Адам қарады: 96 | Жарияланды: 2019-06-17 05:44:28

Білезік

 баларға арналған көп сюжетті минипоэма


Кейіпкер күйі (кіріспе)
Күн сәулесі кірпігіме қонады
Таң атқанын ұқтырып,
Оятады мендей ерке баланы,
Ерте тұру-мықтылық!

Таң сайын мен күнге алғыс айтамын,
Жарық еткен әлемді.
Білезіктің жоқ екенін байқадым,
Қолымдағы әдемі.

Бұл оқиға мені қатты налытты,
Таңғалдым ба, әлде қорқып, састым ба?
Білезіктен жібі ғана қалыпты,
Төсегімнің астында!

Құпияға ұмтылғандай алқынып,
Қол созамын жіпке мен,
Сиқырлы әлем  маған қарай талпынып,
Бір ғажайып жетектеді күтпеген.


Байланыс
Сиқырлы әлем таңғалдырды баланы,
Ғажайыптар баурап тағы  барады.
Жіңішке жіп жол нұсқағыш арқан боп,
Сара жолды сол әлемге салады.

Ғажайыпқа кімдердің бар таласы?
Қиялына сене алатын бала осы.
Армандарға сену керек тек сонда,
Әлемдердің ашылады жаңасы.

Қадам сайын басталады ғажайып,
Қиял деген қалмайды екен азайып.
Біз баланың көргендерін өлеңмен,
Оқиға ғып оқырманға жазайық.
Айдаһар
Жаңа әлемде  балақайға
Алақанын жайды үміт.
Салып көрді алақайға
Шыбық  мінді тай қылып.

Кенет анау алыстан
Шықты дауыс жылаған.
Желмен ойнап жарысқан,
Жерге қарай құлаған.

Айдаһардың баласы
Жатыр екен қайғырып,
Қанатына қарашы,
Алған екен қайырып.

Ұшып-қона алатын
Күнді айдаһар күтпеген.
Бала оның қанатын
Байлап көрді жіппенен.

Қанаттарын қағады
Тіктеліпті еңсесі
Еркін самғап барады,
Көктің ол да еркесі.

Жер
Көп шығар өмірде сынақтар,
Досыңа ойыңды айт, сыр ақтар.
Адамдар ізгілік іздеп кеп,
Жер дейтін мекенге тұрақтар!

Алпауыт комета ұшып жүр.
Көрсетіп алмаққа күшін бір,
 «Қақ жарып тастаймын Жерді» деп
Мақтанып айтады ісін бұл.

Әлем мен адамның тұрағы,
Жер  сонда жалынып жылады.
«Құтқар» деп қаһарман баладан
Үмітпен бір көмек сұрады.

Жауызды қаһарман екіге жарады.
Гүрс  етіп, комета бөлініп қалады.
Аспаннан күн күліп, торғайлар қуанып,
Жердің  де сол сәтте ашылды қабағы.
Көлік
Шуылдаған мынау жарыс алаңы
Көліктердің көзі оттай жанады.
Бірі озып,  енді бірі артында
Көк түтінге көміледі, қалады.

«Жарыс деген сынайтын сәт бағыңды
Жеңіліс те сындырмасын сағыңды»,
Осыны ойлап келе жатқан көліктің
Орта жолда дөңгелегі жарылды.

Шыдай алмай сәтсіздікке бүгінгі
Батыл бала оған қарай жүгірді,
Дөңгелекті ауыстырып тезірек,
Еркеліктен  ептілікке жүгінді.

Жүйткіп келіп, кесіп өтті мәрені.
Біріншіге алтын кубок бар еді,
Кубок емес озып келген көлікке
Қымбат еді жанкүйердің сәлемі.

Барыс
Орман ішін аралады кейіпкер
Жайылып жүр құралайлар, киіктер.
Табиғатты біздің батыл балаша,
Сен де аялап,  жүрегіңмен сүйіп көр.

Кенет ащы дауыс шықты ақырған,
Алыста емес, естіледі  жақыннан.
Бәйтерекке бастырылып  қалыпты,
Барыс  екен көмек сұрап шақырған.

Мүйізі оның құрыш па екен бастағы,
Батыл бала шақырғанда саспады.
Бәйтеректі мүйізімен бір демде
Қодас келіп бөліп-бөліп тастады.

Бұлақ
«Құс көремін, гүл теремін алақай»
Деп қуанып тауға келді балақай,
Гүл түгілі шөлге біраз төзімді
Солып жатыр су таба алмай қалақай.

Тұрушы еді құрағында бал тұнып,
Сәмбі талдың шашы суға малтынып,
Бұл өлкенің қайнарлары қайда екен?
Кеткен бе екен бұлақтары тартылып?

Судың қайда иірімі мен  тізбегі?
Батыл бала тынбай бұлақ іздеді?
Гүл солмасын, шөп қурамай көгерсін.
Деген оның ниеті де ізгі еді.

Ал, бұлақты қойтас жауып қалыпты,
Оны ысырып тағы ерлік танытты.
Төмен қарай күліп аққан күміс су,
Гүл біткеннің тамырына барыпты.

Дельфин
Теңіз асты әуелден-ақ тұңғиық,
Мұнда да бар аласа мен тым биік.
Оқымысты дельфин ғұмыр кешетін,
Отыр бүгін жүзе де алмай үрпиіп.

Жан- жағына ол сенімсіз қарайды,
Сезбейтіндей, көрмейтіндей маңайды.
Бала оны байқап тұрды сыртынан
Дельфин мұңы жас боп суға тарайды.

Жақын барып бала жайды сұрады,
Оқымысты тым көңілсіз тұр әлі.
Көзілдірік жоғалтыпты қарт дельфин
Жүр екен ғой сөйнгендей боп шырағы.
 
Көзілдірік тым тереңге батыпты,
Маржандардың арасында жатыпты,
Тауып беріп көзіне ілді дельфиннің
Оқымысты осы кезде бола қалды бақытты.

Динозавр
Қанаттылар өз көгінде қалықтар,
Су астында мұңая ма балықтар?
Жылап отыр динозавр балаша,
Тісі ауырса жылайды екен алыптар!

Көп жей ме әлде динозавр тәттіні?
Тура бүгін таусылған ба шаттығы?
Ақырады шығара алмай алып аң
Аузындағы жанға батқан қаттыны.

Бір қатты зат тісін оның кереді?
Шықпай қойды, қанша шұқып көреді?
Тісінен де кіп –кішкендей түйірді
 Диназавр енді қалай жеңеді?

Осы кезде бала келді қасына,
«Жаламашы, динозавр жасыма»
Деп балақай аузына еніп алыптың
Шамасынша көмек берді досына.

Алды бала тіске батқан түйірді,
Ауырғаны дәл сол сәтте-ақ тиылды.
Біз достарға көмек беріп осылай,
Ұсынамыз махаббат пен мейірді.
Қарлығаш
Кенет бала қабырғаға жабысқан,
Көрді құстың ұясын.
Төрт балапан бір- бірімен алысқан
Тар ұяға қалай ғана сиясың?

Ал қарлығаш ұшып келсе,
Ауыздарын ашады,
Ішке қарай тамақ енсе,
Шырылдарын басады.

Анасы асты бермейтіндей шырылсыз,
Балапандар отырмайды қыбырсыз.
Бір балапан құлап түсті ұядан,
Сүйкімдісі, өзі сондай тынымсыз.

Қарлығашты бұл оқиға жасытты,
Көздің жасы ақ тамағын басыпты.
Ерке бала жігер жиып бойына
Балапанды көтеруге асықты.

«Күллі әлемді құтқарады мейірім,
Көмектесші, дами түссін зейнің»
Деп қарлығаш алғыс айтты балаға
«Ең алдымен дұрыс болсын пейілің»

Мыстан  кемпір
Мыстанның да мұңаятын шағы бар,
Бәлкім ол да балалығын сағынар.
Құлап қалған үйіне де қарамай,
Күрсінеді, жылайтыны тағы бар.

Бала келіп жинап шықты ауласын,
«Қолың аман, аяғың сау, сау басың,
Кел, екеуміз гүл егейік , қамықпа
Жұпар шашып, әсем гүлдер қауласын!»

Деп балақай  гүл егуді үйретті,
 Мыстанды бұл шаттандырды, билетті.
Бұрын қурай  арасында  көңілсіз
Өмір өтіп жатқандықтан күйрепті.
Күнбағыс
Аспан әлі көріне ме бізге алыс?
Ортақ күнге танытпайық қызғаныш?
Күннен мейір іздейді екен сап-сары
Жерде өсетін сүп-сүйкімді күнбағыс.

Күннің бетін қап- қара  бұлт жабады,
Күнбағыстар күнсіз қалса, солады.
Көрген кезде алқаптағы жағдайды.
Балақайдың шытылады қабағы.

«Бұған қандай айла іздеп табамын?»
Жел диірмменің үрлеп көрді шанағын,
Бұлттың бәрі шашырады жан-жаққа,
Күн көрінді  талабына баланың!

Жер бетінде мейірім бар жетерлік,
Табиғатқа танытпайық бөтендік!
Шемішкелер  алғыс айтты балаға
Салбыраған күн-бастарын көтеріп.
Қорытынды
Кереуеттің астынан бала шықты еппенен,
Білезігі бейне бір жоғалмаған, кетпеген.
Тізбектелген әріпте жазылыпты есімі,
Міне осындай ғажайып оқиғаның шешімі.

Терезеден бөлмеге күн күлімдеп қарайды,
Мейрімді баладан аямайды арайды.
Бір күн де әлі өтпепті ол кеткелі бөлмеден,
Әттең ешкім  баланың ерліктерін көрмеген.

Жақсылықты ешкім де байқамады демегін.
Адамзаттан табиғат аямайды көмегін.
Әрбір бала біздегі  дәл балақай секілді
Батыл әрі  мейірімді екеніне сенемін.

Гүлдің бәрі шығады  шуақ көрсе бүрлеп тек,
Жауын жауса барлығы қалар еді дірдектеп,
Күннен түскен  мейрім- біз жасаған жақсылық.
Бірімізді біріміз жүрейікші құрметтеп!

.


 

Қазақ тілінде жазылған