағады. Аспазшылар ауысқан тағамды ыстық күйінде тостағанына құйып береді. Сауап қой.

       –Сауабы – сауап. Бірақ жазатайым сүрініп кетсе...

       –Ауланың сыртына шыққан соң өзі біледі-дағы. Анау айтқандай, тым қартайып та тұрмаған тәрізді ғой. Әйтсе де көзінде мұң.

       Ұлбосынның мұндай әдеті жоқ-ты. Түн жарымында шошып оянды. Басы әңкі-тәңкі. Байқаусызда мөлшерден тыс тұзды тамақ ішіп қойғандай тамағы құрғап, шөл қысып бара жатқандығын да енді байқады. Төсегінен тәлтіректеп тұрды да ас бөлмесіне кіріп, мұздай судан аузын толтырып, екі-үш мәрте жұтты. Мә, безгелдек, шеке тұстан ащы тердің бұрқ ете түскені. Бәлкім, осынысы да онды болған шығар. Одан әрі екі кісілік арабы кереуетте аунап-қунап алаңсыз ұйқыға кетер. Кәкір-шүкірге мән беріп алаң болмағаны абзал. Әсіресе, он екінші апта өткенше. Бұрын-соңды құрсақ көтермеген соң жатырдағы шарананың қалай жетіліп, қалай қозғалатындығын қайдан білсін. Әйтеуір, болар-болмас белгі берсе Ұлбосын былайғы дүниенің бәрін ұмытып, сол шаранамен сырласып, ішіндегі бар-бар шерді тек сонымен ғана бөлісіп, өмірдің мәнін тек сол арқылы ғана түсінген тәрізді болар еді ғой. Әзірге тым-тырыс. Соған қарағанда Ұлбосынның қарыны мамық төселген құстың ұясындай жайлы болар. «Тыныш жатайын, анамның да мазасын алмайын. Ертеңгі көрер жарығы – бір тұтам тірліктің әуселесі белгілі ғой. Соған дейін...» Шарана Ұлбосынға бұдан артық не айта алады. Түннің бір уағында түлен түрткендей төсегінен тұрып, ас бөлмесін арлы-берлі кезгілеп жүріп алғанына жөн болсын. Ең болмаса он екінші апта өткенше, бүйтіп мазасызданбай тыныш ұйықтағанға не жетсін!

                                                        ХХХ

       Ертеңінде әлгі кейуананы тағы көрді. «Тағы көрдісі» де қызық... Көктемгі қар суымен көлкіген ауланың құрғақтау бұрыш-бұрышымен аяғын аңдап басып, асханаға келетін мезет шамаласты-ау дегенде Ұлбосын одан басқа маңызды жұмысы жоқтай, алдындағы бір бума қағазды былай ысырып, терезе алдына жетіп барғаны. Дәл өзі. Ағаш діңгекке құйрық қойып, көк түтін темекіні будақтатып отырған жұмысшылар жандарынан өтіп бара жатқан ол кісіні елесе не дейсіз! Олар үшін ол – үйреншікті тірлік секілді. Олардың сәлем-сауқатын да сағынып жатқан кім бар. Кейуанаға да бәрібір. Осындай жүк мәшинелері толастаған сәтте пластмасса құтысына құйылған ыстық сорпаны қолтығына қысып, аман-есен ауладан шығып кетсе – сол олжа. Хатшы қыз айтпақшы, аула сыртындағы оқиғаға ешкім жауап бермейді. Құдай да тыныш, құдағи да тыныш.

       Ұлбосын аяқ астынан мынадай шешімге келді. Шкаф толы киімдерді «жіпсерияға» өткізе ме. Көптен бері сұрыптауға да қолы тимей жүрген. Ескісі бар, жаңасы бар, бір құшақ киімді қоқыс жәшігіне тоқытқанша мына кісіге сыйласа – «сауап» емес пе! Үстіндегі киімдерінің де тоз-тозы шыққан. «Мұның маған керегі жоқ» деп кергімес. Ары кеткенде қайырымдылық деп түсінер. Онсыз да «Шапағаттың» азды-көпті шуағына жылынып жүрген жоқ па, жақсылық қылсаң – бүтін қыл. Екі-үш күннен соң бір сөмке киім-кешекті хатшы қыз арқылы қолтықтатып жіберді. Оның көбісі ертең Ұлбосынға сыймайды, дене бітімі толысқан екі қабат әйел өзіне ыңғайлы кеңқолтық киімдерді таңдап киеді. Сол, сол-ақ екен, өсек жарықтықтың қауға тиген өрттей қаулап ала жөнелгені:

       –Ұлбосын Сағынтаевна «Шапағатты» басы бүтін жаңа қожайынға сатып, басқа қалаға қоныс аудармақшы екен.

       –Бәсе-бәсе, тым жомарттығынан қорқып едім-ау. Боқ дүниені қайда апарамын деген шығар.

       –Бәли, әлгі біздің асханадан тамақ  әкететін кемпірді байытып тастаған көрінеді ғой.

       –Тани ма екен?

       –Қайдағы таныстық, мейірімі түскен-дағы.

       –Оу, мейірімі түссе, ертеңді-кеш біз де осы арада жүрген жоқпыз ба аяғымыздан сарсылып.

       –Сені қайтсін, сенің таксист байың бар.

       –Таксист байдың байытқаны шамалы ғой.

       –Жә-жә, әлгі кемпірді соңғы рет қашан көрдің?

       –Кеше, өңі кіріп, үсті-басы жылтырап, адам боп қалыпты кәдімгідей. Бұрын сені байқамағансып жаныңнан сүмірейіп өте шығатын. Жоқ, қазір ондай емес, көзінде жылылық бар.

       –Бағы бар екен байғұстың!

       –Айтпа деймін, айтпаңыз...

       –Ай, сен, бері, бері жақындашы... аузыңа сөз тұра ма, әлде байқамай «жел» шығарып алатын қудың сортынан емеспісің?!

       –Жоқ-ә, анау-мынау ит ішімізде тұншығып өле береді.

       –Ендеше тыңда, осы біздің бастық жүкті емес пе? Мен білсем, бір нәрсе бар. Сен, сенбе, мәшинеден түсіп, екінші қабатқа көтеріліп бара жатқанда артынан байқашы, бөксе кеткен жалпиып...

       –Тысс! Дымың ішіңде болсын, жүктілікті тірі жаннан жасыра алмайды. Аңдысын аңлайық.

                                                           ХХХ

       Өзінше «он екінші аптаны» аман-есен өткізген тәрізді. Дәрігерлердің де ауыз ләмі жаман емес. Ендігісі декреттік демалысқа шығу. Жұмыс түгесіле ме бұл жалғанда. «Шапағаттың» тағдырын есеп-қисапқа ебі бар бір орынбасарына табыстайды. Себебі күн өткен сайын жүріс-тұрысы қиындап барады. Екінші қабатқа да алқынып әзер көтеріледі. Іштегі шарананың кімге ұқсағандығын қайдам, тым мазасыз.  Түнге қарай екі бүйіріңді тепкілегенде бар ма, шыбын жаныңды көзіне көрсетеді. «Кішкентай аяқтарын қолмен ұстап көрер ме еді, «анаң сенің дене мүшелерің толық жетілгенше шамасы келгеннің бәрін жасаған. Тәбеті тартпаған тағамды татып алмады. Ерте ұйықтайды, тірі жанмен жүз шайыспайды. Соның бәрі сен үшін ғой» деп болар-болмас «ескерту» жасап қояр ма еді. Төсекке жантаяр алдында әлгі сөздердің аузынан қалай шығып кеткендігін өзі де аңғармайды. Артынша сол сыбырды шарана естіп қоятындай, «жә-жә, қабырғамды сындырмассың әйтеуір, ойнақта-ойнақта. Бірақ бір жеріңді ауыртып алма. Маған сенің денсаулығың маңызды. Сонша жыл күткенде... Дос бар, дұшпан бар. «Ұлбосын дүниеге шекесі торсықтай ұл әкеліпті десін ең болмағанда...» Кәдімгідей, әлдекіммен сөйлескендей көңілі көтеріліп, ішінен ыңылдап, «Бесік жырының» бірнеше шумағын қайталайды.

       Бүгін түске тақау жұмысын өткізуге келген-ді мейрамханаға. Жүргізуші кабинадан өзі демеп түсірді, ауланың ауыр есігін де жүгіріп барып өзі ашты. Жұмысшылар мен аспазшылардың Ұлбосынмен амандасулары да өзгеше. Әлде өзіне солай елестеді ме, көпшілігі басшының көзіне түсуден тайсақтайды. Жылы жымиып, бас изейді де ұзын дәліздің көлеңкелеу тұсына барып, бой тасалайды. Себебі, Ұлбосынның әдеттегіше қарсы ұшырасқанның жай-жапсарын тәтпіштеп сұрастыра бастайтын әдеті ғой. Ал бұл күнде төрт құбыласы түгел, шалқып-тасып жүрген кім бар. Және «бәрі жақсы, бәрі тамаша» деп таңдайың тақылдап, қалай өтірік айтарсың. Онсыз да ата қаздай екі жамбасына кезек ырғатылып, әзер жүрген кісіні бекер қинаудың қажеті не?! Ұлбосынға өкпе жоқ. Ендігі жерде бәрі жабылып, аман-есен қол-аяғын бауырына алса екен дейтін тілектен басқа не айтады.

       Көптен бері аңдып жүргендей, әлгі кейуананың  кіреберісте қарсы ұшырасқаны.

       –Амансыз ба, қарғам?!

       –Аманшылық, ал өзіңіздің көңіл-күйіңіз қалай?

       –Шүкір, «Шапағаттың» ас-суы өлтіретін емес әзірге.

       Әлдекім қолтықтап алып, кейуананы Ұлбосынның жанынан әрірек әкетпекші еді, ол тоқтат дегендей белгі берді.

       –Сізді жиі көремін осы маңнан.

       –Жә, қол бос, пенсиядағы адам үйге сия ма. Тамақ таба алмай жүргенім жоқ. Бос, сандалбай жүріс тағы ыңғайсыз. Сосын ойлап тапқан қулығым. Қызметшілерің де құдайдан тілеген адамдар. Мүсіркейді жатып кеп... Ине-жіптен шыққандай өңшең тазасын беріп жіберіпсің. Маған өлгенше жететін киімдер ғой. Өзіңізге керек болмай ма?

       –Бізге де бірдеме табылар.

       –Қызметің алладан қайтсын! – Менің айтарым түгесілді дегендей ілгері қарай бір-екі атады да, кейін іркілді: – Өсек кісі таңдайды бұл күнде...

       –Түсінбедім. – Ұлбосын шынында да мына кейуананың тегін адам еместігін бір ауыз сөзінен аңғарып, аңтарылып қалды.

       –Мәселен, мені ешкім өсектемейді. Өсек өзіне керектісін іздейді. Ал сіз, өсекке таптырмайтын нысанасыз. Менің ақылымды тыңдаңыз, өсек – өкпек жел, оның аузына құм құйғыңыз келсе  аман-есен босаныңыз, сонымен бәріне нүкте қойылады. Өмір ары қарай жалғасады. Мені де бір тілеулесім табылды деп есептеңіз. Аманшылықта жүздесейік.

       Кейуана Ұлбосынның аяқ-басына алғаш рет тіктеліп қарады.

                                                           ХХХ

       ...Жо-жоқ, бұдан әрі кешіксе жас тоқтатқан кексе қатын секілді бала сүю мүмкіндігінен мүлдем айырылады. Өзі, өзі кінәлі бәріне. «Сүйдім, күйдім» деп жұдырықтай жүрегін ала жүгірген талай еркектің кеудесінен кері итерген. Біреудің көзі, біреудің өзі ұнамайды. Біршама уақыт ұнап келе жатады да, ойламаған тұстан кілт ете түседі. Уәдені алдымен бұзатын Ұлбосын. Тұйық суға ауыз арамдамайтын арғымақтай тіксініп, түк көрмегендей сылаң қағып шыға келеді. Сөйтіп жүргенде біраз жылмен жылап қоштасқан. Келмес күндер елесін тектен-тек сағынғаннан не пайда. Еске түскеннің бәрі өзек өртейтін өкініш.

       Біреуден бала табуы керек қалайда. Осы бірбеткей мінез махаббат, сүйіспеншілік сезім дегендердің бәрін бір бұрышқа  қуып-тығып тастады да, ал өзі өмірмен бетпе-бет келгендей, бойдағы бұйығы әрекеттердің бәрінен баз кешті. Жылтырақ сөмкесі тойған баладай томпиып жүретін мейрамхана меңгерушісімен әмпей-жәмпей қарым-қатынас жасауға ындындары құрып жүретін ұрғашылар жеткілікті-тін. Ұлбосыннан зиян көрмейді, қысылғанда қарыз алса да нелері кетеді. Әйелдерімен ажырасқан талайлармен таныстырды-ай, үйленбегендер де табылды, жастары кішілер де үмітті еді. Олардың дені – құлын мүсінді әйелдің бір қажетіне, түнгі төсек ләззатына жарасақ, басқасын өзі-ақ ұршықтай үйіреді деп түсінді. Солайы солай ғой, бірақ көпшілігі талғам деген биіктікті бағындыра алмай етекте, төменде, шөре-шөре тірліктің тар шеңберінен аса алмады. Ақыры білекті сыбанып, ұл таптыратын жарамды еркекті Ұлбосынның өзінің іздеуіне тура келді. Тапты және алыстан емес, жақыннан. Тура иек астынан. Мейрамхана ауласының ішінен. Күнде ертеңгілік қоқыс таситын мәшине жүргізушісімен Ұлбосын екінші қабаттағы кеңсе терезесінің арғы жағында тұрып амандасар еді. Жаурыны қақпақтай, сирақтары ұзын, жау қабақ, нағыз апайтөс еркек. Дәмесін қара, үсті-басы кіршең, шашы иығын жапқан, тыныс тарылтар жағымсыз иістің иін ортасында жүргендігіне қарамай, сылыңғырдай сұлу Ұлбосын темекі шегіп тұрғанда қолын кеудесіне қойып, иіліп сәлем еткендей ишара танытады. Жаман жүргізушінің сәлем-сауқатына зәру ме екен Ұлбосын! Осығанда риза бол дегендей, онда да анда-санда, көңілдің шат-шадыман сәтінде ғана жүк мәшинесінің кір-қожалақ жүргізушісіне болар-болмас қол көтергендей белгі береді. Сонымен бәрі тәмәм. Ұлбосын біреулерді қабылдап, бір қағаздарға қол қойып, қалта телефонымен әлдекімдерге шұғыл хабарласып жанығып жатады; ал жүк мәшинесі ыңырана қозғалып, темір қақпаға болар-болмас сүйкеніп, үлкен жолға түскенше мысықтабандап баяу жылжиды. Келесі күні тағы сол... Ұлбосынның көз алдында көлбеңдейтін елес қой әншейін. Шашы дудыраған жаман жүргізуші тамақ қалдығы толтырылған темір жәшікті мәшиненің қорабына тиеп, бұл арадан тездетіп қарасын батырғанша жаны қалмай сүрнігіп жүргенде Ұлбосынмен қайтіп амандасады, қайтіп тілдеседі? Ұлбосын қай–да?! Мына түрімен сәлемдеспек түгілі жанына жақындай ала ма. Шексіз арман. Жүрек шіркіннің шамасына қарамай аспандауын!

       Мә, безгелдек, сол шашы дудыраған жаман жүргізуші қапыда айдай сұлу – ару Ұлбосынның басын дуалап қойғаннан сау ма. Ертеңгілік бір нәрсесін ұмытқандай апыл-ғұпыл терезе алдына жүгіріп баратыны несі-ей! Неден құр қалды? Жаман жүргізуші уақыттан кешікпей жиналған қоқысты төкпей-шашпай тиеп әкетсін алдымен. Күн көтерілсе шірінді иіс қолқаны қабады. Егер оны бұл аулаға жолатпайын десе, оның амалы – бір ғана қоңырау, немесе екі-үш сөйлемнен тұратын шолақ бұйрық.

       «Алдымен өзіңе қара, Ұлбосын! Немене сен де жетісіп жүрмін деймісің?! Іздегенге – сұраған. Сен армандаған нағыз ұл таптыратын еркек осы. Дүлей қара күштің иесі. Қақ-соқпен шаруасы жоқ. Тартылған теңіз жағалауындағы бір бұйығы ауылдан келіп, осы қалаға тіркеліп, қара жұмыс істеп жүргеніне мәз. Оған әзірге көп нәрсенің қажеті шамалы. Таныс-білістері жоқтың қасы. Аузынан сөз шықпайды, көп адаммен араласпайды. Мұнан артық оңтайлы сәтті қайдан табасың?! Кіріс, кіріс, уақыт өлтірме?!» Бұл кім? Осы бір күңгірлеген дауыстан құтыла алсашы. Үйде де, жұмыста да, тіпті кабинеттегі диванға жантайып, түс әлетінде кішкене тынығайын десе де әлгі құрып кеткір өктем дауыс қайдан болмасын, Ұлбосынның құлағына сарт ете түседі. Сарт ете түседі де жан-жақтан қаумалап, Ұлбосынның жауап беруін, дұрысы – тездетіп бір шешімге келуін талап етеді. Соттың тергеушілерінен жаман. Ал бар қалауың осы болса оған да көнді. Оңды-солын, істі неден бастап, неден аяқтауды білмей ыбылжып тұратын он жеті жастағы ұяң қыз емес қой Ұлбосын. Кірісті де кетті.

       Ел жұмысқа келмей тұрып, дудар бас жігітті кабинетіне шақырып алды.

       –Тапсырма былай: бастығыңнан бір жеті сұрап аламын. Менімен бірге Оқжетпеске барасың, маған шаңғы үйретесің... Басқа сұрақ бар ма?

       –Жоқ!

       –Ендеше ертең жолға жинал. А....а, айтқандай атың кім?

       –Жарқын... Жарқынбай.

       Бір жеті бірге болды. Оқжетпестің жанындағы жеке коттеджді жалға алды. Аққайыңдар арасында емін-еркін қыдырды. Шаңғы тепті, саунаға түсті. Ойға алған шаруасының бәрін істеді. Ішті, жеді, күлді... тек күрсінген жоқ.

       «Ауылға барып қайтайын, анам үнемі түсіме кіретін болып жүр» деді Жарқынбай бірде. Жол қаражаты, сәлем-сауқаты, жақын-жуық ағайынға деген базарлығы... бәрі-бәрі Ұлбосынның есебінен ғой. Екі-үш  жетіден соң қоқыс таситын Жарқынбайдың жүк мәшинесін бейтаныс біреу айдап келді.

       –Жарқын қайда?

       –Жарқын... Жарқын...

       Ұлбосынның іші бір жамандықты сезе қойды. Ауылына бара жатып жолай жеңіл мәшинемен дария үстін кесіп өтпек болған ғой. Мұз ойылып, төрт бірдей азамат мұз астынан шыға алмаған. Кейін аудандық «төтенше жағдайдың» құтқарушылар отряды екі тәулік бойы арпалысып жүріп, суға кеткендерді мұз астынан әзер шығарып алыпты.

                                                              ХХХ

       Күзге тақау Ұлбосын аман-есен босанды.

       –Сізге біреу келіп тұр... төменде. – Шарананы емізуге әкелген медбике сүйтті де, асығыс-үсігіс палатадан шығып кетті.

       Перзентхананың төртінші қабатынан Ұлбосын жапырағы сирексіген терекке арқасын сүйеп, ағыл-тегіл жылап тұрған сол кейуананы тағы көрді. «Бәрі тамаша» дегендей  ол болар-болмас қолын бұлғады.

 Бірақ Жарқынбайдың анасы екендігін айтқан жоқ.

 

 

 

 

  1.                                    ... ЗИБАГҮЛ

 

         –Сіз осы... шынымен маған ғашық боп қалғаннан саусыз ба? Асай-мүсейлеріңізді арқалап, күнде келесіз сонша жерден салпақтап. Келесіз де,  менің  тұла бойымды көзбен тінткілеп, өстіп сүмірейіп тұрасыз да қоясыз. Және жөні түзу әңгіме де айтпайсыз. Бір түрлі қызықсыз ғой өзіңіз... –Зибагүл тақтай сәкіде жүрелеп отырған күйі мырс етіп күліп жіберді. Күлді де, артынша әлденеге қабағын шытты. Кәдімгідей ренжіді. Өзгеге емес, өзіне. Тарамыс саусақтарымен оң иығына құлаған оқтаудай бұрымын арқасына қарай сілкіп лақтырды. Ашулы. Ой-хой, ұртын томпайтып, әлгі тіркестерді тауып айттым деп тұр-ау, ә?! Айт жоқ, той жоқ айдалаға лаққанына жол болсын. Жөн білетін адамның тірлігі ме мұнысы?! «Жә, мені жақтырмасаңыз жөнімді табайын ендеше» деп келген жағына қарай тайып тұрса, мына жігітті қайдан табады. Екеуінің арасында көзге көрінбейтін ибалық па, сыйластық па, сондайлық жылы-жылы сезім ұшқыны аңғарылса екен-ау ең құрыса...

         Жұмамұраттың әлденеден құр қалғандай, ұйқыдан тұрысымен ауылдың теңіз жақ беткейіне қоныстанған Зибагүлдердің үйіне салып ұрып жетіп келетіндігіне қуанбай ма одан да. Оу, әділдігіне жүгінгенде Зибагүлді мұнан басқа біреулер іздеп, ойға-қырға сұрау салып жатса сөз бар ма. Дұрысы, қамыстан тұрғызылған шартақтың сықырлауық есігі ертелі-кеш бір-ақ мәрте ашылып- жабылады. Шешесі биыл алтыншы сыныпқа барған сіңлісін ертіп, таң азаннан мектептегі жұмысына кетеді; содан шаршап-шалдығып қас қарая бір-ақ оралады. Сол аралықтағы адам төзгісіз ұзақ-ұзақ уақытты жападан-жалғыз өткізу – ата жауыңа тілемейтін азап. Басқа салғасын амал бар ма, сол азапты үн-түнсіз бірге өткеріп келе жатыр Зибагүл. Жасырып қайтеді, мұнан екі жыл бұрын: «Менікі осы не тыртыңбай, оттан, судан, автомобиль апатынан мені сұлу көркімен он орап алатын арулар да ажал құшып жатқан жоқ па. Шешеме масыл болғанша...» деп әлдекімге міндет артпастан, тіпті бір бет қағаз да жазып қалдырмастан, мына дүниемен қоштасудың  жай-жапсарын жұптап қойған. Ол бір бас ауыртатындай қиын шаруаға ұқсамайды. Мінекей, өстіп отырған күйі күннен, жауын-шашыннан қорған болсын деп тұрғызылған сәкінің белағашына жуан арқанды шиыршықтап-шиыршықтап лақтырасың да бір ұшын мойынға мықтап байлап, төмен қарай бір саты сырғып түсесің. Бітті. Одан кейінгі қым-қуыт оқиғаға Зибагүлдің қатысы шамалы... Ойпыр-ай, мына дүниеде ана жүрегінен асқан сезімтал құдірет болсашы?! Жиырма жасар мүгедек қызының күндердің күнінде өз-өзіне қол жұмсамасына кім кепіл. Саңырау болғыр құлағы соңғы кездері сондай-сондай сұмдықтарды жиі еститін болып жүр ғой. Ернін тістелеп ішінен тынады. Өздеріне қол жұмсайтындардың дені осы Зибагүлдің жасындағылар. Айтатын уәждеріне де артың ұялады: «Мені сүймеді», «Басқа жігітпен қыдырып кетті», «Жүкті боп қалған соң, елге көрінуге жүзім шыдамады»... Ылғи осы. «Басқа жігітпен қыдырып кетсе жолы болсын, өзге қыз құрып қалып па, қыз деген сыңсып жүрген жоқ па, тәңір алғыр!»

         «Сен өйтпе, сен бүйт пе» деп Зибагүлге де тіс жармайды. Жүйкеге тиетін «ақылды» бекерге жүк қылғысы келмейді. Беті аулақ. Сосын мектепке барарда Зибагүлді айналып-толғанып жүреді де, көзге түсетін оғаш заттардың бәрін қамыс сарайдың қараңғы түкпіріне тығып кетеді. Арқан, жіп, пышақ атаулыны сұмдық жек көреді. Бір үйдің бар тауқыметі бір басына түскен соң не сұрайсың. Күйеуі көрші облыста, вахталық әдіспен қара жұмыс істейді. Айлығын сирек көресің. Оның үстіне Зибагүлге сатып алатын дәрі-дәрмегі және бар. Мүгедектігіне беретін жәрдем ақшасына ауыз жарымайды. Сосын амалы қанша, декретке кеткен, не сырқаттанып қалған әріптестерінің қосымша сабақтарын да өзі өткізеді. Өткізгені бар болсын, қалта телефонына қоңырау түскен сайын зәресі зәр түбіне кетеді. Қоңырау шалынбаса тым алақай. Өзекті жан келер күндерден үмітті ғой қашанда. Бір құдіреттің күшімен Зибагүл ертең, не одан арғы күні өз аяғына мініп, есік алдында өзін күтіп тұратын секілді елестейді; сосын екеуі жалаң аяқ, жалаң бас кенересі толған Кіші теңіздің құмдауыт жағалауымен алыс қиырларға алып-ұшып жүгіріп бара жатқан секілді елестейді. Қайда барады, кімнен қашады, неге қашады? Белгісіз. Белгілісі–Зибагүл екеуінің  бір кездері әл-дәрмендері құрып, аяқтарын ілгері басуға да шамалары келмей титықтап, етпеттерінен құм шағылға тұмсық тірей құласа... Одан соңғыларының бәріне көнер еді, кісі бойынан асатын жайын балық теңіз түбіндегі балдырлардың арасына сүйреп әкетсе де өкінбес еді. Себебі, ұлы теңіздің біртіндеп қалыпқа түсе бастауы төңірегіндегі «трактат» – Зибагүлге шипа боларлықтай табылған тәсіл. Бұған келгенде жағрапиядан сабақ беретін анасының алдына түсетін адам жоқ. Қиял-ғажайып ертегілерді осы заман құбылыстарымен жымдастырып жібергенде бар ма, не аңызын, не шындығын ұстай алмай дал боласың...

         Қолынан келсе Зибагүл сыртқы дүниемен байланысын мүлдем үзсе екен дейді. Қатар-құрбыларының хал-ақуал сұрап келгендерін де құп көрмейді. «Әне, тартылған теңізді қайтадан қалпына келеді деп кім ойлаған, кім үміттенген. Сол теңізге ара-тұра өзің барып та, шомылып қайтасың». «Өз аяғыңмен» дегенді айтқысы келіп, қанша тырысса да тілін тістеп үлгереді. Ондай да Зибагүлдің қолына іліккен кесе-шәйнекті, оны-мұны ыдыстарды жан-жаққа лақтырып, қыстығып жылап жібермесіне кім кепіл; «мені мазақ қылып отырсыз» деп екі-үш тәулікке дейін нәр татпастан теріс қарап жатып алмасына кім кепіл. Сондықтан анасы өзі түгілі келімді-кетімді кісілердің де Зибагүлмен барынша байыпты, барынша сыпайы сөйлескендерін қалайды.

         «Жа-рай-ды, теңіз жайлы толғаныстың мән-жайын түсіндік. Сіздің-ақ дегеніңіз болсын, ал мына дүниеге артық адам  екендігіңді сезінсең, одан құтылу аса қымбатқа түсе қоймайтын секілді ғой» деп сол арқан, сол жіп сақтайтын қамыс сарайға қарамауға тырысқан...

         –Менің айтқандарыма өкпелеп қалған жоқпысыз?! Жә, от ала келгендей болмай аяғыңызды шешіп, жоғары шықсаңызшы. Сізге арнап қазан көтергеніміз жоқ. Барға – базар.

         Ағаш сәкіні сықырлатып, Жұмамұрат Зибагүлдің жанына келіп тізе бүкті:–Құдай салмасын, сірә бүгін қырық градустан асып жығылар. Әлден күйіп тұр, түске тақау не болмақ?– Көлдей орамалымен жүн-жүн кеудесін сүрткіледі. Самайдағы шүпірлеген тер тамшыларын қолының сыртымен сылып тастады. Төбеге қарады. Брезент жапқыштың біраз жерін шақырайған күн шұрқ-шұрқ тесіп тастапты. Сол тесіктен саулай құйылған өткір сәуле Зибагүлдің алдындағы алтын жалатқан потносқа шағылысады. Шай суып қалған тәрізді. Әлде қаталап шөлдеп келгендікі ме, алғаш құйылған екі-үш кесені кідіріссіз бірінен соң бірін жөнелтті. Тер бұрқ ете түсті артынша. Жұмамұрат бұған пәлендей қысылған жоқ. Көптен ұстара тимеген сақал-мұртын алақанымен бір сипап, сосын жанындағы жастыққа жантайып, аяқ-қолын емін-еркін созғылады. Зибагүл қолтарлық жасамаса шайды да ұзағырақ сораптайтын түрі бар. Шыны керек, Зибагүлдің шайы бал татиды, іше бергің, іше бергің келеді. Ал осындағы өзі жататын үйдің әйелі сәл салақтау, әлде қонақ күтуге сәл олақтау кісі ме, әйтеуір, құйған шайынан титтей ләззат ала алмайсың. Құдды тұз қосылған керек дәмі бар жағымсыз асты байқаусыз ұрттап қойғандай, ұялғаннан әзер жұтасың.

         –Ойпыр-ай, сіздің ауылдың адамдары сірә, темірден жаралған білем,–Жұмамұраттың түк көрмегендей дастарқанға еміне түскенім жарамас деп, өзінше бірдеме айтқансыған түрі,– Мынадай ыстықта... үйтіліп тұрған от. Дарияның жағасына қостанып жатып, шөп шабады екен тағы да. Алтын берсе де мен мәселен, оған шыдамас едім.

         –Шыдамайсыз, шыдамақ түгілі, олардың қарасын да көре алмайсыз. Бір есептен, соны мойындағандығыңыздың өзі ерлік. Қойыңызшы, ерлік атаулыдан садаға кетіңіз. Тілге оңай оралған тіркес қой, әншейін. Жақсы ма, жаман ба, ұнатасыз ба, ұнатпайсыз ба, біздің елдің күнкөрісі осылай. Ал сіздер жаһандану, өркениет, робот жайлы өңшең пафостан тұратын шежіре шертесіздер. Шөп шабады дейсіз, оны жинап, қораға тасып алғанды айтсаңшы. Мың өліп, мың тірілу–әне сол! «Шыдамаймын!» Иә-иә, менің жерлестерім де мұнан артық жайлы өмірге шыдамас еді. Бейнетке жаралған ғой шеттерінен.

         –Айтпаңыз...

         –Әңгіме бұзау емізер, шайды қайта демдейін,–Зибагүл қос қолын тіреп, сәкінің ернеуіне қарай жылжыды. Сәл еңкейгенде оқтаудай бұрымы оң иығына  тағы құлады. Оны ашусыз, ренішсіз арқасына қарай ысыра салды.

         –Мен, мен-ақ...– Обалы нешік, бәрі менің кесірімнен болды-ау дегендей Жұмамұраттың көздері жыпылықтап, орнынан ұшып түрегелгені сол еді, көз ілеспес жылдамдықпен Зибагүл бұл кезде арбасына мініп үлгерген-ді.

         –Отырыңыз, күнде істеп жүрген тірлік қой. Ертең сіз кеткен соң маған біреу шай қайнатып бере ме?–Зибагүлдің дауысы бір түрлі қатқылдау естілді. Қоларбаны қалайша меңгеріп алған! Тура иесінің иек қағысын күткен арғымақтай, екі қапталдағы қолмен демейтін қос дөңгелек әлдебір жаратылыстың күшімен саусақ ұшын тигізсең бітті, өздігінен жүгіре жөнелетін мәшинедей елестеді. Зыр-зыр. Ауланың дәл ортасындағы қазандыққа бара жатқан тұста қоларбаның жылдамдығын тежеместен сал болып, сүйретіліп келе жатқан екі аяқты сол қолымен демеді де, арбаның төменгі тепшігіне дік еткізді. Ошақтың іргесіне жиналған екі-үш қадақ сексеуіл томарын тізесіне қойды да, артынша оттың көмейіне бір-ақ жытырды. Онсыз да күйіп тұрған оттың қызуына сексеуіл шоғының ыстығы қосылған соң не оңсын, жеңіл көйлегінің арқалығы жауырынға желімдене бастады. Маңдайы жіпсіді. Ошақ көмейіндегі қыз-қыз қайнаған темір шәйнекті қалай алар екен деп, Жұмамұраттың таңданыспен аузының ашылып қалғаны рас. Әбден әдісін алған әккі аңшыдай арбасын олай бір, былай бір бұлғақтатып келді де, темір шәйнекті лезде іліп әкетті. Тамшыдай су төгілсе не дейсіз. «Неткен шеберлік әм неткен төзімділік?!» – деп таңдай қақты Жұмамұрат.

Атшаптырым ауланы асфальттап берген әкімшілікке рақмет. Ал табалдырықтан әрі аттасымен кәдімгі қызыл құмның «жыры» басталады. Айнала ысылдаған қызыл құм. Бұл өңір жасыл-желек атаулыдан мақұрым. Тал, теректі әуре боп ауызға алмаған ләзім. Зибагүлдің бәлкім, ауладан қарыс сүйем алыс аттап шыға алмайтындығы содан шығар. Өкшеден кері тартып, сау адамның адымын аштырмайтын мына ысылдаған қызыл құм -аждаһа Зибагүлдің қоларбасына рақым түсіре қояр ма?!

Алтын потносқа темір шәйнектен басқа жұмыртқаның сары уызын қуырып әкеле жатқан қоларбадағы Зибагүл Жұмамұратқа айтатыны жоқ хор қызындай елестеді. Бұл елде жоқ әдемі сюжет еді.

–Тоқ-та, тоқтай тұршы, Зибаш...– Аяғына шалынысып сәкінің арғы басында жатқан фотоаппаратына әзер дегенде қол іліктірді. Жүрегі алқынып аузына тығылды. Саусақтары дірілдеп аппараты қайыс қорапшасынан әзер суырды:–Бір секунд...бітті, міне-міне, мұндай кадр қолға түсе бере ме?! Керемет! – Сартылдатып олай да түсірді, былай да түсірді. Зибагүл де соқталдай азаматтың бір өтінішін орындайын дегені болар әрі сол оңтайына келетін бір кадрге бола сонша уақытын шығындап, құм құрсауындағы ауылда сандалып жүрген Жұмамұратқа деген аяушылық сезімі оянды ма, әйтеуір, өзін-өзі қинағандай сәл езу тартып күлді де, қоларбасын жалма-жан ілгері жылжытты. Дұрыс, дұрыс-ақ, Зибагүлдің де біреуге аяушылық білдіретіндей мүмкіндігі болғаны ғой, ә?! Бұған дейін кім көрінгеннің аяушылық сезімдерін үнсіз қабылдаған. Ендігі кезек Зибагүлдікі.

–Шайды қайта қайнаттым. Асықпай қанып ішіңіз, сізді дастарқан жайып, өліп-өшіп күтіп отырған біреу бар ма. Күн болса мынау. Айтқандай, аудан орталығына қашан жүресіз?

–Ан-2 ұшып келген күні. Келмей жатыр ғой табандап.– Жұмамұраттың манағыдай емес, шайға деген «шабыты» басылыңқырап қалыпты. Зибагүлді әуреге салғаны үшін ғана сүлесоқтау ұрттайды:– Рұқсат болса, бір нәрсе көрсетейін.

–Көрсет!–деді Зибагүл жұлып алғандай.

–Сіз үшін қанша пленка шығындағандығымды білсеңіз. Обьективте тек сіздің ғана бейнеңіз.

–ООН-нан тапсырма алған атақты фотосуретшісіз. Слайдтарыңызды дүние жүзінің жылтырақ журналдары жапатармағай жариялап жатады. Талғамыңыз да бізге қарағанда өзгеше ғой. Өзіңізге қалай?

–Нашар деп айта алмаймын.

Бір құшақ суретті асықпай, мұқият қарады Зибагүл. Кей тұстарына күлді, кей тұстарына болар-болмас қабағын шытты. Күллі тіршілігінің қағазға түскен көшірмесі ғой мынау! Иә, айтқандай мұның арасында Зибагүлден басқа тірі пенде көзге шалынса кәні! Сөз жоқ, өзі туралы көркем эпопея.

–Бәрі жақсы, тек бояудың түсі ғана келіспеген.

–Түсіне алмадық.

–Түсінбейтін несі бар, бояуы келіспеген дүние көзбояушылыққа ұрынады. Төңірегіңізге қараңызшы, дүние түгелімен сарғыш түске малып алғандай емес пе?! Көзіміз  де сары түске үйренген. Сарғыш түсті жақсы көреміз бәріміз.  Құм. Құм жұмыртқаның сары уызынан аумайды. Ал  енді бізге не дейсіз?! Ал сіздің суреттеріңіз ақ пен қара. Бояуы келіссе суреттеріңіздің қолға тимейтін түрі бар. Осыған абай болыңыз...

–Жұмыртқаның сары уызы, сары уызы дейсіз, ә?! – Жұмамұрат апыл-ғұпыл тәрелкесіндегіні тауысып қойды.

                                                     ХХХ

Көрінген көкаттыға күллі өмірбаянын жариялап не басының іскені. Керек десеңіз, ООН-ның арнайы тапсырмасы еді дегенге де өліп-өшетін жағдайы жоқ. Экологияның ауырлық нүктесіндегі бұл ауылға келіп-кетіп жатқандардың алғашқысы, не соңғысы бұл болмас. Артынып-тартынып талайлар келер әлі де. Келгендердің бәріне жалпақтай берсе нелері қалады. Көрді, суретке түсірді, адамдармен тілдесті... соның өзі аз олжа ма Жұмамұрттар үшін. Енді осы тойғандарымен келген жақтарына тартып отырса да болар еді. Жоқ, әлі де бірнәрселерді түртінектеп іздейтін тәрізді ме қалай. Жұмамұратты айтады да... Зибагүлдің әрбір қимылынан көз айырмайды. Мүгедек қыздың тал бойынан не табады? Әлде тосын қылық шығарып, оны сол сәтінде аппаратына көшіре қойып, сенсацияға қарық болармын деп дәмелене ме?! Зибагүлдің бар болмысы осы. Қоларбасымен  ауланың ана басы мен мына басын жол қылғаннан басқа не бітіреді. Сексеуілдің томарын майдалауға да, сәкінің көлеңкесін жамап-жасқауға да қауқары жетпейді. Дүкенге де бара алмайды. Жұмамұрат керегін осы төңіректен іздесін. Бәлкім, Зибагүлдің домбыраға қосылып, әуелетіп ән салғандығын тосып жүрген шығар. Кесте тіккені, ақ кенепке ою-өрнек салғаны керек пе? Ой-ой, қиюын келістірсе өтіріктің алмайтын қамалы бар ма: «Жарымжан қыз тағдыр тауқыметіне мойымай, өмірмен тайталасып күресе білді. Қатар-құрбыларынан кем қалғысы келмей, өз жағдайын өзі күйттеді...» Пах! «Кесте тігеді, киіз басады, сөйтіп шағын бизнесін ұршықтай дөңгелетіп отыр, әнекей!» деп нанға май жаққандай адамның жүзі шыдамайтын қайдағы-жоқты жылпылдатып жібермесе не қылсын! Бұлардан ондайларды да күтуге болады. Расы сол, кесте де тіге алмайды. Егер соны күтіп жүрген болса, онда Жұмамұраттікі бекерге жан қинау.

Зибагүлдің де қайбір оңған қылығы бар. Бірде Жұмамұратты оңбай састырған. Оны естігенде Жұмамұраттың екі көзі жыпылықтап, тамағына тас тығылғандай үні шықпастан, дәп бір Зибагүлдің алдында кешірілмес күнә жасағандай, әбден әбігерге түсті.

–Білем ғой сіздерді... еркектерді... Жиырмадан асқан мүгедек қызбен оңаша кездескен сәтті неге бекерге өткізеді. Зибагүлдің де нәті әйел. Оның үстіне еркектің иісін сағынып, ындыны құрып жүрмесіне кім кепіл. Ыңғай білдірсең құшаққа өзі-ақ келіп құлайды. Ләззаттың бір дәмін алған соң, тұла бойы күйіп-жанып, келесі жолы да соны тілер. Нең кетеді. Алда-жалда жүкті боп қалса да, құм құрсауындағы ауылдағы дімкәс қыз сені қайдан табады. Шөмелеге түскен ине секілдісің ол үшін. Кеше бар да, бүгін жоқ. Сенікі де ерсі емес, еркектік парызыңды өтедің. Көзі қарайып, өлуге келген байғұстың  сауабын алдың. Сосын Зибагүлді тырдай жалаңаш шешіндіріп, фотоға қалай түсіремін десеңіз де еркіңіз... Қос анарын қолаң шашымен тұмшалап.

–Қой, қойыңызшы, сіз тіпті тереңдеп барасыз ғой, жүдә!. .– Асай-мүсейлерін асынып, тез-тез жиналып, енді бұл үйдің қарасын көрмейтін кісіше асығыс шығып кеткен-ді. Содан екі-үш күнге дейін төбе көрсетпеді.

                                          ХХХ

Жұмамұрат Зибагүлді экологияның әсерінен сал аруына шалдыққан мүскін деп пайымдайды. Әрбір қимылын қалт жібермей, тынымсыз фотоға түсіріп жүргендігі де содан. Тосын тақырып. БҰҰ-ның әлемдік экологиямен айналысатын департаментінің жыл сайын ақ пен қара түсті фотоларға бәйге жариялайтын дәстүрі бар. Бірінші, екінші орын түгілі, үшінші орынға іліксе де мұртын балта шаппайды. Қаражаты қомақты. Бірақ оның бәрін тәтпіштеп Зибагүлдің басын ауыртып не жыны бар. Жұмамұраттың ішінде де бір қулық жатуға тиіс қой. Одан жарылып өлмес. Ал бұған келгенде Зибагүлдің де есебі түгел. Жұмамұрат ескі түсінікке алданып жүре берсін. Экологиядан тапқан кесел. Жә, бопты. Бірақ шындық одан гөрі сәл өзгешелеу еді.

... Облыс орталығындағы пединституттың үшінші курсын бастаған жылы әдеттегідей студенттерді күзгі дала жұмыстарына алып барды. Алыстағы күріш ұжымшарының қырманында, егіс алқабында атқаратын шаруа жетерлік. Зибагүлдер комбайн шалғысынан қалыс қалған арық-атыздағы күрішті қол орақпен орып жүйелейді. Соның өзінен біраз өнім жиналмақшы. Түскі асты дала қосынан ішеді. Жастар жүрген жер көңілді. Күнде концерт, күнде би. Даладағы жұмыс қас-қарайғанша бір тынбайды. Соның өзінде тымырсық ауа тынысыңды тарылтады. Студенттер екіге жарылып, қыздар бір бөлек, жігіттер бір бөлек дария жиегіндегі көлге түседі. Суы лай, ластау болса да күйіп тұрған ыстықта суға түскеннен артық рақат қайда. Бірде өзен үстіне салынған көпірден өтіп бара жатқан тұста әлдекімнің төменнен «Құтқарыңдар, құтқарыңдар!» деп жан ұшыра айқайлағаны. Зибагүлдің ойлануға мұршасы болмады.Теңіз жағалауында өскен қыз суға жүзуден де алдына жан салмайтын. Көз ілеспес жылдамдықпен үш метрлік көпірден бір-ақ секіреді. Секіргені есінде... арғы жағы бұлдыр-бұлдыр... қараңдаған, көлбеңдеген бейнелер. «Жеңіл жәрдем» мәшинесімен облыстық ауруханаға жеткізілген бойда Зибагүлді операция үстөлі күтіп тұрды. Бар ойы «суға батқан бейбақты» құтқармақшы болған. Қатты екпінмен секіргенде басы су астындағы КамАЗ-дың шіріген доңғалағына тиген. Мойын омыртқасы сынып, жұлыны зақымданған. Жиырма тәулік бойы қосымша аппарат арқылы тыныс алды. Дәрігерлер Зибагүлдің беті бері қарамас деп бастарын шайқаған. Анасы көз жасын көлдетіп, талай-талай емен есіктерді тықылдатып, еті тірілігінің арқасында қызын Астанаға да, Алматыға да алып барды. Білікті мамандарға көрсетті. Амал не, арбаға танылудан басқа амал қалмады.

Жақын маңда тұратын «суға батқан бейбақ» он бірінші сыныптың бойжеткені екен. «Ойнап едім, ойнап едімнен» басқа орнықты дәлел тауып айта алмады. Кімді кінәлайсың? Көпірден секірген Зибагүлдің өзі. Бір жарым айдан соң есін жиып, қоларбаға қол созды.

                                            ХХХ

Зибагүл айтпақшы, «жұмыртқаның сары уызынан аумайтын» өңір әсіресе, шақырайған күн астында балқыған болат сынды сап-сары боп, сағымға тұншығып жатар еді. Сарғыш құмды жалаң ағымен бір басып, екі басып ілгері жылжуың мүмкін емес. Қызыл шоқтай қарып түседі. Мұндайда құм үстінен тірі жәндіктің ізін көруің де екі талай. Сірә, қара қарғаның миын шағатын алапат ыстық дегеніңіз осы болар. Құм құрсауындағы ауыл төңірегі тым-тырыс. Қамыстан тұрғызылған қора-жайлар сіріңке тисе лап етуге дайын тұр. Терезелер түгелге дерлік сарғыш газеттермен тұмшаланған. Осы өлі тірліктің өзегіне күн ыстығы қайтып, көлеңке кісі бойы ұзарған шақта барып, біртіндеп жан ене бастайды. Оған дейін сарғыш түстен бір түрлі жүрегің айниды.

Ал Зибагүл тірі пенде бас көтермейтін осынау шаңқай түсті зарыға тосады. Ақ матадан тігілген кең қолтық көйлекті иығына іле салады да, қоларбаны теңіз бетке қараған есіктің қыр көзіне туралап әкеледі. Ары қарай арбаның доңғалағы кірш етіп құмға кіреді де тоқтайды. Оны Зибагүлдің әлжуаз қолдары түгілі атан түйе тарта алмас. Және одан дәмеленген кім бар-ау! Зибагүлге ит әуреге түсіп арбаны орнынан қозғағаннан гөрі, бөксесімен сарғыш құмның үстіне мамық секілді қона кетіп, екі қолын таянып, жарымжан аяғын сүйреткен күйі алға жылжығаны әлдеқайда жеңіл, әлдеқайда ыңғайлы. Алғашында біреу-міреу шартақтың басынан мойнын созып, мүгедек қыз не істер екен, қайда барар екен дейтін қызығушылықпен қарап тұратын шығар деп қауіптенетін-ді. Қолынан анау айтқандай күрделі өзгеріс келе қоймаса да, қаңқу сөзден аулақ жүргенді жақсы көреді. Бір жағынан ауылдастарын да жазғыра алмайды, жұмыртқаның сары уызы секілді сарғыш құмнан басқа не көрді бұл байғұстар! Ал екі қолымен жер тіреп, аяғын сүйретіп, тасбақа тәрізді теңіз жағалауына қарай жылжыған Зибагүлді көрсе бірі қалмастан шу ете түспес пе?! Таңғалатындарын да, не Зибагүлдің шектен тыс қайсар мінезін құптағандарын да анық аңғара алмайды. Қалай десең олай де, әйтеуір жел сөзге тақырып табылды ғой. Қалған тұстарын жамап-жасқауды, Зибагүлге қатысты әрбір сөзді бірінің аузынан бірі іліп әкетіп, қиял-ғажайып ертегі кейіпкерін сомдау жағына келгенде де ешкімнен көмек сұрамас. Ал турасына көшкенде, мына ыстықта Зибагүлдің теңіз жағалауына барып, шомылып қайтатындығын бақылағанда не тұр, тәйірі?! Теңізге бара ма, одан әрі «Шағалалы» аралынан жұмыртқа теріп қайта ма, ол Зибагүлдің жеке шаруасы. Одан гөрі тақыр еденге су бүркіп, үйдің іші сәл салқындаған шақта аздап көз шырымын алса–ауылдастары үшін үлкен олжа сол. Бұдан Зибагүл де хабардар.

