Адам қарады: 57 | Жарияланды: 2018-04-20 02:59:37

Жеті атасын білетін жылқы

   Жер жаралғалы желмен жарысқан жүйрік жылқылар мекендепті. Осыдан жеті мың жыл бұрын қазақтың арғы ата-бабалары жабайы жылқыны қолға үйретіпті. Сөйтіп, жер бетінде жылқының үстіне ең алғашқы болып қазақтар отырған екен. Олар ауыздық, өмілдірік, жүген, ертоқым, үзеңгі секілді ат әбзелдерін жасапты. Қазір біз киіп жүрген шалбарды да ең алғаш ойлап тапқан қазақтың ата-бабалары болыпты. Өйткені, ұзын шалбар кимесе, атқа отырғанда аяғына қажайды екен. Қазақтар өте текті, жауынгер халық болыпты. Сол себепті жылқылар біздің ата-бабаларымызға қызмет көрсеткенді жақсы көріпті.  

   Бір күні дүние жүзінде аттар көрмесі болып, ұлан-асыр той-думан болыпты. Ат шаптырым жиынға әр елдің адамдары өздерінің ең жақсы аттарымен келіпті. Олар жылқыларын желіге байлап, өздері сайық-сайран құрыпты. Аттар алдына қойған жем-шөпті жеп, су ішіпті. Тек қазақтың жылқысы ғана алдына әкелген шөпті жемей, арпаны ғана талғажау етіпті. Сөйтіп, әбден зеріккен аттар бір-бірімен танысып, әркім өзінің жақсы қасиеттерін айтып, мақтана бастапты.

-  Мен қысқа қашықтыққа жылдам шаба алатын жүйрікпін, - деп желпініпті сүліктей қара ағылшын жылқысы.

- Ал мен қыста шана, жазда арбаға жегуге таптырмас, күші мығым жылқымын,  - депті орыстың жирен жылқысы.

- Біз құм үстінде жүруге таптырмаймыз. Біздің тұқым әлемге әйгілі, - депті қараторы араб жылқысы. Осылайша, әр елдің жылқысы өзін ерекше қасиеттерін айтып, дауласыпты. Содан кейін әлем елдерінің жылқылары үндемей тұрған қазақ жылқысына қарап:

- Сен қай елден келдің? Неге үндемейсің? – деп сұрапты жылқылар.

- Мен – өзі момын, өзі ержүрек қазақ деген жылқысымын. Тарпаң деген атым бар. Қазақтарда үлкендер сөйлегенде жасы кішілер әдеп сақтап, тыныш отырады. Мен сіздерден жас болған соң үндемедім,  - дейді қазақ жылқысы.

- Қызық екен, - дейді орыс жылқысы. – Ал, алдында тұрған шөпті неге жемедің?

- Бұл шөптің үстін жабайы доңыз таптап, ластап кетіпті. Содан кейін бір талын да ауызға алмадым, - дейді. Сонда басқа жылқылар таң қалып, басын шайқап:

- Біз бағанадан бері өзіміздің ерекше қасиеттерімізді айттық. Ал сенде қандай қасиет бар? – деп сұрайды.

- Сіздер айтқан жылқының желмен жарысқан жүйрігі де, салт мініске арналғаны да, ер-азаматқа соғыста серік болған арынды аттың бойындағы бар қасиет біздің тұқымда бар.  Бәйгеге қосатын жүйріктерді – тұлпар, арғымақ, сәйгүлік, ал ауыр жү артуға арналғаны  - қазанат, еті мен сүті үшін өсіретін жылқылар  жабы деп аталады.

   Жер жүзінің әр түкпір-түкпірінен келген жылқылар қазақ жылқысының жас та болса ақылды екенін байқап:

- Сонда біздін бір-бірімізден қандай айырмашылығымыз бар? – дейді.

- Оны анықтау оп-оңай, -  дейді қазақ жылқысы. Әрине, бәріміздің түсімізге, күшімізге, бойымызға, дене-бітімімізге байланысты айырмашылық туғаннан бар. Мысалы, тау жылқылары тауда жақсы жүреді, ал шөлдің жылқылары құмның үстінде оңай жүреді. Бірақ адамдарды бір-бірінен ақыл, білім, мінез, қайрат арқылы үстем болатыны секілді, жылқыларда айырмашылық бар. Ол тектілік деп аталады.

- Тектілік деген не? – деп жылқылар шулап қоя береді.

- Тектілік деген  - жеті атаңды білу.

- Ал, жеті ата – деген не?

- Жеті атаны білу деген  - сенің өткен аталарының есімін, олардың тіршілік иелері үшін атқарған істерін білу, қан тазалығын сақтау.         

- Тарпаң, сен жеті атаңды білесің бе? Білсең, бізге айтып берші, – деп қызыға сұрайды жылқылар.

- Әрине, білемін. Қазақтың жылқысының бәрі жеті атасын біледі, дейді қазақ жылқысы. – Менің атам – Құлынбай, оның әкесі Ержабағы, оның әкесі - Тайжетпес, содан кейін  – Желқұнан,  бесінші атам – Сардөнен,  алтыншы атам – Нәнсәурік,  жетінші атам – Бестібек, сегізінші атам – Сақаайғыр, тоғызышы атам – Хастұлпар, - дей бергенде жылқылар шуылдап:

- Қой, жетеді, сенің аталарының атың таң атқанша айтатың түрін бар ғой, - деп әрең тоқтатады.

- Сонда тектілік не үшін қажет? Бізге соны айтшы, - дейді әлемнің бес құрлығынан келген ақ, сары, жирен, көк, боз түсті жылқылар Тарпаңға қарап.

- Біз адамзат өркениетінен бері тектілікті сақтап келеміз. Қазақтар арғы ата-бабалары Арийлер, содан кейін Сақтар мен Ғұндар біздің сүтімізден – кәделі әрі киелі сусын қымыз дайындайды. Қымызы адамның бойына күш-қуат береді. Арийлер қос доғалақты арбаны ойлап тауып, менің арғы атам – Ұшқыр тұлпарларды қос қостан арбаға жегіп, сар далада сағымша жүйіткіген.

    Бұл сөзге әр елдің жылқылары таң-тамаша қалып, шұрқырасып, басын шұлғи бастайды.

- Ой, сен қазақтардың тарихын жақсы білесің ғой, - дейді Эстон жылқысы.

- Қазақтармен бірге жүрген соң ата-бабамның тарихы да бір тарих болып кетті ғой. Сақтар Алтай мен Дунайға дейінгі аралықта кең байтақ аймақта үйір-үйір жылқы өсіріп, ат құлағында ойнауды өнер дәрежесіне көтерді. Сол үшін менің арғымақ-аталарым қазақтардың көзқарасынан-ақ не айтқысы келгенін, нені қалайтынын түсінген. Осының бәріне тектіліктің бұзылмауының арқасында қол жеткізіпті. Спорттық ойындарда қазақтар балаларын ептіліккке, ержүректікке, мықтылыққа баулып, ұлттық өнерлері -  теңге алу, аударыспақ, көкпар тарту, аламан бәйге секілді ойындарда шыңдалып, мықты жауға төтеп берген. Бейбіт заманда арба мен шанаға жегілсек, жау келгенде қазақ батырларымен бірге арқырай алға ұмтылдық.

- Бұл деген керемет қой, - деп аузын ашып қалыпты ағылшын жылқысы.

- Бұл - қазақтардың тектілігін сақтап, жеті ата білуінің арқасы, - деді Монғолия жылқысы Керқұлан қостай жөнеліп.

- Иә, дұрыс айтады, - дейді Түрікпеннің Ақалтеке жылқысы. - Қазақтар аттың құлағында ойнайды. Қазақтардың арғы ата-бабалары мінген аттардың төбесіне лауазымдық белгі – жабы таққанын атамдар айтып отыратын, -  Ал, сен, Сильвиа, сен неше атаңды білесің?

- Мен әкме –Роджер мен атам Кристиді ғана білемін, - деп басын салбыратады ағылшын жылқысы.

- Міне, сен арғы ата-бабаңды білмеген соң үйіріне білместіктен төртінші, бесінші атаңнан туыс болып келетін қарындасыңды үйіріне қосып аласың. Содан кейін тектілігің бұзылады. Біз қазақтар секілді жеті атамызды жатқа айып, тектілігімізді сақтаймыз, - дейді Тарпаң. Қазақ жылқысының айтқан сөздеріне  әлем жылқыларының бәрі ойланып, үндемей қалыпты.

Қазақ тілінде жазылған