Адам қарады: 10482 | Жарияланды: 2019-05-28 10:17:15

Адасқан жүрек

                                    I

 

         Есік ашылып, ішке орта бойлы, иықты, аққұба жігіт кірді. Бибі, оны бірден таныды.  Галереяға күніне бірнеше адам келгенімен бұл жігіт картинаға емес өзіне қарағыштауымен әрі тартымды күлкісімен, оның жадында қалған болатын. Соңғы күндері жиі келіп жүрген жігіт кеңесші қыздың алдына келіп, күлімсірей қарап:

  • Сәлем, қалайсың Бибі? деді.
  • Бибі? Сіз менің атымды қайдан білесіз? деп қыз көзін ашып – жауып таңданғанын жасыра алмай.
  • Менің білмейтінім жеті қат жер астында, деп күлді жігіт.

Күлкісі ерекше әуезді. Сірә, бұлай бәрі күле білмес деп ойлады, Бибі. Мен білетін еркек атаулы қарқылдап күледі немесе ішегін тарта күледі. Кей біреуі өтірік күледі. Ал, бұл күлкі ерекше. Қыз тыңдай түскісі келді. Бірақ жігіт күлкісін тыйып сөз бастады:

  • Бибі, сіз екеуміз бүгін бірге тамақтанайық. Сосын, киноға барамыз. Театрға да барсақ болады. Бірақ өз басым киноны көбірек ұнатамын. Жарайды мен қазір жұмыстарымды тындырып келейін. Оған дейін сіздің де жұмыс бітеді. А, таңқалмаңыз жұмыстан алтыда шығасыз, оны да білемін. Жо жоқ тек сіз қорықпаңыз мен моняк емеспін, аңдып жүргенім де жоқ. Жәй сұрап білдім. Жақсы, мен кідірмей бара берейін.

Бибі, аңырап біраз тұрып қалып, ойын жиып:

  • Не, менен кім рұқсат сұрайды? Танымайтын адаммен кете береді деп кім айтты? Әлде оны да біліп алдыңыз ба?
  • Иә, кешіріңіз. Атым Талғат. Мен бірінші күні – ақ осы галереяға кіргенде көзім сізге түскен. Содан бері келгім келеді де тұрады. Аяғым өзі осы жерге жетелей береді деп тағы дауыстап бір күліп алды да сөзін жалғастырды:

 - Мен, жаңа жұмысқа ауыстым, үш күннен соң іссапар. Бір ай басқа қалада болам. Сондықтан, бар батылдығымды бойыма жинып келіп айтқаным ғой. Келісесіз ғой иә???

Жігіттің қастары керіліп, өтіне қарады. Жаңағы батылдығы сенімсіздікке ауысып, соңғы сөздерін күмілжи айтты.

Бибінің бір түрлі іші жылып «жоқ» деуге дәті бармай басын жәй ғана изеді. Ішінен қызық жігіт екен, жарайды барсам барайын деп шешті.

          Екінші күні Талғат тағы да жұмыстан соң келіп кешегідей машинасының есігін ашып Бибіні асыға күтіп тұрды.

Бойжеткен терезеден таныс көлікті көріп жүрегі жиі қағып, кешегі күнді есіне алды. Оның мейрімді жүзі көз алдына келіп, жағымды дауысы мен күлкісі құлағына естілді. Далаға шығып көлікке отырды. Екеуі кешті жақсы өткізді. Талғат өзінің өмірін баян етті. Бибі өзі жайлы айтты. Үшінші күні тағы кездесті. Талғаттың іссапарға аттанатын күні. Қимастықпен қоштасты. Талғат келемін деп, Бибі күтемін деп келісті.

Бір ай, бір жылға созылғандай болды. Үш күнде мұншама бауыр басады екен - ау адам баласы, деп ойлады қыз. Әр кеш телефон соғуын күтетін болды. Бір - біріне түрлі смс – тер жазды.

Міне, ай өтті. Соңғы сағаттар қалды. Бибі үшін, сағат тілі байланғандай әзер жылжиды. Ессіз ғашық болмаса да, бір жылулықты сезеді.  

Талғат келем деген уақытынан бір минутта кешікпей келді. Бибі болса киініп әзір отыр еді. Жігітті көре сала орнынан атып тұрып жүгірді. Талғат құшақ жая қарсы алып, қызды бауырына басып шашынан иіскеді.

  • Жеттім – ау әйтеуір. Сағындым сені. Сен ше? – деп махаббат толы көздерімен Бибіге қарады.
  • Иә, мен де, деді қыз көзін төмен салып ұялып. Бұған дейін мектепте жәй ғашық болғаны болмаса ешқашан жігіткпен кездесіп көрмеген қызға бұл таныстық ерекше еді. 
  • Жүр кеттік, деп Талғат Бибіні сыртқа алып шығып көлігіне отырғызды. Әдеттегідей кафе немесе киноға барамыз деп ойлаған қыз бейқам кешкі Алматыны көлік терезесінен тамашалай отырып Талғаттан жұмысы жайлы сұрады.

Талғаттың айтпағы бұл емес еді. «Келісе ме, жоқ па? Қазір айтам ба, әлде біраздан соң айтсам ба екен?»,- деп өз ойымен әлек. Үнсіздікті Бибінің таңырқаған нәзік үні бөлді.

  • Неге сұрағыма жауап бермедің? Қайда барамыз?

Бұл сұраққа жігіт біраз үнсіздіктен соң көлігін тоқтатып, қыздың көзіне қарап:

  • Бибі, мен сені сүйемін. Мен саған бір көргеннен ғашық болдым.
  • Білемін...
  • Қайдан?
  • Өзін смс те солай жазғансың, деп күліп Бибі:
  • Саған не болды, Талғат?
  • Бибі тыңдашы, мен болашақ жарымды елестеткенде ол тура сендей болатын. Мен, жас бала емеспін несіне созамыз осының бәрін. Үйленейік, деп тоқ етерін айтты.  
  • Талғат біз бір ай ғана таныспыз. Мен сені төртінші рет көріп тұрмын. Жоқ.
  • Тссс, асықпа жауабыңмен. Бүгін үйде бізді анам күтіп отыр. Туысқандарым да жиналған болар.
  • Жоқ, болмайды олай...
  • Бибі, күнім қарашы маған, сенші сөзіме. Мен сені өмір бойы сүйіп өтемін.
  • Талғат, мен бұлай тез шешім қабылдай алмаймын. Менің жоспарларым бар. Мен әлі тым жаспын. Мүмкін...
  • Қарашы көзіме айтшы адал сөзіңді, сен мені сүйесін бе?
  • Солай шығар, білмеймін, ол жансақ сезім болуы мүмкін... мен... деп кідіріп үнсіз қалды.
  • Осыдан басқа ештеңе айтудың қажеті жоқ, деп Талғат Бибіні құшақтап дірілдеген ернінен сүйді.
  • Менің махаббатым екеумізге жетеді. Сен қазір күмәнданып тұрған боларсың. Бірақ бізде бәрі тамаша болады. Сенші маған.

        Міне оның басына ақ орамал да тағылды, отқа май да құйылды. Бибі мен – зең күйде. Іштей неге келістім, неге, қателік жасадым – ау. Енді қайттім, –  деп ойлай берді. Талғат болса мәз, әр құттықтауға «әумин» деп, азынаулақ қонақты күтіп жүгіріп жүр.

       Көзді ашып жұмғанша той да өтті, жүздеген тілектер де айтылды. Бәрі әдеттегідей, тек Бибінің көңілінде бір күдік бар. Дұрыс істедім бе? Жоқ па? Бірақ Талғаттың шексіз махаббатың көріп күдігіне басу айтып:

– Мүмкін бұл тағдырдың жазуы шығар. Болар іс болды, бояуы сінді. Артқа жол жоқ деп, үнсіз балауса шағымен, армандарымен қоштасты.

          Қыз ғұмыр қызғалдақ, Бибі енді жар атанды.

Таңғы тәтті ұйқысын Талғаттың ыстық алақанымен төсін аймалағаны оятты. Кеткенінше махаббатқа тояттағысы келген Талғат жарын құшып құшырлана сүйді. Жас келіншек ұйқысын қимай бетін бұрып теріс айналып еді, жігіт ырық бермей еліктей нәзік денені ырығына көндірді.

Жарына таңертеңгі шайын беріп жолға шығарып салды.

                      

                                            II

 

         Екеуінің отасқанына 5 - 6 ай болды. Бибінің көңілі жабырқау. Онда, Талғаттың кінәсі жоқ. Ол, жарын жанындай жақсы көреді. Еркелетіп: «кішкентай ғана елігім менің», - дейді. Ұзақ жолдан келген сайын сыйлығын әкеледі. Бір ай болмаған уақыттың есесін махаббатпен де, мейіріммен де, сыйлықпен де толтырмақ. Ол пейілі үшін, Бибі оған риза. Не ішемін, не киемін демейді. Міне бүгін тағы кетті. Енді Талғат келгенше жалғызсырап жүреді. Үйінде енесі болғанымен іші пысып, жабырқайды.

        Енесі, Жамал аз сөйлейтін, көп ештеңені жақтыра бермейтін, мінезі қаталдау, көбіне өз бөлмесінен шықпайтын, тұйық адам. Тасбих тартып немесе терезеден көзін алмай ұзаққа қарап отырады. Не қарап отырсыз деп сұрағысы келетін келін сұсты енесіне баталмай теріс айналып кетеді. Шәй құйып отырып әңгімеге тартқысы келіп сөйлесе, Жамал қысқа қайырып, тұрып кетеді. Талғаттың анасына түрі ұқсас болғанымен мінезі өзгешелеу болатын. Жамалдың бар айтатыны: «Жаратқан ием ұлымнан торсық  маңдай сүйгізсең, бір иіскесем арманым жоқ», - оның өзін көңіл күйі жақсы күні айтады. Қабағы қатулы күні: «сенің бағын бар, қолыңды жылы суға салып, тыныш үйде отырсың. Мен кезінде үйдің де, түздің де жұмысын жалғыз істегенмін. Балаға да, үйге де қарайтын жалғыз өзім едім. Сенің бағына менің ұлым кездескен. Қайда тұрам, не ішіп, не жеймін деп еш қайғырмайсың»,-  дейтін. Бұл сөздері Бибінің қытығына тиетін. Тіпті мезі де болатын. Ішінен одан да жұмыс істеп, елмен араласқаным жақсы еді деп ойлайтын. Бірақ жас келін енесінің алдына келіп сөз қайтармай үнсіз отыратын. Мейлі айта берсін, барына шүкір, жоқ болса тіпті жалғыз болар едім,- деп ондай кезде өзіне басу айтады.

        Бибінің көңілін аулайтын орта жастағы көрші әйел, Айжан. Өзі сөзшен, ананы – мынаны сұрағыш. Содан болар оның келгенін, Жамал жақтырмайтын. Ұнатпағаның жасырмай тіпті сөзбен қағыта сөйлеп қалатын.

  • Үйінде шаруасы жоқ па осының, күнімен айттай береді екен отырмай, дейтін. Айжан да есесін жібермей, әдейі естірте:
  • Өй, кемпір жөніне жүрмей ме, пысық болып үйінде отырса күйеуі де отырар еді ғой. Құдайға шүкір біздің байымыз қасымызда, тегі қайтеді, – дейтін.

Бибі:

  • Қайдағы күйеу? Неге олай айттыңыз? дегенмен Айжан сөзге айналдырып айтпай қоятын. Көрші әйелдің келгеніне Бибі қашан да қуанышты. Ас үйге кіріп шәйін қойып бәйек болады.

Бүгін де Айжан балаларымен ұрысып, айқайлай кіріп келді. Бұл үйдің есігі түнде болмаса күндіз ашық тұратын.

  • Апа, есікті жауып қояйық та, қорықпайсыз ба? деген сөзіне, Жамал:
  • Ұры есік жабық болса да ұрлайды қарағым. Оның үстіне әлгі қыдырымпаз көрші қоңырауды шырылдатып мазаны алады, дейтін.

Айжан үйге кіріп:

  • Ә, отырсың ба? Мына жаның шыққыр қалмай , деп етегінен ұстаған ұлды көрсетіп:
  • құрысын шаршадым баладан, ұл – қызды бақ, сосын балаларын бақ, тегі жіберші ей, деп баланы жұлқып қоя сөзің жалғастырды.
  • Не жігітін тағы кетті ма? Таңертен шығып бара жатқанын көргем. Әй, сорлы қызай. Жап-жассың ғой. Неге байға тиуге асығасыңдар осы ә? Кетті ғой менің де қызым сендей жап-жас. Тағы байың келгенше төрт қабырғада көміліп отырамын десейші.

Бұл сөздерге құлағы әбден үйренген ол жайбарақат түрмен:

  • Ой, жеңеше қойыңызшы, деп күлді.
  •  Жүріңіз одан да шай ішейік, жүре ғой балапан, деп көршінің баласын ертіп ас үйге бет алды. Қолына кәмпит ұстатты. Беті жылағаннан айбақ - сайбақ бала тәттіні алып мәз.
  • Әкел, мына бәлені үйге апарып тастамасам шәй ішкізушіме еді, деп Айжан шығып кетті.

Кішкентай бүлдіршіннің қылғына қызыққан Бибі қашан балалы болар екенмін деп ойлап үлгергенше көршісі:

  • Қыз, шәйің дайын ба? Келдім, деді.

Аулаға шығуға ыңғайланған Жамал мырс етіп:

  • Келмей ме деп қорқып едім, деді.

Көрші әйел, ұзын бойлы, жинақы, аққұба кемпірдің сөзін елемей ас үйге өтті. Жамалдың сыртқа шыққанын есіктің жабылғанынан біліп, Айжан:

  • Өй, тегі осы кемпірге қалай шыдап жүрсің қыз. Әке – шешең осыны күзетуге таппаған шығар. Ең болмаса жұмысқа шығып, сергімейсің бе. Жапжас, әп-әдемісің. Жастығыңның қызығын да татып көрмедің ғой, тегі,- деп жас келіннің құйып берген шайын үрлеп ішіп сөйлеп жатыр. Бибі арғы жағын естімей өз ойына шомып кетті. Шынымен жиырмаға енді келді. Не қызық көрді? Мектеп бітіріп, жоғары оқуға түсе алмады. Бір жыл дайындалайын, тіпті тағы түспей қалсам ақылы бөлімге барамын деп  жұмысқа тұрды. Оқу жылы басталарда, Талғат кез болды. Ойда жоқта отбасылы болды. Білім аламын деген арманы жайына қалды. Осы менікі не, енді отырғаным мынау, деп толғанды.
  • Иә, жеңеше сөзіңіздің жаны бар. Оқысам деген арманым елес болып қалды. Бірақ ешкімнен қорлық көріп отырғаным жоқ. Талғат ренжітпейді, апамның анда санда сөйлегені болмаса маған зияны жоқ. Қайта екеулеп Талғатты күтіп уақыт өткіземіз,- деп ақталғандай болды.
  • Өйтіп уақыт өткізгенің құрысын, деп көршісі маңдай терін сүртіп, шәйін сораптап ішті.

  

                                   III       

 

       Үш бөлмелі пәтер, әр заты өз орнында талғаммен жиналған. Бибі ас үйде шәй дайындап жүр. Жамал келіп үстел басына жайғасты. Шәй құйып отырған келіні қозғалақтап бір нәрсені айтуға оқталып, қалай бастарын білмей отыр еді, байқампаз енесі сезіп:

- Қарағым бір ой мазалап отыр ма, берекең кетті ғой? – деді.

Сөзді енесі өзі бастағанына қуанған Бибі:

- Иә, апа. Өзіңіз білесіз Талғат іссапарға кеткенде тіпті жабырқап қаламын. Екі қолды қусырып қашанға отырамын? Кеше, бұрын жұмыс істеген галерея иесі хабарласып орнын бос, жұмысқа шығамын десен кел деген болатын. Егер рұқсат етсеңіз жұмысқа шықсам қайтеді? Сіздің зейнетақыңыз бен Талғаттың жалақысына мен де септігімді тигізер едім, - деп көздері жәудіреп, өмірдің талайын басынан өткеріп, бірақ сыр бермеген, үнемі сабырлы, түсі суық енесіне сұраулы кейіппен қарады.

Біраз үнсіздіктен соң, Жамал жас келіншекке көз жүгіртіп өтіп:

- Қарағым, ақшадан қысылып отырғанымыз жоқ. Өзіңді әуреге салып қайтесің. Оның үстіне қыстың көзі қырауда, тыныш отыр,- деп жауабын қысқа, бірақ нық айтып орнынан тұрып кетті.

Бибінің бойын ашу кернеп көзінен жас ытқып шықты. Қарсы келуге дәрмені жоқ, не де болса күйеуін күтіп, оны дегеніне көндірмек болды.

       Көптен күткен жары да келді. Есік ашып әдеттегідей жұмсақ дауысымен: «кішкентай ғана елігім менің, мен келдім», - деп үн қатты. Күйеуінің дауысын естіп, Бибі тоқымасын тастай сала бөлмесінен жүгіріп шығып, мойнына асылды. Арғы бөлмеден:

  • Келіп қалдың ба құлыным, деген анасының дауысы естілді.

       Ас үйде Бибі тамақ әзірлеп жүріп, Талғатқа болған жәйіттерді айтып мәз мейрам. Талғат келіншегіне сүйсіне қарап зер сала тыңдап отыр. Жастардың шүйіркелесіп әңгіме айтқанын, сыңғырлап күлген дауыстарын естіген Жамал, терең күрсініп: - Е, Алла осы бақыттан айыра көрме, ұзағынан сүйіндіре гөр, біліп – білмей істеген күнәларымды кешіре гөр, сұрауың болса менен ал, балаларыма ауыртпалық сала көрме, - деп әдеттегі суық жүзі елжіреп, аузы жыбырлап ішінен дұғасын оқып, тасбихын тартты.

       Кешкі астан соң Талғат жатын бөлмеге кіріп, төсектің үстінде жатқан нәрестенің тоқылған тақиясын көріп, қолына алып үлкен жұдырығына киіп, қолын кеудесіне қысып баланы әлдилегендей күлімсірей қарап:  - Иә, иә әкең келді. Сағындың ба балам? – деп ыңылдап тербетті. Бөлмеге кірген Бибі жолдасының қылығына еріксіз езу тартып:

  • Бала болып кеттің бе, не істеп тұрсың өз қолыңмен сөйлесіп? Көрдің бе тақияны тоқып біттім енді нәски бастадым, қалай ұнайды ма? деп еркелей қарады.
  • Әрине, елігім. Шеберсің ғой өзің.
  • Елігім деп қашаңғы айтасың, елдер әйелдерін жаным, күнім деп жатады.
  • Ал, жарайды жаным, күнім! – деп Бибіні құшақтап қатты қысты.
  • Ой, жіберші тұншықтым, – деп жас келіншек бұлқына бастады.
  • Әне, еліктің лағы құсап бұлқынатын өзің. Бір тыныш тұра алмайсың, деп күлді. Бибі осы мезетті пайдаланып өз назын білдірді. Үйде отырып мезі болғаның, жұмысқа шыққысы келетінін айтты. Талғат біраз қипықтаса да жарының бетін қайтарғысы келмей келісімін берді. Алайда іштей үйде отырғаның қалап еді.
  • Рахмет, рахмет келіскеніңе. Мейлі мені елік десең де, лақ десең де, қозы десең де енді ренжімеймін.
  • Бірақ жүкті болған кезде жұмыс дегенді ұмытасың, ұқтың ба? деп талап қойды. Бибі қандай талап болса да келісетінін білдіріп басын изеп, күлім қағып ерінін бетінен қайта - қайта сүйді.

Жұмыс мәселесін шешіп алған Бибінің көңіл күйі көтеріңкі. Ұлы келісіп тұрған соң, Жамалдың да көнуіне тура келді. Бірақ, сонда да әредік қарсылығын білдіріп қояды.

 

                                                      

                                         IV

 

         Талғатты кезекті сапарға шығарып салған Бибі тұрмысқа шыққалы бері қолына алмаған бояуларын алып, тырнағын бояп, шашын сәндеп, таң атқалы айна алдында шыр көбелек айналып жүр. Бұны көрген енесі қабағын шытып, ұнатпай сырт айналды. Жамалдың жақтырмағанын байқаған келіні, шәйін беріп отырып:

  • Апа, ренжімеңізші. Мен күні бойы емес, азын аулақ уақыт боламын жұмыста. Сіз тіпті менің жоғымды байқамай қаласыз. Сосын, Айжан тәте күнде келіп тұрады ғой, отырып әңгімелесесіздер.
  • Иә, қайдан білінбесін жоғың. Талғатта жоқ, сен де жоқ. Жападан жалғыз отыратын болдым. Әлгі сөзуарын келмей ақ  қойсын. Онымен әңгіме айтып жарытпаспын, – деп мұрнын тыжырайтты.

        Бибі енесінің көрші әйелді неге  сонша сауқыны сүймейтінін түсінбейтін, алайда сұрауға батпады.

Жұмыстың басталуына әлі ерте болса да тыпыршып үйде отыра алмай уақытынан ерте шығып, қысқы таза ауамен терең тыныстап, Алатаудың аппақ шыңдарына көз салып асықпай басып келе жатқан Бибінің тыныштығын көліктердің оқыстан шыққан дыбыстары бөліп жіберді. Тосыннан шыққан дыбысқа Бибі селк етіп, у – шу болған жаққа көз салды. Жолдың ортасынан 25 жас шамасындағы ұзын бойлы, кең иықты қолындағы кітапқа шұқшиа қадала жайбарақат кетіп бара жатқан жігітті көрді. Көлік жүргізушілері балағаттап айқайлап жатыр. Оның бірін естіп те, көріп те тұрмағандай, бейқам күйде жігіт маңғаз басып жол жиегіне шықты. Бибі жігіттің қылығына таң – тамаша. Есуас, не жаужүрек, не диуана, - деп күбірлеп жігітті көзімен шығарып салды.

         Бибінің жұмыстағы бірінші күні жақсы өтті. Галереядағы әр суретке зер сала қарап, жаңа картиналардың қасында ұзақ тұрып, бояудың иісін сезген сайын бойы қуанышқа бөленіп, қайта жаны кіргендей көңілдене түсті. Көзі әр жұмысқа сүйсініп, осы атмосфераны аңсағанын сезді. Көтеріңкі көңіл күймен үйіне қайтып келеді. Ойша картиналардың стиль мен композицияларын салыстырып келе жатып қарсы шыққан адамға қалай соқтығысып қалғанын байқамады. Басын көтеріп қараса өткір көзді, ат жақты, қыр мұрынды, қара – торы жас жігіт, қабағын шытып:

- Абайлаңыз қарындас, - деп ызғарлы үн қатты. Не дерін білмей сасқалақтап қалып, басын төмен салып аяғын тез басып: дауысы не деген қатқыл еді, түрі таныс. Қайдан көрдім екен. Ааа бұл әлгі жолды шулатқан «есуас» қой. Дәл өзі. Артына бұрылып қарады да, «абайлаңыз» деп қояды. Өзі жолдан өтуді үйреніп алсын алдымен, - деп іштей жігітті ұрысып алды.

       Күндер өтуде. Енесі де күңкілдеуін қойып, жұмыстан келінің қабағын түймей күтіп алатын болды. Күнделікті іспен айналысып жүргеніне Бибінің де өзіне көңілі толып жақсы күйде жүрді.

Үйден галерея аса алыс емес, екі – үш аялдама. Бірақ дала аяз болған соң жаяу жүргісі келмей, Бибі аялдамада әдеттегідей тауға көз тігіп автобустың келуін күтіп тұр еді:

  • Кешіріңіз, сағатымды ұмытып кетіппін. Уақытты айтасыз ба? – деген дауыс ойын бөлді. Басын бұрып қараса ұзын бойлы жігіт сәл еңкейе, жымия үңіліп қарап тұр екен. 

Бибінің бейтаныс жігітті осымен үшінші рет көруі, тағы мынау «есуас» па, сыпайы бола қалуын, - деп бетіне қарап тұрып бірден жауап бермегеніне бір жағынан қысылып, қалтасынан телефонын шығарып қарап:

  • Оннан сегіз минут кетті, деді. Жігіт басын изеп, әлі де Бибіге қарап тұр. Тағы бірдеңе сұрай ма деп Бибі де қарап еді, ол күлді. Неге екені белгісіз жігітке енді тік қарай алмай екі беті ду етіп қызарып кетті.

Қыздың сонша қысылғанын қызық көріп жігіт тағы езу тартты. Бибі ақырын көзінің астымен бір қарап несіне күліп тұр, мен де немене сонша қызардым деп өзіне ашуы келіп тоқтаған автобусқа отыра салды. Бойын жиып жан - жағына қараса басқа бағытпен жүретін автобус екен, міне қырсық. Енді осы жексұрын үшін күннің суығында жаяу жүруім керек деп келесі аялдамадан түсіп жұмысына қарай беттеді.

        Бірнеше сағат өткенімен бейтаныс жігіт Бибінің ойынан шығар емес. Жымиғаны қандай жарасымды еді, одан бұрын түксиген түрін ғана көрген еді. Қанша ойламайын десе де ұшқындаған отты көзі, езу тартқан бейнесі маза берер емес. Күйеуі, үйі жайлы ойлап көңілін аулап еді түк шықпады. Талғатқа хабарласып сөйлескен де болды. Галерея сөресіндегі қолөнер заттарын ары - бері орындарын ауыстырып жинаған да болды, бірақ сол бейтаныс жігіттің бейнесі әлі де бір тылсым күш жадына шегелеп қойғандай еш ойынан кетер емес.

        Енді аялдамада тұрған кезде сол жігітті көзімен іздейтінді шығарды. Үйде де селқос жүреді. Келінінің тым үнсіз жүргені Жамалға да ұнамады. Іші бірдеңе сезгендей болды. Бұған не болды екен, баламмен ұрысып қалды ма, бірақ сөйлесіп жатады. Ойы әрдайым басқа жақта сияқты, жұмысқа шыққанын қаламап ем, не болды екен, - деп енесі үнсіз сыртынан бағып жүр.

Бибі болса сәбиге деп тоқып жүретін заттарын тастағалы қашан, енесіне тамағын бере сала бөлмесіне кіріп жатып қалады. Түні бойы дөмбекшіп, көз ілмей ойларымен арпалысып шығады.

 

                                                   V

 

       Қыс қаһарынан қайтып, көктем күшіне еңген шақ. Күн жадырап шығып, қар ақырындап еріп жатыр. Бибі әдетінше аялдамаға келіп тау жаққа бір, жолға бір қарап тұрды. Кенет көзі бейтаныс жігітті шалып, айқайлап жібере жаздады. Өз ойынан өзі шошып, дыбысым шықпағанына шүкір деп ойлады. Қайта – қайта жігіт тұрған жаққа ұрлана қарады. Неге сонша тартымды еді, жоқ болды енді қарама деп өзін тежеді. Жігіт болса Бибіні көргенімен еш мән бермей, маңғаздана бойын тік ұстап, ұзаққа көз тігіп тұр. Оның осы қылығына ашуы келген жас келіншек:

Осы менікі не әурешілік, күйеуім бар, отбасым бар сонша біреуге жаутаңдағаным не? – деп өз – өзін зекіді. Бірақ бойындағы бір сезім оған ырық берер емес. Іштей ынтық. Тым болмаса бір рет қараса екен деп, аялдамаға шыққан сайын жанары сол жігітті іздейді де тұрады. Тіпті оның келер уақытын топшылап үйден шығып, келмесе күтіп тұратынды шығарды. Соның салдарынан кей күні жұмысына кешігіп баратын болды. Басында мән бермеген басшысы енді ескерту айтып ренішін білдірді. Ой үстінде жүргендіктен үй тірлігіне селқос қарағаны үшін енесінен де сөз естіді.

Жұмыс уақыты аяқталып қалды, сырт киімін киіп жатып: болды бүгіннен бастап енді оны ойламаспын. Сен «есуасты» ма, өзінше кексиіп тұратыны бар ғой тағы, бітті енді жоқсын ойымда, - деп өз – өзіне серт беріп жұмыстан шығып үйіне қарай бет алды.

Бір жетіден соң Талғат та келеді, айлық та аламын. Талғатқа, апама сыйлық алсам қалай болар екен? Не алсам екен, үлкен орамал алсам ба, әлде...деп күбірлеп келе жатыр еді біреу жолын қақпалап:

  • Қарындас сәлем! – деді.

Күтпеген жерден оны көріп тұла бойы дір етіп, бойына құдды ыстық қан жүгіргендей болды. Шоғы өшіп бара жатқан ынтығы қайта лап етіп, Бибінің жүрегі тулап шыға келді. Тағы сен ба «есуас»?! Неткен тартымды едің. О тоба жүзіне қарап тұра берсем. Мынау от көзі, қыр мұрыны, тұла бойы бәрі елітіп тұр. Жоқ жинал. Бетіне қарама...

  • Бүгін мен пәтерлі болдым. Соны екеуміз  атап өтсек қайтеді? – деді. Көңіл күйі көтеріңкі, жүзі әдеттегіден жылырақ. Дегенмен даусы қатқыл. Бибіге оның айтқаны өтініштен гөрі бұйрық сияқты естілді.
  • Сен бейтаныс адаммен пәтер алғанын атап өткені несі деп ойлап тұрған боларсың, деді. Шынымен Бибі іштей осы сұрақты ойлап енді айтпақ еді, ойын дөп басқан жігітке ақырын басын изеді.
  • Менің Алматыда таныс ешкімім жоқ. Мәселен сенімен де әлі таныс емеспін. Есімің кім? – деп қолын созып жымиды.

Міне, міне осы күлкі мені еліткен. Иә, маза бермеген де осы. Не деген ұқсастық. Бір жыл бұрын осындай күлкісімен көңілін баурап алған Талғаттың бейнесі іспеттес. Алайда екеуі екі түрлі. Түр әлпеті мүлде басқа. Бұл тым кербез. Ал, Талғат болса өте қарапайым.

  • Сонымен атың кім?
  • Бибі, деп дауысы әлсін қарлыға шықты. Тамағы кеуіп бір түрлі ыңғайсыз күйде болды. Сіздің ше деп айтпақ болғанмен, дауысы шығар емес. Қанша жымия сөйлеп, сыпайы болып тұрғанмен бұл жігіттің бойында бір салқындық, жанарында сұс бардай сезілді.
  • Бибі дейсің бе? Есімің ерекше екен. Былай жүрейік, менің ойымша сен жұмыс істейсің, әлде оқисын ба?
  • Иә, жоқ... – деп тілі күрмеле, ақырын ғана:
  • Жұмыс істеймін, – деп жауап берді.

         Жігіт кілт тоқтап Бибінің көзіне тік қарап:

  • Сенің ұялғаның өзіңе жарасады, сен десем қарсы емес шығарсың?

Бибі болса үн шығарар емес. Толқынысын баса алмай тек әлсін басын көтеріп оның жүзіне қарап қана қояды.

  • Төрлет, сен менің алғашқы мейманымсың.
  • Рахмет.

Бибі дәлізден үлкен бөлмеге өтті. Пәтер бір бөлмелі екен. Бөлменің дәл ортасында екі адамдық керует. Керуетке қарсы екі орындық, үстел. Бір орындыққа киімдер ілінген. Үстелдің бір жағы кітапқа толы. Бір бөлігінде жеміс салынған ыдыс, екі бокал, шарап тұр. Терезе алды, жер де кітапқа толы. Басқа мүлік жоқ.

  • Сен жаңадан көшіп келдің бе?
  • Жоқ, негізі осы пәтерде тұрғаныма біраз жыл болды. Ал, бүгін қожайынынан сатып алдым.
  • Құтты болсын. Дүние аз болған соң енді көшіп келді деп ойладым. Телевизор, компьютер жоқ қой. Үйде ішің пыспай ма?
  • Жалпы техниканы ұнатпаймын. Жоқ, ішім пыспайды. Менде тіпті телефон да жоқ. Оған көп адам таңқалады.
  • Шын ба? Сонда қалай? Жарайды телевизордың қажеті жоқ болар. Телефонсыз қалай өмір сүресің?
  • Оп – оңай, деп жігіт езу тартты. Шарапты ашып бокалға құйды. Бибі оған қарап тұрып:
  • Жо – жоқ маған құйма. Мен шарап ішпеймін. Шәй құйсаң қарсы болмаймын, – деді.
  • Ал, менде шәй жоқ. Мен шәй ішпеймін.
  • Сонда не ішесің?
  • Су.
  • Хмм, қызық екен.
  • Сен де қызықсың.
  • Неге?
  • Аялдамада менен көзіңді алмай қарайсың, деп жігіт Бибінің жүзіне тік қарап не айтар екен деп бақылап тұр  . Бұл сөзді естіген ол екі беті ду етіп өртеніп, жерге қарап басын көтере алмай қалды.
  • Менің, қарағанымды көрсең, сен неге бір де бір рет қарамадың?
  • Қарадым. Сенің ту сыртынан қарадым.
  • Солай ма? – деп іші жылып қуанып қалды. Үстел үстіндегі кітапты қолына алып:
  • Техникаң жоқ болғанмен, кітабың көп екен, – деді.
  • Иә.
  • Қандай жанырды ұнатасың? деп қолындағы кітапты ашып үңіле бергенде жігіт ту сыртынан келіп құшақтап, қолындағы кітапты алып лақтырып жіберді.

Түйулі шашын босатып иіскеді. Денесі денесіне жаңасқаннан Бибінің жүрегі өрекпіп тынысы тарылды. Еш қарсылық білдірмей тұрып қалды.

– Бергамоттың иісі, – деп ақырын құлағына сыбырлады.

– Иә мен...

– Тсссс... Жігіт саусағымен ернін басты.

 Өзіне бұрып, иегінен көтеріп көзіне қарады. Өткір жанарына тік қарай алмаған Бибі, көзін қайта төмен салды.  Бір қолымен белінен қапсыра құшақтап, екінші қолымен Бибінің көйлегінің түймелерін ағытты. Бибі оған жақындай түсіп сүйріктей саусақтарымен қою шашын сипап өтті. Нәзік қолдарымен қасын, бетін сипап көзіне алғаш рет тік қарады. Жігітте үнсіз қарап, кітап артынан әп сәтте Бибінің көйлегін де лақтырып жіберді. Күйеуінен басқа жанға жалаңаш тәнін көрсетпеген Бибінің беті тағы ду етіп қызарды. Жүрегі қатты соғып, ауа жетпей терең тыныстай бастады. Жігіттің арқасын екі қолымен қапсыра құшақтады. Ол тал шыбықтай денені бір қолымен оп–оңай көтерген бойда, екі қадам артқа жүріп, алып керуетке шалқасынан құлай кетті. Кірпік қақпай екеуі бір –бірінен әлі көз алмады. Бөлме іші батқан күннің қызыл алауымен боялып, қара көлеңкелене түсті. Құштарлық Бибінің бойын толықтай биледі. Оның ыстық алақаны тәніне тигенде, бар денесімен дір етті. Жігіттің ерні алаулап жанып тұрған Бибінің ернін құшырлана сүйді. Ынтазарының құштарлығынан денесі құдды балқығандай елітіп, ләззаттан басы айналды. Жалаңаш тәні мықты еркектің қолында ырқына көніп, ырғағымен қимылдады. Оның денесінің әр қимылын бар тәнімен сезінді, жар құшқанды білген Бибі, құштарлықпен сүйуді білмеген екен. Ол алғаш рет рахатқа бөленіп, бар әлемді ұмытты. Бәрін ұмытты. Қылығы теріс екенін білсе де, тура осы сәтте ол өзің кінәлай алмады. Түн ұзақ болды, бірақ екеуі де көз ілмей басқа ғалам кеңістігіне түскендей күй кешті. Бірін – бірі  сараңдықпен құшумен болды. Таң белең берген шақта Бибінің көзі ілініп кеткен болатын, бірақ көп уақыт өтпей шошып оянғандай атып тұрды.

Төсекте керіле, бейқам ұйқыдағы жігітке қарап:

– Сен емес, мен екенмін «есуас», – деді. Бибінің дауысынан оянған жігіт, оның қолынан сүйді.

– Не дейсің?

– Мен, есуас екенмін.

– Неге? – деп жайбарақат күймен жігіт жымиды.

Бибі қарқылдап күлді.

– Неге дейсің ба? Сол! Біріншіден менің күйеуім бар.

– Білемін.

– Қайдан?

Жігіт оның сүйген қолын сәл көтеріп:

– Міне сақинаң бар қолыңда, – деді.

– О тоба. Менің есім ауысқан.

– Екіншіден?

– Не?

– Сен біріншіден күйуім бар дедің, сонымен екіншіден?

– Екіншіден мына мен «есуас» тіпті сенің атыңды да білмеймін. Атыңды, – деп айқайлап жіберді.

– Атым Ахат. Ал, енді білесің одан не өзгерді?

– Ахат?! Ахат... Дұрыс айтасың ештеңе. Мен әлі де сол «есуас» адаммын.

– Болды қойшы, кел, –деп Ахат өзіне тартты.

– Жо– жоқ маған кету керек.

Бибі атып тұрып асығыс киіне бастады.

– Сонша есімнен адасқаным не, апама не деймін. Құдай –ау, – деп күбірлей өзін жазғыра жүріп киінді.

– Сәл кешіксем хабарласатын, неге звандамады екен?

– Мен өшіріп қойғанмын.

– Неге? Не үшін...

– Мен техниканы ұнатпаймын сол үшін.

– Болды мен кеттім, – деп Бибі есікке беттеді. Ахат артынан қуып жетіп құшақтап:

– Кешір, – деді.

– Жоқ, сенің кінәң жоқ. Мен өзім келдім. Өзім...

– Сен маған аялдамада әлі де қарайсың ба?

– Ал, сен? Сонда бір рет, Құдай – ау сол кезде бір рет маған қарасаң қайтер еді?

– Міне қарап тұрмын. Қарадым да. Тіпті өмір бойы қарауға бармын. Сен сұлусың. Сені байқамау мүмкін емес, – деп бетін екі алақанымен ұстап тұрып ернінен сүйді.

– Тоқта, болды, – деп Бибі басын жұлып алып Ахаттан алысырақ тұрды.

– Тағы келесің бе?

– Жоқ... Білмеймін...

Бибі теріс бұрылып шығып кетті. Жүгіре баса үйіне бет алды. Екеуінің үйін жол айрығы бөліп тұр еді.

Пәтеріне жетіп ақырын кілтін алып сұғып бұрамақ еді есік ашық екен. Ептеп есікті ашып, ақырын басып үйге кіріп, бөлмесіне жүгіре кіріп, пальтосын шеше сала төсекке кіріп кетті. Таң арайлап атып бөлме ішіне жарық түсе бастаған шақ еді. Түнімен көз ілмеген енесі, оның кіргенін естіп жатты.

– Я Раббым, күнәға батты – ау бейшара. Алдыма келтірдің ғой жаратқан. Көр Жамал, көзің шықсын деп тұрсың – ау миығынан күліп. Көрдім, көндім, қайтем, – деп солқылдап Жамал жылады. Бөлмесінде жатқан күйі, тырп етуге дәрмені жоқ Бибі де жылап жатты.

Таңертен екеуі үнсіз шәй ішті. Біріне бірі бастарын көтеріп, тіл қатпады. Келіні ақталмады, енесі сөкпеді. Сөзсіз, Жамал іштей бәрін біліп отыр. Бибінің оған қарар беті жоқ. Тек әлсін – әлсін енесі күрсінді, енесі күрсінген сайын келіні жер болды.

        Арада бір апта өтті, онсыз да талдырмаш келген жас келіншек бір жетінің ішінде екі беті суалып, еңсесі түсіп бір уыс болып қалды. Жамалдың бойын қанша ыза кернесе де, келінінің түрін көріп жаны ашыды. Бибі болса сол түннен соң, аялдамаға аяқ баспай басқа жолмен жұмысына жаяу баратын болды.

      Талғат сапардан келіп, әдетінше уйіне кіре сала дауыстап әйелін шақырып еді Бибі жүгіре шықпады, мойнына асылмады. Анасы да құлыным деп шұрқырап күтіп алмады. Күйеуінің дауысын естіген сәтте Бибі жылап жіберді. Өксігін тоқтата алмай, бетін басып отыра берді. Енесі бөлмеге кіріп:

– Тұр, сүрт бетіңді, қарсал күйеуіңді. Дымыңды білдірме, – деп ызғарлана, тістене сөйлеп шығып кетті.

Бибінің біреу тұла бойына мұздай су құйғандай, орнынан ұшып тұрып бетін сүртіп, шашын жөндеп, бойын тіктеді. Енесінің сыртқы бөлмеден:

– Е, құлыным келдің бе? – деген дауысын естіді. Талғат болса іле – шала:

– Апа, Бибі қайда? – деді.

– Қайда болушы еді үйде, ептеп сырқаттанып қалды.

– Не боп қалды, апа?

– Өй, жәй тұмау ғой.

Бибі бөлмесінен шығып ақырын басып, басын көтермей:

– Сәлем, – деді.

– Туу, елігім– ау. Не болды? Мәә жүдеп кетіпсің ғой. Қатты ауырып тұрсың ба? Дәрі іштің бе?

– Жоқ қатты емес, бәрі дұрыс. Мен шәй қояйын.

– Жоға, өзім қоямын жатшы.

– Жоқ, жатқаны несі. Мен жазылдым, – деп ас үйге беттеді.

– Болды отыр. Қалың қалай? – деп анасы баласының көңілін аулады. 

Құдай–ау, одан да мені жер жұтпады ма? Көзіңе қалай қараймын? Бәрін айта салсам ба екен? Әлде... Жоқ бәрі дұрыс! Ол құр түс, бұл өңім, – деп өз ойымен арпалысып жүріп дастархан жайды.

Шәй үстінде анасы да, әйелі де тіс жармай, сөйлесе тек сұрақтарына қысқа жауап қайтарып отырған екеуіне Талғат таңқалды. Негізі анасының көп сөйлемейтініне үйренген, ал Бибінің үнсіз отырғаны оған бір түрлі көрінді.

Жүзі сыңық келіншегі көзін үнемі төмен салып, Талғатпен оңаша болудан қашқақтап жүрді. Талғат сағынышпен, махаббатпен жарын құшты. Бірақ жансыз дене сүйгендей, жансыз тәнді аймалағандай болды. Бастапқыда ауырып мазасы болмай жүрген шығар деп ойласа, енді аурудың бұған еш қатысы жоқ екенін сезгендей. Бұрыннан сезімі от болып жанбаса да бір жылулығы, еркелігі мен қылығы бар әйелі енді бір түрлі суық, бөтен жандай болды.

– Бибі, келгелі мен сені емес басқа бір  танымайтын адамды көріп жүргендеймін. Не болды? Бері қарашы, –деп теріс қарап жатқан келіншегін иығынан тартып өзіне қаратты. Екі жанары мұңға толы Бибі оның көзіне үнсіз қарады.

– Менің махаббатым екеумізге де жетеді дегенім бекер болған сияқты. Мен сені уақыт өте сезімің ашылып, сүйіп кетер деп ойлап едім. Сенің маған емес, тіпті өмірге де құштарлығың жоқ сияқты.

Осы сөзді айтты да Талғат төсектен тұрып, киініп шығып кетті. Бибі сыртқы есіктің тарс жабылғанын естіді. Осы сәтте есіктің ғана емес, жарының да жүрегі тарс жабылды. Бибі таңға дейін көз ілмеді, Талғат болса таң ата ғана келді.

Тәңертеңгі шәй толық үнсіздікте ішілді. Үстел басындағы үш жүректің өз сыры, өз мұңы, өз жарасы бар еді. Жамал екі қолымен бетін сипап, орнынан тұрды. Артынша Талғат та тұрып кетті. Бибі ас үйде қалды. Үшеуі үш бөлмеде, үш түрлі күйде отырды. Жамалда күйік пен мойынсыну, Талғатта ыза мен кінә, Бибіде өкініш пен мұң.

 

                                   VI

 

         Жамалдың ойына: «Сен басыңнан кешпесең де менің күйімді балаң кешсін. Сонда, сенің де жүрегің мына менікіндей қан жылайды салдақы», – деген сөздер түсті. Қанша жыл өтсе де, дәл қазір дауысын естігендей басында сол әйелдің дауысының жаңғырығы тұрды. Бұл әйелдің күйеуінің ашынасына ашынып айтқан сөздері еді. Ал, сол ашына осы – Жамал. Содан бері қанша жыл өтті. Жамалдың самайына ақ түсті, бірақ дәл осы сөздер жадында мәңгіге сақталып қалды.

        Ол кезде Жамал жас, ұзын бойлы, ақ –құба, қою бұйра шашты, қыр мұрынды сұлу қыз еді. Өмірден бәрін дереу, әрі көп алғысы келді. Жұмысты ер азаматтармен теке тіресе істеп, карьерада да тез өскісі келді. Оған қалай қол жеткіземін деп еш уақыт басын қатырмады. Қажет кезде жастығы мен сұлулығын да пайдаланды. Бірер жылда жәй хатшыдан, бөлім басшысына дейін көтерілді. Межеде одан да жоғары лауазым еді. Мекеме басшысы оған әр кез жылы қабақ танытып, өсуіне көмегін беріп жүрді. Әрине, оның бәрі тек жақсы еңбегі үшін ғана емес. Екеуінің қарым – қатынасы, Жамалдың лауазымының тез өсуі мекеме жұмыскерлерінің арасында пыш– пыш әңгіме еді. Бетіне қарап күліп, сыртынан өсектейтін әріптестеріне Жамал ешқашан көңіл аударған емес. Ол өзінің діттеген мақсатына жетіп, қайтсе де қоғамда өз орнын тауып, өзін мойындатқысы келді. Жасынан мейірім көрмей өскен қыз өмірдің бар ғажабы байлық пен билікте деп білді. Ол осы әлемде тек өзіне ғана сенім артты, оның иық тірер туғаны болмады. Сондықтан, қызметте біреудің ашынасы болып көтерілуі, оны еш қымсындырған емес. Басшысы болса жас қызға есі кетіп, күнен –күнге ынтығы тасып, құмары қанбай, айтқанын екі етпей істеп жүрді. Жастығы елітіп, сұлу тәні дегеніне кімді болса да көндіретініне көзі жеткен Жамалдың сұранысы үдей түсті. Жеке көлік, баспана, қымбат әшекейлер аздық етіп енді «орынбасарың ет» деп қиылды. Бұл сұрағаныңды да берем, бірақ ептеп күт деген бастығының уәдесі орынбасарының құлағына жетіп, онсыз да қытығына тиіп жүрген бұл шөпжелке енді шындап жынына тиді. Орнымнан айрылсам, сенің де өмірің ойран болсын деген оймен ол бастығының әйеліне бар білгенін жайып салды. Бұны ести сала күйеуінің жұмысына жөнелген, толықсыған, алпысты енсерген, сары қарын бәйбіше кабинеттің есігін жұлқи аша кірді. Онда еңгезердей, шамамен жасы алпыс бестерде қымбат костюм шалбар киген, креслода шалқая отырып әдеттегідей таңғы кофені сораптап, маңдайы шым–шым терлеп баппен ішіп отырған Бәке еді. Қарама – қарсы креслода соңғы үлгідегі көйлек киіп, француз әтірін бұрқырата шашып алған, толқындай бұйра шаштарын жайып, кербездене Жамал отырған болатын. Әлгі әйел кіре сала Жамалға тап берді, шашынан мықтап ұстап алып, тырп еткізбей:

– Сендейлердің талайын көргенмін шымшығым. Мына торғайдай бетіңді, ырғайдай мойныңнан жұлып алайын ба? – деді тістеніп.

– Ойбай, Гулька қой. Жаным – ау қой, – деп бастығы ара түспек болып еді. Әйелі жалт қарап:

– Аузыңды жап сүмелек, сенімен ісім сосын болады. Әй, салдақы қара мұнда, – деп беті тыжырайып әр сөзін нықтап айтты:

  • Бұл жерден табаныңды жалтырат, енді сені қайтіп көрмейтін болайын. Ал, егер көретін болсам жұлыныңды үземін, деді. Бұндай қоқан лоқыға  балалар үйінде еті үйренген Жамал кірпігін де қақпады. Тіпті еш қорқып, саспады да. Мырс етіп күліп қолын қағып жіберіп, Бәкесіне қараса, әлгі байғұс сүмірейіп, маңғаз күйінен түрінде ізі де қалмай әйелі айтпақшы «сүмелек» бола қалыпты. Бірдеңе айтып міңгірлеп еді әйелі құлағына да ілмей кабинеттен шыға бере, Жамалға қарап түнере: Құдай болса, сен басыңнан кешпесең де менің күйімді балан кешсін. Сонда, сенің де жүрегің мына менікіндей қан жылайды салдақы, деген еді. Сол күннен бастап Жамалдың ғажап өмірі кері қарай, үлкен жылдамдықпен аусыты. Ол бір күнде Бәкенің қолдауынан да, жұмысы мен пәтерінен де, көлігінен де тіпті оның сыйлаған әшекейлерінен де айрылды. Бұрынғы жападан – жалғыз болған күйіне түсті. Ол аздай біраз уақыттан соң аяғы ауыр екенін білді. Баланың әкесіне айтпақ болып жұмысына барғанмен оны есіктен кіргізбеді, бұрын жалпаңдаған қол астындағы жұмыскерлері миығынан күліп, көздеріне ілмей кете берді. Бір күні жұмысының сыртында бастығын күтіп тұрып, оның шыққанын көре сала жүгіре басып қасына барып қолынан ұстай алып:

                – Тыңдашы мені, айтарым бар, – деп еді Бәкен бұрылмастан: 

– Жамал енді жолама маған, – деді.

– Мен жүктімін, – дегенде жалт қарап қолын жұлып алып:

– Ол сенің мәселең. Онда менің шаруам жоқ. Енді келме,

– деп қысқа қайырып көлікке отырып кетіп қалды.

         Жамал үшін осы сәтте аспан жерге айналып түскендей болды. Оның соңғы үміті үзілді. Жақсы айлық алып жүргенде жинаған пұлына жатақханадан бөлме жалдап, күнін көрді. Жұмыс іздеп талай табалдырықты тоздырды, жүкті болған соң ешкім жұмысқа да алғысы келмеді. Амалы жоқ айы – күні жақындаған сайын баланы балалар үйіне тастау керектігін ұғынды. Жинаған ақшасы да күнен – күнге азая түсті.

 

                                   VII

         

          Жамал өмірге ұл әкелді. Атын өзі Талғат деп қойды. Перзентханадан мәз – майрам болып жақындары күтіп алып жатқан әйелдерге қызыға да, қызғана қарап баласын құшақтап жалғыз шықты. Өзі тәрбиеленген балалар үйіне барып, өз қолымен баласын тапсырды. Балалар үйінің басшысына: «Ешкімге бермеңіз, мен алып кетемін»,- деп өтінді.

        Жұмысқа тұрды, өмірі ақырындап түзеле түсті. Қателіктерін мойындап, тәубесіне келіп ойын өзгертті. Бұрынғыдай аш көздікті бойынан біртіндеп жойды. Ана атанған соң ба, бойында мейірімі оянып, әлемге басқа көзбен қарай бастады. Ешкіммен тайталаспайтын да, байлыққа қызықпайтын да болды. Бар ойы баласында болды. Қолы қалт еткенде Талғатына келіп маңдайынан иіскеп, азын аулақ керек жарағын әкеліп жүрді. Балалар үйінің директоры да сөзінде тұрып, Талғатты асырап аламын деушілерге бермей, Жамалға ақылын айтып, келген сайын бойынан жақсы қасиеттерін көріп қуанып жүрді. Аяғына нық тұрып ал, балаңды сосын қолыңа аласың. Уайымдама деп демеді.

        Жаңа жұмысында да әрлі қызға талайдың көзі түсті. Алайда, Жамал бұрынғыдай емес, аузы күйген үрлеп ішеді демекші кім көрінгенді қасына жолатпады. Бірақ әркез өзіне сырттай қарап жүретін жігітті байқады. Тұйық келген, жинақы, көп еркектей емес бос уақытында темекі шекпей үнемі кітапқа шұқшиып тұратын. Анда – санда қарағаны болмаса, Жамалға тіл қатқан емес. Бірде түскі аста асханаға кірген Жамал сол жігітті көзі шалып, жалғыз отырғанын көріп қасына жайғасты. Ол әдеттегідей кітап оқып, тамағын ішіп отыр. Келіп отырған Жамалға басын да көтермеді. Бірер минуттан соң қыз тамағын кернеді. Тек сол кезде ғана басын көтерген жігіт, Жамалды көрді.

– Ас болсын, – деді Жамал жымиып. Қара – торы жігіт қасын керіп қарады да:

– Рахмет, періштелер де тамақ ішеді екен ғой, – деді. Жамал оның сөзіне күліп:

– Иә, періштелер тек тамақ ішіп қана қоймайды, олар сонымен қатар арасында адамдармен де тілдеседі.

– Иә, байқап отырмын, – деп осы жолы екеуі қатар күлді.

         Сол күннен бері екеуі күнде бірге түскі ас ішіп, жақын араласа бастады. Жамалдың күрең күзі жайдары жазға ауысты. Ол алғаш рет өмірге де, адамға да ғашық болды. Сезімнің осындай әдемі, әсерлі, нәзік болатына сенер–сенбесін білмеді. Жігіті оны «періштем» деп еркелетіп қолының ұшында тигізбей, мөп – мөлдір сезімімен баурады. Жамал алғаш рет қасында жақын адам, жақын жан барын жүрегімен сезді.

        Баласына барғанда, балалар үйіндегі басшы апайға сезімін айтып ақтарылды. Ол алғаш рет ғашық болғанын, ғажайып күй кешіп жүргенін айтты. Көпті көрген апай болса:

– Жамал айналайын, балаң барын айттың ба? – деп сұрады.

– Жоқ, апай. Айтпадым. Бірнеше рет айтпақ болып оқталдым, бірақ қорқамын. Егер қабылдамаса қайтемін?

– Сөзіне қарасам жақсы адам сияқты, айтқаның дұрыс. Ойлан. Қашаңғы жасырасың.

– Дұрыс айтасыз, апай. Осы жолы айтамын, – деді. Талғат болса бір жасқа келіп қалған, қылығы тәтті, еңбектеп жүрген бөпе. Анасын танып келгеніне қуанып, кеткен кезде шырылдап жылайды. Оның жылағанын естіген Жамал онымен қоса жылайды.

        Айлар өтті. Бірақ, Жамал әлі де жігітіне бала туралы тіс жармады. Айтайын деп қанша оқталса да, айтуға батпады. «Періштем» – деп қастерлейтін жігіттің көңілі қалама деп қорқады. Жігіті басқа қаладан арнайы Жамалмен танысу үшін ата – анасы келгенін айтты, әдетте өзіне сенімді, батыл қыз қатты қобалжыды. Жинақы әрі әдемі қыз ата – анасына сырттай ұнады, бірақ сөйлесе келе жетім екенін білгенде жігіттің анасына бұл жайыт онша ұнамады. Оны байқап қалған Жамал одан сайын қобалжи түсті, бірден баласын ойлады. Егер бала жайлы айтар болсам, анасы менен бас тартқызары анық деп ойлады. Ал, жігіттің анасы болса шынымен балалар үйінен шыққан қызды өз баласына тең көрмеді. Алайда әкесі мен баласы екеулеп екі жақтан көндіріп, Жамалға үйленетін болды. Той дүркіреп өтті. Алматының ортасынан пәтер де алынды. Жамалдың өмірі ғажап ертегідей өзгерді. Күйеуі өте тәрбиелі, текті отбасынан шыққан, өзі еңбекқор. Жамал десе ішкен асын жерге қояды. Алайда толыққанды бақытты болу мүмкін емес еді. Жатса да, тұрса да бар ойы балалар үйіндегі сәбиінде. Жамал көптен бері баласын бауырына баспады. Арасында ұрланып директормен сөйлесіп баланың жағдайын біліп тұратын. Мүмкіндігі болған кезде барып бөбегін құшақтап, сүйіп, бір орында табжылмай бір – біріне жабысып отыратын. Кішкентай болса да бала жүрегі жақынын сезіп шұрқырап алдынан жүгіріп шығады. Жамал кетерде шырқырап жылап қалады. Жамал көз ілсе болды баласының жылаған дауысы құлағына келіп, түнде шошып оянатын болды. Келесі барғанша тағаты таусылып, жүрегі сыздап, қолы қалт етіп жұмыста уақыты болса баласына алып – ұшып жететін. Осындай кездесулердің бірінде директор оны өз кабинетіне келіп – кетуін сұрады. Жамал баласын құшағына алып, мауқын басып әкелген жылы – жұмсағын беріп, маужырап бара жатқан бөбегін әлдилеп ұйқтатып, томпиған беттерінен қайта – қайта иіскелеп жатқызды да директордың кабинетіне беттеді. Кірген беттен апай сөзін бастап кетті:

– Жамал қарағым көз алдымда өстің ғой, сенің сөзіңді аяқ асты етпей осы күнге дейін жағдайына қарап келемін. Бірақ сен келіп кеткен сайын бала қатты қайғырады. Ол есі кірген сайын сені танып келеді, сен кеткен соң жылағаны былай тұрсын, тамақ ішпей қоятынды шығарды. Тіпті қызуы көтеріліп екі– үш күн жатып қалады. Мен бұны саған айтқан емеспін, сенің де жағдайыңды білемін. Дегенмен баланы бір жақты қыл жарқыным. Бала құса болып өлмесін десең не алып кет, не бір жола көзіне көрінбе.

– Апай, жоқ, – деп Жамал еңіреп жылады.

– Айтарым осы. Келесіде келсең тек алу үшін келесін. Осымен басқа айтарым жоқ. Боссың.

– Өтінем, апай...

– Жамал сен мені білесің, мен екі сөйлемеймін. Боссың.

Жамалдың аяғы дірілдеп орнынан әрең тұрды. Аяғын сүйрете басып далаға шықты.

– Енді балам саған жол жоқ, жол жоқ, – деп ішінен қайталап келеді.

Көп ұзамай Жамал жүкті болды. Жары болса бұрынғысынан бетер асты – үстіне түсіп күтім жасап, бар жағдайын жасап жүр. Жамал өмірінде бұндай махаббатпен, мейірімді алғаш рет сезінуі. Ата – енесі де артынып – тартынып, келіп – кетеді. Жүкті болғалы енесінің де көз қарасы өзгеріп, Жамалды өзіне жақын тартып ақыл – кеңесін айтып:

–  Не жегің келеді, неге жеріксің қысылмай айта ғой, егер жерігің қанбаса баланың сілекейі шұбырып ағатын болады, – деп қамқорлығын білдіретін.

Жамалға әр кез егер күйеуіне өткен өмірін, баласын айтар болса осы әдемі өмірі бұлттай сейіліп кетеді деген қорқыныш кедергі болды. Ол өз құпиясын, өз күнәсі мен баласын жүрегінің түбіне тығып қойды. Күндер өтіп, айы – күні жақындаған Жамал далада серуендеп жүрген болатын алдынан көрші апа шығып:

– Ее, Жамал айналайын қалың қалай?

– Апа, қайдан келе жатырсыз? Әкеліңіз, сөмкеңіз ауыр ғой.

– Жоқ, саған ауыр көтеруге болмайды. Базардан келе жатырмын. Әлгі келін босанды ғой, соны сорпалайын деп қойдың етін алдым.

– Ең болмаса бір жағын көтерейін әкеліңіз, – деп сөмкенің бір құлағын алып көтерді.

– Көп жаса, қол – аяғыңды бауырыңа аман – есен ал.

– Әумин апа. Көрші апаны Жамал ерекше жақын тартып жақсы көретін. Өзі бір ашық – жарқын жақсы адам. Өзінің ойы мен уаймына жарылардай болып жүрген Жамал, осы кісімен ақылдассам қайтер екен? Құса болмай бір тірі жанға сырымды ашсам жеңілдеп қалар ма едім деп ойлап:

– Апа мен шәй қояйын, үйге келіңізші, – деп өтінді.

– Ааа, жарайды айналайын келейін, – деді апа. Жамал қуанып кетті. Шәйін қайнатып үйінде күтіп отырды.

– Ой, айналайын – ай, үйің қандай жарқыраған. Осы кірсең шыққысыз– ау. Біздің келін жарықтық бос, қолы кілт етсе әңгіма айтқысы келіп тұрады. Үй шаруасында ісі жоқ.

– Отырыңыз, апа.

– Ағырақ құй шайыңды, е болады.

– Апа, мен сізге бір жағдайды атайын деп едім. Мен, менің өмірім бір шырғалаң...

– Білем ғой айналайын, білем ғой. Ата – анасыз өсу оңай емес.

– Иә, ал қазір тура менің күйімді балам кешуде.

– Не дейді?

– Иә, ол сорлы менен де ары. Тірі жетім. Әкесі де, шешешесі де бола тұра, әкесінің әлжуаз, шешесінің сорлы, жақсы өмірден айырылып қаламын, отбасым ойран болады деген қорқынышы үшін жазықсыз екі оңбағанның жауапсыздығына кіп – кішкентай бала жауап беруде. Апа, – деп еңіреп жылады. Көршісі орнынан бір тұрып, бір отырып не істерін білмей:

– Айналайын – ай, не дейді тағы, – деп қайталай берді. Еңіреген келіншекті қалай жұбатарын білмей бәйек болды.

– Қоя ғой енді, тым болмаса ана іштегі баланы аясаңшы. Қой, саған бұлай уайымдауға болмайды, – деді. Өксігін әрең басқан Жамал, өмірін тізбектеп айтып берді.

– Апа, өмір көрген жансыз ғой айтыңызшы, не істейін? Қалай ғана тыныш өмір сүрейін?

– Бір амалын табамыз. Таусылма жаным. Екеуміз ойланамыз, шешеміз. Қорықпа, – деді. Жамал зіл батпаннан босағандай, өзін жақсы сезініп қалды.

 

                                       VIII

 

      Жамал әдеттегідей далаға шығып серуендеп пәтеріне көтеріліп кіре бергенде қарама – қарсы есіктен көрші апа есігін ашып:

– Жамал айналайын, үйге кірші. Сөйлесейік, – деді. Әңгіме не жайлы болатынын білген Жамал бірден келісті. Екеуі ас үйге өтті.

– Отыр айналайын. Мен көп ойландым әлгі баланы, – деп сыбырлай түсіп жан жағына қарады. Осы кезде келіні де ас үйге кіріп:

– А, Жамал қалайсыз? Босанатын уақыт тақап қалған сияқты ғой. Шәй қояйын.

– Жоқ, Айжан балам бара бер. Біз сөйлесіп отырмыз, – деп енесі сөзін бөлді. Мұны әрине Айжан жақтырмай қалды. Оған жалпы енесінің Жамалды жер көкке сыйғызбай мақтағаны ұнамайтын. Өзі таза, өзі сыпайы, тағысын – тағы деп аузынан тастамайтын. Енді ас үйден шығарып жібергені тіпті ашуына тиді. Шығып кетіп, бажылдап балаларына ұрысты.

– Ой, осы жарықтықтың даусын–ай. Әй, тыныш, – деп енесі қабағын шытып сөзін жалғастырды.

– Сен аман – есен болған соң, күйеуіңе доғдыр енді бала көтерме, ол қауіпті деді деп айт.

– Ойбай, апа неге?

– Тыңда, сосын біраз уақыт өткен соң, мына бала жалғызсырамасын. Бала асырап алайық деп қолқа саласын. Күйеуің өзі бір жақсы, адамгершілігі бар бала ғой, ол көнеді. Сөйтіп балаңды бауырыңа аласың. Сөйт, айналайын. Әрі ойлап, бері ойлап осы дұрыс деп шештім. Басқа амалын бар ма?

– Алдағаным дұрыс болмас?

– Ал, олай етпеймін десең шыныңды айт. Ең дұрысы сол. Шындықтан дұрысы жоқ әрине.

– Олай да істей алмаймын. Апау шындықты айтсам бітті ғой күнім, – деп кемсеңдеп жылады.

– Тыныш, болды қоя – қой. Ойлан. Біраз уақытын бар ғой.

Басқа бөлмеден тың тыңдап тұрған көршінің келіні бір мырс етіп:

Ымм, зымияндар. Осыны маған үлгі етіп мақтайды, тағы. Маған жетіп алсын, жалмауыз. Байынан тығып жүрген басқа баласы бар екен ғой, – деп бетін тыжырайтты.  

          Айы күні жетіп Жамал дүниеге екінші ұлын әкелді. Қанша дегенмен ана ғой, сәбиді емізіп, әлдилеген сайын тұңғышы есінен кетпеді. Күйеуі перзентханаға күнде келіп, тамағын, балаға керегін әкеліп тұрады. Бірінші рет балалы болғанда соқа басы салбырап баласын құшақтап бір өзі шыққан Жамал, бұл жолы перзентханадан ханшайымдай шықты. Ата – енесі, жолдасы, әріптестері мен достары улап – шулап гүл, сыйлықтармен, шампан атып далада күтіп тұрды. Жамал жаратқан менің де бақытты күндерім болады екен – ау деп, көзіне қуаныштан жас алды. Үйіне келсе балаға әкесі бар қажетті дүниесін алып қойыпты. Сәбиін арбасына салып тербеп отырып, өткен күндері есіне түсті. Ол алғаш босанғанда перзентханадан шыға сала шырылдатып баласын жетімдер үйіне қалдырған еді. Ол байғұс бұлай жап–жаңа киім киіп, өз бесігінде әке–шеше махаббатына бөленіп тербелмеді. Ана уызына тоймады, мейіріміне қанбады.

– Талғатым–ау, ботам–ау сор маңдай екенсің ғой жарығым. Не істесем екен? – деп жылады. Әйелінің жылап отырғанын көрген күйеуі қобалжып қасына келіп:

– Не болды періштем, бір жерің ауырды ма, не болмаса балаға бірдеңе болды ма?

Осы сәтті пайдаланып, Жамал тағы ауыр күнә мойнына алды, баласы үшін, тұңғышы үшін өтірік айтуға мәжбүр болды. Жүрегі қарс айрылып бұлай өмір сүре алмайтынын түсінді.

– Мен саған бірдеңе айтуым керек.

– Иә, не болып қалды? Тек жыламашы.

– Маған енді бала тууға болмайды.

– Неге? – деп күйеуі шоши қарады.

– Солай дәрігер айтты. Анық – қанығын білмеймін, бірақ енді бала тумайсың деді. Ол өте қауіпті деді.

– Түк етпейді. Соған бола еңкілдеп отырсың ба, болды қой. Міне, біздің баламыз бар. Шүкір де, – деп әйелін қапсыра құшақтап қасына отырды.

Жамал одан бетер жылады. Өзін өтірігі үшін жек көрді.

Күндер өтті, енді Жамал күйеуіне жиі бала асырап алайық деп айта бастады. Күйеуі бала әлі кішкентай, ерте, мүмкін кейін деп бой бермеді. Жамал болса Талғатын сағынып құса болды. Әйелінің уайымға түскенін байқаған ері:

– Неге сонша таусыласың, Жамал? Біз мүлде перзентсіз емеспіз. Құдайға шүкір ұлымыз бар. Екі баламен қиналып қаласың ғой. Бұл жайлы кейін ойланайық. Мүмкін емделсең уақыт өте өзің туарсың.

– Жоқ. Болмайды. Туа алмаймын. Неге күтеміз, жаным. Күтудің қажеті жоқ. Қайта қазір бала асырап алсақ екеуі бір – біріне бауыр басып, бірге өспей ме? Өтінемін. Мен өзім бәрін реттеймін. Құжат рәсімдеу деген сияқтыны өз мойныма аламын. Мен екі баламен шаршамаймын. Өзің көресің. Қайта балапаным жалғыз болмайды деп қуанамын. Менің тәрбиеленген балалар үйіне барып тұратынмын онда сондай керемет бүлдіршіндер бар.

– Жамал, білмеймін. Ол үлкен жауапкершілік. Анама да осы ой ұнай қоймас.

– Бұл біздің отбасымыз, асырайтын сен, бағатын мен. Неге біз анаңа ұнайды, не ұнамайды деп ойлауымыз керек. Бір жетімге әке болсаң, қамқор болсаң қандай ғажап. Сен, әке –  анасыз өсу қандай екенін білмейсің ғой. Көздері жәутендеп терезеге қанша бала телміретінін көрген еммессің. Терезеге әке – шешем келе ме деп телмірген емессің, – деп өксіп жылады. Жылаған әйеліне қарап тұруға дәті шыдамай қасына барып Жамалды құшақтап.

– Жарайды. Дегенің болсын. Қойшы, тек жылама, – деді.

– Шын ба?

– Шын.

Жамал балаша секіріп, қуанды. Бір жетінің ішінде бар құжатты рәсімдеп, Талғатын үйіне әкеліп бауырына басты. Бала болса еш жатырқамай анасына «апа» деп, Жамалдың күйеуін «әке» деп атап кетті. Жамалдың көңілі жайланып, енді аналық бақытқа бөленді. Қос ботасын кезек – кезек құшақтап, емірене иіскеді. Жолдасы да екі баланы бөліп – жармай тең қарады. Не әкелсе де екі– екіден әкеліп, екеуін де еркелететін. Жамалдың басынан қара бұлт сейіліп, өткен өмірінің кермек дәмін ұмыта бастады.

         

                              

                                     IX

   

       Жамал күйеуімен түскі астарын ішіп, балаларының қызығына күліп отырған. Есіктің қоңырауы шырылдады.

– Мен ашайын, кеше Айжан қонақ келеді деп ыдыстар алған. Сол шығар, – деп Жамал орнынан тұрып есікке беттеді.

– Сәлем, кір. Әкел мынаны алайын, – деп көршісінің бір қолындағы ыдысты алды. Екі келіншек ас үйге беттеді. Екінші қолындағы ыдыстарды Айжан үстелге қойып жатып:

– Жамал, не ғой. Ренжімеңізші а, мен сіздің мына тарелкаларыңызды сындырып алдым, –  деп күмілжіді. Затқа келгенде өте мұқият Жамал ашуланып:

– Туу, Айжан. Сен ылғи ыдыс алғанда сындырып әкелесің. Айттым ғой абайлап ұста деп.

– Не ғой, анау балалар жағаласып қолымнан түсіп кетті.

– Үшеуін бірақ сындырыпсың ғой. Қандай салақ едің, –  деп Жамал қабағын шытып, жауапсыздығын бетіне басты. Күйеуінің көзінше салақ деп айтқанға намыстанған көршісі шамданып.

– Иә, сен пысықсың. Пысықтығың соншалықты басқа байдан туған балаңды да бағып алдың, – деп айқай салып, айтқан сөзіне өзі сасқанынан кері шегіне аузын басып, үйден жүгіріп шығып кетті. Жамал тұрған бойда состиып қалды. Күйеуі атып тұрып:

– Мынау не деп кетті? – деп дауыс көтерді. Жамал үндемеді.

– Мен сенен сұрап тұрмын, мынау не деді? – деп тістене сөйлеп бір аттап әйелінің білегінен ұстап жұлқып қалып:

– Жауап бер, Жамал! – деді.

Жамалдың өңі қашып, орнынан қозғалар емес. Біраз үнсіздіктен соң басын көтеріп күйеуіне қарап:

– Талғат менің балам, – деп сұлқ етіп орындыққа отырды.

– Сонша өтірік айтатындай мен саған не жаздым? Сен жиіркеніштісің! Мен сені періште деп аялап ем, сен нағыз, нағыз...

– Иә, мен періште емеспін. Мен көзімді ашқаннан аяғыммен сор кешіп жүрген, жаратқанның әр атқан таңы үшін арпалысып жүрген сормаңдаймын. Иә, мен өтірікшімін, мен салдақымын.

– Жап аузыңды, – деп күйеуі жағынан бір салды.

– Бірақ мен анамын, – деп айқайлап, өкіріп жылады.

– Сенің енді бір сөзіңе де сенбеймін, ағызба өтірік көз жасыңды. Көзің шықсын. Сенің түріңді көргім келмейді, – деп арбада отырған баланы көтеріп алып кетіп бара жатты.

– Тоқта, қайда барасың? Өтінемін тыңдашы, – деп артынан жүгіріп қолына жабысты. Күйеуі қолын жұлқып алып,

– Маған да , балама да енді қолыңның ұшын да тигізбейсің, – деп есіктен шығып кетті.

Жамал есіктің түбінде отырған күйі жылап отыра берді. Қанша сағат өткені белгісіз, Талғат қасында айналшақтап «апалап» жүр. Күйеуі сол кеткеннен оралған емес. Жылдар өтті. Күйеуінен де, баласынан да хабарсыз. Сол күннен есігі әр кез ашық. Мүмкін кешірер, келер деген үміті бар. Оң солын танып білмеген аңғал көршісі Айжанды іштей кешіргенімен, көргенде өткен қайғылы күні есіне түсіп жақтырмай қалатыны содан.

Жамал: – Еее, жаратқан бақытты бүтін етіп бермей, әр жерінен бір тістетіп, дәмін таттырып, енді осыған зар бол деп сынадың – ау. Көндім, маңдайыма жазғаныңа көндім, –  деп күбірлеп тасбихын тартып отырып, өткен өмірін есіне алды. Бір баласын бауырына басамын деп екіншісінен айрылды. Отбасының ойраны шықты. Енді міне кезіндегі әйелдің қарғысы ма, көзінің қарашығындай баласының отбасының қабырғасы қақырауда.  

                                  

                              X

 

       Күрең күндер сүреңсіз өтуде. Талғат енді үйіне тіпті сирек келетін болды. Келсе де бір – екі күнен соң қайта кетіп қалады. Бұрынғыдай күніне бірнеше рет хабарласу жоқ. Оған Бибі де хабарласпайды. Аралары суып бір – біріне жат болғалы қашан. Келген күндері басқа бөлмеге кетіп ұзақ телефонмен сөйлеседі. Әңгімесін тек анасына айтады. Оны Бейбі еш кінәлаған жоқ. Оның енді басқа адамға көңілі ауғанын да ұқты. Тіпті қызғанышы да оянбады, оның бейқам күйі Талғаттың жынына тиді, енді ол басқа бөлмеде емес, Бибінің көзінше сөйлесетінді шығарды. Бұндай кезде Бибі ақырын бөлмеден өзі шығып кететін. Оның бар ойы Ахатта болды. Талғат әйелінің оған ешқандай сезімі жоғына көзі жетіп, үйіне сирек келе бастады. Анасының неге келмей кеттің деп хабарласқан кездерінде «апа менің қазір жұмысым көп, уақытым жоқ» дейтін. Жамал әрине бұл тек сылтау екенін түсінетін.

          Бибі әдетінше жұмысқа баруға жиналып жатыр еді, көршісі кірді.

– Қыз – ау қалайсың?

– Ааа, Айжан тәте амансыз ба? Төрлетіңіз.

– Жоқ, жұмысқа барасың ба?

– Иә, шығайын деп жатырмын.

– Ә, жүр онда. Сенің дүкеніңе барам. Әлгі шалым жұмсап жатыр, жұмыстағылары жиналып бастықтарына сурет әпереміз дей ме, сен біледі таңдап береді. Алып кел ертең апарамын деп.

– Жақсы, жақсы жүріңіз. Таңдап берем ғой, жасы нешеде? – деп екеуі жүре сөйлесіп үйден шықты. Аялдамаға жақындағанда Бибі:

– Тәте жаяу бара салайық. Әңгімелесіп тез–ақ жетеміз, – деп аялдамадан қашқақтады.

– Қыз–ау, аяқ шыдамайды. Қой автобуспен барамыз, – деп Бейбіні қолтықтап аялдамаға беттеді. Сол сөйлегеннен көршінің әңгімесі бітпеді, Бибі болса басын әредік изеп қойып арасында жолдың арғы бетіне қарап қояды.

Басын төмен сала асықпай келе жатқан Ахатты көріп жүрегі тулап кетті. Ахатта оны көріп қадамын үдете түсті. Оның тіке өзіне келе жатқанын сезген Бибі оған қарап қолын айқастырып, басын шайқап ақырын Айжанды меңзеді. Ахат кілт тоқтап, аялдаманың басқа жағына барып тұрды. Бірақ екі көзі Бибіде. Бибінің жан дүниесі алай–дүлей. Ол көршісінің бір сөзін де естімей көзімен жігітті өбіп, «сенің құшағында болсам, шіркін қолыңдағы кітабыңдай парақталсам етті» – деп ойлады.

– Жүрсейші, әй ұйқтап тұрмысың. Келді деймін біздің автобус, – деп көршісі жұлқып қалғанда барып Бибі ұйқыдан оянғандай селт етті. Автобусқа кіріп бара жатқанда артынан Ахаттың қоса кіргенін көрді. Жол бойы Ахатқа ұрлана қарады. Айжан болса ананы – мынаны айтып әр әңгіменің басын бір шалып сөйлеп отыр.

– Талғат келмей кетті ғой?

– Иә, жұмысы көп. Енді екі айда бір келіп жүр.

– Соған осы қаладан бір жұмыс табылмады ма тегі? Елдің бәрі осында келіп нәпақа табады, сенің байың керсінше үйден безіп.

– Өз мамандығы ғой тәте.

– Ол келмесе сен бар. Не бұл екеуің екі жақта? Қасына барып тұр.

– Апаға ол жақтың ауасы жақпайды. Байқоңырда ыстық қой.

– Әй, саған жағады ғой. Ол отырсын. Өстіп жүргенде бір қатын басын айналдырып алады ғой.

Бибі мырс етіп:

– Мейлі, – деді.

– Айтпады деме.

– Түсеміз, тәте жүріңіз, – деп түсіп бара жатып Ахатқа қарап еді ол да түсті. Олармен ілесіп галерееға кірді. Картина қараған болып тұрып, Бибінің қарап тұрғанын сезіп иегін көтеріп басқа залды меңзеді. Бибі басын изеді.

– Тәте қараңыз, жасы елуден асқан дедіңіз ғой, ол кісіге пейзаж не жануарлардың картинасы ұнайды деп ойлаймын.

– Пейзаж–мизажыңды білмеймін сол жануарларыңды көрсет. Жылқы салынғаны бар ма, қазақ қой жылқыны ұнатар.

– Жақсы мына жақта бірнеше картина бар. Қараңызшы. Сіз айтқан соммаға мыналар келеді. Сіз қарап, таңдай беріңіз мен қазір келемін. Мына жақта шаруам бар.

– Иә, бара бер.

Бибі жүгіре басып келесі бөлмеге өтіп еді, бұрыштан қолын соза өзін тартып Ахат құшағына алды. Бауырына басып, шашынан иіскеді. Оның құшағы Бибі үшін бөлек әлем, бұл құшақта ол өзін де өзгені де ұмытады. Бибінің көптен бергі сағынышы өксік болып шықты. Екі көзіне ерік беріп, нәзік беттерінен мөлдір моншақтар тізбектеле ақты.

– Жаным, жыламашы. Неге жоқ болып кеттің?

– Жүрегім сені іздейді, көзіммен көріп, құшағыңда тұншығып өлгім келеді. Мен сені көрсем өзімді ұстай алмасымды біліп аялдамадан бойымды алшақ  ұстаймын, – деп жасын тыймай сыбарлай сөйлеген қыздың қос көзінен сүйіп, қайта құшақтады.

– Бибі, Бибі мынауыңды аламын.

Бибі жинақталып, бір жөткірініп алып:

– Иә, тәте. Қазір.

– Бибі түсте үйде күтемін.

– Жоқ, болмайды.

– Онда анау мылжыңыңа жібермеймін.

– Есің дұрыс па? Ол осында келуі мүмкін.

– Онда келемін де.

– Жоқ.

– Жарайды, осылай тұра береміз. Келсін. Кім өзі?

– Жіберші, Ахат. Ол көрші, – деп сыбырлады.

– Бибі, қайдасың, – деп Айжан жоғарғы залға беттеді.

– Жібер.

– Келемін, бір–ақ сөз.

– Қырсық, жарайды келемін, – деді. Ахат құшағынан босатып, қабырғадағы картинаға бұрыла:

– Осы картина дұрыс, маған ұнады.

Бибі киімін, шашын жөндеп:

– Жақсы, мен сізге осыны курерь арқылы жіберемін. Рахмет. Сау болыңыз.

– Ааа, мұнда жүр екенсің ғой, – деп Айжан кіріп келді.

– Жүріңіз тәте, қайыссын таңдадыңыз, – деп көршісін ерте екеуі жоғарғы залдан шығып кетті.

       Түс ауа Бибі бастығынан сұранып, жұмысынан шықты. Далаға шығып, айналаға көз тастады. Соңғы уақытта көңілі құлазып көктемнің әсем сәтін де байқамапты. Алматының көктемі қандай әсем. Жер ана жасыл көйлегін киіп, құлпырып тұр. Көктемнің жаршысы бөрте гүлде бүршік атып гүлдепті, аңқыған жұпар иісі қандай шіркін. Бибі терең тыныс алып, енді ғана ауыр түстен оянғандай болды. Ахатты көрсе өміріне рең кіретінін, айнала көркем түстерге боялатынын ұқты. Сәл кідіріп жан жағына сүйсіне қарап алып, такси ұстап Ахаттың үйіне келді. Қоңырауын басқан сәтте есігі ашылды. Ахат күліп қарап тұр. Бибі мойнына асыла кетті. Жігіт оп – оңай оны көтеріп алып ішкі бөлмеге кірді. Төсекке апарып тұрғызды. Төсекте тұрғанда Бибінің бойы Ахаттан сәл ғана жоғары болып тұр. Үстіндегі плащын шешіп орындыққа қарай лақтыра салды. Көйлегін де шешіп тастады, бойын құрсаулап тұрған тығыз матадан денесі босап, тіпті бойындағы бар ауыртпалықты көйлегімен шешіп тастағандай сезінді. Ахат Бибіге сүйсіне қарап тұр. Бибі бас бармағын тістей, көз алмай қарап тұрған жігітке еркелей қарап, беті қызара, денесі балбырап, бүршік атқан бөрте гүлдей, көктемнің жайма шуақ күніндей жарқырап, жүзі бал – бұл жанды. Ахат оны қайта құшағына алды.

– Мен тек сенімен, сенің құшағыңда ғана тірімін, бармын. Сенің жаныңда болсам ғана жүрегім шам, тәңім от боп лаулайды. Сені көрсем, табиғат әсем бояуларға боялады, – деп Бибі Ахаттың мойнынан сүйді.

– Жаным менің!

– Махаббат бал шырындай, оның дәмін сенімен таттым. Бірақ бойымды күнә жеп барады...

Екеуінің жалаңаш тәндері терезеден жарқыраған күн сәулесіне шомылды. Олар уақыттың өткенін байқамады. Кеш бата Ахат:

– Жүр. Мен шәй қояйын, деп орнынан тұрып ас үйге беттеді.

– Сен шәй ішпейсің ғой.

– Есесіне сен ішесін. Мен тіпті шәйнек сатып алдым, – деп ас үйден айқайлады. Бибі киініп ас үйге кіріп, орындыққа жайғасты.

–  Сосын бір кесе және неше түрлі шәй алдым. Мен сенің нақты қай түрін ұнататыныңды білмеген соң, осының бәрін алдым, – деп қорапты көрсетті. Онда шынымен шәйдің сан түрі бар екен.

– Сен таңдай бер.

Бибі таңдана Ахатқа қарап отырды.

– Демек, мен келеді деп күттің ғой?

– Әрине. Кәне қайыссын таңдадың. Бірақ шәй сүтсіз.

– Сүттің қажеті жоқ. Мен сүтсіз ішемін. Міне мына шәй.

– Бергамотпен. Жақсы. Міне, ал.

– Сен өзіңе де құйсаңшы.

– Жоқ, мен су ішемін.

– Сен қызықсың. Мен білетіндердің ішіндегі жандардың біріне де ұқсамайсың. Сен өзгесің. Сен менің азабым да, ғажабымдасың...

– Сен де. Аялдамада тұрғандардың ішінен сонша тауға телміріп қарайтын бір жанды көрген емеспін.

– Қойшы, – деп Бибі басын төмен салып күлді.

– Және тура осылай ешкім ұялып, құлағының ұшына дейін қызарып кетпейді, – деп бетінен ақырын шымшыды.

– Шәйін дәмді.

– Рахмет. Демек сенің жұмысың бағанағы жер ғой?

– Иә, сол Арт – галереяда жұмыс істеймін. Жалпы бала кезімнен суретші болсам деп армандаған едім.

– Суретші, мм.

– Бірақ оқуға түсе алмадым. Оқуға түсуге барғанда менімен қатар керемет талантты қыз –  жігіттер келді. Олар сурет мектебін, колледжін бітіргендер. Ал менің  білетінім қарандаш пен акварель бояуы. Мен тіпті бояулардың қаншалықты көп болатынын білмедім.

– Содан?

– Содан емтиханнан өтпедім. Бірақ сол курстың кураторы маған жаны ашыса керек. Енді не істейсің деді? Мен келесі жылы дайындықпен келемін дедім. Ол, онда менің галереяма жұмысқа тұр, суретшілердің жұмысымен таныс, дайындал деп ұсынды. Мен әрине қуана келістім.

– Келесі жылы түстің бе?

– Жоқ келесі жылы тұрмысқа шықтым.

– Ммм.

– Куратордың ренжігенін көрсең. Ақымақ қыз. Не үшін бір жыл бойы дайындалдың? Саған күйеуді емес, өнеріңді ойлау керек, деп ұрсыты. Мен ештеңе айта алмадым. Әрине ол кісінікі дұрыс. Бірақ бәрібір мені қайта жұмысқа алды.

– Қазір сурет саласын ба?

– Жоқ. Қылқаламды тұрмысқа шыққалы қолыма алмадым.

– Неге?

– Білмеймін. Шабытым жоқ па, әйтеуір аса құлшыныс жоқ қазір. Маған бояулардың иісі ұнайды, галереяға бояуы кеппеген картиналар келгенде сол бұрыштан шықпай жүріп аламын және білесің бе сенімен танысқалы маған кітаптың да иісі ұнайды. Мен сені сағынғанда кітап парақтап иісін иіскеймін...сен мені есі ауысқан деп ойлап отырған шығарсың.

– Жоқ. Өзің басынан–ақ «есуаспын» деп айтып қойған соң еш таңқалып отырғаным жоқ.

Бибі оның сөзінен шайға шашалып, екеуі бір– біріне қарап әбден күлді.

– Оның рас.

– Ал, өзің? Сондай бір тәкаппар жүрісіңмен, ақылды бейнеңмен қандай жұмысқа барасың?

– Мен программистпін.

– Программист?

– Иә.

– Бірақ сен техниканы жеккөремін деп едің ғой.

– Иә, жеккөремін. Күні бойы техниканың арасында отырамын. Сол үшін үйде бір де бір техника жоқ.

– Қызық екен. Мен сені жазушы, не аудармашы деп ойладым.

– Неліктен?

– Өйткені үйің толған кітап. Сені ең алғаш көргенде де қолыңда кітап болған. Аялдамада да үнемі кітап оқып тұрасың.

– Кітап оқығанды бала кезімнен жақсы көремін. Кітапқа деген құмарлығымды әкем оятты. Ол әрқашан қолы бос бола қалса кітап оқитын. Және бізде үйдегі басты құндылық дүние, ақша емес кітап болған. Алматыға көшкенде қаншамасын тастап кетуге тура келді. Мен әкемнің ең сүйікті кітаптарын ғана алдым.

– Басқасын не істедің?

– Өзім оқыған мектептің кітапханасына өткіздім.

– Тамаша. Ал, әкең ше?

– Әкем өмірден озды, кел шәй іш.

– Иманды болсын.

– Әумин. Сен яғни картиналарға ғашықсың. Қандай суретшілерді ұнатасың?

– Классиктерден бе, әлде кәзіргі суретшілер ме?

– Қалауың білсің.

– Жақсы, кеше ғана галереяға Сәкен Бектияровтың жаңа картиналары келді. Маған ол кісінің барлық жұмысы ұнайды. Әсіресе «Мэрлин Монро», ол триптих. Сол жұмысында Мэрлиннің есейген шағын бейнелеген. Қызық қой иә? Оны біз жас қалпында білеміз. Ал, суретші оны өз қиялындағы жасы келген әйел қылып салды. Ондағы бояу, техника ерекше.

Ахат, Бейбіні осындай күйде алғаш көруі. Ол сүйікті ісі жайлы айтқанда көзі жайнып, ерекшелене түсті. Әрлі келіншек одан беттер сұлулана түскендей.

– Олай қарамашы.

– Егер мен суретші болсам, Монроны емес сені салар едім. Менің ойымша сен қайта сурет салғаның дұрыс.

– Мүмкін.

– Қандай жанрда саласың?

– Пейзаж. Мен қыр қызымын ғой. Табиғаттың ғажап бояуына күнімен қарауға бармын.

– Байқадым. Тауға телміруің тегін емес екен.

– Иә, Алатауға ғашықпын. Сол үшін осы қалаға келдім. Ооу, уақытты қара. Сенімен болған кезде сағат тілінің өзі сені менен қызғанады – ау. Сыртылдап өтеді де кетеді. Маған кету керек. Шәйіңа рахмет. Мұндай дәмді шәй ішкен емеспін, – деп Бибі еркелеп күлді.

– Қалсаң қайтеді?

– Жоқ. Болмайды.

– Жақсы, – деп жігіт орнынан тұрып тартпадан кілт алып, үстелге қойды.

– Мынау саған. Қалаған уақытта келсең болады.

Бибі бұны күтпеген еді. Алсам ба, жоқ па деп сәл ойланып, кілтті алып қалтасына салып орнынан тұрды.

– Көшіп келсем қайтесің? Кілт бергеніне өкінесің ғой, деп езу тартты.

– Жазмыштан озмыш жоқ. Келсең менің есігім ғана емес, жүрегім де сен үшін ашық. 

Бибі күрсінді.

Үйіне келді. Тамағын дайындап, енесін дастарханға шақырды. Екеуі үнсіз астарын ішті.

– Апа, Талғат келемін дей ме?

– Өзің неге сұрамайсын?

– Біз сөйлеспейміз.

– Сөйлес. Хабарлас, сұра. Құдай қосқан күйеуің емес пе, – деп Жамал айқайлап жіберді. Бибі жылап:

– Мен үшін келмейді ол, енді сөйлеспейді де. Мен кінәлімін. Апа білесіз ғой бәрін, сезесіз. Неге үндемей шыдап жүрсіз? Неге балаңызға бәрін айтып, мына қара бетті қуып шықпайсыз, – деп екі қолын кеудесіне қойып еңірей жылады.

– Иә, білемін. Оның көңілін сен суыттың. Сен үшін келмейтінін де, ол жақта басқа әйелмен тұратынын да білемін.

Бибі басын көтеріп, Жамалға жалт қарап:

– Басқа әйелмен тұратынын?

– Иә! Сендерді сынайтын мен «періште» дейсің бе? Сүттен ақ, судан таза болсам қане? Ее сен мен үшін күйіксің. Отымның берекесін кетірдің. Сені алақанына салып жүрген бала кетті, үйін де көрер түрі жоқ. Екеуің де күйіксің. Өткен өмірді еске салар күйіксіңдер. Бұл жалған өмірде талаймен арпалыстым. Сендермен арпалысуға күшім де, дәрменім де жоқ. Өзің шеш, балам шешсін. Мен сендерге төреші емеспін. Бізге құдай ғана төреші, – деп орнынан тұрып кетті. Күйеуінің басқа әйелмен тұрап жатқанын естігенде, Бибі жасын сап тыйып:

– Мен неге жүрмін бұнда? Не үшін? Кім үшін? – деп орынан атып тұрып сыртқа шығып кетті. Жүгірген бойда жолдан өтіп, Ахаттың пәтеріне көтеріліп, есігінің алдында бірақ тоқтады. Қалтасынан кілтті алып ашып, ішке кірді. Есік ашылғанын естіген Ахат ішкі бөлмеден шығып жарықты қосты, есіктің алды дір–дір қағып жалғыз көйлекте Бибі тұр.

– Не болды? Бибі неге киінбей жүрсің? Күн әлі суық қой.

Екеуі қонақ бөлмеге өтіп, кереуетке отырды.

– Мен өзімді жегідей жеп, қинап жүрсем, ол басқа әйелмен тұрып жатыр екен. Түсінесің бе ол басқа әйелмен өмір сүріп жатыр. Жоқ әрине кінә менен. Бірақ бұл өткінші деп ойладым. Біз қайта бұрынғыдай өмір сүріп кетеміз деп ойладым.

– Мен шәй қояйын. Сен қатты мұздап қалыпсың, – деп Ахат тұрып Бибінің үстіне өзінің жылы жемпірін жауып шығып кетті. Екеуі түні бойы сөйлесіп, бір – біріне балалық шақтарын айтып әңгімелесіп ас үйде отырды.

– Мен үшін әке де, ана да бір әкем болды. Мен анам туралы сұрасам әкем басқа әңгімеге бұрып әкететін. Сосын өсе келе сұрауды да қойдым. Әкем өте білімді адам болатын, маған тіпті оқудың да қажеті жоқ еді. Не сұрасаң да энциклопедиялық толық жауапты әкемнен алатынмын.

– Әкеңді сағынып жүрген шығарсын.

– Иә.

– Қалай қайтыс болды?

– Жүрегі. Жас кезінде инсульт алған екен. Екінші рет алғанда жатып қалды. Ол кезде мен соңғы курста болған едім. Сабақтан келсем өңі кетіп қалған. Неге жедел жәрдем шақыртпадыңыз десем, балам аз қалды деді. Ауруханаға барамыз деп жинала бастаған едім, жоқ ол жерде жатқанша сенің қасыңда болайын деді. Екеуміз таңға дейін көз ілмедік. Мен ұйқтауға қорықтым, ол болса менен көзін алмай қолымнан ұстап жатты. Мен ақымақтық жасадым, сені тірі жетім еттім деп, жүрегін ұстап қысыла түсті. Болды әке, сөйлеме дедім. Демі тарыла сен жалғыз емессің деді. Сенің анан бар деді. Алматы, жетісу ауданы. Жангелдин көшесі деп, анамның атын айтты да демі үзілді.

Бибі қолынан қысып:

– Жаны жәнатта болсын. Неге ертерек айтпады екен? Сен анаңды іздедің бе?

– Іздеген болдым. Бірақ іздеуді қолыма құлшына алмадым. Білмеймін. Мен оған мүмкін керек емес шығармын. Оның отбасы, басқа балалары бар шығар. Жиырма бес жылда не өтіп, не болмады дейсің. Керек болсам өзі іздер еді ғой.

– Әкеңнің суреті бар ма?

– Бар. Негізі мен әкемнің көшірмесімін десе де болады.

– Солай ма?

– Иә, сенесіңбе біздің үш қана суретіміз бар. Кәзір көрсетемін.

Ахат суреттерді алып келіп:

– Мынау мен он бір бітірген кезде. Мынау бірінші сыныпқа барғанда. Ал мынау сурет менің кішкентай кезім, – деп жыртылған ескі суретті берді. Онда әке мен бала отыр, екінші бөлігі жоқ екен.

Бибі соңғы суретке ұзақ қарады.

– Шынымен сен әкеңе өте ұқсайды екенсің. Ахат мен қайтайын.

– Түн жарымда ма?

– Иә, несі бар. Дала жарық, шам бар.

– Ең болмаса шығарып салайын.

– Жоқ. Өзім барамын. Үй жақын. Сау бол, – деп Ахаттың бетінен сүйіп ас үйден шықты.

– Не істейсін онда? Болды қал осында. Күйеуің басқамен тұрса неменеге оны күтесің?

– Ахат, маған шынымен кету керек.

– Жарайды, бар! – деп Ахаттың дауысы қатқыл шықты.

Бибі бұрылып екі бетінен ұстап құшырлана ернінен сүйіп, сыртқа шығып кетті.

 

                                        XI

 

         Жаз зымырап өте шықты. Кешкі төрттер шамасы. Бұл уақытта Ахат үйінде болмайтынын білсе де Бибі есік қоңырауын соғып біраз күтті, сосын сөмкесінен кілтті алып есікті ашты. Ішке кіріп, жоғарғы бөлмеге өтті. Төсекке отырып жастықты қолына алып иіскеді. Таныс иіс. Сүйіктісінің иісі. Көзін жұмып отырып:

  –  Сені қалай сағынғанымды білсең ғой. Қалай шыдар екенмін? – деп жастықты орнына қойып тұрды. Бөлмеде ары – бері жүріп терезеге жақындады. Терезеден өз үйін іздеді. Көп қабатты үйлердің ішінен өз үйінің шатырын көрді. 

– Апам не істеп жатыр екен? Өзі жалғыз отырған шығар. Мүмкін, Талғат келген болар, – деп біраз терезе алдына үнсіз ойланып тұрды да, ұялы телефонынан сағатты қарап:

– Келетін уақыты болып қалды, тамақ істеп қояйын, –  деп ас үйге беттеді.  

Тоңазытқышты ашса әдеттегідей сөрелері бос. Тек жемістер ғана тұр. Бибі аяқ киімін киіп сыртқа шығып, дүкеннен кешкі тамаққа қажетті заттарды алып, Ахаттың пәтеріне қайта көтерілді. Оның бұл үйде ас әзірлеуі алғаш рет. Бар ынтасын салып жүріп жасады. Дастарханды әзірлеп, өзі дастархан басына жайғасты. Кеш батқанымен жарықты жақпады. Есіктің құлпы ашылып, ішке кірген адамның қадамдары естілді. Дәліздің жарығы қосылып, ол ішке өтпей тұрып қалды. Бибі дыбысын шығармай отыра берді. Ол қонақ бөлмеге өтті де ол жақтын да жарығын қосып, ешкімнің жоғын көрген сәтте ас үйге асыға басып кіре сала үстел басында отырған Бибіні бас салып құшағына алып, көтеріп алды.

– Жаным, жаным менің!

Шашынан иіскеп, ерінінен сүйді. Екеуі құшақ жазбай біраз тұрды.

– Қашан келдің, соңша уақыт бойы қайда болдың?

– Отыршы, тамақ ішеміз. Қазір бәрін айтамын, – деп Бибі дайындаған палауын салып отырып өзіне шәй, Ахатқа су құйды.

– Маған да шәй, бергамотпен.

– Шын ба? Сен де шәй ішетін болғансың ба?

– Иә. Сенің ішкен дәміңді мен де татып көргім келді. Қазір сөйтіп шәй ішетін болдым, сөйтсем рахат дүние екен ғой. Маңдайым терлеп тұрып күнде ішемін, – деді. Екеуі де күлді.

– Үйге кіре мына ғажап иісті сезіп сенің келгеніңді түсіндім. Ммм қандай иіс. Сонымен қайда болдың?

– Мен, күйеуімнен кетіп қалдым.

– Шын ба? –  жігіттің қуаныштан көзі жарқ етті.

– Иә, бұлай өмір сүру енді мүмкін емес. Сосын жұмыстан демалыс алып өзімнің үйіме, ата – анама бардым. Оларға бар жағдайды түсіндірдім. Айтпас бұрын қатты қобалжыған едім. Қалада елдің сенде шаруасы жоқ қой, ал менің туған ауылым алақандай, жұрт не айтады деген түсінікпен өмір сүреді. Ол әрине дұрыс та. Қыздың қайтып келгені қайбір дұрыс дейсің. Бірақ ата –  анам мені сөкпеді. Шынымды айтсам таңқалдым. Мен ұрыс естуге іштей дайындалып барған едім.

– Енді, сен олардың баласысың ғой, ата – анаң саған бақыт тілейді. Неге сөксін.

– Үлкен кісілер ғой, олардың дүние пайымдауы бөлек қой. Дегенмен, «қарағым бұл сенің өмірің. Шешіміңе өкініп қалма, ойлан!» –  деді. Ал, мен өкінбеймін.

– Әрине.

– Мен болашағыма сенімдімін. Мені алдымда бала күнгі арманым күтіп тұр.

– Ммм. Қандай дәмді. Мен мұндай керемет палауды тіпті өзбек мейрамханасынан жеген емеспін. Кешір сенің сөзіңді бөлдім.

– Ұнағанына қуаныштымын. Мен бұл тамаққа сиқырлы қоспа қостым, – деп Бибі еркелей басын бір жаққа бұрып жымия қарады.

– Бәсе, бір сиқыр бары анық. Не қостың?

– Бір уыс махаббат.

– Сезіп отырмын. Сен жаңа өмір бастағаныңа қуаныштымын. Ол өміріңде мен барына қуаныштымын.

– Жоқ. Өкініштісі сол... сен жоқсың онда.

– Неге?

– Элементарно, шын ғашықтар қосылмайды.

– Жоқ, маған нақты жауап керек. Ондай пәлсапанның қажеті жоқ.

– Мен таңда басқа елге ұшып кетемін.

– Қайда?

– Осыдан бір ай бұрын мен жұмыс істейтін арт – галерея директоры, мен саған алдында айтқан болатынмын ол кісінің тобына мен абитуриент болып барып түсе алмай қалғанмын.

– Иә, есімді.

– Міне сол кісі маған Вена Сурет Академиясына жұмысымды жіберіп грант ұтып алуға болатынын айтты. Маған ғаламтордан сол академияның сайтын ашып көрсетті. Екеуміз шарттарын қарадық, ол кісі неміс тілін жетік біледі аударып түсіндірді. Мен олардың талабына сай үш жұмысымды салып, авиа поштамен жібердім. Ал, ол кісі мен салғанымды растап хаттамасын қоса салды. Және кейбір тапсырмаларды онлайн орындадық. Сөйтіп бір апта бұрын маған ауылға кураторым телефон соқты. Мен өттім. Сенесің бе? Менің жұмыстарым жақсы бағаланып мен грант ұтып алдым.

– Құттықтаймын, – деп Ахаттың көңіл күйі түсіп кетті.

– Осы уақыт бойы сенің өміріңде сонша өзгеріс болған екен. Мен бірін де білмедім. Сен ажырасқаныңды неге маған айтпадың? Және жақсы, оқу деген керемет. Арманың орындалғаны да ғажап, бірақ оның бізге қандай қатысы бар? Сенің енді басың бос. Мен оқуыңа кедергі болмаймын.

– Ол басқа әңгіме, Ахат. Оны кейін түсінесің, – орнынан тұрып қонақ бөлмеден сумкасын әкеліп ішінен конверт алып шығып:

– Мынау саған.

– Бұл не?

– Бірақ бір шартым бар. Бұл хатты тек ертең ашасың. Шартыма келіссең ғана қолыңа беремін.

– Бибі оның ішінде не бар? Және неліктен бірге бола алмаймыз? Неге өз өміріңді сонша қиындатасың, Бибі?

– Осы сұрақтардың жауабы хатта. Сөз берші, тек ертең хатты ашамын деші.

– Жақсы. Жарайды дегенің болсын, – деп жігіт қабағын шытып хатты қолына алды.

– Рахмет. Мен сені сүйемін, – деп Бибі орнынан тұрып Ахаттың тізесіне отырып құшақтады.

– Сен менің жүрегіме бір сәт үміт отын жағып, қайта өшірдің –  ау. Екі көзім төрт болып жолыңа қарап едім. Мен сені ешқайда жібермеймін. Естимісің ешқайда, – деп бір қолымен құшағына тартып, Бибінің уастай бетінен екінші қолымен ұстап құшырлана сүйді, қолы бетінен тамағын сипап өтіп анарын аймалады. Көтеріп алып үстел шетіне отырғызды. Бибінің жібек көйлегін шешіп, кезек – кезек төсінен сүйді. Бибі жігіттің қою бұйра шаштарын сипап, иіскей түсті. Ол осы иісті, осы сәтті жадында сақтап қалғысы келді.

Таң қылаулап ата бастағанда Бибі оянып, қасында жатқан Ахаттың бетін саусақтарымен сипап жақындай түсіп көздері мен мұрнының ұшынан сүйді. Ахат көзін ашып Бибінің үлбіреген ернінен сүйді.

– Жүрегім менің мен сені ешқашан ұмытпаймын.

– Қасымда қал.

– Маған әуежайға кету керек.

– Жақсы. Арманыңнан айыру дұрыс болмас.

– Мен такси шақырайын.

– Рейс нешеде? – деп орнынан тұра бергенде:

– Жо жоқ, шығарып салудың қажеті жоқ.

– Енді шығарып салуға тыйым салғаныңды құп көрмеймін.

– Ахат, өтінемін. Мен әдеттегідей өзім үйден шыққым келеді. Түсінесің бе, ертең келетіндей кеткім келеді. Қоштасқым келмейді.

Ахат күрсініп:

– Сенің шарттарың мен талабың көбейді ғой. Келші, жатшы қасыма. Тіпті болмаса такси келгенше жата тұр.

Екеуі үнсіз құшақтасып бір –  бірінің көздеріне қарап жатты.

– Егер сен сол күні маған осылай қарамағанда менің жүрегім қазір тірідей өлмес еді.

– Кешір.

– Бибі мен ешкімді сүйген емеспін. Мен ешкімді бұлай өміріме кіргізген емеспін. Ешкімді сендей күткен емеспін.

– Мен де. Сен мен үшін ғажап әлем сыйладың. Ол тек менің әлемім. Ол менің жүрегімде. Ол әлемге ешкім аяқ баспайды, басын сұқпайды. Онда тек сен және мен ғана өмір сүреміз. Мен ол жақта сені және Алатауымды сағынатын боламын. Бір жұбанышым сол жақтағы Альпы тауы болатын шығар.

Бибінің сөзін телефон шырылы бөлді. Екеуі келіскендей, ертең кездесетіндей қоштасып, Бибі үйден шығып кетті. Ол үйден шыққанмен жүрегі сол жақта қалғандай, іші құлазыды. Ол бос орынды енді тек сағыныш толтырары анық.

 

                                               XII

 

         Ахат төсекте жатқаннан түсте бірақ тұрды. Жұмысына да бармады. Осы күнге дейін сезбеген жалғыздығын жүрегі сыздап енді сезді. Өзін бар әлемде жалғыз қалғанын енді түсінді. Қазір Бибі мұхит асып кетті. Арада үлкен қашықтық. Неге менен қашқақтайды. Неге? –  деп отырғанда кенет оның ойына кешегі хат түсті. Орнынан атып тұрып, сүріне жүгіріп ас үйдегі үстел үстіндегі хатты алып асығыс шетін жыртты. Ішінен кілт құлап түсті. Ахат өз үйінің кілті екенін бірден таныды, хат ішіне үніліп еді фото сурет. Алып шықса дәл өзінде бар кішкентай кезіндегі әкесінің алдында отырған суреті, бір өзгешелік бұл бүтін сурет. Бұл суретте әкесі екеуінен басқа бір әйел мен тағы өзінен жасы үлкендеу бала бар. Ол сөзсіз түсінді.

–  Менің анам. Бұл менің анам, –  орындыққа сұлқ отырып фотоға қайта –  қайта қарады. Хатты қайта қолына алып ішіне тағы үңілді бір тілім қағаз. Қағазда мекен – жай жазылған. Жан дүниесі алай дүлей, жігіт тездетіп киініп далаға шықты. Асыға аптыға жолдың арғы бетіне өтті. Міне алдында оның аялдамасы. Бірнеше жыл жүріп жүрген жолы. Ал мекен – жай осы жер. Сәл ары өтіп ол үйдің санын көрді. Жүрегі тарсылдап жақындай түсті. Подъезге де жетті. Пәтерге баспалдақпен көтеріліп, керек есікке қарсы адым жасады. Ол өмір бойы аңсаған анасы, соңғы жылдары іздеген анасы осы есіктің арғы бетінде. Қолын көтеріп тарсылдатайын деп ақырын қолы тиіп еді есік ашылып кетті. Ол үнсіз үйге кірді. Есікті жапты. Есіктің ашып  –  жабылғанын естіген Жамал бөлмесінен шығып:

               –  Кім? – деді. Ахаттың тамағы кеуіп ештеңе деп жауап бермей сол тұрған орнынан қозғалмады.

– Бибі сен бе? – деп Жамал дауысы таңғала шығып дәліз жаққа бет алды. Бибі дегенді естіген Талғатта бөлмесінен атып шықты.

Жамал шыға беріс бөлмеге келіп есік жақта, ұзын бойлы, денелі, қара– торы бұйра шашты, қыр мұрынды жігітті көріп жазбай таныды. Жүрегін ұстап:

– Я Раббым, естідің – ау зарымды, бердің – ау тілеуімді, – деп:

– Ахатым, құлыным, – деп бас салып жігітті құшақтап еңкілдеп жылады.

Сыртынан қарап тұрған Талғат ештеңе түсінбей аңқайып тұрып есін жинап:

– Апау не болды? – деді.

Ахат болса өмір бойы аңсаған құшағын жазбай, анасын иіскеді. Есін білгелі анасын алғаш көрген жігіт өз анасы екеніне еш күмәні болмады.

Жамал бір күліп, бір жылап қайта қайта үніле Ахаттың бетіне қарап бір сипап бір сүйіп қайта құшақтады.

– Апа не болды деймін?

– Құлыным Талғат, бұл сенің інің. Аты Ахат.

– Енді есіктің аузында тұрмай бері өткізсеңші қонақты. Апа қызықсың сен.

– Балам бұл сенің туған інің.

Талғат күліп:

                –  Туғаны несі?

                –  Кір балам. Бұл ағаң Талғат.

– Апа туған інің дегенің не?

– Құлыным қазір бәрін айтамын.

Сол күні Жамалдың бойына жан біткендей, жоғалғаны табылып құдайға алғысын айтып, қос балаларының ортасында отырып өз өмірінің үлкен сырын, үлкен сынын айтты. Үш туған жүрек табысып қуанысып, бір біріне қайта – қайта қарасып көздері тоймады.

Ахат ішінен барлық мән жайды ұқты. Анасының есік ашылғанда неге «Бибі» дегенін, неге Бибінің бірге болу мүмкін емес дегенін іштей ұқты.

 

                                                   XIII

 

      Венаға келген сәттен Бибі бөтен қала, бөтен елді, тіпті бөтен құрлықты еш жатырқамады. Оқуға кірісіп, өнерін шыңдай түсті. Күнен – күнге сурет салу техникасы жақсара түсті. Неміс тілін де түсініп, сөйлей бастады. Жылына екі рет жазғы және қысқы демалыста еліне ұшып баратын. Өз ауылына. Аламтыдан ұшып – қонғанымен қалаға кіруге жүрегі дауаламайтын. Сөйтіп жүріп үшінші курсқа да көшті. Күздің жылы күндері. Қыркүйектің басы. Топ болып далада портрет салып отыр.

Ұстазы қасына келіп:

– Сіз, алдыңызда отырған адамды салып отырғаныңызға сенімдісіз бе? – деді. Бибі басын холсттан көтеріп ұстазына бір, алдында отырған натуршикке бір қарады. Қасында отырған курстасы:

– Сен кімді салып отырғаныңды білемін. Ұстаз ол Мистер Андрені емес, анау ағашқа сүйеніп тұрған жігітті салып отыр деді. Бибі таңқалып курстасы меңзеген жаққа жалт қарады. Өз көзіне өзі сенбей отырған жерінен атып тұрды. Оған жымия Ахат қарап тұр.

– Кешіріңіз. Рұқсат болса сосын аяқтайын. Мені жібересіз бе? – деп ұстазынан сұранды. Ұстазы басын изеп, күлді. Бибі, Ахат тұрған жаққа жүгірді. Екеуі ұзақ құшақтасып тұрды. Курстастары шапалақтап, қалжыңдап өз тілдерінде Бибіге бірдеңе деп айқайлап жатты.

– Сен қайдан жүрсің? Мені қалай таптың?

– Ғаламторда бәрі жазылып тұр ғой. Қалың қалай?

– Жақсы. Сене алар емеспін. Жүр мына жақта кофейне бар, жақын. Сонда барайық. Қазір, – деп курстатсарына бұрылып неміс тілінде сөйледі. Ішінен бір қыз жауап қайтарды.

– О, күшті сөйлейсің.

– Иә, үйрендім.

– Не айттың?

– Менімен тұратын қызға, мольбертімді бөлмеге ала кетші деп тапсырдым. Сонымен қалайсың? Апам қалай? Ой, сенің апан қалай?

– Бибі мен бәрін білемін. Сенің неге сурет көрсеткен түні кеткеніңді де, менімен қалмағаныңды да білемін.

– Әрине.

– Апам жақсы. Шүкір. Сенің арқаңда аналы болдым.

– Ағалы да.

– Иә, оның рас. Кезінде сенің күйеуіңді іштей жек көретің едім. Жаман адам емес екен.

Бибі арқасынан ұрып:

– Сен де айтады екенсің.

– Кешір қалжың ғой.

– Осы жер. Отырайық. Кофеге қалай қарайсың? Әлде бергамотты шәй ма? – деп Бибі жымиды.

– Иә, болса ішейін.

Екеуі шәйлерін ішіп әңгімелерін жалғастырды:

– Сен одан беттер аржалана түсіпсің. Киім киісің де өзгерген. Саған қарап бірден суретші екеніңді білуге болады.

– Солай ма? Сонымен өміріңде не өзгерді? Апам сені көріп бақытты болған шығар.

– Иә, апам тамаша адам. Сені ылғи дұғасына қосып қояды. Менің жазам ба десем, азаптан құтқарушым екен дейді. Маған баламды тауып берген періштем дейді.

Бибі көзіне жас алып тыңдап отырып:

– Мен періште болсам, нағыз періште онда кім, – деп күлді.

– Біз қазір басқа жерде тұрамыз?

– Алматыдан көшіп кеттіңдер ме?

– Жоқ. Екі үйді сатып тау жақтан өзім үй салдым. Біздің ауладан Алатау керемет көрінеді. Апам гүл егіп, оларды балаша күтеді. Тіпті ат қойып, сөйлесіп жүреді.

– Шын ба? Апам көп сөйлегенді ұнатпушы еді.

– Апамның «Талғат» деген, «Ахат» деген, «Бибі» деген гүлдері бар.

– Қызық екен.

– Ең қызғы арамшөптерді «Айжан» деп бұтырлатып жұлады ғой.

– Ол көрші тәте ғой.

– Иә, солай ғой деймін.

– Екеуі бір–бірін ұнатпайтын. Ал, Талғат ше?

– Ол сол Байқоңырда. Жұмысын ауыстырмай қойды. Үйленді.

– Солай ма?

– Иә қызы бар.

– Рас па? Жақсы болған екен.

– Сүп–сүйкімді. Енді – енді жүріп жүр. Аты кім дейсің ғой?

– Кім?

– Бибінұр.

– Бибінұр?

– Иә, апам солай қойды.

– Оған Талғат қалай келісті екен?

– Ол, тіпті қарсы да болған жоқ. Олар бәрін біледі. Екеуміз жайлы бәрін біледі. Талғат та, әйелі де. Бірде келіп әдеттегі әңгімелерін бастады. Үйлен жасың келді. Қашаңғы жүресің? Апамды ойла деп. Мен Бибіні сүйем. Басқа адамға үйлене алмаймын дедім. Ағам қарап тұрып, онда үйлен деді. Әйелі де иә, үйлен. Іздеп бар. Не істеп жүрсің осы уақытқа дейін іздемей деді.

– Сене алар емеспін. Талғаттың әйелі солай деді ма?

– Иә, жеңгем жақсы адам. Мінезі ашық– жарқын. Ағам екеуі бақытты.

– Мен қуаныштымын. Талғаттың бақытын тапқанына қуаныштымын. Менен іздеген бақытын өзге жақсы адам сыйлағанына қуаныштымын.

– Ал, сен? Сенің өміріңде қандай өзгеріс бар?

– Ешқандай. Міне осы тұрған бойым.

– Жүрегіңде?

– Жүрегім де өзгеріссіз.

– Онда болды үйленеміз.

– Иә, ел–жұрт күлсін. Ағасынан кетіп, інісіне тиіпті деп.

– Ел не демейді? Айтқаны айта берсін.

– Есуас, – екеуі қосылып бірге күлді.

 

                                                   Адасқан жүрек сыңарын табар,

                                                   Пейілі оның ақ болса.

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған