Қарқаралы батыры
Танысу
Қарқаралы қаласында тұратын апайым Ыбырайқызы Рахима Тойшыбек келіні бірде өзінің туған бауыры Ыбырайұлы Сембайдың үлкен фотосын беріп: «мынаған сен ие бол, жалғыз бауырым еді, Қарқаралының техникумын бітіргеннен кейін соғысқа кеткен, сол соғыстан қайтпады. Бұл кісіні бір білсе Аманбаев Сұлтан біледі. Сұлтан екеуі айырылыспайтын жан жолдас еді», - деген болатын. Сол сурет көп қағаздардың арасында жатып қалыпты. Бірде фотоны тауып алып, Сұлтан ағаның үйіне келдім де, суретті көрсетіп, ол кісінің өмір жолы туралы дерек сұрадым. Сұлтекең суретті көріп: «Қайран арысым-ай, суретің бар екен ғой», - деп Сембайдың фотосын бетіне басып тұрып, «балам сен бұл фотоны маған тастап кет, мен өзімнің қанды көйлек достарымның суреттерін жинастырып, музейге бергім келіп жүр, кейін келіп аларсың» деп суретті алып қалған болатын.
2009 жылы Сұлтекеңе амандасып, біраз әңгімелесіп, реті келсе, немере ағайымның фотосын алып кетейін деп, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қарқаралының батыры, ІІ және ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері, ұлағатты өмірі әркімге үлгі-өнеге болатын, Қарқаралы қаласының Құрметті азаматы, қолынан мөрі тамған өнерлі ағамыздың үйіне келдім. Таңертеңгілік мезгіл еді. Бәйбішесімен екеуі таңғы шайларын ішіп отыр екен.
- «Ассалаумағалейкум, аға»- деп сәлем бере кіріп барғанымда, 85-жасқа аяқ басқан ағамыз көзін жарықтан көлеңкелеп отырып: «Ағалейкумассәләм, балам, таныдым, таныдым, сен Сембайдың фотосына келген шығарсың», - деді. Сұлтан ағаның бір көрген адамын бір жыл өткеннен кейін жазбай танығанына, ол кісінің зеректігіне, таң қалдым. Шәй үстінде Сұлтекең фотомен қоса өзінің өмір жолы, соғыстағы қанды көйлек достарымен бірге түскен фотолары бар, олар туралы жазылған естеліктерін қоса беріп тұрып: «Мұнда менің көзімнің тірісінде жадымнан, ойға алсам көз алдымнан кетпейтін, азапты соғыс жылдарының табы және бірге жүрген жанқияр достарымның бейнелері бар. Мұндағы суреттерде менің барлық өмір жолым көрсетілген, онымен бірге мен саған бұрын айтылмаған әңгімелерімді айтайын, сен осылардың басын қосып әңгіме жаз, бұл менің саған аманатым» деп, шағын папканы қоса берді. Сұлтекеңнің өз ойында жүрген ойлары мен қоса, өзіне өте қымбат та қадірлі достарының қайталанбас бейнелері мен, жазған қағаздарын, маған сенім білдіріп беріп тұрғанының өзі мен үшін үлкен абырой, үлкен қуаныш еді. «Алла қаласа сеніміңізді ақтауға тырысамын, аға, сау болып тұрыңыз» - деп қоштасып, үлкен де жауапты жүк арқалап шығып кеттім.
Балалық шақ
Өтті ғасыр артында қалды жылдар,
Еске алуға сескенер сұсты жылдар.
«Елім-ай» лап зар кешкен сорлы қазақ,
Көрді ғой бұл ғасырда талай азап.
Автор
Мен 1925 жылы Қарқаралы уезі, Берікқара болысы,Семей губерниясында, Кәзіргі Қарқаралы ауданының Жамбыл атындағы совхозында дүниеге келіппін. Әкем Қожа Ахмет үш ағайынды екен. Екі үлкен ағасы Омар мен Аманбай - бәрі де өздерінің күн-көрістік орта шаруалары бар адамдар болатын. Әкемнің әкесі де үш ағайынды екен. Олар Ниқанбай, Сүйгенбай, Туғанбайлар бәрі де ел ортасында сыйлы, ауқатты, тілге шешен адамдар болған. Адам баласына қиянат жасамаған, елге озбырлығы жоқ, қайта шешілмей жүрген даулары болса көмектесіп, елдің қамқоршылары болып жүреді екен. Шешем Сәттібайқызы Рысбаланың руы Киікбай болады. Шешем де 3-4 жасында әке-шешесінен бірдей айырылып, жетім қалыпты. Өздері үш ағайынды екен, үлкен ағасы ертеректе қайтыс болыпты, ал кіші бауыры емшектегі кезінде көз жұмса керек. Таза жетім қалған шешем ағайындарының қолында жүрген. Есейіп бой жеткен кезінде әкеймен кездесіп отбасын құрған екен.
Ел арасында үлкен әкеміз Ниқанбайдың інісі Сүйгенбай жөнінде «Құнан өгіз беріп, елдің дауын сатып алған» деген сөз бар. Сонда бұл қылығы Сүйгенбайдың қайда жүрсе де дау-шар, пәле-жала іздегенінен емес, ол арғы бабаларынан келе жатқан тектіліктің бір болмысы. Сүгенбайдың да бойына біткен, қанына сіңген, озбырлыққа, кісімсіп, өзінің мықтылығын көрсеткісі келгендерге, қарапайым халықты менсінбей, оған өзінің күшін, билігін көрсетіп, зорлық жасағандарға қарсы тұра алатын, ел ішінде бойында ар мен ұяты бар, азаматқа біткен намысы мен қайраты бар, әдептілік пен әділеттілікті өзінің бойына ата-баба тегі арқылы қанына сіңірген азаматтардың да бар екенін көрсете отырып, оларды жәбірленушілерге жығып беріп отырады. Бұл да сол бір озбыр замандарда, ағашқа қарсы біткен бұтақтай, тіресіп, зорлықшылардың ойына алғанын істей беруіне қарсылық көрсете алатын бір күштің бар екенін білдіре білген, «Иттің иесісі болса, бөрінің тәңірісі бар» дегендей, жәбір көргендердің де қорғаны бар екенін білдірген ерен азамат еді. Бірде Сүйгенбай, осы Қара елінің малын Тобықтының ұрылары айдап кетіпті дегенді естиді. Елден хабар алғаннан кейін, шынында да, малдың айдалып кеткенін анықтап білгеннен соң, Тобықты еліне барып, сол кезде ел аузына ілігіп жүрген Құнанбайдың баласы Абайдың үйіне барады. Абайға сәлем беріп, келген бұйымтайларын айтып, ұрыларды мойындатып, ат-шапан айыбын алып, ұрланған малдарын айдап қайтқан екен. Батыраш-Қотыраштың да еліне барып, ұрыларын ұстап, оны айнытпас дәлелдерімен сөзге жығып, қолды болған елдің малын қайтарып алған.
Бір жолы ел аралап жүрген Сүйгенбай жаңадан сайланған ауылнайдың, үйінде мал сойғызып, өздерінің жеңістеріне ырза болып, жарыса сөйлеп, мәре-сәре болып жатқан елдің үстіне келіп, «Уа халқым, сендер жаңа тышқан жылқының боғына үймелеген қара шыбындай мынаның шәшбауын көтеріп, бұл күлсе өтірік болса да қоса күліп, айналасына үйіріліп қаптап отыр екенсіңдер, ал енді осыдан елге жақсылық болса жақсы ғой», - деген екен. Өйткені жаңа сайлаған ауылнайдың озбырлығы, арамдығы бар екенін ертеден білсе керек. Сол жаңа сайланған ауылнайдың ауылына бұрынырақ бір барғанында, бір үйден жалынып айқайлаған дауыс естиді. Жанына еріп келген кісілерін тоқтата тұрып, жаңағы жалынышты дауыс шыққан үйге таяп келіп, сырттағы елден мұнда не болып жатқанын білсе, сол ауылнай бір кедей шаруаны, шабармандарына ұстатып қойып, шырылдатып қамшымен ұрып жатыр екен. Кедей бейшара ауылнайға берешек болып, соны уақытында қайтарып бере алмай қалыпты. Кедейдің шырылдаған дауысын есігенде, зорлыққа жаны шыдамайтын Сүйгенбай, шылбырын жанындағы жігітке беріп, өзі аттан секіріп түсіп, киіз үйдің есігіне келсе, есікті іштен бекітіп алған екен. Ауылнайдың ісіне ыза болған Сүйгенбай киіз үйдің есігін иығымен қаттырақ итеріп қалғанда, есіктің күршегі ұшып кетеді де, есікті итере ашып кіріп келеді. Кірген бетте ауылнайдың қолындағы қамшысын жұлып алады да, өзін өз қамшысымен бір тартып, «Оңбаған, жақсыдан болыс сайласаң аузыңды май етеді, жаманнан болыс сайласаң ауызыңды қан етеді» деген. Мына бейшараны осынша шырылдатпасаң нең кетеді?»-деп ауылнайды жанындағы көмекшілерімен қоса байлап жеке үйге қаматып тастапты. Үш күннен кейін, екінші ешкімге бейсауат тимеймін деген антын алып босатқан екен.
Баяғыда Шорманның Мұстафасы да озбыр мінезді, өр кеудесі басылмаған, ешкімнен беті қайтпаған кезі болса керек. Қарқаралыдағы Бекметов Қалиолла байдың көк төбелі үйінде қонақта отырғанда, Қалиолланың күйеу баласы Ақбайдың Жақыбымен сөзге келісіп қалады. Мұстафа өзінің басынан сөз асырмаған озбырлығына басып, төрдегі отырған орнынан атып тұрып, ширақ адымдай басып барып, анадай жерде ілулі тұрған қамшысын ала салып, Жақыпты тартып жіберіпті. Жақып бұл жерде бірден өзінің атасының үйінде шу шығарып елдің реңін бұзғысы келмей және ол сияқты адыраңдаған даланың өктем байының баласы емес, көзі ашық оқығаны бар мәдениеттілігін көрсетіп, ызасын ішіне бүгіп, Мұстафаға ызбарлана бір қарайды да, әріге бармай үйден шығып кетеді.
Мұстафаның әкесі Шорман Баянауыл жақтағы Төртуыл руының атына көшірілген елдегі Айдабол, Қаржас, Малай-жәдігер, Орманшы, Күлік, Қозған, Қақсал, Ақбура, Қаблан, Қалқаман, Тұлпар, барлығы 9200 үй Шоңның елін ашса алақанында жұмса жұдырығында ұстаған адам болған. Ертеде Қарқаралыда, төреден Бөкейханның немересі Тұрсын Шыңғысұлын (Жамантай) аға сұлтандыққа, заседательдігіне Үлдебай Өртауов пен шекшек Жаманбай Нұралинді, ел-елдерге болыс, старшындар сайлаған жиында өзінің бұл сайлаудан тыс қалғанына намыстанып, Төртуылды бастап келген Шоң мен Шормандар патшаға ант беруге қатыспай, «Енді бізді төре сайлаған жерден көрмейтін боласыңдар», - деп, топ ішінен шығып кеткен болатын. Осыдан кейін Шоң мен Шорманның төремен сыйыспайтынын сезген, ел арасында жанжал болып кетпеуін ойлаған Дуан бастығы полковник Броновский Баянауылдан жеке дуан ашып, Едігенің Шоңын аға сұлтандыққа, Шорманды кандидаттыққа бекіткен болатын. «Жаманнан жесең бір қамшы, ол сүйегіңе жетпес пе» деп Мөңке би айтқандай, өркөкірек байдың баласы, осы Шорманның ұлы Мұстафадан өшін ала алмай күйінген Жақып бұдан есесін қайтару бір келсе Сүйгенбайдың қолынан келер деп, Сүйгенбайдың ауылына атпен кісі шаптырады. Ел шетіне жау келсе, халық үстіне дау келсе, жамандайын жалтаңдап, ер жігіт қарап тұрар ма? дегендей, Шорманның Мұстафасы Жақыпты ұрып кетіпті дегенін естігенде, оның озбырлығына шыдай алмай, іштей күйініп, ауылдас ағайынның кеткен есесін қайтару үшін Сүйгенбай атқа мініп, жанына сенімді жігіттерін ертіп алып, түнімен суыт жүріп отырып, күн көтеріле Қарқаралыға келеді. Келсе Қалиолла байдың көк төбелі үйінің есігінің алдында Мұстафа паңдана басып пәуескеге мініп, кеткелі жатыр екен. Айналасында атақты байдың баласын шығарып салып тұрған Қарқаралының игі жақсылары мен Қалиолла байдың туыстары. Сүйгенбай қасындағы 7-8 жігіттерден бөлініп шығып, бірден топталып тұрған елдің дәл ортасына келеді де, атының тізгінін тартып тоқтатқанда, Сүйгенбайдың астындағы аты да өзіне сай екен, иесісінің басқа елден үстемдігін көрсеткісі келгендей шаршап келсе де алдыңғы екі аяғын тік көтеріп қасқайып тұра қалған екен. Мына бір тосын жағдайға елдің бәрінің назары Мұстафаны тастап өзіне қарай бұрылған кезде, Сүйгенбай өзінің ашуланған кезде шығатын бүркіттің ащы шаңқылындай қатты дауысымен «Ей, Мұстафа, қайтар, қане, алған ақшаңды,» -деп зілдене айқай салады.
Өзінің атын атап айқайлаған дауыс шыққан жаққа жалт бұрылып қарағанда, ат үстінде тұрған адамды көреді де, бұл кім болды екен деп, Мұстафа бір жағы таңырқай, бір жағы озбыр мінезіне басып, кім де болсаң көріп алайын, деген өрлікпен түсін суытып, «Кімсің-ей, сен, не сандалып түрсың, қайдағы ақша?» деп пәуескеден түсіп, кім екенін анықтап көрейінші деген адамдай жанына таяғанда, Сүйгенбай қолындағы қамшысымен оның басынан екі рет тартып-тартып жіберіп, «Жарайды, бермей-ақ қой, сол ақшаны сен-ақ ал» деп бұрылып кетіп қалыпты. Алғашқыда өзіне дәті барып, қамшы көтереді деп ойламаған Мұстафа, екінші қамшаны дарытпас үшін екі қолымен басын көлегейлей отырып кейін қарай шегініпті. Бірақ шапшаң қимылдаған Сүйгенбайдың екінші қамшысы да жон арқадан оңбай тиген. Жағдайдың шиеленісіп бара жатқанын сезген, өздерімен қоса тұрғандардың біреулері, «Өй, мынау қайтеді-ей» деп, Сүйгенбайдың астындағы атын үркітіп жатса, екінші біреулері соққы тиген Мұстафаны қорғаштай сүйреп бара жатты. Қала жақсыларының алдында ұятты болған Мұстафа, осы тосын оқиғаның бір ұшы кешегі өзі жәбірлеген Ақбайдың Жақыбында жатқанын бірден сезген екен. Бірақ бұл жерде Жақып жоқ еді.
Мұстафа қолында билік, байлық та бола тұра, неге шағымданбады, Сүйгенбай деген кім?
Бөргөз жетінші ата, шын аты Тілеуберген екен. Ол кісі Жоңғарлармен соғысып, оларды Алатаудан асырған батырлардың бірі болып саналады. Аңызда жоңғарлар, қазақтардың бас қосып, қарсы шыққан шабуылына шыдай алмай, жеңіліп қашып бара жатқанда, Алатаудың тар шатқалынан өтіп келе жатқан Бөргөз жасағына, таудың басында тұрған жоңғарлар, алдын ала дайындап қойған үлкен-үлкен тастарын домалатып жібереді. Бөргөз сол жерде басына тас тиіп қаза тапқан екен де, сол жерге тау ішіне жерленіпті. Қазір Қырғыз Алатауында Бөргөз асуы деген үлкен асу бар дейді.
Сонда руымыз Қараның ішінде Бөргөз болады. Аталарымыз Қожас-Бекбас-Бөргөз-Найманбай-Мейрам- Ниханбай-Қожа-Ахмет-Сұлтан, міне үлкен аталарымыздың айтуы бойынша біздің аталарымыз осылай өрбиді. Аталарымыз ешкімге жалданбаған, орта шаруасы болған адамдар екен.
Бірде тау арасындағы ауылға патшаның жарлығымен қазақ жеріне келген қарулы мұжықтар, шұрайлы жер іздеп, Сарыарқаға, осы біздің жаққа келеді де, ауылды ойрандап, мылтық атып, елді қорқытып, қолға түскен малдарын сойып алып, күш көрсетіп, бір жағы ауылдың аңқау қазағын мазақ етіп жатқаны туралы хабар Сүйгенбайға жетеді. Бұл кезде қазақтың жеріне келген отарлаушы орыс патшасы, елдің шұрайлы жерлерін зорлықпен тартып алып, өздерін құнарлылығы төмен, шөбі аз жерлерге қуып, өз жерлері үшін өздеріне салық салған кез еді. Халық та әр түрлі әрекеттер жасағанымен, төреден қойған билер елді басынып, бөлшектеп, біріне-бірін айдап салып, заңсыз әлімжеттік жасап, «бергенін қолынан, бермегенін жолынан» деген озбыр саясатпен, елдің малы мен жерін барымталап, неше түрлі сылтаумен тартып алып жатты. Халықтың да бір жағы өздерінің болыс билерінен, екінші жағы орыс патшасының жарылқауымен жөнсіз кеткен мұжықтарынан жапа шегіп жүрген кезі еді. Халық ішіндегі кеудесінде жаны, намысы бар азаматтардың кеудесін ыза кернегенмен, істерге лажы жоқ, іштен тынып, патша билігінің озбырлығына еріксіз шыдап күйзелісте жүрген. Мына хабарды естіген Сүйгенбай үйінде отырып, патшаны арқа тұтқандардың әділетсіздігіне шыдап жата алмай, атына мініп, жалғыз өзі мұжықтар жаулап жатқан ауылға келеді. Бұлар негізі сол кездегі патшаның жаулаушы әскеріне айналған казактар. Олардың шаштарының қаралығына қарай қазақтар, қара орыс деп, ал шаштары сарыларын сары орыс деп атайды. Келсе қарындары тойған, жандары жайлау, «әй» дер әже, «қой» дер қожа жоқ, елді әбден басынған мұжықтар қаннен-қаперсіз бір үйді жайлап ұйықтап жатқан үстінен түседі. Сол жерде Сүлеймен ауылдағы жігіттердің ішінен әлділерін жинап, мұжықтар жатқан үйге келеді де, жатқан жерлерінде қол аяқтарын байлап, қөздерін таңып, қаруын, ат-көліктерін тартып алады. Мұжықтардың мініп келген көліктеріне өздерін отырғызып, екі түн жүріп Қоңырат жаққа, иесіз тауға апарып байлап тастайды. Аттарын елге сойып беріп, арба мылтықтарын тауға жасырып, ешбір белгі қалдырмай, айғақ болар нәрсенің бәрін жойып, көрген елге, бала-шағаға ауыздарыңнан тіс жарып ештеңе айтушы болмаңдар. Іздеп келгендер болса «Мұжықтар сендерге келді, ойран салып кетіп қалды. Қайда кеткенін білмейсіңдер, кім сұраса да айтар сөздерің осы болсын» деп қатты тапсырады. Сөйтіп елді озбыр мұжықтардан құтқарған екен. Міне, бұл халық ішіндегі елге жанашыр болған, ел аузында жақсы істерімен өзінің батыр бейнесін бейнелеген, өтімді ісімен, шешен тілімен елдің қорғаны болған Сүйгенбайдың бір әрекеті. Кейіннен еш хабар болмай кеткен мұжықтарды іздеуге солдаттар шығады, бірақ ешқандай дерек таба алмайды.
Жамантай төре Қарқаралыда аға сұлтан болып тұрған кезінде, Қара шордың ішінде руы Бөргөз Сүйгенбай қажыны өте қадірлеп, аса құрметпен сыйлап, ол кісінің сөзіне құлақ қойып отырады екен. Бірде Жамантайдан ағаттық болып, Жарлы өзенінің жайлауынан шала қазақтарды ығыстырып, орныққан жерлерінен қуып жіберіпті. Кейіннен Қоянды жәрмеңкесінде халық көп жиналған бір жиында, ел қадырлысы Машан би Жамантайдың көзінше, Сүйгенбай қажыға қарап:
- Қажеке, қабырғадан қар жауса, атан сүйрер дөңбекті. Ел шетіне сөз келсе, билер көрер бейнетті, - демекші, қарапайым халықтың жоғын жоқтап сөзін сөйлейтін сіз бен біз сияқты, арқа сүйер адамдары болмаса, елдің мұңын шағатын, жандары күйзеліп, іштегі кектері қара қазандай қайнағанымен, олардың сөзін тыңдайтын, сүрінгенде сүйенетіні де болмай қалады емес пе? Баяғыда Айдаболдың Торайғыры айтқан екен. «Қара жерді жамандама, кіретұғын көріңді. Қауым жұртты жамандама, көп табады мініңді. Білгендерді жамандама, басшы болар піріңді»- деген екен. Мен мына бүгінде бүкіл Қарқаралы дуанының аға сұлтаны болып тұрған Жамантайды сізге жамандайын деп отырған жоқпын, елдің Жамантайдан көрген қиянатын айтайын деп тұрмын. Бүгінде бір дуан елдің орталығына айналған Қарқаралы маңындағы Жарлы өзенінің бойын неше жылдан бері шағын ел, шала қазақтар жаз жайлап жүруші еді. Бергені көп болды ма, әлде біреулердің сөзіне ерді ме екен, білмеймін, әйтеуір, соларды Жамантай төре жайлап отырған орныққан жерлерінен қуып шығыпты, осыған не айтасыз?- дейді. Сонда Сүйгенбай елге қиянат істеген адамға деген жеккөрінішті қалпымен және ешкімге бетің бар, жүзің бар демей еркін сөйлейтін әдетіне басып, айбарлы түрімен Жамантай төреге қарап; Халық даналығы, «бақаны алтын таққа отырғызсаң да, батпағын көрсе қарғып түседі» деген ғой, тәрізі аға сұлтаннан бір ағаттық кеткен екен. Ақылы бар азамат емес пе орнына келтірер-депті. Мұны естіген Жамантай қап-қара болып түтігіп; «Айғырдың арыны кетсе де, қырыны кетпейді деуші еді. Сен, құл қазақ, бұл дүниеден қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өтерсің-ау, тегі», - деп тоқтаған екен.
Ақжан әл-Машанидің «Әл-Фараби көпірі» кітабындағы профессор Шамшиден Абдраманның жазуынша, Машан бидің кіші келіні, Жақсыбегінің келіншегі, Ғайшаның төркіні тобықты екен. Содан да Құнанбай қажымен үзеңгілес, құда-жекжаттығы бар, ел арасында өзінің ұлтжандылығымен халықтың тірегіне айналған адам еді. Жаңағы Машанның кіші ұлы Жақсыбектен туған Ақжан асылдың сынығы, тұлпардың тұяғындай болған асыл туған азаматтың, Отырар тумасы Орта Азия ғалымдарының ішіндегі ең ғұламасы, ұстаздардың ішінде, екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің қазақ екенін дәлелдеп, ол кісінің Құран аяттары тектен-тек жазыла салған сөз емес, аса құнды ғылыми кітап екенін, және сол аяттарды және Мекедегі қасиетті Қағбаның құрылысын, темірқазық жұлдызының мағынасын, жаратылыс заңдары мен математикалық тұрғыдан бір жүйеде екендігін дәлелдеген еңбегін жарыққа шығаруының өзі неге тұрады? Әл-Фарабидің Отырардан шыққан қыпшақ тумасы екенін дәлелдеп өзбектерге бермей талай ғасырдан кейін өз ұрпағымен қауыштыруы, бүкіл қазақ елі үшін теңдесі жоқ үлкен жетістік.
/Ел аузынан/. Ертеде Қарқаралы дуанына аға сұлтандыққа Құсбек төре мен Жамантай (Тұрсын) төрелердің кандидатурасы бірдей ұсынылған екен. Аға сұлтандыққа нақты біреуін бекіту уезд орталығы Семейдегі губернатор мен билердің билігінде болған. Қайсысын бекітетіні белгісіз болғандықтан, Семейге Құсбек төре мен Жамантай төре екеуі де бірге барады. Құсбек төренің келіскен адамдары, не «бергені» мықты болды ма, бекісем сол жақта тойлаймын деп, жанына бірнеше болыс билерді ерте барыпты. Жамантай төре жанына жалғыз Машан биді ғана ертіп алған екен. Семейге барғаннан кейін, губернатор мен оның жанындағыларға өздерінің келгендерін білдіріп, хабар тосып жата береді. Осы кезде Машан би ішім ауырып тұр деп, ешкімге сездірмей, елден бөлініп қайта-қайта кетіп қала береді екен. Аға сұлтанды бекіту мерзімі кешігеді. Тосып жатқандардан маза кете бастайды. Бір күні губернатордың жарлығын жариялау үшін келгендердің бәрін губернатор кеңсесіне жинайды. Мазасыздана тосып отырған елдің алдына губернатордың хатшысы шығып, жарлықты оқып, Қарқаралы дуанының аға сұлтандығына Жамантай төренің бекітілгенін хабарлайды. Сонда Құсбек төре: «Ә, бұл Машан бидің іші тегін аурмаған екен» депті. Міне осы Машан бидің үйінде Құнанбай қажы да өте жақсы сыйласып, Қарқаралыға мешіт салған жылы ерулеп Машан бидің үйінде жатады екен. Құсбек пен Жамантай төре де Машан биді іш тартып оның адалдығына, әділдігіне орай, ілтипатпен «Машекем» деп атап, елге үлгі өнеге еткен. Жамантай төре Машан би дүние салды дегенді естігенде, күңіреніп «Машан, Машандай ұл туғанша қашан» деуі де Машан бидің ел ортасындағы, ел билеген төрелердің алдындағы беделінің өте жоғары болғанын көрсетеді.
Мейірманның балалары Ниқанбай тілсіз шешен болса, Сүйгенбай тілді шешен еді, деп отырады екен үлкендер. Осы әрекеттеріне қарағанда Сүйгенбай еліне қорған, жалшы- жабықайлардың жақтаушысы болған, қиянат көргендердің кек қайтарушысы, сыртқы ел айбынынан, ащы болсада орнымен тауып, және ақиқатымен сөйлейтін тілінен сескенетін, өз ортасында ірі тұлға болған адам. Ал ақиқаттан зорлықшылар, бойында арамдығы басым елді алдап кеткісі келіп тұратын адамдар ғана сескенеді. Сондықтан да қарапайым халық Сүйгенбай, Машан сияқты адамдарды пір тұтқан, жапа шеккенде сондай адамдарды өздеріне пана көріп, олардың көмегіне сүйенген. Мұндай адамдар болмаса ел іші не болып кетер еді.
Мен біткен ойпаң жерде аласа ағаш,
Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.
Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі,
Пайдалан шаруаңа ал, жараса Алаш.
- деп Міржақып Дулат айтқандай, елдің қамын ойлаған, саналы ғұмырларын жақсы істерге арнаған адамдар.
Сүйгенбайдың осындай ерлікке бергісіз істері мен тиген жерін іреп түсетін орынды сөздері бар, адамгершілігі мықты, елдің алдына шығып сөйлей алатын, жақсы татымды сұлу сөздері бар, ел намысын өркөкірек ақымақтардың аяғына таптатпайтын білгеннен кейін, Жақып ол кісіден көмек сұраған екен. Сүйгенбай сияқты адамдардың ерлігі өлшеусіз ерліктер. Мұндай адамдарды ел арасында ешқашан ұмытпай, олардың жағымды істерін аңыз етіп айтып жүреді. Қазақ қашанда Сүйгенбай сияқты ел арасынан шыққан, өз ерлерін суреттегенде басқа елдің бір батырларымен салыстырып жатады. Ал осы кісілердің ерлігі мен өрлігі, бір елдің батыры болып жүрген, бір кітаптың кейіпкері болып жүрген Робин Гудтан несі кем. Қайта артық болмаса. Уақыт өте келе қағаз бетіне түспесе, өткеннің бәрі ел жадынан ұмытылып қалады. Кейде біреудің жанашырлық үшін істеген жақсы ісін, екінші біреу өзіне зорлық жасалды деп есептейді де, ол көпке сол мағынада тарап кетуі де мүмкін. Сондықтан да жақсы адамдардың ұлағатты істерін дәлелдеп, оны елі қадірлеп, аттарын мәңгі елдің есінде қалатындай дәрежеге көтерсе, елін сыйлаған ердің аруағы ырза болар еді. «Қадырын елі білмесе, қайратты туған ер ғаріп» - деген емес пе. Ендеше Сүйгенбайдай орақ ауызды ерлердің ісін әлі де болса тереңірек зерттеп, атын аңызға айналдырса нұр үстіне нұр болар еді.
Сүйгенбайдың бейіті Қайнарбұлақ ауылында, Аппаз селосынан Қызыларайға қарай шыға берісінде, жамбылдықтар «Шампан бұлақ» деп атайтын жердің жоғарғы жағында тұр.
Мұстафа Сүйгенбайдың осындай айбынды әрекеттерін білгендіктен, бүкіл қалың қараның ішіне сыйлы, кімге де болса, сес көрсете білетін, өзіне қарсы тұра алатын адам болғандығынан, одан сескенсе керек.
Ашаршылық
Менің нағыз балдәурен балалық жастық шағым ашаршылық жылдарына дәл келді. Біздің сорымызға қарай, үкімет елдің қолындағы малдарын тартып алып, жаппай коллективтендіру саясатын жүзеге асырамыз деп асыра сілтеудің небір сорақы түрлерін басшылыққа алып, Голощекин бастаған топас, көз алдарынан басқаны көре білмейтін шолақ белсенділердің лаңынан қазақ халқы аса бейшаралықпен, ішер ас пен киер киімге жарымай, қынадай қырылап жатқан кезі еді.
1931 жылы біздің үй Қарқаралы ауданының Милыбұлақ елді мекеніне таяу Шымылдық тауының етегінде қыстауда болды. Шіліктің басында үлкен бұлақ, екі қабағы екі ауыл болатын, жоғарғысы Ниханбайдың ауылы, төменгісі Сүйгенбайдың ауылы. Біз ағайынды екі ауылдың балалары осы бұлақтың жоғарғы жағындағы төбенің етегіне жаздың күні жиналып асыр салып ойнап, тау-тасты кезіп, небір қызықты күндерімізді өткізуші едік. Ауылда ересек балалар тай үйретіп, біз сияқты ұсақ балалар тал шыбықты астымызға ат қылып мініп алып шапқылап, асыр салып, қозы-лақты қуалаған күндер-ай! Шіркін, сол күндер ел басына түскен ауыр бейнеттен кейін ауыл баласының есінен кетпес сағынышты күндеріне айналды. Сол бір қызығы таусылмас балалық шағымыз, не асыр салып ойнай алмайтын, не қарның тойып тамақ іше алмайтын, не әке-шешенің мейіріміне қана алмайтын, қуанышынан соры басым болған күндерге айналды. Әкемнің үлкен ағасы Омар Қарағандыға барып, шахтаға түсіп, жұмыс істемек болып, үй-ішімен түгел сонда көшіп кеткен. Біздің үй мен әкемнің ағасы Аманбайдың үйлері осы қыстауда қалдық. Әкем ұзын бойлы, сыптығырдай денесі тығыз, әлді адам болатын және қашанда белдігіндегі қалың белбеуіне қоса бекітілген қынабындағы қанжарымен, қайыңның түбірінен жонып істеп алған, ұстауға өте ыңғайлы кішірек шоқпарын қайда жүрсе де белінен тастамайтын. Бұлары ол кісіні сырттан көрген адамға айбар беретін. Үйде бір айғыр мен, бір бие бар. Қолда қалған мал осы ғана, мұның өзі дәл сол кез үшін үлкен байлық болатын. Әкем таңертең ерте малды жетелеп алып кетіп, күні бойы жайып келеді де, түнде өзі солардың жанында түнейді. Осылай өзімізбен-өзіміз күн көріп отырғанда, бір күні ауылға иықтарына мылтық асынған жасақтарын ертіп, белсенділер келді. Бұл кездерде ел көп жүре бермейтін. Содан болар, бұлар кімдер болды екен деген оймен бәріміз үйден жүгіріп есік алдына шықтық. Олар аттарынан түсе салысымен бізге келіп: «Қожа Ахмет үйде ме? Қане бар болса шақырып шық!» деді зілдене сөйлеп. Жүгіріп үйге кірдім де «Әке, сізді мылтық асынған біреулер шақырып тұр», -дедім». Әкем қанжары бар белдігін беліне байлап, шоқпарын беліне қыстырып үстіне жеңіл шапанын киіп сыртқа шықты да қатулы қабағымен сырттағыларға барып қазақы дәстүр мен сыпайы ғана:
-Иә, жолдарыңыз болсын, - деді. Келгендердің ішіндегі сірә, бастығы болар:
- Қожа Ахмет, біз сенен жол сұрап келген жоқпыз, салыққа ет пен астық жинап жүрген үкіметтің адамдарымыз. Қазір тексеру жүргіземіз, сендер осы уақытқа дейін аштан өліп қалмай қалай күн көріп отырсыңдар, сендердің тыққан астықтарың бар шығар? Қане, оны сен өз қолыңмен бер, әйтпесе тінтеміз.Тапсақ, астығыңды аламыз, таппасақ малдарыңды аламыз, - деді де жан-жаққа бөлініп көр-жерді тіміскілеп тінтіп, үй-жай, қора-қопсының бәрін қопарып, астаң-кестеңін шығарды. Сонда іздейтіндері астық пен ет. «Сендер аштан өлмей қалай күн көріп отырсыңдар, сендердің тыққан астықтарың бар», - деп қиғылық салады. Тығынды ештеңе таба алмағаннан кейін, қорада тұрған айғыр мен биеге жармасады, оны зорлықпен алғысы келеді. Сонда әкем: «Малды әкетсең, біз әйтеуір өлеміз, сондықтан аштан өлгенше сендердің қолдарыңнан өлсін. Осы ауылдағы мына 7-8 жанды өлтір де, содан кейін маған кел, ал мен өліспей беріспеймін, бұларды да сендерге өлтіртпеймін. Мықты болсаң кел, қане», - деп бір қолына қанжарын, екінші қолына шоқпарын ұстап қарсы шығатын. Олар әкеме «бұл үкіметтің саясаты, біз осы үшін жүрміз, егер сенен бұл малды алмасақ бізді жазалайды, ал өз бетіңмен бермесең, сені үкіметке қарсы, халық жауы деп соттап жібереді, ал енді таңдауын өзің айт» дейді. Анам Рысбала мен ағам Аманбай, әкеме «Қожа Ахмет, қайтесің бұлармен алысып, бер де құтыл. Бұлардың қолында күш пен билік бар, оларға шамаң келмейді, мылтығың бар ғой, аң аулап та бірдеме етіп күнімізді көрерміз, жаратқан құлын Алла құр тастамас, бер» - дегендеріне әкей көнбеді. Олар осылай шуласып жүргенде біз жас балалар, жағдайдың ушығып бара жатқанын сезіп, ұлардай шулап жылаймыз. Бірақ біздің көз жасымыз олардың көңілдерін жібіте алмады. Сонда олардың елдің өлмей тірі жүргенін көре алмайтын не қылған оңбаған адамдар, не қылған саясат, бұл қандай үкімет десеңізші. Сол жылдары соқа ұстап, егін екпеген адамдардың өзіне де астықтан салық салатын болған. «Қайдан тапсаң одан тап, қаптың түбін қақ!» деген айғайшыл ұран белсенділердің негізгі ұранына айналған. Оның үстіне еттің салығы асыра сілтеушілікпен жүзеге асырылды. Астық таппаса, малын астықтың есебіне айырбастап, қалай да салықтың жоспарын орындау қатаң міндеттелген. Ал есі дұрыс адам үкіметтің тапсырмасы екен деп, күн көрісінің бәрін беріп, өздері аштан қала ала ма? Ал бермесең халықтың жауысың, қайда барсаң да Қорқыттың көрі дегендей, бұлтарыссыз шарасыз әрекет. Осы қорлықтарына да шыдай алмай әкем оларға қарсы шығады. Олардың әрекеті біздің бала көңілімізге, өзімізше түйген түсінігімізге де жат ұғым еді. Біздің үйде менен кіші Төкен, Совет деген екі інім, және Қадиша деген апам бар. Аманбай ағамның қолында Құлқайыр деген қызы бар. Үлкен ұлы қайтыс болғаннан кейін, әкем менен кіші Төкенді сол үйге берген. Шағын ғана екі үй отырған ауылдағы елдің есін шығарып зәресін алған белсенділер кейін қайтып келетінін айтып, бұл жолы қайтып кетті. Біздің балалықпен әлі көп нәрсенің байыбына бармайтын кезіміз, елге осыншама қиянат жасап жүрген үкімет дегені, баяғыдағы ертектерде айтылатын, алты басты айдаһардай алдына келгеннің бәрін қомағайлықпен жұта беретін, ауызын ашса жалын шығып, жер-көкті өртке орайтын жалмауыз шығар деп ойлаймыз. Соларға қарсы шығып жүрген әкей, біз үшін айдаһарға қарсы шапқан, еш нәрседен жүрегі шайлықпайтын қас батырдай көрінетін де, әкеміздің ерлігіне ырза болып сүйсінетінбіз. Бізге әкемізден батыр ешкім жоқтай сезілетін. Осы ойдың өзіне біздің бала көңіліміз бір сәт жадырап, кішкене жүрегімізде әкемізге деген үлкен сүйіспеншілік орнығып қалатын еді. Әкей айғырына мінсе, бие соңынан өзі еріп отыратын, екеуі бірінен-бірі айырылмаушы еді, осылай жер-жерді аралап, қоян аң аулап кешке бірақ келетін. Бұрындары әкемнің айғыры даладағы жылқыны қасқырға бермей, қарсы ұмтылып бір жолы қасқырды теуіп өлтіргенін үлкендер әңгіме етіп отыратын. Күштінің арты диірмен тартадының кебі болды, әкемнің қимай жүрген осы екі жылқысы ақыры өзін азапқа салды. 1931 жылдың қаңтар айы, бір күні бұрыңғы келіп жүрген белсенді жанында қарулы төрт адамы бар, түн ішінде, ел ұйықтап жатқан кезде келіп, әкемді ұйықтап жатқан жерінде басып қалып, ұрып-соғып әлсіретіп, айғырын шанасына жегіп, биесін жанына жетекке байлап, өзін кигізге орап, қызыл бөрік киген екі кісі шанамен Қарқаралының түрмесіне алып кетті. Арашаға түскен анам Рысбала мен Аманбай ағамды да соққыға жығып кетті. Енді біздің жағдайымыз нашарға айналды. Жылап-еңірегеннен басқа біздің қолдан келер шара жоқ. Ал енді сенің жылағаныңа «мыналарға обал болды-ау» дейтін адам тағы жоқ. Біз Аманбай ағамызды Мәмаға деп атайтынбыз. Бұл кезде Қадиша апамды тұрмысқа берген, үйде балалардан Совет екеуміз ғанамыз. Үш-төрт күннен кейін, анам Рысбала бізді Мәмағама тапсырып, өзі қыс ішінде, қолына қару үшін таяғын және кішкене қол дорбаға салынған әкемізге деген азығын алып жалғыз өзі жаяу 80 шақырым жердегі Қарқаралыға әкемнің соңынан кетті. Жаяу адамға жол өне ме? Жалғыз өзі жәяу Қарқаралыға жете алмасын біліп, Милыбұлаққа барып, сол жерде тұратын әкемнің апасы Жақияның күйеуі Сүлеймен ат шанасымен анамды қалаға жеткізіпті. Екеуі Қарқаралыда екі күн жүріп, әкейге жолыға алмай үйге қайтып келді. Келе жатқан шананы алыстан көріп, түгеліміз есік алдында шығып, анамның әкейден не хабары бар екенін білгіміз келіп шыдамсыздана, тоңсақ та үйге кірмей, үрпиіп-үрпиіп тосып тұрғанбыз. Анам шанадан жалғыз түсті, көкірегі өксікке толып, қыстығып келе жатқан екен, үйме-жүйме, жүзіміз жүдеу болып есік алдында тұрған бізді көргенде, анамның көкірегіне шер құйылып кетті ғой деймін, шанадан түсе салысымен аңыраған зарлы дауыспен,екі қолын соза бізге қарай келе жатыр, ботасынан айырылып желіні сыздаған інгеннің боздаған дауысындай, әбден күйінішпен ызадан, заманына лағнет айтқандай, зарлана келіп, қар үстіне тізерлеп отыра қалып, бізді құшақтап тұрып жылаған дауысына не болғанын түсінбесек те, әйтеуір оңған шаруаның жоқ екенін, бір жамандықтың болғанын сезінгеннен аңырай жылаған балалардың дауысы қосылған кездегі көрініс адамның басына салмасын. Сол бір сәтті есіме алсам, анамның күйіктен шырылдаған ащы да, зарлы дауысы құлағыма келеді, көкірегіме ащы запыран құйылып, көзіме жас үйіріледі.
Ой..... Құлындарым боздағым,
Бұл Құдайға не жаздым.
Жолыға алмай әкеңе,
Жапа шегіп тарықтым.
Жаяу да бардым жолыңа,
Жолығып саған қалмаққа.
Кісі өлтірген жауыздай,
Тығып қойды-ау қамаққа.
Шырылдаған мен пендең, ей, бір Алла,
Нендей күнәм болды екен жаратқанға.
Бәрімізді зарлатып жылатқандай,
Не жаздық адыраңдаған құлдарыңа.
Ботам-ау, осыменен өшеміз бе?
Жылаумен бұл өмірден өтеміз бе?
Сұлтаным, қайда жүрсең аман болшы ,
Әкеңнің осы еді-ау тілеуі де.
Әкеңмен көрісе алмай келдім, ботам,
Күйіктен жүрегіме қайғы толған.
Көшеде аштан адам өліп жатыр,
Зар еңіреткен халықты болды-ау заман.
Енді қалай күн кешеміз Мәмағам-ау,
Бір сізді медет тұтып жұбанам-ау.
Кебін киіп кеткен жоқ мүмкін келер. Арысым аман болса жан ағам-ау, - деп жылаған зарлы дауысы естен кетпес. Шешем есіме түссе осы дауыс құлағыма келеді. Қайран да менің алтын анам-ай, өмірінің көбісі жоқшылықпен, аштық пен, жылап-сықтау мен ауыр бейнетпен өтті-ау. Жастайынан көргені жетімдік.
Мәмағам, шешемнің зарлы дауысына шыдай алмай өзі қоса жылап тұрса да шешемді жұбатып; «Сабыр ет, Рысбала, сабыр қылғаның жөн, күйініп жылағанмен өлген тірілмейді, қеткен келмейді. Алладан қайырын тіле, кісі өлтірген жоқ, ұрлық жасаған жоқ қой Қожа Ахмет, Алла сәтін салса бір күні келер. Сен егіліп жылай берсең, мына балаларыңның күні не болады. Адамның басы Алланың добы деген, қарағым. Құдайдың бұйырғанына пендесі көнбегенде қайда барады, бекем бол айналайын, бекем бол, бүйтіп күйіне берсең өзің аурулы болып қаларсың», - дейді. Анамның көкірегіндегі күйік бір күн дауыс салып жыласа да басылмады. Бұл біздің балалық кездегі ұмытылмас қайғымыз еді. Осы күннен бастап мен жасым жетіге жаңа толса да, үйдегі еркектің үлкені екенімді сезіп, өмірді балаша емес, үлкен адамша басқаша ойлай бастадым. Анам мен бауырларыма жаным ашып, оларға пана болуым керек екенін сездім. 1930-шы жылдары жазда ауылда «ТОЗ» деген қоғам құрып әке-шешем соған мүше болып кірген болатын. Бұл ТОЗ дегені «Товарищеское обшество земледельцев» деген ұйымның бас әріптерінен алынған қоғамның аты. Мұны біздің қазақтың тоз деген сөзіне балап «аты жаман екен пәленің, бұған мүше боламыз деп тоздай тозып жүрмейік» деп, бұған мүше болып кірудің өзі үлкен лаң болса керек. Бірақ зорлықшыл заман елдің еркінен тыс барша шаруаны осы ұжымға біріктірген. Әкем егін сеуіп, шешем сиыр сауып май жинауда болған. Әке-шешем заманның осылай ауыр боларын алдын-ала сезіп, қолдарына түскен артық-тұртық тамақтарын қыстаудың жанындағы «Шымылдық» деген таудың құздарында су тимейтіндей етіп қоймада сақтапты. Айғыр мен биесін жегіп алып, Ақтоғай жақтағы Қоңыратта ақ бидай өсіретін жолдастарынан екі қап ақ бидай әкеліп, диірменмен ұн тартып алды. Шошаладағы қидың астынан үңгір қазып бір қап ұнды сонда сақтап қойыпты. Осылай әр жерге тыққаны, тамақ іздеп шұбырған ел тауып алса үптеп кетпей, әйтеуір күн көрерлік бірдеме қалар деген мақсат еді. Мұны білетін Мәмаға мен анам ғана, ешкім білмесін деп, боранды күндері аяқтарына теріс қаратып кигіз байлақ киіп, қоймадағы астықты ептеп тасып отырыпты. Бізді осымен асырап қыстан шығарды. Ауылға аштан бұратылған босқындар келіп, тамақ сұрап мазалай береді. Тамақ жоқ, өзіміз де аштан өлудің алдында отырмыз десе, оған сенбей: «осы уақытқа дейін қалай күн көріп отырсыңдар» деп ауылды тінтіп кетеді. Тамақ тауып алса, сіздің өлген-тірілгеніңіздің ешкімге керегі жоқ, көтеріп алып жүре береді. Осы кезде қыстай ауылды сыртынан торлап, аң, қоян іздеген адам болып тауларды кезіп жүрген Жақып деген көрші қыстауда тұрған кісі ақыры із кесіп жүріп шошаладағы бір қап ұнды ұрлап кетіпті. Тапқанына мәз болып, асып-сасып жүріп байқамаған болса керек. Қаптың тышқан тескен бүйіріндегі тесігінен ұн ағып отырыпты. Көрші Жақып екенін содан білдік.
Қар жаңа кетіп жатқан кез, әлі де күннің ызғары басылмаған, тек төбелердің күнгей беттері ғана жаңа ашылып келе жатыр. Бір күні біз отырған қыстауға ат шанамен бір кісі келді. Әкемді ұстап әкеткеннен бері үйге ешкім келмейтін. Бұл әкемнің бір жолдасы, біздің шешемізбен де алыстан туысатын руласы, және бізге жезде болып келетінін кейіннен білдік. Сол кісі бір күні түнде ат шанамен келіп көрпе жастығымыз бен, қалған азын-аулақ тамағымызды тиеп алып, таудың арасындағы иесіз тұрған қыстауға алып келді. Сендер мына қораның төбесіндегі ағашты отын етіп жағып біраз күн осы жерде отыра тұрыңдар, әрі кетсе екі-үш күннен кейін қайтып келіп басқа жерге апарамын. Рысбала, сен мына балаларды бейсауат далаға шығарма, отты пешке түнде ғана жағыңдар. Өйткені күндіз түтін алыстан көрінеді де ұры–қарыға көз боласыңдар. Олар өлтіріп кетіп, мен орындарыңды сипап қалып жүрмейін,- деп кетіп қалды. Осының алдында Мәмағам қызы Күлқайыр мен ұлы Төкенді ертіп, «күнкөріс жоқ, бірімізге-біріміз масыл болып отырмайық» деп басқа жаққа көшіп кеткен. Біз осы иесіз қорада біраз уақыт тұрып қалдық. Қасқырлар ұлып маза бермейді, алғашқы кезде түнде ғана ұлушы еді, енді күндіз қораға таяу келіп ұлитын болды. Көздеріміз бағжиып, бұрышқа тығылып алып отырамыз. Бұл қасқыр деген жолаушының әйел ме, әлде қару көрсетер еркек пе, қолында қаруы бар ма, соның бәрін сезеді дейді. Сонда біз отырған үйде бір әйел мен екі кішкентай бала ғана бар екенін сезіп келіп жүрген шығар. Шіркін, қазір қолымда әкемнің шоқпары мен қанжары болса ғой, қалың қасқырдың ортасына кіріп «Мә, сендерге ұлыған деп ерсілі-қарсылы сойылмен соғып қанжарды тығып қырып салар ма едім»,- деп армандап, тура қасқырды соғып жатқандай, қолымды сермеп–сермеп қоямын. Шіркін, бала көңілі-ай, ештеңеге қарамай бір мезгіл армандап, қиялға беріліп кетеді-ау. Күндіз далаға да шықпаймыз, терезеден сыртқа қарап қана отырамыз, қасқырдың дауысы шықса тығылып қаламыз. Күндіз шешем кешкілік пешке жағатын отын дайындап қояды, мен оны тасып үйге кіргіземін. Қарды ерітіп, су орнына пайдаланамыз. Қазір ойлап отырсам, сол кездегі біздің күніміз, қашқыннан да жаман. Үстіміздегі бір қабат киімімізді шешем анда-санда жуып береді, оның өзін кептіріп үлгірмей үстімізге киіп аламыз. Астымызға да үстімізге де жамылатынымыз бір қабат көрпе, оның өзі жыртық–жыртық. Үйде отырған адамға уақыт өтпейді, таң атса күн батпайды, күн батса таң атпайды. Біз осы қорада біраз уақыт тұрып қалдық. Өстіп жүргенде бір күні түнде біреу терезе қағады, бұл кім болды екен, ана кездегі шешемнің ағасы шығар деп, тастай қараңғыда қабырғаны сипалап жүріп, терезеге барып жаппаны ашсам, әкем «Сұлтаным мен ғой әкең, есігіңді аша ғой» дегенде өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай болдық. Қуанғаннан «шеше, әкем келді» деп айқай салыппын. Анам да тез орнынан тұрып, кесенің түбіне ешкінің майына батырып қойған шырақты жағып, қораға шықты да діңгекке байлап қойған есіктің жібін шешіп, есікті ашып жібергенде, есік ашылғанша шыдамым кетіп, екі аяғым дамыл таппай текпіленіп тұрған мен, есік ашылған бетте жүгіріп барып әкемнің мойнына «Әкетайым-ау, қайда жүрсің» деп бақырып, жылап-еңіреп мойнына асыла кеттім-ау. Әкем де мені жерден көтеріп алып «Сұлтаным-ау, тірімісіңдер» деп қысып-қысып қайта-қайта бетімнен сүйіп, мауқын басып жатыр. Көзінде жас, сол кездегі саналы еркектің сараң көз жасының өзі көп нәрсені аңғартқандай-ау. Анам да жылап көрісіп жатыр, өзі жоқта көрген бейнетін айтып тауыса алар емес. Алланың рақымы түсіп үлкен қорғанымыздың аман-есен үйге келгеніне қатты қуандық. Қайран әкем-ай, қанша қуғында, қамауда жүрсе де, осы бір қызығы жоқ қуғынды өмір оның көңілін жасыта алмады ма, әлде бізге оны көрсеткісі келмегені шығар. Бізді жұбатып, көңілді ниетпен,«енді аман-есен басымыз қосылды, осыған тәубә деңдер, жыламаңдар, әлі–ақ жақсы болып кетеміз», - деп қояды. Кедей тәубәшіл деген осы шығар. Әкем біраз тамақ ала келген екен, көптен ашқұрсақ болып жүрген біздер бір тойдық-ау, «кедейдің бір тойғаны шала байығаны» дегендей көңіліміз жайланып бір жадырап қалдық. Қарнымыз тойып төсекке басымыз тигеннен кейін, әкемді құшақтап жатып ұйықтап қалыппын.
Ертеңіне таң атысымен ас-суымызды ішіп алып, әкем мініп келген ат-шанасын жегіп, бар жүгімізді тиеп алдық та жолға шығып кеттік. Бұл кезде қар босап қалған, әр жердегі қарды қуалай отырып, әкемнің Ақтоғай жақта бір жақсы жолдасы бар екен, соны паналап бармақпыз. Жолда бір қондық, айналаның бәрі иесіз даладай. Әкем «баяғыда осы төңіректің бәрі малға симай жатушы еді, енді міне нағыз жұт жалағандай, мал түгілі, аң мен құс та, адам да көрінбейді», - деп қояды. Шынында да, адам өмірінің осынша азғанына ма, айнала төңірек те түнеріп тұрғандай өте сұрықсыз еді. Кештете Ақтоғай елінен шеткері бір ауылға келдік. Әкемнің жолдасы бір дұрыс адам екен, бізді жақсы қарсы алды. Қазір ауылда не көп, бос үй деген көп. Біз де соның біреуінің есік-терезесін бітеп кірдік те, сонда қыстап шықтық. Өлмеген құлға жаз да шықты. Ел жаппай егін егетін жерге таяу көшіп барып, егін себуге кіріскен. Біздің үй де егін басына барып қос тікті. Әкем бидай себуші болды. Бидайды үлкен дорбаға салып, себетін адам оны мойнына асып алады. Оң қолымен дорбаның ішіндегі бидайды уыстап алып, өзі аяңдай басып жүріп келе жатады да, қолындағы бидайды алдына шашып отырады.Міне, осы шашылған бидайдың үстін өгіз, немесе сиыр жегілген соқамен жыртады, кейде жыртылған жерге сеуіп үстін малалайды. Бала-шағалар күні бойы жүгіріп жүріп осы себілген бидайды торғайдан қорғайды. Сонда да себілген бидайдың біразын торғай жеп кетеді. Мен не де болса әкемнің жанында жүріп оған қолқабыс көрсеткеніме мәзбін. Кешке дейін жүріп, үйге сілеміз құрып қайтамыз.
Бір күні әкем, елдің сыңайын байқады ма, тағы да қандай жағдай болары белгісіз, тамақтарды тығып тастамасақ болмайды, кейін ашығып қалып жүрерсіңдер деп түнде тұрып ешкімге сездірмей, есік алдындағы кішкентай жерошақты терен етіп қазды да, бетіне тас салып үстін қайтадан жауып тастады. Топырақты апарып өзеннің жар қабағына тасып төгіп тастадық. Жерошақтың асты жап-жақсы үңгір болды. Бала сиятындай кіре беріс аузындағы тесікке жалпақ тас жауып тастаған. Сырттан қарағанда белгісіз болатындай етіп жасалды. Жерошақтың үстіне мосы қойып, от жақты. Үйдегі азын аулақ тамақты осы үңгірге тасып тығып тастадық. Бір-екі күннен кейін жерошақ басындағы күл де қалыңдап, тіпті ештеңе болмағандай белгісіз болып қалды. Бір күні әкем жоқта үйге бір-екі кісілер келді. Түстері суық біз бірдеңелерін ұрлап алғандай едіреңдеп, көзге көрінетін ештеңе бар ма дегендей, жан-жақтарына қарап, етіктерінің қонышын қолдарындағы қамшыларының сабымен соққылап қояды. Бұл енді өздерінің мықтылығын, күштілігін айғақтап, бізге көрсеткен қыры. Ойқастап біраз жүрді де шешеме қарап;
- Сендер қай жақтан келдіңдер? - деді.
- Милыбұлақтан.
- Өздеріңнің өңдерің жақсы екен, нелерің бар, бұл Қожа Ахметте неше түрлі бар деп естиміз, қалай күн көріп жүрсіңдер?
- Қалай күн көргені несі, бір тілім қара нанға зар етіп қойдыңдар, енді сендерге біздің қырылып қалғанымыз керек болғаны ма?
- Cендер салық төлемей отырсыңдар. Салық төлемегендердің әрекеті үкіметтің заңына қарсылық білдіргені болып есептеледі. Оларды заң бойынша халық жауы ретінде жазалайды.
- Қарақтарым-ау, мына шиеттей екі баламенен күйеуім екеуміз ғана. Осы үйде бары төрт жанбыз, салық төлемек түгіл күнімізді зорға көріп отырмыз. Қалай, немен төле дейсіздер ол салығы бар болғырды?!
- Онда біздің жұмысымыз жоқ, - деп келгендер үйдің ішін тінте бастады.
Шешемнің шырылдап қарсы шыққанына қарамай үйдің ішідегі болымсыз дүниенің өзін астан-кестеңін шығарып, тінтіп шықты да, ештеңе таба алмағаннан кейін, тағы да қайтып келеміз деп кетіп қалды. Олар кеткеннен кейін шешем: «Құдай-ау, пендеңнің аман жүргенін көре алмайтын залым заманға тап болғанымыз ба, қайда барсақ та неге тірі жүрсіңдер деп соңымыздан қалмайтындай бұларға не жазып едік», - деп Аллаға жалбарынып күйініштен жылайды.
Бұлар тамақты қайдан алады деп енді олар аңдитын болды. Оны тезек теріп жүрген шешем көріп қалыпты, содан кейін жерошаққа күндіз жоламайтын болдық. Қайда жүрсек те, біздің соңымыздан бір сор қалмайтын болды. Егін біткеннен кейін әкем ешқандай хабарсыз жоқ болып кетті. Қайда кеткенін ешкім білмейді, тіпті көрген де ешкім жоқ. Ел ішінде Қожа Ахметті ұстап әкетіпті деген лақап тарады. Көңілге үрей кірді, өзіміз де жүдей бастадық.
Бір күні кешкілікте үйге еңгезердей үлкен қара жігіт келді. Тосын жүрген адамға біз тосырқай қарадық. Келген жігіт жай ғана амандасты да, шешемді шақырып алып сыртқа шығып кетті. Әбден зәрезап болып қалған біз тағы да не сұмдық болып қалды, шешем қашан келер екен дегендей үрпиісіп есікке қараймыз. Екеуі сыртта көп әңгімелесті. Біраздан кейін шешем үйге кіріп келді де, бірден бізге «киініңдер» деді. Біз киімдерімізді жинастырып үстімізге кие бастадық, шешем шағындап кішкене дорбалар тіге бастады. Жаутаңдап шешемізге қараймыз, ол кісінің өңі сынық. Содан кейін де не болды деп сұрауға бата алмадық та, тек айтқанын істеп зыр жүгіріп жүрміз. Жерошақтағы бар тамақты, азын-аулақ бидай мен, ұнды үйге тасып әкеліп, жаңағы дорбаларға салып алдық. Қас қарайған кезде бағанағы қара жігіт қайтадан келді. Біз де үйдегі көтеруге келетін көрпе жастықты, дорбадағы тамақтарымызды алып далаға шықтық. Есік алдында сүйреткінің үстінде байлаулы бір кісі жатыр. Жігіт сүйреткісінің жібін мойнына асып алып, сүйретіп алдымызда, біз соның соңынан еріп келеміз. Түні бойы тоқтамай жүріп таң ата көп бейітке келіп бір-ақ тоқтадық. Бізді ертіп келе жатқан жігіт көп бейіттен шеткерірек тұрған бір бейіттің ішіне кіріп қайта шықты да, қане жүктеріңді осында кіргізіңдер біраз дем алып қайта жүреміз деді. Бейіттің ішінде екі қабыр бар екен, сірә, ауқатты, әруақты адамдар болса керек, бейіт өрнектеле салыныпты. Жігіттің сүйреткісінде жатқан адам анасы екен, оны жаңа бейітке кіргізерде байқадық. Ол анасының бетін ашып, аузына ептеп су тамызды, іштегі ыстықпен ауызы кеберсіп жатыр екен. Анасының аузына құлағын тосады, бірдеме айтқысы келе ме, бірақ шамасы жоқ, қатты науқас екен. Жігіт бейіттен шығып кетті де, әлден уақытта бір мысық ұстап әкелді. Әлгіні кәдігімгідей сойып пісіріп, шешесіне сорпасынан ішкізді. Біраздан кейін анасының асты-үстін тазалауға кірісіп еді, «сен қоя тұр» деп ол жұмысқа шешем көмектесті. Сірә бұл жігіттің үйреншікті жұмысы болса керек. Осы бейіттің ішінде екі күн қондық, жігіттің анасы осы жерде қайтыс болды. Анам екеуі жерді қазып мәйітті сол бейіттің ішіне жерледі. Жігіт анасының қазасына егіліп көп жылады. Осындай ауыр жағдайда анасын арқалап, оған өзінің бар күш-қуатын жұмсап, адал көңілімен егіліп отырған жігіттің адамгершілігіне тәнті болдық, қандай абзал да адал азамат десеңізші. Шешем жігіттің көңілін жұбатып: «Қайтесің айналайын, заманына қарай амалы деген бауырым-айлап келіп, арулап жерлегенге де зар болдық қой, анаңның топырағы торқа болсын. Сен оған шамаң келгенше қызмет еттің, енді адамнан емес, Алладан қайырын күт, жылама, азаматсың ғой, көңіліңді бекіт» деп ақылын айтып жатыр. Сол бір қара жігіттің анасына адалдығын ылғи әңгіме етіп айтып қоямын, бірақ атын ұмытып қалыппын. Біздің бағытымыз Қарқаралы, екі күннен кейін Былқылдақ деген ауылға келдік, мұнда бұрындары май заводы болған екен. Менің Қадиша деген бір апам осы ауылға тұрмысқа шығыпты.
Өткен қыста тау ішіндегі үйге әкеліп бізді жасырып жүрген осы жездеміз екен, әкеме хабар берген де осы кісі болды. Ауыл шетіне таяғанда, тезек теріп жүрген бір әйел көрінді, шешем ана кісіге барып жөн сұрайын деп кетіп еді, екеуі құшақтасып дауыс салып жылап көрісті. Екеуі мауықтарын басқаннан кейін, бізге қарай келді. Бұл жаңағы Қадиша апам екен, бізді құшақтап бетімізден сүйіп жылап жүр. Біздің жанымыздағы жігіт шешеммен қоштасып, «Сіздер туысқандарыңызды таптыңыздар, енді мен кетейін» деп кетіп қалды. Қадишаның үйіне барып бір шәй ішіп, тынығып алғаннан кейін,, шешем; «Мен ауырыңқырап отырмын, тезірек төркін жұртыма жету үшін жүріп кетейік» деді. Ол кісінің төркіні үшінші ауылда болатын. Советті құндақтап, оған ілмек жасап, жіп байлап мойнына іліп алды да, мені жетектеп жүгімізді арқалап үшеуміз жүріп кеттік. Анда-санда дем алып отырып кешке қарай бір дөңге шығып едік, ар жағынан Милыбұлақтың биік үйі көрінді. Оң жақта көп бейіт көрінеді. Шешемнің аталары Киікбай ауылының бейіттері екен. Шешем бейіттің жанына барып, Советті жерге қойып марқұмдарға бата жасады да, орнынан түрегеліп мені көтеріп кеудесіне басып тұрып Аллаға ата-бабаларының әруағынан балаларына ұзақ ғұмыр беруін сұрап тұрып көп жылады. «Басы қаралының көңілі жаралы, жүгі ауғанның күйі ауған» деген, оның үстіне аштық пен жоқшылықтың қысымын көрген адам бір Аллаға деп жалынбағанда не істей алсын. Кімге барып, кімге мұңын шағар, сені тыңдап дұрыс ақылын бере алатын да ешкім жоқ. Әркім өз басымен қайғылы. Қайран анам-ай, алтын адам еді жарықтық, қандай сөзбен мадақтасаң да ананың қадырын жеткізіп айта алу мүмкін емес. Өзі аш-жалаңаш жүрсе де, аузындағысын осылар жесінші деп баласының аузына тосып, олардың талай бейнетін көтерген, сол ашаршылық жылдарында бірін арқалап, бірін жетектеп жүріп, ажалға бермей асыраған ананың қадірін қалай ұмытарсың, қалай қадірлемессің. Шешем өксігін басып біраз отырғаннан кейін, болған іске болаттай бол дегенді ойлады ма екен, ауыр бір күрсініп алды да, «жүр, балам, күн батпай ауылға жетіп алайық» деп жолға шықтық. Шамалы уақыт жүргеннен кейін, көп ауылға келдік те, ауылдың шетіне қарай тұратын Туғамбай атамыздың үйіне келіп тоқтадық. Атамыздың бәйбішесі қарт ана, бізді жылап-көрісіп қарсы алды. Бұл біздің әкеміздің әкесі Нихамбайдың кіші інісі Туғамбайдың баласы Нөгербектің үйі еді. Туғамбайдың Садық, Идаят және ішкері жақта тұрған оқыған бір ұлы болған. Садық совхозда қойшы болды 87-жасында дүниеден өтт. Идаят шахтер болған ол 97 жаcқа келіп көз жұмды.
Анам келе қатты ауырды, тамаққа да зауқы жоқ. Үш күн өткеннен кейін ойда жоқта әкем келе қалды, біз қатты қуанысып, құщақтасып, мауқымызды басып жатырмыз. Ол кісіні бұрынғы белсенділердің сөзімен әйтеуір үкіметтің саясатына қарсылық білдіріп жүреді, бұл халықтың жауы деп, даладан ұстап әкеткен екен. Әйтеуір біреуге біреу пәле жапқан заман және оның рас- өтірігін тергеп тексеріп жатқан ешкім жоқ. Қайта сөз тасып, өтірік пәле жапқандарды сыйлап құрметтеп жатады, сондай залым адамдардың үстемдік құрып тұрған кезіне тап келдік. Әкемді бірталай уақыт ұстап, Құдай иіп босатыпты. Әкем өз басын зорға арашалап жүрсе де, бізге әкелген киімдерін үлестіріп жатыр, маған бір құлын терісінен істелген жарғақ әкеліпті, анам ептеп басын көтеріп; «Қане, киіп көрші» деді. Жарғақты үстіме киіп алып едім, шешем маған көзін салып, «өзіңе дәл екен, Алла тек жақсылығын берсін» деп батасын беріп жатыр. Ертеңіне жеке қос тігіп соған көштік, әкем қайдан алғанын білмеймін, төсек-орын көрпе-жастық алып келді. Біреу бір тайынша берген екен, оны сол жерде сойып, жарты етін елге таратып берді. Ел де риза болып рахметтерін айтып жатыр. Анам сол жатқанынан тұрмады, ауруы меңдеп бара жатқанын сезді ме, бірде әкемді шақырып алды. Шешем өмірі әкемнің атын атамаушы еді және қаншама жоқшылық, аштық, қуғын-сүргінге толы заман болса да, екеуінің қатты сөзге келіп ұрсысып жатқанын көрген емеспін. Әкеме ылғи «сіз» деп сөйлейтін. Кейде әкем еркектігіне басып дауыс көтеріп қалса, оны өршітпей жай ғана басуға тырысатын. Жетім болып өссе де, өте сыпайы, қарапайым, мінезі жайсаң адам еді.
Әкем шешемнің жанына келіп отырды да, шешемнің қолын ұстап, алақанына салып жай ғана сипап отырды. Шешем қинала шыққан дауысымен «Менің шамамның жеткені осы болған шығар, мына балалар сізге енді аманат, заманның ауыртпашылығын жалғыз көтеретін болдыңыз. Бірге жүрген кезде артық-кемім болса, мені кеш» - деп бір тыныстап алды. Көзінен ептеп қана жас ағып жатыр. Біз Совет екеуміз үнсіз басымызды төменге салып, жандарында тұрмыз. Біраз жатқаннан кейін, бойындағы қалған күшін жинап, бізге қарады да жай ғана «Қош, Сұлтаным, айналайын, аман бол» - деп үнсіз қалды. Осыдан кейін шешем тілге келмей, екі күн жатып қайтыс болды. Ол кісінің артынан көп кешікпей кіші інім Совет те қайтыс болды. Біз қайтадан Нөгербектің үйіне кірдік. Егін басталған кез еді, әкем мені өзінің азығы салынған әбдіресінің үстіне жатқызады да, өзі қол орақпен егін оруға кетеді. Кешкілік келгенде қалтасына, белдігінің ішіне бидай толтырып ала келеді. Егін орағы біткеннен кейін әкем бір күні, түні бойы бидай қуырып, одан талқан тартты, нан пісірді. Біраз азық дайындап алды да, ертеңіне Нөгербектің үйімен қоштасып, «Қу мая» жаққа бармақшы болып жолға шықтық. Әкем қайда жүрсе де беліндегі шоқпары мен қынапқа салып алған қанжарын жанынан тастамайды. Түрмеде болғанда да, шыққаннан кейін өзіне қайтарып беріпті. Азық салған қапты арқасына байлап, оның үстіне мені мінгізіп алып жүріп кетті. Кейде әбден шаршағанша жаяу әкеме еріп отырамын. Қу маяда әкемнің ағасы Аманбайдың үйі бар, соны іздеп шыққан беті болды. Сол күні біз далада түнедік. Ертеңіне Қоңыр құлжа деген жерге келдік. Мұнда да Тоз деп аталатын шаруашылық бар еді, онда Нөгербектің қызының күйеуі, әкеме жезде болып келетін Бекжанның Сүлейменінің баласы Құрманғалидің үйіне келіп түстік. Бізді жақсы қарсы алып киім-кешегімізді жуып, мені шомылдырып біраз адам қалпына келіп қалдық. Бұл кісілер осы ауылда қой бағады екен. Бұл жерде біраз әл жинап алып, қайтадан жолға шықтық. Жолшыбай Ақтеректің маңындағы өзен жиегіне келіп тоқтадық. Мен шөпшек теріп әкелдім, сол жерде бір шай ішіп алып, түні бойы жүріп, таң ата Қарқаралыда Қаратөбенің бауырында тұратын үлкен апамыздың қызының үйіне келдік. Әкем оларға: «Мен Қу мая жақта ағама жолығып, ол жақта жағдай қандай екенін біліп келейін, мен келгенше мына Сұлтанды көздеріңнен таса қылмай бағып беріңдер, тамағын әкеліп беремін», - деді де кетіп қалды. Әлден уақытта әкем қайтып келді де, үйдегілерге рахмет айтып, мені ертіп шығып кетті. Біз бір жерден барып тамақ ішіп алдық та, қаланың жоғарғы жағында бұрынғы әскери жатақханада, мешіт үйінің жанында орналасқан балалар үйіне келдік. Бұл кірпіштен салынған ұзын үй екен. Мен бұрын мұндай көп үйлері бар жерге келмегендіктен жан-жағыма қарап қоямын. Балалар үйіне келгенімізде, кіре берістегі кішкене балағанда өлген балалардың денелері бірінің үстіне бірі қаланып үйіліп қойыпты. Әлгіні көргенде адамның бойын қорқыныш сезімі билейді. Бұл қаланың ішіндегі және осы балалар үйіндегі аштан өлген балалар екен. Аштан өлгендерді осындай жерде жыйнап, кейін бір арба болған кезде, арбаға тиеп, апарып жерлеп отырады екен. Өлген балалардың осылай ашық, елдің көз алдында жатқанына қарағанда, бұған мұндағы елдің әбден еттері үйреніп, кәдігімгі күнделікті шаруалары сияқты болып кеткенге ұқсайды. Әкем: «құрысын ол жаққа қарама» - деп менің бетімді көлегейлеп жатыр. Мені осында істейтін өзінің бір танысына, біреудің үйінде өзі мына жоқ заманда кіріптар болғанша, сенде біраз күн бола тұрсын, кейін өзім келіп алып кетемін деп ақысын беріп келіскен екен. Мен осында қалдым, әкем тез-тез басып шығып кетті. Өзінің айтуы бойынша 4-5 күнде қайтып келуі керек. Тәрбиеші мені өзім құралпы ұсақтау балалардың ортасына әкеліп отырғызды. Балалардың кешкі тамағына кішкене темір ыдысқа салынған үгітілген нан алып келді. Мені тапсырып кеткен тәрбиеші менің жаныма келіп, жаңағы кішкене тостақанға салынған нанды беріп, біраз қарап тұрды да, «былжырамай ширап тез-тез же, әйтпесе тамағыңнан айырыласың»-деді де, өзі шығып кетті. Мен де жалма-жан жаңағы ыдыстағы үгілген нанды аузыма тықпалап жатырмын. Тәрбиешінің шығып кетуін ғана тосып отыр екен, бір ересектеу бала, менің әлі ешкіммен танысы жоқ, жаңадан келгенімді біліп, жүгіріп жаныма жетіп келді де, менің тамағымнан ұстай алып өңешімді қысып қалған кезде, өзім бір жағы тұншығып ауызымды ашып қалып едім, ол аузымдағы нанды саусағымен алып өзінің аузына тығып жіберді де қоя берді. Мен мына озбырлыққа үрейлене қарадым, зәрем ұшып кетті, өңешім де ауырып қалды. Тарпа бас салуға ол менен үлкен еді. Ертеңіне бізді тәрбиешіміз далаға шығарып, бір төбеге отырғызды, сол кезде балаларға тамақ берер ме екен деп аңдып жүрген аш-арықтар балалардан да көп еді. Айтқанындай екі-үш күннен кейін, кешкі уақытта далада жүр едім, мешіт жақтан «Құлыным, Сұлтаным» -деген әкемнің ащы дауысын естіп, солай қарай тұра жүгірдім. Әкем мені қолына алып үлгермей-ақ бағанағы тәрбиеші жетіп келді. Оның ойындағысы, әкемнен мені бағып-қаққанының ақысын алу. Әкем оған дорбасының аузын шешіп, ішінен қойдың бауыр, бүйректері мен, сұлының ұнынан жасалған таптама берді. Әкем маған «Құлыным, кетейік, Мәмағаға, Төкенге, Құлқайырға барамыз, ол жақта ептеген күн-көріс бар екен. Алла жазса мына қырғыннан тірі қалармыз, кетейік жаным» - деп мені қайтадан арқасына мінгізіп алды да, жолға шықтық. Тоғайдың ішіне кіріп қонып қалдық, таңертең шай қойып, әкемнің дорбасындағы нан мен етті жеп тойып алғаннан соң, қайтадан жолға шықтық. Біраз жүргеннен кейін анадай жерде жолдан кішкене әріректе өліп жатқан адамның үстіне қара құс қонып, анда-санда айналасына қарап қойып, шұқып жеп жатқанын көрдім. Әкем байқамай қалды ма деп, «Әке, ананы қара, масқара, анау кісіні қара құс жеп жатыр» деймін үрейлі дауыспен, ол кісі мұндай көрініске әбден еті үйреніп алғанға ұқсайды, маған, «ол жаққа қарама» дейді. Қалай қарамайсың, баяғыда далада қалған малдың өлексесіне қонған қара құсты көруші едік, ал енді сол қара құс адамды жеп жатқаны не сұмдық! Бір тасалау жерге келіп дем алып отыр едік, анадай жерде бірнеше ат-арбамен кірекештер келе жатыр екен. Әкем алдарынан шығып оларды тоқтатып еді, ішіндегі үлкендеу біреуі арбадан түсті де,қолына мылтығын ала шығып, «Кет былай, әйтпесе атамын», - деп мылтығын әкеме кезеді. Әкем, біз «Қу маяға Аманбайдың үйіне бара жатырмыз, солай қарай барсаңдар ілесе кетейік»- деп еді, жаңағы кісі, «Ә, жарайды онда, Аманбайдың үйіне барсаңдар отырыңдар, біз де сонда барамыз, ол жерден ет артып Қызылжарға апарамыз, қой айдаймыз, біз сендерді далада жүрген аш-арықтар ма деп қалдық» - деді. Ол кезде аш-арықтардан қорыққандар дүниелерін тонаудан аман алып қалу үшін қолдарына мылтық ұстап жүреді, жаңағылар бізді сондай адамдар ма деп қалған екен. Арбаға мінісімен мен ұйықтап қалыппын, Қу маяға келгенде бірақ ояндым. Аманбай ағамның тұрған үйі темір есігі бар, ұзын үй екен. Өздері соның бір кішкене бөлмесінде, бұрышта тұрған пештің жанында тұрады. Бағанағы мылтықты адамдар анда-санда 10-15 қой алып келеді де сойылғаннан кейін, етін алып кетіп отырады. Кішкентай темір қақпақпен жабылатын терезе бар, содан Қүлқайыр сойылған қойлардың ішек-қарындарын сырттан қол созған аштарға беріп тұрады. Мен Күлқайырға көмекші болдым. Күн суытып, жерге қар түскен, бұл 1932 жылдың қарашаның аяғы. Ауыл ішінде бірнеше киіз үйлер тұр, бірақ олардың бәрі бос қалған. «Арпа-бидай ас екен, алтын күміс тас екен» дегендей, не- бір асыл дүниелеріне айырбасқа бір кесе бидай таба алмай қалған кезде, әбден тарыққан ел дүниелерін тастап кетпегенде қайтсін. Әркім жан сауғалап кетіп қалған. Елдің ашыққаны сонша, бір күні қазылған орға маңқа болып өлген жылқыларды тастады, сол-ақ екен жаңағы жылқыларды қолма-қол қаптаған аш-арықтар быт-шытын шығарып бөліп алып кетті. Бірімен-бірі қырқысып төбелесіп те қалды. Сол жылдары ашыққан адамдар топтасып алса бейсауат кездесіп қалған малды, тіпті байқамай орталарына түсіп қалса, аттылы адамның астындағы атын жарып жіберіп, терісімен қоса етін талап алып кеткен кездері болды. Ашыққан адамның көздері қарауытып, жан ашу деген сезімнен айырылып қалады екен де, тек мақсаттары қызыл өңештен өтетін тамақ болар бірдеңе тапса болғаны екен. «Аштық не жегізбейді» деген осы.
