Адам қарады: 145907 | Жарияланды: 2017-04-12 03:49:20

Алтын әліппе

Жаннұрмен, иә, осы әңгiменiң автор-айтушысы Жаннұр Нұрлановпен арынды Арыс өзенiнiң жағасындағы бiр ауылда туып, құлын-тайдай тебiсiп қатар өстiк. Шағын ауылымызда топырақ бетiне саусағымен ғажайып бейнелер салатын жалғыз бала осы Жаннұр болатын. Бәрiмiз оның өнерiне қызыға қарайтынбыз. Елгезек, не айтсаң соған сене салатын иланғыш та едi. Ең бастысы қайырымды-тұғын. «Жан, давай, кино көрейiкшi!», деп жалаңаш санымызды шапаттап жетiп баратынбыз. Ол пәлсiнiп жатпайтын – клубтан көрген киноны немесе естіген соғыс жайлы әңгімелерін құлпырта бейнелеп, топырақ бетiне салып беретiн. Жаннұрдың «өнерiнiң» тағы бiр ерекшелiгi-саусағымен әрбiр заттың бейнесiн шапшаң сызып, оқиғаның дамуына қарай әлгi суреттi алақанының астыңғы қырымен оңнан солға сыпыра өшiрiп, оған iлестiре сөзбен түсiндiріп айтып отыратындығында едi. Сонда ол бiз үшiн кинодағыдан да түсiнiктi, кинодағыдан да қызықты көрiнетiн.

Мiне, бүгiн де бес-алты бала Жаннұрды қоршай отырып алғанбыз. Көз алдымызда қырғын соғыс жүрiп жатыр. Әне, шолақ автоматты, темiр қалпақты пашистер. Қырдан жұлқына шығып келе жатқан танкiлер шынжыр табандары шақырлап, бiздi жаншып кетердей қаптап келедi. /Осы кезде табанымызға дейiн келiп қалған топырақ танкiлерге шынымен-ақ үрейлене қарап, демiмiздi жұта артқа ысырылатынбыз/. Қанкескi соғыс қыза түскен.  Та-та-та... та-та-та-та-та-та... автоматтар оқ бүркiп келедi. Ии-ааң... и-а-аң дегiзiп танкiлер де гүрсiлдетедi. Зiп-чiп-зiп-снайперлер де қылтиғанды қағып түсiрiп жатыр. Оның оқтары автомат пен  танкiнiңкiндей ұлып, ысқырып жетпейдi – сұмдық суық үнмен құлағының түбiнен жiп-жiп ете қалады. Бiз бұға түсемiз, Бұқпасаң дүрбiлi винтовкасы бар снайпер қалпақтай қағып түсiредi. Ура! Ура-а! Әне, советтер тұтқиылдан лап қойды. Сөйтсек, олар өтiрiк қашыпты ғой. Еңсемiз көтерiлiп, бағаналы қыстығып қалған  бiз ендi демiмiздi еркiн ала бастадық. Ой, катюшалар пәшистердiң де, танкiлерiнiң де әкесiн бiр танытты-ау! Өлгенi өлiп, өлмегенi қашып, жайрағаны жайрап, жайрамағаны қолға түсiп, быт-шыт болды-ау! Анау тоқымдай топырақ тақырдың арғы шетiнде бiр топ пәшистердi тырқырата қуып бара жатқан сәбеттер. Тырағайлап қашқан немiстер шашылып қалған кастрөлдей-кастрөлдей қалпақтары мен қанқұсқыр әдемi автоматтарына да қарайтын емес. Бар да жиып ала бер. /Қазiр оны Жаннұр бiзге үлестiрiп беретiндей үмiттене қараймыз/...

Туған жердiң топырағынан бастау алған Жаннұрдың осы өнерi өзiмен бірге iлесе есейiп, сурет салуға әбден машығып, түрлi жарыстарға қатысып жүрдi. Келе-келе бүкiл мектеп қыздарының назарына iлiккен Жаннұрдың суретшiлiгiне, шынын айтсақ, қызыға да, қызғана да қарайтынды шығардық. Бiрақ, ол мұны сезбейтiн. Қашан көрсең де аппақ, адал көңiлiмен қарсы алып тұратын.

Оныншыны бiтiре, ұядан пыр ұшқан сары ауыз балапандардай әр тарапқа арман қуып кете бердiк. Жаннұрдың Шымкент көркемсурет училищесiн үздiк бiтiрiп, Москвадағы оқуға да қиналмай түскенiн бiлемiз. Одан үлкен суретшi шығатынына баяғыда сенгенбiз. Сондықтан, Жаннұрды үлкен қаладағы ұлағатты ұстаздардан дәрiс алуға аттанған хабарын «Е, солай болуы тиiс!»,-деп, бұл оның кәдуiлгi iсiндей, еш таңырқаусыз қарсы алған едік.

Иә, сол Жаннұр Нұрланов биыл Москвадағы Н.В. Суриков атындағы суретшiлер институтының екiншi курсын бiтiрмек, жазған туындылары жақсы бағаға иеленiп жүр. Біірде ол ауылға келген аз күндiк демалысында маған жолай соғып: «Сен ептеп жазып жүрсiң ғой. Мынау жанға ашпаған сыр едi! Мүмкiн қажетiңе жарап қалар» деп баяғысынша көзi жұмыла күлiп, қырық сегiз парақтық қалың дәптердi берiп кеттi. Қалам сорып, оқу өтiп кеткен бе - жүзі жүдеу көрiндi. Бiрақ, сәулелi қарашықтары сол баяғысынша мөлдiреп, адал қарайды.

Тысына «Үш күн, үш түн немесе бiр махаббатың тарихы» деп iрi әрiптермен жазылған қомақты дәптердi бас  алмай оқып шықтым. Алғашында онда алып бара жатқан оқиға, характерлер қақтығысы /шығарма шырайы осында деп түсiнемiз ғой кейде/ көрiнбегенiмен, суретшi досымның тағы бiр қырын танытқан шынайы махаббатының астарында айтылмақ көптеген ойдың андалап тұрғанын аңғардым. Көбiмiз жиырма жастың о жақ, бұ жағында ғашықтық деген ғажайып дерттiң қармағына iлiгiп қаламыз. Соған адалдығымыз бүкiл болмысымызды қалыптастырып, болашаққа барар жолымызды айқындайды. «Әу, әлеумет, махаббатқа адал болайық, оған құйттай қиянат көрсетпейiк, қылдай кiр жұқтырып алмайық! Сонда ғана бұл пәнидегi ең соңғы қадамымызға дейiн ұжмақ өмiр сүремiз!» дегендi бар дауыспен айтып тұрғандай көрiндi маған. Үлкен адамгершiлiктiң асыл қасиеттерi осы мөлдір махаббаттан бастау алады екен-ау, мұны бiразымыз бiлмейдi де екенбiз-ау, деген ойға қалдым. Мектеп табалдырығынан имене аттап, «Әлiппе» оқулығын ашып, теңiздей терең, теңiздей шалқар бiлiм айдынына құлаш ұруға қанша талпынсақ, алғашқы махаббатымыз арқылы, соған жасаған жақсылығымыз арқылы ғаламдай кең, ғаламдай түпсiз адамгершiлiк атты қасиеттi өлкеге де қанат қағады екенбiз-ау, сөйтiп өмiрдiң ғажайып АЛТЫН ӘЛIППЕСIН ашады екенбiз-ау, деген пiкiрге келдiм.

Сондықтан, мен бұл дәптерде жазылғандарды  оқиға қосып бояламай, қаз-қалпында беруге күш жұмсадым. Және бұл әлi бiтпеген махаббаттың тарихы болғандықтан, қаршадайымнан «беске» бiлетiн Жаннұрдың «Мен ақыры Эраны іздеп таптым, оның басынан көп жағдай өтiптi. Оқуды бiтiре үйленемiз. Екiншi дәптердi сол тойға келгенде аларсың», деген уәдесiне үәйiмсiз сенгендiктен, бұл дәптердi оқырмандардың да назарына ұсына отырып, оны «Алтын әлiппе» /«Алғашқы дәптер»/ деп атауды жөн көрдiм. Сонымен, оқушы ағайын, сол алғашқы дәптер, мiне, алдарыңызда...

 

* * *

 

Дәл қазiр поезға мiнгенiме өкiнiп келемiн. Сан қиырға шиыр сап лекiген сан мың жұрттың бiр тобы мен билет алған вагонға да лық толыпты. Ауа суытқышы iстемейдi ме, қапырық. Жан сергiтер салқын леп сезiлсейшi! «Әй, автобуспен кете бермей. Поезда ары-берi ағылып жатқан көкөрiм қыздар көп, кескiн-келбет iздеймiн деп қаланың қыздары құрып қалғандай, осы көк вагонға аңсарың ауып қоймап ең. Осы қорлыққа түлен түрткен екен де. Тарт сазайыңды өстiп. Осыдан Шымкентке ат-көлiгiң аман жетсең, құдайыңа қой атарсың. Ал, көрмеген көрепасыңды көр ендi!» деп сананың сан түкпiрiнен өре түрегелген сайқымазақ ойлар менiң мынау ұсқынсыз ыпынымды табалап, жырқ-жырқ күледi. Шымкентке жеткенше сыр бермейiн деп-ақ ем, мұршам жетпедi. мәйкiшең терлеп-тепшiп қызыл күрең шайды сораптап отырған шикiл сары кiсiнiң қолаңса иiсінен шыдай алмай тамбурға қаштым. Ол жерден де тұрақты мекен таба алмадым. Өзiм құралыптас екi бозбала мұражасын ыстап тұр екен. Шылым шекпейтiн әдетiм. Көкала түтiн тағы әбiгерiмдi шығарды. Содан жайлы жер таппай, сырғи-сырғи вагон-ресторанға барып тiрелдiм. Мұнда ел аяғы сиректеу көрiндi. «Қалған бiр сағатты жүрек жалғаумен амалдармын. Тәуiрi әне бiр орын бос екен».

Төрге қарай қозғала берiп, қауындыққа қаққан қарақшыдай қалшиып қалдым. Жүрегiм бiр қалыпты соғысынан жаңылып, жеделдете дүрсiлдей жөнелдi. Қолым еркiмнен тыс қойын дәптерiм мен қаламыма жетiп барды. Қуанғаннан абдырып қалған әрекетiм.

Мен беттеген столдардың ар жағында талай күн-түн қиялмен тап басып ұстай алмай, сезiм-сенiммен таба алмай, сарсаң күй кештiрген армандай қыз шалынған едi көзiме. Болашақ мамандығым қыл қалам шеберi-суретшi болғандықтан ба, алдымдағы аяулы бейнеге табына да жалына қараймын. Өйткенi, бұл қыз табиғаттың сирек туындысы. Ендi бiр он жылда да, тiптi жүз жылда да кезiктiре алмайтын асыл ару екенiне титiмдей де шүбәм жоқ. Жан-жақты жетiлген адам бiтiмiн жасаудың асқан алып шеберi Рафаэль «Мен бiр сұлуды салу үшiн бiрнеше сұлуды көруге тиiспiн...» десе, ал сол бiрнеше сұлудан алынатын детальдарды осы қыздың өн бойынан тапқандаймын. «Шiркiн-ай, бiрер сағатқа отырғызып, келбетiн кескiндеп алар  мәурiт  болса, әзiрге одан артық арманды керек етпес едім».

Есiл-дертiмдi  жаулап алған сұлу қызға сұғымды қадап, аймалай қараймын. Қанатын жайып кеп ақ гүлге қона салған кiшкентай қызыл көбелек тәрiздi уылжып тұрған қызыл ернi қандай әдемi! Шуақты нұр себезгiлеген байыпты қарашығына қуаныштың қалың бояуларын үстеп, ұзын кiрпiктерiнiң ұштарына күлiмдей көтерiлген алтын күннiң арайлы сәулелерiн қондыра қойса, шексiз қуаныштың ғажайып көрiнiстерiн берер едi-ау!

Қыз балмұздақ жеп отыр. Жалпы дене бiтiмiне көз жүгiрттiм. Көз жүгiрттiм деймiн-ау, өйтiп, әндей сызылтуға уақыт қайда?! Жалт етiп шолып өткенiмде-ақ, қыздың үстел астындағы сымдай тартылған түзу балтырларын, көкiрек тұсын тепсiнген қос анарын байқастап үлгергенмiн. Секундқа кешiксем, әлдекiмдер бос орынды иемденiп қоярдай, тез басып  қызға беттедiм.

- Қарындас, айып етпеңiз, отыруға  рұқсат болар?

Қыз аппақ жүзiн жапқан ұзындау шашын оң иығына қарай кейiн серпiп, таңырқай қарады. Ыңғайсызданып бетiм дуылдады. Өз ұлтымның перiштесi ғой деп, қазақша қойып қалған едiм. Реңiнен қай ұлттан екенiн айыру қиын.

-Что... что, я вас не поняла?!-дедi қыз тұла-бойымды сұраулы пiшiнмен шұғыл шолып өтiп. Дауысы пианиноның ортаңғы бiр тiлiн басып қалғандай әсерлi шықты. Өтiнiшiмдi орысша қайталадым.

Сусын iшiп отырып та, өз еркiмдi жеңе алмай, ұрлана қарап қоямын. Өйтпеске амалым жоқ. Белгiсiз сезiмнiң шынжырлы бұғауына түскендеймiн. Шынын айтқанда, мен алдымдағы аяулы  перi қызды көне дәуiрдегi қыл қалам алыптарының туындыларындағы мадонналардың бiрде-бiрiне айырбастауға, теңестiруге көнбес едiм. Құрмет тұтарым анық. Олар – өз дәуiрiнiң баға жетпес асыл мұрасы, сол дәуiрдiң, соған дейiнгi ықылым замандардың сұлу сезiмдерiн, тек әйелге ғана тән тума қасиеттерiн жинақтаған iнжу-маржандары. «Дегенмен, әр дәуiрдiң бұла аруы, оған баға берер дәуiр көзқарасының деңгейi бар емес пе?». «Жоқ, деп бiр ой қамшылай түседi, жанды мен жансыз бейненi салыстырма. Алдыңдағы тiрi бейне болғасын ғана табынып отырсың. Өмiрлiк өшпес мұра ғып қалдырып көршi қолыңнан келсе. Толысып пiскен перiште қызға аузыңды ашып телмiргенше, бүгiнгi сұлулардың ақыл-ой аумағын, талғам таразысының мөлшерiн, сұлулық сырының кенересiн кескiндешi, кәне, көрейiк! Бекерге «Ғажап!» деп көз жұмып, бас шайқағаның кiмге дәрi!»

Менiң iшкi жан-дүниемдегi арпалысты қыз қайдан бiлсiн, өзiнiң дара, бөлек жаратылған жан екенiн сезетiндей тәкаппар отыр. Маған көз қырын да  салған емес. Тек тұруға ыңғайланғанда ғана жебелерi кезелген тұңғиық қарашығымен немқұрайлы шолып өттi. Кiшкене қоңыр сөмкесiнен iздегенiн таппады-ау деймiн, жүзi құп-қу болып бозарып сала берді. Сөмке iшiн ақтарыстырып «Как это так?!» дейдi абыржып. Реңiне қан тепсiнiп, аппақ жүзi қызылға боялды. Бiр ыңғайсыз жағдайға түскенiн сездiм. Жәутеңдеп маған қараған сәтте шыдай алмай:

- Не iздедiңiз? Неге әбiгерлендiңiз?-дедiм.

- Әмияным... жоғалтыппын - дедi ол үнi дiрiлдей.

Бiр ауыз сөздiң құдiреттiлiгiн сонда сездiм. Бетiм дуылдап ала жөнелдi. Жанарым жасаурап, кiнәлi жандай қыбыжықтап, өзiмнiң не iстерiмдi, қызға не дерiмдi бiлмей күйбелектеніп қалдым. Қарсы алдымда отырған қыздың ақшасы жоғалған! Көршiлер де келеңсiз күйдiң лебiн сезiп, бiз жаққа жамырай қарасты. Ел менi ұрыға санап тұрғандай қысылдым. Жаманат жерде жата ма, жетiп келген даяшы әйелге  екеуімiз үшiн де есептестiм. Қыздың көздерi боталап, кiрпiк ұштарында таза екi тамшы мөлдiрей тұрып қалды. Былайырақ шыға: - Жүрiңiз iздеп көрелiк. Мүмкiн жатқан жерiңiзде түсiп қалған шығар...-деп жiк-жаппар жылы көңiлiмдi бiлдiрiп жатырмын.

Қыз басын шайқап, қинала сөйледi.

- Сөмкемде болатын, ендi қайттiм? Ригаға қалай жетем?!

- Билетiңiз бар емес пе? Жолсерiкте болар?..

Қыз үнсiз қалды. Сөкет айтқанымды сездiм. Құр билет үш-төрт күнге тамақ бола ма? Қызға қалай жәрдемдесерiмдi бiлмей далмын. Бiр нәрсе деу керек. Аузыма сөз түсер емес. Тамағым құрғап, бостан-босқа жұтына беремiн.

- Латыш қызы болдыңыз ғой. Қазақ қызына ұқсайсыз...

Бар тауып айтқаным осы. Қыз жүдеу жымиды. Менiң бұл сөзiм басқа уақытта айтылса, әзiлмен жауап қайтарылар ма едi. Ал, қазiр түсi қайтадан қуара бастады. Әңгiмемiздiң қиысар сыңайы сезiлмесе де, оны белгiсiз қорқыныштың құшағына кiргiзгiм  келмей, қыздың кiм екенiн бiлмекке ұмтылыс жасадым.

- Қайдан келе жатқан едiңiз? - Осы кезде «Маралдың лағындай сүйкiмдi мына ару осылай кете берсе, жағдайы не болады? Кiмге қолын жаяды?» деген суық ой санамды мұздатып өттi. Қызға шошына қарап ем, ол терезеге бетiн бұрып тұр екен.

- Алматыдан... студентпiн...

Сұрағыма ықылассыз жауап бердi.

- Неге ерте шықтыңыз, сессияның бiтуiне әлi уақыт бар емес пе?

«Ау, бұл не деп сандырақтағаным? Емтихандарды түгел тапсырып бiтпей, бәрiне өзiң кiнәлiсiң деп бiрнәрсенi бетiне салық еткенiм бе?»

Қыз осыны сезгендей ақтала сөйледi: -Емтихандарды толық тапсырғанмын. Кезегiнен тыс. Папам... соған... - Ол сөзiн тауыспай қыстығып тұрып қалды. Алма бетiнде жол салып, екi тамшы төмен қарай жарыса құлады.

- Қой жылағаныңыз не?

Епетейсiз жұбатқаным. Беторамалыммен мөлдiр моншақтарды еппен сорғызып алдым. Ол ұяла терiс бұрылып кеттi. Ұлпа дидарын аялай сипалағым келе бердi. Дамылсыз домалаған тамшылар қаз омырауға тырс-тырс үзiледi. Ары-берi жүргiншiлер бiзге таңырқай қарайды. Бiр iске бел буғандай қыздың есiмiн сұрадым.

- Эра...

- Эра, тыңдашы, былай келiсейiк. - Иығынан ақырын ұстап, өзiме қаратып алдым. Батылданып «сенге» көшкенiмдi де бiлмей қалыппын.

-Тыңдашы, Эра, мен де өзiңдей студентпiн. Шымкенттегi көркемсурет училищесiнде оқимын. Дұрыс ұғынып, қабыл  алсаң, маған iлес. Жолыңа жетерлiк қаражат тауып беремiн. Әрi самолетке билет... Бұдан әлдеқайда  тез жетесiң.

Эра осынау шарасыз халiн де тәкаппарлығына жеңдiрiп бақты. Илiкпедi.

- Сонда қалай жетпексiң? - Үндемедi. Болмағасын қалтамдағы барымды ұсындым. Ол ыршып, қолын тартып алды. Өңi бұзылып кетіптi.

- Сен менi дұрыс түсiншi, Эра!  Бiле бiлсең, бұл ағалық пейiлiм. Әрi екi студенттiң қысылғанда бiр-бiрiне жасаған жәрдемi. Шошынарлық дәнеңе жоқ. Қайта сенi кезiктiргенiме мен қарыздармын...

Жақсылық атаулыға жан пида етер көңiл-көгершiнiмнiң адал үнiн осылай бiлдiрдiм. Және нағыз қажеттi кескiндi тапқан қуанышымды ол қайдан сезсiн, келiспедi. Түсiндiрiп баққанымның бәрi зая кеттi. Болмағасын зорлағандай ғып ақшаны сөмкесiне салып қойдым.

- Мен түскесiн лақтырып тастарсың,-дедiм шын ренiшiмдi жасыра алмай.

Тамбурда тұрмыз. Қос рельспен шайнасқан, бiтiспей шайнасқан шойын доңғалақтардың бiркелкi дыбысы мың сан  мәрте қайталанады. Эра терезеден сыртқа, сонау көкжиек кеңiстiкке дейiн сарша сағым жортқан жусанды жондарға қапалана қарап тұр. Қызға деген аяныштың аяулы сезiмдерi жүрегiмдi шабақтайды. Қиналамын. Қолдан келер басқа дәрмен жоқ. Ең құрығанда, қыз iлессе, оның жағдайын жасап бағар едiм.

- Түсетiн уақытым жақындады.

- Адресiңiздi қалдырыңызшы. - Эра терiс қараған күйi өтiнiш еттi. Қойын дәптерiмнiң бiр бетiне жаза бастадым.

- ... үйге барғасын...

Алыстан қыз үнi талып естiлгендей, бағжырая қараймын оған.

- Не-е? - Түсiм сұрланып кетсе керек,Эраның кiнәсiз көздерi жәудiрей қалды.

- Қазақ жасаған жақсылығына қарымта сұрамайды. Эра, бiз секiлдi жастарға мұндай кәкүр-шүкiрдi сөз ету ұят. Нәйетi... Ал, сен... - Қыстығып одан әрi сөйлей алмай қалдым.

Эра зорлана күлiмсiредi.

-Шарт етiп, шырт етпе мiнезiңiздi бiлдiртiп алдыңыз,-деп салмақ сала батылдау сөйледi. - Менiң айтпағым басқа... Сiз қате түсiндiңiз. Адресiңiздi сұрағаным-қысылғанда қол ұшiн берген қайырымды қазақ ұлын... «аға» деп достық хабарда  болсам деген ниет едi. Ал, сiз...

Эра осыны айтты да, орынсыз жәбiр көрген жас баладай тағы жылап жiберуге шақ қалды. Көзi жасаурап барады. Күйгелектiгiмнiң кесiрiнен сөкет сөйлегенiме кешiрiм сұрап, қателегiмдi жуып-шая бастадым. Адресiмдi жазып ұсындым. Ол оны сөмкесiне салып қойды.

Поезд жүрiсiн баяулата бастады.

-Қалсайшы... -Бiлегiнен ақырын ұстаймын. Эра қызыл ернiн жымқырып, үнсiз бас шайқайды. Айырылысуға қимай, жүрегiмдегi шаттығымды, жан сырымды айта алмай барам. Шымкенттен түсушiлер тамбурға тола бастады. Тiл өнерiм жеткенше, өтiнiп те, жалынып та көрдiм. Эра мiз бақпады.

- Бейтаныс қала... -дейдi.

- Мен ше, Эра-ау! Сенбейсiң бе маған? Түсiншi! Рига қайда, сен қайда? Москваға дейiн әлi екi жарым тәулiк, ары қарай тағы жүруiң керек, түсiншi!

Эра келiспей қойды. Поезд тоқтасымен, қоштасып түсiп кеттiм.

 

Үйге жеткенше төзiмiм жетер емес. Троллейбуста да әрең шыдадым. Болмағанда бiр сағатқа кешiксем күндiкке көңiлiме түйген бедерлi бейнелерiм iзiм-ғайым жоғалардай асығып келемiн. Талайдан бiтуiн тосып жатқан «Күнге ұмтылу» атты полотномдағы бойжеткен бейнесiн Эрадан тапқандаймын. Алған тақырыбыма байланысты басқадай детальдарын, көрiнiстерiн бiтiрiп қойғанмын. Көкейiмнен дөп шыққан бейненi ұмытып үлгермей, ертерек кескiндеуiм керек. Үйге келiсiмен жүре шешiнiп, толғағы жеткен сүйiктi iсiме кiрiсiп те кеттiм.

