Табылды ақынмен қайта табысу
-Жап есікті! Тездетіп жиналыңдар! Қаштық! –деп,кенеттен естілген
Гүлсімнің жан дауысы алаңсыз отырған біздің тұла бойымызды
шымырлатып жіберді.
Айнала нұрға бөленіп, ерекше сұлуланып, жер ана ұйқысынан енді оянған
көрікті бойжеткендей құлпырып, жас нәрестедей жаңарып, жан дүниеме
сөзбен айтып жеткізе алмайтын тылсым сезім сыйлап таң атып келеді.
Табиғат ананың саф ауасын рахаттана жұтып, дүниеге енді келген адамдай
айналама таңырқай қарап, тамсанып, қиялыма ерік беріп мен келемін.
Дұрысы, біз келе жатырмыз.Он бес орындық темір тұлпармен қара жолды
қақ жарып, меңіреу тыныштықты бұзып жүйткіп келеміз. Жүргізуші
жылдамдықты үдетіп қояды, үдеткен сайын қиялым да шарқ ұрып құстай
ұшады.Құстай ұшып келе жатқанымды қайтейін, жанымдағылар ұшпақ түгілі
қасқырдан қашқан қояндай үрпиісіп қалыпты.Көлік ішіндегілердің түрлері
өрт сөндіргендей үрейлі. Лезде ойымды жиып алдым. Көліктегілердің
барлығы да әріптестерім, театр әртістері. Түндегі оқиғаны есіме алдым.
Езуіме күлкі келді. Сырттан қараған адамға шынымен күлкілі едік.Оқиғаның
мән-жайы былай болды.
Ақтөбенің өрімдей жастары мен өнерді сүйем деген талантты
өнерпаздарынан құралған «Екі езу» сатира театры ат басын Атырау
облысының Мұқыр елді мекеніне тіреген болатын.Қазақстанның қай қаласын
қалай мақтасаң да артық емес-ау, сірә?! Олай дейтінім, гастрольдік іс-
сапармен неше түрлі қалаларды көріп жүргендіктен, туған жерімнің
кеңдігіне, халқымның дархандығына талай рет мақтанышпен көзім жеткен.
Сондай керемет те көркем қалалардың бірі Атырауға жолымыз түскеніне
іштей қуаныштымын. Сәті түссе, аузым толып айта жүретін аяулы азаматтың
бірі, қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовпен жүздесу ойымда.
Алқапты Атыраудың қай жеріне барсақ та, қонақжай қазағым қашанда
құшақ жайып қарсы алады. Жомарт халқым тағы да жомарттығын көрсетіп
барынша сыйлап жатыр. Осындайда төбем көкке жетіп, ерекше күй кешемін.
Өнерімізді халық бағалап, қолдап жатса біз бақытты емей кім бақытты?!
Жоспарымыздағы кешкі концертіміз ойдағыдай өтті. Көңіліміз тоқ.
Қалыптасқан дәстүр бойынша,іс-сапарға келушілердің саны көп
болғандықтан ауыл әкімі бізді екіге бөліп жайғастырды. Мәдениет үйі
директорының шаңырағына театрдың белді әртістері, бас администратор,
режиссер және мен келіп түссек, келесі үйге Гүлекең бастаған көлік
жүргізуші, билет тексеруші, сахна машинисті секілді театр қызметкерлері
барды. Гүлекең деп отырғаным, актриса – Гүлсім Қаратаева.
Біздің топта домбырамен ән салатын Хайдар Өтеғалиев деген қарт әншіміз
бар. Директордың жайған кең дастарханынан дәм татып, қою шәйді тартып
отырмыз. Хайдекең домбырасының құлағын бұрап отыр. Домбыраның
құлағын бұраған сайын әрқайсымыздың назарымыз әдемі әуенге бұрылып,
ерекше бетбұрыс күтудеміз. Біздің ойымызды оқып қойғандай:
-Ағай, бір ән салып беріңізші-деп, үй иесінің әйелі қолқа салды. Өнерді
түсінетін, халық алдында жүрген азаматтың келіншегі болғандықтан ба
екен,ән десе ерекше көңілі ауатынын байқап отырмын. Осы сөзді күтіп
отырғандай Хайдекең де:
-Жарайды, айналайын-деп, домбырасын шертіп-шертіп жіберді.
-Хайдеке, Мұхиттің әндерінен шырқап жібермейсіз бе?-деді, театр
әртісі Бекбол.
-Орындағанда түбін түсіремін-деп Хайдекең әнді бастап жіберді.
Шәйдің қызуы ма әлде басқаның қызуы ма білмеймін, Хайдекең тоқтар емес. Көмекейінің тығыны ашылып кеткен. Даланың кеңдігіндей паң дауысымен
үйдегілердің барлығын баурап алды. Барлығымыз Хайдекеңнің аузына қарап
қалғанбыз.
-Бір ағашта екі алма, менде алмайын сенде алма-дегенде, дастархан
басындағылардың арқасы қозып кетті. Ән дегенде жан бар ма?! Хайдекеңе
риза болып отырмыз.Бірақ, неге екені қайдам, Хайдекең осы әннің соңғы
шумағын былай қайырды:
-Екі ағашта бір алма, менде алмайын сенде алма – деді. Хайдекеңнің
әрбір сөзін міз бақпай аңдып отыратын Берік әннің ортасынан бір-ақ кесті.
-Хайдеке, екі ағашта қалайша бір алма болады? Мүмкін жарты алмадан
болатын шығар – деді. Әнді ұйып тыңдап отырғандар ду күлді. Үйдің иесі
ерекше толқып отырса керек. Маған қарап:
-Нұреке, біздің Атыраудың тумасы ақын Табылдыны танитын
боларсың?– деді сұраулы жүзбен.
- Әрине, әрине.Табылды Досымовты танымайтын қазақ бар ма? Оның әндері де, өлеңдері де, өзі де менің жансерігім, қуанғанда қуанышым, мұңайғанда
жұбанышым. Ондай азаматтарды танымау, әнін тыңдамау ұят қой! – дедім
құлағыма жылы есім естілгенге қуанып. Менің жауабыма риза болған үй
иесі:
-Бәрекелді, Нұреке! Өз өңіріңнің азаматтарын өзіңдей сыйлап жатса
бұдан асқан құрмет бар ма!? –деді арқамнан қағып.
Кеш әсерлі, әдемі өтіп жатты. Түнеріп түн де келді. Уақыт түнгі екіні таяп
қалды. Күндізгі шаршағанымыз енді біліне бастады. Төсек салынды.
Барлығымыз ұйқының қалың құшағына кіріп кеттік.
Ал, Гүлекең бастаған театрдың екінші жартысы бұл кезде не істеп жатыр
екен?...
Оларда үй иесінің дайындаған дәмді тағамдарынан тойып жеп,
тынығуға кіріскен. Бұл топта ылғи үндемейтіндер. Гүлсім сыртқа шығып
келіп, күлімсіреген күйі сүйінші сұрағандай:
-Ертең күн ашық болады, аспанда жұлдыздар жымыңдап тұр.
Жолымызда болатын шығар. Гастрольге шыққанымызға бір апта болыпты-
деді.Арасында мәдени жорыққа бірінші рет шыққан қыз-жігіттер бар. Ерекше
бірнәрсе күткен олардың қабақтары түсіңкі. Ұзақ жол мен үздіксіз
дайындыққа, шала ұйқыға үйренбегендер ғой. Кеудемізді ауылға деген
сағыныш кернеген біз үшін қаланың шаң-тозаңын жұтқаннан ауылдың май
шаңдағы артық екенін олар қайдан білсін... Қонақтарға төсек салынды.
Бастары жастыққа тиген бойда бәрі шырт ұйқыға кетті. Гүлсім аппақ
жастықты құшақтап түс көріп жатқан секілді, түсініксіз бірнәрселер айтып
жатыр. Көлік жүргізуші Жомарт шаршағаны сонша қорылға көшті. Тек үйдің
адамдары сыртта қыбырлап бірдеңе істеп жүр. Сәлден соң оларда
тынышталды. Ауылға тыныштық орнады. Арасында шәуілдеген иттердің
дауысы естіледі. Бірақ, бұл тыныштық ұзаққа созылған жоқ. Үйдің
тыныштығын мына айқай бұзды:
-Әй, кім бар үйде? Тірі жан бар ма? Шығыңдар бері!
Бейтаныс ер адамның даусын келесі бөлмеде жатқан жасы сексенді
алқымдаған әже ғана таныды. Түсім бе, өңім бе дегендей көзін біраз ашып
жатты да, жан-жағына қарап атып тұрды.
-Мәтөн, мынау Мәтөннің даусы ғой-деді ана жүрек бір қуанышты
сезгендей. Мәтөн деген осы үйдің тұңғышы, шаңырақ иесі. Екі иығына екі
кісі мінердей, еңгезердей қара жігіт. Бір өзі бір бұқаны оңай көтерердей.
Түрмеге шатылып кеткеніне бақандай он жыл болыпты. Содан оралған беті
екен.Сол Мәтөн төргі бөлмеге төніп тұр. Өзі түрмеден бостандыққа
шыққасын араққа сылқиып тойып алыпты. Орнында қисаңдап әзер тұр.
Жан-жағына алақтап қарап қояды. Ақырғанда үйдің қабырғалары
дірілдегендей болады.Көп адамды көріп таңырқап:
-Мынау кімдер? Менің үйімде неғып жатыр? –деп енді тұрып келе
жатқан келіншегіне айқайлады. Мәтөннің келгеніне не қуанарын, не
қуанбасын білмей аңтарылып қалған келіншегі қонақтардан ұялып:
-Мәтөн, тыныш, айқайлама! Сені ертең кешке келеді деп еді ғой. Аман
келдің бе? Бұлар театрдың әртістері, Ақтөбе қаласынан келді.
-Еее, әртістер дейсің бе? Дұрыс, дұрыс. Менің түрмеде әртіс
көрмегеніме көп болды.Қәне, тұрыңдар!-деп, шетте жатқан бір қонақтың
көрпесін күректей қолдарымен жұлып алып, келесі бөлмеге лақтырып
жіберді. Бұл сахна машинисті –Аманай еді. Екі қолын бұтына қысып,
аузынынан суы ағып, рахаттанып ұйықтап жатқан жерінен шошып оянды.
Гүлсімде айқай-шудан басын көтерді. Барлық қонақтар «бірдеңе болды ма»
дегендей ұйқыларынан амалсыз тұрып жатыр.
-Қатын, вечер жасаймыз. Дастарханды жай. Бүгін біздің үйде той! -деп,
Мәтөн бұйрық берді. Оның айтқанын тыңдамауға болмайды екен. Өзі сондай
мінезі қатаң, түрі адам сескенетіндей қорқынышты-ақ. Жұмыр жұдырығы
жалпиып кеткен. Төбеңді оятын шоқпар сияқты.Әзірге Мәтөннің үйінде түнгі
мерекелік дастархан жайыла бергенше, мен өзім жатқан келесі үйге орала
тұрайын...
Біз сол директордың үйінде қаз-қатар тізіліп жатырмыз. Хайдар
ағайдың түнде ұйқысырап айран іздейтін әдеті бар. Әсіресе, жаңа ай туғанда
төсегіне жатпайды. Гастрольде жүргенде түнеп жатқан үйінің сарайына дейін
кезіп кетеді. Сол әдетінше түн ортасында төсегінен тұрып, төргі бөлмеден
енді шыға бергенде, босағада жатқан мысықты аяғымен басып кетпесі бар
ма? Жаны ышқынған мысық баж ете қалды. Шошып кеткен Хайдекең
шалқасынан құлады. Құлап бара жатып есіктің жапқышына жабысты.
Салдыр-гүлдір дыбыстан үйдің иелері, сонан соң біздер ояндық. Жарықты
жағып қалғанда басына жапқыш орап ортада шоқиып Хайдекең отыр.
-Ойбай, көтек-деп,үйдің иелері қорқып кетті. Бәрімізде аң-таңбыз. Сол
кезде Хайдекең еш саспастан:
-Айналайын, үйде айран бар ма? Шөлдеп отырмын- деп, қойып қалды.
Хайдекең осылай айран сұрап отыра берсін.
Мәтөннің түрмеден оралу дастраханы дайын болыпты...
Түннің қақ ортасы. Дастарханның басында театр қызметкерлері
қалғып-мүлгіп отыр. Төрдің шетіне кішкене шағын сахна әзірленіпті.
Шамасы, Мәтөн концерт көргісі келіп тұр. Күректей қолдарымен тарс-тарс
еткізіп, қайта-қайта шапалақ ұрады. Екі езуі екі құлағында.
-Ал, менің құрметті қонақтарым хош келіпсіздер!-деп, бастады ол алғы
сөзін. Мәтөннің бір сұмдықты бастағалы тұрғанын сезген келіншегі:
-Ту, Мәтөн саған қанша рет айттым? Бұлар әртістер емес, нағыз
әртістер директордың үйінде.
Келіншегінің сөзіне құлақ асып жатқан Мәтөн жоқ. Бұрынғысынан
бетер қаһарына мініп алған.
-Қәне, кім ән айтады?
Үнсіздік. Қонақтарынан мұндай күтпеген ол ашуға көшті. Қолына дастархан
үстіндегі пышақты алып бар күшімен столдың үстіне қадады. Сол-ақ екен,
дастархан басында әннің әуені естілді.
-Түн жамылып ке-ле-міз, айсыз ашық аспааан-деп, Гүлсім бастап еді,
қалғандары ыңылдап қосыла жөнелді. Мәтөн арыстанша ақырып жұдырығын
түйген сайын жаңа бір ән айтылады. Сүйтіп, әннің қызығына түсіп отырғанда
Мәтөннің бұған дейін ішкені бар, қалғып кетеді. Қонақтар орындарынан
тұрып, аяқтарының ұшымен ақырындап сыртқа шықты да, келесі көшедегі
директордың үйіне келіп есік-терезені қақты.
Бұл кезде біздер манағы Хайдекеңнің оқиғасынан кейін енді көзіміз ілініп
бара жатқан еді. Тарсылдаған дауыстан қайта ояндық.
-Тұрыңдар, тез кетейік, түрмеден бір адам босап келіпті. Өзі сондай
қорқынышты. Әрең құтылдық- деп, Гүлсім жылармандай болып тұр.
-Мәтөн ба?- деді, мәдениет үйінің директоры Гүлсім айтқан адамды
бірден танып. Дауысы дірілдеп, екі көзі бақырайып шарасынан шығайын деп
тұр.
-Ол болса қайтеді?-деп, Хайдекең сасатын түрі жоқ.
-Ойбай, Мәтөн осында келсе бәрімізді қырады. Аман тұрғандарыңда
барлығың жиналып, тезірек қашып кетіңдер! – деп дырдай директор үрейі
ұшып біздің заттарды жинаса бастады. Содан не керек, түн ортасында
ұйқылы-ояу көлігімізге отырдық. Әбден әбігерге түстік. Мәдениет үйінің
директоры мен әйелі бізді қақпадан шығарып салып, келесі көшеге түскенше
артымыздан сыпырғышпен басқан іздерімізді сыпырып өшіріп жатты. Ауыл
Мәтөннан қатты қорқады екен. Негізі мұндай батырлар әрбір ауылда болады.
Міне, әңгімемнің басында айтқан қасқырдан қашқан қояндай үрпиісіп
ауылдан қашып келе жатқан басты себебіміз осы еді. Бұл кезде күн бозарып
таң да атты. Ауыл көрінбей артта қалды. Жаудан қашқандай жүректеріміз
орнына келді. Ендігі бағытымыз Қызылқоға ауданы, Миялы селосы.
Көлігіміз жүйткіп келеді. Күн шайдай ашық. Біздің көрген қорлығымыздан
хабары жоқ ол жымыңдап күліп қояды. Алыстан мұнай бұрғылап жатқан
мұнаралар байқалады. Бір кезде биікте ұшып жүрген бір топ қарлығаш төмен
қарай құлдилай жөнелді. Бұл ауа-райының жақсы белгісі емес. Айтқандай,
ашық аспанымызға лезде қара бұлт үйіріле бастады. Ал,Миялы селосына жол
әлі ұзақ.Біраз уақыттан соң көлігіміздің төбесі тырсылдай бастады. Жаңбыр
сіркіреп тұр. Атыраудың саз балшығы бір жабысса құтылу қиын.
Жаңбыр үдегенше Қызылқоға ауданының жылтыр құмына жету керек.
Өкінішке орай, жете алмадық. Нөсер жауын басталып та кетті. Саз балшық
иленіп, көліктің дөңгелегін айналдырмай тастады. Жолдың қақ ортасында
тұрып қалдық. Енді жаңбырдың басылып, жердің дегдігенін күтуіміз
керек.Таңертең оразамызды ашпай шыққасын ба, қарнымыз ашып барады.
Әртістер тіске басатын бірдеңе іздеп жатыр.
-Шіркін, майлы қуырдақ болса ғой... -деді Бекбол қарнын сипап. Ол
шөлге шыдаса да, аштыққа төзе алмайды.
-Қазаннан жаңа піскен ыстық бауырсаққа май жағып жесе ше?- деп,
Құралбек бәріміздің тәбетімізді ашты. Барлығымыз осылай армандап
жатып ұйықтап кетіппіз. Бір кезде гүрілдеген трактордың даусынан оянып
кеттік. Жаңбыр басылыпты. Жер кепкен. Кеш түсіп қалыпты. Жүргізуші
көлікті гүр еткізіп Миялыға тартты. Алыстан ауылдың жарығы жылтыңдай
бастады. Ұзаққа бармай жатып, көлігіміз екі-үш рет іркілді де, маторы өшті.
Жанармайы таусылып қалыпты. Қырсық қылғанда жол
бойы қасқырлар жайлы талай-талай әңгiменiң басын қайырып тастадық.
Түз тағысының адамдарға шапқаны туралы қорқынышты оқиғаларды жарыса
әңгiмелеп келген едік. Енді ауылға жанармайға баратын жүректі адам
ортамыздан табылмай тұр. Бәрі Мұқырдағы Мәтөннен қорқып қалған сияқты.
Бара жатқан ауылға дейiн он бес шақырымдай бар. Жаяу баруға тура келдi.
Кiм барады?! Айдала. Төңiректе жан жоқ. Әр жерде ойдым-ойдым су
жатыр. Жаңбырдан кейін күнде салқын. Ең қорқыныштысы, ана қырдың
астында тiсi ақсиған қасқыр бiздi тосып тұрғандай. Құтырынған қасқырдың
бейнесi көз алдымыздан кетер емес. Қиялдағы қасқыр шындыққа
айналғандай. Жаяу барып жанармай әкелуге ешкiмнiң батылы бармай тұр.
Үнсiз қалдық. Бiр сағаттай уақыт өткен соң ортамыздан бiр әртiсiмiз «мен
барамын» деп қол көтердi. «Арамыздан бiр батыл шықты-ау», – деп қуандық.
Сол жерде бәрiмiз жабылып жүрiп, оны көлiктегi заттармен қаруландырдық.
Аяғына сахналық етiк, екi қолын қасқыр тiстегенде тiсi батпасын деп,
үстiмiздегi киiм-кешекпен орадық. Бiр қолына күрек, бiр қолына лом, белiне
пышақ байлап, қалтасын темiр-терсекпен толтырып, көлiктен түсiрдiк.
Әбiгермен жүрiп атқа мiнген кiсiнiң келiп қалғанын байқамаппыз. Ол:
«Сендер ауылға концерт қоюға келе жатырсыңдар ма? Әлде жұртты
қорқытпақсыңдар ма?», – дейдi күлiп. Сөйтсек, «қасқыр тосып тұр» деген
қыр астында ауылдың қой, сиырлары жайылып жүр. Бiз көрмеппiз.
«Қорыққанға қос көрiнедi» деген осы екен ғой деп, бәрiмiз мәз болдық.
Сонымен, ауылдан жанармай әкеліп Миялы селосына түнде жеттік. Концерт
ертең кешке болады...
Миялы мәдениет үйі. Сахнада кешкілік болатын концерттің дайындығы
жүріп жатыр. Бір кезде театрдың ұйымдастырушысы, әрі әртісі Құралбек
ентігіп жүгіріп келді. Өз түкірігіне өзі шашалып сөйлей алмай тұр.
Өңі бозарып кеткен. Біреу алқымынан қысып жіберген сияқты.
-Нұрлыбек аға, сізді сыртта біреу шақырып тұр-деді.
-Кім?-деймін мен Құралбектің кескінінен қорқып.
-Бір адам- дейді ол одан бетер мені үрейлендіріп.
-Немене, соншама қорқып, ол не мас па?
Құралбектің ауылдық жерде ішімдік ішетіндердің қолына түсіп қалып әзер
құтылған күндері болды. Оның үстіне кешегі Мәтөн бар. «Мас адамнан
қорқып тұр ма» деп ішімнен ойлап қоямын.
-Жоқ, мас емес.
-Енді кім?
-Финполиция
-Ол не дейді сонда?
-Театрдың директоры қайда? Шақырып кел-деді маған. Құралбек
театрдың қаражатын жеп қойған адамдай аларып тұр.
-Қандай шаруамен келіп тұр екен, сұрап кел-деп, қайта жібердім.
Кейде басшылардың концертке шақыру билеті керек болған кезде, осындай
көрсететін қырлары бар. Солардың біреуі шығар деп шамаладым.
Бірақ, Құралбек көп айналмады. Қайтып келді.
-Сізді шақырып жатыр. Келмесеңіз концертті болдырмаймын дейді.
Әне, енді олар сүйтеді. Амал жоқ сыртқа шықтым. Мәдениет үйінің қақ
алдында мемлекеттік номер таққан «УАЗ» машинасы желге қарап тұр.
Көліктің қасына жақындап едім, ішінде көзіне қара көзілдірік, ақ көйлек
қызыл галстук таққан біреу шіреніп отыр.
-Отыр машинаға - деді қатқыл дауыспен. «Ее, не бүлдіріп қойдық
екен?» деген ой келді.
-Амансыз ба? Неге шақырдыңыз?-дедім.
-Шақырмасам келмейсің бе?
-Түсінбедім?
-Қазір түсінесің. Сатылып жатқан билеттердің сериясы дұрыс емес!-
деді дауысын одан бетер көтеріп.
-Оны кім айтты?–деп, шап ете қалдым.
-Сен жігіт көп сөйлейді екенсің! Кешке концерт болмайды, қазір акт
жасаймыз-деп, ақырып жіберді. Атынан ат үркетін лауазымды адам келіп
тұрғасын мұндайда түк айта алмай, кінәлі адам секілді үнсіз қалады екенсің.
Егер салғыласып тұрып алсам, шынымен, кесірі тиер деген оймен тыныш
отырдым.Оның үстіне барлық билет өтіп тұр.
-Енді не істеуім керек?-дедім, сыпайы түрде.
-Жиырма мың тенге айыппұл төлейсің – деді көзін көшеден алмай.
Қуанып кеттім. Жалма-жан төс қалтамнан әмиянымды алып, қып-қызыл бес
мыңдықтарды шытырлатып санадым да алдыңғы орындыққа қойдым. Сол
кезде ғана әлгі адам маған бұрылып қарады.
-Мені танып тұрсың ба?
-Жоқ, бірақ біреуге қатты ұқсайсыз.
-Кімге?
- Жан алғыш Әзірейілге-дедім қалжыңдап. Ол күліп жіберді де,
көзілдірігін шешті. Сөйтсем, сазгер-ақын Табылды Досымов
екен. Алданғанымды білдім. Жайсаң адам еді. Жарқылдап күлгені әлі күнге
дейін көз алдымда тұр.Екеуміз машинада біраз әңгімелестік. Көңілімнің
түкпірінде шер боп қатқан талай мұз жібіді. Ренішім мен күйінішім,
сүйінішім мен қайғымды айттым. Атырауға келгелі ойымда жүрген кездесу
еді. Шын көңіліммен қуанып қалдым.
2000 жылы Табылды ағамыздың үйінде дастарханнан дәм татып, өзі
басқарып отырған Индер ауданында концерт берген едік. Содан бері
бақандай он жыл уақыт өтіпті. Уақытқа кімнің шамасы жетер дейсің?! Алып
ақындар да, заңғар жазушылар да,бәрі де уақыттың дегеніне бағынып келді
емес пе?! Сол кездесуде Тәкең мені күзге таман гастрольдік сапармен
ауданға келуімді өтінген еді. Қу күйбең тірлік желкелеп жүргенде өне
бойымды шымырлатып қайғылы хабар келді. Тауым шағылып, өзенім
тартылғандай күй кештім. Өкінішке орай, жоспарлаған сапарымыз болмады.
Қазақтың тұңғыш бард, сазгер-ақыны Табылды Досымов сол жылы сұрықсыз
күздің суық қазанында барлығымыздың жүрегімізге ыстық сағыныш
қалдырып өмірден өткен еді.Табылды ақынның өзі айтқандай:
Оянбай қалам, бұл –шындық, ұрыспа, қарғам,
Шөлмек-тірліктің белгілі құлай сынары.
Гитарамды алып елеусіз бұрышта қалған,
Бауырыңа басып, егіліп жылайсың әлі – деп, жырлаған ағам шынымен де
оянбай қалды...