Адам қарады: 190 | Жарияланды: 2018-06-28 03:13:43

Бейкүнә қыздың көз жасы

Сәулесін төккен ай да, жымыңдасқан жұлдыздар да көрінбейді. Жер бетін қараңғы түн тұмшалап, көк жүзін қара бұлт басқан. Тек, күре жолда ары-бері ағылған көліктер ғана өткір жарығымен қараңғы түнді аямай осқылауда. Жолдың шетімен ақ көйлегі ағараңдап, бір бойжеткен қыз дедек қағып келеді. Жалғыз аурушаң анасының ауыр хәлде ауруханаға түскенін естіп, асығыс жолға шығып кеткен, бір де бір көлік тоқтамай, көз жасына ерік беріп келеді. Шалғайлау орналасқан ауруханаға тезірек жетуді ғана ойлаған ол соңғы шешімге келіп, бар күшімен ілгері қарай жүгіре жөнелді. Қанша жүгіргені белгісіз, шетелдің қымбат қара көлігі қатарласа келіп, тоқтап, жолаушы жақ есігі ашыла берді.

         -Қарындасым-ау, мынадай қараңғы түнде жалғыз өзің неғып жүрсің?-Отыздың үстіне шыққан  жігіт жанына отырып жатқан жас қызға мейірлене үн қатты.    Көлікке мінуін мінсе де, жасқа  шыланған жанарын үрей торлап, үркектеп отырған қыз болған жайтты түгел айтып берді.   

-Түк емес, қарындасым. Қазір-ақ анаңа жетіп барамыз.-Қызға күлімсірей қараған  жігіт  жылдамдықты ауыстырып, көлікті ызғыта жөнелді.

Көп ұзамай, қорқынышы сейіліп, жаны жай тапқан қыз, көзі ілініп бара жатқанын да байқамай  қалды.

Көп ұзамай  жігіт екі қолы рульде болғанмен, екі көзін гүл еріні сәл ашыла мызғып кеткен қыздың көрікті келбетінен ала алмай, ақыл-есі, еркінен айырылып, нәпсінің аранына құлап бара жатты.

Көп ұзамай жол жиегімен қиыстап төмен түскен қап-қара көлік  қап-қара шашы жартылай жүзін жауып, әлі жасы кеппеген қап-қара кірпіктері айқасып, алаңсыз тәтті ұйқыға енген ақ көйлекті бейкүнә қызды алып, қап-қараңғы түннің құшағына  еніп  бара жатты.

                       .........................................................

 

-Әке, мен.. менің үйленгім келеді..

Көлігіне міне берген әке өз құлағына өз сенбегендей, баласына жалт қарады:-Не дедің ұлым? Қайталап айтшы? Сен.. сен үйленем дедің бе?

-Ия, әке, үйленгім келеді. Жасым болса, жиырмаға келді..

-Балам-ау, сен.. сен.. сонда..  мен.. мен келін түсіріп, ата.. ата атанымын ба?- Елуді еңсеріп, сақал шашы ақ бурыл тарта  бастаған әке жанары жасқа шыланғанын байқамай қалды.-Тек.. тек осы сөзіңді анаңның ести алмай кеткені қандай өкінішті..

-Әке, мен балаңыздың үйленетінін естіп, жол бойы тойдың жайын ойлап барсын дегенім ғой.. Ал, сіз болсаңыз, жол жүрейін деп тұрып.. көзіңізге жас алып..

-Ұлым-ау, бұл қуаныш жасы ғой. Мен.. мен анаң қайтыс болғалы жиырма жыл өтіп,  сенің жиырма жасқа толғаныңды да байқамаппын. Әлі кішкентай бала көріп жүрген ұлым аяқ астынан үйленем дегенде..-Қуаныштан тоқыған әке тағы да кемсеңдей жөнелді.

-Әке, көңіліңіз  мұншама босап, сізге не болды? Жол жүрейін деп тұрсыз..

-Балам, маған алаң болма. Осы істі бітіріп келген бойда тойдың қамына кірісемін. Көресің, тойды дүрілдетіп тұрып өткізетін боламыз.-Бойын тез жиып алған әке, ширақ қимылдап көлігіне міне берді.

-Әке, осы түн ішінде жүрмей-ақ, жолға ертең шықсаңыз қайтеді?

-Балам, менің жұмысым осындай екенін өзің де жақсы білесің ғой. Қазір шығып кетпесем, керекті адамыммен кездесуге кешігіп қаламын. Оның үстіне бұл келісім өте қомақты қаржы әкелмек. Айттым ғой, маған алаң болма. –Әке көлікті оталдырып, жүре бере кілт тоқтады.-Әй, сен үйленетніңді айттың, бірақ ол қыз кім екенін, кімнің қызы екенін айтпадың ғой.

-Ту, әке, соған бола тоқтадыңыз ба? Жарайды, айтайын. Әкесі жоқ, шешесімен бірге тұрады. Өте ойлы, байсалды қыз.

-Әкесі жоқ дейсің бе, оқасы жоқ. Өте ойлы, байсалды болса, ақылы көркіне сай арудың өзі болды ғой.

-Әке, енді.. былай.. көріктісіне көрікті..-Сәл қызарақтап қалған бозбала ойына әлдене түскендей қуанып кетті.-Айтпақшы, менде ол қыздың суреті бар.-Ұялы телефонын алып, түймелерін тез-тез басып, әкесіне ұсына берді.

Телефондағы суретті көрген әке өз сүйінішін жасыра алмады:-Пәллі, мынау менің болашақ келінім бе? Бәсе, менің қыран балам анау-мынау емес, осындай аққудың көгілдірін ілсе керек қой! Келбетті ғана емес, өзің айтқандай өте ойлы екенін де көріп отырмын. Жанарында мұң бар ма, қалай өзі?.. Нечего, үйге келін болып түскен соң барлық мұңын ұмытатын болады. Мен оған қызымдай қарайтын боламын. –Көңілі әбден толған әке ұлының телефонын қайтарып, жылдамдықты ауыстыра берді.

                            .....................................................

 

Сәулесін төккен ай да, жымыңдасқан жұлдыздар да көрінбейді. Жер бетін  қараңғы түн тұмшалап, көк жүзін қара бұлт басқан. Тек күре жолда келе жатқан жалғыз көліктің жарығы ғана түнек түнді қақ жарып келеді. Қуаныштан  шалқыған әкенің екі қолы рульде, екі көзі алда болғанмен, көңілі аспанда. «Жұрт қызыға, қызғана қарайтындай келінім болады. Сосын.. сосын немерелі боламын. Бірінші немерем ұл болады. Содан кейінгісі қыз.. қыз..Тоқта! Осы келінімді.. суреттегі қызды бір жерде көрген секілдімін ғой.. Қай жерден көрдім екен? Қойшы, түрлері ұқсас адамдар көп қой.. Бірақ, бұл туралы неге ойлай берем?».- Жүрегін шымырлатып еніп келе жатқан әлдебір белгісіз қорқыныштан қашып құтылғысы келгендей, көліктің жылдамдығын арттыра түсті. Кенет, зымыраған көлігімен қапталдаса жүгіріп келе жатқан ақ көйлекті қызды байқап қалды. Ақ көйлегі ағараңдап, көліктен қалысар емес. Жүрегін шымырлатқан қорқыныш бірте-бірте айқындалып, көз алдында әлдебір суреттер көлбең қақты.

Айсыз, жұлдызсыз  қап-қараңғы қара түн. Қап-қара шашы жас жуған жүзін жауып, өлердегі сөзін айтып жалынған ақ көйлекті бейкүнә қыз. Зұлым қара күшке тапталған әлсіз, нәзік бейкүнә тән..

Жылдамдығын баяулатпастан  биік асуға шыққан  қара көлік көп өтпей қара жолдан шығып, төмен қарай домалап, қап қараңғы түннің құшағына еніп бара жатты.

Қазақ тілінде жазылған