Адам қарады: 228 | Жарияланды: 2019-06-06 02:48:05

Тапанша

…Түн ортасында ол маған хабарлама жіберді. Кіртиген көздерім «мәңгіге көз іліп, оянғым келмейді» дегенді оқыды. Е-е, бұған не көрінген? Жан дегенде жалғыз ғашығым не деп отыр? Әттең, анығын ақтаратындай мекенжайын да білмеймін…

Ой орманына батпай тұрғанда дереу қоңырау шалдым. «Кемпірім» тұтқаны көтеретін емес. Ұры мысықтай жалаңдаған саусақтарым «смс» теруге көшіп кетті: «Неге сөйлеспейсің? Қашан, қайда, қалай, не болды? Жауап бер!». Телефон болса, тілін жұтқан баладай үнсіз. Қазақ тіпті ханның да қызынан кемшілік тапқан ғой, бірақ мен бар емеспін бе? Сүйіктісін жоспардан сызып, өзін өлімге қимақшы болған қимылын қалай түсінсем екен?!

«Емайылда» отырып, «единица» опырдым, бірақ сұлуымды құдды қолтырауын жұтып қойғандай. Сол кездегі күйімді ешкімнің басына бермесін. Көкірегімді қарс айырған білместік бұлты құтымды қашырды. Гитараға сыр ашып, тағдырыммен мұңдастым. Ех, гитара! Әуелетіп әсем әнге саласың, жырыңменен жүректерді жазасың. Мәңгі саған сыңар болып өтер ем, әттең ағаш сен гитара ғанасың…

Жанымды жарық дүниеден жоғалтып алам ба деген ой жел боп желіп, тер боп тамды. Амал жоқ, алыптардың айласына жүгіндім. Папамнан кейінгі «палуан» деп сеніп жүрген полициям «арыз жазыңыз!» дегеннен аса қоймады. Бұларға бірдеңе десең, жерден алып, жерге салғыш өздері. Құдай есімізге түскенде ғана ашылатын алақанымды ­жайып, Тәңірге тәубе қылғандай болдым. Құран оқып, құлшылық еттім.

… Ғашығым бұрындары жол-жөнекей келе жатып әпкесінің үйін көрсеткен-ді. Жібердім аттың басын сол жерге! «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан!». Жеңгеммен жүздесіп, сөйлестім. «Әліптің артын бағып қимылдамасақ, бүгінгі драманың ертеңіне қойылмасына кім кепіл?» деді ол.

Әупірімдеп жүріп, бұрымды «батырдың» ізін кестік. Отан қорғаушылар мерекесіне ұжымдастарым нағыз тапаншадан аумайтын шылым тұтатқыш сыйлаған-ды. Соны ышқырыма қыстырып, ғашығыма аттандым. Бақсам, ол бір пәтерді жалға алып, демалып жатыр екен. Есігін қағып, «пошташымын» дедім. Аңғал жаным алданды, құлыпты ашып, мен болсам, теуіп кірдім есікті. Табалдырықтан аттаған бойы оны құшағыма алдым. Сүйіктімнің амандығына куә болған жанарым жасқа толды. Оны енді көремін бе, жоқ па деген қорқыныш сол жас тамшыларымен бірге сейілгендей болды… Жөн сұрауды да ұмытпадым.

– Не болды саған, жаным?

– Ештеңе… Мен – жаман адаммын. Халім өте нашар. Мен болмасам, бәрі жақсы болады!

Әдетте мен оның көздеріне тура қарап, бар өтірігін білетінмін. Ал ол аймалап, құшып есімнен тандыратын. Бірақ бұл жолы оның сыр ашпайтынын қас-қабағынан таныдым. Амалым қанша? Манадан бері жарыққа шығуға ентігіп тұрған «тапаншама» да кезек келді. Суық қаруды көрген сүйіктім селк еткен күйі мелшиіп, қатты да қалды…

– Маған қару кезенгеніңе жол болсын?!

– Бәрібір сен ажалыңа алақан жайып, сын сағатын сарыла күтіп отырсың. Ал өзгеде қалған сезіммен не болмақ? Оған түкіргенің бар сенің! Бірақ бармағын тістеп қалар мен жоқ. Сондықтан сені азаптан құтқаруға келдім…

Менің байғұс ғашығым аң-таң.

– Сен ақылыңнан алжастың ба?

– Әзірше жоқ. Жер бетін жалпағымен басқан жазықсыз аяқтарыңды жаралап, жаныңды көзіңе көрсетсем деймін. Бәлкім сонда райыңнан қайтарсың.

– Тыныштал, сабыр сақта… Мен бәрібір сенсіз көрер жарығымды елестете алмадым. И пять грамма «парацетамола» тоже не смогла выпить!

– Орысша міңгірлеп не айтпақсың? Сен үшін бүгін сын сағаты соғып тұр. Тіліңді кәлимаға келтір де, тәубеңе түс!

Мен бұдан әріге шыдай алмадым. Бірақ оның бүгінгі түрін көргенде жүрегім езіліп қоя берді… Бірақ қойылым әлі де шарықтау шегінде, енді оның нүктесін қою керек.

– Сен темекіні менен артық сүйесің ғой? Шығар шылымыңды!

– Жаным, сен…

– «Шығар» дедім ғой саған! Жаның барда аузыңа апар!

Менің ашуыма алғаш куә болды ма, әйтеуір, сүйіктім шиедей ерніне жанындай серігін тақады. Мен де тапанша тұмсығын темекісінің тұсына апарып, шүріппені басып қалдым! Шайтаншөп тұтанып шыға келді…

Қазақ тілінде жазылған