Табалдырықтан әрірек ұзаған соң бойы бусанып, маңдайы шып-шып терлеп, рақат күй кешеді. Баяғы кірпік қаққанша зу етіп жетіп баратын жағалау–Зибагүлге дүниенің қиыр шетіндей елестейді бүгінде Себебі, күллі денесін әлжуаз екі білегіне асып қойған соң жүріс өне ме. Әрі сарғыш құмыңыз бес саусаққа  тіреу болып та жарытпайды. Қол тиген жер сусып төмен лықсиды. Митың қимыл іркес-тіркес тағы қайталанады. Осы аралықтан Зибагүл лақша секіріп қанша мәрте өтті-ай десеңші! «Шаңқай түсте бастарыңнан  күн өтеді, күйіп қаласыңдар» деп шешесі сіңлісі екеуін арғы бөлмеге қамап, шашау шығармаушы еді ғой. Бірақ ұлы теңіздің адамды өзіне қарай магнитше тартатын бір пәлесі бар. Майда толқындар жалаңаш денеге майдай жағады. Әлде жұп-жұмсақ алақан тұла бойыңа массаж жасап жатқан секілді ме қалай, бір есептен жаурын тұсты әлдекім қытықтағандай әсер етеді. Күннің қызуы да ғажап, ал бауырыңды төсеген қызыл құм одан бетер. Табаға пісірілген күлшеден аумайсың. Жә, онысын қойшы, сол күйі теңіздің тереңіне шым батып, демің жеткенше ақселеуше тербелген балдырлардың арасымен біраз-біраз жүзіп баратындығыңды айтсаңшы. Екі қол, екі аяғыңды тынымсыз қозғап, су перісінше одан әрі жүзе түскенге не жетсін. Майда шабақтар да сенен қорықпайды, күміс қанаттарын жалт еткізіп, ұстайын дегенше бұлт етіп, бағыт-бағдарын өзгертіп үлгереді. Зибагүлге жер бетінде мұнан артық тұнық теңіз жоқ-ты. Мөп-мөлдір. Сырғаң жоғалса да қиналыссыз тауып аласың. Жағаға шыққанда мына дүниенің кір-қоқысынан арылып, тап-таза әлеммен тілдескендей ерекше күй кешесің. Теңіз түбіндегі балдырлардың арасында балық секілді ғұмыр кешпеген соң пенде шіркіннің көрер жарығы белгілі ғой.  Әлдекімнің өсек-аяңына, біреулердің-біреулерді көре алмайтын қысастығына, нақақтан қаралаған безбүйректігіне куәгер болатындығың өз алдына, кей кейде құдай ұрып, солардың ықпалына қалай еріп кеткендігіңді де аңғармай қаласың. Ал теңіз жарықтық сол кесапаттың барлығын қас пен көздің арасында сылып алушы еді ғой. Қайтіп шыдарсың. Анасы жастыққа бас қойды-ау дегенде аяқтарын ұшынан басып, тысқа шығып кететін. Содан табандарынан өткен ыстыққа да қарамай құстай ұшып, теңізге жеткенше арттарына бір бұрылмайтын.

Ал қазір қарға адым жер азап. Оның үстіне жансыз аяқ зілбатпан. Осындайда денені екіге бөліп тастайтын қандай құдірет бар екен деп те ойлайды. Ондай атты күн туса екі аяқты сұраусыз қалаған тұсқа қалдырып кетер еді. Сөйтіп кеудесі түскір кәдімгідей жеңілденіп қалар еді. Жә, әншейін елес-тағы, оның арғы-бергі жағына тереңдейтіндей шама қайда. Сәл аялдасаң күннің өткір сәулесі төбеңді тесіп шығатын тәрізді. Мұны жақсы білетін Зибагүл астыңғы ернін аяусыз тістелейді де, маңдайына түскен балапан шашты ыстық демімен үргілеп, бір адым болса да алға жылжығанды құп көреді. Самайдан аққан ащы тер жалаңаш иыққа тырс-тырс тамады. Оқтаудай бұрымы да бұлталақтап алқымына құлай береді. Ана жолы қидырып тастауға көзі қимаған. Соңындағы ирелеңдеген ізіне қарау өзі үшін сұмдық аянышты. Оны неге теңейтіндігін  және түсінбеді. Итбалықтың құрлықтағы іс-әрекеті десе қалай болар еді. Бірақ олар Зибагүлдің қансорпасы шыққан мына тірлігіне мұрын шүйіріп те қарамас. Қол созым жердегі суға жетеді де шым батады. Арғы жағы рақат. Міне, сол рақатты өлердей аңсаған Зибагүлдің де сәлден соң асқақ арманы орындалады. Ол тек теңізде ғана өз-өзін жеңіл сезінеді, екі аяқтың ап-ауыр салмағын да елемейді. Емін-еркін, арлы-берлі қозғалып, шамасына қарай ақ бас толқындармен де жарысқа түсе алады. Озып кеткенде оған біреу бәйге даярлап тұр ма. Жаурынымен шалқалап жүзеді, құлаш ұрып бірталай тереңдікті бағындырады. Еркін... еркіндікке жететін не бар мына дүниеде!

«Шыда, шыда, Зибагүл! Бір қиналсаң жағаға да тұмсық тірейсің». Тасбақа жүрістен басқа не қайраны  бар. Әсілі, аспан әлемінің  әділетсіздігі де бір басына жетіп артылатын шығар-ау! Жаны қиналған жұмыр басты пенде айналып келгенде, қос қолын жайып, бар рақымды көктен тілейтіндігі несі екен, а?! Бірақ Зибагүл ақшыт аспаннан иненің жасуындай жақсылық көрсе, кәні! Апыр-ай, осындайда бір шөкім бұлт көлбеңдеп келіп, көлеңке түсірсе қайтер еді. Жым-жылас. Ең аяғы сарғыш құм да мазамды алдың-ау дегендей, Зибагүлдің қос қолымен жер тіреп, ілгері жылжығандығын жақтырмай қабағын шытады.

Әне, кесе-көлденеңдеген мына құм белден ары асса, ептеп бетінің бері қарайтындығы белгілі. Төмен қарай салмағымен ысырылып, болар-болмас әл жинайды. Бұрын-соңды мұндайды байқамаған. Жүрегінің атқақтап алқымға тығыла бергені несі? Жо-жоқ, тек алға. Құм белдің биігіне көтерілу қайдан оңай болсын. Көйлегі терден сығып алғандай. Теңіз самалын ауылға жеткізбейтін «ұлы Қытай қорғаны» осы. Төңірек алақандағыдай. Көлкіген ақ сағым болмаса, енді жағалау да алыс емес. Салмағымен төмен сырғыды, беткейдің толайым құмы көшкін тәрізді бірге жылжыды. Жағалауды ұрғылаған майда толқындар сылқ-сылқ күледі бар болғыр!

«Ұлы Қытай қорғаны» Жұмамұрат үшін де таптырмайтын бекініс еді. Сарғыш құмның бетіне түскен ирелеңдеген ізді бәлкім, жүз мәрте фотоаппаратқа айна-қатесіз көшірген болар. Оның бірнеше күннен бері іздеп жүргені де осы кадрлар еді. Бұл түптеп келгенде, бұрын-соңды еш жерден кезікпеген тың сюжет. Таза, қоспасыз, табиғи шығармашылық шешім.  Теңізге асыққан жарымжан қыздың құмға түскен бұраң-бұраң іздері–бір адамның боямасыз тағдыры.

Жұмамұрат та шүмектеп терледі. Мұндай адам төзгісіз азаппен алғаш рет жүздесіп тұрғаны осы. Жауға атылатын арыстанша құмға бауырын төсеп жатып, Зибагүлдің теңізге түскен сәтіне бірнеше кадрды тағы арнады. Оған түк те қиналмады. Сартылдата берді, сартылдата берді. Тек жұмыртқаның сары уызы секілді сарғыш түске абай болғаны абзал.

Зибагүл тырдай жалаңаш шешінді де құйрығымен жылжып барып, теңізге қойып кетті. Сүңгіп, олай-былай құлаштай жүзіп, біразға дейін жағалаудан көрінбеді. Жиырма жастағы арудың құлын мүсіні, күнге шаншылған тіп-тік анар, сұлу мықын, қыпша бел...

Жұмамұрат фотоаппаратын қайыс қорабына салып, ыстықтан қаталаған көнтек ернін үсті-үстіне жалап, тер сасыған жейдесін шешіп тастады да теңізге қарай алқына жүгірді. Теңізге түсіп жан шақырмаса болмас, ыстықтан анық өлуге келген-ді.

–Оңбаған! – деді Зибагүл жалаңаш денесін қиыршақ құммен көміп жатып. Өкпелегенінен гөрі еркелегені басымырақ естілді.

                                                      ХХХ

Жұмамұраттың жарымжан қыздың сал аяғын сүйретіп, қос қолын тіреп, жан екпінмен алға жылжыған құмдағы ізі бейнеленген суреті дүниежүзілік бәйгеден бірінші орын алды.

Ал күзге тақау Зибагүл аяқтарына ептеп жан ене бастағандығын және жұмыртқаның сары уызына жеріктігін анасына қысылмай-қымтырылмай айтып берді.

 

 

 

  1. ... ШЫРЫНКҮЛ

 

Бақбергеннің не айтқаны есінде жоқ. Бірнәрселерді түтіндетті, түтіндетті-ай келіп! Қалалық жер басқармасынан өкілдер келді деді ме-ау; жиырма сотық атшаптырым ауланың ана басына бір шығып, мына басына екі шығып, адымдап өлшеді деді ме-ау; әрбір ағашты шекесінен шертіп санады, есепке алды деді ме-ау; акт толтырды, сосын Шырынкүлді әкімдікке шақырды деді ме-ау... Бұл не қылған бітпейтін акт, бұл не қылған бітпейтін шақырту?! – Шырынкүл табалдырықтан аттай беріп, мына «суыт» хабарды естіген сәтте Сырдың күләбі қауыны секілді ашудан тарс жарылғысы келіп тұрды, тұрды да өзі-өзін әзер тежеді. Бес-алты минут өтті-өтпеді ме, тіпті түк болмағандай қалыңырақ грим жаққан әжімді жүзіне жасандылау күлкі жүгіртіп, Бақбергеннің алпамсадай  иығынан бір нұқыды да биік басқышты тырп-тырп басып, төргі бөлмеге өтіп кетті. Кімге тиісерін және білмеді. Бақбергенге ме, әлде бірнеше жылдан бері Шырынкүлді де шаршатып, облыстық филармонияның білдей бетке ұстар әншісін әуре-сарсанға салғандары үшін ара-тұра өздерінің де жер-жебірлеріне жетіп, осы үйдің табалдырығынан жүрексіне аттайтын басқарманың шикіөкпе өкілдеріне ме? Түсіне алмады.

Ал шынтуайтына келгенде Бақбергеннің бұ мәселеге қатысы шамалы. «Жүрген бір бейшара ғой» деуге де дәті шыдамады. Көзбе-көз астамшылыққа ұрынатындай сезінді. Бар болғаны ол осы үйдің күзетшісі, үйдің ғана емес, бір жағынан Шырынкүлдің де күтушісі. Осы күнгінің тілімен айтқанда оққағары. Біреулер араларында анау айтқандай интимдік қатынас болмаса да апыл-ғұпыл Бақбергенді Шырынкүлге қоса салады. Ажыратып алатындары одан жылдам. Себебі, Шырынкүлдің жүріс-тұрысын аңдып,  жеке бастарына көк тиын пайдасы болмаса да өсек гулететіндер, Сүлейменова дәп бір күні ертең Ла Скала сахнасынан ән шырқайтындай әншінің имиджін төмендету үшін сыпсыңдайтын бақталастары да жетіп артылады. Мың-миллион. Кейде олары құлақтың құрт етін жейтін аш масадай ызыңдайды, кейде айдаладағы аш қасқырдай ұлып, сай-сүйегіңді сырқыратады.

