Адам қарады: 108 | Жарияланды: 2019-06-17 05:40:48

О, менің құдіретті ақ пырағым!

О, менің құдіретті ақ пырағым!
Көк мұхит өмірім көшпелі.
Адассам алдымнан Хақ шығады,
Керуен тіршілік, кеш мені...

Көк ала дәуреннің сәттері,
Біреудің тоқылған кестесі.
Таңдайға тамған у тәтті еді,
Өзімшіл көздердің өкпесі.

Ақ қанат пырағым, тарт кәні,
Жылауық жұлдыздар төсіне.
Дөңгелеп жазира бақтады,
Жаралған ғаламның осьіне.

Арбауыш тұманнан жүзіп өт!
Ол менің адасқақ арманым.
Теңіздің маржанын сүзіп өт!
Көрейін Жалғанның жалғанын.

Тарпаңым, тартқызбас тізгінін,
Басып өт, бабамның іздерін.
Түндерім түрмесін түңдігін,
Көктемге көшпесін күздерім!

Тұяғы жай отын жаншыған,
Тұлпарым шаң қалмай соңында.
Бейкүнә мәдениет бар шығар,
Тастап кет жолында!

Ақ құйын дүбірің ақырғы,
Құлагер қиялдың соңғы ізі.
Тосып тұр сол жерде ақынды,
Хан қызын жылатқан хор қызы...
 

Қазақ тілінде жазылған