Кейіннен, өзім қызмет істеп, осы ашаршылық туралы өлкелік атқару комитетінің берген бір деректеріне қарап отырсам, Қарқаралы ауданында 1932 жылдың мамыр айында 50400 тұрғын болса, қараша айында 15900 адам тірі жүрді және аудан орталығында күніне 15-20 адам өліп отырды деген жазу бар. Басқа жаққа кеткен адамдар балаларын тастап кетіп отырған. Олардың тірі табылғандарын детдомға тапсырған. Бұған қоса халық жауы деген атақ пен сотталып кеткендердің балалары бар. Оның үстіне Ақтоғайдағы детдомның балаларын Қарқаралыға алып келген. Детдомда бала саны өте көп, тамақтың тапшылығынан онда да балалардың көбі аштан өліп қалған. Көшеде өліп жатқан анасының шандыр болып қалған омырауын сорып шырылдап жылап жатқан талай кішкентай балаларды әкеліп детдомға тапсырады екен. Өлген балаларды жерлеуден жалыққан ел оларды жертөлеге тастай беретін болыпты. Немесе бейітке де апармай, таяу жерге апарып, әйтеуір таспен басса да беттерін жасырған болған. Ауызға салып, тіске басар ештеңе табылмай, аштықтан әбден ішегінің қыртысы таусылуға айналған адамның ауызы қарысып қалады екен. Бір тілім қара нанды көргенде жағын аша алмай еңіреген баланы көріп отыру дегеніңіз айтуға келмейтін сұмдық қой. Аш адамдар күл-қоқысты аршып тамақ қалдықтарын, өсімдіктердің тамырларын, құрт-құмырсқаларды, тышқандарды да қорек еткен. Иттер мен мысықтар табылса қой сойғандай болады, тіпті өлген адамдардың етін жегендер де кездеседі. Жоғарыдағы деректер ол ресми мәлімет, ал шындығында нақты жағдай одан да ауыр болды. 1931 жылы Қу ауданы етке мал тапсыруды 71%-ке артық орындады деп мәлімет беріпті. Әрине бұл көрсеткіш Қарқаралыда да осы жобада өткені анық. Бұл ешқандай ақылға сыймайтын жетесіз көрсоқыр заңдар мен шешімдердің және бір адамға табынған авторитарлық бюрократтық жүйенің жұмысының қортындысы еді. Жеке адам билік құрған кезде одан асқан ақылды, одан асқан дана болмай қалады да, басқалары соның табанын жалап, соған жағынумен күндерін көреді. Күндіз-түні сол адамды мадақтаумен болады. Өйткені олардың бәрі жаңағы бастық бар десе бар болады, жоқ десе жоқ болатындар. Содан да, өресі тар адамдар басқалар не болса ол болсын, өзім аман болайын деп, оны мадақтап табанын жаламағанда қайтсын. Мұның ел келешегіне, болашақ ұрпаққа, тіпті елдің экономикасына кері әсерін тигізетінін олар біліп сезсе де, «ләпбай тақсыр, сіздікі дұрыс» деп, оның барлық әрекетіне шыбындаған жылқыдай бас шұлғи беруден жазбады. Бұл жүйеден қазақ халқы алапат зардап шекті. Менің туғандарым да осы жүйенің құрбандары болды. Мен де, менің құрбыластарым да, жасымыздан осының бейнетін көріп өстік. Есіңізге түссе адамның жаны түршігерлік жағдай емес пе?
Мәмағаға келгелі біздің де қарнымыз тойып, көңіліміз көтеріліп, адам қалпына келіп қалдық. Күні бойы әкем сол кісінің жанында, мен де қолымнан келгенінше зыр жүгіріп ұсақ-түйек шаруларға көмектесіп жүремін. Жақия апам да анда-санда осы үйге келіп, өкпе-бауыр, жүрек-бүйрек сияқтыларды алып кетіп отырады екен. Мұндай әркім өз тіршілігімен кеткен ауыр жылдарда, ағайынды адамдар бірін–бірі көптен кейін аман көргендеріне қуанысып, әкем екеуі «бауырым-ай, бармысың» -деп жылап-көрісіп жатады. Сол қыста Қумаядан Қызылжарға мал айдап апаратын болды. Мал айдап барғандарға ақысына мал, көп ақша береді екен. Әкем Мәмағаға келіп, мен осыларға ілесіп мал айдап барып келейін, сіздің жаныңызда босқа жүргенше амандық болса мал тауып келейін деп, Қызылжарға мал айдайтындарға қосылып, кетпекші болды. Мал айдайтын күні үйге келді де, мені жанына шақырып алып, жоғары көтеріп құшақтап, қатты-қатты қысып, бетімнен сүйіп, «Айналайын, Сұлтаным, жалғыз тірегім менің, міне топты жаннан екеуміз қалдық, мен біраз уақыт жол жүріп, Алла қаласа қайтып келемін, аман бол, ақымақтық жасама, ағаңның жанында бол, тілін алып көмектесіп жүр, өзіңді сақта құлыным» - деді де, мені Мәмағаға тапсырып, «Ал аға, мен қайтып келгенше мына Сұлтан сізге аманат, амандықпен көрісейік» деп мал айдаушыларға еріп кетпекші болды. Мен де әкемді мойнынан құшақтап, бетінен сүйіп, «Әкетайым кетпеші» - деп, әкемді жібергім келмей, мойнынан жабысып түспей, бақырып жылап жүрмін. Мен сол жолы өксігімді баса алмай қатты жыладым, Алла, бала жүрегіне әкесін енді қайтып көрмейтінін сездірді ме екен? Әкемнің тағы да кетіп қалғанына зәре-зап болып қалған менің жүрегім сыздап, бірнеше күн қатты қиналып жүрдім. Бірақ Мәмағам мен Күлқайыр екеуі мені өте жақсы көріп, өздері жұмыс басты болып жүрсе де, асты-үстіме түсіп, әкемнің жоқтығын сездірмеуге тырысты. Басыңа іс түскенде пана болған ағайын, қайран туыс. Әкем кеткеннен кейін ауырып Төкен қайтыс болды. Біз енді Мәмағам, Күлқайыр үшеуміз ғана қалдық.
Маған Қумаяда бұрыңғыдай шұбап жүретін аш-арықтар жоқ, ел азайып қалған ба, қалайда халықтың жағдайы түзелген сияқты болып көрінетін. Сөйтсем, елдің көбі аштан қырылып қалған екен ғой. Міне, жаз да шықты, Мәмағам тас қораны тастап, кірпіш үйге шықты. Екі-үш үй екі бөлмелі қоржын үйде тұрдық. Кешке жатарда араларын шымылдық сыяқты бірдеңемен көлегейлей салады. Тамақтарын әркім өз алдына, бір столдың басында отырып іше береді. Елдің ішін сүзек жайлады, енді ел аштан емес, сүзектен өліп жатыр. Бір күні бізге әке орнына әке болған, қамқоршымыз Мәмағам түнде тосыннан ауырып, ертеңіне таң ата қайтыс болды. Біздің басымызға қара түнек орнады. Күлқайыр екеуміз Мәмағамның денесін құшақтап, «Жан ағам-ау, бізді тастап қайда кеттің» деп зар еңіреп жылаумен болдық. Мәмағам ашаршылықта көп елге көмектескен жақсы адам еді, халық тез жиналып бізді алып кетті де, әкемізді жерледі. Енді біз аяқ астынан күн көріссіз таза жетім болып далада қалдық. Апамыз Жақия да келмей қойды. Көршілер анда-санда ептеп тамақ беріп жүрді, өзі жоқшылық заманда кімді кінәлайсың? Екеумізді күнде-күнде тезек теруге жібереді, күйігіміз ішімізде, екеуміз де бірімізді-біріміз аяп, сыртқа шығарғымыз келмейтіндей тістеніп жүреміз. Әлден уақытта әбден қыстығып, өзін-өзі ұстай алмай қалды ғой деймін, Күлқайырдың іштей өксіген дауысы шығып кетті, мен де ішімнен езіліп, зорға жүр едім, жаңағы шыққан дыбысты ести сала, қолымдағы тезекті тастай салып, жүгіріп барып апамды құшақтап алып, иесіз далада дауыс салып ал жылайық. Құшақтасып отырып жылап-жылап әбден әлсіреген болуымыз керек, екеуміз де сол беті ұйықтап қалыппыз. Бір уақытта құлағыма «Құлындарым-ау»- деген сағыныш пен өксікке толы дауыс естілгенде, әкем келіп қалды ма деп, қуанышым қойныма сыймай, «Әке» деп орнымнан атып тұрсам, түйеге мініп келе жатқан Сүлеймен жездем екен. «Құлындарым-ау, жақсыдан қалған жұрағаттарым-ау», - деген зарлана шыққан дауысына өзінің үнін қосқандай, тап бір біздің аянышты қалымызды сезгендей, түйенің боздаған дауысы қосылып, оған Сүлеймен жездемнің бізді іздеп келгеніне қуанғаннан буындарымыз босап, аяғымызды басып орнымыздан қозғала алмай, отырған жерімізде өкси шыққан біздің даусымыз қосылғанда, басымызға осыншама ауыртпашылық салған заманға лағынет айтқандай, біріне-бірі қосылып, Қумаяның даласын аңыратқан, зарлы дауыстар әлі күнге дейін құлағымнан кетпейді. Айналайын жездемнің бізді аймалап бетімізден сүйгеніне ішіміз елжіреп, ағайын құшағын көптен бері сағынып жүрген Күлқайыр екеуміз, ол кісіні құшақтап көпке дейін өксігімізді баса алмай қойдық. Жездеміздің бізді іздеп келгені өлгеніміз тіріліп, сөнгеніміз жанғандай болды. Жездем түйесін шөгеріп, қоржынындағы бізге әкелген тамақтарын ортаға қойды. Күлқайыр екеумізге әбден жоқшылықтың табы өтіп кеткен бе, жездеміздің жылы көңіліне елжіреп өксігімізді баса алмай, анда-санда ішегімізді тартып қалып көзіміздің жасы тыйылмай отырғанына жездем басу айтып жатыр. «Айналайындар, жыламаңдар, Жақия екеуміз аман болсақ, енді сендерді жылатпауға тырысамыз. Құдай енді жылатпасын, келіңдер беттеріңді сүртіп тамаққа отырыңдар, апаңның берген тамағына тойып алыңдар, кешке қалмай үйге жетейік. Апаларыңда тағат таппай, бауырларым қашан келер екен деп тосып отырған шығар» - деген жылы сөздерін ести отырып Мәмағам қайтыс болғалы тоя тамақ ішпей жүрген Күлқайыр екеуміз апамыздың жіберген тамағына әбден тойып алдық. Жездеміз осы беті мені алдына, Күлқайырды артына мінгізіп, өз ауылына қарай бет алып жүріп кетті. .
Жаздың күні ғой түйенің теңселе басқан баяу жүрісімен келе жатырмыз. Айналамызда тірі жан, не бір бас мал көрінбейді, иесіз дала. Бейне бір осы дүниеде бізден басқа ешкім қалмағандай. Үшеуміз әңгімелесіп отырып, біраз жүргеннен кейін бір көлге таяй бергенімізде, көлдің бетінен екі қаз қаңқылдап аспанға көтерілді де, сол қаңқылдаған дауыстарымен біздің төбемізден үш айнала ұшып өтіп, қайтадан барып көлге қонды. Біз осы төңіректегі өлі тыныштықты бұзған, табиғаттың тамаша бір көрінісідей, қаздардың қаңқылдаған дауысына, қалықтай ұшқан көрінісіне, сүйсіне ауызымызды ашып аспанға қарап қалыппыз. Біраз жасқа келіп қалған Сүлеймен жездеміз сол жерде түйесін шөгерді. Бізді де түйеден түсірді өзі жылап жүр, ол кісінің неге жылағанын түсінбей, жетімнің көз жасы дайын тұрады ғой, бізде бір сұмдық болып қалды ма деген оймен, «Аға не болды» - деп үрейлене дауыстап, қоса жылап жатырмыз. Жездеміз бізді жұбатып, «ал айналайын, жақсыдан қалған жұрағаттарым жыламаңдар, мына екі қаздың көлден ұшып шығып, қаңқылдаған беттері көкке көтеріліп барып, біздің басымыздан үш айналып көлге қайта қонғанын көрдіңдер ме? Құданың құдыреті, бұл бір жақсылықтың нышаны шығар, бір Алла сендерге қамқоршы болады, мен соған қуанғаннан жылап жібердім, қане тамақ ішіп алайық та, кешке қалмай үйге жетейік» деді. Жездеміздің көлден ұшқан қаздардың біздің үстімізден үш айнала ұшып, қайта қонғанына ырымдап жақсылық болады дегеніне қамыққан көңіліміз орнына түсіп, қуанып жатырмыз. Тамақтанып алып қайтадан түйеге міндік те, екіндінің уақытында ауылдың шетіне іліктік. Апамыз да шыдай алмай тосып отыр екен, біздің қарамызды алыстан көрісімен, зарлы дауыспен жоқтау айтып алдымыздан шықты. Жездеміз үйге жетпей түйесін шөгеріп бізді түсірді. Ол екі ортада апамыз да жетті. Бізбен кезек–кезек құшақтасып көрісіп, біраз мауқын басқаннан кейін жаяу ауылға келдік. Енді біріміз 8-де, екіншіміз 13-те екі жетім Сүлеймен жездеміз бен Жақия апамыздың қамқоршылығында болдық. Бұл жер қой совхозы еді. Әкенің жақсылығы жездедей-ақ дейді ғой қазақ, бұл да жақсы кісілерге арнап айтылған сөз шығар. Әйтпесе қай жезде әкені ауыстыра алады дейсіз? Жақия өз туғанымыз ғой, ал Сүлеймен жездем бізге нағыз әке орнына әке болды. Ол екеуі біздің ел қатарлы адам болуымыз үшін, мына заманда тіпті тірі қалуымыз үшін не істемеді, қандай қиындық болса да төзе білді. Біз соның есесін қайтара алдық па? Айта алмаймын, кем-кетігі болса Алладан қайтсын. Менің қолымнан келгені, марқұмды өз қолымнан жерлеп, басына бар өнерімді салып белгі қойдым. Қайран туыстарым адал еді ғой. Жаратушы Алла олардың үрім-бұтақтарына тек жақсылық әкелсін.
Дұрыс саясат, ақылды басшылық болмай, жеке адамға табынудың салдарынан ауылдағы сай-сайда өз алдарына малдарын бағып, сонымен күндерін көріп отырған елді орталықтандырамыз деп, бір жерге жинап, қазақтың қолындағы малдарын тартып алып, өздерін тентіреткен, бүкіл қазақ даласын малдан жұт жайлағандай тазартып, өздерін аштан қырған қиямет жылдар еді. Қазіргі уақытта әлі де сол жылдарға толық талдау жасалмай отыр. Бұған бірден-бір кінәлі адамдар, сол кездегі елді билеген коммунистік партияның жетекшілері, халықтың қарғысына ұшыраған Голощекин сияқтылар мен олардың жанындағы жандайшаптары. Олардың ауыздарындағы көпірген сөздері естір құлаққа жағымды болғанымен, қолдан жасаған істерінің қорытындысы, әдемі сөздеріне кері болды.
Қарқаралы төңірегіндегі ауылдардан алынған деректер бойынша, сол жылдарда халықтың 60%-і қырылып қалған. Дегенмен, бұл әлі тексерісті, зерттеуді керек етеді. Осы жылдар қазір аса көп еске де алына қоймайды. Тіпті ешқандай аштық болмағандай. Бұл сол жылдарда жазықсыз қолдан жасалған аштықтан қырылған елге, жасап отырған біздің қиянатымыз, опасыздығымыз. Сол кезде бізге көрші ел Өзбекстанда Қазақстандағыдай ел қырылған аштық болмаған. Ең көп зардап шеккендер - Украина мен Қазақстан. Осы бір алапаттан қалайда бала-шағасын аман алып қалудың амалын іздеп, тырмысып баққан, кеудесінде жаны бар, жүріп тұруға мүмкіндігі барлар, не де болса деп тәукелге барғандар, сыртқа, үлкен қалаларға жетуге тырысты. Жаяу-жалпы шұбырды. Апат аймағынан әлділер ғана көлікпен кете алды. Олардың да көбісі жолда қырылып қалды. Сондықтан бұған үлкен мән беріп, жоғарғы үкімет тарапынан бір күн белгіленіп, жай ғана күнтізбелік күн ретінде емес, бүкілхалықтың аза тұтатын күні болып белгіленіп, жер-жерлерде ескерткіш қойылса, ел жиналып мешіттерде ас беріліп Құран оқылса өте дұрыс болар еді. Өткеннен сабақ алып, оны ұмытпаған жақсы.
Есею жылдары, балалар үйінде
Сол 1933 жылы біз тұрған қой совхозының малдарын Павлодар жаққа көшіретін болды да, сол жақтағы Лебяжы деген жерге екі ай жүріп көшіп бардық. Қонған жеріміз Ертіс өзенінің бойы. Бұл жерді қазақтар Қиық деп атайды. Мұнда жазғытұрым Ертістің суы жайылып кетеді екен. Шөбі қалың тоғайы бар, шұрайлы жер. Шөп дегеніңіз мая-мая болып үйіліп тұрады. Қыста осында қыстап, қар ери бастағанда қырға көшіп барып малды сонда қоздатады. Қыстақтар дөңес жерлерге салынған. Жаз жайлауда болып, қыс түсе қыстауға қайта көшіп келеді. Мен жездеммен бірге қой бағамын, құрттаған қойларды ұстап беремін. Қасқыр қалың, кейде қойға шапқанда мені баласына ма, тіпті адам деп есептемейді, қорыққаннан дауысым да шықпай қалады. Күзде қойшылардың балаларын жинап Лебяжыға оқуға алып кетті. Мен де оқушының тізіміне ілігіп мектепке бардым. Мұғалімдер каникулға өздері алып келіп, каникул біткеннен кейін, қайтадан өздері келіп жинап алып кететін. Осында бірінші класты жақсы бітірдім. Біздің оқитын жеріміз Ертістің арғы бетінде. Жазғытұрым каникулда Мұхаметжан деген мұғалім бала жинауға келді. Ол үлкен қайықпен келіпті, бұл Ертістің суы тасыған кез болатын. Көктемде осылай су жайылып кетеді де, күзге қарай жаңағының әр жері арал болып қалады. Аралда қалған қоян, түлкілерді арнаулы кісілер қайықпен барып жағаға шығарып жүреді. Көктемгі каникул біткеннен кейін, Мұхаметжан мұғалім жинап алған балаларды қайыққа мінгізіп, өзен ішімен жүзіп отырып Лебяжіге таяғанда, жүзіп келе жатқан параходтың алдын кесіп өтемін дегенде, үлгере алмай параход қайықты қағып кетті. Қайық аударылып қалды да, бәріміз суға кеттік. Параходтағылар суға түсіп, балаларды қармақпен іліп алып судан шығарып аман алып қалды. Мұхаметжан мұғалімді таба алмады, 2-3 айдан кейін, төменгі ағыстан тауып әкеліп жерледі. Біз мұғалімімізді өте жақсы көруші едік, қатты қайғырып қалдық. Мектепті кейіннен сол кісінің есімімен атады. 1935 жылы оқу біткеннен кейін, біздің үй елге көшпекші болды. Сүлеймен жездеміз науқастанып қалды, және біздерді сыртта жүрсе бірін-бірі танымай ағайынға жат болып кетеді, одан да ел ортасында болсын деп елге көшіп келді. Келгеннен кейін бізді Қарқаралыдағы балалар үйіне тапсырды.
Үш жылға аяқ басты, әкейден хабар жоқ, не өлі, не тірі екені белгісіз, өлдіге қимаймыз, бірақ тірі болса бір хабар келетін уақыты болды ғой деп ойлап қоямыз. Жаманшылыққа қимағанмен, осынша уақыт хабарсыз болғанына көңілде күдік те жоқ емес. Сол жылы жазда әркімнен Қызылжарға мал айдауға барғандардан не хабар бар деп сұрап жүргенімізде ел құлағы елу демей ме, сол айтқандай біреулерден ол кісілердің хабарын естідік. Қой айдап бара жатқандар қыстың күні қатты боранға ілігіп, қой ығып кетеді. Айдаушылар қойдың соңынан кетеді. Боран басылғанда қойдан да, адамнан да шығын болады. Көп қой қырылып қалған. Содан тергеу жүріп, тірі қалғандарды соттап жіберген, әкем бір жыл отырып, босап шыққаннан кейін, елге барып баламды тауып аламын деп жүргенде тосыннан ауырып қайтыс болады. Бұл хабарды Семей қаласында тұратын Қурай деген әкемнің досы біреулерге айтып кеткен екен. Осы хабарды естігеннен кейін, бауырының қазасына күйініп, апамның белі бүкір болып қалды. Осылай әкеден айырылып жалғыз қалдым.
Балалар үйінде мен 1935 жылдан 1939 жылға дейін болып, алтыншы класты үздік бітіріп шықтым. Қарқаралының детдомы менің өмірге қол созған алтын бесігім болды. Детдом директоры Ботов Константин мақтайтын балаларға қатты еліктеуші едім, солардай болғым келетін. Ол кезде бізде әр түрлі үйірмелерге тіркеліп домбыра, музыканы үйренуге құмартатынбыз. Ағаш шеберлігі өнеріне Баймұқаш, Кәкібек деген ағаларымыз үйрететін. Мен қалайда музыкадан қашып кетіп ағаш шеберлігіне қызығып, соған ден қойдым. Дыбысов Зекен деген бір тамаша ересек бала болды, мен соған еліктеймін. Ол суретті өте тамаша салатын, сондай зерек, оқуды да өте жақсы оқитын. Сол жылы басталған Фин соғысына кетті де, сонда қаза болғанын естідім. Сол Қарқаралыдағы балалар үйінде тәрбиеленгендердің көпшілігі өмірден қанша зардап шексе де, өз қолдары өздеріне жете келе, келешек өмірге деген көзқарастары дұрыс қалыптасып, алғыр, білімді, ақылды адамдар болып қалыптасты. Абайдың сөзімен айтқанда «Жігерлі, дана, ақылды, жылы жүректі» азаматтар болып соғыста да, одан кейінгі жылдарда да жемісті еңбек етіп, елге өмір өнегесін көрсете білді. Елдің ұғымындағы детдомның балалары бұзылған, сотқар, өлген тірілгендеріне қарамайтын төбелескіш, ұры деген тәрізді сөздерді естіп жүреміз де, өзімізше сол пікірдің дұрыс емес екенін дәлелдегіміз келетін.
Солардан қазір ойымда қалғаны: Ысқақов Қадыр мен інісі Теңдік, бірі мектеп меңгерушісі болса, екіншісі дәрігер, жақсы хирург болып шықты. Мамаев Жылқыбай Ақмола жақта ішкі істер бөлімінде полковник. Жарылғасынов Дүйсенбай батальон командирі болды. Денисенко, біз оны Чапай деп атайтынбыз,соғыста рота командирі болды. Тоқсейіт деген жігіт Семей облысының бір совхозында зоотехник болды. Блялов Жаңабай, Мұқашов Мүбәрәк деген жақсы адамдар болған. Балалар үйіндегі 5-6 жыл менің өміріме жақсы жол салды. Сонда болған ұлдар мен қыздар бірге туған бауырдай болдық, оларды күні бүгінге дейін ағайыным туысым, туғаным деп санаймын. Олардың ұрпақтарына әке- шешелеріңнің көрген бейнеттерін, көрмей, олардың жақсы қасиеттерін жалғастырушы болыңдар дегім келеді.
1939 жылы жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша 13-14 жастан асқан балаларды детдомнан шығарып, Горпромышқа жұмыс орындарына тапсыру кезегі бізге де келді. Горпромыш деген мекеме бұған балалар үйінде болуға жасы толған, мамандығы жоқ, қолдары бос балаларды әкеліп тіркетеді, олар тиісінше жаңағы балаларды жұмыскер керек деген жерге жұмысқа жібереді. Бізді 9 қыз, 4 ұлды Шет ауданының Қызыл-ту ет –сүт совхозына ауыл шаруашылық жұмысқа жұмылдыру үшін, апаратын болды. Пар ат жеккен арба мен тәрбиеші Қожасов Дакар бізді сол ауылға апарып ауыл бастықтарына табыс етті. Қыз балалар сиыр фермасына сиыр саууға кетті. Ұлдарды шөп шабу жұмысына жіберді. Біз баратын бөлімше меңгерушісінің фамилиясы да менің фамилияммен ұқсас екен. Біздің аты- жөндерімізді атап жатқанда, кезек келіп менің аты жөнімді естігенде, жаңағы кісі орнынан тұрып келіп, «Мынау - менің жоғалып кеткен ұлым» - деп мені көтеріп алып құшақтап бетімнен сүйіп шын әкемдей елжіреп жатыр. Мен бір жағы аң-таңмын, екіншіден көптен ата-ана құшағын көрмегендіктен ішім жылып кетті. Бізді сол жерде тамақтандырып, өзі мініп келген екі түйеге мінгестіріп алды да, бөлімшеге алып келді. Шөп басында тігілген 4-5 кигіз үйлердің біріне жете бере, әйелінің атын атап шақырып алып, баламды тауып алдым деп сүйінші сұрап жатыр. Бұл хабар қолма-қол бүкіл бөлімшеге тартап кетті. Әйелі де ер мінезді адам екен, жолдасының үніне үн қосып, ол да мені құшақтап сүйіп жатыр. Үйіне әкеліп басталмаған бір қарын майын ашып, қой сойып елді шақырып думанды кеш өткізді. Біз осында жатып шомылып, жақсылап дем алып алдық. Детдомның балалары тәртіпсіз, түрлері жүдеу, шаштары үрпиген, қындарында бірден емес, екіден пышағы жүреді, жеп тамаққа тоймайды, не жұмыс істеп қарық қылмайды, адамгершілікті, қоғамдық тәртіпті түсінбейтін балалар деген лақаппен келген біздерге бұл үлкен мектептен өткендей болды. Ұйқымыз қанып, тұрғаннан кейін, менің «ата-анам» айналып толғанып жүріп бізді тамақтандырып алды да, енді істелетін жұмыспен таныстырды. Шөп жинау басқа жұмыстардан кейіндеп, қалып қойған екен. Бөлімше бастығы өзі отырып тырнауышпен қалай жұмыс істеу керек екенін түсіндірді де, бізге жағдайды айтып, жаңбыр жауып кетсе шабылған шөп ысырап болады, сондықтан барынша жақсы қимылдап, шабылған шөпті тездете жинап бітіруді тапсырды. Біз бар ынтамызбен жұмысқа кірісіп кеттік. Бұл ол кісілердің үлкен адамгершілігі еді. Кейіннен де мен ол үйден қол үзбей, өзімнің бір туыстарымдай болып кеттік. Бұл ауылда менің жанымда Дәулетбаев, Власенко, Жолтов төртеуміз болдық. Детдомда мен 5 отрядта пионер вожатый болғанмын, содан да болар, балалар мені сыйлап, тілімді алатын, сол сыйласымдығымызбен біз бір үйдің баласындай тату болдық. Жаздай мал азығын дайындауда шөп жинау, маялау, шөп тасу, сияқты жұмыстарда болдық. Шөп біткеннен кейін, бастық бізге рахметін айтып, совхоз орталығына алып келді. Еңбегімізге көп-көрім ақша алдық. Мұнда бізді трактор бригадасына орналастырды. Маған бір шотаяқ ЧТЗ тракторын беріп еді, әлгінің руліне шамам келмегеннен кейін басқа жұмысқа жіберді. Мен сол бригадада істейтін қарт ұстаның үйінде тұрып жаттым. Менің трактор паркінің ауласындағы жазған ұрандарымды көріп, партия ұйымының бастығы мені өзіне хатшы етіп алды. Мен көбінесе атқа мініп жиналысқа кісі шақырамын, жиналыс қаулысын толтырамын және партия ұйымының іс-қағаздарын реттеумен шұғылданамын. Күзде бастық босатпағаннан кейін, рұқсатсыз оқу іздеп Қарағандыға кетіп қалдым. Онда барғаннан кейін, ешқандай құжатсыз жүрген мені ұстап алды да, қайтадан сол ауылға бара жатқан машинаға мінгізіп, қайтарып жіберді. Осы жердегі Ақбауыр деп аталатын колхозға келіп 7-нші класқа оқуға бардым. Онда Ботов Николай көп көмектесіп, мені бір диірменші орыстың үйіне орналастырды. Бірақ совхоз басшылығы келісілген тамақ, оқу шығынына кететін қаражатты бермегеннен кейін, интернат жоқ, біреудің үйінде тегін жата алмадым да, оқуды тастап кеттім. Көктем шыға политодтел бастығы мені қайтадан өз жанына алып, егін қосына культмассовик етіп жіберді. Менің міндетім - күнделікті жұмыстың көрсеткіштерін тақтаға жазып қоямын, жер өлшеу, газет шығару жұмыстарын атқарамын. Қалайда оқуымды жалғастырғым келеді. Осылай жүргенде, бір күні Қарқаралыдан ағаш әкелуге бір машина кетіп бара жатыр екен, ешкімге айтпай соған міне сала қалаға тартып кеттім. Сұранғанмен «ауылда жұмыскер күші аз» дегенді желеу етіп, мені бәрі-бір босатпайтын еді. Мақсатым - мұғалімдер дайындайтын училищеге оқуға түсу. Мен 6 класты ғана бітіргенмін, ал училищеге тек 7 кластық біліммен алады және қабылдау емтиханы өтеді. Онда жетінші сынып оқу жүйесі бағдарламасы бойынша емтихан тапсыру керек. Жағдай мәз емес. Совхоздан есеп айырыспай кетіп қалғанмын, сондықтан қаражат та жоқ. Жанашыр туыс тағы жоқ. Мектепті жағалап жүргенімде шаруашылық басқарушысы Жүнісов Ермекбай деген кісі орта жастағы адам жолықты. Әңгімелесе отырып ол кісіге өзімнің жағдайымды айттым. Ерекең маған егер мен өзіне шаруашылық жұмысына көмектесетін болсам, мектеп директорына айтып, оқуға түсуге көмектесетінін және өзі кемтар, әйелінің науқас екенін ескертіп, егер де арасында үй шаруасына көмектесіп жүрсем, мені өзінің үйінде ұстауға келісетінін айтты. Менде басқадай таңдау болмағаннан кейін, сол кісіге көмекші болдым. Училищеде 2 ат, 6 өгіз,5 арба бар екен, осылармен мектептің қыстық отынын, малдың шөбін дайындайды. Мен Ермекеңе көмектесіп малды бағамын, үйдегі ағаш жару, су әкелу, күш көліктерді бағу жұмыстарын істеймін. Ерекеңнің көмегі, қайтсе де оқуға түсуіңе көмектесемін, тек қыста мектеп айналасының қарын күрейсің және пешке от жағасың деп менен ант алды. Оқуға түсіремін дегеннен кейін жан қала ма, бар шаруаны зыр жүгіріп жүріп істей бастадым. Оқу уақыты таяған сайын оқуға түсемін деген үмітім азая берді. Ермекбай ағам бастықтардан дұрыс жауап ала алмады. Мектеп директоры Қанарбаев Жәпіш, оқу ісінің меңгерушісі Әбілғазин Серікбай, бухгалтері Лапшин Михаил Дмитриевич, бәрі де білгір жақсы адамдар еді. Қалайда оқуға түсу үшін, не істеу керек? Осы оймен мектепте оқу ісінің хатшысы болып істейтін бұрыннан таныс Ермек деген жігітке барып:
- Ал, Ермек, менің саған қояр екі тілегім бар, соның ішінен өзіңнің қалағаныңды таңдап ал, – дедім.
– Ал, қане, айта ғой тілегіңді, көрейін, - деді, Ермек те бұл не айтайын деп тұр деген оймен.
- Сен менің қандай адам екенімді білесің бе? -дедім.
- Білемін, - дейді Ермек маған таңырқай қарап.
- Ал, енді менің саған қояр талабым, Мен мектепке оқуға түсіп оқу оқып адам болуым керек пе, әлде осылай қаңғып жүріп бір күні жауапталып кетуім керек пе? Ал енді осы екеуінен өзіңнің таңдағаныңды алшы, -дедім.
- Мен ол үшін не істеуім керек? Әрине мен сенің оқу оқып, дұрыс адам болғаныңды қалаймын.
- Ол үшін қабылдау емтиханы 3 сабақтан өтеді. Оның біреуі математика, мен 7-ші класты оқыған жоқпын, сондықтан сен маған математиканың есебін шығарып бересің. Қалған сабақтарды өзім тапсырамын. Сөйтіп, маған 7-нші класс көлемінде емтихан тапсыруға көмектессең мен оқуға түсемін.
- Емтихан қашан?
- Ертең.
Ермектің көмегі ойдағыдай болды. Мен сынақтан жақсы өтіп мектепке қабылдандым, қуанышымда шек жоқ. Менімен бірге детдомда болған Мамаев Жылқыбай орыс тобына түсті, екеуміз жатақхананың бір бөлмесінде жатамыз. Екеуміз де өте қуаныштымыз. Оны мен жаныма ертіп алып, екеуміз училищеге от жағушы болып орналастық. Педучилище кейіннен орыс мектебі болған екі қабаты қызыл кірпіштен қаланған үй. Екі қабатта тоғыздан он сегіз пеш бар. Түнгі сағат үште тұрып от жағамыз, от жанып біткеннен кейін, таңғы сағат сегізде пештердің төбесін жауып шығамыз. Іле-шала оқуға барамыз. Оқудан қолымыз босағанда ағаш кесіп, оны жарып, арқалап жүріп пештерге сырттағы жарылған ағаштарды тасимыз, әр пешке тамызыққа жаңқа дайындаймыз, арасында сабаққа дайындаламыз, пештің күлін шығарамыз, бұл түнгі сағат 9-10 шамасында бітеді. Жата қалып 5-6 сағат дем алып алғаннан кейін, пеш жағуға қайта тұрамыз. Біз осыған да қуанышты болдық. Өйткені біздің осы жұмысымызға ақша төлейтін, сондықтан да біз ешкімге телмірмей, өз күн көрісіміз өзімізде болғанына қуандық. Ол кезде оқушылар сабақты беріле оқитын. Ауданның барлық колхоздарынан келген балалардың білімге құштарлығы орасан еді. Балалардың ішінде өлең шығарып, шығармалар жазатын өте дарындылары да болды. Оқуы жақсы балаларға жұмыс істеуге рұқсат беретін. Бұл шара оқушылардың жақсы маман болып, өмірге қалыптасуларына көп ықпал етті. Мектеп мұғалімдері де өте білімді, ұстамды, мәдениетті адамдар еді. Олар: жер ауып келген ғалым-профессор Прохоровский, поляк Кучма, Қазыбаев, Щелле, Әбілғазин Серікбай, педогогикадан Нұрмағанов Мұқажан, химиядан Баймақанов Әбеу т.б. адамдар сабақ берді. 7 класты оқымағандықтан маған химия, алгебра, геометрия сабақтары ауырлау болып жүрді, басқа сабақтардан жақсы болдым. Тіпті әдіскер Нұрмағанов Мұқажанның сабағын конспектісіз мұғалімнің айтқанын айтып беретінмін. Ол кісіге сіз Макаренко сияқты педагоксыз деп Макаренконың суретін салып бергенімді көріп, маған барлық ғалым-педогогтардың суретін салғызып, кластарға ілгізіп қойды да, материал тауып беріп, оның ақысын төлетті. Ол кезде оқу тегін болғанымен, тамақ ақылы болатын, бұл қаражат осының бәріне үлкен көмек болды.
Екінші тоқсан ортасында аяқ астынан мені мектептен шығарып жіберді. Оған себеп болған менің осы сабақты жақсы түсініп жақсы оқысам деген ойым болды. Бірінші сабақ химия болатын. Мен сабақты жақсы түсіну үшін мұғалімнің қарсы алдына бірінші партаға отырып алып, сабақ тыңдағанды жақсы көретінмін. Бұл орынды өзінше меншіктеніп алған ересектеу Самат деген бала бұрын 3-4 рет келіп желкемнен ұстап алып, мені көтеріп былай шығарып тастаған кездері болды. Менің оған жай ғана айтқан тілегіме ол құлақ аспақ түгілі өзімді келеке ететін болды. Қоңырау соғылды, химия сабағы басталуы керек. Мен әдеттегідей алдыңғы партаға отыра қалып едім, Самат өзінің әдетіне басып, қабағын түйіп жаныма келді. Мен де бұрыңғыдай емес, «Әй, осы біреу» деп, оның мына ісіне зығырданым қайнап отырған. «Сен неге айтқанды тыңдамайсың» деп тағы да өр кеуделеніп, қолын созып желкемнен ұстауға келе жатыр еді, «Әй, осы сенен көрген көрешегім бе» деп орнымнан атып тұрып, оның жағасына жармаса кеттім. Қолым бір босағанда, қошқарларша шегініп бардым да, екпіндете жүгіріп келіп Саматтың ішінен басыммен сүзгенімде ол еңкейе қалды, сол кезде тіземмен беттен соққанымда, Саматым шалқасынан құлап, өзімен қоса химия приборлары тұрған шкафты құлатты. Приборлар мен қоса шкафтың шынысы қирап, оның қолы–басын кесіп, өне-бойы қан болды. Өте ыңғайсыз жағдай болды. Мұғалім барып директорды шақырып келді. Директор келгенше, біз үнсіз тосып тұрмыз. Жәпіш келген бетте бет-аузын қан басып кеткен Саматты көрді де, «кім мынаны істеген» деп айқайға басты. Самат тұрды да «Мына Аманбаев» деді. Ашуға мінген директор әрі қарай оның ақ-қарасын анықтап жатқан да жоқ, таяқ тисе бірінші сорлыға тиеді деп, мені директор Қоңырбаев Жәпіш «сабақ үстіндегі ерекше тәртіпсіздігі үшін» деп мектептен шығарып жіберді. Оқуға қатыспасам да от жағу жұмысымды тастамадым. Бір күні педогогикалық советке мұғалімдердің айтуымен менің мәселемді қойыпты. Мені шақыртып алды, мұғалімдердің алдына шығып: «Менің 7 класты оқуыма мүмкіндігім болмады. Сонда да оқу үшін азапқа түстім. Жетінші кластың материалы бойынша емтихан тапсырып оқуға түстім. Химия, алгебра сияқты пәндердің сабақтары маған ауырлау болып жүргендіктен алдыңғы жақта отырып мұғалімнің айтқанын жақсы ұғуға талпындым, сол үшін де, соған қарсылық жасаған Саматпен шекісіп қалдым. Одан кешірім сұрадым, енді сіздер де кешіріп, мені мектепте қалдыруларыңызды өтінемін» дедім. Мені қоштап сөйлеген мұғалімдер де болды, Ермекбай ағай жыларман болып «жетім бала, талабы өте күшті, енді осының сағын сындырмай бір жолға кешіріп оқуын жалғастыруға мүмкіндік берейік» дегеніне Қоңырбаев көнбеді. Өзі әбден қатайып алыпты, жуырда жібитін түрі көнбеді. Мектепке алғанды қойып маған қарап,«сен мектеп үшін нағыз қауіпті элементсің, сондықтан жатақханадан шық, әйтпесе, ісіңді заң орнына беріп, жауапқа тартып, түрмеге жаптырамын» деді. Қауіп күшейді, жатақханадан да шығарып жіберді. Қайда барамын, біраз көше кезіп жүрдім де, әрі-бері ойланып жүріп Ермекеңнің үйіне барып қондым. Басқа барар жерім де жоқ еді.
Ертеңіне өзім өте жақсы көретін мұғалімім Нұрмағанов Мұқажан мені үйіне ертіп апарып, «уақытша осында, біздің үйде тұра тұр, жұмысыңды тастамай істей бер, оқудан күдер үзбе, бір жағдайын жасап көрерміз» деп қуантып қойды.
Осылайша 15 күн сабаққа қатыспадым, жұмысымды істеп жүрмін. Бір күні, Мұқажан маған ертең тағы педсовет болады, сенің мәселеңді қайтадан қоямыз деді. Педсовет басталды. Мен жиналыс жүріп жатқан бөлменің алдында тұрмын. Көңілім күпті, бар сенімім Мұқажан сияқты жанашыр ағаларымда. Мұқажан, негізгі мәселелері біткеннен кейін, орнынан тұрып, «Құрметті ұстаздар, мен осы кеңесте, мектеп оқушысы Аманбаев Сұлтанның жағдайын қайта қарауды ұсынамын» деді. Әйтеуір, біраз созбалап барып, күн тәртібіне кіргізді. Ақырғы мәселеге келгенде Мұқажан орнынан тұрып менің жағдайымды айта келіп, ертеде «Египетте мамлюктерді тәрбиелегенде, олардың біреуі түлкінің күшігін ұстап алған екен. «Сапқа тұрыңдар» деген бұйрық болған кезде әлгі мамлюк түлкінің күшігін жіберуге қимай, кимінің ішіне тыға салыпты. Тағы күшік өзіне жігіттің жаны ашығанын қайтсін, жігіттің ішін өткір тісімен жарып жіберіпті. Жігіт ішін ұстай құлаған кезде түлкінің күшігі қойнынан шығып тұра қашыпты. Қазіргі кезеңде ауыр жұмыс істеп, күніне 4-5 сағат қана ұйықтап, оқуға сонша құлшынып жүрген, төзімді мамлюктен келешек күтейік, оның оқуға деген құлшынысын өздеріңіз естідіңіздер, сондықтан сөзімді қорыта келе, Аманбаев Сұлтанға кешірім жасап, оның оқуын жалғастыруына мүмкіндік жасайық, келешегіне балта шаппай, қайта көмектесіп жіберуіміз керек» деді. Мұқажанның сөзін басқа мұғалімдер де қолдағаннан кейін, директор мені шақыртып алды да, мұғалімдердің алдына тұрғызып қойып, енді қайтадан бұзақылық жасамаймын деген антымды алып, оқуға қабылдады. Қуанышымда шек жоқ, іштей Мұқажан аға бастаған мұғалімдерге алғысымды айтып жатырмын. Өмірде даңғыл жол жоқ, оның кедір-бұдыры да болады деген осы. Бірақ бұл жерде менікі дұрыс болмағанымен, мен өз жағдайым үшін және өзімнің арымды аяқа таптатпау үшін төбелесіп едім. Сондықтан да көптің алдында кінәлімін дегеніммен, өзімді кінәлімін деп есептемедім.
Екінші жартыжылдықтан бастап бастауыш класс мұғалімінің негізі оқу жүйесі басталды. Бұрынғыдай емес, сабақ жеңілдеді. Менің сол мектептен шығуыма, сабаққа деген құлшынысым және әлімжеттікке салынған дөрекі мінезділерге берген қарсы соққымның өзі мұғалімдер мен студенттер арасында менің жеке басымның қадірін арттыра бастады. Менің осы жаманшылыққа төзбейтін, қандай ауыр болса да еңбек етуге арланбайтын, досқа адал, дұшпанға деген өз абыройым үшін қатыгездігімнің арқасында достарымның да арасында өте сыйлы болдым. Осы мектепте бірге оқыған Аймақов Әділхан, Бердоңғаров Дәкен. Әбдікәрімов Ебентай. Наурызбаев Тұрсын. Сұлтанбекова Р., Қорықбаева М., Жиенбаев Мәді., Ақмаев Кәрім., Оспанов Төкен, т.б. жігіттермен қадірлес, жақсы жолдас болып алдым. Осы мектепте жүріп мен 14 жасымда «Истопник Каркаралинского пеогогического училища» деген жазуы бар еңбек кітапшасын алдым.
Оқу біткеннен кейін балалар үйлеріне тарады, біз Жылқыбай екеуміз мектепте қалып, ішкі жөндеу, қысқа отын-шөп дайындау жұмыстарына қалатын болдық. Жылқыбай балалар үйіне жас кезінде келген екен. Әке-шешесі жоқ тұл жетім. Балалар үйіне біреулер әкеліп тапсырып кеткенде «мамай-мамай» деп жылай береді екен. Содан фамилиясын Мамаев деп жазып жіберген. Ақкөңіл, өте тамаша жігіт еді. Екеуміз ат арбамен тоғайға барып, орман-тоғай мекемесінің кісілері белгілеп берген ағаштарды кесіп, бұтақтап, мектептің қыстық отынын тасып алдық. Ол кезде тас көмір деген жоқ, қысқа ағаш өте көп кететін. Шөп шабуда көп қиыншылық көрдік, бұрын шалғы ұстамаған адамға бірден кірісіп кету де оңай емес. Осы жұмыстардың бәрін мектеп күзетшісі болып жүрген Төребек ақсақал бізге жұмыс істеу тәсілдерін үйретуден жалыққан емес. Кейде кешке келгенде бізді тосып алып, арбаның дөңгелегінің майлауын тексеріп, «майсыз болса, біріншіден көлікке ауыр, екіншіден арба бүлінеді, соның қырсығынан жұмысың тоқтап қалады» деп ақылын айтып отыратын.
Балалар тарасымен Герман үкіметінің Совет еліне опасыздықпен шабуыл жасады деп соғыстың басталғанын хабарлады. Ел абыржып, халық арасында алдағы күніне деген сенімсіздік, қорқыныш етек алды. Соғыс туралы суық хабарлар келіп жатыр. Оның үстіне жастары 18 бен 50 жас арасындағыларды жаппай әскерге алу үкімі шығып, жылап-сықтау көбейіп кетті. Алғашқы кезде біздің ойымызда Совет үкіметінің қызыл әскеріндей батыл да, айбынды әскер еш мемлекетте жоқ. Сондықтан да олар немістерді Совет елінің жерінен қуып шығады деген сенім өте күшті болатын. Бірақ уақыт өте келе немістердің осал жау емес екенін, олар өте қарқынды түрде Совет елінің талай жерін басып алып, негізгі күшін Москва қаласын алуға жұмылдырып жатқанын естідік. Жиналып отыра қалған жердегі елдің әңгімесі соғыс жағдайы. Балалар жиналып, мектеп қабырғасынан соғысқа кеткендерді шығарып-салуға барып жүрдік. Уақыт өте келе Қарқаралыдан соғысқа кеткен солдаттардың соғыста қайтыс болғаны туралы қара қағаз бен жараланып қайтқандар да келе бастады.
Біздің мектеп директоры Қоңырбаев Жәпіш Қарағанды облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылық бөліміне қызметке кетті де, орнына Мұқажан Нұрмағанов директор болды. Жақсы адамның қызметінің өскеніне біз қуанысып қалдық. Ол кісі бізге барлық балаларға, әсіресе маған туған ағамдай болып еді. Жаппай әскер қатарына алу туралы үкіметтің бұйрығы бойынша 18 бен 50 жастың арасындағы ер адамдар түгел тіркеуге алынған. Біздің мектептегі жасы келген оқушылардың да біразын соғысқа алып кетті.
Әскерге дайындық жұмыстары, мылтық ату, сапта жүруді үйрену қатаң тәртіппен қолға алынды. Училищеде Фин соғысынан келген Журавицкий деген мұғалім оқушыларға әскери өнер үретуде өте қатал болатын. Бізге бір-бір шаңғы беріп қыстың күндері сабақтан бос уақытта жарысқа шығаратын, кейде маңайдағы колхоздарға дейін барып қайтамыз, сонда қатты аяз, боранның өзінде үстіміздегі киіміміздің суын сығып алатындай жағдайда болатын. Ол кісі осы шаңғы тебе алмаудан Фин соғысында біздің талай әскерімізді финнің шаңғыға мінген шағын солдаттары қырып салып, қашып кететінін айтып отыратын. Олар сондай ағаш арасында, таулы жерлерде шаңғымен өте шебер қимылдауының арқасында біздің әскерлер аяғына шаңғысын байлағанша қайдан шыққаны белгісіз шаңғымен ағызып келеді де ағаштың тасасында тұра қалып, автоматтан оқты жаудырып, тұрған топты қырып тастап, қашып кететінін айтып отыратын. Және бізге ескертетін, соғыс бәріңе де жетеді, ол ұзаққа созылады, бұның бәрін сендер біреулерге айтып жүрмеңдер, үндеместердің құлағына тисе, елдің арасында үрей туғызып жүр деген жаламен ұстап алуы мүмкін. Мен сендер ертең соғысқа бара қалсаңдар естеріңде болсын деп айтамын, сендерді соған дайындау менің азаматтық парызым, ол үшін бізді қинады деп маған ренжімеңдер дейтін. Сондықтан да шаңғы тебуге үйрету үшін бізді де аямайтын және өзі де аянбаушы еді. 45 минуттық сабақ кезінде қала ортасындағы паркті 20-25 рет айналдырмай тоқтатпайтын. Ебентай, Дәкен, Әділхандардың төзімділігін, жүрістерінің ширақтығын айтып, басқалардың солардан үлгі алып, солардың көрсеткішіне жеткенше жандарын шығаратын. Бірақ бұл бізге дұрыс тәрбие болды.
Күзге қарай оқу басталды. Ауылдан ертерек келген жолдас балалардың көмегі мен мұғалімдердің ұйымдастыруымен қыстайғы ағаштарды кесіп жарып, қалап алдық. Жылқыбай екеуіміздің жұмысымыз өте ауыр. Соны сезіп жүрген Әділхан, Дәкен, Ебентай, Тұрсын сияқты жолдастар бізге ұдайы көмектесіп отыратын.
1942 жылы мектептің шаруашылық басшысы Ермекбай ақсақал пар ат жеккен арбамен жанына Жылқыбайды алып, Қу ауданының бір шеткі колхозындағы жабылып қалған интернаттың дүниесін тасып әкелуге кетті. Қарқаралыдан ертемен шыққан Ермекбайлар суыт жүріп отырып, баратын ауылға қонаға келеді. Мектеп басшысының үйіне қонып шықпақшы болып аттың басын сол үйге тірейді. Кешкі астан кейін аттарды суытып отқа қойып келген Жұмабайға, Ермекбай «Мен жол соқты ма, бір түрлі болып ауырыңқырап отырмын, сен таңертең ерте тұр-дағы аттарды суғарып, жегіп дайындап, жүруге әзірлеп қоярсың» - деп өзі жатып қалады. Жұмабай таң ата тұрып, ат көлігін жолға дайындап, Ермекбайды оятуға келсе. Ерекең түндегі жатқан беті теріс қарап қырындап жатыр екен. «Ереке ат-арба дайын болды, тұрыңыз» дегеніне, әдетте өте сергек жататынын білетін Жұмабай дыбыс бергеніне қозғала қоймаған Ермекбайдың жанына барып, қаттырақ қозғап, тіпті тұрмағаннан кейін, өзіне қарай аударса, Ерекең жарықтық дүниеден өтіп кеткен екен. Бұрын ондайды көрмеген Жылқыбай айқай салып, жылаған дауысынан оянған үйдегілер келеді. Елдің бәрі абыр-сабыр болды да қалды. Күздің күні болғанымен күн ыстық еді. Алғашқыда марқұмның денесін Қарқаралыға апармақшы болып арбаға салады да, ауыл адамдары ақылдаса келе, қалаға жеткенше ыстық күнде денесі езіліп кетеді, сондықтан Алланың топырақ бұйыртқан жері осы шығар, осы ауылға жерлейік деп шешеді. Сонымен Жұмабай өзімен бірге барған ағасын жерлеп, арбаға мектептің дүниесін тиеп алып, жалғыз өзі қайтып келді. Ерекеңнің бәйбішесі жылап-еңіреп жалғыз қалды. Ол кісіні жеке қалдырмай Жылқыбай екеуміз анда-санда барып, отын суын дайындап беріп жүрдік. Мектептегі мұғалімдер де, оқушылар да азайып қалған, көбі соғысқа кеткен. Кейбіреулері соғыс кезіндегі үйінің жағдайымен оқуға келе алмай қалды. Ермекбай ақсақал дүниеден өткеннен кейін, мектеп директоры ол кісінің жұмысын атқаруды маған тапсырды. Күздің күнгі уақыт шаруашылықтың ең ауыр кезі еді. Қысқа жалпы дайындық, оның ішінде мектептің қысқа дайындығы, жатақханада жататын оқушыларға тамақ дайындау сияқты толып жатқан жұмыстар. Соғыс кезіндегі қатаң тәртіппен қоса, тапшылық, оның ішінде адам күшінің тапшылығы өте қатты сезіліп тұратын. Мұқажан ағайдың өзіме сеніп тапсырған жұмысты ауыр болса да ұйқы-күлкі көрмей жүріп тиянақты орындауға тырысатын болдым. Қанша жанталассаң да етектен тартқан тапшылықтан, мектеп жұмысы бітпей жатқанда демоборона, аудандық партия орындары, әртүрлі жұмыстарды қоса тапсырады. Демоборона мекемесінің бастығы соғыстан жараланып мүгедек болып келген Дайырбеков Нұрсұлтан тіпті мазасыз адам еді, сен біздің мекемеге қысқа отын дайындап бер деп талап қойды. Оның үстіне военкомат тарапынан әртүрлі жедел орындау керек деген тапсырмалар келіп жатады. Бұларда кісі бар, аттары бар деп, неше түрлі тапсырманы үйіп-төгіп бізге жібереді. Орындалмай қалса «соғыс кезіндегі заң бойынша» деп күш көрсетіп айқайлап шыға келеді. Бірде военкоматқа шақырып алып: «Мына құпия пакетті дереу Қарағандының военкоматына жеткізу керек, ол үшін бір атты мініп, түнделетіп Қумаяға барасың, ол жерде военкоматтың аттары бар солардың ішінен таңдап бір жүрдек атты мініп, күнбе-күн Қарағандыға апарып тапсыру керек, сен осыған не бір кісі бер, не өзің бар», - деді. Қабақтары қатулы, ал орындамай көр. Ешкімді зорлап жіберуге шама жоқ, содан кейін мектепке келіп жағдайды айтып едім, бір жолдасым - Бердоңғаров Дәкен «мен барып келейін» деп келісім берді. Бір күн, бір түн ат үстінде жүру дегеніңіз оңай шаруа емес, ол үшін бұрыннан атқа көп мініп жаттыққан кісі болмаса, жай адам шыдамайды. Мен қуана-қуана Дәкенге рахметімді айтып, мектептің бір атын мінгізіп военкоматқа жібердім. Ол сол күні кешкілік пакетті алып Қумаяға барады да, біраз демалғаннан кейін, ақалтеке тұқымының бір биесін мініп, таң қылаң бере шығып кетеді. Енді төтесімен алғанда 100 шақырымнан артық жолды желе жортып отырып Қарағандыға жетіп, кешкісін обылыстық военкоматқа келіп, атын есік алдындағы ағашқа байлай салып, ішіне кіріп пакетті беріп, қайта шықса ат жоқ, айналдырған 15-20 минуттың ішінде кім алып кеткенін ешкім білмейді, көрген жан жоқ. Тығыз түрде жеткізу керек дегенге жаны қалмай, өзін де аямай, бір тәулік бойы аттан түспей, барғанын қайтерсің, аттың ұрлағаны сенің жауапсыздығыңнан болды, мұның барып тұрған қастандық, жауапқа тартып ісіңді сотқа береміз деп қорқытып, оның орнына үйіндегі жалғыз түйесін тартып алды. Міне, қысастық, міне, әділетсіздік. Осыдан кейін өзін менен бір ай бұрын жасы толмаса да әскерге салып жіберді. Жалғыз анасы зарлап қалды. Міне, өмір, міне, қорлық, кімді қарғайсың, кімге мұңыңды шағасың, айналаның бәрі керең. Мұңыңды кісіге айтқанша, Аллаға айтып жалбарын дейді, аш-жалаңаш жүріп оның да тәсілін үйренбедік. Бұл біздің тек өзіміз ғана емес, адамгершілік сезіміміздің де жетім қалған кезі ме екен? Әйтпесе, азаматты сонша қорламай, анасын жылатпай, сол бір атты қалайда есептен шығаруға болар еді ғой.
Егін орағы біткен кезде, Жарбастау, Үш төбе колхоздарында ауданның бас агрономы Дроздов Николайдың басшылығымен егілген картофель, капуста, пияз, сәбіз, қиярдан мол өнім алынған екен. Мектептің сенім қағазын алып, басшыларымен келісіп, көкөніс алып келуге, төрт арбамен қаладан шығып төртінші қонаға Жарбастауға бардық. Арба көтергенше әр қайсысынан, әсіресе картофельмен, капустадан молырақ артып алып, қалаға келдік. Мектепте жұмыс істейтін Шелле Ольга Григорьевна деген әйел, жолдасы екеуі біз әкелген көкөністерді тұздап бөшкелерге салуды, картофельді қалай сақтауды үйретті. Әйтпесе біздің қазақ бұларды тамақ деп есептемеген ғой. Мектепте тамақ пісіруші болып істейтін Несіпбала апамыз менімен соғысқа бірге кеткен Оспанов Төкеннің анасы балаларды өз баласындай көріп айналып толғанып жүруші еді. Апамыздың айналып-толғанғанына біз сияқты ана құшағынан ерте айырылғандар айналсоқтап жанынан шыққымыз келмей, сол бір бала жанына өте жайлы, сөздерін ести бергіміз келетін. Ол кісінің тазалығы, еңбекқорлығы, өз алдына жұмысының ауыр, заманның тар кезінде маған қамқоршы, жанашыр анамдай болған адам еді.
Қарқаралының мұғалімдер даярлайтын училищесі 1922-жылдан бастау алған, белгілі қайраткер Әлімхан Ермековтың үлкен көмегімен орталық Қазақстанда бірінші рет ашылған оқу орны еді. Кейіннен жанынан интернат ашылып, оқу жүйесі кеңейтілген болатын. Осы оқу орнын бітіріп, ұстаз деген мамандық алып шыққан еліміздің ұл қыздары сауатсыздықты жоюда, жалпы келешек ұрпаққа білім беруде қажырлы еңбек етті. Жалпы Қазақстанда бірінші ашылған оқу орны болғандықтан, Қарқаралыға еліміздің әр жерінен оқушылар келіп жатады. Мұнда тәжрибелі, білімді мамандар сабақ берді. Соғыс кезінде оқушылар мен оқытушылар алды соғысқа кетіп жатса да, ішкі тәртіпті күшейтіп, мұғалімдерге көмектесіп, олармен пікірлесіп, әртүрлі шаралар жасап отыратынбыз. Егін кезінде арнаулы дайындық жасап, таяу колхоздарға ат-арбамен барып, өлең айтып, ойын қойып, газет шығарып, соғыс жағдайы туралы әңгімелер айтып, елдің көңілін көтеріп қайтатынбыз. Мектептің өзінде ойын сауық кештерін ұйымдастырып, бір мезгіл елдің көңілін көтеріп, қызықты би кештерін өткізіп отырдық. Бұл сол кездегі соғыс деген бір ауыз сөздің өзі, адам еңсесін басып жүрген уақытта, қаладағы орыс, қазақ, татар ұлттарының достығын күшейтіп, елдің басын біріктіріп отырды. Алайда жанымдағы жолдастарым соғысқа кетіп жатқанда, өзімнің әлі елде жүргенімді бір түрлі соғыстан қашып жүргендей оғаш сезініп жүрдім. Директордан жасырын военкоматқа барып өзімді соғысқа жіберуін сұрадым. Ондағылар таяу уақытта хабарын беретінін айтты. Жұмысты қалай болса-солай тастап кетпес үшін, қоймадағы, мектептегі, асханадағы, интернаттағы мүліктерге тіркеу жасап, артымнан сөз ертпейтіндей түгендеп, кіріс-шығыс қағаз жұмыстарын үндемей жүріп реттеп қойдым да, әскери комиссариаттың шақыруын күтіп, жүріп жаттым.
Соғысқа аттану
Өткен ғасырдың 41-45 жылдарында Фашистік Германияның дүние жүзін жаулап алу мақсатындағы соғысы Совет еліне өте ауыр тиді. Бүкіл КСРО елдері қатысқан алапат соғысқа қарқаралылықтар да аттанды. Адам баласының басына түскен ауыр бейнетпен қоса жарынан айырылған арудың, әкеден айырылған баланың, «балапаным, бауыр етім» деп зар жылаған ата-ананың, сүйгенінен айырылған жас арудың әскерге алынғандарды шығарып салғандағы көз жастары мен ащы зары қала ішіндегі қара ала көпірден өтіп, тар кезеңнің аузында иірілген елден ұзап бара жатқан өрімдей жас жігіттердің көңіліне ауыр мұң салатын еді. Осы бір көрініс біреудің жалғызын, біреудің жанбозын алдағы күні белгісіз, енді қайтып көрісуі болжаусыз, қанды қырғынға қимастықпен шығарып салғандағы елдің қиналыс сәті, мінеки 60-жылдан асса да, көзің тіріде көңіліңнен кетпейтін елесі, әлі есімде, – дейді жасы 85-ке аяқ басқан Сұлтан ағамыз.
Біз өз кезегімізде 1942-жылдың аяғында Қарқаралы аумағынан соғысқа 72 адам бірге аттандық, соның 9-ы ғана аман қайттық. Мінеки соғыстың қаталдығы осы. Бүгінде ойлап отырсам, сүйегі бөтен ел, бөтен жерде қалатындай олардың жазығы не еді? –деп толғанады Сұлтан ағамыз.
Шынында да, дүниеден өтпейтін адам болмайды. Мыңды айдаған бай болсаң да, қол бастаған батыр болсаң да, бүкіл дүниені билесең де, бір күні соның бәрін тастап, Алланың алдына баратын күн келеді, өмірдің арты өкініш, дүние жалған деген содан айтылған. Сенің бүкіл өткен өміріңнің есебі бір күндей болмайды, мәселе сол өмірді қалай өткізгеніңде. Адалсың ба, арамсың ба, оның өлшемі елдің аузында сенің жақсы ісің қала ма, жаман атың қала ма сонымен ғана бағаланады. Біздің Қасым ауылында 100 жасаған Дәрібай қариядан «Аға, жүзге келдіңіз, не көрдіңіз, не түйдіңіз» дегенімізде, «Туу, қарағым-ау, не айтып отырсың, таң атып, күн батты емес пе» - деп еді. Міне өткен өмірдің түйіні осылай. (Ақжан әл Машанидің кітабынан) Баяғыда Мидия елінің атақты патшасы Криз Солон философтан: «Солон, сен менен бай, менен бақытты адам көрдің бе?»-деп сұрапты. Сонда Солон оған: «Адамның бақыты өлер сағатында ғана белгілі болады. Әлі де алдыңда не күтіп тұрғанын кім біледі» деп жауап берген екен. Шынында да, кейіннен Криздің елін Иран патшасы Кир жаулап алып, Криздің өзін ұстап алып, дарға аспақшы болады. Сонда дар ағашының астында, монына арқаннан тұзақ салынып енді асуға дайындаған кезде Солонның сөзі Криздің есіне түседі де: «Ах, Солон, Солон» деп бар дауысымен айқай салған екен. Кир асуды тоқтатып, Кризден неге айқайлағанының мәнісін білгеннен кейін, оны дар ағашы астынан шығарып, өлім жазасынан босатқан екен.
Ал енді соғыста майдан даласында қалғандардың артындағы бір өкініші, ең құрымаса олардың ұрпағы қабірінің басын барып, дұға бағыштай алмағаны шынында да адамның жүрегіне батады. Ол кезде Қарқаралы мен Егіндібұлақ ауданынан әскерге баратындарды осы Қарқаралының военкоматы арқылы тіркеп өткізетін. Сол жолы кілең 1925 жылы туғандар алындық. Осының 20 шақтысы ғана ойда қалыпты. Олар: Аймақов Әділхан, Жакупбеков Темірхан, Разақов Иманберлі, Ибраев Сембай, Оспанов Төкен, Тойшыбеков Жолтай, Қызкин Кенжебай Ғинаятұлы, Жұмашов Омар, Асқаров Кәдір, Асқаров Сұният, Мұқашев Науымбек (арқалықтан), Нығыметжанов Сұңғат (Бүркіттіден), Рахимов Мырзахан (Қояндыдан), Ашықбаев Серікбай (Шарықтыдан), Тойшыбеков Мұратбек, Әбішов Жолдасбай (Егіндібұлақтан), Молдабергенов Мұратбек (Егіндібұлақтан), Ағыбаев Қабыш (Бестал), Әбішев Жолдасбай (Сартау) Бәшеев Жүніс, Тұрсын Наурызбаев, Ыбырайхан Халықбергенов, Дәкен Бердоңғаров, Мамаев Жылқыбай, Әбдікәрімов Ебентай. Сол жылы қыс ерекше қатты болды, аяз дегеніңіздің күштілігі сондай, дем алудың өзі ауыр. Қар қалың түскен, 40 градус аяз тіпті бет қаратпайды. Радиодан естиміз, Москвада да осындай аяз екен, Алла тағала соғысшыл немістерді өзінің қатты аязымен қуып шығуға көмектескені шығар. Менің военкоматқа берген өтінішім қанағаттандырылып, маған әскерге шақыру қағазын берген. Өзім өтініш беріп соғысқа баруға құлшынып жүрсем де, шақыру қағазы қолыңа тигенде бір түрлі болып қалады екенсің. Училищедегі жұмысымды тапсырып, мұғалімдермен, әсіресе, жабыққанда жанашырлық жасап, бірге туған ағамдай болған мектеп директоры Нұрмағанов Мұқажан ағаймен, оқушылармен қоштасып, шақыру қағазында көрсетілген күні военкоматқа келгенмін. Бізді ауылдан келген балаларға қосып, тарап кетесіңдер деп, военкоматтың бір бөлмесіне қамап шығармай қойды. Егіндібұлақтан әскерге алынғандар таңертең бес ат шанамен шықты деген, хабар бар, соларды тосып жатырмыз. Олар келсе, қай уақытта болса да, Қарағандыға жүргізбекші. Далада сықырлаған қатты аязда туған-туысқандар соғысқа кетіп бара жатқандармен қоштасып қалуға, біздің шығуымызды тосып, қатты аяздан тоңған аяқтарын соққылап, есік алдында сыртта жүр. Кешке таман Қу ауданының балалары да бес шанамен келді-ау, әйтеуір. Аттары болдырған, іштерін соғып, булары бұрқырап, қыраулатып тұр. Ат айдаушылар мен балалар да, Егіндібұлақтан шыққалы тамақ ішпеген, күні бойғы жүрістен әбден шаршаған. Оларды тамақ ішуге де қаратпай, жалма-жан бізді де бөлмеден шығарып, сапқа тұрғызды да, аты-жөндерімізді атап тексеріп, дайын тұрған шаналарға мінгізіп қаладан алып шықты. Барлығы сегіз шана жолға шықтық. Артымыздан зар жылап шұбырып, шанаға еріп келе жатқан қалың ел. Қалайда балаларын айқара бір құшақтап, маңдайынан иіскеп, мауқын басып, бетінен бір сүйіп, қалуға ұмтылады. Бәрінің де жүрегінде «Е, Алла, амандығыңды бере гөр, құлыныммен аман-есен көрісуге жаза гөр» деген ізгі тілек пен тыныш жатқан елге соғыс ашқан Гитлерге деген қатулы қарғыс.
Қарқаралының шыға берісіндегі кезеңді ол кезде «Айқай кезең» деп атайтын, сол кезеңге жете бере шаналар тоқтай қалды. Майданға аттанушылар шаналарынан секіріп-секіріп түсіп, ағайындармен құшақтасып қоштасып жатыр, кейбір қарт аналар талып құлап жатты. Оған қарамай военкомат және милиция қызметкерлері біздерді айырып, ел мен екі араға шеп құрып, елді тоқтатып тұрды да, бізді жүргізіп жіберді. Көкіректері қарс айырылған халық біздерді сол жерден шығарып салды. Әскерге кетіп бара жатқандарға басшы болып шыққан Өмірзақов Бейсенбай ат айдаушы шалдарға «Осы беті ешқайда тоқтамай, түнімен жүріп отырып, Қумаяға жетіп бірақ тоқтаңдар, мен де сол жерге арттарыңнан барамын, ешқайда аялдаушы болмаңдар» - деп қатты тапсырды. Ол екі ара 60- шақырым жер. Сонымен қақаған қыстың қытымыр аязды кешінде, біз - 72 жас жігіттер қасиетті Қарқаралыны артқа тастап, алдымыздағы белгісіз жолға жүріп кеттік. Қу ауданынан келген балалар да, көліктері де әбден шаршаған. Қаладан шыққаннан кейін, он екі шақырым жердегі Чкаловқа зорға жеттік. Түн ортасы болды. Түнгі аяз тіпті күшіне кірген, оның үстіне Арқаның басылмайтын сырма бораны басталды. Жол ауыр, аттар сылбыр басып, сегіз шана бірінің артынан бірі зорға келе жатыр. Шана үстіндегі балалар да боран мен аяздан пана іздеп біріне-бірі тығылысып, үнсіз, әркім өз ойымен отыр. Шанадан түсіп, ат айдаушылардың жанына бардым да, ат айдап келе жатқан кісілерге: «ағатайлар, бізді өлтірмесеңдер, осында болып, біраз аттарды шалдырып, өзіміз де дем алып алайық» десек, «ойбай, Бейсенбай бізді соттатады, неде болса аяңдап жүре берейік» деп көнетін емес. Жүгіріп барып, алдыңғы аттың шылбырынан ұстап, қораның ығына қарай алып келдім де, «Аға, Бейсенбай бірдеңе десе, барлық пәлені маған жабыңыздар, мына бір сары бала екі қонышында екі пышағы бар екен, соны суырып алып, далада өле алмаймыз, ал тоқтамасаңдар көресіңдер көрешектеріңді дегеннен кейін еріксіз тоқтадық» дерсіздер, «қазір осы араға тоқтайық, далада өле аламыз ба, бар пәлесін мен мойныма алайын» дедім. Шынында да, менің екі қонышымда үлкен екі пышақ бар еді, оны өзіме қорған ретінде салып жүретінмін. Әкем марқұм қынынан қанжарын, белінен сойылын тастамаушы еді, сол кісіге еліктегенім шығар. Маған Әділхан мен Мұратбек қосылды, «бізді де қосыңыздар, аттар аш, мына бетінде бәріміз далада қаламыз, дұрысы осы жерге тоқтайық», деп бәрі шулағаннан кейін, шалдар еріксіз көнді. Аттарының қамыт бауларын босатып, өздерімен ала жүрген жемдерін беріп, үстерінің қырауларын сыпырып жатыр. Бұл жердегілер, мына жол бойындағы елден, жүргіншілерден әбден мезі болған, түнде есіктерін де ашпайды, сонда да ең құрымаса қорада түнеп шығуға рұқсат сұрап, ыстық су алайық деп терезесін қағып, айқайлап, соғысқа кетіп бара жатқан елміз, далада қалдық, дегенге есік ашпады. Ол кездерде қорада, үйге кіре берістерде терезе болмайды да, жарық түсу үшін төбеден тесік қалдырады. Мен соны пайдаланайын деп үйдің төбесіне шығып, қораның төбесіндегі тесіктен секіріп ішке түстім де, сипалап жүріп жылы үйдің есігін тауып алдым. Есікті ашып ішке кірдім, жарық жоқ, терезені көп қақтық сондықтан үйдегілер ояу шығар деген оймен дыбыс бердім, «Ағатайлар, ағаттық болса кешіріңіздер, аттарымыз далада тұрады өзімізді қораға кіргізсеңіздер де, ырзамыз, тек су қайнатып, бой жылытып алуға қазан- ошақтарыңызды бере тұрыңыздар, әбден тоңып қалдық, кішкене ыстық су ішіп жылынып алмасақ, қырылып қалатын түріміз бар» деп жалынып жатырмын. Үйдің иессі орнынан тұрып «Әй, қарақтарым-ай, сендердің де текке келмей соғысқа кетіп бара жатқан ел екендеріңді сезіп тұрмын. Сонда да күнде-күнде соғысқа ағылып жатқандар, түн ішінде келіп мына суықта пана сұраушылар біздерді әбден жалықтырды, аздаған шөбіміз бен отынымызды тауысуға айналды» деп аржағында зілі жоқ, жай сөйлеп жүріп шам жақты да, қазан-ошағын, ыдыс-аяғын және біраз қи беріп, бағанағы мен түскен тесіктің астына орнатып берді. Далаға шығып су алатын құдықты көрсетті. Біз ағамыздың мына ісіне қатты ырза болып қалдық. Сексен адамды қайда сыйғызсын, қораға кіргізгеніне қуандық. Су әкеліп, от жағып, қазан-ошақты отқа қойдық. Су қайнағаннан кейін балалар әкелген тамақтарын шығарып, кружкаларына ыстық су құйып алып, тамақтанып жатыр. Әбілхан екеуміздің дорбамыз басқалардікінен көрі жүдеулеу, ішінде бір-екі бөлке нан мен үш килодай қоспа ғана бар. Бұл қоспаны қолыма алғанда Дәкеннің шешесі есіме түсті. Жамбыл ауылында тұратын Дәкеннің анасы Шоқатай балам соғысқа кетсе Сұлтан екеуі жолдас қой, бірге кететін шығар деп бір қарын қоспа дайындайды. Соны арқалап мына қақаған аязда қатысқан біреулерге еріп, түнделетіп қалаға келеді. Мұғалімдер мектебін таба алмай, не жол көрсетер ешкім кездеспегеннен кейін, қаланың ішінде боранды түні біраз жүріп әбден шаршағаннан соң, түн ішінде бір үйдің ығына келіп, қарды үңгіп, дем алмаққа отыра қалса, ұйықтап кетіпті. Түнімен бораған қар үстін басып қалыпты. Таңертең үйдің иесі тұрса, иті үріп үйдің ық жақ қабырғасындағы қардың астында жатқан қоспаның иісін сезіп, аяғымен тырмалап, қарды қазып жатқанын көреді. Бұл не болды екен?- деп, күрегін әкеп қазса, қардың астында кісі жатыр. Ол екі арада бәйбіше де оянып, адасып келіп шаршап ұйықтап қалғанын айтады да үйдің иесінен мұғалімдер мектебін көрсетіп жіберуін сұрайды. Үйдің иесі бәйбішені аяп, үйінен шай ішкізіп, мектепке ертіп келеді. Алдында баласы Дәкен өзінің елгезектігімен фондының атына мініп, өте құпия пакетті шұғыл түрде Қарағандыға жеткізу керек дегенге өз жанын аямай, бір түн, бір күн, аттан түспей, жортып отырып Қарағандыға барғанда, атын ұрлатып, оның ақысына үйдегі жалғыз түйесін берген қайран ананың ұлы Дәкенге, Сұлтан екеуің соғысқа бірге барыңдар, мынау май қосқан қоспа, бұл ешқашан бүлінбейді, көпке шыдайды деп өзінің аналық сүйіспеншілігімен, ыстық мейіріммен дайындаған қоспасы Дәкенге бұйырмады. Ол осыдан бір ай бұрын, анасымен қоштаса да алмай соғысқа жүріп кеткен еді. Қайран ана, маған сенің тамақ апаратын ешкімің жоқ қой, сен ал, деп бір бұрышын кесіп берген болатын. Сол қоспа Әділхан екеумізге бұйырып отыр.
Біз сол соғысқа кетіп бара жатқан кілең өрімдей жас жігіттер, заманның амалына қарай жанымыз күйзелгенімен жігеріміз мұқалмаған жастар, табиғаттың дүлей күшіне шыдай алмай, басымызға пана іздеп тоқтаған үйдің иесі Хасен деген ақсақал қолынан мөрі тамған шебер ұста, балташы екен. Соғыстан кейін 1952 жылы 1-Май колхозына аудандық партия ұйымынан уәкіл болып барғанымда, бір ақсақал бәйбішесімен екеуі колхоз кеңсесінің төбесіне тақтай шегелеп жатыр екен. Сұрай келсек сол боранды күні біз тоқтаған үйдің иесі болып шықты. Ол кезде түн іші, аса түрін танитындай болмап еді. Ақсақалдың шеберлігіне тәнті болы: «аудан басшылары әдемі пар атқа кашовка шана іздеп жүр еді, жасап бере аласыз ба?»-дегенімде келісе кетті. Өте өнерлі, парасатты адам еді.
Ыстық шай ішкеннен кейін бойымыз жылып, қатты шаршағандықтан отырған орындарымызда ауланың ішінде, қара жердің үстінде, жантайған жерлерімізде қатып ұйықтап қалыппыз. Әлден уақытта ашына айқайлаған қатты дауыстан бәріміз атып-атып тұрдық. Бұл келген Қарқаралының әскери комиссарының кісілері - Бейсенбайлар екен. Бәріміз жалма-жан жиналып шанаға аттар жегіліп, әбігерге түстік те қалдық. Комиссар айқайға басып аузына келген сөздермен атшыларды боқтап-борап,«Соғыс уақытында айтқан бұйрықты орындамай, жан сауғалап тығылып отырғандарың - саботаж, көздеріңді көкшитіп түрмеде шірітемін» деп қуырып жатыр. Ат айдаушылар келіскеніміздей, «мына бір сары бала осында тоқтамасаңдар, жарамын дегеннен кейін еріксіз тоқтадық және аттар да болдырған, жүруге шамалары келмей қалды» деп жатыр. Менің артымда Әділхан мен Мұратбек бар, үшеуміз комиссардың алдына келдік. Комиссар мені көргеннен кейін тіпті айқайлап, «cоғыс жағдайында іріткі салушылардың, тәртіп бұзушылардың, көзін құрту туралы жоғарғы қолбасшының арнаулы нұсқауы бар. Ал сен не істегеніңді білесің бе? Сен соғысқа қосымша күш жеткізуге бөгет жасадың» деп айқайға басты. Мен оған жағдайды жай түсіндіріп жатырмын істі насырға шаптырмайын деп ағатайлап қоямын. «Ағатай–ау, өзіңіз көріңізші, сонау Қу ауданынын 80 шақырым жол жүріп келген, не тынығып оттықпаған, аттар да, адамдар да, әбден шаршады. Аттар тіпті ілбіп жүре алмай қалды. Оның үстіне күн қатты аяз болып, боран соғып кетті. Егер де осында тоқтамай жүріп кетсек, жаумен соғысуға бармақ түгілі, далада қырылып қалар едік» деп сендірумен болдым. Не дегенмен комиссардың айбыны басылып қалды, бірақ соғыс кезіндегі бұйрықты орындауға бөгет жасағаным үшін мені ерекше қолға алатынын айтты да, «қане жүріңдер» деген бұйрық берді. Өздерінің жанында аудандық атқару комитетінің төрағасы Асқаров және қаржы бөлімінің бастығы Жәркеевтің балалары бар, атқосшысы Қызкин Кенжебай және біздің бастық Өмірзақов Бейсенбай бар. Екі бастықтың балаларының тамақтарын салған қаптары біздердікіндей арық емес, дүңкиген екі үлкен қапты кашовканың артына байлап алған. Шаналарына жеккен әлді пар атпен, бізге жол салып, жүріп кетті. Біздің аттар да тынығып қалған екен, дегенмен күш қуаттары азайып қалған, балалар көбінесе жаяу жүреді, өрге қарай шананы қоса итерісіп, ойдан төмен шанаға мініп алады. Жолшыбай бекеттерге тоқтап ат шалдырып аламыз. Осындай жүріспен Қарағандыға алты күн жүріп, түске қарай зорға жеттік. Жол соқты болып әбден шаршаған біздер азық-түлігімізді алып, өздері көрсеткен бір бөлмеге орналасқанымыз сол еді, бөлмеге бір офицер кіріп келіп: «Аманбаев, военному комиссару» деп сыртқы киімдерімді шешкізіп, ертіп ала жөнелді. Жүрегім зырқ ете түсті, аса кінәлі болмасам да, бұлар не істер екен деген үрей де жоқ емес. Сірә, облыстық комиссариатқа Қарағандыға екі тәулік кешігіп келгеніміз оңайға соқпаған болуы керек.
Бөлмеде үш офицер отыр, жоғарғы столдың шетінде біздің Өмірзақов Бейсенбай отыр, офицерлер қатты ұрысқан болуы керек, бетіне қарап едім өңі сынық, жүдеп отыр екен. Жоғарғы столда отырған офицер сірә, ең үлкені сол болса керек, маған қабағын түйе қатқыл дауыспен:
- Кто ты такой?-деді, дауысы өте зілді шықты. Мен офицердің жанына таяп келдім де ширақ дауыспен:
- Я, детдомовец Аманбаев Сұлтан, еду на фронт бит врага проклятого, чтобы уничтожить гитлеровцев, - деп тақылдатып жауап бердім. Офицер біраз менің бас аяғыма қарап үнсіз отырды да:
- Зачем задержал людей? - деді. Бағанағыдай емес дауысы кішкене бәсеңсіген сияқты. Мен өзімнің шала орысшаммен шамам келгенше түсіндіріп жатырмын.
- Товарищ командир, лошади устали, пока приехали в Каркаралинск, Егиyдибулак очень далеко, люди тоже устали, не кушали, если бы поехали, мы все погибнем, страшный мороз, буран, а мороз он хуже Гитлера, -деймін.
Военком мынаған не істесем екен дегендей маған қарап отырды да, жанындағыларға «мынаны бесінші командаға ауыстырыңдар,»- деді.
Біз Әділхан бәріміз алтыншы команда да болатынбыз, ал бастықтың мені басқа командаға тыққанын, мені таяу уақытта өте қысқа мерзімде дайындап соғыстың ең қиын жеріне жіберетін шығар деп ойладым, ол солай болды да. Мына тықылдаған пәле Гитлер мен 40 градус аяздың қайсысы жақсы екенін тезірек барып көрсін деген шығар. Маған кетуге рұқсат етті. Тамақтанып алғаннан кейін бізді ертіп жүрген офицер сапқа тұрғызып, моншаға апарды. Моншаның ішіне кірсек, бізден бұрын кірген бір топ балалардың тамақтарын ұрлап әкетіпті. Кім алғанын білмейді. Моншашы қарт орыс, жанында екі әйел бар, басқа ешкімнің қолынан келмейді. Бірақ олар аттандап біз алғанымыз жоқ деп танып отыр. Балалардың ішінде тамақтарынан айырылғандар жылап жүр. Енді қайтсын, оларды бұл жақта тосып отырған ешқандай туысы жоқ, асхана жоқ, жолшыбай нақты баратын жеріне жеткенше тамақтану әркімнің өз мойнында. «Күтудегі арыстан қарны аш болса, өзінің күтушісін де жеп қояды» деген осы. Моншадағы қарттардың жандары ашымағаны, ажал мен оттың ортасына бара жатқан осы аңғал да, адал ауыл азаматтарының тамағын ұрламай-ақ қойса қайтер екен. Бір қызығы военкоматтағылардың моншадағыларға, сендерден басқа ешкім жоқ бұл жерде, кім ұрлады деген де ешкім болмағаны болды. Әділетсіз ортада әркімге өз өңеші жақын, басқаның өлген-тірілгенін не қылсың, біздің көңілімізге, бұлар үндемегеніне қарағанда ұрылармен жемтіктес шығар деген ой келді. Енді біздің де тамақтарымыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Бұған не шара жасауға болады? Жаныма Әділханды шақырып алдым да, тамақ салынған қапшықтарымыздың бәрін бір бұрышқа үйіп қоюға келістік. Мен барып бұрышта отырамын, қапшықтарды менің үстіме көрінбейтіндей етіп үйіп тастайтын болды. Мен аз ғана саңылаудан сығалап қарап жатамын да, ұры келген кезде ұстап алмақпын. Оның келетініне мен сенімді едім, өйткені олар ар- ұяттан безіп, әбден кәнігі болып алғандар. Мені жасырып дайын болғанда еңгезердей бір орыс жанында екі әйел бар моншаға кіріп келді. Жалаңаш жүрген ер адамдардан ешқандай қымсыну жоқ. Кіре айқайлап, балаларды бол-болдың астына алып моншаға қуып тығып, есіктің сыртынан ағаш тіреп, бекітіп, жауып тастады. Есіктің беріктігін тексеріп біткеннен кейін, бір әйел келді де қаптарды бірінен кейін құлата бастады. Осы кезде жаңағы дөй орыс келіп, қаптардың ішіндегі толықтау екеуін екі қолына алып кете бергенде, айқай салып орнымнан атып тұрдым. Орыс қаптарды тастай салып бұл кім дегендей түзеле бергенде баяғыда Саматты соққандай жүгіріп барып орыстың кеудесінен барлық екпініммен барып баспен соғып қалғанымда, қаперсіз тұрған орыс шалқасынан түсті, қонышымдағы екі пышағымды суырып алып тамағына тіреп «қимылдасаң жарып жіберемін» деп айқай салдым. Екі әйел қаша жөнелді. Орнымнан тұрдым да орысқа «ты хуже чем фашист, убирайся пока я тебя не зарезал» деп едім жан тәтті, орнынан тұра салып қашып кетті. Балалар да менің дауысымды естіп есікті аша алмай тарсылдатып жатыр. Есіктегі тіреулі тұрған ағашты алып едім, бәрі тыржалаңаш жүгіріп шығып, менің әрекетімді көріп ризашылықтарын білдіріп: «Сен болмасаң, барлық тамақтан айырылып аш қалатын едік» деп қуанысып жатыр. Моншашы орыстың алғаны бағанағы Асқаров пен Жәркеевтің балаларының қаптары екен. Моншадан шыққаннан кейін офицерге моншашы орыс пен екі әйелдің біздің де азықтарымызды ұрлағылары келгенін айтып едік, аса мән бере қойған жоқ. Ішімізде сендердің де жағдайларың белгілі болды деген күдік қалды. Біз баяғы мектептегі кітаптан оқығандай, Совет елінің офицерлері адал болады деген ой санамызда қалып қойған ғой. Екі офицер сапқа тұрғызып вокзалға алып келді де, есігі жоқ, аңғал-саңғал бір вагонға бәрімізді санап мінгізді. Бұл вагонға бұрын жылқы қамаса керек, асты қалың қи болып кеткен жылқының тезегі. Нығыметжанов Сұңғаттың есебі бойынша 70 баланы осы вагонға әкеліп қамады да, «мына вагонды қазір теміржолшылар жөндеуге тиіс, ешқайда кетпей, осының ішінде болыңдар. Жарты сағаттан артық жоқ болғандарың дизертир ретінде ұсталып атыласыңдар, поезд жол босағаннан кейін жүреді» деп екі баланы бізге бастық етіп сайлап кетіп қалды. Қайда баратынымыз белгісіз. Жағдайымыз жақсы емес, аяз қатты, ал біздің вагонда пешті былай қойғанда, ең құрымаса ықтап отыратын есігі де жоқ. Жаныма Әділхан, Сембай, Мұратбек үшеуін шақырып алып, «Ей, жігіттер, өстіп отырып үсіп өлеміз, мына жол бойындағы вагондарды аралап шығайық, бірдеме табармыз» дедім. Вагондарды аралап келеміз, бос вагон жоқ, көбісі қару-жарақ тиеп алған, жабық вагондарда жаралылар немесе Орта Азияға жер ауып келе жатқан бала-шаға әйелдер, бәрінде де үн жоқ, ешкімді ешкім біліп болмайды. Вагондардың астынан ақырын-ақырын өтіп үшінші жолға келдік. Аралап жүріп бір есігі жабық, бірақ пешінен түтін шығып жатқан вагонға келіп ептеп сырғытып есігін ашып едік, вагонның ортасында буржуйка темір пеш жанып тұр. Пештің арғы жағында, сірә, күзетші болса керек, бір шал мұрты желбіреп мылтығын жастанып қатты ұйқыда жатыр. Одан әрі алды шарбақпен қоршалған, алдында шөп салынған оттықта жылқылар тығыз байлаулы тұр. Жігіттерге сыбырлап бұдан жақсы дүние таппаймыз, есікті алған күнде де жылқылар ешқайда кете алмайды, өйткені алды шарбақ және керме ағашы бар. «Мен шалдың жанында тұрайын, пышағымды ұстап, оянып кетсе үндеме деп қорқытармын сендер есік пен пешті алып қашыңдар» - дедім. Қолма-қол тағы да екі-үш баланы ертіп келіп есіктің құлпын ашып суырып алып, вагондардың астымен жүгіріп алып кеті. Шалдың оянатын түрі жоқ, бізге тіпті жақсы. Пештің мұржасын көтеріп тұрдым, Әділхан тонын шешіп, онымен пешті орап алды да, ішіндегі жанып жатқан отымен қоса көтеріп алып сыртқа лақтырып жіберді. Оттарын төгіп, сөндіріп, пешті тонына қайтадан орып алып, жүгіріп кетті. Мен де пештің мұржасын ішке қарай тартып алып, сыртқа шығардым да, өз вагоныма қарай зыта жөнелдім. Шал сол беті біз кеткенше оянған жоқ, ол енді есік пен пеш үшін жақсылап тұрып таяқ жейтіні белгілі, қайтейік бір Алла кешірсін, 20 шақты ат пен бір шал қандай, соғысқа кетіп бара жатқан өрімдей-өрімдей 70 жігіттің өмірі қандай? Әкелген бетте есікті орнына бекітіп, пешті орнатып, сырттан тақтай ағаш сияқты пешке жанатын бірдеңелерді тауып әкеліп, оған от жақтық. Вагонның іші жылығаннан кейін астындағы жылқының қиы да жібіді, күрек тауып әкеліп, оны тазалап шығарып тастадық. Су әкеліп, пешке шай қайнатып, тамағымызды ішіп, кәдігімгідей көңілімізге кішкене болса да жылылық орнап, адам сыяқты тұратын болдық. Балалардың ішіндегі қаптың ең үлкені Сұңғаттікі, маған «соғысқа кіргенше сені мен асырайын» деп қояды қалжыңдап. Балалар бірімен-бірі қатты сыйласып, сенікі-менікі дегенді қойып барын ортаға салып, бауырларындай бөлісетін болды. Біздің жігіттердің арасында неше түрлі өнерлі азаматтар көп болды. Әсіресе Қызкин Кежебай шіркін, нағыз ақын, нағыз композитор, талай өлеңге ән жазған, неше түрлі шығарма жазған, өте талантты, әңгімешіл, қалжыңқой тамаша азамат еді. Оның көптеген шығармалары өзі өлгеннен кейін, жарық көрмей, қолды болды деп жүретін. Оның әндерін Аймақов Әділхан, Әбдікәрімов Ебентайлар өте жақсы көріп, қадірлеп айтып жүруші еді. 1947 жылы елге оралғаннан кейін, өзінің тамаша әндері мен күйлерін домбырамен, айтып жүрді. Екі-үш жылдан кейін дендеген аурудан қайтыс болды. Бірақ оның бейнесі біздің ойымыздан өшпек емес. Соғыста жүргенде оның өлеңдерін гитарамен, балалайка мен солдаттар, әсіресе мұсылман азаматтар сүйіспеншілікпен айтып жүретін. Қайран азаматтың әндері ел аузында бар ма екен?
Ақыры екі күннен кейін біз мінген эшалон түн ішінде қозғалады дегенді жолда жүрген жұмыскерлерден естідік. Офицерлер келіп, елді түгендеп шықты да эшалонның түнде жүретін бағыты Семей екенін айтты. Егер өзіміз тіршілік жасамасақ, вагонды істейтін тірі жан болмайды екен. Ұйқышы шалға рахмет, әйтпегенде үсіп өлер едік. Поезд он екі күн жүріп, Семей қаласына түнде келді. Бәрімізді вагоннан түсіріп, сапқа тұрғызып тексерді де, бесінші команда Семейде қалатын болдық. Басқалары алтыншы команда осы вагонмен Ташкентке кететін болды. Әділхан екеуміз бірге кетейік деген әрекеттерімізден ештеңе шықпады, ақыры сол жерде балалар бірімізбен-біріміз қоштасып, әрең айырылыстық. Семейде қалатындарды саппен әкеліп бір үлкен залға кіргізді де, осы жерде он күн карантиннен өтетінімізді айтты.
Тамақ таусылды, қаптардың түбі сарқылған, балалар іске жарайтын киімдерін далаға шығарып тамаққа айырбастап әкеледі. Көбінесе картоп алып келеді, оны қабығымен оттың астындағы қоламтаға тығып, пісіріп жейміз. Карантин біткеннен кейін бізді роталарға, взводтарға бөлді, үйрететін офицерлеріміз келіп бөліп алып жатты. Бұл бұрын Москва маңайындағы Тамбов қаласында болған әскери училище екен. Мұнда пулеметшілердің, танкіге қарсы атылатын минометшілердің, мергендердің, жаяу әскерлердің бөлімше, взвод командирлерін дайындайды екен. Сонымен, біз Семей қаласындағы Совет Одағының маршалы Шапошниковтың атындағы Тамбов жаяу әскер училищесіне келдік. Бөлмелері тар, жататын жерімізде нар үш қабат, астымызда жөке толтырылған матрац. Моншаға түскеннен кейін солдаттың киімдерін берді. Пилотка, гимнастерка, ішкі көйлек дамбал, бәтеңке, қонышқа орайтын орама. Оны «обмотка» деп атайды. Обмотка ұзындығы екі метрдей, ені он сантиметрдей ақ шыт, оны қоныш орнына жіліншікке ораймыз. Училищенің ішкі тәртібі өте қатал, бізді үйретіп жүрген 40 балаға бір командир, капитан Мирзоев деген шоқынған татар жігіті. Қыстың күні талдан тоқылған қарақшыға жүгіріп келіп штык қадайсың, әлгіні кейде қайта суырып алу бізге ауыр. Сонда жүгіріп келіп артыңнан бір теуіп, иығыңнан алып лақтырып жібереді де, винтовканы қолыңа беріп қайтадан жүгіртеді. Одан елдің зәресі ұшатын кешке келгенде гимнастеркаларымыздан аппақ тұзы шығып тұрады. Жігіттер келгендегідей емес, тапшы тамақ пен ауыр еңбектен қатты ысылып, ауыр тәртіпке көндігіп, 15-20 күннің ішінде өзгеріп, жіңішкеріп шыға келді. Сембай екеуміз біргеміз. Көп ұзамай Сембай ауырып, ауруханаға түсіп қалды. Өқу өте ауыр, тәртіп қатал, ешқайда шығармайды. Бір күні разводта тұрғанымызда командир «кім ағашпен жұмыс жасай алады, бір адым алға шық» деп команда берді. Ол кезде аса мықты болмасам да ағаштан оны-мұны жасауға, балтаға ептеген ебім бар еді. Мақсатым қалайда бір мүмкіндік болатын жұмыс болса, Сембайға бару және мына бейнеттен аз да болса құтылу. Саптан шыққан бір орыс жігіті екеумізді бір офицер ертіп Семейдегі саңыраулар қоғамы орналасқан үйге алып келді. Мұнда жақсы ағаш шеберханасы бар екен. Бізге жұмыстың тәртібін Абаев Кәкімбек деген жігіт үйретті, мұнда неше түрлі ағаш жонатын станоктар бар. Жанымызға екі жігіттен қосып берді. Міндетіміз мылтыққа, пулеметке құндақ жасау, противогаз қоятын шкафтар жасау, қолымызға оның қағазға сызылған чертежін берді. Тақтайды ыстық пештен өткізіп, әбден кептіріп береді, күнделікті берген нормасы бар, соны орындау керек, сол үшін паек береді. Алғашқыда екі күнде бір шкаф жасап шығардық, бұл бастығымызға ұнап қалды. Арасында әскери бөлімнен тамақ тасимын. Тамақтың бір бөлігін жанымдағы саңырауларға беріп жұмысты соларға істетемін. Сөйтіп жүріп, арасында уақыт тауып, госпитальға Сембайға жанымдағы бір орыстың сыртқы киімін киіп алып, патрульдерден қаша жүріп, тамақ алып барып тұрамын. Оның мойнынан без шошып, ауыр азаптан ауырып қалған. Бір жолы тағы да больницаға келе жатқанымда аяғымдағы обмотканың бауы шешіліп кетті, әлгіні байлап алайын деп жерге отыра қалғаным сол еді, анадай жерден патрульдер шыға келді. Барар жер жоқ сасқалақтап қай жерге тығыларымды білмей айналама жалтақтап қарап отырғанымда жаныма бір үлкен әйел адам келе қалып, мені етегінің астына тығып жасырып қалды. Олар кеткенше сол шешейдің көйлегінің астына тығылып қозғалмай отырдым. Аяғымның бауының шешіліп кеткенімен, жаңағы әйел адамның мені қорғап қалғанын өзім жақсылыққа жорыдым, ол кісі менің періштемдей болып көрінді және бұл маған сақ жүруді ескерту сияқты болды. Егер де жаңағы патрульдер мені ұстап алса сөзге келмейді, өз бетіңмен ешқандай рұқсатсыз жүргенің үшін әскери трибуналға салып соттап жібереді. Алла ол кісінің ұрпағына жақсылық берсін. Қуанған мен қорыққан бірдей дейді ғой, патрульдерден аман- есен құтылғаныма қуанғаным сонша өзімнің құтқарушымның аты-жөнін де сұрамаппын. Осы жерде баяғыда 32 жылы Сүлеймен жездем түйемен жетім қалған апайым екеумізді үйіне әкеле жатқанда, көлден ұшып шыққан екі қаздың, біздің төбемізден екі айналып ұшып, көлге қайта қонғаны есіме түсті. Шынында да бұл да бір Алланың сақтағаны болды.
Семейде жүріп Қажымұқанның күресін де көрдім, ерен күшті жігіт еді. Ол кісі Семейге соғысқа өз атынан самолет жасатуға қаржы жинауға келген екен.
Жиырма күндей шеберханада жүріп, ротаға қайта келдім. Біздің жігіттер бұрынғыдай емес, ширығып алған екен, әскери ойындарды да жақсы меңгеріп алыпты. Қайта мен өзімнің сушилкада жүріп, көп нәрседен кеш қалып қойғанымды сездім. Менің сол біраз күн бостандықта болғанымды Мирзоев менен сығып алды. Басқаларды қуып жету үшін талай тер төгіп, талай таяқ жеуге тура келді. Қатты қиналдым, бірақ көп кешікпей мен де олардың қатарына қосылдым. Мирзоевтың қаталдығынан көп сабақ алдық, ол бізді төзімділікке үйретті, шынықтық, білім алдық оның бұл жұмысы үшін кейін рахмет айттық. Оқуда ауыр болса, соғыста жеңіл болады деген сөздің мағынасын сонда түсінгендейміз. Бір күні ротаны қалың тоғай ішіне апарып, жуан салдауларды кесіп дайындадық. Содан 7-8 баланы бойымен сапқа тұрғызып, жаңағы салдауларды иыққа салып алып алты шақырым жерге жаяу тасу керек болды. Міне азаптың үлкені осы болды. Су салдаулар иығыңды езіп, беліңнен жан кетіп қалғандай сезінесің, анда санда « Левое плечо» немесе «правое плечо» деп команда береді, сол кезде ғана бір иығыңан екінші иығыңа ауыстырасың. Команда болғанша жаның шығып кетсе де шыдайсың, 3 шақырымнан кейін «привал» деген команда болады, сол кезде салдауды тастай салып жата кетеміз де басымызды салдауға салып талып ұйықтап та қаламыз. «Тұрыңдар» деген айқай өлімге айдағандай естіледі. Тұра қоймасаң тағы да таяқ пен тепкі, еріксіз жаның үшін тұрасың да қайтадан әлгі салдауды иыққа салып алып, сылби басып, жүріп кетеміз. Біз салдауларды алып келсек, ол арада басқа солдаттар мұз болып сіресіп қатып қалған жерді қазып жатыр екен. Сол жерде көк талдан өріп блиндаждың ішкі қабырғасына жапсырып, салдауларды төбесін жабуға пайдаланып, жер барақтар дайындадық. Бұлар соғыс тактикасына үйрететін кең көлемді алаң жасамақшы екен. Біздің дайындап жүрген ағаштарымыз блиндаж үшін керек болды. Енді осы алаңда жаттығу сабақтары өтетін болады. Осының арқасында біз жылдам қимылдайтын, қаруды дұрыс пайдаланатын, әр нәрсеге шыдамды, төзімді солдаттарға айналдық. Күн жылына егер соғысқа өз еріктерімен барғысы келетіндер болса, оларды соғысқа жібереді деген әңгіме болды. Біздің командиріміз Мирзоев та бұрынғыдай қинамай, көп жағдайға еркіндік бере бастады. Осындай бір бос уақыта көрші ротадағы достарым Тойшыбеков Мұратбек пен Ашықбаев Серікбайға барып келейін деп Мирзоевтан рұқсат алдым. Бұл екеуі күн құрғатпай ротада кезекші және дневальный болып жүр дегенді естігенмін. Казармаларына барсам, дневальныйдың тумбочкасында қақиып тұрған Серікбайым «Рота смирно, дежурный, на выход» деп айғай салсын. Менің ойымда ештеңе жоқ, «ей мынасы несі» деп қарап тұрмын. Сол-ақ екен әскери адымға басып, Мұратбек алдыма жетіп келіп, әскери тәртіппен оң қолының саусақтарын басына тигізе, честь беріп «Товарищ генерал, старшый дежурный восьмой пехотной роты военного училища имени Маршала Советского Союза Бориса Михайловича Шапошникова рядовой Тойшыбеков Мұратбек, рота находится на тактической учений» деп жігерлі, өзіне өзі сенімді дауыспен, сартылдатып шықты да, мені келіп бас салып, құшақтап жатыр. Сөйтсем ротада екеуінен басқа ешкім жоқ кезіндегі маған көтсеткен ізеттері екен. Ротада ешкім Мұратбек құсап таза орыс тілінде дұрыс тақпақтап доклад бере алмағаннан кейін, оны ылғи ротада кезекші етіп қояды екен. Жоғарыдағыдай біз көрген бейнеттен, әрине, кезекші болып жүрген көп жеңіл. Семейде біз болған училищенің көлемі өте үлкен еді, мұнда жан-жақтан соғысқа баруға жинап алған жауынгерлерді 3-4 айда дайындап, соғысқа жіберіп жатады. Көп кешіктірмей бізді соғысқа жіберетін болды. Сембайға барып «енді Алла бізге қайта көрісуді жаза ма, жазбай ма, қош бол, бауырым» деп құшақтап, бетінен сүйіп қоштасып қайттым. Соғыстан кейін сұрастырып білсем, «соғыста хабарсыз кетті деген қара қағаз келген» екен. Сембайдың жалғыз апасы бар еді, Тойшыбеков Жиембектің әйелі Рақима апай, ол кісі мені көріп көп жылады. Қайран азаматымның сүйегі қай жерде қалды екен? Сембай өте сымбаты жігіт еді. 1943 жылдың мамыр айында 3-жылдық оқу бағдарламасын 4-айда тәмамдәп бітіргеннен кейін, бізді поезға мінгізіп, соғыс болып жатқан жаққа қарай алып кетті. Соғысқа баратын солдаттар келе жатқан поезді тоқтатпайды, сондықтан да күндіз-түні тоқтамай жедел жүріп отырып, екі-үш күнде Москва түбіндегі Пушкино деген қалаға екі эшалон солдат келіп түстік. Ол күні біз тоғайдың ішінде далада орналастық.
Ертеңіне таңға жақын «тұрыңдар» деген бұйрықпен солдаттарды тұрғызып, жуынып-шайынғаннан кейін, алты қатар стройға тұрыңдар деген команда болды. Сол кезде аспанда самолеттер тоғай үстінен ұшып өтіп, парашютпен кісілерді түсіре бастады. Бұл көрініс біздерге өте таңсық болғандықтан, бәріміз төбеге қарап, кісілердің самолеттен секіргеніне, парашюттің ашылғанына таңырқап аузымызды ашып қарап қалыппыз. Әлден уақытта біздердің қасымызға қолдарында әуе флотының туын ұстаған үш офицер келіп, дыбыс күшейткішпен барлығымыздан өздерін тыңдауды сұрады. «Қымбатты солдаттар, Ұлы Отан соғысына қатысушылар! Сіздер көп ұзамай соғысқа кіретін боласыздар. Неміс басқыншыларының Москва түбінен беті қайтып кейін шегінгенімен, жеңісті тойлайтын күнге жету үшін әлі талай қан кешті ұрыстар алдымызда тұр. Біз сіздерді өз еріктеріңізбен десанттар бригадасына баруға шақырамыз. Барамын деген тілек білдірушілер болса, анау шетте қызыл ту ілініп тұрған үйге барып тіркеліп, әскери дәрігерлік комиссиядан өтесіздер. Десантшылардың тағдыры өте қиын да, ауыр және өте жауапты да, қызықты. Десантшылар бөлімінің қиындығы, бұлар жаудың тылында соғыс қимылдарын жасап, партизан бөлімдерінде және жеке тапсырмалармен жұмыс істеуге, парашюттен секіруге тура келеді. Жауаптылығы, сіз аса жауапты тапсырма мен жау тылына жіберілуіңіз мүмкін, ал мұндай тапсырма өте жауаптылықты, білімділікті, төзімділікті және өте шыныққан мықты жігіттерді қажет етеді. Бұл үшін сіздерді арнаулы оқу бағдарламасы бойынша оқытып, дайындайтын болады. Сондықтан да біз бұл бөлімшеге тек қана еріктілерді, ержүректерді ғана қабылдаймыз. Барамын дегендерің екі адым алға» деп команда берді. Бұл бұйрықты біздің полк командирі қайтадан қайталады. Бағанағы парашютпен секіргендерді көріп қызығып кеттім де, әйтеуір соғысады екенбіз мұны да бір көрейін, «ажал жетсе қайда жүрсең де құтқармайды» деген оймен екі адым қатардан шығып, жан-жағыма қарасам шамалы ғана солдат шығыппыз. Бәрібір енді шегінер жол жоқ, артыма бұрылып қолымды көтеріп басқалармен қоштастым да, неде болса деп жаңағы ту тігулі тұрға үйге келдім. Есікті ашып кіріп келгенімде алдымнан үш офицер қарсы шықты.
- Сен кімсің?
- Гвардии ефрейтор Аманбаев Сұлтан әскери дәрігерлер комиссиясынан өту үшін келдім, - деп жауап бердім тақ-тақ еткізіп.
- Гриша, келді біреуі қабылдап ал,- деді.
- Ұлтың кім?- бұл Гришаның бірінші сұрағы болды.
- Қазақпын.
- Грыжаң бар ма?
Грыжа дегеннің қазақша не екенін түсінбедім де жоқ, -деп жауап бере салдым.
Ішіндегі жаңағы Гриша дегені ол жер, бұл жерімді шешіндіріп қойып тексеріп, ағаш балғамен тіземнен,тобығымнан ұрып, енді біреуі көзімді, өкпемді, жүрегімді тексеріп болғаннан кейін, кішкентай орындыққа отырғызып мықтап тұрып байлап бекітті де «Сен орысша смирно, кругом деген команданы білесің бе?» деді. Мен оған «ол не дегеніңіз, мен Совет Одағының маршалы Шапошников атындағы әскери училищені бітіріп келе жатқан пулемет расчетінің командирімін» дедім. Ол кешірім сұрап күлді де, орындықты тоққа қосып, айналдырып жіберді. Мен отырған орындық шыр көбелек айнала жөнелді. Әлден уақытта орындықты тоқ көзінен ағытып, мені босатып алды да, екеуі екі иықтан ұстап анадай жерге лақтырып жіберді. Мен екі аяғыммен тік етіп тұра қалдым. Жаңағылардың біреу келіп әр түрлі командалар беріп, менің оны орындауыма көңілдері толғаннан кейін, жаныма келіп қолымды алып, «Жарайсың, жігітім, сен десанттар бөліміне қабылдандың» деді. Одан кейін менің аты- жөнімді журналға тіркеп, қолыма бір құжат берді де, кәзір осы арадан электричкамен Ногинск қаласына барасың, сол жерде кездескен әскери патрульге осы құжатыңды көрсет, олар сені десанттардың әскери бөлімінің штабына жеткізеді, деді. Құжаттарымды алып электричкаға міндім де екі сағаттай жүріп Ногинск қаласына келдік. Электричкадан түскеннен кейін, қаланы аралағым келіп, біраз көшелерін айналып шықтым. Қала жасыл желекке бөленген әдемі қала екен. Көшеде балалар мен қарттар көп. Ногинскіде бұрын патефон шығаратын завод болған, кейіннен барлық заводтар соғыс жағдайына көшірілген екен. Патрульдерден тасаланып жүріп біраз аралап шықтым да, кездескен патрульге құжаттарымды көрсеттім. Құжатымды алған офицер бетіме қарап, «А, ты оказывается десантник, смертник» деп өзінше қалжыңдап, жаныма екі патрульді ертіп берді, олар мені бір үш қабатты үйге алып келді. Бұл жердегілер ыңғай қыздар, дәрігерлер мен радистер екен. Мені алып келген солдат «Ей қыздар сендерге жігіт әкелдім, қане қайсың аласың» деп еді, ерігіп отырған қыздар жаныма жүгіріп келіп мен алам, жоқ мен аламын деп жабыла құшақтап жатыр. Ол кезде әлі қыздарға бетіміз ашыла қоймаған бала жігітпіз ғой, әлгілердің қалжыңына кәдімгідей қызарақтап ұяламын. Мені ертіп келген солдат «ой, қыздар, бұл бәрібір сендерге жетпейді, босатыңдар», - деп мені ертіп бригада штабына алып келді. Штабтан мені үшінші ротаға бөлді. Рота командирінің орынбасары аға сержант қағаздарымды алды да, татар жігіті екен «ә, қазақ малайы, сен маған туысқан болдың. Сен қағаздарыңа қарағанда соғысуға дайын, әртүрлі қару-жарақты қалай пайдалануды жақсы білетін солдат екенсің, бізде екі қазақ болатын болды. Енді сені парашюттен секіруге үйретеміз» деп старшинаны шақырып алды да, мына жігітті моншаға түсіріп, киім- кешегін бер де, жататын орнын көрсет, деп ертіп жіберді. Мен өзімді жылы қабылдағандарына қуанып қалдым. Кешкі тексеруде мені саптан шығарып ротамен таныстырды да, қазақ жігіті Сәкеновтың жанына қосты.
1943 жылы мамыр айының аяғында Нагинск қаласында солдаттар жиналғаннан кейін, біз тіркелген 6 әуе десант училищесінің оқуы басталды. Тәулігіне алты сағат қана ұйықтаймыз, басқа уақыттың бәрі әскери дайындық жұмыстары. Күндіз парашютті жинау, секіруге дайындалу, ал түнде басқа ойындар жүргізеді. Алғашқыда аяқты зақымдап алмау үшін секірудің тәсілдерін үйретеді. Секіргенде тізені сәл бүгіп, табанның басымен бақайларға салмақ түсіре секіріп, денеге серпін беру керек. Осыны дұрыс орындамай, өкшемен түссең, жіліншік қирап кетеді. Кейде қисық секіріп аяғын қиратқандарды сынығы жазылғаннан кейін, әдейі істедің деп, штрафбатқа жібереді. Алғашқыда 6 жерге ескі самолеттің макетін 5 метр биіктікке қойып содан секірдік, мұны әбден жаттыққанша секіртеді. Дұрыс орындағандарға демалыс береді. Бұдан кейін екінші кезең 10 қабатты үйге басқышпен шығып, соның ашық терезесінен керулі тұрған парашютпен секіртеді. Күні бойы дамыл жоқ, кейбіреулер қалжырап құлап жатады. Осыдан кейін үшінші этап әуе шарларынан секіруге үйретті. «Колбаса» деп аталатын шардың астында тақтайдан жасалған жәшікке бес кісіні мінгізіп алады да 1200 метр биікке көтеріледі. Мұның төртеуі солдаттар, бесіншісі нұсқаушы. Нұсқаушының міндеті секіретін биіктікті анықтайды, парашюттің ілгектерін каркос деп атайды, соның дұрыс ілінгенін бақылап тұрады да, секіруге бұйрық береді. Сондай биіктіктен секіруде оңай емес, оған да жүрек керек, батылдық керек. Егер қорқып қарсылық білдіргендер болса оларды күштеп секіртеді. Сондықтан да жаңағы нұсқаушыларды солдаттар өз тілдерінде «вышибало» соққыш деп атайды. Олар парашюттің ілгегін іліп береді ді, жаңағы дірілдеп қорқып тұрған солдатты төменге қарай лақтырып жібереді. Кейде өзі ортада тұрып алып, жіпке ілулі тұрған жәшікті тербейді, сонда өзі зорға тұрған елдің тіпті зәресін алады, өзің аспанда аяғыңның асты теңселіп тұрғанда, өзіңді қоярға жер таппайсың. Кейбір солдаттардың қорыққаннан еріндері мен көздерінің алды қарайып кетеді, тіпті кейбіреулері кіші дәретке отырып қойғандарын да білмей қалады екен. Секірген кезде дем ала алмай тұншығып қаласың, өкпе-бауырың жұлынып кететіндей болады. Парашют сарт етіп ашылған кезде өзіңді біреу жоғары қарай жұлқып қалғандай сезінесің, сол кезде өкпе- бауырың орнына түскендей болады. Жерде жүргендер секіріп түскендерді қабылдап жүгіріп жүреді. Парашютті жел айдап кетпей, белгілеген жерге дәл түсу үшін оның баулары арқылы реттейді. Кейде негізгі парашют ашылмай қалғанда сасқалақтап екіншісін аша алмай жерге соғылысып қайтыс болғандар да болды. Аман-есен жерге түскеннен кейін, іле-шала астыңғы бауын тартып парашютті сөндіреді, сол кезде жердегі жүрген арнаулы медсестралар мен бақылаушы офицерлер де жетіп келіп, фамилияңды жазып алып, парашютті жинасымен, бауырсақтың үлкендігіндей ортасында бір қасық ликер спирті құйылған шоколад береді. Парашютпен секіру адам ағзасы үшін қалайда ауыр, бір секіргенде адам 3,5 кг салмақ жоғалтады екен. Жаңағы шоколад сол жоғалған салмақты қалпына келтіруге көмектеседі. Сонымен, бірте–бірте секіруге әбден жаттығып, енді түнде қарумен секіруге, соғыс техникаларын жүргізуге үйретті. 4-5 самолет 50-80 солдаттан парашютпен тастап отырады. Көбінесе түнде секіреміз де, от жағып белгілеген жерге жиналамыз. Самолетте отырғанда ұшқыштар «бізді барлаушы самолеттер бақылап отырады, сонда да жолда тосыннан жау самолеттері кездесіп қалса қорықпаңдар, каркостарыңды дұрыс іліп мықтылығын тексеріп дайын отырыңдар, алда-жалда ондай жағдай болса, секіруге бұйрық беріледі, сол кезде аптықпай, таласпай секіріп кетіңдер, әйтпесе самолет зақымданғандай болса секіре алмай қаласыңдар» деп ақылдарын беріп жатады. Осылай күндіз парашютпен секруге жаттықсақ, кешкі тамақ ішіп алғаннан кейін қала сыртына, тоғай ішіндегі қыратты жерге барып, түннің бір уақытына дейін атыс, соғыс, жекпе-жек төбелеске жаттығамыз. Мұндағының бәрі ракета сигналдары арқылы беріледі. Түнімен жүгіру, жұлдызға, ағаш қабықтарына қарап бағытымызды анықтау, аз дем алғаннан кейін таң алдында 10 км. қашықтыққа маршпен жүгіріп отырып, жататын жерге келіп ұйқыға жатамыз. Түске таман тұрып тамақ ішкеннен кейін, нұсқаушының бақылауымен парашют жинап үйренуге кірісеміз. Әр солдат үшін парашюттің арнаулы орны болады, ол құлыпта тұрады. Оны сол солдаттан басқа кісі ашуға, парашутті ұстауға қатаң тыйым салады. Парашют қоятын ұяның құлпын ашуға арнаулы коды болады, оны басқа біреуге айтуға болмайды. Ұяны жапқаннан кейін аузына пломба салып, күзетшіге қатаң түрде ұяның ретімен әр кім өзі жеке тапсырады. Кейін парашютті аларда да осы ретпен әркім өзі барып, күзетшінің бақылауымен ұясын ашып, парашютті алады. Нұсқаушылар бұған өте қатты қарайды. Егер де өшіккен біреу байқаусызда біз тығып алса ашылған бетте парашют жыртылып кетеді екен, ондай жағдайлар болмайды деуге бола ма? Осылайша оқудың ең қиын бөлігін аяқтадық. 1 класты парашют жинаушы деген атақ пен значогін, әр тексерген сайын үш рет алдым. Осының үшеуінде де оқуда жақсы болған солдаттармен бірге Москваға немістердің трофейлерін көріп, саяхаттап қайту үшін үш рет бардым. Секіріп біткеннен кейін жау мен алысудың неше түрлі тәсілдерін үйрену, пышақ пен жұмыс істеу, итпен алысу тәсілдерін үйретті. Кейде өзара жекпе-жекке шығарады, осында еріксіз бірімізді біріміз аямай шайқасамыз, бұл дегеніңіз нағыз төбелес. Казіргі каратэ, дзюдо дегендеріңіздің барлық түрінен жаттықтырады. Итпен алысқанда үстіңе қалың шапан кигізеді де, итті қоя береді. Қолыңда жіпке байланған рәзеңке шарик болады, сонымен итті ұруың керек. Сол арқылы сенің жылдамдығыңды, әдісті қалай қолдануыңды анықтайды. Түнде ағаш ішінде қалай жүру керек, айдың, жұлдыздың жәрдемімен, ағаштың қабығына қарап бағытты анықтау тәсілдері, тамақ болмаған жағдайда қандай өсімдіктерді, қандай тамырларды тамаққа пайдалануға болатынын үйретеді. Көбінесе жау тылында жұмыс істеу тәсілдері, рацияны дұрыс пайдалануды, темір жолдарға жарылғыш заттарды орналастыруды, неміс тіліндегі солдат үшін ең маңызды сөздерді үйрендік. Қысқасы нан сұрап жейтіндей жағдайда болдық. Мұндағы негізгі мақсат, солдат жау тылына түскенде, немесе ерекше қиын жағдайларға тап болғанда, қалайда тірі қалудың және өзіңді аман сақтап қала отырып, жалғыз-жарым қалғанда да, аянбай жауға соққы берудің неше түрлі тәсілдеріне үйретіп, соған әбден дайындайды. Десантшы барлаушыны қазақша айтқанда «Отқа салса батпайтын, суға салса жанбайтын» дегендей деңгейге жеткізіп, нағыз бесаспап етіп шығару. Сол үшін де жаттықтырушылар бізді аямай, күнде бес терімізді сығып алады. Енді осы қаншама уақыт оқып дайындалғанымызды қорытып, комиссияның тексеруіне дайындалуымыз керек болды. Біз бұл кезде әбден ширығып, жаттығып алдық. Соның арқасында қорытынды тексерісте жаттығудың барлық түрінен үздік атандым.
Оқу аяқталғаннан кейін, біздің бөлім десант бригадаларының жарысына баратын болды. Бұл шараны әдейі Днепрден асырып неміс тылына тастауға, Москва түбіндегі бригадалардың ішіндегі жақсы дайындықтан өткендердің ішінен біреуін анықтау үшін жасаған екен.
Біздің взводтан ең озат деген бес солдатты жіберді. Жарыс болатын жерге жабық машинамен алып келді. Жарыс шарты бойынша, бізді комиссия қабылдап алды. Әр бір солдаттың арқасында жалпы салмағы 30 кг жүгі болуы керек. Бұл негізінен оқ- дәрі, қару- жарағы, граната. Осы бес солдаттың ішінде Сәкенов екеуміз де болдық, ол Егіндібұлақ ауданының жігіті, екеуміз алғашқы күннен танысып, жақсы жолдас болдық. Жарысты өткізетін жерге де келдік, біздің арқамыздағы жүгімізді өлшеп анықтағаннан кейін, жарыс басталатын жерге алып келіп, мәре сызығына тұрғызып, бізді қабылдап алған офицер жарыс шартымен таныстырды.
- Сіздердің жүріп өтетін қашықтықтарыңыз 50 шақырым таулы, орманды, батпақты, өзенді жерлер. Сегіз сағат уақытта осы қашықтықты жүріп өту керек. Жолдарыңда тоғайлы жерлерде ағашқа ілінген кішкентай флажоктар бар, егер тегіс жерлермен жүргендедіңізде флажоктар жерге қадалған, соның бойымен жүріп отырасыңдар. Жолда бақылаушылар бар, соларға аты-жөніңді қысқаша ғана айтып кете бересің. Жарыстың соңында мылтық ататын жерге барамыз, - деп сөзін аяқтап, «марш» деген команда берілді. Жүріп кеттік, Сәкенов екеуміз бойымызға қарай саптың ортасында әңгімелесіп келеміз. Қалың тоғайға келдік, жолда бақылаушылар біздерді санап аты-жөнімізді жазып алып, қанша шақырымды қанша уақытта өткенімізді қабарлап жатыр. Біраздан кейін батпақты жерге келдік, оның жиегіне ұзын сырғауылдар тастаған екен. Қолма-қол сырғауылдардың ішінен мықтысын таңдап алып, шұңғымаларға түсіп кетпес үшін алдымыздағы жүретін жолдарымызды нұқып тексеріп отырып, аман-есен одан да өтіп кеттік. Біраздан кейін Сәкенов екеуміз саптың алдына шығып кеттік, сүмектеп терлеп келеміз. Жолда бізді командиріміз тосып алып, белгіленген уақыт бойынша біздің жақсы келе жатқанымызды айтып бір көңілдендіріп қойды. Осы жерде бізді біраз демалдырып, ептеп ауқаттандырып алды да, қазір сағатына сегіз шақырым жылдамдықпен келе жатырсыңдар, бұларың жобаға сай, енді біраздан кейін, алдарыңнан өзен кездеседі, «ал жүріңдер» дегеннен кейін, қайтадан жолға шықтық. Әскери дайындықтан әбден шынығып алыппыз, өзімізді шмрақ сезінеміз. Әлден уақытта өзенге тап болдық, өзен жағасында салдаулар мен сымдар жатыр екен, сол жерде сал жасап, қару-жарағымызды суға тигізбес үшін төбемізге байлап алып, өзенге түсіп кеттік. Жанымызда үш резина қайықта жанында иттері бар екі бақылаушы еріп отырды. Олар терлеп келіп суға түскенде сіңір тартылып қалып, суға кетіп қалмасын деп бақылап отырды. Өзен ені әжептеуір жер. Жағаға жеткеннен кейін киімдерімізді киіп, қаруларымызды қолға алысымен «немцы» деген команда берілді. Жата-жата қалдық, 150-200 метр жерден неміс солдатының формасындағы бір жығылып, бір тұрып тұрған номерлері жазылған, жылжып бара жатқан нысаналар көрінді. Офицер кімге қай номерлі нысананы ату керек екенін айтып тұр. Маған 14-нші нысана деді де, үш оқ берді. Мен аты-жөнімді айтып, тез-тез аттым да, орнымнан тұрып кетім. Ату біткеннен кейін, «Отбой» деген команда берілді де, жарыстың қортындысы шықты. Біздің бригададан барған солдаттарға командир сап алдында алғыс жариялады.
Ногинск әуе десант училищесінің оқуы аяқталды, бір күні түн ортасында, дабылмен оятып сапқа тұрғызып, Сталиннің июль жарлығын оқыды. Мұның негізгі мазмұны соғыста бір адым артқа шегінбеу, қорқақтық танытқандарды, кім болса да, мейлі ол офицер болсын, табан астында атып тастау атап тапсырылған. «Немістер қазір Курск, Орел тұсынан шабуыл жасауға қатты дайындалып жатыр. Жау өте қатал. Біз оларға қарсы шабуылға шығуға дайынбыз. Днепрден өтіп, Украина, Беларуссия жерлерін азат етеміз. Оларға Москва, Сталинград түбіндегідей ойран салып, жауды Берлиндегі өз үңгіріне тығамыз» дегендей жалынды сөздер айтылды. Не дегенмен, біздің де соғысқа аттанатын уақытымыз таяп қалғандай.
Майданда
1943 жылы қыркүйек айының ішінде түнде дабыл берілді. Өзіміз де қашан болар екен деп іштей дайындалып, күтіп жүргенбіз. Дабыл қағылысымен орнымыздан тұрып, қоймаға келдік те қару-жарақ, оқ дәрі, ыдыс аяғымызды, 5 күнге жететін құрғақ тамақ алып, саппен келіп поезға міндік. Поезд Москва арқылы Киев бағытына қарай жүріп кетті де, біраз жүргеннен кейін тоғай шетіндегі бір разъезге келіп тоқтады. Біз осы жерде 2 тәулік тұрдық, жанымыздан үздіксіз күндіз-түні соғыс техникаларын тиеген поездар ағылып өтіп жатыр. Дәретке барамын деп түсіп кеткен кейбір солдаттардың қайтпай қалғанын естідік. Бригаданы жинап тексергенде 21 адам жоқ болып шықты, екеуі офицер. Бұлардың қайда кеткенін ешкім білмеді. Бұл кездерде неміс самолеттері соғысқа бара жатқан эшалондарды бомбалап кететінін естігенбіз. Сондықтан да эшалон кейде күндіз тоқтап тұрып, тек қана түнде жүріп отырды. Ертеңіне түстен кейін поезд қозғалып кетті. Үздіксіз жылдам жүріп отырды да, түнде тағы да бір жерге келіп тоқтады. Поездан түсіп, таяу жердегі тоғай ішіне жиналдық. Осы жерде жанымызға командир келіп, «Бізге қазір тоғай ортасындағы алаңға ауыр самолет келіп қонады, қорықпаңдар, әлі жау тылына шыққанымыз жоқ, соғыс алаңына да көп жер бар. Сол самолетке мініп ұшасыздар, сіздердің дайындықтарыңызды бас қолбасшының бұйрығы бойынша аса үлкен жауапты комиссия тексереді. Жақсы өтсеңіздер әрі қарай тапсырма беріледі» деді. Біз бұл сыннан «өте жақсы» деген баға алдық. Жоғарғы ставкадан келген комиссия «десанттардың қимылы жақсы жау тылына түсіруге болады» деген шешім айттып кетіпті. Біздің бір бөлігімізді, бір күні түнде жабық машиналарға мінгізіп, түні бойы жүріп отырып бір селоға алып келді. Осында үш күндей жаттық. Бұрынғы көп жолдас жігіттер де, офицерлер де көрінбейді. Бізді мұнда сөздеріне қарағанда уақытша, негізгі резервтің күші келгенше, жау шебіне таяу тұрған бір полктың шығынының орнын толтыру үшін әкелген сияқты. Сонымен 1943 жылы тамыз айында жаяу әскер ретінде соғысқа кірдік. Бұл - Украина жері, біз Осипенко, Горловка, Сталино деген селолары арқылы өтіуіміз керек. Негізгі бағытымыз Киев қаласы. Біздің әскерлер Днепр өзеніне әлі толық жеткен жоқ, негізгі күш өзенге жетсе, біз Днепр өзенінің арғы жақ қабағына десантпен түсіріліп, Днепр өзенінен әскердің өтуіне жол ашуымыз керек. Одан әрі Украинаның астанасы Киев қаласын азат ету.
Түнде жаяу жүріп отырып, тоғай шетіндегі дайын окопқа келдік. Мұнда бұрын солдаттар болған, оларды алып кетіп, орнына бізді әр жерден жинап, алып келген сияқты. Жанымыздағылар бұрын соғыста болған адамдарға ұқсайды, өйткені сөздері де, жүрістері де ширақ. Бұрын тар окоппен еңкейе басып жүріп көрмеген біздер окоптың екі жақ қабырғасына кезек соғыламыз. Бұрын болғандар олай емес, окоптың ішінде далада жүргендей зыр жүгіреді. Осы жерде жауды тосып алмақшымыз. Кешкілік командир біздерді жинап алып, барлау жұмыстарының нәтижесіне қарағанда, ертең таң атысымен немістер шабуылға шығуы мүмкін екенін, сондықтан, әсіресе, жаңадан келіп әлі оқ дәрі иісін иіскемегендер, өте сақ болыңдар. Сасқалақтамаңдар, бұйрықсыз беталды оқ шығармаңдар деген ақыл-кеңестерін беріп жатыр. Құлағымыз бұрыннан ұрысқа қатысып жүрген солдаттардың әңгімелеріне түрулі, олардың әр сөзін қалт жібермей тыңдап, өзімізге бағыт- бағдар, сабақ алғандаймыз. Бұл алғашқы ұрысқа кіретін сәт болғаннан кейін, тәңертең не болар екен, деген ой мазаны алып жөнді ұйқы да болмады. Міне, таң да атты, ат-арбамен алып келген таңғы асымызды ішіп болмай жатып неміс артилериясының алғашқы снарядтары келіп жарыла бастады. Бүкіл бекіністің бойын соққылап алды да, артилерияның дауысы тына қалды. Айнала шаң мен түтіннен көрінбейді. Окоптың ішінде басымызды шығаруға қорқып, бұғылып отырмыз. Қаншама осы соғыс туралы солдаттардың өз аузынан неше түрлі әңгіме естіп жүрсек те, оны жаныңмен сезінудің жөні бір бөлек екен. Бір сәт үнсіздіктен кейін талып жеткен танкының гүрілі естілді. Солдаттардың бәрі окоптың қабырғасына сүйене сыртқа қарап тұр екен, менде басымды шығарып қарасам, бірінен кейін бірі келе жатқан он шақты неміс танкылары көрінді. Біздің арт жағымыз тоғай, танкіге қарсы зеңбіректер көрінбейді. Қолымызға бергендері ФА-1 деген жаяу әскерлерге лақтыратын шрапнельді граната, танкіге қарсы қолданатын ауыр гранаталар жоқ. Бұл келе жатқандар немістердің ең мақтаулы «Тигр» деген танкілері. Бұлардың қарсы бетіндегі брондалған темірін Совет артиллериясының снарядтары тесе алмайды деп шуылдатып жүрген. Шынында да снаряд оны тесе алмайды екен. Бірақ артиллеристер «Тигрдің» осал жерін тапқан сияқты, ол жүріс бөлігі екен. Оған снаряд тисе шынжыр табаны сөгіліп, танк тоқтап қалады. Танкінің артында шұбырып келе жатқан неміс солдаттары көрінеді. Окоптың алдындағы биіктеу етіп үйілген топырақтан сығалап қарап отырмыз. Әбден жақындатпай оқ шығармаңдар деген бұйрық келді. Өзімше қолымыздағы жаяу әскерге қарсы қолданылатын шрапнелді кішкентай граната, автомат ППШ-мен танкіге қарсы не істей аламыз, мыналар таптап кететін шығар деп іштей үрейленіп отырғанмын. Неміс танкілері анда-санда тоқтай қалып бұрқылдатып атып келеді, снарядтар бірі әрі, бірі бері түсіп жарылып жатыр. Окоптан бас шығаруға қорқасың. Бірақ қанша қорыққаныммен өзімді-өзім жігерлендіріп қоямын. Әлден уақытта командирдің «по головному танку бронебойным огонь» деген бұрығы естілісімен, артиллерияның гүрсілдете атқан дауысы естілді, олар тоғай ішінде жасырулы тұрған екен. Алдымыздың бәрі шаң аралас, қою-қара түтін болып кетті. Стереотрубадан қарап отырған командир, снарядтың түсіп жатқан жобасын айтып артиллеристерге нұсқау беріп жатыр. Артиллерия снарядтарының түсу жиілігі көбейген кезде бірден немістің екі танкісі шоңқиып, бөксесі кеткендей қисайып, тоқтап қалды. Оның ішіндегі немістер танкіден түсе салып қашып бара жатыр. Оларды қөздеп атыңдар дегеннен кейін мен де көздеп атып жатырмын. Артиллерияның атысы жиілегеннен кейін қалған бес танкі бұрылып алып кері кетті. Немістің танкысынан атқан снаряд окоптың тура жиегіне келіп жарылғаннан соң біздің қатардағы бірнеше солдат жараланып, үш солдат қаза болыпты. Өлікті соғыста бірінші көруім болғаннан ба, зәрем ұшып кеті. Біз де өстіп бір жерде қалып қояр ма екенбіз деген жаман ой бір сәт санамда жүгіріп өтті. Немістер қайта көтерілмеді. Бұл менің бірінші рет жау болса да, адамға қарсы оқ атқаным еді. Алғашқы да атуға қолың бармайды екен, бірақ кейіннен өзіңе қарсы қарудың барлық түрінен оқ жаудырып келе жатқанын көргеннен кейін, сен де аянбайсың, қазақша айтқанда «атаңның аузын ұрайын, қанды басыңды бері тарт» деп жанталасып ата бастайсың. Соғыс аяушылықты көтермейді. Не сен оны, не ол сені жаусатады, қай бұрын қимылдаған аман қалады.
Кешікпей бізді қайтарып алып кетті де, өз ротамызға қосып, жау тылына ұшатынымызды хабарлады. Қанша дегенменен де алғашқы ұрысқа қатысып шыққанымыз бізді сабырлылыққа шақырғандай, бұрын тура жауды көрсек қырып тастайтындай болушы едік, жоқ оның оңай емес екенін сездік. Ендігі бағыт Украинаның астанасы Киев қаласын жаудан босату үшін Днепрдің арғы жағына шығып қызыл әскерлердің өзенді өтіп, жауға шабуыл жасауына жол ашамыз. Днепр өзенінен бірден өте шығу шабуылдаушы әскерге өте қиынға түседі. Шегінген неміс бөлімшелері Днепр өзенінен бөгетсіз өтіп, қарсы жағалауда берік бекініс орнатып алған. Днепрдің жағалауына келген әскерді өзенге жолатпай тұрған кезі. Оның үстіне шегінген жауды шабуылдаушы бөлімдер өкшелей қуып кеткенде, тыл артта қалып қойған. Өзен жағалауында пушкаларды алып өтетін көптеген салдар дайындалған. Бірақ биік жарқабақты жиектей орналасып алған жау артилерия мен миномет, пушкалардан атқылап, самолетпен бомбалап, негізгі күшті қозғалтпай отыр. Енді тек жау тылына өтіп, іштен соққы беруіміз керек.
Дегенмен мен алғашқы соққыдан аман өтіп соғыстың дәмін татқанымды жанымдағыларға айтып қоямын. Өзімді оларға қарағанда бір саты есейіп қалған сияқты сезінемін.
Сол жылы қазан айының 20-сы күні әуе десанттарының 1, 2, 3, 4 құрамаларының солдаттары Киевтің электр станциясын қорғап қалу үшін қараңғы түнде қаптаған жаудың үстіне түсірілді. Немістер жарып-қирату үшін гидроэлектростанцияның астына мыңдаған тонна жарылғыш заттарды салып, дайындап қойған. Десанттар немістерді қатты шығынға ұшырата отырып 1928-32 жылдарда салынған аса маңызды, сол кездегі бойынша әлемде теңдесі жоқ Ленин атындағы гидроэлектростанциясын сақтап қалды.
Бір күні командиріміз келіп, бүгін түнде жау тылына ұшатынымызды хабарлады. Днепрдің арғы жағына өтеміз, самолетті ЯК истребительдері қорғап отырады, біз түсетін жерде от жағулы болады, ол жерде партизан отрядының командирлері болады. Соларға қосылып, Днепр өзенінен біздің әскерлердің өтуіне жол ашасыздар, әрі қарай Киевті алуға көмектесесіңдер, қалғанын барғаннан кейін естисіңдер, - деді. Түн ішінде келіп самолетке міндік, елу шақты солдат бір самолеттеміз. Парашюттің керос бауын іліп, өне бойымыздағы қару-жарақтарымызды дұрыстап, «секір» десе секіріп кетуге дайын отырмыз. Иллюминатордан қарағанымда, қорғаушы истребительдердің жанымызда ұшып келе жатқанын байқадым. Біраздан кейін самолеттің ішіндегі жарығы жанды да, ұшқыш салонға шығып: «Секіруге дайындалыңдар, төменгі жаққа қарасаңдар, төрт жерде от жанып тұр, бұл сендердің жиналатын жерлерің», деді де сыртқы есікті ашып, «Секіріңдер» деген бұйрық берді. Самолеттен парашютпен қараңғы түнекке секіріп кеттік. Парашюттың сақинасын тарқаннан кейін тарс етіп ашылып кетті. Парашютпен секірген кісі үшін, парашюттың уақытында ашылуының өзі бір бақыт. Айналама қарасам, түнгі айдың жарығымен алыстан Днепр өзенінің сүлбесі көрінеді. Осы өзен үшін жаумен соғысуымыз керек. Айналамды байқаймын деп біраз уақытты өткізіп алған сияқымын, төменге қарасам, от жағылған жерден жырақтап бара жатыр екенмін, жеделдетіп түсер жерді белгілеп, парашюттың бауларымен бағытымды реттеп төмен түсіп келемін. От жағылған жерге таяу келіп жерге түстім. Жерге түсісімен парашютты жинап, оттың жанына жиналдық. Бізден кейін, әрбір 15 минут сайын самолеттер төрт рет келіп, десанттарды түсіріп кетті. Парашюттарды бір жерге үйіп, жан-жаққа күзетшілер қойды да, елдің бас-аяғы жиналғанша, 1-2 сағат дем алуға жаттық. Жау тылында жүрміз дегеннен кейін ұйқы бола ма, біраз жатқаннан кейін қызыл ракета атылды, бұл «жиналыңдар» деген белгі. Көрсетілген жерге келсек, біздің десанттардың жанында бұрын осы десанттар дайындайтын училищеге келген кездегі өзім көрген радист, дәрігер қыздармен қоса сақалдары қауғадай жай киімдегі кісілер де көп екен. Анадай жерде 45 мм–лік пушкалармен қоса минометтер де көп. Партизандармен қосқанда 300 адамды қатарға тұрғызып жүрген партизан отрядының командирі екен. Түнде біздің бір самолетіміз неміс самолеттерімен кездесіп қалып, истебительдердің ұрыс салғанын, десантшылардың жау әскерінің үстіне түскенін, және ол жерде қатты ұрыс болғанын айтты. Сталинград, Курск, Орел қоршауының кезінде десанттардан әбден қорқып қалған немістердің үстеріне келіп, десант түскен кезде, әбден берекелерінің кеткенін, соны пайдаланып десанттардың көп шығынға ұшырамай аман-есен шығып кеткенін айтты. Енді осы топпен барып, Днепр өзенінің жағасында бекінген жауды шегіндіріп, Совет әскерінің негізгі күштерінің Днепрден өтуіне жағдай жасап, барлық күш қосылғаннан кейін Киевті жаудан азат ету керек. Дәл осылай тыл жағынан келіп шабуыл жасамаса, жағада тосып отырған неміс әскерлері өзеннен өткізбей, паром, қайықтарды тікелей атқылап, әскерлерді қырып тастар еді. Түн ішінде біраз жүргеннен кейін бізді тоқтатып, командирлер немістерге таяғанымызды ескертіп, қазір шабуылға шығатынымызды айтты. Пушкалар мен минометтердің атқылауы басталды, оған қоса таң біліне салынысымен, аспаннан самолеттер келіп, жау бекінісін соққының астына алды. Бұл екі ортада немістердің де самолеттері келіп аспанда қиян кескі соғыс басталды. Біз де шабуылға шықтық. Бұл ғаламат кескілескен ұрыс болды. Аспан айналып жерге түскендей десек, артық болмас. Қанша әлсіресе де, жау әскерінің оңайшылықпен беріле салатын түрі көрінбейді. Аспанда самолеттер, жерде танкілермен пушканың дауыстары құлағыңды жарады. Айналаң көк-ала түтін жаралылардың айқайлаған дауысы, ысқырып келіп жарылған снарядттар, бұл нағыз тозақтың өзіндей еді. Біздің десанттық бригада осы қан -төгістің дәл ортасында жүрдік. Не дегенмен де тосыннан, және өте ұйымшылдықпен жасалған шабуылдан кейін, немістер өз шептерін тастап, шегінуге мәжбүр болды. Сол ұрыстан қалай аман қалғанымды өзім де білмеймін, әйтеуір жараланбай аман шықтым. Немістер қайта–қайта шабуылға шығып, өз орындарын қайтарып алуға құлшынғанымен, оларға қатты тойтарыс беріліп отырды. Осындай қиян-кескі соғыстың бір күні бір жылға бергісіз шығар. Кешкілік немістер шегініп кеткен бекініске келіп бекіндік. Мұндайда қарбалас тіршілік басталады. Жаралыларды емдеу бөліміне жөнелтіп, басқалары көлікпен келген кешкі тамақтарына қарай жүгіреді. Әрине оған кезектесіп барады. Старшиналар мен взвод командирлерінің көмекшілері аралап, өз адамдарын түгендеп жүреді. Айнала тыныштық, күндізгі жан-түршігерлік сұрапыл айқас болмағандай. Анда-санда немістер жақтан сақылдата атқан пулемет дауысы естіледі. Мұндайда командирлер «қаңғыған оқтан сақтанып жүріңдер» деп ескертіп Бұл қазан айының соңғы күндері еді. Днепрден Совет әскерлерінің өтіп жатқанын білетін неміс әскер басшылары, өзен бойын бомбалауға самолеттерін жібереді. Оларға Совет армиясының ұшқыштары қарсы шығып аспанда соғыс салады. Неміс самолеттерін өзен жиегін орналасқан зениттік артиллерия оқтың астына алып талай неміс «Юнкерстерін» өзенге тоғытты. Днепр үшін шайқас бірнеше күнге созылды. Ауыр айқаспен немістерді Днепрден шегіндіріп Совет әскерлерінің өзенді кесіп өтуіне қолайлы жағдай жасадық.
Днепр үшін шайқас бірнеше күнге созылды. Дегенмен, Днепрден немістерді шегіндіріп Совет әскерлерінің өзенді кесіп өтуіне қолайлы жағдай жасадық.
1955 жылдың аяғына қарай аудандық оқу бөлімінің шақыруымен, Қарқаралыға Совет Одағының батыры Мартбек Мамыраев ағамыз келді.
Мектеп-интернатының директоры Дүйсетаев Смағамбет кездесуді өз мектебінде өткізді. Осы кездесуде Мартбек Днепр өзенінен өтерде әуелі аспаннан әуе десанттары түсіп, жергілікті партизан отрядымен қосыла отырып, жағалаудағы жау әскерін өз позицияларынан шегіндіргеннен кейін, қалың әскердің алдымен Днепр өзенінен өзінің бөлімшесінің бірінші болып өтіп, жауға күйрете соққы бергенін, десант бригадасының бір тобы қалың жаудың үстіне түсіп, десанттардан зәрелері ұшқан немістердің қалай қашқандарын, сонда жағаға бірінші шыққандарға Совет Одағының батыры атағы көп адамдарға берілгенін айтты. Екінші болып мен мінбеге шығып, сол кезде әуе десантының құрамында жүріп Днепр өзенінен Совет әскерлерінің өтуін қамтамасыз ету үшін партизан отрядтарымен бірге қырғын соғысқа қатысқанымызды айттым. Сонда Мартбек: сен Днепрді бізден бұрын өткен нағыз ер екенсің, келші екеуміз ескерткішке суретке түсейік, - деп еді.
Кейбіреулер «соғыста қорыққан жоқсыз ба?» деп сұрайды. Қорқыныш деген адам баласының бойындағы бір сезім, оны жоя білудің өзі ерлік. Соғысқа кіргеніңде адамда бір-ақ ой болады, егер сен жауды өлтірмесең, ол сені өлтіреді немесе жолдасыңды өлтіреді. Сондықтан кейде қорқынышты ойлай да алмай қаласың. Сонымен біздің алтыншы әуе десант бригадасы екінші Украина фронтының құрамында, Украина астанасы Киев қаласын азат етуге қатыстық. Бұдан кейін десантшылар бригадасын танк армияларына қосып, үлкен жорықтар жасауға күш біріктіру керек деген әңгіме бола бастады. Кейіннен бұл туралы жоғарғы қолбасшының бұйрығы шығып, бұрынғы әуе десантшылар бригадасы енді танк армиясының десанты деп аталатын болды. Мен 2-ші Украина майданының қарамағындағы 3-ші танк армиясына Рыбалконың қарамағына алындым. Мұнда 6-шы өздігінен жүретін, өте тез қимылдайтын артиллерия бригадасы құрылды. Бұған көбінесе әуе десант құрамындағы болған солдаттарды алды. Жанымдағы жігіттердің талайы оққа ұшты. Олардың орнын жастармен толтырып отырды. Совет әскерлері Днепрден өткеннен кейін ұдайы шабуылдаумен болды. Көптеген қалалар мен елді мекендер жаудан босатылды. Немістер кейін шегінген кезде әсіресе, шағын деревняларды тұтастай өртеп керіп отырды, үйлердің тек сорайып мұржалары қалды. Бізді қайтадан топтастырып 1-ші Украина майданына қосты. Мұнда біз Перемышлов-Берлин бағытындағы 16-шы қызыл тулы Суворов орденді танк полкінің 1-ші мотоатқыштар ротасының құрамында, Польша-Берлин бағытындағы ұрыстарға дайындалдық та, Берлинге дейінгі талай операциялар мен ұрыстарға қатыстық. Полк командирі полковник Коврович, біздің рота командиріміз лейтенант Шкурин М. Д. болды. Екі елдің шекарасындағы Бук өзенінің бойында «Белая камень» селосы орналасқан. Шегініп келе жатқан неміс әскерлері жаралы қасқырдай беріле қойғысы жоқ, қайтадан күш жинап жанталаса алға ұмтылады. Аталған селоның маңында шабуылмен келе жатқан біздің полк оң жағы тау, сол жағы қалың орман, алдында өзен, осындай бір ыңғайсыз позицияда тұрғанда, жау әскері қарсы шабуылға шығып, алға жылжытпай қойды. Біздің самоходкаларымыз айнала орналастырылыпты. Бір самоходкада 12 адамбыз. Немістердің шабуылын күтумен болдық. Бір күні таңертең немістер танкілерін гүрілдетіп көпірден өте бастады. Жаяу әскерлері тоғайдан шұбап шығып келе жатыр. Командир ақырын дауыспен соғысқа дайындалуға берген бұйрығын солдаттар бірден-бірге тізбек бойынша береді. Менің қолымда немістің МК деп аталатын жеңіл пулеметі бар. Өз пулеметім самоходкада қалды. Ыңғайлы жер тауып алып, көздеп жатырмын. Немістердің жүрген жері біз жатқан жерден биіктеу, немістердің өзара сөйлескен дауысы саңқылдап естіліп тұр. Самоходкалар атысты бастағанда мен де пулеметті тарсылдатып қоя бердім. Немістер тірісі бар, өлісі бар жата–жата қалды. Мен енді дөңкиіп жатқан денелерді көздеп оқты жаудырып жатырмын. Немістер де гүрсілдетіп атып жатыр, танкілерден атылған снарядтар әр жерге түсіп жарылып жатыр. Кейде мұндай аласапыранда жағдай қолма-қол өзгеріп кетіп отырады. Оны өзің байқамай да қаласың. Әлден уақытта лентадағы оқ таусылды, менің екінші номерім Сергеев Борис деген жігітке «Боря, патрон бітті оқ әкел» десем, онда да оқ таусылыпты. Қарасам, біздің самоходкалар шегініп бара жатыр, жанымыздағы жігіттер де шегініп кетіпті, көрінбейді, шегінуге деген бұйрықты біз естімей қалсақ керек. Мен ақырын орнымнан көтеріліп қолыма наганымды алдым да, Бористі ертіп біз де шегіндік. Анадай жерде екі танк жанып жатыр. Айналамыздың бәрі тырсылдап жатқан оқ. Шегіне келе қалың өскен бидайдың шетіне таяған кезде жанымызға снаряд келіп түсті де, оның соққы лебі мені жерден көтеріп алып лақтырып жіберді. Соғыстың әр минуты ажал шашып тұрады ғой, осы бір сәтте мен де соның келген жері осы шығар деп ойладым. Бірақ бұл жолы да аман қалдым. Есімді жисам үстімді топырақ басып қалған екен, аузыма да топырақ толып кетіпті. Әйтеуір аманмын, санам өзімде, ептеп басым ауырып тұр. Екі қолыммен топырақты сырып, бетімді ашып, дем алуға мүмкіндік алдым да, аузымдағы топырақты түкіріп тазалап, өне бойымды, аяқ қолымды қозғап көрсем бәрі аман сияқты. Топырақты сырып, денемді сипалап, ештеңе білінбегеннен кейін орнымнан тұрып, жүре бергенімде анадай жерден, қинала ышқынған Бористің дауысы естілді. Қасына жүгіріп келсем, орнынан қозғала алмай жатыр. Оның ыңырана шыққан дауысы жаныңды күйзелтеді. Мына алаң ашық жерде ештеңе істей аламайтынымды сездім, қайта өзім немістерге нысана болуым мүмкін. Сондықтан Бориске «шыда, айналайын, Борис, мен сені кәзір егіннің арасына сүйреп апарып жараңды таңып беремін, қорықпа мен сені тастамаймын» деп жатырмын. Бористі сүйреп егіннің арасына апарып, шалбарын шешіп байқасам, шабынан тиген оқ аяғын сындырып, бұтын айырып жіберген екен. Дереу пакетімді ала салып таңып көріп едім ештеңе болмады, судай аққан қанды тоқтата алмадым. Ол сол жерде менің қолымда жатып жан тапсырды. Көптен бері бірімізге біріміз үйренісіп, достасып кетіп едік, қайтейін жазу осы, көңілім егіліп, басын тіземе салып отырып, «қош достым» деп бетін сипап, көзін жұмдым да, документі мен автоматын алып жүгіріп кеттім. Жүгіріп отырып бір ойпаңға түссем, біздің үш самоходка осы жерде тұр екен, қатты қуанып кеттім. Танкілерді атып жатқан осылар болды. Самоходканың біреуі жанып жатыр, екіншісіне неміс танкісінің снаряды тиіп пушкасын үзіп кетіпті. Көздеушісі мен жүргізушісі ауыр жараланған. Мен жете бере, солдаттар «Валентин» деп атап кеткен жеңіл танкінің люгі ашылып, ішінен бір офицердің шыққаны сол еді, оқ тиіп құлап түсті. Басқа жерде жатқан солдаттар «ананың автоматын, документтері мен погонын ала кел» деп айқайлап жатыр еді, сол сәтте таяу жерге снаряд келіп түсті. Шаң басылғаннан кейін енді басымды көтере беріп едім, тағы бір снаряд келіп жаңағы жеңіл танкіге түсті де, оның ішіндегі екі солдат та қаза болды. Басымды жай көтеріп айналама қарасам, төңірек түтін мен шаңнан көрінбейді. Анадай жерде жаңағы жеңіл танк жанып жатыр. Маңайда қыбырлаған ешкім көрінбейді, жалғыз қалып қойғанға ұқсаймын. Өлгендердің құжаттарын алғанды қойып, енді жан сақтаудың амалын ойлау керек болды. Жалма-жан қолыма іліккен автоматты ала салып, еңбектей отырып, біресе еңкейе жүгіріп, тоғайға қарай келе жатыр едім, тура жанымнан немістердің дауысы естілді. Жата қалып тыңдасам, өте жақын секілді, сірә, мені түтін мен шаңнан көре алмай қалса керек.. Дауыс шыққан жаққа қарай қолымдағы гранатаны лақтырып жібердім де, автоматтан оқты бората отырып, тоғайға қарай жүгіріп кеттім. Мүмкін бұл кезде олар да бұғынып жата қалған шығар, әйтеуір, мен аман-есен тоғайға кіріп үлгердім. Алдымнан өзіміздің 5 адам кездесті. Бұған жалғыз қалып қойдым ба деп келе жатқан мен туғанымды көргендей қуанып қалдым. Бәріміз басымызды қосып, мына жағдайдан шығудың жолын іздестірдік. Анадай жерде тауды бауырлап, немістің екі танкісі кетіп барады. Бізде қарсыласар шама жоқ, оқ біткен. Ішіміздегі біреуі сөз бастап, өзенге түсейік те жардың ішімен өзенді жиектей жүрейік дегеннен кейін, бәріміз өзенге қарай кеттік. Жүгіре отырып, алдымыздағы өзенге келдік те, секіріп жардың ішіне түсіп, жар қабақты жиектеп жасырынып келе жатыр едік, жоғары жақтан немістердің даусы шығады. Тоқтай қалып тың тыңдап, ептеп басымызды көтеріп қарасақ оншақты неміс солдаттары көрінді, қолдарында МК пулеметтері бар. Біз суға түсіп аузымызды ғана шығарып жата қалдық, басқа амал қалмады. Немістер бізден 25 метрдей төменгі жерден өзенге түсіп, екінші жағына өтті де, жата қалып етіктерінің ішіндегі суды төгіп жатып дауыстап, «Аллес капут» - «Бәріміз де құрыдық» деп орындарынан тұрып кетіп бара жатты. Олардың қарасы ұзағаннан кейін, біз де орнымыздан тұрдық. Бұлар бағана қоршаудан шыққан немістердің қалдығы болды. Осы кескілескен ұрыс үш күнге созылды. Ұрыс күндіз-түні толассыз жүріп жатыр, шығын өте көп. Соғыс алапаты керемет қой, бірін-бірі біліп болмайды, кейде немістермен де араласып кетеді. Алдыңдағы қарсы беттегі жаумен соғысып жатсаң, оларды қоршаудан босату үшін жаудың қосымша басқа бөлімдері қоршаудың сыртынан шабуыл жасайды, оларға қарсы біздің бөлімдер шығады, сөйтіп бір белгіненген жер үшін, жанкешті ұрыс болады. Оның үстіне артта қалған тыл уақытында жабдықталмай, елді аштық қыса бастайды. Біздің жауынгерлердің жауға деген өшпенділігі мен бір адым болса да алдыға жылжысақ, соншаға жеңіс күнін жақындатамыз деген мақсаттың күшімен, сухой паекпен ауқаттанып жүрсе де төртінші тәулікте жау әскерін өз шебін тастап кері шегінуге мәжбүр етті. Осы ұрыстан кейін біздер сұрастыра жүріп, өз әскерлерімізді зорға таптық. Келсек, полктың штабы да осы жерде екен. Блиндажға кіргенімде өз жерлесім Зұлқарнай Жүбікеновпен қарама-қарсы кездесе кеттім. Екеуміз құшақтасып амандық білісіп, мәре-сәре болып қалдық. Біздің полктағы әскерлерден де шығын көп, мен өзімнің досым орудияның оқтаушысы Борис Сергеевтен айырылдым. Қанша қырғынның ішінде жүрсең де бауыр басып қалған досыңнан айырылу адамға өте ауыр тиеді. Осы «Белая камень» маңындағы ұрыстағы жеңісіміз үшін көп адам наградталды, мені ІІІ-ші дәрежелі «Даңқ» орденіне ұсынды.
Сонымен немістің атақты Гудерианның танк колоннасы 1941-июньде шекараны бұзып Совет жеріне өтіп еді, енді сол танк колоннасы Польша жерімен кері шегініп бара жатыр. Ұдайы шабуылдамыз. Мен өз самоходкам жанып кеткеннен кейін басқа бөлімге келдім. Онда Асанов деген Жамбыл обылысының бір қазақ жігіті бар екен. Денелі, 36 жастағы қалың ерінді, ала көзді, көп сөйлемейтін салмақты жігіт екен. Ол өз еркімен маған екінші номерлі пулеметші болды. Мен орыс тіліне онша жетік емеспін, оның орысшасы менен де нашар, бірақ өте сақ, мұсылмандығы басым жігіт еді. Маған көп нәрсені үйретті, жауың болса да қол көтергенді атпа, қарусыз халыққа тиіспе, зорлық жасама, бүлінгеннен бүлдіргі алма және шабуыл алдында беретін арақты ішпе, егер құдай оңдап сол шабуылдан аман қалсаң, менің үлесіме тиісті арақты қосып іш деп отыратын. Шабуыл кезінде қате бассаң, жаман дауысымен айқай салатын. Шабуыл кезінде қауіпті сезгендей уақытында танкіден секіріп кететін де, мені арқамнан итеріп жіберетін. Оның осы әрекеті екеумізді үш рет ажалдан аман алып қалды. Бірде Котус деген қалаға шабуыл жасаған кезде темір жолға көтеріліп бара жатқан танкіден мені сүйреп ала түсті де, тасаға бұғынып жата қалдық. Тура алдын-ала не боларын сезгендей іс болды. Біз мінген танк рельске көтеріле бере минаға түсіп ішіндегілер де, танкінің үстінде отырғандар да, бәрі қаза болды, ал танк жанып кетті. Біз көзімізбен көріп отырып ештеңе істей алмадық. Екеуміз аман қалдық. «Адам гүлден нәзік, тастан мықты деген осы шығар. Қорғанышың сенің серігің, қорғана отырып соғысып, жаудан кегіңді алмасаң, көрінген жерде ішің кеуіп теңкиіп жата қалуың мүмкін» дейтін маған. Шабуылға шығар алдында әркімге 200 грамм арақ береді, бұл енді жүрек тоқтатып, адамның бойындағы қорқыныш сезімін басып, бойға қуат береді. Бірақ оны жұтып алып лепіріп, «ура» деп атып шықсаң сол жерде қаласың. Сондықтан қашанда сақтық керек.
Польша жеріне кіргеннен кейін біз бірталай уақыт резервте тұрып қалдық. Мұнда қосымша адам күштерімен, техникамен толықтырылып, жаңа шабуылға дайындық жүріп жатты. Күндіз–түні окоптамыз. Түнгі қараңғылықта немістің фанера самолеті төбемізден ұшып листовка тастайды. Онда «Немістер қырып жоятын жаңа қару ойлап тапты және сендерге шабуылға шыққанда, алдыңғы шепке орыс тұтқындарын салады, сонда сендер өз қандастарыңды бірінші атасыңдар немесе жаңа жойқын қарудан опат боласыңдар. Сондықтан соғыспаңдар, сендердің қамқоршыларың Гитлер, бауырларың Власов, коммунистер мен командирлеріңнің көздерін жойып немістерге беріліңдер. Сендерді алдарыңда жақсы өмір күтіп тұр» деген мағынада үндеу сөздері бар. Бір күні окопта бос отырғанда әр нәрсені әңгіме етіп отыр едік, мен өзімнің салған суреттерімді жанымдағыларға көрсетіп отырғанмын. Жанымда тұрған жаңадан келген солдаттың біреуі, «суретімді салып берші» деп өтінді. Мен оны алдыма қарсы қаратып отырғызып қойып, суретін салып отырғанмын, бір кезде кезекші солдат Анисов деген жолдасымыз екеумізді штабқа шақырып жатыр деген хабар берді. Жаңағы суретті тездетіп бітірдім де астына «Қарағанды облысы Қарқаралы қаласы Сұлтан Аманбаев» деп жазып, қолымды қойып, өзіне бердім де, Анисовты ертіп, жүгіріп штабқа бардық. Бізді қарсы алған командир «Машина дайын, документтерің мынау, мына жанымыздағы деревняға барып, тамаққа соятын екі сиыр алып келіңдер» деген тапсырма берілді. Қорқайын дедім, өйткені осының алдында ротаның асханасында тамақ болмай қалып, деревняға жіберген адамдары екі рет жоқ болып кеткен. Анисов екеуміз бірімізге-біріміз қараймыз, байқаймын ол да қорқып тұр, барғымыз жоқ, соғыс кезінде болса бір сәрі, ал енді деревняға барғаннан кейін, бостан-босқа бір поляк тасада тұрып атып кетсе, өкінішті–ақ емес пе. Бірақ бұйрық болғаннан кейін бару керек. Қой, біз жалғыз барсақ, қазақ айтқандай боқ басында өліп қалармыз, одан да бұдан көмек сұрайын, деген ой келді. «Жолдас капитан, бізге қосымша екі пулемет пен екі солдат беріңіз» дедім. Капитан қарсылық жасамады, пулемет пен қаруланған екі солдатты қоса алуға рұқсат етті. Өзіміз де автоматтарымыз бен үштен-төрттен гранаталар бар, екі пулеметшіні машинаның кузовына отырғыздық та деревняға келдік. Село бастығының үйін тауып алдық. Машинаны үйге таяу жерге келіп тоқтатып, пулеметшінің біреуі машинаның үстінде, біреуін жерде орналастырдық. Оларға мұқият қарап отырыңдар, егер де бізден биттей белгі болса, ештеңеге қарамай екі пулеметпен бірдей оқты аспандата жаудырып жіберіңдер деп қатты тапсырдық та, екеуміз село басшысының үйіне кірдік. Автоматтың затворын тартып, ұңғысына оқ жіберіп, үйдегілер қылп етсе атып жіберуге автоматты кезей, дайындала кірдік. Село бастығы үйінде екен, оған қолымыздағы документімізді бердік. Үйде еркегі, әйелі бар 6-7 адам отыр екен, біз кірісімен біреуі шығып кетті. Сөйткенше болмады ел қаптап кетті. Сөздерін түсінбейміз басшы біреуге тапсырма беріп жатқан сияқты. Орысша білетін біреуі келіп, «машиналарыңды бізге бере тұрыңдар, малды басқа жерден барып алып келейік, өздерің тоса тұрыңдар» деді. Түстері сұсты, дауыстарында «мыналар пәле болды ғой» деген ызаның лебі бар. Біздің осы жерден беріңдер дегенімізге көнетін емес, Анисовке барып машинадағыларға белгі бер дедім. Ол сыртқа шықты да аспанға ракета атып еді, екі пулемет сақылдап қоя берсін. Қаптап тұрған елдің бәрі жан-жаққа тым-тырағай қашып кетті. Басшы бағанағыдай емес, қазір дегендей қолып көтерді де, жүгіріп барып екі сиыр айдап келді. Екі-үш жігітті шақырып алып, машинаға артып берді. Аман-есен малды алып келсек мұндағылар да алаңдап отыр екен, біздің малды алып аман келгенімізге қуанып қалды. Cоғыс даласында не бір сұмдықтардың болып жататынын, маңайындағыны бақылай алатын және соны басынан кешкендер ғана біледі.
Неміс болсын, орыс болсын, қай ұлт, қандай адам болса да қорқақтар, әлсіздер бас сауғалайды, қашады, жай киім киіп алып ел ішіне сіңіп кетеді де, өз жанын алып қалу үшін танып қоймасын деп кездесіп қалған солдаттарды осылар аяусыз өлтіріп кетеді. Не сұмдықтар жасайды. Мал әкелуге барған солдаттарды да солар өлтіріп тастайды. Мұндай жағдайлар Карпат тауларында, Коломия, Станислав қалаларында тұрғанда жиі болып тұрды. Сол кезде маған бір орта жастан асып кеткен қазақ жігіті соғыс кезінде қалай жүріп қалай тұру керек, шабуыл кезінде не істеу керек, қалай аман қалудың амалын жасаудың тәсілдерін үйретіп жатыр, мен оны тоқтатып «Ей, аға, мен тасаға тығылайын, сіз тығылыңыз, сонда кім соғысады? Егер ажалыңыз жетіп тұрса, бесікке бөлеп қойса да аман қалмайсыз. Сондықтан не көрсек те өзіміздің бақ талайымыздан көреміз де» дедім. Бұдан кейін ол маған ақыл айтпайтын болды және мені малға да жұмсамады, біздер барлау жұмысына кеттік.
1-ші танк бригадасының құрамындағы батальонда бірнеше өздігінен жүретін СУ-57 пушкасы болды, біз қарқаралылық жолдасым Зұлқарнай екеуміз осы батальонның 2-ші ротасындағы брондалған пушканың біреуінде автоматшы болдық. 1943-ші жылдың июль айындағы Орел, Курск шайқасында Қорғаныс министрлігінің анықтамасы бойынша екі жақтан 4-миллион солдат, 69-мың пушка, қаншама минометтер, 13-мың танк, 12-мың самолет қатысыпты. Мұның ішінде немістердің жаңадан шығарған «Тигр», «Пантера», «Фердинат» атты жаңа күшті қарулары бар. Сол немістердің жаңа қарулары топтасқан жерлерде екі майдан аралығындағы ұрыстарды жүргізуге қолайлы, жеңіл маневр жасай алатын Англияның СУ-57 атты өздігінен жүретін пушкалары өз снарядтарымен неміс танкілерінің талайының бүйірін тесіп шығарды. Бұл жеңіл пушкалар негізінен барлауға пайдаланады, өйткені мұның жүргенде дыбысы білінбейді, карбюраторлы двигатель керосинмен жүреді, доңғалақтары резинамен қапталған, сағатына 80 шақырым жылдамдықпен жүгіреді. Сондықтан біздерді ауыр танкілерден бөліп алып түнде барлауға, неміс әскерлерінің, немесе танкілерінің қалың ортасына, ең бір қауіпті, және жедел орындалуды керек ететін тапсырмаларға жібереді. Сондықтан да біздің жеңіл танк десанттық бригаданы солдаттар өз-араларында «түнгі соғыс солдаттары» деп атайтын.
Висла өзенінен өту үшін, өзен жағасындағы қалың тоғайға келіп тоқтадық. Тоғай шетінде брезенттермен жабылған, артиллерия, минометтер, катюшалар қаптап тұр. Біз бұлардан өтіп алға кеттік. Бұл жердегі соғыс өте қызу болды. Таң қараңғылығында жер сілкіндірерлік атыс басталды. Әуеге ауыр самолеттер көтеріліп, немістердің шебін бомбаның астына алды. Оларды қорғауға шыққан ЯК истебительдері аспанда неміс самолеттерімен қырғын соғыс салып жүр. Бұған артилерияның дауысы қосылды. Түк көрінбейтін қара түнек басты. Біздерге алға жылжыуға бұйрық келгеннен кейін, самоходкамен жаңағы түнектің ішіне кіріп кеттік. Осы сәтті пайдаланып минадан тазалаушылар, танкі жүретін жолды минадан тазалап, өткен жерлеріне минадан тазарды деген белгі ретінде, кішкене флажоктарды қадап кеткен екен. Саперлер өзенге көпір салып жатыр. Осы өзеннің арғы жағына өтуіміз керек. Біздердегі солдаттардың біразы самоходкадағы резина баллондарды алып, қалғанымыз жағада жатқан ұзын ағаштарды суға түсіріп, сол ағаштан жағалай ұстап, өзіміз де қоса суға түсіп, ағашқа жабысып арғы жағаға қарай бет алып жүзіп кеттік. Ортамызда үлкен ағаш, мылтықты жоғары ұстап ағашқа жармасып суда малтып келеміз араларымыз сирек. Жағаға алдымыз іліккені сол еді, немістің Юнкерс, Миссершмидттері жер бауырлай ұшып, біздің үстімізге бомба төгіп, пулеметпен ата бастады. Оларға қарсы біздің истребительдер тобы шығып, бір жағынан жағада тұрған зениткалар атқылап жатыр. Екі Юнкерс құлдилай келіп өзенге құлады. Өзеннен өтіп келе жатқан әскердің шеті көрінбейді. Истребительдер де жау самолеттерін өзеннен өтіп келе жатқан әскердің үстіне жолатпауға жанталасуда. Жағаға шығып үлгерген танкілер мен біздің самоходкалар шыққан бетте немістердің позициясына қарай лап қойды. Зеңбіректер жау танкілеріне снарядты жаудыруда. Немістердің үш танкісі бірден лап ете түсті. Біз немістерге қарсы шықтық, басқа бөлімдер екі жаққа бөлініп, оларды қоршауға алған екен. Танкінің соңынан жүгіре отырып неміс окоптарына келіп түстік. Қылп еткенді автомат, пулеметтермен аяусыз атып келеміз. Әлден уақытта дауыс күшейткішпен неміс тілінде «Солдаттар, сендер қоршауда қалдыңдар, беріліңдер, өмірлеріңді сақтаймыз, фашизм талқандалды» деп жар салып жүр. Немістердің шебімен жүгіре басып келе жатырмыз. Қолдарын көтергендердің қаруларын алып өздерін тұтқынға алып жатыр. Біз өзен жиегінде немістердің осы бекінісіне бекінетін болдық. Самоходкаларымызды жасырып қойдық. Танкілер мен жаяу әскерлер алға кетті. Көп кешікпей немістердің екінші легі қарсы шықты мұндағы көбінесе танкілер мен жаяу әскерлер. Оларға І-ші Украина майданының 3-ші танк армиясы қарсы шықты. Соғыс екі күнге созылды. Немістер қайтадан өзенге келе алмады. Біз жағада қалдық.
Біздің бригаданы кейде танкілерге қосып шабуылға шығарады, көбінесе жауға тосын ыңғайсыз жерлерден шабуыл жасап, құтын қашырып, олардың оқ-дәрі, тамақ, жанар-жағар май қоймаларын жойып, қолға түскенін алып кететінбіз. Батпақты, таулы қандай да болса қиын жерлерден 200 метр лебедкасымен өзін-өзі тартып шығарып алатын. Бірде Польшаның орталығы Варшавада қатты соғыс жүріп жатқанда, біздің бригадаға арнаулы тапсырма берілді. Варшава-Берлин бағытындағы жау тылына 170-шақырымға өтіп, жау шебінің негізгі бекінісін ыдырату үшін іштен соққы беру керек болды. Қас қарая өздігінен жүретін жеті СУ-57 пушкаларымен Варшаваны айналып өтіп, қалың тоғайдың ішінен өтіп, Варшава-Берлин бағытындағы кең асфальтты жолға түсіп алып, қатты жылдамдықпен жүріп отырып, немістерге көмекке келе жатқан қалың қолға Кузница селосының жанында жолықтық. Осы жерде шеп құрып немістердің отрядын қалың оқтың астына алдық. Олар алдымыздан Совет әскелері шыға қояды деп ойламай, бейқам келе жатыр екен. Екі танкісін және екі фердинандтты құртып, әскеріне де көп шығын жасап, іле-шала, олар атысқа дайындалғанша, кері бұрылып алып басқа жолмен қайтып кеттік. Біздің бұл операциямыздың Варшаваны ұстап тұрған неміс әскерінің қаланы тастап кетуіне көп септігі болды.
Немістер окоп қазуға, дот, неше түрлі бекіністерді салуға тұтқындарды пайдаланады. Осындай алып құрылыстарды салуға Польша жерінен өтіп, Германияға 6 мыңдай тұтқын әкеле жатыр, соларды құтқарыңдар деген бұйрық келді. Осы операцияны орындау үшін, әрқайсысында он екі десантшыдан, жаңағы өздігінен жүретін жеті СУ-57 пушкаларын жіберді. Тұтқындардың қазіргі тұрағы белгілі болды. Енді соларға жету үшін немістер қауіп күтпейтін батпақты, таулы, қалың ағашты жерлермен бару тапсырылды. Күн бата жолға шықтық. Ара қашықтығымыз 50-60 метрден. англиялық Су-57 пушкасының 5 түрлі өте жіңішке, лазер сәулесіндей жарық түсіретіні бар. Егер бірінен бірі адасса апанға көк жіңішке жарық жібереді, алдына түсірсе алқандай ғана жерді жарық қылады, сол арқылы жолды да көріп отырады. Аспанда бізге бағыт беру үшін қос қанатты самолетпен қыздар ұшып, бағыт беріп отырады. Осылайша түнімен жүріп отырып таң ата биік тауға жеттік. Алға барлаушыларды жіберіп, жүретін жолды саралап алғаннан кейін арамызды 200 метрден жобалап, ептеп тауға өрмелеп шығып келеміз. Қия беттерден өтіп, тік асуға келгенде 200 метрлік лебедкадағы жіңішке темір арқанды тарқатып, жартастың жоғары жағына шығарып ағашқа бекітіп, оған қосымша ұзындығы 120 см. темір қазықты қағып, соған арқанды қоса байлап, лебедкамен пушкаларды тауға шығардық. Шыққандары кетіп қалады, өйткені бір жерде шоғырлануға әсте болмайды. Осылай ауыр бейнетпен екі биікке шықтық. Бірінші біреуі шыққаннан кейін, басқаларының биікке шығуы жеңілдеу болды. Көзге көрінуге болмайды, бізге жаумен бетпе-бет соғысуға тыйым салған. Біз тек тасадан немесе тосыннан күтпеген жерден шыға келіп, атып-атып кетіп қалуға қалыптасқанбыз. Сондықтан бір таса жерді тауып алып күн батқанша сол жерде жасырынып жаттық. Алдымызда тұтқындар жатқан село. Қараңғы түсе, селоға барлаушы жіберді, тұтқындар осында болуы керек. Барған барлаушы селоға кіріп қай үйде қанша адам жатқанын, неше неміс солдаттары бар, тұтқындар қанша екендігі туралы толық мағлұмат алып келді. Селоның ортасынан асфальтты жол өтеді де, арт жағы қалың тоғай көрінеді. Тұтқындардың бәрі дерлік тау халықтары екен, грузиндер, Қырым татарлары, армяндар, бұлар сонау Сталинград түбінен бастап неміс әскерлері үшін қорғаныш окоптар қазып, неше түрлі мықты дзоттарды, бетонды алып құрылыстарды тұрғызып келе жатқандар, Іштерінде немістердің мықты сәулетшілері, ғалымдары да бар көрінеді. Бізді басқарып келе жатқан генералдың ұлты грузин еді. Жанында әйелі мен он адам офицер, сержанттардан қорғаушылары бар. Өздері екі-үш машинада, біздің соңымыздан қашықтау жүріп отыратын. Оның осы операцияға әйелін ертіп алуы бізге тіпті ерсі көрінді, бірақ ерік өзінде. Оларды бағанағы биіктегі қия жерлерден өткізу де оңай болған жоқ. Генерал бізді қараңғы түсе жинап алды да, олар қазір бізге қарсылық көрсетуі мүмкін, он тұтқынға бір неміс офицерінен келетін көрінеді, сонда олар 600-дей адам. Бұған тұтқындардың ішіндегі сатқындарды қоссаңыз көп-көрім күш болып шыға келеді. Сондықтан біз бірінші олардың ат-арба, техникаларының шоғырланып тұрған жеріне пушка минометтен оқ жаудырып, бар техниканың жарығын жағайық және техниканы көп етіп көрсету үшін, барлаушылар қатар –қатар 200 метрдей жерге созыла тұра қалып, екі қолдарын созып, қолдарына фонарь ұстап, жарығын жағып қойсын деді. Сонымен, селоның тура жанына келіп, алдын ала белгіленгендей, ат-арба техникаларын пушкалармен атқылап алып, ракетка атып және пушкалардың қатарына, екі қолдарына фонарик ұстап алып, оны екі жаққа созып, солдаттар қатар-қатар тұра қалып, жарықтарды жағып қойғанда, тура бір армия қоршап алғандай әсер қалдырды. Үйлерден ел киімшең атып-атып далаға шықты. Жарықтар селоға берілісімен рупор арқылы орыс, грузин, татар тілдерінде үш жерден «қымбатты бауырлар, сендерді немістер зорлап жұмысқа салуға әкеле жатыр, біз сендерді құтқаруға келдік. Жандарыңдағы немістерді қарусыздандырып өздерің танкінің жанына жиналыңдар. Өз отандарыңа, бауырларыңа барып қосылыңдар» деді. Ел азан-қазан, біреулер айқайлап жатыр, бәрі танкінің алдына жинала бастады. Немістердің қаруларын тартып алып өздерін бөлек бір жерде ұстап тұр. Тұтқындардың айтуынша түнде 1,5 мыңдай адам тоғайға қашып кетіпті, олардың ішінде немістер көп және қарулары бар, оларға өзеннен өту үшін көпірден басқа жол жоқ, тек сол жерден ғана өте алады деген хабар келді. Генерал 3 самоходканың экипажын 12 шақырым жердегі көпірге барып, кеткендердің алдын тосып қайтарып алып келуді, жолшыбай кездескен елді, хабар беріп қоймасы үшін аямай қырып отырыңдар, деп қатаң тапсырды. Жолшыбай әр жерде кездескен 3-4 үй болды, автоматчиктер үйге кіріп, ондағыларды ұйықтап жатқан жерлерінде атып кетіп отырды. Бейбіт халықтың босқа оққа ұшып жатқанына жаның ашиды, бірақ қарсы айтуға дәрмен жоқ еріксіз көнесің, тек өзім ішінде жүргенім болмаса, қолымды былғаған жоқпын, Алла өзі кешірсін. Соғыстың заңы қатал. Басқа жолмен олардың алдын алып көпірге келсек, көпір тура бір кішкене селоның жанында екен. Бізді пулеметпен әр жерге тосқауылға қойды. Егер қашатындай болса ешқандай ескертусіз неміс, тұтқын демей кім болса да қырып салыңдар деген тапсырма берді. Мен көпірге жақын бір жыраның ішіне орналастым. Жанымда көмекшім бар. Командир көпір жанындағы үйдің еркегін шақырып алып, қолына «беріліңдер» деген қағаз жазып тұтқындарға қарсы жіберді. Поляк жігіті қорыққанынан еріксіз қағазды алып, келе жатқан колоннаға қарай маған оқ атпаңдар дегендей оң қолына ақ шүберек ұстап, екі қолын жан-жаққа сермеп қарсы кетті. Жолмен келе жатқан колоннаның алдарында екі пар ат жегілген арбаның арты қалың нөпір ел тоғай ішінен шығып аңдаусыз келе жатыр. Поляк оларға таяған кезде артында ұстап келе жатқан ақ туын оң қолына алып жоғары көтеріп ұстап тұрды. Қалың қол бір сәт кідіріп қалды, біраздан кейін айқай-шу басталып кетті де, қалың тұтқындардың бір тобы өзендегі жыраға қарай лап қойды, алдыңғы қатарда неміс офицерлері жүгіріп келе жатыр, тіпті маған жақындап қалды, енді аяғанмен болмайды, еріксіз пулеметтен оқты жаудырып жіберіп едім, 7-8 бірден құлап түсті де, қалғандары кері қарай лап қойды. Тоғай жаққа қарай пушкадан екі снаряд атып жіберіп еді,солай қарай кетіп бара жатқандар мен аттар қайтадан бізге қарай жүгірді. Енді бір уақытта бәрі бір жерге жиналып апыр-жұпыр болды да қалды. Сөйтсек тұтқындар орталарындағы неміс солдаттарын ұстап алып, қаруларын тартып алып жатыр екен. Бір сержант оларға түндегідей рупормен дауыстап, немістерді қарусыздандырып, өздерінің бір жерге жиналуын сұрап айқайлап жүр. Колоннаны бастап келе жатқан немістердің бәрін бір жерге жинап саппен өзен жағасына апарды да атып тастады. Соғыстың заңына осы оған еріксіз бағынасың. Жиналған қалың халықты сапқа тұрғызып, жолға түсіріп, артымыздан ертіп отырып, бірінші селоға келсек, мұндағы тұтқындар бір төбенің етегінде отыр екен. Бізбен келгендерді соларға қосуға бұйырды. Тұтқындар бір жерге жиналғанда генерал жоғарыдан мына тұтқындарды қырып тастауға бұйрық келгенін айтты. Қазір ракетка атылысымен барлық пушкалармен пулеметтерден оқ жаудыру керек, деді. Бұл біз үшін өте ауыр бұйрық болды. Пушкаларды қолайлы жерге орналастырды. Генерал үстінде сұр плащы бар, машинасымен келді де, рупормен «Совет армиясының жоғарғы қолбасшысының бұйрығы бойынша, елін сатқан опасыздарға - өлім, атыңдар» -деген кезде құдай сақтасын мынадай сұмдықты кім көрген, пушкалар мен қолдағы барлық автомат, пулеметтер арқылы оқ қарусыз жандарға, тұтқыннан құтылдық деген қуанышпен келе жатқан халыққа жауып берсін. Бірін-бірі құшақтай құлаған, ойбайлаған, лағынет айтқан, ащы дауыстан құлағың тұнады. Пушка снарядтарынан жанып, бөлініп кеткен денелер, бұл бір сұмдық іс болды. 6000 адамнан бір адам тірі қалған жоқ, қан судай ақты. Менің жаным ауырғаны соншама, бірақ қарсыласуға шара жоқ, тек қана оқты аспанға атумен болдым. Міне, содан бері 60 жылдан астам уақыт өтсе де, еске түссе денем тітіркенеді, жүрегім қобалжиды. Генерал машинасымен біздерге келіп, ауыр да қанды операцияның біткенін, енді қайтадан келген жерімізге қайтатынымызды хабарлады. Село басшысына ат-арбаларды қалдырып, бүкіл шашылған қару-жарақты жинап, тоғайдан ағаш әкеліп атылғандарды штабельдеп жағып жіберуді тапсырды. Солдаттарда өң жоқ, сұрланып алған, барлығының еңсесі түскен, қимылдары сылбыр. Өз отандастарын жазықсыз қызыл қанға бояп қырып салу ерлікке жата ма, бұл дегеніңіз барып тұрған оңбағандық. Осы бір істері біздің ақылымызға сыймай тұр. Біз шыны керек, кейбіреулеріміздің жынданып кетуінен қорықтық. Тездетіп жиналдық та, қайтадан келген жағымызға жүріп кеттік. Қалың тоғай ішіне келіп демалдық, бірақ ұйқы болмады, не тамақ іше алмадық, тіпті тамақ батпады. Бұл жаққа келгендегідей таумен емес қайтуда жасырынбай тікелей кеттік. Шекараға түнде келіп, ақырын қимылмен ішке кірдік те өзіміздің полкке келіп қосылдық. Олар қуанып, қарсы алып жатыр бірақ бізде өң-түс жоқ. Блиндажға жатқызып, ыстық тамақ беріп, екі күн дем алдық, уақыт емші деген ғой, бірте-бірте қалпымызға келе бастадық. Бірақ көпке дейін ұйқымыздан шошып оянып, көңіліміз орнына түспей, көп әлек болдық. Сонда да менің түсінбейтінім, соғыс болғаннан кейін тұтқынға түсу, қашып кету, адам болғаннан кейін, қалай да мұндай жағдайлар болады, ал енді солардың бәрін қыра беру кімнің бұйрығы, сондай аюандық, сондай қаталдық, жазықсыз жандарды атып тастау Совет үкіметінің өздері айтып жүрген, «қайырымдылық, адалдық, барлығы да адам үшін» деген саясатына жата ма? Екі күннен кейін, жаңағы машинадағы бізге команда берген генералды әйелімен екеуін түнде өлтіріп кетіпті. Планшетін қоса өртеп жіберіпті, машинаға жоғарыдан, ағаш басынан граната тасталған дейді. Ол кезде ағаштың жоғарғы жағына шығып алып төңіректі байқап отыруға бірнеше солдаттарды шығарады. Олады «кукушкалар» деп атайды. Бұл солардың біреуінін қолынан келген шаруа болды, бірақ ешкім мойындамады. Мыңдаған адамның қаны жібермеді. Осыдан кейін ғана біздің жүрегіміздегі ауыр зіл кішкене жеңілдегендей болды.
1945 жылдың ақпан айы, тау арасынан өтетін темір жол станциясын алуға бұйрық келді. Кеш бата шығып, шеп құрып селоға таяп келіп едік, немістер фауст патронымен атқылай бастады, біздің бір танкіге снаряд түсіп ол жанып жатыр. Қараңғы қоюланып келеді. Автоматшылар алға жылжып кетіпті. Неміс солдаттары бізге таяу оң жақта жатыр. Біздің автоматшылар қалай кездеспей өтіп кеткенін білмедік. Немістер граната лақтырып, пулеметтен оқ жаудырып есті шығарып тұр. Бас көтере алмайсың, еріксіз тоқтап қалдық. Рота командирі Шкурин, «Аманбаев, ат», - деп бұйыра айқайлайды. Айналама қараймын, ештеңе көрінбейді. Шкурин қайтадан айқайлайды «Аманбаев, мен не айтып тұрмын, сен атпасаң, қазір сені мен атамын» деп айқайлайды, кімді атам ештеңе көрінбейді, көзге түртсе көрінбейтің қараңғылық. Негізгі топ алдыға өтіп кетіпті, біздің қалай бөлініп қалғанымызды өзіміз де біле алмай қалдық. Анадай жерде тұрған самоходка да үнсіз. Самоходканың оғы қызылды-жасылды жарық шығарады, оны көрген немістер фауст патронымен немесе граната мен жарық шыққан жерді көздеп атады да орудияны құртады. Оның сондықтан да атпай тұрғанын білдік. Шкурин әбден ашуланды «Сволочь, ат, иттің баласы, әйтпесе қазір сені атып өлтіремін» дейді. Қолындағы пистолетін шошаңдатады. Асанов пулеметпен алға жылжып кетіп еді, командир одан пулеметті тартып алмақшы болып, оның соңынан еңбектей жөнелді. Олардың арттарынан мен де еңбектеп келемін. Жылжи отырып, біраз жер жүргеннен кейін, тоқтап тың-тыңдасақ немістердің дауысы арт жағымыздан шығады, жаудың ту сыртына шығып кетіппіз. Асанов осы жерде бір ерлік жасады, Пулеметпен немістердің окопы жаққа оқты жаудырып жіберді де, тез ол жерден жүгіріп кетіп қалды, ал пулеметті байлаулы жіптен өзімізге қарай тартып алдық. Асановтың атысы тоқтасымен жаңағы пулемет атылған жерге граната келіп түсті. Осыны көріп отырып қалай оқ атасың? Біз осы беті еңбектеп теміржолға тірелдік. Сол кезде, бізді байқап қалған немістердің таяу жерден лақтырылған гранатасы келіп алдымызға түскен бетте Асанов оны тез алып қайтадан лақтырып жіберді. Бұл бір-екі секунтай өте тез болды. Сақтандыру сақинасы жұлынып, босатылғаннан кейінгі төрт секунд арасында жарылатын граната Асановтың тез қимылының арқасында немістердің өздеріне барып жарылды. Осы жерде қозғалмай, таңды күттік. Қылаңдап таң да атып келе жатыр. Біз тың тыңдап релстің түбінде жатырмыз. Арт жағымызда жараланған орыс солдатының дауысы шығады. Біздің екі танк жанып жатыр. Самоходкалар аман екен. Темір жол жақтан ештеңе сезілмегеннен кейін, ептеп басымды көтерсем, станцияға қарай үш аяқты неміс мотоциклі үстінде екі немісі бар айдап келеді, люлкадағы немістің алдында МК пулеметі бар. Станция үйіне таяп келіп, қираған шыны, шұрық-шұрық тесілген қабырғаларды көрісімен қайтадан кері бұрыла бергенде көздеп тұрып пулеметтен оқты жаудырып жіберіп едім, мотоцикл аударылып түсті, екеуі де өлді ме дедім, қозғалыссыз қалды. Станция жақтан ешкім көрінбейді немістердің қалғандары қашып кетсе керек. Бізден шығын көп екен, өйткені олар қорғаныста, біз шабуылда болдық. Ептеп орнымнан тұрып ағаштың ішімен біраз жүріп едік ешкім көрінбеді. Шкуриннен де адасып қалдық. Биіктеу бір жерге шығып, маңайды қарасақ, алыстан кішкене таудың сайында қалың қол, танкісі, жаяу әскері бар немістер қаптап келеді. Позиция өте тамаша, олар жоғарыда, біздер төмендеміз, тура алақандағыдай көрінеді. Қайтадан жүгіріп келіп, самоходкадағы рация арқылы арттағыларға хабарладым да, немістердің тұрған координаталарын бердім. Олар жоғарғы басшыға хабарлап дәл координатын берді. Көп кешікпей, біздің самоходкалардың жанына катюша тиеген екі машина келе қалды да, сол жерде тұрып, жаңағы келе жатқан немістердің әскері мен танкісіне снарядты төгіп берді. Катюшаның снаряды түскен жерді түк қоймай жағып жібереді, тура разы боласың. Осылай станцияны жаудан босатып алып едік. Кейін 1970 жылдары жаңағы командирім Шкуринді іздедім, ол Шахтинск қаласынан болатын. Кейіннен екеуміз кездесіп, бір қуанысып қалғанбыз. Сонда соғыс кезіндегі бастан өткен оқиғаларды еске алып отырып: «Сен ұмытқан жоқсың ба? Мені боқтап, ат та аттың астына алғаныңды, егер сол жерде сенің бұйрығыңды орындап, оқ атқанда екеуміз бүйтіп отырмас едік» деймін. «Сен кешір, ол соғыс қой, сол жолы шынында да сенікі жөн болды» деді.
Иә, соғыста әрбір солдаттың тағдыры оның командиріне байланысты екені рас. Командир соғыс алаңында сасып-сабдырамай, алаңдағы жағдайға қарай дұрыс шешім жасай алса, талай солдатты ажалдан алып қалады. Ал сасып-сабдырап, боқтап-борап, айқайға басатын болса, ол дұрыс командир емес, ондай командир өз кемшілігін біліп, елдің обалына қалмай, командирліктен бас тартқаны дұрыс болар еді. Бірақ соғыс жағдайында кейде олай болмай жатады.
Тау арасынан асып келе жатқан жау әскерін екі катюшамен атқылап, көп шығынға ұшыратып, кейін шегінуге мәжбүр еткені біздің бригадаға үлкен абырой әкелді. Асанов екеуіміз Шкуриннің қаһарынан қорқып, жау тылына тереңдеп еніп кетіппіз. Ал станциядағы атып түсірген екі неміс барлаушысының наганы мен автоматын командирлер көрді, бірақ бізді наградаға ұсынбақ түгілі рахмет те айтпады. Сірә, Шкурин Асанов екеуміздің оның сасқалақтап атыңдар деген бұйрығын дәл уақытында орындамағанымызға қатты ренжісе керек. Бұл соғыс қой, соғыста командирдің бұйрығын орындамасаң, оның сені атып тастауы да мүмкін. Біз командиріміздің шұғыл шешім жасамағанына қуандық.Тек катюшаның командирі хабарлаған кім деп сұрапты, оған бізді алып барғанда, бізді құшақтап алғысын айтып блокнотына аты жөнімізді жазып алды, оған да рахмет, олжаның үлкені аман қалғанымыз емес пе?
1945 жылы Берлинге 70 шақырым жерде тұрмыз, бізге бұрын Жамбыл обылысының комсомол комитетінің 2-ші хатшысы болған бір қазақ жігіті келді, фамилиясы Сапаров, әскери атағы аға сержант еді. Бірде кешкілік батальон командирі біздерді жинап алып, алдымызда жаудың үлкен бекінісі тұр. Ол өте мықты жабдықталғандықтан, біздің шабуылдаушы полкті көп шығынға ұшыратты, тікелей ұрыс салып бару мүмкін емес. Соны жою керек, оған баратындар деп тізімді оқыды, ішінде Асанов екеуміз де бармыз. Командир біздің фамилияларымызды атап шақырып алып, барлауға баратынымызды айтты. Сапаров зор денелі еді, қарулы жігіт екені көрініп тұр, командир соған бұрылып, «Сапаров, команданы сен бастап барасың» - деді. Сонда жаңағы сержант командирге «Жолдас командир, бұл осал тапсырма емес, мұнда немістермен қоян-қолтық төбелесуге тура келуі мүмкін, сондықтан маған барлаушыларды басқарып баруға иелік етсеңіз, еріп баратын жігіттерді өзіме таңдап алуға рұқсат етіңіз» деді. Сонда командир айтады «Сен немене Аманбаевқа сенбей тұсың ба, ол біздің полктегі ең таңдаулы солдаттардың бірі» деді. «Сонда да, маған ірі жігіттер керек» деп өзі жүріп 15 жігітті таңдап алды ішінде мен де бармын. Таңдап алынған топ кешкі тамақ ішіп алғаннан кейін, біраз дем алып, түн ортасы ауа жолға шықтық. Түн іші көзге түртсе көрінбейтін қараңғы. Ұзын арқанды әр жерін түйіндеп сол түйіннен ұстап жүріп келе жатырмыз, бір тартса тоқта дегені, екі тартса жүр дегені, үш тартса жүгір дегені. Қараңғы түн, көзге түртсең түк көрінбейді. Менің қолымда ауыр пулемет, маған берілген тапсырма биіктеу жерге орналасып, егер ұрыс бола қалса негізгі топ шегініп кеткенде, біз тосқауылда қалуымыз керек. Бізге берілген тапсырма: шабуылдаушы полктің алдында тауда өте үлкен дзот тұр, соның көзін құрту керек. Жаңағы дзотқа екі таудың арасынан темір жол барады, ол осал құрылыс емес. Сапаров алдыда, біз оның артынан жіптен ұстап еріп келеміз. Кішкене өзеннен өтіп, бір жотаға көтерілдік. Осы жерде шұңқыр қазып орналастық. Асанов екеуміздің арамыз 40 метрдей. Бізді тосқауылға тастап, негізгі бөлім алдыға кетті. Дыбыс шығаруға болмайды. Пулемет оқтаулы шүріппені басуға ғана дайын, ол атқанда үш түрлі оқ шығарады (бронебойный, осколочный, зажигательный). Сөйтсек, неміс окоптарына таяп қалған екенбіз. Бір кезде айқай-шу атыс басталды да кетті. Бізге бұйрық болғанша орнымыздан қозғалуға болмайды, неде болса тосып жатырмыз. Айқас шамамен 15-20 минутқа созылды да, үнсіз тыныштық орнады. Не болғанын біле алмай мазасызданып отырмыз. Хабар жоқ. Таң ата арттағы шабуылдаушы солдаттар келді де, бізден алдыға озып кеті. Әлден уақытта ракета атып берілген белгі бойынша тоғай ішіне келсек, немістердің дзотын жойған жаңағы қазақ жігітін екі ағашты иіп әкеліп екі аяғынан байлап өлтіріп кетіпті, ерен ер жігіт еді, ешкімнің ойында қалмады, атын ұмыттым, тек Жамбыл обылысында комсомолдың екінші хатшысы болғаны ойда қалыпты. Сапаровтың денесін ағаштан алып жерге түсірдік, басқалары немістермен аралас бірінің үстінде бірі жатыр. Немістерден де, біздікілерден де тірі ешкім қалмапты. Бетондалған кең көлемдегі атыс ұясын алу үшін қайран ерлер опат болды. Бізді артқа тастап өзі отқа түсті, мен онымен ертерек таныспағаныма өкіндім. Ертеден таныс болсам оның атын да, ерлігін де, адресін де ұмытпас едім. Біз осы қырғыннан аман қалғанымыз үшін бірінші осындай ерлердің алдында борыштымыз.
Мен саған соғыс кезінде де, одан кейін де, ешкім естімеген жайларды айтамын дедім ғой. Сол қырғын соғыста тізеден қан кешіп, от пен өрттің ортасында жүріп, өлі-тірің бір Аллаға ғана аян болып жүрген кездің өзінде, орыс ұлтының, әсіресе, офицерлері басқа ұлттың адамдарына басымдылық көрсетуі басылған жоқ. Бірақ ол туралы ешкімге шағым жасай алмайсың. Біздің барлық саясатымызда да, жоғарғы қолбасшыдан бастап, басқа ұлт өкілдеріне қарағанда орыс ұлтының өкілдері алдыңғы орында болуы керек деген ой мығым болды. Бұл саясаттан, орыстан басқа ұлт өкілдері, әсіресе, қазақ ұлтының азаматтары көп жәбір көрді.
Берлинге 70 шақырымдай жерде тұрғанбыз, фамилиясын ұмыттым, бір орыс офицері екеуіміз барлауға кеттік, тапсырма жаудың атыс ұясының координатын анықтап, соны артиллерияға хабарлауымыз керекті. Ортамызда бір рация, екеуіміз түн қараңғысын пайдаланып шығып кеттік. Түнімен біраз жер жүріп, таңға жақын бір аласа төбенің етегіне қалың ағаш ішіне келіп паналадық. Күні бойы тосып жаттық, кеш батып қалған кезде, офицер маған былай шығып байқап келші, түнгі жүрісіміздің жобасын байқап алайық деді. Мен таса-тасамен өрмелеп, жоғары шығып, қолыма дүрбіні алып, төңіректі байқасам, арғы беттегі бір жер өзіме күдіктілеу көрінді, атыс ұясы ма дедім, өте жақсы жасырған екен. Анығын білейін деп біраз тосып едім, жаңағы жерден үш доңғалақты мотоцикл шығып, бері қарай келе жатыр екен. Енді күдік қалмады, атыс ұясы сол. Әлгі жерде қолма-қол қағаз қарындаштарымды алып, жаңағы өзім көрген жерді чертежге салып, координатасын белгілеп алдым да, енді кете беріп едім, дарылдап жаңағы мотоцикл жаныма таяп жетіп келді. Ойланбастан автоматты ала салып үшеуін де атып түсіріп, мылтықтарын алдым да, жүгірген бетте жаңағы офицерге келдім. Мен сызған жобаға қарап отырып, рациямен атыс нүктесін хабарлап, мотоциклдегі үш немісті өлтіргенін айтты да, маған қарап егер де осы туралы басқаларға айтатын болсаң, атып өлтіремін деді. Мен оған жаман көзіммен қарағаныммен, ештеңе демедім, сол операциядағы ерлігімді ол пайдаланып кетті.
Екеуміз қайтып келе жатырмыз, оның жаңағы арсыздығына, өзімнің оған қарсы шыға алмай қалғаныма, жыным келіп келе жатырмын. Немістің автоматымен атып тастап, жаралы қалған неміс солдаты атып тастады десем қайтеді деген ой келеді. Бірақ кеш еді, ол өзінің атқанын, неміс солдаттарының өлгенін, хабарлап қойды. «Бұл не, сонда шарасыздық па, әлде бишаралық па? Қайран қазақ-ай, осы көнбістігіңнен табар ма екенсің. Ел болып, еңсемізді көтере алмай, өстіп көрінген арсызға жем болып кетер ме екенбіз, әлде «мен қазақпын» деп сілкініп шығар күн туар ма екен? Бәлкім тағдырдың жазғаны осы болды деп, үлкен ұлттың кейбір өкілдерінің зорлығына шыдап, үндемей жүре береміз бе? Біз неге көнгішпіз осы, «бас аман болсын, көппен көрген ұлы той», - дейміз, басқа түскеннің бәрін көрсең де, қиянатқа көнгенің қалай? Неге көне бересің? Бүкіл елдің басына түскен жағдай болса жөн, ал жеке басыңа істелген қорлыққа көне беруге бола ма? Неге жалтақпыз? Жастайынан басынан таяқ өтіп кеткен бала құсап, жалтаңдап өзіңнен басқаның бәрін дөкей санап, жалына қарауды қашан қоямыз? Бұлар әлі қанша қиянат жасар екен? Ашаршылық жылында интернаттағы баланың аузымдағы нанды өңешімді қысып тұрып тартып алғаны есіме түсті. Ол кезде жас едім ғой деп өзімді жұбатамын. Ал кәзір ше? Жоқ, қазір жас емессің, егер ойыңдағыны істесең, оның артындағы мүмкін болар істен қорқып тұрсың. Ия, сонымен, ол орыс офицері менің ісімді өзінікі деп пайдаланып кетті. Қазақ ауылына келген елдің бәрін бауырына тартады, ал бұлардың бәрін де деуге болмас, бірақ көбісінде ол жоқ. Сені қанша мықты болсаң да сыртқа тебеді, жек көріп тұрады. Атам қазақтың «орыстан досың болса жаныңда айбалтаң болсын» дегені тегін емес. Оларда күйінгеннен айтқан екен. Қайтеміз, бас аман болсын дейміз де баяғы. Еріксіз көнеміз.
Берлинге отыз шақырым қалғанда біздің полктің қатты тосқауылға іліккен жері Ширее өзенінің жиегінде орналасқан Котбус қаласының түбінде болды. Бұл қала ірі өндіріс орталығы екен. Солдаттар кейде өзара әңгімеде ойлаймыз, немістердің әйтеуір жеңілетіні белгілі болды. Енді оны ініне тықпай соғыстың тоқтамайтынын біледі сонда екі жақтан да босқа шығынды көбейтпей, немістің де, Совет солдаттарының да обалына қалмай, бұл соғысты неге тоқтатпайды екен? Сөйтсек, мұнда үлкен саясат жатыр екен ғой. Екінші майданның ашылуына қарай неміс басшылығы оларға қарсы жай шағын шабуылдаушыларды ғана қалдырып, негізгі күшті Совет әскерлеріне қарай төккен. Ірі қорғаныс шебін жасап, дайындап алған немістер Котбус қаласының түбінде кескілескен шайқас жасады. Таң атысымен мықты бекінген жау әскері кейіннен шыққан «фауст патрон» деп аталатын снарядтарымен біздің шепті соққының астына алды. Біздің танкілер мен өздігінен жүретін пушкаларымыз бірінен кейін бірі өртке оранып жатты. Осыған дейін ұдайы жауды шегіндіре отырып, алдыға жылжып келе жатқан біздің әскерлер жаудың мықты тосқауылына кездесті. Бұл тосқауылды бірден бұзып –жарып өту мүмкін емес. Шабуылдап келе жатқан әскерді тоқтатпай алға шабуылға шығаратын болса, онда солдаттардан айырыласың және ұрыстан да ұтыласың. Мұндайда командирлер барлаумен жаудың осал жерін іздейді. Ондай мүмкіндік табылса солдаттарды шабуылға шығаруға болады. Әзірше тосқауыл, солдаттар топырақтан алдарына пана жасап тосып отырады. Осы тосқауылдан шығу үшін полк командирі Махненко бізге өздігінен жүретін орудия қомандасына «фауст патронмен» атқылап жатқан жау позициясын жоюға ерекше тапсырма берді. Бұл оңай тапсырма емес, тікелей ажал аузына барып түскенмен бірдей. Бұл тапсырмаға өздігінен жүретін бес СУ-57 пушкалар тобы шықтық. Айналаны барлап алып, негізгі тікелей тұрған бағытымызды өзгертіп, қатты жылдамдықпен жүріп отырып, айналып басқа бүйір жақтан жау орудиясына таяп келіп, снарядты бірінен кейін бірін төгіп-төгіп жіберіп, сол жылдамдықпен қайтадан кері кетуді жоспарлады. Немістер біздерді осындай көзсіз тәуекелге барады деп есептемесе керек. Біз күн бата жолға шықтық. Қатты жылдамдықпен, жолсыз жерлермен жүріп отырып немістер қорғанысының ту сыртынан шықтық. Белгіленген жерге таяп келіп, бес орудиядан бірдей снарядттарды атқылап, іле-шала кері қайттық. Операция сәтті өтті, әйтеуір аман-есен өз позициямызға келдік. Осы сапарда біз жаудың үш ату ұясын істен шығарыппыз. Осыдан кейін біздің әскерлер шабуылға шығуға мүмкіндік алды. Біз өзіміздің бөлімге қосылып шабуылдаушы әскермен бірге ұрысқа кірдік. Адам үш күннен кейін тозаққа да үйренеді дегендей, соғыста жүргенде ысқырып келе жатқан снарядтың қай жерге түсетінін кәдігімгідей жобалайсың. Осы ұрыс кезінде, ысқырып келе жатқан снарядтың дауысын естіп, оның таяу жерге түсетіні жобалап жата қалғанымда, бұрылып құлап бара жатып көзім шалып қалды, дәл жаныман жүгіріп өтіп бара жатқан полк командирі Махненконы көріп қаладым да, оны шалып құлатып, таяу келіп түскен снаряд жарықшағынан аман алып қалдым. Ол орнынан атып тұрып, жүгіріп келіп, мені құшақтап рахметін айтып жатыр. Қалаға таяп темір жол өткелінен өте бергенде Асанов ауыр жараланды, оны сүйретіп ойға түсіріп, жарасын таңып, ептеп жүруге жарайтын болғаннан кейін, сен енді ептеп келе бер деп кетіп қалдым. Cоғыстың ең қиыны көше арасындағы соғыс. Қаланың ортасына келгеннен кейін, танкілер осы жерде тоқтады, біз 3-4-тен топтанып көшені тазалауға кеттік. Бір үйдің есігін ашарда, сақ болмасаң тасада тұрып атып кетеді, ал ол үйді тексермесең, сен өтісімен артыңнан сол үйден шыққан жау өзіңе оқ атады, немесе минаға ұрынасың. Бір үйдің есігін ашып қалғаным сол еді, ішінде үлкен овчарка атылуға дайындалған арыстандай бүк түсіп жатыр екен, есікті жауып үлгере алмадым, атып шығып үстіме бірақ секірді. Мен жалтарып үлгере алмай қалдым. Овчарка мені шалқамнан түсірді де арсылдап келіп кеудеме аузын сала бергенде оң қолымда ұстап келе жатқан наганыммен кеудесінен атып жібердім. Енгезердей неміс овчаркасын артымнан келе жатқан жігіттер көмектесіп үстімнен итеріп түсірді. Өзіме-өзім келіп, орнымнан тұрғаным сол еді, үйдің ішінен тарсылдап атылған мылтық дауысы естілді. Тасалап ептеп барып үйге кірсек, неміс офицері шешесін, әйелін және екі баласын атып өлтіріп, соңынан өзін-өзі атқан екен, міне, мұндай да сұмдық болады. «Хайл Гитлер» деп есіріп-есіріп, енді түгел үй ішін өз қолымен қырып тастады. Не үшін? Келесі бір үйдің ішін тексеріп жүргенімізде, үйдің ішінен адамдардың дауысы естілгендей болды. Бөлмелерін аралап олардың бос екеніне көзіміз жеткеннен кейін, тоқтап тың тыңдасақ дауыс жертөледен шығатын сыяқты. Жертөлеге сырттан кіреді екен. Жертөленің есігін ашқанда, онда шулап тұрған көп халықты көрдік, енді шегіне бергенше болған жоқ, жертөледен лаулаған от есік алдында тұрған бізді де кері кетуге мәжбүр етті. Шырылдаған елдің дауысынан құлағың тұнады. Сөйтсек бір неміс есік алдында тұрған бізді көргеннен кейін, бір бөшке бензинді жертөлеге төгіп, от қойып жіберген екен. Ол да өзін-өзі атып тастады. Бұл не деген жанкешті қаныпезерлер десеңізші?!
Осы Котбус қаласы үшін болған ұрыстағы ерлігім үшін, және командирді аман алып қалғаным үшін, ІІ-ші дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталадым. Котбус қаласын басып алғаннан кейін біздің 16-шы артилерия полкына ерекше тапсырмамен Берлиннің батыс жағынан айналып өтіп, фюрердің атындағы немістердің бүкіл Германияға радио хабарларын таратып тұратын радио станциясын алу керек деген тапсырма берілді. Неше түрлі маневрмен батпақты жерлермен, өте қатты жылдамдықпен жүріп отырып станцияға келдік. Алдын-ала барлау жіберіп, жағдайды білсек, мұнда күш аз екен. Шабуыл жасап босқа елді шығындағаннан гөрі, тікелей оқтың астына алғанды дұрыс көрдік, өйткені мақсат тек радиостанцияны жою болатын. Сондықтан 7 самоходка қатарынан тұра қалып, термид, броня тесетін оқтармен атқылап бердік. Станция отқа оранды, жермен жексен болды. Тез бағытымызды өзгертіп тоғай арасына сіңіп кеттік. Осы тоғайда жатып екі тәулік жатып дем алдық. Радио арқылы алған хабарға қарағанда, Берлиннен 30 шақырым жерде тоғай арасында көптеген ауыр танкілер мен өздігінен жүретін фердинанттар тұр, соларды қолға түсіру керек деген тапсырма келді. Командир бәрімізді жинап алып алдына картаны жайып қойып, қай машина қалай қозғалады, қанша солдат қай жерде болатынын, қай жақтан келетінін тәптіштеп келіскеннен кейін, әскери тізбекпен солай қарай қозғалып кеттік. Көрсетілген бағытпен қатты жылдамдықпен жүріп отырып, белгіленген жерге тез жетіп келдік те, тоғай ішіне шеп құрап кіріп кеттік. Айтқандай тоғай ортасындағы алаңда 7-8 ауыр танк тұр, біреуі батпақтап қалған да, екіншісі троспен оны сүйретіп жатыр. Экипаждың бәрі бір жерге жиналған екен. Келе сала, залппен әр қайсысы үш снарядттан шығарды, самоходкамыздан секіріп түсіп, уралап автоматтан оқ жаудыра отырып, біз де жетіп бардық. Бірен-саран немістер тоғай ішіне кіріп кетті, талайы сол жерде қаза болды. Жеңіл жараланған танк жүргізушілердің төртеуін қалдырды, басқасын атып тастады. Танкілердің жүруге жарайтынын былай шығарып, жүруге жарамайтындары сол жерде құртылды. Біздің жігіттердің ішінде «тигрды» жүргізе алатындар бар болып шықты және жаңағы жаралылар ыммен болса да автомат аузының астында отырып, қалай жүргізетінін көрсетіп көмектесіп отырды. Жолшыбай немістердің танк жоятын иттері, қолдарында қарулары бар жас балалар, әйелдер кездесті бізге олардан өте сақ болуды тапсырған, сондықтан оларды аямай, атып тастап отырдық. Зоопарктен қашып шығып безіп жүрген аңдар да кездесті. 1945 жылдың 28 сәуір күні біздің бригада Берлинге кірді. Міне, алдымызда Берлин, немістердің ордасына қашан жетер екенбіз деп армандап, соған аман-есен жеткенше асық болған қаланың үсті қою қара түтінмен мұнартып, салқын ызғарлы сұсты түрімен көрінеді. Не дегенмен де бұл жеңілген қала, бүкіл әлемге қанша қайғы-қасірет әкелген содырлардың қаласы. Бұл қаланы осындай түрінде, қойыңды қырып кеткеннен кейін өшпенділікпен жанын қоймай қуалап жүріп атып алып, сүйреп әкеліп тастағанда, әбден қансырағаннан тістеніп ырылдауға ғана шамасы келіп жатқан қасқырдың деңгейінде көрудің өзі біздің кеудемізде бір өрлік сезім ұялатты. Көңілімізде өзіміздің ұлы да салтанатты уақытқа жеткенімізді, тарихтың адалдыққа бастаған жолын басып өту сәтіне жеткенімізді сезіндік.
Берлинді шабуылдау 21-сәуірде басталған болатын, бүгін 7 күн өтті. Біз қалаға таяп келген кезде Берлинде қырғын соғыс болып жатқан. Аспаннан самолеттер бомба тастап жатса, жерде қарудың барлық түрінен бір минут толассыз оқ атқылануда. Берлиннің үсті шаң мен түтіннен көрінбейді. Шабуылдай отырып бір үйден кейін келесі үйді босату, одан кварталдарды тазарту оңайға түспеді. Міне осы ұлы шабуылға бізде келіп қосылдық. Рейхстагқа шабуыл жасағанда, басқаларға қосыла біздің батереялар да шабуылдаушылардың жолын ашу үшін қолда бар барлық орудиядан снаряд атумен болдық, біраз жер ашық алаң, мұны Кенигсплац деп атайды екен. Айналасын танкіге қарсы ор қазып тастаған, одан өтіп Рейхстагқа жету оңай емес. Білетіндер айналадағы үйлерді, анау рейхсканцелярия, анау үлкен үй Гимлердің үйі деп көрсетіп қояды. Осы Кенигсплац арқылы Рейхстагқа жету керек. Осы алдымыздағы үш жүз метрдей жерде талай боздақ ажал құшты. Бұл 1945 жылдың 30 апрелі күні еді. Рейхстаг маңайында қырғын соғыс. Берлинді қорғауға немістер 9 қорғаныс секторын құрған, бұл үшін 100-мыңдай адам күндіз түні жандарын аямай жұмыс істеген.Олардың миына құйып қойған ғой, «немістер үлкен территориядағы адам баласын санаулы уақытта қырып салатын қару жасап жатыр, біраз күн қорғаныста тұра алсақ қару дайын болады, содан кейін Совет әскерін күйретіп, немістер жеңіске жететін болады, сонда сендер бүкіл әлемнің иесі боласыңдар» деп. Сондықтан да, болар немістер өздерінің ақырғы мекені рейхстагты жандары қалмай қорғады. Қаншама үміт үзіліп, қаншама қыршын жас мерт болды.
Рейхстагтың маңайы осының ақырғы секторы екен. Немістердің рейхстагты қорғауда 400 атыс ұясы тұр деп хабарлады. Рейхстагтың іргесіне біз де келдік. Снайперлер көзіне көрінгенді бос жібермейді. Шабуыл кезінде алаңда қырылған елде жік жоқ. Ауыр жараланғандары ойбалап дүниедегінің бәрін боқтап жатыр. Енді қайтсын, соғыстың бітуіне аз қалғанда мұндай жағдайға ұшырау кімге де болса аянышты. Бәрінен де тірі қалсаң сол олжа. Рейхстагтың қабырғасы темір бетонды, оны тікелей атқан снарядтың өзін тесе алмайды. Терезелері кірпішпен қаланып, атыс ұялары ғана қалдырылған. Қырық мың стволдан миллиондаған снарядтар атқылағанда, төбеден қаншама самолеттер бомба тастап жатқан қаланы ойға елестетіп көріңіз. Бір минут толассыз атқылауда. Шабуылға шыққан солдаттарды Рейхстагтың ішінде атыс ұяларында орналасқандар пулеметпен жайпап салып жатыр. Осы кезде гүрсілдеген атыс қайта басталады. Ызылдай соққан катюшаның дауысы ерекше естіледі. Қызыл ракета атылған кезде атыс тоқтайды, сол кезде шабуылдаушы полк қайтадан шабуылға шығады. Орудиялар тікелей көздеп атыс ұялары орналасқан терезелерді атуға тырысады. Осы үш жүз метр алаңда өлген және жараланғандардан арасында жік қалмады десек өтірік болмас. Атыстың тоқтаған сәтінде шабуылдаушылар уралап алға ұмтылады. 30-40 метр жүгіріп барғанда қайтадан немістер жағынан артиллерия пушкалары, атыс ұясында отырған пулеметтер сайрап қоя береді. Сол кезде совет жағының артиллериясы да снарядты қарша боратады. Шабуылдаушылар үлгерген жерлеріне, снаряд шұңқырларына жасырынып жата қалады. Осылай Рейхстаг алдындағы алаңның әр метрі үшін кескілескен соғыс болды. Біздің артиллеристер бір рет атқылаған жерінен, қолма-қол жылжып кетіп орын ауыстырып отырады. Кейбір полктер Гиммлердің үйін басып алса керек, оның екінші қабатынан рейхстагты тікелей атқылап жатыр. Міне көптен күткен сәт келіп шабуылдаушылардың алғашқы легі рейхстагқа кірді. Орудияны тастап біздерде шабуылдаушыларға қосылғанбыз. Енді ұрыс Рейхстагтың ішіне ауысты, әрбір бөлме, әрбір бұрылыс, қалтарыстар үшін соғыс. Рейхстагтың қабырғасында қызыл ту желбірейді. Біз де рейхстагтың алдына келдік. Кіре берістегі табалдырық үсті қираған кірпіш, алдымызда үлкен-үлкен колонналар, жоғарғы жағында «бәрі де неміс халқы үшін» деп жазылған жазу таман қалыпты. Кіре берісте бұрын Бисмарктың ескерткіші тұрған екен, соғыс майданы таяқалғаннан кейін Гитлер ол ескерткішті үлкен залға кіргізуге бұйырыпты. Сонда оған мына қырылып жатқан солдаттардан гөрі, темір канцлердің ескерткіші қымбат болғаны ғой. Рейхстагқа кіре берісте 32 баспалдақ бар, әр басқыштан көтерілген сайын соғыстың бітуі нүктесін қоятын сәттің таяғанын сезесің. Ең ақырғы баспалдақ алаңша болып бітеді. Осы алаңшада тоқтап, артыңа қарап, қырылып жатқан елді көргенде өзің де солардың бірі болуың әбден мүмкін еді-ау деген суық ой санаңда жүгіріп өтеді де, өзіңнің тірі қалғаныңа Аллаға тәубә етесің де, екінші жағы немістерге деген өшпенділігіңнің отына май құйғандай әсер аласың. Біздің солдаттар жоғарғы қабаттарда әр бөлме үшін қырғын соғыс салып жатыр. Рейхстаг ішіне кіргеннен кейін көппен бірге әр қалтарысты тасалай отырып, екінші қабатқа көтерілдік. Рейхстагтың екінші қабатына шыққаннан кейін, терезенің алдында тұрып жоғарыдан төмен қарағанда, алаңдағы көрініс өте қорқынышты, өте аянышты еді. Сол бір әр метр сайынғы ұмтылыста немістің ордасын аяғыммен таптасам деген арманына жете алмай қырылып жатқан елді көріп, жүрегім езіліп, көңілім босап, көзімнен жас ағып кетті. Аллаға жалбарынып жатырмын, «Е Алла, сүйегімді мұнда қалдырмай, туған елімнің топырағынан бұйырта гөр» деп. Біз осы жерде тұрғанда жоғарғы қабаттан бір топ қолға түскен неміс солдаттарын алып түсті. Немістердің сұсты да үнсіз жүздерінен қапаланған қайғының табы білінеді.
Ертеңіне, лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен Григории Булатов өз взводымен бірінші болып рейхстагқа кіріп, оның әр бөлмесі үшін соғыс сала жүріп, қабырғасына да, рейхстагқа Қызыл ту тіккенін естідік. Осы ұрыста Рақымжан взводының бөлімше командирі Рыбаков ауыр жараланып, әлсіз қолымен өзінің ағып жатқан қанымен Рейхстаг қабырғасына «Я в Берлине Рыба...» -деп қана жазып жан тапсырғаны қандай аянышты, міне Отанына берілген нағыз батыр осылар ғой. Оның басын сүйеп көзінен жасы ағып отырып, сол қанмен «ков» деген сөзді Рақымжанның жалғағаны жүрек тебірентер көрініс. Дәл сол күні екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына себепкер болған фашистік Германияның көсемі Гитлер әйелі Ева Браун екеуі у ішіп өлген хабарын естідік. Ислам діні бойынша кісінің өлгеніне қуануға болмайды деп үйретті ғой бізді. Бірақ сол күнгі қуанышымызда шек болған жоқ. Үлкен ерлікпен Рейхстагтың қабырғасына да, төбесіне де Совет үкіметінің қызыл жалауы ілінді. Ертеңіне біздің ішіміздегі орыстар да, Американың радиосы да рехстагқа бірінші ту тіккен қазақ жігіті Қошқарбаев пен Григорий Булатов деп айтып жатты. Бірақ Москвадан радиодан хабарлағанда олары өзгеріп, орыс пен грузин жігіттері болып шыға келді. Олардың саясаты бойынша, орыс қашанда бірінші, қашанда ақылды, қалайда басқа ұлттардан үстем болуы керек. Айта берсін-ау, бірақ лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Григорий Булатовтың аттарының аталмауы әрине дұрыс емес еді. Кейіннен Қошқарбаевты білетін жігіттер сөйлескенде неге өзіңнің ерлігіңді дәлелдемедің десе, «айта берсін амандық жақсы» дегенін айтып жүрді. Ол да қорықты ғой, атып кетеді деп.
Сол кезде көп адамға берілген «Совет Одағының батыры» атағы Қошқарбаев пен Булатовқа бұйырмады, кейіннен естігеніміз, оның әкесі «халық жауы» деген атпен сотталған екен. Сол үшін оның кандидатурасын Сталин өткізбепті, меніңше тіпті де олай емес сыяқты. Егер де оларға батыр атағы берілсе, басқалары солардың көлеңкесінде қалып қояды деген шығар. «Батырын, азаматын силамаған елден без» дейді қазақ, ал бұлар нағыз батыр, қазақтың әр азаматының жүрегінен орын алған нағыз қас батырлар еді. Сол күні радиодан Берлиндегі атыстың тоқтағанын, Рейхстагтың жаудан толық тазаланғанын хабарлады. Сол кезде Берлиннің коменданты генерал Вейдлинг Совет әскер басшыларына келіссөз жасау үшін парламенерлерді жіберуін сұрағаны белгілі болды. Бұл хабар орыс және неміс тілдерінде радио арқылы барлық майданға жеткізілді. Армия командирі Рейхстагқа келді. Барлық жерде сағат 4.00 ден 6.00 ге дейін атыстың тоқтатылғанын, енді екі арада келіссөз жүргізілетін хабарлады. Міне Берлинде өлі тыныштық. Қырғын соғыстың жүріп өткенін тек қираған үйлер, быт-шыты шыққан қала көрінісі ғана еске салғандай.
Келіссөз жүргізу үшін жасақталған парламентенлер тобы қолдарына ақ ту ұстап, рейхстагтан шығып триумфальді арканың астына топтасты. Осы кезде барлық радиодан неміс және орыс тілдерінде:
- Парламентерлер келе жатыр. Неміс және орыс солдаттары оқ атпаңдар, - деп қайта–қайта хабарлаумен болды.
Неміс әскерінің Берлинді қорғауда тұрған әскерінің командирі генерал Вайдлингтің соғыс шебінен өтіп совет әскерлеріне берілгендігін және неміс генералының өз әскеріне тізе бүгу туралы бұйрық бергенін хабарлады. Осы тыныштықта бірнеше солдат Рейхстагқа барып атымызды жаздық. «Қарағанды обл, Қарқаралы. Аманбаев Сұлтан» деген жазуды мен де жеңілген фашизм ордасының қабырғасына, Қарқаралыдан сәлем болсын деп ойып жазып кеттім.
Негізі біздің қазақ жігіттері соғыста көп ерлік жасады. Біз баяғыда осы Қарқаралының детдомында жүргенде, Жарылғасов Дүйсетай деген жігіт детдомда бізге атаман болған, ештеңеден беті қайтпайтын сондай бір ер жігіт болатын. Сол Дүйсетай соғыста штрафбаттың командирі болды. Бес орден мен бірнеше медальдардың иегері, өте батыл, алғыр жігіт болды. Штрафбатта командир болу деген екінің бірінің қолынан келмейді, өйткені онда алдың да, артың да, айналаң да жау. Алдыңда немістер, артыңда биттей қия бассаң атып тастауға дайын отырған өз әскерлерің, айналаңда неше түрлі қылмыскер, соларға командир болып басқарып, адалдықпен жақсы атақ алып шығу оңай емес. Нағыз ер жүрек, өз ісіне адал, елге силы, батыр азаматтың ғана қолынан келетін шаруа. Соғыстан кейін облыс аудандарында военкоматта істеді. Егер осы Дүйсетайдың соғыстағы ерлігін басқа бір орыс істесе оған ойланбай-ақ батыр атағын берер еді.Мына суретте ол сол жақтан екінші тұр, Ахметов Еркін фотограф, Жолтаев Әукен екеуіде соғысқа қатысқан.
Осыдан кейін 1945 жылы 2-мамыр күні командованиенің бұйрығы бойынша біздің 3-ші танк армиясы, оның ішінде 16-шы артиллерия полкы бар Чехословакия жерін жаудан азат ету үшін Берлинді тастап, Прага қаласына бет алдық. Жолда Дрездень қаласына келер жолда немістердің бөлініп қалған бір тобымен кездесіп қалдық, қатты ұрыс болды, оларды түгел талқандап, қалаға кірдік. Дрездень қаласында әлемнің өнер байлығы, небір құнды да, бағалы дүнилері жиналған музей бар. Мұнда немістер әр елден ұрлап, зорлықпен тартып алып, келген неше түрлі құнды дүниелер бар болатын. Ертеңіне осы музейді көруді ниет етіп, музей материалдары жиналған үлкен де сәулетті үйге барып едім, есік алдында бір қарт адам жылап отыр. Неге жылап отырғанын сұрастырсам, бұл кісі көп жылдан бері осы музейде қызмет істейді екен. Немістер кетерінде өте құнды заттарды мәшинеге тиеп алып кетті, егер оны құтқарып қалатын кісілер болса, мен ол заттарды қайда тыққанын көрсетер едім, дегеннен кейін жүгіріп полк командиріне келіп көмек сұрадым. Командир бізге машина мен солдаттарды ертіп берді. Біз жаңағы музей қызметшісін мінгізіп алып, машина мен таудың ішіне барып аралап жүріп, немістердің тыққан үңгірін тауып алдық. Олардың ішінде Голландияның атақты суретшісі Рембрандтың төл туындылары, неше түрлі алтын бұйымдар бар екен. Тауып алған дүниелерімізді машинаға тиеп алып, музейге әкеліп тапсырдық. Осы бір аса құнды дүниенің менің көмегіммен өз орнын тапқанына өте қуаныштымын.
Мына суретте ортада тұрған біздің ротаның командирі Шкурин Михаил Михайлович өзіміздің Қарағандыдан жерлес едік. Оны соғыстан келгеннен кейін іздеу салдым. Ол басқа облысқа темір жол мамандығы бойынша жұмысқа кеткен екен. Зейнеткерлікке шықты ғой туған жері Шахтинскіге келген шығар деп, кейіннен іздегенімде зорға таптым. «Индустриальная Қараганда» газетінің редакторы Белобородов өзі апарып кездестірді, екеуміз жылап көрістік.
Біздің полк басқа армия құрамаларына қосылып, немістерге қирата соққы бере отырып, 10-шы мамыр күні Прага қаласына жеттік. Қалаға жете бере, біздің әскердің алдынан білектеріне қызыл шүберек байлап алған қарулы көптеген чех адамдары қарсы шықты. Таяу келе байқадық, жүздері қуанышқа толы, бұлар немістерден өздерін азат еткен совет әскерлерін қарсы алуға шыққан Чехословакияның жастары мен партизандары екен. Іштерінде дені жастар болғанымен, егде тартып қалған адамдар мен әйелдер де бар. Олар бізге өз тілдерінде қуаныштары мен алғыстарын білдіріп құшақтасып жатырмыз. 11-шы мамыр күні таң сәріде біздің әскер Прага қаласына кірді. Таң жаңа атса да, алдын ала хабадар болған, жүздері қуанышқа толы халық легі көшеге лық толған, тіпті осы бір қуанышты сәтті жіберіп алмайықшы деген оймен бүкіл қала халқы көшеге шыққандай. Жаңа қалыптасқан социалистік жүйедегі Чехословакия үкіметі мен Москвадан арнаулы самолетпен келген ел президенті Людвик Свобода өз сарайына келіп орнына отырғанда, чех солдаттарымен бірге құрметті күзетте тұрдым.
Чехтардың машинасының үстінде отырып, чех солдаттарымен түскен суретті көріп, «қайда екен шіркін сол жігіттер бүгінде» деп сол күндерді қуанышпен еске аламын.
Менің педучилищедегі директорым Нұрмағанов Мұқажан, бухгалтері Палшин Михаил Дмитриевич екеуі соғыстың аяғына қарай әскерге алынып осы Прага үшін болған шайқаста қаза болды деп естідім. Марқұмдар өте тамаша жақсы азаматтар еді.
Прагаға келгеннен кейін досым Жүбікенов Зұлқарнай батаольон штабында хатшы болды. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің 23-ші мехдивизиясының қарсы барлау бөлімінің бастығы майор Петрухин мен 16-шы танк полкының командирі Переретуннің арнайы нұсқауы бойынша өте құпия құжаттарды сақтаған сейфті ашуға, тәуліктің қай мезгілінде болса да, полктің құпия бөлмесін ашуға рұқсаты болды. Соғыс кезіндегі оқиғаларды сол кезде жазып жүрмегеннен кейін, жүйелеудің өзі де оңай емес, сондықтан да бірді айтып бірге кетесің, кейбіреулері ұмытылып қалады да, кейіннен еске түсіп жатады.
Зұлқарнайдың құпия құжаттармен жұмысты бастағаны, 1943 жылы күзде немістермен бір қырғын ұрыс болды. Полктің құпия бөлімінің меңгерушісі Аркадий Медведевтің арнаулы бұйрығымен Зұлқарнай екеумізді алдыңғы шепке құпия құжат жеткізуге жұмсады. Екеуміз окоптан шыға еңбектеп кеттік, оқ бас көтертпейді. Кішкене көтерілсең бас киіміңді жұлып түседі, басың аман қалса жақсы. Сондықтан да, жермен-жексен болып, жерге жабыса ақырын жылжып келеміз. Тіпті кейде алға жылжыуға еш мүмкіндік те болмай қалады. Сол күні екеуміз бір адым да алға жылжи алмадық, немістер осы алаңды ұдайы атқылауда болды. Екеуміз еріксіз далада түнедік. Ертеңіне айқас тіпті үдеп кетті, жата беруге болмайды. Тапсырманың арнаулы уақыты бар, ол сол сәтінде орындалуы керек, егер ол орындалмаса сен кінәлісің. Сенің сол кінәңнан бүкіл полк зардап шегуі мүмкін, оны екеуміз де жақсы түсінеміз. Содан жанымызды шүберекке түйіп, алға жылжып кеттік. Әйтсе де жаңбырша борап, оқ жауып тұрғанда, анадай жерде тонналаған топырақты аспанға лақтырып, снаряд гүрсілдеп жарылып жатқанда екі шептің арасынан өтіп бару деген оңай нәрсе емес. Аман-есен алдыңғы шепке жетіп құпия құжатты әйтеуір уақытында жеткіздік. Енді қайтадан қайту керек, шайқастың басылатын түрі жоқ. Жылжыуымыздан жатуымыз көп. Штабқа таянғанда екеуміз де жараландық, далада жатып қалыппыз. Бізді байқап қалған солдаттар штабқа алып келіпті. Сол жолғы еңбегіне ырза болған командир Зұлқарнайды ылғи құпия тапсырмалармен жұмсайтын болды. Ал бұл жұмыс өте жауапты, өте қиын жұмыс еді. Зұлқарнай соның бәрін абыроймен атқарып шығып үлкен сенімге ие болды.
Міне, бүкіл жер жүзі халықтарына ауыртпалық әкелген Герман фашистерінің бастауымен басталған соғыс, олардың толық күйреуімен аяқталды.Осы қырғынның басталуына себепкер болғандар түгел өлді, сотталды. Бүкіл халық алдында қара бет болды. Қаншама тағдыр қиылды, қаншама көздің жасы мен, жалпы елдің көрген бейнеттерін айтып жеткізу де мүмкін емес. Сонда олардың тапқан пайдалары не, аз күнгі билік пен байлық па?
Мамыр айы бойы Венаның маңында болып дем алдық. Маусым айынан бастап әскерге жарамсыздарды елге қайтаратын көрінеді деген сөз шыққаннан кейін ептеп құжаттарымды жинай бастадым. Осы кезде атақты ақынымыз, «Ленинградтық өрендерім» өлеңінің авторы, қазақтың ұлы адамдарының бірі Жамбыл атамыздың қайтыс болғаны туралы материал «Правда» газетіне шықты. Мені полк командирі шақырады дегенге жүгіріп полк штабына келдім де, рұқсат сұрап полк командиріне кіріп, өзінің шақыруы бойынша келгенімді баяндадым. Ол маған тапчанға отыруға рұқсат етті.
- Аманбаев, бірінші мына сіздердің ұлы ақын атаңыз қайтыс болыпты, топырағы торқа болсын. Екінші сізге Қарқаралы ауданынан педогогикалық училищесінің 25-жылдық тойына шақыру қағазы, полк командирінің атына келіпті. Енді таяуда арнаулы бұйрық арқылы әскерге жарамайтындарды елге қайтару туралы нұсқау келуге тиіс, менің ақылым: қазір біз сізге демалыс берсек, сіз мұнда қайтадан қайтып келуіңізге тура келеді. Сондықтан сол бұйрық шыққаннан кейін бірақ қайтқаныңыз дұрыс шығар, – деді. Мен де ол кісінің сөзіне келістім. Мамыр айының аяғынан бастап Вена, Будапешт, Австрия, Венгрия арқылы Карпат тауларын асып Украинаның Коломия, Станислав қалаларына келіп орналастық. Бұл жақта Украина ұлтшылдарының армиясының қалдықтары әлі тоғай ішінде жасырынып жүргені мәлім болды. Енді осы бендерашылармен шайқас басталды. Бірақ, біздің полк бандеровшылармен болған бұл ұрыстарға қатыспай, Станислав қаласының маңында резервте тұрды.
Сұлтекең үшін соғыс 1945 жылдың 25 октябріндегі Қорғаныс министрінің әскер қатарынан босатылсын, деген бұйрығы бойынша бітті. Үш жылға созылған, Москва түбінен бастап, Берлин қақпасына дейін, 55-елді мекенді жаудан азат еткен, талай жау бекіністерін бұзып өтіп, 5 үлкен өзеннен өткен, жауды түре қуып, Берлинді қоршап, Рейхстагтің төбесіне Қошқарбаевтай қазақтың батыр ұлының ту тігуіне септігін тигізген, Рейхстаг қабырғасына Қарқаралының атын қоса қалдырған, Дрездень қаласынан Голландиялық атақты Рембрандтай ғаламат суретшінің ұрланған суреттерін табуға себепші болған, қанды көйлек талай достарынан айырған, не бір қорқынышты күндер мен түндерді бастан өткізген, талай қанды қырғын ұрыстарға толы болған соғыстан, ІІ және ІІІ- дәрежелі «Даңқ» орденін, аса ешкімді мақтай қоймайтын жоғарғы қолбасшы Сталиннің «Алғыс хатын» алып, он тоғыз медальдар мен командирлердің жиырма шақты алғыс хатын иеленіп, әскерлік дәрігерлер комиссиясы әскер қатарына жарамсыз деп тапқан қортындысы бойынша 1945 жылдың ноябрь айында елге қайтуға бет алды.
Соғыстың бітуі елге қуаныш болғанымен, халық өте жүдеу, көпшілігі азалы–қаралы. Ауыр жараланып кемтар болып қайтқандардың үй іші боздағын тірі көргеніне қуанышты, осығанда Құдайға тәубә деседі.
Қолына әскерден босатылғаны туралы бұйрық алғанда өзінің Рейхстаг қабырғасына сүйеніп, алаңда арасында жік жоқ қырылып жатқан өзінің қанды көйлек достарының денесін көріп тұрып бір Аллаға жалбарынғаны есіне түсті. Міне жаратқан ием тілегін қабыл еткеніне шүкіршілік етіп, енді елге жетіп топырақ туған жерден бұйырса, одан үлкен арман жоқ деген ой түйді. Елге қарай поезға мініп келе жатқанда Киевте, Ленинград, Москва қаласында да бірге болған офицерлер: «Сен таза жетім болсаң, елге барғанда, не бітіресің, оданда бізбен бірге осында қал, біз де таза жетімбіз, немістер ағайын, туыс-туғанды, отбасы, балаларымызды құртты, бірге болайық. Біздер бірге тумасақ та, туғандай болған, талай сұмдық қантөгісті бірге көрген адамдармыз, енді бейбіт өмірді де бірге болып, бірге өткізейік», деген жанашырлық сезімдеріне, достық көңілдеріне рахметін айтып, жүрегі лүпілдеп қуанышпен еске алатын. Өзінің туған еліне аман есен жетсе, отыра қалып бір уыс топырағын қос уысына толтыра алып, бетіне басып, туған жерді суйсе- ендігі мақсатта, арманда сол. Алда туған жермен, туғандарынан қалған апаларымен, жерлестерімен, достарымен, қауышу қуанышы тұр. Олар есіне түскенде, елін жерін сағынғаннан жүрегі лүпілдеп, көңіліне ерекше бір қуанышты сезім кіріп,Сұлтекең соларға жетуге асықты.
Бейбіт еңбек жылдары
Москвадан Қарағандыға бірнеше күн жүрген поезд түн ортасында Қарағанды вокзалына тоқтады. Ертеңіне Қарқаралыға баратын көлік іздеп жүріп, үстіне жүк артқан полуторка машина кездеседі. Қарағандыдан ертерек шығып, 9 сағат жүріп, Қарқаралыға кіре берістегі айқай кезеңге таяғанда, машинаны тоқтатып жерге түсті де, жаяу қала іргесіндегі кішкене төбеге шықты. Осыдан үш жыл бұрын Желтоқсан айының қақаған 40 градус аязында, өздерінің осы жолды алты күн жүріп келгені, сол сапардағы достары ойға оралды. Қазір қараша айы, күздің күні дегенмен, келе жатқан қыстың ызғары сезіледі. Сол үш жыл бұрын желтоқсанның қатты аязында қалың елмен қоштасып кеткен ауыр да азапты сапарынан аман-есен елге оралап тұр. Міне, қарсы алдында туған жерінің астанасы болған, торыққанды жұбатқан, жылағанды уатқан, талай ғасырдың куәгері болған, қасиетті қала, кешкі ымырт қараңғылығына бөленген Қарқаралысы тұр. Күн тынық болғанымен тау жақтан ескен кешкі салқын леп білінеді. Қаланың орналасқан жері ойда болғандықтан, қала үстінде шарбы бұлт сияқты, үйлердің пештерінен шыққан түтіні сейілмей тұтасып тұр. Сұлтекең тізерлеп отыра қалып, «О, туған жер, үш жыл бойы қанды ұрыста жүріп аңсаған, топырағыңнан айналайын, қасиетті туған жерім менің» деп еңкейіп бір уыс топырақ алып бетіне басты. Есіне әке-шешесі түсті, «Сұлтаным, сен аман болшы, өзіңді сақта» деген әкесінің ақырғы рет мал айдауға кетердегі сөзі мен шешесінің Киікбай бабаларының бейітінің басында мұны жерден көтеріп алып, ата-бабаларының аруағына сиынып, өзі аш-жалаңаш өміріне күйініп, еңіреп жылап тұрып, «Е, жасаған, Сұлтанымды аман ете гөр- деген тілеулері шығар мені осы араға аман алып келген. Осынау бір ойдан, Сұлтекеңнің көкірегінен ащы бір кермек дәм сезіліп, көзіне жас үйірілді. Қайран менің ата-анам, сендер Голощекин әкелген қырғын заманның құрбаны болдыңдар. Бүгінде тірі болсаңдар, ұлдарыңның қырғын соғыстан аман келгеніне қандай қуанар едіңдер.
Міне, мынау «айқай кезең», ішінде өзі де бар 72 бала жігітті 1942 жылғы желтоқсанның қақаған аязына қарамай қарқаралықтардың соғысқа аттандырып салған жері. Осы жерден бұлар екіге бөлініп еді, жас жігіттер жаумен шайқасу үшін соғысқа кетсе, қалған ел осылардың тілеуін тілеп елде қалды. Енді Алланың жазуымен аман-есен елге, туған топырағына оралып тұр. Ендігі ойына оралғаны, 72 жігіттің бәрі аман келсе, шіркін үлкен қуаныш болар еді. Бірақ соғыс деген жалмауыз қаншасын жат жерде алып қалды екен, келгендері де бар болуға тиіс. Алдыда не күтіп тұр? Не де болса, аш болсаң да, тоқ болсаң да, көңілге медеті, жанжалсыз, соғыссыз бейбіт өмір. Ең маңыздысы жауды жеңдік. Неше жыл күткеніміз жеңіс күні еді, оған да жеттік, ендігінің бәрі амандық болса, қалпына келетін нәрселер. Алдағы негізгі мақсат соғыстың зардабын жою. Осы оймен Сұлтекең қалаға кірді.
Жасынан жетім қалып, соғыстан қайтқанда ең ет жақыным, әкемнің 80-ге келген Жақия деген апасы бар еді, сол үйге келедім. Бір атаның тұқымынан қалған жалғыздың аман-есен келгенін көргенде, Жақия апам неше жылдан бері бойында шемен болып қатып қалған мұңды зарын ағытып, құшақтап қатты жылап еді. Ендігі қалған туыстарым осы Жақия мен Аманбайдың қызы Күлқайыр. Қүлқайыр Жұмабай деген кісіге тұрмысқа шығыпты, ол апамның өз орнын тапқанына мен де қуанып қалдым. Бұл кісілер қашанда болса менің тірегім, қуанышым, қамқоршым болды. Жақия апамның екі ұлы бар, бірінші ұлы, Құрманғали, орман мекемесінде күзетші, екінші ұлы Құрманбай мектепте мұғалім екен, өзі Полина деген орыс қызына үйленіп алыпты. Елде тұрмыс өте ауыр, тамақтың бәрі карточкамен беріледі. Карточка қолыңа тисе, ол сенің күн көрісің, егер одан айырылсаң, өлгенің, тамақ табу өте қиын. Ел таңертеңнен кешке дейін үш реттен нанның кезегіне тұрады. Кейбіреулерге нан жетпей қалып, дүкеннен жылап шығып жатады.
Ертеңіне бірінші азық-түлік беретін мекемеге барып құжаттарымды өткізіп, талонның тізіміне тіркелдім де, одан кейін жұмыс іздедім. Аудандағы мекеме басшылары тыңдайтын емес. Соғыстан келсең қайтейін, ондайлар қаптап жүр дегенді айтады. Содан кейін, «қой, бұл болмас, біраз күн дем алып келейін, бұлармен содан кейін айқасармын» деп Құрманғалидің үйіне кеттім. Комиссаровкадағы Құрманғалидің үйіне барып шаруашылығына көмектесіп, қыстың біраз уақытын осында өткізетін болдым.
Құрманғалидің Майра, Съезбек деген екі баласы болды. Майрасы кейіннен мына Фрунзе совхозында Зекен деген жігітке тұрмысқа шыққан, елге сыйлы, мықты да, білімді дәрігер болды.
Құрманғали маған: «мына біздің Қызылшоқы колхозында есепші керек деп жүр, сонда барып бухгалтер болсаң, бір жылда байып шығасың да, келесі жылы қалаған оқуыңа барасың» деген ақыл айтты. Көктемге қарай қалаға келіп, аудандық партия комитетінің кадр бөлімі жөніндегі хатшысына кірдім. Бұл кісі Қашқынбеков Сейілхан деген кісі екен, өзі соғыстан келіпті. Мені жылы қабылдап, қолыма аудандық партия ұйымының хатшысы Рахымжанов Ыбышпен келісілді деген қатынас қағазын беріп, Қызылшоқы колхозына есепші етіп жіберді. Сол ауылға баратын ат-арбалы кездесті де, соларға мініп Қызылшоқыға келдім. Ол кездегі ауылдың тұрмысы өте ауыр, ауылда негізінен қазақтар мен жер ауып келген немістер. Колхозда аздаған мал мен екі жүз гектар егін бар екен. Негізгі жұмыс қол күшімен атқарылады, техника жоқ. Сол еңбектеріне еңбекақы да алмайды. Ауылда көп үйде 4-5 үй, қалғаны жер кепе. Колхоз бастығы Көшенов Мұсаға жолығып, қатынас қағазды қолына беріп едім «мына пәле қайдан келді» дегендей маған жаман көзімен қарап, аса жақсы қарсы алмады. Менің келгенім бір жұмысына бөгет болады деді ме, қабағы сәлең болды. Қолындағы аудандық кадр бөлімі берген қағазға осы рас па дегендей үңіле ұзақ уақыт қарап отырды. Ойында мынадан қалай құтылсам екен деген ой бар сияқты. Бір сылтау тапқандай біраздан кейін басын көтеріп менің бас аяғыма көз жіберіп алып:«сенің кандидатураңды колхоздың басқарма мүшелерінің кеңесіне саламыз, басқарма мүшелері келіссе жұмысқа аламыз, егер келіспесе жолың болсын, қайтасың» деді. Ертеңіне Қызылшоқы колхозының басқарма мүшелерінің кеңесін ашты, ондағы күн тәртібіне аудандық кадр бөлімінің осы колхоздың есепшісілігіне ұсынып отырған Аманбаев Сұлтанның кандидатурасын талқылауды қойды. Кеңесте колхоздың қойма меңгерушісі Жүнісов Әділхан деген кісі менің бұл ауылда жұмыс істеуіме қатты қарсылық білдіріп: «Мұны жұмысқа алмауымыз керек, колхоздың есепшісі деген жұмыс ат үсті қарайтын нәрсе емес. Ол өте жауапты жұмыс, ол бүкіл колхозшылардың еңбеккүнін, колхоздың барлық жұмысын тиянақты түрде есептеп отыруы керек. Ал бұл жігітті мен бұрыннан білемін, балалар үйінде бұзақы болған, екі қонышына екі пышақ салып жүретін. Көрдіңдер ме кеудесі жарқырап тұр, соғыста да өжет болған шығар, өзінің наганы бар дейді, бұл жігіт бізге қауіпті» деп бажылдады да қалды. Сонымен не керек, басқарма кеңесі менің кандидатурамды бекітпеді. Қайтадан Қарқаралыға келдім. Ертеңіне кадр бөліміне кіріп, Сейілханға болған жағдайды айттым. Секең аудан басшысымен келісе отырып өзінің берген нұсқауының орындалмағанына ренжіп, «жүр екеуміз де бірінші хатшыға барайық, мен жағдайды айтамын, сен ол кісінің сұрағына іркілмей жауап беретін бол» деді. Екеуміз бірінші хатшыға кірдік те, Сейілхан ол кісіге жағдайды баяндап берді. Хатшы қатты ашуланып, атшысына: «Қызылшоқы колхозының басқармасына дереу кісі жібер, Көшенов ертең таңертең сағат 9-да осында болатын болсын, жетегінде дұрыс ерттелген ат жетектей келсін», - деді. Ертеңіне партия комитетінің үйіне келсем, біздің басқарма да келген екен. Бірінші хатшы жіберген адамды қабылдамай кері қайтарғаны үшін өзін біраз желкелеп алса керек, ренжіп тұр екен, менімен аса амандасқысы келмей басын басқа жаққа бұрғанын көрдім де, мен де құлшына қойған жоқпын. Оған қарайламай бірден хатшыға кірдім. Хатшы маған қарап, «солдат, сен жақсы жұмыс жасайтын бол. Колхоздың бұрынғы есепшісі дұрыс жұмыс істей алмай, колхоздың көп қаражатын талан-таражға салған. Соны дұрыс жолға қоятын бол, өзім сұрастырып біліп отырамын. Ертең сендермен бірге аудандық шаруашылық бөлімінің ревизор есепшісі Шәмшиев Қажыкен қоса барып тексеріп, жұмысты саған алып береді, және сені үйретеді, ал жолың болсын, біздің үмітімізді ақтайтын бол», - деді. «Рахмет аға, амандық болса сіздерді жерге қаратпаймын», - деп сыртқа шықтым. Ол кездегі көлік ат-арба, Қажыкен екеуміз ат-арбамен Қызылжарға келдік. Колхозға келгеннен кейін бригадир Сүйіндіков Әбілмәжүннің үйіне орналастым. Колхозда есепші болып жүрген Бәтен деген қыз еріксіз жұмысты маған тапсырды. Ревизор Шәмшиев Қажыкеннің үйретуі бойынша күндіз-түні колхоз Жарғысын, еңбек күн жазу нормаларын, колхоз мүшелерінің, колхоздағы малдардың книгаларын реттеп, сиыр, қой фермаларының басшыларына қол қойғызып, өздерінің мойындарына бекітіп бердім. Ол кезде ауданда 45 колхоз бар еді. Қызылшоқы колхозындағы 1300 қой мен, 130 ірі қара Комиссаровкада орналасқан. Борлыбұлақтың төменгі жағында 300 гектар егін бар. Колхоз орталығы кәзіргі Қарағайлы селосы маңында орналасқан. Жазда Борлыбұлақтың жанына ел көшіп барып кигіз үй тігіп егін салады. Елде ер азаматтар аз, шаруаның көбісін қарттар мен әйелдер мен балалар істейді. Егін салуға күш көлік те тапшы. Осындайда өздерінің бетіне қарап отырған бірлі-жарым сиырларын әкеліп жегетін. Жолтай, Битембай, Жұмабай деген 85 ке келген қариялардың даналығы мен қамқорлығы, ол кісілердің ақыл-кеңесі маған бәрінен де қымбат еді. Ол ағаларым ауылдағы бар халықтың биік асқар тауындай болып көрінетін. Жұмыстан қолдары босай қалса елдің бәрі осы кісілердің жанына үйіріліп, әңгіме тыңдайтын, қираған бүлінген нәрселерді де осы кісілер іске қосушы еді. Қаншама жоқшылық болса да, ол кісілердің өзара сыйласымдығы, жылы жүрегі елдің көңіліне жылылық ұялататын. Ел өздерінің қолдарында бар тамақтарын ортаға салып әзілдесіп, қалжыңдасып отырып жұмыста да көңілді жүретін. Ақылдарымен қоса елге айбары бар жақсы адамдар еді. Соқа басатын ересек адамдар, олардың ішінде қыздар да болатын. Балалар көлік басына мінеді. Бұл соғыс бітсе де, елдің басынан ауыртпалық түсе қоймаған кез. Сонда да елдің көңілінде қуаныш бар, соғыс бітті, аман қалған азаматтар ептеп елге қайтып жатыр. Осыған тәубә деседі. Ауылдағы жер аударылып келген неміс, украин ұлтының адамдарымен ел алғашқы кездегідей емес, етене жақындасып өз адамдарындай болып кеткен. Қайран менің қазағым–ай, қандай ақ көңіл ел едің! Келген бетте оларды фашистер деп, немістердің елге соғыс бастағаны үшін жек көретін болғандары рас. Бірақ оған бұлардың жазығы жоқ, өздері де сол соғыстың себебінен зардап шегіп жүрген адамдар. Жалпы соғыс бір мүддедегі адамдарды біріктіріп, Отанды қорғау деген қастерлі ұғым, қалың бұқараны баурап алған. Сондықтан да олар араласып, аттарына тілі келмегендерге өз ыңғайларына қарай ат қойып алған. Олар да колхоз жұмысына жандарын салып істейтін. Көктемгі егін салу жұмысына колхоз ерте кіріседі. Наурыз айының ортасынан аса жердің қарын күреп тастап бригада басына кигіз үйлерімен көшіп барады. Жұмыс басталған кезде мен де күнделікті әр соқаның жыртқан жерін жаяу жүріп аршынмен өлшеп картаға түсіріп қоямын да, осы жерге қанша тұқым кететінін есептеп, өзімнің қатысуыммен қоймашыдан бригадирге тұқымды өлшеп беріп, егін себетін ақсақалдарға бидайды шашқызып, артынан іле-шала тырмалатып отырдым. Бұл жұмысқа ел ырза болды. Егін себу бітті. Жоспар бойынша жыртылатын жер жыртылды, бірақ тұқым жетпей қалды. Колхоз бастығы Мұса жанында тұқым қоймасының меңгерушісі бар, екеуі маған келіп айқайға салсын. «Сен біздің ауылымызды бүкіл ауданға шулатып, өмірі болмаған жағдайға жеткіздің. Сенің кесіріңнен 40 гектар жерге бидай себілмей қалды. Енді басыңмен жауап бересің, мен сенің көзіңе көк шыбын үймелетіп сотқа бергіземін», - деп қолын сермеп, көзін ежірейтіп қатты реніш білдірді. Мен ол кісіге жұмыстың жобасын айтамын. «Мұсеке, тұқым дұрыс себілді, менде оның барлық есебі бар. Менің кінәм жоқ, маған сенбесеңіз, ауданнан комиссия шақыртыңыз, тексерсін, кінәлі болсам жауап беруге әзірмін», - дедім. Колхоз басқармасы менің үстімнен «ауданға бидайды артық сепкізді,соның есбінен 40 гектар жерге тұқым жетпей қалды, комиссия жіберіп анықтап, кінәлі адамды жазалауыңызды сұраймын» деп арыз жазып, арнаулы комиссия шақыртты. Аудандық агроном Дроздов деген кісі келіп, тексермей жатып маған өлгенше қадалды. «Егістікке дайындалған жерге тұқымның жетпей қалғаны үшін бірден-бір сен кінәлісің, қазір анықтап тексереміз, кінәң расталса сотталасың, оны мен саған алдын-ала ескертіп қояйын», деді. Мен күнделікті жыртылған жердің картасын сызып, ол жерге қанша тұқым кеткенін тәптіштеп жазып отырғанмын және қоймадан өлшеп алған тұқымды бригадир мен егін себетін кісілердің арасында бірінен-біріне тапсырып, өздері қол қойған алық-берік қағаздарым да бар еді. Онда күнде қанша жер жыртылып, қаншасы себіліп, оған қанша тұқым кеткені, әр күндері бойынша сол істелген жұмысына есептелген еңбеккүндері түгел тіркелген болатын. Осы қағаздардың бәрін комиссияның қолдарына беріп, «міне мына қағаздар бойынша тексеріңіздер, қателік болса, келіп айтарсыздар, барып қайтадан бірге өлшейік, кінәлі болсам жауап беруге дайынмын, алдын-ала маған айқайламаңыздар» дедім де, ал не істесеңдер де өздерің біліңдер деп өзім қалып қойдым. Олар күні бойы жүріп себілген жерді өлшеп, оған кеткен астықты есептегенде бәрі дұрыс шықты да, басқармаға келіп, тұқымның жетпей қалғанына есепші кінәлі емес екенін, тұқымның аз дайындалып өтірік мәлімет бергеннен болғанын айтып, қайтып кетті. 40 гектар жер тұқымның жетпеуінен себілмей қалды. Бұл басқарма мен қойма меңгерушісінің тұқымды сепкен кезде орнын толтырармыз деп жеке бастарының мүддесі үшін пайдаланып кеткені белгілі болды. Менің жұмысқа өте ықтиятты қарап, күнделікті есеп жұмысын әр колхозшыға жеке жүргізіп, және қоймадан алынған тұқымға бригадирмен егін себушілердің арасында алық берік жасап отырғаным өте дұрыс болды. Осы өзімнің жұмысыма ықтияттылығым мені соттан аман алып қалды. Әйтпесе себіліп кеткен жердегі астықты қалай өлшей алады, оған ешкімнің шамасы келмейтін еді де, бар пәлені маған жауып, мені жауапқа тарттырып жіберуші еді. Мұны сезген халықтың маған деген сенімдері артып, менің адалдығыма сеніммен қарайтын болды. Сталиннің заңы қанша қатал болса да, әділетсіздер өз істерін істеп бағады екен. Ол кезде он килограмм бидай үшін он жылға сотталып жатқан сондай бір ауыр жылдар еді. Ал тұқымға жетпей қалған төрт тонна бидай дегеніңіз барып тұрған қылмыс. Мен ол кісілерді табаламаймын, бірақ өзімнің жаңағы қағазға ықтияттылығым болмаса, олар мені аямайтын еді. Тірегі жоқ мен сияқты жалғыз-жарым адамдар ату жазасын алуы да мүмкін. Дроздовтың хабарламасымен бұрынғы басқарма Көшенов Мұса орнынан босап, біздің ауылға басқарма болып Үпбаев Құсайын деген Бесоба ауылының азаматы келді. Ол кісі халыққа жағымды момын адам еді. Халықпен жақсы сыйласты. Ауыл ішінің тіршілігіндегі жұмыстар бірінен кейін бірі кезектесіп келіп жатады емес пе. Егін себіліп біткеннен кейін, колхозшылар жайлауға ерте көшеді, қой қоздату, сиыр бұзаулату, одан соң іле-шала қой қырқу жұмыстары, Сиыр сауу, қой сауу, май айырып, брынза жасау. Мұның сыртында мемлекеттік тапсырма шектен тыс ауыр. Бірақ елдің ұйымшылдығы мен еңбекшілдігі ерен еді. Бір күні сауыншылардың кезекті сиыр саууын бақылап, сүттің майлылығын анықтадым да, сиыршы Бітебай ақсақалға барып: «Аға, бүгінгі есеп бойынша, әр сиырға шаққанда сауылған сүттің мөлшері жоғары болды және майлылығы да жақсы, бұл сіздің малды дұрыс баққаныңыздың арқасы, сіздің еңбегіңіздің көрсеткіші, сондықтан біз сіздің еңбеккүніңізді арттырытын болдық» деп едім, Бітебай ақсақал орнынан түрегеліп жаныма келіп мені құшақтап, «ой, өркенің өссін, балам, өмір бойы осы сиырды бағып келемін, бірақ осындай сөзді маған әлі ешкім айтпапты. Саған мың да бір рахмет, айналайын, еңбеккүнге бәрі-бір ештеңе алып та жатқанымыз жоқ, бұл біздің үйреншікті жұмысымыз, ал, сенің бір ауыз жылы сөзің менің мерейімді өсірді ғой» деп қуанып жатыр. Шынында да, күндіз–түні жүріп еңбек еткенде ештеңе алмау, оның үстіне қолындағы бір сиырына 3 кг май және 100 кг ет тапсыру жоспарын орындау қиянат-ақ еді. Үкімет оны қиянат деп есептеген жоқ, қайта бюджеттің шығынын, осы өздері күндерін зорға көріп отырған елден жиналған салықтың есебінен толтырып отырды. Бір жаманы, егер уақытында төлей алмаса, оны өсімімен төлейтін болды. Сол кездерде мынадай салық түрлері бар еді: Өзара салық, Міндетті қауіпсіздендіру, Ерікті қауіпсіздендіру Малға төлейтін салық, Бойдақтар салығы, Сары май салығы, Жүн салығы, Табыс салығы, Сүйек салығы, Жұмыртқа салығы, оның үстіне саяси науқан ретінде өтетін облигация сатып алу. Мінеки, осы салықтың бәрін төлеуді салық инспекторлары мен ауылдық кеңес саяси астар беріп, қоқан-лоқы жасап, қорқыту арқылы жүзеге асыратын. Бұл өзі онсыз да сіңірі шығып отырған елге өте ауыр еді. Бірақ олардың арасында жүріп осы қиянатқа менің де етім үйреніп, сол жұмыскерлердің өз балаларындай болып кеттім.
Егін орағы кезінде мал бағудағы малшылардан басқа ел егін басына көшіп келеді. Егін оруға екі лобогрейка, бес бау арба, оларға керек кісілер іріктеліп, кешікпей қызу жұмыс басталып кетеді. Жұмабай, Жолтай, Битембай ақсақалдар өздері сепкен бидайды енді оруға кірісті. Шабылған бидайды қыздар мен әйелдер тырнауышпен жинап, көпенеге орналастырады, бұлардың көпшілігі неміс ұлтының адамдары еді. Көпенедегі бидайды бау арба мен қырманға тасып, жуас биеге мінген 8-12 жас арасындағы балалар қосақтарына бір-екіден жылқы алып, қырман басуға кіріседі. Бастырылған астықтың сабанын бөлек алғаннан кейін, астындағы бидайды жинап алып, тазалап, кептіреді. Осы жұмыстардың барлығы қол күшімен атқарылады. Қырман жұмысын Қарағұс ақсақал басқарып жүретін. Қырман басында «Қызыл отау» деп аталатын киіз үй тігіледі, біз соның ішінде тұрамыз. Оның ішінде газет журналдар мен қоса менің қолмен салған көсемдердің суреттері, жарыс тақтасы, ондағы жұмыс көрсеткіштері, әр колхозшының күнделікті тапқан еңбек күні көрсетіліп тұрды. Әсіресе, екпінділер мен жалқауларды бейнелеп салып қойған суреттерге елдің назары көп түсетін. Екпінділерді самолетке мінгізіп, ал жалқауларды тасбақа немесе өгізге мінгізіп салып қоятынмын. Әйелдер оларға өлең шығарып береді, осының бәрінің тәрбиелік мәні өте зор еді. Жастар осы суретке түсіп қалмас үшін жанталасып жұмыс істейтін. Егін аяғына қарай колхозға оқу бөлімінің меңгерушісі Мергенбеков деген кісі уәкіл болып келіп, қызыл отауға кіреді де ондағы істелген жұмыстарды көріп, «мынаның бәрін істеп жүрген кім» деп сұрайды. Оған «ол әскерден келген Сұлтан деген жігіт, осында есепші болып істеп жүр, соның салып жүргендері» деп жауап беріпті. Егін басында жүрген мені Мергенбеков шақыртып алды.
- Мына суреттер сенің жұмысың ба?- деп сұрады.
- Иә, - деп жауап бердім.
- Сенің мамандығың кім, қандай оқуды бітіріп едің? - деп сұрады тағы.
- Мен Қарқаралыдағы мұғалімдер училищесінің екінші курсын бітірмей 1942-нші жылдың желтоқсанында әскерге алындым, -дедім.
- Сен мұғалім боласың, 3 күннен кейін қалаға райОНО-ға кел. Ал басқарма, сіз бұл жігітті өз атыңызбен жіберіңіз, - деді.
- Мен бала оқыта аламын ба? - дедім өзіме-өзім сенбей.
- Қазір мынадай өнер, мынадай жазуыңа, мына шығарған газеттеріңе қарағанда сенен күшті мұғалім жоқ. Мұғалімдердің 60%-ы соғыстан қайтпай қалды. Қазіргілердің көбісі шала сауатты адамдар. Қазір колхоздарда бастауыш класс мұғалімдері өте тапшы. Кей жерлерде әрі қарай оқи алмай қалған жоғарғы класс оқушылары сабақ беріп жүр. Оларға қарағанда, сен дайын білімді мұғалімсің. Қалаға келгеннен кейін өзің оқыған училище директорына барып жолық. Ол саған аттестат беруі тиіс, қазір сондай заң бар, оқудың жарты мерзімін бітіргендерге беріледі. Осы заң бойынша сен де оқуды бітірді деген аттестат аласың, - деді де, басқармаға әртүрлі жұмыстарды тапсырып кетіп қалды.
Колхоз бастығы астындағы атын беріп мені сол жерде шығарып салды. Айтылған күні ауданға барып, оқу бөліміне кірдім. Мергенбеков хатшысын шақырып алып:
- Мына жігітке «Қызылшоқы» колхозының бастауыш мектебінің меңгерушісі және оқытушысы 20-августь 1946 жыл деп бұйрық жаз»- деп тапсырды.
Бұйрық жазылды, меңгеруші маған бұйрықпен қоса қағаз, қалам, бастауыш мектептің оқу жоспарын берді де мұғалімдер конференциясына дейін оқу тәрбие жұмыстарыңды реттеп ал деді. Сонымен неше жылғы арманым болған мұғалім, ұстаз деген атқа ие болдым. Ауылға келіп, басқармамен келісіп, төрт неміс әйелдерін жаныма ертіп, күш көлік ретінде бір өгіз арба алып, жүмысқа кірістік. Пайдаланудан қалған ескі үйдің төбесін ашып, қабырғаларын қайтадан жөндедік те, ортасын жал пешпен бөліп, екі бөлмелі мектеп үйін салып алдық. Оқу бөлімінің көмегімен екі терезе, бір есік алып, мектеп үйін бітіріп, оған қысқы отын дайындап, 20 қыркүйек күні сабақты бастадық. Бұл қазіргі Қарағайлы елді мекенінің маңындағы алғашқы оқу орны болды. Колхоз бастығы маған өзіңе үйреншікті есепші жұмысын қоса атқарып отыр дегеніне мен келістім. Сабақтан бос уақытымда өзіме ағайындай болып кеткен колхоз жұмыскерлерінің арасында жүру маған бір қуаныш болатын. Бұл жұмысты мен егін орылып жерге қар түскенде бірақ тоқтаттым. Қыстақтар орталықтан арасы 4-5 шақырым жерде орналасқан, сол қыстақта тұратын малшылардың балалары таңертең ерте тайларына мініп мектепке сабаққа келеді.
Күзде жұмысым әбден ыңғайланғаннан кейін, анда-санда Қарқаралыдағы апайым мен жездемнің үйіне барып отырамын. Бірде Сүлеймен жездем «Сұлтан, сен енді қызметкер адамсың, біреудің үйінде жатып, қалайда олардың қабағына қарап істеген жұмыс сапалы болмайды. Сондықтан тұратын үйдің ыңғайы болса, біз апаң екеуміз сонда көшіп барайық», - деді. Мен бұл кісілерді отырып қалған жерінен қозғауды ыңғайсыз көрсем де, шыны керек қуанып қалдым. Қайран менің адал жездем мен апатайым, қашанда маған қамқоршы, сүйеніш болды. Колхоз басқармасымен келісіп, бір босаған үйді жөндеп, ол кісілерді сонда көшіріп алдым. Апам маған: «Сұлтан, қазақ бас екеу болмай мал екеу болмайды» деген. Сен жасың 23-ке ғана келсе де бір адамның басына жететін бейнетті көрдің. Құдай иіп, бүкіл ел қырылып қалған ашаршылықтан аман шықтың. Кешегі қанды қырғын неміспен болған соғыстан аман келдің. Енді Қожа Ахметтің сөнген отын жағып, үйленіп бір үй болатын уақытың келді», - деп үйлену мәселесін жиі қозғайтын болды.
Бұл қалайда менің мұғалім болып жұмыс істеген бірінші оқу жылым болғандықтан, жұмысты бар ынтаммен істедім. Мектепке таңертең кетем, кешке бірақ келемін. Қыс түсе мектептің ішкі жылуы, балалардың сабаққа қатысуы бәрі алаңдатады. Балалар тай-құнандарына мініп мектепке келеді, енді қайтарда балалықпен кешке қалып қоймауын қадағалап жүру керек болды. Кейде қатты борандарда өзім шығарып салатынмын.
Апам Жақия бірде: «Сұлтан, мен айтуды қоймайын, сен тыңдаумен бол. Қазақ шешесіне қарап қызын ал деген, Мына Мырзаханның үйінде бір қызы бар екен, аты Райхан, өте инабатты, бетінде ұяты бар бала сияқты маған ұнады, әке шешесі де өзіміз танитын жақсы адамдар. Сен сол баламен сөйлесіп көрсеңші, әйтпесе өзім сөйлесіп алып келемін» деп қояды. Былтыр күзде егін жұмысы біткеннен кейін, колхоздың есепшілігін мектеп жұмысымен қоса алып жүру ауыр болатын болды. Колхоз басқармасының айтуымен есепшілік жұмысты сол Райханға тапсырып, оның қыры мен сырын үйреткен болатынмын. Райхан сонымен колхоздың есепшісі. Әкесі Мырзахан, ол кісінің інісі Мырзабек те соғыста хабарсыз кетті. Мырзабек кезінде райкомда белді қызмет атқарған адам болатын. Шешесінің аты Қайырлыниса еді, қолында Хасен деген жалғыз бауыры бар, үшеуі ғана тұрады.
Сонымен, апайдың арманы орындалды, Райхан екеуміз үйленетін болдық. Жаз шыға жездемнің үйіне Райхан келін болып түсті. Апам да «Айналайын енді міне, өшкенім жанды, Қожа Ахметім қандай азамат еді. Орнында бар оңалар деген осы, әкеңнің ошағын қайта жақтың, қайырлы болсын» деп қуанып жатыр.
Сол кезде Комсомол ауылдық советінің төрағасы Жүнісов Жолжақсы деген өте шешен, жұмысына мықты, елге сыйлы, іскер адам болды. Комсомол шыңы, Қарашоқы, Қызылшоқы, Бидайық, Еңбексүйгіш колхоздары осы ауылдық кеңеске қарайтын. Кейіннен бұл колхоздар бірігіп, Комсомол колхозы болып атанды. Жолжақсы менің қағаз жұмыстарын жақсы жүргізетініме ырза болып мені ауылдық советке депутат етіп сайлап алып, жиналыстан қалдырмай іс қағаздарын жаздырып отыратын.
1948 жылы күзде Бидайық елді мекеніне барып жаңадан мектеп үйін салдық, мұнда екі мұғалім болып сабақты екі кезекте өткізетін болдық. Бұл мектептің бітуіне сол кезде осы колхозға бастық болып келген Қашқынбеков Сейілхан ағамыз балташыларын беріп, сабан кірпішті құйып беріп, көп көмек жасады. Мектеп жұмысына әжетке жарап қалған оқушылар да жақсы жұмыс жасады. Соның арқасында мектеп жаңа оқу жылына дайын болды. Мектепке келген екінші мұғалім Сейітжанов Несіпжан деген азамат екеуміз екі кезекте сабақ бердік. Мектеп жұмысын дұрыс жолға қою үшін, және өз білімімізді көтеру үшін «бастауыш мектепке сабақ беру методикасы» деген оқулықты пайдаландық. Мектептің ішкі -сыртқы тазалығы, өз қолымызбен дайындалған көрнекі құралдар, әр баламен ерекше жұмыс жасап, қосымша сабақ өткізу, балалардың оқуға деген құмарлығын арттырса, екінші жағынан мектептің ел ортасындағы беделін жоғары қойды. Бізді тексеруге келген аудандық инспектор Күрішбаев Өмен өте ырзашылығын білдіріп барлық жерде біздің мектепті мысал етіп жүретін.
Осы жұмыстары үшін 1949 жылы Қазақ ССР оқу министрі Сембаевтың қолы қойылған «Оқу майданының озық қызметкері» деген куәлік пен төс белгісін алдым. Мектептегі қарбаласта аса жауапты жұмыспен қоса, мұғалімдер колхоздың басқарма жұмысына көмектесіп, олардың қаулы-қарараларының сауатты, дұрыс толтырылуына, науқанды жұмыстарының орындалуына, қолқабыс көрсетіп отырдық. Мен көсемдердің суреттерін арнаулы мекеменің ұрықсатынсыз салуға болмайтынын білмедім. әйтеуір қолдан келгеннен кейін, көрнекілік үшін салып жүрдім. Сол кезде өз қолыммен салған көсемдердің суреттерін, басқа да безендіру жұмыстарын тек Москваға тікелей бағынатын «Колхозный совет» деген комиссия тексеруден өткізіп алшақтық таппай кеткені үлкен қуаныш болды-дейді Сұлтекең. Егер олар кішкене алшақтық тапса, көсемді жаман жағынан көрсетті деп жалалап жіберуі де мүмкін еді. Сол кезде құрылған бұл аппарат, аудан басшыларымен ауылды басқаратын адамдарға сенбей, қоғам мүлкін талан-таражға салушыларды тексеретін. Талай колхозды тексеріп, бір сиыр орынсыз жұмсалды деп тапса, колхоз басқармасының мәселесін тікелей аудан басшысының алдына қойып, ол кісіні орнынан алып, өзін жауапқа тартатын, солай талай адамды соттатып та жіберді.
Іріленген Комсомол колхозының бастауыш партия ұйымының хатшысы қызметін қоса атқарып, жастық жігерін шамасы келгенінше ел жағдайының түзелуіне ат салысқанын ерекше бір сезіммен еске алады Сұлтан аға өзінің өткен өмір жолдарын, ұстаздық еткен жылдарын қуаныш сезімімен еске алып, ой елегінен өткізіп отырады. Осы ауылда өткізген бес жылында оқушыларға өз бойындағы барлық асыл қасиеттері мен білімін, өнерін үйретуден жалықпады. Сол үшін де аудандағылардың алды болып «халыққа білім беру жүйесінің үздігі» деген атаққа ие болды. Аудандық партия комитетіндегілер Сұлтекеңнің бойындағы халыққа қызмет етсем деген құлшынысын байқап, аудандық партия аппаратына алды.1952 жылдың қыркүйек айынан бастап, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы-үгітшісі (пропагандист) қызметінде істеп, қарауында Бидайық, Жекежал, Ұзынжал, Көктал, Бейбітшілік, Комхоз, Бесоба колхоздары болды. Әр колхозға барып 2-3 күн болып, саяси сабақ өткізіп, колхозшылардың жеке жағдайымен, шаруашылық жағдайымен танысып, қолдан келген көмегін, ақыл кеңесін беріп отырады.
Біз мұғалімдер өзімізді үкіметтің, сол кездегі билікте болған коммунистік партияның солдатымыз деп есептедік, істемеген жұмысымыз жоқ. Ертеректе 1934-58 жылдары мұғалімдер үндеместердің (КГБ) тыңшысы да болды, ауылдарда партия ұйымының хатшылары, совет қызметкерлерінің көбі осы Қарқаралы педучилищесін бітірген мұғалімдер болды. Біз өзімізді халыққа қызмет істеп жүрміз деп есептедік. Дәл қазіргі мына тәуелсіздік таңынан ойлап отырсақ, бүкіл халық үкімет басындағылардың басыбайлы құлы болыппыз да, мұғалімдер өздері құл бола жүріп, солардың жұмысын ұйымдастырушылары болыппыз. Қарап отырсаңыз, сол уақыттағы ауыл өмірінің ауырлығын айтып жеткізудің өзі ауыр. Таңның атыс мен күннің батысы тойып тамақ ішпей, не жөндеп киінбей, тынымсыз еңбек етесіз, соған еңбеккүн есептегенде күн көріс үшін колхоздан алған қарызыңызды жаба алмай берешек болып қаласыз. Бұл жағдай ауылдық жерлерде қазір де пайда болды. Қолыңыздағы бір сиырдың өнімін өзіңіз пайдаланбай, оның майын, сүтін, етін тағы үкіметке бересіз. Осындай жағдайда жүрген дархан халқымызды аштан қырды, түкке тұрмайтын нәрсе үшін белсенділері мен жаңағы тыңшыларын қаптатып қойып, солардың сыбырымен халық жауы деп қаншама абзал жандарды түрмеде өлтірді. Осыншама бейнетті көре жүріп, белсенділердің сөзі мен партия әрекетіне табынып мәңгүрт болып, бір жолға салып айдаған малдай жүре бердік. Қайран қазағым-ай, кең даласында керегінше малын өсіріп, оның рахатын көре алмай, қарны тойып тамақ ішіп, рахаттанып ұйықтай алмай қор болыпты ғой. Сталин өлгеннен кейін, үкімет басына келген Булганин ауылда мал ұстауға кішкене мүмкіндік беріп еді, оны Хрущев келіп қайтадан тартып алды. Содан ел арасында «Булганин берген байталды, Хрущев келіп қайта алды» деген сөз қалды. Колхозшылардың жеке меншігінде мал өсіруге шектеу қойды. Бір үйге 1 сиыр, 1 бие, 5 қой немесе ешкі, одан артық ұстауға заң жүзінде тиым салынды. Жыл сайын санақшылар елдің малын санап, артық малды үкіметке алып отырды. Олар қолдарына шам алып жүріп, елдің малын әбден ел орынға отырып, мал қораға кірген кезде қораға кіріп санайтын. Ел қайтадан торға түскендей болды. Міне, қарағым, бұл қазақтың көрмеген қоқайы жоқ, қайта не деген жаны мықты ел десеңізші. Гитлер үкімет басына келгенде оның идеологиясы «немістер жер жүзіндегі ең қаны таза адамдар, сондықтан олар бүкіл әлемге билік жүргізуі керек», деп бүкіл елді иландырып, соған жұмыс істетті. Ал Совет үкіметі «біз үшін коммунизм біздің болашағымыз, сонда ел бақытты өмір сүретін болады», деп елді сол сағымға табындырып қойды.
Біз де соған имандай сендік.1954 жылы съез қаулысымен партия билеті ауысатын болды. Бұл үлкен саяси науқан, оның үстіне қыс өте ауыр болды да, мал азығының жетіспеуінен ауданда мал өлімі орын алды. Сол үшін Жәнібековтың орнына келген бірінші хатшы Жүсіпов Әубәкірді орнынан алды да, оның орнына Ергебеков Елемес келді. Осы жолғы партия билетін ауыстырудағы жіберілген кемшіліктерден кейін мені біріңғай партия билетінің сектор меңгерушілігіне тағайындады. Ауданда 600 коммунист есепте тұрды. Екі жылдан кейін жалпы бөлім меңгерушісі қызметін атқарадым. Осы салады 36 жыл қызмет еттім.
Түріктердің көсемі Мұстафа Кемал айтқан екен «Өнердің ең қарапайымы – ең құрметтісі: ағаш ұстасы, етікші, тігінші, темір ұстасы, бұлар біздің әлеуметтік өмірімізде де, әскери өмірімізде де, силауға және құрмет көрсетуге әбден лайық адамдар» деп. Сол айтқандай, халқымыздың қанына тән осындай шеберлікке құштарлығым болғанымен, бұл өнерімді халықа пайдасы тиетіндей дәрежеде жеткізе алмадым. Оған мүмкіндігім де болмады. Құрметті демалысқа шыққаннан кейін осы жұмысты қолға алғым келді. Осы оймен Сингатуллин Михайл екеуміз жанымызға екі бала жігіттерді ертіп алып, сол кезде бос қалған химиялық тазалау мекемесінің үйін жөндеп, тері илеп, тон шығаратын цех жасадық. Бұл мекеме жақсы жұмыс істеп тұрды. Ауылдардан ел ұсақ малдарының терілерін алып келіп, орнына тігулі боялған тон алып кетіп жүді. Бірақ химиялық қоспалар денсаулығымызға зиянды болғаннан кейін облыс басшыларының келісуімен аудандық халыққа қызмет көрсету мекемесіне бердік. Дұрыс басшылық болмағаннан кейін жұмыстары қожырап жайына қалды.
Қай жерде жүрсе де Сұлтекең жұмысты ерекше бір серпінмен атқарып, сол іске небір жаңалықтарды қоса жүретін. Сұлтекеңнің ұсынысымен Қарқаралы қаласы маңынан табиғат музейін ұйымдастыру жұмысы ерекше қарқынмен жүзеге асырылды. Ол жерде өзінің қолымен жасалған арқар, қасқыр,түлкі, тиын, елік тұлыптарын көргенде көңіліңізде мынау шынымен тұлып па деген күдік тұрады. Келешекте осы Қарқаралыдағы «Табиғат» музейін Сұлтан Аманбаевтің атымен атап, «Сұлтан Аманбаев атындағы Қарқаралы өңірінің табиғат музейі» деп атаса, бұл Қарқаралының абзал азаматы, екі «Даңқ» орденінің иегеріне, ел батырына, Сұлтекеңнің бірге жүрген достарына, қанды көйлек жолдастарына деген елінің бір сыйы, құрметі болар еді. Қарқаралы қаласындағы аудандық өлкетану мұражайында да Сұлтекеңнің қолынан шыққан талай асыл дүниелер бар. Ауданда халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан қолөнерін, қазақ елінің ежелден пайдаланып келе жатқан төл дүнилерін өмірге келтіру мақсатында ұлттық бұйымдар цехы Сағымбеков Мейрамның ұйымдастыруымен ашылған болатын. Бұл цехтың жасап шығарған талай дүниелері де бар. Ауданда халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан қолөнерін, қазақ елінің ежелден пайдаланып келе жатқан төл дүниелерін өмірге келтіру мақсатында ұлттық бұйымдар цехы Сағымбеков Мейрамның басшылығымен жақсы жұмыстар жасады. Мұнда Сұлтекең тәлімгер шебер болып орналасып, жастарға өз бойындағы өнерін үйрете білді. Осының бәрінің қолдау таппай жабылып қалғаны өкінішті-ақ.
Қарқаралыға барғанымда амандасып, халын біле кетейін деп Сұлтекеңнің үйіне бардым. Сонда Сұлтекең өзінің жасаған бұйымдарының суреттерін көрсетті. Ол кісі өз ойындағы осыны жасасам деген дүниесін бірінші ақ қағазға суретке түсіріп алып, әбден өз ойынан шығатындай болған кезде қолына құрал алып, оны жүзеге асыруға отырады екен. Сол қағаздарын алдына жайып салып, «осыны біреулерге үйреткім келеді, бірақ қазір қолда бала жоқ. Ендігі үмітім мына екі ұлым» деп қабырғада ілулі тұрған суретке қарады. Бұл балалар өзінің Шекер деген қызынан туған жиендері екен. «Бұл екеуі де Алла қаласа мықты жігіттер болып шығады» деді Сұлтекең ұлдарының суретіне сүсіне қарап. «Үлкен ұлымның аты Айдар, жоғарғы оқу орнын бітірген, Атырауда «Қазмұнайгаз» мекемесінде қызмет етеді. Кішкентай кезінен біздің бауырымызда оқып ер жетті. Екінші ұлым Ербол, ол да оқу бітірген, Қарағандыда жұмыс істейді. Анда-санда демалыс алғанда үйге келіп, мәре-сәре етіп, қуантып кетеді» дейді қарт солдат балаларының қылығын жымия отырып есіне алып.
Бұл ашаршылық, жоқшылық, соғыс, соғыстан кейінгі ауыр жылдар, бізбен қоса жасасты. Біздің замандастарымыздың басына жазғаны осы бір тауқыметке толы жылдар болды. Енді тек осы балалар ондайды көрмей, бар пәле бізбен кетсін. Адам жылқы мінезді деген, бір күн қуансаң, кешегі жаманшылықты ұмытып кетесің. Бірақ оны адамның санасынан жойып жіберуге болмайды, ол жойылмайды, біздің сол басымыздан өткен заманымыз келешек ұрпақ үшін тарих. Ал тарихын ұмытқан ел - ел болмайды. Сондықтан да өткен өмір іздері қатталып, тарих сөресінен өз орнын алуы керек. Біз де Қарқаралы тарихының бір-бір бетіміз.
Соғысқа Қарқаралыдан 2700 кісі аттанған екен, осылардың 1100-нің денесі соғыс даласында қалды. Есте ұстар бір белгі болмаса, не нәрсе болса да уақыт өте келе елдің жадынан шығып кетеді ғой? Сұлтекеңнің ойына сонау Берлиндегі Рейхстаг алдындағы шашылған тарыдай арасында жік болмай қырылып жатқан әр ұлтты совет елінің азаматтырын, өзінің Рейхстаг бөлмесінде соларға қарап отырып, елін туған жерін сағына егіліп-жылағаны есіне түскенде, сол жат елдің жерінде қалған азаматтарды елі ұмытпайтындай белгі қалдыруды қолға алуға бекінді. Осындай ой Сұлтекеңнің жатса да, тұрса да ойынан шықпай, ақыры өзінің эскизі бойынша елді мекендерде «Даңқ» алаңын салуды қолға алды. Осындай обелискіні Совет Одағының батыры Нүркен Әбдіровтың ауылынан бастады. Ұлы Отан соғысының 40 жылдығына обелискіні ашу үшін жан аямай кірісіп кетті. Биіктігі 7 метр, көлденең ені 5-метр алыстан көз тартып тұратын обелискіні мектеп оқушылары, ауылдағы құрылыс бригадасының мүшелерінің көмегімен көп қаржы шығындамай, өзі осы еңбегіне ақы да сұрамай салып шықты. Сонау бір ел басына түскен ауыр жылдарда, соғыс жылдарында, бөтен елде мүрдесі қалған жолдастарының аты-жөнін осы обелискі қабырғасынан көру Сұлтекеңнің арманы еді. Обелискінің тұғырына Совет Одағының батыры осы ауылдың тумасы Нүркен Әбдіровтың қырын қарап тұрған бейнесі гипстен құйылып орнатылды да, осы ауылдан соғысқа аттанып қайтпай қалған 136 жауынгердің аты мәрмәр тақтаға ойылып жазылып, жоғарғы жағына «Ештеңе де ұмытылмайды, ешкім де ұмытылмақ емес!» деген қасиетті сөздер келген елдің жанарына жас үйірді. Сол аласапыран ауыр кезді үлкендердің есіне түсірді, ағайын туысқа бауырларын, балаға әкесін, анаға сүйікті жарын есіне алғызды.
Жиынды Нүркен атындағы совхоз директоры Мұхтаров Қапан ашып елді ұлы мерекемен құттықтап, осы ескерткішті салуға ат салысқан Сұлтан ағаға үлкен рахметін айтты.
Екінші осындай ескерткішті Қасым Аманжолов ауылына орнатуды қолға алды. Мұны Сұлтекең ұлы жеңістің 45-жылдығы қарсаңында елге тарту ету үшін жұмысты ерте күзден бастады. Даңқ алаңының негізгі тұрағын тұрғызу үшін, совхоздың құрылыс бөлімінің прорабы Бейсенбаев Төлеубек, Қалиев Қанапияның құрлысшылар бригадасына осы жауапты жұмысты тапсырды. Бригада бұл жұмысты өз уақытында абыроймен бітіріп шықты. Мәрмәр тақталарға соғыста қаза болған 140 Қасым ауылы тумаларының есімдерін ойып жазып, және монументті өрнектеу жұмыстарын құрылыс ісінің шебері Қазыбек пен інісі Оралбек Ақбергеновтер жақсы атқарып шықты. Жұмыс қыс бойы тоқтаусыз жүрді.
Ескерткішті ашу рәсімін ұлы Жеңіс күніне белгіледі. Оның ашылу салтанатына ауыл тұрғындарымен қоса Көкшетау, Семей обылыстарынан, Қарағанды қаласынан, Қарқаралы, Қарағайлыдан келген, соғыста марқұм болған, мұндағы тақтаға аттары жазылғандардың туыстары қатысты. Обелиск ауылдың ортасындағы Даңқ алаңының ішіне орнатылды. Биіктігі 8 метр винтовканың штыгіндей үшқырлана келген биік тұғырдың алдында үстіне плащ палатка жамылып, қолына автомат ұстап, тағдырлас достарының құрметіне басын иіп, жалаң бас тұрған солдаттың бейнесіне жетімдіктің дәмін бірге татқан досы, соғыс ардагері, осы елдің тумасы Блялов Жаңабайдың бейнесін салуды жөн көрді. Тұғырдың екі жағындағы мәрмәр тасқа соғыстан қайтпай қалған 140 ауыл азаматтарының есімдері ойып жазылған. Тұғырдың алдында мәңгі алау бейнесі бейнеленген, айналасы қызғылтым гранит тастармен көмкерілген. Алаң қақпасынан кіре өзіне таяған сайын зорайып көріне беретін обелискіге қарағанда көңіліңізді бір түрлі ерекше сезім билейді. «Елдің атын ер шығарады,ердің атын ел шығарады» дегендей ауылға ағайынға осындай мәңгі өшпес сый сыйлаған, соғыста шейіт болғандардың атын өшпестей етіп ел есінде қалдырған Сұлтекеңе ол кісімен бірге осы тұғырды салуға басынан аяғына дейін аянбай еңбек еткен ағайынды Қазыбек пен Оралбек Ақбергеновтерге, прораб Бейсенбаев Төлеубек пен Қалиев Қанапия бастаған ауыл құрлысшыларына де елдің алғысы шексіз.
Бұл жерде ел көңіліне осындай аяулы да, жалынды, сағынышқа толы сезімдерін оята алатындай бейнені өз қолымен салып шыққан Сұлтекеңнің бейнелеу өнеріндегі сезімталдығы мен оны көрген адамның ішкі психологиясының сезім қылын шерте алатын, қаламының шеберлігіне сүйсінесіз.
Бұл 1990 жылдың 9-мамыр ұлы Жеңіс күні Фрунзе атындағы совхоз еңбекшілері үшін, ұлан-асыр мерекеге ұласып дала төсі қызық думанға толған естен кетпес қызықты да, қуанышты күн болды. Таңертеңгі сағат 9-дан аса ел шеруі совхоз орталығындағы бүгін есігі айқара ашылмақшы осынау алаңға қарай ағыла бастады. Бүгін елдің өлгені келіп, өшкені жанған күн, бұл 41-45 жылдардағы соғыста қаза болған, хабарсыз кеткен ел азаматтарының атын шығару үшін қойылған ескерткішті ашу рәсімі өтпекші. Омырауларында орден, медальдары жарқыраған соғыс және еңбек ардагерлері, ауыл азаматтары, мектеп оқушылары осында жиналған. Салтанатты жиынды совхоз директоры Рымбаев Серік ашып Ұлы Отан соғысында қаза болған, хабарсыз кеткен жерлес жауынгерлерге ескерткіш белгі қою, көптен шешімін таппай келген шаруа еді. Осы ескерткіштің түпкі нүсқасын сызып оны жүзеге асыруға, жерлесіміз соғыс және еңбек ардагері, ел ағасы Сұлтан Аманбаев ағамыз белсене атсалысты. «Мен сіздерді бүгінгі мерекемен құттықтай келе осы ескерткішті салуға атсалысқан Сұлтан ағамызға, Қалиев Қанапия бастаған құрлысшыларға, және оның негізгі жұмысын жасаған Қазыбек пен Оралбекке совхоз еңбеккерлерінің атынан алғыс жариялаймын» деген еді. Бұдан кейін сөз алған Социалистік Еңбек Ері Қалиев Шәкәрім, еңбек ардагері бірнеше жыл ауылдық, аудандық атқару орындарында еңбек еткен Сүттібаева Сара, Жүкібаев Мәжит, және осы ескерткіштің авторы Аманбаев Сұлтан кешегі қиын-қыстау күндерге қысқаша тоқталып өтті. Сұлтекең сөзінің соңында «мен кешегі соғыстан қайтпай қалған бауырларыма арнаған осы ескерткішке қарап тұрып, ерлік пен елдіктің мәңгі ажырамас бірлігін аңғарғандай боламын. Бұл келешек ұрпақ, осы өздері өмір сүріп отырған сәттің қызығы үшін, қанын төгіп, жанын берген, сіздерге, және келешек ұрпаққа өмір сыйлаған, ағаларыңның аттарын ұмытпай есте сақтау үшін жасалды. Сіздердің маған көрсеткен құрметтеріңізге рахмет» деп сөзін аяқтады. Жиын соңынан осы ескерткіштің алдында мектеп мұғалімі Мұрат Әлкешовтың баянда сүйемелдеуімен ауыл өнерпаздары шағын концерт қойды. Жүрек тебірентерлік сәттерге толы Даңқ алаңын ашу рәсімі бітісімен, сонау революциядан кейін елдің санасынан күшпен өшірілген Наурыз мейрамына жалғасты. Бұл сол жылдардан бергі бірінші рет аталып өтейін деп отырған Наурыз мерекесі. Кербез Кент тауының бөктеріне тігілген кигіз үйлер анадайдан көз тартып, өзіне шақырып тұрғандай. Сырттан қарағанда баяғыдағыдай, қыстың ауырлығынан жеңілдеп, жадыраған жазды көңілді өткізу үшін, жазғы жайлауға қонып жатқан қазақ ауылы сияқты. Мұнда совхоздың әр бөлімшелері, Жұманбаев Нүркеннің басқаруындағы товарлы сүт фермасы, Сүлейменова Майра бастаған аурухана ұжымы, Бейсенбаева Мүгілсімнің бастауымен балалар бақшасы, басқа да мекемелер мен совхоз бөлімшелері өз алдына жеке–жеке киіз үй тігіп, қазақ халқының ескі салт- дәстүрін мүмкіндігінше көрсетуге ұмтылған. Үйлерде қазақтың ою өрнекті түс киізі, кілем, алаша, сырмақ сияқты бұйымдар ерекше көз тартады. Төрдің алдында әртүрлі аң терілері ілінген. Кигіз үйдің бір бүйірін ала құрылған шымылдықтың, есік ашылып жабылғандағы ауа екпінінің лебімен қозғалған дірілі оның ішінде жүрегі лүпілдеп, сүйгенін күткен сұлу қалыңдық отырғандай ерекше көз тартады. Одан төменіректе кебеже, сандық, кереге басына ілінген түлкі тымақ пен ат соғар бәрі де жарасымды орналасқан. Ортадағы дөңгелек стол үстінде бетіне малдың басы мен қазы-қарта салынған үлкен табақ еттен бастап, қазақтың дәстүрлі ас тағамдары, наурыз көже, құрт-ірімшік. Стол басында ақ кимешек киген бәйбішелердің әзіл-қалжыңға аралас сөздері мен, жаудыраған жанарларына қарап, елдің қазақы салт-дәстүрге деген адал сезімін байқайсыз. Аса бір көңілге жылы көрініс берген қазақы сұлу да әсем ән мен, қыз жігіттердің ат үстіндегі ойын қалжыңы араласқан «Көш керуен» көрінісі ерекше көз тартады. Бірінің соңынан бірі тізілген күймеленген ат-арбалар, ат үстіндегі қыздар мен жігіттер төңіректің сәнін кіргізіп тұрды. Күймелі арбалардың соңынан шұбаған ел жаяулы жалпылы қыз-жігіттердің әуелете салған халық әндері халықтың сонау бір дәуірдегі өмір салтын өте әсем көрсете білген. Күймелі арбаның ат тізгінін ұстап отырған Акимов Асхат, ат үстіндегі Ізбасаров Берік пен Дүтбаев Серік ұлттық киімдерімен көштің сәнін кіргізіп-ақ тұр. Бұлардың соңдарынан қолдарына қалқан, найза, қылыштарын ұстап, бастарына дулыға киген батырлар шоғыры ерекше көрінеді. Келін түсіру, баланы бесікке бөлеу, балуандар күресі, аударыспақ, ат жарысы, арулар сыны, арқан тарту және басқа ұлттық ойындар шынайы көрінісін тапты. Қыздар арасындағы күреске қатысқан Көкенова Алмаш пен Лира Зәрубаевалардың күрестері өте қызықты өтті.
Халықтың қашаннан қастерлейтін спорт түрі аламан бәйгіден жарыс тұғырын Қаңқай Әлиев, Матай Борсақов, Наурызбай Дәнекиндер бөлісті.
Мұның бәрі әр ұжымның бір мақсат жолындағы ұйымшылдығын танытса да, ұйымдастырушысы келіспеген жерде берекелі істерге қол жете бермейді. Осы мерекені ұйымдастыру ауылдық кеңестің төр ағасы Төлендин Қосман мен хатшысы Омаров Кәрімнің басқаруымен өтті.
Осы жеңіс мейрамы мен Наурыз тойының қарсаңында ел бостандығы үшін құрбан болған жерлестеріне тамаша ескерткіш сыйлаған Аманбаев Сұлтан осы тойдың ең қадірлі, сыйлы қонағы болып, ел алғысына бөленді. Сұлтан ағамыз өз замандастарының, қаза болған қанды көйлек достарының алдында өз міндетін абыроймен өтеп, мойнынан бір ауыр жүк түскендей болды. Неше жыл өзін мазалаған ой мен, марқұмдардың атын ел жадында қалдырсам деген асыл арманы да жүзеге асты. Бұл Сұлтекең үшін де, ел үшін де үлкен қуаныш еді.
1980 жылы Союз бойынша шығатын «Комсомольская правда» газетіне, іздеу саламыз деген тақырыппен «Қарағанды облысы Қарқаралы қаласының тумасы Аманбаев Сұлтан деген солдат Польша жерінде окопта отырып әкемнің суретін салған екен. Сурет өте тамаша салынған, бұл сурет қазір біздің отбасылық асыл қазынамыз. Осы суретті хатпен қоса жібергеннен кейін әкемізден хабарсызбыз. Құрметті Сұлтан тірі болсаң әкем туралы білгеніңізді хабарлауды сұраймыз» деп жазыпты. «Мен содан кейін ол жігітті көрмегендігімді айтып хат жазып жібердім» дейді Сұлтан аға.
Сұлтан ағаның қызыл әскер кітапшасында тарихи маңызы бар ұрыстарға қатысқаны туралы, сол ұрыстар да жасаған ерліктері үшін алған орден,медальдары мен грамоталары жөнінде мынадай жазбалар бар.
1. Киев бағытындағы ұрыс. 2-нші Украина майданы. 20. 09.1943ж.
2. 1-ші Украина майданының құрамында Львов, Перемышлов операциясы 14.03.44ж.
3. Контузия алған және жеңіл жараланған 23.08.01944ж.
4.Жоғарғы қолбасшы, Совет Одағының маршалы Сталиннен Перемышельді алған ұрыстағы ерекше ерлігі үшін «Алғыс хат» 28.04. 1944ж.
5. Бригада Командирінің Алғыс хаты. 7.11.1944ж.
6. 1-ші Украина майданы Зависловск плацдармы 12.01. 1945ж.
7. Берлин-Прага операциясы. 14. 02. 1945ж.
8. ІІ-дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталды. 28. 02. 1945ж.
9. ІІІ-дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталды. 12. 03. 1945ж.
10. «Ұрыстағы Ерлігі үшін» медалі. 18. 08. 1944ж
11. «Ерлігі үшін» медалі.
Және әр дәрежедегі командирлердің алғыс хаттары мен үлкен қалаларды азат етуге қатысқаны үшін медальдар. Бұлар осы төрт жылға ұласқан соғыс кезіндегі Сұлтекеңнің жүріп өткен жерлері мен жасаған ерліктерінің куәсіндей. Олар мыналар;
1.1944-27-07 Саяси маңызды және Львов қаласын алғаны үшін.
2. 1944-28-07. Саин өзенін кесіп өтіп, Перемышель, Ярослав қалаларын алғаны үшін.
3.1944-18-08. Висла өзенін өтіп, сол қабақта Сандимир плацдармына ие болғаны үшін.
4.1945-13-01. Одер өзеніне шығып, Милия, Бернштал, Намелау, Тост, Бишовсталь қалаларын алып немістердің маңызды соғыс және қорғаныс объектілеріне ие болғаны үшін.
5.1945-17-01.Ченстохово қаласын алып, Вирта өзеніндегі маңызды неміс қорғанысына ие болғаны үшін.
6.1945-21-01. Немістердің қорғаныс шебіне өтіп, Крайсебург, Розенбург, Питшен, Ландосберг, Гутентаг, қалаларын алғаны үшін.
7. 1945-24-01. Силезин қаласындағы немістердің маңызды әскери өндіріс орталығын, Оппельн қорғанысы мен ірі темір жол автомобиль жолдарының торабы мен Одер өзеніндегі немістердің ірі қорғаныс орталығын алғаны үшін.
8. 1945-28-01 Коттовица, Семеновиц, Круглевско-Гута, Миколув, Беутени, Огицением қалаларын, Домбровскии көмір бассейінін және жоғарғы Силезнадағы өндіріс орталығын алғаны үшін.
9. 1945-6-02. Одер өзеніндегі немістердің қорғанысын бұзып өтіп, Олобу, Бриг, Томаспир, Гроттка, Лебек, Шульгат қалаларын алғаны үшін.
10. 1945-24-04 Бульцлад қаласын алып,Одер өзеніндегі немістердің тірек орталығын алғаны үшін.
11.1945-28-04 Нейсе өзеніндегі немістердің қорғанысын бұзып, Котбус,Любен, Пассан, Луикенвольде, Трабен, Танцана, Мариен, Фельде, Гриббен,Рангедорф, Тельтов қалаларын алғаны үшін.
12. 1945-25-04 Берлин қаласын қоршауды аяқтағаны үшін.
13. 1945-2-05. Неміс астанасы , неміс империализімінің және неміс агрессорларының ошағы Берлин қаласын алғаны үшін.
14.1945-8-05. Саксониядағы немістердің тірек бөлімін қиратып, Дрезден қаласын алғаны үшін.
15. 1945-9-05. Неміс жаулаушыларынан Чежословакияның астанасы Прага қаласын азат еткені үшін.
Міне, осы бір тізімді жай ғана оқып шыққан адамның өзі біраз нәрсеге қанық болады. Ал енді осыларға жеке-жеке ой жіберіп, Сұлтекеңнің жүріп өткен жолдарын санаңызға салсаңыз, осындай қырғынға толы, өмір мен өлімнің арпалысқан, әрбір минуты ажал сеуіп тұрған, ауыр да, азапты жолдардың әр қайсысының да жеңіл емес екенін сезінесіз.
Міне, қанды қырғынға толы, өмірі бітпестей болып көрінген, соғыстың ауыр да қайғылы жылдары артта тарих болып қалды. Осы соғыс неге осыншама елге бейнет әкелді, осының алдын алуға немесе осынша уақытқа созбай, тентек баланы дәл кезінде төбесінен бір қойып отырғызып қоюға болар ма еді? Қаншама жазықсыз жандар өлім құшты, қанша арман аяқ асты болды, осымен келіп бүкіл дүние жүзінің халқына ауыртпашылық түсті? Осының бәрі ел билеген басшылардың жіберіп алған кінәсінен емес пе? Әлде бір Алла деп құлшылық жасауды ұмытқан пендесіне жаратқанның жіберген жазасы ма екен? Жоқ бұл жерде адамзат баласының зұлымдығы басымдау жатыр. Мұның енді нағыз дәлелін тарихшылар әлі де айта жатар.
Кешегі солдат осы жылдарды басынан өткізген, сол қырғынның куәгері Сұлтекең өткен уақытқа бір мезгіл көз жіберіп ауыр ойда отыр. Соғыс алаңында қаншама жастар қыршынынан қиылды, олар неге өлді, не үшін өлді, кімге бола жанын қиды. Отан үшін дейміз ғой баяғы, ол қай Отан, өзім куә болған, бала кезімде көзім көрген, орасан орны толмас қайғыға ұшыратып, бір тілім нанға зар қылып, елді жоқшылыққа салған, 32-нші жылы қазақтың жартысынан көбін аштан қырған Отан ба? Әлде халық жауы деп әкемді соттап, шешемді ауыр бейнетпен өлтіріп, өзімді ағайын туғаннан айырып, тігерге тұяғы жоқ қу жетім атандырған Отан ба? Жау қолынан әскер жіберіп босаттырып алған 6000 тұтқынды, еріксізден құл орнына немістерге жұмыс істеп жүрген жазықсыз жандарды, қырып тастаған Отан ба? Әлде соғысқа алып барып, жат елдің даласында қандасыңды жерлеусіз қалдырған Отан ба? Не үшін? Білмеймін, білмегеннен кейін сұраймын, бірақ осыған жауап табар адам бар ма екен? Көп нәрсені ішімізбен сезсек те, түсіну қиын. Мен, міне, тірі қалдым, қорыққан, аянған, тіпті оқтан жасырынсам жасырынған шығармын, бірақ жаудан қорқып жасырынып қалған жерім болған жоқ қой. Қандай қиындыққа жұмсаса да, кейінге тартқан жерім жоқ. Сонда олардың төгілген қаны мен шыққан жаны шығар мені аман алып қалған. Алланың жазуы, тағдырдың басыңа салғаны дейміз ғой баяғы. Қалай ойласақ та қазақ халқы соғыста да, тылда да, ел басына қандай бір ауыр іс түскенде де, өз елінің, ұлтының рухының жоғары екенін көрсете білді. Сондықтан да мен, маған қоса барлық адамзат баласы олардың рухына бас иіп тағзым етіп, олардың аттарын ұмытпай, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізуді аманат етіп жүруіміз біздің азаматтық парызымыз болар. Одан басқа қолдан келер ештеңе жоқ. Міне, солдаттың түйген ойы осы болды. Сұлтекең, «мен, соғыс туралы тіпті айтқым келмейді, кейде сол бір адам баласы сенгісіз оқиғаларды айтсаң, біреулер мынау өтірікті бөсіп мақтанып отыр деп ойлайды. Сондай адамдардың ішкі сезімін сеземін де, аса айтпаймын, әйтпесе сол қанды қырғындағы бір күнгі көрген көрешегің өмірі есіңнен кетпес елес қалдырады». Соғысты былай қойғанның өзінде, жас кезімізде, өзара біреулермен қатты төбелесіп қалсақ та, соның өзі ойыңыздан кете ме? Ал соғыстың орны ерекше. Көп солдаттың ортасына келіп снаряд түскенде, біреулері белінен бөлініп кетсе, біреулері топырақтың астында қалып, енді бірі есі шыққаннан қайда екені белгісіз басын қолымен ұстап алып зыта жөнелгені, біреуінің үсті-басы жана бастағанда кірерге жер таппай шыр көбелек айналғаны, ауыр жарақат алғандардың азалы үні, шыңғырған дауыстары, бір аяғы үзіліп қалғанын байқамай, ет қызуымен аман қалған бір аяғымен жандәрмен сүйретіліп пәлелі жерден қашқандай еңбектей жөнеліп барып, бір аяғының жоқ екенін көргеннен кейін, шыңғырып жіберген дауысын естігенде, құдайдың жазуы мен сол қырғыннан аман қалып тұрған өзің де кірерге жер таба алмай, оған қарауға да дәтің шыдамай, еріксіз теріс қарағаныңды өзің де байқамай қаласың. Адам түгілі хайуандардың азалы үні құлағыңнан кетпейді. Жау қорғанысын алу үшін сұрапыл шабуылда, пушка сүйреп жүрген бір аттың артқы екі аяғы бірдей снаряд жарықшағынан қырқылып қалып, алдыңғы екі аяғымен орнынан тұруға талпынып, тұра алмай бір орнында шыр көбелек айналып дамылсыз шыңғырған дауысы өте ауыр тиді. Хайуанның үні керемет зарлы еді, өне бойы үстінен су құйғандай терлеп кеткенін көргенде, қасынан жайбарақат өтіп кете алмадым да, жаны қиналмасыншы деп атып кеттім. Менікі дұрыс па, әлде қате болды ма, бір Алла білсін. Малмен өскен қазақтың баласымын ғой, жануардың өне бойы сүмектеп терлеп тырмысып шыңғырған дауысын естігенде төбе құйқаң шымырлайды. Бірде шабуылға шыққанда саперлер алаңды минадан 20-30 минуттық артиллерия шабуылы кезінде тазартып үлгере алмай қалды және танкілер жүретін жерлерге де белгі қойып үлгере алмады. Сондықтан да біздерге танкіден түсіп жаяу жүріңдер дегеннен кейін, біздер танкінің шынжыр табанының басып өткен ізімен келе жатқанбыз. Біз мінетін танк біраз жер алдымызда келе жатып минаға түсіп өртеніп кетті. Сол танкінің ішінде болсақ біз де қоса кетер едік. Осындай шабуыл кезінде ішіне оқ тиген бір жауынгер өң түссіз есі шығып, «Ойбай, мынаны не істеймін» деп жан ұшыра айқайлап, жарылып кеткен қарнынан шығып жатқан ішектерін өзінің кір-кір қолымен қайта- қайта ішіне тықпалап жатқанын көрдім, жүгіріп барып шалқасынан жатқызып, тілініп кеткен қарнының ішіне ішектерін салып, белін сыртынан қалың етіп орап жатқызып қойдым да санитарларға хабар бердім. Соғыста мұндайдың неше түрлі сорақысын көресің. Бізде көбінесе соғыс туралы кей бір әдеби кітаптарды оқысаң, кинофилмдерді көрсең, немістерді бір бишара, мақұлық етіп көрсетеді. Тағы да сол соғыс туралы бір әңгімеде қазақтың бір жігіті жалғыз өзі немістердің 40 солдатына қарсы шығып, олардың 36-ын өлтіріп, төртеуін тұтқынға алып келгені туралы жазады. Бұл нағыз асыра сілтеймін деп баса сілтейдінің кебі. Мұндай фильмдерді көруге ұяласың, кітаптарын оқығың келмейді. Өйткені оның желісінің бәрі өтірік екенін сезесің, содан да оған көңілің дауаламайды. Бұлар соғыстың не екенін көрмеген, болмаса әйтеуір мақтаудың жөні осылай екен деп жазған адамдар. Немістер сол кезде біздің аса бір қатыгездікпен жек көрген ұлтымыз болса да, олар ақымақ емес. Көбісі мәдениетті, сауатты және өте ұқыпты адамдар. Сондықтан не жазып не көрсетсе де, шындықты айтқан жақсы. Бауыржан Момышұлы айтқандай «соғыс даласында солдаттың әке-шешесі, оған қамқорлық жасар жары қасында жоқ. Оның бар сүйенері өзінің командирі. Сондықтан оған өтірік айтып алдамағаны дұрыс». Солдат қашанда шындықты білуі керек, және командирі оған адал болуы керек. Сонда ғана солдат жан-тәнімен адал қызмет етеді. Сол сияқты елде, қарапайым халық та, солдаттар сияқты олар да шындықты білуі керек. Әйтпесе, солардың сөзі мен ісінің көбісі өтірік немесе жасанды екенін ел біліп отырады да, жаңағы өзінің басшысына сенімсіздікпен қарайды. Біз соның бәрін көзімізбен көріп жан-дүниемізбен сезіне білдік. Бұл соғыста Совет үкіметі немістерге қарағанда екі есеге таяу халқынан айырылды. Соның ішінде егер жалпы соғысқа қатысқан елдің процентімен шақса, шығынның көбі қазақтар шығар. Егер немістер ақымақ болса ондай шығын болмаған болар еді. Совет үкіметінің соғыста жеңіске жеткені, халықтың бірлігі мен патриоттық сезімнің өте жоғары болғанының, фашистерге қарсы еңбектеген бала мен еңкейген қарияға дейін, әр адамның жүрегіндегі жауға деген өшпенділіктің арқасында болды. Осы бес жылғы соғыста жан аямай еңбек еткен тыл еңбеккерлерінің қажырлы да, қайратты еңбегінің арқасында болды. Олар өздері аш-жалаңаш жүрсе де, қолынан келгенін соғысқа көмек үлесіне қосты. Құрысын, Алла мұндайды қайтадан көрсетпесін, ел аман болсын, жастар аман болсын, бұл қазақтың көрмеген сұмдығы жоқ, соның бәрі артта қалып мына тәуелсіздігіміз баянды болсын. Біздің заманымыздың бейнетін бермесін, ол кездер енді қайталанбасын. Енді сол қанды қақтығысты жасауға ұмтылып отыратындарға, соны ұйымдастыратындарға бүкіл халық болып қарғыс айтайық.
Бірақ жоғарғы билік, сұлу әйел, құмай тазы, берен мылтық, жүйрік ат бұлар кеудесі биік, өзін басқалардан жоғарымын деп есептейтін сасық кеуделі ер адамның қашанда, басқада емес, менің ғана қолымда болса екен, деген, арманы ғой. Кейбіреулер сол арманына жету үшін неше түрлі қитұрқы саясатқа барып, тіпті біле тұрса да, өзінің мүддесі үшін қантөгіс болатын жағдайға да, елді ұрындырады. Ар-ұяттан безіп кетеді. Біреулер мансабы үшін жанталасса, енді біреулер болымсыз дүниеге қызығып адамның жүрегін жаралайды. Саған мына бір әңгімені айтайын.
Мен енді жастайымнан көрмеген бейнетім жоқ, аштық, жоқшылық, соғыс, соның бәрінен жігерімді жасытпай, бөтен біреуге кеудемді бастырмай, шаманың келгенінше өзімді бойында намысы бар, қазақылық адамгершілігі бар, адам ретінде ұстадым. Енді мына қариялық жасыма жеткенде біреулер маған, өзім ес білгелі көрмеген қорлықты көрсеткісі келді. Қорлық деп отырғанда менің айтпағым, өзіңіздің жаныңызда жүрген, өзіңіз жақсы танып білетін адамдар, ол сіздің кешегі шәкіртіңіз, танысыңыз, араласып жүрген адамыңыз, туысыңыз да болуы мүмкін. Сол адамның сізді менсінбей, өзінің жеке басының пайдасына бола, бір сәттік жеңісі үшін пендешілік пен өтірікке барып, алаяқтық жасап, сіздің ар-ұятыңызды аяғына таптап, өзіңізді әуре-сарсаңға салғаны жаныңызға қатты батады екен. Ондай адамдардан гөрі, өзінің идеялық мақсаты үшін жанын қиып, сізге мылтық алып қарсыласқан жауыңыздың бойындағы адамгершілігі әлде қайда жоғары ма деп ойлайсыз.
Бірде мына қаланың маңындағы бір ауылда тұратын жақсы танысым, ағайындасып жүретін азамат, «ауылда қасқыр деген көбейіп кетті, маза жоқ арқандаулы атымды, қорадан шығарған бес бұзауымды жеп кетті. Соларды қорқытайын, маған мылтығыңызды бере тұрыңыз, шығауын шығармай өзіңізге әкеліп берейін» дегеннен кейін, әлгіге жаным ашып, қолымдағы ИЖ-17 мылтығымды бердім. «Ал, қарағым, сенде мұның ешқандай құжаты жоқ, ертең милиция ұстап алса ұяты маған келеді. Сондықтан сен қиылып сұрап тұрғаннан кейін көңіліңді қимай беріп тұрмын, сақ бол, аз күнде қайтаратын бол, мені әлекке салып жүр ме» деп қатты тапсырдым. Содан хабарсыз кетті, кездескен кісіден бірнеше рет сәлем айтып жіберемін. Бір күні бәйбішем «кім екенін танымадым, бір кісі мылтық әкеліп тастап кетті» деп бұрышта сүйеулі тұрған мылтықты көрсетті. Барып қарасам менің мылтығым емес, құндағы сынған ескі мылтық. Өзім қолымнан берген кісіге айтсам, «менде басқа мылтық жоқ, қолым тимегеннен кейін бір кісіге апарып бер деп тапсырып едім, айырбастап алған шығар» дейді. «Ой, қарағым-ау, мен саған біреу арқылы емес, өз қолымнан бердім емес пе, сен неге өз қолыңмен әкеліп бермедің, алуға қолың бос болды да, қайтаруға келген де қолың тимей қалғаны қалай, неге ұялмайсың?» деймін. Ал енді не істеймін, ол қолға ұстай салатын таяқ емес, не деуге болады, «жаман айтпай жақсы жоқ» деген ертең ол мылтықпен бір тосын жағдай болып қалса, біреу содан жапа шексе, маған жауап беруге тура келеді. Бұл қай басынғандары, мұның түбіне қалай жетемін. Еріксіз мылтықтың маркасын номерін көрсетіп /ИЖ-17 №25951/ ішкі істер бөліміне Сағаткәрімұлы Нұрболға хабарладым. Нұрбол өзімді ертіп апарып ондағылардан жауап алды, қортындысында «мына жігіт сізге мылтығыңызды апарып береді» деп бір жігітті көрсетті. Содан уақыт өте берді, енді олар бұл мылтық өзімнің әкемнен қалған мылтық оны бермеймін деген әңгіме айта бастады. Бұлар ар-ұяттан боса да безген адамдар, тіпті заң орнындағыларды да керек қылмағаны ғой? «Үлкен бақытсыздықты, не үлкен апатты елмен бірге көрсең, Алланың салған нәубеті дерсің. Одан гөрі мына өзің танып білетін, адамдардың басыма салғаны түп кірне сияқты, ұсақ жәбірін, әділетсіздігін, көтеру маған өте қиын болды». Сондықтан:
Шындықтың ауылын іздеп шықтым жолға,
Разымын не көрсем де осы жолда.
Шаршармын, шалдығармын, адасармын,
Бірақ та бір табармын, көңілім сонда - деп ақын жырлаған екен. Осы шындықтың түбіне жету мен үшін немісті жеңгеннен қиын болды.
Мұндай қорлық болмас, мен олардың мына ісіне күйініп, содан жүрегім ауырып, жүйкем тозып Қарағандыға ауруханаға түсіп қалдым. Қазақ «Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық» дейді. Түсінген адамға одан артық қандай сөз керек? Олар неше түрлі өтірікті соғып, заң қызметкерінің алдында «ағатай, мінеки, ұят болды, ертең апарып беремін» деп, алдыңызда құрақ ұшады да, одан кейін арсыздықпен үндемей жатып алады. Инспектор олардың үйінен бір қос ауыз, бір Тоз-8, оған олардың маған әкеліп берген мылтығын қосып үш мылтықты кәмпескелеген. Президенттің жарлығы бойынша соғыс ардагерлерінің шағым-арызы 5 күннің ішіде қаралып шешілуі тиіс, ал менікі жылдан асты. Мінеки, қарағым, 80 жасқа келгенде өзім осы өмірімде сезінбеген, көрмеген осы бір ұсақ жәбір, әділетсіздікті көріп отырмын. Ол мылтық қарттық шықта маған аса қажетсіз болса да, өзім сеніп берген дүниеме өзім жете алмай, оның артын адам түсініп болмайтын шым-шытырыққа ұластырып, алаяқтық жасап, өзіңді «қартайғанда мылтықты қайтеді екен», деп жазғырулары жаныңа батады. Құранда айтады екен: «Адам деген оңбаған, оған жақсылық пен жамандықты қатар қойсаң, маған ана жамандығыңды көрсетші деп бірінші соған ұмтылады» деп. Сонда бұл біздің өзіміздің жаратылысымыздан ба? «Жаңағы жап-жас жігіттер, сол қиянатты үлкен адамға жасамай-ақ қойса қайтер еді» деп ойлаймын. Бірақ қазақтың данасы болған Абайға қамшы көтерген, біріне-бірі арыз жазып жазықсыз елді жәбірлегендерден, елге тұлға болар азаматтарын түрмеге жапқызғандардан, елім деп келіп, есіріп, тонап елді тақырға отырғызып кететіндерден не күтуге болады? Сонда бұл не? Әлде осы бір жағымсыз әрекетер біздің ұлттық болмысымыз ба? Көбіміздің тіліміздің үсті қызыл болғанымен асты қара. Ойымызда жақсылықтан көрі жамандық басым тұратын сияқты. Үш адамның басы қосылса, қалған екеуі бірігіп, үшіншісін жамандап жатады. Жақсылыққа жол бастап ақылыңды айтсаң, оған біреуі баспайды. Кейіннен «сонда сөйту керек еді» деп көлгірсиміз. Осының бәрі біздің ұлттық рухымыздың төмендеп кеткенінен. Бағанағы айтқан жағымпаздық та, көнбістік те, жалтақтық та, арамдық та бойымыздан табылып жатады. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген Абайдың даналықпен айтқан сөзін құлағымызға ілмедік. Кейде үлкендеріміздің өздері ұлағатты сөз айтқаннан гөрі, ру таластырып, өзінің руын мақтап, екінші біреудің руын даттап, қырық руға бөлініп жатамыз осыдан да ел арасында реніш-өкпе туып жатады. Санамызды арақ пен темекі улады. Ата-ананы сыйламайтын болдық, жасы үлкендерді былай қойып. Сонда не істеу керек дейсіз ғой? Меніңше бұрынғыдай емес, кәзір ел мұсылмандыққа бет түзеді. Бір жаратушының бар екені хақ. Сондықтан мектептерде тәрбие сағаты ретінде болса да дін сабағын беру керек деп ойлаймын. Мұхаммед пайғамбардың хадистері тұнып тұрған тәрбие емес пе? Қазіргі мына тәуелсіз заманда осылай істеуге әбден болады. Жасынан баланың санасына имандылықты ұялатқан өте дұрыс болады.
Тарихты қайтадан қарау керек, әйтпесе «Қазақ тарихы» кітабындағы «Казахские дети байгуши» деген сурет нені көрсетеді? Ол жас балаға қазақтың сүмірейген түрін көрсетеді. Сол көріністің бәрі, жас баланың рухын басады, өзінің сол ұлттың өкілі екендігіне ұялатын жағдайға жеткізеді. Ал ондай сүмірейгендер басқа ұлттарда болған жоқ па, болғанда қандай. Бірақ олар онысын көрсетпейді, оны насихаттамайды, тек жақсы жақтарын ғана көрсетеді. Сол арқылы өз ұлттарының ұлттық рухын көтереді, өз ұлтын, оның дәстүрі мен тарихын құрметтеп мақтан ететін дәрежеге жеткізеді. Жоқ, қазақ сүмірейген жоқ. Сондықтан тарихтағы жасандылықты қойып шындықты айтып, мәдениет саласының барлық жүйесінде елдің, әсіресе жас жеткіншектің ұлттық рухын көтеретіндей дүниелерді жазып, көрсету керек. Мысалы ана орыстардың «Василиса прекрасная» туралы мультфилімін көріңіз де, біздің «Қаңбақ шал» туралы мультфилммен салыстырыңыз. Орыстарда ұлттық рух өте жоғары тұрғанын сезесіз. Ал біздікілер өз кейіпкерлерін басы қазандай, бұты талтайған, аяғы шидей, қарны қабақтай етіп көрсетеді, кейде көруге ұяласың. Міне, ұлттық рух дегеніміздің өзі болымсыз нәрселерден көрініп жатады. Ауыртпашылық заман болған шығар, оның өзі қазақтың емес, басқа бір ұлт өкілдерінің зорлығымен, санасыздығымен болған. Оның да шындығы айтылуы керек. Мені мектепке жиі шақырады, мен үшін балалармен кездескеннің өзі бір қуаныш. Сонда мен соғыс туралы бар шындықты айтатынмын. Балалар оны білуі керек. Олардың өз ұлтына деген сезімі жоғары болуы керек.
Тәуелсіздік дегеніңіз ежелден елдің аңсаған арманы болған. Сол үшін де бабаларымыз қаншама қан кешті, қанша адамдардың ұрпағы осы жолда мерт болды. Олардан кейінгі 1920 жылдардағы Алаш азаматтарының өмір жолдары мен олардың орындалмаған ізгі арманының жалғасы болған, кешегі 1986 жылғы желтоқсандағы жастардың көтерілісі. Сол көтеріліс ата-бабаларымыздың аңсаған арманын жүзеге асырды. Қаншама жастар құрбан болды, неше мыңдаған адамдар жапа шекті. Бұл да біреулердің ұйымдастыруымен болған нәрсе және де оны қызметі мықты адамдар жасаған, бірақ өздері жасырынып, жастарды оққа айдап салғаны дұрыс болмады. Әлі олардың аттары аталмай жүр. Тарих қашанда әр нәрсені өз орнына қоятыны сияқты, сол ұйымдастырушылар да тарихтан өз орындарын алар. Бастауы дұрыс болғанымен артын қанды қырғынға жеткізгендері үшін олар әлі-ақ жазаларын алатын болады. Шындықты қанша жасырғанмен, әйтеуір бір күні оның әшкере болатын сәті болады. «Бізді қаптың ішінде жасыра алмайсың» дегендей шындықты да жасырып ұстау мүмкін емес. Желтоқсанның да шындығы шығады әлі. Міне, нағыз ерлер- сол желтоқсанның қаһарлы суығына қарамай көшеге шыққан жастар, 20 жылдардағы Алаш азаматтары, оларды халық бағалай білуі керек. Олар қазақ халқының елдігін, тілін, дәстүрін, дінін сақтап қалу үшін өз жандарын аямады. Алып империяға қарсы шықты, сол империя басшыларының елдің ішіне, қазақтың бірлігіне, елдігіне, тілін іш мерездей құртатын саясатына наразылықтарын білдірді. Сол игілікті, саналы идеялары үшін де құрбан болды. Оларға бір Алла жар болсын. Өзін қазақпын деп сезінетін, жүрегінде ұлтына, еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілігі бар, әрбір азамат оларға тағзым етіп құметтеуі керек,- деп тілейді қарт солдат Сұлтан Аманбаев. «Отан үшін отқа түс күймейсің» -дейді халық даналығы сол айтқандай от пен өрттің ішінен ар- намысына дақ түсірмеген Сұлтан ағамыздың өмір жолының өзі үлкен ерлік.
Бірде жол түсіп Қарқаралыға барғаннан кейін, Сұлтекеңе амандаса кетпекші болып үйге соқтым.Анадай жерде столдың үстінде шағын ескерткіштің макеті тұр екен. Көзілдірікті кісінің, басына тақия киіп, алдында тұрған 11-12 жасар баланың иығына қолын салып тұрған бейнесі сомдалған екен. Бұл бүкіл қазаққа танымал Ахмет Байтұрсыновтың бейнесі еді. Менің ұлы ғалымның бейнесін салған кісінің шеберлігіне сүйсіне қарағанымды көріп, Сұлтекең бірден әңгімеге көшті.
Бұл бүкіл қазақ қалқының болашағы үшін аянбай еңбек еткен, өзінің саналы өмірін сол халқының сауатын ашу жолына жұмсаған, белгілі ғалым, ұлы тюрколог, қазақ филиологиясының әдебиет тану саласында, халықтың қоғамдық саяси, мәдени және әдеби өміріне белсене аралысып, артына өте құнды мұра қалдырған адам. Қазақ халқының ауыр да, аянышты өміріне, сол кездегі өзінің ұйымдастыруымен ашылған, кейін өзі сол газетке редактор болған, бірден-бір қазақ тіліндегі газетте, батыл материалдар жариялап, өз заманындағы озбырлық саясатты ашық сынай білген азамат.
Ахмет Қарқаралы уезіндегі ауылдық және болыстық мектептерде, училищеде мұғалім болып қызымет атқарды. Қазақ тіліндегі мектептерде білім беру саласының тиімді жолдарын қарастырып, алғашқы оқулықтар мен оқу құралдарын жазып, халықтың көркем сөз мұрасын жинаған, өте ғұлама азамат. Осы Қарқаралыда мұғалім болып жүргенде, әділетсіздікке, патша үкіметінің озбыр саясатына қарсы пікірлерін білдірушілердің қатарында болды. Сол үшін түрмеге де қамалды. Сонда да ,Ахмет жасымай, қазақтың еңкейген кәрісінен еңбектеген баласына дейін, олардың санасын оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, саналарына білім нәрін құйған ерекше адам. Ол кісі осы Қарқаралының Ақтерек елді мекенінде мектеп ашып, оқуға көбінесе кедей –кепшіктің балаларын алып, оларға жанашыр болған, жалпы Қарқаралы халқының арқа сүйер азаматы болған адам.
Менің ертеден арманым, «шіркін, Ахметтің ел алдындағы аса бағалы, еңбегін бағалап, қайран қазағым, қалың жұртым деп өмірден өткен, ұлы азаматына Қарқаралының төрінен , оған ескерткіш қоятын болса, қандай жобада болғаны дұрыс болар еді»- деген оймен, ол кісінің әр қилы бейнесін суретке салып,
Оған өзімнің сын көзіммен қарап, осылай болса деген бір суретке тоқтап, оны жетілдіріп қойған едім.
Сол сурет сәтін күтіп үйде жататын.
Бір жиында, аудан әкімі Нихан Омархановпен кездескенімде, Нихан менің халімді сұрап, жағдайымды біліп, жік-жаппар болып жатыр, онысына рахмет. Сөз арасында, Нихан, «Ақтеректегі Ахмет Байтұрсыновтың сабақ берген мектебін жақсы жөндеуден өткізіп, сол үйден ол кісіге арнап мұражай аштық. Ендігі арманым Ахаңның құрметіне, оның жалпы қазақ еліне, оның ішінде Қарқаралы халқына сіңірген еңбегі үшін, осы елде ескерткіш қою болып жүр. Сол ескерткіштің қандай болғаны дұрыс деп ойлайсыз»- деді. Ниханның әлгі сөзіне, елінің асылын құрметтей білген ниетіне, ішім елжіреп кетті. Қатты қуандым. «Ой Нихан балам мынауың бір өте дұрыс бастама екен, менің де ертеден арманым Ақаңа ескерткіш қойсақ қандай болғаны дұрыс деген оймен, бір тоқтамға келіп дайындаған суретім бар»,-дедім. Ол да өзінің қуанышын білдіріп, «сізге бір кісіні жіберемін, соған көрсетіңіз», деді.
Еліне еңбегі сіңген абзал азаматтарды құрметтеп, оған өшпес белгі тұрғызуды армандап жүрген Ниханның ойы кімнің де болса жүрегіне қуаныш ұялатар еді. Сол Ақтеректегі мұражайды ашуға Рақышев Жеңіс деген азаматта көп еңбек жасады.
Ертеңіне, үйге бұрын өзім тәрбиелеп, оның өнер жолына түсуіне себепкер болған Дәулетбаев Сәкен деген азамат келіп тұр. Ол жігіттің өнерін Нихан да біледі екен. Мен салған Ахаң ескерткішінің жобасын алып келуге жұмсаған екен.
Сәкен қолы шебер, өте талантты азамат. Шіркін қолдаушысы табылса , қолынан көп нәрсе келеді. Суретті Сәкенге бердім де, оған, өзінің де суретші, сәулетші, тіпті Ақаңды бағалай білетін азамат ретінде қарап, мүсіннің тартымды көрінуі үшін өзгеріс кіргізуіне болатынын айттым. Міне мына көріп отырғаның, «жалпақ елім қазағым» деп шырылдап, туған елінің азаматтарының сауатын ашып, елді қалың ұйқыдан ояту үшін, жанын аямаған, оның жарқын болашағына үлкен үмітпен қарап, ол арманына жете алмай ала-сапыран заманның құрбаны болып кеткен, аса ғұлама, ұлы ағартушы, қазақтың ана тіліндегі алғашқы оқу методикасын жасаған бір туар азамат тұр. Сондықтан оның бейнесі де ел көңілінен шығатындай , бір көргенде –ақ, сол өзі өмір сүрген заманды, көрген адамның көз алдына елестетердей, оның тұрысы мен түрінен, оның арманы қоса елес беріп тұруы керек. Менің суретімде бала Ахметтің жанында тұрған еді. Сәкен оны Ахметтің алдына тұрғызып, Ақаңның оң қолын баланың иығына қойыпты. Мұнысы құптарлық. Ол Ақаңның жетім балаға өз баласындай іш тартып, жанына жақын ұстағанын білдіреді. Ақаңның алдында, жалаң аяқ, басында ескі тақия киіп, қолына кітап ұстап тұрған бала кедейдің баласы. Оның нашар киімі мен жалаң аяқ тұрысы. Сол кездегі елдің тұрмысының тапшылығын көрсетсе, қолына кітап ұстап тұрғаны, оның білімге, оқуға деген құштарлығын көрсетеді. Бірақ мүсіннің жетіспей тұрған жері көп. Әлі де талай жұмыс жасау керек . Ақаңның басы үлкен болып кеткен, қолының саусақтары жіңішке, кішкене симметрия жетіспейді-дейді Сұлтекең.
Сырт қараған кісіге өте жақсы көрінген мүсіннің бойындағы кемшіліктерді қарт суретшінің қырағы көзі қалт жібермегені таң қалдырады.
Елім деп қанша шырылдағанымен сол кездегі азын-аулақ зиялы азаматтардың өз сөзіне құлақ қоймағандарына күйінуден туған,
Оянған ерге,
Ұмтылған жерде.
Еруші аз да, серік кем.
Қас білген досты,
Дос білген қасты.
Мұндай елді көріппе ең?
Қыс ішіде бір-ер қаз,
Келгенменен қайда жаз?- деген өлең жолдары мен, өзінің ішкі күйінішін білдіргенімен, тұңілмей, үлкен үмітпен, қыялын алға сүйреп, «Үміт сүйрер жыраққа, жетесің деп мұратқа»-деп аянбай халқы үшін келешекке үлкен мұра қалдырған абзал азаматтың бейнесі, қарт суретші, жасы келсе де көңілі қартаймаған, елінің келешегін ойлаған Сұлтан аға мен, аудан әкімі Ниханның арманынан туындап, талантты азамат Сәкеннің қолынан шыққан Ақаңның биік тұлғасы Қарқаралы халқының қуанышына айналса дейміз.
Қайран, менің асыл достарым!
Мен педучилищеге соғыс басталардан бір жыл бұрын келіп түстім. Бұл кезде Қарқаралының бұл мұғалімдер дайындайтын оқу орны, білім беру жүйесі қалыптасқан, мұғалімдерінің бәрінің дерлік білімдері жоғарғы дәрежелі, өз мамандықтарына жетік, өте білімді кісілер еді. Оқуға келген бетте танысып өте жақын достасып кеткен Әділхан Аймақов, Ебентай Әбдікәримов, Дәкен Бердоңғаров, Ибрахим Халықбергенов,Жүніс Бәшеев, Мұратбек, Жолтай Тойшыбековтер, Жылқыбай Мамаев, Қарқаралының мал дәрігерлік техникумында оқыған Ибраев Сембай, тағы да басқа балалармен етене жақын араласып, сырласып, қимас дос болып кеттік. Училищеде жастарға негізгі тәрбие жастарды жолдастық, достық және өзара көмектесу рухында тәрбиелеуде болатын. Осы принцип негізінде көп ұлтты совет адамдарының арасындағы достық, жолдастық, туысқандық сезімдермен бірге мызғымас қарым-қатынас орнатуға деген бағыттағы тәрбие оқушылардың көңіліне мықтап орныққан еді. Бұған өз қанымызға біткен мұсылмандық жолындағы біреуге біреу дос, бауыр, жолдас деген қағиданың бар екені белгілі. Осы достарым қайда жүрсем де өз арамыздағы адалдық, бауырлық сезімімізді бір ауыз сөзбен болса да былғаған емеспіз. Соғыс басталғанда оқушылардың жастары жеткендері бірден соғысқа аттанды, кейбіреулері үй тіршілігінің жағдайымен оқуға келе алмай қалды. Соғысқа барған жігіттердің дені мектепте жүргенде соғыс өнерін үйретуші мұғалім, Фин соғысына қатысып келген Журавицкийге рахметін айтқан шығар деп ойлаймын. Бұл тамаша орыс офицері ұлты поляк, өз бойындағы білімімен қоса соғыста көзімен көріп келген ауыртпашылықтарға бізді үйретіп, шындықты айтып, әскери қызметтің бейнетіне төзе білуге дайындау үшін барын салатын. Біз соғыста жүргенде оның талай пайдасын көрдік, ауыртпашылыққа төзе білдік. Біз ол ұстаздарымызға рахметімізді айтып, ол кісілердің ұрпақтарына жақсылық тілейміз.
Менің достарымның ішінен Евентай Әбдикаримов, Тұрсын Наурызбаев, Мамаев Жылқыбай, Ыбырайхан Халықбергеновтер әскерге ертерек аттанды. Бұл 1942 жылдың қыркүйек айы еді. Ебентай,Топатай, Ыбырайхан үшеуі Түркімен КСР-і Чарджоу қаласындағы Орлов жаяу әскер училищесіне барады. Бұлармен бірге Егіндібұлақтың 18 жігіт қоса барыпты. Көбісінің өмір жолдарынан дерегім жоқ. Осы 18 жігітің ішінен Жақанов Мұқамедияны басқа жаққа алып кетеді де, 17 жігіт осы училищеде қалады. 1942 жылдың ноябрь айында оқуды бітіртіп, майданға аттандырады.
Ебентай 1925 жылы Қарқаралы ауданының Серік ауылдық кеңесінің, Екпінді колхозында Аққұдық деген жерде туған. Азан шақырып қойған аты Виниамин екен. Еркелетіп Ебентай деп атап кеткен.
Ебекең бала кезінен бастап өзінің мінезінің жағымдылығымен ерекше көзге түсе бастаған екен. Осынысына қарай ақылды, ұстамды, қайратты, мықты болып ержетті. Ебекең оқуды Балқаш, Семей, Қарағанды қалаларында Нығыман ағасының қолында тұрып оқиды. Кейіннен Қарқаралы мұғалімдер училищесіне түсіп, оны 1942 жылы бітіреді. Бұл жігіттер оқу бітірісімен соғысқа аттанды. Түркіменстандағы әскери училищені бітіргеннен кейін, 1943 жылдың мамыр айына дейін әскери резервте болады. Бұдан кейін, Курск облысының Елец қаласында 43 армияның 235 атқыштар дивизиясының 682 артилерия полкының 8-гаубица батареясында Ебентай, Ыбырайхан екеуі көздеуші атқыштар, ал Топатай байланысшы радист болады. 1943 жылы Брянск майданының үшінші эшалонында болып 5 шілде күні Курск доғасында Орал қаласынының түбінде соғысқа араласады. Осы 5 шілдедегі неміс фашистерінің шабуылын тойтара отырып, 12 шілдеде өздері шабуылға шығады. 5-тамыз күні Орел қаласын азат ету ұрысына қатысады. Осы бір ай бойы болған шабуылдан кейін бұларды адам және техникамен толықтыру үшін демалысқа қояды. Дивизия қайтадан жабдықталғаннан кейін, 6 қараша күні Калинин майданына жіберіледі. 47 дивизия майдан шебін бұзып, оны ұлғайта отырып, Витебск қаласының маңына келеді. Осы майдан шебін бұзған ұрыста жаяу әскермен артиллерияның арасындағы байланыс жұмысын мүлтіксіз атқарғаны үшін Топатай Жүнісов «За отвагу» медалімен наградталады. Шабуыл ойдағыдай болып, 47-дивизия Невель қаласын азат етті. Осы дивизвияның құрамында пулеметші болған, Невель қаласы үшін болған ұрыста қаза тапқан Совет одағының батыры, қазақтың ер жүрек қайсар қызы Мәншүк Мәметовамен және тағы бір қазақ қызымен кездескенін, олардың жанында Қарқаралының Бақты ауылының тұрғыны Рахимов Идаят деген жігіттің болғанын, оның 1945 жылы 9 сәуірде Кенигсберг қаласын азат ету үшін болған ұрыста қаза тапқанын Топатай айтып отырушы еді деп еске алады Сұлтан ағамыз һәм осы ұрыс туралы 1943 жылы қыркүйек айында «Орталық Қазақстан» газетіне үлкен мақала жазылған.
235-дивизия Витебск қаласының түбінде 1943 жылдың қазан айынан 1944 жылдың 22-шілдесіне дейін қорғаныста болады. 22-шілде күні Днепр өзенінен өтіп Витебск қаласын азат етіп, І-Прибалтика майданының құрамында Рига бағытында шабуыл жасай отырып, 1944 жылы қазан айында Шығыс Пруссия жеріне кіріп, Литваның қазіргі Клайпеда қаласының түбінде Балтық теңізінің жағалауында 31-желтоқсанға дейін қорғаныста болады. 1945 жылы 1-қаңтарда бұл дивизия Неман өзенінің бойындағы Тильзит қаласының түбіне ауыстырылады. Бұл кезде Прибалтика, Ленинград және Волхов майдандарын біріктіріп, Солтүстік майданы етіп армия генералы Черняховскийдің қол астына берген. 1945 жылы 19 қаңтарда Неман өзенінен өтіп, Тильзитті және одан 7 шақырым жердегі Рагнит қаласын алып, әрі қарай шабуылға көшеді. Дивизияның механикаландырылған 7 және 8 батареялары қашқан неміс фашист армиясының соңынан өкшелей қуып отырып, 20 қаңтарда жаяу әскерден ұзап кетіп, түнгілікте Граус Фридрихсдорф қаласына кіреді. Қаланың алдындағы кішкентай өзеннің көпірінен өтісімен алдыға жіберілген барлаушылар арқылы қалада неміс армиясының бір батальоны бар екені анықталады. Осы бір оқиғаны Ебентай былай еске алады.
- Барлаушы бөлімі қалада неміс армиясының бір бөлімі бар екенін жеткізгені сол еді, немістердің де барлаушылары біздің механикаландырылған бөлімнің жаяу әскерлерден озып келгенімізді хабарласа керек. Немістер қараңғылықты пайдаланып, бізге 122 мм. гаубицаны құруға мүмкіндік бермей, дереу шабуылға шығып бізді қоршап алды. Тастай қараңғы түнде кескілескен айқас болды. Біздің жаяу әскерлеріміз келгенше немістердің шабуылын төрт рет қайтардық, бірақ қоршауды бұза алмадық. Таңғы сағат төрттің кезінде біздің жаяу әскердің алдында жүретін барлау бөлімінің бір взвод солдаттары келіп, біздің сыртымыздан қоршап тұрған немістерге қарсы шабуыл жасады. Сырттан шабуылдаушы бөлім келгеннен кейін, біздің бөлім де қары шабуылға шығып, қоршауды бұзып шықтық та, өзіміздің солдаттарға қосылып, немістер алып қойған екі гаубицаны қайтадан тартып алдық. Осы беті шабуылды жалғастырып, Гроусс Фридриходорф қаласынан немістерді қуып шықтық. Қашуға шамасы келмей, қалғандары үйлерге тығылды. Оларды тығылған үйлерінен қуып шығып жүргенде 7 солдат бір үйге кіріп келіп едік, тығылып жатқан немістердің біреуі автоматпен бізге қарай оқ жаудырғанда, ортамыздағы жалғыз Топатайға оқ тиіп ауыр жараланды. Жалма-жан палаткаға салып жүгіріп отырып санчастіге жеткізгенімізбен, сол жарақаттан Топатай қаза тапты. Осылай мен осы соғыста өзімнің жан жолдасымнан айырылып қалдым.
Майдан етіп дүние төрін,
Темір, болат қақтап отқа.
Жекпе-жек келіп өмір,өлім,
Соққыласып жатқан жоқ па?- деп Қасым Аманжолов ақын жырлағандай өмір мен өлім арпалымып жатқанда өлім қалайда өзінің құрығын біреуге тастап үлгереді.
Біздің бөлімнің осы ұрысқа қатысқан 76 адамының 48-і қайтыс болды. 21-қаңтар күні сол ұрыста қаза болғандарды жерлеп жатқанда 235 Қызыл Ту орденді Витебск және Суворов орденді Кенигсберг атындағы атқыштар дивизиясының командирі генерал-майор Луткеевич келіп, 3 дивизияның командирі майор Малыхқа өзінің атынан бұйрық беруді тапсырды. Бұйрық бойынша қоршауда қалып, оны бұзып шыққандардың барлығын және ерлікпен қаза тапқандар «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталған болатын. Бірақ сол орденді Топатайдың ата-анасына тапсырмапты. Бұл ұрысқа қарқаралылықтардан болғандар: Әбдикаримов Ебентай, Исағұлов Зейнолла, Рахимов Идаят. Халықбергенов Ыбырайхан, Омаров М, Мәкенов Рымжан, Мизамбаев Ақылбек, Сіргебаев Ақан.
Ебентай 1943 жылы 10 қазан күні Курск қаласының түбіндегі жазғы шабуылда бұйрықты ойдағыдай орындағаны үшін «За боевые заслуги» медалімен наградталған. 1944 жылы 14-ақпан күні Витебскіні азат ету жолындағы тапсырманы ойдағыдай орындағаны үшін тағы да екі рет «За боевые заслуги» меделін алған. 1944 жылы жазғы шабуылда Беларуссия мен Литваны азат етуде немістің бір «Тигр»танкісін атып түсіргені үшін ІІІ-дәрежелі «Даңқ» орденіне ұсынылды. 1945 жылы 16 мамырда Кенигсберг қаласындағы шабуылдаушы топқа қатысып немістердің 4 пулемет ұясын, 1 орудия, 1 «Королевский Тигірін» жойғаны үшін «Жауынгерлік Қызыл ту» оренімен наградталған. Сол жылы «Кенигсбергті алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Фашистік Германияны жеңгені үшін» медальдарымен наградталады. Ержүрек жауынгер, бойында даналығы мен қамқоршылығы бар тамаша азамат, осы ұлы соғыста өзінің ерлігін келер ұрпаққа үлгі етіп оралды.
Ебентай әскерден келгеннен кейін 1947 жылы Алматы қаласындағы Қазақ педогогикалық институтына оқуға түсіп, оны 1951 жылы бітіріп тарих пәнінің мұғалімі деген мамандық алып шықты. 1951-1959 жылдар аралығында Қарқаралыдағы қазақ орта мектебінде мұалім болып, тарих пәнінен сабақ берді. 1959 жылдан өмірінің соңына дейін Қарағайлы поселкесіндегі қазақ орта мектебінде тарих мұғалімі болды. Жолдасы Спанбаева Роза да ұстаздық қызымет еткен. Балалары Дана, Қуат, Рахия, Қайрат, Әсет өмірдің әр саласында жұмыстар атқарады.
Қарағайлының мектебінде жұмыс істеп жүрген кезінде орыс, қазақ сыныптары аралас мектепте сабақ береді. Сонда көре алмайтын іші тар адамдар аупарткомға Ебентайдың сыртынан арыз жазыпты. Аупартком бюросы Ебентайға қатал жаза бермек болады. Сонда аупарткомның белді мүшесі Қарағайлы кен комбинатының директоры Михаил Лужников «Әбдікаримов өте білімді ұстаз, менің балаларым сол мектепте оқиды, әйелім сонда оқу ісінің меңгерушісі. Олардың бәрі Ебентайды өте қабылетті, білімді ұстаз ретінде құрметтеп жүреді. Жеке басында кімде кемшілік болмайды, мүмкін болған шығар, бірақ ол кісінің ұстаз ретіндегі еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Мен партбюроның мүшесі ретінде сіздерге айтарым да, қояр талабым да, ол кісіні ұстаз ретінде сақтауды талап етемін» деп бюроның шешіміне қарсы болған екен. Және өз талабын орындатқан.
Ебекеңнің інісі Халит Әбдикаримов естелігінен
Алматыда оқуда жүргенде Әділхан каникулға ерте сәуір айында келетін. Өйткені институттағы ұстаздар оның өте жақсы оқитынын, барар жерлерінің қашық екенін ескеріп, ертерек үйіне барсын деген оймен емтиханды басқа студенттерден бұрын алып қайтарады екен. Институтта Совет Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин кафедра меңгерушісі, онымен қоса ауыз әдебиетінен лекция оқиды екен. Бірде ұстазы Ебекеңе «түстен кейін келіп емтихан тапсыр» дейді. Түстен кейін Ебекең рұқсат сұрап ұстазының кабинетіне кірсе столдың басында Мәлікпен бірге Мұхтар Әуезов отыр екен. Ебекең отырғандарға сәлем беріп, өзінің емтихан тапсыруға келгенін айтады. Сонда Мәлік Мұқтарға қарап;
- Мұқа, мына әскери азаматтан емтихан алып жіберіп ертерек еліне қайтарсақ, барып дем алып келсін, оған қалай қарайсыз?
- Өте дұрыс ауылдары алыста болса, сабақтарын жақсы оқыса, ертерек емтихан тапсырып дем алғандары дұрыс, тынығып келсін, – деп қоштайды жазушы.
- Ебентай Әбдикаримов, сен мына кісіні танисың ба?- деп сұрайды Мәлік Ғабдуллин, жайма-шуақтатпай фамилиясын қоса атап.
- Танимын.
- Ал танысаң ендеше осы кісіні мақташы.
Ебекең Мұхтар Омарханұлы Әуезов - бүкіл Советтер Одағы көлеміне белгілі қоғам қайраткері, аса көрнекті ғалым, қазақ әдебиетінің шоқ жұлдызындай болған «Абай жолы» романының авторы, публицист, жазушы деп қазақ жазушыларының ішіндегі ең мықты жазушы екенін айтып, мақтап, ол кісінің шығармаларын талдап береді. Тоқтағаннан кейін Мәлік;
- Болдың ба?- дейді.
- Болдым.
- Жарайды, мақтап болсаң енді осы кісіні жамандашы,- депті.
Ебекең М.О. Әуезовтың алғашқы шығармаларындағы Алаш партиясына қарай бет бұрысы болғанын т.б кемшіліктерін талдап-талдап айта жөнеліпті. Сонда үндемей тыңдап отырған Мұқаң шыдамай:
- Әй, Мәлік, мақтауын жеткіздіріп едің, боқтауын асырып жібердің ғой, тоқтатасың ба, мынауыңды? - дегенде, екеуі де қарқылдап күліп:
- Жарайды қатырдың, бара ғой, жақсылап дем ал, - деген екен.
Тағыда бірде Мемлекеттік емтихан тапсырып жүргенде, жылда алып жүрген таныс профессоры Москваға командировкаға кетіп қалып, ол кісінің орнына басқа біреу қабылдапты. Жаңдан келген мұғалім емтиханның қорытындысына «4» деген баға қояды. Бұған өзінің келіспейтінін айтса, емтихан алушы көнбейді. Содан Ебекең партия комитетіне арыз жазып беріп, емтиханды көпшілікпен қайта алуын сұрайды. Партия комитеті Ебекеңнің өтінішін қарап, коммунист, соғыстан келген әскери азаматтың өтінішін қанағаттандырып, комиссия құрып емтиханды қайтадан алуға шешім шығарады.
Емтихан алынатын кабинетке келсе, комиссия мүшелері толық отыр екен. Емтихан алушы профессор;
- Ебентай Әбдикаримов, мына жайылып жатқан 40 билеттің үш жерінен үш билет алып жауап беріңіз, - дейді. Сонда Ебекең:
- Жоқ, мен үш билет алмаймын. Мен осы билеттерді бөліп- жармай шетінен бастап аламын да, соларға жауап беремін, - деп бірінші билеттен бастап алып жауап бере бастайды. Үшінші билетті алып сұрағын оқып болып жауап бере бастаған да, комиссия мүшелері біріне-бірі қарап;
- Студент, тоқта. Сіз жеңдіңіз, құттықтаймыз, бағаңыз өте жақсы, - деген екен.
Ол кісі бір оқығанын, естігенін ұмытпайтын, айтқандарын фактымен дәлелдеп отырып айтатын. Мінезі бала кездегідей сабырлы, өте ұстамды еді. От пен өлімнің арасында болған соғыстың 4-5 жылы, басқа да қиындықтар жасыта алмады. Досқа адал, туысқанға мейірімді, қамқоршы жан еді. Ол кісіден оқыған оқушылары, білімділігін, жақсылығын айтып отырады. Міне жақсы адамның артындағы елдің ойында «жақсы» деген ат пен, жақсы істері қалады.
Әділхан Аймақов
Әділхан 1942 жылы желтоқсанда әскерге алынып, Өзбекстанның артиллерия училищесінде оқып, 43-армияның 235 атқыштар дивизиясының 682-полкінде ауыр минометтің көмекшісі болады. Соғысты Курск доғасынан бастап, Берлинді алуға қатысады. Соғыс біткеннен кейін Алматыдағы С.М.Киров атындағы мемлекеттік универститеттің тарих факултетін бітірген. 1951-1963 жылдар аралығында Қарқаралыдағы орыс орта мектебінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, директоры, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Қарқаралы аудандық партия комитетінде үгіт бөлімінің меңгерушісі болып қызмет жасады. 1975 жылы аудандық Кеңес атқару комитетінің бірінші орынбасары болып сайланып, өмірінің соңына дейін осы жерде қызмет етті. Жолдасы София Сыздықова ұстаз болып жұмыс жасаған. 7 баласы бар, барлығы да жоғарғы білім алған, бүгінде балалы–шағалы адамдар. Олар - Асылхан, Ниязбек, Асылбек, Айгүл, Мартбек, Ерлан.
Төреғожин Рәсіл
«Мен сенің қандай адам екеніңді айтып берейін, сен маған достарыңды көрсетші» деген екен бір дана адам. Сұлтекеңнің сондай адал достарының бірі Төреғожин Рәсіл еді. Рәсіл 1929 жылы орта шаруа отбасында дүниеге келеді. Есейе келе туған ағасы Тұрсын Төреғожин соғыс жылдарында республика министрлер кабинетінде жауапты қызмет атқарып, Алматы қаласында болғандықтан, Рәсіл сол кісінің үйінде болып, Алматыдағы Абай атындағы педогогикалық институттың тарих факултетін бітіріп, 1949 жылы туған қаласы Қарқаралыға оралады. Мұнда қазақ орта мектебінде тарих пәнінен сабақ береді. Өзінің алғырлығымен елге сыйлы, жағымдылығының арқасында осы орта мектепте 1950 жылы мектеп директорының орынбасары, кейіннен мектеп директоры болып қызмет етеді. 1963 жылдан бастап аудандық партия аппаратының әр саласында қызмет ете отырып, партия комитетінің ұйымдастыру бөлімін басқарады. 1975 жылдан аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы болып қызмет атқарады. Қайда жүрсе де Рекең өзінің адамгершілігі жоғары, еңбекшілердің нағыз жанашыры, қамқоршысы болды. Осы еңбегіне қарай 1979 жылы Москва қаласында өткен кәсіподақтар съезіне делегат болып қатысып, Қарағанды облысы атынан сөз сөйлейді. Рекең өз еңбектері үшін 1967 жылы «Білім беру саласының озаты» атағын және министрліктің бірнеше мақтау грамоталарымен марапатталған.
Рекеңнің зайыбы Смағұлова Мағия Қазақтың мемлекеттік педогогикалық қыздар институтын бітірген, білімді ұстаз, өте парасатты адам, географиядан сабақ беретін. Осы әңгімені жазып отырған мен де Қарқаралыдағы қазақ орта мектебінде бұл екі кісіден сабақ оқыдым. Бұл кісілердің сабағында класта шыбынның ызыңы естілмейтін, сабақ бергенде бір ауыз бос сөз, не бір бейсауат қимыл болмайтын. Оқушы деген пәле, бала болса да соның бәрін бақылап отырады. Мұғалімнің жүріс-түрысында, сөзінде, мінез-құлқында, ерекшеліктер, сөзді дұрыс айта алмайтын жағдайлары болса, сабақ тыңдағағаннан гөрі, мұғалімнің сол кемшілігін іштей келеке етумен болады. Рекең мен Мағия жеңгей екеуі де нағыз ұстаз, өз мамандықтарының мықты маманы, тарих пен география пәндерін бүге-шігесіне дейін меңгерген білімді адамдар еді. Мағия картаның алдында сабақ түсіндіріп тұрған кезде қартадағы кейбір жерлерді оқушыларға қарап тұрған бетте, қолындағы таяқшасын артындағы қартаға қарай нұсқап, сол жерді дәл көрсететін. Сондығымен де оқушылар сыйлап сабақтарын жақсы тыңдаушы еді. Рекең мен Мағия бес бала тәрбиелеп өсірді. Бәрі де жоғарғы білімді мамандар - Жанина, Жанат, Жалау, Жандир, Женни.
Тойшыбеков Жиембек
Тойшыбек ақсақал мен бәйбішесі Дәния екеуінің отбасынан үш баласы бірдей соғысқа аттанды. Үлкені Тойшыбеков Жиембек 1917 жылы туған. 1937 жылы әскер қатарына шақырылады. Әскери борышын Россияның Калинин облысында өтеп жүргенде Фин соғысы басталады. Жиекең финдермен болған соғысқа қатысады. Осы финдармен болған соғысты Жиекең былай еске алатын: «Финляндия жері таулы, орманды болып келеді. Қыстың күні олардың солдаттары өте ширақ қимылдап, жеңіл ғана киініп, шаңғыларымен ағаштардың арасында ызғытып жүріп көрінген жерден шыға келеді де, біз аяғымыздағы пима, үстіміздегі тонымызбен аю құсап қорбаңдап жүргенде автоматтан оқты жаудырып, қырып кететін. Біздің қолымызда винтовка, кейде оны оқтап та үлгере алмай қалатынбыз. Осының зардабынан алғашқы кезде біздің солдаттар көп қырылып қалды. Кейіннен бізде ширадық, олардың тәсілдерін өздеріне қолданатын болдық», - дейді. Жиекең бұл соғыстан аман қалып, енді елге қайтамын деп жүргенде Ұлы Отан соғысы басталады. Жиекең осы соғыстың алғашқы күндерінен бастап Белоруссияда болады. Әскерлерді ауыстырғанда Жиекеңдердің бөлімшесі Власов әскерінің құрамына кіреді. Сол күндерді Жиекең былай еске алушы еді: Бүкіл армияны Белоруссияның қалың орманына кіргізді де, арнаулы отряд жүріп, бүкіл полктардағы қару–жарақты жинап алды. Біз басшылардың бұл ісін құптамадық. Өйткені немістер қоршап алған болатын. Сол қоршаудан соғысып отырып шығуға тырысқанның орнына мылтықтарымызды жинап алғаны түсініксіз болды. Төбемізден самолетпен ұшып, немістерге беріліңдер деп үндеу салып, листовкалар таратумен болды. Не керек, армия бастығының сатқандығымен түгелдей қарсылықсыз тұтқынға түстік. Тұтқыннан бізді 1944 жылы босатты. Тұтқыннан шыққандарды штрафниктердің батальонына қосты. Осы құрамада соғыстың аяғына дейін болдым. Соғыс біткеннен кейін біздерді арнаулы лагерьде бір жылдан артық ұстап тексеруде болды. Біз немістерге жанымызды сақтау үшін тұтқынға түскеніміз жоқ. Бұл армия генералы мен офицерлердің сатқындығынан болды. Соған қарамай, бізге сенімсіздік білдіргендері жанымызға батқанымен, шыдауға тура келді. Шыдадық. Жиекең елге 1946 жылдың қыркүйек айында аман есен елге оралды.
* * *
Тойшыбеков Мұратбек 1924 жылы туған. Әскер қатарына 1942 жылы шақырылады. Алғашқыда Семей қаласындағы Совет Одағының маршалы Шапошников атындағы Тамбов жаяу әскер училищесіне түсіп, оқуды өте тез, төрт айда бітіріп, соғысқа аттанады. Бірінші рет соғысқа Белоруссия жерінде қол пулеметшісі болып кіреді. Одан кейін патруль ротасында болып тұтқынға түскен неміс солдаттарын соғыс даласынан Печорадағы соғыс тұтқындарының лагеріне жеткізіп отырады. Соғыстан 1946 жылдың июнь айында қайтады.
Тойшыбеков Жолтай
Жолтай да Сұлтекеңдермен бірге 1942 жылы желтоқсан айында әскерге алынып, Семей қаласындағы Совет Одағының маршалы Шапошников атындағы Тамбов жаяу әскер училищесіне түседі. Әскери дайындықтан өткеннен кейін жалпы бағдарламасы үш жылдық оқудың төрт айда қысқаша курсынан өтіп, майданға кетеді. Әскерден жіберген хаттарынан жақындарының естерінде қалғаны: «1943 жылы ауыр жараланып госпитальға түстім де, емделіп шықтым. Енді қайтадан майданға кетіп барамын» деген хат келген. Одан кейін көп кешікпей хабарсыз кетті деген «қара қағаз» келген. Өкінішке қарай Жолтайдың фото суреті де сақталмапты.
Ибраев Сембай
Сембай 1941 жылы Қарқаралының мал дәрігерлік техникумын бітіргеннен кейін, Қу ауданында қызмет етеді. Сол жерде әскерге алынады. 1942 жылдың желтоқсан айында Қарқаралыдан аттанған 72 жігіттің
бірі болып, Сұлтекеңдермен бірге әскерге алынады.
«Сембай өте ақкөңіл, досқа адал, сымбатты, қарапайым жігіт еді» деп есіне алады Сұлтекең. Сембай жолдастарымен бірге Семей қаласына орналасқан Совет Одағының маршалы Шапошников атындағы жаяу әскердің кіші командирлерін даярлайтын курсқа түседі. Майданға Жолтай екеуі бірге кетеді. Жолтайдан айырылғаннан кейін өзінің ақырғы хатында «соғысқа кіргелі отырмыз, фашистерден Жолтайдың кегін алатын боламын» деген хаттан кейін Сембай да хабарсыз кеткен.
Жүбікенов Зұлқарнай
Жүбікенов Зұлқарнай 1924 жылы Бесобаның «Жаңа ауыл» колхозында дүниеге келді. 13 жасынан бастап еңбекке араласып, ауылдағы жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін, Қарқаралының педучилищесіне оқуға түседі. 1939 жылы шешесі Москва қаласындағы ауылшаруашылық көрмесіне баратын болады да, шешесіне еріп барып, Қарағандыда қалып, сонда 8-класқа оқуға түседі. 1942 жылы Қарағанды қаласынан соғысқа кетеді. Алғашқыда үш айдай дайындықтан өтіп, Иваново облысының Тейково қаласында орналасқан әуе десант бригадасында, самолеттен парашутпен секіру, басқа да түрлі әскери жаттығулардан өтеді. 1943 жылы 6 қарашада парашютпен жау тылына түсіп, 2- гвардиялық әуе десант бригадасы жау тылында ұрыс сала отырып алдыңғы шептегі әскерлерге қосылады.
Бұдан кейін Биробиджан қаласында жабдықталған 60- танк бригадасына ауыстырылады. Бұл бригада кейіннен өздігінен жүретін бронадалған танк бригадасы болып аталып, Перемышель-Берлин бағытындағы ұрыстарға қатысады. Сұлтан мен Зұлқарнайдың жолы осы бригада құрамында тоғысады. Зұлқарнай Польша, Германия жерлерінде барлық ұрыстарға қатысады. Берлинді алу, Прага қаласын жаудан босату ұрыстарында болады. Басында рота командирінің байланысшысы, кейінде автоматшылар бөлімінің командирі болды. Прага қаласын алғаннан кейін батальон штабында хатшы, кейіннен пок штабында «құпия», «өте құпия» құжаттардың ісін жүргізуші болады. 1947 жылы елге оралады. Отан соғысынан «Қызыл Ту», «Суворов ордені», «Отан соғысы ордені», ІІ-дәрежелі «Даңқ» ордені, «Соғыстағы ерліктері үшін медалімен», «Германияны жеңгені үшін», «Праганы азат ету», барлығы 18 медальмен наградталады. Соғыстан кейін аудандық қаржы бөлімінде агент, инспектор, аудандық байланыс бөлімінде 30 жыл еңбек етіп, «Еңбек Қызыл ту» орденін алып, зейнеткерлікке шығады. Жұбайы Күләш 35 жыл ұстаздық еткен адам. Балалары Шахис, Күлән, Әйгерім, Гүлден, Нұрлан, Жанна. Балалар әр салада әкесінің абыройын аспандата еңбек ететін адамдар.
Қызкин Кенжебай Ғинаятұлы
Кенжебай алты ағайынды еді. Баймұрын, Ілияс, Жақып, Ыдырыс, Дәлетай. Солардың алтауы да соғысқа барып сол қырғыннан бесеуі аман қалды. Ең үлкендері Баймұрын Воронеж қаласы үшін болып жатқан қатты ұрысқа, қосымша дайындық құрамасынан келіп қосылады. Осы кезде көп уақытқа созылған қатты ұрыстан әбден қалжырап, әскери құраманың жартысынан көбін соғыс даласында тастап, ұрыс даласынан шығып келе жатқан совет әскерлеріне қарсы жолығады. Мұндайда әсіресе біздің қазақ баласы, мыналардың ішінде қазақтар бар ма екен, таныс, немесе жерлес біреулер кездесіп қалар ма екен?-деп келе жатқан адамдардың арасына кіріп сұрастыра жүретіні бар ғой. Осы жерде өзінің жерлесі Сапарғали мен кездесіп қалады. Екеуі құшақтасып амандасып ұрысқа жаңа кіріп келе жатқан Баймұрынның қапшығындағы нанды бөліп жеп, біріне-бірі амандық тілесіп айырылысқан екен. Бірақ бұдан кейін екеуін кездесуге жазбаған . Сапарғали соғыстан аман есен елге келгенде өзінің ұрыстан шығып бара жатқанда Баймұрынмен кездескенін айтып келеді. Кейіннен Сапарғали Баймұрынның інісі Ыдырыстың баласы Сәулебайға өзінің қызы Қайнекенді беріп, қанды көйлек жолдасымен құда болады. Бұл да бір Алланың жазуы шығар. Баймұрынның баласы Сәбетбек Жамбыл совхозында тұрған.
Екінші інісі Ілияс соғыста тұтқынға түсіп қалғаны үшін, халық жауы деп 10-жыл түрмеде отыруға кесіледі. 1953 жылы Сталин өлгеннен кейін ақталып, Қарағандыда шахтер болып жұмыс жасайды.
Жақып соғыста Ворошилов атқыштарының құрамында болған екен. Бұл кісіде Жамбыл ауылында тұрған.
Ыдырыс соғыста минометчиктер взводын басқарған 11-дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденіменнің иегері.\
Кенжебай педучилищеде ән-күйсабағынан мұғалім болып жүргенде Сұлтекеңдермен бірге соғысқа аттанады. Германиямен соғыс аяқталғаннан кейін, Жапон соғысына кетеді. Соғыстан взвод командирі кіші лейтенант атағымен 1947 жылы қайтады. «Өзі өлең жазып, ән шығарушы еді» деп еске алады марқұмның сүйікті жары тамаша әнші, Қарқаралының атын әлемге жайған Салтанат ансамбльінің белді мүшесі Изина Сара шешеміз. Кенжебай да соғыстан келгеннен кейін, өз жұмысымен қоса, Қарқаралының ән сүйер қауымының құрамына қосылып, талай жерді аралап, көптеген фестивальдарға қатысады. Осында жүріп қолынан домбырасы түспейтін, ән айтқанда елдің құлақ құрышын қандыратын, соғыстан ерлікпен қайтқан сұлу жігіт, Қарқаралының қыздарының ішіндегі ең сұлуы, мектепте мұғалім болып істеп жүрген Изина Сарамен көңіл қосып 1949 жылы екеуі үйленеді.
«Екеуміздің бірге жүрген өміріміз өң мен түстей болып өте шықты»-дейді Сара апай. Кенжебай соғыстан кеудесі ақаулы болып келді. Жиі-жиі Борабойға курортқа баратын. Сонда жүріп Қасым Аманжоловпен танысады. Екеуі өте жақсы жолдас болады. Қасым Алматыдан Қарқаралыға Кежебайға өте қымбат дәрілерді тауып беріп жіберіп отыратын. Бір күні үйге келсем кеңкілдеп жылап отыр, сөйтсем Қасымның қайтыс болғанын естіген екен. Алдындағы бір тарақ қағазға жазған өлеңінің бастамасын маған ұсынды. Ойымда қалғаны.
Қасым аға, артық еді,
Туыстықтан достығың,
Домбырамен әніңді,
Отырғанда шырқатып.
Суық хабар деген өтті.
Кетті-ау менің қабырғамды қиратып.
Кенжебайдың әнін шығарған оннан аса өлеңдері, және бір дәптер жәй жазған өлеңдері болатын. Бірде үйге Әмен Әзиев келді. Ол кезде Кенжебай ауырмалап жүрген. «Мен сенің мына өлеңдеріңді жарыққа шығарамын»- деп, дәптерін алып кетіп еді, сол беті хабарсыз кетті. Тағыда осы өзіміздің Қарқаралының біреуі алып еді, одан да дерек болмады. Тіпті Кенжебай қайтыс болғанда да Әмен келген жоқ. Содан, ақ көңіл абзал азаматтың, есіл дүниелері қолды болып кетті. Одан кейін біз оны ұмытып та кеттік. Соның бәрін кәзір керек болып жүр, бірақ табылмайды. Өзі аурудан 1955 жылы қайтыс болды- деп өкіне еске алады жан жолдасы Сара апай. Өкінішті-ақ.
* * *
Достар, достар жүрсің қайда,
Бірге еді ғой жанымыз.
Еске алысып осындайда,
Кел шырқайық бәріміз, - неткен тамаша ұйқас, неткен тамаша жүрек сыздатар әуен десеңізші.
Осы бір әнді кейде теледидардан естігенде сол бір менің асыл достарым есіме түсіп, олармен бірге өткізген ауыр да болғанымен өзіндік қызық қуанышы бар, алыста қалған шуақты күндер ойға оралады. Олардың бет–бейнесі, әрқайсысының бойындағы асыл қасиеттері, олармен қалжыңдасып күліп-ойнап өткізген күндер, кино көргендей көз алдыңнан біртіндеп өтіп жатады.
Иә, міне бүгінде сол асыл достарымның көбісі соғыстан қайтпай, жат жерде қалды. Біразының хабарсыз кеткені неткен өкінішті десеңізші. Ақырғы солдаттың мәйіті табылғанша соғыс бітті деп айтуға болмайды. Осы тақырыпта Россияда жақсы іздеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны өте дұрыс. Достарымның біразы аман-есен елге келіп, үйленіп, балалы-шағалы болып, еліне халқына адал қызмет істеді. Бүгінде көбісі о дүниелік болып кетті. Бұл әрине табиғи құбылыс, бәрінен де ауыры, азаматтардың із-түссіз жоғалып кеткені жаныңды ауыртады.
Соғыста жүргенде қаза тапқандарды мүмкіндік болса жинап алып жерлейді. Кейде оған мүмкіндік болмай қалады. Алуға шамаң келсе, тек қана хабарсыз кетпесін деп, оның ұдайы төс қалтасында жүретін әскери кітапшасын ғана аласың, ал денесі қалады, оны жерлеуге шамаң келмей қалады.
Иә, хабарсыз кетіп, соғыс даласында қаза болғандардың аттары жарыққа шығып, атаусыз қалмауы керек. Заман өзгереді, қазақ «елу жылда ел жаңа» деген. Міне сол жаңа заман келді. Сол кездегі өмірге елдің көзқарасы да өзгерген сияқты. Бірақ оған соғыстан аман келгендердің де, соғыс даласында қалып, хабарсыз кеткендердің, тіпті сатқын болмаса тұтқынға түскендердің де еш жазығы жоқ. Заманындағы талап осылай болды, өз еліміз, өз жеріміз деп аттанды. Біртұтас Совет елі, Совет азаматтары болды. Елдің бәрі бір мақсатқа Совет елінің көркейіп гүлденуіне, барша халықтың дәулетінің көтерілуіне өз үлестерін қосты, соған қызмет етті. Біз де солардың бірі болдық.
Кейінгі 1970-80 жылдары Совет елінде кемелденген социализм орнады деген ұран болды. Шыныда да, ол кезде ел өз ұрпақтарының келешегі үшін, ертеңгі күндері не болады деп аса қауыптенбейтін. Жұмыссыздық жоқ, оқу тегін, медицина тегін, тек оқуыңды оқы, таңдаған мамандығыңды алып өзің үшін, бала-шағаң үшін, халық үшін еңбек ет. Былай қарағанда бұл бір қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған, ел өз бала-шағасының келешегі үшін уайымдамайтын заман болды. Міне сол кездегі ұрандатқан «барлығы адамзат игілігі үшін» деген мақсатқа жұмылған ел сол заманның басқа түскен барлық ауыртпалығын бірге көтерді. Сол Совет елі үшін, келешек ұрпақтың бақытты өмірі үшін соғыстық. Қазірде сол кезде қалыптасқан халықтар арасындағы достық, ынтымақтастық туын қашанда жоғары ұстау керек. Ел арасындағы тыныштықты нығайту керек, ол дұрыс, бірақ оның қазақ ұлтының есебінен болмағаны жақсы. Алланың алдында адам баласының бәрі пенде, деңгейлері бірдей, сондықтан да, ешкім өзін басқалардан артықпын демегені дұрыс. Мені мектепке оқушылармен кездесуге жиі шақырып отырады, сонда соғыс кезіндегі елдің ерлігін, бірлігін, бір мақсатқа біріккен елдің жеңіске жеткізгенін әңгімелеп отырамын.
Қазіргі кезде мені үш нәрсе қатты толғандырады. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап кейбір баспасөз беттерінде бұрынғы және кейінгі кездегі үкімет басындағы адамдардың іс- әрекеттері, ішкі және сыртқы саясаттағы жіберген кемшіліктері, олардың жасырын істеген қылмыстары ашық жазылатын болды. Бұл өте дұрыс. Шындық айтылмай, өтірік көлгірсіген жерде неше түрлі жасырын қылмыс қоса жүреді. Және ол жарияланып, оған тосқауыл қойылмаса, асқынған ауру құсап етек ала береді. Біз бұрынғы Совет елінің кезінде де, қазір де ел басқарған көсемдердің бір сөзін далаға тастамадық, соларға бағындық. Алайда қарап отырсақ, олардың да пендешілігі басым екен. Жоғарыдағы айтқандай ішкен мас, жеген тоқ, бір тыныштық заман орнады деп есептедік. Олар елге «сен саясатпен айналыспа, сен үшін саяси бюро мүшелері ойлайды, сен тек солардың айтқаны мен тұрып, айдауы мен жүретін бол» деді. «Нан болса, ән де болады» деп қолымызға нан ұстатты, аузымызда ән болды. Қоғамдық-саяси қозғалыстарға араласпадық. Мал-басымыз аман болсын, заманымыз тыныш болсын деп партия салған сара жолға түсіп алып жүре берейік, әйтеуір үкімет өлтірмейді дедік. Жарайды, жүрейік, жүрдік те, сонда неге қол жеткіздік? Біздің қазақ дінінен айырылды, «Аллаһу акбар» деп бата жасауға қорықтық. Тілден айырылуға аз қалдық, орыс тілін тез үйренсең, соғұрлым коммунизмге тезірек жетеміз дедік. Араққа үйір болдық, ұлттық-дәстүрімізді аяқ асты еттік. Семей полигонының құрбаны болдық, келешек ұрпағымыздың мәңгүрт болып өсуіне жағдай жасадық. Бұл пәлекеттің әсері әлі де қанша жылға созыларын, қанша ұрпақты мүгедек етерін ешкім білмейді. Көрші елге «интернационалдық көмек» жасаймыз деп, тыныш жатқан елге баса-көктеп кіріп, соғыс салдық. Қаншама өрімдей жастарымыз құрбан болды. Барлығы адам үшін деген ұранға өздері сенетін болса осының бәрін неге тоқтатпады, неге жөнге салмады, неге елге жандары ашымады? Ел ішіндегілер де тек жоғарғы жақтың айтқанымен жүрдік, «бастық айтса орындадық, айтпаса ештеңе жасамадық», сонда біз, өз ойы, өз мақсаты жоқ роботқа айналдық емес пе? Кәмпит беріп алдаған баладай, айтқандарын бұлжытпай орындағанымыз үшін берген бір жапырақ мақтау қағазына басымызды иіп қуанып, құлшылық жасадық. Ал ел басқарған адамдардың қателігі, оның жүргізетін саясатын, істейтін шараларын, көп болып талқылап барып жүзеге асырмаса, бір адамның айтуымен істелген шаралар бүкіл елдің басына ауыртпашылық әкелуі де ғажап емес. Бір адам барлық дүниені білмейді, содан да оның кейбір істері қате болуы әбден мүмкін. Біз бүгінгі тәуелсіз баспасөзден осыны аңғардық. Жалғыз адамның елді басқаруы үлкен қателікке апарып соғуы мүмкін. Сондықтан ел билігі бірнеше сатыдан тұрғаны өте дұрыс, біздің ел осыған айтыс-тартыссыз жетсе екен деп ойлаймын.
Мен қазіргі жағдайда да, сол бір сара ізбен келе жатқан елдің жайбарақаттығынан қорқамын, көпшілігінің өз ойы, өз арманы, мақсаты жоқ, «көппен көрген ұлы той, ел не көрсе соны көреміз де» дейді. Ел арасындағы, өз Отанындағы, өз отбасындағы саясаттан бейхабар жаннан без. Өйткені ол кімге де болса, кім тамақ берсе, алданып соған еріп кетуі мүмкін. Ал ол аз күндік тамаққа тойғаның кейін қасырет болып жатса қайтесің? Х-ғасырда өмір сүрген атақты Кейқаус «Қабуснама» деген кітабында «ел билесең ақылға сыймайтын іске барма, ақылдаспай әрекет етпе, халқыңмен санас, өйткені сенің жаман ісің елге қиянат әкелуі мүмкін. Саясатшы бол» деген екен. Сондықтан әркім де саясаттан тыс қалмағаны дұрыс. Президенттен бастап, ауылдағы әкімқараларға дейін өз мүддесінен ел мүддесін жоғары қойып, халыққа қызмет етулері керек. Олардың ақ-қарасын ашып отыратын қоғамдық жүйе болмаса, сенің мына ісің қате деп айтатын адам болмаса, әрине олар өз істерін дұрыс екен деп есептейді де, жүре береді. Ал бізде ауылдарда, тіпті ауданда ондай қоғамдық ұйым бар ма? Жоқ. Ардагерлер кеңесі деген бар, олар да президент пен әкімді айналып-толғанып жағымданудан аспайды. (Олар соған бір зәру болып отырғандай). Тіпті сонау Абылай ханның тұсында да Бұхар жырау ханның қателігін бетіне басып отырды емес пе, сонда хан оны өлтіріп тастаған жоқ. Оның сөзіне мән беріп, қателігін түсініп, содан қорытынды шығарды. Кешке дейін сенікі жөн дей бермей, бір мезгіл президенттердің де кетіп бара жатқан бағытының қисық екенін айтып отыратындар Парламентте болулары керек. Сонда ғана ел ел болады. Президент кезінде өз күндеріңді өздерің көріңдер деп ауылдарды сол кездегі совхоз директорларының қолына беріп қойды. Одан не ұттық, ауылдар құрдымға кетті. Кейбір басшылар өз кенейлерін толтырып алып, қашып кетті. Мен қарық қыламын деп келген «бизнесмендер» елді алдап, қалған-құтқандарын жинап алып олар кетті. Ел тақырға отырып қалды. Президент 3 жылды ауыл жылы деп жариялады, одан ауылға не пайда келгенін айта алмаймын, мүмкін орта жолдағы пысықайлар пайдасын көрген шығар. Ал енді сонда сол үш жылдан кейін ауылды ешкім керек қылмау керек пе? Экономика мен саясат бірдей жүруі керек, екеуінің біреуін алдыға оздыру дұрыс емес деп ойлаймын.
Мен қазіргі кезде қаптап кеткен шалбар киген әйелдерден қорқамын. «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді деген сөз бар. Тәрбие басы бесіктен басталады. Сонда қарап отырсаңыз, әйел бүкіл әлемнің тәрбиешісі. Оның бесік тербеткен оң қолынан: ананың балаға деген махаббаты, бүкіл өне бойындағы даналығы, адамгершілігі, инабаттылығы, қазақ әйелінің бойындағы нәзіктігі мен тәлім- тәрбиесі, өз ұлтына, өзінің ана тіліне, ата-баба дәстүріне деген бойындағы барлық қасиеті, бесік жыры арқылы жас нәрестенің бойына дарып жатады. Ал шалбар киіп алып әлемді тербеткен сол қолы: дөрекілік, ата-баба дәстүріне немқұрайлылық, қазақ әйелінің бойындағы қалыптасқан барлық ұлттық өнеге мен тәлім-тәрбиені тәрк ету арқылы бүкіл ұлттық дәстүрімізді аяқ асты еткені емес пе? Біз мұсылмандық дәстүрмен өмір сүретін ел болсақ, қазақ әйелдерінің бойындағы инабаттылық әдемілікті, ұзын көйлектің ішінде жасырынған дене сұлулығынан көретін болсақ өте жақсы болар еді. Ал енді тар шалбарды киіп алып өз тәнінің буылтық-буылтық жерлерін әшкерелей көрсеткеннен не табамыз? Бұл дегеніңіз тіпті көрер көзге жағымсыз-ақ. Тіпті сүмбіледей әсем болса да ештеңе етпес-ау. Міне сонда осындай әрекеттерімен қазақы ортадағы әлемді бұзылған үстіне бұза бермей ме? Бұл жас қыздарға, келер ұрпақтың аналарына, қандай тәрбие болмақ?
Менің тағы бір қорқатыным, ана тілін білмейтін, білсе де ол тілінде сөйлеуге ұялатын, өз ұрпақтарына ана тілі арқылы келетін не бір жақсы қасиеттердің орнына орыс тілін үйрететін қазақтан қорқамын. Оның балалары ертең өскеннен кейін ұлы Абайдың, Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтың, басқа да көптеген қазақтың ұлы жазушыларының шығармаларын оқып, домбыраның жан-жүйкеңді тебірентер дыбысын сезініп, ұлттың нәрінен сусындамағаннан кейін, олардан не күтуге болады? Ғасырларға жасалатын ғалымдардың жобалауынша, ХХІІ ғасырда қазақ ұлты, өз тілінен айырылуы мүмкін дегенді оқыдым. Бұл масқара жағдайға біздің үкіметіміз бүгін игі бастама жасап отыр емес пе? Мысалға қазір Қарқаралы ауданында 99,9 пайыз қазақ тұрады, сонда осы ауданға орыс мектебі керек пе? Әрине мұның бәрі үкіметтің жүргізіп отырған саясатына байланысты. Бұл да қазақтың ұлттық идеясын құрдымға жіберетін құбылыс. Жалғыз Мұхтар Шахановтың шырылдағаны не болады, бұған бүкіл қауым болып ат салысу керек. Сол қазіргі аталып жүрген космополиттердің өздерінің ішкі меніне ине салу керек. Құранда жалған деп аталған, фәни дүниенің қызығымен жүріп, бақилық дүниені ұмытпа деген сөз бар. Бұл тірі азамат баласына дүниеден өткеннен кейінгі, ол дүниені жадыңда ұста дегені. Сонда жаңағы комополиттер, қазақтың тілімен дінін менсінбегендер, ажал жетіп ол дүниеге аттанар болса, оны табытқа салып, басына крест қоймайтынын ойласа қайтер екен шіркіндер. Бүгінгі басқару жүйесіндегілер де, өздері бас болып, осы істерді түзеуге ат салса өте жақсы болар еді.
Міне, уақыт өте келе кешегі соғыстан аман келгендердің де көбісі дүниеден өтіп кетті. Біз де жар жағасына келдік, жоғарыдағыларды жастарға, елге пайдасы тие ме деген үмітпен айтып отырмын.
Енді сол соғысқа барып, елге келіп, қайтыс болғандардың да аттары даңқ алаңынан орын алулары керек. Олар да ұмытылып қалмауы керек.
Барша соғысқа қатысқандарға, елдегі ауыр бейнетті көтергендерге, бір Алла жар болсын, арттарында қалған ұрпақтарына, жақын туыстарына жақсылық пен қуанышты өмір тілейік. Ел тарихын ұмытпай, оны жаңғырта берейік. Келешек ұрпақтың омырауы соғыстағы ерлігі үшін емес, бейбіт өмірдегі, ел келешегі үшін, атқарған еңбегіне алған, адал орден мен медальдарға тола берсін.
Өткен жылдар елесін еске алғанда
Ауылымызда жасы 90-ға келіп қалған көнекөз қария, Ұлы Отан соғысының ардагері, 1932 жылғы алапат аштықты, соғысты, Ленинград блокадасын, соғыстан кейінгі ауыр жылдарды басынан өткізген, келешек ұрпақтың көрер қызығын, шат тұрмысын қолына қару алып қорғаған Елемесов Жәкітай ақсақалға амандаса кету үшін үйіне барған едім.
Жәкең жылы амандасты да «Сәбит, қарағым, мен сені күтіп жүр едім, жақсы келдің ғой, ал енді уақытың болса бір әңгіме бар,- деді.
- Жәке, мен де сізге арнайы келіп едім, бұл төңіректегі Ленинград қоршауынан аман-есен елге оралған сіз ғана, сіздің сол бір отты да бейнетті жылдардағы басыңыздан өткен оқиғаларды әңгімелеп, аудандық «Қарқаралы» газетінің беті арқылы оқырманға сізді таныстырсам деген мақсатпен келдім, - дедім.
Жәкең маған шырайлы, жылы жүзбен қарап: «онда жақсы, ондай ойыңа рахметғ қарағым», - деп көптен ойланып жүрген әңгімесін бастап кетті.
-Біз не көрмедік, жарым ойлы жалған басшылардың қолымен жасалған аштықтан шегірткедей қырылған елді, кісі етін жегенді, қолынан іс келетін елдің қамын ойлайтын азаматтарды түрмеге малша қамап ізім-ғайып жоқ қылған 37-нің сойқанын көрдік. Сол адам қойша қырылып, елдің көз жасы қан болып аққан жылдарды еске алудың өзі ауыр. Бірақ сол ауыр да бейнетті жылдардан біздің ауылымыздың тарихы, одан бүкіл елдің тарихы құралады, сондықтан да оны әсте ұмытуға болмайды. Оны ұмытатын болсақ, бізді Алла кешірмейді. Қайта сол уақыттағы ел басына келген ауыр жылдардағы оқиғалардың шындығын болашақ ұрпаққа айтып кету, сол жылдарды көзімен көрген біздердің парызымыз. Өмірден өтпейтін адам жоқ. Ертең біз өмірден өтсек, сол жылдардың біздің өңірге салған зобалаңы, ұмыт болады да, оған кінәлі адамдардың аттары аталмай қалады.
Мен осы сергелдеңнің бастау алған жерін таптым ба деймін, бірақ түбіне жете алмаймын ба деп қорқамын. Біз кезінде көп дүниені білмедік, бәрі жасырын болды ғой, біле білсең қазіргі саясат та солай.
Осыдан 70 жыл бұрын 1929 жылы Яков Аркадий Эйнштейн, партиялық тегі Яковлев болатын, осы кісі жер шаруашылығының комиссары болып тағайындалыпты.
Сол кездегі білетіндердің сөзіне қарағанда жазғы бидайдан күзгі бидайды айыра алмайтын дейді. Бұл ол кісінің дала шаруашылығын, жалпы шаруа жұмысын жетік білмейтінін көрсетеді. Бірақ, айтқан тапсырманы 2-3 есе артығымен орындайтын кісі болса керек. 1929 жылы 9-желтоқсанда 21 кандидаттан тұратын комиссияны Каганович саяси бюроға ұсыныпты. Олардың міндеті жаппай ұжымдастыру және байлардың құйыршығы мен кулактарды түбірімен құрту туралы жоспар жасау болады. 14-желтоқсан күні бүкіл Ресей және сол кездегі Кеңес Одағының құрамына кірген барлық республикалар бойынша колхоздар орталығының төрағасы Каминскийдің басшылығымен бүл жоспардың әр ауданда, деревняда, ауылдарда өту кезеңдері белгіленеді. Сонымен революциядан кейін талай адамның тағдырына балта шапқан, елді еңіретіп халықтың аштан қырылуына себеп болған бұл жоспар Яковлевтің портфеліне түседі. 1929 жылы 22-желтоқсан күні Сталиннің туған күнін тойлап өткеннен кейін, ертеңіне бұл жоспар саяси бюрода қаралады. Саяси бюро жоспарды бекітті, сонымен жаңа ғаламат жоспар өз жолына бастау алды. Бұлардың ішінде қазақ халқының басына қара нәубет алып келген тіс маманы Голощекин де бар еді. 1930 жылы 5-қаңтар демалыс күні орталық комитеттің коллективтендеруді жеделдету туралы шешімі шықты. Мұнда аз уақыттың ішінде байлардың қолындағы бар малдарын, дүниелерін ортаға салу, колхозға кірмегендерді жер аудару, соттау, ату және оларға керекті лагер, түрмелер, қанша әскер, қанша вагон, күзет, ат, арба, қаражат керек екенін бәрі ескеріліп дайын болды. Осы мәселе 1930 жылы 1 ақпан күнгі ұжымдастыру және кулактармен күрес мәселесінің қарқыны, оны жүзеге асыру жағдайы, Орталық Комитеттің пленумында қаралды. Бұл жолы Қазақстанға үлкен "көмек" көрсетіліп, тәжірибелі партия және шаруашылық кадрлары жіберілді. Солардың бірі қазақ елінің аштан қырылуына себепкер болған Голощекин еді. Голощекин кезекті бір жиындағы сөзінде Қазақстан коллективтендіру мәселесі жөнінде артта қалған, бірақ біз қолға алған шаруаны жедел және толығымен орындаймыз десе, оның қолшоқпары М. Құрамысов одан да әрі әкетіп «Біз одақтағы басқа республикалардан басып озатын боламыз» деген екен. Міне, Москвада күн күркіресе, Қазақстанда жер сілкіндірген осы шаралардың қорытындысы біздің ел үшін адам төзгісіз жағдайды алып келді. Сол кездегі бір орталыққа бағынып, жеке басқа табыну саясатының жемісімен үкімет басына келген Голощекин сияқтылар маңайына айтқан тапсырманы қарсылықсыз, бар ыждахатымен орындайтын дарынсыз, өз басының қамыменен күнделікті тіршілігінен әріні ойламайтын адамдарды маңайына жинап алды.
Ал халыққа, еліне жаны ашып, бұл саясаттың дұрыс емес екенін айтып, қарсылық білдірген азаматтар: Тұрар Рысқұлов, С. Садуақасов, С. Қожанов, Н. Нұрмақанов, Сәкен Сейфуллиндер әр түрлі сылтаумен елден аластатылып, неше түрлі жаламен тұтқындалып, түрмеге қамалды. Өйткені өзіндік пікірі бар, оны жүзеге асыруға табандылық білдіретін, кей мәселеде табан тіресіп қарсы тұратын адамдар Голощекинге керек емес еді. Осындай саясаттың салдарынан аз уақыттың ішінде республика халқы, оның ішінде қазақ халқы ауыр жағдайға душар болды. Қолындағы азын-аулақ малынан айырылған халық тіршілік қамыменен жан-жаққа туған жерлерінен жылай-жылай босып кетті. Елдің алды аштан қырыла бастады. Бар малынан айырылып, шарасыз отырған ауыл қазағына оның үстіне үкімет тарапынан салынатын салық орасан көп, және оны орындау тіпті мүмкін емес еді. Олар астық, май, ет, тері, жүн, қыл, мүйіз, тұяқ, госзаем, түтін салығы, осылардың арасындағы ең күрделісі әрі ауыры ет салығы еді. Қысқасы ауа мен судан басқаның бәріне халық салық төлеу керек болды. «Елдегі жағдайды біздің көсеміміз Сталин білмейді, бұл сол кісінің жаман атын шығару үшін маңайындағылардың істеп отарған істері» деп соғады кейбіреулер. Қайдан білмейді, байқап отырсаң соның өзі ұйымдастырып отырған жоқ па, осының бәрін. «Балық басынан шіриді» деген осы.
Осы арада Жәкеңе бір сұрақ қойдым: - Жәке, осы жайында Тушкен ақсақал бір әңгіме айтып еді, 1931 жылы қазан айының 31 күні Қарқаралыға сол кездегі Голощекиннің оң қолы болған, Қазақстан үкіметінің төрағасы Елтай Ерназаров келеді, үлкен жиналыс болады, бұл жиынға ауыл басшылары мен белсенділер келуі керек деп ауыл-ауылға хабар жіберілген екен. Осы жиналысқа Арқалық артелінен Түшкен ақсақал барыпты. Аудан басшыларының тапсыруымен елдің көбісі самолетпен ел аралап жүрген Елтайды қарсы алу үшін қала сыртындағы самолет қонатын жерге жиналған. Бұрын самолетті көрмеген ел Қарқаралы үстінде ұшып жүрген темір құсты көріп қалу үшін көздерін аспанға тігіп таңырқаса қарайды. Қала үстінен екі айналып барып қонған самолеттен бірнеше адам түседі. Сол кездегі аудандағы жалғыз машинаға ауданның бірінші хатшысы мен Елтай отырады, басқалары аттылы, арбалы, жаяуы бар, қолдарында «үкімет тапсырмасы мен берілген ет жоспарын орындаймыз» деген транспоранттар мен қолдарында ту ұстағандар қалаға тартады.
Қалаға келгеннен кейін сол кездегі атқару комитетінің үйінде жиналып, үлкен жиналыс болған. Ондағы негізгі мәселе Қарқаралы ауданы бойынша ет жоспары орындалмай отыр. Осыған байланысты үкімет пен партияның негізгі тапсырмасын орындаудың жолдары қарастырылған. Шығып сөйлегендер ауылдарда елдің жағдайы төмендеп кеткенін, ауыл тұрғындарының қолындағы малдың біткенін, соның салдарынан ет жоспарын орындаудың мүмкіндігінің болмай тұрғанын айтады. Елтай шығып сөйлеп, партияның тапсырмасын, оның ішінде ет жоспарын орындамау үлкен қылмыс, егер берілген тапсырма орындалмайтын болса аудан басшысынан бастап бүкіл ауыл басшылары заң алдында жауап беретінін ескертеді. Елтайдың жүзі сұсты, дауысы зілді, алдындағы қызыл мата жабылған столды жұдырығымен ұрғылай отырып, сөйлеген әрбір сөзі үнсіз тыңдап отырған елге өз кеуделерінен соққылағандай әсер береді. Жиналыс болып жатқан бөлменің ішін бір ауыр салмақ басып тұрғандай, отырғандардың да жүздері суық, көңілдерінде «мұның арты не болар екен», деген ауыр сұрақ тұр. Елтай сөзін аяқтай келе, осы жиналыста отырған әр ауыл басшыларына арнайы тапсырма береді. Қазір осы жерде сендер ауылдағы елді тізімдеп, әр үйде кімде қанша мал бар екенін, түр–түсімен жазып маған алып келіңдер деп жарты сағат уақыт береді. Ауыл басшылары ауылдағы әр түтінді тізімдеп, екі сиыры барға біреу деп, ал бір сиыры барды малы жоқ деп жасаған тізімдерін Елтайдың алдына қояды. Елтай қағазға тізілген малдардың жалпы санымен танысқаннан кейін, орнынан тұрып «қарқаралылықтар, сендер ит етін жейтін халге жеткен жоқсыңдар, мен самолетпен ұшып келе жатқандағы көргенім, кигіз үйдің белдеуінде әлі де бұзаулар байлаулы тұр, бұл әлі елде сендер айтқандай малдың құрып бітпегенін көрсетеді. Егер мына тізімдегі мал тапсырылып, үкімет пен партияның тапсырмасы орындалмайтын болса, партияның саясатына қарсы адамдар ретінде шетіңнен жауапқа тартыласыңдар. Осымен жиналыс жабық, елдеріңе барып, халыққа партияның саясатын түсіндіріп, үкімет тапсырмасын өздерің жүзеге асырыңдар. Елге олардың үкімет тапсырмасын орындауға міндетті екенін түсіндіріңдер, бермегендердің малын күшпен алыңдар деп жандарына милициядан кісі қосып, елді таратқан.
Осыдан кейін ауылдағы елдің малы жаппай ортаға алынып, етке тапсырылды. Кейбіреулер босқа кеткенше деп өздері сойып алды, сонымен ауылда мал бітті, ел жан сауғалап жан-жаққа босып кетті.
- Ал енді Томарда осы шаруа қалай өтті,ол елден жиналысқа кім қатысты екен.
- Ия, мінеки, осы жағдай біздің Томарда да болды. Бірақ сол жиынға Томардан кім қатысқанын білмеймін. Біздің үйдегілердің ішінде ересегі мен едім, әлі есімде белсенділер ауылдағы үйлерді аралап, малдарын өз еріктерімен бермесе милициямен тартып алады деген хабарды солардан естігенбіз. Ести сала үйдегі жалғыз сиырды ел жүрмейтін шіліктің ішіне апарып байлап тастағанмын, қалған 3 қой мен бір ешкі бар, қой бишарада дыбыс шығару деген болмайды ғой, оларды киіз үйдегі шидің ішіне кіргізіп байлап қойдық та, жағыз ешкінің төрт аяғын, аузын байлап әбдіреге салып аузына құлып салып, үстіне бірен-саран көрпе жастықтарды үйіп қойдық. Шешем жарықтық адуынды адам еді. Үшеумізді ертіп, үйден шыққан кезде мал жинап жүргендер де біздің үйге қарай бет алған екен. Бізді жетелеп алдарынан қарсы шығып, ал армандарыңа жеттіңдер, елдің қолындағы азын-аулақ малын тартып алып, аштан қырыңдар, сендердің қолдарыңнан басқа не келуші еді, - деп айқайға салып жатыр. Сонда да мал алушылар кигіз үйдің есігін ашып бастарын сұғып бір қарады да кетіп қалды. Шешеме керегі де сол еді. Сол күні түнде шешем қолдағы бар киім- кешек, тамақ, оны мұнымызды орап қолымызға берді де, қалған малды айдап, жаяу Семейге тарттық. Киіз үйіміз сол тігулі тұрған беті қалды. Сол күні бізден басқа жолға шыққан ешкім болмады. Бүгінде ойлап отырсам Семеймен екі ара 400 шақырым екен, қазір мәшинемен барсаң, шаршап баратын сонша жерге қалай жеткенімізге таңмын. Жолда ұры көп дегенді еститінбіз, егер туралап келсе жалғыз әйел мен үш бала оларға не шара істей алады, сонда да қой мен сиырды қолымызға байлап алып босатпаймыз, ұстап жатамыз, ешкі мен бір қойды жолда сойып алғанбыз. Жолшыбай көрмеген бейнетіміз жоқ. Бір айға таяу жүріп, жалаң аяқ жалаң бас, арып –ашып Семейге де жеттік. Құдай абырой бергенде, жолда бізге ұрылар кездеспеді. Семейге барғаннан кейін, қалған екі қойды сойып алдық та сиырды сатып жібердік. Мұнда детдомдар ашылып жатыр екен.
Шешем аштан өлгенше детдомға барыңдар деп үш баланы детдомға берді. Онда да тамақ жоқ, балалар аштан өліп жатты. Мен 1933 жылы детдомнан қашып шығып, ұрланып жүріп поезға міндім. Қайда баратынымды өзім де білмеймін, мен жасымда өте ширақ болдым. Содан мен мінген поезд Кемерово қаласынан бірақ шықты. Мен осы қалада поездан түсіп қалдым. Онда барғаннан кейін бір шахтаға жұмысқа орналастым. Осы қалада шахтада әр түрлі жұмыс істеп жүріп 1935 жылы Қарағандыға қайтып келдім. Жұмысқа орналаспақ болып шахтаға барып едім, онда Сүлейменов Жақан деген кісі мені «аздаған сауатың бар екен» деп партшколға оқуға жіберді. Бұл оқу менің өмір жолыма азық болды, сондықтан да Жақанға алғысым зор. Оқуды бітіргеннен кейін, №31-ші шахтада жұмыс істедім. Бұл кезде аштықтың беті қайтқанымен «халық жауы» деген жаламен аяулы азаматтар ұсталып түрмеге қамалып, атылып жатты. Талай боздақ қыршынынан қиылды ғой. Есіл азаматтар-ай десеңші. Осы шахтадан 1937-ші жылы әскер қатарына алындым.
Бізді бірнеше күн поезбен жүріп отырып Манчжурияға алып келді. Бұл кез халықаралық жағдайдың шиеленіскен кезі еді. 1938 жылы жапондармен Халкин-гол маңындағы соғысқа қатыстық. Соғыс дегеннің аты қандай суық болса, заты одан өткен, жан алып жан беріскен сұрапыл шайқас қой. Жаныңды шүберекке түйіп, бір Аллаға ғана сиынып жүресің, басыңның қайда қаларын бір Алла біледі. Көп ұзамай Гитлер соғыс жарияламай тұтқиылдан басып кірді деген хабар жетті. Соныменен Ұлы Отан соғысы басталды. 1941 жылы Жапон үкіметінің Совет Одағына қарсы соғыс ашпайтынына көздері жеткеннен кейін, Халкин-гол маңынан алып біздің полкті соғыс болып жатқан жаққа жіберді. 10 шілде күні Москваға келдік, одан Свердловскіге келіп тоқтадық. Бұл жерге келгеннен кейін, полкті қайта құраған кезде мені 1222-артилерия полкіне 122 мм. гаубица бөлімшесіне парторг етіп тағайындады. Бір айдай соғыс ісіне дайындалып, 14 августь күні Ленинград майданына келіп, Фин вокзалынан түстік. Екі күн өткеннен кейін 16 тамыз күні Нарва өзенінің бойында соғысқа кірдік. Ол кезде немістердің күші басым болып тұрған кез, 40 самолет келіп бомбаның астына алып, біздің 42 армияны жусатып салды. Шындығын айту керек, соғыстың алғашқы кезі біздің армия үшін өте ауыр болды. Немістердегідей автомат жоқ, біздің солдаттардың қолдарында барында винтовка. Оның өзінің оғы санаулы. Зениткалар жетіспейді. Осындай қарумен жасақталып келген жауға қарсы ұмтылдық. Әрине, олар шыдата ма? 42-армиядан қалғандарымыз шегініп кеттік те, Ленинград қаласының маңына келіп орналастық. Қыркүйек айының 10-күні Ленинград қаласы қоршауда қалды. Сол кезде Солтүстік майдан командирі К.Е. Ворошиловтың орнына Г.К. Жуков келіп, қысқы сарайда жиналыс ашты, оған біздің полктан полк командирі Шинин екеуміз бардық. Жағдай өте ауыр еді. Нан жоқ, қала қоршауда. Солдаттарға 200 грамм, жай елге 100 грамм болып нанның күндік нормасы белгіленді. 200 грамм нанмен солдатты жаңбырша жауып тұрған оққа қарсы жұмсау қандай ауыр десеңші. Бірақ елдің жүрегіне неміс фашистеріне деген өшпенділік пен Отанға деген патриоттық сезім осы бір өте ауыр жағдайда үлкен рух берді. Бір күні полк командирі Шинин шақырып алып, «жолдас Елемесов, 200 грамм нан мына суықта тоңып жаурап жүрген солдаттарға тамақ болмайды, орыстар аштық енең емес дейді ғой. Біз бұл түрімізбен солдаттардың бойындағы рухын түсіріп алмай тұрған кезде мына ЗИС-5 машинасына мін де, қалаға барып, жеуге жарайтын бірдеңе тауып алып кел», - деп жұмсады. Содан машинаға міне салып қалаға кірдік. Қаланың ішін біраз аралап жүріп, тіске басатын ештеңе таппағаннан кейін, астық дайындайтын жерге бардым. Ондағы жұмыс істеп жүргендерден сұрастырып білсем, бұларда шекілдеуіктің майын алғаннан кейінгі қалдығы бар екен, сол шекілдеуіктің қалдығын және бір тоннадан артық арпа сұрап алдым. Шекілдеуіктің қалдығы мен арпаның арасын бөліп машинның кузовымен бірдей қылып артып алдым да полкке келдім. Жігіттер тура әкесі базардан келгендей қуанды, көпке дейін осы арпаны қуырып жеп күн көрдік. 1942 жылы қыс өте қатты болды. Біздің полктен анда-санда ат шанамен арнаулы отряд шығарып қаладағы үйлерді аралап аштан және далада үсіп өлгендерді жинап Пишкаревский зиратына апрып жерлеп отырдық. Үлкен шұңқыр қазылып, соған 50 мың адамға дейін көмеміз.
Мен кейін Мархабат, Салтанат деген қыздарымды ертіп Ленинградқа барғанда, сол зиратқа бардым. Үлкен плитаға аттары жазылған сол жылдары аштықтан өлген адамдардың тізімдері тұр екен. Сол бір сұрапыл жылдардағы өткен өте ауыр да аянышты өмір белестері еске түсіп, еріксіз кеудеңді өксік қысып көзіңе жас келеді екен, біраз отырып, сараң да болса тек бір сондай ауыр да аянышты кезде ғана шығатын еркектің көз жасын төгіп, топырақтарын қопсытып қайттым.
Біз Нарвадан шегініп келе жатқанда бір деревняның ішімен өттік, сонда бір үлкен денелі дәу орыстың кемпірі алдымыздан шығып, «сволочтар, бізді немістердің тәлкегіне тастап, өздерің қашып бара жатырсыңдар, мә сендерге» деп жерден бір уыс топырақ алып артымыздан шашты ғой. Кейіннен осы деревняны жаудан тазартқанда үйлерді аралап сұрастырып жүріп, артымыздан топырақ шашқан кемпірді тауып алдым. Тірі екен, амандасып алғаннан кейін «біз шегініп бара жатқанда, боқтап топырақ шашып едіңіз, міне енді сіздің деревняны немістерден босатқаннан кейін сізді әдейі іздеп келдім», - дедім. Кемпір еңгезердей денесімен келіп мені құшақтап бетімнен сүйіп «сондағы ағат сөзімді кешіріңдер, қарағым, ол да бір қан жылаған, қам көңілден, қорқыныш толы жүректен шыққан сөз шығар, кешіріңдер, ал мына немістерді қуғандарыңа қуаныштымыз, рахмет айналайын, жолдарың болсын, жауды жеңіп, аман–есен үйлеріңе оралуларыңа тілілектеспін, Құдай сендерге Гитлердің түбіне жетуге жазсын», - деп шығарып салды.
Вороная гора деген жерде Урицкий платформасы алдында бекініске орналастық. Темір жолдың арғы жағы немістердікі, бер жағында біздің бекіністер. Ленинград пен Волхов арасындағы Тихвин деген станцияны немістер басып алған. Талай елді мекен жермен-жексен болды. Қараша айының аяғында біздің майдан командиріне Сталин телефон арқылы хабарласып, жалпы жағдайды білгеннен кейін, сіздерде ауа райы қандай деп сұрапты, командир аяз өте қатты минус 38 градус деп жауап беріпті. Жоғарғы қолбасшы «онда бүгін түнде Тихвинге шабуыл жасауға бұйырамын» деп бұйрық берген. Сол уақыттағы тәртіптің күштілігіне кәзір таң қаламын, Сталиннің бұйрығы сол заматында бүкіл майданға тарап, сол заматында орындалды. Ленинград және Волхов майдандары екі жақтан шабуылға шығып, Тихвин станциясын қарашаның 26-күні жаудан босатты, сол бір аязды күні немістердің 45 мыңдай солдаттары үсіп өлгендері мәлім болды. Мен осы 1222-полк құрамында жүріп Ленинград қаласын қоршаудан босатуға қатысым.
Ол кездегі армияның, жалпы халықтың басынан кешкен ауыртпалықты айтып жеткізу мүмкін емес. Бірақ, бәрінің көңілінде болашақтағы жеңіс күнін көруге деген құштарлық өте жоғары еді. Соғыс қашанда өмір мен өлімнің арпалысып жатқан жері ғой. Бірде бәріміз жиналып төбесі үш қабат етіп жабылған блиндажда немістердің артиллериясынан атқылаған снарядынан жасырынып жатқанбыз. Төбедегі жуан бөренелер шіріді ме, әлден уақытта сатыр-күтір еткізіп блиндаждың төбесін тесіп, тура ортаға үлкен снаряд ысқырып келіп гүрс ете түсті. Мұндайда адам өзі ештеңе ойлап үлгере алмай қалады екен, тек өлдік қой деген ой ғана миыңда бір сәтте жүгіріп өткендей болады, бәріміз жерде етпетімізден жатырмыз, өлі тыныштық, бірақ жарылыс естілмеді. Қорқыныштан айығып есімізді жинап, үсті-басымыздағы топырақты қағып, келіп снарядты қарасақ әлгіге жарылыс беретін заряд салынбапты, әрине бұл Гитлерге деген өшпенділігі бар неміс жұмыскерлерінің, антифашистердің ісі еді бізді ажалдан алып қалған. Оларға сырттарынан рахмет айтып жатырмыз.
Содан қоршауды бұзып, шабуылға шығып келе жатқанда аяғымнан снаряд жарықшағы тиіп, қатты жараландым. Госпитальда емдеп көріп еді болмады, содан кейін аяқты кесті. Сонымен мен үшін соғыс бітті. Аяқтың жарасы жазылғаннан кейін елге оралдым, бейбіт еңбекке араласып, еңбек еттік, тың көтердік, совхоз ұйымдастырдық, елдің еңсесі көтеріліп, тұрмыс жақсарып, халықтың дәулеті көтерілді. Бір аяғым жоқ болса да көппен бірге осы қыруар жұмыстың ішінде мен де жүрдім. Мен кәзір мына елдің жайбарақаттығынан қорқамын, мұның арты неге апарып соғар екен? Өзің көріп отырсың, қайта құрамыз деп дүниені бүлдіріп алды, заман өзгерді, ұрылар сері атанды, қоғам тонаған қулар елге басшы болды, елден ұялмаған арсыздар бай болды, жердің асты-үсті түгел сатылды, қарапайым халық далада қалды. Елдің неше жылғы ауыр еңбекпен, бейнетпен жүріп жинаған ортақ дүниелерін арам пиғылмен неше түрлі қулық залымдықпен иемденгендер бизнесмен атанды. Мал бітті, бір кездегі құлпырған ауылдар азып–тозып, үйілген боқтық пен қирап қалған үйлердің үйіндісіне айналып бара жатыр. Ауылда жұмыс жоқ, жастар арақ ішіп, қарта ойнап, уақыт өткізуге айналды. Қашанда заманның ауыртпашылығын жастар көтеруші еді, қазір керісінше зейнеткерлер олардың асыраушысына айналды. Бұл қашанға жетеді, сонда елдің келешегі не болады? Телевизорды көріп, радионы тыңдасаң да газет беттерінде де бізде бәрі жақсыдан басқа сөз жоқ. Ал нақты өмір олай емес, керісінше екенін көзіміз көріп отыр. Баяғыда сендердің мына шәштінің ішіндегі Тыныбай деген аталарың өгіз арбамен қалаға бидай апара жатқанда жармасы қирап жолда қалыпты, сонда ауданнан келе жатқан бір уәкіл «ақсақал бұл қай колхоздың жері» деген сұрағына «е, қарағым бұл, Итырық деген колхоздың жер» деген екен. Сол Тынекең айтқандай итырық өмір болып бара жатыр. Сонда сол, сонау 1929 жылы басталған сергелдеңнің бітпегені ғой? - деп Жәкең әңгімесін аяқтады.
Иә, өмірдің талай белесін басынан өткізген қарияның сөзінің жаны бар. Кәзір ауылдың жағдайы өте төмендеп кетті, қоғамның малы бартермен бітті, дұрыстап егін егуге мүмкіндік жоқ, техника тозған, жерді қурай басқан. Биылғы қыс аяғы созылып, меншіктің малы да шетінегендері болды. Әрине жеке-жеке жүргенде ауылдағы күн көрістің ауыр болары анық.
Қашанда «бірігіп көтерген жүк жеңіл» деген сөз бар. Сондықтан егеменді елдің келешегін ойласақ, бірігіп ауыл жағдайын көтерейік. Ауыл ақсақалдары келешек үрпақтары үшін
уайымдамайтын болсын. Бұл әңгіме жазылғаннан кейін 1998 жылы 18 сәуір күні Жәкең ақсақал дүниден қайтты. Сол күнгі ауа-райы да өте жайсыз болды. Жауа бораған қатты боранның өтінде тұрып, ауылдастары қадірлі ақсақалын соңғы сапарға шығарып салды. Ел мен бірге ауа-райы да Жәкеңмен қоштасқандай болды,
Жәкең ақсақалды көздері көргендер сол күнгі боранды өмірі ұмытпайтын шығар. Әлі де қыстың аяғы созылып тұрғанымен алдында ғана жып-жылы болып тұрған күн дәл Жәкеңді жерлейтін күні алай-дүлей боран соғып берсін, қарсы жауа бораған дауылдан бейіт басына зорға жеттік. Ертеңіне күн жылынып ағыл-тегіл қар еріп қоя берді. Табиғат та ауылдастары жарқын мінезді Жәкітай ағаларын ұмытпай естеріне алып айтып жүрсін деген шығар. Топырағыңыз торқа болсын, қадірлі Жәке. Сіз жасамаған жасыңызды балаларыңыз жасасын, сіздің жақсы қасиеттеріңіз немере-шөберелеріңізге өмірлік қуат көзі болсын дейміз. Міне Ұлы Отан соғысының біткеніне 60 жылдан асты, ортамызда Жәкең болмағанымен, ол кісіні көзі көрген, әңгімесін еске түсірер адамдардың болғаны да жақсылық. Алла сіздің ауылдастарыңызға бақытты, бейбіт ғұмыр берсін.
Көкшетаулық Валя апайдың әңгімесі
1977 жылдың күзі жауын-шашынды болып келді. Бұл жылы көктем ерте түсті де, жаз өте құрғақ болды. Соның салдарынан егіннің шығымдылығы да төмен болып, қысқы мал азығы жоспардан аз дайындалды. Осы жағдайды ескерген облыс, аудан басшылары Қарқаралы, Талды аудандарының совхоздарына сырттан мал азығын дайындауға жарлық берді.
Талды ауданының Жамбыл атындағы совхозына Көкшетау облысының Кемерово ауданынан сабан дайындайтын болыпты. Совхоз директоры Сыздықов Ағыбай өте іскер, байсалды, сөзі мен ісінің арасында ешқандай алшақтық болмайтын, ел жақсы сыйлайтын, орнықты азамат еді. Совхоздың барлық жұмыскерлері мен қызметкерлерін кезекке қойып, сырттан дайындалатын сабанды тездетіп жеткізіп алудың қамын жасап, барлық күшті соған жұмылдырып жатты. Ол кезде мен осы Жамбыл атындағы совхозда тұқым жөніндегі агроном болып қызмет ететінмін. Осы желтоқсан айының басында совхоз прорабы Қуаныш екеумізге келді. Бізге Қарағандының Северный шахтасынан 10 жұмыскер алып, Көкшетаудың Кемерово ауданына бару керек болды. Қарағандыға келіп, Северный шахтасынан 10 шахтерді ертіп алып поезға мініп Көкшетауға келдік. Одан автобуспен Кемерово ауданына бардық. Аудандық атқару комитетіне барып осы жұмыспен шұғылданып жүрген кісіге жолығып, баратын жерімізді білдік және жұмыскерлерді алып баруға автобуспен көмектесуін өтіндік. Бізге «Красный Октябрь» совхозына бару керек болды. Совхоз орталығына келгеннен кейін жұмыскерлерді орналастырып, бізден бұрын келіп, бір ай жұмыс істегендерді қайтардық та, жұмыс барысымен таныстық. Енді біз осы совхозда тұрып бір ай көлемінде жаңа жылға дейін сабан дайындап, дайындалған сабанды вагондарға тиеп, Қарағайлы станциясына жіберіп отыруымыз керек. Біз орналасқан жатақхананың жанында совхоздың үлкен астық қабылдайтын мекемесі бар, күнде таңертең жұмыскерлерді жұмысқа бөліп жібергеннен кейін осы мекеменің вахтасындағы телефон арқылы өзіміздің совхоз басшыларымен хабарласып, жалпы жағдайды айтып, дайындалған және жіберілген сабан туралы мәлімет беріп отырамын. Бірде вахтаға барғанымда вахтеркада күзетте егделеу келген орыс әйелі отыр екен. Кезекші әйелмен амандасып, телефонмен сөйлесуге тапсырыс беріп едік бір сағат тосу керек болды. Уақыт өткізу үшін кезекшімен танысып, түртпектеп әңгіме сұрадым. Аты Валентина еді.
Валентинаның әңгімесі
Қарағым, соғыс туралы, сол қырғын келгір немістердің соғыстағы айуандық әрекеттерін еске түсірудің өзі маған өте ауыр. Осы «Красный Октябрь» совхозының 80 пайыз тұрғындары немістер. Мен дәл осылардың жазығы жоқ екенін білемін, бірақ сол ұлтқа деген жүрегімнің түбіндегі қатып қалған қара тас мен өлсем де жібімейтін шығар. Көшіп кетуге баламның жұмысы осы жерде, содан еріксіз отырмын. Қазіргі менің оларға жасаған қарсылығым сол, олармен араласпаймын, амандаспаймын, сөйлеспеймін. Ой, қарағым-ай, несін айтасың, сол соғыс ел басына, бүкіл совет елінің басына келген зұлымдық, ғаламат ауыр соққы болды ғой.
Сол 1941 жылы жазға қарай Гитлер Кеңестер Одағына қарсы соғыс ашуы мүмкін деген сыбыс ел арасында жүріп жатты. Радиодан хабарлағанда СССР мен Германия арасындағы біріне-бірі шабуыл жасамау туралы келісім шарт жасалды, қарым қатынасымыз жақсы деп айтып жатады. Сонда да елде келешек не болар екен деген үрелі ой бар. Мен сол кезде 18 жастамын, Ленинградтағы медсестраларды даярлайтын училищені амандық болса алдымыздағы күзде бітірмекпін.
Маусым айының ортасында әке-шешемді Ташкенттегі апайыма баруға вокзалдан Москваға позға мінгіздім де, өзім үйге қайтып келдім. Ол кезде, әсіресе, жастарда соғыс бола қалған күнде де совет әскерлері немістерді көпке жібермей қуып шығады деген сенім өте күшті еді. Бізде соған имандай сендік. Үйткені газет арқылы берілген хабарларда, осындай мәліметтер жазылады, ал радио «Красная Армия всех сильней» деп өлеңдетіп жатады. Сөйтсек, көп жағдайда мұның бәрі құр үгіт- насихат қана екен ғой.
Қалада менің Виктор есімді таныс жігітім болды, әскери училищені бітірген жас лейтанант Ленинградты әуеден қорғау полкінде қызмет ететін. Соғыс басталардан бір күн бұрын сенбі күні біздің училищеге келді. «Валя, жүрші біраз қыдырыстап қайтайықшы, өзімнен-өзім көңілім жабырқап, оңбай жүрмін, қазір әуе қорғанысына дайындалып жатырмыз. 3 сағатқа зорға сұранып шықтым, тіпті босатпайды, негізі жағдай жақсы емес. Шекарадан өтіп келген бір кісі немістер 22 маусым күні Советтер Одағына қарсы соғысты бастайды»-депті, бізге мұны ешкімге айтпаңдар деген. Арандатушы болуы мүмкін дейтін шығар, сонда да біздің жақта қырғын дайындық байқалмайды. Мұның арты неменеге апарып соғады бір құдай біледі. Мүмкін бұл екеуміздің ақырғы күніміз шығар, жүр бір-екі сағат қыдырып қайтайық» деді. Виктордың соғыс басталуы мүмкін дегені мен үшін жаңалық емес болатын, дегенмен де дәл ертең соғыс болады дегені қорқынышты еді. Мен де сұранып шықтым. Содан екеуміз Ленинградтың орталық көшесіне, ескіше Нева даңғылына келдік. Көше бойында әр жерде гүл сатып отырған әйелдер. Сол жылы Ленинград көшелерінде алуан түрлі гүл дегенің сұмдық көп болып еді, тура қараған кісінің көзінің жауын алады. Виктор маған бір бума гүл сатып алып берді, екеуіміз қол ұстасып жүріп отырып, Норд кафесіне келдік. Бір столға отырып жеңілдеп тамақ алдық. Виктор маған балмұздақ алып берді. Одан шығып, демалыс паркіне келдік. Жазғы парк қандай тамаша, аллеясында жай қыдырып, кешкі Ленинградты тамашалап жүрген ел, парктің іші қыздардың сықылықтаған күлкісіне толы, әр жерден патефоннан айтылған әсем де сазды әндер естіледі. Патефон ойнатып отырған жерде, ән тыңдауға жыйналғандар көрінеді. Нева өзені бойында әр-түрлі әдемі серуен қайықтары... Осы бір әдемі кеш өмір бойы есімнен кеткен емес, сондай бір бақытқа толы, ешқашан қайталанбас уақыттар еді-ау. Ленинградтың осы әсем кешіне қарап ертең соғыс басталады дегенге ешкім де сенбес еді.
Виктор мені үйіне ертіп келді де, шешесімен және қарындасымен таныстырды.. Шешесі Маргарита елуден асқан орта бойлы, сұлу өңді әйел екен, қарындасының аты Татьяна, биыл мектеп бітірген, алдында арманы көп қыз еді. Содан әңгімелесіп отырып шай іштік. Виктордың шешесі мені жақсы қарсы алды. Елпілдеген ақкөңіл, мінезі ашық жан екен, екеуміз бірімізді-біріміз тез түсінісіп жақсы әңгімелесіп кеттік. Біраз отырғаннан кейін рұқсат сұрап екеуміз көшеге шықтық.. Виктор мені үйіме дейін шығарып салды да, өзі әскери бөліміне қайтты. Ертең соғыс басталады деген, қанша естіп жүргенімізбен ешкімнің ойында жоқ еді. Ертеңіне демалыс күні кештеу тұрдым да, әдеттегі сағат 12-дегі беретін түскі концертті тыңдайын деп радионы қоссам, концерттің орнына, сол кездегі сыртқы істер министірі Молотов сөйлеп жатыр екен, дауысы сондай қаһарлы, бір пәленің болғанын сезіп, жүрегім зырқ ете түсті. Бұл соғыс еді, есім шығып кетті, не істеп не қоярымды білмей, екі қолыммен басымды ұстап отырып қалыппын. Әлден уақытта есімді жинап, тез-тез киіндім де көшеге шығып, трамвайға мініп, училищеге бардым. Мен сияқты елдің бәрі де келген екен. Бізді, ақырғы курстағыларды жинап алды да, қолдарымызға медучилищені бітірді деген құжат беріп, жан-жаққа жіберіп жатты. Мені және 5 қызды Ленинградтағы үлкен ауруханада қалдырды. Ленинград көз алдымызда өзгерді. Қала үстінде дирижабль. Аспанда әуеден қорғауға жау самолеттерін бақылап журген біздің самолеттер. Көшелерде жоғарыдан жасырып тұратын тор құрып тастаған, көшелер мен парктер бос қалған. Елдің бәрі, қолына күрек ұстауға шамасы келетіндер, кәрі-жасы түгел қаланың айналасын қазып, танкіге қарсы ор қазуға жұмсалған. Жиналып тұра қалып, Информбюро хабарын тыңдаймыз. Совет әскерлері алысқа жібермей, немістерді тырқыратып қуып шығады деген сенім болғанымен, хабардан ондай сөз айтыла қоймады. Қалада түнде жарық жоқ, тек анда-санда прожектордың жарығы ғана көрініп қалады. Ауруханаға алғашқы жаралылар келіп түсе бастады. Олардың сөзінен неміс қаруы әзірше күшті болып тұрғанын естиміз. Ленинградқа жау самолеттері өтіп кетіп бомбалап кетіп жүрді. Оларды атып түсірді дегенді естігенде тура өзіміз атып түсіргендей сұмдық қуанып қаламыз. Ауруханада жаралылар өте көп. Күзде қыркүйек айының 10-күні Ленинград қоршауда қалды. Тамаққа норма белгіленді. Бір күні қыркүйек айының соңын ала Виктор ауруханаға жүк машинасымен жаралыларды алып келді. Бұл сол 21- маусымнан кейінгі екеуіміздің бірінші кездесуіміз еді. Ол үйіне бара алмады. Кетерінде маған «Валюша, айналайын, шамаң келсе, әрине, мүмкіндігің болғанда, шешем мен қарындасыма барып тамақпен көмектесіп тұршы», - деп тапсырды. Содан нормалы тамағымды жинап, басы құралған кезде уақыт тауып, апарып беріп тұрдым. Қыс түсе қалада жағдай тіпті қиындады. Жарық жоқ, жылу жоқ үйлерде буржуйка деген темір пеш бар, оның өзіне отын табу деген қиямет. Жағуға келетін нәрсенің бәрін ел әлдеқашан жинап алған. Жаралысы бар, аурулары бар ауруханаға ел симайды дәліз бен шаруашылық бөлмелерінің бәріне төсек салынған. Ауруханаға тек соғыстан келгендерді ғана аламыз, сонда да сыймайды, жазылып шығып жатады, оның орнына қайтадан келіп жатады, жұмыс өте ауыр. Елде тамақ жоқ, қаланың ішін аштық жайлаған . Нормамен беретін тамақты алудың өзіне кейде уақыт болмайды, тіпті түрегеліп жүріп ұйықтаймыз десек те болғандай. Бірде тоқ, бірде аш жүріп жаттық. Тек соғыста бұдан да ауыр ғой деп, өзімізді өзіміз жігерлендіріп, қалай да шыдап жүреміз.
Ақпанның аяғында Виктор тағы да бір рет жаралыларды алып келді. Жаралыларды орналастырып болғаннан кейін, Виктор маған «Валя, менің 3 сағаттай уақытым бар, әдейі сұранып шықтым, жалғыз баруға біртүрлі көңілім дауаламай тұр, босатса, сұранып шықшы, екеуміз шешеме барып қайтайық», - деді. Мен де бас дәрігерден сұранып, екеуміз Виктордың шешесінің үйіне келдік. Жолшыбай келе жатып Виктор шешем аман болса екен деп қояды. Соғыста жүріп өз аузынан жырып жинаған тамағын беріп, шешесі мен қарындасын бір ырза етпек. Мен де бұл үйге ақпанның басында бір рет келіп, азын-аулақ тамақ әкеліп беріп кеткенімді айтып жатырмын. Үйге келдік те екінші қабатқа көтерілдік, Виктордың үйінің сыртқы есігі ашық екен, біз екеуміз де бірден бір-бірімізге қарастық, далада 30 градус аяз болып тұрғанда үйдің есігінің ашық қалуы әрине тегін емес. Көңілімізді үрей жайлады, зәре жоқ, үрейлене үйге кірдік. Виктор үйге кіре салысымен «Мама, Таня қайдасыңдар, барсыңдар ма?» деп айқайлай кірді. Ешқандай дыбыс жоқ. Екеуміз жүгіре басып, тез-тез бөлмелерді аралап жүрміз. Шеткі ұйықтайтын бөлмеге кірсек, диванның үстінде көрпе-одеялдарға қабаттап оранып алған Таня отыр. Бізді көргеннен кейін, ол есі ауысқан адамдай екі көзі бағжиып, аузы ашылып қозғалмай үнсіз қалды. Виктор Таняны көрісімен жүгіріп барып екі иығынан жұлқылап «Таня, мына отырысың не, саған не болған, мамам қайда» - деп айқайлап жатыр. Таняда үн жоқ, кеудесінде жаны бар, бірақ есі ауысқан адам сияқты, алдында тұрған адамға тесірейіп қараған екі көзіне кісі қарап тұра алар емес. Виктор оны одан сайын екі иығынан ұстап алып «мамам қайда» деп қатты-қатты сілкілеп жатыр. Әлден уақытта Таня есі жаңа кіргендей, Викторға тесіліп қарап тұрып, бар дауысымен қатты шыңғырып жіберді де, «ой, құдайым-ай, Виктор, сен мені кешіре гөр, мен мамамды жеп қойдым» деп шыңғырып өзін-өзі жұлқылай бастады. Виктор екеуміз екі жақтап жүріп Таняның қолын артына қайырып отырғызып қойдық, ол болса әлі шыңғырып отыр. Әлден уақытта Виктор оны жаққа шарт еткізіп тартып жіберді де, «сен не айтып отырсың, оңбаған, мамам қайда?» деп қатты айқай салғанда Таня шыңғыруын тоқтатты да, алақанымен ауырып қалған жағын басып, басын бұрып қабырғаға таяу тұрған төсекке қарады. Викторда іші бірдемені сезгендей, жүгіріп барып, төсектің астынан үстіне жаман одеяломен жабылған шешесінің денесін суырып алып шықты. Оның бір аяғы қара санымен қоса жоқ еді.
Мен Виктор мына сұмдықты көтере алмай, есінен ауысып кете ме деп зәрем ұшты. Виктор да есі ауысқан адамдай айқай салып екі қолымен бетін басып, шешесінің денесінің жанына отыра қалды да, еңкейіп барып мәйіттің басынан құшақтай алды. «Мама, мені кешіре гөр, кешіре гөрші, анашым, мен, сендерге пана бола алмадым» деп анасының басын құшақтаған беті солқылдап жылап отыр. Мынадай адам естімеген сұмдықты көргеннен, менің де, жүрегім езіліп тұр. Үйдің ішін ауыр үнсіздік басты. Әлден уақытта Виктор «о, немістер, Гитлер, сені қарғыс атсын. Таня, жалғыз қарындасым-ау, құлыным-ау, мынауың не болғаның? Сен не істегеніңді білесің бе? . Сен өзіңнің туған шешеңнің етін жеп қойдың ғой! Құдайым-ау, мынадай да сұмдық болады екен ғой!» деп айқайлайды. Ол менен көмек сұрағандай маған қарады да «Валя, не істейміз?» -деді. Мен, Виктордың жанына барып, оны құшақтап, көңілін жұбатып, «Виктор, сен енді сабыр сақта, болар іс болды, Таня біздің үйде тұра тұрсын, ал қазір шешеңді жерлейік», - дедім. Ол есі кіргендей орнынан тұрды да, жүгіріп далаға шығып, шоферін шақырып әкелді де, екеуі мәйітті далаға алып шығып, машинаның кузовына салып, апарып, жерлеуге кетті. Ол кезде қалада күніне жүздеген адам өліп жатады. Сондықтан жерді қазып дайындап қояды. Кейде бір шұңқырға бірнеше адам жерленеді. Олар келгенше Таняға аздап тамақ беріп, одан білгенім, шешесінің өлгеніне 10 күн болыпты. Тамақ жоқ, ісініп аштан өлген. Шешем өтерінде маған «қызым, сен, мен өлгеннен кейін қорықпа, менің етімді біраз тамақ қыл, мүмкін ол екі арада Виктор келіп сені ажалдан құтқарар, мен бәрі-бір бұл дүниенің адамы емеспін, кештім бәрін де, мен кешкеннен кейін, құдай да, сені кешірер, көңіліңе алма», - деп қайта-қайта айта беріп еді. Оған ұрсатынмын «мама, сен не болса соны айтпа, өлсек екеуіміз бірге өлеміз», деп. Шешем өлгеннен кейін, оны апарып жерлей алмадым, шамам жоқ. Далада күн қатты аяз, үй де суық, пешке от жағылмағалы қашан, пешке жағатын отын да жоқ.. Содан үш күннен кейін, тіпті аштық қысты. Ар жағымнан шешеңнің өзі айтты ғой деген жаман ой түртпектеп маза бермейді, ақыры оның бір аяғын кесіп алдым», - деді де ол мені құшақтай алып, «ой, Валя, бұл не қылған сұмдық заман болды» деп өкіріп жылап жіберді. Мінеки, қарағым, біз осындай сұмдықты көрдік. Осыдан кейін оларға қалай ішің жібиді.
Таняның жүруге шамасы да жоқ еді, ол да ісіп кеткен. Виктордың машинасына салып, оны біздің үйге алып бардық. Виктор қайтып кетті . Бірақ көп ұзамай Таня да қайтыс болды. Менің оны күтуге шамам келмеді, оған уақыт та жоқ. Кейде ауруханада бірнеше күн түнеп қаламын. Осындай бір қарбалаң шақтан кейін үш күн өткенде, үйге келсем, Таня қайтыс болыпты. Төсекте жатқан беті жүріп кетіпті. Үйде ептеген азын-аулақ тамақ та бар еді, бірақ ол өзін-өзі кешіре алмады ғой деймін . Ол кезде арнаулы бригада көше аралап өлгендерді жинап жерлеп жүретін, соларға айтып Таняны жерлетіп, басына белгі қойдым. Оны құдай өзі кешірсін. Виктормен қайта кездесе алмадық. Сол беті өлі-тірісі белгісіз хабарсыз кетті.
Соғыс біткеннен кейін, Ташкенттегі апайыма бардым, әке-шешем қайтыс болыпты. Сонда жүріп тұрмысқа шықтым. Күйеуім қайтыс болған. Қазір міне, осы совхозда баламның қолындамын. Жасым келсе де, оларға масыл болып отырмайын деп вахтада кезекте жұмыс істеп жүрмін, бір тәулік істеп екі тәулік демаламын. Міне, қарағым, біздің жағдай осы деп анда-санда көзінің жасын сүртіп қойып Валя апай әңгімесін аяқтап еді.
Мен дәл сол жерде ол кісіні жұбатуға сөз таба алмадым. Ол кісінің көңілін бұзатын ескі жарасының аузын ашуға себепкер болғаныма өкіндім. Бірақ сол бір қасыретті күндердегі әркімнің басынан өткен бейнетті күндері, әр аданың өз қайғысы ғана болып қалмай, ол туралы халықтың да білгені дұрыс шығар. Міне, сол қырғын соғыстың біткеніне 2010 жылы 65-жыл болады. Алла ел басына енді ондай сұмдықты түсірмесін. Соғысқа қатысқандарды, соғыс кезінің елдегі ауыртпашылығын көтерген, аш-жалаңаш, жылап жүріп еңбек еткен адамдарды құрметтеу ұрпақ алдындағы үлкен парыз екенін естен шығармайық.
Азапты жылдар бейнесі
(Ұлы отан соғысының ардагері
Блялов Жаңабайдың әңгімелері)
Сонау 1920 жылдардан бастау алған, елге ұлы дүрбелең туғызып, ескінің бәрін түбірінен құртып, жаңа заман орнатпақшы болған, оған бөгет болғандардың бәріне қызыл террор жариялап, бөтен ойда болғандарды атып жазалап, байларды конфескелеп, одан кейінгі олардың құйыршығымен күрес, соңынан сол бір солақай саясаттың кесірінен әсіресе, қазақ халқының басына үлкен апат болып келген 1931-32 жылдардағы ашаршылықа ұласқаны белгілі. Және осының бәрі жабық әңгіме болып келді. Жоғарғы жақтың ұйғарымымен жүргізілген конфескелеу, ірі байлардан бастап қолында азын-аулақ малы барларды қоса қамтыды. Ел малдан айырылды, соның салдарынан болған ашаршылық бүкіл қазақ даласын қан сасытты, аштықта қырылған адамдардың көз жасы көл болып ақты. Кейбір әулеттерден ұрпақ қалмады. Қазір біз әңгіме еткелі отырған соғыс ардагері Жаңабай ақсақалдың туғандары бір атадан тараған, өздері бір ауыл болып отырған 32 жаннан 1933 жылы екі-ақ адамның қалуы, бұрынғы Темірші болысының 9-шы ауылындағы старшын тізімі бойынша 1928 жылы болған 360 үйден 1940-жылы аман қалған елдің бәрі елге жиналғанда сол уақытты көзімен көргендердің айтуына қарағанда 60 үй ғана болғаны - бұл зұлматтың қазақ даласына салған өмірі жазылмайтын жарасы. Сонда біріншідегі аман қалғандар 6 пайыз, екіншіде елдің 17- пайызы ғана аман қалғанын есептесек, орташа көрсеткіш ауылдағы елдің 11 пайызының ғана аман қалғанын көрсетеді. Бұл ақиқат. Сонда бұл сала мемлекет бойынша әлі дұрыс бағасын алмағаны. Әйтпесе дәл сол кездегі 1931-33-жылдар арасындағы жағдай нақты зерделенсе нәтижесі бұдан да жан шошытарлық болары анық. 2000-жылы ауылымыздың қадырлы ақсақалы Қалиев Шәкәрім сол 360 үйден қалған елдің ұрпақтарын бүгінгі күнге ойдағы–қырдағысы, қаладағы–даладағысын қоса есептегенде, жүз үйге жеткізе алмадым деп еді. Сонда 70 жылда орны толмақ түгілі 30 пайызға жетпегені, бұдан өткен сұмдық бола ма! Сондықтан да, мұндай сұмдықтың екінші қайталанбауы үшін, оны елдің келешек ұрпағы ұмытпайтындай етіп елдің санасында ұстау үшін, сол ашаршылық жылдары қырылып қалған елдің аты- жөнін қара кітапқа жазып, ел-елде бір белгі қойып, арнаулы күнді белгілеп еске алып, мешіттерде ас беріп, олардың әруәғына бағыштап құран оқытып отыру ұрпақтың мойынына жүктелер міндет.
Міне, бүкіл жер жүзіне ұлан-асыр алапат сойқан алып келген екінші дүниежүзілік соғыстың біткеніне 65 жылға жуық уақыт өтті. Бұл соғыс совет елінің халықтары үшін Ұлы Отан соғысы болып жарияланды. Елдегі қару ұстауға шамасы келетін ер–азамат соғысқа аттанса, әйелдер мен бала-шаға түгелдей еңбекке жұмылдырылды. Сол соғыстың басынан аяғына дейін қатысқандардың бәрін де батыр десе болар еді. Соғыста қаза тапқандардың әруәғын бүгінде көзі тірілердің өзін қадірлеп, қастерлеу барша елдің міндетті борышы. Сол ұрпақтың көрмегені бар ма, аштық, жалаңаштық, азап, жала, сорды қайнатқан сорлы тіршіліктің үстіне келген соғыс ауыртпалығы. Мұның бәрі тозақтың өзі болмаса да, соған пара-пар өмір еді. Кемелденген социализм құрып, коммунизмге жетеміз деген, ұлы идеяның елді алып келген жері осы болды. Осы идеяның елесі бізде әлі де бар сияқты. Сол тозақтың тезінен шыққандардың бірі, сол кезде жасы 77-ге келген қария, Қасым ауылының тұрғыны бүгінде марқұм болған Блялов Жаңабай ақсақал, ол кісіге Алла жар болсын. Сол кезде Жәкеңді әдейі іздеп барып, жеңіс мерекесімен құттықтап, өмір жолын сұрап әңгімеге тартып едім. Жәкең аз-кем ойланып үнсіз отырды да, сәл күрсініп, әңгімесін бастады.
- Алла тағала, адам баласы ананың құрсағында жаралғанына үш ай өткеннен кейін оның маңдайына болашақ тағдырын жазып қояды дейді. Бұл бір Алланың қалауы болмаса, оны өз еркіңмен өзгерте алмайтын, не алдыңды сезе алмайтын, сол жазылғандағы көресіңді көрмей көрге түспейтін, қағида болса керек. Және бұл шындық па деп ойлаймын. Қазақ тегін айтпаған ғой «қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деп. Мен ағайын-туысымнан ешкім қалмай қырылып қалған аштықты, үш жылға таяу қан майданды көріп, міне, бүкіл бір әулеттен жалғыз өзім ғана қалып отырмын. Бұл менің маңдайыма Алланың жазғаны шығар, коммунист боламыз, оның идеясын жүзеге асырамыз деп шапқылап жүріп, Аллаға жалынып жалбарына да алмадық, тек бір өзі жар болсын дейік. Ол кезде қазақ даласына келген сұмдықтың, елге жаны ашымайтын, өресі тар, өр көкірек, әй дер әже қой дер қожа қалмаған, мынауың дұрыс емес деп, биліктегілердің қателіктерін бетіне басқандарды, әр түрлі себептермен халыққа жау деп көздерін құртып отырған, жеке билеп төстеушінің, астындағы тағын сақтап қалу үшін не бір сұмдыққа баруға арланбайтын оңбағандардың кінәсінен екенін түсінбедік. Сонша бейнеттен елдің елдік рухы езіліп, мәңгіріп, елдің еңсесі түсіп, басы байлы құлдан да жаман басымызды көтеріп, құдай-ау, осыған кім кінәлі деген бір ауыз сөз айта алмай, әркім өз тіршілігімен жүріп, көрінген жерде қырылып, аштан өліп, сүйегі далада шашылып қалды ғой. Бұл халықтың саясаттан тысқары қалғаны, ал қарғыс атқыр билік халыққа есеп бермей, өзінікін дұрысқа балап, көпірме сөзбен елді алдап келгені бүгінде белгілі болып отыр емес пе? Бұрын әркім өзінің меншік малдарын өсіріп, жоғы ауыр болса да, әйтеуір, күнкөріс үшін, байларға жалданып малын бағып, сонымен жан сақтап отырған ауылдағы қазақтардан жаңа қоғам құрамыз деп алдарындағы малдарын тартып алды, не дұрыс қоғам құрылмады, сол екі ортада жаман қырғын болды. Тіпті есіңе алсаң, жүрегің түршігетін заман болды.
Мен 1923 жылдың қара күзінде, қараша айы болса керек, ел қыстауға көшкен кезде бұрыңғы Темірші болысының тоғызыншы ауылының Кең өлке деген қыстауында дүниеге келіппін. Қазір ол жер Қасым ауылының Белдеутас елді мекенінің жері. Ол кезде көрінген сайда 5-6 үйден бірігіп ағайынды адамдар бір ауыл болып, қыстап отыра береді. Біздің арғы аталарымыз Қарақбай, Шырақбай деген кісілер. Ауылдың үлкені біздің үлкен әкеміз Рысбеков Сүлеймен еті тірі, шағын шаруашылығы, азын-аулақ малы бар адам болған. Қалғандары оның балалары, үйлі, балалы-шағалы болып кеткен Тәттібай, Біләл, Қайырбай және жамағайын Алшағырдың үйлері. Мен 3-4 жасқа келген кезім болса керек, нағашым Татымбайдың үйінде болдым. Нағашымның руы шаштының ішінде Намаз болады. 1928 жылы ірі байлардың малдары мен дүниелерін конфискелеп, өздерін жер аударғаннан кейін Сүлейменнің де қолындағы мал-дүниелерін тартып алғанымен қоймай, өзін бұрын би болғансың деп, ал басқаларын сендер байдың құйыршығысыңдар деген желеумен қудалай бастайды. Өздерін ешкімге қатыстырмай, үкіметке қарсы үгіт жүргізесіңдер деп, жекеше деген атақ беріп, үйлерін жеке-жеке қондырып, тіпті біріне-бірін қатыстырмай қойды. 1929 жылы Сүлейменнің, Тәттібайдың, Қайырбай, Біләлдардың малдарын, үйлерін, жақсы киім-кешектерін, түс кигіз, текемет кілем, қысқасы іске жарайтындарын тартып алды. Сонда енді оларда мал дейтіндей аса көп малдары да жоқ, тек құр күн көрістік бірдемелері бар еді, оны да қоймады. Сол 1930 жылдың көктемінде біздің үлкен үйлер Шошқалының бауырындағы Тоғанбектің күзеуіне көшіп барды. Сол кезде елге астықтан салық түсті, ол уақытта бір үйді бір түтін деп сөйлейді, әр түтін 1-пұт бидай тапсыру керек. Сенде ештеңе бар ма, жоқ па онда шаруа жоқ, өл тіріл жаңағы бір пұт бидайды қайдан тапсаң да салуың керек. Салықты төлемесең сотталасың. Ту биенің құны 5-пұт бидай, қойың бір пұт бидай. Үлкен әкей Сүлеймен салық жинап жүрген белсенділерге «ей, қарақтарым-ау, ел егін салмайды, оны өздерің білесіңдер, қолда бар мал мен дүниені тартып алдыңдар, ал енді сонда бұл бидайды қайдан тап дейсіңдер»-деген екен. Артель бастығы Махамбетше комуннаға барып, «Сүлеймен елге теріс үгіт таратып жүр» - деп хабарлапты. Кейіннен Қарқаралыдан милиция келіп, Сүлейменді алып кетіпті де, жаңағы бір ауыз сөзі үшін ату жазасын беріпті. Сол кезде Сүлеймен 71-жаста еді. Сүлейменнің үлкен баласы Тәттібайды 42-жасында, ептеген сауаты бар еті тірі адам еді, соны байдың құйыршығы деп 10 жылға лагерьге соттады. Кіші інісі Қайырбай Қарқаралының түрмесінде жатқан ағасы Тәттібайға тамақ апарған жерінде ұстап алып, тамағын да бермей, түрмеге қамап тастапты, содан Сүлеймен мен Қайырбай екеуі де Қарқаралының түрмесінде қайтыс болыпты. Тәттібай лагерьде жоғалып кетті. Ол кезде түрмеде қайтыс болғандардың беліне тас байлап үлкен көлге тастай береді екен, жер қазып әуре болмау үшін, оны кейіннен білдік, ал жерлесе, қайда жерлегендері де белгісіз. Менің әкем Біләл сол ауылдағы 5-6 үйдің малына иелік жасап, бағып-қаққаннан басқа ештеңе мен жұмысы жоқ, ұзын бойлы, денелі, түрі ақ сары, ептеп Құран оқитыны бар, 30-35-тер шамасындағы кісі болған. Ауылдағы жесір әйел, жетім бала күн көрістік ештеңе қалмағаннан кейін, ел ақтап балапан басына тұрымтай тұсына дегендей әркім әр жаққа күн көріс үшін ел ақтап кеткен. Елдің біреуге-біреу қарайласар шамалары қалмаған. Үйлерін тартып алғаннан кейін, әр нәрседен құрап тіккен қостары ішіндегі дүниесімен сол беті тігулі күйінде қалды. Нағашым Татымбайдың баласы Шәкәрім сол кезде жаңадан құрылған ауылдық кеңестің хатшысы болып қызмет істеп жүрген, ол да үкіметтің іс-әрекетінен, елге істеп отырған қиянатын көріп, «олардың айтқанын істеймін деп елге зияным тиіп жүрер» деп жұмысын тастап кетіп қалды. Менің әкем Біләл бір күні кешкілік шешем Бибішті ертіп, бүкіл балалармен нағашымның үйіне келді. Ол кезде мен сол үйде тұрып жатқанмын. Әкем нағашыммен әңгімесінде, «күн көрістен айырылдық, міне жарты қап бидай қалды, ол кімге жетеді, ауылда отыра берсек, осы жарты қап бидай біткен күні біздің тіршілігіміз де бітеді. Сіздермен бірге отырсақ жекеше деген атымыз бар, ол да басымызға пәле, сондықтан сіздерге де жекешенің баласын асырап отырсың деп қырсығымыз тимесін деген оймен, Жаңабайды да ертіп кетейін деп келдім. Өзіңіз білесіз мына қараларға құдандал Шәкенов Мұхамедияның туысқаны менің бір үлкен апамды алған және Қара болысындағы болыс Төкеннің әйелі Шәкәт те менің апам ғой, ол жақтан да хабарымыз жоқ, егер дәл біздегідей оларды да кәмпескелеп, өздерін жер аударып құртып жіберсе, онда құдайдың ұрғаны, ал құдай оңдап өздері аман болса ,барып соларды паналай тұрып, біраз әл жинап алып, әрі қарай Балқашқа барып жұмысқа тұрып кетсем, тіпті көлден балық ауласам да, балаларды аштан өлтірмейтіндей жағдай жасап көрер едім. Сонымен, алдымыз қараңғы, не де болса, босқа отырып өлгенше, Аллаға тапсырып сол жаққа барып көрейік деген оймен жолға шықтық» деді. Нағашым да өздерінің Семейге қарай жол жүруге ыңғайланып жүргенін айтып, екеуі енді қайыра көріспейтінін білгендей түннің бір уағына дейін әңгімелесіп отырып еді. Ертеңіне Алла қайтадан көрісуге жазсын деп, құшақтасып, жылап-сықтап, қоштасып бізді шығарып салды. Дәл сол кезде адамның басы Алланың добы дегендей, кімнің сүйегінің қайда қалатынын, әрине ешкім білген жоқ. Бұл келе жатқан қырғын заман еді ғой.Сонымен біз жаяу-жалпы жолға шықтық та, екі–үш күн жүріп, Үш төбедегі Қара болысына келсек, бұл жақтағыларды да кәмпескелеп, өздерін жер аударып жіберіпті. Бұл жақта енді қарайлар ештеңе қалмағаннан кейін, біраз аялдап, ептеп азығымызды толтырып, қайтадан жолға шықтық. Біздің үйде балалар көп болатын, өзіміз 8 жанбыз, шұбырып жаяу келе жатырмыз. Әкемнің арқасында жарты қап бидай мен бір бала және ыдыс-аяқтар салынған қапшығы бар, шешемнің арқасында бір бала, менің үлкен ағам Дәрнебайдың арқасында бір бала, одан кейін мен келемін, менен кейін кішкене қарындасым, 6 жасар Рәббай келе жатыр. Екі күн жүріп, иесіз далаға келдік, күн ыстық шыжып тұр, шілде айының іші. Күндік азығымыз бір кесе бидай көже. Табанымызды тас күйдіріп, төбемізден күн өтіп, құр зордың күшімен келе жатырмыз, аяғымызды зорға басамыз. Рәббай екеуміз үлкендерге ере алмай, көп кейін қалып қоямыз, Рәббай тіпті менен де кейін қалып қояды. Әкейлер анда–санда ұзап кетіп барып аялдап, бізді тосып алады. Шөлдейміз, аузымыз кеуіп, тіліміз салақтап, көз қарауытқан кезде алдымыздан үлкен көл көрінеді. Бойдағы бар қуатымды жинап, балалық көңілмен бірінші жетейін деп әлгіге қарай тұра жүгіремін, ол ұзай береді, не жоғалып кетеді. Әкей босқа қара тер болма, ол сағым деп түсіндіреді, қайдан білейін, бұл дүниенің мұнша алдамшы екенін. Екі күннен кейін, бір, түп-түп шилі жерге келдік, күндегідей әкей алдыда, Рәббай екеуміз артта шұбап, келе жатқанбыз. Әкейлер әжептеуір қашықтап кетті жол жоқ, оң жақта бір құр өзектің бойында бейіт тұр, бейіттің жанынан өте бере артыма қарасам, біраз жерде Рәббай да келе жатыр екен. Басымды төмен салып, құр шықпаған жаным, әбден шаршап, ілбіп келе жатқанмын. Әлден уақытта, әкейлер қайда кетті деп сасқалақтап, алдыма қарасам, анадай жерде бізді тосып отыр екен, бұл сәске түстің кезі еді, мен жандарына келе құладым. Келген бетте әкей менен «Рәббай қайда»- деп сұрады. Мен жаңа бейіттен өткенде келе жатқанын айттым. Рәббай кешікті. Әлден уақытта шешем «Ойбай-ау ана қыз әлі жоқ қой, іздесеңдерші» дегеннен кейін кішкентай балаларды қалдырып бастарына белгі қойып, төртеуміз Рәббайды іздедік. Осы бейіттің маңы деп, неше айналып, жүгіріп жүріп айғайлап ұзап та барып іздеп ақыры таба алмадық, не ит, не құс алып кеткені белгісіз, ұшты күйлі жоқ. Сөйтіп біз Рәббайдан көз алдымызда тірідей айырылдық. Тірі болса дауысы естілер ме екен деп алаңдаумен сол жерде қонып қалдық. Бірақ Рәббай табылмады. Сонымен бір баладан тірідей айырылып, көңілімізді қайғы мен мұң басып ертеңіне қайтадан жолға шықтық. Шешейдің жылаумен екі көзі ісіп кетті. Әкей басу айтады «Қой, жаман ырымды бастама, құдайдың салғаны осы болды, басқасы аман болсын де, босқа егіле берме» дейді. Жаяу шұбап отырып, Қызыларайдан өтіп, арып-ашып Тоқырауынға келдік. Бұл жер де біраз аялдап, елден жолға тамақ сұрап алып, Қаратал деген жерге бардық. Бұл жаққа келгеннен кейін, мұндағы ел Балқаш жақта да жұмыс жоқ, тамақ жоқ елдің жағдайы жаман, алды аштан өліп жатқандар бар, одан да шамаларың барда Қарағандыға жетіңдер, ол жақта шахталар ашылып жатыр, әйтеуір нан тауып жеуге болады дегеннен кейін, қайтадан Ақтоғайға қарай жүрдік. Ақтоғайға келгеннен кейін, күз түсіп, күн қатты суыта бастады. Не де болса осында қыстап шығайық деп, жерден қазып, әйтеуір паналайтындай етіп, жер кепе жасап алдық та осында қыстап қалдық. Қыс түсті жұмыс жоқ, тамақ жоқ. Ел аштан өліп жатыр. Біздің де жағдайымыз жаман, үш кішкентай мен үлкен ағай сол қыста қайтыс болды. Әкей, шешей мен үшеуміз ғана қалдық. Жаз шыға әкей көзінен жасы ағып отырып,« құрысын жан сақтаймыз деп жүріп балаларды қырып алдық, әлі де не боларын бір Алла біледі, сонда да құдайға тапсырғаннан басқа қолдан келеріміз жоқ, есіміз барда елді тауып алайық, аман -есен жетсек, өз еліміз ғой, біреу болмаса біреу қол ұшын берер, елге барайық» деді. Сонымен, үшеуміз елге қайтпақшы болып, Қарқаралыға қарай жолға шықтық. Ақтоғайдан шыққанымызға бір күн өткеннен кейін, иесіз далада әкей ауырып, бір күн жатты да қайтыс болды. Енді жағдайымыз тіпті қиындады. Әкей ауырғаннан-ақ шешем екеуміз отыра қалып, жылап–еңіреп, құдайға жалбарынамыз, бірақ біздің көз жасымыз құдайдың назарына ілікпеді. Шешем екеуміз әйтеуір бірдеңе етіп әкейді сол далада жерледік. Жерледік деген аты болмаса, қолда не күрек жоқ таспен шұңқырлаған болдық та әйтеуір, бетін жасырдық. Міне, нан тауып жейміз деп елден тысқары шығып кетіп, бір үйлі жаннан енді шешем екеуміз ғана қалдық. Әкемнің сүйегі де, жат жұртта иесіз далада қалды. Біз 1928 жылға дейін Кеңөлкеде тұрғанда, сол ағайынды бес үйде 32 жан бар еді, содан міне екеуміз қалдық. Шешем екеуміз енді не шара жасаймыз деген ойға келдік. Шешем «қой, балам, екеуміз өз бетімізбен елге жете алмаймыз, сүйегіміз далада қалып, ит пен құсқа жем болармыз, одан да кері қайтып, Ақтоғайға барайық, әйтеуір ел іші ғой, одан басқа шара жоқ бізге» дегеннен кейін қапшықтарымызды арқалап Ақтоғайға қайтадан келдік. Мұнда бізді қай бір туысқанымыз тосып отыр дейсің, ешқандай жан ашырымыз жоқ. Құр әйтеуір барар жер басар тау қалмағаннан кейін, ел іші ғой деп лажсыздан келдік емес пе. Өстіп жүргенде Ақтоғайдан балалар үйі ашылады деген хабар шықты. Ұзын құлақтан естігеніміз, онда тек ешкімі жоқ таза жетімдерді ғана алатын болады дейді. Ақтоғайға қайтып келгеннен кейін мен таза жетіммін деп Иван деген орыстың үйінде екі айдай күндіз-түні жүріп, әр түрлі шамам келетін жұмысын істеп, әйтеуір нанымды тауып жүрдім. Шешем де әр кімнің жұмысын істеп, кірін жуып, малын жайғап жүрді. Екеуміз кейде оңаша кездескенде шешем мені құшақтап отырып, ағыл-тегіл жылаумен болады, мен де жылаймын, 9 жасар баланың қолынан не келеді? Сөйтіп жүргенде Ақтоғайдан балалар үйі -детдом ашылды. Сонда барып Біләлдің атын атауға қорықтым да, Алшағыров болып әке шешем жоқ тұлдыр жетіммін, деп әйтеуір зорға деген де тіркелдім. Детдомымыз ұзын барақ, екі жақ қабырғасына тақтайдан нар жасаған, балалар соның үстінде жатады. Үйдің ортасында қолдан жасалған темір пеш бар, оған жағатын отын су қайың мен қара тал оның өзі пыс-пыс етіп жөнді жанбайды. Бөлменің іші көк түтін болады да тұрады. Төсек-орын деген атымен жоқ, күндіз-түні киетініміз де жамылатынымыз да үстіміздегі киіміміз, сонымен тақтайдың үстіне жата кетеміз. Менің үстімде жаман сары тоным бар, бар киімім сол, оны кейде шешіп жаңағы пештің үстіне сілкіп-сілкіп қалғанда, жүннің арасына сіңіп кеткен биттер пытырлап түсіп жатады. Күніне бар болса бір рет шамамен жас баланың қолының басындай қара нан береді, жобасы 150-200 грамдай болып қалар. Кейде нан болмай қалғанда, орта кесе қуырылған бидай немесе қуырылған арпа береді, оны үлкен қасықпен өлшеп береді. Өзіме тиесілі наннан үнемдеп, анда-санда шамам келгенше ешкімге көрінбей, таса-тасамен жүріп отырып, тығылып барып шешеме апарып беремін. Егер де шешемнің бар екенін білсе, детдомнан қуып жібереді, содан қорқамын, қуып жіберсе барар жер жоқ, мұнда әйтеуір бір мезгіл болса да нан береді, оған да тәубә дестік. Ақтоғайдағы тентіреп жүрген жетім балаларды кейде жинап мен жатқан детдомға алып келеді. Ширақтау балаларды осында қалдырады, оларды неге екенін білмеймін «қара малақайлар» деп атайды. Ал күйі нашар әлжуәздарын біздің жанымыздағы басқа бір үйге апарады. Ол үйден күнде арбаға салып, өлгендерін тасып әкетіп жатады.1934 жылы жазда шешем біздің ел жаққа қатысқан біреулерге еріп елге кетті. Бізді Қарқаралының детдомына апарып тапсырды. Мен осы Қарқаралының детдомына келгенде фамилиямды Бләлов деп өз әкемнің атына жазғыздым. Мұнда келгеннен кейін кішкене күн-көрісіміз оңала бастады. Мұнда мені шешемнің бауыры Жаролла тауып алып, көп көмек жасап еді. Осында оқу оқыдық. Балалар үйіндегі оқу бітіп, біздің жасымыз толғандарды басқа жаққа жіереді. Мен 1938 жылы Қарағандыдағы тау-кен училищесіне түстім. 1940 жылы ауырып елге қайтып келдім де, шешемді тауып алдым. Сөйтіп, міне, бір кезде арқа-шарқа болып, бір сайды жайлап отырған 4-5 үйдегі 32 жаннан шешем екеуміз ғана аман қалдық, жала мен аштықтың біздің әулетке әкелген соры осындай болды. Ауылға келгеннен кейін колхозға мүше болып жұмыс істеп жүргенде соғыс басталды. 1942-ші жылы қазан айында Белдеутастан әскерге кеттік.
Бізді Түркменстанның астанасы Ашхабад қаласында жинады. Одан кейін Өзбекстанның Қаттықорған қаласында аз уақыт жаттығуда болғаннан кейін поезға мінгізіп, Москваға апарды. Москва маңында орман жанында штаб құрып, әскерді жинақтағаннан кейін, бізді сібірден әкелінген әскерге қосып, гвардия атағын берді де, ІІ-Белоруссия майданының 32-ші дивизиясындағы 322-ші полктың 2-ші батальонының 2-ші ротасына тіркеп, сол ротада автоматшы болып, 1942 жылы алдыңғы шепке алып келді. Осы жерден соғысқа кірдік. Қалың орман ішіменен жаяу Ржев, Калинин, Брянск қалаларының бағытында жауды шегіндіре отырып алға жылжыдық. 1943 жылы Белоруссияның Могилев, Витебск, Орша линиясында жергілікті маңызы бар ұрыстар жүргізе отырып, қорғанысқа көштік. Мен осы ұрыстарда оң қолымнан жараланып, госпитальға түстім. 1944 жылы 22 маусым күні басталған Белоруссияның астанасы Минскіні азат ету ұрысына қатыстым. Минск қаласын жаудан азат ету жолында Днепр өзенінің бір саласы «Берзина» өзенінен сал жасап өттік. Өзеннің арғы бетіне шығып шабуылға шыққандар тосқауылға тап болды. Минскіден шегінген жау өз әскерлері ұзағанша шабуылдаушыларды бөгей тұру үшін өздігінен жүретін «Фердинант» маркалы орудиясын тосқауылға қалдырған екен. Шабуыл тоқтап қалды. Сол кезде батальон командирі бізді жинап алып, орудияны құртуға төрт жауынгер барады, төртеуің төрт жағынан көзге көрінбей еңбектей отырып, таяу барған кезде орудияға бірінші жеткендерің граната лақтырып орудияның көзін құртуларың керек. Оған баратындар, деп төрт жауынгердің фамилиясын атағанда, солардың ішінде төртеудің біреуі болып мен де бар екенмін. Біз өзімізді тікелей өлімге жұмсап отырғанын сездік, бірақ оған мен барамын, әлде бармаймын деп айтуға болмайды, бар деген бұйрық болса, барасың, тапсырма орындалуы керек. Әйтпесе төрт адамнан да көп жауынгер мерт болуы мүмкін. Төртеуміз 200 метрдей жерде тұрған орудияның төрт жағынан шығу үшін төрт жаққа бөліндік те, еңбектеп жылжып кеттік. Жер мен жер болып, жыбырлап қалың шөптің арасымен жылжып келеміз, орудия болса оқты жан-жаққа, әсіресе шабуылдаушылар жатқан жаққа қарша боратып тұр. Әлден уақытта ептеп айналама қарасам, маған таяу бір солдат еңбектеп келе жатыр екен. Екеуміз жобасы граната лақтыруға болатындай шамаға бірге келдік те, қолымыздағы гранатаның сақинасын жұлып алып, лақтырып жібердік, граната орудияға дәл түсті де, оның үні өшті. Қайтадан барып батальонға қосылдық. Біз, екеуміз бардық, қалған екеуі келмеді, олардың оққа ұшқаны белгілі болды. Осы орудияны құртуға қатысқаным үшін мені «Қызыл жұлдыз» орденімен наградтады. Минск қаласын азат етуде біздің батальон қалаға 1200 адаммен кірген екен. Қырғын соғыс, жан-жақтың бәрі гүрс-гүрс жарылыс, жаныңды шүберекке түйіп алып жүресің, бұл жердегі сенің тағдырың, аман қалу қалмауың бір жаратқанның ғана қолында, ол туралы ойлай да алмайсың, біресе жүгіріп алдыға қарай барасың, біресе жата қалып автоматпен немістерге қарай оқ жаудырасың, содан бір күнгі соғыстан кейін 60-ақ адам қалыппыз. Міне соғыстың аяусыздығы осы. Мен осы күнгі соғыстан сол алпыс адамның бірі болып, жараланбай аман шықтым. Минскіден кейін біздің 322-ші полк Каунас, Вильнюс қалаларын азат етуге қатыстық. Неман өзенінен сал жасап жүзіп өттік те, шығыс Пруссияға баратын жолдағы Мериампуль қаласын алғаннан кейін, келесі белгіленген жерге жету үшін, үлкен жолдың үстінде әскерлер саппен келе жатқанбыз, алдымыздан дзотты тосқауылға кездестік, одан немістер біздің әскерлерге екі-үш пулеметпен оқ жаудырып жатты. Осы дзотты жою операциясына қатыстым. Бұл 1944 жылдың 4 тамыз күні еді. Осы ұрыста басымнан ауыр жараландым. ППГ-497 дала госпитальінде басыма ауыр операция жасады. Мұнда 20 күн жатқаннан кейін Каунасқа, одан кейін, Москваға әкеліп, М. Горький атындағы госпитальде екінші рет операция жасалды, операция сәтті өтті. Біраз емделіп жатқаннан кейін, мен ІІ- топтағы мүгедек болып елге Тоқылдаққа қайттым.
Жәкең елге келгеннен кейін соғыстан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіру жолында колхоздың шаруашылығында Томар колхозының басқармасы Райымбеков Сәдуақастың орынбасары, есепші болып еңбек етті. Соғыстан келіп біраз уақыт өткеннен кейін, 1948 жылы Қасымжан ақсақалдың қызы Рысжанмен қосылып от басын құрады.
Рысжанның да бұл жылдарға дейін көрмегені жоқ еді, деп әке-шешесінен естіген әңгімесін еске алады Рысжанның туған бауыры Зарықбай. Ел ішіне ашаршылық келгеннен кейін, қарапайым халық не істерін білмей дал болып қалды ғой. Ширақтаулары ертерек Семей жаққа өтіп кетті. Өздері 7-8 жан, балалардың бәрі жас, сонау Семейге жеткенше кім бар, кім жоқ. Әкесі Қасымжан да алғашқылармен бірге Семейге кеткен. Одан да хабар жоқ. Шешесі Нұрғайша қолындағы алты баламен не істемек, ол кезде Рысжан 6-жаста екен. Әбден жаны қысылған Нұрғайша Саробалы жақтағы Түндік өзенінің бойында отырған ағайынына, Қасымжанның інісі Ақтаутанға барып ақылдасқан екен, өздері де не істерін білмей отырған кісілердің берген ақылы, бір балаңды маған тастап кет, өз балам не жесе соны жер, қалған мына шиеттей бесеуімен де Семейге жету саған оңай болмайтынын білемін, бірақ қолдан келер шара жоқ ,бір Аллаға тапсырдым дейді. Ол енді, бастарыңа не іс түсерін бір Алла біледі, олай-бұлай болып кетсе, әйтеуір балалардың біреуі тірі қалсын деген ойы еді. Өз балам не жесе соны жер, осында жүре берсін дегеннен кейін, Рысжанды ағайынының қолына тастап, өздері Семейге кетеді. Рысжан ол үйде қалайда өзі тапшы тамаққа артық ауыз еді. Күндер өте келе, тамақтың тапшылығы ерекше сезіле бастайды. Қыс болса таяп қалды, қолдағы тамақ өз жандарын сақтап шығуға да жетпейді. Бір күні ағасы үйде жоқта, жеңгесі Рысжанды алдап жанына шақырып алып, алып-соғып бақыртып, креолинге қуырылған бидайды зорлап, аузына тықпалап, жегізіп жатқан жерінен баланың шыңғырған дауысына жүгіріп келген көрші отырған Оразбектің апасы Зыли деген әйел арашалап алып қалыпты. «Құдайдан қорықсаңшы, ертең Құдай оңдап аман-есен келсе, Қасымжан мен Нұрғайшаға не бетіңді айтасың» деп Зыли Рысжады өз үйіне ертіп әкетіпті. Рысжан креолин жегізгенді бұдан бұрын да, біреуге жегізіп жатқанын көріп қалған екен. Әлгінің бие сауым уақыттан кейін, аузынан көбік ағып, өліп қалғанын қөреді, содан зәре-зап болып қалған бейшара бала креолиннің иісін сезгеннен- ақ шырылдап қолды аяққа тұрмай бақырып, бірақ әлуетті қолға шамасы келмей жатыр еді. Егер ол күні Зыли үйінде болмаса, Рысжан да соның кебін киер еді. Әйтеуір, құдай оңдап, аман-есен қалып, кейін әке-шешесімен қауышады.
Әрине, бүгін тамақ тоқ, көйлек көк болып отырған заманда өткенді жазғырудан оңайы жоқ. Қазір біз ол кісілерді жазғырайық деп те отырғанымыз жоқ. Өйткені сондай жағдайды құдай басқа салмасын дейік. Ал енді қолдағы тамақ екінің бірі тірі қалатындай ғана жағдайға жететіндей болса не істер едік. Осы жылдары, қыз баланы көпе-көрнеу өлімге қиып, ұрпақ жалғастыратын ұлды аман алып қалған жағдайлар да болды. Сол жылдары ауылдан үш адам- күйеуі мен әйелі, үшіншісі 12-13 жастағы балалары, Семейге жолға шығады. Жолшыбай келе жатып байқаса, алып шыққан тамақтары Семейге дейін екеуіне ғана жетеді. Біреу қалу керек ,кім қалады? Әйтпесе, үшеуі де далада аштан өледі. Сонда Аллаға жалынып, кешірім сұрап, екеуміз аман қалсақ бала тауып алармыз деген оймен, қонып шыққан иесіз даладағы қыстақта ұйықтап жатқан балаларының сыртынан есікті шығып кетпейтіндей етіп мықтап бекітіп, өздері жолға шығып кеткен екен. Бірақ 13 жастағы ес біліп қалған бала қалайда жолын тауып қамаудан аман шығып, елге келіп, кейіннен қайтыс болыпты. Ал әке-шешесі сол беті хабарсыз кеткен. Мүмкін өздерін-өздері кешіре алмады ма екен. Тек Алла басқа бермесін деңіз.
Нұрғайша Тоқылдаққа келгеннен кейін қолда бар басы артық бидайды кейін аман-есен елге келетіндей күн туса талшық болсын деп, мұржаның ішіне төгіп, көтере алатын жол азығын ғана алып, кішкентай бес баламен Семейге жол тартады. Мұржаға тыққандағы себебі, қандай жағдайда да, үй қирағанда пештің мұржасы аман қалады екен. Семейге жол тартқандар, төтелей тартып, Тайлан өзенінің бойындағы бейітке түнейміз деп келе жатқанда, бейіт маңынан бір кісілерге жолығып қалады, әлгілердің түрі адам шошырлық. Кетіңдер де, кетіңдер деп бұлардың алдынан шығып, қуалай бастайды. Өздері от жағып, кішкене қазанға бірдеңе пісіріп жатыр екен. Анадай жерде жатқан шала сойылған баланың жартылай жабылмай қалған денесі жатқанын көріп қалып, дымдарын білдірмей Нұрғайша балаларын асықтырып, жетелеп қаша жөнеледі. Міне «аштық не жегізбейді, тоқтық не дегізбейді» деген осы. Семейге барар жолдың бойында, құрттап-сасып қырылып жатқан ел. Олардың ішінен өзі танитын біреуінің жалғыз әйел тырмалап жүріп бетін жабады, басқаларын жерлеуге шамалары келмегеннен кейін, тастап кете берген. Оның үстіне жол торыған қарақшылар кездессе, бір кесе бидай үшін қырып кетеді, немесе өзіңді сойып жеуден тайынбайды. Солардан қорыққан ел күндіз тығылып жатып, түнде жүретін болған. Жол үстінде түнде жүргенде, өлген адамның денесіне сүрініп жығыласың дейді. Жалғыз әйел шиеттей бес баламен жаяу Семейге жол тартып келе жатыр. Жақия деген қыз баласы жолда қайтыс болады, оны жолдағы бір бейітке апарып бетін жасырған болады. Семейге таяғанда Нұрқия деген екінші қызы қайтыс болады, мидай иесіз далада оның бетін жасырып, басына белгі үшін шілік қадап оның басына байпақ кигізіп кеткен екен.Кейін қайта келе алсақ жөндеп жерлерміз деген оймен. Итшілеп бір айға таяу жүріп арып–ашып әйтеуір Семейге келеді. Келгеннен кейін Нұрғайша сұрастыра жүріп, өзінің ағасы Әсімбектің үйін тауып алады. Онда барса, Қасымжан да осы үйде екен. Тамақтың тапшылығынан әлсіреп, ауру меңдеп, әбден нашарлап қалыпты. Жылап-еңіреп бірімен-бірі көрісіп, өздерінің аман жеткеніне тәубә деседі. Қасымжанның бәйбішесі Нұрғайша қолы ісмер адам еді, сол кісі ескі-құсқыдан тақия, байпақ тігеді, оны Ықыя деген қызы базарға апарып, бидайға айырбастап сонымен күн көреді. Қолға түскен тамақты өздерінен жырып, әлсіреп жатқан Қасымжанға береді. Бидай көже ішкеннен кейін, әл жинап, Қасымжанның да беті бері қарай бастайды. Ақсақалы екеуі ақылдасып, қазір тамақ өте тапшы болып тұр, әзірше өз тамағымызды асырап алайық, ал, мына балаларды өкіметтің балалар үйіне тапсыра тұрайық, біраз тамақ жиналғаннан кейін қайтадан алармыз деген оймен қолындағы Ақылжан, Кәкіжан және Ықыя деген қыз баласын Семейдің детдомына тапсырыпты. Ықыя қыз бала ширақтау ғой, детдомда қалмай, шығып кеткен шешесіне көрінбей таса-тасамен соңынан еріп отырып, үйге қашып келген екен. Қой, не де болса бірге көрейік деп Қасымжан ертеңіне балаларын алып келуге детдомға барса, детдомды көшіріп жіберіпті. Содан екі бала із-түзсіз жоқ. 3 күн іздеп хабарын біле алмай жылай-жылай қайтып келіпті. Келесі жылы елден, бидай қалың шықты, астық жинайтын кісі жоқ деген хабар жеткеннен кейін, кері елге қайтыпты. Сол Ақылжан мен Кәкіжанның қайғысынан шешемнің белі еңкейіп қалды. Келгеннен кейін Рысжанды қолдарына алған. Соғыс басталғанда сол ауылдағы елге сыйлы адам Әбдрахман қажы Қасымжанның үйіне келіп баласы Қажыбайға қосу үшін Рысжанға құда түседі. Өзара келісіп, баларды үйлендіреді, екеуі үш ай жолдас болады. Қажыбайды соғысқа алып кетеді де, ол майданнан қайтпай қалады. Қажыбай Әбдрахман қажының Мекке сапарында жүргенде дүниеге келген баласы еді, шешесі Мәкежан қызы Падишах ертеректе қайтыс болған. Жалғыз ұлының соғысқа кететініне әке көңілі абыржып, ертең бұл бала соғысқа кетсе не жағдай болады, «жаман айтпай жақсы жоқ» дегендей, жағдай жаманға шауып кетсе, жалғыз ұлдың артында бала қалар ма екен деп үйлендіріп еді, бірақ оны Алла жазбапты. Кейіннен Әбдірахман Қасымжанды шақыртып алып, Рысжанға еншісі деп бір тайыншасын, көрпе жастығын беріп, «Қарағым, Рысжан, сені қимаймын да, бірақ мен қимадым екен деп, сені қалай ұстап отырайын. Алланың жазуы осылай болды. Ең құрмаса соңынан ұрпақ та қалмады. Артын тостың, оныңа рахмет, айналайын, қайда жүрсең, бағың ашылсын» деп, жылап, қоштасып шығарып салыпты.
Соғыстан келгеннен кейін Жәкең Томарда Жаманбай деген ағайынының үйінде жүреді. Шешесі күн-көрістің қамы үшін, Мамырбек деген кісіге тұрмысқа шыққан екен. Олар Фрунзе колхозында тұрады. Рысжанның ептеген сауаты болғаннан кейін ауылдық кеңес басшыларының жұмсауымен сол кезде ашылған сауат ашу мектебінде жасы үлкендерге сабақ беріп жүрген кезі екен. Жәкең екеуі уәделесіп, үйленуге келісім жасайды. Бір күні Қасымжанның үйіне әйелі қайтыс болған, бұрын Қасыкеңмен келісімі болған, Кәкім деген кісі Рысжанды алуға келеді екен. Бұл хабарды жеңгелері Рысжанға айтып, одан Жаңабайға хабар жібереді. Жәкең бір бір жақынының торы жорға атын мініп, кешкілік Қасымжанның ауылына келеді. Ешкімге көрінбей, Қасымжанның көршісі Мәтімбайдың үйіне келіп, аттан түседі. Сол кезде Рысжанды үйінен алып шығу үшін Мәтімбайдың әйелі Төлеутай Қасымжанның үйіне кіріп келіп, «әй, қыз, сенің кешегі берген сабағыңды түсіне алмадым, ренжімесең маған көрсетіп жіберші,» деп ертіп алып шығады да , тор жорғаға мінгестіріп қоя береді. Мұны сол сәтте сыртта жүріп, көріп қалған Кәкім үйге келіп, «Қаске, енді әуре болмаңыздар, бала кететін жеріне кетті» деген екен. Жаз шыға алғашқыда Әсесір деген жердегі ескі құлаған қораның басын көтеріп, бір бөлмесін кісі тұратындай етіп жөндеп, сонда кіргізеді. Кейіннен Қасымжан өздері қоспен қалып, төрт қанат кигіз үйлерін қызына береді де, әркім шамасы келгенше қолдарында басы артық бірдемелерін беріп, бастарына жеке үй тігіп береді. Әкесі соғыста қайтыс болған, шешесі жоқ, Жәкеңнің нағашысы Жаролланың баласы Рымбайды қолдарына алып үй болып кетті. Кейіннен бәрі Фрунзе колхозына көшіп келді. Жәкең осы ауылда бірнеше жыл бөлімше бухгалтері болып еңбек етті.
Адам баласы өмірге қонақ деген, 1970 жылдары Рысжан ауырып қайтыс болды. Өте жақсы адамдар еді жарықтықтар. Жәкең Қасым ауылының Ақбай-Қызылбай ауылында есепші болып жүріп 1983 жылы зейнеткерлікке шықты. Міне, Жәкеңнің ауыр да бейнетті өмір жолы осындай. Кейінгі жылдары Жәкең армандап жүріп жеткен Арман деген баласымен бірге тұрып жатты. Біз сол кезде, Жәкеңе барып, 9-мамыр - Жеңіс күнімен құттықтап, балалары мен туыстарының арасында, алыстан көрінер бір төбе болып жүре беруін тілеп қайтқан едік. Жәкең әңгіме арасында «адамда арман деген таусыла ма, бәріне бір Алла төреші, бәрінен де келешек ұрпақ үшін деп, неше түрлі бейнетті көріп жүріп, өсірген мал мен жинаған дәулеттің үстінде, осы елдегі марқұм болған адамдардың бір-бір тамшы көз жасы мен маңдай тері бар еді ғой. Сол дүниені ел еңбегін бағаламаған қулардың ұрпаққа бұйыртпай, аз уақытта тып-типыл қылғанына, немесе сол дүниені жинауға қатыспаған, ала-аяқтардың өзара келісіп, бөліп алғандарына ішің ашиды, олар да қайда барады дейсің, бәрі уақытша нәрсе ғой, бірақ дұрыс болмады, есіл елдің сонша еңбегінің далаға кеткеніне жүрегің ауырады», деп еді. Шіркін-ай, ауыл ағаларын осынша ренжітуге кім себепкер болды екен?
Қазақ ССР халық артисі Жүсіпбек Елебековтың әйелі Қабиба Қарақбаевна Елебекова, Жәкеңдермен немере, Қарақбайдың ұрпағы, сондықтан Жүсекең бұл кісілерге күйеу болып келеді. Ертеде Жүсекең ауылға жиі келетін, және ылғи Жәкеңдердің үйінде болатын. Ол кезде көп ел сыйып отыратын клуб деген жоқ. Сондықтан ашық күндері далада концерт қоятын. Сонда Жүсекеңнің ашық даладағы «Жас қазақ» әнін шырқағандағы дауысы қос бұлақтың маңайын жайлап алушы еді. 1962 жылы Алматының ауыл шаруашылық институтына оқуға түсуге біздің Фрунзе ауылынан Рымбай екеуміз, Томардан Кәкен деген жігіт үшеуміз бірге бардық. Сонда Жүсекең бізді баласынбай ел адамдары деп үйіне қонаққа шақырып еді. Бұл ұлағатты, үлкен жүректі адамның ісі, бәйбішесі екеуі бізді сыйлап шығарып салды.
Жоғарыдағы суретте Қабиба Қарақбаевна ортада, Қарқаралы қаласына қонаққа келгенде түскен суреті.
1990 жылы ауылда Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арнап ескерткіш қойылған болатын. Ескерткіштің тұғыры биіктігі 7- метр үш қырлы, жобасы винтовканың істігіндей болып келіп, биіктеген сайын ұшы сүйірлене келген, ең ұшар басында Ұлы Отан соғысының ордені орналасқан. Осы тұғыр алыстан көз тартып тұрады. Тұғырдың екі жағындағы үлкен-үлкен алты тақтаға соғыстан қайтпаған 138 адамның тізімі жазылған. Бұл ескерткішті соғыс ардагері, қолынан өнері тамған, ауданның сыйлы азаматы Аманбаев Сұлтанның проектісімен, жасалып еді. Жаңағы тұғырдың астыңғы жағында иығына плащ палатка жамылған, қолына автомат ұстаған, жалаңбас солдат тұр. Бұл солдатты Сұлтан ағамыз «менің Жаңабай досыма, өмірдің бейнетін көп көрген жанашырыма, сыйлығым болсын, деп соның суретіне қарап отырып жасадым», деп еді. Қазір бұл солдат Блялов Жаңабайдан қалған белгісі болып ауылдың ортасында тұр. Қандай адамгершілік десеңізші, қанды көйлек достардың өзінен бұрын досын ойлаған, сыйласымдығы жарасып ақ тұр емес пе?
Қазір қадырменді ағаларымыздың бастарынан өткізген ғаламат ауыр бейнетті, ашаршылық, жоқшылық, қырғын соғыс жылдардағы өмір жолдарын ой елегінен өткізе отырып, Жәкеңнің жоғарыдағы ренішіне шынында да ортақтас болғандаймыз. Бірақ кәзіргі қолдан жасалған байлар мен миллионерлер елдің ренішін не қылсын. Құранда айтады «Өмір ағып жатқан су сияқты, сол өмірде өзіңе әулетіңе жетер дүние жый, бірақ оған қызықпа, ол үшін елге қыянат жасама, жасаған қыянатың өзіңе соққы болып тиеді, үйткені дүниенің түбіне жеткен ешкім жоқ», дейді. Бірақ бүгінде оны ойлап жатқан «байлар» жоқ. Қолына түскен дүниенің, іске жарайтынын өздеріне меншіктеп алып, іске жарамайтын дүниелерін қарапайым халықпен қоса шашып кетіп, дүние жинап, байып, шалқып жүрген жағдайлары бар.
Сіздердің адал еңбектеріңіз бен өткізген өмірлеріңіз, келешек ұрпақ алдында, сіздерді білетіндер арқылы «Жақсы адамдар еді» деген сөз қалар.
Ал, осы бір өмір соқпағындағы дүрбелеңге толы, ала-сапыран заманды пайдаланып, арамдықпен, қулықпен, елді алдап дүние жинағандар, сол жиған дүниесінің ғана құлы болып қалар. Оларға ел құрметінен, халықтың батасынан гөрі дүние ыстық көрінді. Бәріне бір Алла төреші болсын.
Сіздердің, және сол тауқыметке толы заманда, бірге болған замандастарыңыздың, жүріп өткен жолдарыңыз, қилы тағдырларыңыз, ел игілігі үші сіңірген адал еңбектеріңіз, жақсы аттарыңыз,елеулі есімдеріңіз ұрпақтар жадынан өшпеуге тиіс.
Қарт десантшы
Ұлы Отан соғысының ардагері Оспанов Сағынтайдың әңгімесінен
Қасым Аманжолов ауылының №-19 мектебінде мұғалім болып жұмыс істеп жүрген кезімде, мектеп мұражайы үшін, осы ауылда ертеректе мұғалім болып істеген адамдардың тізімін жасадық. Тізімде 1957-58 жылдары бұрыңғы Фрунзе колхозының орталығы Ақбай-Қызылбай ауылындағы жеті жылдық мектепте мұғалім болып істеген Оспанов Сағынтайдың аты бар еді. Сәкең Қарағанды қаласына көшіп кеткен екен. Бір жолы Қарағандыға барғанымда Сәкеңе жолығудың сәті түсті. Бұл кезде Сәкең 84 жасқа келіп қалған бәйбішесі дүниеден қайтқан, өзінің де денсаулығы сыр бере бастаған екен.
Сағынтай Оспанұлы 1924 жылы Томар ауылында дүниеге келген. Әкесі Оспан өте шебер етікші еді. 1931 жылы елдегі тапшылықтың салдарынан, қолынан келер кәсібін істеп,, күн көріс жасап, ақша табу үшін, Семей қаласына кетеді. Бұл, ауылдарда әкімшілік жүйенің күшімен байлар компескеленіп, жеке меншіктің жойылып, елдің артельдерге бірігіп жатқан кезі еді. Коллективтендірудің өте өрескел тәсілі ауылдардағы бірнеше жылдар бойы қалыптасқан дәстүрлі жүйені жойып, жаңа қоғам құрамыз деген ұранмен, және үкіметке тапсыратын ет тапсырмасын асыра орындау үшін, елдің малын тартып алып жатқан. Малдан айырылған ел жан сауғалау қамына кіріскен. Елде қалған мен екеуіне күн көріс жоқ. Содан, шешем, не де болса, Семейге барып, әкемді тауып алу керек деп шешті.
Осы мақсатпен, тек жан сақтау үшін, қолдарына жолға жетер тамақтарын алып 1932 жылы жазда, елді ашаршылық жайлаған кезде, шешесі Жақсыбала екеуі жаяу Семейге жол тартады. Жеті жасар бала томпаңдап шешесінің жанында еріп келе жатыр.
Cол сұрапыл, ауыр жылдардағы бастан кешкен уақиғаларын былай әңгімелейді.
Семейдің жолы соғыс жүріп өткендей шашылған адамның денесі, ішінде танитынымыз болса, бетін жасырайық деп, шешем біразын аударып, үңіліп, бетіне қарап жүрді. Бірақ уақыт өткеннен кейін иістеніп, құрттап кеткен адам мәйітіне жолаудың өзі ауыр. Жеті жасар бала мен жалғыз әйел оған не шара жасамақ. Күндіз әйтеуір көзің көріп келе жатқанда мәйітті айналып кетеміз, ал түнде жүргенде жолда жатқан адам денесін талай рет құшақтай құладық. Сондықтан да жолдан тысқары жүруге тырыстық. Адасып кетпес үшін енді түнгі жүрісті қойдық, тек жолдың жобасын сыртынан көріп отырып күндіз жүретін болдық. Сонымен, он жеті күн дегенде, арып ашып, әбден шаршап Семейге де жеттік.
Қазір ойлап отырсам, Томар мен Семейдің арасы 450 шақырымдай жер, сонда, біз күніне 24-25 шақырым жол жүріп отырыппыз. Адам баласы, Алла басына салса, не нәрсеге болса да, көнеді ғой, сонда да, жеті жасар бала мен жалғыз әйел, сонша жерді жаяу жүріп өтуі ойыма сыймайды.
Бізден бұрынырақ барғандардан сұрастырып жүріп, әкемді тауып алдық. Аман -есен көріскенімізге қуанысып жатырмыз. Бұдан кейінгі, біздің аман қалуымызға әкемнің етікшілік кәсібі себепші болды. Сол кәсібімен ашаршылықтан алып шығып, одан кейінгі өмірімізге де, көп көмегі болды. Қала базарларынан ескі аяқ киімдерді арзан бағаға сатып алады. Күресінге лақтырып тастаған аяқ киімдерді жинап алып келіп, сөгіп, жуып тазалап, кептіреді де оны майлап, қатырып тұрып, жақсы аяқ киім тігіп, оны жоғарғы бағаға сатады. Сол сияқты ескі тондарды да сатып алып келіп, жуып тазалап сөгеді де жүндерін қырқып, пима басатын жерге тапсырады. Ал теріден хром жасап, одан етік тігіп сатады. Семейде біраз тұрғаннан кейін, елдің көбісі сол жақта тұрмыс жақсы дегенге, Россияның Кемерово қаласына келдік. Бұл жерде 1933 жылды қыстап шығып, жаздың күні әкейдің жиендері Сәдуақас, Әсетолла, Рахметолла, Әлмағанбеттердің бала-шағаларымен бірге Новосибирск қаласына көшіп бардық. Мұнда бір иесіз қалған барақты жөндеп алып, сонда тұрып жаттық.
Бұл кезде біздің үйде бес жан болғанбыз. Осы қалада 1935 жылдың жазында менен кейінгі дүниеге келген екі кішкентай балалар қайтыс болды. Біз қайтадан үшеуіміз қалдық.
Елдің құлағы ел жаққа қарай түрулі, ол жақтан келген хабарға қарағанда елде ашаршылық тоқтаған, бұрынғыдай емес, ел оңалып қалды, кісі күші аз, жұмыскер жетіспейді, деген хабарлар келіп жатты. Осы хабарды естіген әкем мен шешем елді сағынған болуы керек, елді аңсап, қайтайық деген әңгімені айта беретін болды.
Ақырында ол кісілердің армандары жүзеге асып, Шәкен деген жиендерімен келісіп, ел жаққа қарай жолға шықты. Новосибирск қаласынан поезбен шығып, Семейге таяу Танке деген елді мекенге келіп поездан түстік. Мұнда халық негізінен ауылшаруашылығы жұмыстарымен айналысады екен. Мал ұстап, егін егетін үлкен шаруашылықтары бар. Бұл жерде екі жұмадай тұрып, ауыл базарынан арба білетін бие, және арба сатып алдық. Шәкен де ат арба сатып алды. Осы көлікпен Семейге келдік. Семейден жолға азық-түлік алып, елге қарай жол тарттық. Осыдан үш жыл бұрын шешем екеуіміздің жаяу жұріп өткен жерлерімізбен бүгін ат арбамен қайтып бара жатырмыз. Сол кез есіме түссе әлі де жүрегім ауырады. Және де өзіміздің сол өліктерді аралап жүріп, жынданып кетпей Семейге қалай жеткенімізге таң қаламын. Бүгіні күніміз, біз үшін бұл үлкен жетістік еді. Жолда әр жерде, сол ашаршылықта аштан өлген адамдардың сүйектері әлі де ақ сүйек болып шашылып жатыр. Елсіз даламен далаға суы бар жерге қона жүріп, он күн дегенде Қарасуға жеттік. Ел ішіндегі ұлы жұттан аман қалғандар, жыласып көрісіп, біріне-бірі көңіл айтысып жатыр. Мұндағылар колхоз болып ұйымдасып, қолда бар дүниелерін ортаға салып, бірігіп еңбек етпекке ұйымдасқан екен. Колхоздың атын, жер атына қарай «Қара су»деп қойыпты. Бұл 1935 жылдың жаз айы еді. Жаңа ұйымдасқан колхоздың бастығы Қосымбетов Қасен деген аласа бойлы азамат. Колхоздың орталығы Кеңөлке аймағындағы Қарақбай қыстағы. Мұнда ел жиналғаннан кейін, бастауыш мектеп ашылды. Мұғаліміміз Әбдрахман қажының баласы - Мұстафа. Осы мектепте Мұстафадан сабақ алып, екінші класты бітірдім. Мен оқушылардың ішіндегі ересегі едім. Заманның ауырлығына қарай уақытында оқи алмай, оқуды он бір жасымнан бастадым. 1937 жылы колхоздар іріленіп, біздің Қара су, Томар колхозына қосылды. Осы жылы Темірші ауылында жеті жылдық мектеп ашылып, соған барып оқуға түстім. Бұдан кейін әкем мені Үш төбе колхозында тұратын апам Жәмиләнің қолына берді де, мен енді Аққораның бастауыш мектебінен төртінші класты оқып бітірдім. Соғыстың алдында қайтадан Томарға келіп, Теміршідегі жеті жылдық мектепті бітірдім. Мектепте жүргенде спорт кружоктарына белсене қатысушы едім. Бұл соғыста жүргенде өзіме көп септігін берді. Бұдан кейін үйдің жағдайына қарай оқи алмадым да, колхоздың жұмысына шықтым. Соғыс басталды. Жасым он сегізге толғаннан кейін 1942-жылы ақпан айында мені әскерге алды. Соғысқа баратындарды Қарағандыда жинап, қызыл вагонға мінгізіп майданға жөнелтті. 3-4 күннен кейін Россияның Саратов облысының темір жол торабының бойында орналасқан Мокраус қаласына келіп түстік. Осы жерден менің жауынгерлік жолым басталды. Біздің келіп түскен әскери бөліміміз, әуе десанттарын дайындайтын құрама екен. Біздің әскери десанттық полкті басқалардан бөліп алып, Иваново қаласының маңына алып келді. Осы жерде бізді он бір ай әскери десант бөлімінде, жау тылына түсіруге дайындады. Мұндағы ең негізгісі және ауыры парашютпен секіру, алғашқы да биіктікті бірте-бірте көбейту арқылы секіріп жерге түсу тәсілдерін үйретті. Одан кейін самолеттен, аэростаттан секріп үйрендік. Жаттығу бір толассыз жүреді, күндіз-түні маза жоқ. Соғыс құралдарының барлық түрлерін пайдалануды толық меңгердік, тіпті немістердің де қаруларын қалай пайдалану керек екенін біліп алдық. Неміс тілінен сабақ береді, ұрыс, төбелес тәсілдеріне жаттықтырады. Жапан далада жалғыз қалған жағдайда қалай күн көру керек, нені тамақ етуге болады, бағыт бағдарды қалай анықтау керек. Қысқасы бізді ең ауыр жағдайда аман қалудың әдістеріне үйретті. Оқу-жаттығу негізі аяқталғанымен, біздің қалайда жау тылына түсуімізді кейінге шегіндіре берді. Енді бізді бомбалаушы самолеттен парашютпен секіруге жаттықтырып, мен одан алты рет секірдім. Сол жылы әр түрлі самолеттен 15 рет секірдім. Онда ауа райының әртүрлі жағдайына қарамай суға, батпаққа, тауға, тоғай ішіне түсеміз, әр секірудің өзіндік мақсаты бар. Оның үстіне арқаңда 25-30 кг оқ, қару-жарақ , тамағың бар. Парашют ашылып аман –есен жерге түскеннен кейін, 40-50 шақырым \марш бросок\ жүгіріп өтесің. Самолеттен секіру айтуға ғана оңай, «секірдім»- деп. Ал, парашюттен секіру дегеніңіз, негізінде адам ағзасына өте ауыр, үрейленуден әр жауынгер 4-5 кг салмақ жоғалтады екен. Бұл ғылыми түрде дәлелденген. Менің негізгі міндетім бомбалаушы самолетте зенитчик пулеметчик болды. Зенитчик самолетің үстінде отырады, сондықтан да, бірінші нысанаға ілігетін де сол. Бірнеше рет Калинин облысының орманының ішінде орналасқан аэродромнан жау тылына, соғыс жүріп жатқан жерлерге бомба тастау үшін жауынгерлік тапсырмамен ұшып шықтық. Нақты неше рет ұшқаным ойда қалмапты. Неміс самолеттерімен бетпе –бет кездесіп қалған кездеріміз болды. Осындай бір ұрыста неміс ұшқышымен кездесіп қалдық, Мұнда өте сақ болмасаң болмайды, жердегідей көздеп отыра алмайсың. Мұндағы тағдырыңызды бір секундтай сәт шешеді, кім бірінші дәл атып үлгіреді, соның жұлдызы жоғары болады. Осы ұрыста немістің самолетін атып түсірдім, шыны керек өзім де жаман қуандым. Зенитканың қолдауын қолыңа ұстап отырғанда, сондай бір бар ынта жігерің жау самолетін қалайда нысанаңа келтіру, бұл әрине ұшқышқа да байланысты, дегенмен негізгі жағдайдың иессі ол зенитчик. Осы үшін «За отвагу» деген медалін берді. Десанттық әуе бөлімінде жүріп, осындай бес ұрысқа қатыстым. Әйтеуір құдай иіп, аман қайтып жүрдік. Әр ұшқан сайын Аллаға сыйынып, жаныңды шүбереке түйіп аласың, аман-есен жерге түссең жас балаша қуанасың. 1945 жылдың басында біздің әуе десант полкын, алдыңғы шепке аттандырды. Бұл уақытта майдан шебі Чехословакия, Румыния, Польща жеріне ауысқан. Алғашқы ұрысқа Венгрия жерінде қатыстым. Шыны керек, нағыз соғыс дегеніңіздің не екенін осы жерде сездім. Аспанда да жұмақ емес, бірақ әуе десантының машығына үйренген адамға жердегі соғыс аса оңай болған жоқ. Бүкіл фронт бойынша шабуылға шықтық, міне нағыз соғыс осы жерде, алдымыздағы немістердің бекінісін жерден артиллерия мен, аспаннан самолетпен бомбының астын алды. Немістер де, қарсы шабуылға дайндалады, аспан асты көк ала түтін мен шаң, ысқырып келіп түсіп жатқан бомба мен снарядтар жарылысы адамның жүйкесін жеп қояды. Айналаң бұршақ жауғандай тырсылдап оқ түсіп жатқанда соған қарамай, «алға» деген команданы естісімен, окоптан жүгіріп шығып, шабуылға кетесің. Осы шабуылдан кейін, үш күндей сол шабуыл есіме түссе өне бойымды үрей жайлап, тамақ батпай жүрді. «Үш күннен кейін тозаққа да үйренесің» легендей, басқа кезде шабуылға шыққанда, аса сол біріншідегідей үрейлі болмады. Соғыста ешқандай қызық жоқ, онда романтика деген болмайды. Бүгін өлесің бе, тірі қаласың ба, ол сенің қолыңда емес. Сандаған күндер ұйқысыз өткізесің. Мезгілімен тамақта іше алмайсың. Сақылдаған сары аязда қар үстінде қозғалмай, еш қыймылсыз жатасың, сулы, батпақты окоптың түбін паналап, неше тәулік отырасың, бірақ осының бәріне десанттық дайындық оқуы өзінің әсерін берді. Соған төзіп шықтық. Бірде жазғытұрым мұзы жұқарған өзеннен өттік, мұз ойылып кетіп омыраудан келетін мұздай суды жалдап шығуға тура келді. Бір жағынан сең соғып жатады, қолыңда бос емес, қаруыңды суға тигізбес үшін басыңнан жоғары көтеріп аласың, сіңірі тартылып құлап қалғандар да болды. Көздері көрсе сүйемелдеп сүйреп алып шығады, көрмей қалса кетті. Хабарсыз кеттінің ішінде кетеді. Түнде де, көзің ілінбейді. Соғыс кезіндегі ауырлықтар ауызбен айтуға ғана оңай, оны жаныңызбен сезіну де аса жеңіл емес. Басқа түскеннен кейін еріксіз көнесің. Жауды жеңу үшін, осының бәріне шыдадық. 1945 жылдың 19 наурыз күні Германия жерінде немістерге қарсы дайындалған үлкен шабуылға қатыстым. Мұнда бірінші артилерия мен жау бекінісін соққылап алды да, артынан танкімен бірге жаяу әскер кетеді. Бұл бір өте қатты айқас болды. Біреуді-біреу біліп болмайды уралап айқайға басқан солдаттар, танкінің соңынан жүгіріп келеміз. Немістерде жан аямай атқылап жатыр. Осы ұрыста таяу келіп түскен снаряд жарықщағынан ауыр жараландым. Әйтеуір жараланғандарды жыйнап жүретін сестралар келіп алып кетіп, госпитальға жөнелтті. Әскери госпитальда 6-ай жаттым. Сол ұрысқа қатысқаным үшін «За боевые заслуги» медальін берді. Жазылып шыққаннан кейін әскери комиссия мені «әскерге жарамсыз»-деп тауып әскери есептен шығарып, екінші топтағы мүгедектік беріп, елге қайтарды. Мен өзім мұғалім болып жұмыс істегенмен сөз бен әңгімеге сараң болдым. Егер жазушы болсам сол жылдардағы бастан кешкеніміз бір-екі кітап болар еді. Сол соғыста, қан кешкен майданда жүрсең де, ерліктерді мадақтау, марапаттау қазақ халқының және басқа ұлттардың да адамдарын теңгермеушілік дегеніңіз кейде тіпті сорақы түрде көзге көрініп тұрады. Егер жаныңызда орыс ұлтының адамы болып, екеуіңіз бірдей бір айтулы іс атқарып келсеңіз, оған даңқ орденін берсе, сізге медаль бере салады, әйтпесе грамота береді,көңілі қалмасын дегендей. Қайдағы бір ауыр, қиын тапсырмаға жұмсалдық, неше күн аш жүрген кездеріміз болды. Сондықтан да қазақ соғыста процентпен шаққанда көп қаза болды. Біз әйтеуір қазақы көнбістікпен бас аман болса болды дедік.
Соғыстан келгеннен кейін, Қарқаралыдағы мұғалімдер дайындайтын педогогикалық училищеге түсіп, 1948 жылы бітіріп шықтым. Одан кейін Қарқаралы ауданының колхоз, совхоздарында мұғалім болдым.
Біздің 1941-45 Ұлы Отан соғысын көзімізбен көріп, соған қатысып, От пен өлімнің ішіде жүргенде, елім үшін, халқым үшін деп қолымызға қару алып, жан аямай, бүкіл елдің жеңіске жетуін жақындатқандардың ерлігі қазіргі және кейінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Соғыс 1418 күнге созылды, соғыста біз жеңдік, бірақ оның құны өте ауыр болды. Совет халқы ресми мәлімет бойынша 25 миллион ұл-қызынан айырылды. Нақтысын бір Алла біледі.
Соғыс ардагері Барманқұлов
Шәйкеннің әңгімелері
Мектеп мұражайы үшін бұрын Темірші болысы аталған, оның ішінде кәзіргі Қасым Аманжолов атындағы ауылдың төңірегіндегі ертеде оқу жүйесінің қалыптасу жолын саралап, алғашқы ашылған мектептер мен онда сабақ берген мұғалімдер жайында мағлұмат жинау үшін осы ауыл маңайында ертеден ұстаз болып еңбек еткен, бастауыш сынып балаларына сабақ берген, өзімнің де алғашқы үстазым болған Барманқұлов Шәйкен ақсақалдың үйіне келдім. Есік алдында үй шаруасымен жүрген келіні Әсемкүлмен амандасып, жөнімді айтып едім, өте бір инабаттылықпен «Атам көрші үйге кетіп еді, 15-20 минут шамасында келіп қалар үйге кіріп тоса тұрыңыз» дегеннен кейін үйге кіріп, Шәкеңнің бөлмесіне барып едім, жазу столының жоғарғы жағында қабырғада ілулі тұрған домбыра бірден көзге түсті. Өзін қазақпын деп есептейтін әр азаматтың үйінің төрінде қасиетті қара домбыраның ілулі тұруының өзі ұлттық ерекшелік және қазақ үйінің сәні емес пе? Қазір кейбір байлардың үйінен домбыраны кезіктіре алмайсыз. Шәкең домбыраны өте жақсы тартатын және оны солақай күйлейтін. Ол кісі ел ішінде авторы белгісіз «Қара жорға» деген күйді келістіріп тұріп тартатын. Бір кездері осы күйді Алматы қаласына апарып Хамзиннің студиясына барып жаздырып қайтқан. Домбыраны қолыма алып құлақ күйін келтіріп ермек етіп отыр едім, «Үйде біреу бар ма?» деген Шәкеңнің дауысын естіп домбыраны орнына қойып орнымнан тұрдым. «Е, Сәбит, сен екенсің ғой, кешегі шаруаға келдің бе?» - деді. Амандықтан кейін өзінің архивтерін жинастырып, үстел үстіне алып келді. Қағаздарының ішінен ескірген еңбек кітапшасын алып шығып, маған ұсынып, «Міне қарағым менің барлық өмірім осы» - деді. Шәкеңнің еңбек кітапшасы 1935 жылдан басталған екен.
1924 жылы бұрынғы Темірші ауылы, кейіннен Лениншіл колхозы болып ұйымдасқан Қарағаш ауылында халыққа, кедей қауымға жаны ашыр азамат Қалиев Қоспанның ұйымдастыруымен бастауыш мектеп ашылған. Шәкең осы мектепте оқып 4-класты бітіргеннен кейін, өзінің елі Томар ауылына келіп, сондағы жаңадан ашылған бастауыш класс мектебінде еңбек жолын мұғалім болып бастайды.
Бір үлкен қария дүниеден өтерінде айтқан екен «Апырмай бүкіл өмірім есіктен төрге жеткендей-ақ болды ау» деп. Бұл адам өмірінің қысқалығын көрсетеді ғой. Бірақ, осы өткен өмір жолдарын сараласақ, талай белестер артта қалып жатыр емес пе, - деп бастады әңгімесін Шәйкен ақсақал. Қазан төңкерісінен кейін халыққа білім берудің жаңа жүйесі жасалып, үкімет 8-17 жасқа дейінгі балаларды міндетті түрде тегін оқытуды қолға алды. 1930 жылы 15-тамызда халық комиссарлар советі «Жалпыға бірдей міндетті түрде 7-кластық білім алуды» жолға қойды. Одан кейін жаппай сауатсыздықты жою мәселесін қолға алды. Осындай қауырт жұмыстың ішінде жүргенде Ұлы Отан соғысы басталып, ел басына ауыр сын түсті. Жастар соғысқа аттанып жатты, ауылдан соғысқа кеткендерді жаяу-жалпы бүкіл ел болып жылап-сықтап, қоштасып шығарып салып жатты. Әйтеуір жаны бөлек демесең, кім іштен шыққан өз баласын жаны қиып оққа жібереді. Ел басына ауыр күн туғаннан кейін еріксіз мойынсұнады, көз жастарын ағызып, жүректері езіліп, қолдарын бұлғап артта қала береді.
Осындай күндердің бірінде бір күні ұйықтап жатып түс көрдім. Түсімде өзіме ағайын Сқақов Қасымжан екеуміз ауыл сыртында қой бағып жүр екенбіз. Әлден уақытта күн шығыс жақтан бір үлкен самолет ұшып келе жатады да, арт жағынан қап-қара у шашып келе жатыр екен деймін. Самолет гүрілдеп екеуміздің үстімізден өте шығады. Жанымдағы Қасымжанның өне-бойы көкпеңбек болып кетіпті, менің оң жақ қолым қарайған екен, саусағымды аузыма салып сорып, жерге түкіріп жүрмін. Оянып кеттім, көрген түсімді ешкімге тіс жарып айтпадым, бірақ өзімше «біз Қасымжан екеуміз соғысқа бірге кетеді екенбіз, бұл соғыс Қасымжанға қатер-ау, ал мен оң қолымнан жараланып аман-есен елге қайтармын» - дегендей жорып жатырмын. Біз мұғалімдер үкіметтің саясатына қарай сол кезде басталған атеистік бағытта үгіт жасадық, құдайсыздар ұйымын құрдық. Ішкі сезімімізбен аса құдайдан безіп кетпесек те, соның ішінде жүргеніміз рас. Бірақ іштей Аллаға жалбарынып жүреміз. Құдайдың құдыреті, менің сол бір түсім тура сол өзім жорығандай болды, енді бұған не айтарсың? Қасымжан екеуміз соғысқа бірге бардық, ол хабарсыз кетті, ал мен оң қолымнан жараланып елге қайттым. Міне бір құдыреттің күші болмаса, оны маған қалай сездірді.
1942 жылы май айында мені әскерге шақыртты. Ол кезде мен үйленгенмін, үш балам бар. Қарқаралыда әскерге шақырылғандар жиналып Қарағандыға бардық. Ол жерден поезға отырып Ақмолаға келдік. Мені кіші командирлер дайындайтын үш айлық курсқа қалдырды. Оқу мерзімі біткеннен кейін сержант атағын беріп, Орта Азия әскери округіне жіберді. Өзбекстанның Қаттақорған деген жеріне дайындықтан өттік. Кейіннен бізді эшолоға отырғызып Сталинград майданына жіберді. Апрель айында Сталинградқа келіп жеттік. Сол жерде формировать етті де, ертеңіне полк жаяулап Ростовқа кеттік. Апрель айының 19-күні Красный Дон деген жерде ІҮ-Украина фронтына келіп қосылдық. Фронт командирі Рокоссовский еді. Менің мамандығым 82-калибрлі миномет бөліміне командирмін. Миномет дегеніңіз стволы тік қойылады да, ішіне мина салып 10 шақырым жерге дейінгі қашықтықта атады. Ол жарықшақты мина жаудың әскери жасағын және қорғанысын жою мақсатына пайдаланады. Соғысқа кірдік деген бір ауыз сөз ғой, ал енді оған нақты кіру дегеніңіз бір басқа. Әркімнің жүрегі қобалжулы, әрине кім текке өлгісі келеді дейсің, шіркін-ай, ең құрымаса мына соғыс құмар қулардың бір-екеуін жастық етіп ала кетсем-ау деп армандайсың. Әрине ол да далбаса. Ал енді бір-екі рет соғысқа кіргеннен кейін әлгі қазақ айтқандай үш күннен кейін тозаққа да үйренесің деп, оған да етің үйреніп кетеді. Сарт-сұрт атылған автомат, гүрсілдеп жарылып жатқан миномет, пушка, граната жарылыстары біріне-бірі ұласып жатады. Әрине бұрын мұндайды көрмеген қарапайым ауыл азаматына атойлап соғысқа кіріп кетуге алғашқыда жүрексіну заңды құбылыс, бірақ Отанын ойрандап, елді елден бездіріп осы жағдайға душар еткен жауға деген өшпенділік, өзегіңді өртеген кекті зіл адамның қайратын шыңдағандай. Біреулер соғысқа кірмей жатып қаңғыған оқтан жан тапсырып жатады. Енді біреулер бір күн соғыстан жараланып қайта қатарға қосылып жатса, кейбіреулер сол жараланғаннан қатарға қосыла алмай жатады. Енді біреулер 5 жыл сол қан майданда жүріп, жараланбай аман қайтып жатады, бұл тағдыр, қазақ айтқандай адамның шыр етіп жерге түскеннен кейін маңдайына жазғанын көріп жатады. Сондықтан да соғыстың әр сәті ерлікке толы болады. Бірде біздің миномет взводын алдыңғы шепке жіберді. Взвод командирі аға лейтенант Дуктарев деген жігіт еді. Екеуміз жақсы жолдаспыз, мен соның взводында расчет командирімін. Ұрыс кезінде біздің бөлімшеге жоғарыдан шабуылдаушы екі жақтың ортасындағы бейтарап алаңға бекінуге бұйрық берілді. Түнде келіп минометтің орнын қазып бекіттік те, аралық жүретін жолдарды қазып үлгере алмадық. Немістермен арамыз 150 метрдей, олардың темекі тартқаны көрініп, сөйлескендері естіліп тұр. Айналамыз қалың ағаш. Содан бір ағаштың бұтағына шығып алып, айналаны байқап командир екеуміз күзетте тұрмыз. Келесі күні шабуылға шығуымыз керек. Кешкі тамақтан кейін «Орындарыңа» деген команда келіп жетті. Іле-шала таңертең ерте шабуылға шығатынымызды ескертті. Ол кезде шабуылға шығарда 200 грамнан арақ береді, батылдық үшін. Менің расчетім шептің оң жақ шетінде еді. Өзім де ағаштың басына шығып, бұталардың арасынан жер жағдайын бағдарлап жүргенімде, егер немістер келсе осы менің бөлімім жақтан келер деп жобалап жүргенмін. Енді өзімізге тапсырылған бұйрықты орындау үшін ағаштан түсіп бұрылып кете беріп едім, жарқ етіп ракета атылды да, іле-шала маған автоматтан оқты жаудырып жіберді. Бұл немістердің барлаушылары болуы керек. Менде екі дискасымен автомат, және екі граната бар. Мен жата қалып автоматтан оқ атылған жақты жобалап, белімдегі гранатаны алдым-дағы, сақтандыру сақинасын жұлып алып лақтырып жібердім. Немістер де граната лақтырып жатыр. Бір граната тіпті таяу келіп жарылғаны, содан оң жақ қолым салдырап қала берді. Ұрыс жүріп жатыр, мен екі жақтың ортасында жалғыз қалып қойғанымды білдім. Алдымда немістер, ал артымызда өзіміздің взвод. Мен үшін екі жақтың да атқан оғы қауыпты. Өз расчетімнің немістерге атқан оғы да маған тиюі әбден мүмкін. Сонда да жасырынып жатпай автоматты қолыма алып, қолға түсіп қалмас үшін түнімен атысып шақтым. Көп күттіріп таң да атты-ау. Таң атысымен еңбектеп жаныма взвод командирі келді. “Ой Барманкулов, тірісің бе, сен бүгін қандай ерлік істегеніңді білесің бе?” деп құшақтап жатыр. Қолымның жарасын таңып берді де екеуміз еңбектеп кері шегіндік. Содан госпитальға түстім. Граната жарықшағы оң жақ иықтың қалың етіне келіп тиген екен. Сол жолы мені орденге ұсынып еді, хабарсыз кеті. Госпитальде жатып жазылып шыққаннан кейін мені қайтадан соғысқа жіберді.
Бұл Ростов қаласының түбіндегі соғыстың нағыз қызған шағы еді. Осыдан аз бұрын Сталинград түбінде жеңіліс тапқан неміс басқыншылары өз үстемдігін арттыру мақсатында талай рет шабуылға шықты. Бұл кезде Шәкең пулемет расчетінде еді. Қанша жараланған қасқырдай жан таласа ұмтылғанымен немістер алдыға аттай алмады. Осы шабуылда Шәкеңнің расчетіне жаудың алдын бөгеу тапсырылған, Ол міндетті расчет абыроймен атқарып шықты.
«Осындай аласапыран айқас арасындағы бір тыныштықта, келесі шабуылға дайындық жасап жүргенде, пушканың қасында тұр едім» - деп еске алады Шәкең. Жау мергенінің оғы Алланың әмірімен бұрынғы граната жарықшағы тиген жердің сыртынан келіп тиіп, тесіп өтіп кетіпті. Сол жерде алғашқы жедел жәрдем алғаннан кейін, қайтадан госпитальға жіберді. Госпитальде емделіп біраз жатқаннан кейін 1944 жылы май айында демалыс беріп ауылға қайтарды. Кейіннен военкоматтан тиісті документін алып біржолата әскер қатарынан босайды. Сентябрь айының басында Томар ауылындағы мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып істеп, кейіннен Шатырағаш колхозында, одан кейін Фрунзе колхозында бастауыш мектеп мұғалімі болып істеп жүріп 1968 жылы зейнетке шыққанша мектепте сабақ беріп жас жеткіншектерді тәрбиелеумен болды. Шәкең жасынан домбыра тартып қазақ халқының қасиетті мұратына айналған күй тарту өнерін жетік меңгерген. “Қара жорға”, “Аққу” күйлерін шебер орындап, көркемөнерпаздар үйірмесі құрамында жүріп жасы келсе де, тыңдаушының құлақ құрышын қандырып, күй өнерінің құдыретін елге таныта білді.
Соғыстан кейін ауылға келген соң бір күні Қарқаралыға әскери комиссариатқа шақырту қағазы келді деп еске алады Шәкең. Барсам аудандық қауіпсіздік бөлімінің бастығы отыр екен. Бұлар неге шақырып отыр деген ішімде неше түрлі ой бар, бұлар тегін шақырмайды. Амандықтан кейін КГБ-нің адамы, «Сіз соғысқа қатысып келдіңіз, сіздің тарапыңыздан бөлек әңгіме байқалған жоқ. Партияға сенімді адамсыз, сондықтан біз сізге өте жауапты арнаулы тапсырма береміз. Сізге бұл жердегі әңгімені ешкімге тіс жарып айтпауыңыз қатаң тапсырылады» -деді. Құдай-ау, мына үндеместің қолына қалай түсіп қалдым деген үрей де бар бойда, сонда да бір ауыз сөз жоқ тыңдап отырмын. «Сіздің ауылда соғыс кезінде немістерге тұтқынға түсіп қалған екі кісі бар, солардың ішкі сырын біліп бересің, олармен жақсы қатынаста, жақсы жолдас болып жүріп, мүмкіндігінше тартпақтап сырын айтқызып, олардың ойын қағазға түсіресің де Ақбай-Қызылбай ауылындағы таудың бөктеріндегі ұста дүкенінің тау жақ қабырғасында бір жалпақ тастың астында кішкентай қуыс бар сол жерге қағазыңды ешкімге сездірмей тығып қойып отырасың, сол жерден өзіңе тиісті тапсырма алып отырасың»- деді. «Жәрәйді, сонымен мен КГБ-нің жасырын тыңшысы болып шыға келдім. Жаңағы тұтқынға түсті дегендері жастайымнан өзіммен бірге өсіп біте қайнасқан жолдас жігітер, оларды қалай жамандайын. Олардың біреуі Сейдіғали өзіміз құрдаспыз, қатты ойнайтынмын өзімен. Содан соғыс кезінде танкіге тура тиген снарядттан контузия алған, ессіз жатқан жерінен және жараланғаннан кейін еріксіз тұтқынға түсіп қалған. Кейін лагерден қашып шығып неше күн судың ішінде тығылып жатып жүріп, неше түрлі бейнетпен өз әскерлерімізге қосылған ары таза, партияға берілген адал жігіттер деп жазып отырдым. Осы жазғандарымды ұста дүкенінің қабырғасындағы қуысқа апарып тығамын дағы әлгіні кім алар екен деп аңдимын, бірақ соны кездестіре алмадым. Маған көрініп қойса ол үндеместің адамы болар ма. Кейіннен олар да маған тапсырма беруді қойды» - деп әңгімесін аяқтады.
Шахтер демалыс орнындағы
жан түршігерлік әңгіме
1987 жылы тамағым ауырып жүрді де, аудандық оқу бөлімінің кәсіподақ ұйымынан жолдама алып, Қарағанды қаласының маңындағы Шахтер демалыс үйіне бардым. Онда жанға жайлы, түске дейін өзіңе берілетін емдерін алып, түскі ас ішіп алғаннан кейін, көршілермен әңгіме дүкен құрып, көлге барып суға түсіп, уақытыңызды өткізесіз. Осындай бір бас қосып отырғанда Алматы қаласының маңынан бізден біраз күн бұрын келіп дем алып жатқан, бір жігіт ағайындарынан жедел шақыртқан телеграмма алып, ауылына барып келген екен. Бұрыннан ол кісімен таныс жігіттер ортаға алып, ағайындарының шақырту себебін және ауылының амандығын сұрады. Әңгіме айтып отырған жігіттің жанына бізде отыра қалдық.
- Ауылдан тез жет деген телеграмма келгеннен кейін, демалыс үйінің бастығына жөнімді айтып, Қарағандыға бардым да ауылға телефон соқтым. Не болды екен деген үрей көңілді жаулап алған. Телефоннан білгенім, сол ауылда тұратын ағайдың осыдан біраз бұрын кішкентай баласы жоғалып кеткен болатын. Соның жағдайы екен. Самолетке билет алып Алматыға ұшып бардым да, ешқайда соқпай ауылға бардым. Барсам ағай Алматыға кеткен екен. Мен де ізімді суытпай Алматыға келдім.
Біздің ауылдағы тұрғын үйлердің көбісі екі пәтерлік, біріне–бірі жапсарласа салынған үйлер. Сондай үйлердің бірінде менің ағам бір неміспен көрші тұратын. Ауылда әр түрлі ұлт өкілдері тұрады. Біздің ағайдың көршісі ертеде соғыс тұтқыны болған, өте тұйық ешкіммен араласпайтын адамдар. Арғы аталары Екатерина патшаның шақыруымен ертеде Россияға келіп қоныстанған екен. Соғыс кезінде ағайдың көршісі немістерге қызмет еткен, деревняда староста болған. Сол кездегі деревня халқына істеген қылмыстары анықталып, он жылға сотталған. Біраз жылдарын түрмеде қалғанын лагерде өткізіп, уақыты біткеннен кейін, еркін қоныстануға рұқсат алып, осы біздің ауылға келіп, үйленіп, тұрып қалған. Бір ұл, бір қызы бар болатын. Ұлы әскерде армия қатарына шақырылған, қызы Ленинградта тұрады. Қазір үйлерінде кемпірі екеуі ғана тұратын. Қолында, тұрқы аса үлкен емес, бірақ, түрі неміс овчаркалары сияқты иті болатын. Ол кейде итін босатып қоя беретін, сол кезде одан бала түгілі үлкен кісілердің өзі қорғанып жүруші еді. маусым айының бас кезінде, есік алдында, жалғыз өзі ойнап жүрген 3 жасар ағамның кішкентай ұлын көршінің иті қауып алған. Бала қаты жарақаттанып қалыпты. Ағайдың өзі ол кезде жұмыста болатын, жеңгей баланы шырылдап жүріп жүгіріп ауруханаға апарады. Дәрігерлер баланың жарақатының ауыр екенін көргеннен кейін, аудандағы үлкен дәрігерлерге алып кетеді. Бастықтары арқылы баланың хабарын естігеннен кейін, үйіне келсе, бұл кезде баланы қалаға ауруханаға алып кеткен болатын. Ағай қатты ашумен үйде тұрған қос ауыз мылтығын оқтап алып, далаға шықса, көршіcі есігінің алдында итін ойнатып жүр екен. Ол кішкентай допты лақтырып жіберсе, иті оны қағып алып әкеліп береді, екеуі тіпті ештеңе болмағандай. Ағай мына жағдайды көргеннен кейін, одан сайын қаны қайнап, жүгіріп барып аузына доп тістеп тұрған итті немістің көзінше, мылтықтың екі оғымен бірдей атып өлтіріп тастайды. Немісті балағаттап «итіңді байламайсың, егер де баламның жағдайы жаман болса қаңғыған фашист, сені де, дәл осылай атып өлтіремін оңбаған» деген сөздерді айтып үйге кіріп кетеді. Кейіннен ағай осы жағдайды есіне алғанда, «атылған итті көрген кездегі немістің көзін көргенімде, өзім қаным қайнап қатты ашумен барсам да, оның түрінен зәрем ұшып кетті. Оның екі көзі тура от шашып тұр еді. Бір ауыз сөз айтпастан итінің денесін сүйреп қорасына кіріп кетті. Мына иттің баласының көзінің жаманын қарашы, бұдан да сорақы бірдеңе жасап жүрмесе жақсы ғой деп, енді итін атып тастағаныма өзім де өкіндім. Баланы талап жатқанда, неміс көршім есігінің алдында тұрыпты, баланы иттен арашалауға тез ұмтыла қоймай, қарап тұрғанын естігенде, ыза болғаным сондай, өзімді өзім ұстай алмадым да, итін атып тастадым, қалтама артық оқ сала шыққанда, тіпті оның өзінде атып тастаудан тайынбас едім, қазір соныма өкініп отырмын, иттің баласын атып тастауым керек еді, азар болса үш жыл отырып келер едім, оның есесіне балам аман болар еді,» деп еді. Кейіннен ойлап отырсам, бұл соғыс кезінде талай жазықсыз адамдарды итке талатып үйренген неміс, сонда ана иттің ырылдап баланы талағанынан, ал баланың шырылдап, жылағанынан өзі бір ләззәт алып қарап тұрған шығар-ау, деген ой келді.
Бала оншақты күн ауруханада жатып, жаралары қара қотырланып, үйге қайтып келгенімен шошымалы болып, түн ішіде шошып оянып, шырылдап жылап жөнді ұйықтай алмай жүреді.
Көп ұзамай, есік алдында ойнап жүрген бала жоғалып кетеді. Олай-былай жүгіріп жан-жақтан іздейді, табылмағаннан кейін, милицияға хабарлап, бүкіл ауыл болып іздейді. Бала жоқ. Ауылдың ішіндегі шұңқыр-жыралардан ештеңе қалдырмай қарап шығады. Бала табылмайды. Ағай әлгі неміске, «Құдай біледі сенің қолыңнан келді, шыныңды айт, әйтпесе итіңді атқандай сені де атып өлтіремін» деп, мылтығын кезеніп барған екен, сонда анау безеріп үн қатпайды дейді. Ешқандай дәлелі жоқ, бос күдікпен ештеңе өндіре алмайды, Сонымен бала үшті-күйлі ешқандай дерексіз жоғалды.
Арада жиырмашақты күн өткенде, немістің ұлы әскерден үйіне демалысқа келеді. Ленинградта тұратын қызы, әке-шешесінің қуанышын бөлісіп, шақыратын кісілері болса көмектесейін деген оймен қоса келеді. Ағайдың неміс көршісі ауылдағы өздерінің араласып жүретін көңіл жетерлерін шақырып, 1-2 күн баласының әскерден аман-есен келгенін тойлайды. Ленинградтан келген немістің қызы алғашқыда бір айдай жатамын деп келген екен, кейіннен аяқ астынан ойы бұзылып, төрт күннен кейін, қайтып кетеді. Ленинградқа барғаннан кейін, тікелей мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне барып, Алматы маңындағы бір ауылдағы жағдайды толық баяндап беріп, жоғалған бала өз жорамалы бойынша әкесінің үйіндегі жеміс-жидек сақтайтын жертөлесінде болуы мүмкін екенін айтады. Ленинград қаласының КГБ қызметкерлері өздеріне келіп түскен хабарды дереу Қазақстанның қауіпсіздік комитетіне хабарлайды. КГБ-дан арнаулы кісі келіп аудан орталығынан 4-5 милицияны ертіп, түн ортасында бала жоғалған ауылға келеді. Түнде барып есік қақсақ, есігін ашпай, әккі қу, ол екі арада басқадай бөгде әрекет жасауы мүмкін, сондықтан таң ата ауыл адамдары тұрған кезде барайық, деген келісімге келеді. Таң атып, ел жаңа тұрып жатқан кезде немістің де үйінің есігі ашылысымен аңдып тұрған милиция қызметкерлері үйге кіріп, шалды сол жерде төсегінен түрғызбай кісендейді. Сондағы шалдың бірінші сөзі «ах, қу қаншық, өзім де содан сезіктеніп едім, сол айтып қойды ғой, әйтпесе өмірі таба алмас едіңдер» деген сөз болыпты.
Милицияның біреуі біздің ағайдың үйіне барып «балаларыңыздан бір дерек бар, киініп, менімен бірге жүріңіздер» дегеннен кейін, екеуі де тез киініп далаға шыққанда немістің есігінің алдында тұрған милицияларды көріп ағай бірден «мен айттым ғой, осы иттің баласының қолынан келді деп, сол бірінші бала жоғалған күні мұның үйін тінту керек еді» деп өкінішін білдіріпті. Ағайдың сөзі бойынша баламның жағдайы не болды екен, деген ой мен ентелей жүгіріп немістің үйіне кірсем, неміс кісендеулі орындықта отыр екен. Әлгіні ұрмақшы болып жанына жетіп барып едім, бір милиция ұстап қалды. Әйелім де жылап-еңіреп немісті қарғап жатыр. Ал ол сұп-сұр болып алған өзінің қызын боқтап отыр. Елдің бәрі жертөленің алдында, біз келсін, содан кейін, бірақ кірейік деген ой мен, бізді тосып тұр екен. Қайран балапаным-ай, қандай күйде жатыр екенсің. Біз жандарына таяғанда екі милиция қызметкері ішкі жарығын жағып, жертөленің ішіне түседі. Сыртта тұрған елде үн жоқ, бір сәттік өлі тыныштық. Жертөленің қақпағы ашық тұр, оның ішінен ешқандай бөгде дыбыс білінбейді. Елдің бәрінің көңілін, мына сұмырай фашист не істеді екен, деген ой мазалайды. Әлден уақытта жертөленің ішіндегі милицияның біреуі басқашпен сыртқа көтерілді де, үлкен бастықтарын шақырып қайтадан түсіп кетті. «Баланың жағдайы қалай» деген біздің сұрағымызға, «қазір» деп жауап бере салды. Біраздан кейін, милицияның бастығы жертөленің ішінен басқышпен сыртқа шықты да, біздің ағайға қарап, «Ағай, жеңгей екеулеріңіз үйге бара тұрыңыздар», деді. Өзіміз не істерімізді білмей дел-сал болып тұрғанда, олардың үйлеріңе бара тұрыңдар дегендеріне шыдай алмай, «ойбай-ау, өзі баланың жағдайы қандай, тірі ме, өлі ме, айтсаңдаршы, қарақтарым-ау, неге жасырып тұрсыңдар» дегенімізге «бала тірі, бірақ дәл қазір еш нәрсе айтуға келмейді, артын тосыңыздар, біз қазі мына тұтқынды да, баланы да, Алматыға алып кетеміз, баланы арнаулы орынға тапсырамыз, дәл қазіргі жағдайында баланы көрмей–ақ қойғандарыңыз дұрыс, бір-екі күннен кейін хабарласамыз, сол кезде келерсіздер» деді. Немістің, біздің баламызға адам төзбес бір нәрсе жасағаны айдан анық, бірақ қанша жалынып сұрағанымызбен одан артық еш хабар біле алмадық. Баланы бізге көрсетпегенінен сезіктендік. Адам төзбес бір нәрсе жасаған болды деген ой да болдық. «Олар кеткеннен кейін, тағат тауып шыдап отыра аламын ба, арттарынан мен де Алматыға тарттым. Сол жерден саған телеграмма бердім, мұндай да жаныңда жаны ашыр біреуің болмаса, тіпті қиын екен» дейді ағай. Енді қайтсын, шынында да, ақылдасып, көңіл жұбататын біреу болмаса, бір кісіге тіпті ауыр болады. Ағайынның басына түскен қайғыны осындай да бөліспесе, ағайындықтың сәні не. Мен сол жерде Алматыдағы ауруханада ағайға жолықтым, қазіргі хабарға қарағанда баланың жағдайы жақсы емес екені анық. Мен енді ағайды араластырмай істің анық-қанығын өзім барып білейін деп ойладым да, ағайға «аға сіз үйге қайтыңыз, жеңгейдің жанында болыңыз, ол кісінің де не жаны жүр дейсіз, бізді қазір балаға жолықтырмайды, ауруханаға да кіргізбейді, өйткені бұл тікелей КГБ-нің қарамағындағы іс. Сондықтан сіз ауылға қайтыңыз мұндағы шаруаның мен анық қанығына жетіп сіздерге хабарлайын, қалған шаруаны содан кейін ақылдасармыз, ал мына бетінде, балаға жолығуымыз қаншаға созылады белгісіз, алаңдамай мұндағы шаруаны маған тапсырыңыз» дедім. Ағай менің сөзіме келісім берді де ауылға қайтып кетті. Ертеңіне мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне бардым да, таныс жігіттерге жолығып, осы істі тергеп жүрген жігітпен кездестім. Кабинетіне кіріп жөнімді айтқаным сол еді «мен енді болмаса телефон арқылы іздеп баланың туысқандарының біреуін шақыртайын деп отыр едім, жақсы келдіңіз, мына жерге отырыңыз» деп орындық ұсынды да, баланың қай күні, қай сағатта жоғалғаны туралы, тағы да біраз деректерді сұрап–білгеннен кейін, маған қарап, «ағай, жағдай былай, біз ана немістен толық жауап алдық. Оның Ленинградтағы қызын да шақырттық, ол бүгін Алматыда болуға тиіс. Негізі бізге хабар сол қыз арқылы келді. Қазіргі нақты дерек мынадай: Сіздің ағаңыз немістің итін атып өлтіргеннен кейін, ол балаға бір жаманшылық істеуді ойлап, иттің терісін сойып алған да, оны бүлдірмей сақтап қойған. Кейіннен есік алдында қараусыз қалған баланы үйіне кіргізіп алады. Баланың жылаған дауысын ешкім естімесін деген оймен баланы алып, бірден жертөлеге түседі. Тұзды ертінді сеуіп, кептірмей, сақтап отырған жаңағы иттің терісін, баланың үстіндегі киімдерін шешіндіргеннен кейін, оның үстіне керіп тұрып тұлыптап, тұмсығын ғана қалдырып тігіп тастайды. Алдына табаққа құйып қойған тамақты, ит құсап аузымен ішетіндей етіп жасаған. Міне арада 1 айдан аса уақыт өтіп кетті, адамның денесінің қызуымен тері кебеді, дене мен екі ара баздануы да мүмкін, бұл дегеніңіз өте қатыгездікпен істелген шаруа. Бала қазір дәрігерлердің қарамағында, оның психологиясы да бұзылған. Шыдамды болыңыз не де болса артын тосайық, баланың қазіргі жағдайын ата-анасына жайлап жеткізбесеңіз ол кісілерге өте ауыр болар» деді. Содан кейін екеуміз ауруханаға барып дәрігерге жолығып баланың жағдайын білдік. Қапталған терінің ішінде жүру деген өте ауыр, баланың денесі қызыл шақа жара болып кеткен, ол денесі ауырғаннан жылайтын болса, азаптаушы оны соятын болған. Содан құр ит құсап ыңырси беретін болған. Шынында да адам баланың өлгеніне де шыдайды ғой, ал енді мынадай азапқа салу дегеніңіз, сұмдық жауыздық, ол адам емес, адамның азғыны шығар. Жалпы соғыс кезіндегі фашистердің идеологиясы, бір адамды басқа адамзат баласына қарсы сондай жауыздық әрекеттерге тәрбиелеу, адам баласының этикасына сай емес нәрсе. Сонда да, кейбір адамдар өзінің аюандығынан жаны сүйсінер ләззәт алатыны, не деген аюандық десеңізші. Ал енді оны ешқандай жазығы жоқ жас нәрестеге жасағаны, өзін адамзат ұрпағымын деп есептейтін адамның жанына өте жат дүние. Әрине ол біздің түсінігімізше солай. Ал, ол немістің ойы, санасы да басқа, тіпті адам баласына тән емес озбырлыққа тәрбиеленген адам. Егер оны адам деуге келетін болса. Содан ауылдағы ағайынға, телефонмен айтқаннан көрі, өз аузыммен барып айтайын, және жеңгемнің көңілін аулайын деген оймен ауылға келдім. Келген бетте ағайдың үйіне барып, жеңгеме қазақ салтымен көңіл білдіріп, болған оқиғаны айтып бердім. Мен әңгіменің тігісін жапсыра айтқаныммен, жан жүрегі баласы емес пе, екеуі де тура егіліп отырды. Сөз арасында ағай, «ой, жауыз-ай, өзім де осы қастандық тек сенің ғана қолыңнан келді деп едім, сұмырай фашисті атып тастамаған екенмін» деп өзін-өзі ұстай алмай жылап жіберді. Екі күн ауылда болдым да, қайтадан Алматыға бардым, КГБ мекемесіне барып, тергеушіге жолықтым. Ол Ленинградтағы немістің қызының келгенін, және оның тергеудегі сөзін айтып берді.
Неміс қызының тергеудегі жауабы
Бауырымның әскерден аман-есен келгеніне қуанып, әке-шешемнің де қуанышына ортақтасып, кісі шақырса шешеме көмектесейін, өзім оқып-өскен ауылда, аунап-қунап бір айдай жатып қайтайын деп алыс Ленинградтан әкемнің үйіне келген едім. Келгеннен-ақ әкемнің көңіліндегі бір суық ызғарды байқадым. Шешемнен, «әкеме не болған» деп сұрасам, «мына көрші қазақ баласын талап тастағанына ашуланып, итін атып тастағаннан бері осылай болып кетті. Өзімен-өзі болып өте тұйық жүреді, қабағын бір ашпай қойды, қайдан білейін жаман ит үшін неге сонша күйініп жүргенін. Бір-екі күн емес бақандай 7-8 ай өтсе де, сол беті, қабағын бір ашпайды» деп аса шешіліп ештеңе айтпады. Келесі күні қонақ шақырдық. Қонаққа стол жабдығына қоятын жеміс-жидек, тұздамалардың бәрі жертөледе, аузына құлып салып қойған, әкем өзінен басқа ешкімге ашқызбайды. Ашқанда да ішіне өзі түсіп, қақпағын жаба кетеді, ешкімге көрсетуге болмайтын дүние бардай, сұрағаныңды алып береді де, қайтадан құлып салып қояды. Ол екі арада атылған ит пен жоғалған бала туралы әңгімені естідім. Әкемнің мінезі өте жаман, одан неше түрліні күтуге болады. Көршінің баласының жоғалғанын естігеннен кейін әкемнің мына тіршілігінен мен қорқайын дедім. Бұл тегін емес. Ол неге жертөлеге ешкімді кіргізбей қызғыштай қорып жүр, мұнда бір сұмдық бар деген ой келді. Шынында да, мен әкемнен сезіктендім. Бірақ сыр бермей бақылауда болдым. Бір күні түнде дәлізге шығып бара жатып, ас үйден жер астынан шыққандай, иттің қыңсылағанына ұқсас па, ыңырсығандай бір бөгде дыбыс естідім. Сол күндердің бірінде жертөледен көкөністерді алу керек болды да, мен әкеме барып «столға қоятын көкөністерді алып беріңізші» дедім. Әкем жертөлеге түсіп кетті. Бір нәрсеге алаңдап жүрді ме білмеймін, жертөленің есігі ашық қалып еді, қайтадан басқышпен жүгіріп шығып, есікті жауып алды. Мен сыртта жертөле есігінің қайтадан ашылуын күткп тұрдым. Әлден уақытта жертөленің есігі ашылып, ішінен әкем көрінді, мен еңкейіңкіреп оның қолындағыларын алмақшы болып еді, ар жақ бұрыштан бір нәрсе қозғалғандай болды. Көзімнің қиығымен қарасам, сыртқы терісі ит сияқты, бірақ жатысы бөлек, бір құбыжық жатты. Зәрем ұшып кетті. Өне бойым дірілдеп банкаларды жөндеп ұстай алмай қалдым. Бойымдағы сезімімді әкеме сездірмеген болып жатырмын. Бірақ менің оны байқап қалғанымды, түрімнің бұзылып кеткенінен әкем бірден сезді, бірақ ештеңе деген жоқ. Содан күні бойы зорға жүрдім.Түнде жатқаннан кейін де өлтіріп тастай ма деп қайта-қайта оянып жөнді ұйқтай алмадым. Таңертең ерте тұрдым да, «мен үйге қайтамын» деп жиналдым да кетіп қалдым. Кетерде, әкем ештеңе деген жоқ, кетсе кетсін деген шығар, шешем «неге асықтың, бір айдай жатамын дегенің қайда» деп жатыр. Оған «қонақтарыңыз бітті, үйде балалар бар, менің қайтқаным дұрыс шығар» деп аса жөнді сылтау таба алмадым. Бөгелмей Алматыға келдім де , самолетке билет алып, Ленинградқа ұшып кеттім. Ленинградқа келгеннен кейін, ұйықтай алмай, әбден мазам кетті, содан бір күні жиналдым да, КГБ- ға барып, естіген көргендерімді жайып салдым. Туған әкем болса қайтейін, бұл нағыз барып тұрған зұлымдық қой.
Ағамның көршісі есік алдында алаңсыз ойнап жүрген баланы, көтеріп үйге кіргізіп алған. Қоймаға кіргізіп алады да, үстіндегі киімдерін шешіп тастайды. Шырылдап жылаған баланы, одан сайын қатты ұрып тастайды. әлгі иттің терісімен баланы қаптап, тұлыптап тігіп тастайды. Бетін ғана ашық қалдырған, алдына қойған тамақты ит құсап жейтін болған. Бала жыласа одан сайын ұрып әбден қорқытып тастаған. Бала содан құр ыңырсып қана дыбыс беретін болған.
Тергеушілердің неге мұндай жауыздыққа бардың деген сөздеріне «ол баласын қалай жақсы көрсе, мен де итімді солай жақсы көремін. Ол менің итімді атып тастады, мен оның баласынан ит жасадым, сол үшін одан итімнің кегін алдым» депті.
Міне, осындай сұмдықты естіп көріп келдім, баланың адам болуы екі талай. Қайта осынша ма уақыт ауырмай, өліп қалмай қалай жүргенін бір құдай білсін. Бала арнаулы дәрігерлердің қолында, содан кейін, мен енді қалған күндерімді бітіріп ем алып қайтайын деп рұқсат алып қайтып келдім, деп әңгімесін аяқтады. Әңгіме есту үшін, оның айналасына жиналған елдің бәрі нің ойында, «мынадай да сұмдық болады екен-ау, баланың ендігі өмірі не болар екен» деген ауыр ойда болдық.
Міне, соғыстың біткеніне қырық жыл өтсе де, оның адамзат баласының басына салған бейнеті, өзінің ауыр көріністерін көрсетіп қояды.