Адам қарады: 133 | Жарияланды: 2018-09-06 03:14:36

Жоғалған махаббат

Екі бөлімді драма

Бірінші бөлім

1-көрініс

Үй іші. Август айының түні. Туған күн көші. Ұзын столда жағалай отырған қонақтар. Қыза бастаған. Әндер айтылды. «Ақбақай». Әр жерде мойны сорайған арақ-шараптар. Үй иесі жағалай құйып шығады. Әйелі төменде шай құйып отыр.

Айкен: (Басына ақ орамал тартқан, үстінде ұзын, гүлді халат) (Күлімдеп, әзілдейді) Әй, Халима шай іш. Не ғып молда боп қалғансың. Шалың отырған соң қылымсып отырмысың. Кел! (Стаканын көтеріп Халимаға қағысуға столдың екінші басына келеді) Іш. Жаркен жоқта қалай сімірер едің. Бізді көрсеймісің міне Қуанышпен жарысып тартамыз.

Жаркен: (Қасындағы Халимаға қарайды) Е, сендер біз жоқта тегі жиі-жиі тартасыңдар-ау, Айкеннің айтуына қарағанда.

Қуаныш: Ой-бой, бұл екеуі ішкіш. Тығылып, жасырып ішеді. Несін айтасың Жәке, екеуіміздің теріміз кең ғой көрсек те көрмеген боп жүре береміз.

Айкен: (Күйеуіне еркелеп) Бишара-ай десеңші ...

Халима: Ішің елжіреп кетті ғой, сүйеді екенсің.

Қуаныш: (Айкенді мойнынан орай құшақтап сүйеді) Әлі ыстық-суығымыз басылған жоқ ...

Жаркен: Осы біз екінші баланың туған күніне емес, үйлену тойына жиналып отырғандаймыз-ау.

Жесір келіншек: Жарасады, жарасады ...

Қыз: Әлі қыз бен жігіт тәрізді. Бұралып тұр...

Айман: Айкен қой енді бұраңдамай.

Айкен: О, жаман қыз, ішің ашып отыр-ау. Қызғанып кеттің бе? Әй, бері қарашы. Жігіт құшақтап көрдің бе, әй, бишара.

Айман: (Қызарақтап) Жігіт деген бума-бума ғой ... Маза жоқ.

Айкен: Меншіктесеңші біреуін. Осы сен өтпейсің бе деп қорқам. Жасың жиырма беске келді. Жақсы қыз болсаң өтуің керек еді, бір кілтипан бар-ау тегі.

Айман: Мен анау-мынау емес, жігіттің төресіне тием.

Айкен: Ой, пәлі-ай. Байқа тазға жолықпа... (Көпке қарап) Жолдастар, сендер бізге қарамаңдар. Мен Айманнан Қуанышты тартып алғанмын, так-что екеуіміз күндеспіз...

Қуаныш: Қап. Мынау бар сырды ашып қойды-ау!

Жәркен: Жасырма Айкен, тағы да айт. Бұл Қуаныш тек жүре ме бұл ...

Айкен: Мен кеңмін ғой шіркін.

Қуаныш: Жолдастар, келесі тосты арамыздағы беделді, сыйлы азаматтың бірі Қайыржанға береміз. Біздің кішкенемізге деп өзінің тілегін білдіреді.

Қайыржан: Ақырын сөйлейді. Құрметті қонақтар! Осыдан екі жыл бұрын ғана осы үйде, осы дастарқан үстінде біз Қуаныш пен Айкеннің үйлену тойын тойлап едік. Содан бері міне осы жастардың талай қуанышына куә болдық. Таяуда ғана дүниеге келген екінші сәбиге өмір тілейік. Тілі шығып, тәй-тәй бассын. Тезірек ширап, анасы мен атасының қасына ілесіп жүрсін. Папасы мен мамасына бақыт тілеп, жетпегеніміз осындай қуанышқа ие болайық деп, ауырлау болса да алдағыларыңызды көтеріп қоюларыңзды сұраймын. Бағанадан айтқан тілектер қабыл болсын.

Жәркен: (Айқайлап) Иә, мамасы мен папасы үшін. Папасы болмаса қайдан келеді ол...

Халима: Қойсаңшы...

Жәркен: Немене қоятыны бар, күлге аунап тапты ма, еңбек екеуінікі.

Жесір келіншек: Дұрыс айтады екеуінікі.

Айкен: Әй, Айман, Халима ішіңдер. Бүгін екеуің де сау қайтуға қақың жоқ!

Қуаныш: Иә, иә мас болсаңдар жатып ұйықтай саласыңдар. Ертең демалыс.

Айкен: Қайыржан осы Айманда ала салсаңшы, үйлерің жақын, жұмыстарың бір.

Қыз: Рас, алыстан арбалағанша.

Қайыржан: Мінезі қиын ғой бұның.

Айкен: Еркек емессің бе, сабап аласың көнбесе. Шіркін осыған бір тыпыр еткізбейтін күйеу жолықса ғой, айызым бір қанар еді-ау шіркін.

Айман: Көрерміз кім кімді сабайды!

Қайыржан: Қой ойбай, мынауыңның түрі жаман екен.

Қуаныш: Кәке, ол бер жағы ғана. Әйел болған соң алдай саласың!

Айкен: Әй, мына кәпір алдағанға да көнбес. Бұл орыс оқуын оқыған ғой. Кәпір бұл ...

Қуаныш: (Столда отырғандарды шетінен ішкізе бастайды) Ал. Қайыржанның сөзін жерге тастамаңдар! Біздің коллективте биыл тағы да жаңалық бар. Жаңадан бір мұғалім қосылып отыр ортамызға. Мен де жөнді таныңқырамай жатырмын. Ал, құрбым өзіңді мына қонақтарға таныстыра отырсаң.

Әсима: (Орнынан баяу көтеріліп, тамағын кенеп, тыныштықты тосады) Менің атым – Әсима. Алматыдан оқуды биыл бітірдім. Мамандығым – биолог. Көрші Үржар ауданынанмын. Сіздермен танысқаныма өте қуаныштымын. Басқа жағын жұмыс барысында білісе жатамыз ғой!

Қуаныш: Әрине, әрине. Қалғанын Қайыржан сияқты жігіттер өздері сұрап ала жатады ғой. Ал мына біз сияқты мойнында қамыты бар пақырлар сіз сияқты асыл құрбыларға жанаса алмаймыз. Әйеліміз шаңымызды қағады. Сондықтан Әсима құрбым сізге күзетшілікке және қызметшілікке мектебіміздің аса құрметті бойдағы Қайыржан тағайындалады. Жолдастар мына түн болса ортадан ауып барады, әлі алдағы үлкен тамақ бар дегендей, бірақ үзіліс жасасақ. Батаны үлкен аста қайыртармыз. Әумин дейік.

Бәрі: Әумин, – деп бетін сипайды.

2-көрініс

Есік алды. Аула ішінде жарық түсіп тұр. Музыка ойнайды. Август түні салқын. Қыздар билеп жүр.

Жігіттер топталып темекі тартып тұр.

Жәркен: Ана қыздың аты Әсима ма?

Қайыржан: Иә.

Жәркен: Ол қайда тұратын бопты. Әлде туыстары бар ма екен.

Қуаныш: Білмеймін, жесір келіншектің үйіне тұратын болды, – деді ғой директор.

Жәркен: Бұзады десеңші, ауылдың бойдақтары.

Қуаныш: Алдыңғы жылы бір қыз жүкті боп қайтты ғой. Ой, бұлар бұзады. Өз-өзіне мықты біреу болмаса.

 

3-көрініс

Түн ортадан ауған. Қонақтар қайта бастайды. Тамақ ішіліп болған. Қонақтар қызу. Қоштасып қайтып жатыр.

Жәркен: (Тәлтіректеп) Ал, Қуаныш ... Екһ...

Қуаныш: Жәке қалсаңшы ...

Айкен: Әй, қой. Қайтсын Халима қорқады жалғыз.

Айман: (Тақылдап) Айкен қайттық біз. Сау бол!

Айкен: Сау бол, иә. Сау болмағанда сені кім алады дейсің .. Не бай, не құдай алмайды. Әй, Қайыржан шығарып сал ананы. Тікірейген бер жағы мұның, қолынан ұстасаң ебі қашады.

Қайыржан: (Күліп) Қызметімді атқармасам болмайды ғой!

Қуаныш: Әси-ма!

Әсима: Мен мұндамын.

Қуаныш: Міне, қызметшің. Бір жағыңда апайың бар. Қайтармай күзетіп отыр десең, Қайыржан берік жігіт, күзетіп отырады.

Әсима: (Қызарып) Үй жақын ғой! Өзіміз барамыз.

Қуаныш: Жо-жоқ. Менен қонақтан қайтқан соң жас қыздардың жоғалып кеткенін қаламаймын. Қайыржанды жесір келіншек пен Әсимаға қосып жібереді.

 

4-көрініс

Түн. Қараңғы көше. Үшеуі аяңдап үйге тақайды.

Қайыржан: Әсима қалай, біздің ауыл ұнай ма?

Әсима: Кім білсін, әлі үйрене алмай жатырмын.

Қайыржан: Ештеңе етпейді үйреніп кетесің. Орыс мектебін бітірдің бе?

Әсима: Жоқ. Қазақша оқығанмын. Ауылда орыс мектебі де бар.

Үйге келіп есік алдында аз тұрады. Жесір келіншек есік ашады. Әсиманың шашы қысқа қиылған. Маңғаз, аз сөйлейді. Қайыржан сөз таппай аз бөгеледі. Келіншек үйге кіріп кеткен.

Қайыржан: Тоқтай тұршы Әсима ...

Әсима: Кеш қой енді, қайтыңыз.

Қайыржан: (Қимай қарап) Жарайды сау бол.

Әсима: Иә, сау болыңыз.

Қыз үйге кіріп кетеді. Қайыржан шарбаққа сүйеніп біраз тұрады. (Дауыстап)

– Иә. Тағы да бір қыз. Осы мендік болатын шығар. Осы қыз, ұнайды маған. Жүрегім бір түрлі боп тұрғанын қарашы. Босқа жібердім-ау.

Қараңғылық.

 

5-көрініс

Бөлме. Қайыржанның шешесінің үйі. Сөреде кітаптар. Столда Қайыржан кітап оқып отыр. Ағасы Дәуіржан кіреді. Ұзын бойлы, қолтығында папка. Таза киінген. Үстінде костюм, шалбар, ақ көйлек, галстук таққан.

Дәуіржан: Қал қалай?

Қайыржан: (Басын кітаптан көтеріп) Аман ба? (Қол алысады)

Дәуіржан: Бас ауырған жоқ па? Қонақтар қалай?

Қайыржан: Арақ көп болды, бірақ онша ішілген жоқ.

Дәуіржан: Жаңадан бір келіпті ғой! Қақсаңшы енді, жүресің бе өстіп. Бас-аяғы жинақы сияқты.

Қайыржан: Иә, көрдім түнде.

Дәуіржан: Көретін несі бар. Таныс та баурап ал. Көп-көрім өңді жігітсің. Ұялғанды қой.

Қайыржан: (Екіұштылау) Кім біледі, мінезі қандай?

Дәуіржан: Е, осы заманда кімнің мінезі жетісіп тұр дейсің! Нар тәуекел де. Тәрбиелеп аласың ...

Шешесі келеді. Ақ шашты, елуден асқан, орта бойлы пысық әйел. Ұлдарына сұраулы пішінмен қарайды.

Шешесі: Жүріңдер тамаққа ...

Дәуіржан: Мына ұлыңа айтам, жасың отызға келді үйленсеңші деп. Мектепке жаңадан бір қыз келіпті, соны айналдыр деп отырмын. Көнбесе құда түсейік.

Шешесі: Қайдан білейін, қандай жұртқа оңай келіннің кезігіп тұратынын, менің осы ұлыма бір қыз кезікпей-ақ қойды. Мен қажыдым әкем, мына үйге ие болатын біреу тап деп күнде құлақ етін жеймін. Қайдан білейін не ойлаған ойы бар екенін. Әйтеуір, актаратыны кітап. Кітап әйел бола ма ол, тамақ бола ма?

Дәуіржан: Қыздар да қу ғой! Соңында жүріп қалмай қолға түсірмесең, балық сияқты. Оның үстіне Қайыржан сөзге жоқ. Кісі көңілін аулауды білмейді. Үйрену керек бауырым. Өмірге икемделу керек. Ертең жас күнің өте шығады.

 

1-көрініс

Дәмелі мен Айман.

Мұғалімдер бөлмесі. Жарық, кең. Стол басында екеуі сырласып отыр.

Дәмеш: (Аузын бір жағына қисайта созып) Айман мәнсабың қайырлы болсын! Сенің директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болуыңа күш салып көмектескен өзім едім. Семейдегі сенің ағаң институттағы біздің ұлға жанын салып жүргенде, осы қаршадай Айманға кішкене қызметті алып бере алмайсың ба деп неше күн ағаңның миын жегем. Содан қойшы, алғашыңда Несіпқұл көнбеді деп еді, келісіпті ғой. Жақсылап істе енді, жассың ғой, басың бос, өсе бер жаным. Жолды ұсынамыз ғой сендерге.

Айман: Сеніміңізге рахмет, апай! Сіздердің сенімдеріңізді ақтай біздерге үлкен сый емес пе? Шамамыз келмесе көмектесерсіздер...

Дәмеш: Әрине, әрине. Кімнің бес саусағы тең боп тұр дейсің. Әйтеуір, жұртпен тіл табысып, қақ-соққа ұшырамасаң болад та, жаным. Менің Дәрменім оқу бітірген соң қайда барар екен. Біз сияқты оған біреулер көмектессе көрім ғой. Әй, қайдам заман болса қиындап барады.

Айман: Рай, апай. Әсіресе, біздің коллектив қиын ғой. Бірін-бірі түсінбейді, түсінгісі келмейді. Жастарды жас деп, үлкендерді кәрі деп қағады. Сіздер болмасаңыз бізге мүлдем жол жоқ қой. Сонау Семейдегі ағамның ықпалы осы жаққа жетеді деп мен ойлаппын ба?

Дәмеш: Жоқ жаным. Өзің де таланттысың ғой. Өз талабыңды оңдасын де. Ырыс берсін құдай. Енді бір жақсы, оқыған жігітке тұрмыс құрсаң бағың ашылады.

Айман: Өмір көрсетер апай. Шынымды айтсам қорқынышты сияқты. Бірақ шаруа көп, өзгерту керек. Кәріден жас қиын, үлкеннен жас шабандаған заман.

Дәмеш: Ішіңде болсын жаным бәрі. Ешкімге көп ашылма. Сырмінез бол.

Айман: Тұйықтық маған жарасар ма?

Есіктен Айкен кіреді.

Айкен: Әй қыз, мәнсабың қайырлы болосын. Жумайсың ба?

Айман: Тоқтай тұрсаңшы, алдымен орнығып алайық та. Несіне асықтың.

Айкен: Бұрын да өтпей жүрген қыз едің, енді бастық болсаң, жігіттердің бәрін үркітіп мүлде жалғыз қаласың ғой, байғұс-ау.

Дәмеш: (Бұралып) Ал, қыздар сау болыңдар. (Кетеді)

Айкен: Мына кісі тіпті қыз сияқты бұралып қапты ғой. Ұнаспайды тіпті. Әй қыз енді көкеңдемей біз сияқты пақырларға көз қырыңды сала жүр былай. Қашанғы жаман боп жүреміз. Грамота ұсынып былай, алғыс жариялап дегендей.

Айман: Сені ме директорға күнде жамандармын.

Әсима мен Гүлия келеді.

Гүлия: (Айманды бетінен сүйеді) Сенің орынбасар болғаның қандай жақсы. Биыл ылғи жастар бірыңғай, көңілді-ай өзі. Жуу керек қыздар-ау.

Айкен: Мен айттым ғой жуу керек деп. Бұлар бас болғанда, біз денеміз. Денесіз бас бола ма? Ол қандай бас?

Гүлия: Ай, бұл қыздың басы, бас. Талай жігіттеріңді артқа тастап, орынбасар болды ғой. Әйтпесе қызыққандар аз деймісің.

Айкен: (Білмегенсіп) Қойшы кім бар жігіттерден.

Гүлия: Ойбай: жүрген жоқ па әне, Қайыржан, Тасболаттар. Қойса неге істемесін.

Айкен: Қойшы соларды. Дүңкиіп тіпті. Сөз алу қиын ауыздарынан. Алыссақ та осы Айманымыз артық, үйренген жау. Ту-чу-чу. О, жаным. Құшақтай алып сүйеді.

Гүлия бір жағынан құшақтайды.

Айман: Қыздар қойыңдар деймін, түу прическамды бұздыңдар ғой. (Сөмкесінен айна шығарып шашын тарайды)

Гүлия: Биыл толысып, әдеміленіп кетіпсің. Күйеуге тиетін шығарсың сен тегі. Жүрегім сезеді.

Айкен: Оның күйеуі бар уже. Қызмет. Вот так.

Гүлия: Қойшы, қызмет бай бола ма? Жұмыстан шаршап келгенде алдыңнан шығып «Келші бері жаным» деп аялайтын адамың болмаған соң, құрысын бәрі. Біздің күніміз күн бе. Ақылды қыздардың бәрі күйеуге тиіп кетті. Бізден түк те шықпайды. Айман: Жиырмаға келмей түңілгенді сенен көрдік. Күйреуіксің-ау осы.

Гүлия: Бір жігітті қолға түсіре алмай айырылып қалдым.

Айман: Несін қайғырасың? Екіншісі келеді.

Гүлия: Келмесе қайтесің?

Айман: Келеді, Гүлия, келеді.

Гүлия: (Көзін жұмып, билей жөнеледі) Еһһ-һ. Қайран дүние десеңші. Бәрі қолда болса ғой.

Айкен: Қияли ...

Айман: Арманда. Арманда.

Гүлия: Әсима жүр. Сені Сәнімкүлмен таныстырайын. Оған пәтерші керек. Жалғыз қорқам деп жүрген.

Айман: Айтпақшы Сәнімкүл бізге асханаға аспазшы болмақ еді ғой. Келетін болды ма?

Гүлия: Әрине. Сәнімкүлдің шайынан ішіп тұрамыз енді, жүр Әсима.

Әсима, Гүлия екеуі кетеді.

Қайыржан келеді. Өз-өзіне сенімді. Ойлы пішінмен айнала қарап шығады.

Қайыржан: Сәләматсыздар ма, қыздар?

Айкен: (Күліп қаттырақ, асыға) Қайыркен, мұнда үлкен қуаныш боп жатыр.

Қайыржан: (Бұлардың қасына таяп, орындыққа сүйенеді. Таза киінген. Киімі үтектелген) Ол не қуаныш?

Айкен: Естімедің бе? Мына Айман орынбасар болды, өсті қызметі.

Қайыржан: (Жымиып) Е, қайырлы болсын. (Айманға, қолын қысып) Құттықтап қоюға рұқсат етіңіз. (Иіледі)

Айман: (Сынай) Неғып елжірей қалғансың бүгін?

Айкен: Ей, Айман-ай, сен екеуміз білмейтін Қайыркемнің не қасиеттері бар ғой. Әттең қыз күнім болса. Қолтығынан былай алып, ілестіріп әкетер едім. (Өз-өзінен мәз боп күледі) Әй, Қайыркем, есіңде ме мен сені баяғыда киноға шақырғанда қашып бармай қап едің ғой. Ұнатқанмын мен бұны. (Қайыржанның шашынан сипайды)

Гүлия: Айтам Қуанышқа.

Қайыржан: Әне, естідің бе? Қуаныштан таяқ жеп жүрмейік. Терезе алдында тұрған Әсимаға таяйды.

– Әсима, қалың қалай?

Әсима: (Қысқа, салқын ғана) Жақсы.

Қайыржан: Сағаттарыңды алдың ба?

Әсима: (Асыға) Иә, әзірше он алты сағат.

Қайыржан: Мүмкін қосымша класс жетекшілік беретін шығар...

Столда қағаз жазып отырған Айман араласады. Гүлия мен Айкен боянып отыр.

Айман: Класс жетекшілікке үлкен мұғалімдердің өзі таласып жатыр. Так что не надейтесь...

Айкен: Мынау аузын әлден қу шөппен сүртті ғой.

Қайыржан: Рас, рас.

Айкен: Бастық боп көктетпес мынау, сірә. Қайыркенім менің, сен осыған дұрыс бармай жүрсің, білесің бірдеңені. Кісі танисың.

Қайыржан: Жоқ Айкен, бүгіннен бастап мен Айманға жүгіре бастаймын.

Айкен: Неғып?

Қайыржан: Жағымпаздану керек қой. Киімін әперіп, сөмкесін көтеріп. Шығарып салып.

Айкен: Әйтеуір, жігіттік намысыңды жоғалтпасайшы. Мықты жігіт емеспісің, мақтаулы.

Айман: (Кекетіп) Намысты, мықты жігіт қандай болады ол? Қазір жігіттер білесің бе қандай?

Айкен: (Екіленіп) Ал, қандай?

Айман: Ынжық, сүмелек шетінен. Арақ пен темекі ғана олардың досы.

Айкен: Бәрі ондай емес қой. Сорлы-ау өзіңе қарасаңшы алдымен. Өзің қандайсың?

Айман: (Айнаға келіп қарайды) Қандаймын. Девка, как девка.

Айкен: Мақтама, құтырып кетеді ол. Ол онсыз да өте ақылды. Жұрттан артық.

Айман: (Тіксініп) Айка, сен артық кетіп барасың. Қояйық енді.

Айкен: Қояйық жаным, қояйық. Әлгі сенің Тасболат кластасың да осында орналасыпты ғой!

Айман: Иә, кеше көргем.

Айкен: Екеуің институтта да бірге оқыдыңдар емес пе?

Айман: Жоқ ол менен кейін түсті оқуға. Мектепте бірге оқыдық.

Гүлия: (Шашын кейін жинап) Сонда ылғи кластастар жиналады екенсіңдер-ау. Қандай рахат. Алдан да осында келеді дейді ғой.

Айман: Алданды қабылдады. Ол ауданға кетті.

Қайыржан қағаз ақтарып отыр. Әсима ештеңе араласпай өз-өзімен. Үшеуі әңгімелесуде.

Гүлия: Айтпақшы, бүгін кешке апайдың тойы ғой. Естідіңдер ме.

Айкен: Түу күнде той боп кетті ғой. Ол не той.

Айман: Бала бірінші класқа барады екен. Бүкіл коллективті шақырыпты.

Айкен: Әсима апайы ғой. Биолог.

Әсима: А, иә. (Болар болмас езу тартады)

Алақтап Тасболат кіреді. Ұзын бойлы, шашы тік, бурыл тартқан. Аяғын сүйрете басады.

Тасболат: Жаңа оқу жылдарыңызбен!

Айман: Рахмет. Бұл сөзді менің кластасымнан басқа ешкім айтқан жоқ.

Тасболат: (Аузын толтырып, қыздар жаққа көз тастап) Кластасыңның «умный» екенін жаңа білдің бе?

Қыздар ду күліседі. Қайыржан да күледі. Екеуі шылым шегуге шығады.

Тасболат: Сөйтіп, Кәке, осында келіп қалдық. Өз мектебімізге. Кеше ғана бітірген сияқты едік.

Қайыржан: Оқуды бітіріп пе ең?

Тасболат: Жоқ. Сырттай үшінші курста оқимын.

Қайыржан: Түбегейлі орналастың ғой, әйтеуір.

Тасболат: Теңселіп тұрып. Солай сияқты. Ертең Алдан келеді. Естіген шығарсың.

Қайыржан: Әрине. (Темекісін тастай салады)

Тасболат: Сен темекі тартпайсың ғой деймін, ә! Ішіңе тартып, сүйсінбейсің.

Қайыржан: Анда-санда зеріккенде болмаса ...

Қыздар кетуге жиналады. Шығып бара жатып:

Айкен: Қайыржан кешке қонақ қой ұмытпа.

Айман: Ақшаны ұмытпаңыз.

Бұларда кетеді.

Үй жанына тігілген кең палатка. Ішінде қонақтар. Дастарқан басқарушы қырықтағы жігіт ағасы. Дастарқан басында жоғары отырған Несіпқұл , одан былай кәсіподақ төрағасы ақбас Сейіт сосын әйелдер, тағы бірер үлкен адамдар одан кейін екі шетке ала отыздан былайғы жастар орналасқан.

Несіпқұл: Әке-ау, тіпті бастырмалатып жібердің-ау мына ақаңды. Байқа. Ақиып шыға келмейік. (Айнала қарап) Бұл коллективтің бәрі жастарға айналып барады екен-ау өзі. Алдыда аман болсақ талай қуаныш бар. Қыздарымызды ұзатып, жігіттерімізді үйлендіріп өмір болса талай қызығын көрмейміз бе, Сейіт.

Сейіт: (Басын изеп) Әрине, әрине. Мына Қайыржан, ана Айман әне пісіп дайын отыр әшейін.

Отырғандар қостап күліседі.

Несіпқұл: (Күледі) Қайыржан үйленсе өзім бас құда болам.

Қайыржан күледі. Отырған «Ал Қайыржан енді тезірек қуанышыңды көрсет бізге» деседі.

Дариға: (Шай әперіп жүр) Жастар көп болғаны жақсы. Көңілді, әрі бұлар жұмыста да құлшынып істейді.

Несіпқұлдың орынбасары домбырамен ән салады.

Түн. Тыныштық. Қалықтаған ән.

Қарап тұрсаң-ау дүние шолақ екен.

Бір-біріне адамдар қонақ екен.

Жас күніңде құрбыжан ойна да күл.

Бар қызығы өмірдің сол-ақ екен.

Қонақтар үнсіз. Тағы да бір терме тыңдайды. Бітеді. Үлкендердің бірі:

– Е, шіркін, бәрі рас-ау.

Басқарушы: Құрметті қонақтар. Енді аз-маз үзіліс жасап сергіп алсақ. Түн де бүгін тамылжып, тамаша боп тұр. Салқын ғана.

Түн. Дала. Қайыржан жалғыз шетке шығып шудан аулақ дем алып отыр. Үй жақтан музыка шуы естіледі. Қайыржан өз-өзімен сырласады:

«Әси-ма. Аты да қызық. Мінезі тым тұйық па, әлде қорғансыз ба қалай? Әйтеуір, біреуді көзімен іздейтін сияқты. Аса көп боянбаса әдемі-ақ қыз. Көрінгенге қол жаулық емес. Тым тәкәппар деуге, илігіп тұр емес пе. Әлі өмірде араласпаған жас қой, ысылады, ашылып үйренеді. Тек ана Күлзия сияқты қыздардың үйірінен сақтағын. Айманның алкеуделігінен сақтағын. Шіркін, қазақтың биязы ғана қарапайым, қара қыздары десеңші. Сағындырдың-ау. Жоғалды-ау сендердің еркеліктерің, сымбатың мен сырың.

Қой, байқайыншы осы қызды ...

Есік алдына әңгімелесіп тұрған Несіпқұл, Сейіт, Орынбасар. Той басқарушы: Несіпқұл: (Қолымен қыздар жақты көрсетіп)

Бар аралас. Биле.

Қыз-келіншектердің арасында Әсиманы тауып билейді.

Музыка аяқталады. Айкен, Айман, Халима, Гүлияларға Әсиманы қосып, Қайыржан Тасболатпен әңгімелесіп тұр. Жәркен, Дәуіржан да бар.

Дәуіржан: Қайыржан, ана қызды қыдырайық деп алып шықсаңшы.

Қайыржан: Қазір шығарып салам.

Дәуіржан: Таң атып қояды ғой , әй нашар-ай. Бар шақыр, жеке алып кетіп айта бер, ұнайсың, сүйем де, үйленейік де, сұлулығын мақта. Мақтау сүймейтін қыз бола ма. Қолтығынан ал, қолынан ұста, әзілде күлдір жанын шығарып баурап ал .. (Қайыржанды итермелейді)

Қайыржан билеп жүрген топқа келіп қосылады. Екі көзін билеп жүрген Әсимадан ала алмайды.

Той басқарушы келеді. Тасболат пен Әсиманы бөліп алып шарап ішкізеді.

Топқа қарап: Жақсы билегендері үшін!

Тасболат: Іш, Әсима.

Әсима: (Сәл бөгеліп) Иә. (Ішіп салады)

Қайыржан: (анадайдан күбірлеп) Мәс-саған тартып салды ғой мынау. (Ұнатпай, ойланып қалады)

Тамақ ішіліп, бата қайырылады. Жұрт тарқай бастайды. Қыздардың ортасында Әсима. Тасболатты ертіп Қайыржан жалғыз қайтады.

Түн. Есік алды. Қайыржан жалғыз отыр.

Рас, осы мен ынжықпын-ау, тегі. Үйіріліп тұрған қызды баурап ала алмадым. Әсиманы шығарып салып, кетер кезде онымен жалғыз қалсам қайтетін еді. Әлде қыздардың қағытқанынан қорықтым ба, жоқ әлденеден сақтандым ба? Япырау-ау бұл не азап. Әлде мен рас сүйем бе? Сүйсем бұл не тұрыс» Ол терезе қағады.

Екінші бөлім

Мектеп іші. Жеке бөлме. Қайыржан, Алдан, Қуаныш, Тасболат. Қайыржан стол басында отыр. Таза киінген. Қалғандары түрегеп тұр. Алдан спорт киімімен. Мойнында ысқыруық. Қуаныштың үстінде киім сыртынан киілген жұмысшы халаты. Тасболаттың екі қолы қалтасында, костюмнің түймесін ағытып жіберіпті. Галстук тағып, шашын артқа жылтырата қайырған.

Алдан: Ал оқу жылының басталуымен жігіттер!

Қуаныш: Алданға Тасболат екеуіңнің алғашқы қадамдарың құтты болсын.

Тасболат: (Ол да Алданға күле қарап иығынан ұстап қояды) Екеуіміз бұл жерде жаңа адамдармыз, Алдеке.

Алдан: (Едірейіп) Қайдағы жаңа адамдар-ей. Осы мектепте оқыған жоқпыз ба? Құлағымызды ағайлар талай созды емес пе?

Тасболат: Әй, есіңде ме Қизан мұғалім қалай сабаушы еді, қыздарға жазған хатымызды ұстап алып, мектептен шықпай әйел алмақпысыңдар ма деп спортзалға кіргізіп сабап соғып еді ғой ...

Алдан: Талай таяқ жедік қой!

Тасболат: Енді біз не істер екенбіз ...

Алдан: (Күледі жадырап) Е-е-е. Біз де солай, тәрбиелейміз.

Тасболат: Мен әлі мектепке кіруге ұялам. Үлкен мұғалімдерден ұят сияқты.

Қуаныш: Ештеңе етпейді. Үйреніп кетесіңдер. Біз де сөйткенбіз.

Алдан: (Тағы шалқая күледі) Ее-ее. Ендеше біз де сөйтеміз. (Қайыржанды иықтан сілкіп қояды) Солай ма Қайыркен брат.

Қайыржан: (Бас ізейді) Әрине, үйренесіңдер.

Алдан: Ай, жігіттер сендер бірдеңені ұмыттыңдар.

Тасболат, Қуаныш: О, не?

Алдан: Жууды ұмыттыңдар. Мұндай ұлы датаны жумасқа лажың жоқ.

Қуаныш: Ой, біз тойдан әбден шаршадық.

Алдан: Біз жетісіп жүр дегенің. Ішкілік пен қыдырыстың арқасында спорт мектебінен қуылып келген Алданың осы болады, жігіттер. Көп еліктірмеңдер оны.

Қуаныш: Жігіт болған соң бәрі болады.

Алдан: Әй бір сұлу қыз кепті ғой жаңадан. (Жүрісін салады) Шіркін-ай жүрісі қандай. Тақ-тақ, тақ-тақ. (М-ма-шөп еткізіп сүйген белгі жасайды) Шіркін қолға бір тисе.

Қуаныш: (Қызыға қарап) Сен барасың ғой енді.

Алдан: Әрине, ондай қыздарды құр жіберуге болмайды.

Тасболат: Жіберме, жіберме.

Алдан: Жоқ алдымен зерттеу керек... Путевый болса қағуға болады. Егер ұшындың ба, әйелдерден құтылу жоқ. Тұтқынға түстім дей бер. А, құдая, кеше гөр өзің. (Жалбарынады)

Әсима үлкен айна алдында қырынан тұр. Шашын тарап, көзін, ернін бояйды. Бояу, тарақтарын сөмкесіне салады. Өзі жалғыз. Қайыржан кіреді. Әсима көзін төңкеріп бір қарайды.

Қайыржан: Сәлеметсің бе, Әсима?

Әсима: Амансың ба?

Қайыржан: Қалай шаршадың ба?

Әсима: Несіне шаршайын.

Тық-тық басып, кеудесін тік ұстап шығып кетеді.

Қайыржан: (Алақандарын жайып) Паһ-паһ, тәкәппары-ай. Басқа дүниеден келгендей-ау шіркін. Кішкене жылырақ сөйлесе несі кетеді екен. Ақылсыздығы-ай, кеудесі қайқы. Жарайды.

Біз де сорлы емес шығармыз. Сен қызды ит қып көндірермін... Тоқта бәлем!

Доп ұстап Алдан кіреді. Терлеген. Бұрынғы спорт киімі.

Алдан: Қалай Қайыркен брат.

Қайыржан: Ақырындап қой.

Алдан: Біз ертең жарысқа кететін болдық қой жастар. Командаға ылғи қыздар кірді. Сені сұрап едім Айман алғызбады. Неге ұнатпайды ол сені. Тапсаңшы көңілін. Қыз ғой!

Қайыржан: Е, тым іскер болғанның несі жақсы дейсің?

Алдан: Солай ә? Ақылы таяз ғой. Мен таязбын десем, менен де таяздар болатын көрінеді ғой. Сенің біліміңдей білім қайда оларға, брат. Уважаю тебя.

Қайыржан: Әркім өз құсын самғатқан заман. Сенікі неге биіктеуге тиіс!

Алдан: Рас, рас. Осы қыздардың кеуделері тым қайқы-ау. Ештеңе емес. Алдау керек, көбікті алдап сыпыру керек, брат.

Қайыржан: Дәл таптың.

Алдан: Ештеңе емес көргенбіз талайын. Жарысқа барып келейік, сосын көреміз ол қыздарды. Бұрқыратып бір-екі отырыс өткізсек соңы белгілі болмай ма? Осы Айман ішпейді, ә! Сақ қыз-ау, бәле.

Түн. Кең үй. Ортасынан пешпен бөлінген ауызғы бөлме. Шағын дастарқан. Жиі-жиі отырған жастар. Алданның қолында гитара. Әндетіп отыр. Басқалары қосылады. Столда бөтелкелер сораяды. Ән бітеді.

Алдан қарсы отырған Әсимаға телміре, еміне қарап, гитара ұсынады.

Алдан: Сізге сыйлаймын.

Қыз: Әсима, ән айтшы. Кеше айтып ең ғой.

Айкен: Ұялма Әсима.

Әсима көзін төңкеріп отырғандарға айнала бір қарап өтеді. Қызарып, екі беті албырайды. Гитара шегін тере тартып бір ән бастайды.

Әсима: Түсінсеңші, түсінсеңші.

Түсінсеңші сен мені!

Алдан: (Бас бармағын көрсетеді) Әсиманың тамағы қандай дәмді.

Айман: (Қасындағы Айкенге) Әнеугүнгі жігітті кеше тағы сүмірейтіп қоя бердім. Бишара! Күнде келеді. Жігіт емес тряпка.

Қайыржан: Сен жігіттер туралы олай айтпа. Намысы бар жігіттер ренжуі мүмкін.

Айман: Ренжи берсін. Намысы бар жігітер қандай болады?

Қайыржан: Ондай сөздерді айтқызбауға тырысады.

Айман: Айтса ше?!

Қайыржан: (Алдындағы ыдыстарды ысырып тұруға дайындалады) Сен немене менің шыдамымды сынағың келіп отыр ма? Менің көзімше жігіттер туралы бұлай сөйлегенде тыныш қала алмаймын.

Айман: Не істейсің сонда?

Қайыржан: (Төне қарап) Мен жігіт боп жүргенде ... Сен бала бақшада жүргенсің. Ал сенің ағаларың енді-енді сөмке көтеруге жараған. Боқмұрын болатын. Төбеден түстің бе? Неге ұмытасың адамшылықты.

Қуаныш: (Ажыратып) Қайыржан доғар енді жаман болады аяғы.

Айкен: Сен отырысты неге бұзасың Қайыржан.

Қайыржан: Анау кешірім сұрасын.

Айман: (Шошып, бұрышта тұрып, жаутаңдап) Неге кешірім сұраймын. Сұрамаймын.

Алдан, Тасболат Қайыржанды алып кетіседі.

Алдан: Қайыржан брат, не масайып кеттің бе?

Қайыржан: Әрине, жоқ. (Мәңгіріп басын ұстайды қос қолымен)

Дала. Түн. Үшеуі оңаша.

Қайыржан: Жігіттер жақсы мен қайттым.

 

Түн. Дала. Қараңғылық. Бақша ішінде Қайыржан жалғыз отыр. Мүлгіп, басын сүйеп ұйықтап кетіп оянады.

Күбірлеп:

Иә, ұят болды. Жұрттың бәрі көңілді. Ән салады. Ішеді. Ол тиісті сияқты еді. Кінәлі адам кешірім сұрау керек ... (Орнынан тұрады. Үйге қарай жүреді. Шулаған ән естіледі. Келіп есік қағады. Ән тиыла қалады. Есік қағылады.

Іштегілер.

Гүлия: Қайыржан ағай келді. Енді көрсетеді ол көресіні.

Айкен: (Айманға) Сен несіне ерегістің, кешірім сұрай салмай.

Гүлия: Рас жасы үлкен ғой оның ...

Алдан: (Айнала қарап) Ашайық па?

Есік қатты-қатты қағылады.

Айман: (Жыламсырып) Алдан тоқтай тұршы ашпай.

Үй иесі: Есікті қирата ма қайтеді, тегі.

Алдан таяп барып есік ашады.

Қайыржан: Неге ашпайсыңдар!

Алдан жымиып күледі.

Қайыржан: Қайда әлгі жаужүрек қыздар?

Үй иесі: (Арғы жақтан) Ойбай төбелес басталды. Қашыңдар.

Гүлия: Қайыржан аға, не болған сізге (қолынан ұстайды. Қайыржан оны итеріп, сілкіп тастайды. Үй иесі бір жағынан ұстайды. Қуаныш, Айман, Айкен қашып шығады.

Үй иесі: Не керек өзі сізге. Неге қонақтардың шырқын аласың.

Қайыржан: Мен ешкімге тиіскен жоқпын. Маған Айман керек...

Шалбар киген Әсима қақаңдап келіп:

Слушай саған не керек а! Что ты выступаешь.

Қайыржан: (Бетін басып қарқылдап күледі) Не керек саған. Жоғал әрі. (Итеріп жібереді кеудесінен)

Әсима: Сволочь ты. Вот кто. (Қайыржанды ұрмақ болады)

Алдан ту сыртынан көтеріп кетеді.

Әсима бұрышта жылап отыр:

Масқара-ай. Ұят болды-ау. Мен мына үйді сұрап алып едім.

Қайыржан: (Таяп кеп, көзін ашып) Әсима неге жылайсың, Жарайды бәрі бітті. Қайттым мен. Сау болыңдар.

Гүлия: Ағай үйіңізді таба аласыз ба?

Қайыржан: Әрине. (Теңселіп әрең тұрады)

Әсима: (Көзін сүртіп) Жүріңіз апарып салайын. (Қайыржанды қолтықтайды)

Алдан: (Қайыржанның құлағына сыбырлап) Брат үйде бос бөлме бар ма? Мына қызды ...

Қайыржан: (Алданға) Жоғал әрі ...

Алдан қыздың екінші қолтығынан алады. Үшеуі келе жатыр. Алдан Әсиманы қолынан тартып ұстап қалады. Сүймек болады. Құшақтайды.

Әсима: (Қайыржанға қарап, Алданға сүйгізбей) А что ты смотришь. У нас любовь.

Қайыржан: (Кетіп бара жатып) Алдан үйретші анаған махаббаттың қандай болатынын. (Кетеді)

Әсима: (Құшақтамақ болған Алданды кеудесінен итеріп) Намыс жоқ сенде. Жігіт емессің. Осындай сөздерді естіртіп қойдың? (Үйге қарай жүгіре басып жөнеледі)

Алдан: Әсима, – деп артынан жүгіреді.

Үшінші перде

Қайыржан алакөлеңке бөлмеде ұйқыдан оянады. Диванда жатыр. Басын көтеріп таңырқайды. Бөтен үй. Еденде қабырғада кілем. Шашы ұйқы-тұйқы. Бет-аузы іскен. Тұрып киіне сала ауыз үйден ұзын бойлы, жылы жүзді әйелді көріп амандасады.

Әйел: Қалай ұйықтадың Қайыржан.

Қайыржан: (Ұялып) Рахмет апай. Жақ-сы. (Күмілжіп) Әйелге қарап) Мен қашан келгем апай.

Әйел: (Үстінде халат, қолында орамал) Таңғы үште келдің ...

Қайыржан: Тегі үйді таба алмағам ғой!

Әйел: Иә, қатты қызу екенсің. Сосын өзімсініп келді ғой, бірге жұмыс істеп жүрген соң деп ағаң екеуміз жатқызып қойдық.

Қайыржан: Мас-қара-ай.

Әйел: Қайыркен-ау, мүлде арақ ішпеуші едің ғой.

Қайыржан: Ой, апай байқамай қосылып кетіппін.

Әйел: Бәсе, түнде айттың. Ренжіп жыладың ба, әйтеуір.

Қайыржан: Ұят-ай ...

Әйел: Иә, арақ ішкенде ашуланған қиын ғой. Аздап құсқан екенсің таңертең сүртіп алдым.

Қайыржан: Ұят болды-ау апай сізден. (Басын ұстап) Суық су бар ма?

Әйел: Шай іше ғой, шай дайын тұр. Жүр. Мына жерге жуына ғой.

Екеуі отырып шай ішеді:

Әйел: Алғашында сенгем жоқ. Қайыркен өйтпейтін еді ғой деп. Өзіңнің жақын жолдастарыңмен жүрмесең, кейбіреулер далаға тастап кетеді. Былтыр әлгі Айкүміс кемпірдің баласы далада қап өлді емес пе, қарашада.

Қайыржан: Мені құдай сақтаған екен апай. (Орнынан тұрады) Дәміңізге рахмет апай. Бұл жақсылығыңызды ұмытпаймын, айтып жүрем апай. Енді осындайды қайталасам ба? Сіз мені кешіріңіз апай тағы да. Үлкен қарызбын сізге.

Әйел: О не дегенің Қайыркен. Адам басында не түрлі жағдай бола береді айналайын, қапаланба! Қайта тез жатып ұйықтай қойдың. Мазалы екенсің.

Қайыржан: (Ойланып тұрып) Қайтайын үйге, іздеп жатқан шығар шешем.

Әйел: Иә, алаңдайды ғой.

Қайыржан: (Тебіреніп) Сіздің жақсылығыңызды ұмытпаспын апай! Туған анамдай еркелігімді көтердіңіз ғой. Ал мен қандай ақымақпын. Ойыма ештеңе түспей отыр. Иә, айтуға тұрмайтын адамдар ақымақ қылды. Олар өте ақылды апай! Ал мен ақымақпын. Соңғы ақымақпын.

Әйел: Түу, Қайыркен-ай! Қапаланбашы өзің. Өзіңді-өзің сонша неге жазғырасың? Ауылда сондай сыйлысың ғой!

Қайыржан: Жаныңды түсінетін ешкім болмағансын сыртпен жасаған сый кімнің жанына дәру болмақ?Айтшы, апатай. Айтшы. Түсінбедім ештеңе. Апай, кешір әурелегенімді. Қайтайын үйге ...

Әйел: Сау бол жаным. Жаның жамандық көрмесін.

Қайыркен: (Есік алдына шығып , өз-өзіне) Ал біздер болсақ ұсақ сезімнің жетегінде жүрген кілең ақымақтармыз! Иә, отызға келген балалармыз, әлі. (Ойланып тұрып Абайдың өлеңін оқиды)

Махаббатсыз дүние бос

Хайуанға оны қосыңдар.

Қызықтан өңге қалсаң бос,

Әйелің, балаң, досың бар ...

 

Япырау қайда сол

махаббат? Қайда

Жоғалттым ба? Қапылыста

Қайдасың, қайда?

 

  •  

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған