Адам қарады: 90986 | Жарияланды: 2017-04-12 03:51:25

Қыз-қызғалдақ

Ол таулар өте биiк екен. Ел оны Егiзтау деп атапты. Егiз десе, дегендей-ақ бiрiнен-бiрiн  ажыратып алғысыз болыпты. Жұрт бұл тауларды құдайдың кереметi - киелi деп қастерлеген. Осы киесiнен қаймыққандықтан ба, Егiзтауды ел мекендемептi.

Дана табиғат Егiзтауға барлық сән-салтанатын, келiстi көркемдiгiн үйiп-төккен. Аспанмен таласқан асқақ шыңдары, бұлттармен сырласқан бала шоқылары, айналайын алтын күннiң шұғыласымен өбiскен мәрмәр тастары, баурайы тұнған ну орманы күндер, жылдар, заманалар бойы таулардың сымбатына сымбат қосып, сұлуландыра түскен екен.

Егiзтаудың тағы бiр кереметтiлiгi, адамзатты тәнтi етер жаратылысының құпиялылығы - бiрiнде бар зат екiншiсiнде де бар, бiрiнде жоқ зат екiншiсiнде де жоқ екен. Барлық болмысы екеуiне де ортақ. Оларға көкзеңгiр аспан мен нұрлы шуағын мәңгi бақи аялай төккен күн ортақ, алақанына салып әлдилеген жер ортақ, жиегi көгiлдiр, қызыл гүлдер мен балауса балдыр, құрақпен әдемi әдiптелген мөлдiр көл ортақ болыпты.

Таулардың бiрi көлдiң шығысына, бiрi батысына жайғасқан. Баурайы ботагөз бұлақтарға толы  Егiзтаудың зәмзәм сулары сылдырлай ағып, осы көлге құйылып жататын болыпты.

Күндердiң күнiнде көлдiң батысына орналасқан тауда бiр жас жiгiт пайда болады. Тау қойнауы адам аяғы тиiсiмен-ақ өзгерiп сала берiптi. Белгiсiз жiгiт күн-түн тынбай ағаш кесiп, келiстiрiп тұрып өзiне үй салып алады. Неше түрлi гүлдер мен хош иiстi көгерiш отырғызып, үй төңiрегiн жайнатып жiбередi.

Егiзтауға ортақ айнакөлдiң сағасына салынған ағаш үй таулардың ғасырлар бойғы қалыптасқан сұлулығына қылаудай көлеңке түсiрмептi. Қайта ықылым замандардан үнсiз тұрған тау шаттыққа бөленедi. Бұл маңға жiгiт келгелi әншi құстар мен кер маралдар пайда болады. Егiзтау төсi әншi құстардың әсем әуенiмен тамылжиды. Айнакөлдi әлдеқайдан келiп қос аққу мекен етедi. Сөйтiп, Егiзтау күн өткен сайын құлпырып, ғажайыптана берiптi.

Әне, ертегiлерде ғана кездесетiн айшықты бояу, ағаш терезе алдында көл бетiндегi қос аққуға сұқтана қарап, сырлы дүниеден сыр ұғып отырған сұлу жiгiт төңiрекке шексiз ғашықтықтан ынтыға көз салады.

Адамзат қауымынан жырақтап, халық киелi санап аяқ баспаған жапандағы Егiзтауды мәңгiлiк мекен етудi мансұқ еткен жiгiтiмiз алдаспан ақын едi. Ол түнiмен терезе алдында отырып, өлең жазып, тек таңға жуық ұйқыға кетедi екен. Жазған жырлары керемет отты, шиыршық атқан жолбарыс жүректiң бұлқынысын мәшһүр ететiн. Құлақ түрсеңiз - оның жүрек сырларынан жалғыздығын, мыңмен жалғыз алысқанын, қараңғы қапастың тепкiсiнен айлар, жылдар, арып-ашып, осы жәннатты жер ұйықты iздеп тапқанын, ендi ғұмырлық осында қалуы үшiн, өсiп-өркен жайып, бақытты өмiр сүруi үшiн перiште сұлумен ұшырасуды аңсайтынын бiлуге болар едi.

Бiрде көңiл пернелерiн тебiренткен саумал сезiмдерiн жыр жолдарына айналдырып, шаршап-шалдығып жанарын ендi жұмған жас жiгiттi ұйқысынан әдемi назды әуен оятыпты. Жанары жұмулы күйi ол әндi ынтыға тыңдай бередi.  Керемет әсем ән бүкiл  жан-дүниесiн қорғасындай балқытып, баурап, табындырып барады. Бiр таңқаларлығы  - жанға ашпаған өзiнiң жүрекжарды жырлары, өз өлеңдерi. Ертерек ән иесiмен қауышқысы кеп, орнынан атып тұрып, терезеге жетiп барады да, өз көзiне өзi сенбей тұрып қалады.

Терезенiң нақ алдында бiр құшақ бәйшешек өсiп тұратын. Ақын жiгiт үшiн бағындағы масатыдай түрленген көктем гүлдерi қаншалықты қымбат болса, бұл бәйшешектер басқа гүлдерден де артық едi. Өйткенi, тiршiлiк иесiнiң iшiндегi өзiне ең жақыны, сырласы көлдегi қос аққу осы бәйшешектер шоғырын мекендейтiн. Әр күнi ол таң алакеуiмнен жұп аққудың осы бәйшешектер арасынан шығып, көлге түсiп жүзiп кететiнiн көретiн. Мiне, сол бәйшешектер ортасында талдырмаш келген өте сүйкiмдi қыз ән салып тұр.

Ақын жiгiттiң қыбыр етуге шамасы жоқ. Ғаламат қуаныштан жүзi алаулап, жанары жасаурап, перизат қызға қадала қарап қалыпты.

Мәшһүр мүсiншi алты ай отырып, осы Егiзтаудың әппақ мәрмәрiнен қашағандай дене бiтiмi келiстi белгiсiз ару толқынданған ұзын қара шашын иыққа төгiлдiре бос тастай салған. Тым тұнық нәркес кездерiне ұзын-ұзын кiрпiктерi тiл  айтып жеткiсiз әр берген. Қарақаттай қарашығы ең ұлы сағыныштың сәулелерiн шашыратады. Сәби реңiнде қанына сiңген ибалық басым. Ақ торғын көйлегi таң самалымен ақырын желбiреп, қыздың құштарлыққа жаралған сүмбiл бiтiсiн даралай түседi. Жалаңаяқ. Қыз көйлегiнiң етегi мен аппақ балтырлары таңғы шыққа әбден малшынған.  Түйiр-түйiр мөлдiр моншақтар ендi ғана арайланып атып келе жатқан алтын күннiң шапағымен шағылысып, қызылды-жасылды сәулелер шашады.

Ғайыптан пайда болған әлгi сұлу кенет  жiбек орамалын ақын жiгiтке қарата бұлғап бiртiндеп селдiрiп, сағымға оранып жоқ болады. Тәттi сәттiң тылсымына үйiрiлiп, тереңiне бойлап кеткен жiгiт оны сезбей де қалады. Әлден уақытта қыздан айырылып қалғанын ұғып, секiре бәйшешектер шоғырына жетiп барады. Тек қыз орнында ғажайып қызық құбылыс -  Егiзтаудың сымбатына бiтпеген бiр түп қан қызыл қызғалдақ күлтелерi айқара ашылып, құлпырып өсiп тұр екен.

Келесi күнi де ақын жiгiттi ұйқыдан назды әуен оятыпты. Ән естiлiсiмен ол терезеден секiре түсiп, перизат қызға жетiп барады.

-- О, бейтаныс  еркем, ендi сен ешқайда кетпешi?.. Жалғыздықтан жаным жабырқау. Атам заманнан жетiмсiреген мына Егiзтауға иелiк етелiкшi  екеулеп. Мұнда зорлық та, зомбылық та жоқ. Сенсiз өмiр ендi азап, менi тастап кете көрмешi, еркем,-деп ақын жiгiт бас салып қызды құшып сүйе берiптi. Екеуi осылай тiл табысып, таң атқанша сырласады.

Таң атысымен сұлу қыз қызғалдаққа айналады екен. Ал жiгiт оны күн ұзаққа мәпелеп күтiп жүре берiптi. Арада көп күндер өтпей, адамзаттың тiрлiк-тiршiлiгiнен бейхабар жер жұмағы Егiзтау төңiрегiне  де сол кер заманның салқыны жетедi. Барлық бақытсыздық сол бейтаныс жiгiттiң келуiмен басталыпты. Әр күнi әдетiнше ақын жiгiт қызғалдақтың түбiн қопсытып, су құйып жүрген. Өз iсiне ынта-шынтасымен берiлiп кеткенi сондай, ол  жанына жақын келiп қалған бейтаныс жiгiттi де байқамай қалыпты. Аққұба өңдi сырбаз жiгiт тамағын қырнай сәлем бередi. Бiрталайдан тiрi пенденi көрмеген ақын жiгiт оған таңырқай қарап қалады. Әлгi жiгiт өзiнiң көптен жоқ iздеп жүргенiн, ендi жоғын осы жерден тауып қуанып тұрғанын айтады.

-- Мынау алдыңыздағы жалғыз түп қызғалдақ - менiң сүйген жарым. Бiз бала жастан бiрге өстiк. Ер  жете келе  достығымыз шынайы махаббатқа ұласты. Бiр-бiрiмiздi өте ұнататын едiк. Бiрде бақта сырласып отырып, оған сүйетiнiмдi айтып, бiрге тұрайық деп ұсыныс жасауым мұң екен, екеумiздiң арамызда өте нәзiк көгiлдiр жұқа перде орнап, қыз көзден ғайып болды. Оны iздей-iздей әбден шаршап-шалдығып қайтып келсем, ол отырған жерде  бiр түп осы қызғалдақ өсiп тұр екен.  Шартарапты кезiп оған iстемеген амалым, жасамаған емiм қалмады. Қайтып қыз қалпына келтiре алмай-ақ қойдым. Сонымен, қыз-қызғалдақты мәпелеп күтiп жүре берейiн. Ешкiм таптап не үзiп әкетпесiн деп, төбесi ашпалы-жаппалы сән-салтанаты ерекше зәулiм сарай салдырдым. Содан бiр күнi ұзақ сапарға шығуға тура келдi. Қыз-қызғалдақты сенiмдi күзетке тапсырып, сүйiктiммен қоштасып жүрiп кеттiм Арада  ай өткесiн сан қиыншылықты бастан кешiрiп, құстай ұшып келсем, салтанатты сарайым бос қалыпты... «Жақсылықтың ерте-кешi жоқ» деген. Ақыры таптым. Сiзге қандай алғыс  айтарымды бiлмей тұрмын. Мен оны алып кетемiн. Онсыз маған күн қараң...

Ақын жiгiттiң жан-дүниесi алай-дүлей, жазықсыз жанын шырқыратып бiреу қинап жатқандай, ернiн тiстелеп көз шарасы жасқа тұнып, түп қызғалдақты алақанымен аялаған күйi отырып қалыпты. Мең-зең әудем уақыттан соң, ол орнынан атып тұрып:

-- Жоқ. Бермеймiн. Ешкiмге де бермеймiн. Ол менiң гүлiм. Жүрегiмде сыңары өсiп тұр оның. Менi бақытсыз өте көрме... Ол менiң жүрек гүлiм...  Менiң гү-л-лi-iм... - деп айқай салады. Оның жанұшырған даусынан Егiзтаудың бүкiл тастары азан-қазан жаңғырығып, ғаламат қорқынышты зор үнге ұласып, күңiренiп кетедi. Таулар үнi де көпке дейiн «менiң гүлiм... жүрек гүлiм...» деп  басылмай тұрып алады.

Бейтаныс жiгiттiң аққұба өңi лезде күреңiтiп:

-- Жоқ, жiгiтiм. Мен тiрi тұрғанда бұл қызғалдақ сенiң бағыңда гүлдемейдi. Өзiме де, өзгеге де жоқ қыламын оны. Ал сен болсаң - басқаның бақытына қол созған ақымақсың. Өзге иiскеген гүлден нәр дәметкен топас жандардың бiрiсiң. Ендi үш күн өтiп, төртiншi күн дегенде қайта ораламын. Жақсылап ойлан... Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан аламын,-деп жүрiп кетiптi.

Ақын жiгiт өте нәзiк сезiмдi жан едi. Бейтаныс жiгiттiң дөрекi сөздерi оның бар шаттығын тонап кетедi. Ендi ол алдағы түндi зарыға күтедi. Жұмбақ қыздан бәрiн-бәрiн  сұрап бiлмекшi болады. Таңды тiк тұрып қарсы алғанымен, қызғалдақ қызға айналмайды. Ертеңiне де, арғы күнi де қызғалдақ сұлу қыз қалпына кiрмейдi. Сол шоғыр бәйшешек арасында қып-қызыл күйiнде қала бередi.

Өмiрдiң қызығы мен тұрмыстың тәттiлiгiн Егiзтау баурайынан таптым ба деген ақын жiгiттiң бар қуанышы су сепкендей басылып, екi күн iшiнде адам танығысыз жүдеп кетедi. Жылай-жылай жанары суалып, сезiм сырларына толы санасы семiп, жыр жазу қабiлетiнен айрылады. Бейтаныс жiгiттiң айтқанының бәрi шын екен деп түйедi. Соның сүйген жары болған. «Ал сонда, - ол iштей ышқына айқайлайды, - сонда сұлу қыз не үшiн қызғалдаққа айналған?  Не үшiн ол менiң бағыма келiп гүлдедi? Неге, неге, жаным-ау... Айтшы, неге... неге iздеп келдiң менi?...»

Қызғалдақ үнсiз. Тiзерлей шөгiп, қалтыраған алақандарымен оны аялаған ақын жiгiт зар еңiреулi.

Томсырайып Егiзтау тұр. Баурайындағы қалың орман әсем сазын iшiне тартып, тына қалған. Ыстық жасы жүзiн жуған ақын жiгiттiң өксiк үнi мен күмiс көлдегi қос аққудың қадерiнде жоқ мiнезбен қанат сабалап мөлдiр суды аспанға шашып сұңқылдаған аянышты дауысы - төңiректi жайсыз мұңға батырады. Егiзтаудың аспанмен таласқан тәкаппар шыңдары осы қазалы үндi дамылсыз қайталап, теңдiк пен iзгiлiк iздеген бейкүнә қызғалдақ үшiн болар ұлы күрестiң жақындап қалғанын сездiргендей, бiрте-бiрте қуатты дабылға айналып бара жатты.

Көз жасын жеңiмен сүрте ақын жiгiт кенет орнынан ұшып тұрады. Сосын қайта тiзерлеп, қызғалдақты құшырлана иiскеп ұзақ сүйедi.

-- Кешiр, махаббатым, мен сенiң барлық құпияңды ендi түсiндiм. Сол үшiн де мен қазiр ақтық айқасқа аттанамын. Мынау Егiзтауда - Бостандық тауында қалайда бiз өсiп-өнуге, ұрпақ жаюға тиiспiз. Сондықтан, мен оны осынау жұмақты жерден, қасиеттi өлкеден алыста күтiп алуға тиiспiн. Қош, гүлiм... күт менi ... күт...

Дүниенiң батысын бетке алып ақын жiгiт кетiп барады. Ақтық айқасты Егiзтаудың қасиеттi жерiнен жырақта күтiп алмақ. Оның соңынан тiлектес болып, ғажап сұлулығы ғасырлар бойы адамзатты таңдандырған Егiзтау мен махаббатының баяндылығы ақын жiгiттiң жеңiсiне тәуелдi бейкүнә қыз-қызғалдақ қала берiптi...

Одан әрi не болғаны белгiсiз. Қыз-қызғалдаққа қайта оралып бейтаныс жiгiт пен ақын жiгiттiң ешқайсысы да келмептi.

Сол көктемде Егiзтауға ортақ күмiс  көлдiң суы тартылып, қос  аққу белгiсiз жаққа ұшып кетiптi.

Ал, қыз-қызғалдақ  осы күнге дейiн өз бағында гүл ашқан ақын жiгiттi шартараптан iздеп, әр көктемде өлкемiзге келедi екен.

Қайда екен, қайран сол жiгiт?

 

* * *

 

Содан берi тарих бетiнен талай жылдар жылжып, ғайып болып ғасырлар да өтiптi. Бiрақ, халық жадында жатталып қалған осы аңыз ұмытылмай елмен бiрге жасасып, бүгiнгi ұрпаққа жетiптi. Баяғыдай теңсiз заман жоқ. Бiр күн болмаса бiр күнi көктем көркi қызыл гүл өзiнiң ғашық жарын тауып, баяғы қыз қалпына  айналар. Сондықтан, оны бей-берекет жұлмай, таптап жанышпайық. Тек сүйген жүректерге ғана ұсынып, тағдырына жанашырлықпен қарайық. Әрқайсымыз қызғалдақтың бiр кездерi көркем қыз болғанын еске алып, аялап сүйейiк, сыңарын iздеп өлкемiзге келген мұңлық екенiн ұмытпай, жүректен жылы орын ұсынайық...

Қайран қыз-қызғалдаққа ойлана қарап отырып, өмiрдiң басқа да гүлдерi сол сияқты жапа шекпесiншi деп егiле тiлейiк. Сүйiскен сөнбес сезiмдер әдiлетсiздiктiң әмiрiне ұшырамай, жұмыр жердi жұмақ мекенге мәңгiлiк айналдырса, бiздiң де тiлегiмiз орындалып, болашақ жамандық көрмей бақыт бесiгiне бөленер едi.

Қыз-қызғалдақтың өмiр жасы ұзақ. Табиғат - дана  таусылмас ғұмыр берген оған. Ол әлi сан ғасырдың куәсi болады. Әдiлетсiздiктен азап шеккенiн тек естелiк қып айтар сол ұрпаққа, Ол уақ жамандықтың бұл түрiн адамзат ақыл-ойынан, iс-әрекетiнен өшiп, өлген ескiлiктiң қалдығы деп танып бiлер. Өмiр өзгерер, адамдар санасы жақсылыққа қарай жаңғырар. Ол кезде де қыз-қызғалдақ осы жасыл жапырақ жайған қан қызыл қалпымен, дәл бүгiнгiдей қасиеттi жаратылысымен, перiштедей пәктiгiмен көктемге көрiк берiп көгере берер.

Дәл қыз-қызғалдақтай көктеп, дәл қыз-қызғалдақтай құлпырған жұмыр басты пендеде басқадай арман, басқадай мақсат бола қояр ма екен, шiркiн?...

II

Айтпақшы, осы аңыз-ертегiнi естiгелi менiң де жан-дүниемдi мазасыз мұңға батырған «Қыз неге қызғалдаққа айналған, неге ол жапан таудағы жалғыз жiгiттiң бағына келiп гүл ашқан?» деген сарнауық сауалдардың шешiмiн таппай дал болудамын. Егiзтауды азан-қазан шулатып, ышқына күңiренiп зар жылаған ақын жiгiттей бүк түсiп, шақшадай басымызды шарадай етiп ойланайықшы. Мүмкiн сонда бiз де ақын жiгiт сияқты оның өз бойында құпия кеткен қыз-қызғалдақтың бар сырына қанық болармыз.

Қыз неге қызғалдаққа айналған?...

Егер осы жұмбақтың жауабын тауып берсеңiз сүйiншiңiз менен: дәл қызғалдақтай адал да сұлу қыз күтедi сiздi.

Қазақ тілінде жазылған