Адам қарады: 1173 | Жарияланды: 2018-04-13 02:51:39

Тастандының тағдыры

 

Бұл роман қазіргі заманның өзекті мәселесі – тастанды бала проблемасын сөз етеді. Кітаптың басты кейіпкері Гүлназира әкесінің қысымымен өз сәбиін тастанды етуге мәжбүр болады. Бақытсыз жағдайға тап болған студент қыздың өкініші бүкіл кітап бойына арқау болған. Сәбисіз ерлі-зайыптылар Төрегелді мен Гүлістанның тастанды баланы асырап алудағы әрекеттері де романда  әсерлі көрініс береді. Кітап тілі жатық, оқырмандарға зор әсер қалдырары сөзсіз.

                                               І

Алатаудың сүйірлене аспанға атылған адуынды шыңдары жылдың қай мезгілінде болмасын ақшылт бейнесінен ешқашан да арылған емес. Кей сәттерде шыңның айналасындағы қожыр-қожыр тастар мен жоғарыдан төмен қарай құлдилаған үлкенді-кішілі сайлардың кейбір бөліктері ғана қарақошқыл, көгілдір реңкке ауысып, алып таудың ажарын аша түсетіндей құбылып тұрады. Талай ғасырлардан бері шығыстан бой көрсеткен ару күнді бір орында тапжылмай жатып-ақ қарсы алып, күні бойы ғалам кезіп, кеш болса ұясына қонатын оның алтын сәулелерін бойына қаншама дарытса да көз ұшында тұрған кәрі шыңдар осынау алабажақ келбетінен айнымайды-ау. Уақытша құбылып, бір сәтке өзгере қалу жалғыз Алатауға ғана тән құбылыс болмаса керек. Жұмыр жердің бетінде орын тепкен барлық зат атаулы осындай уақытша болып жататын өзгерістерді бойына дарытатындығы табиғи жайт. Олардың түр-түсі өзгергенмен, ықылым заманнан бері табиғат тағайындап қойған орны ешқашан өзгермейді. Әсем қала Алматының осындай ғаламат та, көрікті таудың етегіне орналасқаны бұл қаланың тұрғындарына табиғаттың тарту еткен сыйы секілді боп көрінеді. Етегіндегі сыңсыған қалың орман, жоғарыдан төмен қарай жөңкіле аққан өзендер тау қойнауына саяхат жасап, дем алуға барған адамның тынысын кеңейтіп, көңілін жадыратып, еңсесін көтеретіні сөзсіз. Бірақ соңғы уақыттарда қалың орманның селдіреп, олардың кейбір ойдым-ойдым бөліктерінде алыстан қарағанда төртбұрыш қобдишаны есіңе түсіретіндей үй-жайлар қаптап, еңістен жоғарыға қарай бет алған кеңістікті бірте-бірте алып барады. Дегенмен қара орманның қатары әлі сирей қойған жоқ.

Осынау қала көшелерінің әрбір бұрышынан көзге жылыұшырай көрінетін туған табиғаттың ғажайып көріністері мұны тамашалап тұрған адамның санасына серпін беріп, жүрегіне нұр құятындығына ешкім күмән келтірмес.

          Гүлназира Алатаудың сұсты да айшықты шыңдарына жанарын бағыттап, көз алдындағы табиғат суреттерін қызықтап, балконда бірсыпыра уақыт тұрып қалды. Неткен ғажап көрініс! Біршама алыста тұрса да осынау ғажап дүниеге сүйсіне қарап, одан рухани ләззат алып, біраз уақыттан бері көңіліне жұққан кірбіңді ұмытқандай еді. Жүрекке түскен салмақты жеңілдеткен осынау әсем суретті тамашалап тұруға ол қанша уақыт болса да әзір болатын. Алайда мұндай сезім құшағында үнемі тұра беруге уақыт қайда? Адам болған соң оның өзіне тән қам-қарекеті, шаруалары бар. Солармен айналысып, табиғаттың әсем көріністерінен көз тайдыруға тура келеді. Олай етпесе, тау мен оның етегін жайлаған көл-көсір орманның қызығы да таусылып қалар ма еді, кім білсін.

           Қанша дегенмен көлденең жағынан киліккен қиялға төтеп бере алмады. Біртүрлі жабырқап, манадан бергі көз ұшындағы әсем көріністен алған жағымды әсерді бір түрткіл ой дауыл тербеген теңіздей бұлқан-талқан шайқап жіберді.

            Осыдан біршама уақыт бұрын ол жарық дүниеге сәби әкелген. Тағдырдың маңдайына жазғаны солай болды ма екен, сол өмір баспалдағын іңгәлап аттаған жас иісті әлдилеп, оған ана болу бақыты студент қыз Гүлназираға бұйырмапты. Ендігі сәтте нәрестенің шырылдаған дауысы құлағына келді. Сәлден соң бұл дыбыс көкірегін қарс айырып, санасына ши жүгірткендей болды. «Іңгә-іңгә-ің-гә-гә». Сәбидің аянышты үні Гүлназираның көпке дейін мазасын алып, дегбір тапқызған жоқ. Емшек іздегендей кішкентай қолдарын қимылдатып, аузын ашып, ана төсіне ұмтыла түсетін сияқты. «Сұмдық-ай, бетім-ай, қалай ғана қиып тастап кеттім-ау! Мен ауыр қылмыс жасадым, кешіре көр жаратқан ием. Кімге оны тастадым екен? Неге бұлай болды? Қалай ғана осындайға барып қалдым? Көке, бәріне де сіз кінәлісіз! Сіз едіңіз ғой мені осындайға мәжбүрлеген. Неге өзегімді жарып шыққан баламды тастанды еттіңіз?! Неге осындай қадамға бардыңыз, өз ұрпағыңыздың баласы сізге жат көрінді ме? Сіздің лауазымыңыз, абырой-беделіңіз бәлкім бала тағдырынан да жоғары боп көрінген шығар, сірә. Дүниеге келген әрбір сәби ең алдымен анасына қымбат екенін мен де кеш түсініп отырмын. Мен сіздің ұлдарыңыздың ішіндегі ең кенже де, ең ерке перзенттеріңіз едім ғой. Сонда менің балам сізге жат болғаны ма? Өлген адам ғана қателеспейді дейді ғой. Иә, қателестім, от бастым, сенген жігітім алдап кетті. Бірақ сәбидің не кінәсі бар еді? Тірі адамды атақ пен абыройға айырбастауға бола ма, ойлашы, көке. «Лауазым уақытша, отырған тақ ─ қолдың кірі, бүгін бар, ертең жоқ» деп отырушы еді ғой әжем. Мейлі әкесі алдап кетсе, жөнімен кете берсін. Анасы ─  мен бармын ғой. Аузыма тістеп, арқама көтерсем де, өзім-ақ жеткізіп, азамат етіп шығарар едім ғой. Сондағы тіліңізді алғаным осы ма? Не істейін енді, екі көзі қарақаттай, ақсары жүзді, сүп-сүйкімді еді-ау. Қайран ұлым менің, ендігәрі оралмастай боп, келмеске кеткенің бе?! Омырауымды бүлк-бүлк етіп еміп жатқанда қандай ғажап күй кештім десеңізші. Алатаудың басын тұмшалаған мұздақтар да күн қаншама мейірімін төксе де солай ерімес болар. Енді қазір мен кіммін, анамын ба, әлде..? О, жаратқан ие, кешіре көр мен сияқты сормаңдайды!».

          Жанарынан тарам-тарам жас парлаған Гүлназира бойын кернеген қайғы мен шерді өксумен сыртқа шығарып, төсегіне етбеттей құлай кетті. Жастығын көз жасымен бұлап ұзақ жатты. Осылай қанша уақыт жататынын кім білсін, егер радиодан бір жағымды күй тартылып, жастықтан басын көтеріп алмағанда. Өзіне бұрыннан таныс, кей сәттерде үлкен ағасы домбырада құйқылжытып орындаған сәттерде өзі де оны елтіп тыңдап, аңсары сол күйге еріксіз ауып қалатын еді. Бұл да сол өзіне етене таныс «Бозінгеннің бүлкілі» болып шықты.

Қыз інгеннің бүлкілдей желіп, қос жанарынан жас парлай ағып, санасыз мақұлық болса да ботасын жоқтап, оның қайғы мен шерге оранған бейнесін көз алдына елестетті. Қыз көңілі тағы да босады. «Жоқ, мен көзімнің жасын көл қып өмір сүре алмаймын, алдымнан қандай кедергі кездессе де сәбиімді тауып алуға міндеттімін. Өйткені мен оын дүниеге әкелген анасымын. Нәрестені тірі жетім еткім келмейді. Әкем мені ол үшін көрмей кетпес. Баламның көз жасы мені жібермейді. Тастанды болуға оның ешқандай құқы жоқ. Әкесі алдап кетсе де, анасы мен бармын, құдайға шүкір. Дұшпанкөз не десе о десін! Онда менің шаруам жоқ. Маған бала, перзент керек. Ұлымның тағдыры көкемнің абырой-беделінен кем болып па? Тәуекел, бәрін де көріп алдым!».

Гүлназира өзінің бірбеткей мінезіне салып, тастанды етуге мәжбүр болған баласын тауып алуға шынымен тәуекел еткен. Орнынан тұрып айна алдына келді. Бет-жүзін жас жуып тұр екен. Моншаға кіріп, айғыздалған дидарын сумен шайды.

Нәрестесі дүние есігін аттағаннан бері де бір жарым айдың жүзі болыпты. Сол көріністер Гүлназираның әлгі күнге дейін көз алдында. Ақ халатты дәрігерлер мен мейірбикелер, палатада өзімен қатарлас жатқан келіншектер, көше жаққа қараған терезелер ─ осылардың бәрі өтіп кеткен уақытты Гүлназираның есіне қайыра салды. Басқасы басқа ғой, бірақ шырылдаған нәрестесінің дауысы құлағынан алыстап кетер емес. Әсіресе, баласымен қоштасардағы ең соңғы сәттер оған дүниедегі ең бір азапты мерзім болып, оның көз алдында мәңгіге ұялап қалған секілді.

Қазір де осының бәрін көз алдынан өткізіп алған қыз, болса болар, болмаса қояр деген ниетпен тәуекелге бел буып, нәрестесін іздеп көшеге шықты. Осының алдында да перзенханаға баруға әлденеше рет талпынған еді. Бірақ әкесінің бейнесінен тайсалып, кері шегінген. Қазіргі сәтте екі басты айдаһар улы тілін сумаңдатса да Гүлназираның тайынатын түрі жоқ.

Соңғы кезде неше түрлі түс көріп, мазасын алып жүргені де оны әр алуан ойға жетеледі. Ақсары ма, әлде аққұба ма, әйтеуір түсіне кірген сәби жүзін тап басып анықтай алмады. Тірі жетімдіктің қамытын мойнына ілген сәби: «қайдасың, анашым, мені кімге қиып тастап кеттің, өзіңнен үзіліп түскен жұдырықтай өмір иесін тастанды еткенде қандай мақсат көздедің» деп балғын жұдырықтарын түйіп, мөлдіреген қап-қара көздерін Гүлназирадан тайдырмай, сағынышпен қарайтын секілді.

Қыз «нәрестемді біреу алып кетпей тұрғанда тез барып алып қайтайын» деген аңқау ойға санасын жеңгізіп, тезірек қимылдап көшеге шықты да көлік ұстап, өзінің алғаш рет аналық сезімін оятқан перзентханаға жүріп кетті.

Сол бір сұрғылт үйді көрген соң қыз жанарына жас үйірілді. «Шіркін-ай, одан бері де қаншама уақыт өтіп кетіпті ғой. Қалай ғана кеш қалдым екен? Сол кезде-ақ ештеңеге құлақ аспасам осындай күйге түспес едім ғой. Қайдам, жүрегім қуанбайды. Қайдасың сен, құлыным-ау?! Жүзіңді бір көріп, бетіңнен мейірлене өпсем арманым болмас еді. Мауқымды, сағынышымды бір басар едім-ау».

Гүлназира кезінде осында біренеше күн жатып, өмірге сәби әкелген екінші қабатта орналасқан палатаның терезесіне көз жіберді. Содан соң жақындап келіп, тың тыңдады. «Іңгәлаған» дауыстар терезенің арғы жағынан еміс-еміс естіледі. «Неткен бақытты жандар. Менің де құлыным сол кезде осылай «іңгәлап» анасының төсін іздеуші еді-ау. Мен қазір кіммін, сол «іңгәлаған» дауыстың иесі қазіргі сәтте қайда жатыр екен?». Гүлназираның бет-әлпеті өзгеріп, жүрегі лүпілдеп кетті. Тағы да өзіне таныс терезеге қарап, бірсыпыра уақыт тұрып қалды. Көрші палатаның терезесінен бір әйелдің жүзі көрінді. Гүлназира жалт қарады.

─ Сізге кім керек? Шақырайын ба?

─ Рахмет сізге. Жай тұр едім, ─ деді қыз жүрегі өртеніп тұрса да сыр білдірмей.

Әлгі келіншектің жүзінен қуаныштың лебі есіп тұр еді. Ол да бір жас өмірді дүниеге әкелген бақытты ана. Гүлназираның денесін қызғаныштың уытты ызғары қарып өтті. «Шіркін, аналардың бәрі де осындай бақытты болса ғой...».

«Жай адам бұл жерде осылай телміріп тұра ма» дегендей әлгі келіншек те ернін сылп еткізіп, терезені жауып алды.

Қыз аурулар қабылдайтын бөлмеге тым селқос кірді. Жүрегі өрекпіп, бір жағымсыз хабар еститін сияқты. Стол басында ақ халат киген қараторы қыз бірдеңелерді жазып отыр екен.

─ Сәл күте тұрыңызшы, ─ деді қыз бұған қарап.

Гүлназира есікті сыртынан жаба қойды. Содан соң дәрігерінің аты-жөнін есіне түсіре алмай біраз тұрды. «Кім еді, құдай-ау?». Ақыры жадына оралды. Светлана Николаевна. Иә, дәл өзі. Сары шашты, ашаңдау келген әйел.

Сәлден кейін жаңағы қыз сыртқа шықты.

─ Сізге кім керек еді?

─ Маған Светлана Николаевна керек.

Қыз «оның не қажеті болды екен» дегендей жанарын төңкеріп Гүлназираға қарап алды да, «қазір күте тұрыңыз» деп жоғарыға қарай бет алды.

Бір уақытта өзіне таныс дәрігер төмен қарай түсіп келе жатты. Светлана Николаевна «мені кім шақырып еді?» дегендей айналасын жанарымен сүзіп өтті.

─ Сәлеметсіз бе, Светлана Николаевна, ─ деп Гүлназира дәрігерге имене сәлем берді.

─ Сәлеметсіз бе? Сіз бе мені күтіп тұрған? ─ деп Светлана Николаевна «бұл кім болды» дегендей қыздың өн-өн бойына көзін жүгіртіп шықты.

─ Иә, мен едім.

Дәрігер әйел Гүлназираны әлі де танымай тұрған сияқты. Өйткені күнде мұнда қаншама адамдар келіп, қаншамасы кетіп жатады. Бәрін есте сақтау мүмкін емес қой. Мұны Гүлназира да түсінді.

Қыз сол бір өтіп кеткен кездердің оқиғасын дәрігердің есіне салған соң ғана ол «енді түсіндім» дегендей басын изеді. Гүлназира басынан кешіріп жүрген небір ыңғайсыз жағдайлардың бәрін дәрігерге түсіндіріп, содан соң мұнда келген шаруасын да айтып өтті. Дәрігер қыз жанын түсінді. Ол Гүлназираның мұңлы тағдыры туралы айтқанын ден қоя тыңдап, оның жас жуған жүзіне біртүрлі аянышпен қарады. Бұл дүниеде ананың сырын ана ғана түсінетін шығар, екі әйел заты осылай бір-бірін толық ұғынысқан соң Светлана Николаевнаның сарғыш жүзі күреңітіп кетті.Өзінің қолынан қазіргі кезде ештеңе келмейтінін айтып, басын шайқады.

─ Қайтадан нәрестемді алам дегеніңе қуанып тұрсам да, өкінішке орай менің қолымнан қазір ештеңе келмейтінін айтқым келеді. Біздің перзентханада тастаған баланы көп ұстамай бірден сәбилер үйіне тапсырады. Оны өзің де жақсы түсінуің керек. Сол кезде кешікпей-ақ беріп жібергенбіз, ─ деп Светлана Николаевна аянышты жүзбен Гүлназираға қарады.

Қыздың құлағы елең ете қалды.

─ Қайда? Қай бөбектер үйіне бердіңіздер?

─ Мен мекен-жайын берейін саған. Бәлкім бақытың жанып, нәрестеңді тауып аларсың. Менің қолымнан келетіні осы ғана, қызым.

Сүт пісірім уақыт өткен соң дәрігер әйел Гүлназираның нәрестесі тапсырылған бөбектер үйінің мекен-жайы жазылған қағазды қыз қолына ұстатты.

Гүлназира әйелге рахметін айтып, сәбилер үйін тауып алуға көшеге шықты. Көше бойындағы оқтай түзу теректің жоғары жағына көз тікті. Қос көгершін құрқылдаған дауыс шығарып, жерде тұрған қамкөңіл қызға аянышты сезімдерін білдіргендей қанаттарын желпілдетіп қояды. Гүлназира екі құсқа елжірей қарады. «Сендер мақұлық болсаңдар да, бақыттысыңдар. Балапандарыңды ешқашан да далаға тастап кетпейсіңдер» деді күбірлей сөйлеп. Ағаш бұтағынан бір жапырақ үзіп алып, айналдырып, шиыр-шиыр сызықтарға үңіле қарады. Қазір осылай көрінгенмен, жап-жасыл жапырақ енді екі-үш ай өткен соң сарғайып, солып, ерсілі-қарсылы жүрген адамдарының аяқтарының астында жаншылып, бұл дүниеден де баз кешеді-ау. Күллі өмір осындай. Өзгермелі, өткінші. Ешкім де, ешнәрсе де уақыт тегеурініне төтеп бере алмайды. Адам да солай. Өлшеніп берген өмірі біткен соң жер бетінен көшеді. Шіркін-ау десеңші, бір рет берілген өмірдің берекесін кетірмей, оны мазмұнды, қызықты етіп өткізгенге не жетсін!

Гүлназираның перзентінен бас тартатын кезде Светлана Николаевнаның соңғы рет айтқан сөздері есіне оралды.

─ Қызым, балаңды тірі жетім етпей алып кет. Бұл жарық дүниеде ананы ешкім де айырбастай алмайды. Ана болу ─ бақыт. Сол бақыттың бетінен қақпа. Мейлі әкең не десе о десін. Ашуланады да қояды. Перзентінен біржола безіп кетпейтін шығар. Әрине мемлекет жетімдерді қамқорлыққа алады. Асырайды, жеткізеді. Қанша айтқанмен анаға тең келетін ешкім жоқ.

Иә, жаңағы дәрігер әйел кезінде тура осылай деп бұған түсіндіріп еді. Амал қанша? Әке сөзінен аттап кете алмады-ау. Сол кезде қыз да көкірегіне тірелген өксігін жеңіп, басқа амалдың жоқтығынан былай деген еді:

─ Апай, маған қазіргі кезде бала керек емес. Әкемнің қалауы осындай болды. Мен бұлай етпесем әкем мені өмір бойы көрмей өтетін еді. Ол ауылдың бетке ұстар басшысы. Оның абырой-атағына кір келтіргім келмейді. «Қызы тұрмысқа шықпай бала туып алыпты» деген сөздерді ауылдастарым естісе, бұл әкем үшін өлімнен де ауыр жаза. Екінің бірі бұл оқиғаны бетіне басып, табалайды. Басшының достарынан гөрі дұшпаны көп болады. Сондықтан бұл шешімімнен бас тартпаймын, ─ деп Гүлназира да соңғы сөзін келте қайырған.

Қыз қазіргі сәтте сол шешіміне оймен барлау жасады. Қандай үстірт, тым асығыстықпен жасалған тұжырым еді. Міне, бәрі де кеш. Өткен уақытты қайтарып алу мүмкін емес. Гүлназира «уһ» деп көкірегі «қарс» айрыла күрсінді.

Іштегі қайғы мен шер мысын басып, жақын жердегі аялдамаға келді. Үміт оты әлі де санасына көмескі жарық түсіріп, баламды қайтарып алам ба деген қиял қызды алға жетелей түсті.

Автобусты біраз уақыт күтті. Қырсыққанда ол да көпке дейін төбесін көрсетпеді... Баласын біреу алып жатқандай жанарын елес тұмшалап, Гүлназираны межелі жерге жетуге асықтырды. Шыдамы шетінеп, аялдамадан жоғарыға қарай барып, такси ұстауға кірісті. Бірінен соң бірі келіп, екі жеңіл машина қыздың қасына тоқтай қалды. Қалтада ақша болса бұл жағынан ешбір қиындық жоқ. Қыз бірінші машинаға отырып кете барды. Жүре берісімен қыз жүргізушіге дәрігердің қағазға жазып берген мекен-жайын айтты.

─ Табамыз қарындас, абыржымаңыз, ─ деп шопыр газды баса түсті. ─ Тым асығыссыз ғой, қарындас?

─ Жай, бір тығыз шаруа болып қалып еді, ─ деді Гүлназира жайбарақат сөйлеуге тырысып.

Айтылған мекен-жайға келгенде Гүлназира ақшасын төлеп түсіп қалды. «Құдайым-ау, не болар екен? Баламды көріп, бетінен өбіп, сағынышымды бассам-ау. Бірақ не екенін білмеймін, жүрегім қуанбайды-ақ. Сонда не болды?». Ол балалар үйінің алдына дейін ойға шомып келді.

Есік алдында тұрған екі әйел бөгде адамды көріп, назарларын осылай қарай аударды. Сәлемдескен соң қыз келген шаруасын жеткізді. Біреуі жас шамасы отыздарға таяған, көзілдірікті, аққұба жүзді келіншек те, екіншісі қырықтардан асып кеткен қараторы әйел екен. Жастау келгені бөбектер үйінің медбикесі де, екіншісі осы үйдің бас дәрігері болып шықты. Өздерінше жұмысқа байланысты бір нәрселерді талқылап тұрса керек. Екеуі Гүлназира айтқандарын мұқият тыңдады.

─ Фамилиясы кім еді? ─ деп сұрады бас дәрігер.

─ Тұрымбетов.

Әйел бір нәрсені есіне түсіргендей ойланып қалды. Содан соң ойына бір сәтсіз оқиға оралғандай басын шайқады.

─ Жаңа есіме түсті ғой, ─ деп бас дәрігер қызға мүсіркей қарап, үнсіз қалды. Екі оттың ортасында қалғандай-ақ бет-жүзі күреңітіп сала берді.

─ Иә, иә, сол. Менің балам, менің перзентім еді... ─ деп жолы болғандай-ақ қуана сөйледі Гүлназира.

Әйел қызға қапелімде сөзін қалай сабақтарын білмей бір сәт үнсіз қалды.  Қыздың жағымды бір жауап күтіп тұрғанын ол да сезіп тұр еді. Сәлден кейін бас дәрігер даусын созып, байыппен тіл қатты.

─ Мұндай жерде шындыққа жүгінбесек тағы да болмайды, қызым. Жаңа қуанып қалғаныңды түсініп едім. Бірақ амал қанша, кеш қалдың. Балаң қазір мұнда жоқ. Осыдан бір аптадай бұрын келгеніңде... Балаңды көретін едің... Амал нешік...

Гүлназираның жүрегіне бұл сөздер ине сұғып алғандай әсер етті. Жүзі сұрланып, көзі боталап, бұрын ешқашан басынан кешіріп көрмеген ауыр сезім санасына салмақ түсірді.

─ Не дейсіз, апай? Мұнда жо-о-қ? Қайда ол, қайда беріп жібердіңіздер?

─ Айналайын, босама, босама, ─ деп бас дәрігер толқып кеткен қыздың білегінен ұстай қалды. ─ Оған біз кінәлі емеспіз, шырағым. Біздің мекемеде бала асырап алу деген болады. Әрине, біз кім-көрінгеннің қанжығасына сәбилерді байлап бере алмаймыз. Дегенмен заң бойынша жетім сәбилерді жағдайлары бар адамдарға береміз. Қазақтың баласын қазаққа беруге мүдделіміз, шетелден де келіп бала асырап алып кетіп жатқандар да бар...

─ Сонда не дейсіз, апай? Баламды шетел асырып жібердіңіздер ме? ─ деп Гүлназира өксіп-өксіп, ақыры жылап жіберді.

─ Жоқ, айналайын. Сәл сабыр етші, қызым... мен сенің жаныңды түсініп тұрмын. Балаң шетелге кеткен жоқ... Көптен бері сәби сүйе алмай жүрген қазақтың отбасына бердік. Бізде ұлың бір жарым айға таяу уақыт болды. Ерлі-зайыпты екі кісі келіп барлық құжаттарын тиісті мекемелерге табыс еткен соң бетінде меңі бар ер баланы өздері таңдап алды... Енді біз сенің балаңды іздеп келетініңді қайдан білейік... Жыламашы, қызым... ─ деп әйел жанарынан жас парлаған  Гүлназираны жұбатуға кірісті.

─ Кімге бердіңіздер, айтыңыздаршы, өтінемін. Ол менің балам ғой, оның анасы менмін, оны өзім асырауға міндеттімін. Ой, бақытсыз басым-ай, сорладым ғой.

Бас дәрігер қыздың нәрестені не үшін тастағанын және осы уақытқа дейін неге кешіккенін түсінбеді. Осы туралы ойлап тұрса да «қызды одан әрі ренжітіп алам ба» деп әйел бұл сұрақты ішінде қалдырды.

─ Сенің жан дүниеңді түсініп тұрмын, ─ деп бас дәрігер айтқан сөздерін тағы да қайталады. ─ Өкінішке орай ол кісілердің мекен-жайын беруге біздің қақысыз жоқ және де ол заңға да, адамгершілікке де сай келмейтін әрекет. Егер сен «баламнан бас тартам» деп қолхат бермеген жағдайда біз нәрестеңді осында бір жылға дейін ұстар едік. Осы мерзім ішінде балаңды қайтарып алатын едің,  ─ деп бас дәрігер «осымен әңгіме бітті» дегендей Гүлназираның жас жуған жүзіне соңғы рет қарап алды да «қош енді, аман бол!» деп есікке қарай бет алды. Медбике де Гүлназираға мүсіркей қарап, бастығының соңынан ерді.

Тауы шағылып, тауаны қайтқан Гүлназира салы суға кетіп, шаршап, пәтеріне келісімен көп ұзамай ұйықтап кетті. Қанша уақыт жатқанын өзі де шамалай алмады, көзін ашып еді, бөлме ішіне қараңғылық орнаған екен. Орнынан тұрып шамды жақты. Балконның есігін айқара ашып, бір сәт таза ауамен тыныстады. Тау жақтан ескен түнгі салқын самал мойнынан қытықтап, қолаң шашын желпіп өтті. Аз да болса пәс көңілі көтеріліп, жүзіне қан жүгіргендей болды. Алайда манағы бас дәрігердің айтқан сөздері құлағынан біраз уақытқа дейін қанышер масаның ызыңындай кетпей-ақ қойғаны. Бірақ ол кісінің қандай жазығы бар еді? Шындықты айтып, болған оқиғаның бәрін де тәптіштеп түсіндіріп бергеніне ол кісі кінәлі емес қой.

Түс мезетіндегі айшықты кеспірінен уақытша айрылып, қазіргі сәтте қарабарқын тартып, көмескі суретке еріксіз боялған Алатаудың аспанмен тілдескен биік-биік шыңдарын тағы да жанарымен тінтіп, ойға шомып ұзақ тұрды. Ол нәрестесінің қазіргі минуттағы келбетін көз алдына елестетіп, оның басқа біреулер емес, өзінің қандастарының қуанышына айналғанына іштей келісіп, оның енді өзіне мәңгіге оралмайтынын ой елегінен өткізіп, өзін-өзі еріксіз сабырға шақырды. Бұдан басқа қазіргі сәтте істейтін амалы да жоқ еді.

Түн ортасы жақындап келеді. Көше шамдары жарқырап, айналаны сарғыш сәулеге бөктіріп тұр. Таңнан кешке дейін бір тынбайтын қала көліктерінің қаралары сұйылса да, ерсілі-қарсылы ағылған мәшинелердің қозғалысының тоқтайтын түрі көрінбейді. «Бұлар күні-түні не істеп жүреді, осы» деп қыз көз алдындағы тірлікке қарап күбір етті де, ұлы ғұлама ғалым атындағы көшеге соңғы рет көз тастап бөлмеге кірді де, балконның есігін сәл еңкейтіп қойды.

Жуынып-шайынып алған соң диванға келіп қисайды. Тағы да сол ауыр ойлар. Ешнәрсені санаға ілмейін деп қайратына жүгінсе де көлденең жағынан еріксіз орағытатын неше алуан қиял қыздың мысын басып, көпке дейін кірпігін айқастыруға дес бермеді. «Осы, қазіргі заманның адамдары қалай ғана қатыгез болып барады?».

Мектеп қабырғасында жүрген балаң шағында әжесінің айтқан әңгіме-әпсаналары ойына оралды. Есінде қалғаны ─ бүкіл дүниені шарлап, аспанда талмай қалқып жүретін, әрқашан адамдарға жақсылық пен ізгілік, қайырымдылық пен рахымшылық тілеп жүретін құс бейнесіндегі періште туралы еді. Ол адалдық пен ақиқаттың ақ жолынан тая бастаған жұмыр басты пенденің құлағына қас пен көздің арасында ұшып келіп, қанатынан имандылықтың желін ескізіп: «Алла Тағалам сендерді бүкіл ғаламдағы тіршілік иелерінен ең озық, ең саналы, еш нәрсеге дес бермейтіндей ғаламат кұшті етіп жаратты. Ендеше сендер осынау жаратқан ие бойларыңа сіңірген ғаламат қасиеттің қадірі мен бағасын неге бағалай алмай жүрсіңдер? Неге сендер өздеріңді санасыз мақұлықтардың деңгейіне түсіресіңдер? Мақұлықтарды да жер бетінде өмір сүру үшін әкелген бір санат бар, ол да ─ жаратқан ие. Ол сендерді санасыздардан бөліп, екеулеріңнің айырмашылықтарыңды жер мен көктей етіп жаратқан жоқ па?! Осыған мойынсұнбай олардың деңгейінен де төмен неге құлдырайсыңдар? Неге сендер санасыздардың қатарына қосылып, тек қана өз құлқындарыңды ойлайсыңдар? Санасыз сана өз құлқынының құлы. Ол мұндай әрекеттерге өмір сүру үшін және ұрпағын жалғастыру хақында ғана барады. Басқаны олардан күту де мүмкін емес. Ал сендер ше? Екі елі өңештеріңді оттатудан басқа ізгі шаруаларың жоқ па? Ей, Адам ата мен Хауа анадан тараған адам баласы, хайуан деңгейінен де төмен құлдырамаңдар! Адам деген ардақты атты жұмыр басың жерге тигенше қастерлеп ұстаңдар. Ең бір сорақылықтарың сол, хайуан екеш хайуан да өзін-өзі әсте өлтірмейді, ал сендер болсаңдар өз бастарыңды өздерің шейіт етіп жүрсіңдер. Бұл да саналарыңның жоғары болуынан болып отыр ма? Жаратқан ие барлығыңа ырзық болсын деп жер үстіне пайда қылған. Қоршаған орталарыңа жасаған қиянаттарың ешқашан да жазықсыз қалмайды. Сендер дүниеге әкелген әрбір озбырлық түбінде келіп өзіңді табады, ал өздерің жазадан құтылсаңдар да, оның кесірі ұрпақтарыңа тиеді. Алла Тағала ұзақшыл, ол басқаға жасаған қияметтеріңді ешқашан да кешірмейді, жаманға рақым етпейді. Осыны қаперлеріңнен шығармаңдар, саналы тіршілік иелері» деп ожар ойлы кесір иелеріне әлгі құс жөн сілтеп, сыбырлап кетеді екен.

Гүлназира кезінде жастық шақтың әсерінен болар, бұл аңыздың мән-маңызын сана сүзгісінен өткізген жоқ еді. Алайда сол әжесінің айтқаны жадында берік ұялап қалған екен. Міне, енді ғана аңыздың бас-аяғын жұптап, ойына түсіріп отыр. Шынтуайтқа келгенде қыз бөбектер үйінен оралып, әбден тығырыққа тірелген сәтте санасын шайтан билеп, өз-өзін шейт қылуды да ойлаған тұғын. Балконнан секіріп, санаға салмақ болған ауыртпалықтың бәрін осылай жеңілдетсем бе деген қиял алға жетелеген. Алайда қандай бір тылсым күштің әсер еткенін бір құдай білсін, ол ойынан бірден айнып, кейін шегінгені де жасырын емес еді. Әжесінің айтқандарын есіне алып отырған Гүлназира бұл харам ойдан мүлдем бас тартты. «Өзіңді санасыз мақұлықтардың деңгейінен де төмен түсіргенім бе, сонда?» Қыз ойынан өзі шошып кетті. Дегенмен ойлай-ойлай келіп, бәрібір өзін-өзі мақұлыққа еріксіз теңеді. Оның да бұлтартпайтын бір себебі бар еді. Табиғатта көкек деген бір құс бар. Шақырғанда дауысы құлаққа жағымды естіледі-ақ. Алайда тірлігі сол даусына сай келмейтінін қайтерсің. Жұмыртқасын басқа құстың ұясында тауып «сен білмесең мен білмеймін бадырақ көз» дегендей ұрпағын ұмытып, қарасын батырып, анау құсқа салмақ салдырып, жүзін көрсетпей ұшып жоғалады. Ал енді менің сол құстан қай жерім артық. Мен де баламды тастап кеттім емес пе?».

Қыз ауыр күрсінді. Терезе алдына тұтылған перделердің саңылауларынан сығалаған көше жарығы бөлме ішіне әлсіз сәуле түсіріп тұр.

 

ІІ

 

Жайықбай Тұрымбетов өзінің қызмет кабинетінде бір нәрсені санасына пісіргендей жан-жағына терең ойлана қарап, аяқтарын санап басып, әрі-бері бірсыпыра уақыт жүріп қалды. Ауыл әкімінің кабинетінде көп жиһаз да көзге шалынбайды. Терезеге таяу орналасқан ұзынша келген күрең стол мен оны айнала қоршаған бес-бестен он орындық кабинет есігін ашқан адамның бірден көзіне шалынары анық. Төраға столының сол жағында сұрғылт сейф пен оның үстінде бірінің үстіне бірі орналасқан бірнеше папка жатыр. Төрде мемлекет басшысының портреті ілулі тұр. Есіктің оң жақ қабырғасында әртүрлі кітаптар, газет-журнал орналасқан сарғылт шкаф орын тепкен.

Міне, атағы дардай көрінетін ауыл әкімінің бөлмесіндегі бар дүние-мүлік осылар ғана.

Түскі тамақтың уақыты таяп келе жатса да Жайықбай үйіне баруға асықпады. Тағы да біраз уақыт аядай бөлмені ерсілі-қарсылы кезіп алған соң өзінің орынтағына келіп отырды. Жағын таянып, ойын әрі қарай сабақтады.

Кеңес уақыты кезінде бұл ауыл аты облысқа танымал ірі шаруашылықтың орталығы еді. Төрт түлік мал өсірді. Жылма-жыл міндеттеліп тұратын ет, сүт, жүн алу жоспарын асыра орындап, қаншама рет еңбек жеңісін тойлады десеңші... Соған орай сый-сыяпаттан да кенде болған жоқ. Сол кезде осы Жайықбай атағы айға жетіп тұрған шаруашылықтың білдей басшысы еді. Империя ыдырап, сонымен бірге басынан құс ұшырмайтын қаншама іргелі шаруашылықтардың бастарынан бақтары тайып, көбесі сөгіліп, жеке меншікке бөлініп, тарам-тарам боп кеткені де кеше ғана еді ғой. Тізгін ұстаған өзі сияқтылар майлы жіліктің басын ұстап, небір жаңа техникаларды, шұрайлы жерлерді, қора-қопсаларды өздерінің меншіктеріне қаратып алғаны жасырын емес. Ал одан төменгілер, жай қатардағы жұмыскерлер майда-шүйде, кәкір-шүкірлерге де риза болысып, бұған да тәубе еткен. Міне, сол кезде сорпаның майын бірінші болып қалқып алған Жайықбай әлі де аңыратқан аттың үстінен түскен жоқ. Бұрын шаруашылықтың директоры болса, қазіргі сәтте кетеуі кете қоймаған ауылдың білдей бір әкімі. Білімі де, тәрбиесі де, лауазымы да сол кездегіден кем емес. Кейін ірі қожалық құрып, шаруасын дөңгелетіп, қыруар қаржыны еселеп тауып отырған жайы бар. Облыс орталығынан да сауда нүктесін ашып, отбасын, туған-туыстарын, бала шағаларын жарылқап келеді.

Кейін совхоз тараған кезде кезде ауданға, сосын облысқа шапқылап жүріп бұрыннан келе жатқан ауылдық кеңестің  төрағасы лауазымында отырған біреуді әйтіп-бүйтіп жүріп орнынан алдырып, жұмсақ креслоға өзі жайғасып, ақыры мақсатына жеткен-ді. Талай жылғы тақтан айрылу кімге болса да жақсы әсер етпейді екен. Екі жылдай уақыт мойны салбырап, салы суға кетіп, әбден жүдеп те кеткен тұғын. Алайда «тоқпағың мықты болса киіз қазық жерге кіреді» дегендей тамыр-таныстық арқасында айы оңынан туып еді.

«Е, зымыраған уақыт-ай десеңші. Содан бері де оннан астам жыл өтіп кетіпті-ау. Совхоз тарағанда сандалып не істерін білмей жүрген жұрт әрең есін жинап, жаңа қоғамға да үйрене бастады. Ең бастысы халықты шет қақпайламай өзіңнің қасыңа топтастыра білу керек екен. Сонда ғана ел сеніміне ие боласың. Шектен шыққан жеке бастың амбициясының да түкке қажеті жоқ екеніне көзім жетті. Халыққа жайлы болсаң, олардың мақсатын орындауға күш салып, мүдделерін қорғай білсең, олар да сені сыйлайды, қажет кезде олардың қолдауына ие боласың. Басшы қызметкер үшін бұдан асқан қандай бақыт болмақ. Бірақ анау Гүлназираның жағдайы... Досқа күлкі, дұшпанға таба болмау үшін оның да ебін таптым. Дегенмен оған зорлық жасадым. Баласынан айырдым. Мүмкін асығыстыққа барып, дұрыс жасамаған да шығармын, ә? Қазір қандай күйде жүр екен?»...

Жайықбай соңғы уақыттарда осындай ойларға жиі берілетін болған. Баяғы совхоз директоры боп тұрған кездегі шамадан тыс тәкаппарлық, ұланғайыр сес қазір жоқтың қасы. Пайғамбар жасына келіп, ақыл тоқтатқандықтан шығар, сірә.

Отағасы соңғы кездерде ауылдастарының қамын да жиі ойлай бастаған-ды. Ауыл әкімдігінде қаржылық мүмкіндік шектеулі болса да, жағдайы келгенше мұқтаж адамдарға қол ұшын созып та жүр. Жастарға арналып салынған екі-үш үйдің құрылыстары бітуге таяу. Құдай қаласа осы күзде үй иелері қоныс тойын атап өтпек. Қанша дегенмен бұрынғыдай ағыл-тегіл жағдай қазір жоқ. Әрбір тиынды үнемдеп жұмсайтын уақыттың келіп жеткені қашан.

Ол есеп-қисап журналын қарап болған соң орнынан тұрып, терезеден сыртқа көз жіберді. Көз ұшындағы салынып бітуге таяу үйлерді шолып өтіп «құрылыс қарқыны жаман емес» деп іштей өз ісіне өзі риза боп қалды.

Жайықбай кабинетінен шықты. Хатшы қыз бастығын күтіп отыр екен.

─ Әбедке бара бермедің бе? ─ деп Жайықбай қызға қарап жымиды.

─ Сізді күтіп...

─ Бара бер, айналайын. Сендердің үйлеріңнің құрылысы бітіп келе жатыр. Құдай қаласа күзде дайын болады.

Хатшы келіншектің жүзінде қуаныш лебі ойнап шыға келді. Өзі де осы туралы сұрауға бата алмай жүрген еді.

─ Рахмет, аға. Біз де соның тез бітуін күтіп жүр едік.

Биылғы ыстық Бетбақдала өңірінде бұрын-соңды болмаған шығар. Жайықбайдың есінде жоқ.

Аспаннан бір тамшы ылғалдың түспегеніне міне, екі аптадан асты. Жасаған иенің осыншама не үшін қырсыққанын бір өзі білмесе, басқа ешкім де тап басып айта алмас. Бұл қуаңшылыққа қарағанда биылғы жем-шөптің жағдайы қалай болар екен? Жайықбай «тағдырдың басқа салғанын көрерміз. Малға азық жетпесе басқа жақтан көмек сұрап, бірдеңе етіп қыстан шығармыз» деп іштей өзін-өзі жұбатты.

Ауыл әкімінің ақ «Волгасы» ауылдың орталық көшелерінің бел ортасында орналасқан еңсесі биік үйдің алдына келіп тоқтады. Совхоз директоры болып, тасы өрге домалап тұрған кезде кірпіштен өріліп тұрғызылған үйінің еңсесі содан бері қаншама жылдар өтсе де, төмендей қоймаған. Алты бөлмелі үйімен бірге моншасы, гаражы, жаздық ас үйі, тыста ас ішіп, дем алатын сәкісі, құс қорасы, мал қорасы және де басқа заттар сақтайтын жайлары тағы бар. Бұл үйді көргендер де, көрмегендер де арманда.

Дарбазаның есігі ашық тұр. «Үйде біреу бар ма?» дегендей Жайықбай веранданың терезесінен ішке көз тастай өтті. Ешкім жоқ екен. Дастархан қамдап жүрген әйелі Ханымгүл ғана күйбеңдеп іште жүр.

─ Дарбазаның есігін неге жауып қоймайсың? ─ деп отағасы әйеліне міңгірлеп өтті.

─ Жаңа су таситын жігіт келіп, ыдыстарымды суға толтырып кетіп еді. Сол ыдыстарды үйге тасып үлгергенім осы ғана. Енді тамақ пісіріп, дастархан жаюға кірістім. Ұмытып кеткен шығармын.

─ Жарайды, ол да мүмкін, ─ деп ыстықтаған Жайықбай жейдесін шешті. ─ Мына күн жер дүниенің бәрін күйдіріп барады. Жарықтықтың бір тамшы сыйлайтын күні бола ма?

─ Е, жарайды. Көктен соншама түңіліп не болды? Үнемі осылай қақтап тұрады дейсің бе? Ертең-ақ шелектеп құйып берер, ─ деп Ханымгүл малының ертеңгі жағдайын ойлап қобалжып тұрған күйеуін жұбата сөйледі.

─ Лайым солай болғай. Бұрынғылар осындайда құран оқытып, қара қой сойып, тасаттық береді деуші еді. Осындайды өзім көрмесем де әке-шешем кезінде айтып отырушы еді. Мүмкін құрбандық шалатын шығармыз, ─ деп Жайықбай әйеліне қарады. ─ Осыған қалай қарайсың?

─ Бұл да дұрыс нәрсе екен, ─ деп әйелі басын изеп, күйеуінің сөздерін құптады.

─ Е, айтпақшы, түсіме қызым кірді. Гүлназирадан хат-хабар келген жоқ па? Жалғыз қызымыздан айрылып қалмайық, кемпір. Қыз жолы жіңішке ғой.

─ Иә, түсіңе дұрыс кірген екен. Мен де ұмытып барады екем. Азанда одан хат келген. Өзі оқысын деп ашпап едім... ─ деп Ханымгүл барып төртбу хатты алып келіп, стол басына жайғасқан Жайықбайдың алдына тастады. ─ Қарашығым, қандай күйде жүр екен? Жағдайы жақсы болса игі еді.

Жайықбай конвертті мұқият ашып, маржандай тізілген жазулары бар қағазды алып шығып, ішінен оқи бастады. «Аман-есенсіздер ме, көке? Бұл хатымды тек өзіңізге ғана арнап жазып отырмын, өйткені мамам оқыса жүрегі ауырып қалатынын білемін. Мен аман-есен жүріп жатырмын. Бірақ одан маған келіп-кетіп жатқан ештеңе жоқ. Абырой мен беделіме нұқсан келеді деп сіз менің жүрегіме жазылмайтын жара салдыңыз. Мейлі қателессем қателескен шығармын. Бірақ баламды тастаймын деп ойлаған жоқ едім. Осындай қадамға баруға сіз мәжбүрледіңіз. Сіздің тіліңізді алып, ақыры сорлап қалғанымды кеш түсіндім. Түсіме нәрестем жиі кіріп, мазалап жүр. Кірген сайын ол мені қолдарын қимылдатып өзіне шақырады да жатады. Бірақ мен оған қаншама ұмтылсам да жете алмай әбігерге түсемін. Кейде екеуміздің ортамызда асқар-асқар тау тұрады, енді бірде айдын шалқар көл жатады. Бірнеше күн бұрын нәрестемді іздеп бөбектер үйіне бардым. Тәуекелге бел будым, бір күш алға итерді. Кеш қалыппын. Сәбилері болмай жүрген ерлі-зайыпты алып кетіпті. Сол кездегі менің көңіл-күйімді көрсеңіз... Сіздің бір жылға жалға алып берген пәтеріңіздің мен үшін ешқандай панасы болмай қалды. Жылуы да жоқ, қуаныш та сыйламайды. Керісінше төрт қабырғасы мені төрт жақтан қысып тұратын секілді. Мені ана еткен нәрестемнен мәңгіге айрылдым. Дүние-мүлік, атақ пен абырой адамды ешқашан да айырбастамайтынына көзім жетті. Ол да қолдың кірі секілді. Бүгін бар, ертең жоқ. Мен адам баласынан қымбат бұл дүниеде ештеңенің жоқ екенін енді ғана түсіндім. Соңғы кезде баламды ойлап еңіреймін, етегім жасқа толады. Көке, сіз неге осыншама қатыгез болдыңыз? Мен сізді осы уақытқа дейін түсінбей келген екенмін. Басқа не айтам. Сіз менің көңіл күйімді біліп жүрсін деп бұл хатты әдейі жазып отырмын. Егер балалар үйіне бармасам бұл хат жазылмайтын ба еді, кім білсін? Ойымды ашық білдіргеніме кешірім сұраймын. Мамама, аға-жеңгелерім, іні-сіңлілеріме дұғай сәлем. Өзіңіздің Гүлназираңыз».

─ Мына қыз қалай көсіледі, ей, ─ деп бұрын-соңды мұндай турашылдықпен бетпе-бет кездеспеген Жайықбай өңі күреңітіп, біртүрлі тосылып қалды. «Өзіңнен шыққан перзентіңнің өзіңе ақыл үйретіп, турасын айтатын заман қашан келіп жеткен? Әуелі өзінің қара басын алып жүрсінші. Бұған байсыз баланың керегі не еді, құдай-ау! Қателестім дейді. Сонда ол бала асырай ма, әлде оқуын оқи ма? Түсінбедім. Әлде бізге әкеліп бермек пе? Сонда бұл туралы ел-жұрт не демек? Жайықбай мен Ханымгүл жалғыз қыздарын тәрбиелей алмапты деп дұшпанкөз бәленшесін ашып күлмей ме? Олай болатынын білгенде аяқтарын аңдап басып жүрмеді ме? Жігітті жетектеп апарып берген мен емеспін? О несі, әй!». Жайықбай іштей түтігіп отырса да, сабыр сақтап, ашуын сыртқа шығармауға тырысты. Алдындағы бір парақ қағазды «енді сен оқы» дегендей әйелінің алдына ысыра салды. Ханымгүл де хатты оқып шығып, қызының жағдайына көңілі босап, көзіне үйірілген жасты сүртті. Гүлназираның жазғандары ана жүрегін тілгілеп, еріне деген наразылығын түйілген қабағымен, аларған жанарымен білдірген болды. Көп ұзамай күйеуіне деген наразылығын сыртқа шығарды.

─ Кезінде айтып едім ғой саған, жұрт не десе о десін, баласын бауырымызға салып алайық деп. Гүлназираның өзі ішімізден шыққанда одан туған сәби жат болып па? Сендердің, еркектердің жүректері жүрек емес ─ тас, қандарың қан емес ─ су, ─ деп Ханымгүл осы жолы қатты кетті. ─ Қызым дұрыс жазып отыр, бәріне кінәлі сенсің. Бұл жалғанда кім қателесіп, кім от баспайды дейсің. Гүлназира да сондай қателікке ұшырады. Сол баяғы балаң махаббат, жігіттің сырт келбетіне қызығушылық. Бұл жерде нәрестенің ешқандай кінәсі жоқ. Атақ-абыройыма кір келеді деп періште сәбидің обалына қалдың. Сені сол үшін ешкім де қызметіңнен алып тастамайтын еді ғой. Ел-жұрт пыш-пыштап, шаршаған соң қоятын еді. Осы уақытқа дейін өзімдікі жөн деп келген басың, осы жолы оңбай қателесті, Жайықбай. Кім біледі ол сорлы баланың кімдердің қолына тап болғанын. Жақсы адамдар болса көріп-білмесек те бізге де құдай оң көзімен қарар. Енді біз үшін қалғаны сол сәбидің тілеуін тілеп отыру. Бұдан басқа біздің де қолымыздан ештеңе келмейді. Біреулер мойындарына бұршақ сап өмір бойы Алладан сәби тілеп өтеді... Ал сен... не істедің? Қызым дұрыс айтады. Атақ, байлық қолдың кірі. Ертең тақтан ұшсаң ешкімге де керегің болмайды. Осы қашан да есіңде болсын. Ал адамды адам ешқашан да айырбастай алмайды. Әркімнің бұл дүниеде өз жолы, өз тілегі бар. Тек құдай кешірсін деп тіле.

         ─ Тәйт, әрі, ─ деп онсыз да сіркесі су көтермей отырған Жайықбай ызаға басты. ─ Байлық деген қолдың кірі дейді? Ендеше талай жылдар бойы жинаған несібемізді бір күн ішінде кір сияқты жуып жіберейік. Сен де алжаса береді екенсің! Қазіргі заманда әрбір пенденің көздегені байлық пен атақ. Қалтаң таяз болса сені ешкім де керек қылмайды. Бірінші кезекте тақ, содан соң соның арқасында келетін ақша, байлық. Дүниенің бәрі де, тіпті адамның ары да ақшамен өлшенетін уақыттың келгенін білмей отырсың ба? Ұлы сөзде ұят жоқ. Тіпті қазіргі кезде әйелдердің сезімі де сатулы! ─ деп Жайықбай осы

жолы артық кеткенін сезе қойып, бірден баяу сөйлеуге тырысты. — Әрине, Гүлназираны айтып отырғам жоқ. Ол қыздың қателескені рас. Бірақ некесіз туған баланы қалай аламыз, өзің ойлашы, қатын-ау? Қазіргі уақытта біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді. Біздің қыз тойып секірді. Әкесі жарымаған болса үлкен қаладан оқымақ түгіл, мынау тұрған облыс орталығына да барып- қайта алмас еді. Оқудың бағасы да қазір удай. Жүр ғой ақшасы жоқтар мұнда сеңдей соғылысып. Жұмыстары жоқ, жұмыстары болмаған соң ақшалары да жоқ. Ал, біздің қыз басына қонған бақты көтере алмады. Оқуы да тегін, грантта. Оқуын бітіріп алмай басқасында не шаруасы бар еді? Ауылда жұмыс табылмаған кейбіреулері қала базарларында тәшкі сүйреп жүр. Кейде сен де босқа сандырақтап кетеді екенсің, Ханымгүл. Жұрттың қызымыз туралы білмегені бізге жаман болды ма? Өсек-аяңсыз, тып-тыныш отырған жоқпыз ба, міне. Ертеңгі күні жас сәби осында келсін-ақ делік. Көзіңе әке-көке деп тұратын жасырын дұшпандар ертеңгі күні «Жайықбай мен Ханымгүлдің жалғыз қызы Алматыда оқып жүріп байсыз бала тауып алыпты, масқара ғой. Қыздарын дұрыс тәрбиелей алмаған ба?» деп пәленшесін ашып, күлсін келіп. Мұндай сөздерді естігенше өлгенім артық! Үйде отырған мына саған бәрібір сияқты. Ал бір ауылды басқарып отырған мен ел бетіне қалай қараймын? Осы жағын ойладың ба? - деп Жайықбай сөзінің соңын дауыс көтере аяқтады.

         Отағасының бір мінезі - ұнамаған сәттерде жауабын қатты-қатты айтып тастап, сосын бірден сабасына түсіп, сабырлы қалыпқа енетіндігі еді. Ендігі сәтте егіліп жылап отырған әйелін аяп кетті. 

         – Қой енді, соншама көзіңнің жасын төгіп не болды? Жаман ырым  бастама.  Болар іс болды. Өтіп кеткен уақытты кері қайтаратын құдірет жоқ. Осыдан  былай жалғыз қыздың тілеуін тілеп отырайық.

         Қанша дегенмен іштен шыққан шұбар жылан емес пе. Ананың жағдайын тек ана ғана түсінеді. Ханымгүл көпке дейін жан толқуынан айныған жоқ. Еріне өзінің езілген ішкі сезімін сездіргісі келмесе де, бозарған жүзінен, жасы тиылмаған көздерінен Жайықбай  жұбата сөйлесе де әйелінің көңіл-күйінің мәз болмай отырғанын іштей сезіп отыр еді.

         Ерлі-зайыпты дастарқан басында өткен әңгімені іштей саралап, тамақтарын үнсіз ішті. Сәлден  кейін Жайықбай бөлме ішіне орнаған меңіреу тыныштықты өзі бұзды.

         – Анау үлкен ұлды, Жомартты Алматыға жіберсек қайтеді кемпір? Барып Гүлназираның жағдайын біліп келсін. Мен ішімнен осындай түйін жасадым. Ол қыздың бір жылдық академі де бітіп келе жатыр. Қоңыр күзде үзілген сабағын жалғастырады. Әрине ол ақшадан тарығып жүрген жоқ. Ай сайын алып тұратын қырық мың теңге өзіне еркін жетеді ғой. Ал пәтерақысы төлеулі. Мерзімі біткен соң қайтадан жатақханасына ауыса жатар, - деп Жайықбай «сен не дейсің» дегендей әйеліне қарады.

         – Біздің мұнда ештеңені білмеген-сезбегендей үнсіз жатып алғанымыз біртүрлі жараспайды-ақ. Басқа біреу емес, өз перзентіміз. Бұл дүниеде кім қателеспейді. Қазаға ұшыраған ғана қателеспек емес. Тірі жанға қашанда кешіріммен қарап, оның жағдайын түсіне білу керек. Жаңағы соңғы айтқаның көңілімнен шықты. Бірақ Жомарттың қауырт шаруадан қолы босай қоя ма? Қыруар малға кім иелік етпек? Қожалыққа бас-көз боп отырған сол емес пе. Көп ұзамай шөп дайындау науқаны да басталады. Ол қиын да, қауырт жұмыс. Одан Жомартты жұлып алғанымыз дұрыс болмас, Жайықбай.

         – Сонда не дейсің?

  • Қызымның жағдайы маған өте ауыр тиіп тұр. Жүрегімді қанжылатуда. Өзім де оны қатты сағындым. Жомартты орнынан қозғағанды қойып, өзім  барып келсем бе деген менде ой туып отыр, Жәке, - деп Ханымгүл де күйеуіне сұраулы жүзбен көз салды.

         Әйелінің сөзі Жайықбайдың да ойынан шыққан сияқты. Бұл туралы отағасының кәперіне кірмеген екен. Ханымгүлге бажайлай қарап, Жайықбай сөзін әрі қарай сабақтап кетті.

         – Бұл тіпті дұрыс шешім екен,- деп отағасы қуанғанын жасыра алмай. - Шәйімді қайнатып, кір-қоңымды жуып беріп отырған соң сен туралы ойламап едім, - деп күлді Жайықбай. - Әлгі қазақтың «отыз ұлым болғанша, осырақ шалым болсын» деген мәтелі еркектерге де қатысы бар-ау деймін. Сені үнемі қасымнан көргім келетіні рас, кемпір. Бірақ бес-алты күнге бола жүдеп кетпейтін шығармын. Сен де бойыңды жазып, қаланы көріп, қыдырып кел. Расында да Жомартты жұмыстан алғанымыз дұрыс болмас, - деп отағасы әйелінің ұсынысын түбегейлі қолдады.

           Мен де осы жағдайды ойлап отырғам...

         – Жарайды. Бұнымыз соңғы шешім болсын деп есептейік. Бұрынғы совхоздың бас агрономы, қазір білдей бір фермер Жомарт бір күн болмаса жұмыс тоқтап қалады. Ондайға жол бермеуіміз керек, - деп Жайықбай бұл әңгімеге нүкте қойды.

         –  Звондап әуелі қыздың жағдайын біліп алсақ қайтеді?

         –  Немізбен звондаймыз? Бұл жерден сотка да алмайды. Жақында тұрған қара дауыл байланыстың бәрін үзіп кетті емес пе? - деп Жайықбай әйеліне таңдана қарады.

         –  Білем. Аудандағы ұлға барып, сол жерден звондағанымыз жөн шығар?

         – Бәрін де реттейміз кемпір, абыржыма. Әуелі молдаға құран оқыттырып, тасаттық беріп, мынау Алланың алаулаған ыстығының бетін қайтарайықшы. Құдай оң көзімен қарап, тіршілік атаулыға ылғал сыйлар.

         –  Бұл да білгенің екен, - деп Ханымгүл осының алдындағы тасаттық туралы әңгіменің іске асайын дегеніне күйеуіне іші жылып қалды.

         Жайықбай түстен кейін қожалығына барып, бір семіз қара қойды мәшинесіне тиеп алып келіп, малқораға қамап қойды. Қорада мал болмаса да Жайықбайдың үйінде жем-шөбі әрқашан дайын тұратын.

         Кешке дейін отағасы қағаз жазып, біраз уақытын анау-мынау шаруаларымен өткізіп алды.

         Дастархан басындағы ерлі-зайыптылардың әңгімелері өздерінің бала шағалары туралы өрбіді. Бұлардың үш ұл, бір қызы бар. Бірінші ұлы  - Жомарт. Совхоз тараған кезде біраз дүниені уысынан шығармаған Жайықбай осы ұлына біраз шаруаның тізгінін ұстатып, осыдан жиырма-отыздай шақырым жердегі бұрын совхоздың белді бір шопаны иелік етіп келген мал өрісі кең, шөбі шүйгін жайлауды бір өзіне тапсырған. Содан бері де талай жыл өтті. Төрт түлік малдың саны артып, қазір аудан түгіл, облыс деңгейіндегі әйдік шаруашылыққа айналған. Жомарт фермер болғанымен, оның бас-көзі осы Жайықбай еді. Күнделікті сүті де, майы да, еті де шаруашылықтан келіп тұрады. Сондықтан да Ханымгүл үйде мал ұстап, сиыр саумағалы да біраз жылдың жүзі болған. Тек үй шаруасы мен күйеуінің күнделікті мұқтаждарын өтеумен ғана уақыты өтіп жатыр. Алматыдағы қызыма өзім барып келейін деп ұсыныс білдіргені де осы себептен еді. Бір жылға қоян терісі де шыдайды дегендей бір аптаға келінін - Жомарттың әйелін уақытша қойып кетсе де жетіп жатыр. Осы мәмілемен екеуі де келісті.

         Бұлардың екінші ұлы да аудан орталығындағы қаржымен байланысты бір мекемеде лауазымды қызмет атқарады. Кезінде ол да Алматыда жоғары оқу бітірген. Екеуі де үйлі-баранды. Жайықбай мен Ханымгүлге екі- екіден төрт немере сүйгізіп отыр.

         Үшінші ұлдары Гүлназирадан екі жас үлкен. Ол да университет бітіріп, Жайықбайдың қарсы болғанына қарамай әскерге кеткен. «Сенің балаларыңның бәрі әскер бетін көрмейтін әйел ме еді? Тым болмаса бір әулеттен мен барып келейін де» деп әкесінің қарсылығына қарамастан өз бетімен әскерге аттанған. Өзі алыста да емес. Көрші облыстағы бір әскери бөлімшеге барған. Жайықбай өткен қыста кенже ұлына барып та қайтып еді. «Бәрі жақсы, қызметі ойдағыдай өтіп жатыр екен» деп әкесі қуанып келген. Құдай қаласа биыл күзде оралады. Кенже ұлын үйлендіреміз деп жинап қойған дүниелері де бірқауым. Сөйлесіп жүрген қызы да облыс орталығынан оқуын бітіріп келіп, қазір ауылда мұғалім боп қызмет атқарып жүр.

         Үш ұлына көңілдері толып, тоқмейілсіп отырған Жайықбай мен Ханымгүл қыздарына келгенде ауыздарына құм құйылғандай күмілжіп, үндемeй қалысты. Екеуі де жалғыз қыздарының тағдыры осылай болады деп әсте ойламаған еді.

         – Мен ана қойды көріп келейінші,- деп Ханымгүл орнынан тұрып сыртқа беттеді. Сәлден кейін әйелі қайтып келді. - Ана қара қойың іші-бауырын тартып, қырсығып шөп жемей тұр. Әкеле сала сойып тастағанда дұрыс болатын еді. Бір санын құран оқыған молдаға беріп, өзімізге бір сан, бір қолын қалдырып, қалғанын аудандағы ұлға апарып берейік. Оларға да бармағанымызға біраз уақыт боп қалыпты ғой...

         Е, олар азықсыз отыр дейсің бе? Салық инспекциясында істейтіндер қашан отқа қарап отырушы еді, - деп Жайықбай мырс етіп күліп алды. - Апарсақ апарайық. Мен соңғы кезде ұмытшақ боп барамын. Қан қысымы әсер ететін болуы  керек, шамасы. Қойды әкелуін әкеліп алсам да, соның бар екенін ұмытып кетіппін, - деп Жайықбай ұмытшақтығын мойындағандай болды.

         – Мен де соныңды байқап жүрмін. Күн батпай тұрғанда сойып таста. Расында да Алла разы болып, жаңбыр берер, - деп Ханымгүл веранданың үлкен терезесінен аспанға қарады. Көкте бір қиқым бұлт жоқ, мұхит айдынындай көкпеңбек боп мөлдіреп тұр.

         – Иншалла! Мен уақытты оздырмай бұрыннан молдалығы бар анау шалды қазір барып алып келе қояйын, - кешкі асын ішіп болған Жайықбай қолдарын дереу шая салып, жүруге ыңғайланды. 

  • Ойбай-ау, Жайықбай, алдын ала айтар сөзімізді келісіп алмасақ болмайды. Ол шал «қыздарыңның жағдайы қалай, оқуда ма» деп сұраса не деп айтамыз? -  деп Ханымгүл дегбірсіздене сөйледі.

         Жайықбайдың кәперіне бұл уәж де кірмеген сияқты. Аз-кем ойланған соң әйтеуір айтар сөзін тапты-ау.

  • Студенттер жазда не істеуші еді? Практикада жүр демейміз бе? Одан басқа не деп айтуымыз керек еді? Осы дұрыс сияқты.
  • Ендеше мен үндемей-ақ қояйын. Шалдың сұрағына өзің жауап бергін.

         Көп уақыт өтпей Жайықбай ауылда мешіт салынбаған кеңес уақыты кезінен бері құран оқып, жаназа шығарып, өлім-жітім болған кезде соның жуан ортасында жүретін, жасы сексенді алқымдап қалған, күмістей жылтыраған қауға сақалды, сарғыш жүзді, бір аяғын сылтып басатын, бірақ жүріс-тұрысы әлі де ширақ қарияны алып келді.

  • Қалай, аман-есенсіңдер ме, қызым. Тасаттықтарың қабыл болсын,- деп ақсақал бір ауылда тұрып жатса да көп уақыттан бері көрмеген Ханымгүлге сәлем беріп, амандық саулық тіледі. - Жарықтықтың күні де айналып жерге түсетіндей қайнап-ақ кетті ғой. Е-е-е, Алла жар болсын.

         Қара қойдың кесерге қарасы жоқ тым семіз екен. Онысы сыртынан да білініп тұр. Жүрген сайын мойнынан бастап, құймышағына дейін ірк-ірк етеді. Жайықбай көп қараның ішінен осыны таңдап алған. Қателеспеген  екен. Семіздің сегіз қасиеті бар дегендей, жиналған жұрттың мақсаты соның бір қасиетін талай уақыт өзгермей, бір тамшы жаңбыр сыйламай тұрған мөлдіреген көк аспанға бағыттау еді. Жайықбай қара қойды шіреніп, тартыншақтағанына қарамастан бір қолымен тамағынан қапсыра ұстап, екінші қолымен құйрығынан демеп, үй алдындағы алаңқайға әкеліп, басын құбылаға қаратқан соң үйінің қабырғасына тіреле орналасқан отырғышта отырған қарияға «ал оқыңыз» деген ишара жасады. Молда құран оқып болған соң, көктен ылғал тілеп, ел-жұрттың аман болуын тілеп, Алладан рахым сұрады.

         Отағасы қойды шайқайнатым уақытта жәукемдеп тастады. Содан соң тықыршып, асығып отырған шалға қарап:

–  Аға, мына қойдың басын мүжіп кетіңіз, - деді.

  Айналайын, ниетіңе рахмет. Қазір көрші ауылдағы ұлым келіп алып кетуші еді. Баласы ауырып қалыпты. Сол немеремді ушықтап берейін деп асығып отыр едім. Үйге келіп мені күтіп те отырған шығар.  Басын мүжімесем де, бір құдай айтқанымды жерге тастамас деп ойлаймын, қарағым. Бұл да бір білгенің екен. Қайда жүрсек те Алланы ұмытпағанымыз жөн ғой. Қалай, бала-шағалар аман-есен бе? Жалғыз қыздарың Алматыда оқуда деп естуші едім. Кәникөлге келген жоқ па? - деп шал айналасына көз сүзді.

– Иә, оқуда. Бірақ сол жақта практикада жүр, - деді Жайықбай қара қойдың қанына боялған қолын қолжуғышқа жуып тұрып.

– Е-е. Жастардың оқып білім алғаны жақсы ғой.  Қазіргі зaман да терең

білімділікті талап етеді. Бір жаманы оқу ақысы жылдан-жылға өсіп барады деп жүр ғой жұрт. Осы дұрыс болмады. Менің бір немерем де өздерің білесіңдер ақша төлеп оқып жатыр. Әкесі жылына бір жылқысын сатады,- деп қария басқа ештеңе сұрап жатпады.

         Ақсақалдың тым асығыс екенін ескеріп, Ханымгүл лезде дастарқан жайды. Молда түстен қалған еттен ауыз тиіп, ас батасын қайырды.

  • Сіздің бір батаңыз бір қойлық,- деп Жайықбай шалдың игі тілегіне риза боп қалды. Содан соң әйеліне қарап, - ағамызға қойдың басын, бірер жілігін салып бер, - деді.

         Ертеңінде Жайықбай жұмысында біраз уақыт болып, түстен кейін ауданға жүретінін қызметкерлеріне ескертіп кетті.

         Әйелі екеуі арасында өрбіген әңгіме кеше кешкілік қара қойға құран оқыған қарияның төңірегінде өрбіді.

  • Аузы дуалы кісі ғой. Оқығанынан тоқығаны көп осындай зиялы

 жандардың қатары да сиреп барады. Айтар әңгімесінің өзі бір шежіре дерсіз. Онысын айтқанда да майын тамызады ғой, шіркін. Аузыңның суы құрып, бар ынтаңның бәрі сол кісінің айтқанына қалай ауғанын сезбей қаласың. Байларды тәркілеген жиырмасыншы жылдардың соңында туған екен. Содан ашаршылық басталып, әке-шешесі шейіт болып кетеді. Үш-төрт жастағы сәбиді аштықтан аман қалған бір туыстары өлім тырнағынан алып шығып, өсіріп–өндіріп, жолға салған екен бұл кісіні. Әлгі «қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген мәтел бар ғой. Бала-шағаларының тілеуі шығар, әйтеуір құдайдың қолдауымен осыншалыққа жетті ғой ағамыз. Бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Немерелерінің алды міне университет бітіргелі таяп қалды. Адамға жамандық ойламайтын, қайта біреудің қайғысын өзінікіндей сезінетін өте бір мейірімді, ақылды кісі. Кезінде совхозда бригадир де болды. Жұмыс жағына да мығым, өз ісіне зор жауапкершілікпен қарайтын тәртіпті кісі. Өсек сөзге де жоқ.., - деп Жайықбай молданың жақсы қасиеттерін тізбелеп айтып бара жатыр еді, Ханымгүл күйеуінің сөзін бөлді.  

  • О жағын мен де білем. Мақтауға тұратын адам екені рас. Айтқан тілегі орындалса жақсы болар еді. Шіркін-ай, жаңбыр шелектеп құйып берсе ғой. Әркімнің көкейінде жүрген ой осы. Шөп атаулы қурап қалса, қыста тебіндіктің де болуы екіталай. Қыруар мал қыста қолға қараса күніміз не болмақ? Шал-ау, сен осыны ойлап отырсың ба?
  • Ойламағанда ше? Жалғыз сен ғана ойлаймын дейсің бе? - деп Жайықбай әйеліне қарап жымиды. - Осы шалдың айтқан тілегі таза болса, жақын арада -ақ жаңбыр құйып берер. Оның айтқанының жүректен шыққанына ешбір күмән келтірмеймін. Аспанның бұлт торлай бастағанын көп ұзамай көретін боласың, - деп Жайықбай да бәрін алдын-ала болжап тұрғандай нық сөйледі.
  •  Ол кісінің айтқаны емес, Жәке, сенің айтқаның келетін сияқты ғой,- деп Ханымгүл күліп жіберді. - Лайым солай болғай.

Көп ұзамай ерлі-зайыпты тез жиналып, аудан орталығына тартып кетті. Сонда тұратын ұлдарына қара қойдың бір сан, бір қолын алды. Бір жағынан немерелерімен қауышқалы бара жатса, ендігі бір себебі сол жерден Гүлназираға звондап, оның хал-жағдайын білу еді.

Жол үстіндегі екеуара әңгіме жалғыз қыздары Гүлназира туралы болды. Aна жүрегі тағы да қобалжып қоя берді.

  •  Оқуы басталғанша үйге алып келіп, қасыма отырғызып қойғым келеді. Шынымен осындай ойда жүрмін. Қызды қашанғы біреудің үйіне қамап қойып отырамыз? Құдайшылығыңды айтшы Жайықбай, осылай істеуге бола ма? Азаматым болған соң сені сыйлаймын, абырой-беделіңе кір келмесін деймін. Бірақ қанша дегенмен оның да жағдайын түсінген жөн бе деп ойлаймын...
  •  Қойшы енді қайта-қайта қақсай бермей, - деп Жайықбай әйеліне жақтырмай қарады. - Шынымды айтсам осының бәрі менің де жүйкеме тиіп жүр. Мен ол туралы ойламай жүр дейсің бе? Қазір барған соң  жағдайын білеміз. Cөйлесіп бір шешім шығарамыз.

Жайықбай айналасындағы қыземшек жоталарға, адыр-адыр қыраттарға көз жіберді. Сөз ауанын басқа жаққа бұрғысы келген отағасы  тырс етер тіршілік білінбеген көзге ұсқынсыздау көрінетін осынау табиғатқа қарап сөйлеп кетті:

  •  Есіңде ме кемпір, осыдан жиырма-отыз жылдай бұрын мынау көсіліп жатқан алқапта ақбөкендер топ-тобымен өріп жүруші еді ғой. Сол сурет көз алдыма елестеп келе жатыр.
  •  Әрине есімде, - деп күйеуінің ойын түсінген Ханымгүл оның пікіріне қосыла кетті. - Көзімізді ашқаннан бері осындамыз ғой. Білем, бәрін де білем. Тіпті қыстың күні ауылға да кіріп кететін. Соның бәрі қайда кетті? Аспаннан жай түскен жоқ қой. Солардың жер үстінен құрып бара жатқанына шындыққа жүгінсек, сенің де үлесің бар Жайықбай, - деп Ханымгүл күйеуіне қарады.
  • Қалайша?!- деп Жайықбай басқа арнаға бұрылған әңгімеге тағы да өзінің қатысы бар екенін сезгендей әйеліне жалт қарады. - Әйтеуір қандай әңгіме болса да жуан ортасында мен жүрем. Бәріне кінәлі менмін!
  • Енді өтірік пе? Мұнда естіп отырған басқа адам жоқ қой. Екеуміз ғанамыз. Күз болса «Уазикпен» киік атуға құла түзге аттанатыңды жалғыз мен ғана емес, ауылдағы жас баладан белі бүкірейген кәрияға дейін біледі ғой. Парторг пен рабошкомды серік етіп алып, үшеулерің кеш батқанда оншақты киікті олжалап бірақ оралушы едіңдер. Бір совхоздың бастығы болған соң сенің бетіңе қарап ешкім де «мынауың теріс қылық қой, Жәке» деп айыптаған емес. Мен де саған «әр тіршіліктің киесі бар, еттен тарығып отырғамыз жоқ қой, доғар бұл озбырлығыңды!» деп талай рет ескертіп едім ғой. Тілімді алған жоқсың. Ал енді өзің қалай ойлайсың? Сен жер жастандырған бөкендердің киесі мен Гүлназираның басынан кешіріп отырған тауқыметінде байланыс жоқ деп ойлайсың ба? - деп Ханымгүл рөлде отырған күйеуіне күдіктене қарап, басын шайқады.

Отағасы үндеген жоқ. Әйелінің айтқандарын ой елегінен өткізіп отырған Жайықбайдың бұған келтірер уәжі де жоқ болатын. Бәрі де ақиқаттан алшақ кетпей жатса не айтып ақталсын? Тек қаншама жыл өтіп кетсе де іштей жасаған ісін мойындап, басын болар-болмас изеп, төмен қарай тұқырайып, әйтеуір үндемей құтылды. Қайбір әңгіме айтылса да ішінде әзірейілдей боп өзі жүретінінен секем алған Жайықбай енді қайтып ләм-мим деген жоқ. Ханымгүл де күйеуінің күнәларын әрі қарай қазбаламады. Қайта-қайта әр нәрсені сорпа сораптағандай тергіштей берсе Жайықбайдың да талағы тарс айрылып, қабаған иттей «арс» ете түсетін мінезін Ханымгүл ежелден білетін еді.

       Аудан орталығына дейін ерлі-зайыпты өз ойларымен өздері болып, бір-біріне қарауға да дәттері бармай, үнсіз келді. Бірден аудандық байланыс торабына соғып, Гүлназираның пәтеріне звондауды екеуі келісіп шешті.

  Қыздарының телефоны жауап бермеді. Шамасы үйінде жоқ болуы керек.

  • Ұлдың үйіндегі телефоннан звондалық. Анау мәшинедегі ет күн ыстықта бұзылып кетер, - деп Ханымгүл Жайықбайды жүруге шақырды. - Келін үйде болуға тиіс. Мектептерінің жөндеу жұмыстары осы уақытқа дейін біткен шығар. Анау екі немере де бізді сағынған болар. Ерте күнді кеш қылмай сонда тартайық.

Жайықбай сүттей ақ темір тұлпарының тізгінін аумағы ат шаптырым үлкен ауылдың орталық көшесіне қарай бұрды. Екінші ұлының үйі осы көшенің бел ортасында орналасқан-ды. Осыдан біраз уақыт бұрын қалаға қызметке ауысып, сол жаққа қоныс аударған бір дөкейдің үйін Жайықбай оқу бітіріп келіп  үйленіп, ауданда қызмет істеп жүрген екінші ұлына сатып алып берген. Дөкей отырған үй қай кезде жаман болушы еді. Сыртынан даңғарадай еңселі үйдің іші де осал емес. Алты бөлмесі, ауласында моншасы, гаражы, жазғы ас үйі, тағы да жатып дем алатын времянкасы, көкөніс, картоп өсіретін аумақты жері тағы бар. Құдды Жайықбайдың өз үйі секілді.

Ұлының өзі де тәп-тәуір қызмет істейтін болған соң үйін неше алуан жиһазға да толтырып қойған. Былтыр «Нивасын» сатып, шетелдік «Тойота-Королла» машинасын алған. Бай-бақуатты тұрады. Бір ұл, бір қызы бар. Қызы каникулға шығысымен-ақ ата-әжесінің үйіне маусым айында екі аптаға келіп, демалып кеткен. Жомарттың осы шамалас қызымен жарты ай бойы әжелері Ханымгүлге тәп-тәуір көмекші болып, үйдің майда-шүйде шаруаларын екі қыз бірге атқарысқан. Содан бері де біраз күн боп қалған еді.

  Мәшине қақпа алдына келіп тоқтағанда сұрғылт төбеттің гүжілдей үрген дауысы «бұл кімдер ей?» дегендей адуынды шықты. Мотор үні өшісімен-ақ жасыл қақпаның сол қапталындағы есік ашылып, іле немерe қызы жүгіріп шықты.

  • Алақай! Атам мен әжем келді, - деп жеңіл мәшинеден түсіп жатқан әжесін жүгіріп келіп құшақтай алды. Ханымгүл қай немересі болмасын оларды бір-бірінен артық-кем деп санамай, бәрін де тең көретін. Немере дегенің туған балаңнан да тәтті көріне ме, қалай? Қазір де немере қызының қолаң шашынан сипап, иіскеп, бетінен шөпілдетіп сүйіп жатыр.
  • Сендер бір-бірлеріңмен жақында ғана қоштасып едіңдер ғой. Бір жыл көріспегендей қатты сағынып қалыпсыңдар, - деп Жайықбай екі көзі жәудіреген аққұба жүзді сүйкімді немересіне қарап елжірей күлді.
  •  Ата сәлеметсіз бе? - деп қыз келіп енді атасына сәлем берді.
  •  Әке-шешең үйде ме? - деп сұрады Ханымгүл қара қойдың еті орналасқан дәу қара сөмкені салоннан көтеріп алып жатып.
  •  Екеуі де үйде жоқ. Папам қалаға кеткен, мамамды сыныбындағы бір оқушының туған күні екен, соған шақырып кеткен. Сынып жетекшісі болған соң шақырған шығар.
  •  Қашан кетіп еді?
  •  Көп болған жоқ. Әлгінде ғана кеткен.
  •  Келін жақын уақытта келмейтін болды ғой, - деп Ханымгүл ойланып қалды. - Ағаң қайда?
  •  Ол достарымен бірге өзенге шомылғалы кетті.
  •  Е, жалғыз өзім бір үйге ие боп отырмын десейші, - деп Жайықбай да немересінің шашынан сипады. - Жарайды енді. Құдайы қонақтарыңды қарсы ала бер.

Сұрғылт төбет өзіне бұрыннан бері көзтаныс қонақтарды көрген соң құйрығын бұлғаңдатып, еркелей қыңсылап, ыстық күннен пана іздегендей үйшігіне кірген соң жүзін бері қаратып, қызыл тілін шығарып, деміге бастады.

       Қонақтар үйге кірді. Бөлмелердің ауасы қоңыржай екен. Күннің ыстығынан денелері бұйығы тартқан шал мен кемпірдің бойлары жеңілдеп сала берді.

  •  Ал енді қызым, әке-шешең жоқ болса да сен үйдесің ғой. Шайыңды қайната бер,- деп Жайықбай немересіне қарап әзілдей жымиды.
  •  Шайды қайнатып қойғам, ата. Шөлдеген соң өзім ішпекші болып едім, - деп қыз тақ-тақ еткізді. - Түсте мұнда сұмдық ыстық болды ғой. Сіздерде ше?

       Атасы мен әжесі немерелерінің сөздеріне күлісіп алды.

  •  Баламысың деген... Бір-бірінің ауа райына ұқсамайтындай екі ауылдың арасы мың шақырым ба еді? Бізде де өзің айтқандай cұмдық ыстық болып тұр. Анада өзің көріп кеткендей. Содан бері ешбір өзгеріс жоқ, айналайын, - деп Ханымгүл немересінің маңдайынан тағы да құшырлана иіскеп алған соң сөмкедегі етті күйеуінің алдына әкеліп қойды. - Шай ішердің алдында мыналарды жіліктеп қой. Иістенбей тұрғанда мұздатқыштарына салып кетелік. Кім біледі, ұл мен келіннің үйлеріне қашан келетінін...

       Жайықбай бір қол, бір санды тез арада жілік-жілікке бөліп, бұтарлап тастады.

       Немерелері тағы да сөйлеп кетті.

– Папам мен мамам осыдан былай жаңбыр жаумаса өсімдіктің бәрі күйіп кетеді деп ренжіп жүр...

– Олар дұрыс айтады балам.  Құрғақшылық болып, бүкіл егістік пен жайылымның бәрі қурап, күйіп кетуі мүмкін. Бұл адам да, мал да азықсыз қалады деген сөз. Әрине, оның бетін әрі қылсын. Ондай жамандық болмау үшін апаң екеуміз кеше кешкісін қара қой сойып, құран оқытып, тасаттық бердік. Мынау балам, сол малдың еті. Сендер де ауыз тисін деп алып келдік, біраз жілігін, - деп Жайықбай әке-шешесінің айтқандарын ойына түйіп алған он жасар немересінің қобалжыған көңілін орнына түсіргендей болды.

– Тасаттық деген не ата? - деп бұл сөзді түсінбеген қыз қайыра сұрады.

– Ол енді, - деп Жайықбай сәл ойланып қалды. - Адамның көздеген мақсатының орындалуы үшін оны құдайдан тілеп, құрбандық шалып, мал сойып, тамақ беруі. Біз де жаңбыр жаусын деп қара қойды құрбандыққа шалдық.

 —Құран оқыттыңдар ма? - деп сұрады сұңғыла қыз.

  •  Әрине балам. Ауылда тұратын молданы әкеліп құран оқыттық. Сөйтіп жақсы ырым жасадық. Өзім мұндай ғұрыпты бұрын жасатып көрмесем де үлкендерден естіп едім. Сол құрбандыққа шалынған еттен сендер де жесін деп әкеліп отырмыз, жарқыным. Лайым Алла Тағала құрбандығымызды қабыл етіп, бір мейірімін төгеді деп сенеміз. Папаң мен мамаң келген соң бұл еттен асып, дастарханға бата жасап жеңдер. Ақылың бар ғой, қызым, оларға осылай деп айт, - Жайықбай немересіне әр сөзін шегелеп түсіндірді.
  •  Жарайды ата. Біз мұндайды білмеппіз, - деп қыз атасына қарап күлімсіреді.

       Үшеуі түстен қалған қуырдақтан жеп, шайға қанып алған соң далаға шықты.

       Жаздың ұзақ күні ұясына батуға жақындап қалыпты. Азаннан кешке дейін жер-дүниені табадай қуырған аптаптың лебі сәл де болса қайта бастаған екен.

       Оңтүстік-батыстан жан жадыратар салқын самал есті. Жайықбай құбылаға қарады. Алыстан қарауытып көрінетін қыземшек жоталардың үстіне аз да болса шабыр бұлт ілінген бе, қалай?

 Ол жанарын батуға таянған күннің сәулесі қарықтырып әкетіп бара жатса да көз ұшындағы күлтеленіп бой көрсеткен шашыраңқы бұлттарға зор сеніммен қарап қалды. «Қой, көзім тиіп кетпесін» деп ішінен сыбырлап, ендігі сәтте көздерін бұлттан тайдырып әкетті. Сосын бақ аралап жүрген әйелі мен немересіне қарап алып, үй көлеңкесінде орналасқан ағаш отырғышқа келіп жайғасты.

       Сұрғылт төбет те ыстықтан зеріккен болу керек, басын әріге қаратып ұйықтап жатқанға ұқсайды. Жайықбай итті аяп кетті. Бейшара ит азаннан кешке дейін ұзындығы екі құлаштай болатын темір шынжырға байланып тұрады да, қараңғылық түсіп, жұлдыздар жымыңдай бастаған сәтте ғана темірден ажыратылып, бостандыққа шығады. Осы сәтте бойын жазып, ұзақ күн бұғауда жатып істей алмаған тірлігін сол кезде жүзеге асырып, ауланы айнала шапқылап бойын жазып, әр нәрсені тіміскілеп, ойда жоқта пайда болған бөгде дүниелерді иіскелеп, таңға дейінгі салқындықты пайдаланып, байыз таппайды-ау.  «Ит тірлік деген осы да» деп Жайықбай итке қарап отырып еріксіз күрсінді.

       Ол бұл төбетті күшік кезінде өзі әкеліп берген. Содан бері де төрт жылға жуық уақыт өтіп кеткен екен. Ит үш айда бір жасайды деп бәзбіреулер айтып жатады. Соған салса бұл сұрғылт иттің жасы да он алтыға келіп қалыпты. Хайуан үшін аз жас емес, әрине. Бір емес, екі-үш ит сыйып кететіндей үйшігі де үлкен. Жаздың аптабынан ақ қаңылтырмен қапталған шатыршасы қорғап тұрғандай.

       Жайықбайдың өз үйіндегі иті де көз алдындағы сұрғылт төбеттің бір жатырдан шыққан ұяласы. Кезінде облыс орталығына барып жүргенде бір танысының қаншығы бес күшік тауып, соның екеуін қалап алған-тұғын. Екеуі де судың қос тамшысындай бір-біріне өте ұқсас. Екеуі де еркек. Мына сұрғылт төбеттің жанкешті тірлігіне қарағанда Жайықбайдың өз ауласындағы итінің өмірі бұдан көш ілгері. Үйшігі ғана бар болғанмен, мойнына ешқашан қылбұрау түспеген, бұл сияқты ұзақ күн бойы табадай қуырған ыстық күннің астында, одан қалса тар үйшіктің ішін місе тұтпай, үнемі бостандықта жүреді ол пақыр. Қалаған кезінде үреді, қажет уақытында бойын жазып, көшеге де шығып кете береді. Кейбір сәттерде құла түзге де лағып, ауылдың  ұрғашы иттерімен ұйығып, үйірге де түсіп келетін сәттері  аз болмайды. Өмір деп сол ұяласыныкін айт.

       Жайықбай сол кезде бес күшіктің ішінен екі еркегін таңдап алып еді. Енді міне, екеуі де тайыншадай төбет болып, әке мен баланың шаңырақтарын шашау шығармай күзетіп жүрген жайлары бар. Қазақтар бұларды төбет атағанымен, орыстың лайкасымен тұқымдас деседі. Бұл жорамалдың да жаны бар сияқты. Өйткені сырт пішіндері бір-бірлеріне өте ұқсас. Бұл үй жыртқыштары сырт көзге биязы, салмақты, жуас көрінгенімен, жеме-жемге келгенде азулары алты қарыс, дұшпанымен бетпе-бет кездескенде қадалған жерінен қан алатындай қайраттары да жетерлік.

       Түлкі, қоян, күзен алуға келгенде амалдап-айлалап, түп-түбінде бұл мақсаттарын да жүзеге асыратындарына Жайықбай кезінде өзі куә болған. «Ит жеті қазынаның бірі» деген сөздің жайдан-жай айтыла салмағанына отағасының көзі әлдеқашан жеткен-ді. Қазір де үйшігінде бүк түсіп жатқан төбетке қарап отырып: «жеті қазынаның біріне татырлық қасиеті болғанға не жетсін бұлардың» деп күбірледі Жайықбай.

  •  Оу, шал-ау сен әбден ойға беріліп кетіпсің ғой. Келін де жуық арада келмейтін сияқты. Ерте күнді кеш қылмай үйге кіріп, қыздың жағдайын білейік, - деген Ханымгүлдің даусы естілмесе отағасы «жеті қазынаның бірі» туралы ойын тағы да қанша уақытқа созатынын кім білсін. - Гүлназира үйіне келген шығар, кеш боп қалды ғой...

       Немере қыздары бақ суаруға кірісіпті. Шал мен кемпір үйге кірді. Осы жолы қыздарымен тілдесудің сәті түсті. Қызымен сөйлескен сайын Ханымгүлдің жүзі бір бозарып, бір түнерді. Трубканың арғы жағындағы Гүлназираның даусы еміс-еміс естіліп тұрғанымен, Жайықбайға қызының шешесіне не деп мұңын шағып жатқаны белгісіз еді.

  •  Жарайды, ботам. Көп ойлап мұқала берме. Құдай өзіңе бұйыртпаған соң не істейсің. Меккені үш айналсаң да ол бала өзіңе қайтып келмейді, қызым. Қайта ол нәрестенің қазынаның төрт қабырғасына телміртіп қоймай бір қазақтың отбасына барғаны дұрыс болған екен. Жыламашы, айналайын. Дүние күйіп кетсе де өзім барып қайтам саған. Әкең міне қасымда тыңдап отыр. Жомартты жеңгеңмен жіберейік деп едік, оның ыңғайы болмады. Көп ұзамай олар малға жем-шөп дайындауға шығады. Мұнда жаңбыр жаумай құрғақшылық қысып тұр... Е, сендерде де жаңбыр жоқ па? Алла бұйыртса көп ұзамай жауын болып қала ма деп үміттеніп жүрміз. Лайым, солай болғай. Жақында ақша жіберіп едік, алған шығарсың?.. Алғаның жақсы болған екен. Әр нәрсені ойлап жүріп мәшиненің астына түсіп қалма, айналайын, өзіңе-өзің берік бол... Біз аудандағы ағаңның үйінен звондап отырмыз. Олар аман-есен. Үйде кішкентай сіңліңнен басқа ешкім жоқ. Жеңгең қонаққа кетіпті. Ағаң қалада жұмыспен жүр дейді... Ау?  Е, Жомарт ағаң да, ондағы жеңгең де, іні-сіңлілерің де аман-есен жүріп жатыр. Мұнда бәріміз де аман-сау, тынышпыз... Tағы да айтарым, өз жағдайыңды ойла, бірдеңеге ұрынып қалма. Абай бол. Құдай қаласа бір аптаның ішінде мен де өзіңе барып қалармын. Оған дейін амандықпен көріселік, қызым... Aл енді аман-есен бол,- деп Ханымгүл трубканы тұғырына қондырды.

       Ана жүрегінің осындайда осалдық танытып, езіле тулағанын Жайықбай әйелінің жанарынан төмен қарай сырғыған мөлдіреген тамшылар арқылы сезіп отыр еді. Отағасы әйелінің қызына айтқан «өзім барам» деген сөздерін іштей ой елегінен өткізіп, бұл қадамды құптады. «Үйге сонда кім ие боп отырады?». Жайықбай осы сұраққа іштей жауап іздей беріп еді, оның ойын Ханымгүлдің:

– Айтқандарымды тыңдап отырсың ғой? - деген сұрағы бөліп кетті.

– Иә, тыңдамағанда ше? Бәрін де мұқият тыңдадым. Айтқаныңның бәрі де көңілімнен шықты, - деп Жайықбай әйелінің сөзін құптап, басын изеді. Ханымгүлге осы жолы қарсы келудің реті де жоқ болатын. Қыз екеуіне де ортақ болғасын, оның тағдыры әкесін де бей-жай қалдырмаған. Әйелі не айтса, соны орындауға әзір еді.

– Ал шал, енді түсіндің ғой. Мен енді осыдан былай жолға дайындала бастайын. Енді бұларды күтіп отыра берудің жөні жоқ. Қайтайық. Келін де кешікті. Ұл да жоқ. Біз кеттік балам,- деп Ханымгүл немере қызына қарады.- Әке-шешең келгенше үйге ие бол, балам. Сыртқы есікті бекітіп қой. Оларға бізден сәлем айт. Тағы да айтайын, анау қойдың етіне бата жасап жеңдер.

  • Жарайды, апа. Сіздер кеткелі отырсыздар ма? - деп қаршадай қыз қалбалақтап қалды. Олжамен келген ыдысты қазақ құр қайтармайтынын кішкентай немерелері де түсінеді екен. Әлден уақытта қыз барып сөмкеге қант-кәмпит, бір шыны тосап салып әкелді.
  •  Мамамды күтпедіңіздер ме, қазір келіп қалады ғой...
  •  Кеш боп қалды, балам. Үйге жеткенше түн болады. Біз енді көп бөгелмей кете берейік. Келген бұйымтайымыз бітті, бұған да шүкір. Анау иттеріңе су, тамақ беріп қой. Оның да қарны ашып, шөлдеген шығар.
  •  Мақұл, - деді қыз.

Ерлі-зайыпты көкейтесті шаруаларының біткеніне көңілдері жайланып қалды. Ханымгүл батыс көкжиекке көз сүзді. Батып бара жатқан күннің қызыларай сәулесіне боялып, аспан төсінде бір шабыр бұлт қалқып жүр екен.

     

 

                                                      ІІІ

 

       Ханымгүл қанша ұйықтағаны белгісіз, түннің бір уағында шатыр-шұтыр еткен дауыстан оянып кетті. «Құдай-ау, бұл не болды екен аяқ астынан» деп ойлаған ол орнынан тұра салып, көше жаққа қараған терезенің пердесін ысырып, сыртқа үңілді. Осы сәтте найзағай жарқ ете қалып, көшені күндізгідей жарыққа бөледі. Жанарын жоғарыға қаратып еді, аспан әлемін тұтастай бүркеп алған қара бұлт ешнәрсені көзіне іліндірмеді. Қап-қара, тырнақтай ноқатты байқау мүмкін емес. Аспаны ашық түндерде ғарышқа ерекше сипат беріп, күлегеш қыздардай жымыңдап тұратын сан-мыңдаған жұлдыздардың бір де біреуі қазіргі сәтте әйел жанарына шалынған жоқ. «О, Алла-Тағалам, ырымның да ырысы бар деген, жасаған әрекетіміз өзіңе жетіп, ақыры оң көзіңмен қарадың ба? Лайым, ұзағынан сүйіндірсін», ─ деп күбірледі Ханымгүл тұңғиық қара түнекке қарап тұрып. Әйел терезе алдында әлі де ойланып тұр. Қанша дегенмен табиғаттың осыншама бірден өзгере салуы кездейсоқтық емес. Ол кешегі жасалған ырымға байланысты болу керек. «Құдайға да жақсы ырым жарасады ғой» деп әйел ойын түйіндеп үлгерісімен тағы да найзағай жарқ етіп, іле шатыр-гүтір ете қалған дауыс жер-дүниені күңірентіп жібергендей болды. Әуелі шатыр-гүтір солтүстіктен басталғандай болды да, содан соң аспанды біреу аралап жатқандай шатырлаған дыбысқа бірте-бірте екпін қосылып, үйдің төбесін айналып өтіп, бұлттың арасымен оңтүстікке жылжып барып, ақыр аяғы бомба түскендей гүрс ете түсті. Көршілер де оянған сияқты. Көше бойына орналасқан кейбір үйлердің шамдары жарқ-жұрқ етіп жана бастағаны осындай тірлікті сездіртіп тұр.

       Ханымгүл тез-тез басып келді де, шамды да жақпастан ештеңе сезбей қорылдап ұйықтап жатқан күйеуін оятты.

  •  Әй, Жайықбай, Жай-ық-бай,- деп күйеуінің құлағының тұсына келіп дауыстады.
  •  Оу, не боп қалды? -  деп отағасы ұйқылы-ояу ыңырана жауап берді.

Осы сәтте көше бойы тағы да жарқ ете қалды.

  •  Сүйінші Жәке, жаңбыр-жаңбыр,- деп Ханымгүл үйдің шатырына жеделдетіп тама бастаған жаңбырдың дыбысына құлағын түре қалды.
  •  Жауын жауып тұр ма? Е, құдайым берген екен ғой,- деп Жайықбай қуанғаннан төсектен атып тұрды. - Жақшы анау шамды.

       Ерлі-зайыпты со күйі верандаға шығып, оның терезесінен сыртқа қарап еді, шамның жарығымен құйып тұрған нөсерді көрді. Аспанның көбесі бір түнде сөгіліп кеткендей шелектеп төгіп-ақ жатыр, жарықтық. Есік алдындағы асфальт алаңқайдың ойдым-ойдым шұңқыршалары суға толып үлгеріпті.

       Түн шөгіп, қараңғылық әбден түскен кезде үйшігінің алдында танауын бүйіріне тығып, кірпікшешенше жиырылып ұйықтайтын сұрғылт төбет қазіргі сәтте орнында болмай шықты. Шамасы найзағай ойнап, жер жаһанды күңіренткен адуынды дауыс шыққанда зәре-құты ұшып, үйшігіне барып тығылған секілді.

  •  Ал енді, тілеген тілегіміз Алланың құлағына шалыныпты. Кеберсіген жер кең тыныстайтын болды, кемпір, - деп Жайықбай балаша қуанды. - Мал да ыстықтан жүдей бастап еді, енді бәрі де оңалатын болды. Құдай барша тіршіліктің тілегін берді.   

       Жайықбай шыдай алмай сыртқа шығып, іш киімдерімен нөсердің астына тұра қалды. Душ қабылдағандай рахаттанып, төпелеген ылғалдың астында біраз аялдады.

    — Қандай жылы жаңбыр!

  •  Сабын әкеп берейін, жуынып ал,-  деп Ханымгүл әзілдей беріп еді, аспанды  прожектордай тіліп, тағы да найзағай ойнап өтті. - Тез үйге кірелік, қазір тағы да аспан күркірейді. Түнгі дауыстан қатты қорқам, -  деп әйелі күйеуін қолтықтап үйге кіре берді.
  •  Қалай ойлайсың кемпір, бұл жаңбыр кешегі жасаған ырымымызбен байланысы бар ма? - деп Жайықбай бәйбішесіне тосыннан сұрақ қойды.
  •  Оны мен қайдан білейін. Мүмкін бар да шығар. Қанша айтқанмен аспанның көбесі сөгілді ғой, әйтеуір. Бәлкім қара қойдың қасиеті мен молданың оқыған дұғасы зая кетпеген шығар, бұған да сенем,- деп Ханымгүл қабырғадағы сағатқа қарады. - Бес болып қалыпты ғой. Енді қайтып жатқанымызбен болмас, шалым, ерте жарықта жолға дайындалып, арғы күні жолға шығып кетуім керек қой. Сондықтан сен Жомартқа қазір шай ішіп алған соң жөнел. Гүлназираға сойып апаратын қой мен үйге бір аптадай ие болып отыратын келін мен немере қызды да ала кел. Сенің тамағыңды пісіріп, үйіңді жинап отыратын да адам керек шығар? Жомарт бір аптаға қинала қоймас. Қасында көмекшілері бар емес пе.
  • Жөн екен, - деп келісті Жайықбай,- бүгін жұма, жұмыс күні. Мен де соңғы кездері жұмыстан жиі-жиі кетіп қалатын болып жүрмін. Бастық екенмін деп асыра сілтеуге де болмайды ғой. Жиналыс өткізу керек. Жарты жылда ауыл бойынша атқарылған жұмыстың есебін жасауым керек. Жинайтын салық қайда? Жеке шаруа қожалықтарын аралап, жағдайларының қандай деңгейде екенін де көп уақыт болды барып білгем жоқ. Ауыз су мәселесі де шешілмей тұр. Менің де сол жалғыз қыздың жағдайын ойлап басым қатып жүр. Бір сөзбен айтқанда шаруа деген шашетектен. Сені жіберіп алған соң ештеңеге алаңдамай осылармен айналысып, қордаланып қалған бірқатар істерді жүзеге асырмасам болмайды. Аяқ астынан салаң етіп облыстық комиссияның да келіп қалатын жағдайлары бар...

– Ол қызды сен ойлап жүрсің бе, әлде мен бе? - деп Ханымгүл күйеуіне көзін аларта қарады.

– Е, ойламай ше? Сенің қызың болғанда менікі емес пе? -деп Жайықбай да әйеліне қабағын түйе қарады.

       Ханымгүл екі ара тағы да шиеленісіп кете ме деген қауіппен одан әрі сөзге келмей шай қойып, таңғы асты дайындауға кірісіп кетті.

       Сыртта жаңбыр құйып тұр. Екпініне қарағанда жақын арада толастайтын түрі жоқ. «Құйсын, құя түссін. Сарғая бастаған өсімдіктер қайтадан құлпырып, адамның да, малдың да берекесі кіретін болар» деп Жайықбай веранданың ақшылт пердесін ысырып қойып, жаңбыр соғып жатқан үй маңайындағы асфальтқа сүйсіне қарады. Аспан ашық болған сәтте осы уақытта таң алакеуімденіп, айнала қарaңғылықтан арылып бозара бастаушы еді. Қазір бүкіл аспан әлемін бүркеген қара бұлт әлі де бірқыдыру уақыт шығыстан жарқырап қылаң беретін күн сәулесіне ырық бермей-ақ тұр. Алайда күнге дес бермейтін күш бар ма, енді біраз уақыттан соң оның қуатты сәулесі қорғасындай қатып қалған қара бұлтты да сағымдандырып жіберетіні анық еді. Содан соң түнгі жауын таң атқан соң күндізге ауысып, әлі де біраз уақыт сібірлеп тұрғанын Жайықбай үнсіз тілеп отыр еді.

  •  Сен де менімен бірге еріп бар, - деп отағасы шай құюға отырған Ханымгүлге қарады.
  •  Жай ма?
  •  Келінмен өзіңнің сөйлескенің дұрыс қой. Әйел мен әйел тез тіл табысады деп естуші едім,- деп Жайықбай алтын тістерін жылтырата жымиды.
  •  Е, солай ма? Оны біліп жүргенің қандай жақсы болды,- деп Ханымгүл де күліп алды, кешеден бері ұлдардың үйлеріне қыдырып жүретін болдық қой, салтанатпен. Жомарттың үйіне бармағалы да біраз уақыт болып қалған екен. Аптасына бір рет сүт әкеп беріп жүрген соң, амандықтарына риза боп қаласың, әйтеуір. Барсам барып қайтайын, жарты жолы жақсы болғанмен одан арғы жағы ойлы-шұңқыр еді. Енді міне шелектеп төгіп тұрған жауының мынау, жолда батып қалмаймыз ба?
  •  Е, жоқ ей. Бұдан да жаман уақытта жүріп өттік қой. Біз сияқты сақа шопырларға бұйым болып па? - деп Жайықбай мақтана күлді.

Екеуі таң атып, айнала бозғылт тарта бастағанда оңтүстік-шығыс жақты нысанаға алып, ақ «Волгамен» жүріп кетті. Жай күндері әрі кетсе бір сағатта жететін қашықтық.

Жаңбыр әлі де терезені сабалап құйып тұр. Аспан әлемін сұр бұлт саңылау қалдырмай біртұтас бүркеп алған. Үйден шыққаннан бері найзағай ойнап, күннің күркіреуі де сап тиылған. Бұған қарағанда ақ жауынға айналатындай түрі бар. Осындай табиғат құбылыстарына жастайынан куә болып келе жатқан Жайықбай мен Ханымгүл айналадағы шоғырланған әрбір бұта-қарағанға, жол шетіндегі сарғая бастаған жайылым, шабындықтарға қарап келеді. Жайықбай шаруа қожалығындағы малдарының биылғы қыстан қалай аман-есен шығуын ойлап келе жатса, Ханымгүл қызының аққұба жүзін көз алдына елестетіп, оның тағдырын ой елегінен өткізіп, іштей алаңдап келе жатыр еді. Уақыт өткен сайын көз ұшындағы тіршіліктің бәрі де анық болжана бастады. Түні бойы жауған жаңбыр айналаның бәрін ылғалға бөктіріп тастаған екен. Әлі де сіркіреген күйі. Шығыстан белгі берген күннің өзі көрінбесе де сол жаққа көз сүзген адам ақшылдана бастаған бұлттардың арғы жағында күннің көтеріліп келе жатқанын шамалар еді. «Мейлі, әлі де жауа түссін, кеберсіп кеткен жерді қайтадан жұмсартып, өсімдіктердің тамырына ылғал жету үшін бір күн бойы жауса да аздық етпейді», ─ деп ойлады Жайықбай су толған шұңқырларға мәшинесінің дөңгелектерін дарытпай, мұқият маневр жасап келе жатып.

       Бұлар бұрындары совхоздың базасы болып келген, қазіргі уақытта жеке шаруа қожалығына айналған ─ қорасы, бірнеше үйі, cиыр сауатын, бие байлайтын орындары бар ірі кешенге таяй бергенде сағат тілі сегізден оза бастаған еді. Жаңбыр әлі сіркіреп тұр. Күнде осы уақытта мал әлдеқашан өріске бет алып, жайылып жүретін. Осыдан бір шақырымдай қашықта, шағын өзеннің жағасында екі киіз үй тігілген. Бұл Жайықбайдың екі айғырдың үйіріне татитын отыздан астам биесін сауып, қымыз алып отырған бақташылардың үйлері. Анау шеткі еңсесі биік шатырлы үйде ұлы Жомарт отбасымен тұрып жатыр. Жаз болса осында көшеді де, қоңыр күз келіп, күн суытқан мезгілде ауылдағы үйіне қоныс аударып, тек анда-санда ғана машинасымен барып, қожалықта болып жатқан тіршілікті бақылап, тексеріп тұрады. Жайықбай қожалықтың барлық тізгінін ұлының қолына ұстатып қойған. Міне он жылдан асты, бұрынғы совхоздың агрономы Жомарт Жайықбайұлы Тұрымбетов атағы ауданға дүрілдеп тұрған ірі фермер. Қарамағында мыңға тарта қойы, алпыстай жылқысы, тайынша-торпағымен есептегенде жүзге жуық мүйізді ірі қара малы бар. Екі жүк машинасы, үш трактор, шөп шабатын үш машина, шөп жинайтын кең қанатты екі агрегаты, қой қырқатын да оншақты электр қайшысы бар. Жұмыс істеуге бұлар қашанда сақадай сай. Өзінің фермерлерге арналған жартылай жүк машинасы «Уазигі» тағы бар. Аудан орталығында да, ауылда да қымыз, сүт алып тұратын тұрақты адамдары да бір қауым. Бәзбіреулер сияқты алған өнімдерін өткізе алмай басы қатып жүрмейді. Әрине, осыншама шаруаны Жомарттың бір өзі ғана жолға қойып, бүкіл шаруаның бәрін өзі тындырып жүр деу ағаттық болар. Осының бәрі де бұрынғы совхоз директоры, қазір ауыл әкімшілігінің төрағасы Жайықбайдың көп жылдан бергі жинаған абырой-беделінің арқасы-тұғын. Оны адам жоққа шығарса шығарар, бірақ құдай жоққа шығара қоймас. Өйткені, барлық ақиқат осындай! Мұндай байлықтан түсетін пайда да шашетектен. Оның тең жартысы мұнда күндіз-түні жан аямай қызмет істеп жүрген адамдарға жалақы ретінде, жанар-жағар май алуға, кешеннің кетеуі кете бастаған жыртық-тесіктерін бітеуге, ең ақыры салыққа төленеді. Ал қалған пайда отағасының банктегі есепшотына барып түседі.

       Жайықбай ұлы мемлекет ыдырап, құрдымға кетсе де өзінің бағы осы уақытқа дейін шайқалмай келе жатқанына құдайға шүкірлік айтып, ішінен мақтана «мырс» етті.

Осыны сезген әйелі жалт қарады.

 Не болды? Ойыңа бір нәрсе түсіп кетті ме?

  Не болушы еді. Алланың берген нәсібін ойлап отымын ғой, баяғы.

Оның ойын Ханымгүл енді ғана аңғарған сияқты.

–  Бақ пен дәулетті көтере алмай жүргендер де бар, Жәке. Үнемі боққа беріліп, ол туралы қайта-қайта ойлай берудің өзі астамшылық па деймін. Мен сенің осы күнге дейін Гүлназираның тағдырын ойлап, бір рет іштей қайғырғаныңды байқаған емеспін. Есіңде ме, ол дүниеге келгенде қазан-ошағымның берекесі, үйімнің сәні болады деп қасынан шықпайтының. Әрине, қазіргі болашағы бұлыңғыр заманда байлық та қажет шығар. Дегенмен бір сәт қызыңды ойлап, алаңдауың да керек қой. Аспаннан түсіп, даладан тауып алғамыз жоқ, екеумізден шыққан перзент емес пе?

Ой, кемпір-ай. Тағы да еңсемді езейін дедің бе? Енді өзің барып, хал-жағдайын біліп келгелі отырсың ғой. Бір нәрсені қайта-қайта айта бергеннен не шығады? Қазір анау ұл мен келінге өзіңді жасытып көрсетпе, өзіңді-өзің берік ұстап, түк болмағандай-ақ байсалды көрін. Қыздың хабары саған дерт боп жабысты ғой.

  •  Енді ше? Мен одан қызымның қазіргі жағдайын білдім. Әйел болсаңдар түсінер едіңдер, өмірі пұшпағы қанамайтын еркексіңдер ғой, тегі.
  • Міне, жетіп қалдық, сабыр ет. Қазір барлық мәселе оңды шешіліп, құдай қаласа ертең сенбі ғой, қалаға өзім-ақ апарып, пойызға отырғызып жіберем,- деп Жайықбай тағы көңілі босаңси бастаған әйелін жұбата сөйледі.

– Сен сол байлығыңды қайта-қайта ойлай бермей, қызыңа сол жақтан үй сатып бер. Оқу бітірген соң бұл жақта ол не істейді? Алматыға барғанда да түсетін бір үйің болуы керек қой. Пәтерінің жалы да бітіп келе жатыр.

– Ой-бұй кемпір, сен де айтады екенсің. Ол жақта үй бағасы аспандап тұр. Мың қойың бір үйдің босағасына да татымайды екен. Сонда үй аламыз деп бар байлығымызды соған саламыз ба?! Бір-екі айдан кейін академі де бітеді, содан соң жатақханасына қайта барып орналасады. Жақында біреу ұлының тойына Алматыға барып келіпті. Пәтердің бағасын айтып жағасын ұстап отыр.

– Қанша дейді?

—Бір бөлмелі пәтер жүз мыңнан жүз елу мыңға дейін деп отыр.

  •  Өй, арзан ғой, - деп Ханымгүл Жайықбайға таңдана қарады. - Жүз елу мыңды қымбатсынып отырсың ба?

«Мынаның есі дұрыс па?» дегендей Жайықбай да әйеліне таңданғандай жалт қарады.

  •  Оу, бәйбіше—ау, жүз елу мың теңге болса онда ең аз дегенде елу пәтер сатып алмаймыз ба? Қазір дүниенің бәрі де Әмериканың ақшасымен өлшенетін болды ғой. Енді есепте. Бір долларың - жүз жиырма бес теңге болатын болса, сен оны жүз мыңға көбейт. Сонда қанша шығады?

Ханымгүл ойланып қалды. Әрі ойланды, бері ойланды. Бірақ турасын таба алмай қиналып, мұның өте қыруар ақша екенін пайымдағандай ішінен тынып отыр.

  •  Ана бәрдәшөктің ішінде кәлкуләтір бар, сонымен есептеп шығарғын.
  •  Расында да қыруар ақша екен. Неткен cұмдық. Оны сатып алатын жұрттың ақшасы бар ма?
  •  Бағаны көтеріп отырған банктер ғой. Қыруар пайызбен несие береді. Халық оны амалдың жоғынан алады. Кім үйсіз-күйсіз, баспанасыз біреудің есігінде телміріп жүреді. Біз де бір жылға төрт мың доллар төлеп отырған жоқпыз ба? Қайта бұл таныстың танысы болған соң арзанға түсті. Әйтпегенде алты-жеті мыңға түсетін еді. Бай екенбіз деп дәулетімізді шаша бермекпіз бе?
  • Ал енді жаңағы бір бөлмелі пәтерді алу үшін қанша қой сату керек? – деп Ханымгүл күйеуіне тағы сынай қарады.-  Жаңа мың қой да жетпейді деп едің ғой.
  • Сен өзің ана есептегішті алшы. Жөнсіз басыңды қатырғанша сонымен есептеу оңай шығар...иә, алдың ба? Енді бір қойдың бағасын белгілейік. Басыңды тауға да, тасқа да ұрсаң да мұнда тірі қойдың бағасы он мыңнан аспайды. Әрине теңгемен,- деп Жайықбай еріксіз езу тартты. Сол он мыңды андағы есептегішке сал.
  • Салдым.
  • Енді... Енді сол он мыңды мың қойға көбейт.
  • Көбейттім.
  • Қанша шықты? -  деп Жайықбай есептегіш құралға көз жіберді.
  •  Нөлдері өте көп  боп кетті, - деп Ханымгүл дисплейдегі шұбатыла созылған нөлдерді санауға кірісті.
  •  Иә, неше нөлі бар екен?
  •  Жетеу.
  •  Жетеу болса, онда бұл цифр он миллион деген сөз. Ал он миллионың бар болғаны сексен бес мың доллар деген сөз. Дұрыстап есептесең оған да жетпейді.

Ханымгүл іштен тынып отырып қалды. «Баймыз деп жүрсек, қыруар малымыз Алматыдан бір пәтер алуға да жетпейді екен ғой», ─ деп ішінен шынымен күйзелді.

– Иә, шал, бағып жүргеніміз бақа екен ғой,- деп күйеуіне қарап күрсінді. -  Жарайды, ендігі жағдайдың бәрін өзің қадағала. Азаматымсың ғой, сенің ісіңе кіріспей-ақ қояйын, - деп әйелі Жайықбаймен түбегейлі келіскендей болды. - Енді осыдан кейін де пәтер бағасы қымбаттай бере ме?

Менің енді мамандығым экономист қой. Бұның бәрі қолдан жасалынып отырған, жасандылығы басым дүние екенінде дау жоқ. Ал ешбір экономика заңдылықтарына, тіпті қарапайым логикаға негізделмеген әрекеттің бәрінің де ғұмыры ұзаққа бармайтындығы әмбеге аян. Бұл да соның бірі. Банктер өздеріне қыруар пайда табу үшін осындай өрескел сорақылыққа барып отыр. Ерте ме, кеш пе олардың күйрейтініне мен сенімдімін. Ақыр аяғында сорлайтын қара халық. Үй аламыз деп үміттеніп алған мыңдаған-миллиондаған қарыздарын ақырында қайтара алмай әуреге түсетін де қарапайым тұрғындар. Олардың тағдырын ойлап жатқан қазіргі заманда ешкім жоқ. Мен де ауыл деңгейіндегі шенеунікпін ғой. Ауылдың адамдарымен көзімді тырнап ашқаннан бері бірге өсіп, біте қайнастық қой. Eл басқарып отырған соң мұқтаж біреулерге көмектескің келеді. Жағдайын көріп-біліп отырған соң қол ұшыңды созғың келеді. Бірақ ауыл әкімшілігінде қандай кең мүмкіндік бар? Айқара көсілетін мұнда жағдай жоқ. Ал үлкен қалада біреуді біреу біліп жатқан жоқ. Қырым мен Қытайдан жиналғанның бәрінің көздегені ақша мен байлық. Банктің қыруар ақшасын қарапайым халық арқылы өздері жеп, қылғытып жатыр. Ертеңгі күні сол ақшаны төлей алмай зар еңіреп, етегі  жасқа толатындар да солар болады. Орысша айтсаң крайний болатын үйсіз-күйсіз жүрген өзіміздің аннан-мыннан барған қандас қазақтарымыз. Біздің ауылдан да, басқа ауылдардан да кезінде Алматыға барып тұрамыз, сол жақта жұмыс та, ақша да көп деп қоныс аударған жерлестеріміз аз емес. Олардың біразы Алматы төңірегінен үй соғып алыпты дегенді де естиміз. Әлгі қазақтың ертегісіндегі «бұл неткен батпан құйрық, далада тегін жатқан құйрық» деген мәтелі қазіргі сәтте дұрыс келіп тұр...

–  Иә, дұрыс айтасың, - деп Ханымгүл күйеуінің сөзін бөлді.- Олардың үйлерін заңсыз салынған деп бұзғалы жатыр екен. Жақында телевизордан көрдім. Сен онда жұмыста едің...

– Ә, солай ма? Міне, менің айтып отырған сөздерімде бір өтірік жоқ, - деп Жайықбай маңғаздана қалды.- Қайда барсаң да Қорқыттың көрі. Мұнда келсе жұмыс жоқ. Қалаға барса тұратын орын жоқ. Қиналып, мехнат тартып жүрген бір қазақ.

  •  Енді қайтеміз, тағдыр маңдайымыздың сорын бес елі қып жаратқан соң.
  •  Айтпақшы,- деп Ханымгүл ойланып қалды.- Бір бөлменің құны жаңағыдай болғанда, екі-үш бөлме пәтердің бағасы сонда қалай болғаны..?
  • Ой кемпір, пәтер туралы айтпай-ақ қоялықшы. Қан қысымымыз көтеріліп кетер. Дегенмен сұрағыңа жауап беріп көрейін. Енді екі-үш бөлменің құны осы анау жерде ағараңдап көрінген қанша дәулетіміз бар, солардың бәрін де сатып, тып-типыл қылсақ та, әй қайдам, үш бөлмелі пәтердің құнына жетуі екіталай.

Ханымгүл үнсіз басын шайқады. «Неткен сұмдық мынау!».

Бұлар қожалыққа таяғанда таңнан бері тоқтамай төгіп тұрған жаңбыр да толас тапқандай екпіні басыла берген. Күн ыстықта шаңы аспанға шығып жататын күре жол қазіргі сәтте сары батпақ пен лай суға айналып, жеңіл машинаның жылдамдығын қатты тежеп келе жатыр еді. Кешегі уыз-сүттің кеспіріндей ақ машинаның сырт көрінісі көрден шыққан көртышқандай, қап-қара қожалақ бірдеңе. Көктен сорғалаған ақ жаңбыр машинаны қаншама жуғанымен жолдан ұшқан лай су оған дес берер емес. «Мейлі, машина кір болады екен деп жаңбырға тосқауыл болуым керек пе?» деп Жайықбай жолдың сол жағында орын тепкен жатаған бұта-қарағандар мен оның айналасындағы кең жайылымға жанар сүзді. Бұл жақында ғана шөбі шабылып, маяланып қойған шабындықтың орны. Қазіргі кезде ұшы қиыры көкжиекке барып тірелетін осынау берекелі жайылым – қожалықтың меншігі іспеттес. Қыс түсіп, қар жауғанға дейінгі малының мекен жайы.

Көз ұшында қарайып біраз мал жайылып жүргенге ұқсайды. Бұл үйірге қосылмайтын Жайықбайдың саяқ жылқылары еді. Ұзын саны жиырмадан асып жығылады. Жылдағы қысқа соятын соғымы да осылардың ішінде. Әйтеуір өздерімен өздері болып, күн-түн демей ауыздарын жерден алған емес. Сондықтан да желтоқсанның ортасында сойған кезде майқанынан жарылған семіз болып шығатынына Жайықбай совхоз кезінен-ақ куә болып келе жатыр. Анау Гүлнәзираның пәтерінің иесіне де осындай бір жуан бойдақ жылқыны былтырғы қыста басып берген. Сөйтіп жылқы етінің құдіреттілігінің арқасында қызының пәтерақысы әжептәуір арзанға түсіп еді. Екі ортада делдалдық қызмет атқарып, студент кезінен оңтүстік астанада біржола қоныстап қалған жерлесінің де еңбегі аз болмаған. Оған да «керек адам ғой, ренжітпейін» деп Алматыға қызмет бабымен барып жүрген екінші ұлынан екі жасар тайынша сойып берген еді былтырғы қыста. Сол жерлесінің тигізіп жүрген жақсылығы жетерлік. Жайдан-жай қарап отырмасын деп былтыр бір жылға академдемалыс алған қызын жұмысқа орналастыруға қол ұшын берген де сол жерлесі еді. Әлгі «ағайынның азары болса да безері болмайды» деген осы да. Бір жағынан Жайықбайдың беделі мен оның дариядай тасыған байлығы да себеп болған шығар? Қазіргі заманда тақ пен ақша ғана өмірдің өзегіне айналып, сүт бетіне қалқып шыққан қаймақ сияқты көзге бірден ілінетін болды емес пе. Бір аяқ асқа жарымай, жалқаулықтан  салбөксе боп үйінде отырған пендеге кім қол ұшын беріп, кім оны сыйламақ? Адам мен адамды бір-біріне жақындатып, бір-бірін сыйлататын да осы тақ пен соның арқасында келетін қыруар ақша мен дәулет екеніне ешкім де күмәнданбаса керек.

Жайықбай іштей масаттанып, өріске бет алып бара жатқан мыңғырған қойды көріп, ішінен «тәубе» деп жымиды...

Осы сәтте машинаның гүрілін естіп, қарасын көздері шалған екі ит құйрықтарын аспанға едірейтіп, осылай қарай шапқылай жөнелді. Бұлар осында қандай қонақ келмесін, әйтеуір соларды еңкеңдеп, үре қарсы алатын Жомарттың тайыншадай-тайыншадай төрт итінің ішіндегі ең бір қырағылары еді.

Жаңбыр толастап, айналадағы табиғат көп уақыт бойғы бұйығы күйінен арылып, бір сілкініп қалғандай әсер танытқан. Қарғалар мен сауысқандар да көптен күткен ылғалға қуаныш сезімін білдіргендей далбақтап ұшып, мәре-сәре болысып жүр.

Арсалаңдай келіп қарсы алған бір төбет пен бір жылмаңдаған ақтөс тазы өздеріне бұрыннан белгілі болған машина мен оның ішінде отырған көзтаныс адамдарға сарғыш көздерін бір-бір қадап алған соң шошайған құйрықтарын түсіріп, «е, сендер екенсіңдер ғой» деп машинамен дауыс шығармай жарысып, отағасы Жомарттың үйінің қасына келіп тоқтаған соң, ештеңені күтпестен жайылымға бет алған отардың соңынан ұшырта жөнелді.

Жайықбай мен Ханымгүлді келіндері мен немерелері күтіп тұр екен. Келіннің аяғы ауыр. Құдай қаласа қысқа дейін бір шілдехананың болары анық. Бәрі де қауқылдасып, бір-бірін құшақтап, көптен көрмеген ағайындардай сағынысып қалған екен. Екінші келініне қарағанда үлкен келіндерінің мінезі биязы, иі жұмсақ. Ата мен ененің айтқандарын екі етпей орындауға қашанда дайын. Барлық шаруашылықтың есеп-қисабы осы келіндерінің қолында. Кезінде совхозда да есепші қызметін атқарған-тұғын. Қожалықтан түскен әрбір пайданың тиын-тебенін есептеп, әрбір тоқсан сайын Жайықбайдың алдына жайып салып отырады. Қайын атасы да есепке жүйрік адам ғой. Келіннің жұмысынан ешқашанда иненің жасуындай кілтипан таппайды. Кейде мұнда еңбек етіп жүргендер маңдай ақыларын малмен алады, ал ақша қажет болғанда келіннің сейфінде қолма-қол ақша да жетіп артылады. Жомарт апта сайын ауданға барып, қымыз-сүт өткізіп, одан түскен қаржыны шып-шырғасын шығармай әйелінiң қолына әкеліп тапсырады. Үйдің берекесі әйелдің қолында ғой. Бұл жағынан Жайықбай келініне имандай сенеді.

Ханымгүл келіні мен немерелерімен үйге кіргенде Жайықбай сәл кідіріп, шаруа қожалығының жай-жапсарын білуге солай қарай беттеді. Бұрын совхоздың шопаны мекендеп келген базды кейін кеңейтіп, қысқы қора мен жазда қой қамалатын қоралардың іші-сыртын бүтіндеп, электр желілерін тартқан. Он бес шамға арналған шағындау келген жапон электр қондырғысы көп жанармайды да қажет етпейді екен. Бензин құятын құтысын бір толтырып қойсаң екі күн-екі түнге еркін жетеді. Ал жанармай толтырылған бір тонналық цистерна кірпіштен өрілген шағын үйшіктің ішінде орналасқан. Кезінде әуелі цистернаны орналастырып, кейін оны айнала қоршай кірпішпен қалаған. Есігінде дәу құлып тұр. Ал бензинді шағын терезеден шлангіні өткізіп құяды. Мұнда да құлып ілінген. Қауіпсіздік шаралары қатты ескерілген. Ал оның кілттері Жомарттың қалтасында.

Жайықбай Жомарттың мұқияттылығы мен жауапкершілігіне іштей риза боп қалды.

Түнімен шелектеп құйған жаңбыр айналаның бәрін шұқанақ суларға толтырып қойыпты. Биылғы көктемде туған төлдерімен есептегенде ұсақ малдың жалпы саны мың жарымнан асып жығылады.

Мұндағы барлық малдың нақты есебі де Жомарттың дәптерінде жазылған. Тіпті былтыр сатылып алынған компьютердің ішінен де іздеп тауып алуға болады. Бұл іске шебер келіні мен екі немересі. Жалпы шаруасының орнынан қаз тұрып, біраз жыл бойы дөңгелеп келе жатқанына барын салған бас фермер, бірақ ресми түрде ауыл әкімі деген лауазымы бар, осы әулеттің отағасы Жайықбай еді. «Құдай біреуге тақ береді, тақ арқылы бақ береді» деген осы-ау.

Жайықбай екі гектар жерді еркін алып жатқан кешенді ерінбей-жалықпай қарап, оның әрбір нүктесіне мұқият көз жүгіртіп, көңіліне жақпаған жерін санасына түйіп, сонда тұрып еңбек етіп жүрген адамдармен сөйлескен соң шеткері тұрған Жомарттың еңселі үйіне таяғанда қымыз тиеген ұлының сарғыш «Уазигі» де үйіне жақындап қалған еді. «Шіркін, баланы жасынан еңбекке тәрбиелеген қандай жақсы. Ерте ме, кеш пе ол да өз жемісін береді. Біздің балалардың бәрі де еңбекқор, шетінен өмірге бейімделіп өсті. Aл кейбір бастықтардың балаларын да көріп жүрміз ғой. Әбден әке-шешешелерінің мойындарына мініп алған. Өз беттерімен ештеңе тындыра алмайды. Тіпті бір болт бұрай алмайтын, бір шеге қаға алмайтын кещелерді де көріп жүрміз. Солар жаман айтпай жақсы жоқ, ертеңгі күні ата-аналарының көздері тайған соң әрі қарай қалай өмір сүрмек? Әке-шешелерінің сатып берген иномаркілерін қанша уақытқа дейін теппек. Ол да мәңгілік дүние емес. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір ол да тозады. Ал содан соң..?»

Есік алдындағы тақтай орындыққа жайғасып, қиялына ерік беріп отырған Жайықбайдың ойын Жомарттың:

  •  Ассалаумағалайкүм, көке. Келіп қалдыңдар ма? - деген майда қоңыр дауысы бөліп кетті.
  • Амансың ба, балам? – деп Жайықбай орнынан көтеріліп, өзінен әлдеқайда денелі, бойы да біршама ұзын, қырыққа келіп қалған ұлының бетінен жүрегі елжірей сүйді. – Қалай, жағдайларың жақсы ғой?

– Иә, көке. Өзің де аралап көріп жүрсің ғой. Тек бір ғана шығын бар...

– Қандай шығын? – деп Жайықбай ұлына жалт қарады. – Адамдарың аман ба?

    • Әрине аман.
    • Енді ше?
    • Бұрыннан бері әрең жүрген бір кәрі-көксау қой бар еді. Соны ертең анау шопандарға сойып, етін бөліп алыңдар деп айтайын деп жүргем, сол қой өліп қалыпты.

       Жайықбай ұлының сөзіне мырс етіп күліп жіберді. Жомартқа қарап еді, біртүрлі қобалжып тұрғанға ұқсайды.

  • Е, жарайды. Бір қой деген не тәйірі. Қайырлы шығын болсын. Сойып, етін алысқа апарып өртеп жіберіңдер. Мүмкін жұқпалы ауруы бар шығар?
  • Жоқ, көке. Ондайдан құдай сақтасын. Жасы келген кәрі қой ғой. Мүмкін түнімен құйған жаңбыр да өлімін жеделдетіп жіберген болар.
  • Малды жабық қораға неге қамағансыңдар? Ана шопандарың немене, мұндайға назар аудармаушы ма еді? – деп Жайықбай отардың орнын күреп, түні бойғы жаңбырдан кейін пайда болған лай мен кір-қоқысты тазалап жүрген шопанға назар аударды.
  • Көке-ау, кеш батып, қараңғы қоюланғанға дейін ауа қапырық болып, жылы тұрды ғой. Түн ортасында жаңбыр құяды деген ой басымызға келмепті. Ауа райын болжағыштар да жаңбыр болмайды деп ескерткен.

Жайықбайдың кей сәттерде аңқаулығы да жоқ емес еді. Кешегі күнді еске түсіргеннен кейін ғана ұлының сөзіне иланды.

  • Иә, солай екен ғой, - деп күлді отағасы, - синоптиктер соңғы кезде жиі алжасатын болды. Бірақ оларды да түсінуге болады. Бұл заказбен келген жауын...
  • Қалайша? – деп Жомарт әкесіне таңдана сұрақ қойды. – Заказбен қалай жаңбыр жауғызуға болады?
  • Е, баламысың деген. Сенің жасың қырыққа келсе де маған әлі бала боп көрінетінің рас, - деп Жайықбай ұлының ұйпаланған шашынан сипады. -Өткендегі алған қара қойды білесің ғой... ендеше осы жаңбырды алып келген де сол... қара қой.
  • О қалай болды екен, - деді Жомарт та тіктеп сұрақ қоюға именгендей басын төмен иіп. – Егер қара қойлардың мұндайға қасиеттері жететін болса әлі де ондай қойлар баршылық.
  • Ж-о-о-қ. Биылғы ылғалға жол ашылды. Сол қара қойдың өзі де бірер айға жететін болады,- деп Жайықбай көз ұшында өріске бет алып бара жатқан отарға көз салып өтті. – Соңғы кезде жаңбыр жаумай малдың да берекесі кете бастады ғой деймін, ә?
  • Күні бойы ыстыққа шыдамаған малдың күйі де кете бастағандай. Жайылғаннан гөрі демігіп жатқандары көбейіп кетті. Содан соң анау өзеншенің деңгейі де түсіп барады, - деп Жомарт осыдан қозы көш жердегі селдір өскен тоғайды нұсқады.- Осының бәрі адамның да жүйкесіне тиеді екен.
  • Жарайды, осыдан соң бәрі де дұрыс болады балам, - деп Жайықбай оңтүстік жақтағы қатар-қатар тізілген маяларға қарады.

  Ұлының жасаған шаруалары көңілінен шыққан Жайықбай іштей қатты қуанып тұр еді. Бірақ көлденең жағынан көкірегін шым еткізген тосын ой манадан бері көңілі жұмақтың төріне барып жайғасқан отағасын бір сәт таудан сырғыған көшкін сияқты әп-сәтте ала-құлаландырып жібергендей болды. Мұнысы сырт-пішінінен білініп тұрса да ұлына білдіргісі келмей теріс айналып кетті. Сол баяғы қызы Гүлназираның тағдыры  соққан құйындай үйіріліп Жайықбайдың көз алдына келіп тұра қалған. Кейде әке жүрегі де осындайға төтеп бере алмай әлсіздік танытады екен. Содан кейін қиялын әскердегі ұлына бағыттады. «Жүгермек, өзі тіленіп кетіп еді, қызметін қалай өтеп жүр екен? Құдай қаласа осы күзде келіп те қалар». Әр-алуан ой құшағына оранған отағасы Жомарттың үйге кіріп кеткенін де байқамай қалды.

  Жайықбай жаңбырдан кейін дүр сілкініп, жылы ауа әсер етіп бусана бастаған айналадағы табиғатқа қызыға да қуана қарап отыр. Аспанды торлаған қорғасын бұлт та бірте-бірте шығысқа қарай жөңкіліп, шілденің ыстық күнінің тегеурініне төтеп бере алмай уақыт өткен сайын қатпары жұқарып, сұйыла бастаған секілді. «Енді бірер сағаттан соң аспан шайдай ашылып, түнімен жаңбырға нысана болған әр-алуан өсімдік атаулы кеуіп, олардың бойларына тіршілік нәрі жүгіріп, салбыраған бастарын тіктеп, күнге қуана қарайтын болады. Міне, аспаннан түскен ылғалдың құдіреті қандай? Шашырай жайылған малдар да көптен бері нәрі кете бастаған шөптің орнына бойларына шыр жүгірген, сөлді өсімдікті сүйсіне шайнайтын болады».

  Жайықбай көз алдындағы көріністі тағы да қанша уақыт ойлана тамашалап отырарын кім білсін, егер үйден Ханымгүл шығып:

  • Оу отағасы, ойланып қалыпсың ғой. Балалар кетуге дайын отыр, үйге кір, шай ішеміз,- деп ойына тұсау болмағанда.
  • Жай әшейін, құдай тілегімізді берген соң айналаға көз жіберіп, қарап отырғаным ғой баяғы. Құрғақшылық деген ол  адамның да, малдың да соры ғой,- деп Жайықбай орнынан маңғаз көтерілді. – Жомарт та барады ғой?
  • Әрине. Қымыз бен сүтті апармай ма.

Ұлының дастарханы жайнап тұр. Бүйірі қампиған күрең бауырсақтар, аспандағы айдай дөңгеленген шелпектер, қой етінен дайындалған сірне, әр-әр жерде шағын кеселерге құйылған жас кілегей, қант-кәмпит, тосап, әйтеуір құрметті қонаққа жайылатын дастархан неге болса да жайнап тұр. Келіні де соңғы дәнін столға салатын жомарт кісі. Бір ұл, бір қыздан кейін талай жыл бойы бала көтермей келіп, енді міне... Құдай қаласа бірер айдан соң осы үйдің бастары тағы бір адамға толығайын деп тұрған жайы бар.

Жайықбай дастарханға бата жасап, соңғы сөздерін тағы да бір немересінің жарық дүние табалдырығын аман-есен аттауына арнаған еді.

  • Шіркін, баланың көп болғаны жақсы ғой. Өскен соң өзіңе қамқор, көмекші болады,- деп Жомартқа қарады. – Ұл қайда?
  • Оны мен соңғы кезде атқа үйретіп жүрмін. Төселіп келеді. Сауын кезінде өрістегі биелерді айдап келеді. Оқу бітірген соң ветеринар болам дейді.
  • Бұл қадамы да құптарлық екен. Мал дәрігерін ауылдан апарғанша өз қасыңда жүргені жақсы ғой,- деп Жайықбай қуана күлді.
  • Аттан жығылып, оқыс болмасын, байқа балам,- деп Ханымгүл іштегі қаупін жасырмады.
  • Бұрын да атқа мініп үйренген оған ештеңе ете қоймас,- деп келіні де сөзге араласып, жуып-шайған болды.- Әбден үйреніп алды. Келесі жылы оқу бітірген соң міндетті түрде мал дәрігері болам дейді. Шаруаның бәрін қаншама жыл болды көріп-біліп, малға әбден бауыр басты.
  • Иә, дұрыс. Қазіргі кезде екінің бірі экономист немесе заңгер болды ғой. Жұмыс таба алмай сенделіп жүргендері қаншама. Жұрттың бала-шағасына дейін ойлайтындары ақша, қалай баюдың жолы...- дей бергенде Жайықбайдың сөзін әйелі бөлді.
  • Сен баюды ойламай жүрсің бе?
  • Оу кемпір-ау! Баюдың да неше алуан жолы бар емес пе? Біреу таза еңбегімен, күш-қуатын жұмсап байиды, енді біреулер жауапты жерде отырып, пара алып дәулетті болуға тырысады. Екеуінің айырмашылығы жер мен көктей ғой, солай емес пе?
  • Иә, солай,- деп әйелі келіскендей болды.- Жұрттың барлығы танитын болған соң ауылда пара да алмайсың. Өйткені абырой-беделің түседі, ауылдастарың сыйламайтын болады.
  • Оу, кемпір-ай. Сен мен бір пара алуға құлшынып жүргендей-ақ сөйлейтінің не? Басқа басқа, бірақ өмірі біреуден бір тиын алып көргем жоқ. Қайда барсам да ісім ақ, артым таза. Мына отырған балаларды да тазалыққа тәрбиелеп келем. Жерді де белінен басып алғам жоқ. Совхозда істеген бір әулетке тиісті аумақты алдым. Басқалардың да маған өкпе-реніштері жоқ. өздеріне тиісті жерлерін алды. Жарайды. Осымен әңгіме бітті, - деп Жайықбай үнсіз отырып, тамақ ішуге кірісті.

Гүлназира туралы да артық-ауыс сөз болған жоқ. Бағана Жайықбай біраз уақыт қожалықтың қыр-сырын тексеріп жүргенде Ханымгүл келініне бәрін де тәптіштеп айтып берген еді.

Дастарқан басында алдын-ала құрылған жоспар бойынша Жайықбай мен Ханымгүлдің келіні және немересі бір аптаға атасының үйінде Ханымгүл Алматыдан оралғанға дейін қалып, үлкен үйдің шаруасын реттейтін болып келісілді. Жомарт қымыз бен сүтін аудан орталығындағы бұрыннан бері алып жүретін адамдарына өткізіп, бүгін кештен қалмай осы қожалыққа отбасы мүшелері қайтып оралғанша бір өзі қожайын болатын болды. Әрине, бәрі де жақсы-ақ. Алайда Алматыдағы қыздары Гүлназираның жағдайы қалай болар екен?

Ханымгүлдің ойы осы жалғыз қызының тағдыры төңірегінде өрбиді.

 

                                                    IV

 

Төрегелді мен Гүлістанның шаңырақ көтергеніне де біраз жылдың жүзі болды. Тағдыр неге бұларға осыншама қатал болғанын бір Алла Тағаланың өзі білмесе оның байыбына ешкім де бара алмас. Тірі пендеге қиянат жасамағаны да, бір-біріне сүйіп қосылғандары да өздеріне аян. Ендеше не болды? Неге бұлар осы уақытқа дейін бір нәрестенің балғын иісіне зар болып жүр? Өздерімен бір мезгілде үйленген құрдастарының алдыңғыларының екі-үш, соңғыларының бір баласы бар. Солардың «папа-мама» деп әке-шешелеріне қарай жүгіргенін көргенде Төрегелді мен Гүлістанның жүректері шаншып, іштегі борандай соғып өткен қызғаныштан жарыла жаздайтын. Бірақ санада пайда болған ашкөз сезімдерін сыртқа шығармауға тырысатын. Өйткені тағдыр біреуге бақ береді, біреуге бала береді. Ешкім  де жаратқан иеге ықпал етуге қауқарсыз. Көпшілік болған соң олардың арасында кімдер болмайды десеңізші: ағы да, қарасы да; көңілшегі де, арамзасы да; қамқоршысы да, қайырымсызы да шашетектен. Бәріне бірдей жақсы көрініп, жағынуың да қиын. Көптің аузына қақпақ та болмайсың. Оттай лаулаған қызыл тілдер не айтам десе де ерік өздерінде. «Өмірден ұрпақсыз өтіп келеді. Қаншама жыл өтсе де пұшпағы қанамай келе жатыр» деп кейбір бейпілауыз, санасыз біреулер ащы тілдерін Гүлістанға бағыттаса, енді бір жойдасыз, көргені жоқ көрсоқырлар «белсіз, ынжық неме, бала таптыруға да қауқарсыз болғаның ба?» деп Төрегелдіге соқтығатындары бар. Міне, осындай адамның құлағынан кіріп, санасын жаныштайтын, қадамыңды құрыстырып, қабағыңды тырыстыратын сөздерге ерлі-зайыптының нысана болғандарына қаншама уақыт өтті. Бір-бірін жамандыққа қимайтын, кемшіліктеріне асқан төзіммен, жанашыр сезіммен, кеңпейіл кешіріммен қарайтын оларға соңғы кезде осы әңгімелер ой тастап, бір шешім қабылдауға мәжбүр еткен сияқты.

  • Құрысын, дұшпандарға табалатып, өмір бойы осылай жүре береміз бе, Гүлістан. Жасымыз болса келе жатыр. Бір шикіөкпені иіскемей жүре береміз бе, не істейміз? Маған әрине жұрттың сөзі ешбір әсер етпейді, дегенмен ойланайық,- деп кешкі астарын ішуге отырған Төрегелді шай құйып отырған әйелі Гүлістанға қамыға қарағандай болды.
  • Сонда не істеуіміз керек? Дәрігерге көрінсек қайтеді? - деп Гүлістан да күйеуінің ішкі сезімін түсінгендей байсалды жауап қатты.
  • Қаншама жыл қаралмай жүріп, енді барамыз ба? Жоқ болмайды. Бір-бірімізге кінә тағып, кейін ренжісіп жатуды хош көріп отырғам жоқ,- деп Төрегелді қызылшырайлы келген, қолаң шашты, қыр мұрынды, салқы төсті, ажары бір басына жететін сүйкімді әйеліне елжірей қарады.

  Қараторы жүзді, шашы бұйра келген, үлкен қоңыр көзі қашанда нұрланып тұратын, бойы ортадан сәл биік, шымыр денелі жігіт те қыздар бірден назар аударатындай тым көрікті еді.

         Гүлістан күйеуінің сөз төркінін бірден түсіне алмай сұрақ қойды:

  • Сонда не айтқың келеді, Төрежан?
  • Мен түнде түс көрдім, Гүлеке. Сол түсім мені неше алуан қиялдарға

 жетеледі...

         – Қандай түс? Жұмбақтамай айтсайшы, - деп Гүлістанның құштарлығы белең алып, бота көздерін күйеуіне аудырды.

  • Соны саған айтайын деп ойлап отыр едім. Бірақ алдын-ала қауіптенбе,- деп Төрегелді келіншегіне ескерту де жасап өтті,- түсім жаман емес сияқты. Үйіміз сәбилі болыпты екен деймін. Бірақ... ол баланы Алматыдан алып келген екенбіз деймін. Аруақтар жол сілтеп, әйтеуір барған қадамымыз құр болмапты. «Әзірше осы баланы місе тұтыңдар, бірақ кейін екеулеріңнің қандарыңнан да сәби сүйесіңдер» деп бір ақ сақалы төсіне дейін түскен, кең қолтық ақ шапан киген еңгезердей қария осылай деп айтып кетті.
  • О, тоба. Лайым сондайға жазсын, - деп күйеуінің айтқан сөздеріне Гүлістан да маржандай тізілген ақ тістерін көрсете қуаныштан күліп жіберді.-  Менің де басыма соңғы кездерде осындай ойлар келіп жүр еді. Бірақ саған айтуға бата алмай жүргем.
  • Мейлі, жұрт не айтса соны айтсын. Өстіп екеуміз бір-бірімізге қарап дүниеден өтеміз бе? Тәуекел, құдай бұл түсті тектен-текке көргізіп тұрған жоқ. Мен бұл түсті бізге ақ жол сілтеген аруақтардың тілегі деп түсіндім,- деп Төрегелді төргі қабырғадағы қалы кілемнің жоғары жағында қатар ілулі тұрған әкесі мен шешесінің портреттеріне қарады. Анау кісілер де біздің уақытты бос өткізіп жүргенімізді о дүниеде қаламай жатқан болар...
  • Бәрінен де жастың да, жасамыстың да бізге табалaй қарайтыны жүйкеге тиеді екен. Дүниеде шалыс баспайтын, қателеспейтін адам болмайды. Сондай сәттерде олардың бізді тұқыртатын сөздері де даяр. Сол кезде жерге кіріп кете жаздайсың ғой. Әлгі «таяқ еттен, тіл сүйектен өтеді» деген мәтелдің мағынасын осындайда түсінесің...
  • Енді көп таусыла бермей балa асырап алудың қамына кірісу керек.

 Ағайыннан бала алудың қажеті жоқ. Жаман айтпай жақсы жоқ, ертеңгі күні баламды қайтарып бер деп қиғылық салса, даудың көкесі сонда болады. Сондайды болдырмау үшін көз көрмейтін, құлақ естімейтін жерден алу керек. Тілі басқа, діні бөлек, тіпті сонау Америкадан да келіп алып жатқанын газеттен оқып, телевизордан көріп жүрміз ғой. Асырауын асырап алса да, сол жаққа апарып ұрып-соғып, өлтіріп те жатқан көрінеді. Обал-сауабы соларды сатқан адамдарда болсын. Құдай ондайдың бетін әрі қылсын,- деді Төрегелді ашуға мінгендей өңі бозарып. Қажет болса біз сияқты баласы жоқ пақырларға неге бермейді? Баласыз отбасылар Қазақстанда аз ба? Кейде осындай сорақылықтарды естіп-білгенде қаның қайнап кетеді екен. Намыстан жарылып, көрге кіре жаздайсың!

  • Жарайды ашуланба, Төрем. Біз соларға бала іздеп барып, олар бізге бермей қойған жоқ қой. Несіне таусыламыз. Бәрінің де реті болады. Жаңағыдай түс тектен-текке кіріп отырған жоқ. Оның артында бір ізгілікті нышан жатыр,- деп Гүлістан күйеуін сабырға шақырды. - Бұдан басқа да көріп отырған құқайымыз аз ба?
  • Мен соңғы кездерде осындай сөздерге етім үйреніп кеткен сияқты. Қанша дегенмен өзіңнің қаракөз қандастарыңның мұхит асып, атасы басқа біреудің баласына айналғанына жүрегің еріксіз сыздайды екен. Балғын сәбилерді сату да бизнеске айналған көрінеді. Олардың көз жастары жібермейді ғой. Жарайды, бұдан әрі бұл әңгімені доғарып, енді алдағы болатын істің жөніне көшейік. Өзіміздің жақын достарымыз, ағайындарымыз бар, солармен де ақылдасып көрейік.
  • Әрине, «кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген мәтел бар емес пе? Әуелі көрші ауылдағы әкемнің үлкен ағасының батасын алсақ дұрыс па деп ойлаймын. Мұсылмандықтың бес парызын орындап жүрген, молдалығы бар, аузы дуалы азамат қой. Ақылын айтып, ақ батасын берер,- деп Гүлістан «сен бұған не дейсің» дегендей күйеуіне қарады.
  • Бұл сөзіңді құп алам. Ол кісіге барып сәлем бермегенімізге де біраз уақыт болып қалды. Кейде сенің басың қатты жұмыс істеп кетеді,- деп Төрегелді жадырай күлді.

         Гүлістан күйеуінің ашуы ұзаққа бармайтынын ежелден білетін-ді. Мінезінің турашылдығы, ойындағысын ірікпей төтесінен қайыратындығы, ештеңені жасырмайтын шыншылдығы, қара қылды қақ жаратындай әділдігі - әркез әйел көңілінен шығатын ерінің асыл қасиеттері еді. Алайда шындықты қасқайып тұрып бетке тура айтатындығы ақиқаттан алшақ жүретін, жұмыртқадан жүн қырқатын зәлім, арамзаларға ұнамайтындығы қай уақытта да, қай жерде де белгілі ғой. Қазіргі адамдардың көбісін осындай қасиеттер билеп алған соң ауылдастарының бірқатары Төрегелдіні жақтырмайтын. Кейбіреуі оны әдейі сөзге шалып, орайы келсе кемсітіп қалуға бейім тұратын. Сондағы айтатын сөздері белгілі ғой - сол баяғы ұрпақсыз келе жатқандығы. Еркектің де, әйелдің де мұқату үшін табалайтын себептері осы. «Сен де біреуге сөз айтатындай дәрежеге жеткенсің бе? Әуелі қатыныңның пұшпағын қанатып алып сөйлегін!» деп улы тілдерін безеп, Төрегелдінің жүрегіне біз сұғып, жарасына тұз сепкендей болатын. Намысына ши жүгірткен осындай бейпілауыз біреудің аузы-мұрнын қанға бояп, мүгедек ете жаздағаны тағы бар. Қасында тұрған біреулер араға түспесе әбден ашуға қарайған ол әлгіні қу сүйектей мүжіп тастайтыны анық еді. Осыдан кейін барып әлгіндей сөздер ауыл арасында саябыр таба бастаған. Кейбір ауылдастары - кезінде мектепте бірге оқыған құрбы-құрдастары мен көрші-қолаңдары ерлі-зайыпты екеуінің жағдайына ежелден түсіністікпен қарап келе жатқан жайы бар. Бұл жерде көреалмаушылық деген қызылкөз пәленің де әлсін-әлсін бой көрсетіп отыратынын да жасырудың қажеті шамалы. Небір қастық, дұшпандық, алауыздықтардың бәре де осындай пасықтық әрекеттен бастау алатындығы ерлі-зайыптыға бұрыннан белгілі жайт.

Кезінде төрт түлік малы, мыңдаған бау-бақша, егістігі бар дүрілдеп тұрған ірі колхоз бас-аяғы бір-екі жылда тарап, әркім өз күйін күйттеп кеткен қысылтаяң заманда Төрегелдінің әкесі де өзіне тиісті жері мен малын бөліп алған-тұғын. Колхоздың ферма басшысы болмаса шөміштің сабын ғана ұстап қалар ма еді, кім білсін. Осыдан жеті жыл бұрын әкесі жарық дүниемен қоштасып, бір жылдан кейін шешесі өтті өмірден. Қайта көретін қызықтарынан құдай айырмапты. Екі қыздан кейінгі ұлын үйлендіріп, басына мал қалдырып, бауырына қазан орнатып үлгеріпті. Барлық өкініштісі сол, олардың немере сүю бақыты маңдайларына жазбаған екен. Бәрі де құдай ісі ғой. Маңдайға не жазса, соны көресің.

Төрегелдінің ойын Гүлістанның:

  • Ал енді көп қиялдағанды қойып, бір шешім қабылдайық,- деген даусы бөліп кетті.
  • Басыма бір ойлар келе бастап еді, бөліп жібердің ғой,- деп Төрегелді ұйқысы келгендей ауыр есінеді.- Дұрыс, дұрыс, бәрі де көреалмаушылықтан басталады, - деп міңгірледі естілер-естілместей әлсіз дауыспен.
  • Нені ойлап кеттің?
  • Жай әшейін. Аяқ астынан бір ой келіп... иә, әке-шешемнің аруақтары да бізге риза емес сияқты. Бірақ біз әдейі істеп отырғамыз жоқ қой.
  • Қойшы Төреш, қиялдай бермей. Бәрі де ойдағыдай болады,- деп Гүлістан келіп күйеуінің шашынан сипап, бетінен сүйіп жұбатқан болды. - Дәулетіміз де, сәулетіміз де бар. Оны да құдай береді. Әжемнің өзі айтып отырушы еді... Келін боп түскеннен кейін жеті жылдан кейін ғана бірінші балама жүкті болдым деп...
  • Ол қай баласы әжеңнің?
  • Біз барамыз деп отырған үлкен ағамыз ғой. Сол кісінің батасын алайық деп жайдан-жай айтып отырғам жоқ. Енді түсіндің бе?
  • Түсіндім, түсіндім,- деп Төрегелді басын изей берді.
  • Алматыға кетсек ләрөкті жауып кетеміз бе? - деп Төрегелді верандаға шығып, терезесі көшеге қараған, кірпіштен өрілген дүкенді жанарымен шолып шықты. Содан соң ішінде «Дамас» машинасы тұрған гаражға да көз қырын салып өтті. Осы сәтте дарбазаның есігі ашылып, ішке  сақал-мұрты өскен, оң қолы білегіне дейін шұнтиған шолақ, жағына пышақ жанығандай арық, аяғында кетеуі кеткен кедісі бар бір жігіт кірді. Оны көре сала үй іргесіндегі үйшіктен сұрғылт овчарка атып шығып, гүрілдеп үре бастады. Шынжыры қысқа болған соң ит азуы күндіз кірген адамға жете бермейтін. Дегенмен тайыншадай дәу итті көрген кісі бірден сасқалақтап, бір орында тапжылмай тұрып қалатыны анық еді.

           Төрегелді келген адамды бас-аяғына дейін шолып шықты. Көшенің арғы бетінде тұратын, барлық адамгершілігі мен мақсатын жынды суға айырбастаған маскүнем екен. «Ой мынау бір аптадай жоқ болып кетіп еді, көктен түсті ме, әлде жерден шықты ма» деп ойлаған үй иесі сыртқа шықты.

  • Бұл кім? - деген Гүлістанның да даусы есігі ашық тұрған ауыз бөлмеден саңқ етті.
  • Кім болушы еді. Баяғы... өзіміздің көршіміз ғой.
  • Ей, Төке, құтқармасаң болмайды, басым сынып барады... Ойбай басым, көзім де қарауытып кетті ғой түге,- деп көршісі дарбазаның гаражға таяу түбіндегі ағаш отырғышқа сұлай кетті. Үстіндегі көк жейдесі шаң-шаң. Шешесі екеуі ғана тұрады. Кезінде тәп-тәуір жігіт-ақ еді. Соңғы жылдары араққа әбден салынып, айықпайтындай алқаш боп кеткен. Әйелі екі баласымен әлдеқашан кетіп тынған. Шешесі өз қолын өзі кесе ме, әйтеуір ұлының барлық істеген қылығына көніп тұрып жатыр. Сол арақтың кесірінен бір қолдан да айрылды. Осыдан екі-үш жыл бұрын қақаған қыстың күнінің ақшұнақ аязында араққа сылқия тойып алған ол түннің бір уағында қараңғы көшенің бір қуысында жығылып қалып, бір қолын үсітіп алған. Содан не керек, дәрігерлер бір қолын шынтағынан кесіп, кейін екінші топтағы мүгедек атанған. Тәп-тәуір өмір сүріп, еңбек етіп, бала тәрбиелеп келе жатқан жігіт, біреудің қарғысы тиді ме, әлде құдай сол көзімен қарады ма, әйтеуір жазмыштан аттап кете алмай осындай күйге ұшыраған. Бейшара шешесі де ұлымен алысам деп әбден мүжіліп бітті.

         Төрегелді бір жағынан жігітке аяй қараса, екінші жағынан көзге қораш көрініп жатқан оған ендігі сәтте жирене көз салды. Арақ сұрап келгені бесенеден белгілі. Мүгедектікке төленетін біраз тиын-тебенін шешесінен қоярда қоймай тартып алғандай болып, онысын бір-екі аптаның ішінде ішіп бітіреді.

         Мүгедек жігіт басын көтеріп алды. Жаңағы киіп келген жейдесіне тағы да дақ түскен. Сидиған жіп-жіңішке аяқтары от көсейтін көсеу сияқты қап-қара. Екі көзі ұйқыдан жаңа оянғандай былшық-былшық болып, қараған адамға біртүрлі жиіркенішті әсер етеді.  Көзінің айналасы көріктен жаңа шыққан темір сияқты қызарып кеткен. Адам қызыға қарайтын барлық игі қасиеттен жұрдай болған көршісі Төрегелдіге жалына қарады.

  • Бір бөтелке берші. Құдай қосқан көрші едік, аясаңшы, - деп шолақ қолын ербең еткізді.
    • Ақшаң бар ма? -  деді Төрегелді сыпайы сөйлеуге тырысып.
    • Жазып қойшы. Пенсиямды алған соң төлеп берем ғой.
    • Ақшаң жоқ болса қайдан ішіп жүрсің? - деп Төрегелді «бұл не деп жауап берер екен» дегендей орнынан тұра берген көршісіне сынай қарады.
    • Ой көрші-ай. Қайдан ішіп жүрсің деген сөз бе? Анау жайлаудағы бөлемнің үйіне көмектесейін деп бір аптаға барып едім. Қайтарда біраз ақша қалтама салып берген...
    • Ол ақшаң қайда, енді?
    • Біздің қалтада ақша тұрған ба еді. Сен де сұрайды екенсің. Короче, бересің бе, жоқ па?- деп маскүнем Төрегелдіге қызарған көзін шарасынан шығара қарады.
    • Ей, сенің қарызың басыңнан асады,-  деп Төрегелді де қабағын түйе қарады.- Ау, Гүлістан, жұрттың қарызы жазылған дәптерді алып келші.

         Екі арадағы ұсқынсыз әңгімені естіп тұрған Гүлістан лып етіп жүгіріп барды да, күйеуінің талабын орындады.

         Төрегелді дәптерді парақтап-парақтап жіберді де  әлгінің бір ай ішіндегі өтелмеген қарыздарын тауып алды.

  • Ой, ағатай, қарызың басыңнан асады екен. Бере алмаймын. Сенен басқалардың да өтелмеген қарыздары жетеді. Біз бұл дүкенді жұртқа қарызға беру үшін ашқамыз жоқ. Товар алатын айналымда ақша да болмай барады,- деп Төрегелді ренжи сөйледі.
  • Берме Төрегелді. Товардың бәрін кім-көрінгенге қарызға таратып отыратын жағдайымыз жоқ! - деп Гүлістан да ашу шақыра сөзге араласты.
  • Не дейді? Кім-көрінгенің кім сенің? Мен бе? Мен қашан кім-көрінгенге айналып едім,- деп маскүнем де қырылдақ дауысын көтере бастады. - Мен сияқты болсаңдар әулиесіңдер ғой. Бір қолым шолақ болса да өзім-ақ ақша тауып жүрмін еңбек етіп...
  • Енді сол ақшаң қайда тауып келген?!
  • Онда сенің қандай шаруаң бар?!
  • Шаруам сол, біз саған қарызға арақ бермейміз!- деп Гүлістан да тырсия жауап берді.

Жасында салмақты, мінезі әркімге де ұнайтын, қонақжайлылығы да бір

басынан асып жығылатын Гүлістанның соңғы кездерде мінезіне өзгеріс еніп, сәл кішігірім дүниеге кілт ете қалатын қасиет те бойын билей бастаған. Талай жыл сәби сүйе алмай қапа боп, кей сәттерде небір жетесіздердің табалап, жігерін құм ететіндері келіншектің мінезінің өзгере бастауына үлкен себебін тигізуі де заңды еді. Онымен қоймай кейбіреулердің бір нәрсесін өткізіп қойғандай міндетсінетіндерін қайтерсің. Кім қазіргі заманда әркімге жақсы көрінем деп қолындағы дәулетін шаша береді? Бір нәрсені берсең соңына апталап жүріп түсіп, «әкелеп-көкелеп», өз ақшаңды жалынып жүріп әзер дегенде қайтарып аласың. Ал бермесең жер-жебіріңе жетіп тілдейді, боқтайды, өзінің мүсәпір күйіне қарамай кемсітеді. Осылардың бәрінің көңілінен шығу үшін сұраған затын қолына ұстата беруің керек. Адамдарды түсіну қиынға соғып барады. Әрине ұяты, ар-намысы бар, жауапкершілікті ту етіп ұстайтындары да бар. Бірақ уақыт өткен сайын осындайлардың қатары сиреп бара ма, қалай?

Гүлістан көз алдындағы диуана кейпіндегі адамға зор жиіркенішпен қарады.

  • Мен сенің қарызыңды өтемей бір жаққа кетіп қалады деп ойлайсың ба?

Осындайлардың сөздері де мірдің оғындай. Адамды тілдеп- қорлағанда

бір шалыс баспайды-ау. Өзегіңе ине сұққандай әсер етеді. Шіркін осындайлардың бәрі айтқан сөздеріне сәйкес еңбек етіп, азаматтық қасиеттеріне кір жұқтырмай жоғары алып жүрсе ғой?! Бұл ауылда мынау жалғыз болса екен. Мұндайлардың оншақтысы бар. Зерігіп арақ ішіп, ұрлыққа түсіп, біреулерді сабағаннан басқа тындыратын шаруалары да жоқ. Баяғыда колхоз бар кезде осындайлардың жұмыстан қолдары босамаушы еді. Арақ ішуге де уақыттары болмайтын. Ішіп, жұмысқа шықпай жатса бастық әкелеріне танытып, ит терілерін бастарына қаптайтын. Осыдан кейін арақ ішіп, тәртіп бұзып көр! Ал қазір осының бірі де жоқ. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмаған соң әркім өз тағдырының қожайыны болып отыр. Арақ ішіп мас болып жата ма, мал ұрлап түрмеге түсе ме өз еріктері. Бәрінен де ақадал еңбегімен күн көріп отырған адамдарды қақсатып жүргендері арқаға аяздай батады.

–Қайда кетсең онда кет, саған қайта-қайта ұстата беретін арағымыз жоқ!-  деп түтігіп, ашуға мінген Гүлістан сөзін келте қайырды.

  • Е, солай ма? Саған да тіл шығайын деген екен. Несіне байып жүрсіңдер, асырап отырған бір балаң жоқ. Бала таппаған қатынға да байлық керек екен, - деп маскүнем кетілген сары тістерін көрсетіп, ащы жымиды.

         Осы сәтте Төрегелдінің де ашуы шектен шығып кеткен еді. Оның бір қолының шолақтығына да қарамастан иегінің астынан басымен ұрып кеп жіберді. Күш-қайраты жетпесе де жаманның тілі аузында ғой, темір қақпаны сүзе құласа да, ащы сөздерді дауылдай боратып-ақ жатыр.

  • Пұшпағын қанатқан қатыныңнан туған екі балаңды үлде мен бүлдеге

орап, асырап отырғаның сол екен ғой! Көрінгеннің үйін тіміскілеп, ит сияқты үріп жүрсің! Сенен ана көшедегі ит артық! Мына шынжырдағы итті босатып жіберіп, ішегіңді шашып жіберейін бе, сенің!

         Әбден ашуға мінген әйелін Төрегелді әзер тоқтатты. Сұр овчарка да шынжырын үзіп кетердей бұлқынып, сояу тістерін ақсита үріп, әзер шыдап тұр. Шынжырынан ағытып жіберсең-ақ болды, маскүнемнің түте-түтесін шығаратындай күйде.

         Адамдардың ашуға басқан дауыстары, иттің өршелене үргені маңайға естіліп тұрса керек. Сыртқы есік ашылып, іле ішке араққұмар жігіттің шешесі енді. Сыңарезуленген иттің назары енді жасы жетпіске таяған, бет-жүзін әжім басқан, тыриған арық кейуанаға ауған. Төрегелді дереу итті үйшігіне кіргізіп, есігін жауып қойды. Маскүнем де орнынан тұра берді.

  • Апа! Мына ұлыңыз мазамызды алып болды. Арақ бермедіңдер деп екеумізді тілдеп, жер-жебірімізге жетті. Неткен сұмдық мынау. Күйеуімнен естімеген сөзді балаңыздан естіп тұрмын, - деп Гүлістан еңіреп жылап жіберді.
  • Ой құдайым-ай! Құдай ұл бергеннен гөрі қып-қызыл пәле берді ғой. Mені тірідей көрге көміп жүрсің-ау! Соншама кімнің қарғысына ұшырадың?! Арақ деген әкеңнен қалған несібе емес еді ғой. Сенің мұндай қорлығыңды көргенше әлдеқашан өліп қалғаным артық еді. Соншама бұл ит ішкірге құнығып не болды?! Араққа салынам деп семиядан айрылдың, бір қолыңды беріп мүгедек болдың. Енді нең қалды көзге көрінетін. Анау жиенімнің берген біраз ақшасын жеткенше ішіп бітірдің. Қалтамдағы зейнетақымнан қалған ақшаға жейде алып бердім. Ананы қара, жаңа ғана үйден киіп шыққан жейдені... шаң-шаң. Атаңа нәлет, өзің өлмесең мен өлтірейін сені, - деп кемпір гаражға сүйеулі тұрған күрекке ұмтылды.
  • Қойыңыз апа. Аман-есен тұрғанда үйіңізге алып кетіңіз, - деп Төрегелді ашуға мінген кемпірді ұстап қалды.
  • Бұның тірі жүргенінен өлгені артық еді? Пайдасы жоқ, зияны көп немені жайлауға көмекші болсын деп әдейі жіберіп едім. Олардан да арақ сұрап мазаларын алған соң қуып жіберген сияқты. Өздері жіберді дейді, - деп кемпір не істерін білмей сүмірейіп тұрған ұлына тістене қарады. – Ертең бәрібір естиміз не істегеніңді. Сонда көзіңді шұқитын боламын. Мен сыртта тұрып айтқан сөзіңнің бәрін естідім. Бұл екеуінен сен садаға кет. Айтты-айтпады екі балаң мен қатыныңды үлде мен бүлдеге орап, жұрт сияқты өмір сүріп отырсаң сенің жолыңды біреу қиып өтті ме?! Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді деген осы-ау!  Тілдеме көршілерді. Алыстағы ағайыннан жақындағы көршің артық деген. Бір нәрсе сұрап келсем Төрегелді де, Гүлістан да көңілімді қайтармайды. Әке-шешелері де қандай жақсы кісілер еді. Көршімен алыссаң көмусіз қаласың, ақымақ, соны ойлауға мына басың жетпей жүр ме, - деп кемпір екі саусағын бүгіп, ұлының басынан нұқып-нұқып жіберді.- Жүр үйге!  Енді арақ сұрап осында келуші болсаң анау әкеңнің жылқы соятын кездігін өңменіңе бойлатып алам. Уһ! Белім де соңғы кезде сырқырап ауырып жүр. Іштен шыққан соң өз қолыңды өзің кесе алмайды екенсің. Сендер де бұның сөзін көңілдеріңе алмаңдар, балам. Ірігеннің аузынан шіріген сөз шығады деген ғой. Аққа құдай жақ деген, сендер де бүйтіп жүрмейсіңдер ғой, бәрі де болады. Біреуге бақыт ерте, біреуге кеш келеді ғой. Сол ерте келген бақытты уысында ұстай алмады ғой, анау араққұмар жүгермек, - деді кейуана сыртқа шығып бара жатқан баласының соңынан жабырқау көз тастап. – Енді осы үйдің табалдырығын аттап баспайтын болады. Қазір барып, бәрін де айтам ғой.

Биылғы маусым  айы басталысымен екі-үш күннің бірінде жаңбыр құйып, тау бөктері, одан төменгі сай-саланың бәрін ылғал басып, жайылым-шабындықтардың бәрі жасыл кілем төсеп тастағандай құлпырып тұр. Қызыл- сары гүлдері де алыстан қараған адамға бейне бір лаулап жанған от сияқты әсер етеді. Жоңғар Алатауының шыңдарында орын тепкен қар мен мұздақтар күн сәулесіне шағылысып, жалт-жұлт ете қалады. Неткен ғажап сурет! Көгілдір аспан да мейірін төге күлімдейтін тәрізді. Соңғы жаңбырдың селдетіп өткеніне де біраз күн болып қалған. Мамыр мен маусымда жиі жауған жаңбыр күллі өсімдіктің тамырына нәр жүгіртіп, олардың тез бой тіктеп, қаулап өсуіне қазіргі сәттегі күннің ыстық сәулесі де молынан әсер етіп тұр еді. Мыңғырған малы бар фермерлер қысқа мал азығын дайындап біте алмай жатыр. Тау етегіндегі ат шаптырым шабындықтарда шабылған шөпті түктеген тракторлардың даусы таңертеңнен күн батқанға дейін бір тынбайды-ау. Енді біраз уақыттан соң бұл дыбыстар да сап басылып, оның орнын ауыл тұрғындары малдарының маңыраған, мөңіреген, кісінеген дауыстары басады. Пәленбай жүз гектар жердің шабылғаннан кейінгі қалған шөп-шөлеңнің игілігін солар көреді. Қар қалың жауып, мал тұмсығы шөп басын шала алмайтындай жағдайға жеткеннен соң ғана тебіні жоқ мал қолдағы біраз жем-шөпке тәуелді болады. Алайда соңғы кезде қыстың да қасиеті ыдырап, не қыс емес, не көктем емес дүбәра бір шақ туған. Қазіргі жауған қар демде еріп, жер-дүниенің бәрі қар аралас лайға толып, адамды да, малды да әбігерге салатын болған. Таң атқанда мұз құрсаған айнала түсте бір сәт еріген болып, кешке таман күн еңкейген уақытта қайыра қата бастайды. Төрт-бес айдағы адам мен малдың көретіні осындай ұсқыны да, қайырымы да жоқ сүреңсіз көрініс. Ғаламдық жылыну келе жатыр деп ғалымдар соңғы кезде жиі дабыл қағып жүргені де жай емес сияқты. Адам ойына ешқашан келіп көрмеген сол қасірет осы өлкеге де келіп жеткен бе?

Төрегелді осыдан он-он бес шақырымдай қашықтағы ұшар басы аспанмен тілдескен биік тауға қарап ойланып тұр еді. Жаңағы жоқ жерден бүлік салып, тіл тигізіп кеткен; санасын да, адамгершілігін де араққа айырбастаған көршісінің жүрегіне салған дағын ол бір сәт қиялмен ыдыратуды жөн санаған еді. «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» деген, қиялмен тағы да көңілін жадырата алмай іштей қапа болды. Сол анау манаурап жатқан жап-жасыл алқаптарға, тау бөктеріндегі шөбі шүйгін шұрайлы жерлерге сұқтанып, жебесін қадағандар да табылған екен. Кешегі көрінгеннің күресінінен қап көтерген, көмір орнына көң жаққан бәзбіреулер бүгінгі күні депутат, шенеунік болып, бұқара халықтың намысына ши жүгіртіп, өрісін тарылтып жүргені жанға батады-ақ. Тексізде тойым болған ба? Анау тау арасындағы әсем аңғарға зәулім сарай салып тастағаны аз болғандай, енді соның айналасындағы ат шаптырым көл-көсір жайылымды, шабындықты жерлерге көз тігіп, сатып алмақшы екен. Бұл неткен сұмдық! Сонда қара халық несімен күн көреді? Бес-алты қарасын қайда оттатып, қайда жаймақ?

«Ой, құрысыншы бәрі. Заңға қарсы тұратын қауқар қай қазақта болып еді. Одан гөрі өзімнің мұқтаждарыммен айналысайын» деп Төрегелді гаражының қақпасын ашып, машинасына от алдыруға кірісті. Сәлден кейін інінен шыққан суыр сияқты шағын ақ түсті «Дамас» есік алдында тұр еді. Бұл өзі шағын болып көрінгенімен жарты тоннадан астам жүк немесе бес жолаушы алып жүреді екен. Бензинді де аз жұмсайды. «Жигули» сияқты жиі-жиі сынып та қала бермейді. Төрегелді бұрын да машинаның тетіктерін жақсы білетін. Ешкімге жалынбай-ақ ақауларын өзі жөндеп алатын. Бір жыл ішінде қоңыздай ғана шағын микроавтобустың қатпар-қатпар сырларын тез меңгеріп алды. Осының алдында бір жыл ғана жүрілген машинаны өзінің орыс-казак ауылдасынан сатып алған. Товар тасуға, анда-мұнда барып келуге таптырмайтын көлік екен. Тіпті басқа машина жүре алмайтын тар жолдан, үй арасынан да зыр етіп өте шығады. Көлденеңі баяғы әкесінің  жасыл «Урал» мотоциклінен де шағын ба, қалай? Тас жолда жүргенде де шабысы келіскен арғымақтай зырлап отырады. Тіпті рахат. Аяқ астынан бірдеңе боп тұрып қалса итеріп от алдыруға да жеп-жеңіл. Төрегелді машинасын қызықтап бірсыпыра уақыт қасында тұрып қалды.

    • Немене, ойланып тұрсың ба? – деп күйеуінің қасына Гүлістан келді. – Естідің бе, анау өле алмай жүрген иттің не деп оттап кеткенін. Осындай алқаш, жетесіздерге де таба болдық қой.
    • Жарайды, таусылмашы Гүлім. Әрбір алқаштың оттаған сөзін көңілімізге ала берсек неміз қалады. Нервіміз тозып бітпей ме? Мен ол туралы ойлап тұрғам жоқ. Мына көз алдымда тұрған көлігімді тамашалап, шап-шағын болса да бізге тигізіп жүрген пайдасын саралап тұрмын. Кейде пасық жандыдан жансыздың, саналы адамнан санасыз хайуанның артық болатыны несі, Гүлеке.
    • Артық болатыны сол – олардың адамды қорлап, боқтайтын тілдері жоқ. Әмбе жансыздар да, санасыздар да саған тәуелді. Оларға не істетем десең де өзің білесің. Ал жаңағы алқашқа не істетпексің? Қайта өзіңді пайдаланып, арағыңды алып кеткелі тұр. Тіл мен жақ та өзінде, не айтам деп басқамен келісіп те жатпайды. Аузына келгенін айтып, біреуді кемітіп-қорлап кетуге дайын. Қолынан осылар ғана келеді.
    • Иә, дұрыс айтасың, - деп келісті әйелінің сөзіне Төрегелді. – Қазіргі заманда адамдар тарапынан неше алуан сорақылықтар болып отыр ғой. Тіпті құдайдың жерін сатқан деген не сұмдық! Ертеңгі күні осы ауылдың жерін біреу келіп сатып алып, бізге көшіңдер десе не істейміз. Мен ана бір жылдары Қабанбай батыр туралы кітап оқып едім. Сол бабамыз өмір бойы ат үстінде жүріп, қара тоқпақтың күшімен, ақ найзаның ұшымен осы өлкені жоңғар шапқыншыларынан қорғап, жаудан біржолата азат еткен көрінеді. Енді қазір ше? Қалталы қаптаған келімсектер келіп, бүкіл мына ата-бабамыздан қалған өлкенің тамаша жайлау, шабындық жерлерін сатып алса оған қарсы не істейміз? Бәрі де заңды. Ал заңға қарсы шығып көр. Өзіңді сол қызыл жағалы қандастарың-ақ сойып салады. Немесе қапасқа апарып тоғытады. Анау Алматы төңірегіндегі бейшара қазақтың қалай сорлағанын жақында телевизордан өзің де көріп, жағаңды ұстаған жоқ па едің.
    • Астапыралла, - Гүлістанның денесінен тоқ жүріп өткендей тітіркене қалды. – Қойшы оның бетін әрі қылсын. Төреш, біз саясатқа ауысып кеттік қой мүлдем, басқа әңгіме құрып қалғандай. Бала туралы айтайықшы...
    • Енді, қанша айтқанмен баласыз өмір сүре алмаймыз ғой. Бұл біз үшін шешілген мәселе.
    • Бала асырап алу да оңай шаруа емес екен. Мен анау мектептің қасында тұратын ауыл әкімшілігінде істейтін орыс әйелмен жақында әңгімелестім. Ол үшін біраз справка жинау керек екен. Әртүрлі мекемеден.
    • Оның тізімін алдың ба?
    • Алдым, - деді Гүлістан қазіргі сәтте манадан бергі түнерген жүзі сәл ашылғандай болып.
    • Е, сен менсіз-ақ шаруаны бастап жіберген екенсің ғой, - деп күлді күйеуі. – Енді уақытты оздырмай іске кірісу керек.
    • Менің басыма тағы да бір ой келіп тұр, Төреш?
    • Тағы не боп қалды. Жұмбақтамай бәрін де айтсай.

         Гүлістан көше жақтан шыққан дауысқа селт ете қалып, жанарын солай қарай аударды. Төрегелді де тына қалды.

         Шешесіне күш бермей, көшеге кетуге талпынып жүрген жаңағы алқаш екен.

  • Бармайсың деймін. Мені қазір шейіт қып кетсең де жібермеймін. Тағы да біреуге тиісіп, айқай-шу шығарып бүлдіресің, - деген шешесінің даусы да ап-анық естіліп тұр.
  • Барам, барам. Барма десең бір бөтелкені өзің әкеліп бер, – деп маскүнем ұлы да өршеленіп қояр емес.  Отыздан асып, орда бұзатын жасқа келген еркекке шүйкедей кемпірдің шамасы қайдан жетсін, осыған көзі жеткен шешесі енді ұлына жалынып-жалбарынуға көшті.
  • Ой айналайын, ақылың бар еді ғой жаным. Жүр, үйге кіріп жат. Қазір бір жартылығыңды өзім-ақ әкеп берейін,- деген соң ұл да бұған көнген сияқты. Жаңағы буырқанған желік басылып, айнала бір сәт тына қалды. Сәлден кейін есік ашылып, кемпірдің шаршаған жүзі көрінді.
  • Балам, бір жарты берші. Анау алқаш неме мазамды алып қоятын емес,- деп Гүлістанға екі жүз темір теңге ұстата берді.
  • Оны несіне алып бересіз ақшаңызды шығындап,- деп Гүлістан кемпірді шынымен аяп кетті. – Айқайлап, айқайлап қояды ғой.
  • Ой қызым-ай. Асау аттың сыры иесіне белгілі ғой дегендей, бұл қадалған жерінен қан алатын кене ғой. Қоя берсем біреуге барып соқтығып, тіл тигізеді. Жаңа өздерің де көрдіңдер ғой. Таяқ жесе де қоймайды. Бірақ, бір жақсысы менің алдағаныма көнеді, әйтеуір,- деп ақшасын алғысы келмеген Гүлістанды әзер көндіргендей болды.- Сендерге біраз қарыздар да ғой деймін. Бенсиясын алғанда бір тиыныңды қалдырмай өзім әкеліп қолыңа ұстатам, қарағым. Өзі де айтып отыр, енді сендердің табалдырықтарыңды аттап баспаймын деп...
  • Бұл да бір жақсы жаңалық екен, - деп Төрегелді жымиып күлді.

Кемпір бір жартылықты алып, үйіне қарай шойнаңдай басып жөнелді.

Осыдан кейін үш-төрт күн өтті. Ерлі-зайыпты барлық шаруаларын тап-тұйнақтай ғып бітірді де, шығыстан таң арайланып атуға таяғанда машиналарына отырып, Алматы қайдасың деп тартып кетті.

 

 

        V

 

         Гүлназира шешесі Ханымгүлмен сөйлескеннен бері пәс көңілі көтеріліп, жүзіне қан жүгіріп, көптен бері басына түскен қайғы біржолата сейіліп кеткендей болды. Шіркін, жаныңды өзіңнен де артық түсінетін бұл дүниеде бір-ақ адам бар ғой. Сені дүниеге әкеліп, ана сүтін емізіп, бесікте тербетіп, үлде мен бүлдеге орап, мәпелеп өсірген анадан артық кім бар? Бұрын жанарынан қайғы мен мұң жасы парлаушы еді. Енді телефоннан ананың жұмсақ даусын естіп, оның ыстық лебізін сезінген соң жанарынан қуаныш жасы төгілген. Дауысын шығармаса да басын жастыққа салып, біраз уақыт үнсіз егілген еді.

         Үш-төрт күн оған бір ғасырдай ұзаққа созылды. Дегенмен анасын жақын уақытта көріп қалатынына көзі жеткен қыз өзінің нәрестесі туралы көп ойламауға тырысты. Бірақ  өз ойына өзі иелік ете алмай, сәбидің шырылдаған даусы құлағына ызылдай еніп, оны тағы да бір тосын ойға жетелейтін. Содан соң қиялын басқа арнаға еріксіз бұратын. Шырылдаған сәби даусы бұл қайда жүрсе де, қай уақытта болса да әйтеуір тауып алатын. Міне, осындай күндердің бірнешеуі өте шықты. Ақыр аяғы тағдыр оны шешесімен жүздесуге жазған екен. Пойыз келетін уақытта барып, анасын вокзалдан күтіп алды. Қызының жағдайына Ханымгүл де қапаланып, хат алған күні жүрегіне біреу қанжар сұғып алғандай болған. Содан бері оның да жағасы жайлаудан көшіп, қыстың қақаған аязына тап болғандай күй кешкен. Бірақ ішінде ұялаған ызғарды күйеуіне де, ұлдары мен келіндеріне де сездірмеген еді. Енді міне, қызының жылаудан көз ашпаған бозарған жүзін көріп, ананың көзінен жас еріксіз шығып кетті. Әрине, көпшілік орында дауыс қылудың жөні де жоқ еді. Оған жететін себеп те жоқ болатын. Тек вагоннан жерге түскесін ана мен қызының құшақтары айқасып, көпке дейін жазылмаған. Әйел жүректері бір-бірін үнсіз түсінісіп, бір-бірімен дыбыссыз тіл қатысып тұр еді қазіргі сәтте.

         Шілденің күні бойғы жер дүниені қуырған аптабының күн батуға шақ қалса да қайтар түрі жоқ. Осыдан үш-төрт күн бұрынғы жарты күн бойы селдеткен қалың нөсердің қазір ізі де қалмаған секілді. Ауаның қапырығы мен көше-көшедегі құмырсқадай қаптаған үлкенді-кішілі көліктерден бөлінген улы түтін де қолқаны қауып, таза ауаны біртүрлі тарылтып тұрғандай әсер бар. Қала жұртшылығы бұған әлдеқашан үйренген. Үй айналасында да ине шаншар жер қалмаған тәрізді. Подъезд алдындағы алаңша да, әрбір үйдің ортасындағы жолдардың шеттері де жеңіл машиналарға лық толған. Күндіз-түні машина дауысынан жақын маңайдағы үйлерде тұрып жатқан адамдар әбден зәрезап болған. Көлігі барлар бұл жағдайға әлдеқашан үйренген. Ал көліктері жоқ кемпір-шалдар мен жалғызбасты аналар жолда тұрған әрбір жеңіл мәшинеге жирене қарайды. Міне, халқының саны екі миллионға таяған үлкен шаһардың сиқы қазіргі уақытта осындай еді. Біраз уақыт бұл қалаға келмеген Ханымгүл көз алдындағы келеңсіз суретті көріп, еріксіз таңданды. Гүлназира екеуі кешкі серуенге, қаланың оңтүстігіндегі үлкен даңғылдың арғы жағында жаңадан ашылған саябаққа бет алып келеді. Соған жеткенше Ханымгүлдің көзіне түскені жол бойында қаз-қатар тізілген сансыз көлік.

  • Қала халқы әлдеқашан байып алған екен, - деп ол бұрын өзі көріп-

білмеген неше-алуан шетел көліктеріне қарады. – Тіпті әр үйде екі-үш көліктен бар-ау деймін.

  • Бар, мама. Баласы да, қызы да, әке-шешесі де бір-бір көліктен мінетін семьялар мұнда аз емес.
  • Сонда бұлар ақшаны қайдан алады?- деп Ханымгүл тағы да қызына аузын ашып қарап қалды.- Біз енді  ауылда тұрып, мал өсіріп, кәдімгідей еңбек етіп ақша тауып жүрміз. Мына жерде тіпті мал жаятын ұлтарақтай жер де жоқ қой.

Шешесінің аңқаулығына Гүлназира еріксіз күліп жіберді. Көп уақыттан

 бері қызының рахаттана күлгені де осы еді.

  • Мал жаймай-ақ, егін салмай-ақ бұл қалада байып жатады. Кейбіреулері банктерден қарыз алады, енді біреулері шетелден товар әкеліп, оларын базарда сатады. Енді біреулерінің әрбір көшеде ашып қойған дүкені, шаштаразы, мейрамханасы, емханасы бар. Қазір барлық мүлік жекеменшіктің қолында ғой, мама. Біздің де ауданда, облыс орталығында дүкендеріміз бар емес пе. Бұл жерде де солай  мама,- деп Гүлназира көшедегі қаптаған көліктердің не себептен осылай болғанын түсіндіргендей болды.
  • Е-е, - «енді түсіндім» дегендей шешесі басын изеді.

Ана мен қыз пәтерде отырып, ел мен жұрттың, ағайын-туыстың хал-жағдайынан басқа әңгімеге тереңдеп бармаған. Гүлназира өзінің жағдайын

жалпылама ғана айтып өте шыққан. Қазіргі анасын серуенге ертіп шыққан бір мақсаты да болған оқиғаның бәрін жасырмай Ханымгүлдің алдына жайып салу еді. Осы ойын анасы да түсінген тәрізді. Екеуі саябақты аралап, көк майса шөпті, жап-жасыл ағаштарды, кешкі күннің шапағымен нұрланып, айналасына алқызыл реңк беріп, құлпырып тұрған раушан гүлдерді қызықтай тамашалап келе жатқанда анасы қызының жанын жасытпайын дегендей Гүлназираның батар күннің алтын сәулесі сүйген жүзіне елжірей қарады.

Енді біраздан соң күн көзден жылыстап, маңайға қараңғылық ұялай бастады. Мұнда діңгек басына ілінген жарық та көп екен. Әйтеуір ауылдағы сияқты көзге түртсе көргісіз зіл қараңғылық жан-жағыңнан әзірейілдей төніп тұрмайды. Бұлардан басқа да бала-шағасын ертіп, жатар алдында таза ауа жұтып, серуен құрып жүрген жастар да, жасамыстар да жетерлік.

         Екеуі жасыл жапырақты бұталарына құлаш жетпейтін дәу қарағаштың түбінде орналасқан ағаш отырғышқа келіп жайғасты.

  • Ал айта бер, қызым. Мен де сенің тағдырыңмен жете танысайын, өзіңнің қайғы мен мұңыңды бөлісейін деп келіп отырмын. Перзентке қашанда ана жақын екенін басыңнан мұндай оқиға өтпесе сезбес те едің ғой. Сенің тағдырың менің де жүйкемді тоздырып, жүрегіме шаншудай қадалып отырғанын несіне жасырайын. Әйел болған соң бәрін де білгің келеді, тағдырыңа бойлап енгім келеді,- деп Ханымгүл анадай жерде дән шоқып жеп жүрген екі торғайға қарады. Біреуі үлкен торғай да, екіншісі шағындау келген. Мүмкін балапаны шығар?

Гүлназира өткен өміріне шегініс жасағандай бірсыпыра уақыт үнсіз отырды да, содан соң қараңғылық басып бара жатқан аспанға қарап алып, әңгімесін бастап кетті.  

... Жазғы сессия басталған шақ еді. Студент қауымы үшін бұл бір жауапты кезең. Тойып тамақ та ішпейсің, алшаң басып қыдыра да алмайды. Екі көздері азаннан кешке дейін кітапта. Жарты жыл бойы алған білімдерінің нәтижесін қорытындылайтын емтихандар да жақындап келеді. Кейбір студенттер кітапханаларға ағылса, олардың тағы да біраз тобы қапшықтарын көтеріп, табиғат аясынан жанға қуат пана іздеп, Алатаудың бөктеріндегі сай-салаға ағылады.  Жылдағы кәде осы. Гүлназира мен қасындағы курстас екі қыз табиғатқа барып, таза ауа жұтып, дастархандарын жайып, таяу жерде ақ моншақтан шашу шашып жатқан өзенге бет-қолдарын жуып, жамылғыларын осыған таяу дәу қарағаштың аясына жайып тастап, сабаққа дайындалуды көптен бері дағдыға айналдырған.

         Міне, бүгінгі күн де жаймашуақ қалыпта. Үш қыз өздеріне бұрыннан таныс болып қалған Алма-Арасан шатқалына, екіге айрылған үлкен сайдың оң жағына қарай ойысып, төмен қарай тулай ағып жатқан өзеннің жағасына таяу келіп орналасты. Айнала жап-жасыл. Ұшар басы аспанмен тілдескен терек, қарағаштар жаздың ыстық күнінен қорғап, әр-әр жерге көлеңке түсіріп  тұр. Айналаның біраз жерін жасыл шөп көмкерсе де, өзенге таяу бөліктері тақыр, жиі-жиі келіп демалатын адамдардан қалған қоқысқа да толы екен. Үш қыз орналасатын жеріне таяу алаңқайларды қоқыстан тазартып, әлден уақыттан кейін жаймаларын ағаш түбіне мұқият орналастырып, өздері де соның үстіне жайғасқан.

Түстен кейін бұл аймақ дем алушы, серуен құрушыларға сыймай кетеді. Қызылды-жасылды, көкшілт-сары, ақшағи жеңіл киім киген қыз-келіншектер, жігіттер күнге қыздырынып, алау жағып, кәуәп пісіріп, мәз-мейрам болып жатады. Өзен cуы дене тітіркендірердей мұздай болғанымен кейбір жүз грамнан сілтеп алғандары бұған қарамай суға күмп беріп, бір шомылып алғанды рахат көретін сияқты. Содан соң қара көзілдіріктерін тағып алып, кітап-газет-журнал оқуға кіріседі. Күндегі әдет, табиғат аясындағы күнбе-күнгі тіршілік осы.

         Қазір маусымның ортасы. Айналадағы неше алуан өсімдік жасыл түске әлдеқашан ауысып, жер-дүниеге ғажап бір сұлулық орнап тұр. Маңайды әсем сазға бөлеген құстар дауысы да пәс көңіліңді көтеріп, жабырқау жүзіңді еріксіз нұрландыратындай әсер танытады. Ағаштардың аралары шиыр-шиыр соқпақ.  Қаншама уақыттан бері осынау шұрайлы табиғат аясын демалыс орнына айналдырған адамдардың аяқ басысы жер қыртысын мүжіп, таспа тілгендей сарғайтып тастаған. Бір рет тапталған жасаңға шөп те шығып жарытпайды екен. Көзге жасыл көрінгенімен, шыққан шөп иненің бойындай-ақ аласа.

  • Бүгін ыстық болады екен қыздар, аспан шайдай ашық, - деп Гүлназира тұп-тұнық мөлдір аспанға көңілдене қарады. Кешке дейін осында сабақ оқуға толық мүмкіндік бар.
  • Күннің ыстық болатынына күмән жоқ қой, бірақ ертеңгі емтиханды айтсайшы,- деп Сәуле жерде жатқан оқулыққа көңілсіздеу көз тастады. - Тарихтан беретін ағай тым қатал екен. Кеше қарсы группадан алты студентті бірақ құлатыпты. Олай болмау үшін қыздар, кешке дейін тапжылмай жатып дайындалуымыз керек.
  • Мен тарихты өте жақсы көрем. Тіпті тарихи романдарды жата-жастана оқитынымды өздерің де көріп жүрсіңдер ғой.  Біртүрлі қызық, оқырманын өзі жетелеп отырады.  Сонау Шыңғысхан заманы туралы, одан бергі Алтын Орда, жоңғар-қалмақ соғысы жайындағы қазақ-орыс тілдерінде жазылған романдардың біразын оқып шықтым. Ал сендер болсаңдар кітап бетін ашпайсыңдар. Телевизордың алдында шетел сериалдарын көргеннен басқа ештеңе тындырмайсыңдар,- деп Торғын сөмкесінен қара көзілдірігін алды. - Так что я не боюсь этого предмета. Тарих десе төбем көкке жеткендей қуанам. Оқулықтарда бәрі де үстірт, жалпылама. Одан көп білім де алмайсың. Білімнің қайнар көзі тарих тақырыбына жазылған көркем әдебиетте. Жалпы қазір жұрт телевизор, интернет деп кітап оқуды қойды. Бұл жақсы тенденция емес, - деп Торғын әріптестеріне мұңая қарады.
  • Иә, мен сенімен келісемін,- деп басын изеді Сәуле.- Кітап оқып, уақытты өткізгенше, компьютердің алдында шамалы уақыт отырып, қажет дүниеңді тауып алғаның әлдеқайда тиімді емес пе? Ал енді сен осы кітап оқуға қалай құмар болдың?

Осы сәтте сөзге Гүлназира араласты.

  • Бұл Өзбекстаннан келген оралман. Ол жақта кітап оқудан басқа жұрттың істейтін шаруасы жоқ, - деп әзілдей күлді.
    • Біз көшіп келгелі бес-ақ жыл болды. Жағдайымыз жақсы болмады. Компьютер ол жақтың ауылдық жерлерінде бола бермейді. Болған күннің өзінде бәрі де латын әрпінде. Теледидардан көретініңнің бәрі өзбек тілінде. Кезінде әкем де, шешем де ауылда мұғалім болып істеген. Үйімізде бай кітапхана бар еді. Шынымды айтсам, сол кітаптардың көбісін оқып тауыстым. Кезінде Қазақстаннан газет-журнал, ғылыми, көркем-әдеби кітаптардың барлығы келіп тұратын. Совет Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстанмен байланыс үзілді. Қазақ тіліндегі кітап, журналды көру арманға айналды. Бәрінен де сорақысы – тілден айрыла бастадық. Мектебіміз өзбек тіліне көшті. Жағдайымыз қиындай бастаған соң тарихи отанымызға көшуге мәжбүр болдық. Бұрын да жағдайымның шетжағасын айтып едім... дұрыс түсінбегесің ғой, - деп Торғын «енді білдің бе» дегендей Сәуле құрбысына қабағын кере қарады.
    • Енді тарихтың қыр-сырын сенен білетін болдық қой, - деп Сәуле де маржан тістерін ақсита жымиды.-  Бізде де оңып тұрған жоқ. Жаңа кітаптар шығып жатыр деп естиміз. Бірақ дүкенде самсаған орыс тіліндегі кітаптар ғана...
    • Кітаптар аз тиражбен шықса оны қайдан табамыз? Әрине, бос уақытымызда тарих туралы болмаса да, махаббат туралы оқығымыз-ақ келеді,-  деп Гүлназира да ойын жасырмады.

         Қыздар жатақханаларынан алып келген азын-аулақ тағамдарын жеп, термостағы ыстық шайдан іше отырып, ертеңгі болатын емтихандарына қызу дайындала бастады. Қазақстанның Қазан төңкерісінен Ұлы Отан соғысына дейінгі тарихын оқып, пысықтап, кешке дейін бітірулері керек. Әрине, оңай шаруа емес. Гүлназира мен Сәуле көбінесе Торғынның айтқанын тыңдап, дәптерлеріне қажетті дүниелерін түртіп алып отырды. Торғын жай ғана қатардағы студент емес, топ старостасы еді. Оқуға да алғыр, білімге де құмар, әңгімені де көсілте айтатын зерек те елгезек қызды  студенттер о бастан-ақ староста етіп сайлап алған-тұғын. Әжесі осыдан он жылдай бұрын қайтыс болған екен. Кітапта жазылмаған, оқулықтарға кірмеген тарихтың небір қатпарлы сырларын кезінде сол әжесінен естіген көрінеді. Әсіресе, өткен ғасырдың отызыншы жылдарында орын алған ашаршылық туралы да құрбыларына біраз дүниені ақтарып тастады.

Ата-бабалары Батыс Қазақстан өңірінен аштыққа шыдамай Өзбекстанға қоныс аударыпты. Бас кезінде Бұхара өңірінде біраз жыл тұрып, кейін Алмалық қаласына көшіп келген екен. Әкесі де, шешесі де, өзі де осынау шағын қалада дүниеге келген. Осыдан біраз жыл бұрын Оңтүстік Қазақстанға қоныс аударыпты. Қазір сол өңірде тұрып жатса керек. Сол отызыншы жылдардағы халық басына төнген зұлмат туралы Торғын біраз әңгіменің басын қайтарып тастады.

  • Бәрі де сол отызыншы жылдардың бас кезінде ұжымдасу деген

науқанның жүргенін өздерің де білесіңдер, - деп Торғын көзілдірігін түзеп құрбыларына қарады. – Қазақстанды Голощекин деген бір жойыт билеген екен.

  • Оны билейтін бір қазақ табылмаған екен,- деп Сәуле құрбысына

 таңдана көз салды.

  • Ол кезде бәрі де Мәскеудің нұсқауымен болып отырды ғой. Қазір ғана орыс империясының колониясы болғанын түсініп жүргендейміз,- деп Торғын құрбысының сұрауына жауап беріп өтті.- Сол Голощекин бүкіл қазақты аштықтан құртып жібере жаздаған екен. Малымен жан сақтап отырған көшпелі халықтың қолындағысын тартып алса өздерің де түсінесіңдер ғой не болатынын.
  • Әрине.
  • Халықтың біразы аштан қырылып, енді біршамасы  шетелге қашуға

мәжбүр болған. Менің ата-бабам сол кезде бас сауғалап Өзбестанға бармаса қазіргі сәтте әңгіме айтып отырған Торғын да болмас еді ғой,- деп қыз әзілдей күлді.- Пәленбай мыңдаған түйелі, аттылы, жаяу-жалпылы шуаған босқындарда қисап жоқ деп көзіне жас алатын  әжем марқұм. Мекәлай заманынан көрмеген қорлықты сәбеттің Кәләшөкөсінен көрдік деп отыратын. Ал кейбір туыстарымыз Қарақалпақстанның Сарықамыс деген көлінің жағасына барып қоныстаныпты. Кейін олар Қожейлі деген қалаға көшіп келіп, сонда тұрды. Мен он жасқа толғанда төрт кісі боп қыдырып қайтқанбыз.

  • Олар Қазақстанға көшіп келмей ме? Қазір де онда жағдай мәз емес қой дейді,- деп сөзге Гүлназира араласты.
  • Аздап көшіп келіп жатқандар да бар ғой. Содан бері туыстарымыздан хабарсызбыз. Өзбекстанмен қарым-қатынас қиындап кетті ғой. Олар өзі ұлтшыл халық. Сол ұлтшылдықты қазағыма да берсе ғой,-деп Торғын ойланып қалды.
  • Неге олай ейсің, Торғын, ұлтшыл болған жақсы ма?- деп Сәуле таңдана сұрады.
  • Болатын жерде болу керек, - деп Торғын құрбысына қасқая қарады.-

Жақында олардың шекарашылары бір қазақты атып өлтірді. Оған қарсы ешнәрсе істей алмадық. Олай болмау керек қой, үндемей отырсақ, әркім-ақ басына береді.

  • Иә, Торғын дұрыс айтады, - деп манадан бері үнсіз тыңдап отырған

 Гүлназира сөзге араласты.- Менің бір байқағаным, сырттан келген қандастарымыздың ұлтшылдығы басым, намысы жоғары ғой деймін.

Бұл әңгіме Сәулеге ұнамай отырған секілді. «Біреу естіп отыр ма» дегендей айналасына алақ-жұлақ қарап алған соң ол да өз уәжін айтып қалды.

  • Осындай әңгімені доғарып, қайтадан сол тарих туралы айтайықшы.

Мұғалім бізден кімнің ұлтшыл, кімнің ұлтшыл емес екендігін сұрамайтын шығар.

  • Міне, шындықты айтсаң кейбіреулерге жақпайсың. Қашанғы өтірік

айтумен өмірімізді өткіземіз,- деді Торғын сәл ренжіген боп. – Жарайды, айтқаның болсын Сәуле. Үшеуміз де болашақ мұғалім-тарихшымыз ғой. Сендер де көз алдарыңдағы дүниенің ақ пен қарасын ажыратып жүрсін деген тілек қой менікі. Әйтпесе басқа жаққа ауытқып нем бар.

Үш қыз күн еңкейіп, тау асып кеткенге дейін емтихандарына дайындалды. Күн сәулесі көзден жырақтап, айналаға көлеңке орнады. Манадан бері ағаш арасына жылы леп сыйлап тұрған күн көзі кетісімен-ақ маңайды салқындық жайлап, жеңіл көйлекпен отырған қыздарды күртеше киюге мәжбүр етті. Дәу шоңғал тастарға бар екпінімен соғыла ағып жатқан мұздай суық тау өзенінен де жеңіл салқындық сезілгендей болды.

         Бұл уақытта қыздар да шаруаларын тәмамдауға жақындаған еді. Олар бір жағынан сабақ оқып шаршаса, екінші жағынан табиғаттың сұлу көрінісінен нәр алып, таза ауа жұтып, қаланың шаң-түтінінен бір сәт алыстағандай өздерін жеңіл сезінген. Үшеуі де емтиханнан мүдірмей өтетіндеріне біртүрлі сенімді еді. Жүздері бал-бұл жанып, «енді не істейміз» дегендей бір-біріне қарады. Торғын осындай сәттерде шешімді бірінші боп қабылдайтын. Оның ортаға салған ойы да көбінесе зая кетпейтін. Осындай қасиеттерін группаластары да бағалап, сыйлап жүретіндіктен анау екі қыз да «сен не айтасың» дегендей Торғынның қараторы, әдеміше келген жүзіне назар аударды.

  • Осыдан кейін барып кафеге отырып демалайық,- деп Торғын

көзілдірігін алып, әлі де жиналып үлгермеген дастарханның шетіне қойды. – Қаншама уақыт емтиханға дайындалып шаршадық. Бір уақыт көңіл де көтерейік. Сендер менің идеяма қарсы болмайтын шығарсыңдар?

  • Бүгін жатақханаға  барып дем алып, ертең емтиханнан шыққан соң барсақ қайтеді?- деп Сәуле де өз ойын ортаға салды.- Осы шаршағанымыз аз болғандай, кафеде отырып одан әрі қалжырап қалмаймыз ба?

         Құрбыларының сөзіне Гүлназира мен Торғын мәз бола күлді.

  • Оу, біз кафеге қалжырау үшін емес, демалу үшін бармайтын ба едік,- деп Гүлназира күлді.
  • Е, онда дұрыс екен. Барсақ барайық. Шошқаға да бір күн мейрам деген, емтихан алдында бір дем алып қалайық,- деп Сәуле де құрбыларына қосылуға мәжбүр болды.

         Олар заттарын жолшыбай жатақханаларына қалдырып, қаланың орталығында орналасқан ресторанға таксимен келді. Көпшілік демалатын орынның залы кең, еңсесі биік екен. Үш құрбы залдың терезе жағына орналасқан стол басына келіп жайғасты. Қараңғылық әлі толық түсіп үлгермегендіктен бе, біраз столдар өздерінің қонақтарын күткендей бос тұр. Уақыт өткен сайын келушілердің де қарасы көбейіп, жаңағы бос столдардың басына орналасып жатыр. Үш құрбы дастархан мәзірін қолға алып, қандай тағам, сусын алатындарын кеңесіп отыр.

  • Қыздар, не аламыз: вино ма, әлде шампан ба? – деп Торғын

құрбыларына қарады.

  • Әуелі тамаққа заказ берейік те, жалпы ішімдік жағын қойсақ қайтеді?- деп Гүлназира өз ойын ортаға салды.
  • Ертеңгі емтиханды жақсы тапсыруымыз үшін бір-бір рюмке шампан

 артық етпес. Алайық,-  деп ресторанға о баста барғысы келмеген Сәуле сөзге араласты.

  • Міне, сен осы жолы ерледің,- деп Торғын құрбысына қарап сыңғырлай күлді.- Ал енді қандай тамақ аламыз: бифштекс, лагман-гуйру, бесбармақ, кукси, азу по-татарски, қуырылған тауық... Ойпырым-ай, көп екен, қайсысын алсақ екен,- деп Торғын екі құрбысына алма-кезек көз салды. Екеуі де ойланып отыр.
  • Маған бифштекс. Гуйру, кукси, азу дегендер не бәлелер?- деп Гүлназира ондай астардан хабарсыз екенін білдіргендей болды.
  • Бәрі де еттен жасалған тағамдар. Бұл жерде бақа мен жыланның еті

 жоқ,- деп құрбыларын күлдірді Торғын.

Енді біраз уақыттан соң бос тұрған дастархан үсті әртүрлі тағамдарға

толып кетті. Даяшы жігіт шампан әкеліп, стол басында жігіттерсіз отырған үш қызға алма-кезек қызыға қарады.

  • Ашып берейін бе, әлде өздеріңіз ашасыздар ма?
  • Біз ертең емтихан тапсырушы едік, қарсы болмасаңыз бізге бір жақсы тілек айтып өзіңіз ашып жіберіңізші,- деп Торғын жас шамасы отызға таяған, ұзын бойлы, қой көзді, әдеміше келген жігітке қиыла қарады.

         Жігіт қыздың тілегін орындады. Сырттан Торғынға ұнап қалған секілді.

  • Қыздардың ойына келген тілегін орындап тұратын осындай жігіттер көп болса ғой,- деп Торғын алыстап бара жатқан жігіттің келбетіне қарап біраз отырды.

         Дастархан басында отырған қыздардың әңгімелері ендігі сәтте ертеңгі болатын емтихан жайлы емес, қазіргі жігіттер төңірегінде өрбіген. Көбінесе олардың бойындағы кемшіліктерін сынап, ұсақтап кеткендерін, өз бастарынан кешкен кейбір оқиғаларды айтысып, сол төңіректе мысалдар да келтіріп өтті.

  • Біз жігіттерді сынауға шебер-ақпыз. Ал енді өзіміз туралы неге айтпаймыз,- деп Сәуле ойланып қалды.- Өзіміз қандаймыз деген сұраққа біз ешқашан да жауап беріп көрген жоқпыз. Оған жауап беруге талпынбаймыз да. Өйткені біз эгоист болып алдық. Тек қана өзімізді ғана ойлаймыз. Оларды пайдаланып жүру - басты мақсатымыз. Олар да бізден жақсылық, кішіпейілділік, қонақжайлылықты күтеді. Ал біз болсақ? Оларға бір самса алып беріп, қуантуға да жарамаймыз. Солай емес пе?- деп Сәуле құрбыларына қарады.
  • Олар еркек емес пе? - деп Торғын иығын қиқаң еткізді.
  • Сонда не? Еркек екен деп оларды үнемі пайдаланып жүруіміз керек пе? Ұнамаған жігіттерді алдап, мойындарына мініп алатын қыздарды да көріп жүрміз. Қалталы біреулермен «махаббат» құрып жүрген пысықтарды да білеміз. Жатақханаға иномаркаларымен келіп, қыздарды  алып кетіп, түннің бір уағында әкеліп тастайтын ағайларды да көрдік. Қысқасы еркектерді ойыншық қылып алдық,- деп Сәуле өз көзқарасын бұзғысы келмеді.

         Екі құрбы арасындағы сөздерді тыңдап, екеуіне ойлана қарап Гүлназира отыр.

         —Қалай болды? Еркектерді біз мойнымызға мінгізуіміз керек пе, сонда. Олар еркек, біз жолы жіңішке әйел затынан емеспіз бе,- деп Торғын да сөзге жеңістік бермей қызарақтады.

         Ендігі сөзге Гүлназира араласты.

  • Осы біз соңғы кезде әбден ұсақтап, хайуан сияқты еркек-ұрғашы деп

жынысқа бөлінетін болдық. Біздің әке-шешеміз оқыған заманда мұндай жынысқа бөлінушілік болмаған сияқты. Қыз бен жігіт бір-бірін ұнатса арты кіршіксіз махаббатқа ұласады екен. Жаңағы Сәуленің айтып отырған сөздері шындыққа жанасатын сияқты. Біз де соңғы кезде бір-бірімізді түсінбей бара жатқан секілдіміз.

  • Мен жалпы адам мінезін жақсы анықтаймын. Айтайын дегенім, қазіргі еркек пен әйелдің көзқарасы ешқашан да сәйкес келмейді. Жігіт ойындағысын ашып айтуға бара алмайды, қызды ренжітіп алам деп ойлайды. Ал қыздар болса осыны пайдаланып, оның сезімімен ойнап, үнемі тұқыртып жүргісі келеді. Бұл тіптен дұрыс емес. Біз жігіттердің адамгершілік қасиетін бағалап, оларды сыйлап жүруіміз керек,- деп Сәуле көрші столда отырған жігіттерге көз салып өтті.- Егер біз үнемі осылай жүре берсек ешқашанда тұрмысқа шыға алмаймыз.
  • Адамгершілігі бар жігіттер бар ма өзі қазір?- деп Торғын да көрші стол басында отырған жігіттерге қарады.- Сыртынан көз салсаң бәрі де жақсы, тұздың қиыршығындай мөлдіреп-ақ тұр...
  • Торғын, сен енді бір-екі жігітпен қарым-қатынас жасап, олардың

мінезіне қанықтың ғой. Осыған байланысты сені түсінуге болады екен,- деді Гүлназира лаулап бара жатқан әңгімені доғарғысы келіп.

         Алайда Сәуленің де бұл әңгімені тоқтататын түрі көрінбейді. Торғын құрбысына жымия қараған болып тағы бір-екі ауыз сөзді бағыттап жіберді.

  • Жігіттерден көңілің қалған ғой шамасы. Бұрын да осындай әңгімелерді әлденеше рет айтып едің. Енді махаббатта жолыңның болуы үшін алып қоялық,- деп Сәуле сөзінің соңын әзілге жеңдірді.- Осыдан былай танауымызды көкке шүйірмей менмендікті қоялық. Сонда ғана біз жігіттердің төрелерін кездестіреміз.

Уақыт ұрлана өтіп жатыр. Айналаға қараңғылық ұяласа да, көше шамдары күндізгідей жарқырап тұр.

Әсем сазды музыкаға да кезек келді. Жұрттың алды ортадағы ойыққа шығып билей бастады. Үш құрбы да шетелдің санаңды селкілдететін ащы музыкасының ырғағына бейімделіп, ақыры билеп болған соң орындарына келіп жайғасты. Енді бір сәтте ырғағы баяу, әні әсем вальс басталып кетті. Қазақтың кәдімгі «Махаббат вальсі». Гүлназираның бұл әуенді естімегені қашан. Мектепті бітіруге арналған кеште осы вальс әуенін соңғы рет тыңдаған еді. Сонда өзінің соңынан қалмай ғашық болып жүретін бір баламен билеген-тұғын. Бірақ қоңқақ мұрын, «р»-ға тілі келмей сақауланып сөйлейтін бала-жігітті ұнатпайтын. Кеш біткен соң «үйге шығарып салайын» деген оған «жоқ болмайды, енді менің соңымнан еруші болма, менің аудан орталығында жігітім бар» деп жорта сөйлеп, зорға құтылған. Содан бері де біраз жыл өтті. Мұнда да қырындаған жігіттер аз болмаған. Бірақ олардың біреуі де Гүлназираға ұнамаған еді.

Манадан бері көрші стол басында осылай қарап отырған қызылшырайлы, мұртты жігітке неге екені болгісіз назары еріксіз ауа берген. Жаңағы қыздар арасында болған әңгіме кезінде де осы жігітке ұрлана көз тастап, іштей оны ұнатып отырған-ды. Жігіттердің де студент екені сырт пішіндерінен білініп отырған сияқты. Анда-санда олардың әңгімелерінен «мұғалім», «зачетка», «емтихан» деген сөздер еміс-еміс естіліп қалып отыр.        Вальстің әсем ырғағына қосылып, жастар жағы жұп-жұп болып билей бастады. Ендігі сәтте үш жігіт те орындарынан көтеріліп, осылай қарай ойысты. Бірінші болып әлгіндегі мұртты жігіт келіп, Гүлназираның биге  шығуын өтінді.

  • Рұқсат болса, қарындас,- деп қиылды оң қолын кеудесіне қойып.

Қыз іштей қуанып кетті. Оның манадан бері күтіп отырғаны да осы сәт еді. Анау екі жігіт те құрбыларына өтініш жасады. Сөйтіп үш жұп әсем музыканың ырғағына елтіп, билей         бастады. Күлгін жарық орнап, зал іші алакөлеңке тартты. Әр жұп өздерімен өздері болып, бір-бірлерімен сырласа бастағандай қолайлы жағдай туған. Жігіт сырт көзге сыпайы көрінді. Аздап әтір сеуіп алған екен. Мұнысы да Гүлназираға ұнаған сияқты. Жігіт жақындаған сайын қызды да магниттей тарта түседі.

  • Есіміңіз кім, қарындас? – деп үнемі үнсіз болуды қаламаған жігіт сұрақ қойды.
  • Гүлназира,-  деп сыбырлады қыз.
  • Менің атым Жантас. Есіміңіз қандай әдемі, бірінші рет естіп тұрмын.
  • Солай ма? Қазақ қыздарының ішінде екеудің біреуі Гуля ғой. Мені де құрбыларым осылай атайды.
  • Гүлден басталатын есімдердің барлығын осылай атау модаға айналып кетті ғой. Бірақ сіздің есіміңіз толық атауға тұрарлық екен,- деп жігіт қызға қарап жымиды. Осы сәтте Гүлназираға Жантас манағыдан да сүйкімді болып кеткен сияқтанды.
  • Рахмет, - деп Гүлназира да жігіттің сөздерін ұнатып қалды.
  • Студентсіз ғой?
  • Иә.
  • Қайда оқисыз?- деп жігіттің қыз туралы білуге құштарлығы арта түсті.
  • ҚазМУ- де. Болашақ тарихшымын.
  • Гранттасыз ғой?
  • Иә. Ертең емтихан.
  • Емтихан? -деп таңданғандай болды жігіт. Сіздер емтиханнан бір күн

бұрын кафеге келіп демалады екенсіздер. Ал біз емтихан тапсырып, жақсы бағаларымызды жуып отырмыз.

  • Бақытты екенсіздер. Құттықтаймын. Ал біз болатын емтиханды алдын-ала жуып отырмыз,- деп әзілдей жымиды Гүлназира. О бастағыдай емес, жігітпен еркін cөйлеуге тырысты. Оның үстіне жаңағы бірер рюмке шампан да ерлігін еселей түскен сияқты.

         Жігіт пен қыз әсем сазға елтіп, музыка біткен сәтте аралары ажырады. Жантас қызға рахметін айтып, орындығына әкеліп отырғызды. Құрбылары да жайғасып үлгерген екен.

    • Ну как парень? - деп Торғын Гүлназираға қарап күлімсіреді. Өзі де көңілсіз емес. Жігіттер жаққа да жанарын сүзіп өтті.
    • Бәрі дұрыс, жаман жігіт емес сияқты,- деп сыбырлады Гүлназира. - Кеш соңына дейін әлі де біраз уақыт бар ғой, посмотрим.
    • А как ты, Саулеша? - деп Торғын енді орысшалап екінші құрбысына қарады.
  • Как и вы. Ничего особенного,- деп Сәуле екіұштылау жауап берді.- Қазіргі жігіттер бір көрген қызға сыр бермейді ғой.

         Екі құрбысына Жантастың екі досының қалай ұнағанында Гүлназираның шаруасы болған жоқ. Aл өзі жігітті ұнатып, іштей толқып отыр еді. Баяғыдан бері жігіт атаулыға немқұрайдылықпен қарап келген Гүлназираның жүрегіне бір жағымды шоқ түскен сияқты. Қайта-қайта Жантасқа ұрлана қарап қойып отырды. Жігіт назары да қыздан ауытқыған емес.  Кейде жанарлары түйісіп, бір-бірін үнсіз түсініп отырған жайлары бар. Гүлназира жігітке көз салған cайын жүрекке түскен шоқ самал үрлегендей лаулай бастаған секілді. Ішінен бидің жиі болуын, көрікті жігіттің құшағына кіріп, сазды әуенге елти жүріп, жігіт сөзін тыңдай түскенді қазіргі сәтте жүрегі тілеп отыр еді. Осыны Сәуле де сезген екен.

         —Өзің тым көңілді отырсың ғой,- деп ол жүзі бал-бұл жанып отырған

 Гүлназираға қарады.

  • Е, көңілді болмай енді. Осында көңіл көтерейік деп келген жоқпыз ба, құрбыларым-ау, - деп Гүлназира да ішкі сырынан хабар бермей жалпылама жауап берді.

             Үш қыз сыңғырлай күлді. Көрші стол басында отырған қыздардың күлкісіне жігіттер де назар аударған.

  • Әй қыздар, бізбен бірге бір рюмкеден алып қойыңдар, - деп Сәулемен билеген дембелше келген, сығыр көз жігіт қарқылдай күлді. Шамасы стол үстінде тұрған мөлдіреген арақтан біраз сілтеп алған болуы керек. Онысын Жантас та сезген тәрізді. Досының иығынан басып, сабырға шақырды. Анау да бой беретін жігіт емес сияқты.
  • Не болды? Таныстық үшін алып қойсақ несі бар?- деп әлгі жігіт жартылай ішілген арақтың мойнынан ұстап, орнынан көтерілмекке талпынған сәтте Торғынмен билеген бұйра шаш жігіт қолынан бөтелкені жұлып алды.
  • Жындымысың қыздарға арақ ұсынып... Тиыш отырмасаң қазір залдан шығарып жібереміз.

Жігіт жым болды.

  • Кешіріңдер жігіттер. Қыздарды сыйлайын дегенім ғой... - деп ол қыздарға назарын бір аударып өтті.

Екі қыз Сәулеге жалт қарағанын өздері де аңдамай қалды.

  • Маған несіне қарайсыңдар? Жігітпен бір рет билесем ол жігіт менікі боп қала ма екен,- деп Сәуле құрбыларына әжептәуір кейіп қалды.

         Осыдан кейін залдағы жастар жағы да өзектеріне түскен ащы судан қыза бастаған екен. Селкілдеген, қалшылдаған шетел музыкасының ырғағына елтіп, бәрі де билеп-ақ жүр. Үш жігіт пен үш қыз да қатарларынан қалысар емес. Бидің көкесін танытып, жан-жағындағы құрбы-құрдастарын сынағандай жанарларын қадап қояды.

         Енді біраздан соң танго басталды. Манадан бері Жантасты іштей күтіп отырған Гүлназираның құдайы тағы берді. Жігіт күлімсіреп келіп қызды биге қиыла шақырды. Енді алғашқыдай емес, бір-біріне үйрене бастаған секілді. Жантас қыздың қыпша белінен ұстап, сәл жымия өзіне тартты. Гүлназираның да бұған қарсы болуына дәрмені жоқ еді. Жүрекке ұялаған тәтті сезім бөгде бір қиялдарды ығыстырып жіберген.

  • Емтиханыңыз қашан бітеді? -деп Жантас қиыла сұрады.
  • Айдың аяғында.
  • Сессия біткен соң не істейсіз?
  • Ауылға кетем бе деп жүрмін. Бірақ жақында бір ағай қабылдау комиссиясында қалып жұмыс істе деп ұсыныс жасаған еді. Ойланып жүрмін.
  • Әрине, қалада қалған дұрыс қой. Біз де осында оқумен қатар охранда

жұмыс істейміз. Мынадай қиын заманда бір стипендиямен күн көру мүмкін емес қой, - деп жігіт шындықты қыз алдына жайып тастағандай болды.

  • Дұрыс екен,- деп қыз жігіт сөзін құптады. Тағы да «не айтасың?» дегендей жігітке қиыла қарады.
  • Дос болайық Гүлназира, бұған қалай қарайсың?

Қыз жігіттің ұсынысын іштей қабыл алып тұрса да әдеп сақтағандай үнсіз қалды. Жантас жауап күткендей залдағы ұйып тұрған күлгін сәуле бетін шарпыған қыздың сүйкімді жүзіне қызыға қарап, баяу билеп жүр. Сәлден соң қыз басын изеп, «қарсы емеспін» деп сыбырлады. Ендігі сәтте қыз да жігерін жұдырыққа түйіп, Жантасқа сұрақ қоя бастады.

  • Сіз қайда оқисыз?
  • Аграрныйда.
  • Мамандығыңыз?
  • Мен ауылдан келіп оқып жүрмін. Мал дәрігері болуды қаладым.
  • Өзіңіз қайда тұрып жатырсыз? - деп шешінген судан тайынбайды

дегендей қыз да сұрақты бастырмалата түсті. Жігітті ұнатып тұрса да сыр бергісі келмеді. Өйткені ол туралы жігіттер сезсе өздерін еркін сезініп, бірден дандайсып кететінін Гүлназира бұрыннан білетін еді. Сол себепті барлық сезімін ішіне сақтап, бір жағынан сынап та тұрған.

  • Біз, осы отырған үш жігіт пәтер жалдап тұрамыз.
  • Жатақхана бермеді ме?
  • Бермеді ғой,- деп Жантас жай жауап берді.

Одан әрі Гүназира жігіттің жағдайын қазбалап жатпады. Осы үнсіздікті

 пайдаланып жігіт те қарсы сұрақ қойды.

  • Сіздер жатақханада тұрасыздар ма?
  • Иә, ҚазМУ қалашығында.
  • Жаңағы дос болайық деген тілегіме жауап бермедіңіз ғой? - деп жігіт

 тағы қиылды. Қыздың сүйкімді жүзіне қызыға қарап, осы жолы нақты жауап күткендей жанарын одан тайдырмады.

  • Қарсы емеспін, - деп Гүлназира да жігіттің көркіне қызыға қарағандай болды. - Келіп тұрыңыз, біз үшеуміз де ҚазМУ-дың жатақханасында бір бөлмеде тұрамыз.
  • Әдірісіңізді айтыңыз.

Қыз мекенжайын жасырмай айтты. Сымсыз телефонының нөмірін де

 берді.

Көңілді кеш аяқталды. Жігіттер такси ұстап қыздарды салып жібермекке ниеттеніп еді, бұған Торғын үзілді-кесілді қарсы болды.

  •      Жоқ, жігіттер, біз өзіміз-ақ барамыз. Ниеттеріңе үлкен рахмет,- деп қастарына келіп тоқтаған жеке меншік таксиге отырып, үш қыз кете берді. Гүлназира Жантасқа «бәрі дұрыс» дегендей басын изеп, өзінің қарсы емес екенін білдірді.

Жатақханадағы бөлмелеріне аман-есен жеткен қыздар ендігі сәтте

 сабақты емес, әлгінде кездескен жігіттерді талқыға салып, олардың әрекеттеріне, мінездеріне өздерінше баға берген.

  • Осы қазіргі жігіттердің бәрі де қуланып алған,- деп Торғын сөзді бірінші боп бастады.
  • Не боп қалды? - деп Гүлназира да тосыннан сұрақ қойды.
  • Жаңағы мен билеген жігіт таныспай жатып пәтеріне қонаққa шақырады. Оның жымысқы ойын бірден біле қойдым. Мен қазіргі жігіттерге сенбеймін. Олардың ойында бір -ақ нәрсе -  қыздарды пайдаланып қалу.
  • Олардың бәрі бірдей емес қой. Адам болған соң, олардың ішінде жақсысы да, жаманы да болады. Бәрін жамандай беруге болмас. Ал менің билеген жігітім ақкөңіл болса да, араққа тым әуес екен. Дос болайық дегеніне отказ бердім, - деп Сәуле де сөзге араласты.
  • Ал сенің жігітің қалай екен? - деп Торғын енді Гүлназираға қарап

 жымиды. - Көңіліңнің көпіршіп тұрғанынан байқап тұрмын, ұнап қалған сияқты. Солай ма?

Құрбысының қысымын хош көрмеген Гүлназира да койылған сұраққа

 тура жауап берді.

  • Иә, ұнап қалды. Жүрегім өз қалағанын жасады. Оны несіне жасырайын.
  • Дұрыс. Үш жігіттің ең болмағанда біреуі бірімізге ұнауы керек қой. Саған повезло, Гулечка,- деп Торғын әзілі ме, әлде шыны ма белгісіз, жымия күлді.
  • Расында біз жаман ба, әлде жігіттер жаман ба? Сыртынан болар болмас бір кемшілік тапсақ болды, сол жігіттен құтылуға тырысамыз. Зер салып, үңіліп, сол жігіттің бойындағы қасиеттеріне баға беріп жатпаймыз.
  • Соған қарап, олардың қасиеттерін зерттеп жататын біздің уақытымыз бар ма? Бір көргеннен ұнаса ұнады, ұнамаса оған уақыт өткізудің қажеті не?- деп Торғын да ойын жасырмады. - Қаншама жігіт қырындады ғой, біреуіне де пысқырып қарағам жоқ.
  • Менің бір жақын көршім сол пысқырып қарамағанның кесірінен жасы қырыққа таяса да байсыз отыр. Маған өмірі бос өтіп бара жатқан соң өкінгеннен кейде ақыл да айтып қояды,- деп Сәуле Торғынның сөздеріне жауап беруге талпынғандай қос жанарын құрбысына қадай сөйледі.
  • Ол қандай ақыл? Біз де тыңдалықшы.
  • Мен сияқты отырып қалмай, уақытында өз жөніңді тап дейді.
  • Отырған қыз орнын табады деген, Сәуле, құдай бұйырса бірдеңесі бола жатар. Үйленіп ап, үй бола алмай ажырасып жатқандар қаншама. Шыққан соң үйі бар, қызметі бар, мәшинесі бар жігітке  шығу керек қой.  Қазір махаббат дегенге жұрт пысқырып та қарамайтын болды. Махаббат деген не өзі? -деп Торғын ендігі сәтте Гүлназираға сынай қарады. Жаңағыда ішкен шампанның әсері де қыздарды батыл-батыл пікір алысуға итермелеп отырған сияқты.
  • Махаббат деген, -деп Гүлназира ойын сабақтай алмай күмілжіп қалды. - Ол адамның бір-бірін жақсы көріп, ғашық болуы.
  • Сондай сезім қазіргі кезде бар ма өзі?
  • Жоқ болса егер, бұған өзіміз де кінәліміз. Өйткені сен жаңа ғана айтып өттің ғой, тиетін жігіттің жағдайы болса деп. Егер оны сүймесең де байлығына қызығып, есеппен тие бересің бе? - деп Сәуле сөзге араласты.
  • А как же? Қазір мынандай қатыгез заманда үйі жоқ, жағдайы мардымсыз біреуге шынымды айтсам шыққым да келмейді. Онымен сонда пәтерден пәтерге көшіп жүруім керек пе? - деп Торғын құрбысына ойындағысын жасырмай айтып салды.
  • Енді әр адамның ойы әртүрлі ғой. Ешкім де ешкімге ойыңды өзгерт деп қолқа сала алмайды. Мен де шынымды айтсам, жаңағы өзім билеген жігітті қатты ұнатып қалдым,- деп Гүлназира жаңағыдағы ойын тағы да қайталады.- Залдың бұрышына барып, соткаларымыздың нөмірлерімен де алмастық.
  • О-о. Сен біраз шаруа бітірген екенсің. Сонда ол жігіт біздің бөлмеге келіп тұра ма? - деп сұрады Торғын. Дауысында қызғаныштың лебі жатқанын түсіну қиын емес еді.
  • Жоқ, Торғын. Мен ол жігітті бөлмеге әкелмеймін. Оған қам жеме. Дұрыстап танысып, бір-бірімізді біліп алуымыз керек қой. Дұрыс па, Сәуле? - деп Гүлназира Сәулеге қарады.
  • Әрине дұрыс. Сен танысқан жігіт жаман емес сияқты, - деп Сәуле құрбысын қостап қойды.
  • Жарайды, бәрі де дұрыс екен. Ал енді әңгіме осымен бітсін. Біз махаббат, жігіт деп ертеңгі болатын емтиханды тарс есімізден шығарып алыппыз. Азанда ерте тұрып, сабақты бір пысықтап алайық,- деп Торғын әңгімеге тосқауыл қойды.    

         ... Қыздар барлық емтихандарынан мүдірмей өтті. Гүлназира жігітті іштей сағынып жүрсе де сыр білдірмеген. Тек ұялы телефонмен ғана сөйлесіп, бір-біріне хабар ғана жіберіп жүрді. Сезім шіркін дегеніңе қоймайды екен. Емтихан біткеннен кейінгі бір жетілік уақыт екеуінің бір-біріне етене жақын болып, осының ақыры шектен де шығып кеткен еді. Гүлназира мен Жантастың сезім ұшқындары уақыт өткен сайын лаулай жанып, шарықтау шегіне де жетті. Жастық жалынына құлай өртенген қыз қателескенін кеш сезді. Уақыт жылжып өтіп жатты.

...Ханымгүл қасындағы тағдыр тәлкегіне тап болған қызының шашынан сипап, аялай өзіне қарай тартты. Уақыт өткен сайын көше шамдары да бірте-бірте сөніп, айналаны қараңғылық бүркемелеп келе жатқан. Алайда Әл-Фараби даңғылында ерсілі-қарсылы сызып өтіп жатқан машиналар қозғалысының таяу уақытта бітетін түрі жоқ. Ана мен қыз баяу көтеріліп, келген жақтарына қарай бет алды.

 

                                              

                                                VI

 

         Аспан шайдай ашық. Таңертеңгі мезгіл болса да әлдеқашан көтеріліп қойған күннің жылы лебі білініп тұр. Аз да болса далада шөп басын желпіп тұрған нәзік самал бар. Көз ұшындағы тау сілемдері де ап-анық болып көзге жылыұшырай көрінеді. Төскейіндегі селдір өскен ағаш, бұта-қарағандар да жап-жасыл бояуға көміліп, жаздың толық жеткенін білдіргендей. Көрер көзге біртүрлі әсем құшағын жайып қарсы алатындай әсер танытады. Сол анау еңсесі биік тау бөктеріндегі шиыр-шиыр соқпақтардың негізгі трассадан бөлініп, сайға кіріп, бой жасырған күре жолдың да барып тірелетін жері - тау қойнауы, әсемдіктің қайнарына айналып жатқан табиғат аясы. Анау қақпаға ұқсас терең сай арқылы әрі қарай өтсең әсемдіктің неше алуан құбылыстарына тап болатының қалтқысыз шындық. Неше алуан дала гүлдері, жабайы бүлдірген, қызғылт-сары шырғанақ көздің жауын алып, өзіңді жұмақтың төрінде жүргендей біртүрлі пәк, таза сезінесің. Саф таза ауасын кеудеңді кере жұтқанда дүниедегі барлық арамдықтың, әділетсіздіктің, өтіріктің бәрі де ұмыт болып, ғажайып бір дүниеде тұрғандай боласың. Кейбір адамдардың айналасынан жанға пана таппай, барлық ізгілік пен жақсылықты табиғаттан, оның неше алуан әсемдігінен іздейтіндігі де жайдан-жай болмаса керек. Соған барып сергисің, көкірегіңді кере дем алып, оның жасыл шөп көмкерген жасаңына қуана аунай кетесің де, сәлден кейін жер астынан шып-шып шығып жатқан сынаптай мөлдір суынан сіміресің кеп. Міне, осыдан кейін бойыңда талай уақыттан бері сіресіп қатып қалған неше алуан қатпарлы ауырлықтан арылып, жеп-жеңіл, жаңа туған нәрестедей пәк күйді басыңнан кешіресің. Бірақ, мұндай мүмкіндіктің де күн сайын туып тұрмайтыны анық. Дегенмен жақсылыққа, ізгілікке құштар болу әрбір жұмыр басты пенденің міндетіне айналуы керек-ақ!

         Төрегелді сол жағындағы тауларға қарап ойланып келеді. Қасындағы келіншегі де үнсіз. Кешегі көршілерінің әрекеті екеуін әжептәуір жасытып тастаған секілді. Алайда айналадағы әсем көрініс, жаймашуақ күн, манаураған тау сілемдері ащы тілден атылған сояу сөздерді бірте-бірте ығыстырып, күнмен бірге оның да езуіне күлкі үйіргендей болды.

  • Мынау неткен ғажап табиғат! Айналаң шүйгін шөп, қызылды-жасылды гүлдер, күлімдеп көтеріліп келе жатқан күнің анау. Ұшып-қонып, сайрап жүрген құстардың үні қандай. Қарашы, қарашы, гүлім-ау, айналаңа, неткен ғажап дүние! - деп Төрегелді келіншегінің назарын әсемдікке аударғысы келді.
  • Өзім де көріп келем. Анау қойнауларға әлденеше рет барып демалып едік қой,- деп ерінің ойын түсінгендей Гүлістан да жылы күлімсіреді. - Бүлдірген теріп, мөлдір судан шай қайнатып ішіп, кешке дейін демалып едік қой. Расында да қандай рахат еді. Біз кейде туған жеріміздің табиғатын дұрыс пайдалана алмайтын сияқтымыз. Бәрі де бізге суық, жат  болып көрінеді.
  • Иә, бұл сөзің шындыққа сай келеді,- деп қостады Төрегелді әйелін.- Табиғаттың әсемдігін түсініп, оны қорғай білу үшін эстет болу керек. Яғни қоршаған ортаны алақаныңда аялап, оған анаңдай қарағанда ғана біз табиғаттың қыр-сырын түсініп, оған жанашырлықпен қарай аламыз.
  • Сен кезінде биофакті бітірдің, ал мен болсам медколледжді бітірдім. Бірақ бір өкініштісі екеуміз де өз мамандығымызбен жұмыс істеп жүрген жоқпыз. Бұл жақсы ма, жаман ба Төреш? Ал сенің расында да әр дүниеге аяушылықпен қарайтыныңды білем.  Жұрттың бәрі сен сияқты эстет емес қой,- деп Гүлістан күйеуінің иығына басын қойды. -  Ал анау кешегі көрші жындыны айтсай. Үйінің ауласындағы өсіп тұрған оншақты ағаштың шешесі жоқта жартысын кесіп, сатып ішіп алған ондайлардан не күтуге болады. Соны есіме алсам қаным қарайып кетеді.
  • Жарайды, оны сөз еткенді қоялықшы. Жаңа сен екеуміздің

мамандығымыз бойынша жұмыс істемей жүргеніміз дұрыс па деп сұрақ қойдың. Әрине, дұрыс емес. Бірақ қазір ол мамандықтарда қандай қадір-қасиет қалды? Одан тапқан тиының былай тартсаң былай жетпейді, олай тартсаң олай жетпейді. Беш-он тиын айлығыңды бір ай бойы күтіп жүргенің. Ал кәсіпкерлікке бір кірген адамның онымен оңайлықпен қоштаспайтынын өзің де жақсы білесің. Сол үшін ешнәрсеге өкінудің қажеті жоқ па деймін. Қазіргі біздің тілейтініміз – жолымыз болып, мақсатымыздың іске асуы. Ағаң да бізге дұға оқып, батасын берді. Ол да бір болар істің жаршысы ма деп ойлаймын,- деп Төрегелді әйелінің жұмсақ алақанын ұстап, сипап-сипап қойды.

         —Ол ағамның сен сыртта жүргенде не деп айтқанын білесің бе?- деп

 Гүлістан күйеуіне жымия қарады. Әйел жүзінде бұрын-соңды болмаған жұмбақ қуаныштың белгісі жатыр еді. Айналадағы мамыражай табиғатпен бірге келіншегінің  көңілінің көтеріліп отырғанын жігіт те сезіп, іштей марқайып қалды.

  • Не деп айтты ағаң? Жұмбақтамай сырыңды шерте отырсай. Саған келетін қуаныш маған да ортақ емес пе.
  • Мен сол ағамның арқасы бар екенін бұрыннан бері сезіп жүретінмін. Бірақ осы жолы неге екенін өзім де білмеймін, ол кісінің сөзіне имандай сендім. Біреу құлағыма «иә рас, осы айтылған сөздер шынымен жүзеге асады» деп сыбырлап тұрғандай болды, Төреш. Ішімнен қатты қуандым. Бірақ саған сыр білдіргем жоқ. Мұндай жағымды сөздерді кейін жолда кетіп бара жатқанда бірақ айтайын деп ойладым... – деп Гүлістан күйеуіне қарады. Төрегелді оның бұрын өзіне таныс болып келген көмескі жанарларынан бір отты сәулені байқағандай болды. Бет-жүзіне де қан жүгіріп, қабағы да жазылып қалған екен.
  • Қуанышты хабарыңа ортақпын, - деп Төрегелді де қасындағы әйеліне күлімсірей қарады.
  • Бұл жаным, екеумізге де қатысты сөз. Жақсы сөз жарым ырыс деген ғой, ағам «шырағым, өзіңді өзің мүжи берме, бір нәрестені өзің де емізетін боласың» деді. «Қашан?» деп сұрақ қоймадым, өйткені осы сөздің өзі де маған жеткілікті еді. Мұндай жерде сұрақ қойып, қадалып сұрап жату да әбестік қой, «рахмет, айтқаныңыз келсін» дедім қарияның әжімді жүзіне қуана қарап.
  • Ой бәрекелді, мынау өте бір қуанышты жаңалық екен, - деп Төрегелді қуанғаннан газды басып-басып жіберді. Манадан  бері жайымен келе жатқан шағындау келген ақ қобдиша «Дамас» та ышқына түсіп, алға ұмтылды. Спидометрдің тілі әп-сәтте жүздің үстіне шығып кетті. Жағымды жаңалық адамға қалай әсер етпесін, Төрегелді осындай жылдамдықпен біраз жерді еңсеріп тастады. Екі жағы сыптай түзу ағаштармен көмкерілген жол да теп-тегіс, тақтайдай екен. Осылай қанша уақыт зырлата беретінін бір құдай білсін, егер көз ұшындағы шоғыр талдың далдасынан жол полициясының суық бейнесі жалт етпегенде.
  • Қап, әттеген-ай. Мыналар таң атпай бұл жерде қайдан тұр еді, -деп

 Төрегелді жылдамдығын бәсеңдете берді.

  • Ештеңе етпес, бұлар да лайым бір жақсылықтың хабаршысы болып

тұрған шығар, - деп Гүлістан күйеуін күлімсірей жұбатты. – Мәшинесі көрінбейді ғой, жол тосып тұрған біреу шығар, сірә.

  • Қайдағы, саған. Анау ағаштардың далдасында ағарып тұрған мәшине

емей немене.

  • Иә, рас екен. Майда ақшаң бар ма еді?- деп мұндайлардан қалай тез

 құтылудың жолын білетін Гүлістан ортада жатқан сөмкесіне қол созды.

         —Бар емей. Бес жүз сомдық менің төс қалтамда қашанда жеке жүреді. Оны гаишниктің сыбағасы деп есептен шығарып қоям,- деп күлді Төрегелді. – Алматыға товарға барып жүргенде осындайларды талай кездестіреміз ғой. Бірақ қалада ереже бұзбай, мұқият жүруге тырысам. Өйткені мұндағы ауылдық жердегілердікіндей емес, ол жақтың ставкасы екі есе жоғары. Сенің де есіңде болсын.

 Гүлістан сыңғырлай күлді. Әйелінің күлкісінің өзгергенін де Төрегелді

 байқап отыр.

  • Мәшинемен жүретін сен ғой, Төреш. Ендеше осы қағидалардың бәрі өзіңнің есіңде жүрсін.
  • Мен саған енді осыдан қайта оралған соң көлік жүргізуді үйретем. Алматыда әйел жүргізушілер қаптап жүр. Анау қаланың пробкісінде қорықпай мәшине айдайтын әйелдер жапан даладағы ауылда айдай алмайды деп мен ешқашан ойламаймын.
  • Қорқам.

     Осы сәтте ақ «Дамас» жол полициясының қасына келіп тоқтады. Рулде бір полиция қызметкері, артқы отырғышта бір мосқал келген ер адам жайғасқан.

  • Ағатай қалай, аман-есенсіз бе? – деп жайбарақат сәлем берді лейтенант формасын киген жиырмалардан асқан жас жігіт.- Сізге бір өтінішіміз бар еді...
  • Ол қандай өтініш? – деп Төрегелді де «айыппұл сала ма» деген ішкі қаупінен арылғандай жайма-шуақ кейіпке еніп.
  • Анау ақсақалды облыс орталығына дейін жеткізіп салыңыздаршы, - деп лейтенант «бері кел» деп машинадағы шалға белгі берді.
  • Проблема жоқ, інішек. Апарамыз.
  • Сіз жылдамдықты мөлшерден көп асырып жібердіңіз. Айыппұл салмай-ақ қоялық. Осы шалды қаланың ішіне кіргізіп тастасаңдар болды. Бірақ әрбір учаске бойынша инспекторлар тұрады. Жол ережесін бұзбаңыздар. Ағай жылдам жүргенді қалайтын сияқты, - деп күле жымиды.
  • Айтқаныңыз болады. Біз де Алматыға бір жұмыспен асығып бара жатыр едік.
  • Ал, жолдарыңыз болсын!

Шалды салонға жайғастырып алған Төрегелді айыппұл төлемегеніне іштей қуанып та келеді. Кейде қанша ақша ұсынсаң да одан бас тартып, жүргізушілердің правосын айырып алатын да жағдайлар кездеседі. Төрегелдіге өзін артқы отырғышта отырған қара шал құтқарып қалғандай әсер етті. Қарияға күлімсірей көз жіберді. Бірақ шалдың қабағы түсіңкі, көңіл-күйі пәс сияқты. Жасы жетпістен асқан, жүзі күнге тотыққан, маңдайын, бет-жүзін әжім шиырлаған шалдың бұл жарық дүниеден шаршағаны көрініп-ақ тұр. Тіпті басына киген қоңыр тақиясының да тозығы жетіп, әр жерінен ағарып киізі көрінеді. Құдды ата-бабасынан қалған мұра секілді. Мәшине айнасынан ұрлана көз тастап отырған Төрегелдіге шалдың тағдыры тым аянышты көрінді. Үйінен тым ерте шығып кеткендіктен бе кеудесіне сырты өңіп, бозғылт тартқан пенжақ іле салыпты.

«Құдай-ау, таң атпай бұл шал гаишниктерге қалай тап болған?» деп ойлады Төрегелді. Содан соң оның жағдайын білгісі келіп сөзге тартты.

  • Ата, әңгіме айта отырыңыз, жол қысқарсын, - деп өз ойымен өзі бола

 бастаған қарияға мойнын бұра қарады. – Тым ерте қайда кетіп барасыз?

     —Е, шырағым-ай, жетпістен асқан бұл қаусаған шалда қандай әңгіме

 болсын. Әңгіменің бәрі мен үшін әлдеқашан айтылып кетті емес пе? Таң атпай жүргенде де неменеге жетісіп жүр дейсің. Өлмеген соң баяғы...- деп шал сөзінің соңын жұтып қойды. Сосын сәл ойлана келіп әңгімесін сабақтады. - Өзім мына жолдан он шақырымдай жердегі ауылда тұрам. Анау мелисә бала менің көршім еді. Соған трәссіге жеткізіп сал деген соң...

  • Таң атпай жолға шыққаныңызға қарағанда бір нәрсе болып қалмағай, - деп Төрегелді қарияны одан әрі әңгімеге итермелегендей болды. – Бала-шағаңыз бар шығар?
  • Бар ғой балам, бар. Бір қызым осы мен бара жатқан жақта тұрады. Өзім ұлымның қолындамын. Кемпіріме он жыл болды, қайтыс болғалы. Содан бері өмірім ырың-жырыңмен келеді. Жас келген соң талай жыл бірге отасқан қосағыңнан айрылу қиын екен, шырағым, -деп қария ауыр күрсінді. – Содан бері несіне жасырайын, бәрібір өзіңді танымаймын ғой, өміріңе сабақ болсын, айта отырайын.
  • Біз де әке-шеше көріп өскен жанбыз ғой, түсінетін шығармыз,- деп

Төрегелді де шалды қамшылай түсті.

  • Басында үйленгеннен кейін кемпірім бірінен кейін бірін, үш қыз тауып берді. Бірінші қыздан кейін ұл бола ма деп едік, болмады. Екінші қыздан кейін де үміттендік, ол үмітіміз де ақталмады. Содан соң кемпірім жүрек ауруына шалдығып, бала көтере алмайтындай жағдайға жетті. Бала туа алмайсың, жүрегің көтере алмайды деп ескерткен соң, амал не, солардың тілін алдық. Ұлы сөзде ұят жоқ қой, келін де тыңдап отыр екен. Содан соң шаңыраққа ие боларлық ұлды не істейміз деп екеуміз жүрсек те, тұрсақ та ақылдастық. Құдай біреуге төпелеп қыз берсе, біреуге маңдайын жарқыратып тек қана ұл береді. Өзімнен кейін туған бір інім бар еді. Соның үш ұлы болды. Құдай тілегін бергенде соңғысы қыз болып шықты.
  • Әп, бәрекелде. Өмір деген қызық-ақ. Біреуге біркелкі қыз береді, енді біреулерге тек қана ұл. Ал кейбіреулерге...- дей берген Гүлістан әрі қарай сөйлемей ернін тістеп отырып қалды.

Қария келіншектің сөзіне назар аудармастан әңгімесін жалғай берді. Тым ыстықтап кетті ме, үстіндегі көнетоз пенжагын шешіп, қасындағы орынға қойды.

  • Сонымен не керек. Әйеліміз екеуміз бірге туғанымыз ғой деп көрші ауылдағы ініміздің үйіне бардық. Ағайыннан ағайын балa асырап алу ата салтымыз ғой. Олардың соңғы ұлдарына алты ай ғана болған. Әлі емшекте. Отбасымыз өте жақсы, тату-тәтті тұрушы едік. Әлгі «ағайынның азары болса да безері жоқ» деген. Інім де, келінім де көңілімізді жықпай, айымызды оңынан туғызды. Ол кезде ағайын мен ағайын бір-бірлерінен бала асырап ала беретін. Қазіргінің келіндері ғой бұл, бет қаратпайтын,- деп қария артық кеткенін біліп, Гүлістанға ыңғайсыздана қарады. - Келін шырағым, кешір артық кетсем.
  • Уақасы жоқ, ата. Расында да солай,- деп Гүлістан қарияның сөзін

 қостағандай болды. - Әңгімеңіз қызық екен ата, айта беріңіз.

                    Содан соң алты айлық нәрестені бауырымызға салып алдық. Бірінші қызым ол кезде оқуын бітіріп, Семей жаққа тұрмысқа да шығып үлгерген. Кішкентай қызыма ермек табылып, көпке дейін інісінің қасынан шықпай-ақ қойғаны. Мектеп жасына жеткенде мектепке де ертіп апарып, алып келіп жүрді. Кейін екінші қызым да бой жетіп, Алматының бір жігітіне тұрмысқа шықты. Қазір қалаға таяу жердегі бір ауылда тұрады. Үшіншісі де құдайға шүкір, семьясы бар, облыс орталығында тұрады. Бәрінің де екі-үштен балалары бар, бақытты өмір сүріп жатыр, - деп қария әңгімесін бітіргені, ия болмаса бітірмегені белгісіз, үнсіз қалды. Төрегелдіге де қарияның сөзі орта жолда үзіліп қалғандай әсер етті. Ендігі сөз ұлына қатысты екенін сезіп отырған қарияның жүзі қайтадан сұрланып, денесі дірілдеп кеткендей болды. Төрегелді «шалдың ыңғайсыз жеріне тие бермейін, әңгімесін жалғастырғысы келсе жалғастырар, жалғастырмаса өзі білер» деп ойлап, ішінде құйын соғып өткен ақсақалды мазаламады. Шал да бұның ойын біліп отыр екен. Сәлден кейін тамағын кенеп алған соң әңгімесін жалғастыруға ынта білдірген.

  • Енді әлгі ұлым туралы білгің келіп отырғанын ішім сезіп отыр, балам. Сен де ол ұлмен құрдас секілдісің,- деп шал айнадағы Төрегелдінің бейнесіне көз салып өтті. - Ол ұлды кемпірім, қызым - үшеуміз боп, әкелеп-көкелеп, мәпелеп-ақ өсірдік. – Ұлымызды үйлендірген соң, кемпірім сол баяғы жүрек талмасынан кетті ғой, жарықтық. Іш-ай деспей талай жыл ғұмыр кештік. Мен сапқозда шопыр, ол сауыншы болды. Ақыр аяғында сопайып жалғыз қалдым. Қыз деген ата-ананың үйіне келген қонақ қой, бойлары жеткен соң басқа біреулерге келін боп түсіп кетеді. Ол да жаратқан иенің заңы ғой. Оны бұзуға да, қайта өңдеуге де келмейді. Сонымен, қанша десем де, әкесімен бір ата-анадан тараған туыспын ғой, ұлым бетіме келіп көрген емес. Одан бір ұл, бір қыз көріп отырмын. Соңғы бір екі-үш жылда келінімнің маған деген көзқарасы мүлдем өзгерді...
  • Қиын болған екен ата, -  деп Төрегелді шынымен шалға аяй қарады, -немерелерін бағып-қағып отырған қарияда несі бар ей! Ұлыңыз сонда сізге ара түспей ме?
  • Шынымды айтсам ұлым бас кезінде келінге дегенін істетіп күш бермей келіп еді. Соңғы кездерде оны да таза игеріп алды. Бірдеңе айтса төркініме кетем деп қорқытады. Ал ол байғұс бала сәбилерін қимай әлек боп жүр. Күйеуіне қоятын талабы – мына алжыған шалыңды әкет дейді.
  • Сіз енді қаусап-алжып отырған жоқсыз ғой. Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді дегеннің кері ғой мынау, - деп Төрегелдінің шалдың келініне ызасы келді.
  • Бұрын менің көзімше ұлыма тиісуші еді. Соңғы кездерде өзіме ауыз сала бастады.
  • Сонда не істемейсің дейді?
  • Қойшы Төреш, сұрай бермей,- деп Гүлістан бүйірінен нұқып қалды.
  • Не істемейсің дерің бар ма? Әйелге біреуге тиісу үшін себеп табылады ғой. Отырғаның да, жүргенің де, жатқаның да ұнамайды. Бір жаққа қыдырып келсе маған тиіседі. Мен өзі кітап, кәзит, жорнал оқуға құмар адаммын. Түк істемей оқып жатасың деп сылтау іздейді. Тіпті соңғы кездерде киімдерімді де жумай ұмарлап-жұмарлап, төсегімнің астына лақтырып тастайтын болған соң бірде өзім жуып жатқанда ұлым келіп қалды. Неге жумайсың деп әйеліне дүрсе қоя берді. Әзер ажыратып алдым. Содан соң «егер мен кедергі болып жатсам, осы үйден біржолата кетіп тынайын» деп айтып едім, немерелерім «қайда кетесің ата, кетпеші» деп еңіресін келіп. Оларға да қарағам жоқ. Кешке анау көрші кәйішнік балаға ертемен ала кет деп ескертіп қойғам. Серігі екеуі қонғалы келген екен. Таңертең ерте солармен жолға шығып, енді кенже қызымның үйіне кетіп барам.
  • Жағдайыңыз қиын екен. Шіркін әке-шешеміз тірі болса ғой, үлде мен бүлдеге орап отыратын едік, - деп Төрегелді ата-анасының ерте қайтқанына шынымен өкінді.

         Содан соң келінінен жапа шегіп, жүдеп келе жатқан қарияны қайта-қайта сұрақтың астынa ала беруді расында да жөн көрмеді.

         Машина тақтайдай тегіс жолмен зырлап келеді. Манағы шайдай ашық көгілдір аспан со күйі мөлдіреп тұр. Күн жоғарыға көтерілген сайын жазғы аптап та күш алып келе жатқандай. Төрегелді алға ілгерілеген сайын жол полициясының да жиі кездесіп отыратынын ескеріп, жылдамдығын мөлшерден асырмады. Қайта-қайта мұндай мүмкіндік туа бере ме? Шалдың әңгімесі де бір жағынан алыс жолды мейлінше қысқартып, екіншіден бұл жарық дүниеде жиі болмаса да аракідік кездесіп отыратын жаңағыдай әркімнің жүрегіне салмақ түсіретін оқиғаға қанық болып, ішінен бұған баға беріп келе жатыр еді. Ойды ой жалғайды дегендей бұл әңгіменің өзі Төрегелдіні үнсіз отырып қиялдауға түрткі болды.

         Бұл төрткүл дүниеде ең жағымсыз тіршілік иесі адам шығар. Жан-жануар, бүкіл хайуан атаулы жаратқан иенің оларға сыйлаған түйсігімен ғана өмір сүреді. Олар өмір сүру ережесінен ешқашан да ауытқымайды, соның шеңберінде ғана тіршілік кешіп, ұрпағын жалғастырады. Олар өмір сүру үшін тек қана екі елі өңешін оттатып, асқазаны толса болды масайрап жүре береді. Ал адамда тойымдық деген түсінік бар ма? Қарны тойған, төрт құбыласы сай адамның өзі жан-жағына неге ашкөздікпен, неге соншама өшпенділікпен қарайды? Тіпті бір-біріне ағайын-туыстығы барлар неге өзара өлердей өш болады. Хайуанның бір артық жері - онда жеті атасына дейін боқтап, жер-жебіріңе жетіп, жүрегіңе қанжардай қадалатын тіл жоқ. Aл егер бар болса, ол тек тіршілік құралы ғана. Ауызға түскен дәнді күйсеу үшін ғана керек. Ал адамның тілі? Ол тек ауызға түскен тамақты талмау үшін ғана емес, өзі секілді біреуді кемсіту, қорлау, боқтау үшін де жаралған. Ол неге тек жақсы көрудің құралы емес? Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді дейді. Тіл сүйектен де өтіп қана қоймайды, ол жүрекке қадалып, сондағы қанды тасытып, миыңа барып бірақ құяды. Осыдан кейін өмір сүріп көр! Тілдің құдіреті сол - кісі өлтіруге дейін барады. Құрысын ондай құдірет! Ол тек қана адамның бір-бірін жақсы көруі үшін, сыйлап жүруі үшін жаратылған болса ғой, шіркін. Қайдам. Бұл ғаламда жақсыдан гөрі жамандар, жанашырлардан гөрі қарақшылар көп қой. Қарақшыны қайырымдыға ешқашан айналдыра алмайсың, ал қайырымдыны қарақшыға айналдыру оп-оңай. Бір қайырымдының қасына үш қарақшыны қоссаң, жаңағы жалғыз ізгі жүзді адам қарақшыға айналмай қайда барады?! Бәрі қызыл тіл арқылы жүзеге асады. Ол сөйленген сөз құлақ арқылы миға барады, содан соң сананы бұзады, одан ізгілікке бағытталып келген әрекеттерді ығыстырып, оның орнына өзі барып орналасады. «Алтын көрсе періште жолдан таяды» дейді. Ал жолдан тайған періште сонда кімге айналады? Әрине, шайтанға. Міне, көп адамдарды шайтанның билеп жүргені құпия емес. Анау көршінің он екі мүшесі сау, адам кейпінде жүргенімен бойын әбден ібіліс билеген. Ол оның тілі арқылы сыртқа шығып, біз сияқты ешкімге зәбірі жоқ, өзімен-өзі боп жүргендерге зиянын тигізіп, жүрегін ауыртып, жапа шектіруде. Хайуан бір-бірімен алысса оның еті ғана ауырады, ал адамға тиген тіл еттің ауырғанынан да мың есе жаман әсер етеді. Еңсең түсіп, тіпті өмір сүруге де құлшынысың болмай қалады. Міне, саналы тіршілік иесінің кейпі осындай. Осының бәріне кінәлі - жоғары сана мен тіл. Көреалмаушылық деген пасық мінез осы екеуі арқылы сыртқа тебеді.

Төрегелді алдындағы жолдан көзін тайдырмай қиялға шомып келеді. Ақсақал да үнсіз. Ойының өзегі тілге тіреліп жатқан соң, ол өз қиялының шындыққа саятынын тағы да білгісі келіп, жан-жағына жайбарақат көз салып келе жатқан қарияға айнадан тағы да қарап өтті. Бір жағынан ата мен келін арасында өрбіген кикілжіңнің себебін де білгісі келген. Қасындағы келіншегіне көз қырын тастап еді, ол басын арқалыққа тіреп, ұйықтап кеткен екен. Бірақ үнсіздікті шалдың өзі бұзды.

  • Солай, балам. Әлі алда талай өмірің бар. Менің көрген күнімді құдай саған көрсетпей-ақ қойсын. Жүзің жылы бала екенсің, Алла саған жар болсын,қарағым.
             – Aта, сонда талай жыл тату-тәтті өмір сүріп келген келініңіздің аяқ астынан нілдей бұзылғанын түсінбедім,- деп Төрегелді мойнын бұрып қарияға көз салды.
  • Өй шырағым-ай, айтсам тағы да келін ренжіп қалады ғой,- деп шал сыбырлай сөйледі.
  • Айта беріңіз, келініңіз ұйықтап отыр.
  • Өзім де осындай болады деп күтпеп едім. Әйелдер өсекке бейімделгіш, сөзге құмар халық қой. Өз қателерін ешқашанда мойындамайды. Үнемі өздеріміздікі дұрыс деп қабылдайды. Бұрынғылардай емес, қазіргілері тіпті әспенсіп кетті. Өз ойымды еркектерге орындатып отырамыз деген сенім пайда болды өздерінде. Мына баланы жалғыз ұл ғой деп еркелетіп-ақ өсірдік, кемпіріміз екеуміз. Анау үш қыздан да артық көріп, соларға жасамаған жағдайды ұлға жасап, соларға әпермегенді ұлға әперіп, үлде мен бүлдеге орап-ақ өсірдік. Өтірік айтсам құдай бар. Кемпірім қайтқаннан кейін құранға ден қойып, намаз оқып, Алланың ақ жолына түстім. Ұлым бірбеткейлеу, шәлтеңдеу боп өсті. Әйелінің сөзін басынан асырмайды. Сонысын келін де біліп, ауыз ашуға жүрексінеді. Ал мен болсам екі немеремнің басы-қасында болып, соларды ойнатудан бір жалықпадым. Кейде ертегі, аңыз айтып беремін. Ұлым егістікте, келінім бір ауылдасымның дүкенінде сатушы боп істейді. Кезінде қол жетіп тұрғанда салып алған кең сарайдай алты бөлмелі үйім бар. Біраз ірілі-уақты малымыз бар. Әйтеуір өмір сүрем деген адамға жағдай бар. Өзім ай сайын біраз зейнетақы да алам. Сонымен жаңа өзің сұрақ қойғандай келін неге бұзылды дейсің ғой. Оны бұзған тілі сала құлаштай болатын қатындар ғой, баяғы. Адам болған соң оның досы да, дұшпандары да көп. Қазіргі заманда достан гөрі дұшпандар көп пе деймін. Сол адамға жақсылық тілемейтіндері «ол сенің күйеуіңнің туған әкесі емес, оны несіне ұстап отырсың» деп құлағына құятын болса керек. Ұра берсе құдай да өледі дейді ғой. Қайта-қайта айта берсе келін де ет пен сүйектен жаралған адам ғой. Әйел болған соң ол да сөзге ереді. Хайуан емес қой, қанша сөйлесең де мелшиіп тұра беретін...
  • Ата, сол хайуанның адамнан бір артықшылығы осында, сөз

түсінбейтіндігінде ғой деймін,- деп Төрегелді де қарттың сөзін бөліп, ойындағысын айтып салды.-  Сіз енді кітап, газет-журналды көп оқитын адам болған соң мені түсінетін шығарсыз.

         —Әрине, түсінем. Дұп-дұрыс айтып отырсың. Хайуанды жемін беріп,

өріске айдап жіберсең күні бойы жайылып, кешке үйге өзі келеді. Саусаң сүт, сойсаң ет. Ал кейбір адамдардың бір-біріне тигізетін пайдасынан зияны көп. Міне, өзің де көріп, естіп келе жатырсың ғой. Жетіскеннен қызымның үйіне кетіп бара жатырмын ба?  «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» дегендей, осының бәріне кінәлі тіл. Жапыраққа қарап жаман сөз айтсаң да қурап қалады. Оу, оған қарағанда біз адамбыз ғой. Сол адамдығымызды дұрыс пайдалана алмай жүргеміз жоқ па, балам? - деп қария да шешендікке бой ұрып, ашыла түсті.

  • Иә, дұрыс айтасыз, ата. Адамды бір-бірінен алыстататын да, жақындататын да тіл.
  • Сенің өзің де көзің ашық бала екенсің. Үніберстет бітірген шығарсың?
  • Иә, кезінде адам мен хайуанды зерттейтін оқуды бітірдім. Биология факультетін.
  • Е, мұғалім болдың ғой. Мен де солай ма деп ойлап келе жатыр едім. Білімді адаммен әңгімелескен қандай жақсы, әр нәрсеге қанық болып отырасың, - деп шал терезеге қарап есінеді. -Түнімен ананы-мынаны ойлап, дұрыс ұйықтай алғам да жоқ. Сонда қарағым, мұғалім боп істейтін шығарсың?
  • Жоқ ата. Бітірген соң екі-үш жыл істегем. Содан соң басқа кәсіпке біржолата ауысып кеттім...
  • Е, қазіргі заманда мұғалім боп қызмет істеу тау қопарғаннан да ауыр боп кетті ғой. Сонда қай кәсіпке ауыстың шырағым? Құпия болса айтпай-ақ қоюыңа болады. Қазір әркімнің бір құпиясы бар ғой, - деді шал дауысын жіңішкертіп.
  • Ешқандай да құпия жоқ, ақсақал. Ел қатарлы шағын кәсібіміз бар. Дүкен ұстап отырмыз.
  • Бұның дұрыс екен. Бізде де мұғалімдер бар. Айлығы шайлығына жетпейді. Содан соң қазіргі балалармен жұмыс істеу де қиын ғой. Шетінен бұзық. Кітап-жорнал дегеннің бетін де ашпайды. Ертеңгі күні ер жеткен олар кім болады? Мен мысалы бір кітап оқысам, біраз нәрсені біліп қалам. Бұрынғыдай емес жаңа шыққан кітаптар келмейді. Әйтеуір Алматыдағы қызыма тапсырып қоям. Ары өткен, бері өткен таныстардан беріп жібереді. Кейде өзі де бір бума етіп әкеліп тастайды. Ауыл-қыстаққа жетпейтінінің себебі - өте аз шығады екен. Қызымның өзі әкімдікте жауапты қызметте істейді. Күйеуі сен сияқты кәсіпкер, мәшиненің запшасын сатады. Тұрмыстары құдайға шүкір, жақсы. Осыдан бір ай бұрын қызым келіп кеткен. Өзі де менің жағдайымды сезген сияқты. «Қолыма алайын, кел» деді,- деп қария аз-кем ойланып қалды.
  • Шақырып тұрған соң сол қызыңыздың қолына неге кетіп қалмадыңыз? – деп орайы келіп тұрған соң Төрегелді де көкейіне келіп қалған сұрақты қоя салды.
  • Ой, шырағым-ай.  Туып-өскен жерді тастап кету қазақ үшін оңай болып па? Кемпірімнің де, ата-бабаларымның да сүйектері осы жерде жатыр ғой. Өзім өлсем сүйегім солардың қастарында жатсын деп ойлап жүруші едім. Амал бар ма?! Келіннің кесірінен кетуге тура келді. Тіпті киім-кешегімді алуға да жүрегім дауаламады. Міне, өзің көріп отырсың ғой, бір киеріммен отырмын.
  • Енді қайтып оралмайсыз ба? Бала-шаға, ағайын-туыстар бар екен. Әйтіп-бүйтіп келініңізді тәртіпке шақырар?
  • Жоқ. Әбден көңілім қалды. Өле-өлгенше қызымның қолында тұрам да, өлер алдында ауылыма, кемпірімнің қасына әкеліп қойыңдар деп өсиет айтып кетем...

Төрегелдінің қарияға шынымен жаны ашыды. Бәлкім, расында да өзіңнен тумаған соң асыраған балаңның өзі болмаса да кейін ол ер жетіп, үйленген соң әйелінің басыңа әңгіртаяқ ойнатпасына кім кепіл? Қарияның айтып отырғаны қаны сорғалаған шындық екенінде дау жоқ. Өйткені әйелдің өзі айтқысы келмесе де оны бұзатын жетесіздер жетіп артылады. Кімнің аузын кім жауып, кімді-кім аңдып жүруі мүмкін? Бәрі де адамның ар-ұятына, алған тәліміне байланысты ғой. Қарияның ешбір зәбірі жоқ сияқты. Өзінің көзі ашық, бағамы да жетерлік. Оны сөйлеген сөзінен де байқауға болады. Демек оқыған кітаптың әсері де мол болуы керек. Ал енді қазіргі заманда кітап оқып, ақыл-ойын, қабілет-өрісін кеңейтіп, мынау қара шал секілді айтар сөзін салмақтап, дәлелдеп жеткізетін пенделер де саусақпен санарлықтай болып қалды емес пе. Ертеңгі күні бала асырап алып, ол ер жеткен соң қарияның кебін киіп жүрмейміз бе? Ойланарлық жайт екен?..

Төрегелді ойын сабақтап үлгермей шал үнсіздікті тағы да өзі бұзды.

Өзіңнің жағдайың қалай балам? Бала-шаға өсіп келе жатқан шығар?

Бұл Төрегелді үшін күтпеген сұрақ еді. Жағынан біреу жандыртып

 жібергендей есеңгіреп, бірден жауап беретіндей аузына қапелімде сөз түспей, бір сәт үнсіз қалды. Өтірікке жүгініп көрмеген басы оған да бара алмады. «Балам жоқ» десе шалдың да бірден таңданатыны белгілі. Сұрағын жауапсыз қалдырып, үндемей құтылу да әдепсіздікке саяды. Бұл тараптан бұның да тағдыры оңып тұрған жоқ еді. Қасындағы келіншегіне көз қырын тастады. Ол ұйқыны соғып отыр. Жігіт өзін қазіргі сәтте торға қамалған торғайдай сезінді. Амал жоқ. Шындықты айтуға тура келді. Өзінің қойған сұрақтарына шал іркілмей шынайы жауап беріп отырғанда, бұл неге олай етпеске.

         Төрегелді байқаусызда жүзден асып кеткен машинасының жылдамдығын мөлшерге түсіріп, содан соң өзінің талай жыл перзентсіз жүрген жағдайы жүрегін сыздатып отырса да ақиқаттан аттап өте алмай әңгімесін бастап кетті.

         Өзінің ауылы, ата-анасы туралы, үйленгендеріне әлденеше жыл өтсе де бір перзентке зар болып жүргендері жөнінде, осы жол тартып бара жатқан мақсаттарын жасырмай қарияның алдына жайып салды. Әңгіме айтып отырғанда өңі де өзгеріп, біресе күреңітіп, енді бірде жайма-шуақ қалыпқа түсіп, әйтеуір шындықтан алшақ кеткен жоқ. Ішінен қарияның бақытсыздығы туралы ойласа да, балалы адам қандай жағдайда да бақытты екенін бағамдағандай еді. Қыз да перзент қой. Егер олар жоқ болса қария қайда баратын еді? Қарттар үйіне ме? Бұл да мүмкін ғой. Дегенмен шалды қарттар үйінің cуық қабырғасы емес, қызының ыстық пейілі, әкеге деген жанашырлығы күтіп отырғанын көз алдынан өткізген Төрегелді әңгімесін айтып бітірген соң аяқ астынан кездескен жолаушысына мойнын бұра қарады. Шалдың жүзінде өзінің алдында отырған ерлі-зайыптыға деген бір мейірім оты ұшқындап отырған секілденді.

  • Түсініп отырмын балам жағдайыңды. Әрине, дүниеден ұрпақсыз өтуді досың түгіл дұшпаныңа да қаламайсың. Бағанадан бері әңгімелесіп, өздеріңе үйреніп, іш тартып келе жатыр едім. Жағдайларың менің де көңілімді жасытып тастады. Құдай жаманға берген жақсылықты жақсыға да қияды ғой. Үміт отын сөндірмеңдер. Бала алғалы бара жатыр екенсіңдер, қадамдарыңа нұр жауып, жолдарың болсын. Құдай қаласа кейін өздеріңнің де перзент сүюлеріңе жазсын. Қаншама жыл жүріп-жүріп балалы болғандарды да білеміз. Алла Тағала нәсіп етіп, солардың жолдарын сендерге берсін. Бағана айтып едім ғой, «біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» деп. Қолға қонған бақты кейбіреулер қадірлеп білмейді. Сол бақ ажырағанда барып сандарын соғады. Егер тыңдасаң менің айтайын деген бір ақылым бар...

Қарияның сөзін тыңдап отырған болуы керек шамасы, манадан бері

 ұйықтап отырған Гүлістан көзін ашып, сөзге араласты.

         —Айта беріңіз ата, сіздей қариялардың ақылын тыңдамағанда кімдерді тыңдаймыз, - деді майда қоңыр дауысын соза түсіп.

  • Әрине, бала асырап алу оңай. Ал оны өсіріп-жеткізу қиынның қиыны. Бағанадан бері адамның досынан дұшпаны көп деп айтып келе жатырмыз ғой.  Бүгінгі досыңның дұшпан боп шығуы қас пен көздің арасы. Өзің дүкенім бар деп отырсың ғой. Сол дүкеннің өзі кісіге көп жау тауып беретін дүние. Өйткені қолыңдағы барды екінің бірі көре алмайды. Қазір ауылдағы жұрттың көбінің ақшалары жоқ. Малдары болса болатын шығар. Бірақ сол малдың өзін ақшаға айналдыру қиынға соғып тұр. Сол себепті әркім келіп қарызға зат сұрайды, тамақ сұрайды, арақ беруіңді талап етеді. Оның бәріне сен қарызға тарата бермейсің ғой. Обыратыңа да ақша керек...

─ Әрине.

─ Сол өздеріңнің достарың, таныстарың, көршілерің сұраған заттарын қолдарына сөзге келмей ұстата берулерін қалайды. Айтқан уәжіңе олар түсінбейді. Қарызға алған күнде де өз беттерімен қайтармайды. Соңдарынан әкелеп-көкелеп өз ақшаңды қайтарып алу үшін жүгіріп жүргенің. Біздің келін де бас кезінде көңілжықпастықпен талай дүниені қарызға беріп, аяғы уақыты келген соң қалтасынан салып берді. Дүкеннің иесі басқа біреу болса тіптен қиын екен. Бала-шағаның киім-кешегін айырып отырған тиын-тебеннен қағыла жаздады. Дүкен иесі өзімнің кезінде бірге істеген құрдасымның баласы еді. Әйтеуір тілге келді. Енді келін ешкімге қарызға зат бермейтін болған соң оның дұшпандары да көбейіп шыға келді. Қатыны болсын, еркегі болсын өзінің жеке меншік дүкені емесіне қарамастан балағаттап, неше түрлі бәлелерді айтады екен. «Күйеуің шалдың баласы емес» деп айтып жүргендер де солар ғой. Жақсы, түсінігі мол адамдар бар. Бірақ солардың қатары да сиреп бара ма деп ойлаймын. Адамдарды бұзатын тіл ғой, - деп қария тағы да күрсініп алды. -  Иә, менің айтайын дегенім мынау балам - анау баланы құдай қалап алып келген соң есі кіріп, айналасын танығанша қоныстарыңды өзгертіңдер. Ертеңгі күні сәби жүрегіне жазылмас жара салатындар табылмай қоймайды.

  • Оныңыз рас, ата. Жаңағы айтып келе жатқан әңгімелеріңіздің бәрі де дұрыс. Ондайды өз басымыздан кешіріп те отырмыз. Тіпті басқа біреу емес, талай жыл құдайы көрші болып келе жатқан бір есерсоқ жақында неше түрлі бәлені айтып, балағаттап кетті. Соны ойласам жүрегім шаншып ауырады, - деді Гүлістан күйеуіне қарап.

    Қария келіншектің ішкі сезімін түсінгендей, үндемeй қарап біраз отырды. Анда-санда терезеден айналасындағы ойдым-ойдым жазықтарға, шоғырлана өскен тоғайларға сарғыш жанарларын қадап, іштей бір нәрселерді қиялдайтын секілді. Сырт көзге елеусіз көрінгенімен, шалдың өмірден көргені де, былайша оқыған-тоқығаны да бар екені көрініп тұр. Мұндай қариялар қазіргі кезде сиреп барады, жастарға бағыт-бағдар ұсынып, ақыл айтатын да жақын болашақта адам табылмай қалады-ау! Қазіргі жастар түгіл, орта жасқа келгендерінің өзінде кейінгілерге үлгі боларлық қасиет жоғалып бара ма, қалай? Ендеше неге осы біз үлкендерді сыйлап, олардың ақылын тыңдауға құлықсызбыз? Неге біз өзімшіл, тек өзіміздің көлеңкемізден басқаны көрмейтін көрсоқыр болып барамыз? Уақыт бір жерде тоқтап тұрмайды. Жыл өтеді, он жыл, ширек ғасыр, елу жыл да еңіретіп өте шығады. Сонда бағамнан жұрдай, әңгіме айтпақ түгіл, екі сөздің басын құрап сөйлей алмайтын әңгүдік ұрпақтан қоғам қалай рухани жағынан байиды; адамгершілік пен парасаттылықты, өзара сыйластық пен ортаға деген жанашырлықты ауысып жатқан ұрпақтың санасына кім сіңірмек? Бәрі де ақшамен өлшенетін болды ғой. Кедей байға жетсем дейді, бай құдайға теңелсем деп тыраштанған бір сор дүние халықтың санасын улап, азғындатып-ақ барады. Бұған тосқауыл болатындай тылсым бір дүниенің жуық арада құлағының қалқиятыны көрінетіндей белгі де жоқ. Кім болып, қай заманның көшіне еріп барамыз? Адамды бір-біріне жақындататын да, алыстататын да тіл деп оны жерден алып, жерге саламыз. Сол тілдің өзі шұбарланып, талай ғасырдан бергі шұрайлы қасиетінен бірте-бірте айнып бара жатқан жоқ па? Қалаға барсаң екі қазақ шүлдіреп, бір-бірімен басқа тілде сөйлеседі. Қазақша сұрасаң орысша жауап береді. Оу, адам түгіл хайуан да өз тілін ешқашан ұмытқан емес қой. Есек жылқы боп кісінемейді, сиыр түйе боп боздамайды, қой шошқаның тіліне салып қорсылдамайды. Құдай берген өз тілдері. Ендеше мың санаттың иесі адамға не болған, солардың ішінде қазаққа?!

      • Қарағым, «жүздің түсін білгенше, бірдің атын біл» дейді ғой. Бағанадан бері білем, әңгімеміз жарасып-ақ келеді. Мен де ашылып сөйлесе бермейтін кісі едім. Жүздерің жылы, адамды түсінеді гой деп ойлап, ішімдегінің бәрін ақтарып тастадым-ау деймін. Есімің кім, балам?- деп қария тұңғиық ойдың құшағында келе жатқан Төрегелдіні серпілтіп жіберді.

         – Төрегелді. Әкемнің азан шақырып қойған аты ғой. Олар кезінде еркелетіп Төреш деп кеткен. Мен де қыздардан кейінгі кенже ұлмын.

         – Бәрекелде.  Сен туғанда әке-шешең қандай қуанған шығар, - деп қария жымиды. Алайда Төрегелдінің ұрпақсыз келе жатқан тағдыры есіне түсіп кетті ме, шал тез езуін жиып ала қойды. – Балам, жасымаңдар, құдай оң көзімен қарап, сендерге де бір сәбиді береді. Бірақ бет алған мақсаттарыңнан айнымаңдар. Қазақ деген ырымшыл халық қой. Әр тірліктің өз тілеуі бар, сәби сәби шақырады дейді. Менің қазіргі ішкі ойым да осыған сәйкес келіп отыр. Біреу емес, бірнеше балалы боласыңдар. «Сабыр түбі – сары алтын, сарғайған жетер мұратқа» деген. Сондықтан қуаныштарың сендерді алда күтіп тұр... Жаңа сенің атыңды сұрап, өзімнің есімімді айтпай ұмытып барады екем, мен Өмірбай деген ағаң болам.

         – Ой, рахмет, аға тілеуіңізге. «Жақсы сөз - жарым ырыс» деген, аға, сізге де жақсылық тілейміз, - деп Төрегелді шалдың сөзіне төбесі көкке жеткендей қуанды.

         – Айтқаныңыз келсін, ата, - деп бейтаныс адамнан осыншама ақ тілек, жылы сөз естігеніне Гүлістан да бір жасап қалды.

         – Менің Алматыда қызым бар деп айтқаным естеріңде ғой. Мен сол баламның әдірісін жазып берейін. Сендер қаладан әрі қарай кеткен соң оған өзім де звондап қоямын. Олардың үлкен жер үйлері бар. Ауласында екі бремәңкісі бар. Барсаңдар сендерге орын табылады. Ол жақта ағайындарың бар ма?

         – Жоқ. Анда-санда барғанда барахолкінің қасында тұратын бір ұйғырдың  үйіне тоқтаймыз...

         – Сен ол ұйғырды қой. Ол сенен ақшаны да сыдыртып алатын шығар. Бала алу оңай шаруа емес. Егер бір қиындықтар туындап жатса, қызым әкімдікте істейді. Сендерге бірдеңеге қол ұшын беріп, жәрдемдесіп қалар. Өзі ақкөңіл, қонақжай. Өзім де звондап, бәрін айтып түсіндірем ғой. Солай ет, балам, - деп Өмірбай ақсақал отырғыштың үстінде жатқан пенжағының төс қалтасына қолын сүңгітіп блокнотын алды да, көзілдірігін тағып алған соң бірдеңелерді түртіп жазды. Содан соң блокнотының парағын жыртып, Гүлістанға ұстатты.

         – Рахмет, ата.

         – Мынау өңшең тозығы жеткен ескі киімдермен жолға шығып кеткенімді қарашы. Біреу көрсе, көшедегі бір қайыршы деп ойлайтын шығар. Жаңа киімдерімді киюге де мұршам болған жоқ, - деп Өмірбай пенжағын қолына алып қарап, мұрнын тыржитты. – Малдың иісі шығады.

         – Ештеңе етпейді, Өмеке. Бұл да бір уақытша болған ыңғайсыздық шығар, - деп Төрегелді шалдың сөзін жуып-шайған болды.

         Екеуара болып келе жатқан әңгіменің арқасында жол да қысқарып, соңғы жеті-сегіз жылда қайтадан облыс орталығы статусын алған шағын қаланың бет-бейнесі де көзге жылыұшырай көрінді. Алматыға барар жол бұл жерде екіге айырылады: біреуі қаланың орталық көшелерінің бірімен тіке тартса, екіншісі солға қарай бұрылып, қаланың оңтүстік шетімен айналып өтеді. Төрегелді қалаға жақындаған сәтте қарияның қай жерден түсетінін сұрап алды.

         – Айналайын, анау базардың қасынан тастап кетсең дұрыс болар еді. Қызым соған таяу жерде тұрады. Балалар жұмыста болса да, үйде немерелер бар. Кіріп, дәм татып кетіңдер, шырақтарым, - деп Өмірбай ақсақал тамағын бір кенеп алды.

         – Рахмет, аға! Біз асығыс едік. Дүкеніміз жабулы. Итімізді өзімізге жанашыр достарымызға тапсырып кетіп едік. Дегенмен, шаруамызды тез бітіріп оралсақ игі еді,- деп Төрегелді жөнін айтқан болды. – Егер Алматы маңындағы қызыңыздың үйіне барып жатсақ, жағдайыңыздан хабар берейік пе?

         – Жоқ, балам. Екі араны ушықтырып қайтеміз. Алматыдағы қызым өзімді жақсы көріп, қатты сыйлайды. Бір күні барып ұл мен келінді қуып шығуға да ерінбейді. Өздері өсіп-өнген үйлері ғой. Келіннен кетсем де, қыздарым мені далаға тастамайды. Кейін естісе естіп жатар, әзірше дабыра қылудың қажеті жоқ, шырағым.

         – Әкем неге келе жатыр деп сұраса не деп айтам? – деп сұрады жалған сөйлеуді ұнатпайтын Төрегелді.

         – Енді, бұл жерде не деп айтуға болады, - деп шалдың өзі де ойланып қалды. – Ең бір дұрысы, қаладағы қызына қыдырып келе жатыр екен дей сал. Жалпы өзім де өтірік айтқанға жоқпын, балам. Бірақ осындай кездерде жалған сөйлеуге тура келеді. Шындықты айтсаң, қызымның жүрегін ауыртамын. Мен осы кейбір суайттарға таңданамын да. Екі сөзінің бірі өтірік. Әлгі «өтірікшінің шын сөзі зая кетеді» деген бар емес пе. Бұл тегі шын айтылған сөз. Өйткені бір рет алдаған адамға ендігәрі шын айтып тұрса да сенбейсің. Солай емес пе?

         – Иә, дәл солай, - деп Төрегелді басын изеді. – Аға, мен де жалған сөйлемейтін адам едім. Бірақ аманатыңызды өзіңіз айтқандай ғып жеткізіп барайын.

         – Айтпақшы, - деп Өмірбай шал тағы да ойланып қалды. – Менде біраз тиын-тебен бар еді. Сен қазір базардың қасында аялдай тұр. Мен барып, сондағы немерелеріме сәлемдеме алып бере қояйын. Барған соң бала болғасын дәметіп қалады ғой.

         – Мақұл,- деді Төрегелді айнадағы шалға қарап. – Мұндағы күйеу балаңыз қалай, аға? Қайын атасына деген көзқарасы...

         – Жақсы, балам, жақсы. Әкесі алдыңғы жылы авариядан қайтыс болды. Құдам өте жақсы адам еді, марқұм. Баласы да әкесі сияқты кішіпейіл, жуас жігіт. Мені туған әкесіндей сыйлайды.

         – Дұрыс болған екен,- деп өзіне ұнап қалған шалдың алдағы өмірінің жаман болмайтынына Төрегелді қуанып қалды.- Кейбіреулер жақсы адамның қасиетін сыйлай білмейді ғой. Аға, мына оқымаған адамдардың ақылы да, бағамы да кемшін соғып жатады. Олар тілге ергіш, басқаға еліктегіш келеді. Кітап-журнал оқыса да адамның бір мысқал сауаты ашылады. Айналаға ақылды көзбен қарайды. Жақсы мен жаманды айыра біледі...

         – Бәрі дұрыс, балам. Құдай өздеріңе қуат берсін,- деп Өмірбай қария аман-есен жеткеніне қуанғандай терезеден сыртқа көз жіберді. – Е, Алла жар болып, міне жетіп те келдік. Өзің мәшинені өте жақсы айдайды екенсің. Түу-түу, тілім тасқа. Бірақ шын жүрегіммен айтып отырмын, балам.

         Машина тоқтаған соң шал елпең қағып базарға қарай жүгіріп кетті. Таза ауа жұту үшін Төрегелді мен Гүлістан да сыртқа шықты. Күн тура төбеде шақырайып тұр. Манадан бері машинаның екпінімен соққан желден салон іші сәл салқындау, қоңыржай еді. Мұнда қапырық екен. Осындай ыстықтан соң ауа райы бұзылып, жаңбыр жаууы да мүмкін. Бірақ оған дейін әлі де біраз уақыт бар сияқты.

         Төрегелді батыс жаққа көз жіберді. Құбылада бір шөкім бұлт қалқып жүр. Көзін тағы да әріге қарай жылжытып еді, ішектің қырындай жұқа ақ жолақтар көрінді. Әдетте бұл жаққа жаңбыр қашан болса да, батыстан келеді. Жердің ылғал иіскемегеніне де біраз уақыт болып қалған. Осынау алыстан көрінген болымсыз ақ жолақтар Төрегелдіге жаңбырдын алғашқы хабаршысындай боп көрініп кетті.

         – Қандай ыстық, терлеп кеттім ғой, - деп Гүлістан күйеуіне наздана жымиды. – Жолда су кездессе, шомылып алсақ қайтеді, Төреш?

         – Мен де манадан осы сөзіңді күтіп тұр едім. Ойымды дәл таптың, Гүлеке, - деп Төрегелді де келіншегін қостады. Содан соң әйелін жаңа көргендей оң жақ бетіндегі меңінен сүйіп алды.

  • Қойшы, ұят болады.

Осы сәтте Өмірбай ақсақал да бір пакет затын ұстап жетіп келді. Сыртынан қарағанда тым қомақты.

– Күйеу мен қызға бір қазы, немерелерге кәмпит-пішения алдым. Балам, мен туралы шындықты айтпай-ақ қой, - деп Өмірбай тағы да ескертті.

– Не айтсаңыз, соны орындаймыз, ата, - деп ақсақалдың сөзіне Гүлістан жауап берді.

– Е, балаларым-ай. Өте бір сирек кездесетін жақсы адам екенсіңдер. Қайтейін менің қолымда болса, тілеген тілектеріңді бүгін-ақ орындап берер едім. Амал бар ма? Дегенмен менің тілегім жиі орындалып қалушы еді. Мақтанғаным емес. Адамның өзіне тілегені орындалмайды, басқаға тілегені жүзеге асады. Маған сендердің мақсаттарың осы жолы да, кейін де орындалатын секілді көрінді.

– Лайым солай болғай, - деді Төрегелді қуанғаннан шалды құшақтай алды. – Аға, сіздің сөздеріңіздің бәрі де алтын екен. Әкемді сағынып жүрген маған туған әкемдей көрініп кеттіңіз ғой.

– Міне, тірі кезімізде бәріміздің де қадіріміз жоқ. Әлгі «еттің дәмі піскеннен кейін, адам қадірі өлгеннен кейін білінеді» деген осы, шырағым. Ал, қарағым, жолың болсын, жолдасың қыдыр болсын, – деп қарт соңғы рет Төрегелдінің арқасынан сипап қоштасып, өз жөнімен кете барды.

  • Төреш, қатты шөлдедім...

–  Минералка ма, әлде лимонад па? Мен де шөлден өлейін деп тұрмын.

Екі термостын біреуінде шай, біреуі бос еді ғой,- деп Төрегелді машинасының артқы есігін ашып қарады. Екі термос тұр екен.

         Ол жақын жердегі дүкеннен үш бөтелке лимонад әкеліп, термосқа толтырды да, қалғанын мұздай болса да екеуі бөліп, аузынан сіміріп алды.

         Ерлі-зайыпты шөлдерін басып, сәл аялдап алған соң, алған бағыттарымен ілгері тартып кетті. Өмірбай ақсақал түсіп қалған соң, машинаның ішіне тыныштық орнады. Тек алға жылжыған көлік моторының сырылы ғана естіліп тұр.

Төрегелді шалдың әңгімесінен біраз нәрсеге қанығып, оны іштей ой елегінен өткізіп келді. «Расында да, баланы аларын аламыз-ау, бірақ содан кейінгі оның тағдыры қалай болып қалыптаспақ? Есін біліп, икемге келген соң оған «сен бұлардың баласы емессің, басқа жақтан алып келген» деп сәби жүрегіне өшпес жара салатындар да, сөз жоқ, табылып қалар. Ондай сыр басқа жақтан емес, тұп-тура өзіміздің көшемізден-ақ шыға келер. Сол себептен көз көрмейтін, құлақ естімейтін жерге қоныс аударуымыз керек шығар? Бірақ қайда?». Ол осы сұраққа жауап таба алмай, іштей қиналып біраз отырды. Келіншегіне көз қырын салып еді, ол да бір тұңғиық ойға бөккендей алдындағы жолға қарап, мүлгіп отыр.

         Төрегелді әйеліне ойын жеткізді.

         – Ой, Төреш-ай, сен алға жүгіре береді екенсің. Әуелі баланы алып алайықшы, қалғанын сосын көре жатармыз. Қарияның айтқандарының бәрі де дұрыс. Ауылда да, ауданда да, басқа жерлерде де достарымыз бар емес пе. Ағайын-жұрағаттар да аз емес. Солармен ақылдасып, бір шешімге келеміз-дағы. Мені тығырыққа тіреп отырған мәселе – ертең ол ер жетіп, семьялы болған соң, жаңағы шалдың кебін киіп жүрмейміз бе? Сол қинап отыр.

         Төрегелді келіншегінің сөзіне мәз боп күлді.

         – Сен жаңа ғана мені алға жүгіре береді екенсің деп жазғырып едің. Енді, тіпті, өзің де менен әрмен шырқап кеттің ғой, - деп жігіт әйелінің иығынан қағып-қағып қойды. – Жарайды, жаным, әзірше неше түрлі бәлелерді ойлап, басымызды ауырта бермейік. Біздің қазіргі алдымызда тұрған ең бір маңызды жұмыс – ол баланы Алматыдан аман-есен алып шығу. Қажетті құжаттарды ұмытып кеткен жоқсың ба? Тағы да бір тексеріп қойшы. Алматыға барып, санымызды соғып қап жүрмейік.

         – Ол жағынан қам жеме. Барлық құжат сөмкеде жатыр.

         – Е, жарайды, онда... Не істейміз Алматыға жеткен соң, Өмірбай ағаның қызының үйіне тура тартамыз ба? Әлде...

         – Әлдесі несі? Басқа жаққа бармақсың ба? Анау шалдың сәлемдемесін қайтеміз? Жас ет бұзылып кетеді ғой. Күн болса қайнап тұр.

         – Е, сен дұрыс айтасың. Ол етті пакетімен машинаның артына тыға салдық. Бұзылып кетсе, қызынан ұят болар. Сондықтан ол етті алып, газет жайып, тұсындағы терезені ашып тастау керек. Жеткенше бұзылмай, жел қағып барады.

         Екеуі жолдың шетіне тоқтап, Төрегелдінің айтқанын жүзеге асырды.

         Жолда Арқарлы асуындағы асханадан жүректерін жалғған олар келесіде Қапшағайдың суына шомылып, сергіп алған соң, күн батуға шақ қалғанда Өмірбай ақсақалдың қызы мен күйеу баласы тұратын Алматының теріскей жағында орналасқан ауылға кіре берді.

 

                                              

                                                        VII

         Гүлназира шешесі Ханымгүлмен пәтерге келіп кіргенде, сағат тілі тоғыздан асып бара жатыр еді. Күндізгі ыстықтың әсерінен пайда болған қапырық ауа да жеңілдеп, ашық тұрған балконның есігінен әжептәуір самал есіп тұр. Гүлназира қабырғадағы түймені басып, бөлменің жарығын жақты. Содан соң барып түстен қалған кәстрөлдегі ет пен сорпаны, бір шәугім шайды отқа қойып келді де, диванға жайғасқан анасының қасына келіп отырды.

         – Қалай, мама, жазғы Алматы ұнады ма? – деп шешесіне күлімсірей қарады.

         – Бұл тас қабырғалардың адамға ұнайтындай несі бар дейсің. Е-е, кеңқолтық ауылға не жетер дейсің, қызым. Мен ойлаймын, бұл жерде біреу өліп жатса да ешкім білмейтін сияқты ғой. Көрші көршіні де дұрыстап танымайтын  секілді. Тіпті, неше түрлі бірдеңелер қаптап жүр. Қытай ма, негр ме, тағы да мен бұрын-соңды көрмеген адамдар. Баяғыда бір келгенде мұндай емес еді. Онда көше-көшелерде көлік те шамалы болатын, бөтен кескінді кісілер де аз еді. Қазір қайсысы қазақ, қайсысы қытай екенін айыра да алмайсың. Тіпті, қазақтың қыздары қытайға да, негрге де тиіп жатыр дегенді естіп жатамыз. Оған қарағанда сенің жағдайың құдай сүйерлік екен, - деп Ханымгүл көрген, естіген-білгендерін қызына турасын айтып тастады.

         Гүлназира шешесінің сөздеріне ренжігендей сәл бұртия қалды. Қалжыңдап отыр ма деп ойлап, Ханымгүлдің жүзіне тесіле қарады. Бірақ оның жүзінен ешқандай әзілдің белгісін таба алмаған соң, ренішін сыртқа шығарды.

         – Сонда не, мама, менің жағдайым саған ұнап отыр ма?

         – Жоға, қызым. Қытай мен шүршітке тиіп кетпей, аман қалғаныңа шүкірлік етіп отырмын, - деп Ханымгүл тағы да ойындағысын айтып қалды. Алайда артық кеткенін түсіне қойып, қызының шашынан сипай отырып, әлгіндегі айтқандарын жуып-шая сөйледі. – Сенің жағдайыңды түсінем, қызым. Жаңағы айтқан әңгімеңнің бәріне қанық болдым. Жастық албырт не істетпейді. Бір қателік жіберген екенсің, енді сол жіберген қателігің алдағы өміріңе сабақ болатын болды. Мұрның пұшық, аяғың ақсақ емес, әлі де болашақтан үмітің зор. Талай жігіт әлі де соңыңа түседі. Ананы ана ғана түсіне алады. Нәрестеңнен көз жазып қалғаның әрине өзің үшін зор қасірет болып отырғанын да біліп отырмын. Өз бетімен баласын тастаған ана ешқашан да өкінбейді. Әкеңді де кінәлі деп іштей жүндей берме. Оны да түсін. Оның беталысына мен де қарсы болдым. Алып келіп, өзімнің бауырыма салып алайын деп ойладым. Оның да талай жыл басшы қызметте жүрсе де, дұшпаны аз емес. Ал достың ертеңгі күні дұшпанға айналып кетуі оп-оңай. Сонда қызының кінәсін түкке тұрғысыз біреулер бетіне басып отырса, ол да әкең үшін абырой бола қоймас. Соны түсініп, кейін амалдың жоғынан әкең жаққа шыққаным рас, қызым. Екі оттың ортасына түсетін қашанда ана, есіңде болсын, Гүлназ, - деп Ханымгүл қызына болған оқиғаның жай-жапсарын қысқаша түсіндіріп берді.

         Гүлназира анасының сөзін сана елегінен өткізіп, ойланып біраз отырды. Расында да бір жағынан шешесінің айтқандары дұрыс секілді. Күйеусіз бала асыраған, әрине, қазақ үшін ешқашанда дұрыс болмаған. Тіпті, әкесі басшы қызметте болмаған күнде де, осынау келеңсіз жағдайды екінің бірінде бетке басып, табалайтын пенделер аз болмайды-ау. Ағайын-туыс та мұндайды сыртқа шығармағанмен, олардың іштерінде де қастас иттің өліп жатпағанына ешкім кепілдік бере алмас. Тіпті бұл жөн де шығар. Бірақ аналық сезімнің тулаған таудай толқынына, нәрестенің емшек сүтін іздеп жылаған көз жасына кім тосқауыл болады? Ананың езілген жүрегін кім қалпына келтіреді?

         Ғашық болғаны рас, жігітті құлай сүйгені де шындық. Оның гитарада неше алуан ырғақтарды нақышына келтіріп ойнап, майда қоңыр дауысымен ән салғанда өзі де сол әнмен, музыкамен бірге қалықтап барып, жерге әзер түсуші еді-ау. Бір жағынан Жантасқа өлердей ғашық болуына осынау әсем саз бен әдемі ән де зор себебін тигізген. Уақыт өткен сайын жігіттің де қыздың ғашықтығын үстемелей түсетін қасиеттері ашыла түсіп, Гүлназира да оған желімдей жабыса түскен. Сол зор сезімнің жетегінде жүріп, махаббаттың шарықтау шегіне жеткенін сезбей қалып еді. Ол жігітке сенген. Одан да әйел сезімімен тек қана ойнап жүретіндей пиғылды аңғармаған. Оның бұған үйленем деген қуаныш пен арманға толы сөздерін де естіген. Бірақ кейін шындықтың бәрін алдына жайып салғанда, Гүлназира төбесінен біреу тоқпақпен ұрып қалғандай күй кешіп, құлауға шақ қалғанда, Жантас оны тік көтеріп алып, төсекке жатқыза қойып еді. Жігіт оған шынымен үйленгісі келген. Бірақ оның ауылда әйелі мен баласы бар-тұғын. Өлердей жақсы көрген қыздың жүрегіне жара салмайын деп жасырып келген көпке дейін. Бұл шындық кейін бәрібір ашыларын ол бағамдамады ма, әлде әйелін тастап, шынымен бұған үйленгісі келді ме, жігіт оның аяғы ауырлағанын білген соң да бірден қарасын батырмай, көпке дейін қасында болғаны да рас. Жантас: «Гүлназира, жаным, менің сені сүйетіндігіме құдай куә. Бірақ менің ауылда әйелім, кішкентай балам бар, екеуіміздің әкелеріміз бала кезден араларынан қыл өтпейтін достар болған екен. Кезінде екеуі өмірлік құда болуға серт жасасыпты. Біреуінде ұл, екіншісінде қыз болған соң сол серттерін орындауға барын салып, екеуімізді үйлендіріп тынды. Мен қарсылық білдірсем де, «балам, құдай алдындағы антты бұзуға болмайды, әйтпесе, ант ұрады» деп менің қарсылығыма қарамай өз дегенін істеді», - деп ақиқатын айтқан. Сонда Гүлназира осы әңгіменің бәрін о баста неге айтпағанын сұраған. Мұндай кезде жігіттің де жауабы дайын екен: «Сені ренжітіп алам ба деп ойладым. Сенен айырылғым келмеді».

         Жігіт Гүлназираға ескертпей ауылына барып, әйелімен ажырасып келуге де талпынған. Бір баламен ажырасу оңайға соқсын ба? Әкесі «егер ажырасатын болсаң, қайтып осы үйдің табалдырығын аттамайсың» деп әңгімені келте қайырыпты. Әкеге тәуелді баланың басқа амалы қайдан болсын. Гүлназира да өзінің тығырыққа тірелгенін сезіп, ағыл-тегіл жылаған еді. Оның жігітке айтқан жауабы мынадай болды: «Жантас, сен менің жүрегімді жараладың, әке-шешеме масқара еттің. Бірақ мен сені сүйдім, саған сендім, сенің дегеніңе көндім. Менің орнына келмейтін бір қатем – сенің жағдайыңды, отбасыңды да сезім құшағында жүріп сұрамаппын. Тек бір сөзіңде айтқаның «әке-шешем ауылда тұрады» деп едің. Соған малданып жүре беріппін. Екеуміз қосылсақ деген арман пайда болып еді менде. Бақытты ғұмыр кешетінімізді көз алдымнан жиі өткізіп, ол туралы төсекке басым тигенде біраз уақыт қиялдап жатушы едім. Бірақ енді біреуді бақытсыздыққа ұшыратып, өзім бақытты бола алмайды екенмін. Әйелің мен сәбиіңнің көз жасына қала алмаймын. Баламды туып алып, өзім-ақ асыраймын. Оған қам жеме. Нәрестесін қайда болса сонда тастап кетіп жатқан көкек аналар туралы да көріп, естіп жүрміз. Ал мен олай еткім келмейді. Ал, енді, хош, бұл екеуіміздің соңғы кездесуіміз болсын» деп Гүлназира көз жасын бұлай отырып, әңгімені осылай аяқтаған. Ішінен көпке дейін әке-шешесі оның тағдырына түсіністікпен қарайды деп ойлаған. Бірақ бүл үміті де жалыннан бөлінген қара түтіндей аспанға ұшып кете барды. Ең ақыры, өзінің ықылас, пейілінсіз еріксіз көкек анаға айналғанын енді ғана сезіп отыр.

         Қызынан әңгімені үнсіз күткен анасы Ханымгүлдің алдына осынау болған оқиғаның бәрін стол басында шай ішіп, тамақ жеп отырғанда Гүлназира жасырмай жайып салды.

         Анаға перзентінің басынан кешкен жайсыз жағдайлары, әрине, жақсы әсер етпесі белгілі ғой. Ханымгүл де қызының әңгімесін тыңдаған сайын өңі бозарып, үнемі күрсінумен болды. Тамаққа тәбеті де шаппай, анда-санда ғана табаққа қол созды.

         –  Түсінем, қызым. Бірақ сен көкек анамын деп ойлама. Олар іштен туған нәрестелерін қайда болса сонда лақтырып, ешбір өкінішсіз, жандары ашымай кете береді. Кейін де жасаған қылмыстары туралы ойламайды. Ал сен бұлардың қатарына жатпайсың, - деп жұбатқысы келді қызын Ханымгүл. - Өйткені сенің ісің  ақ. Бұған енді кінәліні қайдан іздейміз... – деп анасы тағы да ойланып қалды.

  • Қайдан іздегені несі?

–  Айналайын, осының бәріне әкеңді кінәлай бермейікші. Азаматын сыйлаған халықтың әйеліміз ғой. Оны да түсінуге болады. Бәлкім балаңды босанған соң онымен осында да тұруға болар ма еді? Әкең де осындайда шешімді тез қабылдап жіберетін кісі ғой. Осының бәріне «неге алдын-ала бәріне көз жеткізіп алмай ұрындың» деп өзіңді де кінәлағым келмейді. Өйткені тірі жүрген адам шалыс басып, қателеспей тұрмайды. Жігіттің де кінәсі үлкен деп тағы да айтқым келмейді. Өзіңнің айтуың бойынша ол да сені жақсы көрген екен. Әрине, о баста барлығын сұрап алғанда, бұндай оқиға болмас та еді ғой. Бірақ ол жігіт шындықты жасырмай айтса жақсы. Жалған сөйлесе, сен де оған сене салар едің. Бір сөзбен айтқанда баланың тасталуына бәріміз де кінәліміз. Оның обал-сауабын барлығымыз боп көтерейік, жаным. Ендігісі бір құдайдың қолында. Тағдыр жақсыға бұйыртып, азамат боп кетуін тілеп жүргеннен басқа біздің қолдан келетін тірлігіміз жоқ, қызым.

– Иә, солай болатын болды, - деп ақыр аяғында Гүлназира да анасының уәжімен келіскендей сыңай танытты.

Ханымгүл қызының басына төнген қасіретті түсіне бастағанына іштей қуанып қалды. Расында да, қайғы мен мұң шарлаған Гүлназираның ішкі дүниесімен қатар, сырт келбетінің де жүдеп кеткенін анасы алғаш көргенде-ақ байқаған. Бұрын жүзінің қызылшырайы қою да, беттері бүйрек сияқты топ-толық еді. Жанарлары әрқашанда күлімдеп, от шашып тұратындай көрінетін. Шашы да көмірдей қара, жылтыр-тұғын. Ал қазір? Бетінің қызылы сұйылып, екі жағы солып қалған сияқты. Мойылдай қара көздері кішірейіп, бұрынғы жалыны қоламтаға ұқсап нұры тая бастаған тәрізді. Шашының бірнеше талын да қырау шалып үлгерген бе, қалай?

Ханымгүл қызының жүзіне түс тоқтатып, оның бұрынғы көркі мен қазіргі пошымын салыстыра отырып, әп-әжептеуір өзгеріске ұшырағанын аңғарды. Бірақ ана жүрегі іштей езіліп отырса да, онысын қызын одан әрі жасытып алам ба деген қауіппен сыртқа шығармады. «Е, бұл да адамды уақытша тұмшалаған шер мен құса ғой. Бар ғұмыры әлі де алда, үнемі өстіп тұрмайтын шығар, бәрі де өз орнына келеді. Кешегі уақыт оны осындайға душар етсе, ертеңгі уақыт емдеп-жазады. «Уақыт – емші» деп тектен текке айтылмаса керек» деп ойлаған Ханымгүл қызының парк ішінде отырып айтқан әңгімесін есіне түсірді.

    – Қызым, сол жаңағыда айтқан дос қыздарың келіп көңіліңді аулап  тұра ма? Торғын мен Сәулені айтам-дағы.  

  Сәуле анда-санда келіп тұрады. Олардың соңғы кезде емтиханнан қолдары босамай жүр.

– Торғын ше? – деп оның есімі аталмай қалғанына Ханымгүл секемденіп қалды.

– Торғын, шынымды айтсам, пәтерге шығып кеткен... – деп Гүлназира әрі қарай айтқысы келмей күмілжіп қалды.

  • Неге?

– Неге дерің бар ма? Тәртіп бұзған болуы керек, шамасы, - деп Гүлназира да тартыншақтап шындықты айтқысы келмеді. Әйел заты болған соң Ханымгүлдің де жағдайды білуге құштарлығы арта түсті.

– Расында да, әңгімеңнен сондай қыз ба деп ойлап қалып едім. Сонда ол не істеп қойған?

– Бір жігіттермен моншада ұсталып қалыпты. Оқудан шығудан әупірімдеп қалған екен. Ол оқуды жақсы оқиды ғой. Топ басшысынан алып, жатақханадан шығарып жіберіпті.

– Ойдөйт деген. Әлгі қазақтың «сенген қойым сен болсаң...» дегені осы ғой, - деп Ханымгүл қызды сырттай ұнатпай қабағын түйіп алды. – Дегенмен басқаға күлер басымыз жоқ. Осындайдың бетін әрі қылсын. Жарайды, енді мұндай әңгімені қоқырсытқанды қоялық. Басқа әңгімеге ауысалық.

– Азаннан бері дұрыстап жөн де сұрамаппын ғой. Көкемнің жағдайы қалай? Аға-жеңгелерімнің ше? Ауыл-аймақ дегендей.

– Ауыл деген әрине үлкен қала емес қой. Жұрттың бәрі бір-бірін таниды. Әркім не істесе де, алақандағыдай көрініп тұрады. Әкең сол қызметінде. Жомарт ағаң мен жеңгең сол баяғы жайлауда. Олардың шаруасын өзің білесің, қысы-жазы бітпейді. Жеңгең мен сіңіліңді мен қайтып барғанша үйге қалдырып кеттік. Бәрі де сені сағынып жүр. Аудандағы ағаңдар да сау. Сені қашан келеді деп ондағы сіңілің де барған сайын сұрап жатады. Біздің де оған жауабымыз дайын: ұзамай келіп қалады деп көңілдерін жұбатып қоямыз. Басқа қандай уәж айтамыз оларға, - деп Ханымгүл қызына жабырқау жүзбен қарады.

Гүлназира да көп уақыттан бері туған ауылын, ағайын-туыстарын сағынып, сіңлі-інілерін бір иіскеп-сүюге құмартып жүрген. Оларды көрмегелі жылдан асып кетіпті. Сағынышын тек қана туыстарын көз алдына елестетумен ғана басушы еді.

– Мен де бәрін сағындым, мама. Ауылды, сіңлілерімді, аға-жеңгелерімді көргім келеді. Не істеймін, - деп Гүлназира келіп анасының мойнынан еркелей құшақтады. – Енді не, өстіп торға қамалған торғайдай жалғыз өзім бір бөлмеде отырам ба? Сәулеге бірге тұрайық деп өтініп едім, ол группаластармен бірігіп сабаққа дайындалам деп келіспеді. Өзі бір жерде кешкі сменада жұмыс істеп жүрмін дейді. Степендия мәз емес. Сол үшін әр студент қосымша ақша табуды көздейді. Кейде мұғалімдер де бірдеңе дәметеді. Студент болған соң, сабақтан қалады, әр нәрсені оқып үлгермейді. Осының бәрі емтиханда ескеріледі. Бұрын мұндайға Торғын шебер еді. Ол әлгіндей болды. Менің енді бір өкінетінім, бір жылым текке кетті. Академ алып нем бар еді. Солай да жүре берсем кімнің қандай шаруасы бар. Басқа бір факультеттен де бір қыз алданып қалған екен. Оқып жүріп, баласын туып алыпты...

Осы сәтте қызының сөзін шешесі бөліп жіберді. Жаңағыдай сөз айтылған соң Ханымгүлдің құлағы елең ете қалған.

– Ол баласын не істеген сонда?

– Не істеуші еді? Қаланың қызы болған соң шешесі асырап отыр дейді.

– Пәлі. Мұндай жағдайлар қалада көп болып жатады екен, ә? Қайта баласын жасырын туып, тастап кетпеген екен. Балада не кінә бар дейсің, ол бір күнәсіз сәби ғой. Ол бақытты екен, - деп Ханымгүл бір жағынан тіксініп қалса, содан соң жадырап қалды. – Әрине, мұндай үлкен қалада бірін-бірі біліп, жазғырып жатқан ешкім жоқ. «Қызың пәлен етіпті, түген етіпті» деп көзге шұқып жататын ауыл емес қой. Анасының қасында қалғаны жақсы болыпты.

Дастархан басындағы әңгіме басқа арнаға қаншама бұрылғысы келгенімен әңгіме желісі сол бір жайсыз тақырыпқа еріксіз ауытқи берді. Мұны Ханымгүл де сезіп отыр. Манағыдай емес, қызы да қайғыға бой ұрмай жөнге келе бастаған сияқты. Іштей мүжіле беруден ештеңе шықпайтынын пайымдағандай сабырлы қалыпқа ауыса берді.

Ханымгүл ендігі сәтте қызының соңғы жазған хатының мазмұнын есіне түсірді: «бұрнағы күні сәбиімді іздеп бардым. Мені сіз өмір бақи көрмей өтсеңіз де, тәуекелге бел байлап, сәбиімді алып кетейін деп ойлап едім. Бірақ кеш қалыппын. Сәбисіз жүрген бір ерлі-зайыпты алып кетіпті. Көке, сондағы менің көңіл-күйімді көрсеңіз! Маған сіздің бір жылға жалға алып берген бір бөлмелі пәтеріңіздің ешбір жылуы жоқ, менің жаныма пана бола алмай тұр. Оның төрт қабырғасы мені жан-жағымнан қысып тұратын секілді көрінеді. Мен өзіме ең қымбат, ең жақын нәрестемнен айырылып қалдым. Дүние-байлық, атақ-абырой қолдың кірі шығар деп ойлаймын. Бүгін бар, ертең жоқ...»

«Е, ашынған адамның ойын түсінуге болады. Бірақ қазіргі қиын заманда байлық та, атақ-абырой да керек қой. Егер қолда байлық болмаса, мынау пәтер қайдан болатын еді. Өзің бір жыл ішінде қалай жан сақтайтын едің?» деген ойын үнсіз ыдыс-аяқ жуа бастаған қызына қарай бағыттады. Қызы шешесінің ойын түсінгендей жалт қарады.

– Көкем мен туралы ойлай ма осы? Ұмытып кеткен жоқ па? – деп сұрады қызы түсін суытып.

– Неге ойламасын. Сені бала жастан ұлдарынан бөліп, еркелетіп өсірген жоқ па. Жалғыз қызым деп, қайда барса да, сені машинасына отырғызып алып жүрмеуші ме еді. Соның бәрін ұмытып қалдың ба, қызым? Сен анандай жағдайға ұшырап қалғанда, қандай қиналды дерсің. Сенің хатың келген соң бірден мені «сенің жағдайыңды біліп кел» деп әкең жіберді. Сені ойламаса, осылай жасар ма еді? – деп Ханымгүл байсалды жауап берді.

Осы сәтте терезе алдында жатқан ұялы телефон «Сарыарқаны» саңқылдатып қоя берді.

– Иә, Сәуле, қалың қалай? – Гүлназира дыбысын ұлғайтып жіберді. Арғы жағындағы қыз дауысы да ап-анық естіліп тұр еді.

– Хал-жағдайым жақсы, Гуля. Өзіңнің жағдайың қалай? Саған баруға қол тимей кетті. Ренжіп жүрген жоқсың ба?

  • Жоқ, Сәуле. Жағдайыңды түсінем ғой. Менде үлкен жаңалық бар...
  • О қандай жаңалық?

–Ал өзің тапшы қандай жаңалық екенін, – деп Гүлназира күлімдеп, дос қызына жұмбақтай сөйледі.

– Өзің көңілдісің ғой. Бір жақсы жаңалық болып жатқан ғой, шамасы. Айтсай, – деп Сәуле де қояр емес.

  • Жаңалық сол, ауылдан мамам келді.
  • Өте қуанышты жаңалық екен. О кісімен қашан сәлемдесуге болады?
  • Такси алып, қазір де келіп жетуіңе болады.

– Қазір дейсің бе, Гуля... Бізді жатақханадан шығарып жатыр. Біраз студенттер емтихандарын бітіріп кетіп қалды. Жөндеу жұмыстары жүреді дейді. Пәтер іздеп сабылып жүрмін. Қасымдағы екі қызбен бірге пәтерге шыққалы жүрмін.

  • Торғын қайда?

– Е, ол пысық қой. Досрочно тапсырып, бір апта бұрын кетіп қалған. Гуляжан, тым кеш болып қалды ғой. Ертең сағат он бірге таяу барайын. Жарай ма? Ренжіме. Сенің жағдайыңды білейін деп. Қуанышыңа ортақпын. Ладно, пока. Жди завтра.

  • Рахмет хабарласқаныңа. Ертең күтем.

Ханымгүл екі қыздың әңгімесін мұқият тыңдап отырған еді. Дос қыздарының Гүлназираны ұмытпай хабарласып тұрғанына іштей қуанып та қалды. Бірақ Торғын туралы пікірі онша болмады. «Ұшарын жел, қонарын сай білетін тұрақсыз біреу болды ғой».

– Бұл қай Сәуле? Сенімен бір бөлмеде тұрған қыз ба? – деп Ханымгүл ойын нақтылағысы келді.

  • Иә, сол Сәуле ғой, мама. Анда-санда звондап хабарласып тұрады.

– Ол жақсы екен. Егер ол пәтер іздеп сандалып жүрсе, оны неге қасыңа алмайсың? Бір-бірлеріңе тәп-тәуір серік боласыңдар ғой.

– Мен оны осы пәтерге ауысқанда-ақ қасыма алмақшы болғам. Бірақ пәтер иесі келіспеді ғой. Одан да қыруар ақша талап етті, – деп Гүлназира ренжігендей дауысын бәсеңдете сөйледі. – Екеуміз тұрсақ, әрине, жеңіл болар еді.

– Пәтеріңнің иесіне төлеген бір жуан жылқы аз болып па? – деп таңданды Ханымгүл.

Гүлназира шешесінің айтқанына тағы да күліп жіберді.

– Ой, мама-ай, таныстың көмегі болмаса, ол бір жылқыңыз Алматы үшін пұл емес. Көп болса, мың доллар ғана болатын шығар. Ал бұл сома үш-төрт айдың ғана бағасы.

– Астапыралла! Сондай қымбатшылықта жұрт мұнда қалай тұрып жатыр-ей. Әлгі Алматының халқы түйені түгімен жұтады деген тегі рас екен ғой, – деп Ханымгүл қызының сөзіне шынымен таңданды. – Ендеше, Сәулені тағы да тұрғызбайды ғой мұнда?

– Ол да адам ғой, түсінетін шығар. Бір-екі айға несі кетер дейсің.

         – Әрине. Бір адамнан гөрі екі адамның тұрғаны жақсы ғой. Бір-бірлеріңе көмекші, ақылшы боласыңдар. Ол қыздың түсінігі бар, жаман адам емес сияқты. Бірге тұруға келіссе, қасыңа алып ал. Істеп жүрген жұмысы да бар көрінеді ғой, - деп Ханымгүл қызының ойын қолдады. – Ал Торғын достарың қайда кеткен?

         – Білмеймін ғой, мама. Ол туралы Сәуле білуі мүмкін. Бірақ бірге жүрген достың басқа қиындық түскен соң жалт бұрылуы оның қандай адам екенін көрсетпей ме? Сондықтан ол туралы білгім де келмейді, – деп Гүлназира шорт қайырды.

         – Әлбетте, дұрыс-ақ. Дегенмен, о баста бірге тұрып, бірге жүрген соң, әрбіреулеріңнің бастарыңа төнген ыстық пен суықты, меніңше, бірге көтеріскен жөн сияқты, – деп Ханымгүл орнынан тұрып, моншаға беттеді, – Суға түсіп, сергіп алмасам, Алматының қапырық ауасынан терлеп кеттім ғой.

         Ханымгүл қаншама шаршап, кеш жатса да, ерте оянушы еді. Бүгін де сол қалпынан айнымады. Жайылған диванның қабырға жағында жүзін әрі қаратып Гүлназира пысылдап ұйықтап жатыр. Қызы түнде де бірдеңе айтып міңгірлеп ұйқы сұраған. Бірақ анасы ұйықтап жатып-ақ мұнысын сезсе де, оған мән бермеген. Адамның күнделікті мысын басып жүретін ой-қиялдары осындай сәттерде ұйқыдағы сәтте сөйлеу арқылы сыртқа шығатыны бұрыннан бері әрбір жұмыр басты пендеге белгілі жайт. Ханымгүл орнынан тұрып, киіне бастаған сәтте қызы былдырлап тағы да сөйлей бастады.

         – Мен айтып едім ғой, айттым ғой, ұлымды бермеймін деп. Бермеймін, бермеймін ешкімге. Келші, келші бермен, жаным, құлыным, – деп түс көріп, ұйқысырап жатқан Гүлназира оң қолын сарт еткізіп қабырғаға соғып алды.

         «Е, сорлы қызым-ай, іштен шыққан нәрестесі жатса да, тұрса да мазасын алып тыныштық бермейді екен ғой. Кеше мен келгенде қуанып-ақ қалып еді. Іші толған шер екен ғой байғұс қыздың. Не істесем екен бұған? Сәбиін ойлай-ойлай қияли боп кетер ме екен? Бүйтіп қайғыға көміліп жүрсе, ертең оқуын қалай бітірмек? Бұрынғыдай емес, арықтап, жүдеп те қалыпты. Қасында қамқор боларлық ешкім болмаған соң бұлай болмай қайтеді. Әлде оқуын жалғастырғанша үйге алып кетіп, қасымда ұстасам ба екен? Бірақ әкесі үйге алып кел деген жоқ қой. Ауылға алып барған соң екеуі келісе алмай жүрсе не істеймін?»

         Ханымгүл асүйге келіп, ойланып біраз уақыт отырды. Ана жүрегі де қызының әлгіндегі әрекетінен кейін қан жылап отыр еді. Адамның өңіндегі іс-қимылынан гөрі түсіндегі айтқандарын естіп, көңілге түйген әрекет адам санасына өте күшті салмақ түсіреді екен. Ханымгүлдің жүзі қиялдан бір бозарып, бір қызарды. Қызының неге осыншама азып қалғанын енді ғана түсінгендей болды. «Менің алып келген сыбағам да, өзім де қызыма онша әсер етпеді ғой. Әркімнің өзегін жарып шыққан өз нәрестесі өзіне ыстық деген осы да» деп ойлаған Ханымгүл беті-қолын жуып, бөлмеге оралғанда қызы да оянып, диван үстінде шоқиып отыр екен. Көзі жасаурап, көңілсіз отырғаны анасына бірден сезілді. Оның қазіргі жағдайы шешесіне де белгілі еді. Қыз анасына өзінің ішкі сырын білдірмеуге тырысқандай жадырай жымиған болды.

  • Мама, қалайсың, тыныш ұйықтап шықтың ба?

– Әрине, жарқыным. Сенің қасыңда тыныш ұйықтамағанда, қайда ұйықтаймын, – деп шешесі де қыз көңілін бұзбайын дегендей жорта күлімсіреді.

  • Мама, мен түс көрдім. Сол жақсы түстің тек қана түс болып қалғанын қарашы. Қап! – деп шынымен өкінді Гүлназира.
  • Қандай түс көрдің, қызым?

  – Балам маған қарай келе жатыр екен. Мен оны ешкімге бермеймін деп құшағымды ала жүгіреді екенмін деймін. Бірақ ұлым елес болып ұшып кетеді, – деп Гүлназира өкси жауап берді. – Өңімде болса ғой, ұлымды тас қып ұстап, жібермей қоятын едім.

Ханымгүл еріксіз күліп жіберді. Қызы жиырма жасқа толса да, әлі де өзіне сәби боп көрініп кетті. Жақындап келіп, қызының тағы да шашынан сипап, бетінен өбіп жұбатқан болды. Оның әлі де біраз уақыт нәрестесін ойлап, жаны жай таппайтынын білген ана ішінен терең күрсінді. «Сәбиіңді ұмыт, ол саған енді мәңгіге жоқ» деп жұбатқысы келсе де, оның жаралы жүрегін одан әрі жасытқысы келмеді. Сәби алдағы кездерде де түсіне елес боп оралып, есіне еміс-еміс түсіп отыратыны бірнеше бала тәрбиелеп өсіріп, аналық сезімнің сан алуан қырларын басынан өткерген Ханымгүлге бес саусағындай белгілі еді. Ішінен тынып, қызын қалай жұбатарын білмей, басы қатып, ойы мың саққа жүгірді. Бөлмеге шыбын ызыңы естілердей өлі тыныштық орнаған. Бір сәтте Гүлназира диваннан түсіп, моншаға қарай беттеді. Қызының осы сәтте не ойлап бара жатқанын бір құдай білсін, ал Ханымгүл болса, оның болашағы жайында қиялға ерік берген. «Бұл байғұс бала оқуы басталғанша, жалғыз өзі құсадан азып өлетін шығар... Не істесем екен? Ауылға алып кетудің де жөні жоқ. Ең бір ыңғайлы шешім – ол бірдеңе етіп уақытша жұмысқа орналастыру. Бірақ қайда? Қалай? Қаланың өз адамдары да жұмысқа орналаса алмай жүргенін телевезір жиі көрсетіп тұрады. Базарда тәшкі сүйреп, күнін көріп жүретін білегі бақандай жігіт емес. Өзінің сүйегі ұсақ, нәзік қыз қандай жұмыс істемек? Әлде пропесір жерлесімізге хабарлассақ па? Таныс, дос-жарандары көп қой оның. Өткенде Жайықбай егер қажет болса, сонымен хабарласыңдар деп еді. Бұл қыз да анау-мынау жұмысты менсінбейді ғой. Үнемі тірі адамды бір бөлмеге қамай бергені тағы да болмас, сірә. Неде болса, әкесіне звондап, ақылдасайын. Екі-үш күннен кейін өзім де жағдайларыңды біліп, звондаймын деп еді. Сонысын күтейін».

Ханымгүл ойын аяқтап үлгерісімен, қызы да жуынып шықты. Гүлназираның өңі кіріп, ұйпа-тұйпа шашы жазылып, жылтырап тұр. Үстіндегі қызғылт барқыттан тігілген халаты өзіне тіпті жарасымды боп көрінеді. Қиғаш қастары да со күйі, ешбір өзгермеген. Көзін ашып-жұмған сайын, қарлығаштың қанатындай сызылып, желп-желп етеді.

Ханымгүл қызының сырт келбетінен өзгерісті де осы жолы байқады. Кешеден бері түс тоқтатып, оның мүсініне қарамаған еді. Әрине, әйел болған соң, әрбір адамның сырт пішінінің өзгеретіні табиғи жайт. Қос алмасы толып, бөксесі де дөңгеленіп қалған. Жүріс-тұрысына да өзгеріс енгені байқалып тұр. Біртүрлі маңғаз, байсалды. Алайда сөйлеген сөзі, еркелігі бұрынғы күйінде қалып қойған. Шашын иығына дейін түсірмей, қидырып тастаған. Сазбен сылап қойғандай, балтырлары да ақ қайыңның діңіндей топ-толық. Тек бет-жүзі мен мойнына ғана өзгеріс енген сияқты. Бірақ табиғатында ажарлы қыздың кеспіріне бұлар зор нұқсан тигізіп те тұрған жоқ. Осының бәрін екшеп келгенде жақын болашақта өз бақытын тауып, қызықты өмір сүретініне ешкім де күмән келтірмес, сірә.

– Мама, – деді Гүназира айнадағы жүзіне күлімсірей қарап тұрып. – Мен бір шешімге келіп тұрмын.

– О қандай шешім, – деп Ханымгүл қызына жалт қарады. – Сен тағы бірдеңені бүлдірейін деп тұрған жоқсың ба?

– Жоқ, мама. Немене, мені үнемі бүлдіре береді деп ойлайсың ба?  – деп қызы аузын бұртитты. – Көрген түсімнен кейінгі туған ойым ғой.

  • Айта бер.

– Мен анада сәбилер үйіне кіріп те шықпаппын. Сыртта тұрған әйелдердің сөзіне сеніп, кетіп қалғам. Енді ойлап тұрсам, асығып кеткен сияқтымын.

– Сонда не айтпақсың, қызым-ау, – деп Ханымгүл Гүлназираның айтар ойын түсіне алмай аузын ашып, аңырып қалды.

         – Айтайын дегенім мынау. Тағы да сол жаққа барып, баламның ол жерде бар-жоғына толық көзімді жеткізім қайтсам ба деймін. Түсіме сенсем, ол әлі де сонда сияқты.

         – Қой, айналайын. Түс түлкінің боғы деген. Дәрігерлер өтірік айтпаса керек еді. Іздеп келген анасына баласын қайтарып береді деп естіп едім. Текке барып, жүрегіңді ауыртпа, балам. Қайтесің қайта-қайта мүжіліп. Болған жағдайға мойын ұсын, Гүлім.

         Гүлназираның бір бет алған жағынан қайтпайтынын бірбеткей анасы байғұс сәби кезінен білетін. Қазір де қызы сол қасиетіне салып, қырсығып тұрып алған. Шешесі еріп бармаса, сәбилер үйіне «жалғыз өзім барам» деп қиғылық салды. «Жарайды, онда барып шаршап қалмаспын, қайта сәбилер үйінің қалай болатынын және де сондағы жетімдерді көріп қайтармын» деп ойлаған Ханымгүл ақыры қызының айтқанымен еріксіз келісті.

         Осы сәтте есіктің қоңырауы шылдыр ете қалды.

         – Бұл Сәуле шығар келген, – деп Гүлназира барып есіктің көзінен сыртқа қарап алған соң, кілтті бұрады. Екі құрбы бірін-бірі жаңа көргендей-ақ құшақтарын айқастырып, бірінің бетінен бірі сүйіп, зор сағынышпен қауышты.

         Ханымгүл де орнынан тұрып, қызының жақын құрбысын жылы лебізбен бетінен өбіп амандасты.

         – Қалай, Сәулежан, жағдайың? Құрбыларыңды ұмытайын дегенсіңдер ме? – деп күлді Ханымгүл. – Міне, шешесі де Алматыға келіп қалды.

         – Жөн екен, апа. Өзіңіздің жағдайыңыз, отбасыңыз аман ба? – деп Сәуле де хал-жағдай сұрап, қауқылдап қалды.

         Біраз уақыттан кейін дастархан жасалып, үшеуі стол басына жайғасты. Ханымгүл Сәуленің оқуын, ата-анасының жағдайын сұрағаннан басқа әріге бармады. Онсыз да Гүлназираның жағдайынан хабардар екенін білген Ханымгүл қызының қалай ғана осындай жағдайға ұшырап қалғанын білгісі келсе де, оны артық әңгімеге балап, үндеген жоқ. «Дөңбектің бір ұшын бассаң, екінші ұшы келіп маңдайыңа тиеді» деген қағиданы пайымы мол әйел ішінде сақтаған. Өйткені онсыз да сіркесі су көтермей жүрген қызының жүрегін тағы да ауыртып алам ба деп ойлаған еді.

         Үшеуара айтылып отырған әңгімеден кейінгі сәттегі бір үзілісті пайдаланған Гүлназира шешесіне манағы өтінішті тағы да қайталады.

         – Мама, сен бармасаң, біз Сәуле екеуміз барып қайтамыз, – деп Гүлназира құрбысына қарады.

         – Қайда? – деп сұрады түсінбеген құрбысы.

  • Сәбилер үйіне.
  • Не үшін?

– Баламды іздеп барамын. Егер сонда болса, алып қайтамын, – деп Гүлназира ойының іске асатынына көзі жеткендей нық сөйледі.

– Барам, қызым, барам. Мүмкін, расында да, сонда шығар. Дәрігерлердің де шатасатын кездерін жоққа шығаруға болмас, – деді Ханымгүл қызының көңілін қимай.

Біраз уақыттан соң үшеуі жиналып көшеге шықты.

 

 

                                              

 

 

VIII

 

Күн еңкейіп қалыпты. Аспанның әрбір бөлігінде қалқып жүрген ала шабыр бұлттардың бірігіп, жаңбыр шақыратындай түрлері байқалмайды. Төрегелдінің бағана облыс орталығында жаңбыр жауа ма деген қиялы жай әншейін алдамшы үміт қана екен. Шақырайған күннің ыстық лебі әлі де айналаны табадай қуырып тұр. Тек ұясына қонып, айналаны қараңғылық көмкерген сәтте ғана күні бойғы аптаптың лебі қайтатын секілді. Жолдың екі жағындағы жасыл алқап, көл-көсір егістіктің бәрі өңін бермей құлпырып тұр. Әр-әр жерде күн сәулесінен нәр алып, толысқан қызылды-сарғыш гүлдер әрбір жүргіншінің жүрегіне әсемдіктің нәрін сеуіп, олардың санасында сірескен небір көңілсіздік пен ренішті әп-сәтте ыдыратып жіберетіндей әсері бар.

– Қандай ғажап табиғат, – деп тамсанды жол шетіндегі әсемдікке көз салып келе жатқан Төрегелді. Содан соң сағатына қарады. – Гүлеке, сағат жетіге жаңа ғана жақындапты. Біз бара жатқан үйдің адамдары жұмыстан келіп үлгерген жоқ шығар. Сегізге дейін бір жерге тоқтап, дем алсақ қайтеді?

– Мақұл. Бірақ ауылдың ішінде емес, сыртқа тоқтап, сәл дем алуды өзім де ойлап келе жатыр едім...

– Міне, жаным. Екеуміздің көзқарасымыз әркез бір жерден шығып жатады, – деп Төрегелді келіншегіне біртүрлі жүрегі елжірей қарады. – Баламыз болмай жүрсе де екеуіміздің бір-бірімізді сүйетінімізге жұрт қызғанышпен қарайды.

– Жақсы нәрсені көре алмай, оған қызғанышпен қарайтындар адам адам болып жаратылғалы келе жатыр емес пе. Оған таңданудың ешбір негізі жоқ. Тіпті, ағайын-туыстың да мұндай жағдайға салқын көзбен қарайтындары жасырын емес. «Ағайын жоқ болса, бере алмайды, бар болса, көре алмайды» деген сөздер текке айтылмаса керек. Солай емес пе? – деп Гүлістан көздерін күйеуіне аударды.

– Әлбетте.

Төрегелді ауылдың орталық көшесімен жүріп отырып, ешқайда бұрылмастан сыртқа шыға берді. Жасыл алқаптың кейбір ойдым-ойдым бөліктерін бульдозермен күреп, кейбіреулер үй салуға кірісіп кеткен. Кейбір жерлерге біреулер қазық қағып, сым жүргізіп, болашақ құрылыстың орнын белгілеп қойыпты. Бұрыннан бері жүргіншілердің көз қуанышына айналып келген көк жасаңның кейбір бөліктеріне үйілген кірпіш, төгілген топырақ пен құм көзге ұрады. Тым қораш. Көзіңе біреу топырақ шашып жібергендей әсер етеді. Енді біраз жыл өткен соң, бұл аймақтың жап-жасыл алқабының орнында салынған үйлер, қора-қопсы тұратындығы анық. Мынау жасалып жатқан тіршілік соның бастауы іспетті.

Төрегелді машинасын трассадан бұрып, әлі де адам қолы тиіп үлгермеген, жасыл шөбі тізеге таяйтын бір шалғынның шетіне келіп тоқтады. Екеуі машинаның артындағы төсеніш пен сусын, консервілерін алып, көк майсаның шөбі жапырылған жайпақ жеріне орналасты. Тура өзінің аулының айналасы секілді. Ойпаттың біраз бөлігінің әрбір нүктесінде жап-жасыл жапырақты ағаштар өсіп тұр. Төрегелді айналасына қызықтай көз жіберіп, «бәлкім, бұл жерлер де біреулерге сатылып кеткен шығар» деп ойлады. Өйткені жер кодексінің күшіне енгеніне де біраз уақыт болып қалған.

– Мынау нағыз біз тұратын жер екен, – деп Гүлістан да айналасына қызыға қарады. – Бәлкім, баланы алған соң, осы жерлердің біріне көшіп келерміз. Сен бұл ойыма қалай қарайсың, Төреш?

– Арманыңнан айналдым, Гүлім, – деп Төрегелді келіншегін өзіне тартып, бетінен «шөп» еткізіп сүйіп алды. – Бұл менің кәперіме де кірмеген идея екен. Ойланып көруге тұрарлық мақсат. Алматының іргесіне тұруды кім аңсамайды дейсің. Мен де болашақта осынау әсем қаланың өзінде тұруды ойлап жүргем. Бірақ жаңағы сенің сөзің сол ойыма тамызық салғандай болды. Қазіргі Алматы алыстан көрікті болып көрінгенмен, ауасы сұмдық нас қой. Мыңдаған мәшинелердің түтіні қойсын ба, барлық тіршілікті улап тұр. Бұрынғы көл-көсір ағаштары да жылдан-жылға кеміп барады. Талайдан бері тәтті дәмімен ауызды үйіріп келген апортын да қазір кездестірмейсің. Оның орнына базарда қытайдың қысы-жазы шірімейтін алмасын сатады. Не дәмі, не бір татуы жоқ. Қарашы, әне, осы жерден-ақ қала көрініп тұр, – деп Төрегелді әйелінің назарын көз ұшындағы үлкен қалаға аударды.

Алатаудың асқар шыңдары көзге асқақ көрінгенімен, оның төменгі бөктерлерін сұрғылт көрініс бүркеп алған. Әр-әр жерден соңғы кездерде бой көтерген көп қабатты үйлердің сұлбалары ғана бозарып, көзге елес береді. Осы суретті көз алдынан өткізіп шыққан Гүлістан еріксіз күрсінді.

– Рас екен, Төреш. Алматының лас ауасы туралы телевизордан да көрсетіп, газетке де жазып жатады. Сонда неге бұған шара қолданбайды?

– Бұған сонда не істейді? – деп Төрегелді де Алматыға төбесінен төніп тұрған түтінге жирене қарады. – Мұнда жел аз болады. Жаңбыр жауғанда ғана ауа сәл-пәл тазарады. Ылғал кепкен соң, ауа тағы да бұрынғы қалпына келеді. Бәрі де көліктің шамадан тыс көптігінен болып отыр ғой. Қазір бір үйде екі-үш мәшинеден бар. Көлік сатып алма деп айтуға ешкімнің де қақысы жоқ. Сондықтан бұл проблеманы шешу өте қиынға соғып отыр. Соңғы кездерде жолайрықтар салынып жатыр. Бірақ оның өзі де мәселені түбегейлі шеше алмайды. Бұл қалада тұрудың өзі - әрбір қазақ үшін арманға айналды. Үй бағасы асқақтап тұр. Анау олигарх, байлар жаңа салынған үйлерден пәтерді ондап сатып алып жатыр деген әңгімені естіп жүрмін. Дүниенің бәрін қымбаттатып жатқан да солар...

– Қалайша? – деп таңдана сұрады Гүлістан.

– Енді қыруар ақшаны пайдалы жерге салу керек қой. Жылжымайтын мүлік олар үшін таптырмайтын олжа. Пәтерді сатып-сатып алады да, жалға беріп қояды. Содан да қыруар ақша жасайды. Ақшадан ақша туады деген осы, Гүлеке. Мен енді бұл қалаға анда-санда товарға келіп тұрамын ғой. Сонда жұрттан еститінің сондай әңгімелер. Ауылдан барған қазақтар қала шетінде қаңғырып жүр. Салған үйлері заңсыз деп полиция, шенеуніктер келіп, қоқан-лоққы жасайтын көрінеді.

– Сонда бұл жаққа келсек, бізді де тырқыратып қуа ма? – деп таңдана сұрақ қойды Гүлістан.

– Бізді неге құмақ? – деп Төрегелді әйеліне қарады. – Қыруар ақшаны қалтаға басып келіп, заңды түрде үй сатып аламыз. Қаланың өзінен болмаса да, соған таяу жерден.

  • Қыруар ақшаны қайдан аламыз?

– Жинаймыз-дағы. Біраз қаржымыз депозитте жатыр. Тағысын тағы да көре жатармыз.

  • Банктен қарыз алсақ не болады?

Төрегелді әйеліне «не айтып отырсың» дегендей бадырая қарады.

– Банктің беретін пайызын сен білмейді екенсің ғой. Жылына ең кем дегенде отыз пайызбен береді. Ол сенің мойныңа өмір бойы салынған қыл арқаннан бір де кем емес. Алған қарызыңды екі-үш есе қып төлеп бересің. Есі дұрыс адам қазіргі заманда банктен қарыз алмайды. Үйдің бағасының аспандап көтерілуіне екінші жағынан банктер кінәлі. Ақшасы, үйі жоқ біреулерге оңды-солды тарата берген. Қарыз алу әрине оп-оңай. Бар мәселе оны қайтаруда, Гүлеке, – деп «енді түсіндің ғой» дегендей Төрегелді келіншегіне сұқ саусағын шошайтып басын изеді.

Батыстан салқын самал желпіп өтті. Уақыт өткен сайын күн ұясына қонуға жақындай берді. Бірақ жазғы аптаптың лебі жуық арада қайта қоймайтын секілді. Әлгі әп-сәтте жанды жадыратып өткен самал да өткінші болып шықты. Шөп басын қимылдатып, шығысқа қарай алыстай берген желемік пе, әлде құйын ба, әйтеуір, не болса да, алыстан шаршап келіп, бір мезгіл тынығуға отырған ерлі-зайыптының терлеп-тепшіген денелерін жадырата алған жоқ. Дегенмен салқын судың да осындайда аз да болса жан сергітетін қасиеті бар екен, Екеуі термостағы лимонадтан ішіп, шөлдерін қандырып алды. Көз ұшында өрістен қайтқан ірілі-ұсақты мал көрінеді. Жүре жайылып, ауылға беттеп келеді.

– Тура біздің ауыл сияқты екен, Төреш. Анау малдарды қарашы, өрістен бет алып келе жатқан, – деп бірінші боп сиырлар мен қойларды Гүлістан байқады.

– Енді ауыл болған соң, мал да болады ғой, – деп жауап берді Төрегелді бұған көп мән бермей.

– Төреш?

         – Ау.

         – Мен қазіргі сәтте бір нәрсе ойлап отырмын... – деп Гүлістан жымиып күйеуіне қарады.

         – Не туралы?

         – Шынымды айтсам, бұл жер маған ұнап қалды. Мүмкін, расында да, осы жерге көшіп келудің жағдайын қарастырсақ қайтеді, Төреш. Мен алатын баламыздың болашағын ойлап отырмын. Анда болса, расында да, дұшпанкөз бар дегендей. Басқа алысқа қайда барамыз? Мына жерде бәрі де бар көрінеді. Алматы әне тиіп тұр. Бұл жерден дүкен ашсақ, алысқа шапқылап қиналмаймыз. Барахолка да жанымызда. Тамақ алатын оптовка да жақын...

         – Бұл ойыңды әлгінде де айтқансың. Маған да, әрине, осы жер қатты ұнайды. Дегенмен, Өмірбай ақсақалдың қызының үйіне барғанда, сол кісілермен ақылдасып көрелік. Бәлкім, бір ыңғайы келіп қалар, – деді Төрегелді әйелінің пікіріне қосылып, – Бұл ауылдың үйі де арзан болу керек қалаға қарағанда. Мүмкін, жер де сатып алып, кейін оған үй салып алармыз. Бір сөзбен айтқанда, бұл мәселені екеуіміз ғана шеше алмаймыз. Ол үшін мықты жерде істейтін тамыр-танысың болу керек. Бұл жерді тегін үлестіре беретін біздің ауыл емес. Алматының қасындағы жер телімдері өте қымбат. Бірақ бәрін де зерттеп, біліп көреміз. Бәлкім, құдай болысып қалар.

         – Құдай болыспайтын дейтіндей ешкімге жасаған зиянымыз жоқ. Күнәміз де шамалы ғой деп ойлаймын. «Аққа құдай жақ» деген. Кейбір құдайынан қорықпай әспенсіп кеткендер де жетеді бұл дүниеде. Тіпті, шылым шегіп, арақ та ішпейміз, – деп Гүлістан сөмкесін ақтарып, күйеуіне тұмарын көрсетті. – Бұны өмір бойы алыс жаққа шыққанда тастамай алып жүрем. Көп сәттерде жолым болып жатады.

         – Лайым, осы жолы да жолымыз болғай, – деп Төрегелді бұрын да бірнеше рет көрген үшкіл тұмарды «бісміллә» деп алақанына салды. – Ей, Алла Тағалам, жолымызды бере көр.

         – Айтқаның жаратқан иенің құлағына шалынсын, – деп Гүлістан да ішінен күбірлеп бірдеңе айтқан болды.

         – Уақыт та зымырап өтіп барады, Гүлім-ау. Өмірбай ағаның жазған қағазын алшы. Күн жарықта балаларының үйін тез тауып барайық.

         Гүлістан былғары қара сөмкесінен бір жапырақ қағазды алып күйеуіне ұсынды. Төрегелді қағазды қарап шықты.

         – Қызының аты – Сандуғаш, күйеу баласы – Нұрғали. Есімдері де айқайлап тұр екен.

Екеуі заттарын мәшинеге жылдам-жылдам орналастырып алған соң, Төрегелді машинасын кері бұрып, келген жолымен зырлай жөнелді. Бұл ауылдың тұрғындары қазақтар екенін Төрегелді бұрыннан бері білетін. Ауылдың іргесіндегі терең сай арқылы өзен ағып жатыр. Сол өзенге таяу жердегі жарқабақтың үстінде труба арқылы жоғарыдан төмен қарай құйылып жатқан ыстық су бар. Балшығы да жанында. Жаз болса, бұл жерге адамдар қаптап кетеді. Бәрі тегін. Кейбір ұзынқұлақтың айтуларынша, бұл жерге де бір дөкей көз тігіп жүрген көрінеді. Шырпы сындырмай, май шелпекке батып жүргендер үшін бұл да аспаннан түскен қомақты олжа сияқты.

Төрегелдінің екі көзі жолда болғанмен, санасын әр-алуан қиял жайлап алған еді. Дегенмен нысанаға алған үйін тез тауып алды.. Сырты көк дуалмен қоршалған, еңсесі биік ақ үй. Бұлар қақпаға жақындап келгенде, арғы жақтан ит үріп қоя берді. Біраздан соң қақпаның оң жапсарындағы есік ашылып, сыртқа күрең шайы халат киген әйел шықты. Сандуғаш екенін Төрегелді бірден таныды. Бет-жүзі Өмірбай ақсақалдан аумайды екен.

– Е, құтты қонақтар, аман-есен жеттіңдер ме, – деп Сандуғаш ерлі-зайыпты кісілерді көргенде, туған бауырлары келіп қалғандай-ақ қуанып қалды. – Ал, үйге кіріңдер. Мен қазір қақпаны ашайын, мәшинелеріңді де ішке кіргізіп қойыңдар. Қалай, аман-саусындар ма?

– Құдайға шүкір. Өздеріңіз қалайсыздар?

         – Бәрі дұрыс, айналайындар. Бағана әкем жұмысыма звондап, бәрін де түсіндіріп айтып еді. Жұмыстан ертерек сұранып кеткен едім. Сәл кешігіп қалдыңдар ғой.

         – Ендеше, біз сізді жұмыстан кешігіп келеді екен деп, ауылдың сыртына барып, дем алып қайттық, – деп Төрегелді шынын айтты.

         – Ал, келін, үйге кір. Мен тамақты дайындап, сендерді күтіп отырмын, – деп Сандуғаш Гүлістанды ертіп, үйге бет алды.

         «Әкесі сияқты ақкөңіл, ашық кісі екен. Расында да, жолымыз болып қалар» деп ойлаған Төрегелді ашық қақпадан мәшинесін ішке кіргізді. Содан соң салондағы Өмірбай ақсақал беріп жіберген сәлемдемесін алып, «иістеніп кетпесе игі еді» деп етке мұрнын жақындатты. Бөтен иіс болған жоқ. Ол бұған да іштей қуанып қалды. Үйдің көлеңкелі бұрышындағы үйшігінің қасында дәу тарғыл төбет жатыр екен. Үй иесі әйелмен еріп кірген соң ба, ит екі көзін Төрегелдіге қадап, үнсіз жатып, тілін салақтатып деміге бастады. Баяғы Төрегелдіге таныс ауылдың қарапайым тіршілігі. Бірақ Төрегелдінің ауылы қайда, бұл қайда? Бұл жерден он минут қана жүрсең, үлкен қаланың қайшыласқан тіршілігіне барып қойып кетесің. Кейде қала мен ауылды бес-он-ақ шақырым бөліп тұрады. Ал бұның ауылы? Бес жүз шақырымдай жерде. «Шынымен, тұрса, тұратындай-ақ жер екен» деп ойлаған Төрегелді сәлемдемесін көтеріп, есік алдына таяп келгенде, Сандуғаш та Гүлістанды орналастырып, қайыра сыртқа шығыпты.

         – Кіре ғой, бауырым.

         – Әкеңіздің сізге берген сәлемдемесі еді... – деп Төрегелді қолындағы ет салған пакетті үй иесіне ұсына берді.

         – Рахмет, айналайын. Несіне қиналды екен. Әйтеуір, балалары десе, жаны қалмайды-ау шалдың. Өзім де көп болды көрмегеніме. Біз де сағынып қалдық әкемізді. Алыста тұрса да, асқар тауымыздай көреміз. Шешеміз қайтқалы жүдеп те барады өзі, – деп Сандуғаш әкесіне деген сағынышын білдіріп өтті.

         Біраз уақыттан соң, дастархан жайылып, дәмді тағамға стол үсті толып кетті. Буы бұрқыраған бір табақ ет те дәл ортадан орын алды. Төрегелді отағасы Нұрғалидың осы уақытқа дейін қайда жүргенін білгісі келіп, ол туралы сұрағысы келіп еді, бірақ ол ойын сыртқа шығаруды ыңғайсыз деп санады.

Шешесіне көмектесіп, үйде тек қана жасы жиырмадан асқан қыз жүр. Түріне қарағанда студент сияқты.

         – Нұрғалиға бағана телефонмен ескерткен едім. Бір шаруаларым бар, сәл кешігіп келем деген. Көп ұзамай, ол да келіп қалар, – деді Сандуғаш стол басына жайғасып жатып. – Әй, қызым, сен де келіп отырсаңшы қонақтармен бірге. Танысасың, әңгімелесесің дегендей. Бағана қонақ келеді деп айтқаным осы кісілер.

         – Рахмет, мама. Күндегі болып жатқан сериалды көруге отырам, – деп қызы дастарханнан бас тартты.

         – Өзі сондай ұялшақ. Қонақ келсе, телевизорға жүгінеді, – деп Сандуғаш та қызы жаққа қарап қойды. – Ойбай-ау, бір нәрсені ұмытып бара жатқанымды қарашы.

         Сандуғаш барып, бір бөтелке коньяк пен бір шөлмек шампан шарабын алып келді. Стол үстінде минералды сумен бірге бұлар да мойындарын жоғарыға созып, қатарласа орналасты.

         – Жоқ, апай, біз ішпеуші едік, – деп Гүлістан ыңғайсыздана сөйледі.

         – Не, таныстық үшін елу грамнан алып қоймаймыз ба? Мен де мұндайды татып алмаушы едм. Қонақ келсе, қоямыз деп сақтап жүрген дүниелеріміз ғой. Кейбір қонақтар мұндайды қоймасаң ренжіп те кетеді. Нұрғали да бұған әуес емес. Әйтеуір, ішетін қонақтармен бір-бір стопка алып қоятынымыз рас, – деп күлді Сандуғаш.

         – Рахмет, тәте, пейіліңізге, – деп Төрегелді үй иесі әйелдің қонақжайлылығына риза боп қалды. – Папаңыз да өте жақсы кеңпейіл кісі екен.

         – Рахмет, айналайындар. Қазақ айтады ғой «сыйға сый, сыраға бал» деп. Сендер де ол кісіге қатты ұнапсыңдар. Бара жатқан шаруалары өте маңызды екен, қолдарыңнан келгенше көмектесіп жіберіңдер деп өтінді. Әрине, қолдан келіп тұрса адамға адамның көмектесіп жүргені жақсы ғой. Адамнан қайтпаса да, құдайдан қайтады. Өздерің де тәп-тәуір адамдар екенсіңдер. Әмбе жерлес болып шықтыңдар. Ыңғайсызданбай, еркін отырып, әңгімелесіңдер. Қазір жезделерің де келіп қалады, – деп Сандуғаш сөзін аяқтағанша арс еткен иттің дауысы шығып, іле басыла қалды.

         – Е, міне, өзі де келіп қалды, – деп Сандуғаш жедел басып сыртқа қарай жөнелді. – Сендер келеді деп бағана звондап қойғам.

         ... Нұрғали жуынып-шайынып, дастархан басына жайғасқаннан кейін, таныстықтан соң, әңгіменің де тиегі ағытылып қоя берді. Отағасы өзінің беделді бір компанияда лауазымды қызмет атқаратындығын баяндап өтті. Оқыған, зиялы азамат екені сырт пішінінен де, айтқан сөздерінен де байқалып тұр. Алайда сырт көзге бір ғана міні бар. Маңдайынан желкесіне дейін бір қылтанақ шаш қалмаған таз екен. Әдетте мұндай құбылыс ойлау қабілеті жоғары, тыным таппай жұмыс істейтін, беделді, жоғары қызмет иелерінде жиі кездесетінін Төрегелді іштей пайымдап отыр.

         – Ал, шалдың арқасында өздеріңмен де таныс болып қалдық. Бұйымтайларыңды баяндай отырыңдар, – деп Нұрғали ерлі-зайыптыларды тағы да жанарымен жүгіртіп өтті. – Сандуғаш-ау, мына шөлмектерің ашылмай, со күйі тұр ғой, – деп отағасы «бұл қалай болды?» дегендей әйеліне қарады.

         – Бұл кісілер арақ ішпейді екен.

         – Жоқ, болмайды, – деп Нұрғали коньяктың аузын ашты. – Ең құрығанда, еріндеріңе тигізсеңдерші. Төрегелді, мұндай болмайды ғой, – отағасы шағындау келген бедерлі рюмкеге коньяк құйып, Төрегелдінің алдына қойды.

         – Біз, шынында да, ішімдікке жоқпыз аға.

         – Жарайды, әйелдер ішпесе, ішпей-ақ қойсын, екеуміз осы рюмкедегі коньякты дастарханның соңына дейін бір тауысармыз. Әзірше бұйымтайыңды айта отыр, бауырым.

         Төрегелді біраздан соң көсіліп сөйлеп кетті. Қай ауылдан келгенін, келе жатып жол үстінде Өмірбай қарияны кездестіргенін, оны облыс орталығына жеткізіп салғанын, оның осы кісілердің мекен-жайын жазып бергенін тәптіштеп айтып берді. Содан соң өздерінің қандай шаруамен келгенін, қаншама жыл отасса да, бір нәрестеге қолдарының жетпей жүргенін, ендігі мақсаттары – қаладағы бір балалар үйінен нәресте асырап алу екендігін де жасырған жоқ. Нұрғали мен Сандуғаш әңгімені үнсіз тыңдады. Алайда жылы сөз айтып, мүсіркеген жоқ. Өйткені кейбір адамдардың мүсіркеу сөздерді кемсіту деп түсінетіндері анық. Бұны үй иелері де пайымдаған сияқты. Төрегелді әңгімесін айтып болған соң, тұнжырап үнсіз қалды. Өзінің басынан кешіріп отырған қасіретті түгелімен жайып салу оған да оңайға соқпаған тәрізді.

         – Әрине бәрін де түсінеміз. Өмір болған соң мұндай жағдайлар да кездесіп тұрады ғой. Қолымыздан келген көмегімізді сендерден аямаймыз. Құжаттарыңның бәрі дұрыс қой, – деп Нұрғали бір сәт ойланып қалды.

– Дұрыс. Сол жақта білетін біреулермен кеңесіп, қажетті қағаздардың бәрін алдық, – деп Гүлістан өзі жауап берді.

– Сенің тиісті мекемеде таныстарың бар ғой? – деп Нұрғали әйеліне қарады.

– Иә, бар. Ол жағынан бауырлар қам жемесін. Тек құжаттары дұрыс болса болды. Жетім балаларды шет елден де келіп асырап алып жатыр ғой. Оған қарағанда, бұлар өзіміздің қаракөз қандастарымыз емес пе? 

– Иә. Соңғы кездерде шетелге бала сату деген бұрын-соңды естімеген сорақылықтар да болып жатыр. Тіпті сол мұхит асырып әкеткен сәбилерге де дұрыс қарамай қорлап, тіпті, өлтіріп жатқандар туралы да естіп отырмыз. Сататын ештеңе қалмағандай, енді күнәсіз жетімектерге ауыз салдық, – деп кейіді Нұрғали.

– Ол баланы бара сала «мә» деп ұстата салмайды. Кемінде он күндей бөгелесіңдер. Оның да машақаты көп. Алматыда таныс-туыстарың болмаса, осында боласыңдар. Ауладағы екі времянканың бірін екеуіңе береміз. Бұл жақта қонақ үй дей ме, тапсыратын пәтер дей ме, әйтеуір бәрінің бағасы аспанға ұшып тұр. Біз сендерден көк тиын да алмаймыз. Біз қаланың тұрғындары сияқты емеспіз, қазақтың қонақжай қасиетін ұмыта бергеміз жоқ. Солай ма, Нұреке, – деп Сандуғаш күйеуіне жымия қарады.

– Дұрыс, дұрыс. Осында болсын, – деп күйеуі де қостап қойды. – Атамның жағдайы қалай екен? Өмірбай ақсақалдың?

– Жақсы.

– Жай келе жатыр ма екен?

– Иә, қыдырып. Қаладағы қызына келді, – деп Төрегелді қарияның айт деп тапсырған сөзін қайталады.

– Бізге келем деген жоқ па? – деп сұрады Сандуғаш.

– Олай деп айтпады. Осында келсе, алып келетін едік, – деп сөзге Гүлістан араласты.

– Ол шалдың да күйі болмай жүр-ау деймін. Ылғи да түсіме жүдеп-жадап кіреді. Келесі айда алатын демалысымда ауыл жаққа барып келейін деп ойланып жүрмін. Екеуіміз де барсақ жөн болар еді, – деп Сандуғаш ет жеп отырған күйеуіне қарады. – Осы келін бірдеңені бүлдіріп жүрген сияқты. Ішім сезеді. Олай деп ештеңе айтқан жоқ па?

Гүлістан Төрегелдіге қарады. Ол қызарақтап, «жоқ» деп жауап берді.

– Сендерге ашылып, сырын айтпаған ғой, – деді Сандуғаш жай ғана.

– Жарайды. Шалдың жағдайын сосын біліп алармыз. Сен енді мына қонақтарға бірдеңе айтып, алдындағыларын көтертіп қой.

– Үй иесі отырғанда мен айтайын ба?

 Нұрғали ерлі-зайыптыларға арнап біраз жақсы тілектер білдіріп, өзі шағын рюмкедегі коньяктың жартысына дейін алып қойды. Төрегелді рюмкенің шетіне ернін тигізіп қана ырымын жасады. Арақты жақсы көрмейтін жігіт үй иелерінің адал көңілдері үшін алып қойғысы келсе де, оған жүрегі дауаламаған еді.

– Кешіріңіз, аға, мен расында да бұған жоқ едім. Көңілдеріңізге үлкен рахмет.

– Көптен бері ішпейсің бе, Төке?

– Иә, он жылдай боп қалды. Арақты салынып ішкен адамда береке бола ма? Біздің ауылда мұндайды жек көрмейтіндер жетеді, – деп Төрегелді шынын айтты.

– Қонақ келген соң қойып отырғанымыз ғой. Әйтпегенде біз де салынып ішпейміз. Кейде көше-көшенің бұрышында сілтеп алып, бұлғақтап жүргендерді көргенде, соларға жаның ашиды. Кейбір жастар ішіп алып, машина айдап, өздері де аварияға ұшырап, біреулерді де оқыс қып жатады. Жарайды, арақты әңгіме қып кеттік қой, басқа әңгіме құрып қалғандай. Ал енді, ауылдың жағдайы қалай, сол туралы естігім келеді. Қазекемнің тең жартысы қаладан алыста тұрады ғой. Бәріміз де кезінде ауылдан шықтық. Қалаға келіп, оқу бітірдік, сосын осында біржолата қалып қалдық. Сандуғаш әпкең де ауылдың қызы, өзің де біліп келе жатқан шығарсың. Тіпті, бір атаның баласы да шығарсыңдар. Жерлерің де, суларың да, тауларың да бір сияқты...

– Ауылдың жастарының біразы қалада оқуда, енді біразы сонда жұмыс істейді. Бұрын ауылымыз дүрілдеп тұрған үлкен шаруашылық еді. Төрт түлік малы да, егіні де мол-тұғын. Кейін бәрі де аз уақытта тарап, қолы жеткендер сыбағаларын алып, жетпегендер өздерінің екі-үш сиыры, оншақты қой-ешкісін ғана місе тұтып қалды. Жерді де бөліске салды. Оның да шұрайлысы тиетіндерге тиіп, тимейтіндерге шет пұшпағы ғана ілінді. Бірақ жұмыс істеп пайда табам деген адамның өзіне де көп нәрсе байланысты ғой. Әлгі Абай атамыздың «есектің бір нәрсесін жусаң да мал тауып кел» деген сөздері бар емес пе. Сол кісі айтқандай, еңбек еткеннің олжасы қойнында. Мен де біраз жыл мұғалім боп мектепте биологиядан сабақ бердім. Алғашқы жылдарда бірнеше ай жалақы ала алмай әуре-сарсаңға түстік. Қайта үйдегі біраз малдың арқасында ғана жанымызды сақтап жүрдік. Бір жақсысы әкем кезінде жауапты қызметте болған еді. Сол кісінің арқасында біраз дүниеге біз де ие боп қалдық. Кейін әкем, содан соң шешем қайтыс болды. Ол кезде жаңа үйленген кезім еді...

– Қиын болған екен, – деп Сандуғаш шынымен Төрегелдіге жаны аши қарады. – Әке-шешеден бірден айрылу кім-кімге де оңай емес қой. Әсіресе, шешеден айрылған тіпті ауыр екен. Менің әкем де бәйбішесінен көз жазып қалған соң, жетім баланың күйін кешіп жүр. Қандай қаза болмасын, етене жақынның өлімі қабырғаңды қайыстырып жібереді.

– Әрине, – деп Гүлістан Сандуғаштың сөздерін қостап қойды.

– Содан соң, – деп Нұрғали аз-кем үзіліп қалған әңгімені одан әрі жалғауын өтінгендей Төрегелдіге қарады. – Өлгендердің топырақтары торқа болсын. Тірілердің тіршілігі ұзаққа барсын. «Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ» деген, менің де әке-шешем о дүниеде.

– Содан соң кейбір дос-таныстарым саудаға көшкен соң, мен де ойланып қалдым. Мұғалімдік қызмет қажытып жіберді. Гүлістан екеуіміз келісіп, саудамен айналысуды ұйғардық. Біраз малды сатып, ақшаға айналдырған соң, осы жақтың барахолкасынан келіп көп товар алып кеттік. Кейін үйдің ауласынан дүкен салып алдық. Құдайға шүкір, одан бері көп жыл өтті. Әйтеуір бет алысымыз жаман емес, – деп Төрегелді әңгімесін аяқтады.

– Дұрыс екен, - деп Нұрғали басын изеді.

– Бәрі дұрыс болғанымен, бір жағдайымыз келіспей тұр ғой, – деп Төрегелді жабырқай жауап берді.

Оның не туралы айтып отырғанын түсінгендей Сандуғаш жұбата сөйледі.

– Қамықпаңдар, айналайындар. Жақсы адамдарға құдай ерте ме, кеш пе бәрібір бір жақсылық жасайды. Менің әкем де сендерге біраз әңгіме айтқан шығар. Ол кісінің көзі ашық, көкірегі ояу. Барған сайын газет-журнал, кітаптар апарып береміз. Ол кісінің батасы да керемет. Қазір құдайға құлшылық жасап жүр.

– Сен әкеңнің мақтауын асырып жібердің ғой, тегі, – деп Нұрғали әйеліне қарап күлді.

– Иә, айтса айтқандай жақсы адам екен. Сондай кісілер бұл өмірде көп болса ғой, – деп Гүлістан Сандуғаштың айтқандарын қоштады.

– О кісіні қалай кездестірдіңдер? Маған сол жұмбақ боп отыр, – деп Сандуғаш Төрегелдіге қарады.

Әйелдер табиғатында сезімтал халық қой. Әкесінің жайдан-жай сіңлісінің үйіне келмегенін қызы да сезіп отырған сияқты. Жаңағы бір сөзінде де ол туралы емеурінін білдіріп қалған. Бәлкім, бұлар шындықты айтып қала ма деп күтіп те отырған шығар? Алайда екеуі де шалдың ескертулерінен аттап өте алмай іштен тынып отыр. Қызының айтқандарынан әкесін өте жақсы көретіні де сезіліп қалды. «Өзі кейін әкесінің тағдыры туралы білсе біле жатар. Біз ол туралы жақ ашпай қоялық» деп ойлады екеуі де. Егер бар шындықты ақтарып салса ше? Онда сенбі-жексенбі күндерін пайдаланып, машиналарымен сол жаққа жетіп, келінімен бітіспес дауға қалатыны сөзсіз ғой. Сол кезде бұлар да екі жақтың арасына от жаққандай боп шықпай ма? Сонда сертті бұзған бұлар шалдың жүзіне қалай қарамақ? Осылардың барлығы да өз қажетіне жарайтын адамдар сияқты. Алдағы уақытта да қалада бір таныс болуы керек-ақ. Әрине екеуі де бір өз бастарына жетерлік ақылдан кенде емес. Сөйтсе де, адамның күні адаммен деген.

Төрегелді аз-кем ойланып отырып, Сандуғаштың қапелімде қойған сұрағына жауап беруге мәжбүр болды.

– Жолда тұрғанда ала кеттік.

– Таңертең ерте ме?

– Иә.

Сандуғаш бұдан кейін сұрақ қойған жоқ. «Бәрі белгілі боп қалды» дегендей басын еңкейтті де қойды. Күйеуі де үнсіз тыңдап отыр. Ол кісінің ойында не жатқаны тағы да белгісіз. Біраздан соң тамақ ішіліп болып, жұрт тояттап қалғандай сыңай танытты. Қанша дегенмен үй иелерінің бұларға деген ықыластарының өзгермегенін Төрегелді мен Гүлістан да іштерінен сезіп отыр.

         – Біз екеуміз далаға шығып, сонда әңгімелесейік, екі әйел осында болыңдар. – деп Нұрғали Төрегелдіні ертіп аулаға шықты.

         Күн ұясына батып кеткен екен. Манағыдай емес, айналаға көлеңке түсіп, күндізгі жер қуырған аптаптың аз да болса желігін қайтарып тастапты. Қоңыржай, тымық ауа үйден ыстықтап шыққан екеудің кеуделеріне салқындық сыйлап, анадай жердегі отырғышқа барып отырып, әңгімелерін жалғауға әжептәуір септігін тигізіп тұр. Нұрғали біраз жүріс көрген жасыл «Камри» жеңіл көлігін гаражына кіргізіп қойған соң, Төрегелдінің қасына келіп отырды. Бірақ дер кезінде майлап, күтіп мінген адамға қандай көлік болмасын судан шыққан балықтай-ақ жылтырап көрінері анық.

         – Осы «Дамастар» жақсы машина ғой деймін. Ұшқыр да, әрі жеңіл, – деп Нұрғали Төрегелдінің қобдиша көлігін жанарымен аралап шықты.

         – Жақсы, әрине. Бензинді де аз жейді, жолаушылар да, жүк те тасиды. Өзімізге таптырмайтын көмекші, – деп Төрегелді көлігін біраз мақтап алды. – Бірақ жапонның мәшинелеріне бәрібір қай жағынан да жетпейді ғой.

         – Оның рас, – деп келісті Нұрғали. – Бірақ «Камрилер» жүк тасуға арналмаған ғой. Қаланың ішінде ғана жүруге бейімделген.

         Екеуі техника туралы, қала көшелеріндегі машиналардың сансыз көптігінен құралған тығылма жайында, соның салдарынан қала ауасының соңғы төрт-бес жыл көлемінде өте ластанып кеткені туралы біраз әңгіме қозғады.

         – Бұл енді осылай кете береді. Қаланың өзіне қарағанда біздің ауылдың ауасы әлдеқайда таза. Бұрын менің қалада төрт бөлмелі пәтерім болған. Қан қысымымыз көтеріле берген соң соны сатып, оның орнына осы үйді сатып алдық. Құдайға шүкір, рахат. Гаражы, моншасы, времянкалары бар. Осыларды кейін салып бітірдік. Біраз жеміс ағашын да егіп қойдық.

         – Жақсы екен, – деді Төрегелді шынымен қызығып. – Сонда бұл ауылдың тұрғындары кімдер?

         – Негізі тұрғындары жан-жақтан жұмыс іздеп келген қазақтар. Көбісі жер алып, үй салып алғандар. Кейбіреулері жерді заңсыз иеленіп алғандар. Оларды заң бойынша жазалап жатқан да көрінеді. Үйлерін бұзып дегендей...

         – Обал ғой. Сонда қалай, олардың отбасылары далада қала ма сонда?

         – Ол жағын енді білмеймін. Әрине, қандастарыма жаным ашиды. Бір жағынан олардың өздерінде де кінә бар шығар. Иен жатқан ауылдың жері деп ойлайтын болу керек шамасы.     

         Төрегелдінің де осынау үлкен шаһардың маңайына келіп қоныстану ойы одан әрі белең алып, тіпті, ертең көшіп келіп, осы ауылдың бір жеріне қоныстанатындығына сенімі арта түсті. «Менің жан-жақтан ағылып келген қазақтардан қай жерім кем? Бәлкім, жолым болып қалатын да шығар. Неде болса, осы мәселенің соңына түсіп, Нұрекеңнен бұған қатысты мәселенің бетін ашып алайын» деп ойын түйіндеген Төрегелді айналаны құшағына қапсыра алып келе жатқан қараңғылыққа қарай отырып, отағасына сұрақ қойды.

         – Нұреке, егер мен осында келіп қоныстансам, жер алу қиынға соқпай ма? – деп ол сауалын бастады.

         – Бауырым, бұл жерде бірінші кезекте таныстық, екінші кезекте өзің білесің ғой, қаладағы алға жылжытар ең маңызды нәрсені... Ол, әрине, ақша ғой. Қала маңына келіп қоныстанудың ең негізгі шарттары осылар, бауырым. Бұларсыз басыңды тауға ұрсаң да, тасқа ұрсаң да ештеңе өндіре алмайсың.

         – Әрине, білем бәрін, – деп келісті Төрегелді. – Біраз қаражатым бар, бірақ таныс жағынан ұяттымыз.

         «Е, солай ма?» дегендей Нұрғали үнсіз басын изеді. Өзінен жас шамасы біраз кіші Төрегелдінің тағдырынан аз да болса хабардар болған үй иесі шынымен иман жүзді, ашық мінезді, бірақ өмірден ұрпақсыз келе жатқан Төрегелдіге шынымен көмектескісі келді. Бір жағынан кезінде сүйіп қосылған адал жары Сандуғаштың жерлесі екені де жігітті өзіне жақындата түскен. Әйелі де үріп ауызға салғандай ажарлы екен. Тағдыр маңдайларына осындай бір адам өмірінде сиректеу кездесетін қасіретті жазып қойса, құдайға істер шара бар ма.

Нұрғали ойланып біраз отырды. Оның расында да біраз мәселелерді шешетін әр-әр жердегі мекемелерде таныстары бар-тұғын. Тіпті, кейбіреулері кезінде жоғары оқу орындарында өзімен бірге оқыған достары да еді. Төрегелді оған баяғыда он  екіде бір гүлі ашылмай таудан құлап мерт болған жалғыз інісіне де ұқсап кеткендей болды. Содан бері етене туыссыз, бір өзі ғана жалғанды жалпағынан басып жүргендей жайы бар.

         – Мен саған көмектесем, бауырым. Адам күні адаммен деген. Өзіңе сеніп отырмын. Кейін арамыз ажыраспас туыс та болып кетерміз. Сені көріп отырып, жалғыз інімнің есіме түсіп отырғаны, – деп Нұрғали інісін есіне алып, көз алдына елестеткендей үнсіз қалды. Әлден кейін сөзін жалғап кетті. – Сен әуелі осы шаруаңды тастай ғып бітіріп ал, бауырым. Ал енді бұл мәселе туралы кейін отырып, емен-жарқын әңгімелесерміз. Мен өзім көңілшек адаммын. Қулық, зәлімдік, сухиттық дегенді жаным жек көреді. Байқап отырмын, адал да шыншыл жігіт көрінесің. Мен осындай адамдармен ғана дос болғым келеді. Қанша жақсы көрінгенімен, әлгі Абай атамыз айтқандай, іштерінен қулық ойлап тұрады. Бұл қалада кімдер жоқ дейсің. Жан-жақтан қаптаған келімсектерден аяқ алып жүре алмайсың. Қытайың ба, шүршітің бе, сығаның ба, тәжік-өзбегің бе, қойшы, дүниеде қанша ұлт бар, бәрін осы қаладан табасың. Енді ауылдың адамдарының мінез-құлықтары әлі бұзыла қойған жоқ шығар? – деп Нұрғали Төрегелдіге қарады.

         – Бар ғой, аға. Ел болған соң, оның ағы да, қарасы да кездеседі ғой. Жұмыссыздық белең алып тұр. Істейтін істері болмаған соң, кейбіреулер араққа құмартып жүр. Әке-шешелерінің пенсияларын тартып, немесе ұрлап алып ішетіндер пайда болды.

         – Шет жағасын біз де естіп жатамыз. Мен өзім Марқакөлдің жігітімін. Ондай жерді естіп пе едің?

         – Әрине. Кезінде сол жақта тұратын құдаларға қыдырып барғам. Табиғаты әдемі жер екен.

         – О-о. Ондай табиғат сирек кездеседі ғой. Тура мына тұрған Алатаудың бөктері сияқты. Менің де әкем қайтыс болған. Шешем үлкен әпкемнің қолында тұрады. Алексеевка деген ауылда. Қазір оның атын қазақшаға өзгертіпті. Ол жаққа екі-үш жылда бір барам.

         – Дұрыс екен бәрі, – деп Төрегелді төбеде жақын ұшып бара жатқан алып самолётке қарай қалды. – Мына ұшақтың дауысы естілмейді екен.

         – Иә, Алматыға келіп қонатын ұшақтардың бәрі біздің төбемізден ұшады. Шетелдің ұшақтарының дыбысы онша естілмейді. Ал Ресейдің самолеттері құлақты тұндырып жібереді. Бірді айтып, екінші бірдеңеге ауысып кете бердік қой. Ал енді, алдағы күніңнің жоспарын айт, – деп Нұрғали сөз арнасын негізгі мәселеге бұрды.

         – Ертең сол анау балалар үйіне барамыз. Баланы алған соң, ауылға тартамыз, құдай қаласа. Енді ең бір негізгі шаруамыз осы ғой, өзімізден ештеңе болмаса да, қазақтың бір қаракөзін алайық деген оймен келіп едік, – деп Төрегелді сөзінің соңын баяулата бітірді.

          Оның ойына тағы да көрші жігіттің анау кездегі айтқан ащы сөздері оралды. Масаның жексұрын ызыңындай әсер етіп, манадан бері тыныш жатқан жүрегін дауыл тиген теректей біртүрлі шайқалтып жібергендей болды. «Ол көрші тұрғанда, біз онда тыныш өмір сүре алмаспыз». Содан соң Нұрғалидің жаңағыда айтқан «көмектесемін» деген сөзі өрекпіген көңілін лезде басты. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген тегі рас екен. Нұрғалиға туған ағасындай біртүрлі іш тарта қарады.

         – Сендер ертең баратын жерлеріңе барып, барлық жағдайды біліп келіңдер. Егер шешілмейтін қиын мәселе болса, үйдегі әпкелерің қол ұшын береді. Бұған да таныс-тамыр керек, бауырым, – деп Нұрғали Төрегелдіні тыныштандырды.

         – Рахмет, аға! Біз де сіздердің жасаған жақсылықтарыңызды ешқашан ұмытпаймыз.

         Осы сәтте үйден екі әйел шықты. Қараңғы қоюланып, аспандағы сан-мыңдаған жұлдыздар жымыңдай бастаған. Қала жақтың отттары да самсап жанып тұр.

– Біз үйде біраз әңгіменің басын қайырып тастадық. Сен екеуіңнің әңгімелерің әлі де бітпеген бе? – деп Сандуғаш күле сөйледі. – Барып дем алыңдар. Қонақтар жолдан шаршап келді, ертең тағы да істейтін шаруалары да көп. Нұрғали, сен кейде көп сөйлеп кетесің.

– Ешқандай да артық сөз жоқ. Бауырыммен жеке шығып әңгімелесіп отырғанымыз ғой. Екі әйел сөйлессе, екі еркек тыныш отырулары керек пе, – деп Нұрғали да әйеліне әзілдей сөйледі.

– Үйге төсек салып берейін деп едім, келін времянкаға жатқысы келді. Қазір сонда төсек салып берем, демалыңдар, – деп Сандуғаш қайтадан үйге кірді. Соңынан Гүлістан да ерді. Біраздан кейін жататын орын дайын болған шағын үйге ерлі-зайыпты орналасты.

Времянканың іші кең, терезелерінің желдеткіштері ашық, салқын екен. Екі бөлмелі. Төргі бөлмесі жатын орын да, кіре бергісі ас үй. Газ ошағы, ыдыс аяғы – бәрі де орнында. Басқа біреулермен сығылысып бір бөлмеде жатқанша, мынау тіпті екеуіне өз үйіндей көрініп кетті. Кейде үй иелері астарын осында отырып ішетін сияқты. Қол жуғышы да бар.

Манағы Өмірбай шалдың айтқаны тұп-тура келіп тұр. «Біреулердің үйінде жатсаң, ақшаны қырып алады» деп еді қария. «Бір апта болсаң, шынында да, қыруар қаржы кетеді екен. Мынауымыз игі іс болды» деп ойлаған Төрегелді шалға риза болып, ішінен тағы да алғысын айтты.

Расында да, Алматы шаһарында пәтер жалдау өте қымбат. Тіпті бір сөткенің өзі удай. Бір адамға бақандай төрт-бес мың теңге. Ал бұлар екі кісі. Оны бес-алты күнге көбейтіп байқа. Ал бұлардың бұдан да көп уақыт жатып қалмасына кім кепіл? Төрегелді енді үй иелерінің ізгі көңілдеріне де іші қатты жылып қалды. «Неткен жаны жайсаң жандар еді». Қанша дегенмен, оның көз алдында жүдеу жүзді қара шалдың бейнесі бәрібір асқақ көрінді. Осының бәрі сол кісінің арқасы ғой. «Жолы болар жігітің, жеңгесі шығар алдынан» деген, «бет алысымыз жаман емес сияқты, құдай оң көзімен қарар». Төрегелді оң сапар болатынын біреу құлағына сыбырлап тұрғандай-ақ ертеңгі күндерінің жемісті болатынына сенгендей «иә, солай болады» деп сыбырлап жіберді. Қасында жатқан Гүлістанның құлағы қашан да түрік еді. Осы жолы да күйеуінің сыбырын анық естіп, басын көтеріп алды. Қараңғыда күйеуінің жүзін жобалай алмады. Бірақ жаңағы құлағына жеткен сыбырының сырын білгісі келіп, сұрақ қойды.

– Не солай болады? Ұйқы сұрадың ба, әлде түс көрдің бе, басың жастыққа тимей жатып. Кәне, не көрдің, маған да айтшы. Мүмкін, жақсылықтың жаршысы өзің боларсың, – деп күйеуінің шашынан иіскеп, бетінен сипады.

– Әлі көзім іліне берген жоқ, Гүлім. Білмеймін, бір тылсым күш мені жақсылыққа жетектеп тұрғандай әсер алдым. Жолымыз болып, мақсатымыз орындалатын сияқты, – деп Төрегелді жүзіне төніп тұрған келіншегінің екі бетінен жұмсақ алақанымен қысыңқырай ұстап өзіне тартты да, жылы еріндерінен емірене сүйіп алды. – Жаным менің, күнім сол жарқыраған.

Келіншегі де ыстық сезімге бөленіп, күйеуінің иісінен, лебізінен ләззат алғандай дем алысы жиілеп, ең алғаш көргендегі шексіз ғашықтығы ойына оралғандай жан жарының дегеніне көне берді. Шіркін, шынайы махаббаттан да асыл сезім бұл ғаламда болып па, сол лаулаған өрттей ыстық сүйіспеншілік осы жолы да шырқау шегіне жетіп, ләззат тұңғиығына сүңгіп, әлден уақыттан кейін ғана құшақтары ажыраған еді. Бұрын өз ошақтарында мұндай тәтті ләззатты басынан кешіріп көрмегендей-ақ екеуі осыдан кейін де бір-бірін аймалап ұзақ жатты. Бәлкім, жаңа ортаның, бұрын көрмеген айналаның да әсері аз болмаған шығар. Гүлістанның көз алдына осыдан кейін қолын ербеңдеткен сәби елестеп кетті. Неткен күнәсіз, тәтті еді! Аналық сезім оянғандай-ақ өзіне қарап, мәз болып күлген аққұба нәрестенің бейнесіне қолын созып, өзі де күлімсірегендей болды. Қиял мен өңнің арасы жер мен көктей ғой. Соның өзінде де тәтті ой адамның жабыққан жанына араша түсіп, тән ләззатына қиял періштесі қосылып, сәбисіз әйелдің бір сәтте өн бойын жадыратып жіберген еді. Неге екені белгісіз, ол да жарық дүниенің адамға сыйлайтын ең бір бағалы сыйлығын қолына ұстап, төсіне жақындататынына ішінен аса бір сенімділік танытқан. Күйеуі де үнсіз.

Терезенің ашық көзі арқылы бөлме ішін аралаған түнгі салқындықтың сарыны білініп тұр. Ай жарық екен. Ендігі бір сәтте екеуі де бір-бірінің жүздерін тамашалай алатындай әлсіз жарыққа көздері үйреніп, аз-кем сырласып, пікір алысуға жағдай да туып қалған секілденді. Екеуі үй иелерімен болған әңгімелері туралы бір-бірімен бөліскісі келді. Сөзді әйел бастады.

– Маған апай біраз әңгімелер айтты.

– О қандай әңгіме?

– Әртүрлі. Менің жағдайымды жақсылап сұрап алды. Осы уақытқа дейін дәрігерге көрінбей келгенімізді естіп, таңданып қалды. Бәлкім, уақытты босқа өткізбей, бір жылдан соң қаралғанда ғой, мүмкін бір нәтиже шығып қалар ма еді деп ол кісі ойланып қалды.

– Содан соң?

– Бұл кісілердің тамыр-таныстары өте көп секілді. Жұмысындағы өзімен бірге қызмет істейтін әйелдің дәрігер подружкасы бар екен. Өзі тәжірбиелі маман дейді. Біраз келіншекті емдеп жазған көрінеді. Кейін соған сені апарып көрсетем дейді.

– Мынауың жақсы хабар екен, – деп Төрегелді ойланып қалды. – Гүлім-ау, біз шынымен ақымақ екенбіз. Бір-бірімізді ренжітіп аламыз ба деп, шынында да уақытты босқа өткізіп келген екенбіз ғой. Бірақ мен бұл туралы ылғи да ойланып жүретінмін. Ал енді бұл жайындағы әңгіме басталды. Алайда екеуміздің қайсымыз кінәлі екеніміз белгісіз ғой. Біздің қазақта бала болмаса, тек әйелді ғана кінәға жығады. Ал еркек ше? Оның да белсіз болуы мүмкін ғой, солай ма?

Гүлістан күйеуінің көңіліне кірбің салудан именіп, үндеген жоқ. Әйел ойын ері де сезіп жатыр еді.

– Жарайды, Гүлеке. Әуелі келген мақсатымыздағы шаруаны бітіріп алайық. Кейінгісін тағы да көре жатармыз, – деп Төрегелді бұл шаруаны тағы да кейінге қалдырды. – Бәлкім, дәрігерсіз де күніміз оңынан туып қалар.

– Мүмкін, – деп әйелі де күйеуінің сөзіне қарсы келмей. – Ал енді екі азаматтың не туралы әңгімелескенін білуге бола ма?

– Біз де сол баяғы күйкі тіршілік, қаланың жағдайы  жайында сөз қозғадық. Нұрғали ағай өзі туралы біраз  әңгімелер айтты. Өзі шығыстың жігіті екен...

– Жер, үй туралы әңгімелестіңдер ме? Бұл жаққа келіп қоныстанудың жағдайы қалай екен? – деп Гүлістан да сұрақтарды бастырмалата түсті. Мүмкін ол осы тірлік туралы жақсы жаңалық естимін деп үміттенген шығар.

– Бұл туралы кейінірек әңгімелесетін болдық. Әуелі келген мәселелеріңді шешіп алыңдар дейді.

– Ал мен апайдан бұл туралы да сұрадым. Шынымен, бұл жер маған қатты ұнап қалды, – деп Гүлістан күйеуінің бетіне бетін тигізді.

– Сен менен де көп білетін болып шықтың ғой.

– Әңгіме арасында осы туралы да сұрай салып ем...

– Әйелдер қу ғой. Білгісі келген нәрсесін қандай жағдайда да біліп алады. Молодец, Гүлеке. Құлағым сенде.

– Осы жерге жақын бір ауылда бір орыс Ресейге көшем деп үйін сатқалы отыр дейді. Оның баласын Нұрғали ағай таниды екен. Жақын таныстар болса, ұзақ мерзімге де беріп кетпекші. Қасында өздерінің дүкені де бар дейді.

– Оу, мынауың жақсы жаңалық екен, – деп қуанғаннан Төрегелді дауысын көтеріп сөйлегенін өзі де сезбей қалды. – Міне, әйелдердің бір жақсы қасиеті осы, ойындағыларын ірікпей айта салады. Бірақ бұл кейде біреуге ұнайды, біреуге ұнамайды.

– Неге олай дейсің?

– Мен жалпы турашылдық туралы айтам-дағы. Кейде біреудің шындығын көзіне айтсаң ұнатпай қалатындар көп қой. Турасын айтсаң туғаныңа жақпайды деген осы да.

– Сен де турашылсың ғой.

– Енді құдай берген мінезді қалай сылып алып тастайсың. Ол денедегі сүйел емес қой. Жарайды бәрі де. Ертеңгі маңызды шаруаға дайындалып барайық. Адам асырап алу да оңай шаруа емес. Сен өткенде балалар үйінің мекен-жайын жазып алдың ғой?

– Иә. Істің бәрі маған тіреліп тұрса, қам жеме. Тек осы жердегі шаруаның оңтайлы бітетінін тілеп жатайық. Балалар үйінің әдірісі Достық даңғылының бойында.

– Ондай болса, қиналмай табады екенбіз. Бұл өзі қаладағы үлкен көшелердің бірі ғой. Нөмірін білсек, адаспай табамыз.

Екеуі осыған тоқтап, ұйқыға кетті. Төрегелдінің өзіне тән бір жақсы қасиеті бар тұғын. Оған таң атпай жатып үйдің ішін шырылдап даңғаза қылатын будильниктің де қажеті жоқ еді. Қай уақытта оянатынын жадына түйіп алса болды, тура сол кезде жастықтан басын көтеріп алып, жанындағы шешіп қойған қол сағатына үңілетін. Сағат тілі қажетті уақытты көрсетіп тұрғанда, өзі де бұған еріксіз таңданатын.

Қазір де таңғы жетіні мөлшерлеп, бұны санасына түйіп алып жатқан.

Ертеңіне сол уақытта көзін ашты. Үй иелері де оянып, далаға шығып жүр екен. Шынжырдағы ит көзі үйренген қонақтарды көріп, жай қыңсылады да таңғы асы болу керек, шылапшындағы сорпаны сорпылдатып іше бастады.

Үй иелерімен тағы да дастархандас болып, бұлардың келген шаруалары тағы да жеңіл-желпі сөз болды. Екеуі телефондарын берді.

– Егер гаиға байланысты ыңғайсыз жағдай болып жатса, маған хабарлас, – деді Нұрғали визиткасын ұсынып жатып.

– Балалар үйінде қиындықтар туындаса, маған телефон шалыңдар, – деп Сандуғаш та күйеуінен қалысқысы келмегендей өз визиткасын берді. – Біз енді кеш батқанда бір-ақ ораламыз. Времянка сендердікі. Құлпы кілтімен ас үйдің терезесінің алдында жатыр. Қыз үйде болады. Егер ерте келсеңдер, ол сендерге тамақ пісіріп береді. Өзіне де түнде ескертіп қойғам.

– Жоқ, апай, рахмет. Жатын орын бергендеріңізге де ризамыз. Тамақты өзіміз алып, пісіріп ішеміз. Құдайға шүкір, ыдыс-аяқ, газ бар екен, – деді біреуге масыл бола бергенді жақсы көрмейтін Төрегелді ыңғайсызданып.

– Жарайды енді. Бәріміз де ауылдың тумаларымыз ғой, – деп Нұрғали да екеуіне алма-кезек көз жүгіртті.

Біраз уақыттан соң екі жұп ерлі-зайыптылар екі жаққа аттанып кетті. Сағат тілі сегізден асса да, күн біршамаға көтеріліп үлгеріпті. Түске таяу ми қайнатар аптаптың қазірдің өзінде лебі біразға барып қалған екен. Шақырайған күннің сәулелері сол жақта отырған Төрегелдінің бетін, маңдайын қыздыра бастады. Алайда әзірше соншама күйдіріп әкететіндей ұлығаусар ыстық жоқ. Тек шығыстан бет көрсетіп жарқыраған күн бар да, бірақ оның қызуы әлі де булығып, сыртқа толық шыға алмай жатқан тәрізді.

Қалаға қарай ағылған көлік нөпірі уақыт өткен сайын қоюланып барады. Гүлістанның бұл шаһарға келмегеніне де төрт-бес жыл болып қалған. Осы аз уақыт ішінде қала біраз өзгеріске ұшырапты. Жол шетінде құрылыс материалдарын, үйге қажетті бұйымдар, шаруашылық заттарын саудалайтын біраз базар жолдың түстік жағын бірақ жауып тастапты.  Қонақ үй, сауна, медициналық орталық, сауда үйлері, мейрамхана дегендерге қисап жоқ. Тек түтіні тік көтеріліп, аспанды шарлап кетіп бара жатқан бір кәсіпорын жоқ. Кезінде Гүлістан осы қаладағы мақта-мата комбинатында бір жылдай жұмыс істеп кеткен еді. Одан бері де біраз жылдың жүзі болыпты. Қазір ол қандай күйде екен? Күйеуі бұл қалаға жиі қатынап жүретіндіктен осы білер ме екен деп оған сұрақ қойды.

– Осы АХБК жұмыс істей ме?

         «Не сұрап отырсың?» дегендей Төрегелді оған таңдана қарады.

– Қайдағы АХБК? Баяғыды жұмыс істеп кеткен жеріңді сағынып отырсың ба? – деп күлді ол. – Сен ол АХБК бар ма деп неге сұрамайсын?

–  Не бопты. Жоқ па? – деп таңдана қайыра сұрады Гүлістан.

– Әрине жоқ. Оны бір қалталылар әлдеқашан сатып алып, дүкен жасап қойған.

– Сонда оның бір цехы да жұмыс істемей ме?

– Істесе, соның маталарынан тігілген киімдерді киіп жүрмес пе едік. Жоқ қой. Бұрыннан бері жұмыс істеп келген зауыт-фабрикалардың бәрі де қаңырап бос тұр. Сен анау Сейфуллин көшесін көрсең...

Көріп-білмеген кісінің сұрағы сол адамды аңқау етіп көрсетеді екен. Осы жолы да Гүлістан білмегендіктің әсерінен күйеуіне тағы да аңқау сұрақ қойды.

– Сейфуллин көшесінде көретіндей не бар еді?

– Кәсіпорындар істемеген соң, ондағы жұмыскерлер қайда барып күндерін көрмек еді... Сол Сейфуллин көшесінде еркектері де, әйелдері де топ-топ болып, біреуден жұмыс табылып қала ма деп таңнан кешке дейін күтумен жүр.

– Қиын екен, Төреш. Мұнда көшіп келіп, далада қалып қоймаймыз ба? – деп Гүлістан күйеуіне сенімсіздеу көз тастады.

– Қорықпа, жаным. Еңбексүйгіш адамдарға жұмыс қашанда табылады. Сауданы да жақсы меңгердік, астымызда көлігіміз де бар. Ақшамыз да, малымыз да бар. Неден қорқамыз. Ана кісілер де үй тауып беруге көмектесеміз деп отыр. Так что не переживай, – деп Төрегелді сенімді сөйлегеннен Гүлістанның санасында да сенімділікпен қатар алға деген құлшыныс та пайда болды.

– Маған ана кісілер өте қатты ұнады. Білмейміз, танымаймыз деп емеурін білдірмесе не істейміз. Басымыз ауған жаққа кетеміз-дағы. Сондықтан, Төреш, – деп Гүлістан сәл-пәл ойланып қалды. – Алмақтың да салмағы бар деген ғой. Апай мен ағайға, қызына сыйлық тарту етейік, қуанып қалсын. Бүгін керек адам ертең де керек. Біздің бергенімізден олар байып кетпейді, берген біз кедей болып қалмаймыз. Бәрі де көңіл үшін ғой. Көңіл көтеріңкі болса, бәрі де болады. Әмбе бізге үй тауып беруге де қол ұштарын бергелі отыр ғой. Солай ма?

– Бұл туралы өзім де түнде ойлап едім. Сен менің алдымды орап кеттің, Гүлім. Осы жолы аңқаулығыңнан ақылың басым болды.

– Ал енді не аламыз, соны талқыға салайық.

– Немене, қазір ме? Көше толған мәшине. Біз бір нәрсені талқылап отырғанда, байқаусызда біреудің артына кіріп кетіп, масқара болармыз. Неде болса, қайтар кезде кеңесейік, – деп Төрегелді көлік толған Райымбек даңғылымен солға қарай бұрылды.

Бұлар үйден шыққан соң, бір сағаттай уақыт өткенде, нысанаға алған жерлеріне әзер жетті. Әрбір көше, әрбір жолқиық қаптаған шетелдің неше алуан көліктеріне толы. Гүлістан бұрын көрмек түгіл, түсіне де енбеген мәшинелерді көріп, таңданғаннан таңдайын қағып отырды.

Міне, «Дамас» көше-көшенің арасымен жылжи отырып, балалар үйінің қасына келіп тоқтады. Екеуі мақсаттарының алғашқы кезеңіне табан тірегендеріне іштей қуанып, бір-біріне күлімсірей қарады. Содан соң олар алдарындағы ғимаратқа жанарларын қадап, бірдеңе ойлағандай бір сәт үнсіз қалды. Құлақтарына жылаған сәбидің үні келді. Бірақ үй ішінде болған соң ба, үн аракідік үзіліп, үзіліп талып жететін сияқты. Бәлкім, мысық дауысы шығар? Кейде бұлар үйіккенде немесе қарындары ашқанда баланың жылағанындай созылған дауыс шығарушы еді? Төрегелді тағы үздіге, қинала, шымырқана естілген дыбыс шынында да баланың дауысы екен.

Бастарын қасірет бұлты торлаған қаншама сәбилерге бүгінде пана болып тұрған үйдің сырт көрінісі де суық, зілмауыр қорғасынның бейнесіндей сұп-сұр. Көп қабатты үйлердің ортасында орналасқан сұр үйді қаракөлеңке көміп тұр. Маңайында басқа жерлердегідей қаптаған көлік те жоқ. Тек жалғыз-ақ шетел машинасы есікке таяу қаңтарылыпты.

Ерлі-зайыпты ішке кірді. Ақ халат киген бір келіншек кездесті. Ол мезгілсіз келген қонақтарды көріп «бұлар кімдер еді өте ерте келген» дегендей бұларға күдіктене қарады.

– Сіздер кімге келдіңіздер? – деп келіншек бұларды бөгегендей алдарына тұра қалды. – Бізге рұқсатсыз кіруге болмайды.

– Біз осы мекеменің басшысына келіп едік. Рұқсат болса, сол кісіге кіруге бола ма? – деп Төрегелді келіншекке қиыла қарады.

– Ол кісі бөлмелерді аралап жүр. Жарты сағаттан кейін босайды. Әзірше сыртта күтіп отырыңыздар.

Екеуі қайыра сыртқа шығып, анадай жерде тұрған отырғышқа келіп жайғасты. Көңілдері, неге екені белгісіз, бір нәрсеге алаңдағандай өрекпи берді. Қанша дегенмен бала асырап алу оңай тірлік емес екендігін екеуі де түсінгендей. Алдағы уақытта осыған орай қандай қиыншылық кездессе де екеуі бірігіп көтеріп алуға дайын еді. «Шешінген судан тайынбайды» деген. Апта жүрсе де, айлап зарыға күтсе де, әйтеуір, бір шикі өкпені өңгеріп әкететіндеріне екеуі де бек сенімді.

Жарты сағат мерзім жарты айға созылғандай уақыттың алға жылжуы тым баяулап қалған секілді. Алатаудың әр жеріне әлеміш-әлеміш боп түскен күн сәулесі минут тілі алға жылжыған сайын сүйір-сүйір шыңдардың қойнау-қойнауларын көлеңкеден ажырата бастады.

Жаңағы келіншек ескерткен уақыт бітіп, екеуі тағы да есікті ашты. Жасы шамамен қырықтардың қырқасына шыққан, бірақ өңін бермеген, қараторы, жүрісі ширақ әйел жедел басып осылай қарай келе жатыр екен. Бұлар да әйелге қарап тұра қалды. Әйел ерлі-зайыптылардың келген шаруаларын сұрап алған соң кабинетіне ертіп келді. Екі арадағы әңгіме сүт пісірім уақытқа созылды.

– Құжаттарыңызды көрсетіңіздер, – деді әйел Гүлістанның айтқандарын тыңдап болған соң.

Ол сөмкесін алып, екі аптаға жуық жинаған біраз қағазды бас дәрігердің алдына қойды.

         – Бірнеше құжат жетіспейді екен. Олар міндетті түрде керек, – деп бас дәрігер қоңыр көзін екеуіне алма-кезек жүгіртіп өтті.

         Төрегелді мен Гүлістан «бұл қалай болды» дегендей бір-біріне қараған. Сол жақтағы білгіштердің тізімге жазып берген құжаттары осылар еді ғой.

         – Ол қандай құжаттар? – деп сұрады Төрегелді.

         Бас дәрігер екі-үш документті атады. Солардың ішінде жұмыс орындарынан жалақылары туралы анықтама бар.

         – Біз кәсіпкерміз. Өзіміздің дүкеніміз бар. Ауылда жұмыс жоқ. Соның арқасында күнімізді көріп отырмыз. Сонда біз ол анықтамаларды қайдан аламыз? – деп Гүлістан тығырыққа тірелгендей дауысын дірілдете сөйледі. Осыдан кейін шаруасы бітпейтіндей күмілжіп, басын еңкейтіп отырып қалды. Әйелінің үнжырғасы бірден түсіп кеткенін сезе қойған Төрегелді де тек отырмастан, оны жұбата сөйледі.

         – Е, ол анықтама алудың еш қиыншылығы жоқ. Біздің дүкен салық мекемесінде тіркелген. Сол жерден барып алып келем. Ондай анықтама жарайды ғой? – деп жігіт бас дәрігерге қарады.

         – Әрине. Бізде шетелден де келіп бала алып кетеді. Оларға қарағанда, біз өз азаматтарымызға беруге мүдделіміз. Байқаймын, сіздер жаман адам емес сияқтысыздар. Көптен бері шаршап жүргендеріңіз де білініп тұр, – деп бас  дәрігер бұларға жылы көзқараспен мойнын бұрды. – Алыстан келдіңіздер ме?

         – Жоқ, онша алыс емес. Алакөлге қарай бес жүз шақырымға таяйды, – деп әйелдің бұл сұрағына Төрегелді жауап берді.

         – Жақын екен ғой. Көліктеріңіз бар ма?

         – Бар.

         – Ендеше, жаңағы айтылған құжаттарды реттеп келіңдер, – деп бас дәрігер аталмыш құжаттарды қағазға жазып Төрегелдінің қолына ұстатты.

         Бүгінгі шаруа осымен біткендей болды. Осы сәтте Гүлістанның көз алдына күнәсіз сәбилер елестеп кетті. Солардың жүздеріне көз тастап, дауыстарын есту ол үшін бұрыннан бері санасында қалыптасқан арман- тұғын. Ештеңе тындырмай кете беруді шынымен асығыстық санаған Төрегелді де қиялдап отырып, сәлден кейін Гүлістанның ойына дөп түсті.

         – Апай, құжаттарымыздың реттелетініне сенімдіміз, – деді Төрегелдінің Нұрғали мен Сандуғаштардың айтқандары есіне түсіп. – Алатын баламызды қазірдің өзінде көріп шығуға бола ма?

         – Неге болмасын. Көріңіздер, – деп бас дәрігер орнынан тұрып, нәрестелер жатқан бөлмеге алып жүрді.

         Әр төсектің үстінде екі сәбиден жатыр екен. Біреулерінің көздері жұмулы, ұйқыда. Кейбірінің көздері ашық, ояу. Көрші бөлмеден баланың жылаған дауысы естіледі. Кәдуілгі балабақша секілді. Сырт көзге солай көрінгенмен, мұнда қаншама ата-аналарының ыстық құшағынан айырылған бейкүнә сәби жатыр десеңізші.

         – Бұлардың осында келуі де әрқилы, – деп дәрігер әйел сөзін сабақтады. – Біреуін анасы тауып далаға тастап кеткен, екіншілерінен перзентханада бас тартқан. Міне, осындай қилы-қилы тағдырлар жатыр мұнда. Әрине аянышты-ақ. Қараңыздар, көріңіздер. Жақында бір қазақтар тағы да бала алып кетті.

– Сонда ондай адамдар жиі келіп тұра ма? – деп сұрады Гүлістан.

– Жиі келмесе де, әйтеуір, анда-санда келіп бала асырап аламыз дейтіндер бар. Бірақ біз де оларға бірден «мә, ал» деп ұстата салмаймыз. Құжаттарын тексереміз, түрлеріне қараймыз, сөздерін тыңдаймыз дегендей. Соңғы кезде қаракөздеріміз тым көбейіп кетті. Әсіресе жастар жағы көбінесе балаларынан бас тартады. Студенттер, мектеп оқушылары да сирек болса да осындайға ұшырап жатады. Обал-ақ, – деп күрсініп қойды бас дәрігер. – Ал енді қарап, өздеріңізге ұнағанын таңдап қойыңыздар.

         Ерлі-зайыпты бөлмедегі оншақты нәрестеге кезек-кезек  қарай жүріп, бір маңдайы жарқыраған, ақсары, оң жақ бетінде бұрыштай ғана меңі бар, әдеміше келген нәрестеге көздерін тоқтаты. Бас дәрігер қолындағы белгіге қарап есімін анықтады.

– Осы балаға тоқталдық, – деді екеуі де жарыса сөйлеп.

         Осыдан кейін Гүлістан осы қалада қалып, Төрегелді ауылға анықтама қағаздар әкелетін болып шешілді. Екеуі кешке жұмыстан оралған Нұрғали мен Сандуғашқа және қызына да қомақты сыйлықтар ұсынып, оларды да бір қуантып тастады. Қазақтың әлгі «жан қиналмай, мал табылмайды» деген сөзі осындайдан туындаса керек. Төрегелді ауылға барып біраз шабыла жүріп, құжаттарын толық реттеп келді. Ал Гүлістан болса, өздері келіп түскен времянкаға қона жүріп, таңдаулары тоқтаған балаға күнде барып, қолына алып әлдилеп, бетінен, тамағынан иіскеп, аналық сезімін оята түскен. Бұл жерде Сандуғаштың да көп жәрдемі тиді. Ақыр аяғында ерлі-зайпты Төрегелді мен Гүлістан екеулеп жүріп, ана иісіне үйрене бастаған ақсары жүзді сүйкімді ұлды сұр қабырғалы қазына үйінен жалпақ әлемге алып шықты. Егер бүкіл жан дүниең мен ақыл-парасатыңды, оған қоса еңбегіңді мақсат еткен бір нүктеге бағыттасаң, онда алынбайтын қамал жоқ екеніне ерлі-зайыптының осы жолы көздері толық жеткендей болды.

                                              

                                                       IX

 

         Гүлназира ойланып келеді. Көз алдында сол бір сұрғылт үйдің ызғарлы бейнесі көлбеңдеп, сол үйдің ішін көзіне елестете отырып, оң жақ бетінде меңі бар ақсары жүзді нәрестені іздеді. Қиялы қыран құстай шалықтады, біресе сол баланы құшақтап әкетіп бара жатқаны, содан соң оны бесікке бөлеп, сүт толған омырауын кішкентай аузына тосып, емізіп отырғанын көз алдынан өткізіп келеді. Ойымен ілесіп, оң қолы төсіне де барып қалады. Бірақ ойы екені есіне түсіп, лезде анасы Ханымгүл мен құрбысы Сәулеге қарап, жорта жымиған болады. Бұлар бұрылып, ғұлама ғалым атындағы көшеге бағыт ала бергенде, Гүлназираның ойына тағы да бір нәрсе орала кетті. Тоқтап, ол ойын іштей пысықтап алды. Бұл жерде майда-шүйде дүкендер де көп еді. Төмен біраз жүрген соң базар да бар. Сол дүкендердің біреуі назарын аударған Гүлназира екеуіне алма-кезек көз тастап, содан соң  тіл қатты.

– Мама?

– Ау.

– Ол жерге барған соң, жетімдерді көріп, көңіл құлазиды, оларды аяп көзіңе жас келеді. Олардың сыйлық апарып беретін туыстары жоқ. Мен сол сұр үйдің сыртын көрсем де, ішіне кіріп сәбилерді көрген жоқ едім. Бірақ бәрін де көз алдыма елестетіп келем. Құдай үшін ол жерге құр қол бармай ойыншық ала барайықшы, –деп шешесіне қарады.

– Дұрыс айналайын. Сен не айтсаң соны істеуге әзірмін, ботам, – деп Ханымгүл қызының сөзін бірден құп алды. – Бұл айтқаның рас. Қазақта «жетім көрсең, жебей жүр» деген аталы сөз бар. Сондықтан ол қам-көңіл жандарға не апарсақ та жарасады.

          Гүлназира дүкенге кіріп, біраз жан-жануарлар бейнеленген жұмсақ ойыншық, неше түрлі сылдырмақтардың біразын алып шықты.

– Дұрыс жасадың, қызым, – деп Ханымгүл қуанып қалды.

         Қызының ойының кемелденіп, әжептәуір өсіп қалғанына ана ішінен шынымен риза болып қалып еді. Адамды қайғы мен мұң бір жағынан сырттай жүдетіп, аздырып жіберсе, екінші жағынан алғанда ой-қиялын жетілдіріп, дұрыс шешім қабылдауға итермелейтінін де жоққа шығаруға болмас. Кешеден бері Ханымгүл қызының сөйлеген сөзінен, іс-қимылынан осындай өзгерістерді байқап келеді.

         Бұлар балалар үйіне көшедегі мәшинелердің көптігінен бір сағаттай уақытта әзер жетті. Өздері де біраз әңгіме дүкен құрып отырып, үйден де кештеу шыққан. Күн де тас төбеге таяп қалыпты. Сол баяғы сұрғылт үй. Ешбір өзгеріс жоқ. Шетелден келген бе, ол жағы белгісіз, еркек пен әйел ауладағы отырғышта бір-бірімен түсініксіз тілде әңгімелесіп отыр. Осыларды көріп Гүлназираға аяқ астынан тағы да қуаныштан алшақ бір ой сап ете түсті. «Шетелден бала асырап алу үшін келген біреулер шығар». Ол ойын сабақтап үлгермей жатып Ханымгүл де түрлері орысқа ұқсағанымен, тілдері басқа біреулерге назар аударып, олардың кімдер екенін шамалай алмай Гүлназира мен Сәулеге ортақ сұрақ қойды:

– Мыналардың былдырлаған тілін түсіне алмадым, кімдер өзі? – деп екеуіне тіксіне қарады.

Ауылда тұрғанымен шетелге бала сатып жатыр деген  кәуесетті Ханымгүл де талай  естіген еді. «Құдай-ау, өңгеміз жетіліп, енді осы қалды ма» деп таңданғаннан таңдайын қағып, жағасын ұстаған. Қазір де осындай ызғарлы ой әйелдің жүрегін өрекпітіп жіберді. «Бейшара бала осындай  атасы басқа кәпірлерге сатылып кетпесе игі еді» деп ішінен бісмілласын айтып, анадай жерде отырған еркек пен әйелге күдіктене  қарады. Оның берген сұрағына Гүлназира ойлана тұрып жауап берді.

– Сол баяғы көкейлерін тесіп бара жатқан бала ғой. Өз елдерінде жетім бала  құрып қалғандай, – деп ол да екеуіне қабағын түйе қараған. – Өз баламызды өзіміз ала алмай жүрсек бұларға не жорық!

– Иә, рас. Бала сату деген сұрқиялықты кім ойлап тауып жүр екен, тегі. Обал-сауаптары сол сатушыларда болсын, – деп Сәуле де ішіндегі ойын ақтарып қалды. Содан соң шамамен отыз қадамдай жерде отырған екеудің сөздеріне құлақ түрді. – Ағылшын тілінде сөйлесіп отыр.

Үшеуі ішке кірді. Гүназира анау кездегі көрген әйелді бірден таныды. Орта бойлы, жүзі жылы, қараторы әйел терезенің алдында өзінің қол астында істейтін біреумен сөйлесіп тұр. Белгісіз кісілерді көріп, бас дәрігер осылай қарай бұрылды. Жақындап келген соң, Гүлназираны бірден тани қойды.

– Сәлеметсіздер ме? Сіз өткенде келіп-кетіп едіңіз ғой, – деп Гүлназираға қарады. – Не бұйымтай?

– Тағы да сол балама келіп тұрмын, – Гүлназираның дауысы дірілдей шықты.

– Мен сізге  балаңызды бір кісілер келіп алып кетті деп айтып едім ғой, – деп бас дәрігер «шынымен түсінген жоқсыз ба?» дегендей Гүлназираға таңдана қарады.

         Осы кезде сөзге Ханымгүл араласты. Жасы өзінен әжептәуір кіші екенін аңғарған ол:

– Қызым, мен бұл қыздың шешесі едім. Алыстағы бір ауылдан осының тағдырын білейін деп әдейі келіп едім бұл қалаға. Адам басынан бұл өмірде не кешпейді дейсіз. Алданып, осындайға ұрынып қалған екен. Қатесін кеш түсініп тұр, – деп Ханымгүл болған оқиғаның ақиқатынан жалтаруға мәжбүр болды. – Егер ол бала осында болса, алып кетейік деп едік. Қателеспейтін адам болмайды. Мүмкіндік болса, көмектесіңіз, айналайын. Қанымыз бір туыспыз ғой.

          Бас дәрігер де ана болғасын, шеше мен қызының санасында тулап жатқан неше алуан ой толқындарын түсініп-ақ тұр. Бірақ ақиқаты солай болған соң қолдан келер не амал бар? Бұларды қуантам деп бөтен бір нәрестені «мынау сіздердікі еді» деп құндаққа орап бере салмайды ғой. Оң жақ бетінде меңі бар екенін оны дүниеге алып келген анасы да біледі. Иә, адамды қуанту сезімі ерлікке пара-пар қасиет болса, қазіргі сәтте оны орындау қолдан келмейтін іс екенін дәрігер әйел де түсініп тұр. Тағы да шындыққа жүгініп, істің мән-жайын тәптіштеп түсіндіруге кірісті.

– Апа, мен сіздерді жақсы түсініп тұрмын. Баласын қайтарып алған ананы біз де құрметтеп, рахметімізді айтамыз. Мұнда кім көп? Қазақтың  қаракөз балалары көп. Кейде бұған қамығасың, намысың келеді. Бала асырап алуды көздеп келетін қандастарымызды да бұл жерден сирек көреміз. Соңғы кезде бала асырап алуға келетін шетелдіктер қаптап кетті. Анау сыртта отырғандар да солар. Мұхит асып, Америкадан келіпті тіпті. Соңғы кезде мұндайларға көзіміз үйреніп кетті...

–  Ой сорлы бейбақтар-ай, – деп Ханымгүл терең күрсінді.

–  Қазақтар келсе, қуанғанымыздан бөркімізді аспанға атамыз. Қазақты қазақ бала ғып алсын дейміз-дағы баяғы. Сондай қандастарымыз осыдан біраз уақыт бұрын келіп, осында біраз аялдап, ақыры бір баланы алып кетті. Өздері ауылдан келген екен. Жасы отыздан асқан, жағдайлары бар, тәп-тәуір кісілер. Сол әдеміше келген, бетінде меңі бар нәрестені өздері таңдап алды. Фамилиясы да есімде...

– Қап, әттеген-ай! – деп Ханымгүл қызына қарады. – Солардан бұрынырақ келсең ғой.

– Сонымен не керек, бала кететін жеріне кетті.

         Әлі де бір сенімі ішінде жатқан Гүлназираның қос жанарына жас іркіліп, жыламсырай тіл қатты. Оң қолы дірілдеп, ойыншықтар салынған пакеті уысынан сусып түсіп кетті. Оны Сәуле көтеріп алды.

– Өз көзіммен көріп шығайыншы, апай, –  деп бас дәрігерге жалына қарады.

         – Қарсылық жоқ, айналайын.

Бас дәрігер үшеуін сәбилер жатқан бөлмеге ертіп келді. Гүлназира көзі жасаурай жүріп, біреулері аяғын қимылдатып, екіншілері қолдарын ербеңдетіп жатқан сәбилердің бәрін мұқият қарап шықты.

         Бірақ көкірегіне қондырып, көз алдына елестетіп келген, тас емшегін жібітіп, тар құрсағын кеңейткен нәрестені оншақты баланың ішінен таба алмай шықты. Соңғы рет лаулап келген үміт оты мәңгілікке сөңгендей болып, Гүлназираның шарасыздықтан көмейіне өксік тығылып, ақыр аяғында қос жанарының алды бұлдырап, құлап бара жатты. Оның әрбір қимылын бақылап, соңынан бір елі қалмай еріп келе жатқан анасы мен құрбысы Сәуле оң бүйіріне қисая  бастаған Гүлназираны екі қолтығынан демеп ұстап қалған еді. Қыз есін тез жиды. Қолтығындағы анасы мен құрбысының қолдарын бірден ысырып тастамай екі көзін тағы да күмәнсіз жетімектерге қадады.

– Неткен аянышты, бұлардың не күнәсі бар, – деп әлі де есеңгірегенін толық басып үлгермеген Гүлназира сәбилерге қарап сыбырлады.

         Осы кезде бас дәрігер орындық алып келіп, Гүлназираны үшеулеп соған отырғызды.

– Ойыншық, ойыншықтарым қайда?

         Сәуле бөлмеге кірген сәтте пакетті есіктің оң жақ қабырғасының еденіне қоя салған еді. Алып келіп құрбысына ұстатты. Гүлназира ойыншықтарды көрген соң ауытқыған көңілін басып, сәл көңілденейін деді. Өз баласына ұстатындай-ақ етіп пакетті алып, орнынан тұрып барды да енді ғана  өксіп-өксіп жылай бастаған қараторы бүлдіршіннің ербеңдеген қолына сылдырмақ ойыншықты ұстатып, оның ананың омырауын көрмей келе жатқан оймақтай аузына сондай бір аянышпен көз тастады. Ханымгүлдің осы сәтте жанарлары боталап, қызының әрекетіне жаны күйзеле қарап қалған. Құрбысы Сәуленің де бет-бейнесінен Гүлназираға деген аяныштың белгісін байқауға болатындай. Тек бас дәрігер осындай оқиғалардың аракідік кездесіп отыратындығынан ба екен, әйтеуір өңін өзгерткен жоқ.

         Гүлназира дорбадағы ойыншықтарды бір-бірден алып, төсектегі жатқан әрбір сәбидің қасына қойды. Ол бейбақтар жас ананың ботасынан айырылған бозінгендей боздап келіп, нәрестесін таппай күйзеліп, қиналғанын сезер ме екен? Алайда өз басын осындай қасіреттің қара бұлты тұмшалап өткен Гүлназира қаз-қатар боп, әрбір төсекте тізіліп жатқан бүлдіршіндердің қайғылы тағдырларын түсінген еді. «Осылардың қайсысы ер жетіп, елінің азаматы болар екен, қайсыбірі атасы да, тілі мен діні де басқа біреулердің құшағында кетер екен?»

         Ендігі сәтте ол өзінің нәрестесінің шетел асып кетпей өз қандастарының қуанышына айналатынына сенгендей, ішкі жан-дүниесіне әлсіз бір қуаныштың лебі пайда болған еді. Көз алдына сыртта отырған тілі де, жүзі де басқа екеудің бейнелері көз алдына тартыла қалды. Бұлар анау қандастарынан бұрын келгенде, бетінде қара меңі бар ақсары бүлдіршінді таңдап, алып кетуі де мүмкін еді ғой. «Ой, құдай сақтады-ау. Егер мына қасымда тұрған дәрігер шетел асып кетті десе не бетімді айтпақпын. О, құдая тоба». Осы ойынан соң Гүлназираның шүберектей қуарған жүзіне қан жүгіріп, бет-әлпеті қалпына келіп қалды. Өзінің туған анасы Ханымгүлдің қасында жүргені де жігеріне қанат бітіріп, бойын біржолата тіктеп алуға себеп болды.

         Бүлдіршіндер жатқан бөлмені жанарымен мұқият аралап шықты. Бес-алты төсек, бір-екі шкафтан басқа ештеңе жоқ екен. Әкпен сыланған төрт қабырға. Бөлме іші мұнтаздай кіршіксіз, шілденің ми қайнатар ыстық күнінің әсерінен жылы болғанымен жетімектердің тағдырын ойлап тұрған адамға осынау төрт қабырға бәрібір аязды күнгі суық үйдей әсер ететіні анық еді.

         Өзінің нәрестесі ендігі сәтте «анашым, бері келші» деп қол бұлғап, өзіне шақырып тұрғандай елестеп кетті Гүлназираға. Тіпті қайда болса да, баласын қайтарып алу сезімі ана жүрегін тағы да қобалжытып жіберді. Анадай жерде бұларды үнсіз бақылап тұрған бас дәрігерге жалт қарады.

         – Апай, мен біртүрлі қиналып тұрмын. Құдай үшін, баламды алып кеткен кісілердің әдірісін беріңізші, – деп дәрігер әйелге қарап жалына сөйледі.

         Ханымгүл қызының бұл өтінішін ерсі көргендей қолынан тартып қалды. Бірақ бұған назар аударған Гүлназира болған жоқ. Екі жанары дымқылданып, одан бір жақсы хабар күтетіндей мелшиіп қарап қалды.

         Бас дәрігер мұндайды естимін деп ойлаған жоқ болу керек, жағаға шыққан балықтай шоршып түсті.

         – Жоқ, болмайды. Бала асырап алған азаматтардың мекен-жайын беруге біздің қақымыз жоқ. Заң бойынша да, моральдық-этикалық жағынан да. Буынсыз жерге пышақ ұруға болмайды, айналайын, – деп бас дәрігер сөзінің аяғын жұмсарта жауап берді.

         «Мен саған жаңа ескертпедім бе?» дегендей Ханымгүл қызына қарады.

         Осыдан кейін мұнда бөгелудің жөні жоқ екенін сезген қонақтар әйелге «рахметтерін» айтып, сыртқа беттеді. Отырғышта отырған шетелдіктер бұларды күтіп отырды ма, әлде белгіленген уақыттары келіп жетті ме, есік ашылып, үшеуінің жүздерін байқаған соң орындарынан тұрып, осылай қарай бет алды.

         – Бұл кісілер қазақша біле ме екен? – деп Ханымгүл келе жатқан екеуге алма-кезек қарап өтті. Осы сәтте күтпеген жерден бір қыз жүгіріп келіп, әлгілермен сәлемдесіп, солардың тобына қосылып кетті. Ол немең де ағылшын тіліне судай екен. Олармен өз таныстарындай шүйіркелесе бастады. Қазақтың кәдімгі қыр мұрынды, қара шашты, қиғаш қасты ажарлы қызы.

         – Міне, аудармашылары да келіп қалды, – деп Сәуле Ханымгүлдің сұрағына жауап берді.

         – Өй, аудармашысы бар болсын! Анау қазақтың қызы енді мынау Әмрикәні жарылқаймын деп жүр ме? Жетіскен екен, – деп Ханымгүл әлі өздерінен ұзай қоймаған, джинси шалбар киген, қысқа жейдесі кіндігін үңірейтіп көрсетіп тұрған қараторы қызға қабағын түйе, көзін аларта қарады. – Не сонда, басқа жұмыс таба алмағандай осыларға жалшы болып жүр ме, қағынғыр. Мен де көрдім. Жаңағы жатқандардың бәрі де қарадомалақ қазақтың балалары. Енді мына албастының қызы барып, солардың біреуін алып кетуге қол ұшын беруге даяр жүр, – деп Ханымгүл намыстан бұлқан-талқан болды.

          – Мама, нервіңді тауысып қайтесің, – деп Гүлназира ашуланған анасына басу айтты. – Ол оның жұмысы. Бұл арқылы нанын тауып жеп жүр.

         – Бүйтіп тапқан наны құрысын! Не сонда, аудармашы болатын орыс, жебрей, кәріс құрып қалып па? Мұндайлар қалада қаптап жүр ғой. Ойпырм-ай, ә. Әлгі «тегін танымайтын тексіз есекпен ойнайды» деген осы ғой...

         Екі қыз  іштерінен мырс етіп күліп жіберді. Ханымгүл аудармашы қызға біраз сөздер айтып, ақыр аяғында сабасына әзер түсті. Расында да намыстарын кір шалып үлгермеген ауыл қазақтарына көз алдындағы келеңсіз жағдай Ханымгүлдің қанын қайнатып жіберіп еді. Қызының аянышты тағдыры бір жағынан ана жүрегін қан жылатса, екінші жағынан ойламаған жерден көрініс тапқан мынау әрекет отқа май құйғандай әсер етті. «Қазір қаланың қыздары әбден бұзылған-ау. Мынау енді не? Көп ұзамай бұлар іш киіммен көшеге шығып тайраңдайтын шығар. Қыз кезімізде кіндік көрсетпек түгіл, ұзын көйлек киіп, жазда да шұлықсыз жүрмеуші едік. Мынау не масқара?» деп Ханымгүл шынымен іштей күйзелді. Жасы алпыстан асса да мұндай сорақылықты бірінші рет көріп тұр. Осыдан біраз жыл бұрын келгенде мұндай таңданарлық жағдай болмаған. Сонда жылдан-жылға киім де өзгеріп, азып бара ма, құдай-ау! Тыртитып денесіне жабыстырып шалбар киеді. Омырауының жартысы кеу-кеулеп көрініп тұратын, еркек атаулының көз құртын қоздыратын, кеудесі жартылай ашық қыз-келіншектер қазіргі заманда таңсық болмай барады. Құдды бір анайы тәртіпті бойына сіңірген европалықтар, иә болмаса, американдықтар сияқты. Қоршаған орта, тәрбие солай болған соң, бұған қарсы келетіндей не күш бар? «Жүз құбылып әрекет жасасаң да, бүкірлігің жазылмайды» деп бір данышпан айтқандай бұл заман енді кейін шегінбейді-ақ. Осылай кете береді, кете береді».

         Ханымгүл алда кетіп бара жатқан ішкиімнің деңгейіндей ғана шортик киген қызды көріп, әр нәрсені қиялдап келе жатқан көңілі тағы да жаси қалды. Тіпті әйел-қыздардың көбісі осылай киінеді екен. Жүрген сайын көзі де үйреніп, теңіздей толқыған қиялы да бір нүктеге аялдап, уақыт өткен сайын мұндай көріністерге еті де үйрене бастап еді. Өзінің қызы мен Сәуленің иманжүзді келбеттеріне қарап, ішінен «бұған да тәубә» деді.

Үшеуі аялдамаға келді. Шешесін қаланы аралатып, көрікті жерлерін көрсету Гүлназираның манадан бері ойындағы мақсаты еді.

– Апаны бір жерге апарып дем алдырсақ... – деп Сәуле құрбысының қиялын тап басқандай Гүлназираға қарады.

– Өзім де осы туралы ойлап келе жатыр едім. Не істейміз? – деп Гүлназира «сенің пікіріңді тыңдайық» дегендей Сәулеге бұрылды.

– Айналайын қыздарым. Онсыз да жетісіп келе жатқанымыз шамалы, үйге барып, демалсақ қайтеді, – деп сөзге араласты манадан бері сіркесі су көтере алмай келе жатқан Ханымгүл.

– Жоқ, мама. «Болары болды, бояуы сіңді» дегендей бір жерге барып демалып, жанымызды сергітсек дұрыс болар еді. Енді өстіп салымыз суға кетіп жүре береміз бе? – деп жігерлене сөйледі Гүлназира.

Үшеуі такси ұстап, орталық демалыс саябағына келді. Таза ауа, жасыл желек жамылған ағаштар. Демалуға келген адамдар да бала-шағаларын ертіп, топ-топ болып, парктің әр қуысына шұбап барады. Күн ыстық. Алайда бұтақтары жан-жаққа жайылған дәу теректердің шоғыры көп болғандықтан, көлеңкелі сая да жетерлік. Аспаннан құлдыраған күн сәулесін сол ағаштардың жапырақтары жерге дарытпай өздері ғана қақшып алып жатқан сияқты. Қаладағы табиғаты әсем де көрікті, қойнауы мол орындардың бірі осы жер. Бір ағаштан екіншісіне ауысып, айналаны әсем сазға бөлеп тұрған неше алуан құстар қаншама. Кейде олардың дауыстарын қарғаның епетейсіз қарқылдағаны еріксіз жауып кетіп жатыр. Сауысқандар да анда-санда шықылықтап, төменде жылжып бара жатқан адамдарға сұқтана қарайды. Анда-санда жып етіп тиіндер де қайдан шыға келетіндері белгісіз, жортып барып, ағаш басына өрмелеп шығып бара жатады.

Ауылда кездеспейтін осынау әдемі көріністерге зер сала қарап, екі қыздың соңынан ілбіп басып, Ханымгүл де келе жатыр. Таза ауа, анда-санда бетті сүйіп өтетін қоңыржай самал ауылдан келген әйелдің де денесін жадыратып, езілген еңсесін көтеріп, өзін бір сәт көңілді сезінуге жетектеп келе жатқандай еді. Алда кетіп бара жатқан қызының да жайдары қалыпқа ене бастағанын ана жүрегі сезгендей болды. Ауаның бір сәт салқын тартып тұрғанына айнадай жарқырап жатқан шағын көлдің де себебі бар шығар. Бұлар судың қасынан өте бергенде Бетпақтың самалындай бір салқын леп тағы да қарсы алды.

– Шіркін, қандай ғажап еді мына жер, – деп Ханымгүл айналасына қызыға қарады. – Анда-санда сендер де осында келіп, демалып тұрсаңдаршы.

– Бос уақыт болғанда келіп тұрамыз, апа, – деп Сәуле көл ортасындағы аралда орналасқан мейрамханаға көз жіберді. – Апа, кешіріңіз, бәріміз де қонақжай қазақпыз ғой. Сізді қонаққа шақыратындай жағдайым болмай тұр еді. Үйім болса ғой, анамдай күтер едім. Енді далада берген дастарханды қорашсынбай, анау су ортасындағы кафеге барып отырып, әңгімелесіп, біраз демалып, шерімізді тарқатайық. Білем, жаныңыз күйзеліп, шаршап келе жатқаныңызды. Менің де сіздей анам бар. Әр ананың бала деген бауыр еті ғой, түсінемін. Жүріңіздер, кафеге барып демалайық, – деп Сәуле мейрамханаға баратын жолға бұрылды.

– Айналайын-ай, өзің студентсің, қиналып қаласың ғой. Одан да мен сендерді өзім апарайын, – деп Ханымгүл Сәуленің өтінішіне қарсылық білдірді.

– Жоқ, апа. «Үлкен келсе, аяғыңды аяма» деп атам айтып отырушы еді. Гүлназирамен қимас дос болып жүрген соң, сізді қонаққа шақыру парызым деп ойлаймын, – деп Сәуле анасы мен қызын алға бастап жүрді.

Ханымгүл ішінен ыңғайсызданса да, қызының досының өтінішін қабылдамауға амалы қалмады. Ашық жарқын, ақылдан де кенде емес, ашаң денелі, сүйкімді қызды бірден ұнатып қалды. Әуелде Торғын туралы ыңғайсыз әңгімелерді естігенде Гүлназираның достарының бәрі де сондай шығар деп ішінен тіксініп қалғаны да рас еді. Енді міне Сәуленің қызына шынайы дос екеніне көзі біржолата жеткендей болды. «Адамдардың неше түрлісі болады ғой. Бес саусақ бірдей емес. Өзіне-өзі берік болмаса, адам айналасына қалай еліктеп кеткенін сезбей де қалуы мүмкін ғой. Мына ағы мен қарасы толы үлкен қалада небір сұмдықтар жоқ дейсің. Жаманды жақсы деп қабылдап, сол жаманның жетегінде кетіп жатқандар қаншама. Құдай өзі сақтасын». Ханымгүл мейрамханаға жеткенше ой құшағында келді.

Кафе іші салқын екен. Бүйірден кондиционер залға жел үрлеп тұр. Әр жерде орналасқан үш жұп адамнан басқа ешкім көрінбейді. Елпең қағып даяшы қыз отырғандарға сыра, тамақ таратып жүр. Кезек бұларға да келді. Дастархан иесі қазіргі сәтте Сәуле болғандықтан тапсырысты да өзі берді. Еттен жасалған салат, дүнген кеспесі, бауырсақ, бір шәугім шай біраз уақыттан кейін стол үстіне орналасты. Азанда шай мен сары май қосылған ботқаны ғана талғажау етіп шыққан бұлардың шынында да қарындары ашып үлгерген екен. Оның үстіне күн ыстықта шөлдегендері де бар. 

Дастархан басында Ханымгүл ауылының жағдайынан сыр шертті. Негізі талай жыл басшының әйелі болып келе жатса да, кейбіреулер сияқты байлығын айтып, еліріп-масаттанбайтын қасиет отанасының қанында бұрыннан бар еді. Қазір де жайдары сөйлеп, әзіл-оспақ айтып күлдіріп, қыздардың еңсесін бір көтеріп тастады. Содан соң қыз кезіндегі бастан кешкен қызықты оқиғаларын да әңгіме етіп, сол кездегі жастардың кішіпейіл, үлкенді сыйлап, олардың алдын орағытып аттап өтпейтіні туралы да қыздардың құлағына өсиет етіп ұғындырып өтті. Ханымгүл сөйлеп отырғанда екі қыз бір-біріне жымия қарап, құптағандай, бастарын изеп отырды.

– Ол кезде шынайы махаббат, қыз бен жігіттің бір-біріне деген сүйіспеншіліктері өте таза еді. Бір-бірінің қалтасында ақша бар ма, жоқ па оны ешкім де сұрап, қалталарына сұғынып қарамайтын. Қыз бен жігіт бір-бірлеріне хат жазысып, сезімдерін сол арқылы білдіретін. Ғашықтар оқыған қызықты кітаптарымен бөлісіп, көрген киноларын әңгіме ғып айтып беретін. Қазір ауылдағы кітапханада сол заманның кітаптары ғана азып-тозып, шаң басып тұр. Жаңа шыққан кітаптар келмейді. Тіпті балалардың саусақпен санарлығы болмаса, жалпы кітапқа құмартып жүрген оқушы некен-саяқ. Менің өзім қазірдің өзінде бос уақытымда кәзит-журнал оқып отырамын. Сонда неше түрлі адамның ойын кеңейтетін жақсы әңгімелер, мақалалар жазылады. Тек соны оқып, жүрекке тоқуға ынта-жігер жетпей жатыр. Қазіргі балалар кітап оқудың орнына телевізер көргенді, доп тепкенді, кәмпитүр ойнағанды жақсы көреді. Бұдан олар ақылды болмаса керек, – деп Ханымгүл бар сатысының үстіне орналасқан телевизорға қарады. Мұнда да атыс пен шабыс орын алған шетелдің фильмі жүріп жатыр екен. Даяшы мен бармен қыз соларға қызықтай қарай қалыпты. Әне басында айдары бар біреу жарқылдаған ақ қылышпен қарсыласының басын шауып түсірді. Бассыз қалған анау бейбақ алға бір-екі адым жылжып барып, кесілген теректей сұлап түсті. Маңайдың бәрі қан-жоса. Бұл көрініске қарап отырған Ханымгүл «құдай-ай, мұндай сұмдықты кім көрген» деп одан әрі қарауға дәті шыдамай басын бұрып әкетті. Ал анау екі қыз болса, бұған қарап қимылсыз қатып қалған.

– Сәуле, шырағым, аналарға мына киноны өшірсін немесе басқа бір қазақтың киносын қойсын деп айтып келші. Мұндайды қарауға жүзім шыдар емес, – деді телевизорға қарап отырған Ханымгүл. – Мұндайды көріп отырған кісі асын да дұрыстап іше алмайды екен.

Сәуле барып, бармен қызға ескерту жасады. Өздері қазақ болғанымен бұл шалалар ұлт фильмін қарамайды екен. Пайғамбар жасындағы әйелді сыйлағандары болар, «КТК» телеарнасын қосып қойды. Мұнда футбол жүріп жатыр екен.

– Құдай-ау, қазақша кино немесе концерт деген болмай ма? – деп Ханымгүл сөйлеп тұрған жәшікке тағы да мұңая қарады.

– Апа, қазақ тіліндегі фильмдер мен концерттер сағат он екіден кейін болады, – деді Сәуле шәугімдегі шайды тостағанға сыздықтатып құйып жатып. Ханымгүл сағатына қарады.

– Он екі түгіл, тіпті бірден асып кетті ғой.

– Мама, күндізгі емес, түнгі он екіні айтады, – деп қызы сөзге араласты.

– О, тоба. Ол кезде жұрттың бәрі ұйықтап жатпай ма?

– Кімнің көргісі келеді, ұйықтамай-ақ көре берсін дегендері шығар, – деп күлді Сәуле.  

– Бұл бір ойға да келмейтін сорақылық екен. Сонда телевезірді күндіз жұрт ұйықтап, түнде ғана көретін болды ғой, – деп Ханымгүл шынымен налыды. – Қой, құрысын бәрі. Одан да сүт қатқан шайды сораптап отыра берейін. Тамағы мен шайына да рахмет бұлардың. Заманымыз осындай боп бара жатса, оған біздің істейтін не шарамыз бар. Мен әзірше өз ойыммен өзім боп отыра берейін. Сендер маған қарамай бір-бірлеріңмен әңгімелесе беріңдер, – деп Ханымгүл екі қызды өз еркіне жіберіп, өзі алаңдамай шай ішуге кірісті.

Сәуле соңғы кездегі аудитория мен жатақханада болған оқиғаларды Гүлназираға қысқаша баяндап өтті. Торғын туралы біраз жайттарды да ортаға жайып салды. Оның кейінгі кезде күрт өзгергенін, жатақханадан шығып, пәтерге барып орналасқанын, хабарландыру бойынша қалталы біреуді тауып алып, онымен шектелмей, бір жігіттің тағы да басын айналдырып жүргенін осы жолы Гүлназираға кеңінен баяндап берді. Бұл кезде Ханымгүл қажетті жағдайлармен сыртқа шығып кеткен еді. Екі қыздың біраз әңгімесінен ол тысқары қалған.

– Мен Торғынды солай деп ойламап едім. Бірақ қазіргі заманда оған таңданудың да қажеті жоқ. Менімен хабарласпай кеткені болмаса, ол қыздың маған жасаған жамандығы жоқ. Шынымды айтсам, өзін көргім-ақ келіп жүр, – деп Гүлназира біраз уақыт бірге жүріп, бірге оқып, бірге тұрған дос қызын бәрібір жамандыққа қиғысы келмеді.

– Маған да жағымсыз ештеңе жасаған жоқ. Шайтан азғырды, соның жолымен кетті. Мен де оны көрмегелі біраз уақыт өтті. Ойпырым-ай, үшеуміз қандай дос едік десеңші. Аяқ астынан кездесіп қалса, бәрібір қимастықпен қауышатынымыз рас.

– Әрине. Қанша айтқанмен, адал дос болдық қой. Дегенмен ол өзі ашық-жарқын ақкөңіл қыз емес пе. Бірақ көңілде бір түйткілдің де жатқанын жасырғым келмейді. Келіп «қал-жағдайың қалай, Гуля» десе, немесе телефонмен звондап сұраса, мен қуанып қалатын едім ғой, әжептәуір көңілім көтеріліп...

Осы кезде Ханымгүл келіп орнына жайғасты. Екі қыздың әңгімесі кілт тоқтады. Біреудің артынан ғайбат сөз айтқанды шешесінің жақтыра бермейтінін Гүлназира білуші еді. Сондықтан жалғасын тауып, әрі қарай қыза берген әңгіменің желісін еріксіз үзіп жым болды.

Салқын залда отырып, әңгіме-дүкенді одан әрі сабақтап, әлі де біраз уақыт осында болуға мүмкіндік те бар еді. Бірақ бет алыстары одан әрі жалғасатын болған соң, үшеуі орындарынан көтеріліп, кетуге ыңғайланды. Осы сәтте Ханымгүл бармен қызға бұрылып, ішіндегі базынасы мен тілегін жеткізді.

– Қызым, осыдан былай қазақша таспаларды да көптеп алып келіп қой. Мұнда қаланың шала қазақтары ғана емес, ауылдан келетін туысқандарыңның бар екенін де есіңнен шығармағын.

– Апа, поняла. Постараемся, – деп тақ-тақ еткізді қыз. «Мына мәңгүрт өз тілін де білмейтін шығар» деп ішінен күбірледі Ханымгүл.

Бұлар парктің ойын алаңдарын тамашалап, қайықпен көл үстінде жүзіп, содан соң шайтан-шеңберден де бір рет айналып түсіп, хайуанаттар паркіне кірді. Қаз-қатар тізілген торлардың арғы жағында неше алуан сүтқоректі жануарлардың біреулері шөп шайнап, күйіс қайтарып тұр. Енді бірі көлеңкеде сұлай түсіп жатыр. Кейбірі адамдарға жақындап келіп, бір нәрсе дәметкендей ыңыранып, ауыздарын ашады. Оңтүстік Американы мекен ететін түйе тұқымдас жануарлар – лама, гуанаколар да мұндайларды бұрын көріп-білмегендерге тым таңсық тіршілік иелері еді. Тіпті өздеріне бұрыннан көзтаныс қос өркешті түйе де бар екен. Ханымгүл көзі жасаураған, арықтығы жантайған екі өркешінен білініп тұрған түз жануарын аяп кетті.

– Мыналарға обал-ақ. Кең далада емін-еркін сайрандап жүрсе ғой, өстіп мүсәпірдің кебін кимес еді, – деп көз алдындағы інгенге аяй қарады.

– Мама, бұл саған ғана таныс жануар. Сол үшін сен оны аяп тұрсың. Бұндайды өмірінде көрмеген адамдар да көп. Солар үшін бұл кәдімгідей жаңалық, – деп Гүлназира сөзін аяқтасымен-ақ басында жайылма кең қалпақ, кеудесінде белгісіз бір көсем бейнеленген футболка, аяғында жылтыр қара туфли киіп, көзіне алақандай қара көзілдірік таққан шетелдіктерге тым ұқсас жігіт расында бұл жануарды алғаш рет көріп тұрғандай, қасындағы серігіне түсініксіз бір тілде таңдана сөйлеп, адамдарға дағдара қарап тұрған түйені шырт-шырт еткізіп, бірнеше рет суретке түсіріп алды.

– Міне, жаңа ғана өзіңе айтып едім ғой. Бұлар түйенің суретін еліне апарып, өздерінше жаңалық ашып келгендей болады. Оның тар торға қамалып, қиналып тұрғанында бұлардың ешқандай шаруасы жоқ.

– Өзі осы қалада жан-жақтан ағылғандар тіпті көп екен. Тіпті анау адам көрмеген қап-қара негр де жүр. Сонда бұлар ағылып келіп жатқан қонақтар ма, әлде Алматыға қоныстанып алған біреулер ме? – деп Ханымгүл таңдана сұрады. – Бағанағы бала асырап алуға келгендер де жат жұрттықтар емес пе?

– Бұлардың біразы қалада бизнес жасайды. Кейбірі шетелден туристік жолдамамен келеді. Енді біреулері жергілікті қыздарға үйленіп, осында тұрып қалғандар, – деп Ханымгүлдің сұрағына Сәуле жауап берді.

– Ой құдайым-ай! Жергілікті жігіттер жетпегендей о несі-ай. Олардың ішінде қазақтың қыздары да бар шығар?

– Бар апа. Біздің факультеттен де бір қыз түрікке тұрмысқа шықты. Мұндайға біз енді таңданбайтын болдық, –деп Сәуле де шындықты бүкпестен жауап берді.

– Расында да таңданатын жайт емес екен. Енді ғана мұндайға көзім де, құлағым да үйрене бастады. Анау бағанағы әмериканша сөйлеп, кіндігін үңірейтіп ашып жүрген қызда қандай қазақшылық қалды дейсің. Ол да бір күні біреудің қолтығынан ұстап, шетел асып кетер. Өзі соған ұқсап тұр.

– Мама, әмерикан деген тіл жоқ, оны ағылшын тілі деп атайды, - деп Гүлназира шешесінің мүлт жіберген қатесін дұрыстап қойды. – Бағана да солай деп айтқансың.

– Ой, не болса да бәрібір емес пе? Кәпір ғой баяғы. Қайта сен айтқан мұсылман түрікке шыққан қыз басқаларға қарағанда бақытты екен, - деп Ханымгүл Сәулеге қарап, бұл әрекетке де мойынсұнғандай болды.

Үшеуі ақырын ілгері жылжып келеді. Аласа келген қоршаудың арғы жағында керіліп марал тұр. Мүйізі шаңырақтай бұғы да осында екен. Өздерінің табиғи ортасында күнелтпеген соң тар қоршаудағы жануарлардың бәрі туа біткен қасиеттерін жоғалтқандай тым жігерсіз, жүдеу көрінеді. Әрине ұшы қиырсыз жапан далада немесе көбесі көкжиектен де асып кететін көл-көсір орманда емін-еркін тіршілік ететін неше алуан хайуан атаулы бас аяғы есік пен төрдей тар торға қамалған кезде олардың қандай күй кешетіні өздеріне ғана мәлім дүние. Міне осыдан-ақ бұлардың жағдайы белгілі. Кейбір аңдар тар қапаста тұқым беріп, тіршілігін жалғастыруға бейімсіз.Ал енді біреулері осыған да қарамастан дүниеге өзі сияқты тіршілік иесін әкеліп, санасыз мақұлық болса да өмірлерін жалғастырып жатады.

Гүлназира жабайы қойлар қамалған тордың алдына келген соң осындай суретке көзі түсті. Арқары тастан қаланған жота тастың үстіне шығып алып, қарағадай мүйізін осылай қаратып тұр екен. Ал одан сәл шағындау келген қойы қошақанын емізіп, күйіс қайтарып, көрермендерге қызғана қарайтын секілді. Гүлназира түз жануарларына қызыға қарап қалыпты. Оны әсіресе сүп-сүйкімді қозысы қызықтырған. Хайуан екеш хайуанның да өзінің ішінен шыққан төліне деген сезімін осы жерден де байқауға болатындай. Баласын емірене емізіп, жиі-жиі құйрығынан иіскеп қояды. Содан соң «көрдің бе ананың қалай болатынын» дегендей бұларға маңырап, дауыс шығарады.

Қыздың көз алдына тағы да сәбиі елестеп кетті. Көңілі әп-сәтте құлазып, жүрегіне сағыныштың шаншуы қадалмай тұрғанда осы жерден кетуге асықты. Ана да қызының қазіргі сәттегі көңіл-күйін түсінген сияқты. Көзіне жылыұшырай көрінген малдың жабайы тұқымын біраз қызықтап тұрғысы келсе де, Ханымгүл қызының әп-сәтте бозара қалған жүзіне назар аударып, бұрылып, әрі қарай аяқ баса бастаған Гүлназираның соңынан еруге мәжбүр болды. Сәуле де кішкентай да сүйкімді қошақанға қарап қалған. Ана мен қыздың біраз жерге ұзап кеткенін кеш байқап, соңдарынан аяғын жылдам басып жетті. Жүрегі бұлқынып, басынан өткізген ыңғайсыз жағдайды еріксіз есіне алған Гүлназира қасына ерген екі жанды қинамайын деп ойлап, біразға созылған үнсіздікті өзі бұзды. 

         – Мама, мына құстардың әдемісін-ай! – деп қырғауылдар қамалған торға жақындап келді.

         – Рас-ау, – деп Ханымгүл де қауырсындары қызыл-сары, құйрығы ұзын әдемі құсқа қызыға қарады. – Бұл құстар осы жақта бар ма?

         – Бар, – деп жауап берді Сәуле.

Мұндай құстарды табиғатынан кездестіріп көрмеген Гүлназира:

        –  Қай жерде бар? Алматының айналасынан кездестірмедім ғой.

– Алматының маңайында мұндай құстар болмайды ғой. Әне, анау құс табличкадағы жазуда қай жерде мекен ететіндігі жазылған ғой. Іле өзенінің бойында.

– Ол өзен осы жерден алыс па? – деп сұрады Ханымгүл де қалыспай.

– Біраз жер, – деп жауап берді Сәуле. – Қапшағайды көрсем де, одан әрі Ілені жағалағам жоқ. Біздегі бір мұғалім таныстарымен бірігіп, анда-санда сол жаққа барып тұрады екен. Біздің Алакөл жақта бар деп те естігем.

– Ол қай мұғалім? – деп Гүлназираның құлағы елең ете қалды.

– Ой, анау тақырбас ассистент ағай бар ғой...

– Иә, иә. Білем, – деп Гүлназира да басын изеді.

Ханымгүл әрі қарап, құстарды тамашалап тұрғанда, Сәуле осы сәтте алақанымен көлегейлеп, Гүлназираға сыбырлай сөйледі.

– Ол ағай соңғы кездерде бір қызға қырындап жүргенге ұқсайды.

– Оны саған кім айтты?

– Т-с-с, – деп Сәуле әрі де ары қарап тұрған Ханымгүлге қабағының астымен нұсқай сыбырлады. – Ондайды қазір әңгімеге айналдырғанды қоялықшы. Мамаң естімей-ақ қойсын.

Гүлназира «жарайды» деп сыбырлаған болды. Торғын туралы тағы бір әңгіменің құлағы қылтиғанын Гүлназира ой сарабынан өткізіп, соңғы кездерде неше-алуан сөздердің нысанасына айналған дос қызын іштей аяп та кетті. Өз басынан өткен оқиғаны бұрын жақсы көріп келген дос қызының тағдырына шынымен қимаған еді. «Әдемі қызға кім қырындамайды, онда тұрған не бар?» деп, Сәуленің сөзін байсалды қабылдады. Бірақ естіген құлақта жазық жоқ, бұны айтқан Сәуледе не кінә бар?

Үшеуі бүкіл жер шарын мекендейтін аң-құстар, жылан-кесіртке, қолтырауын-тасбақа; өзен-көлдерді құтты мекеніне айналдырған неше алуан әдемі балықтарды қызықтап, тағы да алдан не кездеседі екен деп мойындарын созып, ілгері жылжып келеді.

Ханымгүлге күнделікті өзі көріп жүрген ит, тауық, қой-ешкі, жылқы-түйеден басқасының бәрі де таңсық еді. Құла түзде азуын аспанға білеп, бірен-саран мал көрсе сояудай өткір тістерін ақситып, солардың соңынан жортатын қандыбалақ қасқырды да, аппақ қардың үстінде шиыр-шиыр жол салып тышқан, қоян көрсе соның соңынан шапқылай жөнелетін қызыл түлкі де мұнда бар болғанымен, бұлар да оған пәлендей жаңалық бола қойған жоқ. Әсіресе маймылдардың іс-қимылдары қызық-ақ. Жалы күдірейгендері бір-бірінің бит-сіркелерін қараса, ендігі бір әумесер біреуі шеңберге асылып, содан соң бұтадан-бұтаға секіріп барып, қайта айналып келіп, қып-қызыл құйрығын «мә, көрдіңдер ме» дегендей көрермендерге қаратып тұра қалады. Жиналған жұрт оның бұл ыңғайсыз ісіне күлуден басқа амалы қалмайды. Түрлері де, жүріс-тұрыстары да кәдуілгі адамдардан аумайды-ау. Адамның өзі кезінде маймылдан жаратылған деген жорамал тегі рас шығар. Осыны Ханымгүл де байқаған сияқты.

– Өй, мына әдірем қалғырлар тура адам сияқты ғой. Бірақ өздері ұяттан үш күн бұрын туған екен, – деп қасындағы жұртты күлдіріп өтті.

         – Дұрыс айтасыз, апа, бұларда ешқашан ұят болған емес.

         – Мақұлық болған соң онда ұят қайдан болсын.

         – Бірақ өздеріне жетерлік сана-сезімдері де бар.

         – Егер біз осылардан пайда болсақ, бізден нені күтуге болады? – деген сөздер жан-жақтан шығып жатыр.

         – Әне, біреуі баласын емізіп отыр, – деп келесі тордың алдында тұрған бір бала айқай салды.

         Гүлназира сол тордың алдына бірінші жетті. Қылшық жүндері жылтыраған бір қара маймыл расында да баласын алдына алып, емізіп отыр екен. Баласын емізіп отырған кәдуілгі ана сияқты. Баласы былп-былп еткізіп, енесінің емшегін емген сайын маймыл да жадырап, баласының басынан сипай түседі. Бір уақытта алдындағы өзін тамашалап тұрған көрермендерге «сендерге не керек еді» дегендей бажырая қарайды.

         Осы жолы Гүлназираның жүрегі толқып, көңілі босаған жоқ еді. Оның да себебі бар-тұғын. Ана маймылды толық тамашалауға мұрша бермеген бір тылсым күш Гүлназираны алдыңғы торлардың алдында тұрған адамдарға жалт қаратты. Таныс жігітке бірден көзі түсті. Жантас! Иә, соның дәл өзі. Ол да бұған аңырып қарап қалған. Кіммен бірге жүргені белгісіз, қасында бір топ адам маймылдардың қылығын тамашалап тұр. Ұзақ қарауға батылы бармай, қыз жанарын еріксіз тайдырып әкетті. Бір жағынан жақын жердегі тордағы маймылдардан әлі де көздерін тайдырмай қарап тұрған анасы мен Сәуледен де ыңғайсызданған. Қасына жетіп баруға ішкі түйсігі итермелеп тұрса да, сабырлылық пен ұяттан аттап өте алмады. Қара нөпір болмаса да, қыз жүрегінде Жантасқа деген шынашақтай бір сезімі бары рас еді. Не істеу керек? Жігіт те бұны көріп қатып қалған. Оның да Гүлназираға деген бір сезімі ішінде сияқты. Гүлназира жігіттің мойылдай қара көздерінен осыны аңғарды. Қыздың жалғыз емес екендігін жігіт кейін сезді. Алайда Сәулеге жүзін көрсетпестен әрі қарай бұрылып, қасындағы жігіттерге бір нәрсе деп ескерткендей, екі жігіт әрмен қарай жедел басып кетіп қалды. «Қажет болса, звондар» деп іштей күйініп Гүлназира қалды. Анасы мен құрбысының Жантасты байқамай қалғанына да қыз ішінен қатты қуанып қалды. Екінші жағынан оның кетіп қалғаны да абырой болды. Егер ентелеп жетіп келсе не істер еді? Солай болған күнде оны шешесіне кім деп таныстырар еді? Егер анасы бұл жігіттің тастанды баланың әкесі екенін білгенде қандай күйде болар еді? Әрине басынан сипап, бетінен сүймесі анық. Өйткені анасы қызының қазіргі кезде қандай азап шегіп жүргенін бес саусағындай біледі ғой. Қай ана құрсағынан шыққан перзентін қорғамайды, ол үшін араға түспейді? Оның кім екенін білген сәтте  ана да бірден ашу шақырып, мұнда тұрған дүйім жұртты дүрліктіріп, алданып қалған қызының мүддесін сөзбен болса да қорғайтын еді. Бұл күмәнсіз ақиқат. Сондықтан Гүлназира да жігіттің ешкімге білдірмей-ақ кетіп қалғанын іштей құп көрген еді.

         Гүлназираның өрекпіген көңілі осындайды ой елегінен өткізіп алған соң бірден басыла берді. Ол шешесі мен құрбысына қарады. Екеуі әлі де маймылдардың әрекеттерін бақылап, кәперлерінде ештеңе жоқ, жайбарақат тұр екен. Гүлназира жылыстап келіп, ештеңе болмағандай олардың қатарына келіп қосылды.

         Манағы ыстық күннің аптабы қайта басталғандай әсер байқалып, айналаға жан жадыратар салқындық түсіп келе жатты. Алатаудың асқарлы шыңдарын жауып үлгерген қарақошқыл бұлт көк тұнық аспанды еңсере тұмшалап, бірте-бірте қорғасындай қоюланып, күн көзін бүркемелеуге асығып келе жатқандай әсер бар. Енді біраз уақыт өткен соң жаңағы болымшы салқын желдің бірте-бірте екпіні де күшейіп, жақын маңдағы ағаштар сыңғырлай ырғалып жүре берді. Міне, айналадағы жарық пен ыстық сәуле шашып тұрған күн көзі де қою бұлттың арғы жағында қалды.

         – Алматының ауа-райы тез өзгереді екен, – деп Ханымгүл бұлт торлаған аспанға қарады. – Бірақ жаңбыр да керек-ақ. Дегенмен аяқ астынан өзгере салатыны қызық екен. Ал енді біздің ауылға екі апта бойы бір тамшы тамбады ғой...

         – Әлі де жаңбыр жоқ па ол жақта, апа? – деп сұрады Сәуле жалпылдаған көйлегінің етегін екі қолымен басып тұрып.

         – Жаңбыр жауғызудың да ырымы болады, қызым. Бұл атам қазақтан келе жатқан дәстүр. Ондай кездерде молда шақырып, құран оқытып, қара қойдың қанын шығарады...

         – Содан соң жаңбыр жауды ма?

         – Жауғанда қандай! Жарты түн, жарты күн тынбай нөсерлетті ғой. Азып-тозып бара жатқан жер-дүниенің бәрі бір жасап қалды.

         Сәуле «мына кісі әзілдеп тұр ма?» дегендей Ханымгүлдің жүзіне таңдана көз салды. Сәуленің ішкі дүниесін сезген Гүлназира сөзге араласты.

         – Рас, Сәуле. Сендер жақта ондай ырым жоқ па?

         – Мен білмейтін шығармын, бар болса да. Өйткені Алакөл өңірінде жаңбыр құдайдың құтты күні жауады. Таулы, орманды, сулы жерде жауын да көп болады ғой. Естіп отырсам, биыл да ылғал көп дейді.

         – Сәуленің айтып тұрғаны дұрыс. Жаңбырдың да жер таңдайтыны рас. Бетпақ сияқты құшағында шөміштің бетіндей де көлі болмаса аспанға бұлт қайдан үйірілсін. Жаңбырдың да жиі болуы жердегі суға байланысты ғой. Бұл жерде де солай шығар? ─ деп Ханымгүл аспанға қарады.

         – Солай, апа. Мынау Алатаудың арғы жағында теңіздей шалқып Ыстықкөл жатыр, солтүстігімізде Қапшағай.

         – Жарайды суды көп сөз етіп кеттіңдер ғой. Енді денемізге су тимей тұрғанда, таксимен үйімізге жетіп алайық. Қолымызда қолшатыр да жоқ. Малмандай су боп барғанша, барып таксиге тез мінейік, – деп Гүлназира алға қарай жылдамдата жүрді. – Қалған әңгімені үйге жеткен соң жалғастырармыз.

         Олар жолда кездескен жабайы жылқыларға, мүйізтұмсықтарға, су сиырға, жалы жалбыраған қодастарға тек көз қиықтарын салып, жеделдете жүріп, ешқайда бұрылмастан парктен көктей өтіп,  такси, троллейбустар аялдайтын алаңқайға келіп бір-ақ тоқтаған. Осы кезде жаңбырдың алғашқы тамшылары да біліне бастады.

         Олар үйге жеткенде жаңбыр шелектеп құйып тұр еді. Аспанда найзағай ойнап, «шатыр-шұтыр» етіп, бүкіл аспан әлемін аралап барып, ақыры бір кедергіге соғылғандай «гүрс» етіп тынады. Расында да бұл жақтың ауа-райына тасаттық беріп, қара қой союдың да қажеті шамалы еді. Үш-төрт күннің бірінде найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Кейде жиі түскен ылғал тұрғындардың да мазасын алып, дұрыс демалуларына жағдай бермейтін. Әсіресе сенбі, жексенбі күндері ашық тұрған күннің нілдей бұзылатынын қайтерсің.

         – Мына жаңбырдың жартысын біздің ауылға апарып жауғызса ғой, – деп армандай сөйледі терезеден тысқа қарап тұрған Ханымгүл. – Рас, бізде биыл жауын өте сирек болып тұр. Мұндайда шөптің де бой көтеруі баяулайды. Шөп қаулап өспеген соң малдың да қоңы тез көтеріле қоймайды.

         – Әркімнің өз қайғысы өзінде, – деп Гүлназира шешесіне қарап күлді.

         – Енді не істейін. Сенің жағдайыңды да көзбен көріп, көңілімізге тоқып отырмыз. Болды енді, уайымдай бермегін. Біраздан кейін сабағың басталады, оқуыңды қайтадан жалғастырасың.

         – Сәулелерден бір курс қалып қоятын болдым, – деп Гүлназира диванда отырған құрбысына көңілсіздеу көз тастады. – Ол менен оқуды бір жыл бұрын бітіріп кететін болды.

         – Оған дейін бәрібір бір-бірлеріңді көріп, көзайым боп тұрасыңдар ғой.

         – Иә, апа дұрыс айтады. Бір жатақханада тұрамыз, бір корпуста оқимыз. Мүмкін бір бөлме де тиіп қалар, – деп Сәуле құрбысына дем бере сөйледі. – Кейінгі группада да жақсы қыздар көп. Сен олардың да біразын танисың.

         Осы сәтте қабырға алдындағы тумбочканың үстінде тұрған телефон шылдырлай жөнелді. Алғашында Гүлназира арғы жағындағы адамды Жантас деп ойлап қалған. Жүгіріп барып трубканы көтеріп еді, арғы жағынан әкесінің дауысын бірден танып, трубканы дереу шешесіне ұсына қойды.

         – Әлеу, мен ғой, танымай тұрсың ба, – деп Ханымгүл  күлді.

         – ...

         – Жағдайымыз жақсы. Бәрі дұрыс. Аман-есен жеттім.

         – ...

         – Қызыңның да халі жақсы. Сол пәтерде тұрып жатыр.

         – ...

         – Қасында Сәуле деген құрбысы бар.

         – ...

         – Денсаулығы да жақсы. Қаланы біраз шарлап, қыдырып келіп отырғанымыз осы ғана. Өздерің қалайсыңдар, бала-шағалар сау ма? Келін мен қыз үйде ме?

         – ...

         – Тағы да жаңбыр жауып тұр дейсің бе? Ол жақсы емес пе. Алматыда да қазір күн күркіреп, жаңбыр шелектеп құйып тұр. Мұнда жаңбыр жиі жауады екен. Қатты ыстық болса, соңынан іле жауын құя салады.

         – ...

         – Басқа қайда барушы едік. Келгенім кеше ғана ғой. Бірақ бір жерге барып қайттық.

         – ...

         – Ол туралы барған соң айтам ғой, – деп Ханымгүл қызына қарады. Бүгінгі саяхаты туралы айтсам, қызымды тағы да көңілсіздендіріп алам ба деген ана ойын да осыдан аңғару қиын емес. – Қысқасы, біз туралы көп алаңдамаңдар.

         – ...

– Кешіреді ғой. Кешірмей қайда барады. Өзі де мәселенің мән-жайын түсінеді ғой.

– ...

– Жарайды. Мен де енді көп жатпай үш-төрт күннен кейінгіге билет алам. Қызыңды ауылға шақырмайсың ба?

– ...

  • Кейін келсін дейсің бе? Ол да жөн екен. Ауылды, туған-туыстарын сағынып жүргені рас. Өзі де аздап жүдеп қалыпты. Ауылдан келген ет пен майды көріп, туған жерін көргендей болды. Әрине бұған да қиын ғой. Баланың жанын ана ғана түсінеді. Тек түсініп қана қоймайды, оның басына түскен ауыртпашылықты өз басына төнгендей сезінеді. Өзімен сөйлесесің бе?
  • ...

– Жарайды онда. Аман-есен болыңдар. Билет алсам, анау аудандағы ұлға звондаймын. Сол келіп күтіп алсын.

Өзінің жағдайын сұрап, емеурінін білдіргеніне Гүлназира ішінен қуанып қалса да, әкесі Жайықбайдың осындай жағдайға жеткізіп, қасірет шектіргені санасына еріксіз оралып, жүзі Алматының аспанындай бозара қалды.

– Тағы да не боп қалды? – деп Ханымгүл креслоға сүлесоқ отыра қалған қызына қарады.

– Жай әшейін, шаршағаным ғой, – деп қызы да сыр білдіргісі келмеді.

Осыдан кейін де бірнеше күн өтті. Сәуле оншақты күнге еліме барам деп, екі-үш күн өткен соң ауылы Алакөлге аттанып кетті. Келген соң құрбысымен бірге тұруға уәде берген. Ханымгүл Алматының ылғалды ауа райы мен көк түтініне шыдамады. Бір кішкене уақыт қалада жүріп келсе болды, басы айналып, көзі қарауытатынды шығарды. Соның өзінде де көкбазарды, барахолканы қызы екеуі аралап, барлық бала-шағалары мен немерелеріне сәлем-сауқат алып, Гүлназираға кетерінде ақыл айтып, Алматымен қош айтысып, ақыры жүріп кеткен. Кетерінде «қызым, ауылды да, аға-іні, сіңлілеріңді де сағындың. Әкеңмен ақылдасып көрейін, мүмкін біраз уақыттан кейін өзің де келіп қайтарсың» деп көзіне еріксіз жас алған еді. Қоштасып тұрған Гүлназираның да осы сәтте көңілі босап, жанарлары боталап кеткен.

 

                                     

 

Х

 

Гүлістан нәрестені Нұрғалидың ауласындағы уақытша тұрып жатқан үйлеріне әкеліп, орауын жазғанда, оймақтай аузынан тілін шығарып, ыңырсып, асқазаны тамақ тілеп жатқан, бетінде меңі бар сүйкімді ұлды көргенде, тура өзі перзентханадан шығып келгендей-ақ төбесі көкке жеткендей қуанған. Бір қасіреттің артында бір қуаныш бар деген осы-ау. Төрегелдінің де жүзі бал-бұл жайнап, әкесі мен шешесі тіріліп келгендей-ақ кішкентай бүлдіршіннің жүзіне қайта-қайта қарай берді.

– Гүлеке, тура өзіңнен аумайды екен, – деп Гүлістанды белінен қапсыра, аймалап сүйе берді.

– Қойшы, Төреш. Бала тамақ сұрап жылайын деп жатыр. Анау бөтелкедегі айран-сүтті алып берші.

Бұлар баланы алғанда оған қандай тамақ берудің жай-жапсарын сондағы жұмыс істейтін қызметкерлерден сұрап алған. Тіпті алты-жеті бөтелкесін бұлардың қанжығаларына байлап та берген.

– Ал, енді, айналайындар, бақытты болып, кішкентай нәрестені ренжітпей, азамат етіп шығарыңдар. Қадамдарыңа гүл бітсін. Жерлерің онша алыс та емес екен. Жылына бір рет барып, сәбидің жағдайын біліп тұру біздің міндетіміз. Бала асырап алған адамдарды біз құпия ұстаймыз. Егер жақын біреулері табылып жатса, біз оларға ешқандай құпияны ашпаймыз. Талап осындай. Баланың денсаулығы жақсы, осыдан кейінгі нәрестенің өмірі өздеріңізге байланысты. Байқап тұрмын, жақсы адамдар екенсіңдер, өмірлеріңе қуаныш, өздеріңе де сәби сүюді тілеймін, – деп бас дәрігер – қара торы әйел ақырғы сөздерін айтып, машиналарына отырғызып салған еді. – Жағдайларың да бар көрінеді.

 Бұлар да дәрігерге шын жүректен алғыстарын жаудырып, екі аптадан асқан әбігершілікке толы уақыттың ақыры зор нәтижемен, үлкен жетістікпен аяқталғанына бұл дүниеде ешқашан дәл осылай қуанбаған шығар. Сол қуаныш үміт отымен бірге шайқалып жүрген қасіретті,  міне, көңілден біржолата алыстатып тастаған сияқты.

Сүтке тойған балпанақтай нәресте өздері құндағына ораған әке-шешесін көріп, жымиған болды. Ерлі-зайыпты бұған одан әрі шат-шадыман күйге еніп, баламен бірге олар да мәз болып, жүректері біртүрлі елжіреді.

– Атын кім деп қоямыз? – деді Гүлістан нәрестенің қарайған меңінен көз алмай.

Төрегелді ойланып қалды. Қуаныш, шаттықтың құшағында масайрап жүргенде, ойына балаға «ат қою» деген дәстүрдің бар екенін де ұмытып кетсе керек. Гүлістанның сұрағынан кейін тез айылын жинап алды да, санасына неше алуан есімдерді тізбектеп жинай берді. Ақыры есіне түсті. Мүмкін осы баладан кейін де оның жалғасы болар деген үмітпен, қазақтың ырымшыл әрекетіне жүгініп, «Жалғас» деп атауды ұйғарды.

– Жалғас деп қоямыз. Бұның да жалғасы болатынына сенім білдірейік. Қазағымның бұрыннан балаға ырымдап ат қоятынын біз де жалғастырайық. Міне, сөзімнің бәрі жалғасқа келіп тіреліп тұр. Ұлдың есімін осылай қоялық, – деп Төрегелді әйеліне қарады.

– Дұрыс есім екен, – деп Гүлістан аяқ-қолын қимылдатып, ішіне «уыз» барып көңілдене бастаған нәрестеге аналық мейірімі оянып, елжірей қарады. – Сенің есімің осыдан былай Жалғас болады.

– Бірақ қазір осылай атасақ та, ауылға барған соң шілдехана жасап, анау молда ағаңды шақырып, азан шақырып қою керек.

– Ол да дұрыс. Дегенмен де қаладан Төрегелді, Гүлістан, Жалғас боп, үшеу болып шығайық, – деп Гүлістан еріне күлімдей қарап, Жалғас деген есімге ие болған аққұба нәрестенің жаялығын ауыстыруға кірісті.

Денесіне ылғал тиген сәби әдетте дауыс шығарып, шырылдап жылап, анасының мазасын алушы еді.  Жалғас жай ыңырсынғаны болмаса, мұндай оспадарлыққа барған жоқ. Оның бұл қасиеті де ерлі-зайыптыны бір қуантып тастаған. Қолды-аяққа тоқтамай өзі де қиналып, үй ішіндегілердің де тынышын алса, онда оған қандай шара қолданар еді? Әрине, ата-ана болған соң сәбиінің барлық қылығына көнуден басқа лажы болмас.

Төрегелді бағана жолда келе жатып, үй иелерін де бір қуантып тастауды кәперінен шығармаған. Өз қандарынан құралмаса да, бауырларына басып алған нәрестенің ең алғаш көрген есігі мен жатқан төсегі де Нұрғали мен Сандуғаштың берекелі шаңырақтары екені ойына түсіп, ол қиялын әйелінің есіне салған. Содан соң жолай бір дүкеннің қасына тоқтап, оларға беретін сый-сияпаттары мен азық-түлік, ішімдіктерін де қажетті мөлшерде машиналарына тиеп алған-тұғын. Гүлістан екеуі сәбидің жолын Сандуғашқа ұсынуды да бірлесіп шешіп қойған. Гүлістан сәбиді жаңа құндаққа орап, қайыра ұйықтатып тастаған соң шай қойып, азаннан қалған тамақты жылытуға кірісіп кетті. Төрегелді машинасын аулаға кіргізіп, ішіндегі заттардың бәрін үйге тасып, орналастырды. Құдай қаласа, кешке үй иелері оралғанда оларды да қуаныштарына ортақтастырып, дастархан жайып, шілдехананың алғашқы отырысын қонақжай үй иелеріне арнамақ еді.

Екеуі ғұмырларында тұңғыш рет «ата-ана» деген атқа ие болып, төрдегі ұйқы құшағында алаңсыз жатқан сәбиге көз қырларын сала отырып, көп күттірген қуаныштың буына масайрап, астарын ішуге кірісті. Мұндайда дүниенің небір таршылығы да, кейбір қара ниетті, қара жүзді адамдардың арам пиғылдары да әп-сәтте ұмыт болып кетеді екен. Күнәсіз сәби өзінің пәктігімен, баға жетпес сүйкімділігімен бұл жарық дүниедегі барлық жамандықты демде ұмыттырып жіберетін сияқты.  Алайда екеуінің жолында айтарлықтай жамандықтар да болып көрген емес. Адам қаншама жақсы, айналасына сиымды көрінгенімен, істеген ісің, осындай жақсы қасиетің бәрібір біреулерге ұнамайтындығы анық. Істеген істі көре алмайтын, жақсы қасиетіңді жасанды деп бағалайтын тоңмойын, тасбауыр пенделер аз ба бұл дүниеде. Тіпті олар сенің досың да, талай жыл аралас-құралас көршің де болуы мүмкін. Алайда өзінің әділ мінезіне, адал күшіне сенген адам қашан да, қай жерде де жеңіске жетіп, мақсатының орындалуына күмән келтірмесі анық.

Төрегелді осындай қиялдардың жетегінде отыр еді. Қыңқ еткен Жалғастың дыбысын естіп, жалт қарады. Есіне кішкентай емізіктер түсе қалды. Гүлістан да оның ойын сезгендей орнынан тұрып, дорбадағы біраз емізіктің біреуін алып, қыңқылдай бастаған нәрестенің аузына салды. Жалғас та аузына түскен жасанды олжаны сезгендей емізікті былп-былп еткізіп, сора бастады. Ана уызына жарымаған сәбиді Гүлістан іштей аяп та кетті. Жұмсақ жастықтың үстінде жатқан ұлының бетіне бетін тигізіп, құшырлана иіскеп-иіскеп қойды.

– Ұйықта бөбегім, ұйықта,- деп жұмсақ алақанымен жөргегінен

 қағып-қағып қойды.

Не боп қалды? Ұйықтауға асықпай жатыр ма, батырың, - деп

Төрегелді де екеуінің қасына келді. Зер сала нәрестеге қарап алған соң келіншегіне тіл қатты. –  Қабағы да, қасы да өзіңе ұқсайды екен, Гүлеке. Бірақ сенің самайыңдағы меңің Жалғастың бетіне ауысыпты.

         Мұндай сөзді естіген Гүлістан да қуанып қалды. Ол да бұған ұқсас сөздерді күйеуіне жолдауға асықты.

Шашы, мұрны, құлағы мен аузы да сенікі сияқты, - деп

 Төрегелдіге қарап жымиды келіншегі.

– Міне, екеуміздің ортамыздан шыққан бала болды да қалды, - деп күйеуі Жалғасқа төне сөйледі, - солай ғой Жалғас. Солай емес пе?

Осы сәтте нәресте де әкесінің сөзін қуаттап, жымиған болды.

– Әне, дұрыс деп жымиып жатыр, - деді Жалғастың жүзінен көз алмай отырған Гүлістан да Төрегелдінің айтқандарын жалғастыра сөйлеп.

Жалғас ұйқыға кетті. Бала деген қандай пәк, ешнәрсе де тең келмес тәтті еді. Өзінің басынан кешірген жағдайын бейкүнә бүлдіршіннің сезбегені қандай абырой. Сол бір жетімханада осы сияқты қаншама бала бар. Қаншама тағдыр тәлкекке ұшырап, ата-ананың әлдиі мен жылы құшағынан жырақта өмір сүріп жатыр десеңізші. Олардың әке-шешелері өздерінен жырақта өмір сүріп жатқан перзенттері туралы ойлай ма екен? Бұлардың да санаға әлі кіріп үлгермесе де, тілеуі бар шығар. Кейін өсіп, азамат боп, оң мен солын таныған кезде өздерін қалай сезінеді екен: қабырғалары сүреңсіз, ішінің жылуы болса да, құшағы салқын қазына үйіне қалай қарап, бұл қапасқа қалай келіп қалғандарын ойлай ма екен? Солардың ата-аналары қазіргі сәтте өздерін қалай сезініп жүр екен? Және олар қай жерлерде сайран салып жүр: Шымкентте ме, әлде Семейде ме, Талдықорғанда ма, әлде Қарағандыда ма, тіпті Ташкентте ме, әлде Бішкекте ме, Мәскеуде ме, әлде Омбыда ма? Түйіні ешқашанда шешілмейтін бір тылсым, жұмбақ дүние. Бәрінен де күнәсіз сәбилерге қиын-ақ. Жау-жар жоқ, айналаң тыныштық құшағында мүлгіген, не ішем, не жеймін деп басты қатырмайтын, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған тыныш та, кең заманда да осындай сұмдықтар болады екен-ау, о тоба! Тіпті шетелдіктер асырап алып кетіп жатқан сәбилер туған анасына қалай ғана қажет болмайды? Құрсағын жарып шыққан, өзінің қаны мен жанынан жаралып, тоғыз ай, тоғыз күн толықсып тапқан нәрестесінен қалай ғана айнып шыға келеді екен-ау?! Сұмдық-ай, сұмдық-ай!

         Гүлістан осындай жұмбағы шешілмейтін, жауабы жеті қат жер астына түссең де, алты қабат атмосфераға шықсаң да табылмайтын сүреңсіз жағдайларды ойлап, құшағына қалап алған нәрестесінің қасында отырып қалды.

  • Шай ішіп, кешкі дастарханға дайындалмаймыз ба? – деген күйеуінің сөздерін естіген соң, селк етіп орнынан көтерілді. – Басыма бір ойлар келіп отырып қалыппын.  

         Екеуі астарын ішіп алған соң алып келген тағамдарын реттеп, ішімдіктерін сұрыптап, біраз уақытты осындай шаруалармен өткізді. Жаңағы көл-көсір ойдан кейін Гүлістан шынымен-ақ ұлының болашақтағы тағдырын ойлап, оны  қайткен күнде де көре алмас көздерден, сумақай тілдерден алшақ ұстаудың іштей қам-қарекетін де ойластырып жүрген еді. Осы ойын күйеуіне құлаққағыс етті.

      • Біз баланың шаруасымен жүреміз деп оның болашағы туралы ұмытып барамыз, - деді Гүлістан шаруасын реттей жүріп.
      • Не айтпақ едің? – деп сұрады Төрегелді әйелінің сөздеріне бірден түсіне алмай.
      • Айтпағым сол, анадағы ағаймен болған әңгімені ұмытып кеткен жоқсың ба? Үй туралы.
      • Жоқ, ұмытқан жоқпын. Осы шаруаны күтіп жүр едім. Бүгін кеште ол туралы сұрауды өзім де ойлап жүргем. Оған қам жемегін.
      • Е, дұрыс екен. Мен ол мәселені сен ұмытып кетті ме деп ойлағам. Олай емес екен ғой. Әйелдің ер-азаматтың ісіне киліккені ұят қой. Сондықтан есіңе салайын дегенім...
      • Ондай маңызды іс ешқашанда ұмытылмайды, Гүлім. Бір маңызды шаруаны бітірмей, екінші іске көшкеніміз әбестік болар деп өзім де үндемей жүргенмін. Құдай қаласа, бүгін кешке дастархан басында бұл әңгіме қозғалады. Өткенде Нұрекеңнің өзі де осы жайында есіме салған. Бірақ негізгі жұмысымызды бітіріп алған соң, осы шаруаға кірісеміз деп ескерткем. Ол кісі де түсініп, жарайды деген.
  • Олай болса дұрыс екен бәрі, – деп Гүлістан қуанып қалды.

Күйеуінің қолына алған шаруасын бітірмей тынбайтынын әйелі де жақсы білетін. Ендігі сәтте әйел болған соң оның санасына тағы да бір ой сап ете қалды. «Сол үй сатылып кетпесе игі еді». Санаға тірелген бұл қиялын да күйеуінен іркіп қалмады.

– Нұрекең ол кісімен өзі сөйлесіп қойған екен. Жақсы танитын көрінеді. О жағынан да қам жеме. Тіпті болмай қалған күнде де осы жақтың бір жеріне қоныс аудармай қалмаймыз, суық түскенше. Ең құрығанда жер сатып аламыз.

Гүлістанға күйеуінің соңғы сөздері онша жақсы әсер еткен жоқ еді. Жер сатып алған соң, ол жерге үй тұрғызу керек. Оған құрылыс материалдары қажет болады. Ал үй салынып болғанша бұлар қайда тұрмақ? Осындай ойлар әйелдің санасын әп-сәтте жайлап алды. Содан соң жас баламен бұл қайда болады? Түйіні шешілмейтіндей көрінген бұл ойларын да жасырмай Төрегелдінің алдына жайып салған.

– Ой, Гүлеке-ай. Баламен бірге сенің де уайымың көбейіп кетті ғой. Мен бәрін мысал үшін айтып отырмын. Нұрекең де айтқан сөзін далаға тастамайтын көрінеді. Сандуғаш апай да біздің осында қалуымызды қалап отыр. Біздің оларға пайдамыздан басқа зиянымыз тимейтінін ол кісілер де жақсы түсінеді. Мәселе пайдада да емес, көңілде, адамгершілікте. Адам мен адамның дос болып, бірден араласып кетуі де оңай шаруа емес қазіргі заманда. Бірақ біздің бағымыз бар екен, осындай кісілерге кездескен. Бұл үшін Өмірбай ақсақалға үлкен рахмет, – деп Төрегелді есіне бір нәрсе түскендей ойланып қалды. - Өмекеңнің жағдайын да ұмытып барамыз ба, қалай? Сандуғаш апайдан сіңлісінің әдірісін алып, кетіп бара жатқанда жолға тоқтап, сәлем бере кетсек дұрыс болар еді.

– Міндетті түрде, – деп Гүлістан басын изеп, күйеуінің сөзін құптады. – «Бір рет дәмін татқанға, қырық күн сәлем» деп айтады ғой, сол сияқты ол кісіні ұмытып кеткеніміз адамгершілікке жатпайды, Төреш. Жолда кетіп бара жатқанда тоқтап, ол кісіге сәлем бере кетейік. Қаладан қашан шығамыз?

– Ертең сенбі ғой. Бүгін үй иелерімен әңгімелесіп, ертең сол жұмыспен айналысып, мәселенің әу-жайын түйіп алған соң жексенбіде шығып кетелік. Дұрыс па айтқаным? – деп Төрегелді келіншегіне көз тастады.

– Дұрыс, әрине. Көп жатып қалдық мұнда. Ана кісілерден де ыңғайсыз болатын болды. Үй де талай күн болды иен тұр. Көршілерге тапсырғанымызбен, олар да түнде күзетіп жатпайды ғой. Жалғыз ит қай ұрыға төтеп берсін. Дүние-мүлкімізден айырылып қалмайық. Үйде тығулы біраз ақша да бар. Сол анау қарсыдағы алқаштан қорқа берем. Серіктерін ертіп келіп, дүкенді, үйді тонап кетсе оған не істейсің? – деп Гүлістан ойындағы қауіп-қатердің бәрін күйеуіне айтып салды.

Табиғатында салмақты, ешнәрсеге қыза шауып, дегбірсіздене жүгірмейтін Төрегелді осы жолы да байсалды жауап қатты.

– Ешнәрсеге алаңдама. Бәрі де орнында. Тек ит қана бізді сағынып жүргендей. Біздің осыншама жоғалғанымызды ол бейбақ ешқашан көрген жоқ қой. Өткенде барғанымда «қайда жүрсің?» дегендей жүгіріп келіп, аяғыма оралып, өн бойымды иіскеп әбігерге түсті. Аяп кеттім бейшараны. Мақұлық екеш мақұлық та иесін сағынады екен ғой. Ет пісіріп, сүйегі мен сорпасын құйып бердім. Өзі де жүдеп қалған сияқты. Сорпаны ішіп, сүйегін мүжіп, бір жасап қалды. Көршілер де қалған-құтқан тамақтарын әкеп беріп жүр екен. Бірақ қанша дегенмен иесінің берген асы олар үшін де дәмді ғой. Солай емес пе?

– Иә, әрине. Одан бері де біраз күн өтіп кетті.

– Жарайды, Гүлеке. Әңгімені айта берсек, түбіне ешқашан жетпейміз. Үйге алаңдамай әлі де осындағы орындалатын шаруалармен айналысайық. Ең бір негізгі шаруамыз бітті ғой, – деп Төрегелді төргі бөлмедегі ұйықтап жатқан нәрестені нұсқады. – Ал қалғандары екінші пландағы дүниелер. Мен базар тарамай тұрғанда дүкенімізге товар алып келейін. Сен қазір алатын заттардың тізімін тез жазып бер. Балалардың жазғы киімі, столға жабатын клеенка, ыдыс-аяқ, ерлердің де киімдері аздық етпейді, қағаз-қалам, қарындаш дегендей. Бұл шаруаны да бітіре кетейік. Ертең үйдің шаруасымен жүреміз деп уақытымыз да жетпей қалар. Бүгінгі жасалатын істі кейінге қалдырмайық, Гүлеке. Күн әлі ерте. Түскі тамақтың біткеніне бір сағаттай ғана уақыт өтті. Қазір базардың ең бір қызған шағы.

Гүлістан дүкендеріне алатын заттардың тізімін жазып Төрегелдіге ұстатты. Күйеуі көз жүгіртіп қарап шықты.

– Бәрі де дұрыс екен. Мәшинеге сыйғыза алсақ жарар, – деп күйеуі ойланып қалды.

– Неге сыймасын. Онша көп зат емес қой. Сыймай жатса алдыңғы орынға да нығап тастаймыз. Бірақ ақшамыз да қардай еріп барады-ау.

– Ештеңе етпес, Гүлеке. Болса да келгесін қажетті заттарымызды алып кетейік. Жиі-жиі мұнда келіп жүреміз бе. Енді міне, басымызға бас қосылды. Ал жарайды, мен кеттім. Ана балақай жылап қалмасын, дұрыстап қара, жаным, – деп Төрегелді үйден шыға берді.

– Ол жағына қам жеме. Осыдан былай менің шаруам Жалғаспен болады ғой. Столды қайда жасаймыз?

– Жаздың күні ғой, далаға жасаймыз. Анау моншаның қасында үлкен стол тұр. Соны әкеліп, үлкен үйдің көлеңкесіне қоямыз да,  дастархан жайып, үй иесі келгенше жайнатып жібереміз.

– Дұрыс, сөйтейік. Ол үшін Сандуғаш апай қуанбаса ренжи қоймас. Ал енді ерте күнді кеш қылмай барахолкаға жөнел.

Жайма базарда Төрегелдінің бұрыннан бері зат алып жүретін бірнеше нүктесі бар болатын. Сатушылар да бұны жақсы біледі. Алыстан келіп зат алатын болған соң, адамдар көп болған кезде Төрегелдіні кезексіз-ақ қажетті заттарын алып беріп, тез жібере салатын. Осы жолы да ол қиналмады. Гүлістанның жазып берген тізіміне сәйкес базар аралай жүріп, әр нүктеден қажетті киім-кешектерін, тағы да басқа дүниелерін сатып әкеліп, жол шетінде тұрған мәшинесінің артына сыйғызып, бір сөмкені салондағы орындардың үстіне қойды. Жөн білетін кісіге бұл жұмыс ұзақ уақыт алмады. Айналасындағы екі сағатқа жетер-жетпес уақытта бұл шаруа да тамам болды. Адамдардың да көп жиналатыны осы уақыт. Жұрттың заттарын, ақша толған әмияндарын ұрлап, қан қақсатып кететін неше алуан ұры-қарақшылардың қаптап жүретін жері де осы. Адамгершіліктен ауылы алыс, жаныңды түршіктіріп жіберетін осындай бір оқиғаға осы жолы Төрегелді де куә болып еді. Товар алатын бір контейнерден шығып, ала сумкасын жымқыра ұстап, қара нөпір халықтың ортасында екінші біреуіне келе жатқан тұғын. Кенет артқы жақтан бір әйелдің зарлаған ащы дауысы дүйім жұрттың назарын еріксіз өзіне аударды.

– Ойбай, құдай-ай, күллі ақшамның бәрін сыпырып, мына жетесіз немелер ұрлап кетті! Құдайым-ай, не істеймін енді? Біреуден қарыз алып едім, қалай қайтарам! – деп әйел еңіреп жылап жіберді.

Мұндай көріністер басы мен аяғына дейін ат шаптырым болатын алып базарда жиі қайталанып тұратындықтан кейбіреулерге бұл оқиға пәлендей таңсық көрінген жоқ. Мұндайлар ақшасына одан әрі мұқияттылық жасап, мойындарын артқа бір бұрып алған соң жүрістерін ілгері жалғастыра берді. Осынау қара халықтың ішінен кімнің ұры, кімнің ұры емес екенін де анықтау қиын еді. Олар да ұрлаған ақшаны бір өзі ғана қойнына сүңгітіп жібермейді. Топ-топ болып жүретін әккі ұрылар айуандықпен тапқан олжаларын бір-біріне сырғытып, ақыры соңғысы түк білмегендей қара нөпірдің ортасында кете береді. Осыдан кейін бұларды ұстап байқа!

Төрегелді әйелге жаны аши қарағанымен, қолынан келетін ешқандай амалы жоқ еді. Тек әйелге бар айтқаны: «Полицияға барып айтыңыз» болды. Ал енді еңбегімен күнкөріс жасап отырған елді зар илеткен осындай жетесіздермен полицияның байланысы болмасына кім кепіл?

Төрегелді мұндай сорақылықтарды кезінде бұрын үйіне қонып жүретін ұйғырдан талай естіген. «Бір рет қалтаңнан сусып кеткен ақшаңды қайтарып алам деп ойлама, ақшаңды берік ұста» деп ол кісі талай рет ескертіп еді. Бірақ құдай оң көзімен қарағанда мұндай жағдайға ешқашанда ұшырамаған және де басынан осындайды кешірген адамдарды да бұрын-соңды кездестірмеген. Міне тұңғыш рет баукеспелердің адамға жасаған қиянатын көріп тұр. Өзінен біраз жас үлкен әйелдің түрін көріп, жағдайын сезініп, біртүрлі аяп кетті. Ұзаққа созылып, жөңкіліп жатқан адамдар легі толастар емес. Солардың біреуі де қасіретке еріксіз душар болған әйелдің жағдайын білмек түгіл, мойындарын да бұрмай ілгері озып жатыр. «Бұл адамдар қалай ғана қатігез боп кеткен?».

– Апай?

Әйел Төрегелдінің дауысына жалт қарады. Көзінен жас әлі де сорғалап тұр екен.

– Мінеки, бір қажетіңізге жарап қалар, – деп ішкі дүниесі алай-дүлей боп, не істерін білмей тұрған әйелге бес жүз теңге ұсынды. – Апай, мұндай жерде ендігәрі жалғыз жүрмеңіз.

Қаншама қыруар қаржысынан айырылып қалған бейтаныс әйелге бес жүз теңге қай жыртығын жамасын. Дегенмен «мұндай адамдар да кездеседі екен-ау» дегендей Төрегелдіге таңдана қарап, бір сәт күлімдеген боп, «рахметін» айтты.

– Қап! Ұлымды күтіп алуға шыдамым жетпей кетіп қалып едім. Сайтан түрткен екен ғой мен сорлыны.

– Қайдан келіп едіңіз?

– Тараздан, – деп әйел сымсыз телефонының нөмірлерін тере бастады. – Ей, қайда жүрсің, жүгірмек?! Тез жет, мені тонап кетті. Біраз ақша ғана қалды, ішкі қалтама тыққан. Сөмкедегі ақшамның бәрін кесіп алып кетті. Тез жет! Мен подземканың аялдамасында күтем.

– ...

– Не, полицияға? Иә, тауып береді ол иттер! Олардың да ұрылармен байланысы бар екенін білмейсің бе, кеще!

Одан әрі уақытты оздыра бергісі келмеген Төрегелді әйелмен қоштасып, жүрісін әрмен қарай жалғастырды. Соңғы сөмкені заттарға сықа толтырып, жайма базардың қым-қиғаш тірлігінен сытылып шыққан ол жол шетіне жақындаған соң ауыр сөмкені жерге қойып, «уһ» деп дем алды. Мәшинесі жолдың арғы жағында болатын. Сол жаққа назар тікті. Бағана машина қоятын жолдың оң жақ шетінде орын болмаған соң, алдын шығысқа қаратып қоя салған. Енді қараса, «ақ қобдишасын» айнала екі полиция қызметкері жүр екен. Жол ережесін бұзғаны есіне түсе кетті. Дереу сөмкесін көтере салып, жер астындағы жаяу жүргіншілерге арналған жол арқылы екінші бетке өтіп, сөмкесі зілдей болса да, жол үстіндегі мәшинесіне тез басып жетіп келді. Бір гаишник «Дамастың» алдындағы нөмірін алуға кірісіп те кеткен екен. Енді аз уақыт кешіккенде алдан тағы да біраз қиындықтардың туындайтыны анық еді. Күннің ыстығы мен көтерген ауыр заты аз болғандай, алдынан ойламаған жерден кездескен қызыл жағалылар оны одан әрмен терлетіп жіберді. Қалтасынан шағын орамалын алып, тер жуған бетін сүрткенше жас шамасы жиырманың ортасындағы лейтенант ауыр сөмкесін мәшинесінің қасына топ еткізген Төрегелдіге тіл қатты.

– Мынау сіздің мәшинеңіз бе?

– Иә.

– Бұл жерге көлік қоюға болмайтынын білмейсіз бе?

– Білмей қалдым. Қоятын жерде орын болмаған соң, осы жерге тастап кетіп едім. Кешіріңіз, інішек, алыстағы бір ауылдан келіп едім.

– Қай ауылдан? Кане құжаттарыңыз? Техпаспорт, права, жеке басыңыздың куәлігі. Бұл үшін айыппұл төлейтініңізді білесіз бе?

– Әрине. Бір жолға кешіріңізші, інішек.

Лейтенант құжаттарды мұқият қарап шыққан соң жаңағыдай емес, қабағы жұмсарып, Төрегелдіге жымия қарады. Мұны байқап тұрған Төрегелдінің де ішіне жылылық енді. «Не болып қалды екен» дегендей полицейскийдің жүзінің жыли қалғанын бірден түсінген жоқ. Алайда бір жақсылықтың болатынын жүрегі сезіп тұрғандай.

– Төке, жерлесім екенсіз ғой. Мен де сол сіздердің арғы жақтарыңыздағы Алакөл жақтанмын.

Төрегелді «уһ» деп күрсініп жібергенін өзі де сезбей қалды.

– Иә, жерлес екенбіз ғой. Менің де сол жақта туыстарым тұрады, – деп бастырмалатып жіберді Төрегелді.

– Әй, тоқта, – деп лейтенант нөмірді шешуге таянған сержантқа қарады.

– Не боп қалды? – деп түбіт мұрт, бұйра бас сержант лейтенантқа жалт қарады.

– Нөмірді қайтадан бекіт.

Сержант бір болтқа ғана бекіп тұрған нөмірді қайтадан орнына бекіте бастады.

– Жүріңіз, машинаға отырыңыз, – деп лейтенант бүйірі семіз биенің қарнындай сыртқа теуіп тұрған көкала сөмкеге қарады. – Шамасы коммерсантсыз ғой деймін.

– Иә, аз-мұз бар, – деп Төрегелді ауыр сөмкені салонның ішіне көтеріп әкеліп жалп еткізді де, өз орына келіп отырды. Лейтенант қасына жайғасты. Бейшара сержант нөмірді қайта бекітуге әлек боп жатыр.

– Міне құжаттарыңыз. Ендігәрі жол ережесін бұзбаңыз, – деп лейтенант құжаттарын Төрегелдіге қайтарып берді. – Басқа біреулердің қолына түссеңіз, правоңыздан айырылатын едіңіз. Сізге просто повезло. Уақытында келгеніңіз де өзіңізге жақсы болды. Әйтпегенде нөмірді іздеп, шабылып жүретін едіңіз. Жерлесіңіздің тап болғаны қандай жақсы болды, – деп лейтенант Төрегелдіге қарап жымиды.

– Рахмет сізге, бауырым, – деді Төрегелді де қуанышын жасыра алмай.

– Қалай енді... Мына ініңізге бірдеңе тастап... кетпейсіз бе? – деп күлген болды лейтенант. 

– Ой, айналайын-ай. Жерлесімнен аяғанды ит жесін, – деп Төрегелді түймесін ағытып, төс қалтасынан бес жүз теңгелік көкала қағазды алып «інісіне» ұстата берді.

– Ал, жолыңыз болсын. Жеңгейге, іні-қарындастарға сәлем айтыңыз, – деп лейтенант мәшинеден шығып бара жатты.

Алғашқыда Төрегелді өзіне жерлес ретінде іш тарта сөйлеген лейтенантты ақысыз-пұлсыз жібере сала ма деп ойлаған. Дегенмен мұндай әрекеттерді жол үстінде жиі кездестіріп жүргендіктен лейтенантты іштей айыпқа бұйырған да жоқ еді. Қайта оның ойламаған жерден жерлес боп шығып, уақытын да, қалтасындағы қаржысын да ысырап етпегеніне қуанып қалған. Шынында да нөмірін шешіп алып кетсе, оны қай жерден іздеп әуре-сарсаңға түспек? Қаладағы қайбір ГАИден іздеп, уақытын өткізбек? Содан соң нөмірсіз мәшинені қалай мініп, айдамақ? Бұл нөмірін іздеп сабылып жүргенде, жасап жатқан кешкі дастарханын қайтпек? Әйелі Гүлістан бұл кешіккен сайын ол туралы не ойламақ? Звондап, болған оқиғаны түсіндіріп айтатындай оның ұялы телефоны да жоқ қой. Ауылда болған соң оны ұстап жүруді кезінде әйелі қажет деп таппаған тұғын. Енді міне, қарай гөр.

Осындай түйіні табылмайтын сұрақтар Төрегелдінің ойына еріксіз келіп, қазіргі сәтте олардың жауабын іздеп жатудың қажетсіз екеніне көзі жеткен соң, айнадағы өз бейнесіне қарап жымиып, қуанып қалған. Тығылмадан ақырын жылыстап өтіп, светофорға барған соң кері айналды. Жолдың екінші жағы да көліктерге лық толы екен.

Күн ыстық. Аспан айналып жерге түскендей. Кейбір машиналардың суы қайнап, тоқтап, мүшкіл жағдайды одан әрі ушықтырып жіберді. Абырой болғанда шағын мәшиненің де мұндай жерде басқаларға қарағанда бір артықшылығы бар. Көлемді мәшине сыймайтын тар жерден бұл суда жүзген шабақтай демде суырылып шығып, көп қиындыққа ұшырамай тығылмадан құтылды-ау, әйтеуір. Көкейдегі тағы бір шаруасының біткеніне қуанышы қойнына сыймаған Төрегелді Шаңыраққа бағыт алған тақтайдай тегіс жолмен зырлап келеді. «Шіркін, жолдың бәрі осындай мәшинелерден ада, таза болса ғой» деп армандады.

Ақыр аяғында өзі тұрып жатқан үйге жетті-ау. Күн әжептәуір еңкейіп қалған екен. Шамамен бұл жолға үш сағаттай уақыт жұмсапты. Дегенмен үй иелері жұмыстан әлі оралған жоқ. Олардың келуіне де екі сағаттай уақыт бар. Қала тұрғындарының уақыттарының біразы жолға кететініне Төрегелдінің көзі осы жолы толық жеткендей болды. «Қайран асыл уақыт-ай десеңші, қор болған».

– Неге кешіктің? Сен барып, зат алып, тез қайтам деп едің. Кешіккен сайын дегбірім таусылып, екі көзім төрт болып, сені ойлаумен отырмын, – деп Гүлістан толқи сөйледі.

– Жалғас қайда? – деп Төрегелді әуелі баласын сұрады.

– Үйде ұйықтап жатыр. Жаңағы әредікте оянған соң шомылдырып, қайта жатқызып қойдым.

– Е, батыр ұйықтап жатыр де, – деп Төрегелді ештеңе болмағандай күндегі әдетінше салмақты сөйледі. – Кешіккенімнің сырын мәшинені қойып, затты үйге кіргізген соң бір-ақ айтам, Гүлеке. Бұрын талай рет келіп жүргенде көрмегенімді бүгін көрдім.

– Ол не нәрсе? – деп Гүлістан таңдана сұрады.

– Әңгіме көп.

Төрегелді шаруаларын реттеп болып, әйелінің жасап қойған дастарханының басына келіп жайғасқан соң, жайма базардағы көргендерінің бәрін Гүлістанның алдына жайып салды. Ұрыларға тап болған әйел туралы, гаишник жерлесін кездестіргені жайында әңгімелеп өтті.

– Ұры-қарақшылардың жүрмейтін жері бар ма. Қайта өзің қыруар ақшадан айырылып қалмағаныңа рахмет айт. Шығын шықпай, кіріс кірмейді дейді ғой. Бес жүз теңге деген не, тәйірі, қайта қайырлы шығын болсын деп тілейік. Өзіңнің жерлесіңе кездескенің қандай жақсы болған. Әйтпесе бүгінгі күніміз сені күтумен өтеді екен ғой, – деп Гүлістан да күйеуінің жолшыбай кездескен кедергілерден аман-есен құтылғанына қарақат көздері күлімдеп, қуана сөйледі.

– Сен бағана ақшамыз еріп бара жатыр деп едің ғой, – деп Төрегелді әйелі бұған не дер екен дегендей сынай сөйледі.

– Е, тәйір-ай. Бастың аманына не жетсін. Адамның тағдырын да, сусып өтіп бара жатқан уақытты да ақшамен өлшеуге болмайды ғой, жаным. Ақша адамды таппайды, адам ақшаны табады деп кезінде әкем айтушы еді, марқұм. Сол кісі айтқандай бес жүз теңге садақа болсын, – деп Гүлістан қасында отырған күйеуінің иығына басын қойды.

Әйелінің сөздеріне жүрегі елжіреген Төрегелді де сезімнен қалыс қалмай, Гүлістанның бетінен құшарлана сүйіп алды.

Күн батып, айналаға көлеңке түсті. Бірақ ауа тымық, жаздың күннің аптабы қайта бастаған бір әсерлі шақ туған еді. Әлемнің батыс бөлігі күн батқан соң да қызыларайланып, көкжиектің үстіндегі қалқып жүрген бұлттарды қызыл-күрең бояуға бөктіріп тұр. Алатаудың ақбас шыңдары да осы сәтте аз-кем уақыт өзгеріске ұшырап, жалыннан азат болған қоламтаға көбірек ұқсайды. Бірде жылтылдап, бірде қарабарқын тартып, мың құбылып тұрғандай әсер бар. Құбыладан көрініс берген айдың да бейнесі айшықталып қалған. Бірақ аспан әлемін түгелдей жауып тұратын мың-сан жұлдыздардың бейнелерін байқау осы сәтте ертерек еді. Әлі де іргесін алыстата қоймаған күн олардың бейнелерін өзінің алтын сәулелерімен бүркеп, айналадағы жан иелеріне көрсетпей тұр.

Бұлар аулада тұрған үлкен столды екеулеп әкеліп, үлкен үйдің оң жақ далдасына қойып, оны айнадай ғып жуып, клеенка төсеген соң, жеңіл қимылдай жүріп, өз үйлері болмаса да, дастархандарын мейлінше түрлендіріп қойды. Гүлістан мана Төрегелді базарда жүргенде етті де бабымен пісіріп қойған екен. Ішінде екі елі қазысы тағы бар. Басқа біреулердің үйі демесең оншақты күн ішінде бұлар да үй иелеріне бауыр басып, туыстарындай бір-бірлеріне үйреніп кеткен еді. Ақкөңіл, ақжарқын, жомарт көңілді екі қонақты Нұрғали мен Сандуғаш та жақсы көріп, іні-келіндеріндей-ақ оларға үлкен сенім білдірген.

Бағанағы ұзын саны оннан асатын әртүрлі арақ-шараптың бір-біреуінен таңдап алып, оларды да мойындарын қылқитып, стол үстіне жайғастырды. Бәрін жайғап болған соң, столдың үстіндегі тамақтардың үстін және бір клеенкамен жауып, екеуі үй иелерін күтті. Қыздары да бір жаққа кеткен бе, жоқ. Күндегі екеудің басы бүгінгі кеште үшеуге айналып, зор қуанышты арқалай жүріп, Төрегелді мен Гүлістан қазіргі сәтте істелетін шаруаларын ойдағыдай бітірді.

Бұлар шаруаларын орындап болып, үйге оралғанда Жалғас та ұйқыдан оянғанын білдіргендей қыңқ-қыңқ етіп дыбыс берді.

– Жалғас та оянды. Тосып алып, тамағын бер, – деп Төрегелді қараңғылық ұялай бастаған бөлменің жарығын жақты. – Бір рет кешкі ауаға шығарып, таза ауа жұтқызып алу керек шығар. Келгеннен бері үйден бір адым шыққан жоқ.

– Терезе ашық тұр ғой, Төреш. Далаға шығар дейсің бе? Қазақ баласын қырқынан шығармай далаға шығармайтын еді ғой? – деп Гүлістан Төрегелдіге сұраулы жүзбен қарады. –  Бір жағынан қараңғы да түсіп қалды ғой.

– Жарайды. Сенің ойлағаның болсыншы. Қаланың балаларын әке-шешелері күндіз-түні кәләскіге салып итеріп жүреді ғой. Сондай кезде бала дұрыс дем алып, тез жетіледі, –  деп Төрегелді де өз уәжін ортаға салды. –  Қазақтың баласының ірі болып өспейтіні де осыдан шығар?...

–  Мүмкін, –  деп келісті Гүлістан. –  Ауылға апарған соң көре жатармыз. Расында да бұл жердің ауылдан көшіп келген жастары да құндақтағы балаларын көтеріп, көшеде, дүкенде жүреді екен. Енді расында да, қырқынан шықсын деп, ауырып қалған балаларын дәрігерге апармай отырмайды ғой. Бұрынғы ата-бабаларымыз ғана ырымға сенген. Мен қазір ойлаймын: дәрігер, медпункт жоқ кезде олар ұл-қыздарын қалай аурудан арашалап отырған десеңші. Көшіп-қонып жүргенде жас балаға да суық тиеді ғой. Соларды қалай емдеп, жазып отырған?

–  Неше түрлі шөптен дәрі-дәрмек жасап ішкізген. Аң мен құстың майын алып денелерін сылаған. Молда-тәуіпке апарып ұшықтатқан, –  деп Төрегелді де өзі білгендерін ортаға салды. –  Ол кезде таблетка, антибиотик, укол деген болды ма? Әрине болған жоқ. Содан соң таза ауа жұтып, таза тамақ ішкен адам ауыра да бермейді ғой, біле білсең. Ол кезде құмырсқадай қаптаған көлік те болмаған. Негізгі көліктері ат болған. Қымыз, шұбат ішіп, жылқының таза етін жеген. Міне, сенің сұрағыңа жауап осы болмақ.

–  Осылардың бәрін сен қайдан білесің?

–  Енді менің мамандығым биохимик қой. Содан соң тарихи кітаптарды оқимын. Оқыған адам бір нәрсені білетін шығар.

         Өстіп екеуі әңгіме-дүкен құрып отырғанда үй иелері де келіп қалды. Қызы да әке-шешесімен бірге келіпті.

         –  Иә, жағдайларың қалай? Жұмыстарың бітті ме? –  деп Нұрғали күлімсірей келіп, қонақтарының хал-ахуалдарын сұрады.

         –  Жұмыс бітті, аға, тәте, –  деп Төрегелді ерлі-зайыптыға жымия қарады.

         –  О, қандай жақсы болғ-а-ан, –  деп Сандуғаш та сөзін соза сөйлеп Гүлістанға қарады. –  Сүйіншісі де, көрімдігі де бізден болсын. Істеріңнің бітетінін білгендей күні кешке шейін жүрегім қуанып, жақсы жағдайда болып едім. Алдамаған екен...

         –  Ал кәні, бүлдіршіндеріңді алып шығыңдар. Ал Сандуғаш шашуыңды дайында, –  деп Нұрғали әйелінің қолындағы түрлі-түсті пакетке қарады.

         Гүлістан Жалғасты көтеріп шықты.

         –  Қуаныштарың зор болсын, балаларың көп болсын, –  деп Сандуғаш пакеттегі конфет, шоколадтарды уыстап-уыстап, бала көтеріп келе жатқан Гүлістанға қарай шашып-шашып жіберді. –  Мейірімді, қайырымды болсын ұлдарың.

         –  Рахмет, апай. Сіздердің жәрдемдеріңіз болмаса, бұл бала біздің қолымызға осыншама тез тиер ме еді, –  деп Төрегелді баланы өз қолына алды. –  Жалғас-ау, апаң мен ағаң сенің тілеуіңді тілеп тұр.

         –  Е, атын да қойып қойғансыңдар ма? –  деп Сандуғаш көзін ашып жатқан баланың бетіне үңілді. –  Әй, Жалғасжан, азамат бол, әке-шешеңнің көмекшісі бол. Өзі де әке-шешесіне ұқсайды екен.

         –  Мінеки, баланың көрімдігі, –  деп Нұрғали төс қалтасынан алып екі мыңдық жасыл қағазды Гүлістанға ұстатты. –  Орамал тон болмайды, жол болады деген, атам қазақтың ырымы ғой. Бақтарың ашылып, ұзағынан сүйіндірсін. Баланың есімін де дәл тауып қойған екенсіңдер. Жалғастың да жалғасы болсын.

         Осындай екі жақты да қуанышқа бөлеген көңілді оқиғаға ортақтасқандай үй іргесіндегі үйшігінің қасында жатқан төбет те орнынан тұрып, осылай қарап екі-үш рет зілсіз үріп қойды.

         Сандуғаш үй қасындағы беті жабылған столға назар аударды.

         –  Біздің ұлдың құрметіне стол жасап қойған едік. Қуанышымызға ортақ болыңыздар, –  деді Төрегелді столға қарай сөйлеп.

         –  Несіне әуре болдыңдар. Онсыз да шығындарың аз емес қой, –  деп Сандуғаш екеуіне жаны аши сөйледі.

         –  Жоқ, апай. Сіздердің де бізге жасаған еңбектеріңіз аз емес. Қазақпыз ғой. Әрбір қуаныштың жалғасы бар деген. Бұл дастарханның алды деп біліңіздер, –  деп Гүлістан баласының бетіне тағы да қарады.

         –  Біз Жалғастың кіндік әкесі мен кіндік шешесі сіздер болсын деп шешіп отырмыз, –  деді Төрегелді арада болған аз кем үзілісті пайдаланып. Содан соң келіншегіне қарап сөйледі. –  Манадан бері Гүлістан екеуміз келісіп, осылай болсын деп ұйғардық.

         –  Иә, Төрегелді екеуміз солай деп шештік. Сіздерден артық бұл балаға кіндік әке мен кіндік шеше табылмас. Кейін шілдеханасына шақырамыз.

         –  Рахмет, айналайындар, –  деп үй иелері қонақтарының адал пейілдеріне қуанып қалды.

         Енді бір шай қайнатым уақыт өткен соң үй иелері мен қонақтар стол басына жайғасты. Бойларын қуаныш сезімі кернеген, өмірлерінде бірінші рет ата-ана деген қасиетті атқа ие болған ерлі-зайыптылар шамалары келгенше дастархан үстін жайнатып-ақ жіберген. Олардың бұл талпыныстары үй иелерін де риза етті.

         –  Міне, ауылдың қонақжай қазақтары қандай. Жомарттықтары әлі де үзіле қоймапты, –  деп Нұрғали стол үстінде тұрған әртүрлі тағамдарды көзімен аралап шықты.

         –  Қазақ қашанда кішіпейіл, бауырмал халық қой. Заманның ағысына олар да икемделе бастады. Бірақ жомартпын, қонақжаймын деп тағы да шашыла беруге болмайды ғой. Рахмет сендерге, осыншама стол жасап, бізді сыйлағандарыңа, –  деп күйеуінің сөзіне Сандуғаш та өз ойын қосып қойды.

         Гүлістан Жалғастың тамағын беріп ұйықтатып келді. Стол басындағы көңілді отырыс біразға созылды. Аздап-аздап шампан-коньяк та ішілді. Ертең жұмыс күні болмаған соң Нұрғали мен Сандуғаш та балаға жақсы тілектер тілеп, ата-анасына да қошемет сөздер айтып, стол басының көркін қыздыра түсті. Төрегелді мен Гүлістан да үй иелерінің біраз күн ішінде өздеріне жасаған жақсылықтарын атап өтіп, оларға деген ыстық сезімдерін білдіріп жатты. Қаншама сөздер, әңгімелер айтылса да Төрегелдіні осы жолы бір ой қинап отыр еді. Соны айтудың ыңғайын таба алмай, сөзді басқа арнаға бірден бұрып жіберуді ыңғайсыз  санаған. Көкейін тесіп бара жатқан бұл мақсат – сол баяғы осы жерге көшіп келіп, қоныстанып қалу болатын. Әйелдер жағы осы жолы тағы да сезімталдықтарын аңғартып өтті. Төрегелдінің тықыршып, ойын сыртқа шығара алмай тығырыққа тіреліп отырғанын Сандуғаш та сезгендей болды.

         –  Нұрғали, сен бұл балаларға өткенде үй туралы айтып едің ғой, ұмытып барасың ба? –  деп күйеуіне қарады.

  • Жоқ, ұмытқам жоқ. Ол үй әлі тұр. Осы жақында ғана сөйлескем.

Төрегелді  «бұл кісілерді қайта-қайта пайдалана берем бе, ыңғайсыз шығар» деп шынымен-ақ ішінен бұл істі айтуды ерсі көріп, үндемей отырған-ды. Сандуғаштың өзі әлгіндей сөздерді айтқан соң тағы да бір жолы болатындай ішінен қуанып, еңсесі одан әрі көтеріліп қалды. Әйелі Гүлістан екеуінің ойы соңғы уақыттарда осындай мақсат төңірегінде үнемі тоғысып жүретін еді. Сандуғаштың қойған сұрағы мен Нұрғалидың берген жауабы істің әрі қарай жылжитынына түрткі болатынына екеуі де іштей сенді.

– Ендеше, Нұреке, –  деп Сандуғаш күйеуіне қарап нығыздай сөйледі. –  Ертеңгі күні жоспарлаған ештеңең жоқ қой?

–  Жоқ.

–  Жоқ болса, Төрегелдіні ертіп барып, сол үйге барлау жасаңдар. Иесі қарсы болмаса, әуелі ол үйдің құнын екі-үш жылға ұзартып төлесін деп көндіріңдер. Мұнда тұратын ұлы ақшасын алып, әке-шешесіне жіберіп, немесе өзі алып тұратын болсын. Мұнысында біздің шатағымыз жоқ, кім алса да. Ең бастысы үйді қайткен күнде де бұларға алып беруіміз керек. Ақыры көмектескен соң, орта жолда қалдырмай, аяғына дейін қол ұшымызды берейік. Әрине екеуі үйсіз-күйсіз жүрген жандар емес, ауылда үлкен үйлері, қора-жайлары бар екен. Туған, өсіп-өнген алтын бесігін кім оңайлықпен тастап кетеді дейсің. Өздері дүкен ұстап отыр. Жағдайлары да бар екен. Мұндай адамдарды таяқтап қусаң да, қалаға қашпайды. Бұлардың қозғалуына басты себеп боп отырған анау жатқан кішкентай нәресте ғой. Есімі де мәлім болып қалды – күнәсіз Жалғас...

–  Ой, бәйбіше-ай, тақ бір осының бәрін мен білмей отырғандай сөйлейтінің-ай, –  деп күлді Нұрғали. –  Осының бәрі менің ойымда сайрап тұр ғой.

–  Білем ғой сенің ештеңені ұмытпайтыныңды. Құдайға шүкір, отау көтергенімізге де ширек ғасырдан асып кетті. Дегенмен есіңе салып отырғаным ғой. Кейде алаңғасарланып кететін де мінезің бар. Әкем байғұс екі рет звондап айтты «осы балаларға көмектесіңдер» деп. Ол кісі де анау-мынау адамдарға құлай бермейтін кісі. Ұнатқан соң тапсырып жатыр. Ел ішінде не жоқ дейсің. Әмбе өздері ауылда тұрады. «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді» дейді ғой. Ертеңгі күні пәленбай, түгенбай деп бұларға тіл тигізіп, тікенектері қадалады. Бала өскен соң, соған ауыз салады.

–  Дұрыс айтасың, апай. Қанша жақсы көргенімізбен, дұшпан көзінен сырт көріну мүмкін емес. Бағанадан бері сөзіңіздің бәрін тыңдап отырмын, ішінде бір артығы жоқ, дұп-дұрыс. Әрине, сіздерге міндет арту бізге де ыңғайсыз болып отыр. Мұндай үлкен қалада бір туыс, бір таныстың болмауы қиын екен, тіпті, –  деп Гүлістан сөзге араласты. –  Сол бала үшін ғой бәрі. Оң-солын танығанша, дұшпан көздерден таса болса дегеніміз ғой.

–  Қам жеме, қарындасым. Бір ретін келтіреміз. Мен анада айтып едім ғой, мен де жалғызбын, маған да туыс керек деп. Сол туыстар сендерсіңдер. Қайта бақтарың бар екен, біз сияқты адамдарға жолықтырған. Сәкең екеуміз қолымыздан келген көмегімізді сендерден аямаймыз. Өздерің алыс та емес екенсіңдер. Сандуғаштың жерлесі болған соң, ол да сендерге іш тартып отыр, –  деп Нұрғали «солай ма» дегендей әйеліне қарады.

–  Әрине. Осында қаншама жыл өмір сүріп жатсам да, өзіміздің аймақтан осындай жақын адамдарды кездестірмеген екем. Мүмкін талай жерлестер көшіп те келіп жатқан шығар. Танымаған соң мынадай үлкен қалада кімді кім біліп жатыр дейсің. Қазіргі заманда ешкім ешкіммен араласпайды да. Жақын, ағайын болмаса. Сондықтан осында құдайы қонақ боп, балалы болған адамдарға қол ұшын бермеуге қақымыз жоқ. Сен үй иесімен осы дастарханнан соң сөйлесіп, әу-жайын түйіп қой, –  деп Сандуғаш қасында отырған күйеуіне қарап қойды. –  Қарсы болмаса өзі апарып, үйді көрсетсін.

–  Жарайды, айтқаның болсын.

Дастархан басына буы бұрқыраған ет келді. Басы жоқ болса да, қойдың жамбасы мен тағы да біраз жілік салып, Гүлістан етті тау төбе қып асқан екен. Арасында қазысы да жүр. Жомарт қолдан шыққан ас дәмді болып шығыпты. Мұндайда нан жайып жататын жағдай болмаған соң, дүкеннен алған жайма нанның да қасиеті бұзылмай, бір төбе еттің астында жатыр. Оның үстіне көк шөп, сарымсақ қосылған тұздық құйылып, Төрегелді мен Гүлістанның үй иелеріне арнаған асы өте дәмді болып шықты.

  • Ал енді, аға, асқа бата тілеңіз, –  деп Төрегелді төрде отырған

Нұрғалиға қарады.

Нұрғали екі алақанын жайып, асқа бата жасады:

                     Дастархандарың дәмді болсын,

                     Көңілдерің сәнді болсын.

                     Жалғас та, өздерің де аман болып,

                     Өмірлерің мәнді болсын.

                                    Әумин. 

–  О, міне, біздің шал батаны қалай сілтейді, –  деп Сандуғаш күйеуіне әзілдей қарады.

–  Білгенімізді айтып жатқанымыз ғой. Кейде осындай кезде айтатын сөз де ауызға түспей қалады, –  деп күлді Нұрғали.

–  Балаларыңыз келіп дастарханға отырмады ғой, –  деп Гүлістан қыздарының өздерімен табақтас болып отырмағанына ыңғайсыздана сөйледі.

–  Е, ол ет жемейтін адам. Қазіргі жасөспірімдердің бәрі де сондай ма деймін, қалада тұратын. Оларға ет емес, кәтлет, пельмен, манты, қуырылған жұмыртқа ғана керек. Ет көрсе, өрмекші көргендей тыжырынады. Ал енді біз ауылда туып-өскен адамдармыз ғой, етсіз отыра алмаймыз. Борщ, көже дайындасақ та, етін алып тастап, сорпасын ғана ішеді. Сондықтан, Гүлістан, сен оған алаңдамай-ақ қой. Өзі де үйде бірдеңесін жылытып жеп отырған шығар, –  деп Сандуғаш қызының дастарханға неліктен келіп отырмағанын түсіндіріп өтті. –  Содан соң бала ғой, үлкендердің ортасында жалғыз отыруға ұялады.

Жайылған дастархан, қонақтардың үй иелеріне деген адал пейілдері, бала асырап алуға келген ерлі-зайыптылардың біраз уақыт шабылып, ақыры істерінің абыроймен оңды біткендігі – екі отбасының қарым-қатынастарының одан әрі дамып, жақындай түсуіне түрткі болған тәрізді.

Нұрғали мен Сандуғаш та өзім деген кісіге өкпе-жүрегін суырып беруге дайын ақкөңіл де жайдары жандар екен. Осы қасиеттері көңілді дастархан үстінде тағы да білініп қалды. Әйелдің бір сыры қашанда ішінде жатады ғой, дегенмен әсіресе Сандуғаштың қас-қабағына қарап келген қонақтар оның мінез-құлқынан ешбір жасандылықтың ізін байқамаған еді. Кей сәттерде бөтен түгіл, адамның өз туысқаны да әр нәрсені желеу етіп, жақсылық жасауға, қиын кезде қол ұшын беруден ат-тонын ала қашатындығы да жасырын емес. Қолыңда бар болса, төріңді босатпайды, жоқ болса, есігіңнен де сығаламайды.

Көпті көріп, көргенін қашанда көңіліне түйіп жүретін Төрегелді үй иелерінің сөздерін естіп, қимылдарын байқап отырып, олардың мың мәстектің ішіндегі жалғыз тұлпар екендігіне көзін жеткізді. «Егер жолымыз болып, құдай қалап, осы жерге көшіп келетін болсақ, сыйға сый, сыраға бал дегендей бізге жасаған осы жақсылықтарыңның бәрін қайтаруға тырысам» деп Төрегелді ішінен ант-су ішті.

Кейбіреулер «жақсылық алдан шықпайды» деп жатады. Ол да мүмкін. Осынау аспандағы бұлттай, лаулаған өрттей мың құбылған, ағынан қарасы басым тұрған, қайшылығы шаш етектен сұрқай заманда ұяты мен арын ту етіп ұстаған азаматтар да бар шығар ел арасында. Алайда мұндайлар сирек кездессе де, мыңның біреуіне ерте ме кеш пе, бәрібір жолығатынын жоққа шығаруға әсте болмас. Періште қонған біреудің тап болары рас.    

Міне, осындай екі отбасыны Алла Тағала бір-бірлеріне қосып, бір дастарханнан ас ішуге жаздырды. Оның үстінде тағдырдың тәлкегіне ұрынып, ананың әлдиінсіз, әкенің қамқорынсыз жатқан, болашағы бұлыңғыр кішкентай жан иесі де осы сәтте бір қамқорлықтың құшағында жатқандығын періштесі арқылы сезіп те жатқан болуы керек. Осының барлығы да жақсы адамдардың арқасында жүзеге асқан ізгілікті іс екенін әйелі Гүлістан да ішінен бағамдап отыр. Анда-санда жүгіріп барып, жеңіл пысылдап ұйықтап жатқан сәбиінің бетінен иіскеп, қайтып келіп жүр.

Шуақты дастарханның басында неше алуан әңгімелер айтылды, ақыр аяғында алдағы күннің әрекеті пысықталып, көңілді кеш осымен аяқталды. Дастархан жиналып, жұрт демалуға кіріскен еді.

Төрегелді ертеңгі болатын шаруаларды ой елегінен өткізіп, көпке дейін көздерін іліндіре алмады. Екеуі Жалғасты осының алдында ғана Сандуғаш әкеліп берген коляскаға мұқият орналастырды. Дөңгелектері жоқ болса да, бала тыныш ұйықтайтын кәдімгі бесік Жалғасқа жараса кеткендей болды. Баланы жатқызар алдында Гүлістан оны тосып алған. Кішкентай нәресте де анасының өзін неге осылай ұстап отырғанын сезсе керек. Есік алдындағы көгалға шаптырып-шаптырып жіберді. Кішкентай балдан тәтті бүлдіршіннің әр қимылы екеуіне де сүйкімді көрінді. Жалғас жеңілдеп алған соң, екі қолын қимылдатып, болар-болмас ыңырана бастады. Ананың жылы алақанын нәрестенің періштесі білдіргендей Гүлістан оны көтеріп, жүзін өзіне қаратқан сәтте, оймақтай аузын ашып, жымиып қойды. Төрегелді де бір елі қалмай екеуінің қасында жүр. Жалғастың әр қимылына көз тігіп, ол да мәз болады.

Гүлістан сүтті дайындап, бесік болмаса да, уақытша бесіктің жұмысын атқарып тұрған заттың  қасына жайғасты. Бірақ таңға дейін нәресте дыбыс берген жоқ. Төрегелді мен Гүлістан да бастары жастыққа тиісімен-ақ ұйықтап кеткен. Тек таң алакеуім тартқанда ғана Жалғас ыңырсып дыбыс берді. Алғашында қатты ұйықтап жатқан Гүлістан болар-болмас қыңқылды сезбей де қалған еді. Асты былғанды ма, әлде қарны ашты ма екен, баяу басталған нәрестенің қыңқыл-сыңқылы уақыт өткен сайын екпін алып, біраздан соң жылауға ұласты. Біреуден қорлық көргендей өксіп-өксіп жылап жатқан сәби дауысын естіп, Гүлістан оянып кетті. Оның қимылынан қасында жатқан күйеуі де көзін ашып алды.

– Не боп қалды? – деп Төрегелді ештеңеге түсінбей, кеуде көтеріп, сүт толған құтыны ыңғайлап отырған Гүлістанға қарады.

– Балаға сүт берейін деп отырмын.

– Қай бала, не боп қалды? – деп қайыра сұрады әлі де ештеңенің байыбына бара алмай отырған күйеуі. Содан соң жылай бастаған бала дауысына назар аударғаннан кейін ғана бәрі де кәперіне кірді. Кейде адам қатты ұйықтағаннан ба, әлде қиналып шаршағандық әсер ете ме, немесе жақсы түс көріп жатып, оның аяқ астынан морт үзілгені себеп бола ма, адам қайда жатқанын, не істегенін де бір сәт ұмытып қалатын кездері болады екен. Төрегелді қазіргі сәтте осындай күйге түскен еді.

– Е, Жалғас жылап жатыр ма? Тамағын берсеңші, тамағын... Мен түсімізде үйімізде жатыр екенмін, көзімді ашсам да бірден есімді жинай алмай қалыппын, – деп әлі де алакөлеңкеден аса алмай тұрған үй ішіне жанар сүзіп шықты.

– Қатты шаршағасың ғой. Мен де шаршаппын, Төреш. Балаға сүт беріп алған соң қайтадан жантаям. Сен де таң толық атқанша көз шырымыңды алып ал, – деп Гүлістан күйеуіне жаны аши тіл қатты.

Таң атып, күн төбеге найза бойы көтерілген соң, осы ауладағы жұрттың бәрі орындарынан тұрып, күніге болатын қам-қаракеттеріне кірісуге дайындалып та кеткен. Қаннен-қаперсіз ұйқыны соғып жатқан Жалғас қана. Манадан қалған сүттің өзіне қажеттісін сіміріп алып, қайтадан ұйқыға басқан.

Бұл енді талай күн осында табан тіреген қонақтардың құдай қаласа соңғы күні мен түні болмақ. Қанша дегенмен «өз үйің – алтын бесігің» дегендей Төрегелді де, Гүлістан да талай жыл бойы түтіні тікке көтеріліп келе жатқан, әкеден қалған шаңырақтарын сағынғандары да рас еді. Үлде мен бүлдеге орап тастамаса да жан шуақтарын, ақ пейілдерін аямаған Нұрғали мен Сандуғашқа да олар дән риза. Ауылдарын, таныс-тамыр, туысқандарын, бөлке нанды бөле жеген көршілерін қаншама қимайын деп өзектері өртенсе де, баланың тағдыры, оның болашағы ерлі-зайыптыны қатты алаңдатып, кейбір жыланкөздерден алыстатып әкетуді өздеріне соңғы рет міндет етіп қойды.

Нұрғали түнде анау үй иесі шалдың баласын шақырып қойған екен. Біраз уақыттан кейін ол да машинасымен келіп жетті. Шалдың үйі әлі сатылмай тұрған сияқты. Бір жағынан екеуі бір компанияда істеп жүрген соң, Нұрғалидың сөзін жерге тастамаған болу керек.

Төрегелді Нұрғалиды қасына отырғызып алып, жігіттің көлігінің соңынан ерді. Тура Нұрғалилар тұратын ауыл емес, оған таяу жерде орналасқан орысы бар, қазағы бар, ұйғыры бар, тек қана жекеменшік үйлерден ғана тұратын әжептәуір көлемді кент екен. Жері де, сай-саласы да рөлде келе жатып, жан-жағына мұқият көз салған Төрегелдіге ұнады. Ауылдың шеткері бір көшесінде орналасқан, қора-қопсысы, моншасы, тауыққорасы, сарайы бар, төрт бөлмелі шағындау келген там болып шықты. Алғашында үй иесі – жетпісті еңсеріп қалған, шегір көз, қолына таяқ ұстаған шал бұлардың төлемі екі-үш жылға созылатындай шартына көнбей, біраз қиғылық салды. Ақшаны бірден қолына санап беретін адамға сатуға бейімделіп отырған тәрізді. Әйтеуір Нұрғали мен ұлы араласып, шалды көндіргендей болды.

– Папа, бұл менің жақсы достарым. Қазір бірден ақша санап беретін адам жоқ. Бір жағынан бұл қаладан біраз алыс жердегі деревня. Бұл жерге сатып алушы келмейді, – деп ұзын бойлы, сары шашты ұлы әкесін көндірді-ау.

Күзге дейін көшіп келіп, біраз ақшасын бірден ұстатып, үйді алуға екі жақ ауызша келісім жасасты. Нұрғали ара ағайын болуға кепілдік берген еді.

 

                                ХІ

 

Гүлназира шешесін пойызға шығарып келген соң, анасымен болған күндерін есіне алып, біраз толқумен болды. Бұл ғаламда анадан жанашыр, анадан жақын өзіне адам жоқ екеніне көзін жеткізді. Альбомның арасынан Ханымгүлдің суретін алып, сүйіп-сүйіп алды. «Анашым, бұл жалғанда мені сенен артық түсінетін жан бар ма екен. Менімен бірге болып, қайғы мен қасіретімді бірге бөлісіп, жүрегіме түскен ауыртпалықты бір сәт жеңілдеткеніңе мың да бір рахмет. Жанымды түсініп, мен жыласам жыладың, күрсінсем күрсіндің. Расында да жалғыз қалдым ба деп ойлап едім. Бірақ қателесіппін, осындай анам тұрғанда мен ешқашан мойымайтын боламын. О, асыл анам, келіп жағдайымды біліп кеткеніңе алғысым шексіз саған. Әкем де жағдайымды түсініп, мені сағынып жүр-ау деймін. Кезінде ұлдардың ішіндегі жалғыз қыз болған соң, мені қандай еркелетуші едің. Алыс-жақын жерлерге қыдырғанда мені үнемі қасыңнан тастамаушы едің. Бұл әкелік сезіміңді мен әлі де ұмытқан жоқпын. Және ұмытпаймын да. Рас, ішімді жарып шыққан баламды тастанды етуге себепкер болдың. Бірақ қазір ойлап қарасам, оның да бір себебі бар екен ғой. Болар іс болды, бояуы сіңді дегендей одан бері де біршама уақыт өтіп кетті. Ол бала бәрібір маған енді ешқашан оралмайды. Бәлкім мен оған өмір сыйласам да, қазіргі сәтте қуанып, бөгде адамдардың тірі ермегіне айналып отырған шығар. Есімін кім деп қойды екен, ә? Қызық, біртүрлі қызық. Өмірдің де бұрын көріп-білмеген, мен үшін сыры ашылмаған жұмбақтары болады екен ғой. Мен қазіргі сәтте сабырлымын. Болған жайттың бәріне мойынсұнып отырмын. Анам айтқандай, алда талай өмір бар. Бәлкім бір рет қателікке жүгіндірген тағдыр ендігәрі ондайға итере қоймас. Иә, рас, әркімнің тағдыры өз қолында емес пе. Алайда сол тағдырға өз тарапыңнан мұқият қарау керек екен. Кей сәттерде бойыңдағы сезім де өзіңді жеңіп кететіндей жағдайлар болатын сияқты. Сондықтан бірінші сенімге, содан соң ғана сезімге жүгіну шарт екеніне енді ғана көзім жетті. Сол анау Жантасқа деген сезімім жайында қалып, тап-таза қалпымда құтылып кететін едім. Енді бәрі де кеш. Өзім де қорқамын, бұрынғыдай алаулаған сезіміме Жантас лай су құйып, біржолата өшіріп тастаған секілді. Өйткені санамды күдік, бойымды сенімсіздік жайлап алды. Алайда көп қиялды қайтейін, көз алдымдағы дүниенің бәрі де өткінші екеніне көзімді жеткіздім. Ендігі кездерде осы тірліктің бәріне бейімделіп, басқаша ойлап тіршілік ету қажет екен. Осыған иланған сияқтымын. Өмірге деген көзқарасым өзгерді. Ендігәрі ешкімге де құлай сенуге болмайды екен. Бірақ басымнан қаншама қиыншылық өтсе де, әкемнен безіп кете алмаймын. Қанша дегенмен ол менің асқар таудай алыбым. Арқа сүйерім. Осылай тайраңдап жүргенім де сол кісінің арқасы ғой. Мені бәрібір жамандыққа қимайды. Ол да ішінен күйініп, қиналып жүрген шығар. Өз перзентін қай ата-ана жамандыққа қияды. Бәріне кінәлі өзіммін, тек қана өзім. Ешкімге кінә таға алмайтынымды енді ғана түсініп отырмын, көке. Кешір мені, құдайдан тілеп алған жалғыз қызыңды. Өзің де солай деп айтушы едің ғой. Үйді сағындым. Ағаларымды, жеңгелерімді, іні-сіңлілерімді көргім келеді. Сені де сағындым, көке. Мамам келіп кеткен соң, өзіңе деген жарқын көңілім қайтадан орнына келді. Туған жерімді, көк майса шалғынды, ауыл-аймақты, оқыған мектебімді, ауылдас, дос-жарандарымды сағындым. Барайыншы ауылға, өз көзіммен бәрін көрейінші. Жалғыз өзім жалығып, шаршап кеттім, түге.

Не балама әке боп жарытпаған, не мені балама «мама» деп айтқыза алмаған Жантас, сен қайда жүрсің? Сен балаңның бөгде адамдардың қолына кеткенін білесің бе, сезесің бе? Мен сені әлі де жамандыққа қия алмай жүрмін. Неге екенін өзім де түсінбеймін, әйтеуір саған деген бір сезімнің жүрегімнен өшпегенін пайымдаймын. Өткенде хайуанаттар паркінде сені көріп аң-таң боп қалдым. Көремін деп тіпті ойлаған жоқ едім. Ештеңе болмағандай, саған жақындап баруды ойлағаным да рас еді. Бірақ өзімді-өзім тежедім. Сені алғаш көргендегідей, жүрегім алаулап сала берді. Мен сенің де маған сондай бір жылылықпен көз салғаныңды сезіп қалдым. Бірақ бұдан былай екеуміздің арамызда ештеңе болмайтынын сезсем де, бір тілдесіп қалу мақсатым болған. Ал сен кейін хабарласам дегендей ишара білдіріп, қасыңдағы жігітпен бірге кетіп қалдың. Содан бері де міне бірнеше күн өтті. Хабарың қайда? Неге үнсіз жатырсың? Әлде маған деген сезіміңнің бәрі де бос сөз болып шықты ма? Қалай болғанда да мен сені енді ешқашан қабылдамаймын. Дегенмен сенімен соңғы рет бір сөйлесіп қалу парызым деп ойлаймын».

Осы сәтте «шыр» еткен телефон дауысы Гүлназираның ойын еріксіз бөліп жіберді. Жантас екен деп ойлаған ол жүгіріп барып трубканы ала қойды.

– Тыңдап тұрмын...– Сәуле, ауылыңа жетіп қойдың ба? Амансың ба?

– Иә, бәрі жақсы. Ата-анам, туған-туыстарымның бәрі де аман-сау жүріп жатыр. Өзің қалайсың? Мамаңды шығарып салдың ба?

– Иә. Саған көп рахмет, Сәулежан. Мамам да саған қатты риза боп кетті.

– Рахмет, Гуля. Сенің мамаң түсінігі мол, жақсы адам екен, – деп Сәуле трубканың арғы жағынан Гүлназираның анасына шын жүректен ризашылығын білдірді.

– Өзің қалай? Демалуға кірісіп кеткен шығарсың. Сен бақыттысың, Сәуле. Ата-анаңның қасына барып, дем алып жатырсың. Мен сендер кеткен соң, жалғыз өзім тағы да құлазып қалдым.

– Гуля, мен бәрін де түсінем ғой. Біраз уақыт бірге болып, бірге жүрдік. Сен жаси берме. Әлі де жалғыз емессің, мен бармын. Мамаң да келіп, көңіліңді көтеріп кетті. Ешқашан жалғыз болмайсың, досым. Мен сені ауылыма қонаққа шақырып отырмын. Келіп, менімен бірге аунап-қунап дем алып кет.

Гүлназира бұған бірден жауап бере алмай тосылып қалды. Бірден иә деп келіссе, өз ауылы тағы бар. Іштей өзі де осы сапарға дайындалып отыр еді. Сәуленің көңілін қимай тағы да мазасы кетті. Ақыры «кетсем, аудандағы ағама звондап, ескертіп қоярмын. Мамам ауылға бара жатқанда сол үйге соғып кетеді ғой» деген ой келді басына.

– Неге үндемей қалдың?

– Барам, Сәуле. Сенің өтінішіңді жерге тастай алмаймын.

– О-о. Қандай жақсы болды. Біздің Алакөл биыл ғажап, айнадай боп, мөлдіреп жатыр. Суға түсіп, дем аламыз. Содан соң жайлаудағы туыстарымызға барып қыдырамыз, – деп Сәуле де құрбысының келіскеніне қуанып, алдағы жоспарларын да айтып өтті.

– Мен әлі ол жақта болғам жоқ. Қапшағайдан үлкен бе?

– Үлкен болғанда қандай. Қапшағайың жасанды ғой, ал бұл болса, табиғи, – деп Сәуле туған жерін айтып, мақтанып та қойды.

– Жарайды, пейіліңе үлкен рахмет. Сенің әдірісің де, телефоның да менде бар. Үйіме ескертіп, бүгін бір шаруалармен айналысып алған соң ертең жолға құдай қаласа шығып кетермін. Сотка ала ма, звондасам.

– Жоқ. Ол жағынан қиындау енді. Бірақ үйде телефон бар ғой.

– Автобус қана барады ғой?

– Қытайдың пойызы да, содан соң «бичевоз» деген есек пойыз да жүреді. Сен бұларға отырмай, автобуспен кел. Қиналмай, тез жетесің.

– Рахмет, Сәуле. Біраз уақыттан соң автобусқа алдын ала билет алған соң хабарласам.

– Жарайды. Біз ағамыз екеуміз Үшаралға барып, сол жерде күтіп аламыз. Оған қам жеме. Ал пока, күтем, – деп Сәуле трубканы бірінші боп қойды.

Сәуленің ойламаған жерден ауылына қонаққа шақырғанына Гүлназира қуанып қалды. Үйден қонақ кеткен соң, төрт қабырға құлазып, қыз өзін қоярға жер таппай отырған-ды. Біресе теледидар қарайды. Ол да жанына тамызық боп жарытпайды. Содан соң кітап оқуға кіріседі. Мектепте оқығаны болмаса, Абайдың біраз шығармаларын ұмытып та үлгерген. Пәтерінде жиырмадан астам түрлі көркем-әдеби кітаптар бар еді. Соңғы кезде солардың ішінен Абайдың екі томдық шығармалар жинағын таңдап алып, оқуға кіріскен. Ұлы ақынның қара сөздерін оқуға бет қойғанда, қонақтар келіп  қалып, кітап оқу уақытша тоқтатылған тұғын. Енді міне, Сәуле қонаққа шақырып тұр.

Гүлназира өз ауылын ерекше сағынса да, жалпы қазақтың қаймана мекенін көрмегелі де бірнеше айдың жүзі болған. Сиыр мен жылқыны, қой-қошақан, ешкі-лақты көргісі келіп, Жомарт ағасының иелігіндегі шаруа қожалығын көз алдына елестетіп өтті. Сонда бір сүйкімді қошақан бар еді. Өзі жағал, тебіндеп өсіп келе жатқан жүндері бұп-бұйра , қап-қара. Былтыр жазда барғанда екі-үш айлық, бірақ денесі әжептәуір көтеріліп қалса да, бала мінезі қалмаған сүйкімді қозыны қолдан сүт беріп Гүлназира дәндетіп те алған. Ол келе жатса, енесін сағынғандай қарсы жүгіріп шығып, алдына отыра қалған Гүлназираның сүт бермесе, саусағын еміп әбігерге түсетін. Енесі де бір қызғаншақ мал еді. Ол да соңынан жүгіріп келіп, «мен қасыңда тұрмын» дегендей төлінің арқасын жалап, қозы өзімен бірге еріп кетпейінше, оның қасынан аттап баспайтын. Гүлназира қолымен «кет, кет!» деп жасқаса да, тоқал қара саулық ерегіскендей мелшиіп тұрып алатын. «Неткен балажан жануар еді» деп төлімен біраз бола алмағанына Гүлназира да кейіп, қозысын амалсыз енесіне қосатын. Содан кетерінде Жомарт ағасы қара бұйра қозының құлағына ен салып, «бұл сенің малың, кейін өскен соң өзің аласың» деп атап қойған. Бірақ Гүлназираға өсіп жетілген тоқты емес, бала қылықты, сүйкімділігіне адам қызығатын жас төл керек еді.

Қазіргі сәтте қыз ойына осы көріністер оралды. Расында да бір жыл ішінде ол қошақан тоқты болған шығар. Ал тоқты-торымға айналған қозының сүйкімді қасиеті де көзден бұл-бұл ұшып, кәдімгі адамды қызықтырмайтындай көп жануардың бірі болып, айналаны даңғаза дыбысқа бөлеп, маңырап-шұрқырап жүруі әбден мүмкін ғой. Ал ондай сүйкімсіз тоқты Гүлназираға керек пе? Шіркін, сол қозыны айтсай! Екі көзі тұп-тұнық, маңдайынан төмен түскен қос жағалы қандай дерсің.

Гүлназираның көз алдына осы сәтте сол жағал қозысының үстіне түсіп, бөгде тіршілік иесінен қызғанып, емірене жалай бастаған енесі есіне түсті. Сол кезде бұл әрекетке мән бермепті ғой. Қазіргі ой өлшемімен сол суретті көз алдына алып келген қыз бұған басқаша мән беріп, саулық қойдың іс-әрекетін қазір ғана түсінді. «Аналық сезім дегенің барша тіршілік иелерінің түйсігінде берік орнаған екен ғой. Өз басымнан өткерген соң, қазір ғана бағамдап отырғандаймын. Неткен қасиетті, қандай ыстық сезім десеңші». Гүлназира тағы да ой тұңғиығына сүңгіп бара жатыр еді. Бірақ бұдан тек зияннан басқа ешнәрсе болмайтынын дер кезінде сезіп, санасын торлай бастаған тәтті де болса, өзіне жақсы әсер етпейтін қиялдан лезде арылды. Мұндағысы өз нәрестесі есіне түсіп, қайғыға бой ұрмау еді.

Сәуленің қонаққа шақырып, досым деп елеп–ескергені де Гүлназираның көңілін тасытып, бөгде ойлардан арашалап алғандай әсер етті. «Өзімнің ауылымды көрмесем де, соған ұқсас қазақтың бір ауылын көріп келермін» деп ойлап, Абайдың қара сөздеріне қайыра көз жүгірте бастады. Оқып отырып, ұлы ақынның сол кездегі қоғамның адамдарымен араласа жүріп, солардың мінез–құлқын, ар–ұятын, қадір–қасиетін зерттеп біліп, санасына түйіп, ой елегінен өткізген соң, қағазға түсірген нұсқасы өте шыншыл, титтей де артық–кемі жоқ, табиғи шыққан. Гүлназира ақ қағазға хакімнің біраз ойларын түсіріп алды: «надан ел қуанбас нәрсеге қуанады», «қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ», «Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма!», «мырзаларды қадірлейін десең, осы күнде анық мырза елде жоқ, мал алғыш мырза иттен көп», «Аз ба, көп пе, адам баласы бір түрлі мақтаннан аман болмағы – қиын іс», «тегінде адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ», содан соң ақынның төрт жол өлеңін де дәптеріне түсіріп алды.

                                 Кеселді жалқау, қылжақбас,

                                 Әзір тамақ, әзір ас,

                                 Сыртың – пысық, ішің – нас

                                 Артын ойлап, ұялмас.

«Неткен кемеңгер. Адамдардың кемшіліктерін тап басып қалай айтады». Осы оқығандардың бәрін санасына жұптап, сол кездегі адамдар мен қазіргі жер басып жүрген пенделерді іштей салыстырып өтті. «Бір жарым ғасырдай уақыт өтсе де, қазіргі адамдардың тілі, діні, тұрған жері өзгерсе де, мінез–құлықтары өзгеріске ұшырай қоймаған екен» деген түйін жасады ақыр аяғында Гүлназира. Ол ауылда жүргенде де кітапқа құмар еді. Бірақ студент кезінде бос уақыты сабаққа дайындалумен өтіп, анда–санда ғана болмаса, үнемі көркем әдебиет оқуға мұршасы да бола бермейтін. Осы пәтерге көшкелі жиырма шақты кітаптың жартысынан астамын меңгеріп тастады. Абай өлеңдерінің бәрін де оқып, енді тек қана қара сөздері қалған еді. Енді міне, бүгін соларды оқуға қолы тиіп отыр.

         Оқыған кітаптарының ықпалы да болған шығар: ақыл–ойы толысып, әр нәрсеге деген құштарлығы да бәсеңсіп, бала кезден бері келе жатқан әке–шешесіне деген еркелігімен де біржолата қош айтысқандай біртүрлі маңғаз күйге еніп, мінезі де, жүріс–тұрысы да салмақтана бастағанын өзі де соңғы кездерде сезіп жүр.

         Абайдың қара сөздерін тез оқып бітірді. Талай–талай ойлар айтылған екен. Кітапты стол үстіне қоя берген сәтте «болдың ба» дегендей қара телефон тағы да «шыр» ете қалды. Жантастан хабар болмай кеткен соң, одан біржолата үмітін үзе бастаған. «Кетсінші әрі, енді оның маған қажеті не, болары болған, бояуы солған. Орыстар айтпақшы – поезд ушел» деп ішінен оған ызалана міңгірлеген. Кей сәттерде бөлмедегі құлаққа ұрғандай тыныштықты аяқ астынан жылқы кісінегендей қара телефонның үні еріксіз бұзып жібереді. Көп жағдайларда сол телефоннан жанына медеу боларлық сөздер естиді. Жанашырлық білдіріп, қал–жағдайын білуге құштарлық танытып тұратындар да өз ағайындары мен Сәуле құрбысы. Олардан басқаға телефонының нөмірін берген емес. Ал Жантасқа құрбыларының бірі берген сияқты. Бірнеше рет звондаса да «телефонның нөмірін кім берді?» деп оның жағасына жармасып, сұрамаған да екен.

         Гүлназира тағы да Сәуле звондап тұр ма деп ойлап, келіп трубканы алды. Жантастың дауысы. Сөйлессем бе, сөйлеспесем бе деп екі ойлы болып, үнсіз тұрып қалды.

– Гуля, неге үндемейсің? Сәлемет пе, жағдайың қалай?

Соңғы сөздерді естіген қыздың қаны қайнап шыға келді. Трубканы бірден қоя салайын деп ойлап тұрды да ақыры сөйлей жөнелді. «Мейлі, не айтар екен». 

– Менің жағдайым сені мазалай бастаған екен ғой. Рахмет мұндай пейіліңе. Бәрі жақсы, құдайға шүкір. Өзіңнің жағдайың қалай? Тағы да бір қызды алдап жүрсің бе?

– Гуля, ашуланбашы, Мен саған сырымның бәрін айтып едім ғой...

– О, тоба! Сен сырың мен шыныңды қай кезде айтқаныңды білесің бе?! Мен саған адам деп сендім ғой. Сенің жүрегіңнің қара екенін, мені алдап жүргеніңді қайдан білейін. Сорлы басым, осындайға ұшырайтынын білдім бе? – деп манадан бері қайратына мініп келген қыздың лезде көңілі босап, өксіп–өксіп сөзін жалғастырды. – Мені қойшы, сен нәрестенің обалына қалдың, ол сен түгіл, маған да бұйырған жоқ. Барлық шындығыңды кеш айтып, ізім–ғайым жоғалдың да кеттің!

Әуелгі баста Жантасқа деген сезімін сақтаған Гүлназираның ішінде лезде өшпенділіктің бұлты үйіріле қалды. Әсіресе Жантастың көпке дейін шындықты жасырып келгені қыздың жан дүниесін тас–талқан еткендей болды. Енді қыздың ауанын түзеп, икемге келтіру Жантас үшін тау тұрғызардай қиынға соқты.

– Гуляжан, мен саған бұрын да айтып едім ғой, мен сені шынымен сүйдім деп. Сондықтан бар сырымды ішіме бүгіп келгенім рас...

– Сонда неменеңе сендің?

          Жігіт бұл сұрақтан кейін үндемей қалды. Не деп жауап берерін білмей ойланып тұрған сияқты. Мардымды, дәлелмен тұжырымдап сөйлейтін жауап Жантаста расында да жоқ болатын.

Онысын қыз да сезді. Гүлназираның жүрегі одан әрі өрекпіп, аққұба жүзі күреңітіп кетті. Бірақ жігіттің бұдан былай не деп зуылдататынын білгісі келгендей дірілдеген дауысын қалпына зорлап келтіріп, ендігі сәтте қарапайым қалыпта тіл қатқан.

– Айта бер әңгімеңді, тыңдап тұрмын.

Жантасты «неменеңе сендің?» деген сұрақ қатты қинап, ақыр аяғы оған жауап беретіндей оңтайлы сөз таба алмайтын болған соң оны елемегенсіп, қыздың өзіне қарсы сұрақ қойған.

– Бүгін үйдесің бе?

– Енді қайда болушы едім?

– Уақытың болса, кездесейік. – Жігіт дауысы жарықшақтанып шықты.

Қыз да тез жігіт жетегінде кете беретіндей момақан тоқты емес еді, жаңағы жауабы берілмей қалған сұраққа қайта айналып тағы да соқты.

– Сен менің о баста қойған сұрағыма жауап бер. Мені неге соншама алдап жүрдің деймін? Неменеңе сендің?

– Неменеге сенуші едім, саған сендім. Сенің сеніміңе сендім. Бірден тез болып қалады деп ойлаған жоқ едім. Сүймей қосылған әйелімнен ажырасу ойымда бар еді...

Гүлназира тығырыққа тіреліп тұрған жігітке одан әрі сұрақты үсті–үстіне қойып, бұрын айтылмай келген шындықтың бәрін ақтарып алғысы келді. Болары расында да болған соң жігітте де жалтаратын ештеңе қалмаған сияқты.

– Ал енді неге ажыраспадың әйеліңмен?

– Ажырасып келдім, Гуляжан.

Мұндай жауапты Гүлназира күтпеген еді. Бірден не деп жауап берерін білмей аңырып қалды. «Шын ба, маған тағы да өтірік айтып тұр ма? Бірақ ол кезде бұл шындықты да, өтірікті де айтқан жоқ еді ғой. Өзім ғана оның әке–шешесі туралы ғана сұрап, басқасы болмағандай бойдақ жігіт екен деп ойлап едім. Ол үндемегенімді пайдаланып, бар шындықты жасырып қалды. Мен бұны жақсы көрген соң тек қана өзіне ғана назар аударып, оған қатысты басқа жайттарды елемеген екенмін. Әйел жолы жіңішке ғой. Батылдық танытып сұрап алсам ғой, мұндайға ұрынбас та едім.  Оның да мені сүйгені рас еді. Жүрегім де, жаным да оған сенді. Бірақ соңында құйыршығы бар екенін білсем ғой, жүрегім жарылып кетсе де, бәрінен де бас тартар едім. Біреуді бақытсыздыққа ұшыратып, оның бақытын тартып алғым келмейді. Құдай бар. Біліп тұрып жамандыққа барған пенделерді жаратқан ие басынан сипай қоймас...»

– Енді неге өзің үндемей қалдың?

– Ойланып тұрмын... Әйеліңмен неге ажырастың?

– Келісе алмадық.

– Әке-шешең қарсы болған жоқ па?

– Қарсы болса не істейін. Сүймейтін адаммен тұру қиын екен, Гуля, соған көзім жетті.

– Ал бала ше?

– Бір ауылда тұрамыз ғой. Көріп тұрам.

Жантастың бұл сөздері Гүлназираның көздерін тағы да алайтып жіберді. «Мұндағысы аз болғандай заңды әйелінен туған баласы туралы айтып тұрған сөзін қарай көр! Бұған дауа жоқ екен ғой, түге». Содан соң аз—кем ойланып тұрып, тағы да бір сұрақты жігітке қойып қалды.

– Енді не істемексің?

– Гуля, бұл телефонмен айтатын сөздер емес. Мен сені ресторанға, кешкі асқа шақырамын, бүгін. Сонда отырып кеңірек әңгімелесерміз.

Гүлназира жігіттің түпкі ойын кешкі мейрамханада емес, қазіргі сәтте телефон арқылы біліп алғысы келді. Тағы да сол ресторанда айқайлатып, думандатып, көпшілікпен билеп жүруді тіпті ерсі көрген. Бір жағынан  мәңгіге оралмастай боп кетіп бара жатқан нәрестесі көз алдына тұра қалғандай болды. «Бұл неткен ақылсыз жігіт еді. Әлде мені ештеңені түсінбейтін мәңгүрт деп ойлай ма екен?».

Дауысын көтере сөйлегенін өзі де аңғармай қалды.

– Сенің маған рестораның керек емес. Осыдан бір жыл бір ай бұрын отырғамыз. Аяғы не болғанын өзің білесің. Енді сол оқиға тағы да қайталансын дейсің бе? Айтатын ойыңды айт. Әйтпесе трубканы қоямын.

– Қоймашы, Гуляжан. Менің саған деген сезімім әлі де ұшан–теңіз... Қателік өзімнен болды. Бұрын мәселенің бәрін дер кезінде шешсем мұндай болмас еді. Үйленіп, баламызды кезектесіп, әлдилеп отыратын едік. Әлі де кеш емес, Гуляжан. Бала кетсе де өзің барсың ғой. құдай тағы да бірдеңе берер. Бағанадан бері айтуға бата алмай тұр едім... үйленейік, – деп өтірік–шыны белгісіз жігіт жалына да, жыламсырай сөйледі.

– Жоқ, – деп шорт кесті Гүлназира. Өзі де ызаға булығып тұр еді. – Жоқ, болмайды. Бәрі де кеш енді. Сенің сөзіңнен мен балаға жаның ашып тұрғаныңды сезіп тұрғам жоқ. Мен ғана керек екенмін ғой саған. Сен дүниенің бәрін ойыншық санап үйреніп алған екенсің. Саған әйел тастау да оңай, әйел алу да ешбір қиындық тудырмайды екен. Қандай мықтысың өзің? Бәрін де оп–оңай шеше салатын. Осының бәрінің артында адамның тағдыры тұрғанын білмейсің бе? Мен сені өмірге осыншама жеңіл қарайды деп ойламап едім. Енді ғана осының бәріне көзім жеткендей болды, қазір ғана сені түсіндім. Бұрын қалай білмей келгенмін. Сезім бәрін де ұмыттырады екен ғой, ой Алла–ай! 

– Ренжімеші, Гуля, жаным, күнім. Өмір бойы құлың боп өтейін. Тек асыл жар болшы маған, –деп Жантас та қыздың жай–күйін сезгендей жалынуын жалғастыра берді. – Не істе десең соны істейін. Баламызды да тауып алармыз.

Жантастың соңғы сөздерін естігенде Гүлназираның қаны басына теуіп, бір түрлі ызаға булыққаннан қолынан трубкасы түсіп кете жаздады.

– Атаңның басы тауып аларсың! О баста сен әңгімені сол балаңнан бастамайсың ба?! Бала тастанды атанды, тірі жетім болды. Сен әуелде шындықтың бәрін өзің ашып айтсаң мұндай болмас еді ғой. Енді қарай көр, бала керек боп қалыпты бұған. Ажыраспай қайтадан әйеліңе қосылып, балаңды асырап жеткіз. Бірақ мен құдай алдында да, сенің алдыңда да адалмын. Егер түбегейлі ажырасып кетіп жатсаң әйеліңнің де, балаңның да обал–сауабы менде емес, біліп қойғын. Бәріне өзің жауап бересің. Сені ажыратып тиіп алайын деп жатқан мен жоқ! Тіпті балам қасымда болса да, саған тұрмысқа шықпайтын едім. Амал не, баланың бағына қарай бір жақсы отбасы асырап алыпты. Енді осыдан былай мен туралы да, бала туралы да ойлаушы болма, түсіндің бе?

Жантас үнсіз. Іс осылай насырға шабады деп ойламаған болу керек. Тек трубкадан дем алысы ғана баяу естіледі. Ендігі сәтте тіпті айтуға да, бірдеңе деп Гүлназираны жұбатуға да сөз таба алмай дағдарып тұрған сияқты. Әлден уақытта арғы жақтан міңгірлеген дауыс естілді.

– Ештеңе болмай ма, Гуля? Әлі де кеш емес, ойлан. Кейін тағы да звондармын, – деді Жантас Гүлназирадан әлі де үмітін үзгісі келмей.

– Жантас, сен түсін. Менің жүрегім резеңке емес, соққы тиген сайын созыла беретін. Ақырғы сөзім, енді менің мазамды алма. Звандама. Мен енді бұл үйден кетем. Ауылыма барам. Көрген қызығымыз осымен бітсін, – деп Гүлназира ақырғы сөзін айтып, трубканы орнына қоя салды.

Осыдан былай баланың да, баланы дүниеге әкелуге себепкер болған әкенің де болмайтынын ойлап, жүрегі күпті болған қыз төсегіне келіп отырып, ұзақ жылады. Кеудесін басқан ызалы кек қос жанарынан моншақ–моншақ мөлдіреген жасқа айналып, төмен сырғып жатты. Біраз отырған соң орнынан тұрып, айна алдына келді. Көз жасынан ылғалданған жүзін, қиналғаннан қызара бастаған көзін көріп, өз жүзінен өзі шошып кетті. «Адам да өстіп бірден өзгере қалады екен ғой, құдайым–ай, көз жасым қашан тыйылар екен» деп терең күрсініп алған соң өзін ретке келтіріп алу үшін ваннаға кірді. Тағы да айнаға үңілді. Қанша дегенмен ажарлы адамның өңі өзгерген бе. Көзінің ақтары қызғылт тартса да оның ортасындағы мойылдай қара көздері мөлдіреп, қастары желпілдеп, маржандай қаз–қатар тізілген аппақ тістері де сәуле шашқандай жылтырап, дәл ортасында қара меңі бар аққұба беті де осы сәтте алауға ұқсап құлпырып, сосын осылардың бәрі де бір жерге топталып бір асқақ музыка ойнап тұрған оркестрге ұқсап кеткендей болды. Тағы да өз жүзінен өзі ләззат алып, одан жүдеу жанына пана тапқандай  қасында тірі пенде болмаса да наздана, тәкаппарлана қарады айналасына. Жүзіне бояу дарып, әрленбесе де қыз осы сәтте бәрібір табиғат сыйлаған сұлу қалпынан айнымаған еді. Ол әуелі ваннаға жылы су жіберіп, содан соң жаңбырлатқышты жоғары көтеріп, төмен қарай денесіне су жіберді. Көше қапырық болса да осынау жоғарыдан төмен қарай ағып жатқан жылымшы су қыз денесінің әрбір бөлігін қалдырмай жуып, жанын тіптен жадыратып жіберді. Ол басын еңкейтіп, омырауына көз салды. Баяғыдағы нәресте дүниеге келген сәттегі пішіні қазір жоқ. Сүт кеткен соң ол да өзгеріске ұшырап, кішірейіп қалыпты. Бірақ үрпектері сол қалпы. Қарайып, алға озып, әлі де бір өмірдің балғын аузын өзіне шақырып тұрған секілді. Содан соң түп–түзу аяқтарына қарап алған соң бөксесін айналдыра шолып шықты. Әрине қыз кездегідей емес, әжептәуір толысқан. Қанша дегенмен бір баланы дүниеге әкелген әйел ғой. «Болса ше, сырт пішіні қызға бергісіз әйелдер аз ба. Менің сол қыздардан қазіргі сәтте қай жерім кем, қайта денем толысып, әжептәуір қалыпқа келіппін. Алдағы уақытта да талай жантастар соңымнан жүгірер. Өмір осымен бітіп қалмайды ғой. Бір жігіт тағы да табылар. Бірақ әйел болдым екен деп тағы да бір зәлімнің құрған торына түсіп қалуға болмайды. Енді назарды тек қана оқуға аударып, университетті бітіріп алуға күш салу керек» деп Гүлназира сыбырлай сөйлеп, болашағына зор сеніммен көз жібергендей болды.

Әбден жуынып алған ол сүртініп, таранып, денесін құрғатқан соң өзін одан әрі ажарландыру үшін опаланып, боянуға кірісті. Уақыт өткен сайын бет–әлпеті одан сайын түрленіп, хор қызындай аруға айналған. Өмірінде бірінші рет өзіне қатты назар аударғаны да осы еді. Бұрын бүкіл жаны мен арын қайғы мен қасірет тұмшалап жүргенде өзінің сырт пішініне де аса көңіл бөле бермейтін. Ал қазір қандай? Гүлназира айнадағы өз жүзіне қарап, асқан сұлу бейнесінен ләззат алғандай күлімсіреп, жүрегінің түкпірінде тоқмейілсу мен асқақтық сезімі орын алды. Ойламаған жерден осылай өзгеруіне Жантас пен өзінің арасындағы ешқандай нәтижеге жетелемейтін құрғақ әңгіме де өз әсерін тигізген—тұғын. Көшеде қапелімде кездесе қалса, танауын шүйіріп, шекесінен қарап өте шығу да сұлулықтың арқасында пайда болған сес еді. Бірақ ондай кездесу енді қайтып бола қояр ма екен? Кім біледі? «Ат баспайын деген жерін үш рет басады» дейді ғой. Бәлкім ойламаған жерден тап бола кетсе, қарасын, тамсансын сұлу жүзіне. Ендігәрі қол жетпес арманына айналған аруға қызғанышпен, еңсесі езіле зор өкінішпен қарасын енді.

Гүлназира шынында да алдағы сәттерден осындай көріністерді іштей тіледі. Ішіндегі талай уақыттардан бері тіршілік ауанына араласа алмай булығып жатқан әйелге тән менмендігі енді ғана оянғандай қыздың санасына шоқ тастап, ілгері итермеледі. Шифонердегі жазда киіп шығатын жеңіл көйлек, блузка, топиктерін алып, жатын орнына бір–бірден қатар қойып, бүгінгі күні көшеге киіп шығатынын таңдауға кірісті. Ең ақыры ақшағи матадан тігілген, жұқа да өзін аққудай етіп көрсететін көйлегіне аңсары ерекше ауып, соны киді. Шығар кезде өкшесі биік, ақшылт түсті жеңіл аяқкиімін аяғына байлады да, өзін тағы да жоғарыдан төмен қарай шолып шықты. Ішінен бәріне көңілі толғандай «классно» деп сыбырлады. Шынында да солай еді. Үш сөмкесінің арасынан келбетіне бәрі де сәйкес келсін деген оймен тағы да ақ түстісін таңдады. Құжаттары мен ақшасын осы сөмкеге мұқият орналастырып, содан соң оны оң білегіне қыстырып, бір уақытта көшеге де аяқ басты–ау. Бұрын киім киюге де көп назар аудара бермейтін еді. Сұлулығы өзіне мәлім болған соң, қолына түскенін үстіне іліп алып жөнеле беретін ол, бүгінгі күні адам танымастай өзгерген. Бұрын жүрген–тұрған адамдарды өзі де елең қылмай, олар да бұған бір рет қараған соң назарларын тайдырып әкететіндей боп сезілетін. Ал қазір өзі де өз көркіне ерекше назар аударып келе жатқандықтан айналадағы жүріп–тұрған жігіттер де бұған көздерін тіге қалып, сырт пішініне, оған сәйкес сұлу жүзіне қызыға қарап, сол қараған бойы жанарларын тайдырмай ұзатып салып тұрған сияқты.

Гүлназираның баратын жері автобекет еді. Күн төбеден сәл ғана еңкейген. Үйде босқа отыра беруді жөн деп санамай Сәулеге берген уәдесін орындау үшін Үшарал қаласына қатынайтын азанда жүретін автобустардың біріне алдын ала билет алуды мақсат еткен ол, жігіттер қызыға қараған сайын аяғын тәкаппарлана басып, аялдамаға келді. Көлік күткен кісілер көп болмаса да, жаздың қапырық ауасы мен терлеген адамдардың иісі мүңкіп тұратын автобусқа отырғысы келмеді. Неше алуан жолаушылар бар. Аппақ қардай көйлегіне дақ жұқтырып алудан сақтанып, такси ұстауға ілгері озды.

Жолаушылардан гөрі жолаушы күткен мәшинелер көп. Жол шетінде қаз–қатар тізіліп тұр. Гүлназира бұларға жақындай беріп еді, алдыңғы жақтан бір мұртты қара жігіт жүгіріп шығып, қыздың алдын кес–кестей сөйледі.

– Такси, қарындас. Қайда барасыз? Менімен жүріңіз, – деп Гүлназираны көтеріп әкететіндей жып–жып етеді.

Қыз үндемей басын шайқап кете берді. Оның да себебі бар еді. Осылай жолаушыларды тұрып күткен таксистер ақшаны да көп сұрайтынын ол осы қалада тұрып жатқаннан бері білетін. Әкенің жіберіп тұрған ақшасын да беталды шаша беруге болмайтынын қыз да кейінгі кездерде түсіне бастаған еді. Алғашында бұлай болмаған. Әйтеуір маған ренжімесін дейді ме екен, ай сайын әкесі мың–мыңдап ақша салып тұратын. Қарны аш, киімі жыртық болмасын, өрекпіген көңілі орнына түссін деп еркелетіп өсірген әкесі  болған соң тағы да ойлайтын шығар. Бірақ бойға дендеп ұялаған ренішті қандай қыруар ақша болса да жуып шайып жібере ала ма? Әкесіне ерегіскендей сол қаражаттарды судай шашқан кездері де болған еді қызының. Көбінесе қымбат–қымбат киімдер алды, баратын жеріне автобусқа мінбей үнемі таксимен жүрді. Бір келген ақша біте бастаса, екінші қомақты қаржы даяр тұрады. Қаладағы бұдан басқа ешқандай студент үлде мен бүлдеге оранбаған шығар. Тағдырын желеу етіп машина сатып әпер деп әкесіне қолқа салуды да кезінде ойлаған. «Мен немене көлік айдап жүрген көп қыз–келіншектерден кеммін бе?». Бірақ көшедегі жүріс бермес қыруар қозғалысты көріп, бұл ойынан өзі бас тартқан. Егер қолқа салса, сатып әперер ме еді? Оны бірден айдап кете беретіндей жүргізуші куәлігі де жоқ. Оны алу үшін бірнеше ай оқу керек. Ал сол оқудың өзі де бір арғымақтың құнымен пара–пар, құдай–ау.

Осы ойларын санасынан мұқият өткізген Гүлназира әкесін одан әрі қинай беруді ақыр аяғында жөн деп таппаған еді. «Ол әке ертең де керек қой».

Гүлназира өз жөнімен келе жатқан таксиге қол көтерді. Ол бейбақ та тиын сауып жүрген біреу болу керек, қыздың қасына кілт тоқтай қалды.