Адам қарады: 38 | Жарияланды: 2017-09-15 11:51:01

Мен мектепке барамын

Биыл менің жасым жетіден асты . Күзде мектепке барамын. Апам солай айтқан . Іштей қуанып жүрмін. Қуанышымды кіммен бөлісерімді білмей жүргенде, Шымкентте жоғарғы оқу орнында оқитын әпкем Бибігүл каникулға келді. -Мен күзде мектепке барамын ,-дедім қуанышым қойныма сыймай. -О-о, үлкен қыз болыпсың ғой өзің,-деді әпкем. Біздің бас-аяғымызға қарап , ауылда кездесе бермейтін заттармен қамтамасыз етіп жүретін осы әпкем. Мені де қолға алуға кірісті. Жұмысты менің басымнан бастағысы келді ма , шашымды олай-былай тарап қарады да «шашың жұқа бантик тағуға келмейді , сыпырып тастау керек көктемге дейін әдемі болып өседі» деді. Солай деді де әкемнің бәкісін алып , сыпырды да тастады шашымды. Әпкемнің келгенін пайдаланып апам мен көкем шаруаларымен қалаға кеткен болатын . Шағынатын ешкім жоқ , айнадай басымды сипап жылап –жылап қойдым. Сөйтіп жүргенде колхоздан қалаға кетіп бара жатқан машина келмесі бар ма. Әпкем менің басыма орамалды әдемілеп байлады да , « Нағашы апамның үйіне алып барады мына машина, көкеме айт қаладағы мектепке дайындық сыныбына тіркеп қойсын » деп мені машинаға салып жіберді. Машина қалаға қарай жүйткіп келеді . Қар кеткенмен , көктем әлі өз күшіне енбеген кез. Машинаның іші де салқындау . Шаш болмағасын ба басым салқындықты бірінші сезіп келеді.Оның үстіне менің мазамды алып келе жатқан жалғыз ой да осы басқа қатысты : «Мына баспен қалай мектепке барамын» . Сонымен қалаға да жеттік. Нағашы апамның үйіне келсек , апам мен көкем шаруаларын бірыңғайлап ауылға кететін машинамен де келісіп , енді соны күтіп отыр екен . Менің басымды көріп апам ұрысып жатыр «Ой тұқымы жайылғыр , ана қыздың істегені болар , күн салқында басын тақырлап алып тастағаны несі» деп . -Сені неге жіберді мұнда , бірдеңе айтты ма ,-деді көкем бірдеңені сезіп тұрғандай. -Жоқ, ештеңе деген жоқ ,-дедім жұлып алғандай , ішімдегі ойым «мына баспен қалай мектепке барамын жұртқа мазақ болып, одан да ауылыма қайтайын» деп тұр – Сендермен қайтып келсін деп айтты. -Баланы ары-бері сандалтып істеп жүрген істерін.- Бұл - мені тоңып қалды деп, шыр-пыр болып жүрген апамның сөзі . -Келген екенсің қалсайшы енді ? Не бар әке-шешеңнің қасында ? Екі-үш күннен кейін апарып тастармыз,- деді нағашы апам. -Қалмаймын,-дедім, ішімдегі ой «қалма, қалсаң мектепке апарып тастайды , балалар айнабас деп мазақтайды» деп тұр. Сөйтіп тұрғанда келіскен машина да келіп қалды , шешініп те үлгірмей кері қарай ауыл қайдасың деп тартып отырдым. Келгесін әпкемнен тағы да бір сөгіс естіп алдым . -Ау , не айттым мен саған ? Дайындық сыныбына тіркесін дегенім қайда ? Қалмадың ба? Ақпалау апам тіркейтін еді ғой мектепке. Енді жүр осылай , оқымайсың болды. –Менде үн жоқ , ішімдегі ой - «мейлі оқымасам оқымай-ақ қоямын, мына баспен қалай оқимын». Содан үш-төрт күннен кейін әпкем оқуына қайтып кетті, мен уһ деп бір дем алып , ойыныма кірістім. Жазға қарай шашым әжептәуір өсіп қалды. Енді мектепке дайындалуға болады. Тамыз айының аяғына қарай көкем мені қалаға алып келіп , мектепке бірінші сыныпқа тіркетіп , қалада тұратын ағамның үйіне қалдырып кетті . Кетерінде маған оқу құралдарын , киім алуды әпкем мен жеңгеме тапсырды. Сабақ басталуға әлі төрт- бес күн бар , мен болсам дайынмын мектепке баруға .Оқу құралдарымды күнде сумкамнан алып-салып тексеріп қоямын. Одан жалығып кетсем , нағашы апамның бесінші сыныпқа баратын қызы Гүлшатпен ойнап келемін. Ол үйінде жалғыз іші пысатын сияқты маған біздің үйге жатып оқы деп жалынып жүр. Мен болсам ойланып жүрмін өзімше. Сонымен сабақ басталуға екі күн қалғанда біздің үйдің мектепке баратын басқа балалары да келді ауылдан.Олар- Сахит, Нұрлан, Бибіжан. Сөйтіп , сабақ басталып та кетті. Сахит пен Нұрлан интернатта жатып оқитын , олар сонда кетті. Ағамның үйінде қалған Бибіжан екеуміз және манағы Бибігүл әпкем, жақында ғана қалаға жұмысқа тұрған. Бибіжан сабаққа қаталдау қарайды . Гүлшатпен ойнағандай ойын жоқ. Оның үстіне жеңгем де мұғалім. Сабаққа тексеріс көп , ойынға рұқсат жоқ. Енді Гүлшаттың қасына қалай кетудің жоспарын құра бастадым. Бір күні бар кітап-құралымды сумкама салып дайындап қойдым да, Гүлшатқа келіп : -Сенің үйіңе жатып оқиын ба? Ана үй ұнамайды ,-дедім. Ол қуанып кетті. -Бірақ олар жібермейді,-дедім. Олай дейтінім Бибіжанға шет жағасын айтқанда «тиыш отыр, ол үйде сабағыңа қарайтын адам жоқ» деген болатын. Содан екеуміз ойланып-ойланып нағашы әкеме айтуды ұйғардық. -Әке , мен осында сенің қасыңда оқиын деп едім. Мені ана үйдегілер жібермейді. Сен сұрап алшы ,-дедім. Ақбақтонымның балалары деп бізді ерекше жақсы көретін әкем де қуана келісті. Содан үшеуміз жолға шықтық. Қиылысып жатқан екі көшеде тұратын екі үйдің арасы жап-жақын. Жетіп келдік. Есіктің алдында Рысжан жеңгем мен Бибігүл әпкем тұр екен. Аман-саулықтан кейін үйге кіріңіз дегенге қарамай , әкем бірден іске көшті. -Мына Ләззатты маған беріңдер ,биыл біздің үйде жатып оқысын,- деді. -Ой, әке сіздің үйде оған сабақ оқытатын адам жоқ. Ертең түсінбей қалады. Барып тұрады ғой мына жерден ,-деді Бибігүл әпкем. -Гүлшат бар , Нағашыбай бар оқытады ғой, -деді әкем . -Ертең бір түсінбесе қалып қояды,-деп жеңгем бастап келе жатыр еді: -Әп-әйдік басыммен мен келіп сұрап тұрғанда , маған бір баланы қимағандарың ба ?! Сол оқудың түбіне жетсеңдер көрермін,-деп әкем шарт сынды да , теріс бұрылып ешкімге де қарамай келген жолымен үйіне қарай тартты. Гүлшат ізінде кетіп барады. Әкем екі қолды қайырып артқа ұстап алған , шапанының екі етегі екі жаққа желп-желп етеді. Ашуланып бара жатқаны жүрісінен көрініп тұр. Жеңгем мен әпкем бір-біріне қарады : -Ренжіп бара жатыр , не істейміз. -Бар , сумкаңды ал да баршы ,-деді маған әпкем. Менің күткенім де сол еді , жүгіріп барып сумкамды іліп алдым да , әкемнің ізінен жүгірдім , «әке , мені жіберді» деп қуанғаннан айқайлап келемін . Әкем жүрісін саябырлатты , бірақ артына бұрылып қараған жоқ. Өліп-өшіп қуып жеттім. Осылай мен нағашы апамның үйінде жатып оқитын болып шыға келдім. Бұл үйде тұратындар : нағашы әкем –Шыныбай , нағашы жездеміз-Дәрібай , нағашы апам – Ақпалау, кіші апамыз-Назымхан , нағашы әпкеміз-Майра , нағашы ағамыз –Нағашыбай және Гүлшат. Менің сабағым 11-лерде басталады да , сағат 2 –лерде үйге қайтамыз . Ал Гүлшаттың сабағы 2-де басталады . Мен сабақты ешкімнің көмегінсіз-ақ жақсы оқыдым . Үйге келген бойда сабақтың барлығын тымпитып орындаймын да , содан кейін барып тамағымды ішемін , Гулшат келгенде ойынға дайын тұрамын. Бір күні мектепте ата-аналар жиналысы болатын болды . Жиналысқа баратын Ақпалау апам . Жиналыстың не екенін мен білмеймін , бірақ Гүлшат мені қорқытып қойды «жиналыста мұғалім оқушыларды жамандайды , сосын ата-аналар үйлеріне барып балаларына ұрысады » деп. Кешке Ақпалау апамды асыға күтудеміз. «Не деп ұрысады екен» деген ой мазаны алып барады. Ақпалау апамның дауысы естілді . Бірақ алып бара жатқан айқайдың лебі жоқ. Гүлшат екеуміз сабақ оқыған болып отырмыз. Ақпалау апам біз жаққа кірді де : -Иә ,сабақ оқып отырсыңдар ма,- деді. Біз басымызды изедік те қойдық. Ішімнен ұрысатынын тезірек ұрысып болса екен деп ойлап отырмын. -Оқыңдар сабақтарыңды ,-деді да , Гүлшатқа қарап мұғалімнің айтқан біршама ескертуін жеткізді. Содан кейін маған қарап «мына Ләззатқа ұқсап неге оқымайсың» деді де, мені мақтады дейсің келіп , менің мұғалімім ата-аналардың алдында апамның мерейін біршама өсіріп тастаған сияқты. Сөйтіп, Ақпалау апамның алдында дәрежем біршама көтеріліп қалды. Бұрынғыдай емес жұмсағанға бармай жатсам, маған емес жұмсап жатқан адамға ұрысады «немене сол тышқандай қызға қарап қалдыңдар ма , бармайсыңдар ма өздерің» дейді , бірдеңені бүлдіріп алсам, ештеңе етпес деп қоя салады. Бойыма бір жаңа күш , еркіндік кірді. Балалық қой мынаны істеуге болмайды деген нәрселерді жасауға көңілім тартып тұрады. Сол істеуге болмайтын нәрсенің бірі - Майра әпкеміздің бөлмесіне кіру. Ол ең төргі бөлме. Өзі балабақшада тәрбиеші болып жасайды .Таңертең ерте жұмысқа кетеді, содан кешке бір-ақ келеді .Оған дейін әлгі бөлме тарс жабық тұрады.Алда-жалда есігі ашылып қалса, Назымхан апамнан сөз естиміз. Түстен кейін үйде жалғызбын. Әкем де ауылға біздің үйге кеткен .Сабақты оқып ,тамағымды ішіп алдым . Гүлшат келгенше 2-3 сағат уақыт бар. Жалғыз ойнаған ойын онша ұнай қоймады . Оның үстіне есіл-дертім әлгі бөлме болып отыр. Жайлап жақындадым есікке. Есікті ашып қарасам , алып бара жатқан ештеңе жоқ .Көрпе жинаған бір сандық пен екі шкаф ,бәрі қатарласып бір жақ бетте тұр. Бөлменің қақ ортасында бір орындық тұр екен . Орындықтың арқалығына бір киер киім әдемілеп жиналған.Менің көзім солардың ең үстінде тұрған капрон шұлыққа түсті. Анау деген үлбіреп тұр. Аяқтың ұшымен басып жаймен жақындадым. Қолыма ұстап қарадым . Қолыңды ішіне салсаң ,қолың жылтырап тұрады . Қолыңның сыртынан сипай бергің келеді.Керемет! Ананың аяққа киетін шұлық екені формасынан көрінеді. Жайлап киіп қарадым аяғыма.Ішінің бәрі көрініп тұр қызық. Қанша отырғаным белгісіз «Қой , біреу келіп қалмай тұрғанда шығайын» деп, шеше бергенім сол еді , бел ортасынан қолым ілді де кетті. Енді не істеймін? Әлгі ілініп тұрған жіпті кішкене тартып көріп едім , үзілетін түрі жоқ , оның есесіне шұлықтың ортасы жиырылып қалды. «Қиып тастау керек» деген ой келді . Жүгіріп барып қайшы әкелдім де , шығып тұрған жіпті қиып тастадым , жиырылған жерін орнына келтірмек болып тартып қалып едім , шұлығым екі бөлініп түсті . Енді не істеймін ! Шұлықты шкафтың астына лақтырдым да, бөлменің есігін жауып тайып тұрдым. Кешкісін есіктің алдында ойынды соғып жатқанбыз Майра әпкеміз шықты да «кіріңдер үйге» деді. Ішім қылп ете қалды . Екеумізді бөлмесіне кіргізді де , тергеуге алды «Мында тұрған шұлықты кім алды» . -Мен сабақтан жаңа келген жоқпын ба ,-деді Гүлшат. -Мен алған жоқпын ,-дедім мен. -Мен сендерге кірмеңдер дегенім қайда мұнда ,-Майра әпкеміз сөйлеп жүр , өзі шұлықты іздеп жүр.Бір кезде тауып алды екі бөлінген шұлықты . Сол кезде Ақпалау апам келіп қалмасы бар ма : -Ой тұқымы құрғыр , соны да дүние деп балдардың зәресін алып ,-деп Майра әпкеміздің өзіне дүрсе қоя берді, біз зытып тұрдық. Сонымен , енді қайтып ол бөлмеге бас сұқпайтын болдым. Мен өзім ағарғанға жақынмын . Сүт болсын , айран болсын , сүзбе болсын іше беремін . Ауылдан да келіп тұрады , нағашы апамның өздері де сиыр сауады сүтке кенде емеспіз . Бірақ сиырдың сүтінің қаймағы көп жиналады да , алдыңғы күндердікі ашып кетеді. Бізге сол алдыңғы күннің қаймағын тауысып қойыңдар дейді , ал мен жаңа түскен тәтті қаймақты жегім келеді. Тоңазытқыштағы жаңа қаймақты жеп қойсақ , Назымхан апамнан сөз естиміз. Енді не істеуге болады? Қазанға пісіріп қойған сүттің бетіндегі жаңа қаймақ көздің жауын алып тұрады. Бір күні Назымхан апам далаға шығып кеткенде, қазандағы сүттің бетіндегі қаймақтың жартысын сылқытып соғып алдым да, төр жаққа барып сабақ оқыған болып отыра қалдым. Назымхан апам ішке кірді , мен үнсіз не болар екен деп тыңдап отырмын . Бір уақытты сүтті көрді білем, Назымхан апамның даусы шықты: -Ойбой, мына құрған мысық сүтті ішіп кетіпті. Беті жабық сияқты еді . Қап !,-деп мысықты далаға қуып шықты. Менде үн жоқ , сабақ оқып отырмын өзімше. Назымхан апам сөйлеп жүр біруақыт өзін кіналайды , біруақыт мысыққа ұрысады. Сөйтіп тәтті қаймақ жеудің көзін тауып алдым. Мен қаймақ жеймін, мысық таяқ жейді. Бір күні Назымхан апам тағы сөйлеп жүр екен: -Бүгін мысық үйге кірмеген сияқты еді,мына сүттің бетін тағы жеп кетіпті ғой. Қой мынаны мысық емес шығар жеп жүрген. -Енді кім жейді оны? Бетін дұрыстап жап дегенді түсінбейсің,-сөзге Ақпалау апам араласты. Менде үн жоқ. Қой ұсталып қалмай тұрғанда қояйын дедім ішімнен. Сонымен , қаймақ жеуді де қоюға тура келді. Күздің ортасынан асты . Баяғы шашым емін-еркін өсіп желкеге жетіп қалды , бірақ айналасын тегістемегесін ұсқынымды кетіріңкіреп жүр. -Әй , Ләззат , киін , жүр мен сені шаштаразға апарайын, шашыңның айналасын дұрыстатайық ,- деді бір күні Ақпалау апам. Екеуміз шаштаразға келдік, қыздардың шашын қиып жатқан жаққа шеретке тұрып кірдік. Шерет келіп тұрған шаштараз орыс қыз екен . -Әй, балдар, айта қойыңдаршы менің қызымның шашының айналасын тегістеп берсін ,-деді Ақпалау апам қасындағы қазақ қыздарға. Олар бірдеңе айтты да , шаштараз мені столға отырғызып шашымды қия бастады . Шашымды қиып жатыр, қиып жатыр ,басымдағы шаш азайып бара жатыр. Ақпалау апам бір тұрады , бір отырады . Бірдеңе айтуға тіл жоқ. Шыдамы таусылды білем, шаштараздың қасына келді де, қолынан тартып мені нұсқап: -Девушка , девушка ,-деді . Анау күлді де,басын шұлғыды. Шаш әлі қиылып жатыр . Апам тағы келді , тағы мені нұсқап : -Қызым, девушка деймін , девушка!,-деді . Шаштараз басын изеп күледі де қояды. Бір уақытта шаш қиылып болды-ау, әйтеуір . Ақпалау апам ашулы , үйге дейін сөйлеп келді: -Мылқауға ұқсап қырқа бергені несі. Қыз бала деп айтып тұрғанды түсінбейді. Сөйтіп жүріп көктем де келді. Оқу жылы аяқталуға жақын . Төр бөлмеде сабақ оқып отырғанмын. Әкем қыстай сауған түйелерді ауылға алып кеткен, сондықтан жалғыз отырмын. Бөлме тым-тырыс. Күндегідей емес бірнәрсе жетіспейтін сияқты. Бір кезде көзім жарда ілінген шынжырлы сағатқа түсті . Тоқтап қалған екен. Ол жүру үшін шынжырын кері қарай тартып қою керек. Жүгіріп барып шынжырын кері тартып жүргізіп қойдым. Қайтадан сабаққа кірістім. Енді манадан тым-тырысқа үйреніп қалған, сағаттың тық-тық еткен дыбысы миыма тиіп сабақ оқи алсамшы . Әрі отырдым , бері отырдым болмады . «Қой мынаны сабақ оқып болғанша тоқтата тұрайын , сосын жүргізермін» деген оймен бардым да , шынжырды алға қарай тарттым . Сағаттың жүрісімен алға жылжитын шынжыр қолмен тартқанға жылжитын түрі жоқ . Мен де қояр емеспін бар күшіммен тартып жатырмын. Сөйтіп тұрғанда шынжыр үзіліп кетпесі бар ма , екі бөлініп түсті. Сабақ қалды жайына , сумкамды жинадым да далаға қарай тайдым . Есіктің алдында құм алған шұңқыр бар еді ,соның ішіне секірдім де , үңгіріне қарай тығылып қалдым. Қанша отырғаным белгісіз , бір уақытта сабақтан келе жатқан Гүлшаттың дыбысы естілді. «Қазір басталады» деп ойлағаным сол еді , үйге шешінуге кеткен Гүлшаттың дауысы шықты: -Апа , апа сағатты сындырып тастапты. -Ләззат қайда ,үйде жоқ па ? Сол бірдеңе бүлдірген ғой. Ақпалау апам да үйге кіріп, сағатты қарап келген сияқты дауысы шығып жатыр: -Ойпырмай, жарда ілулі тұрған сағатта не жұмыстары бар екен. ? -Өзі қайда жүр екен, Гүлшат айналаны қарап келші. Гүлшат мені іздеуге көше жағалап кетті . Күн болса , кешкіріп барады , тауып алса екен деп отырмын . Бірақ Гүлшаттың мені табатын түрі жоқ. Бір кезде Ақпалау апам есіктің алдына шықты : -Ләззат , қайдасың ? Ұрыспаймын келе ғой ,-деп айқайлады. Енді тығылудың реті қалмаған сияқты. Әрі тоңайын дедім , оның үстіне қорқыныш та бар. Жайлап үңгірден шықтым. -Бағанадан осында отырсың ба? -Иә. -Сағатты сен ба сындырған ?-деп сұрады апам. -Иә. -Неге ойнадың сағатпен. -Ойнаған жоқпын. Тықылдап басымды ауыртып жіберді , сосын тоқтатып қояйын деп едім. -Ой , басың бар болсын сенің. Осымен сағаттың хикаясы да тәмам болды. Көктем келгелі күн ұзарған, өтіп болмайды. Шаруаға көмектесемін деп әкем де ауылдан келген жоқ. Көкемді , апамды ,ауылды сағынып жүрмін. Оның үстіне Гүлшат күнде көкесінің мойнына мініп , еркелеп , дегенін істетіп менің көзімді қызықтырады. Сабақ қашан бітеді екен деп , каникулға жете алмай асығудамын. Менің осы халімді сезді ма ,жоқ әлде мені ауылға жібергісі келмеген түрі ма Гүлшат маған: -Сен негізі Құлмағанбет көкем мен Бақтылы апамның қызы емессің ,-деді бір күні. -Қалай ? -Сен әкемнің қызысың , әжем қайтыс болғасын сені Бақтылы апама бағуға беріп қойған. Менің көзім бақырайып кетті : -Өтірік айтасың,-дедім. -Нанбасаң апамнан сұра ,-деп Гүлшат жүгіріп барып Ақпалау апама баяндап жатыр «солай ғой я, солай ғой я» деп қойып. Істің мән- жайын түсінген апам : -Ой, тұқымың жайылғыр ,-деп күлді де қойды. Негізі Гүлшат еркелеу , көп ешкім ұрыспайды , дегені әрқашан орындалатын. Ақпалау апам «иә» деп те айтқан жоқ , «жоқ» деп те айтқан жоқ. Менің көңіліме күдік ұялады. «Сонда қалай болғаны » ,біреулер ұрысқанда , қуғанда шапанына тығып алып қорғаштап жүретін еді , шынымен әкемнің қызы болғаным ба деп ойланып жүрмін. -Сен ауылға барып не істейсің , әкем бәрібір ертең қайтып келеді ғой , бармай-ақ қой ауылға. Босқа күнге күйіп, қап-қара болып кетесің,- деп қояды Гүлшат . Ойланып-ойланып не де болса , істің мән-жайына ауылға барғасын жетуді ұйғардым . Сонымен, көптен күткен каникул да жетті .Он жыл мектептің бірінші жылын тәмамдадым. Гүлшат мені ауылға апарып тастайтын болып шешкен болатын. Міне , ол күн де келді! Қуанышта шек жоқ! Қара жолдың шаңын бұрқыратып ауыл қайдасың деп тартып келеміз! ...Ауылға келгесін күдік те , басқа да естен шығып , күндер ары қарай зулап өте берді.

Қазақ тілінде жазылған