Адам қарады: 2755 | Жарияланды: 2019-04-25 03:13:47

Болмаған өмір  

хикаят                                                 

     Өзінің күміс қауырсынды алып қанатын бауырына жиған күлше - күн алаулап барып ұясына қонған. Осы сәтті асыға күткендей-ақ, ол тұстан құшақ-құшақ қызыл-тарғыл бұлттар будақтап бірінен соң бірі аспан төріне ұмтылды. Бір-ақ сәтте көкжиек тұс гүлдеді де қалды. Мұндай ғаламат көрініске толқи білудің өзі де үлкен өнерді, рухани тазалықты қажет етеді. Тумысымнан бұл бұлттарды кім басқаратынын білмесем де олардың аса дарынды суретші екендігіне тәнтімін. Аспан төріне атой салған осынау бұлттар тізбегінен немесе олардың шудадай ұйысқан қозғалыстарынан неше түрлі жан тебірентерлік картиналарды қалағаныңша көз жанарыңда ойнатқаннан артық ләззат жоқ. Тек қана ұқсатып көре біл. Самұрық - бұлтқа қарғып мініп қиял ғана жететін сағымды қиянға самғап кетуге де болады. Шөл кемесі атанған ақбура-қарабурамен нар құмдарды бұрқыратып көкжиекті көктеп те өтесің. Желке түгі қылыштай көкбөрі де арыстан жалды арғымақ та осында. Менің өмір бақи тісімнен шығармаған асыл арманым мен кеудемді сыздатқан сартап-сағынышым да бар бұл шуда бұлттардың ішінде. Бұлттар сырын оқшауламай өзіме жақын тартатыным сол. Солай бола тұра, бұл тақырыптағы суреттерді мен өзім ғана салуға, картиналарды өзім ғана жазуға тиістімін деп көптен бері толғанып жүргенім өзіме аян. Расы керек, менің осы уақытқа дейін ешкімге айтылмаған ішкі иллаһи дүниемнің тылсымды құпиясын байламсыз, тілсіз, сырғыма бұлт қалай айтсын. Айта алмайды ғой... Мен үшін ақ қағазға үңілу – ләззаттың ләззаты! Лапылдап жанған бұлттарға тағзым етемін.

     Ымыртта сапарға шыққан керуен-керуен бұлттардың біразы сол асыққан күйі бірін бірі жетектеп таудан асып кетті. Тек үлкен құшаққа сыйып кетердей біреуі ғана шың басына ілініп қалған. Сірә, бұл бұлтымыз алыстан қораш көрінгенімен көлемділеу әрі салмақтылау болса керек. Жоқ, басқа бір тіс жармас анығы бар ма екен?.. Ойымды жиып болғанша тау басы жарқ-жұрқ етті. Мен тауды да бұлтты да жоғалтып алдым. Тек жарқылдың сәулесі ғана шеңбер-шеңбер болып көзіме тұрақтап қалды. Аспаннан аунап түскен қараңғылық қазаны төрткүл дүниені түгел жапты. Әр қыраттан енесіне жамырап шыққан қозы-лақтардай көздері жылтырап жұлдыздар көріне бастады. Аспанда әншейінде қияқтай болып тұратын ай жоқ. Ай дегенің күнге ғашық сабаз ғой. Сол жақты жағалап жүрсе керек. Күнде осылай – жарты сағат кешігеді. Мен оның келе көктегі арышқа отыратынын, түстік пен теріскейді, шығыс пен батысты бақылауға алатынын білемін. Ғашықтар дүниесінің өзі де көп жағдайда күнге емес, айға табынады. Ай астында сырласады. Жан-жағымнан қоршап кеудемді шымырлатқан осы тақылеттес ойлар басыма шапшыды... Терезені жаңбыр тамшылары тырсылдата бастады. Ауладағы талдар сілкінді. Дауылдап жел тұрды. Бұтақтардан жерге қарай сауылдап жапырақтар ұйытқыды. Қып-қызыл, сап-сары, көздің жауын алатын күзгі жапырақтар көше жарығымен жалт-жұлт етіп, саудырай қуаласып әлдеқайда ұшып барады. Қайда бет алғаны белгісіз сол бір бүкшеңдеген жапырақтар жалтылына ұмар-жұмар араласып мен де кеттім... Тәуекел!

     Тәуекелдің де керек жері, өз орыны, мақсаты мен мүддесі  болатындығын мен кеш сезіндім ғой. Бұл жолғы әрекетім мені сағымға айналып кеткен көп жылдар қойнауына -   артқа қарай лақтырып жібергенін білген де жоқпын...

*     *     *        

     Жылаған секілдімін. Көзімнен аққан ыстық жас тамшылары домалап барып құлағыма құйылған болу керек, құрқ-құрқ етеді. Сұқ саусағымды салып құлағымды сілкіледім, пердесі тырс ете қалды, ашылған сыңайлы... Мұрныма көк шөптің иісі келді. Иіс болғанда қандай? Кәдімгі жанды гүл аңқып тұр! Мұндай рахаттанбаспын. Өзімді иран бағына кездейсоқ кіріп кеткендей сезінгенім соншалық – қос жауырыныма қос қанат біткен бе деп қалдым... Көзімді ашсам – қараңғы түн. Жақын жерден өзен дауысы есітіледі. Дыбысына қарағанда суы терең секілді. Тастақ, саяз сулар арсылдап – гүрсілдеп тастан тасқа секіріп шулап ағады ғой. Ал, мына ағыс – терең иірімді тынысы кең ағыс, шымырлап ағады. Қуанып қалдым. Бала кезіміздегі өзіміздің үйдің жанындағы өзен дәл осылай ағушы еді. Әсіресе, түнгі су дыбысы жүрегіңді тербететін. Біз екеуміз дәл осы өзеннің мөлдіріне шомылып, бұрқ-бұрқ еткен кәусарынан сіміріп, жағалауға өрген жасыл құрағымен жарысып өстік емес пе? Уыстап ұстасаң алақаныңда тұрмай алтындай жалтылдайтын сусыма құмын жалаң аяқ бұрқыратып жүріп есейдік емес пе? Құлығын табанымызға сүйкеп алсақ тіпті зымырайтынбыз. Жалғыз біз бе екен, бұл жағалау бүткіл ауыл баласына ортақ еді. Біз секілді олар да бой түзей келе екеу-екеу болып басқалардан жырақтай бастайтын. Сендердің үйлерің мен біздің үйдің арасында үй жоқ болатын. Мен есімді білгелі, бір үйдің баласындай - біргеміз. Ол кездері уақыт та, тұрмыс та көңілге қонарлықтай емес. Сонда да болса, наурыздың қарлы-қатқағын жарып шыққан бәйшешектей болып сен бой тіктедің, менің де аяқ, қолым ұзарды... Дәл солай! Ал, енді кеудесіне қызғаныш отын қоңырсытып алған біреулер егіз қозылардай боп жүретін бізге неше түрлі сүреңсіз әңгімелер айтатын. Су бетіне балық шоршыса – су перісі үйлерінің есіктерін аша бастады дейтін. Тастақ жердің шуылын көрсетіп – әне, шайтандар шалықтап жатыр дейтін. Әйтеуір, өзенге, өзенді жағалай өскен нулы құраққа, алтынға бергісіз құмға бізді жолатпауға тырысатын. Өзімізше талай жасыл жон мен талай асуды соңымызға тастаған біздерді түкке жарамсыз қоғабас санайтын. Арамызға «от тастаушылар» да болды. Бала болсақ та біз оны байқадық. Қазір ойласам үлкендердің сол мінездеріне миым жетпейді. Сонда олар нені қызғанды? Суды ма, өзенді ме, түнді ме, бұлтты ма? Су перісі мен шайтанды ма? Бәлкім, бойжеткен мен бозбаланың қимас достығын, енді ғана бүр жарып келе жатқан кіршіксіз махаббатын  қызғанған шығар?!. Бәлкім, бұған кінәлі сенің бала кезден - ақ көргеннің көзін талдырған қырдың қызғалдағындай көркің болар. Ауылда менен басқа да өсіп келе жатқан ұл, олардың ата-анасы бар ғой. Мәселе осы жақтан шығуы да кәдік емес. Бізді үйден шығармаудың тәсілін тапқыштардың алғы үмітінің  нақты себебі мүмкін осы болар. Шындығы керек, біздің ауылдың үлкендерінде ешқандай да махаббаттың ұлы сезімі деген болмаған. Бұл сөзді ешқайсысының санасына қондыра алмайсың, бәрібір ұқпайды.  Олар көп жылға созылған соғыстан, оның ар жағындағы ашаршылықтан, ашаршылықтың ар жағындағы «ақтабан шұбырындыдан» шыққандар. Әсіресе, әлгіндей, тыңдағанына қорқыныш сыйлайтын әңгімелерді Нартай пұшық көп айтатын. Ол өзі бізден төрт-бес-ақ жас үлкен еді. Әскерге шақырылған. Сен білесің, сол Нартай пұшық бір күні мені кәдімгідей «жөнге салмақшы» да болды. Оның құрама әңгімелерінен ығыр болдық емес пе? Сен мені көйлегімнен тартқылап, шырқырап жібермей қойдың. Әйтпесе, бар ғой, мен оған төбелестің «әкесін» танытатын едім. Сол күні ол қасқаң үйіне екі иығы селкілдеп ебіл-дебіл жылап барыпты. Болашақ сарбаздың істеп жүргені осы. «Не болды?» деген апасына сені жақсы көретінін айтып өкіріпті. Асылып өлемін, мойныма тас байлап өзімді өзім иірімге лақтырамын депті. Әкесі  болса: «ол перінің қызында нең бар, ойбай... аулақ жүр одан... дуасына ілігіп қаласың, меңдуана жеп үлгеріпсің ғой» деп қолындағы құрығы мен сырығы сынғанша сабапты. Артынша ауылдағы  маймақ  молдаға үшкірткен. Бұдан соң да ол Нартай пұшық менің соңымнан қалмай қойды. Бірақ, оңаша кездесе қалса – тайқып тұратын. Өзінің пұшық мұрнының орнында ештеңе қалмайтынын білетін болуы керек. Оның бойы да пұшық мұрны секілді қып-қысқа, қортық... Жасына қарамастан қарыны, бұлшық еттері салбырап іркілдеп кеткен. Маған шамасы келуі екіталай. Ойыма дәл қазір сол оқиға түсіп жатқаны...

     Айналам тысыр-тысыр еткендей болды. Тоқтады. Тағы да тысыр-тысыр. Бұл – сол Нартай болды. Анық өзі. Тағы да мені аңдып жүрген ғой деп ойладым. Мен өзім тумысымнан ызақормын, бұл қасиет те қарабайыр болғанымен арлан - намыстың бір ағайыны емес пе?! Нартай пұшықтан бұрын әрекет жасайын деп жатқан орнымнан жолбарысша атылмаймын ба... Көйлегімнің етегінен тартып қалдың... Қолың бұрыңғыдан қуаттылау көрінді. Мен ұмтылған тұста Нартай бар ма, жоқ па, о жағын білмеймін ғой. Ал, сен қайдан келіп қалдың? Өмірімде бірінші рет ақылым айран болды... Шалқамнан түсе жаздап барып сен тұсқа қарадым. Сол баяғы сүйкімді жымиысың, сол баяғы жаудыр көзің, қима қасың... «Қайда барасың... сенде ашу да бар екен ғой өзі» дедің, дауысыңды үзіп-үзіп. Мен ұялып төмен қарадым. «Ұялып...» демекші, мен ынжықтар қатарын толтыра қоймаймын. Тек қана... өмір-бақи өзіңнен ұялумен келемін. Осы ұят менің түбіме жетті. Осы ұят мені құртты. Осы ұят мені өшпес өкінішке орады... Сенесің бе, мен періден де, жыннан да, сайтан мен сапалақтан да қорыққан жоқпын. Есесіне, өзім ойдан құрастырып ондай ертексымақтарды айтқанымда жас балалар түгілі дардай кісілер де баскиімдерін умаждап қолтықтарына қысып  тайып тұрушы еді ғой. Оны сен білесің. Ал, ұялмақ былай тұрсын, мен сенен тіпті қорқушы едім... Әгәрәкім, атың ауызымнан шыға  қойып, сен «әу» дей қалғандай болсаң менің жүрегім сол жерде жарылып кетері сөзсіз еді, содан қорықтым. Жел тұрып шаң көтерілсе қорқушы едім, өйткені ол шаң сенің әппақ жүзіңе, білектей-білектей екі өрім қолаң шашыңа  қонады ғой деп ойлаушы едім. Жаңбыр жауса да қорқатынмын, өйткені сенің көйлегіңе, талшыбықтай бойыңа батпақ шашырайды деп ойлаушы едім. Сенің жүзіңді кірбің шалса өзімді қоярға жер таппай кететінмін. Адамға қиыла қарайтын  көздеріңе тіктеп қарауға тіпті  ұялатынмын. Осы ұялғанымды сезіп қоя ма деп аспанда күн тұрғанда жаныңа көп жоламауға тырысатынмын. Кешке ғой, сен менің күйзелісімді сезбейтінсің. Түннің бір жақсылығы осы. Түн келсе ұяттың түндігі ептеп болса да жабылады. Адам көзінің сонау тұңғиығында жатқан маржанның  ынтызар - ұшқынын онша сездірмейді. Еркіндеу боласың. Дей тұра, мен саған ешқашанда көңіл білдірерліктей сөз айтып немесе бір белгі беріп те көрмеппін. Ондай сөз саған тұрпайы есітілетіндей болатын да тұратын. Саған ондай сөзді есіттірмеуге тырысатынмын. Тұрпайы сөзден адам жаны қиналады ғой деп есептейтінмін. Мұны да сен білетінсің. Ал, сенің жолың жіңішке еді. Сол жіңішкеліктен аса алмайтын әдептілігіңді мен де сезетінмін. Есіңде ме, көктем шыға сақпанға баратынбыз. Сақпанның екі жақсылығы бар: бірі – мектептегі сабақ азабынан құтыласың, екіншісі – сәті түссе өзіңнің жақсы көретін қызыңмен бірге біраз күн мал бағасың. Сақпан дегеніміздің өзі негізінде жаңа туылған төлдерді күтіп - баптау. Лайықты өрістен оттандыру. Қозы, лақтарды уақтылы жайып, уақтылы жатын жайына әкелу, енелерінің бауырына салу. Бала үшін бұл үйретілуге тиісті - үлкен өнер. Жаңа туылған төлдер өте сүйкімді болады. Алғашқы туылған күндері олар да ептеп «адасады». Құдды бір өздерін дүниеге әкелген аналары осылардай шулап сақпаншылардың соңынан қалмайды. Кейіннен ғой, совхоздың директорлары, ветврачтары бастап, ферма меңгерушілері қостап, байғұс қошақандарды көк түтінмен ыстап, «отты су» жалатып қойған құбыр - өңештеріне толғап-толғап тоғытады келіп, тоғытады келіп... Обалдан, өмір сәулесіне құштар қап-қара, қоп-қоңыр, моп-момақан көздерден қорықпайды олар. Нағыз қорқау! Ал, біздер ше, біздер бар болғаны – сол қошақандар сынды сақпаншылармыз, әлгі обырлардың кебеже - қарындары нықталғанша қора айналып сорп-сорп етіп жылап жүреміз. Қолымыздан бұдан басқа ештеңе келмейді. Жиіркенішті, қанқұмар өмір бізге керек емес. Әлгі Нартай пұшық бір жылы өзі сұранып сақпанға келіпті. Оның қасақана жасағандай біз екеуміз жүрген отарға келмесі бар ма? Біз ол кезде үлкендер түсінетін нәрсені онша біле бермейміз ғой. Сақпан, сақпаннан соң сәл кейінірек буының қатая бастағанда келетін қырман жұмыстарының өз ерекшеліктері болады. Бұл жұмыстар бір науқанды әрі думанды жұмыс. Сақпаншылар да қырманшылар да қызықшылдау, ән-жырға, ойын-сауыққа иықтарын иіп тұратын халық. Көпшілігі –жастар. Кеш батып мал жайғасқан соң бәрінің де аңдығаны қара домбыра мен сырнай болады. Негізі біздің ауылда домбыра ұстап ән салмайтын, жанынан өлең шығармайтын үлкенді-кішілі адам кемде-кем. Бұлардың ішінде небір әншілер мен бишілер бар. Күндіз керзі етік пен резіңке гәлөштерін салпылдатқан сақпаншылардың ересектері кешке қарай қутыңдап шыға келеді. Оған ауданнан арнайы, ауылдан ерігіп келген көркемөнерпаздар, әуесқойлар  қосылады. Құбыр өңештер тығындалып бітеді. Қызық енді басталады. Біз сияқты оқушы -  сақпаншылармен ешкімнің жұмысы болмайды. Біздер, әрине киім ауыстырып та сәнденбейміз. Отырған-отырған жерімізде немесе жабықтан сығалаған күйімізде қаламыз. Бастамасы дұп-дұрыс басталған домбыра тоқпақтаудың аяғын ала күрмелген ауыздардан небір «көбік» сөздер шығады. Аламан –тасыр төбелес басталады. Мұндай қиқу басталысымен-ақ қызықтан үміттеніп отырған біздер қораға, өзіміз бағып жүрген қошақандарға қарай қашамыз. Тағы да пырс - пырс жылау жалғасады... қошақандар қосыла маңырайды. Осындай күндердің бірінде қара домбыра Нартай пұшықтың қолына тиген. Үлкендерге еліктеп аздап сілтеп алған түрі бар. Пұшық мұрыннан маңқа дыбыс шығады. Нартай пұшық қомданып, өзінің жуырда әскер қатарына алынатындығын, ойындағы арманын ескертусіз қалдырғысы келмейтіндігін, сүйген қызына арнаған әні бар екендігін айтып жұртты бір марқайтып тастады. «Дұрыс-ақ» деді үлкендер жағы масаң бастарын бұлғақтата шұлғып оны құптады.  Баста, өй-дөйт, шіркін! Шырқа! 

Дариға-ау, пар болмайды жасынға кір,                                                 

 Қайтейін ел міндеті басымда тұр,

.                                                          қош бол,   жаным.

      Айтайын, оның несін жасырамын,

      Менің шын сүйген қызым осында отыр,

                                                           қош бол, жаным.

     Шыны керек, ол кезде сен сақпаннан келген күйіңше, құдды бір тобынан адасқан шүрегейдей босаға жақта екі тізерлеп отырғансың. Ұзын-ұзын кірпіктерің, қап-қара бота көздерің өзіңе сондай жарасымды еді. Бұл отырыста сенен басқа қыз жоқ болатын. Үлбір болса үш күн бұрын ауылға кетіп қалған. Қалған бес-алты келіншек, осы ауылдың белгілі сарықарын әйелдері. Асханада жардай бір татар қатын және үйде өлмелі бір кемпір бар. Ол кемпір төрде отыр. Отырған жұрт өзара күбірлесіп: «Бұл өлеңді кімге арнап отыр» деген оймен сүзеген бұқадай жан-жақтарына қарасқан. Өлеңге сай дейтіндей күдіктенерлік ешкім жоқ. Ән жалғасты:

      Қосылсам сүйгеніме арманым не,

      Әйтпесе, өмірің не, жалғаның не,

                                                         қош бол, жаным.

      Екі-ақ жыл, мен келгенше күте алмасаң,                                                                                                              

       Әскерге бармадың не, барғаның не,

                                                         қош бол, жаным.

     Шайқатыла ән тыңдап, ептеп мазмұнын екшеп отырғандар, директордан бастап бастарын созып жан-жақтарына тағы да мойындарын бұрандалаған. Бәрі де аң - таң. «Өлең кімге бағытталған, не керек бұған?».

     - Әй, найсап, сен айтсаң жұмбақтамай айт, әлде басқа біреудің өлеңін ұрлап алып айтып отырсың ба, - деп гүр-р етті ферма меңгерушісі. - Айт, шыныңды! Кімнің өлеңі бұл? Кім үшін?

     - Өзімнің өлеңім... иесіне, сүйгеніме арналған...  

     Көздерін сығырайта ыржиған Нартай пұшықтың желбезексіз сәңкиген жап-жалпақ мұрны есік жақты нұсқаған.

     Есік жақта қызбала атаулыдан сенен басқа ешкім жоқ. Сен өлеңдегі сөздерді ұққан да жоқ боларсың. Сол отырғаның отырған.

      - Сен қыз, атың кім еді, нешінші сыныпта оқисың өзі? – деді запперме мысықкөзденіп. – Мына пұшықты танисың ба?

     - Жетінші сыныптамын. Оны бәрі таниды...

     Осы тұста ферма меңгерушісінің екі көзі шарасынан шыға ақисын келіп. Оған директордың шатынаған зіл-көздері, директордың зіл-көздеріне басқалардың жез-көздері мен без-көздері қосылды. Киіз үйдің кереге-қанаттары желп-жеп етті, уықтар сықырлады. Жуан - жуан май басқан түкті жұдырықтар түйілді. Қан тамырлары адырайды. Үр- рит! Ұр итті!

      -Әй, мына найсап бізді тобымызбен топырлатып, тірідей түрмеде шірітейін деп отыр екен ғой... шешеңнің дәл... Бәсе, өз малы, өз отары, өз сақпаны тұрып мұнда неғып қаңғып жүр десем... ойбайдың – ойбайы екен ғой бұның сақпаны... Мә, саған, ендеше, пәдеріңе нәлет, сүмелек, иттің күшігі! Өл!

     Қыстай сүрленген жылқы жілігі әлденеге қарс ете қалды. Дастархан басы құлаққа ұрған танадай болды. Майлы тоқпан жіліктің сүйемдей жері сындырылған жағымен Нартай пұшықтың басына бойлай кіріп кетіпті. Мұндай сұмдықтың боларын кім болжапты. Нартай пұшық осыдан ес жимастан үш күннен соң қайтыс болды.

     Әрине, Нартай пұшық өлді екен деп өмір доңғалағы тоқтап қалған жоқ. Менің білетінім – ол пұшық та тек қана сол бір өлеңсымағында болмаса тікелей өзіңе келіп ештеңе де айтпаған еді. Мен секілді оның да сенің атыңды атамай, сыртыңнан өзіңе көз сүзумен  өмірден өткенін білемін. Жақсы көрсе өзінше жақсы көрді. Оған ол да кінәлі емес шығар. Қызды кім сүймейді? Жүрек шіркін не демейді. Жүректің тілін ұғу үшін адамға тағы бір жүрек керек болар, сірә. Орындала қалатын арман, орындалмай өміріңді өксітетін де арман бар ғой. Мұның өзі де түгесілмес тәтті бір мұң секілді көрінеді маған. Жалпы, мұңсыз, армансыз дүние дүние ме? Сол арманыңның өзі де орындала қалса арман болып жарыта алар ма? Балдәурен балалықтан бүрлеген балауыз махаббаттың жылы лебі көкіректе мәңгілік қалады білем. Кеудесінде осындай бір нәрлі де қимас сусыны жоқ адам саналы адам санатына қосыла қояр ма екен? Сол бір оқиғадан соң сендер өзің туып өскен ауылдан, тып-тыныш та, асау да ағысы бар, алтындай сусыған құмы бар, жын-шайтаны мен су перісі тағы бар, саумал самалмен тербелген жап-жасыл ну мен көк құраққа оранған өзен жағасынан көрші ауданға қоныс аударған едіңдер. Сендердің бұл қоныс аударуларың мен үшін өте қиын болды. Менің соғып тұрған сағатым тоқтап қалды. Несін жасырайын. Өзім бала болсам да іштей үлкендерше күйзелгенім мені ерте есейтіп жіберген сияқты. Өзім тұстастарға қайырылғым келмеді. Ойыма самсап ой қосылды. Ол аудан тау арасында екендігін білем ғой. Шатқалды, жарқабақты жерде өзіңнің, біздің көзімізге етене болып кеткен айдыны жарқыраған өзен-көл, көрінісінің өзі тұла бойыңды балқытқан алтын-құмды жағалау, сымпылдап тыным таппайтын бұлдырық пен қаз-үйрек, қасқалдақтар мен ақ шағалалар, бауырын жарқ еткізіп күннен қуат қағып кететін сары сазандар мен ақ шортандар жоқ онда. Балықтары бармақтай ғана. Тау суының негізі – бұлақтар. Бұлақтардан құралған желдірме сулар өзенге жеткенше арқырап ағады. Таулы жер – тастақты келеді. Менің ойлайтыным, үйренбеген тастақты жерде сенің қалай жүре алатының. Табаны ойылып кеткен жоқ па, сүрініп құлап жарақаттанып калды ма екен деп күйзелемін ғой. Оның үстіне сені жаңа ортаға үйрене алмай мұңайып жүрген шығар деп қайғы құрдымына сүңгимін. Осындай-осындай ойлар санамды мүжитін. Өткенде үйге Үлбір мен Гүлгүл келген болатын. Сені сұрады. Мен иығымды қушиттым. «Мынау тұрған жер, неге бармайсың!». Екеуі маған дүрсе қоя берді. «Сені де жігіт дейді ғой, маубас. Тым болмаса хат жазбайсың ба?». Бұл екеуінің менің жағдайыма қанық екендігін білдім. «Жарайды, жазамын» деп уәде бердім. Ал, хат жазу дегеннің өте қиын шаруа екендігін соңынан білдім. Әсіресе, өзіңнің шын сүйген адамыңа! Қолыма ақ қағаз бен қалам алдым болды – ақ қағаз бетінен күлімдеп сен шыға келетінсің. Ол дәптердің бетін жаба салып басқасын ашсам – онда да сен... Сен біздің үйдегі қағаз біткеннің бәрінде бар екенсің. Сенің сол бір сүйкімді бейнеңе қалай қара қалам тигізбекпін, мен. Мәселенің ең қиыны осы болды. Амалым құрыды. Ақыр соңында хат жазуды доғардым. Өзің білесің, ол кездері біздің ауылдың әр үйінен оншақты баланың төбесі қылтиятын. Бізде де сондай. Үйдегі балалардың үлкені мен едім. Әйтсе де, мен сопиып жалғыз қалдым. Өзіңді ғана ойлаумен  бауырларымнан жырақтап та кеткен екенмін. Ешқандай іске қолым бармайды. Үйге қолғабысым жоқ. Меңіреу жанның кейпіне түсіппін. Күрсінісім көбейіп, көрші аудан жаққа телміре қарайтын болыппын. Мұнымды, әрине өзім біле бермеймін ғой. Басқалар көріп қояды деп те күдіктенбеймін. Есесіне сабағым күшейді. Мектеп тарапынан мақтау алуым көбейді. Өйткені, күндіз-түні парақтайтыным кітап, шимайлайтыным дәптер, тістелейтінім қалам. Итпен қуса да далаға шықпаймын. Мұның да себебі бар. Мен соңғы кездері өлең жазатын «кеселге» душар болғам. Тіпті, сенің табаныңның ізі қалған жағалауда отырып айдың жарығымен жазамын. Ізің маған белгілі. Кейде су шайып кетпеген ізіңді тауып алып айналасын шыбықпен қоршап қоямын. Осылайша, кеудемнің тереңіне мысқалдай бір шоқ түсіп, оның күннен-күнге алаулап, жалыны зорайып бара жатқандығын сеземін. Ол жалынға жалын үстемелейтін де – өзім. Мысқалдай сол бір шоқтың шын аты шоқ емес – сағыныш екендігін енді біліп жүрмін. Бірақ, оны ешкімге байқатпайтын сыңайлымын. Ақ қағаз бетіне сол сағынышымның сазын бейнелеймін ғой. Өкініштісі  жазамын да жыртамын, жазамын да жыртамын. Неге? Негесі сол – ол өлеңдердің бәрі де тек өзіңе ғана арналған мұңды жазбалар еді. Бұл өлеңдер менің көкірегіме жиған-терген асыл армандарымның, өзіме ғана тән бала-пәлсапаларымның гүлдеген түйткілдерін түгелдеген болатын. Сол құпиямды, құпиямның кілтін біреу тартып алатындай, артынша тағы біреу келіп аспандағы айымды ұрлап кететіндей көрінетін де тұратын маған. Сондықтан жыртып-жыртып өзенге тастайтынмын. Бір күні буда-буда жыртылған сондай қағаздарды иірімге лақтырып жатсам, жаныма анам келіп қалыпты. Оны мен қайдан білейін. Күшігім аяғыма оратылып, өзім өксіп-өксіп жылап тұрсам керек. Ана деген бәрін сезеді...

     -Байғұс, балам-ай, - деп анам қосыла еңіресін. – Сен тым жассың ғой, әлі уақыт келеді, асықпа...

     «Көкірегіндегі махаббат оты күшті жігіттің өз арманы үйленген күні өледі, бұдан былайғы жерде ол енді өзінің сүйгені үшін, қала берді сол сүйгені тауып берген ұрпағы үшін армандайды және алаңдайды» депті көне бір ғұлама. Бұл сөз тап рас болса керек. Өйткені мен ғұламаның бұл қағидасын айтқан мерзімінен де ертерек орындап қойған екенмін. Себебі, мен ес білгелі өзім үшін ешқашанда армандап көрмеппін. Мен барлық жақсылық атаулыны тек сен үшін ғана жұптап келемін. Сені ертерек есейсе екен дедім. Әдемілігінің үстіне әдемі бола түссе екен дедім. Бақытты болсын дедім. Өзім бақытты болайын немесе екеуміз бақытты болсақ екен деген ой менің  басыма қонақтамапты. Менікі тек сенің көркіңе қызығушылықпен ғана шектеліпті. Ұят-ай! Бір өтінерім, бұл үшін мені кінәлай көрмеші. Құйтақандай жүрегім онсыз да дүрсілдеп отыр. Ол кездергі біз оқыған әдебиеттердің бәрі де былай сайрайтын: Талай жігіттер өзінің сүйіп алған, жан-жары болып үлгерген сүйіктісін екінші біреуге «қимаса да бақыт тілеп» өз қолдарымен апарып қосты. Өйткені ол екіншіміз бұл сүйіктіміздің жүрегі қалаған «пірі» екен Мұның атын «ұлы достық, жігіттік, азаматтық» деп түсіндік. Бір қызығы жылп-жылп сөйлеген, жылпос жігіттер «пірге» айналды да, ерме әйелдер өздерінің «күң», не кім  болғанын сезбей қалды. Жамал апайдың «Мен пір тұтқан еркек» атты «тәрбиесі» де, оны құптаған пікірсымақтар да «Қазақстан ейелдері» журналынан ширек ғасыр бойы түспей» қойды. Талай жігіт өздерінің қимас сүйіктілерін, құдай қосқан қосақтарын «пір тұтқан еркектеріне» қарай аттандырды. Талай келіншектер некелі ерін, бауыр еті бала-шағасын тастап «өздеріне пір тұтқан еркектерін» тапты, тіпті қашып кетіп жатты. Мұндай оқиға өз ауылымызда да болды. Бірақ, олардың біреуін де «бақытты болыпты» деген сөзді есіткен жоқпыз. Біздің ауылдан кеткен келіншек «пір болған еркегімен» екі-үш ай болды ғой деймін. Сонан соң ауылды қайта жағалаған. Төбесіне шоңайна төңкеріп алған бейқадардың сұрқы адам аярлықтай еді. Ешкім оны үйлеріне кіргізбеді. Адам баласын былай қойдық, иттер екеш иттер де арпылдап сорлыны ауыл маңына жолатпады. Өзі «пірін тауып» кеткенінде келіншектің артында бір жасар бала қалған болатын. Сол баланың анасын іздеп шырылдаған сәби дауысын салып өзіміз жүретін өзен жағасында жүрді сол бейбақ. Сұмдық әуен есіткеннің тұла бойына бұзаубас жорғалатар еді. Түн баласы ол маңнан күңіренген зарлы ән жағын жаппады. Жағалауда шайтандар, өзен бетінде су перілері зікір салды. Бұл, әрине, ешқандай ертегідегі оқиға емес, сол келіншектің, нағыз адасқан қатын-шайтанның ісі еді. Бозбалалар өзен жағасына баруды доғарды. Кейін ауыл адамдары ол «шайтанның» өлігін тауып, отқа орап жіберді. Сонан соң ғана жағалау байыз тапты. Өзіміз талай-талай мөлдіріне шомылған Ақжар айдыны сол оқиғадан бері «Шайтанөлген» аталады. Бүгіндері ол тұста өзіміз туып-өскен ауылдың орны да, бір түп қамыс та жоқ, өзен тағаны қатырлаған  қабыршақ-топыраққа айналған. Соқыр бұлақ та таптырмайды. Міне, өзінің «пір тұтқан еркегін» тапқан бір ғана «шайтанның» елге әкелген кесір-зобалаңы. Біздер осындай масқарапаздардың, уақыт зеңінің бәрін де көріп-біліп өскен буынбыз. Әрине, бұлардың бетін аулақ қылсын. Менің махаббатым – басқа махаббат! Менің махаббатымның оты мәңгі маздайды! Менің махаббатым болмаған өмірде болған кіршіксіз махаббат! Менің махаббатым мәңгілік сапарға өзіммен бірге кетеді...

     Мектеп бітірген жылы мен сені іздеп сол ауданға бардым ғой. Мекен-жайларыңды сұрастырып біліп алғам. Аулаңның есігін торуылдап жүріп аламын ғой деп ойлаған едім. Алдымнан шыға келгеніңде есеңгіреп көздерім бір сәтке түк көрмей қалды. Есімді жиғанымда сен менің көкірегіме басыңды қойып солқылдап жылап тұр екенсің. Кіп-кішкентай жұдырығыңмен иығымнан ұрып-ұрып қоясың. «Қайда жүрсің, а, қайда жүрсің?..». Өзімнің де кеңсірігім ашып кеткен еді, бырт-бырт етіп көзімнен шыға келген ып-ыстық тамшылар сенің мойылдай қара шашыңды суарып, одан әрі жердегі тасқа тырс-тырс тамып жатты... Елбіреп-желбіреп қасымызға Алтын апа да келді. «Жарығым-ау, кімді көріп тұрмын...». Алтын апаммен амандаспақ болып қолымды созған едім, сен мені жібере қоймадың. «Тұра тұршы...». «Болыңдар енді, үйге кіріңдер, біреу-міреу келіп, ұят болмасын». Алтын апаның осы бұйрығынан соң екеуміз үйге қарай беттедік. Аналардың бәрі осындай. Сол күні өмірімде бірінші рет сағыныштың көз жасына шыланған сенің ыстық алақаныңа алақаным, сүйрік саусақтарыңа діріл қаққан саусақтарым тиген еді. Екеуміз қол ұстасып үйге кірдік. Тек саусақтарым емес, сол күні менің бүкіл тұрған бойым, тіпті тіліме дейін қалтырағанын сен сезбедің, бәлкім сездің. «Сорайып кетіпсің ғой» дедің сыбырлап. Мен ішімнен: «Қандай әдемі бойжеткен болғансың» дедім. «Жағалау жаққа бір өзің барып жүрсің бе» дедің. Мен ішімнен: «Сенсіз барған жағалау – жағалау емес, құм сапырған шөл дала» дедім. «Неге үндемейсің» дедің. Мен ішімнен: «Сенің бал-бұл жанған жүзіңе қарап тілім күрмеліп қалды» дедім. Дәл қазіргідей шаттық өлкесінде мен ешқашан болып көрмегем.  Осылай мәз-мәйрам «әңгімелесіп» отыра берер ме едік, кім білсін, асбөлме жақтан «балалар, шайға келіңдер» деген Алтын апаның дауысы шықты. Екеуміз екінші рет қол ұстасып дастархан басына бардық. Бұл батылдыққа да мені жетелеген өзің едің. Маған қарап: «есейіп қалыпсың ғой» деді Алтын апа. Бәрін де көрді. Күрсінді. Менің екі бетімнің ұшы ду-ду етті. Алтын апа жаулығының бұрышын қолымен ұстап сыртқа шығып кетті. «Құлындарым, шайды өздерің іше тұрыңдар, қазір келемін». Алтын апа көп ұзаған жоқ, үйге қайта кірді. Көкеңе менің келгенімді телефон арқылы айтыпты. Көкең: «кетіп қалмасын, үйде болсын, өз баламыз ғой, қонақтар келетін еді, қолғабыс етсін» депті. Ішім жылып қалды. Өзіміздің ауылда жүргенде көкең қатардағы шопан еді. Мұнда келгелі аудандық құрылыс бөлімінің қоймашысы болыпты. Бұл дегенің ол кезде өте үлкен қызмет. Жоғарыда қолдаушысы жоқ адам бұл қызметке жете алмайды. Оның үстіне көкеңнің арнайы білімі жоқ. Мұның себебі неде деп мен ол кезде тіпті ойлағам жоқ. Көкеңнің айтқанындай-ақ, кешке жуық үйлеріңе қарындары жуан-жуан үш еркек пен үлде мен бүлдеге малынған екі әйел келді. Мен қолымнан келгенінше шын пейіліммен қызмет еттім. Отын жардым, су әкелдім. Үйге самауыр кіргізіп, қолға су құйдым. Дастархан басына отырмасам да келген кісілердің аудандық атқару комитетінің төрағасы, аудан хатшысының бірінші орынбасары екендігін білдім. Олардың назарына өздерің көшіп келген күннен бастап ілігіпсіңдер, көкеңнің іскер азамат екендігін білген, сенің әдемілігің де бойжеткендігің де, инабаттылығың мен тәрбие көргендігің, мектеп бітірсін деп күтіп жүргендіктері әңгімеге арқау болды. Өздерінде ержетіп, институт бітіріп отырған ербала бар екендіктерін, жақында келіп ауданға қызметке тұратындығын да, сөкке сарымай шылағандай етті. Не керек, әңгіме соңы «құда болалыққа» тірелді.  Жаңа ғана жып-жылы боп тұрған ішіме сақырлаған мұз қатты. Сен әрине, бұл әңгімелердің бірде бірін есіткен жоқсың. Басқа бөлмеде отырғансың. Көкең болса сенің мектеп бітіргеніңді, оқуға барсам деп жүргеніңді, бойжеткендігіңді, жалғыз тал қызы орнын тапса кедергі болмайтындығын, сенің оқуыңа құдалар жағы қол ұштарын беретіндігіне, ол сөздерге сенім білдіретіндігіне сөз құрады. Сонымен сөз байланды, қол алысылып, бата қайырылды. Менің төбемнен тау құлады... Жуан-жуан екі әйел сені шақыртып сырға тақпақшы еді, сен бұрқан-талқан болып сырғасын лақтырып жібердің. Алтын апам: «әлі бала ғой, қинай бермеңдер» деді. Мен таңертең ерте тұрып, ешкімге білдірместен ауылға қайттым, дұрысырағы қаштым. Сол күнгі көңілімнің қалай құлазығанын, бұл өмірге келгендігіме қаншалықты өкінгендігімді, өзен жағасындағы құмды қалай тоқпақтағанымды, тып-тыныш жатқан мөлдір суды тепкілеп қалай лайлағанымды, жағалаудағы көк құрақты тамырымен жұлып қалай шашқанымды, есеңгіреп-талып жатқан жерімнен «құлыным-дап» анамның қалай үйге сүйрелеп апарғанын сен білген жоқсың. Бұл жолы маған әкем ұрысқан да жоқ, тіл қатқан да жоқ. Тек қана іні-қарындастарымның үрей-дүрей болғаны болмаса...

     Көп ұзамай тойларың болды деп есіттім. Өзімнің ішімді күйік шалып жүрсе де шын көңіліммен саған бақыт тіледім. Жарық дүниеде махаббат атаулыға орын жоқ, бәрі де алдамшы дүние екендігіне күмәнім қалмады. Күзге қарай оқуға кеттім. Сәті болғанда ешқандай қиындықсыз журналистика факультетінің студенті атандым. Аудитория дегеннің не екенін көрдім. Кейбіреулер аудиторияны сабақ оқитын жай бір бөлме деп ұғады. Аудитория дегеннің мектепте алған біліміңді қайталау мен игеру ғана емес, тіпті басқа нәрсе екендігін білдім. Аудиторияның да өз сақпаншылары, өз құбыр-өңештері, өз  Нартай пұшықтары мен «піршілдері», «күйшілдері» көп болады. Студенттік өмірдің қызығы мен шыжығы дегеніміз осы. Қалағаныңды қаламыңның ұшына іліп ал да зерттей бер. Шыңдалу – ешқашанда артық болмайды. Бірақ, мені олардың бірде бірі алаңдатқан жоқ. Өз басым ол «мектепті» бітіріп қойған секілдімін. Сондықтан болар, томаға тұйық күй кештім. Зымырап өте шыққан ол жылдардан да өзіңді ойлаудан басқа айтарлықтай бір белгі қалмапты. Оқудың соңы жақындаған сайын мені уайым басты. Кейде өзіме өзім қатты ұрсамын. Тым болмаса Нартай пұшық секілді де өле алмадың ғой деймін. Үміт дегенің де бір керексіз нәрсе екен. Алыс – алыс жер түбіне қаңғып кеткім келеді. Түнеремін де түңілемін, түңілемін де түнеремін. Мұндай сәттерде көз алдыма тағы да өзің келесің: «сенде мұндай да мінез бар екен ғой...» дейсің. Мен бұған да үйрендім. Тек қана бір ой маған жеткізбеді, қусам ұстатпады. Оны да айтайын: Үйлеріңе мен барып кеткен күннің ертеңіне Алтын апам біздің үйге жеткен екен ғой. Сенің  анаң менің анаммен сырлас әрі мұңдас жандар еді. Сол жолы екі құрбы ұза-ақ көрісіпті, қолдары жаулықтарының ұшына қайта-қайта барыпты... Артынша жетіп келген көкең апаңды қайтып әкетіп қалыпты. Осы жолы екі мұңдық не туралы сөйлесті екен, не десті екен?.. Екі ананың сондағы ұза-ақ көрісіп тұрған бейнелерін суреттеймін деп мен ақ қағазға талай шұқшидым-ау... бірақ, қолымнан ештеңе келмеді. Не көп, Алатаудың басында бұлт көп. Келіп – кетіп жатқандары қаншама... Бұл бұлттардың арасынан да екі алтын ананың сол бір мүңды тұрыстарына ұқсас сурет яки картина таппадым. Өзім сипаттап жаза алмадым. Ана махаббатын айнытпай әдіптеп шығу үшін ана болу керек шығар. Ана махаббаты бозбала мен бойжеткеннің көңіл күйін кестелейтін махаббаттан бөлек тұрған ірі, тұлғалы дүние екендігіне көзім жетті. Бұрыңғы данышпандар да толайым ойларын осылай түйіндеген.

     Бұл оқу да бітті. Мен алыс облыстардың біріне сұрандым.

     - Жоқ, ол болмайды, бала.., - деді, сарапшылар, - біз айтқан жерге барасың! - Өзің келген облыста да кадрге сусап отырған аудандар бар!

     Сендердің аудандарыңа екінші рет аяқ басуым осылай басталды. Бұл жолы маман ретінде келдім. Әрине, бұл үшін мен бір жағынан қуандым, бір жағынан өкіндім. Мұның да өзіндік себептері бар. Қарап отырсам, арада өткен сонша жыл ішінде мен сен туралы ешқандай дерек алмаппын, білейін деп ұмтылмаппын да. Көз көргендерден немесе апамнан сұрасам болады ғой. Мені курстастарым бекерден бекер «тұнжыр» атамаған екен. Сені ойласам ішімнің жылығанына, жүрегімнің төрінде екендігіңе сенімділігіме, ешкімнің менің бұл жағдайымды біліп қоймағандығына мәз болып жүре беріппін. Сұрауда тұрған не айып бар. «Жо-жоқ, болмайды...шыдай тұр» дейді, ішкі түйсігім. Мен алдамшы түйсігіме бас иемін. Өзің көзге көрінбесең бақ құсы келіп төбеңе қалай қона қалады деген сұрау аясына еніп көрмеппін. 

     Тілші жұмысы қоғаммен қоян қолтық жүретін жұмыс. Қоғамдағы қайшылықтарды туындататын әрі төрелігін айтатын жұмыс. Халық арасынан өзіне керегін тауып алады.  Журналистерде лақап есім болады. Мен мұнда келгелі өз аты-жөнімді көрсеткен жоқпын. Жариялаған материалдарымда тек қана сол лақап есімімді пайдаландым. Ондағы ойым да сені алаңдатпау. Мүмкін болса сенімен кездесіп қалмау. Зиянымды тигізбеу. Уақыт пен ішкі сарайыңа ешкім төреші бола алмайды ғой. Адам баласының қалағаны бола бермейді. Мұнда келгеніме де екі жылдың жүзі болды. Бір күні аяқ астынан ауданнан шалғайлау ұжымшарға баратын болдық. Ондағы сауыншылар айлық жоспарларын екі есе орындап жүр екен. Жетекшілері өте іскер жас екен дейді. Оларды басқаларға үлгі ету – әрине, бізге де қоғамға да міндет. Бұл – кешенді шаруашылықтардың жаңадан бой көтеріп келе жатқан жылдары еді. Сонымен ертелеп жолға шықтық. Қасымда, фототілшіміз бар. Жүргізушіміз ой-шұқырды жақсы білетін жергілікті кісі. Көкте жарты шөкім бұлт жоқ болса да таудың саумал ауасы өкпеңді ашады. Жезтабақ  - күн аспан төбесінің жартысынан ойыса бере алдымыздан аналарымыздың дастарханға төңкеріп қойған әппақ-әппақ  кеселеріндей ақшаңқан киіз үйлер көрінді. «Осы ауыл, жеттік» деді жүргізушіміз. Біздің келетінімізден хабардар болу керек бәрі біркелкі киінген, бірінен бірі айнымайтын бір топ қыз-келіншектер алдымыздан шыға келді. Шындығы сол, олар менің көзіме көбейіп кеткен бір-ақ қыздай болып көрінді. Мұндай келісті көріністі  қыз-қырқыны көп институт қабырғасында жүріп те байқаған емеспін. Әлем сарапшылары шатасыпты. Әлемдегі ең көрікті, көргеннің көзін бұлдырататын әсемдік өзімізде екен. Қазақ қыздарының сұлулығы алдында басқалар жіп есе алса қанеки. Сірә, дала арулары дегеніміз осылар болар. Қалқыған қаздай ең алдындағысы жетекшілері болар деп ой түйдім. Сол дала арулары бізге қарай, біз - тілшілер дала аруларына қарай жүрдік. Оқыс жағдай дегеніміздің өзі ойламаған жерден бас көтереді. Әппақ мақтадай бір буда бұлттың арасынан шыққан көк періштесіндей сол арулардың жетекшісімен сәлемдесе бере,  мен, қалт тұра қалғам. Бір қызығы ол да дәл солай етті. Қолындағы ағарған құйылған үлкен ақ кесесі жерге түсіп кетті. Әппақ кеседен шашылған әппақ сүт аспанға атылды. Төбемізден бастап бетіміз, омырауымызға дейін әппақ болды. Бір біріне аң-таң қалысқан төрт қара көз солай тұра берер ме еді, кім білсін, «бұл сүттің төгілгені жақсылыққа көрінген ырым болды» деген басқа арулардың шу ете қалғанынан, қолындағы сайманы сырт ете қалған фототілшіміздің «бітті» деген қуанышты сөзінен, мен ұйқыдан шалт оянып кеткендей болдым. «Бітті, мұндай көріністі өмірімде қайталап түсіре алмаспын». Фототілшіміз масайрап жүр. Секіріп-секіріп қояды. Сондағы менің кездескен қаздай қалқыған әппақ аруым кім еді?!. Ол – сен едің, менің мәңгілік арманым, ол – сен едің жүрегімнің мәңгілік жылуы! Ол – сен едің, сүйе тұра сүйе алмай кеткен ақ періштем! Ия, солай!

     Тағдыр – ұстазымыздың өмір жолымызды бұл түйістіруінде мен де саған ештеңе демедім, сен де маған ештеңе демедің. Осы дабырмен жұмыс орындарыңа қарай жүрдік. Кеш түсе біз кері қайттық. Өмірімде мұндай көңіл-күйде болмаған секілдімін. Өзіңді көрген қуаныштың әсері болар, жеп-жеңілмін. Жолда келе жатып фототілшіміз:

     -Мен бүгінгі түсірген суретімді күзде болатын одақтық көрмеге ұсынамын, - деп мақтансын.

     -Ұсынбайсың, - дедім мен.

     -Мұндай сәттілік қайталана бермейді.

     -Жоқ, ұсынбайсың, айтылды, - бітті!.  Фототілшіміз бүктетіліп қалды.

     Сіз, бір нәрсені ұмытып кеттіңіз деді әлден уақытта өкпесі жазылған фототілші.

     -Ол не?

     -Ол – жаңағы сауыншылар жетекшісінің әкесі. Оны сіз көрген жоқсыз. Ол кісі - өз жұмысын жақсы көретін, мал жағдайымен біте қайнасқан шаруа әрі өте ұсынақты  кісі. Осы сауыншыларға сүт беріп тұрған қара малдың бірден-бір бақташысы. Мен бұл отбасын бұрыннан білем... Ата-анасының бар-жоғы осы қыз-ақ. Тек бір жағы ғана дұрыстау болмай тұрған жағдайлары бар...

     -Ол қандай жағдай?

     -Ол... ол, әлгі ару – келіншектің күйеуінен ажырасып кеткендігі... бір баласы бар. Осындай келіншекті де адам қия ма екен, түсінбеймін. Біз сияқтыларға жоғарыдан қарайды. Өзінің тұла бойы тұнып тұрған мейірім, сөйте тұра өте тәкаппар. Жеңіл ойдан аулақ. Өзі әдемі адамға жарасатын сүйекті мінез ғой ол. Және, ол мәселені бұл аруымыздың өзі шешкен екен. Ешкімнің айтқанына көнбепті.

     -Шешкені қалай? Мәселесі несі?

     -Бұл отбасы бізге көрші ауданнан көшіп келген. Осы қыздың сұлулығы мектепте оқып жүргенінде-ақ жұрттың ауызында жырдай болған. Оны аудан хатшысы да байқаған. Хатшының оқу бітірмек баласы бар екен. Не керек, қыздың әкесіне жағдай жасап жүріп, сол баласына алып берген ғой. Қыз көнбесе керек. Үш-төрт ай үйқамақта зорлап ұстаған. Менің өз сүйгенім бар дегеніне ешкім құлақ аспапты. Қайсар қыз бәрібір көнбеген, қашып кеткен. Бірақ, ешкімді соттатқан жоқ. Содан бір балалы болып қалған. Кейіннен ол баласын олардың өздеріне қайтып берген. Баласына қарағысы да келмепті. Біз кейде: «баласына қарамағаны несі» деп күстаналап жатамыз ғой. Мен ойлаймын, осы келіншектікі дұрыс. Бапталмаған, күтім көрмеген, ғашық жүректің шапағат нұры түспеген жерге жерге тікенектен басқа не шығады... Мұны түсіну үшін бізге осы келіншектің басындағыдай «аудитория» керек. Содан бері басы бос... Ешкімді маңына жолатпайды. Әйтпесе, әлі күнге дейін құда түсіп емексіп жүргендер жеткілікті. Әкесінің де әжептеуір қызметі бар еді... 

     -Бала қайда қазір?

     -Ол бала биыл мектепке барды, солардың қолында, кейде-кейде нағашы атасы мен әжесіне келіп кететін сияқты.

     Мен осы тұста дегбірім қашып, әлгі жеп-жеңіл болып келе жатқан күйімнен айырылдым. Жүргізушіге: «қайт, артқа...» деуге сәл-ақ қалдым. Құлағыма «сабырым» сыбырлады: «ақылыңмен кеңесіп ал...». Ойлана келе, артқа қайтпауға бекіндім. «Өздері енді ғана тұрмыстарын түзеп келе жатыр екен, бүйірден шыға келген бүйідей тыныштықтарын бұзбағаным дұрыс шығар» деген шешім қабылдадым. Бұл ойым өзіңе де тікелей қатысты еді. Әсіресе, саған зияным тимесін дедім ғой, мен бейбақ.

     Содан бері де талай-талай көктем гүл өргізді, талай-талай жапырақ сарғайды. Мен қызмет ауыстырып басқа ауданға кеттім. Үйленіп балалы болмадым десем – өтірікшімін. Мен оған бара алмаймын. Тұйық мінезім өзіме сүйексіңді боп кетті. Әйеліме «мұз» атандым. Бір күні теледидар көріп отыр едім, тілшінің: «Озат ферма меңгерушіміз Ақперіште Аспанқызының елу жасқа толуымен құттықтаймыз...» дегенін құлағым шалып қалсын. Теледидарға үңіле түстім. «Әй, мұз, не көріп отырсың, ол сенің қай ғашығың еді, қара жәшікке кіріп кетпе, өшір ойбай, өшір..» деп желке тұсымнан баж ете қалды бір өктем дауыс: «Кім көрінгенге үңірейгенше, бізге, бала-шағаңа үңірейсең болмай ма?». Соңынан жалп етіп теледидар сөнді. Көңілім қабаржып, бұл жалғандыққа ісіп-кепкен жалғаннан безіп кеткім келгенін де сенен жасырмай-ақ қойдым. «Сол теледидар секілді сөне қалсам... Уһ!». Газет-журнал оқуды, жазуды да қойдым. Қолыма қағаз, қалам алсам болды, әбден мыстан болып алған қатыным желкеме жетіп келеді. «Қай ғашығыңа, ә,.. маған жазсаң болмай ма?!. Жаз, қане жаз, мен де адаммын... менің де мөлдіреген екі көзім, көзімнің үстінде қияқтай екі қасым бар, бізөкше туфлимен көшеге де шыға алам...».

    Бұдан кейінгі мезгілдің бәрі қаһарлы қыс пен шіліңгір шілде болды ғой деймін. Содан кейін де қанша қарлы бораннан өттім, қанша керімсалға қақталдым, есімде толық ештеңе қалмапты. Әйтеуір итеңдеп жүріп келемін. Сүрінемін – құлаймын, құлаймын – итшелеп тағы тұрамын... Кешке салым  күркемді табамын.

     Екінші рет тағы түтін түтеттім. Мұндай түтіні бар болсын. Ыстан шыққан бықсыққа тұншығып өле жаздадым. Әбден жону, ысу көрген тақтай ғой. Ондай тақтайды қайта жапырақтайды деп жүрген мен де бір сорлы... Бұл жолғы азап керуеніміз көпке бармады. Маған кездескен мүскіншенің өмірден көрген құқайы маған бұйырғаннан да сорақы, итке бергісіз болып шықты.

     Өмір-теңізде не көп, ескекті, ескексіз, желкенді, желкенсіз қайық көп. Әлі де болса көкірегімде қалған сенің бейнеңе сүйеніп жүре берер ме едім, кім білген. Сондай бір аты жоқ белгісіз кемеге үшінші рет қалай душар болғанымды өзім де сезбей қалдым. Дегенмен, маған оның дәл қазір бәрі бір еді. Ендігі жерде қайығымның тесік түбі бітеле қалады деп ойлаған жоқпын. Бала тәрбиелеу маған қол болмады. Неге екенін өзім де білмеймін.  Оған құлқым да болған жоқ. Соры он елі пешене нені көрмеген. Содан бері жүзіп келеміз. Қай айдында жүрміз менде оны бағдарлайтын шама да қалмаған. Ата-анам азан шақыртып қойған есімімді ұмытқаныма көп болды... Ол жағын ешкім де білмес. Қазір кіммін? Мұны мен де білмеймін.

      Тағы да қара жәшік, тағы да теледидар...  «...жақсы басшы еді, кездейсоқ келген ажалға не шара, сүт фермалары аңырап, бұзаулар мөңіреп қалды...» деген сөздерге құлағым тіктеле қалғаны... қара жәшікке төнейін... Желке тұсымнан шаңқ еткен      тағы бір дөрекі дауыс шықты: «Ей, меңіреу, өшір, ол сенің қай қимасың еді соншалық, өлсе өліпті, сорлының төнуіне қарашы...». Қара жәшік жылп ете қалды. Мен бұл сөздерді есітпедім. Күнде-күнде қайталана беретін мезі былапытты тыңдағым да келмеді. Тек қана есімімнің кім екенін біліп жадым жаңғырып қуанып қалдым. Көкірегім шым - шым-м етті. Шекем шыңылдады. Сенесің бе, көзімде бір тамшы жас та жоқ еді...

 *     *    *

     Терезені аштым. Назарым тау жаққа түсті. Шың басына ілініп қалған үлкен құшаққа сыйып кетердей жалғыз бұлт әлі орнынан жылжымапты. Тек бұрыңғысынан қарая түскені болмаса. Жауайын десе жауа алмай тұрған сол бұлттан шыққан жарқылдан көзімде қалып кеткен шеңбер-шеңбер әлгі сәуле тау басына қарай қайта ұшты. Құдды бір сыңарынан айырылған жалқы саһар... Бұлтқа жете бере байғұс құс төресі саңқ етті де жарқырап жан-жаққа шашылып кетті... Жанында жегі-жарадан басқа түгі жоқ еді мұңлықтың. Аспан шатыр-шұтыр етті. Шыңның ұшар басы бір сәтке жап-жарық болып тұрды да қара жәшік екілді жылп ете қалды, сөнді.

     Сап-сары, қып-қызыл, жел қуалап менің сезімімді сілкіп жіберген әлгі жапырақтардан көшеде түк те қалмапты. Суық жаңбыр құйып кетті. Кеудем мұздап барады... Көкжиек тұстан бұлттар мен тауларды қапсыра, алып кемпірқосақ көтерілді. Қайталанбас бұл көріністі, бұл картинаны жер тұрғындарынан шыққан бірде-бір қылқалам шебері сала да жаза да алмас. Жеті түстен құралған алып кемпірқосақ адастырмай ғарышқа апарар даңғыл жол екендігін де көпшілік біле бермейді. Қиялымның өрісінде де болмаған мұндай тәтті күйді мен өмірімде сезінбеген едім...

      Найзағай құшағы қандай мамық, қандай әсем! Аспан бесігін жердегі жетім жел емес, көк бүршіктен көктеген іңкәр сезім  тербейді. Өзінің махаббат жырын көктегі періштелер қанатына ғана жазатын құс төресінің жан сыры осы. Бетін шөп – шөңге басқан, ойларының тереңдігі мен саяздығы бір жұтым ауасына тәуелді жердегі пенделер оны қалай ұқсын. Саһар құстың әлгінде ғана жан жаққа жарқырап ұшып кеткен ақұлпа қауырсындары пейіш құстарын ертіп өзіне қайтып келген. Бүкіл ғарыш төрі періштелерге толып кетті. Ғарышта уақыт, алыстық-қашықтық, ымырт, түн деген болмайды. Мұнда – мәңгі жарық! Мұндағылар тұманды, күмәнді ойлардан мәңгі азат. Әлден уақытта құс төресі өзіне қарай ақ үлпа қанаттарын жая қалқып келе жатқан өзінің ақ періштесін көрген. Жазбай таныды. Сол! Ғұмыр бойғы арманы! Ғұмыр бойы ешкімге тіс жармаған құпиясы! Кеудесінде өкініш, қайғы-мұң атаулыдан түк қалмаған саһар құс құшағын аша берді...Махаббат періштелері үнсіз ұғысады!.. Жеті қат аспанға бақыт нұры шашылды. 

     Махаббат періштелері тек қана көкте табысады! Махаббат періштелері қараңғылыққа толы қара жерде өмір сүре алмайды...

     Болмаған өмірдегі болған махаббат хикаясын маңдайындағы жазмыш әжімінен көшіріп алып, жер тұрғындарына жариялаған – мен, бәлкім мен емеспін...         

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған