Адам қарады: 481 | Жарияланды: 2019-07-04 05:03:00

Жиһад

     Екі бөлімді драма

        (Бұл шығарманың мағынасы  бастан-аяқ толық оқылғанда ғана ашылады)                                                                                   

       

  Қатысатындар:

Нұркен-діни сауаты жоқ бозбала.

Сәнімкүл-Нұркеннің анасы, байлық-мансапқа өте жақын.

Омар-діни сауатты, Нұркеннің сыныптас досы.

Айгүл-Нұркеннің сүйген қызы.

Генерал-Ахат Жасынбекұлы-ҰҚК-нің басшысы.

Дастан-лаңкестік топтың белді мүшесі.

Бірінші жендет

Екінші жендет

Бірінші жігіт

Екінші жігіт

                                                       

                                                        БІРІНШІ  БӨЛІМ

                                                        БІРІНШІ КӨРІНІС

Түскі мезгіл. Жиһазға бай Сәнімкүлдің үйі. Кең бөлме. Ортада үстел мен орындық. Төрде диван. Ішкі бөлменің бірінен Нұркен мен Омар сөйлесіп шығады.

Нұркен: Түсінбедім, Омар. Сен осы уақытқа дейін намаз-діннің діңгегі әрі құлшылық амалдарының ең биігі болып саналады деп айтумен келесің. Ал, енді кеп, ата-анаңды ренжітпеуің керек дейсің. Сонда мен не істеуім керек?  Анамды да ренжітпей, намазды да оқымай-ақ  Жәннатқа баратын жол жоқ па? Анау Дастан ондай жол бар дейді.

Омар(секемдене) Ол қандай жол? Ол не айтты саған?

Нұркен: Ол намаз оқып, құлшылық жасамай-ақ Алланың жолында жиһад жасап та Жәннатқа баруға болатынын айтты. Егер, осылай етіп те Жәннатқа баруға болатын болса..

Омар: Тоқтат, Нұркен! Сен тіпті Жәннат, жиһад деп сілекейің ағып барады ғой.   

Нұркен(аң-таң болып) Омар, саған не болды? Бірден ашуланғаның не?

Омар(тез өзгеріп) Жо-жоқ, Нұркен, мен ашуланған жоқпын. Тек, сенің алдымен жақсы амалдар туралы емес, бірден Жәннат, жиһад жайлы айта бастағаның қатты ойландырып тастады.(Ойлана)Нұркен, Жәннаттың өте жақсы екенін бәріміз білеміз. Бәріміздің сонда барғымыз келеді. Ал, жиһадтың не екенін, мағынасы қандай екенін  білесің бе?

Нұркен: Білмедім, Омар. Бірақ, жаман нәрсе емес секілді. Жаман нәрсе болса, кейінгі жастар «жиһад-жиһад» деп бірінен соң бірі  Сирияға кетпес еді ғой.. Әлде, жаман нәрсе ме?

Омар: Қалай десем екен? Құранда, хадисте жалпы Ислам дінінде бұл сөздің мағынасы өте жоғары әрі қасиетті. Бірақ, Ислам дінінің жаулары бұл сөздің мағынасын  бұрып көрсетіп, діни сауаты жоқ жастарды мемлекетке, өз Отанына тіпті өз жақындарына қарсы айдап салып отыр. Содан көл-көсір пайда тауып жатыр.

Нұркен: Сонда, сол Сирияға кетіп жатқан, әйелі, бала-шағасына дейін өзімен бірге алып кетіп  соғысып жатқандардың ісі дұрыс емес пе? Олар Алла үшін соғысып жатқан жоқ па?

Омар:  Жоқ, Нұркен, олар Алла үшін емес, діни сауатсыздығының салдарынан өздерін өзгеге көрсету үшін соғысып жүр. Алланың бұйрығын емес, Алланың атын айтып, әлемді уысында ұстауға тырысқан жалған дін жанашырларының бұйрығын орындап жатыр.

Нұркен: Олай болса, мемлекет мұны неге тоқтатпайды? Неге бір шара қолданбайды?

Омар: Мемлекет тоқтатуға тырысып та, шара да қолданып жатыр. Жалған дін жанашырларының  алдауына еріп бөтен елге кеткендерді біртіндеп өз еліне қайтарып та жатыр. «Жусан» операциясы туралы теледидардан көріп, газеттен оқыған шығарсың?  

Нұркен: Жоқ, бұл туралы білмейді екем. Ол не нәрсе?

Омар: Тіпті білмейсің бе? Әй, досым-ай!.. (Ойланып) Сен Бейбарыс бабамыз туралы түсірілген киноны көрдің ғой? Сонда сол Сирияға әмірі жүріп тұрған бабамыз Бейбарыс та жусанның иісін аңсап, туған еліне оралғысы келеді емес пе? Бұл да сол «жиһад» деген жалған дақпыртқа еріп, бөтел ел-Сирияда өз бауырларына қарсы соғысып жатқан қандастарымызды туған еліне бейбіт жолмен қайтару үшін  қолға алынған мемлекеттік үлкен шараның бірі. Осы операцияның арқасында 6 ер адам, 11 әйел, 30 сәби өз туған жеріне аман-есен оралды.

Әрі қарата музыка ойнап, дауысы естілмей кетеді. Қолын сермеп, түсіндіріп жатыр. Нұркен беріле тыңдап, ара-арасында түсінбегенін білдіріп, кейде қарсыласып та қояды.

Нұркен (әлден соң барып) Қандай керемет! Маған әсіресе, операцияның атауы қатты  ұнады. Жусан! Қандай әсерлі де мағыналы сөз! (Азан дауысы естіледі)Азан шақырып жатыр. (Омарға қиыла қарап) Омар, дәретің болса..

Омар: Сені жақсы түсініп тұрмын, бауырым. Мен сенімен бірге азаннан кешке дейін намаз оқудан қашпас едім, бірақ.. (Есік жаққа жалтақтайды).

Нұркен: Не бірақ? Ә-ә, енді түсіндім. Қорықпа, апам кешке жақын ғана келеді.

Омар: Нұркен, бауырым, мен бір Алладан басқа ешкімнен де, ешнәрседен де

қорықпаймын. Тек, менің кесірімнен апаң екеуіңнің араңда кикілжің туғанын қаламаймын.

Нұркен: Омар! Енді.. келіп қалған екенсің.. Бесін  уақыты да кіріп қойды ғой..

Омар: Жарайды, олай болса, оқиық.

Нұркен(елпілдеп) Мен.. мен жайнамаз әкелейін. Апама білдіртпей алып, тығып қойғам. (Жүгіріп шығып кетіп, екі жайнамаз әкеліп жаяды).

Омар: Бауырым-ау, бір басыңа екі жайнамаз алғансың ба?

Нұркен: Енді.. енді.. сен келіп қалсаң, бірге оқиық дегенім ғой..

Екеуі енді сап түзей берген кезде есіктің қоңырауы қағылады.

Омар(селт етіп) Апаң шығар. Ол кісі мені көрсе..

Нұркен: Жоқ, Омар, бұл басқа біреу шығар. Мен барып көріп келейін. (Шығып кетеді де, тез қайтып келеді). Апам.. Апам келді. (Жайнамазды жиям дегенше, Сәнімкүл кіріп келеді).

Сәнімкүл(Омар мен Нұркенге, жайылған жайнамазға қарап) Әй, сендер.. сендер не істеп жатырсыңдар? (Жайнамазды жұмарлай) Мынау жайнамаз ғой. Сонда сендер.. мен жоқта білгендеріңді істеп.. (Омарға) Сен ұры иттей сумаңдап тағы да үйіме кіріп кеткенсің бе?

Нұркен: Апа,  мына сөздеріңіз үшін мен ұялып тұрмын. Омарды  үйге шақырған өзім ғой.

Сәнімкүл: Ұялмасаң, жерге кіріп кет. Ал, мен бұл діндәрсымақтың сөзін естімек түгіл, түрін де көргім келмейді.

Нұркен (ренжи) Апа, сіз не деп тұрсыз? Омар менің сыныптас досым ғой.  Егер, сіз..

Омар (Нұркеннің сөзін бөліп) Нұркен, анаңа қарсы сөйлеуші болма. Бәрін көруші, білуші Алла Тағала бізді кешірсін. Енді мен кетейін. Сау болыңыздар! (Шығып кетеді).

Сәнімкүл: Оңбаған! «Анаңа қарсы сөйлеме» деп мүләйімсиді ғой. Қандай жымысқы, айлакер еді. Сен болсаң оның әдемі сөзіне алданып жүрсің. Біле білсең, саған нағыз дос болатын адам жалаңаяқ Омар емес, анау үлкен бизнесті дөңгелетіп жүрген Дастан. Күні-түні намаз оқып тоңқаңдамай-ақ ақшаны күреп тауып жатыр.           

Нұркен: Апа, жетер! Кіммен дос болам, оны өзім шешем. Сосын, сіз қанша жерден қарсы болсаңыз да, Омармен бірге намаз оқығаным оқыған.  

Сәнімкүл: А-а, солай ма? Ақырында  дауыс көтеруге көштің бе? Ақ сүт беріп өсірген өз анаңнан анау жалаңаяқ Омарды, аналық мейірімімнен жастық дәуреніңді қор қылып, азаннан кешке дейін тоңқаңдатып қойған намазды артық көрдің бе? Олай  болса, жолың әне, кете бер!

Нұркен: Кетемін. Кетемін. Енді бұл үйде бір сәт те тұрмаймын.

Сәнімкүл: Бар! Бар! Сен секілді үйінен қашқандардың алды қайда барып жатқанын да көріп жүрміз ғой. Әлгі Сириясынан ба, пириясынан ба бір-ақ шығып, лаңкестердің тобына қосылады. Сонан соң белдеріне жарылғыш байлап алады да бір елге барып, өзін-өзі жарып жібереді. Сені намазхан достарың мен мешітке жақындатпай жүргенім де осы емес пе..

Нұркен: Апа, жайымды ойлағаныңызға рахмет. Бірақ, мен енді кішкентай бала емеспін ғой. Мектепті бітірдім. Әскерде қызмет етіп келдім. Ненің жақсы, ненің жаман екенін білетін жасқа жеттім. Қатарымның бәрі намаз оқитыны рас, бірақ, лаңкеске айналып кеткен ешқайсысы жоқ қой. Ал, сіз болсаңыз намаз оқыма  деп миымды шұқи бересіз, шұқи бересіз.

Сәнімкүл: Шұқимын. Шұқи берем. Сен не десең, о де, мен айтарымды айттым. Тек, кейін бармақ тістеп өкініп жүрме. Сонан соң, әкеңнің түбіне жеткен де сондай лаңкестер екенін есіңнен шығарма. Не дейін, әкеңнен өлідей айрылып ем, енді сенен тірідей айрылайын деп отырмын. Егер, әкең тірі болса, сені.. сені.. осылай еркіңе жіберіп.. (Бірден жылай салады).

Нұркен: Апа, жетер! Сіздің аяқ астынан төге салтын тегін көз жасыңыз бен  ғайбат сөздеріңізге әбден тойып біттім. (Ашулы шығып кетеді де, жол сөмкесін көтеріп шығады).

Сәнімкүл: Неге тоқтап қалдың? Бар, бар, тезірек жалаңаяқ Омарыңа. Ол сені әдемі сөзімен ғана тойдыра бермей, мүмкін қазы-қарта, жал-жаямен де тойдырар. Бірақ, сен ауқатты  үйден шыққан баласың ғой. Жағдайың келмей, қарның ашып қиналсаң, бірден үйге қайт. Бір кілтті өзің білетін жерге қойып қоямын. Мен жұмысқа кеттім.

Нұркен (жақтырмай, тістене) Рахмет апа. Енді қайтып келмеуге тырысармын. Рұқсат етсеңіз, кітаптарым мен киімдерімді алып шығайын. (Көрші бөлмеге  кіріп кетеді).

Сәнімкүл: Бар, бар! Әкеңнен өлідей айрылып едім, сенен  тірідей.. (Қолымен шекесін қысып сәл ойланып тұрады да) Өздері нанын әрең тауып жеп отырған жалаңаяқ Омардың үйінде қашанға дейін тұра берем дейсің? Көйлегің кірлеп, қарның ашып, ертең-ақ жетіп келерсің. (Қолын бір сілтеп кете бергенде, телефоны шырылдайды. Телефонын алып көріп) Дастан!? Онымен хабарласу қалай ойыма келмеген? (Сөйлеседі) Дастан, айналайын балам, амансың ба?  Келе жатырмын дейсің бе? Қара уылдырық? Балам, пейіліңе рахмет. Бірақ, апаң қазір сүйікті қара уылдырығын жеп, сүт қатылған қою шай ішіп терлеп отыратын күйде емес. Жо-жоқ, денсаулығым өте жақсы, тек.. тек Нұркенмен сөзге келіп қалдым. Намаз оқимын, мешітке барамын деп  бажылдап үйден кеткелі жатыр. Бәрі ана жалаңаяқ Омардың кесірі. Мен үйге келгенше баламның құлағын бұрап, басын, айналдырып қойыпты. Не, не? Сөйлесіп көрейін? Айналайын, адамның ойын айтқызбай-ақ білесің-ау. Әрине, әрине, балам, сенің оны тоқтата алатыныңа сенем ғой.. Дұрыс, дұрыс айтасың, балам. Сөйтші. Намаз оқымай-ақ та Жәннатқа баруға болатын жол бар деп өтірік айтсаң да оны бірнәрсе қылып сендірші. Немене? Ондай жол бар? Мынау керемет болды ғой. Сонда тоңқаңдап намаз оқымай-ақ.. Курстан өтуі керек? Өзім секілді бизнесмен болады? Балам-ау, ол не дегенің? Әрине жіберем. Сен секілді  ақшаны күреп тауып жатса.. Менің күні-түнгі арманым да  осы емес пе. Жақсы-жақсы. Мен өзің айтқандай оған білдіртпей үйден шығып кетем. Тек, сен тезірек кел. (Бөлмеден шығып кетеді).

Көрші бөлмеден сөмкесін асынған Нұркен шығады.

Нұркен(күбірлеп) Осы мен дұрыс істедім бе, бұрыс істедім бе? Ашуға ерік беріп, үйден кетем деп айтып қойдым. Енді не істесем екен? Омарға телефон шалсам ба екен? Бірақ, оған  қай бетіммен хабарласам. Шақыруын шақырып алып, иттей қылып қуып шықтым. Жоқ, Омарға бара алмаймын. Айтпақшы, мешіт, мешіт бар емес пе? Сонда барып, имаммен әңгімелесейін. Тіпті сонда-ақ түнермін. Ия, ия, сол дұрыс. (Жүре бергенде, қолында қалтасы бар Дастан келеді). Дастан!? Сен қайдан келіп қалдың? Апам есікті жаппай кеткен бе?

Дастан (қос қолын созып)Ассаламуғалейкум, Нұркен досым.

Нұркен: Уағлейкумассалам, Дастан. (Дастанның қолын алады).

Дастан: Саған не болған, досым? Мұсылман алдымен бір-біріне сәлем бермейтін бе еді? Әлде, менің келгенімді жақтырмай тұрсың ба?

Нұркен: Ол не дегенің, Дастан? Көңіл-күйім болмай тұр. (Күрсінеді). Сенен несін жасырамын. Мен апаммен сөзге келіп  қалдым. Енді үйден кетейін деп жатырмын.

Дастан: Түсінбедім. Үйден кетемін дегенің не  сөз?

Нұркен: Ол енді.. ұзақтау әңгіме. Жарайды. Мұнда отырайық. (Дастан екеуі диванға отырады)Білесің бе, Дастан, неге екенін қайдам, менің намаз оқығым келеді де тұрады. Бірақ, апам оған өлердей қарсы. Бүгін де үйде.. (Ары қарай дауысы естілмей, музыка фонында қолын сілтеп, болған оқиға туралы айтып жатады. Сәлден соң барып дауысы естіледі) Ал, енді, өзің айтшы, Дастан, мен дұрыс істедім бе, әлде бұрыс істедім бе?

Дастан: Нұркен, «Дос жылатып айтады» деген. Шынымды айтсам, сен бұрыс істегенсің.

Нұркен(селт етіп) Дұрыс емес дейсің бе? Қалайша? Омар: «Намаз бәрінен де биік тұрады. Ақыретте де адамнан ең бірінші намазы сұралады» деді ғой. Әлде, ол да..

Дастан: Сабыр ет, досым. Омар өте дұрыс айтады. Құран мен хадисте дәл солай жазылған. Бірақ, сол Құран мен хадисте ең алдымен ата-ананы сыйлау керек екені, тіпті қартайған кезде де оларға «тух» деп айтуға болмайтыны жазылған.. Ата-анасына қарсы сөйлегендер тозаққа..

Нұркен (сөзді бөле) Мұндай сөздерді Омардан да естігем. Сонда,  анамды ренжітпеймін деп сәждеге маңдайымды бір рет тигізбей кетуім керек пе? Сен өткенде намаз оқымай-ақ Жәннатқа баруға болатын жол бар деп едің ғой.. Шыныңды айтшы. Расымен де ондай жол бар ма?

Дастан: Сен маған сенбей тұрсың ба? Тағы да айтайын. Намаз оқымай-ақ та  Жәннатқа баруға  болатын жол бар. Құранда Алла жолында  өзін құрбан етіп, шаһит болған адам бірден Жәннаттық болатыны, сондай-ақ ол  өзі қалаған 70 адамын Жәннатқа алып кіре алатыны, ол ол ма, оның жанында әйелінен басқа да 60 хор қызы болатыны жазылған.

Нұркен: Бұл керемет екен! Сонда.. өзіңді құрбан еткенде, міндетті түрде өлуің керек пе? (Ойланып) Дастан, осы осы анау өзін-өзі жарып, жазықсыз халықты қырып жатқан лаңкестер де өздерін Алла жолында құрбан етіп жатырмыз деп жар салып жатқан жоқ па?

Дастан (шошына жан-жағына қарап) Нұркен, сен де қайдағы жоқты айтады екенсің.  Мен саған басқа нәрсені айтып отырмын ғой. Нұркен, енді жасыра алмаймын. Мен апаң ойлағандай бизнесмен емеспін,  Алла жолында қызмет етіп келе жатқан дін қызметкерімін. Бізді арнайы оқу орынында оқытып, арнайы дайындықтан өткізді. Былайша айтқанда біз бір Алланың жолында ғана жұмыс істейміз. Сондықтан, ешбір қиындықтан тайсалмаймыз.

Нұркен(алып-ұшып) Бір Алланың жолында дейсің бе? Бір Алланың жолында.. Дастан, менің де сен секілді діни қызметкер болғым келеді. Тек.. тек апам дұрыс десе болды.

Дастан: Жақсы, Нұркен. Өзіңе-өзің сенімді болып, осы жолға түсуге шындап бел бусаң,  Алла алдыңнан жарылқасын. Бірақ бұл қызметті істеу үшін қысқа мерзімдік курстан өтіп, діни білім алуың керек. Ал, ондай білім алу үшін шет елге барып оқуыңа тура келеді.

Нұркен(елпілдеп) Оқимын, оқимын, Дастан. Ол оқуға қашан баруым керек?

Дастан: Өй, өзің тым елпілдеп кеттің ғой. Қашан, қайда баруың керек екенін өзім айтамын.  Сен де апаңа  менімен бірге баруға келіскеніңді, ақшаны көп табатын мықты бизнесмен болып шығатыныңды айтып қойғаның дұрыс.

Нұркен: Айтамын, Дастан, айтамын. Міндетті түрде айтамын.  Рахмет, досым. Сендей дос берген Алла Тағалаға шын ризамын. (Көңілі босап, Дастанды құшақтай алады).

Дастан (құшағынан шығып) Ал, досым, енді не қыласың? Үйден кетесің бе, әлде..

Нұркен (көңілді) Әрине, енді үйден кетпеймін. (Мұңая) Бірақ,  апам мені кешірер ме екен?

Дастан: Міндетті түрде кешіреді. Өйткені ол сенің анаң ғой.

Нұркен: Ия-ия, Дастан, ол менің анам ғой.. (Есік қоңырауы қағылады). Дастан, бұл.. бұл..

Дастан: Досым, еш уайымдама. Есікті өзім ашамын. (Шығып кетеді де,Сәнімкүлді құшақтап, даудырай кіреді). Апа, амансыз ба? Хал-жағдайыңыз қалай, жақсы ма? Мынау сіздің жақсы көретін қара уылдырығыңыз. (Сәнімкүлге қалтаны береді).

Сәнімкүл(қалтаны алып) Рахмет, айналайын, рахмет! (Дастанның бетінен сүйеді).

Соған дейін төмен қарап тұрған Нұркен Сәнімкүлге жақындайды.

Нұркен(төмен қарап) Апа, мені кешіріңіз. Мен көп нәрсені білмей сізді ренжетіппін. Дастан маған бәрін түсіндірді. Мендей ақымақ ұлыңызды кешіре көріңіз.

Дастан: Нұркен, апам сені міндетті түрде кешіреді. Өйткені ол ана ғой. Солай ғой, апа?

Сәнімкүл(бірден кішіпейіл бола қалып) Әрине, әрине. Ақ сүтімді беріп өсірген жалғыз ұлымды  қалай кешірмейін. Мен.. мен анамын ғой. Кешірдім.

Дастан: Әне, айттым ғой саған кешіреді деп. Ал, сен болсаң, сонша қорқып..

Нұркен: Апа, анашым.. (Толқып Сәнімкүлді құшақтап жылап жібереді).

Сәнімкүл: Ұлым, жалғызым.. (Нұркенді құшақтап, көзіне жас алады).

Дастан: О-о, міне, енді бәрі де орнына келді. (Сәнімкүл мен Нұркенді құшақтап) Ал, апа, Нұркен досым, енді рұқсат болса, мен кетейін. Жұмысым бастан асып жатыр.

Сәнімкүл: Балам-ау, кеткенің не? Өзің әкелген қара уылдырықпен жақсылап тұрып шай ішейік. Нұркен екеуің не шешіп, не қойдыңдар, оны да тыңдайық..

Дастан: Апа, неге келісіп, нені шешкенімізді Нұркеннің өзі айтып берер. Әзірге айтарым, балаңыз жақын маңда  шетелге барып оқитын болады. Сонан соң екеуміз бірігіп жұмыс істейміз. Әлі-ақ көресіз, балаңыздың тапқан табысы менен де асып түсетін болады. Керемет үй, қымбат көлік, көл-көсір ақша-доллар!

Сәнімкүл: Менің де бар арманым осы емес пе, балам. (Армандап) Кең сарайдай үй! Қымбат жиһазға толы кең бөлмелер! Былқылдаған шетелдің қымбат көлігі! Көл-көсір дүние-байлық!  Он саусағымда бирллиантовый жүзіктер! Мойнымда бирллиантовый алқа!

Нұркен (жақтырмай) Апа, мен ақша таппақ түгіл, әлі үйден де шыққан жоқпын ғой..

Сәнімкүл: Шықпасаң шығасың. Таппасаң, табасың. Дастан балам мықтап қолына алса, осы арманымның бәрі де орындаларына сенімдімін.

Дастан: Рахмет, апа. Еш уайымдамаңыз. Мен бар уақытта Нұркеннің жанынан табыламын. Ал, енді мен кетейін. Сау болыңыз, апа. Көріскенше, Нұркен досым.

Нұркен: Дастан, мен сені шығарып салайын. Апа, Дастанды шығарып сап келейін.

Сәнімкүл: Бар, бар, балам. Шығарып сал. (Нұркен мен Дастан  шығып кетеді. Енді жүре бергенде, стол үстінде қалған Нұркеннің телефоны шырылдайды. Телефонды алып көріп) Оңбаған Омар ғой. Мен қазір бұл оңбағанды қайтып сөйлеместей етейін. (Сөйлеседі) Әй, оңбаған, мен саған енді балама жолама деп едім ғой. Қандай ақпақұлақсың өзің. Енді, мені жақсылап тұрып тыңда. Саған айтар жақсы жаңалығым бар. Нұркен көп ұзамай Дастанмен бірге шетелге оқуға кетеді. Ия-ия, шетелге деймін. Сонан соң Дастанмен бірге жұмыс істеп, ақшаны күреп табатын болады. Естідің бе-ей, жалаңаяқ діндәрсымақ! Ақшаны күреп табады деймін. Ол кезде Нұркенім сені көзіне де ілмейтін болады. Немене? Алла қаласа дейсің бе? Енді, қаласа да, қаламаса да дәл осылай болады. Не дейсің? Сол астапраллаңа асылып өле қал. Енді, баламның басын қатырмай аулақ жүр. Немене? Үйге?.. Олай ету ойыңа да келмесін. Үйге келетін болсаң, айтпады деме, полицияға ұстатып жіберемін. Осымен болды. Телефонды өшірем. (Телефонды өшіріп, Ойланып) Оның телефон соққанын көріп Нұркеннің ойы бұзылып жүрер. Өшіріп тастайын. (Телефондағы жазуды өшіріп, үстелдің үстіне тастай салады) Осы сұмырайдың сөзіне еріп, ойынан қайтып қалмай тұрғанда, Нұркенім тезірек оқуына кетсе екен.

Нұркен келеді.

Нұркен: Апа, мен жуынуға ваннаға кеттім. (Жүре бергенде есік қоңырауы қағылады) Апа..

Сәнімкүл (дызылдай) Жо-жоқ, балам, өзім ашамын. Сен барып жуына бер. (Нұркенді итермелеп бөлмеден шығарып жіберіп, қайтып келеді). Оңбаған, бұл жаңағы Омар шығар? Бұдан қалай құтылсам екен, ә?(Ойланып шығып кетеді. Сәлден соң дауысы естіледі).

Сәнімкүлдің дауысы: Әй, сен өзі сөзге түсінбейтін қандай адамсың? Мен саған Нұркеннен аулақ жүр дедім ғой. Бұралқы иттей сүмеңдеп тағы келіп тұрсың.

Омардың дауысы: Апа, алыс жаққа кетіп бара жатыр едім. Өзіңізден  Нүркеннің  шетелге кететінін естіген соң, ақ жол тілеп, қоштасып қалайын деп ем. Бар жоғы екі минөтке..

Сәнімкүлдің дауысы: Жоқ, шырағым. Қоштаспай-ақ та қой, ақ жол да тілемей-ақ қой. Қысқасы, дәл қазір қараңды батырмасаң, полиция шақыртам.

Омардың дауысы: Кетемін, апай. Полиция шақырып әуре болмай-ақ қойыңыз. Бірақ кетпей тұрып  сізге мына затты беріп кетсем деп едім.

Сәнімкүлдің дауысы: Бұл не? Әй, бұл.. бұл алқа ғой. Жаңа үлгідегі ең қымбат алқа ғой. Бірақ, мұны маған не үшін бермексің?

Омардың дауысы: Апай, ақшадан тарыққанымда Нұркен досымнан  талай рет қарыз алып едім. Оны осы уақытқа дейін қайтаруға шамам келмеді. Ал, мұсылман дінінде қарызыңнан өлмей тұрып құтылуың керек делінген. Соны ойлап, бар жиған-терген ақшамды Нұркенге берейін десем, ол алмай қойды. Содан, ақшалай берсем, сіз де  алмайтын шығарсыз деп осы қымбат затты сатып алдым. Мені о дүниеге қарыз боп кетпесін десеңіз, осы затты алыңыз.

Сәнімкүлдің дауысы: Е, неге алмаймын. Аламын. Өз ақшама алынған алқаны алмайтындай мені жын ұрып па? Әкел бері.

Омардың дауысы: Рахмет, апай. Онда мойныңызға өз қолыммен тағып берейін. Міне, бірден жайнап кеттіңіз! Бірақ, апай, бұл жайлы Нұркен ештеңе білмей-ақ қойсыншы.

Сәнімкүлдің дауысы: Білмейді, білмейді. Оған ештеңе айтпаймын. Омар, сен дегенмен тым жаман жігіт емес екенсің. Егер, Нұркенге тез жолығып шығам десең..

Омардың дауысы: Жоқ-жоқ, апай, қажеті жоқ. Енді мен кетейін. Сау болыңыз.

Есіктің жабылған дауысы естіліп, Сәнімкүл қайтып келеді.

Сәнімкүл(алқасын ұстап, шыр-көбелек айналып)Аяқ астынан алқалы боп шыға келдім. Анау-мынау емес, ең соңғы үлгідегі қымбат алқа.  Нұркен, әй Нұркен!  

Мойнында сүлгісі бар Нұркен шығады.

Нұркен: Апа, мені шақырдыңыз ба?

Сәнімкүл (шыр-көбелек айналып) Балам, маған қарашы. Не көріп тұрсың?

Нұркен: Түсінбедім, апа. Не көруім керек еді? Айтпақшы, жаңағы келген  кім?  Сәнімкүл(есіне түсіп, дереу алқаны алақанымен жауып) Ол.. ол  әлгі.. бөтен біреу ғой.

(Өзіне) Ия, алқам туралы Нұркенге айта алмаймын, бірақ, мұрнына есекқұрт түскен ана  сылқымдардың төбесінен жай түсіруіме әбден болады ғой. (Дауысы шығып кетеді).

Нұркен: Апа, бірдеңе дедіңіз бе?

Сәнімкүл: Жоқ-жоқ, балам. Мен дүкенге барып келіп, тамақ қамына кірісейін. (Кетеді).

Нұркен (ойланып) Қалай болар екен, ә? Барғаным дұрыс па, әлде бармағаным дұрыс па?

Есік қоңырауы қағылады. Нұркен шығып кетіп, Айгүл екеуі келеді.

Айгүл (жан-жағына қарап) Апай үйде жоқ-ау деймін? Нұркен, Омар сені шетелге оқуға барады дейді. Бұл рас па?

Нұркен: Оу, келе сап сұрақтың астына алдың ғой. Былай.. жайғасып.. (Диванды нұсқайды).

Айгүл: Жоқ, Нұркен, асығыспын. Сыртта інім күтіп тұр. Сонымен, шетелге кететінің рас па?

Нұркен: Ия, Айгүл, рас болып тұр. Өзің білесің ғой, мен қанша намаз оқимын десем де, апамның қарсы болып келгенін. Бүгін Дастан досыммен сөйлесіп, бір шешімге келгендей болдым. (Ары қарата дауысы естілмей кетеді. Қимылмен көрсетіп, болған жайды әңгімелеп жатыр. Сәлден соң дауысы естіледі) Міне, өстіп шетелге оқуға баратын болып жатырмын.

Айгүл: Нұркен, мен түкке түсіне алар емеспін. Аяқ астынан мұндай шешімге қалай келдің? Досым, досым дейсің, осы Дастан қандай жігіт өзі? Бәріміз бір мектепте оқысақ та, ол туралы тіпті білмейді екенмін. Саған дос болса, дос шығар, ал, маған тіптен ұнамайды. Бар тірлігі, сөйлеген сөзі, тіпті күлкісі де жасанды секілді. Шынымды айтсам, маған қарағаны да бір түрлі..

Нұркен (күліп) Сонда, қалай  қарайды? Түсіндіріп айтшы.

Айгүл: Әзілге айналдырмашы, Нұркен. Менің айтайын дегенім.. сен ол оқудың не оқу екенін де жақсы білмейтін секілдісің. Беті аулақ, әлгі алдап-сулап алып кетіп, оқытып, дайындықтан өткізіп, беліне жарылғыш байлап өз қандастарыңа айдап салатын оқу болып жүрмесін. Сондықтан, әбден ойланып барып  шешкенің дұрыс.

Нұркен: Дұрыс айтасың, Айгүл. Өзің айтқандай ол қандай оқу екенін де білмеймін. Бірақ, бармайын десем, апамның ашуына қалам. Не істерімді білмей басым әбден қатты.

Айгүл: Нұркен, мен саған қалай да бар немесе барма деп айта алмаймын. Айтарым, ең алдымен өз жүрегіңді тыңда. Жүрегің не айтса, соны орында.

Нұркен: Рахмет, Айгүл. Маған үлкен жәрдем бердің. Сол үшін бетіңнен бір сүйейінші.

Айгүл: Оу, жәрдемді мен беремін. Бетімнен тағы да мен сүйгіземін. Бұл әділдік пе? (Телефоны шырылдайды. Қарап) Інім ғой. Сау бол, Нұркен. (Кете береді).

Нұркен: А-а.. тоқта, Айгүл. Тым болмаса, шығарып салайын. (Соңынан кетеді де, қайтып келіп орындыққа отыра кетеді. Басын қыса ойланып) Айгүл дұрыс айтады. Әбден ойлануым керек. Не істесем екен? Айтпақшы, Омармен ақылдасайын да. (Телефонын ала бергенде,  көңілді Сәнімкүл келеді).

Сәнімкүл (Нұркеннің бетіне үңіле қарап) Балам-ау, түрің қашып кетіпті ғой. Әлде, бөтен елге баратыныңды ойлап, уайымдап отырсың ба? Бұған қуану керек емес пе?

Нұркен(ойлы) Апа, қуанарымды да, жыларымды да білмей отырмын. Әйтеуір, намаз оқымасам болды деп Дастан екеуіңізге мақұл-мақұл дей бердім. Бірақ, ол қандай оқу, қай жерге, кімге барам, бұл туралы да ешнәрсе білмеймін. Тіпті, Дастанның өзінің кім екенін, қандай адам екенін де білмеймін. Ол бізге осы уақытқа дейін өзін бизнесменмін деп келіп еді..

Сәнімкүл(сөзін бөле, шаптыға) Әй, сен не деп оттап тұрсың? Дастанның кеткеніне жарты сағат болған жоқ, аяқ астынан берген уәдеңнен айнып шыға келдің.  Жуынам деп ваннаға кіріп кетіп ең, әлде, оңбаған Омар ол жерге де кіріп кетті ме?

Нұркен: Апа, мен.. айтайын дегенім.. Дастан бүгін маған өзінің бизнесмен емес екенін..

Сәнімкүл(сөзін бөле) Жетер! Енді ешнәрсе айтпайсың. Айтқызбаймын да. Барасың. Дастан қайда бар десе, сонда барасың. Ол отқа күйсе, күйіп, суға батса, сен де батасың. Болды. Осымен сөз бітті. Мен қазір Дастанға телефон соғып, сені тезірек үйден, Омардан алысқа алып кет дейін. (Ашулана, екпіндей басып шығып кетеді).

Нұркен ұмтыла бере қалт тұрып қалады. Өз ойымен өзі алысып тұрғандай. Сахна қараңғыланып, пистолет жарығы  Дастанға түседі.

Дастан: Намаз оқымай-ақ, жиһад жасап та Жәннатқа баруға болады..

Пистолет жарығы Омарға түседі.

Омар: Тоқтат, Нұркен! Сен тіпті Жәннат, жиһад деп сілекейің ағып барады ғой.   

Пистолет жарығы Айгүлге түседі.

Айгүл: Әбден ойланып барып бір шешімге кел. Жүрегің не айтса, соны орында..

Пистолет жарығы Сәнімкүлге түседі.

Сәнімкүл: Жетер! Дастан не істе десе соны орындайсың. Ол өл десе, өлесің..

Пистолет жарығы әрқайсысына кезек-кезек түсіп, дауыстары да сапырылысып кетеді.

Нұркен (қолымен құлағын басып) Жоқ! Жетер! (Айғай салған кезде жарық жанып, бейнелер жоқ болып кетеді) Жетер! Бір жағына шығуым керек. Дастан ба, Омар ма? Не болғанда да тезірек мына үйден, апамнан алыс кетуім керек. (Жүгіріп барып диванға етбетінен түсіп жата кетеді. Жарық сөнеді).                                                                                                    

                                                  

                                                ЕКІНШІ КӨРІНІС

Адамдарды жазалайтын  қаракөлеңке бөлме. Төр жақта аяқ-қолын керіп жазалауға арналған биік жалпақ тақтай тұр.Қабырғаға ілінген дауыс күшейткіштен арабша ән, әуен орындалуда. Қару асынып алған екі жендет бақырып-шақырған, үстіндегі киімінің пора-порасы шығып жыртылған, басына қапшық кигізілген Нұркенді сүйреп әкеліп, тақтайға тұрғызып, аяқ-қолын керіп байлай бастайды.

Нұркен(бұлқына) Ей, сендер кімсіңдер? Неге байлап жатырсыңдар? Менің кінәм не?

Бірінші жендет: Кінәм не дейсің дейсің бе? Сенің есіргенің сондай, тамағымызға тойып алып, ақырында өзімізге қарсы шықтың. Ол ол ма, еліңе қашпақ  болдың.

Екінші жендет: Ия, дұрыс айтады. Апамды сағындым, Айгүлді сағындым деп, мазамызды алып біттің.

Бірінші жендет: Айтпақшы, апаң мен әлгі Айгүліңді шынымен сағынсаң, олар да осында.

Нұркен: Ей, олар мұнда неге келді? Не іздеп келді?  

Бірінші жендет: Неге келді, не іздеп келді, онда біздің шатағымыз жоқ. Біздің міндетіміз-басекеңнің бұйрығын бұлжытпай орындау. Енді тағы да бақырып-шақырар болсаң..

Екінші жендет: Дұрыс айтады.  Лақ текеше бақылдай бермей үніңді өшір! Әйтпесе, бастығымыздың бұйрығын күтпестен, осы тұрған  жеріңде-ақ тарттырып жіберерміз.

Бірінші жендет: Елінен қашып, жиһад жасап Жәннатқа кіре салмақ болып алып-ұшып осында келген талай ақымақтарды көріп ем, бірақ дәл сендей топасты көрмеппін.

Нұркен: Күліңдер! Оттап қалыңдар! Дастан досым келген күні білерсіңдер кім екенімді.

Екінші жендет: Ха-ха-ха! Әй, мынау топас десе, нағыз топас екен ғой. Ей,  топас, біле-білсең, саған осындай жаза кескен де сол.. сол.. О-о, мінеки, басекеңнің өзі де келді.

Өзгешелеу киім киген Дастан келеді.   

Дастан: Ал, менің досым қалай? Жағдайы жақсы ма? (Нұркенге жақындайды).

Бірінші жендет: Досыңыздың жағдайы өте жақсы. Сізді тағатсыз күтіп жатыр. Біз де сіздің бұйрығыңызды күтіп отырмыз. (Қаруларын ұстап, тік тұра қалады).

Нұркен: Дастан, бұл сен бе? Сен келдің бе? Сен шынымен де мені іздеп келдің бе?

Дастан: Әрине, досым. Мен саған қалай да келемін деп уәде беріп едім ғой, есіңде ме?

Нұркен (көңілі босап, дауысы дірілдей) Есімде, досым, есімде. Мен сенің қалай да келетініңе сенгем. Дастан, сен айтқан соң еш ойланбастан осында келдім ғой. Бірақ, мына жендеттердің мені не үшін жазаламақ болып жатқанын түсінбедім. Сен оларды тоқтатсаңшы. 

Дастан (екі жендетке) Сендер қараларыңды батырыңдар. Мен шақырмай келуші болмаңдар. (Екі жендет шығып кетеді. Нүркеннің басына кигізілген қапшықты алып) Ия, досым, енді бәрі де жақсы болады. Мен тіпті, Айгүлің мен апаңды да осында алып келдім.

Нұркен(таңдана, қуана) Айгүл!? Апам!? Менің Айгүлім де келді ме? Рахмет саған, Дастан. Бірақ, апам мақұл, байлыққа белшесінен батқан баласын көргенше асыққан шығар, ал, Айгүл.. Айгүлім мұнда қалай келді? Оны қалай көндірдің?

Дастан: Бұл маған онша қиынға түспеді. Сенің өзін қатты сағынып, ішқұса болып өлейін деп жүргеніңді айтып едім, құстай ұшты. Қазір осында.

Нұркен: Дастан, сендей дос берген Құдайға шын ризамын. Сенің бұл жақсылығыңды өле-өлгенше ұмытпаспын. Дастан, менің аяқ-қолымды тезірек босатшы. Айгүлімді көргім келеді.

Дастан: Әрине, досым. Бірақ, бір қиындық болып тұр. Біздегі тәртіп бойынша бұл жерге келген қыз-келіншектердің бәрі «тақсырдың» алдынан өтеді. Тақсыр олардың ішінен өзі қалағанын әйелі етуге немесе ермегі етуге құқылы. Сол тақсыр Айгүлді де бір көргеннен-ақ..

Нұркен(жаны шыға) Дастан, сен мұнымен не айтпақсың? Сен.. сен оны, тақсырды жақсы танисың ғой. Сен.. сен оны тоқтата аласың ғой.. Құлың болайын, Дастан. Солай етші.

Дастан: Өзім де солай еттім, досым. Бар күшімді салып, оны Айгүлге тиіспеуге көндірдім. Бірақ, ол өте қиын шарт қойып отыр.

Нұркен: Рахмет саған, Дастан, рахмет! Сен болмағанда.. Бірақ, ол қандай шарт?

Дастан: Егер, Айгүл тақсырдың айтқанына көнбесе, ол сені өлім жазасына кеспек. Әрине, сен мұндай жазаға лайық емессің. Бірақ, амал қанша..

Нұркен: Мұндай жазаға лайық емессің? (Қарқылдап күле жөнеледі).  

Дастан (таңдана) Нұркен, саған не болды? Неге күлесің?

Нұркен: Неге күлмейін, Дастан. Бәрі өте күлкілі емес пе? Сенің айтқаныңа соншалықты сене қоймасам да, бұл жерге өз еркіммен келдім. Ендігі тұрысым мынау. Өзге түгіл өзімнен қызғанып жүрген аяулы Айгүлімнің хәлі анау. Бәріне өзім ғана кінәлімін.  Сондықтан, мына мен секілді өзіндік ойы жоқ, жігіттік жігер-намысы жоқ топасқа бұл жаза әбден лайық деп ойлаймын. Мен тақсырдың шартымен қуана келісемін. Тек, Айгүлім мен анашым аман-есен елге қайтса болды. Оларды өзіңе аманат еттім. Тағы бір өтінішім, Айгүл де, апам да менің мына бейшара түрімді көрмей-ақ қойсын.

Дастан: Өте жақсы!  Мен мұны тезірек тақсырға хабарлайын. Ал, Айгүл мен апаңды ойлап, уайымдама. Оларды аман-есен еліне жеткізем деп Алланың атымен уәде беремін. Ей, қайдасыңдар?  (Жанына келген жендеттердің құлағына сыбырлайды) Түсіндіңдер ме?

Бірінші, екінші жендет(қосарлана) Түсіндік, басеке.

Дастан: Түсінсеңдер, менің айтқанымды бұлжытпай орындаңдар.

Бірінші, екінші жендет (қосарлана) Құп болады, басеке.

Дастан шығып кеткені сол, «Нұркен, балам, қайдасың?» деп еңіреген дауысы естіліп,  бет-ауызы қан, киімдері пора-пора жыртылған, бір аяғын ақсай басқан Сәнімкүл  кіреді.

Сәнімкүл (Нұркенді көріп, шошына) Балам-ау, саған не болған? Мына тұрысың не? (Еңіреп Нұркенді құшақтай алады. Оның қан қатқан бетін сипалап) Жалғызым-ау, мына оңбағандар саған не істеген? Мұндай күйге қалай түстің?

Нұркен (Сәнімкүлге аянышпен қарап) Апа, бұл шынымен сіз бе? Мынадай күйге өзіңіз қалай түстіңіз? Мұнда не үшін келдіңіз? Ә-ә, айтпақшы байлыққа белшесінен батқан балаңызды көруге келген екенсіз ғой. Көріңіз онда, сол балаңызды. Таныдыңыз ба? Мен.. мен сол өз қолыңызбен Дастанға ертіп жіберген жалғыз ұлыңыз Нұркенмін ғой. Әлде..

Сәнімкүл: Қайдан білейін. Ақшаны оңды-солды шашып, іші-бауырыңа кіріп тұрғасын..

Нұркен: Жарайды, апа, болар іс болды. Өзіңіз мұнда не істеп жүрсіз? Мына түріңіз не?

Сәнімкүл: Е-е, балам-ай, менің не істеп жүргенімді, түрімді не қыласың.. Мен..  мен..

Бірінші жендет (мысқылдай күліп) Не істеп жүргенін мен айтайын. Сенің дүниеқұмар анаң қаптап ақша, шелектеп тиын тасып шаршап жүр.

Екінші жендет: Ха-ха-ха! Дұрыс айтады. Дүние-байлықтың арғы түбі шынымен де осы кемпір тасып жүрген боқ-сідік, нәжіс емес пе?

Нұркен: Ей, оңбағандар, сендер не деп тұрсыңдар? Сонда менің анам..

Сәнімкүл (Нұркеннің аузын басып) Керегі жоқ, балам. Бұлармен ілініспе. Нәжіс тасиын, басқа тасиын, сені көріп, жаныңда жүрсем болды. (Жендеттерге) Баламды көріп, мауқымды бастым. Сендерге рахмет. (Үстелдің үстінде жатқан қамшыны бірінші жендетке береді).

Нұркен (түсінбей) Апа, сіз не істеп жатырсыз? Сонда..?

Екінші жендет: Оны саған мен айтайын. Басекеңнің бұйрығы бойынша бізде әрбір құл мен күң тілегін орындағанымыз үшін өз ырзалықтарын осылай білдіруге міндетті. Осының алдында ғана анаң  әлгі Айгүл деген сұлу қызға жолыққаны үшін де арқасын қамшыға тосқан.

Бірінші жендет: Тәртіп солай. Бұйрықты  орындамасақ, өзіміздің басымыз шабылады. (Сәнімкүлдің  екі қолын ағашқа кере байлап, қамшымен арқасынан сабай жөнеледі).

Нұркен:  Ей, оңбағандар, сендердің бұларың не? Анамды жазалағанша, мені жазалаңдар.

Бірінші жендет: Асықпа, арқаң қышып тұрса, саған да кезек келеді. (Сәнімкүлді бұрынғыдан да қатты сабай бастайды. Сәлден соң Сәнімкүл есінен айрылып, сылқ түседі.

Нұркен: Оңбағандар! Жауыздар!

Бірінші жендет (екінші жендетке) Бақылдатпай  үнін өшірші.

Екінші жендет: Дұрыс айтасың. (Қапшықты Нұркеннің басына кигізеді).

Екеулеп Сәнімкүлдің қолын шешіп,  сүйретіп алып шығып кетеді.

Нұркен: А-а-а! (Өкіне басын тақтайға соғып, бұлқына айғайлайды).

Біраздан кейін қаруларын ұстаған екі жендет кіріп, Нұркеннің бас жағына барып тұрады. Сахнаның алдына Дастан мен Айгүл сөйлесіп шығады.

Дастан: Ия, тақсырдың айтқанын орындасаң, осылай Нұркеніңді аман-есен еліне қайтаруға уәде берді. Ал, Нұркен болса, сені аман алып қалу үшін бәріне келісіп отыр.

Айгүл(мазасыздана) Мен ешнәрсеге түсіне алар емеспін. Сонда, Нұркен мені қорғап, өзін өлімге.. өлімге.. Жоқ, Дастан, мен.. мен олай ете алмаймын. Нұркеннің өзімен ауызба-ауыз сөйлесуім керек. Жүр, Дастан, оны өлтірмей тұрып тезірек барайық. (Асыға кете береді).

Дастан: Айгүл, барғанда.. сен оған тақсырдың айтқанына көніп, әйелі болуға келіскеніңді бірден айтуың керек. Әйтпесе, жендеттер бірден іске кіріседі.

Айгүл: Айтамын, айтамын, мені тезірек Нұркенге апар.

Дастан: Өте жақсы. Онда кеттік. (Айгүлді ертіп басына қапшық кигізілген Нұркеннің жанына келеді. Айгүл  жендеттерге үрейлене қарап тұрып қалады).

Нұркен: Дастан, бұл сен бе? Келдің бе?

Дастан: Ия, досым, бұл мен.

Нұркен: Айгүл.. Айгүл қалай? Оған мен туралы ешнәрсе айтпаған шығарсың?

Дастан: Кешір, досым. Саған жолығып, сөйлесем деген соң.. бас тарта алмай.. (Қапшықты алып, Айгүлге) Айгүл, айтарыңды тезірек айт. Жаңағы айтқанымды естен шығарма.

Нұркен (көріп) Айгүл!? Сен неге келдің? Сен елге қайтуың керек еді ғой?

Айгүл(еңіреп Нұркенді құшақтай алады) Нұркен, мен бәрін Дастаннан естідім. Әбден ойландым. Ақыры, сені аман алып қалу үшін «тақсырдың» әйелі болуға келісімімді бердім.

Нұркен(ышқына) Айгүл, сен не деп тұрсың? Олай айтушы да, істеуші де болма.

Айгүл: Жоқ, Нұркен. Сен алтын басты еркексің, мен төмен етекті көп әйелдің бірімін. Тағдырдың маңдайыма жазғаны осы шығар. Енді, мені мүлдем есіңнен шығарып, елге барып  жаңа өмір баста. Өзің сүйген шын бақытыңды тап. (Дастанның жанына келіп) Дастан, Нұркенім саған аманат. Аман-есен еліне жеткізем деп Құдайдың атымен уәде бер.

Дастан: Аман-есен еліне жеткізем деп Құдайдың атымен уәде берем.

Айгүл: Рахмет саған, Дастан. Көңілім енді ғана жайланды. Мен енді азап пен мазаққа толы жаңа өміріме мойынсұна берейін. (Нүркенді бетінен сүйіп, жылаған күйі шығып кетеді).

Нұркен: Айгүл, олай етпе.  Дастан,  Айгүлді тоқтатшы. Тағы бір жақсылық жасашы.

Дастан(бірден өзгеріп) Ха, ха, ха! Тағы бір жақсылық жасашы дейсің бе? Досым, мен сен үшін енді бір ғана жақсылық жасай аламын.

Нұркен: Құлың болайын, тезірек жасай көрші. Бірақ, қандай жақсылық жасамақсың?

Дастан: Айгүл тақсырдан бұрын менің бір күндік әйелім болады. Тақсырға да,  басқаларға да  содан кейін-ақ.. Ал, сен.. сен ит өліммен өлесің. Ха, ха, ха!

Нұркен: Ей, сен оңбаған не деп тұрсың? (Жұлқынып басылады) Дастан, маған білгеніңді істей бер. Мен оған әбден лайықпын. Ал, жазығы жоқ, күнәдән пәк Айгүлге  бұлай иттік жасауға қалай дәтің барады? Ол саған қандай жамандық жасап еді?

Дастан: Қандай жамандық дейсің бе? Сен менің досымсың ғой, жасырмай айтайын. Елде жүргенде Айгүлге менің де көзім түсті. Бірақ, ол мені көзіне де ілместен сені таңдады. Бұған қатты намыстанып, оны сенен айырып, өзіме қаратудың да түрлі жолдарын ойластырдым. Бірақ, екеуіңді ажырату қолымнан келмеді. Ақыры, міне,  орайы келіп, сені тұзағыма түсіріп едім, оның өзі алдыма келіп топ ете қалды. Ал, енді басың бар болса, өзің ойлашы, аузыма өзі кеп түскен жемімнен қалай айрылмақпын? Егер бәрі менің еркімде болса, Айгүл секілді аруды ешкімге берместен өзіме жар етер едім. Бірақ, амал қанша, біздегі тәртіп бойынша сұлу қыздар мен әйелдер ең алдымен тақсырдың ермегіне айналады. Дегенмен, жаңа айттым ғой, сен досым болғандықтан Айгүлмен алғашқы ләззат түнін өзім өткіземін.

Нұркен (бұлқына) Ах, оңбаған! Нағыз сұмырай екенсің ғой. Сендей малғұнның сөзіне қалай сендім екен? Мені қойшы, істеген ісіме сай жазамды алдым, ал, Айгүл, ол не үшін жапа шегу керек? Ей, Дастан, сенің де Айгүл секілді қарындасың бар шығар. Ол да  Айгүлдей..

Дастан: Тоқтат! (Қолын көтере тұрып қалады) Қарындасың дейсің бе? Ия, болған. Бірақ, ол қазір менің қарындасым емес, тақсырдың қажет кезде ермек етер ойыншығы. Бір кездері мен де дәл сендей тақсырдың сөзіне алданып, осында келгем. Артынша,  мен шақырып жатыр деп  қарындасымды да осында алдырды. Ол кезде қарындасым бар болғаны 12-ақ жаста еді..

Нұркен: Олай болса.. олай болса, қарындасыңды ертіп елге неге қашып кетпейсің?

Дастан: Қашып дейсің бе? Жоқ, менің әлі де болса тірі жүргім келеді. Қарындасымның да қыршынынан қиылғанын қаламаймын. Сондықтан, өзім туралы көп білетін сен секілді адамдары жолымнан алып тастағанда ғана алаңсыз өмір сүре аламын. Енді  түсіндің бе?

Нұркен: Түсіндім, түсіндім, Дастан. Бәрін де түсіндім. Қарғыстың ең үлкені-«Өзің білме, білгеннің тілін алма деген» деп көп естуші едім. Сол сөздің байыбына енді ғана жеткен секілдімін. Омар да, басқа бауырлар да, тіпті Айгүл де райымнан қайтармақ болғанда, айтқан ақылдарын да, өздерін де басқа бір теуіп саған еріп кетіп едім. Енді міне..

Дастан: Өкіне берме, Нұркен. Енді одан пайда жоқ. Кезінде дәл сен секілді бармағымды қыршып мен де өкінгем. Бірақ, ешнәрсе де өзгерген жоқ. Қорықпа, сен өлген соң өзің армандағандай Алла жолында жиһад жасап шаһит болды деп жұртқа хабар таратамыз.

Нұркен: Дастан, сенің мені алдап-сулап  мұнда әкелгендегі мақсатыңды да,  «намаз оқып, басыңды қатырмай-ақ Жәннатқа баратын  жол бар» деген сөзіңнің мәнісін де енді түсіндім. Сен мұның бәрін о бастан-ақ жоспарлаған екенсің ғой. Менің діни сауатсыздығым мен ақымақтығымды, анамның сенгіштігі мен дүниеқұмарлығын пайдаланып, өз мақсатыңа оп-оңай жеттің. Айгүлді де оп-оңай тұзағыңа түсірдің. Не айтайын? Айтарға сөзім жоқ.(Ойланып) Дастан, тектен-текке өлтіріп тастағанша, бір керегіңе неге жаратпайсың? Менің осы уақытқа дейін: «Намаз оқысам, Алланың разылығына бөленіп, Жәннатқа барсам» деп армандаумен келгенімді жақсы білесің ғой. Досымсың ғой, маған ең соңғы рет мүмкіндік бер. Тектен-тнекке өлгенше, беліме жарылғыш байлап алайын да, тақсыр екеуің бұйырған елге барып, әлгі не еді, ия-ия, Алла жолында жиһад жасап өзімді-өзім жарып жіберейін.

Дастан: Ха, ха, ха! Жиһад жасап дейсің бе? Досым-ау, ондай бақыт бұл жерде кез-келген адамның маңдайына жазыла бермейді. Анау далаға симай теңселіп жүрген тірі өлік жастар да осында келген күні-ақ жиһадқа шығып, шаһит болып, Жәннатқа бара салғысы келген. Бірақ, өзің де көріп тұрсың, нәжісімізді тазалап, жейтін нандарын әрең тауып жүр.

Нұркен: Түсінбедім. Егер, жиһадқа шықпайтын болса, бейшара жастарды ұл-қыз демей   үсті-үстіне тоғытып мұнда не үшін әкеліп жатырсыңдар?

Дастан: Ха, ха, ха! Не үшін дейсің бе? Ұлдарын піштіру үшін, қыздарын ермек ету үшін. Қысқасы, құлақкесті қара құлымыз бен күңіміз ету үшін. Ал, сен армандаған жиһадшылардың өмірі тіптен басқа. Оларды сен түгіл мен де әлі күнге дейін көрген емеспін. Олар тікелей тақсырдың бұйрығына ғана бағынады. Тағдырлары да тікелей соның қолында. Білесің бе, Нұркен, кейде мен оларды соғымға соятын малға ұқсатамын. Тақсыр алдымен оларды тамаққа тойғызады. Аямай ақша да береді. Содан кейін беліне жарылғыш байлап береді де, бір елге апарып жарып жібереді. Сонымен бітті. Ол байғұстар тозақтан бір-ақ шығады.

Нұркен: Тозақтан?! Қалайша? Олар Алла жолында өздерін құрбан еткен жоқ па? Ал..

Дастан: Ха, ха, ха! Тағы да өз әніңе бастың ба? Сен не, оларды Жәннатқа барады деп ойлайсың ба? Олай ойласаң, шынымен де нағыз ақымақ екенсің. Қалай түсіндірсем екен саған? Олар біріншіден, Алла Тағаланың емес, Ол жаратқан пенденің бірі-тақсырдың бұйрығын орындайды. Екіншіден, Алла Тағаланың аманат етіп берген жанына қиянат жасап, өзін-өзі жарып өлтіреді. Үшіншіден, жазықсыз жандардың өліміне себепкер болады. Ал, енді өзің айтшы, осыншама күнәға батқан адамдар қайтіп Жәннатқа бармақ? Әрине, тозаққа барады. Құранда да, хадисте де Алланың аманат етіп берген жанына қиянат жасап, өзіне-өзі қол жұмсаған адамдардың ақыреттегі жазасы да өте ауыр болып, тозақ отына күйетіні айтылған. Қысқасы, жиһад дегеніміз беліңе бомба байлап алып, жазықсыз жандардың ортасында өзіңді-өзің жарып жіберу емес, керісінше, сондай зұлымдық ойыңды тежеп, жеңе білуің. Бұл жөнінде Құран мен хадисте де: «Ең үлкен жиһад-өз нәпсіңмен күрес», «Зұлымдықпен күрес», «Шайтанмен күрес» деп жазылған. Басқаның бәрін жеңуге болады, досым, ал, өз нәпсіңді тыю, жеңу қиынның қиыны. Егер, өз нәпсімізді жеңе алсақ, сен де, мен де, тақсыр да, мұндай лас тірліктер жасап, үлкен күнаға батпас едік.

Нұркен(басын шайқап, өкіне) Дастан, мұны неге ертерек айтпадың? Досым емес пе едің? Бір қазақтың баласы емес пе едік? Басқасын айтпағанда, мұсылман емес пе едік? 

Дастан: Ха, ха, ха! Дос! Қазақ! Мұсылман! Мен не деймін, сен не дейсің? Жаңа  ғана айтқан жоқпын ба, бәріміз де пендеміз, өз нәпсіміздің ғана құлымыз деп. Саған алдын ала айтқызбаған да, сатқындық жасатқызған да, сол нәпсім.

Нұркен: Дастан, саған түсіне алар емеспін. Осы сен менің досым Дастансың ба, әлде әз-әзіл шайтансың ба? Шайтан болмасаң Құдайдан қорықсаң қайтеді. Сен жаңа ғана мені аман-есен елге қайтарам деп Айгүлге Құдайдың атымен уәде бердің ғой. Айгүл, сол сөзіңе сеніп..

Дастан: Ха, ха, ха! Құдайдың атымен дейсің бе? Ия, Құдай бізге үлкен көмек беріп келе жатыр. Алланың атын айтып, біз кез келген уәдені бере аламыз. Кез келген адамды өзімізге қарата аламыз, кез келген үйге де кіре аламыз. Тіпті, ойға алған ісімізді де орындай аламыз. Алланың аты мен Құранның сөзін айтып жылы сөйлесең, кез келген он қазақтың бірі алдыңа келіп жалп ете қалады «Мен кім, бұл кім, қай жол дұрыс, қай жол бұрыс?» деп бастарын ауыртып жатқан бірін көрмедім. Шетінен сауатсыз, топас. Міне, соның бірі мына сен..

Нұркен (сөзді бөле) Жоқ, Дастан, мен топас болсам, топас шығармын, бірақ басқалар туралы бұлай айтуға еш хақың жоқ.

Дастан: Ха-ха-ха! Хақың жоқ? Олай болса, мен қазір алдыңа сол өзің айтқан «басқаларды» әкелейін. (Жендеттің біріне сыбырлайды.Ол шығып кетеді). Басқаларың не дер екен. Көрейік.

(Көп ұзамай жыртық-жамау киім киген, сақал-мұрттары өсіп, жабайы болып кеткен екі  жігітті алдына сап бірінші жендет те келеді. Жендетке) Сен орныңа бар. (Жігіттерге) Ассаламуалейкум рахматуллахи, бауырлар!

    Жігіттер (жамырай) Ассаламуалейкум рахматуллахи уа баракатух, бауырым!

  Дастан (Нұркенге) Көрдің бе, сәлеміме менен де көркем етіп жауап қайтарып жатыр. (Жігіттерге) Бауырлар, біз бәріміз осында Алла жолында жиһад жасау үшін келдік. Дегенмен, кезегіміз келмей сәл-сәл қиналыңқырап жатырмыз. Мұсылман мұсылманға дос, бауыр деген. Егер, іштеріңде қиындыққа шыдамай елге қайтам дегендерің болса, айтыңдар. Біз дәл қазір қайтаруға дайынбыз.

   Бірінші жігітт: Ол не дегенің, бауырым? Алла жолында қандай қиындық болса да көнеміз. Бұл уақытша ғана қиындық. Бәлкім, Алла Тағала сынап, бізге сынақ беріп жатқан шығар?

   Екінші жігіт: Ия, кез келген мұсылманның ең бірінші арманы Жәннатқа кіру. Біз мұнда Алла жолында соғысамыз деп, қажет болса жанымызды да құрбан етіп, Жәннатқа кіреміз деп келдік. Сондықтан кез келген қиындықты сабырмен жеңуге дайынбыз.

Дастан: Әумин, бауырлар. Сендер кіммен соғысатындарыңды білесіңдер ме?

Бірінші жігіт: Бізге бәрібір. Құранда «патшаңа бағын, ол Құдайдың жердегі көлеңкесі» делінген. Тақсыр не бұйырады, біз соны орындаймыз.

Дастан: Егер, бір жақындарыңды, тіпті ата-аналарыңды өлтір десе де, орындайсыңдар ма?

Екінші жігіт: Ойланбастан орындаймыз. Өйткені, бұл тақсырдың ғана емес, Алланың да бұйрығы. Алланың ризашылығына бөленіп, Жәннатқа кіру үшін ешнәрседен де тайынбаймыз.

Дастан (мысқылдай күліп) Бауырларым, Алла қаласа, ол күнге де көп уақыт қалған жоқ. Бәріміз Жәннаттың төрінде қауышайық. Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!

Жігіттер (жамырай айғайлап) Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!

Дастан (бірінші жендетке иек қағады. Ол жігіттерді алдына салып, алып кетеді. Нұркенге) Міне, өзің қызғыштай қорыған «басқалардың» да не айтқанын құлағыңмен естідің ғой. Олар таңнан кешке дейін ауыр жұмыс істейді. Екінің бірінде  жүрек жалғар бір үзім нан да таба алмай, аш қалып жатады. Бірақ, бәріне сабырлық танытып, Жәннаттан үміттерін үзбейді. Тіпті, елдеріне де қайтқысы келмейді. Ал, досым, бұған не айтасың?

Нұркен (қатты қапалана) Білмеймін, Дастан. Не айтарымды білмей тұрмын. Қандас бауырларымды емес, өз туған анасын өлтіре салатын мәңгүрттерді көргендей денем түршікті. Адам баласы ақыл-есі, ой-санасынан осыншалық айрылуы мүмкін бе? Бұл қалай болғаны, ә?

Дастан: Ия, Нұркен, бір кездері мен де дәл сен секілді «бұл қалай?» деп басымды қатырғам. Жауабын осы күнге дейін таба алған жоқпын. Сен де таба алмайсың. Ұзақ уақытқа дейін ешкім де таба алмауы мүмкін. (Нұркенге жақындап) Нұркен, сен өте мейірімді, ақкөңіл жансың. Мүмкін пенделікпен мені әлі де кешіретін шығарсың, бірақ, Жаратушының кешірмейтінін анық білем. Сондықтан, өлмей тұрып, мен секілді пасық, сатқын досыңның күнәдан қап-қара болған бетін ең соңғы рет көріп қал. (Нұркенді құшақтайды да, алақанын ұрады) Ей, қайдасыңдар?  (Қолдарына қару ұстаған екі жендет жетіп келеді).

Нұркен: Дастан, тоқташы. Досың едім ғой. Өлер алдындағы ең соңғы өтінішімді орындашы.

Дастан (бұрылып) Ол қандай өтініш, досым? Қолымнан келсе, орындайын.

Нұркен: Қолыңнан келеді досым. Өлер алдында туған жерімнің жусанын иіскегім келеді.

Дастан (ойлана) Тым қиын емес, бірақ, біраз уақытты керек етеді. (Ойланып, әрі бері-жүріп) Жарайды, мен келесі жиһадшыларды алып келуге дәл қазір Қазақстанға кетіп бара жатырмын. Келерімде сен үшін бір бау жусан ала келермін. Оған дейін жарық дүниені тамашалай  тұр. (Жендеттердің құлағына сыбырлап) Сендер орындарыңа барып, өз қызметтеріңе кірісіңдер.

Бірінші, екінші жендет: Құп болады! (Жендеттер өз орындарына барып тұрады).

Дастан: Ал, достым, жусан келгенге дейін сау бол. (Шығып кетеді).

Нұркен (көкке қарап) Ия, Жаратқан, мендей күнәһар пендеңді бір өлімнен алып қалдың. Енді ең соңғы тілегімді де қабыл алып, өз туған еліме  аман-есен жетіп, топырағын сүйіп, жусанын иіскеп барып өлуімді нәсіп ете гөр.

Бірінші жендет: Ей, сен былшылдап, Құдайға жалынып тұрсың ба? Құдай жарылқаса, сенен бұрынғы өлімтіктерді жарылқамай ма? Бұл жерде бәрін тақсыр мен басекең ғана шешеді.

Екінші жендет: Дұрыс айтады. Енді сені бұл жерден ешкім де алып кете алмайды.

Нұркен: Мен бір Аллаға сенемін. Алладан ғана жәрдем сұраймын. Алла бәрін көруші..

Бірінші жендет: Бәрін көруші дейсің бе? Ха-ха-ха! Сенің мұнда келіп, ит қорлық көріп жатқаныңа қанша ай болды? Содан бері көрмеген Аллаң енді көре қояды дейсің бе?

Екінші жендет: Дұрыс айтады. Сен ақырында өз қиялыңа сеніп, есіңнен адаса бастадың.

Нұркен: Жоқ, керісінше есім енді кіре бастады. Бүгінге дейін өзімдікі дұрыс деп келіп едім, Дастанның аузынан шындықты естіген соң барып, өзімнің кім екенімді анық білдім. Сондықтан, бүгін жаным, жүрегім жылап Алладан шындап тілек тілеп тұрмын. Алла Тағала «Шын жылап жайған алақанды бос қайтаруға ұялам» деген. Алла Тағала ерте ме, кеш пе кешіріп, құтқарушылар жіберіп, мені де туған еліммен, жақындарыммен қауыштыратынына сенімдімін.  Ал, ондай адам сенбес ғажайып сәт бүгін, тіпті дәл қазір болуы да әбден мүмкін.

Бірінші жендет, екінші жендет: Ха-ха-ха! (Осы кезде дауыс күшейткіштен дауыс естіліп, екеуі  құлақ түреді).

Дауыс күшейткіш: Қазақстан Республикасы ресми мәлімдеме жасайды: Сириядағы соғыс аймағынан отандастарымызды елге қайтаруға бағытталған мемлекеттік «Жусан» операциясы негізінде тиісті  мемлекеттердің жауапты ұйымдары және жауапты тұлғаларымен екі жақты келісім шарттар  жасалып, осыған байланысты.. (Әрі қарай ұлттық әуен, (бәлкім әнұранымыз) ойнап, дауыс естілмей кетеді. Нұркен де, жендеттер де беріле тыңдап қалған. Сәлден соң дауыс жалғасады) Қазақстан азаматы Асылбекұлы Нұркен, азаматша Оспанқызы Сәнімкүл, азаматша Еркінқызы Айгүл өз туған еліне оралуға..

Бірінші жендет: Жоқ, мен.. мен бұлай болуына жол бермеймін. Мен.. мен.. сені өлтіремін.

Екінші жендет: Дұрыс айтады.  Сен ешқайда кете алмайсың. Сен.. сен өлуге тиіссің..

Нұркен: Ха-ха-ха! Солай ма екен. Сонымен менің тағдырымды кім шешетін болды? Мен айтқан жоқпын ба, Алла Тағала «Жылап тұрып жайған алақанды бос қайтаруға ұялам» деген деп. Ал, енді  мені босатпай неғып тұрсыңдар?

Бірінші жендет: Жоқ, біз сені босата алмаймыз. Басекең өзі шекарадан өткен соң сені өлтіріп тастауды бұйырған. Сен қалай да өлуің керек.

Екінші жендет: Дұрыс айтады. Сені өлтірмесек, ол бізді өлтіреді. (Екеуі  тап береді).

Нұркен: Ей, тоқтаңдар! Сендер менің қазақстанымды білмейді екенсіңдер. Міне, мен Дастан секілді екіжүзді сұмырайдың алдауына еріп, туған жерімнен безініп осында келдім. Біздің елде мендей жетесізді «шіріген жұмыртқаға» санайды. Бірақ, ия, бірақ.. (көңілі босап) өздерің көріп отырғандай менің елім маған тағы да сенім артып, алып қайтуға келіп отыр. Ал, сендер мені өлтірем дейсіңдер. Кәне, қайсың өлтіресіңдер? Менің елім өлімімнің құнын сұрағанда, оны төлеуге шамаларың жетер ме екен?

Бірінші жендет, екінші жендет: А-а.. (тоқтап, ойланып қалады).

Нұркен: А-а, солай ма екен? Олай болса, жаймен ғана мені босата қойыңдар.

Бірінші жендет: А-а.. (Сәл ойланып) Жоқ, сені өлтірсек те өледі екенбіз, өлтірмесек те өледі екенбіз. Олай болса, жастығымызды ала өлейік. Солай ма, досым? (Серігіне қарайды).

Екінші жендет: Дұрыс айтасың. Дәл солай. (Екеуі қаруларын кезей ұмтыла береді).

Нұркен: Ей, мен сендерге не айттым? Естеріңді жиыңдар. Ей-ей, сендер, шынымен де..

Сахна қараңғыланып кетеді де, қарудан-автоматтан оқ атылып, Нұркеннің жан ұшыра айғайлаған дуысы естіледі.

                                                                                                    

                                                  ЕКІНШІ БӨЛІМ

                                                 ҮШІНШІ КӨРІНІС

Сахна жарықтанғанда, диванда жатқан Нұркен жан дауысы шыға шошып оянады.

Нұркен: Жо, жоқ.. (Есін жия алмай алқынып біраз отырады да, орнынан ұшып тұрып, үсті-басын, аяқ-қолын ұстап көреді) Ух, түсім екен ғой. Шынымен де өлген екенмін деп.. (Киімін киіп, ойлана) Бірақ.. өте қорқынышты түс екен. Әлде, ол жаққа барма деп Құдайдың өзі аян беріп жатыр ма екен? Солай, сияқты. Құрысын, бармай-ақ қояйын. Апама түсіндіріп..

Осы кезде қолында сөмкесі бар Сәнімкүл келеді.

Сәнімкүл: Тұрдың ба, балам? Жуынып кел де шайыңды іш. Мен базарға шығып барамын. Жолыңа керекті заттарды әкеліп қоймасам. Дастан да көп ұзамай хабарласып қалатын шығар.

Нұркен: Апа, сізге бірдеңе айтайын деп едім. Мен өте қорқынышты түс көрдім. Түсімде Дастан айтқан елге барып, ауыр азап көріп жүр екем. Тіпті, мені жендеттер өлтіріп те тастапты. Қорыққанымнан әлі есімді жия алмай отырмын.

Сәнімкүл: Балам, түсіңе не кірмейді. «Түс түлкінің боғы» деген. Түсіңде қорықсаң, өңіңде қуанасың демей ме? Бәлкім, алдыңда  үлкен қуаныш күтіп тұрған шығар?

Нұркен: Жоқ, апа, бәрін өңімдегідей өз көзіммен көрдім. Апа, ол жаққа бармай-ақ..

Сәнімкүл (бірден ашулана) Ей, сен ескі әніңе тағы бастың ба? Жетер, енді! Мен десең, барасың. Бармайсың ба, мені анам деп санамай-ақ қой. (Тарс-тарс басып шығып кетеді).

Нұркен: Апа, апа.. (Ұмтыла бере тоқтап,ашулана) Жетер! Нақты бір шешімге келетін кез жеткен сияқты. (Ұялы телефонын алып тереді) Алло, бұл мен ғой. Әлейкімассәлам! Ия, мен әбден ойландым, сенің айтқаның дұрыс екен. Ия, ия, берік байламға келдім. Әрине, дайынмын. Тас түйін дайын отырмын. Өзіңді жақсы хабарыңмен қоса асыға күтем. Не, не? Басқа адам барады дейсің бе? Өзің ше? Жарайды, келсін. (Телефонын өшіріп, керіле) У-у, денем бір жеңілдеп қалғандай болды ғой. Осы уақытқа дейін өзімді өзім қинай бергенше, осындай шешімге неге келмегем? Қой, жуынып-шайынып, таңғы асымды ішіп, дайын отырайын. Кім біледі.. (Ыңылдай әндетіп жүре бергенде, есік қоңырауы қағылады. Шығып кетіп, қолында сөмкесі бар шапкасын бастыра киген денелі егде кісіні ертіп келеді).

Егде кісі(жан-жағына қарап) Сіз Нұркен Асылбекұлы боларсыз? Мен өзіңізге айтқан..

Нұркен: Ия, мен Нұркен Асылбекұлымын. Ал, сіз.. сіз..

Егде кісі (жан-жағына жалтақтап) Нұркен, сізбен оңаша сөйлессем деп едім..

Нұркен: Әрине, әрине. Мына жаққа жүріңіз. (Егде кісіні ертіп шығып кетеді де көп ұзамай қолына ноутбук ұстап екеуі қайтып келеді).  

Егде кісі: Нұркен, көп ұзамай өзің тағатсыз күткен Дастанның да келіп қалар. Жаңағы айтқанымдай менің өзіңе берген кеңестерімді мүлтіксіз орындауға тырыс.  Кішкентай ғана қателік жіберсең жасаған еңбегіміздің бәрі далаға кетеді. Егер, қандай да бір қажетім болып қалса, жаңағы нөмірге  қоңырау шал. 

Нұркен: Алаң болмаңыз. Енді қателік жібере қоймаспын.

Егде кісі: Олай болса, ісіңе сәттілік тілеймін. Сау бол. (Сөмкесін көтеріп шығып кетеді).

Нұркен(ноутбукты үстелге қойып, ойланып) Бұл менің қолымнан келер ме екен? Ия, берер уәдемді беріп қойдым. Енді, шегінер жер жоқ. Өз ойлаған мақсатыма қалай да қол жеткізуге тиіспін. (Есіктің қоңырауы соғылады) Әнеки, өзі де келді. (Асыға шығып кетеді де, өзін құшақтап даудыраған Дастанды ертіп келеді).

Дастан(кіргеннен сөйлеп) Ал, қалай, досым, дайынсың ба?

Нұркен: Әрине дайынмын. Сенен  хабар күтіп жарылып кетейін деп отырған жоқпын ба.

Дастан(күліп) Өй, сен өзің тойға асығыссың ғой.

Нұркен(ренжи) Жетер, Дастан! Әзіліңді көтере алатын жағдайда емеспін. Қай жаққа барсам да, тіпті өлімге барсам да, тезірек мына үйден кеткім келеді.

Дастан: Кешір, Нұркен. Мен досым ғой деп.. Дегенмен сені қуантатын қуанышты хабарым да бар. Құдай қаласа, ертең Түркияға ұшамыз.

Нұркен(сенбегендей) Рас па, әлде тағы әзілдеп отырсың ба?

Дастан: Құдайдың атымен айтып отырмын ғой. Рас. Ертең азанда ұшамыз. Бұл басшылардың берік байламы. Ол еш уақытта өзгерген емес.

Нұркен(ойлана) Олай болса.. олай болса сен маған біраз нәрселерді айтып түсіндіріп беруің керек. Егер сұрағыма нақты жауап ала алмасам, ойымнан айнып қалуым да мүмкін.

Дастан: Оу, жаңа ғана елпілдеп тұр едің, енді аяқ астынан неге бұлай сөйлей қалдың?

Нұркен: Дастан, менің орнымда болсаң өзің не істер едің? Өмірімде көрмеген бөтен ел. Тым болмаса, бір адамын да танымаймын. Тіпті, ол жаққа барған соң өлімін бе, тірімін  бе?..

Дастан: Досым, сені түсіндім. Айтқандарың да жөн секілді. Жарайды, сұрағыңды қоя бер.

Нұркен: Рахмет, Дастан. Онда бірінші сұрағым: Сен бізді қай жерге дейін апарасың?

Дастан: Мен сендерді Түркияға дейін жеткіземін. Әрі қарай басқа кісі алып кетеді.

Нұркен: Оның  аты-жөні кім? Ол бізді қай жерге апарады?

Дастан: Нұркен, ол енді.. Оны мен айта алмаймын. Ол құпия.

Нұркен: Солай ма? Олай болса,  мен де жылы орынымды суытпайын..

Дастан (дызылдай) Сен.. сен неге олай дейсің? Мен саған айтпаймын деген жопын ғой. (Ойланып, өзіне) Ол жақпен келісіп қойдым. Егер, бұл бармай қалса, қыруар ақшадан қағылғаныммен қоймай, олардың сенімінен де айрылам. Жоқ, өзіндік ойы жоқ бұл топас ешнәрсені бүлдіре қоймас. Ертең-ақ, тю-тю, бұл жерде жоқ болады. Ал, маған ақша.. ақша керек. (Нұркенге)  Мына ноутбук істеп тұр ғой я? (Қалтасынан флешка алып, ноутбукке қосады) Міне, мына кісілер. Аты жөндері де жазылған. Сен ол жақта осы кісілермен бірге жұмыс істейсің. Мына үш кісі кіші басшылар. Ал, мына кісі  әлемдік деңгейде жұмыс жүргізіп, нұсқаулар беретін ең үлкен басшымыз. Барлығы ол кісіні «тақсыр» деп атайды. Нұркен, мен сені досым деп қатаң тәртіпті бұзып, өте құпия мәліметті айтып қойдым. Мұны өз адамдарымыздың біреуі біліп қалса, мені табанда жоқ қылады. Сондықтан, мен ешнәрсе көрсеткен жоқпын, сен көрген жоқсың. (Ноутбуктағы мәліметтерді өшіріп,флешканы алып қалтасына салады). Енді мен қайтайын.. Айтпақшы, сен ол жаққа орныққан соң көп ұзамай мен де барып, сені өз адамдарыммен көздестіріп қайтамын. Ал, сау бол. Ертең өзім келіп алып кетемін. Тас түйін дайын отыр. (Нұркенді құшақтап, қолын қысады да, шыға бере кідіріп, кіжіне) Әзірге барлық шындықты айтуға мәжбүр болдым. Бірақ, ол жаққа жеткен соң бәрі де басқаша болады. (Асыға шығып кетеді).

Нұркен(Дастанның соңынан қарап тұрып) Әрине, тастүйін дайын отырам. Өйткені, ертең мені болашағыма жарқын жол ашатын ерекше күн күтіп тұр.

 

                                       ТӨРТІНШІ КӨРІНІС

Бір күн өткен. Таңғы  мезгіл. Ішкі бөлмеден көңілді  Сәнімкүл шығады.

Сәнімкүл: Нұркен, балам, тезірек қимылда. Дастанның кеп қалатын уағы болды.

(Телефонына қарап) Ендігі кеп қалу керек еді.. (Есіктің қоңырауы қағылады) Ух, келді-ау

өзі де. Нүрке-е-е-н, балам, Дастан келді. (Асыға шығып кетеді де, Дастан екеуі келеді).

Дастан(Сәнімкүлді құшақтап) Алтын апам менің. Нұркен дайын ба? Уақытымыз өте аз.

Сәнімкүл: Дайын, дайын, балам, қазір шығады. (Дауыстап) Нүрке-е-е-н, балам!

Қолына жол сөмке ұстаған Нұркен келеді.

Дастан: Ассаламуғалейкум, досым.

Нұркен: Әлейкімассалам, Дастан.

Дастан: Ал, қалай, дайынсың ба?

Нұркен: Мен дайын болғалы қашан. Сені күте-күте төзімім таусылды.

Дастан: Бұртимашы,  досым. Жалағыз сен емес, басқа да баратын жастар бар ғой. Ал, дайын болсаң, жүрейік. Апама жақсы дейік. (Сәнімкүлге) Ал, апа, көріскенше аман-сау болыңыз.

Нұркен: Апа, уайымдамаңыз. Алла қаласа, көп өтпей келіп те қаламын.

Сәнімкүл: Несіне уайымдаймын, балам. Жаныңда Дастан бар ғой. Енді айналшықтай бермей тезірек жолға шығыңдар. Барар жерлеріңе аман-есен жетіңдер. (Нұркенді құшақтап) Балам, Дастанның айтқанын бұлжытпай орындайтын бол. Сосын, менімен жиі-жиі хабарласып тұр. (Дастанға) Дастан, балам, Нұркенім саған аманат. Өзің білесің, ол әлі де көп нәрсені біле бермейді. Оған бас-көз бол. Өзіңе сенген соң ғана жалғыз ұлымды ертіп жіберіп отырмын.

Дастан: Алаңдамаңыз, апа. Қай кезде болмасын, балаңыздың қасынан табыламын деп Құдайдың атымен уәде беремін.

Сәнімкүл(көңілі босап, Дастанды құшақтап) Балам-ау, Құдайдың атымен демесең де саған сенем ғой. Жарайды, енді тезірек барыңдар. (Дастан мен Нұркенді итермелеп шығарып жібереді де қайтып келеді. Шаттана) Кетті. Енді, көп өтпей-ақ менің балам да Дастан секілді мықты бизнесмен болып, ақшаны күреп табатын болады. Сол кезде мен.. мен.. мына Сәнімкүл үлде мен бүлдеге оранып, бирллиант жүзік-сырғаларды тағып, анау менмін деп көкіректерін аспанға көтеріп, көздеріне ілмей жүрген сылқымдармен.. (Телефонына қарап) Ойбу, армандаймын деп кешігіп қала жаздаппын ғой. Ендігі, бәрі жиылып мені күтіп те отырған шығар. Әзірге олардың асқақтаған кеуделерін мына алқаммен-ақ баса тұрайын (Алқасын ұстап шыркөбелек айналады  да, асыға басып шығып кетеді).

Нұркен мен егде кісі  келеді.

Егде кісі: Қарап қойшы. Ноутбугің  жақсы жұмыс істеп тұр ма екен?

Нұркен: Ноутбук жұмыс істеуін істеп тұр-ау. Бірақ.. сіз басқа бір кісі келеді деп едіңіз.. 

Егде кісі: Ол әлі келген жоқ па? Мүмкін келіп те қойған шығар?

Нұркен (басын көтерместен) Келсе, көрер едім ғой. Сіз анау-мынау емес, генералдың өзі келіп жолығады деген соң, тірі генералды көзіммен көретін болдым ғой деп қатты үміттеніп едім, генерал түгіл сержант та келмеді. Былай қарасам да, былай қарасам да, тек сізді яғни Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қатардағы қызметкерін ғана көріп тұрмын.

Егде кісі: Сен маған қатты ренжіп қалыпсың ғой. Дегенмен өзің айтқан тірі генерал қандай боу керек. Ол маған тіпті ұқсамайды ма?

Осы кезде асыға басып Сәнімкүл келеді.

Сәнімкүл(аң-таң, Нұркенге жақтырмай қарап) Әй, сен азанда буынып-түйініп Дастанмен бірге әуежайға кеткен  жоқ па едің? Мынау жүрісің не?

Нұркен(күмілжи) Апа, былай ғой.. Мен ол жаққа бармаймын деп шештім. Өйткені..

Сәнімкүл: Тоқтат! Мен білгем, сенің орта жолда осылай қиқаятыныңды. Сен өйткені бизнесті дөңгелеткен Дастан секілді ұқыпты, алғыр жігітті ұнатпайсың. Керісінше, анау күні-түні тоңқаңдап, жарты күнін мешітте өткізіп жүрген Омар десе емешегің үзіліп тұрады.

Нұркен: Апа, тоңқаңдап жүрген жоқ, Құдайға құлшылық етіп намаз оқып жүр. Ал, намаз оқуды Алла Тағала бәрімізге фарыз еткен. Сондықтан, сіз де, мен де..

Сәнімкүл(ашулана) Жетер! Сен енді маған ақыл айтайын дедің бе? Ондай ақылдарыңды анау Омар екеуің бастарыңа шайнап жағыңдар.

Егде кісі:Тыңдаңызшы.. Сіз балаңызды бекерге жазғырып тұрсыз. Нұркен..

Сәнімкүл(егде кісіге алара қарап) Мынаусы кім тағы? Тағы бір ақылшы шықты ма? Әй, айналайын, сен мұнда не үшін келдің? Әлде сен де мына есалаңды мешітке, намазға сүйреп жүрген Омар секілді жалаңаяқтың бірісің бе? Бірақ, оған түрің ұқсамайтын секілді..

Нұркен(дауысы қатты шыға) Апа! Олай демеңіз. Бұл кісінің дінге де, маған да еш қатысы жоқ. Бұл кісі.. Бұл кісі..

Сәнімкүл(сөзді бөле) Әлде, қол жуғыш пен әжетхананы жөндейтін, әлгі не еді.. сантехник пе? Олай болса, біздің ісімізге араласпай, жөндейтінін жөндеп, алатынын алып, жөнін тапсын.

Нұркен: Доғарыңыз, апа! (Егде кісіге қарап) Кешіріңіз. Анам сіздің кім екеніңізді білмеген соң осылай айтып жатыр.. Кім екеніңізді білсе..          

Сәнімкүл: Кім екеніңізді білсе дейсің бе? Мен жоқта ұры иттей сумаңдап, үйге кіріп жүргеніне қарағанда бұл мүмкін әлгі тыңшы, шпион шығар?

    Нұркен: Апа, жетер! Бұл кісі.. бұл кісі.. сіз айтқандай..

 Егде кісі Жарайды, балам, енді сенің де ренішің басылсын, анаң да кім екенімді біліп, көңілі тыныш тапсын. (Асықпай төс қалтасынан қызметтік куәлігін алып көрсетеді) Облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы генерал-лейтенант Ахат Жасынбекұлы. Ал, мына жұмыс киіміне келсек, қызмет бабына  қарай солай киінуіме тура келді.

Нұркен (куәлікті көріп, апалақтап орнынан ұшып тұрады да, саусағын шекесіне апарады) Генерал мырза, саулығыңызды тілеймін. (Бас киімі жоқ екені есіне түсіп, басын қасып тұрып қалады) Айыптымын генерал мырза. Кешіріңіз.

Генерал: Оқасы жоқ, балам. Ең бастысы әскердегі тәртіпті  ұмытпапсың. (Күліп) Ал, тірі генералды көріп, ренішің басылды ма?

Сәнімкүл(көзі атыздай болып) Ге-ге.. генерал!?.. Со-со.. сонда сіз.. сіз шынымен де ге-ге.. генаралсыз ба? Ұлтық қауіпсіздік комитеті?!..  Бірақ, менің балам не бүлдіріп қойды?

Генерал: Жоқ, сіздің балаңыз ешнәрсе де бүлдірген жоқ. Керісінше, бүлінейін деп тұрған

нәрсені бүлдірмей сақтап қалды.  

Сәнімкүл(таңдана) Менің балам ба? Мына Нұркенді айтасыз ба?

Генерал: Ия, дәл осы Нұркенді айтам. Сіз балаңызды мақтан тұтуыңызға әбден болады.

Сәнімкүл: Кешіріңіз. Дегенмен, мен әлі ешнәрсені түсіне алмай отырмын. Азанда ғана Дастанға еріп кеткен балам демнің арасында қандай ерлік жасап қойды?

Генерал: Міне, әңгіменің өзі де сол Дастаныңыз бен Нұркен жайлы болып тұр. Сіз осы уақытқа дейін балаңыздың кері ағымдағы топтарға, әсіресе, жиһадшыларға қосылып  кетуінен қорқып, намаз оқуына, мешітке баруына қатаң түрде тыйым салып келдіңіз. Тіпті өзімен әскерде бірге қызмет еткен сыныптасы Омармен де, басқа намазхан достарымен де жолықтырмауға тырыстыңыз. Алайда, бейкүнә жастардың ертеңгі өмірін тас-талқан етіп, тағдырын ойыншыққа айналдырып жүрген, исламның да, мемлекетіміздің де нағыз хас жауы, бір оңбағанға имандай сеніп, ұлыңызды ертіп жібере салдыңыз. Турасын айтқанда, өз туған балаңызды ақша-байлық, мансап жолында құрбан етпек болдыңыз.

Сәнімкүл(генералға сұқ қолын шошайта) Әй, сен не деп оттап.. Ой, кешіріңіз генерал мырза. Менің айтайын дегенім, мен ешқашан баламды сіз айтқандай оңбаған біреуге ертіп   жіберген емеспін. Сосын, генерал болсаңыз генерал шығарсыз, бірақ, ақша-байлық, мансап үшін балаңды құрбан етпек болдың дегеніңіз маған негізсіз тағылған жала деп есептеймін.

Генерал: Солай деңіз. Олай болса, өз дауысыңызды тыңдап көріңіз. (Флешка салып, ноутбукты қосады. Сәнімкүлдің телефон арқылы Дастанмен сөйлескен дауысы естіледі).

Сәнімкүлдің дауысы: Сөйлесіп көрейін дейсің бе? Айналайын, адамның ойын айтқызбай-ақ білесің-ау. Мен де саған соны айтайын деп отыр ем. Әрине, әрине, балам, сенің оны тоқтата алатыныңа сенем ғой.. Бірақ, ол осы жолы тас түйін болып.. енді үйге қайтпаймын деп.. Сол, баяғы, намаз оқыймын дейді. Дұрыс, дұрыс айтасың, балам. Сөйтші. Намаз оқымай-ақ та Жәннатқа баруға болатын жол бар деп өтірік айтсаң да оны бірнәрсе қылып сендірші. Немене? Ондай жол бар дейсің бе? Мынау керемет болды ғой. Сонда тоңқаңдап намаз оқымай-ақ.. Өзім секілді бизнесмен болады дейсің бе? Балам-ау, ол не дегенің? Әрине жіберем, әрине. Сен секілді бизнесмен болып, ақшаны күреп тауып жатса.. Менің күні-түнгі арманым да  осы емес пе. Жақсы-жақсы. Өзің айтқандай білдірмей үйден шығып кетем. Тек, сен тезірек кел.

Генерал: Бұл телефон арқылы Дастанмен сөйлескен сіздің дауысыңыз емес пе? Егер, мұны аз көрсеңіз, сізбен сөйлескен Дастанның сөзін де тыңдатайын. Әлде, Нұркеннің телефонын пайдаланып, Омармен сөйлескен сөзіңізді тыңдағыңыз келе ме? Әлде, анау мойныңыздағы алқаны пайдаланып жазылып алынған сөздер мен бейне көріністерді көргіңіз келе ме?

Нұркен(таңдана) Генерал мырза, сонда апам.. апам.. маған айтпастан..

Сәнімкүл(жаны шыға) Жо-жоқ, керегі жоқ, генерал мырза. (Генералдың қолына жармасып) Қоспай-ақ қойыңызшы, өтінем сізден. Дастанмен осылай сөйлескенім де, Омарды үйге кіргізбей қуып жібергенім де рас. Себепсіз тілдеп, ауыр сөздер айтқаным үшін сізден де кешірім сұраймын. Сосын, мына Омар берген тыңшылық құралыңызды  да өзіңізге қайтарайын. Мен мұны кәдімгі алқа екен деп тағып мәз болып жүрсем.. (Алқасын шешіп генералға береді). Бірақ, түсінбей отырғаным, бұл жерге Дастанның қандай қатысы бар?

Генерал: Қандай қатысы бар дейсіз бе? Әбден қатысы бар. Өзіңіз тыңдап көріңіз. (Ноутбукты қосады. Дастанның дауысы естіледі)

Дастанның дауысы: Кешір, Нұркен. Мен досым ғой деп.. Дегенмен сені қуантатын қуанышты хабарым да бар. Құдай қаласа, ертең Түркияға ұшамыз. Мына ноутбук істеп тұр ғой я? Міне, мына кісілер. Аты жөндері де жазылған. Сен ол жақта осы кісілермен бірге жұмыс істейсің. Мына үш кісі кіші басшылар. Ал, мына кісі  әлемдік деңгейде жұмыс жүргізіп, нұсқаулар беретін ең үлкен басшымыз. Барлығы ол кісіні «тақсыр» деп атайды.

Сәнімкүл: Астапралла! «Тақсыр» деп атайды дей ме? Сонда, Дастан.. әлгі.. лаңкестік..

Генерал: Ия, сіздің жер-көкке сиғызбай мақтап жүрген Дастаныңыз облыстағы нөмірі бірінші лаңкес болып шықты. Сонымен бірге оның осындағы діни сауатсыз жастарды үгіттеп, шет елге өткізіп жіберіп отырғаны да нақты деректер арқылы анықталды. Ал, оның түрін осы уақытқа дейін сізге де, басқаға да әдемі етіп көрсетіп келген бет пердесін балаңыз Нұркен сыпырып берді. Сондай-ақ, сол Дастанның сыбайластары мен үлкен басшысы туралы  нақты мәліметтерді де осы Нұркен секілді батыл жігіттің арқасында мына ноутбукке жазып алдық. Бірақ, біз әзірге мұның бәрін құпия ұстаймыз. Жоспарлаған операциямыз сәтті аяқталып, жеңіске қол жеткізген күні Нұркен секілді қазақтың батыр ұлын бүкіл әлем танитын болады. (Сәнімкүлге бұрылып) Мен енді сізге не болып не қойғанын, сауысқаннан да сақ, улы жыланнан да қауіпті Дастан секілді зымиянды қалай қақпанға түсіргеніміз туралы қысқаша айтып берейін. Жасыратыны жоқ. Дастан мен сіздің әдемі сөздеріңізге сеніп алданған Нұркен әдепкіде шет елге кетпек те болды. Егер, Омар секілді еліне шын берілген діни сауатты жігіт дер кезінде біліп, бізбен хабарласпағанда, істің бәрі тіпті басқаша болар еді.. Турасын айтқанда, балаңыз    жазықсыз жандардың қанын төгу үшін Сирияда арнайы дайындықтан өтіп жатар еді.

Ары қарай дауысы естілмей кетеді. Музыка фонында генерал қолын сілтеп ұзақ уақыт сөйлейді. Бәрін көзі бақырая, қайта-қайта басын шайқап өкіне тыңдаған Сәнімкүл сәлден соң өз кінәсін түсініп, қолын кеудесіне қойып иіле генералдан кешірім сұрайды. Генерал «олай етпеңіз» дегендей Сәнімкүлдің екі қолынан ұстап, тұрғызып, «кешірімді балаңыздан сұраңыз» дегендей Нұркенді меңзейді. Сәнімкүл Нұркеннің де алдына барып кешірім сұрай бергенде, ол Сәнімкүлді құшақтай алады. Сәнімкүл де Нұркенді құшақтап жылап жібереді. Сәлден соң генерал Сәнімкүл мен Нұркеннің қолын қысып, қайтуға жиналады. Сәнімкүл Нұркенге  «шығарып салып, біраз әңгімелесіп келемін» дегендей, генералмен бірге шығып кетеді.

Қуаныштан тасынған Нұркен екі қолын көтере секіріп түсіп, көрші бөлмеге кіріп кетеді.

                                            

                                           БЕСІНШІ КӨРІНІС

Арада біраз күндер өткен. Сәнімкүлдің үйі. Үстіне ұзын көйлек киіп, басын бүркей орамал тартқан Сәнімкүл ірі әріптермен намаз оқудың тәртібі жазылған парақтарды алдына қойып, намаз оқуға кіріскенде, есік қоңырауы қағылады. Ренжи  шығып кетеді де, Омарды ертіп келеді.

Сәнімкүл (шаттана) Амансың ба, балам. Кел-кел, жоғарылат! Келгенің қандай жақсы болды. Мен жазып берген сөздеріңнің бәрін жаттап алдым. Бірақ.. бірақ ұмытып қала беремін. Әсіресе мына бір жерлерін. Қәзір.. (Кете береді).

Омар (күліп) Апа, алдымен амандасып алайын. Өзіңіз де аман-есен шапқылап жүрсіз бе?

Сәнімкүл: Шүкір, шүкір! Құдайға шүкір, бәрі жақсы. Енді, жаңағы.. намаз туралы.. Балам, осы менің қолымнан келмей, сенің алдыңда ұятқа қалам ба деп қорқамын.

Омар: Апа, ұялатын, қорқатын еш нәрсесі жоқ. «Мұсылман болу әсте-әсте» деген. Сіздің нәпсі жетегінен шығып, бес фарыздың бірі-намазға амал жасап жатқаныңыздың өзі үлкен жеңіс.  Алла Тағала ниетіңізді қабыл етіп, әрбір жақсы  амалдарыңызға сауаптардан  жазсын.

Сәнімкүл: Әумин! (Бетін сипайды) Рахмет, балам, рахмет! Әйтеуір, Нұркен екеуіңе берген уәдемде тұрып, намаз оқуды үйреніп кетсем жақсы болар еді. (Мұңайып) Бір кездері баламның оқығанына қарсы бола бермей, өзім де қосылып оқып кеткенімде, бұлай.. бұлай аяғына жем түскен аттай кібіртіктеп отырмас едім ғой. Ол ол ма, мен оңбаған бір кездері аузыма келгенін оттап, сені де үйден қуып шықпадым  ба?

Омар (Сәнімкүлдің қолынан ұстап) Апа, қажеті жоқ. Сіз оның бәрін білместікпен істедіңіз. Енді міне, тәубеге келіп, сол жаман істеріңіз үшін қатты өкініп отырсыз. Ал, тәубеге келген пендесін, сондай-ақ  білместікпен жасалған күнәні Алла Тағала кешірмей қалмайды.

Сәнімкүл: А-а, солай ма? Сонда қайыры жоқ дүние-байлыққа құнығып, осыншама жамандық жасаған мені де Алла Тағала кешіре ме?

Омар: Апа, айттым ғой, Алла қаласа, бәрін де кешіреді. Құранда солай жазылған.

Сәнімкүл (кемсеңдеп) Әумин! Әумин! Айтқаның келсін, балам. (Серпіле) Ойбу, мен саған

шай қоюуды да ұмытып кетіппін ғой. Мен қәзір..

Омар: Апа, шайға әуре болмаңыз. Мен Нұркенге келіп едім. Үйде жоқ-ау деймін?

Сәнімкүл: Ол біраз уақыт бұрын ғана шығып кетіп еді. Келіп қалар. Күтсейші. Жақсылап шай ішейік. Намаз жайлы әңгімелесейік.

Омар: Ниетіңізге рахмет, апа. Бірақ, мен өте асығыс едім. Мешітке біраз жөндеу жұмысын жүргізсек деп едік. Соған, мешіт алқасы болып ақылдаса келіп, қалталы деген кейбір кісілерден қайырымдылық көмек сұрайық деген шешімге келгенбіз.

Сәнімкүл: Омар, балам, бұл ойларың өте жақсы екен. Нұркен өзі білер. Сендер рұқсат етсеңдер, мешітке  мен де өз үлесімді қосқым келеді.

Омар: Ол не дегеніңіз, апа? Алланың жердегі үйі барша мұсылманға ортақ. Кімде-кім Алланың разылығы үшін қандай да бір  жақсылық, қайырымдылық жасаса, Алла Тағала да оны өз нығыметіне бөлейді. Апа, сізге Алла разы болсын! Енді мен кетейін.

Сәнімкүл: Жақсы, айналайын! Өстіп жиі-жиі келіп тұр. Айтпақшы, жаңағы мешітке қосатын үлесімді.. әлгі, саяжайды сатып ем ғой. Соның ақшасын түгел мешітке берсем деймін.

Омар (толқи) Апа! Сізге не дерімді білмей тұрмын. Бұл.. бұл.. Алланың құдретінде тіптен шек жоқ екен-ау. Мен.. мен.. Сау болыңыз! (Көңілі босап, асыға шығып кетеді).

Сәнімкүл (Омардың соңынан қарап тұрып) Өзі өте жақсы бала. Нұркеніме осындай дос берген Аллаға ризамын! (Столдың үстіндегі телефоны алып көріп) Ойбу, бесін намазының уақыты да жақындап қалыпты ғой. Қой, мен оған дейін банкіге барып, жаңағы ақшаны әкеліп қояйын. (Асыға жайнамазды жинап, көрші бөлмеге кіріп кетеді де, көп ұзамай киініп, сөмке ұстап шығады. Есік қоңырауы қағылады) Нұркен келді-ау деймін. Келгені дұрыс болды ғой.

Шығып кетеді. «Келдің бе, балам? Мен бесін намазына дейін бір жерге барып келемін.Өзің шайыңды қойып іше бер» деген дауысы естіледі.

Көңілді кірген Нұркен диванға шалқалай отыра кетеді.

Нұркен (қолын желкесіне жастай шалқалай жатып) Сенің ерлігің туралы көп өтпей бүкіл әлем білетін болады деп Ахат аға тағы да айтты. Қызық! Мен бар болғаны.. бар болғаны.. Бірақ, ол туралы ешкімге айта алмаймын ғой. Тіпті, Айгүлге де.. (Есіктің қоңырауы қағылады) Бұл кім болды екен? Ахат аға болып жүрмесін. (Асыға шығып кетіп, Айгүл екеуі кіреді).

Айгүл (Нұркенге таңдана қарап) Нұркен, кейінгі кезде қабағың бір ашылмай қойып еді,

бүгін өте көңілдісің ғой.

Нұркен: Ия, Айгүл, бүгін мен шынында қатты қуанып тұрмын. Өйткені.. (Генералдың «Бірақ, естеріңізде болсын, біз әзірге мұның бәрін құпия ұстаймыз. Тіпті, Нұркеннің ерлігі туралы да әзірге жария етіп ешкімге айта алмаймыз» деген дауысы естіліп,  тоқтай қалады).

Айгүл: Неге тоқтап қалдың, Нұркен? Сенің қуанышың туралы менің де білуіме бола ма?

Нұркен: Неге болмасын, Айгүл. Ол.. енді.. сенің келгеніңе қатты қуанғаным ғой..

Айгүл: Онша түсінбедім. 2-3 күннен бері бір рет те хабарласпадың. Не боп қалды деп..

Нұркен: Бұртимашы, Айгүл, бүгін міне, кездестік қой.

Айгүл (бұртия) Ия, кездестік. Бірақ, бұл жолы да сен мені емес, қыз басыммен мен сені үйіңе іздеп келдім. Сөйтсем, сен өте көңілдісің. Ал, мен.. мен.. (Мұңға батып тұрып қалады).

Нұркен: Айым, саған не болды? (Жақындап Айгүлдің қолынан ұстайды).

Айгүл: Нүркен, кешеден бері қатты ойға батып жүрмін. Ой-мұңымды бөліспек болып  өзіңе телефон соғып едім, ала алмадым. Омарды іздеп барсам, ол да мешітке кетіп қалыпты. Содан, не болса ол болсын деп, саған қарай тарттым. Өзің де теледидардан көрген  шығарсың, кешегі сұмдық лаңкестік оқиғаны. Қандай қатыгез, қанқұмар малғұндар еді.. Бір-ақ күнде қаншама жан жазықсыздан-жазықсыз құрбан болды. (Жанары  жасқа толады).Нұркен, мен қатты қорқамын. Мұндай қасіретті, сұмдық оқиғалар біздің елге де мысық табандап жетіп қалған жоқ па? Сенің.. сенің әкең де өз елімізде  қызметін өтеу үстінде осындай лаңкестік оқиғаның құрбаны болған жоқ па? Өзге жазықсыз жандарды қорғап қалу үшін беліне жарылғыш байлаған жансызды денесімен жаба құлап, өзін құрбан еткен жоқ па? Мен қорқам, Нұркен..

Нұркен(Айгүлді бауырына тарта түсіп, сеніммен) Қорықпа, Айгүл. Мұндай лаңкестік оқиғалар енді елімізде де, тіпті басқа елдерде де ешқашан қайталанбайды. Мен мұны нық сеніммен айта аламын. Өйткені.. (Генералдың: «Бірақ, естеріңізде болсын, біз әзірге мұның бәрін құпия ұстаймыз. Тіпті, Нұркеннің ерлігі туралы да әзірге жария етіп ешкімге айта алмаймыз» деген дауысы естіліп, тоқтай қалады)

Айгүл: Тағы да тоқтап қалдың ғой, Нұркен. Сөзіңді екпіндеп бастайсың да, бірден басылып, үнсіз қаласың. Қазір де бәрін көзбен көріп, қолмен басқарып отырғандай нық сеніммен сөйлеп келдің де, кілт тоқтадың. Әлде, мені жұбата сөйлегенмен, сен де ел тыныштығын ойлап, қатты уайымдайсың ба? Дегенмен айтшы. Жаңа «мұндай оқиғалар енді елімізде де, тіпті басқа елдерде де ешқашан қайталанбайды» деп нық сеніммен айттың ғой.  Лайым солай болсын. Бірақ, бұлай нық сеніммен айту үшін қандай да бір нақты себеп болу керек қой. Ол қандай себеп екенін айтып, мені де қуандырғың келмейді ме, Нұркен?

Нұркен(ойланып) Ол ма? Ол.. ол.. Өйткені біздің елдің ауыз бірлік, ынтымағы өте күшті. Әрбір азаматы өз Отанын әке-шешесінен артық сүйеді. Ал, әке-шешесі өз перзенттерін аналық, әкелік махаббатпен сүйсе, перзенттері оларды балалық махаббатымен сүйеді. Сол сияқты, бозбала мен бойжеткен де бір-біріне сенім білдіріп, жүректерін ұсынып, кіршіксіз мөлдір махаббаттарының ләззатына бөленеді. Бірін-бірі риясыз сүйіп, жанын өртеген сағыныштың жалынын басады. Мысалға, мен секілді.. Міне, былай.. (Не айтып жатқанына түсінбей, өзіне аң-таң болып ауызы ашыла қарап тұрған Айгүлдің бетінен сүйіп алады да қаша жөнеледі).

Айгүл(қызарақтай ұялып, төмен қарап) Сен.. сен не істедің?  Мен қазір сені қуып жетем де, барлық шыныңды айтқызам... (Сықылықтай күліп, Нұркенді бөлмені айналдыра қуып жүреді. Осы кезде Сәнімкүл кіреді. Нұркен мен Айгүл оны байқамай, келесі бөлмеге өтіп кетеді).

Сәнімкүл (күліп) Баламысың деген. Ержеткен, бойжеткен екеуінің жүрісін қара шапқылап. Қонақтан ұят болатын болды-ау.. (Осы кезде  форма киген генерал Ахат Жасынбекұлы  кіреді).

Генерал (жан-жағына қарап) Біздің герой көрінбейді ғой.

Сәнімкүл (күліп) Герой дейсіз бе? Геройыңыз да көп ұзамай келіп қалар шаңдатып.

Осы кезде бірін-бірі қуалаған Нүркен мен Айгүл шығып,  Айгүл Нұркенді ұстап алады.

Айгүл: Қолға түстің бе, бәлем! Ал, енді айт. Не себепті қатты қуанып жүргеніңді. Жаңа ғана «мұндай лаңкестік оқиғалар енді елімізде де, тіпті басқа елдерде де ешқашан қайталанбайды»деп нық сеніммен айттың. Бұлай айтуыңның себебі не?

Генерал (Нұркен мен Айгүлге жақындап) Оның себебін мен айтайын.

Нұркен (енді ғана байқап, таңдана) Генерал мырза!?  (Тік тұра қалып, саусағын шекесіне апарып) Саулығыңызды тілеймін генерал мырза!

Айгүл (Нұркеннің қолын босатып, шегіне береді) Ге-ге, генерал!? Сә-сә, сәләматсыздар ма. Мен.. мен былай.. кешіріңіздер..

Генерал: Оқасы жоқ, қызым. Бәріміз де жас болғанбыз. Бәрі де орынды. Бірақ, бейбіт елге

қасырет-қайғы әкелетін қанқұмар, арам пиғылды лаңкестердің жолын дер кезінде кесіп, ерлік жасаған батырымыздың өзін  бүркітше бүріп жібердің ғой. 

Айгүл (түсінбей) Ерлік жасаған батыр? Нұркен сондай ерлік жасады ма?

Генерал: Жасағанда қандай, қызым.  Бірақ, бүгінге дейін сақтық жасап, оған ерлігі жайлы айтуға тыйым салып келдік. Ал, бүгін ол туралы тек біздің ел ғана емес, бүкіл ел естіп, оқып жатыр. Мен сол қуанышты хабарды сіздерге өз аузыммен жеткізіп, мына газетті өз қолыммен тапсырайын деп келдім. Міне, қызым, мына мақаланы оқып шықсаң, Нұркеннің шынымен де батыр екеніне көз жеткізесің. (Газетті Айгүлге береді). Еліміздің тұрақтылығы үшін жанын да аямайтын осындай батыр жігіттер көбейе берсін! Енді мен кетейін. Сау болыңыздар!

Сәнімкүл: Ия, сендер газетті оқи беріңдер. Мен генерал мырзаны шығарып сап келейін. Сонан соң бәріміз бірге отырып газетті тағы оқимыз. Баламның жеңісін жақсылап атап өтеміз.

Генерал екеуі шығып кетеді.

Айгүл (газеттегі мақаланы беріле оқып шығып, қолын бір сілтеп) Түк те емес. Кішкентай нәрсені сонша айғайлатып.. Мұны кез келген адам, тіпті мен де жасай аламын.

Нұркен (тіксіне) Айгүл, сен не дедің? Түк те емес дедің бе? Ия, ия.. мен де солай ойлаймын. Кішкентай нәрсені осынша дардайтып жазғаны шынымен де ұят болды..

Айгүл: Бірақ, бұл мақаланы оқыған оқырмандар, әсіресе сұлу қыздар енді өз ризашылықтарын білдіріп, сені бір қадам да жүргізбейтін болды. 

Нұркен (түсінбей) Айгүл, саған түсіне алар емеспін. Жаңа ғана бұл түк те емес деп едің, енді оқырмандар, сұлу қыздар ризашылықтарын білдіреді дейсің. Сонда, қалай білдіреді?

Айгүл: Айтайын ба? Бері жақындап, құлағыңды әкел. Міне, былай. (Жақын келген Нұркеннің бетінен сүйіп алып, сықылықтай күліп, қаша жөнеледі).

Нұркен (қызарақтай бетін сипалап) Қап, сен қызды ма! Қазір қуып жетем де.. (Айгүлді бөлменің ішінде қуалай жөнеледі. Айгүл сахнаның алдына келгенде ұстап алады да сүймек болады). Қолға түстің бе, бәлем! Енді сені аямаймын.

Айгүл (басын алып қашып) Тоқта, тоқта, Нұркен. Ұят болады.

Нұркен: Ұят болады? Кімнен?  

Айгүл: Жұрттан ұят болады. Қарасаңшы. (Көрермен жақты нұсқайды).

Нұркен: А-а.. кешіріңіздер.. ( Айгүлді құшағынан босатады).

Айгүл: Нұркен,  көрерменге ілтипат білдірейік.

Нұркен екеуі алға таман шығып, көрерменге иіліп ілтипат білдіреді. Олардың соңынан басқа әртістер де шығып, көрерменге иіліп іззет жасайды.

 

                                                        СОҢЫ

 

 

 

Жартайұлы 1959 жылы туылған. Түркістан облысы, Созақ ауданы, Шолаққорған ауылында тұрады. Ә.Молдағұлова атындағы ЖОМ директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. Ақын, сазгер, драматург. Драмалық шығармалары көптеген облыстық театрларда сахналанып келеді. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тел. 8 701 127 86 59, bayeke59mail.ru

 

 

                                                           

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған