Тәттi қарбыздың дәмi және сол бiр ауыл
Алыста қалған, әрдайым есiме ала жүретiн бала кезiмнiң қимас шақтарын екі қызыма әңгiмелеп берсем болды, олардың әңгімеге деген аңсарлары ауып, тыңдап болған соң, тағы да әңгіме сұрай жөнеледі. Әсiресе,маған соншалықты ұмытылмастай болып жүретіні - менiң нағашы атам мен нағашы апамның бейнесi еді.Нағашы атам - Дулатов Тастай, аса еңбекқор,адал жан,жақсы қасиеттерi мол болатын.Сол қасиеттерiнiң iшiндегi маған аса бiр ұнайтыны, атамның жаңа нәрсенің бәріне құмарлығы, алдымен,анамның,сонан кейін менің де бойыма берілгендігіне ешқандай шүбәм жоқ.Менің еркелігімнің бәрін көтеретін қайран нағашы атам, мен кейде атамнан ат болуын өтінсем де , мені арқасына мінгізіп алушы еді.
Менің тым асырып жіберетін, еркелігіме де ешқандай реніш көрсетпей , айтқанымның бәрін де орындай беруші еді. Оңтүстiктiң аптап ыстығынан басқа ,ертеден бау-бақша өсiруге аса қолайлы екендiгi белгiлi ғой.Мен өзiм негізі,есiмдi бiлгеннен бастап,көбiнесе атам мен апамның қолында –«Ықылас-Темір» ауылында балалық бал күндер өткеніне тіпті де өкінбеймін. Оның себебi менiң нағашыларымның екi ғана қыздары болған,үлкенi менiң анам Қалбибі де,ал кiшiсi анамның сiңлiсi-Қанзада әкпем болатын. Ал, анам Тастаева Қалбибi болса өз анасы мен әкесінің жеке өздерімен -өздері қалғандарына ерекше жаны ашып,менi нағашыларыма ауық-ауық жiберетiп тұратын болған.Мен есімді еміс-еміс білгеннен уақыттан бастап ,сол ауылда –нағашыларымның қолында көбірек болатын едім.Мінезі тіктеу көрінетін нағашы атам екеуміз керемет тіл табысатын едік. Атамның кескін- келбетін былай елестетемін: маңлайы жазық емес, шот маңлайлау болып келген , тәрізі татар ұлтына келетін секілді еді. Сосын ,бір қарағанда көз жанары суықтау әрі өткірлеу болатын. Бет пішіні сопақтау келген атамды реңді кісі болған деп жалған айту да дұрыс емес еді. Тек қана бар болғаны, өр мінезділігі мен адалдығы , жалған сөйлеу дегенді білмейтін турашылдығы атамның бейнесін Бауыржан Момышұлына келтіретіндей ме қалай өзі. Егер Батыр Бауыржан қан майданның нағыз хас батыры болса , менің нағашы атам бейбіт өмірдің, тыл мен тың игерудің нағыз хас батыры болатын. Атам Шымкент шаһарына барып, түрлі тәттілер мен базарлықтар алып, базарлап қайтушы еді. Атамның базарлап, келгенін естіген сол ауылдың майда балалары да, қоржын тамның есігінің алдына топырлап-топталып келіп тұратын. Мен оларды жолатқым келмей, атамның базардан әкелген тәттілерін үлестіргенін қаламадым ба, әйтеуір, «сендер мені «шуылдақ» деп мазақтағансыңдар, кет, кет» деп, оларға айбат шеккендей, онша жолата қоймайтынмын. Бір қызығы атам ебін тауып,бәрібір сол балаларға тәттіні молынан үлестіруші еді. Ауылда тұратындықтан ауыл балаларына сыртқа барып келген атамның базарлығы бір ерекше тәтті көрінсе керек. Ауылдың ағайын адамдарына атамның пейілі өте кең болушы еді.Атам ешкімді, мейлі ол ағайын немесе жай бір адам болсын жатырқау дегенді білмейтін.
Әсіресе, кейде ұлты өзге ұлт өкілдерінен де достары көп болатын. Менің атам оларды «тамыр» деуші еді. Атамның ауылдас ағайындары-атам мен апамның қолынан дәм татқанды жақсы көретін. Қыстың күні де үйімізден адам үзілмейтін еді. Сол бір тамыз айының ішінде менің атамды соңғы көруім екен ғой. Кім білсін, егер мені ата-анам мектептегі сабағыма бола, алып кетпегенде бәлкім, бәрі де басқаша болатын ба еді.
Ауылда бір арық бар еді. Атам қара есегінің артына мені мінгізіп алатын, қазір ойласам өзі еккен бақшаны суғару үшін ,су жығып келетін болсақ керек. Арықпен ағып келетін, ерте пісетін алмалар болушы еді, сол алмалар маған қатты ұнайтын. Менің есімнен тағы бір қызық оқиға кетпейді. Бір күні атам мен апам екеуі қатты жанжалдасып қалды. Керзі етігін шеше бастаған атам, сол керзі етігін апам жаққа қарай жіберіп қалғаны, күні бүгінгідей көз алдымда. Дәу аяқ киім апама оңай тимеген екен. Сол күні қатты ренжіген апам, өзінің жақын маңда тұратын кіші қызының үйіне қарай тартып отырды.
Біз атам екеуміз ғана қалдық. Кешке қарай үлкен самауырды қойған атама ауылдас бір апайдың жаны ашып, өте жұмсақ боп піскен таба нанды
және бір кесе сары май әкеп берді. Атам екеуміз таба нанмен , сары маймен шай ішіп алдық.
Осының бәрін мен не үшін жазып отырмын?
Айтқым келгені сол әдемі ұйыған айрандай тіршіліктің сәнін кіргізетін де менің нағашы атам сияқты адамгершілігі мол жандар екен ғой, қарап отырсам. Ол жаққа жазда менен өзге бауырларым да қонақ болып, қыдырып келгендi ерекше ұнатушы едi. Қоржын тамның бар болғаны ортаңғы дәлiзiн есептемегенде екi бөлмесi бiзге кең сарайдай көрiнетiн. Бiз есiк алдына таласа–тармаса кешке қарай алаша-төсенiштердi шығарып, жастық-көрпелердi тасып, онан сыртта ұйықтайтынбыз.Бар қызықтың көкесi таңертеңгi салқында басталатын, басымызды жастықтан көтермей жатып-ақ, сап-сары боп пiскен әңгелектiң иiсi мұрынды жара жөнелетiн, атам ерте тұра сала, өзi еккен бау-бақшасынан сап-салқын, иiсi де тәттi, тiл үйiретiн қауынды, немесе бiрнеше әңгелектi басымызға әкелiп қоятын едi, мұнан кейiн ұйқыны да қимай, әрi атамның жасаған «сюрпризiн» тағы да қимай әрi-сәрi күй кешетiнбiз. Осының бәрi де мен үшiн соншалықты үлкен әсерлер қалдырғаны тағы да шындық.Шынымды айтсам, мен ол кезде бар болғаны бес немесе алты жаста болсам да, сол уақыттардан берi отыз жылдан астам уақыт өтсе де, мен өзiм де есейiп, үш баланың анасы болсам да, аузымнан әлi күнге дейiн бiр дәм кетпейдi. Ол сол әңгiме етiп отырған атамның еккен тәттi қарбызының дәмi болатын. Ондай тәттi , шырын дәмi бар қарбызды мен қайтып, кездестiргенiм жоқ. Атамның бойында жақсы қасиеттерi мол болатын, соның ең бастысы туған жерге,туған топыраққа деген адал махаббаты мен өзiнiң бар күш-жiгерiн елiне бере бiлгендiгi еді.
Атамның Ұлы Отан соғысына бара алмағаны белгiлi,оның есесiне жанын аямай барынша адал еңбек етiптi ,әрi И.В.Сталиннiң өзiнiң қолы қойылған, «Мақтау қағазын» және «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Тылдағы ерен еңбегi үшiн», «Тың игергендiгi еңбектегi ерлiгi үшiн» медалдарымен марапатталады. Уақыт бiр орнында тұрмайтыны белгiлi,өзiм ерекше жақсы көретiн нағашы атам маңдай терiн сiңiрген еңбегiнiң зейнетiн ұзақ көрген жоқ . Қайран атама байланысты есімнен кетпестей бір оқиға болды.Негізі атам бір күні біздің ауылға келген екен. Менің ойымша жиендерін сағынса керек. Жиен дегенде ең сүйікті жиені әрине мен, себебі мен нағашыларымның ауылында көп боламын ғой!
Атам кетерде аз уақытқа үлкен әпкем Розаны атының алдына , ал інім Сәкенді атының артына отырғызып, алып кетіп бара жатты.
Ал мен болсам бара алмай қалғаныма , қатты ыза болғаным сондай, майлы топыраққа аунап-тұрып, бақырып жылағанмын. Анам мені қойдыра алмаған еді ,жуық арада. 1971-жылдың тамыз айында,мен мектепке 1-сыныпқа баруым қажет болған едi. Атам мен апамның өздерi ғана қалады да,сол ауылға жақын орналасқан ауылда тұратын кiшi қызына қонаққа келген атамды күйеу баласы «ерекше» сыйламақ болыпты,яғни қасындағы жолдасымен екеуiн де iшкiлiкке тойдырып жiбередi,жақын жерге атпен барған атам және атамның досы екеуiнiң аттарымен жарысқылары келедi . Ары қарайғы оқиғаның өрбуiне келсек, атамның астындағы аты үркiп , нағашы атам аттан аударылып түскен екен.Кешке қарай үстiнде егесi жоқ атының өзi келiп тұрғанын көрген нағашы апамның iшi бiр сұмдықты сезедi. Көп ұзамай-ақ қайран нағашы атамның қайтыс болғаны туралы хабар алдық. Апамның айтуына қарағанда атам қайтыс боларының алдында ең сүйікті жиені менің атымды атап , көп іздеген екен . Менің топыраққа аунап, тұрып, жылағаным , атамның ең соңғы сәтке дейін ойында болған екен. Бұл хабар ол кезде әсiресе анама өте үлкен соққы болғаны белгiлi.
Қайран атам қайтыс болып кеткен соң, нағашы апам жалғыз өзi ғана қаладыМенi анам Сайрам ауданынан Бөген ауданына алып келдi.
(сол баяғы «Ықылас-Темір» ауылына ).
Баяғы үйреншiктi қоржын тамда тұра бердiк . Кешке қарай бізге көңілсіз болмау үшін , анам апам екеумізге төбесінде пластинка ойнайтын, дәу радио сатып ,әперді . Көршіміз Айсұлу әпкенің үйіне барып, ол үйдегі қалалық бала Асаннан маған сурет салып, үйретуін өтінуші едім. Асан аппақ, әдемі бала болатын. Кейде өзі мені мазақтап , келемеждейтін . Ал, егер мен оған қарсы жауап айта бастасам, қатты ренжіп, көңіліне ауыр алып қалатын. Ол балаға риза болатыным, оған еліктеймін деп жүріп, сурет салуға құмартып ,кеттім.
Анам менi сол ауылдағы И.П.Павлов атындағы бастауыш мектепке орналастырып кеттi. Нағашы атамның орны қатты бiлiнгенiмен нағашы апам екеумiз ғана тұрып жаттық. Мен мектепте ешкiмнiң көмегiне сүйенбей-ақ оқуыма тура келдi,себебi апам хат танымайтын едi. 1-2 сыныптан бастап-ақ,алғашында «4 пен 5» , ал 3-сыныпта кiлең «5» , ал кейiн 10-сыныпты «Алтын медальмен» бiтiрген мен үшiн , сол ауылдағы тәрбиенiң орны ерекше үлкен болған едi.Бiзде алғашқы кезде теледидар болмады,сондықтан нағашы апам екеумiз кешке қарай «Барбаросса» жоспарын құрып алушы едiк, яғни теледидар көру үшiн,ағайындардың үйiне кезек-кезек бара беретiнбiз.Ол кiсiлердiң кейбiрi әлi де сол «Ықылас-Темiр» бөлiмшесiнде сол күйiнде тұрып жатыр екен.Апама ең ұнайтыны Қойбағар көкенiң үйi болатын, көкенiң мiнезi жуас едi, жатырқамай қарсы ала беретiн.Бала-шағасы көп болғандықтан ол кiсi қантты үнемдегендi жақсы көретiн едi,ал апам болса ,сыйлыққа қара масаты шапанының екi қалтасына толтырып, қант салып барушы едi.
Қонаққа барған ақымыздай сол қантын дастарханға төге салатын.Әсiресе қыстың түнiнде үйге қайтуға жүрексiнетiн едiк,себебi Қойбағар көкенiң үйiнде армансыз қорқынышқа толы әңгiмелер айтылушы едi.Анам жиi-жиi келiп –кетiп тұратын. Кейде Шымкент шаһарынан үлкен әпкем Роза келiп-кетiп тұратын едi. Әпкемнің Жаңа жылмен құттықтаған құттықтауларына апам екеуміз шын жүректен қуанушы едік. Менiң төменгi сыныптарымның барлығы бiрдей нағашы апамның ауылында өткен жоқ. Оның себебi 3-сыныптан кейiн-ақ мен бастауыш мектептi бiтiрiп қойдым,ары қарай оқуды жалғастыру үшiн «Бөріжарға» барып-келiп оқығым келмедi ме, әлде ол жағын менен ешкiм сұрамады ма кiм бiлсiн,4- 5 сыныптарды және 6-сыныптың 1-тоқсанын мен қайтадан өз ата-анамның қолында өткiздiм.
Ата-анам мен бауырларымның жанында , әрине маған мүлде жаман да болған жоқ едi.Бiрақ анам байғұс томсырайған қалпында тамақ iшпей отыра беретiн болды. Ренiшiнiң себебiн сұрағандарға, бiр сөзбен айтқанда анасының жалғыз отырғанына налитыны түсiнiктi едi. 7-қараша мейрамына қарай « Ықылас-Темiр» ауылы қайдасың деп анам екеумiз тартып отырдық. Нағашы апам қатты қуанды, мен екі жарым жылдан кейін келсем де сыныптастарым менi мүлде ұмытпаған екен.Бастауыш сыныптарда қатарынан 3 жыл бойы оқытқан Ермекбай ағай: « Ой, сен баяғы өзiмiздiң қызымыз емессiң бе» дедi, қуанышын жасыра алмай. Мен өзiме бұрыннан үйреншiктi болып кеткен сыныптастарыммен және нағашылыарыммен қайта қауышқаныма қатты толқыдым. Ол кезде орыстың атақты ғалымы И.П.Павлов атындағы бастауыш мектеп қайтадан құрылып, 8-жылдық мектепке айналыпты. Мектепке бұрыннан таныс Ермекбай ағай мен Гүлзада апайдан басқа, көптеген пән мұғалiмдерi келiптi. Мен 6-сыныпта өзiмнiң сыныптастарымнан гөрi сабаққа зерделi болып шықтым да, «онша үлгере алмайтын балаларға көмек берейiк» деген ұсыныс айттым.Менiң сыныптастарымның iшiнде жарысып оқитын, менімен үш қыз болдық.
Ал ұл балалардан маған Ермаханбет қатты ұнаушы едi. Ол кезде алғашқы махаббат туралы бiр қызық кiтап қолыма түстi. Ол Iлияс Есенберлиннiң «Ғашықтар» атты романы болатын. Алғашқы рет махаббат туралы романды қызығып, бас алмай оқығаным есiмде. Ол кiтапты қайдан алып оқығанымды айтып кетейiн. Нағашы апам екеумiздi тағы бiр ағайынымыз қонаққа шақырды. Сол қонаққа барған үйiмiзде мен әлгi айтқан кiтапты қолыма алдым. Мен бас көтермей оқи бастадым. Мен өзім үшін аса бір ғажайып әлемді ашқандай болдым. Мен өзімді бұрынғыдан да басқаша сезіне бастадым. Мен, міне сол ауылда осындай қызықтарды бастан кешіруіме тура келді. Жалпы әрбір адам өз өмірінде түрлі қызықтарды бастан кешіреді ғой. Өмірге келеді, балалық шақты бастан кешіреді, сосын жоғары оқу орнына түсіп, оны бітірген соң, тағы да әр түрлі белестерден өтеді. Менің ойымша адамның дұрыс, өкінбестей өмір сүруі үшін қоршаған ортасынан алатын әсері ұшан -теңіздей деп ойлаймын. Уақыт тоқтамай өзендей ағып, нағашы атам да, нағашы апам да, анам мен әкем де бұл фәниден бақилық боп кеткендері қашан. Түнде түс көріппін : түсімде , анам да , әкем де тіпті нағашы апам да тірі екен деп ойлап, таңертең ұйқымнан өте қуанып ояныппын. Менің көп жақсылығын көрген жақындарымның алдында үлкен өтелмеген парызым болса, ол бір жағынан сол кісілердің адалдығы мен еңбекқорлығы туралы айту еді. Ал, анам болса өзінің әкесі сияқты адал еңбек ете білді.
Екі жоғары оқу орнын бітірген анам, көп жылдар бойы мектепте ұстаздық қызмет атқарды. Бірінші мамандығы кітапханашылық болса, екінші мамандығы «қазақ тілі мен әдебиет пәндерінің мұғалімі» атты мамандықтарды бітірген анам, өзі қызмет еткен ұжымында ең сүйікті ұстаз бола білді. Анамның бойында асыл қасиеттері көп болатын. Солардың ең бастысы өз балаларын да адамгершілікке тәрбиелей білгендігі болса керек. Анам Тастаева Қалбибі –менің бойыма жазушылық дарын силағанына бүгінде ешбір шүбәм жоқ. Мен мектепте оқып жүрген кезімнің өзінде-ақ «Қазақстан пионері» газетіне мақала жібере бастадым. Кейін бірте-бірте республикалық басқа да газеттерге шыға бастадым. Менің қазіргі жоғары оқу орнына қызметке жеңіл келуіме де мақала жаза білетіндігімнің пайдасы мол болды. Адам ешқашан да өз анасы мен атасының парызын өтей алмас деп ойлаймын. Қайбір жылы Сайрам ауданындағы, Сары Ата деп аталатын, бұрынғы аты «В.И.Ленин» атындағы бөлімшеге жазда қыздарымды алып бардым. Үлкен әпкем Розаның қызы Гүлшахира мен екінші әпкем Кариманың баласы Жандос менің тез көне салатынымды біліп, «көлге барып, шомылып, қайтайық, әпше» деп қоймады. Әпкелерімнің балаларын қасыма ертіп, ауылдың төменгі жағында ағып жатқан, көлге жақындадық. Мен өзім еріксізден-еріксіз дереу қолыма қағаз-қаламсабымды ала сала, мына жыр жолдарын жаза бастадым. Жүрегімде бір мұң бар. Бір емес-ау көп мұң бар, бақытты балалық шақ силаған құрметті нағашы атам мен нағашы апама, мені жарық дүниеге әкелген әкем мен анама, қазірге дейін көмектесіп отырған қымбатты бауырларыма алғысым шексіз еді. Олардың менің бойыма сіңірткен адалдық, асыл қасиеттеріне ризашылығым шексіз. Мен ол қасиеттерді бүгінгі ұрпақтың бойына сіңіргім келеді. Өз балаларымның бойынан да сол қасиеттерді көргім келеді.
Балалық шағым өткен «Ықылас-Темір» ауылында менің ең басты бақытты кездерім өткен еді. Бақытты кездерімнің куәсі болған ауылды мен еш уақытта есімнен шығармаймын деп ойлаймын.