Қашан қиналып жүрiп  Эра бейнесiн тауып алғанша, бiрнеше кескiн сызуыма тура келдi. Ақыры жан терiм алынған заматта сәйгүлiк шабыт арқасын тоса бердi-ау: майлы бояулар алты ай iздеген арманымды көз алдыма әкеле бердi... Таңғы салқын таза самалға шомылып, құшағын айқара ашқан жас сұлу жүгiрiп келедi. Тiзеден жоғары сәл түрiңкi гүлдi көйлегi қарсы соққан жiбек желдiң екпiнiмен балтырға жабысып, үзiлердей бiр уыс қыпша белiн маңайға мақтанышпен көрсетедi. Айнала түрліі көркем гүлдер. Сап-сары күлтелерi құлпырған күнбағыстар көсем күнге иiле сәлем берiп тұрғандай сызылыңқы. Бұлғақтаған жас қыздардай бiрнешеуi соңынан қарап қалыпты. Түн түнегiн қуалаған жалқын шапақтар сонау алысырақты таңғы түске бояған.

Бұлар бұрыннан бар көрiнiстер. Ендi буалдыр мұнардан бiртiндеп шайдай ашылып Эра бейнесi айқындалып келедi. Оның ақторғын дидарында алау күннiң алтын арайы ойнайды. Меруерт тiстерi тiзiлiп, толып тасыған қуаныштан бейкүнә бейнесi бал-бұл жайнайды...

Түзейтiн бiршама тұстары болғанымен, полотна бiттi есебiнде. Тiрi тән болса, құшақтап алардай құмарта қараймын. Айырылысқаннан кейiнгi тағдыры белгiсiз Эраның шарасыз халi есiме түскенде, жүрегiм сыздап ауырады. Кездесу түбi қайырсыз аяқталғанымен, Эра сынды ғажайып сұлуға жолыққаныма, шығармашылық жұмысымның арқауына айналғанына шүкiршiлiк етемiн.  Онсыз бұл картинаның қалай салынып бiтерi беймәлiм-тұғын. Өйткенi, картинаның композициясын аяқтай келе ерiксiз iркiлiп қалғанмын. «Қызды қандай пiшiнде беру керек?» Ақыры он ойланып, өзiмдi өлшеусiз сұлулығымен тәнтi еткен, тамсандырған сұлуды салуды  қалап едiм. Содан қыз-қырқынның құралайымын деп талайы кездесiп көз құмартқанымен, жүрекке жете алмаған. Бiрiнде жоқ деталь екiншiсiнен табылғанымен, сүмбiле сұлулықты бiр өңнен табуға, дәл соны беруге құштар көңiл айлар өткiзiп бүгiнгi сәттi күнге жолықтырып отыр.

Шаршағанымды сездiм. Заттарымды орын-орнына қойып, палитрамды тазалап бола, есiк жақтан аяқ дыбысы естiлдi. «Есiк ашық қалыпты ғой. Әй,  ұмытшақтық. Үйiңдi үптеп кетсе де сезбейсiң-ау! Кiм екен?».

Есiк ашылып, қайта жабылғандай болды. Артынша қоңырау зың-ң етiп келте соғылды. «Бөтен екен. Жiгiттердiң бiреуi болса, ашық есiктен әлдеқашан тайраңдай кiрiп, жайраңдап жетiп келер едi».

Бөлмеден шыға орнынан аударылып түскендей, жүрегiм шым етiп, тұла-бойымды құйынперен сезiмдер суылдатып өте шықты. Шексiз қуаныштан қатты дауыстап жiберiппiн.

- Эра!..

Қолында қызыл былғары шабаданы бар Эра имене кiрiп келедi. Өзiмсiнiп, әй-шәйға қаратпай құшақтап, аяғын жерге тигiзбей шыркөбелек айналдырып-айналдырып алдым.

- Эра.. Эра-у, шынымен бұл сенсiң бе?!-деп басқадай сөз аузыма түспей, есiм шығып кетiптi. Оның ып-ыссы тығыншақ денесiн бауырыма қысымдай беремiн. Кеудеме үнсiз құлай берген оны жас балаша жұлқылап та алдым. Жұмсақ, сүйкiмдi жұпар иiстi қара қошқыл шашы бетiмдi, мойнымды қытықтайды.

- Сен үйде жоқ па деп, қатты қорқып кеттiм,-дейдi ол  еркелей сыбырлап.

- Жүршi, Эра! Берi жүршi! - Қолынан жетелей бөлмеме ертiп келдiм. - Қарашы, сенi ұмытып кетпейiн деп әуреленiп жатқанымды.

Ол полотнаға жақын келдi. Алғашқы құмарлықпен оны ұстап көрдi де, қыз бейнесiне ойлана қарап қалды. Сосын маған сәл күлкiге ыңғай берген сыңаймен бiрдеме демекке оқталды да қоя салды. Оның өз суретiн жазбай танығанын, әйтсе де екi-үш сағат бұрын кездескен адамның осынша үп-үлкен картинаны қалайша жазып бiтiрiп қойғанына сенбей, мүлдем сенбей тұрғанын түсiндiм. Ол осыған иланар-иланбасын бiлмей, екiұдай сезiм құшағында тұрып қалды.

Жұп-жұмыр иығынан ақырын құшақтап, тiл қаттым: - Бұл сен ғой, Эра! Бұл сен...

- Қалай үлгергенсiң?-дедi ол күлiмдеп.–Бiздiң айырылысқанымызға шамалы уақыт қана өттi емес пе?

Мен оған суреттiң салыну тарихын айтып бердiм. Екi-үш сағаттан бергiм тек қыздың ажарын салумен кеткенiн, әлi түзейтiн, қосымшалайтын жұмыстары бар екенiн айттым.

Эра тартымды мiнезiне қоса, ақкөңiл ашық екен. Өзiне тез  баурап әкеттi. Мен де оның кiршiксiз көңiлiне қаяу түсiрiп алмауға тырысып бақтым. Бұдан соңғы күндерiмiз  қалай өтедi? Әзiрге жұмбақ. Тек анда-санда ұшқын шашып тұтана алмай басылатын алау сезiмнiң жүректе өркен жайғаны анық. Қаншама күн-түн ойлап, iздеп кездестiре алмай сарсаң күй кештiрген хор қызының дәл қазiр менiң үйiмде, тура қасымда жүргенiн түйсiнiп, нағыз бақыттың ботакөз бұлағынан бал татқандай тәттi күй кешемiн. «Ендi өзгелердi тәнтi ететiн, таңдай қақтырып тамсандыратын жаңа шығарма жазамын».

Кешқұрым қаланы аралауға шықтық. Күндiзгi аптаптың ыстығы iңiрдiң салқын лебiмен томыртқыланып, жанға жайлы болып тұр. Эра қаланы жаяу аралаған ұзақ әсерде қалдырады дегендi айтты. Шырайлы Шымкенттiң көрiктi орындары «Қазақстан» кинотеатрынан көктей өтiп, драма театрын көрiп, скверьде, Ленин атындағы алаңда болдық. Сосын  «Дәм татып кетейiк, кейiн сағынышпен еске алып жүруге жақсы» деген тiлекпен жастардың кешкi «Росинка» кафесiнен сусындап алуға бардық.

Жаның сүйсiнiп қабылдайтын жеңiл әуеннiң тылсым құдiретiмен бақытты дүниенің күйін кешемiн. Эра қанша дегенмен үлкен қаланың қызы емес пе - сүмбiл бiтiсi музыка ырғағымен мың бұралып сұлу билеп жүр. Ғарыштың сонау сансыз гауһарлары тамып кеудеме құлағандай,Эраны аса бiр құштарлықпен құшып билеуге тырысамын. Кафе толы қызылды-жасылды киiнген көңiлдi жастар жүздерi бал-бұл жанады, жанарлары шiркiн жаса жастықтың өткiр де нәзiк сәулелерiн шашыратады.

Алғашында мән бермей байқамаппын: барыс мықын, бура төс келiстi де көркем жiгiттер, бiрөңкей шетелдiк шүберекке оранған сәндi де сырбаз жiгiттер Эраны үйiрсектей бастапты. Маған менсiнбей шекесiнен   қарайды. Менi елемегенсiп, Эраны оңашалап алып кетуге тырысады. Сәтi түскен уақытта оған соншалық мәдениеттi мiнәйiм мiнезбен иiлiп тiл қатуға тырысады.  Тәттi үмiтпен, тәттi тiлекпен көтере бастаған көк күмбезiм жасын түскендей жайрап қалды.

Эра оларға күле бас шұлғиды, әсiресе әне бiр сылқым серi басқалардан батылдау, басқалардан ептiлеу ме - Эраны тым төңiректеп алыпты. Бiр сәт оның бiлегiнен ұстап әлдененi сыбырлайды. Селкiлдеп билеп жүрген жұрттан жырылып қалғандаймын. Жiгiт тағы еңкейiп әлдене  дедi. Сосын екеуi де күлдi, қаным ысып сала бердi. Әлдекiмге өкпелегендей, көшке берген тайлағымды қайтып алатындай назарым пәсейiп, iшiм иттей ұлыды. Одан әрi шыдай алмай, тысқа шығып кеттiм. Қаланың тiс қаққан қулары Эраның табиғат берген сұлулығына  қызығып, оның маған үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын жолда жолыққан жан екенiн бiлсе, қайткенде де бөлiп алып кетуi мүмкiн. «Кешiр Жаннұр, көмегiңе рахмет, бiз мына жiгiттермен былай шештiк» деп келіп тұрса не iстемекпiн? Шынымен Эрадан айырылу қаупi төнгендей, қайтадан  iшке ұмтылдым. Жанында жаңағы сылқым серi бар Эра да сыртқа беттеп келедi екен. «Мен ойлаған әлгi сөздi айту үшiн, шабаданын алып кету үшiн келе жатыр ғой». Бiр түрлi қорғалақтанып, әбiржiп қалдым.

- Жаннұр! - Менi көре жүгiрiп келiп, құшақтай алды. Эраның осы сөзi-ақ жан дүниемдi жаулап алған арам ойлардың бәрiнен қас қағым сәтте-ақ тазартып шыға келдi.

 - Жан, я устала, идем домой...- Сосын ол кеудемнен басын көтерiп әлгi жiгiтке менi таныстырды.

- Познакомтесь, Эрик! Я вам говорила - это мой  Жан-нур...

Жiгiт маған қолын бердi, сосын қазақшалап: Сiз кешiрiңiз, мүмкiн сәл отырарсыздар, ә? Эра Ригадан келген қонақ қыз екен. Сыйлап жiберейiк,-деп қиылды. Сосын ол Эраға қарап: Я вам напоминал, что у нас есть благоустроенная квартира и хорошая музыка, немного посидим... -дедi орысшалап.

- Нет, нет... спасибо ... мы домой идем. Вы не обижайтесь...

Эрик өз қолқалауынан ештеңе шықпайтынын білгесін, ақсүйектер әулетiнiң әдетiне салып, Эраның созған қолының сыртынан сүйiп, маған «бақытың бар жiгiт екенсiң» дегендей қызғанышпен қарап, кiлт бұрылып музыка әуенi тамылжи төгiлiп тұрған залға кiрiп кеттi.

- Шаршадым,-дейдi Эра маған сүйене түсiп, осы қылығымен өзiне жақын тартады. Қымсынбайды, елiктей еркiн. Танысып бiлiскенiмiзге де нәйетi жарты-ақ күн болса да, бiр-бiрiмiздi бұрыннан бiлетiн сырлас жандаймыз. Сонда бiздi осынша жақындастырып жiберген қандай құдiрет?! Әсiресе әлгiдегi Эраның Эрикке айтқан сөзiнен айналсаңшы: «Это мой Жаннур, понятно вам!» дегенi жүрегiмде мәңгi жатталып қалмақ емес пе? Әлде дейдi күдiктi бiр ой, - Эриктердiң мазалауынан ертерек құтылу үшiн де жорта айта салуы мүмкiн ғой. Әйтсе де оған жүрегiм сенбейдi. Мұндай сөз тек ақ жарылған жүректерден, соның әмiрiмен ғана шығуы тиiс қой. Күптi көңiл Эраның қасымда мәңгi болуын, мәңгi қалуын әлден-ақ, арада күн өтпей-ақ тiлей бастағандай, өстiп Эраны өзгелерден өлердей қызғанып, бөтен бiреудiң саусағының ұшы да тиюiн  қаламайтын әлдебiр сезiмнiң бүршiк жарғаны аян болды. «Қызғаншақтық жекеменшiктiктi қалайды», сонда Эраны өзiме меншiктеп алғаным ба? Кейiпкерiм етем деп, көңiлiм ауып жүрмесе неғылсын. Қой, ойында оймақтай арамдық жоқ қызға өйтiп оспадарсыздық танытқаным оңғандық болмас».

Жол бойында Эра ақжарқынданып, ақкөңiлдiлiк танытты - өзi туралы, балалық шағы өткен Рига қаласы туралы айтты. Медициналық институттың екiншi курсын тәмамдапты.  Мен оған өзiм жайлы, қазақ жұртының қонақжайлылығы, бауырмашылдығы, әсiресе басқа халықтарға ұқсамайтын аңқаулығы жайлы айтып бердiм.

Осы түнi бүршiгi жарылмаған жаңа ой келдi. О баста «Күнге ұмтылуда» сұлу қыздың бейнесiн берудi мансұқ еткем. Ендi Эрамен қоян-қолтық араласа келе оның әсем бiтiмiне қызығып, бұрыннан көкейдiң көп қалтарыстарынан зәуде бiр шаңдатып өте шығатын келiстi қыз бiтiмiн бейнелеймiн деген мақсат қайта қоздап, еркiмдi соған бағыштай бердi. Негiзiнде бұған бұрыннан темiрқазық болған түрлi елдердiң әр дәуiрдегi қылқалам шеберлерi - голландық Рембрандтың «Данаясы», италияндық  Тицианның «Мария Могдалинаның жалбарынуы», француздық Жан Батист Камиль Короның «Диананың шомылуы», ағылшындық Джошуа Рейнолдстың «Амур Венераның белдiгiн шешудегi» әйел тәнiнiң әр қырынан шабыттана суреттелуi менi де қанаттандырып, осы тектес осы заманның асыл аруын жазуға құлшындыратын.

Iштей бекем тұжырымға келдiм. Ұзартпай кiрiсу керек. Өзiмен-өзi қиялға берiлiп, әсем аяғын санап басып келе жатқан Эраның сүмбiл бiтiмiн шексiз құштарлықпен  шолып шықтым. Мүсiндi балтырлары бiрiнен соң бiрi дидарланып, жұмырланып шығады алға.

Үйге жеткесiн шеберхананың қарсысындағы жатын бөлмеге Эраға арнап төсек салып бердiм.

Диван-кереует басында ұзын электр шамы жағулы.

- Эра, ендi демала ғой, шаршадың бiлем...

- Рахмет, қазiр.. Ал, өзiң ше?!

Күдiктi сұраққа толы жанарлары жыпылықтап кеттi.

-- Мен... осында... бiраз сабаққа дайындаламын... қайырлы түн...

-- Қайырлы түн... 

-- Эра! - Есiкке барып қалған ол қауiптi тысырдан шошынған маралдың лағындай селт етiп тұрып қалды. Көз тойғысыз тұңғиық қарашықтарының қанаттары дiрiл қағып, қорқыныштың көбелектерi қонақтай бастады. - Мен туралы жақсы түс көр...

Күткенi бұл емес пе едi, жүзi жылып, күлiмсiреп қоя бердi.

-- Сен онсыз да жақсысың, Жан... -дедi қуанышты түрде. Сосын жалт бұрылып кiрiп кеттi iшке.

Ертеңгi күндi уайымдаймын. Эраға ұстата қояр дайын қаражат жоқ.

Түлкiбастағы нағашы әжемнiң үйiне демалыс күндi пайдаланып барған едiм. Гүлшат әжем мен десе, iшкен асын  жерге қоятын мейлiнше мейiрiмдi жан. Туған анама тете баласының қолында. Ал нағашы ағам сондағы бiр мекеменiң бастығы, өзi студенттiк алтын дәуiрдiң қызығы мен шыжығына бөленiп көрмегендей, сабақ жәйiн сұрастырудан арыға бармайтын. Ондыққа тигiзiп дәлiрек айтқанда, ақша мәселесiне тiптен көңiл бөлмейтiн.

Iш тартып жағдай бiлiспеген соң, мен де үндемей үйдей қажеттiгiмдi бiлдiре қоймайтынмын. Бұл қашаннан қалыптасқан әдет.  Осы жолы да кетерiмде тек әжем ғана алмаймын деп жорта сыпайыласам да, бiраз ақшаны қалтама тықпалаған.«Әзiрше осыны талғажу ете тұр, айналайын! Ағаңа айтармын, Шымкентке апта сайын жолы түсiп тұр ғой, хабарласар», деген.

«Ау, Сартай ағам келгенше қай заман?!

Поездағы Эраға жолыңа жетерлiк  қаражат тауып беремiн дегендегi көңiлге медет тұтқаным - ауылдағы әке-шешем. Ертең телефон соқпаса болмас.

Кiтап оқимын дегенiм құр бекершiлiк болды. Бетiне үңiлiп, қанша зер салғаныммен, сыбаға дәметкен ақымақ ойлар қол жайып тiленiп тұрса,миыма қайдан оқу қонсын. Атасына рахмет ақылды ойлар да көрiнгеннен қөзақы дәметкен оларды аулаққа қуып әлек.

Жайшылықта жастыққа бас қойсаң, меңiреу қараңғылығына көмiп алатын көрсоқыр ұйқы бас жiбi түрiлген асаудай құладүзге құрып кеткен. Өрт боп жанған денемдi суық суға төседiм. Балконға шықтым. Күндiзгi беймаза тiрлiк саябырсып, түнгi Шымкент бұйығы. Күншығыстағы фосфор зауытының зәулiм мұнарасынан лапылдаған жалын желбiреген қызыл жалауға ұқсайды.

Балконға iргелес бөлменiң терезесiне қараймын - жарық өшірулi. Ұйықтап жатыр. Мүмкiн терезеден менiң әрбiр қимылымды бақылап, оның да жас жаны тыныш бермей тұрған шығар. Барсам қайтедi?  Аша қойса есiктi... «Тәрбиесiз» десе, масқара, қой құрысын...

-- Ай, осы сенiң ынжықтығың? Тасты тiлiп түсер қайратың қайда? Мұндай бал татыған түн басыңа қона бермес. Жалпақ жаһанды ат арытып, алты ай кезсең де таба алмайтын ару қыз жатыр. «Не деген бақытты түн едi!»

Күйбiңi көп тұтам тiрлiктiң келер күнiн сараптап  жатпай-ақ, ар үкiмiнiң жауапкершiлiгiнен қорықпай-ақ тiл үйiрер тәттi ернiнен дәм татқың келедi, тас құшып табынып жатқың келедi.

Ару қыздың ақ құшағын аңсаған арғымақ ойлар тас  дуал мен тарс жабық есiктен аса алмай, адасып табылған жабағыдай аянышты халде қайтып жатыр мекенiне.

“Не деген бақытсыз түн едi?!”

 

Таңертеңгiлiк шәй үстiнде Эраға ары кетсе, екi-үш күнде шығарып саламын дедiм. Кешегiдей емес, бойым үйренiптi.

-- Болмаса осы үйде мәңгi қаласың,-дедiм жорта әзiлдеп.

- Қуып жiберер, - дейдi, Эра қызара жымиып. - Менi қайтесiң, онсыз да қазақтың көрiктi қыздары көп қой.

-- Мейлi, сен де құралай көз қазақ қызынан аумайсың.

Сосын ойда жоқта елес дүниеге елiтiп өлеңдете жөнелдiм.

-- Қарашы зер сап айнаға, Мойыл жанар, шашың да  мүлдем қап-қара. Ернiң ше, ернiң-қызыл гүл...

Сосын бір жерден оқып,ұнатып жаттап алған өлеңім бар еді, оны да өте бір жүрек толқынысыммен айтып жібердім: Жаным-ау,қандай ғажап қарағаның, Жүректі дір еткізді-ау от жанарың. Жүр десең мәңгі ілесіп кетер едім, Тәрк етіп бұ  дүниенің бар азабын...

-- Қойшы ендi,- Эра еркелей келiп, Мона Лизанiңкiндей  сүйрiк саусақтарымен аузымды жаба қойды. -- Иә, саған,  Жан... мен латыш қызымын!

Қылықты да сүйiктi Эра,міне,осылайша орасан зор жылдамдықпен өзiне магнитше тартып бара жатты.

 

Сабақтан кештетiп келсем, өз орнын таппай жататын бар дүнием жайнап кетiптi.

ХIV - ғасырдағы ғажап өркендеу мәдениетiн тудырған, аты айдай әлемге әйгiлi сурет үлгiлерiнiң ошағы саналатын Италия қалалары - Рим, Милан, Верона, Венеция, Флоренцияның аты-шулы болғанын жақсы бiлетiнмiн. Осы алыптар дәуiрiнде өмiр сүрген данышпан қылқалам шеберлерi Леонарда да Винчи, Микеланджела, Рафаэль, Джорджоно, Джотто, Тициан, Тинтореттоның ғаламат туындылары қызықтыратын. Әлем бас иген осы суреттердiң майлы бояумен салынған көшiрмелерiн жастайымнан жиыстырдым. Сол дүниелер жанашыр жанды тосып, бiр бұрышта жататын.

Аймүйiздi алыптардың мұралары сақтаулы Флоренциядағы Уффиции галереясының iнжi-маржаны флоренциялық Александра да Марионо Филиппечи Сандро Боттичелидiң «Венераның тууы» атты көркем туындысының көшiрмесi менде де бар-тұғын.

Соны Эра төсегiмнiң бас жағынан жоғарырақ iлiп қойыпты.

ХVIII ғасырдың екiншi жартысы мен ХIХ ғасырдың басындағы орыстың классик суретшiлерi А. Ивановтың буырқанған трагедиялық алапатқа толы «Палопиадоның өлiмi», С. Тореллидiң керемет нәзiк сезiмге толы «Диана мен Эндиммоны», А.П. Лосенконың «Зевс пен Фетидасы», И.П. Прокопевтiң «Нева мен Волковы», әйел тәнiнiң табиғи сиқырлығын, өлшеусiз сұлулығын, әлемдiк табындырар күш екенiн айқын дәлелмен ашып берген К.П. Брюлловтың «Вирсавиясы» мен Ф. Щедриннiң «Венерасының» ешқайсысы да емес, жалғыз Сандро Боттичелидiң ақын Полицианоның поэмасы арқауында жазған «Венераның тууы» атты шығарманың төсегiмнiң тұсына iлiнуiне қарап, Эраның көркем сурет әлемiнен мейлiнше хабардар жан екенiн топшыладым.

Негiзiнде бұл картинаны айрықша ұнатып, тәу ететiнмiн.

Грек аңызы бойынша сұлулық, молшылық, махаббат құдайы саналатын Венера келбетiне қарап сан қилы сәйгүлiк ойлардың сүмбiле жалдарына жармасып, алыстағы бұлдыр-бұлдыр бұлыңғыр дүниенi кезiп кететінмін.

Көкжал толқындары көбiк шашқан тұңғиық теңiз түбiнен жарыққа шыққан Венера сымбатты да сүйкiмдi. Күн шұғыласы ойнаған алтын түстi шаштары желбегей желге желбiреп, сұлулық аруы кенеттен пайда болған шексiз де шетсiз табиғат көрiнiстерiне аққу мойнын бұрып, таңырқай да  таңдана қарайды. Венераның ойлана қалған сабырлы да жарқын жүзiнен, мұңға толы көздерiнен адамзаттың басынан кешiп жатқан бүгінгі қайғы-қасiретi айқын байқалатын.

Осындай ұлылардың сом дүниелерiмен бiрге менiң де жазған туындыларым әр жерден көзiме ыстық көрiнедi.

Алғашқы үйрену, кескiндеу,  машықтану кезеңдерiнде жазылған бiрнеше табиғат көрiнiстерi ас бөлмеден орын теуiптi. Бұрындары күңгiрттенiп, көлеңке тартып тұрған  үй iшi қыз баласының тындырымды қолынан жайнай түскен.

-- Эра-ау, осының бәрiне қалай үлгердiң? Бояулар қалай өз үйлесiмiн тапқан? Нағыз суретшiнiң бөлмесi осылай болуы керек қой,-деймiн қуанышты, әрi мақтанышты сезiммен.

Елжiреп жатқан ет жүрегiмнiң лүпiлiн естiгiсi келгендей, кеудеме тығыла түсiп Эра тұр. Ұзақ күнгi, тынымсыз тiршiлiктен шаршағандай. Ұлпасы әдемi ернiнен сүймекке ұмтылып ем, тығыншық денесi дiр ете бұрылып кеттi.

-- Жан, өйтiп тәртiпсiз болма,-дедi ұялған күйi.

-- Эра,-деймiн өзiмсiнiп, - Қарным ашты.

-- Қазiр,-дедi ол наздана, - жуынсаңшы. Сенi күтiп, өзiм де тамақтана алмадым.

Келiстi мықыны бұрала билеп, ас бөлмеге беттедi.

Брюлловтың Вирсавиясы анау қабырғадағы күйiнен жан бiтiп, жалаңаш мүсiнiн жарқ-жұрқ еткiзiп бара жатқандай, тұла бойым шымырлап кеттi.

Вирсавия... Тас тараңғы түнде хәуiз суына шомылуға келген тұттай жалаңаш сұңғақ бойлы итальян аруы мақпал қара шашындағы iнжу-маржан әшекейiн әсем иiлiп алып жатыр. Қарақаттай мөлдiр жанары тұнжырап, түпсiз ойға берiлген. Түрегелсе қыпша белiн жабар, ақша маңдайдан екi айырылған қолаң шашы тал-тал төгiлiп, ақ бiлектi жартылай көмкерiптi. Оң қолын Вирсавияның айқастырған әдемi аяқтарына байқаусыз қоя салған күтушi негiр қыз аспандағы ай нұрымен тайтайласар мұның ақ дидарына қызыға да қызғана қарайды.

Шын сырын бiлмесем де,  Эраның болмыс-бiтiмi шынында да келiстi. Сиқырлы сымбатының сырын өзi де сезетiндей, әсем жымияды.

Эра ас әзiрлей бастады. Көмектесуге ыңғай бiлдiргенiмде, «Шаршаған шығарсың, өзiм-ақ» дедi. Iшiм жылып қалды

Оны жақсы көрген сезiм тыныш таптырмайтын. Бұл не сонда? Жүрегiмде махаббат шоғы маздай бастағаны ма? Сорыма сөйтпесе неғылсын. Ол орындалмайтын арман ғой. Ертең Латвияға кетедi. Балтық теңiзiнiң сағынышты самалдарына шомылып, сенi мүлдем ұмытады. Әлде шынымен сүйiспеншiлiк гүлi бүршiк атып, көктей бастағаны ма?

Демек Жаннұр, бақыттысың  әрi бақытсызсың.

Бақыттылығың - ақылына келбетi сай бұдан шоқтығы биiк  сұлуды дүниенi төрт айналсаң да таппайсың!... Тапқаныңмен дәл осыншалықты сенi шалқар шабыт пен телегей теңiз шаттыққа бөлей алар ма?

Күн нұрынан өзге аяламаған кiршiксiз махаббатпен берiлсе, Жаннұр, бақыттың басыңа қонғаны. Құдай-ай, сен әлi  ол әлемнiң сырынан хабарсызсың ғой! Махаббат ешқашан жалғыз тiршiлiк етпек емес. Жұптасуы үшiн бiр-бiрiнен мәңгi нәр алып тұруы керек. Бiр мезет егер осы қасиетiн жоғалтса, бiреуiнiң солғаны. Сол белгiлер, Жаннұр, айқын бiлiнсе, онда нағыз азап отына күйгенiң. Қыз жүрегiнiң де гүлдi көктемi оянбаса, айтуға қиын. Махаббат дүниесiнде мансұқ өткенiң. Бұл - бақытсыздығың. Тән азығын жерден, жан азығын жүректен табасың. Көгiлдiр көктемiңдi оятып алма, Жаннұр!

 Түрлi ойлардан iшiм алай-дүлей. Ненiң дұрыс, ненiң бұрыс екенiн түсiне алмаймын.

-- Қолымда не бар, таба ғой?-дейдi Эра күлiмсiрей келіп. Екi қолын артына жасырып, еркелей жауап  күтуде.

-- Дүкенге де барып келгенбiсiң?- деймiн, оның не зат жасырып тұрғанын бiлмей. - Дүкеннен алсаң, торт қой.

 Эра күлiп жiбердi.

-- Оны да әкеп қойғам.

-- Онда таппадым.

-- Сонда да,-дедi қиылып.

-- Е, шампан ғой,- Еш ойсыз айта салғам.

 Эра «Дұрыс таптың» дегенде шалқамнан түсе жаздадым.

Шынында ақ жаулықты аққайнар қыз қолында мөлдiреп тұр. Қуаныштың кептерлерi менен зым-зия ұшып, қыз ернiне қонақтай қалыпты. Эра қуланыңқы жымиып, бөтелкенi дастарханға қойды. «Жолға ақша таппай жүргенiмде мұнысы не?!» Қорқынышқа да, қуанышқа да ұқсамайтын сондай жайлы, сондай жұмбақ дүние өзiне елiктiре iлестiредi.

-- Бүгiн қай күн бiлесiң бе?!

Басымды шайқаймын. Үйдi жинастырып жүрiп, паспортымды тауып алыпты. Соны алдыма қойды.

-- Жұмбақтамай айтшы, Эра!

-- Аңқауым-ау, қарасаңшы!

-- Туған күнiм,  бе?!

-- С днем рождения! - Эра балғын қолын ұсынды.

-- Айналайын! Шексiз қуанғанымнан алма бетiнен сүйiп-сүйiп алдым. Ол әлсiз қарсылық жасады. - Сен болмағанда жиырма жасымды атаусыз өткiзе жаздаппын. Шын жүректен рахмет, Эра-ау!

-- Тағы бiр қуаныш!

 Ол қолыма бiр қағазды ұстатты. Поштадан ақшаның жүгiртпе қағазы.

-- Ата-анаң қандай қайырымды кiсiлер, туған күнiңе де ақшаны мол жiберiптi. - Ерекше ықыласпен сүйсiне қарайды. - Тек бiр нәрсенi ұмытыпты.

-- Ненi?

-- Ақшасы көп студент сабақ оқи ма?

-- Оқиды, тек ақшасы таусылғасын,-деймiн әзiлдеп. -- Ал мен ондайдың санатында жоқпын, жүрер жолымды бiлемiн.

Ақшаның қағазын қайтарып бердiм.

-- Бiр тиын аласым жоқ, түгелiмен сенiкi.

-- Демек, ертең шығарып саласың ғой. -Эра жәй тiл қатты.

-- Әрине, әрине... Эра, ол жағынан қам жеме. Таңертең билеттi бiлемiн. Қолға тигесiн, Латвиядамын деп есептей бер. - Фужерге көпiршiген шампаннан құйып, бiрiн Эраға ұсындым. Сосын ойнағансып ойымды айттым. - Сен болсаң кетемiн дейсiң. Ал менiң сенен  тiрiдей айырылғым жоқ.

-- Жан, бiз жақсы достар есебiнде қалуға тиiспiз. Шынын айтсам... туған ағамдай жақсы көрiп қалыппын.

-- Бiлмеймiн. Осы кетiсiңнен қайтып көрмейтiндеймiн.  - Үнiм бұзылып шықты.

-- Жан, өйтiп жаман ойлама... - Дауысы мұңлы. Шымырлап көбiк шашқан шампан түйiршiктерiне ойлана қарайды. - Жалпы сен жайлы түйген ойларым көп. Кейiн айтармын. - Ол қатты тебiренiп тұрды.

-- Жан, саған адал махаббат, ұзақ өмiр тiлеймiн! - Фужерлер сыңғырлай күлдi.

 

Тағы да түн. Екiншi түн. Балконда тұрмын. Бойға сызаттап жайылған шәрбат шараптың уыты рақат күйге бөлейдi. Эра қайырлы түн тiлеп, бөлмесiне кiрiп кеткен. Сол сәтте  оның  аялы көздерiнен сиқырлы бір ұшқындарды көргем. Мүмкiн олай да емес шығар. Бiрақ ғашық адамның ынтызарлылығы жұлдыздардың ағысын, сулардың сылдыры мен жапырақтардың сыбдырын, тiптi сүйгенiңнiң әрбiр күлкiсiн жүрегiмен өз жақсылығына балайды емес пе?! Менiң басымдағы жағдай да дәл қазiр сондай едi.

Әндей әдемi әсерiммен алқаракөк аспандағы лағыл моншақтарға ұзақ қараймын. Менен қол жетпес алыстағы  жұлдыздар «Бақытты түн толғай?!» деп қуана жымыңдап тұрғандай.

-- Қайда бет алдың? Мұның не? Төсегiңе бар?

-- Шексiз сүйiп қалыппын, сездiрем соны.  Ертең кетедi, сосын өкiнiштен мәңгi опық жеп, құсалықпен өтерiм хақ.

-- Көп сөйлеме, әншейiн көркiне қызығып тұрсың. Адамгершiлiгiң, ар-ұятың қайда?!

-- Бар, бар! Мұндай түн ендi басыңа күнде келмес...

-- Тоқта, әзәзiл ойға ерме?!

-- Мен әзәзiл емеспiн! Қайтпас қайсар, жолбарыс жүрек - жиырма жаспын...

-- Iшкен кезгi жүрiс - қайбiр оңған iс.

-- Әй, сүмелек, әңгiме iшу-iшпеуде ме, сүюде...

-- Есалаңдар, мұндай түннен құр қалмаңдар.

-- Шiркiн, жас дәурен! Нелерiң бар жолын бөгеп ...

-- Жiбермеймiн? Құрқылтайша құрқылдап, орға апара жатырсыңдар. Қорғансыз қызға зәбiр көрсеткенше, тентiреп тезек терiп  кеткенi жақсы.

-- Қоя берiңдер, барсын. Беттен салып, иттей ғып қуып шықсын.

Жүрегiм өрекпiп, алқымыма тығылады. Қызылкеңiрдек қырқысқан саналысы бар, сабалағы бар сатқын ойлардан миым мәңгiрiп кеттi. Жұдырықтай жүрегiмнiң дүрсiлi үдеп барады.

Қолым тұтқада. Есiк бекiтулi.

-- Iлулi, iлулi, хи-хи.. Кәне, тоқылдат, тоқылдағым.

-- Қорықпа, тұтқаны асықпай тарт! Қатты жабылғаны болмаса, ашылады.

-- Жаннұр, ақылымды ал, ұятқа қаласың. Көбелек болма, отқа түсесiң.

-- Сiз неғып тартыншақтай бересiз? Сөзiңiз кәдеге аспай қалды. Жаңа ғана ми арқылы жүрекпен хабарластық. «Осындай да осындай.. мұндағылар қырқысып, бiрiнiң құлағын бiрi шайнап, бiрiнiң көзiн бiрi шұқып жатыр. Осыған не дейсiз?» деген сауалымызға жарықтық жүрек былай дедi: «Жүрек санамен санаспайтын патшалық.Ақыл таразысына кейде жүгiнетiнi болмаса, махаббат мәселесiнде ешкiмнiң көмегiн де, көңiлiн де  қажет етпейдi. Көзден айырылып соқыр, құлақтан айырылып шұнақ болған кәрiптерге осы сәлемiмдi жеткiзiңiздер. Ал Жаннұрды сүйiншi сұрап қуантыңыздар. Кешеден берi көктемi туып, махаббат гүлi бүршiктеп келедi».

-- Ура-а!

--Махаббат гүлi шешек атсын жайқалып.

-- Сәл сабыр етiңiздер, аяқтасын да сөзiн...

-- «Мен ол гүлдi аялап күтудiң әлегiндемiн. Шiлденiң  мишыжытар аптабына шалдырмайтындай, қыстың аязына солдырмайтындай қыз жүрегiндегi жалғыз гүлге барар жолды iздеп тапсын.  Тапқан күнде де мұқият салыстырсын.  Қыз жүрегiндегi өмiргүлдiң нәр группасы мендегiмен дәл саятын болсын.Сонда ғана олар мәңгi жасарып өтпек өмiрден. Тағы айтарым - нәр группасы сәйкестенбесе, өмiргүлдiң солғаны. Бiзге жасын түсiп жайрап қалғанымыз. Махаббат гүлiнiң қасиеттiлiгi осы!»

Ес жисам, iшкi табалдырықтамын. Гүлдi шiлтерден ай сәулесi еркiн ене алмай, бөлме бозалаң түске боялған. Кеудемнен керi итерер зiлдi үндi күткендеймiн. Терезеге таяу екi кiсiлiк кереуетте Эра бетiн қабырға жаққа  әнтек қисайтып, ұйықтап жатыр. Алған демi ақырын естiлiп, қос анарын жартылай жапқан аппақ көрпе жәйiмен көтерiлiп, басылады.

Өзiмдi мүлдем ұмыттырған осынша әдемi көрiнiстi одан әрi қызықтап тұруға қуатым жетпей, көрпенi еппен көтере бергем, Эра оянып кеттi.

Ар жағы өң мен түстiң арасындағыдай бiртүрлi дүние басталған.

-- Жан, мұның не? Мұның не...

 Әйел баласында алпыс екi тамырыңды дәл мұншалық иiтер, дәл мұншалық сағынышқа толы жалынышты үн болатынын бiлмеппiн.  Тұңғыш рет мақтадай үлбiреңкi, сәл ыстық ернiнен ұзақ сүйдiм. Эра ауырсынып, тұншыға бұлқынады. Шоқтай екi алмасы кеудеме сыймай алқынады. Тiл айтып жеткiсiз ғажайып сәт. Балапан қиялымда берiк орныққан түсiнiктерiме қарама-қайшы дүние. Әйел тәнi мұндай ыстық, тәттi деп кiм ойлаған?.. Мынау ғаламат тiршiлiкте ең әдемi жаратылған ару тәнiнiң ұлылығын мойындауың үшiн - мейiрiмiңдi қандырып көруiң, ыстық тәнiңмен сезiнуiң, шөлiркеп сүюiң  керек екен-ау?!

Әуелгiде шошына тулаған ХХI ғасырға жетеғабыл дәуiрдiң сұлуы өмiрдiң мүбәрәк ләззаты қабысқан қос денеге де ортақ екенiн, шекербалын тең жара бөлiсетiнiн  ендi ғана ұққандай бұрын соңды сезiп бiлмеген ынтықтықпен өн бауырына орай бердi.

Айтылмаған небiр сырлар қалмады десеңiзшi! Ақыр соңында тiршiлiк иесiнiң барлығының басында бар - кенезесi кепкен ындыным өз ойынан хабар берсiн.

Сонда Эра: - Жаным, Жаннұр, сүйгенiң рас болса, ылайым арамыздағы адалдықтың ақ гүлiн жұлмайық. Танысқанымызға бар-жоғы екi күн... Қойшы, басар жер, барар тауым - түбi сен ғой деп етегiңнен ұстар уақыт болса, бiр сәрi. Әрi әкем ауруханада... Құлпырған қыз гүлiндей жетейiн. Бiле бiлсең, қыз жаны - ұятында. Онсыз ол уайым-қайғысыз қалай күн кешпек? Түсiншi, өйтсек, екеумiздiң де күдiгi мен күйiнiшi, өксiгi мен өкiнiшi көп қорқау ойлар қамаған мүсәпiр тiрлiкте тентiрерiмiз хақ. Менi де, өзiңдi де сары уайым, сарсаң өмiрге сүйрелей көрме, ыстығыңды басшы. Әрi еш жалған ойсыз, мейiрiм тұнған көздерiңе күмәнсiз сенгесiн келдiм емес пе? Алғашында әлдеқандай болады деп қауiптенсем де, осы күмәнсiз сенiмдерiм келуге мәжбүр еттi саған? Осылай  боларын, мен қызбын ғой, бiлiп едiм. Әйтсе де, саған кәмiл сенгенмiн. Сенiм сергелдеңiне қия көрме, жаным Жаннұр! Күзде келем, бiздi сосын ажал ғана айырсыншы...-деп жалынды.

Эра жалын шарпыған от демiмен ернiмдi iздеп сүйiп, үздiге сыбырлайды. Мен болсам, Эраның ақтық тiлегiнен арсыздықпен аттай алмай, шымыр-шымыр шыңырауға құлап барамын...

Түн ұзақ сырласудан қалжыраған Эра тек таң ағарар алдында құшағыма тығыла түсiп, қалың ұйқының қамалына кiрдi-ау дегенде, төсектен ақырын сырғи түсiп, сәл тұрып қалдым. Эраға қараймын - бiркелкi бейбiт тыныстауда. Түнгi күллi кереметiмiздiң тiлсiз куәсi - аппақ көрпенi аяқ жаққа аса сақтықпен түре бердiм. Мiне ғажап! Көз алдымда аса көрнектi совет мүсiншiсi Матвей Генрихович Манизердiң мәрмәр тастан қашап жасаған «Этюдiндегi» жас ару жалаңаш қалпына жан бiткендей, баяу демалып жатты алдымда.

Бөлмеден шыға, қаламым мен қағазыма  жүгiрдiм. Қайта айналып келуi екiталай ұйқыдағы сұлуды кескiндеп алуым керек. Бiр-екi формат қолым жүрмей, бүлiнiп қалды. Өзiмдi тежеп, ақыры бiраз қиналыстан соң әрең дегенде кескiн суреттi ойлағанымдай шығардым-ау!  Дайын көшiрменi кеудеме қысқан қалпы бөлме iшiн нұрландырып жатқан Эраның әдемi тәнiнен көзiмдi айыра алмай:

-- Құдай-ау, ризамын... ризамын...- дей беремiн.

 

Келесi күнi поштадан ақшаны алып, тiке аэровокзалға тарттым. Латвияның астанасы - Ригаға самолет  Шымкенттен ұшпайды екен. Оған тек Москва арқылы жетуге болады. Сонымен билеттi Москваға алдым. Ұшар мезгiлi ертең таңға жуық.

Соңғы сабаққа кiрер алдында бiр студент келiп, сенi ағаң шақырып жатыр дедi. Тысқа шықсам нағашым Сартай. Аман-саулық жоқ, бiрден түсiн суытып:

-- Не, үйленiп қойғансың ба?-дедi.

-- Жо-ғә, кiм айтты?-деппiн сасқанымнан.

-- Үйдегi кiм? - Зiлдi сұрақ.

-- О- ол ма? Ол .. ол ғой... Кекештенiп, терлеп кеттiм.

-- Оның кiм? Келiн бе?

-- Жо-жоқ, қ-қайдағы ке-елiн...

Сөзiмнiң мынау рәпәтiнен ештеңенi мандытпайтынымды сездi ме, жүзiн жылытып күлiп жiбердi.

Таудай сұсты, тастай суық нағашымның қанында жоқ әдетпен тез мiнезiн өзгерте қойғанына таң қалып тұрмын.

Сол үйдегi жеңгемiзге ересек қайнылары «Қорықпай қасында қалай жатып жүрсiз. Көргенде сұсынан зәремiз зәр түбiне кетедi. Бетiне тура қарай алмаймыз. Бiрге жатып жүрген сiздiң жүрегiңiздiң темiр түгi бар шығар» деп қалжыңдайтын.

Әзiл де болса орынды айтылған шындық едi.

Нағашым түсiн жылытқан қалпы:

-- Ол қыз кiм? Қайдан жүр? Неге бiздiң үйде? Осыларды былай түсiндiрiп айтсаңшы,-деп жорта  қамқорсып жатыр.

Жасырып оңбасымды бiлгесiн, бар жайды ақтарып салдым. Ол сөзiмдi бөлмей, үнсiз тыңдап шықты. «Бүгiн билет алдым, ертең шығарып саламын»,-деп бiтiрдiм сөзiмдi.

-- Е, пәлi, сөйтпейсiң бе? Дұрыс-ақ, қысылғанда қол ұшын бергенiң үлкен азаматтық болған.

Содан ол қойын қалтасына қол сала берiп, «Қаражатты қайттiң?» дедi. Ауылдан келген ақшаны айттым. Iшкi қалтасынан Лениннiң бейнесi бедерленген бiрталай он сомдықтарды шығарып, жартысын ұсынды.

-- Мынаны әлгi қызыңа сыйлыққа жұмсарсың. - Сосын тағы қалғанын қосты. «Қызға» демедi «Қызыңа» дедi. - Өзi бiр өңдi бала екен. Ренжiтiп алма, қазақ туралы, қазақ жiгiтi  туралы жаман ойда қалмасын. Сый-сияпатыңды жасап, шығарып саларсың.

Нағашымның мына көл-көсiр ақылы мен жасаған жомарттығына сенбей, аузым ашылып қалыпты. Ес бiлiп, етек жапқалы менiмен iштартып сөйлесiп тұруы да алғаш рет. Студентсiң ғой, қажетiңе жаратарсың, деп ақша ұсынуы да осы. Өзiмше ойлаймын: «Эра, өзiне ұнап қалған-ау шамасы! Iштей келiн болатын бала екен деп тұрмасына кiм кепiл?  Iлтипаты жаман емес».

-- Қаражат керек кезiнде өзiме ескерт!-деп қояды тағы нағашым.

-- Жақында бiр суретiм облыстық көрмеге қойылмақшы,-деймiн мақтанып.

-- Ә, оның жөн екен. Директорыңа жолыға алмадым. Курортқа кетiптi, сабағыңның жайын тағы бiрде бiлермiн. Бiрақ, айтарым, не мақсатпен оқып, не мақсатпен өмiр сүрiп жүргенiңдi ұмытпасаң болғаны. Әке-шешеңнiң жалғыз үмiтi өзiң екенiн жадыңнан шығарма.

Түсiн қайтадан суытып алды. Мен сөзiн бөлмей, ұқыпты тыңдап, басымды изеп, онымен келiскенiмдi бiлдiрiп тұрдым.

Нағашым көп кiдiрмедi, қара «Волгасына» отырып, көше айналып көрiнбей кеттi.

Сабақта әрең шыдап отырдым. Бүгiнгi жаңалықтарды ертерек Эраға жеткiзгенше асықтым. Сонымен бiрге сыйластығы басым бес-алты қыз-жiгiтке мән-жайды ұғындырып, кешкi сағат тоғызға үйге келуге шақырып қойдым. Достарымды Эраға таныстырып, соңғы түндi көңiлдi өткiзейiн. Эраның - алғашқы  аяулы махаббатымның құрметiне кiшiгiрiм той-домалақ жасап жiберейiн дедiм. «Ол байғұс та күнi бойы жалғыз өзi зерiккен шығар. Бiр қуанып қалсын. Әрi жалғыз өзiм қақимай достарыммен шығарып салайын!» Әсiресе нағашымның «Сый-сияпатыңды жасап, ренжiтпей шығарып сал. Қазақ туралы, қазақ жiгiтi туралы жаман ойда қалмасын. Өзi бiр өңдi бала екен....» деген сөзi көкiрегiмдi қуанышқа бөлеп, жатталып қалған.

Сабақ аяқтала құйындай үйге асықтым. Ертерек Эраға ескертiп, кешкi отырысқа оны-мұны дайындауымыз керек. Жолшыбай әлденеге бел буғандай, алтын сататын қаланың ортасындағы «Алмаз» дүкенiне бұрылдым.  Нағашымның байытып кеткенi рас . Эрадан несiн аяйын. Өмiрлiк ескерткiш жасағым келдi, Әрi оның шексiз қуануының өзi мен үшiн үлкен бақыт едi. Көп ойланбастан көзiме әуелден түскен ортасында асыл тасы бар алтын жүзiктi сатып алдым. Сатушы қыз титiмдей қызыл қорапшасына ұқыптап салып бердi. Автобуста басқаларға байқатпай қайта-қайта ұрланып қарап қоямын. Ақыры үйге де жеттiм-ау. Содан құстай ұшып келсем...

Иә, келсем есiк тарс жабық, зар қаққан қоңырауға жауап берсейшi. Жүрегiм зырқ етiп, жаманшылықтың хабарын сезгендей зуылдап қоя бердi.. Қайта-қайта қоңырауды басамын, тым-тырыс. Ұрғылап дауыстауға көршiлерден ұялдым.  Өзiнен басқа ешкiмі жоқ пәтердi соққылап тұрған мынаны жын ұрған ба?» деп ойлар.

Эра үйде болғалы қалтама кiлттi де салмағам. Жан дүнием күйiп, жылап жiбере жаздадым. Ендi нағашыма не бетiмдi айтамын? Масқара!  Ренжiген сұсты жүзi көз алдыма келдi. Қорғансыз қызға қиянат жасағаным үшiн де, менен үлкен азаматтық, үлкен адамгершiлiк күткен сенiмiн аяққа басқаным үшiн де өзiмдi жек көрiп барамын.  «Эра, Эра... жаным-ау қайда кеттiң? Адал пейiлiмдi дұрыс түсiнбегенiң бе? Ақшасыз ендi қайда барасың? Құдай-ау, қу тiрлiктiң онсыз күнi қараң ғой». Жыларман күйде жоғары көтерiлер баспалдаққа отыра кеттiм.  Достарыма не айтамын? Бүгiн бәрiнiң басын қосып, «Құрметттi  ханзадалар мен ханшалар, адам сұлулығын жырлайтын «Күнге ұмтылу» атты картинамды және осы шығарманың арқауы болған ғажайып қыздың өзiмен таныстыруға арналған салтанатты кешiме шақырамын», - деп құтыртқанымды қайтерсiң?!

Iшiм удай ашиды. Кенет Эра темiржол вокзалында жүргендей елестеп кеттi. Рас, ол Алматыға қайтуы мүмкiн курстас достарына. «Бiр алаяқтың құрығына түсiп қала жаздадым», десе масқара!  

Жарты парақ қағазға «Эра үйде күт! Ешқайда кетпе, билет алып қойдым» деген сөздердi асығыс жазып, есiктiң кiлт сұғар тесiгiне қыстырып, сыртқа жүгiре шықтым.

Вокзалға үлкен сенiммен жеткем. Бiрақ үзiлмеген үмiтiмдi құтырған жел қуып кеткендей. Жолаушылардың күту залында да, перронда да, касса төңiрегiнде де Эра үштi-күйлi жоқ. Билет сатушы әйелден «Алматыға осындай да осындай қыз билет алды ма, есiңiзге түсiрiп көрiңiзшi?!-деп өтiнiш етiп ем, қасқыр мiнездi екен «Әй, құрттай құжынаған құмырсқа қыздардың қайсысымен таныстырып қойып ең!» деп қауып алды. Миы ашып отырғанда, менiкi де орынсыз болған сияқты.

Таңертеңнен дәм сызбағам. Түнгi ұйқыдан болар, басым зiп-зiлмен, ыстығым көтерiле бастады. Студент қауымы қашаннан шыр етпе қуанышын да, қайғы-мұңын да ортақ бөлiсiп, шамасы жеткенше демесiп жатады. Сондықтан жабырқау жаныма медет iздеп, досым Сәуiрге телефон соқтым. Сәуiр қаланың жiгiтi. Достыққа берiк, адал. Елге белгiлi суретшi боламын деп жүрген жастың бiрi.

-- Не болды, Жаннұр, тыныштық па? - Дауысынан мазасыздығымды сезгендiк бар.

-- Қорқынышты ештеңе жоқ.  Жiгiттер қайда?

-- Кешке сенiкiне баруға дайындалып жатыр. Жаңа Самал мен Нұргүл де қоңырау шалды, сегiз жарымда шығатын болдық.

-- Сәуiр, онда... үйге бармай-ақ қойыңдар. Қазiр бәрiң темiржол вокзалына келiңдер.

-- Өй, вокзалың не? Эра қайда?...

-- Сәуiр бiр қолайсыз жағдай... келгесiн естiрсiңдер...

Кешiкпей Сәуiрлер де сау ете қалды

-- Самал мен Нұргүл неге келмеген?

-- Өзiмiз қалдырып кеттiк. Өз жағдайыңды айтшы, не болды?

-- Өңiң сынық қой, мұндағы жүрiсiң не?

-- Эра қайда! Эра?!

Шұрқырай жаны ашып, жағдайымды сұрап жатқан достарыма болған жәйттi бүге-шүгесiне дейiн айтып бердiм.  Осының бәрi Эраға жасаған озбырлығымның кесiрi. Иттiк жасадым. Шынайы сұлулықтың шын қадiрiн бағаламадым. Таңертең Эраның паспортын алып кеткенмiн, достарым сол суреттi алып вокзалды шарқ ұрып iздедi. Паспортына да қарамай кеткенiне қарағанда, қатты өкпелегенi шындық  болды.

Бiз бәрiмiз соңғы вагонның қарасы әбден үзiлгенше перронда ұзақ тұрдық. Эрадан айырылу осылай аяқталды.  Жанарларым жасаурап, көңiлiмдi ащы мұң басты.

Қош аяулы еркем! Қош... мен сен арқылы мынау тiрлiктiң тым тәттi екенiн, адам тәнiнiң сол тәттiлердiң iшiндегi ең тәттiсi екенiн ұқтым...

 

.Достарым әлдеқашан тарап кеткен. Үйге жолағым келмей,көшеде көп жүрдім. Ақыры түн әбден қоюланған шақта ғана өзiм тұратын бес қабатты үйдiң алдындағы сәкiлердiң бiрiне келiп жайғастым. Қараңғылықтың түскенi қашан. Барлық пәтерлердiң  терезелерi самаладай жарық. Тек менiкi ғана өшiк. Кiлт болса тағы жоқ. Қандай қиын жағдайда қалғанымды сезініп отырмын. «Сәл демалып сосын пәтерге кiрудiң амалын табармын» деп ойланамын.

 Денем тоңазып,ұйқы меңдей бастады.

«Мен ұйықтауға тиiс емеспiн. Эрадан айырылған түнiмдi ұйқыға қалай қиямын. Аспаннан бүгiн жұлдызым ақты. Күлесiңдер ме? Хе-хе..  күлiңдер. Мен әлi талайдың таңдайын қақтыратын шығармалар жазамын. Күлесiңдер әлi, Эра бейнесiне бас иесiңдер әлi. Менiң жаман жiгiт емес екенiмдi сол кезде мойындайсыңдар! Күлесiңдер ме? ..Хе-хе... күлiңдер».

Орындыққа шалқалап жатып, жаураған өзiмдi екi қолыммен айқара құшақтап алғам. Өткен түнгi ұйқы қойсын ба, тас қатып қалыппын. Қанша жатқанымды шамалай алмадым. Әлдекiм түртiп қалғандай, шошынып ояндым. Көзiмдi ашқанымда әуелгi көргенiм: аспан төрiндегi сансыз жұлдыздар. Олар сан алуан сәуле шашып, қуанышпен жымыңдай қалыпты.

Қайда жатқанымды түсiне алмай,  оң жағыма жантайып түрегелмек болғам, таяныш таппай етпетiмнен түстiм. Ұйқым шайдай ашылды. Алпыс пәтерлi зәулiм үйдiң терезелерi ай нұрынан қаракөк түспен шағылысады. Шегiртке шырылынан басқа дыбыс жоқ.  Бәрi ұйқыда. «Жо-жоқ, әне бiр терезе жанып тұр. Иә,иә, үшiншi қабаттағы. Құдай-ау, көршiнің пәтері ғой, әйелi бiр өзі жақсы адам.  Күйеуiнiң кейде қонбай қалатыны бар. Соны  күтiп отыр ғой, ұйықтай бермей ме одан да?  Әй.. әй тоқта.. мынау менiң терезем бе? Көршiнiң терезесi оң жағында, менiкi сол жақта ...»

Көзiмдi уқалап-уқалап қайта қараймын. Тек менiң пәтерiмде   ғана жарық жарқырайды.

-- Эра!.. Эра-а-а-а!..

Жүрегiм жарылардай қатты дауыспен айқайлап жiберiппiн. Дүлей долы дауылмен алты күн арпалысып бағдарын жоғалтқан кемедегi ессiз ел сонау жағалаудағы сәулесi жарқырап тұрған шамшырақты көргенде - қалай қуана айқайласа, менiң мына жанұшыра шыңғырғаным солардан бiрде-бiр кем емес едi. Терезе айқара ашылып, Эра көрiндi.

-- Жа-а-ан! - Эраның да жан дауысы шырқырап шықты.

Бүгiнгi бар зәбiр-жапам, одан айырылып қалдым ба деген қайғы-мұңым, бiр күн өтпей сарғайып қалған сағынышым - бәрi-бәрi екi көзден жас болып ағытылды-ай! Жүгiрiп келемiн. Әншейiнде тез көтерiлетiн үшiншi қабат жеткiзер емес. Екi-үшеуiнен бiр-ақ   секiргенiммен, баспалдақтар таусылар емес. Мiне ақыры есiктi айқара ашқан айдай сұлу Эраның құшағына құлай бердiм-ау!.

Ыстық ерiндерi кермек татиды. Көзiнде жас. Маған соншалық берiлген, соншалық шексiз сүйген таза жүзбен менiң мыж-тыж үстi-басыма кемсеңдеп қарай бередi.

-- Қайда жоғалып кеттiң, Эра-ау!!

Ол маған таңдана қарайды.

-- Үйден ешқайда шыққан жоқпын. Өзiң қайда жүрсiң?  Көз iлмей қорқып отырсам...

Бұртиып өкпелеп қалды. Алқынған демiмiздi басқасын жөн сұрасайық. Мен өз жағдайымды баяндадым. Эра достарыммен таныса алмай қалғанына өкiндi. Үй iргесiне келiп ұйықтап қалғанымды естiгенде, жас балаша мәз болды. Еркелеп, мойныма асылды.

-- Қағазды көрдiң бе? - деймiн.

-- Қайдағы қағаз?

Есiктi тез ашып қарасам, орнында әлi қыстырулы.

-- Жан, неге сол кезде дауыс шығармадың? Анау түсi суық кiсi ме деп, зәре-құтым ұшып, қорқып отырсам.

Эраның айтқан сөзiнiң ұзынырғасы былай: Нағашым келгенде бұл еден жуып жатады. Есiк iлiнбептi. Ашып бiреу кiрiп келедi.  Бұл келте шалбармен жүрген. Қорыққанынан жатын бөлмеге қашып кетiптi. Анау кiсi «Кешiрiңiз, жаңылысыппын...» деп шығып кетедi де, артынша қайыра келiп «Жаннұр қайда?» дейдi дауыстап. Үнi суық. «Сабаққа кеткен...» дейдi бұл бөлмеден шықпай.

-- Терезеден көрiп тұрдым. Машинасына отырып жүрiп кеттi. Есiктi дереу құлыптап алдым. Содан қанша отырғанымды бiлмеймiн, бiр кезде ашулы адамның соғысындай қоңырау қайта-қайта шырылдай бердi. Тағы сол кiсi екен деп қорқып, бөлмеден шықпадым. Жылаумен өткiздiм осы уақыттың бәрiн. Сен болсаң жоқсың... жоқсың...

Қараңғылықтан жарықтың, жамандықтан жақсылықтың, қайғы-мұңнан қуаныштың үстемдiгi қашаннан жоғары. Бiздiң де күнi бойы көрген қорлығымыз қайта табысқан қуанышымыздың қасында түкке тұрмай қалды.  Тағдыр шiркiн алғаш көргеннен пайда болған сезiм сәулелерiн сынаққа салып, оның төзiмдiлiгiн, өмiршеңдiгiн байқап көргiсi келген шығар.  Бас-аяғы осы үш күн, үш түн iшiнде бiр-бiрiмiзсiз тұра алмайтындай бауыр басып қалғанымызды бiлмей де қалған едiк.

Соңғы түн ұйқысыз өттi. Эра жолға дайындалды. Аты жоқ сұқ саусағына алтын жүзiктi кигiзiп, ажал ғана бiздi айырсын деп серттестiк.

Таң бозара аэропортқа келгенбiз. Эра үнсiз егiлiп жылай бередi. Қимастықпен қолымды сығымдай қысып жiберер емес. Жан-дүнием жел суырғандай алай-дүлей. Үш күнде ғасырға тең өмiр сүргендеймiз. Тез есейiп болашаққа деген жауапкершiлiгiм қалыптасқандай. Екеумiздiң тағдырымыздың бiр арнаға тоғысқанын, оның ендiгi бар-тауқыметi менiң мойныма артылғанын да жақсы түсiнiп тұрдым.

Жолаушылар да, оларды шығарып салушылар да жылап-жылап қабағы iсiп кеткен Эраға да, бет-бейнесi бозарып кеткен маған да, жымың-жымың қарайды. Ересектерi өздерiнiң сонау көмбесырлары көңiлдерiнiң көкжиектерiнен елес бергендей, бiзге тiлектес пейiл бiлдiредi. Ал жастар жағы Эраның сұлу да сымбатты мүсiнi мен келiстi реңiне қызыға қарайды. Бiр жағы қазақ жiгiтiнiң құшағында үнсiз егiлген өзге ұлт қызының мына қылығына таңырқап тұрғандары да бар.

Танысу оңай, айрылысу қиын. Оның қаншалықты ауыр екенiн екеумiз ғана бiлемiз. Айтар сөз, ортаға салар сыр таусылған.

-- Жолаушы азаматтар... Шымкент-Мәскеу самолетiне отырғызу басталды

Құшақтасып, сүйiсiп қоштастық.

-- Келемiн... күт... Жан...

Эра жылап барады.

-- Күтемiн... Мен үшiн уайымдама. Бәрi жақсы болады. Барғасын хабарлас...

Трапта тұрып Эра соңғы рет қол бұлғады. Аспан тәңiрiсi ақ лайнер батысты бетке алып, ұзап-ұзап  ақ бұлтқа оранып жоқ болды.

-- Жолың болсын, кездейсоқ кездесiп, аппақ махабабатыма айналған латыш қызы! Мен сенi күтемiн... сағына күтем...  Сертiм осы! Ертерек келе гөр... ертерек келе гөр...

 

* * *

Эрамен қоштасқан жаздың сонау жайлы шуақ күндерiнен берi бiраз уақыт өттi. Көркемсурет училищесiн «Қызыл» дипломмен үздiк бiтiрдiм. Ендi Москвадағы Н.В. Суриков атындағы суретшiлер институтына түсiп, бiлiмiмдi одан ары ұштамақпын.

Түсi сұсты нағашым «Адам боларыңа ендi көзiм жеттi. Оқуыңды жалғастыр. Қашан Москвадағы оқуыңды бiтiрiп келгенше, бар қаражатың мойнымда» деп осы бастан ақжарқын жомарттық танытып жүр. Онысына да рахмет. Ал Эра жайын сұраған емес. Бiр-екi рет Шымкенттегi үй қараусыз қалмасын, үйлендiрейiк» деген әжемнiң ұсынысына келiспептi. «Ол қазiр үйленбейдi, оқуын  Мәскеуде жалғастырады. Үйленгенде де қазақтың қара қызына емес» деп бiр сырдың ұшын  шығарып қойыпты.

Мұнысы менi Эраға телiп жүр-ау! Қайран ғана нағашым суретшi жиенiнiң Эрасынан айырылып, бiр хабарын бiлуге зар болып жүргенiн қайдан бiлсiн.

Эрашым сол кеткеннен мол кеттi. Келем деген күзде келмедi. Ғұмыр бойы күтем деген сертiм бар. Серттен таюға ар алдында,   Эрашымның алдында дәрменсiзбiн. Арманым орындалып, Москва институтында оқысам, ар жағында Рига жақын - Эраны iздеп таппақпын. Оны қалай да табамын деген сенiмдемiн.

Осы жыл бойы кенеттен жарқ етiп, баяғысынша ақ жүзiнен жастықтың жауқазын бояуы құлпыра кiрiп келетiндей, үйдегi есiктi әрдайым iлмеймiн. Сыртқа кеткенiмде есiк жақтауында «Мен пәлен жерге кеттiм, түлен уақытта келемiн» деген ескертпе жазуы бар бiр жапырақ қағаз қалдырулы тұрады. Содан қайтып келгенiмше, пәйiз таппай асығамын. Бiр жаңалық келген шығар деп күнiне әлденеше рет пошта жәшiгiне үңiлiп жүргенiм. Тәртiпсiз ұлдар алып жүрмесiн деп қиқы-шиқы есiгiн жөндеп, менсiз ашылмайтындай құлып салып қойғам.

Келем деген күзде келмегесiн, Алматыға iздеп барғанмын. Ондағылар семья жағдайымен документiн Рига медициналық институтына ауыстырып кеткенiн айтты. Ригаға да екi-үш рет хат жазып, жауап ала алмадым. Берген мекен жайына хат жазып едiм, белгiсiз бiреуден «Олар пәтер ауыстырып, көшiп кеткен» деген хабар алдым. Сөйтiп, ойым сан-саққа  жүгiрiп, тығырыққа тiрелген жағдайым бар. Бәрiбiр Эраны жаманшылыққа қимаймын. Өзiме сенгенiмдей, оған да соншалық сенiмдiмiн. Оның сөзге тұрақты, тәрбиелi қыз екенiне былтыр толық көзiм жеткен. Өмiрде оқыс жәйттер көп қой. Хабарын бере алмайтындай, бiр оқиғаға душар болуы да мүмкiн. Кенеттен  жазымға ұшырап не ұзақ науқасқа шалдығуы да ықтимал. Қандай жағдайда да,  қандай кеселге тап болса да Эраны тағдыр тәлкегiне жалғыз қалдырмаймын. Берген уәдемдi соңына шейiн адал орындаймын.

Эра кеткелi әжептеуiр жұмыс iстедiм. «Күнге ұмтылу» атты полотнам республикалық Өнер музейiнде. Эра бiтiмiнiң негiзiнде жазылған «Ұйқыдағы ару» қылқалам қасиетiн ардақтайтын зиялы қауымның  ыстық iлтипатына бөлендi. «Эра» аттты портрет өз төсегiмнiң тұсында iлулi тұр. Күн сайынғы сырласым, жабырқаған жүрегiмнiң жұбанышы осы - майлы бояумен салынған үлкен сурет. Дипломдық жұмыс - ауыл тақырыбы едi. Ол өз алдына бiр төбе. Солардың жемiсiнен «қызыл» дипломды қорғап шықтым. Қарап тұрсам, бiршама тiрлiк тындырғандаймын. Эраға ұялмай есеп беруге жарарлық.  Келсе өзiнiң бұйрығының ойдағыдай iске асқанын көрiп, қандай қуанышқа кенелер едi.

Айтпақшы, ұмытып барады екенмін - Эра кеткеннен кейiн апта өтпей хат келген. Москвадан жазыпты.  Оқып көресiз бе? Мiнекейiңiз... «Жаннұр, жаным. Аман-есен келдiм. Кешқұрым Ригаға ұшпақпын.  Мен үшiн қобалжыма, бәрi жақсы. Тек саған бiр нәрсе айтуды есiмнен шығарыппын. Бiр жолыққаннан қос жүректiң тағдырларын бiр-бiрiне сенiп тапсыруы сирек құбылыс. Бiз соның қатарын молайтқандаймыз. Жаннұр, сен адамгершiлiк заңдарына берiк адал адамдардың бiрiсiң. Өзiңмен өткiзген үш күн, үш түнiмде осыған анық көзiм жеткендей. Сүйiспеншiлiк сезiм, әуелi бүр жарып, артынша тұлабойыңды оттай шарпығаны да рас. Өйткенi, дәл осындай лапылдаған от құшағында мен де ес-түссiз өртенiп кете берген жоқпын ба?! Не күйге душар болғанымды түсiнбей де қалдым. Қазiр де  өткенге есеп берер халiм жоқ. Жүрегiм шарқ ұрып тек сенi жоқтайды. Ғажайыптан құйындай ұйытқып жеткен сол құпия күштiң әлi құрсауындамын. Қалай ғашық болып қалғаныма сенер емеспiн. Мақсатым әкеме тезiрек жету едi. Тағдырды айтсайшы, жолшыбай махаббат дертiне ұрындым. Бұған өкiнбеймiн. Қайта, оның саған арналып, сен жақтан да лайықты жауап тапқанына ризамын әрi бақыттымын. Жан, осыны  ешқашан есiңнен шығармашы. Өзiңдi бар болмыс-бiтiмiммен шын берiле сүйгенiмдi ұмыта көрмешi... ұмыта көрмешi...

Жан, сен ойлағандай мен латыш қызы емес екенімді қазір зор мақтанышпен айтқым келіп отыр. Иә, иә, сенбей отырмысың, мен қазақ қызымын. Анам латыш болғанмен, әкем қазақ. Соғыстан соң түрлі себептермен осында тұрақтап қалыпты. Мен де қаныма тартып, әкемнің кеңесін бірден қабыл алып сол үшін емес пе Алматыға оқуға түскенім. Оның бәріне әрине кейін қаныға берерсің. Ал әзірге неге ертерек айтпаған деп ренжіп қалмашы. Бұл жаңалықтың саған да аз қуаныш әкелмейтініне сенемін.

Және сурет әлемiнен кiшкене хабарымның бар екенін де сезген боларсың. Саған мақтанбайын дедiм. Әкем де белгiлi суретшiлердiң бiрi. Ол туралы бәрiн-бәрін кейiн кездескенде айтармын.

   «Күнге ұмтылудағы» масаты кiлемдей құлпырып, жұпар иiсi аңқыған тамаша табиғат, құшағын кең жая күнге ұмтылған бойжеткен (өзiңнiң Эраң ғой)  бейнесi түрлi ой салады, терең пәлсапа туғызады.  Жақсы шығарма. Ертерек бiтiрiп, жетекшiңе көрсет. Мен барғанша бiраз жұмыстар тындыр. Мұны бұйрық деп бiл. Әйтпесе қыздармен көбiрек қыдырған екен деген ой   келуi мүмкiн. (Әзiл ғой). Барғасын есебiн сұраймын. Тамағыңды уақтылы iшiп жүр. Жүдеусiң. Ендiгi хатты үйге жеткесiн жазамын. Ал, әзiрге көрiскенше күн жақсы болсын,  жаным, Жаннұр! Құшып сүйдiм. Өзiңiнiң Эрашың. Москва қаласы. Бұл хатты  өзiңе асығып ұшқан сағыныштың алғашқы қарлығашы деп қабылдарсың».

Сағыныштың сырлы саздарын асыға жеткiзер аяулы қарлығаштар келмей қалды содан. Оған сенемiн, iздеп табамын.

Хо-ош, бар сырым да, шыным да осы. Сiздерге не дейiн басқа? Әлi-ақ, ескi достарша сыр бөлiсермiз. Әуелi Эраны тауып алайын. Сосынғы хабар өзiмнен, күтiңiздер. Әйтпесе Эрамен қауышпай басылмайтын жүрек оты өзiмдi өртеп тынар түрi бар.

Ал, әзiрге қоштаспай-ақ қоялық. Тек келесi кездескенше, достар, қайырлы күн болсын делiк. Иә, қайырлы күн болсын, достар!

Сiздерге де құдiреттi күннiң өшпес сәулесiндей сөнбес мәңгiлiк махаббат тiлеймiн!

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған