Адам қарады: 114 | Жарияланды: 2019-06-17 05:41:33

Симптом

Ей, гуманист, қара бері,
Кімдерге кең тірліктің тар әлемі?
Қуантамыз деп жүріп өзімізді,
Жылатпасақ біреуді жарар еді.

Мың күн тірілетіндей, бір күн өліп,
Игі еді қалмасақ күлкі болып.
Сәнді ғалам барады сылаң қағып,
Тәкаппардың басында түлкі болып.

Жыр қыламыз елдікті деп жүргенде,
Саңырауды сол сөзге сендіргенде.
Мұңын естіп мылқаудың, сырын естіп,
Зағиыпты жарықпен көндіргенде,
Сен бір жерде қаларсың, мен бір жерде.

Ей, гуманист, тірліктің сыры мұнда,
Лайланбаған жүректің тұнығында.
Ақиқаттың айбыны қалмақ қалай?
Қатып қалған қасқырдың тұлыбында.

Азаланған киіктің өрісіндей,
Ада қалған құндыздың еңісіндей.
Тоз-тоз болған тірліктің түгі жатыр,
Табанымда аюдың терісіндей.

Қазақ тілінде жазылған