Шырынкүл кімнің аузына қақпақ қояды, кімнің аузын жабады. Өздеріне ыңғайлы екен, айтсын, айта берсін. Бір жағынан сонысы дұрыс. Бұл ағайынның өнер адамдарын ағаш атқа теріс мінгізіп, сыртынан айтақтайтындары жаңа ма. Бұған дейін де болған, бұдан кейін де жалғаса беретін сыңайлы.

Бақберген де еркек, еркек болғанда да еңгезердей. Қара жұмысқа қақталған шойындай дене бітімін көргенде кейбір әйел байғұстардың көздері шоқтай жанып, ындындары құрып, демдері үзіліп қалатындай әсерленетіндігі ... оу, онсыз да белгілі ғой. Белгілі болғанда да тура қолмен қойғандай, осындай еркекпен түн ләззатын бірге бөліскен шіркін Шырынкүлдің не арманы бар деп бір қайырады; дүние жетеді, аста-төк молшылық дәуренде әйелдерге жетпейтіні анау ғой деп, ұят та болса амалдары қайсы, жүректері қан жылап екі қайырады. Бұған келгенде бұл маңайда Шырынкүлдің алдына түсетін ұрғашы жоқ. Бақ-дәулеті де, үлде мен бүлдеге оранғаны, жыл сайын сызылып шетелге курортқа баратыны... бәрі-бәрі құрып кетсін, Бақберген секілді атан жілікті азаматпен бір түнді бірге бөліскен ай-хай дәуренге не жетеді?! Жетпейді. Ойпыр-ай, сонда Шырынкүлдің Бақберген секілді еркекті төсекте қалай ыңғайлайтындығын өзі білсін, ал құдайдың тапа-тал түсінде мұрны тесілген тайлақтай ізінен сүмеңдетіп қоятын не сиқыры бар, а?! Бір жерден оқып келген бе бұл патшағар?! Еркектің басын дуалағанда үнін шығармай, қас-қабағына табындырып қоятын әйелдер туралы аңыздар қаншама! Бұған келгенде Шырынкүлмен де тірі жан таласа алмайды. Маңайдағы көршілері түп-түгел көріп отыр.

Екі қапталы жуан санға дейін жырылған жібек көйлегін көлбеңдетіп Шырынкүл үйден шықты ма, құдай салмасын, тетігін бұрап жіберген ойыншық мәшине секілді қолды-аяққа тұрмай Бақбергеннің ойға-қырға шапқылаған түрін көрсеңіз. Қиял-ғажайып ертегі ғой кәдімгі. Және заматында такси шақыртып, сусылдаған жібек көйлегінің етегі жуан санға дейін түріліп, артқы орындыққа жайғасып жатқан Шырынкүлден «қайда барасыз, қашан келесіз?» деп бір ауыз сұраса не дейсіз! Сұрамайды, несін сұрайды? Екі қапталы жырылған әдемі көйлекті Шырынкүл филармониядағы кезекті концерті өтетін күні ғана киеді.

Екі балағын түріп алған Бақберген екі шелекті қаңбақ құрлы көрмей көтеріп алады да ауладағы жапырақтары алақандай-алақандай, балтырлары түп-түзу аққайыңдардың түбіне түгелдей су құйып шығады. Сірә, өкпек желмен әнтек тербетіліп, бір түрлі ыңылдап ән салып тұрғандай елестейтін мына аққайың жапырақтарының қоңыр күзге дейін жап-жасыл боп тұрғандығы да осының арқасы. Өзгелердікі баяғыда-ақ солып, жапырақтарынан жұрдай боп сидиып қалған. Ал Шырынкүлдің «ранчосы» кірсе шыққысыз.

«Оңбаған!» – Зыр қағып жүрген Бақберген жер қатынастарынан келетін өкілдерді де сыртынан сыпыртып бір боқтайды. Ұртын толтырып және боқтайды. Үнемі шартақтың есігін өзі ашатын болған соң Бақберген олармен де таныс-біліс боп қалған. Олар да қайдан білсін, өзгелер секілді Бақбергенді Шырынкүлдің күйеуі ғой деп ойлайды. Біраз бұйымтайларын түбі әйеліне айтатын болар деп мұның құлағына сыбырлайды.  Бүгін бе, ертең бе, мына қайыңдар түбі бір оталады. Қырқылады. Жап-жасыл жапырақтар жермен жексен болады. Өледі. Яғни, Бақбергеннің еңбегі де далаға кетеді. Бірақ осы уақытқа дейін адам баласын ренжітіп көрмеген Бақберген көздері қиып, мына аққайыңдарды  аралауға кімнің батылы барар екен деп те ойлайды. Ақыр аяғында олай болмайтын шығар деп содан үміттенеді. Ал жер қатынасынан келетіндерді тыңдасаң жүрегің тас төбеңнен шығады: «Әрбір сотыққа мемлекет миллиондап ақша төлеп отыр ғой... Ал сіздің әйеліңіз Достоевскийдің кейіпкерлері секілді үнемі ағысқа қарсы жүзеді. Бітіп тұрған істі әрі созғылайды. Үкіметтің құрығы ұзын. Олар айтқанын бәрібір орындайды...»

Орындасын, он мәрте артығымен орындасын. Оған Бақбергеннің қатысы қанша. Су тасып зыр жүгіріп жүргенде әлдебір әңгімелердің үзік-үзік бөлшектері еріксіз ойға оралады. Сірә, бір кездері Шырынкүл Сүлейменованың әке-шешесі облысқа белгілі ауқатты адамдар болған. Қала орталығынан қос қабатты үй салған. Совет өкіметінің кезінде, партияның гүрлеп тұрған уақытында-ақ жиырма сотық аумақты қоршап, құжаттарын мөрлеп, заңдастырып үлгерген. Былай қарасаңыз, бәрі ақылға сияды. Кей-кейде Шырынкүлдің  арзанқол шылымның қою түтінін будақтатып отырып, «мен ООН-ға арыздансам да жеңіп шығамын» деп көкірек ұратыны бар. ООН-ға арыздана ма, Еуроодаққа арыздана ма, о жағын Шырынкүл біледі-дағы. Оған қарсы жер басқармасындағылар да сала құлаш дәлелдемелер келтіреді. Өткен ғасырдағы талай құндылықтар өзгеріске ұшыраған, тіпті бір елдің, бір қаланың  аты өзгертіліп жатқанда Сүлейменованың жиырма сотық жерін мемлекет меншігіне алу деген не тәйірі?! Және тегіннен-тегін сұрап тұрса бір жөн-ау. Заңға сәйкес алты сотық Сүлейменованың меншігіне беріледі. «Егер мен Сүлейменова Шырынкүл болсам қалған ғұмырымда жұмыс істеп нем бар. Ақшаны банкке салып, соның дивидендімен-ақ күнімді көрмеймін бе. Филармонияның ауыз жарымас айлығына телміріп, ертеңді-кеш соған бола салпақтап...» Айтқандары ащы өзегіңе түседі. Аргуметтері түз гранитіндей шымыр. Жел мен жаңбырға мүжілмейді. Тосындау әңгімелерді аузын ашып, мүлгіп тыңдайтын Бақберген ара-тұра солардың да ығына жығылып бара жатқандығын аңғармайды. Қаражаттың көлемін сан мәрте ішінен қайталайды, біреулер естісе ұрлап алатындай қипақтайды.

Еркек, ендеше еркектік мінез танытып қойғаны да артық болмас. Шылымын бұрқыратып жанында шіреніп Шырынкүл тұрса бір сәрі. «Айтамын, ол әйелдің көзін жеткіземін бір нәрсеге!» Сөзінің соңын лепті сөйлеммен аяқтайды. Жер басқармасындағылар Бақбергеннің осы уәдесінен үміт сәулесін көргендей, көрікті одан әрі қыздырады: «Шырынкүл тәтеміздің  бізді де түсінуі керек қой бір жолға. Бос жатқан жер жау шақырады. Халық үшін ешнәрсемді аямаймын десе ғой, атақ-абыройы одан әрі аспандар еді. Шырынкүл Сүлейменова туралы газеттер жабыла жазар еді. Шығармашылығына арналған деректі фильм түсірілер еді. Тапсырысты біз берер едік қала әкімімен ақылдасып... Сіздерден жасыратын не бар, қала күннен күнге көркейіп келеді. Бір сүйем жер ауадай қат. Осы алаңға тұрғындардың тілегі бойынша екі қабатты супермаркет салынады. Бас жоспар бекітілген. Ал осы жайлардан толықтай хабардар бола отырып, сіздің әйеліңіз Достоевскийдің кейіпкерлері секілді үнемі ағысқа қарсы жүзеді...»

«Айтамын!» дейді Бақберген дауысын одан әрі үстемелеп. «Әкесін көзіне көрсетіп!..» деген тіркес тіл ұшына еріксіз оралса да, амалсыз ішке қарай жұтып кеп жібереді. Қайдағы айтқан. Шырынкүл сыртқы есіктің қоңырауын басысымен есі шығады. Көкейіндегінің бәрі ұмытылады. Сәл жасандылау кейіпке түскен Бақберген сүйекке сіңген рөліне лезде көшіп алады. Газ плитасына шай қояды, ауызүйге дастархан жаяды. Дастарханды да тәтті тағамдармен жайнатып жібереді. Соның арасынша «Шырынкүл шаршап келген болар, ванна қабылдаймын десе...» деп үлкен үйге жапсарлас салынған шағын моншаның ішін тазалап, қазандық суын ысытып та үлгереді.

                                       ХХХ

–Сен, сен бері жақындасаңшы! – деді Шырынкүл биік басқышта тұрып, патсайы халатының төменгі түймелерін салып жатқан күйі. Бақберген шынымен естімеді ме, әлде естігісі келмеді ме, қаз-қатар қойылған ағаш кесінділеріне өткір балтаның жүзін кірш еткізді. Құлаштап күш жұмсап та жатқан жоқ, ала жаздай күн көзінде тұрып даңғырлап кепкен жаңқалар балта тиген сәтте қақ жарылады. Шырынкүлге солай көрінді. Белуарына дейін жартылай шешініп тастаған Бақбергеннің шиыршық атқан дене бітіміне немкеттілеу қараудың өзі ғажап! Олай өткен, былай өткен төмен етектілердің шартақтың тесігінен сығалап, Бақбергенге өлердей ғашық болып қалатындары осы тұс. Қара жұмысқа өлген ғой жарықтық! Ал қырлы стақанды жұтқызып жіберсең, іші-бауырын от жалғандай шүңірек көздерінен жалын ұшқындап, сен айтып, сен нұсқамасаң да атқарылуға тиісті төңіректегі бар жұмысты түбірімен төңкеріп тастайды. Тас көмірді жылы күздің басында түсіріп алғандары мақұл. Міне, есік алдындағы тау боп үйілген көмірді Бақберген ондайда түске жеткізбей сарайға кіргізіп, көзіне құйылған  терді қолының сыртымен бір сылып тастап, қайта айналып келгенде ауланың ішін жылан жалағандай сыпырып-сиырып, су сеуіп жатады. Оу, мұндай еркекті қайдан табасыз, дүниені түгел шарласаң да таба алмайсыз!

Бұған келгенде Шырынкүлдің сырт көз үшін «бақыттымын» дейтін де жөні бар. Жатқан-тұрғаны жөнінде біреулерге есеп бере ме. Мейлі, жұрт солай-ақ ойласын, Бақбергеннің алпамсадай кеудесіне басын қойып, ұзаққа созылатын түнгі ләззаттан соң талықсып барып, ұйқыға кететін Шырынкүлдің кайф алар шақтарын қызғанса қызғана берсін. Ал сырттай салыстырыңыз: бөксесі былқылдап, баланың басындай қос анары дірілдеп, аһлап-уһілеп, қу тізесін құшақтап, таңды әзер атыратын Шырынкүл қандай; түннің бір уағында ұйқысынан оқыс оянып кетсе бітті, керіліп-созылып моншаға кіріп, ыстық ванна қабылдап, бас-аяғына Бақбергеннің қарулы қолдарымен өзі шаршағанша массаж жасататын Шырыкүл қандай! Екеуінің арасы жер мен көктей. Шырынкүлге әрине, соңғысы ұнайды. Соңғысы!

Шырынкүлдің дауысын естімегендей, немесе  Сүлейменоваға аздап өкпесі бардай, басын көтерместен өз шаруасымен айналысып жатқан Бақбергенді де аздап түсінуге болады ғой. Оу, Бақберген де ет пен сүйектен жаралған пенде. Оның да дүрсілдеген жүрегі бар, оның да атша тулайтын сезім-түйсігі бар. Бір түсті тіршілік те кісіні жалықтырады. Шаршадым демесе де соған ұқсас күй кешеді. Ал оның емі аспанда емес, жерде. Ауызғы бөлмедегі шкафтың бір бұрышында жасырынып тұр. Тып-тыныш. Жартылай ішілген жартылықтан бір стақан жұтқызса Шырынкүлден асқан данышпан болар ма?! Жер бетіндегі жалғыз қамқоршысы–Шырынкүл. Басқалардан түңілген. Түгелдей. Керек десеңіз ағайын-туғандарын да көргісі келмейді.

Бір кездері басы балшыққа  кіріп, салынып та ішкен. Сол балшықтан суырып алған Адам–Шырынкүл! Өл-өлгенше осылай деп айқайлап өтеді. Егер біреулерге дәлелдеу керек болса. Әрине, Шырынкүлге салсаң ішпе, аузыңа алма, со пәледен ақи-тақи құтыл дейді. Дұрыс-ақ, ақыл оныкі. Бірақ Бақберген баяғы жан дүниесін түгелдей араққа жеңдірген атақты маскүнем емес қой. Шырынкүл ара-тұра бір стақан құйып бермесе де сүйретіліп жүре береді, әрине. Үйренді ғой ептеп. Дегенмен сол атаукеренің де көңіл демдейтін құдіреті жоқ емес. Қырлы стақанды дем алмастан тартып жібергенде ше, арқа-басың кеңейіп, жаның жадырап, рақат күй кешесің. Ән салу жағынан Шырынкүлге жету қайда, Шырынкүлдей болмаса да Бақбергеннің де сондайда ыңылдап ән салғысы келеді. Бұрын-соңды ондай «өнері» жоқ-ты. Арақты қойғалы бері осындай әдет тауып алды. Әлде арақты қойғызуға әнге деген ғашықтық сезім себеп болды ма, а?!

Шырынкүл әжімді жүзіне қалыңырақ жағылған гримді қол орамалымен сүрткілеп тұрып, Бақбергенді тағы шақырды: – Сен бүгін бір түрлісің ғой өзің?

–Қайдағы...

–Ендеше бері жақында.

Бақберген өткір балтаны ағаш діңгекке кірш еткізді де кіршеңдеу жейдесін асығыс-үсігіс кие салды. Бұрын бүйтпейтін. «Денемнің тер сасығандығын сезсе Шырынкүл мұрынын шүйіріп жүрер» деп алдымен асықпай жуынып, тазаланып, сосын барып Шырынкүлдің жанына жақындайтын. Ал Шырынкүлдің жанына жақындау Бақберген үшін бір керемет әлем. Алғашында әдемі әтір иісті ауаны  Шырынкүлге сездірмей, көздері күлімдеп құмарта жұтады. Жұта бергісі келеді. Шырынкүл де  өмірдің ащы-тұщысын қатар  татып тұшынған пәле ғой. Бақбергеннің жынынан айырылған бақсыдай төменшіктеп, мүләйімси қалған түріне қуақылана езу тартып,  жеңіл халатының екі етегін желге керіп, олай-былай еркінсіп жүрер еді.

«О, бейшара, бейшара болмасаң, өстермісің?! Осынша сұлулық аурасына көзбе-көз қиянат жасағандай не басыңа күн туды?!» – Бақберген әтір иісін құмарта жұтқанымен жұтқыншағына әлдене кептеліп қалғандай, екі иінінен әзер-әзер дем алды. Бұл арадан ыңғайын тауып тайып тұрғанша асығады. Түк болмаса «ой-бой, итке тамақ құйылмапты ғой» деп апыл-тапыл тұра жүгіреді.

Үстінен тер сасымақ түгілі, тағы бір нәрсе болса да бұ жолы еркектік мінез көрсетпекші-тін Бақберген. Қабағы түсіңкі. Несін міндетситіндігін қайдам, аяғыма жығылып, жалынып-жалбарынсын дей ме, әлде шынымен мәнісі болмай жүр ме. Филармония басшыларымен келісе алмай,  сөзге келіп қалды ма... Филармония басшылары да өңшең кеуделерімен көк тіреген біреулер. Бақберген талайын тасыған, талай басшыға жүргізуші болған. Қала орталығындағы қызыл кірпіштен қаланған облыстық филармония үйінің ішінде не болып, не қойып жатқандығын ол маңға ат ізін салмағалы біраз жыл өтсе де, бес саусағындай жақсы біледі. Бәрі-бәрі көз алдында сайрап тұр. Былайғы жұрт қайдан білсін, облыстық филармония тазалықтың Тәж-Махалы, адалдықтың, мәдениеттің Мекке-Мәдинесі ғой деп бағамдайды. Дұрыс олардыкі. Жалпы, елдің осы түсініктен ажырамағаны абзал. Бірақ соры қайнаған Бақберген ондағы көзге көрінбейтін ыбыр-жыбыр тіршіліктің бәрін біледі. Білгенімен не пайда. Қолынан келетін қайраны шамалы. Кешкілік хрусталь залдағы концерт өтіп жатқан тұста ғой филармонияның тотыдай таранып, күндізгі кір-қоқыстан арылып, рухани храмға айналатындығы. Түске дейін адамдар арасындағы өзекке түскен өрт мың градустық температурада бұрқ-сарқ қайнайды. Гастрольге шығатындарды іріктеудің өзі дау-дамай, шетелге жолдама берілсе оның аяғы арыз жазуға ұласып, обләкімдікке барып бір-ақ тіреледі. Мың жерден осы филармонияның отымен кіріп, күлімен шықса да олары кейде ескеріліп, кейде ескерілмей, аларын алып, берерін берген кісілерше әндері талай ұрпақты тәрбиелесін, жеме-жемге келгенде Шырынкүл, не Шырынкүл секілділер еріксіз екінші планға ысырылады. Бетінің қызылы, қойынының қызуы қайтпағандар алдыңғы тізімге ілігеді. Оның бер жағында облыстағы бір дөкейдің «қамқорлығына» зәру, анау айтқандай дауысы аспандап тұрмаса да сол кісінің арқасында шетелдік гастрольден қалмайтын «әнші» алдыңды орайды. Филармония басшыларының кабинеттеріне де еркін кіріп, еркін шығатындар жетерлік. Өкшеңді басқан, тәрбиелесең санатқа ілігіп кетердей қабілет-қарымы бар жастарды көзің қиып, қайтіп кеудеден итересің. Міне, осы түйткілдер қордаланып келеді де, Шырынкүлдің де шәт-шәлекейін шығарады, жүйкесін жұқартады. Сыртқы дүниемен шаруасы болмайды, самсоз. Бұл сырқат екі-үш аптаның көлемінде және тарқамайды. Соның әсерінен қасында қара боп жүрген Бақберген де еленбей, турасына көшкенде ұмытылып кетеді. Ұмытады. Бірақ Шырынкүлден басқа тірі жаннан ондай рақымшылық күте қоймайтын Бақберген оны тірілей ұмыта алар ма?! Былай қарасаңыз өзі түкке де тұрмайтын шаруа. Шаңнан сілкініп, әл шақыру ғой оның аты. Күн аралатып бір стақан жұтқызып тұратын. Рұқсатсыз кісінің мүлкіне қол жүгірту – Бақбергенге бұйырмаған батылдық. Әйтпесе кім біліп жатыр, ауызүйдегі шкафтың ішінде тұрған орта жартылықтан бір сіміріп, тойған қозыдай томпиып жүре бермей ме.

Соңғы кездері Шырынкүлге де өкпелейтін себебі сол. Ал үй маңайындағы қат-қабат шаруаның тігісін жатқызу үшін  адам жалдаса қайтер еді. Шырынкүлдің шашының түгі жетпес. Еңбекті ара-тұра бағалау деген болмас па?!

–Иә... жер басқармасындағылар таныс әндерін  тағы гулетті ме?

–Солай...

–Не солай?

–Өзіңіз біліп тұрсыз ғой, біліп тұрып менен сұрайсыз. Несіне сұрайсыз?!

–Алты сотықтың құжаттарын қолға ұстатты ма?

–Жоқ, сізді әкімдікке шақыртты. Сонда шешеміз деді бар мәселені.

–Шешер. Ерегестірмесін, ерегестірсе бар-ау, тірілей айырылмаймын бұл жерден! Ағаштарды әкем өз қолымен өсірген.

–?

–Сосын не деді?

–Сол ғой, сол...

–Мәнісің жоқ қой бір түрлі. Ауырып тұрғаннан саумысың?

–Жо-ға, ауырғаннан сақтасын.

–Жә, бопты, енді түсіндім.– Халатының екі етегін жел кернеген Шырынкүл ауызүйге кірді де, айналмай қайта шықты. Қолында қырлы стақан:–Сенің денсаулығың үшін! – Саусағының ұшымен әнтек шертті.

–Сіздің де!..– Бақберген жерік асына енді қол жеткізгендей, көзін тастай жұмды да, дем алмастан тартып жіберді.

–Пах! Қалай?

–Тамаша!

–Қыртыс-тыртысың ені жазылатын шығар.

Шайнаманың орнына Бақберген гүрзідей жұдырығын иіскеді.

–Тіске басатын бір нәрсе керек пе?

–Жоқ-а, дәмі кетіп қалар, – Бақбергеннің жүзіне қызыл арай жүгірді.

Тамағыңды қанша жұтынсаң да бұдан артық дәмету күпіршілік. Норма. Бүгінше осыны сіңіріп алыңыз.

–Қап, мына бос жатқан жерге картоп егіп тастау керек пе еді?–деді Бақберген біраздан соң өзі жарған ағаш діңгектің біріне құйрық қойып жатып.

–Ексең қайда қалдың?! – Шырынкүл биік басқыштың белағашына сүйенді,–Саған осыны қой деп ем, сенің бірақ қоятын түрің жоқ. Қайдағы бос жатқан жер?! Бұл жер әкемдікі, бәрі заңдастырылған.–Дауысы сәл қатая түсті.

–Мейлі ғой.

–Тағы не деді?

–Ағаштарды түгел санап шықты.

–Бұлары жаңалық, әрине.

–Әр ағашқа төленетін ставкалары бар екен.

–Байитын болдық десеңші! Ағашта нелері бар, а?! Аққайыңдар кіріп пе екен бір жерлеріне!

–Мен... мен қайдан білейін.

                                             ХХХ

Сүйекке сіңген әдет қой қашаннан. Ел ұйқыға кетті-ау, төңірек тынышталды-ау деген мезетте Шырынкүл әжімді жүзіне гримді қалыңырақ жағып, екі қапталы жуан санға дейін жырылған гүлді көйлегін көлбеңдетіп, ырғала билеп, биік басқышпен төмен түсіп келе жатады. Жолай дәу төбеттің үйшігіне бұрылады. О пақыр да бұған әбден үйренген. Қарғы бауды саусағына ілген бойда Шырынкүлдің соңынан бүлкілдеп ере береді.

Шырынкүл жұлдызды аспанға бір қарап алады да, бақтың ішіне бойлай түседі. Барған сайын жүрісі баяулайды. Алдымен өкпек желдің сүйемелдеуімен болар-болмас ыңылдайды. Дауыс ырғағын өстіп жөнге түсіреді. Жау қуғандай бірден жоғарғы ырғаққа көшуді жаны қаламайды. Солай үйренген. Сахна мәдениетін бір кісідей ішке сіңірген. Әншіге сахнаға шығудан артық бақыт бар ма! Шырынкүлдің де мына өмірден еншілеген бар олжасы осы. Егер айына екі-үш мәрте сахнаға шығып, репертуарындағы халық әндерінің құлақ күйін келтіріп, тыңдаушыларының алдына жарық етіп шыға келмесе, артық-кемі жоқ, тағдыры шынымен тұйыққа тірелер еді. Қарадай-қарап мүжілер еді. Біреу мойындар, біреу мойындамас, ал турасына көшкенде Шырынкүлді мына жарық дүниемен байланыстырып тұрған әлсіз тін сол ғана.  Ән болғанда да өңшең халық әндері. Халық әндерінің майдан қыл суырғандай жымдасқан маһамы қандай, мәтінінің ұйқасы қандай! Сонау атам заманнан халықпен бірге жасасып, бірге мұңайып, бірге қуанып келе жатқан Шырынкүл репертуарындағы осынау әндердің бірінің осы қалайы жоқ. Өзгелерде несі бар, сахнаға шыққан сайын Шырынкүлдің жүрегі есебін тауып әйтеуір, бір дір ете түседі. Сонша жылдан бері қайталап жүрген әнді қапелімде ұмытып күлкіге қалмайын дей ме, әлде дауысы белгілі биіктікті бағындыра алмай мыңқылдап тұрмайын дей ме, сахнаға шығар алдында кәдімгідей толқиды. Өзгелер секілді гримерден сахнаға жүгіріп шықпайды. Жүрегімен тілдеседі, жүрегімен сырласады. Сахнаға шығар алдында өмірде кездесетін пенделік атаулының бәрінен айығып, жүректің қан айналысын әнге ыңғайлайды.  Ал таза жүректің көпшілік алдына шығарда бір дір етуінің өзі заңдылық. Бір діріл. Жүрек дірілдемеген жағдайда ән аспандамайды, зәу биікке ұша алмайды. Төмендеп, төмендеп барады да тұмсығымен топыраққа шаншыла құлайды. Мұның соңы бәрібір жақсылыққа апармайды. Дауыс диапазонына біртіндеп кірбің түседі. Жүрісінен жаңылған жорғадай болмайтын жерден сүрінеді. Көпшіліктің талғамы дегеніңіз де қан-жыны аралас салыстырмалы бірнәрсе. Мың жерден сұңғыла болса да бәрібір таза, шынайы дауысты тап басып айыра алмайды. Оның үстіне Шырынкүлдер сахнаға шыққалы қай заман. Алғашқы тыңдаушыларының өзі ақсақалдық дәрежеге жетті. Құлаққа сіңісті, үйреншікті дауыс болған соң әрі әншіге мұнан асқан құрметтің қажеті қанша деп алақандары дуылдағанша қол соғады.

Біртіндеп бұған да етің үйренеді. Дауысың жараған аттай ауыздығымен алысып тұрмаса да тәуекелге басып, жұрт алдына шыға келесің. Әнді иінін қандырып орындаған секілдісің. Тыңдаушыларың еденді дүрсілдетіп ұшып тұрады. Демеу ғой, әрине. Сені ерекше құрметтейтін тыңдаушыларыңның болғаны қандай жақсы. Бірақ не пәлесінің барын қайдам, жүрек бұрынғыдай дірілдемейді. Жүрек бар болғырға бәрібір ме сонда?! Айт, айта түс, өстіп-өстіп түзеліп кетесің ғой деп сыңарезуленіп, бір бұрыштан сықылықтап күлетін тәрізді ме. Күлкісінің ащысын!

Алда-жалда мұндай күйге түсіре көрмеңіз деп сан мәрте ішінен жалбарынады. Дегенмен шекарадан асып қайда барады. Шырынкүлдің де сахнамен қоштасатын күні туады әлі. Ерте ме, кеш пе, шығармашылық тоқыраудың аласат қоңырауы даңғырасын  үздіксіз қағады. Мұның тілейтіні–сол сын сағатты дәл уақытында ұстап қалса... Әлі де тыңдаушыларыма керек екенмін-ау деп, соған малданып сүйретіліп жүре бермесе... Мәңгілік не бар?!

Адам-ау, не құдіретінің барын қайдам, мына жиырма сотық бақ ішінде Шырынкүл бұрын-соңды бастан кешпеген бөлек күйдің бүлкіліне түседі. Бақ іші аядай сахна емес, мұның әлеуеті ұшан-теңіз. Өкпек желмен тербелген аққайыңдардың мың-сан жапырақтары құдды бір дамылсыз соғатын тыңдаушылардың алақандарына ұқсайды. Шатырлағанда құлағың тұнады. Соған лайық дауыс ырғағын да үдете түсесің. Баяу басталған әуен аспандағы жұлдыздармен үндескендей, солармен тілдескендей: «Біз ту-ту алыстамыз, әннен алған әсерімізді әншінің құлағына қайтіп айтамыз, біздің қошеметімізді сіз жеткізіңіз!» деп жапырақтарға пәрмен бергендей ме немене?! Қалай дегенде де жұлдызды аспан мен ақ қайың жапырақтарының арасында жұмыр бастылар ұғына бермейтін бір ерекше түсінік бар. Жапырақтар сыбырлайтын секілді. Сыбыр, сыбыр... Бірақ олардың не деп сыбырлайтындығын тірі пенде тап басып айта алар емес. Айта да алмайды.

Шырынкүл күз айында төсек боп жататын аяқ астындағы сарғыш жапырақтарды жалпақ табанымен басқысы келмейді. Кәдімгідей көңілі қобалжиды. Шырынкүлдің әнімен түн қойнына біртіндеп кіре түсетін «тыңдаушыларының алақандары» денеден бөлініп, аяқ астында шашылып жатыр... Сұмдық қой мұнысы! Бұл ойын Бақбергенге де сездіреді. Бақберген сорлы да не кінәрат бар, ертеңді-кеш үзіліп түскен жапырақтардың бірін қалдырмастан сыпырып алады. Ертеңінде ай жарығымен ізіне дәу төбет ерткен Шырынкүл аяғын санап басып, дауыс ырғағын сан құбылтып, бақ ішіне баяулап еніп бара жатады. Дауыс ырғағын сан құбылтатындығы да өзіне ұнайды. Бір жағынан тәжірибе әрі әншілік талғам. Сөйтіп жүріп дауыстың бір толқынына тұрақтайды. Табылды! Іздеп жүргені де осы ырғақ болатын. Енді еркін көсілуіне тыныс ашылады.

О-хо-хо, сол, сол-ақ екен, төңірегіндегі ақ қайың жапырақтарының үсті-үстіне сатырлатып алақан соққандығын көрсеңіз! Жапырақтар қошеметін барған сайын үдете түседі. Шырынкүл де аянбайды. Бір әуенді аяқтап, екіншісіне, одан үшіншісіне көшеді. Шаршамайды. «Тыңдаушылары» алақан соғып, қайта-қайта сұраныс түсіріп жатса, мұндайда әнші шаршай ма?! Жүзі бал-бұл жанып құлпырып кетер, екі қапталы жуан санға дейін жырылған гүлді көйлегі ай сәулесімен шағылысар. Ой, керемет! «Түнгі тыңдаушылары» Шырынкүлдің талантына шынымен-ақ табынады.

Несін жасырады, филармониядағы кейбір концерт жүнжітіп жібереді. Көрермен залында – әр бұрышта бүрісіп отырған біреулер. Барыңды салып орындаған боласың. Олардың сол манаураған қалпы. Қабылдағаны, не қабылдамағаны белгісіз. Болдырып қайтасың. Түңілесің. Бір жартылықты теңдей бөліп, қырлы стақанға құйған бетте Бақбергеншілеп тартып кеп жібергің келеді. Әзер тежейсің. Дауыстың бірінші жауы ішімдік. Аулақ, аулақ! Сосын кеш батқанын асыға күтесің. Ақ қайыңды бақтың іші жұмақ. Көмейден ыңылдап басталған ән бара-бара бабына келіп, әуелей түседі. Арқа-басың кеңиді. Өмір сүруге деген құлшынысың оянады. Еркін шарықтап ән де құйқылжиды. Бұл ненің арқасы?! Бұл сөзсіз мына ақ қайың жапырақтарының қошеметінің арқасы! Тылсым сыбдырының арқасы. Кіршіксіз, таза ықылас. Алақандай-алақандай жапырақтар сатырлағанда бар ма, қарадай-қарап есіңді тандырады. Қайта түлейсің. Дауысың әуелеген үстіне әуелей түседі. Мың жасайсың. Филармонияның сыры ұшқан тақтай сахнасында емес, аспан мен жердің арасында қалықтап жүресің.

Төсекке жантаяр алдында сәл мұңаяды. Өлшеулі өмір өтіп барады осылай. Байды да, баланы да әншілік өнерге басы бүтін айырбастаған-ды. Бәрін өнер үшін құрбандыққа шалды. Ал осы күндері бұлай өмір сүру күлкілі. Әпендісің, не психикалық ауытқуға ұшырағансың. Есі бар адам бұлайша өмір сүрмейді. Біреудің етегінен ұстайды, некесіз болса да бала тауып алады. Не сөкеттігі бар, ертеңгі алданышың, өміріңнің жалғасы әм қызығың.

Етегінен ұстаған еркегі Бақберген. Жастайынан бірге өсті, бір жерде қызмет істеді. Филармония басшыларының талайын тасыған. Кейінгі келген жас директор өзі секілді жас жүргізушіні қабылдады да, Бақбергенді көзбе-көз қысқартуға іліктірді. Пенсияға үш-төрт жылы қалғанда қаңғытып жіберді. Неге екендігін кім білсін, Бақберген де өмірі үйленбеген. Саяқ. Осы қаладағы ағайындарымен де араласпайды.

Бір жылдан соң Шырынкүл онда да ойламаған жерден,  күзді күні көмір базға бара жатқан жолда, қалаға жылу тартатын үлкен тұрбаның маңынан әбден араққа салынған, түрі бұзылған, үсті-басы кір-қожалақ Бақбергенді көріп қалды. Қайтар жолда таксимен үйіне әкелді. Жуындырды, киіндірді, жататын орын сайлады. Сонан бері де қанша уақыт... Шырынкүл әйел, әйел болғанда қандай! Айнаның алдына барып, баланың басындай домаланған қос анарын алақанымен салмақтап-салмақтап тұрады да  көздері жасаурап теріс айналады. Шыдамайды. Оу, Бақберген еркек емес пе?! Еңгезердей еркек. Сол еркегің  ауызғы бөлмеде жатыр әне, ұйқыны соғып, пырылдап. Шырынкүлдің баланың басындай қос анарымен де шаруасы жоқ. Шырынкүл дене мүшелері анық көрінетін іш көйлегімен Бақбергеннің жанынан арлы-берлі өтеді әтірін бұрқыратып. Бақбергенде үн жоқ. Мынаның ақыл-есі бүтін бе? Айла-амалы таусылған Шырынкүл бірде Бақбергенді монша жағуға жұмсады да өзі тыр жалаңаш шешініп, ваннаға түсті. Ұзақ шомылды. Сосын... арқамды ысқылап бер деп Бақбергенді шақырды. Еркектің иісіне өлердей құмартты. Добалдай қолын сипалап, күн тимесіне дейін жақындатты...

Ертеңінде Бақбергенді жатқан орнынан таба алмады. Келер, оралар деп екі-үш күн күтті. Араға апта түсті. Қалаға жылу тартатын үлкен тұрбаның жанына барса, басы кеудесіне құлаған Бақберген отыр бар дүниеден түңіліп. Таксиге салып алып келді. Сонан бері осы үйде...

                                                   ХХХ

Көрші облысқа гастрольге кеткен Шырынкүл Сүлейменова қайтып оралғанда қала орталығындағы өз үйін танымай қалды. Ақ қайыңдар түгел оталған. Бағана басындағы супермаркеттің макеті ілінген жарнама ызғырық желмен арлы-берлі тербетіледі.

Арзанқол жартылықты ортаға алған Шырынкүл  ертеңінде шылымның қою түтіні астында Бақбергенмен әзілдескен болып, қайдағы-жайдағы көди-сөди әңгімелер айтып отырды. 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған