Адам қарады: 444 | Жарияланды: 2017-03-06 05:02:54

Бір шоғыр

(Алашордашыларға)

Ақылым еккен егін бе,

Санамда сансыз тіркелді ой.

Қараңғылықтың көгінде,

Бір шоғыр ғана үркер ғой.

 

Бір шоғыр ғана үркер ғой,

Алашорданың арысы.

Турашыл жандар іркер ме ой,

Қорқытпас заман ағысы.

 

Тосқауыл қойып жаманға,

Әшкерелеген обырды.

Қасара шыққан заманға,

Бір шоғыр ғана тобылғы.

 

Бір шоғыр ғана тобылғы,

Зиялылары Алаштың.

Қастық-орақпен орылды,

Ауыр боп езбен талас тым.

 

Ойлаған еді Алашын,

Зұлымдар ақыр үзді алдап.

Көркейтем деген даласын,

Бір шоғыр ғана қызғалдақ.

 

Бір шоғыр ғана қызғалдақ,

Алашорданың жастары.

Опасыздықтан жүзді аулақ,

Қол бұлғап теңдік асқары.

 

Қазағым, шүкір, бай ерге,

Тудырған алып атырап.

Болғысы келген сая елге,

Бір шоғыр ғана жапырақ.

 

Бір шоғыр ғана жапырақ,

Алашшыл ерлер ел үшін.

Қабырғалары қақырап,

Қайыса білген жер үшін.

Қазақ тілінде жазылған