Адам қарады: 568 | Жарияланды: 2019-04-27 04:42:24

Өткен өмір бейне түс...

Өткен өмір бейне түс.

Өлгенше болар бар ма дос?

Қуаныш, қайғы бәрі бос.

                                      Абай

 

хикаят

I-бөлім

 

Жол-жөнекей жеп келе жатқан нанының қалғанын өзінен қалмай еріп келе жатқан ақ қүшігіне лақтыра салып, мектеп ауласына кірмек болған қыз қолын оңды-солды сермеп, өзімен-өзі дауыстай сөйлесіп келе жатқан мұғалімді көргенде, сілейіп тұрып қалды.

- Япырм-ау, мына кісіге не болған? Сабақта аса бір жылы жүзді, сөйлегенде өзіне баурап алып кететін мұғалімнің мына алау-далау түрі, адымдап аннан-мыннан басып жүруі, дәл алдында қалшиып тұрған бұны байқамай өтуі, Мансияны әрі таңдандырды, әрі қорқытты...

Ол есін жиып, мектепке қарай жүгіре жөнелгенде, әлгі адам мектеп ішіне кіріп те кеткен еді. Қоңырау да соғылды. Алқын-жұлқын болған қыз да партаға жетіп үлгерді. Бірінші сабақ – орыс тілі. Қазір орыс тілінің мұғалімі кіріп, бұған түсініксіз бірдемелерді айтады, отырғандардан еш жауап болмаған соң, қазақша сөйлеп кетеді. Сондағы сұрайтыны: - Бүгін кім кезекші? Сабақта кім жоқ? Кім кешікті? Үйге қандай тапсырма берілді? - деген сөздер екенін бұлар қазақшалап айтқанда бірақ біледі.

- Иә, бірде бір орысы жоқ ауылда орысша сөйлегенді Мансия қайдан ұқсын?! Мансия түгіл ауылдағы жалғыз орыс жанұясының мүшесі, Маша апайдың үлкен ұлы Коля әскерден жазған хатында: - Апа, қасымда бірде – бір қазақ баласы жоқ. Шер тарқатып ешкіммен сөйлесе алмаймын. Бәрі орыс па, украин ба тек орысша сөйлейді, – деп жазыпты. Анасы хатты оқып отырып: - Жүгірмек, өзі де орыс емес пе, түге. Ешкіммен сөйлесе алмаймыны несі? Әй, ол түгіл шал екеуміз де орысша сөйлесуден қалғанымыз қашан?!  - деуші еді. Ауылда басқа ұлт өкілінен солар ғана, бірақ Мансия оларды орыс деп ойламайды. Ол үйдің балаларының тілі қазақша шығып, тек қазақша сөйлейтін.

 Орыс тілі сабағы басталып та кетіпті. Мансия әлгіндегі көріністен арыла алмай отыр. Бесінші класта оқитын қыз үшін аса түсініксіз, оғаш жайт.

Орыс тілі мұғалімі кітаптың кезекті бір бетін ашып, тақтаға орындалуға тиіс жаттығуды  жазып қойды да орнына отырды. Ал оқушылар жапа тармағай сол жаттығуды дәптерге көшірсін...

Бірі тез, бірі баяу тапсырманы орындап болған соң, күндегідей әр сөйлемді жеке–жеке оқып, орысшаны қазақша айтып берулері керек. Бұл жерде қиындықтың көкесі басталады. Ешкім суырылып шығып, жауап бере алмайды... Бірде Мансия өзінен төрт класс жоғары оқитын әпкесінің «Орысша – қазақша сөздік» деген кітабын ала келіп, әлгі аударма кезінде соны партаның астына тығып отырып пайдаланып көрген. Бірақ одан ештеңе шықпады. Бір сөйлемді аудару үшін кітапты басынан аяғына дейін қотарып, сөздерді іздеу үстінде кітабын апайға алдырып алған... Әпкесі ол үшін кешірім сұрап, жалынып–жалпайып жүріп, кітабын әзер алған болатын. Ендігі жерде қаңтарулы аттай, түк өндірмей, жан-жағына алақтай қарап, отыра-отыра сабақ та бітті – ау, әйтеуір! Күнара болатын орыс тілі сабағы Мансия үшін тозақ отына түсумен бірдей. Шіркін, сол орыс тілінің орнына екі рет есеп болса ғой.. Сабақтың қашан басталып, қашан аяқталғанын да білмей қаласың. Әсіресе, мәселе есептерді шығаруды ұнатушы еді. Неше бір жолмен шығатын, қалтарыс, қиындықтары көп. Ойлануды, ізденуді қажет ететін. Жай есептер де жаман емес, тек бірін-бірі қайталай береді. Көп шығарсаң одан да жалығасың. Мансияның орыс тіліне дегенде құлқы жоғын білгендей-ақ мұғалім бірінші тоқсанда «үштік» баға қойған. Класс жетекшісі – қояр да қоймай жүріп, әзер дегенде «төрттікті» ол үшін мұғалімнен сұрап алып еді. «Жалғыз үздік болайын деп тұрған оқушым, екпінділер қатарына да ілінбей қалатын болды», – деп. 

– Келесі тоқсанда басқа сабақты оқымасаң да «орыс тілін» бас алмай оқуың керек, – деп Мансияны да тұқыртқан... Бұл тоқсанның да аяғы таяп қалды, орыс тіліне деген Мансияның зауқы да құлқы да жоқ.

Сабақтан соң көрші қызбен бірге қайтқан ол бүгінгі көрген тосын жағдайды айтсам ба екен, - деп оқталды да айтпады. Оған айтса, бұл құпия болмай, қызығы да қалмайтындай сезінді.

 Осы күннен бастап Мансия сол мұғалімді көргенде бажайлап, анықтап әр қимылын бақылайтын болды. Тіпті мектепке қай жолмен келеді, кімдермен сөйлеседі, қашан үйіне қайтады? Мектептен өзге қайда барады дегендей. Ол кешеде өзге біреумен жүрсе, кәдімгі адамдар сияқты сөйлесіп кетіп бара жатады. Барлық оғаш қылықтар жалғыз қалғанда басталады. Ол күбірлеп бірдемелерді айтып, қолын оңды – солды сермеп, тұра қалып қалтасынан бір жапырақ қағаз алып, жүресінен отыра қалып, бірдемелерді жазады. О, тоба, бүкіл ауылдан бұрын мұндай адам көрмеген, Мансияға бұл бір жұмбақ адам боп елестеді.

Бұл ауылдың орталығы – мектеп, оның қарсы бетіндегі колхоз кеңсесі және мектепке  жапсарлас салынған кітапхана. Бұл үшеуі бір жерде орналасқан, ауылдың күретамыры іспеттес. Ертеңгісін, тұс–тұстан ауыл балалары осылай ағылады. Сағат тоғыздар шамасында кеңсе ашылады. Ол ашылған сәттен бастап, ауыл адамдарынан кеңсе алды арылмайды. Ал кітапханаға үлкендер келе бермейді. Үзіліс кезінде бірен–саран оқушылар ғана кіріп шыққаны болмаса. Мансия ол кітапханадағы қай кітаптың қай жерде тұрғанына дейін жақсы біледі. Ол оқымаған кітап та жоқ. Әуел десең, Даниэл Дефоның «Робинзон Крузо» кітабын бір емес, үш рет оқыған. Осыдан–ақ біле беріңіз, ол кітапханадағы кітаптың көптігін...

Ол кітапханаға жиі соғады, мүмкін жаңа кітап пайда болар, ең болмаса бұрын оқыған кітаптарын қайта бір аударып қараса да көңілге медеу. Әлгі мұғалім да кітапханаға келгіш. Кітапханашы екеуі кейде әзілдесіп, кейде сөйлесіп, кейде бірдемелерді жазып отырады... Әйтеуір кітап алуға келмейтінін жақсы біледі. – Несін алсын, бесінші класс оқушысы бәрін оқығанда, бұл кісі мұндағы кітаптарды оқымады дейсің бе? – деп ойлайды ол.

Бірде Мансияның байқағаны, әлгі мұғалім, қай сабақты болса да бере береді. Бір ай көлемінде сурет сабағынан сабақ өткізіп жүрді. Алғашқы қар жауған күні оқушыларды қатарға тұрғызып далаға алып шықты да мектеп ауласына тақау тұрған үйге беттерін қаратып қойып: – Мына алдарыңда тұрған үй, төбесінен  будақтап шығып жатқан түтін, қоршалған шарбақ, ақ ұлпа жамылған бір түп қарағашты мұқият ойға түйіп алыңдар. Қазір класқа кіріп, сол көріністі дәптерлеріңе саласыңдар, – деді.

Бұрынғы сурет сабағынан берген ағай да апай да: Алма сал, кітап сал, аша,  күрек сал... – деп жеке заттардың суретін салғызуші еді. Ал мына мұғалім: Үй, қора, шарбақ, ағаш – бәрін бір бетке сал дейді, оны қалай сыйғызамын деп, Мансияның басы қатты. Соны сезгендей мұғалім тақтаға: Мынау сендердің дәптерлеріңнің беті делік, осы бір бетке жоспарлай отырып, жаңағы үйдің жалпы көрінісін былай саласыңдар деп бормен салып көрсетті. Кластағы ең ересек бала – Нұралі:

- Ағай, ағай далаға барып келейінші, – деді.

- Неге?

- Жаңағы үйдің неше терезесі бар еді, санамаппын.

- Үйдің неше терезесі, неше есігі бары бізге маңызды емес, біз жалпы көрінісін саламыз. Ол үшін далаға жүгірмей – ақ қой, – деп оны орнына отырғызды. Бұл мұғалім өзге пәндерден де сабақ өткізе беретін. Әсіресе, қазақ әдебиетінен сабақ өткізгенде көзі жайнап, ерекше бір арқаланып класс ішін небір айшықты, әдемі сөздермен баурап, көңіліңе қанат бітіргендей болатын.

Мансия мұғалімнің ауылдың батыс жақ шетіндегі жар жағалай салынған үйлерден шығатынын білетін. Бір күні ауылдың сол бөлігінде тұратын Айжан Мансияны үйіне шақырды. Ол сабақтан соң барып келе қоятын жер емес, сондықтан осы алдыдағы жексембіде бармақ болып, Мансия келісім берді.

Мансия бұл ауылдың бөлігіне келгенде, күн әбден көтеріліп, ұшқындап тұрған таңғы қылау басылып, ұйқысы қанған балалар сырғанаққа шыққан кез болатын.

Ауылдың бұл шетінде тұратын ірілі–ұсақты барлық бала сырғанақ басында. Ол да солай бұрылды. Келсе,  Айжан да осында, өзімен бірге оқитын кейбір балалар да осында екен. Ту төменде аяғына шаңғы байлап алған Мансияның жұмбақ ағайы да жүр. Мұғалімнің бұл білмейтін тағы да құпияларының ашылуына мына сырғанақ септігін тигізері анық.

Мұны көрген Айжан: «Жүр, үйге барайық, апам таба нан пісіріп жатқан, шай ішіп жылынып ал, ойнағың келсе, содан кейін шығармыз» – деді.

Айжанның үйі қора – қопсысы да, үйлері де біріне – бірі жалғасып салынған іркес-тіркес көп есіктің бірі болатын. Кіре беріс, ортадағы от жағатын ортақ бөлме, екі жаққа кететін қоржын бас бөлмелер. Осы үйде сексен – тоқсанға келіп қалған қарт әже бар. Сол кісіні Мансияның әкесі аузынан тастамайды. Кезінде үлкен тәуіп, емші, көріпкел адам болған. Жалғыз ұлы соғыстан оралмай, жылай–жылай екі көзі су қараңғы болды ғой – деп отыратын. Айжан – сол әженің немере қызы. Бұдан екі–үш жылдай бұрын осы әжені әкесі әспеттеп қыс болса шанаға, жаз болса арбаға отырғызып, соғым басы иә қонақ шақырғанда үйіне апарып, бірер күн қондырып,  қонақ етіп жіберетін. Ал былтырдан бері әжей оған да жарамай қалды. Ендігі жерде сыбаға, сый–сияпатты үйіне алып келіп көрсететін. Келген бетте Мансия да әжейге амандасып, өзінің аты–жөнін құлағына айғайлап айтты. Әже ұмсынып, бетінен сүйгендей болды. Ерні де кеуіп, қол сүйектері де қаусап, беті бір–ақ уыс болып отырған әженің түрі аса аянышты еді. Мансия осы адамның кезінде ат құлағында ойнап, қамшы үйіріп, жын–перілерді қуып, ауылды шырқ үйірген. Аты мына шеті Үшарал, ана шеті Қаратал өңіріне жеткен әйгілі бақсы-балгер, құшнаш болды дегенге сеніңкіремей тұр. Ол қайдан білсін «қайғы, уайым» – деген жегі құрт пен «кәрілік» деген қонақтың қандай мықтымын деген адамды да тұралататынын...

Мансия бұл үйге жазда бір келген, содан кейін бас сұғып тұрғаны – осы. Үйдегі ең үлкен өзгеріс: қоржын бас бөлмелердің сол жағындағысынан бала көтеріп шыққан жас әйел болды. – Бұлардың мұндай туыстары жоқ еді ғой, кім болды екен? – деп ойлап үлгергенше, Айжанның шешесі: – Бұл тәтең ана жаңадан келген мұғалімнің әйелі ғой. Олар осы бөлмеде пәтерде тұрып жатыр, –деді.

Ыстық нанмен шай ішіп бола бергенде, мұғалім де келді. Оқушылардың мектептегі әдетімен Айжан екеуі орындарынан ұшып тұра келісті. Ал ағай болса:

- О, қонақ келіпті ғой! Мансия, сен кімге келдің? Маған ба, әлде Айжанға ма? – деді. Сасып қалған Мансия :

 -Айжанға, Айжанға,  – дей берді. Міне, қызық, отыз баланың ішінде бұны ағай әлі жыға танымайды деп жүрсе; Маған қонаққа келдің бе? – деуі несі? Әлде өзінің Мансияға жұмбақ болып, оның бақылап жүргенін сезіп қойғаны ма? Мансия қызарып кетті.

Не  керек сол күні кешке дейін, сырғанақты айызы қанғанша теуіп, шерінен шыға ойнап, кешке үйіне келіп мұрттай ұшып, құлаған. Мұғалім туралы ойлануға да мұршасы болмады.

Ертеңгісін сабаққа келе жатып, міне қызық, – деп ойлады ол. Үлкен кісінің өңкей ұсақ балалармен қабақтан бірге сырғанап, ылдидан өрге қарай шаңғыны аяқтан шешпей–ақ қалай басып  шығуға болатының үйретіп, тіпті  шанамен сырғанауға қорқып тұрған баламен шанаға бірге отырып сырғанауы бұл ауылдың балалары үшін тосын жайт. Ересектердің баламен бала болып ойнағанын көрген емес. Ол өзінен бір класс төмен оқитын Айжанды екінші кезекке келуін тосып тұрып, кешегі ағайдың іс –әрекетін сұрамақ болды. Сөйтті де кеше сырғанақта болған баланы шақырып алып:

  • Ағай күнде сендермен сырғанақ тебе ме? деп сұрады.
  • Жоқ, кеше жексембі болған соң шығар, әйтпесе түске  дейін де түстен кейін де мектепке кетеді. Мансия үндемей тұрды да:

 – Осы ағай  саған басқа адамдарға қарағанда қызық, өзгеше болып көрінбей ме? – деді. Ол иығын қиқаң еткізіп: - Қайдам, басқа кісілер сырғанақ теппейді ғой, – деді де, жөніне кетті.

Әлгі жұмбақ ағайдың әке–шешесі жас кезінде өліпті. Әкесі соғысқа аттандарда ұлын аға жеңгесіне табыс етіп, кете барған екен. Сол әкесінің аға–жеңгесі әскерден келгелі өздеріне ат ізін салмаған соң осы ауылға іздеп келеді. Сөзден сөз шыға отырып Мансияның әке–шешесінің аты  аталса, ол кісі маған ұлы нағашы болады деп оның жеңгесі Мансияның үйіне келгені бар. «Қарға тамырлы –қазақ», – деген осы, енді жұмбақ ағай Мансияларға жекжат боп шықты. Ендігі жерде әлгі мұғалім себепті, себепсіз олардікіне келгіш. Ол келсе, әкесі жік–жапар болады. Ағай да әңгімешіл екен, әкесіне бір сұрақ тастап қойып, өзі тыңдаудан жалықпайды.

Қыс өтіп жаз да келді. Бірте–бірте ол адамға таңырқауын Мансия да қойып келеді, әлде көзі үйренді ме, әлде бақылауын қойды ма өзі де білмейді.

Мансия бесінші, әпкесі ауданнан сегізінші класты бітірді. Күндер жылжып өтіп жатыр. Жаз қызығы мен қызуы уақыттың қалай өткенін де білдірмейді.

Бірде ауданда шығатын екі дәптер бетінен сәл ғана үлкен газет қолына түсіп, соның ортаңғы бетінде басылған әлгі ағайдың суреті мен бірнеше өлеңдерін  көргенде, Мансия ол ағайдың тегін адам емес, ақын екенін сонда ғана білген...

  • Е, деп ойлады іштей, әдебиет сабағында өлеңдерді оқығанда қазақ әдебиетінен беретін апай қолын сермеп, бет әлпетін құбылтып, оқушы еді. Көшеде көрген ағайдың қимылы, ісәрекеті өзі шығарған өлеңді іштей оқып, кейде дауысы шығып та кетеді екен ғой, – деп көп сұрақтың біріне  жауап таптым ау деп, өзінше тұжырым жасаған...

Ол ағайдың бұдан өзге: мал–жан демейтіні, тіпті, басына үй де іздемей, біреудің үйінде пәтерде тұратындығы. Оған еш қынжылып, қиналмайтыны, басқалар үй сұрап контор табалдырығын тоздырса, бұның бүлк етпейтіні Мансия түгіл үлкендерді де таңдандыратын еді. Үш айлық жазғы демалыс кезінде әлгі мұғалім аудандық газетке қызметке шақырылып, үй–ішін көшіріп әкетті. Әкесі: – Е, бәсе, арқасын кеңге салып, үй–жай демейтіні сол екен ғой, бұл ауылда ұзақ тұрмайтының мен сөз әлпетінен байқап едім, – деген...

Бұл ауыл мен аудан орталығының арасы – жеті-сегіз шақырым. Мансия әкесіне ілесіп, кейде шешесімен сан рет барып қайтқан. Өткен жазда  шешесі қатты ауырып, аудандағы ауруханада жатқаны бар. Сонда Мансия нағашыларының үйінде бір апта жатып, озеннің ар жағындағы ауруханаға тамақ апарып тұрған. Анасы тәуір болып, үйге қайтқанда орталықтың шығысына қарай созылып жатқан жолға түсіп алып, ауыл қайдасың? – деп жүріп кетіп еді. Борпылдақ ақ топырқаты бұрқырата кешіп, жол табанымен жүгірген Мансияға анасы:

Ту, шаңды бұрқылдатпай, жол жағалауымен, шөппен жүрсеңші! Жол табанымен жүретін ат–арба емессің ғой, – дегенде екеуі ішек–сілесі қатқанша күліскен. Дәрігерлердің айтуы бойынша күлкі орталығы мидың оң жақ жарты шарында орналысқан көрінеді. Егер оған зақым келсе, онда адам әзілді түсінбейді немесе қабылдамайды екен. Ендеше тұнжырап жүру – мінездің кемшілігі деп қана қарамай, дерт деп түсіну керек дейді.

Күлкіні зерттеу үшін жан-жануарларға тәжрибе жасау мүмкін емес көрінеді, себебі оларға күлу бақыты бұйырмаған. Күлкіні зерттейтін гелотология деп аталатын ғылым өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Америкада пайда болыпты. Адам күлгенде зат алмасу өте белсенді түрде жүріп, психиканы да, ағзаны да сауықтырат деп есептейді ғалымдар. Мидағы бақыт гармоны көп түзілу нәтижесінде иммунитет күшейіп, қан тамырлары мен тыныс жолдары кеңейіп, ас қорыту жүйесі жақсыра түседі екен.

 Сағынған анасы қасында, ендігі сағынышы – ауылы. Жүрегі алып ұшып, қашан ауылдың төбесі көрінер екен деумен келеді. Шешесі: – Асықпа, әне бір қасқайып жатқан жол сілемін көрдің ғой, қазір сол жотаға шықсақ, ар жағында ауыл көрініп тұрады. Бұл жолды сонау отызыншы  жылдары артель болып біріккенде ортасын көтеріп, екі жағын арықша етіп әкелерің салған – деді. Орталықтан шыға салысымен қасқайып көрініп жататын ақ тақыр жол сілемі үшін бұл жол «қасқа жол» деп аталған. Мансия өсе келе, сол ауылдан үлкен өмірге бастайтын жол сілеміне арнап мынандай өлең де шығарған.

Болсаң егер сол ауылға бет алған,

Жаяу адам шаршамай–ақ жете алған.

Әкелердің салған жолы алғашқы.

Төте жол бар, «қасқа жол» деп аталған...

Әне–міне дегенше жаз өтіп, қыркүйек те жақындап қалды. Бір күні өзен табанынан иін ағашпен екі шелек су алып, жол–жөнекей демалып үйге жеткен Мансия таң–тамаша болды. Есіктің алдында колхоз басқармасының брезент машинасы тұр. Бұрын – соңды ауылдағы жалғыз машинаны тек кеңсенің алдынан көретін. Аулаға кіре, бұл колхоз басқармасынын машинасы емес, әлгі мұғалім ағайдың машинасы болып шықты. Әкесі екеуі әңгімелесіп отыр, жүргізуші жігіт ауланың сыртында арбадағы шөпке байланған боз бие мен кер құлыншақ қасында. Мансия бұрынғыдай «мұғалім» – деп именбей – Ағай, сәлеметсіз бе? – деп еркін амандасты. Ол болса: – «О жігіт боп, өсіп кетіпсің, бірақ иін ағашыңның бауы тым ұзын екен, шелегің жер сызады», - деп күлді.

Мансия ішінен: «Осы үлкен кісілер бұның қыз екенін біле тұра, әдейі жігіт болыпсың» - деп мазақтайтыны несі? – деп ойлады. Оның «жігіт болыпсың» - деген сөзге тіксінетін жөні де бар. Әке–шешесі үшінші класты бітіргенше оны ер балаша киіндіріп, шашын тақырлап алдырып тастайтын. Алғашқы уақытта  ештеңе байқамаған  Мансия, келе–келе балалар «тақырбас» деп мазақтағанда: – Ей, Мансия, сен ұлсың ғой, ұлдардың дәретханасына неге кірмейсің, жүр бізбен бірге – дегенде, үйіне келіп жаңжал шығарғаны бар.

Сөйтіп, төртінші класс оқығанда қызша киініп, шаш та жібере бастаған. «Жігіт болыпсың» – дегенде оған соны меңзеп тұрғандай көрінеді. Одан да «бой жетіпсің» – деп неге айтпайды, деп ойлады ол. Бұл сыпайышылық, кәмелеттік жасқа толмаған қыз балаға деген иба – ізет екенін Мансия қайдан білсін?!

Шай ішіліп, шешесінің ет асайын – дегеніне қарамай қонақ кететін болды. Ол осы ауылға бір жұмыспен келіп едім, сізге сәлем бере кетейін деп әдейі бұрылдым, – дегеніне әкесі дән риза. Алғысын жауғызып жатыр, риза болғандығы сонша – мына дайын көлікке бір қойын да салып жібергісі келіп еді, әттең, мал өрісте.

Ол кетерінде: – Былтыр орталықтың бер жағында тұратын қызына ар жаққа қатынап оқу қиын болып жүр – деп айтқанын есіне салып, биыл үлкен қызыңызға тұратын үй іздемей – ақ қойыңыз. Аудан төрт бөлмелі үй берді. Келініңіздің айы–күні жақын. Мен жиі–жиі жолсапарға шығамын. Біздікіне тұрғызсаңыз, бізге де қолқабысы тиер еді, – деді.

– Е, егер үйің таршылық етпесе, біз ақылдаса көрерміз, қамқорлығыңа рахмет, – деп алғысын  айтты әкел.

Келген адам кеткеннен кейін әпкесі ол әңгімені естіп: – Жоқ, ол үйге тұрмаймын. Нағашыларға да бөленің үйіне де тұрып көргенмін. Мен өзіммен бірге оқитын Нағима деген дос қызымның үйіне тұрамын. Оның үйінде шешесі екеуінен басқа  ешкім жоқ, әрі үйі мектепке де жақын, – деді. Сонымен бұл әңгіме аяқсыз қалды.

Ертең бірінші қыркүйек деген күні әкесі бір ту қойды сойып, сорғытып алды да, өткен жұмада қол диерменге тарқызып келген үш қап ұнның біреуін арбаға салып, аудан орталығына жүрмек болды. Мақсаты –үлкен қызына оқу құрал–жабдықтарын әперіп, тоғызыншы класқа орналастырып қайту. Мансияға да: - Киін,- деді. Оқуға керек заттарыңды өзің таңдап аласың. Екі адам жүрсе, жол да қысқарады, – деді.

Әкесінің жазда ат–арбамен, қыста шанамен жүрсе, оны бірге ала жүретін әдеті бар. Диерменге де бірге барады. Әкесімен қолдасып, бидай, ұн көтеріседі. Шөп шабу, отын тасу жұмыстарына да Мансиясыз барған емес.

Мансияның әкесі ескіше сауатты, ислам дінінен терең хабардар адам болатын.

Өле-өлгенше бес уақыт намазын қаза қылмаған, ораза тұтып, пітір-садақасын уақытылы беріп, Алланың қақ жолынан ділімен де тілімен де  таймаған жан еді.

Оның алыс-жақын, ағайын - туыс, құда-жекжатпен қарым қатынасы көп адамға үлгі – өнеге болатын.

«Бармасаң, келмесең – жат боларсың, бермесең, алмасаң – сарт боларсың» қағидасып берік ұстанатын.

Кейінгі түған бала-шағаны да түгендеп, аты-жөнін біліп, бір-бірлерімен араласып туруына да көп көңіл бөлетін...

Тіпті сексенді алқымдаған шағында да, ана жекжаттардан хабар жоқ, мына туысқандар аман ба екен, барып келейін, - деп отыратын.

Ана ағайындарда не жаңалық болып жатыр екен, ол сендерге төрт атадан қосылатын жиен-жекжат болады, хабарласып қойсаңдаршы - деген сияқты әңгімелерге бұлардың құлағы әбден үйренген.  Енді, міне, мына келе жатқан ағайды да  өзіне жекжат, жанашыр адам етіп алған.

Жол–жөнекей әпкесі қыңқылдап: - Ата, (олар әкесін – ата, шешесін – апа дейтін) мені Нағиманың үйіне тұрғызасыз ғой, ә!, – деді. Әкесі: – Жоқ, ана ауылда мұғалім болған ағайыңның үйіне тұрасың. Нағиманың үйінде ер–азамат жоқ. Біреу болмаса, біреу басынып жүрсе, түге. Ал ана ағайың оқыған, білімді азамат. Көрмейсің бе аудандық газетке басшы етіп кім көрінгенді коя бермейді, – деп кесіп айтты. Әпкесі қарсы сөз айта алған жоқ. Әкесі – бірмойын. Өзі ойланып шешім қабылдаған соң, оны бұзу бұлардың қолынан келмейтінін бұрыннан білетін.

Ағайдың үйі өзеннің ар жағында соңғы жылдары тіз қатар етіп салынған қызыл үйлердің бірі екен. Келген күндері – жексенбі. Ол кісі үйде болып шықты. Өзі де, әйелі де бұларды қуана қарсы алды. Әкесі: – Шырақ, әнекүнгі уәде бойынша қызымды алып келдім. Келін шырақ қарсы болмаса осында тұрып, оқысын. Оқуға біздің балалар аса зерек, сендерге сөз келтірмес, – деді. Ал ас–су мәселесіне келсек, қысқы соғымға алаңдама. Осы екі бала үшін бағып, қағып жүрген азын–аулақ мал бар ғой, құдайға шүкір, – деді. Әлгі үйдің әйелі әзірлеген капуста көже аса дәмді екен. Мансияның алдына бір тәрелкесін қойып еді, дәмін татып көріп, ал кеп нанды ауызына бұрамалай тығып, үйдегідей іше бастағанда, қасында отырған әпкесі санынан мытып, шымшып алды. Ол өзінің тамақ ішісі өрескелдеу болғанын біліп,бойын тез жиып алған.

Бұлар кітап дүкеніне барып, қажетті оқулықтар мен құрал –жабдықтарды сатып алды. Тек құрғақ сия парашогі жоқ екен. Оны баспаханадан алды. Мансия бұған дейін апасының қолдан тіккен шүперек дорбашасымен мектепке барушы еді, енді әпкесінің өткен жылдарда ұстаған кәдімгі мектепке арналған сөмкесі бұған тиді. Әпкесі жаңасын сатып алды. Жаңасы бола ма, жоқ па, – деп ескі сөмкені ала келген, енді Мансия оны дәптер, кітапқа толтырып үйге алып қайтты. Бұл қанша қуанса да, әпкесінің жүзінен бір жымиыс байқай алмай, көңілі жүдеп қалған. Нағиманың үйіне тұрғызбағанына әпкесі ренжулі екенін сезіп, Мансия да күрсінді. Жаңа  әпкесінің шымшуынан кейін бұл тамақ та іше алмады емес пе, қысылып. Енді әпкесі де мына ағайдың үйінде  қысылып–қымтырылатын болды. Шіркін,  аш бол, тоқ бол, еркіндікке не жетсін! – деп ойлады ол...

Сабақ басталды. Жаздай аяқ киім көрмей,  жалаңаяқ көстеңдеген аяқтар жуылып,  сандал–төпли киіп, тәртіпке түсті. Былтырғы ағай – биыл да класс жетекші. Ауылға жаңадан көшіп келген бір отбасының баласы – кластағы жаңа оқушы. Аты –Жаныс. Бұл кластың ұлдарынан гөрі жинақы, киімі де өзіне құйып қойғандай. Жетінші, алтыншы класс қыздары осы мектептегі ең ересектері – бізбіз дегендей, өздерін байсалды ұстауға тырысады. Алғашқы сабақта  жетекші мұғалім класс сағаты деп жиналыс өткізді. Оқу құрал –жабдықтарын алған, алмағанын тексеріп, енді староста, тазалықшы сайлауға көшті. Қыздар жағы: –  Былтырғыдай қала берсін, – деп шуласты. Ұлдарда үн жоқ. Былтырғы староста – Мансия.

– Жоқ, жаңадан сайлайық, – деп айғайлайды ол. Ойы ана жаңа келген ұлды сайламақ.

Бастауыш класта да бір жылы ол староста болған. Мектепке  алты жасынан барса да өзгелерден ересек көрінетін бір қасиеті бар. Өзін балалар да тыңдайды. Үшінші класта болу керек бірде ағайлары кіруге қоңырау соғыла саласымен тапсырма беріп, өзі үйіне кетті. – Есепті қатарымен шығара беріңдер, кім көп шығарса, соған тексеріп, баға қоямын, – деді. Ағайдың үйі мектептің түбінде. Малдарын қорадан шығарып, суғарып, шөп салып келетін әдеті. Сондай кезде ағайдың орнына Мансия отырады. Өзі де тапсырманы орындай отырып, класс тыныштығын бақылайды. Шулағандарын жазып ал, – деп ағай бір бет қағаз да дайындап беріп кетеді. Мұғалім столының үстінде тақтаға сызу сызатын үлкен сызғыш  жататын. Кейде тым шектен шыққан баланы сол сызғышпен мұғалім ағайдың жасқайтын әдеті бар.

Нұрәлі есепке жоқ. Шығара алмаған соң қайдан тыныш отырсын, ары қарайды, бері қарайды. Бір тұрады, бір отырады. Мансияның екі–үш рет айтқан ескертуінен ештеңе шықпады. Өзіне де өзгеге де кедергі жасаған Нұрәліге жыны келіп,  артына қарап, сөйлеп отырған оны басынан үлкен сызғышпен ұрып қалды. Масқара болғанда, Нұрәлінің басы жарылып, дәптердің бетіне аққан қан тырс–тырс тамады. Бүкіл класс дүрлігіп орындарынан ұшып тұрып, бұларды қоршап алды. Сондағы  Мансияның қорыққаны әлі есінде. Қол орамалымен Нұрәлінің бетін–басын сүртіп, галстугімен басын байлап бола бергенде ағайлары да келді. Ағай ұрсады–ау деп қорыққан староста жылап қоя берген. Мән–жайды сұрап, білген ағайлары керісінше Нұрәліге  ұрсыңқырап, өз үйіне алып кетіп, басының қанын тоқтатып, беті–қолын жуғызып, үйіне қайтарған болатын. – Шешеңе жығылып қалдым де, әйтпесе, тәртіпсіз екеніңді айтамын, – деп оның өзін қорқытып жіберген.

Осы оқиғадан кейін әлгі сызғышты Мансия түгіл ағайдың өзі де ұстамайтын болды. Кластағы жалғыз шкафтың төбесіне, қол жетпейтін жерге қойған.

Сондықтан ба, әлде өзімен–өзі болғысы келе ме былтыр да ол староста болмаймын деп зар қақса да ағайы зекіп, ұрсып: Боласың! – деген соң амалсыздан көнген. Ал биыл тіпті де жолағысы жоқ. Шіркін, тазалықшы болса ғой! Тырнақ тексересің, қыздардың шашын аптасына бірер рет қарайсың. Ұлдардың шашының өскен–өспегенін бақылайсың. Бәрінен де дәптерге тазалыққа баға қою ұнаушы еді. Ал староста деген – бір итаршы. Тіпті, сатқын десе де келеді.

– Кім, қашан не істеп қойды? Мен жоқта балаларды бақылайсың, кім соңғы сабақтан  кетіп қалды, маған айтып бересің. Балалар орнынан ауысып отырса да мұғалімге жеткізіп отыруың керек. Ал пән мұғалімдері: - Староста қайда? Кезекші неге сайламағансың? Тақта сүртетін шүперек неге дайын емес? – деп келе шүйлігеді. Ол ол ма, былтырдан бері ұл балалар тіпті бұзық, бастауышта тып–тыныш жүретін ұлдар ыржалақтап бұны тыңдағысы да келмейді. Осы жайттарды ойлап отырған Мансияға ағай: – Міне, бәрі сен болсын, – деп отыр. – Кәне, кім Мансия староста болсын дегендерің қол көтеріңдер деді. Ол жан–жағына қарап, өзін қапысыз тыңдайтын қыздарға басын шайқап үлгергенше, ағай: – Көпшілік оқушылар қол көтерді, сайландың, – деді. Сонымен ертеңгісін алып ұшқан қуанышы бәсеңдеп, еркін жүрген құлынға ноқта кигізген кейіпте, көңілсіз үйге қайтқан.

Ол жылдары бір апта  оқу бола ма, болмай ма ауылшаруашылық жұмысы басталады. Бастауыш класс оқушыларынан өзгесі қар бір жауғанға дейін тайлы–таяғы қалмай колхоз, совхоз жұмысына көмектеседі. Жүгері  тереді, қызылша қазады, ер балалар шөп  маялайды. Бір жылдары колхоз бау–бақшаны көп егіп, соның өнімдерін жинауға да апарғаны бар. Балалар жинағанынша жинап, қызынақ, қияр, қауын–қарбызды тойғанынша жеп, кей күндері үйге де бірлі жарым қауын, қарбыз алып қайтуға рұқсат ететін.

Жоғарыда айтқанымдай бұл ауылда басқа ұлттан жалғыз үй –орыс болса, енді колхоз даласына бау–бақша салуға келісім шартпен келген сарт жанұясымен осы  ауылда қалып қойған. Колхозға қарасылы жер қандай ен–тегін болса да колхоз мүшелерінен бау–бақша ісімен айналысатын адам табу қиын еді. Әлгі келгендерге басқарма үй–жай беріп, колхоз жерінің ең шұрайлысына бау–бақша салғызатын. Біртін–біртін әлгі сарт көмекшілікке қазақтарды тартып, бау–бақша егудің қыр–сырын көп адамға үйретті, – деп Мансияның әкесі айтып  отыратын.

 Ауыт шалдың бақшасы колхоз орталығынан алыс. Ауылдың қарасирақтары жете алмасын, – деп, әдейі шалғайға орналастырғандай. Алғашқы жылы бау–бақша қай тұста екенін еш кім де білген жоқ. Ал білетіндері балаларға  айтпайтын. Келер жылдары ерте күзде бір топ бала бау-бақшаға жорық жасағанда, ер балалармен бірге Мансия мен Орал да барып қайтқан. Жексенбінің тал түсінде кеткен олар түн қараңғылана қайтып оралған. Сондағы әкелгені әлі піспеген екі көк қауын. Оны да әке–шешесінен ұрланып  жарып, көк болған соң, аулаққа лақтырып тастаған болатын.

Ал биылғы жылы жүгері деген қырда да ауыл маңында да бітік өсті. Бұларды қолдарына мөшек беріп, сол жүгерінің  собығын тергізеді. Жұмыс ауыр. Қабырғасы қатпаған бесінші, алтыншы класс оқушылары екі–үшеуі бірігіп, бір қапты әзер сүйретеді.

Мансияның сол жылдан есінде қалғаны колхоз жүгеріні шауып алғанша, бүкіл ауыл масақ теріп, қарық болып еді.

Қарашаның ортасынан аса, сабақ қайта басталды. Бұған дейін колхоз да біраз жұмыстың басын қайырып алған. Ендігі жерде жем–шөпті қыстаулардың қасына тасып алса, қыстың қаһарына да төтеп бермек.

Бір күні мектептен келе жатқаны сол еді, бір салт атты адам көрші үйге келіп, одан бұлардың үйіне қарай бұрылды. Жақындағанда ол тани кетті, әпкесінің класс жетекшісі екен. Әкесі  екеуі әпкесің оқуға апарып тастағаннан соң, бір аптадан кейін ауыл балаларымен аудан орталығына барып қайтқан. Бірден мектепке барып, үзіліс кезінде әпкесімен бірге болып, мауқын басқан. Әпкесі алты түсті бояу карандашты қорабымен сыйлап, бұның төбесін көкке жеткізген. Олардың  класында екі–ақ балада бояу карандаш бар еді. Енді ол – үшіншісі. Сол жолы класс жетекшің кім? – дегенде осы ағаймен таныстырған.

  • Ә, Мансиямын дейсің бе? Биыл нешінші оқисың?
  • Алтыншы, деді ол.
  • Е, енді бірекі жылда сен де осында келесің, дұрыс, әпкеңе келіп–кетіп таныса бер, – деген.

Салт атты ағай Мансияны бірден танып, ат басын бұрды да, таяп келді. Үйде кім бар екенін сұрады. Әкесі бүгін қойдың кезегіне  кеткен. «Апам үйде», – деді Мансия.

Аман-саулықтан соң орталықтан келген ағай: әпкесінің сабаққа қатыспай жүргенін, ондағы тұрған үйіне оқушыларды бірнеше  рет жіберсе де, оны кездестіре алмай қайтқанын айтты. Енді бірер аптадан соң қысқы демалыс та болады. Бірінші жарты жылдыққа баға қойылатынын, тәпіштеп шешесіне түсіндірді.

Сондағы анасының шошығанын көрсеңіз.

–Алла тағала, сақтай гөр! Оған не болды екен? Біз ғой оны оқуын оқып жатыр, – деп мұнда отырмыз. Ел аман жұрт тынышта ол қолды болған ғой, сұмдық–ай! – деп дегбірі қашты.

– Әлгі үйінде тұрып жатқандар бір жаққа көшіп кеткен жоқ па? Білетін шығарсыз, кімдікінде тұратынын – деді.

– Иә, білем. Ол үйде күндіз құлып тұрады, кешке барған өзіме есік ашпады, – деді.

Одан әрі Мансияға да бір үрей, қорқыныш пайда болды. Жаутаңдап шешесіне бір, әлгі ауданнан келген мұғалімге бір қарай береді. Қонақтың көп сөзінен оның ұққаны: Әпкесін жұмбақ ағай ауыл шаруашылық жұмыстан мектеп директорына кіріп, сұрап алған. Әйелімнің уақыты жақын, босанып қалса, үйдегі ұлымның қасында қалатын адам жоқ, – деп. Ал жұмыс бітіп, оқу басталғалы бір ай болып қалды, ол әлі мектепке бармаған...

Шешесі әншейінде келген адамға жаз болса сусын бермей, қыс болса шай ішкізбей жібермеуші еді. Мына адамға шай беруді де пеш мойында жаңа  пісірген жеті шелпегі дайын тұрса  да одан ауыз тиіңіз, – деп айтуды да ұмытты.

Келген кісі кетерінде:  Мүмкін ауырып қалған  шығар, ауылда, үйінде жатқан болар деп келіп едім. Апа, біз себепсіз оқудан қалған әр бала үшін жауап береміз. Біз оны зерек оқушы деп, дружина советінің председателі сайлап жүрсек, оның мына ісі ақылыма сыймайды, – деді.

Қонақты шығарып салып, анасы екеуі бұл  жайды әкесіне қалай естіртуді білмей, бастары қатты. Ойлана, ойлана ертең Мансия орталыққа барып, істің анық-қанығын біліп қайтқанша, әкеге айтпауға ұйғарған.

Мансия түс боп қалған кезде баяғы өзі келген қызыл үйдің есігіндегі құлыпқа  тіреліп, енді қайдан іздесем екен? – деп ойлады. Әлде, әйелдер босанатын үйге барсам ба, мүмкін жұмбақ ағайдың  әйелі сонда жатқан шығар. Әпкесі ана ұлды жетектеп, соған тамақ  әкетті ме екен? Аурухана тым алыс болатын, одан да аудандық газеттің үйін іздеуді жөн көрді. Көп қиналмай–ақ маңдайшасында «Аудандық газет редакциясы»  деген жазуы бар үйдің алдына келді. Бірден ішке кірмей, сыртынан бір айналып көрмек болып, оң жаққа қарай жүргенде, бірінші терезеден іште отырған ағай мен әпкесін көрді. Әпкесі тұқиып бірдеме жазып отыр. Мансияны кешеден бері басын қатырып, тыным таптырмай алдына салып қуалаған ой қалай әлгілер отырған бөлмеге кіргенін де, не айтып не қойғанын да өзі де білмейтін халге жеткізді. Түнімен қасында жатқан шешесінің «үһлеуі» жүрегін пышақпен тілгілегендей  болып, жанын жегідей жеген.

– Қайдан жүрсің? Кіммен келдің? Мен сабақтан шығып, ағайға соға кетейін, деп жаңа ғана келіп едім, – деген әпкесінің сөзіне Мансия:

– Өтірік айтпа, кеше класс жетекшің үйге  атпен келіп кеткен. Сенің сабаққа бармай жүргеніңді апам екеуміз білеміз. Әкем әлі естіген жоқ. Шешемнің жүрегі ауырып, өлгелі жатыр. Жүр үйге, нанбасаң өзің көресің. Сені ертіп кел, – деп жіберді, – деді аптыға сөйлеп.

Шешесі кетерінде: – Апам ауырып, өлгелі жатыр де, қайтсең де оны үйге ертіп кел, – деп шегелеп жіберген. Әпкесімен жауаптасып тұрған ол, осы бөлмеде басқа адам бар–ау деп сескенген жоқ. Оның қаны басына теуіп, ызадан көзі қарауытып кеткен.

– Оу, Мансия, алдымен амандаспаймыз ба? Бұның қалай? – дегенде, бұрын жақын тартып, жылушырай қарайтын ағайына ыза мен кектен көзі жалт етіп, жауыға бір қарады да, әпкесін білегінен ұстап далаға сүйрей жөнелді. Не пәле болса да осыдан келгенін бала жүрегі айтқызбай–ақ сезіп тұр.

Сыртқа шыққан соң әпкесі:

– Ей, жынды болғансың ба? Үлкен кісі амандасса да үндемедің ғой, саған не болған? – деді.

Көшенін ортасында тұра қалып, әпкесін қос қолдап ұрып, айғайлап жылаған Мансия:

– Ағайың да құрысын, өзін де құры. Жүр үйге, сен үшін апам өлгелі жатыр, – деп байбалам салды.

Бұлардың шешесі естерін білгелі дімкәс, аурушаң болатын. Жел ауырудың неше бір түрі, сары ауры, ұйқысы қашқан, жүйкесі жұқарған т.б. олар біле бермейтін сырқаттар. Сондықтан да олар жас кезінен апам ауырып қалар, – деп көп нәрседен оны қорғаштап, жасырып үйренген. Өсе келе басқа қалада тұрып жатып та, олар бір–біріне  жайсыз, жағымсыз хабарларды: – «Апама  айтпа, естімей–ақ қойсын, ұйқысы қашып, ауырып қалар», – деп бір–біріне  ескертіп отыратын. Мансия тоқтамай, солқылдай жылап, өзенге қарай жүрді. Осы бетімен әпкесін үйге алып кетуді ойлап келеді. Әпкесі  де бұдан қорқайын деді. Апама білдірсе, бір–ақ түнде жүрегі  ұстап қалар, – деп ойлаған ол сіңлісін  құшақтап, жалынып–жалпайып, көзінен  бұршақтап аққан жасты сүртіп, бетінен сүйіп, әзер дегенде жұбатты. Осы кезде бұл екеуін жұмбақ ағай да қуып жетіп еді. Екеуі екі жақтап Мансияны сабасына зорға түсірді. Базарға ертіп барып Мансия көтергенше не бір тәттілерді :  алма, қызанақ, өрік –мейіз сатып әперді. Енді үшеуі «селкілдек көпірге» бет алды.

Өзеннің қылталау жеріне өткен жылдары салынған бұл көпір судың ар жағы  мен бер жағына бөлініп орналасқан орталық тұрғындарының ары–бері қатынасу қияметін біршама жеңілдеткен еді. Көпір дегенде осыдан сәл төменірек тұрған көпірді Ақсудың көктемгі бір қатты тасқыны алып кеткен деседі үлкендер. Мансия ес білгелі ту алыста, төменде орналысқан машина, ат арба жүретін  айналма көпірді білетін. Жаяу адам ол көпірден өту үшін, төрт –бес шақырымдай жол жүруі керек. Сондықтан жаяу адамдар жаз болса киімдерін шешіп, төбесіне қойып, судың жайылып аққан  саяз тұсынан өтетін. Қыс болса, су бетіне мұз қатар –қатпастан тағы да сол жерден өтетін. Әсіресе, ар жақта тұратын үйлердің балалары орталықта орналасқан жалғыз мектепке қатынасып оқуда небір қиыншылықтарды бастан кешетін. Ақыры жылымға кетіп бір бала өлгеннен кейін ғана, жаяу адамдарға осы көпір салынған.

Бірінші класта оқып жүргенде осы Мансияның өзі де  жылымға кетіп қала жаздағаны бар. Бұлар әпкесі екеуі, судың оң жағындағы нағашыларының үйінде тұрып оқитын. Қар жауып, күн суытып, өзеннің бетіне мұз қатқан кез. Мұз әлі қалыңдай қоймаған, әйтсе де балалар төрт шақырым жерді айналып жүргенше, мұз үстімен әупірімдеп ары–бері өтетін. Мансия бірінші, ал әпкесі екінші  кезекте оқиды. Мұздан ертеңгісін аман  өтіп, түсте қайтып келе жатқан Мансия өзеннен өткенде мұз опырылып, суға түсті де кетті. Қасында бірге оқитын, әрі көрші тұратын Серкеш деген бала бар еді. Сол Серкеш мұз үстіне жата қалып, кеудесінен су ішінде тұрған Мансияның алдымен шүперек боқшасынан ұстап, одан бешпетінің жеңінен тартып, жылымнан әзер шығарып алған болатын. Сондағы өзеннен аулақта, жота үстінде тұрған нағашысының үйіне жеткенше жалаңаяқ жүргені, қалшылдап тоңғаны күні бүгінге дейін есінде. Аяғындағы шарығын шұлғауымен су кернеп, жылым ағызып әкеткен. Қарсы келе жатқан жоғарғы класс оқушыларының арасында әпкесі де бар екен. Үйге жақын қалған Мансияны арқалап алған болатын. Енді сол өзіне ғана тиесілі әпкесін мына бір адам иеленіп, тіпті, мектепке де жібермей жүр екен. Не деген сұмдық! – деп ойлайды Мансия.

Бұлар көпірден де өтіп, МТС–ті жағалап, ауылға шығатын жолға да жетті. Ағай қалар десе, әлі келеді. Кейде әпкесі екеуі күбірлесіп сөйлесіп те қояды. Үшеуі жол жағасына отыра қалып, жаңа өзен суына жуып алған үлкен–үлкен қызыл қызанақты нанмен қосып, бір–бірден жеп алды. Кім ауылға қайтады, кім осында қалады, әлі белгісіз.

Арбасына май толтырылған бөшке тиеген Тынысбек келіп, бұлардың қасына тоқтады. Ол күн ара МТС–тан ауылдағы екі тракторға май таситын. Тынысбек ауылдан шыққанда жаяу кетіп бара жатқан бір адам болса, қасына отырғызып ала кететіні бар. Ал қайтарда ешкімді отырғызбайды. – Бөшкедегі майдың өзі де ауыр, атты зорықтыруға болмайды, өкпелеме – дейтін. Ағай Тынысбекке: – Мансияны ала кетіңіз. Бала ғой, қанша  ауырлық келтірер дейсіз. Күн де кешкіріп қалды. Жалғыз, жаяу жеткенше қараңғылық түсіп кете ме деп тұрмыз, – деді. Кім кетіп, кім қалатынын әпкесі мен Мансия үшін де өзі кесіп –пішіп қойғандай.

Мансияны былай алып шығып: – Ат-арбаға екеуің сыймайсыңдар. Сен бүгін өзің қайт, ертең менің де демалысым. Әпкеңді өзім алып келемін. Міне қолым, уәде ме, уәде! – деді.

Қапелімде ағайға жауап та беріп үлгергенше, ол Мансияны көтеріп алып, әлгі адамның қасына отырғызды да қолына түйіншегін ұстатты. Ат-арба жүріп кетті. Өкпелі Мансия артына бұрылып қараған да жоқ.

Ойы он саққа бөлінген Мансия ауылға қалай жеткенін білмей де қалды.

– Ағайдың әйелі қайда? Ол босанып жатса, баласы қайда? Әпкесі сабаққа неге бармайды? Әпкесі Мансияға: – Оқы, оқудан қалуға болмайды, оқысаң ғана адам боласың, – демеуші ме еді? Енді өзінікі не?... – тағы - тағы көптеген жауабы жоқ сұрақтар.

Мансия  әке–шешесіне айтатын жауабын алдын–ала әзірлей бастады. Кеше түнімен көз ілмеген анасы ең болмаса бүгін тыныш ұйықтасын, ертең өзі келгенде айтатынын өзі айтар, – деген тұжырымға келді. Далада мал қоралап жүрген әкесі: – Қалай, аман –есен бе екен? Оқуы қалай? Ана шырақтың әйелі босанып па? – деген сүрақтарына «ия» дан басқа үн қатпай, үйге кірді. Алдынан ұшып тұра келген анасына: – Апа, бәрі де аман. Бүгін оқуына барыпты. Ана ағайдың әйелі босанған екен. Содан қолы босамай, оқуға бара алмапты. Өзі  ертең келеді, – деп анасының көңілін орнына түсірді. Мансия анасын тыныштандырды да, өзі түннің бір уағына дейін көзін ілмей, бақырайды да жатты.

Санасы сан саққа бөлініп, жұмбақ ағайға  қоса, әпкесінің бүгінгі іс–әрекеті оған тағы бір жұмбақ болып қосылды. Әпкесі бұдан гөрі ана ағайға жақын тарта ма, онымен күбірлесіп сөйлесіп, екеуі бір–бірін емеурінінен түсініскендей болады ма? Не болса да оның жүрегі бір сұмдықты сезгендей... Күні бойы шаршаған ол, түннін бір уағында қатып ұйықтап, сәскеде ояна келсе, ауыз үйде дабырлай сөйлесіп отырған үлкендерді көрді. Әкесінің сөз әлпетінен қызын машинамен алып келген «шыраққа» ризашылығы байқалады. Келін мен балалардың амандығын сұрап, жас нәресте шираған соң кемпір екеуміз арнайы барып қайтамыз ғой, – деп қояды.

Мансия сыртқа шығып, ұйқысын ашып үйге кіргенде, ағай бұны төргі бөлмеге шақырды. – Мансия, сен ақылды азамат екенсің. Бәрін өзің реттеп қойыпсың ғой. Әпкең: «Әке–шешем ұрсады, апам әуел десең соғады», – деп қорқып келіп еді дейді. Мансия көрген–білгенін бұларға көмектесу үшін емес, анасына жаны ашығандықтан айтпағанын ол қайдан білсін. Сөзінің арасында: - Мансия, сен менің бетіме тура қарамайтынды қайдан шығардың, кәне, маған тура қарашы! Сен әлі кешегі өкпелеген қалыптасың ғой, – дейді. Мансия іштей:  - Менің өкпем тарқайтындай не өзгеріс бар, бүгін анасы үшін айтқан өтірікті жамылып мынаның масайрауын, – деп ойлайды. Бұның ойын бөлген ағай: – Сен не, маған әпкеңді қимайсың ба? Сенің бауырың жоқ қой, мен саған «аға» боламын, – дегенде, оның көңіліндегі көмескі күдігі шындық боп шығып, төбесінен біреу мұздай су құйып жібергендей болды. Далаға  қаша жөнелді.

– Сұмдық –ай! Әйелі бар, балалары бар адамның мына сөзі не? Махаббат мәселесін кітаптардан оқыған, бірақ үйлі–баранды адамның оқушы қызды маған қимайсың ба? – деуі, жұмбақтың нағыз көкесі болды ғой... Үйдегілер не сөйлесті, ана екеуі әке – шешесіне тағы нендей өтірік айтты Мансия оның бір де бірін естіген жоқ. Безіп, үйіне де жоламады. Тек үйден шығарында: Апа, ана қызыңды алып қал. Анау кетсін, кетсін! – деп айтып үлгерген.

 Бұл есік алдындағы машинаның кеткенін көріп, үйіне кіргенде әпкесінің бірге қайтып кеткенін біліп, жер тепкілеп жылады.

– Неге жібердің, мен айттым ғой саған, ағай ғана кетсін, – деп. Қапелімде не болғанын біле алмаған шешесі дал болды.

– Ей, балам–ау, сабағынан қалады ғой, ана  класс жетекшісі еріккеннен іздеп келді ме оны? Бүгін алып қалсам, ертең тағы да  сабағынан қалады. Соны сен неге ойламайсың? – дейді. Қайран, асыл ана жүрегі! Екі  қызының да бұларды алдап, «іштен шыққан шұбар жылан» болып тұрғанын сезбейді. Ана үлкен қызын көріп, көңілі орнына түскен. Күнделікті қамсыз үй қарекетімен айналысуда. Мансия алаңсыз бақытты балалық шағы өтіп кеткендей күй шешуде. Алдауға түскен ата–ана – мынау, сол кеткеннен екі жұма болды, хабарсыз кеткен әпке – анау.

Ендігі жерде не істеу керегін ойлай–ойлай басы қатқан Мансия орталыққа жиналды. Сылтауы – әпкесін сағынды, тағы бір оқуға керекті заты жоқ, соны сатып алуы керек. Бірден мектепке келді. Қасындағы қызды сыртта қалтырып, әпкеме жолығамын да шығамын, – деп мектепке кірді. Кірген бойда әпкесімен бірге оқыған  Нағиманы тауып алып, бір қалтарыс жерге шақырып, әпкесі жайлы сұрады. Ол: әпкесінің мектепке бір де бір рет келмегенін. Өзінің сан рет ана ағайдың үйіне іздеп барып, таппағанын. Көрші–көлеңнен сұрастырып, ағайдың әйелі босанатын үйден шығып, тауда тұратын төркініне кеткенін айтып берді. Бір іздеп барғанымда үйде құлып тұр, бірақ әйнектен қараған оны байқап қалдым, әпкеңді ағай үйде қамап кетіпті, – деді. Бұл класс жетекшісінің алғашқы іздеткен кезі болу керек. Мен осының бәрін ағайға айтқанмын. Ол кісі ата–анасына барып айтуым керек деген, барған жоқ па? – деді. Мансия мәнсіз, сүлдері қашқан қалыпта басын изеді.

 Ендігі ойы әпкесімен көзбе–көз сөйлесіп, әке–шешесін бұдан былай алдай алмайтынын айту. Әпкесіне ертең әкемді алып келемін, – деп әрі ескерту, әрі қорқыту болды. Қасындағы қызға сыр алдырмау мақсатында  сен кітап дүкеніне бара бер, сол жерде тос. Мен көп кешікпеймін, – деп, баяғы өзі көрген баспахана үйіне келді. Терезеден ағайдың жалғыз отырғанын көріп, қызыл үй қайдасың, – деп, жөнеп берді.

Қызыл үйдің алдына келе, есіктегі қара құлыпты тартып қалып еді, оның бір жақ шығыршығы бос шегеге ілулі тұр екен. Есік ашылды да кетті. Бұл үйге кіргенде, өзіне аң–таң боп, алдында тұрған әпкесін көрді.

Тағы да жаңжал, тағы да жылау. Ол әпкесімен төбелесуге дейін барды. Төбелес демекші Мансияның төрт–бес жастағы кезі болатын. Әпкесінің келі–келсаппен тары түйіп тұрғанын көрген ол: – Мен де түйейін, берші, берші... деп сұрай–сұрай бермеген соң, келсапты ол жерге қойып, келінің ішіндегі тарыны араластырмақ болған әпкесінің басына  жердегі келсапты ала сала, бір пергені бар. Ол қатты ұрған жоқ сияқты еді, әйтсе де әпкесінің басы ісіп шыға келген. Шешесі мен аудан орталығынан қонаққа  келіп жатқан «әйапасы» бұны қолдарына таяқ ала қуғаны бар. Ол жеткізбей қашып, қырда мал бағып жүрген әкесіне үкідей ұшып, жылап барғаны  есінде. Сондағы екі ананың түрі аса қатерлі еді, сол сәтте қолға түссе, оңбай таяқ жейтінін білген ол  қорқыныштан–ақ ботадай боздаған...

Осы оқиғадан соң Мансия әпкесімен төбелескен емес. Енді міне, дардай қыз болып, алтыншы класта оқып жүргенде амалсыз, шарасыздықтан төбелес бастады. Сөзбен де қолмен де боратып, әбден сілесі қатып, сылқ етіп орындыққа отыра кетті. Басы мең–зең. Әпкесі – не сөз өтпейтін, не таяқ өтпейтін дәл бір жақпар тас.

–Үйге жүр– десе, Бармаймын, – дейді.

– Неге оқуға бармайсың? – десе, сенің жұмысың болмасын. Оқимын ба, оқымаймын ба, өзім білемін, – дейді.

– Онда, сен де дайын бол! Бүгін барып бәрін әкеме айтамын. Ағайдың әйелінің кетіп қалғанын, сенің құлыптаулы есіктің ішінде отырғаныңды, биыл класта қалатыныңды бәрін, бәрін айтамын...

Шешемнің жүрегі жарылып өлсе, сен кіналісің, – деді Мансия.

Әпкесі шешесі туралы сөз болғанда шын қорқайын деді.

– Ағатай, көкетай, кішкене менің қара қозым! Ақылың бар ғой, апама айта көрме. Ол шын өліп қалса, екеуміз де жетім қыз боламыз ғой. Осы алдымыздағы жексенбіде біз үйге барамыз. Ана кісі бәрін өз аузынан айтпақ, – деді. Ол ана кісі дегенде, оның атына ағайды қоспай сөйлегенінен істің мән–жайы Мансияға айқындала түсті. Сөйтіп, өзі ашып кірген құлыпты қайта жауып, салы суға кетіп, шарасыз Мансия үйге қайтқан.

Әне–міне дегенше жексенбі де келді. Екеуі қанша дегенмен, баланың аты бала емес пе, Мансия айтып та қоюы мүмкін ғой, – деп қорқа–қорқа үйге кірген. Жоқ, бәрі де орнында, ата–ана бейхабар. Сол мамыражай қалыпта.

Жайланып тамақ ішіп болғаннан кейін ағай әке–шешесіне: Келіндеріңіз төркініне кетіп қалған. Қазір екеуміз ғана тұрып жатырмыз, – дегенде шешесі:

- Көтек, не дейді, ойбай? Екеуміз тұрып жатырмызы несі? – деді. Біраз үнсіздіктен соң жұмбақ ағай көп жұмбақты өзімнен басқа кім шешеді дегендей, сіздер рұқсат етсеңіздер біз енді бірге болатынымызды айтуға келдік дегені. Әкесі бір сәтке тіл–аузы байланып қалғандай күй кешті. Әлі де сол сыпайы  қалпын сақтап:

– Шырақ, анықтап айтсаңшы! Келіншегің бала ширағанша төркінінде болуға кеткен болар. Мына біздің кемпір сөзді тура мағынасында түсініп қалатыны бар, – деді. Бірақ өзінің жүзі сұрланып, бет әлпеті бірден бұзылып сала берді. Ендігі жерде Мансия өзінің өтірігінің ешкімге қажет болмай қалғанын сезіп:            

- Апа, ата, әпкем бір де бір рет сабаққа барған жоқ. Мен сіздерден жасырып, айтпап едім, – деді.

Үн–түнсіз қалған үлкендерден әлде ұялған, әлде қорыққан ағай төргі бөлмеге өтіп кетті. Әпкесі мен Мансия екі бұрышта. Есін жиған шешесі:

– Оқып жүр деп біз отырмыз. Түзіқара, оқымасаң ол үйде неғып жүрсің? – деп қызына ұмтылды. Төргі үйден шыққан бойда ағай әпкесін қорғаштап:

– Жүр, кетейік, киін, – деді әпкесіне.

Орнынан қозғала бұрылған әкесі: - Ей, шырақ, кетейігің не сенің? Ана бала не айтады? Қыс ортасы болды. Бірде бір рет сабаққа бармадысы не? Мен сені оқыған, көзі ашық азамат, қызыма сұқ көзден қорған, айбар болар деп паналатсам, бұл не сұмдық өзі? – деді.

Ендігі жұмбақтың ешкімге де қажет болмай қалғанын үй ішіндегілердің бәрі түсінді. Түсінді де әлгі ағай:

– Апа, ата! Дұрыстап сөйлесейікші. Біз екеуміз (әпкесінің атын ерекше бір сүйіспеншілікпен атап) қосылып, бір жанұя боламыз ба деген ойдамыз. Әлгінде айттым ғой, сіздер қарсы болмасаңыздар, – деді.

Үйдің ішін зіл батпан үнсіздік басып, салдары суға кеткен ата–ананың мүшкіл, мүсәпір халін көрген Мансияның мына ағайды атарға оғы болмай тұр.

– О, сұмдық–ай, әкесінің сонша сенім артқан мына «шырағының» ұяттан қалай өртеніп кетпей тұрғанын ол біле алмады...

Осымен айтар сөз де біткен шығар деп ойлаған. – Жоқ, әлі бітпепті, ол:

-Апа, ұлым жоқ – деуші едіңіз ғой, біз ұл тауып береміз! – дегенде, шыдамының шегіне жеткен білем, шешесі: «Ұлыңның басына, екі қызым аман болсын! О, құдай, тағы да көрсетпегенің осы ма еді?» – деп көкке қарап, екі қолын жайды.

Әкесі мен шешесінің басынан не бір қиындықтар өткеннін Мансия олардың үзік–үзік айтқан әңгімелерінен білетін. Ашаршылықта бір ауылдан үш–төрт  түтіннің ғана қалғанын, бес ұл, екі қызын кішкене кезінде я қызылша, я шешек жеткізбей желкесін қиғанын, әбден ер жеткен ұлының комсомолға өтемін деп, екі жасын ұлғайтып, он алтыда  Ұлы Отан соғысына аттанғанынына бұл әбден қанық еді. Сол ұлынан ел сияқты қарала қағаз да ала алмай, өмір бойы зарығып тосатын. Кейде ауылға тосын жолаушы келсе, я хат келсе, елеңдеп отыратыны бар. Соғыс біткелі он бес жылдан асып барады. Тірі болса, бір хабар келуі керек ғой. Әлде сүйегі ешкім көрмес бір шұқырда қалды ма, әлде пленге түсте ме екен, – деп ойлайды Мансия. Соғыс киноларын көргенде, көп солдаттың ішінде ағасы  да кетіп бара жатқандай аласұра көзімен іздейтін. Сол Есімханның сүреті де сақталмапты. Өзі тумақ түгіл, жаратылмаған кезде соғысқа кеткен бауырын бала қиялымен елестетуші еді. Ауылдағы үлкендер: – сен сол бауырыңа тартқансың, түрің ұл сияқты, қимыл–әрекетің де соныкі, – дегенде, Мансия бір көтеріліп қалатын...

Жүрегінің бір бұрышында сол өзі көрмеген ағаға деген сағыныш, бауырмалдық оты маздап жанатын...

– Ия, әке–шешесінің бірер жыл бұрын қой бағудан босап, осы үш бөлмелі тамға кіргенге дейінгі өмірінің көбі бейнетпен, қиыншылықпен өткенін жақсы біледі. Жоқшылық, қыстың суығы, күз бен көктемнің жаңбыры, қара қостың баспана болып жарытпайтынын басынан кешкен. Енді ғана ел ішінде жылы тамда, көп бейнеттің зейнетін көреміз бе, – дегенде, әке–шешесіне тағы да бір зобалаң тақағандай.

Соны біле тұра, мына әпкесінің қартайған ата–анаға қуаныш емес, қайғы әкелгеніне Мансияның сәби жүрегі қан жылайды. Күндер жылжып өтіп жатыр. Әке – тоң–торыс. Ал шешесі «үһлегенде» үй күңіренеді. Бұлар үйден шыға алмай қалғалы қашан? Кісі өлтіргендер де бұлай болмас. Ел–жұртқа  қарар бет жоқ. Бір күні сыртта жүрген әкесіне көрші шал: Конторға барып едім, ана жігітті БЮРО–лап, қызметтен алып тастапты, орталыққа барып келгендерден естідім, – депті. Соның ертеңінде–ақ әпкесі үйге келген. Ағайдың БЮРО–дан шыға салысымен Алматыға, ақындар ортасына, суыт жүріп кеткенін айтты. Әрі қарай осында қала берсе, кәмілетке  толмаған оқушы қызды бұзғаны үшін жауапталатын болыпты. Былай да ел бетін  көре алмай отырған әке–шешеге бұл  хабар ұяттың үстіне уайым әкелді. Көп ұзамай–ақ әпкесінің аяғының ауырлығы сырт көзге біліне бастады. Әке–шеше түгіл, Мансия да жолдас қыздарымен сөйлеспей, шеттейтінді шығарды. Біреу–міреу әлгі ағай мен әпкесінің жайын сұрап қала ма дейді. Сол күндердің зіл батқан ауырлығы оларды екі иінінен басып, жаншып, жерге тыққандай...

Ағайдан хат алған әпкесі: - Қалаға кетемін. Бәлендей жерде тосамын депті, – дегенде, әкесі: - Жоқ, бір жерге қаратқаны аз ба, ешқайда бармайсың, – деді. Әке жоқта әпкесі: «Бәленшенің қызы үйінде отырып бала тапты», – дегенді сендерге естірткенше, жібермесеңдер жардан құлап, өлемін, – деген. Бұлар шын қорқа бастады. Әрі ақылдасып, бері ақылдасып, жылап–сықтаған ата–ана бір қойын сатып жол қаражат жасап, ауылдан аттап шықпаған қызын жолға салған.

Міне, сол кеткеннен жыл жарымдай уақыт болды. Екі–үш айда бір келетін әпкесінің хаты ғана олардан хабардар етеді. Ағай  Алматыдан да алыс бір ауылда мұғалім болып қызмет істейді. Өздері біреулердің бір бөлмесін пәтерге жалдап  тұрып жатырмыз, – дейді.

Ауыл үйдің пыш–пыштаған өсек–аяңы да тыйылған. Ата–анасы енді жатса да, тұрса да Алладан солардың амандығын тілейді. Шешесі оңашада: О, құдайым! Жар бола гөр, өзі – бала, ана  балаға қалай қарап жүр екен? Жат жерде, ел жоқ, жұрт жоқ, қандай күйде екен? – деп уайымдайды.

Мансия жездесінің ақындығын білгеннен бері, қолына түскен газет–журналдарды ақтарып, оның өлеңдерін іздейтін. Бұл ауылда газет–журналдарды көп адам жаздырып ала бермейді. Өзі болса тек «Пионер» газетіне жазылған. Газет–журналдарды аударып көріп тұру үшін ол кітапханаға барады. Бір күні «Қазақ әдебиеті» газетіне басылған ағасының бір топ өлеңін көріп, үйіне қарай үкідей ұшып жүгіргені бар. Әкесі мен шешесінен сүйінші сұрағандай болып, міне, ол нағыз ақын. Бұл Алматыдан шығатын ең үлкен газет, соған бірнеше өлеңдері шығыпты, – деді. Бұл хабарға ата –анасы да бір серпіліп қалғандай.

Өлеңнің әр жолын аса ыждағаттықпен оқыған ол «Елге хат» өлеңіндегі мына жолдарды оқығанда көзіне жас та үйрілген.

Тамақ тоқ, бүтін киімім,

Уайым –қайғы жоқ менде.

Көрген жоқ түсіп иінім,

Баз қалпы сол от кеуде...

 

Демегін бірақ жаны жай,

Мен кейде ойға батам да.

Үйірден кеткен жабыдай,

Шұрқырап тұрам жапанда.

- Апа, деймін, олар ауылды, бізді сағынып жүр екен, мына жолдарды сізге де оқып берейін, тыңдашы, – дейді ол. Аса мұқият зер сала тыңдаған анасы: - Алда қарағым –ай! Дәл тауып жазыпты, шын үйірінен адасқан жабыдай елсіз, күйсіз  жерде қандай күй кешіп жүр дейсің, - деп жабығады.

Мансия  енді екі–үш айдан соң орталау мектепті бітіреді. Оқуды ары қарай жалғастыра ала ма жоқ па? Оқуы құрысын, – деп

әкесі үйден ұзатып жібермесе қайтпек? Оқымаған қыздардың барар жері сол – күйеуге шығу. Оны неше түрлі ойлар мазалайды. Кластастарының ойында ештеңе жоқ. Уайымсыз, қайғысыз күн кешуде. Бұл болса, оңашада жылап та алады. Тек анасына көз жасын көрсетпейді. Өзі де уайым, қайғыдан кұр сүлдері жүрген анасын аяйды. Бірте–бірте оның көңілінде ағай мен әпкесіне деген ашу, ыза ыдырап, оның орнын сағыныш басқан еді. Оқуға барған күннен бастап әпкесі екеуі ата–анадан ажырап, ағайынның үйінде тұрып оқығаны, анасының орнына әпкесінің қамқор болып, жел соқса, ық жағына алып жүретіні,ана кісінің: «Бауырың жоқ қой, аға боламын», – деген сөзі ет жүрегін елжіретіп, енді оларға өзінің сағынышын жолдайтын. Ол хатында : - Атам райынан қайтты, енді сендерге ұрыспайды, қорықпай келе беріңдер, – деп аяқтайды.

Мансиялар ауылдағы жетіжылдық орталау мектепті бітіріп қолдарына куәліктерін де алды. Енді өздерін мүлде ересек сезінеді. Әне–міне дегенше жазғы демалыс та өте шығары сөзсіз. Мектеп бітірушілер енді  кім қайда оқиды? Оқымаса немен шұғылданады? – деген тақырыпты ертерек ойластыруда. Тек Мансияның үйінде ол туралы ешкім жұмған аузын ашқан емес.

Жаздың тамылжыған бір таңында Мансия таңға жақын сондай ап-анық түс көріп оянды.

- Апа, апа! – деймін. Мен түс көрдім. Сондай анық, тура өңімде болғандай... – деді.

Шай ішіп отырған анасы: - Тағы да хат келер, ана жолы түс көрдім, түс көрдім, дегеніңнің ертесіне әпкеңнен хат келіп еді ғой, - деді.

- Апа, бұл жолы хат емес, өздері келеді – көресің! «Қасқа жолдың» үстінде әпке-жездем ауылға қарап тұр екен... Әпкем бөпесін көтеріп алыпты, - деді.

Иә, апасы айтса айтқандай Мансияның түс көруі әлдебір оқиғаның хабаршысы сияқты болатын...

Алғаш атқа мініп, ашамайға берік отыра алмай жүргенінде де асау аттан жерге құлап қалған. Бұл түс болатын. Соның артынша жаздай жайлауда құр жүрген атқа әкесі мінгізіп, қой қайырып келуге жұмсаған. Бас білмес ат па, ауыздықпен алысып, қалың жылқы қайдасың – деп Мансияны ала қашқан.

Түсінде аттан құлағанын көрген қыз өңінде бар күшін салып ат үстінен ауып қалмауға тырысқан...

Бір қолымен аттың жалынан ұстап, екінші қолы тізгінге қарысып қалған. Артынан қуа келген әкесі оның қолын аттың жалынан әрең жазып алған болатын...

Есейген, шағында да сан рет әлдебір істің, оқиғаның хабаршысындай түстер көретін...

-Түс жөнінде оқымыстылар: Адамның сыртқа шығармай көңілінің түкпірінде сақтайтын қаншама ойлары болады.

Түс адамның жасырын ішкі әлемімен саналы ғұмырын байланыстыратын дәнекер, - деп жазған екен...

Түсті тек жақсылыққа жору  деген жоралғы да бар ел ішінде. Тіпті түс жорығыштар мен «Қазақша түс жору» кітапшалары да қаптап кетті емес пе бұл күнде. Бір кітапшада түстің  өзін: шыншыл түстер, аян беретін  түстер, шайтан түстер – деп жіктеп жазғандар да кездеседі. Атамыз қазақ: Түс – түлкінің боғы, - деп оған көзсіз сене беруге болмайтынын меңзесе, енді бір мақалында: «Жақсы жерге жатсаң, жақсы түс көресің, жаман жерге жатсаң, жаман түс көресің», - деп адамдарды жамандықтан сақтандырады.

Ал «тауықтың түсіне тары кіреді» деген мәтел адам неден қат болса ұйқы кезінде де соны ойында сақтайтынын көрсетеді емес пе?!

Ертеңіне үшеуі салқын үйде шүйіркелесе сөйлесіп, тамағын  ішіп отырған. Әкесі: – Балам, алдыңғы күні шапқан шөпті кеше аударып қайтқам, бүгін күн қызуы басыла соны шомелеге салып,  жарым–жартылай алып қайталық , – деді.

Мансияға әкемен бірге шөп әкелуге, шөмеле салуға бару бір ғанибет! Ат арбада әке айтқан әңгімелерді естіп, шөп шабылған жерге келгенде, жұпар аңқыған жас шөптің иісі танауыңды жарып, үстіне аунай кетсең, аса бір тазалық лебі есіп, мамық төсек үстінде жатқандай сезімге бөленесің! Жол-жөнекей жол жағалауында өсетін кұм сағыздың дәмі есейіп егде тартқан кезде де ұмытылмайды екен. Әкемен бірге қырға шыққан кездерде барар жолда құм сағызды жол жағасынан жұлып кетіп, қайтар жолда аққан сүттей сұйықтықтың кеуіп қатқан түрін теріп алып құм-топырақ араластыра шайнап тазарғанша түкіресің. Сол сағыз бүгінгі күнгі сатып алып, балалардың шайнап жүрген сағызынан әлде қайда дәмді де, пайдалы ма деп ойлаймын.

Көрсем, білсем деген балалық әуестікпен неше түрлі тәтті өсімдік сабақтарының сөлін, жайлаудағы жылқы жуа, рауғаш сияқты шөптердің дәмін тәттық. Сол жылдарда дәмін татып көрген шөптер мен өсімдік сабақтарын араға көптеген жылдар салып көрсем де, дәл сол кездегі дәм тіліме үйіріліп, аузыма келеді. Бір кездері  көбелекпен жарыса жүгіріп терген гүлдер де көзге оттай басылады. Балалық белгіні есіңе түсіретіндей бір зат болса, егделеу жасқа келгеніңе қарамастан, әлгі затты өзіңмен бірге алып кеткің кеп тұрады-ау! Құдды сол затта сол мезгілге байланысты сағыныш бар сияқты...

Бұл бесінші класты бітірген жаздағы шөп әкелуге барғандағы бір оқиға әлі есінде. Бірінші рет арба үстіне шөп тиеген. Әкесі шөпті жерден әпереді. Бұл арба радуанын шөппен нығыздап толтырып, енді әкесі сан рет көрсеткендей, бірте–бірте шөптің қанатын жаза тиейді. Әкесінің жерден лақтырған шөбін шашыратпай сол тапталған қалпында келесі жағына, алдына, артына ретпен салып отыруы керек. Әкесі шөпті әрі әперіп, әрі кемірек салынған бұрышына жерде тұрып –ақ тап еткізіп салушы еді. Бұлар шөпті тиеп бітті. Арбаны  айналып шыққан әкесі: – шөп бір  жағына ауыңқы тиеліпті, – деді. Жарайды, қайтер дейсің, бастырықты бастырып болған соң, сол жағын тарап тастармыз деп, бастырықпен шөпті бастыра бастады. Бастырық – арбадан ұзын, әрі жуандау ағаш. Арбаның алдына байланған жіпке бастырықты шөп үстінде тік көтеріп тұрып, іліп байлайсың да енді оны дәл шөптің ортасын ала басасың. Екінші басын арбаның артындағы дәл әлгіндей жіпке басып байлауың керек. Бастырықты басу үшін, күш керек және биік тиелген шөпке екі адам болмаса, бір адам бастырық баса алмайды. Салмақсыз адамға бастырық құшақтай басып, мысықша жабысып алсаң да бой бермейді. Әкесінің бастырық басына лақтырған жібі ілініп, ол жерден жіптің екінші ұшынан тартқан кезде ғана, бастырық Мансияға көніп, төмен басылғандай болады. Осындай әуремен тиеп алған шөптері бір арықтан өте бергенде, ауып түскен. Шөп үстінде отырған Мансия мен әкесі шөп–мөбімен жерге құлаған болатын. Әкесі: – Балам, құдай сақтады. Шалғы я ашаға ұрынбай, аяқ–қолың сынбай аман қалдың. Шөпті дұрыс тиемесең, оның соңы неге соғарын көрген боларсың, – деген.

Терезеге қарама–қарсы отырған Мансия күн сәулесі көлегейленгендей болған соң басын көтеріп терезеге қараса, бір балпанақтай жас баланың әйнекке жабысып тұрған бет–аузын көрді. Оны ұстап тұрған қол бар да, адам көрінбейді.

– Апа, ата! Ана баланы қара! – деп ол айғайлап жіберді. Олар орындарынан ұшып тұрып, бірі терезеге, бірі есікке жүгірген... Бәрінен  бұрын қашадан шыға, үйді айнала үкідей ұшып жүгіріп жеткен Мансия алдында тұрған жездесі, әпкесі мен бүлдіршіндей баланы көрген.

Әке–шешеден кейінгі ең жақын жандарды көрген Мансия қуаныштан жүрегі жарыла жаздап, жас тола көзі боталап, оларды бас салып, кезек–кезек  құшақтаған еді.

Міне,  бір–ақ күнде сағынтқан әпкесі, ботақандай сүйкімді інісі келіп, Мансия бұрын–соңды өзі сезбеген ерекше бір бақыт құшағына бөленген болатын...

 

II - бөлім

 

Таң сәріде көк төсіне шығып алып, бір орнында тапжылмай шырылдаған бозторғай үнінен оянған Мансия көзін сығырайта-ашып аспанға қарады. Аспанда ноқаттай болып, көз ілеспес жымдалықпен қанатын дірілдете қаққан бозторғай жаңа келген таң мен Мансия үйіндегі жаңалықты жалпақ дүниеге паш еткендей!

Жаңалық болғанда қандай! Мансия үшін өмір бір-ақ күнде әдеттегі бір сарынды ағысын өзгертіп, қуаныш пен жаңалығын ала келді. Оған кешегі күн-керемет бір көрген түстей. Сол түсінде қуанған адамның күліп оянатын сәтін бастан кешті. Бүгінгі атқан таң, шайдай ашық  аспан, шырылдаған  бозторғай үні де күндегіден ерекше!

Бозторғай дегенде, Мансияның есіне ән түседі. Өзі ән айтуға шорқақ, бірақ жан-дүниесі іштей ыңылдап ән сап тұрады. Шіркін, дауыс деп Әсемнің дауысын айтсаңшы! Сол құрбысы алтыншы сыныпта оқып жүрген кезінде ауданда  өткен  «жас өнерпаздар» байқауының бас бәйгесін жеңіп алып, облыстық, республикалық байқауларға да қатынасқан. Мансиянын ағасы ол жылы осы ауылда мұғалім болатын. Сол  байқауларға қызбен бірге барып, қайтқан ол әнші оқушысы туралы: «Караторғайды жерге қондырмай жіберген қыз», – деген шағын мақала да жазған.

Есіл дауыс, жарыққа шықпады, жетелейтін жан кездеспеді –ау кезінде, әйтпесе, сахнаның төрін бермейтін әнші болатын еді, – деп отыратын кейінде ол.

Мансияның үйқысы әбден қаныпты. Кей күндері сәскеге дейін ұйықтаса да ұйқысы қанбай, басы мең-зең болып, апасының:

– Түс болды ғой, балам–ау, тұрсаңшы! Ана бұзауды өзекке апарып арқанда. Үйде су жоқ. Суға бар. Немесе әкең:

–Өзектегі арқандаулы атты әкелсін, – деп жатыр, – деген сөздердің бірін естіп оянатын. Ал оны бүгін бозторғай   шырылы оятты...

Жаздың қапырық түндерінде әкесі екеуінің лапас астындағы  сәкіге ұйықтайтын әдеттері бар. Ал апасы қандай ыстық түн болса да  далаға жатпайды.

–Танауыма жел  кіріп, жөтеліп қаламын, – дейтін. Кеше келген әпке–жездесі мен інісіне өзі жататын  төргі бөлмені босатып берген Мансия даладағы сәкі үстіне ұйықтаған.

Содан да болуы керек күн көтерілмей-ақ өзі оянды. Кеудесін қуаныш кернеп,  атқан таңға, шыққан күнге қарап бір керіліп алды да, кешегі күн ойына түсті.

«Келеміз», – деп хат та жазбай, хабар да айтпай, төбеден түскендей болып жетіп келген туыстары Мансияның  жанын толқытып, сағынышын тербеп, көкірегінде күй болып күмбірлейді. Әттең, сол қуанышын ол тілмен  жеткізіп айта алмай, екі көзі боталап күле берген.

– Кішкентай Төлен - сондай тәтті. Бұрын – соңды бұл үйде өзінен кіші  бала болып көрмегендіктен, Мансия үшін баланың барлық іс –әрекеті – бір тылсым дүние. Құшақтай көтеріп, бетінен–қолынан шөпілдете сүйген ол Төлен ұйқыға кеткенше, бір елі қасынан кеткен жоқ. Біресе аймалап алдына отырғызып,  біресе мойнына атша мінгізіп, біресе арқалап далаға, көрші қыздарға көрсетуге алып кетеді. Сөйтіп, Төлен де, өзі де қалжырап, шаршап мұрттай ұшып ұйықтаған.

Ал әке мен шеше қуанышы мен мейрімін Мансия олардың ұшқын атқан көздерінен жазбай таниды. Сол кешегі қуаныш кеудесін кернеп, түні бойы көріп шыққан жайлы түстей әсер қалдырыпты.

Олар шын келді ме, жоқ әлде түс пе, – дегендей Мансия сыртқы есікті ашып үйге енді:

–Ақырын, олар әлі ұйықтап жатыр, ана кішкентай оянып кетеді, – дейді анасы. Мансия кірген шыға беріс бөлме салқын. Ертеңі сауған сүтті шикідей ашытатын күбі шелекке құйып жатқан анасы:

– Тең жартысын пісіріп айранды молырақ ұйытайық. Қайбір ақ ішіп жарып жүр дейсің олар, – деп қояды. Жайшылықта бір тостаған сүтті шайға қатуға, – деп алып қалса, екі–үш күнде ұйытатын бір мескей айранды олар екі–үш күнде әзер тауысатын.

Тағаты таусылып, шыдамсызданған Мансия төргі бөлмедегілер қашан оянады екен деп тұр. Есіл–дерті – Төлен.

– Әй, балам, жүр шайыңды іш те екі шелек су әкеліп қой. Ана інішегің оянған соң, сонымен болатыныңды сезіп тұрмын. Ол оянғанша бар істі бітіріп алайық, – дейді анасы. Өзі – қунақ. Ыңқыл–сыңқылы да сезілмейді. Бетінде қан ойнап, мейірлене қараған көзі нұр шашады.

Бір жасқа толар–толмас Төленнің бұл үйге қуаныш пен бақытты қатар ала келгеніне бүкіл ауыл куә болды. Мансияның кішкентай інішегі дегенде шығар жаны бөлек. Есіл–дерті соны көтеру, ойнату, айналып–толғану.

– Ботақаным, – дей ме?! Боташым, құлыншағым, қошақаным.

– Жаным, күнім, – деп жатқаны.

Бірде анасы:

 – Тәйт әрі, не болды, сонша өліп–өшіп, олай таусыла айналуға болмайды. Балаға ауыр тиеді, – деп оны әзер тыйған.

Бұлардың келгеніне екі аптадай уақыт болды. Өмір өзінің ырғақты арнасымен ағып жатты. Шілде айының соңы да таянған.

Ағасы мен әпкесі ата–ана кешірімін алғандай болып, «үһ» – деген.

Мансияның сағынышы да бірте–бірте басылған... Бір күні ертеңгі ас үстінде жездесі мен әпкесі Мансияға:

 –Сегізінші сыныпқа барар уақыт та жақындады. Кластастарың қайда оқимыз, – деп жүр? – дейді.

– Аудан орталығына барады, көрші совхозда он жылдық мектеп өткен жылы ашылған, кейбірі сонда оқымақ, – деді Мансия. Оқуды бітірдік, осы орталау білім де жетеді, деп ата–анасына қолқабыс –көмекке жұмыс істейміз дегендері де бар, – болатын. Әпкесі :

 Мен оқи алмадым, енді сен қалай да оқуың керек, онбіржылдықты ауданнан оқып бітіріп, жоғарғы оқу орнына түсуің керек. Мен үшін де өзің үшін де сабақты жақсы оқуға тырыс, – деді. Сол, сол –ақ екен Мансия :

 «Ауданнан оқымаймын. Ана оқуды тастап, күйеуге шығып кеткен қыздың сіңлісі деп, мұғалімдер екі қойсын дейсің ғой. Ол мектепте оқығанша, үйде жүргенім артық, – деп дүрісе қоя берді. Орнынан ішіп отырған шайын тастап тұрып кетпекші де еді жездесі:

– Жарайды, Мансия, ол мектепте  оқымасаң оқыма. Осы орталау біліммен училище, техникум, – дегендерде оқып, маман болып шығуға болады. Өзіңнін кім болғың келеді ? –  деді. Біраз үнсіздіктен соң жездесі:

 – Облыс орталығындағы мед.училище  мен бухгалтер–есепші дайындайтын техникумның барлығын айтып, қыз балаға екеуі де лайықты. Бірін таңда, – деді.

Мед.бике дегенің Мансияның шешесі ауруханада жатқанда бөлмелердің еденін жуып жүрген ақ халатты әйел болып елестейді. Ал бухгалтер–есепші деген, қашан көрсең ақжем болып кеткен қоңыр есепшоттың тасың ары–бері сарт–сұрт соғып, қысы–жазы іші сыз тартқан қаракөлеңке кеңсе ішінде өмірі өткен Әсеттің шешесі болып елестейді. Мансияның үнсіздігін – қарсылық деп түсінген ағасы:

– Жоқ, әлде Жаркент қаласындағы бастауыш сыныптар мұғалімін дайындайтын училищеге  барасын ба? – деді.

Үнсіз отырған Мансия:

– Барамын мұғалім боламын! – деп, төмен қарап салбыраған басын көтеріп, жездесінің бетіне тіктей қарады.

Мансия үйдегі кіші бала, отын әкел, су әкел, қолға су құйып жібер, тағы, тағы көптеген ұсақ–түйек жұмыстарды үлкендердің айтуымен атқарғанда ешкім:

–Мед.бике бол, есепші–бухгалтер бол! – деп бата берген емес.

– Мұғалім бол! – деген бата –алғысты көп естіген.

Ер жетіп, есейген шағында жастық шағын ойға алып, мұғалімдікті таңдауы жайлы өлең де жазған болатын. Ол өлең төмендегідей жолдармен басталып:

Қолдарына су құйып жертөледе,

Мәз болушы ек, жеткендей қол мәртебеге.

– Су құйуға жарапты, – деп үлкендер,

Тарқасушы ед: «Мұғалім бол!» –деп бата бере.

Сол бата жетеледі алға мені.

Мұғалім болу бала арманы еді, – деп жалғасатын...

Сонымен бұл мәселе  де шешілді. Үй –ішіндегілер ақылдасып, жетіжылдық біліммен Мансияны педагогикалық училищеге жіберуді ұйғарды.

Әкесі мен анасы Мансияның ауданнан әрі аттап шықпағанын, әрі орысша тіл білмейтінін тілдеріне тиек етіп, жалғыз қалай жібереміз, – деп уайымдады. Тағы да ағасы жол тауып, қасына бір қыз ертіп алсын, екеуін де оқуға түсіремін. Ол жақта бірге жүріп, ауылға келіп қайтқанда да бір–біріне серік болады, – деді.

Енді апасы мен Мансия ауылдағы орталау мектепті биыл бітірген қыздардың үйлерін аралап;

Анасы:

- Қызыңды Мансияға қосып мұғалімдер даярлайтын оқуға жібересіңбе? – деп үлкендермен сөйлессе, Мансия оқуға баруға кластас қыздарды азғырады.

– Әй, қарағылық–ай десеңізші! Көрмеген жер, бала жас, қаражат жоқ... тағысын тағы толып жатқан сылтау айтып, ешкім баласын жібере  қоймады.

Сол ауылда бұлардын үйімен көршілес Бөрібайлар әулетінің бірімен бірі жалғаса салынған үйме–жүйме үйі бар. Солардың бір қызы – Мансияның әпкесімен қатар да, енді біреуісі Мансиядан бір жас үлкендігі бар. Ол биыл ауданнан сегізінші сыныпты бітірген. Ал енді осы әулетті иіріп–жусататын Әмина апай деген кісі тағы да бар. Осы Әмина кезінде есепші, бригадир сияқты жұмыстар артқарып, еркектермен бірдей ат үстінде жүретін біршама көзі ашық адам болған, – деп отыратын Мансияның әкесі. Жоғарыдағы екі қыздың кішісі – сол апайдың бауырына басқан қызы. Өзі бала көтермеген адам екенін ол ауылдын бәрі білетін.

Сол Әмина ауылды аралап қызына серіктікке ертетін адам таппай қайтқан Мансияның апасына кездесе кетпесі бар ма? Мән–жайды естіп, бірден аш кенеше жабыса кетсін.

–Ойбай, жақсы апа, ондай оқуға апарып түсіріп қайтатын адам болса, мен қызымды қосып берейін, бір жыл артық оқығаны да ештеңе етпес, – деді. «Жақсы апа» –  деп түрғаны Мансияның анасы. Бұлар әпкесі екеуі: әкесін – ата, анасын – апа десе, ауылдастары әкесін – Жәке, анасын – «жақсы апа», – дейтін.

Соның артынша–ақ Әмина апай етін асып, дастарханын жайып, Мансияның әпке –жездесін қонаққа да шақырып үлгерді.

Шілденің соңына ала Мансиялар ауылдан оқуға аттанып та  кеткен болатын. Жол басшысы – Мансияның ағасы.

Жеті–сегіз  шақырым жердегі ауданнан асып жолға шықпаған, он үштегі қыз үшін бұл күн аса толқулы еді.  Жүрегі әлденеге қобалжып, қуаныш па, қорқыныш па, үрей ме, өзі де айырып білмейтін бір күй кешті.

– Түсу емтиханы бір айға созылуы мүмкін, жаздық бар киіміңді салып ал, – дейді әпкесі.

– Емтиханға қажетті кітаптарды алуды ұмытпа! – дейді ағасы.

Жол–жөнекей терезе әйнегінен сыртқа тесіле қараған Мансия жаздың аптап ыстығынана қуаң тартып сарғайған ұшы–қиырсың кең  даланы, ыстық күннің шұғыласымен шағылысып әлде тау, әлде жотаның сағымға орана жылжыған сұлаба нобайынан көз алмай қарайды. Барар жерлері әлі алыс екенін білсе де, жол бойындағы әр ноқатқа шұқшияды. Сағымға оранған  сайын дала төсінде шоғыр–шоғыр жылқы, отар–отар қой, табын –табын сиырлар кездеседі. Жол бойындағы әр елді мекеннің аты жазылған тақтайшалар, арқардың, бүркіттің тастан қашалған мүсіндері кездеседі. Бұл көріністердің бәрі де Мансия үшін таңсық.

Шаңқай түс кезінде келіп тоқтаған елді мекенді ағасы:

– Мынау, Сарыөзек, – деген жер. Жолымыз болып, оқуға түсіп кетсеңдер әлі осы жерден сан өтесіңдер, – дейді. Сарыөзек десе, Сарыөзек екен. Маңайында бір бұтасы жоқ, сары дала. Шілденің ыстық желі суға, тапшы даладағы әр қылтанақ шөпті тамырымен қоса күйдіріп жіберердей...

Содан да болар, даланың қылтанақсыз тақыр далаға айналуы. Ығы –жығы үйлері, шаң бораған көшесіне қараған Мансия өз ауылын еске алып, мына қаламен салыстырғанда біздің ауыл мысыр шәрі екен ғой, деп ойлайды...

Бұлар көліктен түсіп, бой жазып қайтқанша, ағасы қолына Мансия жеп көрмеген жүзімді сабағынан ұстап, салбырата алып келді.

–  Жүзім жеңдер! – деп бұларға ұсынды. Мансия жүзімнің суретін кітаптан көргені болмаса, жеп көрмеген, қалай жерін білмей тұрған оған ағасы: бір–бірлеп үзіп жеу керек екенін де көрсеткен. Ер жеткен кезінде Мансия қазақ пен өзбектің достығы туралы айтылатын қонақасы туралы қалжың –қақтығысты естігенде, өзінің жүзімді қалай жерін білмегені есіне түсіп, еріксіз езу тартатын. Мансияның басында дәл осындай күлкілі жағдай бертінде тоқсаныншы  жылдарда да болған. Шет елдермен сауда қарым –қатынасының терезесі ашылып, қазақ жерінде өспейтін нешетүрлі жеміс –жидекке базар сөрелері сыңсып тұратын кез туды ғой. Өзіне таныс емес, бұрын жемеген дәмге аса ұмтыла қоймайтын әдеті бар. Бірде сыйлы жерде қонақта алма, жүзім, алмұртқа қоса дастарханға банан қойылыпты. Жеп көрсем бе екен, – бұны пышақпен қауынша тілу керек шығар, қабығы бір қарағанда қатты сияқты, – деп ойлады. Бұған қарама–қарсы отырған әзілкеш әріптесі бұнын ойын жазбай танығандай, бананды алып еш қыйындықсыз қабығын төртке айырып бұның қолына өскен гүлдей етіп ұстата салғанда, бұл тағы да күлген. Күлген де сол, отырыста алғаш жүзім жегенін, мына бананды қалай жерін білмей отырғанын жырдан қызық етіп айтып берген болатын.

Мансияның ауылында ешқандай жеміс ағашы өспейтін. Бау–бақша ісімен де айналасытындар кемде–кем. Сырттан әкеліп бау–бақша көгеністерін тасушылар жүзімнің тек кепкен түрін сататын. Ол жылдарды былай қойғанда, «елу жылда ел жаңа» десек те, күні бүгінге дейін ол ауылда жүзімдікті ешкім өсірген емес.

Бұлар діттеген жерлеріне түн  қараңғылығы қоюлана жетті. Қонақ үй – дегеніңді де Мансияның алғаш көруі.

Жол бойы көрген көріністерді ой елегінен өткізіп, әрі жол соғып қатты шаршағанын Мансия енді білді. Жолдас етіп ертіп алған қызбен де онша шүйіркелесе алмады. Қазір де ашылып ештеңе  дей алмай, аяқ–қолын жуып, ұйқыға кетті.

Педучилище үйі қаланың батысына қарасты орталыққа орналасқан ағаштан қиып салынған екі қабатты ескі ғимарат екен.  Негізі корпусқа жалғана жаңадан кірпіштен қаланып созыла салынып жатқан құрылыс сұлабасы да бой көтеріп қалыпты. Ағасы бұларды ертіп қабылдау комиссиясына кіріп, құжаттарын табыс етті. Емтихан кестесін қолдарына алған бұлар ендігі жерде өтетін консультация сабағына  қатынасудың қамына кіріскен.

Алғашқы емтиханға дейін бір апта уақыт бар, бірақ қабылдау комиссиясының айтуы бойынша алдымен музыкадан әңгімелесу – байқаудан өтулері тиіс. Одан өте алмасаң, емтиханға жіберілмейсің, – дейді.

Бастауыш сынып мұғалімдеріне оқушыларға білім негіздерін үйретіп қоюмен бірге: қолөнерге, суретке, музыкаға, дене тәрбиесіне де  үйрете алатын қабілеті болуды талап ететін.

Мансияның ән айту қабілеті болмаса да ағасына еліктеп, тыңқылдатып домбырада ойнайтын әдеті бар. Ауыл мектебінде домбыра үйірмесі болған емес. Шіркін, біреу–міреу бізге, дұрыстап домбыра шертуді үйретсе ғой, – деуші еді ішінен Мансия.

Енді міне, емтиханға кіру–кірмеуіңуі музыкадан хабарыңның болу–болмауы шешеді екен.

Ағасының ақындығымен қатар домбыра шертетін, қоңыр дауысымен ән салатын қабілеті бар. Ол кейде өзімен–өзі отырып, домбырада бір ырғақты қайта–қайта қайталап тартатын, кейде домбырасын тастай салып, қалам қағазына ауысатын...

Бір–екі рет өзіне де домбыраның құлақ күйін дұрыстап, «Қамажайды» тартып көрсеткен. Байқау–сынақта сол өзі тартып үйренген «Елім–ай» мен «Қамажайдың»  көмегі тиіп, домбыраны дұрыс ұстай біледі екен деді ме,  кім білсін, Ынтанов ағай байқаудан өтті деп белгі соғып, қолын қойды.

Ал қасындағы қызға келгенде қолын қоймай–ақ қойғаны. Ағасының мұғалімдер арасынан көмектесетін адам іздеп, шарқ ұруы осы күннен басталып та кетті.

Әдебиетті сүйетін, ақынды сыйлайтын адамды табу үшін олармен жақындасып танысу керек қой. Кімнің кім екенін я біреу, я өзің айтпасаң былайғы жұрт сені қайдан білсін. «Танымасын сыйламас» – деген мақал да осыдан шыққан. Ағасының өлеңдерін оқыған, білетін адам – Нуршаев ағай болып шықты. Оның мамандығы – физик. Сол ағайдың ұлы орыс халқының «физик–мирик» деген сөзінің айғағындай өнер десе, өлең  десе ішкен асып жерге қоятын адам екендігін Мансия төрт жыл училище қабырғасында оқып жүргенінде көзі жеткен.

Ағасының Жетісу өлкесіне, қала берді Қазақстан жеріне әйгілі ақын екендігіне Мансия кәміл сенеді. Сенбеске ше, жетіжылдық білімі бар бұның өзі оның әр өлеңін баспадан шықса болды оқып отырса, дардай оқу орнының ұстаздары неге білмесін? – деп ойлайды ол.

Өлең дегенді түсініп оқуға әркімнің өресі жете бермейтінін, тіпті күнделікті шығып жатқан баспасөз бетін де ашпайтын, өзінің шұғылданатын алақандай ісімен ғана шектелетін адамдардың мың–мыңдап кездесетін Мансия ол кезде қайдан білсін?!

Сол күндерден есінде қалғаны:

– Ағаң жоқ қой, аға боламын, – деген сөзін ағасының ақтап шыққаны, қиналмай–ақ оқуға түскені, қандай жағдай болса да бір қорғаушысы, сүйеушісі бар екенін түйсінуі болды. Түсінді де арқасын кеңге салып, тағдырына, маңдайға жазған бағына балалық пәк көңілден ризашылығын білдірді.

Иә, кешегі қара жолдың шаңын бұрқырата шапқылайтын Мансия енді ауылға студент болып оралды. Өзін кәдімгідей байсалды ұстауға тырысады. Көрші қыздар мен сыныптастары бұларға қызыға қарайды. Кешегі күні Мансияға  ілеспей қойған кей кұрбысы өкініп те жүр. Ана қыз ақыл тауып кеткен , – дейді Орал қызғаныштан.

Әке–шешесі бір қойын сойып, ел–жұртқа құдайы тамағын таратты. Бұл ауылдан соғыстан соңғы жылдарда туғандар арасынан оқу іздеп ауылдан аттанушылардың алғашқы қарлығаштары осылар еді...

Мансия айтарға студент атанғанмен, енді қысқы демалыста ғана  ата–анасын, ауылын қайта айналып көре алатынын ойлағанда, қарадан  қарап тұрып жылағысы келеді. Жастайынан ата–анадан  бөлек, ағайынның үйінде тұрып оқу –  оның жүрегіне сары майдай тиген. Малдан шыққан соңғы екі жыл әке–шешесімен бірге болу оны оларға барынша бауыр бастырып жіберген екен. Оған қоса кішкентай Төленнің енді осы үйде, ата–анасымен бірге болатынын ойлағанда үйден кеткісі жоқ.

– Үйден осы шыққаның шыққан, оқуда төрт жыл боласың, содан соң  жолдамамен басқа жаққа жұмысқа жіберуі де мүмкін. Үйге аңсарыңды аудара бермей, оқуыңды жақсы оқы, – дейді әпкесі.

– Оу, сені дардай студент, – деп кеше жиналған жұртқа айттық емес пе, неғып ұн жорғаң түсіп тұр? Оқу бітіріп келіп, әке–шешеңді, інішегіңді асырайтын ендігі осы үйдің азаматы сен емессең бе?!  – дейді ағасы. Ата–анасы іштей күбірлеп, бір Алласына сыйынып: Жаппар ием, жар бола гөр! Оң жолыңды  бере гөр! – дейді.

Қырқүйектің басында оқу басталып та кетті. Бір группа–сыныпта отыз оқушы. Дені қыздар. Жетекшілері егделеу келген тарих пәнінен беретін апай. Ол кісінің сабақ үстіндегі тақ–тұқ басқарушылығынан өзге үйінен аттап шықпаған сары ауыз балапандардай бұларға қамқорлығы шамалы еді. Сабақ кестесі бойынша өзі оқытатын пән сағатының үстінде аман–саулықтарын сұрап білгені болмаса, арнайы келіп, бұлардың қалай, қайда тұрып жатқанын, тұрған жерлері жайлы ма, жайсыз ба, тамақтары тоқ па, аш па, кім қайдан тамақтанып жүр, – дегендей   іспен жұмысы да жоқ.

Бұл қыздардың көпшілігінің ата–анасынан алғашқы бөлініп шығуы. Шындығында олардың жеке өмір  сүруге дайын еместігі күндіз білінбегенмен, кешкісін төсекке жатқанда  қайсыбірінің  күрсінісінен, енді бірінің тығылып тұншыға жылауынан–ақ байқауға болатын.

Солардың ішінде Мансия ең ширағы болып шықты. Алғашқы оқуға барған күнінен әке–шешеден бөлек болуы, бұған сабақ болғандай. Көп жағдайда өзімен жасты құрбыларына басу айтып, жұбататын да кездері болатын. Тіптен кей істі былай жасайық, – деп жол көрсетіп, олардың мұң–мұқтажын солардың атынан жоқтаушы болып шыға келеді.

Осы әрекеттері үшін кейінде курстас қыздар оны «жен.совет», – деп те атап кеткен болатын.

Әсіресе, ер балалар мен қыздар арасында айтыс–тартыс бола қалса, бел шешіп араласа кететін, сол істі қыздардың ұпайына шешпей тынбайтын.

Училище директоры үйінің ауласында орналасқан екі бөлмелі барак   типтес жатаханаға биыл оқуға түскен жиырма шақты қызды орналастырған. Екі үлкен бөлмеден тұратын бұл үйдің кіре беріс бөлмесі әрі жуынатын, әрі аяқ киім шешетін, әрі екі бөлменің ортасын бөліп тұрған  контрамарка пешке от жанатын орын.

Үлкендеу бөлмесіне он екі, кішісіне сегіз төсек қойылған. Мансиялар өздерінен басқа да оқуға түскен үш қызбен қатарласа сегіз кісілік бөлмеге орналасқан.

Түске дейін бірде үш пар, кейде төрт пардан сабақ болады. Сабақ біте салысымен түскі ас ішу қам–қарекеті басталады. Бірі асханаға жүгіріп кезекке тұрса, екіншісі жолдың арғы бетінде орналасқан самса, пирожки сататын дүнгіршекке өшіретке тұрады... Әйтеуір кім қай жерден ішсе де, ретін тауып тамақтануға кіріседі. Өйтпеске ше,  бұлар ыстық тамақты осы түс мезгілінде ғана  ішетін. Ертеңгісін ораза да аша алмайды, кешкісін құрғақ нан мен май, печенье жейді, себебі жатаханада электр. қуатын пайдалануға рұқсат етілмейді...

Сөйтіп, түс ауа үш пен төрттің арасында жатаханаға жетіп жығылатын. Жығылады деген жай сөз, бұлар келгенде от жағушы әйел от жақпақ түгіл, әлі келмейді де. Бір мезгілде ол келіп, кешеден қалған күлді шығарып, алдымен ағаш тұтатып, соңынан көмір салып, ол қызып жанғанша үйдін ішіндегі азынаған суықтан бұлар үй киімін ауыстырып кие де алмайды. Пеш әбден қызған кезде, үйдің ауасы да жыли бастайды.

Мансия өз үйінде оттың қалай жанып, үйдің қалай жылитынын да аңғармайды екен. Енді пештің қалай жанып, үйдің қалай жылитынын бақылайтын болды, өшіп бара жатқан отқа ұрланып барып көмір де сап қояды. Ұрланып барып, – дейтін себебі көмір педучилищеде директорының үйі  мен жатахананы жылыту үшін бірге түсірілген. Пеш жағатын әйел бір шелек көмірді салып кеткеннен кейін, бұларға үстіне тағы көмір салуға рұқсат жоқ, отынды үнемдейді.

Темір төсектерді пеш  жақтағы бұрышқа бір–біріне тақап қойып, қыздар екі–екіден қойша ұйлығыса ұйықтайды. Жақын маңның қыздары күн суықта үйлерінен жылы көрпелерін ала келген. Ал Мансияның үстіне жамылғаны костелянша берген жылуы жоқ ескі, тықыр одеял. Қысқы демалыста апамның жүн тартып жасаған жылы көрпесінің бірін мен де ала келмесем бе, – деп ойлайды, бүрісіп тоңған кезде. Қарны ашқанда, тоңғанда, ақшасы тауысылған кезде, я біреуден жапа шеккенде бірден ата–анасы  есіне түседі. «Ата–ананың қадірін балалы болғанда білесің», – дегендей ата–ананың бала деп отқа да, суға да түсетінін Мансия кеш ұғынды. Ұғынды да, бұған да тәубе! – мүлдем ұқпай кететіндер қаншама! – деп ойлайды.

Ол үйіне ай сайын  хат жазады, одан да жиі жазар еді, оны үйде оқитын ешкім жоқ қой. Аға, әпкесі Балхаш маңындағы бір темір жол бекетінен жұмыс алып, сонда көшіп кеткен.

Ауылда ата–анасымен, Төлен ғана. Төлен демекші, соңғы келген бір хатта бір бет қағазға кішкене баланың бес саусағын айналдыра сызып сүретін салып жіберіпті. Көрші үйдің қызы – мынау Төленнің оң қолының сүреті. Хат жазған: апаң, атаң, Төлен деп біл, – депті. Сол хатты басына жастанып жатқан Мансия кішкене інішегінің апыл–тапыл басқан аяғының дыбысын естігендей болады. Сөйтіп, қиялдап жатып, қалай ұйықтағанын да сезбей қалған...

Қысқы демалыс та таяп қалды. Алғашқы жарты жылдықтың бағалары да журнал бетіне қойыла бастады. Мансияның үлгерімі жаман емес. Дені бестік, ішінара төрттігі де бар. Үштік деген баға жоқ. Орыс тілі грамматикасынан бұған баға қойылмай тұр.

Өз сабағының үстінде журналды ақтарып отырған жетекші апайы оның фамилиясының тұсына келгенде:

– Ойбай, Қойшыбаева, саған орыс тілінен «екі» деген баға шыққалы тұр ғой, – деп  байбалам салды. Орыс тілі мен Мансияның арасындағы текетіресті бұл хикаяттың алғашқы бөлімінде айтқанбыз.

Мектептің алғашқы сыныптарында тиянақты негіз қаланбаған соң, бұл сабақтан бұл жерде де сол қиыншылық  қайталанып отыр. Түсінбей жаттау– көзді жұмып көлге секірумен бірдей. «Дай хлебті» білмейтін қыз үшін орыс тілі грамматикасы тіптен жұмбақ. «Неміс тілінен» төрттік баға қойыпты, яғни көпшілік оқушылармен бір деңгейде деген сөз ғой.

Келесі жарты жылдықта үлгерер деді ме, қанша жаттаса да ештеңе өндіре алмай жүрген Мансияға пән мұғалімнің жаны  ашыды ма, орыс тілінен қорытынды бағанын орнын ашық қалдырыпты. Бірақ бұл Мансия үшін жұбаныш емес, оның «екілік» екенін жақсы  біледі. Өзінің шама–     шарқын да түсінеді. Әйтіп–бүйткенше жаңа жыл кеші де болып өтті. Олар он екі күндік қысқы каникулға да жеткен еді. Қуаныштары қойнына сыймай, жүректері алып ұшып, үйлеріне  қайтуға асығулы. Тек Мансия көңілсіз. Ата –анасына не айтпақ? Аман–саулығын көздерімен көргеннен кейін: – Ал, балам, оқуың қалай? – деуі айдан анық қой әкесінің. Ата–ана көңілін сақтасам , – деп  кішкентайынан жайсыз хабарды жасырып үйренген Мансия бұл жолы да  орыс тілі мәселесін білдірмеуге ұйғарды. Алдағы жарты жылдыққа үлкен үміт артады. Бәрі де түзеліп кетер «үштікке» жетіп  қалармын, – деп  ойлайды.

Ішіне жолаушылар ылқа толған Жаркент – Талдықорған автобусы жолдағы Алтынемел асуында қарға кептеліп, екі–үш сағатта өзге көліктердің көмегімен асудан зорға асқан. Көк мұз боп қатқан жол табанынан тайып кетсе, жол жиегіндегі қалың қарға тағы да кептелуден қорыққан жүргізуші жүрісін өндіре алмады. Сол жүріспен көз байлана межелі жеріне зорға жетіп тоқтаған. Ертеңгі күнгі автобусқа билет алған қыздар автостанция түбінде орналасқан Дуня апайдың қашасын қақты. Бұл үй иесімен Мансияның ағасы танысып, ары–бері өткенде жамбасақысын төлеп қыздар жатып тұрсын деп, келісіп қойған еді. Қонақүйдің қайда екенін де білмейтін, бұл қалада танысы да туысы да жоқ қыздарға бәрін алдын–ала ойластырған ағасына Мансия дән риза... «Ағасы бардың – жағасы бар» деген осы да деп ойлайды ол.

Облыс орталығынан солтүстік шығысқа қарай созылып жатқан тас жолға түсіп алған «пұшық мұрын», – деп  аталатып шағын автобус жол бойында кездескен елді бекеттердің бәріне тоқтап, жүргіншілерді тезек тергендей–ақ теріп алды. Бұлар Ақсу өзенінен өтіп Мансияның ауылына шығатын жолға дейін жету үшін кем дегенде бір сағат уақыт керек. Қыстың күрмеуге келмейтін қысқа күні сағат алтыларда–ақ қараңғылық құшағына енген.

Үйге жетуге қанша асыққанмен, амалсыздан әркім өз туыстарының үйіне тарады.

Мансия әйапасының үйіне келгенде олар малдарын қоралап болып, бас–аяғы жиылып, кешкі астарын ішкелі жатыр екен. Үлкендер жағалай бетінен сүйіп, кішкене Оралхан белінен қапсыра құшақтап жіберер емес. Мансиядан екі жас кіші Ерік құлағы қалқиып дөңгелек стол басында тапжылмай отыр.

Мансия бұл үйдің ішінде өзіне ең жақын жан – әйапасы екенін жақсы білетін. Ол кісі зекіп, ұрсып сөйлесе де кек көрмейтін, себебі өзіне жаманшылық ойламайтынын сәби жүрегі сезеді.  Ал қазір он төрт жасқа  келіп, оң мен солын айыра  білем, – дер шағында Мансия әйапасына зер сала қарап, шөгіп кеткен бойына, өмірдің қатал да  қатты іздері айғыздаған қуқыл тартқан реңіне мейірлене қарайды. Әйапасы оны бауырына баса бетінен сүйіп екі қолынан қапсыра ұстағанда, қолындағы қауқарсыз бессаусақ қолғапты көріп:

– Екі қолың былай да мұздай, қақаған қаңтар айында киетін киім бе, бұл!  Биттің қабығындай бірдеңе, – деп   зеки жөнелді.

Анадай жерден әлі Мансияға амандасып та үлмерген Ерік:

– Апа, алдымен амандасып алайық та, содан соң ұрсарсың, – деп   ыржияды.

Туыстарын көріп, жылы үйдін ауасынан ба, әлде жақын жандардың ықыласынан ба, екі беті дуылдап, қолы жылып сала берді.

Мансия мен әпкесі шешелерінің осы үйдегі әпкесін «әйапа», – деп  айтатын. Ол сөзді алғаш рет әпкең айтқан, тілі енді шығып келе жатқанда әйей апа (жақсы апа) – дегенге толық тілі келмей «әй апа» деп кетті, – дейтін анасы. Әпкең айтқан сөзді сен де қайталап, әйапа деп кеттіңдер, – деген. Шындығында да ол кісі Мансия үшін әйапа десе, әйапа еді. Әке–шешесі совхоздың малын бағып, қыстауға көшіп, алты ай қыста Мансия оларды зарыға күтіп, сағынғанда осы апасының құшағынан аналық мейірімді сезетін.

Жыртылған жерін жамап, жоқ затын іздеп тауып дегендей, шамасы келген қамқорлығын аямайтын. Әсіресе, төртінші сыныптарда кеш жіберілген қайратты шашы тарап, өріп жатқызуға көнбейтін кезінде–ақ әйапасы оның шашын өзбек  қыздарының ұсақ бұрымшасындай етіп өріп, жіпке тізіп, ретке салып беретін. Бір өрген шашпен үш–төрт күн де жүретін Мансия. Міне, тағы да өзінше дардай студент қызға қамқорлығын танытып тұр. Ата–анаға, үлкендерге бұл Мансия қырық жасында да бала болып көрінерін ол кезде қайдан білсін?!

– Жарайды, қайтқаныңша жылы қолғап тоқып қоямын. Әзірше мына менің қолғабымды киіп кет үйіңе, – дейді әйапасы.

Ертеңіне Мансияның бөле жездесі ат шанасын әзірлеп, нағашы аға мен тәтеме қызыңды  каникулға алып келдім деп өзім апарып салайын,–деді. Әйапасы бұл сөзге өзі онша ұната бермейтін жалғыз күйеу баласына риза болып қалған еді. Мансиялар екі қыз болса, бұл үйдегі әйапасында жалғыз қыз.

Аты – Жаңыл. Сол жалғыз қыз Жаңылдан туған Ерік пен Оралхан.

Кеше түннің бір уағына дейін Оралхан Мансияны айналсоқтап, өзі де  ұйықтамай, бұны да үйықтатпаған...

Мансияның сөмкесін де ақтарып, Төленге деп алған тәттілерден дәм татып, ойыншық машинаны иемденіп те алды. Қолына ұстаған күйі ұйықтап, оянғанда бірден жоқтады. Мансия ойыншықты одан ала алмасын біліп, әйапасына айтып еді:

  • Төлен әлі кішкене ғой, машинамен ойнамайды. Оралханнан алмайақ қой, өкпелеп жылап та қалар, – деді. Мансия жалынып сұрап көріп еді, беретін түрі жоқ. Інісіне деп алған ойыншықтың орнына енді не апарамын деп қиналған Мансияға бөлесі:

– Мына зырылдауықты апар, мыналар бұл ойыншықпен ойнамайды. Ол машинадан да жақсы екен. Қызыл, жасыл, сары жолақты. Төбесінен екі–үш рет басып жіберсең, айғырша арқырап, зыр айналады. Бір уақытта барып, бір жамбасына құлайды.

Араға екі  қонған Мансия ауылының төбесін көргенде жұдырықтай жүрегі дүрсілдеп, аузынан шығып кете жаздады. Дала аппақ қарға көміліп, жұп–жұмыр тұтас дүниеге айналған. Ойы, қыры, дөңесі сайы тегістеліп кеткендей... Ат шана жүретін қос табан жолдан өзге із  түспеген, бейне бір жазу, сызу түспеген ақ қағаздың беті дерсің. Аппақтығы сонша – көп қарай да алмайсың, көзің қарығады. Ат айдап отырған жездесі ыңылдап бір әуенді бастап та кеткен. Мансия өзі оранып жатқан үлкен ішіктен басы ғана көрініп, шана соңында  қалып бара жатқан дала  көрінісін тамашалайды.

Ата–анасы суыққа тоңдырмай Мансияны  алып келген Дукеңе дән риза. Етін асып, шайын қайнатып, бір жартылығын шығарып дегендей, сый–құрметтерін көрсетуде.

Төлен Мансияны ұмытыңқырап қалыпты, жатырқап жоламайды. Төленнің бұл қылығына Мансия түсіне алмай, сағынышын басып бетінен де сүйе алмай:

 – Апа, ол менен  неге қашады? Сендерге неге тығыла береді, – дейді. Анасы: – Қоя тұрсайшы, кішкене көзі үйренсін, содан соң сенен қашып қайда бармақ, – дейді. Ал Төлен болса, апасының ұзын көйлегінің артына тығылып, сығалайды...

Мансияны алып келген қонақты аттандырып жіберген соң әкесі:

– Ал, балам, оқуың қалай, демалысың неше күн? Ана Әминаның қызы да келді ме? – деген  сияқты сұрақтарды жаудырды.

– Оқуым жақсы, он күндік демалысқа келдім, – деді.

  • Жолда екі күн қонған шығарсындар.
  • Ия.
  • Әпке, жездең хат жазып, ақша салып тұрмыз, деп   еді. Соңғы рет қашан хабарласты?  дейді. Олар да сол қазан айында кеткеннен әлі ат  ізін салған жоқ. Үшеуміз елбесіп, селбесіп күн кешудеміз. Мына бала шешеңді шідерлеп тастады. Отын, су, қорақопсы, мал–жай, – дегенің тегіс маған қарап қалды , –  дейді әкесі. Сенің оқуға кетуің, Төленнің келуі бір жылға дөп келіп, аздап  шатқаяқтап қалған жайымыз бар. Бұл қайта  үйренген, қалыпқа түскен кезіміз ғой. Алғашқы айда тіпті қиын болған, дейді екеуі.

Мансияның бір байқағаны, әкесі мен шешесі бұрынғыдан ширай түскен бе, әлде көптен көрмегендіктен бе, бойларында бір серпіліс бары сезіледі.

Төлен оларға бейнет болды–ау, қартайған шақтарында бала бағу оңай ма, – деген күдікті ойының бекерге шыққанын көрген  Мансия да сергіп, күдікті ойдан арылып, қуанып қалды...

Апасының  айтқаны келді, сол күні кешке қарай–ақ Төлен бұдан қашпақ түгіл айналсоқтап қасынан шықпай қойды. Мансия өзі алып келген, бұл ауылда жоқ жеміс–жидектердің кепкен түрлерін, тәттілерді оның ауызына тосып әлек.

Апасы берген ет пен сүт, қаймақ пен нан,  айранға үйренген Төлен Мансияның аузына тықпаштаған тәттілердің бірін жесе, бірін тыжырынып түкіріп тастайды. Мансия іштей қайран қалып, бала қылығын түсіне алмай:

– Апа, ол неге менің  бергенімді жемейді, – дейді өкпелей бұртиып.

– Балам–ау, қоя тұрсайшы, тосын асты қайдан жесін? Екі–үш күн аздап жегізіп үйрет, содан соң қалай жегенін көрерсің әлі, – дейді.

– Ия, саған, үш–төрт күнге дейін бұл тәттілердің өзі де бітіп  қалмай ма, – дейді Мансия.

Мансия келгелі апасы мен екеуінің арасына жататын Төлен де бұған бауыр басып алған. Төлен ұйықтаған сәске кезіңде  әкесіне малдың шөбін салу, суғару, қора–қопсысын тазартуға көмектеседі.

– Баланың істегені көзге көрінбейді, –  деген осы екен ғой, бұрын осы жұмыстарды ол атқарғанда байқамайды екенмін, енді міне, ол келгелі арқамнан ауыр жүк түскендей болды, – деп   қояды әкесі,  кіріп шыққан көрші–қолаңға.

Сонымен каникул күндерінің  қалай өтіп кеткенін де білмей қалды.

– Орыс тілі сабағы туралы тіс жарған жоқ. Оны естісе, ата–анасы мазасы кетіп, уайымдағаннан басқа не істей алады? Одан да барған соң шындықты айтып, апа–жездесіне хат жазып жіберуді ұйғарған.

Бұлар мінген ат шана ауылдан шыға өрге көтерілгенде, Мансия артына бұрылып ауылдын о шеті мен бұ шетіне көз жіберді. Жеті–сегіз күн ауылда болса да үйден аттап шықпағаны ойына оралды. Шыққанда қайда бармақ? Мектепте де каникул. Құрбы–құрдастарының бірі оқуда, бірі жұмыста дегендей. Бәрінен де ауылға деген  ыстық сағынышының ата–анадан кейінгі себепкері –  Нағашыбаевтар әулетінің жиені Сағындық болатын. Олардың бұл жерден көшіп кетуі ауылды бос қалғандай сезімге бөлейді.

Сағындық соңғы бір хатында  өздерінің ауданның батыс жағындағы бір ауылға қоныс аударғанын жазған. Нағашысын қызмет бабымен солай ауыстырыпты.

Мансия Сағындықпен алтыншы сыныпта оқып жүргенде мектепшілік олимпиада кезінде жақын танысқан. Ол бір сынып жоғары – жетінші класта оқитын.

Ауыл үлкендері олардың бұл ауылға  қоныстануы туралы колхоз басқармасы Әшірбектің туған әпкесі мен екі жиенін  1958-шы жылдары Қытай мемлекетінен босқын боп өткен қалың қазақтың арасынан өзі тауып алып,  көшіріп әкелген, –  деп отыратын. Бір мектепте оқыса да Мансия Сағындықты жақын танымайды екен. Сағындықтан  гөрі, өзінен екі сынып төмен оқитын Тоқанды жақсы білетін. Оны жақсы білуінің себебі Мансия сол класта пионер вожатый. Ол жылдарды бұларды төменгі сынып оқушыларына, түрлі кластан тыс жұмыстарды ұйымдастыру үшін класс жетекшесіне көменшілікке тағайындайтын. Бұлар сабақтан соң сол өздері бекітілген төменгі сынып оқушыларына асығушы еді. Олар кіші сынып оқушыларының алдында өздерін салауатты үлкен адам санатында сезінетін. Олар да бұлардың аузыңа қарап, бір жаңалық күтеді. Міне, өзі вожатыйлыққа тағайындалған сыныптағы Тоқан – Мансия жақсы көретін балалардың бірі.

Тегінде, Мансияның жас кезінен бір байқаған жайты: қыздарға қарағанда ер балаларды жақсы көріп, тез тіл табыса алатындығы. Кейін ұстаздық іспен көп жылдар шұғылданған кезінде де ер балалар еркелігін көтеріп, кешіріммен қарайтын. Қыздарға келгенде қаталдығы басым. Сондай ерке қара  домалақ ұл Тоқанның ағасы – Сағындық та жаман бала емес екен. Оларды олимпиада сынағы кезінде қатар отырғызған мұғалім  матиматика пәні бойынша тапсырмаларын үлестіріп берді. Бірі – алтыншы, бірі – жетінші сынып оқу жоспары бойынша дайындалған тапсырманы бір –біріне қарай да  көшіре де алмас деген болулары керек...

Қытайдан оқып келген балалардың есепке аса зерек болатынын сол  жылдарда мектепте  істеген ұстаздар мен оқыған  шәкірттер жақсы білетін. Оның себебі Мансия саралап, ойлаған да емес. Қатар отырған Сағындық өзіне берілген тапсырманы «есепке жүйрікпін» , – деп   ойлайтын Мансиядан апағұрлым тез бітіріп, саған «Көмектесейін бе? – дегендей ыммен белгі берді. Мансия басын  шайқап «Өзім, өзім– ақ шешіп бітіріп қалдым» деген ишарат білдірген...

Осы қатар отырудан соң, сол Сағындық үзіліс сайын себепті–себепсіз Мансия оқитын сыныптың алдына келгіштей беруді шығарды.

Мансияны да бұрын өзі сезбеген бір тылсым күш оның көзіне түсуге итермелеп тұрғандай. Оның жымиып күлгені, бұлар жанынан өткенде міндетті түрде бір–екі ауыз сөз болса да тіл қатып қалуға тырысуы, оларды бір–біріне жақындата түскен. Сөйте–сөйте бұлар бірін–бірі көрмесе тұра алмайтын жағдайға да жеткен. Олар оқитын класс бөлмесі ұзын коридордың тура екі шетінде болса да, олар үзіліс кезінде алыста тұрып–ақ көзбен бір–бірін  тауып алатын. Қыс ортасы кезінде, Сағындықтың жанаса жүріп тіл қатуы хат жазуға ұласты.

Қатар жүріп айта алмаған сөздерін, сезімін ол хат арқылы шебер баяндайтын. Ол хаттардың ішінде «күйдім, сүйдім», – деген сөздер болмаса да Мансияны қатты толқытады. Ендігі жерде Мансия мен Сағындықты бақылап тұрған ешкім болмаса да Мансия  себепті–себепсіз онымен кездесуден, көздерін түйістіруден қашқақтайтын болды. Өз сезімінен өзі ұяла ма, кездессе екі беті дуылдап, өз жүрегінің дүрсілі өзге дыбысты естіртпейтін дәрежеге жеткен. Енді оның көзіне түспеуге тырысады. Ал өзімен өзі жеке отырса, ол ойынан шықпайды. Бұл жасырынған сайын Сағындықтың құштарлығы үдеп бара жатқанын Мансия сезеді.

Сондай күндердің бірінде Мансияның кластасы сабақтан қайтқан қызды қуып жетіп үш бұрыштап бүктелген хатты қолына ұстата салып, қаша жөнелген. Мансия үйге кірместен, қора–қопсының бұрышында тұрып алғашқы хатты оқығаны есінде. Оқып болып, апасынан қорқа, қорқа үйге енген. Өз халінен, алғашқы сезімінен, алған хатынан айыпты адамдай сезініп, жүзін  төмен салып, төргі бөлмеге озган. Бұның салбыраңқы түрін байқаған анасы:

– Немене, бір жерің ауырып тұр ма, әлде жаман баға алып қалдың ба? – дейді.

– Міне, осы хаттан соң Мансия мектепке жердің үстімен барып, астымен қайтқандай күй кешуде. «Мансия мен Сағындық бірін–бірі жақсы көреді» – деп жапан дүние жар салып  тұрғандай...

Бұрынғыдай мектеп ішінде бірін–бірі көзбен іздеу түгілі, сабақтан қайтарда Сағындық оқитын сыныптың ия сабақта болуы, ия  тарап кетуін күтеді.

Екі–үш күн аралатып Сағындық қайта хат жіберген. Бұл жолы Төлеу оны арнайы үйіне іздеп келіп, табыс еткен. Жауап хат алмай, қайтпа, – деп    тапсырыпты.

– Апа, есеп шығара алмаған соң Мансиямен бірге үй тапсырмасын орындап алуға келдім, – деп    үйге де кіріп алды.

Сағындықтың сондағы күткен жауабы, шаңғы тебушілердің үйірмесіне жазылуын өтініпті. Сабақтан соң кездесіп тұрудың ең қолайлы тәсілі осы–ау деп, ойлап тапқаны болу керек.

Сөйтіп, Мансия ауданда өтетін қысқы спорттық жарысқа қатысатын бес қыздың бірі болып шыға келген. Сағындық бастаған бес–алты ер бала да осы дайындықтың үстінде.

Күнделікті сабақтан соң бірер сағат демалып алған балалар ауылдың солтүстігіндегі қара ағаштарға қарай созылған шаңғы жолына түсіп алып, айналып ауылға келгенше қас қараяды. Спорттық жарысқа дайындаушы ағай бұлардың шаршадым, өкпем өшті дегеніне қарамай демалмастан бір сағатқа дейін жүргізеді...

Алғашқы күндері барлық бұлшық  еттері қол тигізбей ауырған Мансия бірте–бірте төселіп те алды. Ендігі жерде ағай бұларды шаңғы жолына түсіріп алдына салып алып, өзі соңында тықсыра жүгіртетінді шығарды. Ақ тер, көк тер болып дайындалған аудандық жарыс та өтетін күн таянды. Аяқтарына шаңғы байлаған он оқушы ағайға ілесіп ауданға бет  алып  жүріп те кеткен.

Сағындық пен Мансия осы топтың ішінде, бірін–бірі күн сайын көріп бірге жүргені болмаса, оңаша сөйлескен де емес. Қатар жүріп сырғанаудың өзі көңілдеріне медеу.

Несін айтасыз, көптен күткен шаңғы жарысы да өтіп, Мансия алтыншы  сынып қыздарының арасында жүлделі үшінші орынға шыққан. Оған мақтау қағазы мен бір кітаптан тұратын сыйлық та табыс етілді. Сол жарыстан алған  мақтау қағазын Мансия немерелеріне көрсетіп, мақтан ететін...

Бұл жеңіс Сағындықтың алдында Мансия бейнесін асқақтата түскендей. Ер балалар арасында жүлделі орынға ілінген ешкім жоқ. Аудан орталығындағы он жылдық орыс мектебінің оқушылары алдына жан  салмайды. Бұл мектептің – Спартак есімді, мұғалімі осы жарыстардың бәрінің ұйымдастырушы, ұйытқысы. Сол Спартак есімді ұстазды бұл аудан түлектері қырық жыл өткенде де ұмытпай айта жүретін.

Сағындық пен Мансия осы дайындық, жарыс кезінде бір–біріне бауыр басып, түсінісіп кеткендей. Енді Мансия одан қашқақтауды, ұялуды қойып, қажет жерінде ақыл–кеңес сұрап, дос–жарандарша қарым–қатынас жасайды.

Келесі оқу жылында жетіжылдықты бітірген Сағындықтар аудан орталығына сегізінші сыныпты жалғастырды, ал Мансиялар болса ауылдағы мектептің ең жоғары сынып оқушылары санатын иемденді.

Кездесу мүмкіндігі сенбі, жексенбі күні ғана болатындықтан, Мансия Сағындықпен ия су ала барғанда өзен жағасында, ия болмаса табындағы сиырдың  алдынан шығатын кезде ғана кездесе алатын... Кей кездерде өрістен қайтқан сиырлардың алдынан бірге шығатын құрбыларынан да қашып шыққандай болушы еді. Сырт көзге түсуден, жеңіл ауыздылардың тіліне  тиек болудан жасқанады.

Ол күндерді Мансия өз жүрегінің дүрсілі мен алып ұшқан балалық бал сезімін бұл махаббат па, жоқ әлде ер бала мен  балауса қыз арасындағы достық–сыйластық сезім бе байыптап саралай алатын жаста емес еді. Бар білетіні, бұл, жүрек дүрсілі осыдан кейін дәл осылай соғып қайталаған емес...

Көріскенше сағынған ата–анасымен қауышып, бір апта Төленмен бірге болып мауқын басқан Мансияның ендігі жолықсам деген адамы – Сағындық.

Бүгін аудандағы әйапасынын үйінде қонатынын ойлап, бәлкім, кездесіп те қалармыз, – деген  үміт оты сәулеленеді... Әкесі аттың басын әйапасының  қашасына әкеліп тірегенде, әкесінің жол қысқарсын деп айтып келе жатқан бала мен Лұқпан Хакім жайындағы әңгімесі де біткен еді.

Ол әңгімені әкесі былай баяндаған: жол үстінде келе жатқан Лұқпан Хакім бір балаға кез болыпты. Екеуі келе жатып жалыққандай болады.

-Жол қысқартар бір әңғіме айтыңызші, - дейді бала.

Сонда Лұқпан Хакім:

-Біреумен кездессең, әуелі атын сұра, - деп үнсіз қалады.

Біраз жүргеннен кейін бала тағы да

-Ата, жол қысқарсын әңгіме айтыңызшы – дейді.

Лұқпан Хакім:

-Егер бір үйге қонып, төріне шыға қалсаң, өзіңнен кейін келген үш кісіге ғана орын бер, - депті. Біршама уақыт өткенде тағы әңгіме айтыңызші, - деп Лұқпан Хакімге  өтініш айтқан балаға:

-Біреу өзіңнен анықтап бір нәрсе сұрамаса,  өз бетіңмен өзгеге  ештеңе  де берме, - депті Лұқпан Хакім.

Кеш болып, жол – жөнекей кездескен бір үйге екеуі қонатын болыпты. Үй иесі сыйлы қонақты танып, төріне шығарып, қазанға ет салдыртыпты. Лұқпан Хакіммен жүздесуге, ұлағатты сөзін тыңдауға көрші-көлең біртіндеп келе бастайды. Бала келгендерге орын бере-бере қалай ығысып есік ауызына барғанын да сезбей қалады.

Бір кезде дастарханға ет келеді. Ет турауға пышақ таппай жалтақтап, отырған адамға бала алтын сапты кездігін ұсынады. Кездікке қызыққан әлгі адам осы кездікті жоғалтып жүр едім, ұрыны таптым, - деп баланы шап беріп ұстап, бір үйге қамап қояды.

Түнде Лұқпан Хакім ретін тауып баламен тілдеседі.

-Мен жолда саған үш ауыз сөз айттым, соның бірін де құлағыңа  ілмедің.

Мен - Лұқпан Хакіммін.

-Қасымда Лұқпан Хакім бар! – дегеніңде сенен құрметті кісі болмайтын еді. Енді қылмыскер болып жаза тартқалы тұрсың.

Ығысы-ығыса есік алдында отырмасаң, сұрамаған адамға кездігіңді ұстатпасаң осы халге түспес едің. Енді менің айтқанымды тыңда: - Сенен сұрақ алғалы шақыртқанда әлгі адамға қарап:

-Шындығында бұл кездік сіздікі ме? -  деп сұра. «Иә» - деп жауап берсе, жағасына жармаса кет, «құныкерім табылды» - де. Әкемді осы кездікпен өлтіріп кеткен, адамды іздеп келе жатыр едім, бұл әкемнің құнің төлесін! – де.

Жол бойы айтқан сөздеріне құлақ аспаған бала басына іс түскенде Лұқпан Хакімнің «айт» дегенін айтып, істе дегенін істейді.

-Құныкерім сенсің!-  деген сөзден шошыған дәукес: - Ой, ойнап алып едім, мә, - деп алтын сапты кездікті балаға қарай лақтырып тастапты... – дейтін. Сол айтпақшы естіген сөзді зердеңе тоқып, соны пайдаңа жаратпасаң айтылған сөзден де тыңдаған құлақтан да не пайда?! – деп тоқтапты Лұқпан Хакім...

Әңгімеден серпілген Мансия:

- Ту, ата, қалай тез жетіп келдік?! – деп шанадан түсті. Әкесі:

- Қар тапталған, ат қиналмай сар желді де отырды. Көбік қар болса, шана табанына жабысып, атқа ауыр болар еді. Қаңтардың сақылдаған сары аязы жолды да сырғи беретін шымыр еткен ғой, – дейді.

Бірер сағат ат шалдырып, әңгіме–дүкенмен дайын тамақты ішкен әкесі ауылға қайтып кетті. Мансия болса, ертеңгі таңғы алты жарымда  облыс орталығына жүретін автобусқа күні бұрын билет алуға асықты. Оның ойында билет алумен бірге, Сағындыққа  жолығып қалам ба деген үміт те бар. Ол биыл – тоғызыншы сыныпта. Осы аудан орталығындағы орта мектепте оқиды. Бұлар каникул алдында жазысқан хаттарында сәті түссе дәл осы күні кездесерміз деп бүгінгі күннің санын көрсеткен еді.

Өткен жылы аудан мен ауыл арасында сан келіп–кетіп жүргенде өзі төқтайтын үйді Сағындыққа  көрсеткен болатын. Егер осында болса, осы үйдің төңірегінде айналсоқтап жүруі мүмкін ғой, – деп ауладан шыға жан–жағына  қарады. Ешкім де байқалмады. Ауыл орталығындағы «автостанция» деген аты ғана бар, келген автобустардың айналып барып, бетін кері бұрып тоқтайтың алаңқайына жақындаған Мансия оң қапталдан бұған қарай жүгіріп келе жатқан Сағындықты көрді. Жүрегі дүрсілдей соғып, қалай амандасып, не айтып, не дерін де білгізбеді. Жақындап қалған Сағындық аяғын жай басып, Мансияға қолын созып:

– Сәлеметсің бе, Мансия! Бір күн тосқаным тура бір жылдай көрінді ғой, – деді.

–Мен кеше кешкісін келгенмін. Бүгінгі күннің мен үшін қандай ұзақ болғанын білсең ғой,..– дейді.

– Ал мен үшін бұл күн тез өтті, - дейді Мансия, амандық–саулықтан соң.

– Мен сендердің ат шаналарыңды өзен үстінен өтіп келе жатқанда–ақ көргенмін, ертеден бері «қасқа жолдан» қара ноқат көріне ме, жоқ па, – деп   қарай- қарай көзім де талды. Ақ қар күн ұзаққа көзімді қарықтырып, қарашы, көзім де қызарып кетті, – дейді ол.

– Немене, бір күн тосамын, – деп    шаршап–шалдығып қалыпсың ғой. Бұл түріңмен төрт жыл тосуға жарайсың ба, әлде жарамайсың ба?! – дейді Мансия қалжыңдап.

Бірге барып жол жүру билетін алған соң, олар кешкісін клубтың алдында кездесуге  уәделесіп, тоқтаған үйді–үйіне тарасты.

Мансияның қуанышында шек жоқ. Кешеден бері ауылынан арнайы келіп, бұны тосып жүруі, тіпті, жол тосып, бұлардың шанасын тосып алуы, тіл қатуға атасынан бата алмауы, бәрі, бәрі Мансияға оның  көңілі баяғыдай, – деп    тұрғандай...

Ауылда болса ғой көшеде қатар да жүре алмас еді, ал бұл жерде бұларды кім танып жатыр? – Сол жағынан ауылдан көшіп  кеткендері де дұрыс болған екен, – деп  ойлайды Мансия.

Киноға кіреміз, – деп  келіскен олар, онда кіруге асығар емес. Айтылмаған сыр көп. Сағындық хат арқылы біліп жүрсе де оның оқуын, жататын жерін,  курстастарын сұрайды.

Ал Мансия болса, бұлардың жаңа қонысын, оқитын сыныбын, оқуының жай–күйін сұрайды. Арасында Тоқан мен Сағындықтың апасының жағдайын да сұрайды. Аяқтарын аттап  басқан сайын сықырлаған сары аяздағы аяқ дыбысынан өзге дүние тына қалғандай. Қатарласа жүрген  екеуі сүттей жарық айлы түнде, аяқтарын үрдіс алып, ұзақ жүрді. Көше бойында екеуінен өзге қыбыр еткен жан жоқ. Анда –санда иттердің марғау тұншыға үрген дауысы ғана естіледі.

Бұлар аз жүрді ме, көп жүрді ме кинодан дабырласа шыққан адамдардың  сөздері мен аяқтарының сықыры естіледі. Біраздан соң ол дыбыстар да алыстап барып, өшіп жатты. Көше бойында тағы да тыныштық орнады.

– Тоңған жоқсың ба? Қолыңды берші көрейін, – дейді Сағындық.

– Жоқ, тоңбақ түгіл, ыстықтап келемін, – дейді Мансия.

– Жарайды, ұстатшы қолыңнан, ешкім жоқ қой көріп қоятын, – дейді ол.

–  Аспандағы айды қайтесің?

– Ту, сенің де ойлап таппайтының жоқ екен. Бір–біріне жақындамасын десе, Алла тағала қыз, ұл етіп несін жаратты бізді? – дейді Сағындық.

– Жүр, қайтайық әйапам кинодан елдің қайтқанын біліп, қайда жүр деп мазасызданады , – дейді Мансия.

– Әйапаң Жаркентте сенің қасыңда  жүрген жоқ қой, қайда бардың, қайда қондың, кіммен қыдырдың, – дегендей деп, қалжыңдаған Сағындық Мансияны өкпелетіп алғанын да байқамады. Осы өкпені сылтау етіп, аяғын жиілете басқан Мансия, әйапасының үйі көрінетін бұрылысқа да жетті. Одан әрі Сағындыққа  баруға болмайды. Апасы я тәтесі бұны тосып далада да жүруі мүмкін.

– Ал сау бол, жақсы жатып жайлы тұр. Ертеңгісін шығарып салмай–ақ қой, барған соң өзім хат жазамын. Тоқанға сәлем айт! – деді Мансия.

– Мақұл. Сен де сау бол! Осы арада қалсам қалайын. Шынында да бүгінгідей сүттей жарық түнді көрген емеспін. Әлде түнде үйден шықпаймын ба?! – деп, аспанға қараған Сағындық. – Мансия, айдың жүзіне қарашы, әр ноқаты сондай анық көрініп тұр , – деді.

Түнгі аспанда толыса дөнгеленген айдың жүзіне қарай берген Мансия өз  бетіне  жақындай түскен Сағындық ерні  мен айдың жүзін көлегейлей жапқан Сағындықтың жүзін көрді. Қапелімде қапсыра құшақтап, бетінен сүйген Сағындықтың ыстық демі тұла бойын тоқ ұрғандай дір еткізіп, ұстап тұрған Сағындықтың қолының демеуі болмаса көзі  қарауытып, басы айналып, құлап түсетін халге жеткізді... Есін әрең жиған қыз үйге қарай жүгіре жөнелген...

Мансияның есінде сол балалық бал сезімнің шырын дәмі көп жылдарға дейін тамсандырып, ұмыта алмастай жағдайда қалып қойған...

Үн–түнсіз үйге кіріп, жатып қалды. Ұйқыға жатты дегені болмаса, көрер таңды көзімен атқызды. Әлде ұйқылы, әлде ояу, әрі–сәрі бір түсініксіз хал.

Ерте оянған әйапасының тықырын естіп, бұл да тұрды. үй–ішімен қоштасып, сөйлегені болмаса, жан–жүрегі, ақыл–есі бейне бір байлаулы адамдай, автобусқа  қалай отырып, оның қалай жүріп кеткенін де сезбеді.

– Япырай, махаббат деген осы ма екен? Естен таңдырып, ақылдан алжастыратын бұл не күш?

– Ей, Алла тағала! Кешіре гөр, бұл күнә болса, – дейді іштей анасының сөзін қайталап. Күбірлеп сөйлеп отырғанын өзі де байқамай.

– Ауырып қалғанбысыз? Жаңа шығарып салуға Сағындық келіп еді ғой, сен жан–жағыңа да қарамай, бірден автобусқа  кіріп кеткенің не? – дейді қасында отырған құрбысы.

Мансия өзін сырға қанша берікпін десе де, оның көзінен Сағындыққа деген сезімін былайғылар жазбай танитын. Сағындық болса, ер балалардың басы қосыла қалған кезде Мансияға деген махаббатын жыр ғып айтатын. Сол себепті де Мансияның ауылдастары бұлардың арасындағы балалық бал махаббаттан хабардар еді...

Педучилище үйінің кіре берісіндегі стол үстінде студенттерге келетін хаттар жататын. Бір курста оқитындар ол хаттардың ата–анадан ба, бауыр–қарындастан ба, әлде кластастан ба оны жазбай танитын. Кейбірі хатты алып келіп. Биле, билемесең бермеймін, білесің бе бұл хат кімнен екенің? Н.С.  – деп қол қойыпты, – дейтін.

Мансия алғашқы махаббатың бас айналдырып, естен тандыратын сыйқырлы күші мен тұла бойыңды, жан жүрегіңді билеп алатын құдыретті күшін өстіп өз басынан кешірді. Сағындық, – деп ұйықтап, Сағындық, – деп оянған күндері де болды. Оқудан қолы қалт еткенде үй–ішіне, Сағындыққа хат жазатын.

Өзімен қатар жатып, қатар жүретін тонның  ішкі бауындай құрбысына бұл сезімін  жыр ғып, айтып та берген.

«Туған ай тураған етпең тең», – демекші екінші жарты жылдықтың қалай бітіп қалғанын да байқамай қалды. Өзі қиналатын орыс тілі сабағын бас алмай оқып, өлдім–талдым дегенде «үштікке» де ілінді. Онда да курс  кураторы мен математика пәнінің мұғалімінің  араласуымен біткен еді.

Жазғы демалыстың бір күні бір күнінен айырмасыз өтіп жатты. Әкесі малдың қысқы жем–шөбін дайындаса, анасы екеуі  үйді әктеп, сыртын сылап, көрпе–жастықты қағып–сілкіп, жаңартып дегендей  кәкір–шүкір жұмыспен айналысады. Кішкентай Төлен мүлдем Мансияның қамқорлығына көшіп алған.

Бұл ауылда ауыз су мәселесі  шешімін таппаған. Ас пісіру, кір жуу, тіпті құрылыс  жұмыстарын жүргізу үшін де ауылдастары суды өзеннің  табанынан тартады.

Мансия екі шелек пен  иінағашты мойына салып күніне екі–үш рет өзеннің табанынан су әкеледі. Өзеннің ауыл  жақ шеті  жылдан–жылға кеміріле құлап, биіктігі үш-бес қабатты үйдің биіктігіндей жарқабаққа айналған..

Өзен табанына түсу үшін бұрын су арнасы жатқан өзекке қиалай түсіп, су аласың да, қабырға жолмен қайта көтерілесің. Мансия жол–жөнекей үш демалып, екі шелек суды үйге кіргізетін. Судың тапшылығынан үйлердің ауласында, көше бойында бірде –бір ағаш өспейтін. Ежелден өсіп тұрған қос қарағаш бұрынғы «Көкжайдақ» ауылының «Қосағаш» аталуына себеп болған еді.

Мансияға әкесі бұл ауылдың алғашқы орны суға жақын өзектің күнгей беткейінде орналасқан еді , – дейтін.

Отыз екінші жылдың ашаршылығынан соң, босқан халық кім қай жерден орын тепсе, сонда орналаса бастаған. Отыз үшінші ит жылы біз де сол алаңқайдың күнгейінен жертөле қазып, орын тепкен болатынбыз. Алғашында бес үйден біріккен артель ұлғая, ұлғая кооперативке айналдық, одан колхоз боп кұрылдық. Енді міне, совхоз деп аталамыз, - дейтін.

Бұл ауылдың аты бірнеше рет ауысты – дейді Мансияның әкесі. Алғашқы “Көкжайдақ” аты кеңес заманының белді тұлғаларына жер, су, ауыл атауларын беру кезінде біздің ауылға “үш қайнаса сорпасы қосылмайтын” С.М.Киров аты берілді.

Кейіннен Хрущевтың асыра сілтеу саясаткерлерін әшкерелеу кезінде, “С.М.Киров” аты алынып тасталынып, ауылдың кіре берісіндегі қос қарағаш құрметіне “Қосағаш” ауылы болып аталынды.

Сол ауылға бүгінде ежелгі артель болып біріккендегі “Көкжайдақ” аты қайта оралып отыр дейді ауылдың көнекөз қариясы.

Ауылдың алғашқы орны өзекке тақау беткейлеу жерді қар қалың түскен бір жылы көктемде су шайып, көп жеркепелер құлап қалды. Осы жағдайдан соң,  заполаттан түйіп салған түймеш үйлерді судан шегіндіріп, қырдағы осы жазыққа сала бастадық, – дейтін.

Мансия бұрын бұл ауылда бірде–бір шиферлі там болмағанын жақсы біледі. Осы кейінгі екі–үш жыл көлемінде мектеп үйі, контор және  басқарма ағайдың үйлері ғана шифермен жабылған болатын.

Сол өзен арнасынан жоғарыда орналасқан ауылға су шығару қияметтің –қияметі еді. Ол жұмыспен соғыстың алдында және соғыс жылдарында  айналыстық, – дейтін әкесі. Ата-анасының сол ерлігін есейе келе Мансия былай деп, жырға да қосқан:

Көкжайдаққа мүше болып көп жылдар,

Арық шауып  гүлдендірген сан қырлар...

Егістік даласына су жеткізу үшін жас демей, кәрі демей, шал демей, бала демей, қатын–қалаш түгел жұмылдыратын, – деп еске алады әкесі. Ер–азаматтар соғысқа аттанған. Емшектегі баласын арқасына таңып алған аналардың соққан кетпенінің күшімен осы  дала алабына су келіп, бітік өскен егінді қуаншылықтан қорғап қалушы еді. Кетпенмен–ақ су жетелеп, соғысқа қап–қап астық та жіберетінбіз, – дейді.

Сол арықтардың көп жері көміліп, қазір кұр сілемдері ғана жатыр. Ауылдың шығыс жағынан он–он бес шақырымдай жерден өтетін «Қожамберлі» өзенінен тартылған бас арық суы ауылдың бау–бақшасына алпысыншы жылдардың соңында ғана келіп жеткен. Онда да ауылдың солтүстік сыртымен өтіп, өзекке құйылатын. Ол бас  арықтан ауыл  көшелеріне су келтіру де оңай–оспақ іс емес еді.

Белорус трактордің артына арық қазатын қосымшасын тіркеп алған тракторист таңның атысы, күннің батысы қара майдан көзі ғана жылтырап еңбектенетін.

Сол су тапшылығынан алпыс-жетпісінші жылдары артезиян құдықтары қазыла бастағанда ғана халықтың көзі ашылды. Бірақ ол құдықтардың да пайдасы мен зияны бірдей болды, қысы–жазы тынбай атқылаған су маңайын саз балшыққа, көлшікке айналдырып, құнарлы жайылымдық жерлерді қамыс пен қоға басқан...

Ежелден  шөп шабатын дала алқабы енді қияқ пен майқоға басқан, борсыған иісті батпақты көлшікке айналған.

– Ата, бұл суды, арық қазып керекті жеріне неге жетелемейді? –  дегенінде әкесі:

– Әй, балам–ай, басшының бірі келіп, бірі кетеді. Сенің даладағы көлшігіңді қайтсын, ол түгіл ауыл ішін реттеумен де көбінің ісі жоқ. Ішеді –жейді екі–үш жыл байып алады да тайып тұрады, – деген...

Ауылының аппақ шаңдақ көшесі, азан–қазан мал өрістен келер сәті, қарасора мен арам шөп басқан үй арасындағы жалғызаяқ жолы бәрі, бәрі Мансия үшін тым ыстық. Ол не бір әсем қала, жасыл–желекті ауылға да өз ауылын айырбастамас еді....

Ауылымнан шығатын соқпақ жолды сағынам,

Елге қарай қайтқанда ескен желді сағынам.

Хош иісі аңқыған даламды да сағынам,

Желбіреген желменен жусан  иісін сағынам, – деп Мансия сол ауылын өз жырына арқау да еткен болатын...

Шіркін, туып–өскен, кіндік қаның тамып, балалық бал дәурен мен жастық шағыңның куәгері туған жерден ыстық не бар дейсің, бұл өмірде?! Туған жер десе, күні бүгінге дейін жүрегі дүрсілдей соғып, қаны басына тебеді.

Жазғы демалыс та аяқталып, олар шұрқырасып табысты. Ол кезде күзгі жұмыстарға оқушылар да студенттер де жұмылдырылатын. Бұл Жаркент өңірінде жүгері өсірудің неше түрлі әдістері мен неше түрлі жүгері сорттары егеліп, қалада жүгері өңдейтін заводтың салынып, Хрущевтың «жүгері–саясаты» қанатын кеңінен жайып тұрған жылдар болатын.

Мансияның курсы Қытай халық республикасы мен араны бөліп ағатын Хоргос өзенінің бойында орналасқан кішігірім совхоздың жүгерісін жинасуға жіберілді. Куратор апайлары староста Тұрсынға бар жауапкершілікті бұйрық бойынша тапсырып, бұларды жолға салған. Тұрсын  – курстағы жеті  ұлдың ең ересегі. Өзін үлкен кісілерше салауатты, байсалды ұстайды. Бұлардан біраз жас  үлкендігі де бар.

Студенттер ауыл шетіндегі клубка орналастырылды. Клуб ішіндегі орындықтарды бір бұрышқа үйіп тастап, оның оң жағына тіз қатар қыздар, сол жағына ұлдар орналасты. Түнде өздерімен ала келген матрастарын тіз қатар жазып салып ұйықтайды, күндіз шиыршықтап жиып кетеді. Бұлар жүгері собығын терумен бірге өз тамағын өздері жасап ішулері де керек екен.

Күніне екі қыз тамақ жасауға кезекшілікке қалады. Кезектесіп тамақ пісірудің тиімсіз екені бірер күнде –ақ байқалды. Тұрсын Әнипа мен Қанипаны тұрақты аспаздыққа тағайндады.

Совхоз көже–қатыққа аппақ қардай майлы ет әкеп тастайтын. Бастапқыда ішіп жеп жүрген қыздар, ол еттің шошқа еті екенің білген күннен бастап, етін жемей көженің сұйығын ішіп жүрді. Тіпті, тітіркеніп құсып, аузы–басына ұшық та шығып ауырып қалғандар да болды.

Бұлардың жай–күйін біле келген уәкілге шошқа етін әкелмесін бізге, – деп шулағандары әлі есінде...

Клубтың сыртқы қабырғасына ақ мата ілініп, аптасына бір рет кино да көрсетілетін. Анда–санда баян ырғағымен би кеші де өтіп тұрады. Мансия өзі билейтін вальс пен фокстротты, тангоны өз құрбыларына үйретіп әлек. Бұл билерді ол өткен оқу жылында училище клубында аптаның сенбі күндері болатын би кештеріне барғыштап жүріп, үйреніп алған еді. Музыка ырғағына еріп, ритм бойынша тербеле қалқып билегенді жаны сүйеді.

Құрбылары оның  қолқалауымен би кешіне баруын барғанмен, билемейді. Сөйте–сөйте Мансия чарлстон, твист билерін де бір кісідей меңгеріп алған...

Байтұрсын ойнаған вальстердің үні түнгі ауаны қақ жарып, бүткіл ауылды мүлгіген тыныштықтан оятқандай болатын.

Сол ауыл сыртынан күркіреп ағатын тау өзені бар. Өзенге жақындасаң сан алуан тау өзенінің жағасында өсетін шөптін жұпар иісі танауыңды жарады. Жалбыздың иісі алыстан бұрқырап мен мұндалап тұратын...

Күзгі еңбек науқаны бітіп, студенттер жиын-терін болып үлгермей-ақ, I семестр емтихан, зачеттары басталып та кететін.

Емтихан дегенде Мансияның қиналатын сабағы баяғыша орыс тілі. Кей сабақтардан ереже жаттайсың, тарихтан көптеген цифраларды жадыңа сақтайсың. Сақтай алмаған жағдайда «шпаргалка» жазасың. Ал математика сабағына көп  дайындықтың  керегі де жоқ. Вариант бойынша берілген есептерді кесікті сағатта жазбаша орындап үлгерсең болғаны. Бұл училищеде жоғарғы арифметика пәні оқытылатын. Соңғы курста ғана алгебра пәні оқытыла басталған. Арифметика пәні бойынша көп жолдармен шығатын шытырман мәселе есептер берілетін. Ондай есептерді шығаруға Мансияның жаны құмар. Мұғалім ағай есептің шартын оқып, түсіндіріп болмай–ақ оның санасында есептің шығару жолдары сайрап тұратын. Келе–келе кейбір сабақтар үстінде күнде қол көтере беруге ыңғайсызданған Мансия үндемей қалса, ол «сен де білмей отырсын ба?» – дегендей бұл отырған жаққа бар денесімен бұрылып, сұрақты көзімен қарайтын. Сөйте–сөйте математика пәні мұғалімі мен Мансияның  арасында үнсіз түсінісу басталған. Ағай бұл жаққа қараса болды, қол көтермей–ақ тұрып, есептің шешу жолдарын баяндап беретін.

Соңғы курста Мансиялар бес қыз бірге пәтер жалдап тұрғандары бар. Ол үйдің  ауласында су құбыры болмағандықтан, көше бойында орналасқан колонкадан су алуға барған қыздар, математика пәнінен беретін ағайға кездеседі. Қыздармен сәлемдескен соң, сөз арасында «Мансия да сендермен бірге тұра ма?» – депті.  Пәтерге жүгіріп жеткен қыздар:

–Ағай сені сұрады. Сен туралы білгісі  келеді. Сен жауап айтқанда ол ылғи төмен, ия қиыс қарап тұрады ғой, өзің де байқаған шығарсың. Әй, тегін емес, бір ойы бар,–деп жата кеп жабысқан болатын.

– Кетіңдерші, қай–қайдағыны айтпай, үлкен кісі емес пе? Жанұясы бар болар, – деген Мансия. Сөйткен ағайы бұлар түскен жылы ғана институтты бітіріп келген жас маман болғанын училищені бітіріп жатқанда білген. Тәйірі, өз сабағын жақсы білетін алғыр шәкіртке деген ілтипаты болар, – деп жорыған Мансия. Алғашқы курстағы орыс тілінен көрген қиыншылығы кезінде де ара түскен осы ағай екенін жақсы біледі. Мансия ұстаздық еткен жылдарда өз сабағын сүйіп оқып, алғырлық танытқан сан оқушыға дәл сол ұстазы сияқты арашашы, керек десең іздеуші, сұраушы да болған. Е, басқа түспей білмейсің, – деген осы да, ағайдың сол қамқорлығын құрбылары басқаша жорығанмен, бұл ұстаздың қамқорлық, адамгершілік қасиеті екенін білген...

Соңғы курста екі айлық практика жұмысы басталар кез де келіп жеткен. Студенттер мүмкіндігінше өз ауылдарында еңбек практикасынан өтуге тырысып бағуда. Бірі алдын–ала шақырту қағазын алдырса, бірі өздері өтініштерін жазып, практикадан жерді–жерінде  өтуге талпынады.

Мансияның апа–жездесі аудан орталығынан 200 шақырым жерде орналасқан жаңа совхозда тұратын. Әлі үлғайып өсе қоймаған шағын ауылға ағасы төрт жылдық бастауыш мектеп те ашқан. Өзі сонда әрі меңгеруші, әрі оқытушы. Осы мектептен еңбек практикасынан өтуге шақыру қағазын да хатқа  салып жіберген болатын.

Ауылға қайтқан Мансия жол–жөнекей облыс орталығына аялдап, шоферлық курста оқып жүрген  Сағындыққа да жолыққан. Мансияның:

– Он жылдықты бітіріп, оқуға түспедің бе, сенен жақсы математик шығар еді ғой, – деген сөзіне:

– Е, өзің мұғалім болатын болған соң,  шофер жігітті қайтпексің. Хат сайын – оқы, оқы, дейтінің мені менсініңкіремей жүр екенсің ғой, – деген.

Шындығында да соңғы жылы бұлардың хат жазысуы сиреп, мерекелік күндерге құттықтау открыткасын жіберумен шектелетін.

Күнде көріп жүрмеген соң көңілден де кете ме, әлде Сағындық туралы: ана қызбен жүрді, мына қызға сөз айтты, – деген суық сөздерден көңілі қалды ма, баяғыша жүрегі де туламайды, кездесуге де асықпайды.

Соңғы жылдары Мансияның бойы тез өсіп, қыздардың ішіндегі ең  сұңғақ бойлысы болып шыға келген. Ал, Сағындық болса, сол қалпында. Қатарласа калса, оның  өзінен аласалау екені анық байқалып–ақ тұр. Енді қатарласа жүруден де ұялады. Жастықтың қағазға жазылмаған,  еш жерде айтылмаған өзінше бір тұжырым, түйсігі Мансияға сен іздеген жан бұл емес! – деп тұрғандай...

Ия, Мансия үшін өзі ойлағандай жігіт табу оңай емес. Ойы тура болса, бойы тура емес. Бойы тура келсе, ойы тура келмейді, – дегендей. Ол үшін ер жігіттің  эталоны – ағасы. Ағасы деп  отырғаным – жездесі. Ол оны жезде деп көрген емес. Ол әпкесіне үйленерде небәрі төртінші сыныпта оқитын Мансияны бала  демей:

– Әпкеңді маған қисаң, саған аға боламын. Оқытамын. Әке–шешеңе сүйеу боламын, – деп онымен үлкен  адамша сөйлескен. Сол уәдесінде тұрып келеді. Мансия әпке –жездесінің бұл өмірде барлығына шүкіршілік келтіреді. Олар болмаса  қартайған әке–шешесі мен кішкентай Төленге, әлі оқуын да аяқтай алмаған бұған кім қамқор болмақ?!...

Одан өзге ағасының шоқтығы биік ақындығы тағы бар. Ағасы мен әпкесі, қатар жүрсе, әпкесінің айдай сұлулығы, ағасының кербез жігіттігі әлемді тамсандырар үйлесім тапқандай...

Мансия олар барда ешкімді көзіне де ілмейді. Ағасымен салыстыруға бұл өңірде бір де бір жан тең келмесін де біледі. Соны ойлаған сәттерде жігіт–мігіт мәселесін жылы жауып қойып, кәрі ата–анасы мен  інісіне бар қуатын сарқа жұмсауды да ойлайтын сәттері бар.

Ағасы қызметтес Асылханға балдызы Мансияны аудан орталығынан тосып алып, өзімен бірге ала келуді  тапсырыпты. Тосып алған Асылханның айтуына қарағанда, ол ағасын қатты сыйлайды. Сол жерде мұғалім болып орналасуына да тікелей ағай араласқан, – деп ағынан жарылды. Өзім Алматыдағы мұғалімдер даярлайтын институтта сырттай оқимын, осы келе жатқаным қысқы сессиядан қайтқан бетім, – дейді.

Жұқалтаң келген, ұзын бойлы, арық сары жігіт. Көзі көкшіл ме, жасыл ма бір қарағанда ажыратып болмайсың. Ине жіптен жаңа  шыққандай қара пальтосы мен қара баскиімі ақсары жігітке жарасып–ақ тұр.

Мансияның әйапасының үйіне ертелете келіп, сағат онда станцияға жүретін  грузотаксимен кететіндерін айтты. Жұтынып тұрған жігітті көріп, әйапасынын қызы – Жаңыл:

– Әй, мынауың иненің көзінен өткендей  жылпылдап тұр екен, байқа, – деген. Мансия ағасы тапсырған адамнан еш  қауіптенбейді.

– Қайдағыны айтпашы, тәте! Сенімсіз жан болса бұл кісіге мені тапсырмас еді ғой, – дейді.

– Дегенмен, сақ бол! Сендер бүгін станцияда қонасындар. Одан әрі жол түссе, көлік қатынасы болса жақсы. Үш күн толассыз жауған қар кеше тоқтады емес пе?! Қыс іші жүргінші, жолаушы да көп емес. Араға бір қонып жете алсаңдар жақсы, екі–үш күн де қонып қалуларың мүмкін, – деген.

–  Мүмкіндігінше жылы киін, – дейді Асылхан. Мінетін көлігіміз жылы автобус емес, брезентпен жабылған жүк машинасы. Келе жатқанда аяғымды үсітіп ала жаздағанмын. Міне, осы жолы пима киіп алдым, – деп аяғындағы ақ пиманы нұсқады. Мансияның аяғында да кеше ғана сатып  киген қара пима. Басында апасының ақ түбіт шәлісі.

Үйдегілермен сыпайы қоштасқан Асылхан Мансияның қолжүгін көтеріп, оқыған жігіт салтымен алдымен Мансияға жол беріп, қашадан шықты. Қатарласа жүрген қыз–жігіттің  көңіл–күйі көтеріңді. Кешегі толассыз жауып тоқтаған қардан соң, аспан шайдай ашық. Көк те, жер де аппақ тазалық құшаңына бөленген.

Алдымызда сөйлесіп, жөн сұрасар уақыт кең ғой, – дегендей бұлар бір–біріне ештеңе  сұраспады. Асылхан бәйек болып, сыпайы сөйлеп, алды–артын орап, орынды–орынсыз қызға мақтау айтып, күлдіріп, жүргелі  тұрған көлікке келіп отырысты.

Мансия жігіттің өзіне қалай да ұнап қалуға тырысып тұрғанын сезеді.

Отырған көліктері кәдімгі шөп, мал таситын жүк машинасы. Екі жағына адам отыратын орындық шегелеп, отырған адамнын төбесі тимейтіндей етіп, брезент жапқан.

Ойлы–қырлы жолға доңғалағы тиген сайын отырған адамдар қоғаша жапырылып, допша ұшады. Қатар отырған Асылхан Мансиядан, Мансия Асылханнан ұстанбаса басқа қолға ілігер ештеңе жоқ. Бұлар мінген көлік осы  секіріспен бір елді мекенге келіп тоқтады–ау! Мансия шешіліп кеткен шәлісін қобыраған шашын ретке келтірді.

Машинадан түсіп кеткен Асылхан қайта келіп, кабинаға отыруын өтінді. Кабинада отырған апай осы жерде түседі екен. Мансия пальтосын шешіп алдына бүктеп алды да  шәлісін иығына жамылды. Кабина ішінің жылылығы білініп тұр.

Ауылдан шыға көлік қайта тоқтап, Асылхан екінші адам болып, кабинаға отырды. Жүргізуші екеуі алдын–ала  келіскен болуы керек. Өзі–ертеңгісін кездескен сәттегіден батылдау. Сөзімен де ісімен де Мансияны өзіне балап,  жүргізушімен жарқылдай сөйлеседі. Кабина іші тар. Қысыла, қымтырыла келе жатыр. Қысылғанда қайда барасың? Тоңып төбеде отырғанша, тар болса да жылы жерде отырғаның артық қой.  Жүргізуші мен Асылханның кезек–кезек айтқан әңгіме–дүкендерін тыңдай–тыңдай Мансия  жалығайын деді. Ыстық жер маужыратып, қалғып та кетті. Соны байқаған  жүргізуші, бәле, ұйқашар жасалық, – деп  бір халық әнін бастап та кеткен. Дауысы жұмсақ, қоңыр дауыс екен,  нақышына, мәнеріне келтіріп айтады, нағыз әншілерден кем емес. Оны  Асылхан да жалғастырып екі ауыз өлең айтты. Бұның да дауысы бар екен. Сөйтіп, амалдап, қас қарая межелі жерлеріне жеткен.

– Бұл жерде қонатын қонақ үй жоқ. Темір жолмен әкелген ағаш, көмір т.б. жүктерді түсіріп, сақтайтын «перевалочная база» дейтін орын бар. Ары өткен, бері өткенде кете алмасақ сонда барып түнейміз, – деп түсіндірген Асылхан, сыртын биік  дуалмен қоршаған, аумағы ат шаптырым қора ішіндегі үйге әкелді.

Үй иелері Мансияның әпке–жездесін жақсы танып, сыйласатын адамдар екен. Бұларды жік–жапар болып күтуде.

–Жол түссе, ол ауылдан көмір алатын машина келмек, соның кабинасына  отырып кетерсіңдер.

Ертең келмесе де бүрсігіні келіп қалар, – дейді базаның әрі бастығы, әрі күзетшісі.

Екі күн жол бойында жіпсіз байланған жолаушылар бір–біріне үйрене бастаған. Мансия өзіне құрақ ұшып қамқорлыққа алған Асылханның қылығын ұнауға  тырысып тыраштанғаны ма, әлде өзінің жаратылысы ма біле алмады. Аса сыпайы, сырбаз кей қылығы бұның ағасына да ұқсайды. Мансия:

– Маған ұнау үшін сол кісінің қимыл–әрекетін салып тұр ма, – деп те қалады.

Несін айтасыз, көлік тосып жатқан екі күнде бұлар бір–бірін әжептәуір білетін қалге жетті.

Станция клубына киноға да барды. Күндіз асханадан тамақтанып, магазин де аралады. Темір жол бойындағы бекетте тұрып, келіп–кетіп жатқан темір тұлпарларды  тамашалады.

Алыстан келе жатқан поезд доңғалағаның  ырғақты дыбысы, жақындағанда пар шығарып айқалауы – темір жолсыз ауылда өскен Мансия үшін бәрі – таңсық.

Мансияның ауылының тыныс–тіршілігінен мүлде бөлек. Дамылсыз ерсілі –қарсылы жүріп жатқан поезд бен деподан шыққан сан түрлі темірдің шыңылдай соғылған үні құлағыңды тұндырады. Ауданнан шыққандарына төртінші  күн дегенде Мансия әпке –жездесінің үйіне жетіп жығылды–ау. Мансияны үйге кіргізіп, қарсы алған әпке–жездесімен амандасқан Асылхан жол бойғы ашық–жарқындығынан айрылып, Мансияға «сау болыңыз!» – деп те айта алмай, үйден шыға берген.

Жездесінің жіті көзі Асылханға балдызының ұнап қалғанын жалт етіп бір қарағанда–ақ түсінген. Қабағын қиғаштай түйіп; әйтеуір, сөкет ештеңе болған жоқ па? – дегендей Мансияға да сұраулы суық көзін қадады.

Ағасы Балхаш көліне тақау осы бір адам аяғы сирек басатын, аудан орталығы мен елді бекеттерден аулақ өңірді өзіне  мекен етіп  әдейі таңдап алған. Оған ауданда немесе соған жақын совхоздардан да бір кісілік орын табылар еді, бірақ оның осы өлкеге аңсары ауады да тұрады. Әлі игеріле қоймаған өлкенің табиғаты қаз қалпында.

Шағыл - шағыл құмы. Көктемгі қар суынан жиналатын үлкенді–кішілі көлі, көл жағалай қонған үйрек–қазы. Жетісудың жеті өзенінің Балхашқа жетіп жығылған кей сағасындағы  тайдай тулаған балығы, тағысын тағы санай берсең сөз де жетпейтін артықшылығы бар.

Желмен майыса желбіреген жидесі, шағыл басына шығып алып, мен мұндалап тұратын сексеуіл мен тораңғысы өзінше ерек, өзге жерге ұқсамайды. Шоқ – шоқ бұта болып өсетін, ішіне адам түгіл мал да кіре алмайтын шеңгелдің өзі де көктемде  гүл шашқан кезінде аса сұлулықпен көз тартады. Құмда өсетін алуан түрлі қыр  шөбінің ірілі–ұсақты гүл ашуы сәтінде шағыл мен шағыл арасы күлтеленіп, бейне бір масаты кілем төсеп тастағандай құлпырады. Бұл өлке табиғатына Мансия да алғаш көрген сәтінен тәнті болған.

Ағасы келіп мекендеген жылдары бұл жерде совхоз орнай қоймаған, тек қысқы қыстау ретінде малшылардың штаб орталығы болған. Қыс қыстап шыққан малшылар қар ери өз ауылдары маңына көшетін.  Штабты  тұрғылықты мекендейтін адамдар өзді–өз қарекетімен шұғылданады. Бұл жердің қысы да ерекше...

Неше күн толассыз жауып, соңы  боранға ұласып барып тоқтайтын ақша қардан дала ақ күміс көрпеге оранады. Жаңа жауып ашылған қардан кейінгі қонсонарда қоян мен түлкінің ізі жыртылып айрылады. Қандай селсоқ, ұстамды адам болсаң да делебең қозып:

– Әне! Анда кетті.

– Мында! Жолды кесіп өтті! – деп қоян мен қырғауылды қолмен–ақ ұстардай боласың...

Шағын ғана ауыл тұрғындары балаларын осы штабтан отыз шақырымдай жерде орналасқан көрші ауданның мектептерінде оқытатын. Алпысыншы жылдардағы партияның мал басын көбейту, әсіресе, қой шаруашылығын өркендету саясаты тұсында бұл жерде қой совхозы құрылған. Былтыр ғана совхоз атауын алған ауылға Мансияның жездесінің тікелей араласуымен шағын комплекті бастауыш мектеп ашылған. Сол мектепте ол әрі меңгеруші, әрі  мұғалім, әрі шаруашылығын реттеуші. Биылғы оқу жылында Асылханды бұйрықтан өткізіп, екі сыныптың бірінің мұғалімі етіп алған, бірін өзі оқытады.

Осы келісінде Мансия сол  бастауыш мектепте практикадан өтпек.

Жездесі бұларды мектепке шегеледі де «жол жөнекейгі таныстықтарын ары қарай шыңдай түссін», – дегендей мектеп табылдырығын  аттамай қойды. Ертеңісін 1-3 – сынып, түс ауа 2-4– сынып бірге оқитын екі бөлмелі мектеп үйі мектептен гөрі, екі ауызды пәтерге ұқсайды. Ауызғы бөлмеден от жағылады, төргі бөлмеде оқушылар оқиды. Маңдайшасына қағылған «Ауылдық бастауыш мектеп» – деген тақтайшадағы жазуды оқымасаң, мектеп деп ойламайсың.

Мансияның еңбек практикасы басталып та кетті. Ол ертеңгісін үш сабақ, түс ауа үш сабақ оқытады. Екі сыныптың да еңбек, сурет, дене–шынықтыру, ән сабақтарын Асылханның өзі жүргізеді.

Мансияның еншісіне ана тілі, орыс тілі, математика, табиғат тану пәндерін жүргізу тиген.

Қатар бойынша бөлініп отырған екі сынып  оқушыларына сабақ  жүргізу әрі қызық, әрі қиын. Біріне ана тілі болып жатса, екіншісінде математика болады. Тақта біреу болғандықтан жазбаша сабақпен ауызша сабақ парластырып қойылған. Біріне тапсырма беріп қоясың да, екіншісіне сабақ түсіндіресің.

Ал Асылхан болса, кластағы ең соңғы партаға отырып алып, практикант күнделігін  толтырудан бас алмайды. Оның Мансияны бақыламай өзімен–өзі  жазумен шұғылдануы бұған қолайлы. Бедірейіп қарап отырса, сасып–салбырап, кейде сөзінен шатасып та қалады.

Мансия келген күнгі ағасының шытынаған қабақ түюінен кейін, Асылханның бетіне қарауды да қойған. Асылхан да өзінің Мансия  алдында тыраштана көзге түсуін тоқтатқан...

Практиканың жарым–жартысы біткен кезде, жездесі станциядағы партия кабинетіне меңгеруші болып тағайындалып, көшетін болды, ал Мансия еңбек практикасын аяқтауға тиісті.

Әпкесі мен ағасы оны өздері жақсы араласатын шал мен кемпірдің үйіне қалтырды. Мансияның естуі бойынша олардың өзінен туған бала жоқ. Асырап алған – Болат деген ұлы болған екен. Ол әлде әскерде, әлде оқуда, әйтеуір бес бөлмелі үйде олар жеке тұрады. Сол жылдарда оған шал–кемпір болып көрінетін сол жандар, елу, елу бес жас мөлшерінді ғана екенін Мансия кейін білген болатын.

Бұл ауылда ары қарай қалғысы келмеген Мансияға  әпкесі:

– Өзіңе–өзің мықты болсаң, Асылхан саған не істейді?

Ағаңа айтам: ескертіп кет, – деп  деген. Ағасы аттанып бара жатып Асылханға:

– Жігітшілік жасап жүрме, өз қарындасыңдай көріп, көзіңнің қарашығындай сақта, анау–мынау болса, жауабын сенен сұраймын, – деген болатын.

Асылханның ағасының сөзін жықпайтынына Мансия кәміл сенеді...

Бір  жолы көрші ауылға тойға кеткен үй иелері екі қонып, үшінші қонаға әзер қайтқан. Екі ауыл арасындағы жол түспей, еш қатынас болмай қалған. Бұл өлкеде қар жауып, боран  болған кезде адамдар жолға  шығудан сақтанатын. Төбе –төбеден ұйтқып, гүлдей соққан жел жол сілемін жауған қармен жауып, бітеп тастайтын. Бірінен–бірі туғандай шағыл мен  төбешік арасында қандай жершіл болсаң да адасып кетуің ғажап емес. Кейінгі бір жылдары осы жерде он, он бес жылдай тұрған Мансияның әкесінің танысы бір отар жекеменшік қойы мен жылқысын айдап жолға шығады, облыс маңына қоныс аудармақ болып. Сол шыққан бойда қыс емес, жаздың құмды борынына тап болып, ізім–қайым жоғалып кеткен болатын...

Іздеушілер тік ұшақ алдырып, сол маңдағы әскери техниканы жауып, сабыла іздегенде үш айдың ар жақ, бер жағында ертоқымын жастанып жатқан әлгі адамның сүйегін тапқан. Мал із–түзсіз жоғалып кеткен дейтін. Адасқан адам мүлде сырт үстіртке шығып кетіпті десетін үлкендер.

Үй иелері қайта оралғанша, бес бөлмелі үйде табаны күректей үш күн жеке қалған қыз бен жігіт бірі тамақ пісіріп, бірі малға қарап, үй иелері келгенше үй–жайға ие болған.

Асылханның өзіне тесіле қараған көгілдір көздерін теріс қарап үй жұмысымен айналысып жүрген Мансия сезеді, сезсе де сезбегендей болып, көрсе де көрмегендей мән бермейді.

Мансия жататын қонақ бөлмеде диван кровать қойылған, жазу столы мен орындық бір бұрыштан орын тепкен. Стол үстіндегі шамды еңкейте бұқтырып қойған қыз, екі түн бойы оны өшірген жоқ. Бұлар түннің бір уағына дейін бірі сабақ жоспарын жазса, бірі практикант күнделігін толтырады.

Жеке қалған күндері: Шәміл апай мен ағай жоқ, қорқасың, – деген желеумен Асылхан осы  үйде болған...

Мерзімді уақыты бітіп, практикадан қайтарда әпкесіне соғып, бірер күн қонып аттанған Мансиядан әпкесі Асылхан туралы сыр  суыртпақтаған еді. Ол екі күн өзінің жігітпен оңаша қалғанын айтып, оны қатты шошытқан болатын. Әпкесі:

– Құдай бір сақтаған екен. Мүмкін ағаңнан жасқанған шығар. Ендігәрі жігітпен оңаша қалушы болма. Кейбір еркек өзін–өзі ұстай да алмай кетеді. Еркектің ештеңесі кетпейді, сорлап қалатын қыз бейбақ қой. Бірдеңеге ұрынып қалсаң, әке–шешеміз енді сенің уайым–қайғыңды көтере де алмас, – деген.

Ол сәтте әпкесінің бұл шошынуын қаперіне де ілмеген Мансия кейінде кей жігіттердің тағатсыз, қандары басына теуіп, не жасап, не қойғанын да білмей кететін сәттерін басынан кешкенде ғана Асылханның ұстамдылығын ерлікке балаған...

Төртінші курстың соңғы күндері. Енді мемлекеттік емтиханға қауырт дайындық басталар кез де таяп қалған.

– Сені бір жігіт шақырып тұр, – дегенге сыртқа жүгіре шыққан Мансия алдында тұрған Асылханды көрді. Қапелімде не айтарын да білмей:

– Сәлеметсіз бе? Неғып жүрсіз? – деген.

– Әдейі сені іздеп келдім. Хат жазуға  батылым жетпеді. Хат–хабар алысып тұру үшін, алдымен түсінісу, рұқсат алу керек қой, – деген.

Қалада екі күн болып,  әпке–жездесінен хабар айтып, практика күндерін еске алғаннан асып, ештеңе де айта алмаған. Осы жолы Асылхан Мансияға көгілдір түсті матадан тігілген қымбат жібек кофта мен әтір судан тұратын сыйлық та әкелген болатын.

Бұл сыйлыққа қыздың іші жылып сала берген. Ол Сағындықтың мерекелік күндерге жіберген құттықтау хатынан өзге бұрын–соңғы жігіттен сыйлық алып көрмеген еді.

– Бұл кім? Бізге ештеңе айтпап едің ғой. Сағындық емес, суретіне ұқсамайды, – деп ентелеген  құрбыларына:

– Таныс адам ғой, осы жаққа бір жұмыспен келіпті, – дей салған.

Шығарып салып тұрған Мансияға:

– Хат жазысып тұрайық, сәті түссе тағы да кездесерміз, – деген Асылхан.

Ол кеткен соң Мансияның байқағаны: алғашқы кездесуден кейін оны бір де бір рет ойға да алмапты. Бүгін шығарып салысымен тағы да ұмытты.

Құрбысы екеуі Сарыбелге емтиханға дайындаламыз, – деп жолға шықты.

– Келген жігіт кім? – деп қайталап сұраған құрбысына:

– Жай, әншейін, таныс қой, – деген. Құрбысы ренжіп:- осы біз доспыз ба, әлде жай бірге жүрген адамбыз ба? Сен көп сырыңды айтпайсың. Жай әншейін адам саған қымбат сыйлық әкелмейді ғой, - деді.

Достық-ұғымы Мансия үшін өте ауқымды. Жас кезіңде мен анаумен доспын, мынаумен доспын – деп айта бересің. Ал ұлғайған кезде досың бар ма? – деген сұраққа ойланып, жан-жағыңа қарап: -Япырау, осы менде шын адал дос бар ма? – деп өзге түгіл, өзіңе де сұрақ қоясың.

Кімдер дос бола алады? Оның ойынша бір-біріне кіна тақпай, өкпе-араздықтың отын жақпай, сенің бойыңдағы жетістік пен кемшілікті, бар болмысыңды сол қалпында қабылдай алатын адамдар ғана дос бола алады ғой деп ойлайды...

Көп жандар бір-бірінің үйіне барып, қонақ болып қайтса, дос бола қалады.

Дос мүлде олай емес. Өсе келе Мансияның түсінігі бойынша дос дегенің жан дүниесін, ішкі сезімін, қуаныш-ренжішін бөлісе алатын сенімді адам. Көп жандар мені шын түсінетін, бар кемшілік қателігімді кешіретін менің қасымдағы серігім деп мойындап кеткен ғой... Ұлы орыс жазушысы Л.Толстой жан дүниесі, ішкі әлемі бір-біріне мүлде ұқсамайтын адамдар да бір шаңырақ астында өмір сүреді, тіл табысып кетеді, сонда оларды бір-біріне «қас» адам деп айта алмайсың. Олар да бір-біріне қамқор, жыласа жұбатады, қуанса бірге қуанады. Тағдырдың небір бораны мен дауылына бірге қарсы тұрады. Міне сондай жандарды нағыз дос адамдар дей аласын, - деген.

Әйтседе достықты әр адам әртүрлі түсінеді. Достық пен жолдастық арасы да тым алшақ емес. Ұзақ уақыт жолдастықтың жолында болғандар айырылмас дос болып кеткендерін өздері де байқамай қалады... Достық туралы оқушылармен өткізген пікірталастан соң Мансия мынандай өлең жолдарын түзген болатын:

Жас кезде бәрі де тамаша,

Достық та жастықтың жемісі.

Өскен соң адамдар тәкәппар,

Бас изеп өтеді көбісі...

Арада өткен көп жылдар да оларды бір-бірінен бөле алмайды. Көңілдері суып, салқын тартпайды кездескенде шұрқырасып табысады.

Тіршілік қамымен теріп жеп нәсіпті,

Кей сәтте бір-бірін жолдарып кесіпті.

Тағы да екеуін көрген жұрт,

“Шын достық осы ғой”, десепті – деп жазған еді...

- Иә, адал дос, айнымас серік жанынан табылған жандар “мен бақытымын” – деп жар сала алары сөзсіз. Топ ішінде жүріп те жалғыздықтың зардабын тартатындар қаншама!

Сондықтан да атамыз қазақ

“Досы көппен сыйлас,     

  Досы жоқпен сырлас”

деп кеткен ғой. Жалғызсырап жүрген адаммен сырласып, сөйлесіп тілге келісу - оның жапа шегіп жүрген жалғыздығынан бір сәтке болса да серпілтері сөзсіз...

Мемлекеттік емтиханның бәрін «өте жақсыға» тапсырған Мансияға ары қарай оқуға жолдама  ұсынды. Ол кезде училищені бітірушілер үш жыл  жұмыс істемей, оқуға түсем дегенмен, құжаттарын қабылдамайтын заң болған. Сондықтан иә жолдама алып институтқа түсу керек, ия ауылға қайтып, үш жыл жұмыс істеуі қажет.

Мансияның есіл–дерті ауылға қайту. Кәрі әке–шешесіне, кішкентай Төленге қамқоршы болу. Қазақи ұғыммен айтқанда: соларды – асырау. Үш жыл жұмыс істеп барып та оқуға болады ғой. Сол дұрыс болар, – деген  шешімге келген...

 

III бөлім

 

Білім нәрімен сусындаған төрт жыл да артта қалып, Мансия бастауыш сыныптар мұғалімдігі мамандығын игеріп шықты. Оқу бітірушілер кешіне ағасы мен әпкесі арнайы келіп қатысқан. Бітірушілерді құттықтап сөз сөйлегендердің ішінде ағасы да бар.

«Жолың болсын, жас ұлан», - деп басталатын өлеңін трибунадан мәнерлей оқып, Мансияның мәртебесін бір көтеріп тастаған. Кеудесін бір шаттық кернеген Мансия өзін өзгеден асқақ сезінеді. Өйтпеске ше, осы жерде өзінен өзге тағы кімнің ақын ағасы бар. Ешкімнің де. Ойын өлеңмен жеткізбек түгіл, қара сөздің басын құрап дұрыс сөйлей алатындар да шамалы. Жол-жөнекей аудандық оқу бөліміне соғып, өз ауылығындағы сегізжылдық мектепке бұйрық та алып үлгерді. Ата-ана қуанышында шек жоқ. – Қызымыз мұғалімдік оқуды бітіріп келді, - деп, қойын сойып ағайын-туыс, көрші-көлеңге тойын да жасап берді. Жаздың жарқыраған шуағы бітіп, қыркүйектің сарыала күзі де келіп жеткен. Күзбен бірге Мансияның еңбек жолы да басталды. Сынып табалдырығын жүрексіне аттаған қыз өзіне телміре қарап отырған отыз балаға көз тоқтатқан алғашқы сәтте үйден неше қайта дайындап келген сөзін де ұмытқан...

Мансия алдында отырған бүлдіршіндердің оқуы, тәртібі, мінез-құлқы, мектептегі іс-әрекетіне түгел жауап беретінін ойлағанда әлде қорқыныш, әлде қуаныштан ба бір қобалжу, жүрексіну пайда болды...

- Тәтей, мен сізді білемін, «жақсы апамның» үйіне шешеммен бірге барғанымда, қызы ауылға мұғалім болып келді, - деп айтқан дейді соңғы қатардағы қара бала.

- Апай, біз сіздермен көрші тұрамыз. Менің әкем үлкен трактор айдайды, - дейді сары бала.

- Балалар! Мені «тәтей, апай» демей, мұғалім деңдер, - дейді Мансия. Қайдағы, тәтей, апай! Аузына айтар сөзі түспей, сасып – салбырап тұрған өзін тәтей де апай да болып жарытпаспын деп ойлайды ол.

Үшінші сыныпқа көшкен осы сыныптың мұғалімі декреттік демалыста екен. Мансияны мұғалім етіп тағайындаған директор: Бірден бірінші сыныпты оқыту қиын болар, оқи-жаза білетін оқушылармен жұмыс жасап үйренесің, - деген. Мұғалімдік мамандықты саналы түрде таңдаған Мансия білек сыбанып еңбекке араласып та кетті.

Жаңа оқушы, жаңа сынып жүздескендегі сол жүрек толқуы жиырма, отыз жылдан кейін де сол қалпында қайталанып тұратын...

Жанұясынан жырақта жеке жүрген төрт жыл ішінде өзіне жақын жандардың тұрмыс-тіршілігінен бейхабар Мансия ағасының беймаза мінез-құлқын, әпкесінің жиі күрсінісін аңғарған сайын олардың өзі ойлағандай шат-шадыман бақытты өмір кешіп жатпағанын түсінеді.

Олардың екеуінен туған үш баласынан өзге ағасының бұрынғы әйелінен туған үлкен ұлы да осы үйде. Әке-шешесі жарғақ құлақтары жастыққа тимей, өздері үшін емес, сол балалар үшін тер төгетін.  Бір үйлі жанға бір сиырдың сүті мен ай сайын соятын қой еті жұмырларына жұқ та болмайды.

Бұл  екеуінің дардай мұғалім деген аты болмаса, алатын жалақысы отыз сомның айналасы. Бұған қарағанда әке-шешесінің зейнетақысы елу-алпыс сомға жетіп жығылады. Үлкендердің тіршілік-қаракетімен бағылып жатқан оншақты саулық жыл сайынғы  төлімен көбейіп, бұлар ет мәселесіне қиналмайтын. Оған бір сиырдың сүті мен боз биенің қымызын қосқанда сол үлкендердің арқасында ауыздары аққа тиетін.

Е, деп ойлайды Мансия екі-үш айлық жалақыны алып көргеннен соң, мұғалім деген нағыз қара сирақ кедейдің өзі екен ғой.

Бұлармен салыстырғанды көрші тұратын тракторист Тәкеннің әл-ауқаты әлдеқайда артық. Ол қысқы жем-шөп, отын-суын да қиналмай түсіріп алады. Бір қора жанды бір өзі асырап отыр.Оның әке-шешесі Мансияның ата-анасындай малға қарап әуреленбейді де. Тәкен әйелі екеуі-ақ бәрін тындыратын.

Әпкесінің күрсінісін осы ата-анаға түсірген ауыртпашылығына балаған Мансия ағасының мінез-құлқындағы небір шалт мінезді түсінбей-ақ қойды.

Ағасының көңіл-күйі бұзылған сәттерден байқағаны: ол ұйықтай алмай азап шегіп, жан алпарысын басынан кешетін. Ұйқысыз өткізген түннен соң, сіркесі су көтермей, күні бойы ашуланып жүретін. Кейде түнімен түрегеп жүріп таң ата көзі ілінетін. Сондай күндерде Мансияның анасы үй сыртында «ку-ка-ре-кулеп» жүрген әтешті де үйді айналдыра қуып, алысқа айдап тастайтыны есінде.

- Сорлы бейбақтың түнімен алпарысып көзі жаңа ғана ілініп еді, мына басың кесілгірдің дәл терезе  түбіне келіп шақырмасы бар ма?! – дейді.

Мансия ақындардың өмірдегі ірілі-ұсақ кикілжің, реніш, ауыртпашылықты өз жүрегінен өткізіп, тіпті қуаныштың өзі олардың жүйкесіне салмақ түсіретінін, көбі жүйке ауруының небір түрлерімен қасірет шегетінін Қ. Мырза Әлінің «Жазмышын» оқығанда түсінді.

Мұндай мазасыз жанмен өмір сүру-күнде тозақ отына  түсумен  бірдей, көп әйелдер төзе алмай ажырасып, бөлек кетіп жататыны содан да болар деп ойлаған.

Жездесінің қанша уақыт елінен тиянақты жұмыс ала-алмай, биыл ғана жұмысқа ілінуі, әпкесіне қосылған жылдағы алдырған партиялық билетін қайта алуымен байланысты екенін ол кезде Мансия білмейтін. Кеңестік дәуірдегі партияның пәрменділігі сондай – партиялық билеттен айрылған адам бар абырой атақтан, жұмыстан, дос-жараннан бірдей ада болатын... Құдты құлқана мерезбен ауырған адамдай. Бәрі сенен қашқақтап айналып өтуге тырысатын. Сезімтал ақын жүрекке айналасындағылардың осындай қарым-қатынасын сезіп, білу оңай ма? Жүйкеге түскен сол салмақ бар болмысын жаншып, жігерін құм етіп, жинаулы төсектің артына тығылып жатып ұйықтайтын жағдайға дейін жеткізген...

Мансия ойлап отырса, қысты осындай қиналыспен өткізген ата-анасына Төленнен басқа жұбаныш жоқ еді. Әсіресе, апасының «уһлеуі» көбейіп, күлгенде нұр шашып тұратын екі көзі мұңға толғанын көріп жүру Мансияның жанына қатты бататын. Ол өзін мүлде ересек адамдай сезінеді. Мектеп толы өзі қатарлы жас қыздармен киноға бару, ойын кештеріне қатысуы жоқтың қасы. Бұл ауылда оның көңілін толқытып, көзін тоқтататындай жігіт те жоқ...

Өткен күзгі Мұхит екеуінің таныстығы өзінің басына біраз әуре болып жабысқаннан кейін қыз еркек атаулымен сөйлесіп, тілдесуден де қашқақтайтын жағдайға жеткен.

Барлық жерде орын алғандай «Жас келсе - іске» демекші ауыл шаруашылық жұмысы бастала Мансияның сыныбын үлкен апайға беріп, Мансияны сол кісінің сыныбына жетекшілікке тағайындап, қызылша жинау науқанына жіберген...Қатар тіліктен ауыл әкімшілігінің адамдары да жер алып, жұмысқа кіріскен. Түскі дамылдау кезінде қасына келген қара торы жігіт: «Қарындас, танысып қояйық, атым Мұхитдин»,- деп қолын созған. Бұл да қолын созып, атын айтқан еді. Осы таныстық тәтті тамырды жиып бітірген күздің соңғы күніне дейін жалғасып, әңгіме,  әзіл-қалжың айтысып тұруға мәжбүрлеген.

Мұхиттың тиіп қашып айтқан әнгімесінен Мансияның  ұққаны: ол Ленинград қаласына Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Соңында сол жердегі әскери жоғарғы мамандар дайындайтын оқу орнына түседі. Оны бітірген соң сол қала маңыңдағы бір әскери бөлімшеге жұмысқа орналасады. Туған жерден алыста жүрген сол  жылдарда бір үлкен лауазымды әскери адамнан көп қолдау көргенін, жастай кайтыс  болған әке орнын сол адамның жоқтатпағанын ерекше  ілтипатпен баяндаған... Келе-келе оның жанұясымен де тығыз қарым-қатынаста болдым,- деген. Тағдырдың жазуымен сол адамның жалғыз қызы Нинамен бас қосқанын осы некеден өмірге келген қызының атын «Адасқан» деп қойғанын айтып берген болатын.Көп жылдар қазақ ішінен жырақта жүрсе де тілі жатық, әңгімешіл Мұхит қыздың сеніміне тез кіріп, сар далада сартап болып өтпейтін күндердің тез сырғуына септігін тигізген.

Қолдары қалт еткенде көлеңке іздеп, бірге отырып сусын ішіп, әңгіме-дүкен құруы бұларды бір-біріне жақын етіп жібергендей...

  • Сырт көз не дейді? – деп қымсынған қызға Мұхит:
  • Оу, айналайын, қалада оқып келген, көзі ашық қыз емессіз бе, бұның несі ұят? Біз бір әбестік істеп жатқан жоқпыз ғой, деп ұялтқан.

Мұхит өз басындағы бүгінгі халді үлкен теңізден қайранға шығып қалған кемеге теңейтін. Бірақ сол әскери адамдардың қысқартуына ілікпесем, ел-жер деген ұғымның қадір-қасиетін жете сезінбей өмірден өте береді екенмін. Өткен жылы әскери жұмысымды доғарып, елге келгелі анамның кеспе көжесін, бауырсақ пен сүт қатқан шайын ішіп дегендей, балалық шағыма қайта оралғандаймын. Алғашқы айларда ел-жұрттың ыстық ықыласы, дос-жарандардың құрметі көңілімді аулап білмеппін, кейін қызым Адасқанды сағына бердім.

- Оларды неге елге ала қайтпағансыз? – деген Мансияның сұрағына біраз ойланып қалған Мұхит: Бір қазағы жоқ қалада туып-өскен орыс қызы біздің ауылға қалай тұрады, оның үстіне анам мен бауырларым оны қалай қабылдайды, - деген оймен «жүр»-деп айта алмадым.

- Өзі ше, өзі бірге барамын, - демеді ме?

- Өзі емес, әлгі үлкен лауазымды әкесі: Ерің қайда болса, сен де сонда болуға тиіссің, Қазақстан Сібір емес қой, бар, - деген еді.

Мен өзім алдымен барып көрейін. Жұмысқа тұрып орныққан соң бір хабарын айтамын, - деп тоқтаттым.

- Иә, содан қызыңыз бен әйеліңіз сол Ленинградта қала берді ме?

- Жоқ, елге келіп орнығып, жұмыс іздедім. Мен мына көрші ауылданмын. Анам, бауырларым сонда тұрады.Аудан осы сіздің ауылға  прораб етіп жіберді. Қойшы,  содан жарты жыл дегенде Адасқанды адастырмайын деп әйелім мен қызымды алып келгенмін. Олар қазір осында. Бірақ Нинаның түбі кетіп тынатынына көзім анық жетті. Жерсінетін емес. Түнімен үһлеп, жылап шығады. Оны тек қана Адасқанның маған деген махаббаты ғана ұстап тұр. Бір жыл тұрып жатсақ та, бірде-бір құрбысы жоқ. Ертеден кешке дейін мен жоқта есікті іштен іліп алып, үйде отырғаны.

-  Сұмдық-ай, күндіз де ілгекті іліп алып отыра ма? – дейді Мансия.

Бұл ауылдағылар үйде адам барда ілгек ілмек түгіл, үйде еш адам қалмаған жағдайда да есікті күрек, ия ашамен тірей салып кете беретін «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман еді ғой», ол-кез.

Несін айтасың, Мұхиттың айтуына қарағанда сол Нина үйірінен бөлініп қалған бөрідей ұлумен оның төбе құйқасын шымырлатады екен.

Мен үшін Адасқаннан айырылу оңай емес. Әйтсе де ана мен баланы бөлуге қақым жоқ қой. Аман болса, есейе келе бәрібір мені табатынын білемін. Қазір де кіммен бірге тұрғың келеді? – десем, «папамен» дейді ойланбастан. Әрине ол баланың әкеге деген ыстық ықыласын ғана блдіреді. Анасы мүлдем көзден таса болған соң өмірі өксиді ғой, - деп күрсінеді Мұхит. Оларды риза хошпен қайын атамның қолына апарып тапсырып қайтпақпын. Күзгі науқандық  жұмыстар аяқталған соң, кезекті демалысқа шығамын. Қызы үсті-үстіне хатты бората жазып, ата-анасын да пісіріп қойғандай. Соңғы хатын қайын атам маған арнап жазыпты. Жерсінбесе, тұрмаймын десе, не істейсің? Әкеліп таста! Өз өміріңді жаңадан баста!- деп жазыпты хатында дейді. Мұхиттың бұл әңгімесі Мансияға әсерлі болғаны сонша – «Адасқан» деген шағын әнгіме де жазған...

- Иә, өмірде қанша адам болса, сонша-тағдыр. Біріне бірі әсте ұқсамайды. Мансия егделеу тартқан жасында жазған бір өлеңінде:

Немере, бала, шөбере,

Қызық-қой бәрі тегінде.

Әр адамның өмірі,

Шежіре емей, немене?!  -

деген жолдар осындай қилы тағдырларды естіп, көргеннен туған еді...

Әңгіме – дүкенмен басталған таныстық, екеуінің алма кезек айтысатын  өмірлерінен үзінділер оларды бала жасынан бірге жүрген сырдесті адамдай еткен... Екеуінің арасындағы он жастың ар жақ, бер жағындағы айырмашылық та еш кедергі бола алған жоқ.

Мансия өзінің оқудағы жылдарын, ата-анасының басынан кешкен кейбір оқиғаларын, таныстығы өзіне жұмбақ болып басталған ақын жездесін , жан-жүрегін толқытқан кішкене інішегін сөз етеді...

Иә, осы ауылда республикаға танымал ақын азамат бар екенін естігенмін, бірақ не кітабы не оның өлеңдері басылған газет-журнал қолыма түспеді, атын естігенім болмаса, творчествосымен таныстығым жоқ, - дейді Мұхит.

Мансия ағасының қолына түскен өлеңдерін газет, журналдан қиып алып жиып жүретін әдеті бар. «Мәдениет және тұрмыс» журналы бастаған «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас», облыстық «Октябрь туы», аудандық «Өмір нұры» газеттері қиындылары тігілген шағын папканы ала келіп, оқып танысуға Мұхитқа берген... Ол өлең сөзді түсініп әрі тез жаттап алатын қабілетті екен. Осы уақытқа дейін өзінің орыс тіліндегі басылымдарды ғана оқып келгенін айтады. Қазақ тіліндегі басылымдар ол жақта болған да емес дейді.

Олжас ақынның «Аз и Я» - сын таласа, тармаса аты шыққанда тауып алып оқығанмын. Бірақ түсінуге қиын кітап екен... Есениннен үзіндулер білуші едім, ұмытпасам былай болуы керек деп, жатқа да айтқан...

Мансияның  көктен іздегені жерден табылып, өлең туралы сөз  етіп, пікір таластыруға болатын адамды ауыл ішінен кезіктіргеніне қуанып кетті. Мансияның өзі жас кезінен сөйлегенде айшықты тіркестермен көркемдеп, әдемі  сөйлеуге тырысатын. Өлең жазуға талпынып көрмепті. Бірақ жақсы өлең оқығанда сарайы ашылып, көкірек-көзі оянып сала беретін.

Олар кейде өлеңді қоя беріп, қандай прозалық шығармалар оқығандарын сөз етіседі...

Мансия ауыл кітапханасындағы бар кітапты алтыншы сыныпта-ақ оқып тастағанын, тіпті «Робинзон Крузоны» үш мәрте оқығанын айтып күлдірген. Ал қазір батырлар жырын әкесіне дауыстап мақамдай оқумен шұғылданып жүргенін айтқан. Алпысыншы жылдардағы көркем иллюстрациялық суреттермен, көлемі де жазулары да ірі етіп басылған бұл – жыр кітаптары қолға түспейтін. Мансия Алматыға барған кезде сол кітаптарды алып келген. Інілеріне, әкесіне суретін көрсетіп аударып көрсеткен Мансияға әкесі: Ал балам, оқышы «Алпамыс батыр» жыры, баяғы жырауларша:

Жиделі Байсын жерінде,

Қоңырат деген елінде...

- деп басталып па бұл кітабың деп құлағын түрген...

Қыстың ұзақ түндерінде Мансия шаршадым демесе, әкесі тыңдаудан жалықпайтын. Қызының ертеңгі жұмысын ойлап: Жарайды, осы жерден доғарайық. Алла нәсіп етсе, ертең кешке жалғастырамыз,- дейді.

 Әр кітап бір-бір ақылды адам сияқты. Қиналған кезде одан көмек сұрайсың, жалғызсырағанда сырласасың. Кітап адамға көп нәрсені үйретеді. Үйдегі кітаптар оқылып біткенде кітапханаға барып, кітап алып, ондағы бар газет-журналдарды ақтарып оқып шығу Мансияның мектеп қабырғасынан әдетіне айналған нәрсе. Кітап шаршағаныңды да басады, реніш, өкпеңді де ұмыттырады, яғни еш қозғалыссыз жатқан ойыңды оятып, қалғып жүрген санаңды жандандырады. Ауыр қайғы-қасыретіңнен де бір сәтке арылта алады.

Бүгінгі күнде түрлі ақпарат құралдарына сүйенген жұрт алтын қарыппен жазылса да кітаптың ішінде тақырыбы қандай екен, - деп аударып көруден әрі аспайды. «Кітап оқымайтындар ғасыры туды», - деп жазыпты республикалық бір басылымның редакторы. Мансия олардың осы пікіріне толық қосылады.

 

Әкесі қызына, есейіп қалған немерелеріне кей түні осылай жыр оқытса, кей түні өзі әңгіме айтатын:

Ол жылдарда теледидар, радио дегенің жоқ болатын.

Сондай әке айтқан әңгімелердің бірі: «Ақылым көп, ақшам жоқ» - деп аталушы еді.

Бір кедей адам жүрген жерінде «ақылым көп, ақшам жоқ» - деген сөзді қайталай береді екен. Тәрізі бұл  бір теңіз жағалауына  жақын орналасқан елде болған көрінеді...

Әлгі адамның сөзі базар аралап көрген-білгенін патшаға хабарлап тұратындардың  құлағына шалынса керек. Патша бұл жайтты естіп: сол адамды маған алып келіңдер! - деп бұйырады.

- Ақылым көп, ақшам жоқ - деген сөзді әлгі пақырдың өз ауызынан естіп патша:

- Сонда сол ақылыңды іске асыру үшін саған қанша ділдә керек, - депті.

Әлгі адам сонша деп бағасын айтады. Патша – Бір жылғы өсім ақысымен мың ділдә етіп қайтара аласың ба? – дейді.

- Мақұл, тақсыр! Қайтарамын.

- Ал қайтара алмасаң, басыңды аламың, соны да біліп қой! - дейді патша.

Патша мың ділдәні санап беріп, соңына үш жансызын салып қояды. Ол ақшамен не істейтінін көз жазбай бақылаңдар! Күн сайын маған күн-түн демей немен шұғылданатынын жеткізіп тұратын болыңдар! – депті.

- Алдияр, тақсыр! Әлгі пендеңіз базардан ақшаның жартысына есек, арба, кетпен, күрек, арқан сатып алды – деп жеткізеді бір жансызы.

Енді бірі: Бірнеше жалдамалы құлдарды сатып алып, есек-арбасымен қырға кетті, - дейді.

Үшіншісі: арба-арба жусан, теріскен сияқты отқа жақсы жанып, көп күл қалтыратын отынды теңіз жағалауына көп кып үйіп жатқанын хабарлайды. Енді үйілген отынды таптатып болып, құл-құтандарды жөніне жіберіп, өзі де үйіне келіп, «уһ» – деп демалып жатқанын баяндайды.

- Қап, желге ұшқан ділдаларым-ай! Қандай түлен түртті екен!? Сендер де зарлап қоймадыңдар, көп ақылын байқайық, - деп, енді оның басын алғаннан маған не пайда!? Не де болса шыдайық. Ары қарай не істер екен? Бақылауды күшейтіңдер, - дейді патша.

Айдың тастай қараңғы болар сәтіне қарсы «ақылы көп, ақшасы жоқ» адам оңтайлы күн болған сәтте жағалаудағы көп отынға от қойып, бәрін өртеп жібереді. Бұны көрген патшаның жандайшаптары ойбайлап, шашын жұлып, патшаның аяғына келіп құлайды.

- Алдияр, тақсыр! Мың ділдә шынымен-ақ жылап кетті. Әлгі адам бәрін өртеп жіберді, - дейді.

Ертеңіне әлгі пақырды алдына алдырған патша:

- Иманыңды үйір, басыңды аламын! – депті.

Алдияр, ай туғанша шыдаңыз, менің басым қайда қашар дейсіз. Бастаған ісімді аяқтауға мұрсат беріңіз! – депті.

Ашуға бұлыққан патшаға: уазірлері: - Алдияр, қырқына шыдадық, қырық біріне де шыдайық ай туар шақ алыс емес қой, - деп кеңес беріпті.

Ай да туып түн сүттей жарық болған сәттен кейін әлгі пақыр патшаға келіп: Ең сенімді он адамыңыз бен он қап беріңіз, - дейді. Күн шыға күл арасынан терең су түбінде жататын гауһар, жаһұт, лағыл тастарды арқасындағы қапқа толтыра жинаған патшаның адамдары қас қарая шаршап-шалдығып бір-бір қап асыл тастарды арқалап патша алдына келіпті...

«Ақылы көп, ақшасы жоқ» адамды алдына шақырған патша: Енді бұнын сырын айт! – бұл асыл тастар күл арасына қайдан пайда болды? –дейді.

- Патшам, бұл теңіз түбінде жатқан асыл тастарды сусиыр түн қараңғылығында жағалауға тістеп шығады да соның жарығымен өзі жейтін шөпті теріп жеп, қайтарында асыл тасты қайта тістеп су түбіне сүңгиді. Жағалаудағы күлге батқан тастар қалып қояды. Сусиырлар келесі күні де солай етеді. Өлара шақта күл үйген жағалаудың сіз бен маған тартқан сыйы осы, тақсыр, - деп әлгі пақыр сөзін аяқтапты.

Патша да әділ адам екен. Өзіне тиесілі ақшаны өсімінен алып, әлгі «ақылы көп, ақшасы жоқ» адамды өзіне бас уәзір етіп алған екен, - деп әңгімесін аяқтайтын...

Күзгі ауылшаруашылық науқаны да бітіп, мектептегі оқу өзінің қалыпты арнасына түскеніне екі аптадай уақыт болғанда, Мұхит Мансияны мектепке іздеп келген. Оның бұл келісін Мансия құптаған жоқ. Алақандай ауыл. Жұмысы совхоз кеңсесінде немесе құрылыс басында болуы тиіс адамның жөн-жосықсыз мектепке келе қалуын былайғы жұрт қалай жорымақ? Сылтаурататын оқушы я інісі не баласы да жоқ. Мұхитты осындай көңіл-күймен қарсы алып, шығарып салған қызға оның айтқаны:

- Сұмдық-ай, ауылда кездесу қандай қиын! Қызылша жию науқанында болу да бір бақыт екен ғой. Екі аптада ішім жарылып кете жаздады. Саған қарай бір еріксіз күш тартады да тұрады. Енді қайтемін, не істеймін? Қалай кездесіп, әңгімелесіп тұрсақ екен? – дейді.

- Қайдағы әңгіме? - дейді ішінен қыз оның алып ұшып тұрған көңілінен, ұшқындап тұрған жанарынан ішкі сезімін жазбай ұққан Мансия.

- Сенің атыңа кір келтіруге иә сөз ергізуге өзімнің де құлқым жоқ. Әйтсе де бір амалын тауып сөйлесіп, әңгімелесіп жүрейік те.

- Жоқ, келмеңіз, кездесу сәтін де іздемеңіз. «Қыздың жолы қылдай» екенін білесіз ғой. Күз бойы ен далада айтар әңгімені айтып болдық емес пе?! Ендігі жерде аманымыз дұрыс болса болғаны – деген Мансия. Осы сөзбен оны тоқтаттым деп ойлағаны бекер екен. Мектептің ремонтын сылтау етіп, жаңа жыл шыршасын қауіпсіз етіп орнатып беруді сылтауратып тағы да келген... Жаңа жыл мерекесінен соң Мұхит Адасқан мен әйелін Ленинградқа алып кетіпті деп естіген.

Сол жылғы қатты қыстың аяғы созылмалы болып, наурыз айы да туған. Кеңестік дәуір тұсында наурыз мерекесі кеңінен аталмаса да наурыз көже тарату дәстүрі ел ішінде сақталып қалған еді. Ол күні барлық үйдің есігі айқара ашылып, үлкенді – кішілі адамдар бір-бірінің үйіне шақырусыз-ақ жағалай қыдырып, көп көжеден ауыз тиетін.

Мұхит қасына бір мұғалімді ертіп, көп көже ішіп жүрміз деп келген. Көзімен ымдап сөйлесу ишарасын білдірген. Үй-ішіндегілер сезіп қала ма деп қауіптенген қыз шелегін алып, су алуға жөнелген. Суат басына қуа келген Мұхит:

- Сен мүлде тағы, асау жандай болып кеттің ғой! Мектепке барма, үйге келме! Сонда қалай жер басып жүрмекпін? Бір ауылда тұрып жаңа жылдан бері бір рет те жүздесе алмағаннан асқан-қандай қорлық бар дейсің?! Сен не десең де келдім. Аз уақытыңды бөл, сөйлесейік, өтінемін сенен... – дейді. Абырой болғанда суат басына су ала келген, мал суара келген ешкім жоқ екен. Біреу-міреу келіп қалмай тұрып не айтсаңыз да тез айтыңыз, - деді Мансия.

- Тез айта қоятын нәрсе ме, менің бұйымтайым. Сағынған жүрек, ынтық сезім, мен сізді бар болмысыммен қалаймын. Әттең, сендей жарым болса, бұл жалғаннан армансыз боп өтер едім...дейді ол, сізден «сенге» көшкенін өзі де байқамай.

Мансия одан қашқақтап, осы сөзді естімеуге тырысып-ақ жүр еді. Ақыры, міне, естуге, тыңдауға тұра келді.

- Адасқан да жоқ жұмыстан соң алданатын, сізбен көрісіп, сөйлесу қиынның қияметі болғаны мынау, қалай күнімді өткізбекпін? Айтшы маған, не істеймін? - дейді Мұхит жер шұқып. Күзгі әңгіме кезінде қыздың атын Адасқан деп неге қойғаны туралы баяндай келе, оның айтқан сөзі есіне түсіп:

- Енді адасқанның нағыз өзі болатын болыпты ғой. Неге жібердіңіз оларды – деді Мансия.

Сол Адасқан үшін Нинаға: Кетпеші, енді бір жыл тұрсаң үйренесің ауылға, шыдашы, - деп жалындым да дейді.

- Бұдан әрі байласаң да тұрмаймын бұл ауылда, кетемін, кетемін! - деп тұрып алды емес пе?!

 Иә, қиуы қашқан өмір, сезімсіз үйлену, өмірге келген жазықсыз сәби, - деп ойлайды үнсіз Мансия.

- Ет жүрегімнің жартысын сол Адасқан ала кетсе, бүтіндей бөлігі сен деп соғады... Не деген сормаңдай жан едім? Екеуің де маған қол жетпес арман болдыңдар. Тым болмаса анда-санда жолығып, сөйлесіп тұруға рұқсат берші, жарқыным, -дейді Мұхит.

- Ойбай-ау, бұл сізге Ленинградтың көшесі емес қой, қолтықтасып серуен құратын. Менің суға кеткенімді, артымнан сіздің келгеніңізді біреу-міреу көріп қалған да шығар, осы бір кездесуіміз қанша тілге тиек боларын ойладыңыз ба, қайдағы кездесіп тұру, қойыңыз! – деп Мансия жүзін суыққа сала, шегелей айтты.

Барлық қиыншылық осы үзілді-кесілді бас тартудан соң басталған... Жұмысқа барар, қайтар кезін торуылдаған Мұхит кешқұрым үйдің маңайын айналсоқтап жүруді шығарды. Бірер рет қызу, ішіп те келіп, ұстап та алған күндері болды.

Аядай ауыл арасында қалай жасырмақ, апасы мен әпкесі де сезіп қалған.

- Бұл кім өзі? – деп сұрақтың астына алған үйден шыға бермейтін әпкесі. Шарасы

таусылған Мансия, оның хиқаясын айтып та берген.

- Ойбай, жолатпа маңыңа! Біздің маңдайымызға Алла тағала тек қатын тастаған еркекті жазып қойып па?! Бұдан былай үй маңынан көрсем ит терісін басына қаптаймын. Келмесін, келтірме! - деп байбалам салған.

Әйтеуір ағасы сезбегін бе, сезсе де сезбегендей ме, үндеген жоқ. Мансия оның жұтыңқырап алып, жол торыған бір әрекетінен соң, оны жұмыс орнына іздеп барып, өмірін суыта, әпкесі айтқан әңгімені де айтып, үзілді-кесілді тиым да салған. Содан мазаламаған Мұхит бір түні мас қалпында Мансия үйінің табалдырығында тосып отырып, ұйықтап та қалған болатын.

- Масқара, бұдан әрі бұл ауылда не ол, не мен тұруым керек, - деп шешті Мансия.

Оқу жылы да аяқталып, алғашқы еңбек демалысына да шықты. Жездесін аудан орталығынан шалғайдағы сүйікті өлкесіне парторг етіп жіберді.

Олардың жаңа  жерге көшуі өздеріне жақсы болғанмен, Мансияның анасына уайымын ала келген... Үйренген немерелерінің алыстап кетуі, кіші қызы Мансияның жел жағындағы қорғаны әпке-жездесінің алыстауы: Мұны да ана Әминаның қызындай бас салып бір есерсоқ ала қашпасына кім кепіл? – деп ойдайды анасы.

Анасының күдігі мен қауіпі дәл келді. Мұхит Мансияның жолын тосудан басқа істін бәрін доғарып қойғандай...

Кетерінде әпкесі: Әлі өмірің алда, басқа адам кездеспес дейсің бе? Осалдық танытсаң болғаны тарпа бас салайын деп тұр ғой, сақ бол! – деп шегелей айтқан. Мұхит туралы Мансия да көп ойланған. Оның әдебиетке, өлеңге жақындығы, ауыл жігіттерінде жоқ жинақы мәдениеті, жүріс-тұрысындағы әскери өмір шыңдаған шымырлық бәрі-бәрі ұнайды-ау! Тек әттең, қатын тастаған аты мен соңғы кезде жиі ішетін арағы алдырмас қамалдай.

Аудан орталығындағы кітапханадан Мансия кітап алып оқитын. Ол жерден кітаптан өзге жаңа шыққан газет-журналдарды да түгел табуға болатын. Кейде апта сайын, кейде екі аптада бір рет қатынайтын сол кітапханадан өзге Мансияны кездестіретін қолайлы жер жоқ деп тапқан Мұхит сол сәттің үстінен түсе алмай-ақ қойған. Бірде үстінен түсті-ау, әйтеуір. Кітапханадан шыға өзен бойын бойлай жүретін соқпақ жолмен біраз жүріп қыдырған. Мұхитты қайдам Мансия осы кездесу соңғы кездесу екенін сезеді. Сондықтан өзінің ол туралы бар пікірін бүгін жайып салмақ...

- Шіркін-ай, қалада қызбен қыдыру қындай рахат, - дейді Мұхит. Балмұздақ әпересің, киноға шақырасың, реті келсе кафе-барға  кіргізесің дегендей, - деп қалжыңдайды. Мұнда оның бірі жоқ. Әйтсе де «барымен базар» асханаға кіріп тамақтанып, ауылға бірге қайталық, - деп өтінеді.

Жік-жапар болып, алды-артын орап, өзіне мейірімге толы кездерін қадап тұрған азаматқа өзі дайындап қойған ауыр сөздерді қалай айтарын, неден бастарын білмей Мансия дал болды.

- Ағаңның «Жол... Жолдар» деген атпен басылған жаңа өлеңдерін өткен жолы осы кітапханадан «Қазақ әдебиетінен» оқығанмын. Одан бері өзіңе жолыға алмадым..., деп күрсінеді Мұхит. Жауап ала алмаған соң әрмен қарай: Жазғы демалысыңда қайда барасың? – деп сыр суыртпақтайды.

Мансияға сөз бастау қиын боп тұр. Оның бойындағы бір қасиеті  адамның көңілін қалдырғысы келмейтін. Кемшілігін, бұрысын сезіп, көріп тұрса да байқамағансып, бетіне баса бермейтін. Оны ішкі түйсігі алдамапты. Ұлы кітап «Құран-кәрімде» де адамның айыбын бетіне басқаннан гөрі, соны өзі сезіп, бас тартатындай жағдай туғыза білген дұрыс деген екен.

Адам бойындағы алтыншы сезім – интуицияға мән бере бермейді екен. Ал ғалымдар сол сезімге жүгініп отырған дұрыс деп есептейді...

Барлық әрекетіміз ақылға бағынышты емес. «Ақылға сыймайды, ақылға қонбайды» деген тіркестер осыдан пайда болған болар. Кейде ішкі түйсік (интуиция) қорғаныстың алғы шарты сияқты, өміріңді апатты жағдайдан аман алып қалуы да мүмкін.

 Алтыншы сезімнің бар екенін білген оқымыстылар ол адам ағзасының қай жерінде орналасқан деп те бас қатырған. Көп зерттеуден  соң оның ішекте орналасқанын анықтаған. Оны іштегі «ми орталығы» деп атапты. Адам алдында бірнеше таңдау тұрғанда соның біреуін ғана таңдауы, ақылға емес, осы ішке түйсікке байланысты болатынын жазады.

Бір көргенде адамға берілетін баға осы сезім арқылы бірнеше секундта жүзеге асып, я жеккөрушілік немесе тартымды ықылас сезімі пайда болады екен.

Халықымыздың «ішім сезіп еді», «ішім сезеді» деген тіркестері ғылым - білімсіз-ақ өз пайымдауларының жемісі екенін білгенде таң қалмауың мүмкін емес.

 

- Менің бүгінге біте қоймайтын бір шаруам бар, асханаға да кірмейік, ауылға да бірге қайта алмаспыз... Көптен жиналған өзіңізге айтар сөзім бар, соны айтпасам болмас, - деп бастаған Мансия:

- Есіңізде ме, сізді жұмыс орныңызға іздеп барып, өтіне айтқан сөздерім. Одан бері ерсі қылығыңыз еш азаймады. Сау күніңізде бас изеп төмен қарап өткенмен, ащы суды  ішіп алып жолымды сан торуылдадыңыз... Бұдан әрі  ауылда тұра беруге еш мүмкіндік қалдырмадыңыз күні бүгін кетіп-ақ қалар едім. Әттең кәрі әке-шешемді кімге тастаймын, - деп бір тоқтады. Жеңіл ауыздылардың қайыссының аузына қақпақ боласың? Былайғы жұрт қызың – Адасқан мен әйелің – Нинаның кетіп қалуының обалын да менің  мойныма жүктеп қойыпты. Біздің жанұя әйелімен ажырасқан еркек пен анасынан ажыраған баланың азабын тартудай-ақ тартып келеміз.

Менің семьялы еркекке жоламаспын деген сертім де бар, - деді.

- Мұхит, ішіп жүрген арағың болмаса, бір басыңды кемітпеймін. «Менің жарым болса», - дегендей-ақ азаматсың. Бірақ екеуміздің жолымыз екі басқа, түйісуі мүмкін де емес, - деген.

- Мансия-ау, сол қу арақты ішейін деп ішіп жүр дейсің бе?! Елге барғанда бұл пәлені  ауызға да алмаспын, - деп мен де серт бергенмін. Соңғы кездегі басыма түскен ауыртпашылықты бір мезгіл ұмыту үшін ішемін. Ішкеннен соң адамның аяғы ақылына бағынбайды сен жүрер жерге қалай келіп қалғанымды есімді жиғанда өзім де білмей қаламын... – деп күмілжиді.

- Соңғы табалдырық күзетіп, қалғып кеткен қылығыңызды кешірер қақым да, шамам да жоқ. Мас адам көрсем жан алғыш «Әзіреті - Әлиді» көргендей болатынымды қоса айтсам мүмкін сөзім сізге түсінікті болар. Сізге бұл ауылдан кету қиын болар, онда түбі мен кетермін, - деген Мансия.

Мұхит пен Мансияның арасындағы осы қайшылық Мансияның орын аударып, ата-анасымен әпке-жездесіне көшіп кетуіне мәжбүрледі. «Қыздан қырық жігіт дәмелі» дегендей қыз басындағы бұл сергелдең осымен тынған еді...

«Балқаш» көліне Ақсу өзенінің құятын сағасы жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдарында әлі мал тұяғы таптай қоймаған, табиғаты  тұнып тұрған өлке болатын.

Бастауын асқарала Жоңғардан алатын Көксу, Қаратал, Ақсу, Сарқан өзендерінің кең даладан өтіп, шағыл-шағыл құмға жетіп, тарам-тарам болып бөлініп, бірі құмға сіңсе, бірінің аяғы көл-көлшіке айналып, бірегейлері ғана Балхаш көліне жетіп жығылатын сағасы.

Құмды өлкенің айрықша табиғатын шығарманың бас жағында да баяндағанбыз.

Жаңа құрылған қой совхозының орталығының батыс жағындағы тіз қатар етіп жаңадан салынған үйлердің бірінен орын тепкен ағасының үйі қалың сексеуіл мен жаңғылды тоғайға тиіп тұр. Оның арасын аралай тарам-тарам болған өзенше ағып жатыр. Түбін де жағалауын да салынды шөп басқан өзеннен балықтың жотасы  көрініп тұрады. Жаздың соңы, күздің басы болса да бұл алқап әлі көктемгі құлпырысынан таймаған. Көп сулардан күндізгі ыстықта көтерілген бу түнде жерге шық болып қайта қонатын. Соның арқасында ағаш та бұта да жердегі шөп те қысқа дейін өңін бермейді. Қыс түсіп, қар бір жауғаннан соң қар астында қалған шөптер – одан әрі құлпырып, тұяқты мал теуіп жейтін, ұсақ мал жартылай қары еріген шағылды беткейлерден үзіп жеуге таптырмайтын жайылым.

Осындай малға жайлы қоныстың бір ғана жайсыздығы бар. Жаздың ыстығындағы мазасыз маса мен сонасы. Жер жағдайына бейімделіп алған адамдарға да малдарға да бұл жағдай үйреншікті болып кеткен. Сырттан келген мал шыбындап, адам өзін-өзі сабалап әлек болса, байырғы тұрғындар оларды елемейтін...

Мектепке жұмысқа тұрып үлгерген Мансия жаңа қонысқа да үйреніп қалды. Бұрынғы ауыл совхоз болып құрылған соң қанатын жайып кеңейе түскенмен, көпшілік орындар саусақпен санарлық. Ауыл балалары оқитын сегізжылдық мектеп, совхоз кеңсесі, ауыл ортасына орналасқан жалғыз дүкен.

Ауыл тұрғындарымен болған жиында клуб үйін тұрғызамыз, - деп айтты деп жастар жағы қуануда. Одан кейінгі құрылыс нысаны жаңа мектеп үйі болмақ деп жиналыста қаулы қабылдапты. Малшылар штабы болған күннен өзі ашқан шағын комплекті бастауыш мектептің мұғалімі де ұйымдастырушысы да әу баста өзі болған жездесіне бұл мектеп-аса ыстық. Ол оның барлық тыныс-тіршілігін қалт жібермей бақылап отырады.

- Иә, Мансия, мектепте не істеп жатырсыңдар? Жастар бос уақытында немен шұғылданғысы келеді?

- Интернаттағы балалардың жағдайы қалай? Бәрі жақсы деп директор ағайларың тігісін жатқызып айтады. Шешілмей жатқан істер болса, мені құлаққағыс қып қой, - дейді.

         Бұл шалғайдағы ауыл мектебіне жұмысқа келгендердің дені- жастар. Үлкендер жағы саусақпен санарлық. Мектеп директоры ағай мен әйелі, оқу ісінің меңгерушісі – Досан. Бастауыш орыс сыныбының мұғалімі болып күні кеше келген Клара апай ғана.

Өзге мұғалімдер Мансия құрбыластар. Мансия училище бітіріп келген нағыз маман болса, өзгесі он жылдықты бітіріп-ақ мұғалім болғандар. Солардың ішінде Мирастың мінез-құлқы тіптен қызық. Қазақы қалжыңды түсінбейді, қазақ тіліне де шорқақ.  Қазақ тілінде сөйлескен адамға: - Иә, - Жоқ, деп қана жауап береді. Көп мінезі балаға ұқсас. Егде тартқан шағында Мансия ойлап көрсе, тек ол ғана емес, сондағы жас мұғалімдер бірі оқушы, бірі мұғалім болып «мектеп» ойынын ойнап жүргендей екен.

Табиғат ішіне келгеннен кейін жездесі таланты қайта түлегендей, жырларын боратып жазады-ай келіп. Әпкесі екеуі алма кезек ұйқылы көздерін уқалай отырып ағасы айтқан өлеңдерді қағазға түсіретін. Кейде ағасы Мансия жазған өлеңдерді оқи алмай көмекке шақырғанда, түнде қалғып-шұлғып отырып жазған өз жазуын өзі де танымай қатты сасатын. Күні бойы совхоз тіршілігінен қолы босамайтын жездесі жазу мәселесімен кешкі астан соң тыңғылықты айналысатын. Тек совхоз жұмысы болса бір сірә ғой, шығатын жолсапары да көп. Бірде ауданға, бірде облысқа бірде астанаға дегендей. Бір кетсе бірер жұмаға бірақ кетеді.

Әпкесінің ағасы жоқтағы әрекетін Мансия түсінбей-ақ қойған. Күйеуі жолаушы кете салысымен үй әктеу, кір жуу, көрпе жастықты сыртқа шығарып қағып-сілку сияқты жұмыстарды қолға алатын.

-Ту, ол кісі жоқта өзіміз бір тынығып қаламыз ба десем, осы үйдің-ақ шаруасы бітпейді ,- деп кейитін Мансия.

         Мансияның ренжитін себебіде бар. Ағасы - қызық адам. Үй-іші, бала-шағасын ойламайды. Үйде күнде қонақ . Бұлар қонақтан қалса ғана тамақтанады. Кейде даярланған кешкі ас қонақтан аспай, балалар мен Мансия ашқұрсақ қалпымен ұйқыға жататын...

- Жарайды, қаланың шуынан қашып келіп, айлап, апталап жататын ақын – жазушыларды, аудан , облыстан келетін өкіл, бастықтарды қойшы. Солар кетіп, бір «уһ» деп демалғандай болғанда ауылдың Әбілқақтары табылады. Сырттан келген қонақ жоқ күндері ағасы кеңседен қайтар жолында күнұзақ далада отыратын Әбілқақты ерте келетін... Әпкесін білмейді, мұндайда Мансияның жыны келетін. Өзі ақсақ, жуынбағандықтан күлімсі иіс шығатын Әбілқақты иттің етінен де жек көреді. Ағасының мазасыз мінез-құлқының қайсы бірін тере берсін, бір үйдегі үш әйел сол үйдің қарекетін тындырам деп кешкісін мұрттай ұшып, құлайтын. Әбден қажытқан көп қонақтан соң Мансия:

- Ата, апа! Өзіміз совхоздан бір шағын үй сұрайық та жеке тұрайықшы. Әбден шаршадым осы үйден дегені  бар. Өзі әпке-жездесіне айтуға батпай.

- Е, өсіп қалған қыз, жүріп-тұру, қыдырысына біз көз болған екенбіз ғой, - деп ойламай ма жездең. Тек отыр! - деген анасы. Ата-анасы мен Мансия арасындағы ол сөз одан  әрі өрбімей, аяқсыз қала беретін...

Өзі отбасын құрған шақта мазасыз  отағасы жоқта бар жұмысты  бітіріп алсам дейтін әпкесінің ниетін Мансия жақсы түсінген... Түсінген де қазіргі өзі көріп жүрген кей әйелдердің, келіндердің күйеуі жоқта ұйқыдан бас алмай, күйеуі келгенде  бұрқыратып үй жинап, сылпылдатып кір жуа бастауын түсіне алмай-ақ қойған... Бұл бәтшағарлар ерлері жоқта  бар үй  шаруасын бітіріп алып, ол келгенде жайымен асын  беріп, әңгімелерін айтысып, даладан шаршап келген азаматын күтсе кайтеді...деп ойлайды. Қысқы оқушылар демалысы да бітуге таянып қалған. Мансия үйдегілерге сәрсенбіде қалаға барып қайтатынын айтты. Апта аяғына дейін қаладағы біраз шаруамды тындырып, аптаның соңында қайтармын. Ар жағында дүйсенбіге жұмысқа шығатын уақытым да болып қалды, - деді. Үн-түнсіз тыңдап отырған әкесі:

Балам, осы саған сан рет айттым ғой, сәрсенбіге жолға да шықпа, бір іс те бастама,- деп. Неге құлақ аспайсың?! – деді. Мансия: Ой, әке қойыңызшы! Сәтті күні сәрсенбі той жасапсыз, құтты болсын тойыңыз! – дей бастаңыз, деген сөздер халық әнінде де бар емес пе?! – деп қалжыңға айналдырды.

Жұма күні кір жума! Сәрсенбіде жолға шықпа! Сонда аптаның айналдырған алты күнінің қайыссында не істеймін?! – деп талдап, таңдап отыру керек болды ғой! – деді Мансия. Әкесі: Қалай таңдап отыру өз еркіңде, әйтсе де, менің әкелік парызым саған айтып ескерту. Сәрсенбі бізге жақпаған күн. Матай руының бітімгершілікке барған он үш боздағы қойша көгенделіп,малша бауыздалып өлтірілген күн. Сол себептен атадан балаға “сәрсенбінің сәтсіз күні ” жолға шықпа, жаңа ісіңді де бастама! – деп айтылып келеді.

Онда сол оқиғаның айтылу сәті бүгін түсіп тұр екен, маған айтып беріңізші! - деп Мансия әкесіне өтінді. Онда балам, тыңда!

Жоңғар – қалмақтың қөп шабуылының бірінен соң матай руының өз қонысын тастап құмға барып тосылғаны, одан әрі өткел бермес Балхаш көлі. Оңтүстік жетісу жеріне Іледен өтіп, қалың ел ішіне барып қосылуды ойлаған ел Қаратал өзенінен өтіп, Ілеге бет алған ғой. Сол кезде үйсін жалайырлары: “найман матайлары өздері келіп қолымызға түсті. Мыңғырған мал, шұбырған көш Қараталдан өтті», - деп төрелеріне хабар жеткізеді. Іргелес жатқан екі ел арасында ол заманда “барымталап” бір-бірінен мал айдатып алу, “жесір дауы”, “жер дауы” деген дау-дамай, өкпе-араздық болып тұрған... Рүстем төре жағы атастырған адамы бар қызды алып, оның есесіне матайлар барымталап мал алған екен. Соңы жоңғар шапқыншылығына ұласып,екі ел арасында “бітім” жасалмай, ел басына ауыр күн туып тұрған шақ еді...

Алайда, жоңғарлықтардың шапқыншылығы кезінде бар қазақ тізе қосып, сыртқы жауға тойтарыс бергенін өздерің тарих пәнінен оқыдыңдар ғой!... Қатар қоныстанған екі ру ел тізе қоса алмай, мекендерін тастап, шегініп, үдере көшіп келе жатқан кезі екен. Мал-жанын ішкері халық жиі қоныстанған өлкеге орналастырып, жол бойы қосымша қол жиып келіп, жазғы жайлауы,қысқы қыстауын басқыншылардан азат етпек болған...

Жоңғарлықтар шабуылынан әбден қажып, азып-тозып, үрке көшіп келе жатқан елдің алдын өздерінің қазақ бауырлары бөгеген...

Найманға кеткен кегіміз бар, өздері келіп қолға түсті,- деп қуанысқан...

Қалың мал, шұбырған көш бұны естіп кері бұрылып, Қараталдан қайта өтіпті. Қас қарая, күн ұясына бата жеңіл-желпі жаппа тігіп ел дамылдамақ болады.

Соңдарында қалған шолғыншылар: Олар қосымша қол жиып, соңдарына түскенін хабарлайды.

Көштің күн-түн демей жүрісіне шыдай алмай келе жатқан қарттарын, жас балаларды бір оқшаулау жыраға жасырып, баспана тігіп, ас-суын қалдырып, өздері мал-жанымен кейін шегінеді.

Матайлар: «Ата жауымыз жоңғарлықтар да шал-кемпір, бала-шаға ғана қалған ауылға құрық ойнатып, аларын алып жөніне кетуші еді ғой, өз бауырларымыз бұларға қастық қылмас» - деп ойлаған...

Қол жиып Іледен шыққан Рүстем төре таң ата Қараталға жетеді. Кешегі хабаршылар айтқан қалың мал мен көшіп келе жатқан ел жоқ.

Ал кері қарай шұбаған матайлар таң сібірлеген щақта Ақешкі маңына жетіп, «Жон» деп аталатын жотадан асып тоқтайды. Неше күнгі жүрістен болдырған аттарының айылын босатып, өздері дамылдауға жантаяды.

Рүстем қолы ұйықтап жатқан елдің үстінен түсіп, қанын суша ағызады...

Осы қырғында түнімен аттан түспеген қайнар – Ырай ақсақал қайың сырықпен қайрат қылған екен...

Қу сақалды жайратыңдар! – деген Рүстем жарлығына тұра ұмтылған бес жігітті бес жаққа ұшырған деседі. Қапылыста қарсы қайрат қыла алмаған матайлардың көбі қаза болады...

Көш бастаушы Сатайды ұстап алып, ат құйрығына байласа, екі қарындасын атқа теріс қаратып мінгізіп, матайлардардың қаптаған қалың малын айдап, Рүстем қолы Қараталға бет алған...

Қапылыста қарсы қайрат ете алмаған матайлар жотаның беткейінде жайған еттей шашылып қала береді.

Жол-жөнекей Рустем қолы бір ойпатта тігілген қос пен бала-шаға, шал-кемпірдің үстінен түседі. Ата-анасынан бөлінген жас балалардың дауысы азан-қазан. Оларды жұбатып кезек-кезек бауырына басқан қариялар. Ауық-ауық бізді алып кетуге келе жатқан адам қарасы көрінбей ме? – деп жота үстіне ересек балаларды қарауыл қаратып отырғандардың үстінен түсіп:

-Жау мұндалап! Үлкен демей, кіші демей шетінен өлтіреді. Жан-жаққа бытырай қашқан балаларды қуып жүріп аяусыз қырады. Сол ойпат күні бүгінгі дейін «бала қырған» – деп аталады, - деп  күрсініп, бір тоқтады Мансияның әкесі.

- Әке, «матай қырған» деген жерді ана бір жылы көрсеткен едіңіз ғой.

- Иә, балам, ел есінде ұмытылмас үрей туғызған ол жайт аңызға бергісіз шындық оқиға...

Әсіресе, жер жағдайын, жер атауларын жақсы білетін мал баққан қауым атадан әкеге, әкеден балаға айтылып, ұмытылар емес...

Екі ел арасындағы өкпе-араздықтың қанды қырғынға ұласқанын көрген ел ағалары елшілікке адамдарын жіберіп екі ру елдің арасындағы өкпе-араздықты тыйяық деп «бітім» жасауға найман-матайларды шақыртады.

Рустем жағы да қарсы емеспіз, бітім жасауға дайынбыз деп хабаршы жібереді. Сәрсенбінің сәтіне он үш адамнан тұратын матай руының бетке ұстар адамдары елшілікке келеді.

Ал Рустем төре: «оларды жеке жерде күтеміз», - деген желеумен оңашаға үй тіккізіп, дастархан жайғызады да, үй іргесіне айналдыра көген кергізіп тастапты. Дастархан басына отырған матайларды қойша көгендепті.

Үй үстіне құрық ойнатып, «ертең бәрің ажал құшасыңдар!» - деп айқайлайды. Екі ел арасындағы соңғы дау – дамайдың, барымтаның себепшісі төрелердің тақымында кеткен – Үлпер атты, қыз екен...

Ал бітімшілердің ішіндегі Естемес – осы Үлпердің айттырып – атастырылып қойған болашақ жары болған  деседі.

Елшілікке келгендердің пұшайман халін естіп, түн қараңғылығын жамылып оларды көгеннен босатып, қолдарын шешіп жібермекке Үлпер қыз әрекет етеді. Күзетшілер таңғы тәтті ұйқыдан қалғып кеткен сәтте үйге кіріп:

  • Естемес, қайдасын? – деп дыбыс береді.
  • Мен Естемес, - дейді есік аузындағы тұтқын.

Қыз көгеннен соны босатып үлгереді. Байлаудан босанған адам Тышқан-Бұрқан өзеніне жетіп, жағалаудағы дөңбек ағашты суға салып, соған атша мініп, төмен құмға қарай ағып кете барады... Ертеңіне бітім жасауға келгендердің қалғаны, құтқаруға әрекет еткен Үлпер қыз да ажал құшады. Бірін көкпарға тартқан лақша сүйретіп өлтірсе, бірін аяусыз ұрып-соғып, кейбірін бауыздап өлтіреді. Осы жайтты көрген көз, естіген құлақ иелері дүниеден баз кешіп, безіп кетердей жағдайда болған екен... Осы “сәтті күні сәрсенбіге” бітімгершілікке барғандардың қазасынан соң матайлықтар: “Сәрсенбі сәтсіз күн”, деген тұжырымға келген, балам, деп Мансияның әкесі әңгімесін аяқтады...

Қақпатаста қалың көшті қамап алып, кейін қайтқан елді аяусыз қырған бауырластардың әрекетін Бақтыбай, Түбек ақындар қолмен қойғандай етіп айтуын естіген Ілияс ақын: “Рүстем қырғыны” атты поэмасын жазған. Поэма 1926 жылы жарыққа шыққан. Ақын бір қазақтың баласының екіншісіне жасаған қастандығын: Қалың қазақ кұңіреніп, соққан жел де “Бауырымдады” – деп суреттейді...

Ия, Отаны бір, отбасы бір бола тұрып бір-біріне қастық жасау, бірге туған бауырлардың да арасындағы қазіргі кездегі бітіспес жаңжал, көреалмаушылық. Бірі бай бірі кедейділігінен ат ізін де алмау – сияқты адамдар әрекетін көре-көре: «Ей адамдар не болған сендерге, бұл мәңгілік өмір емес қой, бір үйде қанша жансың бір біріңе қонақсын» - деп айқайлап-ақ айтқың келеді Мансияның. Алайда, оны естір құлақ болса...

Бірде қызметтес құрбы қызының туған күніне барған Мансияға бейтаныс әйел:

- Е, парторгтың балдызы екенсіз ғой, сенің әпкең айдай сұлу деп естіп, осы ауылдың дүкеніне әдейілеп іздеп келіп, көрдім. Шынында да көріктінің көріктісі екен... Япыр-ай, сондай сұлу әйелі бола тұра, жездеңнің ана Назым қатында не құты қалды екен? Ол кімнен қалмаған қатын?! Біз осы ауылға жапсарлас балықшылар ауылында тұрамыз. Сол қатынды машинасына салып алып ары да бері де өткенін көремін. Біздің үй жол үстінде. Күндіз де түнде де ауылға келген - кеткен атты, жаяу алақандағыдай көрінеді, - деді.

Жайбырақат отырған Мансияға мына сөз жайдың оғындай тиіп, бір сәтке оның тіл аузы да байланып қалды. Есін жиа әлгі жерден көз жасын ешкімге көрсетпей, қыстыға жылап үйден шыға жөнелген...

Сол бетінде үйіне жетіп, нәр сызбастан күнұзақ жатып алған.

- Ауырып қалдың бы? Не болды? – деп сұраған анасына да жақ ашпай, алай-түлей болған жан дүниесімен арпалысты. Абырой болғанда, ағасы, әпкесі де үйде жоқ еді. Жанын жаралап, шымбайына батқан бұл сөзді естіген сәтте олардың қай-қайыссын да Мансия аямас еді. Не жасары  беймәлім.

- Бұл сұмдық қой, - дейді ішінен бір дауыс. Құдайша табынған, адамдықтың, азаматтықтың үлгісі деп ұғатын жездесінің мына қылығын не деуге болады?! Оның барлық мазасыз мінез-құлқына ата-ана, жас інішектеріне жайсыз тұрмыс-тіршілігіне көз жұмбайлықпен қарайтын Мансияның ішіне мұз қатқандай болды. Е, бізді қуырдақша қуырып, жан ләзатын сырттан тауып жүр екен ғой!

- Әпкем ше, ол білмейтін шығар. Білсе, жастығын да, оқуын да құрбан етіп етегінен ұстаған азаматына неге ие болмаған...  дегендей шым-шытырық, қым-қиған ойлар басын торлап алды. Махаббат деген әлде көйлек ауыстырғандай жаңартып тұратын нәрсе ме? Бұл сатқындық, бұл опасыздық, бұл жанұяның намысын жермен-жексен ету ғой, - деп ойлайды Мансия. Олардың бетін көрмес үшін тарс бүркеніп жатып қалған. Сабағын айтып, әр нәрсені сұрап қыңқылдаған інішектеріне басым ауырып тұр, - деп сылтау айтқан.

Мансия осы күннен бастап ағасы мен әпкесі үстіне тамаққа да кірмей, олармен бетпе-бет кездесуден қашқақтап, уақытының көбін мектепте өткізуге тырысады.

Қызының көңіл-күйін жазбай танитын анасы:

- Не болды? Құр сүлдерің жүр ғой соңғы күндері? Жұмысыңда бір жайсыздық болды ма? Әлде ауырып жүрсің бе? – деп мазалайды да жауап ала алмаған соң, үнсіз қалады.

Көктемгі оқушылар демалысы да келіп жетті. Жазғы ас үйді әктеп, жуып-шайуға көмектескен Мансия анасының күйеу баласына құрақ ұшып, асын дайындап жас балаша елпектеген құрметін тағы байқағанда іші қан жылады.

- Ана, ол сенің құрметіңе тұрмайтын адам, - деп қала жаздады. Бір үйде тұрып жатқанмен соңғы бір айдың көлемінде ағасымен бетпе-бет кездесуі осы. Бетіне тіктеп қараған еді, оның көңіл-күйі өте жақсы екен.

- Өзі тым бақытты екен, - деп ойлайды қыз.

- Арсыз, - дейді енді бір үн. Ата-анамнан ұялса етті. Бізді көшіріп алып несі бар еді? Өз былықтырына өздері бата бермей... – деп ойлаған Мансия одан әрі шыдай алмай, ас үйден шыға жөнелген.

- Апа, Мансияға не болған? Көзі өңменімнен өтіп кетті, ызалы ғой өзі, - деді жездесі.

- Оның міңез-құлқының өзгергеніне айдан асты, не болды десем, ашып ештеңе айтпайды. Жұмыстан да кеш қайтып жүр. Қайда болдың? – десем, сабақтан соң интернат тәрбиешісіне көмектестім, оқушыларға үй тапсырмасын дайындауға көмектестім дейді де қояды, - деді анасы.

Осы күннен бастап жездесі Мансияға бажайлап қарауды шығарды. Өзіне назарын салып, бақылай қараған сайын Мансияның жыны келеді. Өзгерісті менен іздегенше, өзінен неге іздемейді. Екіжүзді, - дейді ішінен.

Өткен айда естіген әлде өсек, әлде шын сөзден кейін Мансия ауыл әйелдерін көрсе де көрмегендей өте шығуға тырысатын. Әлдебіреу тағы да бірдеме айтып, жанын жаралайтындай көрінетін. Тіпті бұл жандарынан өтіп кеткенде:

- Әне, анау, әлгі әйелмен жүретін парторгтың балдызы, - деп тұрғандай сезінеді.

Мансияның бірінші сыныпта оқып жүргенде басталған асқазан ауруы бар. Өзі ол аурудың неден жабысқанын: су орнына керосин ішіп қоюынан көреді. Өмір бойы сол асқазан дертінен азап шеккенде қаралған дәрігерлеріне ол оқиғаның жазда қараңғылап тастаған клет ішінде су толы шелек орнында керосин тұрғанын, алқын-жұлқын жүгіріп келген бала шөмішті толтырып алып сылқылдата ішіп дәмін ең соңында білгенін тәпіштей айтатын. Сол аурудан әкесінің қаратқан дәрігері ас алдында бір ас қасық таза спирт ішкізіп, жылқының сорпасымен емдеуді айтқан.

 - Әй, білгіш-ақ доқтыр еді, бор ішкізіп ренгенмен бір қарағаннан баламның дертін бірден тапты ғой, - деп, күні бүгінге дейін аузынан тастамайтын әкесі.

Өз ауруын өзі бақылаған Мансия бұл аурудың ұйқымен, көңіл-күймен тікелей байланысты екенін жақсы білетін. Жездесіне қатты ренжулі болған соңғы екі ай, көктемнің жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағымен дөп келіп, сол дертті әбден асқындырды. Дәрі-дәрмектің көмегі тимеген соң, сол әкесіне мақтаулы  дәрігердің еміне көшкен.

Тамақ алдында ішкен мөлшерлі спиртпен анасының арнайы жеке дайындайтын сорпа-суының шипасы тиіп Мансияның ауруы жеңілдегенмен көңіл-күйі түзелмей-ақ қойған! Қайдан түзелсін алдымен аз адамға аян болған ағасы мен әйелдің жайы бүкіл ауылға әйгілі болды. Еркінсіген ағасы оны үйге де  ертіп келіп, қонақ етіп, әпкесін жүгіртіп соған ас дайындатқан күндері де болды... Әпкесі ештеңе сезбейді, я сезсе де сезбегендей болады. Бұл қорлыққа одан әрі төзуге төзімі таусылған Мансия емге ішіп жүрген спирттің жарты стаканын құйып алып, толтыра су қосып ішіп алды. Өлсем өлейін, өлмесем батылым барып айта алмаған сөздерді айтып беруіме септігі тиер деген.

Жұмыстан қайтқан әпке-жездесі келгенде ішкен спирт буынын алып, есіктен кірген екеу төртеу болып көрінетін жағдайда отырған Мансия:

- Оңбаған, азғын, ұятсыз ақынмын дейсің ғой, ақын емес алдымен адам болып ал... – деп көкейіндегі сөздерді боратты-ай кеп. Мансияның сөзінен де түрінен де шошынған екеуі:

«Астағифиралла» мынаған бірдеменің шалығы тиген бе сұмдық-ай, «апа» мына қызға не болған? – деп сырттағы шешесіне жүгірісті.

Бой бермей алысқан Мансияны үшеулеп төсекке жатқызып, аяғынан, қолынан басып ұстаған күйі алыса-алыса сілесі қатып ұйықтағанша жібермеді. Сасыған спирт иісі мен емдікке ішіп жүрген бөтелкенің бос домалап жатуынан Мансия жайы белгілі болған.

Осы күннен кейін олар Мансиядан қорқайын деді. Әпкесі мән-жайды білмек болып, Мансияның мектептегі ең жақын құрбысынан сыр суыртпақтаған еді, еш жауап ала алмады. Ал өзі үй-ішімен сөйлеспейді. Бір апта қыстыққан әпкесі оңаша қалған бір сәтті пайдаланып анасына:

- Апа, Мансия сізге ештеңе айтпады ма? Анадағы қылығы не? Жездесіне айтпаған сөзі жоқ. Алысып қоймаған соң мен қолынан ол аяғынан ұстап жатқызбақ болғанда, оны оңдырмай теуіп те жіберді.  Міне, қарашы, менің білегімді тістеп алды, - дейді. Құтты жынданып кеткендей... Енді қарасам, түк болмағандай жайбырақат жүр. Ертеңіне кешірім сұрайтын шығар, - деп едім. Кешірім сұрамақ түгілі, бізге көз қиығын да салмайды, - дейді.

- Бұған бірдеме көрінген болар. Ағасын қатты сыйлаушы еді ғой. Ер адамды тепкені несі? – деп анасы күйіп-пысты. Емдік спиртті түгел іштің бе, төгіп тастадың ба десем, жақ ашпайды. Не болды саған? – десем – Ештеңе, - деп тұрып кетеді.

Қайта өзің сөйлесіп көрмейсің бе, менен гөрі өзіңе сыр ашар, - дейді анасы.

Ал Мансия болса көз алдында айбынды алатауы құлағандай күн кешуде. Табына пір тұтатын ақын ағасының өзі үшін жермен жексен болған тұлғасын көргісі де келмейді... Жүрегін сыздатып, қанын басына айдаған әлде намыс, әлде қызғаныш Мансияның жанын жегідей жеп, ақыл – есін жаулап алғандай... Қанша рет тоқтатып алса өз әйелі жүр ғой жанында, менің нем бар? – деп ойламайын десе де, өз ырқына көнбейтін бір алапат күш жанын жайлап алып, маза берер емес...

Мансияны ата-анасы шама-шарқынша бетінен қақпай өсірген. Үйдегі кіші бала болғаннан болар өзімшіл, қызғаншақтау еді. Ең аяғы сүттің бетіндегі қаймағы Мансияның алдына емес, ортаға қойылса да, өкпелеп қалатын. Өсе келе қатар жүрген жақын құрбысы өзге қызбен шүйіркелесе қалса да ішіне пышақ айналмай қалатыны бар.

Ағасы мен әпкесі алғаш қосылған уақытта әпкесі бұны шеттетіп, ағасын жақын көріп, екеуара күбірлесе сөйлескенде Мансия өзін далада қалғандай сезініп, жатып жылағаны да есінде. Әпкесін одан қызғанған. Енді міне, өзгеден шоқтығы биік, оған тең келер еркек те жоқ бұл жалғанда: «Бұл – тек өзімнің ағам», - деп жүргенде, қайдағы бір әйел көлігіне мініп, жеңіл ауыздылар сөзіне жел беріп, жанұя намысын жерге жаныштамақ...

- Жоқ, олай болмақ емес, тоқтатамын! Бұл өсекті өрбітпей өшіру керек, - дейді ішінен бір зор дауыс. Еркек атаулының ішінде Мансия үшін әкесі мен ағасының орны бөлек. Әке асқар тауы болса, ағасы – мақтанышы, соған қарап бой түзейтін, ой түзейтін құдты бағдаршамы еді. Жігіт біткенді ағасымен салыстыратын да:

- Қой, бекер әуре болмайын. Тәйірі, бұлар оның тырнағына да татымайды. Олар ауылдың жігіт-мігіттері, өңкей қиқымбақай. Сондықтан да ағасы барда ешкімді көзіне де ілмейді. Сөйткен ағасының бет-пернесі бірақ күнде ашылып, биік бейнесі ту жоғарыдан табан астына құлап түскен... Осындай аласапыран ой құшағында жүріп, оқу жылының аяқталып қалған да сезбепті. ..

Көп жылдық ұстаздық өткен шағында көңілге түйгені бұл жалған дүниеде адамдар бір-біріне қонақ боп жүргенін мүлдем ұмытып, бірі-бірінің қадыр-қасиетіне жетпей, ренжіседі де, ұрсысады. Мұның бәрі жақын адамдарымыз «осындай болса ғой» деп санамызда  идеал жасап алып, ол адам сол ойлағанымыздай болмай, оның іс-әрекетіне көңіліміз толмағаннан шығатын нәрсе екен.

«Бізді өте жақыннан жақсы білетін жандар, әрине, бізді өте жақсы көре бермейді», - деп жазған екен Л.Н.Толстой.

Ия, тірісінде аяқтан шалып, ит пен мысықтай болған сан туыстың өлгенде өкіре жылап «Керемет адам еді!» - деп ұзақ-ұзақ сөз сөйлегенін тіпті естелік те жазғандары қаншама...

 Пендешілікті өлім ғана кешіреді, - деген осы шығар.

Мансияның да қиял әлемінде жасап алған идеал – адам бейнесі тіпті де идеял кейіпкерге жатпайтын, өзін қоршаған көп пенделердің бірі ғана екенін түсінуінен соң бәрі менің ойлағанымдай, менің айтқанымдай болуы керек деген асыра бағалау, асыра талап қою, жас өспірім қыздың максималистік көзқарасының жемісі еді. Әрине ол бұны кеш түсінді.

Өзі тұрмыс құрып, балалы-шағалы болып, ес тоқтатқан кезде, Мансия өзінің сол қылығын ойлағанда қарадан-қарап отырып қара терге түсетін. Ой, жастық, білместік-ай!

Сол әрекеті әпке-жездесімен арасын суытып қана қойған жоқ, оның өлең-жырға деген ынта-жігерін де құм қылды. Ағасының газет-журналдан қиып алып,  сақтап жүретін өлеңдерін, өзінің әр кезде жазып жүрген күнделік сияқты өлеңі бар қара-сөзі бар дәптерін жыртып-жыртып отқа жаққан...

Бұл кезде өсек-аяң да ауылдан асып, әрмен қарай таралып жатты. Ол өсекті әркім әртүрлі өрбітіп айтқанмен, Мансияға туралап келіп енді ешкім айтқан емес. Әйтсе де құрбыларының бұған қарағандағы сұраққа толы көздері, әпкесінің суық жүзі, жездесінің біреуді мазақтағандағы миығынан күлетін күлкісі аңғартып тұратын.

Мансия өзінің қияс мінезін, оларға түсініксіз әрекеттерін әпкесіне де анасына да түсіндіріп айта алмаған... Оның қатты ашуланып, бір нәрсеге деген наным-сенімі ақталмаса, қалың ойға шомып, сол ойдан арыла алмай күйзелетіні бар. Бұйығып еш адаммен сөйлеспеуінен үлкендер қауіптенейін деді. Ұйқысы қашып, ас – суға да тәбеті тартпай құр сүлдері жүрген. Мансияны жездесі ретін тауып жүйке ауруларын емдейтін дәрігерге көрсетіп алуды жөн көрген. Оның өзін де Мансияның ар-намысына тимейтіндей етіп, асқазан ауруларының дәрігері ретінде таныстырған. Сол дәрігердің берген дәрісі ширыққан жүйкесін тыныштандырып, ұйқысын ретке түсірген кезде өзін емдеген қандай дәрігер екенін бірақ білген.

Менің мінез-құлқымды өзгерткен дертті менің жүйкемнен іздемей, жан дүниемді наным-сенімді астаң-кестең еткен өзінің іс-әрекетінен іздесе ғой, - деп ойлайды Мансия.

Әпке-жездесімен осы араздығы ақыры олармен арасын ашып, ата-анасы мен Мансияның ол ауылдан көшіп, аудан орталығына орын ауыстыруымен аяқталған...

Тауы шағылып, сезімі алдап періште деп жүргені жер басып жүрген көп пенденің бірі болып шыққаннан кейінгі жерде Мансияның ер-азаматқа деген талабы да талғамы да өзгеріп сала берді... Жан-жағына бажайлап қараса, өзі құрбыластың көбі үйлі-боранды да болып қойыпты. Қой, бүйтіп жүргенім жарамас, - деп ойлады Мансия.

Жасы жеткен ата-анасына қамқор болып, отын-суын, жем-шөбін түсіріп беріп тұратын бір еркектің етегінен ұстайын деген ойға келді. 

Мен ойлағандай ақбоз атты Төлеген бұл өмірде кездесе ме, кездеспей ме? Азаматтың төресі, жігіттің сұлтаны деп есептеген жездесінің түрі – анау болғанда, бұған кездесер сол – Төлеген қандай болар дейсің?!

Талғамы мен талабы таудай қыз дәурен–ай десеңізші! Көп қыздар өзіне пар іздегенде, өмірлік жар іздігенде сол азды-көпті талапкердің ішінен «шіркін, менің жарым болса ғой», - деп тамсандыратын тұлғаны қиялында елестетіп, сол елестің соңында жүре-жүре отызыңның қалай келіп қалғанын да сезбей қалатын жайы бар. «Қыздың жолы - қылдай» дейтін халқымыздың салты бойынша өзі барып сезімін жеткізуге болмайтын әдет-ғұрпын ескерсек, қыз бейбақтың күтуден өзге амалы жоқ.

Жанұяда қыздың тыңдайтын адамдары әке мен шеше болса, ұялатыны, сескенетіні, сыйлайтыны ағасы еді. Бірақ сол тыңдайтын жандарды тыңдатпай, сыйлайтын жандарын сыйлатпай жан-жүрегін түршіктірген, мінез-құлқын өзгерткен өмір түйіткілдері өзгерткен. Оның өмірінің бір кезеңі осындай қайшылыққа толы шытырман оқиғалармен аяқталған болатын. Бұл тұйықтан шығуына анасының: Біреудің етегінен ұста! Мына қағынып тұрған заманда қыз баланың жалғыз-жарым жүруіне болмайды! – деген күн сайынғы қаңқу сөзі мен:

- Балам, мына малды қайтеміз?! «Қыстың көзі қырауда» дегендей жем-шөбін де даярлап беретін адам жоқ, - деген әке сөзі жол тауып бергендей...

Тәуекел, барымен базар дегендей, осы жігітке келісім берейін. Өзі-жездесі сияқты жалқы да емес, бес ағайынды жігіт екен. «Шөп болса да көп болсын» жанды-жақты жігітке тұрмысқа шықсаң екен», - деген ана тілегі де қабыл болып тұрғандай.

Сонымен жұптасу мәселесін оңай шешіп алған Мансияның бар сүйіспеншілігі балалары мен өзі саналы түрде меңгерген ұстаздық іске бағышталды. Ата-ана да мәңгілік емес, бірі ерте, бірі кеш бақилық болған...

«Өмір өзен күркірейді өтеді, кім біледі кім бірінші кетеді?» дегендей ағасы да өмірден ерте озған...

Бір кезде он төрт жасқа дейін өмір сүрген ауылдың есінде (жадында) жақсы сақталуы ой-сананы бөлетін түрлі құбылыс-әрекеттің аздығынан болар деп ойлайды...

Адам жадының негізгі міндеттері: еске түсіру, есте сақтау, елестету түйсіне тану. Оның негізгі міндеттерімен қатар адамда ұмыту функциясы да жұмыс істейді екен. «Жадымнан шығып кетіпті», деген тіркесті біреу көп айтады, біреу аз айтады, әйтсе де барлық адамның жадында жатталып қалатын немесе жадынан мүлде ұмытылатын мағлұматтар кездесетіні анық.

«Жады дегеніміз – адамның өткен іс-тәжрибесін сақтап, оны ұйымдастыру барысы, сезім өрісіне қайта оралып, әрекетке қайта қолдануға мүмкіндік жасау», - деп түсінік берілген екен «психологиялық сөздік» кітабында.

Осы бір алаңсыз өмірінің аяқ астынан өзгеріп, астаң-кестеңі шығады деп еш ойламапты. Ауруы асқынып, ауруханада жатқан ұлынын түрін көрген күннен бастап, өмірі мүлдем басқа арнаға бұрылып сала берерін ол біліп пе?

Ия, өмір кейде саған бақытты сәттерді сыйласа, енді бірде шексіз қайғы-қасіретті әкелетінін бастан өткерген. Қеңестік дәуірдің атеистік тәрбиесі санасына мықтап орныққан мектеп ұстазының Құдай жайындағы көмескі түсінігі де санасында берік орын тепкен кезең басталғандай.

«Құдайға да жақсы адам керек», «Құдайдың өзі берді, өзі алды, оған қарсылық жасау күпірлік", - деген сөздер: Кеткеннің келмесін әке-шеше өлімінен аңғарған жанға  аңырағаннан келер-кетер ештеңе жоқ екенін пайымдатты...

Ол үшін ұлы керемет бір қозғаушы күш сияқты еді. Егер ол болмаса тіршіліктің бәрі тоқтап қалатындай көрінетін. Оның мектеп оқушысы болған кезін есіне түсірген Мансия жексенбі күндерінде анандай тамақ пісірші, мынаны істеп берші деп сол кезде-ақ өмірінің қозғаушы күшіндей болғаны есінен кетпейді...

Уақыт өте жан жарасы да жазыла бастағандай, ауық-ауық соғып өткен дауылдай боп жан-жүрегіңді тырнап өтетіні болмаса өмір өз ағысымен аға берді.

Дүниедегі үш арсыздан қашып кім құтылған?! Бірі – ұйқы болса, екіншісі күлкі, үшіншісі – тамақ.

Өмір ағысымен жылжыған уақыт өз дегенін істеп, күн екінтіге де таянды...

Үлкен қалаларда да, кішкентай ауылда тұрсаң да адам  жалғыздықты өмір бойы сезініп өтеді. Жаны жалғыз. «Шығарда жан бөлек» дейді қазақ. Жалғыздық өмір бойы адамның қыр соңынан қалмайды десе де болады. Нәресте екеш нәресте де өзінің жалғыздығын сезеді. Жатқан жерінде жалғыз қалса, мәңгіге ұмыт болғандай жылай бастайды. Қалай қолыңа  алсаң сезіп, жылағанын қояды.

Жалғыздық сезімі, әсіресе, ең жақын адамыңнан айрылғанда, туғаның мен ағайындар сені түсінбегенде немесе досың сатып кеткенде мына жалғанда жападан-жалғыз қалғандай күй кешуіміз баршаға анық. Сондай сәттерде адам құлазыған көңіліне медеу болатын бір іс-әрекетті іздейді.

Мансия ақ қағаз бен қаламды жолдас етіп, өзі жасынан сүйіп оқитын өлеңімен қайта достасқан. Бұған да тәуба! – дейді ішінен. Ол болмаса кіммен сырласам, кіммен мұңдасам?!

Шіркін, Абай! Адамның жан-дүниесін, сезімін сендей дөп басып, жырлаған кім бар?!

Сеніскен досым да жоқ, асығым да,

Ақыры өлең жаздым жасыдым да.

Көрмеген көп дүние көл көрінді,

Осынау қартаң тартқан жасымызда –

- деген жолдары Мансияға тым жақын, дәл өз жүрегінен шыққандай... Осы соңғы айдың үстінде Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғайдың редакторлығымен текстологиялық сараптамадан өтіп, «Абай сөзінің үтір, нүктесін де өзгертпей басуға тырыстық», - деген алғысөзбен басталған Абай шығармаларының екі томдық толық жинағын Мансия қайта оқи бастаған. Оқыған сайын: О, тоба! Қырық жыл қазақ әдебиетінен дәріс беріп, Абай шығармаларына жыл сайын қайта оралып отыратын бұның өзі ұлы ақын сөзінің жарым-жартысын білмейтін болып шықты. Олай болса, былайғы жұрт оннан бірін де білмегені ғой, - деп ойлайды ол.

- Көп екен көргенімнен көрмегенім, жақсы екен бәрінен де өлмегенім, - дегендей ендігі өмірде өзі білмейтін өмірдің қыры мен сырын зерделеп, күн кешуді мақсұт еткен...

Ия, өткен өмір бейне түс, оның бұралаң бұрылыстары, көмескі түсініксіз тұстары санаңнан сызылып,  ал таң алдында көретін анық түстер сияқты сәттері санаңда сайрап тұрады...

 

 

Қазақ тілінде жазылған