Адам қарады: 196 | Жарияланды: 2018-05-03 07:05:12

Өлеңнен көйлек кигізсем деп ем шешеме ...

 

Бүгін де солай, ертең де солай, кеше де

Бұлжымас ешбір маңдайға жазған пешене

Өлімге дауа жоқ екен мына жалғанда

Өлеңнен койлек кнгізсем деп ем шешеме.

/Ә.Смайылов)

Әубәкір ақын жырлағандай дауасы жоқ өлімге жеткізбей тұрып, аналарымызға мейіріммен қарап, аялай білелікші ағайын. (Автор)

 

Ана.Не бәрі үш-ақ әріптен түратын осы бір сөзде қаншама мағына, мән жатыр десеңізші.Осы бір сөз айтылғанда көз алдыма сіз келесіз ана. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» деген.Қадірлей алдық па екен сізді тірлігіңіздеадірлей алдық па екен,ана.

Есіме балалық кездерім түседі. Қайта оралмас, соншалықты кымбат балалық шақ. Кейбір отбасылардағы сияқты ұрыс-керісі ,айғай -шуы жоқ мүлгіген тыныш тірлік. Қанша жыл өмір сүріп сіздің бір шамадан тыс жұлынып, жұлқынғаныңызды,біреуді даттап,жамандағаныңызды көрмеппін ана. Әлде, бір үйде жалғыз, біздерді тәрбиелеумен, кір-қоңымызды жуумен ондай әңгімеге қолыңыз да тимеді ме екен.

Қыстың күні. Күн ерте батады. Өзіңіз дайындап берген асты ішіп алып әрқайсымыз өз шаруамызбен айналысамыз. Сондағы біздің шаруамыз сабақ оқу.«Сабақтарыңды оқыңдар. Оқып,білім алыңдар. Әкең екеуміз жастай қосылдық. Оқи алмадық.Сендердің оқығандарыңды, адам болғандарыңды көрсек деумен күндеріміз өтіп келеді» деуші едіңіз ана.

Үлкен ағайым сабақ оқып отырған.Әдебиет пәні. Бір кезде үнсіз қалған оның жылап отырғанын байқадық.

- Жақсы әңгіме ғой деймін, бізге де оқып берші,- дедіңіз сіз. Мүмкін балаңыздың көңілін аулайын дегеніңіз шығар. Ағам дауыстап оқи бастады.Барлығымыз құлақ түрдік.Бір кезде ағайым ғана емес барлығымыз көз жасымызға ерік беріп едік.Өте аянышгы,жетім баланың тағдыры қай-қайсымызға болмасын әсер еткен еді. Сол күннен бастап менде де әдебиетке деген құштарлық пайда болды.

Ең басты арманымыз сіздерді ұятқа қалдырмау еді. «Пәленшенің баласын-ай».Көп аналардың біреуге сүйсінгенде айтатын сөзін бізге де ел айтса деп ойладық. Сол сөзді есітіп сіздер қуанса деп армандадық. Кіші бауырымыз екеуміз ауылда құрылған көркемөнерпаздар үйірмесіне,

ансамбльге қатыстық.Барлық жағынан сіздерге қуаныш силағымыз келетін,ана.Сондай сәттерде сіз қуана жүріп қазан көтерер едіңіз.«¥л-қызым сахнада ән салды», «Мектептен мақтау қағазын алды» , «Газетке мақаласы жарияланыпты». Әр жайылған дастарханның өз себебі, өз қуанышы бар еді.

«Бір-біріңе ауыр сөз айтып жүректеріңді жараламаңдар, ұрыспаңдар,бір-біріңнен көңілің қалады. Беттерің ашылып кетеді.Жақсыда болса туғаның,жаман да болса туғаның. Жақсысын саған ешкім бермейді»деуші едіңіз.

-Тәте сіздердің бақшада бір ит жүр. Тауықтарды шетінен тістеп,балаларға ырылдап. Сіздің кішкентай балаңыз сол жерде жылап тұр.

Көршінің баласы хабарын асыға айтып жатыр...

Кешкі асты дайындап жатқан сіз барлығын тастай салып сыртқа тұра жүгірдіңіз.Кешкі уақыт. Айнала у-шу болды да кетті.Жаңағы ит ұстатпай,көрші тұратын кәріс ағамыз, мылтығын әкеп,атып тынды.

Ит ары-бері ызғып жүріп,бір өткенде қолыңыздан қауып алса керек.Содан сіз ауруханадан бірақ шықтыңыз. Балапанын қорғаған құстай,балаңызды,оның жанында жүрген көршілердің балаларын қорғаймын деп жүріп, өзіңіздің басыңызға бәле таптыңыз...

-Не болып жатқанын біздер түсінбейміз.Көршілер үйге кіруді қойды.Ауру жұғады,-дейді балалар.Қандай ауру екенін де түсінбейміз.Өзімнен кіші бауырларымды нағашыларымыз алып кетті.Үйде әкем,үлкен ағам, мен ғана. Күні бойғы совхоздың қара жұмысынан шаршай ма, әлде сіздің ауырғаныңыз жанына бата ма,жан-жаққа шашырап кеткен балаларын ойлай ма, әкеміздің мүлдем еңсесі түсіп кетті.Үй қаңырап бос қалды. Бұрынғы алаңсыз, шат өмір артта қалды.

-Ел сөйлей береді.Ешқандай жұғатын ауру емес. Аналарыңды ит тістеп алып,содан сырқаттанып қалды. Әлі-ақ тәтелерің жазылып келеді қарақтарым,жыламаңдар. Мына нанды сендерге жауып әкелдім.Наннан қиналып жүрген шығарсыңдар.

Көрші тәте бір қолында нан толы тегеші, бір қолымен жылап тұрған біздің басымыздан сипап,жұбатып әуре. Бізбен бірге қосылып өзі де жылап тұр.

Ауруы жұғады деп ешкім жоламағанда, жаны ашып бізге нан пісіріп әкелген көрші тәтені көргенде жеті әкеміз тіріліп келгендей қуандық.Көрші-көлең неге бізден шеттеді деген ойдан шаршаған көңіліміз босады ма, әлде кітаптан оқыған жетімдіктің шет жағасын көрген көңіл жасыды ма, әлде сіздің мейірімді, ыстық алақаныңызды сағындық па, сол кезде жігіт болып қалған ағам да, мектепке әлі бара қоймаған мен де ұзақ жылап едік.Сіз айтушы едіңіз бала болып еркелемеген едің сен деп.(Қайтейін ана, сіздің сол ауруыңыз,менің балалығымды ұрлап, ерте есейтті емес пе?)

Өзіңіз ауруханадан шығып келген күні,өмірге қайта келгендей қуандық біз.Шаттығымыз сізбен бірге қайта келді. Анау айтқандай бар жақсыны кимесек те біз бақытты едік. Бар бақыт, жақсылық, молшылық атаулы сізбен бірге еді біз үшін. Сізбен бірге еді, ана.

Алыста жүрсек те үйде отырып-ақ бізде не болғанын біліп отырушы едіңіз.«Түсіме кіріпсің ауырып қалған жоқсың ба?Қиналып жүрген жоқсың ба?»Аналық жүрегіңіз барлығын, барлығын сезіп , біліп отырушы еді. Қайран ана!

Бізден алыстап мәңгілік түрағыңызға кететініңізді білдіңіз бе бірде «Мен осы алыстарға кетемін -ау деймін» дедіңіз.

- Сен жұмыстан кешігіп қалмасын ,-деп ерте келіп түскі ас дайындап жатырмын,- деп кейде түсте үйде жүруші едіңіз ас әзірлеп.

-Жұмыстан шаршап келеді ғой деп саған тамақ жасап әкелдім.Ішіп ал,-деп есіктен ентіге кіретінсіз кешке. Аналарға бермей өзің іш,- деп айтуды да ұмытпайсыз.

-Тәте -ау мен сіздің балаңыз болсам, олар менің балам ғой.Менсіз сіздің тамағыңыздан өтпеген тамақ менен өте ме бұларсыз деп күлетін едім.

-Несіне әуреленесіз өзіңіз әрең жүргенде, бәрібір тамақ жасаймын ғой,- деп кейде ренжіген кездерім де болыпты.

-Жасайсың ғой. Алдымен тамақтанып алсын деп едім, қарның ашып келді ғой,- деуші едіңіз кінәлі жандай.

Қайран анам! Сол кездегі сізге ренжігенім кесірлік екен ғой, кесірлік екен анашым.

Жаныма жатталған,өзіңіздің үнемі айтатын «Әр нәрсеге де тәубә деу керек»,-дейтін сөзіңізді қайталаймын.

-Е,балам адам пенденің қолынан келмейтіні көп қой.Бізде жас болдық Міне,енді қартайғанда кисең киім жараспай,ішсең асың жақпай,әрең жеткен жеріңнен,қонақтан дегенім ғой, ертерек қайтсам деп отырғаның.Жас кезіңде ішіп-же, жарасқанын,көңіліңе ұнағанын ки. қартайғанда киімі құрғыр да жараспайды екен.Шақырған жерден қалма,арнайы шақырған соң күттірген жөн емес,-деуші едіңіз.

Иә ,адам бәрін жасай алады,қолынан бәрі келеді деп кейде асылық ойлайтынымыз да рас.Алайда,алдымен ағамыздың, арада жыл өтіп сіздің ортамыздан кетіп,алыстауыңыз, шарасыз біздердің, яғни пенде біткеннің қолынан келмес дүниенің көп екенін мойындатқандай. Мойындатты да.

Көз жасының құны...

(Болған оқиға ізімен)

      Таңнан қара  телефон  безілдеп  қоя берді.

- Таң атпастан тағы қай қайыршы екен, - деп жұлынып барып телефонды алған  Рахила, телефонды қояр-қоймастан ойбай-аттанға басты.Бажылдап жүріп айтқанынан  түсінгені, бұл үшін ең қымбат гүлі, қартайған шағында көріп, тас болып қатып қалған жүрегін жібіткен, бүгінде Алматыдағы жоғарғы оқу орнының 1-курс студенті, кенже қызы Мәншүкті үш-төрт жігіт  жабылып зорлап кетіпті. Қызы ес-түссіз,қаладағы ауруханада жатыр екен.

Жағымсыз хабарды естігенде   жынданып кете жаздады.

-Қалаға қызымызға баралық,-деген Рахиланың сөзіне де  жауап қатпастан:«Қарғыс жібермеді,көз жасы жібермеді»деген қалпы,өз-өзінен күбірлей жүріп, жатын бөлмесіне беттеді.

Бөлмесіне келіп,төсегіне құлады да бүк түсіп жатып қалды. Көзінен парлаған жасты тыя алмай,теріс қарап жатты да қойды. Сонау жастық шақта жіберген,өзі сол кезде ерлік деп санаған оқиға көз алдынан тізбектеліп өтіп жатты...

         Жас еді.Ауылдағы  көрікті жігіттердің бірі болды. Спортпен айналысқаннан кейін шығар, дене бітімі де жақсы болатын.«Көрсең көз тоймайтын»жігіттердің қатарынан еді. Мектепте де талай қыздардың өзіне ұрлана қарайтынын байқайтын.

         - Әттең, әттең, тағдыры аянышты-ақ.Әке-шешесі мен кішкентай інісі жол апатынан қайтыс болып,тұл жетім  қалыпты. Осы ауылдағы әкесінің туыстарының үйінде тұрып жатыр екен.Келгелі ешкімге қарамайды да, бар ойы оқуда,- деген досы Самат,жандарынан өтіп бара жатқан көрші сыныптағы Мәншүктің соңынан қарап тұрып.

         - Ешкімге қарамайды ма? Онда мен қаратамын.  Ол менікі болады,- деген бұл желпініп.

         - Қой оның бар ой-арманы оқу,біздерді қайтсін? - деді Саматта қоймай.

         - Кел бәске, ол менімен жүреді,-деді бұл.

         - Бәс.

Сонымен Самат екеуі бәстесіп тынды.

          Сол күннен бастап, мұның күндіз-түні  мазасы  кетті. Жатса-тұрса Мәншүкті қалай өзіне қаратуды ойлайды.

         Бірде, құрбысымен  мектептен шыққан Мәншүктің  соңына түсті. Құрбысы Күлмария    үйіне бұрылды да Мәншүк ары қарай өзі кетті. Мәншүкті  қуып жетуге тырысып,  ентелеп жүгіріп келе жатқан.Бір жерге шалынды ма,Мәншүк  шалқалап құлап бара жатты.Соңынан қуып жетіп қалған ол қызды сүйеп  үлгерген.Қыздың қорыққаннан ба,көзі шарасынан шығардай. Ұялғанынан болар «Кешіріңіз, кешіріңіз» дей берді.Әдемі жүзі қызарақтап,  тіптен сұлуланып кеткендей.

- Рахмет!

- Жоқ ештеңе етпес,- деді бұл да маңғазданып.Сөйтті де

- Сендер жақтағы бір үйге бара жатыр едім,- деп соға салды. Ананы-мынаны айтып келе жатып, Мәншүктің үйіне де жетіп қалыпты.Сол күннен бастап қызды  сабақтан соң шығарып салып тұрды. Оқу жылының аяқталуына да аз күндер қалған.

-  Ол менікі,енді  ешқайда кете алмайды,-деген бұған.

- Ой, сенде мақтана береді екенсің, мектепті алтынға бітіріп жатыр, сені қайтсін ол, ертең қалаға кетсе табады ғой біреуді,- деген Самат .

Қызғаныш деген қызыл ит қойсын ба? Арам  ой  сап ете қалды. Бүгін Мәншүктің туыстары көрші ауылға тойға барады деген... Ендеше...Болды...

Үйде отыра алмай, сыртта не болып жатыр екен деген  оймен көшеге шыққан. Көше дегенде қайда барады, ауылдағы жалғыз дүкеннің маңында шоғырланған бір топ кісіге қарай беттеді. Іздегенге сұраған деген Мәншүк дүкенге кіріп барады екен, шыққанын күтіп тұрды. Шықты-ау бір кезде.

- Мәншүк қалайсың, мектеппен  қоштасу кешіне дайындалып жатырсың ба?

- Иә, ертеңгі кешке көйлек алып қойдым.

Өздігінен сөйлей қоймайтын,  бір ашылса салдырлап кететін Мәншүк болашақ ой арманын айтып келеді. Қасында ердім дегені болмаса бұның ойы шым-шытырық. Кешке қалай Мәншүктікіне  келуді ойлап мазасы кетті.

- Мәншүк мектепті бітірдік, мектеппен қоштасу кешінен кейін жан-жаққа кетеміз ғой. Қимайды да екенсің мектепті. Кешкілік қыдырып қайтсақ қайтеді?!

Мәншүк  біраз ойланып барып, келісті. Кешкілік кездесетін болып тарасты.

        Ал енді кеш болса ше? Зыр жүгіріп кешке дейін үйдегі шаруаларды бітірді.Анасы да баласының бүгінгі  қимылына дән риза. Ауланы тап-таза етіп сыпырып қойған ұлына сүйсіне қарады.

Кешті әрең батырған бұл «Қайда барасың?» деген анасына, «қазір келем» деді де, Мәншүк тұратын үйді бетке алды.

Мәншүк екеуі ауылдың   түнгі  көшесін аралап көп жүрді.

- Сен де оқуға тапсырып көрсеңші, - деген Мәншүк.

Бұл анасының жалғызілікті екенін айтып сылтауратқан. Оқуға бару ойында да жоқ еді.Мектепті әрең бітіріп жатыр емес пе, екі қолға бір күрек табылар.

- Жай болып кетті, үйге қайтайық,-деген Мәншүктің сөзі,ойда келе жатқан мұны селт еткізген.

Мәншүк ауласына кіріп бара жатқанда, бұл су сұрады.   Әкеліп берейін деуге ұялған болар, жүр онда, үйге кір,- деді ол.

Бұғанда сол керек, қызбен бірге үйіне енді. Су ішіп болып біраз отырды да, нар тәуекел деді...

-Сені дос деп жүрсем, адам емес екенсің ғой. Онсыз да жаралы жүрегімді жаралап,қорладың ғой. Мен сені жек көремін.Көргім келмейді сені, жек көремін. Көзіме көрінбей кет,-деп жылаған қыз дауысы жол бой  құлағынан кетпей, жаңғырығып тұрып алған...

Үйіне келіп, көзіне ұйқы тірелсе де, көпке дейін ұйықтай алмады.

-  Енді ол ешқайда кетпейді, біраз  тулар, сонсоң көнбей қайда барар дейсің,-деген тәтті оймен ұйқыға кетті.Ертеңінде жай тұрды.Кешкілік  жуынып-шайынып мектепті бетке алған.  Сыныптастары шуылдап жүгіріп жүр. Мерекелік көңіл-күймен жүздері бал-бұл жайнайды.Мәншүкті  іздеді.Әдемі көйлектерімен,сән жағынан бір-бірінен асып тұрған сыныптастарының ішінде Мәншүк жоқ. Жүрегі дір ете қалды. Келмеген бе? Мәншүктің құрбысы Күлмариядан Мәншүкті сұрады.

- Жеңгесі  Мәншүк ауырып қалды, кешке бара алмайды,- деп үйіне де кіргізбеді ,-деді Күлмария балаша бұртиып.

Құстай ұшып, Мәншүктің  үйінің маңына барды. Ауласында ешкім көрінбейді. Шам жанып тұр. Ішке кіруге жүрексінсе де,  қақпаның есігін ашып, аулаға енді.

Сыртқы есіктің тұтқасынан тартқаны сол, есік ашылып, сыртқа шығып келе жатқан жеңгесі көрінді. Бұған жақтырмай қарады.

Мәншүкті сұраған бұған:

- Кім біледі, бұл қызды не түлен түрткенін, көйлегін алып, дайындалып жүр еді, біз түнде тойда болып, үйге жай келіп едік, түнімен жылаған ба, көзі бұлаудай болып жатыр ғой, бармаймын деп.Алтын медалін  әке-шешесі емеспіз, біз  бірінші ұстамасын деп жатыр да,өзі білсін, жалынамыз ба енді. Мен жетім қылғандай жұлынады ғой, қараңқалғыр.

          Мәншүктің әкесінің інісінің әйелі  болып келетін жеңгей жұлынып,бұл шығар-шықпастан  қақпаның есігін жауып, үйіне қарай кетті.

          Мең-зең бұл да үйіне қайтты. Ертең кешке ебін тауып жолығармын, болмаса Күлмарияға шақыртып алармын деген. Қайта мектепке келді. Сыныптастары көңілді, у-шу. Бұлда сол көңілді топтың ішіне кірді де кетті.Анау-мынауға онша қайғыра бермейтін бұл, үйін таң ата  тапты.Төсегіне келіп құлай кеткен.Содан, ертеңінде түс ауа бір-ақ тұрды.Бүгін Мәншүкпен сөйлесу керек, иә бұл кінәсін мойындайды, қаласа  үйленбек ойы да  бар екенін айтпақ.

Кешке таныс аулаға тағы келді.

  • Кешеден бері неге келгіштеп кеттің? Мәншүк таң сәріден тұрып кетіп қалған. Мектептен құжаттарын алып, қалаға оқуға тапсыруға барамын деген. Қалада шешесінің  сіңлісі тұрады, соған кеткен шығар, баяғы бізді жамандап.

Әйелдің  сөзін көп тыңдап тұрмады, бұрылып кете барды.

            Арада күндер зымырап өте берді. Мәншүк содан ауылға қайтып оралмады. Елден оқуға түсті деп естіді...

            Мектепті бітіргендеріне он жыл толғанда, сыныптастарымен кездесу болды.Алдын ала естісе де мән бермеп еді, кездесер кез жақындаған сайын   жүрегі дүрсілдеп, өзіне беймәлім күйге түсіп, мазасы кеткен.Кездесу болатын күні  Мәншүк келер деген  үміт жылт етіп, кездесуге асыққан. Сыныптастары жиналып қалыпты, шуылдасып келіп, кезекпен құшақтарына алып жатыр. Бұл да қуанды.Араларынан  ақырын көзімен шалып Мәншүкті іздеді. Келмепті.

Кешкілік отырыста Күлмария екеуі оңаша қала қалыпты. Соны пайдаланды ма, өзгелер естімесін деді ме Күлмария бұған:

- Сені жек көремін. Мәншүкке жасаған қиянатың үшін сені ит етінен жек көремін,-демесі бар ма.

- Сен білесің бе, кейін Мәншүк маған барлық жайды айтты. Сен иттік жасасаңда, құдай оған бақ берді.Ауылдан  кеткен соң қалаған мамандығы бойынша оқуға түсті.Бітірген соң докторлығын қорғады.Өзіне сөз салған жігітке барлық шындықты жасырмай айтып, тұрмысқа шықты. 4 баласы бар. Бақытты тұрады. Сен ше,  бейкүнә жетім қызды жылатып, опа таптың ба?- деген.

Бұл күмілжіп қалды. Бақытсыздығын бетіне басқаны шығар...Тағдыр ғой, амал бар ма?

           Баяғы жындылықтың бәрі басылған. Анасы да    мына өмірмен ерте қоштасты. Жалғыз ұл мен  оның адуынды келіншегінен шаршады ма, кім білсін?

           Ойланбай  жүріп  от басып, осы ауылдың ең адуынды қызына қырындап көрейін деп жүріп, ақырында оның  аяғы ауыр болғансоң амалсыз үйленгендігін, енді міне, Рахиланың айтқанын істеп, сенікі жөн деп отырғанын,Рахиламен бірге тұрып жатса да есінен Мәншүкті шығара алмағандығын, соңынан іздеп баруға еркектің намысы жетпегендігін, сол намысы дегені қорқақтық, нағыз намыссыздық екенін кейін түсінгендігін және оны да адуынды Рахиланың қылықтары түсіндіргенін қалай айтсын... Анда- санда Мәншүгінің  түсіне кіргенінің өзі бұған қуат беріп, біразға дейін сол түске мәз болып, қанаттанып жүретінін қайтіп жеткізсін.

  • Мәншүк-ай, Мәншүк. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деп бекер айтпаған екен. Сенің көз жасың жібермеді ғой мені, жібермеді.Өз өмірім аздай,қызымның өмірін сорлатқанымды айтсаңшы.Бейшара,бейкүнә қызым қайдан білсін,әкесінің бір кездері өзі сияқты бір бейкүнәні шырылдатып,жазасыз  кеткенін.Қайдан білсін, әкесінің аңсаған арманына қол жеткізе алмай, содан бері өзін-өзі іштей кеміріп, жеп келе жатқанын.Қайдан білсін.
  • Мәншүгім-ай...Күні-түні жатсам-тұрсам кешірім сұраушы едім сенен.Қызымның есімінде сенің құрметіңе қойып едім қайтейін, кешірмепсің-ау, кешірмепсің.«Біреудің есесін  біреуге жібермейді, біз асыққанмен, Алла асықпайды» деуші еді, ақыры көз жасың жібермеді мені, жібермеді...

          Бүгінде самайын ақ шалып, қарттыққа бой ұрған оның  екі көзінен аққан тарам-тарам жас бетін жуып жатты.Күбірлеп, ернін жыбырлатып бірдеңе айтады. Қасына жиналып қалған әйелі,  бала-шағасы оның не айтып жатқанын түсіне алмады...

Жұмбақ сезім

Студенттік жылдардағы блокнотты ақтарып отырып «Біреудің бақытын ұрлап бақытты болу, ең үлкен бақытсыздық» деген жолдарға көзі түскен. Маржандай өрілген ұсақ жазулар көзіне оттай басылды. Жақыптың жазғаны еді ғой. Иә,Жақыптыкі.

Онжылдықты тәмәмдап, ағайын сіңлісі екеуі қалаға оқу іздеп шыққан.Үлкен қалаға алғашқы рет келуі. Оқуға құжаттарын тапсырмас бұрын «Қазақстан пионері» газетінің редакциясын іздеп тауып алмақ ниетпен автобус аялдамасында тұрған жігіттен редакцияның мекен-жайын сұраған.

-Мына автобусқа мінсеңіз, көк базардан түсіп қаласыздар.Тура сол базардың қарама-қарсысында сіздер іздеген редакция,-деп жігіт бар білгенін айтып,автобусқа мінгізіп жіберді. Есімім-Жақып, әлі кездесерміз деген. Иә, дәл сол күні «Қазақстан пионері» газетінің редакциясында хатшы ағасының кабинетінде Жақыппен тағы танысқан.Сол таныстықтары достыққа ұласты.Аққұба өңді, жылы шырайлы, орта бойлы,арықша келген жігітпен кейіннен оқу орнында жиі кездесіп тұрды.

Жоғарғы оқу орнын бітіріп жолдасының аулына келіп, аудандық газетке жұмысқа тұрды.Кейіннен бір қалаға келгенде Жақыпты ойламаған жерден көшеде кездестірді.әре-сәре болып бір-бірімен қуана қауышып, жақын маңдағы кафеге барып біраз отырған.Бұл өзінің жұмыстан босап қалып, қиналып жүргенін айтқан.

-Әттең қолым қысқа, әйтпесе Алматының қалаған жерінен үй алып беріп отырғызып қояр едім деген Жақып мұңайып. Сөйтті де:

-Әлі-ақ бәрі орнына келеді, тек сенімің болсын.Ерінбей еңбек  еткен адам жеңіске жетпей қоймайды. Ертең-ақ сенің жеңісіңді жуып, дүркіретіп тойлап отырамыз,мойыма деген.

-Сен жазбай кеттің ғой.Жақсы жазасың, әттең, жалқаусың,ә?! Сенің есіміңді өзім есте сақтайын, ел есінде сақтасын деп, кейбір жазған материалдарымды сенің атыңнан жіберіп жүрмін деген.

-Жақында қалаға тағы келетін жұмысым бар. Сол кезде жазған бір-екі материалымды ала келермін, жариялап беретін бол деген бұл. Бірақ ауылдағы күйбің тірлікпен арада біраз уақыт зымырап өте шыққан.

Жолы түсіп қалаға келе жатыр Автовокзалда тұрып бұрынғы әдетімен Жақыпқа телефон шалды.

-Жақып, мен қалаға келіп тұрмын. Баяғыдағы уәдеңді орындайтын кез келді. Шабытым ұстап бір әңгіме жазып едім,өзіме ұнады.Маған ұнаған зат саған да ұнайды,иә?

-Иә.

-Онда осы материалымды жариялап бересің, олай етпесең ренжимін.

-Жоқ,сенің материалыңды жариялаймын ғой, жариялаймын...Ентігіп әрең сөйлеп тұр.

-Не сен ішіп алғансың ба, әрең сөйлеп тұрсың ғой?-деген оның ішпейтінін біле тұра.

-Менің жұмыс орныма барып, қасымдағы қызға тапсырып кетші, мен сені күте алмайтын болдым, ренжімеші.

-Әрине ренжимін, қалаға кел деп жалынасың, келсем күтуге де жарамадың...

-Ренжімеші, шынымен жағдайым болмай тұр. Жақпайтын бірдеме жеп қойдым ба, білмеймін, ренжімеші...

-Қойшы-ей, мен кеттім.

-Қырсықпашы, қасымдағы қызға бер, өзім шыққан соң реттеймін...

Трубканы тастай салды. Ренжімегенде ше, ренжіді. Сол қалпы қаладағы  келген шаруасын бітірді де, радиоға бармастан ауылына тартқан...

Жұмыста отырған.Қасындағы Гүлнұрдың қолындағы газетке көзі түсе берді.Қандай, кімнің мақалалары жарияланды екен?-деген журналистік қызығушылықпен газетті сұрап алған.

Газеттің әр бетін асықпай оқып отырған.Кенет, кенет  соңғы беттегі некрологқа көзі түскен.

«Журналист Жақып Болымовтың қайтыс болуына байланысты туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз».

Қой алдыңғы күні ғана өзім тілдестім емес пе, арада екі күнде өткен жоқ қой. Мүмкін емес, мүмкін емес.

Қолындағы газетті тастай салып, телефонға жармасты.Газет арқылы танысып, Жақып екеуі жақын туыстардай жақындасып кеткен, өзінен бір курс төмен оқыған Мырзантайға хабарласқан.

-Иә, рас ағамыздан айрылып қалдық.Ол кісі бұрыннан жаман аурумен ауырады екен ғой.Бізден жасырып жүреді екен. Менің өзім кейіннен білдім. Ақыры сол ауруы алып тынды ғой.

-Қойшы мен онымен екі күн бұрын ғана  сөйлестім  емес пе?

-Иә, ол кісі төсек тартып кейінгі кезде жатып қалған. Сені күте алмағаны да сондықтан. Саған білдіргісі келмеген шығар.Сенің алдыңда ол кісі ылғи биік болып көрінгісі келуші еді ғой.Сол намысына тырысқан шығар.

Біреу шапалақпен тартып-тартып жібергендей.Кеудесін бір қимастық сезім биледі. Бетін жуған жасты алақанының сыртымен сүртті.

-Өй,қыз,саған не болды?Ғашығың өлді ме,не болып қалды,соншалықты ботадай боздайтын. Құрбысы Гүлнұр бұған бір, газетке бір қарады.

-Некрологта жазылған кісі туысың ба еді, кешірші, кешірші...

Ғашығы ма еді, туысы ма еді Жақып?..Кімі еді?

Он жылдықты бітіріп, қалаға оқу іздеп келген. Мектепте жүргенде «Қазақстан пионері»газетіне  мақалалары жарияланып тұратын. Ауылдағы ағайындардың ақылымен сол газеттен жолдама алмақ ниетпен редакцияға барған. Жауапты хатшының кабинетінде өзі сияқты үш-төрт жас отыр екен.

-Мына жігіт-Мырзантай Шымкенттік, мына бойжеткен Сәуле деген құрбың, Қызылорданыкі танысып қой деген жауапты хатшы.Танысты.Осы кезде  кабинетке орташа бойлы жүдеу келген жігіт кірген.Бұл Жақып ағаң, биыл журналистика факультетінің соңғы курсында оқиды.

Жаңа ғана өзін автобусқа отырғызып, жөн сілтеп жіберген жігітті танып тұрса да қолын созған.

Жымиған жігіт:

-Жақып,- деп қолын ұсынды.

Алғашқы таныстықтары солай басталды.

Оқуға түскен жылы  ауылың жақын деп жатақхана бермеді.Не қаланы дұрыс білмейді, пәтерді қаланың қай шетінен іздерін білмей еңсесі түсіп келе жатқан.

-Халің қалай, қабағың түсіп кетіпті ғой, не болды?-деген алдынан қарсы шыққан Жақып.

-Ауылың жақын деп жатақханадан орын бермеді. Пәтер іздеп барамын.

-Баяғыда Шымкенттік  бір ағаңа да ауылың жақын деп жатақхана бермеген екен. Ағаң алғанда  сабақтан соң жаңағы  аудиторияда қалып, түнеп жүрген ғой. Қашанғы қулығы жүзеге ассын, бір күні  мұғалімдердің бірі байқап қалып, бұл әңгіме деканға жеткен көрінеді.«Осылай да осылай, Шымкенттен ертеңгісін шықсам кешке жетем,кешкі сабақтан шыққан соң  Шымкентке кетсем ертеңгісін бірақ жетем келесі күні сабаққа үлгере алмаймын, содан амалсыз аудиторияға қонып жүрмін»деген ғой батырың.Дәлелді сөзге тоқтаған декан ағамызға жатақхана беріпті деген әңгіме бар. Не көп  аудитория көп, бірін сен де меншіктеп  алмайсың ба?-деп әзілдеген Жақып.

-Жүр мен де іздесейін,-деп бұған ілескен. Екеуі жолдан асханаға кіріп тамақ ішіп алып, күн батқанша пәтер іздеп, әрең тапты-ау әйтеуір.

Қиналған сәтте қол ұшын беретін, қуанған сәтте шын  көңілімен бөлісетін де Жақып.Бауыр басып кеткені соншалық кит етсе Жақыпты іздейтін.Ол да қолым бос демейтін ғой, шақырса жанынан табылатын.

Кей кездері оның әзілдерін көтере алмай қалған сәттерде «мыжымашы» деп бір-ақ қайырып кете баратын. Ол болса сол жымиған қалпы қала беретін еді.

-Мақпал сен білесің бе, Жақып аға сен туралы күнделік жазып жүр екен,өткенде жазып отырғанының үстінен түсіп, жалынып  жатып оқуға сұрап алдым.Мә, керемет жазған,саған ғашық екен ғой,-деген Мырзантай бірде.

-Мақпал Жақып ағаға тұрмысқа шыға салшы.Қандай жақсы адам, сен білмейсің ғой.Бақытты болар едіңдер.Мен білем ғой ол кісіні,жанға жамандық жасамайды ғой.Ойланшы.

-Қойшы-ей, алдынан қарасаң пенсионер, артынан қарасаң-пионер, мен оған қалай тиемін деген бұл. Сол кезде жастықпен ойын емес, бойын өлшеп еді.

-Мен туралы дейсің бе?Сонда не депті,мен де оқиыншы. Өзі туралы не жазды екен деген ой қойсын ба, Мырзантайға бұл жабыссын.

-Мырзантай әкеп берші, оқып көрелік.

-Жоқ болмайды, ол сен туралы кітап жазам деп жинап жүр екен,маған да бермей, әрең оқытты.

Жалынып жатып Мырзантайды көндірді. Жаңағы блакноттарды әкеліп беретін болды.

Арада бір-екі күн өткенде бөлмесіне арсалаңдап Мырзантай жетсін.

-Әкелдің бе?

-Ұрлап әкелдім, тез-тез оқып шық,қайта апарып  орнына  қойып қоймасам ренжиді.

Бөлмелес қыздарымен  қатарласа отыра қалып блакнотты ашты. Шағын ғана блакноттың алғашқы бетіне қызметтік куәліктерге жапсырылатын мұның суреті ілініпті. Суреттің төмен жағына толық аты-жөнін жазыпты.

-Бір көргеннен ғашық болдым дегенге бұрындары өз басым сенбеуші едім. Бірақ автобус аялдамасынан сені көргенде бұрыннан таныс, өзіме ет жақын бір жанды көргендей күй кештім.Жан-жаққа жалтақтап тұрғандарыңнан, жөн сұрайтын жан іздегендеріңді сезіп,өздеріңе жақындай бердім.Газет редакциясын іздеп тұр екенсіңдер.Жөн сілтеп жібердім де, келесі келген автобусқа отырып,соңдарыңнан менде редакцияны бетке алдым.Редакциядағы хатшы қыздардан сендердің  жауапты хатшы ағамыздың  кабинетінде отырғандарыңды біліп менде сол кабинеттің есігін аштым. Ойым жақынырақ танысу.Хатшы ағам да сезді ме, сендермен мені таныстырды.

     -Сені алғаш көргеннен жақсы көрдім. Білмеймін неге екенін сендей қарындасым болса деп ойладым.Содан да болар ауылдағы інішегім «Анамыз он бірінші баланы дүниеге әкелді»деп хабарласқанда және оның қыз бала екенін естігенде қатты қуандым. Әкеме, анама айт  атын Мақпал қойсын дедім. Сөйтіп он бірінші бауырыма сенің есіміңді бергіздім.

     -Бүгін-7 қараша.Мереке.Сен ауылыңа бармақ екенсің.Жатақханаға барып едім, бөлмелестерің сенің  автобекетке кетіп қалғаныңды айтты.Такси ұстап, соңыңнан мен де жеттім. «Саяхат» автобекетінде сыртта тұр екенсің.Кездестіргеніме қуанып, жаныңа жеткенше асықтым. Келе өзіңе мерекеге деп алған жұқа былғары қолғапты ұсындым. Ұялдың ба, әрең алдың. Менің қуанышымда шек жоқ. Сен қуансаң, менің төбем көкке жеткендей болатынын сезесің бе?..

     -Сендер түстен кейін оқитындықтан кей кездері өзіңді кездестіре алмай қаламын.Бүгін әдейі күтіп тұрмын. Курстас жігіт екеуің келе жатыр екенсің. Мені байқамадың ба әлде кездескің келмеді ме жанымнан өтіп кеттің.

Қолыма диплом алдым. Қуанышымда шек жоқ. Қазақ радиосына жұмысқа да тұрдым. Сен қоңырау шалып, жұмысқа тұруыммен құттықтадың. Саған көп рахмет, елеп қоңырау шалғаныңа деп едім, ол не дегенің, сен менің ағам емессің бе дедіңСен үшін мен ағамын, ал  мен үшін сен кім екеніңді сезбейсің де...Әлде білсең де, білмеген болып жүр ме екенсің?

    -Кейінгі кезде осы бір жігіт сенің жаныңнан шықпайтын болды. Неге? Қаншалықты саған жақындығы бар?

    -Мен сені әдейі жатақханаға іздеп бардым.Қыздармен келе жатыр екенсің, мені көрмедің.Соңдарыңнан жүріп отырдым.Сыңғырлап ұзап барасың.Өмірде де солай болар ма екен,менен ұзап кетер ме екенсің?Олай болмаса екен деп тілеймін.Жатсам, тұрсам арманым осы...

     -Сен туралы арманымның быт-шыты шықты. Басқаға жар болдың.Сен тұрмысқа шықты дегенді естігенде білсең ғой,менің қандай күйге түскенімді.Білмейсің ғой.Жарайды, ол күнді еске алмай-ақ қояйыншы.

     -Әттең тұрмысқа шығып қойдың.Мен сені бұлай тез тұрмысқа шығады деп ойламаппын. Баладай көңіліңе қарап жүріп кеш қалдым.Сонда да сені қимадым.

    -Жолдасың ауылда, сен бесінші курста оқып жүрсің.Біз танысқалы да 5 жыл өте шығыпты. Радиоға материалдарыңды әкелген екенсің,осыны пайдаланып, сені кафеге шақырдым.Сен жақсы көретін балмұздақты алып, екеуміз шеткері тұрған орындыққа отырдық.Үндемей қала алмадым. «Біреудің бақытын ұрлап бақытты болу ең үлкен бақытсыздық,»-дейді ғой, солай болса да:

-Маған тұрмысқа шықшы,-деп едім, сен жатып кеп күлдің.

-Жақып, менің жолдасым бар ғой, жоқ бұрынғы аталарымда екі-үш әйелдерден болған деп,сені екінші күйеуім қыламын ба деп, емен-жарқын бір мәз болдың.Сонсоң үнсіз қалдың.

-Жоқ, ойланшы, мен сені күйеуге тиген демес едім,маған тұрмысқа шықшы.Жақында маған үй береді.

-Қалада бұрыннан тұратындар үй ала алмай жүргенде,саған қалайша бере салатын болды?Өтірік соқпашы.

-Шыным бұл.Барлығын таста да, маған тұрмысқа шықшы.

-Мұның не сенің, әзілдеп тұрсың ба?

-Мен сені  бір көргеннен ұнатып едім, бірақ көңіліңе қаяу салам ба деп батпай жүрдім.Күйеуге тигеніңде ұмытам ба деп едім, олай ете алмадым...

-Қой енді, мыжыма...

Сен әдетіңе басып бірақ үздің.«Мыжымашы». Көңіліңе жақпаса осы сөзді айтасың.Ал сол сөзді естігенде менің аузыма  құм құйылғандай болады...

Келесі блакнотты ашты.Онда да жаңағыдай мұның суреті ілінген.

Келесі, келесі, барлық алты блакнотта тек бұл туралы жазылған. Оқып отырса бұл бір керемет жан. Іштей бір мақтаныш бойын билегені де өтірік емес. Шын мәнісінде мен осындаймын ба?- деген ой қылт еткен.

-Мырзантай, мына блакноттарды маған берші.Оқып біткен соң Мырзантайға жалынсын.

-Жоқ болмайды. Жақып ағаның жұмыс бөлмесіне өзінен басқа мен ғана кіремін. Менің алғанымды бірден біліп қояды.Өйте алмаймын.Онсыз да ол кісі мені өзі жоқта бөлмесіне кіруге рұқсат беріп, сенім білдірді ғой. Оның сенімін қалай аяқ асты етемін. Ренжіме, қайтып апарып орнына қоюым керек.

Арада жылдар өтті. Жақыпта үйленген. Ауылдасына.Мүмкін мұның көңіліне қарағандығы шығару:

-Қалаға ағамызды арнайы іздеп келіп тиіп алды ғой,-дейтін Мырзантай.

Уақыт деген зымырап өтіп жатыр. Корпуста алдынан шыққан Мырзантай бұған бірден

-Мақпал,білесің бе,сен туралы кітап жазылмайтын болды,-деді.

-Неге?

-Жақып аға жоқта жеңгеміз өткендегі блакноттарды оқып қойып, ағамыз жұмыстан келген соң бәлені салған ғой.Сонсоң өзің білесің жеңгеміздің аяғы ауыр,мен десең мыналардың барлығын отқа өрте деп тұрып алыпты.Мен болсам көнбес едім. Ағамыз жуас қой. сөйтіп бәленбай жыл жинаған дүниесін ағамыз өз қолымен жанып жатқан отқа салыпты.Солай. Керемет кітап шығатын еді. «Махаббат қызық мол жылдардың» ар жақ, бер жағы болар ма еді? Әттең!-деген Мырзантай.

-Ту-у ,сол кезде маған бере салшы деп едім ғой. Анда-санда оқып жүретін едім,- деп бұл кәдімгідей ренжіген-ді...

Арада қаншама жылдар өтсе де Жақыптың маржандай жазулары өткенді еске түсірген.

Бұлар құсап анау-мынауға асып-саспайтын, үнемі сабырлы қалпын сақтап, жымиып тұратын, адамгершілігі бір басынан артылатын, қарапайым ғана ауыл баласы, сол баяғыдай бұған қадала қарап тұрғандай.

-Әттең, қолым қысқа, әйтпесе қаланың төрт бұрышының қалаған шетінен үйіңді алып беріп отырғызып қояр едім,-деген соңғы  жолыққандарында шарасыздықтан.

-Неге сонша жүдеп кеткенсің?-деген бұл.

-Өзімнің де семіздігім белгілі еді ғой,-деген ол күліп. Сөйтіп тұрып, қоштасқан сәтінде қолын аялай сипап, ұз-а-ақ жібермей ұстап тұрған. Мүмкін соңғы рет кездесіп тұрғанын сезді ме екен? Сезді ме екен? Кім білген?..

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған